Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Қазақ тарихы

Қазақ тарихы

    Қазақтың өмірінде діни және ұлттық әдет-ғұрыптар астасып, бірігіп те кеткен. Қазақ ұлт болып мұсылмандықтың негізінде ұйыған, қазақ болмысы, дәстүрі мен ислам діні біте қайнасып сіңіскен, ислам ұлтымыздың салтына  бейімделген. Сондықтан, қазіргі ғаламданған заманда қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту мұсылмандықпен байланысты өмір салтын сақтап қалумен, ұлттық кәсіп түрлерін заманауи түрде дамытумен тығыз байланысты.

     Қазақ диаспорасы қай елде өмір сүрсе де қиыншылықтарға қарамастан, ұлт болашағы, ұрпақ тағдыры үшін алға ұмтылды. Қазақ халқының бойындағы қайсарлылық, ой өресінің кеңдігі туған тілін, ұлттық ата салты мен діни дәстүрді сақтап қалуды қажеттілік деп таныды. Қазақ диаспорасының тілді, дінді және ұлттық өнерді, ғылым мен білімді дамытудағы үлесі де орасан.

    1980-жж. соңы 1990-жж. басында мұсылмандардың, соның ішінде қазақтардың діни тұрғыдан қайта түлеу үдерісі басталды. Бұл үдеріс бұрынғы КСРО республикаларында, мысалы: Ресейде, Қазақстанда, сондай-ақ, Монғолияда орын алды. Осы елдер, Түркия, Қытай және Иран елдердегі қазақтардың мұсылмандық діни ахуалы мен оның әдет-ғұрыптарының ұстанылу ерекшеліктері жайлы «Қазақ диаспорасы және атамекенге оралу (1991-2012)» атты 2015-2016 жж. орысша-қазақша жарыққа шыққан ұжымдық монографияда жақсы мәліметтер берілген [1]. Онда мұсылман дінін қайта жаңғыртуда негізге алынатын қағидаттар, соның ішінде исламдағы адамгершілік саласының өте кең екендігі және  оған Аллаға сенумен бірге діни дәстүрлер мен салтанаттар, қоғамдағы тәртіптер, қабылданған шешімдер, зияткерлік ұмтылыстар кіретіні атап көрсетілген. Сонымен бірге, мораль қағидалары исламның бөлінбейтін органикалық бөлшегі болып табылатыны және сол қағидаттың қазақ диаспорасы, оралмандар және Қазақстанның жергілікті қазақтары арасында жаңғыруы басым екендігі де айтылады. Осындай біртұтас сенімнің қалыптасуында, дінді қорғау, еркіндікті сақтау, болашақ ұрпақтарымызға ұлттың болмысы мен діни сенімін сіңіре білуде ғалым Халифа Алтайды, оның исламды қайта жаңғыртудағы қызметі мен діни білімдерін замандастарына да, ұрпаққа да жарқын үлгі, адаспауға жол көрсетер шырақ (маяк) деп айтсақ лайық болады!

       Халифа Алтай өткен ғасырдың басында атамекенінен сырт кетуге мәжбүр болған, Қытай, Үндістан, Пакистан және т.б. елдер бойымен көшіп, мұсылман діні бар Түркия жеріне жетсек, тіліміз бен тарихымыз жоғалмайды, келешек ұрпақ сақталады деген сеніммен Түркияға көшіп барған қазақтардың көшбасшысы болған адам.  

        Халифа атамыздың қазақ қоғамының исламға қайта бет бұруы үдерісіне қосқан үлесін екі бағытқа біріктіруге болады:

1 бағыт - Мұсылман дінінің, діни білімнің жаңғыруы!

      Халифа Алтай Құранның қазақ тіліндегі аудармасы мен түсініктемесін алғаш рет араб, кирилл графикасы негізінде түркі әлеміне дайындап аударып, жарыққа шығарып, Қазақстан, Ресей, Монғолия, Өзбекстан, Қытай және т.б. елдерде таратуда ерен еңбек сіңірді.

      Халифа Алтайдың Қазақстанға көшіп келуі, жаңа кезеңде исламды дін ретінде тануға және рухани сенімге үйренуге бастау болды. Атайдың қызметі мен еңбектері елін, рухани дәстүрін сыйлайтын зайырлы мемлекет – Қазақстан Республикасында мұсылман дінінің таралуы мен діни ағартушылықтың тарихи сабақтастығын қалпына келтірді.

       2 бағыт -  Болашақ ұрпақ тәрбиесі! Мұсылман дінімен тығыз байланысты қазақтың ұлттық тәрбиесі!

      Халифа Алтайдың аударма-түсініктері, діни кітаптары қазақ тіліндегі діни кітаптардың жазыла бастауына, соның ішінде адасқан немесе адасуы мүмкін жастарға бағыт болатын, біздің жүретін жолымыз Абу Ханифа мағ­забы  жолындағы ілімдерді түсіндіретін кітаптардың жазылуына, сол арқылы, діни білімнің таралуына мұрындық болды;

      Әрқайсысын жеке тарқатайық ...

    1 бағыт - Мұсылман дінінің, діни білімнің жаңғыруына келсеек, Кеңестік дәуірдегі «Дін-апиын» деген саясаттық танымнан мұсылмандық  діни сенімді қайта қабылдау арасында пайда болған уақыттық кеңістіктегі діни біліми ақпараттық тапшылық кезінде, қазақ тіліндегі Құран Кәрімнің дер уақытында әкелінуінің маңызы ерекше жоғары болды. Халифа Алтай атамыз кеңес дәуірінің күні өтетініне, өз дінімізге қайта оралатынымызға сеніп, қазақ тіліндегі Құран кітапты арнайы дайындағандай.... Себебі 1986 жылдан бері айтылып, 1988 ж. Қытайдағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында тұратын қазақтар үшін араб графикасында, 1989 және 1990 жж. Түркияда, 1991 ж. кириллицамен басылып Сауд Арабиясында шыққан Халифа ата аударған қазақша Құран кітабы тәуелсіздік орнаған жылы дайын болды. Халифа Алтай  аудармасымен жазылған Құран кітаптың бір данасы менің әкемнің үйінің төрінде ілініп тұр. Ол не деген сөз? Ол - кеңес дәуіріндегі сенім мен идеологиялық танымға негізделген қоғамда «діннің таралмауын» қадағалаған құқық қорғау қызметкерлерінің де дінге бет бұрғаны, ата бабамыздан келе жатқан, біздің ұлттық жадымызға сіңген діни құндылығымыздың өлмей, қайта жаңғыруы орын ала бастағаны деген сөз. Сонымен бірге, 1990-жылдардың басында ішкі түйсік пен сырттан санаға шабуыл арасындағы тайталаста жеңіле бастаған діни сеніміміздің ойсыраған тұсына толыққанды ақпараттық білімнің келіп толысуы деген сөз және Алланың мұсылмандарға жіберген сыйы мен көмегі деп неге айтпасқа?!

      Осы жерде Халифа Алтай атамыздың аудармасына дейін де аудармалар болғандығын, кітаптың түскен тілінде ғана оқылуы міндетімен бірге, оның түсініктерін де білу қажеттілігіне орай қазақ тілді мұсылмандарға арналған кириллицамен жазылған Құран Кәрім аудармасының Қазақстанда исламтанудың дамуына ықпал еткендігін және ислам туралы барынша дәл және объективті білім бергендігін айту керек [2].

     Сондай-ақ ерекше назар аударатын жайт, шетелдегі қазақтар ортасында болсын, сол сияқты Қазақстанда болсын исламды саясаттандыру және мұсылмандық фанатизмге бой алдыру байқалмайды. Қазақтардың тарихында ешқашан Алла атынан ешбір заңға қайшы және агрессиялық әрекеттерге бармағаны белгілі. Қазақтардың діни төзімділігі олардың басқа халықтармен және олардың мәдениетімен байланысына оң ықпал етуде. Қай елде және қандайда бір діни ортада өмір сүрсе де, қазақ ділінің ең мықты жағы – төзімділік болып табылады.  Міне осы діни білімді, мұсылмандық түсініктерді қалыптастыруда, сол арқылы қазақстандық мұсылман дінінің дамуындағы бағытты айқындауда «мұсылманшылдықтың мойымас жаршысы» аталған Халифа Алтай атамыздың еңбектері маңызды [3].

     2 бағытқа, болашақ ұрпақ тәрбиесі! Мұсылман дінімен тығыз байланысты қазақтың ұлттық тәрбиесі мәселесіне келсек, біріншіден, өз зерттеулерін діни біліммен астастыра жүргізген ғалым әлем елдеріне шашыраған қазақ ұлтының біртұтастығы мен ұлттық құндылықтарын насихаттау жолында бастау болар бағалы еңбектер жазды. Президенттің шақыруымен 1991 ж. атажұртына біржолата көшіп келген Халифа Алтай атамыз (1917-2003) Қазақстан тарихы, әлем тарихы, еліміздің кенжелеу дамыған теология, диаспорология ғылымдарының дамуында шынайы деректік пен тарихнамалық мәні бар еңбектер қалдырған ғалым екенін айту керек.

      Қазақстан тарихының кеңестік идеологиялық қысымы негізінде ашылмаған қасіретті тарихи тұстарын нақтылауда Халифа Алтайдың «Естеліктерім», «Ата жұрттан Анадолыға дейін» және «Алтайдан ауған ел» атты кітаптары рухани жаңғырудың басты міндеттерінің бірі -  ұлттық кодты сақтаумен бірге ұлттық бірегейлікті негіздеуде маңызды орын алады [4].

     Ғалымның «Ата жұрттан Анадолыға дейін» атты ХХ ғасырдың басындағы Қытайдағы қазақтардың өмір-тынысынан, жер-суын тастап, белгісіз бағытқа көшіп, Үндістан асып, Түркия жеріне барған қазақтардың көші-қоны, өсіп-өну ерекшелігі мен өлім-жітімі туралы шынайы тарихын жазған кітабы диаспорология ғылымының дамуына үлес қосқан және Қазақстан тарихының өзекті тұстарын ашуда бағалы еңбектер деп білеміз.

     Жалпы, тарихты − халық рухы десек, дін − оның алтын бесігі десе болады. Ғасырлар бойы өзінің діни жораларын өз ұлтының әдетімен, салтымен ұштастырып, бір Аллаға деген сеніміне селкеу түсірмей келген қазақ жұрты бүгінде діни тұрғыдан ала-құлалыққа ұшырады.

       Ал, Халифа Алтайдың еңбектерінде қазақ халқының ертеден келе жатқан діни сенім, наным, әдет-құрыптарын күнделікті өмір тіршілігінде қалай ұстанғаны сөз болса, онда ғасыр бойы Алтайдан Анадолыға көшу кезіндегі қаншама қиындықтарға тап болса да, қазақтардың ұлттық болмысымен астаса сіңіп кеткен діни сенім болмысын баяндау  барысында ешқандай «сақал мәселесі», «балақ мәселесі», «паранжа мәселесі» және т.т. жасанды мәселелер айтылмайтындығының өзі бұл мәселелердің қазақ халқына жат екендігіне дәлел болады.

       Мына сандарға назар аударайықшы ... 1938 ж. соңында оған дейінгі бомбылау мен мылтық оғынан, арандатулардан аман қалып, Алтайдан «ақтабан шұбырынды» болып қашқан қазақ көші 1939 ж. басында 18 мыңдай адам деп саналды [5]. Одан кейінгі қуғындардың арқасында Қытайдан ауып, Гималай асып, Үндістанға жеткен 3039 адамнан ақырында 1150-ы ғана қалады, Пәкістан кезінде (1000 шақтыдан 1400 адам арасында өскенімен), кейін Түркияға жеткен қазақтар саны 1379 адам болған екен [5, 114]. Яғни, Халифа Алтайдың діни білімге негізделген ұлттық құндылықтарымызды сақтау мен жаңғыртудың бастамасы болған Құран Кәрім мен басқа да тағылымдық мәні бар кітаптардың ар жағында сол көш кезінде құрбан болған 16 мыңнан аса қазағымыздың болашақ ұрпаққа деген үміті бар.

   Яғни, қазақтың ұлттық ерекшеліктерінің, әдет-ғұрпының ертеден бергі қалыптасқан тұнығының бұзылмай, оның өткен ғасырдың басындағы күйде сақталуы мен қазіргі кездегі заманауи талаптарға жауап бере алатын деңгейде дамуы мен ұрпақты тәрбиелеуі бағытында Халифа Алтай атамыздың еңбегінің үлгі болар мығым орны бар.

 

Әдебиеттер:

1. Қазақ диаспорасы және атамекенге оралу (1991-2012): Ұжымдық монографиялық еңбек / К.Н. Балтабаева, Т.А. Мамашев, Ж.Ә Ермекбай, А.Ж. Баймағамбетова / Ғылми ред. С.Ф. Мәжитов. – орысш. Ауд., толықт., түзетілген – Алматы: «Елтаным» баспасы, 2016. – 596 б. 12 б. түрлі-түсті суретті жапсырма. (219-222).

2. Құран әліппесі және иманның шарттары / жинақтап бастырушы Халифа Алтай. – Алматы: Сөзстан, 1995. – 132 б.

3. Құран  Кәрім: қазақша мағына және түсінігі / ауд. Халифа Алтай, өңдеуші Д. Жаналтай, ред. А.Алтай. – Медине: Шарапатты екі харамның қызметкерлері, Фаһд патшаның «Құран Шәриф» басым комбинаты,  1412/1991. – 604 б.; Құран әліппесі және иманның шарттары / жинақтап бастырушы Халифа Алтай. – Алматы: Сөзстан, 1995. – 132 б.; Таңдаулы Хадистер/ түрікшеден қазақшаға ауд. Халифа Алтай Ғақыпұлы / ред. Ы.Бірлікқызы. – Алматы: Берен, 1994. – 128 б.; Халифа Алтай. Ғибатадул Ислам / ред. Ы.Бірлікқызы. – Алматы: Берен, 1994. – 128 б. т.б.

4. Алтай Х. Естеліктерім / – Алматы: Мұнай-Газ өнеркәсібінің оқу орталығы, 2003. – 113 б.; Халифа Алтай. Ата жұрттан Анадолыға дейін; Халифа Алтай. Алтайдан ауған ел. – Алматы,  2014. – 272 б.

5. Халифа Алтай. Алтайдан ауған ел. – Алматы,  2014. – 272 б. (26)


       Құдайбергенова А.И. – т.ғ.д., Балтабаева К.Н. – т.ғ.к.

 

    

толығырақ

      Қазанғаптың қанша күйі болғанын ешкім де тап басып айта алмайды. Бірақ оның тек «Ақжелең» күйінің өзі ғана 62 нұсқадан тұратынын қазанғаптанушылар айтып та, жазып та жүр. Ал одан басқа да Қазанғап домбырасының шанағынан көптеген күйлер төгілген. Күйлерін ұлы күйшінің өзінен үйреніп, жанында жүрген тікелей шәкірттері боп өмірден өткен Жәлекеш Айпақов, Кәдіралы Ержанов, Мәжит Бейсенбаев секілді көптеген домбырашы-күйшілер, арнайы Шалқарға келіп, Қазанғаптың күйлерін жазып алған академик Ахмет Жұбанов, экспедиция жасақтап келген Бек Сүлейменов, Мардан Байділдаев және басқа ғалымдар, Қазанғап күйлерін нотаға түсіріп, ғылыми айналымға қосқан Сәдуақас Балмағамбетов те Қазанғаптың күйлерін толық жинақтай алмады. Қазіргі кезде Қазанғап күйлерінің аттары белгілі болғанымен, оларды ешкім толық біле бермейді.
       Қазақ музыкасын ғылыми тұрғыда зерттеп, тарихын жаз­ған Ахмет Жұбановтың өзі сол замандағы салқын саясаттан зардап шекті. Ұлтының рухани ұлы мұраларын жарыққа шығарып, қазақ халқын әлемге танытпақ болған Ахаңның да қадамы аңдулы болды. Оның үстіне қазақтың тұңғыш лингвист ғалымы, КСРО Ғылым академиясының қазақ бөлімінің Президиум мүшесі Құдайберген Жұбанов 1937 жылы «жапон тыңшысы» деген жалған айыппен қамалып, көп уақыт өтпей атылып кетті. Соған қарамастан, ұлт-аспаптар оркестрін құрып, қазақ өнері мен мәдениетін шынайы зерттеуге кіріскен Ахмет Жұбановты феодализмнің қал­дықтарын насихаттаушы деп сынап, мінегендер де табылды. Кейін өнертанушы ғалымдардың басты ғылыми құралына ай­нал­ған «Замана бұлбұлдары» этно­графиялық еңбегі 1940 жылдары жазылған екен. «Ескіліктің қал­дықтары» насихатталған деген сынға ұшырап, туралып тас­­талған. Бұл ғылыми ең­­бе­гін А.Жұ­банов қайта жазып, 1963 жылы ғана жарыққа шығара алған. Жан-жақтан болып жатқан түрлі қи­тұрқы қы­сымдарға қарамастан, Ахаң көптеген мәселені сыналап болса да кіргізіп жіберген. Қазанғап күйлерін зерттеу бары­сында да ызғарын төккен саясат­тың ғалым құлашын жаздырмағаны анық.
      Кеңес өкіметі тұсында Қа­зан­ғап күйлерінен де астар іздеу­шілер табылған. Ахмет Жұбановтан бас­тап күйшіні зерттеушілерге қойыл­ған кінәнің бірі – Қазанғап өз күйлеріне Кеңес өкіметінің же­тістіктерін қоспапты. Қазақ даласында еркін жүріп, халықтың ықыласына бөленген, жаңа би­ліктің саясатынан хабарсыз, оның үстіне 1921 жылы дүние салған, Кеңес өкі­меті тұсында төрт-ақ жыл өмір сүрген Қазанғап күй ар­қы­лы ком­мунизмді қайдан жыр­ласын.
    Күйшіге тағылған тағы бір айып – оның күйлері пессимизмге толы, қыз-келіншектерді күйге қос­қан. Мұның бәрі әншейін еді. Айыптаушылардың астыртын кінәсінің басты мәні Қазанғаптың халық батырларын күй арқылы дәріптегенінде жатыр.
    Қазақтың ұлттық болмы­сын, тұрмыс-тіршілігін, көшпен­ді­ліктен бастап бүкіл өмірін, өмір сүрген ортасын, мекенін, таби­ғатын ақындар мен жыраулардай жырлап беретін құдіретті бір күш күйде, күйшілік өнерде жатыр. Оғыз-қыпшақ кезеңінен жеткен күй аңыздарынан, оның ішінде Қорқыт ата күйлерінен бастау алған қазақтың күй өнері хал­қы­мыздың тарихын үнге қосып келеді. Кетбұға мен Боғда күй­лері өз дәуірінен хабар береді.
     Жалпы, қандай шығарма болса да, сол дәуірдің тарихи жағ­дайына, өмір сүру шын­дығына келіп тіреледі. Қазанғап та өз за­манының тынысын домбыра арқылы сөйлетіп, халықтың көңіл күйін әуенге салды. Қазанғап күй­лерінің өміршеңдігі де оның өнер ретіндегі биіктігі мен заманды суреттей білуінде жатыр.
     Қазанғап күйлерін зерттеу кезінде оның шығармалары жанры­ның әртектілігін көруге бо­­лады. Қазанғап күйлері тұ­нық лирикалық сезімдермен қатар, үлкен философияға толы. Соны­мен қатар, азаттықты ту еткен қа­һармандық күйлері де бар. Қазанғап күйлерін сөз еткенде, алдымен оның «Ақжелең» күйі еске оралады. Қазанғап «Ақ­­желеңнің» 62 түрін шығар­ған. Неліктен 62 екенін қазан­ғап­та­нушылар адамның алпыс екі тамы­рымен байланыстырады. Күйшінің «Алпыс екі тамыры бусанып» шығарған «Ақжелең» күйлері лирикаға құрылған.
     Күйші көңіл күйін көтеріңкі ұстап, домбырасын қағып-қағып жіберіп, күй тартуға кірісті. Бұл – Қазанғаптың күй тартар алдында өзін әбден психологиялық жағынан дайындап, күй өнерінің терең тұңғиығына бойлайтын тұсы. Күй «Күй шақыру» деп ата­лады. Міне, осыдан кейін Қа­зан­ғап бабамыз бабына келіп, жиналған жұрттың құлақ құры­шын қандырған. Лири­калық жанрда шығарылған күйлері жеткізбек болған ойына, оқиға­лар мен құбылыстарға сай бірде кө­ңілді, бірде мұңды болып тө­гіледі.
       Лирикаға тұнған алпыс екі «Ақжелеңді» махаббат ли­ри­касы, табиғат лирикасы, жан-жануар­ларға арналған лири­калық күйлер деп бөлуге болады. «Ақжелең» күйлерінің 15-і Балжан қызға арналыпты. Ма­хаббат лирикасы деген жік­теуге жататын осы күйлердің шы­ғу та­рихының өзі күй жанрын анық­тап тұрғандай.
     Қазанғап қарақалпақ елін аралап жүріп, Уәли деген байдың үйіне түседі. Байдың Балжан атты 15 жастағы қызы бар екен. Көрікті, киім киісі, жүріс-тұ­рысы да ерекшеленіп тұрады. Қа­зан­ғаптың «Балжан қыз» деп аталатын күйлер циклы осыдан басталады. Күйші Уәли байдың ауылын өнерімен тәнті етеді. Біраз күн қонақ болғаннан кейін қайтуға жи­налған Қазанғапты байдың қызы Балжан қимастық сезіммен шы­ғарып салады.
      Қазанғап арада екі-үш жыл өткеннен кейін қайта барса, Бал­жан қыз ұзатылып жатыр екен. Тойдың үстінен түседі. Күй­ші ағасын көрген еркін өс­­кен бұ­лаң қыз сағынышын жасыр­май, Қазанғапты күткенін, енді амалсыз ұзатылып бара жатқанын айтады. Қазанғап сол тойда «18 жасар Балжан қыз» деген күйін шығарады. Бірнеше күн тойдың сыйлы қонағы болған Қазанғапты жібергісі кел­меген Балжан қыз қайта-қайта күй тарттырады. Ақыр ая­ғында қыздың күйшіге деген сезімінен күдіктенген жеңгелері Қа­занғапқа қайтсаңшы дегенді айтады. Қазанғап қоштасар сәт­те тағы бір жаңа күй орындай­ды. Бұл күйдің қалай деп ата­латынын сұрағандарға айта қоймайды. Күй­дің мазмұнын түсінген Балжан қыз «Мұның аты – «Рұқсат берші, Балжан қыз» ғой» депті. Кейін арада жылдар өткенде бұрынғы ерке, шолжаң, бұлаң қылықтарынан арылып, байсалды әйел болған шығар деп ойлаған күйші «Балжан әйел» атты күй шығарады. Сондай-ақ, Қазанғаптың бүгінгі күні орындалып жүрген «Бұраң бел Балжан қыз» деген күйі бар.
     Қазанғаптың «Көкіл», «Дүр­кін-дүркін дүние», «Дома­лат­пай Ақжелең», «Ілме», «Жа­ңылтпаш», «Қап, әттеген-ай» күй­лері лирикалық күйлерге жатады.
       Күйшінің махаббат лирикасымен қатар, табиғат лирикасына жататын күйлеріне де тоқталып өтелік. «Жем суының тасқыны» күйінің орындалуын жіті бақылап отырсаңыз, өзен жай ағыспен ағып жатқан секілді. Саусақтар сағадан төмен қарай құлдилай түскенде судың толқынын, бірте-бірте қатты ағысын аңғарасыз. Ал пернелерді бірінен соң бірін алмастырған саусақтар домбыраның мойнына жеткенде тынши қалады. Өзен ағысын көз алдыңызға әкеледі.
     Қазанғапта табиғатпен ұшта­сып жататын жан-жануарлардың ерекшеліктеріне, мінез-құлқына қатысты күйлер де жетерлік. Мәсе­­лен, «Торы жорға аттың бөге­лек қағуы», «Торы аттың кекіл қақпайы», «Майда қоңыр», «Ақ­сұңқар құс», «Бөгелек» күй­лері жан-жануарларға арнал­ған. Бірде Бүркітбай деген байдың жорға­сының жүрісіне, сұлу­лы­ғына сүй­сінген Қазанғап «Торы жорға ат­тың бөгелек қағуын» суат басында шығарған екен. Қазанғапты қазақ халқының жыраулық дәстүрімен сусындап, қанына сіңіре білген және оны домбыра үні арқылы бейнелеген деп айтуға болады. «Ноғайлының бос­қыны», «Балжанның жыр күйі», «Бекеттің жыр күйі» ат­­ты күйлерін тыңдағанда құд­­­­ды бір эпостық жырларды тың­дағандай күй кешесіз. Қа­занғаптың эпостық жырлармен үндес күйлері сонау заман­нан келе жатқан ұлттық мұрамызбен сарындас шығып жатады. Қазанғапты батырлықты, азат­тықты аңсаған күйші ретінде «Жұртта қалған» күйінен тануға болады. 1916 жылы орыс патшасы қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлық шығарғанда оған қарсы болған қыр қазағы ішке қарай үдере көшкен. Сол кезде көшуге мүмкіндігі жоқтар ескі жұртта қалып қойған. Жазықсыз зардап шеккен қазақтардың мұң-мұқ­тажын жоқтайтын «Жұрт­та қалған» күйі осы кезде шы­ғарылған.
    Борсық құмы, Мұғалжар тауы, Жем-Сағыз, Арал, Қазалы бойын жайлаған шектілердің патшаның отарлық езгісіне қарсы күрескені тарихтан белгілі. 1847-1858 жылдары Есет Көтібарұлы бастаған шектілер бірнеше рет бас көтерулер жасаған. Есетпен қатар көтерілісшілердің басында Ерназар, Бекет, Әзберген тә­різді батырлар болды. Алай­да патша армия­сы бұл көте­рілістерді басып тастады. Міне, осы батырлардың ерлік жолда­рын Қазанғап «Ерназар, Бе­кет­тің зары», «Қос қыран», «Бекет­тің жыр күйі» күйлеріне арқау етті. Ал Ерназар мен Бекет­тің қамал­ғанына қиналған халық­тың мұңға толы көңіл күйін «Шы­рылдатпа», «Жіберсейші» күй­­лерімен жеткізді. Күйшінің жү­регі осы­лайша егілді.
     Орысқа қарсы күй шығарған Қазанғаптың күйлері кешегі Кеңес өкіметіне ұнамайтын еді, күйшінің есімі мен күйлерін жарыққа шы­ғар­маудың бір себебі осында жатыр.
      Қазанғаптың қай күйі де фило­софияға тұнып тұр. Оның ішінде халықтың көңіл күйін, асыл арманын үлкен ойтолғаммен жет­кізетін «Көкіл» күйі ерекше орын алады. «Жұртта қалған», «Өт­тің дүние, кеттің дүние!» күйлерінде қазақтың таза ой-арманы түзіл­ген. Әсіресе, «Өттің дүние, кеттің дүние!» күйі Үсен төреге арнал­ғанымен, онда Үсен секілді небір бай-бағланның тағдыры бір Алла­ның қолында екенін еске салады.
      Қазанғап күйлерін хал-қаді­рімізше қарастырып, кейбір жанрлық ерекшеліктеріне тоқ­талдық. Алдағы уақытта қа­зан­ғап­танушылар, күйші-дом­бы­рашылар, өнер зерт­теу­­­шілері ұлы күйшінің күй­ші­лік ерекшеліктерін, өзге күй мектептерінен айырмашы­лық­тарын, жанрлық құрылымын зерттеп, ғылыми айналымға қо­сып жатса құба-құп болар еді.
        Бердібай КЕМАЛ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

       https://egemen.kz/article/qazanghaptynh-qansha-kuyi-bolghan 

толығырақ

Репрессия жылдары атылып кеткен қазақтың үш қызы кім

     Өткен ғасырдың 1921-54 жылдары Қазақстанда 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырап, 25 мыңнан астам адам ең ауыр жаза - ату жазасына кесілді деген дерек бар. Солардың арасында ату жазасына кесілген қазақтың үш қызы туралы ел арасында ерекше айтылады.
       Дерек іздей келе, журналист Қарагөз Смәділдің екі жыл бұрын жарияланған «Қазақстанды КСРО-дан бөліп әкеткісі келген әйелдер» мақаласын таптық. Онда аласапыран уақыттың құрбаны болған, ең ауыр жаза - ату жазасы үкім етілген қазақтың үш қызы - Шахзада Шонанова, Торғай Сүлейменова және Мәмилә Таңатова туралы баяндалады.
     Шахзада Шонанова - өткен ғасыр басындағы көзі ашық санаулы қазақ қыздарының бірі болған. Алаш арысы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова өз естелігінде «Бақытсыз Жамалды» алғаш рет Шахзада Шонанованың аузынан естігенін айтады. 1903 жылы 5 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Сырым ауданында дүниеге келген Шахзада Аронқызының «тұтқын анкетасында» әкесі - бай-жартылай феодал деп көрсетілген. Қаратаев Арон - белгілі қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан Қаратаевтың туған інісі.
   Шонанова Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) медицина факультетіне, кейіннен Алматы медицина институтына түскен және «тап жауының қызы» деген айып тағылып, екі оқудан да шығарылған. 1928 жылы Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болды. Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғылыми хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарады. 1936 жылы қызметтен еріксіз босаған Шахзада ҚазМУ-дің биология факультетіне оқуға түседі. Бірақ оны да аяқтай алмай, 1937 жылы тұтқындалады.
    Оған «буржуазиялық-ұлтшыл, төңкерістік бағыттағы ұйымда болған, Кеңес өкіметінде төңкеріс жасап, Қазақстанды Кеңестер одағынан аластатуды көздеген, Сәдуақасов, Жүргеновтермен байланыста болған, 1936 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университеті ғимаратын өртеген. Ұйымның төңкерістік және террористік бағыттағы жоспарларымен таныс болған, зиянкестікпен айналысқан, мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне кері әсерін тигізген» деп айып тағылды.
      Алаш істеріне қатысты «Халық жауы» айыбы тағылған Телжан Шонанұлы 1938 жылы 27 ақпанда ату жазасына кесілді және араға небәрі 10 күн салып, 9 наурыз күні әйгілі Қаратаевтардың тегі Шахзада Шонанова атылған. 1958 жылы «қылмыс құрамының жоқтығына» байланысты ақталған. Өкінішке қарай, оның  қай жерге жерленгені осы уақытқа дейін белгісіз.
     Ату жазасы кесілген тағы бір қазақ әйелі - Торғай Сүлейменова. Ол 1904 жылы Нұра ауданының «Көкмөлдір» деген жерінде дүниеге келген. «Тұтқын анкетасында» «молда, байдың қызы, сауатты, «КПСС-ке 15 жыл» белгісімен марапатталған, КПСС мүшесі» екені көрсетілген. Тағылған ресми айып: «Әлсеневтің контрреволюциялық ұлттық ұйымына 1935 жылдың қазан айында кіріп, Әлсеневтің бұйрығымен колхоздарда төңкерісшіл кадрларды дайындап, контрреволюциялық, ұлтшыл ұйымға Шахман ауылдық кеңесінің төрағасы, партия мүшесі Сүлейменов Мәженді тартқан. Колхоздың жұмыс күшін әлсірету мақсатында «Исаев» колхозының төрағасы қызметін атқарған Сүлейменова колхоздан 1404 рубль жымқырған, стахановшылардың қозғалысына кедергі келтірген, «Исаев» колхозында мал басын кемітіп, 45%-ға қысқартқан...».
    Торғай Сүлейменова 1937 жылдың наурыз айында, оның күйеуі Мәжен Сүлейменов 1937 жылдың сәуір айында тұтқындалған. 1937 жылдың 15 тамызында Қарағанды облыстық УНКВД үштігінің үкімімен атылған. «Өте құпия» деп белгі соққан қағазда үштіктің сот отырысындағы үкіміне қатысты 11 адамды атқаны туралы акт толтырылған. Атылған 11 адамның ішінде Торғайдың жары Мәжен және әкесі Қиқым да бар.
     1957 жылы Мәжен, Торғай Сүлейменовтердің «өкімет пен партия алдында еш кінәсі жоқтығы» айтылған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының ақтау қағазы марқұмның отбасына жөнелтілді. 1993 жылы Қарағанды облысы, Киевка кентінің бір көшесіне Мәжен және Торғай Сүлейменовтердің есімі берілді. Бірінші Мамыр ауылдық кеңсесінің қабырғасына «Торғай Қиқымқызы мен Мәжен Сүлейменұлына артта қалған ұрпақтарынан мәңгілік ескерткіш» тақтасы ілінді.
      Ату жазасы бұйырған үшінші қазақ қызы Мәмилә Таңатова - шала сауатты, қарапайым колхозшы әйел. 1937 жылдың 29 тамызында сұраққа алынған. Латын қарпімен, қазақша алынған сұрақ-жауапта Мәмилә Таңатованың 1907 жылы, Қарағанды облысы, Қу ауданында туғандығы, кедей шаруа отбасынан шығып, колхозда жұмыс істеп, революцияға дейін әкесінің тәрбиесінде болғандығы айтылған. Революцияға дейін сотталмаған, төңкерістен кейін «өзінің айтуынша сотталмаған» деп жазылған. Марапатталмаған, банда қатарында болмаған, контрреволюциялық ұйымдар мен төңкерістерге қатыспаған. Мінсіз өмірбаянына қарамастан, бұрын ешқандай қылмыстық ұйымда болмағаны, кедей отбасынан шыққаны елеп-ескерілместен, ату жазасына кесілген. «Қылмыс құрамы анықталмағандықтан» 1957 жылы ақталған.
      Торғай Сүлейменова мен Мәмилә Таңатованың фотосуреттері сақталмаған. 

толығырақ

      «Не көрмедік?!» деген тұрмыстың ауыртпалығынан қажыған қайрансыз дауыстың ар жағында ауыр тағдырдың жатқанын да сезінесің. Тәуелсіздікке қол жеткен заманда өткенге көз тастасаңыз, солай күбірлеріңіз хақ. Саяси-қуғын сүргін, ашаршылық құрбандарын еске алар сәтімізде тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековпен әңгімелескен едік.
       – Қазақ бастан кешірген екі ашар­шылық халықтың жағ­дайына қалай әсер етті?
   – Екі ашаршылықтың айыр­ма­шылығы бар. Оның айыр­машы­лығы негізгі себептерінде жатыр. Алғашқы ашаршылықта азамат соғысының, ақ-қызыл болып халықты екіге бөлудің салдарынан халық қиын жағдайға ұшырады. Сөйтіп, ауыр ахуал қалыптасты. 1931-1932 жылдардағы ашаршы­лық халықтың қолындағы малды тартып алу, былайша айтқанда, ет салығын көбейту, орталықтағы қа­ла­ларға, өндіріс орындарына ет жіберу салдарынан басталды. Оң­түс­тік Қазақстан өнеркәсіп орын­дарын қамтамасыз етсе, Батыс Қазақ­стан Кавказ аймағындағы қала­ларды, Орталық Қазақстан ет өнім­дерін Ленинград сияқты орта­лық қалаларға жіберуге мәжбүр болды.
    1921 жылғы ашаршылық халық­қа мүлде түсініксіз болды. Әуелі орталықтан келген ата­ма­н­дардың әскер­лері, одан кейін іле-шала қызыл­дар келіп қазақ ауылын ойран­дады. Осы­лай ақ-қызыл болу қазақтың мал шаруашылығын қат­ты күй­зеліске ұшыратты. Бірін­ші ашар­шылық 1917 жылы бол­ған Қазан төңкерісінің салдары еді. Шын мәнінде бұл революция­ны халық түсінген жоқ. Ахмет Бай­тұрсыовтың жазғаны бар: «Қазақ халқы 1917 жылғы ақ­пан төңкерісін түсіністікпен қабыл­дады. Өйткені, Ақпан төңкері­сінде патша тақ­тан құлады. Халық шаттана қуан­ды, қолда­ды. Ал 1917 жылы қазан айында болған төңкерісті халық мүлде түсінген жоқ». Қазан төңкерісі тек қазаққа емес, бүкіл Кеңестер ода­ғына қасірет әкел­ге­нін бәріміз білеміз. Патша тақ­тан құлаған­нан кейін қазақ бостан­дық ала­ды, дәстүрін, салтын, мәде­ние­тін өр­кен­детеді деп күткен үміт ақтал­мады. Халыққа түсініксіз бол­ғаны – большевиктердің «Кедей­лерді қолдаймыз» деген ұраны. Түсінікті болу үшін «кедей­ді бай­дың деңгейіне жеткізейік» деп ұран жазылу керек еді. Ол Ақпан төңкерісінің ұраны болған. Ал керісінше байды құртып, кедейді көте­рейік деген ұран шығып, ауқат­ты ауылдарға шабуыл­дау­дың әсерінен қазақтың оқы­ған жас­тары, зиялы отбасылары қуғын­ға ұшарады. Өйткені, бай­дың бала­сы бай ұрпағы ретінде қуылды. Қазақтан көзі ашық, оқыған азамат­тары көбі­не ауқатты отбасы­нан шық­қан. Өйткені оқыту­ға, Петер­бор сияқты қала­ларға жібе­руге қара­жат керек.
    1931-1932 жылғы ашаршы­лық­қа келсек, 1928 жылы ірі бай­ларды, көр­некті тұлғаларды, рухани көсем­дер­ді, молдаларды, ишандарды, ескіше хат тани­тын адамдарды, байларды кәм­пес­келеу науқаны қатты тұқыр­тып жіберді. Жер ауда­рылды, қуғындалды. 1928 жыл­ғы кәмпескенің жалғасы болып есеп­телетін көптеген сая­си нау­қан­дардың зорлық-зом­бы­лы­ғын көрді. Бүкіл елде бол­ған жап­пай ұжымдастыру науқа­ны (1929 жылы), жартылай көш­пелі шаруаларды зорлап отырық­шы­лан­дыру науқаны (1930), осы науқанмен қатар 1930 жылдың қаңтар-ақпан айларында байларды тап ретінде жою деген науқан шықты. Осы науқандармен қоса ет дайындау, ауылшаруашы­лық өнімдерін даярлау, астық нау­қаны деген науқандар қаптады. 1929 жылы басталған халық наразы­лығы 1931 жылға де­йін жал­ғасты. Үш жылдың ішін­де 372 көтері­ліс тіркелген. Бұл көтерілістерді жан­шып басу кесі­рі­нен қанша ел бас­таған тұлғалар қырылды. Жал­пы айтқанда, осы жылдары халық өзінің рухани көсемдерінен айырылды. Оның үстіне Ахмет Байтұрсынов жаса­ған, бұрынғы қидан, шағатай жазу­лары­ның жалғасы болған төте жазудан айырып, латын қарпі­не көшірді. Халық өзі күйзеліс­тің үстін­де жүргенде мұндай білім сала­сындағы реформалар да халық­тың рухани жағдайына өз әсерін тигізді.
    – Үш жылда тіркелген халық нара­зылығының бәрі ашар­шы­лыққа қарсы көтері­лістер ме еді?
    – Жоқ, бұл көтерілістер ашар­шылықтың алдын алу үшін бол­ған көтерілістер-тұғын. 1928 жы­лы қазақтың ірі байларын кәм­­пес­келеу науқанынан кейін қазақ барынан айырыла бастады, тұр­мысы жүдеді, осы жағдайда халық амалсыздан, басқа жолы қал­мағандықтан көтерілді. Негізінен бұлар ашаршылық үшін емес, жүр­гізіп отырған саясатқа, зор­лық-зомбылықтарға қарсы атқа қонған, халықтың бұлқынған рухының қарсылығы болатын. Ал мұның аяғы ашаршылыққа әкеле­тінін халық түсіне бастады. Көтері­лістерден кейін қазақ даласында жаппай ашаршылық басталды.

     – Халық сол ашаршылықты алдын ала сезгенмен, оған қарсы қай­ран жасай алмады. Үкіметке де сөзін өткізе алған жоқ. Ал ашар­шы­лыққа тап келген кезде халық тарапынан оған қарсы қандай қадамдар болды?
    – Бұл кезде қазақтың бас көтерер тұлғалар түрмеде бола­тын. Алаш қозғалысының көсем­дерін айып­­тау 1925 жылы мамыр айын­дағы Сталиннің «Ақ жол» газетіне қа­тыс­­ты жазған хатынан кейін үдеп кет­ті. 1928 жылдан бастап Алаш қай­рат­керлері, оқы­ған аза­мат­­тар тұт­қ­ындала баста­ды. Ашар­шылықтың қарсаңында қазақты рухани басқаратын көсемдер тек ауыл-ауылда қалған болатын. Құдай жолын ұстанған молдалар ашық түсініп, халықты көтеріліске бастап шықты. Ашар­шылыққа наразы болып хат жазу кейін басталды. Алғашқы хат­тың бірін Қазақстанның үкімет бас­шы­лары жазды, 1932 жылы тамыз айында Ораз Исаевтың жазған хаты бар. Рысқұловтың хаты, 1933 жылдың басында Мир­зоян келгеннен кейін жазылған «Бесеу­­дің хаты» бар. Жалпы, қазақ зия­лы­­лары кеңестік жүйеге қызмет ете бас­тағанда халықтың жағдайын түсініп, амалсыз, ашаршылық үдеп бара жатқаннан кейін хат жаза бастады. Алғашында Қазақ­стан­ның бас­шылары мал шаруашы­лы­ғының жағдайы туралы хат жазды. Мал шаруашылығын сақ­тап қал­сақ, халықты ашар­шы­­лықтан құт­қарамыз деп ойлады. Мәскеу 1932 жылы қыр­күйек­те «Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығы, оның ішінде мал шаруа­шылығы туралы» деген қаулы да қабылдады. Бұл Қазақстанның өтініші бойынша жасалған қаулы болатын. Қазақ зиялылары бұл кезеңде ашық­тан-ашық наразылық білдірген жоқ, түсіндіру жұмыс­тары­­мен айналысты. Сталиннің көзін ашаршылық болып жат­қа­нына жеткізіп, халықты мүлде жойып жіберу қаупін, Голо­ще­киннің саясатының солақай­лы­ғын түсіндіреміз деп әуреленді. Ашар­­шылық кезінде Ахмет Бай­тұр­сынов бастап алаштықтар түр­ме­де, ал Әлихан Бөкейхан Мәс­кеу­де коммуналдық кіш­кен­тай пәтер­де үйқамақта отыр­ған еді. Осын­­дай жағдайда оларға сот процесін дайындады. Ашаршылық жылдары оларға екі рет сот проце­сі болғаны белгілі. Оларды адам аяғы баспайтын аймақтарға жер ауда­ру арқылы қазақ зиялыларын халық­тан алыстатты. Осындай жағдайда ұлт­тың қамын ойлайтын, ұлттық сая­сатты ұстанған, ұлттық мем­лекет құру­ды армандаған алаш­­тық­тар ел­ден алыстады. Ашар­­шы­лық кезінде олар халыққа көмек­те­се алмады. Бұл мүмкін емес еді.
     – Ашаршылықты қолдан жасаған саясатта халықтың санын азайтудан басқа қандай сая­си астар болды?
     – Голощекин енді бір жарым жыл отырғанда қазақ түгел қыры­лып бітер еді. Енді неліктен Мәскеу бұған жол берді деген сауал туады? Сталин, Голощекин қазақ даласын, тұрмысын мүлде білмейтін. Қазақты надан, рулық-тайпалық негізде өмір сүре­ді деп түсінді. Сондықтан қазақтарға көңіл бөлмей, мем­лекеттің батыс жағында дами бастаған зауыт, фабрикалар­ды индустрияландыру мақсатын­да оларды етпен қамта­масыз ететін халық деп ойла­ды. Мал­ды түгел етпен қамтама­сыз ету үшін жіберсе, қазақтың жағ­дайы не болады дегенді еш­кім ойлаған да жоқ. Қазаққа деген көзқарас осындай болды. Сон­дықтан бұл қазақ­қа деген көз­қарас­тың теріс­тігінен, қазақ тұр­мысын білме­ген­діктен туған жағдай. Қазақты жақсы білетін Нұрмақов, Рысқұлов, Қожанов сияқты тұлғаларды Қазақ­станды басқару үшін жіберген жоқ. Себебі, олардың да әрқайсысы Алаш­ордамен байланысы бар, пантюркистер деп бағаланды.
     – Саяси қуғын-сүргін, ашар­шы­лық күнін белгілеп, жылда еске ала­мыз. Осы үрдіс бізге не береді?
      – 31 мамыр күні алғаш ашар­шылық құрбандарын еске алу күні деп белгіленген болатын. Кейін бұл күнді тек ашаршылық емес, саяси-қуғын сүргін күні деп қоса атап жіберді. Осының себебінен ашаршылық құрбандары тасада қалған сияқты. Саяси қуғын-сүргін науқаны көп және әртүрлі болғандық­тан, екеуі екі бөлек күн болса деп ойлаймын. Ашар­шылық құр­бандары − кеңес өкіметінің эко­номикалық сая­са­ты­ның құр­бандары. Ал сая­си-қуғын сүр­гін деген өте күр­делі мәселе. Мұн­­дай еске алу дата­лары­ның бол­ға­ны жақсы. Ұрпақ, ел ұмытпайды.
    – Алматыдағы ашаршы­лыққа қойылған ескерткіш­тің мәні, мағынасы қандай болмақ?
    – Неше жылдан бері ес­керт­кіш қойылады деген жазуы бар тастың орнына биыл ғана ескерт­кіш орна­тылды. Оны жүзе­ге асырған Алма­ты қаласы­ның әкімі Бауыржан Байбек­ке алғысымды айтамын. Халық­тың жүрегіне бітпес жара салған осындай оқи­ғаларды ұмыт­пау – ұрпақтың рухын қайрайды. Мұндай ескерт­кіштің бәрі ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды деп ойлаймын. Мәні де, мағынасы да сол.
    – Әңгімеңізге рахмет!
    Әңгімелескен Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Суретті салған  Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ «Егемен Қазақстан»

https://egemen.kz/article/ush-zhylda-372-koeterilis-boldy


толығырақ

     Қазақстаннан тыс жерде өмір сүрген қазақ диаспорасының да бастан өткерген қилы-қилы тарихы бар. Соның бірі – Шыңжаң өлкесіндегі Алтай қазақтарының жергілікті билеушілерге қарсы көтерілісі. Бұл оқиғаның туындауына негізгі себеп, 1937-1938 жылдары Кеңес елінде жүргізілген репрессия науқаны 1938 жылдың соңын ала қытай қазақтары арасында да жалғасуы еді. Өйткені, ол кезде Шыңжаң өлкесін басқарушы өкіл Шен Шицай КСРО көсемі Сталиннің тапсырмасын орындаушы қуыршақ билік иесі болып саналатын.

       Бірақ, екінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста Шен Шицай қамқоршылық танытып келген Кеңес елінен қол үзді. Себебі, ол бұл соғыста Кеңес армиясы сөзсіз жеңіледі деп ойлады. Сөйтіп, 1943 жылдың басында Шыңжаңда қызмет атқарып жүрген кеңестік мамандар мен әскери күштік құрылымдарын елден аластатып, оның орнына Чан Кайши басқарған гоминьдан әскерлерін енгізді.
      Шығыс Түркістан өлкесін бақылау қолдан шығып бара жатқанын аңғарған Сталин өлкеде гоминьдан әскеріне қарсы тұрған жалғыз күш Оспан батырды қолдау қажет деген шешім шығарды. Бұл ойын жүзеге асыру үшін Шыңжаң-Алтай өңіріне шекаралас Моңғолияны пайдалануды көздеді. Оның сыртында, батыс шекарада пайда болған соғыс өрті араттардың да мазасын қашырып ығыр бола бастаған-тын. Моңғолия басшысы Чойбалсан 1943 жылы КСРО Сыртқы істер министрі В.Молотовқа хат жолдап, батыс шекарадағы тұрақсыздыққа байланысты Қытай еліне ресми нота жолдауға рұқсат  сұрайды.
  
       1943 жылдың 27 желтоқсанында Моңғолиядағы КСРО-ның Төтенше және өкілетті елшісі И.Иванов Үкімет төрағасы Чойбалсанға жолығып, оған «дереу келсін» деген Мәскеудің сәлемін жеткізеді. 1944 жылдың 14 қаңтары күні Мәскеуге табаны тиген Моңғолия басшысын КСРО Сыртқы министрлігіндегі Шыңжаң мәселесімен айналысушы В.Деканозов күтіп алады.
     Қаңтар айының 22-сі күні Шыңжаң мәселесі бо­йынша Молотов, Иванов, Чойбалсан үшеуін Сталин қабылдайды. Бұл басқосудан шыққан қорытынды: Шыңжандағы гоминьдан күшін әлсіретудің жолы Оспан бастаған көтерілісшілерді пайдалану дегенге тоқталады. Сталин дереу армия генералы А.Антонов пен Забайкалье әскери округінің қолбасшысы М.Ковалевті шақырып алып, Чойбалсан арқылы Оспанға беретін қару-жарақтың мөлшерін айтып, дереу орындаңдар деген бұйрық береді. 
      
    Сөйтіп, Сталиннің бұйрығы бойынша 1944 жылдың 28 ақпанында Моңғолияның батысы Қобда аймағының Алатөбе деген жерінде Чойбалсан мен Оспан жолығады. Бұл кездесу 3 сағат 30 минутқа созылған. Чойбалсанның қасында елші Иван Алексеевич Иванов бірге болады. Оспан батырдың сарбаздары қабылдаған қару-жарақ туралы хаттамада: 1. Бесатар – 395. 2. Жеңіл пулемет – 30. 2. Ауыр пулемет – 6. 3. Граната – 2000. 5. Бесатар оғы – 200 000. 6. Автомат – 45. 7. Автоматтың оғы 100 000 деп көрсетілген.      
     Осыларды өткізіп беруші ретінде хаттамаға Моңғолия Ішкі істер министрі Шағдыржап, генерал-майор Курбатов және Хасен Панатаров деген қазақ азаматы қол қойған.
    Арада көп уақыт өтпей, яғни наурыздың 5-і күні маршал Чойбалсан көтеріліс басшысы Оспан батырмен екінші рет қайта жолығады. Бұл кездесудің хаттамасы қағазға түспеген. Бірақ, сол тұста Моңғолия Әуе күштерінің бас қолбасшысы, қазақ генералы Жайсанып (Зайсанов) Мүдәрісұлы ол екеуіне тілмаштық жасаған. Яғни, ертеңінде, наурыз айының 6-сы күні Чойбалсан Сталиннің атына бұйрықтың орындалғаны туралы: «Мәскеу. Жолдас Сталинге. Оспан туралы толық мәлімет алдық. Ол сөзге сараң, секемшіл, діндар, тақуа адам екен. Қару-жарақты түгел тапсырдық. Қатты риза болды. Оспан кешікпей Алтай аймағын гоминьдан әскерінен азат етуі тиіс...» деп сүйіншілеген радиохабар жіберген.
    Мақаладағы фотолар, құрметті оқырман, Оспан мен Чойбалсанның кездесу кезінде түсірілген. Бұл суреттер Лхағасурен деген фототілшінікі. Осы кісіден фото-құжаттарды Баян Өлгейдегі тарихшы бауырымыз Ербол Доманұлы деген азамат бірнеше жылдың алдында қалап алған екен. Өткен ақпан айында Моңғолияға барған сапарымызда Ерболдың қолындағы сирек суреттердің оншақтысын біз қалап алған едік. Солардың бірнешеуін тұңғыш рет жариялап отырмыз.
      Бекен Қайратұлы, «Егемен Қазақстан» Моңғолия, Баян Өлгей аймағы

      https://egemen.kz/article/kremlden-kelgen-parmen

толығырақ

    Бұл суретті қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев ағамыз жыл басында жіберген болатын. Бастапқыда тарихы жазылмаған сурет бір түрлі көрінгені рас. Фотоның астына бір ғана сөз жазылыпты: «Бұл кісі – өте қиын тағдырлы адам». Іле-шала «Зарлық ағамыз 20 жыл бойы жапанда жалғыз қашып жүріп, аман қалған» деген ақпар келді.
        Осыдан-ақ суреттен түсі­рілген суреттің ар жағында бір адамның ғана басынан өткен азаптың айтылмаған даты тұрғанын түсіну қиын емес еді. Соры бес елі саяси-қуғын сүргін құбандарының ішінде қаншама қасірет кетті екен. Ең ғажабы атылып кетті деген суреттегі адам 1985 жылы өз ажалынан қайтыс болған. Ал жылдар бойы түрменің мұра­ғатында жатқан құжаттар байырғы фототілшінің объек­тивіне ілінуінің өзі де сирек құбылыс. Бертінде қайтыс болған нағашысының суретін КГБ архивінен тапқан Болат ағамыз да көпке дейін таңға­лумен жүреді. Сонымен...
     – 1992 жылдары Қызылорда облыстық әкімдігінің тапсырмасымен «Боздақтар» ат­ты кітап шығаратын болып, соғыста хабарсыз кеткен­дер, ашаршылықта өлген, «ха­лық жауы» атанғандардың құжаттары мен фотосуреттерін қарау үшін кітаптың жауап­ты редакторы Хамит Ембер­генов ағамызбен сол кездегі Мем­лекеттік қауіпсіздік коми­тетімен дауласып жүріп, архивке кіргеніміз бар. Рұқсат алғаннан кейін Хамит аға екеуміз екі бөлек құжаттар ақ­тарып отырып, мына қызыққа кез­дестім. «Мемлекеттік аса қа­уіпті қылмыскер», «Жа­пон тыңшысы» Орақбаев Зар­лық №58 статьямен атуға бұ­йырылды» деген құжатты тауып, шалқамнан түсе жаздадым. Зарлық ағамыз маған нағашы болып келеді. Әрі бір ауылданбыз. Және бала кезден ол кісіні көріп, өстік. Кейін 1985 жылы өз ажалынан қайтыс болғанын да білеміз. Тек ара-тұра 1937 жылы екі-үш ай түрмеде отырғанын шешем Рәмзеден естіп қалушы едім. 
    Сонда деймін-ау, ұшқан құс, жүгірген аң шыға алмаған абақтыдан, талай жазықсыз арыс­тарымыз қаша алмай, бірден атылып кеткен жерден бұл кісі қалай сытылып кет­кен? Төбе шашыңды тік тұрғызған «атақты №58 баппен» атуға бұйырылған адам қалай түрмеден құтылды деп қайран қалып, отырып қалдым. 
     Сұрастыра келгенде біл­генім, Зарлық ағамыздың кіші баласы Әуештің (Әуелбек) ай­туынша, ол кезде атуға бұйы­рылғандарды атар алдында екі сағат түрменің ауласына шығарып алып барып, содан кейін ажал құштырады екен. 
     Әуелбектің әкесінің айтқа­нын еске түсіріп отырғанда ес­тігенім, соттың үкімі шы­­ғып, оларды далаға шы­ғарғанда, түрме бастығы керемет жараулы атпен кіріп келіпті. Сол сәтте Зарлық аға­мыз барыстай атылып келіп, оны атынан аударып жіберіп, атқа ырғып мініп алып, түрме қақпасын жанталаса жаба берген қарауылдарды (надзиратель) аттың омырауымен қағып жіберіп, қақпадан ағып өте шыққан көрінеді. Бірден түрме маңындағы Сыр­дария өзенінен жүзіп өтіп кетеді. Артынан бірде-бір мыл­тықтың дауысы шықпаған. Зарлық ағамыздың пайымдауын­ша, арғымағын қимаған түр­ме бастығы «оқтарың атқа тиіп кетеді»  деп қарулы қарауыл­дар­ға атқызбаған болу керек.
      – Зарлық бабамыз неден жазықты болған? Содан әрі қайда барып паналаған?
     – Зарлық ағамыздың қа­рындасы Қымбат Жүсіпо­ваның сөзіне қарағанда, 1937 жылдың басында ауылда «Құлболды» Ишанның ұрпағы мақсұм Ак­малды тұтқындауға келгенде інісі Икрам «мен Ак­мал­мын» деп ағасының орнына ке­тіп, атылып кеткенде Зарлық на­ға­шымыздың әкесі Орақбайды да байдың баласы деп, атышулы №58 статья­мен атып жіберіпті. Сол 1937 жылдың күзінде ауыл болып еккен бидайын жабыла орып жатады. Орақшылар түскі тамақтарын ішіп бола бергенде төбелерінен бір қос қанатты ұшақ ұшып өтіпті.
     Сонда көп орақшының бірі Зарлық ағамыз: «Ой мынау ұшақтың қанатының астында «Долой СССР» деп жазулы тұр ғой» деп қалады. Осы сөзді ол кісі қай жетіскеннен айтты дейсің?! Ішіндегі жазықсыз кеткен әкесінің шері бар ғой. Ертеңінде-ақ Зарлық ағамыз тұтқындалған...
     – Ол кісіні бала кезден көріп өссеңіз, бертінде қайтыс болса, қалай аман қалды екен?
     – Зарлық ағамыз содан 1957 жылға дейін 20 жыл бо­йы Қызылқұмның Қара­қал­пақ­стандағы шекарасында, елсіз жерде жалғыз өзі бой тасалап жүрген. Қыстың аязды күн­дерінде күндіз қалың сек­сеуілді үйіп жағып, кешке отты былай ысырып тастап, ор­нындағы ыстық жерге шапан жа­мылып жатқан. Жеркепе қазып алған.
      – Егер бұл сүргін жиырма жылға созылған болса, тағдыры шынында да сұмдық екен?! Аты да Зарлық...
      – Зарлық Орақбаев Қызыл­орда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында 1902 жылы туған. Тұтқындалғанда 35 жаста екен. Кейін елде 83 жасында қайтыс болды деп отырмын ғой. Әйелі Мауыты 1911 туып, 2001 жылы тура 90 жасап, өмірден өтті. Зарлық аға­мыздың өзі Орақбайдың қайтыс болып кеткен 12 баласынан кейін көрген жалғыз ұлы. Он үшінші болып туған баласы. Сондықтан атын Зарлық деп қойған екен. Айтқандай бұл кісінің үш баласы болды. Тұңғышы Әсия 1932 жылы туған. Ұлдары Айт­бай 1945 жылы, кенжесі Әуелб­е­к (Әуеш) 1949 жылы туған. Сонда деймін-ау, Зар­лық аға­мыз ұрланып үйіне ке­ліп жү­ретін болу керек.  Міне, бір ғана суреттегі бір ғана тағдырдың сыры осы!
     Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»  Суретті суреттен түсірген  Болат ОМАРӘЛИЕВ АЛМАТЫ

 https://egemen.kz/article/zhiyrma-zhyldyq-surgin

толығырақ

       Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық ХХ ғасырдағы адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған трагедия.

       КСРО-дағы сол жылдардағы ашаршылықты айтқанда бүгінде Украинадағы аштық қырғыны қоса айтылады. Бірақ сол кезде 40 млн халқы бар Украинада аштан қырылғандар саны 3 млн-нан асса, 1929 жылғы санақ бойынша Қазақстанда тұрған 5 млн 965 мың адамның 1934 жылғы 1 қаңтарда аман қалғаны 3 млн 212 мың ғана. айырмашылық жер мен көктей.
      1991 жылы 11 қарашада Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі ашар­шы­лық пен саяси репрессия себептерін анық­тауға арналған Мемлекеттік комиссия құр­ды. Оны сол кездегі халық депутаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және эт­но­логия институтының директоры, аса көр­­некті ғалым және қоғам қайраткері, ака­демик Манаш Қабашұлы Қозыбаев бас­қарған еді. Комиссия құрамында тарихшы­лар­дан осы жолдардың авторы Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелдиев, Мақаш Тәті­мов және басқалары жұмыс істеді. Бір жыл бойы бұрын аса құпия сақталған НКВД архивіндегі құжаттардан бастап, із­деніс жұмыстары Мәскеу, Бішкек, Ташкент қалаларының архивтерінде жал­ғас­т­ырылды. Комиссия қорытындысы Жо­ғарғы Кеңес Төралқасында тыңдалып, бекі­тілген соң, 1992 жылы 21 және 22 жел­тоқсанда «Егеменді Қазақстан», «Казахстанская правда» және басқа да мер­зімді баспасөзде жария­ланды. Сол қорытындыда жарияланған деректер бойынша, 1931-1933 жж. Қазақстанда 2 млн 200 мыңдай адам ашаршылық құрбаны болған. Оның 1 млн 750 мыңы қазақ. Бұл ашаршылық трагедиясын зерттеген, 1939-1940 жж. осы мәселені арнайы тексерген республика ІІХК (НКВД) қыз­мет­керлерінің өздері осы деректердің то­лық емес екенін ескертеді. Себебі, 1929-1932 жж. Қазақстанда халықтың жаппай қарсылығы, көтерілістері болғанын, сон­дық­тан көптеген аудандар мен елді мекен­дерде құжаттар жойылып кеткенін ес­кертеді. Оның үстіне бұл жылдар Қазақстанның ашаршылыққа ұшыраған аудандарында жаппай босқыншылықтың орын алғанына назар аударады.
     Шындығында, 1929-1933 жылдар Қазақ­станда бұрын-соңды болмаған бос­қын­шылық кезеңі еді. 250 мың қазақ Қыр­ғызстанға барып паналады, ресми тір­кел­гені 125 мың, қалғаны жол бойы, не сол жақ­та опат болғандар. Сол сияқты 200 мың қазақ Өзбекстанды, Арал, Ақтөбе өңірінен мыңдаған қазақ Қарақалпақстанды барып паналады, әрі кеткендері Тәжікстанға, Иран мен Ауғанстанға асты. Қытай жеріне шекара бойындағы аудандардан мыңдаған отбасы мал-мүлкімен қоныс аударды.
     Мен өзім соңғы 6-7 жыл бойы ұда­йы Мәскеу архивтерінде осы мәсе­ле­мен ай­налысқанда анықтағаным: бос­қын­шы­лыққа ұшыраған қазақтар сол кездегі КСРО-ның түкпір-түкпіріне кетуге мәжбүр бол­ған. Сталиндік бесжылдықтар кезінде са­лынған алып құрылыстарға, қалаларға жұ­мыс күші қажет болды. Міне, сол меке­мелерге жалдануға мәжбүр болған қазақтар Камчатканың балық тресінен бастап, Архангельск (Солтүстік өлке) орман трестеріне, тіптен Украинаның Запорожье облысындағы, Днепропетровск және басқа облыстарындағы кәсіпорындар құрылысында жұмыс істеген. Бұл туралы халықтың ұлттық құрамы көрсетілген Мәскеудегі 1933 жылы құжаттарда қазақ­тар­дың арнайы айтылуынан байқауға болады.
    Сол жылдары жүздеген мың қазақ отбасымен Батыс Сібір өлкесіне, Түмен облысына, Свердлов облысы­на, Мордовияға, Ямал-Ненец ұлттық окру­гі­не босқын болып кетуге мәжбүр болған. Қазақ­стан­ға іргелес Астрахань, Саратов, Са­ма­ра облыс- тарына, Сталинград өлкесіне мың­даған қазақ босқын болып барды. Тек 1933 жылы бірінші тоқсанда Сталинград өлкесінде 12 мың қазақтың өлімге душар болғаны рес­ми статистикада тіркелген. Ал олар­дың тіркелмегендері қанша?! Челя­бі, Но­восібір, Том және басқа қала­лар­дың вокзалдары мен көшелерінде аштан өлген қазақтардың көп екендігі туралы сол жерлердің басшы­лары Қазақстанға да, Орталық үкімет – Мәскеу де дер кезінде хабарлап отыр­ған. Тіптен, Сібір өлкелік партия (БК(б)П) комитетінің хатшысы Роберт Эйхе И.Сталиннің атына жазған хатында Қазақ рес­­публикасының басшылығы не істеп отыр, не себептен халқын қаңғытып жібе­р­ген деп те шағымданған.
    Филип Голощекинді қызметтен босату ұзаққа созылды. Тек 1932 жылы 26 мамырда Қазақ АКСР үкіметінің төрағасы Ораз Исаев өзі тікелей И.Сталинге хат жазып, бірін­ші басшыны өзгерту туралы оның ұсы­нысы тек бір жылға жуық уақыттан соң ғана орындалады. Оның хатынан кейін Қазақ­станның үш облысына БОАК комиссия­сы жіберіліп, мал басының күрт кеміген себептеріне назар аударылды. Бірақ ол комиссия мүшелерінің жазған есеп қорытындыларында адам өлімі ашық айтылмады. 1932 жылы 17 қыркүйекте КСРО үкіметі мен БК(б)П Орталық Комитеті «Қазақстанның ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы туралы» де­ген қаулы қабылдайды. Большевиктер пар­тиясы Саяси бюросының И.Сталин қатынасқан мәжілісінде қабылданған бұл қаулының көлемі небәрі біржарым ғана бет. Онда мал басының кемуі, колхоздарды құруда асығыстық жасалған деген сөздер ғана бар да, адам өлімі туралы бір ауыз сөз жоқ. Ескертпесінде «қаулыны қабылдауға негіз болған барлық материалдар арнайы жабық сақтауға берілсін» деген сөздер бар.
      Бүкілодақтық Орталық Атқару Коми­те­тінің (БОАК) Мәскеу архивіндегі қоры­нда сақтаулы КСРО-ның көшпелі және жар­тылай көшпелі аудандарындағы оты­р­ықшыландыру комиссиясының құ­жаттарында сол кездегі осындай кате­го­рияға жататын Қырғызстанда, Бурят-Моңғолия, Тува, Якутия, Қалмақ рес­публикасында, тіптен солтүстіктің бұғы өсірумен айналысатын халықтарының бірде-бірінде Қазақстандағы сияқты ешқандай адам өлімі тіркелмеген. Халықты қырғынға ұшыратып, қаңғытып жіберген тек Қазақ республикасы ғана екен. Сол құжаттарда Қазақстанда ашаршылықтан қырылған халықтың 2 млн-нан асатыны нақты цифр­лармен айтылған. Бұл 1991-1992  жж. жұмыс жасаған комиссия тұжырымының дұрыс екендігін дәлелдейді. 
    1932 жылғы 17 қыркүйекте белгіленген шаралар, Қазақстанға көмек берілу жұмыс­та­ры дер кезінде орындалған жоқ. Халық бұрынғыша қырылып жатты. Нәубет әбден шегіне жеткенде ғана БК(б)П Саяси бюросы Ф.Голощекинді қызметінен босату мәселесін жол жөнекей Бюро мүшелері мен ОК хатшыларының келісімін ауызша алған соң ғана, 1933 жылы 31 нау­рыз­да қызметтен алды. Л.Мирзоянды Қа­зақ­стан­ға жіберу де осындай келісіммен іске ас­ты. Тек 1933 жылғы наурыздан кейін ғана Қазақстанға арнайы астық бөлініп, көмек көрсетіле бастады.
      Орталық өкіметтің нұсқауымен КСРО-ның түкпір-түкпіріне босқын болып кеткен қазақтарды еліне қайтаруға нұсқау бе­рілді. Онда оларға қайтар жолға сол кә­сіп­орындар азық-түлік бөлуі де айтылды. Бірақ көп жағдайда бұл нұсқау орындалма­ды. Жұмыстан қазақтарды босатып қоя берген соң елге жете алмаған байғұстар Қиыр Шығыстан бастап Мәскеуге дейінгі қалалардың темір жол вокзалдары мен станцияларында өліп жатты.
    Кезінде көшпелі және жартылай көшпелі деген желеумен қазақты оты­рық­­шылыққа көшіру үшін құрылған Оты­­рықшыландыру комитеті деген құ­ры­лымның қызметі мазаққа айналды. Оты­рықшыландыруды қыстаулар мен әкім­шілік ауылдарда отырған қазақтарды еу­ро­палық үлгідегі поселкелерге жинаймыз деп ойлаған отырықшыландырушылар мәселені басқаша түсінді. 1929 жылы 1 қаңтарда Қазақстандағы орта есеппен шығарылған мал басы 47,5 млн болса, 1934 жылы 1 қаңтарда соның 4,5 млн-ы ғана қалды. 1934 жылдан бас­тап босқыншылыққа ұшырағандарды елі­не қайтарудың өзі үлкен трагедиялық нау­қанға айналды. Босқындарға «ауа көш­кен­дер» (откочевники) деген ресми атау бе­ріліп, енді Отырықшыландыру комитеті сол босқындарды еліне қайта орналастыру­мен айналысты.
    Қазақстандағы 1930 жылы 5 млн 452 мың халық сол жылы 317 400 адамға кеміді, 1931 жылы – 758 900 адамға, 1932 жылы – 769 200 адамға, 1933 жылы 690 020 адамға кеміді. Бұл ресми деректі жа­са­­­ған сол кездегі өз қызмет құзыры бой­ын­­ша нақты жағдайды жасырмай баяндай­тын ОГПУ – НКВД органдары. Ал 1934 жылдан бастап Қазақстанға көмек көр­сетілгенімен, халықтың аштан өлу фак­ті­лері 1936 жылға дейін жалғасқанын, оның еліне қайтқан босқындар арасында көп болғаны құжаттарда нақты айтылады.
    Қазақстандағы ашаршылық трагедиясы ХХ ғасырдың 1921-1922 жылдары да болған. Бірақ оның бір айырмашылығы – КСРО 1921 жылы мамырдың со­ңында елдің көп жерінде егін шықпай қал­ғанын зерттеп, халықаралық деңгейде ашық дабыл қақты, шет елден көмек сұ­рады. Осының нәтижесінде, ол нәубеттен қиындықсыз шығуға мүмкіншілік алды. 
    1931-1933 жылдардағы ашаршылық – сол кездегі жүйенің қолдан жасаған қырғыны. Тіптен Қазақстанда халықтың қырылып жатқаны жасырын болды. Қазақ республикасы ол кезде негізінен мал шаруашылығымен айналысатын. Соған қарамастан, КСРО Сауда және дайындау халық комиссары Анастас Микоян Қазақстанды жыл сайын 42-50 млн пұт астық тапсыруға міндеттеп, жоспарды орындап отырды. Тіптен 1932 жылы аштық шегіне жеткенде Қазақстанды 42 млн пұт астық өткізуге мәжбүр етті. Қазақ­­станның мал өткізетін аймақ екені А.Микоянға сарқылмас қор сияқты болды. 1930 жылы қаңтарда ол Алматыға келіп, мем­лекетке ет тапсырудың жоспарын 8-10 есе артығымен орындатты. 1931 жылы бұл тағы қайталанды. Салдарынан 1929 жы­лы күзден бастап 1932 жылдың соңына дей­ін Қазақстанда 400-ге жуық ірілі-уақты кө­терілістер мен бүліктер орын алды. Қан­шама адамның өмірі осы көтерілістерді ба­су кезінде қиылды, мыңдаған адам жау­апқа тартылып, сотталып кетті. Кеңестік жүйенің қазақ халқына қолдан жа­саған қырғынының салдары осындай.
       Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ,  Ш.Уәлиханов атындағы  Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері 

          https://egemen.kz/article/qoldan-zhasalghan-qyrghyn

толығырақ

Panasonic MECH=KV-S7075C SIDE=F

       Қазақстанның халық әртісі атағын екі мәрте алған Үрия Тұрдықұлова жайлы не білеміз?

      Біз қазақ ән өнерінің асылы Үрия Тұрдықұлованың биылғы 105 жылдық мерейтойы қарсаңында оның өмірі мен шығармашылығы туралы кітап шығаруды қолға алған едік. Архивті ақтарып, көзкөргендермен сұхбаттасып, фото және бейне жазбаларды жинау барысында көптеген кедергілерге тап болғанымыз рас. Құжаттардың аздығы, әншіні  көзі көрген адамдардың  басын бірден алып қашуы, соның ішіндегі ең өкініштісі – белгісіз бір себептермен Қазақ радиосында сақталған Алтын қордағы әншінің айтқан әндерінің жойылып кетуі  біраз қолбайлау болып,  қиындық тудырғанын да айтқан жөн.

        Үрия Тұрдықұлова 1910 жылы Таш­кент қаласында, Сары-Ағаш ауданында дүниеге келген. 1924 – 1926 жылдары Мәскеу қаласындағы Сталин атындағы Шығыс еңбекшілерінің коммунистік уни­верситетінде дайындық бөлімін бітірген. 1930 жылы П.И.Чайковский атындағы консерваторияда оқып жүргенде талантты қыз Қызылорда театрына шақырылады. 1930-1931 жылдары Қазақ драма театрында әртіс, 1931-1932 жылдары Қазақ радио комитетінде Қазақ бөлімінің музыкалық жетекшісі, әнші қызметтерін атқарған. 1936 жылы Үрия (Ұлбосын) Тұрдықұлова республикаға Еңбек сіңірген әртіс атағымен, «Құрмет белгісі» орде­німен, 1939 жылы Қазақ КСР-ның халық әртісі атағымен марапатталды. Алайда, 1950 жылы Ү.Тұрдықұловаға қиянат жасалып, оны  Қазақ КСР-ның халық әртісі атағынан айырып, Абай атындағы опера және балет театрынан жұмыстан шығарып жібереді. 1950 – 1953 жылдары ол Қарағанды қаласының облыстық драма театрында әртіс, филармониясында солист ретінде, 1953 – 1972 жылдары Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы филормо­нияда солист, вокалист болып қызмет атқарды. 1972 жылы 1 қазанда құрметті демалысқа шықты.

       – 1964 – 1967 жылдар  аралығында мен Қазақ радиосы мен теледидарының музы­калық хабарларының бас редакциясында музыкалық редактор қызметін  атқардым, – дейді  белгілі әнші  Нұрғали Нүсіпжанов. – Негізгі қызметім Қазақ радиосында еді. Ол жерде үлкен редакция құрылымы болды. Радио қорын толықтыру мақса­тымен бірде мені  Қазан, Уфа қалаларына іссапарға жіберді. Іссапарымыздың негізгі міндеті – татар, башқұрт композиторла­рының жаңа шығармалары мен жас әнші­лердің сапалы жазылған әндерін жинау болатын. Солардың барлығын жи­нап, өзіміздің  Қазақ радиосына жіберт­­кіздім. Өзім музыкант болғандықтан, арнайы уақытымды бөліп, жергілікті фонотеканы қарап шықтым. Бір қызығы, фонотекада қазақ өнерінің қаймақтары – Манарбек Ержанов пен Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін де кездестірдім. Ары қарай кімдер бар екен деп іздей бастағанымда, Үрия Тұрдықұлованың үш әнін көріп, жерден баға жетпес қазына тапқандай қатты қуанып, көшірмесін елге алып қайттым. Ол кезде Үрия Тұрды­құ­лованың  әндері Қазақ радиосының Алтын қорында жоқ болатын. 1950 жылдары әртүрлі арыз-шағым­дар жазылып, Үрия апамызға қиянат жасалғанын мен бұрын­нан біле­тінмін. «Ағажан Ләтипа», «Ахау-Семей», «Қош, аман бол» әндерін ұлы әншінің үні ғой деп Қазақ радиосына табыс еткенім бар. Елге орала салып, Үрия апайға сүйінші сұрап хабарластым. Аман-саулық сұрасқан соң, Татарстаннан үш әнін алып келгенімді айтып едім, тұтқаның ар жағынан таңқалып, өкінішін білдіріп, көзіне жас алып, өксіген даусын естідім. Сонда ол: «Әншінің мұрасы – артында қалатын оның даусы ғой, еліме үш әнім болса да қалатын болды. Мен қызғаныш деген қызыл иттің құрбаны болған жанмын ғой, құртты ғой мені, құртты» деп қатты толқып, алғысын айтқан еді. Арада бір апта өткеннен кейін Абай атындағы Опера және балет театрында үлкен жиын болды. Сонда Үрия Тұрдықұлованы кездестірдім. Ол кісі мені құшақтап бетімнен сүйіп, бата­сын берген болатын. Қазақ өнеріндегі оның еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісінің асыл рухы разы болсын! Апамыздың еліне, жұр­тына, артында қалған үрім-бұтағына амандық тілеймін. Өткенге құрметпен қарау парыз. Қазақ өнері мен мәдениетінің  тарихы әлі толық түгенделген жоқ, бола­шақта бұл іс қолға алынады деген үміт­теміз, – деп аяқтады әңгімесін әйгілі әнші.

         Қазіргі таңда Ү.Тұрдықұлованың тек үш әнінің ғана сақталып қалуы Қазақ­станның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжа­новтың ерен еңбегі деп білеміз.

       Айдар ЖОРАНОВ. Сурет ҚР ОМА-нен алынды.

   http://almaty-akshamy.kz/2017/05/11/

толығырақ



      Екінші дүние­жүзілік соғыста Кеңес Одағы ар­мия­сының құрамында ер-азаматтармен бірге сұрапыл соғысқа қатысып, ерліктің теңдесі жоқ үлгісін көрсеткен батыр қыздардың санын, олардың әскери өмір тарихын, соғыстан соңғы тағдырын әлі күнге анықтай алмай жүрміз. Бұл пікірімізге республиканың өзге өңірлерін айтпағанда, тек Батыс Қазақстан облысынан шыққан қазақ қыздарының жауынгерлік ерлігі дәйек болады. 

    Жалпы, Ұлы Отан соғы­сына қатыс­қан жауынгерлер­ден уақыт 110 түрлі мамандықты игеруді талап еткен екен. Ал оралдық жауын­гер қыздар дәрі­герлік көмек көрсе­тумен бірге, ұшқыш, мерген, пуле­­метші, десантшы, барлаушы, байланыс­шы, көлік жүр­гізуші сияқты әске­ри маман­дықтардың барлығын да мең­герген. Олардың бірқатарын тізбелесек, Кеңес Одағының Батыры, пулеметші М.Мә­метова, 300 рет әуе шайқасына қатысқан ұшқыш Х.Доспанова, С.Жу­нин басқарған 8-пар­тизан бригадасының байланысшысы, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Отан соғысының партизаны» жауынгерлік медалінің иегері, партизан қыз Н.Байсейітова, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері, әскери медициналық қызмет капитаны Р.Момынова, 12 мәрте Бас қолбасшы Сталиннің алғыс хатына ие болған І гвардиялық шабуыл­даушы авиациялық полктың радиобайланысшылары Ғ.Рахметова, З.Наушева, сондай-ақ, Висла өзені маңындағы шайқаста ДЗОТ үнін өшіріп ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне, «Ерлігі үшін», т.б. медальдарға ие болған мерген М.Қожахметова, «Ерлігі үшін» медалінің иегері ефрейтор Мәлика Тоқ­тамышова, Карель майданында партизан бөлімшелерінің ІІ класты «эфирдің сұр мергені» атанған байланысшы М.Мақатова, Қиыр Шығыс майданында қыз-келіншектерден құрал­ған аэродром қызметін қам­сыз­дандыру батальоны құра­­мында десантшы, барлау­шы болған Қ.Ермекова, Ә.Нияз­ғалиева, М.Үмбетова, Қ.Ах­метова, әскери кө­лік жүргізуші С.Сарқұлова, соғыс­ты Корея­ның Хедзио қаласында аяқ­тап, Бас қолбасшының алғыс хатына ие болған байланысшылар Қ.Алма­ғамбетова, Ү.Есқалиева сынды майдангер қыздардың ерлігі ұрпаққа өнеге. Біз бүгін Ресейдің Қорғаныс минис­трлігі Орталық архиві құжаттары негізінде ержүрек мерген қыз­дар Әлима Габ­душева, Мүс­лима Қожахметова және Мә­лика Тоқтамышева туралы дерек­­терді оқырман назарына ұсынып отырмыз.  Соғыс басталған кезде Орал қа­ласын­дағы баспаханада қызмет жасай­тын, Ә.Габдушева мен М.Қо­жахметова жұмыстан кейін кешкілік қалалық әс­кери комиссариат жанынан ұйымдастырылған қысқа мер­зімді курсқа қатыса жүріп, 1943 жылы 24 маусымда өз ерік­терімен оралдық 24 қызбен бірге майданға аттанады. Олар­дың қатарында Мәлика Тоқ­тамышева да бар еді. Орал қаласының әскери комиссариаты қыздарды Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жас­тар Одағының бастамасымен ұйымдастырылған Мәс­кеу маңындағы Подоль­скі­дегі Орталық мерген қыз­дар мектебіне жөнелтеді. Ке­ңес Одағының Батыры Ә.Мол­дағұлова мен Т.Барам­зина да осы мектептің түлектері еді. Де­рек көздеріне қарағанда, бұл мерген­дер мектебі сұрапыл майданға 2484 ат­қышты аттан­дырған. Олардың ара­сын­да Жайықтың 3 мерген қызы да болған еді. 

    Жауынгер қыздарға жеке тоқтала­тын болсақ, Әлима Габдушева 1924 жылы 30 мау­сымда Орал облысының Ор­да ауданында дүниеге келген. Оның өз қолымен жазған өмірбаянында: «1938 жылы күзде ағам Фин соғысына кеткенде мектепте оқып жүрген едім. Әке-шешемді асырайтын адам болмаған соң, байланысшы болып жұмысқа орналас­тым», деп жазады. 

    1944 жылы 2 наурызда Подольск мергендер мектебінің дайындық курсын тәмамдаған ефрейтор Ә.Габдушева І Бал­тық майданы 145-Витебск ат­қыштар дивизиясының 403-ат­қыштар полкіне жібе­ріледі. Ә.Габдушеваның май­дан даласына келген 18 күн­нен кейін «Ерлігі үшін» ме­даліне ие болғанын мына архив дерегінен анық көреміз: «145-атқыштар дивизиясы 403-атқыштар полкінің «Жеке құра­мын марапаттау туралы» бұй­­рық. 24 сәуір. 1944 ж. №013. Май­дан­дағы әрекет етуші Ар­мия. КСРО Жо­ғарғы Кеңесі Президиумы атынан: 1944 жы­лы 6 сәуірде Орталық мерген әйелдер мектебінен келіп, аз ғана уақыт ішінде 5 фрицтің көзін жойып үлгерген еф­рейтор – мерген Әлима Габдушева «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады».

      Ал төрт айдан соң, яғни, 24 шілде күні 403-атқыштар полкінің командирі мерген Әлима Габдушеваны «Қызыл Жұл­дыз» орденіне ұсынып: «Отан үшін кү­ресте жауынгер Габдушева батылдығымен көзге түсті. Онкиты село­сы үшін болған ұрыста винтов­касы­мен 3 гитлершілдің кө­зін жойып, жаяу әскердің ілге­рі жылжуына көмектесті. Қор­ғаныс жағдайындағы оның есебіне өлім құшқан 18 фриц тіркелді», деп құжат толтырған. Міне, осы ұсыныс негізінде 1944 жылы 12 тамыз күні еф­рей­тор Әлима Габдушева жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындауда көрсеткен қажырлылығы мен ерлігі үшін «Қызыл Жұл­дыз» орденімен марапттау туралы КСРО Жоғарғы Кеңе­сі Президиумының бұй­рығы шыға­ры­лады. Небәрі төрт ай ішінде өзін әс­кери іс-қимылдардың нағыз шебері ре­тін­де танытқан қазақ қызы сол жы­лы ком­­мунистік партия қатарына қабыл­дана­ды. 

       «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерен ерлігі үшін» медалінің иегері Әлима Габ­ду­шева со­ғыс­ты жеңіспен аяқтап, 1946 жылы елге оралған соң бейбіт еңбекке араласты. Соғыс ар­дагері К.Көпжасаровпен отба­сын құрып, 5 бала тәрбиелеп өсірді. Ардагер ана 1987 жы­лы 63 жасына қараған шағын­да дү­ниеден озды. Бү­гінде Ақ­жа­йық ауданының Базар­тө­бе ауы­лында тұратын ұрпақ­та­ры ба­тыр аналарын мақтан тұтады.  

   Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосқан Мүслима Қожах­метова (соғыс жылдарындағы аты-жөні Мария Га­лиева) 1924 жылдың 15 тамызында Орал облысы, Жымпиты ауданының Қо­соба елді мекенінде дүниеге келген. 

     Подольск атқыштар мекте­бін сәтті аяқтап, ефрейтор шеніндегі мерген Мүслима Қожах­метова 1944 жылы 24 сәуірде І Балтық майданы 379-атқыштар дивизиясының 1253-атқыштар полкына жібе­ріледі. Майдан даласына кел­ген қазақ қызының ерекше мерген­дігін мына деректер дәлелдейді: «Гвар­диялық мерген ефрейтор Қожахметова Мария 1944 жылдың 13-26 қараша аралығында полкте болған уақытында ерекше ерлік көрсетті. Ол орналасу жағдайының қолайсыздығына қарамастан, 2 неміс солдатының көзін жойды. Оның жауынгерлік есебіне көзі жойылған 14 неміс тіркелді». 

    Мүслима (Мария) қарулас­тары Ни­на Лобковская, Клав­дия Киселева, Руфа Ускина, Фа­тима Мұхам­бет­жа­но­вамен бірге Ресейдің солтүс­тік ба­ты­сындағы қалың орманды ай­ма­ғындағы Михайловск, Святые горы, Псков қалаларын азат етуге, одан соң Эсто­ния, Лат­вия, Польша жер­леріндегі шайқастарға қатысып, «Ерлігі үшін». «Вар­шаваны азат еткені үшін», «Бер­линді алғаны үшін» медальдарына ие болады. Одерден өту шайқасында көр­сеткен ерлігі туралы өз қолы­мен жазған ғұмырбаянында батыр қыз: «Майданда орден жайдан-жай беріле салмайды. 1945 жылдың басында Одер өзені үшін қатты шайқас болды. Зинаида Викторовна екеумізге взвод командирі жаудың пулеметшілер ДЗОТ-ын басып алуға бұйрық берді. Бұйрықтың аты – бұйрық. Екеуміз 500 метр жерге екі сағат еңбектеп жет­тік те, қарлы шұң­қырға келіп жайғастық. Енді жаумен ара­мыздағы қашықтық – 150 метр. Аяз буып тұр. Немістер болса беті жабылған окопқа тастай болып бекініп алған. Түннің бір уақытында қуатты прожекторлар жарқылдай бастады. Осы кезде жер бауырлап жатқан біз жаудың жасырын жамылғылармен бүркелген техникалар тобын байқадық. Нысананы үздік­сіз атқылап, бірінші тапсырманы абыроймен орындадық. Ертеңіне күн батуға таянғанда ғана Зина екеуміз жау ДЗОТ-ның үнін өшірдік. Осыдан соң біздің жақ жаппай шабуылға шықты. Алайда, мен осы жерде контузияға ұшырадым. Бұл мен үшін естен кетпес күн болды. Кейін осы шайқастағы ерлі­гім үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орде­німен марапаттады», дейді.

       Ержүрек қыз 1945 жылы маусым айында Жеңіспен елге оралды. Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бей­біт өмір тірлігіне белсене араласқан ол Орал­дағы ет ком­бинатының мал сою це­хында 36 жыл бойы еңбек етіп, зейнет де­малысына шықты. Майдангер ана 1998 жылы өмірден озды.

      Мәлика Тоқтамышева 1924 жылы Орал облысының Жымпиты ауданында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ Қызыл Крест және Қызыл жарты ай қоға­мы бөлімшесінің белсенді мү­шесі болады. 1939 жылы бай­­ла­нысшы (телефонистка) болып істе­ген Мәлика ел ба­сы­на күн туғанда Оралға келіп «Крас­ный Октябрь» фабри­­касына жұмысқа орналасад­ы да, 1943 жылы соғысқа аттан­ған­ға дейін осы жерде қызмет етеді. 

     Мәлика Тоқтамышева құр­былары Әлима Габдушева мен Мүслима Қожахметова үшеуі Оралдан майданға бірге аттанған еді. Олар Орталық мерген қыздар мектебінде бірге оқыды. Алайда, оған тағдыр құрбыларымен бірге аман-сау елге оралуды жазбады...

      Курсты аяқтаған бір топ қыздармен бірге ефрейтор Мә­лика Тоқтамышева 1944 жылы 2 наурызда І Балтық май­даны, 145-атқыштар дивизиясы, 599-ат­қыштар полкына аттанады. Анасына айтқан уәдесін бұзбай май­даннан үзбей хат жазып отырды. Енді мерген қыздың жауынгерлік өмі­рінің хабаршысындай болған сол хаттарға кезек берсек: «Біздің тұрған жертөлеміз жылы, төрт қыз бірге тұра­мыз, біріміз апа, біріміз сіңілі сияқ­ты өте татумыз. Бір күні жауды торуға шық­қанбыз, фрицтің мергені бізді көріп қалыпты, оны менің серігім Люба мұрттай ұшырды. Одан басқа екеу­міздің біреумізге қатер еді», дейді. Мәли­каның үйіне жазған тағы бір сон­дай хатында: «Аңдуда отырғанда кір­пік қағуға болмайды. Өйткені, сені де жау аңдуда. Бір мезгілде көзіме бір нәрсе қылаң ете қалғандай болған еді. Қасымдағы сері­гім Люба кірпігін қағуға келтір­местен қағып сұлатты. Сұлай түскенін анық көрдім. Ол жал­ғыз емес. Серігін мен де күтудемін. Сұла­ғанның қасы­на біреу бауырымен жер сызып келіп ауда­рам дегенде, өзі аударылып түсті. Бұл екеуі барлаушы тобынан екен. Бізге енді өте мұқият болу керек. Сол күнгі отырған жеріміз құтты болып санды он беске жеткіздім. Люба да қылт еткенін қиып түсіп, қайтып қар­сы шықпайтын еткен көрінеді», деп қуа­нып жазады. 

      Ал 1944 жылы 1 май күні жазған хатын­да Мәлика: «Сен­дерден бүгін екі айдан бері күткен хатты алып, аман­­дық­тарыңды біліп, сондай қат­ты қуанып қалдым. Міне, қазір жорықтан келіп отыр­мын. Мереке құрметіне атқан фриц­тердің санын санағаным жоқ, Люба екеуміз талайын жайраттық», деп мақтанышын да жасырмайды. Осы жазған хатынан соң көп кешікпей Мә­лика 1944 жылы 6 май күні І Балтық май­даны қолбас­шы­сының №820 бұйры­ғымен «Ерлігі үшін» медаліне ие болады. 

     «Осы уақыт ішінде мен тағы да біраз фашисті жайраттым. Бұрынғыдай емес, енді олар бұғып, еңбектеп, жер бауырлайтын болды. Қорқақ қой өздері, олардың әрбір солдатының бейшара екеніне көзім анық жетті», деп жазған хаты Мәликаның үйіне жолдаған соңғы хаты болды. Осы хаттан кейін көп ұзамай ата-анасы Мәликаның мерген серіктесі Люба Край­нованың: «Сәлеметсіздер ме, қымбаттыларым. Мен Мәли­каның жақын құрбысы едім. Екеуміз мергендер мектебін бірге бітіріп, майданға да бірге аттанғанбыз. Ұрыс шебіне де бірге шығып жүрдік. Амал қан­ша, сіздерге қайғылы хабар жолдап отырмын. 11 мау­сым күні Мәлика дұшпанды аңдып жүріп, неміс мергенімен бетпе-бет ұшырасып қалды. Қарғыс атқыр фриц алдымен аңғарып, атып үлгерді. Сөйтіп, Мәлика екі қастың ортасынан жараланды. Қазір госпиталь­да жатыр, жазылып қалар, уайым­дамаңыздар», деп жазған хатын алады.  Өкінішке қарай, ауыр жа­раланған Мәлика арада үш күн өткен соң 1944 жылы 14 маусым күні қаза табады. «Ерлігі үшін» медалімен наградталған мерген Мәлика Тоқ­тамы­шо­ваның денесі Витебск облысы, Городок ауданы, Большой городок селосында жауынгерлер зиратына жерленген. 

     Ел басына күн туған кезеңде Жайық бойынан майдан даласына аттанған, толарсақтан қан кешіп жүріп ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр қыздардың бірнешеуі туралы әңгіме қоз­ғадық. Сұрапыл соғыста ерлігімен көзге түссе де, ерлігі елеусіз қалған басқа да жер­лестеріміз жетерлік. Сын сағатта ерлермен бірге атқа қонып, қолына қару алған Алаштың мерген қыздарының ерлігін насихаттай білсек, бүгінгі өскелең ұрпақтың рухын көтеретіні анық. 

    Бақтылы БОРАНБАЕВА,  тарих ғылымдарының кандидаты Батыс Қазақстан облысы

         https://egemen.kz/article/alashtynh-mergen-qyzdary

толығырақ

      Еліміздің тәуелсіздік алып, әлемдік деңгейде танылуы және ғылым мен мәдениеттің жаңа мазмұнда қарыштап дамуы дәуірінде қоғаммен біте қайнасқан, халық ішінен шыққан, бүкіл өмірін ұлттық руханиятқа арнаған нағыз ұлтжанды, Алаш ұранды ғалымдар буыны мемлекет іргесін бекітіп, Отанымыздың өркендеп өрлеуіне өз үлестерін қосты. Халқымыздың талантты перзенті, діни ағартушы ұстаз, жазушы, ақын, этнограф Халифа Ғақыпұлы Алтай – ел ішінде аты аңызға айналып, өнегелі істерімен және өрісті ғылыми, шығармашылық қызметімен даңққа бөленген сондай жарқын тұлғалардың бірі. Ол – еңбегін еліміз ғана емес, бүкіл әлем танып, бағалап отырған көрнекті дінтанушы-ғалым, белгілі қоғам қайраткері.

        Халифа Алтай ұлт болашағын, елінің діни тұтастығын ойлап, ұмытыла бастаған ислам дінінің Қазақстанда таралуына баға жетпес еңбек сіңірді. Дін қайраткері ретінде үлкен ағартушылық, имандылық тәрбие жұмыстарымен айналысып, исламның асыл мұраларын халыққа жеткізу, өзі ана тіліне аударған қасиетті Құран Кәрімнің мағынасы мен  түсінігін тәуелсіз еліне таратып насихаттау, ислам дініне байланысты басқа іргелі еңбектерді қазақ тіліне тәржімалап, қалың көпшілік санасына ұялату дінтанушы-ғалым Халифа Алтайдың өмір жолындағы ең негізгі ғибратты кезеңдер болды.

     Халифа Алтайдың артында қалған ғылыми және әдеби мұрасы ауқымды да әралуан. Қазақ мәдениеті мен руханияты үшін Халифа абыз мұрасының маңыздылығы оның терең білімділігі мен туған елінің рухани жаңғыруына бағытталған қуатты қоғамдық жігерге толы зерттеушілік ойлау қабілетінің өткірлігі және тереңдігімен ұштасқан жеке тұлғалық қасиетімен тығыз байланысты.

      Халифа Алтайдың өмірі мен шығармашылығы – отандық мәдениет пен ғылым тарихындағы тұтас бір дәуірді қамтиды. Өмірінің негізгі бөлігі шет елдерде өткенмен, жүрегі атажұрт деп соққан ағартушы-ғалым есімі түркі әлеміне кеңінен мәлім, оның еңбектері көптеген мемлекеттердің кітапханаларында бар. Ол бірнеше шетелдік ғылыми қауымдастықтардың құрметті мүшесі.

     Жас шағынан білім, ғылым жолына түскен талапты да талантты Халифа Түркияда тұрған жылдары діни ағартушылық пен ғылыми ізденістеріне зор мүмкіндік алды. Туа біткен қабілет-дарынын атажұрттан басталған көштің қилы тағдырын баяндап, көпшілікке кеңінен таныстыратын естелік кітаптар жазуға, діни сипаттағы мағыналы еңбектерді қазақ тіліне аудару ісіне арнайды. Күнкөріс үшін сауда және аудармамен айналысып жүріп, ол өзінің білімін үнемі жетілдіруден талмады. Түркияда жарияланған алғашқы қазақша кітап – Халифа Алтай қаламынан шыққан «Қазақ түріктерінің шежіресі» (Ыстамбұл, 1977). «Естеліктерім» (Ыстамбұл, 1980) атты поэзиялық шығармасы  және «Алтайдан ауған ел» (Алматы, 2000) автор өмірінің жастық шағының қиын сәттері мен көштің ащы шындығын көрсетеді. Қазақтардың тарихы мен әдет-ғұрыптары жайындағы «Атажұрттан Анадолыға дейін» тарихи-этнографиялық еңбегін Түркияның Мәдениет министрлігі екі рет басып шығарды (Анкара, 1981, 1998). Бұл туынды кейін қазақ тіліне аударылып Алматыда (1995) жарияланды.

     Халифа Алтайдың құрастыруымен «Құран жолы және иманның шарттары» атты кітап (Ыстамбұл, 1980, 1982, 1983; Мекке, 1990) кейінірек Алматыда (1992, 1995, 1998, 2001) «Құран әліппесі және иманның шарттары» деген атпен қайта басылып шықты.

     Жеті тілді жетік меңгерген сұңғыла ғалым бүкіл саналы ғұмырын туған халқының діни сауатын ашып, имандылық мұраттарына тәрбиелеуге, ислам дінінің қағидаларын ұғынықты тілмен түсіндіріп, ел арасында кеңінен насихаттауға бағыттағаны мәлім.

       Халифа Алтай шет мемлекеттерге шыққан әр сапарынан ерекше әсер алып, жаңа ғылыми ізденістер үстінде жүрді. Мұсылмандық шығыс елдеріне барған сайын көкейінде қасиетті Құран Кәрім кітабын қазақ тілінде түсіндіру мақсаты маза бермеді.

      1989 жылы дін қайраткерінің көптен бергі бұл арманы іске асты: бірнеше жыл бойы көз майын тауысып, қазақшаға тәржімалаған басты еңбегі – «Құран Кәрім: қазақша мағына және түсінігі» атты кітабы бастапқыда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялы  районында тұратын қазақтар үшін  төте жазуда дайындалды да, 1989 және 1990 жылдары Ыстамбұлда жеке кітап болып жарық көрді, оның 5 000 данасы Шыңжаңға жеткізілді.

      Кітаптың үшінші басылымы 1990 жылы Ыстамбұлда баспа машинкасы нұсқасында кириллицамен, 1991 жылы кириллицада компьютерлік теріммен шығарылды және Құранның осы аудармасы 500 мың дана таралыммен Қазақстанға тарту ретінде Сауд Арабиясында жарық көрді. Халифа Алтай 1994 жылы қажылық сапары барысында,  кітапты тікелей Алматыға жеткізу мәселесін шешіп  келді. Соның нәтижесінде Исламды қолдаудың Халықаралық қорының Алматы кеңсесі қазақ тіліндегі «Құран Кәрім» кітабының 170 мың данасын халық арасында тегін тарату  үшін Меккеден алдырды. Моңғолия  қазақтары үшін 10 мың дана кітапты жеткізу Прага және Гонконг арқылы қамтамасыз етілді.

     Халифа Алтай Құран Кәрім кітабын аудару өте жауапкершілікті іс болғандықтан, оған үлкен дайындықпен кірісті. Өзіне дейінгі зерттеулерді сараптап, түркі тілдес халықтардың және урду, парсы аудармаларымен салыстыра отырып тұпнұсқаға барынша деңгейлес болуын назарда ұстады.

      Қасиетті Құран Кәрім кітабының алғаш рет қазақ тіліндегі түсіндірмелерінің жарық көруі – ғұлама ғалым Халифаның руханият жолындағы теңдессіз еңбегі, ислам дінін қазақстандық қоғамда насихаттап тарату ісіндегі үлкен ерлігі еді. Осылайша қасиетті кітаптың ана тіліндегі тұңғыш мағыналық аудармасы мен түсініктері әлем қазақтарының рухани игілігіне айналды. Түркияда тұратын қазақ ғалымы, профессор Әбдіуақап Қара Құран Кәрімнің қазақ тіліндегі бұл алғашқы аудармасын Түркия қазақтарының дін бостандығы жөніндегі арпалысының символы ретінде бағалады.

      Халифаға 1990 жылы тарихи Отанға барып қайтудың тағы бір сәті түседі. Елдегі тіл мен дін ахуалын нақты байқайды. Түркияға қайтып келісімен: «Мен Қазақстанға барамын. Тілі, діні құрып барады екен. Сол жерге барып, білгенімді үйретпесем, маған күнә болады» деп көшуді ойластыра бастайды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан тәуелсіздігін алғандығын естіп, ерекше қуанады. 1992 жылы ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шақыруымен Атажұртқа біржолата қоныс аударады. Қазақстан тәуелсіздік алғанда шет елдерден қандастарымыз арасынан бірінші болып елге көш түзеген абыз қария Халифа Алтай болатын.

      Сол жылы Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайына қатысып, сөз сөйлейді. Осы алқалы жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қоғамдық бірлестігі құрылып, Қауымдастық төралқасының төрағасы болып Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Негізгі міндеті – шетелдерде тұратын қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік бизнес саласында байланыс жасау болып табылатын Қауымдастық жұмысына Халифа Алтай да қатысты.

       1993 жылы 17 желтоқсанда Халифа Алтай Қазақстан Республикасының азаматы атанып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тұсаукесер рәсімінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолынан шетелдік қазақ қауымы алдында Қазақстан азаматының төлқұжатын алу бақытына ие болды. Мемлекет басшысы оны екі рет ресми қабылдады.

       Тарихи Отанымен қауышқан Алаштың арда ұлына деген халық құрметі ерекше болды. «Атажұрттан Анадолыға дейін» атты кітабы үшін ол Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының алғашқы лауреаты атанды.

      Халифа Алтай елге келген соң жетпіс жыл бойы атеизм идеясы сіңірілген қоғамның діни саяздығын жете түсініп, бар ынта-жігерімен іске кірісті. Ислам дінін уағыздау мақсатында Қазақстан қалаларын түгелдей дерлік аралап, тура жолға, хақ дініне шақыратын іс-шаралар ұйымдастырды. 1995 жылы ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанындағы «Инабат» исламдық тәрбие орталығын басқарып, баспасөз беттерінде белсенді түрде мақалалар жариялады, телеарналар мен радиода имандылық, дін тақырыптарында сұхбат берді. Мысалы, «Түркістан» газетінің бірнеше санында оның ораза айт туралы, оразаның аяқталу мерекесіне арналған жарияланымдары жарық көрді.

      Шын мәнінде, Халифа Алтайдың Қазақстанға көшіп келуі жаңа кезеңде ислам дінін тың серпінмен насихаттауға бастау болып, халқымыздың діни ағартушылығының тарихи сабақтастығын қалпына келтірді. Халифа Алтайдың Қазақстанға оралуына орай оны Алматыда Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының басшылығы және барлық облыстардың діни өкілдері ресми түрде қарсы алды. Ол өзінің Қазақстанмен танысуын Қызылорда облысынан бастады және кейіннен 16 облысты  (Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан басқа) аралады. Қажыны тек мешітте ғана емес, сонымен бірге халықпен кездесуге барлық жағдай туғызған облыс, қала, аудан әкімдері оған үлкен құрмет көрсетті.

     Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төралқасы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев Халифа Алтайдың еліміздің барлық аймақтарына жасаған көптеген сапарларында бірге болған кезінде оның  халықтың орасан зор ықылас-құрметіне бөленгеніне куә болғанын: «Қай жерге барсақ та, кімдермен кездессек те, жиналған жұрттың бәрі Халифа ақсақалды айрықша қадір тұтатынын, ол кісіні бір көріп, сөзін тыңдағанды ерекше уақиға деп бағалайтынын байқадым. Халифа Алтай қажы ақсақал келе жатыр десе, ауылдағылар тайлы-таяғы қалмай алдынан шығатын, кездесулер өткізетін жерге жұрт лық толып, сыймай кететін. Тіпті, күн сайын қарбалас тіршіліктен қолдары босамай жататын аудан, облыс басшылары да Халекеңнің хабарын естісе, барлық жұмыстарын жинап қойып, құрметті ақсақалға сәлем беруге келетін. Халифа Алтай ақсақалдың мұндай құрметке бөленуі кездейсоқ емес» деп тебірене еске алады.

     Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы болған белгілі шығыстанушы, дінтанушы-ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Дінге сусаған бауырларымыз оралман ақсақалды алақанына салды. Құрметпен шақырып, нақ төрінен орын ұсынды. Ақсақал Құран оқып, бата  берді. Діни уағыз айтты. Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары бір-бірімен жарыса діндар туралы дуалы ауызды ақсақалдың жүрекжарды лебіздері мен тілектерін, діни танымдық мақалалары мен естеліктерін қалың оқырман мен тыңдаушыларына, көрермендеріне жеткізіп жатты. Жұма намазға келген сайын мүфтиатқа соғып, дінімізді орнықтырып, одан әрі өркендетіп дамыту үшін нендей іс-шараларды қолға алып атқару қажет деген көкейкесті мәселе ортақ әңгімеміздің тақырыбына айналатын. Бәрін де риясыз ақ көңілмен, таза ниетпен айтатын. Дін тақырыбында қаншама кітап жазды, оның бәрі де сұраныста» деп Халифа Алтайдың діни қайраткерлік еңбегіне жоғары баға берді.

     1997 жылы Халифа Алтайдың 80 жылдық мерейтойы бүкіл республика көлемінде кеңінен аталды. Алматыдағы М.О. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында абыз қария тойына арналған салтанатты кеш болды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев мерейтой иесіне жолдаған құттықтауында: «Сіздің бар өміріңізді – халқымызға адал еңбек етудің, дін жолында таза болудың үлкен үлгісі деп бағалаймыз. Киелі  Кітабымызды, басқа да діни шығармаларды ана тілімізге алғаш аударып, қандастарымыздың мұсылмандық рухани шөлін қандырғаныңыздың бір өзі неге тұрады?!» деп  исламдық дәстүрді жаңғыртуға қосқан үлесіне алғыс білдірді.

     1999 жылы Халифа Алтай Халықаралық ислам қайырымдылық қорын құрды және оның Президенті болды. Қордың негізгі қызметінің бағыты – балалар үйіне, мүгедектерге, оралмандарға, кедей-кепшік азаматтарға көмек беру; қазақ, араб және түрік тілдерін оқытуға; Құран оқуды үйретуге; ислам негіздерін оқытуға; кітапханалар, медресе және мешіттер ашуға, ислам тарихы мен мәдениетін оқыту курстарына; жас ұрпақ бойына жоғары адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға: отансүйгіштікке, салауатты өмір салтына, гуманизмге тәрбиелеуге көмек көрсету болатын.

     2003, 2008, 2009 жылдары қор Халифа Алтай аудармасы негізінде Құранның арабша транскрипциясы және қазақша мағынасы жарияланған жаңа басылымын шығарды. Қор Халифа  Алтайдың «Хұтпалар», «Ғибадатул-Ислам» атты еңбектерін, сонымен қатар «Мұсылман қорғаны», «Құран және ғылым», «Ислам ақиқат көзімен қарағанда», «Исламның ғажайып құндылықтары», «Рухани тәрбие сабақтары», «Пайғамбардың көркем мінезі», «Ислам дінінің негіздері» және орыс тілінде – «Уникальное пособие для ищущего знания» және «Крепость мусульманина» атты кітаптарын жарыққа шығарып, тегін таратты. Бүгінгі таңда оның халықты рухани ағартушылыққа бастаған игілікті ісін «Халифа Алтай» Халықаралық қайырымдылық қоры жалғастырып отыр.

       Ақыл-парасатымен халқына қадірлі, еліне шапағатшыл болған абыз 2003 жылы 86 жасында Алматы қаласында өмірден өтті. Соңғы демі бітерде марқұм: «Егер мен олай-бұлай болып кетсем мені қайтадан Түркияға сүйремеңдер. Мен өз Отаным Қазақстанға келдім. Тілді тарқаттым, дінді қал-қадерімше насихаттадым. Енді менің арманым жоқ. Соңғы айтарым, мені қайтыс болғанда қазақ топырағына көміңдер» деген екен. Оның сол арманы да орындалды. Халифа Алтай 2003 жылы 17 тамызда Алматы қаласында жерленді.

        Дінтанушы-ғалым ретінде оның есімінің халық жадында мәңгілікке сақталғаны – аудармашылық және діни-ағартушылық еңбегі болып қалады. Ол түрік және қазақ тілінде жазылған 10 кітаптың авторы. Бұдан басқа көптеген зерттеу, ғылыми-танымдық мақалаларын, публицистикалық туындыларын жариялады. Аударма саласында өнімді жұмыс істеп, діни, имани кітаптардың қазақ оқырмандарына жетуіне септесті. Мысалы, «Таңдаулы хадистер» (1993, 1994), «Сияри Нәби» (Хазірет Мұхаммед пайғамбар Ғалайһиссаламның өмірі) атты кітапты (1994) түрік тілінен қазақ тіліне аударды. 1911 жылы Қазан қаласында «Ел-Итқан» деген атпен татар тілінде шыққан кітапты қайта қарап, қалпына келтіріп бастырды.

       Халифа Алтай Құран сөздерін туған тілінде өз түсінігімен баяндап беруге тырысты. Ислам дінін насихаттау ісіне ақиқат тұрғысынан ықпал ететін дін қайраткерінің бұл әрекетінің тарихи мәні бар.

      Халифа Алтай өз аудармасы мен түсініктерінде беделді тәпсіршілерге жүгініп, Құран тілі туралы еңбектерді орынды пайдалана білген. Оның аудармасында Құран мағынасының біреуі таңдалып алынған жағдайда, оның соңында дереккөз символмен көрсетілген. Сондай-ақ, шығарманың кіріспесінде жалпы мәліметтер, түркі тілдеріндегі тәпсірлер туралы мағлұмат, сонымен бірге Құран ұғымдары сөздігі мен тақырыптық түсіндірме берілген. Құран мағыналарының терең сырларын ашуға көптеген еңбектер арналғаны белгілі және мұндай ізденістер жалғаса беретіні хақ. Адамзаттың ілгері дамуы жағдайында бұл игі іс ешқашанда тоқтамай, қасиетті сөздер ұғымын танып білудің жаңа көкжиектерін аша береді.

      Мысырлық белгілі дінтанушы-ғалым, Махмұд Фаhми Хижази: «Халифа Алтайдың тілдік, мәдениеттік болмысы – оның барлық түркі тілдерін меңгеріп алуына септігін тигізді. Оның қазақ тіліндегі аудармаларына жасаған кіріспелерінде татар, өзбек, әзірбайжан, түрік тілдеріндегі кітаптардың, аудармалардың, тәпсірлердің аттары көрсетілген, әрі оған қоса урду, парсы тілдерін меңгерген. Ал, оның Құран Кәрімге, Тәпсірге деген қызығушылығы араб тілін де тиісті деңгейде білуге ықпал етті. Оның ислами ағартушылық мәдениеті барлық ислами ілімдерді қамтыды. Мұны оның көптеген шығармалары айғақтайды» деп Халифа Алтай аударған Құран Кәрімнің іргелі ғылыми еңбек екенін ерекше атап өтеді.

      Құран Кәрім кітабының мағыналарын тану ілімінің негізін қазақ ғылымында Халифа Алтай салды деп батыл айта аламыз. Ел өміріндегі мұсылман қауымының рөлі туралы ой қозғағанда ар, ұят, руханилық және имандылық қағидаларын абыз қария есімімен тығыз байланыстырамыз. Үнемі жұрт алдында тұрып діни рәсімдер жасайтын имам ел алдында рухани батылдығымен де даралануы тиіс. Құран Кәрімнің мағыналарын қазақша түсіндірудегі алғашқы талпыныс – ғұламаның өмір бойы тарихи Отанын, Атамекенін шексіз сүйіп өткенінің нақты дәлелі деп білу керек.

        Халифа Алтай есімі республика бойынша сыйымдылығы жағынан үшінші орын алатын Өскемен қаласындағы орталық мешіт пен Алматы облысының Қарасай ауданындағы  Қырғауылды ауылындағы жаңа мешітке берілді. Оның атында Алматы және Сәтбаев қалаларында көше бар.

      «Қазақстан тарихы» атты академиялық бес томдықтың қазақ диаспорасына арналған тарауында Халифа Алтайдың қайраткерлік және ғылыми қызметі туралы ерекше атап көрсетілген. Ал 2015 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы орыс тілінде дайындап шығарған «Қазақ диаспорасы және Атамекенге оралу (1991-2012)» атты іргелі ұжымдық монографиясында «Қазақ диаспорасындағы исламдық дәстүрлердің жаңғыруы: Халифа Алтайдың қосқан үлесі» атты жеке тарау жарық көрді. Халифа Алтайдың діни ағартушылығы туралы осылайша гуманитарлық ғылымда алғаш рет зерттеу жүргізілді.

        Ғалымның есімі көптеген оқулықтарға да енді. Жалпы білім беретін орта мектеп бітірушілердің жоғары оқу орнына түсер кездегі Ұлттық бірыңғай тестілеу бағдарламасында ол туралы арнайы сұрақ берілген.

        Шетелдік ғалымдар, Майнц және Гисен университеттерінің профессорлары Ларс Йохансон мен Марк Кирхнер Халифа Алтайдың «Атажұрттан Анадолыға дейін» атты еңбегін жан-жақты зерттеп, Еуропада ағылшын тілінде шығатын «Acta Orientalia» журналына мақала жариялады. Олар бұл еңбекті қазақ халқы мәдениетінің энциклопедиясы деп ерекше атап өтті.

      Түркияның мәдениет министрі Истемихан Талай және профессорлар Намык Кемал Зейбек, Тұран Язған, Нәжат Дыярбекірлі, Екмеледдин Иһсан-оғлы, Ахмет Бижан Ержиласун, Осман Сертқая, Али Өзек Халифа Алтайдың еңбектерін ғылымға қосылған зор үлес деп санады. Араб журналисі Махфуз әл-Амин Халифа Алтаймен сұхбатында оны шейх деп атады. 1998 жылы Түркия Дін істері басқармасының Анкарада жарық көрген «Түркияда болған түркі тұлғалары» атты кітабында Халифа Алтайдың өмірбаяны мен кітаптарынан үзінділер жарияланып, оған «Түркі әлемінің ғұламасы» деген баға берілді.

     2007 жылы 6 желтоқсанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Халифа Алтайдың туғанына 90 жыл толуына арналған «Көрнекті дін және қоғам қайраткері Халифа Алтай: елдік іс пен имани құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Ал ғалымның 100 жылдық мерейтойына арналған «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция 2017 жылы 24 маусымда Астана қаласында өтетін Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы аясында өткізіледі.

       Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында және Алматы қаласының Орталық Мемлекеттік мұрағатында сақталған дінтанушы-ғалымның көптеген құжаттары мен қолжазбалары өз зерттеушілерін күтуде.

       Халифа Алтай өмірінің ең бақытты сәттерін тәуелсіз Қазақстанда өткізді. Шын мәнінде, ол осы жерде өзінің зияткерлік еңбегінің жемісі – рухани тазаруды және қоғамның жаңаруын көрді. Туған халқы оны рухани ұстазы ретінде қабылдады. Ол өзінің тарихи Отанына, өз халқына исламға сенім атты баға жетпес рухани байлық ала келді.

         Ұлтымыздың рухани құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, оны іс-жүзінде өзінің өмірлік тұғыры еткен ірі дінтанушы-ғалым, Алаштың абыз ақсақалы Халифа Алтайдың ой-тұжырымдары болашақты меңзейді. Оның мақсат-мүдделері мен аманат етіп қалдырған өсиеттері қаншалықты деңгейде қабылданып орындалатыны еліміздің мәдени және рухани өмірінің жағдайына байланысты болмақ.

      Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырып, өнегелі тағдырымен үлгі көрсетіп кеткен Халифа Алтай есімі есті жанның жадынан өшпесі хақ.

       Гүлғазира Балтабаева,  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Талдау орталығының директоры, тарихғылымының кандидаты

         Серікқазы Қорабай, ҚР БҒМ ҒК М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор (Алматы қ.)  

толығырақ

          

     Шілікті жазығы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының аумағында орналасқан. Ұзындығы - 80, ені – 30 шақырым осы кең жазықты оңтүстігінде Тарбағатай, шығысында Сауыр-Сайқан, солтүстігінде Маңырақ таулары қоршап жатыр. Шілікті жазығының жағрафиялық жағдайы адам өмір сүруіне өте қолайлы. Жазы шыбынсыз салқын, қысы қарсыз және жылы болып келетін даланы малшы тайпалар қола дәуірінен бері кең қоныстанған.

       Шілікті даласында көне мәдениеттің аса бір өркендеген уақыты б.з.д. Ι-мыңжылдыққа сәйкес келеді. Бұл кезде Шілікті даласын сақ тайпалары мекендеген. Шілікті даласында сақ-үйсін дәуірінің екі жүзден астам ескерткіштері бар. Олардың елу шақтысы патша және ақсүйек обалары.

      Бұл ескерткіштерді бірінші зерттеген семейлік гидротехник Г.Н.Бокий еді. 1909-1910 жылдары ол Шілікті даласының шығыс шегінде орналасқан Шаған оба қорымдарын қазып зерттеді. 1949, 1959, 1961 және 1962 жылдары Шілікті қорымдарында профессор С.С.Черников қазба жүргізді. Ол барлығы 13 обаны қазып зерттеді. 2003 жылдан бастап бұл өңірді профессор Ә.Т.Төлеубаев зерттеп жатыр. Бүгінгі күнге дейін Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкерлері Шілікті 3 қорымының, №1, Шілікті 2 қорымының №1,2,4 қорғандынына зерттеу жұмыстары толық қазылып зерттелді.

         Қорымдар тобындағы соңғы қызықты жаңалықтар берген оба Бәйгетөбе деп аталады. Ол Жалшы ауылының оңтүстік жағында орналасқан. Оның биіктігі 7,9м, диаметрі оңтүстіктен солтүстікке қарай 99 м, шығыстан батысқа қарай 97,4 м.

       3-Шілікті қорымының Бәйгетөбе обасынан барлығы 4303 дана алтын заттар табылды. Оның 153 данасы мәліннің маскасы бейнесінде, 36 данасы бүркіт-самұрұқ, 20 данасы бұғылар, 39 данасы қасқыр (аю) түрінде, бір түйме-қаптырма бесжұлдыз, бір қаптырма арқар бейнесінде. Сонымен қатар 23 дана қоңырауша түріндегі,63 дана кеңірдекше түріндегі, 17 дана алтын тілікше, 7 дана алтын сым, 141 дана жартышар сияқты салпыншақтар, 2835 дана миниатюралық құлақшалы, кесеге ұқсас салпыншақтар, 223 ұсақ кеңірдекше тізбе, 743 шығыршық тізбе және бір дана кішкене қапсырма шеге табылды.

        3-Шілікті қорымындағы Бәйгетөбе обасының ірі және өте күрделі архитектуралық құрылысы әлеуметтік-мәдени және табиғи-қорықтық қызмет атқарған. Ескерткіштің осыншама ірі көлемі онда жерленген адамның қоғамда өте жоғары мәртебеге ие болғандығын дәлелдейді. Бәйгетөбе обасында сақ жұртының ең алғашқы патшаларының бірі жерленген.

 https://baq.kz/kk/news/asil_kazina_tarihi_nasindar/shilikti_korimi__koshpeliler_tarihinin_bir_parasi20170420_093400

толығырақ

    Тәуелсіздік жылдары «Қазақ өркениеті» ілімі мәселесінде ой қозғап, пікір білдіріп жүрген ғалымдардың бірқатар еңбектері жарияланды. Алайда бұл терминнің, ғылыми ортада мойындалып, айналымға  түскеніне 15 жылдан асты. Осыған орай біз оның зерттелуі мен өзекті мәселелері туралы «Қазақ өркенниетінің негізі» деп аталатын кітаптың авторы, «Қайнар» университетінің ректоры, Қазақстан ұлтық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Еренғайып Омаров мырзамен сұхбаттасқан едік.

       – Еренғайып  Сәліпұлы, оқырман қауым сізді тарихшы деп таниды. Бұл салаға, оның ішінде «Қазақ өркениеті» тақырыбына қалай келдіңіз?

     –  Қазақ өркениеті ілімі мәселесін мен алғаш рет 1999 жылы қолға алған едім, бірақ оны зерттеу нысанына алуым «Өз ойымнан жараттым» деген ұғым бермейді. Алғашында қазақ өркениеті мәселесімен айналысып жүрген ғалымдар бар ма екен деп, оларды көп іздедім, алайда табылмады. Жасыратыны жоқ, өркениет теориясы қазіргі кезде үлкен бір әлемдік ғылыми идеяға айналып барады. Біз егер оны байқамайтын болсақ, қазіргі кездегі әлемдік ғылымның негізгі беталысы мен даму болашағы мәселесінен көз жазып қалуымыз мүмкін. Екіншіден, қазақ өркениеті мәселесін зерттеу заман талабынан туындап отыр. Оны біз, қазақтар зерттемесек басқа елдің ғалымдары айналысады, олардың бұл мәселені қай тұрғыда зерттейтінін кім білсін. Жасыратына жоқ, егемендік алғанша қазақтың тарихын басқа елдің ғалымдары жазып келді емес пе?

      Кезінде еуропалық ғалымдар қаптаған қазақ қалаларындағы қайнаған тіршілікті өркениет ошағы ретінде қарастырмады. «Қазақ философиясы» және «қазақ өрекениеті» ұғымдары мүлдем болған жоқ. Өркениет сөзінің қазақ тіліне қай кезде кіргені белгісіз. Сөздіктерге кіруін 1992 жылы Алматыда шыққан қысқаша екі тілді «Қазақша-орысша және орысша-қазақша» (авт. Исаев С.М., т.б.) деген кітаптан кездестеріміз. Қазақ ғалымдары 2000 жылға дейін өркениет ұғымын сирек қолданатын, пайдаланғанның өзінде қазақ тарихына байланысты қарастырмайтын. Оны қолдануды алғашқыда «көшпенділер өркениеті», «дала өркениеті», «қазақ өркениеті» деген терминдер аясында ғана кездестіре бастадық, артынан тарихшылар мен философтар қазақ өркениеті темасында дамыта бастады. Олар А. Нысанбаев, У.Шалекенов, М.Хасанов, Ресей ғалымы Г.Югай  т.б.

       –  Өркениет туралы мәселе қозғалған кезде, ауызға ең алдымен мәдениет сөзі ілігеді. Бұл екі терминнің өзара байланысын тарқатып беріңізші?

      – Мәдениет – әрбір елдің өмір бойы жинап-терген тұрмысқа қажетті білімі. Мәдениеті жоқ халық жоқ. Мемлекет құра алмаған сығандардың да мәдениеті бар. Дегенмен мәдениеттің саясы өркениеттен гөрі ықшамдау келеді. Өркениетке мемлекеттілік пен жер, қала, архитектура, елдің бұрыннан келе жатқан дәстүрі  мен жеткен мұрағаттарының барлығы жатады. Қазақта қалалық өркениет жақсы дамыған. Өркениет кейде бірнеше ұқсас халықты біріктіруі мүмкін. Оған қазақтың алты алашын мысалға келтіруге болады.  

     Мәдени мұра аясындағы жұмыстар көрсетіп отырғандай, қазақ халқының ұлттық қазынасы: ғылым, әдебиет, дәстүр, фольклор, философия, поэзия, архитектура, музыка, жалпы мәдениет саласындағы зерттеулер жүздеген томдарға сыймай жатқан қазақ өркениетінің жемісі деп түсінуіміз керек.

       –  Өркениетті мәдениеттің жоғарғы сатысы деп айтуға бола ма?

     –  Болады. Өркениет  мемлекеттікпен байланысты. Өркениеті мықты халықты өркениеті жоқ немесе әлсіз халық басып алса біртіндеп оған өзі сіңіп кетеді. Кейде мемлекеттің жойылуына байланысты өркениет жоғалып кетуі де мүмкін.  Бірақ мәдениет сақталып қалады.

      Қазақ өркениеті жеке дара дамыды десек, әбестік болар. Қазақ өркениеті өзімен үзеңгілес Орталық Азия  және Еуразиялық өркениеттермен қатар дамыған. Оның үстіне тарихымыз бен мәдениетіміз ежелгі арий, сақ, скиф, ғұн және түрік өркениеттерімен де сусындаған.

     Ұлттық идея халықты ұлт ретінде біріктіріп, оны жарқын болашаққа жетелеуі тиіс. Ұлттық идея өркениеттік негізде құрылуы керек. Қазақ өркениеті бар, бұл аксиома сияқты, дәлелді қажет етпейді. Біздің міндет – оны зерттеу, анықтамасын беріп, аумағын, құрамдас бөлігін көрсету, ең негізгісі, жас ұрпаққа жеткізу. Осы арада Американың белгілі ғалымы әрі мемлекет қайраткері Генри Кисинджердің «Қазақстан – өркениеттер бесігі» деген сөзін еске түсіре кетсек, артық болмас.

       –  Өркениеттің дамуындағы ұлттың және ұлттық идеяның рөлі қандай?

     –  Ұлт өркениет субъектісі, қозғаушы күші. Ұлт жоқ жерде өркениет те жоқ. Ұлттық сана тек қана өркениетті елде қалыптасады. Ұлттың шынайы рухы соғыс пен өнерде айқын көрінеді және ұлттық мінез-құлық ең соңынан өледі. Атақты  ғалым С.Перес «Рух тарихынан басқа тарих жоқ» деген.

       Өркениет тарихында рухты халықтардың аты қалды, заты қалды. Рухты халықтың алды жарық, Рухты халық – жасампаз алып, тарихи рухтың еңсесі биік, есесі мол екенін ертедегі гректер, римдіктер, византийліктер, ежелгі ғұндар, түріктер, Шыңғыс дәуіріндегі моңғолдар дәлелдеді.

       Өркениеттілікті сақтайтын рух пен дәстүр. Өркениетті ұлттар өзінің өміршеңдігін сақтап қалатын, халқының рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін ұлттық идеясын қалыптастырған. Сондықтан, дәстүрлерді жаңғырту алда тұрған мәселенің бірегейі болуы керек.

       Қазақ мифологиясының және философиясының қайнар көздері ежелгі дүниеде, бұрынғы протоқазақтардың және қазақтардың мифологиялық алғашқы философиясында (б.э.д. І-ІІ мыңжылдықтар) жатыр. Қазақ халқы көптеген елдердің өзара әсерлесуі мен бірігуінің арқасында пайда болып, олардың әр түрлі мәдени қырларын мұралап, кезіндегі жетекші өркениеттің – сақ өркениетінің мұрагері болып табылады. Олар толық қанды қазақ өркениетін қалыптастырды.

       «Қазақ өркениеті» ұғымын нақты тарихи, рухани-мәдени және ғылыми тұрғыдан негіздеу бүкіл қазақстандық әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар жүйесін өзгертуге, көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі ұлттық тарихымызға мәдени-өркенииттік тәсілмен жаңаша қарауға, ескірген Қазақстан тарихына деген бұрынғы батыстық немесе ресейлік көзқарастан мүмкіндігінше бас тартуға итермелейді.

      Рух –  туған жер,  туған ел, ана тілі, ата тарихы, ұлт менталитеті ұғымдарымен, түйіндеп айтқанда, Отанмен тағдырлас. Ұлың рухты болса – сүйікті, қызың қылықты болса – бақытты. Рухты жан – Азамат – Адам, рухсызы – тұғырсызы – надан не есалаң.

      – Қазақтардың әлемдік өркениет қазынасына қосқан үлесі қандай?

     – Әскери-демократиялық өркениеттің негізін қалаушылар болды. Шекара тастары – бағаналарды-дыңдарды ойлап тапты. Салт атқа отыруды, атқа қолданатын саймандар мен құрал-жабдықтар жасады. Атты әскерді құрды. Таңба, ту, елтаңбаны қалыптастырды. Қорғанға жерлеуді, далалық пирамидаларды; күрделі құрамды садақты; қала құрылысын; киіз үйді; күйдірген кірпішті ойлап тапты. Құлиеленушілік қоғамның жойылуына ықпал етті. Тон, кілем, кеудеше, шұлық тоқуды, өкше, үзеңгі жасап, етік тігуді ойлап тапты. Қамал қабырғасын құлататын техниканы жасады. Мұнаралы қорғандар тұрғызды, алғашқы жолдарды салды. Қонақжайлық мәдениетті енгізіп, ортақ қазаннан табақтан тамақтанды. Дәрігерлік пен мал дәрігерлігін дамытты. Кендір мен мақта-мата негіздері бойынша қағаз жасауды ойлап шығарды.. Моншаны, шалбар мен өкшелі етікті ойлап тапты. Мен тек есіме түскендерін ғана айтып отырмын, асықпай ойланып жазатын болсақ бұл тізім бұдан ары қарай да ұзара берері күмәнсіз. Аттила мен Томирис сияқты ұлы тұлғаларымызды ұмытпағанымыз да абзал.

       – Лайым солай болсын.

     Мақала авторы - Ерлік Ержанұлы

толығырақ

       Ұлттың сөзін, жұрттың сөзін сөйлейтін мінберді пайдалану тартысы қай кезеңде де бір сәтке толастаған емес. Қазақ ұлтынан 1906 жылғы Ресей Мемлекеттік Думасына барлығы 12 адам сайланғаны тарихтан белгілі. Олардың ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бірімжан, Алпысбай Қалменұлы, Шәймерден Қосшығұлұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы сынды Алаш ардақтылары бар. Осы қатарда Тілеулі Аллабергенұлы да бар еді.
         Мұрағат деректерінде жа­зыл­ғандай, Тілеулі Аллабер­ген­ұлы ауқатты, бай отбасынан шыққан. Діни нанымға берік, алғыр, тап­қыр адам болған. Бұған қоса кеңпейілділігі, мей­ірімділігі, жо­марттығы, же­тім-же­сірлерге қай­­ырым­ды­лығы ел арасына кең та­рап, халық ара­сында құрметке бө­­ленеді. Сон­дықтан халық оны көк­ке кө­теріп, Әзірет Сұлтан ке­­­се­несінде өткен кезек­ті айт на­ма­зы кезінде оған «Мың­ба­сы» ата­ғын береді.
    Тілеулі Мыңбасының көзін көргендер оны орта бойлы, қара­торы келген, өткір көзді жан еді деп суреттейді екен. Жү­ректі, алғыр, шешен, әр нәр­сені алдын ала болжай бі­летін көреген адам болған де­се­ді. Мыңбасылық орын­ға да өзі­нің осындай се­гіз қыр­лы, бір сырлы ғажап мі­не­зі­мен жет­се керек. Осы қыз­ме­тін, өзінің жеке байлығын, әке­сі Аллаберген байдан қалған қы­руар мал-мүлікті, жер-суды Тілеу­лі Мыңбасы елдің игі­ліне пайдаланған. Қаланың әр жерінен кедей-кепшік, аш-       жа­­лаңаштарға арнап ыстық та­мақ беретін арнаулы орындар салдырған. Қыздар, балалар үшін арнаулы мектептер ашып, мұ­ғалімдеріне көмек жасап, жа­лақы төлеп тұрған. Тілеулі Мың­басының осындай жоғары адам­гер­шілігі, парасаттылығы халық ара­сында оның беделін арттыра түс­кен. Ол кезде әр отбасына мін­деттелетін түтінпұл деген са­­­лық болған. Соны төлеуге ша­­­­масы келмеген отбасының қа­­­­рыз­ын қаладағы байлардың мой­­нына іліп, төлеттіріп отырыпты. Мыңбасының жеке ба­сы­ның қасиетін, әділдігіне тән­ті бол­ған байлар да Тілеуліні құр­мет­тегендіктен, айтқанын екі ет­пеген.
     Тілеулі Мыңбасының 1907 жылы Ресейдің ІІ Думасына Сырдария уәлаятынан депутат болып сайлануына да халық арасындағы осындай биік беделі әсерін тигізген болуы керек. Бұл мәслихатқа Түркістанның маңайындағы аймақтардың бол­ыс-билері, байлары, зиялы аза­маттары жиналып, Дума де­пу­­­таттарын зор дайындықпен қар­­с­ы алып, Тілеулі Мыңба­сы­ның үйінде күндіз-түні жиын өт­кізеді. Осы жиында Тілеулі Мың­басының Думада сөйлейтін сөзі, Дума мінберінен қоятын мә­селесі пысықталады. Кейін Ду­мада сөйлеген сөзінде сауат­сыз қазақ жастарын әскер қа­та­рына шақырмау, қазақ ба­ла­­лары үшін мектептер ашу, қа­­зақ ауылдарында емдеу ме­к­е­мелерін ашу, тағы сол сияқ­ты халық арасында өзекті бо­лып отырған мәселелерді кө­­те­реді. Бір сүйсінерлігі – Тілеулі Мыңбасының орта­ға сал­ған пікірлерінің алаш­тың ар­дақ­ты азаматтары Әли­хан Бө­кей­хан­ның, Бақыт­жан Қара­тай­дың ойларымен ұш­та­са­тыны. Бас­тауыш сы­нып­тық қана бі­лі­мі бар ел аға­сы ой­ла­ры­ның қа­зақ­тың Ә.Бөкейхан сияқ­­­ты да­нышпан ұлдарының ар­ман-ті­легімен бір арнада то­ғы­суы Ті­леулі Мыңбасының кө­кі­ре­гі күм­бірлеген жан болғанын аң­ғар­тса керек.
      Тілеулі Мыңбасы алпыс жас­­ты алқымдағанда әйелі қай­тыс бо­лады. Бұл әйелінен Ма­қан атты ұл бала сүйеді. Ма­қан Тілеулінің өзіне тартып, ал­­ғыр, батыр болып ержетеді. Ел арасында оның өже­ттігі, ақыл­дылығы жөнінде әң­гімелер кең тарайды. Бірақ ұлы ертерек қайтыс болып кетеді де, Тілеулі Мыңбасы күйікке шы­­дамай ауруға ұшырайды. Кей­інгі әйелінен бір ұл, бір қыз сүй­­генімен, олардың қызығын к­өре алмай көз жұмады. Ұл мен қы­з­­­дан тараған ұрпақ қазіргі кез­­де өсіп-өнген үлкен әулетке ай­­налды.
    Бүгінгі күнге дейін ныспысы ғана белгілі болып келген қай­­раткер Тілеулі Мыңбасыға қ­а­­­тысты ел аузында айтылып жүр­ген әңгімелердің ұзын-ыр­­ғасы осындай. Тәуелсіз ел атан­ға­нымызға ширек ғасыр толып оты­р­ған бүгінгі күн биі­гінен өт­кен тарихымызды шол­ған кез­де жеткен жетістіктерімізге осын­дай аяулы ағаларымыздың да сі­ңір­ген еңбегі зор деген ой тү­йе­­міз.
      Тілеулі Аллабергенұлының есімін ұлықтап, өткен тарихы­мыз­дағы бізге беймәлім тұс­та­рын ашуда тарих ғылым­да­ры­ның докторы, профессор Өмір­зақ Озғанбаевтың сіңірген ең­бегі зор.
     Осындай тынымсыз еңбегі ар­қылы ұрпақ сабақтастығын сақ­­тауға үлес қосып және жас ұр­пақтың бойына тарихи-та­нымдық құндылықтарды дары­ту бағытында атқарған ға­лым­дарымыздың еңбегін ұлт та­ри­хының нағыз жоқ­тау­шы­лары деп тануымызға болады.
    Жеңісбек Мәуленқұлов, Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

        Толығырақ: https://egemen.kz/article/mynhbasy-atanghan-duma-deputaty

толығырақ

      2010 жылғы шілде айы еді. Елді елең еткізген бір оқиға болды. «Ол не?» дейсіздер ғой. Атақты Естай ақын әнінің прототипі Қорлан апамыз бар емес пе?! Міне, сол асылымыздың зираты табылыпты. Білмей келіппіз, сұлулық символы болған ғазиз жанның бейіті оқиға болып, ән туған Павлодар өңіріндегі Маралды маңайында емес екен. Ол сонау Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің Славгород төңірегінде болып шықты. Міне, сол жерде бүкіл бір халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, ұлт махаббатына айналған қазақтың хас сұлуы 30-жылдардың аяғында мәңгілік сапарға аттаныпты.

    Ал оны тауып, анықтаған, анық­тап қана қоймай, басына қызыл гра­­ниттен белгітас орнатқан кім­дер дей­сіздер ғой... Олар – Қуат Есім­ха­нов пен Ерлан Арын деген екі аза­мат. Қуатты көзі қарақты жұрт бас­пасөз беттерінен жақсы білсе керек. Ол егемендіктің елең-алаңында Ертіс бой­ында қызмет істеп жүріп Ер­мак­тың ескерткішін алғызған, одан кей­ін Қызылжардағы жұмысы ке­зін­де Омбыдағы Мағжан Жұмабаев оқыған педагогикалық училищенің қа­бырғасына ұлы ақынға арнап ме­мо­риалдық тақта орнатуға ұйытқы бол­ған қандасымыз. Бұл азамат осы бе­ртінде Астанада қызмет атқарып жү­ріп, 1937 жылы Көкшетаудағы ес­кі зиратта жерленген дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің тұяғы – ғай­ып құсы Аянға белгітас қойып та­ғы бір сауапты іс жасады. Ал Ерлан болса, өзіміз сөз етіп отырған 2010 жылға дейін Павлодардағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік уни­верситетте ректор бола жүріп, об­лыстық мәслихаттың депутаты ре­тінде қаладағы көптеген көше, меке­ме аттарын қазақыландыруға бел ше­ше кіріскен ұлтжанды азамат-тын. Сон­дай-ақ, оның сол кездері атақты Мәш­һүр-Жүсіп мұраларының 20 том­дығын шығаруды қолға алып, қа­сиет­ті бабаның Ескелдідегі мазарын жаңа үл­гі­де тұрғызуға ерекше үлес қосқан ең­бегі және бар.
    Осы екі бауырымыздан 2010 жыл­дың 8 шілдесінде редакцияға ар­найы хат келгені әлі есімізде. Он­да Ресейдің Алтай өлкесіндегі При­тыка селосы іргесіндегі қазақ зи­ра­тында аты ән мен жырға ай­нал­ған Қорлан апамызға белгітас ор­на­ты­ла­тындығы, сол шараға біздің газет­тен де өкіл қатысуы сұралыпты. Осы­дан кейін көп кешікпей жолға шық­қанбыз. Құ­­рамымызда ғалымдар Қ.Сал­ға­­раұлы мен Т.Жұртбай, жа­зушы Ә.Са­рай, саясаттанушы Д.Мыңбай мен қаламгерлер Е.Шаймерденов, Ғ.Мү­сіреп және композитор Ж.Тұр­сынбаев бар топ Астанадан Пав­ло­дар­ға келдік. Ол жерден ертесінде та­­ңер­тең Ресей шекарасына бет ал­дық та, бақылау бекетінен өткен соң Құ­лын­ды даласын кесіп өттік. Көп ұза­май Славгород та көрінген. Оны да арт­қа тастап, Бөрілі деп аталатын ау­д­ан­­ның бұрынғы Топольский кең­ша­рына қарай бұрылдық. Сөйтіп мұн­да­ғы Притыка бөлімшесіне жеткен­де ат басын тежедік.               Көліктен түскен соң осы елді мекен іргесіндегі зиратқа беттеп, ондағы бел­гітастың ашылуына жиналған жер­гілікті тұрғындармен амандасып, жөн сұраса бастадық. Мұнда көп­теген қазақ отбасылары тұрады екен. «Бұл жер негізінен Қаранай деп аталады, деді Алтай өлкесіндегі Бла­говещенск қазақ диаспорасының төрағасы Сапарбек Маусымбаев. – Осыдан 25 шақырым қашықтықта Сұлтан, Сұңқарбек деген қоныстар бар. Ол Қорлан апамыздың туған жері әрі әкесі мен әкесінің ағасының аттары сақталып қалған елді мекендер. Ал Қаранайдан 60 шақырым шамасындағы Қуат ауылы өзіміз сөз етіп отырған кейіпкеріміздің ке­лін болып түскен жері. Енді, мына Қа­ра­найдың өзіне келсек, бұл – Қорлан Сұл­танқызының нағашы жұрты. 1937 жыл­ғы зобалаңда ол кісі балаларымен осы ауылды сағалап келген ғой. Қ­а­зір бұл жер Притыка деп аталады».
     Осыдан кейін көп ұзамай жиын да басталған. Оны қысқаша сөзбен аш­қан Қуат Есімханов: «Уақыт қа­ба­ғы мен мезгіл ауанына байланыс­ты сұлулық символы – Қорлан апа­мыз­дың мүрдесінің қайда екенінен ха­барсыз болдық. Енді, міне, 73 жылдан кей­ін жоғалтқан жауһарымыздың де­регін тауып, басын қарайтуға келіп тұр­мыз. Өткен заманда Баян сұлу, Қыз Жібек, Еңлік сияқты хас сұлулар өмір сүр­ген десек, Қорлан апамызды да сол арулардың қатарына қоюға әбден бо­лады. Себебі, ол ХХ ғасырдағы қа­зақ даласының махаббат гимніне ай­налған бейне», деп жұртшылық ал­дына Қанат Назымбекұлы атты қа­рияны шақырды. Сұрастырып біл­сек, бұл кісі Қорлан апамыздың ту­ған немересі екен. Ақсақал өз сөзін ер­те­дегі осы өңір қазақтарының та­ри­хына шолу жасаудан бастады. Онд­а­ғы әңгімеге қарағанда апалы-сіңлілі Құсни мен Қорланның әкелері Сұл­тан би, ал ағасы Сұңқарбек осы Қаранай аймағының болысы болған адамдар екен. Қорлан кәмелеттік жас­қа жеткен кезде бойжеткенді ір­гелес ауылдағы Қуат байдың ұрпағы Нұр­мұханбетке ұзатады. Алланың жа­зуы, аталарының ұйғаруы бойынша отау құрған жұбайлар өмір­де сыйластықпен ғұмыр кешеді. Нәсифолла, Ғабдыжаппар, Ғаб­дұл­ха­мит, Зейнелғабиден, На­зым­бек есімді бес баланың әке-шешесі атанып, 30-жылдарға дейін бақытты өмір сүреді. Содан кейінгі тәркілеу мен ашар­шылық Қуат байдың әулетін қатты есең­гіретеді. Ал 37-нің зобалаңы тіпті сұмдық еді. Жергілікті билік қазақ ауылдарындағы оқыған азаматтарды атып-асып болған соң, араларында Нұрмұханбет бар топты шахта мен темір жол жұмысына апарып салу үшін Приморьеге айдайды. Сол аласапыран уақытта Қорлан анада бір ғана үміт болған дейді білетіндер. Ол өзінің шиеттей бала-шағасы – бес ұл, бір қызын қалай да аман алып қалу үшін 60 шақырым жердегі на­ға­шы­ларына жету еді. Жетеді де. Бірақ пер­зенттерін өзі іздеп келген отбасы­на табыстап бола беріп, күзгі қара суық­тағы азапты жолдан қалжыраған ға­зиз жан үзіліп кетеді.
     Қарғыс атқыр 37-дегі Қорланның жағ­дайы осылай болса, ері Нұр­мұ­хан­беттің тағдыры басқаша өр­би­ді. Ол кісі итжеккендегі лагерьде жүр­г­енде елдегі бес ұлының үше­уі со­­ғысқа алынады. 1942 жылы олар­дың арасындағы Зейнелғабиден Ста­лин­град түбінде қаза табады. Сол уа­қыт­тағы заң бойынша бір отбасынан екі немесе үш адамның майданда болуы репрессияға ұшыраған ата-анаға же­ңілдік әкеледі екен. Приморьеде жүр­ген Нұрмұханбет үкіметтің осындай пәрменімен лагерьден босайды. Бұл 1943 жылдың көктемі-тін. Елге кел­ген соң бар жағдайға қанығады. Ба­лаларын жинап алып оқытып, олар­ды адам қатарына қосуға әрекет жа­сайды. Ешкімге үйленбей, ұл-қыз­да­рының тілеуін тілеген күйі 1966 жылы өмірден озады.
     Қанат Назымбекұлының жо­ға­­ры­дағы сөзін бар зейіндерімен тың­да­­ған жұртшылық келесі кезекте зи­рат басындағы Сайлаубек молда оқыған құран-хатымға ұйыды. Осы­дан соң Астанадан келген ғалым-жа­зушылар Қойшығара Салғараұлы, Әнес Сарай және сөз етіп отырған шараға мұрындық бола білген Қуат Есімханов пен Ерлан Арын бастаған топ белгітасты ашуға беттеді. Лента қиылып, ескерткіштен ақ жамылғы сы­пырылып түскен сәтте Қорлан апа­мыздың тасқа қашалып жазылған аты-жөні, туған және қайтыс болған жылдары көзге шалынды. Ал одан төменіректе: «Дариға, өлмейтұғын әнге айналған, Дүниеге қайта келмес қайран Қорлан...» деген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының қаламынан ту­ған өлеңнің екі жолы орын теуіпті.
      Белгітастың ашылу рәсімі біткен соң осы Притыка бөлімшесіндегі с­е­г­ізжылдық мектептің асханасында қонақтарға арналып дастарқан жай­ылды. Сол жерде композитор Жоламан Тұр­сынбаев жанында отырған Қор­лан апамыздың немересі Қанат На­зымбекұлы қарияға екі сауал қой­д­ы. Оның алғашқысы Естайдың «Құс­ни-Қорлан» әнінің туу тарихы да, одан кейінгісі Құсни қыздың тағ­ды­ры туралы сұрақ еді.
      – Ресейдегі мына Славгород, Құ­лын­ды өңірі мен Қазақстандағы Ма­р­ал­дының арасы жақын, – деп бастады сө­зін Қанат ақсақал. – Үлкендерден ес­туіміз бойынша бір жазда апалы-сің­лілі Құсни мен Қорлан сол ел жақтағы тойға барады. Онда Естай ақын да болыпты. Жастарға арналып тігілген киіз үйдегі ойын-сауықта атақты әнші өздері де, киімдері де өз­ге­ше екі сұлу қызды көріп қалады. Сөй­теді де бір сәттік көріністі ұмыта ал­май, терең толғанысқа беріледі. Ал Қорлан ше? Тойдан келген бой­жет­кенді бұрынғы атастырып қойған же­рі­не ұзатылу күтіп тұрған еді. Оны естіген Естай ақын түрлі ойға бе­рі­леді. Ақыры соның, яғни сан түрлі се­зімнің әсерінен кейін ол «Құсни-Қорлан» әнін тудырады. Апамыз көрші ауылға келін болып түскен соң, Маралды, Кереку жаққа қайтып бар­ма­ған. Бүкіл өмірі осы төңіректе өт­кен. Естайдың да бұл жаққа жолы түс­­пеген. Осылайша тойдағы бір сәт­­тік көрініс әсерінен ақын артында аңыз­ға айналған ғажайып ән қалған. Ал Құсниға келсек, ол кісіні ешкім біл­мейді. Қайда, кімге ұзатылған? Тағ­дыры қалай болған? Қашан өмірден өткен? Міне, мұның бәрі сол замандағы жөн білетін аталарымызға да, одан кейінгі біздерге де жұмбақ? Еш жерде ешқандай дерек қалмаған.
    Қанат қария осы сөздерді айтты да бір сәтке үнсіз қалды. Осы кезде қайтар жолдың ұзақтығы есімізге түскен біз орнымыздан қозғалақтай бастадық. Мұны сезген Сайлаубек молда ас қайырып, бәрімізге сәт сапар тіледі. Біз де ормандай орыстың ортасында отырған қаракөз бауырларымызбен қайыр қош айтысып, Ресей – Қазақстан шекарасына қарай бет алдық.
       Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан» 

толығырақ

      1990-шы жыл басталысымен Моңғолияда демократияны жақтаушы жастар үні күштірек шыға бастаған кез болатын. Бұған дейін Моңғолияны өз уысында ұстап келген Кеңес Одағы атты империяның да күні санаулы ал Моңғолияны 70 жыл билеп төстеген  мәскеушіл, коммунисшіл партияның  әлсірей бастаған осындай бір күндері Түркиядан дін қайраткері Халифа Алтай Моңғолияға келеді екен деген хабар астана Ұланбатырда тұратын қазақтар және Баян-Өлгей қазақтары арасына тарап кетті. Бұл хабарды естіген соғыс ардагері, әкем  Баймолда Қорқынұлы Өлгейден телефон шалып, Халифа Алтай ақсақалдың біздің әулетке сарысүйек құдалық жақындығы бар екенін есіме салып, қалайда ол кісінің Моңғолиядағы сапарының жақсы болуына  көмектесуімді  тапсырды. Халифаның бірге туған ағасы Ақай  әкемнің немере апайы Алтыншоқпен ертеректе отау құрыпты. 1940 жылы  Шың Шысай басқарған Қытай өкіметінің озбырлығына қарсы Елісхан, Зайып бастаған көшпен Үндістанға өту үшін Тибет шекарасында жеткен кезде, арттан қуған жаудың оғынан апайымыз Алтыншоқ  опат болған екен. Бір өкініштісі артында ұрпақ қалмаған. Бұл туралы Х.Алтай өзінің «Алтайдан ауған ел» кітабының 35-ші бетінде жазады.

          Сонымен Х.Алтай құдамыз да келетін күн белгілі болды. Ол кісі  алтын күздің алғашқы  күндері  енді басталған шақта,  Түркияның Стамбұл қаласынан Мәскеуге ұшып, Мәскеуден Ұланбатырға дейін әдейі  Сібірді басып өтетін пойызбен баруды жөн көріпті. Х.Алтай және оның зайыбы Бибәтіш жеңгеміз бен кіші ұлы Аднан мінген Мәскеу-Ұланбатыр-Бейжің халықаралық пойызы Трансібір темір жолымен  5 күн жүріп Ұланбатырға келіп жетті. Есімі алты алашқа тараған  Х.Алтайды күтіп алуға Ұланбатырдағы орталық темір жол бекетіне қазақтан шыққан зиялы қауым өкілдері бар және ол кісіге туыс болып келетін ұзын саны 40-50 адам жиналдық. Менің қасымдағы Моңғолия Ғылым академиясының Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Құрметхан екеуіміз осыншама қазақтың жиналғанын алғаш көріп тұрғандаймыз. Көбі таныс адамдар болғандықтан бір-бірімізбен бас изесіп, қол ұстап амандасдық. Олардың арасында Моңғолия сыртқы істер министрлігінде қызмет істейтін, Моңғолия мұсылмандары қоғамының төрағасы Сайран қажы, Геология министрлігіне қарасты Тау-кен институтында қызмет атқаратын Базар қатарлы азаматтар бары байқалды. Баян-Өлгей аймағынан Х.Алтайға нағашы-жиен туыстық қатынасы бар Мизамхан өзі келе алмай орнына Кәмесхан  деген інісін  жіберіпті. Біздің байқауымызша 3-4 топ болып топтасқан осы қазақтардың бәрі де мүмкін болса есімі алты алашқа тараған  Х.Алтайды елден бұрын өз үйлеріне алып кету жолын қарастырып тұрғандарын айтпаса да түсінуге болатын еді. Шынын айтсам Құрметхан екеуміз де сондай ойда болдық. Біздің сарғая күткен пойызымыз да келіп тоқтады. Бәріміз жабылып Халифа ақсақал отырған вагонға қарай жүгірдік. Көп күттірмей жас шамасы алпысты еңсеріп, жетпіске таяған жылы жүзді, ақ шашты көзінде көзілдірігі, қолында таяғы бар Халифа ақсақалдың өзі көрінді. Артынан іле-шала бәйбішесі Бибәтіш апа және кіші ұлы Аднан да көрінді. Темір жол вокзалында жиылған қауым дін қайраткерінің аяғын жерге тигізбей қаумалап көтеріп әкетті. Бұл коммунистік биліктің дінді жойған 70 жыл уақыттан соң халықтың дінге, дін қайраткеріне деген ыстық сағынышы  еді.

        Темір жол вокзалында жиылған қазақтар Х.Алтайдың қолын ұстап амандасып қалуға талпынысып жатты. Арасындағы мүмкіндікті пайдаланып мен де амандасып, Алтыншоқ апайымыздың атын атап, құда екенімді білдірдім. Жолда шаршаңқырап келгеніне қарамастан жиналған барлық қазақпен амандасып, есен-саулықтарын сұрасып шықты. «Қайда баратыныңызды өзіңіз шешіңіз, бәріміз де сіз үшін келдік, үйге жүріңіз» дестік жиылған бар қазақ шуылдасып. Ол кісі сәл ойланып тұрып, өзін Моңғолияға келуге шақыру қағазын жіберген әрі жиен әрі нағашысы болып келетін Мизамханның жіберген адамы  Кәмесханға еріп Базардың үйіне барайын деді. Соның алдында ғана Базар жаңа микроауданнан 3 бөлмелі кең пәтер алған болатын.  Сол үйге барғанын бізде жөн көрдік. Түс ауа Құрметхан екеуіміз алыстан келген сыйлы қонақ қой, бірер сағат болсын қасында болып, әңгімелесіп қайтайық деп Базардың үйіне бардық. «Шақырусыз келген қонақ татардан жаман» деп қазақ бекерден бекер айтпаған ғой. Бізді үй иесі: «келген кісілер дем алып жатыр» деп есік алдынан қайтарды. Кейін мәлім болғандай, Х.Алтай ақсақал темір жол вокзалында қаптаған қалың қазақтың бірде-біреуі мұнда еріп келмегеніне ішінен таң-тамаша болып отырыпты.

          Сонымен екі күндей уақыт өтісімен Құрметхан маған телефонмен Х.Алтай ақсақал алғаш барып тоқтаған үйінен шығып, Ұланбатырдағы ең сыйлы ағалардың бірі Әбденбайдың үйіне барыпты, кешке сол үйге барып Х.Алтай ақсақалмен сөйлесейік деді. Үй иесін бұрыннан жақсы танимыз. Бізді жақсы қарсы алды. Алыстан келген сыйлы қонаққа арнап сойылған мал еті қазанда асулы екен. Х.Алтай ақсақалдың құрметіне арналған дастархан басында біраз әңгіменің тиегін ағыттық.  Елім деп алыстан келген мәртебелі  қонақтың қандай жоспары бар, кімдермен кездесіп, нені көргісі келетінін сұрағанымда, Х.Алтай ақсақал маған қарай: «өзің құда екенсің, бір-екі шаруа айтсам шыдайсың ба?» деп көзінің астымен сынай қарады. Мен «айтыңыз, айтыңыз шамам келгенше орындауға тырысайын» дедім. «Онда ең алдымен Моңғолия қазақтарынан биліктің жоғарғы баспалдағына көтерілген, Моңғолия үкіметінің вице-премьері қызметіндегі Зардыхан деген қазақпен кездестіріп берсең, екіншіде Ұланбатырға жақын жердегі әйгілі Тоныкөк абыздың ескерткішін көрсем деген арманым бар»,– деді. Сәл ойлана келе, екеуін де орындайын деп уәде еттім. Өйткені Х.Алтайдың бірінші бұйымтайының орындалатына толық сенімдімін. Зардыхан аға менің әйеліме туыс болып келеді. Екінші мәселе де орындалатын шаруа.

          Уақыттың тығыз екенін ескеріп, бірден іске кірістім. Келесі күні кешкісін Зардықан ағаның үйіне барып мән-жайды айттым. Ол кісі Түркиядан келген дін қайраткерімен кездесуге өзінің ықыласты екенін айтып,  қалай, қайда, қашан кездесетінін өзінің көмекшісі арқылы біліп отырарсың деп оның телефонын жаздырды. Екі күн өтпей Зардыхан ағаның көмекшісі Батарчулуун есімді азаматпен сөйлесіп, Түркиядан келген дін қайраткері Х.Алтай туралы қысқаша мәлімет бердім. Зардыхан аға Х.Алтайды үкімет үйіндегі өзінің кабинетінде қабылдайтын болды. Ертеңінде  Түркиядан туысшылап келген Х.Алтай және оның ұлы Аднан, Мизамхан және мен төртеумізді Үкімет үйінің Сүхэбатыр, Чойбалсан мавзолейі бар жағындағы  шетелдің ең сыйлы меймандары келген кезде ғана ашылатын үлкен есік алдына сағат 10.00 -де дайын болуымыз хабарланды. Бізді айтылған уақытта үкімет үйінің қауіпсіздік қызметінің адамдары және Зардыхан ағаның көмекшісі есік алдынан қарсы алды. Біздің құжаттырымызды тексеріп болған соң Зардыхан ағаның көмекшісі бастап үкімет үйінің 3-ші қабатына көтерілдік. Шынымды айтсам менің де халық арасында «саарал ордон» яғни «сұры сарай»  атанған осы үкімет үйінде алғаш болуым. Есік ашылған кезде ат шаптырым үлкен бөлмедегі орынынан Зардыхан аға көтеріліп, алыстан туысшылап келген жасы үлкен ағасымен құшақтаса амандасты. Көзімізге жас үйрілді.  Ұзақ жылдары бір-бірін қанша іздесе де кездесе  алмаған ағайынның сағынышты шын қауышуы болды. Екеуі де көздеріне келген жастарын сүртіп жатты.  Зардыхан аға үкімет басшысының орынбасары жоғары лауазымды қызметте болғандықтан  40 минутқа деген кездесу екі жарым сағатқа созылды. Көп нәрселер айтылды. Түркиядан келген дін қайраткері ағамызбен болған бұл кездесу тек қазақ тілінде жүрілді. Бұл  Моңғолия конституциясында қазақ тіліне берілген заңды мәртебенің орындалуы болды.  Кездесу соңында Зардыхан ағаның кабинетінде бәріміз рәсімге түстік.

         Үкімет үйінен шыққан соң уақыт мүмкіндігін пайдаланып, жақын маңдағы Моңғолияның Ұлттық мұражайын тамашаладық. Х.Алтай ақсақал мұражайда қойылған Моңғолияны мекен ететін әр-түрлі  ұлт өкілдерінің ұлттық киімдеріне әсіресе соның ішінде Керей, Найман  қазақтарының ұлттық киімдерін ерекше қызығып тамашалады. Сондай-ақ Моңғолияның Гоби шөлінен табылған динозаврлардың ірі сүйектері мен осы күнге дейін еш жарылмай тасқа айналған жұмыртқаларын қызықтай қарады. Мұражайды тамашалап болып көшеге шыққанымызда орталық Сүхэбатыр алаңына жақын қала әкімшілігі үйі алдында  қала таксистері жиналып, көліктерін сигналдатып, у-шу болып тұрғанын көріп таң-тамаша болдық. Сұрастырсақ, олар қала әкімшілігінен айлық жалақыларын көтеруді демократиялық жолмен осылай талап етіп жатыпты. Х.Алтай ақсақалға бұл туралы айтып бергенімде  ол: –«Моңғол еліне демократиялық өзгерістің келуі бұл жақсылық әсіресе бір кездері коммунистер халық санасынан дінді күшпен өшіргісі келсе, енді міне дін халыққа қайтып оралды. Бұл үлкен жақсылық»– деді. Расында қолда бар деректерге қарағанда 1930- жылдары  600 мыңдай халқы бар Моңғолияда коммунистер жүргізген репрессия салдарынан 37 мыңдай адам құрбан болып, 700-дей діни пұтханалар қирапты. Баян-Өлгей аймағында бірде-бір мешіт қалмай, қиратылған. Қазақтардан үш мыңнан астам адам репрессия құрбаны болған.

         Х.Алтай ақсақалдың маған жүктеген екінші тапсырмасын орындау үшін сол жылдары Моңғолияның қоршаған ортаны қорғау министрі қызметіндегі маған жақын ағайын болып келетін Мәуліт ағамен телефон арқылы хабарластым. Ол бірден Түркиядан келген кісіні өзі қабылдап, әңгімелескісі келетінін білдірді. Ертеңінде Халифа ата, Бибәтіш апа, Аднан бар үшеуіміз министр Мәуліт ағаның кеңсесіне бардық. Ол ағамыз ашық-жарқын кісі еді. Өзінің барлық қауырт жұмыстарын кейінге ысырып қойып, Түркиядан келген ағайындармен әңгімелесіп, түскі асқа шақырды. Түскі ас кезінде мен Мәуліт ағама Халифа ақсақалдың Тоныкөк ескерткішін көргісі келетінін айтып едім ол кісі бірден мақұл көріп, жолай бір кездері өзі басшы болған Налайхы көмір шахтасында істейтін қазақ ағайындармен де жолықтыруды тапсырып, біздің барып қайтуымыз үшін министрліктен шағын микроавтобус шығарып беретін болды. Сонымен келесі күні таңертең Ұланбатырдан 40 шақырымдай жердегі кеншілер қаласы– Налайхы қаласына аттанып кеттік. Мұнда маған немере ағайын болып келетін Әбділ, Қимәділ, Үкібай, Түлкібай деген туыстарым тұратын. Баратынымыз туралы оларға алдын-ала хабарлап қойғанмын. Бәрі жиылып, алыстан сонау Түркиядан келген дін қайраткері болса да өздеріне құдалық жақындығы бар ағайынын асыға күтіп отыр екен. Дастархан жайылып, ақсарбасқа бата істеліп, аз-мұз әңгімелескен соң, біз Налайхыдан 25 шақырым жердегі Тоныкөк абыздың ескерткішіне тағзым етуге аттандық. Бұл Х.Алтай ақсақалдың көптен бері армандап келген бір арманы. Біз келсек, сол жылдары ескі мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО қамқорлығына енген Тоныкөк абыздың құлпытас ескерткіші сыртындағы қоршау есігі бекітілген, ал күзетшісі жоқ болып шықты. Енді не істейміз? Иен даладағы ескерткішті күзететін күзетшінің қайда кеткенін білер сол маңайда тірі жан байқалмайды. Жалғыз жол ол ақсақалды биіктігі 1 метр 70 см темір шарбақтың ар жағына қалайда шығару. Мен Аднанға шарбақтан асып, арғы жаққа түс дедім. Ол секіріп, шарбақтан асып түсті. Халифа атаға: денеңізді бостау ұстаңыз, шарбақтың бергі жағынан көтеріп арғы жаққа асырамын дедім. Басқа амал жоғын түсінген ол кісі үнсіз келісті. Сонымен бар күшіммен атаны көтеріп, шарбақтан ары қарай асыра бергенімде, оның сыртқы плащының артынан байлаған белбеуі темір шарбақтың басына ілініп қалып, ата не ары емес не бері емес күйде жерге түсе алмай салбырап қалды. Ақыры белбеу үзіліп кетіп, шарбақтың арғы жағында тосып тұрған ұлының қолына топ етіп құлай кетті. Құдай сақтап ауырып, сырқаған еш жері жоқ. Бірден тұра сала Тоныкөк ескерткішін бас салып, құшағына алды. Сырттай бұл көріністі бақылап тұрған кімге болсын бұл күлкілі көрініс құсағанымен бұл дін үшін, ұлты үшін талай өмірін сарп еткен Халифа атаның ұзақ жылдары бойы армандаған арманы, көк түріктердің билік құрған заманында аса ойшыл, ақылгөйлігімен тарихта аты қалған Тоныкөк абызға деген құрметі еді. Осы арада бізді алыстан дүрбісімен көріп, байқап жүрген Тоныкөк абыздың ескерткішін күзететін күзетші де атымен шауып келіп қалды. Оған моңғолша атаның кім екенін түсіндіріп айтқан соң, ол өзінің тығыз бір шаруамен үйіне барып қайту керек болғанын алға тартып, кешірім сұрады. ЮНЕСКО ұйымы бұл азаматқа айына 100 АҚШ доллар көлемінде жалақы төлейді екен. Бәріміз рәсімге түстік. Қайтар жолда Налайхы қаласынадағы ағайындарға барып, ақсарбас қойдың етінен жеп, шәй ішілген соң Халифа ата өзі қазақшалаған «Құран кәрім» кітабынан оншақты данасын сонда жиылған дін жолындағы ақсақалдарға, жастарға таратты.  Дінге қатысты сұрақтарға кең түрде, тұщымды жауаптар бере отырып, Түркияда тұрып жатқан қазақтар жайлы да әңгімелеп берді. Кештетіп Ұланбатырға қайттық.

          Екі күн өткен соң Х.Алтай ақсақалды бір топ ағайын болып «Буянт-Ухаа» әужайынан Өлгейге қарай ұшатын самолетке  отырғызып, жақсы тілекпен шығарып салдық. Ол кісі Бай-Өлкедегі ағайын туыстары арасында 15 күндей болып, Ұланбатырға қайтып оралды. Осы жолы әйелім Ботагөз екеуміз қала ортасындағы пәтерімізде  сары сүйек құдамыз Халифа Алтай ақсақалды құдағимыз Бибәтіш апа және ұлы Аднанмен бірге қонақ еттік. Олар қазан айының басында Ұланбатырдан Алматыға қарай сапар шекті. Х.Алтай 2000 жылы баспадан шыққан «Алтайдан ауған ел» атты кітабындағы «Моңғолия сапары» бөлімінде өзінің Налайхы көмір кені бар қалашыққа барғанын, ондағы қазақтармен кездескенін және көне түрік қағанатының абызы Тоныкөк ескерткішіне барып тағзым еткені туралы жазыпты. Мен Х.Алтай құдаммен бірге болған сол күндерді есіме ала отырып, ол кісінің аса сабырлы, байсалды, салмақты адам екенін, сөйлемес бұрын сан ойланып-толғанып алатын ерекше қасиеті барын байқадым. Әкем Баймолда екеуі бір-бірімен сарысүйек құда болса да жастары шамалас болғандықтан кейде әзілдесіп отыратын-ды. Әкем бірде оған қарата: «егерде мен сенен бұрын о дүниеге барып жатсам менің жаназамды өзің шығарасың ғой» деп қалжыңдағаны есімде қалыпты. Расында 1999 жылы әкем 83 жасында о дүниелік болғанда жаназасын құдасы Халифа Алтай қажы өзі келіп шығарған еді.  Бұл да дін таратушы Халифа атаның мейірім шапағатының, ағайын-туысқа деген адалдығының  бірі көрінісі іспетті біздің есімізде мәңгілік қалды.  

        Досан Баймолда, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры.

толығырақ

        Футбол жеке бір ұлттың шеңберінен асып, адамзаттың ортақ ойынына айналғаны қашан. Сондықтан, жанкүйері ең көп спорт түрі де осы. Қазақтың баласы да бесіктен белі шықпай жатып допқа құмар. Қазір мектеп жасына жетер-жетпес балдырғандардың өзі әлем футболының жұлдыздарын тақылдап тізіп бере алады. Бүгінгі қазақ футболының даму деңгейі, әрине, дүниежүзілік футболмен салыстыруға келмейді. Десек те, «жас өспей ме» деп, болашағынан ешқашан үміт үзіп көрмеген халық емеспіз бе.

          Қазіргі жеткіншектер фут­болға құмартумен, шұғыл­да­ну­мен қатар, оның тарихын да біле жүр­гені абзал. Әсіресе, қазақ фут­болының ғасырдан астам тарихы барын солардың бірі білсе, бірі білмес. 
     Қазақ топырағында тұңғыш ресми футбол командасы 1913 жылы Семей қаласында құрылып, ол «Ярыш» («Жарыс») деп атал­ған. Бірден айталық, оның құра­мында жартылай қорғаушы болып заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов ойнаған. Алғашқы кездесуін Жаңа Семей командасымен өткізген «Ярыш» құрамасының сол кезде түскен фотосуреті де сақталған. Оның құрамында барлығы 24 ойыншы болыпты. 1914 жылдың 16 наурызында түсірілген суреттегі ойыншылардың аты-жөндері де белгілі. Бірінші қатарда: Ғабдрауф Сайфутдинов, Мидхат Мірсалімов, Молдабаев және Салах Хисматуллин; екінші қатарда: Жаббар Мұхамедшин, Әмір­жан Ситдықов, Мұха­ме­дулла Құрманов, Ғабделнәсір Миршанов, Сабыржан Ахмедшин, Ғабделбар Сайфутдинов; үшінші қатарда: Ғабделғазез Кәрімов, Омар Насибуллин, Бекметов, Ахметсәлім Кәрімов, Қасымжан Мұхаммедов, Ғабделхақ Ғаб­басов, Мұхтар Әуезов, Зиятдин Рысбаев; төртінші қатарда: Кәрім Бикмаев, Ғұсман Ям­бушев, Юнус Нигматуллин, Мұ­хам­мед Сайдашев, Рифкат Фаи­зов, Ғабделбар Ғұсманов тұр. Бұл сурет осы «Ярышты» құру­ға мұрындық болғандардың бірі Рахматулла Елкебаевтың қызы Халиданың қолында сақ­талған екен. Рахматулла Елке­баев, сонымен қатар, Қазақ­стан­да жетім балаларға арнап тұңғыш мектеп ашқан адам. Жас өскіндерді оқытып, тәр­бие­леумен бірге, оларды футбол ойынына тартып, қазақ жері­не аяқдоп өнерінің алғашқы дәнін сіңірген жандардың бірі. Рах­матулла Елкебаев сөйте жүріп, өз білімін жетілдірумен де шұ­ғыл­данған адам. Медреседе жү­ріп орыс тілін жете меңгеру үшін қосымша сабақтар алып отыр­ған. Мектепте, училищеде гео­графия мен жаратылыстану пәндерінен сабақ берген. 1912 жылы Семейде «Оян, қазақ!» өлеңі үшін сотталған Міржақып Дулатовтың қорғаушысы болып сотқа қатысқаны белгілі.
      Кезінде «Ярыш» футбол командасының 24 дана эмблемасы жасалған екен. Соның біреуі команданың капитаны болған Юнус Нигматуллиннің қазір Германияда тұратын немере қарындасы Рамиса Ниг­ма­туллина сақтап, бүгінгі күн­ге жеткізген. Қазақстан фут­болының 100 жылдығы қар­саңын­да ол кісі тарихи жәдігерді және «Ярыш» командасы ойын­шыларының бірнеше суретін Семей қаласындағы Татар қоғам­дастығы орталығының жанын­дағы мұражайға жолдаған. Айта кету керек, сол суреттердің ішін­де ұлы Мұхтар Әуезовтің де бұрын ешқайда жарияланбаған, жастық шағындағы суреттері бар.
      Мұсылман жастарынан құ­­рал­ған «Ярыштың» бірін­ші ұйымдастыру жиыны 1913 жылы тамыз айының ортасында,­ бі­лімді, мәдениетті отбасы Ни­г­ма­туллиндердің ша­ңы­ра­ғын­да өт­кен. Оған он адам қа­тысқан. Жиналысты ұйым­дастырушы Юнус Нигматуллин мен оның көмекшілері Мұхамед Сайдашев пен Ахметсәлім Кәрімов басқаларға ресми футбол клубын құруға шешім қабылдағандарын мәлімдейді. Команданың алғашқы құрамына 14 адам кіреді. Командаға мү­ше болу жарнасы 50 тиын болып белгіленген. Ол заманда қа­зір­гідей доп жоқ, допты ярыш­тықтарға таза былғарыдан жергілікті етікші тігіп береді. Пішін бастапқыда сопақтау бол­ған допты тігінші кейін ойын­шы­лардың ұсыныс-тілектері бойынша жетілдіріп, қанағаттанарлық қалыпқа түсірген. Бір қызығы, ойын қақпаларының бағаналары мен белтемірін де «Ярыш» ойыншылары өздері қолдан жасап, матч пен жаттығуларға өз­дерімен бірге алып келіп отыра­ды. «Ярыштың» белгісі жап­сы­рыл­ған аспан түстес жейделер мен ойынға киетін қара шолақ шалбарларды оларға көпке танымал тігінші шебер Гаффэ Баязитова тігіп берген. Тігінші қыз Юнус Нигматуллиннің бөлесі әрі өзі осы жігітке ғашық болған десе­ді. Оның командаға бар ынта-ықы­ласымен көмектесуіне мұның да әсері болса керек.
     1914 жылы «Ярыштың» екі бөлек: ересектер және жастар командасы болған. Солардың бірінде кейін қазақ әдебиетінің классигіне айналған Мұхтар Әуезов жартылай қорғаушы ретінде ойнаған. Жазушының ұлы Мұрат Әуезов: «Бұл тек қана футбол емес еді. «Ярыш» ойын­шылары басқа да спорт түр­лерімен шұғылданды. Сон­дай-ақ, олар халық аспаптары оркестрін құрып, қабырға газе­тін шығарған», – деп жазады. «Ярыштың» құрамында ой­на­ған Салах Хисматуллин 1973 жылдың 6 қарашасында жарық көрген «Иртыш» газетінде естелігімен бөлісіп, «Команда алғаш құрылғанда біз қайда болса сонда, көбінесе, қазір метиз-фурнитура зауыты орналасқан, Мусин диірмені алдындағы алаңқайда, қазір педагогика учи­лищесі орналасқан, семинария алдындағы базар алаңында ойнадық...», деген екен.
     Ал семейлік журналист Ев­гений Юдин өзінің бір кезде жазған мақаласында тұңғыш команданың ойын өрнегін былайша суреттейді: «Гимназия» және «Ярыш» футболшылары арасындағы матч қызықты өтіп, қауіпті сәттерге толы болды. Алаң жиегіне жағалай жиналған жанкүйерлер екі команданы да қолдап, демеп отырды. Әйтсе де, «Ярыш», алға!» деген айқай жиі естілді. Гимназияшылардың бірі қарсыласына қарсы ұмтылды, бірақ жартылай қорғаушы оны алдап өтіп, сол қапталдағы шабуылшының ашыла қойғанын көріп, допты оның аяғына салып бер­ді де, өзі алға жүгірді. Сол қап­­талдағы шабуылшы досының әрекетін түсіне қойды. Оның жауапты пасы тура және дер кезінде орындалды. Қорғаныстағы ойыншылардан ширақ қимылдап, жартылай қорғаушы ала доп­ты тоқтатпай тепті. Доп қақпа тоғыздығына тиді... Ярыштықтар шаршаса да, алаңнан шексіз қуанышпен шығып бара жатты. Хавбек Мұхтар Әуезов пен сол қапталдағы шабуылшы Салах Хисматуллин қарсыластарының қорғанысын қалай сеңдей соғыс­тырғандарын естеріне түсіріп, күліп бара жатты...» («Иртыш», №158, 11.06.1967 ж.).
       Тарихи мәліметтерге жү­гінсек, миллиондарды баурап алған футбол ойыны ағыл­шын­дардан көрші Ресейге XIX ғасырдың аяғында жеткен. Ал біздің елге футбол осы көр­ші­мізден келгенге ұқсайды. 1912 жылы Мәскеуден Семейге Н.Куп­риянов деген келіп, көпес Плещеевтің дүкенінде қызмет жасапты. Ол өзімен бірге доп, қақпа торы, спорттық форма секіл­ді асай-мүсейлерін ала кел­ген. Доп қууға құмартқан жас­тар­дың басын құрап, ойындар өткізіп тұрыпты. Енді бір дерек­терге қарағанда, Сібір мен Орта Азияға ірі сауда орталығы ретін­де танымал болған Семейге ағыл­шын­дардың өзі алып келген-мыс.
      Әйтеуір не керек, 1913 жылы Семейдегі ерлер гимназиясы мен семинариясында алғашқы футбол командалары ұйымдастырылады. Қазақ жерінде бұған дейін бол­ған футбол ойындары мен коман­далары туралы басқа дерек болмағандықтан, Семей қаласын еліміздегі футболдың отаны деп мойындаған ләзім. Ал мұндағы жүз жыл бұрынғы футбол ойындары туралы деректер жеткілікті. Мұхтар Омарханұлының ағасы Ахмет Әуезовтің «Бала Мұхтар» (1967 ж.) кітабы, «Ярыш» клубында ойнаған Әбдінасыр Мир­шанов («Спорт» газеті, 8.01.1963 жыл) пен Салах Хисматуллин («Семей таңы» газеті, 29.04.1977 жыл) және т.б. адамдардың мақалалары соған дәлел.
     Елімізде футболдан алғашқы ха­лықаралық жолдастық кездесу де осы Семей қаласында өткізілді. Мұн­да бірінші дүниежүзілік со­ғыс кезінде тұтқынға түскен чех азаматтарынан құралған ко­манда болған. 1918 жылы ССК (Семипалатинский спортив­ный кружок) командасы солармен ойнапты. Сөйтіп, семей­лік­тер Қазақстанда алғаш рет нағыз үлкен футболдың куә­сі болған екен. Чехтардың тех­ни­калық дайындығы мықты бол­ға­нымен, кездесу 2:1 есебімен жер­гілікті команданың пайдасы­на шешілген. Бір айта кетері, ойын­ға қатысқан М.Семгин де­геннің естелігіне қарағанда, шет­­елдіктерден құралған ко­ман­д­­ада Стокгольмде өткен V Олим­пия ойындарына қатысқан авс­триялық үш азамат болыпты.
      Ресейлік спорт журналисі Валерий Лямкин өзінің «Легенды Алтайского футбола» кітабында 1914 жылы Барнауыл мен Томбы қалаларынан командалар Семей қаласына арнайы барып, футболдан жолдастық кездесу өткізгені туралы жазған. Семейде «Ярыштан» басқа ССК, «Олимп», «Ласточка», «Орлята» командалары болғаны белгілі. 1914 жылдың жазында болған Семей мен Барнауыл командаларының арасындағы кездесуде Николай Иванов деген жерлесіміз гол соғып, семей­ліктердің жеңіске жетуіне үлес қосқан. Сол жыл­дың аяғына таман «Олимп» құра­мындағы Николай Иванов пен Иван Соколов әскер қатарына алынып, бірінші дүниежүзілік соғыста қаза болыпты. Майданға алынған тағы бір ойыншы Евгений Попов Қазан төңкерісінен кейін Семейге қайтып оралып, кейін басқа қалаға көшкен.
      Қазақ жерінде ғасыр бұрын болған футбол командалары және бұлар ғана емес. 1915 жылы Павлодар қаласында «Ястреб», «Звездочка», Өскеменде «Марс», «Ястреб» деген команда­лар болған. Бұл командалар Ресей губе­р­нияларындағы ұжым­дар­мен бірнеше жолдастық кездесу­лер өткізіпті. 1921 жылы Әу­лие ата қаласында да (қазіргі Тараз) жерг­ілікті командалардың қа­ты­суымен жолдастық ойындар өткен. 1928 жылы Петропавл қаласында губерниялар арасында тұңғыш рет ресми жарыс өтіп, одан кейін Қазақстан құрама командасы жасақталған. Бұл ұжым Қазан қаласында өткен Бүкілодақтық жұмысшылар спартакиадасының іріктеу ойындарына қатысыпты. Қазақ КСР-нің тұңғыш чемпионаты мен кубогы 1936 жылы өткізіліп, онда Алматы қаласының құрамасы жеңіске жетіпті. 1937 жылы Алматының «Динамо» футбол клубы алғашқы болып шеберлер командасы мәртебесін алып, КСРО чемпионатының «Шығыс қалалары» тобында өнер көрсеткен. Бұл жарыста «Динамо» жеті команда арасында үшінші орынға табан тірепті. Ал 1940 жылы Алма­ты­ның «Динамо» командасы Кеңес Одағы шеңберінде алғашқы табысқа қол жеткізді. Динамошылар Дондағы Ростовта өткен дене тәрбиесі ұжымдары арасындағы КСРО кубогының ақтық сынында Таганрог қала­сының «Торпедосын» 3:1 есебі­мен ұтып, бас жүлдені жеңіп ал­ған. «Динамо» қатарынан екі рет Қазақстан чемпионы болды. Орта Азия командалары арасындағы Бүкілодақтық турнирде табысты өнер көрсеткен.
     1955 жылы өткен Бүкілодақ­тық біріншілікте Қазақстан футболының атынан Алматының «Урожай» командасы өнер көрсетті. Бір жылдан кейін команданың атауы өзгеріп, «Қайрат» болды. 1960 жылы «Қайрат» КСРО чемпионатының «А» класында ойнайтын командалар қатарына қосылды. Жер­лестеріміз «Динамо», «Спар­так», «Зенит» және басқа да атақты командалармен күш сынасу мәртебесіне ие болды. «Қайрат» футболшылары өзінің тарихында ең үлкен табысқа 1986 жылы қол жеткізді. Сол жолы олар жоғары лигада ойнаған 16 команданың ішінде 7-орынға табан тіреген. «Қай­раттың» құрамында жүріп, Вадим Степанов, Сергей Квоч­кин, Станислав Каминский, Леонид Остроушко, Тимур Сегізбаев, Владимир Асылбаев, Виктор Абгольц, Сейілда Бай­шақов, Владимир Никитенко, Вахид Масудов, Фанас Сәлімов, Құрбан Бердыев, Сергей Сту­кашов, Евгений Яровенко, Евстафий Пехлеваниди және басқа да футболшылар Қазақстан футболының тарихында өшпес­тей іздерін қалдырды. Осын­дай тарихы бар, негізі мықты «Қай­раттың» 1992 жылы Тәуел­сіз Қазақстанның тұңғыш чемпионаты мен кубогын жеңіп алуы да заңды еді.
     Ал Қазақстан Футбол федера­циясының ФИФА-ға мүше бол­ғанына 25 жыл, УЕФА-ға мүше болғанына 15 жыл толатын биыл­ғы жыл – егемен еліміздің футболы үшін айтулы белес. Алашорда үкіметінің ғасыр тойы­мен қатар келіп отырған бұл даталар атаусыз қалмауы керек. Алаштың онсыз да әйгілі Әуезові қазақтан шыққан тұңғыш футболшы болғанын таңданып та, мақтанып та айта жүргеніміз артық емес. Әйтеуір бір заманда қазақ футболының бағы ашылып, әлемге танылар күні туар. Сонда оның көш басында тұрған тұлғаның да осындай заңғар болуы абыройға абырой қосары анық.
          Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

Толығырақ: https://egemen.kz/article/yarysh-%E2%80%93-qazaq-futbolynynh-qarlyghashy

толығырақ

    – Дүйсенәлі мырза, жа­қында газетімізде құнды ең­бек­теріңіз жөнінде қысқаша мақала жарияланды, «Қытай мұра­ғатында қазаққа қатысты 3 мың құжат сақталған» деген мәлімет жұртшылықты елең ет­­кізді. Тарихи құнды кітап­та­рыңызды тіпті өз қаржы­ңыз­бен шығарыпсыз?
     – Алдымен жалпақ жұртқа жария қылып жатқан журналист Нұрболат Абайұлына және газет басшылығына алғысымды айтамын. Кітаптарымның Қазақ­станда жарық көруіне Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлі­мінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Оры­най Жұбаева себепкер болды. Ол кісіге көп рахмет. Әрине, жеке қар­жыммен шыққан соң таралым санының шектеулі болуы түсі­нікті жағдай.
    – Әңгімені басынан баста­сақ, қалың оқырманға алдымен өзіңіз туралы айтсаңыз?
     – Мен 1974 жылы Шың­жаңның Іле аймағына қарасты Күнес ауданының Нарат ауылында дүниеге келдім. Әке-шешем жаз жайлау, қыс қыстауға көше жүріп он баласын бағып-қағып тәрбиелеген қарапайым малшы. Мен үйдің бесіншісімін. Мектепті ауылда, ауданда оқы­дым. 1993 жылы бағым жанып Бейжіңдегі Орталық ұлт­тар университетіне оқуға қабыл­дандым. 1995 жылы Білім минис­трлігінің «Мемлекеттік гума­нитарлық ғылымдар бойынша негіздік пәндерден дарындыларды жетілдіру және ғылыми зерттеу базасын құру» жөніндегі қаулысына сай, университеттің бекітуімен «Тіл ғылымы» фа­куль­тетінде алғаш ашылған арнайы топқа ауыстым. 1998 жы­лы магистратураға емтихансыз түстім. 2002 жылдан бастап уни­верситетке оқытушы болып қызметке қабылдандым.
     – Ғылымдағы жолыңызды алғаш қай тақырыптан баста­дыңыз?
     – Сонау мектепте оқып жүрген кезден бастап жағырапия, тарих пәндеріне қатты қызығатынмын. Кейін университетке түскенде тіл бағытына бөліндік. Магис­тратурада тіл тарихы бағытында оқыдым. Кейін диссертация тақырыбын «XVIII-XIX ғасыр­лардағы ресми іс қағаздар тілінің лексикалық ерекшелігі» деп бекі­тіп, осы тақырыпта диссер­тациямды жаза бастадым. Әрине, пайдаланған мәтіндердің дені бұрынғы Кеңес Одағы тұсында жазылған еңбектерден алынды. Бір қызығы, қазақ хан, сұлтандарының хат-қағаз­дарын оқу барысында оның тілдік ерекшелігімен бірге ондағы мол тарихи мәліметтер жадымда жатталып қалды. Менің тарихи деректану, тарихты зерттеу бағытына қарай бейімделуімнің негізгі себептерінің бірі осы. Дерек­тануда тіл білімі аса маңызды рөл атқарады. Осы орайда алғашқы ғылыми жетекшім, бүгінде әрі ұстазым әрі қызметтесім Еркін Ауғалиұлына ерекше алғысымды айтамын.
      – Естуімізше, сіз кейін өз қар­жыңызбен мұхит асып Жапонияға білім іздеп барыпсыз. Не үшін? Осы тақырып­тарыңызға ол елден қандай қа­жет­тілік болды?
     – Қазақ хандығы тарихын зерт­тегенде көрші елдердің сол дәуірдегі тарихымен міндетті түрде ұштастыра зерттеу керек. Қазақ хандығы төрт ғасырдан астам уақыт дәурендегенмен, атажұртта сақталған тарихи дерек­көздер жоқтың қасы. Қайта көрші елдердегі мұрағат қорларында сақталған. Мысалы, Қазақ хандығының Чиң пат­шалығымен болған қарым-қатынасын Қытай мұрағат қор­ларындағы дереккөзінсіз зерттеу бос әңгіме. Осыдан барып Чиң патшалығын тану деген ұғым туындайды. Чиң патшалығын зерттеуде Қытайдан басқа біршама мол табыстарға қол жеткізу жа­ғынан Батыс елдерін айтуға болады. Ал Шығыста Жапо­ния­ны ауыз толтырып айта аламыз. Олардың ғасырлық зерттеу тәжірибесі бар, зерттеу жетістіктерімен қоса зерттеу әдістері өз алдына бір төбе, манжутану, моң­ғолтану мектептері әлде­қашан қалыптасқан. Сондықтан, Жапо­нияға барып білім алу менің арманым болды. Әйтеуір қат-қабат қиыншылықтарды жеңе жүріп Жапонияға оқуға келдім.
    – Жапонияда докторлық диссертацияны қандай тақы­рыпта қорғадыңыз? Қай тілде жаздыңыз? Ғылыми жетек­шіңіз кім болды?
     ـــ 2005 жылы алдымен На Гоя университеті халықаралық тілдер мен мәдениеттану институтына оқуға түстім. Алайда білі­мімді онан ары ұштап, зерттеу саласының ғылыми теориялық негіздерін бекемдей түсу үшін 2006 жылы сәуірде Киото университетіне оқу ауыстырып, тарих-мәдениеттану мамандығы бойынша докторантурада жал­ғастырдым. Бұл арада әйгілі шығыстанушы ғалымдармен танысып, еңбектерін оқы­дым. Шағатай, парсы тілі сабақ­­тарынан қалмауға тырыс­тым, манжу тілін үйрендім. Халық­аралық конференцияларға бел­сенді қатысып, өзім де баяндама жасадым. 2009 жылы жазда жапондық ғалымдардан құралған археологиялық экспедициямен бірге Қазақстан, Қырғызстан елдерін аралап қайттық. 2010 жылы наурызда әйгілі тарихшы, шағатайтанушы Хамада Масами мырзаның ғылыми жетек­шілігінде «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақша мұрағат құжаттары туралы тарихи дерек­намалық зерттеу» атты док­торлық диссертациямды үздік қорғап, Киото университетінен докторлық ғылыми атағын алдым. Диссертациям, әрине, жапон тілінде жазылды.
      – Сіздіңше Қазақ хандығы тұсында қатталған қазақша дерек­көздердің зерттелу жай-күйі қалай?
     – Тарихи деректану ғылы­мының тікелей зерттеу объек­тісі әлмисақтан тарихи құнға ие барлық нақты жазба деректер болмақ. Осы тарихи дерек­тердің сүбелісінің бірі – мұрағат құжаттары. Қазаққа қатысты мұрағат құжаттары саны жағынан қомақты болмаса да әр дәуірде, әр өңірде, түрлі жазба тілде жазылып, сақталған. Бұлардың ішінде ескі қазақ жазба тілімен қатталған тарихи құжаттардың дені XVIII ғасырдың алғашқы жартысынан бастау алады. Онда негізінен Кіші жүз хан, сұлтандары және олардың ұрпақтарының Ресей империясына жазған түрлі мақсаттағы ресми іс қағаздары басым орынды иеленеді. Алайда, Қазақ хандығының Чиң патшалығымен болған қарым-қатынас мәселелері нақты дереккөз, мәліметтер табылмағандықтан, ұзақ уақыт жұмбақ болып келді. Ал кейінгі кездері осы жұмбақ шешімін тауып, қуанарлығы, жапониялық, қазақстандық мамандар да бұл салаға ден қоя бастады.
     – Сіздің пікіріңізше, бұл сала әр елде қолға алынып зерттеле бастаған көрінеді. Алдыңғы қатарда қай ғалымдарды айтар едіңіз?
     – Бұл арада мен тек жапондық ғалымдарға тоқтала кетейін. Жапонияда аға буын ғалымдардан алдымен Сагучи Торуды айтуға болады. Ол кісі 2006 жылы 90-ға қараған шағында қайтыс болды. Мен ол кезде Жапонияда болатынмын. Тарихшы ғалым Қазақ хандығы мен Чиң патшалығы қарым-қатынасына байланысты өшпес зерттеу мұраларын жазып қалдырып кетті. Қазір қазақ тарихын зерттеп жүргендерден Уяма Томохико, Нода Джин, Онума Такахиро, Акасака Цунеаки қатарлы әріптес ғалым­дарды айтуға болады. Уяма Томо­хиконың жазған «Қазақ тарихы: тарихи пайымдаудағы сақталған мәселелер негізінде» атты мақаласы (1999 жыл) бар. Меніңше, бейтараптық тұрғыдан тамаша жазылған еңбек. Ал соңғы екі ғалым болса Қазақ хандығы мен Чиң патшалығы қарым-қатынасына байланысты зерттеу­лермен тікелей айналасып жүр. Екеуі бірлесіп ағылшын тілінде жазған «Қазақ сұлтандарының Чиң патшалығына жазған хаттары» атты еңбегі 2010 жылы баспадан шықты. Оған 13 дана қазақша құжат енгізілген. 2011 жылы Нода Джиннің «Ресей-Чиң империясы және Қазақ хандығы» атты жеке монографиялық еңбегі жарық көрді. Өткен жылы осы кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы да оқырман қауыммен жүздесті. Ал Онума Такахироның «Чиң патшалығы және Орталық Азия сахарасы: көшпелілер әлемінен империя іргесіне қарай» атты монографиялық еңбе­гі жарық көрді (2014 жы­лы). Ғылыми мақалаларынан 2006 жылы жарияланған «Чиң патшалығы мен қазақ билеу­шілерінің саяси қарым-қатынасы хақында – Орталық Азия Ежен-Албатұ қатынасының дамуы» атты мақаласын айтар едім. Бұл мақалада қазақша, тот-моң­ғұл тіліндегі құжаттар негіз етіліп, қазақтар мен Чиң пат­шалығы арасындағы қарым-қатынас жөнінде жаңа ғылыми көзқарастар ортаға қойылған.
     Абылай, Әбілпейіздердің Боғда Ежен ханға жазған тұң­ғыш хатына байланысты сөз болғанда, зерттеушілер көп жағ­дайда оның қытай тіліндегі аудар­масына жүгінетін. Оның түпнұсқасына барабар тот-моңғол тілінде жазылған нұсқасы бар екенін кейін білдік. Мұрағат қорынан көзімізбен де көрдік. Дәл осы нұсқасын тұңғыш рет 2006 жылы ғылыми айналымға түсіріп, жарыққа шығарған осы Онума Такахиро. Ғалым мақаласында алғаш құжаттың факсимилесі, транскрипциясы және жапон тіліндегі аудармаларын бере отырып зерттеген. Ал Акасака Цунеакидің «Жошы ұрпақтарының саяси билік тарихы» атты еңбегі 2005 жылы жарық көрген. Жоғарыдағы айтылған кітаптар мен мақалаларды біздегі оқырмандарды айтпағанда, зерт­теушілеріміздің де білуі екіталай. Шынтуайтқа келгенде, олар әлдеқашан талай нәрсеге ғылыми тұжырымдар жасап қойған. Осы саламен айналысатын ғалымдар осы жағын ескерсе екен дегім келеді.
     – Қытайдың №1 тарихи мұ­рағатында сақталған қазаққа қатысты құжаттарды зерттеп жүрген ғалым ретінде онда сақ­талған қазақ хан, сұлтан­дары­ның хаттары туралы не айтар едіңіз?
    – Осы мұрағат қорында сақталған қазақша құжаттардың жалпы санына байланысты берілген цифрлар біркелкі емес. Мен осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында, 2008 жылы 15 қазаннан 2009 жылы 16 қаңтарға дейін Қытайдың №1 тарихи мұрағатында арнайы зерттеу жүргізіп, ондағы микрофильмге түсірілген «Әскери басқармада сақталған манжуша мәлімдемелердің көшірме нұсқаларын» бастан-аяқ тү­гел көзден кешіріп, ондағы қазақ­ша құжаттардың бірде-біреуін қалдырмай тексеріп шықтым. Осылайша, жергілікті әкімшіліктегілердің манжуша мәлімдемелерімен бірге патшаға жолданған қазақша хаттар мен тот-моңғұл жазуындағы хат­тардың нақты жағдайынан біршама толық мағлұмат алдым. Жан-жақты зерттеу барысында, манжуша мәлімдемелермен бірге жолданған қазақша, тот-моңғол жазуындағы құжаттардың жалпы саны 173 дана, соның ішінде тек ескі қазақ жазба тілінде жазылғандары 156 дана екенін алғаш анықтадым. Міне, бұл қазірге дейін жорамалданып келген қазақша құжаттардың сандық мәліметтерінен әлдеқайда көп. Осы құжаттардың ішінен 5 дана патшаның жарлық хатын шығарып тастағанда, қалғандары түгел қазақ билеушілері – Абылай, Болат, Әбілпейіз, Хан­қожа, Жошы, Бопы, Көгедай, Уәли, Әділ қатарлы хан, сұл­тандардың патша ордасына немесе оның жергілікті әкім­шіліктеріне жолдаған ресми іс қағаздары екені белгілі болды.
      Бұл арада оқырман қауым­ға мынаны алдын ала ескерт­кім келеді: қазір мұрағат құжат­тарының тек микрофильмге тартылған нұсқасын ғана көруге болады. Сондықтан микрофильм­ге тартылмай қалғаны болса, онда біздің жинақтаған сандық мәліметке кірмей қалуы мүмкін.
     – Сол хаттардың маз­мұ­нынан біреуін айтып бері­ңізші...
    – Аталған құжаттарда Чиң пат­шалығы мен қазақтар ара­сындағы саяси-экономикалық байланыстар ғана қамтылып қалмастан, оның үстіне қазақ-қырғыз, қазақ-ойрат қарым-қатынастары туралы да құнды тарихи мәліметтер бар екендігін байқай аламыз. Мысалы, 1775 жылы 28 маусымда Әбілпейіз сұлтан Іле генералына: «Жылан жылы атам Әбілмәмбет ханға жолыққалы барғанмын, одан жылқы жылы күз үйіме қай­тып келдім. ...Мен кеткенде қыр­ғыздар ел шетінен жылқы барымталады, оған Ханқожа төре, Барақ батыр 4 мың қол бас­тап барған екен, қырғыздар ел болайық деп қазақтарды 17 күн қондырып, соңынан бұлап алыпты да қайта келіп Шапырашты елін шауып кетіпті. Онан Абылай ханмен бірге 20 мың қол бастап барып, қырғыздардың 4 мың кісісін алдық...», – деп хат жазады. Міне, бұл өте қызықты тарихи оқиға, мұнда Абылай хан, Әбілпейіз сұлтан, Барақ батыр бастаған әскер саны сынды мәліметтер тайға таңба басқандай анық қатталған.
     – Өткен жылы жарық көр­ген «Қытайдың №1 тарихи мұ­рағатында сақталған қазақ­ша құжаттар» атты еңбегіңіз жоға­рыдағы зерттеулердің жемісі болды ғой?
     – Иә, солай. Сол зерттеулердің маңызды бір бөлігі әрі 2011 жылдан бері Білім министрлігі қаржыландырып келе жатқан «Қытайдың №1 тарихи мұра­ғатында сақталған Чиң пат­шалығы дәуі­ріндегі қазақша құ­жаттар» ат­ты ауқымды ғылыми жоба­ның жемісі деп те айтуға болады. Қытайдың №1 тарихи мұра­ғатында сақталған қазақша құжа­ттардың жай-күйі алғаш кеңі­нен баяндалған кітап былтыр Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» жарық көрді. Құжаттарды атауда «қазақша құжаттар» деген ұғымды алдым. Кітапқа 67 дана хат енгізілді, мұның арасында бірнешеуі бұрын басқа ғалымдар жағынан істелген, алайда кейбір тұстарын қайталай толықтырдым. Сондай-ақ, 30 дана құжаттың факсимилесі берілді. Хаттағы мәліметтерге қарай отырып, хат иесі, олардың жіберген елшілері, еріп барған қосшылары және сыйға тартқан арғымақтары сынды мазмұндарға жіктеп көрсеттім. Бұл хатнамалар қазақ тарихы мен мәдениеті үшін аса құнды тарихи деректемелер екендігі даусыз.
     – Естуімізше, «Ескі қазақ жазба тілі» атты тағы бір ең­бегіңіз тұңғыш рет жазылып отыр екен. Бұл тақырыпқа не түрткі болды?
     – Иә, бұл еңбек 2015 жылы Бейжің қаласындағы «Ұлттар баспасынан» алғаш жарық көр­ді. Мұндағы негізгі мақсат – нақ­ты деректерге сүйене отырып Қазақ хандығы тұсындағы жаз­ба тілдің туын көтеріп, оны ғылыми айналымға салу. Бұл жазба тілдің уақыт кезеңі ретінде Қазақ хандығы құрылғаннан бас­тап XX ғасырдың бас шеніне дейінгі аралықты айтуға болады. Бұл арада оны ауызша әдеби тілімен шатастырмауы­мыз керек. Бізде осы жазба дәстүрді көп жағдайда «Шағатай тілі» деп атап келеді, қазіргі ғалымдарымыз да үнемі осылай қолданады. Әрине, бұлай атаудың да өзіндік негізі бар, Қазақ хандығы тұсында қолданылған жазба тіл де осы шағатайлық дәстүрмен сабақтасып жатады, оларды бөліп тастауға келмейді. Деген­мен Орталық Еуразия даласында төрт ғасырдан астам уақыт аты затына сай хандық құрып, билік жүргізген бір ұлыстың өз ойын хатқа түсіретін мәлім бір фор­мадағы жазба тілі болмады деу шындыққа жанаспайды. Ал болған жағдайда оның қазіргі қа­зақ тілімен қатысы жоқ деп айту мүлде ақылға қонымсыз пікір.
     Біздің «Ескі қазақ жазба тілін» жазуымызға осындай ой тікелей мұрындық болды. Шынын айту керек, бұл тақырыпты жазу тым қиынға соқты. Өйткені, қазірге дейін осы кезеңге жататын жазба деректердің тілін ескі қазақ тілі ретінде бейімдеп жазған ел іші-сыртында кәдеге жарайтын оқу құралы немесе ғылыми еңбек жоқ. Сондықтан бәрін бастан бейімдеп жазуға тура келді. Келтірілген мысалдар нақты дереккөздерден алынды. «Көш жүре түзеледі» деген, кейінгі басылымдарда жалғасты түзетулер мен толықтырулар жасасам деймін.
      – Сіз қазір, Жапонияда қандай шаруалармен айналысып жатырсыз?
  – Қазір Токиодамын. Білім министрлігінің шетелге шығу қорының қаржыландыруымен Токио шетел тілдер университеті «Азия-Африка тіл-мәдениет зерт­теу институтына» бір жылға оқуға келдім. Осындағы ғалым­дармен селбесіп, ғылыми зерттеу жұмыстарымды ары қарай жалғастырудамын. Бұл арада білімімді нығайтуыма қолдау көрсеткен факультет бастығы Жаң Диңжиң мырзаға көп алғыс айтамын.
       – Алдағы зерттеу жоспар­ла­рыңыз жөнінде айта отыр­саңыз?
     – Әу басында Қытайдың №1 тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттарды толықтай зерделеуді жобалаған болатынмын. Мұның алғашқы жемісін де көріп отырмыз, былтырғы шыққан «Қытайдың №1 тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттар» атты еңбек осының айғағы. Қалған құжаттарды тағы бір кітапқа топтастырып шығармақпын. Одан кейін дәл осы қазақша құжаттардың манжу тіліндегі аудармалары және жергілікті әкімшіліктегілердің осыған қатысты патшаға жол­даған мәлімдемелері бар, осыларды салғастыра отырып қазақ тіліне аударып, зерттеу жасау ниетіндемін. Арасында, әрине, тот-моңғол тілінде жазылған хаттарды зерделегім келеді.
    – Әңгімеңізге рахмет.
    Әңгімелескен Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА
    Суретте: 1788 жылы 22 мау­­сымда Іле генералы мәлімде­ме­сімен бірге жолданған Хан­қожа сұлтанның хаты

толығырақ

       Іле аңғары – ертеден-ақ адамзаттың, әсіресе, түркі тайпаларының алтын бесігінің бірі саналады. Деректерге қарағанда, тарихта Іле аңғарында үйсін, сақ сияқты түркі тайпалары салған 40 неше үлкенді-кішілі қала-қалашықтары болған. Соның ішінде батыс түріктер дәуіруінен бері тарихта аты қалған Қойылық қаласы мен Алмалы қаласы – қазіргі Құлжа қаласы болатын.

      Бес дулаттың ең күштісі түркештер құрған Түркеш хандығы 699 жылы осы Іле жағасындағы Қойылық (Құлжа) қаласын кіші орда етіп құрады. 776 жылы Қарлұқ қағандығы Түркеш хандығының орнын басты. Қарлұқ хандығы Сұяп қаласын негіз етіп орнаған болатын. Осы өңірде арғы ата-бабасынан бері тірліқ етіп келе жатқан үйсіндер мен дулаттар ешқайда көшіп кетпеген, қайта олар қарлұқ тайпалары мен бірге Іле аңғарын мекен етіп жүре берді.

      1218 жылдары Шыңғысханның Жебе ноян бастаған 20 мың қолы Ілеге із салғаннан кейін Іле өңіріндегі тағы бір қала Алмалық (орыны Қорғас ауданы 61 әскери бөлімі) шағатай моңғолдарының орталығы болған. Кейін Темір Тұғылық хан кезінде Моғолстанның орталығы болды. Бұл қала түркі тайпалары мен моңғолдар арасында болған бір реткі үлкен соғыста өртеніп күлге айналыпты.

      Шағатай хандығының атақты хандарының бірі Темір Тұғылық ханның немересі Уайс хан да атасы Темір Тұғылықтың жолын мұрагерлік етіп, ислам дінін Шинжияңда онан әрі терең уағыздап, Шағатай моңғолдарын анағұрлым түріктестіріп жіберген батыл да өжет хан болатын. Ол 1420 жылы Шағатай хандығының батысынан Чылбалы (Моғолстан) хандығын құрып, Моғолстан хандығының орталығын ежелгі Қойылық қаласы жұрты маңынан, қазіргі Құлжа қаласының орнынан құрған. Бұл дерек «Миың патышалғы тарихы» мен «Батыс өңір аңыздары» деген кітаптарда айқын жазулы тұр.

       Алайда, бұл тұста ойраттар жаңа-жаңа еңсе көтеріп келе жатқан дәуірге тура келгендіктен, ойрат тайпалары Ілеге дүркін-дүркін шабуылдап тұратын еді. 1428 жылы Уайс хан қайтыс болып, Моғолстан хандығы күйреуге бет алды, Чылбалы (Моғолстан) орталығы да (Құлжа қаласы да) тозғындау күйін кешті. Ойраттардың да ілеге соқтығуы жиілей түсті, 1462 жылы Уайс ханның екінші ұлы Есенбұқа аманшы тайжысы бастаған ойраттармен соғыс кезінде қаза болып, Моғолстан жойылды.

    Ойраттардың Батұр ханы Шыйзаңда ламадан тәрбие алып, «Хұңтайжы» (дін қорғаушысы мағынасында) атағын алған соң, лама дініне зейін аударып сонау Шизаңнан лама дінін ойраттарға ала келді. 1617 жылы лама болған Байбағастың ұлы Заябендей баяғыдағы өздері найманнан үйренген ұйғыр жазуына жеті әріп қосып, ойрат мәдениетін тағы бір белеске көтерген болатын. Әсіресе, Ғалдан хан Шизаңға шабуыл жасап, ондағы бұтханаларды тонап, бұланған алтын-күмістерден қазіргі Құлжа қаласындағы Топадөңнен «Алтын бұтханасын» салдырды. Бұл «Жиыңдысы» деп аталды.

      Чапшал ауданының Қайнұқ деген жерінен тағы бір бұтхана салып, оны «Ханык» деп атады (Ханык моңғол тілінде «сиыр» деген мағынада). Бірақ жергіліті халық оны «Иңдысы» (күміс бұтхана) деп атаған. Сонымен бұл арадағы мұсылман тайпалары (ұлы жүз үйсіндер) біртіндеп жетісу өлкесі мен Ташкент маңына, Сыр бойына қарай қоныс аударуға мажбұр болған болуы керек. Себебі: Есенбұқа хан Жәнібек хан мен Керей хан бастаған алты сан алашқа (қазаққа) батыс жағынан орын берген еді.

     «Алтын бұтхананың» салынуы ойраттарды көптеп Члбалы орталығына келіп діни шаралар өткізетін орынға айналып, бұл қаланың «Құлжа» деп аталуына себеп болған дейді тарихшылар.

      Бірақ, 1750 жылдардың алды-артында Чиың армиясынан ойсырай жеңілген Әмірсана қазақ жеріне қашып кетерінде бұл бұтханаларды Чиың армиясының қолына түсірмеу үшін өртеп кетіпті.

 

   Чиың хандығы жоңғарларды тыныштандырған соң, 1762 жылдан 1768 жылға дейін Құлжа қаласының төңірегінен тоғыз орыннан қала қорғанын салып, әскер тұрғызған

   «Іле жяңжүн мекемесі» қазіргі Баяндай қалашығының солтүстік шетіне орналасып, онда Іле жяңжүні Миыңруи қызымет істеген. Бұл «Жяңжүн мекемесі» сол дәуірде тұтас Шинжияңның орталғы саналатын.

      Чиың патышалығының тоғыз қала қорғаны мыналар:

Хұйниң қала қорғаны (Баяндай қалашығы).

Сұйдың қорғаны (Ұқарлық)

Фуиян қала қорғаны (Күре)

Лусагу қала қорғаны (Өкірбұлақ)

Жиынды қорғаны (Шаған асу)

Гоңжин қорғаны (Қорғас)

Таржы қала қорғаны (Іле бойында)

Шиычуан қала қорғаны (Мөлдірбұлақ – қазіргі Ханбиың ауылы)

Ниңиюан қала қорғаны (қазіргі Құлжа қаласы)

      Ниңиюан қаласы (Хұийуан Чянлұң патыша қойып берген атау). Біз «Күре» деп атаймыз. Бұл қаланың қорған биіктігі 5 кез 5 чи, ұзындығы бір мың 674 жаң. 4 үлкен көше, 48 шағын көше болып, 40мың адам орналастырылды.

     Сібе-моңғолдан 4 мың әскер болып, олар қазіргі Чапшал ауданынан тың жерлерді игерді.

      1765 жылы батыс өңірде тың игеріп, шекараны бекемдеу үшін Манчиың үкіметі ішкі қытайдағы Ляуниң мен Шахардан және Тұрпаннан сібе-моңғол және ұйғырлардан көптеген ұлттарды көшіріп әкеліп, тоғыз қала төңірегіне орналастыра бастады. Сол кезде бұл үндеуге белсене атсалысқандардың ішінде Тұрпан аймағындағы бай-манап Имын уаң мен ұлы Мұса гүң еді. Жергілікті халық оны «Мұса бек» деп атайтын. Мұса гүң атағын алған соң Ілеге келіп, қазіргі Құлжа ауданындағы Шолақай деген жерінен неше мың гектар жер сатып алып, бір бөлім ұйғырларды көшіріп әкеліп орналастырды. Кейін бұлар «Тараншы» (егінші мағынасында) аталып кетті. Ол Ниңиюан қаласын салып біткенде, қала ішінен «Бектік орда» құрған (қазіргі обылстық дәрі-дәрмек қоймасы орнында). Бұл бектік түзімі 184 жылға созылып, Үш Аймақ үкіметі кезіндегі Әкімбек қожамен ақырласты.

      1878 жылы сол кездегі Іле генаралы Лиючиың орадаға дәт айтып, Іледе аудан құру ойын хат арқылы білдіреді. Патша бұл дәттемені бекіткен соң Іледе екі бақылау мекемесі құрылады да, бірі Сұйдың қаласында, тағы, бірі Құлжа қаласында болып, Құлжа ауданы ресми құрылады. Құлжа қала қорғаны төрт қақпалы болып көшелері реттеліп, бау-бақша салынды. Көпір-жол салынып құрылстар мен сауда дүкендері көбейді. Бұл төрт қақпаның қытайша хикіметті атаулары («Жиңрұн», «Шуозы», «Шуанкай», «Лай-ан») болса да ондағы халық «Дең дарбаза» (қазіргі обылстық дәрі-дәрмек мекемесінің орыны), «Күре дарбаза» (қазіргі Іле обылстық өлшем басқару мекемсінің орыны), «Долам дарбаза», «Су дарбаза» (қазіргі Шиынхуа емханасының орны) қала ішінде тағы «Даутай жамбылы» дейтін жамбыл бар еді (орны қазіргі обылстық көркемөнер үйрмесінің орынында).

      «Шангуан жамбылы» (қазіргі пошта мекемесінің орнында) оның шығыс жақ іргесінде «Иуетаң» дейтін жамбыл бар еді, (орыны қазіргі обылыстық сауда мекемесінің орнында).

     1864 жылы қазақтың қызай руынан шыққан ел ағаларынан Қылыш, Байболат, Құттыбай қатарлы адамдар Қарахан сұлтанмен алғаш тілдесіп қайтыпты. Сол жылдары қазақтың албан руынан шыққан әйгілі батыр Тазабек Мұсылманбайұлы бастаған 1000 үйлі албан руының адамдарын бастап, ресей жерінен Ілеге келді. Сонымен, Құлжа қаласында қазақ ұлтынан да отырықтасқан отбасылар көбейумен бірге, көшелерінде қоржын-кешек көтеріп базар аралап жүретін қазақтар да көбейе бастаған еді.

      1871 жылдан 1881 жылға дейін Құлжа қаласының негізгі біліктілері орыстардан болды.

       1882 жылы (Гуаңшүйдің 8 жылы) қытай үкіметі Ілені қайтарып алған соң, 1883 жылы Құлжаның солтүстік жағынан 15 шақырым жерден жаңа Күрені сала бастады (қазіргі Күре ауылы). Құрылыс 3 жылда бітіп, төрт қақбпсы еңсе көтеріп, енді қала ішіндегі жамбыл құрылстары жедел жүргізіле бастағанда, генарал Жыңшұн өте қаталдық істегендіктен қол астындағы әскерлер ішікі қытайға қашып кетеді.

      Оларды қуып бара жатқан жолында ол (Иүймінде) аурудан қайтыс болады. 1890 жылы Сышитайху (Айшінжоле нара) күйеу ұлы Сай фамилиялы генаралды Ілеге жіберіп, 20 мың әскер береді. Алайда сол жылдары шетел империялистері қытайды жартылай отар елге айыналдырғандықтан, қаржы мәселесімен жаңа күре құрылсы мандымды ілгерлей алмай, Сай генарал у ішіп өледі. Гуаңшүй патыша тағы да көп әскер беріп уәзірі Фуланы жібереді. Фула Іле генаралы болған соң тағы бірнеше жыл құрылыс жүргізіліп, жаңа күре құрылсы 10 жылда әрең аяқтаған екен. Ішкі аумағы 13 мың гектар, көне күре сияқты жаңа күренің торт қақбасы болып шығысы Іле қақпасы атанды. Ол Құлжаға бартын жол еді. Өңтүстігі «Сұмбыл қақпасы» деп аталып, Чапшалға барады. Батысы Таржы қақпасы – шекараға бартын жол, солтүстігі Сүйдын қақпасы.

       Ішінде төрт жол бар бұл қалада 1910 жылдан 1936 жылға дейін қызмет істеген Ниюшы генаралмен Жаңпийуан генаралдың қызмет кеңсесі, жатын орны дал қазірге дейін сақталып келеді.

         Қақпа алдындағы екі арыстан мүсіні әлі күнге дейі тұр.

       1920 жылы татар саудагерлері Ыбыраймжан мен Пазілжан қаланың батысынан жер сатып алып, «Нвой город» (жаңа қала) салды. Бұны жұртшылық «Ноғай гөрд» деп атап кеткен еді. Дүнеген саудагері Уаң Қадыр «Ноғай гөрдтің» қасынан 13 гектар жер сатып алып, бау-бақ өсіргендіктен, бұл қазірге дейін «Уаң Қадыр» бағы деп аталып келеді. 1956 жылы Үш Аймақ башыларының қабірі осы араға тұрғызылып, «Төңкерстік мүзейханаға» айналған.

      1936 жылы Құлжада «Қазақ-қырғыз мәдениет ағату ұйымы» құрылғанда қазіргі облыстық халық үкіметінің орнынан құрылған еді. Кейін бұл ара тарғалаң болғандықтан, қазіргі қазақ №1 орта мектебінің орнына көшіп барған. Сол жылдары қазақ халқының ерекше жәрдемімен шығыс жағындағы сай бойынан электр стансасы және батыс жағынан үн диірмені салынған болатын.

 

      1944 жылдан 1949 жылға дейін Үш Аймақтың орталығы болды. Жаңа Қытай құрылған соң 1952 жылы «Құлжа ауданы» Құлжа қаласынан бөлініп шығып, қазіргі орыннан құрылды, «Құлжа» ресми қала болып бекітілді.

Пайдаланған материалдар:

«Туған жерім тұғырым» Сымайыл Дәлдәбеев. «Іле газеті» 2000 жылы 5 сәуір.

«Тарихта Ілені билегендер» Қиясбек Беркбайұлы. «Іле тарихи материялдары» 3 кітап

«Қазақ-қырғыз мәдениет ұйымының қысқаша тарихы» Әсейін Жақсылықұлы «Іле тарихи материялдары» 3 кітап

«Қазақ халқы және оның салт-санасы» Жақып Мырзақан

«Бұқар жырау» Сұлтан Жанболат, 2000 жыл.

         senkazakh.com

толығырақ

         Ғасырлар тоғысында 6 млн қандасымыздың санасы мен жүрегін жаулап алуымен ұлттық тарихымыздағы ерекше құбылысқа айналған Алаш қозғалысы қазақ халқының өткені мен болашағын, әлемдік үдерістегі орны мен мәртебесін жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Кеңестік тарихнамада Алаш тарихы әлеуметтік ілгерілеуге кесе-көлденең тұрған құбыжықтай аяусыз күйеленгеніне қоса, революцияға дейінгі отарлық өлке, оның байырғы тұрғындары – қазақтар барынша мешел қалған, социалистік революцияның арқасында ғана төл мемлекетіне қолы жеткен, ұлтқа айналған қауым ретінде зерделенгені белгілі.

        Шынтуайтына келгенде, Еділ-Жайық­тан Жетісу мен Түркістанға дейін ақ пат­ша­ның құзырына өтіп, ХХ ғасырға қа­дам басқан Ұлы дала елі Азия мен Африкадағы, Еуропа мен Америкадағы ха­лықтардың бі­реу­інен ілгері, біреуінен кейін өмір сүріп жат­қан еді. Оны таптық идео­логия өктем­ді­гімен алдындағы асын іше алмайтындай жа­мандардың қатарына жатқызу берісі – ақи­қатты бұрмалау, әрі­сі – қаскөйлік. Бірде ке­дей, бірде бай бол­ған­дар аз ба, тәйірі. Адам­зат баласының да­муы ешқашан біркелкі бол­ған емес. Бүгінде аузымен құс тістеген АҚШ-тың өзі отарлық қамытынан XVIII ғасырда арылып, тәуелсіздікке қол жеткізсе, Германия­ның бір орталыққа бағынған мемлекетке ай­налғаны ХІХ ғасырдың еншісінде. Тап сол ғасырларда Еуропа мен Азияның ұлан-ғайыр кеңістігінде үстемдік құрған Осман империясы І дүниежүзілік соғыста күйрей жеңіліп, әупіріммен жаны қалған еді.

        Рас, отарланған қазақ өлкесінің заманауи зауыты мен фабрикасы, темір жолы мен байланысы, университеті мен театры бол­­ған жоқ. Хат танымайтындар да, сіңірі шық­­қан кедейлер де баршылық-тын. Бірақ же­ті атасын, хандары мен батырларын, бабалар сөзі мен ән-күйін, аспан әлемі мен жер бедерін жазбай таныған, адамзатқа әл-Фа­раби мен Ясауиді, Шоқан мен Абайды берген халқымыздың интеллектуалдық әлеуеті бұрынғы ғасырлардағыдан артпаса, кеміген жоқ еді. Жаңа заманда өсіп-өр­кендеудің кілті білім мен ғылымда жат­қанын қапысыз айыра алды. Осыны байқағандықтан да Алаш көсемі Ә. Бөкейхан 1889 жылы: «Қыр халқы… ғылым-білім жайып жатқан һәм өз­дері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен ке­­шікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көт­е­ру­ге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң, сол … заманда бол­ған балаларымыз бізден ақылды болып, біз­дің заманымыздағы аталарымыздың қы­л­ғ­андарын көріп таңғалар я ойламай қа­ты­рар», деп жазуы әсте кездейсоқтық емес.

       Ең бастысы, оқу-білімді, ұлттық бі­ре­гейлікті, белсенді өмір позициясын ауыл­да қой бағудан жоғары бағалап, өр­кениет көшіне ілесудің басты шарты еке­нін қарапайым жандар да мойындады. Сол заманда Ә. Бірмұхаммедұлы деген аза­маттың: «Бисмилла деп бастағанда қол­ға алатын ең мұқтаж жұмыс – оқу… Оқу-білімнен соңғы біздің халыққа екінші мұ­қ­таж іс – ынтымақ… Сол себепті әр адамға ке­рек бай, керек ғалым, керек білгіш бол­сын, бес парыздың біріндей міндет: ша­масынан келгенше ыждаһат етіп, ха­лыққа дәулетімен болсын, білімімен бол­сын, өнерімен болсын қызмет етіп, пай­да келтіріп, халықтың қамын ойлау», деп жазуы нағыз көрегендік әрі еш­қашан өзектілігін жоймайтын сөз. Және ол қоғамдық пікірдің сапалы биік деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Өл­ке­де­гі қайшылықты ахуал, Еуропадағы өнер­кәсіптік төңкеріс, жаратылыстану мен механика ғылымдарының жетістіктері осылай ойлауға итермеледі. Университет бі­тір­меген перзенті мазмұн-өресі бойынша жа­һан­дық деңгейде ой-пайым түйіндеуге қа­бі­летті халықтың азаттықты аңсамауы, әлем­дік додадан тыс қалуы мүмкін емес қой.

         Қалай десек те, сауда-саттықпен, діни қа­жеттілікпен, оқу қуумен, тағдырдың жа­зуы­мен әр жердің дәмін татқан қазақтар таяу-алыс елдердің тіршілігінен хабардар болды. «Біз» және «олар» несімен ерек­ше­ленетінін айыра алды. ХХ ғасырға қа­рай өлкеге шетел капиталы келді. Әлем ди­дарын қазақтың тануы тереңдей түсті. Мә­селен, 1904 жылы құрылған «Спасск кен рудаларының акционерлік қоғамы» бас­қ­ар­масына төрт ағылшын және төрт француз кірді, ал қоғамның акцияларын Американың, Германияның, Швецияның, Испанияның және басқа капиталистік елдердің іскер ауқаттылары ұстады. Қолы жеткен қазақтар «әмірқан (американ) етік» киді, «болыскей (польский) кереуетте» жатты. Қысқасы, әлем қазақты қалай білсе, қазақ та әлем дидарын солай біле алды.

         Міне, осы үрдісті қоғамдық-саяси, ғы­лыми ой елегінен өткізуді барынша терең­деткен, оған танымдық-қолданбалық сипат беруді жаңа белеске шығарған күш алаш­тықтар екені сөзсіз. 1913 жылғы 5-са­нында «Қазақ» газеті былай жазған екен: «Бүгін Еуропада болып жатқан уақиға ертең Азияда болуға ықтимал. Жер жүзінде тіршілік етіп тұрған адамдар, болып жатқан уақиға, істеліп жатқан жұ­мыс, жұмсалып жатқан қулық, сұмдық бә­рінен де хабардар болмақ керек. Неге де­сең, дүниедегі адамдардың пайда, зарары матасулы».

        «Матасулы» әлемнің ұлтына берері мен сын-қатерін бағалау, халқын азаттыққа алып шығудың мақсат-міндеттерін тарқата тал­дау миссиясы Алаштың пешенесіне жа­зылыпты. ХІХ ғасырдың аяғында бас­тал­ған бұл миссия күні бүгінге дейін жал­ғ­асып келеді. Оның тарихын адами-эли­талық капитал және идеялар тағдыры өлшемімен үш дәуірге жіктеуге болады. Біріншісі – алаштықтардың көзі ті­рі­­сіндегі дәуір. 1937-1938 жылдарғы «Үл­кен террорға» дейінгі аралықты алып жа­тыр. Бір ұрпақтың ғұмырынан да қыс­қа мерзім ішінде тындырған істеріне – әліп­пені жазғаннан Қазақстан шекарасын анықтағанға дейін – баға жетпейді. Екін­шісі – Алаш қайраткерлері ақталғанға дейін­гі дәуір. 1990 жылға барып тіреледі. Ке­ңестік билік Алаш есімі мен ісін санадан өші­ру­ге қанша тырысқанымен, мақсатына жете алмады. Үшіншісі – Алаш идеялары қай­та оралған дәуір. Ол тәуелсіздікпен кел­ді, «Мәңгілік Ел» идеясымен бірге жасаса береді.

     Ал ұйымдық-практикалық өлшеммен қарайтын болсақ, Алаш қозғалысының дәуір­лері, біздің ойымызша мынадай: бірін­ші – Абай мақтаған толық та кемел жандардан құралған Алаштың «ояну» дәуірі. 1905 жылы Қарқаралы петициясын түзу­мен аяқталды; екіншісі – Алаштың қазақты «оят­­қан» дәуірі. 1916 жылғы көтеріліске дей­ін созылды; үшінші – халықты қорғау жә­не Қазақ мемлекеттілігін қалпына кел­тіру үшін күрес дәуірі. 1919 жылы Алаш Орда та­ра­тылғанша жалғасты; төр­тін­ші – Алаш­тың ұйымдық тұрғыдан тал­қан­далған дәуірі. Ф.И. Голощекиннің Қазақстанға келуімен аяқ­талды.

      Мұндағы «ояну» мен «оятудың» мәні – отарлық езгідегі халқының халі ауыр­ла­ғанын, болашағы бұлыңғыр тарт­қа­нын интел­лектуалдық ой-санамен ұғынған әлеу­меттік топтың қалыптасқаны әрі солардың сан-алуан іс-әрекетімен қалың бұқараның азаттық жолына түсуі. «Оян, қазақ!» – ХХ ғасырдың басындағы ұлттық идея­мыз. Қазақтың оянғанын 1916 жылғы көтеріліс паш етті. Көтерілісшілер әр өңірде хандықтар құра бастады. 1917 жыл­ғы Ақпан революциясынан кейін Ресей империясының ыдырауы басталды. Осы­ның бәрі Алаш қозғалысының түпкі мақ­сатын – Қазақ мемлекеттілігін қалпына кел­тіру миссиясын атқаруды тездетті. Бұл орайда таразының екі басын тең ұстаудың ма­ңызы зор болды. Бірі – әлемдік тәжір­и­бе­ні теориялық біліммен ұштастыру. Мем­ле­кет, оның сипаты мен құрылысы туралы Макиавеллидің, Руссоның, Сперанскийдің, Лениннің, Вебердің, т.б. еңбектерімен Алаш көсемдері таныс болғанына өз басым күмәнданбаймын. Екіншісі – Қазақ мем­ле­кеті мен билігін халыққа қызмет ететін нысанда түзу. Әлемнің дамуындағы түпкі мақ­сатты адамзаттың азаттықты іздеуі деп біл­ген ғой Гегель. Ендеше, Алаш авто­но­мия­­сы – алаштықтар дәйектеген екінші ұлт­тық идеямыз. Бірақ Ресейдегі билікті қол­ға алған большевиктердің теориясы мен практикасы алаштықтар идеясымен үндесуі еш мүмкін емес еді. Қара күшке сүйенген Сталин, оның қолшоқпары Ф.И. Голощекин Алаш қозғалысын талқандады.

     Ұлтының азаттығын көздеген алаш­тық­тар қолдан келген мүмкіндіктің бәрін кә­де­ге жаратты. М.Дулатовтың 1909 жы­лы жарық көрген «Оян, қазақ!» өлеңдер жи­на­ғы жаңа толқынның Манифесі деу­ге лайық. Әсіресе, қазақты оятқан дәуір­де «көзі, құлағы һәм тілі» болған «Қазақ» газеті оқыған жанды ақпаратпен, білім нәрімен сусындатты. Ұлы далаға жаһанның жаңалығын, қуанышы мен ренішін, тұлғалары мен қарапайым жанда­ры­ның қам-қарекетін жеткізуде жасындай жарқылдады. «Сыртқы хабарлар» ай­да­рымен Түркия мен Балқандағы соғыс ба­рысы, Қытайдағы қазақтар тағдыры, Түркияның, Болгарияның, Сербияның, Грекияның, Черногорияның қысқаша тарихы, Жапонияның саясаты, Францияның, Австралияның, Англияның, Германияның ха­лықаралық қатынастардағы ұста­нымы, ауған мұсылмандарының отан­сүй­гіш­тігі, Қытайдың АҚШ-пен, Жа­пония­мен, Моңғолиямен байланысы, Англия­да­ғы, Германиядағы, Франциядағы, Швей­цариядағы, Жапониядағы кі­тап шығару ісі, Австралиядағы қой шаруа­шы­лығы, Польшаның азаттық үшін кү­ре­сі, үнділердің ағылшындарға на­ра­зы­лығы, т.б. іргелі оқиғалар баяны оқыр­мандарға үздіксіз жеткізіліп жатты. Ниеті Түркия жағында екенін бірде ашық, бірде ыммен білдіре алды. Алыстағы Американы қазақтың жатсынбағанын 1913 жылғы ақпан айындағы газет мақаласы куәландырады. «Оқу-жазу білмеген адамды Қоспа Америка жүмһүриетінің топырағынан қуарға деген законға жүм­һүр­иет бастығы Тафт қол қойыпты. Қазақтан барушы болса Америкаға кіре алмай­ды екен деп қорыққанынан бұл хабарды жазып тұрғанымыз жоқ. Жазу білмеген адам дүниеде тұруға лайықты емес екенін білдіру үшін жазамыз», делінген онда.

      Алаш қозғалысы Ұлы дала топы­ра­ғында бой көтерді. Артына жалтақтамай, қиырға көз жіберді. Алайда, оның бүкіл тарихы Күлтегін, Алтын Орда ғасы­р­ларынан үзілмеген импе­риялық өршілдікті де, Еуропалық ағар­ту­шы­лықты да, XVIII ғасырдан бергі отарлық езгі­ні де бойына жинағанын байқай аламыз. Алашқа тән қоғамдық-саяси ой-сана Батыс ойшылдары мен өркениетінің биі­гіне көтерілгеніне педагогикадан, меди­ци­надан, тарих пен әдебиеттен, ауыл ша­руа­шылығы ғылымдарынан жазған ең­бек­тері мен идеялары, Ә.Бөкейханның Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефрон шығарған эн­цик­лопедияда редакциялық алқаға кір­ге­ні, Барлыбек Сыртановтың 1911 жылы жаз­ған «Қазақ елінің уставы» айғақ-дә­лел. Бүгінгі ұғыммен айтсақ, устав Қазақ елінің Россиямен доминиондық қа­рым-қа­тынаста болуын дәйектейді, пар­ла­мен­т­тік-президенттік билікті, адам құ­қы­ғын сақ­тауды конституциялық дең­гейге кө­те­руді қажетсінеді, жерге жеке­мен­шікті қа­­былдамайды. Империялық өрші­л­дік­тің асқар шыңы – Алаш партиясы бағ­дар­ламасының жобасы еді. Бодандықта жүргеніне мойымаған авторлар алдымен бүкіл Ресейдің, содан кейін қазақ өлкесінің жайын қозғайды: І-бапта Ресейдің таяу арадағы мемлекет қалпын болжаса, ІІ-бапта Қазақстанның болашағы сөз болып, Ресей республикасының федерациялық субъектісі мәртебесін алатыны жарияланған. Федерация құрамынан шығу мүмкіндігі қарастырылған.

      Бағдарламада екі ғасыр бойы қалып­тас­қан буржуазиялық ұстанымдар мен құн­дылықтар көрініс тапқан. «Негізгі құ­қық­тар», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Салық», т.б. баптардың қа­ғидаларын бас­қаша ұғыну мүмкін емес. Демек, Алаш же­тек­шілері дамудың еуропалық жолын таң­дап, жаһандық бәсекеге қабілеттілік биігінен көрінуге қол созды. Егер олар заманауи білім алмаса, әлемдік тәжірибе мен практикадан хабарсыз өмір кешсе, ең ауыры – айтқан сөзді ұғатын әлеуметтік ортасы болмаса, қоғамдық-саяси ойдың ұлттық шеңберінде шектелуі бек мүмкін еді. Өресіз жанды масондықтар, әр жылдары Ресейді билеген Керенский мен Ленин маңына жақындатпайды ғой. Алаштықтардың еңбегін Париж бен Лондонда, Берлин мен АҚШ-та зерттемес еді.

      Ал отарлық езгі ықпалы неден көрінеді десек, ол бодандықты қабылдаумен келген «дерттерді» – ұлт теңдігі, әйел мәселесі, білім беру жайы, Мемлекеттік Думаға қазақтан депутат сайлауды қалпына кел­тіру, переселендерге кеткен жерді қай­та­ру тәрізді талаптарды күн тәртібіне қой­ғанынан менмұндалап тұр. Бұл – отар ел­дердің бәрінің басынан өткен тағдыр.
       Алаш қозғалысының дүниеге келген мерзімі қазақ қоғамы мен әлемдік тарих толқынының ажырағысыз байланысын айғақтайды. Сәл шегініс жасасақ, ХІХ ғасырдың 20-жылдарында-ақ отар халықтар тәуелсіздікке жетіп, мем­ле­кетін құра алатынын С.Боливар бас­қар­ған Венесуэла, Перу, Боливия рес­пуб­ликаларының шаңырақ көтеруі алға тартты. Ал ХХ ғасыр басында отар және жарты­лай отар елдерде ұлт-азаттық қозғалысы ба­рынша қанат жая бастаған еді. Оны «Азияның оянуы» деп айшықтайтынымыз бар. Ақиқатында қалың қатпарлы тарихы бар Азия да, Ұлы дала да ешқашан меңі­реу ұйқыға кеткен емес. Бұлар жат қо­лына қарағандықтан, бар болу немесе бордай тозу дилеммасына жеткендіктен шешуші күресті бастады. Оның бірнеше ұқсас әрі мәнді белгілері бар: біріншіден, қозғалыстың басында интеллектуалдық қа­рымы зор, халықаралық танымалдыққа ие зия­лылар қауымы тұрды. Ұлттық азаттық идея­сына бірден келе қалмаса да, ұлтының азат­тығын төл мемлекетін құрудан бөле-жа­ра қарамағандары ақиқат.

      Екіншіден, қойған талаптары ке­шен­ді әрі жан-жақты (саяси, ғылы­ми, идео­логиялық, әлеуметтік …) дәй­ек­тел­­гендіктен әрқайсы туған халқының кө­кей­кесті қажеттілігін дәл бейнеледі. Елі, жері бөлек болғанмен бұл талаптар отар елдерге өте жақын, қисынды еді. Мәселен, Қытайдағы мәнжу билігін құлат­қан, ұлт-азаттық күресін биік белес­ке кө­те­р­ген Сунь Ятсен (Ә. Бөкейханмен түй­дей құрдас, екеуі де 1866 жылы дү­ние­ге келген) отарлаушыға қарсы үш ұста­ным­ды – ұлтжандылық, халық билігі, ха­­лық тұрмысы – басшылыққа алды. Ал Үндістан­ның тәу­ел­­сіздігі үшін күрескен М. Ганди күш қол­дан­бау идеологиясын тү­­зіп, ұлт-азаттық күре­сін­де халықтар бір­лі­гіне айрықша мән берді. Дұрыс табылған идея­лар тарихты өзгертті.
Осылардың басым бөлігі Алаш қоз­ға­лы­сында да орын алғаны белгілі. Айталық, Азия­ның оянуындағы, азаттық күресіндегі ұқ­састық алаштықтар 1905 жылы ресми билік иесі Петерборға жолдаған Қар­қа­ралы петициясында ап-анық сыртқа шық­ты. Бұл құжаттың мазмұны мен мәнін М.Әуезов былайша ашқан еді: «Петициядағы аталған үлкен сөздері – бірінші, жер мәсе­ле­сі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, пере­се­лендерді жібермеуді сұраған, екінші, қазақ жұртына земство беруді сұраған, үшін­ші, отаршылардан орыс қылмақ сая­сатынан құтылу үшін ол күннің құралы бар­лық мұсылман жұр­тының қосылуында қа­зақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан. Көпшіліктің оянуына себепші болған». Басқа өңірлерде де петициялар қабылданды. Бұл арнайы зерттеуге лайық құбылыс.

        Үшіншіден, бұрын-соңды беймәлім болып келген, бірақ саяси жаңғыруға ауадай қажет күш – партиялар дүниеге келді. Сунь Ятсен негізін қалаған Гоминьдан партиясы 1912 жылы құрылса, М. Ганди Үндістан Ұлттық конгресі партиясының тізгінін 1915 жылы өз қолына алды. Алаш партиясының рәсімделгені 1917 жылы болғанымен, партия құруға талпыныс 1905 жылы басталған еді. Соңғы зерттеулердегі мәлімет бойынша, Алаш партиясының жұмысына тартыл­ған мүше саны 1000 адамның шамасында екен.

        Төртіншіден, ғасырлар тоғысында әлем­ді аузына қаратқан Еуропадан да тыныштық кете бастаған болатын. Антанта мен үштік одақ арасындағы әлем­ді қайта бөлуге талас соғыс қаупін жа­қын­дата берді. Ақыры ол қазақ жастарын тылдағы жұмысқа жегуге соқтырды. Көп ұзамай Романовтар әулеті тақтан тайды. 1917 жылғы маусымда Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы жа­рия­лаған үндеуде дүбірлі дү­ние­­ге араласу­дан басқа жол жоқ екені анық ай­тылды. «Бір мемлекетке бағынған біздің қазақ сияқты іргелі жұрт жасырынып жүріп күн көре алмайды. Енді бұрынғы қате ізді баспалық, үлгілі жолға түселік, мынау ұлы дүбірге қосылалық, тиісті бәйгемізден құр қалмалық, жұрт болалық. Егер, қазақ, мұны істемесек, кейінгі нәсіл-нәсіптің көз жасына қалғаның…», делінген онда.

     Алаш қозғалысы әлемдік тарих ба­ры­сы мен заңдылықтарына табиғи кірі­гіп тұрғанына және бір айғақ-дәлел – Ә. Бөкей­хан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы бас­та­ған жұлдызды топтың жал­пы­адам­затт­ық жә­не ұлттық құндылықтарды теңдей қас­терл­е­ге­ні. Бұлардың еңбектерінде бес құрлық тұл­ғалары, ойшылдары, мәдениеті, ғылымы, тарихы қылаудай алалаусыз ұлықталған. Бірде-бір ұлттың атына ғайбат сөз айтылмайды. Өзгені өзіндей көру, үздіктен үйренуге шақыру зая кетпеді. Сондықтан да шығар, эмиграцияға кеткендері (М. Шоқай, А.З. Валиди) демократиялық ортаға кіре қалса, барған жерінің кетігін тауып, кірпіш болып қаланды, саяси-шығармашылық қызметтерін жалғастыра берді, танымалдығы артпаса, бір мысқал төмендеген жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, алаш тәрбиесі мен мектебінен өткен жас буынның үздік, дүлдүл өкілдері (М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Ә. Марғұлан) тоталитарлық қыспақтың өзінде ұлт ұстаздары нұсқаған бағыт-бағдарларын жоғалтпай, әлемдік интеллектуалдық қазынаға олжа салғаны объективті заңдылық.

     Азаттықты аңсаған алаштықтар Қазақстан­ды қуатты мемлекетке ай­нал­ды­­­рудың жолдары мен мүм­кін­­діктерін қа­­перден шығармады. Жа­по­ниядай, Гер­ма­ниядай, Еуропадай бо­луды армандады. Ал­дыңғы қатардағы ел­дер­дің табыстары мен артықшылықтарын қыз­ғанышсыз құп­тай білді, әлсіздеріне қол көмегі болмаса да, тіл көмегін беруден аянбады. Дамудың эволюциялық жолын құптаған Алаш ұлт-азаттық қозғалысы сол заманғы ең табысты Батыс өркениеті мен үлгісін қазақ өміріне сәйкестендіруге, бейімдеуге басымдық бер­ді. Әрине, батысшылдық қазақтың бол­мыс-бітімін бұзуға әкеледі деген ойы да болған жоқ. Халықтың жасампаз қабілетіне сенді. «Ал, алаштың азаматтары! – деді А.Байтұрсынұлы – Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десең, қарап жатпалық. Көп істе көп болып жабылайық! Саңлаулы, саналы халық азаматтары көмек етіп, күш қосып демер деген үміт зор».
       Алаш көшбасшылары халқын әлемдік додаға кіргізуге, сол арқылы жаһанның дидарын, Ұлы даланың көркін нұрландыруға жол көрсетті. Қозғалыстың тарихында кем­ші­лік пен кінәрат орын алған жоқ деген ойдан аулақпыз. Кейде ауызбіршілік жетпей жатты. Оған материалдық-қаржылық қиыншылықтар қосылды. Мемлекеттің жа­рияланбай, үкіметтің құрылғаны сыртқы байланысты әртараптандыруға септеспеді. Дегенмен, Елбасымыз Н.Назарбаев айт­қандай, «Қазақ зиялыларының жеке ба­сы­ның қасіретімен қатар, өрілген қыз­ме­ті өзінің бірегей құбылыс ретіндегі тұ­жы­рымды деңгейімен ғана емес, азаттық һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес».

     Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі

     https://www.egemen.kz/2017/03/14/108889

толығырақ

anime-sunset-sunrise-anime-girls-1920x1080

         Тарихы мен өткен өмірі архивке емес фоль­клорға, яғни ауыз әдебиетіне негізделіп жасалған халықтың жағдайында ескерусіз қалған тұлғалар болуы заңды. Этнос тарихында ондай кемеңгерлер жетіп-артылады.

        Мәселен, өз заманында Абылай ханның отыз ұл, қырық қызының ішінде ерекше қабілет-дарынымен, ер адамға тән батырлығымен халық жадында қалған Гауһар есімді қызы болғаны белгілі.

      Сол Гауһар қыз халық басына күн туған қиын заманда хан әкесінен жасырынып, шашын төбесіне түйіп алып, ер адамша киініп, қазақ әскеріне қосылып, соғысқа араласатын болыпты. Оны біліп қалған Абылай хан қызына шайқасқа араласуға қатаң тыйым салады.

       Алайда, патриоттық түйсігі мықты батыр қыз одан кейін жауға шабуылдаған әскерге әкесінен жасырынып қатысатын болыпты. Ақыры, сондай шайқастардың бірінде Гауһар қаза табады.

        Сүйікті қызының қаза болғанын естіген хан қатты қапаланып, қайғырып жатып алған деседі. Халық арасында Абылай хан өзінің қыруар алтынын сол қызының қабіріне көмген деген де тәмсіл бар.

         Міне, қазақ қызының батырлық әрекеттері осындай! Әрі осы үрдіс ғасырлар дәргейінде ұрпақпен бірге жалғасып келеді. Тек бір өкініштісі, архивіміз, мұрағатымыз, жазбамыз болмағандықтан, соның көбі жадыдан өшті. Дегенмен, әр заманның өз батырларын туғызатыны ақиқат жағдай. Ендігі әңгіме қым-қуыт заманымыздың осындай ескерусіз қалып жүрген батыр қыздары хақында болмақ.

  Мың қаралы қарсылықты басқарған келіншек

        1979 жылы Көкшетау мен Ақмоладағы ықтимал неміс автономиясына қарсылық есебіндегі қозғалыс ауызекі тілде айтылғанымен, әзірге жаппай насихат тетігіне айнала қойған жоқ. Арада жеті жыл өткен соң Желтоқсан  көтерілісі 1979 жылғы ұлттық қарсылықты көмескілендірді, деген пікірлер де айтылады.

       Дегенмен, оқиғаның болғаны, оның жаңғыры­ғының біраз жерге жеткені айдан анық. Тіпті, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне байланысты СОКП Орталық комитетінің қазақ ұлтшылдығына бай­ланысты қабылдаған Қаулысында Көкшетау мен Ақмоладағы сол оқиға Желтоқсандағы көтерілістің бастамасы есебінде айтылған.

        Оқиғаның маңыздылығын осыдан-ақ білуге болады. Нәтиже белгілі. Қазақстанның солтүс­тігіндегі іргелі екі облыс орталығындағы қарсылық нәтижесінде ішінде көрікті Бурабай да бар алдын ала болжанған неміс автономиясы ақыры құрылмады. Қазақы патриотизм жеңіске жетті.

        Әр саяси акцияның, қарсылықтың ұйымдас­тырушы тұлғасы, көсемі болуы да заңды құбылыс. Біз журналистік жолымызда Көкшетаудағы мыңдаған адамды алаңға шығуға үгіттеп ұйымдастырған, ең соңында сол әрекеті үшін қуғынға түскен гинеколог дәрігер Майра Ахетқызы Тұрсынбаева деген қайраткерді арнайы іздеп тапқанымыз бар.

          Қарапайым ғана қазақтың қараторы келіншегі екен. Бірақ, жігерлі, намысты жан екені бірден байқалады. Майра Ахетқызымен әңгіме барысында біз 1979 жылғы оқиғаларға қатысты көптеген жұрт білмейтін деректерге қанықтық.

        – Мен осы әрекетім арқылы жазаланатынымды білмеді емес, білдім. Бірақ, ұлттық намыс деген қиын болады екен. Соған қарамастан екі-үш күн бойы телефонда отырып бүкіл қаланың қазақ жастарын алаңға шығара алдым. Сонымды мақтан етемін. Бірақ, өз басым ешқашан мадақ та, құрмет те іздемеймін, – деген Майра Ахетқызы.

         Соңынан Майра Тұрсынбаеваның бұл жанкешті әрекеті ұлт жанашырларының құлағына да шалынды. Ел Тәуелсіздігінің он жылдық мерейтойы қарсаңында шенеуніктер жаппай марапатталып жатқанда біз Майра Тұрсынбаеваның құрмет пен мадаққа ие боларына әсте күмәнданған жоқ едік.

        Себебі, соның алдында ғана ұлт жанашыры Сәбетқазы Ақатай ішінде Майра Тұрсынбаева да бар Тәуелсіздіктің алғышартын жасасуға атсалысқан он шақты адамды марапаттау жөніндегі ұсынысын «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған болатын. Өкінішке орай, марапатталғандардың ішінде Майра Тұрсынбаева болған жоқ.

         Алайда, оның жарқын есімі – ел жүрегінде. Өзі жергілікті жұрттың құрметіне бөленіп отыр. Майраның ерлігі шынында да таңқаларлық әрекет болатын.

 Қазақ мектебін ашудың басиесі

        Кеңестік дәуірде ел астанасы Алматының жасанды түрде орыстандырылғаны, ұлттық болмыстың қасақана әлсіретілгені белгілі. Мәс­кеудің бірінші әрекеті қазақ мектептері мен балабақ­шаларын жабудан басталды.

          60-жылдардан 80-жылдарға дейін респуб­ликадағы 700 қазақ орта мектебінің жабылғаны туралы деректер бар.

      Бір ғана Алматыны мысалға келтірейік. Бір жарым миллион халық тұратын қалада жалғыз №12 қазақ орта мектебі мен «Ер Төстік» балабақшасы ғана болды. Басқасын ашуға билік түбегейлі қарсылық танытты.

        Қазір әлдебір себептермен Алматыдағы қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу әрекетінің көшбасшысы есебінде Шона Смаханұлы ақсақал аталады. Рас, Шөкең бұл орайда үлкен іс тындырды. Оған күмән жоқ.

      Алайда, журналистік зерттеу барысында біз тағы да бір ақиқатты нақты деректер арқылы анықтай алдық. Шөкеңнен де бұрын Алматыда қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу ісіне тікелей басшылық жасап, ұйымдастырған бір қазақ әйелі болды.

       Ол – сол кезде Чехов атындағы орталық­тандырылған кітапханалар жүйесінде жұмыс істейтін Дәрия Әбіқұлқызы Сарқытбаева деген келіншек еді.

       Сол кездегі Комсомол, қазіргі Төле би көше­сіндегі қаланың екінші қазақ орта мектебінің ашылуы тікелей осы бір қазақтың батыр қызының табандылығының арқасында жүзеге асқан!

         Дәрия Сарқытбаеваның тікелей басшылығымен ашылған Алматыдағы қазақ мектептері қатарында № 62, № 86, қазіргі Ұлықбек көшесіндегі № 141, №123 мектептерді атауға болады.

        Шын мәнісінде тоталитаризм атқа мініп тұрған заманда мұндай жанкешті әрекетке барудың екінің бірінің қолынан келмейтіні де рас.

       – Мен халық үшін, оның болашағы үшін сіңірген еңбегіме ешқашан төлеу дәметкен адам емеспін. Бір білетінім, шын мәнісіндегі қазақы намысы бар адамдар мұндай сауапты істерін өз ар-ожданымен, ешқандай міндетсусіз атқарады. Шона Смаханұлы ағамызға келсек, ол кісі біздің қозғалысқа сәл кейінірек қосылды. Кезекті бір қазақ мектебін ашу туралы өтінішпен сол кездегі Коммунистический даңғылымен қалалық атқару комитетіне келе жатқанымызда Жазушылар одағынан шыққан Шона ағамыз кездескен. Амандасып жөн сұрағаннан кейін біздің қазақ мектебін ашу әрекетімен айналысып жүргенімізді естіген ол кісі шын көңілден риза болған. «Араларыңда қазақ қызы бар екен. Қазақ тарихы батыр қызға кенде емес. Бірақ, сенің ерлігіңе риза болып отырмын. Мына бір кітабымды баспадан қазір ғана алып едім. Соның алғашқы данасын өзіңе қолтаңба жазып тапсырайын» деген Шона ағам. Сол қолтаңба жазылған кітабы менде әлі күнде дейін сақтаулы, – дейді Дәрия Әбіқұлқызы.

***

         Біз бұл жолы ерлігі еленбей келе жатқан қазақ қыздарын тілге тиек еттік. Ал ел арасында өзгеге тәуелді кезеңде ерлік көрсеткен қазақ қыздары әлі де баршылық екені күмәнсіз.

       Шын мәнісінде қазақ қызының қашанда ұлттық үрдістердің бастауында жүруі бәріміз үшін де қуаныш. Әрі ұлттың болашағынан үміт күттіретін оқиға.

        http://almaty-akshamy.kz/2017/03/07/

толығырақ

   Қазіргі Алматы байырғы Алмату қаласының орнында 1854 жылы бой көтерген әскери бекіністің негізінде қаланды. Тәтібеков көшесіндегі Кіші Алматы өзенінен өтетін шағын көпірдің оң жағында тұрғызылған бұл бекініс 1855 жылы Верный деген атауға ие болған.  1858 жылы 15 қаңтарда бекітілген Верный бекінісінің бас жоспарында қала көшелері алғаш рет көрсетілген. Соның бірі қазіргі Райымбек батыр даңғылы. Бастапқы кезде ол Ташкентская аллея деп аталған.

     Алматы мен Ташкентті жалғастыратын аса маңызды бұл күре жолдың «Ташкентская аллея» аталуы жайдан-жай емес. Бұл атау оған жол бойында қаз-қатар етіліп көп ағаш егілгендіктен қойылған. Оның белгісі әлі күнге дейін сақталған.

     Ташкент аллеясы бертін келе Ташкент көшесі аталып кетті. 1967 жылы оның Пушкин мен Аэродромный көшелері арасындағы 4650 метрлік бөлігіне «Октябрьдің 50 жылдығы» деген атау беріледі. Ал қалған 7800 метрлік бөлігі ескі атауын 1992 жылға дейін  сақтап келген болатын. Бүгінде бұл көше толықтай XVIII ғасырда Жетісу өлкесін басқыншылардан қорғап, оларды бұл өлкеден біржола түре қуып шыққан әйгілі Райымбек батырдың есімімен аталады. Райымбек даңғылы деп аталатын бұл көшенің Алматының соңғы екі ғасырлық тарихында оның қала ретінде қалыптасып, дамуына қосқан үлесі қомақты. Оның бойында Сейфуллин, Сайын, Розыбақиев, Момышұлы көшелерінің қиылысында аса ірі бірнеше жол айрықтары салынды. Бұдан бөлек тағы бірнеше айналма бұрылыс жолдары мен жаяу жүргіншілер үшін түрлі жер асты және жер үсті жолдары пайдалануға берілді.

      Қаланың батысы мен шығысын жалғастыратын бұл даңғылмен бүгінгі таңда күніне 200-300 мыңдай жеңіл және жүк көліктері мен қалаішілік және қалааралық автобустар жүреді. Сондай-ақ әйгілі Алматы метросының алғашы бекеті де дәл осы осы Райымбек даңғылында орналасқан.

толығырақ

         Тарихқа көз жүгіртсек, қалалар тарихы кез-келген елде мемлекетттің негізгі қозғаушы күштерінің бірі саналады. Табиғаты таңғажайып әсем Алатаудың бөктеріндегі көрікті Алматының тарихында да бұл жағдайдың қайталанғанын аңғаруға болады.  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Алматы – қазақ мемлекеттігінің алтын бесігі. Бұл біздің тәуелсіздігіміз қанат қаққан және Қазақстанды бүкіл әлемдік қауымдастыққа танымал еткен ұя» дегенді жайдан-жай айтқан жоқ.

       Өткен жылы Алматы қаласының әкімдігі шаһардың мыңжылдығын мерейтойлық бағдарламамен атап өтті.  Онда ғалымдардың Алатаудың бөктеріндегі бұл шаһардың тарихы бір емес, бірнеше мыңжылдық тарихы бар деген ұйғарымдары ескерілген жоқ. Археологиялық қазбалардың, жазба және нумизматикалық дерек көздерінің материалдары бойынша ғалымдардың ғылыми, әдеби және энциклопедиялық анықтамалардағы мәліметтері елеусіз қалғандай болды.  Мәселен, «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» (Алматы: «Аруана Ltd» ЖШС, 2006) деп аталатын энциклопедиялық анықтамалықта: «Алматы қаласының 2,5 мың жылдық тарихы бар. Қала тұрған жерді ежелден қазақ ұлтын құраған тайпалар мекен еткен. Іле Алатауының етегіндегі Алмату қаласы туралы алғашқы жазба деректер  Рашид-ад-Диннің шығармаларында кездеседі. Бабыр Шыңғыс хан шапқыншылығынан қираған Алмалық, Алмату қалалары туралы жазады. Археологиялық зерттеулер қазіргі Алматының орнында ертеректе сақтар, кейінірек үйсін, орта ғасырларда дулат тайпалары өмір кешкен елді мекендер мен Алмалық пен Алмату қалалары (екеуі екі басқа қала) болғандығын дәлелдеп отыр. Бұл қалалардың қираған құрылыстарын 1251-59 ж. Француз королі Людовик ІХ-ның елшісі және Қытай саяхатшысы Чжан Да өз көздерімен көргендіктерін жазған» (145 бет). Бұған дейін бұл деректер «Түркістан» халықаралық энциклопедиясында (Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2000, 58-бет) да жарияланған болатын.

      Орта ғасырларда түркі тілінің оғыз тобындағылар өз тілдеріне бейімдеп Алмату деп атаған Алматы орта ғасырларда гүлденген, көрікті де көргем шаһардың бірі болған. Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін ол ұзақ уақыт бойы қайта қалпына келе алмаған. Оны кейін оның аумағында бой көтерген шағын елдімекендерде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерден айқын аңғаруға болады. Ал ХІХ ғасырда патшалық Ресей өлкені өз бақылауына алғаннан кейін, осындай елдімекендердің бірінде алдымен әскери бекініс орнын тұрғызады. Ол 1854 жылы Верный деген атауға ие болады. 10 мың тұрғыны бар оның атауы 1857 жылы Алматы бекінісі деп өзгертілгенімен,  11 сәуірде  қала мәртебесіне ие болып Верный қаласы деп атала бастайды. Орыс ғалымы А.Ф. Голубев «Орта Азияға – Іле өлкесіне саяхаттан үзінді» деген жолжазбасында: «1859 жылғы сәуірде мен Верный бекінісіне келдім. Верныйды Алматы деп те атайды; бұл қазақтың Алма-тау деген сөзі», – дейді.

      1862 жылы Алатау округінің орталығы осында ауыстырылып, округтің бас әкімшісі ресми түрде «Алатау округі мен Үлкен орда қырғыздарының (қазақтарының) бастығы деп аталды. Қала тұрғындарының саны 1863 жылы 6 104, 1870 жылы 12 673, 1883 жылы 18 040, 1885 жылы 21 521,  1904 жылы 26 943, 1911 жылы 35,5 мыңнан асады. Ал ХХ ғасырдың аяқ шенінде ол 1,5 млн. адамға жуықтап, жаңа ғасырдың алғашқы ширегінде қала тұрғындарының саны бейресми дерек көздеріне қарағанда 2 миллиондық межеден асып-жығылды.

      Осы арада қала атауына қатысты мына деректерді де айтпай кетуге болмайды. 1921 жылы 5 ақпанда облревкомның жарлығы бойынша қалаға «Алма-Ата» (Алматы) атауы беріліп, 14 наурызда Түркістан Орталық Атқару комитеті бұл шешімді бекітті. 1927 жылы сәуірде VI Жалпықазақ кеңестерінің съезі республика астанасын Қызылордадан Алматыға көшіруге шешім қабылдап, ол екі жылдан кейін 1929 жылы іске асырылды. Ал 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы  қаланың орысша бұрмаланған атауы Алма-Атаны – тарихи атауына сәйкестендіріп, Алматы деп түзетті. 1998 жылы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңы қабылданды. Онда Алматының ғылыми, мәдени, тарихи, қаржы, экономикалық және өндіріс орталығы ретіндегі ерекше статусы айқындалды және республикалық дәрежедегі қала ретінде келешек дамуына кепілдік берілді.

толығырақ

    Күллі қазаққа аты мәшһүр дін және қоғам қайраткері, ақын  әрі аудармашы Халифа Алтай Ғақыпұлы да босқын қазақ көштерімен бірге болған әйгілі қайраткерлердің бірі. Ол 1917 жылы 12 желтоқсанда Шығыс Түркістанның Алтай аймағында Шіңгіл ауданының Бұлғын өзені бойындағы Жәрінті деген шағын ауылда дүние есігін ашқан. Ол туылған заман Кеңес одағы орнап, қазақтың басына қара бұлт үйрілген тұспен сәйкес келді. Әкесі Ғақып Қытай мен Монғолия ортасында сауда істерімен айналысатын көзі ашық діндар, өз ортасында ауқатты да білімді адам болыпты. Сол себепті баласы Халифаның зеректігін аңғарып, оны кішкентайынан өнер-білімге баулиды. Ауыл молласынан сауатын ашқан Халифаның зеректігі соншалық, қарапайым дін қағидаларын тез меңгеріп, шариғат заңдарын игеруге талпына бастайды. Онысын ерте аңғарған әкесі 1931 жылы жаңаша білімді де жеттік игерген Ахметқали Жайсаңбайұлы, Мағауия Ғайсайбай Қажыұлы деген екі молданы қолында ұстап, ауыл аймаққа мұғалім етіп, Халифаны солардың тәрбиесіне береді. Ол екі молданың Халифаға берген тәрбиесі зор болды.  Ахыметқали молда болса, Қазақстанның Өскемен жерінен қуғын-сүргініне ұшырап, Қытайға өткен зиялы адам. Кейін сондағы шетел асқан көштерге ілесіп, Үндістанға өтіп, сонда жүргенінде науқастан қайтыс болғанын алдыңғы бөлімде айтқан болатынбыз.

        Сол тұста дін білімдерінен тыс араб тілі және математика, жағырапия, әдебиет сияқты білімдермен де сусындаған Халифа Шығыс ғұламаларының ғақылияларын да ойға түйіп есейеді. Бірақ оның алдында ауыр сын, ұзақ сапар тұрғанын сол кезде ол білмеген-ді.

     1930 жылдардың ортасындағы Шыңжаңдағы Шыңшыцай тудырған зобалаң Алтайдағы Халифа ауылына ауыр қасіреттер әкелді. Жазықсыз қысым көрген Алтайдың бір бөлім халқы Зайып тәйжінің бастауымен Баркөлге, одан Ганьсу жеріне ауды. Міне, осы бір азаттық іздеген көшке өз отбасымен бірлікте 16 жастағы Халифа да ілескен. Көш талай қасіретті басынан өткере отырып, Чиңхай, Тибет жерлерін басып, Гималайды асып, 1941 жылы Үндістанға өтті. Сан қилы трагедияны теңденіп, қасіреттен теңселген босқын қазақ көштері болашақ жазушының көңіліне өшпес із, жүрегіне тарқамайтын сыз қалдырды.

     Қазақ көшінің Үндістанға өткеннен кейін де талай қиындықтарға жолыққанын осы кітаптың алдыңғы бөлімінде айтылды. Сол себепті ел басындағы ауыр жағдай әр кімді де ойландыратын. Ел қасіреті ер қасіреті емес пе, Халифа Алтай сол кезден бастап елінің шерін тарқатуға бел байлады.  Сол үшін ол қолына қалам алып, ел тағдырын оңалтудың қамына кіріседі, ол үшін ең әуелі білім керек. Өзі босқын, оның үстіне тұрмыс жағдайы нашар болғанына қарамастан ол 1943 жылы Үндістан жеріндегі Бопал қаласындағы Иләһя медресесіне оқуға түседі. Сондағы жағдай өз естелігінде былайша келтіріледі:

                                         Бар екен сол арада медресе:

                                           Тегінге оқытатын әр кім келсе.

                                           «Медресе Иләһя»  деп атайды,

                                           Пайдасын көрдім соның әсіресе [70].

       Сол медреседе ол араб тілін тереңдеп үйренумен бірге грамматикасын да жақсы игереді, әрине талап деген осы. Халифа Алтайдың қасиетті Құран кәрімді қазақ тіліне аударудағы алғашқы талпыныс, негізгі таған, міне, осы кезден бастап қаланды деп айтуға әбден қақылымыз. 1947 жылы 14 тамызда Пакстан өз алдына тәуелсіз ел болып құрылады, осыған байланысты Үндістандағы мұсылмандар Пәкістанға; Пәкістандағы үнділер Үндістанға ағыла бастады, осындай тарихтың тағы бір талқысына тап болған қазақ босқындары амалсыз Үндістаннан Пәкістанға өтулеріне тура келді. 1948 жылы Халифа Алтай бастаған көп қазақ алғашқы болып Пәкістан жеріне өтеді. Пәкістанға келгеннен кейін Халифа Алтай босқын қазақтардың қамын ойлап, жергілікті жердегі басқарма мекемелерді аралап халыққа жәрдем беретін жанашырларды іздеп табу істеріне атсалысады. Пәкістан үкіметі онда барған қазақтарға тек босқындық мәртебе беріп, қамқорлыққа алғандарымен оларға азаматтық бермеді, ал жат елде жүрген азаматтығы жоқ азаматтың күні не болмақ, осындай азаматтық мәселемен бас қатырған көп қазақ ақыры «бірлік болмай тірлік болмайтынын» түсіне отырып, бас қосып, 1951 жылы 17 қазанда «Шығыс Түркістан босқын қазақтары қоғамын» құрды, қоғамның бас хатшысы болып Халифа Алтай белгіленді. Осы қоғам құрылысымен қазақтардың пікір талабын тыңдайтын құзырлы орындар шыға бастайды. Солардың бірі Түркияның Пакстандағы елшілігі болды. Түбіміз түрік деп білетін қазақтар осы елшілікке барып өздерінің Түркияға барғысы келетіндерін айтып  Түркияға баруға өтініш білдіреді. Осындай ізгі бастамалардың негізінде, босқын қазақтардың талабына сай 1953 жылы 13 нурызда Түркия үкіметі қазақтарды қабылдап алуға қаулы шығарды,  сөйтіп қазақтардың Түркияға көшуі ісі басталады. Осы көштің сәтті жүруіне Халифа Алтайдың бар күшін салғаны анық. Сол кездегі өз жағдайын естелігінде былайша баяндайды:

                                      Сондықтан Карашиде төрт ай тұрып,

                                      Атқардым бұл жұмысты зыр жүгіріп.

                                      Төрт айда он төрт көшті жолға салып,

                                      Артынан кете бердім менде жүріп. [71]

      Сонымен босқын қазақтар Ататүріктің елінде азаттыққа жетіп, жағдай түзеліп, ел қам-қайғысыз өмір сүре бастайды. Түркия мемлекеті босқын қазақтарды заңды тіркеуге алып, азаматтық беріп, жеке куәліктер үлестіреді. Түркияның азаматтығын алып, ес жинап, еңсе көтерген қазақтар содан бастап өздерінің қалаған кәсіптерімен айналысады. Елі аман, жұрты тыныш болған соң өз жолын таңдаған Халифа Алтай ғылымдағы ізденіс жолына шындап кіріседі. Ол бойындағы барлық күш-жігерін кітап жазуға, атажұрттан ауғаннан кейінгі басынан өткергенін, көріп-білдіргендерін түгел зерделеп қағазға түсіруге, діни кітаптарды қазақшалауға арнайды. Саналы ғұмыры имандылық жолды ұстауға бағытталған ізгі ниеттермен өтті.Үш рет Меккеге барып, ірі діни орталықтармен танысып, олармен байланысын күшейтті. Қоғам қайраткері ретіндегі беделі күн санап өсті. Табиғатынан ғұлама ғалым қажы Халифа Ғақыпұлының өмірі Шығыс Түркістанның белгілі бір кезеңіндегі халықтың саяси-әлеуметтік жағдайын көрсететін үлкен тарих.

       Жеті тілді жетік меңгерген оқымысты ғалым, шежіреші, ақын, жазушы Халифа Алтай сондайда бір тағдыр тәлкегімен босқын болған қазақтар арасынан шыққан көрнекті тұлға. Сондай-ақ Халифа Алтай Құран кәрімді қазақ тіліне аударған аудармашы болумен бірге дін қайраткері. Шетел баспаларынан шыққан аудармаларын қоса есептегенде ол кісінің 20-дан астам кітабы жарық көрген. Оның бастылары: «Қазақ түріктерінің шежіресі» (1977), «Естеліктерім» (1980), «Ана жұрттан Анадолыға дейін» (1995), «Исламның бес парызы» (1991), «Таңдаулы хадистер» және «Ғибадатул ислам» (1994), «Түркиядағы қазақтардың шежіресі», «Алтайдан ауған ел».

          Оның алғашқы еңбегi 1977 жылы «Қазақ түріктерінің шежiресi» деген атпен Ыстамбұлда жарық көрдi. Осы шежiреде Түркия қазақтарының 15-16 атаға дейiнгi түп-тұқияны тарқатылады. Халифа Алтайдың екiншi “Естелiктерiм” деген атпен өлеңмен жазылған кiтабында оның бала күнiнен бергi басынан кешкендері баяндалады. Түркияда латын әрiптерiмен қазақша жазылған тұңғыш кiтап болып табылатын осы еңбекте Алтай қазақтарының Алтайдан көшу себептері, көш жолындағы азаптар, Үндiстан, Пәкiстан және Түркиядағы өмiрлерi туралы құнды мәлiметтер келтіредi. Халифа Алтайдың үшiншi және ең қомақты еңбегi “Атажұрттан Анадолыға” деген атпен 1981 жылы Түркия Мәдениет министрлiгiнiң ұйытқы болуының арқасында баспадан шықты. 1999 жылы екiншi басылымы жарық көрген бұл кiтапта автор қазақтардың көш тарихына қоса салт-дәстүрi мен мәдениетi туралы баяндайды. Бұл еңбектің бір неше варианттары қазақтың бірнеше әліпбиімен жарық көріп, дүние жүзі қазақтарына кеңінен таралды.

       Сонымен қатар Халифа Ғақыпұлы ұқыптылықпен көне діни басылымдарды, атап айтқанда 1881 жылы Қазан қаласында татар тілінде шығарылған «Тәпсір нитхан» ды  1984 жылы Стамбулда қайта жаңғыртып баспадан шығарды.  1913 жылы Қазан қаласында шығарылған «Құран кәрим» 1985-1987 жылдары Араб мемлекетінің Доха қаласында, 1992 жылы Сауд Аравиясының Медине қаласында 230 000 тиражбен қайта басылып шықты, осы жұмыстың басы қасында да Халифа Алтай болған. Осындай елеулі және айтулы жұмыстардың басында әркез ислам қайырымдылық қорын құрып, дін, тіл, дәстүр,

           Халифа Алтай аударған Құран араб графикасымен 1989 жылы жарық көрдi. Осы нұсқаны 1991 жылы Халифа Алтай менДәлелхан Жаналтай бiрлесiп, «Құран кәрiм, қазақша мағына және түсiнiгi» деген атпен мол тиражбен Сауд Арабиясының баспасөз уәзiрлiгi тарапынан кирилл әрiптерiмен шығартып, Қазақ елiне жеткiздi. Халифа Алтай аударып шығарған «Құранның» бұл нұсқасы дүниежүзі қазақтарының рухани байлығына айналды. Бұл кітап Медине қаласындағы патша Фаһдтың Құран Кәрімді басуға арналған комбинатында басып шығарылады.

      Халифа Алтай есiмi әрбiр қазаққа атойлаған намыс, ата-бабамыздың асқақ рухы болып естiлетiнi күмәнсiз. Ақыл мен адамшылықтың, иманның иесi болған ақсақалымыз алаштың әрбiр баласы үшiн абыз-атаға айналды. Сол киелi қалпында халық жүрегiнде мәңгiге сақталып қала бермекшi. Елiмiз Тәуелсiздiк алған сәттен бастап шетелдердегі тарыдай шашылып тоз-тозы шыққан қандастарымыздың ендігі кезектегі көш басын Атажұрт, тарихи отан Қазақстанға қарай бұруға бел буғаны белгiлi. Солардың алғашқылары болып абыз қария Халифа Алтай шын жүректен қуанды да қолдады.

      1992 жылы Халифа Алтай Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударды. Әрі сол жылы Қазақстан Республикасы Алматы қаласында өткен дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына қатысып, маңызды сөз сөйлеп, азаттық іздеген көш туралы: «Қадiрлi туыстар! Мына залда көздерi жаудырап жер шарының әр тарапынан келiп отырған отандастырымыздың жанарларында қуаныш сезiлгенімен, ұзақ та машақатты көш жолдарында тартқан ауыр жапаларының өшпес iздерiн байқауға болады. Әрине, олар атамекеннен жер көксеп кетпеген. Ұлы империялардың теперiшiнен кетуге мәжбүр болды. Ал шетелдерге шыққан көштердiң iшiнде бiздiң көшiмiз табанынан қан аққан "қызыл табан шұбырынды" көш екенi айқын», [72] -дей келіп, бодандықтан құтылып азаттыққа жеткен күллі қазаққа ағынан жарылып шын пейілімен бата берді.  

     Қазақстанға оралғаннан кейін де тәуелсіз жас мемлекеттің қадамын нық басып кетуі үшін қоғамдық істерге де барынша атсалысты. Қазақстан діни істері қызметіне қол ұшын беріп, ұмытылып бара жатқан дініміздің қайтадан жалғастық табуы үшін, нағыз діннің дұрыс бағытпен дамуы үшін барын салды. 1995 жылы  “Сияр нәби” атты кітабы жарық көрді.1995-2000 жылдары аралығында Қазақ радиосынан әр жұма сайын ислам дініне байланысты арнайы хабар жүргізді. Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының жанынан құрылған “Инабат” имандылық тәрбие орталығының төрағасы болды. 2003 жылы 86 жасында атажұрты Қазақстан республикасының Алматы қаласында өмірден озды. Жаназасына ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп қатысты, жиналған жұрттың санында шек болмады.

      Жалпы Халифа Алтайдың ұлты үшін атқарған істері ұшан теңіз. Ол аударған қасиетті Құран кәрім қазақстанның қолданыстағы жазуымен баспадан шығып, бүкіл қазақ тілді мұсылмандарға таратылды. Уағыздары мен аударған таңдаулы хадистері медіреселердің оқу құралдарына айналды. Соның ішінде әсіресе қазақ әдебиетіне қосқан үлесі де өте жоғары екендігін бағаламай тұра алмаймыз. Ол жазған «Естеліктерім» атты шығармасы біз айтып отырған азаттық іздеген көштер туралы жазылған тарихи жырладың ішіндегі ең сүбелісі болып табылады. 

      Халифа Алтайдың «Естеліктерім» атты шығармасы 7 бөлімнен тұратын,  азаттық іздеген көштің толық баянын өлеңмен өрнектеген тарихи деректі әдебиет. Осы шығарманың жазылуы турасында автор өз пікірін сол кітаптың алғы сөзінде былайша пайымдайды: « ... бұл көш тарихымыз да өте күрделі, орасан маңызды, ерекше айта қалсын, бір тарихи құбылыс болғандығы үшін тарихтан өзіне тән орынын алуға әбден тисті! Сондай-ақ еңбекке арзитын, жазуға татитын, баға жетпес құнды, бір өмір шындығы екендігі де айдан айқын ғой ... сондықтан бұл тарихи өмір шындығын, бір дастан етіп жырлауды, келешек ұрпаққа қалдыруды, бір қасиетті азаматтық борыш, елеулі міндет деп бағалағандығым үшін осы «Естеліктерімді» жазып шықтым ... өйткені, бұл бір жай ғана роман немесе қарапайым ертегі емес нағыз аянышты болған өмірдің шындығы» [73].

     Осы бір естелік жыр жарыққа шығысымен дүниежүзі қазақтарының жаппай қызығушылығын туғызып, халықтың сұрап жүріп тауып оқитын құнды әдебиеттердің қатарынан ойып отырып орын алды. Сол естеліктің бір жарымы Түркияға барған жолаушылар арқылы Қытайдағы қазақтардың қолына да жетіп халықтың ішіндегі шерін тарқатты. Естелік көштің шығу себебі, көш бастаған батырлар, көш басқан жолдар, көшке шапқан жаулар, көштің қасіреті, көштің мұңы, көштің ақыры сияқты мазмұндарды ішіне қамтыған. Автор көш жолындағы оқиғалардың бел ортасында болғандығы себепті  жұрттың жүрегіне жылы тиетін өлең сөз арқылы халықтың көңіл күйін дөп басып көш жолындағы барлық кешірмелерді тартымды баяндаған. Сонымен бірге көштегі халықтың арман тілегі естеліктің басты идеясы болып табылады. Ол әрине –азаттықты аңсау. Сол естелікте автор:

                                      Қытайдың билеуінде заман өткен,

                                      Оянбай ұйықтауменен надан өткен.

                                      Оқудан өнерден де босқа қалып,

                                      Мезгілдер құр бекерге қарап өткен.

 

                                      Өлкеде уәли болып тұрған қытай,

                                      Үстемдік үкіметті құрған қытай.

                                      Халықты көзін ашпай мейлінше езген.

                                      Жемеңгер дәл құдай ұрған қытай.

 

                                      Шыдамай халық кейде бас көтерген,

                                      Ұйымдасып, бірлесіп әр бір жерден.

                                      Еркіндік тәуелсіздік қорғау үшін.

                                      Ту алып талай ерлер тұлпар мінген, –

    деп қазақтың азаттық үшін жүргізген күрестерінің қайдан қалай болғанын тұжырымды да тұшымды етіп бейнелеген. «Ту алып талай ерлер тұлпар мінген»,-демекші автор осы «Естелікті» ел бастаған егей ер, атақты батыр Елісхан Әліпұлының рухына арнап жазған. «Тәуелсіздік деген – кең ұғым. Бұған ру тайпаның өзін қорғауы, мемелекеттің өз егемендігін сақтау үшін шайқасуы, ұлттың тәуелсіздік үшін күресі, тіпті жеке адамның бас бостандығы, сезім еркіндігі үшін және қайраткерлердің ой мен сананың, ар мен ұжданның азаттығы үшін күресі жатады»[74]дейді акедемик С.Қасқабасов. Естеліктің 1980 жылы Стамбол қаласында шығарған бірінші басылымының бірінші бетіне: « Бұл дастанды ардақты жолбасшымыз Елісхан мархұмның атына арнап шығардым»,- деп жазған. Ел атын ер, ер атын ел шығарар деген осы. Қытайдың Ганьсу Ақсай ауданында жүрген күндерімде осы «Естеліктің» Түркиядан жеткен нұсқасын талай адамдардың қалап алып тәптештеп дәптерлеріне қаламмен көшіргендерін өз көзіммен көрдім. Әрине, оның құндылығы сонда, естелікте өткен тарихтың өшпес ізі жатыр. Қазіргі Қытай елі бұл тарихи жырды толықтай баспадан шығармаса да өзіне қажеттісін екшеп алып үзінділер жариялады. Әрине,  бұл ел де шындықты мойндағысы келеді, бірақ тарихты өткендегі бүгіндері көзі жоқ билеушілердің мойнына іліп қойған. Солай болса да ҚХР-да жарияланған кейбір құжаттарда бұл естелік туралы: «40 жылдардың басында, Ма буфаң бандыларының қастандығына төзбеген бір бөлім қазақтар Пакстан мен Түркияға қашып кеткен, кейін келе солардың арасынан Халифа Алтай сияқты бір топ жазушы шықты, Халифа Алтай жазған «Естеліктерім» қатысты мемлекеттердің назарын аударған» [75],- деп жазды. Қытай үшін азаттық іздегеннің бәрі қашқын есебінде саналатынын әр кім біледі. Қалай болмасын Халифа Алтайдың  «Естеліктерім» атты тарихи жыры талай елдің назарын аударған әйгілі шығарма. Халықтың азаттыққа деген аңсары мен ерлердің қайтпас жігері, азаттықтың өшпес рухы.

          Қалбан Ынтыханұлы, «Босқын қазақ көштері және деректі әдебиеттер» атты монографиялық еңбектен үзінді.      

толығырақ

   1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресейде болған революция ғасырларға созылған патша үкіметінің билігін құлатып, оның орнына буржуазиялық-демократиялық республика орнады. Бұл Ақпан революциясы Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың заңды нәтижесі болды. Сөйтіп, ғасырларға созылған патша үкіметінің отарлық езгісі жойылып, билік Уақытша үкімет қолына көшті. Онымен қатар, жергілікті жүйесі мен нақтылы күшке ие болған Кеңестер үкіметі де іске кірісті.

      Қазақ даласындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жазалау үдерісі жүріп, патшаның 25 мау­сым жарлығына қарсы шыққандарды «бүлікшілер» деп түрмеге қамап, өлім жазасына кесіп, қатаң жаза қолданып, ұлттық намысты аяққа таптап, қорлық-зорлықты күшейтіп жатқан кезде патшаның тақтан түсуін «бұратана» атанған халықтар зор қуанышпен қарсы алды.

        Барлық баспасөз беттерінде бұл қуа­ны­шты хабар жарыса хабарланып жатты. Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары бұл хабарды қара жұмысқа барғандарға қол­дау көрсету ниетімен Минскіде жүрген са­парлары барысында естіді. Минскіден Орынбордағы қырғыз (қазақ) облыстық ко­митетінің төрағасына жіберген жеделхат­та­рында Уақытша үкіметке көмекке ке­ліп, майдандағы қазақтарға азық-түлік даярлауға шаралар қабылдауға шақырса, ал Әлихан, Міржақып, Мұса, Мырзағазы және т.б. «Қазақтар мен жаңарған Ресейдің ерікті азаматтарына» арналған жеделхатта Ресейдің барлық халықтарына еркіндік, теңдік және бауырластық туғандығын қуана хабарлай келе, қазақтарды өзге ұлттармен тығыз байланыста болып, жаңа құрылым мен үкіметті қолдауға шақырды. Алдағы кезеңде Құрылтай жиналысына даярланып, оған лайықты кандидаттарды сайлау қажеттігін және аграрлық мәселені талқылауға алуды үндеді. «Жер мәсе­лесін тез арада талқылаңыздар. Біз­­дің ұранымыз: демократиялық рес­­пуб­ли­каны және жерді одан мал ша­руа­шы­лығы мен егіншілік арқылы табыс ала­­тындарға беру. Құдайдан басқадан қо­рық­па­ңыздар… Әділет жолымен жүріп, жаңа үкі­метті қолдаңыздар. Министрліктің азық-түлік ісі жөніндегі өкілдері мен май­да­н­дағы өзіміздің жұмысшыларға көмек көр­се­туіміз керек. Халықтың пікірін жет­кі­­зіңіздер…» дей келе, алдағы уақытта аса маңызды жалпыресейлік мәселелер, әсі­ре­се, өкімет туралы және мемлекеттік құ­р­ылыс мәселелерін, көшпелі және оты­рық­шы халықтардың мүдделерін есепке ала отырып, аграрлық мәселесін және Құ­рыл­тай жиналысына дайындықтар жүргізу қа­жеттігі баса айтылды.

        Әлихан бастаған қазақ зиялыларының Минскіден 15 наурызда жіберген келесі бір жеделхаты елдегі М.Тынышпаев, Ж.Тілеулин, А.Тұрлыбаев, Р.Мәрсеков және тағы басқа азаматтарға арналды. Тең­дік, бостандық күнінің туғанымен құт­тықтай және жаңа үкіметке қолдау, қазаққа араздық, өштік, дау-жанжал, талас­ты қойып, ұйымдасып іске кірі­су­ге ша­қырды («Қазақ», 1917, №223).

        Жаңа үкіметтің құрылғанымен Керен­ский, Милюков және тағы басқа да Уақытша үкіметтің мүшелерін Жетісу қазақтарының атынан ІІ Мемлекеттік Дума депутаты М.Тынышпаев та құттықтау жіберіп, ақпан революциясын үлкен оқиғаға балап, «Осы үлкен оқиға кезінде ескі үкіметтің адасқан, жаман саясатымен қанға боянған қазақ хал­қын ұмытпауларыңды, тұншығуға таян­ған қазақ халқының көздері сіздер жағ­ында. Жазықсыз қамаудағы талай қазақтар жеңілдік, бостандық дәмін айтып тұр. Учредительный собраниеге кісі жі­­­бе­ру­ді беріңіздер» деген еді («Қазақ», 1917, 17 наурыз.).

       Ұлт зиялылары ақпан революциясына үлкен үміт артты. Жаңа үкіметті қолдай отырып, майдандағы қара жұмысшылар мен олардың отбасыларына қаржылай көмек ұйымдастыру мәселесін көтерді. «Қазақ» газетіне Минскіден Әлихан, Әбубәкір, Ажар, Ғайса, Міржақып, Мыр­за­ғазы қол қойып жіберген жеделхатта қ­ара жұмыстан босатылған сарбаздар мен жұ­мысшылардың үйде қалған бала-шаға­сы­н­ың пайдасына ақша жинауды ұсынды. Жеделхатта «Алаш азаматтарынан біздің тілейтініміз: жаңа үкіметті жақтаушыларға бар күштерімен болысу, бұрынғы тыныш күйді бұзбау, азық-түлік істеріндегі уәкілеттілерді демеу, майданда һәм майдан сыртындағы жұмысшыларға керек май, ет, тары секілді азықтарды жиыстырып, запас жасауға ұйымдасу» қажеттігін баса көрсетті.

      Ә.Бөкейханов, А.Кенжин, Ж.Сейдалин, М.Дулатов, Н.Құрбанғалиев, М.Боштаев Петроградта өткен мұсылмандар кеңе­сіне қатысып, мұсылмандар ұйымын үйлестіретін орталық мұсылман бюросын құру және Бүкілодақтық мұсылмандар съезін шақыру қажеттігін қолдады.

      Жаңа үкіметтің орнауына орай Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінде жиналыстар өткі­зіліп, алдағы уақытта қандай іс-шара­лар жүргізу мәселесі нақтыланды, оны жүр­гізетін атқару комитеттері құрыла бас­тады. Елдің алдында бұрыннан өзекті бо­лып табылған үш мәселені – аграрлық, ұлт­тық және республика түріндегі жаңа сая­си жүйені қалыптастыру мәселесі тұрды.

      Патша үкіметінің билігі құлағаннан кейін Ойыл уезінде өткізілген жиналыста оған қатысушылар жаңа үкі­мет­ке көну, Русия халықтарымен тізе қо­сып, бірігіп, халықты Құрылтай жиналысы­на сайлауларына көндіруді міндеттеріне ал­ды.

     Үкімет билігін қолына алған Уақытша үкімет қазақ интеллигенция өкілдерін қызметке тартты. Мәселен, Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің ұйғарымымен Торғай облыстық комиссары, О.Шкапский мен М.Тынышбаев Жетісу облысының ко­мис­сарлары болып тағайындалды. Бұрын­ғы патшаға қызмет еткен ұлт зиялыла­ры енді жаңа үкімет билік аппаратына араластырылды. Қазақ зиялыларына осындай қызмет ұсына отырып, біріншіден, елдің ішін өз өкілдерімен тыныштандыруға тыр­ысса, екіншіден, Құрылтай жиналы­сына дейін берік билікті нығайтуды көз­­­деді. Дегенмен, Уақытша үкіметтің Қазақстанның барлық аймағын қа­да­ға­лауға мүмкіншілігі болған жоқ, кей­­бір өңірде бұрынғы генерал-гу­бер­на­тор­­лықтардың басқару жүйесі сақталып қал­ды. Мәселен, Уақытша үкімет би­лік­ті қолға алса да, Түркістан генерал-губернато­ры Куропаткин мемлекеттік өзгерістерге қарамастан сәуір айына дейін өлкені басқаруды жалғастыра берді.

       Ұлт зиялыларының бастауымен жер-жерлерде қазақ және мұсылман коми­тет­тері құрылып, съездер өткізу арқылы алда қол­ға алынатын жұмыстарды талқылай бас­тады. Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Орал, Бөкей Ордасында өт­кен облыстық қазақ съездерінде қазақ қо­ғамында өзекті саналатын мәселелерді жа­л­пыұлттық деңгейге көтеріп, нақты талап-тілектерін ұсынды. Бұл съездердің барлығы да Уақытша үкіметтен үлкен үміт күтіп, сенім артты. Сондықтан, съез­дің басында бұл үкіметті толықтай қол­дай­тындықтарын білдірді. Мәселен, 1917 жылдың 2-8 сәуірі аралығында бол­ған Торғай облыстық съезін ашқан Ахмет Байтұрсынов ұйымдық жағынан бірі­гіп, Уақытша үкіметке қолдау көрсете, тәр­тіп пен тыныштықты сақтай отырып, жа­ңа жүйені құруға шақырса, Семей об­лыстық қазақ съезінде сөз сөйлеген Райымжан Мәрсеков те еркіндікке және құл­дықтан босануға қол жеткізу Ақпан ре­волюциясының арқасында екендігін ба­са айта, ол да қолдау көрсете, алдағы мін­д­ет­­терге қол жеткізуге ұмтылуды маңызды деп санады.

      Барлық съездерде қаралған бұрыннан келе жатқан қазақтың ең өзекті дін, жер, земство, оқу, сот және тағы басқа мә­се­лелері болса да, ең негізгісі, өзін-өзін бас­қару үшін ұлттық автономияға қол жет­кізу, Құрылтай жиналысына даярлық жа­сау еді. Қазақ зиялылары Уакытша үкі­мет көтерген «Барлық билік Құрылтай жи­налысына берілсін!» ұранын жақтады. Съездер өте салысымен Құрылтай жиналысына даярлық барысы қолға алы­нып, сайлау тәртібі мен әр облыстан оған лайықталған кандидаттардың тізімі «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» және басқа басылымдарға жариялана бастады. Құ­рылтай жиналысына депутат сайлау халық арасында саяси белсенділікті арттыра түсті.

       Қазақ азаматтары жаңа үкіметтен пат­ша­ның 25 маусымдағы «бұратана» ха­лық­т­ардан қара жұмысқа алу жөніндегі жарлығына қарсы шығып, үкіметтің абақтысында азап шегіп жатқандарды босату және 1916 жылғы көтеріліс кезінде басқа елдерге қашып немесе босып кет­кен­дерді, қара жұмысқа алынғандарды елі­не қайтару мәселесін талап етті. Уақыт­ша үкі­мет қазақ халқының 1916 жылы кө­­­теріліске шығуы өзін-өзі қорғауға қа­тыс­­ты екендігін мойындады және кө­те­рі­лісті басып-жаншыған жазалау экспе­ди­­цияларының әрекеттерін тоқтатып, кө­терілісті ұйымдастырғандарға және бел­сенді қатысқандарға кешірім жасады. Қара жұмысқа алынғандарды қайтару ісіне де қолдау көрсетті. Бұл қазақ халқы үшін ірі жеңіс еді. Е.Омаров, М.Есболов сияқты азаматтар майдандағы қазақ жігіттерін қайтару ісінің басы-қасында болып, адасып кеткен немесе қайта алмай темір жол бойында жүргендердің тізімін жасап, оларды эшелонға отырғызу және жеткізу қамына кірісті. Сонымен қатар, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлт зиялылары 25 маусым жарлығынан кейін Қытайға босып барып, аштыққа ұрынған қазақ-қырғыздарды қайтару мәселесін де қолға алды.

        Қазақ интеллигенциясының Ақпан төңкерісінен кейін қол жеткізген тағы бір жемісі – «Алаш» партиясы құрылып, Алаш идеясын жүзеге асыруға кірісті. Қазақ елінің өзін-өзі басқара алатын, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құ­­ру­ға, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс ау­даруға шек қоюға ұмтылды. Әлихандай кө­семі бар бұл партия халықтың ұзақ жыл­дар бойы аңсаған арманын орындауға талпынды.

       «Алаш» партиясының құрылуы бірін­шіден, қазақ қоғамының алға жылжуы­на үлкен серпіліс әкелді, екіншіден, ха­лық­тың жаңа заманға деген сенімін кү­шейтті. Партияның қатары күннен-күнге көбейіп, жалпықазақ съезінің шешімдерін орындауға бет бұрды. Съезде қабылданған шешімдерді жүзеге асыруда «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан ұлт зиялылары ерекше белсенділік танытты.

       Ақпан революциясы қоғамда орын алған барлық мәселелерді шеше алған жоқ. Дегенмен, елдің саяси бостандық пен қоғамдық өмірді демократияландыруға деген сенімін арттыра түсті. Қазақстанда қоғамдық-саяси өмірдің жандануына жол ашты. Қазақ зиялылары Ақпан төңкерісінен кейін жаңа қоғамдық өз­ге­ріске белсене араласып, өз ұлтының өмі­рін түбегейлі өзгертуге, жақсартуға тал­пынды. «Алаш» партиясы арқылы ұлт­тық бостандыққа жетуде ұлт азаматта­рын біріктіруге, қазақ елінде отардан ада өркениетті қоғам орнатуға ұмтылды.

        Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы

      https://www.egemen.kz/2017/02/17/102436

толығырақ

      

       «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы бастапқы сандарында: «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік Ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан – концерт. Демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры Дінше», –
деген хабарлама әлденеше рет басылды.

       Сөйтіп, 1926 жылғы 13 қаңтарда сол кез­дегі ел астанасы – Қызылордада Мем­л­е­­кеттік ұлт театры салтанатты түрде ашылды.

      1926 жылдың алғашқы төрт айы бойы шыққан әлгідей жарнамалар­да ұлт театрының қызметі жайында түрлі деректер бар. Со­лар­дың бірінде бәйгеге түскен пьесаны тал­қылауға көрермендердің де қатыса ала­тын­дығы айтылады. Сонымен бірге, «Жеті кісіден сыншы комиссия ойында болып, пьесаның артық, кем жерлерін бақылап оты­рады» деген ақпарат беріліп, комиссия құрамына ағарту халкомы Смағұл Садуақасов, өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ораз Жандосов, орыс театрының режиссері Михаил Насонов, ақын-жазушылар Бейімбет Майлин, Молдағали Жолдыбаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов кі­ре­тіндігі көрсетілген.

      «Еңбекші қазақ» бетіндегі жарнамалар­дан «оқу комиссариатының бәйгесіне кел­ген пьесалардың ішіндегі дәмелісі – 3 перделі «Исатай батыр» деген тарихи драма», «Шернияз» атты 4 перделі қа­ра­қалпақ тұрмысынан жазылған драма», сондай-ақ, «бәйгеге келген 3 перделі, 6 сүгіретті және прологі мен эпилогі бар «Қаракөз» атты драма» қойылғанын бі­лу­ге болады. «Театр әртістерінің саны жетпегендіктен, 10-нан артық адам сырт­тан шақырылды», деген жолдар да қыз­ғылықты. Бұдан жас өнер ордасындағы кәсіби сахна шеберлерін қа­лып­тастыру талабын көреміз.

      Тұңғыш ұлт театры аптасына бір-екі мәр­те ойын қойып отырды. Театрдың бірінші маусымы төрт айға ғана созылып, сах­налық қойылымдардың 12 премьерасы өтті. Әр пьеса қысқа мерзім ішінде сахналанып, бір-екі-ақ реттен қойылатын. Барлық спектакль концерттік ойын-сауықтармен астастыра көрсетілді. Театр әртістері болып ешқандай кәсіби білімі жоқ халық таланттары қызмет атқарып, түрлі образдарды сомдады. Спектакльдер соңындағы концерттерде ән-күй, әзіл-сықақ, тіпті, цирктік нөмірлерді де солар орындайтын.

      Театр директоры Дінше (Дінмұхамед) Әділов спектакльдердің қойылымдарына жал­пы көркемдік жетекшілік жасады. Ал әр ойынның режиссуралық деңгейін көте­ру үшін ол сахна шеберлерінің өз ішінен жекелеген спектакльдердің ре­жи­с­сер­лерін тағайындап отырды. Мы­са­лы, «Қаракөзге» режиссер болуды Орын­­бор оқу орындарындағы көр­кем­өнер­­паздар үйірмесінде ысылып келген Серке Қожамқұловқа, «Шернияздың» ре­­жиссерлігін Ташкент сахналарын­да тәжірибе жинап, Қазақ ағарту инсти­тутындағы музыкалық драма үйір­ме­сін­де өзінің шәкірті болған Құрман­бек Жан­дар­бековке тапсырды.

       1926 жылғы 11 ақпанда Смағұл Садуақасов төрағалық еткен Ағарту халкоматы алқасының мәжілісінде ұлт театрының жай-күйіне байланысты Дінше Әділовтің баяндамасы тыңдалып, театрдың аяқ алысы жақсы бағаланды. Театрға «Қазақ мемлекеттік академиялық театры» атауы берілсін деген қаулы алынды.

      Театрдың ресми ашылған күні 1926 жылғы 13 қаңтар екенін кеңестік тарих жоққа шығарған емес, тек осы күні теа­тр өз шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегімен» ашты деген деректі әб­ден құлаққа сіңірген. Расында, бұл күні сах­нада Қошке Кемеңгеровтің «Алтын са­қина» пьесасы ойналған еді. Ал тарихи де­ректің бұрмалану себебі – 1913 жылы Омбы­дағы шәкірттік кездерінен аралас-құ­­ралас болып, саяси соқпақтары бірде түйісіп, бірде ажырап жүрген байырғы дос­тар – Дінше мен Қошкенің саяси репрессия құрбанына айналғанында жатқан-ды. Бірақ «Еңлік-Кебек» – Әуезов театрының алғашқы қойылымы» деген дерек ойдан шығарылмаған, ол шынында да құрылу үстіндегі жас театр әртістерінің сахнаға ұсынған алғашқы спектаклі болды. Ол Қазақ өлкелік партия ұйымының бесінші кон­ференциясы аясында, 1925 жылғы 1 жел­тоқсанда қойылған.

      1926 жылғы 25 сәуірде Ағарту халық комиссариатының алқасында Дінше Әділов есепті баяндама жасады. Қазақ театрының есеп беру мерзімі ішіндегі қызметі қанағаттанарлық деп табылды. Бірақ көп ұзамай Дінше қыз­метінен босанды. ОГПУ тергеушісіне 1928 жылы берген түсініктемесінде ол былай деген: «Мен бұл театрдың директоры мін­детін кінәратсыз атқардым, қажырым мен қуатымды аямай жұмсадым деп есептедім, сондықтан да, доғарысқа кетуге бел будым».

       Тарихи шегініс жасасақ, Діншенің өнер­паздықпен шұғылдануы 1914-1918 жыл­дары Омбы гимназиясында білім алып, жастардың «Бірлік» ұйымына мүше бол­ған және Ақмолада облыстық қазақ ре­волюциялық мекемесінің комиссары ре­тін­де қызмет атқарып, «Жас қазақ» ұйымын қ­ұ­рысып жүрген кездерінде басталғанын айт­қан жөн.

       1917 жылы Дінше Әділов Алаш пар­тиясының Ақмола облыстық комитеті мү­ше­лігіне сайланады. 1918 жылғы сәуірде ол мүше болып жүрген «Бірлік» ұйымы көз­қарас ыңғайымен екі жарылады. Дінше ке­ңестік бағдардағы демократиялық одаққа қо­сылады. Ізінше Омбыда жасақталған қы­зыл партизандар жасағына кіреді де, ақ­тар­мен соғысу үшін Қиыр Шығысқа атта­на­ды. Благовещенскіде ақтар түрмесіне тү­­седі. Одан Омбыға аман-есен оралып, Колчак дик­татурасына қарсы қарулы кө­те­ріліске қатысады.

      Ақтардан бой тасалап, 1919 жылы Түр­кіс­тан өлкесіне өтеді. Ташкентте Тұрар Рыс­құлов басқаратын Мұсылмандар бю­росы жұмысына қатысып, қазақ педа­го­ги­калық училищесінде сабақ береді. Ал 1920 жылы Түркістан Орталық Атқару Ко­митетінің төрағасы Нәзір Төреқұловтың ше­шімімен Алматыға аттанып, Жетісу об­лыстық халыққа білім беру бөлімінің мең­герушісі болады. Мұғалімдер дайындау курсына мәдениет тарихынан дәріс бе­реді. Облыстағы мәдени-үгіт топтарын құ­руға қол ұшын созады.

       Дінше 1920 жылдың күзінде Семейге барып, Жүсіпбек Аймауытов басқаратын қа­зақ бөлімі жұмысына қатысқан. Сол жылы қазан айында өткен Қазақстанның тұң­ғыш кеңестер съезінде Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сырттай сайланып, Орынборға келген. Ол жайында белгілі қайраткер Смағұл Садуақасов республиканың бас газеті бе­тін­­де: «Дінмұхамед Әділов жас болса да, қа­зақ революционерлерінің кәриясінен са­налады», – деп жазған-ды. Әділов ішкі істер халық комиссариатының алқа мүшесі, халық комиссарының орынбасары, халық ко­миссары міндетін атқарушы болды. Сосын қазақ үкіметі мен облыстық партия комитетінің отаршылдық салқынынан арыл­­маған саяси бағытына Смағұл Садуа­қа­совпен бірге қарсы шықты. Соның сал­да­рынан халық комиссары лауазымына бе­кітілмеді, қызметінде кыспақ көрді.

      Сөйтіп, Әлихан Бөкейхан және Ахмет Бай­т­ұрсынұлының батасымен Ташкентке кетіп қалды. Онда 1919-1920 жылдары өзі ұстаздық еткен Қазақ ағарту институты мұғалімдері мен оқушыларының қа­ты­суымен қаланың «Колизей» театрын­да өтіп жүрген «Шығыс кештеріне» ар­нап қа­­зақ тұрмысынан ойын-сауық бағ­дар­ла­ма­­ларын әзірледі.

       Мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қо­жановтың жары – Гүләндәм Мұңайт­пас­­қызы 1988 жылдың бас ке­зін­де­ бізге Ташкенттің 1921 жылғы мә­де­ни­ өмірінен бір сыр шерткен еді. Түр­к­­рес­публика жауапты қызметкерлері зайып­­тарының қатысуымен өткен бір өнер ке­шінде қойылған спектакльдің бас­ты ұйым­дастырушысы Дінше Әділов бол­ға­нын еске алған. Бұл туралы 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне Дінше: «Есімде, ме­нің Тәшкенде тұрған шағымда «Шығыс ке­ш­­терін» қоюшы едік, қазақ бөлімін мен бас­қа­ратынмын», – депті.

      Дінше Әділов 1921 жылғы мамырдың соңғы күндерінің бірінде серіктерімен бірге астыртын тапсырмамен Бұхара қаласына шыққан. Онда түркі әлемінің ірі қайраткері Ахмет Зәки Уәлиди жасырынып жүрген еді. Оған қазақ зиялылары жіберген жігіттердің бірі қазақтардың Ферғана алқабындағы тұрақты өкілі ретінде қалдырылды. Бұл Дінше еді. Ол Бұхарада белсенді жұмыс ат­қарды. Зәки Уәлиди кейіннен өзінің «Есте­лік­терінде» оның қызметін әлденеше мәрте ри­зашылықпен атап өтіп, «Бұхара мен Самарқанда Алашорда уәкілі болған қазақ шайыры әм мәдениет қайраткері Дінше» деген мәтінмен жеке суретін бас­тырды.

      Дінше 1922-1923 жылғы қыста Сыр­да­рия облаткомы мандатымен Шу бойын­да халық жиналыстарын өткізіп, салық жи­нау­шылардың зорлық-зомбылығына тыйым салды. Сосын Ташкентте Қазақ ағарту ин­ститутының оқытушысы, 1924 жылы директоры болды.

       Дінше 1926 жылы жазғытұрым ұлт театрының басшылығынан өз еркімен кетті де, ОГПУ қармағына түсті. 1928 жылғы тәркілеу науқаны тұсында тұтқындалып, 1930 жылғы 21 сәуірде бар болғаны отыз жасында Мәскеуде атылып кетті. Рес­пуб­ликалық басылым бетінде бір белгілі ақы­нымыз 30-шы жылдары: «…бетінен қа­ны шыққан ұлтшыл Әділұлы театрдың ба­ғытын еңбекші тап мүддесінен бұрып әкет­ті», – деген жалалы тұжырымын жария етті.

        Енді Діншенің зор еңбегін бағалап, есі­мін Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихындағы өз орнына қоюға толық мүмкіндік бар.

             Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

толығырақ

Мәскеуде Кенесары хан туралы қолжазбаның түпнұсқасы жарық көрді

 
       Ресей мемлекеттік кітапханасының шығыс әдебиеті орталығында «Кенесары Қасымов: тұлға, тағдыр, дәуір» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінен.
    Шара Ресей ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бойынша ғылыми ақпараттар институтының директоры міндетін уақытша атқарушы, тарих ғылымының докторы Илья Зайцев дайындаған Ахмет Кенесариннің «Кенесар Қасымов пен Садық Кенесариннің тарихы» («Насаб-наме-йи султан Садык» - «Родословная султана Садыка») қолжазбасы көшірмесінің жарық көруіне арналған.  
     Даңқты қазақ билеушісі Кенесары Қасымов пен оның ұлы Садық жайындағы естеліктер жазылған бірегей қолжазба Қазақстан Елшілігі мен «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобалар қорының қолдауымен Мәскеуде жарық көріп отыр.             А.Кенесариннің өзінің әкесі Кенесары хан мен Садық сұлтан жайындағы әңгімелерін Ресей географиялық қоғамы Түркістан бөлімшесінің мүшесі Е.Смирнов аударған және ол осыдан 130 жылға жуық уақыт бұрын 1889 жылы Ташкентте жарық көрген. Алайда түпнұсқа қолжазбаның тағдыры осы күнге дейін белгісіз болып келген еді.  Осы жылдар бойы құжат Мәскеудегі мемлекеттік тарих музейінің қолжазба дереккөздері бөлімінде сақталып келген және оны ресейлік тарихшы Илья Зайцев тапқан. Қолжазба араб әліппиімен қазақ тілінде жазылған.          Мемлекеттік тарих музейі директорының орынбасары Андрей Яновскийдің атап өтуінше, жарияланып отырған кітап қазақ халқы тарихындағы қызықты кезең жайында сыр шертіп, Кенесары хан мен оның ұлдарының өміріне қатысты мәліметтерді аша түседі. Сонымен қатар Хиуа, Бұқара және Қоқан хандықтары тарихымен байланысты кезеңдегі оқиғалар жайында тарихи мәліметтерді кеңейте түседі.
    А.Яновскийдің айтуынша, осы жылдар бойы А.Кенесариннің қолжазбасы Мемлекеттік тарих музейінің қолжазба дереккөздері бөлімінде, Сырдария облысының әскери губернаторы Николай Гродековтың жеке қорында сақталған.          Шара барысында басылым авторы Зайцев кітапты жасау тарихына қатысты деректерімен бөлісті. Ол А.Кенесариннің түпнұсқа қолжазбасын 2004 жылы Мемлекеттік тарих музейінде «Мәскеулік жинақтардағы ислам қолжазба кітаптары» көрмесін дайындау барысында тапқан.
      «Жарық көрген кітап  орыс тарихнамасына қатысы жоқ. Бұл қазақ мәдениетінің жазба ескерткіші, онда қазақ халқының тарихи сана-сезімі баяндалған бастапқы дереккөзі сол уақыттың оқиғаларын қазақтың көзімен бағалауға мүмкіндік береді», - деді Зайцев. Оның айтуынша, қолжазба бір адамның немесе бір отбасының ғана емес сонымен бірге мемлекеттің де тарихы саналады.
       РҒА Ресей тарихы институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы, профессор Наиля Бекмаханованың айтуынша, Кенесары ханның рөлі мен тағдыры тарихтағы маңызды кезең саналады. Мұндай пікірді ММУ Азия және Африка елдерінің тарихы институты директорының орынбасары  Орталық Азия және Кавказ кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы Жібек Сыздықова да қолдап, басылымды әдеби мұра және Қазақстан тарихының бірегей дереккөзі деп бағалады.
      Тарих ғылымының докторы Дина Аманжолова кітаптың бірегей басылым екендігін және зерттеушілер тарабынан зор қызығушылық туындататындығын баса айтты. Ол кітапты тек Қазақстан  мен оның халқына ғана емес, сонымен бірге Ресей үшін де үлкен сыйлық болатындығын атап өтті.
      Дөңгелек үстел аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, онда Кенесары ханның тағдырына, сол дәуірге арналған сирек кездесетін басылымдар көрсетілді.  Екі шараға да көрнекті шығыстанушы ғалымдар, зерттеушілер, тарихшылар, Мәскеу жоғары оқу орындары шығыстану факультеттерінің студенттері және журналистер қатысты.

толығырақ

     

    Елімізде Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы атап өтілді. Қазақ мемлекеттігінің алтын көпірі болып табылатын Жәнібек пен Керейдің Алтын Ордадан кейінгі тарихы біршама зерттелді. Көркем шығармаға арқау болды. Қазақтың классик жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы бойынша тамаша фильм түсірілді. Міне, осылай тарихи танымға тамсанып жүргенде жақында Ресейдің «Мәдениет» арнасынан журналист Георгий Новиковтың «Жәнібек ханның тәжі» атты деректі фильмі көрсетілді.
      Өте қызық әрі Алтын Орда дәуіріне тікелей қатысты болғандықтан, бізді де бейжай қалдырмайды.

       …1834 жылы Саратов губернаторы Ф.Переверзевтің үйінде жайыл­ған дастарқан басында екі адам кез­де­седі. Оның бірі миссионер әрі археологиялық қазбалар жүргізіп жүрген неміс колониясының пас­торы Генрих Август Цвик те, екін­ші­сі саудасы жүріп тұрған әлдебір көпес болатын. Дас­тарқандағы көңілді әңгіме, буынға түскен шарап көпесті масаңдатқаны сонша, ол қызды-қыздымен тарихи жәдігерлерін көрсетіп мақтана бастайды. Әрі Г.Цвиктің оған ұнағаны сонша, қонағына алтын жәдігерді сыйлап та жібереді. Пастор Г.Цвиктің көктен ізде­гені жерден табылды. Әккі коллекцио­нер әрі археологиялық жәдігерлерді жи­нау­шының көзіне бұл артефакт оттай басылды. Бұл Алтын Орда дәуірінің ғажап жәдігері еді. Яғни Г.Цвиктің қолына Жәнібек ханның алтын тәжі түседі.

       Г.Цвик Ресейде 18 жыл тұрып, ірі екі қорғанды қазады. Оның есебін ғы­лы­ми тұрғыда сипаттап жазады. Алтын Орда дәуірінің тарихын мейлінше же­тік білетін Г.Цвиктің қолына 1,5 мың­ға жуық жәдігер жинақталады. Ал 1832 жылы суыр інінен тәж табылған. Жәні­бек­тің алтын тәжі сол еді. Әрі ол пас­тор коллекциясының ең құндысына ай­нал­ды. Бұл кезінде Сарай Бату, яғни Берке Сарай деп аталатын Алтын Орда ха­ны қаласының орны екен. Гүлстан деп те аталған. Ибн Баттута тамсана жазған қа­ла ХІV ғасырдың аяғында азып-тоза­ды. Түрлі деректер бойынша бұл қала­ны Әмір Темір, бір деректерде Мамай тал­қан­даған деген мәліметтер бар. Ал бұл қала­да теңге соғатын Сарай орналасқан екен.

      Кейін Ресейдегі неміс колониясы саяси ахуалға байланысты дүние мүліктерін тас­­тап, Германияға кері қайтады. Г.Цвик те 1,5 мың алтынордалық жәдігермен бір­ге Жәнібектің алтын тәжін де алып ке­теді.

      1840 жылы пастор Г.Цвик оны және бар­лық коллекцияларын бар болғаны 1000 таллерге сатып жібереді. Бұл Кельн уни­верситеті профессорының бір жылғы ай­лығына тең болатын. Өте қымбат қазынаны пастор Г.Цвик неге арзанға сат­ты? Жұмбақ.

       Фильмдегі мәліметтерге қарағанда, бұл өзбек ханның ұлы Жәнібектің тәжі емес, оның анасы Тайдулла ханшаның сәу­келесінің алтын өрнегі болуы ықти­мал. Жәнібек ханның тиындарының сыр­тындағы гүл-өрнекке пара-пар бол­ған­дықтан Жәнібектің тәжі деп аталуы да мүм­кін деген болжам да айтылады. Бірақ Еуро­пада жарияланған дереккөздерінің бә­рін­де ол «Жәнібек ханның алтын тәжі» деп аталады.

      Патшалық Ресей кезінде бұл тәждің іздеу­шілері аз болмаған сыңайлы. Сара­товтық өлкетанушы А.Леопольдов «Жәнібек ханның тәжі» деп аталған артефакт жөнінде 1837 жылы жазған,

      Г. және Н.Чернецовтар 1838 жылы әлдебір алтын тәждің табылып, қолды болғанын айтқан. Оны сарепталық біреудің сатып алып кеткендігі туралы баяндайды. Сарепта деп отырғаны баяғы Сарай Бату қаласы. Бұдан кейін В.Григорьев деген біреу «Жәнібек ханның тәжі» Йена қала­сындағы ұлы герцогтың шығыс жә­дігерлері қойылған кабинетінде тұр­ғанын мәлімдеген. Ол Шығыс жәді­гер­лері кабинетінің қор сақтаушысы доктор Иоганн Штикель мырзаның 1817 жылы шыққан кітабына енген.

      1851 жылы Ресейдің Императорлық археологиялық қоғамының мәжілісінде «Жәнібек ханның тәжі» туралы мәлі­мет айтылады. Ол туралы белгілі ға­лым, нумизмат, шығыстанушы әрі ар­хе­ологиялық қоғамның хатшысы П.Савельев Париж бен Йена қаласының ка­бинеттерінде қойылып жүрген қолды бол­­ған қос жәдігер туралы хабарлама жа­сайды. Әрі Германиядан жәдігердің галь­вано-пластикалық суреті, болмаса кескінін сұрау жөнінде ұсыныс айтады. Германия жағы сегіз айдан соң жәді­гер­дің суретін жібереді. Қоғам 1851 жы­лы 15 қазанда ол суреттерді жариялау­ды тап­сырады. Өкінішке қарай, ол сурет Им­пе­р­аторлық орыс географиялық қо­ғамының хабаршысына шықпай қалады. Оның себебі де түсініксіз еді. «Жәнібек ханның тәжінің» суретін 1906 жылы А.А.Спицын жария­лайды.

      Алтын Орда дәуірінің білгірі ғалым Г.Федоров-Давыдов 1968 жылы ғылыми-көпшілік журналдың бірінде «Жәнібек хан­ның тәжі» туралы ақпарат орналас­ты­рады.

        Ресей Ғылым академиясы Архео­ло­гия институтының ғалымы Н.Савельев бұл жәдігерлердің суретін «Российская архео­логия» журналының 2013 жылғы 2-санында жариялайды. Сондай-ақ, бұл жәдігер туралы 1837 жылы Йена уни­верситетінің профессоры Карл Гюбе­ль сипаттама берген. Міне, «Жәні­бек ханның алтын тәжі» деп атала­тын жәді­гер­дің суреттерін енді сіздер де кө­ріп отырсыздар, құрметті оқырман.

 

Фильмдегі дерекке қарағанда, Гер­ма­ния­ның Саксония өлкесі екі рет со­ғыс ош­ағында қалған. Ал Екінші дү­ние­жүзілік соғыс жылдарында ол Ке­ңес Одағы әскерлерінің иелігінде бол­ған. Мүмкін, Мәскеуге қайтарылған ар­хео­логиялық жәдігерлердің арасында «Жә­ні­бек ханның алтын тәжі» де бар шығар.

       Волгоградтағы Өлкетану музейі мен «Ескі Сарептадағы» (Берке Сарай) музейінде қазақ тарихына қажетті талай жәдігерлер мен артефактар бар сыңайлы. Біздің тарихымыз үшін ұсақ-түйек жоқ.

       Қазақ хандарының алтын тақтары да, алтын тәждері де болғаны біздің фольклорлық жырларымызда сақ­тал­ған. Жырауларымыз хандар тура­лы айт­қанда, олардың алтын тақта оты­рып, алтын тәж кигенін жырға қос­қан. Мысалы, Марғасқа жырау. Бұл жөнінде белгілі тарихшы, ҰҒА коррес­пон­дент-мүшесі М.Әбусейітова ханым, тарих ғы­­лымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев бірнеше мақала жариялағанын бі­ле­міз. Міне, соның айғағындай «Жәнібек ханның алтын тәжінің» суре­тін жүрек елегінен өткізелік. Біздің ұлы та­ри­хымыз бар, ұлы бабаларымыз бар. Өйт­кені, Алтын Орда дәуірі біздің ортақ та­рихымыздың жәдігер-тұмасы…

       Уәлихан ҚАЛИЖАНОВМ.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі


 

толығырақ

       Соңғы кездері қазақ тарихына қатысты әр елден мұрағат құжаттары табыла бастады. Бертінге дейін Қазақ хандығының Чиң патшалығымен болған қарым-қатынас мәселелері ұзақ уақыт жұмбақ болып келгені белгілі. Кейінгі уақытта осы жұмбақтың түйіні тарқатыла бастады. Сөйтсек, қазақтың тарихын зерттеуге жапон ғалымдары әлдеқашан ден қойған екен. Бейжің Орталық ұлттар университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділашымұлының айтуынша, жапон ғалымдары бұл тақырыпты әлдеқашан еңсере бастаған көрінеді.

      – Жапонияда аға буын ғалым­дардан алдымен Сагучи Торуды айтуға болады. Тарихшы ғалым Қазақ хандығы мен Чиң патшалығы қарым-қатынасы туралы іргелі зерттеу мұраларын жазып қалдырды. Қазір қазақ тарихын зерттеп жүргендерден Уяма Томохико, Нода Джин, Онума Такахиро, Акасака Цунэаки қатарлы ғалымдарды айтуға болады. Уяма Томохиконың «Қазақ тарихы: тарихи пайымдаудағы сақталған мәселелер негізінде» атты мақаласы бар. Меніңше, бейтараптық тұрғыдан тамаша жазылған еңбек. Ал соңғы екі ғалым болса Қазақ хандығы мен Чиң патшалығы қарым-қатынасына байланысты зерттеу­лермен тікелей айналысып жүр. Екеуі бірлесіп ағылшын тілінде жазған «Қазақ сұлтандарының Чиң патшалығына жазған хаттары» атты еңбегі 2010 жылы баспадан шықты. Оған 13 дана қазақша құжат енгізілген. 2011 жылы Нода Джиннің «Ресей-Чиң империясы және Қазақ хандығы» атты жеке монографиялық еңбегі жарық көрді. Өткен жылы осы кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы да оқырман қауыммен жүздесті.

      Дүйсенәлі Әбділашымұлының айтқанынан аңғарғанымыз, осыдан үш жыл бұрын Онума Такахироның «Чиң патшалығы және Орталық Азия сахарасы: көшпелілер әлемінен империя іргесіне қарай» атты моно­графиялық еңбегі жарық көріпті. Жапон ғалымының ғылыми мақалаларының ішінде 2006 жылы жарияланған «Чиң патшалығы мен қазақ билеушілерінің саяси қарым-қатынасы хақында – Орталық Азия Ежен-Албатұ қатынасының дамуы» атты мақаласының да шоқтығы биік көрінеді. Аталған мақалада қазақша, тот-моңғұл тіліндегі құжаттар негіз етіліп, қазақтар мен Чиң патшалығы арасындағы қарым-қатынас жөнінде жаңа ғылыми көзқарастар ортаға салынған көрінеді.

        Ұларбек НҰРҒАЛЫМ, «Егемен Қазақстан»

        https://www.egemen.kz/2017/02/07/99119

толығырақ

       Алматыдағы «Елтаным» баспасынан Қытайдың Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университеті Қазақ филолгиясы факультетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлының «Жұңго бірінші тарихи мұрағаттарында сақталған қазақша құжаттар» атты кітабы жарық көрді. Пікір жазғандар ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Сыздық пен филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Әбілқасымов.

     Қытай түркология қоғамы және Қытай аз ұлттар байырғы жазуларын зерттеу қоғамының мүшесі Д.Әбділәшімұлының бұл кітабы Бейжің қаласындағы Жұңго бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттарды негізге ала отырып жазылған алғашқы көлемді тарихи-әдіснамалық зерттеу. Автор Орталық Азия  және Қазақ хандығының тарихы, шағатай түркі тілі және оның жазба нұсқалары, ескі қазақ жазба тілі және оның жазба нұсқалары, қазақ деректануы т.с.с. мәселелермен айналысады. Нақты дәйектер негізінде Қазақ хандығының тарихын, тіл тарихын тереңдей зерделіп жүрген ол бүгінде  оқытушылық пен ғылыми зерттеулерін қатар жүргізіп келе жатыр.

      Бұл кітап: «Қазақша жазбалар», «Чиң патшалығына жолданған қазақша құжаттар», «Қазақтардың Чиң патшалығына елші аттаентыруы», «Құжаттардың көшірмесі, транскрипциясы, қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы және факсимилесі» деп аталатын 4 тараудан т9рады. Оның біріншісі «Қазақша жазбалар және оның тіл», «Шетелдерде сақталған қазақша құжаттар және олардың зерттелу жағдайы» деген 2 бөлімнен тұрады. Екіншісі, «Құжаттар жөніндегі жалып шолу», «Тот-моңғол тіліндегі құжаттар», «Құжаттардың ресми жариялану жағдайы» деген 3 бөлімге бөлінген. Үшіншісі, «Сол қанат қазақтарының елші аттандыруы» , «Оң қанат қазақтарының елші аттандыруы», «Батыс қанат қазақтарының елші аттандыруы» деп жіктелген. Төртіншісі, «Сол қанат құжаттары», «Оң қанат құжаттары», «Батыс қанат құжаттары», «Алдыңғы зерттеулерде шешілмеген кейбір мәселелер жөнінде», «Бір бөлім құжаттың факсимилесі» деген бөлімдерден тұрады.

    Ерлік Ержанұлы

толығырақ

абылайхан шапаны-1

                  Осыдан үш жыл бұрын атақты Төле бидің шапаны табылып, оның музейге алынғаны туралы ақпарат әзір­леп бергенімізде, «Фейс­буктағы» құрдас­тары­мыз­дың бірі әзіл­деп, «Барахолкадан сатып алғандай жап-жаңа екен» деп жазып еді. Міне, Ұлттық музейде тұрған құн­ды жәдігерлердің «түп­нұсқаларын» да оқы­рмандарға ұсынамыз.

        Бұл сонау ХVІІІ ға­сырдан жеткен жәдігер. Атақты Абылай ханның шапаны. Қызыл күрең түсті пүліштен, ішкілігі жібек матадан тігілген. Алдыңғы екі өңір, артқы бой, екі жең, тік жағадан тұра­ды. Алды ашық желбегей, қаусырмалы, қолтық астынан бастап етек жағына дейін үшкілденіп қиылған. Шапанның жағасы, өңірі, жең жиектерінде алтын жіппен екі қатар сызық жүргізіліп, ортасына «толқын» тәрізді өрнектер бейнеленген. Ішкі сызықты бойлай шырмауық гүл үлгісінде ою салынған.

      «Ұлттық мұражайдың Қазақ­стан тарихы залында тұр­ған бұл құнды мұраны 2006 жылы Хамзе Сәтжанұлы – «Назарбаев орталығына» ама­нат етіп тапсырған екен. Хамзе Сәтжанұлы – Абылай хан­ның сегіз биінің бірі және хан кеңесінің мүшесі Байдалы Бекешұлының тікелей ұрпағы. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және жазушы Ақселеу Сейдім­бек ағаларымыздың бастамасымен музейге алынған бұл жәдігер қазіргі күні халықтың мұра­сына айналды», дей­ді Ұлттық мұра­жай­дың Қазақстан тарихы бөлі­мінің ғылыми қызметкері Роза Кенжебекова.

         «Шешендік сөз­дер» атты кітапта (құрастырып, алғы­сөзін жазған Б.Адам­баев. Алматы. 1967) хан Абылайдың шапаны мұра болып Уәли ханға ауыс­қаны, Уәли хан қайт­қан соң, бәй­бі­шесі Айғаным оны Байдалы биге тарту еткені туралы дерек бар.

        Шапанды қайта жаңғыртудан өткізген шебер Тұрсынкүл Жай­лау­баева.

Снимок

       Айгүл СЕЙІЛОВА. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

      https://www.egemen.kz/2017/01/24/94774

толығырақ

        АҚШ Орталық барлау басқармасы (ОББ) 1995 жылы Билл Клинтонның президенттік жарлығымен құпиялылығын жоғалтқан 775 мың құжатты (13 млн беттен тұрады) жария етті, деп хабарлады ҚазАқпарат.

        CREST (CIA Records Search Tool,) мұрағатында қырғи-қабақ соғыс кезіндегі ОББ қызметі жайлы ақпараттар және бірнеше беттен тұратын сараптамалар, ғылыми зерттеулер бар.

     Олардың басым бөлігі – кеңестік ғалымдардың ғылыми рефераттарының, Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің, ауыл шаруашылығы, энергетика және т.б. арнайы маманданған ҚазКСР институттарының еңбектерінің аудармасы. Қазақ КСР Ғылым академиясының қызметіне ерекше назар аударылған: кадрлық ауыс-түйістер мен «Қазақ КСР Ғылым академиясының хабаршысында» жарық көрген симпозиумдар мен жарияланымдар бақыланып отырған.

      Мұрағат мазмұнына қарап, АҚШ барлау басқармасының КСРО секілді ҚазКСР-ға да асқан қызығушылық танытқанын көреміз. Мұрағатта экология, мал шаруашылығы, этнопсихология, география, геофизика, геология, медицина, ядролық физика, металлургия, лингвистика, гидрометеорология және өзге салалар бойынша ғылыми зерттеулердің аннотациялары бар.

       Көптеген газет қиындылары, КСРО кітаптарының аудармалары (Мәселен, «Неке және отбасы қарым-қатынастары»), «Ғылым және өмір» журналының үзінділері және радиобағдарламалардың стенограммасы Кеңес Одағы республикалары жайлы ақпараттың тірнектеп жиналғанын дәлелдейді.

      Мұрағатта сақталған Шыңжаң қазақтарының өмір салты және Тибетке ауған қазақтар жайлы мағлұматтар қазақ тарихшылары мен зерттеушілерінің қызығушылығын тудырары сөзсіз.

      Мәселен, Шыңжаң қазақтары қарым-қатынасқа жеңіл, сыпайы, қонақжай және тұрмыста тазалықты сүйетін халық деп көрсетілген. Жағымсыз қылықтары жөнінде жалқаулық, жігіттердің орынсыз батырсынатыны жазылған.

      Сондай-ақ, мұрағаттағы деректерде көшпенділер тағамының 50% – сүттен, 40% – еттен және 10% – жармадан тұратыны айтылған.

     «Олар көкөніс мүлдем жемейді, есесіне, етті сүйсіне жейді. Жақсы көретін деликатестері — жылқы етінен жасалған шұжық. Қой етіне қол жетімсіз кедей адамдар негізінен, сүтпен және ірімшікпен тамақтанады, ал байлар қой етіне басымдық береді. Жылқылар қазақ ауыз әдебиетінде әсем, батыл және соғыста сенімді серік ретінде айтылып келген. Жылқылар арасында ақ аттың еті деликатес саналады, ал қойлардың ішінен сары бастыларды ұнатады. Қазақтар қымызды жақсы көреді… Олар өте мықты көшпенділер», – делінген барлаушылардың хабарламасында.

    http://qazaq-alemi.kz/more?page_id=46&id=2736

толығырақ

Гиннес

        Гиннестің рекордтар кіта­бы алғаш рет 1955 жылы ирландиялық сыра қай­на­тушы «Гин­несс» компаниясының басшысы Хью Бивердің тапсырысы бойынша жарық көрді. Содан бері бұл кітап дүние жүзі бойын­ша 100 мемлекетте 23 тілде дүркін-дүркін басылып келеді. Әлемнің 23 елінде арнайы редакциясы мен өкілдіктері бар. Қазақстанда әзірге Гиннестің рекордтар кітабының өкілдігі жоқ. Солай бола тұрғанымен,  бұдан ширек ғасыр бұрын тәуелсіздігін жариялаған Қазақ елі әлемдік ауқымдағы ең беделді – Гиннестің рекордтар кітабынан ойып тұрып өз орнын алды. Ең алдымен, Қазақстан кітапқа «теңізге шығар жолы жоқ құрлықтағы ең үлкен мемлекет» ретінде кірді.

     2003 жылы қыркүйектің 27-сі күні бүкіл Қазақстанда саламатты өмір салтын насихаттау үшін өткізілген аэробикалық жаттығу рекордтар кітабына енді. Елдің бар өңірінде бір мезетте 4 миллион 845 мың 98 адам радиодан берілген әуен арқылы қимылдаған шара «әлемдегі ең көп адам қатысқан аэробикалық жаттығу» ретінде танылды.

       Бұдан кейін 2011 жылы желтоқсанда Қазақ географиялық қоғамы 108 сағатта 2308 шақырымды еңсеріп, Оңтүстік полюс­ке алғашқы автомобиль экспедициясын ұйым­дас­тырады. Бұл экспедиция «Оңтүстік полюске құрлық арқылы жеткен ең тез орташа жылдамдықтағы сапар» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

       «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орта­лы­ғы әлемдегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Оның биіктігі – 150 метр. Сондай-ақ, 2012 жылы 16 желтоқсанда қара жорға ұлттық биін бір мезетте 400 адам билеп, рекорд жасады.

       Бұдан бөлек, «Хан Шатырда» әлемдегі ең үлкен ет асылды. Рас, Гиннестің рекордтар кі­­табының ресми өкілдері жылқының со­йы­луына қарсы болды. Соның салдарынан алғашқы рекорд  саналмады. Әйтсе де бұл мақ­сат ақыры орындалды. 2015 жылы 6 шіл­деде Астана қаласының 17 жыл­дығына орай салмағы 736 келі тартатын ет асылды. Бұл жолы кітаптың ресми өкілдері жылқы союға рұқсат берді. Тамақ үш­ін үлкен тайқазан Түркістаннан арнайы әке­лінді. Онда 700 келі ет, 17 қап пияз, 300 ке­лі қамыр жұмсалды. Әлемдік рекордтар кітабының өкілдері рекордты «Мемлекеттің басты ұлттық тағамының дайындалуы» деген атаумен тіркеді.

     Ал 2015 жылы 1 мамырда Алматыда әл­ем­дегі ең үлкен лағман әзірленді. Оның салмағы 687 келі болды. Бұл тағамды дайындауға 30 аспаз жұмылдырылды. Тағам құрамын толықтыру үшін 250 келі ұн, 200 келі көкөніс, 120 келі ет және 50 литр май пайдаланылды.

        Сол сияқты 2014 жылы 7 қыркүйекте Алма­ты қаласында жалпы салмағы 856 кило болатын  ең көп бауырсақ пісірілді. Ал Қытайда тұратын  ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Бо­лат Бейнелұлы мен Гүлзат Азанбекқызы 2008 жылы  ұзындығы 100 метр, салмағы 1 тон­на қазы жасап, оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізді. Олар рекордтың Қытай мем­лекеті атынан жария­лануына қарсы болып, «Қазақ халқының ұлттық тағамы» деп тір­кеткен.  Сосын, 2010 жылы осы елдегі Шың­жан-Ұйғыр автономиялық районында бір мезгілде 10 мың 450  домбырашы «Кеңес» күйін орындап, айды аспанға бір-ақ шығарады.

      2012 жылы Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған кішкентай домбыра «әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Домбыраның ұзындығы – 45 миллиметр, ені – 14 миллиметр.

      Қазақстандық 50 жастағы марафоншы Марат Жыланбаев рекордтар кітабына жеті рет енген. Ол Еуропаның ең биік шы­ңы – Эльбрусқа (5642 метр) марафондық жү­гіріспен жеті күнде жүгіріп шықты. Марат Жыланбаев 1992 жылы 20 күнде Қарақұм шөлін (1200 километр), 1993 жылы 24 күн ішінде Сахара шөлін (1700 километр), сол жылы 22 күнде Үлкен Виктория шөлін (1600 километр), 1994 жылы 17 күнде Мохава шөлін (1218 километр) кесіп өтті.

     Міне, тәуелсіздіктің елең-алаңында ос­ындай ұлттық шаралардың көптеп өтуі кешегі кеңестік-империялық саясаттың ықпалымен ата-баба салт-дәстүрінен ажырай бастаған бүгінгі қазақ ұрпағын өз қазығы мен қалпына қайта әкеле бастады. Мұның өзі жер-жерлерде қазақ қолөнерінің, ән-жырының, ұлттық ас пісіру дәстүрінің жылдам дамуына үлкен септігін тигізуде.

      https://www.egemen.kz/2017/01/20/93749

толығырақ

Скаеворд -1

      

      Иоган Шильтбергер, көне бавар жауын­гері: Ұлы Татарияда (қазақ даласы) бол­дым. Олар нан жеп, шарап іш­пейді, оның есесіне бие мен түйе сү­­тін ішеді. Кең жа­йылымда өздерінің бар байлығын артып алып, қатын-бала, мал-мүлкімен көшіп-қо­нып жү­реді. Олар өз хандарын ақ киіз­ге отырғызып, үш рет жоғары көтереді. Жорық кезіндегі азапты тауқыметке сондай көнбіс.
* * *

      Петр Паллас, саяхатшы неміс ға­лымы: Қазақтар қан төгуге құштар емес, біреуді өлтіргеннен гөрі, тұтқынға алғанды тәуір көреді. Адал қызмет еткен құлға қайырымды…
* * *

     Генрих Клапрот, қытайтанушы ғалым: 1806 жылдың күзі мен жазында Ер­тістің жоғары ағысын бой­­лап, төменгі Зайсан нұр көліне де­йін барған саяхат кезінде күн сайын қазақтарды кезіктірдім. Аздап түр­кі тілін білетіндігім Орта жүз қа­зақтарымен сөйлесуіме септігін ти­­гізді. Кейінірек басқа екі жүздің қа­зақтарымен кездескенімде, олардың диа­лектісіз, бір тілде сөйлейтіндеріне көзім жетті. Қазақ тілі олардың түркі халқы екенін дәлелдейді.
* * *

   Адольф Янушкевич, поляк зерт­­теушісі: …Қазақтың ойлау қабі­ле­ті­нің кереметтігіне барған сайын кө­зім жетті. Әр қазақ өз шаруасын жете түсіндіреді. Тіпті, балаларының ақылы ерте толысады. …Бірнеше күн бұрын өзара дауласқан екі партияның қақтығысына куә болдым. Сонда Де­мосфон мен Цицерон туралы өмірі естімеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын. Сонда бұлар тағы, жабайы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес.

          Деректер интернет  дереккөздерінен алынды

     https://www.egemen.kz/2017/01/20/93752

толығырақ

«Бостандыққа ұмтылған қазақтар» туралы тарихи мақала қазақ тілінде шықты

        «National Geographic» журналының 1954 жылғы нөмірінде «Бостандыққа ұмтылған қазақтар» атты мақала жарияланған болатын. Жақында «National Geographic Қазақстан» журналының кезекті санында қазақ халқының басынан өткен нәубеттен сыр шертетін аталған мақала қазақ тілінде жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.             «National Geographic» мұрағатынан алынған осы мақалада жат жұрттық өктемдіктің бұғауына мойынсұнбай тіліне, діні мен діліне еркіндік іздеген қазақтардың батысқа қарай көшуі туралы тың деректер берілген.  
«Бостандыққа ұмтылған қазақтар» туралы тарихи мақала қазақ тілінде шықты
        Айта кетерлігі, ұлт тағдыры тәлкекке түскен сонау қасаң жылдары Моңғолия, Қытай, Пәкістан, Үндістан мен Ауғанстанға қоныс аударған мыңдаған қандастарымыздың тек 9 пайызы ғана аман қалған болатын.  
       «Кәшмірдегі атақты Шринагарға келген сол босқындардың арасында бір жылымды өткіздім. Олар Орталық Азия топырағын мыңдаған жылдар бойы мекендеп келе жатқан қазақ халқының өкілдері екен», - деп бастайды өз сөзін «Бостандыққа ұмтылған қазақтар» атты мақаланың авторы Милтон Дж. Кларк.
       - Мені қонақ еткен қайсар рухты үй иелері коммунистік биліктен қашып, Қытайдағы Шыңжаң провинциясынан қоныс аударған, аттың жалында өскен көшпенділердің ұрпақтары еді. Әйеліміз екеуміз қасіреті мен қасиеті бірдей ұлы көш жолындағы осы халықтың жақын досына айналдық. Ұзақ жолға Шыңжаңнан 4000 түтін шықса, солардың тек 350-і ғана Кәшмірге жетіпті».  
      Сосын автор мақала барысында қазақ ұлтының өзіне тән мінезін, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін журналдың әлі күнге дейін таймай келе жатқан стиліне салып, жан-жақты баяндап береді.   63 жыл бұрын жарияланған журналдағы естелігінде ол сол кездегі қазақтарды былай деп суреттейді:  «Жайлауда - Қалибектің киіз үйіндемін. Жаңбырлы күндердің бірінде ол Сұлтан Шәріп деген рубасыны және тағы бірнеше игі жақсыларды үйіне әңгіме-дүкен құрып, өткен күндерді еске алуға шақырды. Бір топ қазақ жігіттері ортадағы түтіні бұрқыраған ошақты айнала отырды. Бастарында аң терісімен әдіптеліп, көк, қызыл, кейбірінде күлгін жібекпен көмкерілген шошақай тымақ. Ұзын тондарының етегінің астынан жұмсақ етіктері жылтырайды. Бірі малдас құрып, кейбірі қызыл кілемге жантайған жас жігіттер бір-бірімен қалжыңдасып, алдарындағы мол да семіз етті алақандарымен толтыра асауда. Әйелдер шыны ыдысқа шай және кілегей құйып беруде. (Кәшмірде көшпенділердің сусыны - қымызды табу қиын). Маған қонақ ретінде құрмет көрсетіліп, ағаш тегенеге салынған қойдың басы тартылды. Асқа бата жасалғаннан кейін ру көсемі еттің ең сыйлы жерін кесіп алып, алдыма қойды».  
       Бұдан бөлек, Милтон Дж. Кларк қазақтардың тағдырына, тарихына да көз жүгіртеді.      
       «ҚАЗАҚ - КЕҢ ТАРАҒАН ХАЛЫҚ. Бұлар кімдер? Оларды туған жерінен безуге мәжбүр еткен қандай саясат? Түркітектес бүгінгі қазақтардың дені Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында тұрады. Қытайдан Каспий теңізіне дейін созылатын бұл аумақты бірнеше миллион қазақ мекендейді. Бүгінде қазақтардың көшпенді тайпалары батыс Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы халықтың он пайызын құрайды. Жер аумағы Техастан екі жарым есе үлкен, ал халық саны Техастың жартысындай ғана болатын шөлейт Шыңжаң 1949 жылы Қытай коммунистік билігінің қоластына кірді. Бостандығына қатер төнген көп қазақ коммунистік билікке бағынғаннан гөрі басқа жерге көшіп кетуді жөн көрді», - деп жазады автор.  
     Мақалада сондай-ақ, қазақтардың босқындық жолындағы күресінде тірі қалған Фазила Жаңалтай апамыздың естелігімен қатар, автордың қандастарымыздың бейнетке толы өмірі жайлы терең ой толғамдары мен тұжырымы топтастырылған.         

толығырақ

%d0%b0%d0%bb%d0%b6%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%d0%b0%d1%80%d0%bc%d1%83%d1%85%d0%b0%d0%bc%d0%b5%d0%b4%d0%be%d0%b2

        

    Ол – Кеңес одағы баскет­болы­ның жарық жұлдызы, Еңбек сіңір­ген спорт шебері, Олимпиада чем­пионы, «Кеңес әбжыланы» (совет­ская кобра) аталған қазақ Әлжан Жармұхамедов. Біз бұрын Әлжан­ды командалық спортта Олимпиада чемпионы атанған алғашқы қазақ ретінде біліп келсек, Универсиада-2017 қарсаңында Бүкіләлемдік сту­денттік ойындардың да чем­пионы болған алғашқы қазақ екенін біліп отырмыз. Бүгінде Ресейде тұратын ардагер баскетболшы бұл жайында былай әңгімелейді.

Универсиаданың Алматыда өтуі – мемлекеттің әлем алдындағы абыройы

        – Мен 1970 жылы Ита­лияның Турин қаласында өткен жазғы Универсиада ойын­дарына КСРО баскетбол құрамасының сапында қатыс­тым. Бұл менің өмірімдегі алғашқы ірі, әлемдік деңгейдегі жарыстардың бірі еді.

       Финалда біз АҚШ коман­дасымен кездестік. Амери­кандық командада «Кәсіби баскетбол ассоциациясымен» келісім-шартқа отырған сту­денттер болды. «Кәсіби бас­кетболшыларға» қарсы ойнау қаншалықты қиын болса да, біз жеңіске жеттік. КСРО баскет­бол құрамасы Универ­сиада-1970 жазғы ойында­рының чем­пионы атанды.

      Универсиада – студенттер арасындағы ең ірі жарыстар. Әлемнің әр түкпірінен жинал­ған студент-спортшылардың алып аудиториясында спорт­шылар ең жоғары деңгейде сайысқа түсіп, медальдарды сарапқа салады. Универсиада-2017 ойындары қатысушы спортшылардың ғана абы­ройлы мерекесі емес, бұл бүкіл қазақстандық үшін, тіпті, әлем үшін айтулы іс-шара.

%d0%b0%d0%bb%d0%b6%d0%b0%d0%bd

       Әлемдік деңгейдегі сайыс­тардың Алматыда өтуі Қазақ­станның әлем алдындағы абы­ройын асырады. Себебі, әлем­дік спорттық аренада халық­аралық студенттік ойындар ең жоғары деңгейдегі жарыстар болып саналады. Универсиада жас спортшылар үшін әлемдік деңгейдегі биік спорттық ман­саптарды бағындыру тұғырын­дай. Универсиада-2017 ойында­рына қатысатын барлық спорт­шыларға жеңіс пен жетіс­тіктер тілеймін.

        Қазақстаннан шыққан тұңғыш Универсиада чемпионы осылайша тебіренеді. Кезінде дүниенің алтыдан бірін билеген алып империя – КСРО-ның таңдаулы баскетболшысы бол­ған қазақ бүгінде Ресей аста­насы Мәскеуде тұрады. КСРО сияқты алып елдің атынан әлемдік додаларға түсіп, бүгінде өзге елде өмір сүріп жатса да алып қазақтың тілегі де, жүрегі де өз елі Қазақ­станда.

Керек дерек

Әлжан Мүсірбекұлы Жармұхамедов 1944 жылы Қазақ КСР, Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

КСРО баскетболының жарық жұлдызы.

КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері. КСРО «Құрмет белгісі» орденінің, Құрмет орденінің (2006) иегері.

Баскетболдан КСРО чемпионы (1970 – 1974), (1976 – 1980).

Еуропа чемпионы (1967, 1971, 1979).

Универсиада ойындарының жеңімпазы (1970ж. Турин).

Олимпиада чемпионы (1972ж. Мюнхен).

Қазақ Спорт және туризм академиясының Құрметті профессоры.

      http://almaty-akshamy.kz/2017/01/18/

толығырақ

        Қазақ елінің тарихын тереңдете зерттеуге шет елдерде жүрген қандас ғалымдарымыз зор үлестерін қосуда. Солардың бірі – Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университеті қазақ филологиясы факультетінің доценті, тарих ғылымдарының  докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы есімді абыройлы азамат. 

        Ғалым ұзақ  уақыттан бергі зерттеулері нәтижесінде Жапонияның Киото университетінде «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақша мұрағат құжаттары туралы тарихи дерекнамалық зерттеу» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғаған. Ол бұдан кейін тағы да ондаған жылдар зерттеген  еңбегінің басын біріктіріп, екі кітабының тұсаукесерін өткізді. Бұл  кітаптардың алғашқысы «Жұңго бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттар» деп аталса,  екіншісі, «Ескі қазақ жазба тілі»  деген атпен «Елтаным» баспасынан жарық көрген. Бірінші кітап Қытайдың аталмыш тарихи мұрағатында сақталған XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ батырлары мен хандарының сол кездегі Чиң патшалығы аталған қазіргі Қытай билеушілеріне жазған хаттардан құралған. Нақты айтқанда, 67 хат-құжат. Шағатай және төте жазуымен жазылған ол хаттардың көшірмесі кітапқа  нақты дерек ретінде енгізілуімен құнды болып отыр.

     Ғалымның өзінің айтуынша, мұрағаттағы қазаққа қатысты құжаттар 3 мыңнан да асады екен. Ғалым болашақта бұл құжаттарды да зерттеп, не жазылғанын анықтап, ғылыми айналысқа енгізуді жоспарлап қойды. Әзірге зерттеген 67 құжаттың ішінде 1758 жылы  Қабанбай батырдың Чиң патшасына жазған хатынан бастап, кейінгі Әбілпейіз хан, Болат хан, Абылай хан, Уәли сұлтан және олардың балаларының  Қытай билеушілерімен алмасқан хаттары да бар. Ал екінші кітапта қазақтың ежелгі жазба тілі лингвистикалық тұрғыда зерделенеді. Аты айтып тұрғандай, бұл еңбектен халқымыздың ежелгі жазба тілі, шағатай, төте жазуларының ерекшеліктері сарапталған.

      Дүйсенәлі Әбділәшімұлының бұл еңбектері  өткен жылы Қытайда  жарық көрген еді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Орынай Жұбаева Қытайға барған сапарында осы кітаппен танысып, оның  елімізде шығуына ұсыныс жасады. Автордың өз қаржысына 500 данамен жарық көрген құнды кітаптардың мүдделі қалың оқырманға жете бермейтіні анық. Сондықтан, Қазақ елі тарихын байытатын мұндай құнды дүниелер болашақта толықтырылып, мемлекеттің қолдауымен жеткілікті таралыммен шығуы тиіс деген ойдамыз.

        Нұрболат АБАЙҰЛЫ,журналист. АЛМАТЫ

       https://www.egemen.kz/2017/01/19/93334

толығырақ

       840-940 жж. Көне Семей шаһары Қимақия мемлекетінің астанасы. Осы ғасырда Ертістің оң жағалауында Қимақ Одағына кірген тайпа санына сәйкес жеті тас мешіт бой көтерді.

       10-ғасырда көптеген араб саяхатшылары, ал, 13-ғасырда итальян жиһангері Плано Карпини Орта Ертіс шаһарына ат басын тірейді. Қала туралы жазба деректерін қалдырады.

      1389 жылы өзінің қалың әскерімен Бұқар, Самарқанттан шығып, қазақ сахарасын қиып өтіп, Орта Ертіс бойына ат басын тіреген Ақсақ Темір құлап жатқан жеті тас мешітті қайта қалпына келтірген деп жорамалданады.

        1616 жылдың 25 сәуірінде орыс патшасы Михаилдің Грамотасында «Ертіс бойында тас мешіттер бар, оларды тексеру керек» деп көрсетіледі. Бұл құжат – Грамотаны орыс ғалымы Г. Миллер Тюмень архивінен тауып алып, ғылыми айналымға енгізді.

      1653 жылы Қытайдағы орыс елшісі Ф.Н. Байков Ертіс жағалауындағы ірі құрылыс – «Жеті тас мешітті салдырған бұхарлықтар екен» деп ресми орындарға рапорт жолдайды (ҚСЭ. -10 том. -114 бет).

    1660-1758 жж. көне сауда қаласы орнына Жоңғар мемлекетінің қаласы орнықты. Қала Тархан Доржы деген дінбасы атымен Доржынкит (немесе Доржыкент) деп аталды. Қалмақтар будда дінінің ламаизм деген бағытын ұстанған.

      1670 жылдары Жеті мешіт Доржы пірәдардың басшылығымен күрделі жөндеуден өтіп, будда монастырының кейпіне кірді. Бұл туралы 19 ғас. екінші жартысында өмір сүрген археолог зерттеуші Н. Абрамов дерек қалдырды.

        1718 жылы көне Семейден 10 шақырым төмен оң жағалауда Петр Бірінші патшаның жарлығы бойынша әскери қамал – «Семьпалат»-тың іргетасы қаланды.

      1733 жылы «Тас мешіттердің» қалдығын зерттеу үшін Семей тұрған жерге Санкт-Петербург университетінің профессоры Г.Ф. Миллер келді. Ол жеті мешіттің суреттерін қағазға түсіріп, Петербург архивіне табыс етті.

        1754 жылы Ямышев кедені құрылды.

       1755 жылы Семейде полиция басқармасы ашылды.

     1760 жылы белгілі орыс жиһанкезі П.С.Паллас жеті мешіт қалдығын өз көзімен көріп, аймақты зерттеу мақсатында «Семьпалат» қамалына келді.

      1776 жылы «Семьпалат» қамалы қирап жатқан қалмақ кенті – Доржынкиттің орнына (қазіргі Семей тұрған жер) көшірілді. Қамалдың бос қалған орнында «Старая крепость» деген село пайда болды.

      1782 жылы Семейге уездік қала атағы берілді.

    1780-1800 жж. Оң жағалауда созылған қала «Казачья слободка» (қазіргі – Затон аумағы), «Әкімшілік Орталық» және «Татар слободкасы» деген үш бөлікке бөлінді. «Слободка» сөзі «қалашық» деген мағынаны білдіреді. Сол жағалаудағы «Заречная слободка» аталған мекенде тауарлар Айырбастау базары (орысша – Меновый двор) жұмыс істей бастады. Оған Қытайдан, Орта Азиядан жеткен сауда керуендері ат басын тіреді.

     1829 жылы Сол жағалауда Семейдің ІІ-ші гильдия көпесі уақ Тінібай Кәукенұлы Заречная Слободка жерінде (қазіргі Жаңасемей) өзіне үлкен үй салып, «Тінібай слободкасы» аталған қалашықтың негізін қалады. Осы жылы атақты жиһанкез, географ Гумбольдт Семейге келді.

     1829-30 жж. Семей көпесі терістаңбалы ру старшыны Жоламан Жандарбекұлы қазіргі Полковник аралына қарсы бетке өзінің үйін, қора-жайын салып, Жоламан слободкасының негізін қалады.

      1834 жылы көпес Тінібай өз қаржысына салдырған алғашқы сәулетті мешіт құрылысы аяқталды. Мешіт әлі күнге халыққа қызмет етуде.

      1841 жылы Жоламан бай өзінің қаржысына үлкен ағаш мешіт салдырды. Мешіт 1930 жылы өртеніп кетті.

     1848 жылы Қоянды жәрмеңкесі ашылды.

     1851 жылы Семей қаласының таңбасы (гербі) бекітілді. Гербтегі алтын тәж астындағы тең артқан түйе тоғыз жолдың торабында тұрған сауда орталығы деген мағынаны білдірді. Бұл кездері Семейде 1-ші гильдиялы – 1 көпес, 2-ші гильдиялы – 9 көпес, 3-ші гильдиялы 97 көпес болды.

      1854 жылы Семей облысы құрылды. Семей қаласы – әкімшілік орталығы болып бекітілді.

   1855 жылы Семейде екі жәрмеңке ашылды. Олар 25 мамыр-10 маусым және 15 желтоқсан - 1 қаңтар аралығында өтіп тұрды.

     1850 жылдардың аяғында Ертістің сол жағалауында жалпы «Заречная слободка» деп аталатын, ал жеке-жеке айтқанда, «Тінібай слободкасы», «Жоламан слободкасы», «Тарақты слободкасы» деп аталатын үш елді мекен толық қалыптасты. Тарақты слободкасы тұрған жер (қазіргі «Океан», «Новостойка» аумақтары) зор жәрмеңке орталығы болды. Заречная слободкаға қала статусын беру туралы әңгіме көтерілді.

      1862 жылы Семейде қос мұнаралы зәулім мешіт есігін ашты. Қазіргі Әнет баба атындағы тас мешіт.

    1858 жылы Шоқан Уәлиханов Қашқарияға сапары қарсаңында әлденеше айды Семейде өткізді. Досы Ф.М.Достоевскиймен жақын табысты.

       1878 жылы Семей облыстық Статистика Комитеті құрылды.

    1883 жылы Статистика комитеті Семейде Өлкетану музейін ашып, оның жанынан қоғамдық кітапхана ұйымдастырды.

      1885 жылы ұлы Абай өлкетану музейіне қазақтың көптеген бұйымдарын сыйға тартады.

       1902 жылы Семейде Орыс география қоғамының бөлімшесі ашылды.

       1912 жылы Семейде «Жәрдем» атты тұңғыш баспахана ашылды.

       1918 жылы қалада ақ гвардия өкілдері мен алашорда үкіметі қатар билік жүргізді.

        1919 жылы қалада Кеңес өкіметі орнады.

       1919-27 жж. қаланың Жаңасемей бөлігі ресми тұрде «Алаш» деп аталды.

       1924 жылы Семейде қазақ педагогикалық техникумы ашылды.

       1927 жылы Тұрксібтің алғашқы рельсі төселді.

        1929 жылы 1 мамырда Ертіс өзені арқылы өтетін теміржол көпірінің ашылу салтанаты болды.

       1934 жылы Семейде ет-консерві комбинаты іске қосылды, Абай атындағы қазақ театры және Қазақстандағы алғашқы жоғарғы оқу орны – мұғалімдер институты ашылды.

       1940 жылы Абай музейі ұйымдастырылды.

       1947-48 жж. Жаңасемейдегі цементшілер поселкесі салынды және Семей цемент зауыты іске қосылды.

       1949 жылы 29 тамызда Семей сынақ полигонында алғашқы атом бомбасы жарылды.

       1962 жылы алғашқы автокөлік көпірі пайдалануға берілді.

       1968 жылы Семейдің 250 жылдық тойы аталып өтіп, осы дата құрметіне биік стелла тұрғызылды.

       1969 жылы Ф.М.Достоевский музейі ашылды.

    1970-80 жж. Темір-бетон құрылыс комбинаты, Арматура зауыты, Кабель зауыты, Аяқ киім фабрикасы, Трикотаж фабрикасы іске қосылды.

     1975 жылы Абай атындағы қазақ драма театрының ғимараты аяқталды, Абай алаңы жасалынып, онда ұлы ақын ескерткіші қойылды.

      1997 жылы Семейдің облыстық дәрежесі алынып, Шығыс Қазақстанға қосылды.

      2001 жж. Жапондық «IHI» фирмасы салған жаңа аспалы автокөлік көпірі пайдалануға берілді.

      А.Қайырбекұлы, өлкетанушы ғалым.

      http://zheruiyq.kz/2016/12/14/%D3%99r-semejlik-bilui-tiis-derek-1/

толығырақ

Картинки по запросу мекемтас мырзахметов

      Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы Сыр өңірінің студент жастармен бірнеше кездесу өткізіп, кездесу барысында ұлы Абай қарасөздері мен өлеңдеріндегі адам тәрбиесіне байланысты тағылымды ойларын ортаға салды. Кездесу аясында Alashinform порталының тілшілері ғалымды сұхбатқа тартып, тарихтағы тың тақырыптарға қозғау салыпты.

      –  Өткен жылы ғана біз қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Осы тұста өткенімізді жаңғыртып, тарихты жаңаша көзқараспен қайта жазуды қолға алдық. Ұлттық тарихымызға байланысты тың деректер айтылуда. Ғалым ретінде сіздің алып-қосарыңыз бар ма?

       –  Ұлттық тарихқа байланысты әлі күнге зерттеу қажет дүниелер өте көп. Бір ғана Абайдың толық адамын дәл қазіргі идеологияға пайдалансақ, біз көп нәрседен ұтар едік. Патша үкіметі бізді сексеуіл әдісімен басқарған. Сексеуілді балтамен шапса, жарылуы қиын, ал өзіне-өзін ұрса тез жарылады. Қазақты бір-біріне аңдыту арқылы біздің өзімізді ғана емес, санамызды да құлдықта ұстаған. Осы саясатты кеңестік биліктегілер де пайдаланды. Кеңестер Одағындағы 15 республиканың ішінде ең орыстанып кеткен ел біздер едік.

      Шын мәнісінде біздің тарихымыз б.э.д. 7 ғасырдан басталуы керек. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтар үшке бөлінді. Батыстағы қазақтар, Қоқан хандығына қараған қазақтар, оңтүстіктегі қазақтар. ХХ ғасырдағы зар заман ағымында 140 ақын сол кезеңнің шынайы көрінісін баяндайды. Ал бұлар әлі күнге толыққанды зерттеліп біткен жоқ. Ең бастысы Абайды толық таныдық деп айта алмаймын. Шәкәрім мен Абай жан мәңгілік деген. Яғни адамның өмірі біткен соң, біздің жанымыз аспан кеңістігінде болады. Қазіргі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясының негізі осында жатыр.

        Абайда не шығыс, не батыс жете алмаған ойлар бар. Егер олардың бәрін зерттеп, насихаттай білсек, онда біздің ұрпағымыз нағыз азат ойлы тұлға болар еді.

       –  Біздің ұлттық тарихымыз тәуелсіздік алғанға дейін Ресейдің қатаң бақылауында болып, солардың ықпалымен жазылды. Сол олқылықтың орнын толтыру мүмкін ба?

         –  Әрине, мүмкін. Шындық пен ақиқат күндердің күнінде тарих сахнасына шығады. Сізге бір ғана мысал айтайын.  Болгар тарихшысы Киевский русьті басқарып тұрған Сұңқар деген қазақ болыпты деген мәліметті тапқан. Оған Соколов, Станислав деген ат қойған. Ол сол елде тұрып, орыс қызына үйленген. Ресейдің  мемлекеттік  жүйесін  құрып, жасаған осы қазақ болған.  Кейін осыны жасырып қалу үшін Киевтің  ұлы князі Владимир Мономах  жазбалардың бәрін өшіріп, көзін жойып, орнына жалған құжат жасаған екен.  Біз осыған 1860 жылдан бері сеніп келдік. Сөйтсек бұл өтірік екен. Бұны Болгар тарихшылары айтып берді.

        Мәскеуде 1088 жылы Асат Мосқау деген жігіт билеген. Мәскеудің халқы оны жақсы көргеннен оның атын Мәскеу дегенге айналдырып жіберген екен. Сонда орыстың астанасының аты Мәскеу қазақтың есімінің құрметіне қойылған және орыстың мемлекеттік жүйесін  Сұңқар деген қазақ құрған.

         Дәл қазіргі уақытта біз ұлы Абайды барынша тануға күш салып, құлдық санадан арылуымыз керек. Ресейдің мұрағаттарында бізге қатысты құжаттарды жойып тастауында үлкен мән бар. Кеңестік билік қазақтың басын көтертпей, бақылауында ұстап отырды. Шын мәнісінде біз қанымыз таза, ойымыз сергек, дүниетанымы өте терең халықпыз.

        –  Сіз айтқан деректі ғалымдар біле ма?

       –  Әрине, біледі деп ойлаймын. Көп уақыт өтпей-ақ бұл шындық та айтылатын болады.

       Ерболат ТҰРСЫНҚОЖА, Дереккөз: Alashinform

       http://www.qazaquni.kz/2016/12/29/62659.html?_utl_t=fb

толығырақ

      Халықта «бәріне уақыт төреші» деген сөз бар. Орынды айтылған. Революциялық өзгерістермен басталған ХХ ғасыр сол өзгерістерді өмірге әкелген коммунистік идеяның жеңілісімен аяқталды. Шын мәнінде, бұл коммунистік идеяның жеңілісі ме, жоқ әлде, сол идеяны басшылыққа алып, оны солақай әдістермен іске асыруға күш салған саяси партия мен ол құрған жүйенің жеңілісі ме? Бұл сауалға жауапты Кеңестер одағы аталған алып империяның тарихы берді. Бір нәрсенің басы ашық, бүгінгі адамзат қоғамды, қоғамдық қатынастарды өзгерту ісінде революциялық әдіс-құралдардан бас тартты.

         Революциялық өзгерістердің табиғатын тура түсініп, адал өмірімізге қажет тұжырымдар шығаруға алысқа бармай-ақ, халқымыздың кешегі өткеніне алған сабақтары жетіп артылады. Есімде, студент кезімізде Ш.Уәлихановтың қоғамдық-саяси көзқарасын талдағанда, «қазақ ғалымы тарихты түсіндіруде үлкен жетістіктерге жетті, дегенмен, оның көзқарасындағы бір кемшілік – қоғамды революциялық жолмен өзгертуге қарсы шықты» деп үйрететін. Иә, рас, Шоқанның «Еуропадағы барлық революциялар үкіметтің тарапынан халықтың еркін даму әрекетін басып-жаншудан шыққан» деген мағынадағы пікірі бар. Ғалымның түсінігінде кез келген теорияның құндылығы – оның өсу жолында тұрған нәрсеге керегін беріп, ал оған қажет емес кедергілерді аластауда ғана. Басқаша айтқанда, үкіметтің негізгі міндеті қоғамдық организмнің дертсіз, еркін өсіп-өнуіне қажет реформалық шараларға жол ашу болса керек.

       Өз ретінде айта кетейік, көзқарастық тұрғыдан Шоқан ұстанымына жақын тұрған ХХ ғасырдың басындағы Ә.Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары да қоғамдық дамуда революциялық емес, эволюциялық, реформалық әдіс-құралдарды қолдау жағында тұрды.

      «Патшалық Ресей – халықтар түрмесі болды» деген пікірді кеңестік тарихшылар В.Ленинге таңады. Бұл тұжырымға В.Лениннен бұрын А.Герцен де келген. Ол Николай І қоғамды басқару ісіндегі «Ресей өлсе де, шексіз және мызғымас билік қалса болғаны» деген ұранын сынға алып, «Біздің қайсымыз осы жер шарының төрттен бір бөлігін алып жатқан түрмеден, кез келген полицейлік бақылаушы өзін патша, ал патша – өзін полицей сезінетін алып империядан құтылғымыз келмеді?» деп жазғанын мектеп қабырғасында оқып өстік емес пе?

       Осы ретте мынадай бір жағдайға көңіл аударған артық емес. «Ресей – халықтар түрмесі» деген ұғым большевиктерге патшалық өкіметке қарсы күрес кезеңінде қызмет жасаған ұран есебінде болды. Большевиктік ұстанымдағы тарихшылар 1941-1945 жылдары соғыс тұсында бұл ұстанымды сынға ала бастайды. Мәселен, Е.Тарле сияқты ресейлік тарихшылар Ресейдің көрші халықтардың жерін өзіне күшпен қосып алуын тарихи қажеттіліктен туған шара ретінде ақтады. Ескеретін жағдай, бұл пікір 1944 жылы мамыр-шілде айларында партияның Орталық комитетінде, оның идеология жөніндегі хатшысы А.Щербаковтың төрағалығымен, сондай-ақ, ОК-тің хатшылары Андреев пен Маленковтың қатысуымен өткізілген «История Казахской ССР» (1943 жылы жарық көрген) кітабын талқылау барысында айтылды. Патшалық үкіметтің жаулап алу саясатына қарсылық көрсеткен Кенесары Қасымұлы көтерілісін оң бағалаған бұл кітапты оқу процесіне енгізуге тыйым салынды.

      Ал осы патшалық биліктің орнына келген Кеңес өкіметі одақ құрамындағы халықтарға өздерін өздері басқару мүмкіндігін беріп, олардың еркін дамуына жол аша алды ма? Бұл сұрауға біржақты жағымды жауап беру тарихи шындықты бұрмалауға ұрындырар еді. Айта кеткен жөн, бұл сұраққа тек жағымды жауап беруге бейім тарихшылар әлі де аз емес. Олай болса, кез келген мемлекеттік биліктің жағымды немесе жағымсыз қызметінің негізгі өлшемі ретінде қандай нәтижені алуға болады?

      Француз гуманисі Жан-Жак Руссо мұндай өлшем ретінде сол билік тұсында халықтың сандық тұрғыдан өсуін немесе кеміп кетуін алуды ұсынады. Меніңше, бұл бірден-бір әділетті ұстаным. 1917 жылғы революциялық өзгерістер қарсаңында 6 миллионға жуық қазақ халқы 20-30-жылдары жүргізілген кеңестік реформалардың нәтижесінде жартысына жуығынан айрылды. Соғыс, аштық, репрессиялық шаралар, эксперименттік дәрежедегі реформалар қазақ халқының сандық және сапалық тұрғыдан азып-тозуына жол ашты.

       Салыстырмалы тұрғыдан айта кеткен жөн, тәуелсіздік алған 1991 жылы жергілікті қазақ халқы барлық тұрғындардың жартысына да жетпейтін (46%) күйде болса, содан бергі ширек ғасырда оның үлес салмағы 67-68 пайызға жетті. Яғни, түрлі экономикалық және әлеуметтік қиындықтарға қарамастан, ол сандық және сапалық тұрғыдан өсу жолында тұр.

      А.Герцен айтқан пікірге байланысты, тарихшы ретінде мынадай жағдайға көңіл аударған болар едім. Қазақ тарихында күрескер Герценнің азаматтық үлгісін жаңғыртқан Мұстафа Шоқай 1917 жылғы революциялық өзгерістерге байланысты біз үшін әлі маңызын жоғалтпаған мынадай ойды білдірді. 1917 жылғы революциялық өзгерістер тұсында біз, ел, ұлт ретінде әлсіз болып шықтық, өз бетімізше еркін қимылдауға, әрекетке келуге мүмкіндік беретін экономикамыз, әскеріміз, тіптен рухани тұрғыдан да даярлығымыз болмады. Бұл жағдай біздің басшыларымыздың орыс демократиясына иек артуына, олардың берген түрлі уәделеріне сенуге негіз болды.

      1917 жылғы революциялық өзгерістерден біздің алатын негізгі сабақ, ол – ешқандай қамқоршының уәдесіне сенбеу, өзіңнің экономикалық күш-қуатыңды ылғи да арттырып отыру, мемлекеттік тәуелсіздігіңді нығайту.

     Кеңестер Одағы өткен жол не көрсетті? Ол мемлекеттік жүйе ретінде бастапқы кезеңінде берген уәделерінің үрдісінен шыға алмады.

      Біз, заңгер, тарихшы, философ ғалымдар осы уақытқа дейін патшалық және кеңестік биліктердің қазақ жеріндегі саяси-құқықтық негіздері туралы тұжырымдарымызды анықтай алмай келеміз.

      Кеңестік тарихнама мәселен, патшалық және кеңестік биліктерді легитимді биліктер ретінде көрсетіп, қазақ қоғамына тек жағымды өзгерістер әкелген мемлекеттік құрылымдар ретінде танытуға күш салды. Жоғарыда аталған «История Казахской ССР» (1943 ж.) атты кітаптың осы мәселеге қатысты ІХ тарауында патшалықтың бодандығына ену туралы «антты қазақ билеушілерінің жоғарғы өкілдері ғана берді». Сондықтан да «қазақтардың ресейлік бодандыққа өтуі қазақ ақсүйектері мен патша үкіметі арасындағы келісімнің нәтижесі» болды. Бодандық халық бұқарасының еркінен тыс қабылданды» деген тұжырым жасалынған болатын. Тура осы жасалынған тұжырым 1943 жылы жарық көрген кітаптың сөрелерден алынып тасталуына негіз болғандығын ұмытпаған жөн.

     Кеңес үкіметі революциялық жолмен өзінен бұрынғы билікті ысырып тастап, мемлекеттік басқару аппаратын орнатты. Ол ешқандай да референдум, сайлау арқылы келген жоқ. Оның орнауына қазақ халқының ешқандай да қатысы болған жоқ. Екіншіден, В.Ленин бастаған большевиктер партиясы қазақ қоғамының сол тарихи кезеңдегі жағдайы мен оның алдында тұрған мақсат-міндеттерімен санасқан жоқ. Өзінің әскери, идеологиялық басымдығын пайдаланып, қазақ азаттық қозғалысын табиғи мазмұнынан айырды. Бұл іс жүзінде, қазақ ұлт-азаттық қозғалысына жасалған кешірілмес тарихи қиянат еді. Большевиктер, олардың жетекшілері өздерін партиялық тұрғыдан қазақ басқарушы тобынан жоғары тұрғандығына сенімді болды. Мәселен, Алашорда үкіметінің 15 мүшесінің біреуінің ғана (О.Әлжанов) арнаулы орта білімі бар-тын. Ал қалған он төрті түгелдей жоғары білімді еді. Сапалық тұрғыдан Кеңес үкіметінің өзі мұндай құрамда емес-тін.

   Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейханов бастаған қазақ азаттық қозғалысы басшыларының және саяси ұйымының дұрыстығын өмір ағымының өзі жан-жақты дәлелдеп берді.

     Қазақ азаттық қозғалысы көздеген мақсат-мұраттардың жалпы адамзаттық құндылықтар арасында екендігін кейінгі әлемдік тарих көрсетіп те берді. Никарагуа ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Сандино кезінде «біздің қозғалысымызға сырттан таптық мазмұн, сипат беруге ұмтылыстар жасалынды. Біз оған үзілді-кесілді қарсы болдық, өйткені біздің күресіміз антиколониалдық мазмұндағы күрес еді» деп мәлімдеді. Алаш атауындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшылары Сандино жасаған тұжырымға ХХ ғасырдың 20-жылдары келген болатын.

     Міне, бұл келтірілген фактілік материалдар – қазақ ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің қазақ шындығын қорыту ісінде ресейлік коммунистерден жоғары тұрғандығының айғағы. Алаштық ұстанымдағы зиялылар большевиктер ұсынған социализм идеясымен осы жолда белгіленген төтенше өзгерістерді қабылдай алған жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының большевиктер идеясын қабылдауға даяр еместігіне байланысты олар ұсынған социализм идеясын «шақырылмаған бөтен қонақ» деп атады.

      Сөзіміздің соңында, мынадай жағдайды ескертуді өзіме міндет санаймын. Большевиктер ұйымдастырған 1917 жылғы социалистік революция мен одан кейінгі өзгерістерге байланысты бұл айтылған ойлар, әрине, жаңа қоғам құру ісіне белсенді түрде атсалысқан аға буынның жасампаз еңбегін жоққа шығарғандық емес. Қарапайым халық, оның озық туған ұлдары мен қыздары үшін социализм идеясы, Тұрар Рысқұлов дәл атап көрсеткеніндей, түпкілікті жалғыз мұрат емес, қоғамдық өмірді жағымды мағынада өзгертудің құралы есебінде жүрді. Осы тұрғыдан аға буынның қажырлы еңбегі өз нәтижесін бергендігі анық. Олардың түрлі ауыртпалықтарға қарамастан, атқарған мақсаттық қызметі мен еңбегінің ең басты нәтижелерінің бірі – бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігіміз.

       Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, профессор. АЛМАТЫ

     https://www.egemen.kz/2017/01/01/88508

толығырақ

       Қазан айының соңында Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Алматы облысының Талғар ауданындағы Талхиз ортағасырлық қалашығының сақталуы мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізген болатын. Кеңес қорытындысы бойынша Талғар қалашығының маңыңдағы барлық құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы тапсырма берілді. Әлемдік мұралар тізіміне енген Талхиз (Тальхир) қалашығының тарихы тым тереңде жатыр. Оған ғалымдар жазған мақаланы оқи отырып, көз жеткізе аласыз.

     982 жылы Парсы географы жазып қалдырған «Худуд-әл-Әлем» («Әлем шекаралары») атты географиялық трактатта Жетісу елді мекендерінің ішінде Талхиздің де атауы кездеседі. Ол тау етегіндегі түрік тайпалары мен қарлұқтардың шекарасында орналасқан. Орта ғасырдағы жиһангездің сипаттауына қарағанда, «оның тұрғындары – жауынгер, батыл әрі айбынды». Елді мекен атауын сараптай келе, ғалымдар түпнұсқа атау ғасырдан ғасырға көшіріп жазу барысында өзгеріске ұшыраған және басқаша аталған, о баста «Тальхир» болған деген тоқтамға келген.

       Бұл атаудан бүгінгі Талғар қаласының атын жазбай тануға болады: Іле Алатауының ең биік шыңы мен ағыны қатты тау өзені осылай аталады. Бүгінгі Талғардың негізін қалаған тарихи қала тау шатқалынан етекке қарай созылып, осы аттас өзеннің оң жақ қапталында орналасқан. Қазір ғалымдардың бәрі де дәл осы қаланың Х ғасырдағы Тальхир елді мекенімен сәйкес келетініне еш күмәнданбайды. Тарихи Тальхирдің бүгінгі орны жан-жағынан үйілген дөң секілді үлкен төртбұрышты аумақты (302х298 м) алып жатыр. Бұл қорғанның аумағы 9 гектарға созылады. Қорғанның бұрыштарында және қосылған периметрлерінде алыстан менмұндалайтын мұнаралары болған. Қорғанның сыртынан терең ор қазылған. Оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс қабырғаларда бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі есік бар. Бұл есіктер бүкіл қаланың аумағын тұп-тура екі бөлікке бөлген жолмен жалғасқан. Қаланың өзіндік сәні келіскен сауда-қолөнер және егіншілік ауданы бар нығайтылған бекіністі бөлігі барлық жағынан құрылыспен байланысып жатқан.

      Қаланың пайда болу уақытын, оның өркендеу және құлдырау кезеңін, жермен-жексен болу себебін, сондай-ақ, қала тұрғындарының тұрмысынан нақты хабар беретін деректерді анықтау үшін көп жылдар бойы археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, бұрын беймәлім болып келген ортағасырлық Тальхирдің өмірінен сыр шертетін маңызды материалдар табылды.

       ҮІІІ ғасырдың соңы мен ІХ ғасырдың басында болашақ қаланың орнында нығайтылған бекініс пайда болды. Онда, негізінен, көпестер мен қолөнершілер орнықты. Бастапқыда олар бекіністің қожайынына қызмет көрсетті, бірақ көп ұзамай орданы жағалай қонған отырықшы және көшпенді халық үшін тауар өндіруді қолға алды. Осылайша, әкімшілік биліктің орталығы ғана емес, қолөнер мен сауданы дамыту орталығы болып саналған қаланың іргетасы қалыптаса бастады. Қаланың осындай жолмен қалыптасу үлгісі көптеген қазақстандық және ортаазиялық қоныс-мекендерге тән.

     Қаланың өсіп, кемелденуіне Ұлы Жібек жолының әсері күшті болды. ІХ ғасырдың соңы мен Х ғасырдың басында Тальхир аса ірі қала орталығына айналады. Біртұтас Қараханид мемлекетінің аясында жекелеген салалардың экономикалық және мәдени байланыстары нығайып, қолөнер мен сауда, егіншілік пен мал шаруашылығы дами бастады. Экономикалық-мәдени дамуға сәйкес қала аумағының да ұлғая түсетіні заңдылық. Әсіресе Іле даласында отырықшылық-егіншілік пен қала мәдениеті буырқана өркендейді. Бұрыннан өмір сүріп келе жатқан бірқатар қалалар жағрапиялық және экономикалық қолайлылығына сәйкес астана орталығына айналады. Іле даласының сол жағалау бөлігіндегі ең ірі қала Тальхир – осындай астаналардың біріне айналды. ХІ-ХІІ ғасырларда Тальхирдің территориясы 30 гектарға дейін ұлғаяды.

      Үлкен ауласы бар, үй-жай, қора-қопсы, бау-бақшасы бар жеке қоныстар пайда болды. Үйлер асүйі, қойма іспетті сақтау бөлмесі бар, бірнеше бөлмеден тұратын. Үйдің іргетасы мен қабырғаларының төменгі бөлігі балшық қоспасынан әзірленген тастан қаланды. Құрылыс ісіне бүкіл тау бөктерін жапқан атақты Тян-Шань шыршаларынан дайындалған ағаштар пайдаланылды. Үйлер тас немесе балшық-сазбен өріле қоршалған ауламен жалғасып жатты. Аула ішінде үй жануарларына арналған қора-қопсы да салынды. Үй мен үлкен қораның қатар салынуы – Іле даласына тән тұрмыс салты ретінде бірнеше жүзжылдықтарға дейін сақталғаны тұрмыс үшін қызық дерек. Үйлерді б.э.д. ІІІ ғасырдан бастап біздің эрамыздағы Ү ғасыр аралығында Іле даласын мекен еткен үйсін тайпалары салғанға ұқсайды. Құрылыстағы бұл ерекшелікті қазақтар қыстау салуда әлі күнге қолданып келеді.

      Археологиялық қазба жұмыстары үйлердің бір-біріне өте жақын салынғанын және қала құрылысының тығыздығын байқатты. Тұрғын үйлер көшелер мен тораптар бойында орналасып, көшелердің тұйықталып, үзілген тұсы көрінді. Кейінгі жылдардағы зерттеулерде қаланың шығыс және батыс кіреберіс жолдарын жалғайтын өте үлкен тастан қаланған төсемелі жол табылды. Төсемелі жолдың ұзындығы – 300 м, ал ені – 3 м. Жолдың бір қапталында жаяу жүргіншілерге арналған тротуар тартылған. Тротуар төсемелі жолдан 15-20 см биік етіп салынған және жолмен екі арасы тастан нығыз етіп қаланған бордюрмен бөлініп жатыр. Орталық төсеме жолды ішке қарай тағы да одан гөрі кішірек, тастан салынған жіңішке бір көше кесіп өтеді. Ені шамамен 1,7-2 м. Ортағасырлық Тальхирде көшелерден басқа, жан-жаққа тармақтала тартылған су құбыры желісі де болған. Қыш-құмыра дайындайтын шеберхананы тазарту кезінде өндіріс кешеніне дейін тартылған су құбыры табылды. Жалпы ұзындығы 12,5 м су құбыры ұзындығы 42-43 см және диаметрі 15-16 см болатын 32 қыш құбырдан тұрады.

      Бұлайша құрылыс жүргізу үлгісі Қазақстан мен Орта Азиядағы ортағасырлық қалалардың көпшілігіне тән. Қала аумағы мен жеке үй аумағын есептей келе, қаладағы барлық үйдің санын жобалап шығаруға болады. Х-ХІІ ғасырлардағы Тальхирде олардың саны 700-ге жуық болған. Бұл үйлердің әрқайсында орта есеппен алғанда 5-6 адамнан тұратын жеке отбасы қоныстанған десек, қала тұрғындарының саны 3500-4200 адамды құраған.

      Ал Тальхирді кімдер мекен етті? Жазба деректердің барлығы бұл дамыған елді мекенде қарлұқтардың өмір сүргенін бір ауыздан қуаттайды. Іле даласының ҮІІІ ғасырдан бастап-ақ осы түркі тайпаларына тиесілі болғаны тарихтан мәлім. ХІІ ғасырдың соңына дейін олар Жоңғар тауының сілемдерінің аяғынан орын теуіп, Қойлық деген астанасы бар Қарлұқ қағанаты атты біртұтас мемлекетке бірікті. Қараханидтердің үстемдігі орнағаннан кейін де қарлұқтар белгілі автономиясын қолдан бермеді. Қалада қарлұқтармен қатар үйсіннің ұрпақтары, түркі-чигили, сондай-ақ, ежелден көпестері мен қолөнершілері көптеп шығуымен мақтанатын Соғдадан шыққандар да (Бұқара мен Самарқан ауданы) өмір сүрді. Әрбір үлкен қала сияқты Тальхир де тұрғындарының құрамы жағынан әрқилы еді. Елді мекеннің үлкен бөлігі әлі ашылмай жатқандықтан, әлеуметтік жағдайы әртүрлі болған қалалықтар туралы сөз қозғау қиын. Алайда, қолөнершілердің негізінен қала маңында, шаһар шетінде тұрғаны анық дәлелденді. Бұл жерде қала мен айналадағы ауылдарды саз-балшықтан иленген құмыра, ыдыспен қамтамасыз етін қыш бұйымын жасайтындардың шеберханасы табылды. Ыдысты күйдіруге арналған қыш пештер, шеберлердің құрал-саймандары, ұстаның темір соғатын төсі, ұнтақтағыш, минералды бояғыштардың жиынтығы қазып алынды.

      Бұл кезеңде темір өндірісі, ұсталық, зергерлік және бағалы металдан бұйымдар жасау өндірісі дамудың жоғары шегіне жетті. Әсіресе темір ұстасының қолөнері жетістікке ие болды. Қазба жұмысы кезінде жүздеген темір бұйымдары: ауылшаруашылық саймандары, әскери құралдар (қанжар, пышақ, жебе), темір аспалы шамдары, ұсталардың заттары (балға, төс, шымшуыр), құрылысқа қажетті заттар ( ара, шеге, қайшы, қашау құралы, егеу) табылды.

      Темірден жасалған жәдігерлердің макро және микроқұрылымдық сынамасын зерттей келе, ғалымдар темірдің, шойынның, болаттың бірнеше түрі болатынын анықтады. Өкінішке қарай, көпшілігінің дайындалу құпиясы жойылып кеткен. Жергілікті тальхирлік шеберлер ХІ ғасырдың өзінде атақты «дамаск» болатының ашылғанынан кем дегенде екі жүз жыл бұрын жоғары сапалы болат құюдың тәсілін меңгерген. Мыс шеберлері болса, ою-өрнекпен нақышталған шам, шырағдан қойғыштар әзірлеген. Әйнек жасаушылар нәзік графиндер мен құмыралар жасаған. Қолөнердің гүлденуі мен экономиканың өсуі Тальхирдің сауда рөлін арттыра түсті. Тальхирдің экономикалық әлеуеті маңайдағы елдің бәрін, отырықшыны да, көшпеліні де қамтамасыз етуге толықтай жетті.

       Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық сауданың нәтижесінде қалаға сәнді заттармен бірге, алыс елдерден жоғары сапалы бұйымдар да жеткізілді. Сырттан келген заттардың ішінде әдемі қола құмыралар да болды. Құмыралардың бірінің мойны зооморфизм стилінде (пұтқа табынушылардың құдайды аң бейнесінде тануы), ал екіншісі тауыс бейнесінде нақышталып жасалған дөңгелек медальонмен әсемделген. Мұндай бұйымдардың Орта Азияның оңтүстік аудандары мен Иранда ғана жасалатыны мәлім. Қазба жұмысы кезінде дәл осы жерден өсімдіктермен өрнектелген жартылай сфера тәріздес қола тостаған табылды. Бұл бұйымдардың Тальхирдің қайнаған қан базарында сатылғанша іскер көпестердің қабының ішінде ұзақ жол жүріп келгені анық. Қытайдан Тальхирге фарфор тостағандар мен қола айналар, тіс щеткасы мен тамақ жейтін сүйек таяқшалар жеткізілсе, Жапониядан сақалды адамдардың сұлбасы мен қолтаңбасы бейнеленген тостағандар әкелінген. Үндістаннан Будда мүсіні мен пілдің сүйегінен жасалған шахматтар, Афрасиабтан зерленген қыш тақта келген.

      Сауда ісінде ақшаның мол қоры айналымға түседі. Тальхирде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде өте көп мөлшердегі мыс және күміс тиындар табылды. Бұлардың көпшілігі ХІ-ХІІ ғасырларда Орта Азияның әр қаласында соғылған. Ал қазір Тальхирдің өзінде де ақша сарайы болғанын дәлелдейтін бірқатар деректер табылып отыр.

      Қолда бар мәліметтер ҮІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген ортағасырлық Тальхир қаласының өмірінің осылай болғанын растайды. Оның қызықты та тағылымды тарихының барлық беттері бізге әлі белгілі емес, білуге, зерттеуге тиіс әлі қаншама парақтары ашылмай жатыр. Сондықтан болар, қираған үйіндінің астынан тарих ақтаруға құштар археологтар жыл сайын Талғар төңірегінен табылып жатады.

     2014 жылдың 24 маусымында Катар елінің астанасы Дохада өткен ЮНЕСКО мұраларының Бүкіләлемдік Комитетінің конференциясында Алматы облысының аумағында орналасқан 3 ескерткіштің ЮНЕСКО тізіміне енгені мәлім болды: ортағасырлық Қойлық қаласының қирандысы жатқан Антоновка елді мекені, ортағасырлық Тальхир қаласы орналасқан Талғар және Қарамерген керуен сарайы. Ұлы Жібек жолы бойының Тян-Шань бөлігінде орналасқан Қазақстаннан барлығы 8 қала ұсынылған еді. Нәтижесінде, айырықша тарихы бар Тальхир тізімнен орын алды. Бұл Қазақстан Республикасы үшін өте маңызды оқиға.

      Ортағасырлық Тальхир Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізілген. Бұл қаланы зерттеу мен сақтауға байланысты жүйелі жұмыстың тоқтамай, жүргізіле беруі тарих үшін аса маңызды.

     Карл БАЙПАҚОВ, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының құрметті директоры, академик

     Тамара САВЕЛЬЕВА, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы

      https://egemen.kz/2016/12/21/85774

толығырақ

27525a578f6ec779463350a2adde6586        ХІІ-ХІІІ ғасыр аралығында Қарахан әулеті толық күйреп, Отырар өңірі Хорезмге қарағаннан кейін Мұ­хаммед шах Отырар қаласын билеуге қыпшақтан шық­қан туыс жұрағаты Иналшықты (Қайырхан) отыр­ғызады. Осы кезеңде өңір айтарлықтай өзгеріске ұшы­раған болатын. Атап айтқанда, моңғол билеушісі Шың­ғыс хан тарапынан болған шапқыншылық салдарынан Отырар қаласы біршама уақыт өмір сүруін тоқтатты.

       Шыңғыс хан тарапынан жүр­гізілген шапқыншылық жөнінде еңбек жазған қытай тарихшысы Елюй Чуцай­дың еңбектерінен Отырар қаласы мен осы өңірде ор­на­­ласқан басқа да шаһарлар жайында мәлімет алуға болады.

       Барыс жылының (1218 ж.) нау­рыз айы туа салысы­мен Чжань­жаньцзюйши (Елюй Чуцайдың лақап аты) жорық­шылармен бірге шыққанын айта келіп, жазбада «Ходжент қаласының солтүстік   батыс жағында 500 ли жерде Отырар қаласы бар, қаланың айналасында елді мекендер мен шағын кенттерден он шақтысы бар. Ке­зінде дәл осы елдің билеушісі ұлы қағанаттың бірнеше елшісін және неше жүз тоғанақ керуенін тұттай қып тонап алған екен. Сонымен, бұл оқиға батысқа жорық жасауына басты себеп болған көрінеді» деген мәлімет қалдырған.

         Көпшілік арасында әлі күнге дейін Отырар қаласындағы тір­шіліктің біржолата тоқтауына себеп моңғол шапқыншылығы деген пікір қалыптасып кел­гені рас. Алайда, моңғол шапқын­шылығынан кейін, яғни ХІІІ-XIV ғғ. аралығында Отырар қаласы қайта жандана бастаған. Бұған қазіргі уақытта қазба нәтижесінде аршылып, ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылған құ­рылыс нысандары дәлел бола алады. Ерзен ханның уақытында ірі қоғамдық орындар: медресе, ханака, мешіттер салынған. ХІІІ ғасырдың ортасынан бастап мұнда ақша соғатын сарайлар жұмыс істеп, алтын, күміс, мыс теңгелер шығара бастаған. Әсіресе, ХІІІ ғасырдың аяқ шешінде билеуші-көпес Масуд-бектің қолданысқа енгізген ақша реформасынан кейін қала өмірі біршама жанданды.

       Қайта гүлденген Отырар қа­ласы XIV ғасырдың екінші жартысында, яғни 1370 жылы Ақсақ Темір мемлекетінің құрамына кірді. Темірге бағынған уақытта Сырдың орта ағысында орналасқан бірқатар қалалар көркейіп, дамыды.

        Қазақ хандығының нығаюына Сырдың орта ағысында орналасқан ортағасыр қалалары өз үлесін қосты. Оған осы өңірде орналасқан Сығанақ, Сауран, Түркістан, Отырар тәрізді, уақытында Астана байтақ дәрежесіне көтерілген қалалар үшін болған шайқастар дәлел бола алады. Жері шұрайлы, сулы, өсімдікке бай өлке шаруа­шылықтың қай түріне болмасын қолайлы еді. Осыны білген көшпелі өзбек, моңғол тайпалары шабуылын тоқтатпай осы қалаларды өз уысында ұстауға күш салды. Мұндай қорғанысы берік, мәдениеті мен өнері қатар дамыған қала орталықтары жа­ңадан құрыл­ған қазақ хандығы үшін де өте қажет еді. Сол себепті, көршілес мемлекеттермен аянбай күрес жүргізе отырып, жаулаушы елдерді бұл жерден ығыстырып, біржола орнығуға талпынды және бұл әрекеті нәтижесіз де болмады.

      Ал Отырар қаласында тір­шіліктің тоқтауына бір ғана себеп болды деу қате пікір. Оған бірнеше фактор әсер еткені белгілі. Ең басты фактор көршілес мемлекеттер тарапынан жүргізілген үздіксіз шапқыншылық болды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Отырар қаласы маңындағы суландыру жүйелері мен егістік алқабы қатты бүлінген болатын. Жергілікті халықтың қолға түскен басым бөлігі құлдыққа сатылып, қолға түспей қалған бөлігі беті ауған жаққа көшіп кетті. Бүлінген қорғаныс және суландыру жүйелерін қалпына келтіру ең маңызды мәселеге айналды. Сонымен бірге, жергілікті халықтың толығымен көшпендіге айналуы да өз әсерін тигізген болу­ы керек. Отырар қаласындағы тіршіліктің тоқтауы осындай себептерге байланысты деген дұрыс тәрізді.

       Ал Отырар қаласында тір­шіліктің тоқтаған уақытын көрсетер болсақ, М.Арапов есімді тілмаштың 1749 жылы берген мәліметінде Барақ сұлтанның Иқан, Ташкент, Отырар, Өгізтау, Созақ қалаларына хан тәрізді билік жүргізетіні, олардың тұрғындарынан тек алым-салық жинап қоймай, оларды басқа да жұмыстарға пайдаланатыны, Иқанда өзіне үй салдырып алғаны айтылады. Сонымен, осы тәрізді деректерді және қазба жұмысы барысында алынған заттай айғақ жәдігерлерді алға тарта отырып, Отырар қаласында тіршіліктің тоқтаған уақыты XVIII ғасырдың орта шені, яғни 1750 жылдар деп шамалап отырмыз.

        Отырар қаласында 1969 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан қазба жұмысы нә­тижесінде IX-XII және XIII ға­сыр құрылыстарына тән монша орындары, XI-XII ғ.ғ. тұрғын үй орамы, XIV-XV ғ.ғ. мешіті мен сарайы және XVI ғасырға тән мешіт медресе, сонымен қатар, Отырардың оңтүстік батыс қақпасы мен құмырашылар шеберханасы анықталып, ашық аспан астындағы мұражайға ай­налдырылған. Сонымен бірге, қаланың қорғаныс жүйесін анық­тау мақсатында Отырар қала­сының батыс, солтүстік және оң­түстік қорған-қабырғаларына бір­неше жерден шурфтар салынып, нәтижесінде өте құнды материалдар алынып отыр және ал­дағы уақытта бұдан да толымды нәти­жеге қол жеткізетініміз анық.

       Сәбит ПӘРМЕНҚҰЛ, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Археология және тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімінің меңгерушісі

         https://egemen.kz/2016/12/08/81821

толығырақ

       Қазақ арулары сұлулығымен, ибасымен, ісмерлігімен ғана емес, ержүректігімен, батырлығымен де аты шықан. Сақ патшайымы Томирис пен бертіндегі Әлия мен Мәншүк, одан да бері Ләззат пен Сәбираға дейін де талай батыр арулар болған.
 
Айбике ару

     Айбике ару Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы болған. Оның қол астында бірнеше тыңшы, барлаушы болған. Ол ұзақ жылдар бойы «қолға түскен күң» бейнесіне еніп, қалмақ қонтайшысының ордасында күтуші болады. Жаудың күші мен шапқыншылық ниеті туралы Абылай ханға, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек пен Қыпшақ Тілеулі батырларға астыртын құпия хабарлар мен мәліметтерді жеткізіп отырады.

       Ержүрек қыз Айбике қалмақ тілін өте жетік меңгерген екен. Оның үстіне Тарбағатай мен Алтайдың таулы өңірлерінде, Зайсан мен Марқакөл маңында кез келген уақытта атпен адаспай жол тауып жүре беретін “жер шолғыш” қасиеті де болған. Айбике ару Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін өз еліне аман-есен оралады.


Гауһар батыр

       Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс кезінде ерлік істерімен ел есінде қалған қазақ батыр әйелдерінің бірі – Гауһар. Ол атақты Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, Бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы. Қабанбай батырдың қауіп-қатерге толы сансыз жорықтарында Гауһар ана ерекше табандылықпен қанды шайқастарға қатысқан. Қабанбай мен Гауһардың тұңғыштары Назым да өзінің ерлік істерімен тарихта аты қалған.

      1724 жылы қазақтардың сол кездегі астанасы Түркістан қаласына жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуылға алады. Осы шайқаста Кіші жүздің ханы Әбілхайыр отыз мың әскер, Орта жүзден Сәмеке жиырма мың әскер дайындап, Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарға қарсы шабуылға шықпақ болып жатқанда, Гауһар жоңғарларлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайға жаудың жағдайы жөнінде толық мәліметтер береді. 1725 ж. әйгілі “Бұланты” жеңісі осының нәтижесі еді. Кейін Гауһар Қабанбайға өмірлік жолдас болып, уақыт өте келе “Гауһар батыр” атанады. Гауһар батырдың азан шақырып қойған аты Майсара болса керек.

Назым (18 ғасыр)

       Назым батыр Қаракерей Қабанбай мен оның жары Гауһардан туған. Әкесімен бірге 18 ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатысып, Отан қорғаған.
       1745 жылы жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен өліп, жоңғарлардың өз ішінде таққа талас басталады. Осы сәтті ұтымды пайдаланған Абылай хан Түркістан мен Сыр бойындағы қалаларды азат етуді мақсат етеді. Жоңғар тарапынан Қалдан Сереннің ортаншы ұлы, тақ мұрагері Цевен Доржы шығады. Ол өзінің қалың қолымен Абылай әскерлерінен бұрын келіп, бекініп алады. Абылай Жаңақорғанды алуды Қабанбайға бұйырады. Зеңбіректен жауған оқтан көптеген сарбаздар қырылып, Абылайдың қолы еріксіз кейін шегінеді. Не істерін білмей тұрғанда, Назым қазақ жасақтарының оң жақ тұсынан Цевен Доржы тұрған төбеге қарай «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұран тастап, суырылып шығады. Қыздың қолында не найза, не сойылы жоқ, бар болғаны қамшы ғана. Мұны көрген қалың қол шыдай алмай “Абылай! Ақ жол! Қабанбай! Абылай” деп айқайлап, зеңбірекшілерді таптап өтеді. Жоңғарларды жеңгеннен кейін, Абылай қыздың осыншама ерлігіне риза болып, оған беліндегі сом алтыннан соғылған белбеуін сыйға тартыпты. Абылайдың жоңғарларды толық талқандауына жол салған сол жеңісі Назымның атымен байланысты аталады.

Бопай Қасымқызы

       Қазақтың 1838-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы Кенесары Қасымұлының қарындасы Бопай ханымның есімі көпшілікке біршама таныс. Ол Кенесары Қасымұлы құрған хандықтың сыртқы және ішкі саясатына белсенді араласып, аянбай тер төгеді. Бопай қолбасшыға өжеттік, көсемдік, жеңіске деген сенім, салқынқандылық, қайсарлық, шешендік тән болған.

     Ол өзінің күйеуі Сәмеке мен оның туыстары сұлтан Сартеке және Досан Әбілқайыровтарды да көтеріліске қатысуға шақырған екен. Олар келісім бермеген соң Бопай 1837 жылы өзінің күйеуін және оның туыстарын тастап, өзімен алты баласын алып, өз тағдырын көтерілісшілер тағдырымен біржола қосады. Бопай зекет жинайтын және көтеріліске қосылмаған сұлтандардың мүлкі мен азық-түлігін тартып алатын 600 адамдық ерекше топты басқарды. Сондай-ақ ол Кенесарының ірі шайқастарына қатысқан және партизандық жорықтар жасайтын болған. Бопай Кенесарының барлық кеңестеріне қатысып отырған, ал Кенесары Бопайдың ақыл-кеңестеріне құлақ асқан.

Жапалақ (18 ғасыр)

     Тілеулі батырдың некелі тоғыз әйелі болған екен. Соның бірі ­– Тама Есет батырдың туған қарындасы Жапалақ. Ол жарымен бірге жорықтарға қатысып, құралайды көзден ататын мергендігімен қалмақтардың талайларын жайратып салған. Баласын дүниеге әкелгеннен кейін оның тәрбиесіне айрықша назар аударып, шайқастарға шығуын сиреткен.


Ботакөз батыр (18 ғасыр)

      Тама Есет батырдың қызы Ботакөз жас кезінде апасы Жапалақпен бірге жүріп, одан соғыс өнерін үйренеді.
     Тарихи деректер бойынша 1742 жылы Есет батыр мен Тілеулі батырды Әбілқайыр хан шақыртып, екеуі Орынборға жол жүріп кетеді. Соны біліп алған жоңғарлар ауылдың жылқысын алып кету үшін шабуыл жасап, қуғыншыларды қырып салады. Ботакөз бірден қолына қару алып, 150 сарбазбен шапқыншыларға қарсы шығады. Осы шайқаста Ботакөз қалмақтардың қолбасшысы Қонды тайшыны атының үстінен жұлып алып, сүйретіп әкетеді. Мұны көрген қалмақтар бытырай қашып, көбі садақ оғына ұшады. Қалмақ қонтайшысы қазақ қызынан жеңіліп, керемет қорланады. Ботакөз Есетқызының осы ерлігін растайтын құнды тарихи құжаттар Ақтөбенің облыстық мұражайында бар екен.
      1749 жылы Барақ сұлтанның қолынан Әбілқайыр хан қаза табады. Оның орнына тағына баласы Нұралының отыру рәсіміне Әжібай би елдің бас көтерер бар азаматтарын ертіп, Орынборға аттанып кетеді. Соны пайдаланып, Еділ қалмақтары қорғансыз ауылды қанға бөктіріп, бүкіл малды барымталап айтап кетеді. Мұны естіген Есет Көкұлының қызы Ботагөз аз уақытта өз руының жігіттерін жауға тойтарыс беруге шақырады. 150-дей сарбазды бастап Ойыл өзені бойында қамсыз жатқан қалмақтарға аш бөрідей тиісіп, кек қайтаралы. Сол жерде жауын тұтқындап алып келіп, тартып алынған мал-мүлікті еліне қайтарады.



Бақты (Бақтықыз) (19 ғасыр)

      Бақты ­– Алашорда көсемдерінің бірі, азаттық қозғалысының алыбы Мұстафа Шоқайдың әжесі, Торғай датқаның бәйбішесі. Ол 19 ғасырдың ортасында әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршыларына қарсы күресіп, жау торабын барлаушылық қызметін атқарған. Оның тапқырлықтары мен жүрек жұтқан батырлығы туралы аңыз-әңгімелер ел арасындакөп сақталған.



Сапура батыр (Көктемір)

         Ресей патшалығында шаруалар қолын басуға шыққан орыс әскерлеріне қарсы күрестің аты аңызға айналған қолбасшысы. Әйел басымен қол бастауға қымсынғандай, бір құпия тұлға “Көктемір” туралы аңызды таратады. Орыс әскерлері оның әйел екенін білмеген, тек «Көктемір» деп таныған. Олардың дерек көздерінде Пугачев көтерілісі кезінде қазақ даласында «ұстатпайтын ұстын», «көрінбейтін жан» деп аталған Сапура Мәтенқызы жұмбақ жағдайда өмірден өтеді.
       Көктемір Сапура қыз туралы ғалым Е.Бекмаханов “Көрінбейтін адам туралы аңыз” атты зерттеу еңбегін жазған.


Жәнделі қыз (18 ғасыр)

         Қалмақ шапқыншылығы кезінде, кейіннен Алтай-Тарбағатайды қытайлар иемденіп қалмақшы болғанда, ерлігімен, тапқырлығымен аты шыққан қыздардың бір – Жәнделі. Оның руы – Найман. Жауынгерлер оның атын ұран еткен. Найман қызы Жәнделі туралы Ноғайбай ақын былай деп жырлаған:

Гүліндей жауқазынның нәзік жүзі,
Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызын.
Адамзаттың аққуы Жәнделінің,
Жауға аттанған Сауырдың жатыр ізі.

Дереккөз: massaget.kz

https://baq.kz/kk/news/kogam/kazaktin_kaisar_kizdari20161205_093000 

 

 

 

 

толығырақ

a87ff679a2f3e71d9181a67b7542122c-4       Каспий теңізінің Қазақстанға қарайтын шығыс жағалауынан шамамен 1500 жыл бұрын көшпенді тайпалар салған тас кешен табылды. Аталған кешеннің көлемі 120 га жерді алып жатыр. Бұл туралы Live Science журналы «Каспидің жағасында табылған ежелгі тастар. Оларды ғұндар қалдырған ба?» атты мақаласында жазды. Мақала авторлары — Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының археологы Андрей Астафьев пен орыс ғылым академиясының археология мен этнография институтының ғалымы Евгений Богданов.

1

     Бұл ғалымдардың айтуынша, мұнда ғибадатхана мен қайтыс болған адамдарды жерлейтін орын болған. Сонымен қатар табылған тастардың ең кішісі 4×4 метр, ең үлкені 34×24 метр көлемде екен.

       Археологтар «Тастардың көбі жерге тігінен орналастырылған. Онда түрлі белгілер мен суреттер салынған», деп жазыпты.

massive-stone-complex-3

     Сонымен қатар мақалада күмістен жасалған ер-тоқым табылғаны туралы да баяндалған. Оның бетінде жабайы қабандардың, бұғылардың, басқа да аңдардың суреттері салыныпты. «Ер-тоқымның иесі дәулетті отбасының адамы болған шығар деп болжап отырмыз. Сонымен қатар сол белгілерге қарап оның тайпасын білуге болады. Детальдарына қарап оның қолданылмағанын, тек діни мақсатта немесе жерлеу рәсімінің бір бөлігі ретінде пайдаланылғанын айта аламыз. Бұл ер-тоқым жерленген адамдардың астынан табылғандықтан, қасындағы сүйектер одан кейін әкеліп жерленуі мүмкін деген де ой бар. Бәлкім, екеуі екі кезеңге де жататын шығар», — дейді ғалымдар.

massive-stone-complex-4

       Бұл кешеннің қалай табылғаны туралы да жазған авторлар Ақтау қаласының тұрғыны осы маңнан алдымен ер-тоқымның күміс әшекейлерін тауып алғанын айтыпты. Содан кейін археологтар сол жерге барып, 8 құрылыстан тұратын осы кешенді тауыпты.

c81e728d9d4c2f636f067f89cc14862c-4

     Бұл кешен 2010 жылы табылғанымен, белгілі бір себептерге байланысты археологтар қазба жұмыстарын тек 2014 жылы бастаған.

      Ғалымдар мақалада: «Құрылымның кейбір ерекшеліктері мен детальдардың формасына қарап олар көшпенді заманнан тайпаларынан қалған шығар деп ойладық. Әшекейдегі дизайн мен өрнектер Рим империясы құлаған кезеңге жатады екен. Ердің аман қалған фрагменттерін қолдана отырып  оның жалпы бейнесін қалпына келтірдік. Ердің құрылымы мен күміс бөліктеріндегі суреттер V ғасырда Орталық Азиядан Еуропаға жаппай қоныс аударған түркітектес тайпа – ғұндардың қолынан шыққан дүниені еске салады», — дейді

        Зерттеулер әлі де жалғасып жатыр. Богдановтың айтуынша, команда 2017 жылы күміс ер-тоқым туралы үлкен еңбек жариялауды жоспарлап отыр. Тіпті, Маңғыстаудағы бұл археологиялық қазбалар туралы фильм түсірілсе деген үмітін де жеткізіпті.

massive-stone-complex-6

massive-stone-complex-5

 

        https://egemen.kz/2016/11/17/75033

толығырақ

      «…Кенесарының қырғыз әскерлерімен соңғы шайқасы Тоқмақ селосының шығыс жағында, Пішпек қаласына жақын Кеклі тауларында болды.Кенесары әскерлері Шу өзенінен 1-2 шақырым жердегі Майтөбе деген таулы үстіртке орналасты. Қырғыздар ғасырлар бойы Майтөбені «қанды жер» деп атайды екен.

       Майтөбеге солтүстік шығыс жағынан Кеклі тауы жалғасып жатады, жергілікті халық оны «қасиетті төбе» деп атаған. Осы төбенің батысында Шу өзеніне дейін созылған Қарақоныс аңғары жатыр. Осы аңғар екіге бөлінеді: бірі «Алмалы сай» деп, ал онымен шектесетін аңғар «Саулман» деп аталады. Бұл аңғарлар орманға бай, ортасынан асау өзен ағып жатыр. Кенесарыны қырғыз манаптарының тұтқындаған жері осы «Алмалы сай» еді. Кенесары штабы Майтөбеде орналасқан болатын. Ондағы Кенесары жақтастары салған уақытша бекіністің, таулы үстірттің шығыс жағынан қазылған ордың және тас үйіндінің қалдықтары осы күнге дейін сақталған.

     Кенесарының қырғыздармен шайқасының тағдыры қырғыздар жеңісімен аяқталатыны алдын ала белгілі еді. Біріншіден, патша отрядтарының басшылары манаптар­мен әскери қимыл жоспарын кеңесіп отырды. Генерал-майор Вишневскийге рапортында жасауыл Нюхалов былай деп жазды: «Мен аса белгілі билерге – Бұғы руының биі Борамбай Бекмұратовқа және Әжібай Сералинге, Сарыбағыш биі Орман Ниязбековке, Солты руының биі Жаңғараш Есхожинге хат жолдап, сендердің де, орыс үкіметінің де жауы Кенесарының көзін құртайық деп шақырдым».

     Екіншіден, қазақ сұлтаны Рүстем және Сыпатай би Кенесары қозғалысына тоналудан қорқып қосылған адамдар еді. Шайқас болардың алдындағы түнде олар Кенесары жасақтарынан қашып кетті. Ол туралы Мәдібек Бекқожаев былай дейді:«Сыпатай мен Рүстем төре түнде өз әскерлерін бөліп алып, Шу өзенінің арғы жағына өтіп, «Мықан суына» жеткен соң өткел іздеп, таң атқанша жүрді. Осы кезде оларды қырғыз әскері байқап қалып, шабуыл жасады. Артта жау, алда өткел бермес батпақ су, міне, осындай жағдайда қазақтар қырылып, бір бөлігі қолға түсті».

Сыпатай мен Рүстем көрсеткен қызмет ұмыт қалған жоқ. Кейіннен манап Жантай Қарабеков Сібір қырғыздары шекара бастығынан сұлтан Рүстемді наградтауды сұрай отырып, былай деп жазды: «Рүстем сұлтан мен Сыпатай Әлібеков би әскерлерін алып, кетіп қалды да менің Кенесарыны жеңуіме жағдай жасалды».

       Үшіншіден, Қоқан бектері өз әскерлерін Орман манаптың қарамағына берген-ді.

     Жағдайдың үмітсіз екендігін түсінген Кенесары әскери кеңес шақырып, қоршаудан шығу жолдарын қарастырды. Наурызбай Кенесарыға мынадай ұсыныс жасады: «Маған Тама руынан Құрман батыр және Ағыбай батыр бастаған, ұрысқа жарамды 200 жігіт беріңіз, мен сол жігіттермен қырғыздар шебіне шабуыл жасап, бұзып өтемін» деді. Бұл ұсынысты барлығы қолдағанмен, Кенесары келіспеді. «Егер біз бұзып өтсек, онда тоқтамай қашамыз. Кімнің аты жүйрік болса сол құтылады. Ал халықтың басым көпшілігі қырылып қалады. Егер мен, әскер басшысы бола тұра қашып кетсем, онда мен бұдан былай халыққа хан бола алмаймын».

Кенесары барлық аттарды сойып, тек азық-түлік артатын 30 ат қана қалдырып, қолға найза алып жаяу сытылып шығуды ұсынды. Бірақ оның ұсынысын ешкім қолдамады. Көмек келеді-ау деген оймен келесі күнге дейін күтуге шешім қабылданды. Бірақ көмекке ешкім келмеді.

      Кенесары мен Наурызбай әрқайсысы өз отрядтарын басқарып, қоршауды бұзып өтуге ұйғарды.

      Кенесары өзінің отрядымен Қарасуық деген батпақты өзен арқылы қоршаудан шықпақшы болды. Өзеннен өту кезінде көп адам суға кетті, осыған қарамастан жауынгерлер Кенесарыны аман алып қалу үшін әрекет жасады. Осы оқиғаны көтеріліске қатысқан адам былай суреттейді: «Кенесарының жүздеген адамдары желкеден төнген қара қырғыздардың соққысынан суға кетті, бірақ6 өліп бара жатып, өздерінің сүйікті сұлтаны Кенесарыны құтқаруға тырысты. Өздерін құрбан ете отырып, олар сұлтанды суға батып бара жатқан атынан ауыстырып, өз аттарын беріп отырды».

       Қоршаудан шығуға тырысу сәтсіз аяқталды. Наурызбай өзінің отрядымен күші басым шайқаста қаза тапты. Кенесарыны манаптар қолға түсірді.

Өзін өлтірер алдында Кенесары қырғыз манаптарына тағы да өз ойын айтты: жауласуды қояйық та, ортақ жау Қоқанға қарсы бірлесіп күресу үшін қазақтар мен қырғыздардың күшін біріктірейік деп ұсыныс жасады. Алайда қырғыз манаптары бұл жолы да оның ұсынысын қабылдамады.

       Кенесары өзін өлтірер алдында, иін тірескен халық жиналып тұрған сол бір шақта өлеңдетіп қоя берді. Өлеңінде өз елінің еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында өзі жүргізген аса ауыр күрестің бүкіл өткен жолын баяндады, Сарыарқаның кең даласын, шайқаста қаза тапқан серіктерін еске алды. Кенесары өлтірілер алдындағы сәт былайша суреттелген: «Кенесары жиналған жұртқа, алыстағы тауларға, күн шуағы төгілген биік аспанға, онан соң жан-жағына қарап алып, ән бастады. Ән ұзақ айтылып, жиналғандар ұйып тыңдады. Ән сөздері тыңдаушының бойын билеп, жүрегін баурап, қатты толқытқан. Ол өзінің өлеңінде туып-өскен кең даласында, кіндік кескен ауылында өткен бар өмірін есіне алған еді».

      Кенесары өлімі оның серіктері үшін, әскери достары үшін ауыр соққы болды.

Дерек: Е. Бекмаханов. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» 1993 жыл. 334-337 беттер

        gu-gu.kz

 

 

 

 

 

толығырақ

700

         Атыраулық тарихшы-журналист, мемлекетаралық «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі  Жұмабай Доспанов 2010 жылдың қыркүйегінен 2016 жылдың қыркүйегі аралығында еш тынбастан ізденумен жүріп, Екінші дүниежүзілік соғысқа 12056 қазақ офицері қатысқанын анықтады. Біз бұл көрсеткішпен әлемдегі сол соғысқа қатысқан 200-ден астам ұлт арасында 10-шы орынға шығыппыз!  Төменде 25 томдық кітаптың авторы Ж.Доспановпен болған сұхбат газет оқырмандарының назарына ұсынылып отыр.

Ofiser

      – 2015 жылы жылы «Ағатай» ­баспасынан Сіздің «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 10 томдық кітабыңыз жарық көрді. Қажет­тілігі мол, маңызы зор кітаптың таралу жағы қалай болды? Оның тұсаукесері Астанада өтіпті, ұйымдастырған кімдер?
       –  Тұсаукесер Сенатор Сәрсенбай Еңсе­генов­тің бастамасымен Астанада, 2015 жылдың 24 маусымында – Мәскеуде тұңғыш рет Жеңіс парады өткен күннің 70 жылдығына сәйкестендірілді. Сәрсенбай Еңсегенов бір ай бұрын Атырауда менімен арнайы кездесіп, бұл шараны парламенттік деңгейде өткізуге ұсыныс жасаған. Оған Парламенттің қос палатасынан 13 депутат, министрліктер өкілдері, ғалымдар, әскерилер қатысты. Парламент депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Сәрсенбай Еңсегенов, қос генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен Абай Тасболатов, Берлинді алған атқыштар взводының командирі, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденінің иегері, 92 жастағы астаналық Қаден Бекенов, т.б. сөз сөйледі.
         Былтырғы қыркүйекте экс-Қор­ғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов маған ризашылық хатын жіберді.
       Елімізде Отанды қорғаушыларға деген құрметтің, патриоттық тәрбиенің ойдағыдай еместігі жаныма батады. Бірде-бір әкім өздіктері­нен кітапқа сұраныс жасамады. Білім саласында да солай. Ешкім мені аудиториялық кездесу өткізуге шақырған жоқ. ­Мектеп пен колледждерде бастапқы әскери дайындық пәні бар. Өткен жылы екі мектепке барып, оқушылардан соғыс арда­герлері туралы сұрағанымда – бір-екі адамнан артық майдангерді атай алмады.
     Тамыз айында Ресейдің курортты қаласы Есентукиде демалғанымда сол елдің зейнеткерлікке шыққан жоғарғы лауазым иелерімен, отставкадағы генералдарымен, ғалымдарымен сұхбаттастым. Ұлы Отан соғысына ­­12 мың қазақ офицері қатысқанын естігенде қайран қалысты. Бәрі білетін Бауыржан Момышұлының полк командиріне 1942 жылдың ақпа­нында 10-шы қазақ болып тағайын­далғанын, қан майданда 177 батальон командиріміз, 87 офицер-ұшқышымыз Ұлы Жеңіске өз үлестерін қосқандарын айттым. 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа бірінші болып ту тіккені үшін лейтенант Рақымжан Қошқарбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ресми түрде ұсынған құжаттың көшірмесін қолдарына ұстаттым.
         – Сол кітабыңыз толықтырылып, оған енген қазақ офицерлері 12 мыңға жеткені ақиқат па? Оны тағы да бастырғалы жатқаныңызды естідік. Бұл жолы сұраныс алған тәріздісіз…
         – Дәл 6 жыл еңбектенуімде офицер­ле­рі­міз­дің 12 мыңға жеткені шындық. Жазылғаннан кейін жарық көруі керек. Ешкім сұраныс берген жоқ. Баспагер, ҚР еңбегі сіңген қай­раткер Қойшығұл Жылқышиев қаражат іздеп жүр.
          – Аға офицерлер мен соларға лайық лауазымға ие болған дивизия, бри­гада, полк, батальон және дивизион басшылығында болғандар туралы айт­саңыздар?
        – Батальон командирі – 185, батальон комиссары (1942 жылдың қа­занында жойылған батальон коман­дирімен тең лауазым) – 88, батальон командирінің саяси орынбасары – 230, батальон командирінің сап­тық орынбасары – 214, батальон шта­бының бастығы – 97, партиялық ұйым­дастырушы – 293. Барлығы 1095 қазақ – атқыштар батальондарының бас­шы­лығында болған. 2015 жылға дейін қазақтан 20 шақты ғана батальон ко­мандирі шыққаны жазылып келген еді.
        Артиллерия дивизиондары бас­шы­­лы­­ғын­дағы қазақтар да бар­шы­лық. Дивизион командирі – 39, комиссары – 8, командирдің саяси орынбасары – 36, сап бойынша орынбасары – 21, штаб бастығы – 16, партиялық ұйымдастырушы – 59. Барлығы – 179.
Батальон, дивизионмен теңдес ­авиация эскадрильясының басшылары: ко­мандир – 5, командирдің саптық орын­басары – 1, штаб бастығы – 3, эс­кадрилья штурманы – 1. Барлығы – 10.
        Полктағы көрсеткішіміз де айтуға тұраралық. Полк командирі – 16, полк комиссары – 10, полк командирінің саяси орынбасары – 13, полк ко­мандирінің сап бойынша орынбасары – 32, өзге орынбасарлар – 3, штаб бастығы – 20, авиаполк штурманы – 2, полк комиссарының орынбасары – 5, полк партия бюросының хатшысы – 65, полк қызметінің бастығы – 141, полк командирі мен штаб бастығының көмекшілері – 70. Барлығы 377 қазақ полктарда аға офицер қызметтерін атқарған.
       Бригада басшылығында: командир – 1, әскери комиссар – 3, командирдің саяси орынбасары – 2, саяси бөлім бастығы – 7, командирдің саптық орынбасары – 5, әскери трибунал төрағасы – 1, әскери прокуроры – 1, подполковник шеніндегі қазақтар: партия комиссиясының хатшысы – 7, бригада қызметінің бастығы – 13, саяси бөлім бастығының орынбасары – 6, штаб бөлімшесінің бастығы – 6. Барлығы – 32.
       Дивизия басшылығында: командир – 2, әскери комиссар – 3, командирдің саяси орынбасары – 1, саяси бөлім бас­тығы – 2, командирдің саптық орын­басары – 2, әскери трибунал төрағасы – 1, әскери прокурор – 1, майор­ды есепке алмай, тек подполковник атқаратын лауазымдағылар: партия ко­миссиясының хатшысы – 7, дивизия қызметінің бастығы – 14, саяси бөлім бастығының орынбасары – 3, штаб бас­тығының орынбасары – 3, штаб бөлім­шесінің бастығы – 9. Барлығы – 36.
       Корпуста полковник лауазымында болғандар: әскери прокурор – 1, штаб бөлімінің бастығы – 2, саяси бөлім бас­тығының орынбасары – 1, қызмет бастығының орынбасары – 2, штаб бөлімшесінің бастығы – 1, подполковник шеніне лайық лауа­зым­да­ғылар: саяси бөлім­нің аға нұсқаушысы – 5, әскери трибунал­дың мүшесі – 1, артиллерия штабы бас­тығының көмекшісі – 1, саяси бө­лімнің инспекторы – 2, саяси бөлімнің үгітшісі – 1, штаб бөлімі бастығының аға көмекшісі – 5, бөлім бастығының көмекшісі – 6.
     «СМЕРШ» қарсы барлаудың полк, бригада, дивизия, корпус штаб­тары жандарындағы жедел өкілеттілері – 59.
     Қан кешкен майданда қазақ ұлтты офицерлер комсомол мен жастарға басшылық етуде, тәрбиелеуде, оларды жігерлендірумен қатар шабуылдарға бастауда міндеттерін абыроймен орындады, өздері де ерен ерліктерімен әйгіленді. Олардың сандары: батальонның комсомолдық ұйым­­дас­ты­рушысы – 168, диви­зионның комсомолдық ұйым­дастырушысы – 8, полк комсомол коми­тетінің хатшысы – 70, бригада саяси бөлімі бастығының комсомол бойынша көмекшісі – 7, дивизия саяси бөлімі бастығының комсомол бойынша көмекшісі – 13, корпус саяси бөлімі бастығының космсомол бойынша көмекшісі – 1, армия саяси бөлімі бастығы комсомол бойынша көмекшісінің орынбасары – 1, майдан саяси басқармасы бастығының комсомол бойынша көмекшісінің орынбасары – 2. Барлығы – 270.
       Екінші дүниежүзілік соғыста 87 қазақ офицердің ұшқыш болғандары – халқымыздың мақтан тұтуына әбден лайық. Олардың ішінде Талғат ­Бигелдинов (екі мәрте), Плис Нұрпейісов Совет Одағының Батыры атанса, Хамза Зайсанов – генерал-майор шенін алды. Эскадрилья командирінің орынбасары гвардиялық майор Байтұрсын Есіркепов омырауына 5 орден таққан, 1945 жылдың ­7-маусымында Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ берілмеген. 10-Москва барлау авиаполкының аға ұшқыш-байқаушысы Асқар Жандаров 6 орденмен марапатталған, олардың үшеуі – «Жауынгерлік Қызыл Ту». Бұған дейін офицер-ұшқыштарымыздың 10 шақтысын ғана біліп, атап келгенбіз.
       – Соғыста Совет Одағының Батыры атағын 98 қазақ алғанын білеміз, солардың қаншасы офицер? Осы атаққа ұсынылған, бірақ берілмеген офицерлер бар ма?
        – Бүгінде КСРО-ның ең жо­ғары атағын Ұлы Отан соғысында алғандар саны 104-ке жеткен. Олардың ішіндегі офицерлер – 37. Берілмегендер саны – 33. Сол ала алмағандар арасында атқыштар ротасының командирі Қабыш Көктаев 1944 жылдың 12-тамызында, сосын екінші рет 1945 жылдың 4-ақпанында ұсынылғанда, орнына Ленин және «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордендері беріледі.
      1945 жылдың ақпанында Совет Одағының Батыры атанған Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны ­14-30 сәуір­ және 1-3 мамыр аралығында қарулы 1245 жау солдатын өлтіріп, 2217-сін тұтқындайды, 36 пулеметті жойып, 3 танк пен соншама өздігінен жүретін артиллерия қондырғысын қиратады. Берлин іргесі мен ішіндегі ұрыстарды шебер жүргізгені және жеке ерен ерлігі үшін сол жылдың мамырында осы атаққа екінші рет ұсынылады, бірақ берілмейді.
      – Қазақ офицерлердің айрықша ерліктері көп болғанына сенімдіміз, солардың бірнешеуін айтып берсеңіз?
       – 1942 жылдың желтоқсанында қаза болған 1-танк бригадасы құ­ра­мындағы Т-34 танктері ротасының командирі, аға лейтенант Жұмаш Рахметовтің экипажы сол жылдың тек шілдесі мен желтоқсаны аралығында жаудың 4 танкісін, 15 зеңбірегін, 36 ДЗОТ-ын, 6 минометін, 19 пулеметін жойып, 300-ге тарта жауынгері мен офицерін өлтірген. 1943 жылдың 9-ақпанында 22-армия қолбасшысы, генерал-лейтенант Юшкевич оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады, бірақ арада бір жыл өткенен кейін 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденіне лайық деген бұйрық шығады…
       Сталинград қаласындағы 102.0 биіктік – бүкіл әлем біледі деуге болатын Мамай қорғанын фашистер 1942 жылдың 27 қыркүйегінде иеленіп алған-ды. Қаланы бақылауда өте маңызды саналатын ол биіктікте жаудың алмасып тұратын мың адамы – жеңіл зеңбіректерімен, минометтерімен, төрт жаққа ірі калибрлі пулеметтері орнатылған ДЗОТ-тарымен 62 армия­ның әскерлерін 3,5 ай бойына үлкен шы­ғынға қалдырып, жоғарыға жолат­пай қойған. Сол биіктіктің бір бөлігін 1943 жылдың 9 қаңтарында 284 атқыш­тар дивизиясы 1045 атқыштар полкы құрамындағы 2 атқыштар ­батальоны бірінші болып басып алғанынан жауды 26 қаңтарда өзге бөлімдер толық тазартқанша – 17 күн бойына ұстап тұрды. Осы үшін батальон командирі 26 жастағы қазақ жігіті, лейтенант   Шамшит Қабдонасовқа «Қызыл Жұлдыз» орденін бере салады (19.02.1943).
         1944 жылдың 26-маусымында 19-гвардиялық танк бригадасының танк командирі лейтенант Қасым Сәрсембаевтың экипажы қарсы­лас­тың 1 танкісін, әскери жүк тиеген 16 автомашинасын, 40 арбасын, 1 танкке қарсы зеңбірегін, 5 пулеметін қиратып, 80-ге тарта автоматшыларын ажал құштырды. Бұның бәрі бір күн ішінде.
      Астраханның қазағы, 4 орденнің иегері, танк командирі, лейтенант Ильяс Бектемісов экипажымен ­­­­1944 жылдың ­1-шілдесінен 1945 жылдың 1-наурызы аралығында, яғни 8 ай ішін­де жаудың 13 зеңбірегін, 1 «Ферди­нанд» өздігінен жүретін ауыр артиллерия қондырғысын, 22 пулеметін, 6 ми­нометін, 8 автомашинасын, әскери жарақ тиелген 16 арба-шанасын талқандап, 185 гитлершілерді о дү­ниелік етеді.
      СУ-76 командирі лейтенант Жанғали Берқалиев 1944 жылдың 21-қарашасынан 1945 жылдың ­10-наурызына дейін, 3,5 ай ішінде ауыр жараланып саптан шыққанынша – немістердің 1 «Тигр» ауыр танкісін, 1 «Фердинанд» өздігінен жүретін ауыр артиллерия қондырғысын, 4 орта танкісін, 12 зеңбірегін, 16 пулеметін, 8 жүк автомашинасын қиратып, 100-ге тарта жаяу әскерін жояды. Ол да 4 орденмен марапатталған.
       1942 жылдың 18-мамырынан 1943 жылдың 26-қаңтары аралы­ғын­да 116-атқыштар дивизиясының 441-атқыштар полкы құрамындағы пулемет ротасының командирі аға лейтенант Сапар Оралбеков бір өзі 750-ге тарта фашисті өлім құштырған, осы уақытта оның ротасы 1700 жауды жойған, яғни жауға келтірілген зор шығынның 44 пайызы соның үлесінде.
       Ұлы Отан соғысында Қызыл Армияның ең үздік 10 пулеметшісі 130 және одан артық қарсыласты жойған. Бірінші орында шешен жігіті ­Ханпаша Нурадилов – 920 адам, 2-ші орында біздің Оралбеков (750), 3-5-ші тұрғандар С.Пугаев (350), А.Жежеря (343), В.Чемодуров (311). Бұл ондықтан Кеңес Одағының Батыры атағы жалғыз Оралбековке бұйырмай, Ленин және «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордендерімен ғана марапатталған.
      – Мына көрсеткіш Қазақстанның, оның ішінде қазақ халқының мақтанышы ғой! Бұны дәлелдейтін құжатыңыз бар ма?
      – 441-атқыштар полкының командирі, майор Емельяновтың – аға лейтенант Оралбековті екі орденге ұсынғандағы қолы қойылған, мөрі басылған марапаттау қағазы қолымда.
      Қазақстанның рекордтар кітабына енетіндер кітабымда баршылық. 20 жасында подполковник лауазымында болған 5 қазақ түгелімен құрамы 800 адамнан тұратын батальондар командирлері Төлекеев Капьят (1942), Сырғабаев Қасым (1943), Қоңырбаев Ораз (1943), Оспанов Қаби (1944), Нұрмағамбетов Сағадат (1945).
       20 жасында майор шенін алғандар: Төлекеев К. (02.1943), Сырғабаев Қ. (02.1944), Нұрмағамбетов С. (02.1945). 21 жасында Капьят Төлекеев (1943) полк командирінің сап бойынша орынбасары, 22 жасында Юрий Алтыбаев полк штабының бастығы.
       – Соғыста жоғары лауазымды атқарған, өлілей-тірілей саптан шық­қандарды атап жіберсеңіз?
       – Оларды әскери түрде бір сөзбен «шығын» дейді. Сол шығын көп болды. Мен подполковник және одан жоғарылар атқаратын қызметте болғандардың кейбірін, Ұлы Отан соғысының алдыңғы кезеңі 1941 жылмен ғана атайын.
        Шілде де атқыштар полкы штабының бастығы Салық Ысқақов ауыр жарақатпен саптан шықса, батальон командирі Халихан Хамзин оққа ұшты; тамызда 23-армия штабы бөлімшесі бастығының аға көмекшісі Сабыр Насыров хабарсыз жоғалды, қыркүйекте атқыштар батальонының командирлері Мырзабай Құлсейітов пен Әшім Нұрбеков қаза болса, танк батальонының командирі Абдолжапар Жақыбаев қиратылған танкісі ішінде ауыр жараланумен жау қолына түсті, кавалерия полкы командирінің сап бойынша орынбасары, подполковник Сәбит Имақов ауыр жараланумен саптан шықты; қазанда атқыштар батальонының командирі Мәжит Жұмабаев қарсы жақтың тұтқынына ілінді; қарашада дивизия штабы бөлімшесінің бастығы Садық Жұмабаев пен атқыштар полкы штабының бастығы Ибраим Аманбаев қаза тапты; желтоқсанда – батальон командирлері Николай Иманқұлов пен Әбутәлі Әбсәлімов Отан үшін жандарын құрбан қылса, ол екеудің әріптесі Хұсайын Шайхитдинов хабарсыз жоғалды.
      Соғысты саптан шықпастан аяқ­тағандарында барлығы да кем дегенде полковник, кейбірі генерал-майор атанар еді.
       – Өзіңіз ерекшелейтін аға офицерлер арасында – подполковник, полковник лауазымында болған атыраулық қандастарымызды айтсаңыз?
       – Олар да аз емес, бір сұхбатқа сыйғыза алмаймын. Он шақтысын ғана атайын. Батальон командирлері: қос Александр Невский орденді ­Базарбай Баймұханов, Басар Иманәлиев, Сибағатолла Қарынбаев, авиаэскадрилья командирі Ермұхан Ідірісов, батальон комиссарлары Мәжит Тауышев, Құлшараф Өміршин, майдандық газет жауапты редакторының орынбасары Жолдас Аймұратов, полк штабының бастығы Оңай Шонаев, бригада командирінің орынбасары Салық ­Зиманов…
        – Осы кітапты дайындау кезіңізде, кейбіреулер: «Неге қазақстандық деп атамайсыз» деп кінә таққанда, Сіз: «Қазақстанның сыртында туған жүздеген қандастарымды қалдырып кете алмаймын» деп кесіп айтқансыз. Мына 12012 офицердің қаншасы еліміздің сыртында дүниеге келгендер?
     – 10,5 мыңы – Қазақстанда, қал­ғандары сыртында. Ең көптері: ішкі аймақтар арасында – Батыс Қазақстан облысы 1 мың адам, сыртқы мемлекеттерден Ресей Федерациясы алда 1077 қазақ офицер.
       – Әңгімеңізге рақмет.

       Құттыгерей СМАДИЯР, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

    http://anatili.kazgazeta.kz/?p=39723

толығырақ

Қазақ тарихына қатысты шетелдегі 5 ескерткіш           Қазіргі Моңғолия жеріндегі Орхон-Енисей ескерткіштері — көне түркі жазба тарихи-мәдени құндылықтары. Мұндағы жазулар сыры көп уақытқа дейін беймәлім, қай тілде жазылғандығы белгісіз болып келген. Орхон-Енисей жазбаларын ғылымда руналық жазбалар деп те атайды.

        1893 жылы ғана даниялық ғалым В. Томсен құпия жазуды оқудың кілтін ашады. Біраз жылдардан кейін орыс ғалымы В.В. Радлов Орхон өзені бойынан табылған үлкен тастардағы жазуды толық оқып, аударып шықты. Орхон-Енисей жазбалары Шығыс Түркі қағанатының қағаны Білге мен оның інісі Күлтегін қабірлеріне қойылған орасан зор құлпытастарға қашап жазылған жыр жолдарынан тұрады.

БҮРКІТ ҰСТАҒАН ҚАЗАҚ

     «Бүркіт ұстаған қазақ» деп аталатын мына мүсін Француз Ривьерасындағы Ментон қаласының ботаника бағында тұр. Оны Ресейде қалып қойған Наполеон армиясының солдаты Евгений Лансер (1848-1886) деген шебер құйған. Мүсінді император Александр үшінші кезінде Францияға тарту еткен... Мүсінші 38 жасына дейін ол осындай 400-ге жуық шығарманың авторы атаныпты. Лансердің жұмыстарының ішінде украиналықтардың, Кавказ бен Орталық Азия халықтарының тұрмысы бейнеленген мұндай туындылар көп.

ҚАЗАҚ КӨШІ

     Бұл – Қытайдағы бұрынғы Сарсумбе, қазіргі Алтай қаласында орнатылған ерекше ескерткіш. Қыран өзенінің жағасына қойылған тамаша ансамбль қазақ өмірін, шаруашылығынан сыр шертеді. Әсіресе көштің сән-салтанатын барынша нанымды суреттейді.

БАЙБАРЫС МЕШІТІ

      Байбарыс дарынды қолбасшы ғана емес, өз дәуірінде зәулім ғимараттар, көрнекті мешіттер, биік қорғандар мен қамалдар салдырған дана басшы болды. Ғимараттардың бірқатары сақталған.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Ерекше ерлігі, асқан ақылымен құлдықтан хандыққа дейін көтерілген. Египеттей алып елді 17 жыл бойы билеп, моңғол жаулаушыларынан крест жорығын бастаушылардан жалпы араб әлемін сақтап қалған біздің ұлы бабамыз Байбарыстың бала кезінде тұтқынға осы Атырау бойынан әкетілгені, өзінің сүйегі осындағы Беріш тайпасынан екенін көптеген тарихшылар кезінде жазып қалдырған. Мен ана жалы Мысыр еліне барғанымда Байбарыс салдырған мешітте Құран оқыттым. Даңқты бабамызды арабтардың қалай құрмет тұтатынын өз көзіммен көрдім», – деген болатын.

ЖӘНІБЕК ХАННЫҢ ДУЛЫҒАСЫ

        Атақты Жәнібек ханның дулығасы АҚШ-тағы «Метрополитен» өнер музейінде сақталыпты. Жақында ғана жарияланған бұл дулығаны АҚШ ғалымдары Алтын Орда ханы Жәнібек ханға тиесілі болуы мүмкін дейді. Оған дулығаның төменгі жағында араб әріптерімен жазылған жазу айқын дәлел. Дулыға темірден жасалған, биіктігі 20-23 сантиметр, диаметрі 22 сантиметр, үстіңгі жағы үшкір қырлы болып келеді, ал, төменгі жағында араб әріптерімен ойылып, күміспен көмкеріліп «Жеңімпаз сұлтан Махмұд Жәнібек хан» деп жазылыпты. Сонымен қатар дулыға Қазақстанда табылған 84 дулығаның ішінде тарихи құндылығы жағынан алғашқы бестікке кіреді екен.

       Дереккөз: e-history.kz 

толығырақ


        Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҚазҰҒА құрметті мүшесі Талас Омарбековтің 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске қатысты айтар өз тұжырымы бар. Бұл тақырып, толық зерттеле қойған жоқ деп санайтын ғалым, «ҚазАқпарат» тілшісімен болған сұхбатта өз пікірін айтты.    

          - Талас аға, 1916  жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс ғылыми тұрғыда толық зерттеліп болды ма? Әңгімені осыдан бастасақ...

        - Ұлт-азаттық көтеріліске жаңаша баға берілді деп айта алмаймыз. Бұл тақырып, шынын айтқанда, жан-жақты зерттеле қойған жоқ. Керісінше, Кеңестік жүйе тұсында өндіріле зерттелді. Ал енді, тәуелсіздік алғаннан кейін, бұл тақырыпқа деген қызығушылық жоғары болмады. Сондықтан да, бұл мәселе толық зерттелмей жатыр. Өйткені, 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін, бұрын жабық болған, тарихтың ақтаңдақ беттері ашылып, зерттеу нысаны ретінде алға шықты. Мысал үшін, коллективтендіру кездеріндегі көтерілістер, 1929-31 жылдары болған, «Абыралы», «Созақ»,«Адай», «Шұбартау», т.б көптеген көтерілстерге жаңаша көзқараспен тарихи баға берілуі керек болды... Одан кейін, 1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісі үлкен мәселе болды. Биыл міне, оның 30 жылдығы. Осыдан кейін, Алашордаға байланысты, Алашорданың осы көтерілістерге қатысы зерттеу нысаны ретінде алға шығып кетті. Тарих ғылымы қазір сонымен әлек... 1916 жылғы көтерілістің өзі онша өзекті тақырып болмай тасада қалып отыр. Сосын, «Амангелді Имановты Алаш қозғалысы өкілдері өлтірген» деген мәселе төңірегінде артық әңгімелер айтылып кетті. Тарихқа көмектеспейтін әңгімелер орын алып отыр.

           - Бұл тақырыптың ашылмай жатқан тұсын нақты айта аласыз ба? 

         - 1916 жылғы көтеріліске ғалымдар тарапынан қызығушылық әрқашан да болды. 1991 жылы бұл көтерілісті академик Манаш Қозыбаев «Ұлт-азаттық революция» деп бағаласа, Бейсембаев деген тарихшы мұны «Ұлт-азаттық соғысы» деді. Бұл берілген бағаларға қатысты, аталған тақырыпты терең зерттеген әріптесіміз, ғалым Мәмбет Қойгелдиев өз тұжырымын айтты.

         «1916 жылғы көтеріліс революция деңгейіне көтерілуі үшін оны ұлттық иннтелигеция басқаруы керек еді. Оның ұлттық орталығы, сосын көтерілісшілердің «тәуелсіздік алу, өз алдына дербес мемлекет құру» деген секілді алдына қойған саяси мақсаты болуы керек еді. Мұндай белгілер болмағандықтан, оны революция деп айта алмаймыз», - деді.

       Ал, енді мұны «Соғыс» деп бағалуға әрине, болмайды. Соғыс болуы үшін, әскер шеп құрып, майдан даласына шығуы керек. Тіптен, ол партизан соғысы болғанның өзінде де онда армия, орталықтан басқарылатын отрядтар, командалық әскери штаб болуы керек. Ондай әрине, болған жоқ. Бұл көтеріліс бытыраңқы болды. Ал енді бізде мынадай кемшілік бар тарихшыларда, Ұлт-азаттық көтерілісі деген сөзді «Ұлттық» деген сөзбен шатастырамыз. Осы жағына терең назар салайық. Жалпы, Қазақстандағы 1916 жылғы көтерілістерді менің ойымша, тұтас алғанда, мысалы Қарқарадағы «Албан» көтерілісі, Алматының батысындағы Дулаттардың Бекболат Әшекеев бастаған көтерілісі, Шығыс Қазақстандағы Наймандар, Арғындардың көтерілісі, Торғайдағы Әбдіғаппар Жанбосынов пен Амангелді бастаған Қыпшақтар, Айжарқын Қанайұлы бастаған Кіші жүз руларының көтерілуін, әр жердегі қозғалыстарды тұтастай атағанда Ұлт-азаттық қозғалыс деп баға беруге болады. Бірақ, бір мәселеге назар аударайық: мысалы, 1916 жылғы Торғайдағы көтеріліске қатысушылар Қарқарадағы Албандардың көтерілісін білген жоқ қой. Өзара байланысы болған жоқ. Тіпті, Албандардың көтерілісінің Алматының батысындағы Бекболат Әшекеев бастаған көтеріліспен байланысы болған жоқ. Міне, осындай бытыраңқы көтеріліс болды. Бұл көтерілістердің қозғаушы күші рулар болды. Мұны айтуға әлі күнге дейін батпай отырмыз. Рулық көтерілістерді «Ұлттық көтерілістер» деп атауға болады. Өйткені оған, бір немесе екі рудың өкілі, яғни қазақ ұлтының өкілдері қатысып, орыстандыру саясатына қарсы тұрды, оны неге «Ұлттық көтеріліс» деп айтпаймыз? Мысалы, Торғай көтерілісіне қатысқан негізінен, Арғындар мен Қыпшақтар. Әбдіғаппар Жанбосынұлын Қыпшақтар хан сайлады, Арғындар Оспан Шолақұлын хан сайлады. Ал, ар жағындағы Ырғызға көрші кіші жүздің рулары Ақжарқын Қанайұлын хан сайлады. Сөз арасында айта кетейік, Айжарқын Қанайұлы кейінгі ұжымдастыру жылдарындағы көтерлісте де, 14 жылдан кейін хан сайланды. 1930 жылы ол Күлқамыс деген жерде қызылдардың қолынан мерт болды. Айжарқын Қанайұлы бастаған көтерілісшілер 1916 жылы Әбдіғаппар Жанбосынұлының қолына қосылып, Әбдіғаппардың көмекшісіне айналды. Басында оны хан сайлаған. Ол жазалаушыларға қарсы табанды күресіп, ұрыс даласында қайтыс болған адам. Нағыз батыр - сол. Мынаны, ұмытпауымыз керек, мысалы Мұстафа Шоқай - дербес көзқарасы бар, кеңес үкіметіне қарсы шыққан адам. Кеңес тарихшыларының коммунистік рухта жазған еңбегін сынады. Басы Т.Рысқұловтан, С.Асфендияровтан бастап... Идеологиялық тұрғыда ауытқумен тарих жазғаны үшін шет елде отырып сынға алды. Ал, сол кісі өзінің еңбектерінде 1916 жылғы көтерілісті «Ұлттық көтеріліс» деп бағалады. Сондықтан, біз Ұлт-азаттық деген сөзді абайлап қолдануымыз керек. Ұлт-азаттық деген үлкен мемлекеттік деңгейдегі саяси талаптар қойып, бүкіл ұлттың мүддесін қорғайтын, ұлтқа тәуелсіздік алып беретін ұлттық мемлекет құруды мақсат ететін, жалпы халықты біріктірген дербес қозғалыстарды Ұлт-азаттық қозғалыс деп атауға болады. Жалпы, қазақ даласында болған 1916 жылғы барлық қозғалысты Ұлт-азаттық қозғалыс деп атаймыз. Ал, жеке-жеке, Амангелді бастаған Торғайдағы, ана Қарқарадағы, Абыралыдағы көтерілістерді жеке айтқанда Ұлттық қозғалыс дейміз. Өйткен, ол белгілі бір аймақта, белгілі бір ауданда ғана болған. Бір-бірімен байланыспады. Жеке рулардың бас көтеруінің себебімен болды. Мұны неге айтып отырмыз, себебі, 1916 жылғы көтерілісте рулық ынтымақ күшейді, қазір соны айтпай қалып отырмыз. Осыны айтуымыз керек.

         - Неге айтылмай отыр?

       - Себебі, оны ешкім қабылдамайды. Ру деген сөзден бізде билік те, ғалымдар да ат тонын ала қашады. Мен мұны 1916 жылғы көтеріліс тақырыбы шыққаннан айтып келемін. Мұстафа Шоқайдың жазатыны бар ғой...

        «1918 жылы маған Торғайдан екі-үш жігіт келді. Олар: «сіз Қыпшақ екенсіз, Әбдіғаппар мен Амангелді жіберді, біз ана Торғайдағы Арғындарға қарсы соғысайық деп едік, соған сіз білімді Қыпшақ екенсіз, бізді басқарыңыз, бізге саяси жетекші болсаңыз» деді. Мен Қыпшақ тұрмақ, қазақ деген сөзді аузыма алмай, бүкіл Түркістанды біріктіремін деп жүрген идеямда олардың шаруасы жоқ екен», - деп жазады.

         Көтерілісшілердің деңгейін осыдан білуге болады. 14 жылдан кейін Амангелдінің ауылында тағы да көтеріліс болды. Омар деген кісі хан сайланды. 1929 жылғы қыркүйек айындағы Батпаққара көтерілісі - сол 1916 жылғы көтерілістің жалғасы. Оның да ерекшелігін айта кетейік, қозғаушы күші жағынан алғанда ол да рулық көтеріліс. Ырғыз көтерілісі де рулық көтеріліс, «Адай» көтерілісі де, аты айтып тұр... Созақ көтерілісін Тамалар жасаған. Сұлтанбек Шолақұлының өзі де Тама. Таманың ақсақалдарымен ақылдасып, бастаған. Абыралыда Арғындар көтерілді. Шұбартауда - Керейлер. Бұл тарихи шындықты қалай айтпаймыз? Өкініштісі, біздің көп томдық Қазақстан тарихындағы  монографияларды алып қарасаңыз, осы мәселені көрмейсіз... Мен айтып отырған руларды атамайды. Адай, Тама деп айтуға болмайды екен. Жаңадан көтеріліп жатқан осындай мәселелер бар...

        Тарихшылардың өзі бұл мәселені осқырып қабылдап, рулық деген сөзден қашады. Мәселен, Адай көтерілісін Адайлардың рулық көтерілісі деп айтайықшы, бәлеге қаласың... Сосын, мұны түсінбегендер, Талас Омарбеков Ұлт-азаттық көтерілісті рулық көтеріліске айналдырып жатыр деп шығарады. Айтпайын десең, тарихи шындық - осы. Мен өзім рушыл емеспін. Өйткені, мен рулар тарихынан көп томдық шығарған, рулар тарихын зерттеген адаммын. Мен қазақтың ру руға бөлінуі бізге пайда әкелмейтінін ең жақсы білетін адамдардың бірімін. Оны айтпайын десең, тарихи шындық айтылмай қалады. Мен де ел құсап айта салсам болады, бірақ өзіңіз қараңыз. Мысалы, ең қанқұйлы болған Қарқарадағы Албандар көтерілісін, қалай Ұлт-азаттық дейміз? Оған бір, екі-ақ ру қатысып отырса, ол қалай қазақ ұлтын азат ету көтерілісі болады. Сөз жоқ, орыс тоталитаризміне, патшалы Ресей басқыншылығына қарсы шықты. Сондықтан, Қарқарадағыны айтқанда  «Ұлттық көтеріліс» деуіміз керек. Дәл солай, Батбаққарадағы, Абыралыдағы көтерілістерді жеке-жеке алғанда «Ұлттық» деп, ал тұтас сол замандағы көтерілістер туралы айтқанда «1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістер» деп айта аламыз. Бекболат Әшекеев пен Амангелді Иманов бүкіл қазақ даласын, оңтүстік, батыс, шығыс, солтүстікті біріктіріп, әскер жинап шыққан жоқ қой... Олар жергілікті жерде патша жарлығына қарсы бас көтерді. Осы мәселелердің біреуі де біздің тарихта жазылған жоқ. Жеке көтерілістерді «Ұлт-азаттық көтеріліс» деп, айқайлап, тарихты бұрмалап отырмыз.

          - Енді не істеу керек?

         - 1916 жылғы көтерілісті індете терең зерттеу қажет. 1916 жылғы көтеріліске қатысқандардың жағдайын білу үшін анау Балтық жағалауындағы мұрағаттарды да ақтару керек. Майданға қара жұмысқа, «окоп» қазу жұмыстарына барған қазақтарды сол мұрғаттардан қарау керек. Өйткені, ондағы деректер Қазақстанға әкелінген жоқ. 1916 жылғы көтеріліс туралы біз Бішкек, Ташкент, өзіміздегі архивтерден  қараумен жүрміз. 1916  жылғы қозғалыс жалпы бүкіл ресейлік сипат алды. 1916 жылы қара жұмысқа алынған қазақтар Балтық жағалауларында айлап жатып, жұмыс жасады. Оларға Алаш қайраткерлері барды. Мәскеу, Ленинград, Томскіде оқитын қазақ жастары бәрі барған. Әлихан Бөкейхановтың шақыруымен қазақ жастары барып талаптар қойды. «Қазақ» газетінде жарық көрген «Соғыс майданында қазақ жұмыскерлер» деп аталатын мақалада қазақ интеллиген- циясы былай деп жазды: «Қазақ жұмыскерлерді ренжітпей жақсы ұстау үшін, мынадай шарттар қойылсын: 1. Қазақтар өз алдына қос болсын. Өз арасынан ақсақал сайласын, тіл білетін тілмаштары болып, дружина бастықтарымен сөйлесу, хабарлау үшін; 2. Намаз оқу секілді құлшылықтарынан тыйылмасын, қажет орны болса, табуға мүмкін болғанда араларына молда қойылсын; 3. Тамақтары: шай, қой еті, түздаған сиыр еті болсын. Шошқа етін беруге болмайды. Ұн, тары, май, ет, шайлар қолдарына берілсін. Өз араларынан аспаз сайланып қойылсын; 4. Қазақтардың таза тұруына көз салынсын». Өкінішке орай, кеңестік кезеңдегі тарих ғылымы қазақ ұлттық интеллигенциясының тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне көрсеткен көмегі туралы мүлде жазбауға,тіптен бұл мәселені ауызға алмауға тырысты. Қазақ интеллигенциясы патшаның маусым жарлығы шығысымен-ақ, қалыптасқан ауыр ахуалда туған халқына қолынан келген көмегін аянып қалмады.  Сосын, тылдағы қазақтар ауылдарына қайтқанда адасып, ауылын таппай қалмасын деп Алаш қозғалысының қазақтары оларды басқарып, пойыздарға бөлініп, жол сілтеп, жолбасшы болған. Бұл деректер Алаш қозғалысы туралы тарихи құжаттарды ақтарған кезде ашылды. Арнайы ешкім бел шешіп, мұны аяғына жеткізіп зерттеген жоқ.

      - Өзіңіз айтып отырғандай, Алаш зиялылары мен 1916 жылғы көтеріліс жетекшілері арасында түсінбестіктер болды, тарқатып айта кетесіз бе?

      - Міржақып Дулатов  оқиғадан 10 жыл өткенде «Еңбекші қазақ» газетінде 1926 жылы жазған мақаласында 1916 жылғы қазақтан қара жұмысқа жігіттер алу туралы маусым жарлығы шыққаннан кейінгі ауыр ахуал жағдайындағы қазақ интеллигенциясының дағдарысты көңіл-күйін төмендегідей бейнелейді: «...Бір күні төбеден түскен жайдың оғындай июнь жарлығы сарт ете түсті. Бұл жарлықтың бізге жайдың оғындай көрінуі - қалың қазақ еліне оның әсері қандай болатындығын сезгенімізден еді. Бұл жарлықтың қазақ арасына қалай тарайтыны, қазақ елі не күйге ұшырайтыны көз алдымызға елестей қалды. Өз өмірімізде басымызға тумаған ұлы дағдарысқа ұшырадық. Қайтпек керек? Не істейміз? Елге не айтамыз? Біздің басшылығымыз қандай болмақ керек? Елдің ризалықпен көнгісі келмейтіні, балаларын бергісі келмейтіні, «соғыс», «солдат» деген сөздерден өлердей қорқатыны, патша өкіметіне сенімі жоқтығы белгілі. «Көнбе, берме» дейміз бе? Оның түбі не болады? Немізге сеніп, «Көнбе» дейміз? Көнбейтін күшіміз қайда? Біздің ұйымда күш жоқ. Барар жер, басар тауымыз белгілі... Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен қалқақтап келе жатқан надан қазақ, орыс өкіметінің табанында езіліп келе жатқан бишара қазақ көнбеймін десе қор болмай ма? Көнгені дұрыс па екен? Екеуінде де зиян бар екен. Екі зиянның қайсысы жеңіл болар екен? Міне, біздің басымызды даң қылған, миымызды ашытқан, ұлы дағдарысқа қалдырған сұраулар осылар еді. Қайткенде бізге бұл жолдың біріне түспеске болмады», - деп жазды. Міне, бүкіл қазақты тығырыққа тіреген мәселе шындығы! Кезінде осындай қыспақтан шығар жол таңдаған Міржақып Әлихан Бөкейхановпен және Ахмет Байтұрсыновпен бірігіп жоғарыдағы дағдарыстан шығудың төмендегідей бағытын ұсынған еді: патша шешіміне «көнгенде жұртқа қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық бар? Көнгенде шаруаға кемшілікте келер, барған жігіт қазаға да бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас (қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді) - Көнбегенде көретін ауырлық: бағынып тұрған үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер... Міне, біздің екі ауырлық дейтініміз осы. Бірі - барса шаруаға кемшілік келіп, алынған жігіттер аз қазаға бейнетке ұшырағаны, екіншісі бармаймын деп қарсылық қылса, елге келетін зор бүліншілік. Осы екі ауырлықтың жұрт қай жеңілін таңдауы керек. Ал ел көнді, көнгенде не істеу керек? Ел басшысы адамдар әділдікпен списокті өздері түзеп беру керек. Мынау жақсы, мынау жаман, мынау бай, мынау кедей деп бөлмей, сатылмай дұрыстықпен іс қылу керек». Көріп отырғанымыз, Алаш қозғалысы қайраткерлері патшаның маусым жарлығына амал жоқ мойынсұнған, қалыптасқан қиын ахуалды таразылай келе артын ойламай, ашу жетегіне ілескен бейбіт халықты патша үкіметінің мұздай қаруланған және жақсы үйретілген жазалаушы әскеріне қарсы қойып қырып алмауды ойлап, халыққа «патша жарлығына көніңдер» деп кеңес беруге мәжбүр болған. Алайда, Алаш көсемдерінің осындай, бәрінен бұрын халық қамын ойлаған ізгі ниеті Алаш қозғалысы басшыларын керісінше халыққа қарсы тұлғаларға айналдырып, тіптен оларды адамгершіліктен жұрдай етіп баяндауға құштар кеңестік тарихнама назарына қасақана ілінбей қалды. Осы жерде мынаны да айтпауға болмас: Алаш зиялылары қалың қазаққа жанашыр болып қана қоймай, күші басым отаршыл жүйе құрсауына, орыс аюының қайырымсыз құшағына аңдаусызда түсіп қалмай, өздері армандаған жарқын болашаққа қантөгіссіз баруды да ойластырды. Қазақ ұлттық интеллигенциясы көзқарасына жасалған талдау оның болашақ саяси төңкерістен үміт күткенін, бірақ ол төңкерістің нақты қашан болатынына көздері жете қоймағанын көрсетеді. Десек те, әрқашан либералдық демократия жолын ұстанған ұлт зиялылары өздері әрқашан адал қызмет жасап келген қазақ ұлтының мүдделерін төңкеріс жолында құрбан етуге де бара қоймаған болар еді. Төңкерісті пайдаланып, жеке бас мүддесін күйттеп, билікке қол жеткізу Алаш зиялыларына жат нәрсе еді. Осының мысалы жоғарыдағы М.Дулатовтың «Еңбекші қазақ» газетінде 1926 жылы жазған мақаласындағы төмендегідей жолдар: «Төңкеріс жолында қазақ жұрты құрбан болып-ақ кетсін деуге дәтіміз шыдамады. Сондықтан, біз екінші жолды қаладық - көну керек дедік. Осыған бел байлағаннан кейін елге көзіне айтатын сөзіміз де, басшылығымыз да осы 19 бетте болды. Тек неше түрлі сылтаумен соза беру жағын ғана ескеріп отырдық: пішен шабатын кез, егін оратын кез бірінің артынан бірі келе жатыр, мәулет сұраңдар дедік, халық әлі түсінген жоқ, әбден түсінсін, осыған пұрсат сұрау керек дедік». Халықтың қарсыласамын деп қанға бөгіп қырылып қалмауын ойлаған Алаш зиялыларының мұндай адамгершілікті басшылыққа алған гуманистік көзқарасы өзінің ұлтына деген сүйіспеншілігінің, оған шексіз берілгендігінің тағы бір айқын көрінісі еді. Қазақстанның тәуелсіздік алуынан кейінгі кезеңде жарық көрген қазақ зерттеушілерінің еңбектері бұл пікірді мұрағат және баспасөз деректеріне сүйене отырып, ғылыми тұрғыдан нақты дәлелдеп берді.

         Сосын, Алаш қайраткерлерінің Амангелді Имановтың өліміне қатысы бар деген мәселе. Амангелдінің кеңестер одағы жағына шыққаны, қызылдарға көмектескені рас. Амангелді мен Әбдіғаппар дос болды, Әбдіғаппар Алаш қайраткерлері жағына шықты. Ал, Амангелді қызылдар жаққа өтті. Бұл коммунистердің сепкен «смутасы», құйтырқылығы болды. Амангелді батыр болғанымен, саяси сауаты төмен болды. Осы жерге келгенде де Алаш қозғалысының қазақ ұлтын азат етпек болған идеясын қаралауға болмайды. Мұның бәрінің басы ашылады, әрине. Ол үшін 1916 жылғы көтерілісті жетер жеріне жеткізіп зерттеу керек.

           -Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет.

         http://www.inform.kz/kz/talas-omarbekov-1916-zhylgy-koterilis-zhan-zhakty-zerttele-koygan-zhok_a2957620

толығырақ

777777          Қызылорда облысының аудан орталығы – Жаңақорғаннан 30 шақырымдай жерде өзіндік тарихи орны бар көне Сығанақ қалашығының барлық дерлік дереккөздерде жазылғандығын ғалымдар, археологтар, зерттеушілер, географтар бүгінгі күнде де басылымдарда айрықша атап келеді.

        Сығанақ қаласы «Сунақ Ата» ауылынан 1500 метр жердегі қашықтықты алатын батыс жақ беткейде орналасқан. Оның оңтүстік жанынан «Батыс Қы­тай – Батыс Еуропа» тас жолы өтеді. Бұл жол әлемге белгілі Ұлы Жібек жолы­ның бойынан салынған.

       Міне, осындай тоғыз жолдың торабында жатқан Сығанақ қаласының ғұмыры сонау алғашқы орта ғасырдан басталған. Оған археологиялық қазба жұмысы толық жүргізілмеген, тек үстінен теріп алынған көзелердің сынықтарына қарап, V-VI ғасырларда іргесі қаланған деген жорамал айтылып жүр. Х ғасырдың аяғында парсы географтарының деректерінде «Сунах» деген атты кездестіріп, А.Якубовский өзінің «Развалины Сыгнака» деген еңбегінде келтіреді. Ал Махмұд Қашқари ХІ ғасырда Сығанақты өзінің «Түркі тілінің сөздігі» еңбегінде жазған. Сонымен қатар, ХІ-ХІІ ғасырларда Қараханид мемлекетінің кезіндегі жазба деректердің барлығында қаланың аты жиі кездесіп отырады.

       Қала өзінің 2000 жылға жуық тарихында қаңлылардың, Дешті-Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғғ.). Ақ Орданың (ХІІ-ХІV ғғ.), Әбілхайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.), астанасы болған. Қала әр заманда бірнеше рет жау шапқыншылығына тап болса да, қайта жанданып, өмір сүруін тоқтатпаған.

        Өз заманында Сығанақ нағыз сау­­да­ның қайнаған ортасы болған. Қаладан зиялы, білімді ғалымдар да көптеп шыққан. Арабтанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі «Қазақ даласының жұлдыздары» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде осылардың бірқатарын атап өтеді. Мәселен, Ақсақ Темірдің Ахмет Ясауи мешітіне қатысты жазған қолхатында кездесетін Шайқы баба Сығанақи Сығанақтың тумасы болатын. Ол кісінің біраз жыл Хорезм мен Жент қаласында тұрғаны да тарих беттерінде тайға таңба басқандай жазылған. Бұл қалада өмір сүрген Ху­сам ад Дин ас-Сығанақидың есімі аса құрметпен аталады. Осында оның үлкен атасы Һисамиддин де (1132-1199) өмір сүрген. Қазір ғұламаның шет­елдерде көптеген еңбектері табылып жатыр.

«Болса тәңірім екінші өмір қиғандай,

Сығанақта көз жұмар ем қиналмай», – деген бір ауыз сөзінің өзінде терең мән-мағына бар. Осы өлең жолдарын­да Сығанақ қаласының қаншалықты қасиетті екендігі аңғарылып тұр. Осы­дан-ақ Сығанақтың ғұламалар мен  хандардың, мәдениет пен оқу білімнің рухани азық алатын мекен ордасы болғандығын байқауға болады.

        Қаланы алғаш рет 1867 жылы орыс археологиялық комиссия ше­шімі­­мен археолог П.И.Лерх зерттеу мүмкіндігін алады. 1892 жы­лы Е.А.Смирнов, 1899 жылы В.А.Кал­лаур, 1906 жылы И.А.Кастанье осы атақты қаланы зерттеп шығады. 1927 жылы Ресей Академиясының жанындағы материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша А.Ю.Якубовский біршама тың­ғылықты қарайды. Ол қаланың топо­графиялық жағына көңіл бөліп, бірқатар ғимараттардың суретін түсіріп алады. Қала туралы бұл зерттеуші ғалым үлкен ғылыми мақала жазған. 1947 жылы А.А.Бернштам, 1950 жылдары Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевич археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген. 1970-жылдары Отырар архе­­о­логиялық экспедициясының мең­герушісі К.А.Ақышев пен К.М.Бай­пақов зерттеу жүргізіп, оның Отырардан кейінгі екінші қала болғанына анықтама берген.

       2003 жылдан бастап Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қа­зақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сәйден Жолдасбаевтың бас­қаруы­мен практикалық-зерттеу жұмысы жүр­гізіліп келеді. Ал Сыға­нақ қаласынан археологиялық қазба жұмыстарында табылған жәдігерлер мен құнды заттар осы қазба жұмыстар­ын жүргізген археологтардың қолында. Бір бөлігі Қызылорда облыстық өлке­тану мұра­жайына табыс етілген.

         Осы арада археологиялық қаз­ба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер неге көпшілік назарына ұсынылып, оны қызықтамайды деген ой туындайды. Туып-өскен жеріміздің тарихын білу баршамыздың парызымыз деп білеміз. Елімізде мем­лекеттік қорық, мемлекеттік тарихи ескерткіш, мемлекеттік мұражайлар бар екендігін ескерсек, солардың арасындағы кө­не Сығанақты қорғауға арналған мем­лекеттік статусы бар мекеме неге жоқ? Осындай ойдан кейін аудан әкімінен бастап, жоғарғы мемлекеттік органдарға өтініш хатпен шықтық. Сығанақ тарихи-мәдени қорық-мұра­жайын ашу жайында мемлекеттік қолдау көрсетуіне қатысты сұрау сал­дық. Осындай іздену нәтижесінде, міне, жақында «Сығанақ тарихи-мәдени қорық-мұражайы» қоғамдық бірлестігі құрылып, ол өз жұмысын бастап кетті. Мұражай Қызылорда облысының әділет департаментінде заңды тұлға ретінде тіркеліп, мемлекеттік тіркеу туралы БСН 160840005427 нөмірімен, Халық банктің КZ376010201000294690 есеп шотының ашылғанын халыққа хабарлап отырмыз. Мұражайға қолдау көрсетіп, демеушілік жасаушыларға өзі­міздің шексіз алғысымызды білдіреміз.

       Рысбек АСҚАРҰЛЫ, «Сығанақ тарихи-мәдени  қорық-мұражайы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы

        https://egemen.kz/2016/10/05/64891

толығырақ

Қазақтың  ұшқыш қыздары

          Екінші дүниежүзілік соғысқа 600 мыңдай қыз-келіншек қатысыпты.

    Олардың көбі госпитальдарда медқызметкер, майданда байланысшы қызметінде болды. Қан майданның қақ ортасында жүріп, ер-азаматтармен бірге барлаушы, мерген, пулеметші, ұшқыш, атқыш болып, соғыста ерлігімен көзге түскен қыздар да жоқ емес. Мысалы, қазақтың Әлиясы мен Мәншүгі. Сол секілді шайқаста қазақ қыздары авиация саласында қызмет етіп, қаһармандығымен аты шықты. Сондай ұшқыш қыздарымыздың қатарында Хиуаз Доспанова, Дәмелі Жәкеева, Мәдина Ысқақова, Қамқа Үмбеталина секілді апаларымыз болды. Әрине, Хиуаз апаны бүкіл ел біледі. Қалған апаларымыз туралы ел не біледі? Олар қай майданда соғысты? Қандай ерлігімен танылды? Әңгімеміз Жеңіс күнін жақындатқан осы арулар төңірегінде өрбиді.

      Бұрын қазақтың қаһарман қыздары дегенде Әлия мен Мәншүкті ғана білетінбіз. Кейінгі жылдары үшінші болып Хиуаз Доспанова қосылды. Өмірінің соңғы жылдарында ерлігін ел болып мойындап, Халық Қаһарманы атағы берілді.

     Хиуаз Доспанова 1922 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келді. 1940 жылы Оралдағы мектепті үздік бітіріп, запастағы ұшқыш куәлігін алды. Сөйтіп, Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына аттанды. Алайда, жолы болмай Мәскеудің медициналық институтына түсті. Дәл осы кезде соғыс басталып, Хиуаз майданға медбике болып баруға сұранды. Осы кезде атақты ұшқыш Марина Раскованың авиация тарихында тұңғыш рет қыз-келіншектерден авиаполк құрып жатқандығын естіп, сонда асықты. Хиуазды осы полктің жауынгерлер құрамына қабылдап, Саратовтағы әскери әуе училищесіне жіберді. Сол жерден штурмандар даярлайтын арнайы курсты бітірді. Сөйтіп, 1942 жылдың 27 мамырынан бастап Оңтүстік майданда шайқасты. 
     Хиуаз апаның соғыста алған ең алғашқы атағы – «Қызыл жұлдыз» ордені. Бұл орденді Кавказ майда­нындағы 218-ші бомбалаушы әуе дивизиясына қарасты 588-ші түнгі жеңіл-бомбалаушы әуе полкі құрамында жүріп алды. 
      «У-2» ұшағының штурманы, сержант Хиуаз Доспанова 1942 жылдың 9 шілдесі мен 27 қыркүйегі аралығында 102 рет түнгі әуе шайқасына қатысып, техника мен тірі жанның түгін қалдырмайтын 15 902 келідей түрлі бомба тастаған. Атап айтқанда, Кизляр, Нижний Курп, Павлодольский, Терский, Малгобек, Хамидия, Моздок, Белореченск, Дигора пункттерін бомбалаған. Бәрінде де жау нысанын жойып, өртке ораған. Осы ерліктері үшін сержант Доспановаға 1942 жылдың 26 желтоқсанында «Қызыл жұлдыз» ордені берілді.
      Бұдан кейін Хиуаз Доспанова 132-ші бомбалаушы әуе дивизиясы құрамындағы 46-шы гвардиялық Таманган түнгі бомбалаушы әуе полкіне ауысты. 1942 жылдың 27 мамырынан бастап 272 рет түнгі әскери әуе шайқасына қатысып, 32 100 келідей түрлі калибрлі бомба тастады. Соның 168-інде 38 пунктті өртке орап, 28 рет жойқын жарылыс жасады. Атап айтқанда, Мелеховская, Гостогаевская, Ахтани­зовская, Пересыпь, Аджим-Ушкай мекендеріндегі жау нысандарын жойды. Осы өжеттігі үшін штурман, кіші лейтенант Х.Доспанова 1944 жылдың 22 ақпанында «Қызыл Ту» орденіне ұсынылды. Алайда, Хиуазды «Қызыл Ту» емес, «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапаттады. Осы жылдың 23 қыркүйегінде гвардия лейтенанты Х.Доспанова «Кавказды азат еткені үшін», артынша «Варшаваны азат еткені үшін» медалдарын алды. 
       Елге оралған соң Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітіріп, ел басқару ісіне араласты. ЖЛКО Орталық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Алайда, 37 жасында зейнетке шықты.
     2004 жылы Хиуаз апамызға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. 2008 жылдың 20 мамырында өмірден өтті.
        Дәмелі Жәкеева да қазақтың ұшқыш қызы болатын. Дәмелі мен Хиуаз апалар түйдей құрдас. Соғыста алған атақтары, соғысқан жерлері бірдей. Бірақ екі бөлек әуе полкінде шайқасқан. 
     Дәмелі Жәкеева 1922 жылы Қарағанды облысында дүниеге келді. Майданға өз өтініші бойынша 1942 жылдың жазында алынды. Алдымен Саратовтағы Вольск авиациялық училищесінде төрт айдай білім алды. Мұнда Дәмелі апамыз бомбалаушы ұшақтарды қару-жарақпен жабдықтайтын механик мамандығын меңгерді. Сонда жүріп қосымша атуды да үйренді. Сөйтіп, 1942 жылдың тамызында Сталинград майданын­дағы 944-ші авиациялық полкке қабылданды. Бұл полкте үш эс­кадрилия, әрқайсысында үш топтан болатын. Полктің 30-ға жуық әскери ұшағы бар еді. Дәмелі осындағы 1-ші эскадрилияның 2-ші тобының әскери жарақтандыру мастері қызметін атқарды. 
       Кіші сержант Жәкеева 1942 жылдың тамызы мен 1944 жылдың қаңтары аралығында Сталинград, Оңтүстік және Солтүстік Кавказ майдандарында соғысты. 1944 жылдың тамызынан бастап Екінші Балтық жағалауы, Ленинград және Бірінші Белоруссия майдандарында болып, 360 әскери ұшақты, оның ішінде «ИЛ-2» ұшағын – 275, «ПЕ-2» ұшағын 85 рет көкке әуелетті. 
      1943 жылдың 16 тамызы күні сержант Жәкеева «ИЛ-2» ұшағын жарақтандырып жатқан кезінде төбеден жаудың әскери барлаушы ұшақтары төніп келіп, аэродромды атқылады. Сол кезде оң қолынан ауыр жарақат алып, бір саусағынан айырылды. Госпитальда жатып шыққаннан кейін, Солтүстік Кавказ майданындағы 188-ші бомбалаушы әуе дивизиясының 367-ші әуе полкіне ауыстырылды. 1944 жылдың соңында қарай Дәмелі осы полктің «ПО-2» бомбалаушы ұшағының атқышы болып бекіді. Ол кезде полк Екінші Балтық майданында шайқасып жатқан болатын. Дәмелі Жәкеева жаңа полк құрамымен Шауляй, Каунас мекендерін жаудан азат етуге атсалысты. 1945 жылдың басында Польшаны азат еткен әскери бөлімдермен бірге, Германия астанасына дейін жетті. Сөйтіп, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алды.
      Д.Жәкееваға 1944 жылдың 28 тамызында Солтүстік Кавказ майданындағы 132-ші бомбалаушы әуе дивизиясының 367-ші әуе полкі құрамында көрсеткен қайсарлығы үшін «Кав­казды азат еткені үшін» медалі берілді.
    Ал 1944 жылдың 28 сәуі­рінде «Сталин­град­ты азат еткені үшін» медалімен марапатталды. 1945 жылдың 14 мамырында гвардия кіші сержанты Дәмелі Жәкеева «За боевые заслуги» орденін иеленді. Сондай-ақ «І дәрежелі Отан соғысы» орденінің иегері болды. Бір қызығы, екеуі екі бөлек әуе полкінде болса да қазақтың қос ұшқышы Хиуаз бен Дәмелі апаларымыз бір-бірімен жақын араласыпты. Тіпті Хиуаз апамыздың бірінші топтағы мүгедектігін алуға осы Дәмелі апа көмектескен екен.
      Өмірі ұшақпен байланысты болған тағы бір қазақ қызы – Мәдина Ысқақова. 1924 жылы Көкшетау облысы Сандықтау ауданында дүниеге келді. 1942 жылы 17 жасында өз еркімен соғысқа аттанды. Кемерова қаласындағы әуе байланысы мектебін бітірді. Арманы ұшқыш болу еді. Алайда, арманы орындалмай ұшақ механигі куәлігіне ғана қол жеткізді. Сөйтіп, 240-шы жойғыш авиация полкіне қабылданып, үш мәрте Кеңес Ода­ғының батыры, атақты ұшқыш Иван Кожедубтің жеке механигі болды. 
        1944 жылдың жазында полк 178-ші гвардиялық жойқын авиация полкі болып қайта жасақталды. Мәдина соғыс біткенше осы полк құрамында шайқасып, Кожедубтың ұшағын дайындады. Будапешт, София, Вена, Курск, Орел, Белгород қалаларын жаудан азат етуге қатысты.
      Иван Кожедуб 330 рет әскери әуе шайқасына қатысып, жаудың 62 ұшағын жойғаны үшін үш мәрте Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Батырдың осы жетістігі мен жеңісінде Мәдинаның да үлесі болғаны анық. 
      Мәдина өзі де Кожедубпен бірге бірнеше рет әуеге көтеріліп, жау ұшақтарын жоюға қатысты. Алайда, оның ерліктерін есептеп отырған ешкім болмады. Дегенмен, майданнан құралақан оралған жоқ. Соғыстағы өжеттігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Соғыста бірнеше рет тұтқынға түсті. Мәдина ерлігінің ұмыт болуы осы тұтқында болуымен тікелей байланысты.
      Мәдина апамыз Жеңіс күнін Прагада қарсы алды. Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысты. Елге оралғаннан кейін Айыртауда біраз жыл сауыншы болып ел қатарлы қызмет етті. Мәдинаның ерлігі туралы ел кейін білді. 1985 жылдың мамырында үкімет «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденін тағайындады. Алайда, осы жылы Мәдина Ысқақова дүниеден өтті.

        Екінші дүниежүзілік соғыстағы ұшқыш қыздарымыздың бірі Қамқа Үмбеталина болатын. 1923 жылы Орал облысының Тайпақ ауданында дүниеге келді. 1942 жылы Атыраудағы орта мектепті бітіріп, бірден Украина майданына шақыртылды. 

       Әскердегі қызметін Воронеждегі әуе қоймасын күзетуден бастаған Қамқа шайқастарға қатыса жүріп, кейін Орынбор, Чкалов, Челябинск, Омбыдағы ұшқыштар даярлайтын курсты тәмамдады. 
      Артынша Германияның одақ­тасы Жапонияға қарсы соғысып жатқан Бірінші Шығыс майданына ауыстырылды. Сөйтіп, 9-шы әуе армиясының 583-ші әуе қойма­сы­ның бомбалаушы ұшақты бомбамен жарақтандырушысы болды.
      Бірнеше рет әскери әуе шай­қасына қатысып, жау шебін жайратты. Аға сержант шенін алды. Со­ғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медалдарымен марапатталды.
      Қамқа апай Жеңіс күнін сол Бірінші Шығыс майданында қарсы алды. Соғыс біткеніне қарамастан, 583-ші әуе қоймасын күзетіп, бомбаларға бас-көз болды. 
    1945 жылдың қарашасында ғана елге оралды. Соғыстан кейін бірден ел ісіне араласты. 1945 жылдың 17 жел­т­оқсанында Атыраудағы «Қазақ­станмұнай» мекемесінің орталық ғылыми-зерттеу зертхана­сында зерт­ханашы болып қызметке тұрды. Кейін инженер қызметіне дейін жоғарылап, бірқатар кен орын­да­рының ашылуына себеп­кер болды. 1965 жы­лы зей­нет­ке шықты. Бү­гін­­де тоқ­санның тө­ріне шыққан Қамқа әже Маң­ғыстау об­лы­сында тұрады.

      P.S Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының батырлары Марина Раскова, Валентина Гризодубова, Полина Осипенко, Евдокия Бершанская, Ирина Себрова, Валерия Хомякова, Лидия Литвяк секілді ұшқыш қыздар қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Олардың есімін бүгінде бәрі біледі. Режиссер Михаил Кабанов соғыста ерлік көрсеткен атақты 46-ншы гвардиялық түнгі бомбалаушы әуе полкінің ұшқыш қыздарына арнап «Түнгі қарлығаштар» сериалын түсірді.  Ал біз не істедік? Ең болмаса, ұшқыш қыздарымыздың ерлігін бағалай алмадық? Біздің жаужүрек қыздарымыз жоғарыда аты аталған орыстың батыр қыздарынан кем түспеді. Бірақ соны бағалауға келгенде кемдік жібердік. Бұл өкініш емей немене?

        http://aikyn.kz/

толығырақ

almaty-2        Санаулы күндерден соң Алатаудың баурайындағы әсем қаланың 1000 жылдық мерекесін атап өту салтанаты басталады. Шовинистік пиғылдың шырмауынан шыға алмай, Алматы тарихын Верныйдан бастағысы келетіндерге тынымсыз еңбектенген ғалымдар тарапынан табанды түрде тойтарыс беріліп, оның көне қала екені бірауыздан дәлелденді. Алайда мыңжылдықтың өзіне де мысқылмен қарап, ғұмырының қысқа қайырылғанына қынжылғандардың нүкте қойылған пікірталасқа қайта жол ашқысы келетінін де байқау қиын емес. Қалай болғанда да Алматы туралы сөз әзірге түгесілмейтін сияқты. Бұл жақсылықтың белгісі болар. Алматының жасын анықтауға байланысты көп еңбектенген, бір жарым ғасырлық қана ғұмыр сыйлағандардың, қазақша айтқанда «аузына құм құйған» тарихшылардың ішіндегі бірі де бірегейі академик Карл Байпақов екендігінде дау жоқ. Халықтық мереке ретінде тойлағалы отырған Алматының 1000 жылдық мерейтойы қарсаңында күл мен топырақтың астынан тарихтың шындығын іздейтін археологты әңгімеге тартудың реті келді.

karl        – Карл Молдахметұлы, сізбен бүгінгі сұхбатымызда тек Алматы, Алматы қаласының 1000 жыл­дығы туралы ғана әңгімелескенді жөн көріп отырмыз. 2000 жылдардың басын­да «Алматының 150 жылдығын той­лай­мыз» дегенде, шу ете қалған қоғам бүгінгі күні Алматының 1000 жыл­дығы дегенді де місе тұтпай отыр. Деген­мен талай жылдан бергі таласты әңгі­меге нүкте қойдыңыздар. Сонымен Алматы­ның 1000 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлау идеясы қай­дан туындады, бұған қалай қол жеткіздіңіздер?

       – Қазақстан археологтары мен тарихшыларына Алматының жасын «1000» деп белгілеу оңайға соққан жоқ. Тек соң­ғы он жылдың айналасында ғана осы мәсе­леге байланысты археология мен тарих ғылы­мының айтөбел білгірлері бас қосқан үш бірдей халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Бұл – кең көлемде жүргізілген архео­логиялық зерттеулер мен бірнеше халықаралық ғылыми конференциялардың нәтижесінен кейін ғана жасалған байлам. Франциядан, Ресейден, Шығыс Еуропа елдерінен, Кореядан, тіпті Америкадан да білікті ғалымдар шақырылған осы алқалы басқосулардағы келелі әңгімелерден соң ғана біз «Алматы 1000 жылдық тарихты құрайды» деген шешімге келдік. Алматы тарихын зерттеуге келген ғалымдардың барлығы біз ұсынған археологиялық материалдармен, нумизматика жаңалықтарымен жете танысып, өз көзқарастарын білдірді. Ғалымдар кеңесінің әділ қорытындысы ЮНЕСКО-ға жолданды. ЮНЕСКО өз кезе­гінде тарихшылардың уәжін құп алды.

       Сол себепті базбір адамдар айтып жүр­гендей, «Алматының 1000 жылдығы» деген атау аспаннан алынған жоқ немесе оны Байпақов бекіткен жоқ. Алматының жасын анықтау мәселесінің 2000 жылдардың басында қоғам алдына қойылғанын көпшілік әлі ұмыта қоймаған болар. Біз Кеңес Одағы жылдарынан бері ұзақ уақыт Алматының тарихын Верный бекінісінің құрылғанынан бастап есептеп келдік. Бай мен манаптар­ды арқаға қаға отырып, құрметке ие бол­ған Үлкен орданың приставы, майор Пере­мышельский бастаған орыс отряды 1854 жылы Алатаудың етегіне келіп бекі­ніс құр­ды. Міне, І Николай патша «Бекініс Вер­ный деп аталсын!» деп мөр басып, қол қой­ған бұй­рық негізінде қабырғасы қалан­ған қор­­ған­ның жасы халқымыздың санасына да, қаны­на да, жанына да сіңіп, қабылдап алды. 2000 жылдың басында «Алматының 150 жыл­дығын тойлау» деген әңгіменің қо­ғам­­ның қалай ашу-ызасын туғызғаны ес­тен шыға қоймаған болар. Содан кейінгі уақыт­­ты ғалымдар текке өткізген жоқ. Ай­тыл­­май келе жатқан тарихты қайта қопа­рып, әділдікті орнату жолында барынша із­­­ден­­­ді. Ал мерейтойды ЮНЕСКО аясында атап өту идеясының авторы Алматы қала­­­лық әкім­дігі болуы керек. Қалай деген­­­мен, Алма­ты аумағында жүргізілген архео­ло­­гия­­­лық зерт­теулер­ді қалалық билік қаржы­лан­дыр­ды ғой.

         – Алдымен «Алмату», 1921 жылға дейін Верный, 1921 жылдан Алматы атал­­ған Жетісудың ең ірі қаласының ал­ғаш­­қы зерттеушілері туралы әңгімелеп бер­сеңіз…

       –1858 жылы Абрамова деген өлкетанушы Алматы туралы шағын зерттеуін жазған. Алматы туралы Владимир Бартольд пен академик Әлкей Марғұланның, археолог Кемел Ақышевтің жазған зерттеулері бар. Арғыдағы зерттеушілерді айтпағанда, бергідегі Алматыны зерттеу ісінде Шоқан Уәлиханов көп із қалдырған. 1866 жылы ол Верныйда болған сапарында: «Айтылып, жазылып жүргендей Верный қаласы тақыр жерде пайда болмаған. Ол бұрыннан орныққан қазақ ауылының, қазақ елді мекенінің жанынан құрылған. Верный қаласының өзегі нақ сол елді ме­кен­­нің кіндігіне байланған» деп айтып кет­кен. Кейінгі жергілікті өлкетанушылар да, зерттеушілер де бүгінде Алматинка ата­лып кеткен өзендерді жағалай салған биік қорғандарға қарап, Іле Алатауының етегінде қоныстанған қала болғанын еңбектерінде жазып қалдырған. Көз көрген куәгерлердің мәліметінше, Верный әскери бекінісінің қабырға кірпіштері жақын маңдағы әлдеқандай ескі үйінділерден тасымалданған. ХІХ ғасырдың соңында, нақтырақ айтқанда 1894 жылы белгілі шығыс­танушы ғалым, Ресей Ғылым акаде­мия­сының өкілі Бартольд Ташкент, Шым­кент, Жамбыл, Бішкек, Жанкент секілді ірі аймақтарды айнала аралап жүріп, Верныйға да ат басын бұрады. Келгеннен кейін өлке­тану­шылармен, жергілікті зиялылармен әңгімелесе келіп, қаланың архитекторы Поль Гурдемен кездеседі. Бартольд одан қаланың тарихын, орналасқан жерін, қашаннан бері өмір сүріп келе жатқанын, табиғат ерекшеліктері туралы сұрайды. «Ия, бұл жерде ескі қала бар» деп ресейлік ғалымды қаланың оңтүстік-батысына қарай бастап алып барады. Бартольд көрген бетте-ақ мұның ортағасырлық ежелгі қала екенін бірден байқайды. Яғни Верный, кейінгі Алматы қаласының төңірегіндегі «ескі қала ма, әлде кеше пайда болды ма?» деген дүдәмал пікірлер тек бүгін ғана емес, күдік-күмәндер сол кездің өзінде де болған.

         Алматының тарихын Жетісу аймағынан бөліп қарай алмаймыз. Алматы Жетісудағы жалғыз ғана қала болған жоқ, одан басқа да қалалар болған. ХХ ғасырдан бастап Ұлы Жібек жолы тартылды. Әрине Жібек жолы одан да бұрын пайда болды. Ал мұндай ел мен елді жалғайтын күре жолдар міндетті түрде үлкен қалалардың пайда болуына әкеледі. Алматыдан таяқ тастам жерде жатқан бүгінгі Талғардың түп негізі саналатын Талхир, Махмуд Қашқари жазып кет­кен Екіөгіз шаһары, араб ғалымдары жа­зып кеткен бүгінгі Сарқанның орнында болған ежелгі Қойлық Жетісудың ірі қа­ла­лары еді. Енді бұл қалалардың қата­рын соңғы жылдары тағы бір шаһар толық­тырды – Алматы облысындағы Шон­жы ауы­лына жақын жердегі Сүмбе елді мекені­нен Лабан деген қаланың орны табы­лып отыр. Археологтар «Лабан, Лабан деп жүрміз, бірақ Лабан деген не мағы­на береді?» деп көп ойландық. Кейбір зерт­теу­шілеріміз Лабан атауын өзгеріске түскен «албан» сөзімен байланыстырып жүр. Әбден мүмкін. Өйткені үйсіндер мен албандар бұл аймақты ежелден мекен етіп келеді. Ендеше, осылармен қатар өмір сүр­ген Алматының ортағасырлық қала болған­дығымен дауласудың еш қажеті жоқ. Ал­тын Орда дәуіріне тиесілі ХІІІ ғасырдың соңын­да, нақтырақ айтсақ 1271-1279 жылдары Мауреннахрды билеуші Масұтбектің рефор­масы жүріп, шағатайлар Алматының өз Ақша сарайынан тиындар жасап шы­ғара бастайды. 1979 жылы Алматы қала­сы­ның Ленин даңғылы бойындағы Ше­кара училищесінің маңайынан табылған таң­балы дирхамдар көкейдегі дүдәмалдың бәрін жоққа шығарды.

         – Егер бұл күміс ақшалар ХІІІ ғасыр­дың жәдігері болса, онда біздің Ал­маты­мызға 700 жыл ғана болмай ма?

            – Тек қана дерекке сүйенетін архео­логия ғылымы отырықшы елді мекен емес, қаланың бүкіл атрибуттарына жауап беретін Алматының барлық сән-салтанаты келісіп, Х-ХІ ғасырда өмір сүргеніне еш шәк келтірмейді. Бұл мемлекеттіліктің де, Ұлы Жібек жолының да даму кезеңіне сәйкес келеді. Өйткені Жібек жолының үлкен бөлігі Жетісу жеріне тиесілі екені белгілі. Бұл кезеңді мұсылман ренессансының да дәуірлеу кезеңі деп атайды. Дәл осы шақта алдымен Араб халифатында, кейін өз алдына дербес дамыған бүкіл мұсылман елдерінің мәдениетінде үлкен серпіліс болды. Сол тұста әл-Фараби, ибн-Сина, Бируни, Омар Хайям есім­дері­мен байланысты үлкен мәдениет қалып­тасты. Иә, 1000 жыл бұрын бұл жерде қола дәуі­ріндегі сақ тұрғындарына тиесілі ата қоныс, елді мекен болған. Бұл туралы Бабыр мен Мұхаммед Хайдар жазып кеткен. Ара-жігін ажыратып алайық, әңгіме керуен сарай немесе ауыл туралы емес, Ұлы Жібек жолы бойынан қоныс тепкен, қала мәртебесін иеленген қала туралы болып отыр. Өйткені бұл жерде 161 жыл бұрын да, 1000 жыл бұрын да, 3000 жыл бұрын да адамдар болған. Бірақ әңгіме – қала турасында. Тұрғылықты халық саны белгілі бір межені бағындырған, топография, дамыған саудасы мен өнеркәсібі бар, қолөнер бұйымдары, қала белгісі деп, міне, біз ең алдымен осыларды айтпаймыз ба? 1000 жыл бұрынғы Алматы атауына ие болған қала осы талаптың бәріне жауап беретін еді. Қала мәртебесін анықтау бүгінгі ғылым үшін үлкен проблема болса да қала мәртебесін иелену сол кездің өзінде әр елде әртүрлі шешімін тапқан. Мысалы, қала деген бір елде жай ғана аумақ қана болуы мүмкін, ал бір елде ол қорғаныс, бекі­ніс түрінде көрініс табады, ал Ресейде ел­ді мекен сыр­ты­нан толық қоршалса, ол қала болып есеп­телген. Шығыс елдері қала мәрте­бесі­­не әлдеқайда кең тұрғыда қараған. «Қала» деп ауыз толтырып айтып тұрған жерде ел билеушісінің резиденциясы бар ма, мемлекеттің өз ішіндегі ол қаланың рөлі қандай, қол өнері, өндірісі дамыған ба, осы сауалдарға жауап бере алса ғана ол қала мәртебесін алған. Алғаш екі дана тиын табылса, қазір әртүрлі номиналдағы олардың саны 50-ден асты. Ең қызығы оларда «Алмату» деп жазылған.

       – Алматының жасын анықтауда сіздер көбінесе осы күміс теңгелерге арқа сүйеп отырсыздар. Теңгелердегі «Ал­мату» деген сөзді алғаш оқыған нумиз­мат Владимир Настич қазір қайда?

       Алматының бақытына орай, бұл теңгелер сол кезде Қазақ астанасында тұрған, кейін Ресейге кетіп қалған Владимир Настич атты ғажайып археология маманының қолы­на түсті. Настич араб тілінің де мықты мама­ны-тын. Мәнеттегі «Алмату» деген жазу­дың арабшадан түркі тілінің заңдылығына сәйкес оқығанда, жалғаудың өзгеріске түсіп, «Алматы» болатынын да алғаш бізге Настич түсіндірді. Бұл қазақ тарих ғылы­мын­дағы сенсация еді. Яғни ХІІІ ғасыр­дың өзінде қала «Алматы» деп аталған. Қазір Настич Мәскеуде тұра­ды. Ол – постке­ңес­тік елдердегі ғана емес, айтқаны талқылау­ды қажет етпейтін, әлем­дегі аса ірі нумиз­матик­тер­дің бірі болып саналатын бағалы маман.

       – Қош делік, Алматының жасын нумизматика мен археологиялық дерекке сәй­кес анықтап отыр екенсіздер. Бір сөзі­ңіз­­де ежелгі Алматыны зерттеудің қиын екенін, қаланың асфальт астында қал­­ғанын айттыңыз. Бірақ теңгелер табыл­­ған 1979 жылдан бері қарай қала­да қан­шама үйлер бой көтерді, жүз­деген метр терең­дікті үңгіген метро құры­лысы салын­ды, ескі шаһардың тарихы­нан хабар бере­тін бірде-бір дерек-дәйек­тің табыл­мағаны ма?

         – Археологиялық қазба жұмыстары кезінде, негізінен, қыш дүниелер табылады. Өйткені қыш басқа материалдарға қарағанда, ұзақ сақталады. Мәселен, Ботаника бағының орнынан қыш заттардың мол қоры табылды. Бірақ ғалымдарды бәрібір «ежелгі Алма­ты­ның орны қайсы?» деген сауал алаң­датады. Қалай болғанда да біз ежелгі қала­ның ор­ны Шекарашылар училищесі, әл-Фараби даң­ғылы орналасқан таудың жоғарғы жақ бөлігі деп шештік. Алматының ақша сарайынан шыққан тиындар Бішкектен де, Шу даласынан да, Орталық Азияның басқа аумақтарынан да табылып жатыр. Яғни бір таңбадағы, бүгінгі тілмен айтқанда бірдей дизайндағы «Алмату» деген ақшалар Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың бәрінде айналыста болғанын дә­лел­дейді. Сондай-ақ ға­лым­­дарды «Алматы өмір сүруін қай кезде тоқ­тат­ты?» деген сауал да алаңдатады. Өйт­кені кез келген қаланың пайда болу, өсу, өркендеу, дәуірлеу және сонымен бір­ге тоқырау, құлдырау, қайтадан қанат жаю кездері болады. Кез келген шапқын­шы­лық, соғыс кезінде ең әуелі ірі қалалар зар­­дап шегеді. Бірақ шағын елді мекенге айнал­с­а да мүлдем тып-типыл болып жойы­лып кет­пейді. Біздің Сағын Жол­дас­баев деген әріп­тесіміз бар. Ол қаза­қтың ежелгі қыс­тау­ларын зерттеді. Сонда бір ғана Жетісу аймағындағы қыс­тау­лар­дың көшпенділер үшін тек қыс мезгі­лін­де жайлайтын жері емес, жыл он екі ай бойы тұрғындарға қоныс болғанын анық­тады. Шоқан Уәлиханов алғаш келген кезін­де Алатаудың етегі сауда жасайтын, ауыл­шаруашылық өнімдерін өсірумен айналысатын отырықшы қалың қазақ ауылдары­на толы болғанын таңғала отырып жазады. Одан сәл кейінірек келіп зерттеген поляк ғалымы Адольф Янушкевич те егін­ші­лікпен, жер өңдеумен айналысатын елді мекендердің бәрі қазақ ауылдары екенін айтып, хатқа түсірген. Сол заман­ның куәгері болған ғалымдардың жазып қал­дыр­ған мәліметінше, Сібір мен Воронеж губерниясынан келген переселен­дер жерді суару, арық тарту дегенді мүл­де білмеген де, ешқашан көрмеген де екен. Переселендер осы шаруаның бәрін жер­­гі­лікті қазақтардан үйренген. Мұның бәрі ХІХ ғасырдың көрінісі болса да бұл мы­сал­д­ардан мұндағы қайнаған қала тір­ші­л­ігі­нің тамыры тым арыда жатқанын байқау қиын емес.

          Алматы – мерейтойын тойлап жатқан Қазақстанның үшінші қаласы. Түркістан қаласы 1500 жылдығын, Тараз қаласы 2000 жылдығын атап өтті. Бір мәселе бар. Ғылым күн санап дамып жатыр, ғылымда ең соңғы сөзді айту өте қиын, себебі ғылым үздіксіз жаңарып тұрады. Түркістанның 1500 жылдығы тойланғанда, оған қажетті ғылыми негіз бен барлық дәлелді деректер бар еді. Кенет ойламаған жерден оны да теріске шығаратын мыс, күміс теңгелер, қыш жәдігер, тұтас қала қабырғалары табылды. Ал бұл дегеніңіз – көне Түркістан­ның өзегі одан да ары жатыр деген сөз. Сөйтіп Түркістан қаласының тарихын тағы да бес ғасырға ары жылжытып, 2000 жылдық межені белгіледік. 2000 жылдық тарихы бар деп жүрген Ташкент те солай болды. Өзбек астанасының жасы тағы да жүз­жыл­дықтармен толықтырылып, 2200 жаста деп белгіленді. Ендеше жан-жақты қамтитын ғылы­ми дә­лелі мықты болса, әзірге 1000 жыл­­дық жасы бар деп есептеліп отырған Ал­ма­­ты да ғұмырын қайта жаңартып, шежі­ре­лі тарихын байытып, толықтыра түсуі мүмкін.

         – Егер Алматы өте көне қалалардың қатарында болса, неге осы уақытқа дейін өзімен бір дәуірде өмір сүрген Отырар, Испиджаб, Сығанақ, секілді тарихи жазбаларда аты аталмайды?

        – Оның себебі көп болуы мүмкін. Көне қала болса да көп дерегі жоқ қалалар тарихта жетерлік. Ол кезеңдерде Алматы бүгін­гідей ұлттың ту тік­кен ордасы, орталығы, аста­насы болған жоқ. Кері­сінше, Азияның орта­­лы­ғы­нан тым жырақта жатты. Сая­хат­­шы­лар мен жазба қалдырған этно­граф­­тардың салыстырмалы түр­де айтқан дере­гі­не қарағанда, Бағдат пен Самарқанд сияқ­ты емес, Алматы қиыр жайлап, шет қон­ған периферия еді. Орталықтан алыста орна­лас­қаны соншалық, саяхатшылардың өзінің аяғы жете бермеген. Сондықтан жазба мәліметтерде ол туралы дерек аз. Франция королі ІХ Людовиктің елшісі Гильом Рубрук 1253 жылы Моңғолияға сапар шегіп, сонау өз елінен Қырым арқылы біздің Жетісу жерінде болып, жолай кездес­кен қалалар туралы жазады. Францияға оралған соң «Шығыс елдеріне саяхат» атты кітабын жазады. Сол кітабында Іле Ала­тауының тілмен айтса жеткізгісіз ғажа­йып сұлулығын сипаттайды. Қойлық қа­ла­сын «Қайлақ», Екіөгізді «Якуз» дейді. Әри­не бұл ХІІІ ғасырдың жазбалары, бірақ Х ға­сырдың жазбаларында Екіөгіз бен Талхир туралы келтірілген мәліметтер бар. Алматы тура­­лы ескі жазбаларда дерек­тер кез­деспегенімен, ғылым деген­нің күнде жаңарып жата­ты­­нын еске алсақ, жазбалардан Алматы­­ның аты жарқ етіп шығып, тарихи әділдік кез келген сәтте-ақ орнай салуы әбден мүмкін.

        – Бүгінгі күні қала мәрте­бесін иелену үшін жүзмың­дық­тар өлшемі керек. Ал мың жыл бұрынғы қала­лар­дың халқы қай шамада болған?

        – Ол дәуірдегі өлшем, әрине, басқа болды. Архео­лог ғалымдар қала ауқымына қарай тұрғын үйлердің санын, жан басын есептеп шығару­ға ұмтылып жатыр. Мыса­лы, Отырардың халқы 15-18 мың шама­­сында болған. Оңтүстіктегі Сайрам (Испиджаб) шаһары ең үлкен қала болып есеп­телген. Онда 40 мыңға жуық адам тұрған. Үлкен қалалардың қатарына Шу алқа­бындағы Баласағұн шаһары да жатқызы­лады. Ғалымдар мұнда да ондаған мың тұр­ғынның болғанын айтып жүр. Ал 1950 жылдары халық саны 200-300 мыңнан асатын Алматының бүгінгі тұрғындары 2 миллионға жетіп отыр. Тек біздің заманымызда ғана емес, ол дәуірлердің қалалары да урбанизацияны бастан кешіріп, іргесі кеңіп отырған. Қараханиттер кезеңінде Жетісуда бірден 6-7 қала бой көтерген. Бұл деген ғажап емес пе?

          – Әлемде тарихы мыңжылдықтармен емес, біздің дәуірімізге дейінгі бірнеше мың жылды қамтитын өте көне қалалар бар. Біздің дәуірімізге дейінгі 9600 жыл бұрын өмір сүрген Афинаның мерейтойы немесе антикалық дәуірде пайда бол­ған Римнің туған күндері қалай ата­­лып өтеді? Париждің 5000 жылдық тари­­хы бар екенін француздар біле ме? Біз­дегі секілді той-думанмен дүбірлеп өте ме екен?

       – Неге аталып өтілмесін? Оларды айтпа­ғанда, Мәскеудің 700 жылдығын қалай атап өткеніміз әлі күнге естияр буынның есінде болар деп ойлаймын. Ал Қазанның 1000 жылдығы ше? Татарлар астанасының мерейтойын тойлайтын кезде де қоғам ішінде «Қазанның жасы Мәскеуден неге үлкен болады?» деген күбір-сыбыр әңгімені қоз­датқан. Қазанның Мәскеуге қарағанда «қарт» болғаны біреуге ұнады, біреуге ұна­мады. Ол кезде де нумизматика үлкен рөл атқарып кетті. Жас мемлекеттердің ғасыр­лар қойнауында ұмытылып қалған тарихын анықтап, қоғамға жариялап айтудың өзін­дік қиындығы болғанын ұмытпауымыз керек. Әр қаланың өз келбеті, өз мінезі бар. Ал қала мерейтойын атап өтудің мәні неде? Ескі шаһарлардың өркениет тарихында қандай із қалдырып, нендей үлес қосып кеткенін халық та білуі керек. Сондықтан да маңызды. Мысалы, 1970 жылдардағы Түркістан мен бүгінгі қазақ руханиятының астанасы болған Түркістанды салыстыруға бола ма? Мерейтойға орайлас университет салынып, мавзолейге күрделі жөндеу жүргізіліп, абаттандырылып, мәдени орталықтардың біріне айналдырылғаны түркістандықтардың өзіне қаншама рухани ләззат, күш-қуат сыйлады? Қала мерей­тойлары осындай игі істердің молынан жасалуы үшін керек. Атаулы мерей­тойға мән беру тарихымызды тануға серпін береді. Алматы қаласы әкімдігінің шақыруы­мен көрші мемлекеттердегі қалалар­дың әкім­дері мен ірі ғалымдар да қуаны­шымызға ортақ­та­сатын болады.

        – Артықтау естілсе айып етпессіз, алай­да сол қонақтарға біз не көрсетеміз? Мысалы, дамыған елдердің Ұлттық музей­­леріне бас сұқсаңыз, сөресінде сам­сап тұрған сан түрлі өркениеттердің куәсі де, белгісі де болған ұлттық бай­лы­ғы мен жәдігерлерін бүтін күйін­де көріп, салыс­тырмалы түрде алған­да, өз мұра­жай­ларымыздағы жәдігер­леріміз­дің жұтаң­дығын көріп, көзімізбен жер шұқимыз…

        – Неге жоқ? Ал Отырардан табылған Темір салдырған көне қаланың қуатты қалың қабырғалары мен кварталдар, сарай кешендері, мешіт, медресе, моншаны қайда қоямыз? Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін салдыруды бастағанда, ол басқа да қалалардың құрылысын қосымша жүргізуді қолға алған. Туристердің үлкен бір бөлігі Түркістан мен Отырарды көруге бара­ды. Жібек Жолы бойындағы Айша Бибі ке­се­несі қонақтардың қызыға тамашалай­тын орнына айналғаны қашан. Осының бәрін үздіксіз насихаттай беру керек. Қонақ­­­тар­­ды «Алтын адам» табылған тари­хи қо­рық-музейі қабылдайды. Соңғы 25 жыл­­­да тарих пен археологиядағы ізденіс­тер өз нәтижесін беріп, зерттеу ісі ілгері жыл­­­­жы­­­д­ы. Ал туристерді өзіне магнитше тар­­та­­­тын Италиядағы Помпейге 250 жыл­дан бе­рі қазба жұмыстары жүргізіліп, зерт­те­ліп жат­­қанын ескерсек, 25 жыл деген не тәйірі?

          – Алматы да асфальттың астында қал­ды дейсіз, қаншама құрылыс жұмыс­тары жүргізіліп, жүздеген метр терең­дікке дейін қазылып, метро салынды, көне шаһардың шежіресінен сыр тарта­тын тым болмаса бір жәдігер табылмады ма?

           – «Жәдігер табамыз» деп қаланы қопарып тастай алмаймыз. Мысалы, ресейлік археологтар Мәскеуде тура Кремль кешенінің ішінен өте қызықты ғимаратты күреп тастап, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бізде де солай етсек, қанекей? Рим мен Помпейге күрек тисе болды, міндетті түрде астынан антикалық құнды дүние атып шығады. Біз армандамайды дейсіз бе? Бірақ әр істің өз сәті болады. Күтейік.

          – Археология ғылымында жаңа технологиялар дамыған ба? Мәселен, УЗИ, рентген аппараттары адамның ішкі ағзасын айнадай жарқыратып көрсетіп, диагнозын табан астында айтады. Жердің астын дәл сондай тәсілмен көрсететін құрылғылар әлі ойлап табылмады ма?

          – Заманауи ілкімді технологиялар бар. Археологтар қазба жұмысын бастамас бұрын әлгі құрылғының көмегімен 1,5-2 метр тереңдікке дейін байқап көріп, жердің астын сканерлейді. Қорған, қабырға болса, қанша метр тереңдікте жатқаны сол кезде-ақ байқалады. Ал ең кереметі – жоғарыдан спутник арқылы аэросуретке түсіру. Ол кезде жердің асты карта секілді көрінеді. Бүгінде космотүсіру жұмысы керемет нәтижелер бере бастады. Сызықтар арқылы көне қаланың көшесін қиналмай тауып аламыз. Жалғыз ғана күрек пен қайлаға жүгінетін заман келмеске кеткен, археологияның заманауи әдіс-тәсілдері ғылым үшін орасан зор пайда әкеліп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, тарих адамдарды, ұлттарды жақындастырады, біріктіреді. Тарихтың әр кезеңі өзінше қызық, өзінше тағылымды.

        – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

          https://egemen.kz/2016/09/15/61705

толығырақ

20160729_095305-2

          Қазақстан Тәуел­­сіз­дігінің 25 жылдығы қарсаңында Ұлы Даладағы осынау ұлт-азат­­тық көтерілісінің 100 жыл­дығы Райымбек ауданында аталып өтті. «Тарихқа тағзым» атты ауқым­ды шара аясында аудан орта­лығы Кегендегі күрежол бойын­дағы ес­керт­кіш белгіде доға тәрізді та­қырыптық бес барельеф орнаты­лыпты. Онда қазақ хал­қының мамыражай заманы, ақ патшаның жар­лығымен қара жұ­мысқа жегу үшін әскерге адам алуы­на қарсы наразылық, патша жендеттерінің салған ойраны, 1986 жылғы оқиға және Тәуел­сіздік аясындағы өмір бейнеленген. Сынтастың биіктігі – 17 метр, барельеф тақтаның ұзындығы – 32 метр, биіктігі – 4,5 метр гранит тас.

       Негізі, бірінші дүниежүзілік соғысқа орай 1916 жылы 25 маусымдағы ақ патшаның қара жұмысқа қазақ даласынан, Орталық Азиядан және ішінара Сібірден 19-43 жас аралығындағы ер аза­мат­тарды шақыру жөніндегі жар­лығы көтерілістің шығуына түрт­кі болғаны мәлім. Тарихи дерек­терге жүгінсек, Қазақстан мен Орталық Азиядан 400 мың, соның іші­нде Жетісудан – 87 мың адам шақы­ры­лыпты. Тосын әрі жайсыз хабар бұрынғы Жетісу облысының Жар­кент уезіне қарайтын Ұлы Жібек жолы бойындағы әйгілі халық­­ара­­лық жәрмеңкеге де жетеді. Хан­тәңі­рі­нің етегіндегі Қарқара жай­лауындағы 16 болыстан тұратын албан руының Жәмең­ке қария, Ұзақ батыр және Тұрлығожа, Әубәкір, Жаңабай, Серікбай баста­ған ел ағалары дереу жиналып, патша жарлығын орындамауға баталасады. Арада он күн өткенде казак-орыс жасағы «Ереуілтөбеде» болған­дар­ды түгелге жуық тұтқындап, Қара­қол қаласындағы түр­меге қамайды.

        Түрме басшылары ереуілші­лер­дің ақылгөй ақсақалы Жәмеңке Мәмбетұлын у беріп өлтіреді. Қалған тұтқындар Қарақол уезі басшысының бұйрығымен 8 тамыз күні атылады.

       Көтерілісшілердің бір то­бы Қай­қы асуында жазалау­шылар қолынан мерт болады. Бірақ, жазалау шаралары көтерілісті бірден баса алмайды. Тамыздың ортасына қарай Жаркент уезі толық көтеріледі. Көтерілісшілер 11 тамызда Жа­лаңаш стансасын басып алып, қоныс аудару басқармасының қыз­­меткерлерін және бірнеше адамын өлтіреді. 16 тамызда Мо­най Ұзақбайұлы басқарған топ Қарқара жәрмеңкесін басып алады. 15 қыркүйекке дейін На­рынқол – Шарын приставына қарайтын өңір көтерілісшілер қолында болады. Верный уе­зіне қарайтын Қызылбөрік болы­сының тұрғындары да атқа қонып, 3 тамыз күні Асы жайлауында уезд бастығының көмекшісі бас­қарған жазалаушыларды Вер­ныйға қуып тығады. Жетісу облысының бес уезінде 84 854 түтін болса, көтерілістен кейін 53 мың ғана түтін қалып, 31 854 тү­тін жойылады немесе Қытайға ауып кетеді. Мұрағат деректері бойынша Қарқара көтерілісі кезінде Жетісудағы қазақ пен қырғыздардың жүзге жуық елді мекені жазалаушылардың шабуылына ұшырап, 373 үй өртенген, 1905 адам оққа ұшқан, 684 адам жараланып, 1105 кісі тұтқындалып, кейіннен із-түзсіз жоғалған. Ал патша жазалаушыларынан небәрі 171 адам ғана шығын болған. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесіне арқау болған әйгілі Қарқара көтерілісін есте қалдыру мақсатында 1926 жылы Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов, Әубәкір Жүнісовтердің бастамасымен қарулы әскердің қолынан шейіт болған Алаштың аяулы перзенттері – аталарымыз бен аналарымызға, нақақтан қы­рылған бала-шағаға арнап тас үй­іп, оны «Ереуілтөбе» деп атайды.

       Осынау тарихи маңызы зор шараға жетісулықтар жан-жақты дайындалыпты. Райымбек ауданының орта­лығында елге белгілі азамат­тар Алтынбек Қоразбаев, Жақ­сылық Үшкемпіров, Райымбек ауданының әкімі Жанат Тәжиев бастаған дүйім жұрттың алды­на әуелі Алматы облысы әкі­мінің орынбасары Бақтияр Өнер­баев шығып: «Қарқара – Ереуіл» қорының бастамасы­мен салынған осынау тарихи ескерткіш Тәуелсіздікке тал­пын­­ған бабаларымыздың рухына құрмет деп білемін. Жердің бүтіндігі, елдің амандығы үшін жан­дарын пида еткен бабалар рухына тағзым ету бүгінгі ұрпақтың бір парызы. Алаштың айбынын танытқан Қарқара көтерілісінде мерт болған бабаларымыздың есімін ардақтап, лайықты құрмет көрсету мақсатында Нарынқол – Қарқара жол айрығында бұл нысанның бой көтеруі тегін емес. Ол ел тарихынан ерекше орын ал­­ған елеулі оқиғаның белгісі іспетті. Авторлар ескерткіштегі та­­қы­рыптық барельефтерге қазақ тарихының бүгінгі тәуелсіздікке дейінгі сан сала сипатын сыйғыза білген. Ескерткішті орнатуға де­меушілік жасаған «Қарқара – Ере­уіл» қоғамдық қорына және соған өз үлесін қосқан барша аза­маттарға ризашылығымызды білдіреміз. «Қолы ашықтың – жолы ашық», – дейді дана хал­қымыз. Жанболат Жөргенбаев бастаған азаматтар – Жетісу­дың ғана емес, бүкіл қазақтың қам­­қор­шылары. Сіздердің бұл бас­тамаларыңыз жастарға үлгі-өне­ге! Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мақсат еткен. Сол рухани үндеу бүгінгі күнге жеткізді. Елбасы: «Отанымыздың бақытты болашағы тек бірлікте», – деген. Ендеше, осы бірлігімізден айырмасын. Осыдан 100 жыл бұрын бол­ған Ереуіл төбе­дегі оқиғаны ұмытпай, тәуел­сіздігіміздің тұ­ғырлы болуын паш ететін бұл ескерткіш баршамыздың тәу ете­тін киелі орынға айналады деп се­немін» деді өңір басшысының орынбасары.

      Келесі кезекте театр жампоздары Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев тарихнамадан сыр тарта сөйлеген соң, осы ауданның құрметті азаматы Совет Оразаев бата берді. Бабалар рухына бас иіп, тағзым етумен бірге той салтанатын көруге келген елде есеп жоқ. Бір ғана дерек келтірсек, жергілікті полиция мәліметі бо­йынша сегіз мыңнан астам ав­токөлік келіпті бұл күні. Сол кө­ліктің алды Қарқара жайлауына жеткенде ащы ішекше созылған соңы 25 шақырым жердегі Ке­геннен шығып жатты. Қазақ нағыз той деп осыны айтса керек.

       Қазақтың тұңғыш этногроф-ғалымы Шоқан Уәлиханов Қаш­ғария сапарынан қайтқанда осы Қарқара жайлауында үш күн аялдапты. Сонда «… шір­кін, Қарқараның жайлауы мен жағасында үш мың түрлі шөп өседі екен» деп жазған. Қар­қа­­раның қақ төріндегі Ереуіл төбенің басындағы балбалтастың жанында Райымбек ауданының имамы қасиетті Құран Кәрімнің «Хашр» сүресінің соңғы 3 аятын оқыды. Дұғадан кейін сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ жур­налистика факультетінің де­каны Сағатбек Медеубекұлы қат­парлы тарихтан деректер кел­тірді, танымал ақындар өлең оқы­ды.

        Қарқара төрінде Қазақстан Жа­зушылар одағы басқарма тө­р­ағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан сөз алып: «Біз өткен тарихымыз бен тағдырымызды тасқа қашап қалдырған ел­міз. Бі­­легінің күші алапат, най­за­сының ұшы алтын Абылай хан, үйсін Райымбек, қаракерей Қа­банбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай, Ер Қарасай бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр Ұлы Даланы кейінгі ұрпаққа аманат ету жолында сұрапыл жорықтар жасады. Ымы­расыз шайқастарға шықты. Оған дәлел – керегесін Керей мен Жә­нібек керген, 550 жылдығын күні кеше ғана барша халық болып атап өткен Қазақ хандығы. Одан кейін де қазақ халқының басынан небір күнгейлі-теріскейлі кезеңдер мен зұлматты жылдар өтті. Бірде бағымыз үстем болса, енді бірде басымыз бұғауда, бармағымыз шайнауда қалды. Отаршылдық дәуірінде де Ал­тай мен Атыраудың, Арқа мен Ала­­таудың, Сыр мен Шудың арасындағы Азаттық үшін арпалыс тоқтаған жоқ.

      Патшалық Ресейдің 1916 жы­лы Бірінші дүниежүзілік соғысты желеу етіп, әділетсіз һәм ретсіз жасалған әскери бағыттағы іс-қимылдарына қарсы көтеріліс Қазақстан мен Орта Азияны тү­гелдей қамтыды. Сол бір сұрқай шақтарда бұратана атанса да басын бұғауға бермей, мойындарына бұршақ салып болашақ ұрпақ үшін күреске шыққан өңірдің бірі – Жетісу аймағы!

       Ғасыр бұрын дәл осы сәтте табанымыз тиіп тұрған қа­сиетті Қарқара, ел пәтуаласқан Ере­уіл, мың-сан тарихтың куәсі болған Мыңжылқы 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық жолындағы кө­терілістердің ең ірі ошағына айналды. «Берсек – бала өледі, бермесек – шал өледі, бала өлгенше шал өлсін» деп ұран тастаған Ұзақ батыр мен Жәмеңке би бағзыдағы бабалардың Азаттық аңсарын жалғастырған тұлғалар еді. Бір кездері Батыс пен Шығысты тоқайластырған, Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы болған жәрмеңке бір-ақ сәтте адам­дардың қанқасап қазанына айналды. Алаш қайраткері Мұ­­­­хамеджан Тынышпаев бір дерегінде Қарқара қасіретінен бос­қан-қашқаны бар, ұзын-ырғасы 35 мың адамның құрбан болға­нын келтірген екен. Елдің басына түс­кен ауыр нәубет жайлы кезінде қа­зақ жырының құлагері Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатов сынды Алаш қайраткерлері аз жазған жоқ. «Басына ас құйып, сабына қарауыл қойған» сол бір қиын кезеңдерде ұлы суреткер Мұхтар Әуезов «Қилы заман» повесінде халықтың қасіретін көркемсөзбен шебер көркемдеп, қазақ хал­қын жарты әлемге танытты. Жалпы, Қарқара қасіретін айналып өткен қаламгер некен-саяқ. Мұның бәрі тарих, өткенді құрметтемесең, болашақ бізге құшағын айқара ашпайды. Бұл орайда ел мен жердің тарихын бүгінгі ұрпаққа жеткізу жолында жанкешті еңбек еткен Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Нәбижан Мұ­­хамедханұлы, Сағатбек Медеу­бекұлы, Тоқтар Әлібек, Шәмек Тілеубаев, Рашид Оразов сынды тарихшыларымыз бен әдебиетші ғалымдарымыздың еңбегі ересен.

       Біз үшін ең қастерлі де қасиетті ұғым – Тәуелсіздік! Бабаларымыз осы Азаттық үшін қан төкті, бүгінгі ұрпақ соның қадіріне жете білуі тиіс. Бүгінгі тарихымызға тағзым жасап, бабалар ерлігінің 100 жылдығын ел болып еске алып, рухқа қызмет етіп жатсақ, қасиетті Тәуелсіздігіміздің жемісі. 1916 жылы Қазақстанның барлық өңірінде толқулар болды. Бірақ, сол қастерлі тарихқа тағзым жасауды бірінші болып Жетісу өңірі жүзеге асырды. Райымбек ауданында әлеуметтік бағытта көптеген жұмыстар атқарылыпты. Рухани жаңару сезіледі. Тарихи санаға сілкініс жасауда қыруар еңбек атқарылғанын халық көрді. Осы орайда Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа қалам­герлердің атынан айрықша алғыс білдіреміз.Таяуда «Ан-Арыс» бас­пасынан Қарқара көтерілісінің 100 жылдығына байланысты Алматы облысы әкімдігінің ті­келей қолдауымен жеті том кітап жарыққа шықты. Бұл жобаның авторы – Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, көрнекті ақын-драматург Нұрлан Оразалин, жауапты редакторы – «Ан-Арыс» баспасының директоры, ақын Кәдірбек Құныпияұлы. Бұл жеті томға еліміздің ең таң­даулы тарихшылары, әдебиет зерт­­теушілері бұрын-соңды жарияланбаған дерек-дәйектерді жинақтап, айрықша еңбек сі­ңірді. Сонымен қатар, Мұхтар Әуе­зовтің «Қилы заман» повесі, ел ағасы Сейдәлім Тәнекеевтің «1916. Қарқара-Албан көтерілісі» атты зерттеу еңбегі, көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай» атты жаңа рома­ны еніп отыр. Бозбала шағын Қарқараның қасіретіне қарып алған, одан кейінгі саяси-әлеу­меттік кезеңдердің бәрін жанарына жасырған, Желтоқ­сан көтерілісін де бастан кеш­кен, ақыры Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының 1991 жылы Қазақ елінің Тәуелсіздігін жариялағанын естіп, «Құдай бар екен ғой…» деп үзіліп кеткен Шәйі кейіпкер арқылы бүтін бір дәуірдің әдеби полотносын жасаған қарымды қаламгердің бұл романы әдебиетіміздің ең үлкен марапаты – Мемлекеттік сый­лықққа ұсынылып отыр» деді ол.

          Қара топырағын алқызыл, жасыл, сары, көкшіл түсті гүлдер көмкерген Қарқара жайлауына тігілген ақшаңқан киіз үйлер алыс­тан көз тартады. Ауқымды сахнаның аумағына жиналған көпшілік Алматы облыстық Сүйін­бай атындағы филармония әртістерінің және де арнайы барған көптеген өнер иелерінің концертін тамашалап, мерекелік көңіл-күймен қауышты.

       Ас пен тойдың сәні бәйге мен көкпар. Қарқара өзенінің аң­ғарындағы кең жазыққа ор­наласқан атшабарға жиналған көпшіліктің қарасы мол. Теңіздің толқынындай тулаған көпшілік биік қабақтан алдымен теңге ілу, қыз қуу, көкпар секілді жігіттің жігіті сыналар, көрген жанның қанын қыздырар тартыстарға куә болды. Одан соң қалың көрермен «Құнан бәйгеге» қатысқан шын жүйріктердің ұшқырлығын бай­қады. Құнан бәйгеде бірінші орынды талассыз алған Алакөл ауданы, Үшарал қаласының жүйрігіне мінген шабандоз «Лада гранта» автокөлігін иеленді.

       Қарқара жайлауына жиналған көпшілік жорға жарысын тапжылмай тамашалады. Бірінші орынға тігілген «Лада гранта» ав­токөлігін қырғыз елінен келген жорға иесі қанжығасына байлады. 16 шақырымдық «Топ бәйгеде бірінші орынды Жамбыл облысы, Қордай ауданынан келген жүйрік жеңіп алып жеңіл автокөлік иеленсе, ұзақтығы 25 шақырымдық кіші аламаннан бірінші келіп Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасу ауылының тұрғыны «Уаз Патриот» көлігін еншіледі. «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек…» деген халық даналығы мың мәрте рас екендігін Алакөл ауданы, Үш­арал қаласынан келген жүйрік дәлелдеді. Ә, дегеннен өзгелерден оқ бойы озып шыққан ерен жүйрік 15 айналымда шабысынан танбай, мәреге дейін тынбай шапты. Тіпті, оза шапсам деген дәмелі жылқыларды жарты шақырым артқа тастаған шабандоз жол талғамайтын «Уаз Патриот» автокөлігін иеленді.

       Сонымен, той өтті. Ал елдің есінде сақталып, болашақ ұр­пақ­­қа қалатын не істелінді? «Та­рихқа тағзым» атты мәдени-көпшілік шара аясында Ереуіл бастауыш мектебі ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмысы толы­ғымен аяқталды. Кеген мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалды. Ереуілдегі атшабар алаңына спорттық мұнара орнатылды. Ереуіл ауылының ауызсу жүйесі жөнделді. Ереуілтөбе ескерткіші ағымдағы жөндеуден өткізіліп, маңайы абаттандырылды. Атша­бар алаңы талапқа сай дайындал­ды. Ереуіл көшесіне жарық тар­тылды. Ереуіл ауылы мен ескерт­кіш арасына жол төселді.

        Сондай-ақ, мәдени-рухани құндылықтарды, ұлттық пат­риотизмді шыңдауға бағытталған «Тарихқа тағзым» атты облыс­тық жыршылар байқауы, көр­кемсөз оқу шеберлерінің, кәсіп­қой суретшілер туындыларынан жинақталған көрмелер бай­қауы, ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Бабаларымыздың есімдері ар­дақ­талды, лайықты құрмет көрсетілді. Алаштың айбыны алда да асқақ бола бергей.

        Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы, Райымбек ауданы                                      

          Суреттерді түсірген Аслан ҚАЖЕКЕ

          https://egemen.kz/2016/08/04/54506

толығырақ

1916

       1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісі жеңіске жеткен жоқ, бұл рас. Бірақ ол барша Түркістан өлкесіндегі көтерілістермен бірге Ресей империализмінің мызғымас қамалын бұзған,  монархияның құлауына жол салған, патшалыққа қарсы жұмсалған аса зор, күшті де қуатты соққылардың бірі болды. Сондықтан да Он алтыншы жыл көтерілісін зерттеу, оны күллі сол шаққы ауқымында, барша түркі халықтары ішінде орын алған үдерістер ауқымында, Ресейдегі революциялық-демократиялық қозғалыс ауқымында қарастыру ешқашан маңызын жоймайды.

       Мәселені мұндай кешенді түрде қарау арқылы біз кешегі «ұлттар теңдігін қамтамасыз етіп, ұлт мәселесін шешті» делінетін бірліктен, озбыр күш пен идеология біріктірген Кеңес Одағынан шығуға тырысуымыздың сырын ұға түсеміз. Барлық одақтас республикаларды қызыл империяның құрсауынан босатып, азаттыққа ұмтылтқан тарихи үдерісті мейлінше терең түсінетін боламыз. Атап айтатын бір жайт, 16-жылғы көтерілістің аса зор тарихи мәнін лайықты дәрежеде тану үшін, оны зерттеу кезінде, барша құжаттық базаны бірге қарастыру маңызды болмақ. Бұлардың ішінде орыс парламенті материалдары да болуға тиіс. Өйткені Ресей империясының Төртінші шақырылған Мемлекеттік Думасы көтерілістің себеп-салдарларын талқылап, үкіметке, министрлікке, жергілікті әкімшіліктерге жолданбақ депутаттық сауалдарды бекіткен еді.

      Мәселенің туу тарихына аз-кем шегініс жасайық. IV Думаның 4-ші сессиясы 1916 жылғы 20 маусымда аяқталған болатын. Артынша, 25 маусымда, майданның қорғаныс жұмыстарына Азиядағы өзге тектілерді алу жайындағы патшаның әйгілі пәрмені шықты. Пәрмен, баршамыз білетіндей, Қазақ өлкесінде де, Түркістан өлкесінде де, әрине, ондағы қазақ аймақтарында да зор дүрбелең туғызды. Көтерілістерді басуға барлық жаққа жазалаушы жасақтар аттандырылды.Олардың қанды сойқандары жайындағы хабарлар түрлі жолмен империя астанасына да жетіп жатты. Ферғана әскери губернаторы Иванов 1916 жылғы желтоқсанда облыстағы тәртіпсіздіктер жөнінде жоғарыға жолдаған баяндамасында өлкеде жаңа әдістемемен оқытатын мектептер жүйесін құруға атсалысып жүрген зиялыларды «нео-туземдіктер» деп атап, сондай «нео-туземдіктердің бірі, ташкенттік сарт Убайдулла Асадулла Ходжаев» жайында жазған. Губернатордың түрлі тергеу тәсілдерімен анықтаған деректеріне қарағанда, ол «Петроградқа барып, думалық топтарға жол тапты да, мұсылман фракциясы алдында Түркістандағы оқиғаларды біржақты бұрмалап баяндап берді. Ходжаев өлкеге депутаттармен – мұсылман фракциясындағы Тевкелевпен және трудовик Керенскиймен оралды». Іс жүзінде «ташкенттік сарт Убайдулла Асадулла ­Ходжаев» ол кезде адвокат әрі жәдидтік сипаттағы ұлт қозғалысын қолдайтын өзбек газетінің редакторы, эсерлермен тығыз байланыс жасап, мұсылман халықтары арасында революциялық жұмыс жүргізіп жүрген қайраткер болатын. Ол Петроградта мұсылман комитетіндегі өзінің пікірлесі әрі үзеңгілесі Мұстафа Шоқаевпен бірге IV Мемлекеттік Дума мүшелерін аралайды. Олар берген ақпараттар нәтижесінде Мемдума Түркістан мен Дала өлкелеріндегі жергілікті жұртты «майданның қара жұмыстарына реквизициялау» туралы император пәрменіне байланысты тұтанған көтеріліс жайын және оны басу барысында орын алған келеңсіздіктерді тікелей біліп қайту үшін арнайы делегация жасақтайды. Дума делегациясының басшылығына думалық оппозиция лидерлерінің бірі, «еңбекшілдер» («трудовиктер») тобының серкесі Александр Федорович Керенский мен Думаның төрт шақырылымында да депутат болып сайланған қарт қайраткер, мұсылмандар фракциясының төрағасы Құтлы-Мұхаммед Батыргерейұлы Тевкелев енді. Делегация құрамында Дума мұсфракциясының мүшесі, болашақ Әзербайжан демократиялық республиканың сыртқы істер министрі және ӘДР парламенті басшыларының бірі, мұсылман қозғалысы қайраткері Мәмед-Юсиф Ғаджибабаоғлы Жафаров та бар-тын, бірақ сол шақта Кавказда бой көрсеткен оқиғаларға байланысты, ол Түркістан өлкесіне бара алмай қалды. Делегацияға тілмаштық әрі көмекшілік жасау мақсатымен фракция бюросындағы жас қайраткерлер Шәкір Мұхамедияров пен Мұстафа Шоқаев ілесті. Делегация өлкені тамыздың ортасынан қыркүйектің басына дейін аралап, Жизақ, Әндижан, Самарқан, Қоқанда болды. Көтеріліс өрті алғаш 4 шілдеде Ходжентте тұтанып, одан Ташкентте, Марғилан, Наманган, Әндижанда, әсіресе 11 шілдеде Жизақта лаулаған. Жазалаушы әскери экспедиция көтерілісшілерді 21 шілдеде барлық ошақтарда тас-талқан етіп, бүлікке кінәлі деп тапқан жұртты қырғынға ұшыратқан. Алайда патша жарлығына қарсылық оты Түркістан және Дала генерал-губернаторлықтары аймақтарының түкпір-түкпірін түгел шарпыған болатын.
      Делегация өлкеде көптеген адамдармен кездесті. Әндижанда шілденің басында ғана «Түркістан үні» газеті ашылған-тын. Оның құрылтайшысы және редакторы Әндижан соғыс-өнеркәсіп комитетінің мүшесі, үй иеленуші, омарта қожасы, өзара көмек қоғамының төрағасы Анастасий Чайкин еді, газетте оның туған інісі, социал-революциялық партия мүшесі ретінде қуғын көріп, Якутияға жер аударылған, одан Астраханға, ақыры ағасы тұратын Әндижанға келген эсер Вадим Чайкин істейтін. Солармен тығыз қарым-қатынастағы әндижандық мұғалім, ағартушы, болашақ Түркістан (Қоқан) автономиясы Ұлттық Кеңесінің хатшысы, Кеңестік Түркістанның жер мекемесі қызметкері, шығыстанушы-ғалым, зерттеуші Қоңырқожа Қожықов әскери экспедицияның халықты қалай қырғынға ұшыратқанын дәйектейтін