Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Ұлттық ойындар

Басты бет | Ұлттық ойындар | Қазақ күресi Қытайда пән ретiнде оқытылады

     21-25 қыркүйек аралығында Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы районына қарасты Iле Қазақ облысының Мұңғылкүре ауданында қазақ күресiнен VI әлем чемпионаты өттi. 21 мемлекеттен балуандар қатыс­қан додада бiздiң жiгiттер бес алтын медаль иеленiп, командалық сында топ жарды.

“БОТА БАЛУАН” БОЛСА ЕГЕР
      Әлем чемпионатында сынға түсуге келген балуандардың салмақ өлшеуiнен кейiн “Қазақ күресiнiң дамуы: бүгiнi және келешегi” деген тақырыпта халықаралық ғылыми конференция өттi. Қазақ күресi федерациясының тұңғыш президентi, профессор Ерғали Мұхитдинов, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпiров, Дүние­жүзiлiк қазақ күресi қауымдастығының президентi Серiк Түкеев, Шыңжаң қазақ мәдениет қо­ғамының төрағасы Әрiп Тұрғанбекұлы, Мұңғылкүре аудандық халық үкiметi бөлiмiнiң бастығы Жолдыбай Жырғалбайұлы, Ер­кiн Тоқтақынұлы, Мұңғылкүре аудандық үкiметтiң орынбасар әкiмi Жанболат Тәкенұлы, Мұңғылкүре аудандық саяси кеңестiң орынбасар төрағасы Қалмұрат Тұрғанбекұлы сынды азаматтар қатысып, пiкiр алмасты. Қазақ күресiнiң тарихын, таралуын, заман көшiне сай дамуын зерттеп, зерделеп жүрген мамандар, зерттеушiлер баяндама жасап, көзқарастарын бiлдiрдi.
      Ғылыми конференцияда қазақ күресiнiң насихатталуы және өзге елдерде кеңiнен таралуы талқыланды.
       Бұл әлем чемпионатының Қытай мемлекетiнде өтуiнiң өзiндiк себебi бар. Өйткенi көр­шi елде тұратын этникалық қа­зақ­тардың жан саны ресми санақ бойынша 1,5 миллионға жетеғабыл екен. Шыңжаң ұйғыр автономиялы районына қарасты Iле қазақ облысының Мұңғылкүре ауданында өткен әлем чемпионатына Қытайдағы қазақтар екi командасын қосты. Осы уақытқа дейiн Қытайдың 3 қаласында, 13 ауданында қазақ күресiнiң федерациялары ашылып, ұлттық спортымызбен шұғылданушы жас­тардың қатары артып келедi екен. Ең қуанарлығы, Iле Қазақ облысының Күнес ауданындағы Түрген ауылында қазақ күресi мектеп бағдарламасына арнаулы пән ретiнде енгiзiлiптi. Яғни денешынықтыру пәнi секiлдi қазақ күресi де жеке пән ретiнде сабақ кестесiнде бар екен. Дүниежүзiлiк қазақ күресi қа­уымдастығының демеушiлiгi­мен тiктiрiлiп, жеткiзiлген күреске қажеттi киiм-кешекпен қамтамасыз етiлген бұл мектепте оқушылар күн сайын қазақ күресiнiң қыр-сырын меңгередi екен. Көңiлiмiздiң өскенi Күнес ауданының 11 ауыл қалашығында қазақ күресiн мектеп бағдарламасына енгiзген бапкер Сұрапалды Ахметұлы Қытайда “Бота балуан” деген сайыс өтiп тұратынын айт­ты. Яғни жасөспiрiм­дердiң өздерiнiң “бота балуан” атану үшiн сайысқа түсуiне орасан мүмкiндiк бар екен. Бастауыш сыныптарда оқитындарды бiр топ, орта сыныптағылар, толық ортада (жоғары сынып оқушылары) оқитындар жас ерекшелiгiне қарай сайысқа түсiп, өзара “бота балуан” атағы үшiн күреске түседi екен.
       – Бiз неге “бота балуан” деген сайысты ұйымдастырып жарыс өткiземiз. Атан түйенiң алыптығы бота кезiнде байқалмай ма? Бота iрi болмаса, атан қайдан алып болады? Сондықтан да Қазақ елiнде, бiздiң атажұртымызда түйе балуандар додасы жиi өткiзiледi. Аста, тойда көлiк тiгiлiп, салмағы аттың белiн қайыстыратын атан жiлiк, апайтөс, бура сан балуандар додаға түседi. Мұндай жарыс Қытай елiнде де, қазақтар қалың шоғырланған өлкеде, ауданда, ауылдарда да жиi ұйымдастырылады. Сол түйе балуандыққа жарайтын балуандарды әзiрлеу үшiн “бота балуан” сынын өткiзiп келемiз. Ата-бабамыздың ұлт­тық ойыны саналған қазақ күресiн жаңғыртып, жандандырып, ке­йiнгi ұрпақтың санасына сiңiру үшiн “бота балуандықтан” сырт мектепаралық сайыстар да өткiзiледi. Жылына екi мәрте орта бастауышта оқитын оқушылардың додасы бар. Бастауыштың төмен жылдығы, жоғары жылдығы, толықсыз және толық орта сыныптарында оқитын оқушылар күреске түседi.
      “Бота балуан” додасына осы мектепаралық сайыстарда оза шапқан, күрестiң қыр-сырын шебер меңгерiп, балуандығымен дараланған үздiктер iрiктелiп қатысады. Мектеп оқушыларының көпшiлiгiнiң салмағы 55-65 келiнiң аралығында. Рас, араларында сүйегi iрi, балуан денелi жеткiншектер де бар. Бiздiң осы сайысты ұйымдастырудағы мақсатымыз – алып болар балаларды балуандыққа баулып, “бота балуандықтан” түйе балуандыққа жеткiзу. Осы сайыста ысылып, бiлек күшi толысып, атан жiлiгi ауырлап түйе балуандыққа түсуге дайын болып тұрады, – дейдi бапкер С.Ахметұлы.
       Қазақ күресiмен шұғылданамын деушiлер үшiн күрес үйiрмелерi де ашылған екен. Яғни халқының саны миллиардтан асатын Қытай елiнде қазақ күресi­мен шұғылданамын деушiлерге барлық жағдай жасалыпты.
      Ғылыми конференцияда мектеп бағдарламасына енгiзiлген дойбы ойынының да дамуы, таралуы, насихатталуының да жай-жапсары айтылды.
      Қазақ күресi мектеп бағдарламасына енгiзiлген Күнес ауданының әр қалашығында 11-20 мың аралығында тұрғын бар. Бапкер оқушылардың қысқы демалысында (бiр ай) және жазғы демалыста (екi ай) оқушыларға қосымша сабақ жүргiзетiнiн айтты. Демалыс кезiнде оқушылардың күрес өнерiн меңгеруге ғана баса көңiл бөлiнбей, төре­шiлердiң қазылық етуге машығы, бапкерлердiң де тәжiрибесiн шыңдауына көңiл бөлiнедi екен.
 
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ БЕС САЛМАҚТА ӨТТI
       Қытайдың шеткерi ауданы – саналатын Мұңғылкүре Алматы облысының Райымбек ауданымен шекаралас аймақ. Асқақ басын алдымен атқан таңның арайы сүйетiн Хантәңiрi шыңының баурайында өткен әлем чемпионатында балуандар бес салмақ дәрежесiнде сынға түстi.
      60 келi салмақ дәрежесiнде Қазақ елiнiң намысы үшiн белдесуге түскен Ғұсман Қырғызбаев әлем чемпионы атанды. Финалдық бәсекеде Ғұсман Санжар Осмонәлиевтi ұтты. Бiлiктi бапкер Нұрхан Осмонәлиевтiң балуан баласы Санжар қазақ күресi­нен әлем чемпионатына осымен алтыншы рет қатысыпты. “Қазақ күресiнен әлем чемпионы атану арманым едi. Осы жолы да жақсы әзiрлiкте келгенмiн. Бұйырмай тұрса қайтемiз. Осы айдың басында Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен көш­пендiлердiң II дүниежүзiлiк ойындарында күш сынасып, бағым жанған едi. Қытайдағы әлем чемпионатына да әзiрлiгiм жақсы болды. Бiрақ қарсыласың өзiңнен басым тұрса, жеңiлмеске лаж бар ма? Ғұсман Қырғызбаев – талантты балуан. Ғұсманды әлем чемпионатына баптап әкелген әлемнiң екi дүркiн чемпионы Бауыржан Тәлiптен 2006 жылы ұтылып қалып едiм. Осы жолы Бауыржанның шәкiртiне жол бердiм” дейдi Өзбекстан елiнiң намысын қорғаған балуан Санжар Осмонәлиев.
       60 келi салмақ дәрежесiнде әлем чемпионатының қола жүл­десi Мохсин Гулаб Әли (Үндiстан) және Нұртай Нұрмұхамедұлына (Қытай) бұйырды. 
      70 келi салмақ дәрежесiнде Ғұмар Қырғызбаев әлем чемпионы атанды. Финалдық сында Ғұмар Қытайда тұратын балуан Мәдениет Жалынбектi айқын басымдықпен жеңдi. Әлем чемпио­натының қола медалi қырғызстандық Мирлан Ералиев пен өзбекстандық Баһром Иноятовтың еншiсiне жазылды.
     Оқырмандарымызға түсiнiктi болуы үшiн екi салмақ дәре­жесiнде әлем чемпионы атанған Қырғызбаевтарды таныстыра кетсек. Ғұсман мен Ғұмар – егiз. Бiр үйдiң егiз ұлы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының Темiрлан ауылында өмiрге келген. Егiздердi әлем чемпионатына қазақ күресiнен Алматы қаласының аға бапкерi, қазақ күресiнен әлемнiң екi дүркiн чемпионы Бауыржан Тәлiп баптап қосты.    
       80 келi салмақ дәрежесiнде Дәулет Пахреддинов әлем чемпионы атанды. Финалдық белдесуде Дәулет Эстониядан келген Георги Лабогиндi ұтты. Қола медаль грузиялық Жавид Ба­зан­дарашвилидiң қанжығасына байланды.
        Әлем чемпионы атанған Дәулет Пахреддинов – Қырғызстанда өткен көшпендiлердiң II дүниежүзiлiк ойындарында қазақ күресiнен жеңiске жеткен балуан.
      90 – келi салмақта әлем чемпионы атағы Айбол Айтбекке бұ­йыр­ды. Өзбек елiнiң балуаны Шүкiржон Арсыланов әлем чемпионы атағына сынық сүйем жетпей тоқтады. Қола медаль эстон балуаны Александр Мармельжук пен Қытай елiнiң намысын қорғаған Серiк Жайдарбекке бұйырды.
       90 келiден жоғары салмақ дәрежесiнде “Қазақстан барысы” республикалық турнирiнiң жеңiмпазы, қазақ күресiнен үш дүркiн әлем чемпионы Айбек Нұғымаров қарсы келген балуанның барлығын қоғадай жапырды. Алыптардың әлем чемпионы атағы үшiн белдесуiнде Айбек грузиялық Леван Матиашвилидi жеңдi. Леванның есiмi аталғанда 2014 жылы Токиода өткен дзюдо күресiнен гранд-слэм турнирi есiмiзге түседi. Әлемдегi бе­делдi сайыс саналатын осы турнирде Леван күмiс жүлде алған болатын. Грузия спортының тарихында гранд-слэм додасының финалдық сынына 1982 жылы Давид Водабели шығып, чемпион атанса, одан кейiн осы тур­нирдiң финалында белдескен екiншi балуан – Леван Матиашвили.
        90 келiден жоғары салмақ дәрежесiнде әлем чемпионатының қола медалi ресейлiк Максим Ширяев пен белорус балуаны Александр Вахабяктiң еншiсiне жазылды.
       Жұрттың делебесiн қоздырып, қиқулатқан сайыс түйе балуандықта өттi. Абсолюттiк салмақ дәрежесiндегi додаға салмағы 80 келiден жоғары балуандар әлем чемпионатының жүл­десi үшiн күрестi. Сайысқа түсуге 26 балуан қатысуға ықылас танытып, дода әп дегеннен тартысты өттi.
       Грузия елiнен әлем чемпионатына ауыр салмақта екi балуан қатысты. Жоғарыда сөз еткен Леваннан өзге Гурам Тушишвили келген-дi. Гурамды Грузия елi дзюдо күресiнен жасөспiрiмдер арасында Еуропа чемпионы деп бiледi. Былтыр Австрияның Оберварт қаласында өткен Еуропа чемпионатында 20 жастағы Гурам Тушишвили 100 келi салмақ дәрежесiнде чемпион атанған болатын. Дзюдо күресiнiң қыр-сырын шебер меңгерген Тушишвилиге қазақ күресiнен сын­ға түсу аса қиындық туғызбаса керек. Бұл балуанның қазақ күресiнен елiмiзде өтетiн түрлi додаларға қатысып, түйе балуандыққа жарап жүрген алыптарымыздың кейбiрiн жығып кеткенiн де бiлемiз. Гурам жастық жiгер мен бойындағы бұла күштiң қайнап тұрғанын дәлелдеп бердi. Гурамның салмағы 100 келiден сәл-пәл асады. Соған қарамай салмағы 140 келi тартатын ресейлiк Максим Ширяев, белорус Александр Вахабяк сынды алыптарды ырғап-ырғап сiлкiп кеп қалғанда қаңбақ құрлы көрмейдi. Гурам финалдық белдесуде белорус Александрды айқын басымдықпен жеңдi.
         Әлем чемпионатында жүлде алған балуандарға қаржылай сыйақы берiлдi.
 
СЕНIМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСПЕУ КЕРЕК
     Қытайда өткен әлем чемпионаты барысында Дүниежүзiлiк қазақ күресi қауымдастығына қарасты Азия күрес федерация­сының президентi сайланды. Бұған дейiн Дүниежүзiлiк қазақ күресi федерациясының вице-президентi қызметiн атқарып, осы әлем чемпионатының Қытай елiнде өтуiне елеулi үлесiн қос­қан Серiк Кененбайды делегация мүшелерi ашық дауысқа салып бiрауыздан қазақ күресiнiң Азия құрлығындағы федерациясының президентi етiп сайлады. Дүние­жүзiлiк қазақ күресi қауымдастығының президентi Серiк Түкеев қазақ күресiнiң Азия федерациясын басқарған марқұм Марат Шәмшiнұровтың азғана уақыт еңбек етсе де орасан шаруаны атқарғанын айтып, Шәм­шiнұров­тың жалғастыра алмай кеткен мақсат-мұратын жүзеге асыруды Серiк Кененбайға тапсырды.
 
ЖАҢА БАСЫЛЫМ ЖАРЫҚ КӨРДI
        Қазақ күресiнен Қытайда өткен VI әлем чемпионатының қарсаңында жаңа журнал жарық көрдi. Қазақ күресiнiң тарихынан сыр шертетiн журналдың бас редакторы журналист, Дүниежүзiлiк қазақ күресi қауымдастығы ақпарат бөлiмiнiң басшысы Ақын Ордабайұлы. 

       “Қазақтың күресу өнерi ұлттық салт-дәстүрiмiзбен, мә­дениетiмiзбен, әдет-ғұрпымызбен бiте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Көшпелi қазақтың тарихына үңiлсек тұрмыстық, әлеуметтiк өмiрiндегi ойын-сауықта, жiгiттер белдесуге түсiп өздерiнiң ептiлiгiн, күштiлiгiн, алыптығын сынаған. Қазақ күресiнiң өзге де күрес түрлерiнен ерекшелiгi табан тiреп ұстасқан сәтте аяғыңмен қарсыласыңды шалуға, тобығынан қағуа болады. Қолмен балағынан ұстап тарту мүлде жат. Болашақта қазақ күресi де өзбектiң кураш, қырғыздың күреш, әзiрбайжандар мен түрiкмендер сорпа терi шығып алысып жататын гүлещ, татар, башқұрттың күрящ, белбеулi күрешiнен де ерекше күрес түрi екенiн әлемге таныту үшiн атқарар шаруа шаш-етектен. “Қазақ күресi” деп аталатын журналды әлем чемпионатының қарсаңында шығаруымыздың да мақсаты сол – төл спортымыздың насихатталуына серпiн қосу. Бұл журналда қазақ күресiнiң түп тарихынан тартып, әлем чемпионаттарының, әлем кубогының, Азия бiрiншiлiктерiнiң қорытындысы жазылған” дейдi А.Ордабайұлы. Қазақ күресiнiң зерттелуiне, насихатталуына еңбек сiңiрiп жүрген журналист келешекте бұл журналды тұрақты түрде шығарып, оқырмандармен қауыштыратынын айтты.

 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті