Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Құттықтау

Құттықтау

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Моңғолияның «Жерлестер» қазақ қоғам­дық ұйымы

Төрағасының орынбасары Сұлтан Тәу­кейұлын

ІІ дәрежелі «Достық» орденіне ие болуымен құттықтайды.

толығырақ

Құрметті Серік Мырзақасымұлы!

    Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан соңғы бірнеше жылдың ішінде жарық көріп жатқан шетелдегі қазақтардың кітабын Сізсіз көзге елестету қиын. Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей сияқты алыс-жақын шет елдердегі қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының шығармаларын Қазақстан ғана емес бүкіл әлем қазақтарына таныстыру мен насихаттауда еңбегіңіз өте зор. Сіздің жемісті жұмысыңыз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасымен атап өтілуі соның нақты көрінісі деуге болады.

         Көзге түсіп қалу үшін еңбегін бұлдайтын адамдардың қатарына қосылмайтын және әрдайым «бетегеден биік, жусаннан аласа» болуды қалайтын кішіпейіл мінезіңіз әрдайым құрбы-құрдас пен әріптестер арасында  жылы ілтипатпен аталады. Біз сізді жұмыста өз ісінің шебері деп қана емес, отбасында асыл жар, ардақты әке,  сүйікті ата  бола білген үлкен жүректі Азамат деп қабылдаймыз және әрдайым осы пікірімізден танбаймыз. Қызметте, отбасында және қоғамдық ортада өзін тек жақсы қасиеттерімен көрсетіп, жас буынға үлгі-өнеге болып жүрген  өзіңіздей асыл азаматтарымыз әрдайым аман болсын деп тілейміз. Ақсақалды қария болып, немереден тараған шөбере мен шөпшектің қызығына бөленіп, жақсылығына бөлене беріңіз.    

         Жігіт ағасы болған елудің белесінен абыроймен өтіп, Ата деп аталатын 60-тың асуына басқан қадамыңыз құтты болсын. Енді желкілденген 70 пен селкілдеген 80-нің белесіне көтеріліп, 90 деген қарттықтың желкесіне мініп, 100-дің қырқасынан асуды да Алла нәсіп етсін!  

         Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Сізге зор денсаулық, мол байлық пен таусылмас қажыр-қайрат тілеп, мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтайды.

         Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұжымы

толығырақ

Қазақстан Республикасы

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Төрағасының бірінші орынбасары

Т.А.Мамашев мырзаға


Құрметті Талғат Асылұлы!

     Туған күніңізге орай жолдап отырған шынайы құттықтауымды мен ыстық ықыласымды қабыл алыңыз.

       Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолындағы атқарып жүрген жауапты еңбегіңіздің жемісті, бастамаларыңыздың сәтті болуына тілектестігімді білдіре отырып, Өзіңізге және отбасыңызға мықты денсаулық, мол ырыс пен толассыз бақ-береке тілеймін.

      Ақ ниетпен,

           Қазақстан Республикасының

           Белорусь Республикасындағы Елшісі                                      Б.Бөлегенов

толығырақ

    Ресейдегі «Түмен облысы қазақтарының ұлттық мәдени автономиясы» Түмен аймақтық ұйымының төрағасы Есімхан Жантасов 60 жасқа толды. Түмен облысының қоғамдық палатасы жиналысының мүшесі, Түмен муниципальды ауданының Құрметті ауылшаруашылық қызметкері, 2011 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайының делегаты, әйгілі меценат Есімхан Ысқақұлы 2013 жылдан бері «Түмен облысы қазақтарының ұлттық мәдени автономиясы» Түмен  аймақтық ұйымының төрағасы қызметін  атқарып келе жатыр. Түмен облысы қазақтарының ұлттық мәдени автономиясының Армизонск, Бердюжск, Голышмановск, Исет, Ишим, Казан, Сладков, Упров аудандары мен Ишим қаласында  жергілікті бөлімшелері ашылған.

    Түмен облысының қазақтарының аймақтық ұйымы  Есімхан Ысқақұлының жетекшілігімен ұлттық салт-дәстүрін жаңғыртып, дамытуда әртүрлі іс-шараларды атқаруда. Өз ұлтын сүюде жастарға үлгі-өнеге бола білген оның есімі бүгінде тек түмендіктерге ғана емес, күллі Ресей қазақтарына жақсы таныс. Қайраткер азаматты 60 жасқа толуына орай Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төралқасы атынан Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев арнайы құттықтау хат жолдады. 

толығырақ

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі

Ботагөз Уатқанды

немерелі болуымен құттықтайды!!! 

толығырақ

                                                             Қазақстан Жазушылар Одағының Төрағасы,

                                                             Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты

                                                                     Н. М. ОРАЗАЛИН  мырзаға! 

      Құрметті Нұрлан Мірқасымұлы!

     Ұлт руханиятының көшбастаушысы, тізгін ұстаушысы болып келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 80 жыл толу мерекесі ел өміріндегі ең бір елеулі оқиға деп білеміз. Себебі, соңғы сексен жыл ішінде ұлы өзгерістерді бастан кешіп, жаңа сапалық қасиеттерге ие болған қазақ халқының барлық табыстарында Қазақстан ақын-жазушыларының еңбегі, оларды қасиетті шаңырақ астына біріктіріп отырған Қазақстан Жазушылар одағының үлесі айрықша екендігі талас тудырмайтын шындық. Осы бір сексен жыл ішінде ұлтымыздың маңдайына біткен небір жақсылары мен жайсаңдары, шығармашылық ақыл-ой алыптары Одақ төрінде бас қосып, өмірінің жарқын сәттерін өткізгендігін еске алудың өзі бұл ұйымға деген әркімнің ізет-құрметін, сүйіспеншілігін еселеп арттыра түсетіні тағы да шындық емес пе?! Сіз өзіңіз бір сөзіңізде «Ұлы Алматы» деп атағаныңыздай, Ұлы Алматының әр көшесі, әр ғимараты, әсіресе, Жазушылар одағының Үйі шежіре мен сырға, тарихқа толы ғой. Сол Одақ төңірегіне топтасқан ұлтымыздың талантты перзенттері жасаған әдебиет,  көркем шығармашылық ақыл-ой бүгінде әлемдік деңгейдегі сынға төтеп бере алатындай биікке көтерілгендігін заңды түрде мақтаныш етуге болады.

     Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұжымы өздерінінің төл мерекесіндей сезінеді. Қауымдастықтың құрылуы, өмірге жолдама  алуы, ресми тіркеуден өтіп, дербес шаңырақ көтеруі, бәрі де Қазақстан Жазушылар одағының қабырғасында, Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі басқарма Төрағасы Қалдарбек Найманбаевтың жетекшілігімен жүзеге асырылғандығын біз әрдайым құрметпен еске аламыз. Оның бер жағында өзіңіз басқарған бұл шығармашылық ұйым өкілдерінің әлем қазақтарының барлық Құрылтайларына белсене атсалысып, өздерінің биік азаматтық ұстанымдарын ұлттың ұлы жиынының биік мінберінен ел назарына ұсынып келе жатқандығын да атап өтпеске болмайды. Қытайдағы, Моңғолиядағы, Өзбекстандағы, т.б. елдердегі қазақ диаспорасының қаншама өкілдері Қазақстан Жазушылар одағының аялы қамқорлығы, көмегі, жылы лебізі нәтижесінде үлкен шығармашылық жолына жолдама алып, ақын-жазушы атанғандығын түгелдей тізбелеп шығу мүмкін емес. Қытайдағы белгілі жазушы, ғалым Сұлтан Жанболат бастаған бір топ қазақ қаламгерлерінің Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылдануының өзі көп жайтты аңғартары даусыз.

     Қазақстан Жазушылар одағының алыстағы ағайындармен мұндай тығыз байланысы болашақта да дамып, нығая береді деп кәміл сенеміз. Нұрлан Мірқасымұлы, сөз соңында Сізді және Сіз арқылы Қазақстан Жазушылар одағының 800-ге жуық мүшелерін қасиетті қара шаңырақ – Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығымен шын жүректен құттықтап, дендеріңізге – саулық, қаламдарыңызға – шабыт, шығармашылықтарыңызға – табыс, отбастарыңызға – бақыт тілегіміз келеді!

     Қазақ әдебиеті биіктен-биікке көтеріле берсін!

             Игі құрметпен,

     Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

     Төрағасының бірінші орынбасары:                                             Т.А.Мамашев

 

толығырақ

       Құрметті, Дүкен Мәсімханұлы!

    Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Сізді  бүгінгі 50 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды!

    Тойды «Қазақстандағы қытайтану ғылымы: тарихы, бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен ұштастырғаныңызды біз де құп көріп отырмыз. «Жақсының аты, шебердің заты өлмейді» дегендей,  конференция материалдары ғылым жолындағы  ізденісі кезінде келешек жас ұрпақтың да игілігіне қызмет етері даусыз.

     1993 жылы Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің шақыруымен елге оралған кезде, жұртшылық қауым өзіңізді тек қытайтанушы ғалым ретінде ғана емес,  Қазақ елінде де, Қытайда да шешендігімен елді аузына қаратқан, әйгілі Нақысбек Жалпетекұлының   ұрпағы ретінде де ыстық ықыласпен қабылдаған болатын. Ерен еңбегіңіздің арқасында екі елде де көптеген сый-сияпаттардың иегері атандыңыз.

     Еліміздің дамуы мен гүлденуіне қосып жатқан үлесіңіз өте зор. 

    Тәрбие мен білімді өзара ұштастырып, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды және тағы басқа да  ұлттық құндылықтарымызды сақтау мен оны насихаттаудағы ерен еңбегіңіз әрдайым жемісті болсын.  Әркезде де деніңіз сау, жүзіңіз жарқын, мерейіңіз үстем бола берсін. Отбасыңызға амандық-саулық тілеймін. Аман болыңыз, абыройлы болыңыз!

 Құрметпен,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Төрағасының бірінші орынбасары                                      Т. МАМАШЕВ 

толығырақ

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

Қостанай облысындағы Қауымдастық филиалының директоры Назира Жаримбекованы бүгінгі туған күнімен және қазақ диаспорасы туралы үздік мақала аталымы бойынша ҚР Мәдениет министрлігінің сыйлығына ие болуымен шын жүректен құттықтайды.

     Әріптесімізге зор денсаулық пен қажымас мол қайрат және еңбегінің әрдайым табысты бола беруіне тілектестік білдіреміз.

толығырақ

«Түркістан» газетінің Бас редакторы Шәмшидин Паттеев мырзаға

           Құрметті Шәмшидин мырза!

     Өзі жарық көре бастаған 20 жылдың ішінде  ұлтымыздың шынайы үнжариясына айналып үлгерген «Түркістан» газетін еліміздегі ойлы да салиқалы, білікті де беделді басылымдардың  бірі  әрі   бірегейі  ретінде танимыз. Өзіндік дара ұстанымымен басқа  басылымдардан әрдайым ерекшеленіп отырған «Түркістан» оқырман ойын заманның биік талаптарына сай идеялармен, біліммен  сәулелендіріп келеді.  Тек қазақтың ғана емес бүкіл түркі жұртының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жырын жырлаған «Түркістан» газетінің құрылғанына 20 жыл толған бүгінгі қуанышына біз де ортақпыз. Әрдайым ұстанған бағыттарыңыздан айнымай, оқырманның іздеп жүріп оқитын сүйікті басылымының абыройын арттыра берулеріңізге, қоғам өмірінде өзіндік орны бар газеттің жақсы дәстүрлерін жалғастыра түсулеріңізге біз тілектеспіз. Түркі дүниесінің, оның ішінде қазақтың мүддесін көздеуді, шетелдердегі диаспора өкілдері мен атажұртта отырған қазақтар арасындағы байланысты нығайтуды өз қызметінің басты бағыты етіп алған, Сіздермен бір терінің пұшпағын  илеп жүрген  Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Түркістан» газеті  арасындағы байланыс алдағы уақытта да жемісті түрде жалғаса береді, деген сенімдеміз.

     Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы атынан Сізді және бүкіл ұжымыңызды газеттің құрылғанына   20 жыл толу  мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Шығармашылық ұжым мүшелерінің дендеріне саулық, бастарына байлық, қаламдарына қуат, көңілдеріне шабыт тілейміз!

          Құрметпен,

         Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

           Төрағасының бірінші орынбасары                                 Т.МАМАШЕВ

толығырақ

Мемлекетіміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасының үстіміздегі жылдың 9 желтоқсанындағы №707 Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбектері үшін, әлеуметтік-экономикалық саланы, руханиятты дамытуға, халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайтуға қосқан үлестері үшін  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев, «Құрмет» грамотасымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының белсенді мүшесі Дина Бөлешева және II дәрежелі  «Достық» орденімен Ресейдегі қандасымыз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасының мүшес Тоқтарбай Дүсенбаевтар марапатталды. Қазақ үшін еңбек етіп жүрген осынау азаматтарды барша қазақтың атынан құттықтаймыз!

толығырақ

Тәуелсіздіктің 22 жылдық мерейлі сәтіне орай Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясынан (FEKA) да Құттықтау хат келіп түсті редакциямызға.  

Еуропа елдерінде тұратын қандастарымыздың салиқалы сәлемін арқалаған хатта былай делінген: «Ұлтымыздың ұлық мерекесі – Қазақстан Тәуелсіздігі құтты болсын! Ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманы, асқақ мұраты – Қазақстанымыздың азаттығы аман, бостандығы баянды болсын! Ұлтымыздың мәртебесі арта берсін!
Қазақстан іргелі ел болып, халықаралық деңгейде аса жоғары сатыға көтерілсін! Қазақ елінің атақ-абыройы асқақтай түсіп, Тәуелсіздіктің символы Көк ту мәңгіге желбірей берсін!»

Құрметпен Еуропа Қазақ қоғамдары

федерациясы (FEKA)

толығырақ

Құрметті оқырман қауым!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі Күнімен құттықтаймыз.

Төл мерекеміз ұзағынан сүйіндіріп, біздің өмірге келіп жатқан іргелі істер баянды болсын.

Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, асқан абырой тілейміз!

 

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

толығырақ

М.О.Әуезов атындағы  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

университетің ректоры Ж.Ү.Мырхалықов мырзаға

ұжымына

 

Құрметті Жұмахан Үшкемпірұлы!

      Білім ошағы ретінде кемел болмысымен шуағы мол Шымкент өңірі жұртшылығының заңды мақтанышына айналған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрылғанына 70 жыл толуына байланысты ізгі ниетті құттықтауымызды қабыл алыңыз. Сізді және университет оқытушылары ұжымын мерейлі мерекелеріңізбен құттықтаймыз!

     Жетпіс жылдық тарихында отандық ғылымның дамуына, республикамыздың кадрлық әлеуетін қалыптастыруға айтулы үлес қосқан оқу орнына республика жұртшылығымен бірге біздің де құрметіміз ерекше. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекетттік университетін біз шетелдегі қазақ диаспораларының жастарына ерекше қамқорлық көрсетіп отырған қадау-қадау оқу орындарының бірі әрі бірегейі деп танимыз. Тек үстіміздегі жылдың өзінде ғана Сіздердің университеттің дайындық бөліміне 400-ге жуық диаспора жастарының қабылдануы республика бойынша ең жоғары көрсеткіш саналады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен ОҚМУ арасында алдағы кезде де шетелдік қандастарымызға қолдау көрсетуге байланысты жан-жақты ынтымақтастық, түсіністік орнай береді деген сенімдеміз. Сіздердің қызметтеріңізге – ғылыми-педогогикалық табыстар, тұрмыстарыңызға – шаттық,  бақыт, байлық тілейміз!

 

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

толығырақ

Құрметті Ханкелді Махмұтұлы Әбжанов!

       Сізді өмірдің маңызды  белесіне көтеріліп отырған қуанышыңызбен құттықтаймыз! Салиқалы 60 жастың биігіне абыройлы қадам жасап, ел алдындағы  игілікті  еңбегіңіздің жемісін көруге, саралауға мүмкіндік беретін мерейлі мерекеңіз құтты болсын!

     Уақыт әркімге әрқилы міндет жүктейді. Ұлтымыздың шынайы тарихын жасау міндеті алға қойылған кезеңде Сізге Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына жетекшілік ету жауапкершілігінің жүктелуін біз заңдылық  деп білеміз. Сіз қазіргі Қазақстан тарих ғылымының ең көрнекті өкілдерінің бірісіз. Сіздің осы уақытқа дейін  600-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеулердің, 10-нан астам монографиялық еңбектердің, оқу құралдары мен оқулықтардың  авторы атануыңыз жанкешті еңбектің ғана емес, бірегей таланттың  да жемісі екендігі анық.  Бұл еңбектерде сарабдал ғылыми ақыл-ой қуаты айқын байқалады. Ел мен жердің өткені әрі бүгіні, қазақ мәдениеті мен интеллигенциясының тағдыры, тарихи жайттарды зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздері, ұлттық идея төңірегіндегі ұстанымдар, тұлғатанудың өзекті мәселелері Сіздің ғылыми еңбектеріңізде кеңінен қамтылған. Байырғы түркі қоғамының тарихи ой-санасын, әлеуметтік-мәдени құндылықтарын тынбай әрі тереңдете зерттеп келесіз. Сіздің ғылыми ақыл-ой қуатыңыздың жарығы қазақ тарихының талай қараңғы қойнауларына сәуле түсірді. Ұлт зиялыларының  қызметі, тарихи рөлі, кеңестік Қазақстан мәдениетінің шынайы  болмысы, ел Тәуелсіздігінің тағылымы тәрізді сан тарау мәселелердің қай-қайсысы да Сіздің қаламыңыздан тыс қалған емес. Сіздің осынау зерттеулеріңіздегі ой түйіндеріңіз, тұжырымдарыңыз төл тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» азайтуға лайықты үлес болып қосылуда. Сіздің тарихшы-ғалым ретіндегі  үніңіз қазір атажұрт шеңберінен ары асып, басқа елдерге де жетті. Еңбектеріңіз ана тілінен бөлек дүниежүзінің орыс, ағылшын, араб, қытай, ұйғыр, түрік тәрізді тілдерінде де басылып шықты.

       Сізді біз Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы диаспоралар арасында өткізетін іс-шаралардың үлкен жанашыры, ғылыми қолдаушысы деп білеміз.

      Қандай биік тұлға болмасын, адам өмірін көрікті ететін, көңілін кенен ететін оның айналасы болмақ. Бұл ретте де Сіз өзгелерге үлгі болғандайсыз. Берекелі отбасының иесісіз. Ұстаз деген ұлы сөзге лайықсыз. Сіздің жетекшілігіңізбен 15 ғылым докторы, 40 ғылым кандидаты дайындалғанын әрдайым мақтаныш етуге болады. Алпыстың жазира жайлауында жүріп те айналаңызға білімнің жарық қуатын тарата беріңіз, ұзақ та берекелі ғұмыр кешіңіз, жақсылықтың ортасында, жаңа істердің басында болыңыз, демекпіз!

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

 2013 ж. 11 қазан. Алматы қ.


толығырақ

 8 қыркүйек күні Саха Республикасы (Якутия) Мемлекеттік жиналыс «Ил Түмен» депутаттығына сайланған, қазақ диаспорасының өкілі Бейсембаева Гүлсімді шын жүректен құттықтаймыз!

толығырақ

Осы жылдың 10 қыркүйек күні Реседің Федерациясы, Алтай Республикасы, Қосағаш ауданының әкімдігіне сайланған қазақ диаспорасының өкілі Жатқанбаев Әуелханды шын жүректен құттықтаймыз!

толығырақ


Белгілі филолог-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Мемлекеттік тіл» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары, Алматы облыстық әзірбайжан мәдениет орталығының төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облысының және Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданның құрметті азаматы және ең бастысы қазақ тілінің жанашыры Асылы Осман апамыздың бүгін туған күні. Асылы Әлиқызын ДҚҚ-ның ұжымы барша қазақтың атынан құттықтайды! Құттықтай отырып зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз!


Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұжымы

толығырақ

Композитор - өз ойын халықтың жүрегіне жеткізе білетін адам. Бұл өнердің оңай түрі емес.Тек қана еңбекпен, маңдай термен келетін дүние болғандықтан, композитор болу терең ойлауды да қажет етеді. Қазір «мен композитормын» деп, кеудесін керген азаматтар толып жатыр. Композитор болу үшін тек қана талант емес, оның бойында арнайы білім де болуы керек. Ыңылдап ән шығаратындардың бәрін композитор демейді, сазгер дейді. Ал, Астана күні қарсаңында Конгресс Холл сарайында шығармашылық концертін өткізетін нағыз композитор Кеңес Дүйсекеев туралы әңгіме өз алдына бір төбе. КеңесДүйсекеев Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көптеген танымал әндердің авторы, белгілі кинофильмдер мен театр қойылымдарына саз жазған. «Жайлаудағы таң», «Көшпенділер», «О, Туған жер» сияқты туындылары қазақ эстрадасының алтын қорына енген. Романс, мюзикл, оперетталар, 200-ден астам туындылардың авторы. Астаналықтар мен қала қонақтары үшін композитордың шығармашылық кешінде қазақстандық эстрада жұлдыздары Р.Рымбаева, Н.Есқалиева, Ж.Жексенұлы, М.Жүнісова, М.Сәдуақасова мен мемлекеттік филармония және Астана қаласының эстрада-симфониялық оркестрінің әншілері қатысып, Кеңес Дүйсекеевтің әндерін шырқайды.Композитор әсем Алматыдан Елордамызға 2011 жылдан бастап түбегейлі қоныс аударған. Күн сайын қарыштап абаттанып келе жатқан әсем қала композитордың шығармашылығына шабыт бергенге ұқсайды. Астанаға қоныс аударғалы Елордамызға арнап бірнеше туынды жазған сазгердің бұл Астанадағы алғашқы шығармашылық кеші. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атынын шығармашылық иесінің шабытына зор самғаулар тілейміз. Кеңес өмірге алып келген сазды әуендер қатары үзілмей қазақ көгінде ұзақ жылдар бойына әуелей бергей!

 

толығырақ

Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі  болып тағайындалған Дүйсенова Тамара Босымбекқызын құттықтайды! Тамара Босымбекқызына жаңа қызметінде жемісті жұмыс атқаруына, абыройлы биіктерден көрінуіне тілектестік білдіреді. Министрлікке жаңа іскер басшының келуіне байланысты алдағы уақытта шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету мәселелері бұрынғыдан да жақсара түсетініне сенім мол!

толығырақ

     Сіздерді Томар орта мектебінің құрылғанына 60 жыл толу құрметіне орай өткізілетін мерейтойларыңызбен құттықтаймын!  Ресейдегі қазақ диаспорасының талай көрнекті өкілдері тәрбиеленген,  ұлтымыздың мәдени-қоғамдық өмірінде ерекше орны бар  азаматтар оқып шыққан Томар  орта мектебінің  шежірелі тарихы  Омбы өлкесінің тұрғындарымен бірге, біз үшін де үлкен мақтаныш  әрі абырой. Орта мектеп ретінде 1953 жылы ғана ашылғанымен, кең-байтақ қазақ даласындағы алғашқы білім ошақтарының бірі болғандығы, 1908 жылдың өзінде толық жұмыс істеп тұрғандығы туралы мұрағаттық құжаттардың бар екендігі бізге мәлім. Содан бері қасиетті Омбы жерінің қаншама ұрпағы бұл білім ошағынан сауат ашып, үлкен өмірге қанат қаққандығы, бауырлас Ресей мен Қазақстан елдерінің  экономикасы мен мәдениетіне, өнеріне, ғылымына үлес қосып келгендігі баршаға аян. Қарапайым ауыл адамдарынан бастап, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген томарлықтар ішінде, айтулы мектеп түлектері  арасында екі ел достастығына, бауырмалдастығына адалдық танытып келе жатқан, қазақ диаспорасының өкілі ретінде өздерін тек жақсы қырынан көрсетіп жүрген жандар аз емес. Томар орта мектебін әр жылдары бітірген Фазыл Кәрібжанов, Жәнібек Кәрібжанов, Қайрат Кәрібжанов, Балташ Тұрсымбаев, Серікбай Әлібаевтардың  Қазақстанның қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар тұлғаларға айналғандығын қанағат сезімімен атап өтуге болады. Алаш ардақтысы Қошке Кемеңгерұлының баласы Нарманбет Кемеңгеровтың Томар орта мектебінде қырық жылдан астам уақыт бойы ұстаздық қызмет етуі де Жанан ауылының, одан қалды тұтастай шежірелі Омбы жерінің тарихына алтын әріптермен жазылуға тиіс оқиға саналады.  Елі мен жерін ардақтайтын, ұлтын ұлықтайтын, қазақ диаспорасының абыройы өрлей түсуіне қызмет ететін азаматтар Томар орта мектебінің қабырғасынан әлі де көптеп шыға беретініне біз әрқашан сенеміз.  Мектептің оқытушы-педагогикалық ұжымының осынау ұлы да іргелі мақсаттарды жүзеге асыру жолында қажымай-талмай еңбек ете беруіне,биік табыстарға жетуіне тілектестік білдіремін.  Сіздердің бай да бақуатты, бақытты  ғұмыр кешулеріңізге, дендеріңіздің  сау, отбастарыңыздың  аман болуына тілектеспін!              

 

          Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

      Төрағасының бірінші орынбасары:                                                      Т.А.Мамашев

 

толығырақ

    Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары, Төралқа мүшесі, белгілі драматург, ұстаз Сұлтанәлі Балғабаев ағамызды қауымдастық, дүниежүзіндегі қазақ мәдени орталықтары атынан туған күнімен құттықтаймыз. С.Балғабаев қауымдастық құрылғаннан бері ұжымның басы-қасында жүріп, көші-қон мәселесі төңірегінде толымды ой айтып, шетелдегі қандастарымыздың шешілмей жатқан мәселелерін баспасөз беттерінде, телеарналарда көтеріп жүрген қайраткер.

   Сұлтанәлі Базарбайұлы 1946 жылы мамыр айының 21 күні Қызылорда облысының қазіргі Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген.

    Ол еңбек жолын 1964 жылы туған ауылында шопан болудан бастаған. 1971 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

    «Бастау», «Жұлдызың жансын!», «Алтын сағым», «Құм мен қызғалдақ», «Шөл», «Дала мен дария», "Красная гармоны", "Тойдан қайтқан қазақтар", "Сағыныш пен елес", "Менің әжем сиқыршы", "Өтірік айтпайтын адам" атты прозалық кітаптардың авторы.

  С.Балғабаев драматургия саласында да жемісті еңбек етіп жүр. Оның қаламынан туған «Ең әдемі келіншек», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр», «Қыз жиырмаға толғанда», «Қазақша күрес», «Біз де ғашық болғанбыз» және басқа да пьесалары М.Әуезов атындағы академиялық театрда, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында және еліміздің облыстық театрларында қойылған.

    Ол қазақ халқының ұлттық рухани мәселелері, ана тілдің тағдыры, әдебиет пен өнердің бүгіні мен болашағы туралы көптеген публицистикалық мақалалар жазған. Бұл шығармалары 1998 жылы «Қазақтың қызыл кітабы» деген атпен жеке жинақ болып шыққан. 1992 жылдан бері Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары қызметін үзбей атқарып келеді. Осы қызметіне орай С.Балғабаев Әлем қазақтарының Алматы, Түркістан және Астана қалаларында өткен үш Құрылтайын ұйымдастыруға атсалысты. Соңғы Құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа мүшесі болып сайланды.

   С.Балғабаев шетелдегі қазақтарға арналған еларалық «Алтын бесік» журналын шығаруда да жемісті еңбек етіп жүр. Жоғарыдағы еңбектері бағаланып "Құрмет"орденімен, Қазақстанның 10 жылдығы, Астананың 10 жылдығы медальдармен марапатталған. Ол халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты.

С.Балғабаев ағамызға шығармашылық табыстар, ұзақ ғұмыр, жанұясына бақ-береке тілейміз!

ДҚҚ-ның ұжымы

толығырақ

Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа мүшесі, Еуропадағы қазақ мәдени қоғамдары федерациясының төрағасы Абдулқаюм Кесижи ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы бойынша Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Құрмет грамотасы Парижде өтіп жатқан Еуропа қазақтарының кіші Құрылтайында тапсырылды.

Абдулқаюм 1952 жылы Түркияда туған. 1961-1973 ж. Стамбулдағы орта мектепте және колледжде оқып білім алды. 1973-1978ж. Стамбул университетінің журналистика факультетінде оқып, халықаралық қатынастар мамандығы бойынша магистр атағын алды.  1978-1980 жылдары аталмыш университетте ұстаздық етті. 1980-1995 ж. Германияның Мюнхен қаласындағы "Азат Еуропа/Азаттық"  радиосының қазақ бөлімінде редактор қызметін атқарды.  Шетелде жүріп Қазақстанның тәуелсіздігі үшін аянбай еңбек етті. Алаш азаматтарын ұлықтады, Қазақстанды шетелге танытуда көптеген жұмыстар атқарды. 1999 жылы Стамбул университетінде социология ғылымдарының докторы атағын қорғады.

Қазір Мюнхендегі Максимлян университетінде оқытушы. Отбасында әйелі мен 3 баласы бар.

2011 жылдың мамыр айында Норвегия елінің Осло қаласында өткен Еуропа қазақтарының Кіші Құрылтайында Еуропа қазақ мәдени орталықтарының үйлестіру кеңесінің төрағасы болып сайланды.

// ДҚҚ-ның ағымдағы мұрағаты,  мамыр 2013 жыл

толығырақ

Қазақстан Республикасының

Президенті

     08/05/2013                                                                                        АСТАНА, АҚОРДА

      Еуропа қазақтарының Кіші

      құрылтайына қатысушыларға


      Құрметті бауырлар!

      Ардақты ағайын!

       Бүгін Еуропа төрінде қоныс тепкен қандастарымыз бас қосып, қазақтың бүгіні мен болашағы туралы ой бөліседі. Бұл – Тәуелсіз Қазақ елінің тамырын тереңге жайған мерейлі мемлекет болғанының белгісі.

      Баршаңызды атажұрттарыңыз – Қазақстанның атынан шын жүректен құттықтаймын!

      Кіші құрылтайдың әлемдік мәдениет үлгілерін тоғыстырған Парижде өтуінің маңызы зор. Шетелдердегі қазақтардың өз атамекенін қастерлей білетіндігі осыдан көрінеді. Сіздер жырақта жүрсеңіздер де ана тілімізді ардақтап, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді дамытуға үлес қосып келесіздер.

      Қазақ елі өзінің шет елдердегі қандастарына ерекше ілтипатпен қарайды. Еуропа мемлекеттері мен Қазақстан арасына алтын көпір орнатуға мүдделіміз. Сіздер де бұл маңызды іске белсене атсалысуыңыз қажет.

      Мен былтыр «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауымды жарияладым. Жолдаудың алға қойған басты мақсаты – таяу жылдары Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосу. Бұл ауқымды міндетті жүзеге асыруға біздің әлеуетіміз толық жетеді. Осы игі істен Еуропа қазақтары да шет қалмауға тиіс.

       Қазір Қазақстанға келіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген шетелдік азаматтар жеткілікті. Олардың арасынан өз қандастарымызды кездестіру – біз үшін үлкен қуаныш. Тарихи Отанымыздың өсіп-өркендеуіне атсалыссақ деген тілектеріңізді әрқашан құптаймыз. Сіздердің ел экономикасына, оның мәдениеті мен ғылымының дамуына қосар үлестеріңіз айрықша маңызды.

       Елордамыз – Астанада 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өтеді. Бұл шара Қазақстанның бүкіл әлем алдындағы беделін бұрынғыдан да биіктете түсері анық. Қазір елімізде көрмеге жан-жақты әрі қызу дайындық жүргізілуде. Еуропа қазақтары да оның ойдағыдай өтуіне белсене қатысады деп сенеміз.

        Сіздерге атамекеннің құшағы қашанда айқара ашық!

        Барыс-келісіміз ұлғайып, байланысымыз нығая берсін!

        Париждегі Кіші құрылтайдың жұмысы жемісті болсын!

        Баршаңызға мол табыс, бақ-береке тілеймін!

           ҚР Президенті                                                   Нұрсұлтан Назарбаев    

толығырақ

Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығына,

Республикалық Ақсақалдар кеңесіне және

Сырдария облыстық әкімшілігіне  

Саналы ғұмырының алпыс жылын халыққа адал қызмет етуге жұмсап, ел таныған  тұлғаға айналған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Өзбекстан Республикасы Жоғары Кеңесінің үш мәрте депутаты, Өзбекстан Республикасы Жоғары Кеңесі Президиумының мүшесі болған, Социалистік Еңбек Ері Қынабек Үкібаевтың туылғанына 100 жыл толуын республика жұртшылығының кеңінен атап өтетіні туралы хабарды біз зор қуанышпен қарсы алдық. Бауырлас қазақ және өзбек халықтарының арасындағы достық пен ынтымақтастықты, туыстықты ғұмыр бойы қастерлеп өткен ардагер ағамыздың Мырзашөл өңірінде түрлі ұлт өкілдерінің бақытты да бақуат, алаңсыз өмір сүруі үшін ерен еңбек сіңіргендігі бүгінгі күні бәрімізге мақтаныш. Атына заты сай, шөлейтті өңірдің мырза пейілі барынша ашыла түсуіне, ел игілігі үшін бойындағы барын иіп беруіне, абаттануына Қынекеңнен артық тер төккен адам кемде-кем. Ол кісінің біртуар адами қасиеттері, сирек кездесетін ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігі, жұртшылықпен тіл табыса білетіндігі, біліктілігі мен диқаншылық ғажайып тәжірибесі нәтижесінде Мырзашөл өңірі шаруашылықтары орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Қ. Үкібаев жетекшілік еткен аудандар да, ұжымшарлар да тек облыс көлемінде ғана емес, республика аумағында да ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру жөнінен ең жоғары нәтижелерге ие болды. Ол тек даңқты диқан, білікті басшы ғана емес, ұлы ұстаз да бола білді. Қынабек Үкібаев өзінің ізбасарларына диқаншылық сырларын, жеке қожалық жүргізу жолдарын терең ұқтырды. Бұл кісінің шәкірттері қазір аудан, облыс, республика көлемінде жетекші лауазымды қызметтер атқарып жүр.

Қазақ ұлты азаматының осынау еңбегін жоғары бағалаған туысқан өзбек халқының кең пейіліне деген ыстық ықыласты алғысымыз біздің көңілімізді әрқашан жылытумен келеді. Қ. Үкібаевтың ел алдындағы еңбегі Өзбекстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік мақтау-марапаттауларымен сан мәрте атап өтілді. Екі ел арасындағы мәңгі достық пен ынтымақтастықтың қалыптасуына, нығаюына және дамуына қосқан үлесін  бүгінгі ұрпағы  ізгі көңілмен еске алып отырғандығы жүрекке сенім мен үміт, жақсылық ұялатады. Мырзашөл өңірінде, яғни, Сырдария облысының Ақалтын ауданында өмірі өнегеге толы, даңқты отандасымыздың туылғанына 100 жыл толуына орай 5-11 мамыр күндері өткізілетін еске алу іс-шараларын ұйымдастырып отырған Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығын, Республикалық ақсақалдар алқасын  және Сырдария облыстық әкімшілігін  осынау ортақ мерекемен ізгі көңілден құттықтай отырып, қазақ және өзбек халықтарының тату-тәтті бірлігі мен ынтымағы арта беруіне, екі ел халқы мен диаспоралары өкілдерінің ортақ қуаныш-тойлары көбейе түсуіне, бай да бақуатты, берекелі өмір сүрулеріне тілектестігімізді білдіреміз. 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Төрағасының бірінші орынбасары                                                       Т.МАМАШЕВ

толығырақ

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті