Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Конференциялар

Басты бет | Конференциялар | Оралман жастар және жаңа орта

Тағдыр тәлкегімен туған топырағынан көз жазып, әлемнің қырықтан астам еліне тарыдай шашылған бауырларымыз бен олардың ұрпақтары, егемен ел болып, көк байрағы желбіреген қазақ жеріне орала бастады. 1990 жылдары бастау алған ұлы көш туған елдің топырағына, атажұртына деген сарғайған сағынышын арқалап, «елім», «ұлтым» деп ағылуда. Оларды ұрпағым ұлттық тілмен сусындасын, ата-баба салты мен әдет-ғұрпынан нәр алсын, атажұрттың бір уыс топырағы бұйырсын деген тілек жетелейді.

«Елге ел қосылса - құт» демекші, қатарымызды толықтырып, халық өсімін көбейтіп жатқан оралман қауымының тілінен, салтынан өздері туып-өскен бөтен жұрттың әсер-ықпалын жиі байқаймыз. Бұл әсер-ықпалдың болуы – заңды құбылыс. Сондықтан, еліне оралған қандастарымыздың бүгінгі қазақ қоғамына сіңісе алмай жатқан себебінің бір ұштығы осында.

Екінші себеп тікелей тілмен байланысты, яғни алыс-жақын шетелдерден көшіп келуші бауырларымыздың көбі орысша білмейді. Иран, Түркия, Қытай секілді елдерден келген жастар біздегі әліпбиді танымағандықтан, жазу, оқу қиындық тудыратыны рас.

Қытайда қазақша оқыған бала ана тіліне жетік, сөздік қорлары бай, шынын айтқанда, жергілікті, өз елінде жүріп өз тілінен жеріген кей қазақтан артық сөйлемесе, кем түспейді. Сауатын өзге әліпбимен ашқан балаға мұнда келген соң, бірден орыс, қазақ тілдерінде дәріс тыңдап, құрбыларынан қалыспай жазып кету оңай шаруа емес. Тек айтуға оңай... Жазуға машықтандыру үшін уақыт қажет. Шет елде дүниеге келіп, есейіп, ер жеткенге дейін өздері мекен еткен елдің салт-санасын, дәстүрін, басқа да ұстанымдарын қабылдауға мәжбүр болған жасқа тарихи Отанына келгеннен кейін психологиялық кедергілер, қиындықтар кездеседі. Оның себебін түсіну де қиын емес.

Жиырма жыл бойы, яғни, есейген шағына дейінгі қалыптасқан болмысын жаңа ортаға келген сәтте бірден ысырып тастап, бейімделе кетуі оңай шаруа емес.

Сөз басында айтқанымдай, атажұртын аңсаған жастар легі жаз айларында білім іздеп, еліне, жеріне деген сағыныштарын арқалап, ағылып келіп жатады. Олар – бүгінгі таңда ұмытыла бастаған, тіпті, сирек көрінетін қос бұрымды, қолаң шашты қаракөз қыздар мен қазақы қалпын сақтаған өр мінезді, қазағым десе қамал бұзар өрімдей жас жігіттер.

Осы жастардың көбі Қытай Халық Республикасынан келгендер және басым бөлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дайындық факультетіне қабылданады.

Бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып-біліп отырғанымыздай, ҚХР-дағы қазақ диаспорасы тіл мәселесінен қағажу көріп отырған жоқ сияқты (қазақ тілінде радио, теледидар, баспасөз бар).

Дегенмен, жастарды толғандыратын, ойландыратын мәселелер де жоқ емес. Ол – әліпби, жазу мәселесі. Студент атанудан бұрын сегіз-тоғыз ай көлемінде жергілікті тыңдаушы-жастармен етене араласып оқып шығады. Оралман бала алдында білім алудан бұрын тұрған мәселе – атамекендегі тыныс-тіршілікке араласып, үйреніп қалыптасуы. Сондықтан, дайындық бөлімінен өтудің өзіндік ықпал-әсері болары даусыз.

Осы ретте дәріс беретін ұстаздарға жүктелетін жауапкершілік те, қойылатын талаптар да аз емес. Әрбір ұстаз болмысы басқа оралман баланың жүрегіне жол таба отырып, бойындағы жақсы, ұнамды қасиеттерінің ашыла түсуіне ықпал етіп, ұстаздық шеберліктерін танытуда.

Ұлт тағдыры білімге де байланысты. Мақсатымыз – білім мен тәрбиені ұштастыру болса, әр баланың болмысын ескере отырып, оның тағдырына бей-жай қарамағанымыз абзал. Бала өз ұлтының рухани уызына қанбаса, салт-дәстүрін толық игермесе болашақта ол жастан қандай азамат, қандай ұлтын сүйер қайраткердің тұлғасы қалыптасатынын ойлаңыз. Қазіргі кей жастарымыздың (бәрі емес, әрине) ойынан да, бойынан да қазақы болмыстан гөрі, европаланған, батыстың «мәдениетіне» еліктеушіліктің басым екенін көреміз. Өзіміздің төл мәдени мұрамыз солғындап, ұлттық тәрбиенің діңгегін босаңсытып алғандаймыз. Ащы да болса, бұл – ақиқат!

Бірнеше жылдар бойғы ұстаздық тәжірибеміз бойынша оралман шәкірттеріміздің бойынан көргеніміз бен түйгенімізді ортаға салып, орайы келгенде ой тастағанымыз жөн болар. «Ырыс жұғысады, ақыл ауысады» демекші, бұл ауқымды мәселені көрмеске, ескермеске болмайды.

Оралман жастардың бойынан еңбексүйгіштігін, ізденімпаздығын, төзімділігін, бір кәсіпке бейімділігін де аңғаруға болады. Мысалы, ҚХР-дан  келген жастар техникаға әуес, темірден ою ойып, түйін түйсе, қыздар жағы кесте тігу, сырмақ, текемет басу мен іс тігуді жақсы меңгерген. Оралман жастардан алынған сұхбаттардан үзінді келтіре кетсек.

ҚХР-дан келген шәкіртіміз Қанатхан Шәкерхан: «Қытайда орталау қостілді мектепте оқыдым. Орташа көпбалалы отбасында өстім. Отбасымызбен жылқы бағумен айналыстық. Жылқы малының қыр-сырын жақсы білемін. Атажұртқа келуді армандадым. Ендігі мақсатым – тиянақты білім алу. Қазіргі заманда энергия тапшы ғой, соған байланысты төрт адамдық автокөлікті: 1. күн нұрымен;  2. ауырлық күшімен;  3. жел энергиясы арқылы жүргізуді ойлап таптым. Қытай елінде бұл тәжірибемді қуаттады. Бұл жобаның ұтымды жағы: 1. майды үнемдеу; 2. ауа, қоршаған ортаны ластамау.

Екінші жаңалығым – құрылыста пульт арқылы терезені жерде тұрып тазалау құрылғысын ойлап таптым», - дейді үлкен мақтаныш сезіммен болашағынан үміт күттірген жас құрастырушы.

Иран Ислам Республикасынан келген Фатима Ескелді: «Менің туып-өскен жерімде мүлдем қазақ мектебі болған жоқ, парсы тілінде оқыдым. Үйде отбасында ғана қазақша сөйлейміз. Қазақстанға келуді көп жылдар бойы армандадым. Алғашында анам рұқсат бермеді. Кейін анам да, туған-туыстарым да ризашылығымен ақ батасын беріп, шығарып салды. Өз ана тілімде таза сөйлегім келеді. Арманым – сәулет өнерін меңгеріп, Қазақстаныма, халқыма қызмет ету. Иранда қазақша кітап, газет-журнал дегенді көрмедік, үйренетін тілдік материалдар да болған жоқ. Ана тілімізді ұмытпауға тырыстым. Елге келгелі қазақша таза сөйлеу үшін әрекеттеніп жатырмын, қиыншылық та, кедергілер де жоқ емес, бірақ, үлкен мақсатпен келген соң шыдауым керек», - дейді ұзын қара шашы ақсары өңіне жарасқан қазақ қызы.

Атажұртынан жырақта өсіп, тәрбиеленген жастар елге, жеріне, тіліне деген сағыныштарын осылайша үлкен тебіреніспен толғайды. Бүгінгі таңда есімі аталған шәкірттеріміз өздері қалаған жоғары оқу орындарының студенттері.

Өзге елдің тәлімін, әдетін қабылдаған жастың бойында алғашында психологиялық кедергілердің болуы заңды құбылыс. Бөтен елде өскен жаста жаңа ортаға келген соң жасқаншақтық, ұялу сезімдері болады. Осындай сәттерде адам қоршаған ортасынан мейірім, қамқорлық, жылы сөз, көмек күтеді. Оралман жастар білімге құштар, ұлтына деген сүйіспеншіліктері зор. Осы құштарлықтары мен қайсарлықтарының арқасында қиыннан қияға өрмелеп, әлеуметтік ортаға, атажұртының тыныс-тіршілігіне біртіндеп үйреніп, қайнаған қызу тірліктің ортасына бейімделіп те кетіп жатыр (әсіресе, ҚХР-дан келген жастар).

Сондықтан, оралман жастар дәстүрімізді, ата-салтымызды ұмытпай, тілімізге сызат түсірмей сақтай білгендіктен, ұлттық жадымызды жаңғыртып, жандандырып, қазақ елінің гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Бұған дәлел, жоғарыда есімдері аталған шәкірттеріміздің жүлделі оындарды иеленуі, әнші-күйші, жас ақындарымыздың ауқымды іс-шараларда марапаттар мен алғыстарға ие болуы. Халқымыз айтпақшы, қазақ деген құт қонып, бақ дарыған халық. Қазақтың қатары көбейіп, егемен ел болды. Егемен елдің ерке қызы, еркін ұлдары болған жастарымыздың өзара ынтымақтары жарасып, бірінің білмегенін бірі толықтырып, ұлттық тәрбиені бойларына сіңірген саналы ұлтжанды азаматтар болатынына, биік адамгершілік деңгейінен көрінетініне сеніміміз мол.

Ендеше, Отанын аңсап, «ұлтым - қазақ» деп соққан жүректерінің лүпілін түсініп, алдымызда отырған жастарымыздың еңбексүйгіштігін, ізденімпаздығын, білімқұмарлығын, кәсіби бейімділіктерін ескеріп, қанаттарының қатаюына ықпал етіп, болашақтағы бастамаларына қолдау көрсетсек нұр үстіне нұр болар еді.

 

АБИШЕВА РЫСКЕН РАХЫМҚЫЗЫ

филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби

атындағы Қазақ ұлттық универсиететі   жоғары оқу

орнына дейінгі дайындық кафедрасының доцент

міндетін атқарушы (Алматы қ.)

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті