Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Ұлттық салт-дәстүрлер

Басты бет | Ұлттық салт-дәстүрлер | Тұлпарлардың энциклопедиялық жинағы жарық көрді

    Жылқының отаны ретінде бүкіл дүниеге танылсақ та,  түрлі бәйгелерде топ жарып, иесінің даңқын шығарған тұлпарлардың тарихын хатқа түсіру жағынан ұятты болып жүр едік. «Ештен кеш жақсы дегендей» бұл олқылықты түзетуге алғашқы қадам жасалды. Журналист Бағдат Мұқтарұлы Қапбас «Арғымақ» деп аталатын кітабымен  тыңға сүрен салды.      

    «Есте жоқ ескі заманнан бүгінге дейін жылқы ұстап, жүйрік жүгендеген әз халқымыздың жазиралы аймағында әр ғасырдың алуан-алуан тұлпары болғаны анық. Олардың деректері бүгінгі күнге толықтай жеткен жоқ. Оған жақынды да, жатты да жазғыруға болмас. Өйткені дәл қазіргідей мүмкіндік ол заманда болған жоқ. Сондықтан  біз кешегі, бүгінгі тұлпарларды түгендеп, дерегін жинап жазуды қолға алдық. Атсейістерді сәйгүліктерімен суретке түсіріп, олар жайында қысқа да нұсқа жазып, кітап шығарып отырмыз.  Оқырман көмбені шаңға көмген шын жүйріктер туралы нақты ақпар, толық мәлімет алады деген ойдамыз» дейді 2009  жылдан бері жылқы жайлы, бәйге туралы жазып, тұлпарларды суретке түсіріп келе жатқан автор кітаптың алғысөзінде. Алдымен Қазақ радиосында «Жылқы жыры» деген  хабардың жауапты редакторы, кейін «Арғымақ» деп аталатын журналдың Бас редакторы, ал биылдан бастап  saigulik.kz  танымдық порталының Бас редакторы болған Бағдаттың бұл жолғы еңбегін жылқы десе ішкен асын жерге қоятын барлық оқырман қауымға арналған.  

    ҚР Ұлттық кітапханасында 6 желтоқсан күні өткен кітаптың таныстырылымы кезінде белгілі ақын, журналист Бақыт Жағыпарұлы: «бұл жүйрік аттар жайлы анықтамалық энциклопедиялық кітап. Оған Ақан серінің «Құлагерінен» бастап, күні кеше «ЭКСПО» көрмесінің құрметіне орай ұйымдастырлған бәйгеде құнан жарысында топ жарған «Витьязға» дейін қазақтың 200-ден астам атақты жүйріктері мен 40-тан астам атбегілері түгел қамтылған» дегенді айтты. 

     Оған редактор болған ақын Серік Қалиев: бұл тұлпарлардың аруағын аунатып жатқан күн болды. Қазақта небір жүйрік өткен. Олардың аты бізге  киелі өнер арқылы ән, жыр, күй болып жетіп отыр. «Құлагер» сияқты тұлпарлардың бәрінің бірдей Ақан серідей иесі болған жоқ. Сондықтан Б.Мұқтарұлының «Арғымағы» руханиятқа қосылған  үлес деп білеміз» деп баға берді.

     «Қыран» федерациясының атқарушы директоры, белгілі этнограф Бағдат Мүптекеқызы: «Қазақ радиосында 20 жылдай жұмыс істеп, ауыл-ауылды көп араладым, ол кезде бәйгенің біраз қазақы аттары бар еді. Қазір маған қанша жеріне жеткізіп  мақтаса да түрі келісті болғанымен қазақы жылқыдан басқаларын онша ұната бермеймін. Байларымыздың көбі аттарына ешкімді мінгізбей, өзінің үйіндегі сұлулары сияқты қамап қойғаны маған ұнамайды. Аттың бәрі қазақтың астында болу керек, сонда ғана оның жүйріктігін байқаймыз», – деп  қазіргі кезде қазақ жылқысының даңқын асырар жүйріктердің шықпай жүргенін мәселе етіп көтерді.      

     Оны күйші Мұрат Әбуғазы толықтырып: «интернеттті ашып қарасаң бүкіл елдің жылқы тұқымдары жүреді де,  қазақтың жылқысын іздесеңіз дені дұрыс жылқы көре алмайсыз. Осының өзі бізге үлкен сын деп ойлаймын.  Жылқының өзі үлкен мәдениет қой. Кеңестік дәуірде одан айрылып қалдық өкінішке орай. Былтыр елге барғанда әкемнен 100-ге тарта жылқы түсін жаздым. Менің бір қуанып отырғаным мына еңбекте біздің бұрынғы өткен жүйріктеріміз де қамтылған екен. Оның өзі болашақта жылқыны зерттеуге үлкен септігін тигізеді. Осыларды қаузап отырып қазақ жылқысының тұқымын шығару керек. Бізде қазақ жылқысының жабысы ғана қалып, кезінде жүйріктері құрып кеткен. Қазақ ешқашан жабыны бәйгеге қоспаған. Жылқысының сәйгүлігі мен жабысы бөлек жүрген. Іздесек жүйріктің тұқымы әлі де бар. мәселен, ағылшынның жылқысына 3 ғасыр бойы мемлекет ақша салып, осындай дәрежеге көтерді. Соның арқасында ол қазір дүниежүзін тамсандырып тұр. Бірақ олар бәйгеге қосуға болмаса, қазақтың табиғатына,  даласына сай келмейді» деген ой айтты. Ал Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, жылқы шаруашылығының зерттеушісі Қайрат Исхан кеңес  үкіметі кезінде  қазақ жылқысын зерттеушілердің 80-90 пайызы өзге ұлт өкілдері болғанын жеткізді. Оның айтуынша, кеңестік ғалымдар қазақ жылқысын етті не сүтті бағытта ғана қарастырған. Сондықтан мына кітапда тұлпардың ғана емес оның иесі мен шабандозының да суреті айқын, көркем түрде берілуі зерттеушілер үшін үлкен олжа. Өйткені жылқының сымбатын оны көрмей бағалау мүмкін емес. Сол себепті мұндағы материалдардың зерттеушілер үшін құны өте жоғары.

         Ерлік Ержанұлы 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті