Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Ұлттық ойындар

Басты бет | Ұлттық ойындар | «Күресіміз «Белбеу күресіне» кірме болмауы керек»

       Құдайға шүкір, бүгінгі күнде қазақ күресінің дәурені жүріп тұр. Төл өнеріміздің төрге озып, текті жұрттың асыл қасиеттерін төрткүл дүниеге таныта бастағаны жанды семіртеді. Дегенмен, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп хакім Абай айтқандай, қазақ күресінің айналасында да ұлттық өнерімізді қайтсек ұшпаққа шығарамыз деп жүрген азаматтар арасында пікір алуандығы бар екені белгілі. Бәсекенің заманына бұл керек те шығар. Тек, ортақ мүдде осыған зардап шекпесе екен дейсің… Қазақстан Республикасы Қазақ күресі Федерациясының президенті, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының» төрағасы Арман Шораевпен осы тақырыптың төңірегінде әңгіме қозғаған едік.

         – Арман Төлегенұлы, жақында ғана қазақ күресі биыл Ашғабадта өтетін жа­бық ғимараттағы Азия ойын­дарының бағдар­лама­сына енді деген сүйінші хабарды естідік. Бұл туралы не айтасыз?

       – Жалпы, қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізу – әр қазақтың көкейіндегі асыл арман. Біз – Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясы осы бағытта аянбай еңбек етіп келеміз. Ал Дүние­жүзілік Қазақ күресі федерация­сы ұйымының сүйіншілеген хабарында күмән мен күдік тудыратын біраз дүниелер бар. Мәселен, бүгінгі таңда Азия ойындарының бағдарламасына қазақ күресінің жеке спорт түрі ретінде енгені туралы бір­де-бір ресми ақпарат жоқ. Шын мәнісінде, біздің күрес Азиада бағдарламасындағы 21 спорт түрінің бірі – «Белбеу күресі» спортының тек бір ғана тармағы ретінде қосылып отыр. Ал енді, «Белбеу күре­сінің» өзі Бүкіләлемдік күрес одағындағы (United World Wrestling) Дәстүрлі күрес түр­ле­рі комитетінің құрамына енеді. Осы жерде айта кететін жайт, қазіргі уақытта татар, өз­бек, қырғыз және басқа да ха­лықтардың ұлттық күресі бұл спорттың құрамына кіруден бас тартқан. Ендеше, біз неге осы ұлттық мән-мазмұннан ада, интер­националдық сипаттағы спорт түрінің қолтығына кіруге құштар болып отырмыз?

      Жалпы, біз жағдайдың бұлайша қалыптасқанына, асыл өнеріміздің «Белбеу күресінің» аранына жұтылып кетуіне үзілді-кесілді қарсымыз. Біздің ұстанымымыз мынадай: қазақ күресі өлмесін десек, ол ешқандай спорт түріне кірме болмай, жеке, дара тұрып дамып, өмір сүруі керек. «Ортақ өгізден – оңаша бұзау артық» деп атам қазақ бекер айтпаған.

      – Бүгінгі күндегі Дүние­жүзілік Қазақ күресі қауым­дастығы мен Қазақстан Рес­публикасы Қазақ күресі фе­де­ра­циясы арасындағы қа­­рым-қа­тынасқа тоқтала кетсеңіз.

       – Біз осыған дейін Дүние­жүзілік Қазақ күресі федерация­сы ұйымының жұмысына, ішкі шаруасына араласқан емеспіз. Бірақ, бұл ұйымға қатысты өзіндік ұстанымымыз да бар. Біріншіден, бұл федерацияның құқықтық-ұйымдастыру түрі – жергілікті қоғамдық бірлес­тік, Астана қалалық әділет департаментінде тіркелген. Жарғы бойынша, бұл ұйымға Қазақстанның және шет елдің жасы 18-ге толған же­ке тұлғалары ғана мүше бола алады. Әрі бұл ұйым­ның құрыл­тайшылары – жеке тұлғалар, Қазақстанның 10 азаматы. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясы Дү­ниежүзілік Қазақ күресі федерациясы жергілікті қоғамдық бірлестігіне мүше болып көрген емес және мүше болып кіре де алмайды. Егер де, федерация атына заты сай халықаралық сипатқа ие, заңды тұлғалар мүше болып ене алатын ұйым болса, онда әңгіме басқа. Соған қарамастан, илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, бұл ұйымның жұмысына кедергі келтірген емеспіз және кейбір бастамаларына қолдау көрсетуге талпындық та. Өкінішке қарай, бұл ісімізден қайыр болмады.

        Елімізде қазақ күресінің дамуына жауапты бірден-бір ұйым – Қазақстан Респуб­ликасының Қазақ күресі федерациясы. Кез келген халықаралық турнирлерге, чемпионаттарға Ұлттық құраманы бекітетін және апаратын бір ғана өкілетті мекеме ол – Қазақстан Респуб­ликасы Қазақ күресі федерациясы. Бірақ, мен 2013 жылы федерацияға басшы болып келгеннен бері біздің құқығымыз ұдайы бұзылып келеді. Мәселен, 2013 жылы Минск қаласында өткен әлем чемпионатына Қа­зақ­станнан екі құрама команда барды. Бірі – біздің федерация арқылы ресми түрде бекітілген Ұлттық құрама болса, екіншісі – Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы жіберген команда. Мұндай жағдай бұдан кейін де бірнеше мәрте орын алды. Сайып келгенде, мұның өзі төл күресіміздің шетелдіктер алдындағы абырой-беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекет еді.

       Бірақ, осыған қарамастан, біздің тарапымыздан арадағы келіспеушілікті жойып, ортақ мүдде жолында түзу қарым-қатынас орнатуға бағытталған іс-әрекеттер болды. Өкініштісі сол, аталған ұйым тарапынан біз­дің ізгі ниет түсіністік таппады.

      – Қазіргі таңда елімізде Қазақ күресімен тұрақты түрде қанша адам айналы­сады? Бұл турасында маркетингтік зерттеулер жүргізіле ме?

      – Жалпы, мұндай зерттеулер біздің тарапымыздан жүргізілген емес. Ондай шаруаны жүзеге асыратын өкілетті орган – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт минис­трлігінің Спорт және дене шы­нық­тыру істері комитеті. Аталған комитет ұсынған мәлі­метке сәйкес, 2010 жылғы санақ бойынша қазақ күресімен айна­лысқандардың саны 30 мың болған. Ал 2016 жылғы статис­ти­калық мәліметтер бойын­ша, қазақ күресімен тұрақ­ты түрде шұ­ғылданатын ел тұр­ғын­­­­дарының саны 104 мыңды құрады.

     Ал Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының осы бағыттағы атқарған жұмыс­тарына келсек, біз респуб­ликалық федерацияны қауым­дастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі ретінде қайта құрдық. Бұл қауымдастыққа облыстық федерацияларды ғана мүше ретінде қабылдадық. Бұған дейін, яғни мен басшылыққа келгенге дейін федерацияның құрылтайшылары жеке тұл­ғалар болып келсе, ендігі жер­де құрылтайшылар тек қа­на қазақ күресінің об­лыстық федерациялар болып нақтыланды. Өз кезегінде облыстық федерациялар да 2014 жылдан бастап өздерінің құқықтық-ұйымдастыру тү­рін өзгертіп, қауымдастық ны­санындағы заңды тұлғалар бірлес­тігі ретінде қайта құрылып жатыр.

       – Биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде жанкүйер қауым­ға ұсынар қандай өзге­ріс­тер мен жаңалықтар болады?

      – «Қазақстан Барысы» жобасы алғаш дүниеге келгенінде-ақ жұртқа тың жаңалық, құбылыс ретінде танылды деп айтуға болады. Сәтін салса, бұл дүбірлі дода биыл жетінші рет өткелі отыр. Бұл жолғы «Қазақстан Барысы» турнирі Алаш қоз- ғ­алысының 100 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналады. Есте­ріңізде болар, «Қазақстан Барысы» бесінші рет өткенде, Елба­сының өзі келіп, ақ жол тілеп, батасын берген еді. Өз басым мұны Ұлттық спортымызды ұлықтаған зор құрмет деп бағалаймын.

      – Қазақстан Барысы» бренд белгісімен шығарылып жат­қан азық-түлік өнімдері, киім-кешек түрлері және басқа да тауарлардың нарықтағы жай-күйі туралы не айтар едіңіз?

       – Бүгінгі күнде біз «Қазақ­стан Барысы» бренд белгісімен сүт өнімдерін, жеңіл-желпі спорттық киімдер, қалпақ түр­лерін, ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендірілген белдіктер шығарып келеміз. Дегенмен, сауда-саттық марке­тингі тұрғысынан алғанда біздің шаруамыз ілгері жылжымай тұр. Негізі, алдағы уақытта бізбен келісе отырып, осы іспен нақты түрде айналысамын деген кәсіпкер азаматтар табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

       Орайы келгенде айта кеткен жөн болар, былтыр ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық коми­тетінің шешімімен қазақ күресі осы мәртебелі ұйымның Дүние­жүзілік мұралар тізіміне енді. Қазақ күресінің соңғы үш жыл ішіндегі жетістіктерін бейнефильм арқылы баяндап, фото­альбомға қаттап, жеті жұрттың көзін жеткізе отырып, осындай ауқымды шаруаны жүзеге асырған «Қазақстан Барысы» жобасының атқарушы директоры Сәрсен Құранбектің еңбегін атап өтуге әбден болады.

       – «Қазақ күресі» атауын өзгерту туралы идея қан­­ша­лықты өміршең? Сол сияқ­ты күрес киіміне енгізілген өзгерістер осымен тәмам ба, әлде ол жалғасын таба ма?

       – Жалпы, «Қазақ күресі» деген атау ХХ ғасырда дү­ниеге келген екен. Төл спор­ты­мыздың бұлайша аталуына кеңес заманындағы интер­националдықты көрінген жерге тықпалаған қасаң идеоло­гияның ықпалы зор болды. Ұмытпасам, Бүкілодақтық дене шынықтыру және спорт комитетінің 1938 жылғы 16 қарашадағы № 633 бұйрығында еркін стильдегі күрес (самбо) пен ұлттық күрес түрлерін дамыту жөнінде айтылған. Сол құжатта «Қазақша күрес», «Өзбекше кураш» деген сияқты күрес түрлері жаңа атауға ие болды. Ал шын мәнінде, ықылым заманнан спортымыздың атауы «Күрес» болып келді ғой. Мәселен, көк­парды біз «Қазақ көкпары» немесе тоғызқұмалақты «Қазақ тоғызқұмалағы» деп атамаймыз ғой.
        Кезінде Кеңес Одағының қитұрқы саясатымен дүниеге келген бұл атау қазірдің өзінде күресіміздің кең өріс алуына кедергі келтіріп жатыр. Се­бебі, қазіргі таңда қазақ кү­ресі федерациясы Ресей спорт ми­нистрлігі тарапынан танылмай отыр. Басты себебі, осы атау ғой деп ойлаймын. Мәселен, «Орыс лаптасы» деп аталатын спорт түрін өзімізде дамытуға аса құлықты болмайтынымыз анық қой. Сол сияқты дүние… Қытай да қабылдамайды деген күмәнім бар. Мүмкін, халықтың талқысына сала отырып, күресімізге әмбебап атау табу керек шығар? Ол, енді уақыттың еншісіндегі шаруа.

       Ұлттық күресті зерттеуші, қазақ күресі киімінің авторы Елемес Әлімханұлының айтуымен және басқа да мамандармен ақылдаса отырып, былтырғы жылы қазақ күресінің киімін бастапқы қалпына қайта келтірдік. Яғни, күртешенің жеңі ұзарып, шынтақтан асты, шалбардың да балағы тізені жапты. Әурет жерді жабатын мұсылманшылық өз алдына, бұрын жең шынтаққа дейін болғанда балуандарымыз, әсіресе, балалар күрес кезінде қолдары буыннан қайырылып кетіп, көп жағдайда жарақат алып жататын. Ал қазір жағдай оңалды.

       Жалпы, өзгерістер енгізе беруге өз басым қарсымын. «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деп Ахаң айтпақшы, біздікі – күресіміз көркейе түссе екен деген ізгі ниеттен туған іс-әрекет.

        – Әңгімеңізге рахмет.

       Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

       https://www.egemen.kz/2017/02/21/103382

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті