Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Ұлттық ойындар

Ұлттық ойындар

     Қазақтың бай тілінде «мерген» дейтін сөз бар. Бұл атқан оғы жерге түспейтін садақшыларға қарата айтылған ұғым. Ертеде мергендік өнер ұлыс бекемдігі үшін баға жетпес құндылық саналған. Сондықтан да, көшпенді халқымыз ер баланы жас­тайынан садақ атуға үйретіп, елін қорғауға тәрбиелеген.

          Соңғы жылдары елімізде садақ ату өнерін ұлттық спорт түрі ретінде дамытуда. Ұлтшыл азамат Қайрат Сатыбалды мырзаның жетекшілігімен республикалық Жамбы ату федерациясы құрылып, тұңғыш рет 2014 жылдың мамыр айында Жамбыл облысы, Меркі ауданында садақшылардың 10 күндік оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Оған облыстардан 32 садақшы-спортшы шақы­рылды. Осы жылдың кү­зінде Қызылорда облысы, Жаңа­қорған ауданында алғаш рет жамбы атудан жарыс өтті. Келесі 2015 жылдың маусым айында Орал қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен жастар чемпионаты мен қазан айында Қы­зылорда да ұйымдастырылған республикалық 4-ші фестиваль аясында жамбы атудан ресми жарыстар жалауын көтерді. 
 * * *
       Жамбы ату спортының тарихы тым тереңде жатыр. Оның пайда болу мерзімін тарихшы-ғалымдар б.з.б. ІV-ІІІ ғасырлар үлесіне жатқызып жүр. Зерттеушілердің пікірінше, көшпенді Ғұн ұлысы алғаш рет садақшылар (мергендер) қосынын дүниеге келтірген. Қытай жазбаларында ғұндар көсемі (тәңірқұты) Мөденің үш мың мерген садақшылары болғаны жайлы дерек айтылады.
      Ал, моңғолдың «Құпия шежіре­сінде»: 1225 жылы Шы­ңғыс қаған Хорезмді толық бағын­дарған соң «Бұғылы-шашақ» дейтін жерде ұлан-асар той жасап, ат жетер жердегі мергендерді шақырып, сайыс өткізгені туралы айтылады. Осы сайыста Есей мер­ген 335 құлаш (502 метр) жер­дегі ны­сана-жамбыға оғын дәл тигізген.
      Жамбы дегеніміз – көне түрік тілінде «ямбу» яғни, құйма­лы алтын немесе күміс дегенді біл­діреді. Сол сияқты, бағалы заттардан жасалған құнды бұйымдарда жамбының рөлін атқара береді. Жамбы – ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болған­дықтан тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы т.б. деп аталаған. Жамбының жасалған материалына байланысты: таза ақ күмістен жасалған болса ақ жамбы, алтыннан жасалса алтын жамбы деп де атаған.
     Жамбы ату ойынын – көш­пенділер жауынгерлердің мер­гендік қабілетін жетілдіру үшін қолданған. Басты мақсатты: бі­рін­шіден, әскери-жауынгерлік дайын­дықты жетілдіру, екіншіден, ел арасындағы мергендерді (са­дақ­шыларды) анықтап оларды көтер­мелеу, үшіншіден, сыналған мергендерден арнайы топ құрып, соғыста күштік құрлым ретінде пайдаланған.
     Жамбының «Айқабақ ату» деген де түрі бар. Егер нысана алтын бұйымнан жасалған болса «Алтын қабақ» деп атаған. «Жамбы» немесе «Айқабақты» ұзын сырықтың басына, мөлшерлі жерге іліп қояды. Оны аттың үстінде шауып келе жатып садақпен дәл атып түсіру керек. Бұл садақшылардың ең жоғары деңгейдегі жарысы. Өте үлкен мерекелерде ғана ойналады. Атып түсірген мерген қымбат бұйымды өзі алады. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы кезде жауынгерлер мал табу үшін мерген болуы шарт.
  * * *
        Жамбыны ату үшін ең әуелі садақ керек. Садақ – сонау ежелгі дәуірдегі сақтар мен ғұндардан, берісі Кенесары заманына дейін көшпелілердің иығынан түспеген, дәстүр-салтымен біте қайнасқан қымбат мұра. Ата-бабамыз адырнасын аңыратып жауға шапқан, аң атқан, тойға барып жамбы да атқан. Ал, жамбы ату үшін садақ керек. Садақ «қарағай садақ», «үйеңкі садақ», «қайың садақ», «сарыжа», «сарсадақ», «бұлғары садақ», «адырна», «көн садақ», т.б. түрлерге бөлінген. Қайыңның сарғайған қабығымен қапталған садақ­ты түсіне байланысты «сарыжа» немесе «сарсадақ» деп те атаған.
       Қарапайым садақ екі бөліктен тұрады. Біріншісі, яғни ағаш немесе сүйектен жасалатын ату үрдісін іске асыратын бөлік – ады­рна деп аталады. Ал, шірей тартып, садақ оғын ұшыратын жіпті немесе бауды кіріс дейді.
      Белі – берік болу үшін сү­йек­пен көмкеріп, тарамыспен оралған, иінмен түйіскен жері шылғи терімен қапталып, кептірілетін болған.
      Адырнаның иілмелі серіппелі бөлігін – екі иіні (жоғары және төменгі) деп атайды. Кіріс, яғни жіп байланатын адырнаның екі ұшын басы (жоғары және төменгі) дейді. Иіндерінің үстінен тарамыс тартылып, ішкі беті мүйізбен қапталып, қоңыр аңның немесе малдың майымен майланып отырған. Халқымыздың дәстүрлі қару-жарағын зерттеп жүрген этнограф Қалиолла Саматұлының еңбегінде «адырнаның бастары бөлек-бөлек жасалып, иініне бұ­рыш жасай бекітіледі», дейді.
      Ал, адырнаның екі басын қосып байланған жіпті «кіріс» дейді. Ол берік жіптен немесе жі­бектен, тарамыстан өріледі. Міндеті – оқты нысанаға қарай ұшыру. Кіріс жіп садақтың бір басына мықтап бекітіліп, екінші басы адырнаны босатып тұру үшін алмалы тұзақ түрінде алынып, салынады. Кірісті қатты серпігенде адырнаның басы жарылып немесе сетінеп кетпес үшін сүйектен қорғаныш орнатылады. Оны тобыршық деп атайды.
    * * *
     Ал, садақтың оғын жебе дейді. Оның: «сұр жебе», «қу жебе», «тобылғы жебе», «қозыжауырын», «сауытбұзар», «көбебұзар», т.б. қырықтан астам түрлері бар. Ел­шіл азамат Ерлан Қарин жебе түр­лерінің 140 атауын тауып, оларды құрылымдық жасалуы мен мін­детіне қатысты бес түрге бөліпті.
     Жебенің құрамы: езек желі, қанат жалауша, өткір ұшы, жетесі, қырлары және қалпақшадан тұ­рады. Қалпақшада бағыттаушы саңылау адырнаға қондыру үшін тереңдігі 5-6 мм, ені 2,5-3,0 мм ойық болады. Жебенің қанаты (жалаушасы) құстың қауырсынан жа­салып, оқ атылғанда тұрақ­тан­дыратын қызмет атқарады. Жебе­нің оққа бекітілген тұсын жетесі дейді. Жете берік болмаса, жебе сабынан босап, жол ортаға түсіп қалады. Сондықтан жебені жетесіне жеткізіп сіңіретін бол­ған. Қазақтың «жетесіне жет­кізіп айтылды» деген сөз тіркесі осы.
      Этнограф-зерттеуші Қалиолла Ахметжан мырза жебе бекітілген ұзын ағашты сабы десе, кіріске бекі­тіліп, созыла серпілетін тетікті кез-табан деп атапты. Ал, оқ­тың түзу ұшуына бағыт беретін қауырсынды оқтың қанаты дейді. Оқтың сабы қайың, тобылғы, қатты талдан жасалады. Оқ өте түзу болмаса нысанға жетпейді. Қа­зақта, «оқтай түзу» деген тіркес содан қалған. Оқты шын шеберлер ғана жасай алған. Аталарымыздың «әке көрген оқ жонар» дегені де осы. Жонылған оқты суы қанғанша кептіріп, дымданбас үшін майға бөктіріп пісіретін болған.
      Көшпенділер оқты арнайы ыдыс-қапқа салып алып жүрген. Оны қылшан немесе қорамса деп атаған. Эпикалық дастандарда, «қорамсаға қол салды, қол салғанда мол салды» деген жыр жолдары осыдан қалған.
        Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА

          Толығырақ: https://egemen.kz/article/zhamby-atu-%E2%80%93-zhauyngerlik-oener
 

толығырақ

     

    2017 жылы наурыздың 28-30 аралығында «Almaty Horse & Polo Club» ат спорты кешенінде аренадағы шөгеннен Республикалық турнир ұйымдастырылды.

      Турнирде Ақмола облыстық шөген федерациясы, сондай-ақ «Әулиеата» шөген клубы, Astana Polo Club және Almaty Polo Club командалары өзара бақ сынады.

     Әр команда айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен 3 чакерден ойнап шықты:

28 наурыз:

Almaty Polo Club 8 : 5 есебімен «Әулиеата» шөген клубын озып өтті. Сондай-ақ Astana Polo Club Ақмола облыстық шөген федерациясының командасымен сайысқа түсіп, 11 : 3 есебімен сенімді жеңіске жетті.

29 наурыз:

Almaty Polo Club командасы Ақмола облыстық шөген федерациясы командасын 10:2 есебімен жеңіп, көш басынан көрінуін жалғастырды. Ал Astana Polo Club 13:14 есебімен «Әулиеата» шөген клубының жеңісіне жол ашып берді.

30 наурыз :

«Әулиеата» шөген клубы Ақмола облыстық шөген федерациясы командасын 8:3 есебімен басып озды. Қызу тартыста Astana Polo Club қарсыласы Almaty Polo Club-ты 6:3 есебімен жеңді.

Осылайша, командалар келесі орындарға ие болды:

1 орын – AstanaPoloClub; 2 орын - Almaty Polo Club; 3 орын - «Әулиеата» шөген клубы

Ұйымдастырушысы: Қазақстан шөген федерациясы. Жүлде қоры – 1млн. тенге.

Бас серіктес: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ.

Әлеуметтік серіктес: «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

      Қосымша ақпаратты Қазақстан шөген федерациясының баспасөз қызметінен мына телефондар бойынша алуға болады: +7 747 755 5145, +7 7172 678 258 press@kazpolo.kz,  Гульжанат Абдимомынова.

толығырақ

     

     Көкпар – көшпелілердің байырғы заманнан бері келе жатқан ғұрыптық-жауынгерлік ойын өнері. Аталмыш ойынның шығу төркіні жайлы зерттеушілер, «Қазіргі көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған. Түркі қағандығы кезінде «дербес жасақты» осындай жаттығудан өтіп, сыналған жауынгерлерден жасақтаған. Әскери машықтың бұл түрі бейбіт күндерде көкпар тарту ойынына ұласып отырған» дейді.

      Расында, көшпелілердің өмір сүру салтында, жауынгерлік өнердің маңызы зор. Ат үсті сайыста дайындықсыз сарбаз ажал құшуы мүмкін. Сол себепті, көкпар сияқты ұлттық ойын түрлерін жетілдіру арқылы әскери-жауынгерлік дайындыққа мән берген. Айталық, ертеде қырғын шайқас үстінде жараланған жолдасын жау қолына тастап кетпес үшін, оның денесін іліп алып, майдан ортасынан алып шығу керек. Немесе жаудың тақымға басқан жау-жарағын тартып алып, оны қарусыздандыру қажет. Бұндай іс көкпар тартып әбден машықтанған сарбаз үшін қиынға соқпайды. Демек, көкпар дегеніміз – жауынгерлік өнер. 

     Бізге белгілі көкпардың көптеген түрлері бар. Атап айтқанда: жаппай тарту, ұтысып тарту, дода көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар, өлмес көкпар, тақым тартыс, т.б. Сондай-ақ, көкпардың аталған түрлеріне қатысты жеке-жеке ережелері болған немесе көкпаршылар ойын үстінде жағдайға қарай келісіп алатын да үрдіс бар. Бірақ бұл біртекті емес үрдіс, әр өлкеде әрқилы түрлері кездесе береді. Мысалы, жаппай тартуды алатын болсақ: бұл ойын түрінде кәрі-жас, үлкен-кіші дейтін шектеу жоқ. Барлық адам қатысатын болғандықтан жоғарыдағыдай атауға ие. Көкпаршылардың тақым күшін, ептілігін, қол қайратын талап ететін бұл көкпардың ерекшелігі барлық өңірге тән екендігінде. 

          Ұтысып тарту.

      Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Екі жақтан бір-бір адам шығып көкпарды тартады. Көкпардан айырылғаны немесе ұтылған адам ойыннан шығады. Кей жағдайда өзіне сенген көкпаршы қарсыластарын жеке-жеке сайысқа шақырып, бір өзі бәрін жеңіп ойыннан шығарып тастайтын кездері болған. Нәтижесінде, қарымы мықты, күшіне аты сай жігіт іріктеліп жеңіске жетеді.

      Айналма көкпар.

       Бұны кей өңірлерде шауып тарту деп те атайды. Ойыншылар көкпарды нақты межеленген жерге (ауылға, жеке үйге, нысаналы орынға, т.б.) жеткізіп тастауы керек. Екінші жақ оларды жібермей қарсылық көрсетеді. Қарсыластарынан айласын асырып, нысанаға көкпарды апарып тастаған адам сыйлыққа ие болады.

    Мәре көкпар.

     Ойынға қатысушылар екі шеттен нысана немесе қазандық белгілеп, қай жеңгені көкпарды сол қазандыққа салып ұпай жинайды. Осылай межеленген уақытта қай топ көп ұпай жинайды солар жеңіске жетеді. Қазіргі таңда, еліміз көкпаршылары осы мәре көкпар түрінен сайысуда. 

       Жалпы, көкпар ойыны топтасқан жігіттердің (команданың) бірлігі мен ептілігін қажет етеді. Ертеректе көкпаршылар ауыл, ата, ру болып топтасып, екінші ру, ата, ауылдың азаматтарымен сайысатын болған. Рудың азаматтары қарсыластарынан жеңіліп қалмау үшін әркез дайындықта, үнемі машық жасайтын болған. Қазақта «Көкпар тартқандікі, қоян қаққандікі» деп тегін айтылмаған. 

       Дода көкпар.

      Жүйелі және тұрақты тәртіп сақталмайды. Үлкен жікке бөлінген топтар тұтас сайысады. Бұрын мұндай тартуға көбіне аталы ауылдар, руларымен түскен. Осындай жағдайда көкпар кімнің қолына түссе, сонда қалады. Кейде бұл түрді «марта тарту» деп те атайды. Көкпар тартысу үшін әуелі мықты ат керек. 

Көкпардың аты

     Көкпар аттары екіге бөлінеді. Жазда, құмда шабылатын және қыста шабылатын. Кейінгі кезде, көбінесе, соңғы мезгілі дұрыс деп табылып жүр. Себебі, тойдың көбі күзде, қыста, ел адамдарының қолы босап, жер кеңігенде өтеді. Яғни, көкпаршы жігіттердің білек қарымының сыртында астындағы аты өте көп рөл ойнайды. Көкпарға мінетін аттың ерекшелігі: еті мығым, сүйегі мықты, кеуделі, омыраулы, екпіні қатты, жылдам һәм жүйрік, көкпарды жерден іліп алуға икемделгіш, ақылды, текті жылқы таңдап алынады. Жануарды (жылқыны) көкпар үшін арнайы баптап, үйретеді және көкпардың алдында етін қатырып жаратады. Семіз немесе арық ат көкпарға жарамайды. Семіз жылқы додаға түскенде қызылмайланып, еті жінігіп кетеді де, алқынып тұрып қалады. Арық ат тез болдырады. 

      Көкпар атына қызбел, желбегей, қапшық жүйріктерді таңдайды. Әсіресе қызбел жүйріктер қазіргі таңдағы спорттық көкпарға таптырмайтын жылқы. Желбегей және қапшық жүйріктердің мінезі алаң, ұшқалақтау әрі топ жарғыш болатындықтан бұларды жаппай көкпарға салуға оңтайлы.

    Топ жарғыш жылқының сипаты: еріндерінің еті қалың, салпы, маңдай сүйегі шобырлау біткен, кеңсірігінің шеміршек сүйегі қатты болады. 

     * * *

     Көкпар атының сынын білетін атбегілер жылқының жалпы сипатына қарап: салым аты және сайыс аты деп бөледі.  

     Салым атының сипаты. Қаршыға төс, қайқы бел, тұрған орнынан атыла шабатын ұшпа, ұрыншақ, аса шапшаң, жүйрік келеді. 

    Сайыс атының сипаты. Бұқа мойын, омыраулы, сіңірлі, бура сан, астау бас, мінезі долы, топ жарғыш келеді. Сайыс атына суық райлы аймақта туған, терісі қалың, тау жылқысы ыңғайлы болады

      * * *

     Көкпар атының негізгі ерекшелігі жүрегі жақсы болуы шарт.  Жүрегі жақсы жылқы додаға қорықпай кіре алады және тау-тас, күдір жерлерден іркілмей шабады. 

    Жүрегі жақсы жылқының сипаты. Көз шарасы қарақызыл немесе күрең түсті болып келеді. Құлақ түбі қалың етті, денесі қызған сайын қуаты артады. 

    * * * Одан кейін көкпар атына тән сипат икемді әрі жылдам болуы керек. Икемді әрі жылдам жылқының сипаты. Терісі жұқа әрі кең, мол пішілген шапан сияқты көлбірлеу  болады. 

     * * *

     Келесі шарт – көкпар аты ақылды болуы қажет. Яғни, ақылды жылқы көкпаршының тақымы арқылы маневр жасап, жеңіске жетелейді. 

    Ақылды жылқының сипаты. Жылқының ақыл-сезімінің деңгейін білу үшін оның байлаулы тұрған жеріне  келіп әсем әуезді үнді адам қаттырақ сөйлейді. Әуезді сөзді тыңдаған жылқы дүркін-дүркін есінейтін болса, бұл көкпардың әдіс-тәсіліне тез үйренетін ақылды жануар болғаны. 

     * * *

      Көкпар жылқыларының дені айғыр болады. Айғырдан басқа жылқы түлігі дода-дуды жарып кіре алмайды, кіргеннің өзінде ұзақ тартысқа шыдас бермейді. Сондықтан тәжірибелі ат бапкерлері көкпарға айғырды таңдайды. 

    Көкпарға лайық айғырдың сипаты. Мінезі кең, басы етсіз, қамыс, мүкіс құлақ, салпы ерін, түйе тіс, кірпік-қасы, құйрық-жалы, кекілі мол, кеудесі кең, жүндес, бүкіштеу, шоқтығы биік, мықыны тар, жаясы жалпақ, бауыры жазық, қабырғалы (артынан қарағанда, қабырғаның қанатын жая жауып қалмай толық көрініп тұруы керек), бауыры жазық, жоны тартық болады. Төрт аяғы тең (маймақ емес), жерге қаққан қазықтай нық басуы шарт. Жіліншіктің сіңірлері білеуленіп, бөлектеніп тұрады. Бақайы қысқа, алдыңғы аяқтарының бақайы артқы бақайынан тұрқы сәл ұзындау, тұяғы жұмыр әрі берік, жерсоғары қалың, шашалы келеді. Кісінегенде арқырап кісінейді.

          * * *

      Көкпар атының тұяғы өте берік әрі қуатты болғаны абзал. Сондықтан да көкпар атын таңдағанда оның тұяғына көп мән беріледі.  

     Көкпар атының тұяқ сипаты. Тұяқ мүйізі қалың, өкше жағы биік, тұяғы құланның тұяғы сияқты қатты әрі әдемі, тағалық қаратырнағы өткір болғаны абзал. Бұндай жылқының табан-тұяғы қызбайды, аяқ тастасы өте жылдам болады.

Көкпар атының жабдықтары 

       Eр, жүген, қысқа тоқым, ішпек-терлік, желдік  немесе қаптал қабат, үзеңгі бау, үзеңгі, тарпа-айыл (қажет жағдайда өмілдірік пен құйысқан) жатады. 

1. Ер. Көкпар атының ерін әсемдеп металл бұйымдармен сәндемейді. Салмағы да ауыр болмағаны дұрыс. Қапталы кең, аттың арқасына нық түсуі қажет. Аттың арқасын нық ұстаған қаптал көкпаршы еңкейгенде ерді аудармайды. 

2. Ердің алдыңғы қасы. Көкпаршы еңкейгенде екінші қолымен ердің алдыңғы қасынан ұстайды, себебі, жердегі серкені ілгеннен кейін қайта көтеріліп, атқа отыруға бұл әдіс қолайлы. Сондықтан, көкпар ерінің алдыңғы қасы қолмен қысып ұстауға ыңғайлы, әрі берік болғаны абзал, сондай-ақ, тартыс кезінде көкпаршының кіндігінен тіреп кедергі келтіретіндей тік емес, жатаған иінді келеді.

3. Ердің артқы қасы. Көкпар атына тиесілі ердің артқы қасы мен құйрықбасары тұтасқан жалпақ әрі көтеріңкі болады. Себебі, жалпақ ер нық отыруға қолайлы болса, көтеріңкі қасы көкпаршы еңкейгенде ер үстіндегі аяғын орай тіреп алуына мүмкіндік жасайды. 

4. Желдік немесе қаптал қабат. Бұл түтіліп кетпейтін пысқан киізден жасалады. Сырты жұмсақ былғарымен қапталады. Желдіктің міндеті – ердің қапталын аттың арқасына батырмайды және қысқа тоқымға жабысып ерді нық ұстайды.  

5. Қысқа тоқым. Көкпар атының тоқымы тартыс кезінде аяққа оратылып кедергі келтірмес үшін қысқа жасалады. Қалың киізден пішіп алып, шетін жұмсақ былғарымен сырып тігеді. Аттың арқасына батпайтын жайлы болмағы абзал. 

6. Үзеңгі бау. Берік заттан (қайыс, жіп, т.б) жасалады. Үзенгі баудың үшына үзеңгі (7) орналасады. 

7. Тартпа-айыл. Міндеті аттың үстіндегі ерді аудармай ұстап тұрады. Айыл үстіңгі доғаға (9) бекітіліп, астыңғы доға (10) арқылы сыртқы тартпаға (11) жалғасып тартылады. 

8. Жүген. Көкпар атының жүгені жеңіл әрі өте берік болуы қажет. Жүгенде шылбыр болмайды, тек тізгін (13) арқылы басқарылады. Сондай-ақ, жүгеннің құрамында: кеңсірік (14), ауыздық (15), жақтау (16), сағалдырық (17), желкелік (18), сулық (19) бар.

       Бекен Қайратұлы, "Егемен Қазақстан"

Толығырақ: https://egemen.kz/article/koekpar-zhane-koekpar-aty

толығырақ

       Құдайға шүкір, бүгінгі күнде қазақ күресінің дәурені жүріп тұр. Төл өнеріміздің төрге озып, текті жұрттың асыл қасиеттерін төрткүл дүниеге таныта бастағаны жанды семіртеді. Дегенмен, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп хакім Абай айтқандай, қазақ күресінің айналасында да ұлттық өнерімізді қайтсек ұшпаққа шығарамыз деп жүрген азаматтар арасында пікір алуандығы бар екені белгілі. Бәсекенің заманына бұл керек те шығар. Тек, ортақ мүдде осыған зардап шекпесе екен дейсің… Қазақстан Республикасы Қазақ күресі Федерациясының президенті, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының» төрағасы Арман Шораевпен осы тақырыптың төңірегінде әңгіме қозғаған едік.

         – Арман Төлегенұлы, жақында ғана қазақ күресі биыл Ашғабадта өтетін жа­бық ғимараттағы Азия ойын­дарының бағдар­лама­сына енді деген сүйінші хабарды естідік. Бұл туралы не айтасыз?

       – Жалпы, қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізу – әр қазақтың көкейіндегі асыл арман. Біз – Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясы осы бағытта аянбай еңбек етіп келеміз. Ал Дүние­жүзілік Қазақ күресі федерация­сы ұйымының сүйіншілеген хабарында күмән мен күдік тудыратын біраз дүниелер бар. Мәселен, бүгінгі таңда Азия ойындарының бағдарламасына қазақ күресінің жеке спорт түрі ретінде енгені туралы бір­де-бір ресми ақпарат жоқ. Шын мәнісінде, біздің күрес Азиада бағдарламасындағы 21 спорт түрінің бірі – «Белбеу күресі» спортының тек бір ғана тармағы ретінде қосылып отыр. Ал енді, «Белбеу күре­сінің» өзі Бүкіләлемдік күрес одағындағы (United World Wrestling) Дәстүрлі күрес түр­ле­рі комитетінің құрамына енеді. Осы жерде айта кететін жайт, қазіргі уақытта татар, өз­бек, қырғыз және басқа да ха­лықтардың ұлттық күресі бұл спорттың құрамына кіруден бас тартқан. Ендеше, біз неге осы ұлттық мән-мазмұннан ада, интер­националдық сипаттағы спорт түрінің қолтығына кіруге құштар болып отырмыз?

      Жалпы, біз жағдайдың бұлайша қалыптасқанына, асыл өнеріміздің «Белбеу күресінің» аранына жұтылып кетуіне үзілді-кесілді қарсымыз. Біздің ұстанымымыз мынадай: қазақ күресі өлмесін десек, ол ешқандай спорт түріне кірме болмай, жеке, дара тұрып дамып, өмір сүруі керек. «Ортақ өгізден – оңаша бұзау артық» деп атам қазақ бекер айтпаған.

      – Бүгінгі күндегі Дүние­жүзілік Қазақ күресі қауым­дастығы мен Қазақстан Рес­публикасы Қазақ күресі фе­де­ра­циясы арасындағы қа­­рым-қа­тынасқа тоқтала кетсеңіз.

       – Біз осыған дейін Дүние­жүзілік Қазақ күресі федерация­сы ұйымының жұмысына, ішкі шаруасына араласқан емеспіз. Бірақ, бұл ұйымға қатысты өзіндік ұстанымымыз да бар. Біріншіден, бұл федерацияның құқықтық-ұйымдастыру түрі – жергілікті қоғамдық бірлес­тік, Астана қалалық әділет департаментінде тіркелген. Жарғы бойынша, бұл ұйымға Қазақстанның және шет елдің жасы 18-ге толған же­ке тұлғалары ғана мүше бола алады. Әрі бұл ұйым­ның құрыл­тайшылары – жеке тұлғалар, Қазақстанның 10 азаматы. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясы Дү­ниежүзілік Қазақ күресі федерациясы жергілікті қоғамдық бірлестігіне мүше болып көрген емес және мүше болып кіре де алмайды. Егер де, федерация атына заты сай халықаралық сипатқа ие, заңды тұлғалар мүше болып ене алатын ұйым болса, онда әңгіме басқа. Соған қарамастан, илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, бұл ұйымның жұмысына кедергі келтірген емеспіз және кейбір бастамаларына қолдау көрсетуге талпындық та. Өкінішке қарай, бұл ісімізден қайыр болмады.

        Елімізде қазақ күресінің дамуына жауапты бірден-бір ұйым – Қазақстан Респуб­ликасының Қазақ күресі федерациясы. Кез келген халықаралық турнирлерге, чемпионаттарға Ұлттық құраманы бекітетін және апаратын бір ғана өкілетті мекеме ол – Қазақстан Респуб­ликасы Қазақ күресі федерациясы. Бірақ, мен 2013 жылы федерацияға басшы болып келгеннен бері біздің құқығымыз ұдайы бұзылып келеді. Мәселен, 2013 жылы Минск қаласында өткен әлем чемпионатына Қа­зақ­станнан екі құрама команда барды. Бірі – біздің федерация арқылы ресми түрде бекітілген Ұлттық құрама болса, екіншісі – Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы жіберген команда. Мұндай жағдай бұдан кейін де бірнеше мәрте орын алды. Сайып келгенде, мұның өзі төл күресіміздің шетелдіктер алдындағы абырой-беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекет еді.

       Бірақ, осыған қарамастан, біздің тарапымыздан арадағы келіспеушілікті жойып, ортақ мүдде жолында түзу қарым-қатынас орнатуға бағытталған іс-әрекеттер болды. Өкініштісі сол, аталған ұйым тарапынан біз­дің ізгі ниет түсіністік таппады.

      – Қазіргі таңда елімізде Қазақ күресімен тұрақты түрде қанша адам айналы­сады? Бұл турасында маркетингтік зерттеулер жүргізіле ме?

      – Жалпы, мұндай зерттеулер біздің тарапымыздан жүргізілген емес. Ондай шаруаны жүзеге асыратын өкілетті орган – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт минис­трлігінің Спорт және дене шы­нық­тыру істері комитеті. Аталған комитет ұсынған мәлі­метке сәйкес, 2010 жылғы санақ бойынша қазақ күресімен айна­лысқандардың саны 30 мың болған. Ал 2016 жылғы статис­ти­калық мәліметтер бойын­ша, қазақ күресімен тұрақ­ты түрде шұ­ғылданатын ел тұр­ғын­­­­дарының саны 104 мыңды құрады.

     Ал Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының осы бағыттағы атқарған жұмыс­тарына келсек, біз респуб­ликалық федерацияны қауым­дастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі ретінде қайта құрдық. Бұл қауымдастыққа облыстық федерацияларды ғана мүше ретінде қабылдадық. Бұған дейін, яғни мен басшылыққа келгенге дейін федерацияның құрылтайшылары жеке тұл­ғалар болып келсе, ендігі жер­де құрылтайшылар тек қа­на қазақ күресінің об­лыстық федерациялар болып нақтыланды. Өз кезегінде облыстық федерациялар да 2014 жылдан бастап өздерінің құқықтық-ұйымдастыру тү­рін өзгертіп, қауымдастық ны­санындағы заңды тұлғалар бірлес­тігі ретінде қайта құрылып жатыр.

       – Биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде жанкүйер қауым­ға ұсынар қандай өзге­ріс­тер мен жаңалықтар болады?

      – «Қазақстан Барысы» жобасы алғаш дүниеге келгенінде-ақ жұртқа тың жаңалық, құбылыс ретінде танылды деп айтуға болады. Сәтін салса, бұл дүбірлі дода биыл жетінші рет өткелі отыр. Бұл жолғы «Қазақстан Барысы» турнирі Алаш қоз- ғ­алысының 100 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналады. Есте­ріңізде болар, «Қазақстан Барысы» бесінші рет өткенде, Елба­сының өзі келіп, ақ жол тілеп, батасын берген еді. Өз басым мұны Ұлттық спортымызды ұлықтаған зор құрмет деп бағалаймын.

      – Қазақстан Барысы» бренд белгісімен шығарылып жат­қан азық-түлік өнімдері, киім-кешек түрлері және басқа да тауарлардың нарықтағы жай-күйі туралы не айтар едіңіз?

       – Бүгінгі күнде біз «Қазақ­стан Барысы» бренд белгісімен сүт өнімдерін, жеңіл-желпі спорттық киімдер, қалпақ түр­лерін, ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендірілген белдіктер шығарып келеміз. Дегенмен, сауда-саттық марке­тингі тұрғысынан алғанда біздің шаруамыз ілгері жылжымай тұр. Негізі, алдағы уақытта бізбен келісе отырып, осы іспен нақты түрде айналысамын деген кәсіпкер азаматтар табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

       Орайы келгенде айта кеткен жөн болар, былтыр ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық коми­тетінің шешімімен қазақ күресі осы мәртебелі ұйымның Дүние­жүзілік мұралар тізіміне енді. Қазақ күресінің соңғы үш жыл ішіндегі жетістіктерін бейнефильм арқылы баяндап, фото­альбомға қаттап, жеті жұрттың көзін жеткізе отырып, осындай ауқымды шаруаны жүзеге асырған «Қазақстан Барысы» жобасының атқарушы директоры Сәрсен Құранбектің еңбегін атап өтуге әбден болады.

       – «Қазақ күресі» атауын өзгерту туралы идея қан­­ша­лықты өміршең? Сол сияқ­ты күрес киіміне енгізілген өзгерістер осымен тәмам ба, әлде ол жалғасын таба ма?

       – Жалпы, «Қазақ күресі» деген атау ХХ ғасырда дү­ниеге келген екен. Төл спор­ты­мыздың бұлайша аталуына кеңес заманындағы интер­националдықты көрінген жерге тықпалаған қасаң идеоло­гияның ықпалы зор болды. Ұмытпасам, Бүкілодақтық дене шынықтыру және спорт комитетінің 1938 жылғы 16 қарашадағы № 633 бұйрығында еркін стильдегі күрес (самбо) пен ұлттық күрес түрлерін дамыту жөнінде айтылған. Сол құжатта «Қазақша күрес», «Өзбекше кураш» деген сияқты күрес түрлері жаңа атауға ие болды. Ал шын мәнінде, ықылым заманнан спортымыздың атауы «Күрес» болып келді ғой. Мәселен, көк­парды біз «Қазақ көкпары» немесе тоғызқұмалақты «Қазақ тоғызқұмалағы» деп атамаймыз ғой.
        Кезінде Кеңес Одағының қитұрқы саясатымен дүниеге келген бұл атау қазірдің өзінде күресіміздің кең өріс алуына кедергі келтіріп жатыр. Се­бебі, қазіргі таңда қазақ кү­ресі федерациясы Ресей спорт ми­нистрлігі тарапынан танылмай отыр. Басты себебі, осы атау ғой деп ойлаймын. Мәселен, «Орыс лаптасы» деп аталатын спорт түрін өзімізде дамытуға аса құлықты болмайтынымыз анық қой. Сол сияқты дүние… Қытай да қабылдамайды деген күмәнім бар. Мүмкін, халықтың талқысына сала отырып, күресімізге әмбебап атау табу керек шығар? Ол, енді уақыттың еншісіндегі шаруа.

       Ұлттық күресті зерттеуші, қазақ күресі киімінің авторы Елемес Әлімханұлының айтуымен және басқа да мамандармен ақылдаса отырып, былтырғы жылы қазақ күресінің киімін бастапқы қалпына қайта келтірдік. Яғни, күртешенің жеңі ұзарып, шынтақтан асты, шалбардың да балағы тізені жапты. Әурет жерді жабатын мұсылманшылық өз алдына, бұрын жең шынтаққа дейін болғанда балуандарымыз, әсіресе, балалар күрес кезінде қолдары буыннан қайырылып кетіп, көп жағдайда жарақат алып жататын. Ал қазір жағдай оңалды.

       Жалпы, өзгерістер енгізе беруге өз басым қарсымын. «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деп Ахаң айтпақшы, біздікі – күресіміз көркейе түссе екен деген ізгі ниеттен туған іс-әрекет.

        – Әңгімеңізге рахмет.

       Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

       https://www.egemen.kz/2017/02/21/103382

толығырақ

      2016 жылдың 14-20 желтоқсаны аралығында Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен тоғызқұмалақтан Азияның ІІІ ашық чемпионатында Қазақстан құрамасы топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

     Чемпионатқа 13 елден 40-қа жуық спортшы қатысты. Атап айтқанда: Әзербайжан, АҚШ, Иран,  Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан және Оңтүстік Корея. Жарыс швейцар жүйесі бойынша 7 турдан тұрды, ерлер және әйелдер арасында классика, блиц  және рапид бойынша бөлек өткізілді.

        Алғашқы күндері тоғызқұмалақ шеберлері классика түрі бойынша жарысты. Негізгі бәсеке Қазақстан, Қырғызстан және Монғолия спортшылары арасында болды. Нәтижесінде Қазақстан спортшылары ерлер және әйелдер арасында да топ жарды.

Классика, ерлер:

1-орын - Серік Ақтаев (Қазақстан)

2-орын - Нұрбек Кабиев (Қазақстан)

3-орын - Кубан Сазаев (Қырғызстан)  

Классика, әйелдер:

1-орын - Әсел Далиева (Қазақстан)

2-орын - Диана Кенина (Қазақстан)

3-орын - Лязат Райымбекова (Қырғызстан)   

    Тоғызқұмалақтың шапшаң ойнау (блиц) түрі бойынша Қазақстан, Қырғызстан спортшыларымен қатар, Монғолия спортшысы Ардабұлан Шындаулет те жлдегерлер қатарынан көрінді.    

    Классика, ерлер:

1-орын - Жанат Каймулдин (Қазақстан)

2-орын - Муратали  Исмойлов (Қырғызстан)

3-орын - Ардабұлан Шындаулет (Монғолия)  

Классика, әйелдер:

1-орын - Диана Кенина (Қазақстан)

2-орын - Әсел Далиева (Қазақстан)

3-орын - Чолпон Кендирбаева (Қырғызстан)         

     Тоғызқұмалақтың рапид түрі бойынша Қазақстан мен Қырғызстан спортшылары жүлделерді өзара бөлісті.     Классика, ерлер:

1-орын - Нұрбек Кабиев (Қазақстан)

2-орын - Серік Ақтаев (Қырғызстан)

3-орын - Анарбек Джамакеев (Қырғыз Республикасы)  

Классика, әйелдер:

1-орын - Әсел Далиева (Қазақстан)

2-орын - Диана Кенина (Қазақстан)

3-орын -  Айда Керимбекова (Қырғызстан)

    Чемпионаттың жабылу салтанатында Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығының төрағасы Әлихан Байменов, Қырғыз Республикасының Жастар ісі, дене тәрбиесі және спорт жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Қанат Арпачиев, Ұлттық спорт түрлері дирекциясының директоры Алмазбек Қасенов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді диплом, медаль және қаржылай сыйлықтармен марапаттады.

      http://www.inform.kz/kz/kazakstan-togyzkumalaktan-aziya-chempionatynda-top-zhardy_a2981432

толығырақ

     21-25 қыркүйек аралығында Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы районына қарасты Iле Қазақ облысының Мұңғылкүре ауданында қазақ күресiнен VI әлем чемпионаты өттi. 21 мемлекеттен балуандар қатыс­қан додада бiздiң жiгiттер бес алтын медаль иеленiп, командалық сында топ жарды.

“БОТА БАЛУАН” БОЛСА ЕГЕР
      Әлем чемпионатында сынға түсуге келген балуандардың салмақ өлшеуiнен кейiн “Қазақ күресiнiң дамуы: бүгiнi және келешегi” деген тақырыпта халықаралық ғылыми конференция өттi. Қазақ күресi федерациясының тұңғыш президентi, профессор Ерғали Мұхитдинов, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпiров, Дүние­жүзiлiк қазақ күресi қауымдастығының президентi Серiк Түкеев, Шыңжаң қазақ мәдениет қо­ғамының төрағасы Әрiп Тұрғанбекұлы, Мұңғылкүре аудандық халық үкiметi бөлiмiнiң бастығы Жолдыбай Жырғалбайұлы, Ер­кiн Тоқтақынұлы, Мұңғылкүре аудандық үкiметтiң орынбасар әкiмi Жанболат Тәкенұлы, Мұңғылкүре аудандық саяси кеңестiң орынбасар төрағасы Қалмұрат Тұрғанбекұлы сынды азаматтар қатысып, пiкiр алмасты. Қазақ күресiнiң тарихын, таралуын, заман көшiне сай дамуын зерттеп, зерделеп жүрген мамандар, зерттеушiлер баяндама жасап, көзқарастарын бiлдiрдi.
      Ғылыми конференцияда қазақ күресiнiң насихатталуы және өзге елдерде кеңiнен таралуы талқыланды.
       Бұл әлем чемпионатының Қытай мемлекетiнде өтуiнiң өзiндiк себебi бар. Өйткенi көр­шi елде тұратын этникалық қа­зақ­тардың жан саны ресми санақ бойынша 1,5 миллионға жетеғабыл екен. Шыңжаң ұйғыр автономиялы районына қарасты Iле қазақ облысының Мұңғылкүре ауданында өткен әлем чемпионатына Қытайдағы қазақтар екi командасын қосты. Осы уақытқа дейiн Қытайдың 3 қаласында, 13 ауданында қазақ күресiнiң федерациялары ашылып, ұлттық спортымызбен шұғылданушы жас­тардың қатары артып келедi екен. Ең қуанарлығы, Iле Қазақ облысының Күнес ауданындағы Түрген ауылында қазақ күресi мектеп бағдарламасына арнаулы пән ретiнде енгiзiлiптi. Яғни денешынықтыру пәнi секiлдi қазақ күресi де жеке пән ретiнде сабақ кестесiнде бар екен. Дүниежүзiлiк қазақ күресi қа­уымдастығының демеушiлiгi­мен тiктiрiлiп, жеткiзiлген күреске қажеттi киiм-кешекпен қамтамасыз етiлген бұл мектепте оқушылар күн сайын қазақ күресiнiң қыр-сырын меңгередi екен. Көңiлiмiздiң өскенi Күнес ауданының 11 ауыл қалашығында қазақ күресiн мектеп бағдарламасына енгiзген бапкер Сұрапалды Ахметұлы Қытайда “Бота балуан” деген сайыс өтiп тұратынын айт­ты. Яғни жасөспiрiм­дердiң өздерiнiң “бота балуан” атану үшiн сайысқа түсуiне орасан мүмкiндiк бар екен. Бастауыш сыныптарда оқитындарды бiр топ, орта сыныптағылар, толық ортада (жоғары сынып оқушылары) оқитындар жас ерекшелiгiне қарай сайысқа түсiп, өзара “бота балуан” атағы үшiн күреске түседi екен.
       – Бiз неге “бота балуан” деген сайысты ұйымдастырып жарыс өткiземiз. Атан түйенiң алыптығы бота кезiнде байқалмай ма? Бота iрi болмаса, атан қайдан алып болады? Сондықтан да Қазақ елiнде, бiздiң атажұртымызда түйе балуандар додасы жиi өткiзiледi. Аста, тойда көлiк тiгiлiп, салмағы аттың белiн қайыстыратын атан жiлiк, апайтөс, бура сан балуандар додаға түседi. Мұндай жарыс Қытай елiнде де, қазақтар қалың шоғырланған өлкеде, ауданда, ауылдарда да жиi ұйымдастырылады. Сол түйе балуандыққа жарайтын балуандарды әзiрлеу үшiн “бота балуан” сынын өткiзiп келемiз. Ата-бабамыздың ұлт­тық ойыны саналған қазақ күресiн жаңғыртып, жандандырып, ке­йiнгi ұрпақтың санасына сiңiру үшiн “бота балуандықтан” сырт мектепаралық сайыстар да өткiзiледi. Жылына екi мәрте орта бастауышта оқитын оқушылардың додасы бар. Бастауыштың төмен жылдығы, жоғары жылдығы, толықсыз және толық орта сыныптарында оқитын оқушылар күреске түседi.
      “Бота балуан” додасына осы мектепаралық сайыстарда оза шапқан, күрестiң қыр-сырын шебер меңгерiп, балуандығымен дараланған үздiктер iрiктелiп қатысады. Мектеп оқушыларының көпшiлiгiнiң салмағы 55-65 келiнiң аралығында. Рас, араларында сүйегi iрi, балуан денелi жеткiншектер де бар. Бiздiң осы сайысты ұйымдастырудағы мақсатымыз – алып болар балаларды балуандыққа баулып, “бота балуандықтан” түйе балуандыққа жеткiзу. Осы сайыста ысылып, бiлек күшi толысып, атан жiлiгi ауырлап түйе балуандыққа түсуге дайын болып тұрады, – дейдi бапкер С.Ахметұлы.
       Қазақ күресiмен шұғылданамын деушiлер үшiн күрес үйiрмелерi де ашылған екен. Яғни халқының саны миллиардтан асатын Қытай елiнде қазақ күресi­мен шұғылданамын деушiлерге барлық жағдай жасалыпты.
      Ғылыми конференцияда мектеп бағдарламасына енгiзiлген дойбы ойынының да дамуы, таралуы, насихатталуының да жай-жапсары айтылды.
      Қазақ күресi мектеп бағдарламасына енгiзiлген Күнес ауданының әр қалашығында 11-20 мың аралығында тұрғын бар. Бапкер оқушылардың қысқы демалысында (бiр ай) және жазғы демалыста (екi ай) оқушыларға қосымша сабақ жүргiзетiнiн айтты. Демалыс кезiнде оқушылардың күрес өнерiн меңгеруге ғана баса көңiл бөлiнбей, төре­шiлердiң қазылық етуге машығы, бапкерлердiң де тәжiрибесiн шыңдауына көңiл бөлiнедi екен.
 
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ БЕС САЛМАҚТА ӨТТI
       Қытайдың шеткерi ауданы – саналатын Мұңғылкүре Алматы облысының Райымбек ауданымен шекаралас аймақ. Асқақ басын алдымен атқан таңның арайы сүйетiн Хантәңiрi шыңының баурайында өткен әлем чемпионатында балуандар бес салмақ дәрежесiнде сынға түстi.
      60 келi салмақ дәрежесiнде Қазақ елiнiң намысы үшiн белдесуге түскен Ғұсман Қырғызбаев әлем чемпионы атанды. Финалдық бәсекеде Ғұсман Санжар Осмонәлиевтi ұтты. Бiлiктi бапкер Нұрхан Осмонәлиевтiң балуан баласы Санжар қазақ күресi­нен әлем чемпионатына осымен алтыншы рет қатысыпты. “Қазақ күресiнен әлем чемпионы атану арманым едi. Осы жолы да жақсы әзiрлiкте келгенмiн. Бұйырмай тұрса қайтемiз. Осы айдың басында Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен көш­пендiлердiң II дүниежүзiлiк ойындарында күш сынасып, бағым жанған едi. Қытайдағы әлем чемпионатына да әзiрлiгiм жақсы болды. Бiрақ қарсыласың өзiңнен басым тұрса, жеңiлмеске лаж бар ма? Ғұсман Қырғызбаев – талантты балуан. Ғұсманды әлем чемпионатына баптап әкелген әлемнiң екi дүркiн чемпионы Бауыржан Тәлiптен 2006 жылы ұтылып қалып едiм. Осы жолы Бауыржанның шәкiртiне жол бердiм” дейдi Өзбекстан елiнiң намысын қорғаған балуан Санжар Осмонәлиев.
       60 келi салмақ дәрежесiнде әлем чемпионатының қола жүл­десi Мохсин Гулаб Әли (Үндiстан) және Нұртай Нұрмұхамедұлына (Қытай) бұйырды. 
      70 келi салмақ дәрежесiнде Ғұмар Қырғызбаев әлем чемпионы атанды. Финалдық сында Ғұмар Қытайда тұратын балуан Мәдениет Жалынбектi айқын басымдықпен жеңдi. Әлем чемпио­натының қола медалi қырғызстандық Мирлан Ералиев пен өзбекстандық Баһром Иноятовтың еншiсiне жазылды.
     Оқырмандарымызға түсiнiктi болуы үшiн екi салмақ дәре­жесiнде әлем чемпионы атанған Қырғызбаевтарды таныстыра кетсек. Ғұсман мен Ғұмар – егiз. Бiр үйдiң егiз ұлы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының Темiрлан ауылында өмiрге келген. Егiздердi әлем чемпионатына қазақ күресiнен Алматы қаласының аға бапкерi, қазақ күресiнен әлемнiң екi дүркiн чемпионы Бауыржан Тәлiп баптап қосты.    
       80 келi салмақ дәрежесiнде Дәулет Пахреддинов әлем чемпионы атанды. Финалдық белдесуде Дәулет Эстониядан келген Георги Лабогиндi ұтты. Қола медаль грузиялық Жавид Ба­зан­дарашвилидiң қанжығасына байланды.
        Әлем чемпионы атанған Дәулет Пахреддинов – Қырғызстанда өткен көшпендiлердiң II дүниежүзiлiк ойындарында қазақ күресiнен жеңiске жеткен балуан.
      90 – келi салмақта әлем чемпионы атағы Айбол Айтбекке бұ­йыр­ды. Өзбек елiнiң балуаны Шүкiржон Арсыланов әлем чемпионы атағына сынық сүйем жетпей тоқтады. Қола медаль эстон балуаны Александр Мармельжук пен Қытай елiнiң намысын қорғаған Серiк Жайдарбекке бұйырды.
       90 келiден жоғары салмақ дәрежесiнде “Қазақстан барысы” республикалық турнирiнiң жеңiмпазы, қазақ күресiнен үш дүркiн әлем чемпионы Айбек Нұғымаров қарсы келген балуанның барлығын қоғадай жапырды. Алыптардың әлем чемпионы атағы үшiн белдесуiнде Айбек грузиялық Леван Матиашвилидi жеңдi. Леванның есiмi аталғанда 2014 жылы Токиода өткен дзюдо күресiнен гранд-слэм турнирi есiмiзге түседi. Әлемдегi бе­делдi сайыс саналатын осы турнирде Леван күмiс жүлде алған болатын. Грузия спортының тарихында гранд-слэм додасының финалдық сынына 1982 жылы Давид Водабели шығып, чемпион атанса, одан кейiн осы тур­нирдiң финалында белдескен екiншi балуан – Леван Матиашвили.
        90 келiден жоғары салмақ дәрежесiнде әлем чемпионатының қола медалi ресейлiк Максим Ширяев пен белорус балуаны Александр Вахабяктiң еншiсiне жазылды.
       Жұрттың делебесiн қоздырып, қиқулатқан сайыс түйе балуандықта өттi. Абсолюттiк салмақ дәрежесiндегi додаға салмағы 80 келiден жоғары балуандар әлем чемпионатының жүл­десi үшiн күрестi. Сайысқа түсуге 26 балуан қатысуға ықылас танытып, дода әп дегеннен тартысты өттi.
       Грузия елiнен әлем чемпионатына ауыр салмақта екi балуан қатысты. Жоғарыда сөз еткен Леваннан өзге Гурам Тушишвили келген-дi. Гурамды Грузия елi дзюдо күресiнен жасөспiрiмдер арасында Еуропа чемпионы деп бiледi. Былтыр Австрияның Оберварт қаласында өткен Еуропа чемпионатында 20 жастағы Гурам Тушишвили 100 келi салмақ дәрежесiнде чемпион атанған болатын. Дзюдо күресiнiң қыр-сырын шебер меңгерген Тушишвилиге қазақ күресiнен сын­ға түсу аса қиындық туғызбаса керек. Бұл балуанның қазақ күресiнен елiмiзде өтетiн түрлi додаларға қатысып, түйе балуандыққа жарап жүрген алыптарымыздың кейбiрiн жығып кеткенiн де бiлемiз. Гурам жастық жiгер мен бойындағы бұла күштiң қайнап тұрғанын дәлелдеп бердi. Гурамның салмағы 100 келiден сәл-пәл асады. Соған қарамай салмағы 140 келi тартатын ресейлiк Максим Ширяев, белорус Александр Вахабяк сынды алыптарды ырғап-ырғап сiлкiп кеп қалғанда қаңбақ құрлы көрмейдi. Гурам финалдық белдесуде белорус Александрды айқын басымдықпен жеңдi.
         Әлем чемпионатында жүлде алған балуандарға қаржылай сыйақы берiлдi.
 
СЕНIМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСПЕУ КЕРЕК
     Қытайда өткен әлем чемпионаты барысында Дүниежүзiлiк қазақ күресi қауымдастығына қарасты Азия күрес федерация­сының президентi сайланды. Бұған дейiн Дүниежүзiлiк қазақ күресi федерациясының вице-президентi қызметiн атқарып, осы әлем чемпионатының Қытай елiнде өтуiне елеулi үлесiн қос­қан Серiк Кененбайды делегация мүшелерi ашық дауысқа салып бiрауыздан қазақ күресiнiң Азия құрлығындағы федерациясының президентi етiп сайлады. Дүние­жүзiлiк қазақ күресi қауымдастығының президентi Серiк Түкеев қазақ күресiнiң Азия федерациясын басқарған марқұм Марат Шәмшiнұровтың азғана уақыт еңбек етсе де орасан шаруаны атқарғанын айтып, Шәм­шiнұров­тың жалғастыра алмай кеткен мақсат-мұратын жүзеге асыруды Серiк Кененбайға тапсырды.
 
ЖАҢА БАСЫЛЫМ ЖАРЫҚ КӨРДI
        Қазақ күресiнен Қытайда өткен VI әлем чемпионатының қарсаңында жаңа журнал жарық көрдi. Қазақ күресiнiң тарихынан сыр шертетiн журналдың бас редакторы журналист, Дүниежүзiлiк қазақ күресi қауымдастығы ақпарат бөлiмiнiң басшысы Ақын Ордабайұлы. 

       “Қазақтың күресу өнерi ұлттық салт-дәстүрiмiзбен, мә­дениетiмiзбен, әдет-ғұрпымызбен бiте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Көшпелi қазақтың тарихына үңiлсек тұрмыстық, әлеуметтiк өмiрiндегi ойын-сауықта, жiгiттер белдесуге түсiп өздерiнiң ептiлiгiн, күштiлiгiн, алыптығын сынаған. Қазақ күресiнiң өзге де күрес түрлерiнен ерекшелiгi табан тiреп ұстасқан сәтте аяғыңмен қарсыласыңды шалуға, тобығынан қағуа болады. Қолмен балағынан ұстап тарту мүлде жат. Болашақта қазақ күресi де өзбектiң кураш, қырғыздың күреш, әзiрбайжандар мен түрiкмендер сорпа терi шығып алысып жататын гүлещ, татар, башқұрттың күрящ, белбеулi күрешiнен де ерекше күрес түрi екенiн әлемге таныту үшiн атқарар шаруа шаш-етектен. “Қазақ күресi” деп аталатын журналды әлем чемпионатының қарсаңында шығаруымыздың да мақсаты сол – төл спортымыздың насихатталуына серпiн қосу. Бұл журналда қазақ күресiнiң түп тарихынан тартып, әлем чемпионаттарының, әлем кубогының, Азия бiрiншiлiктерiнiң қорытындысы жазылған” дейдi А.Ордабайұлы. Қазақ күресiнiң зерттелуiне, насихатталуына еңбек сiңiрiп жүрген журналист келешекте бұл журналды тұрақты түрде шығарып, оқырмандармен қауыштыратынын айтты.

 

толығырақ

Ulttyg oiyn

      Сөздік қордың қай саласы болмасын өзінің құрамын сөзжасам арқылы толық­ты­рып отырады. Ұлттық ойын атауларының да сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалатыны ғылымда даусыз мәселе. Алайда, берілген  тәсілдің біреуі өнімді қолданса, екіншісі  өнімсіз сөзжасау  тәсілі болып келетіні тілдік деректерден көрініс табады. Солардың кейбір тұстарына тоқталсақ. 

     Сөз байлығының толығу арнасы – тілдің сөзжасам жүйесі, оның ішінде сөз­жа­сам тәсілдеріне тікелей байланысты. Тілдің жалпылық жақтарын ескеріп, жи­нақтап үш түрлі тәсілді көрсету қазақ тіл білімінде дәстүрге айналып келеді. Олар ғылыми тілде айтар болсақ синтетикалық (морфологиялық), аналитикалық (синтаксистік) және лексика-семантикалық тәсілдер.
     Алайда сөзжасамның бүгінгідей дәрежеге көтерілуі – талай жылдардың жемісі. Сөзжасам теориясының ғылымға енуі, тілімізде әбден қалыптасып, орнығып, жүйеленген салаға айналуы­на көптеген ғалымдар өз еңбектерін сіңірді. Ғалым Г.Абдрасилова қазақ тіл біліміндегі сөзжасам саласының даму жолдарын төмендегіше кезеңдерге бөліп қарастырады: XIX ғасырға дейінгі кезең. XIX ғасырдың басынан Қазан төңкерісіне дейінгі кезең. XX ғасырдың I жартысы.
      Ойын атауларының сөзжасамдық табиғатын анықтау мақсатында 1989 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі еңбектер қарастырылды. Себебі жеке ғылым саласы ретінде дамуы сөзжасамды түрлі қырынан қарастырылып, орныққан пікірлер мен тұжырымдардың берілуі осы кезеңге тиесілі. Сөзжасам саласы бойын­ша зерттеуші ғалымдар Н.Оралбаева, С.Исаев, С.Сәменова, Ы.Шакаман, Н.Есенова, Д.Қуандықова, Б.Досжанов, Ж.Сүйінжанова, Л.Нұржекеева, Ғ.Танабаев, С.М. Қарымбаева, Н.Алдашева еңбектеріне сүйене отырып, ұлттық ойын атауларының сөзжасамдық табиғатын ашып көрсетуге болады.
      Атау беру – өнер. Қазақ халқы кез келген табиғат құбылысына атау бермес бұрын анық-қанығына жете отырып, мәнісін ұғынуға тырысқан. Ғалым С.Аманжолов кісі есімдерінің уәжділігіне байланысты еңбегінде балаға ат қоюда тоғыз түрлі уәж болатындығын көрсетеді. Олар өз кезегінде халықтық дүниетаным, ырым-тыйым, салт-дәстүрдің негізінде туатындығын айтады. Ал «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» атты еңбегінде Б.Қалиев: «Әрбір өсімдіктің өз басында көптеген ішкі-сыртқы мәнді-мәнді белгілері болады. Белгілі бір өсімдікке ат қоярда сол белгілердің адам санасында берік орнығып қалған ерекше біреуі таңдалынады. Яғни әлгі өсімдікке ат қою үшін, оның ең басты белгісі негізге алынады. Айталық, түйетікен деген атаудың қойылуына, бірінші кезекте, сол өсімдіктің тікен екендігі (ерекше белгісі), екінші кезекте, оны түйе малының сүйсініп жейтіндігі (шаруашылық маңызы) немесе бойы, көлемі жағынан оның «түйе сияқты» ірі болуы (бір нәрсеге теңеу) үлкен себепші болып тұр…» деп жазады.
     Атау беру күрделі құбылыс болса, сол құбы­лыстың, яғни атаудың өзіндік жасалу жолдары мен тәсілдері болатыны сөзсіз. Сөзжасам тәсілдерінсіз ешбір атау жасал­майтындығы да даусыз мәселе. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінгі еңбектерде сөзжасамдық тәсілдердің үш түрі ажыратылады. Бұл сонау ежелгі дәуірден бас­тау алған құбылыс. Оған Орхон, Енесей бойында тасқа қашалып жазылған жыр мәтіндері дәлел.
       Ойын атауларын зерделей отырып, олардың жасалуында аталмыш үш тәсілден өзге аралас тәсілдердің қолданылғандығын байқауға болады. Аралас тәсіл мәселесі бізге дейін де сөз болған.
     Қазақтың сөздік қорын молайтуда басты маңызға ие жалғамалы тәсіл болғанмен, ойын атауларын жасауда басты сөз жасау жолдары ретінде танылмаған. Бұдан синтетикалық жолмен ойын атау­лары мүлде жасалмайды деген ойдан аулақпыз. Жинақталған ойын атауларының он беске тарта түрі осы тәсіл арқылы жасалғанын тілдік деректер айғақтайды. Мысалы, «Шертпек» сөзі шерт сөзіне -пек сөзжасамдық жұрнағының жалғануы арқылы жасалған. Шерт – саусақпен тырс-тырс еткізіп тырсылдату, -пек – сөзжасамдық жұрнақ.
     Бастауын ежелден ала келетін сөз жасаудың бір жолы – аналитикалық тәсіл. Бұл көптеген тілдердің сөздік қорын мо­лайтудағы өнімді тәсілдің бірі. Қазақ тілі аглютинативті тілдер қатарына жататын­дық­тан сөзжасамның синтетикалық тәсілі ең өнімді ретінде саналады. Алайда бұл аналитикалық жолмен сөз жасау кенде қалған деген сөз емес. Ұлттық ойын атау­ларын жасауда, керісінше, аналитикалық тәсіл өнімді тәсіл ретінде саналады. Себебі жинақталған ойын атауларының басым көпшілігі осы жол негізінде жасалған.
     Ұлттық ойын атауларының ішінде нақты бірігу тәсілі арқылы жасалған түрлерін ажырату қиынға соғады. Ол ойын атауларының жазу емлесінде бірізділіктің болмауынан туындайды. Мысалы, Е.Сағындықовтың «Қазақтың ұлттық ойындары» еңбегінде «айдап сал» атауын тіркес ретінде көрсетсе, «Қазақтың той ойындары» кітабында «айдапсал» біріккен сөз болып беріледі. Ал дұрыс жазу емлесін көрсететін қазақ тілінің «орфографиялық сөздігі» болсын, қазақ сөздерінің он томдық түсіндірме сөздіктерінде болсын аталмыш ойын атауы мүлде берілмеген. Бұл, әрине, ойын атауларының сан түрлілігі, ел аузынан хатқа түспеген талай ойындардың әлі де бар екендігінен хабар береді. Немесе 1 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 143 бетінде көрсетілген «Бөріктеппей» атауы біріккен сөз деп көрсетілсе, балалар ойынына жататын бұл ойын Б.Кәмәлашұлының «Қазақ халқының дәстүрлі той – мереке, сауық-сайран, ұлттық ойын тамашалары» еңбегінде «бөрік тебу» деп берілген.
      Ғалым Ж.Манкеева «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негізі» атты еңбегінде және 1 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «бөріктастамақ» атауын біріккен сөз ретінде таниды. Дәл осы атау «Қазақтың той ойындары» кітабында «белбеу тастау» деген тіркес ретінде берілсе, ал орфографиялық сөздікте атау біріккен сөз санатында алынған.
      Бірігу арқылы жасалған ойын атаулары­ның барлығы дерлік осы үлгіде жасалады. Екі мағыналы сөз бірігіп үшінші бір атауға, ойын атауына негіз болады. Алайда біріккен сөз компоненттеріне әр түрлі сөз табы қатысады. Бұл жағынан алып қарағанда барлығы бір үлгіде жасалады деу қиын. Жұмыста біріккен ойын атаулары қандай сөз таптары арқылы жасалғандығына қарай төмендегідей үлгілері бар екендігі анықталды. Мысалы, айдапсал, айқұлақ, бурақотан, лекжалау, топаяқ, қолтұзақ, тасқала, шымбике, қанкөбелек; қырықаяқ, алтыбақан; ақбұзау, қарақұлақ, қарамырза, соқыртеке, құжтеке; бөріктастамақ.
      Тағы бір мысал ретінде «Айгөлек» атауын алуға болады. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедиялық жинақта жоғарыда көрсетілген мазмұндағы екі-үш ойын атауы берілген: Айгөлек; Ақ серек пен көк серек және т.б. «Ай керек» атауы бертін келе «Айгөлек» болып өзгер­ген деген пікір қалыптасады. Ойындарды жи­нақтау барысында кездескен тағы бір қызықты жайт осы атау төңірегінде болды. Х.Әбішевтің «Аспан сыры» атты астроно­миялық атауларға байланысты аңыз, әңгімелер жинағында «Ай көбелек» ойыны жайында сөз етіледі.
     «Айгөлек» атауының «Ай керек» немесе «Ай көбелек» атауынан бастау алсын, бізге керегі оның екі сөз арқылы кіріге біріккен атау екендігінде. Қос сөз деп екі сыңардан тұратын, сыңарлары бір сөздің қайталануынан немесе бір тектес синоним я антоним сөздерден жасалып, бір ырғақпен тұтаса айтылатын сөздер аталады. Қосарлану жолымен жасалған ұлттық ойындар аса көп емес. Жиналған ойын атауларының қос сөз түрінде кездесетін бес түрі берілді. Оларға жеке-жеке тоқталып, қандай заңдылықтар арқылы жасалғандығы анықталды.
    «Орамал-телпек» – қазақтың ұлттық ойыны. Бұл атауға негіз болған екі сөз «орамал» және «телпек». Яғни атау оның құрамындағы сыңарларының бір-біріне мағыналық қатысы жағынан қосарланып жасалған. Ғалым Н.Оралбаева бұл жөнінде: «ешбір мағыналық байланысы, бір-біріне қатысы жоқ сөздер бір-бірімен қосылып, қос сөз жасай алмайды» деп санайды. Орамал да, телпек те бас киім атаулары. Ойында қолданылатын болғандықтан атау да сәйкесінше алынған.
      «Ұжымақ-тозақ» – ұлттық ойын атауы. Бірінші мысалда берілген қос сөз мағыналас келсе, бұл қос сөз компоненттері бір-біріне қарама-қарсы мағынада алынған. Қос сөз жасаудың бұл тәсілі берілген сөздерді бірін-бірінен анықтап ажырату мақсатында қолданылады. Осы сынды «Сұрақ-жауап» ойынын атауға болады. Түбір сөздердің қайталануы арқылы: Бақ-бақ, Етек- етек, Жылдырт-жылдырт, Жым-жым, Мүйіз-мүйіз, Түйе-түйе, Мырыш-мырыш, Көрші-көрші ойындарының атаулары пайда болған. Бұл орайда тіркесу арқылы жасалған ойын атаулары кездеседі. Мәселен, Асау мәстек, Ақ аю, Ақ байпақ, Ақ боран, Ақ сандық, көк сандық, Ақ сүйек, Арынды арқан, Ақ терек, Аламан бәйге, Алты атар, Алты бақан, Алтын қабақ, Арқан аттау, Арқан бишілері, Арқан керу, Арқан тарту, т.б.
       Қорыта келгенде, ұлттық ойын атаулары тіл білімінің сөзжасам саласының сара жолында қалыптасқан тәсілдерінің барлығы арқылы жасалғандығын көрдік. Талай ғасыр жемісі іспетті бұл ойындарды қалай шеберлікпен ұйымдастырған болса, оған телінген атаулар табиғаты да тереңде жатыр. Себебі қазақ халқы ешбір атаудың мәніне жетпей оған баға бермеген, барлық қырынан танып өз бағасын беретін болған.

      Күнсұлу АБИЕВА. Астана

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=39003

толығырақ

sadak

     

      Бір кездері шеберлігін күллі Еуразия халқы мойындап, түрлі жазбаларда тамсана жазып қалдырған ата-бабамыздың садақ ату өнерінің қазіргі жағдайы кісі қызығарлықтай емес. Тіпті, өгей баланың күйін кешіп, тек санда ғана бар, санатта жоқ спорт түріне айналғандай көрінеді. Оған Олимпиада, әлем чемпионаттарын айтпағанда, күні кеше Қырғызстанда өткен Көшпелілердің бүкіләлемдік ІІ ойындары кезінде де садақшыларымыз жүлдегерлер маңынан табыла алмауы айқын дәлел бола алады.

      Ең көне өнер түрі саналатын садақ атуға біздің қазақтың да таласы барына ешкім күмәнданбайды. Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастар­дағы суреттер – бұған бұлтартпас айғақ. Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақ­ты қанағат еткенде, біздің бабаларымыздың оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тап­қаны талайды өзіне тәнті еткені де тарихи деректер­де бар. Алайда, сақ пен ғұнның бірден-бір мұра­гері саналатын ата-бабаларымыздың садақ атуда­ғы шеберлігін бүгінгі ұрпақтың тек кітаптан оқып, аңыз-әңгімеге айналдырып, таңырқап жүргені өкінішті жайт.

      Көшпенді өмір салтын ХХ ғасырға дейін, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп сақтап келген біздің қазақтың садақ жасау технологиясы мен оған қатысты төлтума атаулары мен ұлттық ойындары да әзірге ғылыми-зерттеу нысанына толық айнала қойған жоқ. Ердің бес қаруының бірі саналатын садақты қазіргі ұрпақ тек музейден ғана көруде. Сондықтан да Олимпиялық ойындардың бағдарламасындағы бұл спорт түрінен елімізде есімін бүкіл ел білетін бірде-бір спортшы жоқ. Ал бұл дүбірлі додада 1988 жылдан бері ұлттық құрама қоржынына алтын медаль салудан алдына қара салмай келе жатқан корейлердің жетістігі біз үшін әзірге тек арман болып тұр. Насихаты мен қолдауы жоқ болғандықтан, садақ атудан ел тарихында Олимпиадаға қатысқан бірде-бір қазақтың болмауы ешкімді алаңдатпайтын секілді.

        Қару ретіндегі қызметін тарих қойнауына тап­сырған садақ ату өткен ғасырдан бастап спорт­тың мергендікті сынайтын бір түріне айналды.  Спорт тарихына көз жүгіртетін болсақ, садақ атудың халықаралық федерациясы 1931 жылы құрылған екен. Қазақстанда бұл спорт түрін дамыту шаралары Кеңес Одағы кезінде, 1963 жылдан бастап қолға алынғанымен, өз деңгейіне көтеріле алмады. Оған ең алдымен садақ атудың мектеп бағдарламасында назардан тыс қалып қоюы өз ықпалын тигізді. Арнайы спорттық базалар мен спортшылардың жат­тығуына қажетті құрал-жабдықтардың жеткілік­сіз­дігі әлі күнге дейін өз шешімін таппай келеді. Спорт саласына басшылыққа келген шенеуніктерден еш қайыр болмай тұр. Олардың басты назарды кеңестік дәуірде негізі қаланып, біршама табысты болып қалған спорт түрлеріне ғана аударып, көрсеткіш қуумен шектеліп жүргені ешкімге жасырын емес.

      Осындайда моңғол ағайындардың садақ атуды мемлекеттік деңгейде қолға алып, жас-кәрі демей, бүкіл халық арасында жарыс ұйымдастырып, бүкіл мерекелерін бұл спорт түрінсіз өткізбейтіні еріксіз қызықтырады. Кейде бұл туралы сөз болған кезде бірқатар азаматтардың «садақ атуды жаңғырту үшін оған Президентті қызықтыру керек, Елбасы жанындағыларға өзі үлгі етіп көрсетіп, арнайы нұсқау бермесе бізде ешкім ешнәрсе жасамайды» дейтіні бар. Шынында да Мемлекет басшысының жазғы уақытта теннис, гольф ойнап, қыста шаңғы тебуінен кейін бұл спорт түрлері айтарлықтай жандана бастағанын бүгінде барлық жұрт жақсы біледі.

      Ендеше, садақ атуды мемлекеттік деңгейде қолға алу үшін бізге не керек? Меніңше, ең алдымен ата-бабаларымыздың садақ атуға қатысты бай мұрасын жинастырып, оған талдау жасау үшін арнайы зерттеу жұмыстарын қолға алу керек. Егер бүгін жасалатын істі тағы да ертеңге қалдыра беретін болсақ, барымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл үшін тілдік қорымыздағы көнерген атауларды және аңыз-ертегілер мен жыр-толғаулардағы бейнелі сөздерді жинастырып, кітап етіп басып шығаруды қолға алу керек. Екінші – мектеп бағдарламасындағы дене шынықтыру пәнін оқыту кезінде садақ атуды тәжірибеге енгізіп, оларды қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыру қажет. Үшінші – Наурыз сияқты ұлттық мерекелерді атап өту кезінде садақ атуды спорттық шаралар бағдарламасына енгізіп, оның дамуына жол ашуға тиіспіз. Бұл спорттық мектептердің жанданып, федерация жұмысының нәтижелі болуына серпін берері күмәнсіз. Бұған сіз не дейсіз, ағайын?

           Ерлік ЕРЖАНҰЛЫжурналист.  АЛМАТЫ

         https://egemen.kz/2016/09/16/61914

толығырақ

      4-6 тамыз аралығында Алматы облысы, Талғар ауданының «Ақбұлақ» ССК-нің ат спорты кешенінде шөгеннен Қазақстан Республикасының тұңғыш чемпионаты өткізілді.

      Чемпионатқа Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан обыстық шөген федерацияларының, сондай-ақ «Әулиеата» және «Astana Polo Club» клубтарының командалары қатысты.

    Чемпионат төрешілігін Аргентинадан арнайы шақырылған поло ойынының кәсіби шебері, бас төреші - Агустин Палациус басқаратын төрешілер алқасы жүзеге асырды.

      Біріншіліктің бас жүлдесі, 1 орын - «Әулиеата» шөген клубына бұйырды, 2 орында - «Astana Polo Club» шөген клубы, үштікті Алматы облысы шөген федерациясы аяқтайды.

        Сонымен қатар, шөгеннен Қазақстан Республикасы тұңғыш чемпионатының ең үздік ойыншысы - Astana Polo Club командасының ойыншысы Құрманбек Тұрғанбек және ең үздік поло пони - Көксарай болып танылды.

         Чемпионаттың тартымды суреттерін елдің поло спорты сайтынан және  тамашалай аласыз.

       http://www.inform.kz/kaz/article/2934678

толығырақ

         Төл ойынымыз - тоғызқұмалақтан 23-24 шілде күндері Германияның Швайнфурт қаласында Еуропа чемпионаты өтті. Бұл туралы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

         Аталған біріншілікте Германия, Франция, Грекия, Швейцария, Испания, Ресей, Чехия және тағы басқа оннан аса мемлекеттің спортшылары өзара мықтыларды анықтады.

        Бұл бәсекеде спортшылар швейцар жүйесі бойынша, ерлер мен әйелдер арасында жеке-жеке сынға түсті.

        Еуропа чемпионатының ашылуына Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов пен Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Швайнфурт мэрі Карл Хайнц Каучок қатысты.

        Еуропа чемпионаты барысындағы халықаралық турнирге Қазақстан Ұлттық құрама командасы мүшелері де қатысып, шетелдік спортшылардың шеберлігін арттырып, тәжірибе жинақтауына көмек қолдарын созды. Жарысқа негізінен Еуропа елдерінде тұрып жатқан жергілікті тоғызқұмалақ әуестенушілері қатысты.

        Осы біріншілік барысында, ұлттық ойынды халықаралық деңгейде одан әрі дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Алдағы уақытта тоғызқұмалақтан  Азия чемпионаты өтеді. Бұл бәсекені ұйымдастырып өткізуге Қытай өкіметі ұсыныс жасап отырған көрінеді.

         Қазіргі таңда Қазақстанда  тоғызқұмалақпен айналысатындардың саны 200 мыңнан асады. Осыған қарап, елімізде төл ойынымыз жақсы дамып келе жатқанын байқауға болады. 

         http://www.inform.kz/kaz/article/2929227

толығырақ

 
         Жарыс 2016 жылдың 12-18 сәуір аралығында Ақтөбе қаласында өтті. Жарысқа Қазақстан Республиканың 9 облысынан және Астана қаласынан, барлығы 10 команда қатысты. Жарысқа қатысушы спортшылар саны – 55, оның ішінде: 9 – ХДСШ, 12 – СШ, 26 – СШҮ, 8 – І дәрежелі спортшылар. 
      Чемпионат барысында бұл жолы Берік Сәрсенбаев  пен Азамат Қайдаров (Ақтөбе облысы)  Қазақстан Республикасының Спорт шебері дәрежесін орындады.

      Жарыс 5 тақта бойынша, 10 команда арасында айналмалы жүйемен өткізілді. Жарыс қорытындысы төмендегідей:


I-орын Ақтөбе облысы – 33 ұпай
II-орын Павлодар облысы – 30 ұпай
III-орын Қызылорда облысы – 29,5 ұпай
IV-орын Астана қаласы – 29 ұпай
V-орын Батыс Қазақстан облысы – 25,5 ұпай
VI-орын Шығыс Қазақстан облысы – 22,5 ұпай 
VII-орын Жамбыл облысы – 20,5 ұпай
VIII-орын Оңтүстік Қазақстан облысы – 17 ұпай
IX-орын Қостанай облысы 13,5 ұпай
X-орын Маңғыстау облысы – 4,5 ұпай 

      Дерек көзі: фейзбуктағы Dastan Kapaev  әлеуметтік парақшасы

толығырақ

тогыз

        Оңтүстік Қазақстан облысында мектеп бағдарламасындағы дене шынықтыру пәнінің жүйесі өзгермекші. Алдағы оқу жылынан бастап аталған пәнге ұлттық ойындарға арналған жаңа сағаттар енгізіледі.

      – Әр сыныптың оқушылары 9 айда кем дегенде 102 сағат дене тәрбиесі сабағына қатысады. Енді білім саласының мамандары осы сағаттардың тең жартысын ұлттық ойындарға арнауды ұсынды. Бұған ел аумағындағы спорттық сайыстарда ұлттық ойындар санының артуы себеп, – дейді облыстық білім басқармасына қарасты аймақтық оқу-практикалық дене тәрбиесі орталығының басшысы Жәнібек Лебаев.

      Бүгінде ұлттық ойындарды халықаралық деңгейде дамыту маңызды болып отыр. Сондықтан да көшбасшы толағайларды тәр­биелеу үшін білім саласының маман­дары жүйелі жоспар жа­сауға кіріскен. Олар алдымен әдіс­темелік кітаптарды жинақтап, жаңа кадрлардың біліктілігін арттыруға бет бұрды.

      Ал 40 жыл ұстаз болған Расиль Байков ұлттық спорт түрінің өңір­де өркендеуіне бірнеше кедергі бар, дейді.

      – Ең алдымен материалдық жағын ойластыру керек. Ғимарат, сосын көкпар ойынына жылқы қажет. Сондай-ақ, жылқыларға қара­йтын адам тағы керек. Мен білікті жаттықтырушы-педа­­гогтар мәселесін екінші кезек­ке қоямын. Көрдіңіз бе? Ұлт­тық ойын­дарды мектеп бағ­дар­ла­масына қосу үшін қаншама ма­ша­қаттануға тура келеді, – деді ол.

       Десе де білім саласының басшылары бұл уақытша мәселе, кедергілер бір-екі жылда шешімін табады. Біз келешек ұрпақтың ұлттық ойындардан қол үзбеуін, мектеп табалдырығынан оларға осыны үйретуді көздейміз, деді. Сондай-ақ, аймақтық оқу-прак­тикалық дене тәрбиесі орта­лығының басшысы Жәнібек Лебаев: «Алдағы оқу жылынан бастап тоғызқұмалақ, көкпар, асық ату, аударыспақ, қазақша күрес – 5 ұлттық ойын мектеп бағ­дарламасына енеді. Бұл үшін қазір жаңа жоспар-бағдар­ламалар әзірленуде», – деп қысқа қайырды.

            Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.

      http://egemen.kz/2016/04/08/33578

толығырақ

     Ат жарыс көшпелі халықтың мәдени-дәстүріне енген ат ойындарының негізгі түрі, әрі атбегілердің білімі мен шеберлігі сынға түсетін үлкен оқиға. Қазақ танымында ат жарыстың көптеген түрлері бар. Атап айтқанда: аламан бәйгеүдемелі бәйге, айғыртайқұнанжорға жарыст.б.

    Ат жарыстар қалыптасқан дағды бойынша ас-тойларда ұйымдастырылады. Оның билігі елге беделді ақсақалдарға жүктелген. Олардың бірі көмбеге, екіншісі мәреге жауапты болған.

    Әрі бәйгенің әділ һәм адал болуы үшін әр рудан адамдар бақылап отыруға құқық берілген. Өткізіліп жатқан ас-тойды басқарушыны кіреші деп атап, ол барлық ат ойындарының (бәйге, аударыспақ, көкпар, т.б.) әділ өтуіне жауапты адам ретінде бекітілген.

     Жүйрік аттың тізгінін ұстаған баланы шабандоз немесе ат шабар деп атаса, аттарды мәреге алып барып жіберуші адамды ат айдаушы дейді. Бәйгеден шауып келген аттарды ұстаушы адамдардыдаяшы дейді және жүйріктердің шауып жетіп даяғышы қолына ілігетін межені көмбе деп атаған.

      Яғни, көмбе аттардың шауып келіп тоқтайын жері. Көмбеге  жүйрік аттарды тосып алуға ыңғайлы, биіктеу, айналасы толық көрінетін қыратты жер таңдап алынады.

     Ертеде ат жарысы басталар алдында, басына қызыл орамал байлап, қолдарына бақан ұстаған адамдар жар салып жүйріктерді бір жерге жинайды. Бұны ат шығарушылар деп атайды.

     Жиналған аттар тізіліп көмбе-төбеде тұрған көпшіліктің алдынан өтеді. Атаққа шыққан дара жүйріктер басқа аттардан бөлек жалғыз-жалғыздан жүреді. Кіреші тағайындаған асаба адам ол жүйріктерді мақтап-мадақтап таныстырады. Қазақы дәстүр бойынша көптің алдынан өткен жүйрікті иесі тіл-көз тиіп кетпеуі үшін кежімдеп (денесін толық жауып) алып өтеді.

    Көптің алдынан жүйріктер тізіліп өткен тұста атбегілер бәйге аттарының бабын байқап, аяқ алысын аңдап, қай жүйріктің маңдайы жарқырап, озып келерін ой мөлшермен табады. Дәл тапқан адамның атбегілік өнері жоғары бағаланады.

     Ең соңында көмбеге жауапты адам бұл жолғы ас-тойға қанша жүйрік жиналғанын, сондай-ақ, алыстан ат терлетіп кімдердің келгенін, ат жарыс өтетін қашықтықты, бәйгеге тігілген сыйлықты жариялап, аттарды айдауға ұлықсат етеді.

 Көмбеге жауапты адам шабандоз балалардың көзінше көмбенің мәре сызығын белгілеп, оған арнайықарақшы немесе белгі (басына жалау байлаған ұзын діңгек, т.б) орнатады.

    Көмбе-төбенің басында тұрған қарауылшы жүйріктер кеткен жаққа қапысыз қарап отырады да, жүйріктердің шаңы көрінгенде, «ат келе жатыр» деп жар салады. Сол сәтте барлық ойын-сауық, сайыс түрлері тоқтатылып, көпшілік бәйге төбеге жиналады.

      Бәйгенің алдында келе жатқан ат иесінің жақтастары қиқулап, ұран салып жүйрікке дем береді һәм шабандоз баланың рухын көтереді

     Ал, ат ұстайтын даяғышылар (төрешілер) саны той иесі тағайындаған жүлде санымен бірдей болады. Яғни, даяғышы ұстаған атқа ғана бәйге беріледі. Қаралықпен жолдан қосылған немесе ат ауыстырылған болса, ондай жүйрікті даяғышы ұстамайды. Ұстаса, жамандыққа жақтасқан болып шығады.

     Ат айдаушы. Бәйгеге қосылған жүйріктерді, бәйге шабар немесе ат шығар жерге дейін аман-есен жеткізуге тағайындалған адамды (адамдарды) айтады.

     Міндеті –  жарысқа қосылатын бәйге аттары мен шабандоздарға бақылау жасап, жол ортада келеңсіз жағдайға ұрынып қалмауын қадағалайды. Бәйге кезінде әртүрлі қаралық, қастандықтардың алдын алады. Сондықтан ат айдаушылар адал адамдардан таңдап алынады. Кейде ат қосқан ру, тайпалар бір-бір кісіден ат айдаушы тағайындайтын дәстүр де бар.

     Ат айдаушылар бәйге аттарын жібергеннен кейін соңынан еріп отыруға міндетті. Олар жол бойында жүйріктен жығылған балаларды міңгестіріп келу, оларға көмек көрсету сияқты жұмыстарды атқарады.

      Ат ұстаушы немесе кірешілер. Бәйге аттары, яғни жүйріктер  көмбеге келгенде, әрбір атқа бір-бір ат ұстаушы тағайындалады. Кейбір өлкеде бұларды кірешілер деп те атайды.  Жүйріктер көмбеге топталып келген жағдайда ат ұстаушы адамдар  жаңылысуы мүмкін. Осындай жағдайды бақылап төрелік айтатын адамды кірегі деп атайды.

    Ат ұстаушы кірешілер өте адал болуы керек. Жүйрікті дұрыс ұстамаса жанжал туындап, кейін ру мен тайпа арасына жік түсіп, бүлік туындауы әбден мүмкін.

    Көтермешілер. Ұзақ шабыстан кейін көмбеге тұмсық тіреген жүйріктер шаршап, қарлығып, соңғы күшін сарқып келеді. Осындай қарлығып келе жатқан жүйрікке тың рух беріп, көмбеден көтеріңкі күймен өтуіне көмектесетін адамдарды көтермешілер дейді.

     Бұл іске тағайындалған адамдар шауып келе жатқан жүйрікпен қатарласа шауып, қиқулап ұран салып күш береді. Мұндай дүбірлі қиқуға дағдыланған сақа жүйріктер шабысына шабыс қосып, ауыздық таласып келе жатқан жағдайда басып озып, көмбеден арындап өтеді.

     Көмбе. Бәйгеге қосылған  жүйрік аттарды ұстайтын межелі жер. Көмбе сөзінің шығу төркініне тоқталсақ: ерте кезде көшпелілер жүйріктер шауып келіп тоқтайтын жерге бағалы зат (алтын, күміс жамбы, тай тұяқ, қой тұяқ алтын бұйым, т.б) көміп қоятын болған.

       Көмбеге қандай зат көмілгенін ешкім білмеуі тиіс. Тек аламан бәйгеден озып келген аттың иесі қазып алады. Нендей зат көмілгенін халық содан кейін барып білетін болған.

     Бұл дәстүр бір жағынан бәйгенің құпиялығымен қызықты болса, екіншіден, сыйлықтың жасырын болуы атбегілердің нәпсісіне қолайлы.

     Қарақшы. Көмбе орналасқан орынның жер жағдайы жазық, бағыт ұстайтын мүмкіндік жоқ болса, алыстан шауып келе жатқан жүйріктер жаңылып, теріс бағытқа шауып кетпес үшін көмбе жасырылған жерге арнайы белгі орнатады. Бұл орнатылған белгіні «қарақшы» дейді.

      Қарақшыға басына құрым киіз немесе жалауша байланған ұзын сырық ағаш таңдап алынады. Оны көмбе маңына шаншып қояды.

     Бәйге шабар (ат шығар). Жүйріктер айдалып барған соң сәл тынығып алып, одан соң тізіліп тұрып жарыс жолына шығатын, яғни, көмбеге қарай бет алатын жер.

      Бәйге шабар жерге барған соң ат айдаушылар шабандоз балалардың дайындығын бір қабат тексеріп шығады. Айыл-тұрман, жүген-қамшы, желқом-тоқым қатарлы жүйрік жабдықтарының жарамдылығын байқайды.

      Соңында жарыс жолына шығатын жүйріктерді бір сапқа тізіп қояды да белгі береді. Бұл белгіден соң бәйге аттары зымырап жолға шығады.

    Жарыс жолына шығарын сезген сақа жүйріктер тыпыршып, ширыға бастайды. Сондықтан тәжірибелі шабандоздар жел жаққа ертерек шығып алады.

    Бәйге шабардан ат шыққан кезде көп жылқы ұйлығып шабатындықтан қауіпті жағдайлар орын алуы мүмкін. Әсіресе, ат тұяғынан көтерілген тасборанның салдарынан шабандоздардың  көзіне құм, тас жауып та жатады. Сондықта айлалы шабандоздар топтан бөліне шабады.

      Жүйрікке бәйге беру дәстүрі. Аламаннан озып келген жүйрікке міндетті түрде бәйге беріледі. Бәйгенің түрі көп. Тарихи деректерде:  тоғыз тайтұяқ алтын – тоғыз күміс жамбы немесе тоғыз түйе, тоғыз құлынды бие, тоғыз мауыты кілем, тоғыз торқалы киім, тоғыз мақпал киім, тоғыз тон, тоғыз шапан, тоғыз торпақ сияқты тоғыз түрлі бұйым берілген.

      Егер осы бір тоғыздан біреу берілсе, «бір тоғыз» немесе тоғыздан үшеу берілсе «үш тоғыз» деп атаған. Тіпті бай-дәулетті әулеттер тоғыз тоғызға дейін бәйге беретін дәстүр болған.

      Көп жағдайда ат иесі үшін бәйге маңызды емес, жүйрігінің топжарып озып келуі маңызды. Өйткені, жүйрік аттың арқасында өзінің және руының аты асқақтайды. Сол себепті, бәйгені ат иесінің жақтастары қыл үстінде бөліп алысып отырған.

       Бекен Қайратұлы

      http://www.namys.kz/2016/03/bajge-zhane/

толығырақ

    Өткенде әлеуметтік желіде қар шаңғының шыққан мекені мен тарихи иесі туралы пікір қайшылық болып жатқанын көзіміз шалды. Иә, шын мәнінде таласты тақырып. Бірақ, Қытайға қарасты Алтай қаласын әлемнің біраз елі «Адамзаттың байырғы қар шаңғы мекені» деп таныпты. Ол Гиннестің рекордтар кітабына да кірген. Ал, қар шаңғының табанына жылқы терісін қаптап жасаған түрі Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі жағынан «Қазақтың байырғы бейзаттық мұрасы» тізіміне кіріп, қорғауға алынған.  

Қар шаңғы символға айналды

     Бұл бүгінгі жаңалық емес. Осыдан 7-8 жыл бұрын атқарылған жұмыс. Қазір байырғы қар шаңғы мен Алтай тегене құйрықты қойы жыл сайын өтетін «Алтай қалалық қар-мұз, салт-дәстүр саяхаты» атты ауқымды спорттық шараның құт белгісі ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар, жақында ғана Қытайда мемлекеттік 13 қысқы спорт жарысын өткені мәлім. Оның ашылу салтанатында қазақтың байырғы қар шаңғысын тепкен қазақ қария, Шыңжаңның ерекше белгісінің бірі, тарихи құндылығы ретінде қатысты. Ал, жабылу салтанатында Алтайдан арнайы барған қазақ-моңғолдың шаңғышы жігіттері тау басынан 13 саны формасында сырғанап түсіп, 13 реткі қысқы спорт бәсекесінің символын сомдады.


    Ал, көптеген әлем елдерінде бар, қысқы олимпиададағы негізгі спорт түріне айналған қар шаңғының мекені қалайша Алтай бола қалды? 10 мың жыл бұрын Алтайда пайдаланылған шаңғының мұрагері қазақ деген тұжырым қандай негізде жасалып отыр? Біз осы сұрақтардың жауабын білмек үшін Алтайда тұратын белгілі журналист, қаламгер, Алтай аймақтық телеарнасы бас директорының орынбасары Ризабек Қасенұлына хабарластық. Р.Қасенұлы жақында ғана осы қар шаңғының тарихына арнап «Тасқа ойылған» тарих атты төрт бөлімді пьесса жазған. Ол көпшілікке көрсетілді де...

Ризабек Қасенұлы

Жағырапиялық жағдай

      – Ризабек Қасенұлы, Алтайды «Адамзаттың байырғы қар шаңғы мекені» атандыруға не себеп болды?

       – Біз бұрын шаңғыны қар шаңғы немесе тері табанды шаңғы деуші едік. Қазір «қазақтың байырғы қар шаңғысы» атап отырмыз. Алдымен қар шаңғының осы Алтай өңірінде негіз қалауының, қазіргідей базарлы болуының өз себебі бар. Өйткені, Алтайдың анау Қазақстан шекарасындағы Аққабадан бастап, шығыстағы Шіңгіл ауданына дейін созылған мың шақырымдық тау алқабы, жер түзілісінде жазық, қырат, тау, шың-құз, орман, өзен-көл бәрі кезігеді. Бұл - қар шаңғы тебуге мүмкіндік беретін өте ыңғайлы орта. Сондай-ақ, Қытайдағы он үлкен тұщы көлдің қатарына кіретін, Алтайдың Буырылтоғай ауданына қарасты алып Үліңгір көлінің шалқар айдыны, қыста шаңғы тебуге табылмайтын майдан. Жағырапиялық жақтағы осындай ерекшелігі қар шаңғыны Алтайға телудің, Алтайда дамытудың бір себебі деп қойыңыз. 
     Сонымен бірге, аты айтып тұрғандай Алтайда алты айға жуық қыс болады. Ауасы таза болғандықтан бұл өңірдің қары кристалдай нығыз, сусылдап тұрады. Жылбырап жатқан жоқ. Әрі қар қалың түседі. Шаңғы тебуге өте қолайлы.

     – Ал, Алтай қаласы байырғы қар шаңғы мекені ретінде Гиннес кітабына қалай кірді?

      – Қар шаңғы десе біздің көз алдымызға ең алдымен тау басындағы тамаша курортты аймақтары бар, спорттық кешендері кемел, заманауи шаңғымен зымырап жүрген еуропаның дамыған, мәдениетті елдері келетіні шындық. Соған қарап, «әй, шаңғы осылардың ата-бабасынан қалған өнер болар» деп ойлайсыз. Рас, халықаралық жарыстарда көбіне солардың өкілдері жеңіске жетндң. Ондайда Алтайды шаңғы отаны дегенді қойып, ол жерде шаңғы тебетін адам бар деп ойлауға қорғанатын болуың мүмкін. 
      Әлбетте, солтүстік Еуропа шаңғышылары мығым. Ол жақта бұл спорт түрі дамығаны шын. Мәселен, халықарада шаңғы спортының отаны ретінде Норвегия мемлекетін таниды. Ол да таулы, қары қалың түсетін ел. Өйткені, Норвегиядан байырғы қар шаңғы суреті табылған. Оны археологтар зерттеп, 4500 жыл бұрынғы сызба деп тұрақтандырады. Және байырғы қар шаңғы мекені солар болып шыға келеді. 
      Кейін Швециядан, Ресейдің Орал тауынан да қар шаңғы суреті табылды. Оның тарихын ғалымдар 8 мың жыл ары апарды. Бірақ, Норвегия әлгі атағын ешкімге берген жоқ.

Тарихи факт

        – Ал енді осығұрша елдің алдына Алтай қалай түсіп кетті?

     – 2005 жылы Алтай қаласына қарасты «Дұндырбұлақ» деген жерде жартастың астындағы үңгірден көне заман суреті табылды. Онда бір қатарда кетіп бара жатқан жеті адам бейнеленген. Бастарында шошақ бас киімдері бар. Алдыңғы төрт адамның артында жылқы, сиыр секілді малдың бейнесі салынған. Ал, қалған үш адам белдерін сәл бүгіп, сыңар таяққа сүйене шаңғы теуіп барады. Аң аулау сәті сызылған көрініс. Алайда бұл сурет тасқа қашалмаған, біртүрлі бояумен сызылған сурет болып шықты.

     – Бояу дейсіз бе? Соншама ұзақ уақыт қалай өшпеген сонда?

    – Иә, бояумен салыныпты. Енді, тым арғы тарихты қазбасақ та, бұрынғы қазақтар рауағаш, қарағайдың қабығы, шүкір, жоса секілді заттарды бояу орнында пайдаланып, тон-шалбар, өзге де тері киімдерін, мүлік-мүкамалдарын бояп кигені талассыз шындық. 
Ал, тастағы суреттің осынша ұзақ жыл сақталғаны бізге де ғажап сезілді. Содан бұл мәселеге арнаулы ғалымдар, тарихшылар араласты. Шындығында, бояуды ертедегі тас дәуірінің соңғы кезінде-ақ адамдар пайдалана бастаған. Оның үстіне Франция, Испания секілді мемлекеттерде 20-30 мың жыл бұрын тасқа бояумен салған әр мазмұндағы тарихи суреттер табылыпты. Бояудың құрамын тексерген ғалымдар сызбаның қай дәуірге жататынын анықтайды екен. 
      Оның жанында Алтайдағы жартас суретінің уақытын 12 мың жыл деп санауы орынды секілді. Әрі бояумен сурет салу дәстүрінің ежелгі адамдарда, тайпаларда болғандығы, Алтайдағы сызба суреттің де ерте тарихқа тән екенін нықтай түсетін факті болды. 
      Бірақ, бұл талас тудыруы да мүмкін. Қар шаңғы туралы бұрынғы тарихи деректі, көзқарасты, бағытты басқаға бұруы мүмкін. Осыған орай Норвегия бастап әлемнің он неше елінен ғалымдар келіп тексеру жұмысына қатысты. Ақыры шындықты негізге алып, нақтылы факт бойынша зерттеу жүргізген ғалымдар, бұл суреттер 10-12 мың жыл бұрын салынған деген қорытындыға келді. Тіпті, кейбіреуі өшкіндеу суреттердің тарихын 20 мың жылға дейін барады деген пікірлерін айтты.


       Сонымен қатар, норвегиялық зерттеуші Нельсон деген кісінің 1891 жылы шыққан кітабында «қар шаңғы спорты Алтай тауларындағы бір тайпадан шыққан болуы мүмкін» деп жазыпты. Тіпті, тарихшылардың атасы делінетін Геродоттың жазбаларында да Алтай тау жүлгелерінде шаңғымен, ешкі аяқ, ат тақамен жүретін рулар бары туралы айтқан екен. 
     Осының бәрі Алтайдағы жартас суретін зерттеп, оны 10 мың жылдың алдындағы жәдігер ретінде тұрақтандырған қорытындыға сай болды. Содан шетелдік ғалымдар да бірауызды пікірге келді. Байырғы қар шаңғының ең ерте суреті Алтайдан табылды деген тұжырымға тиянақтады. 2007 жылы «Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай тауы ең байырғы қар шаңғы мекені» деп Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Қытайда Гиннес рекордтар кітабына тізімдейтін штабтың бөлімшесі бар. Ол «Шаңхай дархан әлем Гиннес рекордын жаңалау орталығы» деп аталады. Сол жерде тіркеліп, куәлігі сол кездегі Алтай қаласының әкімі Қадым Рақымұлына табыс етілді.

        – Алтайды мекен ететін басқа ұлттар талас тудырған жоқ па?

     – Алтайдағы халықтың 51 пайызы қазақтар. Өзгелердің саны көп емес Ханзу мен ұйғыр кейін келіп қоныстанған. Моңғолдар өте аз. Сол себепті, қар шаңғының иесі қазақ болып белгіленуі табиғи еді. Ал, тарихта анау сақ, ғұн заманынан тартып, Алтайды мекен етпеген түркі тайпалары кемде-кем. Қазіргі қазақ болса, жаңағы айтылған ұлыстардың ұрпағы. Сондықтан, қазақтың байырғы қар шаңғысы деп жасқанбай айтуымызға болады.

      – Қар шаңғының бұдан да көне суреттері, деректері табылса қалай болады? Гиннестің тізімдігінен Алтайды шығарып тастай ма?

      – Гиннестің кітабына кіретін дүниелер өте көп. Мәселен, осы Алтайдың өзінен он мың адам қатысқан Қаражорға биі, бәленбай метрлік дастарқан дегендер Гиннеске кіріп жатыр. Саны көп. Бірақ, осы нәрселерді жыл сайын арнайы саралаудан өткізіп тұрады екен. 2008 жылы қар шаңғы Гиннеске кіргенне бір жыл өткен соң осындай бағалау болды. Дүниежүзі бойынша Гиннес рекордына тізімделгендердің ең таңдаулысын саралау болды. Яғни, «еңдердің» ішіндегі «еңді» бағалау. Сол кезде Алтайда пайда болды деген қар шаңғы екі мәртебеге ие болды. Оның бірі - Гиннестегі 2008 жылдың ең толымды нысаны сыйлығы, екіншісі – Гиннестің ішіндегі «еңдердің» сыйлығы. Сонымен, Аққабадан тартып, Шіңгілдің басына дейінгі 1 мың шақырымдық Алтай тауы жүлгесін «Адамзаттың байырғы қар шаңғы мекені» деп атады. Әрі сол атағы әлі сақталып келеді.


       Алтай көлемінде қаңтардың 16 күні «Байырғы қар шаңғының пайда болған күні» деп белгіленген. Оны жыл сайын еске түсіріп тұрамыз. Былтыр Швеция, Норвегия, Финляндия, Аустралия, Чехия, Америка, Польша, Моңғолия секілді 30-дан астам мемлекеттен уәкілдер келіп, осы атаулы шараға қатысты. Биыл да 10-нан астам мемлекеттен адамдар келді. Алтай қалалық әкімшілік пен спорт мекемелерінен де Норвегияға адамдар барып, қар шаңғы конференциясына қатысып қайтты. Ең бастысы, норвегтер байырғы қар шаңғы мекені ретінде Алтайды мойындап отыр. Осы конференцияларда қар шаңғының тарихына қатысты зерттеулер, жаңа деректер ортаға салынады. Егер, қар шаңғыға қатысты бұдан да көне тарихи жәдігерлер, фактілер табылып жатса ол міндетті түрде зерттеледі. Қазірге дейін ондай ештеңе табылған жоқ. Біз «адамзаттың байырғы қар шаңғы мекені» атағымызды әлі сақтап тұрмыз.

      – «10 мың жылдың алдында Алтайда қазақ болған жоқ, оның бүгінгі иегері қалайша қазақ болады» деген пікір, даулы көзқарастар айтылған жоқ па?

     – Әрине, ол да айтылды. Жақында ғана өзге ұлттың тілшілері маған осы мазмұндас сұрақ қойды. Қытайдың мемлекеттік негізгі заңында әке өлсе баласы, не жұбайы мұрагер деп көрсетілген. 10 мың жыл көлемінде және одар бергі кезеңдерде Алтайды түркі тайпалары, ұлыстары, хандықтары, тіпті имериялары мекендегені тарихта тайға таңба басылғандай сайрап жатыр. Ал, бүгінгі күні олар жоқ болғанымен, олардың ұрпағы саналатын біз әлі бармыз ғой. Аспаннан түскеміз жоқ, осы өңірде жасап келеміз. Оның заңды мұрагері біз болатынмыз қисынға сыйып тұр. Жай қисын емес, ғылыми зерттеумен дәлелденіп, халықара солай шешім қабылдап отыр.

     – Ары қарай қар шаңғыны дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

       – Бұйыртса, алдағы уақытта қар шаңғыны мемлекеттік жарыстарға кіргізу мүмкіндігін қарастырудамыз. Азия олимпиадасының қатарына қосамыз ба деп шапқылап жүрген азаматтар бар. Шаңғы бабаларымыздың қолданған қатынас құралы екені анық. Алғашында шаруашылық мақсатта пайдаландық. Онымен аң ауладық, ауыл арасына қыдырдық, алыс жерлерге сапар шектік. Енді міне, қысқы спорт түрлерінің қатарына қосамыз ба деп отырмыз. Өйткені, соған лайық дүние. Қазіргі олимпиада құрамында бар қар шаңғының атасы осы. Оны шеттетіп, немқұрайлы қарағанша, тарихи жәдігер, ерекше құндылық ретінде бағалаған дұрыс. Ал, оның қадірін арттыру, насихаттау, бағалау басқа емес, алдымен бізге керек. Өйткені, ол қазақтар, олардың ата-бабалары өмір сүрген Алтайдағы ең көне мұра ретінде танылды.

      – Алтайды «байырғы қар шаңғы мекені» деп атандырудың сол аймаққа, ондағы жұртқа, қазақ ұлтына қандай пайда-зияны бар?

       – Қазір дүние ғылым-техника, мәдениет, спорт бәсекелеріне толы. Бір ұлтты бай мәдениеті, тарлан тарихымен де өлшейді. Ал, байырғы қар шаңғының осындай мәртебе алып, қазақтың атын шығаруға себі тиіп жатыр. Сонымен қатар, қазіргі жас ұрпақтың осыбір көне спорт түріне деген қызығушылығын арттырды. Алтайда екі үлкен қар шаңғы спорты алаңы салынған. Аптасына екі сыныпты сол алаңға тегін апарып, шаңғы үйретеді. Сонда, апта сайын 100 бала қар шаңғыға жаттығып жатыр деген сөз. Оның үстіне, Шыңжаң көлемінде 13 ұлттың ішінен оза шығып, осы қар шаңғы спортынан тұңғыш рет мемлекеттік жарыста алтын медаль алған Ерзат Мәжитұлы атты алтайлық қазақ жігіт болатын.

Шаңғы мұрагері Сыламбек Сақашұлы

       Бұл жетістік осындағы байырғы қар шаңғының әсері. Алтайдан байырғы қар шаңғы шықпаған болса, бұндай табысқа қол жеткізе алар ма едік?! Ал, қар шаңғының осындай мәртебеге ие болуы, аймақ халқының экономикалық кірісін арттырып жатыр. Себебі, Алтайға АҚШ-тан тартып, Еуропаның әр жерінен, Қытайдың іші-сыртынан сан мыңдаған саяхатшы келеді. Бұл туризмді дамытып, халықтың табысына оң әсер етуде. Олардың ішінде байырғы қар шаңғыны, қазақ деген ұлтты көреміз деп келетіндер бар. Шаңғыны көру үшін ақша төлейді, сатып алады, ақы төлеп шаңғы жасауды, онымен жүруді үйренеді. Алтай қаласының іргесіндегі Ноғайты қыстағында тұратын Сыламбек деген ақсақалымыз бар. Ол кісі байырғы қар шаңғы бейзаттық мұрасының жалғастырушы, мұрагері ретінде белгіленген. Сыламбек ағамыз бастаған бір топ қар шаңғы жасау шеберлердің өзі арнаулы бір ауыл. Сонда шаңғы жасайды, саяхатшыларға үйретеді, көрсетеді. Қысқасы, бұл ұлттық қүндылығымызды танытуға, тарихымызды бекемдеуге, экономикамызды жақсартып, туризмді дамытуға пайдасы көп.

     – Әңігемеңіхге рахмет!

     Қосымша ретінде

      Алтайды қар шаңғы мекені атандырған сурет үңгірдің ішінде екен. Жергілікті халық бұрыннан білетін сол суретті Қытай қар шаңғышылар қоғамы төрағасының орынбасары, шаңғы зерттеушісі Шан Жаужиан деген адам бастап зерттепті. Қар шаңғыны «Қазақтың байырғы бейзаттық мұрасы» ретінде тіркеу үшін біраз жұмыстар атқарып, қажетті материалдар даярлап, тарихи, ғылыми сипаттары туралы мақалалар жазған қаламгер, мәдениеттанушы Тасқын Ысқақұлы да бала кезінде ауыл адамдарының қар шаңғыны шаруашылық, қатынас құралы ретінде пайдаланатынын айтады. Байырғы қар шаңғыны тарихи мұра ретінде еншілеп алуға моңғолдар да өтініш білдіріпті. Бірақ, жылқының терісінен жасалған түрін қазақтар иеленген екен. Себебі, Алтай тауын тарихтан қазақтың арғы аталары саналатын түркі көшпенділері мекен еткендіктен, оның заңды мұрагері қазіргі қазақтар болатыны талас тудырмауы керек дейді Т.Ысқақұлы.
       Қар шаңғының жасалуы, тарихы, сипаты туралы, қазақтың бейзаттық мұрасына қалай айналғаны туралы жоғарыдағы видеодан тамашалауға болады.

          Мұрат Алмасбекұлы

       Baq.kz

 

толығырақ

24-02-2016-Taraz 01

 
       Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылындағы «Атшабарда» Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және «Қауырсын» құсбегілер клубының 35 жылдығына арналған құсбегіліктен республикалық турнир өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.     
24-02-2016-Taraz 02

    Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлерінен ең үздік облысты анықтау мақсатында ұйымдастырылған бұл жарысқа еліміздің 9 облысынан және Астана қаласынан келген 32 спортшы (24 бүркіт және 8 қаршыға) қатысты. Сайысты Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп өткізді.

24-02-2016-Taraz 07

     Жарыс қортындысы бойынша төмендегідей жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Бүркіт

  1. Бабажан Бақдәулет (Жамбыл облысы),
  2. Әбдікәрімұлы Сармат (Қызылорда облысы),
  3. Күнтуған Серікбек (Астана қаласы),
  4. Сейітжан Алмас (Алматы облысы).

24-02-2016-Taraz 04

       Қаршыға

  1. Бауыржан Шернияз (Жамбыл облысы),
  2. Нұрқали Бақтияр (Жамбыл облысы),
  3. Ақберген Құрманғалиев (Ақтөбе облысы).

Жалпы командалық есепте Жамбыл облысы 1-орынды иеленді.

        Оралхан Дәуіт. Дерек, сурет: egemen.kz. 

толығырақ

IMG_1371

       Жақында Түркияның Ыстамбұл қаласында Дүниежүзі күрес түрлері қауымдас­тығының (United World Wrestling) форумы өтті. 
       Осы жиында қазақ күресі жабық ғимаратта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына кірді. Бұл жарыс 2017 жылы Түрікменстанның Ашғабад қа­ласында өтеді. Ал биыл 22-24 маусым күндері осы қалада төл күресімізден сынақ түрінде белдесулер өткізіледі.
    Ыстамбұлда өткен форумға Қазақстан атынан Дүниежүзі қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, Азия федерациясының президенті Марат Шәмшінұров қатысып, төл күресіміздің тарихы, қазіргі кез­дегі даму деңгейі туралы баян­­дама жасады. Жиында Қа­зақ­стан өкілінің баян­дамасы көптің көңі­лінен шығып, ұлттық күресіміз бірауыздан жабық ғимаратта өтетін Азия ойындарының бағдар­ламасына қосылды.
     – Форумға 100-ден ас­там ұлттық күрес түрлерінің фе­дерацияларының өкілдері қа­тысты. Оның ішінде алыш, татар күресінің, сырым күре­сінің басқа да көптеген ұлттық күрес түрлерінің өкілдері болды. Сырым – иран күресі. Осы жиында біздің ел тағы бір мақсатына жетті. Қазақ кү­ресі жабық ғимаратта өтетін Азиаданың бағдарламасына кірді. Енді биыл жазда Ашғабад қаласында сынақ жарыстары өтеді. Онда Азия олимпиялық комитетінің президенті әл-Сабах пен Дүниежүзі күрес түрлері қауымдастығының президенті Ненад Лалович бастаған топ қазақ күресінің белдесулеріне баға­ларын береді, – деді М.Шәм­шінұров.
      Оның айтынша, егер қазақ күресі сынақ жарыстардан сү­рінбей өтсе, онда Жазғы Азия ойындарының бағдарламасына кіреді. Бұл жарыс 2018 жылы Индонезияның Джакарта қала­сында өтеді.

      Дастан КЕНЖАЛИН. «Егемен Қазақстан».

    http://egemen.kz/2016/02/12/23700

толығырақ

      ҚР ҰСТҚ соңғы жылдары халқымыздың рухын көтеріп, тек-танымын жаңғыртатын жақсы істерге ұйтқы болып жүр. Атап айтқанда, қазір дәстүрге айналған «Алтын Тұлпар» аламан бәйгесі, сондай-ақ, өткен жылдары жалауын көтерген Теңге ілуден ашық Азия чемпионаты, Асау үйретуден І Республикалық турнирі қатарлы шаралардың қалай өткені елдің есінде. 

       Осы орайда, биыл яғни, 2016 жылы қазақтың төл өнері Жамбы атудан І Халықаралық «АЛТЫН ЖЕБЕ» турнирін ұйымдастырмақ. Бүгін аталмыш шараның ұйымдасдыру жұмыстары жайлы ҚР ҰСТҚ президенті Бекболат Тілеуханның басшылығымен кезекті талқылау жиыны өтті. Оған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі және ҚР Ұлттық спорт түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушылар, сонымен қатар осы саланың білгір мамандары қатысты.

      Жиынға қатысушылар жоғардағы «АЛТЫН ЖЕБЕ» турнирін 2016 жылы 28-тамызда Астана қаласында өткізу қажет деген шешім қабылдады. Алдын-ала қатысушы елдердің жобалық тізімі жасалды.

        Жарысты Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері және Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізу қажетдігі айқындалды.

Сондай-ақ, Турнирді өткізу реті әзірге 3 кезеңге жоспарлануда:
1-кезең: Садақшылар үш оқпен «Жүзік ату» түрі бойынша сайысады;
2-кезең: Ат үстінде шапқан күйі 3 нысананы кезек-кезек атады;
3-кезең: Алғашқы екі кезеңде үздік өнер көрсеткен садақшылар соңғы тур «Алтын жамбы ату» сайына қатысады.
    Жиын соңында басшылықтың нұсқауымен алдағы күндері еліміз садақшылары оқу-жиын жаттығуларын өткізу, әр түрлі жарыстарға қатысу қажеттілігі айтылды. 

       baq.kz

толығырақ

пр

        Қазіргі таңда еліміздегі ұлттық спорттың маңызды саласының бірі садақ ату. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін садақ атудың түрлері жайлы айтып өтуді жөн көрдік. Садақ атудың спорттық түрі бар. Бұл әлемдік деңгейде жақсы дамыған, Олимпиадалық спорт түріне жатады. Жыл сайын құрлықтық чемпионаттар мен үлкен турнирлер өтеді. Ал, біздің сөз етіп отырғанымыз байырғы этникалық садақ ату. Аталмыш түр қазір Венгрия, Жапония, Корея, Моңғолия сияқты елдерде даму үстінде. Моңғолиялық садақшылар тік тұрып нысана көздеуден сайысатын болса, мажар бауырларымыз ат үстінен садақ тартуға машақтанған. Ал, Кореяда осы екі түрдің екеуі де дамып жатыр. Біздің елімізде этникалық  садақ ату мәселесі енді ғана қолға алынып жатыр. Бұл шараға ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйтқы болуда. Бұған дейін этникалық садақ ату жекеленген тұлғалардың қолға алуының арқасында үзілмей келді. Соның бірі – Алдияр Нұрғазиев деген азамат.

    Алдияр Жақатұлы қазір ОҚО Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдерге арнайы мамандандырылған спорт мектебінде жамбы ату  бойынша жаттықтырушы болып жұмыс жасайды. Сонымен қатар, ҚР Дартс федерациясының да аға жаттықтырушы. Дартс ойынынан еліміздің 17 рет дүркін чемпионы.

        Осы орайда Алдияр мырзамен жүргізген шағын сұхбатты ұсынып отырмыз.

       -Алдияр Жақатұлы сізді садақ ату өнеріне құлшындырған не дүние?

    – Жалпы ұлттық өнерге деген құштарлық менің қанымда бар. Кезінде Алматы қаласындағы спорт мектебінде дартстан жаттықтырушы болып жүріп, осында кілең орыс балалары садақ атудан жарысып жатқанын көріп, басшыларға «қазақ балалары садақ ата алмай ма, неге қатыстырмайсыңдар?»  дегенім үшін жұмыстан шығарып жіберді. Осы оқиға маған қамшы болды. Намысымды оятты. Содан бастап өзім үшін қайда жүрсем де, тек қазақ балаларын садақ атуға жаттықтыра бастадым.

       – Өзіңіз ережесін жасап, өзіңіз садақ тауып, тіпті өз бетіңізбен жарыстар өткізген дейді шын ба?

        – Рас ол. Этникалық садақ атуға ешкім мән бермегендіктен бұл түр бойынша ешқандай ресми жарыс жоқ болатын. Сондықтан, өзім қолға алуыма тура келді. Сөйтіп, 2008 жылы Алматы облысының атақты Асы жайлауында  малшылар слеті өтіп, осында малшылар арасында алғаш рет өз құрал жабдықтарыммен жамбы ату жарысын ұйымдастырдым.

t

       – Жалпы осы «Жамбы» ату дегеннен шығады,  өткен де бұл атаудың этимологиясына қатысты әрқилы пікірді көзім шалып еді… Сіз не айтасыз?

     - «Жамбы»сөзініңэтимологиясынакелетінболсақ, бұны моңғол тілінде  «Юмбуу» немесе «Ембуу» деп атаса, көне ұйғыр тілінде «Ямба» делініп жүр.  Ал, этнограф-зерттеуші  Бапинның пікірінше жамбы қытайдың юань және бао деген екі сөзінен құралған дейді. Қытай тілінде: юань –  ақша,  бао – құнды  зат. Демек, юаньбао құнды құрал (зат) дегенді білдіреді. Бұл атаулар қазақ тіліне жамбыболып қалыптасқан.

       Сондай-ақ, қырғыз-орыс түсіндірме сөздігінде, жамбыны: «Слитки серебра различной формы и разл. Веса упортребляется в качестве денег» деп түсіндіреді. Менімше, жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, эпикалық жыр-дастандарда айтылған осы жамбы сөзіне тоқтауымыз керек.

     - Жамбы ату дегеніміз нақты айтқанда «жамбы» дейтін нысананы көздеп ату емес пе?

  - Әрине, бірақ бұл жерде тағы бір айтар дүние, бізден басқа садақ атып жүрген мемлекеттер бір-бірінің нысаналарын жатқа біледі, ал, біздің жамбы-нысана олардан өзгеше болуы тиіс. Әрі ат үстінде қозғалыс барысында атуды енгізуіміз керек.

        -Ал, жамбы-нысананы аттық дейік, оны ататын садақ, яғни жақ керек шығар?

q (3)

      - Осы садақ мәселесін біржақты еткен жөн. Өзіміздің қазақы садақ демейміз бе, ат үстінен, қозғалыс барысында нысана көздеп ату үшін қысқа сапалы садақтар керек. Ондай жақ-садақты жасайтын жігіттер Атырауда, Қарағанды да бар. Оның сыртында, садақ атын баптау, көздеп-ату әдістемесі, термин атаулар, оқу-жаттығу бағдары, жебе түрлері… т.б. шешімін табуға тиіс дүние көп. Өз басым садақ атуға қатысты атау-терминдерді жинақтап жүрген жайым бар. Осыны жеке әдістеме етіп шығарсам деген ойдамын.

        -Жалпы осы садақ ату соның ішінде сіз айналысып жүрген жамбы атудың қазіргі қазақ жастары үшін қандай маңызы бар?

     -Қазақтың бай тілінде «мерген» дейтін сөз, яғни, атау бар. Ерте кезде садақ ату мен мергендік өнер бір сөзбен айтқанда, ұлыстың бекемдігі үшін баға жетпес құндылық саналған. Сондықтан да, көшпенді халқымыз ер баланы жастайынан садақ атуға баулып, елін қорғауға тәрбиелеген. Садақ ату дегеніміз – жауынгерлік өнер.

       Екіншіден, садақ атуда халқымыздың тарихи жадысы мен генологиялық тектілігі жатыр. Бұл дегеніміз жастарды сергектікке баулитын өнер. Сол себепті, садақ атуды меңгерген жас өзінің байырғы тек-танымымен қауышады.

        -Алдияр мырза, сіз осы садақ атумен айналысу барысында Венгрияға барып, олардың іс-тәжірибесімен танысқан екенсіз, осы жайлы айтып берсеңіз?

       -2013 жылдың маусым айында кәсіпкер әрі ұлттық өнердің жанашыры Марат Серікұлы дейтін азаматтың демеуімен Венгрияға барып, атақты садақшы Кашшай Лайоштың іс-тәжірбесімен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Кашшайдың өзі негізін қалаған ат үстінен шауып жүріп садақ ату мектебі бар, әрі садақ жасайтын фабрикасы бар екен.

0

      -Бұл адам ат үстінде шауып жүріп нысана көздеуден әлемдік рекордтарды жаңартты емес пе?

       -Дәл солай. Кашшай садақшы ат үстінен садақ тартудан үш мәрте әлемдік рекорд жасады және ат үстінен садақ тартудың методологиясын, ғылыми-практикалық негіздемесін жасаған маман және әлемнің 22 елінде өз мектебін ашқан ұстаз.

      Оның ат үстінен садақ тартудағы бірінші әлемдік рекорды 1998 жылы арнайы жабдықталған ипподромда аттан түспестен 286 айналым жасап шапқан 12 сағат ішінде 1000 жебе тартып барлығы 4238 ұпай жинаған.

         Екінші рекорды 2002 жылы дәл солай 12 сағат ішінде 323 айналым жасап, 3000 жебе атқан және 7126 ұпай жинаған. Мұнан кейінгі рекордын 2006 жылы жаңалады. Бұл жолы 24 сағат  бойы үздіксіз шауып ипподромда 661 айналым жасап, осы уақыт ішінде 5412 жебе атып, 15596 ұпайды рекорд ретінде тіркеді.

        Кашшайдың  Балатондағы  шабандоз-садақшылар мектебінде Еуропа елдерінен басқа, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия елдерінен келген садақшылар оқып үйренеді екен.  Әрине, Кашшайдың  рекорды оның мықты физикалық, психологиялық дайындықпен бірге  энтузиазмде,  ескіні жаңғыртуға  деген рух пен жігерінде болып отыр.

       -Кашшайдың жоғарыдағы садақ тартқан ипподромын көрдіңіз бе?

      -Кашшайдың садақ тартуға арналған ипподромының ұзындығы 90 м оның екі жағына электронды есік орнатылған. Биіктігі жерден  2 метрде диаметрі 90 см болатын төрт дана нысана орнатылған. Нысаналар атпен шауып өткен садақшыға икемдеп екі шеткісі бұра орналастырылған екен.

       -Осындай ипподромды бізде де жасауға болатын шығар?

        -Болғанда қандай. Тіпті өз жағдайымызға бейімдеп, жақсылап жасауға мүмкіндік бар.

          Бекен Қайратұлы

         http://ulttyqsport.kz/?p=6023

толығырақ

     Көкшетауда облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен асық ойындары бойынша 2-ші облыстық жарыс өтті.

       «Алтын сақа» жобасы негізінде өткізілетін ұлттық асық ойынының Асық ату, Үш табан, Ханталапай, Бес асық ойыны түрлері бойынша Көкшетау қаласы (қазақ тілінде) дарынды балаларға арналған мамандандырылған №3 облыстық мектеп-интернатында ұйымдастырылған жарысқа Зеренді, Бурабай аудандары және Көкшетау, Степногор қалаларынан келген 50 астам баладан құралған 7 команда қатысып бақ сынады.

       Жарыстың ашылу салтанатында Ақмола облыстық «Қазақ тілі және мәдениет» қоғам бірлестігінің төрағасы  Мейрамбек  Қиықов қатысушыларды құттықтап,  ойындарына сәттілік тіледі.

      Жалпы, командалық есеп бойынша 1-ші орынды Көкшетау қаласы иеленсе, 2-ші орынға Көкшетаудағы (қазақ тілінде) дарынды балаларға арналған мамандандырылған №3 облыстық мектеп-интернаты лайық деп танылды,  сондай-ақ  жүлделі 3-ші орынды Зеренді ауданы еншіледі.

      «Ханталапай» ойыны түрі бойынша көкшетаулық Нұрдаулен Бөленбай 1-ші, зеренділік Мәдина Мейрамова мен Эльмира Жұмабекова 2-ші және 3-ші орынға ие болды.

      «Бес асық» ойыны түрі бойынша көкшетаулықтар Айжан Сәбирова, Мәдина Тәшенова және Курсанай Усманова 1-ші, 2-ші және 3-ші орындарды өзара бөлісті.

      «Үш табан» ойыны түрі бойынша I орын көкшетаулық Ерсін Имаммади, 2-ші орын  Аңсап Долдоли, 3-ші орын зеренділік Тұрмаханбет Бөгенбаев алды.

       «Асық ату» ойыны түрі бойынша 1-ші және 2-ші орындарды көкшетаулық ие болған Санжар Нығматуллин мен өзара бөліссе, 3-ші орынға зеренділік Алмас Сыздыков лайық деп танылды.

        Жеңімпаздар диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.  

null null null null 

         http://www.inform.kz/kaz/article/2837367

толығырақ

1


      Ата-бабамыздан бүгінгі күнге дейін мұра болып жеткен қазақ халқының дәстүрлі ойындарының бірі ол – асық ойыны. Бұл ойынды еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ойнайды. Бүгіндері осы асық қағидаттары негізінде  «Алшы мен Алты» деп аталатын жоба құрылды. Бұл жобаның авторы – Талғат Орынбасарұлы Сердалиев.

        Т.Орынбасарұлы бұл жоба арқылы ұлттық ойын ережелерін сақтай отырып, танымдық және ұлттық бағыттағы, сонымен қатар интеллектуалды сұрақтармен қызықты шоу жасағысы келеді.

      Ойын мақсаты – жеңімпаз алаңның бас жағында орналасқан «Алтын таққа» жетуі керек.  Ойыншы мен «Алтын тақтың» арасы алты қадам. Ол үшін арнайы дайындалған асық пен ойын тасын екі ойыншы алма-кезек лақтыра отырып, сұрақтарға жауап берулері тиіс. Әрбір дұрыс жауапқа сандықша ашылып, сыйлыққа ие болады. Егер сұраққа дұрыс жауап берілмесе, ол жылжымастан өз орнында қалады. Асықтың (алшы, тәйке, бүк, шік) 4 түсу қалпы қатысады. Ал ойын тасының кез келген қалпы, яғни 1 мен алты аралығындағы сандар қатысады. Егер асық қалпы алшы, ал ойын тасы 6-ға түсіп жатса ойыншы ешқандай сұраққа жауап бермей, жеңіске бір қадам жақындай түседі. Бұл сұрақтардың бәрі арнайы орнатылған үлкен монитор арқылы ойын ережесі бойынша жүзеге асатын болады. Ойынға ереже бойынша екі ойыншы қатысады.6

       Көрермен назарын жарты сағаттық ойын ішінде интеллектуалды тәрбиеге бұрып, көптің ойын бір арнаға бұра білетін осындай жобалар көгілдір экран арқылы жастарға насихатталса, нұр үстіне нұр болар еді.

        Динара ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=33252

толығырақ

          Ұлттық спорт түрлерінен IV фестиваль аясында ұйымдастырылған тоғызқұмалақ сайысына барлық облыс және екі қаланың командасы қатысты. Сайыс белгіленген тақта бойынша ерлер және әйелдер арасында өтті, деп хабарлайды Ұлттық спорт түрлері қауымдастығынан. 

    Командалық есепте Оңтүстік Қазақстан командасы үздік өнер көрсетсе, екінші орынды Ақтөбе құрамасы, үшінші орынды Павлодар тоғызқұмалақшылары жеңіп алды.

      Сондай-ақ жеңімпаздарды дайындағаны жаттықтырушылар: Камила Көпбаева, Арыстан Қапаев, Сәбит Сапарбековтер естелік медальмен марапатталды.

ЕРЛЕР АРАСЫНДА

1-ші тақта: 
I-орын: Серік Ақтаев (ОҚО)
II-орын: Нұрбек Қабиев (Ақтөбе обл.)
III-орын: Жанат Қаймолдин (Павлодар обл.)

2-ші тақта: 
I-орын: Ернұр Мерешов (Павлодар обл.)
II-орын: Бексұлтан Бостандықов (Қызылорда обл.)
III-орын: Сайлан Матылов (БҚО)

ӘЙЕЛДЕР АРАСЫНДА

1-ші тақта:
I-орын: Әсел Дәлиева (ОҚО)
II-орын: Диана Кенина (Ақтөбе обл.)
III-орын: Қымбат Нөсерова (Қостанай обл.)

2-ші тақта: 
I-орын: Салтанат Сапарбекова (ОҚО)
II-орын: Роза Райымбекова (Павлодар обл.)
III-орын: Ақторғын Қошқарова (Қызылорда обл.).

     http://www.inform.kz/kaz/article/2830072

толығырақ

     Біздің көшпенді бабаларымыздың тіршілігі жылқымен тығыз байланысты болғаны тарихтан белгілі. Олардың өмірінде жылқы аса маңызды рөл атқарып, жауынгершілік заманда сенімді серігіне баланды. Ерте замандарда Орта Азияны мекендеген көшпенділердің атпен ойнайтын сан түрлі спорттық ойындары көп болған. Ол жайында бізге көнеден жеткен тарихи деректер айғақ болып отыр. Бүгінде Еуропада танымалдылыққа ие полоның түп тарихының негізі Орта Азиядан шыққаны туралы деректер көп. Бұл жайында көнеден жеткен тарихи еңбектерде көп айтылады.

      Түркі әлемінің тарихи жазбаларында, оның ішінде Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» (Құтты білік), Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» (Түркі тілінің сөздігі) еңбектерінде шөген (поло) жайлы шежіре айтылады. Қазақ ғалымы, этнограф Асқар Егеубаевтың аударма еңбектерінде осыған көз жеткізуге болады. Өкініштісі, «шөген» ойыны уақыт өте келе бастапқы нұсқасынан көптеген өзгеріске ұшырады. Қуантатыны, көшпенділердің ұрпағы саналатын біздер полоның атасы саналатын көкпар ойынын түбегейлі сақтап қала алдық.

     Тарихи деректерде 2500 жыл бұрын көне парсылардың полоны ойнағаны туралы айтылады. Ал қытайлар полоны бірнеше мың жыл бұрын өздерінің дәстүріне енгізген деген дерек бар. Негізінен осынау көне ойынды спорттық деңгейге көтерген көшпенді халықтар екен. Қай бір замандарда жетісулық моғолдар Үндістанның бір бөлігін жаулап алып, Орта Азиядан полоны сол жаққа апарған.

       Поло ойынының атауына қатысты нұсқалар жеткілікті. Қазақтар негізінен бұл ойынды шөген деп атайды. Әуелде Еуропаға барған уақытта «Атты хоккей» деп аталған екен. Әзірбайжандар оны шоған дейді. Полода атпен қатар ойынға берілетін таяқшамен ойнайды. Шоқпар, шөген, шоған сөздерінің түп атауы бір мағынаны білдіретіндіктен, ат үстінде допты ұрып ойнайтын полоны бабаларымыздың шөген деп атауы заңдылық. Алайда оның поло деп аталуына ХІХ ғасырда Тибетте «Пулу» деп аталуының себеп болуы мүмкін деген болжам бар.

Поло Азиядан Еуропаға қалай келді?

    Ұлыбританиялық шай өндірушілер 1800 жылдары Манипурде поло ойынына куә болады. Алайда 1850 жылға дейін полоның британиялықтар дайындаған ережесі қалыптасқан жоқ еді. 1862 жылы поло ойыны әлемге бірінші рет ағылшындар арқылы тарала бастады. Сол жылы Калькуттаның батыс бөлігінде көне поло клубының негізі қаланған болатын. Бұған қатысты мынадай деректер бар: 1868 жылы ағылшын әскерлері мен теңіз офицерлері Үндістаннан қайтар жолда Мальтада аялдайды. Демалуға тоқтаған әскерилер Үндістанда көрген полоны ойнап, ақылдаса келе клуб құру туралы ұйғарымға тоқтаған көрінеді. Осылайша Еуропада поло клубының негізі қаланады. 1869 жылы Англияда 10 сарбаздан тұратын ойыншылар қатысқан бірінші командалық кездесу өтті.Сол кездері Англияда поло «Атты хоккей» атауымен мәшһүр бола бастаған еді. 1872 жылы тұманды Альбионда алғашқы поло клубының іргетасы қаланды. Сонымен тоқтап қалмай, бұл ойын көршілес Ирландияға да жетеді. Ирландиялықтар да ағылшындармен қатар 1872 жылы өз клубтарын құрып, соның негізінде еуропалықтардың алғашқы клубтық ойындары ойнала бастайды. Бұл полоның Азиядан Еуропаға жеткен кезеңі болып саналады.

Полоның әлемге танылу кезеңі

    Уақыт өте келе бұл ойын тек Еуропада тұрақтап қалмады. Еуропада жалпыхалықтық сипат алып, клубтар арасында ресми матчтарды ұйымдастыру қолға алынған. Мысалы, еуропалықтардың сырт алаңдағы алғашқы матчы 1875 жылы 3 қыркүйекте Аргентинада өтті. Онда Англия мен Ирландияның клубтары өнер көрсетті. Ойыншылардың дені малшылар мен инженерлер болған екен. Полоның Оңтүстік Америкаға табан тіреуі осы жылдармен тұспа-тұс келеді.

      Арада бір жыл өткенде подполковник Томас Санкт Квентин 10  сарбазын ертіп, Англиядан Австралияға саяхат жасайды. Қарамағындағы әскерилер поло ойнап, шыңдалған ойыншылар болатын. Олар сол сапарларында жергілікті халыққа өз өнерлерін паш етті.  Австралиялықтардың полоға деген  ерекше ілтипатының нәтижесінде олар бұл ойынды үйрене бастайды. Кейіннен подполковник Томас Санкт Квентин «Австралия полосының атасы» деген атты иеленді. Ол саяхаты аяқталғаннан соң інісімен бірге полоның дамуына айрықша еңбек сіңірді.

        Еуропадан Аргентина мен Австралияға жеткен поло ХІХ ғасырда АҚШ-қа тарап үлгерді.1876 жылы АҚШ-қа кіші Джеймс Гордон Беннет арқылы поло ойыны таныстырылды. Содан бері Джеймс Америкада полоның негізін қалаушы болып саналады. Ойынды жете түсінген Джеймс Нью-Йоркке барғанда оның таралуына ұйытқы болды. Бұдан кейінгі 50 жыл ішінде поло АҚШ-та танымал ойынға айналды.

      1888-1930 жылдары полоның алтын дәуірі туды десек болады. Бұл уақыттары атпен ойналатын ойын олимпиадалық ойындар бағдарламасына кірді. Содан бері полоны әлемнің көптеген елі танып, қазіргі уақытта 84 мемлекет ойнайды. Ал олимпиада бағдарламасында тек 1900-1936 жылдар аралағында ғана ойналды. Қазір халықаралық олимпиада комитеті полоны мойындайды. Демек, алдағы уақытта біз оны қайтадан олимпиадалық ойындар бағдарламасынан көріп қалуымыз бек мүмкін.

Полоның қазіргі бейнесі

         Қазіргі таңда поло ойыны Ұлыбритания, Испания, Италия, Франция, Германия, сонымен қатар, Аргентина, Мексика, Бразилия, АҚШ-та аса танымал. Полоны ашық алаңда екі команда ойнап, олардың әрқайсысы төрт ойыншыдан жасақталады.Әр кәсіби ойыншы арнайы комиссия шешімі бойынша ұпай айырмашылығына ие болады. Ұпай айырмашылығы 1-ден басталып, 10-ға дейін жетеді. Турнирге қатысушылар шеберлік көрсеткіші бойынша шақырылады. Қатысушылардың ұпай жиынтығы команданың ұпай айырмашылығы болып саналады.

       Поло әлемнің барлық елінде элиталық спорт түріне жатқанымен, Аргентина бұл ережеден тыс қалды. Поло – Аргентинаның ұлттық спорт түрі саналады. Елде бір команданың сапын бір отбасы немесе бірнеше туысқан толықтыратын клубтар жеткілікті. Аргентинада көптеген компаниялар мен жеке кәсіпкерлер үшін поло тұрақты қаржылық табыс көзіне айналған. Олар жылқыларды баптап, киім әзірлейді. Жаз мезгілінде көптеген туристерді қабылдайды. Оның ішінде поло ойыншылары мен әуесқойлар да бар. Сонымен қатар, кәсіби ойыншылар, жаттықтырушылар және жылқышылар табыс табу үшін өзге елдерге шығады. Бүгінде әлемдік жылқы шаруашылығы, жекелей алғанда поло ойын-сауықтың бірнеше түрін ұсынатын үлкен индустрияға айналды.

          Еуропаның кейбір елдерінде полоны қыс кезінде қарда ойнау әдетке айналған. Қысы ұзаққа созылмайтын елдерде поло жабық кешендерде ойналады. Айта кететіні, поло жабық кешендегі шағын алаңда ойналғанда әр командада 3 ойыншыдан ғана қалдырылады.

         Поло ережесі: Жалпы ережесі бойынша ойын 4-8 кезең аралығынан құралады. Оның әрқайсысы жеті минутқа созылады. Арасындағы үзіліс уақыты үш минутты құрайды. Ойын барысында төрт түрлі ұру әдісі бар. Ұзындығы 120-150 сантиметр болатын таяқша (клюшка) ойынның негізгі құралы. Ашық даладағы алаңның көлемі 275х180 метрді құрайды. Бұл командалық спорт ойындарындағы ең үлкен алаң болып саналады. Қақпаның ұзындығы жеті метрге жетеді. Екі жақтағы қақпаның арасы 230 метрден кем болмауы тиіс. Әр ойыншыға тиесілі 3-4 аттан болуы керек. Өйткені ойын кезінде оларды екі реттен артық ауыстыруға тура келеді. Шетелде мұндай аттардың бағасы өте қымбатқа түседі. Мамандардың пікірінше, полоға тек аргентиналық жылқылар ғана жарамды емес. Көз жеткізген практикалық дерек бойынша, поло ойнауға қазақы тұқымды жылқылар да жарамды.

Қазақстанда полоның дамуы қандай?

      «Шөген» ойынын қайта өрлету жөніндегі ұсынысты ғалымдар, журналистер және спорт функционерлері тоқсаныншы жылдардың аяғында айта бастады. Қазақстанда поло федерациясының негізі 2012 жылы қаланып, оны ілгері дамытуға алғашқы талпыныстар жасалған болатын. Алайда федерацияның жұмысы елеусіз күйде қала берді. 2014 жылы поло федерациясының жаңа президенті болып Асылжан Мамытбеков сайланды. Еліміздегі поло ойындары бір жүйеге келтіріліп, алда атқарылатын жұмыстардың реті жоспарланды. 2014 жылдың желтоқсан айында ҚР Поло федерациясы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында Халықаралық Поло федерациясына мүшелікке қабылданды. Елімізде полоны дамытудың негізгі алғышарттары жасалып,  Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қалаларында федерациялар ашылып,клубтар құрылды. Барлық облыстық федерация республикалық федерациясының мүшелігіне өткен. Федерацияның қазақ тіліндегі атауы «Қазақстан шөген федерациясы» деп аталса деген ұсыныс бар.

        Соған орай ұлттық ойындарға жылқыны дайындап, бейімдеу оңай шаруа емес. Атты баптау, ойынға үйрету секілді сан алуан машақаты мен қиындығы бар. Мысалы, көкпар ойынына кез келген ат жарай бермейді. Сол секілді поло ойындарына пайдаланылатын атты дайындап, баптау үшін өте көп уақыт қажет. Тіпті, арнайы үйретілген жылқыларды шетелден сатып алу қажеттілігі де туындаған болатын. Бірақ еліміздің поло федерациясы Қостанайда қазақы тұқымды жылқыларды поло ойынына үйретуді қолға алып, бүгінде  жиырмаға жуық жылқы ойынға  бейімделді. Олардың бәрі қазақ топырағында туған жануарлар.

       Ежелгі замандарда ата-бабаларымыз ойнаған шөген ойынының бүгінгі бейнесі осындай. Шөген шетелде танымалдылыққа ие болғанымен, өкінішке қарай, Қазақстанда көкпар ойыны секілді бұқаралық сипат ала қойған жоқ. Бұйырса, полоның дамуын жеделдетіп, жалпыхалықтық ойынға айналдыруға мол мүмкіндік бар.

         Жанкелді АМАНКЕЛДІҰЛЫ, ҚР шөген федерациясының  қоғаммен байланыс жөніндегі өкілі, Астана қаласы.

 

толығырақ

Сәрсен Құранбек: ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ БІР ТАРМАҒЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРАДЫ

 
       Құрметті оқырман, поло ойыны­ның әлемге Ұлы даладан тарағанын білесіз бе? Бұл ойынның атауы шөген болғанынан, оны бабаларымыз ерлік пен мергендіктің басты алғышарты ретінде қарастырғанынан хабар­дарсыз ба?

      Биылғы мамыр айынан бері Қазақстан шөген федерациясы өшкенімізді жағып, шөген ойынын тірілтуге белсене кірісті. Қазақстан шөген федерациясының вице-пре­зиденті Сәрсен Құранбек мыр­замен сұхбатымыз біз үшін ескі де жаңа ойынның кешегі мен бүгінін және болашағын саралауға арналды.

     – Сәрсен Абайұлы, ақсүйектер ойыны ретінде әлемге танымал поло спортының түп негізі шынында да Орта Азиядан ба? Қандай нақты тарихи деректерге сүйенуге болады?
      – Халықаралық поло федерация­сы­ның сайтында жазылғандай, бұл ойын­ның негізін қалаушылар – Орта Азияның көш­пенділері. Яғни поло – сіз бен бізге тікелей тиесілі дүние. Ата-бабамыздың ат үстінде осы шөген ойынын ойнағаны туралы де­ректер ХІ ғасырда жазылған Жүсіп Ба­ласағұнның «Құтты білігінде», Махмұд Қаш­қаридің «Диуани лұғат ат-Түрк» еңбе­гінде кездеседі. Бір деректерде Ақсақ Темірдің Самарқан шаһарының тұсында шөген ойыны үшін арнайы жер тегістетіп, алаң дайындағаны және ол алаңның осы күнге нұсқасы жеткені де айтылады. Қытай, Иран жазба деректерінде шөген туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Моғол әулетінің Үндістанды жаулап алуы кезінде сол өңірге шөген ойынын таратқаны, оны үнділер арқылы кейінірек ағылшындар үйренгені, Британ флотының офицерлері мен әскерилері ойынды Еуропаға алып барғаны, бұл шамамен XVIII ғасырда жүзеге асқаны Халықаралық поло феде­рация­сының ресми сайтындағы «тарих» бө­лімінде анық жазылған. Англияға жет­кен соң полоның тынысы ашылған­дай болады. Ағылшындардан үйреніп, бүкіл Еуропа ойнай бастады. Батыс Еуропа елдері ХVIII ғасырда төрт тарапта отарлау саясатын жүргізді. Сөйтіп, бұл ойын Америка асты. Оның ішінде Латын Аме­рикасына кеңінен қанат жайды. Айта кететін жайт, әзір­байжандарда бұл ойын бертінге дейін жал­ғасқан. КСРО ха­лық­тарының спар­та­киадасы бағдарлама­сы аясында полодан арнайы жарыстар өткізіліп тұрған. Әзір­байжан тілінде бұл ойын «шоған» деп аталған екен. Өзбек тілінде «шоғбан» деп аталады. Парсылар әлі күнге бұл ойынды өздерінің ұлттық ойыны деп санайды. Екі мың жылдан бері ойнап келеміз дейді.
      – «Шөген»/«шоған»/«шоғбан» сөзде­рінің этимологиясын зерттеп көрдіңіз бе?
      – «Шөген» – көне түркі сөзі. Бұған ешқандай дау болмауға тиіс. «Шөген», «шоған», «шоғбан» сөздерінің түбін індетіп келер болсақ, шоқпар сөзімен түбірлес болып шығады. Қазақтың қару-жарағын зерттеген этнограф-ғалым Халиолла Ахметжан ағамызға арнайы хабарласып сұрағанымда, нақты деректер айтты. «Бұл жастарды жауынгерлік өнерге бейімдеу үшін қажетті ойын болған. Дәлдікті, мер­гендікті, тура соққы тигізуді, ат құлағында ойнауды бабаларымыз жас өркенге осы шөген ойыны арқылы да­рытқан. Шөген ойнау жауынгерлік өнердің алғашқы сатыларының бірі болған. Ал шөген сөзі шоқпармен түбірлес. Екеуінің де түбірі – соғу (ұру) сөзі» деді Халиолла аға. Шө­геннің шынында да мергендік пен дәлдікке машықтандыратынына осы ойынды қолға алғалы бері нақты көз жеткіздік. Қазір шөгенмен айтулы көкпаршыларымыз айналысып жүр. Нұрдәулет Момынов, Манарбек Дүйсенбиев, Нұржігіт Мырза­баев, Бақтыбай Шырынқұлов секілді 6-7 дүркін Қазақстан чемпионы атанған, Азия чемпионы атағына қол жеткізген жігіттер бар. Олар да шөгеннің өте мықты ойын екенін айтып жүр. Ойынның шығу тегін зерттей жүріп, бірқатар ғалымдарға сауал жолдадық. Академик Зейнолла Самашев сақ қорғандарын аршу барысында шөген таяғына ұқсас заттардың табылғанын да айтты. Тарих және археология институ­тының ғылыми қызметкері Станислав Потапов тастағы таңбаларды зерттейді. Ол келтірген деректер де өте қызық. «Көш­пенділерде жаудан жеңіліп қалудан да, қаруы сынып қалғаннан да артық абы­ройына дақ түсіретін жайт – астындағы атын өзі жаралап алуы. Мінген жылқысына қылышын, шоқпарын тигізіп алу аза­маттық атына қара күйе жағатын, ел ал­дында өзін масқаралайтын мәселе са­нал­ған» дейді Потапов. Ал шөген ойы­­нында соққының траекториясы нақты есептеледі. Сәл қиғаш алсаңыз, атыңыздың басын ұрасыз. Жерлете соққы жасағанда абайла­масаңыз, атыңыз ақсайды. Соққы оң қол­мен ғана, қылыш сілтегендей төрт ба­ғытқа – алға, артқа және аттың келесі қапталында алға, артқа жасалады. Қарсы­ластың атын ұрып алмауға да машықтану қажет. 
      – Шөгенді туған топырағында жаңғырту туралы алғаш ой айтқан, бастама көтерген кім?
     – Бұл ойды қазақ қоғамына алғаш жа­зушы, зерттеуші Асқар Егеубаев жеткізді. Асқар аға Ж.Баласағұнның «Құтты білігі» мен М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-Түркін» зерттеу барысында шөген сөзін алғаш жолықтырған болуы ықтимал. Қытайдағы қазақ ғалымы Мәдениет Мұқатайұлы «Аламан» порталында жарық көрген «Доп ойыны бізге де таңсық емес» ма­қаласында: «А.Егеубаевтың аудар­масында тек ат ойыны деп аталған, ал шағатай тіліндегі түпнұсқасында шөген деп келтірілген» дейді. А.Егеубаев «Қазақ әдебиеті» газетінің 1999 жылғы №52 санында осы ойын туралы мақала жариялады. 2000 жылдың наурыз айында Асқар аға Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында зерттеу мақаласын жария етті. Осының бәрі шөгеннің өз ойынымыз екенін, біз оны дәуірлер алмасқан кезде аз-маз ұмыт­қа­нымызды айғақтайды. Ал шөгенді елі­міз­де қайта жаңғырту бастамасын көтер­ген – мемлекет және қоғам қайраткері Өмір­­зақ Шөкеев. Тікелей Елбасы тапсырмасымен Өмірзақ Естайұлы осы спортты қолға алды. 2012 жылы Қазақстан поло федерация­сы құрылды. Кейбір себептерге байланыс­ты федерация жұмысы бірден белең алып кете қоймаған. Астана қаласында бір клуб ашылып, Англиядан 8 жылқы алынған екен. 2014 жылдың соңында Қазақстан шөген федерациясының президенті болып Қазақстан Республикасының ауыл шаруа­шылығы министрі Асылжан Мамытбеков сайланды. Мен осы федерацияның вице-президенті және бас хатшысы болып сай­ландым. Ең алдымен біз федерация атауын «Қазақстан Республикасының шөген федерациясы» деп қазақы ұғымға сай өзгерттік. Төл ойынымызды жаңғыртып, мәдениетіміздің бір тармағын қайта қалпына келтіру үшін оның ұлттық сипатта болғанын әбден дұрыс деп шештік. Феде­рация қайта тіркеуден өтті. Орыс және ағылшын тілдерінде жалпы халықаралық айналымға енген поло атауын қалпында қалдырдық. 
    – Еліміздің шөген федерациясының құрылғанына жыл да толмапты. Дегенмен нақты қандай шаруалар қолға алынып, атқарылып жатыр?
     – Федерация президенті Асылжан Сарыбайұлының басшылығымен нақты, қажетті бағыттарды анықтап алдық. Біріншіден, федерация атауын ұғымға сай қазақшаладық. Екіншіден, жалғыз Астанамен шөгеннің көсегесін көгерте алмаймыз. Соған орай, кемінде 5 облыста шөген федерациясының филиалдары мен орталықтарын құру жайын қолға алдық. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыс­тарында және Астана қаласында біз облыстық және қалалық федерациялар мен клубтарды аштық. Осы 6 орталық қазір республикалық федерацияның негізі болып отыр. Үшіншіден, Ұлттық олим­пиада комитеті тарапынан танылуды іске асырдық. Төртіншіден, Халықаралық поло федерациясына мүше болу мәселесін ойдағыдай атқардық. Бесіншіден, феде­рация филиалдарын керекті жарақ­тармен қамтамасыз ету ісі тыңғылықты жүргізілді. Алдағы уақытта аттардың ер-тұрманы, шөген таяғы, басқа да жарақтарды өз елімізден шығаруды іске асырсақ, бұл спортты дамытуға даңғыл жол ашылады. Әлемде шөген ойынына қажет жабдықтар өте қымбат. Ер-тұрманның өзін ғана 2 мың долларға сатып алуыңыз мүмкін. Демек, болашақта өндіріс мәселесін қолға алуы­мыз керек. Шөгенге қажетті жарақтарды өз елімізде өндірсек, поло ұлт үшін қымбат спорт түріне айналмайды. Алтыншыдан, қазақы жылқыларды шөген ойынына бейімдеу шаруасын қолға алдық. Әлемде поло ойынына бейімделген жылқылардың, яғни поло-понилердің құны 5 мыңнан 250 мың АҚШ доллары аралығында. Арген­тинада атақты Адольфо Камбиасо есімді ойыншы жылына 5-6 млн доллар табыс табады. Сол Адольфо АҚШ-та арнайы үйретілген жылқыларды 250 мың долларға сатып алады деген дерек бар. Біз болашақта өз жылқыларымызды шөгенге үйрету, тәрбиелеу үлгісін жолға қойдық. Қостанай жылқы зауытынан 27 жылқы сатып алдық. Қазақтың жабы жылқысын да шөгенге үйретіп жатырмыз. Демек, алдағы уақытта шеттен жылқы сатып алмайтын боламыз. Қазір 20-ға тарта ойыншы біршама жоғары дәрежеде өнер көрсететін деңгейге жетіп қалды. Оларды Мәскеу (Ресей) қаласына екі рет оқу-жаттығу жиындарына апарып, полоның негізімен таныстырдық. 
      – Қайта жаңғырған шөген ойынын отан­дастарымыз қашан көре алады?
    – Асылжан Сарыбайұлының бастама­сымен Таразда өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында шөген федерациясының таныстырылуы және шөгенді таныстыру ойыны өткізіледі. Оған қатысатын барлық ойыншылар – өз азаматтарымыз, жылқылар – өз арғымақ­тарымыз. Қазір Тараздағы атшабар ретке келтірілді. Толыққанды, шым төселген шөген алаңы жабдықталды. Бұл – менің ойымша, Елбасының «Мәңгілік ел» идея­сына, ұрпақтар сабақтастығына әбден дөп келетін шара.

     – Ал ұлттық біріншілік қашан өтуі мүмкін? Оған қандай алғышарттар қажет? 
        – Ұлттық чемпионат өткізу үшін ке­мінде 5 өңірдің командасы қатысуы керек. Әуелі біз «федерация филиалдары 5 об­лыста ашылмай қала ма?» деп қауіп­тендік. Аз уақытта еңбегіміз жемісін берген соң, алдағы қазан айының соңына қарай рес­публикалық турнир өткізуді жоспарлап отырмыз. Болашақта қомақты жүлде қо­рымен ел чемпионатын ұйымдасты­рамыз. Алматы облысындағы Талғар қаласының солтүстігінде Халықаралық поло феде­рациясының талаптарына толық сай келетін жазғы алаң салынған, сонымен қатар жабық манеж де бар. Оның салы­нуына Тимур Құлыбаев мырза мұрындық болды. Тараздағы алаң да талаптарға толық сәйкес. Астана қаласында 50 га жерге алаң салу бастамасы да қолға алынды. Ал Қоста­найдағы «Қазақ тұлпары» зауытының бір алаңын шөгенге бейімдеп жатырмыз. Дегенмен «шөгенді тек жасыл алаңда ойнайды екен» деген ой туындамауы керек. Әлемде шөген алаңының неше түрі бар. Пәкстанда, Үндістанда, Германияда құмда ойнала береді. Швейцарияда, Қытайда қысқы полодан жарыстар ұйымдастырылып жүр. Жабық аренада ойналатын поло да бар. Әзірбайжан екі жыл қатарынан жабық аренадағы полодан әлем кубогын өткізді. Қазір бұл ойын Аргентинада үлкен беделге ие. Тіпті ұлттық спорт дәрежесіне көте­рілген. Ойынды көруге 20-25 мың адам жиналады, тіпті әлемнің түкпір-түкпірінен туристер арнайы тамашалауға барады.
      – Шөгеннің халықаралық ережесі қолданылатын болар?
     – Иә. Бір командада 4 адам ойнайды, бір жылқыны екі кезеңнен артық пайда­лануға болмайды. Бір ойынды 4 кезеңнен 8 кезеңге дейін өткізуге болады. Әр кезең 7 минуттан, кезеңдер арасындағы үзілістер – 3 минуттан. Еуропада негізінен, 6 кезең­нен ойнайды. Аргентинаның ұлттық чем­пионатында 8 кезең өткізеді. 
      – Халықаралық поло федерациясы сіз­дердің бұл бастамаларыңызды қолдады ма?
      – Әрине. Қазір Қазақстан Республи­касының шөген федерациясы – Халық­аралық поло федерациясының толық мүшесі. Барлық бастамаларға дауыс бере және пікір білдіре алады. Федерация бас­шы­лары ретінде Асылжан Сарыбайұлы екеу­міз оның конференцияларына қатыса аламыз, спортшылардың дәрежесін анық­тауға атсалыса аламыз. Қазір Халықаралық федерацияға әлемнің 84 федерациясы мүше. 
           Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

     http://aikyn.kz/ru/articles/show/13888-s_rsen_ranbek_ltty_m_deniet_m_zd_b_r_tarma_y_aita_zha_yrady

толығырақ

   
     Республикалық «Көкпар федерациясының» Алматы қалалық филиалы Алматы қаласындағы №17  жасөспірімдер спорт мектебінен көкпар бөлімін ашты. 

     Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметінен хабарлады.

     Мектеп директоры Аманжол Қазымбетов көкпар бөлімінің нәтижелі жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайды тудырып отыр.  Мектептің ішінен жаттығу жасайтын, жататын орын бөлді. Ат құлағында ойнайтын, көкпарға икемі бар алғашқы сегіз  баланы бөлімге қабылдады.

    Алдағы уақытта №17 жасөпірімдер мектебінің көкпар бөлімі Алматы қаласындағы Б.Момышұлы атындағы әскери мектептің өрендерімен толықтырылып отырылатын болады. Ол туралы екі мектеп арасында меморандумға қол қойылды.

      №17 мектептің көкпар бөлімін атпен, ер-тоқым, арнайы киім, аттардың жем-шөбімен «Көкпар федерациясының» Алматы қалалық филиалының директоры, меценат Данияр Дәукей қамтамасыз етуде.

    Бұл бөлімді ашуға Алматы қалалық спорт және дене шынықтыру істері басқармасы, Туризм және спорт академиясының басшысы Қайрат Закрьянов, және екі мектеп басшылары Аманжол Қазымбет пен Жарлепесов Сәбит көп еңбек сіңірді.  Жаңа құрылған топ «Б.Момышұлы атындағы көкпар командасы»  деп аталды.

     http://www.inform.kz/kaz/article/2822818

толығырақ

cabdf1d5a0dc45df17d06753159f2241.jpg

     30-тамызда Астана қаласының «Қазанат» атшабарында  «Нұр Отан» партиясының қолдауымен  және «Самұрық – Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының бас демеушілігі арқасында, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен ҚР Конституциясының 20 жылдығы және Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдық мерекесіне орай қазақтың ұлттық спорт түрі Теңге ілуден І ашық Азия чемпионаты аяқталды.

    Сонымен теңге ілу сайысына қатысқан: ресейлік спортшы Ринат Ишхуанов, әзербайжандық Етигот Гурбанов, мажарлық бауырымыз Шепенто Шомбер, қырғыз жігіті Азамат Шәкірұлы, тәжік азаматы Караматолла Хакимов, өзбекстандық Ұлықбек Хамзаев, қытай елінен келген Нұрболат Тәліпбайұлы, Моңғолиядан келген бай-өлкелік бауырымыз Қуатхан Абдол, түрік Қызылкөз Адем және қазақстандық теңге ілушілер Әлихан Бәшімбаев (Ақтөбе об.) пен Ғалымжан Изжановтар (ОҚО) қатысты.

     Жарыс барысында бірінші айналымнан соң 6 сайыскер таңдалып алынды. Олар: Шепенто Шомбер, Ұлықбек Хамзаев, Қуатхан Абдол, Қызылкөз Адем, Әлихан Бәшімбаев, Ғалымжан Изжанов. Осы топтан үшінші айналымға Ә.Бәшімбаев, Ғ.Изжанов, Қ.Абдол, Қ.Адемдер суырылып шықты.

     Бас жүлде үшін тартыс жоғарыдағы төрт сайыскердің арасында өтіп, жарыс жолын 13 секундта шауып өтіп 3 теңге ілген Ғалымжан Изжанов чемпион деп танылды. Келесі орындарды – ақтөбелік Әлихан Бәшімбаев пен моңғолиялық Қуатхан Абдол иеленді.

      Жоғарыдағы І ашық Азия чемпионаты барысында Асау үйретуден турнир ұйымдастырылып, оған 12 үміткер қатысты. 

      Нәтижесінде, оңтүстікқазақстандық асау үйретуші моңғолиялық Жеңісбек Манақайұлы топ жарып, екінші орынды моңғолиялық Жеңісбек Серікұлы, үшінші орынды шығысқазақстандық Айбек  Кеңшілікұлы иеленді.

    http://kaznews.mn/news.php?mid=4&nid=338

толығырақ

       Тамыз айының 30 күні Астана қаласындғы «Қазанат» атшабарында  теңге ілуден І ашық Азия чемпионаты және асау үйретуден республикалық турнир ұйымдастырылады. Бұл шараны «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай  ұйымдастырғалы отыр.

       Дүбірлі додалар еліміздің спорт тарихында тұңғыш рет өткізілгелі отыр. Бас демеуші - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, деп хабарлады  ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі.

      Ауқымды шараға Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Венгрия, Әзірбайжан республикаларының спортшылары қатысады.

        Теңге ілу - халқымыздың көнеден келе жатқан ұлттық спорт түрі. Теңге  ілудің маңызына тоқталар болсақ, ата-бабаларымыз ел қорғайтын сарбаздардың әскери-жауынгерлік даярлығын жетілдіру үшін бейбіт күндері, яғни, ойын-тойларда теңге ілу сайысын өткізген. Бұл спорттың аты айтып тұрғандай, сарбаздарды ынталандыру мақсатында жерге қойылған бағалы алтын-күміс теңгені, шабандоз ат үстінде желіп келіп, іліп алған. Өйткені, бейбіт заманда әскери машығын жоғалтпас үшін сарбаздар арасында  осындай сайыс түрлері ұйымдастырылған. Ат үстінен еңкейіп теңге ілуді меңгерген жауынгер соғыс кезінде, жерде жатқан жебелерді немесе қолынан сусып түскен қару-жарағын лезде іліп алып, шайқасты жалғастыратын болған.

       Сондай-ақ, жоғарыдағы теңге ілу сайысымен қатар жүген-құрық тимеген, шу асауды ер-тоқым салмай, жүген-құрықсыз жайдақ мініп, бастықтыру жарысы өтпек. Сайысқа еліміздің әр аймақтарынан таңдалған асау үйретуші спортшылар қатысады.

     Асау үйрету - жігітті шынықтырып, жігер беретін, қайсарлыққа тәрбиелейтін спорттың күрделі түрі. Бұл өнердің көнеден келе жатқан маңызына назар аударсақ: асау үйрету - уақыт және жер таңдамайтын, ортақ қағидасы жоқ, кең далада жүргізілген. Асау үйретуші - тақымы берік, ат үсті қимыл-қозғалысын толық меңгерген, әрі тулаған асау жылқының мөңку барысындағы ебедейсіз қозғалысына өзін тез бейімдей алатын қырағы, жүректі болуы керек. Үйретілген асауды халқымыз мініс көлігі, сондай-ақ, әртүрлі тұрмыстық қажеттілікті өтеуге пайдаланатындықтан, бұл істің көшпенділер үшін әлеуметтік-шаруашылық маңызы да зор. Осы орайда, тұңғыш рет өткізгелі отырған аталмыш сайыс түрі қазіргі таңда спорттық сипат алып, бекітілген ереже бойынша жүргізілуде.

      Спорттық шаралардың ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясының, Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғалары, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшылары, Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысады.

     http://www.inform.kz/kaz/article/2811900

 
 

толығырақ

асык

    Жуырда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында орналасқан «Әулие Ырғызбай» кешенінің директоры Болат Тағабаймен жүздесудің сәті түсті. Ол өзінің негізгі қызметінен бөлек, асық жинаумен айналысады екен. Жинаған асықтары бүгінгі таңда 50 мыңға жетіпті. Ал 35 мыңға жеткенде-ақ асықтары халықаралық рекордттар кітабына еніпті. 

       Асық жинауды бала кезінен серік еткен азамат алғашқы кезде оны 1 дорбаға, содан кейін 2 дорбаға салып, кейіннен олардың саны көбейген сайын сандықтарға салып сақтайтын болыпты. Осылайша бірте-бірте 50 мыңға жетіпті. Асықтардың түрлері әрқилы. Оның ішінде көп кездесетіні қой асығы. Арасында құлжа да кездеседі.
      – Құлжа – арқардың асы­ғы. Ол да сақаның орнына қолданылады. Кезінде қор­ғасын құятынбыз, қазір қорғасын құйылмайды. Біз­дің ауылдың балалары асықты жақсы ойнайды. Сайыс­тар ұйымдастырамыз. Бәйге тігеміз. Жастардың, тіпті үлкендердің өзі асыққа қызығып, құмарта ойнайды. Асық ойнап өскен бала жастайынан шапшаңдықты, мергендікті, ептілікті үйренеді. Ойы да ұшқыр, қиялы да бай болады. Бұл өзіміздің ұлттық спортымыздың бір түрі ғой. Оны ұмыт қалдыруға болмайды. Менің асық жинаудағы мақсатым да осы. Адамдардың қызығушылығын ояту, асық ойындарын насихаттау. Саны 50 мыңнан асып жығылатын асықтарды көргендер таң қалып: «Мұның барлығын қалай жинадыңыз» дейді. Бір байқайтыным, соңғы кездері қыздарымыз да асық ойнауды үйреніп, машықтанып жүр, – дейді Болат Тағабай.
     Асық жинаумен әуестенетін азамат «Асық ату» федерациясына 1000 асық сыйға тартыпты. Кейіннен тағы да 500 асық беріпті. «Біз тек өзімізде ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша асық санын көбейтуге үлес қосып келе жатырмыз» дейді ол. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы республикадағы асықты ең көп жинаған аудан ретінде танымал. Енді ауданның кіреберісіне асық бейнесіндегі ескерткіш орнатылмақ. Асықтың бес метрлік мүсін ашу салтанаты да ұйымдастырылмақ.
     Бір айта кетерлігі, ұлттық ойынға жанашыр болып жүрген азамат былтыр Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Асық ату» федерациясының филиалы ашылып, соның басшысы болып тағайындалыпты.
      «Ендігі мақсатым – 2017 жылға дейін асықтардың санын 100 мыңға жеткізіп, ұлттық дәстүрге сай дүниені Елордамыз – Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне апару» дейді Болат Тағабай.

         Бағдагүл Балаубаева, http://anatili.kazgazeta.kz/?p=31437 

толығырақ

    Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы мектеп оқушылары арасында соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында биыл 4-ші мәрте «Асығың алшысынан түссін» деп аталатын спорттық жарыс өтті. «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен  өткен бұл сайыста ұлдар арасында асық пен ләңгіден, қыздар арасында секірмектен өзара күш сынасты.

     

            Әрбір сынға командалардан бес-бестен ойыншы қатысып, жеңімпаздар жекелей және командалық нәтижелері бойынша жеке-жеке марапатталды.


      «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің директоры Батима Қабдолданованың  айтуынша, бас жүлдені жеңіп алған топқа берілетін ұйымдастырушылар тағайындаған «Асығың алшысынан түссін!» ауыспалы кубогы жыл бойы жеңімпаз топтың мектебінде сақталады. Егер бұл мектептің командасы жыл сайын өтетін дәстүрлі жарыста қатарынан 3 мәрте, жалпы командалық есепте үздік шығатын болса бұл кубокты біржола өзінде қалдыруға мүмкіндігі бар. Мәселен Аралтөбе ауылының оқушылары бұған дейін алғашқы 2 жарыста жеңімпаз атанғанымен өткен жылы Басши ауылындағы Райымбек батыр атындағы мектептегі құрдастарына есе жіберіп, кубоктан айырылып қалған еді. Биыл оны өздеріне қайтарып, көңілдері бір көтеріліп қалды. Олардың командасындағы 15 оқушы енді жеңімпаз ретінде дәстүр бойынша жазғы демалыс кезінде Алматыға тегін саяхаттап қайтатын болды.     

    Балалардың бос уақытта мергендікке, ептілікке, тапқырлыққа баулитын ойын түрлерімен айналысуын насихаттап, оған қолдау көрсетіп жүрген «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева: «мұндай жарыстар барлық ауылда өтуі керек. Оған өз ауылының болашағына бей-жай қарамайтын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар ұйтқы болуы тиіс. Өйткені қазір теледидар, компьютер, планшет, смартфон, айфон, телефон сияқты  түрлі коммуникация құралдарының өмірге дендеп енуінен зардап шегушілер арасында балалардың саны жыл өткен сайын артып келе жатыр. Бұрын көзілдірік тағатын оқушылар ауылдық жерде ілуде біреу болса, қазір мектептің әрбір сыныбында кездесуде. Компьютер ойындары баланың көз жанарын ғана әлсіретпей, оның психологиясын бұзып, ашушаң, қатігез, мейірімсіз ете бастағанын әлем ғалымдары бүгінде ашық айтып жүр. Оның алдын алу үшін салауатты өмір салтын насихаттап, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда ата-ана мен мектеп ұжымы өз іс-әрекетін бірлесіп жүзеге асыруы қажет»,  – дегенді айтады. 

толығырақ


    Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған асық атудан «Алтын Сақа» Жамбыл облыстық турнирі аяқталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

      Үстіміздегі жылдың наурыз-сәуір аралығында мектеп жасындағы балалар қатысқан іріктеу жарыстарының І, ІІ және ІІІ кезеңдері ауыл округтерінде, аудандарда және Тараз қаласында өткен болатын.

      «Алтын сақа» турнирінің ұлдар арасында өткен асық ату жарысы бойынша 5-6 сынып оқушылары арасында 1-орынды Н.Асанқұлов пен Е.Шаихислам (Байзақ ауданы), 2-орынды А.Ақылбек пен Б.Оңласын (Жамбыл ауданы) және 3-орынды Е.Жылқыайдаров пен А.Тәшімбет (Тараз қаласы) иеленді.

     7-8 сынып оқушылары арасындағы жарыста 1-орынды Н.Асанқұл мен Ж.Ислам (Байзақ ауданы) жеңіп алды. 2-орын Т.Қазмахановқа (Т.Рысқұлов ауданы) және 3-орын А.Ади мен А.Белдібайға (Меркі ауданы) бұйырды.

     9-11 сынып оқушылары арасындағы жарыста Б.Ақылбеков пен Д.Ахметәлі (Жамбыл ауданы) топ жарды. 2-орынды Д.Айбас пен Е.Серікбай (Мойынқұм ауданы) иеленсе, Е.Абдірәлі мен Н.Өксікбаев 3-орынға табан тіреді.

    «Алтын Сақа» облыстық турнирінің қыздар арасында өткен «Бес тас» жарысы бойынша келесі нәтижелер көрсетілді: 5-6 сынып оқушылары арасында 1 орын – Турдалиева Елнура (125 ұпай) Жамбыл ауданы, 2 орын – Тұрсынбек Аруна (120 ұпай) Т.Рысқұлов ауданы, 3 орын – Аманбаева Асемай (93 ұпай) Байзақ ауданы.

       7-8 сынып оқушылары арасында 1 орын – Нышан Мөлдір (178 ұпай) Байзақ ауданы, 2 орын – Асылханқызы Сымбат (130 ұпай) Т.Рысқұлов ауданы, 3 орын – Гулиева Жамила (108 ұпай) Меркі ауданы.

    9-11 сынып оқушылары арасында 1 орын – Дадабаева Наргиза (113 ұпай) Жамбыл ауданы, 2 орын – Нышан Айдана (95 ұпай) Байзақ ауданы, 3 орын – Байжанова Сымбат (84 ұпай) Сарысу ауданы. Оралхан Дәуіт.

      Дерек, сурет: egemen.kz
     Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/05/25/63826

толығырақ

   

     Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында наурыз айында бұрын-соңды болмаған көкпар тартылғаны есімізде. Көкпарға 12 мыңға жуық адам қатысқан еді. Бұл туралы express-k.kz хабарлады.

     Шабандоздар санынан жер қайысқан сол көкпардың Гиннес рекордтар кітабына енетіні мәлім болды. Оператор Ілияс Әуелбеков бәсекені ұшқан құстай биіктікке көтерілген квадрокоптерге байланған бейнекамера арқылы түсірді. YouTube порталынан бұл көкпарды қызықтағандардың саны 100 мыңға жуықтады. «Ауыздығымен алысқан сәйгүліктердің дүбірі он шақырымнан естілді», – дейді Ілияс. Ірілі-ұсақты бағалы сыйлықтарды қоспағанда, Сарыағаштың бұл көкпарында төрт салымға – төрт жеңіл автомобиль тігілді.

     Талғат Сүйінбай.

     Дерек: express-k.kz. Сурет: youtube.com.

Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/05/13/62151

толығырақ

Әлемнің 3 дүркін чемпионы атанған Әсел Далиеваны марапаттау рәсімі

    Алматы қаласында 12-18 сәуір күндері тоғызқұмалақтан ІІІ Әлем чемпионаты өтті. Оған 23 мемлекеттен 30 ойыныш қатысты. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының бас хатшысы Мақсат Шотаевтың айтуынша, бұл  әлем чемпионатының басты ерекшелігі ретінде жаңа мемлекеттердің көбеюін атауға болды. Атап айтқанда оған тұңғыш рет, Ауғанстан, Гана,  Италия, Колумбия, Молдова, Тәжікстан, Ұлыбритания және Үндістан командалары қатысты. Екіншіден, Әлем чемпионатында Қазақстан мен Қырғызстан спортшыларынан, басқа Германиядан келген Алексей Петерс 2 рет үшінші орын алды.  Үшіншіден, Қазақстан құрамасынан тұңғыш әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев орын ала-алмай, чемпионаттың өкінішті тұлғасына айналды. Сондай-ақ Чехиядан үш баласымен келген  Жденек Сах көрермендер көзайымына айналды. Чемпионат барысында  Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының кезекті мәжілісі өтті.    

Хакімжан Елеусінов

Жарыстың нәтижелері (классика):

Ұлдар

  1. Елеусінов Хакімжан (Қазақстан)
  2. Каймулдин Жанат (Қазақстан)
  3. Джамакеев Анарбек (Қырғызстан)

Қыздар

  1. Далиева Әсел (Қазақстан)
  2. Керимбекова Аида (Қырғызстан)
  3. Сапарбекова Салтанат (Қазақстан)

Жарыстың нәтижелері (блиц):

Ұлдар

  1. Ақтаев Серік (Қазақстан)
  2. Қабиев Нұрбек (Қазақстан)
  3. Петерс Алексей (Германия)

Қыздар

  1. Сапарбекова Салтанат (Қазақстан)
  2. Далиева Әсел (Қазақстан)
  3. Максатбек кызы Айтурган (Қырғызстан)

Жарыстың нәтижелері (рапид):

Ұлдар

  1. Қабиев Нұрбек (Қазақстан)
  2. Джамакеев Анарбек (Қырғызстан)
  3. Петерс Алексей (Германия)

Қыздар

  1. Далиева Асель (Қазақстан )
  2. Кенина Диана (Қазақстан)
  3. Курманбекова Мадина (Қырғызстан)

толығырақ

         Алматы қаласында тоғызқұмалақтан ересектер арасында өтіп жатқан III Әлем чемпионатында қызылордалық Хәкімжан Елеусінов жақсы өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

    Ол классика бойынша 7 ойыннан 6 ұпай жинап, осымен екінші мәрте Әлем чемпионы атанды. Алғашқы рет 2012 жылы Чехияның Пардубице қаласында өткен Әлемдік додада бірінші орынды иеленген болатын. 3 дүркін Қазақстан чемпионы, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазіргі таңда Әлем чемпионы тоғызқұмалақтан жастар және ересектер арасында облыстың аға жаттықтырушысы қызметін атқарады.

    Аталмыш чемпионатта 23 мемлекеттен 28 ойыншы классика, рапид және блиц түрлері бойынша шеберлік байқасуда. Қазақстаннан 2 спортшы қатысып, 1 алтын, 1 күміс медальді иеленді.  Алтын медальді  қызылордалық Хәкімжан Елеусінов жеңіп алса, павлодарлық Жанат Қаймулдин күміс жүлдені иеленді. Дүбірлі дода бүгін мәресіне жетеді.  

    http://www.inform.kz/kaz/article/2766772

толығырақ

         «Қазақстан Барысын» қазақстандық және шетелдік телеарналар трансляциялайды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қазақ күресі федарациясының президенті Арман Шораев мәлім етті.

     «Қазақ күресінің атауын өзгерту бойынша қызу талқылаулар жүріп жатыр. Енді «күрес» деген атауды ғана қалдырсақ, өзбек бауырларымыз «күрәш» атауын бүкіл әлемге жариялады. Менің ойымша, тағы жарты жыл талқылаулар мен пікір алмасулардан кейін, шамамен күзде үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз. Осы орайда ғалымдар мен спортшыларды, бапкерлерді жинап, қарастырамыз. Елімізде «қазақ күресі» болып қала берсе де, барша әлемге тарату үшін атауды өзгерту керек деп пайымдаймын. Менің ойымша, 1-2 жылда біз бір шешімге келетін боламыз», - деді А. Шораев.

    Атап айтқанда, Олимпиадалық ойындардың бағдарламасына енгізу бағытында «қазақ күресі» деп кіргізу өте қиын. Себебі, бұл тұрғыда өзбектердің және қырғыздардың күресі шығады. Сонымен қатар атауды өзгертудегі басты себеп - ұлттық күрестің бұрынғы тарихи атауына қайтып келу.

     Естеріңізге сала кетейік, былтыр қыркүйек айында өткен баспасөз мәслихатында қазақ күресінің атауы өзгеруі мүмкін екені айтылған еді.

   «Зерттеу бойынша қарасақ, Петропавл қаласында 1928 жылға дейінгі құжаттардың ішінде «қазақ күресі» деген атау жоқ екендігін айтқым келеді. «Қазақ күресі» деген атау кезінде «қазақша күрес» болатын. Ал 2000 жылдан бастап құжаттар «қазақ күресі» деп дайындалып келе жатыр. Атап айтқанда, 1928 жылға дейінгі құжаттарда біздің еліміздің ішінде «күрес», «палуандық күрес», «жекпе-жекке шығу», «күш сынасу» деген атаулар кезігеді. Бұны айтып отырған себебім, енді біз әлемдік деңгейге шықтық. Әлемдік деңгейде дзюдо  күрес түрі бар және жекпе-жектердің арасында таэквондо, сондай-ақ басқа да додалар бар. Бұлардың барлығы бір елдің спорт өнері болса да, бірақ сол елдің атымен аталмайды. Мысалы, жапонның дзюдо күресі демейді, қысқа ғана «дзюдо» деп аталады», - деді қазақтың балуандық өнерін зерттеуші Елемес Әлімханов.

    http://www.inform.kz/kaz/article/2765666 

толығырақ

Ырғызда “Бес тастан”  жарыс өтті

       Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында “Бес тас” ойынынан жарыс өтті. Ұлттық ойын түрінен тұңғыш рет өткен сайысқа 16 оқушы қыз қатысқан. 
      Ырғыздық кәсіпкер Ғалымбек Сарбопин бұл жарысты осыдан 1 жыл бұрын ойға алған. Жыл басында аудан орталығындағы барлық мектептерге сұраныс хат жіберген. 
    - Қазір оқушылар үйде де, мектепте де әлеуметтік желіні көп пайдаланады. Дәстүр атаулы ұмытылып барады. Сондықтан ептілікті талап ететін “Бес тас” ойынын ұйымдастырдық, - дейді ол. 
     Кәсіпкердің айтуынша, қыз балалардың “Бес тас” ойынына деген ынта-ықыласы ерекше болған. Бұл игі істі Ғалымбек Сарбопин дәстүрлі түрде өткізіп тұрмақшы.

       http://kerek-info.kz/kerek-aparat/77-yryzda-bes-tastan-zharys-tt.html 

толығырақ

      «Қыз қуу» – қазақ халқының өте ертеден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Халық арасында кең тараған қыз қуу ұлттық ат ойындары тобына жатады. Бұл ойын ертеде «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деп аталған екен. Бірақ бүгінгі күнге дейін қыз қуу ойыны аса қатты өзгеріске ұшырай қоймаған. Бұрын болған ойын тәртібі қазір де сақталады. Біздің заманымыздан бұрынғы VII-VIII ғасырларда қазақ даласында бұл ойын жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген. Бұл – кейбір рулар арасындағы белгіленген тәртіп. Егер жігіт жарыста жеңіліп қалса, қызбен некелесу құқығынан айрылған. Сонымен қатар, ойында жігіттің жеңілуі өз руында еті тірі жігіт пен жүйрік аттың жоқтығын көрсеткен. Сол үшін де жігіттің жеңіліс табуы ру үшін үлкен кемістік болып саналыпты. Егер ойында қыз жеңілсе, келісім бойынша, ешқандай қалыңсыз-ақ ол жеңген жігітке тұрмысқа шығады. Ең бастысы, қызды қуып жеткен жігітке бойжеткенді белінен құшақтап, ат үстінде бетінен сүюге рұқсат етілген. Жиналған жұрттың делебесін қоздыратын да осы бір аяулы сәт.
    Бүгінгі «қыз қуу» ойынының өзіндік идеялық мазмұны бар. Тарихы ертеден басталатын бұл дәстүрді ХІІІ ғасырда өмір сүрген батыстық саяхатшы Марко Поло Жетісу жеріндегі үлкен жиында көргендігін өз естеліктерінде баяндаған. Ал өткен ғасырдың 50-жылдарында енді ғана дами бастаған кино саласында қазақ­тың осы бір ұлттық ойыны ерекше көрініс тапты. Алашқа аты мәлім режиссер Мәжит Бегалиннің «Қыз бен жігіт» деп аталатын фильмі көптің есінде болар. Дәл осы фильмде біз сөз қылып отырған ұлттық ойын түрі – «Қыз қуу» өте жақсы бейнеленген. Фильмде бойжеткен өзінің ғашығына «атпен қуып жетсең ғана тұрмысқа шығамын» деп ел алдында уәде береді. Бозбаланың ғашығының шартына көнбеске еш амалы болмайды. Осылайша, фильмде нағыз «Қыз қуу» ойыны көрсетіледі.
    «Қыз қуу» ойыны қазір ұлт­тық спорт түріне еніп, арнайы спорттық жарыстар ұйымдастыру қолға алынуда. Қазір бұл ұлттық спорт ойынының арнайы ере­желері жасалып, бір жүйеге түскен. «Қыз қуудан» еліміздегі спорттық жарыс алғаш рет 1923 жылы ұйымдастырылған болатын. Бұл ойын ұзындығы 300-400 метр, ені 30-40 метр болатын тегіс жерде өтеді. Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ресми сайтында бұл ойынның бүгінгі шарттарын былай түсіндіреді: «Жарыс «Қыз қуу» спортының ережесіне сай өткізіледі. Спортшылардың бас киімінен аяқ киіміне дейін ұлттық үлгіде осы спортқа лайықты болуы тиіс. «Қыз қуудың» аты ұшқыр, жүйрік, сұлу болуы шарт. Ойын алаңының ұзындығы: 300 метр. Алаңға қыз бен жігіт шақырылады. Жігіт қыздан 10 метр кейін тұрып жарысқа қосылады. Жігіт қызды қуып жетсе, ережеге сай қыздың сол жақ иығындағы орамалды шығыршықтан суырып алуға тырысады. Ал қыз керісінше, қуғыншыдан қашып құтылып, сөреге бұрын жетуге әрекет жасайды. Ал екінші кезеңде 10 метр алда тұрған жігітті қыз қуады, қуып жеткен жағдайда ережеге сай арнайы «Қыз қуу» қамшысымен жігітті қамшылап, қуып жеткенінің белгісін көрсетеді. Жарысқа бекітілген ережеге сай спортшының қуып жеткен уақытын арақашықтыққа бөліп қорытындысы шығарылады. «Қыз қууды» қазіргі бағытымен келешекте де дамытудың үлкен спорттық маңызы бар. Ол өзінің маңызы жағынан жастарға дене тәрбиесін беруде бүгінгі талапқа толық сай келеді».
      Аталған спорттық ойын­ға қатысушылар арнайы дайын­дықтан өткен және атпен жүруді толық меңгеруі қажет. Сондай-ақ, бұл жарыста арнайы жасақталған төрешілер болады. Төрешілер тобына бас төреші, оның орынбасары, бас хатшы, комиссияның төрағасы, алаң жетекшісі, алаң­дағы төрешілер, мәре тө­ре­­шілері, уақыт бақылаушы тө­решілер және медбике кіреді. Жұмыс барысында төрешілерді ауыстыруға тыйым салынған. Олардың да ұлттық нақыштағы киімдері болуы міндетті.
    Бүгінгі «Қыз қуу» спортына Ұлттық спорт түрлері қауым­дастығы баса назар аударып, халқымыздың өнері мен мәдениетінің негізгі бір саласы саналатын ұлттық ойындарын қайта жаңғыртып отыр.

     http://turkystan.kz/tarih/822

толығырақ

Жамбы ату спортын дамыту кезек күттірмейді

     Астанада ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Жамбы ату спортын дамыту туралы семинары аяқталды. Жамбы ату спортын дамыту жолдары, ережесін бекіту, дамыту жөніндегі кеңес құру, құрамын бекіту және төрағасын сайлау турыла мәселелер қаралып, қауымдастық президенті Бекболат Тілеухан, ҚР Мәдениет және спорт минстрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, ҚР Мәдениет және спорт минстрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Ұлттық спорт басқармасының басшысы Мақсат Қойшыбаев, Монғолия Республикасының Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Ром Әуесхан, этнограф-зерттеуші Бекен Қайратұлы, Жамбы ату өнерін зерттеуші, жазушы Үзбен Құрманбаев, Ұлттық спорт мектептері мен клубтарының директорлары, Жамбы ату спортының жаттықтырушылары, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының басшылары ұлттық спорттың мәселесі төңірегінде ой өрбітті.

       ҚР ҰСТҚ 2013 жылдан бастап ұлтымыздың ұмыт болған Жамбы ату спортын қайта жандандыруды қолға алып отыр. Содан бері бірнеше рет жаппай дайындық шараларын өткізген. Мысалы, өткен жылдың наурыз айында Астана қаласында Монғолияның садақ атудан чемпионы Баткеріл Мичирді шақыртып, теориялық және тәжірибелік семинар ұйымдастырған еді. 

    Мамырда Түркістан қаласында барлық облыстардың жамбы атуды ұйымдастыушы, жаттықтырушы, ойыншыларды шақыртып Түркістанның қалалық кітапханасында теориялық семинар өткізіп, келесі күні атшабарда Садақ атуды іс жүзінде көрсеткен. Одан кейін Жамбыл облысының Меркі ауданына барлық аймақтардың 28 спортшыларын 12 күндік оқу-жаттығу жиынына шақырып сабақ өткізгені тағы бар. Оларға арнап Жамбы ату ойынын үйренушіге арналған шағын кітапша шығарылып таратылған болатын.
     Жиында айтылғаны, 2014 жылы Жамбыл облысының Меркі ауданында және Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында республикалық жарыстар өткізілгені талқыланды. Биыл да бұл жөнінен бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылмақшы. Олардың қатарында «Жамбы ату спортынан І-ші Халықаралық турнир», «Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Көкпар, аударыспақ, теңге ілуден ІХ, Жамбы атудан ІІ-ші Жастар арасындағы республикалық чемпионат» өткізу бар. Сонымен қатар, «М.Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойына арналған ҚР Жасөспірімдер арасындағы көкпар, аударыспақ, теңге ілуден, Жамбы атудан турнир», Конституциямыздың және Халықтар Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұлттық спорт түрлерінен өтетін ІІІ фестивальда көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілумен қатар жамбы атудан да жарыс өткізу жоспарланған. 
     Қоғам қайраткері А.Асқаровты еске алуға арналған халықаралық турнирде көкпар, аударыспақпен және жамбы атудан халықаралық жарыс өткізілмек. Облыстардағы Ұлттық спорт мектептері мен клубтарынан Жамбы ату бөлімдерін ашу қолға алынып отыр. «Осыған орай өткен жылы Монғолиядан барлық облыстардың ұлттық спорт мектептеріне және жекелей спортшыларға Жамбы ату спортын үйрену үшін садақтар мен жебелер сатып алынып таратылды», - дейді қауымдастық өкілдері. 
      Мұның барлығы бір жағынан 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде Жамбы ату спорты түрінен де халықаралық дүбірлі дода өткізуге дайындық болып саналады. Айтпақшы, Жамбы ату спортын жеткілікті дәрежеде насихаттап, дамыту үшін арнайы кеңес құрылды.
      Семинарда көтерілген мәселелер бойынша Жамбы ату спортының елімізде кең қанат жайып барлық облыс, қала, аудандарға тарап, бұқаралық спортқа айналуына баса назар аударуға, облыстар мен Астана, Алматы қалаларындағы ұлттық спорт мектептері мен ұлттық спорт клубтарында Жамбы ату бөлімдерін ашып, оларды қажетті құралдармен, оқулықтармен қамтамасыз етуге, Монғолия, Венгрия, Түркия елдерінің Жамбы ату спортының білікті мамандарымен тәжірибе алмасуды ұйымдастырып, Жамбы ату спортына қажетті құрал-жабықтар: садақ, жебе жасайтын шеберханаларды дамыту мәселелері қамтылып отыр.

       Толығырақ: http://alashainasy.kz/sport/jambyi-atu-sportyin-damyitu-kezek-kuttrmeyd-63176/

толығырақ

Ергали

         Серік Ерғали, «Тұран-Астана» университетінің  магистранты

     Түркі халықтарының қазақ, қырғыз, қарақалпақтарда сақталған манкала тектес ойыны – тоғызқұмалақ. Тоғызқұмалақ зерттеушілерінің пайымы бойынша, ойынның тарихы кемінде 4-5 мыңжылдық уақытты қамтиды. Ағылшындық ғалым Э. Маккей түрлі құмалақ (шарик,тас) ойындарын 5 мың жыл бұрын тайпалық халықтарда ойналғанын жазады. Осыған ұқсас африкалық овари ойынының шығу кезеңін зерттеушілер 6 мың жылға апарып жүр. Осынша уақыт ішінде бұл ойын қалыптасып қана қоймай, сол өзін туғызған орта тарапынан түрлі аспект бойынша байытқаны да қисынды. Осынша, ежелгі тарихы мен болмысы бар тоғызқұмалаққа да үңілу арқылы оның бойындағы тарихи үдерісте сіңірген мәдени-танымдық сипаттардың қатпарларына қанығуға болады. 

     Зияткер ойындарды зерттеуші ресей­лік И.Зелинская мысырлық калах ойынынан тараған деген пайыммен [4], тоғыз­құмалақтың түркі халықтарының төлтума мәдени өнім екеніне күмән келтіреді.Әрине, сыртқы ойындық тұрқына қарап оның шығу тегін тектеу соншалықты қисынды бола бермейді, оның үстіне тоғызқұмалақ ойыны калах ойынымен сырттай ұқсастығы бол­ғанымен, оның сыртқы тұрпаты мен ішкі болмысын,мазмұндық сипатын біл­діретін барлық құрамталар (компоненттер) тоғызқұмалақтың дербес ойын ре­тінде қалыптасып, күрделене дамығанын көрсетіп отыр. Қазақстандық зерттеуші М. Шотаев [13,508] «Тоғызқұмалақ – ең ал­дымен халықтың дүниетанымы, одан кейін ой шығармашылығы, спорт, ғы­­лым. Ресейлік және американдық зерт­­теушілер тоғызқұмалақты этно­графиялық ерекшелік ретінде қарастырса, европалықтар ұлттық мұраны ой шығар­машылығының бір түрі ретінде, ешбір ха­лыққа бұрмаламай, әділ бағасын беріп отырған» деп пайымдайды.

    Ойынның қай маңның, қай ұлттың танымы мен болмысын аңғартатынын оның ғасырлар бойы түзілген мәдени-танымдық сипаты  назар аудартады. Әрине, мұндай зияткерлік ойын бір күнде немесе белгілі бір уақыт кезеңінде пайда бола қалуы мүмкін емес. Тіпті, оның бастапқы туындау сәті басқа ойынмен туыстас болғанымен, белгілі бір дәуірде қалыптасқан өзге этномәдени мазмұндар мен сипаттардың ойынға мүлдем басқа танымдық-философиялық қатпар енгізуі шынайы да, қисынды әрі тарихи жайт. Тоғызқұмалақ  та өзінің түзілу тарихында түрлі сипаттар мен тұрпаттарды сіңіре отырып, бүгінгі толық та аяқталған нұс­қасын қалыптағандығы сөзсіз. Біздің мақ­сатымыз да – тоғызқұмалақтың мүм­кіндігі мен болмысын қарастыра отырып, оның бойындағы мәдени-танымдық қырына үңілу және ойынның түпкі сипаты мен дүниетанымдық мазмұнын зерделеу.
Тоғызқұмалақты түркі халықтарының ойлау мәдениетімен қатар, олардың дүние­танымдық төлтума болмысы мен фило­со­фиялық көзқарасын да танытатын тарихи дәйек екенін мойындауға болады. Ойын­ның мұндай танымдық қабілеті оның атаулары мен ережесінде, құрылымында, ішкі логикалық сипаты мен мазмұнында сақталған. Тоғызқұмалақ ойынының атауы белгілі бір дәрежеде оның болмысы мен сипатына жол ашады. Оны түркі халықтары түрліше атағанымен, ойынның негізгі  сипаты мен тумысы сақталған, өзгергені сыртқы көрініске қатысты жағы ғана. Мәселен, қа­зақтар бертінірек «тоғызқұмалақ» деп,  ал, қырғыздар «тоғызкоргоол» («коргоол» – маңғолша «құмалақ») атағандарымен, бұның екеуі де «құмалақ, домалақ» деген ойын құралының сыртқы сипатын ғана білдіріп тұр. Ал, Ақтеңіз жағалауындағы көшпелі түркі тайпалары «тогузташ» ата­ғаны да мәлім [11,521]. Бұл ойынның ішкі мазмұнын бұзбайтын, бар болғаны  ойынның ережелік мәніне емес, сыртқы  тұрпаттық қасиетке тән атау екені көрініп тұр.
     Орыс географы әрі этнографы А.Н. Крас­нов [5,15] Жетісу қазақтарының тұрмыс-тір­ші­лігін зерттей келе, тоғызқұмалақ ойынына да назар аударып, оны көшпенділердің ойыны деп есептейді. Ол  тоғызқұмалақ туралы ойын: «Тогызкумалак очень остроумная игра, заставляющая киргизь ломать голову не менее, чем у нас в шахматы. В перевод на русский тогузкумалак значит девять катышков баранего помята – название прямо показывающее, что это изобретение принадлежит исключительно ко­чевникам» деп түйеді. Алайда, ойынның атауына қатысты жіті назар аудартатын жайт – ХІХ ғасырда қазақ-қырғыздар тұрмысынан жазба қалдырған ресейлік этнограф Г.С. За­гряжскийдің [3,531] тоғызқұмалақты «Тоғызат» атауымен сипаттап қалдыруында. Біздің ойымызша, ойынның осы атауы оның түпкі болмысына  барынша  жуық әрі шынайы. Одан кейінірек тоғызқұмалақ ойынын жазып қалдырған Н.Н. Пантусовтың 1906 жылы жарияланған сипаттамасында [7] ойын өзінің болмысынан ажырап «аттың» орнына «құмалақ» анықтауышының қосылғаны байқалып отыр. 
     Тоғызқұмалақ ойынының құрылы­мына зер сала отырып, оның салт аттылар өмірінен ажырағысыз мәдениеттен хабар беретініне куә боламыз. Атаулар мен ұғымдар негізінен жылқыға, аңшылыққа және көшпелі бағдарға қатысты. Аталмыш ойындағы отау атаулары қазақ, қыр­ғыз, қарақалпақ халықтарында сәл өзгерістері болғанымен, әуелгі тұтас мазмұнға барынша жуық әрі бірін-бірі то­лықтырады. Оны төмендегі кестеде берілген отау атауларынан [8,17-21], [6,12] бай­қауға болады.
Мұндағы  «маңдай» – «арт» немесе «қу мойын» — «құйрық» түркі танымына қатысты полярлық қарама-қарсы бағдар екені белгілі, бұлар қозғалыс нысанының қайдан басталып, неден бітуін білдіруге қатысты түркілік танымдық әмбебап ұғымдар. Соғыс не шайқас үдерісінде маң­дай майданға, арт/құйрық тылға қа­тысты ұғылады. Зерттеуші Т. Сұл­тан­беков [8] тоғызқұмалақтың әскери майданға қатысты бағдарын анықтай түседі: «Отау аттары кездейсоқ қойыл­маған. Мәселен, ойынның алды және арты болады. Алды тоғызыншы отау – Маңдай, Арты – бірінші отау». Дегенмен, «бел» ұғымы түркілік кеңістің үшке бөліну дәстүрін тағы бір еске салады: «бел» – адам денесінің қақ ортасы ретінде аталғанымен, жалпылама кеңісті үшке бөле қарастыруда бұл ұғым кеңістің де, үдерістің де  ортасын білдіреді. 5-отаудың қақ ортада тұрып, осылай аталуы да сон­дықтан. Ендеше, әр ойыншыға тән та­раптың өз алдына бүтін кеңіс ретінде қарастырылып, оның басы мен аяғы және ортасы нақтыланып тұр. Ал, көк­мойын, қандықақпан /экитишти, бел­басар/ аққолтық, атсыратар, атөтпес/жа­манүй, тектұрмас аталған ұғымдардың төр­­кіні ойын үдерісіне тән ақуалды ұйым­дастыратын әрбір отаудың сипатын та­нытады. Тоғызқұмалақты зерттеушілер бұл атаулардың  әр отауға сәйкес  мін­деті мен мүм­кіндігін ашатындығын пайым­дауда.
Бұл ойында барлық отауы дымсыз қалған ойыншының жағдайын «атсырау» ұғымымен атайды, бұл – атсыз қалу де­ген­ді білдіреді. Егер де, ойын барысы атқа байланыссыз болғанда оны «құма­лақ­сырау»немесе «тассырау» секілді ұғым­­дармен беруге болар еді. Демек, ойын­­­ның басты атрибуты да ат болғаны және бір кезде «тоғызат» аталғандығы да осыдан көрінеді; атсыз қалған өмірдің ат­тылы қоғамда тұл екендігін білдіріп, үдерістің бұл ахуалы ойынды аяқтауға апарып тірейді. Тіпті, ойын кезіндегі жүрістің «көшу» етістігімен айтылатыны да [11,537]  тоғызқұмалақтың «көшпелі» болмысын аша түседі. Ендеше, ойынның бар мазмұны аттылы, көшпелі қоғамды дәріптеуде болып тұр. Тоғызаттың ат­­ты­­лар өркениетіне тиесілі екенін С.Аманжоловтың [2]: «Бұл ойынның ерек­­ше бір қасиеті терминдерінде: тер­минге қарап бұл нақтылы мал шаруа­­шылығының тудырған нәрсесі екен дейсің. Шынында да «құмалақ» деген сөздің өзін алыңыз. Құмалақ – қойға, түйеге, ешкіге, қоянға, т.т. ғана тиісті зат. Ал, «көк мойынды» алсақ, оның өзі бейнелі сөз. Нақ­­тылы көк мойын деп қазақ, көпке дейін ұстатпай ыза қылған, артынан ұс­талғаннан кейін ай­лар бойы мойнына бұғалығы түспей, мойны көгерген жыл­қыны айтады» деген сөзі нықтай түседі.
      Бұған қарап, тоғызқұмалақ ойынының тақтасы белгілі бір дәрежеде аттылардың біртұтас әрекет алаңын елестетеді де, әрбір отау/үй ойын үдерісіне тән субъектілік қасиетін аңдатады. Демек, бұл атаулар мен ұғымдардың түбінде түркілік қозғалыс пен кеңістік, ондағы үдерістің барысын аңғартатын ілімнің ізі анық байқалады. Бұған назар аудара отырып, ежелгі түркілік мемлекеттердің тоғыз тайпалық одақ арқылы толыққанды хандық мемлекеттің бекер құрылмағандығын аңдауға болады. Бұны «тоғыз оғыз» аталған түркілік мемлекеттік құрылымды, «тоқсоба» атауымен рулық қауымның «тоғыз үй» мағынасын білдіретін құрылымнан аңғару қиын емес.
      Ойынның келесі бір тұтас танымдық бірлігі «қазан» аталып жүрген қарсы тараптардың ұпайды жинау орын­дары бұрын «орда» аталған [2] да, тоғыз­құ­ма­­лақтың өзі де соған сәйкес обаста «орда» [6,30] делінгендігі анық:
Баштаптыр Манас Ордону,
Ордо деген оюнду
Бизге мирас қылғаны
Тогуздап коргоол салғаны
Бу Манастан қалғаны («Манас» жы­рынан).
     Тоғыз­құмалақ ойынының болмысынан зерттеушілер көшпелі түркілердің түрлі өмір­лік көрінісінен бастап [10,30] көшпелі қоғамның саяси сипатына дейінгі тірлік маз­мұнын аңғаруда. Тоғызқұмалақтың ойын үдерісінен екі тараптың әскери шайқасын елестете отырып, оның нағыз көшпелі қоғамға тән әскери тайталасын байқаймыз. Айталық, казір «қазан» аталып жүрген шұңғылдың бір кезде «орда» аталғанын да ескерсек, онда ойын тақтасы қарама-қарсы орналасқан құрамында тоғыз тайпасы (ойында  әр тайпа «отау/үй» аталатын ұямен шартты түрде таңбаланған) қос хандықтың бір бірімен тайталасу көрінісі көз алдымызға келеді. «Қазан», «орда» ұғымдарының екеуі де біріктіруші атрибуттық ұғымдар болып табылады: тайқазан – елдің рухани-идеологиялық бірлігін қамтушы нышан болса, орда – әуелден-ақ көшпелі саяси құрылымды басты ұйытушы мемлекеттік орган, астана.
   «Қазан» ұғымын  этнограф Г.С. Загряжский [3,531] Шу мен Сырдария қазақтарының тоғызқұмалақты сипаттаған жазбасында бұл ұяның«қала» атауын келтіріпті. Бұл атау да көшпенділер үшін қаланың белгілі бір дәрежеде орталық, астана екендігінен хабардар етеді. Шамасы, ойынға дөп-дөңгелек шұ­ғыл болғандықтан «қазан»,  аттың орнына «құ­малақ» ұғымдарының кірігуі көшпелі өмір салтының әлсіреп, сыртқы көріністік ұғымдардың ығыстыруынан ойынның атауы да, бұрынғы біртұтас танымын жо­ғалтқан ұғымдардың орнын кейбір «өгей» атаулардың басуынан аңғару қиын емес.
     Енді, әрбір отаудың түркілік танымда тұтас әулетті білдіретін ұғым бар, оны «үй» атайды, қырғызша ойындағы отаудың «үй» [11,541] аталуы да содан. Қазақ ұғымындағы бұл тұтастық ежелгі мифологиялық «Ер­төстік» ертегісінде Ерназардың 9 ұлы ретінде көрініс береді. Тоғызқұмалақ ойынында да әрбір отау біртұтас үйді меңзейді де, соғыс жағдайында ол әскери қолға тең: 9 ат және ойнаушы түркілік әскери құрылымның  онбасы/жүзбасы/мыңбасы рөлінде іспетті.
    Зерттеуші М. Шотаев [13]: «Кентаулық шебер Т. Құдияров тоғызқұмалақты әскери ойынға жатқызып, осы отаулардың ор­наласу ретіне өзгеше көзқарас ұста­нады. Яғни ойындағы 9 отау – белгілі бір мемлекеттің, көшпенділер үшін қа­­ға­наттың құрылымы» деген дәйекті ұсы­нады:. Мәселен: №1 отау – жаяу әскер; №2 отау – шекара; №3 отау – қорған; №4 отау – штаб; №5 отау – уәзір орны; №6 отау –ханзада орны; №7 отау – хан сарайы; №8 отау – қазына; №9 отау – халық.
Ғалым әрі белгілі тоғызқұмалақшы М. Шотаев [11,513] бұл пайымды одан әрі: «Тоғызқұмалақта жүріс бағытқа негіз­делгендіктен, шындап келгенде бетпе-бет соғысу жоқ. Ойын ережелеріне көнедегі ғұндардың сенімі әсер еткен. Сондай-ақ, тоғызқұмалақ ойынында ғұндардың таң­дап алған соғысу стратегиясына сәй­кес, тактикалары да көрініс тапқан. Мә­селен, шабуылдау, қорғану, торуылдау, негізгі күштерді артқы күштерден бөліп тас­тау, жауларын өз жеріне тереңдей енгізу арқылы тұтқиылдан шабуыл жасау және т.б.» – деп аша түседі. Алайда, тоғызқұмалақ ойынын тек қана түркілік дүниетаным мен болмыстың, құндылықтың көзі ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Аталмыш ойынға ежелгі математикалық ойлау жүйесінің де араласы бары байқалады. «Находки шариков III-IVвеков до н.э. только подтверждают мысль, что игра древнее самой казахской нации. Уникален факт сохранения игры казахами в условиях кочевого образа жизни» – деп тамсана жазып, зияткер ойындарды ресейлік зерттеуші А. Шиляев [12] тоғызқұмалақ ойынын жер бетіндегі ондық санау жүйесінің пайда болу куәсі ретінде тартады. Белгілі алашордашыл қайраткер әрі ғалым Елдес Омарұлы өзінің «Қазақ тарихынан» деген мақаласында Шыңғысханнан бастау алады дейтін «ондық жүйелі» әскердің жасақталуынан мың жыл бұрын, аталмыш жүйені ең алғашқы ғұн қағаны Мәденің (Модэ) мемлекеттік жүйесі ондық, жүздік, мыңдық бөліністерден тұратын әскери құрылымнан тұрғандығын ежелгі Қытай мен Әбілғазы ханның шежіресіне сүйене отырып, ашып жазады. Әзірге адамзаттық өркениетті туындатқан Азия мен Европа құрлықтарындағы мемлекеттік-әскери сала бойынша ондық санақ жүйесінің басты тұтынушысы ретінде түркілер көзге көбірек түсетінін жоққа шығару қиын.
     Зерттеуші А. Шиляев өз мақаласында  «Казахи широко применяли десятичную систему, а счетная доска могла при­­­меняться для вычисления налогов» деуінде тиянақты қисын бар. Түркі қаға­наттарында, әсіресе Шыңғысхан мемл­е­кетінде әрбір табыстың оныншы бөлігі ғана мемлекетке салық есебінде алынғанын ескерсек, А. Шиляев мырзаның «Слово то­гыз переводится с казахского языка: девять. Многие авторы считают, что число 9, доминирующее в игре тогызкумалак, считается священным у монгольских и тюркских народностей и его можно считать традиционным у казахов. Однако, если смотреть на игровую доску как на древнейшую счетную доску, то цифра 9 — символ заполнения разряда, т.к. при попадании в лунку следующего камушка все камушки из нее вынимаются и в следующую лунку кладется один камень. Казахи широко применяли десятичную сис­тему, а счетная доска могла применяться для вычисления налогов…» деп, оны қазақ танымына телуі шынында да тоғызқұмалақ ойынының салық салуға қатысты тағы бір қыры мен оның мемлекеттік сайман түріндегі сипатын әйгілейді.
      А.Шиляевтың тоғызатқа қатысты пайымын тереңдете түссек, бұл ойын ғана  емес [2], «бұл ойын қазақтың барлық ойынының ішіндегі ең қиыны, ойнаған адамның миы істеп, есепшілігі артып, тез тапқыштық жағы күшеймек», яғни, бұл далалықтардың зерде мен логиканы дамыту құралы болғандығын әйгілейді. Тіпті, одан да маңыздысы сол – тоғызаттың ежелгі гректердің абақ санауыш құралымен қатар қолданылған математикалық сайманы болғанын аңдауға болады. Тоғызат тақтасының жартысы алсақ, ұя-отаулардың 9 цифрлы санды білдіретінін және 9-дан асқан сан 10-ордаға/қазанға түсетінін аңдасақ та жеткілікті.
      Қорыта келгенде, тоғызқұмалақ ойыны – түркі халықтарының мәдени-таным­­дық құндылығын бойына сіңірген күрделі де аса терең мағыналы зияткерлік мұра. Сол себепті де, аталмыш ойын түр­кілік қоғамдық-саяси құрылымды, тарихи-дүниетанымдық құндылықты, тұрмыстық-әлеуметтік көзқарас пен қажеттілікті қамтитын әмбебап ақпа­раттар мен дәйектер көзі ретінде жан-жақты зерделеуді қажет етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Абдужаппаров М.Н., Сағындықов И.Ө., «Зияткерлік тоғызқұмалақ ойы­нындағы отау аттарының мағынасы» //Түркі өркениеті және тәуелсіз Қазақстан. ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнал­ған халықаралық конференция мате­риалдары. І (А-Й). Ш.Ибраевтың редак­циясымен. – Астана, 2011.482 б.  
Аманжолов С. Тоғызқұмалақ. – А., 1936. Қазақша және орысша.
ЗагряжскийГ.С., // Быт кочевого населения долин Чу и Сыр-Дарьи. «Туркменские ведомости»,1874 г., №29.- «Игры народов СССР», 1933 г.,»Полиграфкнига», г. Ленинград, 563 стр.
Зелинская И. Домино, нарды, кости. – Москва: «Вече», 2001.
Краснов А.Н. Очерь быта Семиреченских Киргизь. (Известия русского географического общества). Общ. 23 том, 1887.
Орозобаков Т., Чылымов А. Тогуз коргоол. – Бишкек, 1997.
ПантусовН.Н., // «Киргизская игра «Тогузкумалак». 4-выпуск ХХII тома «Известия Общества археологии, истории и этнографии при Императорском Казанском университете» (том 22, вып. 4, Казань, 1906 г., стр.249-252).
Сұлтанбеков Т. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ. – Алматы: Қазақстан, 1967.
Таникеев М. От старта к Олимпиаде. – Алматы, 1983. – С.165.
Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары. – А.: Қайнар, 1994.
Түркологиялық зерттеулер.Жауапты редактор Сағидолда Г. – Астана, «Сарыарқа» баспа үйі, 2012. – 560 б.   
Шиляев А.,  Тогызкумалак. Казахская игра — свидетельство зарождения десятиричной системы счисления — http://thaichess.narod2.ru/shahmatnie_legendi/nagrada_izobretatelyu/
Шотаев М., Жұмабаев Н., Ақназаров С. Таңғажайып тоғызқұмалақ. – Түркістан: ХҚТУ баспасы, 2004.

     http://akikatkaz.kz/?p=4272#more-4272

толығырақ




        Қазақ халқының салт-дәстүрінде ұлттық ойындардың орны ерекше. Ертеден келе жатқан ұлттық ойындарымыз бір кезде ұмыт болып,кейінгі жылдары қайта жаңғырып,ел арасында кеңінен таралып жүр.Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні, оған қосымша рухани байлық пен денсаулық үшін пайдасы орасан зор. Соған байланысты оларды ата - бабаларымыз бірнеше топтарға жіктеген. Мысалы, ойын-сауық, тұрмыс-салт ойындары:ақ сүйек, сақина салу, тымпи, бастаңғы,ине жасырмақ, алтыбақан, тоғызқұмалақ, асық ойыны; жануарлар дүниесіне, аңшылыққа байланысты ойындар; көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, алтын қабақ (жамбы ату), асау үйрету; дене шынықтару спорт ойындары: күрес, мойын арқан және т.б болып бөлінеді.

 Ара жігін ажыратып көрсетсек олар мыналар:

     Көкпар – көкпарда «Дода және жеке тартыс» аталатын екі түрлі әдіс қазақ арасында көп қолданылады. Екеуінде де ат пен жігіт сынға түседі. Қазір көп жерде дода тартыс қана ойналып жүр. Жеке тартыс әдісі ұмытылған не іске қосылмаған. Көкпардың бұл түрі көреременді қызыққа бөлейтін әдіс. Жеке тартыстың шарты бойынша қарсылыстар өз тобынан екі-екіден тартыскерлер шығарады. Сайланған төрт жігіт өздерінің қайрат-күшін елге танытады. Тартылатын серкені бір бала өңгеріп алып, алдын ала сарапшылар белгілеген бір жарым шақырымдай жерге апарып тастайды.Тартысқа шыққан жігіттер серкеге барғаннан кейін таласа-тармаса тұрып, жерден іліп алу амалын жасайды. Қайсысы бұрын іліп алса, тақымына басып, қарсыласына ырық бермеуге тырысады. Ол да жармасып, бос сирақты тақымға басып, тартыса бастайды. Серіктері жолдастарын жебейді. Қайсысы көкпарды жұлып алса, серігіне береді. Ол топқа қарай ала қашады. Қарсыласы қуалайды. Жетіп ұстаса, қайта тартысады. Сөйте-сөйте көрерменге жақындайды. Осы арада көкпарды жұлып алған жігіт тез қимылдап, қарсылас топқа апарып тастайды. Ал аты ұшқыр, жүйрік жігіттер түптегі тартыста-ақ лақ қолына тисе, жеткізбей кетуі мүмкін. Көкпар тартуға араласа алмайтын қарттар, балалар көкпаршы жігіттердің осы ойынынан ләззат алады. Жүйрік атпен мықты жігіттің қайратына сүйсінеді. Біраздан кейін серкенің терісі жыртылып, сүйегі сөгіле бастайды да, ел жапа-тармағай тартысқа кіріседі. Бұл дода деп аталады. Мұнда да мықты жігіттермен жақсы ат көзге түседі. Мықты жігіттер жүйрік атты жігіттерге топтан көкпарды шығарып береді. Олар ала қашып, ерекше бір жақсылығы бар үйге апарып тастайды. Салт бойынша ол үй жаңа көкпар береді. Осыдан арғы көкпардың бәрі дода әдісімен өтеді.

      Күрес – қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан, ұзақ тарихы бар ойын. Адамның жеке күш-қайраты сынға салынады.Бұл тұста ел жастарды «Күш – атасын танымас» деп қайрайды. Бұл күштілерді дарақылыққа итермелеу емес. Жігіттер сайыс майданына түскен кіммен болса да тайсалмай күресуге тиіс. Қарсыласқысы келгеннен аянбау керек. Курес қазақ арасында күні бүгінге дейін сақталып келеді. Халық оның тәлімдік маңызына ерекше көңіл боліп, дәріптеген.

      Мойын арқан – жекпе-жек күш сынасатын ежелгі халық ойыны. Жігіттер тойда, жазғы сауықта сайысқа түседі. Көгал алаң таңдалады. Ұзын арқанның екі ұшы тұйықталып түйіледі. Алаңның ортасынан белгі үшін белдеу сызық сызылады. Қос қанаттан ұзындығы тепе-тең мөлшерде сайыскерлер тұратын меже белгіленеді. Сайысқа қалаушылардың бәрі түседі. Сарапшылыр олардың шама-шарқын мөлшерлеп, теңдесімен тартысқа түсіреді. Ойынды басқарушы тұйықталған арқанды сайыскерлердің мойнына кигізіп, екі саласын қолтықтың астынан өткізеді де, тартысушыларды жерге тағандатып қояды. Белгі берілгенде екеуі екі жаққа қарай тартуы керек. Дайындық шаралары біткеннен кейін бастаушы тартысқа рұқсат етеді. Сайыскерлер бірін-бірі шегіншектетіп сүйрей жөнеледі. Алаң ортасындағы белдеу сызықтан қарсыласын шегіншектете сүйреп өткізген сайыскер женеді.

      Алтын қабақ (жамбы ату) – шауып келе жатқан атың үстінен нысананы дәл көздеп , атып түсіру. Бұл ойының нұсқалары басқа халықтарда да кездеседі. Шығу тегі әскери ойынның пайда болуымен байланысты болған, оның қажеттігі 18 ғасырға дейін сақталған. Мұндай жарыс өткізілетін мерекелерде биік бағана, болмаса ұзын сырық қадалып, оның ұшар басына нысана ретінде жамбы (күміс құймасы) ілінетін болған. Оны қылмен немесе жібек жіппен байлаған. Атпен шауып келе жатқан кісі садақпен жамбыны атып түсіріп, жеңіске жетуге тырысқан. Нысананы дәлдеудің басқа да түрлері кездескен. Мысалы, жерде тұрып, немесе ат үстінде отырып, мылтықпен атуда қолданылған. Жамбы ату жігіттерді шабандоздыққа, мергендікке үйрету де елеулі роль атқарған.

      Асау үйрету – ел жайлауға шығып, жайғасқаннан кейін бес-алты күн өткен соң, биебау орыны таңдалып, желі тартылады. Бұл уақытқа дейін құлындар жетіліп, ширайды. Жігіт-желең жүйрік атқа мініп, жылқыларды шашау шығармай қайырып тұрады. Қолына құрық ұстаған қарулы жаяу жігіттер құлындарды бұғалықтап ұстайды. Асау құлындарды бұлқынта арпалысып жүріп, басына ноқта кигізеді де, желіге байлайды. Барлық құлын байланып болған мезетте әжелер бастаған қыз-келіншектер желі басына дастарқан жаяды. Әжелер ырымдап, ақ мол болсын деген ақ ниетпен желі қазығының басына айран құйып, жаманшылықтан аман болуы үшін құлындардың маңдайларына қатық жағады. Қариялар ақ баталарын ақтарады. Ақтілеуге арналған ас ішіліп болғаннан кейін балалар асау тай мен құнандарды үйрету ісіне кіріседі. Үйір ішіндегі асауларды құрық салып ұстайды да, мықты жігіттердің көмегімен шұралап тұрып ерттейді. Өзіне сенімді біреуі мінеді. Арқасына артылған жүкті аударып тастау үшін асау тулай жөнеледі. Аспанға шапшып, басын тұқырта мөңкіп, қайсарлана тулайды. Асауға мінген жігіт осы бір адуын арпалыстың қыбын тауып, құлап қалмаудың амалын жасайды. Батылдығымен елді сүйсінетеді. Асау үйрету әдетте екінің бірінің қолынан келе бермейді. Асау үйретушінің айла-тәсілін үлкен-кіші тамашалайды. Бұл да жігітті сынға салатын қызықтың бір түрі.

        Ақсүйек - ай сүттей жарық түндері, жазды күні қыздар мен жігіттер, балалар араласып ойнай береді. Кешке мал келіп, қораланып болғаннан кейін күзет түрінде ауыл шетінде ойын басталады. Ойынға ерте кезде ірі қараның қу жілігі пайдаланылған. Күн көзінде ұзақ жатқан жіліктің қурап, ақсөңке болып қалатыны белгілі. Ол кезкелген жерден ұшырайды. Соған орай ойын-«Ақсүйек» атанған. Ойынға келгендер екі топқа бөлінеді. Бастаушы ақсүйекті әуелетіп, алысқа лақтырады. Басқалар ай сәулесіне шағылыса жарқылдаған ақ сүйектен көз айырмай қарап, қай шамаға түсетінін бақылайды. Ақсүйек жерге түскен соң, бастаушы: «Ал, іздеңдер» деп бұйырады. Бәрі іздейді. Ақсүйекті тапқаны: «Мен таптым!» деп айқайлайды да, ақ сүйекті жоғары көтеріп көрсеткеннен кейін сөреге қарай жүгере жөнеледі. Қарсыластары оны қуып жетіп ұстап алуға тиіс. Ұсталып қалса, ол ақсүйекті өзін ұстаған ойыншыға береді. Ол әрі қарай жүгіреді. Сөйтіп ақсүйекті қай топтың ойыншысы сөреге жеткізсе, қарсы топтағылар жеңілген есебінде ән салып береді. Ойын осылайша жалғаса береді.
Сақина салу – жеребе арқылы бір қыз, бір жігіт ортаға шығады. Басқалары екі қолдарын уыстаған күйі тізелерінің үстіне қойып отырады. Қыз қолындағы сақинаны әр ойыншының уысына салғандай ыңғаймен ойынға қатынасушыларды түгел аралып өтеді. Содан кейін жігітке: «Сақинаны тап!» деп бұйырады. Барлық ойыншы сақинаны іздей бастаған жігітке қарап, қуыстанып сезіктегендей кейіп байқатады. Жігіт өзі ұйғарған ойыншыдан: «Сақинаны бер!» деп сұрайды. Тапса, сақинаны ұстап отырған ойыншы айып тартады. Таппаса, іздеушінің өзі айып тартады. Ал айыптың өтеуі көпшіліктің қалауы бойынша орындалады. Оның түрі де ән салу, жұмбақ шешу, жаңылтпаш айту, салмақ көтеру секілді қызықты болғаны жөн. Осыдан кейін ортаға келесі жұп қыз бен жігіт шығарылады. Бұл ойында қыздар жағы тек сақина салушы ғана болады. Іздеуші– жігіт. Ол әр ойыншының алдына барғанда әзіл айтып, күлдіріп жүруі керек. Сол әдіс арқылы сақинаны ұстап отырған ойыншыны сезіктендіріп барып тауып алуы да ықтимал.

       Тымпи – ойынға қатынасушылар шеңбер жасап, дөңгелене отырады. Біреуін ойынды жүргізуге белгілейді. Ол: «Ал, ойынды бастаймыз, бәрің түгел тым-тырыс тымпи!» -деп бұйырады. Бұдан кейін бірде-бір ойыншы дыбыс шығармауы, үн қатпауы керек. Алайда бастаушы ғана сөйлеуге ерікті. Ол адам күлерлік қимыл-қозғалыспен әзіл-қалжың сөздерді айтып, қалай да біреуді күлдірудің амалын іздейді. Қалжың жыр да айтады. Ешқайсы шамданбайды. Өйткені ойынға қатынасушылардың аты әлгідей қалжың өлеңге қосылмауы керек. Әзілі де, сықағы да өтпесе, бет-аузын тыржыңдатып, әр түрлі құбылтады. Қолапайсыз қимылдармен құбылыстар жасап қозғалады. Жаңылыстыру үшін неше алуан сұрақтар қойып, көздеріне төнеді. Біреу абайсыз жаңылып сөйлесе не күліп жіберсе, айып тартады. Өлең айтады, ән салады не би билейді. Сондықтан ойынды жүргізуші тілмәр, әзілкеш, күлдіргі болуы керек.

     Бастаңғы – ауылдағы үлкен кісілер бір жаққа қонаққа немесе басқа себептермен қотарыла кеткен жағдайда қыз-келіншектер бас қосып, бір үйге жиналады. Қазақ салтында ерулік, ас беру, сүндет тойы секілді кәделер аса кәдірлі іс. Сондай кәденің біріне шақырған кісінің ниетін сыйлап, шақырылған ауылдың үлкен кісілері түгел баруға тырысады. Қыз балалар ондайда оңаша қалады. Сонда бастаңғы ойынын бастайды. Емін-еркін ойнап-күліп, қысылып-қымтырылмай сырласады. Бұл ойынға қыздардың қалауы бойынша жас жеңгелері де қатысады. Қазақтың отбасы тәрбиесіндегі «Қызға қырық үйден тыйым» деген қатал тәртібі қыз баланың албаты секеңдеп, ербеңдеп жүруіне жол бермейді. Қазақта қыздың ары қатты ардақталады. Ол бүкіл отбасының абыройы. Сондықтан қыздың өз үйінен себепсіз не рұқсатсыз ұзап шығуы ата-ананың намысын қорлайды да, оған қатаң тыйым салады. Бойжеткен қыз шешесімен не жеңгесімен үй шаруасымен шұғылданады. Бос уақытында кесте тігеді, ою ойып, терме тоқу өнерін үйренеді. Сөйте жүріп өзінің төсек-орнын, жасауын, үй мүлкін де қамдап алады. Бастаңғы – қыздардың үй іші шаруасында өз бетімен еркін әрекет етуінің бір шарасы. Бастаңғыға жиналған қыздардың әр қайсысы тәтті-дәмдіні, құрт-майды үйден ала келіп, ортақ дастарқанға салады. Тамақты өздері әзірлейді. Бұл ойынның астарында үлкен тәрбиелік мән жатады. Қыздар осы ойын арқылы қонақ күтудің, табақты мүшелеп тартудың жөнін іс жүзінде орындап байқауға бейімделетін түрі бар. Тағы бір шарты – өлең айтылмайды, шу болмайды. Алайда басқа ойын ойнап, көңілдерін көтереді. Үлкен кісілер байқаусыз келіп қалып, көздеріне түспеу үшін құрт-май, тәтті беріп, үй маңында сенімді, тілалғыш балаларды қарауыл қаратып қояды. Өйткені бұл қылықтарын үлкен кісілердің біліп қоюын әбестік деп ұғады. Бастаңғы– қазақ қыздарының ежелден келе жатқан дәстүрлі ойыны.

       Ине жасырмақ - жастардың бас қосуында, көбіне үйде ойналатын ойын. Қажетті бұйымдар: ине және домбыра. Ойын шарты: ойыншылар ең алдымен, бастаушыны сайлайды. Ол, біріншіден, тәртіпті бақылайды, екінші, домбырада, немесе басқа музыкалық аспапты ойнайтын кісіні табады; үшіншіден, ойын ережесін түсіндіріп, екі ойыншыны таңдайды. Ойыншының біреуі бөлмеден шығып кетеді де, үйде қалған екіншісі инені өз бойындағы киіміне жасырады, немесе басқа біреуге береді. Бастаушының белгісі бойынша үйге қайта оралған іздеуші инені ойынға қатысушылардың жағасынан, бас киімдерінен іздей бастайды. Іздеуді жеңілдету үшін музыкант домбырада ойнап отырады. Егер іздеуші ойыншы нысанаға жақындай түссе, домбыра күмбірлей жөнеледі. Ал, егер нысана тұсынан іздеуші өтіп кетсе, домбыра үні бәсеңси бастайды. Іздеуші инесі бар кісіге жақындаған не алыстаған сайын домбырашы оны әр қилы сарынмен бағыттап, дәлдеп отырады. Нысанға дөп келген іздеуші ине осында-ау деген кісіні әбден тінте тексеріп, инені табуға тырысады. Ине жасыра алмаған, кәде бойынша ән салып, не әзіл айтып айып төлейді. Ал табылмаса іздеушінің өзі айып тартады.

       Baq.kz, Ардақ Нұржанова 

толығырақ

      Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының бас хатшысы, Тоғызқұмалақтан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мақсат Шотаев:

     Қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны әлемдік порталдарда танымалдығы жағынан алға шығып, интернет арқылы жүзден астам елде ойналуда. Жақында Қытайдан қазақтың жаңа зияткерлік ойынымен танысып қайтқан Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының бас хатшысы, Тоғызқұмалақтан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мақсат Шотаев «Айқын» газеті сауалдарына жауап берген еді. 

     – Жақында тоғызқұмалақтан халықаралық мәжіліс Қытайда өтіпті. Қазақтың ұлттық ойынына деген қызығушылық көрші елде жоғары болғаны ма?

    – Қазіргі кезде тоғыз­құ­ма­лаққа тек Қытайда ғана емес, дүниежүзінде де қызығушылық артып отыр. Ұлттық ойынның зияткерлік қасиеттері рухани мұрамыздың танымалдылығын арттыруда. Сондай-ақ тоғызқұ­малақтың жеке тұлғаның озық қасиеттерін қалыптастырудағы орны ерекше. Сондықтан болар, интернет кеңістігіндегі iggamecenter.com сайтында тоғызқұ­малақ танымал 145 ойынның арасында бірінші орында тұр. 

       Ал Қытайдағы семинар Үрім­ші және Алтай қаласында өтіп, оған Шыңжаң қазақ мә­дениет қоғамы басшылық жа­сады. Бұл қоғамның төрағасы Арып Зұрғанбекұлы барлық ұлттық мұраларға қамқор, бел­сенді тұлға ретінде көрінді. Жиынға Қазақстан мен Монғо­лияның мамандары да қатысты. Шынар Қапан деген жанашыр азамат тоғызқұмалақтың Қы­тайда шығарылған жаңа тақта­сымен таныстырды. Оған қоса, ұлттық ойынымызды мектеп бағдарламаларына енгізу мә­селесі айрықша көтерілді. 

       – Бұл қаншалықты мүмкін деп ойлайсыз?

      – Қытайда бұл іс қолға алына бастаған. Семинар барысында зия­лылардың барлығы оған қол­дау білдірді. Осының арқасында Үрімші қаласы, Үрімші ауданы, Алтай қаласы маңындағы оқу орындарында тоғызқұмалақ мектеп бағдарламасына енгізі­летін болды. Сондай-ақ Шынар Қапан тек мектептерде ғана емес, жоғары оқу орындарында дә­рістер өткізіп, ұлттық ойын­ның қолданылу аясын кеңейтуде.

       Жалпы, тоғызқұмалақты мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі тек Қытайда ғана емес, Моңғолия, Ресей, Қырғызстанда да көтерілуде. Тіпті Түркияда да бірқатар түрік жанашырлары ұлттық ойынды мектеп бағдар­ламасына енгізудің жобасын жасауда. Сондай-ақ зияткерлік мұрамызды Еуропада дамытып отырған бірден-бір мемлекет – Чехияда мектеп оқушыларының арасында жарыстар өткізілуде. 

    – Ал Қазақстанның өзінде ұлт­тық мұраны мектепте дәріп­теуге қаншалықты көңіл бөлінуде?

       – Тоғызқұмалақ – Ақмола, Шығыс Қазақстан облысы сияқты кейбір аймақтарда, Астана қаласында мектептерде қосымша сабақтар (вариативті) қатарында. Елордада тоғызқұ­малаққа қазақ-түрік лицей­лерінде ғана жақсы мән берілген. Түркиядан келген мамандар зияткерлік ойындардың жасөс­пірімнің ойлау жүйесін дамы­тудағы айрықша маңызын түсінеді. Өйткені бұл тәжірибе сол елде кеңінен пайдаланылады. Жалпы, Еуропада да қазіргі кезде интеллектум сабағы өтіп, әлемнің көптеген елдерінде насихатталатын, шахмат, дойбы, го, абалон, мангала ойында­рынан өзге түрлі логикалық ойындар да үйретіледі. Түркия – интеллектум сабағы жағынан көшбасшы елдер қатарында. Ал бұл пән біздің елімізде тек, «Нұрорда» қазақ-түрік лицейін­де ғана беріледі, оған мамандар тек Түркияда даярланады. Қа­зақ­­станның да осы пәннен көш­бас­шы елдердің қатарына ену мүм­кіндігі жоғары болғанымен, әзірге оған Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау көрсетіліп отырған жоқ.

      – Сіз жақында Қытайда тағы бір көне зияткерлік ойынды үй­реніп қайтыпсыз. Бұл да қазақтың ұлттық ойыны ма? 

       – Алтай қаласындағы мә­жіліс кезінде Шалқар деген аза­мат қасыма келіп, бала кезінде ойнаған, қазір ұмыт болған бір ойынмен таныстырды. Бұл ойынның шарты бойынша екі ойыншыда үш-үштен дойбы бо­лады. Ойын тақтасы квадрат пі­шіндес, іштей 9 бөлікке бө­лін­ген шаршылардан құралады. Тақтаның үстіңгі шаршылары жабық, ал астыңғы 3 шаршысы ашық тұрады. Ашық шаршы­ларды «дария» деп атайды. Ойын­шылар кезектесіп, дойбы­ла­рымен алға, артқа, жанына бір қадам жүріс жасайды. Олар бір-бірінің жолына бөгет жасап, дойбыларды дарияға құлатуға тырысады. Кімде-кім 3 дойбыны дарияға құлатса, сол жеңімпаз атанады. Ойынның ережелері қарапайым болғанымен, оны ойнау асқан зерделілікті талап етеді. Алдағы уақытта «дария» ойынының шығу төркінін зерт­теу керек. Егер ол басқа халық­тарда кездеспесе, онда осы мұра арқылы да қазақтың ойшылдық, парасаттылық қасиеттерін танытуға болады. Қытайдағы семинардан тапқан ең үлкен олжам осы болды. 

      – Қазақтың «тоғыз­құма­лақ­­тан» өзге зияткерлік ойын­дары бар ма? 

     – Қазақ халқының зият­кер­лік мұраларын халықтық және авторлық ойындар деп екіге бөлуге болады. Алғашқы топқа – тоғызқұмалақ, бестемше, сиыр бұзаулату, қоздату секілді ойын­дар, келесі топқа хандойбы, балахан, «newfootbol» жатады. 2014 жылы Баянөлгийде Ма­мырхан Қожахметұлының «Қа­зақтың ой-өрісін шыңдау ойын­дары» атты кітабы жарық көрді. Мұнда қазақтың тұйыққа тіреу, үшбұрышты дойбы, шаңырақ, керей тоғызқұмалағы сияқты ойындарда да берілген. Бұл ойындардың халықтың зият­керлік әлеуетін қаншалықты арттыра­тынын алдағы уақытта зерттеп, зерделеу керек. Өйткені кейбір зияткерлік ойын ереже­лері ха­лыққа түсініксіз болып, ойнау­шыларды жалықтырып алуы да мүмкін. 

       Жалпы алғанда, алдағы уа­қытта халқымыздың зият­керлік ойындарын жинақтап, жүйе­лейтін ғылыми орталық ашылуы керек деп ойлаймыз. Мәселен, Әзірбайжандағы Ганжу айма­ғындағы қазақ аудандарындағы  «ғығы мәтәк» деген ойын кез­деседі. Осы ойынның Баянөл­гийдегі сиыр бұзаулату ойынына ұқсас­тығы бар. Немесе Баянөл­гийден та­былған есенқорғоол ойы­нының отаулары түрік манга­ласына ұқсас. Сондай-ақ орта ғасыр­ларда түркі тайпа­ларында танылған «күш» ойыны туралы мәліметтер жоқ. Осы ай­тылған мәселелердің барлы­ғын жи­нақтап, зерттей білсек, хал­қы­мыздың зияткерлік мәде­ниеті туралы толық ақпараттар қалыптасар еді. 

      – Тоғызқұмалақты бұқа­ра­ның, ең алдымен жастардың сү­йік­ті ойынына айналдыруға не кедергі?

      – Осыдан алты жыл бұрын Оралда тоғызқұмалақтан Қазақ­стан Президентінің жүлдесіне арналған Халықаралық жарыс өткізілген. Осы іс-шара бары­сында қазақ даласында алғаш рет тоғызқұмалақтан Халық­аралық қауымдастық құрылып, оның төрағалығына Әлихан Байменов тағайындалды. Осы ұйымның жұмысы арқасында соңғы жылдары Әлем және Азия чемпионаттары өткізілді, қазақтың ұлттық ойыны әлемдік деңгейде таныла бастады.

     Әрине, тоғызқұмалақтың шахматпен теңесе алмай отыр­ғаны анық. Білім және Ғылым министрлігінің тікелей қолда­уымен шахматтың мектептердегі қосымша (вариативті) сабақ­тардың қатарына енгізілуі де бұл ойынмен шұғылданатындардың қатарын арттырып, үйірмелердің көбеюіне әсер етті. Тоғызқұ­ма­лақтан барлық облыстарда үйір­мелер ашылғанымен, шах­мат секілді танымал болмай отыр.

      – Дегенмен, әлеуметтік желі­лерде жастар арасында тоғыз­құмалаққа деген қызығушылық байқалады. Олар өзара тоғыз­құ­малақ үйренушілер тобын құрып жатқанын оқимыз. Жеткіншектер ұлттық зияткерлік ойындарымен көбірек танысуы үшін не істеу керек дейсіз? 

      – Ең алдымен, барлық об­лыстарда тоғызқұмалақты мек­теп бағдарламасына енгізу керек. «Қазақстан барысы» сияқты жақсы жобалар жасау қажет. Әлем­дік деңгейдегі сайыстардың санын арттырған жөн. Мәселен, шахматтан, Азия және әлем чемпионаттары жыл сайын өтеді. Одан басқа мектеп оқушы­лары арасындағы жарыстар, қалалар арасындағы әлем чемпионаттары және тағы басқа халықаралық сайыстар өте көп. Сондықтан алдағы уақытта құ­зырлы мекемелер осы мәселе­лерге көңіл бөлуі керек. 

      – Қазір елімізде басқа да ұлт­тық спорт түрлерін дамытуға, олар­ды олимпиадалық ойындар қа­тарына қосуға талпыныс байқа­лады. Бұл ретте зияткерлік ойы­ны­мыздың мүмкіндігі қаншалық?

       – Тоғызқұмалақты әлемдік зияткерлік ойындар олимпиа­дасына енгізуге толық жағдай жасалғанымен, оған қаржылық әлеуетіміз жетпей жатыр. Мә­селен, Дүниежүзілік зият­керлік ойындар олимпиадасы – төрт жылда бір болатын байрақты бәсеке. Оған шахмат, дойбы, го, қытай шахматы сияқты ойындар кірген. Оның құрамына ену үшін тоғызқұмалақ әлемнің 45 елінде насихатталуы керек. Ойыны­мызды интернет кеңістігінде дүниежүзінің 100-ден астам елдерінде ойнағанымен, әзірше халықаралық бәсекелер 20-дан астам елдерінде ғана өткізіліп отыр. Өкінішке қарай, «Самұ­рық-Қазына» қоры қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, бәйгеге қыруар қаржы бөлгенімен, хал­қымыздың бірден-бір зият­керлік ойыны – тоғыз­құмалақты да­мытуға бір теңге де берген емес. Біз басқа да ұлттық ойын түр­лерінің қолдау табуын құп­таймыз. Бірақ ұлттық қор әр ойынның мүмкіндіктерімен есеп­тесе отырып, қаржы бөлуі тиіс деп ойлаймын. Ал дүние­жү­зіндегі қызығушылық, күнде­лікті тұтынуы бойынша тоғыз­құмалақ ұлттық ойындар арасында алдыңғы орында тұр.

      Биылғы жылы ұлттық ойын­дар бойынша Бішкекте І «Ұлы Дала ойындары» өткізілді. Бұл бәсеке кезінде онға жуық ұлттық спорт ойындары, оның ішінде жекпе-жек, асық, тоғыз­құмалақ, күрес, көкпар, қыз қуу, бәйге және тағы басқа ойын­дардан сайыстар өтті. Яғни біз ұлттық ойындар олим­пиадасын өткізіп үлгердік. Ендігі ме­жеміз– әлем­дік олим­пиадаларға ұлттық ойын­дарымызды енгізу. 

       Сұхбаттасқан Айжан КӨШКЕНОВА,            http://aikyn.kz/interviews/view/60653

       

толығырақ

      Тоғызқұмалақ - әлемдік мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын интеллектуалдық ойын, логикалық ойлау өнері. Жасөспірім ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да зор мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тауып, зерделілік және зияткерлік даму құралы ретінде қолданған.

   Тоғызқұмалақ ойыны республикалық деңгейде Қазақстан Республикасы, Қырғызстан, Моңғолия сынды елдерде, Ресейде, әсіресе Алтай мен Қарашай-Черкес республикаларында ойналып келеді. Ал Қытайда және Еуропа елдерінде ойынды ақпараттық жағынан насихаттап отырған көптеген жанашыр азаматтар бар. Бүгінде АҚШ-тың Аляска Университеті Тоғызқұмалақ ойынын зерттеумен айналысып отыр. Қазақстан Республикасында қазір спорт түрі ретінде Тоғызқұмалақ қанатын қеңге жайып, танымал ұлттық ойындардың біріне айналды.

     Осы ұлттық ойынымызға өзіндік үлес қосып жүрген азаматтың бірі - Қазақстан Тоғызқұмалақ қауымдастығы төрағасының орынбасары Мақсат Шотаев. Ол өткен аптада Қытайда өткен тоғызқұмалақтан халықаралық семинарға қатысып, өзінің тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Елге келген соң арнайы жолығып, сол семинар жайлы сұхбаттасқан едік.

    - Жақында Қытайға барып, төл спортымыз - тоғызқұмалақтан халықаралық семинар өткізіп қайтыпсыздар. Қанша мемлекеттің өкілдері қатысты?

     - Қытайдың Үрімжі қаласында тоғызқұмалақтан алғашқы семинар 2008 жылдың 24-30 қараша күндері өткізілген болатын. Ол семинардың жоғары деңгейде өтуіне Шыңжаң қазақ мәдениет қоғамы, ғалым Шадыман Ахмет және Елбол Райханұлы деген азаматтар үлес қосқан болатын. Ол кездегі басты мақсатымыз Қытайда ұлттық ойынды насихаттау болатын. Осы жиыннан кейін тоғызқұмалаққа қызығушылардың саны артқанымен, өкінішке қарай, Е.Райханұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты біраз уақыттан кейін бұл іс тоқырап қалды.

      Арада 6 жыл өткенде, биылғы жылдың ақпан айында, Үрімжіден Шынар Қапан деген азамат хабарласып, осы тоғызқұмалақты дамыту ісімен айналысып жүргенін жеткізді. Оған біз Моңғолияда өтетін жарысқа баруды ұсындық. Олар Шыңжаң қазақ қоғамының қолдауымен Баян Өлгейдегі жарысқа команда болып қатысып, өлшеусіз тәжірибе жинады.

      2014 жылдың 13-15 қазан күндері Қытайдың Үрімжі қаласында тоғызқұмалақтан халықаралық семинар жиын, мәжіліс өткізілді. Оған Қытай, Қазақстан және Моңғолияның жаттықтырушылары мен рухани жанашырлары қатысты. Атап айтқанда, Шыңжаң қазақ қоғамының төрағасы Арып Зұрғанбай бастаған Үрімжідегі қазақ зиялылары, белсенді жастар, Қазақстан Тоғызқұмалақ қауымдастығы төрағасының орынбасары ретінде мен, төрешілер басшысы - Бауыржан Төлегенов, Батыс Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы - Дәулет Абдікәрімов, Моңғолия Тоғызқұмалақ қауымдастығының басшысы - Асылхан Сакей, осы елдің аға жаттықтырушысы - Алмасбек Қожағайын және баспасөз өкілдері қатысты.

        -  Үрімжіден басқа тағы қандай қалаларда болдыңыздар?

      Үрімжіден тыс, 16-17 қазан күндері Қытайдың қазақтар көп қоныстанған Алтай қаласына барып, жергілікті спорт басқармасының қолдауымен тоғызқұмалақтан халықаралық мәжіліс-семинар өткіздік. Бұл Үрімжі қаласында өткен семинардың жалғасы іспеттес болды. Жиын Алтай қалалық өкімет үйінің 7-ғимаратында өтіп, оны қалалық спорт басқарма бастығы Думан есімді азамат жүргізді. Мәжілісте тоғызқұмалақты Алтай қаласында дамытудың жолдарымен қатар, халықаралық деңгейде насихаттаудың міндеттері сөз болды. Негізгі баяндаманы мен Ғалымбек Қабыл және Асылхан Сакей жасадық.

        -  Мұндай семинар өткізудегі басты мақсаттарыңызды айта кетсеңіз?

     Тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде дамыту ісі - бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Ұлттық ойынды зияткерлік дәстүрі бар басқа елдерде насихаттау үшін ол елдерге барып семинар өткізу қажет. Сондықтан Үрімжі және Алтай қалаларына барғандағы басты мақсат  - ұмыт қалған дәстүрді жаңғырту, тоғызқұмалақпен таныстыру болды.

       -  Жиындарда қандай мәселелер талқыланды?

    Негізінен алғанда, екі қалада да тоғызқұмалақтың жергілікті жерлердегі және халықаралық деңгейдегі даму мәселелері жан жақты айтылды. Жиын барысында мен тоғызқұмалақтың әлемдік деңгейдегі қазіргі жағдайымен қатар, Қазақстандағы қазіргі даму деңгейі жөнінде өз пікірімді ортаға салдым. Ал Қытайдағы тоғызқұмалақтың дамуы туралы сөз қозғаған Шынар Қапан тоғызқұмалақты Үрімжіде дамыту және мектеп бағдарламасына енгізу жолдары туралы баяндап, өзі шығарған тақта туралы мәлім етті. Ал Моңғолия Тоғызқұмалақ қауымдастығының басшысы Асылхан Сәкей ұлттық ойынның өз еліндегі даму жағдайымен таныстырды.

      -  Осы барыста төл ойынымыз тоғызқұмалаққа байланысты қандай да бір келісімдер жасалған болар?

      -  Тоғызқұмалақты дамыту ісін Қазақстан елі қолға алғандықтан басқа елдегі жанашырлардың барлығы бізді үлгі тұтып, бізге қарай бет бұрып тұратыны сөзсіз. Үрімжі және Алтай қаласындағы семинарлар барысында тоғызқұмалақтан осы елде қауымдастық ашу, мәдениет үлгісі ретінде тіркету, мектеп бағдарламасына енгізу, баспасөз беттерінде насихаттау және оқулықтар шығару жөнінде келісімдер жасалды. Бұл мәселелердің барлығына Шыңжаң қазақ қоғамы қолдау көрсететін болды. Сондай-ақ тоғызқұмалақ ойынының атауын Қытай тілінде өзгертпей беру туралы да мәлімдеме жасалды.

     -  Ал шеттегі қандастарымызды ел ішінде өтетін жарыстарға шақыру, тәжірибе алмасу мәселелері қалай болмақ?

   -  Тоғызқұмалақтан Әлем және Азия чемпионаттарына басқа елдегі қандастарымызды үнемі шақырып отырамыз. Бірақ оларда өз елдерінде насихаттау ісіне көп көңіл бөлуі керек. Мәселен, қазіргі  кезде Моңғолия тоғызқұмалақ қауымдастығы тек өздеріне мүше ретінде тіркелген тұлғаларды ғана жарысқа жіберу туралы шешім қабылдады. Ал, біздің елге келіп жарысқа қатысамыз, тоғызқұмалақ ойынын үйренеміз деген қандастарымызға және тоғызқұмалақ ойынына қызығушылық танытқан кез келген ұлт өкілін құшақ жая қарсы аламыз.

   - Қытайдағы қандастарымыздың қазақтың төл спорт ойыны - тоғызқұмалаққа деген көзқарасы қандай?

     -  Қытайдағы қазақтардың тоғызқұмалаққа деген көзқарасы өте жақсы екен. Семинар барысында зиялы қауым да, жалынды жастар да өздерінің осы ойынды меңгергісі келетінін байқатып отырды. Оған біз семинар барысында көз жеткіздік. Тоғызқұмалақты үйренгісі келген жастар күн батқанша шеберлік сабақтарына қатысып, өздерінің бұл ойынға деген құштарлығын көрсетті. Әзірше Үрімжіде жарыстар өткізілмегенімен, болашақта бұл қала тоғызқұмалақты дамытудың қайнар орталығына айналмақ. Бұл жай айтыла салған сөз емес.

      -  Жалпы, Қытай бір ұлтты мемлекет құру саясатын жүргізіп жатқанын жақсы білеміз. Бұл саясат - ондағы қандастарымыздың осындай қазақтың төл спорт ойындарын дамытуына кері әсерін тигізбей ме?

      -  Қазір тек Қытайда ғана емес, дүние жүзінде жаһандану мәселесі қатты белең алып тұр. Сондықтан алып мемлекеттерді мекендеген ұсақ ұлттар басқа ортаға жұтылып кетпеу үшін, өз мәдениеті мен бітім-болмысын сақтап қалуы үшін ұлттық құндылықтарға иек артуы керек. Үрімжідегі Шыңжаң қазақ мәдениет қоғамы Қытайдағы қандастарымыздың салт-дәстүрді ұмытып қалмауы, ана тілінде сөйлеуі, ұлттық құндылықтарды игеруі үшін өзіндік жұмыстар атқарып отыр екен. Мәселен, қоғамның төрағасы Арып Зұрғанбекұлы айналасына ұлтжанды азаматтарды жинап, түрлі деңгейдегі рухани іс-шаралар өткізіп, қазақтың жоғалып бара жатқан көптеген дәстүрлерінің сақталып қалуына жұмыс жасап жатыр екен.

      Мәселен, қазіргі кезде Үрімжіде көн тігу өнері мен саба дәстүрі жойылып кеткен екен. Осыны қайта жандандыру үшін арнайы мамандарды шақырып отыр. Сондай-ақ, Арып Зұрғанбекұлы ел есінде ұмытылып бара жатқан тоғызқұмалақты да жастарға үйрету үшін осы семинарды жоғары деңгейде өткізе білді. Шет жерде жүрсе де осындай қазақтың мұддесін ойлап, ұлт үшін еңбек етіп жүрген қандастарымызды көріп, өте разы болып қайттық.

      Жалпы жиынның қорытындысында қазіргі кезде қазақтың бүгінгі және көнедегі спорт немесе өнер түрлерінің ішінде күнделікті әлем халықтарының қажетіне айналып отырған бірден-бір мұра тоғызқұмалақ екендігіне көз жеткіздік. 

      Өзімнің семинар барысындағы жеке жетістігім ретінде Шалқар есімді азаматтан «Дария» атты зияткерлік ойынды жазып алуымды бағалаймын. Бұл ойын қазақ халқының рухани мұраларының мол екендігіне тағы да дәлел болады.

        -  Әңгімеңізге рахмет!

           Сұхбаттасқан: Күнсұлтан Отарбай,   ҚазАқпарат 

толығырақ

          Астанада Түркияның әйгілі TRT-AVAZ телеарнасы директорының орынбасары Мұрат Акош пен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Ерлен Оспанов кездесті.
      Қос тарап қазақтың ұлттық спорт түрлерін түркітілдес бауырларымыздың арасында кеңінен насихаттау туралы әңгіме өрбітті, деп хабарлайды аталмыш қауымдастықтың баспасөз қызметінен.
      Түркиялық БАҚ өкілі өз телеарналарының техникалық мүмкіншіліктері ұлттық спортты жан-жақты және толық насихаттауға жеткілікті екенін және көрермендер арасында көшпелілердің дәстүрлі өнеріне деген қызығушылықтың жоғары екенін жеткізді. Жүздесуде Мұрат Акош пен Ерлен Оспан дәстүрлі спортты, соның ішінде көкпарды дамыту жоғары деңгейдегі насихат пен қамқорлықты қажет ететінін сөз етіп, алда бірлесіп жұмыстар жасауға уағдаласты. Әсіресе, келесі жылы Түркияда өтетін Көкпардан ІІ-ші ашық Азия чемпионатын алдын ала насихаттау, жарыстарды тікелей эфирде көрсету секілді маңызды мәселелерде келісімдерге келді.
     Айта кетейік, TRT-AVAZ қоғамдық телеарнасы 8 мемлекетке хабар таратып, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан секілді бауырлас елдердің ұлттық өнері мен дәстүрінен хабардар ететін деректі фильмдер мен музыкалық бағдарламаларды көрерменге түрік тілінде ұсынады.
            ҚазАқпарат

толығырақ

20141022_150946 - копия          

       ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының «Бүркітші» федерациясы оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырды. Құсбегілердің арасында мұндай оқу-жаттығу жиыны бірінші рет ұйымдастырылды. Бұған дейін өзара жарысып, бәсекелес болып келген бүркітшілер алғаш рет бірге дайындалып, бір-бірімен тәжірибелерін бөлісті.

   20141023_124333 - копия     14 күнге созылған іс-шара Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы «Горная» аңшылық шаруашылығында өткізілді. Жаттығуға 15 құсбегі мен жаттықтырушылар қатысты. Осылайша құсбегілер таяу күндері Моңғолияда өтетін халықаралық жарысқа дайындалуда.

       20141023_124346 - копия

     Ұйымдастырушылар дайындық жұмыстары ойдағыдай жүргізілгенін айтты. Құстар да, құсбегілер де тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, қандай жарысқа да тастүйін дайын екендерін көрсетті.

     
20141023_124415      Құсбегілердің оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға Ерейментау ауданының әкімшілігі де атсалысты.

         http://ulttyqsport.kz/?p=5750 

толығырақ

Alem barysy-14

      «Әлем барысы» турнирінде финалға Қазақстан мен Куба балуандары шықты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Alem barysy-14

    Бұл белдесуде Қазақстан намысын Айбек Нұғымаров қорғады. Ол кубалық Оскар Рене Брайсон Видалмен кездесті. Финал тартысты және қызықты өтті. Жартылай финалда Айбек  Ресей балуаны, самбодан Еуропаның екі дүркін чемпионы Максим Ширяевті жеңсе, Куба өкілі Бейбіт Ыстыбаевты ұтып, финалға шыққан болатын. Сондықтан екеуі де финалға көп күшін жұмсап шықты десе болады. Кездесудің басында кубалық Оскар Рене Брайсон Видал әдіс жасап, Айбекті таза жеңді.

    Ал  «Әлем барысы» турнирінің үшінші орын үшін белдесуінде Ресей балуаны Максим Ширяев Бейбіт Ыстыбаевтан басым түсті. Ресей балуаны қола жүлдегер атанды.

      Дастан Кенжалин.

      Дерек: egemen.kz  Сурет: «Қазақстан барысы» қоры. 

толығырақ

Нұрғиса Елеубеков (фото)

Нұрғиса Елеубеков (фото)

   Қызылордалық өрен Бағлан Төлебай қазақтың төл ойыны – тоғызқұмалақтың электрондық бағдарламасын жасады. Ол жуырда Қызылорда облысы әкімдігінің «Сыр үміті» сыйлығының иегері атанды. Қазір ол облыс орталығындағы №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 11сыныбында оқиды. Жас өрен алдағы уақытта да осындай ұлттық жобаларды қолға алуды көздеп отыр. Ол үшін алдымен компьютерлік технологияларды жан-жақты меңгеріп алғанды дұрыс көріп отыр. Оның тоғызқұмалақтың электрондық бағдарламасын жасауға төмендегі жағдайлар себепкер болды. Өткен жылы тамыз мәслихатының көрмесінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Бағланның қолынан шыққан «Шахмат үйрену» әліппесімен танысты. Содан кейін одан «Тоғызқұмалақ ойынын жасай аласың ба?» деп сұраған еді. "Бұл маған берілген тапсырмадай болды. Сол кезде мен «жасап беремін» деп уәде бердім. Киіз үй сияқты ұлттық элементтерді қосу үшін мықты компьютер керек болды. Бірақ 3DS MAX бағдарламасын біз қолданып жүрген кеңсе компьютерлері көтере алмайтын еді" дейді Бағлан ағынан жарылып. 
      
Арада көп уақыт өтпей сәтін салып Бағлан «Самғау» сыйлығын жеңіп алды. Одан түскен қаржыға ата-анасы қаржы қосып қаладағы ең мықты деген жүйелік блокты (процессор) сатып алып берді. Сол арқылы тоғызқұмалақтың электрондық бағдарламасын жасады. Осы бағдарламамен халықаралық "INFOMATRIX ASIA & PASIFIC" ғылыми жобасына тіркеліп, күміс медаль иегері атанды. Бұл үлкен халықаралық жарысқа Азия және Тынық мұхит аймағынан 25 мемлекет қатысып (Гонконг, Филиппин, Қытай, Ирак, Сомали т.б. ), ол сайыста 220 оқушы бақ сынаған болатын. Бағлан биыл 25 мамырда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қабылдауында болып, тоғызқұмалақ ойынының электрондық бағдарламасымен таныстырды. Облыс басшысы ағалық алғысын арнап, алдағы жобаларына сәттілік тіледі.

       Жас өнертапқыш аталмыш бағдарламаны патенттеп алуға көңіл бөліп отыр. Ол жайында Бағлан "Бұл жағынан әлі ізденіп жатырмын. Облыс әкімі кездескен кезде облыстық білім басқармасы басшысына аталмыш жобаны патенттеуді тапсырды.. Сол жүзеге асқан уақытта жаңа бағдарлама арқылы кез-келген адам әлемнің қай түкпірінде отырса да, ойынның ережесі мен тарихын өз бетінше танысып, үйрене алады. Яғни, бағдарламаны ғаламторға жүктеп, сол арқылы дүниежүзіне ұлттық ойынымызды меңгереді. Мысалы, шри-ланкалықтар интеллектуалды олинда калия деген ұлттық ойынын интернет арқылы жедел дамытып жатыр. Ал тоғызқұмалақ әлемдегі интеллектуалдық ойындардың ішіндегі озығы, тіпті төресі деуге болады. Сондықтан бізге де электронды ойынын қазірден де жетілдіру керек деп есептеймін. Мен жасағаным әзірге үйрету бағдарламасы, болашақта ойынын жасауға да кірісемін" дейді.
        Қызылордалық жас өнертапқыш алдағы уақытта көптеген жобаларды қолға алсам деп ниеттенеді. Атап айтқанда, олардың қатарында қазақтың аңыз-ертегілері мен батырлар жырының желісімен мультфильмдер жасауды дұрыс көреді. Қазір сол туралы жан-жақты ізденіп жатыр. Еуропа елдерінде болатын ғылыми жобаларға қатысу жоспарда бар. Сондай-ақ, Абайдың «Ескендір» поэмасын анимациялық мультфильмге айналдырғысы келеді. Поэмада ақын Аристотельге Ескендірді бағындырып, жауыздықты әділетке жеңгізеді. Өнертапқыш өрен соны көрсеткісі келеді. 
       – Мультфильмдер – ертеңгі ел басқаратын, елімізді алға апаратын жас ұрпақты тәрбиелеуші негізгі құрал, – дейді Бағлан өз пікірімен бөлісіп., – Жас балалар батылдықты, елжандылықты, адалдықты, ерлікті, тапқырлықты бәрін, бәрін кішкене күннен бастап өздерінің жүрегіне жол тартып, санасында өркен жаятын мульфильмдерден іздейді. Мультфильмдердегі кейіпкерлерге ұқсап баққысы келетін балалар өмірдегі адалдық пен ерлікке құштар болады. Мен де бала күнімнен бастап осындай мультфильмдер көріп, арманым мен қиялымды сол арқылы дамытып келдім. Өкінішке қарай, кішкентайымыздан "Өрмекші адам", "Супермен" сияқты кейіпкерлерге еліктеп өстік. Қазіргі күні ол туындылардың терең мағынасы жоқ, тек анимациялық тұрғыда шебер жасалғанын түсіне бастадым. Енді менен кейінгілер өзгенің дүниесіне телмірмесе деймін. Кішкентай кезімде мультфильмді көріп болған соң, қолыма қайшы, қағаз алып сол мультфильмдегі кейіпкерлерді қолдан жасап, бөлме есігін жауып алып, қағаздағы «батырларды» бір-бірімен шайқастырып рахаттанып ойын қызығына бататынмын. Әкем болса есіктен сығалайды да менің ойынымды бұзбай, жаймен жауап қоятын. Бірде әкем үйге бір қорап көтеріп келді. «Мына компьютерді сен үшін сатып алдым, балам. Тек жапон ғана емес Қазақ мультфильмі арқылы қиялыңды дамытып, болашақта Қазақ мультипликациясын бүкіл әлемге танытатын атақты аниматор бол» деді. Менің болашаққа деген арман, мақсатым осылай қалыптасты.
        Бағлан Төлебай қазіргі таңда компьютерлік шеберлігін шыңдауда. Ол 7 сыныптан бастап бүкіл 3d графика әлемін жасаудың кілті болып табылатын 3DS MAX бағдарламасын өз бетімше үйрене бастады. Сол арқылы 2012 жылы 9 сыныпта облыстық олимпиадада 3DS MAX бағдарламасында анимация құру тақырыбында (бағыты экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу) жеңімпаз атанса, сол жылы Павлодар қаласында өткен республикалық жарыста 2-ші орынды жеңіп алды. Одан соң «Шахмат үйренудің» қысқа анимациялық бейнеролигін жасады. Осы арқылы 2013 жылы 3DS MAX бағдарламасында шахмат ойынын анимациялауда Қызылорда қаласының «Самғау» жастар сыйлығының иегері атанды.
          Бүгінде біздің елде қазақы құндылықты дәріптейтін «Сақ Жебе» студиясының «Қошқар мен Теке», одан басқа да Алдар көсе жайлы мультфильмдер шығарылуда. Олар сапалы, бірақ олар ескі технологиямен жұмыс істейді. "Ал Краус Артур «Алдар көсесі» «ауырдың үстімен», «жеңілдің астымен» жүріп жасаған. Кейіпкерлерінің жүріс-тұрысы ебедейсіз, бет-жүзінде эмоция жоқ. Былайша айтқанда, көп күш жұмсамай шығара салғаны көрінеді. Оның үстіне, Алдар көсені алаяқ сияқты көрсетіп жіберген. Әрине, біткен іске сыншы көп болатыны белгілі ғой. Бірақ мұның бәрі аздық етеді" дейді жас өнертапқыш.
      Оның айтуынша, біздің еліміз ұлттық құндылықтарды сақтаймын десе Америка, Ресей, Жапония секілді елдермен теңесетіндей мультфильм индустриясын дамытуы керек. Қазір соған іштей әзірленіп жүр. Ол үшін 3DS MAX бағдарламасын меңгеруге қажетті физика, математика пәндерін терең меңгеруі керек. 3DS MAX бағдарламасымен жұмыс істеп жатқан оқушылармен, мамандармен танысып, араласып тәжірибе жинақтауға әрекеттеніп келеді. Сонымен қатар, қазақ әдебиетіндегі көркем шығармаларды көп оқып, бойыма ұлттық құндылықтарды сіңіргісі келеді. Өкініштісі, әзірге Сыр өңірінде 3DS MAX бағдарламасын үйрететін бір де бір үйірмелер жоқ. Қазіргі күні Бағлан №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ғимаратының виртуалды нұсқасын жасауда. «Білім берудегі физикалық обьектілерді үш өлшемді имитациялық моделдеу (астрономия физика кабинетінің мысалында)» тақырыбындағы жаңа жоба дайындауда.   

       Автор: Әділет Талаптан

  Толығырақ: http://alashainasy.kz/bil/okushyi-togyizkumalaktyin-elektrondyik-bagdarlamasyin-jasadyi-53651/

толығырақ

kazakhstanbarysy.kz

kazakhstanbarysy.kz

  • kazakhstanbarysy.kz ©Жеңіс Ысқабай фото

    kazakhstanbarysy.kz ©Жеңіс Ысқабай фото

kazakhstanbarysy.kz

kazakhstanbarysy.kz

     Таяуда бір ақсақал редакциямызға телефон шалды. "Осы қай газетті ашып қарасаң да, теледидарды басып қарасаң да, "қазақша күрес", "қазақ күресі" деп жатады. Күрес енді қазақтікі болмағанда кімдікі? "Орыстың күресі" демейді ғой. Оларда "борьба" дейді. Бірден біле қоясың орыстың күресі екенін, күрәш – өзбектікі. Біз жай ғана күрес десек қайтеді. Бұдан беделіміз кетіп қалмайды ғой", – деп таусылды қария.
       
Шығыс Қазақстан облысынан хабарласып тұрған ағамыз Көкенай Кәрменұлы Базаров екен. Кезінде талай алыптың жауырынын жерге қадаған атамыз 71-ге келсе де, ел игілігі – спорттың болашағы үшін әлі күнге дейін бапкерлік қызметте жүрсе керек. Газетіміздің шыққаннан бергі оқырманы екен. Ойландырып қойды.

        Жақында бір оқырманымыз осы мәселе төңірегінде ой қозғаған. Ол да "Біз неге бадырайтып қазақша күрес дейміз. Айкидо, дзюдо – жапонның күресі. Самбо – орыстың күресі. Бірақ жапон күресі, орыс күресі демейді ғой. Ертең әлемдік аренаға шыққанда біреулер қазақша "күресуге" келісе ме? " деген еді. Оның да пікір дұрыс көрінді. Сондықтан мамандарға жүгініп, спорттық сауалнама жүргізген едік.
        Марат ЖАХИТ, күрестен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы:
      
– Атауды өзгерту туралы шешім бір күнде қабылдана салған жоқ. Қазақ күресінің кей жанкүйерлері мұндай қадамға неліктен барып отырғанымызды түсінбейді. "Бар мақсаттарың – қазақ деген атаудан құтылу" деп айыптайтындар да табылады. Бірақ ол кісілер өзге елдің спортшылары мен мамандарының ойын ескергісі келмейтіндей. Мысалы, үлкен жиындарда "Қазақтың күресімен қазақтар ғана күрессін. Бізге қажеті қанша? " деген сыңайдағы сұрақтар төтесінен қойылып келеді. Кім де болса солай айтады. Ал қазір ұйымдастырылып жүрген аламандарымызға шетелдіктер негізінен жүлде қорына қызығып қана қатысады. Әлемдік деңгейдегі додалаларды қазір өз қаржымызбен ғана ұйымдастырып жүрсек, бұл қашанға созылады?! Күресімізді не Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізе алмасақ, не әлемді толық мойындата алмасақ, біздің ұтар тұсымыз қайсы? Өзіміз "қазақ күресі" деп атай берейік, ал халықаралық аренада бәлкім "күрес", бәлкім "белдесу" деген атау берген дұрыс деп ойлаймын. Бірақ бұл әлі де нақтылауды талап етеді. Ол үшін ғалымдар мен тіл мамандары, спорт журналистері де қарап қалмаса екен деген тілегім бар. Әзірге атауға қатысты ешқандай ұсыныс келіп түскен жоқ. Егер бір байламға келіп жатсақ, жылдың соңына дейін хабарлаймыз.

         Серік ТӨКЕЕВ, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті:
      
– Бұл мәселенің көтеріліп отырғаны орынды. Төл күресімізді өзіміз мақсат тұтқан деңгейге жеткіземіз десек, алдымен атауына қатысты дау-дамайды шешіп алғанымыз жөн. Бір қарағанға, "қазақ күресі" деген атау тартымды секілді. Оның үстіне ұлтымызды брендке айналдырудың бір жолы. Сондықтан бұған аса бір ұқыптылықпен келу керек. Мұнда бір емес, күресімізді зерттеп жүрген бірнеше маман атсалысуы қажет деп ойлаймын. "Қазақ күресі" дегенге құлақ үйреніп қалғандықтан шығар, атауға қатысты нақты бір ұсыныстарым жоқ. Алайда ғалымдардың спорт түрін ұлтқа тиеу оның дамуына кедергі келтіреді деген пікірімен келісемін. Әлем немесе құрлық біріншіліктерінде менен де "Неге қазақ күресі? " деп сұрап, түсінбестік танытқандар көп болды. Сол себепті ұлттық спортқа жанашыр әрі тарихымыздан хабардар мамандар білгендерін ортаға салғандары жөн шығар.

       Нұрғазы САСАЕВ, "Алаш айнасы" интернет-басылымының спорт шолушысы:
       
– Математика ғылымында "қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейді" деген тамаша қағида бар. "Қазақша күрес" деген тіліміз жаттығып кеткен атауды "Қазақ күресі" деп өзгерткендер не ұтты? Неден ұтылды, неден тұтылды екен?

      Енді "күрес" деп өзгерткісі келетіндер бар көрінеді. Сонда бұл "қазақ" деген сөзден қашу ма, әлде "қ" әрпінен безу ме?! Ертең "Күрес" деген сөздің ішіндегі "ү" әрпінен үркетіндер шықпай ма? Оған кім кепіл? 
      Мысалы, грек-рим күресі деген бар. Әлемге кең тараған, Олимпиада ойындары бағдарламасына енген. Ешкім де не "грек" деген, не "рим" деген сөздерінен ат-тонын ала қашпайды…
       Ұлттық күресімізді бүгін "Күрес" деп өзгерткенімізбен, ертең ол "Курес" болып аталатындығына және жазылатындығына титтей де күмән келтіре алмаймыз. Тіпті, бұрмалап, "Куреш" деушілер де табылар-ау. Сонда бұл "Куреш" немесе "Кураш" емес, өзіміздің төл өнеріміз, яғни қазақша күрес екендігіне ешкімді де сендіре алмай жүрмейміз бе?! Сондықтан тілімізді алаламай, неге бірден "Белдесу" деп өзгертпейміз?! 
          Ғалым СҮЛЕЙМЕН, "Айқын" газетінің спорт шолушысы:
      
– Менің ойымша, атауда тұрған ештеңе жоқ. Қазақ күресі деген де әдемі естіледі, құлаққа жағымды. Қазіргі кезде бізді оның атауы емес, төл өнерімізді одан әрі қалай дамытамыз деген мәселе толғандыруға тиіс. 

         Сөз жоқ, бүгінгі таңда қазақ күресінің даму барысы жақсы. "Қазақстан барысы", "Еуразия барысы" дүркіреп тұрып өтті. Таяу күндері "Әлем барысы" өткелі жатыр. Одан бөлек әлем чемпионаты мен Азия біріншілігі ұйымдастырылуда. 
         Осы спорт түрінің басы-қасында жүрген азаматтар үлкен іс тындырып, төрткүл дүниенің әр қиырында байрақты бәсекелер өткізіп үлгерді. Осының барлығы төл өнерімізді кеңінен насихатталуына септігін тигізетіні даусыз. Енді қазақ күресінен әр облыс жеке команда жасақтап, жылына бір мәрте дүбірлі турнир ұйымдастырса, тіптен керемет болар еді. Міне, қазақ күресінің атауынан гөрі мені осы мәселелер көбірек алаңдатады.

         Автор: Мәдина Асылбек, «Sport» газеті
      Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_kuresi/kazaksha-kures-atauyin-tagyi-da-ozgertu-kerek-pe-55753/ 

толығырақ

       Семейде 3-5 қазан күндері өткен қазақ күресінен Х Азия чемпионаты Қазақстан құрамасының толық жеңісімен аяқталды, деп хабарлады Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің ақпарат бөлімі.

    Республика палуандар барлық салмақ санаттарында алтын медальдарға ие болды. Ал чемпионаттан кейін өткен Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері, атақты спортшы Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін халықаралық турнирде 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров жеңімпаз атанды.

      Тартысты өткен айқаста Азия чемпионы атақтарына Қуат Бектаев (55 кг), Ақзал Арыстанбеков (60 кг), Нұржан Жұмажан (70 кг), Бегімхан Әділбеков (80 кг), Тоқтар Жиентаев (90 кг), Айбат Сейтен (+90) иеленді. Ал әйелдер арасында алғашқы Азия чемпионы атағына Зарина Байбатина (+75)  ие болды.

    Бұдан кейін өткен Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирде абсолютті салмақ санатында «Қазақстан барысы-2013» Айбек Нұғымаров жеңіске жетіп, бас жүлде -автомобильге ие болды.

     - Соңғы жылдары біздің ұлттық спорт ойындарымыз күшті дамып келеді, оған Семей қаласында қазақша күрестен Х Азия чемпионаты өтуі дәлел. Оған 17 елден өкілдер қатысты. Шығыс Қазақстан облысының тумасы ретінде мені інілерім-палуандар «Қазақстан барысы» атанған Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтың табыстары қуантады. Жыл асқан сайын республикада спорттың осы түрімен айналысатын палуандар қатары өсіп келе жатқанын атап өткім келеді, - деп пікірімен бөлісті Дәулет Тұрлыханов.

   Қазақша күрестен Х Азия чемпионатына 17 елден - А Ауғанстан, Бангладеш, Ливан, Моңғолия, Иордания, Иран, Ирак, Үндістан, Қырғызстан, Қытай, Йемен, Пәкістан, Қазақстан, Сирия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Шри-Ланка және Ресей елдерінен 120 спортшы қатысты.

       Қазақ күресінен Азия чемпионаты спорттың осы түрін халықаралық деңгейде одан әрі насихаттау мақсатында өткізілді.

    Семейдегі қазақ күресінен Азия чемпионатын өткізуді ұйымдастырушылар - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Қазақ күресі федерациясы, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасы және Семей қаласының әкімдігі болды.

      ҚазАқпарат

толығырақ


      Қазақстан - тамырын тереңге жіберген,  тарихы мен ұлттық дәстүрі бай елдердің бірі екенін әлем мойындап үлгерді. Сол ұлттық дәстүрмен сабақтасып жатқан ұлттық құндылықтарымыздың бірі - төл спорттық ойындарымыз. Атадан балаға жетіп, санамызда жаңғырып, ертеңге қол бұлғап тұрған ұлттық құндылықтарымыздың барлығын бір тақырыпқа сыйдыру мүмкін емес әрине. Бүгінгі әңгімеміз сол ұлттық ойындарымыздың бірі және бірегейі - қазақ күресі жайында болмақ.

     Төл күресіміздің даму тарихы қазақ халқының даму тарихымен біте қайнасып жатыр. Қазақтың қайбір болмасын жиын - тойы бұл сайыссыз өтпегенін тарих беттеріне үңілсек айқын аңғарамыз. Қарсыласын алып та, шалып та жыққан балуандар ерекше халық қошеметіне бөленіп отырған.

      Осындай құрметке бөленіп, аты аңызға айналған батыр тұлғалы балуандарымыз жеткілікті. Солардың бірін айтар болсақ, бірінші есімізге Қажымұқан Мұңайтпасұлы оралады. Оның есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді. Оның мерейін тасытқан осы - ұлттық күресіміздің құдіреті екені айтпасақ та түсінікті.

    Сондықтан да болар, тек қара күш қана емес, асқан шеберлік пен шыдамдылықты қажет ететін бұл спорт түрі - ұлттық тарихымыздың бір бөлшегі ретінде саналып келеді. Сол себепті, қазақ күресі елімізде соңғы жылдары қанатын кеңге жая бастады.

     Тұңғыш рет 2011 жылы елорда төрінде қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирі өтті. Биыл төртінші мәрте жалауын желбіреткен аталмыш дода ұлттық ойынымыздың абыройын тіптен әрлей түсті. Осы жоба өмірге келгеннен кейін жаңа туған сәбиге: «Балаң «Барыс» болсын» деп бата беретін деңгейге жетті. Бүгінгі таңда «Қазақстан Барысы» атанған қызылордалық Ұлан Рысқұл, тараздық Бейбіт Ыстыбаев, қос шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтың атағы Олимпиада чемпиондарынан кем емес.

      Алдағы күндері қазақ күресінің жанкүйерлері осы ұлттық спорт түрінен бірнеше ірі додалардың куәсі болмақ. Айталық, Павлодарда III республикалық «Жас Барыс» және халықаралық «Әлем Барысы» турнирі, сондай-ақ, Тараз қаласында екінші рет «Еуразия Барысы» өтпек. Міне, бұл қазақ күресінің күн санап дамып келе жатқандығының айқын дәлелі.

     «Әлем Барысы» бәсекесінде 5 құрлықтан 32 балуан келеді. Әр елден тек, 1 ғана балуан қатысады. Демек, 32 елден бір-бір ең мықты деген балуан келеді деген сөз. Ал Қазақстан жарыс өткізетін ел болғандықтан бірден 4 балуанын боз кілемге шығара алады. Бас жүлдені жеңіп алған балуанға 100 мың АҚШ доллары сыйға берілмек. Бұл тарихымызда бұрын-соңды болмаған жоба.

    Ал, екінші мәрте өткелі отырған «Еу­разия Барысы» халықаралық тур­нирі Балуан Шолақ бабамыздың 150 жылдығына орай ұйымдастырылмақ. Оған Қазақстанның құрама қо­ман­дасынан тыс Қытай, Әзербайжан, Қыр­ғызстан, Грузия, Польша, Моң­ғолия, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Ук­раина және Өзбекстан елдерінің құрамалары қатысады. Олар 5 салмақ дәрежесінде  командалық сайыс бойынша сынға түседі. Жүлде қоры - 100 мың АҚШ доллары.

    Ал осы аптаның соңында, яғни, қазанның 3-5-і аралығында  Семей қаласында қазақ күресінен Х Азия чемпионаты жалауын желбіретпек.

    Осыған орай, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Марат Шәмшінұровтанжарыстың қалай өтетіні, кімдер қатысатыны туралы сұхбаттасқан едік.

     - Қазақ күресінен өткелі отырған Азия біріншілігіне қанша мемлекеттің балуандары келеді?

    - Чемпионатқа Қазақстан құрамасымен қатар Азия құрылығындағы Пәкістан, Үндістан, Түрікменстан, Шри-Ланка, Бангладеш, Ирак, Қытай, Ливан, Иордания, Иран, Йемен, Сирия, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан секілді 19 мемлекеттен 110-ға жуық  балуан қатысады деп жоспарлап отырмыз.

     - Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

     - Бірден айта кетейін, бұл чемпионат бұрынғы додалардан өзгеше болайын деп тұр. Тұңғыш рет қазақ күресінен Азия біріншілігінде ерлер ғана емес, қыздар да белдесіп, жүлделі орындарды сарапқа салғалы отыр. Қазақ күресінен Азия біріншілігінде қыздар күресі бұрын-соңды болмаған оқиға.

       - Ал, елімізде қазақ күресінен қыздар арасында қандай жарыстар өтті?

     - Осы жылы тұңғыш рет Батыс Қазақстанда қазақ күресінен жас қыздар арасында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Ал Талдықорғанда ересек қыздар арасында бірінші рет ел біріншілігі өтті. Сол жарыста 1-2-орындарды жеңіп алған қыздар Азия біріншілігінде ел намысын қорғамақ.

       - Қыздар қанша салмақта, ерлер қанша салмақта өнер көрсетеді?

      - Аталған чемпионатта қыздар төрт салмақ дәрежесінде: - 55, 65, 75 және  +75 келіде күш сынасатын болады. Ал жігіттеріміз 55, 60, 70, 80, 90 және 90 келіден жоғары абсолютті салмақ дәрежесінде белдеседі.

    - Сайысқа түсетін балуандарымыздың есімдері белгілі болған болуы керек?

    - Қыздардан ел намысын Анна Казюлина, Олеся Куценко (55 келіге дейін), Зәмзәгүл Файзолланова, Файза Әділбаева (65 келіге дейін), Марина Мамонтова, Ақтолқын Смағанбетова (75 келіге  дейін), Зарина Байбатина және Алмагүл Қашина (75 келіден жоғары) қорғайды. Ерлерден Қазақстанның құрамында: Талғат Шегенов, Қуат Бекбаев (55 келіге  дейін), Абзал Арыстанбеков (60 келіге  дейін), Нұржан Жұмажан (70 келіге  дейін), Бегімхан Әділбеков (90 келіге  дейін), Мереке Тұрашев (90 келіден жоғары) секілді спортшылар бар. Ал абсолютті салмақ дәрежесінде Қазақстанның намысын Айбат Сейтен мен 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» - Айбек Нұғымаров қорғайды.

    - Қазақ күресінен қыздар күресі мен ерлер күресінің ережелерінде айырмашылық бар ма?

     - Ешқандай айырмашылық жоқ. Бүгінгі таңда жігіттеріміз қандай ережеге бағынса, қыздар да сондай тәртіпке бағынады.

   - Ал қыздар мен ерлер арасындағы спорттық киімнің қандай өзгешеліктері бар?

   - Айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бір күрес түрі болған соң, киімдерінің де бірдей болғаны дұрыс.

    - Шетелден келетін қыздарға қазақ күресін кімдер үйретіп жатыр?

   - Қазір әлемнің біраз елдері қазақ күресіне ынта танытып отыр. Осыған дейін қазақ күресінен бірнеше әлем біріншілігін, әлем, Еуропа кубогын, Азия біріншіліктерін, сондай-ақ, халықаралық турнирлер өткіздік. Оның бірқатары елімізде өтсе, бірқатары алыс-жақын шетелдерде өтті. Біздің бапкерлер шет елдерге шығып, қазақ күресінің ережелерін үйретті. Басқа елдерден бапкерлер келіп, қазақ күресінің ережелерін үйренді. Қазір көптеген елдерде қазақ күресінің ережелерін жақсы білетін, ерлерге де, әйелдерге де үйрететін бапкерлер бар. Солар үйретіп жатыр.

    - Қазақ тарихына үңілсек, төл күресімізден қазақ қыздары ешқашан білегін сыбанып, балтырын түріп, көптің алдында белдесіп көрмепті. Ал бүгінгі қазақ күресіне қыздарды тарту, әсіресе қазақ қыздарын тарту салт-дәстүрімізге қиянат емес пе?

   - Бұның ешқандай сөлекеттігі жоқ. Біз қазақ күресін Азия, Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгіземіз деп жанталасып жатырмыз. Ол үшін қазақ күресінің ережелері FІLA-ның талаптарына сай болуы керек. Егер, қазақ күресін болашақта Олимпиада ойындарынан көргіміз келсе, талапқа сай ерлер ғана емес, қыздар да күресуі керек. Олимпиада ойындарында дзюдо күресімен де, еркін күреспен де қыздар күресіп жатыр. Ал қазақ күресімен қыздар күрессе несі айып? Онда тұрған ештеңе жоқ. Сондықтан қазақ қыздарының басқа күрес түрлерімен белдесіп, ал қазақ күресімен сынға түссе, салт-дәстүрімізге сызат түседі дегенге мен келіспеймін. Керісінше, қазақ қыздары өзіміздің төл күресіміздің өркендеуіне үлес қосып, Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тағынып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

       - Әңгімеңізге рахмет!

       ҚазАқпарат, сұхбаттасқан Күнсұлтан Отарбай

толығырақ

    Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері «Азия қазақ күресі» федерациясының бас хатшысы, Қытайдағы Азия қазақ күресінің төрағасы Серік Кененбай.

    - Серік мырза атамекенге қош келдіңіз? Қытай елінде тұратыныңызды білеміз, бұл жолғы сапарыңыздың мақсаты қандай?

     Қош көрдік. Бұл жолы келуімнің негізгі мақсаты Х-шы рет өткелі отырған Қазақ күресін ұйымдастыруға келдім. 4-қазан күні Семейде өткелі жатыр. «Азия қазақ күресі» федерациясының бас хатшысы болғаннан кейін ертерек келіп, басы-қасында болуды жөн көрдім.

    - Азиядағы қазақ күресі бұған дейін 9 рет өткен екен. Азияның қай елдерінде ұйымдастырдыңыздар, қанша балуан келіп қатысты?

    2005 жылы Қазақ күрес федерациясы Астанада құрылғаннан бастап, көршілес елдерде Қырғызстанда, Шолпан-Атада, Ресейдің Алтай аймағында және Қытайдың Ақсай қаласында ұйымдастырдық. Былтырғы 9-шы жарысты өзім жауапты болып Қытай жерінде өткіздік. 15 елден 150-дей балуандар келді. Енді биыл Семейдегі жарысқа 20-дай елден 200-ге жуық балуандар келіп қатысады деп жоспарлап отырмыз. Тұңғыш қатысып отырған мемлекеттерде жоқ емес. Атап айтар болсам, Үндістан және Қытайдың Гонконг аймағы. Гонконг провиньциясының қатысуы Азиядағы қазақ күресінің дамуын, оған Шығыс елдерінің де қызығушылығын айқын көрсетеді деп ойлаймын.

      - Азия елдерінен бөлек тағы қай мемлекеттерде ұйымдастырылды?

     Әлемдік деңгейде дамыту мақсатында біраз істі қолға алған едік. Соның ішінде Оңтүстік Америка құрлығындағы Бразилияда өткіздік. Еуропада 3 рет өтті. Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында және Ресейдің бірқатар қалаларында өткізген болатынбыз.

   - Бұл жарысқа қанша салмақ дәрежесінде балуандар келіп қатысады? Ерлерден бөлек әйелдерді де биыл қосып отыр екенсіздер. Ереже жағынан алғанда салмаққа шектеу қойыла ма?

     Биылдан бастап әйелдерді де қосып отырмыз. Өйткені түпкі мақсатымыз қазақ күресі Азия ойындарына және Олимпиада бағдарламасына енгізу. Азия елдері арасында күресті дамытқан кезде сөзсіз әйелдерді қосуды жөн көрдік. Сондықтан биыл 55 және 75 келі салмақ дәрежесінде әйелдер бақ сынайтын болады. 60-90 келі ерлер арасында және 90 келіден асқандарды түйе балуан деп қоса береміз. Салмаққа шектеу жоқ. Айта кетейін бұл жарыс жылына бірақ рет ұйымдастырылады.

  - Қазақ күресінің бүгінгі дамуы туралы сұрайын. Өзге елдерде федерацияларыңыз бар ма қандай жарыстар ұйымдастырып тұрады?

     Қазіргі статистиканы айтар болсам әлемнің 25-30 елінде федерациямыз бар. Оның сыртында кей елдерде мысалы Ресей федерациясының бірнеше қаласында біздің өкілдіктеріміз жұмыс істейді. Жалпы алғанда 45-ке жуық федерациямыз бар.

    - Серік мырза қазақ күресінің Қытайдағы қандастарымыздың арасындағы даму деңгейі қандай?

      Өте жоғары дер едім. Шыңжаң аймағында бірнеше күрес мектептері бар. Осыдан бірер жыл бұрын әдейілеп қазақ ең көп шоғырланған Шыңжаң аймағында емес, қазақтар ең аз қоныстанған Ақсай деген жерге барып күрес жарысын ұйымдастырдық. Көрерменнің өзі 10 мыңнан асып кетті. Үрімшіден алыс болса да көлікпен, пойызбен келген жанкүйер қарасының көп болғанына қуандық. 3 мыңға жетер-жетпес халқы бар аудан осы кжарысты ұйымдастыра отырып, қазақтың көшін, салт-дстүрін, өнерін, оюын, кестесін бәрін бірақ көрсетті. Қазақ күресінің ережесі 1932 жылы Қазақстанда ұйымдастырылған спартакиаданың кезінде бекітілген еді. Бұл күндері Қазақстан барысы күресі брендке айналып келеді. Енді Әлем барысы жарысын ұйымдастыруға ниет етіп отырмыз. Мұның бәрі осы қазақ күресін дзюдо, у-шу-саньданың деңгейіне жеткізіп, Олимпиада ойындарынан көру. Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстың бәрі үлкен мақсаттарға жасалған алғашқы қадамдар екені анық.

   - Азиядағы қазақ күресінің халін керемет жеткіздіңіз. Семейде өтетін додаға сәттілік тілейміз. Сұхбат бергеніңізге рахмет.

      Сұхбаттасқан Е.Манасбай, Baq.kz 

толығырақ

       Қазақ күресі Олимпиада және Азия ойындарының спорт бағдарламасына енуі мүмкін. Бұл туралы кеше «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды. Алайда ол үшін қазақ күресі өз елімізде қарқынды дамуы керек. «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», «Жас барыс» және енді өтетін «Әлем барысы» осы бағытта жасалған жұмыстардың бір бөлшегі.

     «Болашақта қазақ күресі әлемдік деңгейге көтерілетін болса, онда оның атауын бір халықпен немесе ұлтпен байланыстыру – шетелде кедергілерге тап болуы мүмкін. Біздің басты мақсат қазақ күресі арқылы қазақтың бар дүниетанымы мен болмысын көрсету. Себебі Жапонияның сумосы да Олимпиадалық спорт бағдарламасына кірмейді. Алайда спорттың осы түрі арқылы бар әлем жапониялықтарды таниды» - дейді Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев.

      «Қазақ күресін Олимпиадалық спорт бағдарламасына енгізу үшін көп жұмыс атқару керек. Осы уақытқа дейін де көп іс атқарылды. Біз дзюдоның олимпиадалық спорт түріне айналғанын зерттеп, жан-жақты саралаудамыз. Ең алдымен біз бұл спортты өз елімізде дамытып, насихаттау қажетпіз. Екіншіден, үлкен жарыстар арқылы оны әлемге танытып, мойындату қажет. Мысалы қазақ күресін Азия ойындарының қатарына енуі мүмкін. Біз хат жібердік» - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Тастанбек Есентаев.

     Kazsport.kz

толығырақ

     Мұрағат деректеріне қарап отырсаңыз қазақтың ұлттық спорт түрлері Кеңес Одағы кезінде елеулі болмаса да тым қағажу қалмай, қалтырап-дірілдеп тіршілігін жасапты. Соның бірі – аударыспақ екен. Одақ тұсындағы ресми атауы – сайыс. Ат спорты түрлері ретінде Одақтық жарыстардың бағдарламасына енгізіліп, едәуір жыл «өмір сүрген».

      Қорытындыларына көз жүгітсеңіз сайыстан жарыс болса бітті, жүлденің бәрі қазақтардың тақымында кете беріпті. 1948 жылдан бастап жеңіл салмақта С.Терсебаев, А.Оспанов, Ш.Сейітжанов, орта салмақта Б.Өтебаев, А.Оспанов, А.Төлеев, ауыр салмақта М.Елгезеров, Т.Байқамысов, Б.Шакиев, Е.Сарымсақов есімді азаматтар қарсыластарын қидай сыпырып ұтыпты. Құрыш тақымды сайыскерлер арасында әсіресе, Мұсахан Елгезеров пен Талапхан Байқамысовтың атақтары тіпті дүрілдеп тұрыпты. Атап айтқанда, ауыр салмақтағы Мұсахан Елгезеров қатарынан одақтың үш дүркін жүлдегері атанады. Ал, Алматының іргесіндегі Қастек ауылының аға шопаны, аса ауыр салмақтағы сайыскер Талапхан Байқамысов 1958 жылдан бастап түтінін үзбестен жеті дүркін одақ жеңімпазы болыпты. Сірә, Талапхан балуанның қайратына шақ келетін жігіт одақтың он бес республикасынан табылмай қойса керек. Такең аттан өзі түскен соң, яғни, кейінгі жылдарда да ауыр салмақтың бәйгесі біздің ағаларымыздың қанжығасына байлана беріпті. Қолымызға іліккен соңғы мәліметтерге сүйенсек, сайыстан 1966 жылы ұйымдастырылған одақтық жарыс Ресейдің Есентуки қаласында өтіпті. Үш салмақ дәрежесі бойынша өткен осы командалық бәсекеде де Боранбай Қасымбеков, Сатымбек Айтбаев, Молжан Шалғынбаев сынды қазақ азаматтары қарсыластарын аттарынан аударып тастап, бас бәйгені алып қайтыпты. Соған қарағанда, сайыстың тым ұзаққа бармауына қайта-қайта қазақ мерейінің үстем шыға беруі басты себеп болған шығар-ақ деп пендешілік ой түйдік.

Mesa_Verde_spear_and_knife

      Енді тақырыпқа шығарған «Тұқыл найзаға» қайтып оралайық. Тұқыл найза әңгімесі сайыстан алыс емес. Тіпті, сайыстың алғашқы жекпе-жегі осы тұқыл найзамен шайқасудан басталған. Тұқыл найза – басы үшкір емес, жұмыр жасалған найза ғой. Ортаға шыққан қарсыластар бірін-бірі сол тұқыл найзамен түйреп, аттан аударуға күш салады. Мұндай жекпе-жек Алматының іргесіндегі Ұзынағаш елді мекенінде соңғы рет 1929 жылы ұйымдастырылған. Сайыс Қазақ пен қырғыз найзагерлері арасында өтіпті. Нәтижелері белгісіз. Белгілі болғаны, бәсеке барысында жарақат алғандар санының тым көбейіп кеткені. Осы бәсекені дамытудың қолға алынбай қалуының бір себебі де сол екен.

       Бабамыздың батырлығын айтып ат үстінде шіренгенде таралғыны тарс үзе жаздаймыз. «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» деп ділмәрсіп кетеміз. Ондай сәтте осы күні найзаласпақ түгілі, найзаның қандай болғанын ұмытқанымыз санамызға кіріп шықпайды.

       Шынында да, қазақтың найзагерлік өнерін қайта жандандыру мақсатында осы «Тұқыл найза» сайысын дамыту неге қолға алынбайды. Басқа жұрт малдасын құрып отырып, жалаң шүберекпен сабаласуды да ұлттық ойын деп әлемге дәріптеуден ұялмайды. Ал, оның қасында қазақтың жекпе-жек өнері – найзаласу дегеніңіз бекзада өнер емес пе?…

       http://ulttyqsport.kz. Төлеген Жәкітайұлы, журналист

толығырақ

     Астана қаласы маңындағы Қабанбай батыр ауылы аумағында 14-қыркүйекте аламан бәйгеден «Алтын тұлпар» республикалық турнирі өтеді. Оған еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларының әрқайсысынан 10 жүйріктен қатысады. Іріктелген 160 ат шабатын мұндай деңгейдегі аламан бәйге елімізде тұңғыш ұйымдастырылып отыр. Бұл аламан бәйге әдеттегі ат жарысқа  қарағанда шабар жолы ұзақ, жер бедерінің ойлы-шұңқыр болуымен ерекшеленеді.  Сонымен бірге, жүлде қоры да қомақты. Яғни, бас бәйге 10 000 000 теңгені құрайды. Сондай-ақ, аталған шара аясында әртүрлі ұлттық құндылықтарымыз ұлықталады. Айталық, ат тағалау, өрімшілік сияқты қолөнер шеберлерінің байқауынан өзге, жадымыздан жоғалып бара жатқан ат сыншылығы қайта жаңғырғалы отыр.

    http://ulttyqsport.kz 

толығырақ

     Ойынға қатысушылар араларынан мысық пен тышқан өтетіндей аралық қалдырып, қол ұстасып дөңгеленіп тұрады. Мысық болған бала шеңбердің ішінде, Тышқан болған бала сыртында қалады.

Мысық тышқан

    Мысық «мияу» десімен Тышқан қаша жөнеледі де ойын басталады. Ойын басталысымен мысық шеңбердің іші-сыртында еркін жүгіріп, тышқанды ұстауға әрекет жасайды. Бірақ, Мысық адамға соғылмауы керек. Мысық тышқанды ұстаған жағдайда сол тұсқа жақын екі бала ортаға шығып, «мысық-тышқан» ойынын қайтадан бастайды. Ойын осылайша жалғаса береді. Бұл ойын арқылы балаларды жылдамдық пен ептілікке баулуға болады.

       http://ulttyqsport.kz 

толығырақ

     Қазық теруді ойын басқарушысының қазылығымен топ болып ойнайды. Бұл ойын сынып арасында да, бір сыныптағы топтар арасында да бәсекелесіп ойнауға болады.

    Ара қашықтығы 100 метр болатын алаңның екі шетіне қарама-қарсы сызықтар сызылып, екеуінің арасына 20 метр сайын ұзындығы 25 сантиметрлік 4 қазық қағылады (сыртын ағарта жонып, яки қызылмен бояп қойса болады). Ойынға екі немесе үш топ қатысса, параллель екі қазық аралығы екі метр болуы керек. Бұлай болмаған жағдайда балалардың бір-біріне соғылып қалу жайттары туады.

      Әр топқа 5 бала қатысып, бір жағына 3 бала, екінші жағына 2 бала тұрады. Ойын 3 бала тұрған жақтан басталады. Ойын басталғанда бала жүгіріп қазықтарды тереді де тез арада екі баланың біреуіне ұстатып, өзі сол баланың орнына тұра қалады. Ал бұл бала қазықты қайтадан орнына қадап, әуелгі 3 бала тұрған жаққа барып тұрады. 3 баланың екіншісі қазықты теріп жүгіреді де, әуелгі екі бала тұрған жақтағы балаға береді. Қазықты алған бала жүгіре қайтадан қазықты орындарына қадап, үш бала тұрған жаққа барады. Үшінші бала қадалған қазықты теріп, алғашқы екі бала тұрған жаққа барады. Сонда ойын басталған кездегі екі бала тұрған жақта үш бала, үш бала тұрған жаққа екі бала келіп, орындары ауысады. Сөйтіп, қазықты теріп және қайта қадау арқылы балалар 500 метр жүгірген болады. Ойын басқарушының бұйрығы бойынша бір уақыттың ішінде басталады. Қазық теру ойыны – шапшаңдыққа тәрбиелейтін әрі қызықты, дене шынықтыруға пайдалы ойын.

     Ұпай беру әр топтың уақытына, қазық тергенде түсіріп алу-түсіріп алмауына, қайта қадағанда, орнынан жаңылу-жаңылмауына байланысты беріледі. Озған топты не топ ішінде өнері үстем балаларды марапаттауға болады.

    http://ulttyqsport.kz

толығырақ

    Ежелден кең даланы мекендеп мал бағып, ат үстінде өскен бабаларымыздың дәстүрлі ойын-жиындары, түрлі жарыстары жүйрік атсыз өтпеген. Халқымыздың ауыз әдебиеті үлгілерін, тарихи шығармаларын оқығанда ел қорғаған ерлердің, қаны қазақ ұл-қыздарының барлығы да атқұмар, шабандоз болғандығын білеміз. Олар ат үстінде небір ептілік, батылдықтың түр-түрлерін көрсеткен. Ат үстінен жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ сияқты жарыстар, бәлкім, жаугершілік заманның әскери ойындарының жаттығуы болар. Ал, жастардың сүйікті ойыны, көрермен үлкен-кішінің қанын ойнатып, делебесін қоздыратын атақты қыз қуу ше? Ерте заманда пайда болып, күні бүгінге дейін халқымыз арасында жиі ойналатын, қатысушыларын да, жанкүйерлерін де ерекше күйге бөлейтін ұлттық ойынның тағы бірі – көкпар. Одан басқа, жорға жарыс, тай жарыс, құнан, топ, аламан бәйгелер бар.

   Кейінгі 10-15 жыл көлемінде осы ат спорты түрлерінің жақсы қарқынмен жанданып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұрындары көкпар тартуға тиым салынып, аттарды ұзақ қашықтыққа жарыстыру жойылған еді. Есесіне Еуропалық мәдениетке бейімдеп, тұлпарларды қысқа қашықтыққа жарыстыру кең етек жайды. Осының өзінен біздің ұлттық мәдениетімізді құлдыратудың бір мысалын көруге болады. Күндік шабысқа шыдайтын Құлагерлер, Қазанаттарымыз құрып, жоғалуының себебі де осы. Жылқының жақсы тұқымы қай кезде де қажеттіліктен, мұқтаждықтан пайда болып отырған. Ал, аламан бәйгелер жойылып, көкпар ойнау тиылған соң, ұзаққа шабатын, төзімді тұлпарларға деген қызығушылық та төмендеді. Нәтижесінде жылқының жақсы тұқымдары жоғалып, сапасы нашарлады.

      Қазақстанның кең байтақ жерінде жылқының 17 тұқымы өсіріледіҚазір елімізде жылқы саны 1,7 миллион бас. Бұл бұрынғыдай көп болмағанымен, өзге елдермен салыстырғанда, әжептәуір жоғары көрсеткіш. Мәселен, Ресейдің өзінде жылқы саны біздікінен аз.

    Ал енді, Ұлттық ат спорты түрлеріне қандай жылқылар, қандай тұқымдар, будандар керек дегенге тоқталатын болсақ.

Аударыспақ

аударыспақ

      Аударыспақ Шығыс және Орта Азия халықтарының ортақ ұлттық спорт ойыны. Бұл ойында екі жігіт салт атқа мініп, ат үстінде бірін – бірі ер үстінен аударып алуға немесе құлатуға тырысады. Бұған – ат құлағында ойнайтын апай төс, атан жілік, тақымы мықты, өзінің күш-қуатына, қайратына, шапшаңдығына, ептілігіне және астындағы атына сенетін жігіттер қатысады.

    Аударыспақ ойынына ат таңдағанда қарсыластың мысын басатындай мінезді, азулы, арынды, ірі, жалпақ, сіңірлі, кеуделі болуымен қатар жақсы үйретілген, бас білдіргеннен бастап екі езуін жыртпай, сезімталдығын жоғалтпай, басын жұмсақ, қайым қылып тізгіннің, ауыздықтың сәл қозғалғанын сезетіндей, тақымның қысуынан, аяқтың тебінгенінен, дауыстан қайда, қалай бұрылу керектігін сезетін, соны жылдам орындайтын ат керек. Ертеректе қазақы жылқылардан қазанатты немесе әлді айғырды таңдаған, ал қазіргі кезде қазақ жылқыларының ағылшын, қостанай және желгіш тұқымды айғырдан алған будандар пайдаланылуда. Таңдаған атты бапкер ойын ережесіне сай, әр түрлі айла-амалға машықтандырып дайындайды.

Қыз қуу

қыз қуу

    Қыз қуу ойыны да ел арасында кеңінен тараған. Мұны, әсіресе жастар жақсы көреді, өйткені бұл жастарға арналған ойын.

     Қыз қуу алаңының ұзындығы – 300 м болады. Ойын алаңына бірінші қыз шығады, одан соң жігіт шығып, қыздан 10 м кейін тұрады. Төреші белгі берісімен-ақ қыз да, жігіт те шаба жөнеледі.

     Бұл ойынға ат таңдағанда, оның сән салтанаты келіскен, әдемі қасқасы, төбелі, аяқтарының екеуі немесе төртеуі ала болуына, немесе бесқасқасы (төрт аяғы мен қасқасы) бар болуына және ұшқыр, шу жүйрік, бірақ қызба емес, үрікпейтін, алып қашпайтын ат болуына баса назар аудару керек. Қыз қуу ойынына, көбіне қостанай, ағылшын, ақалтеке және солардың қазақ жылқыларымен будандарын таңдаған дұрыс. Қостанай тұқымы жылқысымен шыққан «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының спортшылары 4 жыл қатарынан, Қыз қуудан Республика чемпиондары болды.

Теңге ілу

теңге ілу

      Теңге ілу ұлттық ойынының да көп ғасырлық тарихы бар. Бұрынғы кезден бастап теңге ілу қазақ жауынгерлерінің күшін, шеберлігі мен батылдығын тәрбиелейтін жаттығудың маңызды элементі ретінде қарастырылған. Біздің заманымызда теңге ілу ұлттық ойыны шеберлік пен күшті, ең бастысы жылқыға деген сүйіспеншілікті дамытатын ең әдемі және ең көрнекті ұлттық спорт түрлерінің бірі.

    Теңге ілу ойынына: жатаған, салған бағытты біркелкі, тез, тігінен, жан-жағына бұлтаңдамай өтетін ат керек. Үстіндегі теңге ілетін адамның салмағының бір жақ үзенгіге түскеніне қарамай бағытын тік ұстап, теңгелердің (көмбе) қандай қашықтықта және қай жағында болуы керектігіне үйретілген аттар керек. Сондықтан, теңге ілуге қазақы жылқыларды таңдаған дұрыс.

Көкпар

көкпар

     Көкпар – халықтың ең сүйікті ұлттық ойындарының бірі. Ол командалық ойын болғандықтан жігіттерден күштілікті, төзімділікті, батылдықты, ептілікті, қалыптасқан жағдайды бағдарлай білуді талап етеді, ал аттардың шыдамдылығын, жылдамдығын, шапшаңдығын және олардың жаттығу дәрежесін тексереді.

     Көкпарға, негізінен қазақ жылқыларының басқа жылқы тұқымдарымен (ағылшын, қостанай, жаңақырғыз, қарабайыр) будандарын таңдаған дұрыс.

      Көкпар атының басты қасиеті – ол көкпаршының ішкі ойын тебінуінен, тақымының қимылынан, ат үстіндегі қозғалысынан сезуі, қалын дода ішінен көкпарды да өзі тауып, мәренің қайда екенін де білуі. Бұл үшін атты тебіну арқылы немесе тақым қимылдарымен үйретіп, қалыптастыруы керек. Ол үшін ат үстіндегі адам атты мынадай іс-қимылдарға үйретеді:

  • Тізгінсіз оңға қарай бұрылу үшін, тақымды қысып салмақты оңға қарай аударуы керек;
  • Осы қимылды қайталап, салмақты солға қарай аударуы керек, сонда ат солға бұрылады;
  • Алға жүру үшін үстіндегі адам алға қарай еңкейіп, екі тақымды қысып, салмақты алға салуы керек;
  • Жылдам алға жүру үшін, қатты тебініп «Шу» деп алға ұмтылуы керек;
  • Тоқтау үшін тізгінді сол қолдың қырына салып басын қатты тартуы керек;

Көкпар аттарының ең басты қасиеттері қандай болуы керек:

- Құрық салатын қашағанды құтқармайтын аттар;

- Сиыр қайырғанда оқыралаған сиырлардың қандай да жалт бұрылғанына дәл солай қайрылатын аттар;

- Құлын, тайынан бастап үстіндегі адамға сенетіні соншалық, жарға салса жарды қағатын, доданы бұзып кіретін, қайсар мінезді аттар;

- Басы қайым, екі жағына да жалт бұрылатын, көкпаршы белгі бергенде (тақыммен, тізгінмен, дауыспен) артқа да бұзып-жарып шығып кететін;

- Ортаға шығуға жаттыққан, жерде жатқан көкпарды денесімен жауып, қарсылас атты жақындатпай, өз иесіне еңкейіп көкпарды ілуге ыңғай жасай алатын;

- Қарсылас аттың жақындап келгенін, кеудесімен соғайын деп қалғанын сезіп, аңдып тұратын және соған қарсы әрекет ететін аттар;

- Мұның бәріне қоса жүйрік, ұшқыр (атып шығып кететін, қуып жететін) болуы шарт;

- Денсаулығы өте мықты (жүрек, өкпе жұмысы), тез арада жүрек соғуын қалпына (64 рет 1 мин) келтіріп, демін тез басып алатын, көкпар ойынының аяғына дейін болдырмай жоғары бапта болатын аттар керек.

Ат бәйгесі

jIRUB6ZV5Ua8B2SoN62aLWLgmaC1EG

     Халқымыздың ежелден келе жатқан сүйікті спорт ойындарының бірі – ат бәйгесі. Бәйге мынадай түрлерге бөлінеді: ұлы аламан бәйге – алыс қашықтыққа жарыс – бекітілген ережелер бойынша қашықтығы 31 шақырымды құрайды, аламан бәйге – 25 шақырым, тоқ бәйге – 16 шақырым, құнан бәйге – 7 шақырым, тай бәйге  — 3 шақырым.

    Ат жалында өскен қазақ халқы талай мыңдаған жылдардан бері жылқыны жанындай көріп, жадында сақтаған. Оның сын-сипатын, бағым-күтімін, бабын бес саусақтың саласындай білген, бай тәжірибелі халық.

     Әуелі жылқы малының семіріп жетілген кезі жаз, күздің жаймашуақ күндерінде үйірлі жылқыны алыстан сынау керек. Жүйрік ат жылқының шетінде оқшау тұрады. Үйірдің ортасына әсте кірмейді. Егер жылқының жайылымы таулы жер болса, қайткенде де өр жағында болады. Елеңшіл, үнемі алысқа қарайды. Маңайына көз салмайды. Үнемі күнге қарай жайылады. Маңдайына өз көлеңкесін түсірмейді. Таңертең күншығысқа қарап жайылады. Күнбатар алдында күнбатысқа қарап (күнмен қоштасқандай) селтиіп тұрады. Іңірде немесе таңға жақын жатып жусайды деп халық бекер айтпаған. Міне бұлай алыстан сынау үшін жылқыны үркітпей, қорқытпай, алыстан абайлап, күндіз-түні байқау жүргізіледі. Сыннан өткен сәйгүлікті ептеп ұстап үркітіп, шошытпай ноқталап, әрбір мүшесін көріп, қолмен ұстап сынайды.

     Жүйрік аттың сыртқы сынына ерекше мән бере қараған жөн, адам жақындағанда көз алмай тесіліп қарайтын болса, жүйріктіктің белгісі. Оның үстіне мінезі биязы, жуас, маңдайы кең,  қабырға сүйегі, ауыз омыртқа, арқа, қарын, көк ет, омырауы үлкен болса жүйріктіктің белгісі. Сонымен қатар, жағының арасы кең, екі тізесінің арасында (екі алдыңғы аяқты қосып көргенде) жұдырық еркін сиятындай, тістерінің арасы алыс болса, жүйрік аттың белгісі.

    Жылқының ізіне көп көніл бөлу жөн. Қардың үстіне немесе топырағы жұмсақ жерге түскен аттың ізі көп дүниені айтып бере алады. Шауып бара жатқан немесе шапшаң жүрген аттың тұяғының ұшының ізінен жерсоғарының бедері толық түспеуі ләзім. Алдыңғы ізінің үстіне артқы ізі дөп түсіп жатқан болса жүйрік аттың белгісі.

    Егер артқы тұяғының ізі анық емес, алдыңғы тұяқтың ізі анық болумен қатар артқы тұяқтың ізі алдыңғы тұяқтан асып түсіп жатса онша жақсы емес.

      Артқы тұяқтың ізі анық, айқын болумен қатар, алдыңғы тұяқтың ізіне артқы тұяқ жетпей қалса ол шабандықтың белгісі.

5nDgeoB8GCQ      Міне, осы іспеттес жылқы малының сыртқы сыны көп дүниеден сыншыны хабардар етеді. Бірақ жылқы да адам сияқты, оның өңі-түсі, мінез-құлқы, дене-бітімі, жүріс-тұрысы, ақылы болатындықтан бір қарағанда «мынау жүйрік» деп айту әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан да, әр жақты толық сынауды талап етеді.

    Бәйге аттарына ұшқырлығына бола ахалтеке, таза қанды ағылшын, қостанай, жаңақырғыз т.б. жылқы тұқымдарын таңдап жатады. Бұлардың көбі қысқа қашықтықтарға бейім.

     Ал ұлттық аламан, топ бәйгелерге көбіне қысқа қашықтыққа жақсы көрсеткіштер көрсеткен сақа аттарды (4-5 жасар) және де олардың қазақ жылқыларымен будандарын арнайы баптан өткізіп барып қосады. Жергілікті жерге бейімделген өз жылқы тұқымдарымызды (қазақи, қостанай, көшім) және олардың таза қанды ағылшын, қостанай, жаңақырғыз тұқымдарымен будандарын қолданғанның дұрыс екендігі, тебінде жайылымда ұстап арзан аттарды өсіруге қол жеткізуге болатындығы.

     Набидолла КИКЕБАЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,  Мұғалжар жылқы тұқымының авторы http://ulttyqsport.kz 

толығырақ

     «Қазақ спорты» газеті соңғы 2-3 айда қазақтың атбегілік өнері жайлы танымдық материалдарды оқырман назарына ұсынып, жарыққа шығарып келеді. Ат баптау, яғни жүйрік атты жарату, бәйгеге қосу, сондай-ақ, тұлпар туар құлынды тап басып танитын қазақ атбегілерінің байырғы өнері туралы жариялған газет беттеріне шолу жасап, сіздермен бөлісуді жөн санадық.

ат

«Көшпелілердің ат баптау өнері»  авторы — этнограф Бекен Қайратұлы

      Көшпелі тұрмыстың өмір сұру қағидатына айналдырған жұрттардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Соның ішінде жылқы түлігі ерекше мәнге ие. Сондықтан да, көшпелілер – атты баптау, оны сынау, бәйгеге қосу, әрі сайыскерлік һәм жауынгерлік өнерге үйрету ісіне қатты мән берген. Ендеше Азияның апайтөс даласын тұлпардың тұяғымен дүбірлеткен көшпелі халықтың байырғы ат баптау өнері жайлы зерттеу жазбаны ұсынып отырмыз. Өйткені, осы бір ат баптау, жүйрік жарату, ат сынау сияқты  ұғымдардың астарында көшпенді өмірдің тумалары, яғни, біздің ата-бабаларымыздың тарихи жады мен генетикалық зердесі жатыр, — дейді этнограф Бекен ҚайратұлыБұл зерттеуде автор жүйрік жылқыны жаратудың алдындағы шарттар, жүйрік аттың алғашқы тынысын ашу, жарату үшін ат баптайтын жердің жағдайы, ат баптау барысында есте болатын жайттармен бөліседі.(№26 (226), 1 шілде)

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» авторы — атбегі Түркістан ҚАЙЫСБАЙҰЛЫ

    Атбегі адам бәйге атты құылынан таңдап баптайды. Енесін еркін емдіріп, тай, құнан кезінен бастап баулиды. Қанжілік қып шаршатпай, бабымен бағады, — деп бастапты Түркістан Қайымбайұлы.

      Автор мақаланы «Бәйге атты күйімен ұстау», «Бәйге атын жарату», «Бәйге атының терін алу», «Бәйге атын сынау», «Атты бәйгеге қосар алдындағы дайындық», «Бәйге атының азығы» секілді тақырыпшалармен аттың бабын келтіру тақырыбын аша түседі. (№ 21 (221) 27 мамыр)

«Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек» сұхбаттасқан — Кәмшат ҚОПАЕВА

    Газеттің тағы бір жарты баспа бетіне ақтөбелік атбегі Жәнібек Әнішевтен алынған сұхбат жарияланған.

     Жәнібек Әнішев: Атбегілік – үлкен өнер. Егер бұл өнерді жоғалтып алсақ, қайта қалпына келтіру қиын. Мәселен, бокстан жаттықтырушы табылмаса, оны шетелден алдыртуға болады. Ал, атбегіні әкеле алмайсың. Өйткені, қазақтан артық аттың бабын білетін халық жоқ. Біз тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлап мінген  үлкендердің көзін көрдік. Олар жануарды сырт пішініне қарап-ақ танитын… Жүйрікті жарату үшін оын ең алдымен шабатын күйге жеткізу керек. Әрі, қазақы жылқының ішінде әртүрлі жаратуды сүйетіні болады. Бәрін бір тәсілмен баптай алмайсың. Сондай-ақ әр адамның баптау әдісі әр басқа…».  №20 (220) 20 мамыр)

«Жүйріктен жүйрік озар сыналғанда…» авторы — атбегі-этнограф Сейіт АБЫЗҰЛЫ

      Бәйге атын баптаудың жолы қандай деген сауалға атбегі Сейіт ағамыз сонау ҚХР, Алтай аймағы, Алтай қаласынан былай деп жауап береді:

      «Бәйгенің жайлаудағы жайылысы 30-40 күннен аспау керек. Ерекше майланып кетсе, жақсы емес. Күзде бәйгеге қосатын атты тамыз айының басында ұстайды. Алғаш ұстаған күннен бастап, күндіз байлап, түнде шөбі таза, тақырлау жерге қысқа арқандап, әр күні 2-3 сағат аяңдатып, қинамай міну керек». (№19 (2019) 13 мамыр).

     http://ulttyqsport.kz 

толығырақ

      «Топай» ойынын бала кезімізде ойнайтынбыз. Осы ойын қазір ұмытылып бара жатқандықтан еске алып бір кәдеге жарар деп көпшілікке ұсынып отырмын.

    «Топай» немесе «сақа» ойыны асық ойынының бір түрі десе де болады. Бірақ асық ойынынан біраз өзгешілігі бар. Топай ойынына негізінен ірі малдың (қара мал, жылқы т.с.с. малдардың асығы (сақа) мен малдың ойынға жарайтын буын сүйек мүшелері пайдаланылады. Ол мүшелерді жалпы «топай» деп атайды, ойын кезінде ол мүшелердің жеке атаулары да қолданылады) буын мүшелері жатады.

    Әрбір ойыншыда топайларды ататын асықты «сақа» дейді. Сондай –ақ, әр ойыншы топайларын ортаға салып ойнайды. Ойын жер бедерін талғамайды, кез келген жерге топайды құрып ойнай беруге болады.

    Жеребе тастап, кім алғаш бастау керек, сол жағын анықтап алу керек. Анықталғаннан кейін бастаушы сақасын иіріп жерге тастағанда табанымен тік тұрса (алшысынан түссе), сол адам топайларды атуға мүмкіндік алады. Егер алшысынан түспесе иіру кезегі келесі ойыншыға беріледі. Топайларды бір сызықтың бойымен араларын бір табан алшақтау қылып құрады (1-сурет) ол сызық ойынның «көңі» (орыстың конь сөзі емес) немесе «көмбесі» болып саналады. Бұл ойын түрі адам санын талғамайды, қанша адам ойнаса да болады.

      Алшасынан түскен адам сақаны үйіріп топайды атып оған тигізіп, сызықтан ары оны үш табандай жерге сырғытса (2-сурет) топайды ұтқаны болып есептеледі. Яки ойынды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алады. Үш табанға сырғыған топай ойыншының олжасы. Егер топайға тигізе алмаса ойынды келесі үміткер жалғастырады. Егер топайды үш табанға жылжыта алмаса топай қайтадан көңге тігіледі де ойыншы топайды ату мүмкіндігінен айырылады.

      Келесі ойыншы сақаны иіріп жерге тастағанда сақасы табанымен түссе ойынды жалғастыра алады (3-сурет).

      Сақасы табанымен түспей не бүк, не шік түссе ойыншы ойынды жалғастыра алмайды.

     Топайды атқан ойыншының сақасы қай жерге барып тоқтайды, сол сақа тоқтаған жерден топайды атуға тиісті.

      Ойын осылай жалғаса береді. Ойыншы адам барлық топайынан ұтылғанға дейін, не барлық топайды ұтқанға дейін ойнайды. Топайы біткен ойыншы соңында өзінің сақасын көңге тігеді. Барлық ойыншылардың топайларын ұтқан ойыншы жарыс жеңімпазы және ұтып алған топайлардың иесі болады. Бұл ойынның бар ережесі осы. Жердегі топай санына шек қойылмайды, бірақ ойынды жылдамдату үшін бір адамға 5 топаймен ойнаған да жетіп жатыр.

     Ал ататын сақаны (асық) таңдаудың өзі үлкен өнер. Сақаны ірі қара малдың асығынан таңдайды. Сақасы әрқашанда ойында болу үшін асықтың табанын тегістейді. Содан соң сақаға қорғасын құю деген болады. Бұл сақаны күшейтіп, ұту мүмкіндігін арттыру үшін жасалатын қарекет. Асықты иіргенде, үнемі табанымен түсетіндей етіп жаттығып алатын ойыншылар да болады.

     Қорғасын құю үшін әуелі асықты тазалап (сақаны) дайындап алады. Одан соң оны теседі. Бұл ретте, өте мұқият болмаса, асықтың сынып кетуі де мүмкін. Содан соң асықты саздың ішіне салып қойып, отқа ерітілген (балқытылған) қорғасынды құяды. Ал қорғасынды, әлбетте, ернеуі сүйірленген қалбырдың ішіне салып ерітеді.

    Асық та, «топай» ойыны да біздің ұлттық спортымыздың бір түрі. Жоғарыда жазып өткеніміздей, ертеде бұл ойынды біздің ауылдың ұлы да, қызы да қызыға ойнаған. Қазір ұмытылып барады.

     Сақа немесе топай ойынының тәрбиелік мәні өте зор. Бұл ойын ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтын асық ойынының түрлері жас баланың намысын жандырып, «қатарымнан озып шықсам» деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді. Мұның сыртында топайды атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады.

        Қосымша сөздік:

Көң (көмбе) – топайларды ойынға қосатын жер;

Топай – малдың аяқ буын мүшелері;

Сақа – топайды атуға арналған асық;

Иіру – сақаны ойынға қосу үшін ойыншылардың жерге сақаны айналдырып табанымен түсірсе ойында жалғастыруы;

Алшы – сақаның қырынан табанымен түсуі ойынға рұқсат;

Бүк – сақаның кіндігімен жерге етпетінен түсуі;

Шік – сақаның кіндігімен аспандап түсуі.

        Ерсін БАЙДРАХМАН, http://ulttyqsport.kz

толығырақ

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті