Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қазақ тарихы

Басты бет | Қазақ тарихы | «Үш жылда 372 көтеріліс болды»

      «Не көрмедік?!» деген тұрмыстың ауыртпалығынан қажыған қайрансыз дауыстың ар жағында ауыр тағдырдың жатқанын да сезінесің. Тәуелсіздікке қол жеткен заманда өткенге көз тастасаңыз, солай күбірлеріңіз хақ. Саяси-қуғын сүргін, ашаршылық құрбандарын еске алар сәтімізде тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековпен әңгімелескен едік.
       – Қазақ бастан кешірген екі ашар­шылық халықтың жағ­дайына қалай әсер етті?
   – Екі ашаршылықтың айыр­ма­шылығы бар. Оның айыр­машы­лығы негізгі себептерінде жатыр. Алғашқы ашаршылықта азамат соғысының, ақ-қызыл болып халықты екіге бөлудің салдарынан халық қиын жағдайға ұшырады. Сөйтіп, ауыр ахуал қалыптасты. 1931-1932 жылдардағы ашаршы­лық халықтың қолындағы малды тартып алу, былайша айтқанда, ет салығын көбейту, орталықтағы қа­ла­ларға, өндіріс орындарына ет жіберу салдарынан басталды. Оң­түс­тік Қазақстан өнеркәсіп орын­дарын қамтамасыз етсе, Батыс Қазақ­стан Кавказ аймағындағы қала­ларды, Орталық Қазақстан ет өнім­дерін Ленинград сияқты орта­лық қалаларға жіберуге мәжбүр болды.
    1921 жылғы ашаршылық халық­қа мүлде түсініксіз болды. Әуелі орталықтан келген ата­ма­н­дардың әскер­лері, одан кейін іле-шала қызыл­дар келіп қазақ ауылын ойран­дады. Осы­лай ақ-қызыл болу қазақтың мал шаруашылығын қат­ты күй­зеліске ұшыратты. Бірін­ші ашар­шылық 1917 жылы бол­ған Қазан төңкерісінің салдары еді. Шын мәнінде бұл революция­ны халық түсінген жоқ. Ахмет Бай­тұрсыовтың жазғаны бар: «Қазақ халқы 1917 жылғы ақ­пан төңкерісін түсіністікпен қабыл­дады. Өйткені, Ақпан төңкері­сінде патша тақ­тан құлады. Халық шаттана қуан­ды, қолда­ды. Ал 1917 жылы қазан айында болған төңкерісті халық мүлде түсінген жоқ». Қазан төңкерісі тек қазаққа емес, бүкіл Кеңестер ода­ғына қасірет әкел­ге­нін бәріміз білеміз. Патша тақ­тан құлаған­нан кейін қазақ бостан­дық ала­ды, дәстүрін, салтын, мәде­ние­тін өр­кен­детеді деп күткен үміт ақтал­мады. Халыққа түсініксіз бол­ғаны – большевиктердің «Кедей­лерді қолдаймыз» деген ұраны. Түсінікті болу үшін «кедей­ді бай­дың деңгейіне жеткізейік» деп ұран жазылу керек еді. Ол Ақпан төңкерісінің ұраны болған. Ал керісінше байды құртып, кедейді көте­рейік деген ұран шығып, ауқат­ты ауылдарға шабуыл­дау­дың әсерінен қазақтың оқы­ған жас­тары, зиялы отбасылары қуғын­ға ұшарады. Өйткені, бай­дың бала­сы бай ұрпағы ретінде қуылды. Қазақтан көзі ашық, оқыған азамат­тары көбі­не ауқатты отбасы­нан шық­қан. Өйткені оқыту­ға, Петер­бор сияқты қала­ларға жібе­руге қара­жат керек.
    1931-1932 жылғы ашаршы­лық­қа келсек, 1928 жылы ірі бай­ларды, көр­некті тұлғаларды, рухани көсем­дер­ді, молдаларды, ишандарды, ескіше хат тани­тын адамдарды, байларды кәм­пес­келеу науқаны қатты тұқыр­тып жіберді. Жер ауда­рылды, қуғындалды. 1928 жыл­ғы кәмпескенің жалғасы болып есеп­телетін көптеген сая­си нау­қан­дардың зорлық-зом­бы­лы­ғын көрді. Бүкіл елде бол­ған жап­пай ұжымдастыру науқа­ны (1929 жылы), жартылай көш­пелі шаруаларды зорлап отырық­шы­лан­дыру науқаны (1930), осы науқанмен қатар 1930 жылдың қаңтар-ақпан айларында байларды тап ретінде жою деген науқан шықты. Осы науқандармен қоса ет дайындау, ауылшаруашы­лық өнімдерін даярлау, астық нау­қаны деген науқандар қаптады. 1929 жылы басталған халық наразы­лығы 1931 жылға де­йін жал­ғасты. Үш жылдың ішін­де 372 көтері­ліс тіркелген. Бұл көтерілістерді жан­шып басу кесі­рі­нен қанша ел бас­таған тұлғалар қырылды. Жал­пы айтқанда, осы жылдары халық өзінің рухани көсемдерінен айырылды. Оның үстіне Ахмет Байтұрсынов жаса­ған, бұрынғы қидан, шағатай жазу­лары­ның жалғасы болған төте жазудан айырып, латын қарпі­не көшірді. Халық өзі күйзеліс­тің үстін­де жүргенде мұндай білім сала­сындағы реформалар да халық­тың рухани жағдайына өз әсерін тигізді.
    – Үш жылда тіркелген халық нара­зылығының бәрі ашар­шы­лыққа қарсы көтері­лістер ме еді?
    – Жоқ, бұл көтерілістер ашар­шылықтың алдын алу үшін бол­ған көтерілістер-тұғын. 1928 жы­лы қазақтың ірі байларын кәм­­пес­келеу науқанынан кейін қазақ барынан айырыла бастады, тұр­мысы жүдеді, осы жағдайда халық амалсыздан, басқа жолы қал­мағандықтан көтерілді. Негізінен бұлар ашаршылық үшін емес, жүр­гізіп отырған саясатқа, зор­лық-зомбылықтарға қарсы атқа қонған, халықтың бұлқынған рухының қарсылығы болатын. Ал мұның аяғы ашаршылыққа әкеле­тінін халық түсіне бастады. Көтері­лістерден кейін қазақ даласында жаппай ашаршылық басталды.

     – Халық сол ашаршылықты алдын ала сезгенмен, оған қарсы қай­ран жасай алмады. Үкіметке де сөзін өткізе алған жоқ. Ал ашар­шы­лыққа тап келген кезде халық тарапынан оған қарсы қандай қадамдар болды?
    – Бұл кезде қазақтың бас көтерер тұлғалар түрмеде бола­тын. Алаш қозғалысының көсем­дерін айып­­тау 1925 жылы мамыр айын­дағы Сталиннің «Ақ жол» газетіне қа­тыс­­ты жазған хатынан кейін үдеп кет­ті. 1928 жылдан бастап Алаш қай­рат­керлері, оқы­ған аза­мат­­тар тұт­қ­ындала баста­ды. Ашар­шылықтың қарсаңында қазақты рухани басқаратын көсемдер тек ауыл-ауылда қалған болатын. Құдай жолын ұстанған молдалар ашық түсініп, халықты көтеріліске бастап шықты. Ашар­шылыққа наразы болып хат жазу кейін басталды. Алғашқы хат­тың бірін Қазақстанның үкімет бас­шы­лары жазды, 1932 жылы тамыз айында Ораз Исаевтың жазған хаты бар. Рысқұловтың хаты, 1933 жылдың басында Мир­зоян келгеннен кейін жазылған «Бесеу­­дің хаты» бар. Жалпы, қазақ зия­лы­­лары кеңестік жүйеге қызмет ете бас­тағанда халықтың жағдайын түсініп, амалсыз, ашаршылық үдеп бара жатқаннан кейін хат жаза бастады. Алғашында Қазақ­стан­ның бас­шылары мал шаруашы­лы­ғының жағдайы туралы хат жазды. Мал шаруашылығын сақ­тап қал­сақ, халықты ашар­шы­­лықтан құт­қарамыз деп ойлады. Мәскеу 1932 жылы қыр­күйек­те «Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығы, оның ішінде мал шаруа­шылығы туралы» деген қаулы да қабылдады. Бұл Қазақстанның өтініші бойынша жасалған қаулы болатын. Қазақ зиялылары бұл кезеңде ашық­тан-ашық наразылық білдірген жоқ, түсіндіру жұмыс­тары­­мен айналысты. Сталиннің көзін ашаршылық болып жат­қа­нына жеткізіп, халықты мүлде жойып жіберу қаупін, Голо­ще­киннің саясатының солақай­лы­ғын түсіндіреміз деп әуреленді. Ашар­­шылық кезінде Ахмет Бай­тұр­сынов бастап алаштықтар түр­ме­де, ал Әлихан Бөкейхан Мәс­кеу­де коммуналдық кіш­кен­тай пәтер­де үйқамақта отыр­ған еді. Осын­­дай жағдайда оларға сот процесін дайындады. Ашаршылық жылдары оларға екі рет сот проце­сі болғаны белгілі. Оларды адам аяғы баспайтын аймақтарға жер ауда­ру арқылы қазақ зиялыларын халық­тан алыстатты. Осындай жағдайда ұлт­тың қамын ойлайтын, ұлттық сая­сатты ұстанған, ұлттық мем­лекет құру­ды армандаған алаш­­тық­тар ел­ден алыстады. Ашар­­шы­лық кезінде олар халыққа көмек­те­се алмады. Бұл мүмкін емес еді.
     – Ашаршылықты қолдан жасаған саясатта халықтың санын азайтудан басқа қандай сая­си астар болды?
     – Голощекин енді бір жарым жыл отырғанда қазақ түгел қыры­лып бітер еді. Енді неліктен Мәскеу бұған жол берді деген сауал туады? Сталин, Голощекин қазақ даласын, тұрмысын мүлде білмейтін. Қазақты надан, рулық-тайпалық негізде өмір сүре­ді деп түсінді. Сондықтан қазақтарға көңіл бөлмей, мем­лекеттің батыс жағында дами бастаған зауыт, фабрикалар­ды индустрияландыру мақсатын­да оларды етпен қамта­масыз ететін халық деп ойла­ды. Мал­ды түгел етпен қамтама­сыз ету үшін жіберсе, қазақтың жағ­дайы не болады дегенді еш­кім ойлаған да жоқ. Қазаққа деген көзқарас осындай болды. Сон­дықтан бұл қазақ­қа деген көз­қарас­тың теріс­тігінен, қазақ тұр­мысын білме­ген­діктен туған жағдай. Қазақты жақсы білетін Нұрмақов, Рысқұлов, Қожанов сияқты тұлғаларды Қазақ­станды басқару үшін жіберген жоқ. Себебі, олардың да әрқайсысы Алаш­ордамен байланысы бар, пантюркистер деп бағаланды.
     – Саяси қуғын-сүргін, ашар­шы­лық күнін белгілеп, жылда еске ала­мыз. Осы үрдіс бізге не береді?
      – 31 мамыр күні алғаш ашар­шылық құрбандарын еске алу күні деп белгіленген болатын. Кейін бұл күнді тек ашаршылық емес, саяси-қуғын сүргін күні деп қоса атап жіберді. Осының себебінен ашаршылық құрбандары тасада қалған сияқты. Саяси қуғын-сүргін науқаны көп және әртүрлі болғандық­тан, екеуі екі бөлек күн болса деп ойлаймын. Ашар­шылық құр­бандары − кеңес өкіметінің эко­номикалық сая­са­ты­ның құр­бандары. Ал сая­си-қуғын сүр­гін деген өте күр­делі мәселе. Мұн­­дай еске алу дата­лары­ның бол­ға­ны жақсы. Ұрпақ, ел ұмытпайды.
    – Алматыдағы ашаршы­лыққа қойылған ескерткіш­тің мәні, мағынасы қандай болмақ?
    – Неше жылдан бері ес­керт­кіш қойылады деген жазуы бар тастың орнына биыл ғана ескерт­кіш орна­тылды. Оны жүзе­ге асырған Алма­ты қаласы­ның әкімі Бауыржан Байбек­ке алғысымды айтамын. Халық­тың жүрегіне бітпес жара салған осындай оқи­ғаларды ұмыт­пау – ұрпақтың рухын қайрайды. Мұндай ескерт­кіштің бәрі ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды деп ойлаймын. Мәні де, мағынасы да сол.
    – Әңгімеңізге рахмет!
    Әңгімелескен Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Суретті салған  Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ «Егемен Қазақстан»

https://egemen.kz/article/ush-zhylda-372-koeterilis-boldy


Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті