Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Ұлттық тағамдар мен сусындар

Ұлттық тағамдар мен сусындар

     Жадыраған жаз мезгілі басталған кезде малшылар қауымы биелерін ноқталап, құлындарын  желіге байлап, қымызмұрындық рәсімін жасап, қымыз ашытып жатады.  Бұл көрініс жайлау тіршілігінен хабары бар жұртшылыққа біршама таныс жәйт. Ол туралы Ілияс Жансүгіров «Жер түгі» деп аталатын өлеңінде:

... Биікте бітед шөптен сарыкүйік,

Тістеніп жатыр жұлып малы сүйіп,

Қымызын сарыкүйіктің ішеміз деп,

Албандар қоныстайды құстай биік... – деп жазған екен. Өкінішке қарай қазір сарыкүйікті және оны сүйсіне жеген биеден сауылған қымыздың дәмі туралы айта алатын адамдарды кездестіру өте қиын. Ілуде біреу кездесіп жатса, оның өзі шешіліп сөйлеп кете алмай, кібіртіктеп қалып жатады. Өйткені  естігені болмаса, сарыкүйікті көзімен көріп, оны жеген жылқының қымызын ішкені өте аз. Бәрі балалық шақтағы үлкендерден естіген әңгімесі бойынша  ғана еміс-еміс есінде қалған жәйттарды ғана айта алады. Себебі кеңестік дәуірдегі бір ғасырға жуық уақытта атадан балаға жалғасып келе жатқан көне дәстүр ұмытылған. Сондықтан сарыкүйіктің қымызы тұрмақ, өсімдіктің атауы мен сипаттамасы туралы мағлұмат ешбір әдебиетте толық жазылмаған. 

      Қазір әлемде жартысы құрлықта, жартысы суда өсетін ғылымға белгілі 500 мыңнан астам өсімдік түрі бар екен. Оның Қазақстанда кездесетін 15 мың түрінің 730-ы әлемде тек біздің жерімізде ғана өсетін эндемиктер. Сарыкүйік эндемик өсімдіктердің қатарына кірмесе де, оның атауы жұртшылық арасында ұмыт қалған жайы бар. Сондықтан көзден кеткен соң, көңілден де ұмыт қалған бұл өсімдіктің сипаттамасы туралы мәлімет іздеп біз бірқатар  дерек көздерін шолып шыққан едік.

    Алматыда Тіл білімі институтынан 2007 жылы жарық көрген Н.Уәлиұлы, А.Фазылжанова, Қ.Күдеринова, Ғ.Әнес құрастырған «Орфографиялық сөздікте» сарыкүйік пен  доңызсырт өсімдік атаулары деп  көрсетілген. Өкінішке орай бұл екі өсімдіктің орыс және латын тілдеріндегі атаулары әр жерде әртүрлі көрсетілген. 

     Мәселен уикипедия ашық энциклопедиясында: «Доңызсырт, сарыкүйік (лат. Kobresia) – қияқөлеңдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Алтайдың, Сауырдың, Тарбағатайдың, Жоңғар (Жетісу) Алатауының, Тянь-Шанның   субальпілік және альпілік шалғынында өсетін 6 түрі бар. Көбірек тарағаны – Смирнов доңызсырты (С. smіrnovіі). Оның биіктігі 15 – 45 см, сабағы тік, жіңішке. Жапырағы қабыршақты, сары қоңыр түсті, масағы (ұзындығы 10 – 20 мм) сабақ ұшына орналасқан. Гүлі дара жынысты, әрбір масағында 7 гүлі бар. Маусым-шілде айларында гүлдейді. Өте құнарлы мал азығы. 1 га жерден 4,5 – 11,0 ц өнім алуға болады» деген қысқа ақпарат таптық. Сондай-ақ мұндағы қазақ тіліндегі 848 өсімдіктің тізіміне тек доңызсырт атауы ғана еніпті.

     15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» 2011 жылы шыққан 12-томында сарыкүйікке – «қияқөлеңдер тұқымдасына жататын көпжылдық тау беткейінде өсетін аласа жұмыр, малазықтық шөптесін  өсімдік.  Сарыкүйіктің Қазақстанда 6 түрі кездеседі, таулы аймақтардың биік асуларында өседі. Биіктігі 5-45 cм, масағы 1-2 см, сабағының ұшында орналасқан» деп түсіндірме берілген. Онда сондай-ақ, сарыкүйіктің қымызы туралы: «Дәмі үйірілген, құнарлы әрі майлы қымыз (сарыкүйікке (шөп) жайылған биенің сүті). Сарыкүйік атты шөп жеген биенің қымызынан екі аяқ ішкен адам сол қымыздың дәмін еш ұмытпақ емес». 

       «ҚазАқпарт» баспасынан 2014 жылғы шыққан 30 томдық «Қазақша-орысша, орысша қазақша терминологиялық сөздіктің биология саласына арналған 13-томында сарыкүйік атауы мүлде жоқ. Тек доңызот – кобрезия; жіңішке доңызот, күйгенбас – кобрезия волосовидная; Смирнов  доңызоты, доңызсырт – кобрезия Смирнова деп аударылған.  Ауыл шаруашылығына арналған 15-томында  Беллард кобрезиясы – кобрезия белларда; доңызсырт (күйгенбас) жіңішке кобрезия – кобрезия волосовидная деп аударылған. Экология саласына арналған 17-томында саркүйік – кобрезия деп көрсетілген. Ал 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» 2011 жылы шыққан 4-томында доңызсыртқа – қияқөлеңдер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін  өсімдік. Көбірек тарағаны – Смирнов доңызсырт. Оның биіктігі 15-45 cм, сабағы тік, жіңішке» деп түсіндірме берілген.

      С.А.Арыстанғалив пен Е.Р.Рамазановтың 1977 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген қазақ тліндегі халық жән ғылыми атаулары келтірілген «Қазақстан өсімдіктері» деген анықтама еңбегінде қияқөлеңдер тұқымдасына жататын кобрезия туыстарынан: Смиронов кобрезиясы (Кобрезия Смирнова); Памир-алай кобрезиясы (Кобрезия памиро-алайская); Дңызсырт, күйгенбас, жіңішке кобрезия (Кобрезия волосовидная); Беллард кобрезиясы (Кобрезия Белларда), Кішенежеміс кобрезия (Кобрезия узкоплодная); Иран кобрезиясы (Кобрезия иранскася) деген түрлері жазылған. С.Арыстанғалиев 2002 жылы «Сөздік-Словарь»баспасынан шықан  «Қазақстан өсімдіктерінің қазақша-орысша-латынша атаулар сөздігі» деген кітабында кобрезия – саркүйік; Кобрезия Смирнова – доңызсырт, Кобрезия узкоплодная – Жіңішкежеміс саркүйік; Кобрезия иранская – Иран саркүйігі; Кобрезия волосовидная – Күйгенбас, Кобрезия памиро-алайская –Памиралай сарыкүйігі; Кобрезия белларда – Саркүйік деп аударған.

     Кью ботаникалық бағының мәліметтеріне қарағанда, сарыкүйік тұқымдастарының 57 түрі бар екен. Еліміздегі өсімдіктердің қазақша атауларының басым бөлігі орыс тілінен аударылғаны еске түсірсек, сарыкүйік тұқымдастарының орыс тіліндегі атауының өзі санаулы ғана екені көп жәйтті аңғартады. 

толығырақ

Таразда қымыз өндірушілердің Қауымдастығы құрылды

          Жамбыл облысында ұлттық өнім - қымызды өндірушілердің «Қазақ қымызы» қауымдастығы құрылды.
    «Қазақ қымызы» қауымдастығы қымыз өндіретін ұсақ тауар өндірушілерді ауылшаруашылық кооперативтеріне айналдыру мақсатында құрылды. Қауымдастық ұлттық өнімнің ел ішіндегі өндірісін ұлғайтып қана қоймай, оны шетелге экспорттауға қолғабыс ететін болады. Атап өтілгендей, қымыздың шет елдегі басты сатып алушылары - Ресей, Қытай, Венгрия және Австрия.
     Қауымдастықтың қоғамдық кеңесінің алғашқы жұмыс отырысы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде (ТарМУ) өтті. Іс-шара барысында «Заң» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Дүйсенбек Ыбыналиев ұйымның мүшелеріне куәліктер табыс етті.
    Қауымдастықтың құрметті президенті болып ТарМУ-дің ректоры Махметғали Сарыбеков сайланды, деп хабарлады ЖОО-ның баспасөз қызметінен. Қауымдастық президенті болу «Заң» ЖШС-нің директор орынбасары Элмира Ыбыналиеваға жүктелді. Ұйымға барлығы 22 адам мүше болды.  

толығырақ

dsc_5382

          Бүгінде еліміздің  білімі мен ғылымы саласында инновациялық тың жаңалықтарға жол  ашылып және олардың нақты өмірде қолданыс табуы қуантады. Мәселен, баршаға  белгілі Қазақ тағамтану академиясы 2016 жылы Алматы қаласында бие сүті негізінде өнімдер шығаратын «Ұлытау» саламатты тағамтану орталығын ашып, денсаулыққа аса пайдалы, әлемде тұңғыш рет бие сүті негізінде әзірленетін  инновациялық өнімдерді жаппай тұтынуға ұсынды. Осындай аса тың жаңалықтың авторы, бие сүтінің пайдасы жөнінде аса қызықты, жаңа ғылыми мағлұматтар беруден жалықпайтын, жалпы, жылқы еті мен бие сүтін дәріптеуді нағыз патриоттық рухқа балайтын денсаулық сақтау саласының майталманы, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді  ШАРМАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік. 

        – Төрегелді Шарманұлы, сіздің еліміздің денсаулық сақтау саласына қосқан үлесіңіз орасан. 1978 жылы Алматыда алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем бойынша ДДҰ халықаралық конференциясын өткізудегі ерен еңбегіңіз барша адамзатқа аян. Сіз қоғамда ұдайы тың ғылыми жаңалықтардың жар­шысы болып келесіз. Қазіргі таңдағы осындай өнегелі ісіңіздің бірі – бие сүті негізіндегі өнімдерді шығару. Сонымен қатар, бұл елімізде жыл­қы шаруашылығын дамытуға серпін беретін берекелі іс болмақ. Әңгімемізді осы тұстан бастап өрбітсек.

          – Кең даламызда 1917 жылдарға дейін 10 миллионнан астам жылқы басы жайылып, өсіп-өнген. Кеңес уақытында жылқы шаруашылығымен айналысатын колхоз-совхоздар болды, бірақ, сонда да  халықты жаппай осы түлік өнімдерімен қамтамасыз ету айтарлықтай болмады. Көбінесе жылқыны әркім жеке шаруашылығында өсіріп, өнімін өз сұранысына ғана жаратып, тұтынды.

         Өкінішке қарай, қазір еліміздің аумағында 2 миллиондай жылқы басы қалған, оның өзі көбінесе шағын фер­мерлік қожалықтардың  үлесінде. Сон­дықтан, қазіргі таңда жылқы басын молайту еліміздің болашағы үшін Үкіме­тіміз жуырда қолға алуға тиіс ма­ңыз­ды іс болмақ. Себебі, бие сүтінің ұлты­мыз­дың әлеуетіне қосатын үлесі орасан, оған біздің Қазақ тағамтану академиясының көп жылдар бойы жүр­гізген ғылыми зерттеулері дәлел. Осы ғылыми-зерттеу жұмыстарының ба­ры­сында біз бие сүтінің терең сырларына бойлап, осы уақытқа дейін құпия болып келген тұстарын зерттеп, тың жаңа­лықтар ашып, бие сүтінің негізінде тарихта тұңғыш рет жаңа өнімдерді өмірге әкелдік.

        Бұл істің ел ауқымында өріс алуы үшін асыл шикізат – бие сүтінің көлемі мол болуы шарт, демек, еліміздегі жылқы шаруашылығын өркендетіп, қанат жайғызу арқылы,   ауылдағы іскер азаматтардың, мемлекеттің қолдауымен бие сүтін өндіру ісі, сонымен қатар, бие сүтінен өндіретін өнімдеріміздің көлемі айтарлықтай дәрежеге жетеді деген сенімдемін.

         Әрине, бие сүтін өндіру – күрделі үрдіс, бие сүтінің нәзік табиғатына сай сақтау тәртібін қатаң қадағалау қажет, сондықтан, оның сапасына қойы­латын талаптың деңгейі биік. Біз бүгінде Алматы маңындағы фермер­лік қожалықтарда механикалық сауу тәсілімен алынатын, сапалы  бие сүтін зертхана жағдайында тексеруден өткі­зу арқылы іріктедік, осы фермерлік қожа­лықтармен келісімшартқа отырып, жан-жақты жұмыстар атқарудамыз.

       – Иә, сіздің ұлттық өнімдерді сонау кеңестік кезеңнен бері дәріп­теп, айналысып келе жат­қа­ныңыз бар­шаға белгілі ғой…

       – Оның дұрыс. Мәселен,  өткен ға­сырдың 70-ші жылдарын­да біз асқазан-ішек жолда­ры­ның ауруларына шал­дыққан нау­қас­тар­ды қымызбен, саумалмен, шұбатпен емдеу үшін арнайы клиника ұйымдастырып, олар жақсы нәтижелер беріп еді. Кеңес заманының қатал заңы бұл ең­бе­гі­мізге «ұлтшылдық» айыбын тағып, клиникамызды жауып, өзімді жұмыстан қудалады. Бұл елден жырақ кетуіме тура ке­ліп, үш жыл бойы Мәскеуде тұру­ға мәжбүр болған кезім еді. Сол се­беп­ті бастаған игі ісіміз  ілгері бас­­пады. Енді қазіргі егемендік ал­­ған елімізде, еркіндікке ие болып отырған шағымызда армандап жүрген әрі баршаға пайдалы, көп­теген ауруларға шипалы ісімізді қол­ға алып, көздеген мақсатымызға жет­пек ойымыз бар.

      Бүгінде бие сүті мен қымызды асқа­зан-ішек жолдары мен өкпе ауруларын емдеуде табысты қолданудың көп­теген мысалдары бар, жеке шаруа­шылықтарда әзірленетін қы­мыз бен саумалды шипажайларда ұсыну жиі кездеседі. Де­ген­мен, бие сүтін қолданудың көп ға­сырл­ық тарихынан байқалатындай, осы күнге дейін қымыздан басқа өнімдер әзір­ленбеген еді, мысалы, сиыр сүтінен дайындалатын айран, простокваша, йогурт, сүзбе секілді.

        – Бие сүті негізіндегі өнімдерді әзір­л­еуге себеп болған қандай ал­ғы­шарт­тар­ды атар едіңіз?

        – Бүгінде планетамыз қартаю үстінде деп айтуға болады. Туу көр­сеткіштері азайған. Халықтың қартаюы түрлі жылдамдықпен өтуде, осыған байланысты аурушаңдық арту үстінде. Жас ұлғайған сайын созылмалы аурулардың саны артады. Кәрілік – әлемдегі өлім-жітімнің ең жиі себебі. Егер 50 жасқа қарай адамда 2 созылмалы ауруы болса, 70 жасқа таман 7 немесе одан да көп ауру болады.  Бүкіл әлемде тәулігіне 150 мың адам көз жұматын болса, олардың 100 мыңы – кәріліктен (секундына – 2 адам).

         Қартаю барысында пайда болатын барлық аурулар: жүрек-қан тамыры жүйесінің, қатерлі ісіктер, диабет, остеопороз, Альцгеймер, Паркинсон ауруларының шығу себептері әртүрлі болуына сай емдеу мен алдын алуда да түрлі тәсілдерді талап етеді.  Кәрілік мәселесін зерттеуші ғалымдар – геронтолог­тар антиоксиданттар тобынан фарма­­цевтикалық препараттардың бірі­гуін ойлап шығарды, олар жеке түрге қарағанда кешенді түрде тиім­ді әрекет етеді. Алайда, фарма­цев­тикалық препараттардың жанама әсерлері болуына байланысты, оларды ұзақ қолдануға болмайды. Көптеген зерттеушілердің мәлімет­тері бойынша, кәріліктің түпкі себебі – қабыну үрдістері, демек, оларды қартаю үрдісін тежеу арқылы ғана айтарлықтай бәсеңдетуге болады.

        Осындай тығырықтан шығу жо­лын іздеу барысында тағам мә­се­лесіне назар аударылды, себе­бі, осыдан он жыл уақыт бұрын Дүние­жүзі­лік денсаулық сақтау ұйымы өзінің ассамблеясында планета хал­қы өлім-жітімінің 60 пайызының сапа­сы төмен тағамдарды тұтынуға тіке­лей байланысты екендігін қорытын­дылаған болатын. Осыған орай, ХХІ ғасырдағы заманауи медицина және денсаулықты қорғау саласы ауру­лардың алдын алу мәселесіне түб­егейлі бетбұрыс жасауда және бұл ба­ғыттағы аса маңызды шаралар – сапалы тағам және саламатты өмір салты  арқылы халықтың ден­саулығын нығайту, осы арқылы сапалы өмір жасының ұзақтығын арттыру. Оның үстіне, қоршаған ортаның ластану қаупі қатерлі сипат алуда және халықтың үздіксіз өсу үстіндегі санын қауіпсіз тағамдармен қам­тамасыз ету қажеттілігі ХХІ ға­сырдың басты мәселесі.

       – Азық-түлік қауіпсіздігі мем­ле­кеттік деңгейде шешілетін маңызы зор шара. Халықтың та­мақ­тануында бүгінгі таңда ғы­лыми тұрғыдан орын алып отырған қандай олқылықтарды атар едіңіз?

       – Қазақстан халқы тағамының құ­ра­мына көп қанықпаған май қыш­қылдарының (КҚМҚ) тапшы­лы­ғымен қатар трансмайлардың жоғары деңгейі тән, бұл қазіргі уақыттағы жұқпалы емес ауру­лар­дың өсуінің басты себеп­те­рінің бірі екендігі анық. Соңғы кезде жарияланған материалдарды талдап өт­сек, сүт өнімдері 60 пайызға, ал сары май секілді жеке түрлері, көбінесе, Ресейде өндірілген түр­ле­рі, құрамында 80-90 пайызға дейін пальма майы, 10-40 пайызға дейін трансмайлар болатын жалған өнім­дер екендігі анықталған, трансмайлар 8 пайызға дейін табиғи сиыр сүті­нің құрамында болады.

       Трансмайлар жүрек-қан тамыры және онкологиялық аурулардың, қант диабетінің қаупін арттырады, инсулинге сезімталдықты төмен­де­теді, семіз­дік­ке ықпал етеді. Бұл орайда өмір салты (темекі шегу, алкоголь тұтыну, аз қимылдау) транси­­зомерлерге қарағанда азы­рақ әсер етеді. Олар организмде жи­нақ­талып, әйелдерде – сүт без­дері, ерлерде жыныстық бездері арқылы шығарылып, қатерлі ісіктерге душар етуі ықтимал. Сон­дай-ақ, қандағы холестерин дең­гейі қалыпты шамасынан екі есе жоғары – 10-12 ммоль/л болатын адамдардың  аман-сау күйінде 100 жасайтын жағдайларының бір­ша­ма кездесуі осы уақытқа дейін көп­теген ғалымдарға түсініксіз болып келген еді. АҚШ және Еуропа елдерінде өткізілген кең ауқымды, көп факторлы зерттеулерде сенімді дәлелденгендей, холестерин тек трансмайлардың тікелей әсерімен ғана  атеросклероз дамуының қауіпті фак­торына айналады.

       –Бие сүтінің тарих қойнауынан оралып, жаңа инновациялық өнімдерге негіз болуының ғылыми тұрғыдағы сыры неде екендігін айтып өтсеңіз?

        –Тағамдағы трансизомерлер мөл­шерін азайту үшін халықаралық ұйымдар майларды энзимдік жолмен өңдеуді ұсынады, бұл аса қымбат, өте күрделі және оған қоса, уытты тәсіл. Барлық табиғи май­ларды талдаудан өткізе отырып, жоғарыда аталған талаптарға ба­рын­­ша сай келетін жалғыз майлы өнім – бие сүті, сондай-ақ, жыл­қы майы екендігін айтуға болады, себебі, олардың құрамы май қышқылдары бойынша үйлесімді, КҚМҚ қатынасы оңтайлы, бас­тысы,  құрамында май қышқылдарының трансизомерлері жоқ және Қазақстан халқының тамақтануында дәстүрлі қол­даныс тапқан. Ескеретін жайт, трансмай қышқылының сиыр, түйе, ешкі сүттерінде болуы табиғи көрініс.

      Тағам өнімдерін дәстүрлі қол­дану жолдары талаптарға сай кел­мегендіктен, біз басқа тағам көздерін іздестірген едік. Көп  жылдар бойы жүргізген зерттеу­леріміздің барысында ашытылған бие сүтінің терең қасиеттері оның қартаю үрдісін бәсеңдету үшін нақты фактор ретінде жаңа өнімдер әзірлеуге негіз бола алатындығын көрсетті. Бие сүтінің табиғаты басқа сүттерге, оның ішінде, сиыр сүтіне қарағанда,  ерек­ше әлем екендігі анықталды. Қайнату, стерилдеу секілді бие сүтінің ішкі әлеміне кез келген тех­ни­калық тұрғыдан араласу оның табиғи қасиеттерін жояды. Бие сүті табиғатының ана сүтіне жақын болуы оның ғажайып жаратылысын білдіретіндей. Сиыр, ешкі, түйе сүттеріне қарағанда, бие сүтінің жоғары биологиялық құндылығы алдымен, оның ақуызының ерекше сипатына (көбінесе, альбуминдік-глобулиндік табиғаты), май қыш­қылы құрамына (төмен молеку­ляр­лық КҚМҚ, олардан простагландиндер түзіледі), С дәрумені мен лизоцимнің айрықша жоғары деңгейлеріне байланысты, олардың барлығы ағзаның иммундық-антиоксиданттық қорғанысын қам­тамасыз етеді. Сондықтан, бие сүті ағза тіршілігінде өзекті рөл атқа­рады, жүрек-қан тамыры және жүйке жүйе­лерінің жұмыстарын реттеуге қатысады, қабынуға қарсы әрекет етеді, жұқпалы емес аурулардың дамуына тосқауыл болады.

       – Төрегелді Шарманұлы, бие сүті негізінде инновациялық жаңа тағ­ам өнім­дерін әзірлеу жөніндегі әңгі­ме­міздің басты тақырыбына жет­ке­н­дей­міз…

        – Қазақ тағамтану ака­демия­сы­ның заманауи құрал-жабдықпен жасақ­талған, лайықты зертханасы бар, оған халық­аралық ұйымдар жоғары дәрежелі дәлдігі және сенім­ділігі үшін референстік атағын берген, ал академияның өзі ДДҰ бірлескен  ынтымақтастықта қыз­мет ететін ұйым, БҰҰ БҚ сүйенетін орта­лығы ретінде мойындалған мекеме. Бұл тағам технологиясымен айналысатын басқа зертханалар мен ұйымдардың алдындағы біздің биік дәрежеміз бен артықшылығымыз. Қолымыздағы осын­дай айрықша мүм­кіндіктерге сай бие сүтінің терең қа­сиеттеріне бойлап, ғажайып жаратылысын ашуға қол жет­кіздік.

       Академияның ғылыми-тә­жі­­ри­­­бе­­лік қолдауымен, бүгінгі заман­ның талабына сай теориялық ғы­лы­м­ның нәтижелерін нақты тә­жі­рибеге ұштастыру мақ­са­тында, кездескен түрлі бағыттағы орасан қиындықтарды жеңу нәтижесінде биыл Алматыда «Ұлытау» саламатты тағамтану орталығын ашып, оның аясында бие сүті негізіндегі жаппай тұтынатын және арнайы емдік-профилактикалық бағыттағы  инновациялық өнімдерді шығаратын зауытты іске қостық.

      Бұл зауытта біз әлемде тұңғыш рет бие сүті негізіндегі абсолюттік инно­вациялық саналатын жаңа өнім­дерді: йогурттарды, ашытылған сүт сусындарын, сүзбелерді, арнайы цехтарда балмұздақ пен шоколадты әзірлеп шығарып, халықтың жаппай тұты­нуы­на ұсынуымызды ерекше мақ­та­ныш сезі­мімен айтамыз. Мен зауыт құ­ры­­лысын бастауда тиімді қолдау көрсеткені және ерек­ше түсі­ністік та­ныт­қаны үшін Ел­басына өзімнің зор ал­ғысымды біл­діремін.

     Бие сүтінің ерекше қасиеттері жаппай тұтынатын және емдік-профилактикалық бағыттағы, құра­мында трансмайлар мен қант болмайтын, болашақ өнімдерін әзірлеуде шексіз мүмкіндіктер сыйлайды. Бие сүті негізінде біздің балаларға, ем-дәмдік және жаппай тұтынуға арнал­ған жаңа өнім­­деріміз ұлттық дәстүрлерді жаң­ғыртумен қатар, тағам­дық қауіп­сіздік мәселелерін шешуге, халықтың аса әлжуаз топтары арасында – сәбилерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді, қартайған адамдарды қоса, аурушаңдық пен өлім-жітім қаупін азайтуға, жалпы, бар­ша халықтың денсаулығын жақ­сар­туға, өмір сапасын арттыруға мүм­кіндік береді.

     Мысалы, биыл Алматы қаласы­н­дағы Ардагерлер үйінде 200 егде жастағы адамдар осы бие сүті негізіндегі 5 түрлі өнімді екі ай бойы қабылдады және өткізілген зерттеулерге сай олардың ден­саулық көрсеткіштері жақсарғаны дә­лелденді. Бұл – біздің әзірлеген өнім­деріміздің пайдалы әсерінің қуантарлық дәлелі. Америкалық саясаткер және тележурналист Энтони Бурдэннің «Ең маңызды саясат – тек тағаммен байланысты саясат», деген сөзін біздің бүгінгі жағдайымызға балама ретінде айтуға болады.

        – Енді көпшіліктің көкейіндегі сұраққа жауап берсек. Соңғы кез­де еліміздің өңірлерінде бие сүті­нен балмұздақ шығарылды деген­ді естіп жүрміз, сіздер шығаратын өнім­дердің олардан қандай айыр­м­ашылығы бар?

       – Аталған балмұздақтарды шы­ғар­­ған авторлардың мәлім­де­ме­сіне және өнертабысқа алған патенттеріне тіке­лей жүгінген жөн болар. Олар шы­ғар­ған балмұздақтың негізі сиыр сүті, ал қант міндетті түр­де қосылады, трансмайдың болуы оның сиыр сүті негізінде екен­дігінің қосымша дәлелі. Ал бие сүті дайын өнімге жидек, ваниль, шоколад қосылған сияқты, тек үсте­ме ретінде ғана пайдаланылған. Ал біздің балмұздағымыз тек бие сүті­нен ғана тұрады, сондықтан да құра­мында сиыр сүтінде ғана болатын трансмайлар жоқ. Британдық нутрициолог Аткинс айтқандай, оның құрамында «Өзі аппақ, тап-таза, өлімге апаратын қант»   жоқ.

         Менің арманым – бие сүті негізіндегі өнімдерді ұлттық бренд ретінде танымал ету. Оны  Отан алдындағы, халық алдындағы борышым деп санаймын.

       – Әңгімеңізге рахмет.

            Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,«Егемен Қазақстан»

      https://www.egemen.kz/2016/12/29/87791

толығырақ


        Атырау облысындағы шаруа қожалықтары түйе сүтінен шұбат қана емес, алдағы уақытта басқа да өнімдерді шығаруды көздеп отыр. Мұнайлы өлкенің табиғаты өзге түлікке қиындау болғанымен дәл осы ойсыл қара тұқымын өсіруге қолайлы. Сондықтан шаруалар да түйе санын көбейтіп, одан көл-көсір өнім алуды жоспарлауда.

       Ал жаңа технологияларды өндіріске енгізу арқылы түйе сүтін тереңдетіп өңдеу ісін жолға қоймақ. Осы мақсатта арнайы ұйымдастырылған оқыту семинарына өңірдегі ірі түйе шаруашылықтарының өкілдері қатысты. Жыл он екі ай жайылымда жүретін, күн сайын су сұрамайтын ойсыл қара тұқымы шаруаларға көп ауыртпашылық салмайды. Дегенмен түйе өсіруге соңғы кездері ғана ден қойылып келеді. Бүгінге Атырау облысында 21 мың бастан астам түй бар екен, бірақ оның көпшілігі ауыл тұрғындарының қолында. Ал таза өндірістік бағытта «Бірінші мамыр» қожалығы ғана қазақтың қос өркешті асыл тұқымды 800 бас түйесін бағып отыр. Осы күнге дейін түйе жүнін, етін және шұбатын тұтынушыларға ұсынып келді. Ендігі кезекте жаңа технологиялардың көмегіне жүгінсек дейді. Аманжол Есқариев, шаруа қожалығының жетекшісі: — Тек түйені бағу емес қазір содан өнім өндіру жөнінде де мына әсіресе шұбат өнімдерін, шұбаттан басқа көп жерлерде түйе сүтінен йогурт шығарып жатыр, сыр жасап жатыр немесе балмұздақ жасап жатыр деген сияқты түрлі-түрлі өнімдер жасалып жатыр. Аймақ түйешілерінің басын қосқан ғылыми семинарға отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Мәселен франциялық ғалым, сарапшы Бернард Файе 40 жылдан бері осы түйелердің қасиетін зерттеп келеді. Оның айтуынша Еуропа елдерінде соңғы жылдары түйе өнімдеріне сұраныс артқан. Түйе жүнінен тоқылатын киім-кешек, оның диеталық еті, емдік қасиеті мол шұбаты еуропалықтар үшін экзотикалық ас. Сондықтан Қазақстан экспортқа тауар жіберуіне толық мүмкіндік бар. Бастысы өңдеу сапасын арттыру қажет. Бернард Файе, БҰҰ ауыл шаруашылығын дамыту ұйымының сарапшысы: — Түйе шаруашылығы өнімдерін дамытуға қатысты нақты ортақ шешімдер әлі күнге жоқ. Сондықтан түйе көптеп өсірілетін барлық елдердегі ғасырлар бойы қалыптасқан әдісті тың ғылыми жобалар арқылы жаңа технологиялармен өңдеу тәсілін енгізуіміз қажет. Ғалымдар мен шаруалардың басқосуы соңынан тың жаңалық та ашылып қалды. Қазақстандық ғалым, сарапшы Гаухар Қоныспаева түйе сүтінен тек шұбат қана емес ірімшік өндіруге де болатындығын дәлелдеп берді. Сонымен қатар өңірдегі түйе сүтінің де сапасы өте жоғары екендігі айқындалды. Гаухар Қоныспаева, түйе өнімдері бойынша сарапшы: — Арнайы дайындалған қоспалардың осы шаруашылықтағы түйе сүтімен дәл осындай сәйкес келгеніне өзім де алғаш рет куә болып отырмын. Міне түйе сүтінен жасалған алғашқы ірімшік өнімі. Бұл біз үшін ғана емес бүкіл әлем үшін үлкен жаңалық. Мынадай жаңалыққа өз көздерімен куә болған жергілікті шаруалар бірден өңдеу технологиясы және арнайы сертификат алу жөнінде ғалымдармен кеңесе бастады. Өйткені бизнес тілімен айтсақ, шығын аздау болғандықтан өзіндік құны арзан әрі майлылығы жағынан жоғары басымдыққа ие болатын ірімшік өнімі бірде-бір бәсекелесті алдына шығармайтыны анық.

         Дереккөзі: 24.kz

толығырақ

         Қазақстандықтар заманауи үлгідегі жаңа бірегей ұлттық жеңіл тамақтарға мұқтаж. Бұл туралы бүгін өзінің «Заманауи қазақ тағамын жасау идеялары мен құралдары» атты жобасын таныстыру барысында Centras Capital компаниясының басшысы Елдар Әбдіразақов мәлім етті.  

        «Қазақтың ұлттық тағамдары тек жоғары сапалы сүт және ет өнімдерінен ғана тұрмауы керек. Олардың арасында жеміс-жидектер, көкөністер, теңіз өнімдері, тұздықтар, дәмдеуіштер де болуы шарт. Бұл жерде тағамдар жергілікті өнімдерден жасалып, қазақстандық сипатқа ие болуы керек», - дейді Е. Әбдіразақов.

        Оның пікірінше, қазақ халқының ұлттық асханасында тағамдар саны шектеулі, бірақ, олар өте құнарлы. 

        Мысалы, 100 грамм асылған етте 600-ден 1 мыңға дейін килокалория, бауырсақта - 234, қуырдақта - 247, палауда - 218 килокалория бар екен.

         «Өкінішке қарай, қазақтың ұлттық асханасында «снэк» (жеңіл тамақ), яғни тез тамақтану ұғымы жоқ. Қонақ келсе, қой соямыз.

         Дастарқанға қуырдық, ет асып, бауырсақ қоямыз. Ал бізге бүгінгі таңда қазақша бургерлер, панинилер, сэндвичтер керек. Қазір заман басқа», - деді Е. Әбдіразақов.

         Таныстыру барысында ол шетелдік қонақтардың Қазақстанға келуге ынтық екендігін айтты. Бірақ, олар ұлттық тағамдардың жеңілдеу болғанын қалайды екен. 

       «Олар үнемі дәстүрлі ұлттық тағамдардың жеңілдеу сипатта жасалғанын сұрайды», - деді ол.

         http://www.inform.kz/kaz/article/2925339

толығырақ

        Қазаққа жылқының етін, қазысы мен жал-жаясын, қымызы мен саумалын насихаттаудан шаршамай-шалдықпай келе жатқан бір жан болса, ол – белгілі тағамтанушы ғалымымыз  Төрегелді Шарманов дер едік.   «Ет өнімдерінің ішінде сіңімділігі жағынан жылқының еті, ал сусын жағынан қазақтың бойына сіңімдісі – қымыз» дегенді айтудан жалықпаған көкеміздің сол талай жылғы арманы жүзеге асып, кеше  Алматы қаласында  бие сүті және жылқы майы негізінде кондитерлік өнімдердің және сүт өнімдерінің орталығы болып саналатын «Тайбурыл» ұлттық тағамтану орталығы ашылды.

        Орталықтың ашылу салтанатында сөз алған академик Төрегелді Шарманов Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматы қаласының мыңжылдық тарихи тойы қарсаңында өзінің сонау кеңес кезінен бергі мақсатының орындалғанына,  халқының өзінің қанына жақын өнімдерін тұтынуына мүмкіндік  алғаны үшін риза екендігін жеткізді.  Орталықтың ашылуына жиналған жұртшылық қантсыз, саумалдан жасалған балмұздақ пен  ашытылған бие сүтінен жасалған йогурт пен сүзбені таласып алып жатқанын көргенде  шүкір дедік. Бұл өнімдер «Құлыным» балалар тағамдары зауыты жанынан шығарылатын болады. Әзірге  зауыттың технологтары мен қызметкерлері бие сүтінен оннан астам өнім түрлерін шығаруды жоспарлап отырған жәйі бар.

        Зауытты бие сүтімен «Ақбұлақ» шаруа қожалығы келісім-шарт негізінде қамтамасыз етуде. «Құлыным» зауытының бас технологы Раушан Макееваның айтуынша, зауыт өндірген балмұздақ пен йогурт, сүзбеге әзірге нарықтағы  басқа сүт өнімдерінен жасалған өнімдер бәсекелесе алмайтын көрінеді.  Өйткені,  «Құлынымның» өндірген өнімдерінің құрамында май қышқылдарының зиянды трансизомерлері  мүлде жоқ. «Дәрумендердің, лизоцимнің, көп қанықпаған май қышқылдарының мөлшері жоғары», – дейді ұлттық тағамдардың жанашырлары.

         Бие сүті – қыздырылмайтын, яғни, өзінің жаратылысына тән қасиеттерін сақтайтын жалғыз табиғи сүт өнімі. Бие сүті өнімдеріндегі лактозаның оңтайлы мөлшері және ақуыздық майлық негізінің үйлесімі дерт қоздыратын микроорганизмдердің тіршілігін жояды. «Бие сүтін  пайдалану жүрек-қан тамырлары ауруларының, онкологиялық аурулардың және сусамырдың алдын алуға, емдеуге көмектеседі», – дейді Орталықтың ашылу салтанатында келушілерге дәрігерлік ақыл-кеңес берген С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы клиниканың ғалым-дәрігерлері.

         Шынымен шүкір дейік, жиырма бес жыл ішінде өзіміздің табиғи өнімдерімізді тұтынуға қол жеткізіп отырмыз. Болмаса, Төрегелді көкеміз кезінде жылқыны, қымызды насихаттаймын деп ұлтшыл атанып, талай төрден ысырылған  болатын. Ал енді соның барлығы артта қалып, бала-шағаларымыз, немере-шөберелерімізге «Бомба», «Қарақұм», «Магнат»  сияқты балмұздақтардың орнына саумалдан жасалған «Кербұға» балмұздағы мен «Құлыншақ» йогурты мен «Құлыншақ» сүзбесін жеуді, «Кокаколаның» орнына бие сүтінен жасалған денсаулыққа пайдалы сусындарды ішуді нәсіп етсін.

         http://almaty-akshamy.kz/2016/06/15

толығырақ

Кешегі ата қазақтан бүгінгі бала қазаққа қалған мұра молынан. Ата қазақ ұрпағына керектің бәрін әдемі үлгімен жіпке тізген маржандай етіп, шашып-төкпей, кітап жазбаса да кітапқа бергісіз ой-санада тиянақтап қалдырған. Сол үлгідегі тартымды сөз,ұлттық әдет-ғұрып, дағды-дәстүр қалыбын бұзбай халықтық жолмен сабақтастыруды салтқа айналдырған. Оған тас­падай тіліп, тасқа түсірмесе де көкейге тоқып кейінгіге қалдырған баға жетпес жауһарлар: бабалар сөзі, мақал-мәтел, тыйымдар, тәлімі жетіп-артылатын әдет-ғұрыптар, үлгі-өнегелер. Әке мен бала, ана мен қыз, бауырлар арасындағы бауырмалдық – бәрі де сол халықтық қасиетке дәйек болады. Бір мақал, бір мәтелді, болмаса, бір тыйым сөзді – таратып жіберсең талай еңбекке алтын арқаулы жүк болып шыға келеді. Сондай асылдарымызды таным-түсінігімізден өшіру, өрісін тарылту үшін жанталасқандар «пайдасызын» жойып жіберіп отыру секілді У.О.Дугластың жымысқы жұмысы – тәлейімізге қарай, тәуелсіздік алып  орындалмай қалғанын еске сала кетсек дейміз.

Қазақта алдыңғы тол­қыннан үзілмей келе жатқан үлгі көп дедік. Соның бірі жөн-жосығы бөлек, кәделі тағамдар қатарынан орын алатын – ет дер едік. Әрине, әлемде ет жемейтін адам кем де кем шығар. Бірақ қазақтың ақ дас­тарқанында ас атасы наннан кейін қадірлісі ет десек, қателеспейміз. Еттің қасиетін бабаларымыз баяғыда-ақ білген. Ұлттық тағамның ұлысына айналдыра алған. Адам ағзасына, үлкен-кішіге қарамай төрт түліктің еті пайдалы дегенді медициналық білімі болмаса да зерделілікпен тап басып тани алған.

Иә, қазақ қазы-қартаны, жал-жаяны қия­сы­нан кесіп жеп, қиянды қыстап, көк жайлауды жайлап, қозысын көгендеп, құлынын байлап, бұзауын арқандап жүре берген жұрт емес. Терең оқуы болмағанмен, су түбінен ақық тергендей көңілге тоқып, көкейге түйген тоқуымен төрт құбыласын түгендеп, барының бағасын біліп, жоғына жоқшы болып отырған. Мәселен, ұлтымыздың малды бата жасап сойғаннан бастап, ет жеудің өзіндік үрдісі салтына сіңген, тұрмысында орныққан. Оны кейінгілер үйреніп алып, бұлжытпай орындайтын дәстүр жалғасын тапқан. Қазыналы қарттар мен ел жақсыларының алдына бас­тан бастап, оның қасына қосылатын кәделі мүшелер, одан кейінгі орта буынға тартылатын, арадағы өзге де толқынға тиесілі, тіпті, иіліп тұрған күйеу балаға да, ақыр соңында шыбықты ат қылып мініп шапқылап жүретін балаға ұстататын сираққа дейін өзіндік жолы болған. Ол, әсіресе, сыйлы жерде бұзылса, күлкі болу өз алдына, қонақ күткендерге түрпі болып тиген. Ондайға жол бергендер «жазасыз» қалмаған. Анау замандардан қаймағы бұзыла қоймаған сол салт-сана бұл күндері жөн білетіндердің «қолына түссе» әдемі атқарылып, халықтық қалыпқа немқұрайды қарайтын бәкене тірлік кешкендердің «еншісіне» өтсе, жамбас пен жілік, тіпті кәделі бас пен шеке де орнын таппай, қойқаңдаған жастардың үлесіне тиіп, үлкендер жағына шабылған мойын мен сорайған қара қабырға тартылатын жайлар да аз кездеспейді. Білгендер бұл қалай деп тіксінеді, ұқпайтындарға бәрібір. «Ет етке, сорпа бетке» деп тарта береді. Бұл арада, бәрібір емес пе дейтіндер табылар. Бірақ қазақтың дастарқан басындағы пейілі мен ықыласы ұсынған тамағының жоралғысынан, дәм татуынан көрінеді. Отбасының берекесі, отағасы мен отанасының пиғылы, кісі сыйлай алатыны, салт-дәстүрді берік ұстайтыны табағынан да, тамағынан да білінеді. «Қырықтың бірі – қыдыр», деп арғы-бергіні болжаған кеңпейіл жандарды зерделілер жағы, «Тегі бар екен, ата жолын ұмытпапты» десе, бас жібі жоқ танадай тапырақтағандарды көргенде «Тамырына нәр тимеген жан болды ғой. Көргенсіз, тексіз деген сөз осындайларға айтылған-ау!» деп іштей түйіліп кететіндер де болады.

Иә, қазақтың сүйсініп жейтін сүйікті асының бастысы жылқы еті. Жылқыны қалай қадір тұтса, сойғанда да үлкен мән береді. Жолды білетін үлкендер жаны қиналмасын деп қасапшылар шақырады. Бауыздар сәтте көзін көлегейлейді, «көзіне көзің түспесін» дейді. Жан шықпай жұлындатпайды. Осының арғы жағында көбіміз біле бермейтін құпияның бары анық. Сүйекті шығарғанда балтаны жолатпаған, пышақпен бұзған. Кереғарыс қабырғаны сөккенде қарымды пышақты қайыс белдігіне жанып алып, осып-осып жіберіп, омыртқаның екі жағына жайған дастарқандай түсіретін істің ығын білетін қасапшылар аз болмаған. Көргені көп ондай кісілер жылқының ішін жарып жіберіп, шор-шор болып байланған қабырға етегіндегі қазыны байқағанда «бәрекелді!» деп, тас­падай етіп тіліп алып, қырандай шалқалап тұрып қылғытып жібереді. Жүрек майынан балалардың да аузына салып: «Қасиетті, қырық жылғы кеселді кеседі», дейтінін қайтерсің. Былбырап піскен қуырдаққа тіс тисін дейтіні және бар. Мұндай үлгіні үйретер үлкендер ауылда өмір кешіп жатқандардың арасында, ел ішінде осы күні де кездеседі. Сан мен қолды жіліктеуде, омыртқаны опыруда, белдемшені бөлуде, қазыны тіле білу де – өнер. Кәделі сүйекті етсіз қалдырмау, қазы айналдырудың да өзіндік қалыбы жетіп-артылады. Бұрынғылар бабына келтіріп, әр жылқыдан қабырғасымен келістіріп отырып әрі кетсе 12 қазы айналдыратын болған. Қазір жылт еткен майы мен қазы санын көбейту әдеті қалыптаса бастады. Үйметабақ жылқы еті алдыңа келгенде мұны қалай таусылар екенбіз деген ой қаумалайды, артынан сұрпы ет пен қазы-қарта, жал-жаяны араластырып турап жіберіп кіріскенде – сәлден кейін табақ түбі көрініп қалатынын қайтерсің. Бұл жылқы етінің балдай сіңімділігін дәлелдейді.

Қазір жылқы өнімінің, оның ішінде сүті мен етінің адам ағзасына пайдасын өзімізден бұрын өзгелер тамсанып айта бас­тады. Осыдан он алты жыл бұрын неміс ғалымдары жылқы етінің жүрек, қан-тамыр ауруларына шипа екенін дәйектеген. Вердер қаласында жылқы еті мен сүті арқылы ем қолданатын шипажай ашқан. Ал таяуда ғана америкалықтар да қазақтың ұлттық тағамына ден қойып, Грейс Гарет деген азаматша «америкалықты етпен сыйла» деген акция өткізіпті. Ақиқатына келсек, қазақтың табиғи тағамына төрткүл дүние көз тігіп қана отырған жоқ, күнделікті тірліктеріне қолдана бастады. Байқасаңыз, ұлтты таныту жолында қазаққа қазақ тағамының да жөн-жосығын терең білу, бұл менің халқымның қасиеті тағамы дейтін уақыт таяп келе жатқандай. Біз осыны қазірден бастап меншіктеп алмасақ, ертең басқаның қанжығасында кетері хақ. Бұл арада оған мысал іздеп әлек болмайық, кетсе келуі екіталай. Ондайда аяқастынан кең қолтық болып, өзіңді өзің жұбатып  қалғанының берекесі деп отырып қаласың. Не болмаса, ұлттық дүниең «бесбармақтың», «бешбармақтың» кебін киіп, қойыртпақтанып шыға келуі де ғажап емес.

Шындығына келгенде, атам қазақ жылқы­ның еті мен сүтін ас деп қана білмеген, сырқатына ем, тірлігіне тыныс деген. Өнімінің дәрумендігін ерте танып, білген. Оташылар айқасып біткен сынықты жылқы майымен ажыратып алып, артынан қайта орнына келтірген. Заман жаңарып, ғылым дамығанда жылқы етінде минералды заттардың, темірдің молдығы, А1, В1, В12 секілді дәрумендерге бай екені де дәлелденген. Жылқының жүрегі ми жасушаларын жақсартып, есте сақтау қабілетін арттыратыны, жүрек талмасы (инфаркт) ауруына душар ететін холестерин мөлшерін кемітетін, сүйек пен буынды бекітетіні анықталып отыр. Халқымыз бүгінгідей суытқышы болмаса да, жылқы етін ебін тауып жыл бойы жеген. Түрлі жолмен сүрлеп сақтаған. Сүр қазыны кертіп-кертіп бір күн бұрын саумалға салып келістіріп піссең, майы еріп келесі күні қымыз бал татып тұрады. Оны халқымыз май, не бал қызым деп атаған. Бұл бүйрек жұмысын оңалтуға көп септігін тигізеді екен. Заманауи дәрі-дәрмектен де жақсы әсер ететінін ғалымдар айтып жүр. Сол секілді сүр еттің адам ағзасына ерекше жасар жақсылығын зерттеушілер соңғы кездері жиі тілге тиек ете бастады. Бұдан аңғарылатыны, бабаларымыздың жылқы етін сүрлей сақтап жеу арқылы да денсаулықты түзеуге болатынын атам заманда зердесінде түйіндегенін аңғару қиын болмаса керек.

Жылқы еті мен сүтін зерттеп жүрген оқымыстылармен ой бөліскенімізде, олар бұл тағам адамның есте сақтау қабі­­летін жақсартатынын алға тартады. Ақылмандарымыз мұны тасқа баспай-ақ, әкеден балаға, баладан немереге жалғап, тіл маржанымен ауызша тарих қалыптастырғанын көреміз. Соның жемісін бүгін олар емес, біз көріп жатырмыз. Ұлттық үлгіні алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ол жыраулардың жырында тайға таңба басқандай суреттелген. Солардың сарқытындай саналатын арамызда жүрген, сиреп бара жатқан, көне көз қариялардың зердесінде жазылған хат дерсің. Сөйлетіп, сөзін тыңдасаң көргені мен көңілге түйгенін, бабалар өсиетін, өнегесін, халық шежіресін айнадағыдай анық айтады. Олардың жады жазған кітаптан да тұнық. Ұмытшақтық оларға жат. Қазіргілердің жады жіңішке жіптей болып бара жатыр ма, қалай? Көбімізді ұмытшақтық «илеп» алғанын несін бүгіп қаламыз. Бұл да жұрт болып ойланатын жай секілді.

Жылқы етінің қызуын жылқышылардан естуге болады. «Ет жеп, құрт қатқан сорпа ішіп, қақаған қыста, ұйытқыған ақ боранда күзетке шықсаң, тоңғанды қойып тершіп жүресің. Кейде денең қыз-қыз қайнағанда кеудеңді ашып қоюға тура келеді», дейді олар. Үлкендер аңыз етіп еске алатын бір әңгімені ортаға сала кетсек дейміз. Хантәңірдің баурайын мекен еткен Ерсары байға 3 мың жылқы біткен көрінеді. Қыста мал көздеп сыртқа шыққанда кеудесін ашып жүретін болған. Мұныңыз қалай дегендерге: «Денем оттай өртенеді. Ол кеселден емес, жылқының еті мен сорпасының құдіретінен ғой», дейді екен. Осы қасиетті ел болып ес кіргенде ұғып жатырмыз. Табиғи тамақтың құдіреті қашан да бөлек қой. Қаның да, жаның да таза болады. Бұл жағынан келгенде халқымыз, әсіресе, ауыл жұрты бұрынғыдай болмаса да көп жағдайда таза табиғи тағам тұтынып келеді. Алыс-жақын шетелден келгендердің қазақ дастарқанына сұғына кететіні содан шығар. Соңғы кезде соны жете білген көршіміз Қытай елі жасанды астың оңалтпайтынын ұғып, жерімізге қарай табиғи таза тағамымызға, өндірген өнімімізге, өрістегі малымызға сұраныстарын арттыра бастайтындарын айтуда. Тек оларға алдағы уақытта өзіміз өңдеген өнімді берсек, жұқа қалтамыз қалыңдап, дағдарыстан дағдарған тірлігіміз оңалар еді.

Қазір ауру түрі көбеймесе, азаймай тұр. Оған жасық, жасанды тамақ та өз «үлесін» аз қосып отырған жоқ. Сонау өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы аласапырандағы бір жиын еске түседі. Девятко деген Денсаулық сақтау министрі болды. Ол баспасөз мәслихатын өткізіп, қалың журналист сұрақты жаңбырша жаудырды. Сондағы айтатындары: «Балалар арасында сырқат көбейіп кетті. Бұған не себеп?» дейді жарыса. Министр де ыға қоймайды: «Бұрын біздің балалар табиғи тамақ ішетін, оның өзі қатаң қадағаланып отыратын. Қазір коладан бастап, көзге әдемі көрінгенмен қуаты шамалы түрлі-түсті сусындар көбейді. Оны ішкен балалардың қарны қампиғанмен артынан өзегі қараяды. Бұған біздің бүлдіршіндердің ағзасы үйренбеген. Бұл балалар арасындағы сырқатты көбейтуде. Мұны халыққа жеткізулерің керек», деді. Ол тұста шенеуніктің сөзі құлаққа кіре қоймаған. Табиғи тағамның құндылығын енді біліп, қазір көзді алдаған сол сулы-суаннан құтыла алмай жатырмыз.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп біз кейде жылқы өнімінің қасиетін бірде біліп, бірде білмесек сырттағылардың, алда айтқанымыздай керемет бағалай бастағанына көз жеткізіп келеміз. Оған бір мысал келтіре кетелік. «Қазақта не болса, бізде соның бәрі бар. Қазақтарда жылқы әлі де өте көп, бізде азайып кетті», деген атақты түрколог ғалым, түбіміз бір деп Еуропада қазақ рухын жаңғыртқан, өмірден озғанда мәңгілік жайын қазақ топырағынан тапқан Иштван Қоңыр Мондоки Мажарстандағы (Венгрия) үйінің бір бөлмесіне ертұрманы түгел ағаш ат жасатып, қазақ елінен алдырған жылқы етінің бір кескенін асып, соны ағаш аттың үстінде жеп, сорпасының бір тамшысын қалдырмай ішіп: «Менің бабаларым осындай аттың үстінде жүріп жерін қорғаған, елін ел еткен», дейді екен. Бұл деректі бізге осыдан он жылдай бұрын Астанаға ұлы Атланды алып келген, тек тамырын қадірлеген арыс азаматтың жары, қазақ қызы Оңғайша айтқан еді.

Жұрт түліктің төресі, есті делінетін жылқы туралы ақиқат әңгімелер, ырымдар мен тыйымдар көп. Әсіресе, байтағымызда судың тұнығын ішіп, шөптің шүйгінін жеген жылқы өніміне не жетер дейсіз. Қазір жылқы семіртудің алуан жолдары бар көрінеді. Шіркін, жеріміздің жартысында алалы жылқы өсіре алсақ, таза тағам өндіріп, төрткүл дүниеге таратсақ – есеміз кетпес еді. Осы арқылы қазақ еттің де абыройын асырып, оның иесі де, киесі де өзіміз екенін танытар еді. Жылқының басынан бастап, қара тұяғына дейінгі өнімдеріне патент алсақ, ұлт байлығына әр жылы емес, әр күні тасты тес­кен тамшыдай табыс тамып, қоржындағы қорымыз молая беретініне де иманымыз кәміл.

«Қойдың еті қорғасын» деген қой етінің де қасиетін, қуатын айқындағандардың бірі біздің бабаларымыз. Оны да олардан қалған қазақ сөзі дәйектеп бере алады. Жеңіл-желпі жел-ғұзыңды қойдың сорпасымен, құйрық майымен емдеп алатын тәсіл де өткеннен қалған сабақ. Қимыл-қозғалыс барда, таза ауа, таза су қуатты тамақты сіңіріп жіберіп отырған. Сондықтан да қой етіне бұрынғылар ерекше көңіл бөлген. Осы күндері ғой, қой етінің ауырлығы сезіліп жүргені. Дегенмен, соңғы уақытта халық қой етіне қайта бет бұра бастады. Сорпасының сүйкімді екенін тамсана айтады. Тек жас күйінде, белгілі мөл­шерде жесең зиянынан пайдасы мол дейді көнекөздер. «Қысқы соғым уақытында болмаса, үш маусымдағы қорегіміз қой мен ешкінің еті ғой» дейді үлкендер жағы. Амал қанша, ұлттық үлгіні ақша табуға бұрып алғандар, ақшаға құныққандар «бесбармақ» деп берекесін кетіріп жүр. Көнбіспіз ғой. Береке-бірлік бізге ғана керектей, еркіндікті еркелік деп ұққандарға тәйт деуге жарамай, тыйып тастау қолдан келмей – бұралқы сөзге де үйреніп барамыз.

Он үш мүшеге бөлінетін қой етінің де өзіндік жол жоралғысы жетіп-артылады. Қойдың басын бұрын езуінен бастап кесетін болған. «Езуіңді тілейін бе?» деген тіркес содан қалса керек. «Қойдың құлағында береке бар», деп құлақты балаға берген. Мұның астарында береке балаға қонсын деген ниеттің жатқаны анық. Осы жерде мына бір нәрсені айта кетсек дейміз. Мал етінде без түйіндері болады. Оған халқымыз қатаң мән берген. Бұрын кәделі сүйектен без шықса, иесіне ат-шапан айып салған. Себебі, безде адам уланатын токсин болатынын ұлт жақсылары баяғы заманнан білген.

Соғымнан сыбаға сақтаудың өзіндік салты әлі күнге дейін жоқ емес, бар. Бірақ оның өзі сирексіп барады. Бұл бұрын сыйлы ағайын, қимас құда арасын жалғайтын дәнекер көпір іспеттес екен. Ең бастысы, бұл дәс­түр­дің ас­та­рында телқозыдай тең жүрейік деген сыйластық жатқаны ақиқат. Жұртымызда бір атым насыбайдан көңіл қалатын, жоқтан бар жасап, бақытын табатын мінездер болғанмен, екеуінің ат байлар қазығы – береке-бірлікке ұюға тіреледі.

Мал етінен жасайтын тағам түрлерін тізсек өте көп. Жас қойдың етінен сірне, басынан мипалау, құдалықты бекітетін құйрық-бауыр, ет қосып өкпе-бауырдан пісіретін қуырдақ, төстік қақтау – осылай кете береді. Алдына келген етті тап басып тану жөнінен де қазақ алдына жан сала қоймаған. Мұны айтасыз, дұрыс бауыздалмаған, арам қаны толық кетпеген мал етін дәмінен білетін зеректер де болған екен. Халқымыз арам етке жоламаған. Бұл да тектілігін көрсетсе керек.  Етті қойып, сүйек сорпасы мен сүйек майының пайдасын жақсы ажыратқан халқымыздың қадірлі жандары қандай зерделі десеңізші. Мал еті өз алдына, бұғы, марал, бөкен, қарақұйрық секілді аң, қырғауыл, үйрек, қаз, ұлар тәрізді құс еттерінің де сіңімділігін білумен қатар, оны қай кезде аулау керектігін аналығын сақтап қалуды алдымен ойлағанын қайтерсің. Оған оқ атып жайратқандар мен жаралағандардың түбі оңбайтынын ескертіп отырған. Қазақтың өзіндік заңға бергісіз қағидаларын берік ұстасаң, жолдан таймайсың. Теріс пиғылдан, жат қылықтан алыс жүресің. Қазақ жерінің кеңдігіне қарай әр өңірдің өзіндік ғұрпы, атаулы тамағы болады. Мәселен, түйе етінің дәрілік, қодас етінің қуатты болатыны анықталған. Кешегі келмеске кеткен КСРО заманында Қазақ елінде 1 миллион 200 мыңнан астам түйе болған көрінеді. Шіркін, түйе өсіруден сондай биікке жетсек, еттен тау тұрмаса да халықтың қажеті біраз өтелер еді. Сүттен теңіз ағызбасақ та, емдік қасиеті бар тағам бастау суындай тұнып тұрар еді.

Шекшек ата түлігіне деген сұраныс қазір жыл санап артып келеді. Өйткені, ешкі өсімтал. Өткен ғасырдың басында ешкі қазақ даласында 19 миллионнан асқан екен. Отызыншы жылдардың ойранынан кейін ешкі шаруашылығы қатты дамыпты. 1950 жылдары қазынаға 20 мың тонна ет, 200 тонна жүн, 70 тонна түбіт өткізуге қол жетіпті. Жердің шөбін айтпағанда, тау-тастағы бұта гүлдерін, өзге де өсімдіктерді қосқанда 500-ге жуық шөп түрін теріп жейтін бұл жануар етінің құрамында холестерин көрсеткіші құс етінен де төмен екен. Қазір жұртшылық ешкі еті мен сүтіне ерекше мән беруде. Қия жерлерді қия басып семірген ешкінің қабырғасынан атам қазақ қазы айналдырған. Семіз лақтың етінен былбыратып пісірген қуырдақтың адам ағзасына тигізер пайдасын бұл арада айтып тауыса алармысың? Бұрынғылар ешкінің етіне суық күздің желі кірген соң соймайтын болған. Біз бір азаматты білеміз. Жаз өтіп күз ортасынан ауғанда қыста, көктемде жейтін ешкі етін ерте қамдап, суытқышына толтырып қояды. Ол бұл тірлігін жыл бойы пайдаланатын менің  дәруменім ғой дейтіні бар. Іргелес көршіміз Қытай мемлекеті тастақ келетін күнгейлі жерлерге ешкі өсіруді әдетке айналдырыпты. Мұның өзі жер пайдаланудың әдемі үлгісі десек болар.

Қазақтың байтақ даласы – астындағы кенімен ғана емес, үстіндегі байлығымен де қасиетті. Сол байлықтың бір парасы балық дер едік. Балықтың етін бабына келтіріп пісірсе керемет! Сорпасының да дәмі бөлек. Балық етіндегі амин қышқылдары адам ағзасына өте пайдалы. Бауыр ауруларының алдын алады. Балық белогында бой өсіруге ықпал ететін қышқыл да баршылық. Балық тағамдары жүректің қан айналысын жақсартуға септігі бар екені дәйектелген. Сөз түйініне келсек, ет тағамдары туралы таратып айта беруге болар еді. Бірақ бір мақалада оның бәрін қамту мүмкін емес. Ең бастысы ниет, Отанымызда таза табиғи еттің бар екенін еске салу. Осының қадіріне жетсек, алдағы уақытта құндылығын жоғалтып алмай, қастерлесек қана. Жасанды тамақтың зия­нынан әлем халқы қашып жатқанда, біз барымызды бағаласақ ұтылмаймыз. Бір қуанарлығы, анау жылдардағыдай емес, халқымыз өз өнімдерімізге ұмтыла бастады. «Өзің өндірмей өзегің жалғанбайды» деген ұғымды түсініп, түйсініп келеді. Дүкендерге барсаң сатып алушылар қызмет көрсетушілерден өнім қай жердікі дегенді сұрайтын халге жетті. Бұл бардың қасиетін танып-білу деп ойлаймыз. Тәңірім ұлтымыз қиналмасын, қысылмасын, өзгеге алақан жаймасын, кіріптар болмасын деп барлық жақсылықты жасаған. Жаратушымыздың сол жақсылығын өзіміз ғана көріп қоймай, кейінгі ұрпағымызға еншілеп берсек, есесі кетпес еді.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

толығырақ

         Қазақтың ұлттық тағамдарын сөз еткенде, әрине, ұлттық сусындарды тасада қалдыруға болмайды. Нақ осы ұлтымыздың сусындарына қатысты отандық ғалымдар бір ғана қымыранның жүзге тарта қасиетін дәлелдеп отыр, деп жазады «Алматы ақшамы» газеті.

        Жалпы жылқы, сиыр малындай емес, түйенің жейтін шөбі басқа. Сондықтан, оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Шұбатты ішкен адамның қарны да ашпайды. Ол - әрі сусын, әрі тамақ. Қымыранның маңыздылығы, майлылығы жоғары. Іш құрылыстары ауыратын адамдарға бұл - мың да бір ем. Әсіресе, асқазан жарасына шипалы. Шұбаттың арқасында осындай дертпен ауырған талай адам жазылып кетті. Сондай-ақ, шұбат адамның иммунитетін көтереді.

      Жақында ғана ғалым-профессор Мұсатілла Тоқанов диабеттен құтқарудың ғылыми негізін жасады. Сусамыр дертіне шипа таппай әлемдік медицина дағдарып жатқанда шымкенттік ғалым Мұсатілла Тоқанов дауасын түйе сүтінен тапты. Қазір дүниені обыр ауруы теңселтіп тұр. Әлемдік медицина дәрменсіз. Бірақ, емін жаппай іздеп жатыр. Мәскеудің Герцен атындағы онкологиялық институтының профессоры Р.И.Якубовская бастаған бір топ ғалымдар обыр ауруының алдын алатын лапрот деген препаратты өндіріске енгізбекші. Профессор ракқа қарсы лактоферрин деген ферментті ана сүтінің ақуызынан тапқан. Бірақ, ғылыми жаңалықтың өзіндік қиындықтары аз емес. Ғалымның дәлелдеуінше, түйе сүтінен де лактоферрин алуға болады. Сонымен қатар, түйе сүті сиыр сүтімен салыстырғанда «С» дәрумені 5 есе, «РР» 3 есе, «Е» 2 есе, «темір» 10 есе, «кальций» 1,5 есе, «лактоферрин» 30 есе көп. Басқа қасиеттерін санамағанда құрт ауруына, ішек-құрылыстары, бауыр, дәрумен жетіспеушілік, қан аздық және қант ауруына бірден-бір еміңіз түйе сүтінде.

       Негізінде, денсаулыққа аса пайдалы бұл сусынның қадірін бізден бұрын шет ел біліп отыр. Қазірде Израиль, Германия, Норвегия тәрізді елдерде қымыранның құны да жоғары, өндірілу технологиясы да сапалы. Малайзия, Израиль, Германия елдерінде қымыранның құрылысын, қасиетін, құрамын зерттеуге сол елдің ғалымдары барынша ықылас білдіруде. Ғалымдардың айтуынша, сапасы жоғары қымыранның адам ағзасындағы өт жолдарын тазалауға, бауыр-бүйрек жұмысын жақсартуға берер шипасы мол екенін анықтады. Оған дәлел, бір литр қымыран ересек адамның В1, В12 және С дәрумендеріне деген қажеттілігін бере алады екен. Қымыран қышқыл бөлуді тездетіп, асты жылдам қорытуға септігін тигізеді. Осы арқылы бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Айран мен сүтке қарағанда қымыранның тиімділігі анағұрлым жоғары.

        Қымыранның адам ағзасына тигізер шипасы орасан. Біріншіден, адамның асқазаны мен ішегіне көмегі көп. Екіншіден, жүйке жүйесін қалпына келтіреді. Адам ағзасын орнына келтіруге пайдасы зор. Сондықтан күнделікті тағам рационына түйенің сүтінен жасалған қымыранды қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, қуатыңыз арта түседі.

толығырақ

      Еліміздің әр өңірінде бие сауым маусымы басталды. Қымызшылар көктемде сауылған сусынның түрлі дәрумендерге бай екенін айтады. Ал, осы айдан бастап дүкен сөрелерінен тұңғыш рет бие сүтінің негізінде жасалған тағам түрлерін табуға болады. Олардың қатарында тіпті қантсыз, консервантсыз табиғи балмұздақты да кездестіресіз.       "Мынау сүт - биенің сүті, қазір ғана сауып келді. Саумалды ем үшін елдің барлығы ішіп жатыр. Бағана таңертеңгі сауында 30-дай адам ішіп кетті".

     Махановтар отбасында наурыз айынан бастап күздің соңғы күндеріне дейінгі күнделікті тіршілік осылай басталады. Бие байлап, қымыз сапырған үйдің бал татыған қымызы мен саумал, шұбатын ішуге күн сайын ондаған адам келеді екен. Бие сүтінің қасиетін мойындап, дертіне шипа іздегендер қаншама. Үзбей қымыз ішіп жүрген емделушілер қатарында тіпті қатерлі ісіктен айыққандар да болыпты.

      "Мен өзім Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласынан осы ағаның үйіне келіп, саумалды ішкеніме биыл 3-ші жыл болады. Биылдың өзінде 1 айға жуық болды ішіп жатырмын. Ем болды бауырыма, қант диабетіне, ұйқы безіме",- деді Талғат АЙМЕНОВ.

      Бала кезінен жылқы байлап, бие саууды әдет еткен Өтеміс Маханов жыл сайын мемлекеттен субсидия алып, қымыз бен шұбат өндіруді кәсібіне айналдырған. Қымыз қасиетті сусын болғандықтан, тазалықты, ашыту технологиясын жіті сақтауды және ыдыстың сапалы болуын қажет етеді дейді қымызшы. Бүгінде Өтеміс ағаның қолынан шыққан қымыз бен шұбатты ішіп, зерттеуге тіпті жапондықтар да келе бастапты. Ал, қымызшының өзі қаладағы базар маңында сатылып жатқан бие сусындарының сапасы сын көтермейтініне қынжылады.

      "Бұған арамдық істеген адам ол өмірде оңбайды. Аққа ештеңе қосуға болмайды, бұл ақ. Мысалы мына базарда, "Алтын орданы" айтайыншы, 350 теңгеден қымыз бен шұбат бола ма? Бұны тексеретін бір орган жоқ қой қазір. Жартысы су оның, қымызды қолдан істейді барып. Бұны тексеріп жатқан ешкім жоқ қой. Тексереді, соған ақша береді де ол кете береді. Міне, ол қайта адамды ауру қылады. Қымыз негізі 3 күн, 72 сағаттан кейін ол қымыз емес",- деді қымызшы Өтеміс МАХАНОВ.

      Бие сусынында ағзаға пайдалы С дәрумені көп. Ол жүрек қантамырлары мен қант диабетіне таптырмас ем. Ал, дүкен сөрелерінде самсап тұрған құтылардағы қымыздар түрлі технологиядан өтіп дайындалғандықтан, шипасын жоғалтады дейді белгілі академик Төрегелді Шарманов.

    "Биенің сүтінің қасиеті - ешбір малдың сүтіне ұқсамайды. Оның табиғи қасиеті анағұрлым жоғарыда тұр. Мысалы оны қайнатуға, оны стерилизация жасауға болмайды, өйткені бүлінеді. Ал, сиырдың сүтін, қойдың сүтін, ешкінің сүтін егер сен қайнатпасаң бұзылады. Мынаны қайнатсаң, бұзылады. Бұның құрамы, белогының өзі ерекше. Басқа сиырдың сүтінде белок мысалы "козейн" деп аталады, өте қиын қорытылады. Ал, бұның құрамы басым көпшілігі альбумин, өте нәзік белок. Ол ас қорытуға да жақсы, оның дәмі де тәтті",- деді Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді ШАРМАНОВ.

     Осы айда Қазақ тағамтану академиясының мамандары бие сүтінің негізінде жасалған он беске тарта тағам түрлерін тұңғыш рет саудаға шығармақшы. Өнімдер қатарында жылқы сүті қосылған торт, шоколад, ірімшік пен йогурт та бар. Ең бастысы, балмұздақты жақсы көретін жандар үшін шектеусіз тұтынуға болатын «Кербұға» атты балмұздақ шығарылады. Бұл балмұздақтың құрамында қант пен трансмай қышқыл дейтін қауіпті заттар жоқ деп сендірді. 

       almaty.tv

толығырақ

Kozhe

     Халқымыз ежелден жеті санын қасиетті дейтіні белгілі. Ұлттық таным бойынша жеті қазына, жеті апта, жеті қат көк және тағы басқа ұғымдарды білеміз. Осылардың қатарынан орын алатын жеті  түрлі дәмнен жасалатын Наурыз көженің ерекшелігі қандай? Әр жаңа жылда дайындалатын осынау дәмнің құдіреті неде?

Судың маңызы

     Су – тамақ рационының маңызды құрамдас бөлігі. Сусыз тіршілік жоқ. Адам шөлдегеннен гөрі аштыққа шыдамды келеді. Зат алмасудың барлық үрдістері судың қатысуымен атқарылады. Тамақты сіңіру, қанға нәрлі заттардың жетуіне әсер етеді. Зат алмасудың зиянды өнімі ағзадан су арқылы шығарылады. Организмде судың жеткіліксіз болуы шөлдеуге әкеліп соқтырады да, судың артық болуы жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысын қиындатады, қатты терлетеді, қалжыратады.

«Ет етке, сорпа бетке»

      Ет – ең негізгі тағамдық өнімдердің бірі. Еттің дәмі әр алуан тағамдармен жақсы үйлеседі. Қоректілігі жағынан ең құндысы әрі жұмсағы – бұлшық ет. Бұлшық ет тінінің ақуызында адам ағзасына қажетті амин қышқылдары түгелдей кездеседі. Экстрактивті заттар етке хош иіс беріп, ас қорыту бездерінің қызметін жақсартады. Ет нәрлілік май тіндерінің мөлшеріне байланысты. Қоректік және дәмдік сапасы бойынша ең тәуір етте 14-19% ақуыз, 12-15% май болады. Еттің құрамында су (73-77%, ақуыз (18-21%), май (1-3%), дәрумендер (В1, В2, В6), минералды тұздар, экстрактивті заттар бар. Наурыз көжеге арнайы сойылған қойдың басын, етін салады.

Сорпа

    Сорпаның азықтық нәрі көп, асты жеңіл таратуға, жұғымдылығын арттыруға әсері мол. Адам ағзасына қажетті заттардың 15%-дан астамы осы сорпада. Сорпасы нәрлі, еті жұмсақ, татымды, дәмді болсын деген етті салқын суға салып, отты ә дегеннен күшті жақпай, жай шымырлатып қайнату керек. Ет қайнап жатқанда көбірек сапырылса, сорпа дәмді және құнарлы болады.

«Ағарған ішкен  азбайды»

     Кезінде академик И.П.Павлов сүтті «табиғаттың өзі дайындаған тамаша тағамы» деп бағалаған болатын. Қоректік жағынан алғанда бұл – тағамдық құндылығымен ағза үшін аса маңызды табиғи өнім. Сүттің тарихы ертеден басталады. Археологтар бір қазбадан тапқан ірімшік қайнататын қазанды жер астында 5000 жылдай сақталған деп топшылайды. Сүт дәрумендерге, көмірсу мен майларға, ақуыз бен минералды заттарға, микроэлементтер мен ферменттерге өте бай.
      Құрт – ұлттық тағам. Ашыған айранды сабаға құйып, бірнеше күн іркіт жасайды. Сабада пісірілген іркітті майы алынғаннан кейін үлкен қазанға құйып қайнатады. Іркіт баяу қайнап, жел көбігі таралғаннан кейін қоюланады. Суыған соң таза қапшыққа құйып, суын сорғыту үшін іліп қояды. Сары суы ағып, 5-6 күн бойы әбден құрғаған соң, ұсақтап бөліп, сығып, өреге жайып, кептіреді. 1-2 аптадан соң өредегі құртты қапқа салып, күн көзіне кептіреді. Құртты 2-3 жылға дейін сақтауға болады. Құрттың сарысуын сүт қосып қайнатып ірімшік жасайды. Құрт өкпе ауруына ем. Ұзақ сапарларда құрт – әрі сусын, әрі қорек. Сары суын ауырған малға ішкізеді, шаш жууға болады, тері илеу үшін малма жасайды.

Май

      Май – барлық азықтардың негізгі нәрі, ең негізгі құнары. Мал майының өткірлік, дәмділік, емдік қасиеттері бар. Майлар – тағамның қажетті және ең нәрлі құрамдас бөліктері. Ағзаға 1 грамм май сіңіп тарағанда, ақуыз немесе көмірсулар тарап сіңгендегіден 2 есе артық жылу қуаты бөлініп шығады. Майдың тағы бір қасиеті – ол өзімен бірге пайдаланылған басқа тағамдардың жақсы қорытылып сіңуіне ықпал жасап, оларға дәмді және хош иіс береді. Майда А, Д, Е дәрумендері бар.

«Арпа, бидай ас екен»

      Тары, күріш, арпа, бидайдың тағамдық қасиеті жоғары және жұғымды калориялы болады. Олар балалар мен ауруға шалдыққан адамдарды тамақтандыру үшін ерекше қажет. Бұл дақылдарда аз мөлшерде дәрумендер мен калий, кальций, магний, фосфор, темір тұздары болады. Сонымен қатар көмірсу мен өсімдік ақуыздарының негізі. Ақуыз қозғалысты қамтамасыз етеді, яғни бұлшық еттердің жиырылуы мен жазылуы үшін қажет. Өкпеден сіңіріп алған оттегіні денеге таратады. Ақуыз мал мен өсімдіктен алынатын өнімдерде кездеседі. Олардан алынатын ақуызды дұрыс ұштастыру арқылы ақуызы жеткілікті тағам әзірлеуге болады. Көмірсу бұлшық еттің, жүйке жүйесінің, жүректің, бауырдың қызметі үшін ағзаның майды қалыпты сіңіруі үшін өте қажет. Тамақ құрамында көмірсу болмаған жағдайда тамақтағы май толық сіңбейді де, денсаулыққа зиян келтіреді. Көмірсу өсімдік өнімдерінде өте көп, сонымен қатар сүтте, бауырда болады. Ұлттық тағамдардың жұғымдыларының бірі саналып, біраз ас түрлерінің дәмін келтіретіні – тары. Тары – өте құнарлы дақыл. Оның құрамына назар аударсақ, ақуыздың 10-15, көмірсудың 59, майдың 38, күлдің 3,6 %-ы барын анықтауға болады.

«Тұзды төкпе, малды теппе»

     Тұз – адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуі үшін бірден-бір қажетті зат. Ол тағамның дәмін келтірумен бірге тіндердегі су мөлшерін реттеп, асқазан сөлінде тұз қышқылын түзеді. Адам ағзасына күн сайын тамақ арқылы орта есеппен 10-15 грамдай ас тұзы сіңіріледі. Ас тұзы тағамның барлық түріне қолданылады. Тамаққа тұзды дұрыстап салудың маңызы зор.

        Райхан СҰЛТАНБЕКОВА, Халық ағартушы ісінің үздігі, ҚР-ның құрметті спорт ардагері

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=36183

толығырақ

    

      «Алматы ақшамы» басылымы Алматы апорты туралы «Апортқа ағылшын премеьрі де таңқалған» деген тақырыппен тамаша естеліктер жариялады. Соның екеуін қысқартып, оқырман назарына ұсынамыз.

*** 
        Кезінде газеттердің бірінде жазылды, 1978 жылдың 6-13 қыркүйегінде Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық конференциясы өткені белгілі. Айтулы алқалы жиынға басқа атақты дәрігерлермен бірге құрметті қонақ ретінде әйгілі Джон мен Роберт Кеннедилердің інісі, америкалық танымал сенатор Эдуард Кеннеди де келген болатын. Мұхит асып келген мәртебелі мейманды Алматы маңындағы Социалистік Еңбек Ері Қапиза Әбдіғұлов басқаратын Мичурин атындағы колхозға апарып қонақ етіп, алдына басқа дәм-тұз, тағамдарға қоса апортты қойғанда, бұрын-соңды көрмеген алқызыл алманы көріп, тамсанып, қайта-қайта танауына апарып иіскей беріпті. Кетерінде: «осы алмадан маған үш-төртеуін берсеңіздер?» деген өтініш айтыпты. 


      Бір қызығы, сол тұста осы кәдімгі алтын тәжді «Қазақстан» қонақ үйінің жаңадан пайдаланылуға берілген кезі-тін. Соны мақтаныш көріп, «Қалай біздің қонақ үйіміз сізге ұнады ма?» деп сұраған журналистерге Э. Кеннеди: «Америкада менің мұндай үш қонақ үйім бар. Дегенмен, маған сіздердің қонақ үйден гөрі ғажайып апорт алмаларыңыз ұнады» деп жауап беріпті.

       Бұдан өзге Алматының апортына қатысты кейде қы¬зықты тарихи фактілер де айтылып жатады. Қаншалықты рас екенін қайдам, әйгілі 1943 жылдың 28 қараша - 1 желтоқсан аралығында болған Тегеран конференциясы табысты аяқталғаннан кейін И.В. Сталин Англия мен АҚШ басшыларының құрметіне Ирандағы кеңес елшілі¬гінде қабылдау жасаған көрінеді. Қабылдауда дастархан мәзіріне басқа жеміс-жидекпен қатар Алматының апорты да қойылыпты. Әрбір ерекше нәрсені қалт жібермейтін әккі саясаткер әрі аңғарымпаз ағылшын премьер-министрі Уинстон Черчилль (әңгіме болсын деді ме екен) апортты қолына ұстап тұрып, «хош иісті, мынадай экзотикалық алма қайдан келген?» деп сұрапты дейді. Оған И.В. Сталин маңғазадана сөйлеп: «Бұл алма біздегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы Алматыда өседі. Социализм алмасының осындай ерекшелігі болады. Сенбесеңіздер, қараңыздар!» деп апортты көлденеңінен кесіп көрсеткенде ортасынан бес жұлдыздың сұлбасы шығыпты. Сонан соң Сталин үстел басында отырған Чер¬чилль мен Рузвельтке қарата сөйлеп: «Мырзалар! Өздеріңіз жақсы білесіздер, бес жұлдыз - Кеңес одағының символы. Сондықтан да бес жұлдыз белгі біздің Елтаңбамызда және Туымызда, ерлікке берілетін орден-медальдарымызда, тіпті, ақшамызда да бар» депті.



     Сөйтіп, И.В. Сталин У. Черчилльді сөзден ұтып, Рузвельттің назарын аударыпты деседі. Осылайша Алматының апорты үш ұлы держава басшыларының жарасымды әңгімесіне себепші болыпты.

      http://www.inform.kz/kaz/article/2875014

толығырақ

«Қуырдақтың көкесі»

    
        Ару қала Алматыда шүйіркелесіп отырып шай ішетін, қонақ күтетін, тіпті шетелден келген қонақтарға ұлттық ас мәзірін ұсынатын асхана-мейрамхананың жоқтығы талайдың өзегін өртеп жүр еді. Барымызды көрсете алмай, жоғымызды түгендей алмай уақыттың біразын жоғалтып та алдық. Бұл жөнінде «Ана тілі» газетінде де талай жазылды. Мәселен, «Көкейкесті мәселе» айдарымен журналист Дәуіржан Төлебаевтың «Қазақ мейрамханасы неге жоқ?» («Ана тілі», №30 (1288) 30 шілде – 5 тамыз, 2015 ж.) атты мақаласында дәл осы сөз болып отырған мәселе көтеріліп, оқырмандар тарапынан қызу қолдау тапқан-ды.

      Осы олқылықтың орнын жас кәсіпкер толтырды. Алматыда Түр­кебаев пен Дүйсенов көшелерінің қиылы­сында ұлттық мәзірімізді наси­хат­тайтын «Қуырдақтың көкесі» атты шағын дәмхана ашылды. Қазақтың ұлттық та­ғамдарын көпшілікке ұсынып, елді елең еткізген жаңалықтың иесі – Алматы технологиялық уни­верситеті экономика және бизнес факультетінің 4-курс студенті Еркебұлан Мәкенов.
      «Жас келсе, іске!» демекші, небәрі 21 жастағы Еркебұланның бас­тамасы көңіл қуантты. Сабағы­нан тыс уақытта мейрамханаларда жұмыс істеп, қосымша табыс тапқан жас енді өз кәсібін ашуды армандайды. Көп ізденіп, кәсіпкерлік жөніндегі білімін толықты­рып, ойлана келе қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттауды қолға алады.
      «Бұл дәмхананың ашылуына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі жиында айтқан сөздері түрткі болды. Әкім қалада бірде-бір ұлттық мейрамхана жоқтығын тілге тиек етіп, ұлттық ас мәзірімізді насихаттау қажеттігін меңзеген еді. Көптен бергі арманымды іске асыруға құлшына кірістім» дейді Еркебұлан.
      Көп естігеннен бір көрген артық. «Қуырдақтың көкесіне» бас сұқтық. Қазақы киімдегі қыз-жігіттер жылышыраймен қарсы алды. Құдды бір ауылыңдағы таныс үйіңе келгендей әсер аласың. Әнебір дас­тарқан басында келушілердің бірі домбырамен ән салып отыр. Молынан жайылған тағы бір дастарқанда шетелдік 5-6 азамат тамақтануда. Жүздері жарқын. Келесі бір барғанда әріптестерімізді кездестірдік. Байқағанымыз, келушілер қатары күн өткен сайын молайып келеді.
     Ал енді ас мәзіріне келсеңіз, тіл үйірер дәмді тағамдарды осы жерден табуға болады. Қуырдақтың бірнеше түрі бар. Жас еттен бе, сүрі еттен бе, қалауыңыз біледі. Түйе, жылқы, сиыр, қой етінен жасалған қара қуырдақ, қонақ қуырдақ, сырбаз қуырдақ, қабырға қуырдақ, асылған ет, қазы-қарта, жал-жая, шұжық, қазы нарын, нарын, әсіп, сірне, құйрық-бауыр, жаппа, түймеш, жөргем, үлпершек, қарын бөртпе, қуырылған бауыр, ұнға қуырылған бауыр, кеспе көже, қатық қосылған кеспе көже, бидай көже, тары көже, ақ ірімшік, сары ірімшік, жент, қатық, құрт, қарындағы май, балқаймақ, таба нан, ыстық бауырсақ, бапталған қымыз бен шұбат секілді, айтып тауыса алмайтын қазақтың ұлттық тағамдарын кездестіресіз. Қаймақ қатқан сүтпен шай, талқан шай, қалампыр шай, т.б. күрең қызыл шайды рақаттана ішіп, жаның жай табады.
     «Қуырдақтың көкесі» дәмханасы әзірге он адамды жұмыспен қамтып отыр. Аспаздық білімі бар, қуырдақтың қыр-сырын білетін маманды табу оңайға соқпапты. Ауылда өскен, қуырдақтың түр-түрін жақсы білетін Гүлнәр есімді бас аспазшы іріктеуден өтіпті.
     Оқырмандарымызды дәмхана­ның бағасы да қызықтырары сөзсіз. Ең қымбаты – қазы-қарта, жал-жая. Бағасы 2200 теңге. Қуырдақтың бағасы 1200-1500 теңге аралығында. Қадірлі қонағын күтуге, ұжыммен бірге келіп тамақтануға алдын ала тапсырыс беруге болады.
    Бұл қалалықтар, әсіресе шетелдік қонақтар үшін таптырмас орын екендігі белгілі. Бастысы ұлттық нақыштағы безендіру мен қызмет көрсету сапасын әлі де жетілдіре түсу қажет.
    «Қуырдақтың» ізін жалғап, «Бауырсақ», «Ірімшік», «Уыз» тә­різді қазақтың ұлттық тағамын насихаттайтын дәмхана-мейрам­ханалар өмірге келіп жатса қандай ғанибет.
     Еркебұлан Мәкеновтің алдына қойған мақсатының бірі – Алматы қаласында       «Қуырдақтың көкесінің» санын көбейту. Күні кеше Әуезов пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысынан 70 адамдық дәмхана ашылғанын қуана жеткізді. «Негізгі мақсатым – ата-бабамыздан қалған ұлттық тағамдарды ұмыт қалдырмай, келешек ұрпаққа жеткізу. Алдымен өз бауырларыма, содан кейін өзге ұлт өкілдеріне қазақтың ас мәзірін жоғары деңгейде ұсынсам деген ниет бар» дейді жас кәсіпкер.

         Бағдагүл Балаубаева

         http://anatili.kazgazeta.kz/?p=35445

толығырақ

кумыс

       Қасиетіңнен айналайын қымыздың арқасында исі қазақ­тың баласы ықылым заманнан им­мунитетін дін аман сақтап, бүгінгі күнге жетті. Құдайға шүкір, ата-бабамыздан қалған сусынның осы бір саф асылы қазір де зор күшінде сұранысқа ие. Және қазір оның дәрулік қасиетін дүниежүзі танып, біліп отыр. Оған мысал керек пе? Мінекейіңіз!

        Алыстағы Алманияның Баден-Вюртемберг деген жерінде Ганс Цольман деген неміс 400-ге тарта жылқы ұстап, бие сауып, қымыз ашытады екен. Қымыз болғанда, ақылы асқан осы немісің бие сүтін құрғатып, одан ұнтақ алуды ойлап тапқан… Қазір оның тасы өрге домалап, шаруасы шалқып тұр екен. Мұны Ғалымжан Мейрамбеков деген қазақ өз көзімен көріпті. Бұл жігіт өзі Жаңаарқаның тумасы. Білім қуып Австрия, Германияда оқыған. «Алманияда бір неміс жыл сайын қазақ диаспорасының басын қосып, қымыз фестивалін өткізеді» дегенді естіп, арнайы барып танысқан ғой. Талапты қазақ пен тапқыр неміс тез тіл табысыпты…

      Тағдырдың желі жұмыр басты пенде баласын қайда айдамаған десеңізші?! Ганс Цольманның қайын атасы Рудольф Штрох Ұлы Отан соғысы кезінде Сталинград түбінде болған кескілескен шайқаста тұтқынға түсіпті. Қазақстандағы лагерьде жүріп құрт ауруына шалдығады. Ол кезде неміс ата жау – ауруы әбден меңдеген тұтқынды қарауылдар қайтсін, дырылдатып аяғынан сүйреп апарып, лагерь сыртына лақтыра салған. Содан кеудесінде шығар-шықпас жаны бар Штрохты сол маңда қой бағып жүрген бір қазақ тауып алыпты. Әлгі қазақтың адамгершілігін айтсаңызшы: айдаладағы немісті үйіне алып барып, жыл бағыпты. Баққанда да өкпесін құрт тес­кен байғұстың аузынан қысы-жазы қымызды айырмаған ғой. Сөйтіп, бір аяғы көрде тұрған Рудольф Штрох осы қымыздың арқасында аман қалып, адам қатарына қосылыпты.

      Лагерьде 15 жыл жазасын өтеген Штрох босап шыққаннан кейін туған еліне – Германиясына тартады. Қу жанын алып қалған қымыздың дәмі таңдайынан кетпеген ол еліне келе салысымен кішігірім жылқы фермасын ашып алады. Қымызды қалай ашытатынын көріп алған бәле неміс бие байлап, күмпілдетіп күбі пісе бастайды. Басында қымызды өзі ішіп жүреді. Кейін ғой, аз-маздап айналасына сата бастағаны… Сөйтіп жүргенінде Штрохтың қызы бой жетіп, Ганс Цольман деген жас жігіттің етегінен ұстайды. Қайын атасының айналысып жүрген ісімен жете танысқаннан кейін өзі пысық күйеу бала бұл шаруадан келешекте көл-көсір пайда табуға болатынын аңдайды. Осы ойын ашық айтқаннан кейін қайын атасының рұқсаты мен батасын алып, шаруашылықты кеңейтуге бел буады. Жылқы басын көбейтіп, сары қымызды сапырып сыртқа шығарып сата бастайды. Ал оның ойлап тапқан ақылды ісінің бірі мынау еді: Ганс Цольман бие сүтін құрғатып, одан ұнтақ алу үдерісін жүзеге асырды. Және осы тәсілді өз атына патенттеп, заңдастырып та алады.

       Жақсы хабар жерде жатқан ба? Қайран қымыздың емдік қасиетін естіп-білгендердің тағамның бұл экологиялық таза түріне деген ынтасы ауып, қызығушылығы арта түседі. Батыс Еуропаңыздың анау-мынауға елп ете қалмайтын маңғаз қоғамы көп ұзамай қымыздың емдік қасиетіне көз жеткізе бастаған. Соның арқасында неміс үкіметі Ганс Цольманның Kurgestüt Hoher Odenwald деп аталатын фермасына қолдан келген көмектің бәрін жасап беріпті. Бүгінгі күнде бір ғана Германияның өзінде 40-қа тарта кәсіпорын құрғақ қымыз шығарумен айналысады екен. Олар бие сүтін өндірушілердің германиялық мемлекеттік одағына біріккен. Бұларыңыз құрғақ қымыз өз алдына, биенің кептірілген сүті негізінде жасалатын косметика түрлері мен фармокологиялық дәрі-дәрмектер өндіре бастаған. Дәл осындай кәсіпорындар Гер­маниядан тысқары – Австрия, Ни­дерланд және Бельгия елдерінде де бой көтеріп, жұмыс істеп жатқан көрінеді.

      Осы әңгіменің бәрін Ганстың өзі жыр қылып айтып берген болатын. Айдаладағы Алманияда жүрген немістің бұл тірлігін көзімен көріп, таң-тамаша қалған Ғалымжанның бір жағынан қазақ­тығы ұстап, намыстанғаны да рас еді. Иә, немістен несі кем? Елге барған соң осы кәсіптің соңы­на түсуге түпкілікті шешім жасай­ды. Қазақтың дәстүрін дамы­ту бір басқа, бұл жерде коммер­циялық та мүдде бар еді. Неге десе­ңіз, ауызекі әңгімеде ғана емес, қазақ қымызының құрамы бойын­ша еуропалық тағамдардан әлде­қайда артық екенін бірнеше мәрте жүрізілген зерттеу қорытын­дылары да растап бергені ақиқат-тын. Яғни, ұқсата білсе, бұл өнімге деген сұраныста шек болмайды.

      Бұдан бөлек, ерекше маңыз беретін мына бір жағдайды да ескермесе болмайтын еді. Гер­ма­нияда жылқыны еркін жіберіп, жаюға мүмкіндік жоқ. Мал тек қорада тұрады, содан соң адам не береді – соны талғажу етеді. Ал қазақ­тың ен даласында жылқы жарық­тық сүйгенін таңдап жемей ме?! «Бозды жерде жылқы семі­рер» деген. Тобылғының гүлін теріп жеген, жусанмен ащылап, майқара, ебелек, зығыр, ергек, жусан, жүгерік, ақбас, көде, би­дайық, бетеге, қоңырбас, ебелек, изен сынды боз отты қорек еткен қазақ жылқысының сүті қайдан асыл болмасын! Содан келіп, қазақ жылқысының сүті еуропалық малдікіне қарағанда майлылығы жағынан бір жарым есе басым түседі. Оның үстіне не­міс жылқысының сүтінде жоқ дәру­мен мен микроэлементтерге толы болатыны да бесенеден белгілі.

       Міне, осыны зерттеп, он ойланып, жүз толғанған Ғалымжан неміс кәсіпкері Ганс Цольманмен тізе қосып, қазақ-неміс кәсіпкерлік жобасын құрды. Ганс Германиядан сүтті құрғататын технологиясын алып келді, ал Ғалымжан болса Осакаров ауданындағы Жансары ауылына жапсарлас жатқан Жуантөбе қыстағынан 24 мың гектар жер аумағын жалға алды. Бұрын «Дальний» деп аталған бұл жердің топырағы да алабөтен. Егін салсаң шықпайды, бірақ малға жайлы, құйқалы. Жылқы фермасына бұдан артық жерді іздесең таппайсың.

        Ғалымжан Мейрамбековтің «Ев­разия Инвест LTD» ЖШС деп аталатын бұл жобасына қаржылай көмекті «ҚазАгроҚаржы» ли­зингтік компаниясы көрсетті. Жал­пы, Қазақстандағы бірегей ретінде саналатын бұл жобаға «Қаз­АгроҚаржы» 10 жылға деп 1 мил­лиард теңге көлемінде несие берді. Қалған 400 миллион теңге инвестицияны кәсіпорын иелері өздері салды. Мемлекет тарапынан асыл тұқымды айғырлар мен биелер, сонымен қатар құрал-жабдық сатып алуға субсидиялық көмек те қарастырылды. Міне, осылайша тақыр жерде пайда болған кәсіпорында бүгінгі күні 30-дан астам адам еңбек етіп жүр.

        Ферма мен зауыт құрылысына біржарым жыл уақыт кетті. Былтырғы жылдың маусым айында ол толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Құрылыстың қырға салынғаны мұндай жақсы болар ма – былтырғы тасқын судан ферма мен зауыт ғимараты дін аман қалған болатын.

        Алғашқы өнім тамыз айында алынды. Құрғатылған бие сүті – әппақ ақ ұнтақ! Жылдың соңына дейін өнімнің қоры 1,5 тоннаға жетті. Ал жобалық қуат – 10 тоннаның белесіне шығу биылдың шаруасы. Рас, ол үшін әлі де болса бірталай шаруаның басын қайыру керек. Мысалы, жылқы санын бір жарым мыңнан бес мыңға дейін көбейту күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ, үйірге жақсы айғырлар салып, жылқы тұқымын асылдандыру да кезек күттірмей шешетін мәселенің бірі. Мұндағы биелер түнде жайылып, күндіз қолда тұрады. Ал байлаудағы малдың жем-шөбінің құнарлы болмағы боса-болмаса қажет дүние. Ол үшін ферманың 11 мың гектар жеріне бидай мен арпа, сұлы мен жоңышқа және басқа да құнарлы шөп түрлерін егу керек. Негізі, мұның бәрі де әріден ойластырылған, жобаның құжатында тайға таңға басқандай жазылған. Қазіргі таңда осы мақсатқа қажетті техника алынып жатыр.

      Кәсіпорында орнатылған құрал-жабдықтың бәрі де неміс­тікі. Оны құрып, бабына келтіру жұмыс­тары­мен ала жаздай Ганс Цольман­ның өзі айналысыпты. Қызмет­керлерді де аппаратпен бие саууға өзі баулыған. Жылқы жа­рықтықты бұл шаруаға үйретудің өзі оңайға түспеген екен. Мұны сауыншы жігіттер жыр қылып айтады. Бірақ, тер бекерге төгілмей, күніне жиырма биеден үйретіп отырған жігіттер бүгінде сауын биелердің санын 150-ге жеткізіпті.

      Фермадағы жауапты шаруаның өзі осы – бие сауу. Сауын цехында төрт адам жұмыс істейді. Олар немістің аппаратымен бір мезгілде сегіз биені сауады. Ал цехтың қуаты күніне 300 биені үш мәртеден саууға жетеді. Биыл тағы да дәл осындай цех салынбақшы. Онда, тіпті бір күнде 600-ге тарта биені саууға мүмкіндік туады.

       Мұндағы сауын қондыр­ғы­лары­ның бір ерекшелігі сонда – сүт бірден мұздатқыш танкерлерге құйы­лады. Яғни, сүт ауамен ешқан­дай әрекетке түспей, мұның өзі өнім­нің экологиялық таза һәм қауіп­сіз болуын қамтамасыз етеді. Тан­керлерге құйылған сүт пастерлендірілуге, содан кейін барып сублимациялауға жіберіледі. Сублимация дегеннің өзі сүтті қайта өңдеуде қолданылатын күрделі үдеріс. Мысалы, саумал Цельсий шкаласы бойынша 45 градусқа дейінгі температурада құрғақ заттың үлесі 95 немесе одан да көп пайызға дейін жеткенше кептіріліп, қатырылады. Одан кейін өнімнің құрамындағы ылғалды, яғни су молекуласын вакуумның көмегімен айдап шығарады. Мінеки, қымыздың ұнтағы осылайша алынады. Бұл үдеріске бар-жоғы 25 минут уақыт кетеді екен. Шотқа қағып санар болсақ, 10 литр сүттен 1 кило ұнтақ алынады. Ал бір кило қымыз ұнтағының шетел нарығындағы құны шамамен алғанда 200 еуро тұратын көрінеді.

         Осы ретте «қымызды былай да іше беруге болмай ма, оны құрғатып неменесіне әуре болады?» деген сұрақтың тууы заңды. Сөйтсек, яғни мамандардың айтуынша, жаңа сауылған саумал жарты сағаттан кейін өзінің пайдалы қасиетінен айырыла бастайтын көрінеді. Демек, саумалдың биологиялық құндылығы мен емдік қасиетін ұзақ сақтау үшін оны сублимация арқылы суынан айырып, құрғату керек. Ал енді ұнтақ түріндегі саумал емшектегі нәрестелерге өте пайдалы дегенді айтады диетолог-мамандар. Ол құрамы бойынша ана сүтіне өте ұқсас болып шыққан. Қымыз ұнтағын құрғақтай да, суға езіп те іше беруге болады. Дәмінен қымыздың қышқылтым иісі шығып тұрғанмен, балаларға арналған тағам ұнтағына ұқсастау. Әлбетте, дәмде тұрған ештеңе жоқ. Ең бас­тысы, бұл құрғақ қымызыңыз туберкулез, гепатит сынды аурудың ауыр түрлеріне таптырмайтын ем. Бұдан бөлек, адамның сергектігін арттырып, шөлін басатын сусын ретіндегі пайдасы да тілмен айтып жеткізгісіз.

        Осы жерде аттың басын тарта тұрып, мына бір қызық жайтқа назар аудармасқа болмайды. Кезінде биология ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнай Сейітов былай деп жазыпты: «1958 жылы қымызды сублимациялық (молекулярлық) құрғатқыш арқылы кептірдім. Тамаша болды. Бәрі мақтап жатыр…». Әрі қарай оқи берсеңіз, ғалымның қымызды кептіру тәсілі тура Ганс Цольмандікінен аумайды екен…

          Зады, қымыз тез бұзылатын өнім. Төрт-бес күнен асса, қышқыл тартып, ішуге жарамай қалады. Сол себепті, ата-бабамыз жарамдылық мерзімі ұзартылған қымыз алуды ғасырлар бойы армандап келген-ау деген ой да келеді. Ал енді өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз, сол арманды іске асырған қазақ Сейітов пе, әлде неміс Цольман ба? Бұл енді, әрине бөлек әңгіме…

       Жуантөбе қыстағындағы құрғақ қымыз қат-қат болып әзірге қоймада сақталып тұр. Қазіргі таңда қаптаған қағаз-құжатты ресімдеп, сертификатын сайлап, бәрін заңға келтіру жұмыстары тынымсыз жүріп жатыр. Бір жапырақ қағаз бар шаруа­ны шешетін мына заманда осы іс сәтімен аяқталған күні қоймадағы ғажайып өнім Қазақстанның түпкір-түпкіріне, тіпті Еуропаның өзіне жол тартатын болады.

        P.S. Күні кеше өзінің facebook парақшасында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мынадай жазба қалдырыпты: «Бүгінгі күнде елімізде жылқы саны 2 млн. басқа жетті (1991 жылғы көрсеткіштен асып түсті). Әрі қарай көбеюінің әлеуеті тіпті де зор. Тек 100 мың биенің қайта өңделген сүті 1 млрд. доллар сомасы тұратын өнім бере алады (орташа сауым 500 литр, концентраттың шығуы 1/10, бағасы 200 $/кг). Сөйтіп, ұлттық сусын валюталық түсімнің ірі көзіне айналар болса, бұл дегеніңіз бүгінгі заман жағдайында өте маңызды іс».

        Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.

      Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан».

         Қарағанды облысы, Осакаров ауданы.

      http://egemen.kz/2016/02/02/21354

толығырақ

Yazdorov.kz

Yazdorov.kz

           Ұлттық музейде қазақтың ұлттық тағамдарын зерттейтін зертхана ашылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

      Ұлттық музейде Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановпен кездесу өтті. Кездесу барысында ол жылқы шаруашылығы мен қымыз өндірісіне ерекше мән береу керектігіне тоқталып өтті.


      "Бәріміздің мақсатымыз бір ол - қазақтың тарихын, ұлттық мәдениетін жан-жақты көрсету, насихаттау, таныстыру. Біз өзіміздің атадан балаға жалғасқан ұлттық тағамдарымыздың маңызын түсінуіміз қажет. Мәселен біз жылқының қасиетін, оның маңызы мен артықшылықтарын дұрыс түсінбей жүрміз. Жылқы жайлы не білеміз? Оның тек етін жеп, қымызын ішуді ғана білеміз. Бірақ бие сүтінен қаншама өнім жасап шығаруға болар еді, оны біз осы уақытқа дейін жүзеге асыра алмай келгенбіз. Қазір Қазақтың тағамтану академиясы бие сүтінен балмұздақ, шоколад, торт сияқты өнімдер өндіріп жатыр. Олар адам ағзасына пайдалы дәрумендерге бай. Біз қазір жылқыны тек қана сойып жеп жабайы түрде құртып жатырмыз. Қымыз адам денсаулығына өте пайдалы, ол адамның шаршауын ұмыттырып, көңіл-күйін көтереді. Қымыздың құрамында адамға рахат сыйлайтын дәрумендер бар. Тіпті орыс жазушысы Лев Толстой әйелімен ренжіскен кезде апталап, қымыз ішіп жататын болған. Биенің сүті тері ауруларына ем. Кезінде қымызды көп ішетін қазақтардың арасында тері ауру аз болған", - деді Төрегелді Шарманов.

      "Ұлттық музей қазақтың байырғы ұлттық тағамдарын зерттеп, оның пайдасы мен артықшылықтарын, халыққа түсіндіретін болады. Бұл іске Төрегелді Шарманов басқаратын Қазақтың тағамтану академиясы кеңесші болады", - деді Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай.

          Айта кетейік, Ұлттық музейде ашылатын ұлттық тағамдарды зерттейтін лаборатория музей жанындағы "Халық қазынасы" ғылыми-зерттеу институтына қарасты болады. Жобаға қазіргі уақытта институт жетекшісі Ақан Оңғар басшылық етеді.

        kaz.tengrinews.kz

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/astanada-kazaktyin-ulttyik-tagamdaryin-zertteytn-zerthana-ashyiladyi-79529/ 

толығырақ

кымыз
     

     Ұлттың толқынды жарып шығып толысатын, гүлденетін, өзін-өзі танитын кезі болады. Ондай сәт қандай уақытта бақ болып, бақыт болып орнайды? Бұғаудан құтылып, жалтақтаудан, жалпақтаудан арылып, бүкір белі жазылғанда, құнысқан иығы түзелгенде, яғни тәуелсіздігін алып, азаттығына ие болғанда ғана, бақ та, бақыт та төңірегіне шуақ шашып тұрады. Оны толық ұға алмағанның обалы өзіне. Қазір қазақ үстемдіктің үскірігінен құтылған кезеңді бастан өткізу үстінде. Қазақ тарихы байтағындағы байлық секілді қатпар-қатпар. Оны 4 мың жылдық Түркі жұртының мәуелі бұтағы санатында санаңда сараласаң көзің жетеді. Тұранның қара шаңырағы қазақта екенін еске түсірсең марқаясың. Сол секілді ата-салт, әдет-ғұрып, өмір сүрудегі өзіндік тыныс-тіршілік, атакәсіп, содан тапқан нәсіп, яғни қазақы қалып, ұлттық үлгі әлі де сап алтындай сақталып, қаны мен жаны таза ортада жаңарып, құлпырып келе жатқанын көргенде серпілесің, сергисің. Ұлтты бағалаудың сан түрлі жолы бар. Арғы ғасырларда қазақ топырағына табан тіреген еуропалықтар: «Қазақты ат үстінде ғана тану керек» деген екен. Қазір қызметіне қарап танитын болдық. Шынында, қазақтың атқа мінсе айбаттанып кететіні анық. Жылқының шабаны да дүрілді естісе дүрмекке ұмтылып, екі құлағын қайшылайтыны бар. Қазақтың жылқы мінез деген сөзі осындай бір тұста шықса керек.

       Бұл жолғы әңгіме жылқы өнімдері туралы болмақ. Жылқыны адам қолға үйреткелі де 6 мың жылға таяпты. Ол дәуір энеолит дәуірі еді. Содан бергі кезеңдегі адамзат тарихында жылқы «жал құйрығы қанат, төрт тұяғы болат», мінсең көлік, сүті сусын, еті ем жасампаздығынан жаңылмай келеді. Сұқтанып сұғын қадағанның, құртсам деп құлшынғанның ойдағысы болған емес. Дәл қазіргі техникасы тепсінген дәуірде де жылқы түлектегі қырандай, адам үкілеп үміт артқан сеніміне айнала бастады. Неге бұлай деп отырмыз? Себебі, Геродот, Гиппократ мән берген, «Егер қымызды үзбей ішсең, бір аптадан соң өзіңді сергек сезінесің. Денсаулығың түзеліп, тынысың ашылады, жүзің жарқырап шыға келеді» (В.Даль), деп бағалаған, жылқы мен қымызға, түйе мен шұбатқа саналы ғұмырыңның 60 жылдан аса уақытын арнаған, қымыз бен шұбат өнімдерінен 7 патент алған профессор Зұлқарнай Сейітов, «ұлттық брендіміз бие сүті» деп, теорияда оны дәлелдеген академик Төрегелді Шарманов ағаларымыз бас болып, сергек сенатор Қуаныш Айтаханов 13 сенатормен бірге, кезінде елімізде өкпе ауруын қымызбен емдейтін 15 шипажай болғанын, оның бәрі қолдаудың болмағандығынан біртіндеп жұмысын тоқтатқанын, көршілес Ресей елінде қымыз өндіретін 80-нен астам агрофирма, қымызбен емдейтін 48 шипажай жұмыс істейтінін, Ресей ғалымдары бие сүтінде болатын лактоферрин атты ақуызда қатерлі ісікті емдейтін дәрі жасап жатқанын, Жапония және Батыс елдері біздің ұлттық сусынымызға қызығушылық танытып отырғанын, Германия да бие сүтінен қымыз дайындап, оның ұнтағынан түрлі тағамдар мен косметикалық заттар алуды игергенін, Түркиядағы қазақ қандастарымыз Германияға әр жыл сайын 1 000 тонна қымыз экспорттайтынын айтып, Үкіметке заңдық күші бар бір құжат қабылдау жөнінде сұрау салған еді. Осы арада мына бір нәрсені де айта кетсек дейміз. Ол қымыз патентін германиялық азамат иеленіп кетті деген әңгіме болатын. Осы мәселе бойынша 2014 жылы аталмыш елде болып, қымыз өндіріп жатқан Ганс Цоллман мырзамен тілдескенімізде, ол қымыз патенті қазақтікі екенін айтып, байтақ жері бар Қазақ елі мыңдап емес, бірнеше миллиондап жылқы өсіріп, қымыз дайындауға болатынын еске салған еді.

        Жұрт неге жылқы, қымыз дей береді? Өйткені, бар мәселе бие сүтінің қасиетінде болып тұр. Оның құдіреттілігін мынадан көруге болады. Өзге мал сүттерін пісіріп ішуің керек. Ал бие, түйе сүтін пісірсең құнын жояды. Сауын басынан жылы күйінде ішсең сырқатыңа ем, жаныңа жайлы. Ана сүтімен теңестірудің астарында осы бір құдірет жатқан болуы керек. Мұның өзге емес, біздің бабаларымыз баяғыда-ақ білген. Бүгіндей ғылымы дәуірлеген заманнан бұрын бие сүтінде пайдалы дәрумендердің (ол 30-ға жуық көрінеді) барын біліп «қымыз 40 түрлі дертке ем» деген аталарымыздың көрегендігі қазір дәйектеліп отыр. Өкпе сырқатына, анемияға, жүрек-қан тамыр, ұйқысыздық, депрессия, жүйке жүйесі, онкология ауруларына пайдасы анықталып, қартаюды тежейтін, өмірді ұзартатын қасиеті де дәлелденді. Жылқы етін жеп, сорпасына құрт қатып ішкен адам қандай суыққа да төзетінін, ауылдағы малшы ағайындардан талай естіген едік.

      Иә, жылқы, қымыз дегенде елеңдемейтін, тамсанбайтын қазақ кем де кем болар. Былайғы жұртты былай қойып, дәмін айтқанда биік лауазым иелерінің өзі де таңдай қақпай тұра алмайды. Жүзден, мыңнан таңдап алып бабына келтіріп, аламан бәйгеге қосып, жолы болғандар қаншама. Бірақ, біз сол жылқыны өсіруге, өнімінің сапасын арттыруға қолайлы жағдай туғызуға келгенде – кешеуілдейтініміз өкінішті-ақ. Несін жасырамыз, бұл іс әлі де шөре-шөре күйінде қалып келеді. Ішкен сусынымыз бен қиясынан кесіп жейтін қазы-қарта, жал жаяны неге ұлттық брендке айналдыру жайы кейінге ысырыла береді? Өзімізде бармен көзге ұруға (Абай) қалайша талпынбай отырмыз? Ұлттық тағамымыздың бірін ұлттық брендке айналдырсақ, қалғаны сол соқпақтан өтіп, өз бағасын алары анық. Осы жерде тағы да өткен тарихқа үңілер болсақ, біздің бабаларымыз жылқыны алғаш қолға үйреткен, қымызды да бірінші рет сусынға айналдырған, оның құнын ерте ұққан дейміз. Бұл жалған емес, ақиқат сөз. «Көкте – Тәңірі, төменде – қара жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласы жаралған», деп он үш ғасыр бұрын өмір сүрген Күлтегін ғұламаның 4 мың жылқысы болған делінеді. Жылқының, оның ішінде бәйге аттарының сынын аталарымыз 80-ге апарса, жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында Ақан тұлпарының 53 белгісін атайды. Жылқыны бағалаудан осылайша алдына жан салмаған да біздің даналарымыз. Осы бір күрмеуі көп мәселенің қиын-түйінін қалай шешуге болады, істің тетігі қайда дегенде сөз жүзіндегі желдірмемен емес, нақты шаруамен жұмысын тындырып жүрген бір азаматты әңгімеге тартқан едік. Себебі, қымыз туралы сөз аз қозғалып, аз жазылып жүрген жоқ. Енді нақты жұмыспен айналысып жүрген кім дегенге келсек, ол белгілі заңгер, осы салада біраз мәртебелі қызметтер атқарған, атакәсіпті қайтсем ұлттық кәсіпке айналдырам деп түн ұйқысын төрт бөліп, зейнетке шыққаннан кейін бел шешіп кіріскен, заң ғылымдарының докторы профессор Бекет Тұрғараев еді.

Бекет-Тұрғараев        – Бекет Тұрғараұлы, қасқа жолдың иесі Қасым хан: «Біздің асыл дүниеміз – бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін сусынымыз – қымыз», депті. Бұл айдай ақиқат. Жыл­қы еті десе тісіміз қышып, қымыз десе таң­дайымыз кеберсіп шыға келеді. Сіз осы құндылықты қайтсем ұлттық брендке айналдырам деп бел шешіп атакәсіпке кірісіп кеткеніңізден хабардармыз…

        – Не бітіріп жатырсыз деген көкей­де­гі бүлкіліңді ұқтым. Әңгіменің әл-қисасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауынан, көп мәселе қамтылған мақаласынан бастайын. Жолдауда алда тұрған міндеттерді атап, соны орындау бәрімізге ортақ борыш екенін айтып, отандық өнім өндіруге, ол өнімде төрт қасиеттің, яғни оның сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болу керек екенін алған тартты. Бұл біз секілді елдік өнім өндірушілерге қатысты айтылған сөз деп білемін. Ал мақалада ұлт сөзін алға шығарып, арман сөзінің астарында ұрпақтар сабақтастығы жатқанын меңзеді. Сол сабақтастық арқауы Түркі қағанатынан бері келе жатқан «Мәңгілік Ел» идеясын тәуелсіздік тұсында бекітуді ұлы мақсат етіп қойып, «Ел сөзінде үлкен біріктіруші күш бар» деуі көп ойдың арқауын аңғартады. Оны ұғып, іске асыру Қазақ елін Отаным деген адал жанды азаматтардың борышы екені сөзсіз. Енді сұраққа келсем, саналы өмірімнің көбін өзің айтқандай, заң саласына арнадым. Зейнетке шыққан соң жамбастап жата беруді қолай көрмедім. Ауыл алтын бесік дейміз, сол ауылға барып, өзіме қарайтын інілерімді жұмылдырып, іс бастадық. Алғашқы кездегі басты мақсатымыз жылқы өсіріп, соның өнімін ұлттық брендке айналдыру еді. Ауылда өскен адамға ауыл қашан жат болып еді. Мамандығым заңгер болғанмен, жас кезімде бұрынғы Алматы зооветинститутында екі жыл білім алғаным бар. Атам заманнан келе жатқан қанатты сөз «Денсаулық – зор байлық» делінеді. Сол денсаулыққа бірінші қажеттілік не – таза тағам. Табиғи таза тағам біздің елде мол екенін Президент әркез айтып жүр. Соны өндіруді көп адам айтады. Бірақ іске келгенде қол көтеріп, жанды қинап кірісе қоймайды. Алғашында қолымыздағы жылқыдан өнім өндіріп түрлі ауруларға ем болатын қымызды көбейтеміз деген едік. Бабаларымызбен бірге жасасқан қасиетті тағамға қазір халықтың ынта-ықыласы ауғанын көріп, табиғатымызға тән тағамды мол өндіріп, жұрттың игілігіне жаратамыз деген ниет көкте шарықтап тұрды. Оның үстіне туған әпкем Қаракөз Тұрғарақызы Құнанбаева кезінде 10 баланы жетелеп жүріп, колхоздың атақты шопаны болып, абыройы асқан еді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды. Сол кісіден қалған үлгіні, малды ілгері жылжыту ойымызды өсірген. Сөйтсек, бәрі де айтуға оңай екен. Іске кіріскенде небір «қызықтарға» тап болдық. Бір ғана жылқымен жұмысты ілгерілету қиын соғатын болған соң, қой, сиырды да қатар өсіруге ниеттендік. Қазақ жылқыны зауыт дейді. Шынында, зауыт десе зауыт екен. Күйіс қайырмайды. Жем мен шөпті төгіп тастауың керек. Халқымыз «сиырдың сүті тілінде» дейді. Бұл да ақиқат сөз. Оны мал азығы рациондарынан кенде етпеуің керек. Азықты жеткілікті берсең бәрі – ғажап, там-тұмдасаң – азап екен. Осыдан көп мәселе туындады. Қолда бар қаржың қанша тыраштанғанмен біріне жетсе, екіншісіне жетпейді. Мұндай жағдайда несие аласың, тиісті орындардан көмек сұрайсың. Біздің ауыл шаруашылығына қарайтын мекемелер ауылға субсидия беріп жатырмыз дейді. Ондай мекемелер қатарына Ауыл шаруашылығы министрлігінен бастап, облыстық, аудандық басқармалар жатады. Өзің жүгірмесең, бармасаң түк те жоқ. Ұйытқы болайық, бар мен жоғын қарайық дей қоймайды. Көбінде олар өрге төмен есеп берумен отыр. Анауың жоқ, мынау жоқ деп апарған қағазыңды түзейді, сұраған ақшаңды күзейді, қысқартады, сөйтіп, субсидияны суға кетіреді. Енді қысқартатын ештеңе де қалмаған сияқты. Жер ауқымының тарлығы және бар. Атала­­­рымыз «балдай қымыз ішкің келсе жұрт­ты ауыстырып отыр» деген екен. Жаз жайлауға, қыс қыстауға, көктеуге, күздеуге орын ауыстырып, жерді тыңайтып отырған. Қазір оның бірі болса, екіншісі жоқ. Жер тарылған, техника мен технология да аяққа оралғы, қолға тұсау. Мұндай жағдайда пайда емес, шығынға ұрынасың. Көп адам арман жетегіне еріп, зор ынтамен жұмыс бас­тағанмен жоғарыдағы кедергілерден кейін қолды бір сілтеп тастап кетуге мәжбүр.

        – Өз тірліктеріңіз қалай?

      – Ер жолында жүк қалдырмау қамын­дамыз. Ең бастысы, жемшөпті үнемдеп беруді қолға алдық. Онсыз жұмысың оңатын емес. Қыруар еңбекпен келген мал азығын өңдейтін цехты Қытайдан алдырдық. Оған да едәуір қаржы кетті. Есесіне бір тал шөп шашау шықпайды. Малды аудан саналатын Қазығұрт өңірінде мал азығын өңдейтін жалғыз цех бізде ғана істеп тұр. Оны екінің бірінің алып пайдалануға шамасы жете бермейді. Мүмкіндіктері де жоқ. Егер әр фермер сондай жабдыққа ие болып жатса, ысырапшылдық жойылып, үнемшілдік орын алар еді. Әлі де алсақ деген технология мен техникалар баршылық. Заманға сай бұл құрал-жабдықтар жеткілікті болса, өнім өндіруден қиналмас едік. Осын­дайда мемлекеттік қолдау болса, бас иелік етсе дейсің. Сол кезде ұлттық табиғи тағам түрін сапалы өндіруге жол ашылар еді. Осының бәріне қолында билігі бар Ауыл­ шаруашылығы министрі, оның салалық құры­лымдары ұйытқы болса ұтар едік. Оған олардың мүмкіндігі де, қаржы­сы да бар. Жетпейтіні елде еңбек етіп жатқандарды қорғау, қабілеттерін бағалау, ынта-ықыласына көңіл бөлу, ең бастысы – мемлекеттік мүдде тұрғысынан келіп, тәубе істің иесі бар, елдің киесі бар дегенге жіті мән беру жағында ғана болып тұр.

      – Қымыз бен шұбат мәселесіне оралсақ, осы ұлт тағамдары туралы заңдық күші бар құжат қабылдау жайы туралы не айта аласыз?

      – Мен тақырыптан неге ауытқып отырмын, оның себебі, екі тағам ғана емес, өзге тағамды да, басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді жолға қою кезіндегі кедергілер көп жағдайда қадам аштырмаған соң естір құлаққа жеткізсем деп қиын-түйін мәселелерді қозғап жатырмын. Егер бұл кедергілер жөнімен шешімін таппаса, мақсаттың орындалуы екі талай. Иә, қымыз бен шұбат туралы заң болса дейміз. Бұл жөнінде 2014 жылы «Үкімет назарына» деген айдармен «Егемен Қазақстан» газеті «Қымыз бен шұбат – ұлттың ұлы тағамы» деген екі бет топтама мақала, сұхбаттар берді. Онда академик Т.Шарманов, профессор З.Сейітов, жазушы М.Байғұт, басқа да ұлт тағамының жанашырлары заң болмаған күннің өзінде заңға теңестірілген құжат болса екен деген тілектерін білдірді. Ол топтаманы қолдаушылар да жетіп артылды. Бірақ селт еткен пенде табыла қоймады. Әрине, заң қабылданса, оның орындалуы талап етіледі. Оған бюджеттен қаржы қарастырылады. Заң деген пікір қымыз бен шұбатқа тиісті орындар көңіл бөлсе деген ниеттен туғаны түсінікті. Бір жағынан ойлап қарасақ, мал өнімдерінің бәріне жеке-жеке заң қабылдай берсек, заңның құнын кетіріп аларымыз анық. Оның үстіне заң көбейсе, орындалуы да қиынға соғады. Сондықтан заңға қарайлас Үкімет қаулысы шықса екен деймін. Барлық қажетті атқаратын, орындайтын, қаржы беретін Үкімет қой. Егер ондай жақсылық жасалып жатса, мал өсіруге, оның жемшөбін әзірлеуге, өнім өндіруге, өткізуге, артық тауарды сақтауға, өзге де тіршіліктерді оңалтуға мүмкіндік туар еді. Үкімет бекем араласқан іс түбегейлі шешілетініне бір мысал келтірейін. Елбасы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын қабылдады. Соның аясында адам денсаулығына қатысты ана бір жылдардағы әңгімелер бірден тыйылды. Медицинаға барлық жағдай жасалды, озық техника мен технология келді. Мамандар әлемнің мықты елдерінде білім жетілдірді. Қазір кемшін дейтін тұс сирек айтылады. Астанадағы Ұлттық медициналық орталықтар, Алматы мен облыстардағы заманауи жарақталған ауруханалар – ешбір елден кем емес. Ағза алмастыру да қанат жайды. Ауырған адамдар бұрынғыдай сырқатына ем іздеп Германияға, Кореяға шапқыламайтын болды. Мектеп мәселесі де шешілуге таяу. Үш ауысымды оқу көп жерде азайды. Тіпті, кей өңірлерде жойылды. Қол иініне тартқан билік иелері мен депутаттар кейде асыра сілтеп жіберіп, шағын ауылдарға төрт құбыласы түгел бірнеше қабат мектеп салып, ол кейін бос қалып Президенттің сынына ұшырады. Шіркін, артта қалған істі алға шығару үшін Елбасы дағдарыстан шы­ғаратын локомотив деп бағалаған ауыл­ға Үкіметтен сондай бір қолдау болса, кедер­гі кеміп, іс оңалады. Қайталап айтамын, біздің Үкіметке қарайлай беруіміздің арғы жа­ғында осындай «сыр» мен түйіндер жатыр.

         – Шаруашылықтарыңызда қанша жылқы бар?

        – Бойдақ жылқы, құлын-тайды қоспа­ғанда 500 сауын бие бар. Соны сауып үлгере алмай жатырмыз. Үлгерер едік, өткізетін жер жоқ. Тапсырыс беріп алатын адам шамалы. 150-200-ге дейін ғана сауып, қажетімізді өтеп отырмыз. Бізге қымыз бен етті өткізу қиынға түсіп тұр. Өндірген өніміңді бүлдірмей, өткізетін күн қашан боларын қайдам. Технологияға толық қол жетсе, 500 биенің сүтінен небір ұлттық тағам түрлерін, өзге де қажеттерді өндіріп жұртқа жеткізер едік. Бұрын биені қолымен сауатын. Қазір ол да техниканың еншісіне тиді. Қымызды пісу жұмысы да адамның физикалық күшіне тәуелді болмай қалды. Арнайы құрылғыны қосып қойсаңыз, әр жарты сағат сайын күбідегі саумалды күмпілдетіп пісіп тұрады. Осындайда баяғыдағы әкелеріміз бен әжелеріміздің қиямет еңбегі еске түседі. 300 үй тігіп Сағынайдың асында жұртқа сап­тыаяқпен қымыз таратқан еңбекке таңдан­басқа шараң жоқ. Кейде ойлаймын, ғылымы өркен жайған, техникасы дамы­ған заманда мен айтқан проблемаларды шешіп тастау соншалықты қиын ба екен?

       – Өндірген өнімді өткізудің азабы туралы күйініп айтып жатырсыз. 2001 жылы АҚШ-қа «аттанған жетім­­­де­рімізді» іздеп барғанда, Айжамал деген бүлдіршінімізді бағып отырған бір фермердің үйінде болған едік. 80 сиыры бар екен. Оның 30-ы сауылады. Сиырларды ері бағады. Әйелі Ва­шингтондағы бір колледжде мұғалім. Ертеңгісін 30 сиырды сауып, арнайы ыдысқа құйып, қора шетіндегі суыт­қышқа қойып қояды. Алып кететін адам бөлек, жемшөппен басқа бір фермер айналысады. Ет пен сүтті қабылдайтын мекеме фермермен күзде алдағы жылы өткізетін сүт пен тапсыратын ет туралы келісімшартқа қол қояды. Ақшасын қай уақытта алады – ол фермердің шаруасы…

       – Дәл осындай жайға мен Францияға барғанда куә болдым. Әр фермер өз жұмысының иесі. Ақшасын төлеп, біріне-бірі тапсырыс береді. Бізде қалай, барлық жұмысты өзің атқаруың керек. Оған барлық фермерлердің мүмкіндігі келе ме? Келмейді. Техникасы кемшін. Сондықтан өндірген өнімін амалы таусылып тұрып делдалға беруге мәжбүр. Мысалы, екі ортадан табыс тауып жүрген делдалдар қойдың жүнінің 1 килограмын 300-350 теңгеден алып, 500 теңгеден өткізеді. Кейде біз де сондай күйді бастан кешеміз. Анау жылдары қазақ ғалымдары шығарған жібек жүнді арқар миранос қойын өсіріп жатырмыз. Бір шүкір дейтініміз, Сайрамнан кілем фабрикасы ашылып, сәлде болса қадамымыз кеңіді. Қырқым кезінде фабрика өкілдері келіп, жібек жүнді алып кетеді. Олар да заманауи техникаға ие болып, керемет кілемдер тоқып, отандық өнімге үлес қосуда. Осы қарқыннан танбаса Иран мен Белгия тоқыған кілемдерді сайрамдықтар шығарып, қазақ кілемінің бағы ашылары күмәнсіз. Отандық өнім өндіруге ауыр тиіп тұрған нәрсе, қайталап айтам, өндірген сапалы өнімімізді көздеген бағаға өткізе алмауда болып тұр. Мәселен, ет сапасын арттырамыз деп бүкіл тапқанымызды аузына тосып, есік пен төрдей қазақтың ақбас сиырын бағып, семіртіп етін базарға апарсаң, бағасы өзге еттерден еш айырмасы жоқ болып шыға келеді. Алушылар еттің сапасына емес, бағасына қарайды. Не істейсің, сұраныс жоқ. Ішің удай ашыса да сол бағаға көніп, қалдырып кетесің. Шыққан шығының өтелмейді. Келмеске кеткен кеңес дәуірінде, тіпті, анау соғыс жылдарында да, театр салған, білім беріп, осындай өндірген өнімді тиісті мекемелер күні-түні жинап алатын. Қоян өсірсең де оның еті мен терісін қабылдайтын орын болушы еді. Ет комбинаттары үздіксіз жұмыс істеп жататын. Қазір ондай мүмкіндік жоққа тән. Өз күніңді өзің көруің керек. Табанынан тозып, айлаң таусылған соң суытқышпен жарақталған үлкен машинаны сатып алып, 5-10 сиырдың етін тиеп, алуға ниет танытқандарға өзіміз жеткізіп беруден өзге тірлік болмай қалды. Әрине, бұл басқа тартсаң аяқ, аяққа тартсаң бас ашылып қалатын қаржы тапшылығы тұсында соққы болары сөзсіз. Не істерсің, маңдай терің құмға сіңбес үшін, бастаған жұмысыңды тұралатып алмас үшін бәріне де көнесің. Мұндай ауыртпалықтарымызды айтсақ, екі тізгін бір шылбырды ұстаған бауырлар жағадан алған дағдарысты алға тартып қашқақтайды. Ондай кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында айтқандай, дағдарыс келеді де кетеді, өмір жалғастығы үзілмейді деген сөзге үміт артып отырудан басқа амал жоқ. Әлемде, оның ішінде Нидерландыда, Испанияда, дамыған елдердің көбінде «мәрмәр» ет деген бар. Ол ет сапасына қарай берілген баға көрінеді. Ондай етті Париж, Лондон мейрамханалары тапсырыспен алдырады екен. Мен қазақтың ақбас сиырын өсіргенде сондай бір дәрежеге жетсек, біздің ұлтымызда «мәрмәр» ет шығара алады екен деп өзгелерді таңдандырсақ деген ойды қамшы етіп қолға алып едім. Сондай күнге жетсек, сапалы ет пен сапалы қымыз байтақ елдің бағын ашары сөзсіз. Осыған өмір жеткенше талпына бермекпін. Естуімше, Алматыдағы бір мейрамхана Израильден қымбат балық алдырып, сорпасын сыйлы қонаққа береді екен. Болашақта сондай қазақ өніміне де жететін күн туады. Өйткені, қазақтың жері құнарлы. Тауының суы күмістей мөлдір болса, даласының қара оты қандай малдың да қабырғасын дөңгелектеді. Баяғы жырау бабалардың «бір тоқтысы мың болған» деп киелі жерімізді жырға қосқаны соның дәлелі болса керек.

       Жұрт мал өсіреді. Соны соятын жабдықталған орын жоқ. Енді сол іспен айналысуға тура келіп тұр. Біздің шенеуніктер өзге елді мысалға алып, біз бәрін орындап жатырмыз дейді. Шын мәніне келгенде, өркениет жолындағы АҚШ, Ұлыбритания, Франция, тағы басқа елдердің оң ісін олар сөз жүзінде емес, іс үстінде атқарса, фермерлер қазіргідей қиналмас еді. Дағдарыс енді-енді келіп жатыр. Ал қазақ шаруалары дағдарыспен күн кешіп келе жатқалы біраз жылдың жүзі болды. Бір замандары машина-трактор жинақталған МТС деген болды. Осыны ауыл шаруашылығына жауапты орындар, тіпті, бизнесте жүрген азаматтар жаңғыртса, «ортақ өгізден оңаша бұзау» деп жүргендерге үлкен көмек болар еді. Тиісті қаржысын төлеп, керек техникасын ісіне қолданады. Ондай техниканы кез келген фермер ала алмайды. Қазір бірлесіп еңбек ету жайы айтылып жүр. Бірлесіп еңбек ету осыдан басталуы да мүмкін ғой. Бұл аспандағы ақшаны сұрайтын жекелерге жаутаңдаудан құтқарар еді. Ауылдағы халық жұмыс істемейді деп кері сөйлейтіндер жоқ емес, бар. Әлгіндей тұсаулардан шаршаған соң, ауыл жұрты қолды бір сілтеп қала кетіп жатыр. Тағы бір етектен тартқан мәселені қозғай кетейін. Ол мал дәрігерлерінің қимыл-қарекеті. Ветеринария туралы заң бар. Бірақ оның талаптары толық орындалып жатыр дей алмасақ керек. Олар жылда бір мал емдеу деген міндеттерін атқарған болады. Оның өзі шала-шарпы. Бір дәрісі болса, екіншісі жоқ болып шығады. Қалған уақыт та бос. Қажет болғанда іздеп барып жайыңды айтсаң, ақша не бір тоқты торым өңгертуің керек екенін алдыңа көлденеңдетеді. Оған келіспесең анау жоқ, мынау жоқ, уақыт жоқ деп шығарып салады. Менің оларға, олардың басшыларына айтар бір ғана ұсынысым бар. Мал дәрігерлері ай сайын айлық алып отыр. Соған сай жұмыс істесе. Тіпті, айлықтары жүрісіне емес, еңбегіне қарай төленуі керек секілді. Өйткені, бүгінгі талап солай болып тұр. Қажет болса елдегі мал санының өсуін тікелей солардың жұмысына байланыстырып қою қажет. Бұрын жайылымдық жерге дәрі себіліп, зиянды жәндіктер жойылатын. Қазір ол да тоқтады. Содан да елдегі мал кеселге жиі шалдығады. Соны болдырмау мал дәрігерінің міндетіне жатпайтын ба еді? Бір қарағанда елеусіздеу көрінгенмен осындай кері кетірер істер жаныңды жегідей жейді. Оны айтсаң сен кертартпалардың қатарынан табыласың. Ел дамуында үлкен-кіші мәселе болмайды. Бәрі дер кезінде шешілсе, орынсыздыққа тосқауыл қойылары анық. Егер мен шаруамен айналыспасам, басқа біреудің айтқаны ақиқатқа жанаспайды деп ақпараттарға сеніп отыра берер едім. Өзің күнде кездесіп, күресе-күресе дәрмен таусылып, іш қазандай қайнаған соң алға тартып отырмын. Адам басына түспей, көзімен көріп, қолымен ұстамаған соң көп нәрсеге сене бермейді емес пе?

        – Қолдағы жылқыларымыз өз елі­­­­міз­­дікі ме, әлде сырттан әкелдіңіздер ме?

       – Жергілікті жердікі. Ішінде Қостанай­дан жеткізілгендер де бар. Еттілігі мен сүттілігі еш жылқыдан кем емес. Біз жалпы сырттың малына қызықпаймыз. Себебі, оның табиғатқа бейімделуі, жерсінуі қиын. Қыруар ақшаны шашып, ұшақпен мұхит асырып әкелген сиырлардың соңы не болғанын жұрт біледі. Көзін тапсаң, мал еңбегіңді жемейді екен. Бір жылда 300 бие құлындаса, оның өзі үлкен жетістік емес пе?! Біздің жылқының басы бір қарагер бие болды десем, жаңылмаймын. Жылқымыз жоқ кезде бір қаракер биені базарға салып тұр екен. Алдық. Союға қимадық. Тұқымын өсірдік. Жылқымыздың жартысынан көбі қарагер, күрең болып шыға келді. Адам малсақ болып кете ме деймін. Осы күні мал көрсем көз тіге қараймын. АҚШ-ты Австралияны шарламай-ақ өз Отанымызда жоғары сортты малдар бар. Жуырда бие сатып алдық. Бағасы 1 миллион 200 мыңға тоқтады. Бір сауғанда 5 литр сүт береді. Қазір оны бөлек ұстап отырмыз. Қолда барда алтынның қадірі болған ба? Қазір кілең қаракөк жылқы жия бастадым. Баяғыда Шорманның Мұстафасы патшаға 300 қаракөк сыйлапты деген сөз бар. Иә, қаракөк жылқы жарасымды құлпырып тұрады екен. Қырғыздан кілең жорға төрт қаракөкті алдырдым.

         – Алда қыс қыстау, жаз жайлау, яғни жер мәселесі туралы айтып қалдыңыз. Бұл жағы сіздер де толық шешілген бе?

      – Жер мәселесі дегенде орыс халқының бір мәтелі ойға оралады. Ол жиған шөптің үстіндегі ит шөпті не өзі, не өзгеге жегізбейді дегенге саяды. Сол секілді бұрынғы жер туралы құжат бойынша жай жұрт әрі кетсе 10 гектарға иелік етсе, мықтылар мыңдаған гектарды жамбасына басты. Соңғы Жер туралы кодексті мен қолдаймын. Енді жер бос жатпауға тиіс. Жұмыс істейтін адамның қолына өтуі керек. Кім жұмыс істесе, сол жерге ие болсын. Оңтүстікке халық көп орналасқан. Содан ба мамырдан кейін жердің шаңы шығып кетеді. Малыңды алысқа айдай алмайсың. Ешкім өз жерінің үстінен өткізбейді. Алған жеріңді жылдың төрт мезгілінде еншіндегі малың шиырлай берсе, шөп те шықпай қалады екен. Мал тұяғы темір тәрізді ғой. Тамырды да талқандап, әр жылы шығатын шөп өспей жер айтақыр болып қалуда. Бұл ойландыратын қасірет болмаса да назар аударатын мәселе болып тұр. Мен Солтүстік Қазақстанда 10 жыл облыстық соттың төрағасы болып қызмет еттім. Сонда байқағаным, ол өңірде шөп те, жем де молынан. Көктем мен жаздағы шыққан шөп күзде жылқы тізесінен кейде төмендейді, кейде қалыбын сақтап қалады. Қыс жайлы болса, қыстан жылқы тебінмен шығып кетеді. Бір замандары қымыз бен шұбаттың білгірі З.Сейітовтің арғы аталарына 40 мың жылқы бітіпті. Осы күндері 40 мың болмаса да әр фермер 4-5 мың жылқы өсірсе жетіп жатыр. Сонымен-ақ, ас асылының ақ бұлағын ағызуға мүмкіндік туады. Бұл ойды неге айтып отырмын. Болашақта Астана салған Арқада желден жүйрік текті жылқыны өсіруді қолға алсақ, көп жетістікке жетер едік. Бұл жер иесін де қалыптастырады. Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекемелер ауыл тірлігін оңалтамыз, денсаулыққа пайдалы қымыздан бастап, өзге де ұлттық тағамдарды өндіруге ден қоямыз деген ниеттерін түзесе – бәрі де шешімін табады. Ал жеке «батыр» болып шапқылап жүрген шаруалар не бітіре қойсын. Оларға Ауыл шаруашылығы министрлігі, өзге де тиісті мекемелер ұйытқы болса, жетістікке жетеріміз сөзсіз. Ондай көмек көрсету жағы қарастырылса, біз қабылдауға дайынбыз. Шаруаларға керек құрал-жабдықтарды бизнесмендер елімізге әкеліп, көрмелер ұйымдастырып, сатып алуға жағдай жасаса әркім өзіне керектіні іздеп, алыс-жақын шетелдерді кезбес еді. Құны да жарты қалтаға тиімді болары еді. Біздің қазіргі тірлігіміз бар өндірген шикізатымызды көп жағдайда ісімізге керек құрал-жабдыққа айырбастап отырмыз. Бізден алғанды олар өңдеуден өткізіп, атбасындай алтынға пұлдап сатуда. Ғалымдардың зерттеуінше мұнай өндіруге жұмсалған 1 доллар 7 доллар пайда әкелсе, қымызға кеткен 1 доллар 25 доллар табыс түсіреді екен. Сонда қайсысы көп пайда әкеліп отыр? Билік бар, жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйыссақ ұлт тағамы ұлт брендіне айналары шүбәсіз. Ол бүгін болмаса, ертең шешімін табады. Сол тұста жұмыс жоқ деп сабылып жүрген қазақ баласының бір шоғыры қолына ноқта ұстайтынына иманым кәміл. Сонымен, сауға сусын, сырқатқа ем болатын қымыз бен шұбаттың шығар күні алда.

          – Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

       Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».

      http://egemen.kz/2016/01/27/20165

толығырақ

khymyz

     Ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық сусынымыз қымыздың адам денсаулығына берер пайдасы орасан зор екені талай мәрте жазылып та келеді. Қымыз құрамындағы дәрумендер мен оның шипасы туралы тағы бір мәрте оқырман назарына салуды жөн көріп отырмыз.

  * Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп.

* Қымыздың құрамында жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттер бар. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды. Қуаттандырады.

* Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді.

* Саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе тіпті пайдалы. Салданудың алдын алады.

* Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы орасан.

* Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады.

* Ашығудан кейін қымыз ішу буын ауруларына өте пайдалы.

* Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды.

* Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді.

* Қымыз адамның физикалық жағдайын оңалтып, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады.

* Дәрігерлер қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішуге ұсыныс жасайды.

* Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.

* Кез келген сүттегі ең бағалы зат — ақуыз. Бие сүтінде ол 1,8 — 2 % болады. Қымызда шамамен 1,3 — 2,0% май бар, бұл сиыр сүтіндегіден 2 есе кем.

* Тұрақты түрде қымыз ішкен адамның иммунитеті артады.

* Бие сүтіндегі полиқанықпаған май қышқылдары қан айналымын жақсартады.

* Бие сүтіндегі лактоферрин атты ақуыздан Ресей ғалымдары қатерлі ісікке қарсы дәрі жасауда.

* Қымыз ішкен адамның жаны мен қаны бұрынғы ішкен арақ пен сыраның зардаптарынан тазартады.

* Ерлер белсіздігіне қымыз ем.

* Қымыздың майы атерокслероз ауруына шипалы.

* Қымыздың құрамындағы қанықпаған май қышқылдары адам денесіндегі жасушаларды жақсартады.

* Қымыздағы кіші молекулалы пептидтер жасушалардағы нәруыз (белок) синтезін күшейтеді, ағзадан улы заттарды сыртқа айдап шығарады, ұрық безі гормондарының түзілуін дамытады.

* Тамақтың алдында немесе тамақпен бірге аз мөлшерде (50–100 мл) ішілген қымыз ас қорыту сөлдерінің бөлінуін айтарлықтай күшейтеді.

* Ағзадағы зат алмасуын реттеп отыратын асқазанның, ішектің, ұйқы безінің ас қорыту сөлдерінің, бауырдағы өт бөлетін ферменттердің жұмысын ынталандыратын қымыз құрамында пайдалы заттар бар.

* Қымыз құрамында ағзаға жеңіл сіңетін ақуыздар, пептидтер, аминқышқылдар болғандықтан, сусынның бұл түрі сырқат адамның күш-қуатын тез қалпына келтіреді.

* Қымыздағы F дәрумені болып табылатын линолен және линол қышқылдарынан простагландиндер мен басқа да маңызды эйкозаноидтар түзіліп, олар жасушалар деңгейінде барлық химиялық үдерістерді реттейді, тін жасушаларының жаңаруын жылдамдатады. Бұл өнімдерде В тобы, А, Е дәрумендері, әсіресе С дәрумені өте көп. Олар қымызда түзілген антибиотиктермен бірге жасушалардың қанықпаған липидтері қышқылдандырғыштарының әсерін тежейді, адамның иммундық жүйесі мен денсаулығын нығайтып, күшейтеді.

* Қымыз ашығанда пайда болатын сүт қышқылы, спирт асқазан-ішек сөлін қоздырып, астың жақсы қорытылуына, ыдырау өнімдерінің сіңуіне жәрдемдеседі.

* Қымыз құрамындағы биологиялық белсенді ақуыздар, эйкозаноидтар, С дәрумені, микроэлементтер, сүт қышқылды, спирт ашу өнімдері жасушалардағы химиялық реакциялар ағымын шапшаңдатуға, олардағы үдерістерді қалыпқа келтіруге үлкен ісер етеді. Бұл тіндердің жасушалық компоненттерін жаңартып, ағзаны жасартады.

* Бие сүтінде С дәруменінің мол болуынан, қымыз туберкулез ауруын емдеуде өте шипалы. Қымыз туберкулезбен ауыратындардың ағзасындағы дәрумендер алмасуының бұзылуын тоқтатады.

* Қымыз құрамында В, В2, В12 дәрумендері бар болғандықтан, ол жүйке ауруларына да өте шипалы.

* Қымыз ас қорыту органдарының, жүрек-қантамырларының, жүйке жүйесінің, басқа да органдардың қызметін жақсартады.

* Қымыз ішкенде адам тәбеті ашылады. Оған қымыз құрамындағы сүт қышқылы әсер етеді.

* П. Ю. Берлиннің зерттеуінде бие сүті майының туберкулез бактериясының өсуін тежейтіні айтылады.

* Қазіргі медицинада қымызды антибиотиктермен және басқа да дәрі-дәрмектермен байланыстыра, өкпе туберкулезінен, бүйрек, сүйек ауруларынан, ішек-қарын, жүрек, қантамырлары кеселдерінен емдегенде, дәрумендер жетіспегенде қолданылуда.

* Қымыз мал ауруларын емдеп-жазуда да кеңінен пайдаланылады. Оның ем болатын сырқаттары: бұзаулар мен құлындар диспепсия ауруына шалдыққанда, бұзаулар мен құлындардың, балапандар мен тауықтардың ащы ішегінде қабыну белгілері байқалғанында, бұзаулар мен құлындар қан бөлетін гастроэнтеритті ауруға ұшырағанда, ірі қара малдың асқазаны әлсірегенде, балапандарға А және В дәрумендері жетіспегенде, іріңде, күйікте, сиыр, бие, қойларда кездесетін іріңді вагинит және эндометрит ауруларында, сиырлар мен биелердің іріңді желінсау дертінде және тағы да басқа науқастарында.

* Қымыздың әсері адамның бүкіл ағзасын өзгертеді. Ондағы физиологиялық, биохимиялық үдерістерді күшейтеді, зат алмасуды қалпына келтіреді.

* Қымызда адам ағзасына қажетті барлық элементтер бар.

* Адам тамағында В1 дәрумені болмаса, ол бергебери ауруына шалдықтырып, мұндай адамның қозғалғыш және сергек сезім жүйкелері зақымданады, паралич (сал) болып қалады. В12 дәрумені жоқ болса, жілік майында қан құрау бұзылады, қан аздық пайда болады. Мұнан қымыз ішіп сақтана аласың.

         argymaq.kz

толығырақ


        Ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық сусынымыз қымыздың адам денсаулығына берер пайдасы орасан зор екені талай мәрте жазылып та келеді. Қымыз құрамындағы дәрумендер мен оның шипасы туралы тағы бір мәрте оқырман назарына салуды жөн көріп отырмыз.

        Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп.

      Қымыздың құрамында жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттер бар. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды. Қуаттандырады.

       Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді.

       Саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе тіпті пайдалы. Салданудың алдын алады.

      Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы орасан.

      Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады.

        Ашығудан кейін қымыз ішу буын ауруларына өте пайдалы.

      Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды.

     Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді.

       Қымыз адамның физикалық жағдайын оңалтып, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады.

         Дәрігерлер қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішуге ұсыныс жасайды.

         Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.

        Кез келген сүттегі ең бағалы зат - ақуыз. Бие сүтінде ол 1,8 - 2 % болады. Қымызда шамамен 1,3 - 2,0% май бар, бұл сиыр сүтіндегіден 2 есе кем.

      Ақпарат otyrar.kz сайтында жарияланған «Қымызда 28 түрлі дәрумен бар» мақаласынан қысқартылып алынды.

 

толығырақ

      
       Қазақ сыйлы қонағына ет асады. Алайда, қой етін мүшелеп, жіліктеп, қай табаққа нені салу керек екенен кейде жаңылып жататыны жасырын емес. 

      Қазақша ет асқанда ең алдымен жіліктеп бұзылған етті адам санына қарай мөлшерлейді. Тойға немесе қонақ асыға көбінесе қой сойылады.

       Қой еті жіліктенгенде 13 мүшеге бөлінеді. Олар жамбас - 2, ортан жілік - 2, асықты жілік - 2, беломыртқа - 1, сүбе - 2 (сүбемен бірге  бүйректен жоғарғы 5 қабырға кетеді), қабырға -2, төс - 1, омыртқа -1, жауырын -2, тоқпан жілік - 2,  кәрі жілік - 2, бұғана - 1, мойын. Осылай асуға  дайындалған етті жуып-шайып тазалап, қазанға салады да,  ет батып тұратындай етіп суық су құяды.

        Содан кейін, қазанды қатты жанған отқа қойып, сарқылдатып қайнатады, бетіне шыққан қанды көбігін алып тастап, шамалап тұз, 1 бас пияз салып отты басады да,  1-1,5 сағат ет әбден піскенше шымырлатып қайнатады.

        Ет әбден піскен соң табаққа сорпасынан бөлек қотарып алып, тартылған табақтың санына қарай мөлшерлеп тұздық әзірлейді.

         Ол үшін сорпаға қара бұрыш, дөңгелектеп тұралған пияз салып, ыдыстың бетін жауып бұқтырып қояды. Ет туралып болған соң тұздықты еттің үстіне құяды. Әдетте кәделі жіліктермен бірге сыйлы қонақтарға малдың басын, (қой), ірі қараның шекесін, қазы, қарта, жал-жаяны табаққа бірге салып береді.Сонымен бірге қамыр, бітеу пісірілген картоп қосуға да болады.

Бас

      Басты үйітіп, жылы суға жуып, мұқият тазартады. Сонымен бірге, жағын айырып, тазалап жуады. Жылқының басын бөліп асады, ал сиырдың басын көз қуысына таяу кеңсірігінен бір шауып, маңдайынан қақ жарып, үшке бөліп асады. Сондықтан, әр шекесі бір бастың орнына жүреді. Сыйлы қонаққа жылқының шекесін тартпайды, ол тек етпен бірге беріледі.

        Қазақ халқында мейманға тартылатын табақтың түрі көп. Дегенмен, негізгі түрлерін біле жүрген дұрыс. Олар: бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табағы, келін табағы, жастар табағы, жай табақ.

Бас табақ

        Жасы үлкен қарттарға, аса сыйлы қонақтарға тартылады. Оған салынатын кәделі мүшелер: бас, жамбас, ортан жілік, белдеме, сүбе қабырға, қойдың ұлтабары, жылқы етінен қазы-қарта, жал-жая.

Қос табақ

        Құда-құдағиларға тартылатын арнайы табақ. Оның кәделі мүшелері бас табақпен пара-пар. Оның қос табақ деп аталатын себебі, құда-құдағиға көпшілікпен бірге ұсынылған қонақасының үстіне қосымша тартылатындығы. Қос табақтың кәделі мүшесі - тоқпан жілік.

Сый табақ

        Құда-жегжаттық қатынасы болмаса да, ерекше сый құрметке ие адамдарға арнайы тартылатын табақ.

Жастар табағы

     Оның ең кәделі мүшелері - асықты жілік пен төс. Асықты жілік әдетте күйеудің жолдасына немесе қыздың жеңгесіне ұсынылады. Күйеуге әлбетте төс тартылады.

Жай табақ

       Ортан жілік, жауырын, тоқпан жілік пен қабырға омыртқа салынады.

     Ескерте кетейік, аталған табақ тарту түрлері қазақ елінің кең байтақ даласының әр түкпірінде әр жолмен, әр қосымшасымен тартылуы мүмкін. Тіпті, ет турау әдісі де әр өңірде әр түрлі болып келеді. Ақпарат Интернеттен алынды.

      http://www.inform.kz/kaz/article/2845243

толығырақ

 
      Құрт - құрғатылған, кептірілген сүт өнімі. Пісіліп, майы алынған айранды қайнатып, кенеп дорбада сүзіп алып, тұздап, өреде кептіріп сақтайтын тағам түрі, деп жазады ұлттық тағамымыз жөнінде «Сарыарқа самалы» басылымы.

     Адам денсаулығына аса пайдалы екендігінің дәлелі, құрт - кальцийдің көзі. Сондай-ақ, ақуызға өте бай. Сондықтан, ол құнарлы тағам. Оның құрамында А, В, С дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтері жетерлік.

      Балалар үшін де құрттың пайдасы ұшан-теңіз. Ол - баланың бойының өсуіне және сүйектері, тістері дұрыс қалыптасып, жетілуіне септігін тигізер тағамдардың бірі. Әсіресе, қатқан құрттың пайдасы зор. Себебі тісі енді шығып келе жатқан балалардың иектерінің қатаюына жәрдемдеседі. Кепкен құртты мүжіген баланың тісі сау, сүйегі берік болады. Ал сау әрі мықты сүйек-тірек қимыл аппаратының дұрыс әрі белсенді жұмыс жасауына сеп болады. Жасы ұлғайған кісілерде зат алмасу баяулай бастайтыны белгілі. Құрттың құрамында зат алмасуды және бауырдың қызметін жақсартатын холин және метионин деген заттар бар. Сондай-ақ, В тобының дәрумендері болғандықтан, қарттарда жиі кездесетін атеросклероз ауруының алдын алады.

       Құртты көктем, жаз айларында жеген өте пайдалы. Себебі көктемде дәрумендердің жетіспеушілігі байқалады. Жаз айында ыстық шай ішкен кезде, термен бірге тұзды да жоғалтады. Сол жоғалған тұздың орнын толтыруға көмегі зор. Құртты әркім өз қалауынша қалаған тағамына қосып жей беруге болады.

Сусын әрі қорек  

      Езілген құрт түйіршіктерін малта дейді. Ол - өте кәделі әрі жұмсақ ас. Ұзақ сапарға жолаушылар көбіне малта алып аттанған. Өйткені малта бір жағынан ашыққан адамның өзегін талдырмаса, екіншіден шөлдеген кісіге сусын болған. Адам аштыққа бір айға дейін шыдауы мүмкін, ал шөлге бір жетіге де шыдай алмайды. Егер де ұзақ жолға шығатын адам қалтасына бес-алты түйір малта құрт салып алса, еш алаңдамауға болады. Себебі малта құрттың адамды шөлден құтқарар ерекше қасиеті бар.

     Соғыс ардагерлерінің естеліктеріндегі мына бір хикая ерекше назар аудартады. Соғыс алдындағы қырғын шайқаста, қатары селдіреген взвод қорғаныс шебін тастап, шегінуге мәжбүр болады. Күші басым жау әскерінің танктері екі қанаттан орап, ту сыртынан өтіп кеткен. Тірі қалған бес жауынгер сай-жыраны сағалап, жаудың тылында қалады. Аштық пен шөл бірдей қысқанда қатардағы жауынгер жүк қапшығын ақтарып отырып, бес-алты құрт тауып алған екен. Майданға келгеніне сегіз ай болса да, «елдің дәмі ғой», - деп ырымдап, жемей жүрген көрінеді. Жасырынған жерде төрт күн, төрт түн жатады. Бесінші күні таң ата қоршаудан сытылып шығып, өз бөлімдеріне қосылыпты. «Жанымызды сақтаған бес-алты құрт болды» дегенге бөлімнің басқа жауынгерлері таңқалыпты.

       1836-1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы көтеріліс басшыларының бірі әрі өткір тілді, өр мінезді ақын Махамбет Өтемісұлы «Ерлердің ісі бітер ме?» атты өлеңінде:

Алты малта ас болмай,

Өзіңнен туған жас бала

Сақалы шығып жат болмай...» - деп құрттың тағамдық құндылығын өлеңге қосқан.

Тіптен Беташарда да:

Қаптың аузы ашық деп

Құрт ұрлама келінжан,- деген жолдар кездеседі.

Сондай-ақ жарапазан жырында да:

Аяқ-табақ сылдырап,

Құрт бергелі жатыр ма?

Аузы-басы жылтырап,

Май бергелі жатыр ма? - деп келетін жолдар бар.

Наурыз мерекесіне арналған бата мен ән-шашуларда да құртты қоспай кеткені жоқ.

Жаңа жылда жарылқасын!

Саба іркіт пен саумалдан босамасын.

Өре құрт пен ірімшектен босамасын, - деп ақсақалдар бата берсе, «Наурыз» өлеңінде

Құрт пен майы,

Қаймақ, шайы,

Шұбат, қымызы,

Қазағымның сазды қобызы, - деп құрт құндылығын жырға қосқан.

      Осы тәріздес жырлар мен деректерде кездескен ақпардан құрттың қазақ өміріндегі орасан зор маңызын байқаймыз.

Таспен емес, аспен атқан

      Сталиндік репрессияның кезі. Шаш ал десе бас алатын шолақ белсенділердің құтырып тұрған шағы. Жалған жаламен сотталған жандардың әйелдері қазақ жеріндегі АЛЖИР лагерінде жазасын өтеп жатқан еді. Бір топ тұтқын әйел қыстың қақаған боранында Жалаңаш өзенінің бойынан барак салу жұмысына жегіледі. Үкімет үшін бұлар керексіз жандар болатын. Сол себептен дені дұрыс ас берілмей, таңның атысы, күннің батысы, ызғарға қарамастан, қаумалаған күзетшілердің ортасында жүріп жұмыс істеген.

      Бір күні сол маңдағы Жаңашу деп аталатын ауылдан бір топ кәрі-құртан шал-кемпірлер мен жас балалар тұтқындарға жақын келіп, әйелдерді таспен атқылай бастайды. Ал күзетшілер болса балалар мен қариялардың бұл әрекеттеріне риза болып, күле қарайды. Әйелдерге: «Көрдіңдер ме, сендерді Мәскеу ғана емес, осы жақтағы ауылдың балалары да жек көреді», - деп масайраса керек. Белгіленген жоспар бойынша күніне 40 бау қамыс жинауға тиіс әйелдер аштық пен ауыр жұмыстан, қара суықтан қалжырап жүргенде жергілікті тұрғындардың мына бір мазағы жығылғанға жұдырық болып тиеді. Сол күннен бастап ауыл адамдары әйелдерге «тас атып» тұруды әдетке айналдырып алады.

     АЛЖИР-де жазасын өтеген тұтқын әйел Гертруда Платайс өзіне қарай құлаш сермей лақтырылған кесектен жалтармақшы болып бұғып қалғанда, аяғы сүрініп, жерге құлап түседі. Өмірге әбден налып, көз жасы көл болған әйел әлгі жерде ірімшік пен құрттың иісін сезеді. Кесекті ұстап, дәмін көрген кезде оның тас емес, жеуге келетін тамақ түрі екендігін бағамдайды. Әлгі кесектерден бірнешеуін жинап алып, кешке баракка алып келіп, сол жердегі қазақ әйелдеріне көрсетеді. Олар мұның тұздалып, күн астында кептірілген сүт тағамдарының бір түрі - құрт екендігін айтады.

    Сөйтсе өздері де бір кездері аштықты бастарынан өткерген жергілікті тұрғындар тұтқын әйелдерге жандары ашып, көмектесуді ойластырады. Бірақ Сталиндік саясаттың қырына ілінуден корқып, амал-айла іздестіреді. Сондықтан осы бір амалды тапқан екен. Жас балалар жау есебіндегі тұтқын әйелдерге деген жек көрушілік сезімін жеткізбек болғандай, оларды таспен атқан болып күзетшілерді алдаған. Осылайша тұтқындарға тамақ береді. Олардың бұл көмегі тұтқындағы әйелдерге үлкен демеу болып, өлімнен аман қалуына септігін тигізеді. Өле-өлгендерінше қазақтардың алдында, олардың дарқандығы мен тапқырлығы алдында бас иіп өткен екен.

Құрттың түрлері:

    Ж а с    қ ұ р т. Жайғанына бір-екі күн ғана болған, әлі толық кеуіп үлгермеген құрт. Жас құртты сары маймен жентектеп бастырма ретінде шаймен бірге дастарқанға қояды. Әсіресе кепкен құртқа, бауырсаққа тісі өтпейтін қарттар үшін өте кенеулі ас саналады.

      К ө б і к. Қайнап жатқан кұрттың қалқып алған беті. Ағаш қасықпен бетінен жайлап қалқып, ыстық күйінде жалап жейді. Көбік құрт майлы болады. Әрі құрттың бар нәрі осы көбігіне жиылғандықтан дәмі тіл үйіреді.

       Ыстық құрт. Қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішетін кенеулі ас. Өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналған.

     Сықпа немесе сүзбе құрт. Мұның қайнатқан кұрттан айырмашылығы   айранды ұйытып, қапқа кұйып сүзеді де, тұздалып, әртүрлі үлгімен бөлшектеліп, тақтайшаға кептіріледі. Ертеректе мұндай кұрт жайған әйел ауыл балаларына арнап дөңгелек жасап, жіпке тізіп мойындарына іліп қуантқан деседі.

      Малта құрт. Езілген құрттың түйіршіктері, ол әрі жұмсақ, әрі сүйкімді ас саналады. Ұзақ сапарларда сусын әрі қорек болған.

     Езген құрт. Сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу үшін кепкен құрт ұнтағы.

      А қ м а л т а. Езілген құрттың ең соңғы шайындысы. Ол өте жұғымды және тез сіңетін тағам болып саналады. Оны сол сұйық түрінде ішеді.

     Ұнтақ құрт. Арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді. Оны сүттің піскен қаймағына былғап жейді.

      Ақ құрт. Іркітті қазанда қайнатып, суыған соң қапқа салып, сорғытады. Содан соң түрлі формаға келтіріп, өреге жаяды. Бұл құрттың ақ болатын себебі тұзын анағұрлым көбірек қосады.

      Қара құрт. Ашыған іркітке аздап сары май қосып қайнатады. Тұзын аздап қана қосады.

       К ұ р т - м а й. Сары майға батырып жасайтын кепкен құрт. Оны асығыс кезде дәм таттыру үшін немесе жеңіл-желпі түстік ретінде дастарқанға қояды. Кейде құрт, ірімшік, май тағамдарының қосындылары да кұрт-май деп аталады.

           А.Қуанышева

          http://www.inform.kz/kaz/article/2844507

толығырақ

 
          Чуенбекова Ардақ Байбараққызы, С.Ж.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті, нутрициология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты:

    Ежелден-ақ ата-бабаларымыз ағарған деп ат қойып, сүт өнімдерін күнделікті тұрмыста тұрақты пайдаланған. Төрт түлік малдың сүттері турасында айтып өтсеңіз?! Қалай пайдалану керек?! Сүт өнімдерінің ағзаға пайдасы қандай?

     Павловтың ерекше бір айтқан сөзі бар: «Сүт деген табиғаттың берген сыйы». Адам дүние есігін ашқан сәттен бастап ең алғашқы қорегі ретінде анасының ақ сүтін тұтынады. Одан өсе келе сүт өнімдерін өзінің тамақтану мәзіріне қосады. Сүт өнімдері адамның ағзасына пайдалы калций, фосфор яғни, макроэлементтердің, сүт қанты (лактоза) көзі болып саналады. Қоректік, құнарлылық, сіңімділік жағынан болсын сүт өнімдерінің өзіндік ерекшелігі басым. Құрамына қарай төрт түлік малдың сүттері де бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Соңғы уақытта кеңінен қолданысқа еніп жүрген ешкі сүтін айрықша атап өтуге болады. Ешкі сүтінің емдік қасиеті жоғары екендігі белгілі. Оның үстіне тағамдық аллергиямен ауыратын адамдарға гипоаллергенді қасиеті өте жоғары. Аллергиясы бар адамдарға ешкі сүтін тұтынған пайдалы болып есептеледі.

      Осы тұста жаңа сауылған сүттің ерекшелігін де айтып өткен жөн болар. Оның құрамында түрлі бактериялардың дамуына қарсы әсер көрсететін заттектер лизоцин және лактомин бар. Сол себептен жаңа сауылған сүтті де еш қорқынышсыз пайдалануға болады. Жаңа сауылған сүтті сол мезетте шикідей ішсе пайдасы зор. Бір-екі сағат өтіп кеткен соң пісіріп барып ішкен жөн. Өйткені, сүт біраз уақыт тұрып қалғандықтан құрамында ағзаға зиянды заттектер мен микроорганизмдердің пайда болуы мүмкін. Егер малдың бойында жұқпалы аурулар болмаған жағдайда керісінше, жаңа сауылған сүттің биологиялық құндылығы артатын болады. Сүттің құрамында жылу өтпегендіктен яғни, өңделмегендіктен дәрумендер мөлшері жоғары болып табылады.

      Сауылған сүтті пісіреміз, құрт-ірімшікке айналдырып өңдейміз тағысын тағы... Осы сияқты процестер барысында сүт өнімдерінің құрамында қандай өзгерістер орын алады? Пайдасы арта ма, кеми ме?

       Өндеу барысында сүттің құрамындағы дәрумендер мөлшері азаяды. Алайда, ақуыз, лактоза (сүт қанты), калций, фосфор сынды макроэлементтердің мөлшерінде ешқандай өзгеріс болмайды.

         Жаңа сауылған сүттен өзге жаңа төлдеген малдың сүтінен дайындалатын «уыздың» да пайдасы зор деп жатады...

        Уыз – мал төлдегеннен кейін алғашқы тәуліктен 3-7 күнге дейін дайындалатын тағам. Адам ағзасының иммунитетін нығайтады. Уыздың өзі ерекше өнім болып табылады. Оны тек қана үй жағдайында әзірлеуге болады. Ол ұзақ мерзімге жарамайтын өнім. Сондықтан, үлкен кәсіпорындарында сүтті «уыз» түрінде өндіріске шығара алмайды. Уыздың құрамы ерекше. Ақуыздар мөлшері өте жоғары. Уыз тек жаңа төлдеген малдың сүтінде ғана болмайды.

       Жас босанған ананың омырауына алғашқы жарты сағаттың ішінде уыз беріледі. Сол сәтте жас ана жаңа босанған сәбиін бір тамшы болса да сол уызы арқылы қоректендіруі керек. Өйткені, бала туылған уақытта ішек-құрылысының барлығы стерильді түрде болады. Бір тамшы уыздың өзі ішектің сілемейлі қабатында міндетті түрде қабықшаның түзуіне әсерін тигізеді. Құрамында иммуноглобулиндердің жоғары болғандығынан иммунизация процесі жүретін болады. Сондықтан да сәби анасының уызынан міндетті түрде ауыз тигені абзал.

       Қазақта «Уызына жарымаған» деген қанатты сөз бар емес пе?!

        Қанатты сөздердің барлығы тектен-текке айтылмаған. Бүгінде уызына жарымаған бала деп ашушаң, әлсіз, тітіркенгіш адамдарға айтады. Уыздың өзі омырауға аз уақытқа ғана беріледі. Уыздан кейін жетілген сүтке айналады. Айырмашылығы құрамындағы ақуыздарының мөлшерлерінде.

        Сүттен жасалған өнімдерді дайындау кезінде тұз қосамыз. Оның адам ағзасына қандай әсері бар? Сүттің құрамына ше?

       Тұз бұл жерде консервант қызметін атқарып тұр. Өнімнің ұзақ мерзімге сақталуы үшін. Тұзды әркім өзіне ыңғайлы мөлшерде пайдаланады. Сүттен алынатын тағам түрлерін сақтау барысында тұз консервант түрінде болғандықтан, өнімнің дәмдік қасиеттерін арттыра түседі. Ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.

       Сүт негізі тез бұзылатын заттар қатарында. Жалпы ұлттық тағамдардың әр қайсысы өзіндік бір ерекше әдістер арқылы дайындалады. Құрт-ірімшік, май болсын жеке-жеке температуралық ортаны талап етіп, арнайы шарттар бойынша әзірленеді. Өйткені, белгілі бір мөлшерде температуралық режим сақталмайтын болса, онда оның құрамындағы микроорганизмдердің дамуына алып келеді. Ол адам ағзасында ауру туындатуы мүмкін. Құрт  - кептірілген, құрғақ сусыз болғандықтан, оның құрамына қосымша тұз қоса отырып, сақтау мерзімін ұзарта аламыз. Ірімшікті дайындау барысында – сүтті мәйекпен ұйытады, одан кейін қозының ұлтабарына салып, мәйекті іріту арқылы өнімді қайнатып, сұйықтық мөлшерін азайтып, қоймалжың сарғыш рең беретін өнім алады. Оны кептіру нәтижесінен ірімшік пайда болады... Құрамында қосымша ешқандай зат болмағандықтан, табиғи түрде дайындалатын ұлттық тағамдардың пайдасы өте зор.

       Сүт өнімдерінің пайдалы екенін естіп, біліп жүрміз. Дей тұрғанмен, маман ретінде пайдалану мөлшері артық болса не болады? Кем болса ше? Мүлде пайдаланбаудың салдары қандай?

      Жалпы сүт өнімдерін пайдаланудың зияны жоқ. Сүт пен айранды алайық. Ашыған айран сияқты сүт өнімдері тез сіңеді. Ағзаға, әсіресе, ас қорыту жолдарына қиындық келтімейді. Сүт пен айранның қорытылуы салыстырмалы түрде - 1 сағат ішінде сүттің сіңірілуі 30% болса, айран 90% қорытылады. Ашыған сүт өнімдерінің құрамына  ұйытқылар қосылғандықтан, құрамындағы ақуыздардың жұмсақ, ыдыраған күйге болуы жылдам қорытылуына себеп болып табылады. Кейбір адамдарға сүт өнімдері жақпауы мүмкін. Ол ферментопатия деп аталады, яғни, сүттің құрамында кейбір ферменттердің адам ағзасында дұрыс қабылданбауы.

     Бүгінде ет асып, сорпа ішіп, артынан ас сіңуі үшін сарыағаш, кока-кола өнімдерін тұтыну сәнге айналды. Тағам сіңімділігін газды сусындар арттыра ма? Айран ба?

   Ағарған өнімдерді пайдаланған тиімді. Әсіресе, кока-коланың орнына. Оның құрамында газ болғандықтан, асты тезірек ыдыратуға мүмкіндік береді деп кока-коланы ішеді. Сүт өнімдерін пайдалану арқылы біз ағзамыздағы калций мөлшерін толықтырамыз, сүйектерімізді нығайтамыз, тісімізді қатайтамыз. Газдалған сусындар керісінше, ағзадағы калцийді тезірек шығаруға жағдай жасайды. Ауыз қуысындағы сілтілі қабаттың балансын бұзып, соның нәтижесінде тістің эмалі жұқарады. Осы сынды жағдайлар болмас үшін оның алдын алу керек. Адамдар кішкентай кезден бастап 2-3 стакан сүт ішетін болса, болашақта денсаулығы мықты болады. Жасы ұлғайған сайын өз ағзасының саулығына қорықпауы үшін мүмкіндік жасалынады.

       Дүкен сөрелерінде сатылатын дайын сүт өнімдерінің табиғи  өнімнен айырмашылығын айтсаңыз?!

      Дайын өнім мен табиғи өнімге тоқталатын болсам. Құрамындағы нәруыздар мен белоктарының мөлшерінде айтарлықтай өзгешелік болмайды. Тек құрамындағы дәрумендердің мөлшері азаяды. Өйткені, өндіріс жағдайында тағам түрлерін шығару үшін міндетті түрде сақталу мерзімін ұзарту қажет. Сондықтан, жылумен өңдейді. Көбінесе стерилизация жүргізіледі. Одан соң жоғары температуралық градуста, бірнеше секунд тығыз қаптамамен қаптайды. Тазарту, жылу беру нәтижесінде өнімнің ұзақ уақытқа сақталуын қамтамасыз етеді.

«Арудан асқан жан бар ма?

Қымыздан асқан дәм бар ма?

Биенің сүті сары бал,

Қымыздан асқан дәм бар ма?», - деп  қымыздың қасиетін бабаларымыз баяғыдан жақсы білген. Ендеше осы қымыз бен саумалдың ерекшелігіне, пайдасына тоқталып өтсеңіз...

        Барлық мал шаруашылығындағы мал сүтінің ішінде ең бірінші орынды ­- биенің сүті иеленеді. Бие сүті өзінің құрамы жағынан теңдесі жоқ болып есептеледі. Себебі, сиыр сүтімен салыстырғанда құрамындағы нәруыздар мен ақуыздары ерекше болады. Альбуминдердің мөлшері өте жоғары. Сиыр сүтінде казеин мөлшері көп. Қортылуы жағынан биенің сүті жеңіл. Сондықтан, бие сүті құрамы жағынан ана сүтіне жақын, яғни, саумал кезінде. Қымыз - саумалдан алынатын өнім. Саумал таза сауылған биенің сүті болып саналады.

      Бие сүтінің құрамында микроорганизмдерге қарсы заттектер бар. Низоцин, лактоферрин деп аталатын заттектер бактерияларға қарсы қызмет атқарады. Сондықтан, зиянды микроағзалар дами алмайды.

     Саумал, қымыз - асқазан сөлінің жеткіліксіздігі кезінде, гастрит аурулары болса айығуға көмектеседі. Эндокриндік жүйе бұзылып, семіздікпен ауыратын науқастар саумал ішіп артық салмақтан арыла алады. Асқазанның ойық жарасы кезінде қымызды ішуге болмайды.

       Қымыз - маскүнемдікке алып келмейді. Бас жазу синдромын дамытпайды.

Төрт түліктің бірі түйнің сүтіне тоқталсаңыз...

       Шұбат - қоюлығы жағынан, майлылығы жағынан құнды өнім. Қымызбен салыстарсақ, құрамындағы май мөлшері көп. Құнарлы шұбаттың адам ағзасына беретін калориясы да өте жоғары. Салмақ қоса алмай жүрген жандар шұбат ішу арқылы толуына болады.

         Сұхбаттасқан: Сымбат КАРЛ

толығырақ


       Павлодарда «Сағып» шаруашылық қожалығы қазақтың ұлттық өнімі - құрт жасауды үйренді. Оның иесі Төлеу Құшманованың айтуынша, құртты ол әжесінің рецепті бойынша, бірақ басқа технологиямен дайындауда.

       Цехта тәулігіне 40 келіге жуық шайға арналған тәтті құрт  әзірленеді. «Кейіннен дәстүрлі қышқыл құртты өндірумен айналысуды жоспарлап отырмыз», - деді Т. Құшманова.

       Қараша соңында «Сағып»  Мәскеудегі «Бауырсақ» дүкендер желісімен қымыз бен құрт жеткізу шартын жасасуды жоспарлауда.
         2011 жылы құрылған «Сағып» ШҚ облыста алғашқы болып шишадағы қымыздарды шығара бастады. «Шишаға құйылған қымыз, ет жеңсіктерін өндіретін ферма салу» жобасы 2014 жылы іске асырылды. Жобалық қуаты - жылына 216 мың литр.

      Шаруашылықта 400-ге жуық жылқы бар, олардың 180-і бие. Қымыз цехтың жанында орналасқан фермадан биенің жаңа сауылған сүтінен өндіріледі. Мұнда 26 адам жұмыс істейді.

       Павлодар қымызы Қазақстандағы, басқа елдердегі байқаулар мен жәрмеңкелерге қатысады. Сағып - «Қараөткел жәрмеңкесі-2012» байқауының жеңімпазы. Өткен жылы шаруашылық Мәскеудегі қазақстандық өнім жәрмеңкесіне қатысты. Италияда өткен ЕXPO Milano-2015  қатысушылары біздің қымыздан дәм татты. Қазақстанда шығарылған қымызды биыл Якутияда фестивальда жоғары бағалады.

толығырақ

   

      «Ауру – астан, дау – қарындастан»,  – дегенді  кімнің, қай уақытта  айтқаны бізге белгісіз. Жұртшылық арасында қолданыста жүргеніне көп уақыт өткеніне қарамастан,  алайда  одан тағлым алушылардың әлі күнге дейін аздығы көңіл қынжылтатын жәйт. «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» (Артур Шопенгауэр) екенін білсек те, білмеген кейіп көрсетеміз. Өйткені біреулеріміз артық салмақтан, екіншілеріміз сапасыз азық-түліктен зиян шегіп жүрміз. 

      Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне қарағанда, аурулардың 80 пайызы белгілі бір дәрежеде тамақтануға байланысты. Жыл сайын әлемде 3 миллион адам сапасыз азық-түліктен,  3 миллион адам семіздік пен артық салмақтан қайтыс болатын көрінеді. Олардың ішінде қазақстандықтар да емес. Өйткені тамақтан улануға қатысты деректер  елімізде жыл өткен сайын өспесе, кеміп жатқан жоқ. Сарапшылардың анықтауынша, қазір  бір елдің өнімінің ішінде кем дегенде 10 мемлекеттің қоспасы болады екен. Олардың қалай және қандай жолмен әзірленгенін ешкім айта алмайды. Жасанды жолмен алынған және құрамы түрлі алмастырғыш қоспалардан әзірленген мұндай  өнімдердің пайдасынан зияны басым екенін мамандар да айтып, жазып жүр.

     Қазақ тағамтану академиясының 2014 жылы жүргізген зерттеулерінің нәтижесіне қарағанда  ересек тұрғындардың жартысынан астамы (әйелдердің 55,5 %, ерлердің 49,2 %) артық дене салмағы мен семіздіктің зардабын тартып отыр. Ал артық дене салмағының адам өмірінің ұзақтығын орта есеппен 7 жылға қысқартатындығы ғылымда әлдеқашан дәлелденген жәйт.

        Шын мәнінде бізге берілген ғұмыр қысқа емес, оны өзіміз қысқартамыз.  «Адам жүз жыл жасай алады. Біз өзіміздің күйгелектігімізбен, өзіміздің тәртіпсіздігімізбен, өзіміздің ағзамызға бейберекет қарауымызбен осынау қалыпты мерзімді анағұрлым азайтып аламыз» (Иван Павлов). Сондықтан салауатты өмір сүру салтын әрбір адамның өз отбасында ғана емес, балабақша мен мектеп қабырғасында жалғастырып, күнделікті дағдыға айналдыруына айрықша көңіл аудару керек. Бұл үшін білім беру мекемелерін арнайы әдебиеттер мен әдістемелік құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажет. Өкінішке орай асты тұтынудың тәртібі мен мөлшері туралы дұрыс мағлұмат берілмегендіктен, жасөспірімдер арасында құнарлы азық-түлік туралы түсінік ала-құла. Көп жағдайда ағзаның дұрыс дамуына қажетті дәрумендердің орнын түрлі алмастырғыштар толтырып жатқандықтан әлсіз, дімкәс жастардың үлесі жыл өткен сайын өсуде. Және бұл қалыпты құбылысқа айналып бара жатыр.

       Дұрыс тамақтану тәртібін көп жағдайда ата-аналардың өздері де сақтамайды. Бұл тіпті ұлттық ерекшелік ретінде айтылып, жазылып, көрсетіліп жатыр. Тәуліктің қай кезі болмасын, қонаққа барса да, қонақ күтсе де «енді өзіміз отырып, бір дұрыстап шәй ішейікші» дейтін әдет  Қазақстанның барлық аймағында қалыпты жағдайға айналған. Сондықтан аурудың алдын алудың бірден-бір жолы, дұрыс тамақтану екенін жұртшылыққа түсіндіріп, оны насихаттауға бұқаралық  ақпарат құралдарын тиімді пайдалану керек. Онсыз еткен еңбектің бәрі құмға құйған судай текке кетері күмәнсіз.

            Ерлік Ержанұлы  

толығырақ

      Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Бейбіт Атамқұловтың жұмыс сапары Отырар ауданында жалғасты. Аймақ басшысы алдымен Шілік ауылындағы «Жаңа - жер» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

      Онда ет, сүт, шұбат, жұмыртқа секілді өнімнің төрт түрі өндіріледі. Шаруа қожалықтың төрағасы Ж.Құдіретуллаев мәлімдегендей, мұнда тәулігіне 5 тонна сүт өнімдері, 150 литр шұбат, 3 тонна еті өнімдері мен бес мың данаға жуық жұмыртқа өндіріледі.

     Шаруашылықта 35 адам жұмыспен қамтылған. Бұдан соң өңір басшысы Шілік ауыл округіндегі С.Құртаев атындағы шағын жинақты мектебін аралап көріп, жаңа оқу жылын бастаған оқушыларға оқуда озат болуларын айтты.

    Б.Атамқұлов Темір ауыл округіндегі «Отырар-Дән» жүгері кептіру және сақтау кешенінің жұмысын аралап, индустриалды аймақ пен жаңа жүгері өңдеу зауыты құрылысының жобасымен танысты. Кәсіпорын жылына 10 мың тоннаға дейін жүгері дәнін кептіріп, сақтауға қауқарлы. Мұнда жергілікті 35 адам жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі Отырар ауданының Көкмардан ауылына да ат басын бұрды. Мұндағы «Үсенов Н.» ШҚ тауарлы сүт фермасы және сүт өңдеу кәсіпорнының экологиялық таза шұбаты, био шұбаты, пастерленген түйе сүтімен танысты. «Түйе сүтін өңдеу» жобасы 2012 жылы ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Күндігіне 5 мың тоннаға дейін сүт өнімдерін шығаруға мүмкіндігі бар шаруа қожалығы жылына 500 тонна түйе сүтін өңдеп, дайындайды.

      Бүгінгі таңда дайын өнімдер Шымкент қаласынан бөлек, Алматы, Астана қалаларына шығарылып сатылуда. Қазіргі күні қожалық басшысы түйе сүтін ұнтақтап шығару жұмыстарын қолға алған. Ежелгі қалаға жасаған сапарында облыс әкімі көне жазбалар мен құнды жәдігерлер сақталған «Руханият-Әбу Насыр Әл-Фараби» атындағы мұражайға барды. Онда аймақ басшысы мұражайдың тыныс-тіршілігімен танысып, бір ғасырдан бері сақталып келе жатқан «Көроғлы» дастанын көрді. Рухани мәдениеті дамыған ауданда атқарылған жұмыстарды саралаған облыс әкімі әлеуметтің әлеуетін көтеретін жаңа жобаларды іске асыру қажеттігін айтты, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

       http://www.inform.kz/kaz/article/2818894

толығырақ

саумал

     

     Қазақ төрт түлiктi қасиет тұтты. Жылқыны түлiктiң төресiне балады, етiн, терiсiн, тiптi тұяғына дейiн кәдеге асырды. Сүтi – сусын әрi жанға шипа. Оны ұқсатып, қымыз ашытты. Мiнсең – көлiк, желмен жарысып, көңiлiң марқаяды. Жарты әлемге осы жануардың арқасында иелiк еттi. Арғымақ ат жайлы ән-күй, жыр-аңыз толғады. Ол – сән-салтанат, мәдениет, тарих. Қысқасы, қазақ пен жылқы егiз ұғым. Бiр-бiрiнен ажырағысыз әлем.

     Саумал – жаңа сауылған бие сүтi. Одан қымыз ашытылатыны сәбиге де белгiлi. Әйтсе де, бұл жайында талас-пiкiр де жоқ емес. Кейде суытып, қымыздың қорына қосылатын сүтiн «саумал» деп те атайды.
     Әйгiлi емшi Өтейбойдақ Тiлеу­қабылұлының «Шипагерлiк баян» кiтабында «саумалды ақтың төресi» деп төрге шығарады, шипалық қасиетi қырыққа жуық кеселдiң алдын алады. Әсiресе, асқазан, қырыққатпаршақ, өт, бауыр, тоқiшек қабынуын көзiн тауып емдесе, сүргi салғандай, алақанмен сыпырғандай етеді. Қан кеселiне тосқауыл, «қанның сүзгiсi» деп жазады.
     Жазушы Дүкенбай Досжанның «Саумал» шығармасында саумалдың шипалық қасиетi туралы кеңінен айтылады. Қаламгердің әңгімесінде сапалы саумал, қымыздың қасиетi жылқының жайылымы, жеген шөбi, iшкен суы мен ауасына дейiн үлкен орын алатынын аса бiлгiрлiкпен баяндалған.
     – «Келiнжан, оянсаң, құла байталды сауып ал, сүттен үрпiсi жарылғалы қалыпты, – деп атасы қалайы шелек алып тысқа шыққан келiнiне тағы да:
     – Келiнжан, қалайы шелектегi сау­мал жылдам айниды, жоңышқаға ай жарығымен жайылған құла байтал­дың сүтi дәрi, адам ағзасындағы ыстықты басады, залалды нәрсенi сүргiдей сылып түседi, жарықтық, – деп өзгеше ықылас бiлдiредi.
     – Қалайы шелек саумалды айнытады дедiңiз бе, ата?
     – Иә, солай, ерiнбесең бие сауымына қауақты ал, я болмаса қыш көзе дұрыс болады.
    – Әшейiнде өзi түгiлi құлынын маңайлаған кiсiнi таптап кете жаздайтын кiдi мiнездi құла байтал, неге екенiн кiм бiлген, басына салы орамал салып, алдына пүлiш алжапқыш байлап, бұрала басып жақындай түскен келiншекке оқырана көз тiгiп… тұрды-тұрды-дағы оқыс иiп қоя бергенi. Жатсынбады, үрiкпедi, бойын тартпады. Бiр аттап, екi аттап сауырын төсеп көлденеңдедi. Желiде тыпыршып бiр орнында тұрмаған құлынына оқырана үн қатып, сабыр тiледi, жас келiнге үйiрсектедi. О, құданың құдiретi!».
      «…Атасының үйретуiмен ерте тұрып, құла биенiң иiнiн сыйпап, күре тамырын иiтiп, сауынға әзiрлейдi. Қыш көзенiң сүтiн сарқып, жылы сумен жуып күнге кептiредi. Мезгiлi жеткен кезде iшiнде ылғалы жоқ көзенi алдына ұстап сүттi байталдың сауырына еңкейе тақап бiр тiзерлейдi. Саусақ арасынан аппақ сүт дыз етедi. Ұлпа саусақ тиер-тиместе құла байтал иiп қоя бередi. Қыш көзе лезде шүпiлдеп шыға келедi».
     Иә, жазушы ағамыз жазғанындай, саумалдың сиқыры – сауынында. Сауынды я кеш қалмай, я ерте бас­тамай, үрпiге тақаған тұста сауып ала қояды. Ыдысы құрғақ. Ылғал тигiзбейдi. Қыш ыдысқа, я ысталған қауаққа сауады. Ең ғанибетi, саумалды бiр ыдыстан келесi ыдысқа қотарып мазалай бермейдi. Ақ жарықтық сылап-сыйпаған сыпайы саусақ пен iңкәр ықыласты сезiнедi.
      Бие байланар шақта ұлттық дәстүрiмiздiң «Қымызмұрындық», «Сiрне жияр» тәрізді өзге де салт-жоралғылар таптырмас тәрбие құралы. Балалар ауыл өмiрiмен етене араласып, ағарған iшiп, шыңдалады. Ұлт жанашырлары осы iстi қолға алып, кеңiнен насихаттаса, ұрпақ саулығында ұтарымыз көп. Осы орайда Оңтүстiктен бастау алған «Саба» фестивалiн қайта жаңғыртса құба-құп дер едік. Шiлденiң шiлiңгiр аптабында өзге ел асып, қыдырғаннан туған жердiң шүйгiн шөбiне жайылған мал өнiмiн, саумал, қымыз iшiп, отандық өнiмдi тұтынса, мал сүмесiн емген ауылдағы шаруа жандарға да демеу емес пе, шiркiн! Бие сүтi – бал қымыз. Одан асқан дәм бар ма?!

      Мырзабай ОМАРОВ, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» мемлекеттiк мекемесiнiң қызметкерi

      http://anatili.kazgazeta.kz/?p=32585

толығырақ

Ғарышкерлер мәзірінен орын алған құртты қалай дайындайды? (фото)

      «Құрт» сөзі құрғақ, кептірілген сүт мағынасын береді. Құрт кальций мен ақуызға өте бай болғандықтан, оны Кеңес үкіметі кезінде ғарышкерлер мәзіріне қосқан. Бүгінде құртты елімізде үлкен көлемде дайындап жатыр.

Дайындалу тәсілі

     Пісіліп майы алынған айранды қайнатып, кенеп дорбаға құйып бірер күн суалтады. Кейін мол етіп тұздап, қолдың алақанымен пішіндеп өреге жайып, кептіреді. Бұл тағам ақуыздарға өте бай. Дайындалу уақыты 2-3 күнге созылады, құрттың дайындалу уақыты өңірдің климатына да байланысты болмақ. Аздаған айырмашылықтарына қарай, сықпа құрт, ақ құрт, қара құрт, майлы құрт деген түрлерге бөлінеді. Құрт ұзақ уақыт сақталатын тағам. Кейде 2-3 жылға дейін құнарлығын жоймайды. 

Қалай тұтынады

     Құрт өз алдына толыққанды тойымды жеңсік асы болуы мүмкін. Сондай-ақ, оны ыстық сорпаға қосып, езіп ішеді. Ет тағамдарына таптырмас қосымша бола алады.

Құрттың түрлері

      Іркіт. Құрт қайнату, кейде майын алып, ірітіп сусынға ішу үшін сабаға, күбіге жинап ашытқан айран-қатыққа ұқсас шикі сүт. Іркітті алдымен піскен сүттен ұйытып алып сабаға құяды да, үстіне шикі сүт құйып жинай береді. Содан кейін оны пісіп, майын алады. Қалған іркітіне құрт қайнатады. Кейде іркітті пісіп, сапырып, сусын орнына да ішеді.

Жас құрт. Сүзбеде тұрған құртты сары маймен жентектеп, бастырма ретінде шаймен бірге дастарқанға қояды. Әсіресе, кепкен қаттылау құртқа, бауырсаққа тісі өтпейтін қарттар үшін өте кенеулі ас саналады. Ертеректе жас құртты мипалауға, құйрық-бауырға қосқан. Құрттың сарысуын сүт қосып қайнатып, ірімшік жасайды, ауырған малға ішкізеді, әйелдер бас жуады және одан тері илеу үшін малма жасайды.

Ыстық құрт. Қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішетін ас. Көбінесе өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналған.

Сықпа құрт. Мұның қайнатқан құрттан айырмашылығы, ашыған айран қапқа құйып сүзіледі де тұздалып, әртүрлі үлгімен бөлшектеліп, тақтайшаға кептіріледі. Сықпа құрт та бастырма ретінде пайдаланылған. Мұндай құрт жайған әйел ауыл балаларына арнап құрттан дөңгелек жасап, оны жіпке тізіп мойындарына іліп берген. Міне, осындай қуанту салты болған.

Езген құрт. Сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу үшін кепкен құрт астауға салып ұнтақталады, келіге түйіледі немесе қол диірменге тартылады.

Ұнтақ құрт. Арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді. Оны сүттің піскен қаймағына былғап жейді.

Құрт-май. Сары майға батырып жасайтын кепкен сықпа, жалпақ құрт. Оны асығыс кезде дәм таттыру үшін немесе жеңіл-желпі түстік ретінде дастарқанға қояды. Кейде құрт, ірімшік, май тағамдарының қосындылары да құрт-май деп аталады.

     Толығырақ: http://alashainasy.kz/suretter_soileidi/garyishkerler-mazrnen-oryin-algan-kurttyi-kalay-dayyindaydyi-foto-72645/ 

толығырақ

       Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Франсис Этьен Павлодар облысына жұмыс сапары барысында күнде қымыз ішетінін айтты. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.

         «ФудМастер» компаниясы француздық стантарттағы өнімдерді дайындайтынын атап өтті. Олай болса, бұл зауыт өнімдерін Францияда еш қиындықсыз сата алады. Сонымен қатар наурыз айында Астана мен Париж қалалары арасында тығыз қарым-қатынас жайында мәселе көтеріліп, визаны алу мәселесі жеңілдетілген болатын. Бізді табысты әрі сәтті жыл күтіп тұр деп ойлаймын», — деді Франсис Этьен. Сондай-ақ Францияның Қазақстандағы елшісі қазақтың ұлттық сусыны жайында да пікірін білдірді.

     «Францияда қымыз сататын жерді көрсем, барлық достарыма бұл жайында міндетті түрде айта жүретін едім. Себебі қымыз — француздықтар үшін жаңа дүние. Оның пайдасы мол екені белгілі. Өзім қымызды күн сайын ішемін», — деп атап өтті Этьен.

      http://baq.kz/kk/news/66583

толығырақ

   
      Қытайда түйе сүтінен жасалған өнімдерге деген сұраныс артып келеді. Қазақтың сүйікті сусыны - шұбаттың қасиетін түсінген қытайлықтар оның негізінде түрлі емдік өнімдер шығаруда. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» республикалық газеті бүгінгі санында жазып отыр.

     Осы елдің «Ваньюан» деген сауда компаниясы түйе сүтінен жасалатын өнімдерге патент алып, өз тіршілігін жасап жатыр. Саудасын Шыңжаң авто­номиялық ауданынан бастаған «Ваньюан» компаниясының бүгінде бүкіл Қытай бойынша шұбат саудалайтын жүзден астам дүкені бар. Бұл - тек «Ваньюанның» өнімдерін саудалайтын арнайы дүкендер саны. Ал жалпы ел бойынша үш жүзден астам дүкеннен аталмыш компания шығарған түйе сүті өнімдерін алуға болады. Қазір шұбат қытайлардың тәуір сусындарының біріне айналып, одан жасалған өнімдер жедел сатылуда. Ел тұрғындары оны пышақ үстінен бөлісіп әкететін болды, дейді компания өкілдері. Түйе сүтінен жасалатын өнімдерді патенттеп алып, саудасын дөңгелентіп отырған жігіттің аты - Лан Йоу. Ол - негізінен қазақтар мекен ететін Шыңжаң өлкесі Алтай аймағының тумасы. Қытай астанасынан дүкен ашып, түйе сүті өнімдерін саудалағалы үш жылдың жүзі болыпты. Экологиялық ахуалы нашар Бейжің тұрғындары таза, табиғи өнімге зәру. Ал шұбат - емдік қасиеті мол өнім. Біз Лан Йоудың дүкеніне арнайы барып, шаруасының жайымен танысып шықтық. Өзі өте көңілді. Ол зиян­ды ауаның әсерінен түрлі ауруға шалдыққан талай қытайды сауықтырдым деп отыр. Бүгінде тұрақты клиенттері көп. Саудасы мейлінше қызып тұрған көрінеді. Қы­тайлық кәсіпкерден бұл істің қалай басталғаны жөнінде сұрадық.

     - Мен Алтай қазақтарының арасында өстім. Қазақтардың дәстүрлі сусынын жастайымнан ішіп келемін. Шұбат бауырдың қабынуы, асқазан жарасы, тіпті, қатерлі ісік секілді қауіпті ауру­ларды емдейді. Оның барлық қасиет­терін мұқият зерттеп, біз сусын, дәрі-дәрмек, табиғи қоспа секілді түрлі өнім шығар­дық. Нәтижесі біз күткеннен асып түсті, - деп езу тартып қояды Лан Йоу мырза. Лан Йоудың тұрақты клиенттерінің бірі - сексен жастағы Зан Чжоу әжей. Осыдан екі жыл бұрын оның қан қысы­мы тұрақсыз, қандағы қант мөлшері жоғары болыпты. Денсаулығы үнемі сыр берген соң ол шұбаттан жасалған дәрумендерді іше бастаған. Бүгінде бұрынғы ауруларының ізі де қалмапты. Қазір денсаулығы мықты. Спортпен тұрақты шұғылданады. Тіпті, күніге далаға шығып, жастармен ләңгі ойнайды екен. Ал осы Зан Чжоу әжей біздің көз алдымызда оқтын-оқтын секіріп, телеоператорым екеумізге ләңгіні қалай тебетінін көрсетіп берді. Өзі ширақ. Қимылына көз ілеспейді. Әріптесім оны рахаттанып тұрып таспаға түсіріп жатты. Сексендегі кейуананы секіртіп қойған қайран шұбатым-ай деп ойлап тұрдым мен. Зейнеткерге микрофон ұсындық.

     - Шұбат деген - ғажап сусын. Шыны­мен бір сиқыры бар секілді. Шұбат ішкен адамның денсаулығы айлап, жылдап емес, күн сайын жақсарады. Оған өзімнің көзім жетті, - деп сайрай жөнелді Зан Чжоу әжей.

      Дүкен сөресінде шұбат өнімдері самсап тұр. Міне, мынау - өзіміздің Қазақстандағыдай шұбаттың бөтелкеге құйылған түрі. Ал мынау - балаларға арналған ұнтақ қоспа. Мына бірі - таб­летка түріндегі дәрумендер. Бұл өнім­дердің құрамында бірде-бір химиялық қоспа жоқ. Таза түйе сүтінен жасалған. Кішкене құтыдағы дәруменнің дәмін татып көрдік. Таңдайыңа кәдімгі шұбаттың дәмі келеді. Сонымен, түйенің сүті «Ваньюан» компаниясын өрге сүйреп келеді. Оның табысының сыры неде екендігіне өзіміз­ше зерттеу жүргізіп көрдік. Сауда­лары­ның шарықтайтынын білген «ваньюан­дықтар» бұл іске арнап қаржы тартудан аянып қалмапты. Олардың кәсібі 2007 жылы басталған. Бірақ ол кезде «Ваньюан» тек шұбаттың өзін ғана сау­далапты. Компания саудасын 10 миллион юаньмен бастаған. 2011 жылы бөтелкедегі шұбатты пайдаланып қана қоймай, дәру­мен, балаларға арналған ұнтақ, құрғақ ботқа секілді жаңа өнімдер дайындап шығаратын арнайы зерттеу лаборатория­сын салған. Оған шамамен 10 миллион юань қаржы кеткен. Кейін, 2012 жылы тұрақты өндіріс желісін қалып­тастыру үшін тағы 100 миллион юань қаражат құйған. Бұл шығынның барлығы лезде пайдаға айналып, кері қайтарылып жатты. Мәселен, тек 2012 жылы ғана шұбат бұларға жүз миллион юань пайда әкеліпті. Яғни, сауданы дамытуға арнал­ған қаражат сол жылы-ақ өзін ақтап шыққан. Олар сөйтіп, Қытай нарығын бағын­дыруда. Алдағы кезеңде шұбатты «Қы­тайдың ғажап сусыны» деп шет мемлекеттерге шығармақ. Қазірдің өзінде Тайвань, Гонконг, АҚШ және бірқатар Еуропа елдерінде дүкен ашу жобалары мен нақты жоспарлары әзірленіп, дайын тұр. Ол үшін тағы бір-екі жүз миллион юань қаражат керек екен. Жылдық пайдасын ескерсек, бұл қаражат «Ваньюан» үшін түк емес. Олар саудасын одан әрі өрлетіп, шұбатты барлық қытайға үлестірмек. Шұбат күллі қытайдың сүйікті сусыны болуы керек деседі. Сондықтан үгіт-насихат жұмыстары да жақсы жүргізіліп жатыр. Бар қытай жабыла қарайтын «CCTV» телеарнасы түйе сүтінің пайдасы жайында бірнеше бейнесюжет, қысқа деректі фильмдер жасаған. Осы телеарнадан «Ваньюан» өнімдерінің жарнамасы да жиі көрсетіліп тұрады. Сонымен қатар, бұл компания 100-ге жуық халықаралық деңгейдегі көрмеге қатысып, жоғары бағаға ие болған. Ол аз десеңіз, бұлардың өнімдері жөнін­де қала көшелерінде халыққа тегін кітапша таратып жүрген компания қызметкерлері жетерлік. Ол кітапшаларда шұбаттың емдік қасиеті туралы жазылған. Балаларға, қарияларға, аяғы ауыр әйелдерге арналған мөлшері көрсетілген. Оның қатерлі ісікті емдейтін ғажап сусын екендігі де жазылған қағаз бетінде. Сондай-ақ, қатерлі ауруларға шалдығып, шұбат ішіп емделген қытайлардың мысалдары да келтірілген. Қысқасы, насихат жұмыстары қызу өрістеп тұр. Қызығушылар саны күннен-күнге артып келеді. Бізге бір ұнаған жері, қытайлар кітапшадағы шұбаттың сипаттамасында қазақтар туралы айтуды да ұмытпапты. Кесеге құйылған шұбатты сіміріп ішіп тұрған кішкене қазақ қызының суреті салынып, астына мынадай жазу жазылыпты: «Қазақтарда бұл сусын «Чуваты» деп аталады. Бұл - қа­зақтардың сыйлы қонақтарға бере­тін сусыны. Жастайынан шұбат ішіп өскен қазақтардың денсаулығы мықты, иммунитеті жоғары болады. Олардың осал жері болмайды!». Қазір Қытай экономикасы дамып, халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Алайда экономикасы жақсарғанымен экологиясы әлсіреп қалған. Бүгінде Қы­тайдың ауасы ластанған. Бейжің секілді ірі қалалар ауаның ластануы жөнінен әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр. Қытай астанасын үнемі қалың тұман тұмшалап тұрады. Қалаларда небір қауіпті ауруға шалдыққандар жиі кездеседі. Ол аз болғандай, Қытайдағы тамақ өнімдерінің біразы жасанды. Тағамның құрамына химиялық қоспалар, дәмдендіргіштер және т.б. қоспалар шамадан тыс ұшырасып қалып жатады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жұрт табиғи өнімге зәру. Қазіргі қытайдың қалтасында ақша бар. Сондықтан олар таза тағамнан аянып қалмайды. «Ваньюан» шығаратын 0,3 литрлік бөтелкедегі шұбат 48 юань. Біздіңше, шамамен 1500 теңге. Алушылар өте көп. Ал бұл - компанияның ең арзан өнімі. Тілімізге тиек болған Зан Чжоу әжей ішетін дәруменнің бір құтысы - 198 юань, біздіңше, шамамен 6000 теңге. Зан Чжоу айына шұбаттың екі құтысын үзбей ішіп отырған. Яғни, біздің ақшамен айына 12000 теңге жұмсаған. Шұбаттың ғажап қасиетіне көзі жеткен Зан Чжоу екі жылда кеткен ақшаның бір тиыны үшін де өкінбейтінін айтады. «Алып отырған барлық зейнетақымды шұбатқа беруге дайынмын», дейді кейуана. 
      Жалпы, шұбат тек Қазақстан мен Қытайда емес, басқа да шет мемлекеттерде де сұранысқа ие екен. Мәселен, арабтар шұбатты иммунитетті көтеретін сусын ретінде ішеді. Араб елдерінің дүкендерінен де кейде шұбатты кез­дес­тіруге болады. Жаңа сауылған шұбатты сүйетін кейбір ауқатты арабтар бірнеше жүз түйе байлайтын көрінеді. Медицинасы мен фармацевтикасы ежелден дамыған үнділіктер шұбаттан дәрі-дәрмек жасайды екен. Ісік, өттің қабынуы, сары ауру, өкпе ауруы, демікпе, анемия, тіпті геморройды емдейтін көптеген дәрілерді үндістер шұбаттың негізінде жасайды. Африка елдерінің біразында түйе сүті ЖҚТБ-ға (СПИД) шалдыққан нау­қастарды емдеуге жиі қолданады. Шұбат ЖҚТБ-ның иммунитетті нашарлату үдерісін тежейді деп сенеді африкалық мамандар. Кенияда бұл ғажап сусынды диабет және жүрек ауруларына шалдыққандарға дәрінің орнына береді. Ал Моңғолияда тек қана шұбатпен емдейтін арнайы санаторийлер бар екен. Моңғолдар арасында бүйрек аурулары көп кездеседі деседі. Олардың айтуынша, шұбат бүйректің қызметін жақсартады, бүгіндері жиі кездесетін қуық безінің қабынуы секілді қатерлі аурулардың алдын алуға зор септігін тигізеді. Бірақ қасиетті сусынымызды патенттеу әзірге дейін тек қытайлардың ойларына келіпті. Ал енді маң далада мыңғырған түйе бағып, шұбаттың бұлағын селдетіп отырған біздің қазақ та осындай пайдалы тірлік жасаса, құба-құп болар еді. Бәлкім, әуелі сол түйе жарықтықтың өзін бота-тайлағымен қосып патенттеп қоюмыз керек шығар. Кім біледі... 

     http://www.inform.kz/kaz/article/2783370

толығырақ

 
        Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында «Шәушен» шаруа қожалығы бар. Осы шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев інілері Мейрамбек және Қалимен бірлесіп Қазақстандағы ірі мал шаруашылығының бірін басқарып отыр. Мұнда мың бас еділбай қойы, жүздеген өгіз, қазақы тұқымды жылқы малы бар. 

       Бұдан өзге, шаруа қожалығының өз жайылымы, шөп шабындығы мен егістігі бар, соның арқасында мұндағы мал өз жем-шөбімен қамтылады.

     С.Дөненбаев Жамбыл облысы бойынша алғашқы болып елордалық сауда орталықтарына ет өнімдерінің ауқымды көлемін жеткізді.
       Шаруа қожалығы басшысының айтуынша, 2014 жылы қымыз өндіру үшін өз қаражаттарына құны 250 млн. теңге тұратын жылқы фермасы жобасын іске қосқан. Бүгінгі таңда мұнда әр биеден 9 литрге дейін саумал сауылады. Қожалық қоймасында 16 мың литр қымыз сақтаулы.
        null

      «Тау етегінде қымызбен емдейтін орын құрылысын жүргізіп жатырмыз, - дейді С. Дөненбаев. - «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау алуды жоспарлап отырмыз, өйткені қымызбен емдеу орнына дейін 5,5 шақырым жолға асфальт төсеу қажет».

        Мейрамбек Дөненбаевтың ойынша, халық арасында таралған әдіспен әзірленген қымыз механикаландырылған жабдықта дайындалған сусыннан гөрі дәмдірек, әрі оның емдік қасиеті де күштірек.
       Айта кетейік, ағайынды Дөненбаевтар Рысқұлов ауданының тыныс-тіршілігіне белсенді түрде атсалысуда. Мемлекет басшысының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтқанын ескере отырып, кәсіпкерлер Жеңістің 70 жылдығына орай өз қаражаттарына туған ауылдары Жарлысуда Мәңгілік алау орнатты, оның маңындағы алаңды абаттандырды. Ал бұған дейін, 2012 жылы мешіт пен балалар интернатын салып берген еді.

        http://www.inform.kz/kaz/article/2780337

толығырақ

7438e41921179d72cad662f54f0a0dc7_L

      Солтүстік Қазақстандағы «Арқалық» шаруа қожалығы былтыр ұлттық сусынның 45 мың литрін дайындады.

     Айта кетейік, бұл – Қазақстандағы қысы-жазы бие байлайтын жалғыз орын. Отандық нарықта өз орнын тапқан кәсіпорын енді ресейліктердің шөлін қандыруды көздеп отыр.

      Айнагүл Ережепова қымыздың қыр-сырын жақсы біледі. Ол тәуліктеп бапталған сусынның сапасын тексеріп, құнарлылығын анықтайды. Бұл жерде оның қышқылдығы маңызды.

    «Арқалық» шаруа қожалығы бие байлап, қымыз құюды осыдан 8 жыл бұрын қолға алды. Кәсіпорын тәулігіне 1000 литр бие сүтін өңдеуге қауқарлы. Ауруға ем, сауға қуат беретін сусын тың құрал-жабдықтарда дайындалады.

    «Арқалық» шаруа қожалығының қымыздары тек қана осындай шыны құтыларға құйылады. Оның өз мәні бар. Өйткені мұнда сақталған сусын өзінің құнарлылығын 8 күнге дейін сақтайды.

      Шаруа қожалығында төрт түліктің 400-дей төресі бар. Мұндағылар бие сауудың тың әдісін ойлап тапқан. Бұл жерде 4 жылқы қатар сүт береді. Сақтардың сүйікті сусынын сапыруға шетелдіктер де құмар екен.

      Қымыз – шипалы сусын. Өнім Петропавл, Көкшетау және Астана қалаларында сатылады. Кәсіпорын енді Ресей елінің шекаралас аймақтарына да шығуды жоспарлап отыр.

        24.kz

толығырақ

         Павлодарда «Сағып» шаруа қожалығында қымызды автоматты құю цехы іске қосылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

     2014 жылы аталған шаруа қожалығына мемлекеттік қолдау аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы қымызды автоматты құю цехы жобасы құрылысын қаржыландыруға 66 млн. теңге бөлінді.

      Жаңа цехтың ашылуына облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты.

    - Бұл кәсіпорын қысқа уақыт ішінде қымыз өндірісін дамытып, нарықтан өз орнын тапты. «Сағып» шаруа қожалығының қымызы тұтынушылар тарапынан жоғары бағасын алды, үздік өнім ретінде танылды, - деді облыс әкімі.

     Қазіргі таңда «Сағып» ШҚ құтыға құйылған қымыз өндірісін дамыту жолында. Қымызды арнайы құтыға құйып сатып іске асыру жұмысын 2011 жылы басталған. Сол жылда бұл жоба «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қолдау тапты.

     «Сағып» фермасында мол тәжірибесі бар 26 жұмысшы еңбек етуде. Қымызды автоматты құю цехы қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Цех қымыз құятын құтыларды да жасап шығарады. Қымыз құю технологиясы автоматтандырылған, барлық жабдықтар заманауи технология бойынша жұмыс жасайды.

     Қымыз цехы тәулігіне 5 тоннадан аса қымыз өндіреді. Ұлттық сусын 0,3, 0,5 және 1,0 литрлік шыны құтыларға құйылады. 2015 жылдың қаңтары мен ақпаны аралығында 42 тоннадан аса қымыз сатылымға шығарылды.

     «Сағып» ШҚ өз өнімдерін түрлі көрмелер мен жәрмеңкелерде ұсынып келеді. ШҚ өнімі Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің табыстары атауымен ұйымдастырылған «Қараөткел жәрменкесі-2012» жәрмеңке-байқауының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, өткен жылы «Сағып» ШҚ Мәскеуде өткен қазақстандық тауарлар мен өнімдер көрмесіне де қатысты. Осы көрме қорытындысы бойынша Ресей Федерациясы нарығына қымызды сатып іске асыру бойынша меморандумға қол қойылды.

     Қымыз цехында ұлттық сусынмен бірге қазы, шұжық, құрт, қоспа, сүзбе, қаймақ өндіріледі. Ферма аумағында мал сою алаңы бар. Цех мамандары ет пен сүт өнімдерінен қазақтың ұлттық дастарханы тағамдарын да әзірлейді.

     Кәсіпкер-әйел Төлеу Құшманова алдағы болашақта ұлттық сусынды ТМД және Еуропа елдері нарығына шығаруды жоспарлап отыр.

      http://www.inform.kz/kaz/article/2756972

толығырақ

©Нұрғиса Елеубеков (фото)

©Нұрғиса Елеубеков (фото)

       Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Жақында ғалымдар тағы бір жаңалық ашты. Төрт түліктің ішінде биенің сүті ғана альбуминдік (сүттің ерекше түрі) қасиетке ие екен. Демек, бие сүті ананың сүтімен пара-пар деген сөз. Бие сүтінде кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілері басқа сүтке қарағанда ерекше болып келеді. Бұл – бие сүтіндегі ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана. Ал оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары қаншама

Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп

     Жылқы малының төрт түлік ішінде текті екендігін бұған дейін де айтқанбыз. Жануар судың тұнығын ішіп, шөптің асылын теріп жейтінін қайтерсіз?!

Аурудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма?!
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?!

– дейді Ақтамберді жырау. Расында да, қазақ үшін қымыз-мәртебе,мінез-құлық, сый-құрмет. Бірақ тоқырау заманында құнды сусынымыздан қол үзіп қалғанымыз бар. Ес жиып, еңсе көтергелі ата кәсіп бие сауып, қымыз баптауды қайта қолға алдық. Байыпты сусынды баптаудың ежелгі әдісін бүгінгі ұрпақ қайта жаңғыртып-ақ жүр. Бірақ соңғы кездері аузымызға жиі алатын Еуропа елдері бал қымыздың бар құпиясын біліп алған. Көл-көсір пайдасына кенеліп, салауатты өмірдің сырына айналдырды.
      Немістердің қымызды бөтелкелеп сатып, дүкен сөрелеріне толтырып тастайтынын естіп жүрміз. Германияда қымызға деген сұраныс жоғары, өндірісі де жақсы дамыған. Кәсіпті нәсіп еткеннің көсегесі көгеріп, қазынасы артып отыр. Ал Қазақстан қымыз өндірісі бойынша әлі де тұралап келеді. Ғылыми тұжырым керек, кәсіби маман керек деп, керек-жарақтың бәрін түгендеп жүріп-ақ, көп нәрседен құр қалып жүрміз. Бәлкім бұл салада да стратегиялық жоспарлар түзіп, аты дардай бағдарламалар тізіміне ендіру керек шығар. Оны болашақтың еншісіне қалдыралық. Енді қымыздың қадір-қасиетіне тоқталсақ.
      Қымыздың құрамында жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттер бар. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды. Қуаттандырады. Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді. Саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе тіпті пайдалы. Салданудың алдын алады. Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы орасан. Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады. Ашығудан кейін қымыз ішу буын ауруларына өте пайдалы.
       Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартады, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады.Қымыз құрамында 28 түрлі микроэлементтер, көптеген дәрумендер бар. Бұл элементтер бие құнарлы жерге жайылған сайын арта түсетіні бар. Бие басынан күніне орта есеппен 10-12 литр сүт алуға болады. Кей биелер 15-17 литрге дейін сүт береді екен.
      Тағы бір ерекшелігі саумал биелерді 8 ай саууға болады, сонда бие басынан 1500-2000 литрге дейін сүт алынады. “Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас” деген мақал тегін айтылмаса керек. Күтімі келіскен бие тіпті бір жылға дейін сүт береді екен.

       Дәрігерлер қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішуге ұсыныс жасайды. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.

Жылқы малының төрт түлік ішінде текті екендігін бұған дейін де айтқанбыз

      Қымыз адам денсаулығына ғана пайдалы дей алмайсыз. Түрлі дертке шалдыққан малдарға да жылқының сүтін беріп жазуға болатын көрінеді. Мұны мал дәрігері мамандығында оқыған бауырымнан естідім. Оның айтуы бойынша, қымызды бұзаулардың, балапандар мен тауықтардың ащы ішегінде қабыну белгілері байқалғанда, ірі қара малдың асқазаны әлсірегенде, тауық балапандарына А және В дәрумендері жетіспегенде, сауын сиырлардың іріңді желінсау (мастит) ауруына ем ретінде қолдануға болады екен.

      Кез келген сүттегі ең бағалы зат – ақуыз. Бие сүтінде ол 1,8 – 2 % болады. Қымызда шамамен 1,3 – 2,0% май бар, бұл сиыр сүтіндегіден 2 есе кем. Бұл дегеніңіз, адам ағзасына аса зиянын тигізетін холес-терин мөлшері аз, тіпті жоқ деуге болады. Бірақ, сусынды мөлшерімен ішу керек. Тым көп ішкен жағдайда пайдалы ферменттер мен дәрумендер бір-бірімен теріс байланыс орнатып, адамның әлсіреуі мен естен адасуына алып келеді. Аса зиян деп қарастырылмағанымен, өз мөлшерімен ішкен дұрыс.
      Сауылатын биелер негізі сақа бие, құлын бие, қыран бие деп үшке бөледі. Сақа бие – бірнеше рет құлындаған, бұрыннан сауылып келген бие. Құлын бие – құнажын немесе дөнен жасында алғаш құлындаған бие. Қыран бие – деп өткен жылы кейбір себептермен қысыр қалған, құлын орнына тайы еміп жүрген биелерді айтады. Биыл құлындағанмен тайы еміп жүргендіктен ондай биелер, күтімі жарасса, сауыла береді. Бәрінің сүті құнарлы, емдік қасиеттері бір, – дейді төлебилік қымыз баптаушы Нұрмахан Есенбеков. Қай биенің сүтін алсаңыз да қасиетке толы.
     Ғалымжан Халмұратұлы, Сайрам аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері
     
– Қымызды өкпе ауруларына тағайындайтынымыз бар. Әсіресе құрт ауруларына таптырмас ем. Құрамы күрделі, әсері мол дәрілердің тез сіңуін қамтамасыз етеді. Иммунитетті де күшейтеді. Медикоментозды ем 6 ай болып есептелсе, дәрілерді қымызбен қоса пайдалану әлдеқайда тиімдірек болады. Бұл дәлелденген терапия. Сондықтан тек ауырған кезде ғана емес, күнделікті профилактика үшін де қымызды ішіп жүруге кеңес береміз.
      Шипалы сусынның дайындау әдісіне тоқталар болсақ...

    Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі дайындалады. Оңтүстікте қымыз баптайтын ауылдар жетерлік. Бір ғана Төлеби ауданы Шымкент қаласының көп мейрамханаларын түгел қымызбен қамтамасыз етіп отыр. Мұнан басқа базарларда, авто және темiржол бекеттерiнде қымыз сататын орындар баршылық. Бiр сөзбен айтқанда, қазiр Шымкент қаласында қымыздың түр-түрiн табуға болады.
      Қымыз негізінен жылқы терісінен тігіліп, тобылғы түтінінің ысы сіңген сабада немесе ағаш күбіде ашытылады. Қымыздың ашытқысы қор деп аталады. Саба мен күбіні ең кемінде бір рет ыстап отыру керек. Дер кезінде тазартып тұрмаса ысталмаған ыдыс өңезденіп, қымыздан ескі дәм шығып тұрады. Әжелеріміз негізінен қымыз пісетін күбіні киікотымен ыстайды. Киікоты піскенде оны келесі жылға жететіндей орып, кептіріп алатын болған. Қымыз дайындау шеберлігіне, сүттің тегіне,уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Осыған орай оның аталуы да алуан түрлі.
     Айтпақшы, бізде «Саба» фестивалі өтіп тұратын. Облыс аумағындағы аудандардан ондаған қымыз баптаушылар келіп, орталықта арқа-жарқа мереке болатын. Таңдаулы қымыздардың жарысы өтіп, жеңімпаз анықталатын. Жамағатқа да, бие сауып қымыз ашытатындар үшін де салмағы бар, маңызды шара еді. Дәл осы фестиваль талай жанның шабытын арттырып, ұлттық сусынды насихаттауға сеп болып еді. Неге екені белгісіз, ол шараның тоқтағанына 2 жылдан асты. Бәлкім, облыстың қоржынын шығындамайық деген шешімге келген шығар басшылар. Немесе сол шараның өтуіне мұрындық болған Дархан Мыңбайдай ұйымдастырушылық қабілет жетпей жүр ме біздерге? Бірнеше дүркін ұйымдастырылып, қымыздың түр-түрін баптап дайындаушылар өзара бақ сынасқан жарыста бас жүлдеге құлынды биеге дейін тігілген-ді. Әдемі дәстүрдің орта жолдан үзілгені қайта жалғанса кәнекей!
       kz.otyrar.kz

 Толығырақ: http://alashainasy.kz/saylyk/kyimyizda-28-turl-darumen-bar-63709/

толығырақ

      Елімізде өндірілетін бие сүтінен жасалатын құрғақ ұнтақтың алғашқы легін Германияға мамыр-маусым айларында экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы baq.kz тілшісіне "Астана өңірлік технопаркі" ЖШС-нің АКО жетекшісі Құрманғазы Омаров хабарлады.

      «Жүргізілген тексерулер нәтижесінде оның құрамындағы биологиялық заттардың құндылығы 98 пайызға дейін сақталатындығы дәлелденді. Демек, түрлі сырқаттарды емдеуге өнімнің қауқары жетеді. Әрі жарамдылық мерзімі 1 жылға дейін шыдас береді. Бие сүті ұлтымыздың емдік-профилактикалық қасиеті бар ерекше сусындарының бірі. Адам ағзасындағы радионуклидтерді шығаруда, туберкулез бен тері ауруларын, имундық жүйелерді күшейті бағытында таптырмайтын дүние. Бие сүтінен өндіріп отырған құрғақ ұнтақты негізінен ас, косметика, фармацевтика бағытында пайдалануға болады. Қазіргі күннің өзінде аталған ұнтақты сырт елдерге экспорттауды келісіп қойдық. Бұйырса Германияға алғашқы ұнтақтарды көктем шыға мамыр-маусым айында жөнелтпек» дейді ол.
Қазіргі күнде зауыттың аппараты күніне 50 литр бие сүтін өңдеуге қуатты. Бұдан бөлек, Германияның тағы 17 косметологиялық фирмасы өнімді алуға сұраныс білдірген. Ұнтақты Еуроодақ елдеріне экспортқа шығаруға технологияларды коммерциаландыру орталығы 22 млн теңге бөліп отыр.
     Естеріңізге сала кетсек, индустриаландыру картасының инвестициялық жобасы бойынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетуімен зауыт биыл өз жұмысын бастап жатыр.

      Ая ӨМІРТАЙ, http://baq.kz/kk/news/59645

толығырақ

        Мал сойып, ет асу, соғымнан сыбаға сақтау халқымыздың маңызды қонақасы дәстүрі болып саналады. Осы дәстүр бойынша туыс-туған, дос-жарандарымыздың үйіне қонаққа барамыз. Дастарқан жайылып, қазан асылады. Тамақ пісіп, алдыға ас келгенде ет турау керек болады. Сонда сіз етті қалай турадыңыз? Ет турау әдісіңіз ұлтымыздың ет турау дағдысы бойынша болды ма, әлде сіз оны ұмытып кеттіңіз бе?

      Ендеше білгіңіз келсе мынаған құлақ салыңыз. Етті жақсылап турауды халқымыз ер жігітті сынаудың бір өлшемі деп білген. Бірақ қазір оны маңызды деп санайтындар аз. Әйтеуір табақтағы ет ұсақталса болды, оның қалай туралып жатқанына сәп салмайды. Тіпті, пышақ, бәкі болмағанда қолмен жұлмалап жататындар да бар. Осыған байланысты халқымыздың атадан балаға дәстүр болып жалғасып келе жатқан ет тураудың бірнеше әдістерін назарларыңызға ұсынайық.

     Біріншісі, үгіп турау. Ет тарам-тарам болады. Сондықтан оны бой-бойына сыдырмай, талшығын қиып кесу керек. Қазақ мұны қия кесу дейді немесе үгіп турау деген осы. Екіншісі, жапырақтап турау. Етті қалың кеспей, барынша жұқалап кесу керек.

     Ең жақсысы туралған еттің жұқалығы ағаштың жапырағындай болады. «Жапырақтап кесу» атауы да осыған қаратылған. Ал бұлай турай алмаған жағдайда еттің қалыңдығы бәкінің қалыңдығынан асып кетпеуі керек. Үшіншісі, ет кейде семіз малдыкі, кейде арық малдыкі болады. Семіз екен деп еттің майын бір бөлек, етін бір бөлек турауға болмайды. Оның ебін тауып, ығын келтіріп, майға аз да болса қара кесек іліндіріп, немесе қара кесек етке азырақ май қосып тураған дұрыс. Бұлай туралған ет тіске кірмейді, жүрекке де тимейді. Әрі оңай қорытылады, дәмді болады. Бұндай ет турау әдісін кесектеп турау деп атайды.

        Қанат Шаймарданұлы, Baq.kz 

толығырақ

      Қымыздың патенті қазақ­тың қолында екендігі ел газеті «Егеменде» жазылды. Енді жылқыны үйірімен өсіріп, қымызын сауып, дайын­дап, сату мәселесіне мем­лекеттік деңгейде қолдау көрсету керектігін халық қалау­лы­лары көтеруде. Бұл – қуана құп­тарлық жайт.

      «Қымыз – қазақтың ұлт­тық тағамы, бренді десек қателеспейміз. Ата-баба­ла­ры­мыз ықылым заманнан бері пайдаланып келе жатқан қымыздың қасиеті шексіз. Қымыз – сусын, қымыз – та­мақ, қымыз – дәрумен. Негі­зі, жылқының сүтін пісір­мей ішетіні адамға малдан жұғатын бруцеллез ауруымен жылқы ешқашан ауырмайды. Сондықтан саумал ретінде және қымыз жасап та ішкен. Дәруменнің «д», «с», «а» түрлері болса, сонымен қатар, қымыздың құрамын ешқандай дәрі-дәрмек алмастыра алмайтын теңдессіз 26 түрлі амин қышқылы тағы бар.

      Қымызды ашытудың өзін­дік технологиясы болады. Ыдысы – күбі, саба деп те аталады. Тобылғымен ысталып, қойдың құйрық майымен, қазымен майланып отырған. Жал, жая салып сапырудың ерекшелігі сол қымыздағы газ секілді артық ауаны шығарып, тастайды. Қазақша айтқанда, оны пісу дейді. Қымыздың майы қара түсті болатынын да білу керек. Бір, екі, үш күндік қымыз құнан, дөнен, бесті, сары, ашулы, жуас, т.б. қымыз деп 24 түрге бөлінеді.

     Айталық, сары қымызда күзде шөп піскен уақытта майлылығы көбейетіндіктен, адам ағзасына өзіндік пайдасын тигізетін «а» дәру­мені мол болады. Елімізде қымызды кеңінен пайдалану мәселесін 1997 жылы қазіргі Парламент депутаты Серік Үмбетов көтеріп, сауу, өз мәнінде бабына келтіре ашыту – қалада, елді мекендерде, жол бойында сату, яғни нақты өмірде жүзеге асыруды бастаған болатын. Сол бастамасын Серік Үмбетов Жамбыл об­лысының әкімі лауазымын атқарғанда жалғастырып, қы­мызханаларды көбейткені мәлім.

      Ал 2006 жылы Алматы облы­сының әкімі болып та­ға­й­ындалғанда, қымыз сауу, да­йындау, сату мәселесі ерек­ше орын ала бастады. Қы­мыз­­бен бірге дастарқанға қазы-қарта, жал-жая, құрт, ірім­шік, май, кілегей келсе, бірінен екіншісінің сән-сал­танаты асқан қазақтың киіз үйлері жарыса тігіліп, қала­ның да, ауылдың да көркін кіргізді. Сондықтан қазақы салт-дәстүрді дәріптеу, қы­мыз­ханалар ашу туралы сөз қозғалғанда Серік Әбікен­ұлы­ның игі ісін айтып өту парыз.

      Өңірде жыл сайын мамыр мейрамында ел қымыз­хана­ларды күтуді әдетке айналдырды. Бүгінде Жетісу жерінде 230 киіз үй жұмыс істеп тұр. Біле білсек, бұл – жұмыс ор­ны. Ал қанша адам жылқы ба­ғып, бие сауып, қымызды сұранысқа сай тасымалдауда. Жылына 400-500 тонна қымыз сатамыз», деді Алматы об­лысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков.

      Қорыта айтқанда, өңірде жақсы жолға қойылған қы­мыз дайындау мәселесін мем­лекеттік деңгейде қарап, заң­нама шеңберінде бюджеттен қаражат бөлініп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

     Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.

толығырақ

im         Ақмола облысында қымыздан ғарышкерлерге арналған тағам өндіретін жаңа зауыт ашылады. Бұл туралы «Ақ Жайық» газеті хабарлады.

      Тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов өңдеуді қажет етпейтін, C дәруменіне бай бие сүтінен түрлі өнім шығаруға болады деп есептейді.

      Т.Шарманов: «Біз саумалдан ғарышкерлерге арналған тағам, жасанды ана сүтін және басқа да өнімдерді әзірлеуді қолға алып отырмыз. Зауыт сала бастадық. Онда мал сауудың неміс технологиясы қолданылады. Бұл іске 45 мың шаршы метр жер алдық. Биыл 300 бас жылқы сатып аламыз», – деді.

       Академиктің айтуынша, қымыздан түрлі өнім шығаратын зауыт Астана мен Қарағанды қаласының арасында орналасқан. Аталған кәсіпорын ғарышкерлерге арналған тағамнан бөлек, гастритті, ішек-қарын жолын, туберкулезді, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған тағамдарды да өндіргелі отырған көрінеді.

      Т.Шарманов: «Биыл күзде зауытты пайдалануға бергелі отырмыз. Келешекте жылқы басы 500-ге дейін, ал одан кейін 2000 басқа дейін көбейтіледі. Өз өнімімізді экспортқа шығарамыз. Бұл біздің ұлттық брендімізге айналады. Бие сүті негізінде жасалатын өнімдер EXPO-2017-де өзінің лайықты орнын алмады», – деді.

      Хабарламада көрсетілгендей, қымызға Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея мен Қытай елдері қызығушылық білдіруде.

       Тағы бір айта кетер жәйт, бие сүтінен ғарышкерлерге арналған тағам дайындау құрғақ қымызды Германия мен Францияға экспорттауға бағытталған жобаның негізінде жүзеге асырылады.

kimiz

     Жолдыбай Базар, дереккөз: «Ақ Жайық» газеті. Фото: 1tv.kz.

толығырақ

      Қазақ пен жылқыны тел емген телқоңырдай көреміз. Түрлі те­ңеу­лер де айтамыз. Арғы-бергі тарихқа жүгінеміз. Қасқа жолдың иесі Қасым ханның: «Біздің асыл дүниеміз – бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін сусынымыз – қымыз» деген сөзіне, кемелденген деп кең жүргенде омақаса құлап, келмеске кеткен Кеңес заманында қасқайып тұрып, ешкімнен ықпай: «Басқа жұрт маймылдан жаралса жаралған шығар, ал қазақтың тегі жылқы» деп төтесін айтқан Асқар Сүлейменов пен биік талант иесі Марат Қабанбай («Кентавр» романын еске салып отырмыз) сөздерінің түймедей түйінін енді малданып, «е, осылай екен ғой!» деп жамырай, жарыса, таласа айтып жүрміз 

     Қазақтың көбінің бойындағы бұлжымайтын бір қасиеті – нан жеп отырған уақыттан аспайтыны, төрден айтса сол төңіректен озбайтыны Кеңес дәуірінде бұлжымайтын қағидаға айналғаны ақиқат еді. Сол тұста, соның кесірінен көп дүниемізді ұрандатып жүріп тәрк еттік. Тілі­мізді шұбарлап, дінімізді лайлап, әдет-ғұрпымызды ескіліктің сарқыты деп сан-саққа жүгірттік. Енді соның біразын қалпына келтіре алмай – тәлтіректеп жүрген жайымыз бар.

     Сұрқай саясат тұсында Н.Хру­щев құрық сілтеп жылқы шаруа­шылығын тұралатып кеткені тарихтан мәлім. Кейін қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы: «Дарвиннің «Біз маймылдан жаралдық!» деген теориясының күлталқанын шығаратын ұрпақ келеді әлі жер үстіне», деген көрегендігі расқа айналып, жылқы жануары «ортаға» қайта оралды. «Қолға алғаш кім үйретті,» деген сұрақ дау-дамайға айналғанда әлем ғалымдары, оның ішінде ағылшын оқымыстылары зерттей келіп қазақтың еншісіне түбегейлі берді. Бұған қазақ зиялылары да өлшеусіз үлес қосты. Сол байламға да көп уақыт бола қойған жоқ. Олардың айтуынша, жылқыны қазақтың арғы ата-бабалары Көкшетау өңіріндегі Ботай қо­нысында қолға үйре­тіпті. Үйретіп қана қоймай, бие сауып, қымыз ашытыпты. Оны сон­да табылған ыдыс­тардағы қалдықтар бойынша дәлелдеді. Сөй­тіп, жылқыға алғаш құрық салып, қолға үйреткен, құлағында ойнап, байтақ даламызды аласапыранда қорғаған біздің арғы бабаларымыздың кемелдігі керемет делінді. Алты мың жыл бұрын өмір сүрген сол зерделі жандар жадының күштілігін ағылшын ғалымдары тайға таңба басқандай дәлелдеп ғана қоймай, таң-тамаша болып отырғанын бүгінгі ұлт оқымыстылары сүйсіне жазуда. Бірақ сол ұлы үлгіні біз ұстап жүрміз бе, тұлпар тұғырға қонып, бал қымыздың «бағын» аша алдық па? «Әлде баяғы қалпынан айырып сулы-суанға, күнкөріс тірлігінің жетегіне жіберіп қойдық па?» деген сұрықсыз сұрақ кейде мазалайтыны рас. Бұл айтқандарымызға осы жерде мысалдар іздесек, табылары хақ.

      Қазір екінің бірі – қымыз туралы жазады, айтады. Үш жылдың алдында біз де қалам тарттық. Оған қымыз патентін «Бір неміс иеленіп кетіпті» деген әңгіме себеп болған еді. Оның үстіне бұл мәселені халық үміт артқан, көз алдында жүрген Мәжіліс депутаттары да жылқы шабысындай дүркіретіп көтерген болатын. Шын­дығына келгенде, Кеңес дәуі­ріндегі қымыз патентінің: куәлігі профессор Зұлхарнай Сейітовтің қолында екенінен хабарымыз бар еді. Ол кісі қымызға қоса, қазақ бальзамының да иесі екенін жұрт білетін шығар.

     Астанадан Алматыға арнайы барып қадірлі ақсақалдан «Қы­мыздың патенті кімде?» («ЕҚ», 11 қазан 2011 жыл,) деп әңгімеге тартып, депутаттардың да бұған үлкен мән беріп отырғанын тілге тиек еткенімізде, ғалым ойланып барып: «Қымыздың әлемдегі бірінші патенті қазақта. № 330. Мұны бір деп қойыңыз, екінші – құрғақ қымыз ұнтағының, үшін­ші – шұбаттың, төртінші – қойытылған қымыздың, бесінші – бие саумалының, алтыншы – шұбат ұнтағының, жетінші – бие сүтін анықтайтын әдістің, сегізінші – қазақ бальзамының патенті біздің қолымызда тұр. Патент туралы әңгіме қозғап жүр­ген бауырларым тірі Сейітовті шақырып сұраса, тоқсанға қараған жасымды елемей, барып айтып берер едім. Мен қымызды зерттегелі 60 жылдан асып кетті. Талай емен есікті аштым, төрде отырған азаматтарға ағарған, селдір тартқан шашымның көбі осы ұлттық сусынымыз қымыз жолында түскенін қиылып тұрып та, қиналып тұрып та айттым. «Жақсы» деген сөздерді естіп, үмітімді үкіледім. Ол бос сөзге айналып, сағым сынған тұстар да қолымды бір сілтеп, теріс айналған сәттерім де аз емес. Артынан ұлттық рухы атойлап тұрған бір азаматты көріп қалсам, не жылы сөзін естісем, қайтадан атқа қонып жүрмін», деген. Қазір де анда-санда хабарласып тұрамыз. Діттеген мақсатына жете қойған жоқ. Қымыз патентін халықаралық деңгейде тіркетуге қолдың қысқалығы байлау екенін өкінішпен айтады. Тоқсаннан асқан ақсақалдың бұл өкініші қанша уақытқа созыларын бұл күні ешкім тап басып айта алмайды. Өзі: «Заманға қарай жанды, жансыз нәрсенің бәрінің стандарты болуы тиіс деген қағида қалыптасқан. Соның қатарында әр жаңалық ұсынушы еңбегінің ақиқатын халықаралық патентпен бекітіп отыруы тиіс. Мен де қолымдағы патенттерімді сондай дәрежеде бекітіп алсам деген әлі үмітім бар. Шіркін, сол үміттің ақталғанын естісем, еңбегім жанып, арманым орындалар еді», деп сегіз патентіне алма-кезек қарап қоятыны көз алдымыздан кетер емес.

    Биылғы жылдың маусым айының басында Еуропа мем­лекеттерінде тұратын қандас­тарымыз өздерінің дәстүрлі кіші құрылтайын Германияның Берлин қаласында өткізген еді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйытқы болуымен сол шараға біз де барып, не бір әдемі көріністерге куә болдық. Алыста жүрген ағайын барын салып, ұлттық салт-сананы көрсетті. Қала сыртында түрлі спорттық ойындар ұйымдастырды. Жиналған жұртқа ата жолымен дас­тарқан жайды.

     «Қане, бауырлар, қазақ қы­мызын ішіп, бие сүтінің өнімін алыңдар!» деген сөз құлаққа жеткенде, «бұл өңіміз бе, түсіміз бе» дедік. Сөйтсек, бес-алты қадам жерде ашаң жүзді ер мен әйел шатыр астында, мұнтаздай тап-таза жерде қазақ қымызын сатып тұр. Екі-үш шелек су сиятын самаурын секілді ыдыстан құйып береді. Шағын бөтелкедегі сусын 3 эвро болса, бір рет пайдаланылатын стақандағысы 2,5 эвро. Бие сүтінен алынған алуан түрлі өнімді үстел үстіне тізіп қойыпты. Оның сапасын, дәмін татып көруге болады. Қай-қайсысынан да қымыздың жұпар иісі аңқиды.

      Германиядағы бұл игілікті істің иесі, қазақ қымызының патентін алып қойыпты деп жүрген Ганс Цоллманн болып шықты. Қа­сында тұрған әйел – зайыбы Удри Цоллманн екен. Екеуінің бойында да ізет, инабат, кісілік пен кішілік есіп тұр. Қарапайым, халық­шыл, менмен емес. Сонда оқуын жал­ғастырып жүрген Гүлсім деген қарындасымыз арқылы тілдес­кенімізде Ганс Цоллманн:

      – Бұл жұмысты мен қайын атамнан, Удридің әкесінен үйрендім. Үйреніп қана қоймай, мұра ретінде қабылдап алдым. Атам өткен ғасырдағы сұрапыл соғыста тұт­қынға түсіп, Сібірге айдалып ке­тіп­ті. Сонда жүргенде өкпе ауруына шалдыққан. Башқұрт, татар елдерінде, Солтүстік Қазақстан облысында болыпты. Сонда кесе­ліне ем ретінде мейірімді жан­дардың қамқорлығымен қымыз ішіп, аман қалыпты. 1949 жылы елге оралғаннан соң да бірлі жарым жылқы ұстап, сүтін ішіпті. Он жылдан кейін бие санын беске жеткізген, – деп бір тыныс алғанда оның сөзін Удри жалғады:

     – Біз бала кезімізден әке сөзіне ден қойып, бие сүтін ішіп өстік. «Менің жолымды балам жалғайды» деп бауырымды малдәрігерлік мамандығына оқытты. Ол біраз жыл осы салада еңбек етті. Келе-келе: «Жауапкершілігі үлкен екен, мен аяғына дейін жеткізе алатын емеспін. Ұятқа қалғым келмейді» деп бас тарты. Сол кезде мен Гансты кездестірдім, – деп еді Ганс жылы жымиып:

     – Кімді кім кездестірді?! – деп әзілдің отын үрледі.

    – Иә, сен, оған дау бар ма, байқамай қалдым.

     – Ганс үлкен азаматтық жасады. Қайын атасының жолын жалғап, үмітін ақтады деді осы арада Удри. – Әкемнің бүкіл жан дүниесі жылқымен бірге еді. «Жылқы өмірдің өзегі, өзегіңді талдырмайтын – құдіретті ана сүтіндей сүт береді,» деп отыратын. Қысы-жазы сол бие сүтін, қымызын үзбей ішетін. Бізді де соған баулыды. Ұлына мұра етіп қалдырамын деген арманы орындалмады. Бірақ күйеу баласы адалынан еңбек етіп жүр. Мен болса да бар күш-жігерімді жұмсап келемін. Өйткені, әке аманатынан артық не бар. Ганс те мал шаруашылығының маманы. Содан да шығар, қызығушылықпен кірісті. Қасиетті жұмысты атқарып жүргендіктен болар, қазір отбасылық өмірдегі тірлігіміз өте жақсы. Ұрпақ өсіріп, оларды да ата жолына бұра бастадық. Менде бір арман бар, ол: «Әкем осының бәрін бір көрсе ғой» деген. Әрине, орындалмайтын арман екенін білмей отырғам жоқ. Тағдыр тауқыметін аз тартпаған менің ардақты әкем: «Жылқы бағу, қымыз өндіру менімен бірге кетер ме екен? Әлде ұл-қызым ісімді өлтірмей жалғап, қымыз өндірісін өркендетіп, елге қызмет етер ме? Сырқатқа шалдыққан жандарды жан азабынан мені құтқарғандай құтқарар ма? Шарапаттарын тигізер ме?», деген сансыз сұрақты бас қоса қалған кезде алдымызға тартатын. Сол сұраққа біз азды-көпті еңбегімізбен жауап беріп жүрміз. Біздің осы тынымсыз тірлігімізді көрсе, бір жасап, «Арманым орындалыпты дер еді-ау!» Әкем қазақ халқы туралы, оның мейірім, шапағаты жайлы жиі еске алатын. Жаспыз ғой, қазақ деп отырғаны кім екен дейтінбіз. Сөйтсек, жылқы иесі, қымыз иесі қазақ деген дархан жұрт екен. Қазақ еліне барғанда да, осында қанаттас тұрып жатқан жайдары ұлт өкілдерімен аралас жүргенде де – олардың ниет кеңдігіне тәнтіміз.

     – Мен қайын атаммен көп бірге бола алмадым. Өткен ғасырдың жетпісінші жылы ол кісі өмірден озды. Дегенмен, азды-көпті сабақ алдым. Соңғы демі біткенше: «Жылқыдан қол үзбе, сүті де, қымызы да шипа. Ол болмаса, мен баяғыда-ақ жат жерде көз жұмып, сүйегім саудырап қалар еді. Қымыз қатарға қосты, Жылқы бағусыз қалмасын!» деп кетті, дейді Ганс.

     Ганс Цоллманнмен бұдан кейінгі әңгіме желісі сұрақ-жауап түрінде болды.

     – Қазір қанша жылқыңыз бар?

     – 200 сауын бие, тай-құлы­нымен 200 бойдақ, бәрі – 400 бас жылқы бар.

     – Қымыздан басқа қандай өнім өндіресіздер?

    – Соңғы жылдары саумалға сұраныс артып отыр. Қымызға болса да көп. Мен жылқыны біраз зерттеп, зерделедім. Көзім жеткені – текті мал екен. Содан да болар, оның сүтінің қасиетті болатыны. Сырқаттың қай түріне де, әсіресе, ішкі құрылысына таптырмайтын ем көзі. Біз өзімізге ғана аян қымыз өндірудің барлық технологиясын меңгердік, десе де болады. 400 жылқыны 10 адам қарайды. Арасында біздің 3 қызымыз да жүр. Жұмыстың көбін техникамен атқарамыз. Оның ішінде бие сауып, қымыз баптау да бар. Қымыз ұнтағына дәнді-дақылдар араластырып, түрлі тағамдар да жасаймыз.

      – Арасында косметикалық заттар да бар деп естідік…

    – Иә, бар. Оған да тапсырыс та аз болмай тұр. Бетке, қолға, бүкіл денеге жағатын қош иісті майлар, жуынғанда пайдаланатын сабындар жетіп-артылады.

     – Балаларға арналған та­ғам­дар да шы­ғаратын боларсыздар? 

     – Әрине, ана сүтімен жылқы сүті құрамдас екен. Оған көз жетті. Бұл өні­мімізге тілек білді­ретін­дердің көптігі сонша, бәрін бірдей қам­тамасыз ете алмай отырмыз. Біз үшін үлкен өкініш, осы болып тұр. Ұрпақ жайын ойлағанда, біздің барлық жетістігіміз осының ғана түйінінде тұрғандай көрінеді. Амал не, халықтың ниетіне қарай, толық дәрежеде жұмыс істеуге мүмкіндік бола бермейді. Оның себебін бұл арада таратып айтып, уақыт алғым келмейді. Ондай қажет тағам бие сүтінің ұнтағынан жасалады. Біз сауа салып, ұнтаққа айналдырамыз. Олай істемесең қуаты жойыла­ды. Жасандылыққа ұрынып, тұтынушыларды алдау – арға сын деп білеміз.

      – Қазақ елімен байланыстарыңыз бар ма?

     – Қарағанды облысында болдым. Жалпы, қазақ жері байтақ десе, байтақ екен. Ондай жерде жүрген жылқы сүтінің дәмділігі өз алдына, қуаты да бөлек болатын көрінеді. Біз бие сүтін енді ғана танып білсек, қазақтар баяғыдан шөл қандырар сусын ретінде қолданыпты. Бие сүтінің құдіретін қазір біз ғана емес, Еуропаның өзге біраз мемлекеттері де түсініп, жылқы өсіре бастады. Кейде ойланып отыратыным бар, жылқыны біз секілді байлап, матамай қазақтар секілді кең далаға еркіне жіберсе, сүті сүт емес, бал болып кететін шығар. Қайын атам жылқы өсіріп, елге қызмет етуді бізге тапсырғанын алда айттым. Біз ата арманын бұлжытпай орындап келеміз. Ал менің арманым, ол кісінікінен бөлектеу. Қандай дейсіз ғой, жылқы мен қымыздың отаны Қазақ елімен барыс-келісте, алыс-берісте болып, үлкен жобаларды бірлесіп іске асыру. Әсіресе, экологиялық алапаттардан зардап шеккен жандарға, оның ішінде бейкүнә сәбилерге қажет тағамдарды өндіру ісін кең жолға қою. Оған Қазақ елінде мүмкіндік мол. Жер жетеді. Ата-бабаларының дәстүрін, үлгісін, өнегесін ұмытпай жалғап жүрген көнекөздер де көп көрінді. Табиғи заттардан жасалған бие сауатын, қымыз ашытатын ыдыстар да мені қатты қызықтырды. (Осы арада, тарих тереңінде: «Олар бие сүтін ағаш күбілерге пісіп, бетін қалқып алады, бетіндегі қалқымасы ең жақсы деп саналады. Оны аса қадірлейді, құпия сақтайды» деп баба­ларымыз туралы айтқаны ойға орала берді). Иә, бізде уақыт талабына сай жетілдірілген түрлі-түрлі тех­нологиялар бар, бірақ жер тар, жыл­қыны өсіре беруге мүмкіндік кемшін.

      – Сіздер қымызды патенттеп алды деген ақпарат естиміз. Бұған не дейсіз?

    – Менде патент жоқ, қайын атамнан үйренгенімді ақыл-ойымда қорытылған өзімнің жа­ңа технологияларыммен, ізденіс­теріммен жалғап келемін. Қайталап айтамын, өзгенің емес, өз технологияммен ғана өнім шығарып отырмын. Патент туралы ойлап та жүрген жоқпын. Оны алған соң соған сай ақаусыз жұмыс істеуің керек. Жоқ, мен өз шамамды білемін, ешкімнің алдын кескім келмейді. Патент – әлемдік деңгейдегі құжат. Қымыздың патенті – қазақ ғалымында дегенді естігем. Жылқы иесі, қымыз иесі, патенттің де иесі болуы заңдылық емес пе! Егер патенті бар Қазақ елі қымызды дүниежүзілік деңгейге көтеріп, абыройы асып жатса, мен қуана қолдаймын. Оған шама-шарқым келгенше үлесімді қосуға әзірмін. Анандай байтақ жері бар ел күні ертең жылқы өнімдерін ұлттық брендке айналдырады деген сенімдемін.

     Осылай деп сөзін аяқтаған Ганс Цоллманн қымыз бен саумалын ұсынды. Ризашылығымызды білдірдік, бірақ қазақ қымызындай тілді үйіре қоймады. Әйтсе де, атамда, бабамда жоқ іс қой демей, әке аманатына адалдық танытып жүрген Цоллманндардың ұмтылысын ерлік десе болғандай. Болашақта іздене жүріп бал қымыздың бабын келтірер.

     Арғы дәуірде тағы сол Геродот: «Көшпенді сақтардың сүйікті сусыны – бие сүті. Оны олар ерекше тәсілмен дайындаған және қымыз дайындау тәсілін құпия сақтаған» десе, бергі заманда: «Арудан асқан жан бар ма?! Жылқыдан асқан мал бар ма?! Биенің сүті сары бал – Қымыздан асқан дәм бар ма?!» – деп еді Ақтамберді жырау. Сонымен, бүгінгі қымыз туралы аталы сөз алда айтылар, бабалар үлгісі уақыт талабына сай жаңаша жаңғырып, ұлттық тағам, ұлт рухын көтеріп, брендіміз болар, сөйтіп биікте тұрар деген үміттеміз.

        "Егемен Қазақстан" газеті, Сүлеймен МӘМЕТ, АСТАНА – БЕРЛИН – АЛМАТЫ – АСТАНА.

толығырақ

      Ірімшіктің нәрлілік құндылығы құрамындағы ақуыз (25%-ға дейін) бен майы (30%-ға дейін) молдығымен, сондай-ақ, аса бағалы амин қышқылының, В, РР тобындағы А дәрумендерінің, пантотен қышқылдарының, кальций және фосфор тұздарының көптігімен ерешеленеді. Ірімшік барлық жастағы адамдар үшін пайдалы.

big

     Атап айтсақ, органикалық қышқылдары — 60%, А дәрумені — 6,1 %, B2 дәрумені — 15%, РР дәрумені — 19,5%, кальций — 16,4%, магний — 5,8 %, фосфор — 27,5%. % белгісі — тәуліктік норманың 100 граммға шаққандағы пайыздық мөлшері.

    http://ulttyqsport.kz 

толығырақ

      Быламық, жаужүрек, үлпершек, көмеш, әсіп, жөргем, сүбе сияқты ұлттық тағамдарымыздың қалай дайындалатынын білесіз бе? Біз сіздерге «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығының көпшілікке таныстырған 7 түрлі тағамның дайындалу тәсілін орталық төрайымының орынбасары Камал Әлпейісованың таныстыруы бойынша ұсынамыз. 

       Быламық. Быламық негізінен жас босанған әйелдерге берілетін тағам. Адам бойына біткен бала калциді анасынан алады. Сондықтан жаңа босанған әйелдің тісі босап, сүйектері сынғыш келеді. Біздің көреген әжелеріміз келіндеріне быламық пісіріп беру арқылы, осындай әлсіздіктердің алдын алған.
     Быламықтың дайындалу тәсілі: отқа қыздырылған қазанға құйрық май немесе сары майды салып ерітеміз. Оның үстіне ұнды сеуіп, түсі сарғайғанға дейін қуырылады. Бәсең отта ұн біркелкі қуырылуы керек. Ұн сарғыш қоңыр түске енген кезде сүт қосылады. Быламық іртік болмас үшін сүтті үздіксіз былғап тұрып құямыз. 1-2 минут қайнаған соң алдын-ала тазартып дайындалған тарыны салып, сәл ғана қайнатамыз. Тары езіліп кетпеуі керек. Себебі, тары бітеулеу болғанда ғана нәрі сақталады.

     Жаужүрек. Адамның сау денелі өсуі үшін дене жаттығуларынан бөлек нәрлі тағамдардың аса маңызы бар екені белгілі. Жаужүрек – жаңа сойылған қойдың бауырынан жасалатын тағам. Оны дайындау үшін қойдың шарбы майы, алдын ала сүтке жібітілген бауыр керек. Ең алдымен бауырды бөлшектеп, шарбы майды төртбұрыштап тураймыз. Бауырға тұз, сарымсақ, бұрыш сияқты түрлі дәмдеуіштер қосып араластырамыз. 2-3 минут өткен соң ол шарбымен әдемілеп оралады. Оралған шарбы май жазылып кетпес үшін жіңішке істікпен шаншып қоямыз. Барлығы бекітілгеннен кейін отқа қыздырылған майсыз табаға салып қуырамыз. Жаужүрек шарбының өз майымен пісетіндіктен екі жағын үздіксіз аударып отыру керек. Басқа малдардың бауырына қарағанда қойдың буырында гепарин элементі көбірек болатындықтан жаужүрек жүркті қуаттандырып қана қоймай, жүрек талмасына ем болады.

       Үлпершек. Ол ірі қара малдың жүрегінен жасалады. Екі жағындағы құлақшаны кесіп алып, қаны әбден сорғыған жүректің жіңішкелеу жағын тіліп, ішіне сол малдың қара кесек еті мен майы ұсақтап туралып салынады. Оған өз қалауыңызға қарай дәмдеуіштер саласыз. Содан соң тілінген жағы мұқият тігіледі. Қазанға салып үстіне су құйып, тұз қосып қайнатады.
     Үлпершекті ұзатылған қыздың сыбағалы асы деп айтуға да болады. Ерте кезде қызын алысқа ұзатып, артта қалған ата-ана осы жүрекке оралған тамақ арқылы «Сен әке-шешеңнің жүрегіндесің! Біз сені сағынып жүрміз!» дегенді де білдірген екен. Екінші жағдайда, қазақта баланы атасы мен әжесі бауырына басады. Ұзатылған қыз төркіндеп келген кезде анасы құмарланып бауырына баса алмай қиналады. Сол кезде ардақты аналарымыз үлпершекті жасап, қыздарына махаббатын білдіреді екен. Үлпершек – жүректің сыртындағы май. Қазақта аппақ, нәзік қыз балаға теңеу айтқанда «үлпершектей қыз» екен деп те жатады.

        Жөргем. Көшіп бара жатқан қазақ ошақтың түбіне нан көміп кететін болған. Ол кейінгі көш керуеніне деген қамқорлықты білдіреді. Малдың ішегін үрлеп, кептіріп, көшкен кезде асабаға ілінген күйінде қалдырады. Соңғы көш жұрттағы ошақтың басынан таба нанды алып, ілулі қалған ішекті қайнатып жеп, талғажау еткен екен. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген сөз содан қалған.
      Дайындау тәсілі: Төстің етегіне тоқ ішек пен таспалап тілінген қарынды орайды. Оның сыртын ащы ішекпен қатты орағанда жөргем жасалады. Жөргемді асуға да, турап қуыруға да болады.

      Сүбе. Сүбені жасау үшін ең алдымен, қойдың сүбе қабырғасының сыртын сылып, тұздаймыз. Оның үстіне ұсақталып туралған сарымсақты, үккіштен өткізілген сәбізді салып жаймалап, өз қалауы бойынша дәмдеуіштер қосасыз. Ішіне тағам көкөніс толтырылған етті қатты орап, сыртын жіңішке жіппен айналдырып бекітеді. Сүбе қазанға салынып, етпен бірге піседі. Сүбені қажетке қарай сүрлеуге болады.

     Көмеш. Қарынға салып пісірілетін тағам. Тазартылған қарынның ішіне аса толтырмай марқаның, бағланның, ту қой мен серкенің етін және картоп, сәбіз сияқты түрлі көкөністерді қосып салады. Ерте кезде қарынның сыртын балшықпен сылап, отқа көміп дайындаған. Қазіргі кезде көмешті электр пештерде пісіруге болады. Ішіне шикі тамақ толтырылған қарынның аузын бекітіп, тесік тесіліп түтікше орнатылады. Көмеш әдетте екі сағаттың ішінде дайын болады.

      Әсіп. Қойдың ішегін аударып, жақсылап тазалайды. Қой етінің жүрек, өкпе, және бауыр сияқты жұмсақ еттерін еттартқыштан өткізеді. Оған майдалап кесілген құйрық май, пияз, күріш, тұз және ұнтақталған бұрыш сияқты дәмдеуіштер қосып араластырамыз. Оны ішекке салады да, екі ұшын жіппен байлайды. Пісірер алдында ішектерді инемен бірнеше жерден тесіп, қайнаған тұзды суға не сорпаға салады. Әсіп әдетте 50-60 минутта пысады.

    Айта кетейік, кеше ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен құрылған «Отбасым» Ұлттық құндылықтар орталығының «Жұмбақтас» мейрамханасында «Ұмыт болған ұлттық тағамдарды жаңғырту» атты іс-шарасы өткен болатын. Шара кезінде жоғарыдағы жеті түрлі тағамның жасалу жолдары таныстырылып, олардың адам ағзасына пайдалы жақтары сөз болды.

      www.baq.kz

толығырақ

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті