Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Америка қазақтары

Басты бет | Америка қазақтары | Мың досың болса да ...

     «Қазақ әдебиеті» газетінің «қайткенде Қазақ қалады қазақ болып?» жобасының мақсатымен шетелдегі қазақтарға хабарласып едік. Соның бірі, АҚШ-та тұратын қандасымыз, Медицина ғылымының докторы, профессор Қасым Қабылхақ. Бұл азаматтың есімімен біздің Қазақстандықтар жақсы таныс болмаса да, жершарының арғы бетімен «жершарының қызыл белдеуі» атанған Қытай мен күн шығыс елі Жапон жақсы біледі. Әсіресе, оны ғылым саласындағылар тіпті жақсы таниды. 1990 жылдардың басында Жапон асқан жас ғалым 1999 жылдан бері АҚШ-та тұрады. Қазір Нью-Йорктегі Айова (Iowa) университетінде қабынумен рактің байланысын (INFLAMMATION AND CANCER) зерттеумен айналысатын ғалымның зерттеу жобасын АҚШ үкіметі жылына 1 миллион 800 мың доллармен қаржыландырады. Осы жоба аясында Қасым ағамен хабарласып, сұхбат алудың орайлы сәті болған еді. Сол әңгімемізді оқырманға ұсындық.

     – Біздің білуімізше, Сіздің жер­ша­рының арғы бетінде, АҚШ-та, қазақ хал­­қы ғана емес, бүкіл адамзатқа аса ма­ңызды тақырып бойынша ғылыми-зерт­теумен айналысып жатқаныңызға 15-16 жыл болыпты. Ғалым санатында шақырумен Қа­зақстанда, Қытайда лексия оқыған екен­сіз. Сол орайда сонда жарияланған м­а­қалалардан оқығаным бар. Оларда «Түп табиғаты текті Қасым өз ұлтының уы­зына қана өсіп, ибалы, шыншыл, ең­­­бекшіл, мәдениетті болып жетілген. Ол Жапония мен АҚШ-қа барғасын ондағы ғалымдардың артықшы­лық­тарын да (шыншылдық, кішіпейілділік, ибалылық, ашық-жарқындық, қыз­ғын­дылық, шөгелдік, табандылық, т.б.) бойына сіңдіре білген. Ол «өз ана тілін­де оқыса, оқталған мамандығына бе­рік сеніммен, қайтпас табандылықпен түс­се, қажымай-талмай тырысып ең­бек­тенсе, ғылым шыңына шығуға әб­ден болады. Билік ғылым мен техника­ға шын жүректен мықтап мән берсе, өрелі профессорларды, нағыз ғалым­дарды Жапония мен АҚШ елдері сықылды аса құрметтеп, олардың орнын шынайы жо­ғарылатып, еңбегіне дұрыс жағдай жа­саса, елдің ғылымы мен техникасы қар­қынды дамитын болады. Ал бұл тау­сылмайтын байлық, ресурс деп қа­рай­ды» деген сөздерді жазысқан болатын. Менің Сізге ынтамның ауғаны осы­лардан. Алдымен, туып-өскен ор­таңыз, оқу жолыңыз, отбасыңыз жайында білгіміз келіп тұр?
     –
Мен Қытайдың Үрімжі қаласынан 120 шақырым шығыста жатқан, Тәңір­тау­дың Боғда шыңының күнгей етегіндегі Ақсу атты қазақ ауылында, 1964 жылдың 29-қаңтарында дүние есігін ашыппын. Шешем Гүлғасыл ауыл дәрігері болатын. Әкем Қабылхақ Ғазезұлы «мәдениет төңкерісі» ат­ты аласапыранда, Ғазез атамның Алаш арыстарының жолын қуған азаматтығын желеу етіп табалағандардың соққы­сы­нан, менің 10 жасымда (1974 ж.) қайтыс болған. Ол кез бүкіл Қытайда ауыр жылдар еді. Мен тұрған қазақ ауылының халі тіпті мүшкіл болатын. Арғы аталарымыздың (хакім Абай бастаған рухи көсемдерімізді айтып отырмын) берген ақыли медетінен шығар, саяси науқанның у-шуына елең етпей, экономикада ыңыршақ шыққан жәйіт (жартылай ашаршылық) пен лабораториясыз күйді былай қойғанда, не мұға­лім, не оқулық толық емес жағдайда жанталаса оқыдым. 1981 жылы сол ауылымда, он жылдық мек­тепті қазақ тілінде тауысып, Бүкіл Қы­тайлық Біртұтас емтиханнан үздік бал алып, алғаш Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінің дайындық бөліміне (тіл үйрену сатысында), сосын Бейжің Педа­гогикалық университетінің биология ма­ман­дығына түсіп оқыдым. Ұлттар уни­вер­си­тетіндегі екі жылдық дайындық, жан­­­­таласа ұмтылу, мені тілден сабақ­тас­тарымның ең соңындағы күйден ең алғы ретке шығарды. Сөйтіп, өзіме сенімім күшейді. Бейжің Педагогикалық уни­вер­ситетінде де, алғашында ағылшын тілінен, әліпті таяқ деп білмес күйде едім. Жанталаса үйрене жүріп, соңғы жылы оздым. 1987 жылы толық курсты бітіре сала, сол Бей­жің Педагогикалық университетіне физиология мамандығы бойынша аспиран-тураға түстім.
     Оны бітірген соң 1991 жылы Үрімжіге қай­тып келіп, екі жылдай оқытушы бола жүріп, Жапонға шығып оқуға дайындалдым. 1993 жылы Жапонияның Хоккайдау университетінің докторантурасына түсіп, қабыну мен рактың (Inflammation and cancer) байланысын зерттедім. Шүкірлік, зерт­теу еңбектерім ғалымдар назарын тартты, бұл саланың халықаралық ең бе­делді журналдарында (мысалы, “Cancer Immunology and Immunotherapy” мен “Oncogene” секілді) жарияланады. Сонымен, 1998 жылы әрі медицина ғылымының док­торы (Phd) атағын, әрі бүкіл Жапония Ме­дицина Қоғамының сыйлығын иелен­дім.
     1989 жылы Баян екеуміз (Сұл­тан­қызымен) бас құрадық. Бір қызымыз бар. Шинжяң университетінің биология ма­ман­дығын тауысып, бакалаврлік алғаннан кейін Бейжің университетінің аспирантура­сында білім асырған, Шинжяң универ­си­тетінде оқытушы болған Баян қазір Айова (Iowa) университетінің медицина зертханасында істейді. Қызымыз Гүлбаршын уни­верситет тауысты. Енді аспирантураға кірмек. Өзім рак туралы зерттеумен айналысудамын. АҚШ-қа келгелі 15 жылдан асып барады.
     – Бәрекелді! Тамаша өмірбаян! Әл­гінде, «Әкем Қабылхақ Ғазезұлы Қы­тайдағы «мәдениет төңкерісі» атты ала­сапыранда, Ғазез атамның Алаш арыстарының жолын қуған аза­мат­ты­ғын желеу етіп табалағандардың соқ­қысынан қайтыс болды» деп қалдыңыз. Ата-тегіңіз, әкеңіз жайлы айта кетсеңіз тіпті жақсы болар еді?
     
– Сержан, ол бір ұзақ әңгіме. Сұрап қал­дың. Қысқа қайырайын.
   Шығыс Қазақстанда кезіндегі елге әйгілі Қалбан қажы деген кісі өткен. Ол атамыздың ұрпағының дені Қазақстанда, біразы Шыңжаңда (Үрімжіде, Санжыда) тұрады. Менің әкем Қабылхақ – сол Қалбан қажының ұрпағы, 1903 жылы ту­ған Ғазез Нұрмұқамметұлы Қалбановтың ұлы. Атам Ғазез Санкт-Петербург универ­си­тетінің заң факультетін тауысып, Әлихан Бөкейхановтарға ерген, кейін Семейде Кеңес Төрағасының орынбасарлығына шейін көтерілген екен. Бірақ артынан әрі байдың қызын алғаны, әрі алашшылдарға ергені үшін қағылады, жазаланады. 1928 жылы партиядан шығарылып, қызметтен қуылады.
       Атам Ғазез мұның арты қуғынға ұлас­қалы тұрғанда, Қытай асыпты.
      Ал қызыл солақайлардың байдың қы­зын алғаны дегендегі байы нағашы атамыз Әбдікәрім болыс екен. Өткен ғасырдың ба­сында, Шығыс Қазақстанда мектеп ашып, Сұлтанмахмұт Торайғыровтарды оқытушы етіп, ел көзін ашуға еңбек сіңір­ген, екі дүркін Мемлекеттік Думаға және Алаш партиясының атқару комитетіне мү­ше болған, 1998 жылы Катонқарағай ау­данындағы мектепке аты берілген Ере­жепұлы Әбдікәрім болыс деген әйгілі адам­ды естіген боларсыз. Нағашы атамыз де­генім сол кісі. Қазақстанның халық жазу­шысы Қалихан Ысқақ жазған “Жан­қи­м­ақ” драмасындағы бас кейіпкер де сол Әбдікәрім ата. Ол отызыншы жылдардағы репрессия кезінде Қытайды баспаналап барса да, өкшелей қуған Кеңес Одағының чекис-жендеттері тарапынан құртылыпты (естуімше, Алтай қаласындағы Кеңес консулы қымызға у қосып беріп өлтіріпті). Атам Ғазез осы Әбдікәрім болыстың Бағдат дей­тін қызын алған екен. Әбдікәрім болыстың Сұл­танмахмұт ғашық болып, қосыла ал­ма­ған қызы Бағила – осы Бағдат әжеміздің әпкесі. 
      Атам Ғазез Үрімжі қаласындағы аз жы­лында (ұсталғанға шейін) қазақ үшін көп еңбек сіңіреді. Шыңжаң қазақ-қырғыз ұй­шымасының (қоғамының) төрағасы, қа­зақша Шыңжаң газетінің бас редакторы болады. Қоғамнан пайдаланып әр аймақта талай мектептің ашылуына түрткі болады. Амал не, кезінде Шинжяңды билеп тұрған, билігін нығайтқанша Сталинмен астасқан Шың Шысай үкіметінің жендеттері Кеңес Одағынан келген Уголин, Фаленов, Мұқан­баев­тар әкелген қара тізім бойынша Ға­зез атам бастаған бір топты ұстап әкетеді. Естуімше, ССРО-дағы Ново-Сібір түрмесіне қамап, артынан көздерін жойған екен. 
      – Иә, ол арыстардың жандары жән­натта болсын! Артын міне қайырлы етті ғой. ...Сонымен, АҚШ-қа қалай бар­дыңыз? Өкімет қаржысымен бе, жоқ әлде, ...?! АҚШ-та қай орындарда нендей тақырыптарды зерттеумен айналысудасыз? Қандай ілгерілеулер бар? 
     – Мен Жапонияға бармақшы болған­нан тартып, өкімет жоспарына, қаржысына сүйенбеуге бекідім. Оны жіпсіз арқан се­зіндім. Баян екеуміз барымызды жиып, тіп­ті үйдегі жиһазымызды сатып, сол ар­қылы шетел асып оқуға тырыстық. Жапонияда бір жағынан еңбек етіп, бір жағынан оқыдым. 
    Постдокторлықта жүргенде жариялаған еңбектерім де өзге ел ғалымдарының назарын аударған екен. Шақыра бастады. 1999 жылы АҚШ-тың Маунт Сайнай Медицина Орталығының (‘Mount Sinai Medetsia Centiri’) шақыруын құп көрдік. Сонымен, Нью-Йорк қаласына келіп, қабыну мен рактың байланысын жалғасты зерттеуге кірістім. Мұндағы зерттеулерім де әлемдік ең жоғары деңгейдегі журналдарда (мысалы, “Nature Cell Biology”, “EMBO Journal”, “Journal of Biochemistry” сықылдыларда) жарияланып, ғалымдар назарын тіпті де тарт­ты. Ол кезде ассистент профессор, пост­доктор едім. 2005 жылы Айова (Iowa) университеті тарапынан дербес зерттеу лабораториямды құруға шақыру келді. Сонымен, Маунт Сайнай Медицина Орта­лы­ғын­да профессордың бағдарламасы бо­йын­ша зерттей бергеннен гөрі, өз бағ­­дар­ламам бойынша еңбектенгенді жөн санап, шақыруды қабылдап, Айова уни­верситетіне келдім. Еңбегім жанып, жо­ғары өрелі халықаралық басылымдарда зерттеу нәтижелерім үздіксіз жарияланып, профессор болдым. Ол табыстарымды жоғары бағалаған АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі 2005 жылы 1 миллион 400 мың долларлық, ал, 2009 жылы 1 мил­лион 800 мың долларлық мемлекеттік грант берді. Әрине, жеке өз қажетіме жұм­сауға емес, лабораторияма, оның зерт­теу жұмыс­тарының қажетіне жұмсауға. Қазір зерт­теуім тіпті қарқынды жүріп жатыр. Қо­лымда зерттермен ғалымдардан сырт, ма­­гистрлік және докторлық деңгейге ұм­тыл­ған шәкірттерім бар. Оның ішіндегі қан­­дастарыма ерекше қол ұшын беру­де­мін.
      – АҚШ-та қанша қазақ тұрады өзі?
   
– Жалпы санын нақ білмеймін. Интер­нет­те 2-3 мыңдай бар десіседі. АҚШ-та ғылыми зерттеумен айналысатын қазақтар өте аз. Қытайдан келген бірнешеу ғана­мыз. Қа­зақстаннан келгендерді өзіңіз білетін шы­ғарсыз. Оқуда жүргендер көп. Екі мың­ға таяу. Басқа жұмыстармен келіп тұрып қалғандар неше жүздей.
    – Ондағы қазақтар басқа қазақ­тар­дан (мәселен, Қазақстанда, Қытайда, Моңғолияда, Еуропада тұратын) несімен ерекшеленеді?
   
– Менің байқауымша, АҚШ-тағы қа­зақ­тардың ерекшелігі – еңбекшілдік, қара­пайым­дылық, кішіпейілділік, шыншылдық та­рапының басымдылығында. Бұл өзіндегі тектіліктен сырт, мұндағы қоғамдық ор­та­ның әсерінен секілді. 
     
Бұл елде барлық жұмыс заң бойынша жү­рі­летін болған соң, жай бұқара пара­қор­лық, артқы есік, сыбайлас жемқорлық, өз­геге жағатсу дегендерді білмейді. Дұрыс та қалыпты адами байланысты дәріптейді. Адамды сыртқы сәнімен (киген киімі, т.б.), мақтанған сылдыр сөзімен, шіренген мысымен емес, игерген білімімен, мәдени мі­незімен, сөзінің жөнімен, сөзінде тұра­тын шыншылдығымен, тындырған ісімен ба­ғалайды. Жұмысқа шынайы қабілетімен ілінеді. Бітірген шаруасына сай еңбекақы алады. Бастықтары құқығынан пайдаланып байып алатын жол жоқ. Бастықтардың жұмысы заңды, саясатты, ережелерді мүл­тіксіз атқару ғана. Осы сықылды себептерден, әр елден (әсіресе, Қытайдан, Қазақ­стан­нан) келген қазақтар, егер сезгір де ел­пек болса, көп ұзамай қоғамға лайық­тасып, өзгеріп кетеді.
    – АҚШ-та тұратын қазақтар жер­ша­рының әр тұсынан барған қазақтар ғой. Олардың менталитеті және қазақ ру­ханиятына деген сүйіспеншілігі қан­дай? АҚШ-тағы қазақтар ұлттық тамырдан қаншалықты алыстап қалды деп ойлайсыз? Олардың қазақ руханиятына деген жақындығы қаншалық? Қазақ ре­тіндегі болмысын, болашағын қан­ша­лықты елестете аласыз?
     
– АҚШ-тағы қазақтардың 99% ті Қазақ­стан­нан, Қытайдан келгендер. Бірақ мұн­дағылар қайдан келсе де, қазақстандықпыз немесе атамекеніміз Қазақстан деседі. Қа­зақстанның халықарадағы беделі қан­шалықты жоғары болса, мұндағы қа­зақ­тар­дың еңсесі де соншалық жоға­ры­лай­ды. Құдайға шүкірлік, АҚШ-та Қа­зақ­станның аты өзге Орта Азия ел­де­рінен гөрі көп айтылады. Беделі де ең жо­ғары саналады. 2022 жылғы қысқы олимпиаданы Алматы алса екен деп тілейміз. Сөйте қалса, Қа­зақ­стан әлемге тіпті таныла түсер еді. Мұн­дағы қазақтардың менталитеті мен ел­ге деген сүйіспеншілігін осыдан-ақ бай­қарсыз.
     АҚШ-та тұрып қалған қазақтардың көбі 1990 жылдан кейін келгендер. Бұлардың қа­зақы руханияты әлі күшті. Қазақтығын мақ­танышпен сезінеді. Өз елін, өз ұлтын, өз ана тілін, өз салт-ғұрпын төбелеріне қоя бі­леді. Үйлерінен қазақы дүниелер (суреттер, ою-өрнектер, домбыра, ән-күй дис­кілері, т.б.) үзілмейді. Көбі үйінде қазақша сөйлеседі. Бір-бірімен хабарласып, іздесіп тұрады. Қонақ дастархандарынан қазақы дәм үзілмейді. АҚШ-та жоқтарын елден алдыртып тұрады. Қонақасыда кезіккенде, өз ана тілімен сөйлесіп қана қоймай, тіпті әңгіме, әзіл-қалжыңдары да қазақы қы­зады. Ән айтады, күй шертеді.
     Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен наурызды айрықша атап өтеміз. Өзара телефонмен құттықтасамыз да. 
      Қазақстанның болашағы, әсіресе, Назарбаевтан кейінгі Қазақстан қалай бо­лар деген тақырыптар үнемі және қызу сөз болады.
       Алайда, АҚШ-та туып-өскен бала­лардың осын­дағы қоғам мен мектеп тәлім-тәр­бие­сінің әсерінен американдық болып кету ықтималдығы жоғары. Оларды тамырынан айрылмайтындай ету үшін, ата-ана ғана емес, Ел жақ та амал қолданғаны жөн. Мы­салы, оларды Қазақстанның жоғары оқу орындарына тартып, әр жазда қазақ диас­порасындағы жастардың Елдегі лагерьлерін өткізіп, оларға қазақы тәлім-тәр­бие беріп, өркендеген Қазақстанды танытып, ... дегендей. Бұл Қазақстанның әлемге таныла түсуі үшін де, әлеммен мә­дени ауыс-түйісінің күшеюіне де пайдалы ғой. 
     – Сіздер тек ағылшын тілінде қа­рым-қатынас жасайсыздар ма? Сіз от­басыңызда қазақтың тілін, ділін, салт-дәстүрін қаншалықты сақтауға тырысасыз?
     
– Қытайдан келген қазақтар қазақпен қазақша сөйлеседі. Өзара өз тілімен байланыс жасайды. Қазақстаннан келген қа­зақтардың көбі өзара орысша сөй­ле­седі.
      Менің отбасымдағылар үйде қазақша сөй­лесеміз. Түзде жолыққан адамның тілі­мен. Қызым Гүлбаршын Жапонда, АҚШ-та өсті. Осындай тілдік ортада жетілсе де, қа­зақ­шаны жақсы түсінеді. Үйде міндетті түр­де қазақша сөйлейміз.
      – Қазақстан туралы ойларыңызды ай­та түсіңізші! Сізді Назарбаев универ­си­тетіне келеді екен деп естіп қалып едік?
     
– Қазақстан үшін тыныштық, ор­нық­тылық, сол негіздегі экономикалық даму ең маңызды. Назарбаевтың саясаттары қа­зірге дейін жақсы келе жатыр деп қа­рай­мын. Мың досың болса да, бір жауың бол­масын деген бар. Қазақстан екі ірі ел­дің ортасында тұр. Әрі іргелес, әрі ірі елді рен­жітуден пайда жоқ. 
«Асығу – шайтанның ісі» деген бар. Талай іс­ке өте асыққан бомайды. Мысалы, қазақ тіліне, оны жалпыластыруға келгенде де сон­дай. Қазақстан егемендігін, тәуел­сіз­дігін қолына қайта алды. Осыдан айрылмаса (әрине айрылмайды!), қазақ тілі енді өлмейді. Қазақ тілін күштеп жалпыластырамын деп, Қазақстандағы өзге ұлттарды қинау да пайдасыз.
       Одан кейінгі бір үлкен мәселе – Ислам ді­нін желеу еткен радикалдардың, экст­ре­мистердің алдын алу. Қазақ ежелден сабырлы, салмақты халық еді. Әсірелілігі, ұш­қа­рылығы жоқ болатын. Дінге келгенде де со­лай-ды. Осы дәстүрді сақтаған жақсы. Қа­зіргі заман – білімнің заманы. Білімнен арт­та қалсаң, бейбіт күнде де, таяқ жеуің, да­м­ыған елдерге қор болуың мүмкін. Ба­тыс­тағы дамыған елдердің, өз бұқарасына саясаты жақсы болғанымен, сыртқы сая­сатқа келгенде, олардың алдымен ойлайтыны – экономикалық жақтан пайда табу. Қазақстан дербес болғаннан тартып, батыс елдерінің Қазақстанға көп инвестиция салудағы түпкілікті мақсаты – Қазақ­стан­ның жер ресурстарынан көбірек пайда көру. Бұл Қазақстанға да пайда келтірді. Бі­рақ бұл жер байлығы (мұнай да, газ да, т.б. да) таусылады. Батыс елдері Қазақ­стан­ға ғылыми-техникалық жақтан инвес­тиция сала қоймайды. Ғылым-техникалық сырын бере қоймайды. Басқаларға қорлану осы жақтан туындайды. Қазақстан өз күшіне сүйеніп, ғылымын, техникасын дамытуы керек.
      Болашақ бағдарламасы көп оқушы­ларды шетелдерге шығарды. Бұлардан жақ­сы оқып, Қазақстанға еңбек сіңі­ре­тін­дері де аз емес. Бірақ ғылымға шындап бе­рілгендері көп емес. Мен мұнда жүрген қа­зақстандық оқушылармен көп әңгі­ме­лестім. Көбінің ойы бірер атақ алып, Ел­ге қайтып, тәуірірек жұмыс табу ғана. Олар: «Қазақстанда ғылыммен шұғылдансаң, жаныңды әрең бағасың. Онан да банктерде, шетелдік компанияларда, өкімет органдарына кіріп алсаң, күшті тұрасың» деседі. Бұл қазіргі Қазақстан қоғамындағы, осы жастардағы Қазақстанға, оның ғылымына пайдасыз нысайды білдіреді.
      Мұны ел жақ қатты ескеруі керек. 


     P.S.: Біз алдағы кезде «Қайткенде қазақ қалады қазақ болып?» жобасының аясында, яғни шетелдегі қазақ диаспорасының қазақы болмысын, олардың қазақ руханиятына деген сүйіс­пен­шілігін қалай сақтап қалу керек деген мәселелер төңіре­гінде шетелдегі қазақ интеллигенциясының өкілдерімен болған сұхбаты­мызды жалғастыратын боламыз.  

      Сұхбатты жүргізген Сержан ТОҚТАСЫН

       http://writers.kz/journals/?ID=10&NUM=338&CURENT=&ARTICLE=9004

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті