Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Америка қазақтары

Америка қазақтары

       

     Нью-Йоркте тұратын қазақ полицейі Димаш туралы видео шықты.

     Димаш Ниязов Бруклинге 13 жыл бұрын келген. Ол Шымкентте туып, өскен.
    «Мен Қазақстанда тудым. Нью-Йоркте тұрсам да, жүрегіммен қазақпын», - дейді Димаш.

      Айта кетейік, Димаш Ниязов Қазақстанда туып, ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. 7 жасына дейін Шымкентте тұрған. Бүгінде Нью-Йорке тұратын қазақ баласы полиция қызметкері болып жұмыс істейді. Бокспен шұғылданады.

      https://baq.kz/kk/news/alem/dimash_nuiorkte_tursam_da_zhuregimmen_kazakpin20170612_094600

толығырақ

20170602083132

        Әсия Сардарбек әжей өткен жылдың отызыншы жылдарында елді тастап қашуға мәжбүр болған. 101 жастағы қазақ әжей қазір Америкадағы қарттар үйінде тұрып жатыр.
      Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.

     Американың Вирджиния штатында тұратын қазақ әжей әлі күнге ана тілінде сөйлейді. Ол күн сайын қазақ жерін сағынатынын айтады. 

20170602083132

          Әсия әжей Вирджиния штатында 40 жылдан бері тұрады. Ізіне Кеңес билігі түскен соң ол әкесімен, баласымен бірге Отаннан қашқан. Әжей Шу елінің тумасы. Әкесі елге сыйлы,ауқатты адам болған. Бірде үйіне коммунистер келіп, ауыл тұрғындарының тұрмысы өзгере бастайды. Осы кезде Сардарбектер отбасы шекара асады. Жол бойы небір қиындыққа кезігіп аш қалған олар алдымен Түркістаннан асып, Қарақалпақстанға жетеді. Кейін Әмудария арқылы Ауғанстанға кетеді.

     15 жастағы Әсияға 200 жылдық тарихы бар династия әулетінің мүшесі, патша отбасынан шыққан азаматтың көзі түседі. Әсияның әкесі қызын ауған патшасы Захиридің мұрагері Амири Мұхамедке тұрмысқа беруге мәжбүр болады. Бұл патша отбасы елге 40 жыл билік еткен.

20170602083132

      «Анам 10 баланы өмірге әкелді. Қазір олардың бесеуінің көз  тірі. Ол кезде тұрмысымыз жақсы болатын. Қызметшіміз де болды. Анамның анасын көргем, атамды көрмеппін. Анам өзге елдің адамы болғанымен отбасымызда бәрі оны жақсы көретін. Өйткені ол бәріне мейірбан еді. Алайда кеңес әскерлері басып кірген соң, ел билеушісі Дәуіт хан көз жұмды. Ол Захир шахтың ағайынды бауыры еді. Сосын біз Ауғанстанна бас сағалап кетуге мәжбүр болдық. Ол кезде 13 адам едік», – дейді әжейдің қызы Әмина Амири Рахман.

20170602083132

      1982 жылы Әсия әжей патша отбасының мүшелерімен бірге Түркияға, одан кейін Германияға арқылы АҚШ-қа жетеді. Қазір әжей қарттар үйінде тұрып жатыр. Оған ерекше күтім керек екені де жасырын емес. Жергілікті билік өкілдері құрмет ретінде әжейге пәтер мен қызметші адам табыстап қойған.

      http://stan.kz/101-zhastagy-kazak-azhey-amerikada-karttar/

толығырақ

Бокс: Нью-Йоркта тұратын Димаш Ниязовтың қарсыласы анықталды

       Нью-Йоркта тұратын этникалық қазақ Димаш Ниязовтың келесі жекпе-жегіндегі қарсыласы анықталды. Жеңіл салмақта жұдырықтасатын Димаштың  (10-0-3, 4КО) кездесуі 16 маусымға жоспарланған. Қарсыласы Доминикандық боксшы Рамон Гевара (10-24-2, 6КО). Кездесу атақты Детройтта өтеді және алты раундтан тұрады, деп хабарлайды dodasport.kz.    
Бокс: Нью-Йоркта тұратын Димаш Ниязовтың қарсыласы анықталды
       Айта кету керек, осы бокс кешінде қазақстандық боксшы  Бахтияр Эюбов те (12-0, 10КО) шаршы алаңға шығады. Қарсыласы әлі белгісіз.

толығырақ

Фото: www.diapazon.kz

Фото: www.diapazon.kz
      

     Бұрынғы қазақстандық Димаш Ниязов бүгінде Нью-Йоркте полицей болып жұмыс істейді. The Wall Street Journal таратқан мәліметте полицей жігіт Шымкенттің тумасы екені жазылған.

      Шенді қызметкер 13 жасында ата-анасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударған. Қазақстанда ол Нұрғали Сафиуллиннің жетекшілігімен жаттыққан.

    Күнделікті полицейлік қызметінен соң ол бокспен шұғылданады. Қаншама еңбек, жаттығу залындағы тер төгу текке кетпеген де екен.

    2016 жылдың 7 ақпанында 26 жастағы Димаш кәсіпқой шаршы алаңда өзінің тоғызыншы жеңісіне қол жеткізді. Оның қарсыласы жергілікті боксшы Джеймс Лестер болды.

     6 раундты жекпе-жек өте тартысты өтті. Барлық раундта Ниязов басымдылығын танытып, төрешілер түгелімен бір ауыздан Димаштың қолдаған.

     Қазақстанның тумасы төрт жыл бойы кәсіпқой бокспен айналысып келеді. Бірақ оның жаттығу залына жиі бас сұғуға уақыты бола бермейді. Себебі полицей жігіттің бос уақыты көп емес.

      «Жұмыс өте қауіпті» деп әңгімесін бастаған ол полицейлердің өміріне деген қауіп кез келген сәтте болатынын жасырмайды. Айтпақшы, Ниязов қызмет уақытысында тапанша атып көрмепті. «Аллаға шүкір», - деді ол. Көп кедергілерге бокстағы іс-қимылдарының көмегі тиетін көрінеді.

      Алғашында экс-қазақстандықта Америкадағы өмірі оңайға соқпаған екен. Оның үстіне ол қоныс аударған жылдары Америкада қазақ жастары тіптен болмаған, тек бірнеше орыс ұлтының өкілдері ғана Стэйтен Айленд мектебінде білім алған. Ол үшін ағышын тілін меңгеру аса маңызды болды. Сондықтан да оның анасы ұлын тілді ертерек меңгерсін деген мақсатпен үйінде де ағылшын тілінде сөйлеуін талап еткен. Екі жыл уақыт ішінде Димаш ағылшынша толықтай үйреніп, ел қатарлы оқу жүйесіне көшкен.

     Алғашында Ниязов анасы секілді медицина жолын таңдаған. Бірақ Полиция академиясы оны оқуға қабылдауға рұқсат бергенде ол ойланбастан осы салаға келген. Дегенмен спортты тастамауды жөн санапты. Полицей жігіт кәсіпқой бокста алып асуларды бағындырса да, полицейлік қызметсіз өмірін елестете алмайды. Ол үшін өзі өмір сүретін және жұмыс жасайтын қаладағы тәртіпті бақылау бәрінен де маңызды.   

       Білетіндердің айтуынша, Димаштың әкесі бокстан жаттықтырушы болып жүріп кейін АҚШ-қа көшкен екен. Осыдан тоғыз жыл бұрын Қытайда өткен оқу-жаттығуға қатысқан Ниязов шымкенттік спортшыларды алғашында жатырқаған екен. "Қытайдағы алғашқы күндері бізді жатырқайтын. Кейін екі аптадан кейін "шымкенсткий" етіп шығардық қой. Қазір көрсе танымайтын шығар" деп еске алды сол кездегі спортшылардың бірі. 

        (Материал NUR.KZ порталынан аударылды) 

       http://korrespondent.kz/index.php/sport/item/991-shymkenttik-zhigit-nyu-jorkte-politsej-bolyp-istejdi-ri-tanymal-boksshy

     

толығырақ

Нью-Йорк

         Өткен жылдың қыркүйек-қараша айларында төрт адамнан құралған қазақстандық бір топ журналист, атап айтқанда, Әлішер Елікбаев, Қанат Бейсекеев, Саян Байғалиев және Нарғыз Ахметов Америка Құрама Штаттарын аралап, мұхиттың арғы жағындағы осы алпауыт елде уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан қазақстандықтар туралы ақпарат жинаған екен. Олар осы сапарында 10 мың шақырымдай жол жүріп, Американың 23 штатында болып, бірталай қазақстандықтармен және олардың отбасыларымен кездесіпті. Солардың ішінен ең қызғылықты да қилы тағдырлардың оқиғаларын өз сайттарында жариялапты. Соның бірін сіздерге сүйіншілеп отырмыз.

      Бір жылдан сәл бұрын Нью-Йорк полицейі Данияр Нұртаза жергілікті және басқа да америкалық жаңалықтар хроникасының қаһарманына айналды. Қазақстаннан шыққан түлек тура метро стансасының жанында толғақ қысқан америкалық әйелдің шақалағын қабылдап алды. АҚШ-ты көк­тей өткен сапарымыз кезінде біз Даниярмен кездесуді ұй­ғардық. Ол өзінің АҚШ-қа қалай келгенін, осы жолда, яғни Нью-Йорк қаласы полицейлік департаментінің офицері болу арманын жүзеге асыру үшін қандай қиындықтарды жеңгенін әңгімелеп берді.

        – Әуелі АҚШ-қа қалай, қан­­дай жағ­дайда келгеніңізді айтыңызшы?

         – Бұдан 13 жыл бұрын, 2002 жыл­дың сәуірінде кенже інім мектепті бітіре сала біз бүкіл отбасымызбен АҚШ-қа қо­ныс аудардық. Інім 17-де, мен ол кезде 20 жаста болатынмын. Інім АҚШ-та, Колумбия университетінде оқығысы келді. Отбасымыз өте ұйымшыл. Сол се­беп­­тен де бәріміз түп көтеріліп бірге кел­дік.

          – Ініңізді жалғыз жіберуге қорық­қан шығарсыздар?

      – Иә, ол тым жас қой. Соған бола мен де уайымдадым. Ата-анамыз бізді ой­ла­ды. Екеумізді жібере қоймады. Сон­дық­тан, бүкіл отбасымызбен сапар шегуді ұйғардық. Әрине, мен, қаржы тұрғысынан алғанда, бұлай білім алудың өте қымбатқа түсетінін түсіндім. Інім оқып жүрген кезде өзімнің жұмыс істеуім керектігін де білдім.

       – Осы жаққа кеткенге дейін Қазақ­станда немен айна­лыстыңыздар?

     – Біз алматылық әдепкі отбасы болатынбыз. Үш бөлмелі қарапайым пәтерде тұрдық. Мен Алматыдағы университеттің 3-курсында оқып жүргенмін. АҚШ-қа кететін болған соң, оқуымды тастауға тура келді.

       – Колумбия университеті ең қымбат оқу орындарының бірі ғой. Сіздің ініңіз оқу ақысын қалай төлемекші еді?

      – Ол талабы зор әрі өте талант­ты жігіт. Математиканы жақсы меңгерген, олим­пиадаларға қа­тысып, жүлделі орын­дарға ие болып жүрді. Осында оқу үшін талпынып, өзі де жұмыс істеуге әзір тұрды. Інім өз арманына жету үшін не қажеттің бәрін істеуге дайын болды.

       – АҚШ-та өзіңіздің бі­рін­­ші жұмы­сыңызды қалай таптыңыз?

       – Алғашында Брайтон-Бичтегі бей­несалонға орналастым. Онда бір ап­та істедім. Ол жерде бейнекассеталарды прокатқа берумен айналысатын. Клиент­тердің бәрі орыс тілділер. Бос уақытымда ағылшын тілін өздігінен үйретушіні ашып, соны оқи бердім. Әрбір сөзді, әлдебір сөз тіркестерін есте сақтап қалуға тырыс­тым. Мектепте немісшені оқығандықтан, ағылшынша мүлдем білмейтінмін. Тіпті, атым кім және жасым қаншада екендігін де айта алмайтынмын.

      – Ал сіздің ата-ана­ла­рыңыздың жа­сы қаншада еді?

     – Олар егде жастағы адамдар. Көшу жөнінде шешім қабылдаудың өзі де әке-шешемізге оңайға түскен жоқ. Біз інім екеуміз өз күшімізге сенімді болсақ, ата-анамыз қатты уайымдады. Көшіп-қонуы­мыз елеулі сынақ болды.

       – Олар да ағылшыншаны үйренді ме?

     – Иә, ата-анамыз да жұмыс істеп, ағылшын тілін үйрене бастады. Әкем өмір бойы басшы қызметтерде істеген. Ал мұнда әртүрлі жұмыстарды істеуіне тура келді. Сайып келгенде, АҚШ-та қол жеткізе алғанымыздың бәрі – біздің ата-анамыздың еңбегі.

      – Сіздер қайда тұрдыңыздар?

        – Біз екі бөлмелі пәтерді жалдап, бір бөлмесінде ата-анамыз, екіншісінде інім екеуміз тұрдық. Ауданы сонша керемет те емес, әрі қауіпсіз де емес екен. Жергіліктілермен қақтығыс та болып қалып жүрді. Мен тіл білмегендіктен олар­дың өзімнен не талап ететінін түсін­бедім. Ал оларға ақша қажет екенін білген кезде: «Мен сендерге ештеңе бермеймін, не істесеңдер, соны істеңдер» деп жауап бердім.

        – Қорыққан жоқсың ба?

  – Қорқыныш болмады. Себебі, мұндайды Алматыда да көргенмін. Біз өз мақсатымызбен келдік, намысты қолдан бермедік, сөйтіп, уақыт өте келе құрметке ие болдық.

      – Ал ініңіздің арманы орындалды ма? Оқуын бітіре алды ма?

    – Иә, ол университетті сәтімен тә­мамдады. Қазірде жасы отызда, ірі банк­те қаржылық талдамашы болып жұмыс істейді, ал кешкі уақытта америкалық екі бірдей университетте статистика, математика, микроэкономика және менеджмент-тәуекел сынды салиқалы пәндерден дәріс беретін профессор.

      – Бөтен елге ата-аналарыңыз қалай бейімделді?

       – Оларға қиындау соқты. Алғашқы екі-үш жылда шешем күн сайын жұмыстан көңілі босап, көзі жасаурап келетін. Бәрін тастап қайтып кеткісі келді. Ол кезде біз Қазақстаннан келген осындағы бір ғана отбасын білетінбіз. Олардың өзі де сол жылы қайтадан кері қайтты. Біз келгенде де «мұнда не бітіресіңдер, естерің барда елді табыңдар» дегендей сөз айтқан еді. Бірақ біз өзімізге сенімді болдық, күмән-күдікке бой алдырмадық.

      – Ата-аналарыңыздың көңіліндегі қаяуды қалай кетірдіңіздер?

    – Мұнда келген соң үш күннен кейін әкеміздің жүрек талмасы ұстады. Ол іштегі уайымын бізге байқатпағанымен, бастан кешкен жағдайдың бәрі оған ауыр тиген екен. Мен госпитальге келдім, бірақ тіл білмегендіктен әкемді таба алмай қойдым. Тіпті, орыс тілді мейірбикелердің өздері орысша түсінбейтіндей сыңай танытты. Біздің сақтандыру қағазымыз жоқ еді. Әйткенмен, АҚШ-та тіпті, адамның сақтандыруы жоқ болған жағдайда да сіз медициналық көмек алуға құқылы екенсіз. Әкемізді емдеп, сауықтырып шығарды. Сөйтіп, денсаулық сақтау жүйесі туралы алғашқы әсеріміз жағым­ды болып шықты. Олар науқасты сақ­тандырусыз, қажетті құжаттарсыз, қо­лын­дағы қазақстандық төлқұжатымен-ақ аяғынан тік тұрғызды.

       – Ал ата-анаңыз Қазақстанды ойлап сағына ма?

    – Мамамыз мұнда келген соң туған елді ылғи аңсап жүретін болды. Елге бір барып қайтсам деген арманын айта бе­ретін. Қазір денсаулығы ептеп сыр бере бастады. Дегенмен, Қазақстанға бәрібір барып қайтамын деген ойынан қайтар емес.

       – Әкеңізде сондай аңсар жоқ па?

     – Әкем Қазақстанға барып та келді. Сонда мен ол үшін қатты уайымдадым. Өйткені, кеткеннен кейін Қазақстанға алғаш рет өзім ұшып барғанымда ағыл-тегіл жылап, тынысым тоқтап қала жаз­даған-ды. Тіпті, Астанаға барғанның өзін­де. Бұрын ол қаламен таныс емес едім. Сон­дықтан, ол жерге табан тіреу маған сәл де болса жеңілірек болған сияқты.

         – Сол кезде Қазақстаннан кет­ке­ні­ңіз­ге қанша болып еді?

       – Бұл 2007 жыл, демек, біздің кет­кенімізге бес жыл толған еді. Осы бес жыл отбасымыз үшін өте ауыр кезең болды. Америкада болған алғашқы екі-үш жылдың қиындығы моральдық тұрғыдан да, басқа жағынан да әлі күнге дейін есімізден кетпейді.

      – Қайтып оралу туралы ой мүлдем келген жоқ па?

     – Ата-анамызға аянышпен қарай­тынбыз. Мен олардың елге қайтқанын қаладым. Біз өзіміз қалып, өмірімізді өз бетімізбен құруға тырысар едік. Бірақ ата-анамыз бізді тастап кеткілері келмеді. Алғашқы үш жылда төртеуіміз бірдей жұмыс істедік. Менің 18 сағат қатарынан жұмыс істеген кездерім болды. Сонымен бірге, ағылшын тілін үйрендім. Бірде сөздікті парақтап тұрсам, маған бір ер адам келіп: «Сен не оқып тұрсың?» деді. «Ағылшыншаны үйреніп жүрмін» деп жауап бердім. Ол маған: «Егер сен Брайтонда жұмыс істесең, саған ағылшыншаның керегі не?» дейді. Мен оған: «Мен өмір-бақи Брайтонда жұмыс істемек емеспін. Біз Америкада тұрып жатырмыз ғой» деп жауап қайырдым. Сөйтсем, ол мен жұмыс істейтін дүкеннің қожайыны екен. Өзі ағылшын тілін білмейтіндіктен, қожайын маған қатты ашуланды. Менеджерді ша­қырып, мені жұмыстан босатуды талап етті. Үйге көңіл-күйім болмай оралдым. Екінші жағынан, Брайтонда кептеліп қалмағаным үшін осы адамға рахмет ай­­­тамын. Машиналарды тұрақжайға қоюшы болып басқа жұмыс тауып алдым. Қазақстанда менің «Москвич» машинам болатын. Механикалық беріліс қорабына негізделген машиналарды жүргізе аламын. Мына жұмысқа орналасуыма осы білігім көмектесті. Содан кейін ресторандарда жұмыс істейтін жігіттер ақшалы бо­латынын ұқтым. Сондықтан, менің ендігі мақсатым – рестораннан жұмыс табу болды. Жарты жылдан кейін «Баку» ресторанына жұмысқа тұрдым. Бір апта тегін істеп, қабілетімді дәлелдедім. Содан кейін олар маған сеніп, жұмысқа алды. Өз­деріне қазақтың қызмет көрсеткенін қалаған өзбектер бұл мейрамханаға арнайы келетін.

      – Қызмет көрсету саласына жұ­мыс­қа барғаныңызда намыстанған жоқ­сыз ба?

      – АҚШ-қа бармақшы болғанда тура өзімнің ата-анам сияқты, мен де кез келген жұмыстан бас тартпауға бел бай­лаған едім. Осында жиналған кезде бізді Америкада сендерді күтіп отырған ешкім жоқ, ол мүлдем басқа ел және Қазақстанда кім болып, не істесеңіз де, соны мұнда ұмытуға тура келеді деп ескерткен болатын.

       – Даяшылықтан кейін немен айна­лыстыңыз?

     – Даяшы бола жүріп, сонымен қатар, «Туризм» мамандығы бойынша оқуды ұйғардым. Соның арқасында мені «Delta» авиакомпаниясына жұмысқа шақырды. Әжептәуір конкурстан өтуіме тура келді. Біздің курстан өзімді қосқанда екі адамды әлемдегі аса ірі авиакомпанияға жұмысқа алды. Бес жыл жолаушыларға қызмет көрсету бөлімінде жұмыс істедім. Осы кезде бұрынғы КСРО-дан келген көптеген адамдарды қарсы алдым, бірсыпырасына көмегімді де тигіздім. Бұл жұмыс мені көп нәрсеге үйретті. Мысалы, адамдармен қарым-қатынас жасауға, әлдебір түйткіл немесе күйзелісті жағдай бола қал­ғанда тыныштандырып жұбатуға. Әрине, оңай емес. Бұдан кейін Нью-Йорк қаласының университетіне түсіп, халықаралық маркетолог дипломын алып шықтым. Ара-арасында Қазақстанға автомобиль тасымалдаумен айналыстым.

       – Осы жайында таратыңқырап айт­саңыз қайтеді?

       – Алғашқы уақытта бұл шағын кәсіп болды. Мен хабарландырулар бойынша машиналар іздедім, оларды сатып алдым. Нью-Йоркке тасымалдадым, содан кейін Қазақстанға жіберіп отырдым. Алматыда менің серіктестерім болды – балалық шақтағы достарым. Сонда олар осы машиналарды өткізіп беріп отырды. Маған ақша салып жібереді, жұмыс осылай дөңгелене берді. Уақыт өте келе өзімізге ат қойып, дами бастадық. Ол кездерде мен жұмысқа басқа да жігіттердің қызығушылығын туғыздым. Оларға қол ұшын беруге тырыс­тым. Жаңа келгендерге жұмыс табудың қандай қиын екені менің есімде болатын. Сондай-ақ, жігіттерге бұл елде қиындықтардан қалай жол табуға болатынын үйреттім. Әйтеуір қолымнан келгенінше көмектесуге тырысатынмын.

       –  Бірақ бұл кәсіп тура Қазақстан Кеден одағына кірген уақытқа дейін ғана жұмыс істеген болар?

     – Иә, бұл осы кәсіптен кетудің бір себебі болды. Алайда, мен бұл істі тоқ­татуды бұрынырақта жоспарлаған едім, екі емес, керек десеңіз үш рет тастап кеткен де болатынмын. Дегенмен, бәрібір де қайта оралып отырдым, өйткені жаман кіріс әкелген жоқ. Бірақ, мен автокәсіптің болашағын көрмедім және АҚШ-қа бұл үшін келмегенімді де түсіндім. Өзіме рухани жақын нәрсені табуға тырыстым. Полицейлер алыста жүргенде көшеде не болып жатқанын көруіме тура келді. Әр­түрлі заңсыздықтарға салғырт қарай ал­мадым. Бұған араласуға менің құқым болмады. Құқық қорғау органында жұмыс істеу арманы менде бұрыннан болатын. Тек біз алғаш Америкаға келгенде менің азаматтығым жоқ еді және осы саладан жұмыс табу үміті де болмаған. Менің арманым екінші кезекке сырылды. Кейін бәрі өз орнына келген соң ғана, өзімнің сүйікті ісіммен айналысу мүмкіндігі туды.

       – Ал Қазақстанда сіз ешқашан поли­цей болуды армандаған жоқсыз ба?

      – Қазақстанда мен полицейлерге басқа көзбен қарайтынмын. Бірақ біз­дің көршіміз полицей болды. Оның тапаншаның қабын қалай кигізгені, тапаншасын, қару-жарағын қалай тексергені әлі есімде. Мүмкін, сол кезде-ақ осы ой менің басыма кіріп алған шығар. Бұл жаққа қарағанда, Қазақстанда полицейлер өздерін басқаша ұстайды. АҚШ-та полицейлер – ниеттес бауырлар. Мен NYPD-қа (Нью-Йорк қаласының полиция департаменті) келгенде өз отбасыма келгендей күй кештім. Өзім сияқты ойлайтын 35 мың бауырларым мен әп­ке-қарындастарым пайда болды. Қай-қайсысы да қызметке ақша үшін келмеген.

         – Жалпы, сіз полицияға қалай кел­діңіз?

     – Бұл оқиға 4 жылға созылды. Басында жадымды, байқағыштығымды тексеріп емтихан алды, психологиялық тесттен де өттім. Емтихандарды жақсы тапсырдым. Содан кейін дене тәрбиесінің емтихандары болды. Салмақ түсіруге, көп жүгіруге тура келді. Егер жүгіре алма­саң – құжатыңды тапсырмауға да болады деп бірден айтқан еді. Өзара келісу, біреуге айтқызу сияқты нәрселер мұнда мүлдем жоқ. Талаптанғандардың көбі психологиялық және дене шынығуының тексерісі кезінде сейіліп қалды. Сондай-ақ, бэкграундты қатаң тексереді. Бастапқы дайындық, одан кейін академиядағы нағыз дайындық кезеңінен өтесің. Академия­дағы оқу 6 айға созылады. Бұл сынақ та оңай емес. Көп жігіттер академияны бітіре алмай қалды. Академияға түсу үшін де 1 орынға 15 адам таласатын күрделі кон­курс­тан өтуге тура келеді.

      – Егер жалақысы жоғары болмаса, АҚШ-та полицияда жұмыс істеуге ті­лек білдіретіндер неге соншалықты көп?

      – Бұлардың көбі – бұрынғы әскерилер, ардагерлер. Олар үшін полициядағы жұмыс азаматтық өмірге біртіндеп көшу үшін қажет. Бұлар қарумен жүруге үй­рен­ген, төтенше жағдайда басқа адам­дар үшін өз өмірін қиюға тәуекел ете алатын адамдардың ерекше тобы. Мұндай адамдар Америкада көптеп саналады. Сірә, өз жұ­мысымның маған ұнайтыны да сол себептен шығар. Мен жұмысыма мерекеге бара жатқандай асығамын, осынау үлкен отбасының мүшесі болғанымды мақтан етемін.

      – Сіз сөйтіп полицияға кірдіңіз, күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келесіз. Бұған сіздің отбасыңыз қалай қарайды?

      – Ата-анам мұны түсіністікпен қа­был­дады. Әкем әскерде Сахалинде қызмет еткен. Қызметін капитан ше­нін­де аяқта­ды. Өзі сондай сатыдан өткен­нен кейін, өмір бойы мені де осыған дайындады. «Қолыңнан келсе – көмегіңді аяма!» деп отыратын. Көшеде бұзақы­лар бір жігітке немесе қызға тиісіп жатса, әкем ешқашан қасынан үнсіз өтіп кетпейтін. Осы әділетшілдік, адамдарға көмектесу қажеттілігі әкеден дарыған қасиет сияқты.

     – Метродағы әйелді босандырып алу жағдайы қалай болды?

     – Мен жерастындағы метрода постыда тұрғанмын. Осы кезде рация арқылы бекетте әйелдің толғатып жатқаны туралы дабыл түсті. Дереу платформаны тексеру жөнінде шешім қабылдадым. Тексерсем – ешкім жоқ, содан кейін жо­ғарыға көтеріле бастадым. Ол жердегі метро бекетінде қарбалас, одан шығудың өзіне бірнеше минут кетеді. Баспалдақтар жоқ, тек лифт ғана бар. Көшеге шыққан бетімде фельдшерді көрдім. Ол төменге түспекші екен. Оған ол жақта әйелдің жоқ екенін түсіндірдім. Әйел көшеде бір жерде болуы тиіс. Шынында да, ол көшеге шығып үлгеріп, нәресте туып келеді деп айқайлай бастады. Академияда бізді толғақты қабылдауға да үйреткен еді. Бұл араға жеткенімше, жедел жәрдемнің бір­ден келе қоймайтынын түсіндім. Өйткені, Бру­клиннің бұл тұсында кептелістер сұмдық. Миымда қалай босандыру ке­ректігі жөнінде ойлар үйіріле қалды. Фель­дшерді көргенімде қатты қуанып кеттім. Жүгіріп әйелдің қасына бардық. Ол асфальтта айқайлап жатыр. Баланың қылтиып шығып келе жатқанын көрдім. Біз тізерлеп отыра қалдық. Фельдшер баланы ұстай алып, өзінің есі шығып кетті. Менің түсінуімше, бұл жұмыста жаңадан істеп жүрген сияқты. Бір-бірі­мізге қарап, қуанып кеттік. Нәресте шыр-шыр етіп, көзін ашты. Балпанақтай ұл екен. Бірақ мұны әлдебір ерлік іс деп санау оншалықты дұрыстыққа жатпайды деп ойлаймын.

        – Бірақ сіз, қалай болғанда да, адам өміріне арашашы болдыңыз емес пе?

      – Жұмыста менің, міндетті болмасам да, атқарған ісімді бағалады. Менің негізгі міндетім жер астындағы постты күзету болатын. Бәрі әп-сәтте болды да, шешімді шұғыл қабылдауға тура келді. Бұл өте сирек кездесетін ахуал. Біз күн сайын жоғалған адамдарды табамыз, қарақшылық-тонаудың алдын аламыз, қылмыскерлерді ұстаймыз, бақытсыз жағдайлар да ұшырасып тұрады. Адамдар жұмысымызға күн сайын алғысын айтады. Бірақ бұл ерлік деп есептелмейді. Неге екені белгісіз, бұл жағдайды ерлік деп есептепті. Менің пайымдауымша, бұл біздің күн сайын істейтін жұмысымыздың бір бөлігі. Біз бұл жұмысты нақ осы адам­дарға көмектесу үшін таңдап алдық. Егер оқыстан қандай да бір зілзала апат немесе террорлық әрекет болса, жай адамдар ондай проблемадан қашады, ал полицейлер, керісінше, сол араға адамдарды құтқару үшін асығуы тиіс. Бұл біздің жай ғана жұ­мысымыз.

      – Сіз нәрестелі болған әйелді осыдан кейін көрдіңіз бе?

    – Таңертең мен оған гүл алып барып, кіріп шықтым. Ол мені танып, қуана құшақтап, бетімнен сүйді. Жас ана екеуміз бірге суретке түстік. Оның да үрейі ұшып кетіпті. Метромен ауруханаға бара жатқан ғой, сол арада кенеттен толғағы қысқан. Сондықтан, ол пойыздан түсіп қалған. Сөйтіп, help түймешесін басып, босанғалы жатқанын хабарлаған. Сол себептен де, 911-ге оның платформада екендігі туралы ақпарат түскен. Әйел күтуге шыдамай, жо­ғарыға көтерілген. Көшеге шыққан соң, такси ұстамақшы болғанда, нәрестенің сыртқа шығуға түртінгенін түсінген. Осы­ның бәрі небәрі 5 минуттың ішінде болып өтті.

       –  Ол әйел ұлының атын Данияр деп қойғысы келген жоқ па?

     – Менің аты-жөнімді сұрап алған. Бірақ, шынын айтқанда, баласын қалай атағанын білмеймін.

      – Осы ісіңіз үшін сізді марапаттады ма?

     – Бұл енді ұзақ әңгіме. Дегенмен, ақ­парат NYPD басшысына дейін жеткен. Маған оның кеңсесінен телефон соғып, алғыс айтты. Алда тағы сөйлесеміз деп уәде етті. Бәлкім, полицейлерді мара­пат­тайтын әлдебір күн болатын шығар. Сірә, бұл әйтеуір тез бола қоятын шар­уа емес. Әдетте, медаль, әскерилердегі сияқ­ты кіш­­­кентай жолақша сияқты бір нәр­селер беріп жатады.

        – Балаларыңыздың алдында мақ­тан ететін ісіңіз болады!

      – Солайы солай ғой. Бірақ мен үшін бас­тысы бұл емес. Ең бастысы – балалардың дұрыс адам болып ержетуі.

     – Ұлыңыз полицияға жұмысқа баратын болса, сіз келісер ме едіңіз?

     – Өз басым мұны қаламайтын сияқ­тымын. Өйткені, мерт болу – алда кездесер қауіптің бір жағы ғана. Көптеген полицейлер денсаулығын жоғалтады. Мүгедектер арбашасында отырып, тек аузын ғана қи­мылдата алатын адамдарды көрдім. Бұл өте қауіпті. Бірақ ол осы жолды таң­даса, оны тоқтата алмасымды білемін. Себебі, ұлымның бойында бір қайсар­лық бар. Жұмысқа кетіп бара жатқанымда оның менің формама қадала қарайтынын байқаймын. Бронды кеудешемді кигеніме қызығып тұрады.

        – Қалың көпшілік полицейлерге қалай қарайды?

     – Халықтың көпшілігі бізге деген құрметін жасырмайды. Біздің де адамдарға деген қарым-қатынасымыз соған сай: егер адам барлық талаптарды орындаса, онда оның адал азамат екені былай да көрініп тұрады, ол жай ғана бір жерде қателік жіберген. Адамдардың көпшілігі бала шағынан бастап заңның бәріне бірдей екендігіне және оны құрметтеу керектігіне дағдыланады. Мұнда нақ сол бір жол қиылысында полицейдің неліктен тұрғанын біледі. Оның қалтасына бірдеме түсірейін деп тұрмағанын, қоғам мүддесі үшін жұмыста тұрғанын бәрі түсінеді. Қай жерде түйткіл, қиындық болса, біз сондамыз. Барлығы тамаша болып тұрған жерге бармаймыз.

       – Шынымен де америкалық поли­ция­да жемқорлық жоқ па?

     – Полициядағы жемқорлық туралы естімеппін. Біреуге бірдеңе ұсынып, немесе біреудің бірдеңе алғаны жайында да ешқашан естіген емеспін. Екі жыл бұ­рын жаңалықтарда әлдебір мейрамханада поли­цейдің ақша дәметкені жайында бір әңгімелер болған.

      – Қалай ойлайсыз, Қазақстанда дәл АҚШ-тағыдай, заңға құрмет орныға ма?

     – Солай болғанын қалар едім. Өзім Қазақстанға келгенде заңды бұзбауға тырысамын. Бірде Алматыда ереже бұзып, өзімнің ньюйорктік куәлігімді көрсеттім. Сөйтіп, Қазақстанда көптен тұрмағандықтан, ережелерді ұмытып қалғанымды түсіндірдім. Мені босатып жіберді. Яғни, Қазақстанда да, анау айтқандай, бәрі жаман емес.

      – Нәсілшілдік жағдайларымен бет­пе-бет ұшырастыңыз ба?

    – Жалпы, полицияны blue – көктер деп атайды. Бұл дегеніңіз дербес ұлт сияқты. Ешкім бетіңе қарамайды. Тек формаңа қарайды. Ешкім сені ақ немесе қара полицей деп айтпайды, бәрі офицер деп біледі. Біздің барлығымыз әр елден болсақ та, дәрежеміз тең, барлығымыз АҚШ азаматтарымыз. Дей тұрғанмен, адамдар менің қайдан келгеніме қызығушылық танытады, сұрайды. Менің Қырғызстаннан келген орыс досым бар. Менімен бірге істейді. Екеуміз орысша сөйлесеміз. Қалғандары біздің қай тілде сөйлесіп жатқанымызды ұқпайды.

    – Сіз АҚШ азаматтығын алып қой­ғансыз ғой?

     – Иә, 2008 жылы. Егер қандай да бір жарыстарда АҚШ немесе Қазақстан ойнап жатса, біз екеуіне бірдей жанкүйер боламыз.

     – Ал егер АҚШ Қазақстанға қарсы ойнаса ше?

     – Енді, Головкин америкалықтармен бокстасып жатқанда, онда біз Генаның жеңісін тілейміз.

       – Қанға тартады ғой?

     – АҚШ-та былай: жергілікті ирлан­дықтар Ирландияны, италиялықтар Италияны қолдайды, т.с.с. Яғни, аме­рикалық болу үшін өз тамырыңнан бас тарту міндетті емес. Бұл ел несімен қы­зықтырады? Мұнда сен кез келген дінді, ғұрыпты ұстана аласың, өзіңнің өмірлік құндылығың үшін күресесің. Сіздің таңдауыңызға барлығы да құр­метпен қарайды. Сен Қазақстаннан келіп, өз салт-дәстүріңмен өмір сүріп жатсаң, бұл үшін сені ешкім сөкпейді. Керісінше, бұған қызығушылықпен қарайды. Кеше ғана доминикандық әріптесіммен әңгімелестім. Ол біздің жылқы етін жейтінімізге таң­ғалды.

       – Ал жан дүниеңізде сіз кімсіз?

     – Мен – қазақпын. Қазақ болып тудым, солай болып қаламын. Қай жақта өмір кешсем де, үйімнің қайда екенін, балалық шағым қайда өткенін бәрібір ұмытпаймын. Даяшы болып істеп жүр­генімде бір мықты жігіттер келді. Олар менің Қазақстаннан келгенімді біліп, қасыма келіп, құшақтап, екеуі де жылап жіберді. Бұл ағайынды жігіттер Қызылордадан келген еврейлер екен. Олар мұнда 10 жасында келіпті. Туған үйіміз Қызылорда дейді. Өздерінің осында бар жағдайы жасалған, Манхэттеннің орталығында ілкімді бизнеспен айналысады. Бірақ шалшық, шаң болса да, өздері туып-өскен Қызылорда олар үшін туған ел, өз Отаны деп саналады. Тіпті, қазақ емес екеніне қарамастан, Қазақстанды олар өздерінің атамекені деп есептейді.

       esquire.kz сайтынан алынды.

    Аударған Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».

        

толығырақ

    Кәсіптік-технологиялық зерттеу жұмы­сымен алпауыт Америка елінде өз атағын шығарып жүрген қазақ азаматы бар десек, бұған біреу сенсе, біреу сенбейді. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық уни­верситетінің Көптілді білім беруді дамыту орталығының жетекшілігімен, қытай тілі бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ ғалымы Нұршат Нұражыұлымен кездесу өтті. 

    Ол Американың Массачусетс техно­ло­­гиялық институтының зерттеушісі, Техас технологиялық универси­тетінің профессоры, Нью Йорк city универ­ситетінен магистр және ғылым докторы атағын иеленген. Ғалым уни­вер­ситеттің музейімен танысып, алған әсерін ағылшын тілінде арнайы кітапқа жазып қалдырды.
     Н.Нұражыұлы 1969 жылы ҚХР-дың Шыңжяң өлкесінде дүниеге кел­ген. Мектепті Шапшал қазақ орта мектебінде оқып, Шыңжяң университетінің химия факультетін бітіреді. Қытайдың орталық ғылым академиясында арнаулы ғылыми зерттеумен айналысып, Американың Нью Йорк қалалық университетінен магистр және ғылым докторлық атағын алған. Кейін Америкаға қоныс аударып, сол елдің азаматтығын қабылдаған. Қазіргі кезде Американың Техас штатында, Техас технологиялық университетінде зерттеуші мамандығымен жұмыс істейді. Жеке ғылыми зерттеу зертханасы бар. 2011 жылдан бастап біздің еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста. Атап айтар болсақ, Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Қазақ Британ техникалық университеттерімен байланыс орнатқан. Шетелде жүріп, Қазақ елінің болашағына өзіндік үлес қосуда. Америкада жүрсе де қазақ тілінде таза сөйлейді.
   Қазақ мемлекеттік қыздар педагоги­калық университетінің Жаратылыс­тану факультетімен тығыз байланыс жасайтынын айтып, университеттің зертханаларының жоғары деңгейде жабдықталғанын көрген ғалым Қазақ елінің жас мемлекет болса да болашағы зор екендігін тілге тиек етті. Араға жылдар салып Қазақстанға келгенде «сырт көз сыншы» дегендей халықтың жылдан-жылға әл-ауқаты да артып келе жатқанын, қазақ елі дамыса өзінің де мерейі өсетінін тілге тиек етті. Аттанар кезінде Қыздар университетінің және басшылары қазақы салтпен сый-сия­паттарын жасады.

          Серік Кәрімов

         http://anatili.kazgazeta.kz/?p=35332

толығырақ

АҚШ-тың Техас штаты Хьюстон қаласындағы жексенбілік қазақ мектебінде домбыра шертуді үйреніп отырған балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазан айы. Суретті Мерзет Әліп ханым жолдаған.
АҚШ-тың Техас штаты Хьюстон қаласындағы жексенбілік қазақ мектебінде домбыра шертуді үйреніп отырған балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазан айы. Суретті Мерзет Әліп ханым жолдаған.
 
      АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында тұратын Мерзет Әліп ханым – сондағы жексенбілік қазақ мектебі ұстаздарының бірі. Ол Азаттыққа берген сұхбатында мектеп ашуға не себеп болғанын айтты.

       Азаттық: – АҚШ-қа қай кезде не себептен көшіп бардыңыздар?

Хьюстондағы жексенбілік қазақ мектебіндегі балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазаны.Хьюстондағы жексенбілік қазақ мектебіндегі балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазаны.

      Мерзет Әліп: – 2010 жылы жолдасым, компьютер саласының маманы Жәнібек Мақымның қызметіне байланысты Қазақстаннан көшіп келдік. Ол кісі 1992 жылы Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған, Түркияда білім алған. Ал менің мамандығым – экономист. Әке-шешем әлі Моңғолияда тұрады. Екі қыз, бір ұлым бар. Қыздарымның бірі сегізінші, екіншісі екінші сыныпта оқып жүр. Ұлым екі жасқа енді толды.

         Азаттық: – Хьюстонда қазақ мектебін ашуларыңызға не себеп болды?

       Мерзет Әліп: – Балалардың өсіп келе жатқан ортасы басқа ғой, сондықтан олар ана тілін тез ұмытып, басқа тілде сөйлеуге бейім тұрады. Үйде қанша жерден қазақша сөйлегеніңмен, олар ағылшынша жауап беруге құмар. Мәселен, биыл сегізінші сыныпта оқитын үлкен қызым кейде: «Мама, ағылшынша айта салайыншы, маған қазақшадан гөрі ағылшынша айту оңай» деп жауап береді. Сол себепті балаларымыз ана тілінен мүлдем ажырап қалмауы үшін 2012 жылы осында тұратын қазақ отбасылары бірігіп, жексенбілік мектеп ашуға бел будық. Бұл жерде мектептің жұмыс істеуіне ұйытқы болған – тек мен ғана емес, басқа да ата-аналар. Бірақ басында мектепте сабақ беретін мұғалім болмағандықтан, мамандығым басқа болса да қазақ тілін оқытуыма тура келді.

       Мектепте әр жексенбі сайын төрт сағат оқытамыз. Қазақтың тілі мен тарихын, салт-дәстүрін оқытуға күш саламыз. Қазақ әндерін үйретеміз. Қазақтың ұлттық биі туралы да сабақ бар.

         Азаттық: – Балаларға қазір кім сабақ береді?

       Мерзет Әліп: – Қазір үш оқытушымыз бар. Оның біреуі – кәсіби мұғалім, екеуі – Қазақстаннан келіп, осында оқып жүрген студенттер. Ал мен мектептің негізгі ұйымдастыру жұмыстарымен айналысамын.

       Азаттық: – Хьюстандағы қанша қазақ тұрады? Олардың қаншасы балаларын сіздердің жексенбілік мектептеріңізге әкеледі?

Хьюстондағы жексенбілік қазақ мектебіндегі балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазаны.
Хьюстондағы жексенбілік қазақ мектебіндегі балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазаны.

      Мерзет Әліп: – Үш мыңға жуық қазақ бар деп естігенмін. Негізінен қызмет бабымен келгендер, содан кейін студенттер. Мектебімізде өткен жылы 30-дай бала оқыды. Биыл 18 бала оқып жүр. Осы жақта бұрыннан тұрып келе жатқан қазақ отбасының балалары, әкесі америкалық, анасы қазақ бала да бар ортамызда. Балалардың құрамы өзгеріп отырады. Өйткені қызмет бабына байланысты ата-аналары көшіп кетеді немесе басқа да жағдайларға байланысты балалары келмей қалады.

     Азаттық: – Мектептің қаржылық мәселесін қалай шешесіздер? Қазақстанмен қарым-қатынастарыңыз бар ма?

      Мерзет Әліп: – Мектепте негізінен жұмыс істейтін төрт адамбыз. Эльвира есімді мұғалім екеуіміз өз көңілімізбен тегін қызмет атқарамыз. Екі студент қызметкерімізге балалары мектепте оқитын ата-аналар өзара келісіп жалақы төлеп отырады. Ал Қазақстанмен ешқандай байланысымыз жоқ.

        Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

    http://www.azattyq.org/content/us_kazakhstan_school_of_kazkahs_in_usa/27301621.html

толығырақ

© nur.kz

© nur.kz

      Бруклиндегі (АҚШ, Нью-Йорк) метро станциясының маңында әйел полицей қызметін атқаратын Қазақстан тумасы Данияр Нұртазаның көмегімен аман-есен босанып, дүниеге ұл әкелді.

         “Жедел жәрдем” мен полицейлер әйелді 27 қыркүйекте метро станциясы маңынан таңғы 5.30-да тапты деп хабарлайды NYDailynews.com.
       “Ол жылап, “маған келіңіздерші, балам дүние есігін ашпақшы” деумен болды”, – дейді сол маңда қызмет ететін 55 жастағы Икбал Шахид.
      Дәрігерлер әйелді сол жерде босандырды. Жаңадан туылған баланың маңына адамдар үймелей бастады.
       “Ол көзін ашып, айналасына қарады. Ірі болатын, түрі де жаман емес “, – дейді куәгерлер.
       “Көптеген адамдар бақытты болып, қол шапалақтады”, – дейді 56 жастағы дүкен сатушысы Дуг Левин.
         “Біз оған жүгіріп жеткенде, бала дүниеге келіп жатты. Фельдшер оны ұстап үлгерді. Мен кідірмей жедел жәрдем көлігіне жүгіріп, ол жерден қажет медициналық құралдарды алып келдім. Бәрі тез арада болғаны соншалық, не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Біз дер кезінде үлгергенімізге бақытты болдым”, – деген Нұртазаның сөздерін Tengrinews.kz жариялады.
       Нұртаза АҚШ-та 2002 жылдан бері тұрады. 2008 жылы АҚШ азаматтығын алып, 2010 жылы полицейлік емтиханнан өткен. Ал 4 жылдан кейін полицейлік қызметке орналасты.
        nur.kz
     Толығырақ: http://alashainasy.kz/sha/aksh-politsiyasyinda-steytn-kazak-erled-video-73856/ 

толығырақ


Қазақ мектебі көпшілікті таң қалдырды

     Техаста қазақ эмигранттары салған қазақ мектебінде болып қайтқан журналист Адиля Түгел мектеп қабырғасында алған әсерлерімен бөлісті. Бұл туралы esquire.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
     Тамыздың соңғы жексенбісінде Техастағы қазақ мектебінің ашылуында болып қайтқан журналист ондағы қарапайым қазақтарды көріп таң қалған. Мектепке жеткенде киіз үйді емес, кәдімгі америкалық стильдегі екі қабатты жекежайды көрдік. Есігін ашып, көптеген үлкен-кіші аяқ-киімдерді көргенде, үйіме топырлап қонақтар келгендегі cәт есіме түсіп кетті. Ұстай алмайсың, ұстай алмайсың деп жүгіріп жүрген қазақ балаларының дауысы құлағыма жеткенде, тап бір қазақ жерінде жүргендей сезімде болдым ,  дейді журналист.
     Журналистің алдынан Меруерт есімді әйел шығып, мектепті Моңғолиядан келген бірнеше қазақ отбасылары ашқандарын айтып берген.
     Мектептің жұмыс істеп жатқанына үш жыл болған екен. Онда оқитындардың дені ата-аналарымен Техасқа уақытша көшіп келген оқушылар. Әр жексенбі сайын балалар қазақ тілін, әдебиетін оқып, домбыра мен ұлттық билерді үйренгенше ата-аналары шай ішіп, күтіп отырады. Мектеп ақша табуды көздейді деп айта алмайсың. Ақысы бар-жоғы семестріне 100 доллар. Оның ішіне кітаптар, жекежайды жалдау, оқыту да кіреді. Мұнда қызмет ететіндердің дені өз дәстүрін өзге елде сақтауға үлесін қосуға әзір еріктілер, дейді автор.
     Мектеп басшылығының айтуынша, олар Қазақстан елшілігінен кітаптар сыйға тарту сияқты азын-аулақ көмек сұраған. Алайда жауап сол беті қайтпаған. Мұндағы қазақтар үшін отан географиялық емес, рухани деңгейдегі ұғым. Олар ата-бабадан қалған дәстүрлерді сақтап, ана тілінде сөйлегенді құрмет тұтады,  дейді Адиля.
      Мақала авторы болашақта бұл жексенбілік мектепке америкалықтар да ағылып, жұмысы жандана түсетініне тілекші екенін жазған.
           http://aikyn.kz/ru/articles/show/13249-_aza_mekteb_k_psh_l_kt_ta_aldyrdy

 

толығырақ

     Америка қазақтары қауымдастығын (Kazakh American Association) 2007 жылы Вашингтонда осы елде тұрып жатқан бір топ қазақстандықтар құрған болатын. Ондағы мақсаттары – түрлі жағдаймен АҚШ-та тұрып жатқан қазақстандықтарды біріктіріп, диаспоралар арасында қазақтардың төл мәдениетін сақтауына көмектесіп, американдықтарды Қазақстанның мәдениетімен және дәстүрімен таныстыру. Осы уақыттың ішінде АҚШ-тың сол жағалауында тұрып жатқан  қазақтардың басын бір орталыққа топтастырып, олардың батыс жағалаудағы, оңтүстік және солтүстік штаттарда тұратын өзге қазақтармен байланысын нығайтуға қол жеткізді. Олардың есебіне қарағанда осыдан 2 жыл бұрын АҚШ-та тұратын қазақтардың саны американдықтар асырап алған қазақ балаларын қосқанда 25-30 мың аралығында болған.

    Қауымдастық президенті Дархан Нұрмағамбеттің айтуынша, АҚШ-қа алғашқы қазақтар екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана қоныстанған. Олар соғыс кезінде түрлі жағдаймен немістерге тұтқында түсіп, кейін АҚШ әскері азат еткен жерлерден қоныс аударғандар. Жалпы АҚШ-тағы қазақтардың басым бөлігін 1990 жылдары барғандар құрайды.

   Қауымдастық ұйтқы болып жүрген  шаралардың қатарында шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының күйеулері арасындағы «Bazhalar Party» мен қазақ келіншектері арасындағы «бастаңғыны» мысалға келтіруге болады. Ал дәстүрлі Наурыз мерекесі кезінде олар 500-600 адамның басын қосатын көрінеді. Енді АҚШ-тағы қазақ диаспорасы туралы маусымдық журнал шығарып, Бүкіламерикандық қазақ құрылтайын ұйымдастырып, «Kazakh House USA» және қазақ тілі мен мәдениетін  ұйымдастыру орталықтарын ашуды жоспарлап отыр.

толығырақ

Америка қазақ қызының отансүйгіштігіне тәнті болды

     Теннистан Америкада өтіп жатқан Индиан-Уэллс турнирінде мына бір сүйкімді қазақ қызы бүкіл көрермендерді таң қалдырды. Ол Зарина Диас ойнағанда, оны қолдап, Қазақстанның туын жоғары көтеріп, бүкіл көрермендерді тәнті қылды, деп жазады "Алаш айнасы".

        АҚШ-тың Калифорния штатындағы Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан турнирдің екінші айналымында қазақтың талантты теннисші қызы Зарина Диас мен Американың жарық жұлдызы Серена Уильямс кездескен болатын.
      Әрине, бұл матч орталық кортта өтті. Әлемнің ең үздік теннисші аруы Серена Уильямстің өнерін тамашалауға келген америкалықтар да өте көп болды. Алайда солардың ішінде бір ғана қазақ қызы олардың бәрінен асып түсті. Көпшілік назары қолында Қазақстан туы бар қызға көп ауды.
        Бүкіл камера, бүкіл теледидар қызметкерлері қазақтың көк байрағын төбесіне көтерген қызды аңдумен болды. Суретке түсіріп алған фотографтар да жетерлік. Көрермендер мен турнир ұйымдастырушылары оның кім екенін білуге ынтық болып, бір-бірінен сұраумен болды.
       Ал ол болса, Заринаның әрбір ұпайына қуанып, оны аянбай қолдап отырды. Иә, жексенбі күні Индиан-Уэллстің орталық кортында қазақ қызына қайран қалмаған жан болған жоқ. 

      Оның есімі Айжан екен. Американың алыстағы басқа қаласынан келіпті. Ұзақ жол жүріп, Қазақстан туын өзімен бірге ала келген екен.
     Мен кәсіби журналист емеспін. Жай ғана жанкүйермін. Әйтсе де, Айжан қарындасымыздың осы бір ерлікке пара-пар қылығын отандастарымыз білсе деп ойлайдым. Сол үшін "Алаш айнасына" қысқа ғана жазып жібергенді жөн санадым.

     Бұл ойында мен де осы кортта болдым. Мен де барлық америкалықтар мен барлық журналистер секілді Айжанның отансүйгіштігіне тәнті болдым.

     Қыздарымыз осылай бүкіл елді қайран қалдыра берсін. Заринаға да, Айжанға да ризамыз! Осындай қазақ қыздары көбейе берсе екен дейміз!
      Ербол Қабылов, Индиан-Уэллс (АҚШ)
Толығырақ: http://alashainasy.kz/tennis/amerika-kazak-kyizyinyin-otansuygshtgne-tant-boldyi-65506/

толығырақ

 
         Нью-Йоркте екіжақты ынтымақтастықты нығайтып жүрген шетелдің үздік өкілдері анықталды. Қазақстан елшілігінің бастамасымен осымен бесінші мәрте өткен шарада қазақстандық іскер әйел арнайы марапатқа ие болды, деп хабарлады www.24.kz.

   Хорватиялық Неда Янг, индонезиялық продюссер Ин Пурванти, румын ханшайымы Марина Струдз, мексикалық Марсела Орвананос және өзге де 15 елдің өкілдері Нью-Йорк сыйлығының иегері атанды. Оқ бойы озық шыққандар қатарында қазақ қызы да бар. АҚШ-тағы ірі компанияның вице-президенті, Мәскеу халықаралық қатынастар институтының түлегі, іскер ханым Айя Төлемағанбетова қоғамдық шараларға белсене қатысады. Инвестициялық форумдар, гендерлік саясатты дамыту және зардап шеккендердің құқығын қорғау тақырыбындағы конференциялар мен қайырымдылық шаралары оның күнделікті жұмысына айналған. Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген 4 баланың анасы бүгінде сүйікті әже атанып отыр.

    «Біздің елді әлемге танытып жүрген нәзікжандыларды көргенде, қатты қуанамын. Олардың қатарында жүрген дәрігерлер, инженерлер, сәулетшілер, заңгерлер, бизнесмендер «мен қазақстандықпын» деп мақтанышпен айта алады. Біз әлемнің қай қиырында жүрсек те, «Қазақстан» ұғымы біздің жүрегіміздің түкпірінде. Қандай қызмет атқарсақ та, не істесек те бізге артылған жауапкершілікті сезінеміз. Сондықтан бұл тек менің ғана емес, елімнің марапаты дер едім, деді  арнайы сыйлық иегері Айя Төлемағанбетова.

толығырақ

     «Қазақ әдебиеті» газетінің «қайткенде Қазақ қалады қазақ болып?» жобасының мақсатымен шетелдегі қазақтарға хабарласып едік. Соның бірі, АҚШ-та тұратын қандасымыз, Медицина ғылымының докторы, профессор Қасым Қабылхақ. Бұл азаматтың есімімен біздің Қазақстандықтар жақсы таныс болмаса да, жершарының арғы бетімен «жершарының қызыл белдеуі» атанған Қытай мен күн шығыс елі Жапон жақсы біледі. Әсіресе, оны ғылым саласындағылар тіпті жақсы таниды. 1990 жылдардың басында Жапон асқан жас ғалым 1999 жылдан бері АҚШ-та тұрады. Қазір Нью-Йорктегі Айова (Iowa) университетінде қабынумен рактің байланысын (INFLAMMATION AND CANCER) зерттеумен айналысатын ғалымның зерттеу жобасын АҚШ үкіметі жылына 1 миллион 800 мың доллармен қаржыландырады. Осы жоба аясында Қасым ағамен хабарласып, сұхбат алудың орайлы сәті болған еді. Сол әңгімемізді оқырманға ұсындық.

     – Біздің білуімізше, Сіздің жер­ша­рының арғы бетінде, АҚШ-та, қазақ хал­­қы ғана емес, бүкіл адамзатқа аса ма­ңызды тақырып бойынша ғылыми-зерт­теумен айналысып жатқаныңызға 15-16 жыл болыпты. Ғалым санатында шақырумен Қа­зақстанда, Қытайда лексия оқыған екен­сіз. Сол орайда сонда жарияланған м­а­қалалардан оқығаным бар. Оларда «Түп табиғаты текті Қасым өз ұлтының уы­зына қана өсіп, ибалы, шыншыл, ең­­­бекшіл, мәдениетті болып жетілген. Ол Жапония мен АҚШ-қа барғасын ондағы ғалымдардың артықшы­лық­тарын да (шыншылдық, кішіпейілділік, ибалылық, ашық-жарқындық, қыз­ғын­дылық, шөгелдік, табандылық, т.б.) бойына сіңдіре білген. Ол «өз ана тілін­де оқыса, оқталған мамандығына бе­рік сеніммен, қайтпас табандылықпен түс­се, қажымай-талмай тырысып ең­бек­тенсе, ғылым шыңына шығуға әб­ден болады. Билік ғылым мен техника­ға шын жүректен мықтап мән берсе, өрелі профессорларды, нағыз ғалым­дарды Жапония мен АҚШ елдері сықылды аса құрметтеп, олардың орнын шынайы жо­ғарылатып, еңбегіне дұрыс жағдай жа­саса, елдің ғылымы мен техникасы қар­қынды дамитын болады. Ал бұл тау­сылмайтын байлық, ресурс деп қа­рай­ды» деген сөздерді жазысқан болатын. Менің Сізге ынтамның ауғаны осы­лардан. Алдымен, туып-өскен ор­таңыз, оқу жолыңыз, отбасыңыз жайында білгіміз келіп тұр?
     –
Мен Қытайдың Үрімжі қаласынан 120 шақырым шығыста жатқан, Тәңір­тау­дың Боғда шыңының күнгей етегіндегі Ақсу атты қазақ ауылында, 1964 жылдың 29-қаңтарында дүние есігін ашыппын. Шешем Гүлғасыл ауыл дәрігері болатын. Әкем Қабылхақ Ғазезұлы «мәдениет төңкерісі» ат­ты аласапыранда, Ғазез атамның Алаш арыстарының жолын қуған азаматтығын желеу етіп табалағандардың соққы­сы­нан, менің 10 жасымда (1974 ж.) қайтыс болған. Ол кез бүкіл Қытайда ауыр жылдар еді. Мен тұрған қазақ ауылының халі тіпті мүшкіл болатын. Арғы аталарымыздың (хакім Абай бастаған рухи көсемдерімізді айтып отырмын) берген ақыли медетінен шығар, саяси науқанның у-шуына елең етпей, экономикада ыңыршақ шыққан жәйіт (жартылай ашаршылық) пен лабораториясыз күйді былай қойғанда, не мұға­лім, не оқулық толық емес жағдайда жанталаса оқыдым. 1981 жылы сол ауылымда, он жылдық мек­тепті қазақ тілінде тауысып, Бүкіл Қы­тайлық Біртұтас емтиханнан үздік бал алып, алғаш Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінің дайындық бөліміне (тіл үйрену сатысында), сосын Бейжің Педа­гогикалық университетінің биология ма­ман­дығына түсіп оқыдым. Ұлттар уни­вер­си­тетіндегі екі жылдық дайындық, жан­­­­таласа ұмтылу, мені тілден сабақ­тас­тарымның ең соңындағы күйден ең алғы ретке шығарды. Сөйтіп, өзіме сенімім күшейді. Бейжің Педагогикалық уни­вер­ситетінде де, алғашында ағылшын тілінен, әліпті таяқ деп білмес күйде едім. Жанталаса үйрене жүріп, соңғы жылы оздым. 1987 жылы толық курсты бітіре сала, сол Бей­жің Педагогикалық университетіне физиология мамандығы бойынша аспиран-тураға түстім.
     Оны бітірген соң 1991 жылы Үрімжіге қай­тып келіп, екі жылдай оқытушы бола жүріп, Жапонға шығып оқуға дайындалдым. 1993 жылы Жапонияның Хоккайдау университетінің докторантурасына түсіп, қабыну мен рактың (Inflammation and cancer) байланысын зерттедім. Шүкірлік, зерт­теу еңбектерім ғалымдар назарын тартты, бұл саланың халықаралық ең бе­делді журналдарында (мысалы, “Cancer Immunology and Immunotherapy” мен “Oncogene” секілді) жарияланады. Сонымен, 1998 жылы әрі медицина ғылымының док­торы (Phd) атағын, әрі бүкіл Жапония Ме­дицина Қоғамының сыйлығын иелен­дім.
     1989 жылы Баян екеуміз (Сұл­тан­қызымен) бас құрадық. Бір қызымыз бар. Шинжяң университетінің биология ма­ман­дығын тауысып, бакалаврлік алғаннан кейін Бейжің университетінің аспирантура­сында білім асырған, Шинжяң универ­си­тетінде оқытушы болған Баян қазір Айова (Iowa) университетінің медицина зертханасында істейді. Қызымыз Гүлбаршын уни­верситет тауысты. Енді аспирантураға кірмек. Өзім рак туралы зерттеумен айналысудамын. АҚШ-қа келгелі 15 жылдан асып барады.
     – Бәрекелді! Тамаша өмірбаян! Әл­гінде, «Әкем Қабылхақ Ғазезұлы Қы­тайдағы «мәдениет төңкерісі» атты ала­сапыранда, Ғазез атамның Алаш арыстарының жолын қуған аза­мат­ты­ғын желеу етіп табалағандардың соқ­қысынан қайтыс болды» деп қалдыңыз. Ата-тегіңіз, әкеңіз жайлы айта кетсеңіз тіпті жақсы болар еді?
     
– Сержан, ол бір ұзақ әңгіме. Сұрап қал­дың. Қысқа қайырайын.
   Шығыс Қазақстанда кезіндегі елге әйгілі Қалбан қажы деген кісі өткен. Ол атамыздың ұрпағының дені Қазақстанда, біразы Шыңжаңда (Үрімжіде, Санжыда) тұрады. Менің әкем Қабылхақ – сол Қалбан қажының ұрпағы, 1903 жылы ту­ған Ғазез Нұрмұқамметұлы Қалбановтың ұлы. Атам Ғазез Санкт-Петербург универ­си­тетінің заң факультетін тауысып, Әлихан Бөкейхановтарға ерген, кейін Семейде Кеңес Төрағасының орынбасарлығына шейін көтерілген екен. Бірақ артынан әрі байдың қызын алғаны, әрі алашшылдарға ергені үшін қағылады, жазаланады. 1928 жылы партиядан шығарылып, қызметтен қуылады.
       Атам Ғазез мұның арты қуғынға ұлас­қалы тұрғанда, Қытай асыпты.
      Ал қызыл солақайлардың байдың қы­зын алғаны дегендегі байы нағашы атамыз Әбдікәрім болыс екен. Өткен ғасырдың ба­сында, Шығыс Қазақстанда мектеп ашып, Сұлтанмахмұт Торайғыровтарды оқытушы етіп, ел көзін ашуға еңбек сіңір­ген, екі дүркін Мемлекеттік Думаға және Алаш партиясының атқару комитетіне мү­ше болған, 1998 жылы Катонқарағай ау­данындағы мектепке аты берілген Ере­жепұлы Әбдікәрім болыс деген әйгілі адам­ды естіген боларсыз. Нағашы атамыз де­генім сол кісі. Қазақстанның халық жазу­шысы Қалихан Ысқақ жазған “Жан­қи­м­ақ” драмасындағы бас кейіпкер де сол Әбдікәрім ата. Ол отызыншы жылдардағы репрессия кезінде Қытайды баспаналап барса да, өкшелей қуған Кеңес Одағының чекис-жендеттері тарапынан құртылыпты (естуімше, Алтай қаласындағы Кеңес консулы қымызға у қосып беріп өлтіріпті). Атам Ғазез осы Әбдікәрім болыстың Бағдат дей­тін қызын алған екен. Әбдікәрім болыстың Сұл­танмахмұт ғашық болып, қосыла ал­ма­ған қызы Бағила – осы Бағдат әжеміздің әпкесі. 
      Атам Ғазез Үрімжі қаласындағы аз жы­лында (ұсталғанға шейін) қазақ үшін көп еңбек сіңіреді. Шыңжаң қазақ-қырғыз ұй­шымасының (қоғамының) төрағасы, қа­зақша Шыңжаң газетінің бас редакторы болады. Қоғамнан пайдаланып әр аймақта талай мектептің ашылуына түрткі болады. Амал не, кезінде Шинжяңды билеп тұрған, билігін нығайтқанша Сталинмен астасқан Шың Шысай үкіметінің жендеттері Кеңес Одағынан келген Уголин, Фаленов, Мұқан­баев­тар әкелген қара тізім бойынша Ға­зез атам бастаған бір топты ұстап әкетеді. Естуімше, ССРО-дағы Ново-Сібір түрмесіне қамап, артынан көздерін жойған екен. 
      – Иә, ол арыстардың жандары жән­натта болсын! Артын міне қайырлы етті ғой. ...Сонымен, АҚШ-қа қалай бар­дыңыз? Өкімет қаржысымен бе, жоқ әлде, ...?! АҚШ-та қай орындарда нендей тақырыптарды зерттеумен айналысудасыз? Қандай ілгерілеулер бар? 
     – Мен Жапонияға бармақшы болған­нан тартып, өкімет жоспарына, қаржысына сүйенбеуге бекідім. Оны жіпсіз арқан се­зіндім. Баян екеуміз барымызды жиып, тіп­ті үйдегі жиһазымызды сатып, сол ар­қылы шетел асып оқуға тырыстық. Жапонияда бір жағынан еңбек етіп, бір жағынан оқыдым. 
    Постдокторлықта жүргенде жариялаған еңбектерім де өзге ел ғалымдарының назарын аударған екен. Шақыра бастады. 1999 жылы АҚШ-тың Маунт Сайнай Медицина Орталығының (‘Mount Sinai Medetsia Centiri’) шақыруын құп көрдік. Сонымен, Нью-Йорк қаласына келіп, қабыну мен рактың байланысын жалғасты зерттеуге кірістім. Мұндағы зерттеулерім де әлемдік ең жоғары деңгейдегі журналдарда (мысалы, “Nature Cell Biology”, “EMBO Journal”, “Journal of Biochemistry” сықылдыларда) жарияланып, ғалымдар назарын тіпті де тарт­ты. Ол кезде ассистент профессор, пост­доктор едім. 2005 жылы Айова (Iowa) университеті тарапынан дербес зерттеу лабораториямды құруға шақыру келді. Сонымен, Маунт Сайнай Медицина Орта­лы­ғын­да профессордың бағдарламасы бо­йын­ша зерттей бергеннен гөрі, өз бағ­­дар­ламам бойынша еңбектенгенді жөн санап, шақыруды қабылдап, Айова уни­верситетіне келдім. Еңбегім жанып, жо­ғары өрелі халықаралық басылымдарда зерттеу нәтижелерім үздіксіз жарияланып, профессор болдым. Ол табыстарымды жоғары бағалаған АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі 2005 жылы 1 миллион 400 мың долларлық, ал, 2009 жылы 1 мил­лион 800 мың долларлық мемлекеттік грант берді. Әрине, жеке өз қажетіме жұм­сауға емес, лабораторияма, оның зерт­теу жұмыс­тарының қажетіне жұмсауға. Қазір зерт­теуім тіпті қарқынды жүріп жатыр. Қо­лымда зерттермен ғалымдардан сырт, ма­­гистрлік және докторлық деңгейге ұм­тыл­ған шәкірттерім бар. Оның ішіндегі қан­­дастарыма ерекше қол ұшын беру­де­мін.
      – АҚШ-та қанша қазақ тұрады өзі?
   
– Жалпы санын нақ білмеймін. Интер­нет­те 2-3 мыңдай бар десіседі. АҚШ-та ғылыми зерттеумен айналысатын қазақтар өте аз. Қытайдан келген бірнешеу ғана­мыз. Қа­зақстаннан келгендерді өзіңіз білетін шы­ғарсыз. Оқуда жүргендер көп. Екі мың­ға таяу. Басқа жұмыстармен келіп тұрып қалғандар неше жүздей.
    – Ондағы қазақтар басқа қазақ­тар­дан (мәселен, Қазақстанда, Қытайда, Моңғолияда, Еуропада тұратын) несімен ерекшеленеді?
   
– Менің байқауымша, АҚШ-тағы қа­зақ­тардың ерекшелігі – еңбекшілдік, қара­пайым­дылық, кішіпейілділік, шыншылдық та­рапының басымдылығында. Бұл өзіндегі тектіліктен сырт, мұндағы қоғамдық ор­та­ның әсерінен секілді. 
     
Бұл елде барлық жұмыс заң бойынша жү­рі­летін болған соң, жай бұқара пара­қор­лық, артқы есік, сыбайлас жемқорлық, өз­геге жағатсу дегендерді білмейді. Дұрыс та қалыпты адами байланысты дәріптейді. Адамды сыртқы сәнімен (киген киімі, т.б.), мақтанған сылдыр сөзімен, шіренген мысымен емес, игерген білімімен, мәдени мі­незімен, сөзінің жөнімен, сөзінде тұра­тын шыншылдығымен, тындырған ісімен ба­ғалайды. Жұмысқа шынайы қабілетімен ілінеді. Бітірген шаруасына сай еңбекақы алады. Бастықтары құқығынан пайдаланып байып алатын жол жоқ. Бастықтардың жұмысы заңды, саясатты, ережелерді мүл­тіксіз атқару ғана. Осы сықылды себептерден, әр елден (әсіресе, Қытайдан, Қазақ­стан­нан) келген қазақтар, егер сезгір де ел­пек болса, көп ұзамай қоғамға лайық­тасып, өзгеріп кетеді.
    – АҚШ-та тұратын қазақтар жер­ша­рының әр тұсынан барған қазақтар ғой. Олардың менталитеті және қазақ ру­ханиятына деген сүйіспеншілігі қан­дай? АҚШ-тағы қазақтар ұлттық тамырдан қаншалықты алыстап қалды деп ойлайсыз? Олардың қазақ руханиятына деген жақындығы қаншалық? Қазақ ре­тіндегі болмысын, болашағын қан­ша­лықты елестете аласыз?
     
– АҚШ-тағы қазақтардың 99% ті Қазақ­стан­нан, Қытайдан келгендер. Бірақ мұн­дағылар қайдан келсе де, қазақстандықпыз немесе атамекеніміз Қазақстан деседі. Қа­зақстанның халықарадағы беделі қан­шалықты жоғары болса, мұндағы қа­зақ­тар­дың еңсесі де соншалық жоға­ры­лай­ды. Құдайға шүкірлік, АҚШ-та Қа­зақ­станның аты өзге Орта Азия ел­де­рінен гөрі көп айтылады. Беделі де ең жо­ғары саналады. 2022 жылғы қысқы олимпиаданы Алматы алса екен деп тілейміз. Сөйте қалса, Қа­зақ­стан әлемге тіпті таныла түсер еді. Мұн­дағы қазақтардың менталитеті мен ел­ге деген сүйіспеншілігін осыдан-ақ бай­қарсыз.
     АҚШ-та тұрып қалған қазақтардың көбі 1990 жылдан кейін келгендер. Бұлардың қа­зақы руханияты әлі күшті. Қазақтығын мақ­танышпен сезінеді. Өз елін, өз ұлтын, өз ана тілін, өз салт-ғұрпын төбелеріне қоя бі­леді. Үйлерінен қазақы дүниелер (суреттер, ою-өрнектер, домбыра, ән-күй дис­кілері, т.б.) үзілмейді. Көбі үйінде қазақша сөйлеседі. Бір-бірімен хабарласып, іздесіп тұрады. Қонақ дастархандарынан қазақы дәм үзілмейді. АҚШ-та жоқтарын елден алдыртып тұрады. Қонақасыда кезіккенде, өз ана тілімен сөйлесіп қана қоймай, тіпті әңгіме, әзіл-қалжыңдары да қазақы қы­зады. Ән айтады, күй шертеді.
     Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен наурызды айрықша атап өтеміз. Өзара телефонмен құттықтасамыз да. 
      Қазақстанның болашағы, әсіресе, Назарбаевтан кейінгі Қазақстан қалай бо­лар деген тақырыптар үнемі және қызу сөз болады.
       Алайда, АҚШ-та туып-өскен бала­лардың осын­дағы қоғам мен мектеп тәлім-тәр­бие­сінің әсерінен американдық болып кету ықтималдығы жоғары. Оларды тамырынан айрылмайтындай ету үшін, ата-ана ғана емес, Ел жақ та амал қолданғаны жөн. Мы­салы, оларды Қазақстанның жоғары оқу орындарына тартып, әр жазда қазақ диас­порасындағы жастардың Елдегі лагерьлерін өткізіп, оларға қазақы тәлім-тәр­бие беріп, өркендеген Қазақстанды танытып, ... дегендей. Бұл Қазақстанның әлемге таныла түсуі үшін де, әлеммен мә­дени ауыс-түйісінің күшеюіне де пайдалы ғой. 
     – Сіздер тек ағылшын тілінде қа­рым-қатынас жасайсыздар ма? Сіз от­басыңызда қазақтың тілін, ділін, салт-дәстүрін қаншалықты сақтауға тырысасыз?
     
– Қытайдан келген қазақтар қазақпен қазақша сөйлеседі. Өзара өз тілімен байланыс жасайды. Қазақстаннан келген қа­зақтардың көбі өзара орысша сөй­ле­седі.
      Менің отбасымдағылар үйде қазақша сөй­лесеміз. Түзде жолыққан адамның тілі­мен. Қызым Гүлбаршын Жапонда, АҚШ-та өсті. Осындай тілдік ортада жетілсе де, қа­зақ­шаны жақсы түсінеді. Үйде міндетті түр­де қазақша сөйлейміз.
      – Қазақстан туралы ойларыңызды ай­та түсіңізші! Сізді Назарбаев универ­си­тетіне келеді екен деп естіп қалып едік?
     
– Қазақстан үшін тыныштық, ор­нық­тылық, сол негіздегі экономикалық даму ең маңызды. Назарбаевтың саясаттары қа­зірге дейін жақсы келе жатыр деп қа­рай­мын. Мың досың болса да, бір жауың бол­масын деген бар. Қазақстан екі ірі ел­дің ортасында тұр. Әрі іргелес, әрі ірі елді рен­жітуден пайда жоқ. 
«Асығу – шайтанның ісі» деген бар. Талай іс­ке өте асыққан бомайды. Мысалы, қазақ тіліне, оны жалпыластыруға келгенде де сон­дай. Қазақстан егемендігін, тәуел­сіз­дігін қолына қайта алды. Осыдан айрылмаса (әрине айрылмайды!), қазақ тілі енді өлмейді. Қазақ тілін күштеп жалпыластырамын деп, Қазақстандағы өзге ұлттарды қинау да пайдасыз.
       Одан кейінгі бір үлкен мәселе – Ислам ді­нін желеу еткен радикалдардың, экст­ре­мистердің алдын алу. Қазақ ежелден сабырлы, салмақты халық еді. Әсірелілігі, ұш­қа­рылығы жоқ болатын. Дінге келгенде де со­лай-ды. Осы дәстүрді сақтаған жақсы. Қа­зіргі заман – білімнің заманы. Білімнен арт­та қалсаң, бейбіт күнде де, таяқ жеуің, да­м­ыған елдерге қор болуың мүмкін. Ба­тыс­тағы дамыған елдердің, өз бұқарасына саясаты жақсы болғанымен, сыртқы сая­сатқа келгенде, олардың алдымен ойлайтыны – экономикалық жақтан пайда табу. Қазақстан дербес болғаннан тартып, батыс елдерінің Қазақстанға көп инвестиция салудағы түпкілікті мақсаты – Қазақ­стан­ның жер ресурстарынан көбірек пайда көру. Бұл Қазақстанға да пайда келтірді. Бі­рақ бұл жер байлығы (мұнай да, газ да, т.б. да) таусылады. Батыс елдері Қазақ­стан­ға ғылыми-техникалық жақтан инвес­тиция сала қоймайды. Ғылым-техникалық сырын бере қоймайды. Басқаларға қорлану осы жақтан туындайды. Қазақстан өз күшіне сүйеніп, ғылымын, техникасын дамытуы керек.
      Болашақ бағдарламасы көп оқушы­ларды шетелдерге шығарды. Бұлардан жақ­сы оқып, Қазақстанға еңбек сіңі­ре­тін­дері де аз емес. Бірақ ғылымға шындап бе­рілгендері көп емес. Мен мұнда жүрген қа­зақстандық оқушылармен көп әңгі­ме­лестім. Көбінің ойы бірер атақ алып, Ел­ге қайтып, тәуірірек жұмыс табу ғана. Олар: «Қазақстанда ғылыммен шұғылдансаң, жаныңды әрең бағасың. Онан да банктерде, шетелдік компанияларда, өкімет органдарына кіріп алсаң, күшті тұрасың» деседі. Бұл қазіргі Қазақстан қоғамындағы, осы жастардағы Қазақстанға, оның ғылымына пайдасыз нысайды білдіреді.
      Мұны ел жақ қатты ескеруі керек. 


     P.S.: Біз алдағы кезде «Қайткенде қазақ қалады қазақ болып?» жобасының аясында, яғни шетелдегі қазақ диаспорасының қазақы болмысын, олардың қазақ руханиятына деген сүйіс­пен­шілігін қалай сақтап қалу керек деген мәселелер төңіре­гінде шетелдегі қазақ интеллигенциясының өкілдерімен болған сұхбаты­мызды жалғастыратын боламыз.  

      Сұхбатты жүргізген Сержан ТОҚТАСЫН

       http://writers.kz/journals/?ID=10&NUM=338&CURENT=&ARTICLE=9004

толығырақ

 

    Қайрат ОМАРОВ, Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және өкілетті елшісі:

   – Елші мырза, осыдан жиырма жыл бұ­рын 1994 жылы 14 ақпан күні Вашингтонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Пре­зиденті Б.Клинтон кездесті. Сарап­шылар екі ел арасындағы ынтымақтастық сол кездесуден бастау алды дейді.

   – Америка Құрама Штаттары – біздің еліміздің тәуелсіздігін таныған және дип­ломатиялық қатынастар орнатқан ел. Жиырма жылда екіжақты ынтымақтастық барлық салаларда белсенді түрде дамып, екі ел арасындағы қарым-қатынас тұрақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеріл­ді. Екі ел арасындағы ынтымақ­тас­тықтың серпінді дамуы мен нығая түсуіне ең жоғары деңгейдегі кездесулер маңызды рөл алатыны сөзсіз. Елбасының Ақүй басшысы Барак Обамамен кездесуі әртүрлі алаңдарда жыл сайын орын алып отырады. Өткен аптада Гаага қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік саммиті аясында өтіп, тараптар екіжақты және көпжақты қатынастарды талқылап, әлемнің кө­кей­тесті мәселелері бойынша пікір алмасты. Саммит барысында екі ел президенттері Ядролық қауіпсіздікті ны­ғайту мен та­рат­пау саласындағы ынтымақ­тастық туралы бірлескен мәлімдеме жа­сады. Онда екі мемлекеттің Қауіпті бірлесе азайту жөнін­дегі бағдарламаны сәтті іске асырып жатқаны және бұрынғы Семей сы­нақ полигонында қауіпсіздікті нығай­туды бірлесе жалғастыратыны айтылған. Сон­дай-ақ Қазақстан мен АҚШ-тың ядролық және радиоактивті материал­дардың заңсыз айналымының жолын ке­суге бір­лесе күш салуды нығайту жөнінде әріп­тестікті жалғастыратыны аталып өткен. Өткен жылдың аяғында Б. Обама Тәуел­сіздік күніне орай Елбасына жол­даған құттықтауында «біздің үкімет пен елдеріміздің арасындағы қатынастар серпінді дамып, көп салаларды қамти түскендігін» атап көрсеткен бола­тын. Б.Обама «Н.Назарбаевтың ядролық таратпау саласындағы жетекшілігін жо­ғары бағалап», оның «елдегі даму мен өркендеуге» жол ашты деп санайды. Америкалық сарапшылар осындай Елбасы әрекетіне берілген оң бағаны қуаттай отырып, қазақстандық диплома­тияның жетістіктерін атап көрсетеді. Джон Хопкинс университетінің Орталық Азия мен Кавказ институтының төрағасы Ф.Стардың пікірінше, «Қазақстан басқа ешқандай мемлекеттер қол жеткізе алмаған мақсатқа жете білді: ол бір мезгілде Қытай, Ресей мен АҚШ-пен достастық және теңгерімді қарым-қа­тынастарды дамытуда». Оның пікірінше, «АҚШ-тың Қазақстанмен байланысы мұсылман әлеміндегі елдермен болған қатынастардың ішіндегі ең келешек­тілерінің бірі». Хадсон институтының аға ғылыми қызметкері және Әскери-саяси талдау орталығының директоры Ричард Вейц «Қазақстанның аймақтағы рөлінің өсе түсуі – АҚШ-тың мүдделерін жыл­жытуға ықпал етеді» деп санайды. Оның пі­кірінше, «Қазақстан Еуразиядағы ті­ке­лей инвестиция, сауда, коммерциялық және көлік инфрақұрылымына қолдау ар­қылы Орталық Азия мен Кавказ айма­ғын «дағдарыстар аркасы» емес «мүм­кін­діктер аркасына» айналдыруға көмек­теседі.

   – Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов өткен жылы 8-10 шілде аралығында АҚШ-қа сапары кезінде басқа маңызды мәселелер арасында бес жылдық виза беру мәселесін қарастырды. Естуі­мізше, АҚШ осыған дейін Орталық Азия ел­дерімен мұндай келісімге қол қоймапты.

     – Қазақстан және АҚШ өткен жылдың 1 тамызынан бастап өзара негізінде жа­рамдылық мерзімі 5 жылды құрайтын көп мәртелік дипломатиялық, қызметтік, іскер, туристік, жеке және студенттік визаларды бере бастады. Осыдан бұрын визаларды өзара берудің мерзімі 1 жылдан аспайтын. Аталған уағдаластық стра­тегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға, сауда-экономикалық, ғылыми-тех­никалық, мәдени-гуманитарлық, туристік және басқа да байланыстарды нығайтуға және қос мемлекет азаматтарының өзара сапарлары шарттарын мейлінше жеңіл­детуге бағытталған. Ауғанстанда және өңірде қауіпсіздікті қолдаудағы Қазақстанның көшбасшы рөлін, соның ішінде Ауған ұлттық қауіп­сіздік күштеріне жәрдемі мен Ыстамбұл үдерісіне қосқан үлесін құптайды. АҚШ 50 млн АҚШ доллары сомасындағы 1000 ауған студентіне Қазақстанның оқу орындарында білім беру жөніндегі Қа­зақстанның шәкіртақылық бағдарламасын жоғары бағалайды. Қазақстан – Түрік­менстан темір жолы және Ақтау теңіз порты сияқты өңірлік инфрақұрылымға ин­вестицияларын құптайды. Ядролық қауіпсіздік және таратпау: Қазақстан мен АҚШ жаппай қырып-жою қаруын таратуға жол бермеуге ортақ бейілділігін қайта растайды. Қауіп-қатерді азайту және таратпау жаһандық және өңірлік қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлес­кен күш-жігердің іргетасы болып қала бермек. АҚШ Қазақстанда МАГАТЭ тө­мен байытылған уран банкісін өз аумағын­да орналастыру жөніндегі ұсынысын қол­дауды жалғастыруда. АҚШ біздің еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелігіне өз қолдауын қайта растап, аталған ұйымға кіру үрдісін мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтау үшін Қазақстанмен жұмыс істеуді жал­ғастырады. АҚШ Қазақстанмен екіжақты сауда және инвестициялық ынтымақ­тастыққа ерекше мән береді.

   – 2009 жылдың желтоқсан айында АҚШ Конгресінің сенатында Орталық Азияға қатысты саясаты туралы тыңдаулар өтті. Нәтижесінде, Б.Обама әкімшілігі ау­маққа қатысты жаңа көзқарасын қалып­тастырды.

      – Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан АҚШ саясатында басты орынның біріне ие. Қазіргі таңда екі ел арасында Ауғанстан бойынша тығыз ынтымақтастық бар. Қазақ жағы Ауғанстандағы америкалық әскерлерге әскери мақсаттағы емес жүк­терді жеткізуде айтарлықтай қолдау көр­сетіп отыр. Мысалға, өткен жылдан бас­тап, бүгінге дейін Қазақ жері арқылы 8300-ден аса жүк тиелген контейнер Ау­ған­станға тасымалданды. Сонымен қатар біздің ел Ауғанстанды қайта қалпына кел­тіру, экономикасын көтеруге бағытталған іс-шараларға қатысып отыр. Энергетика ресурстарын дамыту мен әркелкілендіру бойынша Қазақстанның АҚШ жоспа­рында алатын орны ерекше. Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық көптеген бағыттар бойынша дамып келе жатыр. Алғашқы жылдары Қазақстандағы АҚШ мүддесі ядролық қаруды жою мен оның таралуына тыйым салуын қамта­масыз ету, сонымен қатар халықаралық мұнай компанияларын тарту арқылы Қа­зақ­станның пайдалы қазбаларын өндіру салаларындағы ынтымақтастықтың дамуы сияқты бірнеше сұрақтарға бағытталған болатын. Уақыт өте келе, жағдай өзгерді. АҚШ мүддесі біртіндеп басқа бағыттарға бұрыла бастады. Қазіргі таңда АҚШ Қа­зақстандағы экономикалық реформаларға қатысу, шағын және орта бизнестің дамуы, мықты азаматтық қоғам құру және тер­роризммен күрес мәселелеріне аса көңіл аударады. Осы салалар бойынша АҚШ Қазақстанға барынша көмек көрсетуге дайын, бұл өз алдына екі жақтың болашақ ынтымағына үлкен септігін тигізуде. Әлем­дік саяси және экономикалық про­цестерге барынша ықпал етуші АҚШ-пен ынтымақтастықты дамыту Қазақстан үшін өте маңызды. Қазақстан болашақта америкалық инвестицияларды, оның ішінде экономиканың өңдеу секторына, жаңа технологиялар мен инновацияларды тартуға қызығушылық танытуда. Ол үшін саяси тұрақты жүйе мен қолайлы инвес­тициялық ахуал сияқты негізгі қажетті жағ­дайлар жасалған. Қазақстанның энер­гетикалық кешеніне инвестициялар жұмсау көлемі бойынша американдық компаниялар бірінші орында екені белгілі. Осыған байланысты екі ел арасында энергетикалық қарым-қатынастарда үйлестіру рөлін энергетиканың барлық бағыттары бойынша нақты іс-шаралар жоспарын құру мен іске асыруға бағыт­талған Қазақстан-американдық энерге­тикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясы ойнайды. Ко­мис­сияның соңғы жылдардағы жұмысы жаңартылмалы энергетика, энергия үнем­деу және таза энергетикалық техноло­гия­лар саласында ынтымақтастық маңызды бағытқа айналатынын көрсетеді. Қысқа мерзім ішінде сарапшылардың тұрақты сұхбатын құрып, нақты жобаларды іске асыруға жол ашылды. Комиссияның 10-отырысын ағымдағы жылда өткізу жоспарланып отыр.

   – АҚШ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз­дандыру туралы бастамаларын қолдай­тынын білеміз. Сіз елші болып жүрген елдің сыртқы саясатында ядролық бюджетті азайтуға деген талпыныс бар ма?

    – Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамалары өте маңызды, алайда оларды адамзаттың қазіргі таңда кезігіп отырған жаһандық проблемалардан бөліп қарас­тыруға болмайды. Бүгін біз талқыға салып отырған модельдер мен ұсыныстардың шынайы мәнін түсіну үшін ядролық қа­рудан бас тартудан G-Global идеясына дейінгі үдерістерді өзара байланыстыру керек. Сенім, теңдік, қосарлы стандарт­тардан бас тарту — осы аталған қағидаттар жүйелі түрде жүзеге асырылмаса, тұрақты халықаралық қатынастардың орнықты жүйесін құру туралы айтудың өзі артық. Менің ойымша, 1990 жылдардың басында Қазақстан басшыларының ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жабу жөнінде шешім қабылдағаны әлемдік қауымдастық үшін сабақ болды. Осы ше­шімнен халықаралық қатынастардағы жаңа дәуір бастау алды. Айрықша маңызды таратпау саласындағы ынтымақтастық біздің стратегиялық әріптестігіміздің өзегі болып табылады. 1990 жылдардың басында Президент Назарбаев әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. АҚШ-пен ынтымақтастықта Қатерді бірлесіп қысқартудың аса көр­некті Нанн-Лугар бағдарламасы аясында Қазақстан ядролық қарудан және оның инфрақұрылымынан толық тазарып, жаһандық таратпау үдерісінің белсенді қа­тысушысына айналды. Ядролық қатерден арылудың барынша тиімді моделі ретінде танылған біздің ынтымақтастығымыз бүгінде табысты жалғасуда. Таратпау мә­селесі президент Обама мен оның әкім­шілігі үшін аса маңызды басымдық болып табылатындығы ерекше құрметтеуге лайық. Біздің екі жақты ынтымақтас­тығымызды жалғастырып қана қоймай, сонымен бірге басқа елдерді ядролық шамшылдықтан бас тартуға сендіру үшін Қазақстанның ядролық қарусыздануы мен АҚШ-пен біздің ынтымақтастық мы­салымызды әлдеқайда белсендірек пайдалану қажет деп санаймыз. АҚШ сөз жоқ біздің елдің бастамаларын қолдайды. 2013 жылы 27 ақпан күні АҚШ Сенатының Кеннеди атындағы тарихи залында Қазақ­станның Вашингтондағы елшілігі, Пар­ламентшілер одағы мен Массачусетс штатынан сенатор Эд Маркидің ұйымдас­тыруымен қабылдау болып өтті. Конгресс мүшелері, сарапшы топ мүшелері, ғы­лыми-сараптамалық топтар, БАҚ және дипломатиялық корпус өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Парламентшілер ода­ғының тең президенті болып табылатын америкалық сенатор Қазақстанға ха­лықаралық ұйымды берік қолдауына және АҚШ-пен ядролық қарусыздану са­ласында тығыз ынтымақтастығына алғы­­сын білдіріп, республикамыздың ядро­лық таратпау және қарусыздану ісіндегі көш­басшылығын ерекше атап өтті. Э.Марки АҚШ Әкімшілігін елдегі ядролық арсенал өндірісі мен санын қысқартуға шақырып, үнемделген 100 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты АҚШ халқының әлеуметтік қажеттілігіне жұм­сауды ұсынды.

    – Қазақ елінің «Атом жобасы» ғаламдық ядролық қарусыздандыру үдересіне қандай серпілістер алып келді?

     – Баршаға мәлім, Атом жобасы ға­ламдық ядролық қарусыздану үрдісіне қосымша серпіліс беру үшін, атап айтқанда Жалпыға ортақ ядролық сынақтарға тыйым салу туралы келісімнің күшіне енуін қамтамасыз ету мақсатында Елба­сының бастамасымен 2012 жылы іске қо­сылды. Қазіргі уақытта келісімге 183 мем­лекет қол қойып, 161 мемлекет оны ра­ти­фикациядан өткізген, алайда оның кү­шіне енуі үшін Үндістан, Пәкстан және Корея Халықтық Демократиялық Рес­пуб­ликасы тарапынан қол қойылуы мен ратификациялануы және Мысыр, Израиль, Иран, ҚХР және АҚШ-тың ра­тификациядан өткізуі қажет. Қазақстанға Халықаралық ғылыми-техникалық орта­лықты ауыстыру, ХАЭА Халықаралық ядролық отын банкін құру, Орталық ре­ференц-лабораторияны салу осы саладағы «бұзып-жарар шаралар» қатарына енбек. Халықаралық ғылыми-техникалық орта­лық – 1994 жылдан бері ТМД елдеріндегі ғы­лыми-зерттеу жобаларын қаржыланды­рып келе жатқан коммерциялық емес үкіметаралық ұйым. 1995 жылдан бері жүргізген қызметі аясында Қазақстанға 65 миллион, ал жалпы ТМД елдеріне 850 миллион АҚШ долларынан астам қаражат бөлген. Өткен жылдың ақпан айында Алматы қаласында Иран Ислам Респуб­ликасы мен «Алтылыққа» мүше-елдер арасындағы келіссөздердің екі кезеңін де біздің бастамаларымыздың қолдауға ие болғанын көрсетеді. Қазақстанның ядролық бағдарламаларына қатысты ұстанымы әлемдік қауымдастыққа белгілі. 2050 жылға дейінгі даму бағытымызды белгілеп берген Бас құжатымызда да ХХІ ғасырдың жаһандық қатері деп: тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демогра­фиялық теңгерімсіздік, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, судың тым тапшылығы, жаһандық энергети­ка­лық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сар­қылуы, үшінші индустриялық революция, үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық, өркениет құндылықтарының дағдарысы, жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупін атап өтті. Жоғарыда айтып өткендей, Америка Құрама Штаттары Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді серіктес, аймақтағы көшбасшы ел деп танығандықтан, елдегі саяси және экономикалық реформаларды назардан тыс қалдырмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауына АҚШ қоғамы қызығушылық танытты. Американың алдағы онжылдық­тардағы біздің елге деген ұстанған саясаты Жолдауда көр­сетілген басым бағыттарға қарап ай­қындалатыны белгілі. Елбасы Жолдауы, АҚШ қоғамы көзімен қарағанда алдағы уақыттардағы саясатты нақты ай­қындап берген күшті және дұрыс жол картасы.

   – Әңгімеңізге рақмет!

   Сұхбаттасқан Гүлбаршын САБАЕВА "Айқын" газеті

толығырақ

    Наурыз мейрамын американ жерінде ресми деңгейде ғана емес, қарапайым азаматтар, Америка Құрама Штаттарындағы қазақ диаспорасының өкілдері де атап өтеді.

    Нью-Йорк тұрғыны, Тараздың тумасы Әлима Қалыбаева ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы Қазақстаннан шыққан адамдар жыл сайын осы ежелгі шығыс мерекесін атап өту үшін Наурыз күндері бас қосатынын айтты. Әдетте әртүрлі шараларға қатысуға уақыт бола бермейді. Бірақ та Наурыздың жөні бөлек, бұл күні қазақша ет асып, бір-бірімізді құттықтап жатамыз, - деді А.Қалыбаева. - Біздің мерекемізді қарапайым американдықтар да бөліседі, мұнда кез келген мерекені атап өтуді жақсы көреді».

    90 жылдардың ауыр кезеңдерінде ол Тараздан жақсы өмір іздеп, шетел асқан болатын, ол американдық ірі мегаполисте орнығып, мамандығы бойынша (тігінші) жақсы жұмысқа орналасты, жерлес-достар та табылды.

    «Біздің адамдар ол жақта да аз емес, - деп әңгімелейді А.Қалыбаева. - Жиі кездесіп тұрамыз, ұлттық мерекелерімізді атап өтеміз, тілімізді, мәдениетімізді және салт-дәстүрлерімізді ұмытпаймыз. Біздің қазақ жерінің бұлтсыз аспанын, жазиралы даласын сағынамыз. Біздің қымызға, қазақша етке не жетсін!..».

    А.Қалыбаева Наурыз мерекесін отбасында Тәуелсіздіктен бұрын да атап өткенін еске алды. «Бала күнімде әжеміздің жеті түрлі тамақ түрін қосып, наурыз-көже әзірлегені, сөйтіп, күн мен түннің теңескен ұлы күнін атап өткеніміз есімде қалыпты», - дейді ол.

   Еске сала кетейік, 24 наурызда АҚШ астанасы Вашингтонда Nowruz Commission үкіметтік емес ұйымы мен Наурызды дәстүрлі атап өтетін елдердің, арасында Қазақстанның елшілігі де бар, Вашингтонда тіркелген дипломатиялық өкілдіктері ұйымдастыруымен Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған бесінші салтанатты гала-концерт өтті.

    Nowruz Commission ұйымын құруға және АҚШ-та Наурызды мерекелеу идеясына белгілі кәсіпкерлер және меценаттар Нассер Каземини мен Бижан Қиян, сондай-ақ осы елде елші болған қазіргі ҚР сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бастамашы болды. Биылғы жылы 500-ге жуық адам - АҚШ-тың ресми адамдары, дипломатиялық корпус, бизнес, талдамалық топтар өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері мереке қонағы болды.

     ҚазАқпарат

толығырақ

    Наурыз мерекесі қарсаңында Нью-Йорктегі қазақ диаспорасы сұлулық ханшайымын таңдады. Ол Көктем мен Өркендеудің символы болмақ. Бұл мәртебе Әлия Молдабековаға бұйырды. Ал Айсұлу Қарпықова екінші орыннан көрінсе, үздік үштікті Әсел Мұқашева тұйықтады, деп хабарлады Нью-Йорктегі ҚР бас консулдығынан.

   «Наурыз мейрамы қарсаңында сұлулық ханшайымын таңдау отандастарымызға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Енді біз Нью-Йорк тұрғындарын төл мәдениетімізбен таныстырмақ ойымыз бар. Жақын арада бұл жерде Көкіл және Алматылық джаз бэнд жастар ұжымдары өнер көрсетеді. Айта кету керек, джаз бэнд Нью-Йорктегі джаз фестиваліне қатысады. Осы мәдени шараларды таныстыру рәсімін жүргізу арулар байқауының жеңімпазына жүктеліп отыр», - дейді Бас консул Раушан Есболатова.

    ҚазАқпарат

толығырақ

Мұхиттың арғы жағынан ашылған алғашқы қазақ мектебінде қарадомалақтар ұлттық салт-дәстүр, ән мен би, қазақ әдебиетін бойларына сіңіріп, домбыраның құлағында ойнауды үйренбек. 

АҚШ-та алғашқы қазақ мектебі ашылды. Техас штатының Хьюстон қаласында орналасқан бұл білім ордасының іргетасы Америкадағы қазақтардың «Шаңырақ» ассоциациясы мен осы қалада тұратын қандастардың қолдауымен қаланған көрінеді. Яғни бұл балаларына ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, жалпы қазақы құндылықтарды үйреткісі келген ата-ананың талабы. 2012 жылдың қазанында жұмыс істей бастаған қазақ мектебінің салтанатты ашылуы Қазақстанның Тәуелсіздігі күні қарсаңында өткізілген көрінеді. Үш және алты жастағы балақайларға арналған «Балапан» тобы мен 7-12 жастағы қарадомалақтардың «Тұлпар» тобында арнайы сабақтар жексенбі күндері жүргізіледі. Қазақ әдебиеті, қазақ әндері, билері, қазақ салты пен дәстүрі, сонымен қатар қазақтың қасиетті қара домбырасын үйренбек. Ал ұстаздар қауымын еріктілер тобы құрады. Ұрпақтар сабақтастығын үзбеуге мүдделі қандастар қарадомалақтарының бойына қазақылықты сіңіруді осылайша қолға алыпты.
Өнегелі істі қолға алған отандастарына ризашылық сезімін білдіруге келген Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігінің қызметкерлері мектеп іргетасын қалаған қандастарға алғыс айтты.

Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Түркістан. 17 қантар 2013

толығырақ

 
 
АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Нью-Йоркте Наурыз мейрамын атап өту үшін арнайы шақырылған, Қазақстанда танымал италияндық әнші Сон Паскальдің концерті өтті, деп хабарлады ҚР Бас консулдығынан.

Концертті Бас консулдықтың және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның қолдауымен қазақтың жас промоутерлер тобы ұйымдастырды.

Залда жылы атмосфераның қалыптасқаны соншалық талантты әншінің төл және қазақ тілінде орындаған әндерін аудитория қосыла шырқады. Аса үлкен емес концерттік зал You Should Speak Қазақша әнінің авторы - Сон Паскальдің өнерін сүйюшілерге лық толы болды.

Сон Паскальдің концерт беруі  Ньй-Йорктің қаржы орталығында Қазақстан Байрағы көтерілген күннен бастап АҚШ-та Наурыз мейрамын атап өтуге арналған іс-шаралардың бірі болып табылады.

толығырақ

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті