Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Америка қазақтары

Басты бет | Америка қазақтары | Нью-Йорктегі қазақ полицейі

Нью-Йорк

         Өткен жылдың қыркүйек-қараша айларында төрт адамнан құралған қазақстандық бір топ журналист, атап айтқанда, Әлішер Елікбаев, Қанат Бейсекеев, Саян Байғалиев және Нарғыз Ахметов Америка Құрама Штаттарын аралап, мұхиттың арғы жағындағы осы алпауыт елде уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан қазақстандықтар туралы ақпарат жинаған екен. Олар осы сапарында 10 мың шақырымдай жол жүріп, Американың 23 штатында болып, бірталай қазақстандықтармен және олардың отбасыларымен кездесіпті. Солардың ішінен ең қызғылықты да қилы тағдырлардың оқиғаларын өз сайттарында жариялапты. Соның бірін сіздерге сүйіншілеп отырмыз.

      Бір жылдан сәл бұрын Нью-Йорк полицейі Данияр Нұртаза жергілікті және басқа да америкалық жаңалықтар хроникасының қаһарманына айналды. Қазақстаннан шыққан түлек тура метро стансасының жанында толғақ қысқан америкалық әйелдің шақалағын қабылдап алды. АҚШ-ты көк­тей өткен сапарымыз кезінде біз Даниярмен кездесуді ұй­ғардық. Ол өзінің АҚШ-қа қалай келгенін, осы жолда, яғни Нью-Йорк қаласы полицейлік департаментінің офицері болу арманын жүзеге асыру үшін қандай қиындықтарды жеңгенін әңгімелеп берді.

        – Әуелі АҚШ-қа қалай, қан­­дай жағ­дайда келгеніңізді айтыңызшы?

         – Бұдан 13 жыл бұрын, 2002 жыл­дың сәуірінде кенже інім мектепті бітіре сала біз бүкіл отбасымызбен АҚШ-қа қо­ныс аудардық. Інім 17-де, мен ол кезде 20 жаста болатынмын. Інім АҚШ-та, Колумбия университетінде оқығысы келді. Отбасымыз өте ұйымшыл. Сол се­беп­­тен де бәріміз түп көтеріліп бірге кел­дік.

          – Ініңізді жалғыз жіберуге қорық­қан шығарсыздар?

      – Иә, ол тым жас қой. Соған бола мен де уайымдадым. Ата-анамыз бізді ой­ла­ды. Екеумізді жібере қоймады. Сон­дық­тан, бүкіл отбасымызбен сапар шегуді ұйғардық. Әрине, мен, қаржы тұрғысынан алғанда, бұлай білім алудың өте қымбатқа түсетінін түсіндім. Інім оқып жүрген кезде өзімнің жұмыс істеуім керектігін де білдім.

       – Осы жаққа кеткенге дейін Қазақ­станда немен айна­лыстыңыздар?

     – Біз алматылық әдепкі отбасы болатынбыз. Үш бөлмелі қарапайым пәтерде тұрдық. Мен Алматыдағы университеттің 3-курсында оқып жүргенмін. АҚШ-қа кететін болған соң, оқуымды тастауға тура келді.

       – Колумбия университеті ең қымбат оқу орындарының бірі ғой. Сіздің ініңіз оқу ақысын қалай төлемекші еді?

      – Ол талабы зор әрі өте талант­ты жігіт. Математиканы жақсы меңгерген, олим­пиадаларға қа­тысып, жүлделі орын­дарға ие болып жүрді. Осында оқу үшін талпынып, өзі де жұмыс істеуге әзір тұрды. Інім өз арманына жету үшін не қажеттің бәрін істеуге дайын болды.

       – АҚШ-та өзіңіздің бі­рін­­ші жұмы­сыңызды қалай таптыңыз?

       – Алғашында Брайтон-Бичтегі бей­несалонға орналастым. Онда бір ап­та істедім. Ол жерде бейнекассеталарды прокатқа берумен айналысатын. Клиент­тердің бәрі орыс тілділер. Бос уақытымда ағылшын тілін өздігінен үйретушіні ашып, соны оқи бердім. Әрбір сөзді, әлдебір сөз тіркестерін есте сақтап қалуға тырыс­тым. Мектепте немісшені оқығандықтан, ағылшынша мүлдем білмейтінмін. Тіпті, атым кім және жасым қаншада екендігін де айта алмайтынмын.

      – Ал сіздің ата-ана­ла­рыңыздың жа­сы қаншада еді?

     – Олар егде жастағы адамдар. Көшу жөнінде шешім қабылдаудың өзі де әке-шешемізге оңайға түскен жоқ. Біз інім екеуміз өз күшімізге сенімді болсақ, ата-анамыз қатты уайымдады. Көшіп-қонуы­мыз елеулі сынақ болды.

       – Олар да ағылшыншаны үйренді ме?

     – Иә, ата-анамыз да жұмыс істеп, ағылшын тілін үйрене бастады. Әкем өмір бойы басшы қызметтерде істеген. Ал мұнда әртүрлі жұмыстарды істеуіне тура келді. Сайып келгенде, АҚШ-та қол жеткізе алғанымыздың бәрі – біздің ата-анамыздың еңбегі.

      – Сіздер қайда тұрдыңыздар?

        – Біз екі бөлмелі пәтерді жалдап, бір бөлмесінде ата-анамыз, екіншісінде інім екеуміз тұрдық. Ауданы сонша керемет те емес, әрі қауіпсіз де емес екен. Жергіліктілермен қақтығыс та болып қалып жүрді. Мен тіл білмегендіктен олар­дың өзімнен не талап ететінін түсін­бедім. Ал оларға ақша қажет екенін білген кезде: «Мен сендерге ештеңе бермеймін, не істесеңдер, соны істеңдер» деп жауап бердім.

        – Қорыққан жоқсың ба?

  – Қорқыныш болмады. Себебі, мұндайды Алматыда да көргенмін. Біз өз мақсатымызбен келдік, намысты қолдан бермедік, сөйтіп, уақыт өте келе құрметке ие болдық.

      – Ал ініңіздің арманы орындалды ма? Оқуын бітіре алды ма?

    – Иә, ол университетті сәтімен тә­мамдады. Қазірде жасы отызда, ірі банк­те қаржылық талдамашы болып жұмыс істейді, ал кешкі уақытта америкалық екі бірдей университетте статистика, математика, микроэкономика және менеджмент-тәуекел сынды салиқалы пәндерден дәріс беретін профессор.

      – Бөтен елге ата-аналарыңыз қалай бейімделді?

       – Оларға қиындау соқты. Алғашқы екі-үш жылда шешем күн сайын жұмыстан көңілі босап, көзі жасаурап келетін. Бәрін тастап қайтып кеткісі келді. Ол кезде біз Қазақстаннан келген осындағы бір ғана отбасын білетінбіз. Олардың өзі де сол жылы қайтадан кері қайтты. Біз келгенде де «мұнда не бітіресіңдер, естерің барда елді табыңдар» дегендей сөз айтқан еді. Бірақ біз өзімізге сенімді болдық, күмән-күдікке бой алдырмадық.

      – Ата-аналарыңыздың көңіліндегі қаяуды қалай кетірдіңіздер?

    – Мұнда келген соң үш күннен кейін әкеміздің жүрек талмасы ұстады. Ол іштегі уайымын бізге байқатпағанымен, бастан кешкен жағдайдың бәрі оған ауыр тиген екен. Мен госпитальге келдім, бірақ тіл білмегендіктен әкемді таба алмай қойдым. Тіпті, орыс тілді мейірбикелердің өздері орысша түсінбейтіндей сыңай танытты. Біздің сақтандыру қағазымыз жоқ еді. Әйткенмен, АҚШ-та тіпті, адамның сақтандыруы жоқ болған жағдайда да сіз медициналық көмек алуға құқылы екенсіз. Әкемізді емдеп, сауықтырып шығарды. Сөйтіп, денсаулық сақтау жүйесі туралы алғашқы әсеріміз жағым­ды болып шықты. Олар науқасты сақ­тандырусыз, қажетті құжаттарсыз, қо­лын­дағы қазақстандық төлқұжатымен-ақ аяғынан тік тұрғызды.

       – Ал ата-анаңыз Қазақстанды ойлап сағына ма?

    – Мамамыз мұнда келген соң туған елді ылғи аңсап жүретін болды. Елге бір барып қайтсам деген арманын айта бе­ретін. Қазір денсаулығы ептеп сыр бере бастады. Дегенмен, Қазақстанға бәрібір барып қайтамын деген ойынан қайтар емес.

       – Әкеңізде сондай аңсар жоқ па?

     – Әкем Қазақстанға барып та келді. Сонда мен ол үшін қатты уайымдадым. Өйткені, кеткеннен кейін Қазақстанға алғаш рет өзім ұшып барғанымда ағыл-тегіл жылап, тынысым тоқтап қала жаз­даған-ды. Тіпті, Астанаға барғанның өзін­де. Бұрын ол қаламен таныс емес едім. Сон­дықтан, ол жерге табан тіреу маған сәл де болса жеңілірек болған сияқты.

         – Сол кезде Қазақстаннан кет­ке­ні­ңіз­ге қанша болып еді?

       – Бұл 2007 жыл, демек, біздің кет­кенімізге бес жыл толған еді. Осы бес жыл отбасымыз үшін өте ауыр кезең болды. Америкада болған алғашқы екі-үш жылдың қиындығы моральдық тұрғыдан да, басқа жағынан да әлі күнге дейін есімізден кетпейді.

      – Қайтып оралу туралы ой мүлдем келген жоқ па?

     – Ата-анамызға аянышпен қарай­тынбыз. Мен олардың елге қайтқанын қаладым. Біз өзіміз қалып, өмірімізді өз бетімізбен құруға тырысар едік. Бірақ ата-анамыз бізді тастап кеткілері келмеді. Алғашқы үш жылда төртеуіміз бірдей жұмыс істедік. Менің 18 сағат қатарынан жұмыс істеген кездерім болды. Сонымен бірге, ағылшын тілін үйрендім. Бірде сөздікті парақтап тұрсам, маған бір ер адам келіп: «Сен не оқып тұрсың?» деді. «Ағылшыншаны үйреніп жүрмін» деп жауап бердім. Ол маған: «Егер сен Брайтонда жұмыс істесең, саған ағылшыншаның керегі не?» дейді. Мен оған: «Мен өмір-бақи Брайтонда жұмыс істемек емеспін. Біз Америкада тұрып жатырмыз ғой» деп жауап қайырдым. Сөйтсем, ол мен жұмыс істейтін дүкеннің қожайыны екен. Өзі ағылшын тілін білмейтіндіктен, қожайын маған қатты ашуланды. Менеджерді ша­қырып, мені жұмыстан босатуды талап етті. Үйге көңіл-күйім болмай оралдым. Екінші жағынан, Брайтонда кептеліп қалмағаным үшін осы адамға рахмет ай­­­тамын. Машиналарды тұрақжайға қоюшы болып басқа жұмыс тауып алдым. Қазақстанда менің «Москвич» машинам болатын. Механикалық беріліс қорабына негізделген машиналарды жүргізе аламын. Мына жұмысқа орналасуыма осы білігім көмектесті. Содан кейін ресторандарда жұмыс істейтін жігіттер ақшалы бо­латынын ұқтым. Сондықтан, менің ендігі мақсатым – рестораннан жұмыс табу болды. Жарты жылдан кейін «Баку» ресторанына жұмысқа тұрдым. Бір апта тегін істеп, қабілетімді дәлелдедім. Содан кейін олар маған сеніп, жұмысқа алды. Өз­деріне қазақтың қызмет көрсеткенін қалаған өзбектер бұл мейрамханаға арнайы келетін.

      – Қызмет көрсету саласына жұ­мыс­қа барғаныңызда намыстанған жоқ­сыз ба?

      – АҚШ-қа бармақшы болғанда тура өзімнің ата-анам сияқты, мен де кез келген жұмыстан бас тартпауға бел бай­лаған едім. Осында жиналған кезде бізді Америкада сендерді күтіп отырған ешкім жоқ, ол мүлдем басқа ел және Қазақстанда кім болып, не істесеңіз де, соны мұнда ұмытуға тура келеді деп ескерткен болатын.

       – Даяшылықтан кейін немен айна­лыстыңыз?

     – Даяшы бола жүріп, сонымен қатар, «Туризм» мамандығы бойынша оқуды ұйғардым. Соның арқасында мені «Delta» авиакомпаниясына жұмысқа шақырды. Әжептәуір конкурстан өтуіме тура келді. Біздің курстан өзімді қосқанда екі адамды әлемдегі аса ірі авиакомпанияға жұмысқа алды. Бес жыл жолаушыларға қызмет көрсету бөлімінде жұмыс істедім. Осы кезде бұрынғы КСРО-дан келген көптеген адамдарды қарсы алдым, бірсыпырасына көмегімді де тигіздім. Бұл жұмыс мені көп нәрсеге үйретті. Мысалы, адамдармен қарым-қатынас жасауға, әлдебір түйткіл немесе күйзелісті жағдай бола қал­ғанда тыныштандырып жұбатуға. Әрине, оңай емес. Бұдан кейін Нью-Йорк қаласының университетіне түсіп, халықаралық маркетолог дипломын алып шықтым. Ара-арасында Қазақстанға автомобиль тасымалдаумен айналыстым.

       – Осы жайында таратыңқырап айт­саңыз қайтеді?

       – Алғашқы уақытта бұл шағын кәсіп болды. Мен хабарландырулар бойынша машиналар іздедім, оларды сатып алдым. Нью-Йоркке тасымалдадым, содан кейін Қазақстанға жіберіп отырдым. Алматыда менің серіктестерім болды – балалық шақтағы достарым. Сонда олар осы машиналарды өткізіп беріп отырды. Маған ақша салып жібереді, жұмыс осылай дөңгелене берді. Уақыт өте келе өзімізге ат қойып, дами бастадық. Ол кездерде мен жұмысқа басқа да жігіттердің қызығушылығын туғыздым. Оларға қол ұшын беруге тырыс­тым. Жаңа келгендерге жұмыс табудың қандай қиын екені менің есімде болатын. Сондай-ақ, жігіттерге бұл елде қиындықтардан қалай жол табуға болатынын үйреттім. Әйтеуір қолымнан келгенінше көмектесуге тырысатынмын.

       –  Бірақ бұл кәсіп тура Қазақстан Кеден одағына кірген уақытқа дейін ғана жұмыс істеген болар?

     – Иә, бұл осы кәсіптен кетудің бір себебі болды. Алайда, мен бұл істі тоқ­татуды бұрынырақта жоспарлаған едім, екі емес, керек десеңіз үш рет тастап кеткен де болатынмын. Дегенмен, бәрібір де қайта оралып отырдым, өйткені жаман кіріс әкелген жоқ. Бірақ, мен автокәсіптің болашағын көрмедім және АҚШ-қа бұл үшін келмегенімді де түсіндім. Өзіме рухани жақын нәрсені табуға тырыстым. Полицейлер алыста жүргенде көшеде не болып жатқанын көруіме тура келді. Әр­түрлі заңсыздықтарға салғырт қарай ал­мадым. Бұған араласуға менің құқым болмады. Құқық қорғау органында жұмыс істеу арманы менде бұрыннан болатын. Тек біз алғаш Америкаға келгенде менің азаматтығым жоқ еді және осы саладан жұмыс табу үміті де болмаған. Менің арманым екінші кезекке сырылды. Кейін бәрі өз орнына келген соң ғана, өзімнің сүйікті ісіммен айналысу мүмкіндігі туды.

       – Ал Қазақстанда сіз ешқашан поли­цей болуды армандаған жоқсыз ба?

      – Қазақстанда мен полицейлерге басқа көзбен қарайтынмын. Бірақ біз­дің көршіміз полицей болды. Оның тапаншаның қабын қалай кигізгені, тапаншасын, қару-жарағын қалай тексергені әлі есімде. Мүмкін, сол кезде-ақ осы ой менің басыма кіріп алған шығар. Бұл жаққа қарағанда, Қазақстанда полицейлер өздерін басқаша ұстайды. АҚШ-та полицейлер – ниеттес бауырлар. Мен NYPD-қа (Нью-Йорк қаласының полиция департаменті) келгенде өз отбасыма келгендей күй кештім. Өзім сияқты ойлайтын 35 мың бауырларым мен әп­ке-қарындастарым пайда болды. Қай-қайсысы да қызметке ақша үшін келмеген.

         – Жалпы, сіз полицияға қалай кел­діңіз?

     – Бұл оқиға 4 жылға созылды. Басында жадымды, байқағыштығымды тексеріп емтихан алды, психологиялық тесттен де өттім. Емтихандарды жақсы тапсырдым. Содан кейін дене тәрбиесінің емтихандары болды. Салмақ түсіруге, көп жүгіруге тура келді. Егер жүгіре алма­саң – құжатыңды тапсырмауға да болады деп бірден айтқан еді. Өзара келісу, біреуге айтқызу сияқты нәрселер мұнда мүлдем жоқ. Талаптанғандардың көбі психологиялық және дене шынығуының тексерісі кезінде сейіліп қалды. Сондай-ақ, бэкграундты қатаң тексереді. Бастапқы дайындық, одан кейін академиядағы нағыз дайындық кезеңінен өтесің. Академия­дағы оқу 6 айға созылады. Бұл сынақ та оңай емес. Көп жігіттер академияны бітіре алмай қалды. Академияға түсу үшін де 1 орынға 15 адам таласатын күрделі кон­курс­тан өтуге тура келеді.

      – Егер жалақысы жоғары болмаса, АҚШ-та полицияда жұмыс істеуге ті­лек білдіретіндер неге соншалықты көп?

      – Бұлардың көбі – бұрынғы әскерилер, ардагерлер. Олар үшін полициядағы жұмыс азаматтық өмірге біртіндеп көшу үшін қажет. Бұлар қарумен жүруге үй­рен­ген, төтенше жағдайда басқа адам­дар үшін өз өмірін қиюға тәуекел ете алатын адамдардың ерекше тобы. Мұндай адамдар Америкада көптеп саналады. Сірә, өз жұ­мысымның маған ұнайтыны да сол себептен шығар. Мен жұмысыма мерекеге бара жатқандай асығамын, осынау үлкен отбасының мүшесі болғанымды мақтан етемін.

      – Сіз сөйтіп полицияға кірдіңіз, күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келесіз. Бұған сіздің отбасыңыз қалай қарайды?

      – Ата-анам мұны түсіністікпен қа­был­дады. Әкем әскерде Сахалинде қызмет еткен. Қызметін капитан ше­нін­де аяқта­ды. Өзі сондай сатыдан өткен­нен кейін, өмір бойы мені де осыған дайындады. «Қолыңнан келсе – көмегіңді аяма!» деп отыратын. Көшеде бұзақы­лар бір жігітке немесе қызға тиісіп жатса, әкем ешқашан қасынан үнсіз өтіп кетпейтін. Осы әділетшілдік, адамдарға көмектесу қажеттілігі әкеден дарыған қасиет сияқты.

     – Метродағы әйелді босандырып алу жағдайы қалай болды?

     – Мен жерастындағы метрода постыда тұрғанмын. Осы кезде рация арқылы бекетте әйелдің толғатып жатқаны туралы дабыл түсті. Дереу платформаны тексеру жөнінде шешім қабылдадым. Тексерсем – ешкім жоқ, содан кейін жо­ғарыға көтеріле бастадым. Ол жердегі метро бекетінде қарбалас, одан шығудың өзіне бірнеше минут кетеді. Баспалдақтар жоқ, тек лифт ғана бар. Көшеге шыққан бетімде фельдшерді көрдім. Ол төменге түспекші екен. Оған ол жақта әйелдің жоқ екенін түсіндірдім. Әйел көшеде бір жерде болуы тиіс. Шынында да, ол көшеге шығып үлгеріп, нәресте туып келеді деп айқайлай бастады. Академияда бізді толғақты қабылдауға да үйреткен еді. Бұл араға жеткенімше, жедел жәрдемнің бір­ден келе қоймайтынын түсіндім. Өйткені, Бру­клиннің бұл тұсында кептелістер сұмдық. Миымда қалай босандыру ке­ректігі жөнінде ойлар үйіріле қалды. Фель­дшерді көргенімде қатты қуанып кеттім. Жүгіріп әйелдің қасына бардық. Ол асфальтта айқайлап жатыр. Баланың қылтиып шығып келе жатқанын көрдім. Біз тізерлеп отыра қалдық. Фельдшер баланы ұстай алып, өзінің есі шығып кетті. Менің түсінуімше, бұл жұмыста жаңадан істеп жүрген сияқты. Бір-бірі­мізге қарап, қуанып кеттік. Нәресте шыр-шыр етіп, көзін ашты. Балпанақтай ұл екен. Бірақ мұны әлдебір ерлік іс деп санау оншалықты дұрыстыққа жатпайды деп ойлаймын.

        – Бірақ сіз, қалай болғанда да, адам өміріне арашашы болдыңыз емес пе?

      – Жұмыста менің, міндетті болмасам да, атқарған ісімді бағалады. Менің негізгі міндетім жер астындағы постты күзету болатын. Бәрі әп-сәтте болды да, шешімді шұғыл қабылдауға тура келді. Бұл өте сирек кездесетін ахуал. Біз күн сайын жоғалған адамдарды табамыз, қарақшылық-тонаудың алдын аламыз, қылмыскерлерді ұстаймыз, бақытсыз жағдайлар да ұшырасып тұрады. Адамдар жұмысымызға күн сайын алғысын айтады. Бірақ бұл ерлік деп есептелмейді. Неге екені белгісіз, бұл жағдайды ерлік деп есептепті. Менің пайымдауымша, бұл біздің күн сайын істейтін жұмысымыздың бір бөлігі. Біз бұл жұмысты нақ осы адам­дарға көмектесу үшін таңдап алдық. Егер оқыстан қандай да бір зілзала апат немесе террорлық әрекет болса, жай адамдар ондай проблемадан қашады, ал полицейлер, керісінше, сол араға адамдарды құтқару үшін асығуы тиіс. Бұл біздің жай ғана жұ­мысымыз.

      – Сіз нәрестелі болған әйелді осыдан кейін көрдіңіз бе?

    – Таңертең мен оған гүл алып барып, кіріп шықтым. Ол мені танып, қуана құшақтап, бетімнен сүйді. Жас ана екеуміз бірге суретке түстік. Оның да үрейі ұшып кетіпті. Метромен ауруханаға бара жатқан ғой, сол арада кенеттен толғағы қысқан. Сондықтан, ол пойыздан түсіп қалған. Сөйтіп, help түймешесін басып, босанғалы жатқанын хабарлаған. Сол себептен де, 911-ге оның платформада екендігі туралы ақпарат түскен. Әйел күтуге шыдамай, жо­ғарыға көтерілген. Көшеге шыққан соң, такси ұстамақшы болғанда, нәрестенің сыртқа шығуға түртінгенін түсінген. Осы­ның бәрі небәрі 5 минуттың ішінде болып өтті.

       –  Ол әйел ұлының атын Данияр деп қойғысы келген жоқ па?

     – Менің аты-жөнімді сұрап алған. Бірақ, шынын айтқанда, баласын қалай атағанын білмеймін.

      – Осы ісіңіз үшін сізді марапаттады ма?

     – Бұл енді ұзақ әңгіме. Дегенмен, ақ­парат NYPD басшысына дейін жеткен. Маған оның кеңсесінен телефон соғып, алғыс айтты. Алда тағы сөйлесеміз деп уәде етті. Бәлкім, полицейлерді мара­пат­тайтын әлдебір күн болатын шығар. Сірә, бұл әйтеуір тез бола қоятын шар­уа емес. Әдетте, медаль, әскерилердегі сияқ­ты кіш­­­кентай жолақша сияқты бір нәр­селер беріп жатады.

        – Балаларыңыздың алдында мақ­тан ететін ісіңіз болады!

      – Солайы солай ғой. Бірақ мен үшін бас­тысы бұл емес. Ең бастысы – балалардың дұрыс адам болып ержетуі.

     – Ұлыңыз полицияға жұмысқа баратын болса, сіз келісер ме едіңіз?

     – Өз басым мұны қаламайтын сияқ­тымын. Өйткені, мерт болу – алда кездесер қауіптің бір жағы ғана. Көптеген полицейлер денсаулығын жоғалтады. Мүгедектер арбашасында отырып, тек аузын ғана қи­мылдата алатын адамдарды көрдім. Бұл өте қауіпті. Бірақ ол осы жолды таң­даса, оны тоқтата алмасымды білемін. Себебі, ұлымның бойында бір қайсар­лық бар. Жұмысқа кетіп бара жатқанымда оның менің формама қадала қарайтынын байқаймын. Бронды кеудешемді кигеніме қызығып тұрады.

        – Қалың көпшілік полицейлерге қалай қарайды?

     – Халықтың көпшілігі бізге деген құрметін жасырмайды. Біздің де адамдарға деген қарым-қатынасымыз соған сай: егер адам барлық талаптарды орындаса, онда оның адал азамат екені былай да көрініп тұрады, ол жай ғана бір жерде қателік жіберген. Адамдардың көпшілігі бала шағынан бастап заңның бәріне бірдей екендігіне және оны құрметтеу керектігіне дағдыланады. Мұнда нақ сол бір жол қиылысында полицейдің неліктен тұрғанын біледі. Оның қалтасына бірдеме түсірейін деп тұрмағанын, қоғам мүддесі үшін жұмыста тұрғанын бәрі түсінеді. Қай жерде түйткіл, қиындық болса, біз сондамыз. Барлығы тамаша болып тұрған жерге бармаймыз.

       – Шынымен де америкалық поли­ция­да жемқорлық жоқ па?

     – Полициядағы жемқорлық туралы естімеппін. Біреуге бірдеңе ұсынып, немесе біреудің бірдеңе алғаны жайында да ешқашан естіген емеспін. Екі жыл бұ­рын жаңалықтарда әлдебір мейрамханада поли­цейдің ақша дәметкені жайында бір әңгімелер болған.

      – Қалай ойлайсыз, Қазақстанда дәл АҚШ-тағыдай, заңға құрмет орныға ма?

     – Солай болғанын қалар едім. Өзім Қазақстанға келгенде заңды бұзбауға тырысамын. Бірде Алматыда ереже бұзып, өзімнің ньюйорктік куәлігімді көрсеттім. Сөйтіп, Қазақстанда көптен тұрмағандықтан, ережелерді ұмытып қалғанымды түсіндірдім. Мені босатып жіберді. Яғни, Қазақстанда да, анау айтқандай, бәрі жаман емес.

      – Нәсілшілдік жағдайларымен бет­пе-бет ұшырастыңыз ба?

    – Жалпы, полицияны blue – көктер деп атайды. Бұл дегеніңіз дербес ұлт сияқты. Ешкім бетіңе қарамайды. Тек формаңа қарайды. Ешкім сені ақ немесе қара полицей деп айтпайды, бәрі офицер деп біледі. Біздің барлығымыз әр елден болсақ та, дәрежеміз тең, барлығымыз АҚШ азаматтарымыз. Дей тұрғанмен, адамдар менің қайдан келгеніме қызығушылық танытады, сұрайды. Менің Қырғызстаннан келген орыс досым бар. Менімен бірге істейді. Екеуміз орысша сөйлесеміз. Қалғандары біздің қай тілде сөйлесіп жатқанымызды ұқпайды.

    – Сіз АҚШ азаматтығын алып қой­ғансыз ғой?

     – Иә, 2008 жылы. Егер қандай да бір жарыстарда АҚШ немесе Қазақстан ойнап жатса, біз екеуіне бірдей жанкүйер боламыз.

     – Ал егер АҚШ Қазақстанға қарсы ойнаса ше?

     – Енді, Головкин америкалықтармен бокстасып жатқанда, онда біз Генаның жеңісін тілейміз.

       – Қанға тартады ғой?

     – АҚШ-та былай: жергілікті ирлан­дықтар Ирландияны, италиялықтар Италияны қолдайды, т.с.с. Яғни, аме­рикалық болу үшін өз тамырыңнан бас тарту міндетті емес. Бұл ел несімен қы­зықтырады? Мұнда сен кез келген дінді, ғұрыпты ұстана аласың, өзіңнің өмірлік құндылығың үшін күресесің. Сіздің таңдауыңызға барлығы да құр­метпен қарайды. Сен Қазақстаннан келіп, өз салт-дәстүріңмен өмір сүріп жатсаң, бұл үшін сені ешкім сөкпейді. Керісінше, бұған қызығушылықпен қарайды. Кеше ғана доминикандық әріптесіммен әңгімелестім. Ол біздің жылқы етін жейтінімізге таң­ғалды.

       – Ал жан дүниеңізде сіз кімсіз?

     – Мен – қазақпын. Қазақ болып тудым, солай болып қаламын. Қай жақта өмір кешсем де, үйімнің қайда екенін, балалық шағым қайда өткенін бәрібір ұмытпаймын. Даяшы болып істеп жүр­генімде бір мықты жігіттер келді. Олар менің Қазақстаннан келгенімді біліп, қасыма келіп, құшақтап, екеуі де жылап жіберді. Бұл ағайынды жігіттер Қызылордадан келген еврейлер екен. Олар мұнда 10 жасында келіпті. Туған үйіміз Қызылорда дейді. Өздерінің осында бар жағдайы жасалған, Манхэттеннің орталығында ілкімді бизнеспен айналысады. Бірақ шалшық, шаң болса да, өздері туып-өскен Қызылорда олар үшін туған ел, өз Отаны деп саналады. Тіпті, қазақ емес екеніне қарамастан, Қазақстанды олар өздерінің атамекені деп есептейді.

       esquire.kz сайтынан алынды.

    Аударған Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».

        

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті