Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қазақ тарихы

Басты бет | Қазақ тарихы | Жиырма жылдық сүргін

    Бұл суретті қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев ағамыз жыл басында жіберген болатын. Бастапқыда тарихы жазылмаған сурет бір түрлі көрінгені рас. Фотоның астына бір ғана сөз жазылыпты: «Бұл кісі – өте қиын тағдырлы адам». Іле-шала «Зарлық ағамыз 20 жыл бойы жапанда жалғыз қашып жүріп, аман қалған» деген ақпар келді.
        Осыдан-ақ суреттен түсі­рілген суреттің ар жағында бір адамның ғана басынан өткен азаптың айтылмаған даты тұрғанын түсіну қиын емес еді. Соры бес елі саяси-қуғын сүргін құбандарының ішінде қаншама қасірет кетті екен. Ең ғажабы атылып кетті деген суреттегі адам 1985 жылы өз ажалынан қайтыс болған. Ал жылдар бойы түрменің мұра­ғатында жатқан құжаттар байырғы фототілшінің объек­тивіне ілінуінің өзі де сирек құбылыс. Бертінде қайтыс болған нағашысының суретін КГБ архивінен тапқан Болат ағамыз да көпке дейін таңға­лумен жүреді. Сонымен...
     – 1992 жылдары Қызылорда облыстық әкімдігінің тапсырмасымен «Боздақтар» ат­ты кітап шығаратын болып, соғыста хабарсыз кеткен­дер, ашаршылықта өлген, «ха­лық жауы» атанғандардың құжаттары мен фотосуреттерін қарау үшін кітаптың жауап­ты редакторы Хамит Ембер­генов ағамызбен сол кездегі Мем­лекеттік қауіпсіздік коми­тетімен дауласып жүріп, архивке кіргеніміз бар. Рұқсат алғаннан кейін Хамит аға екеуміз екі бөлек құжаттар ақ­тарып отырып, мына қызыққа кез­дестім. «Мемлекеттік аса қа­уіпті қылмыскер», «Жа­пон тыңшысы» Орақбаев Зар­лық №58 статьямен атуға бұ­йырылды» деген құжатты тауып, шалқамнан түсе жаздадым. Зарлық ағамыз маған нағашы болып келеді. Әрі бір ауылданбыз. Және бала кезден ол кісіні көріп, өстік. Кейін 1985 жылы өз ажалынан қайтыс болғанын да білеміз. Тек ара-тұра 1937 жылы екі-үш ай түрмеде отырғанын шешем Рәмзеден естіп қалушы едім. 
    Сонда деймін-ау, ұшқан құс, жүгірген аң шыға алмаған абақтыдан, талай жазықсыз арыс­тарымыз қаша алмай, бірден атылып кеткен жерден бұл кісі қалай сытылып кет­кен? Төбе шашыңды тік тұрғызған «атақты №58 баппен» атуға бұйырылған адам қалай түрмеден құтылды деп қайран қалып, отырып қалдым. 
     Сұрастыра келгенде біл­генім, Зарлық ағамыздың кіші баласы Әуештің (Әуелбек) ай­туынша, ол кезде атуға бұйы­рылғандарды атар алдында екі сағат түрменің ауласына шығарып алып барып, содан кейін ажал құштырады екен. 
     Әуелбектің әкесінің айтқа­нын еске түсіріп отырғанда ес­тігенім, соттың үкімі шы­­ғып, оларды далаға шы­ғарғанда, түрме бастығы керемет жараулы атпен кіріп келіпті. Сол сәтте Зарлық аға­мыз барыстай атылып келіп, оны атынан аударып жіберіп, атқа ырғып мініп алып, түрме қақпасын жанталаса жаба берген қарауылдарды (надзиратель) аттың омырауымен қағып жіберіп, қақпадан ағып өте шыққан көрінеді. Бірден түрме маңындағы Сыр­дария өзенінен жүзіп өтіп кетеді. Артынан бірде-бір мыл­тықтың дауысы шықпаған. Зарлық ағамыздың пайымдауын­ша, арғымағын қимаған түр­ме бастығы «оқтарың атқа тиіп кетеді»  деп қарулы қарауыл­дар­ға атқызбаған болу керек.
      – Зарлық бабамыз неден жазықты болған? Содан әрі қайда барып паналаған?
     – Зарлық ағамыздың қа­рындасы Қымбат Жүсіпо­ваның сөзіне қарағанда, 1937 жылдың басында ауылда «Құлболды» Ишанның ұрпағы мақсұм Ак­малды тұтқындауға келгенде інісі Икрам «мен Ак­мал­мын» деп ағасының орнына ке­тіп, атылып кеткенде Зарлық на­ға­шымыздың әкесі Орақбайды да байдың баласы деп, атышулы №58 статья­мен атып жіберіпті. Сол 1937 жылдың күзінде ауыл болып еккен бидайын жабыла орып жатады. Орақшылар түскі тамақтарын ішіп бола бергенде төбелерінен бір қос қанатты ұшақ ұшып өтіпті.
     Сонда көп орақшының бірі Зарлық ағамыз: «Ой мынау ұшақтың қанатының астында «Долой СССР» деп жазулы тұр ғой» деп қалады. Осы сөзді ол кісі қай жетіскеннен айтты дейсің?! Ішіндегі жазықсыз кеткен әкесінің шері бар ғой. Ертеңінде-ақ Зарлық ағамыз тұтқындалған...
     – Ол кісіні бала кезден көріп өссеңіз, бертінде қайтыс болса, қалай аман қалды екен?
     – Зарлық ағамыз содан 1957 жылға дейін 20 жыл бо­йы Қызылқұмның Қара­қал­пақ­стандағы шекарасында, елсіз жерде жалғыз өзі бой тасалап жүрген. Қыстың аязды күн­дерінде күндіз қалың сек­сеуілді үйіп жағып, кешке отты былай ысырып тастап, ор­нындағы ыстық жерге шапан жа­мылып жатқан. Жеркепе қазып алған.
      – Егер бұл сүргін жиырма жылға созылған болса, тағдыры шынында да сұмдық екен?! Аты да Зарлық...
      – Зарлық Орақбаев Қызыл­орда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында 1902 жылы туған. Тұтқындалғанда 35 жаста екен. Кейін елде 83 жасында қайтыс болды деп отырмын ғой. Әйелі Мауыты 1911 туып, 2001 жылы тура 90 жасап, өмірден өтті. Зарлық аға­мыздың өзі Орақбайдың қайтыс болып кеткен 12 баласынан кейін көрген жалғыз ұлы. Он үшінші болып туған баласы. Сондықтан атын Зарлық деп қойған екен. Айтқандай бұл кісінің үш баласы болды. Тұңғышы Әсия 1932 жылы туған. Ұлдары Айт­бай 1945 жылы, кенжесі Әуелб­е­к (Әуеш) 1949 жылы туған. Сонда деймін-ау, Зар­лық аға­мыз ұрланып үйіне ке­ліп жү­ретін болу керек.  Міне, бір ғана суреттегі бір ғана тағдырдың сыры осы!
     Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»  Суретті суреттен түсірген  Болат ОМАРӘЛИЕВ АЛМАТЫ

 https://egemen.kz/article/zhiyrma-zhyldyq-surgin

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті