Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Конференциялар

Басты бет | Конференциялар | Шетелдердегі этникалық қазақтардың өз тарихи отанында орта және ортадан кейінгі білім, жоғары білім мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу жөніндегі сұраныстары

Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар!

Қазақ диаспорасы өкілдерін, оралман жастарды жоғары оқу орындарында, оқуға бейімдеу орталықтарында дайындау мәселелеріне арналған республикалық кеңес өткізу туралы біздің Қауымдастық пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің біріккен бастамасы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайында жасаған баяндамасындағы міндеттерге сәйкес туындады.

Біздің кездесуіміз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткізіліп отыруы кездейсоқтық емес, бұл оқу орны отандық білім беру саласында алғашқы ұлттық тіркеуге ие болды, осыдан оншақты жыл бұрын шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерін оқуға қабылдап, Қытай, Швеция, Моңғолия, Тәжікстаннан келген тыңдаушыларға «КазҰУ қалашығынан» тұрмысқа, оқуға қолайлы жағдай жасай бастаған болатын.

Оқу барысында Қазақстан азаматтығын әлі алып үлгермеген қазақ диаспорасы өкілдерімен және оралмандармен жұмыс істеу жөнінен біздің жоғары оқу орындарымыз едәуір тәжірибе жинақтап үлгергені даусыз. Мәселен, Алматыдағы Ұлттық аграрлық университет шетелдік жас отандастарымыздың өз елімізде әлеуметтік жағынан бейімделуіне байланысты жан-жақты жұмыстар жүргізуде. 2008 жылы  Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті  Моңғолия қазақтарының 90 пайызы өмір сүретін Баян-Өлгий аймағында өз филиалын ашу жөнінде отандық білім беру саласында алғаш рет үкіметаралық деңгейдегі шешім қабылдады. 2009 жылдан бері Қазақстан үкіметінің шешімімен Моңғолиядағы қазақ жастарына жыл сайын 25 мемлекеттік грант бөлініп келеді.

Өкінішке орай, 1999 жылы профессор Қансейіт Әбдезұлының жетекшілігімен құрылған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің дайындық бөлімі өзінің бұрынғы кең көлемді жұмысын тоқтатты. Бір кездері мұнда Қытай мен Моңғолиядан келген 200-ге жуық (қыз бен жігіт бірге оқып) жастар емтихан қорытындысы бойынша түгелдей (100 пайыз) әрқилы жоғары оқу орындарына түсетін. Бұл мысалдардан қазақ диаспорасына білім беру ісінің саяси маңыздылығын жақсы түсінетін жергілікті басшыларға, ректорлар құрамына көп нәрсе байланысты екендігін көруге болады.

Жалпы, дайындық бөлімдеріне қатысты тарихтың бәрі де Қазақстан Тәуелсіздігі нәтижесінде шетел қазақтарына деген жаңаша көзқарас қалыптаса бастауының жарқын көрінісі саналады. Өз алдына дербес дайындық бөлімдері ашылғанға дейін Қытай мен Моңғолия жастарынан құжат қабылдау жұмысын біздің Қауымдастық жүзеге асырып келген болатын, кейіннен бұл шараға алғашқылардың бірі – Түркістандағы Қазақ-Түрік университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ат салыса бастады. Бұдан басқа да ондаған оқу орындары дайындық бөлімдерін ашты.

Дайындық бөлімдерін бітірушілердің көпшілігі жоғары кәсіптік білім алу үшін екі пайыздық квотаға енгізілді. 2001-2002 оқу жылында шетелдерден келген 306 этникалық қазақ грантқа ие болды, келесі екі жыл ішінде олардың саны екі есеге өсіп, 680 және 775-ке жетті. Алайда, 2005 және 2006 жылдары бұл көрсеткіш төмендеп, квота бойынша 470 және 567, ал үстіміздегі жылы 1101  шетелдік қазақ жастары оқуға түсті. 

Жекелеген жоғары оқу орындарының өзара үйлесімсіз әрекеттері шетелдік қазақ жастарын Қазақстанға оқуға тартудың пәрменді тұтқасын жасауға, талантты жастарды арнайы мектеп-интернаттарда, колледждерде, университеттерде  іріктеп оқытуға жол аша алмады. Қазақ диаспораларына арналған дайындық бөлімдері бар жоғары оқу орындарының сайттары материалдарына қарай отырып, тыңдаушылар арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстары дұрыс жүргізілмегенін байқауға болады.

«Білім туралы» ҚР Заңы 62 бабының 5 тармағына сәйкес дайындық бөлімдеріндегі шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарды тек жоғары оқу орындарында ғана оқыту қарастырылған. Біздің диаспора өкілдері тұратын кейбір елдердегі (Өзбекстан, Түркіменстан) жағдайларға байланысты шетелдік қазақ жастарының 9-ыншы сыныптан соң оқуын жалғастыруға мүмкіндік жасайтындай колледждер мен соған сай дайындық бөлімдері жоқ.

Мәселен, Қытайда қытай тіліндегі мектептердің соңғы сыныптарында оқитын ұлты қазақ балаларды іріктеу арқылы ішкі өңірлердегі жоғары оқу орындарына жолдау тәжірибесі бірнеше жылдардан бері жалғасып келеді. Бұл әлгі жастардың қазақы отбасының ықпалынан, ұлттық мәдениет пен ана  тілінен алыстай түсуіне әсер етуде. Шетелдегі барлық қазақтарды Қазақстанда өз құжаттарын нострификациялау жөніндегі ұзын-сонар  шаруа күтіп тұрады.

Осынау маңызды мәселелердің бәрі диаспораларды зерттеу және шетелдегі қазақ мәдени орталықтары жетекшілерімен жеке кездесулер нәтижесінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында жинақталады. Біздің бүгінгі кеңесімізге ҚХР, Моңғолия, Қарақалпақстан, Ресей, Тәжікстаннан келген әріптестеріміз қатысып отыр. Олар да бүгін өз ойларын айтып, ұсыныстарын береді деген ойдамыз.

Бірер жыл бұрын Иранға сапарымыз кезінде мынадай жайтқа көз жеткіздік: бұл елдегі қазақ жастары 1-сыныптан бастап парсы тілінде оқиды және олардың ішінен ең таңдаулылары ғана жоғарғы оқу орындарына  түсіп, бітіріп шығады екен. Жастардың білімге деген құштарлығы өте жоғары тәрізді көрінді бізге. Олар өздерінің тарихи Отаны – Қазақстанда білім алу мүмкіндігіне байланысты қызығушылық танытты. Егер Ирандағы қазақ жастарынан арнайы топ құрып, оларды ҚазҰУ-дың шығыстану немесе парсы тілі мамандығы факультеттерінде оқытсақ, жастардың бетін тарихи отанына нақты түрде бұрғандығымыз болып саналар еді. Әдетте, студентердің басым көпшілігі оқуда жүрген кезінде Қазақстан азаматтығын алып үлгереді емес пе?! Бірте-бірте атажұртына тамыр жіберіп, елге бейімделмей ме?

Ал, Еуропаның 10 елі мен Түркияда тұрып жатқан қазақ жастарының жайына келсек, олар өздері тұратын елдердің мемлекеттік тілін (неміс, ағылшын, француз, түрік) еркін меңгеруімен ерекшеленетінін байқаймыз. Олардың ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді, ана тілін нашар білетіндігі жасырын емес. Сондықтан, бізді қазақ тілін білмейтін тыңдаушылардан құралған дайындық бөлімдерінің іс-тәжірбиелері қызықтырады.  Осында жиналысқа қатысып отырғандардың қайсысы әлгіндей іс-тәжірбиелерін көпшілікпен бөлісе алады?  Еуропадағы қазақ жастарын қай оқу орны базасы негізінде оқытқан жөн? ҚазҰУ-да Швеция мен Түркия елдерінен келген қазақ қыздары оқығанын білеміз.

Соңғы бес жыл бойы қазақ диаспорасы өкілдері мен оралмандарды дайындық бөлімдеріне қабылдау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс орындалмай келе жатқандығы белгілі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан қазақ диаспоралары шоғырланып тұратын шет өңірлерде (Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан) қабылдау емтиханын (кешенді  тестілеу) өткізу іс-тәжірбиесі жылдан-жылға азая  түсуде. Министрліктің мәліметі бойынша,  үстіміздегі жылы мұндай жұмыс тек Моңғолиядағы қазақ жастары арасында ғана жүргізілген.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің шетелдерде орналасқан мекемелері  тарапынан жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жеткіліксіз дәрежеде.  Білім және ғылым  министрлігі мен оқу орындарының сайттарында ары кеткенде тек шетел азаматтары үшін ашылған дайындық факультеттері  бар екендігі жөнінде жалпылама мәліметтер ғана беріледі.

Біздің пікірімізше, қазақ тілі мен математикадан кешенді тестілеуді ұйымдастыру барысында шетелдегі этникалық қазақтардың нақтылы тұрмыс жағдайы жеткілікті түрде ескеріле бермейді. Қазақ мектептері бар елдер саны саусақпен санарлықтай. Бұл - Өзбекстан, Моңғолия, ҚХР. Ал, Ресейге келсек, әлем құрлығындағы ең ұзын – 7500 шақырымға созылатын қазақ-орыс шекаралас өңірлерінде 1 млн.-нан астам қазақ диаспорасы өкілдері  тұратынына қарамастан, қазақ мектептері Ресейдің тек Алтай өлкесі мен Алтай Республикасында ғана сақталған.

Құлынды ауданында небары 60 оқушы ғана оқыса, Қосағаш ауданында 2000-нан астам оқушы қазақ тілі мен әдебиеті пән ретінде 8 орта, 2 негізгі, 2 бастауыш мектептерінде  жүргізіледі. Осыған қарамастан Ресейдің білім министрлігі ҚР Білім және ғылым министрлігі жолдаған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды пайдалануға тыйым салып отыр. Бұл жөнінде біз өзіміздің министрлікті құлағдар еттік. Шетелдегі қазақ жастары арасында ана тілін оқып үйренуге деген зәрулік мол.

Соңғы кезде шетелдегі қазақ диаспорасының ұлттық-рухани, мәдени жағдайына байланысты көптеген күрделі мәселелер туындай бастады. Мұның ең батысы – шетелдегі қазақтардың болашақта өздері тұратын елдердің этникалық ортасына сіңіп, өз ана тілінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен, менталитетінен айрылып ассимиляцияға ұшырап кетуі қауіпі бар. Бұл қауіп әсіресе Кеңес Одағы тарағаннан кейін айрықша белең ала бастады. 90-жылдардың басына дейін ТМД елдерінде тұратын қазақтардың мектептерінде білім беру тұтас бір бағдарламамен жүріліп келген болса, қазір бұл жөнінен әр ел өзінше бағыт ұстануда. Бүгінде қазақтар үш түрлі – кириллица, латын, араб әліпбиін пайдаланады. Ана тілінде таза, жақсы сөйлейтін Қытай қазағы Қазақстандағы кириллицаны  оқи алмайды. Моңғолия қазақтары бұрын Қазақстанның оқу бағдарламасымен оқып келсе, соңғы оншақты жылдан бері тек моңғол тіліндегі оқулықтарды қазақ тіліне аударма жасап, оқитын болды. Ал, моңғол мектептерінде оқитын қазақтар үшін қазақ тілінің кейбір харібін тани алмауының себебі моңғол алфабитінде біздің 6 әрібіміз (ә, е, і, ғ, ұ, қ,) кем. Соның салдарынан жазу барысында қателіктер жібереді.

Аты қазақ мектебі болғанымен әр елдегі оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Сондықтан да бір елдегі қазақ екінші елдегі қазақтардың ауызша айтқан сөзін ұққанмен жазған жазуын түсінбейтін жағдайда. Тіпті, қазақ тілінің грамматикасы да, қазақ әдебиетінің тарихи да түрлі-түрлі оқытылуда. Соған орай, бүгінгі таңда шетелдегі қазақ мектептерін бітіріп келген жастар Қазақстанның оқу орындарына түсе алмайтын болып отыр. Тіпті, олардың өздері тұратын елдердегі оқу орындарына түсуі де қиын. Соған байланысты кейінгі кезде шетелдегі қазақ жастарының қазақша мектептерге баруға деген ынта-ықыласы күрт төмендеді десек артық айтқандық болмас. Қазақ мектептері де жыл сайын азаюда. Бұрын Қазақстаннан шыққан қазақша оқулық, көркем әдебиет, газет-журналдар шетелдегі қазақтарға, әсіресе ТМД елдері мен Моңғолияға кедергісіз барып тұратын. Соңғы уақытта мұның бәрі тоқтады. Сырт жерлердегі қазақтар Қазақстанның радио-теледидар хабарын көруге мұқтаж. Қазақстанның концерттік топтарының шетелдегі қазақтарға баруы да азайды.

Кешенді тестілеу қорытындылары соңғы жылдары талапкерлердің мектепте алған білім деңгейі айтарлықтай төмендеп кеткендігін көрсетуде. Қауымдастыққа соңғы кезде мынадай мәлімет келіп түсті: Моңғолиядағы қазақ  мектептеріндегі оқу сапасын жақсарту керек деген желеумен бөлек, жеке Үкіметтік қаулы қабылданған.   Мұндай мектептерді бітірушілер Моңғол елінің орта-арнаулы және жоғарғы білім жөніндегі дипломын көп жағдайда ала алмайды.

Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстандағы дайындық бөлімдеріне түсу үшін қажетті орташа балл 20-дан ең соңғы шегіне дейін төмендеді. Егер 2006 жылы бұл көрсеткіш 10 баллды құраса, төрт жылдан соң 8 баллға дейін төмендеді, ал, үстіміздегі жылы нөлдік кедергіден өткендердің бәрі оқуға қабылданды. Әлбетте, келешек тыңдаушылардың арасында бәсекелестіктің болмауы бізді қуанта қоймайды. Оның алуан түрлі себептері бар. Десек те, шетелдегі қазақ жастарын атажұртқа тартудың жалғыз тиімді жолы – оқуға қабылдау. Әсіпесе, Қытайдан шығудың бір жолы осы. Бұл мемлекеттік саясат. Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері мұны дұрыс түсінуі керек! 

Қазақстан жоғары оқу орындарына түсу үшін келетін қазақ диаспорасы өкілдерінің саны әр жыл сайын төмендегідей мөлшерде қысқарып отырды. 2008 жылы – 2040, 2009 жылы – 1678, 2010 жылы – 1430, 2011 жылы – 1287, 2013 жылы – 1101 адам болды деген сөз жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдері қызметінің тиімділігі деңгейі төмен екендігін көрсетеді. 

Мемлекеттік білім грантына ие бола алмаған немесе қаржылық  жағдайының қиындығына байланысты жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсе алмаған дайындық факультетінің тыңдаушылары   колледждерде, кәсіптік лицейлерде неге оқи алмайды. Ол үшін  оларды дайындап, бейімдеу керек. Бұл істе Министрлік қатаң талап қоюы керек жоғары оқу орындарының басшыларына!

Біздің көзқарасымыз бойынша, дайындық бөлімдерінің міндеті – шетелдік қазақ жастарын ана тілінде кириллицамен оқып жаза білуге үйрету, Қазақстан тарихының негіздерін түсіндіру, қазақ тілін терең білуге баулу, олардың жалпы білім төңірегіндегі дайындық деңгейін көтеру, тек жоғары оқу орындарында ғана емес, колледждерде, кәсіптік лицейлерде оқуын жалғастыруы, әлеуметтік жағынан бейімделуі  үшін жағдай жасау, техникалық, медициналық, ауылшарушылығы, педагогтық, және т.б. мамандықтар жөнінде мектептен кейінгі білім беру. Сондықтан, жоғары оқу орындары өз дайындық бөлімдері тыңдаушылары арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу қажет.

Қазақ диаспораларын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешенді құралдармен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық жоспарлау Департаментінің ақпараты бойынша, 2011-2012 жылы әлемнің 13 еліндегі қазақ диаспораларына 41325 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешенін жөнелту белгіленіп отыр. Бұл жөніндегі сұраныстар мөлшері қалай жинақталды, кітаптарды жеткізу-жөнелту жұмыстары қалай қадағаланбақ? Бұл басылымдарды дайындау барысында қазақ жазбасында үш түрлі әліпбидің болуы қаншалық ескерілген?  Біз бұл сауалдарға жауап ала алмадық.

Қауымдастық әлемнің 40 еліндегі қазақ диаспораларымен 1992 жылдан бері тығыз байланыс жасасып келе жатқандықтан, диаспора ерекшеліктері мен мұқтаждықтарын жақсы білетіндіктен, біздің ұйымның іс-тәжірибесін пайдаланған тиімді болар еді. Өкінішке орай соңғы жылдары министрлік бұл басылымдарға байланысты тапсырыстарды қазақ диаспораларына, олардың проблемаларына еш қатысы жоқ мекемелерге беруді әдетке айналдырды.

Дайындық бөлімдерінің жұмысын жаңаша түрде  ұйымдастыру қажеттігі туындауда. Бұл үшін 2010 жылдың 2 қазаны күні ҚР Білім және ғылым министрінің №442 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында дайындық бөлімдері қызметін ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік кепілдемелерге» өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет.

Біз ҚР Білім және ғылым министрлігіне қазақ диаспоралары жастары үшін қазақ тілінен өткізілетін жазбаша емтиханды ауызша әңгімелесуге ауыстыруды, дайындық бөлімдерінің жұмыс жоспары мен оқу бағдарламаларын өзгертуді, қайта бекітуді ұсындық.

Жоғарыда айтылғандай, тыңдаушылар дайындау мәселелерімен әртүрлі аймақтардағы 14 жоғары оқу орны айналысатыны белгілі. Барлығы дерлік сын көтереді деу қисынға келмейді. Біздің ойымызша, республика көлемінде  түрлі елдерден келетін тыңдаушыларды топтастырып бір ғана жоғары оқу орны базасы негізінде дайындаған жөн. Кадрлар, оқу және оқу-әдістемелік құралдар, материалдық-техникалық база көп шашырамайды. Ол – әл-Фараби атындағы КазҰУ бола ма, әлде Ясауи ат. Қазақ-Түрік университеті бола ма, бұл мәселені ақылдасып шешсе деп есептейміз. Мыс: ҚазҰУ қалашығында барлық мүмкіндік бар, тәжірибесі де молОның үстіне жастардың әлеуметтік жағынан бейімделуі  үлкен ортада жүргізілгені дұрыс сияқты.

Тиісті материалдық-техникалық базасы, тұрмысқа қолайлы жатақханалары жоқ, кадрлары тапшы жекеменшік оқу орындарында қазақ диаспорасы жастарын дайындық бөліміне қабылдау тәжірибесін тоқтататын кез келді. Білім және ғылым министрлігі тарапынан қазақ диаспорасы өкілдерін студенттер қатарынан  шығаруға жол бермеу жайын қатаң бақылауға алғаны дұрыс. Олардың оқуға бейімделуі үшін арнайы көмек жасау, бұл іске  шетелден оқу бітіріп келген мамандарды тарту керек.

Әр жыл сайын мектеп бітірушілерден 10 000 бала Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсе алмай, жұмыссыз қалады екен. Осы санға қазақ диаспорасының дайындық бөлімдерін бітіріп, оқуға түсе алмағандарды қосыңыз. Міне, осындай балаларды белгілі бір кәсіпке баулитын кәсіптік техникалық училищеге, колледжерге қабылдап, кәсіптік білім беру қажет.

Қазақстанмен шекаралас аймақ жастарын оқытатын филиалдар ашу жөніндегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тәжірибесі көңіл аударарлықтай. Университеттің Моңғолия жастарымен жұмыс істеу жөніндегі жақсы тәжірибесін ескере отырып, осы оқу орнының Баян-Өлгийдегі филиалына бөлінетін мемлекеттік гранттарды көбейткен жөн деп санаймыз. Осы филиалдың өзінде-ақ мамандық беретін топтар ашуға болады деп ойлаймын.

Шекаралас аймақтардағы колледждер жанынан қазақ диаспорасы өкілдері мен оралмандарға арналған арнайы бөлімдер ашудың маңызы зор. Бұл ретте қалалық, облыстық әкімшіліктердің  мүмкіндіктерін пайдаланған артық емес.

Биыл дайындық бөліміне оқуға түскен  13 баланың оқу визасы болмауына байланысты ҚХР-ға кеткен, ол жақтан әлі виза ала алмауда. Кейбірі осы жақта жүргенде тіркеу уақытын өткізіп алып, әкімшілік айыппұл төлеген екен. Ол адам да ҚХР-ға барып Қазақстанға қайта кіретін виза аштырайын десе, «әкімшілік айыппұл төлеген екенсіз, Сізге бір жылға дейін виза берілмейді» депті.

Тұрақты тіркеуі бар немесе «ықтиярхат» алған балалар жатақханаға тұра алмайтын жағдайда. Міне, бұл мәселені Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің Көші-қон комитеті бірлесіп, мәселені жоғары жаққа түсінікті етіп, қандай қиыншылықтар жыл сайын кездесіп отырғандықтарын дәлелмен келтіріп, шешулері керек.

Біздің ойымызша, қазақ диаспорасы  жастары мен оралмандар қатарынан колледждерде дайындалатын мамандарға байланысты мемлекеттік тапсырысты бөліп көрсеткен жөн. Министрлік өз бұйрығымен, немесе Үкімет қаулысымен бұл мәселені шешу керек.

Білім және ғылым министрлігінің қазақтар шоғырланып тұратын аймақтарда құжаттар және емтихан қабылдау жөніндегі көшпелі комиссиялар ұйымдастыру тәжірибесі өзін-өзі ақтады. Бұл іске Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атсалысуы оң нәтиже берер еді. Көшпелі комиссияны Өзбекстан, Түркіменстан, Моңғолия, Иран елдерінде де ұйымдастыру қажет, мұның өзі қазақ жастарының елге келуін, жоғары оқу орындары мен колледждерге, дайындық бөлімдеріне түсуін айтарлықтай жеңілдетері даусыз.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайында сөйлеген сөзінде айтылған білім беру саласына қатысты тікелей маңызды жайтты еске ала кеткім келеді. Ол ең алдымен жастарға қатысты. Президент жастарды оқуға шақыруды олардың тарихи Отанға бет бұруына жол ашатын маңызды шара деп біледі. Елбасы: «Біз әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз қажет»,  деді. Осыған байланысты жастармен жүйелі түрде жұмыс істеу – бүгінгі күн талабы екенін естен шығармауымыз керек.

Дайындық бөлімдері проблемаларына арналған дөңгелек үстел өткізу әбден толғағы жеткен мәселе. Қазіргі кезең түбегейлі өзгерістер жасауды қажет етеді. Өз тарапымнан аталмыш дөңгелек үстел материалдарының жинағын кітапша етіп шығарып, таратуға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы әзір екендігін айтқым келеді.

Біздің қауымдастық осы дөңгелек үстелді ұйымдастырушылардың бірі ретінде оның қорытындылары Республика Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың шетелдік қандастарымыздың елімізде сапалы білім алуына қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған стратегиялық бағыттарын жүзеге асыруға ықпал ететіндігіне сенеді. Диаспора өкілдерінің қазақы менталитетті, тілді сақтауға келгенде Қазақстан Республикасынан өзге орталығы, өзге сүйенері жоқ. Қазақстандық министрліктер мен ведомстволардан нақты көмек күтіп отырған диаспора өкілдерінің тағдырына деген алаңдаушылық сезімі біздің әрқайсымыздың да бойымызда өшпейді, қайта жанданып,үлес қосуына қолдан келген көмектерін береді деп сенім білдіреміз.

Жалпы, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен орта мектептеріне оқуға келген, оқып жүрген қазақ диаспорасы өкілдерінің, оралмандардың мәселелерімен ҚР Білім және ғылым, Сыртқы істер, Мәдениет, Ақпарат және байланыс,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министрліктері, Көші-қон полициясы комитеті мен басқа да ведомстволар ұдайы айналасуға, өздеріне қатысты проблемаларды уақытылы шешіп отыруға тиіс деп есептеймін.

Бүгінгі дөңгелек үстелде баяндамашылар түрлі ұсыныстар айтып, шешілмей жатқан проблемаларды көтереді деп ойлаймын.

Осы жиынға қатысып отырған министрлік өкілдері бүгінгі көтерілген мәселелерге нақты жауап беретін шығар, айтылатын ұсыныстар министрліктерге, Үкіметке, Президент әкімшілігіне жіберілетін болады.

Мамашев Талғат Асылұлы

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

Төрағасының бірінші орынбасары,

«Туған тіл» еларалық қоғамдық-саяси,

әдеби-ғылыми альманағының бас редакторы (Алматы қ.)


Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті