Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Конференциялар

Басты бет | Конференциялар | М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің дайындық бөліміндегі қазақ диаспорасы өкілдерін оқуға, қоғамдық өмірге бейімдеу: тәжірибе, проблемалар және перспективалар

1. Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық бөлімі туралы

Тарихтың түкпірінен сөз қозғар болсақ, халқымыздың ұзақ жылғы тарихында ұтқанынан ұтылғаны, тапқанынан жоғалтқаны көп. Еліміздің егемендік алып, ата-жұртын аңсаған, елін емірене сүйген, шеттегі қандастырымыз тәуелсіздік таңымен тарихи отанына ат басын тіреді. Сонау қиын қыстау зұлмат замандарда ұрпағын аман сақтап қалу үшін бас сауғалап қыр асқан атаның ұрпақтары шет жерде жүрсе де, ұрпағына тегінің текті екенін, ұлтының батыр екенін дәріптеумен келеді. Ата-жұрттан шет кетсе де,  ұрпағын ұлттың уызына жарытқаны, тағылымның тал-бесігін санасына сіңіруі, атадан қалған дәстүрді көздің қарашығындай сақтап, ұрпағына дұрыс бағыт-бағдар беруі, ұлттығымыздың ұлылығы, даралығы деп білуіміз керек.

 Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 31 желтоқсандағы  № 3308  «Шет елде тұратын Отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Қазақ диаспорасы мен репатрианттар өкілдері» ішіндегі дайындық бөлімі тыңдаушыларының оқу және тәрбиелік жүйесінің ұйымдастырылуы туралы 2002 жылғы 27 желтоқсандағы №899   бұйрығының  негізінде 2003 жылдың  3 қаңтарында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жоғары оқу орнына дейінгі дайындық бөлімі ашылды. Дайындық бөлімінде ұлты қазақ, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын алыс-жақын шет елдерде тұратын қазақ диаспорасы өкілдері мен репатрианттары оқытылады.

Дайындық бөлімінде барлық оқытылатын пәндер бойынша дәрісханалар талапқа сай жабдықталған және де компьютерлік класпен қамтамасыз етілген. Бөлімде штаттық кесте бойынша дайындық бөлімінің басшысы, сектор жетекшісі, аға тәрбиеші, тәрбиеші, әдіскер, оператор жұмыс істейді. Тыңдаушыларға университеттің доценттері, магистр оқытушылары сабақ береді.

Тыңдаушылар университетіміздің №3 жатақханасына  орналастырылады. Олар күнделікті тұрмыс жағдайларына қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Жатақхана бөлмелері санитарлық нормаға толық сәйкес келеді. Сонымен қатар демалыс бөлмесі, спорт зал, тұрмыстық бөлме, жуынатын жер, буфет жұмыс істейді.

Жатақханада 50 орынға арналған оқу залы бар. Оқу залы мектеп оқулықтарымен, көркем әдебиеттермен және қызықты газет-журналдармен қамтамасыз етілген. Тыңдаушылар бос уақытын оқу залында өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, тыңдаушылардың қоғамдық ортаға бейімделуіне, білім-білік дағдыларын қалыптастыруына  барлық жағдай жасалған.

2. Талапкерлерді оқуға қабылдау жұмыстары

Дайындық бөліміне талапкерлерді қабылдау жұмыстары жыл бойы жүргізіледі. Қазақ диаспорасы өкілдерін оқуға тарту барысында шетелден көшіп келген  қазақ отбасылары  жиі қоныстанған елді-мекендерде кәсіби бағдар беру жұмыстары атқарылуда. Осы мақсатта оралмандар  қауымдастығы ұйымдарының  басшыларымен байланыс орнатылған. Облыстық көші-қон полициясымен бірлесе отырып Тараз мемлекеттік университеті базасында Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ азаматтарды жоғары оқу орнына даярлайтын дайындық бөлімінің  жұмыс істейтіні туралы ақпарат таратылды. Дайындық бөлімінің жұмысы туралы  есебі және талапкерлерді оқуға тарту туралы мәселелері ректораттың отырысында қаралып, ректорат шешімі бойынша  Қырғызстан Республикасындағы қазақ диаспорасы орталығымен, Өзбекстан Республикасындағы қазақ-мәдени орталығымен байланыс орнатылған. Аталған ұйым өкілдерінің көмегімен бірлесе отырып,  ұлты қазақ азаматтарды оқуға тарту жұмыстары жүргізіліп келеді және де алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беретінене сенімімз мол.

Университетімізде дайындық бөлімі ашылған уақыттан бастап Қытай Халық Республикасы, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстаннан ұлты қазақ шетел азаматтары келіп дәріс алуда.

3. Қазақ диаспорасы өкілдерін оқуға бейімдеу үрдісі

 Оқу жылының басында оқу бағдарламалары мен оқу жұмыс жоспарлары, тәрбие жұмыс жоспарлары оқу-әдістемелік бөлімде қаралып, бекітіледі. Тыңдаушылармен жүргізілетін жұмыс осы жоспар негізінде ұйымдастырылады.

Шетелден келген қазақ диаспорасына ұлттық тіліміз бен тарихымызды тереңдете ұғындыру мақсатында қазақ тілі мен Қазақстан тарихы пәндерін оқыту үрдісі басты назарға алынған. Аталған пәндермен бірге математика пәні де негізгі пән ретінде оқытылады.

  Қазақ тілі пәнінен ұсынылатын бағдарлама тыңдаушылардың тіл тазалығын сақтай отырып, өз ана тілінде сөйлеу тілін дамыту, ана тілінің қолданылу аясын кеңейту, сонымен қатар қазақ әліпбиінен бастап қазақ тілінің тілдік жүйесін толық меңгертіп, қазақ тілін ресми қарым-қатынас тілі ретінде үйренуіне ықпал етеді. Соның нәтижесінде, тыңдаушылар қазақ тілі пәні арқылы өз ойларын сауатты жазып, дұрыс  айтуға, қазақ тілінің тілдік жүйесін лексикалық, грамматикалық, орфографиялық нормаларын жетік меңгеруге үйренеді.

Қазақстан тарихы пәні бойынша тыңдаушыларды  халқымыздың салт-дәстүріне, мәдениетіне, ұлтжандылыққа, өз ұлты алдындағы жауапкершілігін сезінетін  азаматтық ұстанымын қалыптастыруға баули отырып, еліміздің көне тарихынан бастап қазіргі кезең аралығына дейін жан-жақты, терең мағлұмат береді.

           «Математика» курсында тыңдаушылардың қабілетіне қарай, білім деңгейлерін ескере отырып,  әр түрлі амал-тәсілдерді қолдану арқылы қарапайым арифметикалық амалдардан бастап күрделі математикалық есептерді шешуді меңгертеді. Геометриялық есептер мен мәтіндік есептерді шешуде айтарлықтай қиындықтар туындайды. Өйткені бұл есептердің мағынасын түсіну өзге тілде оқып келген тыңдаушыларға ауыр тиеді. Сондықтан да қазақ тілін оқыту басты назарға алынған.

Осы негізгі  пәндермен бірге Дайындық бөліміне қабылданған тыңдаушыларға қалаған мамандықтары туралы әңгіме-сұхбат жүргізе отырып өз таңдаулары бойынша гуманитарлық, техника-технологиялық, жаратылыстану бағыттарында жеке топтарға бөлінеді. Гуманитарлық бағытын таңдаған тыңдаушыларға қазақ әдебиеті, ағылшын тілі, дүние жүзі тарихы, география пәндері; техника-технологиялық бағытында физика; жаратылыстану бағытында химия, биология сынды таңдау пәндері бойынша дәрістер оқытылады.

Дизайн, архитектура,  журналистика, дене шынықтыру мамандықтары бойынша таңдау жасаған тыңдаушыларға, аталған  мамандықтардан университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы қосымша сабақтар өткізеді. 

Оқу сапасын арттыру мақсатында тыңдаушылардың білім деңгейін сараптап, анықталған нәтижесіне қарай қосымша сабақтар өтіледі және бақылау тесті алынып отырады.

Оқытушылар құрамы жоғары оқу орнына дейінгі дайындық бөлімінің тыңдаушыларына   жаратылыстану, техника-технологиялық және гуманитарлық  бағытындағы пәндерден әдістемелік нұсқау, көмекші оқу құралдарын дайындайды.

Тыңдаушыларды жоғары оқу орнындарында білім алуға бейімдеу мақсатында университетіміздің факультеттерімен  кездесулер өткізу жоспарға енгізілген. Кездесу барысында аталған бағытты таңдаған тыңдаушыларға мамандықтар туралы кеңінен мәлімет беріледі. Әр оқу жылында қабылдау комиссиясымен бірлесе отырып тыңдаушылар мамандық таңдауда қателеспеуі үшін, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу жүйелі түрде қолға алынған.

Университетіміздің жанында А.С.Ахметов атындағы Наноинженерлік ғылыми-зерттеу лабораториясы бар. Лаборатория  құрылыс, технологиялық, өндірістік, тамақ өнеркәсібі бағыттарында жұмыс істейді. Топ жетекшілері өз бағытындағы тыңдаушыларды лабораторияға апарып, ондағы құрал-жабдықтардың құрылысымен, лабораториялық жұмыстармен таныстырады. Бұл – тыңдаушыларымызға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беруіне мейлінше ықпал етеді.

   Тыңдаушылар жатақханадағы кітапханадан, университетіміздегі ғылыми-зерттеу кітапханасынан, кешкі оқу залынан оқулықтар  алып дайындалады.  Сонымен қатар, тыңдаушыларға көмекші оқу құралдары мен мектеп оқулықтары, түрлі тест тапсырмалар жинағы, дидактикалық материалдар  және электронды оқулықтар пайдалануына жағдай жасалынған.

Оқу үрдісінде  атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде. Атап айтқанда, 2008-2009 оқу жылында тыңдаушылардың мемлекеттік білім грантын жеңіп алуы 32,9 пайыз болса,  2012-2013 оқу жылында 74 пайызға дейін өсті.

4. Қоғамдық өмрге бейімдеу бағытындағы тәрбие жұмысы

 Оқу жылының басында дайындық бөлімінде оқитын барлық тыңдаушылар университет Жарғысымен, ішкі ережелерімен, сондай-ақ, жатақхананың ішкі ережелерімен таныстырылады және медициналық тексеруден қайтадан өткізіледі. Жатақханада оқытушылардың кезекшілік кестесі ұйымдастырылып, тыңдаушылардың жатақханадағы тазалығы, тәртібі, оқу залына барып өз беттерінше ізденуі қадағаланып отырады.

Тыңдаушыларға  Жамбыл облыстық құқық қорғау органдарының, көші-қон полициясының  қызметкерлерімен, медицина қызметкерлерімен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесулер өткізіліп тұрады. Кездесу барысында ҚР-ның Конституциясы мен заңдары,  азаматтардың құқығы мен міндеттері,   ықтияр хат пен Қазақстан азаматтығын алу туралы, нострификация (құжатты растату), тіркеуге тұрғызу,  оқу визасын аштыру,  жеке бас гигиенасын сақтау,  алғашқы медициналық жәрдем көрсету, аурудың алдын алу туралы, т.б. мәселелер төңірегінде мәліметтер беріледі.

Тыңдаушылармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының жоспары саяси-идеялық, эстетикалық, құқықтық, еңбексүйгіштік бағыттарына негізделген.

           Біз, қазақ, жазира даланың самал желіне бетін тосып, жусанын иіскеп, топырағына бас ұрған, аманатына бас иген халықтың ұрпағымыз. Сол туған жердің қадір-қасиетін, ата жұрттан алыстап кеткен ағайын жақсы біледі. Тарыдай шашылған ат төбеліндей аз қазақтың ұрпағы ата алдындағы аманатына адал екендіктерін көрсетуде. Жас та болса жасампаз тыңдаушылар ыстық құшақ, сағыныш сезімдерін кеудеден соққан кішкене ғана жұдырықтай ақ   жүректерімен білдіреді. Тарихи отанына келген тыңдаушылар топ жетекшілерінің ұйымдастыруымен  «Атамекен – алтын ұям», «Армысың, ата-жұрт!» атты сағынышқа толы сазды мерекелік  кештер өткізеді. 

Сонымен қатар, Дайындық бөлімінің ұжымы мен тыңдаушыларының ұйымдастыруымен  түркі халықтары үшін  қасиетті саналатын Жыл басы Наурыз  мерекесі аталып өтіледі.  Аталған мерекеге байланысты тыңдаушылар арасында концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, пікір-сайыстар өткізіледі. Сонымен қатар ұлтжандылық, адамгершілік, патриоттық тәрбие беру, достық қарым-қатынас қалыптастыру мақсатында  «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні», «1 мамыр – Халықтар бірлігі» «9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні», «31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын   еске   алу»   күні мемлекеттік мерекелерінде  тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Оқытушылар  қауымы білім қуған қандас шәкірттерімізді  тарих толқынынан тағылым алуы мақсатында киелі Тараз шаһарының қасиетті жерлері Айша Бибі, Қарахан баба, Тектұрмас, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыстан Баб, Қожа Ахмет Яссауи, Отырар сынды тарихи орындарымен таныстыра отырып, олардың тарихи танымын кеңінен түсіндіруді дәстүрге айналдырған. 2000 мың жылдық тарихы бар көне шаһардың ішіне бүккен талайғы тылсым дүниелерінің кілтін ашып, сырына қанығу кімді де болса қызықтыратыны шындық. Осы мақсатта  тыңдаушыларымызды Тараздың тарихын шертетін  орталық мұражайға да  аралатып отыруды да ұмыт қалдырмаймыз.

Елбасымыздың өзі бас болып салауатты өмір салтын насихаттауға, ұлттың саулығына, тұтқа болар тұлғаны тәрбиелеуге үндеп келеді.  Осыған сәйкес, жатақханада тыңдаушылардың спортпен шұғылдануына қажетінше жағдай жасалынған. Тыңдаушылардың университетте спорттық үйірмелерге қатысуына толық мүмкіндігі бар. Тыңдаушылар қаламыздың жоғары оқу орындары арасында өтетін универсиада ойындарына, факультетаралық спартакиадаларға,  облысаралық жарыстарға  қатысып, жүлделі орындарға да ие болып отыр. Мәселен,  тыңдаушы Жандос Тұрғанов   шахматтан облыс біріншілігіне қатысып,  ІІ орынды  алса, Хонай Нұрсәуле қыздар арсындағы күрестен І орынды иеленді.

Қорыта келгенде, университетіміздің дайындық бөлімі  жүйелі түрде жұмыс  жүргізуінің нәтижесінде, тыңдаушыларымыз еліміздің Жоғары оқу орындарының грант иегерлері атануда. Елбасымыздың 2011 жылғы халыққа Жолдауында 2020 жылы адам саны 18 миллионға жуықтайды деген болжамын айтып өтті. Осы орайда, дайындық бөлімінің ұжымы қаны бір қандастарымыздың тарихи отанына көптеп келуіне қолдау білдіріп өз үлестерін қосуда.

Осындай атқарылған жұмыстармен қатар, шешілуі қиын мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – тыңдаушыларға рұқсат құжатты (виза) алу мәселесі. Мәселен, Монғолиядан келіп құжат тапсырған талапкер 3 айдан кейін Қазақстаннан шығып, Монғолияға қайтуы керек. Оқуға түскен университеттің өтініші бойынша сыртқы істер министрлігінің консульдік қызмет департаментінен шақырту қағазын алып, Монғолиядағы Қазақстан елшілігінен оқушылық визаны аштырып қайтып Қазақстанға оралады. Бұл өте көп уақытты алады және кейбір тыңдаушылардың жағдайы көтермейді. Осы мәселелерді назарға ала отырып, дайындық бөліміне түскен тыңдаушыларға оқушылық визаны ашу барынша жеңілдетілсе және Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде оқушылық визаны сыртқы істер министрлігінің консульдік қызметі департаментінде  рәсімделсе.

 

ТАУБАЕВ МЕДЕТ ТАЙБАЙҰЛЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

жоғары оқу орнына дейінгі дайындық бөлімінің бастығы (Тараз қ.)

 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті