Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Ұлттық салт-дәстүрлер

Ырым мен тыйым

       Қазақ халқының салт-дәстүрінде ерекше орын алатын ырым-тыйымдар жөнінде не білеміз? Бағзы замандардан бүгінге жеткен ырым-тыйымдар ұлтымыздың дүниетанымына, өмірлік көзқарасына әсер етіп, әдеп пен әдет жүйесінде кең көрініс тапқаны белгілі. Олай болса, осы тақырыпқа бір сәт үңіліп, ырымның мән-маңызы неде, тыйымның мақсаты қандай деген сауалдарға жауап іздеп көрсек. 

       Ырым дегеніміз – халықтың се­німімен, ақ ниетінен, шын көңілінен туған ұлттық ерекшеліктің бір саласы. Өз алдына бір жақсылықтың ­немесе жаманшылықтың хабаршысы, адамды сақтандырушы, сондай-ақ халық мінезі және әдет-ғұрпымен біте қайнағанын көруге болады.
      Ырым мен тыйым сөздерінің ма­ғы­насын ажыратып көрейік. Бұл ретте белгілі этнограф Сейіт Кенжеахметұлы: «Дәстүрде ырымның екі түрі бар. Олар – салт ырымдары және сенім ырымдары. Мысалы, күйші болсын деп сәбидің тырнағын белгілі домбырашыға алғызу, отаншыл болсын деп туған жерге ­аунату, ержүрек болсын деп батырдың сарқытын жегізу, оның атын қою сияқты ырымдар бар» деп жазады.
     Тыйым – халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірінен саналады. Бұл балаларды жаман әдет, жат пиғыл, ерсі қимыл, әдепсіз істер­ден сақтандыруда маңызды қыз­мет атқарады. «Қызға қырық үйден тыю» демекші, халқымыз­дың тәрбиелік құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің бірі тыйым сөздер. Бұл балалар мен жастарға «жаман әдеттен жирен» дегендей жаман істерден сақтан­дырып, жақсылыққа еліктеу, бейімдеу мақсатынан шыққан таза халықтық педагогикалық ұғым. Ата-бабаларымыздың даналығы сол – қаншама ғасырдан бері тыйым сөздердің мәні өзгермей, қасиеті кетпей бүгінгі заман жастарына беретін өнегесі көп. Ғұлама ғалым әл-Фараби айтқандай «Адамға бірінші білім емес тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөздеріне қазақтың тыйым сөздері толық мысал бола алады.
      Ғалым А.Әбдірәсілқызы ырым мен наным сөзінің мағынасына былай деп талдау жасайды: «Ырым бөлек те, наным бөлек. Ырым тікелей нанымның көрінісі болса, қазақ екеуіне екі атау бермес еді. Ырымда «осылай етсе, солай болады» деген үзілді-кесілді сенім емес, «осылай етсек, солай болса екен» деген тілек, ниеттену, сұрау тұрады. Оның бәрін адам жақсылықтан үміт күтіп жасайды. Ізгі ниетпен жасалған ырымдарды Пайғамбарымыз да ұнатқаны хадистерде келтіріледі».
      Әр ұлттың даму кезеңінде ерте кезден қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бар. Сол арқылы халықтың тұрмыс-салты, мінез-құлқы, ерек­ше­ліктері мен дүниетанымы көрінеді. Жасыратыны жоқ, біздің заманымызға дейін жеткен ырым-нанымдардың көпшілігінде тәңіршілдіктің, шаман­дықтың іздері әлі күнге дейін де бар. Қазақта жас келін түскен кезде отқа май құйғызады. Май құйғанда от лаулап жанады да, оттың жалынына қолын төсеп «от ана, май ана, жарылқа!» деп бетін сипайды. Міне, осыны да «шамандық наным-сенім» деп жүргендер де бар. Шығыстанушы, тарихшы, этнограф Ш.Уәлиханов: «…барлық шамандық салттың ішінде отқа табыну қазақтарда әлі күшінде. Қазақтар отты әулие санайды. Аса жоғары құрметтеудің белгісі ретінде, қазақтар моңғолдар сияқты отты ана деп атайды. Отта тазартушы қасиет бар деп түсінеді, екі оттың арасынан өткізіп тазартады. Оны «аластау» дейді. Қыстаудан көшкенде көшті екі оттың арасынан өткізеді» деп жазған. Осындай ырым-салттың бірі – Отқа май құю. От – жылу, от бар жерде өмір бар деп айтады. Осының бәрі ерте заманда мұсылман дінінен бұрынғы қазақтарда отқа табыну культі болғанын дәлелдейтіні анық деп көрсетеді. Мұсылмандыққа дейінгі діни көзқарас қалдықтарын анықтау мәселесіндегі Ә.А.Диваев (этнограф, түркітанушы) пікірлерінің Ш.Уәлиханов зерттеуімен үндесетін тұстары көп. Айта кетейік, отқа май құю, беташар сияқты қазақ дәстүрлерінің шариғатқа қарсы келер тұсы жоқ. Тәңірлік діннен қалған наным-сенімнің де сенімдік жағы, мазмұны мүлде өзгеріп кеткен. Мысалы, ақ босаға аттап, отқа май құйып жатқан келіндер бұл ырымды от пен майға табынғандықтан жасамайды, ата-баба дәстүріне деген құрметпен жасайды. «Шырағың сөнбесін», «отым өшпесін» деген игі тілекпен отқа май құяды.Қазақ ұлтымен бірге жасап келе жатқан наным-сенімдер ұлтпен бірге жасай береді деп сенеміз. Осындай бай мұраны келешек ұрпаққа жеткізу, насихаттау біздің борышымыз.

         Райхан АЛТЫБАЕВА, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері

      http://anatili.kazgazeta.kz/?p=43234

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті