Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қазақ тарихы

Басты бет | Қазақ тарихы | Қазақ диаспорасының исламға қайта бет бұруы: Халифа Алтайдың қосқан үлесі

    Қазақтың өмірінде діни және ұлттық әдет-ғұрыптар астасып, бірігіп те кеткен. Қазақ ұлт болып мұсылмандықтың негізінде ұйыған, қазақ болмысы, дәстүрі мен ислам діні біте қайнасып сіңіскен, ислам ұлтымыздың салтына  бейімделген. Сондықтан, қазіргі ғаламданған заманда қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту мұсылмандықпен байланысты өмір салтын сақтап қалумен, ұлттық кәсіп түрлерін заманауи түрде дамытумен тығыз байланысты.

     Қазақ диаспорасы қай елде өмір сүрсе де қиыншылықтарға қарамастан, ұлт болашағы, ұрпақ тағдыры үшін алға ұмтылды. Қазақ халқының бойындағы қайсарлылық, ой өресінің кеңдігі туған тілін, ұлттық ата салты мен діни дәстүрді сақтап қалуды қажеттілік деп таныды. Қазақ диаспорасының тілді, дінді және ұлттық өнерді, ғылым мен білімді дамытудағы үлесі де орасан.

    1980-жж. соңы 1990-жж. басында мұсылмандардың, соның ішінде қазақтардың діни тұрғыдан қайта түлеу үдерісі басталды. Бұл үдеріс бұрынғы КСРО республикаларында, мысалы: Ресейде, Қазақстанда, сондай-ақ, Монғолияда орын алды. Осы елдер, Түркия, Қытай және Иран елдердегі қазақтардың мұсылмандық діни ахуалы мен оның әдет-ғұрыптарының ұстанылу ерекшеліктері жайлы «Қазақ диаспорасы және атамекенге оралу (1991-2012)» атты 2015-2016 жж. орысша-қазақша жарыққа шыққан ұжымдық монографияда жақсы мәліметтер берілген [1]. Онда мұсылман дінін қайта жаңғыртуда негізге алынатын қағидаттар, соның ішінде исламдағы адамгершілік саласының өте кең екендігі және  оған Аллаға сенумен бірге діни дәстүрлер мен салтанаттар, қоғамдағы тәртіптер, қабылданған шешімдер, зияткерлік ұмтылыстар кіретіні атап көрсетілген. Сонымен бірге, мораль қағидалары исламның бөлінбейтін органикалық бөлшегі болып табылатыны және сол қағидаттың қазақ диаспорасы, оралмандар және Қазақстанның жергілікті қазақтары арасында жаңғыруы басым екендігі де айтылады. Осындай біртұтас сенімнің қалыптасуында, дінді қорғау, еркіндікті сақтау, болашақ ұрпақтарымызға ұлттың болмысы мен діни сенімін сіңіре білуде ғалым Халифа Алтайды, оның исламды қайта жаңғыртудағы қызметі мен діни білімдерін замандастарына да, ұрпаққа да жарқын үлгі, адаспауға жол көрсетер шырақ (маяк) деп айтсақ лайық болады!

       Халифа Алтай өткен ғасырдың басында атамекенінен сырт кетуге мәжбүр болған, Қытай, Үндістан, Пакистан және т.б. елдер бойымен көшіп, мұсылман діні бар Түркия жеріне жетсек, тіліміз бен тарихымыз жоғалмайды, келешек ұрпақ сақталады деген сеніммен Түркияға көшіп барған қазақтардың көшбасшысы болған адам.  

        Халифа атамыздың қазақ қоғамының исламға қайта бет бұруы үдерісіне қосқан үлесін екі бағытқа біріктіруге болады:

1 бағыт - Мұсылман дінінің, діни білімнің жаңғыруы!

      Халифа Алтай Құранның қазақ тіліндегі аудармасы мен түсініктемесін алғаш рет араб, кирилл графикасы негізінде түркі әлеміне дайындап аударып, жарыққа шығарып, Қазақстан, Ресей, Монғолия, Өзбекстан, Қытай және т.б. елдерде таратуда ерен еңбек сіңірді.

      Халифа Алтайдың Қазақстанға көшіп келуі, жаңа кезеңде исламды дін ретінде тануға және рухани сенімге үйренуге бастау болды. Атайдың қызметі мен еңбектері елін, рухани дәстүрін сыйлайтын зайырлы мемлекет – Қазақстан Республикасында мұсылман дінінің таралуы мен діни ағартушылықтың тарихи сабақтастығын қалпына келтірді.

       2 бағыт -  Болашақ ұрпақ тәрбиесі! Мұсылман дінімен тығыз байланысты қазақтың ұлттық тәрбиесі!

      Халифа Алтайдың аударма-түсініктері, діни кітаптары қазақ тіліндегі діни кітаптардың жазыла бастауына, соның ішінде адасқан немесе адасуы мүмкін жастарға бағыт болатын, біздің жүретін жолымыз Абу Ханифа мағ­забы  жолындағы ілімдерді түсіндіретін кітаптардың жазылуына, сол арқылы, діни білімнің таралуына мұрындық болды;

      Әрқайсысын жеке тарқатайық ...

    1 бағыт - Мұсылман дінінің, діни білімнің жаңғыруына келсеек, Кеңестік дәуірдегі «Дін-апиын» деген саясаттық танымнан мұсылмандық  діни сенімді қайта қабылдау арасында пайда болған уақыттық кеңістіктегі діни біліми ақпараттық тапшылық кезінде, қазақ тіліндегі Құран Кәрімнің дер уақытында әкелінуінің маңызы ерекше жоғары болды. Халифа Алтай атамыз кеңес дәуірінің күні өтетініне, өз дінімізге қайта оралатынымызға сеніп, қазақ тіліндегі Құран кітапты арнайы дайындағандай.... Себебі 1986 жылдан бері айтылып, 1988 ж. Қытайдағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында тұратын қазақтар үшін араб графикасында, 1989 және 1990 жж. Түркияда, 1991 ж. кириллицамен басылып Сауд Арабиясында шыққан Халифа ата аударған қазақша Құран кітабы тәуелсіздік орнаған жылы дайын болды. Халифа Алтай  аудармасымен жазылған Құран кітаптың бір данасы менің әкемнің үйінің төрінде ілініп тұр. Ол не деген сөз? Ол - кеңес дәуіріндегі сенім мен идеологиялық танымға негізделген қоғамда «діннің таралмауын» қадағалаған құқық қорғау қызметкерлерінің де дінге бет бұрғаны, ата бабамыздан келе жатқан, біздің ұлттық жадымызға сіңген діни құндылығымыздың өлмей, қайта жаңғыруы орын ала бастағаны деген сөз. Сонымен бірге, 1990-жылдардың басында ішкі түйсік пен сырттан санаға шабуыл арасындағы тайталаста жеңіле бастаған діни сеніміміздің ойсыраған тұсына толыққанды ақпараттық білімнің келіп толысуы деген сөз және Алланың мұсылмандарға жіберген сыйы мен көмегі деп неге айтпасқа?!

      Осы жерде Халифа Алтай атамыздың аудармасына дейін де аудармалар болғандығын, кітаптың түскен тілінде ғана оқылуы міндетімен бірге, оның түсініктерін де білу қажеттілігіне орай қазақ тілді мұсылмандарға арналған кириллицамен жазылған Құран Кәрім аудармасының Қазақстанда исламтанудың дамуына ықпал еткендігін және ислам туралы барынша дәл және объективті білім бергендігін айту керек [2].

     Сондай-ақ ерекше назар аударатын жайт, шетелдегі қазақтар ортасында болсын, сол сияқты Қазақстанда болсын исламды саясаттандыру және мұсылмандық фанатизмге бой алдыру байқалмайды. Қазақтардың тарихында ешқашан Алла атынан ешбір заңға қайшы және агрессиялық әрекеттерге бармағаны белгілі. Қазақтардың діни төзімділігі олардың басқа халықтармен және олардың мәдениетімен байланысына оң ықпал етуде. Қай елде және қандайда бір діни ортада өмір сүрсе де, қазақ ділінің ең мықты жағы – төзімділік болып табылады.  Міне осы діни білімді, мұсылмандық түсініктерді қалыптастыруда, сол арқылы қазақстандық мұсылман дінінің дамуындағы бағытты айқындауда «мұсылманшылдықтың мойымас жаршысы» аталған Халифа Алтай атамыздың еңбектері маңызды [3].

     2 бағытқа, болашақ ұрпақ тәрбиесі! Мұсылман дінімен тығыз байланысты қазақтың ұлттық тәрбиесі мәселесіне келсек, біріншіден, өз зерттеулерін діни біліммен астастыра жүргізген ғалым әлем елдеріне шашыраған қазақ ұлтының біртұтастығы мен ұлттық құндылықтарын насихаттау жолында бастау болар бағалы еңбектер жазды. Президенттің шақыруымен 1991 ж. атажұртына біржолата көшіп келген Халифа Алтай атамыз (1917-2003) Қазақстан тарихы, әлем тарихы, еліміздің кенжелеу дамыған теология, диаспорология ғылымдарының дамуында шынайы деректік пен тарихнамалық мәні бар еңбектер қалдырған ғалым екенін айту керек.

      Қазақстан тарихының кеңестік идеологиялық қысымы негізінде ашылмаған қасіретті тарихи тұстарын нақтылауда Халифа Алтайдың «Естеліктерім», «Ата жұрттан Анадолыға дейін» және «Алтайдан ауған ел» атты кітаптары рухани жаңғырудың басты міндеттерінің бірі -  ұлттық кодты сақтаумен бірге ұлттық бірегейлікті негіздеуде маңызды орын алады [4].

     Ғалымның «Ата жұрттан Анадолыға дейін» атты ХХ ғасырдың басындағы Қытайдағы қазақтардың өмір-тынысынан, жер-суын тастап, белгісіз бағытқа көшіп, Үндістан асып, Түркия жеріне барған қазақтардың көші-қоны, өсіп-өну ерекшелігі мен өлім-жітімі туралы шынайы тарихын жазған кітабы диаспорология ғылымының дамуына үлес қосқан және Қазақстан тарихының өзекті тұстарын ашуда бағалы еңбектер деп білеміз.

     Жалпы, тарихты − халық рухы десек, дін − оның алтын бесігі десе болады. Ғасырлар бойы өзінің діни жораларын өз ұлтының әдетімен, салтымен ұштастырып, бір Аллаға деген сеніміне селкеу түсірмей келген қазақ жұрты бүгінде діни тұрғыдан ала-құлалыққа ұшырады.

       Ал, Халифа Алтайдың еңбектерінде қазақ халқының ертеден келе жатқан діни сенім, наным, әдет-құрыптарын күнделікті өмір тіршілігінде қалай ұстанғаны сөз болса, онда ғасыр бойы Алтайдан Анадолыға көшу кезіндегі қаншама қиындықтарға тап болса да, қазақтардың ұлттық болмысымен астаса сіңіп кеткен діни сенім болмысын баяндау  барысында ешқандай «сақал мәселесі», «балақ мәселесі», «паранжа мәселесі» және т.т. жасанды мәселелер айтылмайтындығының өзі бұл мәселелердің қазақ халқына жат екендігіне дәлел болады.

       Мына сандарға назар аударайықшы ... 1938 ж. соңында оған дейінгі бомбылау мен мылтық оғынан, арандатулардан аман қалып, Алтайдан «ақтабан шұбырынды» болып қашқан қазақ көші 1939 ж. басында 18 мыңдай адам деп саналды [5]. Одан кейінгі қуғындардың арқасында Қытайдан ауып, Гималай асып, Үндістанға жеткен 3039 адамнан ақырында 1150-ы ғана қалады, Пәкістан кезінде (1000 шақтыдан 1400 адам арасында өскенімен), кейін Түркияға жеткен қазақтар саны 1379 адам болған екен [5, 114]. Яғни, Халифа Алтайдың діни білімге негізделген ұлттық құндылықтарымызды сақтау мен жаңғыртудың бастамасы болған Құран Кәрім мен басқа да тағылымдық мәні бар кітаптардың ар жағында сол көш кезінде құрбан болған 16 мыңнан аса қазағымыздың болашақ ұрпаққа деген үміті бар.

   Яғни, қазақтың ұлттық ерекшеліктерінің, әдет-ғұрпының ертеден бергі қалыптасқан тұнығының бұзылмай, оның өткен ғасырдың басындағы күйде сақталуы мен қазіргі кездегі заманауи талаптарға жауап бере алатын деңгейде дамуы мен ұрпақты тәрбиелеуі бағытында Халифа Алтай атамыздың еңбегінің үлгі болар мығым орны бар.

 

Әдебиеттер:

1. Қазақ диаспорасы және атамекенге оралу (1991-2012): Ұжымдық монографиялық еңбек / К.Н. Балтабаева, Т.А. Мамашев, Ж.Ә Ермекбай, А.Ж. Баймағамбетова / Ғылми ред. С.Ф. Мәжитов. – орысш. Ауд., толықт., түзетілген – Алматы: «Елтаным» баспасы, 2016. – 596 б. 12 б. түрлі-түсті суретті жапсырма. (219-222).

2. Құран әліппесі және иманның шарттары / жинақтап бастырушы Халифа Алтай. – Алматы: Сөзстан, 1995. – 132 б.

3. Құран  Кәрім: қазақша мағына және түсінігі / ауд. Халифа Алтай, өңдеуші Д. Жаналтай, ред. А.Алтай. – Медине: Шарапатты екі харамның қызметкерлері, Фаһд патшаның «Құран Шәриф» басым комбинаты,  1412/1991. – 604 б.; Құран әліппесі және иманның шарттары / жинақтап бастырушы Халифа Алтай. – Алматы: Сөзстан, 1995. – 132 б.; Таңдаулы Хадистер/ түрікшеден қазақшаға ауд. Халифа Алтай Ғақыпұлы / ред. Ы.Бірлікқызы. – Алматы: Берен, 1994. – 128 б.; Халифа Алтай. Ғибатадул Ислам / ред. Ы.Бірлікқызы. – Алматы: Берен, 1994. – 128 б. т.б.

4. Алтай Х. Естеліктерім / – Алматы: Мұнай-Газ өнеркәсібінің оқу орталығы, 2003. – 113 б.; Халифа Алтай. Ата жұрттан Анадолыға дейін; Халифа Алтай. Алтайдан ауған ел. – Алматы,  2014. – 272 б.

5. Халифа Алтай. Алтайдан ауған ел. – Алматы,  2014. – 272 б. (26)


       Құдайбергенова А.И. – т.ғ.д., Балтабаева К.Н. – т.ғ.к.

 

    

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті