Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Ұлт қайраткері

Ұлт қайраткері

       Олимпиада шыңына тәуекел еткен Жақсылық Үшкемпіров небір тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді. Сол оқиғаны қайта жаңғыртып көрсек.
     
Тұсау
     1975 жыл Жақсылық үшін сәтті болды. Қолтоқпақтай ғана қазақ балуаны одақтың төрт жылда бір өтетін басты жарысы – КСРО халықтарының спартакиадасында жеке-дара шықты. Үшкемпіровке дейін классикалық күрестен (қазір грек-рим күресі) Кеңес одағы спартакиадасын ұтқан қазақ балуаны болмағанын ескерсек, бұл табыстың бәсі қандай екенін ұғу қиынға түспейді.
      Бұған дейін екі жыл қатарынан одақ чемпионатының жүлдегері атанған Жақаңның көкейінде енді Олимпиада ойындарына, әлем чемпионатына барсам деген арман оты тұтанды. Себебі, 1976 жылы Монреаль олимпиадасы өтеді. Спартакиада мен чемпионаттың «алтынын» қатарынан қанжығаға байлаған Үшкемпіров жетпіс бестегі әлем чемпионаты мен Монреаль олимпиадасына барудан бірден-бір үміткер еді. Оның үстіне, спартакиада бітісімен КСРО құрамасының аға жаттықтырушысы Геннадий Сапунов «Осы бабынан таймаса, Монреаль олимпиадасына Жақсылық барады», деген. 
     Жетпіс бестегі әлем чемпионаты екі-үш айдан кейін Минскіде өтті. Бұл сынға әлемнің үш мәрте чемпионы Владимир Зубков қатысты. Жарайды, бапкерлер алқасы тәжірибелі тарланға сенім артты, Зубков төртінші рет топ жарды. 
    Жетпіс алтыдағы Еуропа чемпионаты Ленинградта өтті. Жақсылық тағы да құрамадан тыс қалды. Бұл жо­лы Са­пуновтың шәкірті Алексей Шумаковтың жолы болды.
    АҚШ-тағы Әлем кубогынан тағы сырт қалды. Көкейде күмән бой көтерген. Бірінші нөмірлі балуанның үш бірдей ресми бәсекеге ілікпеуі жақсылықтың нышаны емес. Яғни, одақ құрамасының бапкерлері Монреальға бұны апармайды. Сапуновтың сөзі жай алдаусырату ғана. 
      Дәл осы тұста Украина жаттықты­ру­шылары қолқа салды. «Бізге ауыссаң, Мон­реальға барасың. Үй, көлік, бәрі шешіледі. Қазіргі стипендияңнан екі есе ар­тық жалақы аласың». Жақаң кәдім­гі­дей толқыды. Үй мен көлік өзінде де бар. Керегі – Олимпиада жолдамасы.
      Украиндардың «сәлемін» көп жыл «Қайрат» қоғамын басқарған Қабыш Омаров ағасы естіп қойыпты. Бір кү­ні ойда-жоқта салып-ұрып жетті. Кел­ген бойда залда тер үгіп жүрген іні­сін айнаның алдына алып барды да: «Қа­ра­шы, сен кімге ұқсайсың?» деді. «Мен әжемнің баласымын. Әжеме ұқ­сай­мын». «Сен дұрыстап қара, қай ұлт­қа ұқсайсың?» «Қазақпын, аға! Оны неге сұрадыңыз?» «Қазақ болсаң, Ук­раинада атаңның басы бар ма?!.» Жақ­сылық қысылғанынан жерге кіріп кете жаздады... «Ал, бара ғой Киевке. Бар! Сен оларға уақытша ғана керексің. Сіңбейсің оларға, сіңірмейді. Ер­тең спортты доғарған соң ешкімге ке­рексіз боп, далада қаласың. Сонда өзің­ді ал­ақанына салып, әлпештеп отыр­ған ту­ған жұртыңның бетіне қалай қарай­сың?!..» 
      Украина мәселесі осымен тәмам болды.

      Бірінші хатшының қабылдауы
     Уақыт желдей еседі. Олимпиада жолдамасы көзден бұл-бұл ұшқан. Жақсылық қатты торықты. КСРО құрамасындағы үзеңгілестері «терпеливый Жак» атаған қазақтың төзімі әбден шегіне жеткен. Содан талайлардың қолы жетпей жүрген КСРО құрамасына үш ай ат ізін салмай, Алматыда жатып алды. 
     Бұрынғыдай ақ тер, көк тер жанығу жоқ. Бірте-бірте арқаны кеңге сала бас­таған. Ойда-жоқта республикалық спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақбаев шақыртты. Барды. 
     – Жақсылық, сен неге жаттығуға бармай жүрсің? А-а... Ертең дұрыстап киініп, маған кел, атаға барамыз, – деді Ақбаев қысқа қайырып. Жақсылық төраға сөзінің байыбына бара қойған жоқ. «Атасы несі», деді де қойды.
      Ертеңіне межелі уақытта Аманша Сейсенұлы мұны машинасына отырғызып алып, Қазақстан Компартиясының орта­лық комитеті орналасқан зәулім боз үйге бір-ақ тартты. Қазіргі Төлеби мен Абылайхан көшелерінің тоғысындағы сұсты да еңселі ғимаратта бұларды Дін­мұ­­хам­мед Қонаевтың көмекшісі Дүй­се­тай Бе­кежанов күтіп алды. Мұндай­ды күт­пеген Жақсылық кәдімгідей қо­бал­жи­ын деді.
     Әлден уақытта Қонаевтан «кірсін» деген пәрмен жетті. Ақбаев бастап екеуі атшаптырым кабинетке қадам басқан. Төрағаның соңынан ілескен балуанның тізесі дірілдеп қоя берді. Сан майданда сыр бермеген жүрегі кеудесін жарып шығардай, бұлқына соғады.   
     Қазақстан Компартиясының бірін­ші хат­шысы Дінмұхаммед Қонаев еңгез­ер­дей боп қызмет столының қасында тұр екен. Әлденеге алаңдаулы тәрізді. Ауыр ой құр­сауында екенін тұнжыраған қа­ба­ғы айтып тұр. 
      Екеуінің сәлемін қабыл алған Қонаев жұдырықтай Жақсылыққа төбесінен төне қарап: 
    Әй, Аманша,чемпионың осы ма? Өзі бір жапырақ қой, мына денесімен қалай күреседі? – деді Ақбаевқа қарата.
     – Дінмұхаммед Ахметұлы, өзі кіш­кентай болғанымен, күшті балуанымыз осы! Осы жігіттен бірдеңе шығады. Ба­таңызды беріңіз! 
      – Ә-ә, жарайды, отырыңдар, – деді Қонаев орындығына жайғасып жатып.– Ал, Жақсылық, мен күніне төрт сағат ұйықтаймын. Елімді көркейтіп, өркендету үшін жанымды салып еңбек етіп жүрмін. Осының бәрі маған оңай дейсің бе? Ал, сен неге жаттығуға бармай жүрсің. Қазаққа Олимпиада чемпионы керек! Сені болады деп жатыр ғой. Қазір кезек тимесе, енді төрт жылдан кейін тиеді. Дұрыстап дайындал! Мен сені қадағалап отырамын. Тек әділдік болсын! Таза болсаң, барасың.
     – Жарайды, түсіндім, ата, – деді Жақсылық қапелімде аузына басқа сөз түспей. 
       – Өзіңе не керек, пәтерің бар ма?
        – Бар.
        – Мәшинең бар ма?
      – Бар. Бірақ тозып қалып еді...
       – Әй, Аманша, Жақсылыққа машина бер! – деді Димекең Ақбаевқа қарап. – Ал, енді сен дайындал. Екеуміздің сөзіміз бар еді...
     – Жақсы, ата, – деп Жақсылық лып етіп орнынан тұрды.
    Қонаевтың кабинетінен қанат біт­кендей арқаланып, бөлек бір сезіммен шық­ты. Тұла бойы ду-ду етіп, мыңға жал­ғыз шабардай шабынып тұр. Иә, дәл сол мезет Жақсылық тау қопаруға дайын еді... 

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы
   Кеңес Одағының ұлттық құрама­сындағы атан түйенің белін қайыстырар жаттығуларға қайта жегілген. Құра­ма­дағы жалғыз қазақ балуаны – осы Жақ­сы­лық. Өткен жолына, бағын­дыр­ған бе­ле­сі­не бағамдап қараса, классикалық күрес май­данында КСРО халықтары спарта­ки­а­дасы мен чемпионатын қатар ұтқан тұң­ғыш қазақ баласы өзі екен! Жүздеген, тіпті мыңдаған бауырлары атой салған асу емес пе. Сол жігіттердің ішінен жер жү­зіндегі ең алып империяның алғашқы қа­зақ чемпионы атану мұның маңдайына жа­зылыпты. Білген адамға осының өзі зор мәртебе.   
    Ендігі қарымы бұдан да серпінді болуға тиіс. Себебі, ел тізгінін ұстаған Дінмұхаммед Қонаевтан бастап бүкіл алаш баласы өзінің жанкүйері! Енді қарыс сүйем шегінуге болмайды. Қандай сынаққа да қасқиып қарсы тұрады!
     Жетпіс жетідегі КСРО чемпионатында кілемге жоламаған үш айдың кемдігі қатты білінген. Үшкемпіров үшінші орынға табан тіреді.
    Жетпіс сегіздегі біріншілікке аш бура­дай буырқанып кірісті. Финалға еркін жеткен. Бірақ ташкенттік Василий Аникиннің бір иығы озық шықты. Одақтың күміс жүлдегері кем дегенде Еуропа чемпионатына баруы керек еді. Құрама жаттықтырушылары Жақ­сылықтың орнына Еуропаға ресейлік Анатолий Бозинді апарған. Бозинге бұйырғаны – күміс медаль. Мұндайға еті өліп кеткен Үшкемпіров босқа жүйке тоздырған жоқ. 
     Жетпіс тоғыздағы КСРО халық­та­ры­­ның спартакиадасында қарсы кел­генді қоғадай жапыра отырып, финалда Шумаковпен ұстасты. Бұл жолы Алек­сей­ді жығатынына бек сенімді-тін. Бірақ төре­шілер екеуінің мойнына үш-үштен ес­керту іліп, айып ұпайдың аздығы есе­бінен Шумаковты алтын тұғырға алып шықты. Үшкемпіров – күміс жүлдегер!
      Пендешілік дегенді қойсаңызшы, КСРО құрамасының бапкерлері кезекті Еуропа чемпионатына тағы да Анатолий Бозинді алып барды. Үшкемпіровтен ұтылып жүрген жігіт қола медальді қана­ғат тұтты. Жақсылық сабыр сақтады. Еш­кім­ге ренішін білдірген жоқ. Әліптің артын баққан.
     «Олимпиада жылы» деген айшығымен сексенінші жыл келді. Жиырма тоғызға иек артқан Жақсылық тас-түйін! Одақ чемпионатына не бел, не белбеу кетеді, деп атойлай кірген. Ақпанның аязды күн­дерінде дәл Мәскеудің төріне жайылған боз кілемде Үшкемпіров нағыз күрестің қандай болатынын қолмен қойғандай дәлелдеп берді. 
      Шүу дегеннен үш бірдей қарсыласын бет қаратпай жыққан Жақсылық кезек­ті сында ресейлік Вылежанинді 22:0 есебі­мен ойсырата жеңді. Одан кейін Еуропа чемпионатының екі мәрте күміс жүл­дегері, 26 жастағы қазандық Анатолий Бозинді 11:1 есебімен тас-талқан қылды. 
     Финалдағы қарсылас – Одақ чем­пионатының қола жүлдегері Виктор Савчук. Нағыз оттай жанып тұрған шағы, жасы – 25-те. Өзі мәскеулік спортшы. Яғни, екеуі тең тартысқан жағ­дай­да төре­шілердің бүйрегі Савчукқа бұ­ра­ты­ны дау­сыз. Жақсылық жанын салып ай­қас­ты. Савчукқа соқыр ұпай ұстатпай, 12:0 есебімен күмәнсіз ұтып шықты!
     Сөйтіп, Жақсылық батыр екінші мәрте КСРО чемпионы атанды. Қазір ғой, Аллаға шүкір, қазақтан ай сайын Азия чемпиондары ту көтеріп жатқаны. Ол кезде алаш баласының Кеңес Одағының чемпионы болуы тым сирек кездесетін жағдай еді. Нақты дерекке жүгінсек, сексен бірінші жылға дейін қазақ балуандарынан Жақсылық Үшкемпіров (2 рет) пен Шәміл Серіков қана классикалық күрес­тен Одақ чемпионы атағына қол жеткізді.
     Олимпиада дуына жарты жылдай уақыт қалған. Бірақ осы жарты жыл Жақсылықтың жүйкесін қалай жонғанын білсеңіз ғой. 

   Жүйке жонған жарты жыл
     Қыр астында Мәскеу олимпиадасы қылаңытады. Классикалық күрестен КСРО құрамасындағы он салмақтың екеуін қазақ жігіттері жамбасқа басып алған. Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков! Шәміл 1978-1979 жылдары қатарынан екі рет әлем чемпионы атанған жампоз. 57 келідегі кілең мықтының сағын сындырған Шәміл Олимпиадаға алаңсыз әзірлікке кіріс­кен. Ал, 48 келідегі Жақсылықтың көңі­лі алаң. Себебі, аға жаттықтырушы Геннадий Сапуновтың қабағы қырыстау. Сапуновқа салса, Олимпиада кілеміне оның шәкірті Алексей Шумаковтың шыққаны жақсы.
     Жаттығу жиынында Жақсылық бас­ты қарсыластарын тегіс жеңіп шықты. Шумаков, Бозин, Савчук, Аникин, Казарашвили. Кілең сен тұр, мен атайын­ сайыпқырандар. Бірақ ешқайсысы Үшкемпіровтен аса алған жоқ.
     Сексенінші жылдың сәуірінде Жақ­сылық Чехословакияға – Еуропа чемпионатына аттанды. Қаншама жыл жалынан сипатпаған құрылық біріншілігін қарқынды бастаған. Финалға дейін еш­кім­ді дәргейіне келтірген жоқ. Ал, бас жүлде үшін таласта әлем чемпионатының қола жүлдегері, поляк Роман Керпачпен бетпе-бет қалды.
     Белдесу бітуге он секундтай қалғанда Романнан бір ұпай озып тұрған. Тізгінді тежеп, ескерту алғанның өзінде чемпион! Бірақ талассыз ұтсам деген ни­ет­­пен Керпачқа оқша атылды. Қас-қағымда полякты иықтан асыра диірмен әдісіне ыңғайлай бергенде, бас бармағы қарсыласының трикосына ілініп қалып, түбінен морт сынды. Біздің балуан қолын ауырсына еңкейе бергенде, Керпач ту сыр­тына шығып үлгерді. Сөйтіп, ала­қан­да тұрған алтын медаль сусып кетті. Іші қан жылады.
      Елге оралған соң Үшкемпіров төңі­регіндегі әңгіме қайта гуледі. «Еуропада күміс алған адам Олимпиаданы қалай ұтады?» Осы желеумен бас жаттық­тырушы 48 келідегі балуандарды тағы өзара сынап көруге бел буған. Жақсылық тағы да сыпыра жеңді. Дәл осы жерде Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Шумаков мәрттік танытты. «Бұл жолы Жақсылық бәрімізден күшті, бағын байламайық», деп ер жігітке тән мінезбен әділін айтқан.
     Шумаковтың мәрттігі Жақсылықтың жолын ашқандай еді. Бірақ бапкерлер алқа­сы кесімді сөзді айтуға асығар емес. Бір күні ойда-жоқта он сегіз жастағы грузин балуаны Темо Казарашвили шықты жұлқынып. Мұндайда грузиндер керемет ұйымшыл ғой. Темоның ұстазы, бір кездегі әлем чемпионы Ро­ман Руруа бас жаттықтырушы Ген­­на­дий Сапуновтың жақын досы. Сапу­нов Руруаның сөзін жерге тастай алмай, Жақсылық пен Темо­ны жаттықтырушылар алқасының дауысына салды. Міне, қызық, 6:2 есебімен Казарашвили ұтып кетті. Қазақстанның КСРО құрамасындағы жаттықтырушысы, әлемге әйгілі маман Вадим Псарев дауыс беру нәтижесін ес­ті­генде, есінен танып қала жаздады. Ал Үшкемпіровтің жағдайын сұрамай-ақ қойыңыз.
      Мына жағдай жанын жегідей жеп бара жатса да, Жақсылық ешкімге сыр берген жоқ. Қарсыластарына салқын қабақ танытпай, үн-түнсіз жүре берді.
      Олимпиада басталуға жарты айдай уақыт қалғанда күресетін балуандар жария болды. Тоғыз салмақтағы мық­тылар­дың аты аталып, ең жеңіл салмақ қана белгісіз жағдайда қалған. Жақсы­лықта маза жоқ. Сең соққандай күйге түскен. 
    Құрама жария болған соң араға екі күн салып, базаға КСРО спорт комитеті төрағасының орынбасары Анатолий Колесов келді. Күрес жолын Қазақ елін­де, әйгілі бапкер Петр Мату­щак­тың қол астында бастаған Колесов әлем­нің үш мәрте чемпионы. Бүгінде одақ мой­ындаған дәу бастық. Бұл ке­лі­сі те­гін емес, жаттықтырушылар ал­қа­­сы­ның алдында Жақсылықтың жағ­дай­ын талқыға салуға әдейі келген екен. Істің анық-қанығына жеткен Колесов қаншама уақыт жүйкені жүндей түткен мәселеге нүкте қойып кетті. Үшкемпіров Олимпиада кілеміне шығатын болды! 
     Міне, адамға ақыл айтудан, жұртты адалдыққа үндеуден алдына жан сал­ма­ған кеңестік идеологияның КСРО күрес құрамасындағы сипаты осындай еді.

Қалауым – бір кесе қымыз!
      Адам табиғаты қызық қой. Олимпиада жолдамасы қолға тигенше қызыл түлкідей көз арбаса, енді мың батпан сал­мағымен белін қайыстырып барады. Ал, жолдама қолда! Енді сол жолдамаға лайық күресу керек. Бұл айтуға ғана оңай. Кейбір жігіттер тәрізді екі-үш ай алаңсыз дайындалсаң, бір сәрі. Кейінгі жарты жылда көкпарға түскен серкедей болған жоқ па. Жүйкесі түте-түте болған Жақсылық іштей күйіп-жанғанымен сырт көзге сабырлы еді.
     Олимпиада жеребесін суырған сәті әлі есінде. Он үшінші нөмір қолына тиген. Әлемнің екі дүркін чемпионы Константин Александру он бірді алды. «Жолым неге сонша ауыр?!» Шүу дегенде Олимпиададағы ең күшті қарсылас тап болып отыр. Александру 78-79-дағы екі әлем чемпионатының финалында Алексей Шумаковты сан соқтырды емес пе! Бес рет Еуропа чемпионатында жеке-дара шыққан жампоз. Константиннен қорыққан жоқ, қауіптенгені рас.
      Автобуста екі дүркін Олимпиада же­ңімпазы Валерий Резанцев жолыға кетті. «О-о, Жәке, құттықтаймын! Жере­бең сәтімен түсті!» Жақсылық түк түсін­­бей, дәу балуанға үнсіз қараған. «Жә­ке, көтер басыңды, Константин саған қара­ғанда салмақты көп қуады. Сондық­тан, екі сағатта күші қалпына келуі қиын. Бірінші белдесуде оның тынысы ашыл­­май­ды. Көресің, сен ұтып аласың. Құт­тық­­таймын!» Валера аңқылдаған қалпы жұ­­дырықтай Жақсылықты бауырына қысты. 
      Ойлап қараса, Резанцевтің сөзінің жаны бар. Күрес басталуға екі сағаттан аз қалды. Бұл 5-6 келіден арылса, румын 7-8 келі «қуды». Ол күш-қуатын бойына жинап үлгермейді. Ендеше, қат­ты күйінетін ештеңе жоқ. Толқымай, босаң­сы­май, жинақы күресу керек. Ең бастысы, тайсақтамау қажет.
      Зәулім спорт сарайының төріне қадам басқан сәтте тұла бойы алабөтен ду ете қалды. Он бес мың жанкүйердің он мыңы қазақ боп көрінді көзіне. «Жеңемін! – деді Жақсылық тістеніп. – Не, осы кілемде өлемін!»
      Жақсылық Константинге қарсы жолбарыстай шабынып шықты. Қарсы алдымда әлем чемпионы тұр деп, әлсіздік танытқан жоқ. Құдды, жүз мәрте жұл­қысқан сыралғы қарсыласымен ұстас­қандай, еркін сілтеді. Кейінгі екі жылда жер жүзінде жан баласын шыдат­паған ру­мын балуаны маңдайы тасқа тиіп, біл­генінен жаңыла берді. Иә, ол жа­ңы­лайын деген жоқ, оны жолдан тай­дыр­ған біздің жанкешті, қайсар бауырымыз болатын.
      Үшкемпіров Александрудан 6:2 есебі­мен басым түсті. Сондағы қуанғаны әлі есі­нен кетпейді. Дәл солай өмірінде шаттанып көрмепті. Дәл сол кездегідей бар қуатын сарқып тастап, шатқаяқтағаны есін­де жоқ. Белдесу біткен бойда жаңа туған құлындай буын-буыны діріл қағып, аяғында тұра алсайшы. Тобығы тайып­ кетіпті. Кемерінен аса шалқыған қуаныштан оны да елең қылған жоқ. Жар­ты сағат есін жия алмай жатты. 
      Бір кезде Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов жетті бал-бұл жайнап. Жақсылықты құшағына қысып, ризалығын білдірген. Сосын селт еткізер жаңалығын жеткізді. Осылай қарай Қазақ КССР Министрлер ке­ңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов (қа­зір­гі ұғыммен – Қазақстанның пре­мь­ер-министрі) келе жатыр екен. Жақ­сы­лық пен қасында шыр-пыр боп жүрген жа­нашыр ағасы Қабден Байдосов аң-таң. 
      Көп ұзамай қалың нөкерімен Бәйкен Әшімов кіріп келді.
     – Мені Дінмұхаммед Қонаев жіберді, – деді Бәйкен Әшімов амандық сұрас­қан­нан кейін. – Ол кісі сені өзі қадағалап отыр. Қалай, Жақсылық, жеңеміз бе?
     – Жеңеміз, аға! – Жақсылықтың жанары жарқ ете қалды. – Чемпион болады деген жігітті жықтым. Сенесіз бе, Алек­сан­дру­ды ұтқаныма әлі сенбей отырмын. Жа­сым жиырма тоғызда. Енді шегінер жайым жоқ. Көңілдеріңізге шексіз ризамын! 
     – Жарайсың, бауырым! Дінмұхаммед Ахметұлы саған және Серік Қонақбаевқа зор үміт артып отыр.
     – Үміттеріңізді ақтаймын, аға! Бүкіл ел боп қолдап жатырсыздар. Сол елдің ті­ле­гі ғой, ең қиын асудан астым. Бә­рі­ңізге мың да бір рахмет! Елді сағын­дым, аға! Ауылды аңсап отырмын. Жаны қалмай қолдап жатқан халыққа рахмет! Бәріне сәлем айтыңыздар. Алла қолдаса, енді жығылмаймын. Не жеңемін, не осы жерде өлемін, аға! Үлкен кісіге дәл осылай деп сәлем айтыңыз.
     – Сабыр, сабыр ет, батыр!
     – Еуропада есем кеткен Керпачты да жы­ғамын. Сол жолы өз қателігімнен сү­рін­дім. Енді олай болмайды.
    – Рахмет, Жақсылық! Қандай тілегің бар, саған не берейік, не сұрайсың, айналайын?!
     – Бір тілегім бар, айтсам, орындайсыз ба?
     Мұндайды күтпесе керек, Әшімовке еріп келген жігіттер бұған үдірейісе жалт қарасты. Бәйкен Әшімов жымиған қалпы Жақсылыққа сұраулы жүзбен қараған. Сәл үнсіз қалған жайдары жігіт алдындағы асқар таудай ағасына еркелей үн қатты:
     – Аға, дәл осы жерде бір кесе қымыз болса ғой, шіркін!
     Бәйкен ағасы бір рахаттанып күлді дейс­ің! Жігіттердің де езуіне күлкі үйі­ріл­­ген.
      Бүтін бір ұлттың ақжарма көңілі мен таңғы шықтай мөп-мөлдір сезімін жеткізген ағалардан кейін Жақсылықтың жан-дүниесі алапат күй кешкен. Тұтас бір халықтың қуаты бойына дарығандай, әй бір, буырқанды дейсің. Көңілде титтей де күмән жоқ. Ғайыптан әлдебір күш қолтығынан демеп тұрғандай.
     Сол екпінмен Олимпиада кілеміне үш мәрте қадам басты. Үшеуінде де қар­сыластарын сең соққандай сансыратқан. Әлем чемпионатының жүлдегері, Еуропа чемпионы Роман Керпачты, әлем чемпионатында олжа салған, Еуропаның атақты көкжалдары венгр Ференц Шереш пен болгар Павел Христовты Жақсылық күмәнсіз ұтып алды.
     Сөйтіп, қолтоқпақтай ғана жігіт барша қазақ жұртын шат-шадыман қуа­ныш­қа бөлеп, ұлтының спорт тарихы­ның тө­рінен бір-ақ шықты. Финалда төреші ыс­қы­рық шалысымен талай жылғы бей­неттің өтеуіндей боп екі көзінен ыстық жас парлады. Буын-буынынан әл кетіп, боз кілемнен тұра алмай қалған Жақсылықты бір кездегі айтулы балуан Қабден Байдосов ағасы алақанына салып, аялай көтеріп әкеткен. Сол сәтте аумағы атшаптырым сарайға жиналған мың сан қазақтан бастап алыстағы алаш жұртының жанарына моншақ-моншақ жас тұнып еді-ау. Сол сәттен бастап Жақсылық туған халқының алақанына қонды. Аллаға шүкір, сол абыройына қылаудай дақ түсірмей әлі еркелеп келеді.
     Ал ширек ғасыр бұрын азаттығын алған алаш жұрты Жақсылықтан кейін күрестен бір Олимпиада чемпионы қашан шығады, деп сарғая тосып әлі жүр...
     Қыдырбек Рысбек
     https://egemen.kz/article/baluan-biigi

толығырақ

ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫСЫ –  ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТҰЛЫ

         Алаш қайраткерлерінің басым көпшілігі, олардың арасында, әрине, ақын-жазушылар да бар, өткен ғасырдың басындағы аласапыран жылдарда қолына қаламмен бірге қару да ұстауға мәжбүр болды. Өкінішке орай, олардың қай-қайсысы да сталиндік «қызыл террордың» дауылынан аман қала алмады. Мойнына қан жүктемеген, жан баласына жәбір көрсетпеген бір жан болса, ол Жүсіпбек еді. Тұңғыш кәсіби жазушының шығармашылық ғұмыры жиырма жылға да жетпеді: жазықсыздан жазықсыз саяси репрессияның алғашқы толқынына ілініп, құрбан болды. Бір түйір қорғасын классик жазушының шыбын жанын ғана қиған жоқ, халқына қалқан болар ондаған роман, хикаят, пьесаларды құндағында тұншықтырды. Толағай таланттың тауы құлап, дариясы сап тиылды… 

     АЙМАУЫТҰЛЫ Жүсіпбек (1889, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы Қызылтау атырабы – 1931) – классик жазушы, драматург, аудармашы, зерттеуші, публицист.
      15 жасында Павлодар қаласына қашып барып, бала оқытып қаражат табады, өзі де орыс-қазақ екі класты мек­тебін бітіреді. 1914-18 жылдары Семей оқытушылар ­семинариясын тәмамдайды. Осы ­Семейде Мұхтар Әуезовпен бірге 1918-19 жылдары «Абай» журналын шығарды, «Екеу» деген бүркеншік атпен мақалалар жазды.
    1919-22 жылдары Семей губерниялық оқу бөлімінің бастығы, Халық ағарту комиссариатында алқа мүшесі. Осы жылдары «Қазақ тілі» газетіне редактор болды. 1922-24 жылдары Қарқаралыда мұғалім, 1924-26 жылдары Тәшкенде шығып тұрған «Ақ жол» газетінде әдеби қызметкер. 1926-29 жылдары Шымкент педагогикалық техникумында директор.
    Қазақстанды толқын-толқын болып шарпыған саяси қуғын-сүргін мыңғырған малдан тігерге тұяқ қалдыр­маған «кәмпеске» науқаны мен соның қанды жалғасы – қырдағы көтерілістер тұсында басталған болатын. Осылайша ашыққандарға көмек ретінде елден жиналған малдың дауымен 1929 жылы жазушы ұсталып, түрмеге жабылды. Араға жылдар салып атылды (Алаш.Алашорда.Энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009, 19-20-бб.).
      «Қартқожа» мен «Ақбілек» сынды романдарды дүниеге әкелген ұлы дарын бір сөзінде: «Екі сөздің басын шатып, дәмі жоқ жаза бергенмен жақсы жазушы болмайды. Жазушылықтың өз алдына шарты бар, соған сәйкес келсе ғана жазушы деуге болады» деп толғанған болатын. Оның таланты мен талабы тек сұлу да сиқырлы көркемсөзінде ғана емес, айдынды да айбарлы көсемсөзінде де күйлі саздай есіліп тұрар-ды. Енді соларға бір үңілелік.
*Өзіңе тілегенді біреуге де тіле, адам баласын бауыр тұт.
*Адам сүю, күю, азап шегу үшін жаралады екен.
*Тіршілікте адам баласы нелер күйге түспек: бейнет шекпек, рахат таппақ, өкінбек, үміт етпек, адаспақ, түзелмек, талай ажалға басын байламақ, талай соққы да жемек…
*Адамда аз да болса бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса тіршілік етіп не керек.
*Адамның қандай мінезді болуы өз еркінде емес. Алайда ол өзінің күллі нәпсісіне ықпал ете алады.
*Адамның өмірдегі ісі – алған тәжірибесінің жемісі. Жанның тәрбиеленетін үш сипаты бар: ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылысынан ақылды болып, үш сипаты бірдей тәрбиеленген болса, ол кісі данышпан болады.
*Бір адамның бақыты – бір ұлтты бақытты қылуға жетпейді. Ұлтын, ­Отанын көркейту, қандас, діндес, тіл­дес бауырларының қамын жеу – бұл жақсы жұмыс. Адамның өз басының көркеюімен ұлт көркеймейді, ұлты көркейсе өзі көр­кейеді. Бір ұлт бақытты болса, ол бақыт сол ұлттың ішіндегі адамдарға да ортақ.
*Ұлты үшін құрбан болуға шыдаған­дық – ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі.
*Ұлтшыл болу – адамшылық ісі емес, заманның ісі. Адам туа сала ұлтшыл, туа адамшыл бола бермейді. Ұлтшылдық сезім де сол сықылды: әуелі үй ішінен, одан қала берсе туған ауыл, туған жерден бастап жоғары өрлейді. Туған ауылын, жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола алмайды.
*Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғам, оны үзе алмаймын, үзу қолымнан да келмейді.
*Халыққа қиянат жасаған үкіметтен, биліктен кешірім сұрамаймын…
*Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныш­тығын іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз; олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр.
*Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті – оқығандарынан күтеді.
*Жалпы жұрт ел болайық деген нанымды көңіліне тоқыса – ел болады. Басшының соңына ерсе, айтқанын қылса, азаматын, ат-тонын аямаса – ел болады. Артынан елі ермеген басшы – басшы бола алмайды. Басшысының артынан ермеген ел – ел бола алмайды.
*Ендігі тілеу, елімізге тілеу – елімізге ес кіріп, ер етегін түйіп, жер-су, үрім-бұтақтың қамын ойлатар күн болсын! Сонда Алаш туы желкілдеп түрленерсің, сонда Алаш баласы іргелі ел боларсың!
*Қазақта қашаннан білгіштің соңынан ергіштік береке бар.
*Ұлты үшін қызмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар; олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін өз жұртының күшеюіне жұмсайды.
*Тыныш отырып, бәрін біліп, іске орайсыз болған адам – кемел адам емес. Қайта бір нәрсеге құлшынған, құмартқан адам, іс жүзінде тапқыш зерек адам – адамшылықтың көгіне өрлеген адам болып табылады.
*Қазақы тәрбие алмаған, қазақша сөйлеп, қазақша ойлай алмайтын қазақтардың өзін жоғары билікке жақындатуға болмайды.
*Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын; [әркім] баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек… Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды.
*Орыстың білімін алуға, өнерін білуге, жақсы жағын жаттауға еліктеу – дұрыс та; кәпірлігін, мақтаншақтығын, рақымсыз, қызықшыл, қалташыл, антшыл «суық» шенеуніктігіне еліктеу, ақсүйек болуға, салтанат түзеуге, тұрмысын, жүрісін, үй ішін жат түрге салып, қазақтан қашыртуға еліктеу – үлкен мін, кемшілік.
*Ерлік, қайрат үнемі ірі жұмыста көріне бермей, күндегі уақ-түйек жұмыста да көріну керек.
*Өнер, ғылым – қаражатпен табылады, өнер, ғылым – қаражат табады; қаражат жан асырайды. Халықтың бай өнерлі болып жетілуіне де байлық керек. Жалаңаш кедейге өнер үйрен деу – өгізбен жарысып бәйге ал деген сияқты.
*Ғылым – білімге қонады…; білімді орнына жұмсау керек, жамандыққа салынған білімдіден – білімсіз артық.
*Өмірге, тіршілікке пайдасыз білімнің – білім сәні жоқ. Қандай білім болса да күндегі тіршіліктің азды-көпті түзелуіне қолқабыс ету керек.
*Мектеп деген – ең үлгілі орынның бірі, сондықтан мектептің барлық ісі тәртіпті жолмен ешбір мүлтіксіз жүріп отыруы керек.
*Тіл мәдениетінің өсуін қолымызға алып, күнде көріп отырмасақ болмайды, өйткені тіл мәселесі өте қиын, бірақ барынша керекті мәселе.
*Тілді түзеудің бірінші шарты – тіл, термин мәселесін біз, үкімет өз қолымызға алуымыз керек. Тілдің билігі өкіметтің өзінде болсын.
*Балаға бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек.
*Ана тілін жақсылап меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес.

        Ғарифолла ӘНЕС

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=43076

толығырақ

ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ ҚАЗАҚ АҚЫНЫ – МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ

             1923 жылы Түркістан Республикасының Мемлекеттік Ғылыми кеңесі Мағжанның қолына жолдама-хат беріп, Мәскеуге – Әдебиет-көркемөнер институтына білімін жетілдіруге жібереді. Институт директоры Д.Я.Брюсовке арнайы қайырылып, өтініш білдірген Алаштың рухани дәрігері Халел Досмұхамедұлы оның талантын бір-ақ ауыз сөзбен бекемдейді: «Будущий наш Пушкин». Ал ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов заманында: «Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қарақордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениетпен сұлулық сарайына оратылып барып жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, сезгендей боламын. Мағжан – культурасы зор ақын. …Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп ашыла ақтарылған болатын.

    ЖҰМАБАЕВ Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы (25.6.1893, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Сасықкөл жағасы – 19.3.1938, Алматы) – классик ақын, Алаш қозғалысының қайраткері.
    1910-13 жылдары Өфе (Уфа) қаласындағы «Ғалия» медресесінде, 1913-16 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқиды. Аумалы-төкпелі 1917 жылы Ақмола облыстық Қазақ комитеті құрамына сайланды; Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман сиезіне қатысты; «Алаш» партиясының Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болды. Жалпықазақ сиездерінің екеуіне де қатысып, желтоқсандағы шешуші сиезде оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төраға болды. 1918-19 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті.
      Лауазымды қызметтермен қоштасқан осы кезеңдерден бастап Мағжан ақын бар өмірін қазақ баспасөзіне, өлең-жырға ғана арнады: «Бостандық туы», «Шолпан», «Сана», «Ақ жол» газет-журналдарына атсалысты, 1923-27 жылдары Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқыды.
     1924 жылдың соңынан бастап Мағжанды орынсыз сынау, қаралау, қудалау науқаны ­басталды. 1929 жылы Мәскеудегі атышулы Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл жер аударылу жазасына кесілді. 1936 жылы қазақ оқығандарының талайына пайдасы тиген М.Горький мен Е.Пешкованың арқасында түрмеден босанып, елге келгенімен қудалау қуғынынан құтыла алмады: үйсіз-күйсіз, жұмыс-іссіз, санда бар, санатта жоқ тірлік кешті. 1938 жылы екінші мәрте түрмеге тоғытылып, ату жазасына кесілді (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009, 176-180-бб.).
     Батыс Еуропа мен орыс әдебиетін жетік меңгерген, Шығыстың рухани қазынасын туабітті бойына дарытқан жаңашыл ақын түрікшілдікті ту қылып көтерді, Алаш атын асқақтатты. Өкінішке орай, ғасырларда біртуар дара дарын, ұлттың ұлы ақыны заманында бауырын жаза алмай, берер жемісін бере алмай, арманда кетті. Артында хатқа түскен отты жырлары қалды.
     *Елге еңбегін сіңірген ер қымбат. Ердің елге бағасы – қаны бір болуда емес, жаны бір болуда, қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында, тілегінің елмен ортақ болуында, ер өмірінің өрі мен көрі – ел өмірінің өр-көрімен бір болуында.
     *Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізде құра алмасақ – келешегіміз күңгірт.
       *Әрбір ел келешегіне негізді балаларын тәрбиелейтін, даярлайтын мектебінде қаламақ. Бір елдің тағдыры – мектебінің құрылысына байланысқан нәрсе. Бұл – ескірмейтін игі сөз, өзгермейтін бір шындық.
     *Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші.
     *Тегінде, әдебиет – көктен түсетін пайғамбарлық емес. Әдебиет – елдің жанында жүре бастаған толқындардың жарыққа шыққан жаңғырығы.
*Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын,
Күнге ғана бағынам.
Өзім – күнмін, өзім – от,
Сөзім, қысық көзім де – от,
Өзіме өзім табынам.
Жерде жалғыз Тәңірі – от,
Оттан басқа Тәңірі жоқ.
…Қараңғылық бұққанда,
Қызарып күн шыққанда,
Күн отынан туғанмын.
Жүрегімді, жанымды,
Иманымды, арымды
Жалынменен жуғанмын.
Жүрегім де, жаным да – от,
Иманым да, арым да – от. («От» өлеңінен)
*Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған,
Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам.
Жүзімді де, қысық қара көзімді
Туа сала жалынменен мен жуғам.

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем –
Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбар.(«Пайғамбар» өлеңінен)
*Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың –
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың! («Қазақ тілі» өлеңінен)
*Қалың елім, қалың қара ағашым,
Қайраты мол, айбынды ер Алашым!
…Қазағымды, қалың елді сағындым,
Сарыарқамды – сайран жерді сағындым.
…Абақтыда, айды, күнді жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даланы сағындым.
«Қарашығым! Құлыным!» деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым! («Сағындым» өлеңінен)
*Жалғыз жатып ойланам,
Күңіренемін, толғанам:
Балдан тәтті өмір не?
Қорқынышты өлім не?
Жалынды жүйрік жас жүрек
Неге ақырын сөнеді? –
Бұған жауап кім табар?
…Өмірмен тәтті қоштасып,
Өліммен қол ұстасып,
Үстіме топырақ үюлі,
Суық көрде көмулі,
Қара жерді құшақтап
Жатқанымда мен сорлы,
Мені есіне кім алар?!. («Күзді күні» өлеңінен)
*Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой.

…Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?!
Түрікке адамзатта ел жеткен бе?!
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!

…Тұранда Түрік ойнаған ұсап отқа,
Түріктен басқа от боп жан туып па?!
Көп Түрік енші алысып тарқасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!
*Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір, абақты ғой саналыға…
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.

         Ғарифолла ӘНЕС

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=43185

толығырақ

     Бұл дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпеген?! Солардың ішінде ұлттың намыс қайратына айналған тұлғалар ғана халық жадында қалады. Олардың орны қанша уақыт өтсе де ойсырап тұрады. Мұндай адамдарды отбасы ғана емес, ұлты жоқтайды. Сондай кесек тұлға, ірі тұлға – Мүсілім Базарбаев екендігі даусыз.

         Мүсекең қазақтың атын шығарған ірі мемлекет және қоғам қайраткері. Ол – ең әуелі әдебиетші-ғалым, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының екі дүр­кін директоры, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мәдениет және Сыртқы істер министрі дең­гейіне дейін көтерілген ұлт­жанды азамат, «тар жол тайғақ кешуден» өткен қайраткер.
      ХХ ғасырдың екінші жар­ты­сындағы әдеби-рухани сала­да Мүсілім Базарбаевтың есі­мі ерекше құрметпен аталуы заңды құбылыс. Бірақ солай бола тұрса да, Мүсі­лім Базар­баев адамдардың бойын­дағы қыз­­ғаныш пен көреал­мау­шы­лық сынды қатерлерді бас­тан өткерді. Бірақ сынбады, Тола­ғай­дай өрге шықты, артына өшпес мұра қалдырды.
     «Заманың тым қатыгез еді, сондықтан шығар, сен де қатал принциптің  адамы болдың. Тұғыр-тұрғыңнан тайған жерің жоқ. Пендеге бас имейтін, көл­гір­суді білмейтін ар едің, ер едің. Қара қылды қақ жарған әділ едің... ...Өмірдегі өзіңді емес, өзің­дегі өнерді сүйдің... Хал­қы­ңа, халқыңның ғылы­м­ы­на, әдебиетіне, мәдениетіне қызмет еттің... Халқың сені ұмыта қоймас».
      Бұл сөздерді Мүсілімнің жан досы, академик Зейнолла Қаб­долов жаны жылап соңғы сапарға шығарып салып тұр­ғанда айтып еді.
     Мүсілім Базарбаев ежелден Сыр сүлейлері мектебі қалып­тас­қан, қамысына дейін ән салып, терме айтатын қасиетті Қызылорда өңірінің  Сыр­да­рия мекенінде дүниеге келді. Бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих-филология факультетінің журналистика бөлімін бітірді. Осылай әдебиет деген сиқырлы әлемнің есігін ашты. Ашты да төрінен бір-ақ шықты. Бірақ ол жол білімділік пен білік­ті­лік­тің, парасаттылық пен па­йымдылықтың арқасын­да ғана Мүсілім сынды жас ғалымның бағын ашты. Қос тілде бірдей сөйлеп, бірдей жазатын Мүсілім Базарбаев ең әуелі қазақтың біртуар ұлдары, академиктер Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов және Асқар Қонаевтың көзі­не түсті. Академик Әбдуәли Хайдаров ағамыз Мүсілім  Базар­баевтың 8 қыры туралы тамаша жазған ғой: 1. Тән сұлулығы; 2. Жан сұлу­лы­ғы; 3. Ақыл-параса­­т­ы; 4. Мі­нез байлығы; 5. Ғұ­лама ғалым­ды­ғы; 6. Ұла­ғат­­ты ұс­таз­­дық;  7. Ел басқа­ру қа­­білеті; 8. Мем­лекет қайраткерлігі.
     Құдайым-ау, осыншама қа­сиетті бір адамның бойына бере салған тәңірге рахмет! Ал мұн­дай қадір-қасиет қайдан кел­ді?! Оның түп-тамыры қайда?!
      21 жасында университетті бітіріп, әдебиетті зерттеу ісі­не араласқан кезде бұл бір толқын болып келген жас ғалым­дар шоғыры еді. Мүсілім Базар­баев, Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Тұр­сынбек Кәкішев, Нығмет Ғаб­дуллин, Шерияздан Елеу­кенов, Жұмағали Ысма­ғұлов, Айқын Нұрқатов, Қал­жан Нұрмаханов, Баламер Сахариев, Медеу Сәрсекеев, Әнуар Дербісалин, Мырзабек Дүй­сенов, Сейділдә Ордалиев, Әбділхамит Нарымбетов сынды жас ғалымдар өртеңге шыққан гүлдей жарқ етіп көрінді. Және олар қазақ әдебиеті тарихын­да әрқайсысының бөлек орны бар тұлғаларға айналды. Өмір­ден өткен, бүгінде қасы­­мызда жүрген Серағаң мен Шерияздан аға әдебиет май­данына жарыса келіп, әр­қай­сысы өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды.
     Бұл топ бірін-бірі қайра­ды, бірін-бірі жетілдірді. Жары­са жазу, ұлттық мәселелерді көтеру олардың ортақ мұрат­тары­­­на айналды.
      Мүсілім Базарбаев Мәс­кеу­дегі қоғамдық ғылымдар ака­демиясын бітіріп, 1955 жылы ғылым кандидаты болып орал­ды. Бұл жас ғалымның бағын ашты. 1956-1961 жыл­дары Тіл және әдебиет инс­ти­туты директорының орын­ба­сары, Тіл білімі жеке инс­ти­тут болып шыққаннан кейін 1961-1970 жылдары М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­ти­тутының директоры болып қызмет етті. Бұл жылдар Мүсі­лім Базарбаевтың есімін халық­қа кеңінен танытты. Ол ұлы Абай, ғасыр Гомері Жамбыл, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғысы» келген Сұлтанмах­мұт туралы ойлы мақа­ла­­ларын жариялады. Қан­дай ғылым бол­масын өз зама­ны­ның сөзін сөйлеуге тиіс бол­ды. Сондық­тан да, Мүсі­лім Б­азар­баевтың «Қазақ совет поэ­зиясындағы еңбек тақырыбы» атты кандидат­тық диссертациясы дәуір тала­бына сәйкес жазылды. КПСС Орталық Комитеті жанын­дағы қоғамдық ғылымдар акаде­мия­сы қабырғасында қорғалған дис­сертация болған соң ол бір жағынан кеңестік жүйе­нің идео­логиялық сұра­нысына жауап бе­ру­ге тиіс болатын. Мүсекең Сәкен Сей­фул­лин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсі­­­репов, Асқар Тоқма­ған­бетов, Тайыр Жароков, Қасым Аман­­­жолов, Әбділдә Тәжі­баев, Жұ­­бан Молдағалиев сын­ды алып­­­тардың шығарма­шылығын те­рең зерттеп, образдар жүйесін са­ра­­­лап, олардың көркемдік қуа­ты­­­на теориялық тұрғыда баға берді. 
     Осы кезеңде Мүсілім Базар­баев үдере жазды. Бірінің арты­нан бірі жалғасып «Образ чело­века труда в казахской поэзии» (1961), «Живые тра­ди­ции» (1962), «Әдебиет және дәуір» (1966), «Қаһарлы күн­дер әдебиеті» (1968), «На­цио­­нальные традиции и нова­торство» (1973), «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (1973), «Эстетическое богатс­тво нашей литературы» (1976), «Советтік Шығыс ха­лық­тары әдебиетінің шетел­дік «сарап­шыларына» сын» (1984), «Ерлік пен еңбек дас­таны» (Ә.Нарымбетовпен бірге, 1984). «Көрікті ойдан – көр­кем сөз» (1994), «Казахская поэ­зия: художественные иска­ния (к традициям Абая)» (1995), «Замана тудырған әдебиет» (1997) атты зерттеулер өзінің өзек­­ті­лігін әлі де жойған жоқ. Осын­­шама, қыруар еңбек жаз­ғаны­мен Мүсілім Базар­баев өзі тікелей ғылыми мекемені бас­­қ­арып жүрсе де докторлық дис­­сертациясын 16 жылдан кейін қорғауының сыры неде? Док­торлық диссер­тация­сын да Мүсекең Алма­тыда емес, Мәс­кеуде Шығыс­тану инс­титутын­да «Қазақ поэзиясын­дағы ұлт­тық дәстүр мен жаңа­шыл­дық» деген тақырыпта қорғады. 
       Мүсілім Базарбаев тұсында іргелі зерттеулер галереясы жасалды. Олар «Қазақ совет әдебиеті тарихының очерк­тері» (1950-1960), «Қазақ әде­биеті­нің тарихы» (1960-1970), Мәскеуден шыққан «Очер­ки истории казахской лите­ратуры» (1960) мен «История много­национальной советской лите­ратуры» болатын. Мүсі­лім Базар­баевтың редактор­лығы­мен және алғы сөзі­мен  С.Сей­фул­линнің шығар­ма­лар жина­ғы, М.Әуезовтің 12 томдық шығар­малар жинағы жарық көрді. 
     1962-1966 жылдар аралы­ғында «Ақындар айтысы», «Қыз Жібек» жыры­ның қазақ, орыс тіліндегі  ғылыми басылы­мы,  «Батыр­лар жырының» үш томдық ғылыми басылы­мы,  «Айтыс»  жинағының 1-3 том­­дары, «Көрұғлы»,  «Бір­жан – Сара» айтысы, «Сә­бит Дөнен­таевтың шығар­машылық жолы», «Халық ақыны С.Жанға­былов­тың бір томдық таңдама­лы шығармалары», «Қазақтың 100 шешендік сөзі» тұңғыш рет оқырманға жол тартты. Сонымен бірге, КСРО және Қазақ КСР Орталық ғылыми кітап­ханаларынан, сондай-ақ Москва, Ленинград, Қазан қала­лары мұрағаттарынан қазақ әдебиеті мен тарихына қатыс­ты 95 сирек кітап пен 40-қа жуық түрлі қолжазбалар алын­­ды. Осылайша кейін 100 том­­дық «Ба­балар сөзі» болып шық­­қан үлкен жобаның бастауы жасалды. 
     Әрі Мүсекең 1954 жылдан бас­тап замандас достарымен бір­ге 10-класқа арналған «Қа­зақ совет әдебиеті» оқулы­ғы ав­торл­арының бірі болды. То­лық­­ты­рылып, түзетілген осы оқу­­лық 1989 жылы 11-класқа арна­­лып қайта жазылды да, 1994 жыл­д­ан бері бірнеше рет басылды.
    Академик Серік Қира­баевтың жазуына қарағанда, Мүсекең 300-ден астам мақа­ла мен жиырмадан астам моно­графия жариялапты. 
     Кесек тұлғалы, терең білімді Мүсілім Базарбаев қоғам және мемлекет қайраткері ретінде де өз халқының ұлтжанды азаматы ретінде есте қалды. Ол 1970-1976 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет ми­нистрі болып қызмет ат­қар­­ды, Жоғарғы Кеңестің депу­­таты болды. Осындай сын­дарлы жылдарда қазақ мәде­ниетінің өркендеуіне, осы саланың дамуына ерекше үлес қосты. Үкімет мүшесі ретін­де іргелі мәдениет ошақ­тары­ның бой көтеруіне ық­пал етіп қана қоймай, оны дер кезінде пайдаланып қада­ғалады. Айтуға оңай болғанымен, бүгінгі күнде де ұлттық мақтанышымыз­ға айналып отырған Алматы­дағы Ұлттық кітапхана ғимара­ты, Қазақтың М.Әуезов атын­дағы академиялық драма театры, актерлер үйі, сурет галереясы, театр институтының консер­в­ато­риядан бөлініп жеке отау тігуі қазақтың мәдени руха­ниятындағы құбылыс бол­ды. Осы кезеңде қазақ драма­тур­гиясы ерекше дамыды. Министрлік жанындағы театр бөлімі, репертуарлық колле­гия жұмысы жолға қойылды. Қазақтың белгілі театр сын­шысы Мүсілім Базар­баев тұ­сында, 27 жасында театр бөлі­мін басқарған, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Әшір­бек Сығай естелігінің бір пара­сын жеткізгім келіп тұр.
     1974 жылы суреткер, дәуір қайраткері Оралхан Бөкейдің академиялық драма театрын­да «Құлыным менің» спектак­лі қойылды. Бірақ өндіріске жіберу алдында үлкен талас жүреді. Сол саланың мамандары мұндай шығарманың қоғамға жат екендігі және оның сахналануы жастардың ой еркіндігіне әсер етуі мүмкін деген «сәуегейлік» жасады. Мәселенің ушыққаны сондай, ол Қазақстан Компартиялы Орталық Комитетіне дейін жетеді. Идеология хатшысы алдында пьеса талқыға түседі.
     ...«Сол екіталай күндерде, Мәдениет министрі Мүсілім Базар­баев пен Орталық Пар­тия Комитетінің Мәде­ниет бөлімінің меңгерушісі Михаил Есенәлиев театр ұжымы жағы­на шығып жас творчество ие­лерін қор­ғай, қолпаштай отырып, қаймық­пай, кібіртіктемей өз­дерінің кесек­ті сөздерін тұжы­рымды шешімдерін батыл білдірді. Сол-ақ екен, у-шу сап тыйыл­ды», – деп жазыпты мар­құм Әшір­бек Сығай. Ал Мүсе­кең­­нің қоластында, репер­туар­­­лық коллегияда төрт жыл қызмет істеген, ақын, Қа­зақ­стан Жазушылар ода­ғы­ның төр­ағасы Нұрлан Ораза­лин айтқан мына бір пікір М.Ба­зар­баевтың табиғи тұлға­сын таныта түседі ғой деп ойлаймын.
      «...Репертуарлық колле­гия айтыс-тартыс, дау-дамай, өкпе-реніш Мүсекең­нің сөзімен айтқанда, драма­тургия маңы «драма­лар» жиі болатын жер еді. Пьесалары өтпей жатқан ағайындар Орталық Комитетке, ми­нистр­ге ара-тұра арыз айтып, шағым түсіп жататын... Мүсе­кеңнің пьеса қабылдау ісіне орынсыз араласып, тізе батырған бірде-бір сәтін көр­ген емеспін. ...Қара қыл­ды қақ жарған төрелігін репер­­туар­лық коллегия мен коллегия жанын­дағы репер­туар­лық кеңес құзырына тапсы­рып отыратын. Ақша­лы жердің «айқайын» Мүсе­кең осылай басушы еді».
       1976-1981 жылдары Мүсі­лім Базарбаев Қазақ ССР Сырт­қы істер министрі болып қызмет атқарды. Әрине, тота­литарлық жүйе тұсында Қазақ­стан өз елінің сыртқы сая­сатын жеке дара жүргізе алма­ғанымен шетелде қазақ әде­биеті мен өнерін танытуға біршама талпыныстар жасалды. Мүсілім Базарбаев Шве­ция, ФРГ, Индонезия, Че­хия, Да­ния және Конго сияқ­ты ел­дер­де Кеңестер Ода­ғы­ның аты­н­ан сөз сөйледі, қазақ елі­нің дип­­ло­матиялық мек­тебін қа­­лып­­тас­тыруға ерекше еңбек сіңірді.
     Он жылдай таза әдеби-зерттеу жұмыстарынан шет­тен қалған Мүсілім Базар­баев 1981-1986 жылдар аралы­ғында Мұхтар Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титутында қайта директор­лық қызмет атқарды. Және бұл кезең ұлттың өрлеу кезеңі­мен тұспа-тұс келді. Ол іргелі ғы­лыми жобалармен айналысты.
     Әрине, Мүсілім Базарбаев­тың еркін көсіле жазған тұсы билік-мансапты тапсырып, бөлімді басқарған 1986 жыл­дан басталды. Бұл кезең Тәуел­сіздіктің алдындағы ұлттық жаңғыру кезеңімен тұспа-тұс келді. Үлкен саясаттың ішкі архитектурасын жетік білетін Мүсілім Базарбаев ұлтжанды азамат ретінде тәуелсіздік алған тұста көрегендік пен саяси ұстаным жасады.
    Баяғы Кеңес өкіметінің ал­ғаш­қы жылдарында «Біз қан­дай мұрадан бас тартамыз» деген ұран тасталғаны сияқты, тәуел­сіздік тұсында да кей­бір әдеби-ғылыми топ Кеңес Ода­ғы тұсында жазылған зерт­теу­лер мен шығармалардан бас тарту туралы қоғамдық пікір ту­ғызды. Академик Серік Қи­ра­баев, Зейнолла Қаб­долов, Зәки Ахметов, Мүсі­лім Базарбаев, Тұрсынбек Кәкі­шев бір саяси өлшемді ұсын­ды, ол кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің табыстары мен кем­шіліктерін қайта сараптаудан өткізіп, ұлт кәдесіне жарату концепциясы еді. «Әдебиетті қайта оқу» концепциясын Серік Қирабаев, ал Мүсілім Базар­баев жеке туындылар мен ав­торларды жаңа дәуір тұр­ғы­сынан бағамдау принци­пін ұстанды. Осылай ұраншыл­дықты, ұқыптылық пен ұлтжан­дылыққа ауыстырды. 
     «...Ол дәуірге жиіркене қара­мау керек... Дәуір туғыз­ған қалып үшін көркем сөз адамын кінәлау мүмкін емес. Тек сол кездің көркемдік туынды­ларын ыждағатпен зерттеп тиіс­ті бағасын беру керек», – деп жазды сол тұста Мүсілім Базар­баев. Осылай Мүсілім Базар­баев жетекшілігімен «20-30 жылдардағы қазақ әдебие­ті» және «40-50 және 60-жыл­дар­дағы қазақ әдебиеті» ат­ты зерттеу кітаптары жа­рық көрді. Ол Алаш әдебиет­ші­ле­рі­нің жазықсыз құрбан бол­ған арыстарының шығарма­шы­­лығын ақтау ғана емес, жа­рия­­­­лау мен зерттеу тұрғы­сы­нан да жалғасты. Әлихан Бө­кей­­хановтың, Шәкәрім Құ­дай­­­бер­диевтің, Жүсіпбек Ай­­мауытов­­тың, Мағжан Жұм­а­баев­­тың шығармаларын ақтау тұрғы­сында уақытпен санас­пай еңбек етті. Әлихан Бө­кей­ханов пен Мағжан Жұ­ма­баев сынды Алаш қайрат­керлерінің шығармалар жинағын шығаруға басшылық жасап, кітаптарына зерделі де пайымды кіріспе сөз жазды. 
      Жас ізденуші Сұлтан-хан Аққұлұлына ғылыми жетекші болып, Әлихан Бөкейхан­ұлының шығармашылығынан кандидаттық диссертация қор­ғатты. «Құдіретті өлең әлемі» атты монография  жа­зып, Мағ­жан­ның ақындығын эсте­­тика­лық талғам мен сөз өрнегі тұр­ғы­сынан зерттеп, ақын­ға шы­найы баға берді. Сон­дай-ақ, «Шәкәрім ақын» атты моно­гра­фиясы академик Серік Қира­баевтың сөзімен айт­сақ, «Көлемі мен мазмұны, тал­дау терең­дігі жағынан моно­гра­фия­лық зерт­теудің үлгісі болып табылады».
     Филология ғылымдарының докторы, профессор, ұлт қай­раткері Мүсілім Базарбаев өмірі – өнегелі өмір. Ол Әуезовтің ерек­ше сүйіспеншілігіне бөлен­ген шәкірті, аяулы інісі. Соған қарамастан ұлы Мұхтар Әуезов Мүсекеңді дос деп құрметтейді. 
     «Қымбатты дос Мүсілім! Сенің хатыңды алып, өте риза болдым. Жылы сөздерің, жақсы тілектерің үшін саған көп-көп рахмет. ...Бұл хат Қазақстанның үлкен тойын тойлап жат­қанда барар, сенің коллективіңнің үлкен-кішісіне дос-жарандарға достық құшағымды жа­йып, сәлемімді жолдаймын. Жаңалықтар күтемін». 
     Мұхтар Әуезов,  17 маусым, 1961 жыл. Москва-Кунцево  
     Ал осының алдында 7 мау­сым күні Мүсілім Базарбаев ұлы Мұхтардан хат алып еді.  «Қымбатты Мүсілім! Кеше­ден бері Москваның сыртында Кунцеводағы Кремль ауруханасындамын. Бүгін екі дәрігер қарады. Ең тәуір мамандарды шақырып, жақсы консультация жасаймыз дейді. ...Қалай болғанда да еліміздің ең жақсы ауруханасындамын ғой, олар қандай ұсыныс жасаса да, мен келісімімді беремін».
       Мұхтар, 7 маусым, 1961 ж. Москва

      Мұндай жан сырын Мұхтар Әуезов шәкірті, інісі, жас болса да досқа айналған 34 жасар Мүсілім Базарбаевқа жазып отыр. Ал ондай құрмет­ке Мү­сілім Базарбаев ғылымд­ағы, өмір­дегі тазалығы мен парасат­ты­лы­ғы арқылы ие болғаны бел­гілі. Сол ауруханадан өмірі үзілген Мұхтар Әуезов қабірі басында Мүсекең:
     «...Мұқаңның орнын әлі көп жоқтармыз, ол жөнінде талай сөз айтылар. Бірақ бүгіннің өзінде оның орасан алыптығы, зәулім биіктігі бірден көрініп отыр. Оның білімі, сезімі, жеке басының мәдениеті, жоға­ры парасаттылығы, өресі биік­тігі жаңа бір ерен адамның тұлға­сын байқатушы еді. Сол сом тұлға тарих белесінде өткен мен болашаққа бірдей көріне­тін мұнарадай биіктеп еді. Қазір қымбатты Мұхаңнан айырыл­ған шақта сол мұнара одан әрі биіктей түспесе, аласармайды. Қазақ халқының өзі өз болып бір салған көз тартар күмбезі есебінде барша жанды бас идіреді, сүйсіндірді, өйткені оның аты – Ұлы Мұқаң», – деп тебіренді. Міне, ұлы ұстазбен қоштасу сәті осылай болып еді. 
     Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,  М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дирек­торы, ҰҒА кор­респондент-мүшесі, филология ғылым­дарының докторы,  Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері

        https://egemen.kz/article/ult-tulghasy


толығырақ

         Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихында қадаулы орны бар Мұхамеджан Тынышбайұлы бір мүшел үлкендігі бар Ә.Бөкейханұлына Тәшкеннен хат жолдайды: «Қымбатты Әлихан аға! Мұстафа [Шоқай. – Ғ.Ә.] Орынбордағы қазақтардың ұстанған жолы біздің көзқарасымызға туралығын айтып берді. Мен Сіз бен біздің көзқарасымыздың бірдей болып шыққандығына аса қуандым. Орынборға барып, келешектегі жасайтын қадамдарымды Сіздің шешімдеріңізбен үйлестіру ойымда бар еді, алайда, бақытыма қарай, менің ойларым Сіздің бағытпен бірге, бірдей болып шықты». Аласапыран өліара шақта Түркістан автономиясы Уақытша үкіметінің төрағасы – премьер-министрі болып сайланып, артынша бұл лауазымнан бас тартқан (оның орнын Мұстафа Шоқай басты) М.Тынышбайұлының дәп сол бір тарихи сәтте Алашшылармен бірге болып, иықтаса қимылдай алмауы өкінішті-ақ…

     ТЫНЫШБАЕВ Мұхамеджан (12.5.1879, бұрынғы Жетісу облысы Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болысы – 1938, Ташкент) – Алаш қозғалы­сының көрнекті қайраткері, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері.
      1900 жылы Алматы-Верныйдағы ер балалар гимназиясын алтын медальмен бітіреді. Сол жылы Ресей патшалығы астанасына оқуға аттанып, 1906 жылы Санкт-Петербургтағы Императорлық Жол қатынасы институтын тәмамдады. 1905 жылғы орталық қалаларды шарпыған толқулар кезінде бұратана халықтың мұңын жоқтаған Автономияшылдар одағының қатарынан табылды. Инженер-маман ретінде қазіргі Өзбекстан, Оңтүстік Қазақстан өлкесіне жолданып, Урсатьевск-Әндіжан, Арыс-Әулиеата теміржол құрылыстарының бас инженері болды. Арасында ІІ Мемлекеттік Думаға депутат болып, аграрлық комиссия жұмысына атсалысты.
     1916 жылғы халық көтерілісінде елді сабырға шақырды. Патшаның жазалаушы әскерінің қылмыстарын әшкереледі, әсіресе Қытай ауған қазақ-қырғызға көп көмектесті. Уақытша үкіметтің Түркістан комитетіне мүше болды, ай, апта құрғатпай өтіп тұрған жиын, сиездерге қатысты. Қоқан қаласында 1917 жылдың 26-28 қарашасында болып өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының IV сиезінде Түркістан мухтарияты-автономиясы жарияланып, Үкіметтің Премьер-министрі әрі Ішкі істер министрі болып М.Тынышбайұлы бекітілді (12 лауазымды Үкімет мүшесінің бірі – Сыртқы істер министрі М.Шоқай). ІІ Жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметі құрамына сайланды. 1918-20 жылдары басқа да ұлт қайраткерлерімен бірге халық майданына еніп, ат үстінде күн кешті.
     1922-27 жылдары Тәшкенде, Қызылордада, Алматыда инженер-маман ретінде ортаңқол шаруаларды атқарды. Ал 1927-30 жылдары әйгілі Түрксіб (Түркістан-Сібір) теміржол құрылысының техникалық-инженерлік басшыларының бірі болды. Шын мәнінде, кәсіби теміржолшы ретінде талантының жарқырай көрінген тұсы осы жылдар еді.
       1930 жылы 3 тамызда ОГПУ жендеттері тұтқынға алып, қалған ғұмыры аңду, бақылау, қуғын-сүргінмен өтті; Тәшкенде атылды (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009, 335-337-бб.).
       1920 жылдардың басында Тәшкенде бір шоғыр қазақ оқығандары бас құрап, халық қазынасына олжа салған мәдени-рухани істер тындырғаны белгілі. Осы топтың бел ортасынан табылған М.Тынышбайұлы да екі-үш жыл ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысуға мүмкіндік алды. Қазақ халық ағарту институтында математика, физика, химия және түркі халықтары тарихы пәнінен дәріс оқыды. Орыс географиялық қоғамының Түркістан бөліміне, Қазақстанды зерттеу қоғамына, «Талап» ұйымына мүше болды. Ең бастысы – қазақ кәсіби тарих ғылымының бастауында тұрған «Материалы к истории киргиз-казахского народа» (Ташкент, 1925) атты ұлттық тұрғыдан зерделенген тұңғыш қазақ шежіресін дүниеге әкелді. Бұл алғашқы қазақ инженерінің өзіне орнатқан мәңгілік ескерткіші-тұғын. ХХ ғасырдың басындағы үркердей бір шоқ қазақ оқығандары Алаш алдындағы парыз-аманатын толық орындап кетті: сталиндік режимнің бір тал оғына құрбан болғанша олардың қай-қайсысы да бір қолына қару ұстаса, екінші қолдарынан қаламы түспеді.
      *Қазақтар орыстың қол астына кірген кезде ешқашан да орыс халқының әулеті ішінде аналық қамқорлыққа және Ресей тарапынан жылы лебізге титтей де құқы жоқ өгей бала секілді боламыз деп ойлаған жоқ.
      *Қазақтар орыстың қол астына кіргеннен бері бірде-бір шуақты жарқын күн, бақытты сәт болған емес! Содан бері ешкім де, шын мәнінде ешбір адам қазақтар үшін сәл де болса игілікті іс немесе сол игі іске ұқсас бірдеңе істеу туралы ойланған да жоқ.
      *Хүкіметтің нені көздегені белгілі: біріншіден, жабайы да тағылық репрессия жүргізу және тіл, салт-сана, дін һәм руханият атаулыны орыстандырмақ; екіншіден, түрлі әкімшілік шаралармен, әкімдермен, ережелермен қазақты құқықсыз, заңнан тыс етпек; үшіншіден, оларды қаны сіңген, сүйегі көмілген өз жерінен айырып, шөл-шөлейт жерге қуып, өлім құшағына тапсырмақ. Міне, қазақ бұрынғы дербестігі мен еркіндігінің орнына, орыс бодандығына қантөгіссіз кіргендігінің ақысына жалғанды.
     *Түркістандағы орыс тұрғындарының 90 пайызы Жетісу жеріндегі толқулардың себебін көп ойланып жатпай-ақ түрік және герман үгіттеуінен көруі дұрыс емес, шындығында оның себептері қырғыз-қазақтарды ата қонысынан, жерінен айырған отарлау саясаты мен патша жендеттерінің жасаған түрлі зорлықтары және де үлкен көтерілістерді ұйымдастырар үгітшісінің жоқтығы еді.
    *Қазақ даласы әкімшілік және сот жағынан алғанда жүз ойланып, мың толғансаң да қиял жетпейтін ала-құлалық пен ақымақтыққа толы екенін көреміз. Бір тілде сөйлейтін, біртұтас әдет-ғұрпы мен тарихы бар, бір дінге сенетін тұтастай халықты басқарудың осындай өмірге икемсіз, қолайсыз жүйесін жүзеге асыруда хүкіметтің неге сүйенгендігі бізге тіпті де түсініксіз және де хүкіметтің өзі де ешқандай дәлел айта алмас деп ойлаймын.
     *Хүкімет тарапынан қазақтар қуғын-сүргінді, өз дінін пайдалану еркіндігіне жасалып отырған қысымды, саяси құқыларының аяқасты етілуін көріп қана отырған жоқ, олар сонымен бірге экономикалық салада да үлкен зұлымдықтарды бастан кешіп отыр.
     *Жер мәселесі қазақтар үшін сөз жоқ ең маңызды: бұдан әрі жерді тартып алып, олардың мүдделерін аяқасты қылатын болса, тыныштық болады деп кепілдік беру қиын. Үнсіз дүрсіл күннен-күнге күшейіп келеді және кей жерлерде қазірдің өзінде-ақ ашық толқуларға ауысуда. Міне, бүкіл қазақ халқын тұтастай правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген хүкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осы!
     *Авторлар қырғыздар туралы әртүрлі деректерден «қазақ» деген сөзді ғана іздестіріп, олар әр қилы кезеңде әртүрлі түрік-моңғол тайпалары қосылған негізгі тайпа деп есептеді, солай дей отыра оның ешқайсысы да қазіргі кезеңде бұрынғы қазақтардың ұрпақтары қай қырғыз рулары болатынын анықтау мәселесімен айналысқан жоқ.
       *Қазақ халқының әрбір руының генеалогия­сын алдын ала зерттемей, сондай-ақ оның қай кезде кіммен қақтығысқанын анықтап алмай, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы бітімін елестету мүмкін емес.
      *Жат сөздер тілімізге екі жақтан кіріп жатыр. Бірі – араб, парсы сөздері, молдаға оқығандар; екіншісі – орысша оқығандардың еуропалық сөздері.
     *Тарих жолымен жер жүзіндегі жұрттар екі бөлінеді: өнерлі, талапты, қатардан қалыспаған жұрттар. Бұларды тарихи жұрттар деп атайды. Еуропа һәм Азия халықтары, Америка һәм Америкадағы өнерлі халықтар (еуропалық тұқымдары) – бұлар тарихи жұрттар. Екінші: неше мың жылдардан бері бір қалыпта тұрған, ілгері баспаған, аң сияқты халықтар – тарихсыз халықтар. Африкадағы зәңгілер, Америкадағы үнділер, Австралия жақтағы малайлар – бұлар тарихсыз жұрттарға жатады.

       Ғарифолла ӘНЕС

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=42374#prettyPhoto

толығырақ

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Ағалар ісін жалғастырушы

       Қазақ елі әр өнер саласында дарындарға кенде емес – жазу­шы­лық өнерде М. Әуезов, С.Мұқанов, Ғ. Мүсіре­повтер­дің есімдері аталса, композиторлардан А.Жұбанов, Л. Хамиди қазақ музыка өнерінің жаңа дәуірін өрлетті. Суретшілік те кенже қалмады: Ә. Қастеев озық өнер иесі ретінде танымал болды. Осы замандастарымен бірге қазақтың ұлттық өнерінің нақышына тың дем берген сәулет өнерінің алғашқы алыптары Т. Бәсенов пен М. Меңдіқұлов та үлкен жұмыстар атқарып кетті. Бұл екі ағамыздың жүрген жолдары да, істеген істері де өте күрделі болды, алайда, олар бізге кәсіби сәулет өнерінің алғашқы соқпақ жолын салып, өздерінен кейінгі ұрпаққа жақсы аманат қалдырып кетті. Солардың ізбасары ретінде білім алып, өнер жолына қанат қаққан кейінгі қарлығыштар біздің замандастарымыз болды: Р.Сейдалин, А.Қапанов, Ш.Уәлиханов – үшеуінің таланты сол кездердегі шоқ жұлдыз­дардың ішінде ерекше жанып, көпшілікке танымал болды. Бүгінгі айтарымыз, талай боздақтарды жалмаған қырғын 1932 жылы дүниеге келіп, өткен өмірдің қиыншылығымен ержетіп, бүгінде өз еңбегімен, Жаратқанның берген дарынымен елдің ықыласына бөленген ерекше талант иесі Шота Ыдырысұлы туралы болмақ.

       Шот-Аман Уәлиханов – Қазақстан мен одан тысқары мемлекеттерге танымал сәулетші, қоғам қайраткері, көптеген ғылы­ми-танымдық еңбектердің авторы, халыққа сыйлы азамат. Оның төл туындысы – егемен еліміздің таңбасы Қазақстанды әлемге танытып келеді! Осындай сөзге шешен, ойға жүйрік аса дарынды адамның сәулет өнерінде ізі ерекше.

       «Ұлт дегеніміз кездейсоқ адамдардың әлдеқалай жинала қалған тобыры емес. Ғасырлар бойы өмір сүріп, қуанышты, ренішті, жеңілісті, жеңісті бірге басынан кешірген, күнкөріс амалы, арман-тілегі бір, өздеріне тән әдет-ғұрпы, өмір тәжіри­бесі, дүниеге көзқарасы бар адамдардан тұратын ел-жұрт ұлтты қалыптастырады» деген Шота ағамыздың сөзі өзінің қазақ халқына, оның тарихына деген ерекше бір толғанысты ойын білдіреді.

      Елдің ертеңін ойлау – бізге алдыңғы буын ағаларымыздан аманат болып қалған асыл қасиет. Кеңес үкіметінің темір тәртібі еліміздің ес жию кезеңіне мұрсат бермей тұрған зама­нында қазақтың тұңғыш кәсіби сәулетшісі Төлеу Құлшыман­ұлы Бәсенов сол кездегі Одақ (КСРО) бойынша Мәскеуде 1937 жылы Кремль сарайында сәулетшілердің І съезінде сөйлеген сөзінде қазақтың өзіндік мәдени және сәулеттік мұра­­лары жоқ дегенге қарсылық білдіре отырып, ондай пікір­дің жаңсақ екенін, көптеген тарихи сәулет туындыларының бар екенін, оларды толығымен зерттеу керек екенін батыл айта білді. Сонымен қатар сәулет саласына қазақ сәулетші­лерін тартып, жоғары білімді сәулетшілерді даярлау талабын да жеткізді.

        Төлеу ағамыздың жолымен Сәулетшілер одағының төрағасы болып тұрған шағында Шөкең де сол Съездер сарайында сөз сөйлеген болатын. Шөкең ол кезде талантымен көпшілікті мойындатып, республика көлемінде жасап жатқан игі істерімен көзге түсіп жүрген кезі. Көптеген жобалардың авторы болып, біраз сәтті дүниелері өмірге келді. Ол кезде Одақ бойынша өтетін Сәулетшілер съезінде сөз сөйлеген баяндамашыларды тыңдау, еліміздің ерекше үмітіне, жаңа армандарымызғаұштасып айрықша бір сезімге бөлейтін. Әр республикадан келген делегат сәулетшілер шетінен дарын­ды, біразы әлемге белгілі бола бастаған, атағынан ат үркетін әйгілі таланттар еді. Сол кездерде өтетін сәулетшілер съезде­рінде, пленумдарында Шөкең олардан кем түсіп көрген емес. Одақ бойынша сәулет өнерінің даму мәселелерін көтеріп, жетіс­тіктерін де, кемшіліктерін де жеріне жеткізіп айта білді, сонысымен ол әріптестерінің арасында үлкен беделге ие болды.

        Өткен ғасырдың 70-жылдары қазақ сәулет өнерінің даму тарихындағы «Күміс ғасыр» болды деп айтуға болатын сияқты. Сол кезде салынған Алматы қаласындағы қазіргі Достық даңғылының бойындағы 2, 5, 9, 12 қабатты ансамбльдер кешені, Республика сарайы, Қазақстан қонақ үйі сияқты ғимараттар бүгінге күнге дейін сәулет өнерінің бірегей туын­дылары ретінде көпшіліктің назарын аударып келеді. Әсіресе, халық арасында «Үш алып» (Три богатыря) атанып кеткен Жамбылдың ескерткішінің сырт жағында орналасқан тұрғын үй СОКП-ның Бас хатшысы Леонид Ильич Брежневке үлкен әсер қалдырып, одақ бойынша сол үй көптеген сәулетші мамандарға үлгі ретінде танылды. Достық даңғылының сәулет­тік үрдісі еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарында ансамбльдік ғимараттар, бульварлар мен скверлер құры­лыста­рының қарқынды жүруіне басты себепші болды.

         Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңы мен 70-жылдары­ның басы Қазақстанның сәулетшілер мектебінің толыққанды қалыптасқан кезі деп айтуға әбден болады. Мемлекет иесі, сол кездегі Бас хатшы Л.И. Брежнев сол жылдары партияның бір съезінде сәулет өнерінің алдыңғы қатарында келе жатқан қалалар ретінде Мәскеуді, Вильнюсті, Алматыны атаған еді.

        Шота Ыдырысұлы қандай биік мінберлерде болмасын сәулет өнерінің, құрылыс ісінің мәселелерін уақытына сай көтере білді. Әсіресе, сәулетшілердің Қазақстан үшін саны да, сапасы да арта түсуіне көп көңіл бөлді, өйткені, Алматыдан басқа Өскеменде, Целиноградта жаңадан сәулетшілерді даярлайтын факультеттер ашылып, қабылданатын студенттер саны жылдан-жылға арта түсті, алайда, бұл жаңалыққа қарсылық білдіргендер де болды – бір Қазақстанға осыншама көп сәулетшінің не керегі бар, оларды азайту керек деген пікір туындаған еді. Философияда айтылатын «Сан сапаға ауысады» деген тұжырымның осы орайда сәулет пен құрылыстың көркемдігі мен сапасына тікелей жауапты мамандардың санын арттыруда үйлесімді келіп тұрғанын дәлелдеген Шөкең ұлттық кадрлар дайындау мақсатын қойған Бәсеновтің ісін жалғастыра білді деп айтуға болады.

      М. Меңдіқұлов ағамыз сәулетшілік қызметін атқарып жүрген кезінде Ұлы Отан соғысына шақырылып, майданның алғы шебінде болған. Мәскеу, Курск қалаларының маңындағы ұрыстарда болып, Белоруссия, Польша, Германияны азат ету ұрыстарына қатысқан. Соғыстан аман-есен қайтқаннан кейін сәулетшілік қызметіне қайтып келіп, сонда көптеген құрылыс объектілерін жобалады. Сәулет өнерін дамытудың ғылыми негізін қалаушы болды. Танымал ғалым, педагог, белгілі сәулетші Малбағар ағамыз қазақ сәулетінің тарихындағы ақтаңдақтарды ашуда көп еңбектер қалдырды.

        Алматы сәулет өнерінің жұлдызы жарқы­раған тұстарының бірі өткен ғасырдың 60-жылдарының аяғы мен 70-жылдарының бас кезінде Малбағар ағамыз қаланың бас сәулет­шісі еді. Шөкең сол кездерде Малбағар ағамыздың орынбасары болып өз талабын да, талантын да таныта білді.

        Міне, қазақ сәулет өнерінің осындай екі алып тұлғасынан алған тәрбие Шөкеңнің сәулет соқпағындағы дара жолын айқындап берген еді.

 Атамыз өткен Абылай…

      Шөкеңнің Шоқанға жақындығын, олардың Абылай ханның ұрпақтары екендігін қазақ қауымы біледі. Шөкең мұны үлкен жауапкер­шілік ретінде қабылдап, Шоқанның шығарма­ларын оқып-түсінетін жасқа жеткеннен-ақ, оның салмағын, ол арқылы өзіне түсетін салмақ­ты сезіне бастады. Ол Шоқанды жеке иеленуден аулақ, бірақ, оны ел ішіне, жас ұрпаққа көптеп жеткізуді өзінің үлкен парызы деп таниды. Өзі айтпақшы:

Арнадан мың-сан байқасам,

Құйылып шабыт жатады.

Шота болып оянсам,

Шоқан боп күнім батады.

      Шоқан туралы «Жас Шоқан», «Шоқанның ақ түні», «Сібірліктер» атты драмалық шығар­малары — осының айғағы. Шөкеңнің халық алдындағы, Шоқан алдындағы өз парызы туралы түсінігін Қадыр Мырза Әли:

Ағайынның ашытқанда миын дау,

Талай қазақ әруағыңа сыйынды-ау!

Хақан болу оңай емес,

Әйтсе де

Уәлиханов болу одан қиындау, — деген жолдары дәлелдей түседі.

      Менің әкем Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, арабша жазу-сызу сауаты жоғары, орысша бастапқы білімі бола тұрса да, қуғын-сүргіннен аулақ болайын деп сауатсызбын деп айтатын. Кеңес үкіметінің саясатымен қудалауға ұшырап, Қостанайдың Ақтүрмесінде отырған. Әкемнің ағасы Нұрмұханбет Ахмет Байтұрсыновпен бірге Ақтеңізде айдауда болған. Біздің жақындарымыз кәмпеске бас­талған кезінде Алаш арыстарының шоғырлан­ған жері Торғайда болған екен, сол жерден тұрғын халықтың бас көтерер азаматтары қудалауға ұшырап, Ресейге, Қытайға кетуге мәжбүр болған. Қытайға өте алмаған біздің аталас туыстарымыздың үрім-бұтағы қазірге дейін Сарқанда тұрып жатыр.

       Үйде шешеміз жасап берген бір кішкене сөмкеде әкеміздің Құраны болатын. Күнде бесін намазынан кейін жоғарыда ілулі тұрған Құранды асықпай алып, оған маңдайын тигізіп, Құран сөзін біраз күбірлеп айтып отырады да, соңында «Атамыз өткен Абылай, тілекті берсін бір Құдай» деп, тағы да Құранды маңдайына тигізіп, орнына іліп қоятын. Мен соны естіп өстім, балалықпен біздің арғы атамыз Абылай екен деп ойлайтынмын.

      Оның бізге тікелей туыстығы жоқ екенін, халқымызға, еліміз бен жерімізге ие болған соңғы айбынды хан болғанын есейе келе біле бастадық. Әкеміздің Абылай атын айта отырып, Құдайдан күрсіне сұрайтыны – сыртқа шыға алмай, ішінде жатқан арманы – бүгінгі тәуелсіздігіміз бен еркіндігіміз екені енді ғана толықтай түсінігіме жетті.

      Бір кездескенде Шөкеңе «сіздер Абылай ханның ұрпағысыздар, менің әкем Құранын қолына алып, күрсіне отырып, кейде бірдеңені іздегендей алысқа қарап отыратын мезеттерінде «Атамыз өткен Абылай, тілекті берсін бір Құдай» деп айтатын еді» дедім. Шөкең мені жаңа көргендей біраз үндемей қарап тұрды да: «Әбеке, сенің әкең Абылайды еске ала оты­рып, Құдайға аманат айтқанын бірінші рет естіп отырмын, — деді. — Сенің әкең, шамасы, ділі де, діні де, сенімі де мықты кісі болған болуы керек…» деп тағы да біраз ойланып оты­рып: «Кеңес үкіметі кезінде менің Абылай баба­ма сыйынбақ түгіл, атын да айтуға бол­майтын заман еді ғой, — деді сөзін жалғап. —Тіпті, соғыстан кейінгі жылдары ұлт-азаттық көтері­ліс туралы, Абылай ұрпағы Кенесары туралы зерттеу жасаған ғалымдардың өзін қудалап, ел тарихының біраз беттерін саясат­тық өрті шалған жоқ па?! Қазақстан тарихы­ның тұлғалы зерттеушілері Ермұхан Бекмаха­нов, Бек Сү­лейменов сынды тарихшылары­мыз да уақы­тында осы саясаттың құрбаны болмап па еді?!» — деп өз ойын тебірене отырып жеткізіп еді.

       Қазіргі Абылай хан даңғылы алдында Сталин атын иемденіп, сосын Коммунистер құрметіне өзгертілгенін бүгінгі жастардың бірі білсе, бірі білмейді. Алматының бас көшесіне Абылай ханның атын бергенде халық болып қуандық, бұл еліміздегі ұлы өзгерістердің бастамасының бірі еді.

      Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында ұлы тұлғаға «Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша, туған халқының кемел болашағын аңсаған ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын атқарып кетті» деп ерекше баға беріп, елімізде жасалып жатқан осындай жақсы бастама­лардың тарихымызды жаңғырту мақсатымен іске асырылып отырғанына назар аударған еді.

      Шөкең Коммунистік даңғыл Абылай хан атымен атала бастағаннан-ақ: «Әбеке, осы көшенің бойымен жүргім келеді де тұрады. Сенің офисіңнің осы көшеде орналасқаны қан­дай жақсы болды! Келе жатып сондай рахат­танам, ғажап! Ертеректе кеңестер зама­нында атын атаудың өзі аса үлкен сақтықты қажет ететін еді, енді, міне, елге ие азамат­тар­дың басын қосып, ұлан-ғайыр жеріміздің көгінде туымызды желбіреткен Абылай хан­ның аманат етіп кеткен азаттығына жетке­німізді түсімде емес, өңімде көргенім қандай бақыт! Сол бақыттың куәсі мен үшін осы Абы­лай хан даңғылы болады да тұрады», — деп қатты толқып, қуанышын жасыра алмай жүрді.

      Осындай толғаныстың үстінде жүргенде бізге әдейі арнап Абылай ханның бюстін алып келіп, сыйға тартты. Ол бүгінде біздің бас мәжіліс залында тұр. Залға кіріп, сол мүсінді көрген сайын өткеннен қалған ескерткіштей болып әкем айтатын «Атамыз өткен Абылай, тілекті берсін бір Құдай» деген сөздері санамда жаңғырып шыға келеді. Әкемнің үнін қайта естігендей, ерекше бір әсер аламын.

       Өзінің іргелі зерттеулерімен Шөкең Ұлт­тық ғылым академиясының сирек қолжаз­балар қорынан табылған Абылай ханның хатын баспасөз бетіне жариялап, «Абылай ханның хаты табылды» деп алты Алашқа жар салды. Бұл қуаныш сезімінің арғы жағында көп еңбек жатыр еді, өйткені, хат арабша жазылған болатын. Білікті мамандармен бірге көптеген ізденістер жүргізіп, мәтіндерді салыстыра-салғастыра отырып, кирил жазуымен жазып шықты. Көпшіліктің көзайымына айналған бұл хаттардың мәтіні «Ана тілі» газетінің екі нөмірінде жарық көрді. Бұл кезде өзінің толғанысын Шөкең осы мақалаларында жазып кеткен. Толғанатын жөні бар, уақытында Шоқанға қайта-қайта оралып, ол туралы бірнеше мақала, өлеңдер жазып жүргені Абылай бабасына бара алмағандығынан еді. Ресей де, Кеңес үкіметі де Шоқанға қарсы болған жоқ, өйткені, оның орыс қоғамы үшін атқарған қызметтері аз емес болатын, ал Абылай туралы жазуға рұқсат болған жоқ. Сол заманның ызғары сынып, ызғар тоңның көбесі сөгіле бастағанда, Абылайдың хаты табылып, Шөкең оны халқымыздың тарих беттеріне мәңгіге жазып қалдырды. Жасырақ болғанда, әрине, Абылай хан жөніндегі зерттеулері молырақ болар ма еді?! Дегенмен, осы деректердің өзі де «…атамыз өткен Абы­лай» деп келешекте де толғанатын ұрпаққа бір серпіліс, тәрбие, сенім берді.

 Шыңдалған шеберлік

         Алланың өзі сүйген құлына үйіп-төгіп берер талантын Шөкеңнің бойынан көруге болады: сәулетші, суретші, мүсінші, жазушы, ақын, зерттеуші, аудармашы. Шөкең – осы аталған өнер түрлерінің бәрінде жарқын ізі бар зор дарын иесі. Ол халқымыздың маңдайына біткен Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов, Төлеу Бәсенов, Малбағар Меңдіқұлов сынды сүлей ағалардың соңынан еріп, олардың алақандарының жылуын сезінген ұрпақ өкілі. Оның «Ойлар, ойлар! Жанға маза бермейді» деген төрттағандық өлеңдер топта­масы мен шығыстың шайырлары Омар Һаямнан, Румиден аударған рубаяттарынан, ноғай ақыны Бике Құлыншақтан аударған жыр шумақтары баспасөз беттерінде жария­ланып жүр. Шота ағамыз 3 бірдей шығар­машылық одақтың – Сәулетшілер, Жазу­шылар және Суретшілер одақтарының мүшесі. Таланттың адам бойында дара тумай­тынын осыдан көруге болады.

        Публицистикалық, тарихи мақалалары да баршылық. Оның қай мақаласын алсаң да, өне бойы халыққа, елге деген сүйіспен­шіліктен, жанашырлықтан тұрады.

       2014 жылы Шот-Аман Уәлихановтың 2 томдық шығармалар жинағы шықты. Ойы зерек, тілі жатық жазылған бұл кітап тағылым мен өнегеге тұнып тұр. Автор бұл кітапты шығарудағы басты мақсатын ел тарихындағы ақиқат айғақтар мен дәлелді деректерді бүгінгі замандастары мен кейінгі ұрпаққа жеткізу деп білген сияқты. «Өткеннен бізге жеткен әрбір ұлы еңбек – бабаларымыздың маңдай тері, ой-сезімі, талабы мен талантынан туған асыл мұрасы. Оған ие болып, әрі байытып, келер ұрпақтардың игілігіне асыру – мұрагерлік борышымыз» дейді автор. Өткеннің бүгінмен сабақтастығы ұрпақтар жалғастығымен танылатынын айта келіп, «Білместіктің, надандықтың ең сорақы түрі – зиялыларды танымау, таланттарды қадірлемеу» деп білген автор Абылай хан, Шоқандардан бастап бүгінгі заманның серкелері – ел басшылары, қоғам және өнер қайраткерлері туралы өзінің үзік сырларын жазған.

      Шота Уәлихановтың қазақтың сәулет, сурет, монументалдық өнеріне қосқан үлесі үлкен. Оның жобалары бойынша салынып, бүгінге дейін маңызы мен мәні жойылмай келе жатқан объектілерінің ішінде «Универ­сам» дүкенін (1979), Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ғимаратын (1980, қазіргі Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты), Казги­прозем (1983, қазіргі Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы), Фрунзе ауданындағы (қазіргі Медеу ауданы) сауда орталығын (1987) атауға болады.

      Еңбектерінің ішінде өзі де ең жоғары бағалайтын жұмысы – Қазақстан Республи­касының Мемлекеттік Елтаңбасы. 1991 жылы пайда болған идея қазақ халқының Тәуелсіз­дігін бүкіл әлемге дәріптейтіндей сипатта жасалып, міне, ширек ғасырдан аса уақыт мемлекет мәртебесін асқақтатып келеді.

       Шөкеңнің монументалдық өнердегі өзіндік қайталанбас ізі бар. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің монументін Ш.Уәлиханов шығармашылығының шыңы деп тануға болады. Тәуелсіздігіміздің құрме­тіне салынған бұл туынды егемендігіне ие болған мемлекетіміздің өткеніне тағзым етіп, келешегіне серпін беретін азаттығының белгісі ретінде жасалған. Сәулет өнері мен мону­менталдық бағыттың әсем үйлесімінен туын­даған ансамбльдің басты идеясы – тарихи-танымдық ақпарат беру. Тұғырдың ұшар шыңында нық тұрған Алтын адам қазақ жеріндегі бейбітшілік пен тәуелсіздікті бағып тұрғандай. Қазақ халқының өткен тарихы мен болашаққа қойған асыл мақсатын көрсететін бұл туындының алыс-жақын елдерде теңдесі жоқ екені кәміл.

    Семейдегі ядролық сынақ полигонының жабылуына арналып салынған «Өлімнен де күшті» монументі ел тарихының қасіретті бір белесіне қойылған құлпытас ретінде өмірге келді. ҚР Президентінің ядролық сынақтарға тыйым салу туралы Жарлығының шыққа­нына 10 жыл толуына орай ашылған бұл ескерткіш «атом бұлтының» астында баласын өз тәнімен жапқан ананың бейнесі арқылы өмір үшін күрес пен өмірге деген құштарлық бейнеленген. Адамның күшіне бой бермейтін тажалдың ішінен баланы – келешектің кішкентай бір сәулесін көрсетеді. Халықтың басына төнген сол апат жылдардың көрінісін өзінің тұла бойынан, ой-санасынан өткізген автордың бұл шығармасы да көрген адамды бір толғантпай қоймайтын тамаша өнер туындысы болып табылады.

       Осы еңбектері мемлекет тарапынан әр жылдары өз бағасын да алып келеді: Қазақ КСР-ның Мемлекеттік сыйлығын (1970), Қазақстанның бейнелеу өнеріне қосқан үлесі үшін Тарлан сыйлығын (2001) иеленді.

      Шексіз-шетсіз шеберлігімен көпті таңқал­дырып келе жатқан асқан дарын иесі Шөкеңді көпшілік құрметтеп, оның талантын мойындайды. Отбасының берекесін сақтап, елдің сүйіспеншілігі мен ықыласына бөленген  тұлғаның өмірінде оның жары болып, ұрпа­ғын тәрбиелеп отырған Зина жеңгеміздің орны ерекше. Ұлтымыздың асыл тәрбиесімен сусын­датып өсірген балалары, немерелері – Шот-Аман Уәлихановтай қазақ­тың абзал азаматының ұрпақтары халқымыз­дың игілігін арттырудағы игі істерді жалғас­тырушы бола­ды деп сенемін. Дара дарын иесі Шот-Аман Уәлихановтың шығармалары халқына талай жылдар қызмет етеді.

    Ә.Ш. Тәтіғұлов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі

толығырақ

   Қазақтан шыққан тұңғыш балерина – Нұрсұлу Тапалова Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүние келген. Ол небәрі 24-ақ жасында Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі деген атаққа ие болған дарында биші.

        Ахмет Жұбанов Ойыл ауданына гастрольдік сапармен барғанда 11 жасар кішкентай Нұрсұлудың дарынына тәнті болып, оған кәсіби білім алуға жол сілтеді. Нұрсұлу Топалова өз естелігінде: «Жеті жылдық мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесінен іріктеліп, он үш жасымда Абай атындағы академиялық опера және балет театры жанындағы би мектебіне түскен едім. Сонда Күләш Байсейітованың қамқорлығында жүріп, Шара апайдың да көмегін көп көрдім. А.Александров, Г.Уланова, Е.Лифанова, Ю.Ковалев сияқты өнер иелерінің де биші болып қалыптасуыма әсері тиді», – деп жазады.

      Ол қазақ сахнасының жарық жұлдызына айналып, бар өмірін биге арнады. Оның басты байлығы – Алланың берген өнері еді. Болат Аюхановтың «Менiң балетiм» деген кiтабында: «Нұрсұлу – бисiз өмiрiн елестете алмайтын нәзiк жан. Ол Галина Улановамен «Бақшасарай бұрқағында» Заремнiң рөлiн ойнады. Нұрсұлу Зареманы классикалық дайындықсыз биледi. Алайда оның Заремасы нағыз шығыстың аруы болып шықты! Оның биiн көрiп отырып биге елiтiп кетпеу, ғажайып сұлу биiне қарай отырып, оның тартымды әсерiне ерекше бой алдырмау мүмкiн емес. Нұрсұлу Тапалова дәстүрлi классикалық би өнерiнiң толып жатқан қым-қуыт қиындығын орасан зор ерекше күшiмен жеңе бiлдi. Ол қиындығы мол ерекше тәсiлдердi бейнелер арқылы сомдап, олардың нәзiк сезiмдерiн көрерменге айырықша жеткiзе бiлдi. Бұл бишi нағыз ұлтының бағына жаралған», – деп жазды.

      Расында қазақтың маңдайына біткен дара қызға қызғана, қызыға қараған жандар көп болды. Жасынан өнерге деген өлердей махаббаты оны биік шыңдарға жетелегенімен, оның жанына зіл қара тас салған замандастары да кездесті. Сөйтіп, балерина 1953 жылы театрмен қоштасып, Жамбыл атындағы филармонияға жұмысқа кіріп, ол жерде де өзінің би өнерінде тұғыры биік жан екенін дәлелдей білді.

       Нұрсұлу апамыз туралы «Тұңғыш балеринамызды бағалай алдық па?» деген мақаласында Айдар Жоранов: «Тағдырдың жолы бұралаң ғой, 1953 жылы 30-ға жаңа толған бишi театрдан кетiп тынады. Нұрсұлудың талантына тағзым ететiн Болат Аюханов бишiнiң үлкен сахнадан тым ерте кеткенiн алай мәрте айтты да, жазды да. Алайда естiр құлақ, көрер көз болмады. Театрдағы қызметiнен қол үзген соң ән-би миниатюрасы жанрын жаңғыртып, эстрадаға ауысқан бишi Жамбыл атындағы филармонияда да еңбек еттi. Филармонияда сол кездегi Кеңес одағы мен демократиялық республикалардың ән-би ансамбiлiнiң жеке бишiсi ретiнде жұмыс атқарды. Сондықтан да таланты асқан бишiнiң репертуарында қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан сынды ұлттардың билерi көп болды. Өзiне бекiтiлген рөлдi кәсiби деңгейде, жоғары дәрежеде сахнаға алып шыққан қазақтың мың бұралған талшыбықтай бишiсiн Кеңестер одағы ғана емес, әлем таныды. Мәскеуде өткен қазақ әдебиетi мен өнерiнiң онкүндiгiнде Нұрсұлу бишiнiң   көрерменнiң ыстық ықыласына бөленгенiн одақтас республикалардың баспасөзi жарыса жазып, кеңiнен дәрiптедi. Әсiресе, әзiрбайжанның ұлттық биi “Джуджәдәрiмдi” үйiрiп әкеткенде қазақ қызының асқан шеберлiгi талайдың таңданысын туғызды» – деп жазады.

      Нұрсұлу Тапалова апамыз қазақ боксының атасы атанған Шоқыр Бөлтекұлымен отасып, өнегелi ғұмыр кешкенi белгiлi. Қазақ даласына бокс спортын әкелген Шоқыр туралы журналист Мейрамбек Төлепберген жазған «Шоқыр» деген кiтапта да бишi апамыздың әсем келбетi мен дара өнерi туралы айтылады.

Кезінде Бауыржан Момышұлының өзі: «Екі-ақ нағыз қазақ бар, бірі – мен, бірі – Шоқыр», – деген екен. Сонда Шоқыр атамызда кезінде барлық қағаздарға ов-ты алып тастап, ұлы деп жаздырған екен. Осыдан-ақ Шоқыр атамыздың қандай болғанын білуге болады.

      Талантты биші Нұрсұлу Тапалова би өнерiнде өзiнiң өшпес iзiн қалдырған өнерпаз кино әлемiнде «Жамбыл», «Кино-концерт», «Белая роза» секiлдi картиналарға түсiп, артистiк қабiлетiн де көрсеттi.

    Мақала авторы - Айша Керей

     http://el.kz/kz/news/litsa/kazaktan_shikkan_tungish_balerina_

толығырақ

       Бұл спортшыны қазіргі жастардың басым көпшілігі біле бермейді. Себебі, қазақ спортында айтулы тұлғаларды насихаттау, оларды тарих шежіресіне тіркеу жағы кем соғып жатыр. Турасын айтсақ, ұлтымыздың спорттық тарихын бір жүйеге түсіру жағынан ұяттымыз.

    Мұрат Жексенбековті ХХ ға­сырдың жетпісінші жылда­рының басынан сырттай білуші едік. Алланың қалауымен 1985 жылдың күзінде бетпе-бет жүз­дестім. Қараторы келген, оңқай асықтай ғана азамат екен. Сол тұста КСРО көгал­дағы хоккейіндегі ең атақты спорт­шының бірі болса да бізді баласынған жоқ. Ол кезде спорт журналистикасына әлі төселе қоймаған кезіміз, соған қара­мастан, қойған сұрағымызды байыппен тыңдап, бауырына тарта сөйлесті. Бұдан кейін де талай кездестік. Көп әңгіменің тиегін ағыттық. Қашан көрсең де, аңқылдаған, қарапайым қалпынан танған емес.

      Иә, Мұрат Жексенбеков сол тұстағы қазақ жұртына мүлде таңсық көгалдағы хоккей ойынынан Кеңес Одағы чемпио­нат­тарындағы мұрты бұзылмайтын екі бірдей рекордтың иесі.
      Бірінші рекорды – КСРО бойын­ша Мұрат Жексенбековтан басқа көгалдағы хоккейден 18 дүркін чемпион атанған басқа ойыншы жоқ. Бұл дегеніңіз тумысынан табанды, жаратылысынан ерекше дарынды адамның ғана қолынан келетін ерлік! Сол кездегі Алматының «Динамосы» кілең таңдаулы ойыншылардан жасақ­талғандықтан, коман­дадағы бәсекелестік өте жоғары деңгейде еді. Мұрат 20 жыл бойы Кеңес Одағындағы ең күшті команданың ең үздік ойын­шыларының бірі болды.

      Екінші рекорды – КСРО чемпионаттарында алаңға ең көп шыққан хоккейші кім десеңіз, ол – Мұрат Жексенбеков! 1971-1992 жылдары Жексенбеков Алматының «Динамосы» сапында чемпионат кестесіне орай 540 ойынға қатысты (Мысалы, «Динамоның» ең мерген шабуыл­шысы А.Гончаров 390, атақты хоккейші А.Мясников 402, КСРО құрамасының капитаны болған Ф.Зигангиров 405 рет алаңға шыққан). Сол кездегі көгалдағы хоккей чемпионатында әр команда маусым бойы 26 рет бәсекеге түсетін. Енді есептеп көрейік, 20 жылды 26 ойынға көбейтсек, 520 ойын болады. Сонда біздің Мұрат 20 маусым бойы бабын жоғалтпай, әр ойында алаңнан табылып отырған. Адам темір емес, керек десеңіз, жиырма жылда ауа райына байланысты темір де бабын жоғалтуы мүмкін. Ал Жексенбеков спорттық бабын 20 жылдан аса уақыт КСРО хоккейінің ең жоғары талабына сай деңгейде сақтай білген. Мараттың орнына алаңға шығуға қаншама өрендер жанын салып ұмтылғанын дәл қазір тап басып айту қиын. Жексенбеков жасы 41-ге келгенше 25 жастағы алмас қылыштай жігіттерге, 30 жастағы тәжірибесі әбден толысқан, сақа ойыншыларға дес берген жоқ. Осыдан кейін қазақ жастары доп ойындарына қа­білетсіз, командалық сындарға жа­рамайды, деп қалай айтуға болады.

       Мұраттың бұдан басқа да спорттық атақтары жетерлік: Жек­сенбеков көгалдағы хоккейден 1982, 1983 жылдары қата­рынан екі рет Алматының «Ди­намо» командасының капитаны ретінде Еуропа чемпион­дары­ның кубогын жеңіп алса, 1979, 1983 жылдары Қазақстан құра­масының сапында КСРО халық­тары спартакиадасының екі мәрте жеңімпазы атанды. Мұрат 1977 жылы допты хоккейден Кеңес Одағының чемпио­ны атағына қол жеткізді. Яғни, Мұрат Жексенбеков – КСРО-ның 19 мәрте чемпионы!

       Бұған қоса, 1977-1986 жыл­дары 10 жыл бойы КСРО-ның ең үздік 22 ойын­шысының қатарынан табылды. Кеңес Одағы құрамасында ойнады. Бес рет КСРО кубогын жеңіп алды.
        Өткен ғасырдың сексенінші жылда­рының ортасында қазақ­тың Алматы қаласындағы үлесі 20 пайыздың шамасында еді. Біз секілді баспанасы жоқ, басқа ұлттың қуықтай «времянкасын» жалдайтын қазақ жастары Саян, Мұраттарды іздеп, стадионға барушы едік. Ғұлама бапкерлер Эдуард Айрих пен Қазбек Байбо­ловтан тәлім алған Саян Шай­мерденов, Мұрат Жек­­сенбеков, Серік Қалым­баев ғажап ойындарымен тәнті қы­латын. Туған елімізде өгей адам­дай күй кешіп жүрген біздер бұл бауырлардың жеңісімен рухтанып, жадырап қайтушы едік. Бұл азаматтар тек спортшы ғана емес, ұлт рухының шарқайрағы іспетті еді.

       Мұрат жайында тағы бір қы­зықты дерек: КСРО чемпионатында бақ сынаған 14 команданың Жексенбековтен басқа барлық ойыншысы доптаяқты оң жағына ұстаса, біздің бауыр доптаяқтың қайқы басын төмен қаратып, сол жағына ұстайтын. Соның өзінде Ке­ңес Одағы мен Еуропаның не­­бір ай­тулы шабуылшылары тас­­қамал қа­­зақтан тайсақтап тұратын.

         Қыдырбек Рысбек

        https://www.egemen.kz/2017/03/03/106325

толығырақ

     Алтай Халифа Ғақыпұлы 1917 жылы 25 желтоқсанда Алтай аймағы Шіңгіл ауданы, Бұлғын өзенінің бойында Жаранты деген жерде дүниеге  келді.

1933 ж. Атажұрты Алтай мен Тарбағатай аймақтарындағы әскери-саяси биліктің террорлық әрекеттеріне ұшыраған Халифа ауылы Құмыл аймағының Баркөл ауданына қоныс аударды.

19381939 жж. Босқын-қазақтар Гансу және Шыңхай өлкесінің Ырқа, Тула, Ұйғырқын, Сұр, Ақшоқы, Қашқарбел атты  жерлеріне  қоныстанды.

1940 ж. Босқын-қазақтармен бірге Халифа да ауыр да азапты жол Тибет асып Үндістанға келеді.

1941 ж., қыркүйек. Үндістанның Кашмир штаты Мұзапар-Абад қаласында аялдады.

1942 ж., мамыр.  Үндістанның Пәнжап өлкесінің Абит-Абат, Һерипұр, Таксла қалаларында аялдап, Тәрнава шағын ауылында қоныстанды.

1943 ж., көкек. Орталық Үндістанның Бхопал өлкесіне көшті. Мектепте мұғалім болып жұмыс істеп, Илаһия медресесінде оқыды.

1945 ж., маусым. Үндістанның ең ірі қалаларының бірі Канпорға көшіп барды.

1946 ж., мамыр. Делиге көшті.

1947 ж., тамыз. Мұсылман мемлекеті Пәкістанға көшіп келді.Пешауер қ.мұғалім болып жұмыс істеді.

1947–1950 жж. Пәкістанның Рауәлфанди қ.  «Талимұл құран» медресесінде араб-урду тілдерін оқып үйренді.

1950 ж., 14 ақпан. Лохор қ. Пәкістандағы Түркия Республикасының  бас елшісі Нәбіл Батумен кездесті.

1951 ж., 17 қазан. Пәкістанның Пешавар қаласында «Шығыс Түркістандық қазақ көшпенділері»  қоғамын  құруға қатысады.

1952 ж., 5 қаңтар. Караши қ. Пәкістандағы Түркия Республикасының  бас елшісі Яһия Кемалмен кездесті.

1953 ж., қыркүйек. Караши қ. Пәкістандағы Түркия Республикасының  бас елшісі Салахиддин Ерболмен кездесті.

1952–1954 жж. Пәкістанан Түркия Республикасына қытайлық қазақ босқындары көшін ұйымдастырушылардың бірі.

1954 жыл 14 қаңтар. Түркияға көшіп келді.

1960 ж., 15 мамыр. Тайваньда өткен «Дүниежүзі коммунизмге қарсы» атты халықаралық симпозиумға қатысып баяндама жасады.

–        15 мамыр.  Тайвань үкіметінің Президенті Жан Кай Шектің қабылдауында болды.

1965 ж. «Әділет» партиясынан Салихлы қалалық әкімшілік басқарма мүшелігіне сайланды.

1967 ж. Иорданияның бас қаласы Амманға сапар шекті.

–        Құддыс қаласындағы Мәсжид Ақсаға барды.

–        Сирияның Халаб, Шам қалаларын аралады.

1968 ж., көкек. Тайвань Президенті Жан Кай Шекпен кездесті.

1968 ж., көкек. Пәкістан, Ауғанстан, Иранда  болды.

–        көкек. Кабул қаласындағы қазақтармен кездесті.

1974 жж. Тұңғыш рет Қажылық сапар шекті.

1977 ж. Түркия Республикасының Премьер Министрі Сүлеймен Демирелмен кездесті.

1978 ж., тамыз. Қазақ КСР-не алғаш рет «Отан» қоғамының шақыруымен  келді.

–     «Біздің Отан» газетінде кездесу болды.

–     28 тамыз. Қазақстан Жазушылар Одағында ресми кездесу өткізілді.

–    30 тамыз. Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясында қабылдауда болды.

–  Қазақтан үкіметінің Денсаулық сақтау тарихы музейінде болды. Музейдің құрметті қонақтарына арналған кітапқа Халық медицинасы залына жинақталған экспонаттар мен экспозициялар жөнінде ыстық ықыласын білдірген қолтаңбасын қалдырды.

– 1 қыркүйек. Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Жамбыл мұражайында болды.

1982 ж., мамыр-қазан. ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялы районын аралады.

– маусым. Үрімжіде Нығмет Мыңжани, Нариман Жабағытайұлы т.б. ұлт зиялыларымен кездесті.

– 17-22 қазан. ҚХР Бейжіңде болды. Ұлттар баспасының қазақ бөлімінің бастығымен, Сыртқы істер мекемесінің қызметкерлерімен, Радиостанциясының қазақ бөлімінің бастығымен, Ұлттар институтының бастығымен кездесті.

–        22-26 қазан Пәкістанның Караши қ. болды.

1984 ж., шілде-тамыз. Қазақстанға келді. «Отан» қоғамында ресми қабылдауда болды.

–  Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясында кездесу өткізді.

–   3 тамыз. Түркістан қ. Ахмет Иасауидің мавзолейінде болды.

1985 ж., қазан. Иран саяхаты. Горгандағы қазақ ауылдарын аралап өзі қайта бастырып алып келген Қазан баспасының Құран Кәрімінің 100-дей данасын таратты.

–        14 қазан. Бендершеде Ауғанстаннан келген қазақтармен кездесті.

1986 ж., қыркүйек. Ыстамбұл университетінде Халықаралық түрколог ғалымдардың конференциясына қатысты.

1988 ж., маусым. Еуропа саяхаты: Мюнхен, Кёльн, Майнц, Хайделберг, Голландия, Бельгия, Франция, Ұлыбритания.

–     13 маусым. Мюнхен «Азаттық» радиосында ресми кездесуде болды.

–    16 маусым. «Азаттық» радиосынан өмірбаяны туралы әңгіме айтты және аят, құтпа оқыды.

–  19 маусым. Кельндегі Түркияның консулы Нұреддин Нұрхан мырзамен кездесті.

– 22 маусым. Кельндегі Түркияның «Түрік ислам бірлігі» діни орталығының бастығы Ниязи Балұлымен кездесті.

–        24 маусым. Майнц университетінің түркология бөлімінде кездесу өтті. Профессор, түркітанушы Лоренц Джонсон мен Марк Кришар мырзалармен кездесті.

–        4 шілде. Парижде тұратын қазақтармен кездесу өткізді. Тіл, дін, діл, ұлттық салт-сананы сақтау жайлы насихат айтты.

– 12 шілде. Лондондағы Рединг университетінде оқып жатқан түркиялық студенттермен кездесті.

–        13 шілде. Оксфорд қаласындағы мұражайларды аралады.

–        14 шілде. Бритиш мұражайында болды.

–        15 шілде. Лондон университетінің түріктанушы ғалымы Шрин Ахинермен кездесті.

 1988 ж., 26 тамыз. Ыстамбұлда «Қазақ түріктері қорының» ашылу салтанатында сөз сөйледі.

1989 ж., маусым. Норвегия Осло қ. P.I.A.C (The Permanent International Altaic Conference) Халықаралық-ғылыми конференцияда «Қазақтардың салт-санасы жайында» баяндама жасады. (Отбасылық мұрағатында таспада бейнебаяны бар) қазақ тілінде.

1989 ж., 11 қазан. Ұлттық Қытай мемлекетінің 80 жылдық салтанатты мерекесіне қатысты.

–        қазан. Президент Ли Диң Хұйдың қабылдауында болды.

1989 ж. Мекке және Мәдина қалаларына сапар шекті.

1990 ж. Құран кәрімнің қазақша аудармасының басылуына байланысты Шарапатты екі харамның қызметкері Фахд патшаның баспаханасынан Сауд Арабиясының Қазына министрлігі тарапынан басылып шығуын күтіп 45 күн Мәдина қаласында тұрды.

– Дүниежүзі мұсылмандар байланысы қоғамының төрағасы Абдолла Юсуф Омармен кездесті.

1990 ж. тамыз-қырқүйек. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағын аралады.

– 27 қыркүйек. Ұлан-батырдағы Орталық бұтхананың бас ламасы С. Давадоржының қабылдауында болды.

1990 ж., 13 қазан.  Алматы қаласында өткен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының 70 жылдығына арналған салтанатты мәжіліске қатысты.

–  қазан. Алматы қ. Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаевтың қабылдауында болды.

1991 ж.  Түркия. Стамбұл қ. Арман тілде бірлік. Ортақ сөздік шығару жайындағы Ғылыми конференцияға қатысты.

–        маусым. Біріккен Араб Әмірліктері Дубай қ. болды.

1992 ж., ақпан.  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың шақыруымен Түркиядан Қазақстанға оралды.

–     ақпан. Қазақстанның 19 облысының діни адамдарымен кездесті.

–     Қазақстанның облыстарын аралады.

–         27 сәуір. Дінмұхаммед Қонаевтың отбасында кездесуде болды.

–    29-қыркүйек – 3 қазан.  Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайының делегаты. Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайында сөз сөйледі.

–     Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құруға қатысты.

–    9 қазан. «Ата жұрттан Анадолыға дейін»  атты кітабы үшін Халифа Алтайға Қазақстан Жазушылар Одағының «Алаш» сыйлығы берілді.

–  26 қараша. ҚР Қазақ тілі қоғамының ІІ Құрылтайына қатынасты.

–  Ұрпақтар тәрбиесіне зор үлес қосқандығы үшін Аякөз қаласының құрметті азаматы атағына ие болды.

–  Қызылорда облысы Шиелі ауданының құрметті азаматы атағы берілу туралы марапатты иеленді.

1993-1996 жж. Қазақ радиосында «Имандылық әліппесі» бағдарламасын жүргізді.

–  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанындағы «Инабат» имандылық орталығын басқарды.

1993 ж., 11 қараша. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ашылу жиналысына қатынасты. «Ізгі тілек» өлеңін оқыды.

1993 ж., 17  желтоқсан. Қазақстан азаматы деген куәлікті ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев өз қолымен Халифа Алтайға тапсырды.

1994 ж., мамыр. Сауд Арабиясына қажылық сапары.

–        Мәдинадағы Құран Кәрім баспаханасының бастығы доктор Мұхаммед Сәлім Афимен кездесті.

–        Қазақстан Жазушылар Одағынына мүшелікке қабылданды.

1995 ж., 22-сәуір. Алматы қ.  ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңейтілген отырысында сөз сөйледі. Елбасына  Құран Кәрімнің бір данасын сыйлады.

–        9 – 12 тамыз. Жидебай ауылы. Абай ауд.Семей обл. Абайдың 150 жылдық торқалы тойына қатынасты.

– 24  қараша. Алматы қ. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ресми қабылдауында болды. Мемлекет басшысына Құран кітабын тарту етті.

1996 ж. Дубайға барды.

1997 ж., 20 қазан. М. Әуезов ат. Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Халифа Алтайдың 80 жасқа толуы салтанатты түрде атап өттілді.

– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мерейтой иесіне өз құттықтауын жолдады.

1998 ж.  2-5 шілде. Каир қ. «ХХІ ғасыр және Ислам дүниесі» 10-шы Халықаралық ислам форумы. Қазақстан және Орта Азия мемлекеттеріндегі мұыслмандардың жағдайы туралы баяндама жасады.

–        6 шілде. Каир қ. Мысырдағы Қазақстан елшілігінде студенттермен кездесу  өткізді.

1999 ж. Алматы қ. Түркияның Қазақстандығы Елшісі Құртылыш Ташкенттің  қабылдуында болды.

1999 ж., қараша. Халықаралық ислам қайырымдылық қорын құрып, осы қордың Президенті болды.

2000 ж. Сауд Арабиясының Мекке, Мәдина, Джидда қалаларында болды.

2001 ж., 12 желтоқсан.  Тәуелсіз Қазақстанның 10 жылдығына арналған ескерткіш медалымен марапатталды.

2003 ж., 15 тамыз. Алматыда Халифа Алтай өмірден өтті.

–        17-тамыз. Алматыда жерленді.

          Күлсия Қоңырбаева, философия ғылымдарының кандидаты

         Гүлғазира Балтабаева, тарих ғылымдарының кандидаты

 

толығырақ

Ahmet Baitursun

          БАЙТҰРСЫНОВ Ахмет (Ахмет Байтұрсын, Байтұрсынұлы) (қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында 28.1.1873 жылы туған) – ағартушы, қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы.
        28 қаңтар – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Кейіннен біреулер 1873-ті – 1872-ге, 28.01-ді – 05.09-ға ауыстырып жүр. Оның мәнісі – былай. Ахаңның өз қолымен жазған 7-8 анкетасы бар. Соның бір-екеуінде 5.9.1872 деп көрсетілген. Ал қалғанының бәрінде 28.01.1873 жыл болып жазылған. Тұрақталып қалған нәрсені өзгерткенде не табамыз? Біздіңше, осылай қала бергені дұрыс. Сондықтан келесі жылы – 145 жылдығы болмақ.

        Ауыл молдасынан, Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінен, Орынбордағы 4 жылдық қазақ мұғалімдері мектебінен білім алған. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уезіндегі ауылдық және болыстық мектептерде мұғалім, Қарқаралы қалалық училищесінде мұғалім, кейіннен меңгерушісі болды. 1905 жылдан бастап саяси күрес жолына түсті. Қарқаралы петициясын (құзырхатын) дайындаушылардың бірі, тәржіма өлеңдерін қамтыған «Қырық мысал» жинағы 1909 жылы Петербордан басылып шықты. 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен Семей түрмесіне жабылып, Ресей империясының ІІМ-нің Ерекше кеңесі оны қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде сот шешімін шығарды. Осылайша 1910 жылы ­9 ­наурызда ­­Орынборға жер ауып келіп, 1917 жылдың соңына дейін қоғамдық-саяси және ағартушылық іспен айналысты. 1911 жылы төл өлеңдер жинағы «Маса», тұңғыш қазақша әліппе кітапшасы «Оқу құралы» жарық көрді. Ұзақ жылдар дүниеге әкелуге талпынған тұңғыш жалпыұлттық басылым «Қазақ» газетінің алғашқы санын 1913 жылы 2 ақпанда басып шығарып, 1917 жылдың аяғына дейін өзі редактор болды. 1917 жылғы жер-жерде құрылған қазақ комитеттері мен қазақ съездерінің өтуіне атсалысты, қос жалпыұлттық Құрылтайды (съезді) ұйымдастырып, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуына ұйытқы болды. 1919 жылы наурыз айында Мәскеуге барып Кеңес үкіметі басшыларымен келіссөз жүргізді, Алаш көсемдері мен мүшелеріне кешірім жариялатты. Өзі қазақ даласын басқаратын Әскери-революциялық комитеттің төрағасының орынбасары болып бекіді. 1920 жылы 26 тамызда құрылған Қазақ автономиялық кеңестік үкіметінің құрамына еніп, 1920-21 жылдары Халық ағарту комиссары, яки Оқу министрі, 1922 жылы Академиялық орталықтың, 1922-25 жылдары Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болды. Осы жылдары негізгі жұмысына қосымша Орынбор мен Тәшкендегі педагогикалық жоғары оқу орындары – Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті және мәдениет тарихы пәндерінен дәріс оқыды. 1925 жылы Қазақстанға Сталиннің тапсырмасымен қандықол Ф.И.Голощекин басшы болып келгеннен кейін Алаш зиялыларының бастарына қара бұлт үйіріліп, бақ ұшты. 1929 жылы 2 маусымда тұтқынға алынып, Мәскеудегі атышулы Бутырка абақтысына жөнелтілді. ОГПУ-дің 1930 жылғы 4 сәуірдегі шешімімен ату жазасына кесілді, кейін бұл үкім 10 жыл концлагерьге қамалуға, артынан 3 жыл Архангельскіге жер аударылуға ауыстырылды. Өмірлік жары Бадриса (Александра) екеуі де денсаулықтан айырылып, арып-ашып 1934 жылы Алматыға жеткенімен 1937 жылы 8 қазанда тағы бір мәрте қамауға алынып, 8 желтоқсанда Алматы түрмесінде атылды (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Алматы: «Арыс баспасы», 2009, 90-96-бб.).
Ахаң ашқан ұлы жаңалық – төте жазулы қазақ әліпбиі («байтурсыновский алфавит») мен ғасырдан ғасырға ұласқан, төл терминологиямыздың қоржынына салған олжасы, сондай-ақ қазақ ­балаларына арнап төл «Әліппе» түзуі («Оқу құралы», 1910 жылдары), одан соң «Тіл – құрал» атты кітаптар тізбегімен кезең-кезеңімен тіліміздің дыбыс жүйесін (1-ші тіл танытқыш кітап, «Фонетика», 1912-15 жылдар) ажыратып-айқындауы, сөз жүйесін (2-ші тіл танытқыш кітап, «Этимология», 1914-17 жылдар) саралауы, ұзақ жылдардан соң сөйлем жүйесін (3-ші тіл танытқыш кітап, «Синтаксис», 1922-23 жылдар) сипаттауы және тіл қисынынан туындайтын сөз өнері ғылымын (бүгінгіше айтсақ, әдебиеттануды) қара сөз бен дарынды сөзге, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіне, діндар дәуір мен сындар дәуірге жіктеп-жіліктеген арнайы зерттеуі («Әдебиет танытқыш», 1923-25 жылдар) арқылы қазақ (тілді) мектебін, тұтас ұлттық оқу-ағарту саласын тыңнан түрен салып, жаңа сатыға көтеруі – «біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» (М.Әуезов, 1923 жыл). Түрменің сызды камерасы мен итжеккеннің айдауында жүріп аяқтаған, бар саналы ғұмырының қорытындысы іспетті, өз кезіндегі заманауи өркениет пен ғылым-білім жетістіктерін қазақы руханиятқа кіндіктестіре жүйелеп, тиянақтаған «Тіл теориясы» мен «Мәдениет тарихы» атты шоқтықты еңбектері, өкінішке орай, ұлты мен авторының талайлы тағдырын құшып, репрессияға ұшырады… Енді сол соқталы ойлардың кейбіріне назар сала отырыңыз.
*Біздің заманымыз өткен заманның баласы, келер заманның атасы.
*Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы.
*Алашқа аты шыққан адамдар, көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер. Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.
*Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек.
*Ел бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін.
*Ұлт жұмысы үлкен жұмыс. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға күш керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!
*Атадан балаға мирас болып екі-ақ нәрсе қалады, бірінші – бай тілі, екінші – байтақ жері.
*Оқусыз халық қанша бай болса да біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші.
*Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі де ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым.
*Құл болып отырған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халыққа жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес. Олай болмаған болмаса, онда табиғат заңынан тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сияқты болып шығады.
*Қазақтың оқығаны аз, оның ішінде халық ісіне қатысып, жұрт үшін жұмыс қылғандар аз. Бірақ аз да болса, қазаққа қызмет қылып ысылған, төселген адамдар … қазаққа көбірек пайда келтіретіні шексіз.
*Мәдениеті жоғары халық мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдан анық, күндей жарық ақиқат. 200 миллион үнді халқын 50 миллион ағылшын жем қылып отырғаны, 500 миллион қытайды өзінен он есе аз жұрттар әжуалап отырғаны – адам баласының теңдігі-кемдігі мәдениетіне қарай екендігін ыспаттайды.
*Мәдениет алға басуы тірнек ісі шеберленуімен, сана-саңылау күшеюімен болады. Тірнек ісінен шыққан шеберлікті өнер дейміз, сана-саңылау күшінен шыққан білімді ғылым дейміз. Бұл екеуі де іштен адаммен бірге туатын нәрсе емес, үйренумен табылатын нәрсе. Үйрену дегеніміз – оқу. Сүйтіп, мәдениет жүзінде халықтың алға басуы, алдағы жұрт пен арттағы жұрт арасындағы мәдениет жігі жоғалуы оқуға келіп тіреледі.

           Ғарифолла ӘНЕС, профессор

         http://anatili.kazgazeta.kz/?p=40925

толығырақ

НН

         Ха­лқымыздың сүйікті әнші­сі – Қазақстан­ның халық әртісі, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лау­реаты Нұр­ғали НҮСІП­ЖА­НОВ

       80 жас­қа толып отыр. Өмірдің асқаралы асуына қадам басқан өнер иесін мәртебелі мерейтойымен құттықтай отырып, арнайы алынған осы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

      – Нұрғали аға, қоғам өзгерген соң оның қозғаушысы адам да өзгереді, рас қой. Бірақ, мен үшін өнер адамы, оның ішінде, әсіресе, әншілер… өзгермейтіндей болып көрінеді де тұрады. Бұлай дейтінім, сіздің сахнадағы әр­бір сабырлы қимылыңыз бен ау­зыңыздан шыққан әрбір сал­мақты сөзіңіз осындай ой топшылауға жетелейді…

      – Дұрыс байқағансыз, менің мамандығым мен өмірге деген кө­з­қарасым өзгерген емес, өз­гер­мейді. Ол – мәңгілік тура жол. Жыл өткен сайын кәсібің өсіп, тә­жі­рибең жетіледі, өкшеңді басқан өнерпаз іні-қарындастарыңның бет алысы бойыңды бұрынғыдан да тік ұстауға, олармен есептесуге бейімдейді. Адам – ата-ана­ның, одан соң халықтық тә­лім-тәрбиенің шипасымен же­ті­леді. Екі мыңжылдықтың ішінде қо­ғам қаншама рет өзгерді, өзі­ңіз ойлаңызшы, бірақ, адам өз­гер­мей­ді…

    – Жарайды келістік. Ал за­ман­ға сай мінез-құлқы өз­гере­тін­дер туралы не айтар едіңіз? Жалпы, өнер адам­да­рының бекзат мінезі жа­ра­ты­лыстағы сирек құбылыс қой де­генді айтқым келген еді?!

     – Атадан қалған «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген сөз бар. Бұдан сәл ертеректе, өнердегі шығармашылық ғұмырымда менің ақиқатын айтамын деп бір министрдің жүрек талмасын ұстатып қоя жаздағаным бар. «Жөні қалай деп өзіңіз сұра­ды­ңыз. Мен сонда өтірік айтуым кер­ек пе? Жалпы, ақылдасқан адам азбайды деген. Бұдан былай да ақыл сұрап тұрыңыз» дедім сонда. Содан сол министр көпшіліктің ортасында менімен жылы жымиып сүйісіп, құшақтасқанымен, «пікір сұраудан» тайсақтайтын болды. Менен алыс жүретінді шығарды. Бұрын мұндай мінезі жоқ еді. Сіздің адамның өзгеруі туралы сауалыңызға айтарым осы. Мен мұның бәрін жеке бір көзқарастардың астамшылдығы ғой деп бағалар едім.

     – Рахмет. Жалпы, сіздің өмір жолыңыз қызықты оқиғаларға толы… Қарапайым ауыл баласы консерваторияға қалай түсіп, қалай опера әншісі атанды?

    – Оның несіне таңданатыны бар, менің тұстастарымның көбі ауылдың өнер «академиясын» бітіргендер ғой… Біздер кемпір-шалдың тәрбиесін алған адамдармыз. Ауылдан оқу аңсап Алматыға келдік. Консерваторияға түсу үшін музыкалық орта білімің болуы керек екен. Өйткені, консерватория шәкірттерін классикалық ілімге тәрбиелейді дейді. Ал енді, ондай мектеп ауылда қайдан болсын? Бұл арада маған атақты Ілияс Омаров көкемнің көмегі көп ти­ді. Сол кісінің тапсырмасымен кон­серваторияның жанынан екі жыл­дық дайындық курсы ашылды. Сөйтіп, консерваторияңызды еш қиналмай бітірдік. Бағымызға қа­рай біздің өнердегі өмірде қалыптасуымызға сол кездегі ұс­таз­дарымыз елеулі үлес қосты. Бі­ле-білсеңіз, Мұхтар Әуезов атын­­дағы «Әкем» театр деген оның ака­­демиялық атауынан туған жоқ, ол тура мағынасында, яғни өнер ор­дасының әкелік қамқорлық рөлі бол­ғандықтан солай аталады. Сол театрдан бүгінгі Абай атындағы опера және балет театры бөлініп шықты. Өйткені, академиялық театрда музыкалық спектакльдер де қойылып жүрген. Опера театры соғыс жүріп жатқан 1944 жылы ашылды. Адам санасын тәрбиелеу, оның қадір-қасиетіне әсер ету еш­уақытта тоқтамауы керек. Ашсың ба, жалаңашсың ба, өнер өз орнын табады. Атылардың алдында әнін айтып тұрып көз жұмғандар бар, білесіз ғой?! Өнердің құдіреті сон­да.

      – Ойыңызды жалғап жібере­йін. Қазіргі жағдайда да, еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бері Астана мен Алматыда талай-талай театр, талай-талай өнер ғимараттары ашылды…

      – Жаңа театр ашылуы тиіс. Ме­ніңше, Үкімет оның негізгі қызметі мен міндеттерін назарында ұстауы керек деп ойлаймын. Театр – ұлттық тәрбиенің көшін бастайтын өнер, ол бүгінгінің идеологиясы, үгіт-насихаты. Сана­лы адам тәрбилеуде өнердің қо­лынан келетіні көп. Қазақтың санғасырлық әні мен күйінің, жырының өзі тұнып тұрған тарих пәні емес пе? Халықтың ел­ге, жерге деген тағылымын, пе­да­гогикалық тәрбиесін қазақтың өне­рі атқарып келген. Өнер – өте нә­зік дүние. «Тойшыл боп кеттік» деп кейитін әңгімелерді құлағымыз естиді. Ол дұрыс емес, өнер – еріккеннің ермегі деп кім айтты? Дегенмен, қазақ өнерінде, оның ішінде ән саласында талғампаздық қалып барады. Қазақ ежелден барлық ұлттың әнін талғамай айта береді, орындайды. Оның оң жағы да, теріс жағы да бар. Сырттан келіп сіңіп жатқан саз иірімдері, мәтіндері біздің төл өнерімізге кесапатын тигізіп кетеді-ау деген жағын ойластыра бермейміз. Ол – қазақтың ән өнері үшін қасірет дер едім. Көп жағдайда ақ пен қараны ажыратуға, жақсы мен жаманды бөлуге, сараптама жасауға икеміміз келмей қалады. Жекелеген өнер отаулары да базарлар секілді сансыз өлшемде ашылып кетті. Оның асылы қайсы, жасығы қайсы – сараптау Үкіметтің еншісінде дер едім. Өйткені, зияны өнер жолында жүрген бейкүнә жастарға тиіп жатыр…

      – Бүгінгі өнердегі жастардың жайынан хабардармыз. Жал­пы, бүгінгі өнер адамдары ара­сын­дағы салалық ынтымақ­тас­тық, ауыз­бірлік, серіктестік қандай, бұрын қандай еді?

     – Бұрын… ол міндеттердің бар­лығын Үкімет атқаратын. Кеңес заманын айтып отырмын. Бізге өнер адамдарына қойылатын идеологиялық талап күштік құры­лымдарға қойылатын талаптардан да зор, өте жоғары болатын, иә… оны біреу білер, біреу білмес. Біз оны жүрегімізбен сезін­дік. Еліміздің, халқымыздың тал­ғамы биік тұрса, алдымен өнер гүлденеді. Елімізде нөпір кон­церттер болып жатады. Өз мини­с­трлігімді жамандағаным емес, сол концерттерден не мини­стр­ліктің, не әкімдіктердің бір де бір қызметкерін көрмеймін. Ал ертеректе билік өкілдері біздің репетициямыз аяқталғанша талмай тыңдап, қатысып, керекті жерінде ойын бөлісетін…

       Ал қазір жастарды, кешіріңіз, «көше» тәрбиелеп жатыр. Буыр­қанған жылдам уақыт. Қазақ­тың кеңдігін, дарқандығын пайдаланатын ұйымдар мысықтабандап келіп ішімізге кіріп кетті. Жем болып та жатқан жайымыз бар. Жастардың барлығы бірдей олардың жетегінде кетті деуге де тілім бармайды. Өз орнын біліп, қандай қамалды болса да бұзып алғы шепке шыққан жастарымыз да баршылық. Олар дегенде көңілім тасып қалады. Ал сіз айтып отырған біздің тұстастарымыз арасындағы ынтымақтастық тек қоғамдық негізде жүруде. Ондай бірлестіктерге әркім өз еркімен бас сұғады, қаламаса, бармайды да. Солай.

       – Сіздің радио мен теледидардан төгілген әніңізбен тербеліп өскен буынның бірі алдыңызда отыр. Сіздің айтқан әндеріңіздің әуезділігі жүрек толқытып, дау­ысыңыздың тартымдылығы жанға жайлы болып келеді. Ерекше. Сіздің дауысыңыз…

     – Ендеше, мен оған кінәлі адамдардың атын атап, тізіп шығайын… Олар – Нұрғиса Тілен­диев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев және басқалары… Дауыс жайына келсек, әр адамның мінезі, өзіне тән іс-қимыл әрекеті секілді өзіне тән дауысы болады емес пе? Мен бар болғаны сол жоғарыдағы атақты кісілердің әндерінің насихатшысымын. Олар әнді жақсы жазды, мен жақсы орындауға тырысамын…

       – Өзіне тән «дауысы жоқ» әншілер туралы не айтамыз?

      – Шыңғыс ханға қаруластары «Төңіректің бәрін жайпап барамыз, жететін де шығар» дейді. Сонда Шыңғыс хан «Күш-қуатым барда өзім жаулайын, кейін жауларымды менің дақпыртым жаулайды» деп айтыпты дейді. Біздің өнер саласында қазір сол аңыз керісінше реңк алған, алдымен әншінің дақпырты шығады, содан соң тыңдарманының жүрегін жаулайды… Дейтұрғанмен де, жастарға тілекшімін. Жұлдыздары жанса деймін. Жоғарыдағы өзім айтқандай мықты композитор­лар­ға кездессе, әннің сөзін жазған ақын­дары талғамды болса екен деймін.

       – Мансапқа көзқарасыңыз қалай?

      – Ол енді адамына байланыс­ты. Кішкентай болса да орын­тақ­ты жақсы көретіндер бар. Мен ол қатарда жоқпын. Менің сахнада жүргеніме 60 жылдан асыпты. Бұйырған дүниені көріп келе жатыр­мыз. Өзім қызметте жүрген Жамбыл атындағы консерваторияда мерейтойлық бір концертті екі оркестрмен өткізіп жіберу ойымда болған. Бірақ, қала басшылары «Ақпанның 21-інде 80 жылдығыңызды Абай а­тындағы опера және балет теа­трында өткізіп берейік» деп қолқа салып отыр. Алдымен мына бүкіләлемдік Универсиаданы өткізіп алайық дейді. Спорттық ол шара да оңай іс емес. Еліміздің абыройына сын.

       – Консерваториядан соңғы өнер­дегі өмір жолыңыз қалай жал­ғасты?

      – Консерваториядан соң Қазақ радиосында жұмысқа тұрдым. Ол жерде екі оркестр бар еді. Ауылда жүргенде Қазақ радиосына шығып ән айту қол жетпес армандай еді, бір-ақ күнде орындалды. Әуелде музыкалық редакцияның редакторы қызметін атқардым. Музыка өнерінде қалыптасып, тіпті, толысуыма радионың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Екінші тынысым сол жерде ашылды, радиожурналис­тика дегеннің не екенін білдім әрі сөз қадірін түсінуді бастадық. Аты белгілі авторлар, әншілер, композиторлар бәрі сол радиоға келеді. Ол жерде көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Ал Үкімет ол кезде радиодан қаламақыны аямады… Жаспыз, атақты бір кісімен таныссаң, бұрын оқымаған бір кітаптың бетін ашқандай әсерде жүреді екенсің. Ән айтуды да тоқтатпадым. Демалуды білмедім. Оқуға түсерге дейін ауылда қой баға жүріп, елеулі еңбегім үшін Коммунистік партия қатарына өткенмін, радиодағы қызметте оның пайдасын көрдім. Коммунист адамда жауапкершілік ерекше болады, мен бөлімде басшылық қызметтер атқардым. Тәжірибе алмасудың жолымен Мәскеуге жиі барып тұрдым. Үлкен мектептен өттім. Радиодан соң, мемлекеттік бір комитетте болғандықтан да кейін мені телевизияға шақырды. Сол жерде мемлекеттік комитеттің төрағасымен «сөзге келіп қалып», содан соң Құрманғазы атындағы оркестрге қызметке ауысуға тура келді.

      – Шынымды айтайын, сізді «сөзге кеп қалады» деген­ге қимай отырмын.

        – Менің өмірімдегі ең бірінші әрі соңғы тәжікелесуімнің өзі де сол шығар. Комитеттің жаңа басшысына менің қызмет орным керек болды-ау деймін. Тиісіп қоймады. Содан бір жиналыста ішек-қарнымды ақтарып тастадым, «Баланы ұра берсе батыр болады» дегендей, жиналыстың үстінде «Жолдастар, рұқсат етіңдер, мен бұл кісімен комитеттің басшысымен емес, коммунист пен коммунисше сөйлесейін» деп алдым да, бар кемшілігін бетіне бастым. Соның ақыры, оркестрден бір-ақ шықтым. Сонда 30 жылдай еңбек еттім. Кейін «Қазақконцерт» өзіме арнап жеке мобильді «Жазира» атты ансамбль құрып берді. Оның қатарында жүріп 10 жылдай ән салдым. Тұңғыш рет Түркияға, Қытайға са­пар­лап барып, концерт қойып қайттық. Басшыларға базарлық беруді білмеппін, кейін ұқтым. Заман өзгеріп келе жатқан екен. Содан халықтың қалауындағы әлгі топ оңтайланып, қысқарып кете бардық. Қазір өнердегі дара тұлға Нұрғиса Тілендиев ағамыздың «Отырар сазы» оркестрінде қыз­мет­ істеймін.

       – Қазақстан өнерінің бі­лік­ті мамандарын дайындай­тын Темірбек Жүргенов атын­да­ғы Өнер академиясында сіздің қызыңыз Бибігүл Нүсіпжа­но­­ва­ның ректорлық қыз­мет ат­қа­ратынын білеміз. Отба­сы­ңыз­­да Бибігүлден басқа өнерге ат­­салысып жүргендер бар ма?

      – Бибігүлден кейінгі қызым Алма да, күйеу бала да – дәрігер, үшінші қызым Дариға өз отба­сымен бизнесте жүр. Нұргүл – Парижде өткен Рубинштейн атын­­д­ағы халықаралық пианистер бай­­қауының жеңімпазы. Кенже қы­зым Нұрзада да өнер жолында, жүрегі мүсіншілік кәсіпті қалады. Қазір Испанияда, өнер академиясында оқиды.

       – Сіздің бұл сұх­батыңыз «Егемен Қазақстан­ның» жаңа­ша пішімде шығып жат­қан нө­мірлерінен орын алады…

      – Мен – ел газеті «Егеменді» сонау «Социалистік Қазақстан» кезінен бері қарай, өмір бойы жас­танып оқып келе жатқан тұрақты оқырманның бірімін. Қоғамдық барлық өзгерістерде де бас басылым қалтамыздан түспеді. Газеттің жаңа жылдан бастап өзгерген пішімі маған ой салды. Былайша айтқанда, бірден ұнады. Сымбатты жігіттей болып жарасып тұр. Заман жақсыға қарай өзгеріп барады емес пе?!. «Егеменнің» бұл өзгерісін әлемдік стандарттарға сай екенін де жақсы білемін. Ұлы көштен қалмағанымыз жақсы. Қазақстан жас мемлекет. Республикамыздың дүние жүзінің озық елдерінің қатарынан көрінгенін құптаймын, қуанамын. Бұл арада бас газеті­міз­дің атқарар рөлі қомақты. Сон­дықтан да, сүйікті газетіме, оның ұжымына жаңа жылда жаңа табыстар тілеймін. Газет бетінде жағымды жаңалықтар көп болсын деймін.

      – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ

Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ

    https://www.egemen.kz/2017/01/17/92433

толығырақ

Мекемтас

             Филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлымен өзі қалам тартқан көрнекті тұлғалар жа­йында пікір алмасып, әңгіме қаузаған едік. Олардың ұлт мүддесіне сіңірген еңбектері, шығармашылықтары және зерттеп-зерделеу жұмыстары туралы ғалым ойларын өз сөзімен бергенді жөн көрдік.

Түркі тілін тірілткен тұлғалар

      Жүсіп Баласағұн мен Қожа Ахмет Ясауи туралы сөйлеу бір жағынан оңай, жаттанды сөздерді тізбектей айта беруге болады. Екінші жағынан қиын. Біздің зерттеушілер бір өзекті нәрсеге кіре алмай жүр. Олар «Құтты білік» туралы айтқанда, мемлекет, саясат, шаруашылық, мәмілегерлік өнер, ақындық, шешендік және басқалар туралы сөз етеді. Бірақ  кітапта ең өзекті рухани мәселе жатқанын сезбейді. Бұл қабаттың астарын тереңінен ашпай, шығарманың идеялық мазмұнын ғылыми тұрғыдан таратып бере алмаймыз.

      «Құтты білікті» зерттегенде нағыз зер­де­лейтін мәселеміз – «жәуанмәрттік» ілімінің негіздерін ашып, талдау. Сонда ғана қалғанын толық тани аламыз. Біз кітаптың рухани өзегін таппай, сыртын айналып әуреленудеміз. Мен бұл рухани өзекке Абайдың құдіреті арқылы түстім. Абайды зерттей жүріп, жаңа танымға қадам бастым.

       Ал Қожа Ахмет Ясауиді халық неге көкке көтеріп, әулие тұтады? Өйткені, Ясауи дін мен қазақтың ұлттық дәстүрін үйлестіре білді. Екіншіден, поэзияны «Құтты біліктен» кейін түркі тілінде сөй­летті. Ғылым мен поэзияда үстемдік ет­кен араб, парсы тілдерінен бірінші рет бас тартқан «Құтты біліктің» авторы болса, екіншісі – Ясауи. Түркі тілі өте сақ, киік сияқты ұстатпайтын, соны ырыққа көндіріп, кітап жазу – үлкен құбылыс. Түркі тілінде поэзияны үшінші жазған тұлға – Әлішер Науаи. Осылардың арқасында поэзияда, ғылымда түркі тілі қолданыла бастады.

     Қазақтарды Ресей бодандыққа салған­да, бірден Түркістандағы кесенесіне тиіс­ті. Генерал Черняев кесенені жермен-жексен еткісі келді, зеңбірекпен екі тұ­сын бұзып та үлгерген. Бірақ жарты әлем шулап, әрең алып қалды. Кеңес өкіметінің шолақ белсенділері де дінмен аяусыз күресті. Молда атаулыны тұтас қамап, көбін жер аударды. Біразы атылып кетті. Халықтың бүкіл рухани санасын Ясауи ілімі ұстап келгенін қарсы күштер жақсы біледі.

  «Толық адам ілімі» – бірегей рухани құбылыс

      Халық әлі Абайды толық таныған жоқ. Кеңес билігі кезінде Абай шығар­ма­ларынан атеист, материалист деген кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Халықтың санасын сол ұғым әлі де көлегейлеп тұр. Осыны біз біртіндеп, жаңа дүниетаным арқылы насихаттап, дұрыс жолға қоюымыз керек. Меніңше, Астанада Абайдың ғылыми-зерттеу институтын ашпай болмайды, өйткені ескі дүниетаным түбірімен терістелді. Дүниеге жаңа дүниетаным келді. Енді біздер атеизм-материализм деген жалған ұғымды ұмытып, Ұлы сана жолына бет бұрдық. Бағыт-бағдарымыз өзгерді. Абай мұрасын, ұлы сана танымы тұрғысынан біліп, насихаттауға көшеміз.

       Абай неге өмір бойы зарлап өтті? Пенделік көзбен қарағанда, олай ететін жөні жоқ еді ғой. Ештеңеге мұқтаж бол­ған емес, сонда неге зар иледі? Оны қын­жылтқан халқының қасіреті, бодан­дық тағдыры. Он сегіз жыл би, болыс бол­ған ол биліктің ішкі құпиясын, бізді сор­латқан саяси әдісін терең танып білген. Содан кейін патшаға телеграмма жіберіп: «Мынау сайлау елді бүлдіріп жатыр. Сіз генерал-губернаторларға бұйрық беріңіз, болыстарды тағайындап қойсын», деген ойын жеткізді. Патша олай істемейді, өйткені ол «сексеуіл әдісін» қолданып отыр. Бұл әдісті Ба­тыс Сібірдің генерал-губернаторы Сперан­ский ұсынған. Ол патшаға жазған қыз­мет хатында: «Қазақтың даласында сек­сеуіл деген ағаш өседі екен, балталаса жарылмайды, шеге қақса кірмейді, бі­рақ сексеуілді сексеуілге ұрса быт-шыты шығады. Осы сексеуіл әдісін қазаққа қолданайық» депті. Міне, Ресей империясының бізге қолданған басты сая­саты осыған негізделген. Әр болыста 12 ауыл болады, ол 12 ауыл әр түрлі рудан болуы шарт, содан кейін 4 ауылнай, 4 би сайланады, тағы да онбасы, елубасы лауазымдарын қосқанда, шамамен 270-тей  қызмет орны болады. Қазақтарды соған таластырады. Аш иттерге майлы сүйекті лақтырып жібергенде бәрі бірден бас салады емес пе?! Дәл осы секілді қазақтар да қызмет үшін итше таласты, осыдан келіп қазақтың мінезі бұзылды. Мұны көріп, сезген  Сұлтанмахмұт Торайғыров:

Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,

Қаралыққа айналып қызыл қаны…

Ақ пейіл бауырмалдық қалып кетіп,

Желбуаз «сұрқия» боп қызынғаны.

Мас болып партияға қызып алған,

Даланың табиғатын бұзып алған,

Елдігіне, жеріне әм дініне

Құрылды талай тұзақ, талай қақпан, деп қамыға жырлады. Мұндағы тұзақ дегені – миссионерлік саясат. Яғни шо­қын­дырып, орыстандыру болды. Ал қақ­­пан дегені – бізді қасіретке ұрын­дыр­­ған сексеуіл әдісі. Мінез-құлқымыз түзе­лер емес, Абай осыны көрді. Қалай еліме жәрдем етемін деп, халқына ем үшін толық адам ілімінің негізін сала бастады, бірақ аяқтай алмай кетті. Тек ру­хани өзегін жүйелеуге ғана үлгерді. Әуезов білсе де айта алмады, себебі бұл ілім тікелей дінмен байланысты болатын. Абай­дың толық адам ілімінің формуласы үш сөзден ғана тұрады: бірі – ақыл, жай ақыл емес, нұрлы ақыл. Содан кейін, на­қылия, ғақлия дәлелдерге сүйеніп, әді­летті алады. Үшіншісі – рахым. Осы­лардың негізінде кітап жазғанмын. Алайда, оның ұғымы күрделі, оқуға ауыр болып кетті, бірақ қолданыста жүр. Енді тілі жеңіл, ұғымы қарапайым кітап жазуды қолға алдым.

 «Сендер қазаққа керексіңдер»

     1961 жылы Мұхтар Әуезов Тәжік­с­та­н­нан Ташкент қаласына келгенде, күтіп алып әңгімелескен едім. Мұны ұйымдастырған сол кездегі кафедра меңгерушіміз Әлманбет Төлеуов болатын. Кездесуде кандидаттық диссертация төңірегінде екі сағаттай пікірлестік. Мұқаң: «Қандай тақырып аласың?» деп сұрады. «Абай және Шығыс» тақырыбын алайын», дедім. «Жоқ! Жолың болмайды, балам», деді. Ертеңгісін тағы бас қостық. «Не болды, тақырыпты ойландың ба?» деді. «Ойландым, соны аламын», дедім. «Жетекшің қандай тақырып ұсынып еді?» «Абай әдеби мұрасының зерттелу жайы туралы, аса қиын тақырып  екен», деп күмілжідім. «Дәл осы тақырыпты ал!», деді бұйыра. «Ой, аға! Талас болып кетеді ғой». «Кішігірімдерін сына да, ауқымды дүниелерді сынамай жаза бер. Соның өзі жетіп жатыр», деді. Ақыры, сол тақырыпқа Әуезов пен жетекшім Қажым Жұмалиев күштеп көндірді.

    Аспирантураға Баукең – Бауыржан Мо­мышұлы арқылы түскенмін. Кейін келе қызықтым да, әлгі тақырыпқа мүлде кіріп кеттім. Ал Шығысты бәрібір шы­ғар­дым. «Абай және Шығыс» деген кітапты жаз­ғаныма бүгінде өзім таң қаламын. Уақытында Жаратушының өзі жол көрсеткен сияқты.

     Докторлық диссертациямда «Мұхтар Әуезов және Абай проблемалары» деген тақырыппен төрт мәселені зерттеу нысанасына алғанмын. Олар Абайдың өмірбаяны, әдеби ортасы, шығармаларының текстологиясы және Шығысқа қатысы Әуезов зерттеуінде деп аталады. Соңғысына Әуезовті әдейі қалқан етіп алдым. Соның өзінде алғашқы үшеуін академиктер қолдады да, Шығысты алып таста деп отырып алды. Мен көнбедім, сегіз жыл бойы қорғатпай қойды. «Шығысты алмаймын, ол болмаса қорғамай-ақ қояйын» деп табандылық таныттым. Кейін, қайта құру кезінде М.Әуезовтің қызы Ләйла, академиктер Зәки Ахметов және Серік Қирабаев үшеуі қолдап, солардың арқасында қорғадым-ау.

      Қазіргі мектеп оқулықтарын қарасаң, Абайдың шығысы туралы бір сөз жоқ. Өйткені, 1949 жылы КОКП Орталық комитетінің космополитизм туралы арнайы қаулысы шықты. Онда Шығыс пен Батысқа бас игендерді талқандаймыз делінген, осының салдарынан қаншама адам қуғынға түсіп, құрбандыққа ұшы­рады. Әуезов те қудаланды, ғылым кан­дидаты Қоңыратбаевты Алматыдан қуып, қаңғытып жіберді. Жеті жылдық мектепте сабақ беріп жүрген жерінен кейін Қызылорда педагогикалық инсти­ту­тының директоры Әділ Ермеков ша­қы­рып, қызметке алады. Сонда жүріп док­торлығын қорғады. Ол кезде мен оны­ншы сыныпта оқып жүрген бозбаламын, қандай қаулы шығып жатқанын қайдан білейін. Әуезовтің: «Балам, жолың болмайды», дегеніне сол құжат себеп болғанын кейін түсіндім.

     Әуезовтің көп ойы ішінде кетті. «Біз кетеміз, сендер қалуларың керек, қазақ­тың өмірін, дәстүрін қазаққа жет­кі­зетін бір адам қажет, сол сенің мой­ның­да», де­ген Байтұрсыновтың Мұхтарға айтқан сөзін маған Қайым ағай жеткізген еді. Әлімхан Ермеков пен Мұхаң: «Біз бір­ге кетеміз», деп көнбеген ғой. «Жоқ! Ақы­мақ болмаңдар, біз бас тіккенбіз, сендер қа­заққа керексіңдер», деген Байтұрсынов. Сон­дықтан да Әуезовтің жолы қиын бол­ды, ол Ленин сыйлығының лауреаты бол­ғанда ғана еркін тыныстады. Оған дейін төр­ге отырғызып қойып, сынап жатқанын талай көрдік. «Абайдың Батысынан Шығысы басым» деген пікірі үшін де қыспаққа алды.

 Баһадүр Бауыржан. Ақтарылмаған архивтер

    Халық баһадүрі Бауыржан Момышұлы туралы айтылмаған әңгіме әлі көп. Мен батырдың соңғы басылған отыз томдығына бұрынғы қысқартулардың барлығын қайта кіргіздім. Оны басу да оңай болмады. Серік Үмбетовке Жамбыл облысының әкімі болып отырған кезінде: «Баукеңнің жүз жылдығы жақындап келеді. Соған әрекет етуіміз керек. Мен жоба ұсынып отырмын. Сіз жиырма бес миллион теңге бөліңіз. Мен отыз том шығарамын», дедім. «Көке, оны қайдан табасыз? Біз оқитын бес-алты-ақ кітап қой», деді. «Ол архивте жатыр». «Шығара аласыз ба?» «Шығарамын». Көп ұзатпай мәселені мәслихаттың алдына қойды, депутаттар бекітіп берді. Содан кейін 25 миллион теңге ұйымдастыруға, 25 миллион теңге басуға алдым да, бәрін тастай қылып түгел орындап бердім. Мен енді Баукеңнің жүз томдығын жасап жатырмын. Қайдан табамын? Оның барлық архивін сөйлету керек. Мәскеуде батырдың академияда оқыған сегіз мың бет лекциясы жатыр. Өзге де архивтерін қоса есептегенде. Қазір құпия деп бермей отыр.

     Екінші – 1942 жылы Баукеңнің даңқы қатты аспандады. Сол кезде Момыш­ұлының үстінен «Дивизияда ұлтшыл» деген арыз жазылған. Соғыс жүріп жатыр. Мәскеуді уысында ұстап отырған Щербаков басқаратын саяси бюроның мүшелері тексерту жүргізген. Онысы шала болып, екінші тексеру жүргізеді. Қазақстан орталық партия комитетінің сол кездегі хатшысы Әбдіхалықовқа бір айдың ішінде сарбаздардан бас­тап генералдарға дейін – барлығының Баукең туралы пікірін әкелу жүктеледі. Нәтижесінде баһадүр ақталып шығады. Оны көре алмаған адамдар осылай жасаған. Міне, бұл да төрт мың беттік құжат, Ресей архивінде сақтаулы. Сонда он екі мың бет болды ма?

      Үшінші – Б.Момышұлының Кубаға жиырма күнге барған сапарында сөй­леген сөздерінен үлкен бір том шығады. Олар испан тілінде даярлап отыр. Арнайы өкілімізді жіберсек, беретіндерін айтқан. Бірақ құпия деп қайтарып жіберіпті.

      Төртінші – қазір Баукең араласқан әскери адамдардың архивтерін қарап жатырмыз. Көп нәрсе табылуда. Ұзақ уақыт керек екен. Өзіміз үш-ақ адамбыз, жұмыс қауырт, алайда бітіреміз.

       Бесінші – Баукеңнің үйінде екі шаба­дан өз қолымен сызған карта жатыр. Ол екі жүз жеті рет кірді ғой майданға. Әр кірген сайын карта жасайды екен. Қалай соғысады, қай тұстан соққы береді, қоршауға алу тәсілі – барлығы картаға түсіріледі. Біз оны оқи алмаймыз, бірақ бастырамыз. Бұл генералдарға, әскери оқу орындарына керек. Сонда Баукеңнің мұрасы жүзден асып кетеді. Біз тек игере алмай жатырмыз.

           Жазып алған Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»

        https://www.egemen.kz/2017/01/17/92440

толығырақ

Shokyr

      Алпыс сегізінші – мешін жылының шілде айы болатын. «Лениншіл жас» газеті редакциясында жұмыс істеп жүрген кезім. Іссапардағы әріптесім Өмірзақ Жолымбетов­тен нөмірге салатын хабар күтіп отырған сәтім еді. Кенеттен алдымдағы қара телефон шыр ете қалды. Көтерсем республикалық «Спорт» газетінің редакторы Сматбек Төребеков екен. Сәкеңнің кейде ойдағы-қырдағыны сұрап, ұзақ амандасатын әдеті бар-ды. Бұл жолы да біраз аман-саулық сұрасып, шер тарқатқан соң:
        – Жүсіп пайғамбар (Кейде мені ­солай атайтын. Ж.Х.) сүйінші. Сүйінші бересің бе?
    – Аға, әуелі айтсаңызшы? Не үшін?
     – Жо-о-оқ, сүйінші бересің бе, бермейсің бе?
     – Мақұл, ағаның-ақ айтқаны болсын, беремін.
     – Ай, айналып кетейін ақылың бар ғой. Сен ертең түсте «Спорт» кафесіне кел. Сол жерде бір ағаңмен таныстырамын. Ал сүйіншің бар болғаны түскі ас.
     – Аға, айтсаңызшы құпиялап отырған бейтаныс жаныңыз кім? Қай­дан келді?
     – Айтпаймын. Жаңағы келіскен уә­деңде тұр. Оңай құтыласың, қу бала. Кез­дескенше сау бол, – деп трубканы қоя салды.
       – Бұл кім болды екен? Өз ағала­рымның ешқайсысы Смекеңді танымайды. Әрі келсе ең әуелі менімен хабарласады ғой. Не болса да Алматы қаласында тұратын зиялылардың бірі шығар деген ойға тоқтап сабама түстім.

       Келіскен уақыттан екі-үш ми­нуттай ерте келсем, ашық алаң­ның көлеңкелеу жа­ғындағы столға Смекең мен қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлы жайғасыпты. Амандасып болған соң тапсырыс беріп, әңгімелесіп отырмыз. Танысатын ағам қашан төбе көрсетер екен, – деп жан-жағыма жалтақтап, қайта-қайта қарап қоямын.
      – Шоқа, мынау Жүсіп деген жігіт. «Лениншіл жас» газетінің қызметкері. Біраздан Алматыда тұрады. Сізге інішек болып келеді, – деді бір кезде Семкең. Мен іштей «Смекеңнің ағаң дегені Шоқаң екен-ау. Бұл кісіні бұрыннан танимын ғой» – деп таңдандым да қойдым.
      Шоқыр Бөлтекұлын біреулер Маң­ғыстаудан, біреулер Түрікмен­стан­нан деп айтып жүретін. Осы жағын анықтап алудың мүмкіндігі туған соң:
      – Ағасы, қай жерде туып өстіңіз, – дедім.
       – Жүсіп, менің өскен жерлеріме тоқ­талсақ, ол бір-екі күндік әңгіме. Туған жерім Гурьев облысының Маңғыстау ауданындағы Сарықауақ деген шағын ауыл. Әке-шешеден ерте қалып, аз-маз оқыдым, – деді де қайтадан ойға шомды. Қанша іштартып суыртпақтатсам да бұдан әрі әңгімелесуге зауқы соқпай отырғанын байқадым да, «тағы бір реті болар» деген ниетпен ағамызды мазалаған жоқпын.
      Түстенгеннен кейін стадионның оңтүстік бетіндегі «Спорт» газеті редакциясына келдік. Шоқаң көп кідірген жоқ. Сәлден соң үйге барамын деп кетуге ыңғайланғанда Смекең:
        – Машина шақыртайын, апарып салсын, – дегенде Шоқаң:
       – Рахмет, әуреленбе Сматбек. Өзім ба­рамын, – деп қош айтысып шығып кетті.
Смекең маған:
       – Көрдің ғой ағаңды. Өте қа­рапайым. Мәй­мөңкелеп сөйлеп, қандай лауазым иесіне де жағым­паз­дануды білмейді. Атақ-даңққа, мақтау сөзге, шен-шекпенге қызыққан емес. Ондайға мән бермейді де. Сен дұрыс істедің, о кісі үсті-үстіне сұрақ қойып, мазалағанды жақтырмайды. 1950 жылдан бері бірге жүрген шәкірті менімен де, ағыл-тегіл әңгімелесе бермейді. Айға жуық соңы­нан қалмай жүріп, бір мақалалық деректі әрең аламын.
       Бокс әлеміндегі даңқы күндей күркіре­ген ағамызбен алғашқы дәмдес болуымыз осылай өтті. Енді қазақ боксының атасы Бөлтекұлын көрген жерде сөзге тартып, бірер сұрақтан беріп дерек жинау тәсіліне көштім. Бірақ онымен де тындырғаным шамалы еді.
Тоқсан бірінші – қой жылы Қа­зақ­стан Республи­ка­сының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Әбденәлиевтің бокстан Ел құрама­сының бас бапкері болғанын естігенде, әрбір сөзі шыңырау түбінде жатқан ағамыз ерекше толқып, қуанып, әдеттегі тұйықтық бұлтын сәл-пәл ыдыратып, шешіле сырласты.
        – Өмір бойғы темірқазығым – біреудің ала жібін аттамау, адалдық пен тәртіптің құлы болу. Қолғап киген бар шәкірттерімді баулығанда «олай ұр, былай ұр» деумен шектелген емеспін. Қолымнан келгенінше саналарын сәулелендіріп, ізгілік шарапатымен де сусындатып, бойларына тереңірек сіңіруге тырыстым. Олардың әрқайсысын тәрбиелеуге бар қуатымды, ынта-жігерімді, алтын уақытымды сарп еткен жанмын. Оған ешқашан өкінбеймін де. Осындай қағидаларды зердесіне мықтап тоқығандардың бірі, өзімнен тәрбие алған тұңғыш спорт шебері Серік Әбденәлиев. Шәкірттерімнің ішінен Ескендір Хасановтан кейін құрама тізгінін ұстаған Серікке ризамын. Тағы бірдеңені сұрағың келіп отыр-ау, – дей келіп, ерекше толғаныспен өмір жолы жайлы біраз әңгімеледі.
      Шоқыр тоғыз жасында қазіргі Форт-Шевченко қаласында мектеп табалды­ры­ғынан аттапты. Бес-алты шақырымдай жерден қатынап оқығанына қарамастан, үлгі­лілер қатарынан көрінеді. Ол сонымен қатар, сурет салуға деген ерекше икемдігін танытқан. Қазанның түп күйесін пайдаланып жартасқа қайықшыларды, қаламмен кластастарын, құм үстіне жануар­лар суреттерін айнытпай салады. Жас баланың осындай талантын байқаған мұғалімдер, оған суретшілер даярлайтын арнаулы оқу орнына бару жөнінде кеңес береді. Ұстаздар ақылымен Ш. Бөлтекұлы 1932 жылы Баку қаласындағы суретшілер училищесіне түседі. Училищені тәмам­дауға екі айдай қалғанда Мәскеуден Петров ­деген ұстаз келеді. Ол математика маманы, әрі боксшы екен. Жаңа өнер Шоқырға бір­ден ұнайды. Бірақ оқуды аяқтағалы жат­қан балаларды секцияға қатыстырмай қойған.
      Қазақтың қаршадай баласы салған суреттер, ұстаздар көңілінен ­шы­ғып жүрді. Олар таңдаулы үш шәкіртке ­ше­берліктерін ұштай түсу үшін, оқуларын Мәскеу немесе Киев қалаларының бірінде жалғастыру жөнінде ұсыныс жасайды. Сол таңдаулылардың қатарына іліккен Шоқыр Киевті қалады.
     Украина астанасына келіп көр­кемсурет институтына орналасты. Бакудегі жоғары бағалары мен комиссияға тапсырған суреттері қабылдаушылар көңілінен шықты. Ол алғаш сабаққа барған күннен бастап, бокс бапкерін іздеді. Ақыры осындағы бапкер И.Ивановтың секциясына жазылады. Аптасына үш рет жаттығу, Шоқыр үшін ешқандай қиындық туғызған жоқ.
     Бес айдан кейін жаңадан үйренген­дер арасында жарыс ұйымдасты­ры­лады. Шоқыр үш қарсыласпен шығып, бәрінде де айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жас талапкердің аяқ алысын байқаған бапкер, енді оны үшінші және екінші разряды бар спортшылармен шайқастырып көрді. Мұнда да қазақ жігітінің тегеуріні мықты екендігі байқалды. Иван Конс­тантиновичтің шәкірттері Киев, Львов, Харьков қалаларындағы жоғары оқу орындары студенттерімен көптеген жолдастық кездесулер өткізді. Соның бәрінде де Шоқыр Бөлтекұлы жеңіске жетіп, ұстаз мерейін өсіре түсті. Шеберлігі күн санап өсіп келе жатқан шәкіртінің оқуын бітірер сәті жақындаған сайын Ивановтан маза кете бастады. Бірде кезекті жаттығудан соң Шоқырды жеке шақырып алып:
       – Салған суреттеріңді Матвей ­Никифорович Петренко мақтады. Ол талабы өте жоғары ұстаз. Осы айтулы әріптесімнің өзің жөніндегі пікіріне қуанып қалдым. Рингтегі шәкірттерімнің арасында сенен асқан спортшы жоқ екенін көріп жүрсің. Киевте тағы екі-үш жылдай еңбек етіп, рингтегі шеберлігіңді ұштай түссең дұрыс болмай ма? – деді.
       – Сіздерден үйренгенім көп-ақ. Өздеріңізге әрқашанда қарыздармын. Бо­йымдағы бар өнерім үлкен бұл­қы­ныста. Сол байлықты қазақ балала­ры­ның бойына дарыту арманым, – деді.
     – Жарайды, саған өкпем жоқ. Боксқа өзіңнен әлдеқайда бұрын келген жігіттердің талайын жолда қалдырып, менің еңбегімді де елге паш еттің. Жаңағы айтқандай ізгілікті арманың болса, іске сәт, бірақ бізді ұмытпа, – деп аса мейірімділікпен шәкіртінің арқасынан қақты.
     Маңғыстаулық жас жігітке Баку де, Киев те жасыл қала ретінде көрінген болатын. Украина астанасындағы көздің жауын алатын гүлзарлар ерекше әсер берген еді. Ал Алматы жасыл желегі жағынан аталмыш қалалардың екеуінен де асып түсті. Аспанмен таласқан зәулім теректер, көше бойы өсіп тұрған алма, алмұрт, өрік, шие ағаштары. Қаласаң үзіп ал да жей бер. Тура ертегілер еліндегідей. Арықтардағы мөлдіреп аққан бұлақ суының үні, бейне бір арулардың жанға нәр құятын күлкілеріне ұқсас. Бәрі-бәрі жігіт көңілін самғау биікке көтеріп, арманның тәтті нәрімен сусындатты.
      Сол кездегі қала халқының жиналып қымыз ішіп, әңгіме-дүкен құрып, көңіл көтеретін орыны жергілікті базарлар еді. Біреулер барын бұлдап сатқанына қуанса, екіншілері қажетін тапқанына, әрі оны арзанға алғанына мәз. Сөйтіп, сатушы да, алушы да бір-біріне деген ризашылықпен қол алысып жатқаны. Сырттай қараған кісіге бұл бір, адамдар арасындағы қарым- қатынастың ғажайып көрінісі.
       Шоқыр да бұрын-соңды көрмеген құбы­лыс­тарды тамашалап, базар аралап жүрген болатын. Кенеттен бейжай кө­рі­ністі тіліп өткендей, шаң-шұң бола қалды.
    – Көмектесіңдер, ақшамды төлемей барады, – деп жан ұшырған әйел дауысы шықты. Жанайқайды құлағы шалған Шоқыр жүгіріп келіп:
     – Апа, не болды? – дегенде, әйелдер жарыса аптыққан күйі:
     – Мына пісте шағып бара жатқан екі жігіт қаймағымды ішіп, ақшасын төлемей кетті, – деді.
     Шоқыр оларға дереу барып ақшасын төлеңдер деген бойда, ұзындау сары қол жұмсауға ыңғайлана берді. «Шегінгені қошқардың жақсылықпен тынбайды» демекші, қас қағым сәтте не боларын сезген Шоқыр иектің астынан сақ еткізді. Ұзынтұра мұрттай ұшып, картоп толтырылған қапшықтың үстіне гүрс етті. Екіншісі қол жұмсап үлгерді. Бірақ жалт бұрылған Шоқыр соққы дарытпай, мұны да шықшыттан бір соғып, кескен теректей болып жатқан досының үстіне сұлатты.
    Осының алдында ғана одырайып жүрген базар «еркелері» бейшара күйде орындарынан тұра сала ақшаларын төлеп, таланған күшіктей мүсәпірсіп қақпадан шығып бара жатты. Шоқырдың айналасына бала-шаға, маңайдағы сатушылар тауарларын тастай салып, топырласып жиналып қалыпты. Бәлендей алып бара жатқан ерекшелігі жоқ жігіттің, еңгезердей екі дәуді шыбын құрлы көрмей жапырғанына елдің бәрі аң-таң. Туғалы бері мұндай ғажапты көрмеген қауым, бейтаныс жігіттің қолының аруағы бар ма деп тамсанады.
     Базардағы оқиға ауыздан-ауызға тарап, бокс бапкері Владимир Беля­ниннің құлағына жетеді. Ол ел арасындағы алыпқашпа сөзді жұрт не демейдіге жорымай, таусоғарды кездестіру мақсатында базар жаға­лайды. Ақыры Шоқырмен табысып, танысады. Белянин Санкт-Петербург бокс мектебінің түлегі болса, Шоқыр Киевтен. Сөйтіп, олар бірден тонның ішкі бауындай болып, Алматыда бокс мектебінің іргетасын қалай бастайды.
      Шоқыр жаңа әріптесінен бес жас кіші болып шықты. Белянин үш жылдан бері педагогтік жұмысқа ауысқан екен. Шоқыр болса әзірге қол «қышуын» қандырмаған, мейлінше жас спортшы. Сондықтан да жаттықтырушылықпен қатар, рингте де өнер көрсетті. Бірақ мұнда оған қарсы тұрар жан табылмады. Салмағы 63 келі болғандығына қарамастан, жаттығу кезінде өзінен әлдеқайда ауыр боксшылармен қолғап түйістірді.
     Қырық бірінші – жылан жылының күзінде Санкт-Петербург қаласында боксшылар жарысы өтуге тиіс еді. Нева жағалауындағы бәсекеге алматы­­­­лық былғары қолғап шеберлері де даярланды. Олардың арасында Ш.Бөлтекұлы,­­ ­А.Линник, ­­­С.Әубәкіров, Д.Баймұратов, ­­­­В.Пугачев бар болатын. Бірақ маусым айында неміс фашистерінің соғыс өртін тұтатуына байланысты, бұл жоспар жүзеге асқан жоқ. Боксшылар рингті тастап, майданға аттанды. Шоқаңның айтуына қарағанда сол соғыста, өзіне таныс бес боксшы мерт болыпты.
      1943 жылы оқ пен өрттің ортасынан екінші дәрежелі мүгедек болып оралған Шоқыр, суретшілікпен қатар, жаттықтырушылықпен де айналысты. Жастарды үйрете жүріп, өзі де ептеп жаттығады. Бар мақсаты ринг төріне спортшы ретінде шығып, ел намысын қорғау болатын. Ал дәрігерлер болса, екі-үш жылсыз мүлдем айығу мүмкін еместігін кесіп айтты. Әйтсе де өзіне деген сенімі мол Шоқыр алға тартқан үміттің жетегімен, жаттығуды үдете түсті. Әрі әріптестерімен ақырындап қол­ғап түйістіріп қоюды да естен шы­ғар­ған жоқ. Бірақ жан алысып, жан берісіп шайқасқа түсу сәті ертелеу сияқты.
     Ол жылдары Қазақстанда Одақтық жарыстарға қатысатындай дәрежедегі спортшылар тапшы еді. Сондықтан да кейбір сорпа бетіне шығатындар бірде «Динамо», бірде «Спартак» ерікті спорт қоғамдарының жарыстарына қатыса беретін. Шоқыр аталған екі спорт қоғамының туы астында да сынға түсті. 1944 жылы «Спартак», ал 1947 жылы «Динамо» ерікті спорт қоғамы орталық кеңесінің біріншіліктерінде күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар 1945-1947 жылдары қатарынан үш рет Қазақстан чемпионатында құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 1947 жылы қазақ жастары арасынан ең бірінші болып КСРО спорт шебері деген күміс значокты иемденді.
Бөлтекұлы спортшылық сапта жүріп 223 рет рингке көтеріліп, 199 рет жеңіске жетті. Осыншама шай­қас­тың жүзден астамын майданнан жарақаттанып келгеннен кейін өт­кізіпті. Ол 1947 жылдың күзінде бокс қолғабын шегеге іліп, біржола бапкер­лікке бет бұрды. Шоқаңның шәкірті Мақмұт Омаров алғаш рет КСРО чемпионатында (1947 жылы) құрмет тұғырының үшінші сатысына көте­рілді. Қазақстандықтар бұл жолы коман­далық есепте алтыншы орынға шықты.
     Даңқты боксшының бапкерлік қадамына ел сүйсінді. Талантты жастар томағасын сыпырған қырандай, бұрын алынбаған биіктерге самғап, жанкүйерлер қауымын қуанышқа бөледі. А.Үсенов, Е. Хасанов, ағайынды Омаровтар 1948-1956 жылдар аралығында бірнеше рет Орта Азия мен Қазақстанның чемпионы атанды. Мақсот Омаров 1957 жылғы КСРО чемпионатында қола, 1959 жылғы КСРО Халықтарының ХІ спартакиадасында күміс алқа тақты. Бұлардан басқа М.Хайрутдинов, Н.Титов, ағайынды ­­­­­Г.Р. Рехерт, А.Кадетов, К.Қалдыбеков, С.Әбденәлиев, Х.Ахметов, Х.Нұрсейітов, К.Нәдірқұлов, Е.Сұлтанбаев сынды шәкірттері бокс өнерін сүйетін қауымға жақсы таныс. Ұстаз жолын кәсіп еткендермен қатар, белгілі сазгер, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халық артисі Н.Тілендиев, қоғам қайраткері, академик А.Құлыбаев, журналшы С.Төребеков сынды елге танымал азаматтар да Шоқырға шәкірт болған. 1964 жылы бапкерлік саласындағы жетістіктері үшін қазақ боксының пионері Ш.Бөлтекұлына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді.
      Шоқаң өзінің өте қарапайымды­лығына қарамастан ұлтжанды патриот, үлкен жүректі азамат еді. «Айтқаныма көнесің, айдағаныма жүресің» заманының өзінде ешкімнен қаймықпай, толқынға қарсы жүзді. «Қазағым, қазағым» деп, құр даңғаза айғайға салмай-ақ, қандастары үшін қолымен от көсеуге даяр жан екенін талай рет дәлелдеді.
      Шоқаңның тектілігі мен адамгер­шілігін, өз ісінің шебері екендігін баға­лап, құрметтеген зиялы қауым өкіл­дері де баршылық. Соның айғағы ретінде қазақ әдебиетінің негізін салу­шы­лар­дың бірі Б.Майлин, халық қаһар­ма­ны Б.Момышұлы, белгілі сазгерлер М.Төле­баев, Б.Байқадамов, Н.Тілендиев, қазақ теат­ры мен кино­сының жұлдыз­дары Ш.Айманов, Е.Өмірзақов, Ә.Өмірзақо­ва, К.Кенжетаев сынды арыстармен сый­лас­тықта болғанын атап өту парыз. Бұған қоса танымал жазушылары­мыз Б.Соқпақбаев, С.Бердіқұлов, С.Бақбер­генов­термен де сәлемі дұрыс еді. Аталмыш аза­маттардың алтын мен мысты ажырата білетін жандар екеніне ешкімнің күмәні бол­маса керек. Демек, Шоқыр Бөлтекұлы да сол асылдардың қатарында тұр деген сөз.
       Шоқыр Абай атындағы опера және балет театрында суретші бола жүріп, қазақ би өнерінің жұлдызы Нұрсұлу Тапаловамен танысып, 1954 жылы үйленіп, отау тігеді. Өнер иелерінің отбасында Ақсұлу мен Ақтоты есімді қыздар өсіп жетілді. Жиендері Санжар мен Бауыржан болса, халық арасындағы «тұңғыштар жұбы» атанған атасы мен әжесін мақтан етеді. Бұлай аталу себебі – Шоқыр қазақтан шыққан тұңғыш боксшы болса, Нұрсұлу тұңғыш балет бишісі.
      «Сабақты ине – сәтімен» деген бар емес пе? 2006-шы- ит жылының мамыр айында Шоқыр Бөлтекұлының кіндік қаны тамған ауылда болып, Маңғыстау жақтағы ағайындарымен кездесуге мүмкіндік туды. Жергілікті мектептің суретшісі, әрі кезінде бокспен айналысқан ұстаз Сәттіғали Шәдібаев Бөлтекұлының ең жақын туыстарының бірі болып шықты. Бірақ ол боксшы атасын көрмепті. Көңілге медет тұтқанымыз, өмір бойы Шоқыр жайлы баспасөзде жарияланған мақалалардың түп-түгел тігулі тұрғандығы болды.
       Белгілі боксшы арамызда жүрсе, биыл 100 жасқа толар еді. Бірақ Жаратқан Иеміз әркімге санаулы ғұмыр береді емес пе? Сөйтіп, қазақ спорты саласындағы айтулы тұлға Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы жарық дүниемен қоштасты. Төрт жылдан кейін жұбайы Нұрсұлу қайтыс болды. Екеуі де Алматыдағы Кеңсай зиратына қатар жерленген болатын. Кезінде еліміздің спорты мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан жандардың бейіті он жылдан астам уақыт жұпыны күйде жатты. Мұндай келеңсіздік мерзімдік баспасөз беттерінде көтеріліп, ел құлағына жетті. Жайсыз хабарды естіген бойда маңғыстаулық бокс бапкері Марат Жақиев дереу іске кірісті. Ол жанұшыра жүріп, демеушілерді де тапты. «Жұмыла көтерілген жүк жеңіл» демекші, дереу бейіт тұрғызылып, мәрмәр тастан белгі қойылды.
     Ендігі бір жүзеге аспай тұрғаны, Шоқыр Бөлтекұлының атындағы спорт мектебінің, спорт кешенінің болмай тұрғандығы. Сонымен қатар көшенің аты беріліп, таңдаулы боксшыларға атаулы стипендия тағайындалса да артық емес. Бұл айтылғандар тек Маңғыстау облысы төңірегінде шектелмей, еліміздің өзге аймақтарында да қолдау тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

  Жүсіп ХИСЫМОВ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Құрметті спорт қайраткері

     http://anatili.kazgazeta.kz/?p=40239 

толығырақ

     Кезінде Алаш арыстары һәм қаламгерлері бір-бірінің өмір беталысын, шығармашылық жетістіктері мен кемшілігін өзара хат жазысу арқылы ортақ түсіністікке келіп, бір-біріне деген бауырмалдығы мен ұлт алдындағы жауапкершілігін терең сезініп отырған.

         Төменде Жүсіпбек Аймауытовтың Мағжанға жазған хатын ұсынып отырмыз.

         Аса қадырлы Мағжан!

       «Мағжан» деп іш тарта есіміңді келтіріп, осы қазір өзіңнің дініңе еніп, дәлімді білдіргім келеді.

       Әдетте я көргені мол көне көз кісі, я болмаса аяушылығы басым жолдас-жора ақыл айтқыш; өз басым ақылгөйсуден аулақпын. Сырымды айтудан әрі бармаспын. Қазақ әдебиетінің көгіне көтерілген күн секілді өз сәулеңді әрдәйім сезініп, біліп, болжап отыруды әдетке айналдырғанбыз.

       Ақындық – қасиетіңе айналған. Әдебиетімізге «Жаралы жан», «Қорқыт», «Баян» секілді біртуар сөз кестесін берген ақыннан әлі күтеріміз көп. Өз соңынан ізбасарыларын ертіп, келешек көкжиегіне ентікпей жетер талантты дүниелер туғызу сенің ғана қолыңнан келер іс. Поэзияның қанатты пырағын әзірше қабатыңнан ұшыратпай жүрміз. Ең ғажабы: өлеңіңнің үтірі жоқ...

       Баз бірде ала-құлалықты сезіп тіксіне қалатынымызды несіне жасырайық; жылауың көп, өксігің мол, өз мұңыңа өзің көміліп жүріп алатындайсың. Пушкинді Пушкин еткен оның өлең жазғыштығы емес, өмірдің өзге көрмеген сәттерін елден бұрын сезе білуі, алғыр ақылы, тіршіліктен ең қажеттісін таңдай білу бәлгерлігі секілді ғой.

       Қазағым деп қамығып жүрсің. Тасбақаша мимырт жүрсең – көп нәрсені қамтисың, арғымақша ағындап жүйткіп өткеннен гөрі сол мимырттық мазмұнды, маңдайдағы көзбен емес, көкіректегі көзбен қамтышы. Жиырмасыншы ғасырдың перзентісің...

       Оз сөзіңмен атасақ, «Опасыз өмірдің», «Қаской тағдырдың» заманы туған кезде, адам өз өмірінің қожасына айналып, жаңа үмітпен, жарыққа, жарылқаушыға бет бұрған мезгілде – сөз дарыған мықты ақын бейтарап отыруға тиісті емес...

        Бүгінгі күн қаншама қамыққыш болса да Байронның өзін төңкерісшіл деп жүрміз. Төңкерісшіл ақын алға ұрандап шаба берсін деуден аулақпын, шынымды айтсам, күн санап, сағат санап сезім шырғалаңынан шығып, тақырып шеңберін кеңейтіп, шынның жүзіне тура қарап талант тағылымыңызды жетілдіре беруіңізді тілер едім. Тілеу деген жай сөз ғой. Оқушы қауым атынан аманат айтар едім.

       Біреуге өйте ғой, бүйте ғой деп өтініш ету бұл заманда қалып барады, әсіресе, ақынға бұйрық, өтініш өтпейді, өктемдік жүрмейді. Әйтсе де себепсіз салдар тумайды. Осы ретте сіз бен бізді қазекемнің қасиетті сөзі жақындастыра түссе, ойымызға ой, отымызға от қоса білсек – мақсатымызға жақындай түсеріміз баршаға аян.

      Даңқтың дәбілкеші болмай-ақ, мақсаттың құлы бола білсек жетеді. Не жазып жүргеніңізді білгім келеді...

          Сәлеммен себепшіңіз: Жүсіпбек Аймауытов

       1924 жылғы 16 мамыр

         https://baq.kz/kk/news/zhazushilar/zhusipbektin_magzhanga_zhazgan_hati20161019_084900

толығырақ


          
 Санаулы күндерден соң әлемдегі барша қазақтың жалғыз да ортақ Отаны – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл толады.

      Осы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қолы жетіп, тағдыр тәлкегімен қысылтаң қиын сәттерде төрткүл дүниеге тарыдай шашырап кеткен ағайынның қайта қауышып, атажұртқа қарай ат басын бұруына ұйытқы болған бір ұйым бар. Ол – тәуелсіздіктің елең-алаңында құрылып, бүгінге дейін алты құрлықтағы қандастарымыздың ұлттық бірлігінің үзілмеуіне үлкен үлес қосып келе жатқан Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. Бұл қоғамдық ұйымның құрылуына, оның осы күнге дейін нәтижелі жұмыс істеп, сыртта жүрген қандастарымыздың қастерлі құбыласынан көз жазып қалмай, атамекенге ағылуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан азаматтардың бірі – Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ десек, артық айтқандық емес. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, уақыт тамырының соғуын дәл анықтай білетін белгілі жазушы, тамаша драматург, кәсіби журналист, ұлағатты ұстаздың 70 жасқа толған мерейлі тойы тұсында осы пікірімізді дәлелдеп көрейік.

      Сұлтанәлі Балғабаев – 1992 жылы Тә­уел­­сіздіктің алтын бесігі – Ал­ма­ты қаласында өткен Дүниежүзі қа­зақ­тарының тұңғыш құрылтайын ұйым­дас­­тырушылардың және осы құрылтайда құрылған Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығын құрушы­лардың бірі. Осы тұң­ғыш құрылтайды (бастапқы кезде ол – «конгресс» деп аталып жүрді) өт­кі­зу жөнінде 1991 жылдан Қазақстан Жа­­­зу­­­шылар одағының жанынан құ­рыл­­ған Ұйымдастыру комитетінің жа­уап­ты хатшысы міндетін атқарды. Ал құ­рыл­тайдың ашылуына бір ай қалғанда Үкі­мет­те құрылған жұмыс тобының мүшесі бо­лып сайланды. 1992 жылы қыркүйек айының 28-і мен қазан айының 5-і күн­дері құ­рылтай өтіп, Дүниежүзі қазақтары қа­уым­дастығы құ­рылғаны рес­ми түрде жарияланды. Әлем­нің түкпір-түкпірінен жиналған аға­йын азаттықтың таңы атып, Қазақ елі тәуелсіз мемлекет атанғанына, ата-баба арманы орын­дал­ғанына Аллаға мың шүкір айтып, шат­тана қуанып, сол тәуелсіздікті жария­ла­ған Тұңғыш Пре­­зидентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевты бір ауыздан Қауымдастық тө­ра­ғасы етіп сайлады. 
       – Сол кездегі алыс-жақын шетел­дерден кел­ген ағайынның қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кең-байтақ Қазақстанмен шекаралас жатқан және сырттағы ағайынның 80 пайы­зынан ас­та­мы тұратын көршілес Өзбек­стан, Қы­­тай мен Ресейді айт­пағанда, алыстағы Аме­­рика, батыстағы Еуропа мен Азия ел­дерінен, соның ішінде Моңғолия, Түр­­­кия, Иран, Ауған­станнан келген аға­йын бір жұма бойы қазақтың мәр­­тебесі іс­петті асқар Алатаудың баурайындағы әсем Алматы қаласында бас қосып, ұлт болып ұйысу жайын талқылады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мың өліп, мың тіріліп, қанша қиындық көрсе де азаттықтың ақ таңын атырған халқымыздың бай тарихы мен талайлы тағдыры жайында барынша кең қам­тыл­ған көлемді баяндама жасады. «Бүгінгі құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының бо­ла­шағы жөнінде ойласу, ұлтымыздың тарихындағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдырымыздың қа­лай өрлейтінін талқылау. Қазақ диас­по­расының қалыптасуы – зерделі жанды таң қалдыратын құбылыс. Әрбір үш адам­ның біреуі – атамекеннен жырақта жүр­ген қазақтан басқа халықты ат­ау қиын шығар» деп тебірене тол­ға­ғ­ан ұлт Көшбасшысының сөзін көз­де­ріне жас алып тыңдап, осы күнге жет­­кен­деріне Жаратқанға мың сан шүкіршілік етіп, «Тәубе, тәубе!» дескен тұң­ғыш құрылтай қатысушыларын өз көзімізбен көрдік. Сондағы туысқан Түркия елінен келген Дәлелхан қажы Жаналтай ата­мыз­дың көзіне жас алып: «Мен бұл күнді көрем деп ойлаған жоқ едім. Құ­дайға шүкір, өшкенім жанды, өлгенім тірілді! Енді арман жоқ» деп ағынан жарыла айтқан сөзі – сол кезде туған елінен жырақта жүрген барша бауыр­ларымыздың жүре­гі­нен шыққан шы­найы шындық еді және ол бүкіл құ­рылтай жұмысының өзе­гіне ай­­­­­­­­­нал­­ған-ды, – дейді Дүниежүзі қа­зақ­та­ры қауымдастығы Төрағасының бі­рінші орынбасары Талғат Асылұлы Ма­машев. – Әрине, Қауымдастықтың құ­­рылтайын өткізу бір жұмыс. Ал ауызша жа­рияланып, бірақ нақты еш­қандай қа­ғазға түспеген, хаттама жа­салып, құ­жат­тары тиісті өкілетті ұйым­дарға өт­кізілмеген ұйымды ресми түрде тіркеу тағы бір үлкен жұмыс. Осының бәрін рет­­­теп, жаңа қоғамдық ұйымның бү­кіл құрылтайшылық құ­жаттарын да­­йын­­дап, Әділет минис­трлігінде тір­ке­ту – сол кез­де­гі Қауым­дастық тө­ра­ға­сының бірінші орын­басары, Қа­зақ­стан Жазушылар ода­­­­­­­­­ғының төрағасы мар­құм Қалдарбек Най­манбаевтың тап­сыр­ма­сымен Сұл­танәлі Бал­ға­баевқа жүк­телді. 
     Осы­ған орай, Сұлтанәлі Базар­байұлы 1992 жылдың 2 қараша күні ҚР Әділет министрлігінен Дүниежүзі қа­зақтары қа­уымдастығын ресми тір­кеуден өт­кі­зіп, тиісті куәлігін алды. Бірақ «үйлену – оңай, үй болу – қиын» дегендей, ба­­сында ешқандай баспанасы, қор­жы­нында көк тиын қаржысы жоқ Қа­уым­дас­тықтың жұмысын жолға қою оңай болған жоқ. Әйтсе де елдегіден гөрі ел­ сыр­тында жүрген қандастарының жа­йы көбірек толғандыратын, олардың ата-баба топырағына жетіп жығылсақ деген жүрек лүпілін сезінетін ұлтжанды азамат, ешкімнен ештеңе сұрамай сол жұмыстарды бір жылдан астам уақыт қоғамдық негізде жүргізді. Тек 1993 жыл­дың қазан айының ортасында ше­­­телдегі қазақтармен байланыс жа­сай­тын «Қазақстан» қоғамының қар­жы­сын, дүние-мүлкін, жалға алып отыр­ған кең­се­­сін Дүниежүзі қазақтары қа­уым­­дастығына беру жөнінде шешім шықты. Оларды қабылдап алуды да Қауым­дастық атынан Сұлтанәлі Бал­ға­баев жүзеге асырды.
         1995 жылы Алматы қаласы әкім­ші­лігінің тапсырмасына сәйкес, Қа­уым­­дастыққа жеке баспана беру мә­се­лесі көтерілді. Соған орай қалалық Мем­лекеттік мүлікті басқару комитеті 11.01.1996 жылы Ш.Уәлиханов кө­ше­сін­­дегі бұрынғы «Союзпечаттың» үйін Қауымдастыққа беру туралы қаулы қа­былдады. Бұл жұмыстардың бүкіл құ­жаттарын дайындап, заңды түрде жүзеге асыру тағы да С.Балғабевқа тап­сы­рыл­ды. «Союзпечаттың» екі қа­батты үйі әбден ескіріп, құлауға жақын тұр­ғанымен, оны бұзып, қайта салуға рұқсат алу түрлі себептерге байланысты өте қиын болды. Дегенмен бір жылдай уақытқа созылған жұмыстардың нәти­же­сінде бұл мәселе де оң шешімін тап­ты. Сөйтіп әлемдегі барша қазақтың басын қосатын ең үлкен қоғамдық бірлестік өз ғимаратына, шағын болса да жинақы, кеңсе, қонақүй, асханасы, басқа да қажетті бөлмелері бар өз бас­па­насына ие болды.
       – 1994 жылы тамыз айында Қауым­дас­тыққа жұмыс іздеп келдім. Сонда ме­ні Сұл­танәлі Базарбайұлы қабылдап: «Қа­зір Қалекең демалыста. Басқа жер­ден жұмыс іздеме. Қыркүйектің басында кел» деді. Сөйтіп Қауым­дастыққа жұ­­­мысқа қабылдандым. Содан бері 22 жыл бойы осы осы жерде үздіксіз еңбек етіп келемін, – дейді Қауым­дастықтың ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Бо­такөз Уатқан. – Қал­дарбек Най­ман­баев ағамыз 1996 жыл­дың ортасында Қазақ­стан Жазу­шылар одағы төрағасы қыз­метін аяқтағанша Қауымдастықтың күнделікті жұмысын негізінен Сұл­тан­әлі Балғабаев жүргізді. Содан бері ол Қауымдастықтың төралқа төра­ғасының орынбасары қызметін үздіксіз атқарып келеді. Бұл қызметіне орай, С.­Балғабаев әлем қазақтарының Түр­кіс­тан және Астана қалаларында өт­кен II, III және IV құрылтайларын ұйым­дас­тыруға бел­сене атсалысты. Соңғы құрылтайда ол Дүниежүзі қазақ­тары қа­уым­дас­ты­ғының төралқа мүшесі болып сай­ланды. 
      Қауымдастықтағы қызметіне орай С.Балғабаев шетелдегі отандастарды қол­даудың екі мемлекеттік бағдар­ла­масы мен «ҚР Халықтың көші-қоны ту­ралы» екі заң жобасын дайындауға жұ­мыс тобының мүшесі ретінде ті­келей атсалысты. Ол шетелдегі қазақ жас­та­ры­ның Қазақстанға келіп, оқып білім алуын, әсіресе дайындық бөлімдерінің ашылып, жүйелі жұмыс істеуін ұйым­дастыруға үлкен үлес қосты. Бұл жөнін­де алғашқы Құрылтай қарсаңында «Алыс­тағы ағайын қайда оқиды?» деген мә­селе көтерді («Егемен Қазақстан» 01.07.1992 ж.) Бұдан кейін, арада бір­неше жыл өткенде Қауымдастықтың ұсы­нысымен Қаратау қаласында ше­тел­дік қазақ жастарына арналған тұң­ғыш дайындық курсы ашылды. Бұл жұ­мы­с­қа С.Балғабаев белсене қатысып, да­йындық бөлімдеріне қабылдаудың нақ­ты жолдары мен ереже-талаптарын бір жүйеге түсіруге тікелей араласты. Сон­дай-ақ 2002 жылдың ақпан айында Алматы қаласында өткен «Шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда оқыту мәселелері» атты дөңгелек үстелде «Ата­жұрт­та оқып жүр, талай қазақ баласы» атты тақырыпта баяндама жасады.
Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығының ең басты міндеті – шетел­дегі қазақ диаспорасымен мәдени-рухани салада жан-жақты байланыс жасап, олардың мұқтаждықтарын Қазақ­стан­ның тиісті орындарына жет­кізіп, оң ше­­шілуіне ықпал ету. Осыған орай    С.Балғабаев Бей­жің, Ұланбатыр қала­ла­рына дейін барып, Қытай мен Моң­ғо­лиядағы аға­йын­дарды әлденеше рет аралады. Ол Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Түр­кі­менстан және Еуропа қазақтарының арасында да бірнеше рет болып қайтты... 
      Иә, шетел қазақтарының атажұртқа қоныс аударуына үлкен үлес қосқан азаматтардың бірі – Сұлтанәлі Бал­ға­баев ағамыз десек, шын мәнінде артық емес. Мысалы, ол 1993 жылы Түркияға барып, ол жақта босқын болып жүрген екі мыңдай ауғанстандық қазақтарды тізімге алып, тиісті орындарға мәселе қойып, олардың атажұртқа келуіне ті­ке­лей ықпал етті. Бұл қазақтар қазір Қас­келең, Түркістан және Шымкент қа­ла­ла­рында тұрып жатыр. Сондай-ақ ол Иран, Ауғанстан, Сауд Ара­бия­сындағы қазақтардың Қазақстанға оралуына да атсалысты. 1990 жылдардың басында Қытай қазақтарын Қазақстанға арнайы шақыртумен қоныс аудару мәселесін ше­шуге тікелей ықпал етті. 
       Сұлтанәлі Балғабаев 1997 жылы 17 сәуірде Астана қаласында өткен «Қа­зақ­стан Республикасы және қазақ диа­­с­порасы» республикалық ғылыми-прак­тикалық конференцияда «Көшіп келген ағайын: үміт пен күдік» деген та­­қырыпта баяндама жасады. 1997 жылғы мамыр­дың 29-31 күндері ара­лы­ғында Омбы қаласында Ресейдегі қазақ­тар­дың қо­ғамдық-мәдени-ағарту орта­лық­та­ры­ның өкілдері бас қосқан мә­­жі­ліске қа­тысып, сөз сөйледі. 1998 жыл­дың 19 мау­сымда Астана қала­сында өткен «Қазақстан – 2030 және шетелдегі қазақ диаспорасы» атты ха­лық­аралық кон­фе­ренцияда арнайы баян­дама жа­сады. 2002 жылдан шетел қазақтарына ар­нал­ған «Алтын бесік» жур­налын шы­ғарып, оны шетелдегі қа­зақ мәдени орта­лық­тары арқылы алыстағы ағайын­дарға таратып келеді. Ол 2004 жылы Өзбек­станға барып, он­дағы «Қазақ мәдени орталығының» бас­­шыларымен бірлесе отырып, Әйтеке би жөнінде болашақта іске асырылуға тиіс іс-шаралар өткізуге келісті. 
     Әрине, Сұлтанәлі Базарбайұлының Еу­ро­па, Түркия, Монғолия, Ресей және Ор­­­талық Азия елдері қазақтарының кіші құрылтайларына қатысып, қазақ диас­порасы мен қандастарымыздың атажұртқа көшіп-қоныстану мәселелері жайында жасаған баяндамалары мен ұсыныс-тілектері, оларды жүзеге асыру жолдары жөнінде айтқан пікірлерін тізе берсек, ол бір-екі мақалаланың көлеміне сыймайды. Десек те, тағы бірнеше жайт­­ты атап айтқанымыз артық болмас.
      Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жыл­дың басында «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір бо­ла­шақ» атты Қазақстан халқына жа­ңа Жолдауын жариялады. Онда осы стратегияны жү­зеге асырудың жеті бес­­­жылдық кезеңін қамтиын мін­­дет­тер­ді жан-жақты көр­сетіп, «Мәң­гі­лік ел» идеясын ұсынды. Соған орай Сұл­танәлі Бал­ғабаев «Қа­зақ­стан – 2050» стратегиясын жүзеге асыруға ше­телдегі отандастарды қа­тыс­ты­ру жө­нін­де көлемді тұжырым­дама жасап, жо­ғары орындарға ұсынды. 
     ҚР Премьер-министрі К.Мәсімов 2014 жылғы 12 шілдеде Тараз қаласында қазақ диаспорасы және оралмандар мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Сұлтан­әлі Бал­­­ғабаев осы басқосуда «Қазақ диас­по­расына қолдау көрсетудің өзекті мә­се­лелері» атты тақырыпта баяндама жа­сап, Қауымдастықтың жұмысындағы кейбір қиыншы­лық­тарды, оның ішін­де шетел қазақ­тарының кітабын шыға­ратын «Атажұрт» баспа орталығы мен «Туған тіл» аль­манағына байланысты өзекті мәсе­ле­лерді ортаға қойды. Осы­ның нә­ти­же­сінде бұл екі мәселе де ой­да­ғыдай шешілді.
        2015 жылдың мамыр айында С.­Бал­­ғабаев «Шетелдердегі қазақ диас­по­ра­сын Қазақстандағы 5 институттық ре­форманы жүзеге асыруға тарту жә­не Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының бұл саладағы жұмысына қолдау көрсету» жөніндегі анықтамалық ұсыныстар дайындап, оны Қауым­дастық Төра­ғасының бірінші орын­басары Т.Ма­машевтың хатымен Ел­ба­­­сының на­зарына ұсынды. Маусым айын­да Президент әкімшілігінен бұл мә­­селенің Мәдениет және спорт ми­нис­­­трлігіне тапсырылғаны туралы жауап келді. Осының нәтижесінде, «2015­-2020 жыл­дар­ға арналған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметі бойынша іс-қимыл жоспары» жасалып, оны Мем­лекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова бекітті. 
          2015 жылдың 25 желтоқсан күні «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Ми­рас» қо­­ғамдық кеңесінде шетелдегі қазақ диас­порасы мәдениеті мен тілінің дамуына қолдау көрсету мәселесі тал­қы­ланды. Онда Сұлтанәлі Балғабаев сөз сөйлеп, шетел қазақтарына мә­де­ни-рухани қолдау көрсету, оның ішін­­де қазақ диаспорасына арналған фес­ти­вальді өткізу кездейсоқ біреулерге беріліп, Қауымдастықтың бұдан сырт қалып жүргенін ашып айтты. Осының нәтижесінде, алдағы уақытта бұл мәселе де дұрыс шешілетін болды. 
       Жалпы Сұлтанәлі Балғабаев ше­тел­дегі қазақтармен байланыс жасап, олардың атажұртқа оралуына мүмкіндік тудыру туралы көп жылдардан бері үне­мі үзбей айтып та, жазып та келеді. Бұл ретте қа­­лам­­гердің 1989 жылы 7 та­мыз күні «Қа­зақ әдебиеті» газетінде жа­рия­ланған «Еншіміз бөлінбеген ел едік...» атты мақаласына ерекше тоқтала кеткен жөн. Қара­қалпақстанда тұратын қазақ­тардың мәдени-рухани, оқу-білім са­ла­сындағы мұқтаждықтарын жан-жақты ашып көрсеткен бұл мақалаға Өзбекстан тарапынан айрықша на­зар аударылды. Соған байланысты Қа­­­­­ра­қалпақстан Республикасы бас­шы­ларының бірі Шарап Уснатдинов бас­таған арнайы делегация Алматыға ке­ліп, екі ел ара­сындағы мәдени-ру­хани бай­ла­нысты одан әрі нығайту жө­­нінде ке­ліс­­сөздер жүргізді. Со­ның нәти­жесінде, көп ұза­май Қа­рақалпақстанда «Бесқала» атты қа­зақ театры ұйым­дастырылып, Қа­ра­­­­қал­пақ респу­бли­калық қазақ ұлттық мә­­­дени орталығы құрылды. Қа­зақ ті­лінде «Достық үні» атты рес­пу­б­ли­ка­­лық газет, «Өркен» атты журнал ашы­­лып, қазақ тілінде кітаптар шы­ға­ру қолға алынды. Айтыс, жырау-жыр­шы­лар, әнші-күйшілер сайыстары ұйым­дас­тырылып, «Қа­зақстан» телеарна­сы­ның бағдар­ламасы республикаға та­­ратыла бастады. Сөйтіп ондағы қан­­­дастарымыз ұлттық өнермен су­сын­дап, рухани-мәдени сұраныстары қанағат­тандырыла бастады. Бұған сол Сұлтанәлі ағамыздың бір ғана ма­қаласы түрткі болып, бұрын үлкен жа­уапты қыз­мет­терде болған ар­дагер ақ­са­­қалдарымыз Дәуімшар Ожы­раев, Дәу­лет Жұмабаев, Тұрым Тоғ­жанов, Жү­­сіпқали Дәулетов, Мүсі­рен Қиын­баев, Сауқым Жаман­қараев, сол кез­де басшылық қызметте жүрген Са­пар­бай Нұрқожаев, Шау­дыр­бай Са­лиев, Ағытай Әділов, Тыныштық Те­­мір­баев, жазушы-журналист Қай­бол­ла Ер­ния­зов, дра­матург-режиссер Ай­­ладүр Өтә­лиев ағаларымыз рес­пу­блика бас­шы­лығымен ақылдаса оты­рып, бір­ле­се жүргізген үлкен ұйым­дас­тыру­шылық жұмыстар оң ықпал етті.     
      Сұлтанәлі ағамыздың аталмыш ма­қа­ласы қаншама оңды өзгерістерге бас­та­ды?! Тіпті тәуелсіздіктің 25 жы­лы ішінде Қазақстанға көшіп-қо­ныс­танған 1 мил­лион­дай ағайынның 25 па­йызы Қара­қалпақстан қазақтары құ­­­рай­тын­дығына да осы мақаланың ық­палы өте күшті болды десек, қате болмас.
      Осы жерде тағы бір нәрсені ерекше атаудың реті келіп тұр. 1965 жылы Қыз­ылорда облыстық «Ленин жолы» га­зе­тінде С.Балғабаевтың «Балауса жырлар» атты тақырыппен суреті, қыс­қаша өмір­баяны және «Өмір заңы», «Өзім жәй­­лі», «Күз», «Сол үшін де», «Таң­ғы жо­­­лау­­­шы» атты бес өлеңі жарық кө­­реді. Бұл бола­шақ қаламгердің үлкен әде­биетке бас­қан алғашқы нық қадамы еді. Осы ке­зең­­­де Қазақ радиосының Қы­­­­­­з­ы­л­ор­дадағы тілшісі Зұлқарнай Са­хи­­ев жас шопан-ақын С.Балғабаев ту­ра­лы көлем­ді хабар жасап, бүкіл рес­публикаға та­ра­тады. Ал 1996 жылы 16 сәуірде аудандық «Сырдария» га­зе­­тінде бо­лашақ қалам­гер­дің «Сәт са­пар, Сұл­танәлі!» деген та­қы­­рыппен өмір­баяны, суреті және бір топ өлең­дері жарық көреді. Аудандық газеттің сәт сапар ті­ле­ген сол ақ батасы ақи­қатқа айналып, арада аз ғана уақыт өт­­кенде Төлеген Ай­бер­генов, Ғұсман Жан­­дыбаев, На­дежда Черновалармен бірге С.Балғабаев жас ақындардың рес­публикалық фес­ти­ва­лі­не қатысып, үш­ін­­ші жүлдеге ие болады. 
      Мұн­ы неге айтып отырмыз? Өйткені белгілі журналист, марқұм Зұлқарнай Са­­хиев пен қазақ поэзиясына өзіндік өр­некпен келіп, 30 жасында жұлдыздай ағ­ып өткен ақиық ақын Төлеген Ай­бер­генов Қарақалпақстанда туылған. Жа­л­пы, бұл республика о баста Қа­зақ­станның құрамында болып, Ор­­­та­­л­ықтың өк­темдігімен 1930 жылы Ре­­­сейге, ал 1936 жылы Өзбекстанға бе­­рі­ліп кет­кен. Оның үстіне жазушы-драматург Бал­ғабаевтың шығармалары Қара­қалпақстан жұрт­шылығына жақ­сы таныс. Осындай ежел­ден туыс, бір ел болғандықтың нәтижесі шығар, Сұл­­танәлі ағамыз ондағы бауырлар, тіпті қарақалпақ ағайын­дардың өзі­мен жа­қын араласып, мақа­ланы да «Ен­шіміз бөлінбеген ел едік...» деп атады. Ал ұлы даланың төсінде отар-отар қой бағып қана қоймай, сонымен бірге ұл­тының қамын жейтін үлкен-үлкен ой да бағып өскен жазушы-драматургтің қа­ламынан туындаған бірнеше ондаған кесек шы­ғар­маларды айтпағанда,  қазақтың кө­ші-қоны жа­йында жазған осындай ма­­қала­ла­рының өзі жүзден асып жы­­­ғы­­­­­лады. Олар­­дың басым көпшілігі «Еге­­­мен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ әде­биеті», «Жас алаш», «Ана тілі», «Түр­кістан», «Алаш айнасы», «Дала мен­ қала» газет­терінде басылған және нақты шешімін тауып отырған. 
      Қалай десек те Сұлтанәлі Балғабаев жан-жаққа шашырап кеткен қазақтың қайта қауымдасып, бір тудың астына, яғни тәуелсіздік арқылы тігілген көк тудың астына жиналуына үлкен үлес қосқан азамат, Дүниежүзі қазақтарының қара нар тарта алмайтын жүгін маң-маң басып, маңғаздана тартып келе жатқан нағыз қайраткер. Ағамыздың еңбектері бағаланбай қалған жоқ. Жоғарыда айт­қа­нымыздай, ол – Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері, Халықаралық «Ал­аш» әдеби сыйлығының, Қазақ ПЕН-клу­­­бы сыйлығының, «Құрмет» ор­де­ні­нің, ондаған медальдің иегері. Бі­рақ ол үшін ең үлкен сыйлық – ту­ған хал­қы­ның біртұтас ұлт болып ұйым­дасуы. 
       Бү­гінде 70 жастың желкесіне шығып, қа­зақтың қазыналы қарияларының қа­тарына аяқ басқан ағамызды осынау мерейлі тойымен қызу құттықтап, әлем­дегі барша қазақтың бір тудың ас­тына жиналып, біртұтас ұлт болғанын көруге жазсын дейміз.

        Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ, Мәдениет қайраткері 

        http://aikyn.kz/ru/articles/show/29757-_ara_nardai_alamger

толығырақ

Тохтар-1

 Жан серігі – жауһар жыр

      Өзі туып-өскен өлкеге барған сайын: «Қарқаралы сынды ғажайып жер әлемде өте сирек шығар» деген ой келеді Тоқтарға. Тау мен даланы көмкерген қа­лың орман, тек өзіне ғана тән – кер­бездікпен, сән-салтанатымен келген жолаушыны сүйсінтіп, жанарын талдырады, құмарын қандырады. Тау арасындағы ойдым-ойдым оймақтай көлдер, жиегін көмкерген қалың тал-қарағайлар тек өзіне ғана аян тылсым сырмен тіл қатысқандай. Ағаштың сыбдыры да, бұлақтың былдыры да, самал желдің салқын сабаты да – бәрі-бәрі бұл дүниенің абатына айналып, айналаңа қарауға мұрша бермейді. Ойға батқан ормандарды ұйқысынан оятқандай дүр сілкіндіріп, ертегінің ішіне еніп бара жатқандайсың. Шынында да – ертегі. Әсіресе, шым-шым қайнап, шымырлап жатқан «Шайтанкөлді» айтсаңшы.

        «Шайтанкөлдің» суы қысқа күнде қырық құбылып, сағат сайын, сәт сайын мың түске боялып, ертелі-кеш реңі сан рет өзгереді. Бұл көлдің тылсым сы­ры ғасырлар бойы адам баласына жұм­бағын ашпай, әлі күнге дейін құпия бо­лып келеді. Кез келген адамның «бис­мил­ләсін» айтпай жалаңаш-жайдақ түсе бе­­руіне болмайды. Аса бір ардақты, аса бір тазалықты талап ететін, тұңғиық, тұм­са көл.

      Анасы жас күнінен Тоқтарға: – Балам, «Шайтанкөлге» байқап бар. Түсе қалсаң да, ішіңнен «кәлимаңды» қайтарып, адалдық тілеп түс. Бөгде ойды көкірегіңе ұялатпа! – деуші еді-ау.

     Балалық шіркін, алды-артыңа қарата ма, бірде Тоқтар «Шайтанкөлге» күмп беріп, тереңіне сүңгіп кетті. Сүңгігені сол, тұңғиық түбінен тылсым сырға тап болғандай, су астында біраз аялдап қалды, бірге келген балалардың мазасы кетіп, «Тоқтар, Тоқтар!» деп шуылдасып жатты. Бір кезде келесі жарқабақтың қуысынан шыға келді. Шыға сала, тау-тасқа өрмелеп, жағалауға келіп жығылды. Талықсып қалған екен. Бала Тоқтар қанша талықсыса да сыр бермей, үйге әзер жетті. Келген бетте төсегіне құлай кетті. Үш күн, үш түн тілсіз тылсым күйде жатқан баласына анасының жаны шырқырап, пұшайман күй кешті. Кейін тілге келген баласынан анасы Кәмия: – Саған не болды, жаным, не істеп қойып едің! – деп қиыла, қинала сұрады.

– «Шайтанкөлге» түсіп ем…

– Саған түспе деп айтып едім ғой.

– ?!

– Құдай сақтаған екен! –деп бір күрсініп қойды анасы.

      Жасынан «Шайтанкөл» туралы талай естіген аңыз-әңгімелердің шет пұш­пағы болса да, көзбен көрген бала Тоқ­тар табиғат тылсымының құпиясына таңғалмасқа дәті қалмады. Себебі, бұл жағдай Тоқтардың басынан бір емес, бірнеше рет өткен еді.

       Бала кездегі бар арманы, неге екені белгісіз, тауға қарай өрмелеп жүгіргенді жаны қатты ұнатушы еді. Сол кезде жабыққан жаны жадырап, құмыққан құмары қанғандай, құштар көңілі аңсаған арманына қарай қанат қаққандай әсер етуші еді. Содан кейін, жүгіре-жүгіре шаршаған сәтте, Қарқаралы құшағында аспанға қарап, ұзақ жатуды ұнатушы еді. Әсіресе, түн мезгілінде, жазғы жайлауда жападан-жалғыз жатып, аспандағы жұлдыздарды қиялмен кезіп, көксеңгір кеңістігінде құлаш ұрып ұшып жүргендей әсерге бөленуші еді.

         Сондай сәттерде Тоқтар күндей күр­кі­реген даусымен тау мен тасты жаңғырта:

Шықшы тауға, қарашы кең далаға,

Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.

Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,

Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма? – деп Қасым жырын оқитын.

     Қарқаралы балапаны болып дүниеге келген жас Тоқтар бірте-бірте жан-жа­ғына қырандай мойын бұрып, биікке қа­нат қағуға құштар бола бастады. Бірте-бірте Қарқаралы тау-құздарына шығып алып, тастан-тасқа секіруді әдетке айналдырды. Кейде өзі көрген ақ тиіндер секілді ағаш басына өрмелеп шығып, сонау биіктен ен далаға көз жіберіп, ұзақ қарап отырушы еді-ау.

     Бала жасынан аспанға – биікке құмары мен құштарлығын жас Тоқтар кезінде көп аңғара қойған жоқ. Бірте-бірте санасына қияға ұшу, самғау сияқты ғажайып елестер ұялап, ол енді, анда-санда көріп қалса да ұшқан ұшақтарға ұмтыла қарап, көз айырмай тұрып қалушы еді. Аракідік, сирек болса да, аспанды тіліп өткен ақ жолақ әуе сызықтарына сүйсіне қарап, соның сыры мен қырын білуге өте құштар болды. Осы ойы оны Қарқаралы құшағынан қазандай қайнап бұрқырап жатқан қазыналы Қарағанды қаласына қарай бейімдей берді.

      …Бірде Тоқтардың анасымен бірге Қарағанды қаласына бара қалудың сәті түсті. Тоқтарды Қарағандыдағы биік үйлерден гөрі, тау-тау боп үйіліп жатқан төбелер қызықтырды. Анасынан сұрап еді: «Шахталардан шыққан көмір қалдықтары ғой», – дей салды. Тағы бірде анасынан қаланың солтүстік бүйірінде алыстан қол бұлғағандай созылып жатқан қалың түтінді көріп, сұрағаны бар.

     Анасы: «Бұл Теміртау деген қала. Онда темір өндірісі бар. Мы­нау Қарағандыдан шыққан тау-тау көмірлерді сондағы за­уытқа апарып, темір қорытады», – деді. Бала Тоқтар барғысы келіп, алыстан шұбалаңдап шыққан көк түтінге ұзақ қарап тұрды. Сөйтіп жүріп ол өзінің жаңадан тапқан жас достарынан сұрастырып, Қарағанды қаласында «Парашютистер» мектебі бар екенін біліп алды. Көзі көрмесе де қиялымен барлап жүрген сол мектепке бару туралы ой-арман Тоқтардың жүрегіне ұялай кетті. Бір қиыны, ол мектеп, анау жолы анасынан сұрағанда, сонау алыста түтіні будақтап жатқан Теміртау қаласы жақта екенін білді.

       Содан бастап бала Тоқтар Қарағанды қаласының сыртына шығып, көмір тө­белердің басынан Теміртау жаққа қи­ял жүгіртіп, ұзақ қарауды әдетке айналдырды.

       Қасым Аманжоловтың жауһар жыры жан серігіне айналған Тоқтар сондай сәттерде:

Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,

Құл емеспіз, еркін жанбыз азатпыз, – деп жыр оқитын өзінің ұлы қазақтың ұланы болғанын мақтан ететін.

      Жалғыз тамшы жас

       Теміртау талай тарландардың тұғыры болған жер. Осы оймен өрістейтін бір қызық байланыс бар. Баршаға мәлім, тұңғыш Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы, алтын ұясына айналып, болашақ Бәйтеректің тамыр тартқан жері – Теміртау болса, тұңғыш ғарышкер Тоқтардың да өсіп-шыңдалған ортасы – осы қала.

      Жас Тоқтар бұл қаладағы жұмысын қатардағы токарьлықтан бастады. Күні бойы өзіне бекітілген станоктың қасынан бір сәт ұзамай, темір жонып, маңдай терін тамшылатты. Тоқтардың бала күннен әдеті – бір жұмысқа кіріссе болды, оның түбіне жетіп тындырмай, беті қайтпайды. Еңбекте тынды­рымды болу, алған ісіне алғаусыз берілу – бала күннен бойына біткен қасиет. Тоқтардың әкесі Оңғарбай өз ауылының атақты ұстасы екен. Бес-алты жасқа келіп, әкесі дүниеден өткенше, Тоқтардың бойына көрік иісі сіңіп, ұстаханада алаулап жанған шоқ пен оттың ортасында жалынға шарпылып-шыңдалып өскен еді. Әкесі дүниеден өткеннен кейін үйдің бар ауыртпалық салмағы Тоқтар мен анасы Кәмия екеуіне түсті. Ертеңнен қара кешке дейін бел шешпей, салпақтап жұмыс соңында жүрген аяулы анасына бала Тоқтар қатты алаңдаушы еді. Анасы сиыр сауады, бұзау бағады, от жағады, отын тасиды, су әкеледі, тамақ істейді, ара-арасында бала-шағасын тәрбиелеуі керек. Ауылдағы тіршілік қанша тырбаңдасаң да жыртығыңды жамауға жетпей, қу дүниенің қорлығын көруші еді. Бастауыш сыныпта оқып жүрген Тоқтарды туған жездесі Нығмет пен апасы Бикен екеуі – өндірісті қала Теміртауға көшіріп алды.

     Тоқтар осы қалада әртүрлі ұлт балаларымен араласып, бірге оқып, бірден оқушының алды болды. Спорттан да қатарластарынан үздік шығып, ұс­таз­дарының өзі оған үмітпен қарай бас­тады.

       Тоқтар, әсіресе, анасының ақылына үнемі иек артушы еді. Анасы да бір киелі кісі еді. Алдын-ала болжап айтқаны үнемі шындыққа айналатын. Бала жүрек анасының айтқанымен жүрсе адаспайтынын білді. Анасы үнемі: – «Балам, өз еңбегіңмен күн көр. Ешкімнің еңбегін жеме, ала жібін аттама. Ұрлық жасама. Қасыңдағы балаларға қамқор бол. Спортпен айналыс. Бәлкім, әкеңдей ұста болсаң да, жерде қалмассың. Өзіне сенген құстай ұшады, біреуге сенген мұрттай ұшады. Өзіңе сен! Адал еңбегіңе сен. Бар бақыттың бастауы – еңбек», – деп отырушы еді. Әкесінің ұсталығы бала Тоқтардың есінде еміс-еміс болса да сақталып қалған. Түсіне жиі кіріп, кейде, тіпті, ұстахананың отына шарпылып, балға мен төстің шыңылынан оянып кетуші еді.

        Теміртаудан мектеп бітіруге тақаған­да оқушы Тоқтар бірден токарь болып, станокта жұмыс істеуге бекінді. Анасы:

– Оқуыңды не істейсің! – деген.

– Оқуымды үзбеймін, кешкі мектепте оқимын, апа! – деді.

Анасы аз-кем аңтарылып қалды.

– Ондай да бар екен-ау, екеуі бірдей өзіңе ауыр соқпай ма, балам.

– Екеуіне де үлгеремін, анашым, бәрінен бұрын саған көмектесуім керек!

      Анасы көзінен мөлт етіп түскен жалғыз тамшы жасты баласына көрсетпеді. Күндіз жұмыс істеп, кешкісін оқып тынымсыз күй кешкен бозбала Тоқтардың көңілі ұшқыш болуға ауып, бірте-бірте аңсар арманына айналды. Ол үшін алдымен «Парашютистер» дайындайтын орталыққа бару керек екенін де алдын ала біліп алған болатын. Парашютистер дайындайтын орталық қаладан он шақты шақырым алыс еді. Оқу мен жұмыстан қолы тимей жүрген Тоқтар оның да амалын тапты. Таныстары арқылы «секіруге» сенбі-жексенбі күндері қатысуға болатын мүмкіндікке қол жеткізді. Сөйтіп, оқудан да, жұмыстан да қол үзбей, өзінің ұшқыш болу арманына жол ашқандай болды.

Сағыныш әні

        – Қайтсем де ұшқыш болуым керек – деген асыл арман Тоқтарды Армавир жоғары ұшқыштар училищесіне алып келді. Үзіліссіз оқу, тынымсыз ізденіске толы күндер ешқайда мойын бұрғызбай, алыстағы ауылды да, туған бауырды да ойлауға мұрша бермей сынаптай сырғып өтіп жатты…

       Арасында жеті күнде бір келетін жек­сенбінің еркін жүруге болатын екі-үш сағаты ойға – күш, бойға – қуат, көңілге дәт бергендей. Сондай бір сәттерде, Тоқтар өзін күнде ығыр қылған дулы ортадан бөлініп шығып, Тайганың ит тұмсығы өтпейтін қалың орманының ішіне еніп кетіп, еркін жүргенді ұнататын.

         Тұнжыраған орман. Тұманды күн. Тылсым дүние. Төңірек құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тоқтардың анда-санда көңілі соққанда тыңдайтын кішкене қол радиосы болатын. Соны осы жолы білегіне қыстыра салған. Өйткені, осы құйтақандай «қол радиосы» дүниенің төрт бұрышынан хабар алатын. Әсіресе, Қазақстанның «Шалқар» деп аталатын радиохабарын естуге құштар.

        Радионың түймесін басып қалып еді, о, ғажап, бір ерекше әуен шалқи жөнелді:

…Ажарың ашық екен атқан таңдай,

Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай,

Анаңнан сені тапқан айналайын,

Күлім көз, оймақ ауыз, ашық маң­дай…

Беу, беу, Гауһартас…

        – Апыр-ай, бүкіл ой-сананы, тұла бойды еріксіз билеп, естен тандырғандай әсер еткен мынау неғылған ғажап әуен… Сағынышы мен мұңы аралас мына сымбаты бөлек сұлу саздың сыры неде деуге мұрша келтірмей, ән әуені әрі қарай еліт­тіріп, төңірек ерекше әсем күймен тербеліп тұрғандай әсер етті.

Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,

Сылдырлап шашбауың мен алтын сырғаң…

         Ән күмістей сыңғырлап, баяу созылып барып ұзап кеткендей. Жаңағы айналасы алтын шуаққа айналып, шұғыла шашып тұрған нұрлы сәт әп-сәтте тыйылып қалғандай. Аяғында, әнді орындаған халық әртісі Бибігүл Төлегенова деген есім ғана есінде қалып үлгерді. Жаңа ғана бастан кешкен ғажайып сәт, әнмен бірге үзіліп келмеске кеткендей қапалы күй кешті. Баяғы тұнжыраған тундра, тағы Тайга көз алдына қайтадан тап бола кетті. Жан-жүрегі одан сайын езіле елжіреп, көзінен жалт етіп тамып түскен сағыныш сәтін сезбей қалғандай.

         Әйтсе де, осы бір ғажайып әуен бо­ла­шақ ғарышкердің жан-жүрегінен өш­пес­­тей орын алып, санасында мәңгілік сақталды.

        Мәскеуде жүрген. Бір күні көше­дегі көп жарнамалардың бірінен «Қазақ­станның халық әртісі – Бибігүл Төлегенованың концерті» деген хабар жарқ ете қалды. Өз көзіне өзі сенбегендей, қайта бір тесіле қарағанда, баяғы ғажайып сәт есіне қайта оралып, көңіл күйі тербеліп қоя берді.

       – Қайткенде де уақыт тауып баруым керек! – деп бекінді Тоқтар.

       Айтқандай-ақ, концерт болатын күні, сол сәтте, сол сағатта – Мәскеудің концерт залында, алдыңғы қатарда, қолында бір шоқ әсем гүлі бар – болашақ ғарышкер Тоқтар сол баяғы өзі аңсаған ғажайып әнмен қайта қауышты. «Гауһартас» әні орындалмайтын Бибігүлдің концерті бар ма? Тоқтардың сағындырған ғажайып әні аяқтала бере үсті-үстіне сатырлай соғылған шапалақтың ду-дуымен араласып, үстінде әскери киім, төсінде «Кеңес Одағының Батыры» деген белгісі бар, ұзын бойлы, қапсағай денелі, қыран мүсін, қара торы, бұйра шашты қазақ жігіті қолындағы қомақты гүл шоғын Бибігүлдің қолына ұстата берді. «Кеңес Одағының Батыры» деген алтын белгі иесі – қазақ жігітіне көзі түскен бұлбұл әншінің «Сіз кімсіз!» – деп айтуға да мұршасы келмей, таңғалған күйі қала берген еді. Әйтсе де, Тоқтардың құлағында: «Сізді қонақ үйде күтеміз!» – деген әншінің сыңғырлы сөзі оның туған жерге деген сағынышына сәл де болса сеп болғандай, Тоқтардың жан дүниесін сергітіп жібергендей әсер етті…

       Одан кейін Тоқтар, ғарышкер бол­ған­­нан кейін де ғажайып әншінің үнін сан рет естіп, концертіне қатысты. Әйтсе де, сол баяғы тұнжыраған қалың орман арасынан бұлт ішінен шыға келген күндей жарқ ете қалған алғашқы әуен әсері ерекше еді. Осындайда, «Шіркін, сағыныштан асқан құдірет бар ма?!» – деген ойға еріксіз берілетін еді ол.

Өмірбаян өрнектері

        Осы орайда Тоқтар өміріне өрнек болған батырлық істері мен өнегелі ең­бектеріне аз-кем шолу жасай кетсек ар­тық болмас еді. Қарқаралы құ­шағынан, Теміртау төсінен қыран боп ұшқан Тоқтар 1969 жылы Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін үздік бітіріп, 1979 жылы Авиация институтын тәмамдады. 1975 жылдан Кеңестер Одағы Әскери әуе күштерінің Қиыр шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилия командирінің орынбасары міндетін атқарған.

       Бала жасынан ұшқыш болуды ар­мандаған Тоқтар жай ғана ұшқыш болмай, сынақшы болуды алдына мақсат тұтқан. Осы арман-мақсат үдесінен шы­ғу үшін маңдай терін төгіп, уақытын сарп етуге тура келді. Ақыры, асыл арманының алғашқы асуына да қадам басты. Сөйтіп, ол 1975-1976 жылдары Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін және ондағы Авиация институтын бітірді. Енді осы өзі армандаған ұшқыш-сынақшылар мектебінен сүрінбей өту үшін Мәскеудегі А.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюросында білім алып, еңбек жолынан өтті. Оның осы жолы кейін ғарышкерлік өмірінің алтын арқауына айналып, үлкен өмір жолына ұласқан еді.

       1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа екі рет жанармай құю арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын орындауы үлкен ерлікпен пара-пар-ды. Соның нәтижесінде, 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңқайына «МиГ-29 креативті ұшақты қондырып, оның 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. Осы зор жеңісінің нәтижесінде ол Кеңес Одағының Батыры атағын иеленіп, кеудесіне «Алтын жұлдыз» медалін тақты.

 Елбасының қамқорлығы

     Кеңес Одағының кезінде осындай қиын жолдан өтіп, үлкен марапатқа ие болған Тоқтар Қазақстан Тәуелсіздік алған тұста атақ-даңқы дәуірлеп, абыройы артып тұрған еді. Дәл осы кезеңде болашақ ғарышкер Елбасының назарына ілікті. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы қазақ халқынан бір ғарышкердің әлем кеңістігіне шарлауын мақсат етіп қойды. Сөйтіп, Мемлекет басшысының таңдауы Тоқтарға түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы Тоқтардың ғарышқа ұшуына мүмкіндік жасады. Сөйтіп, ол 1989 жылы ғарышкерлер құрамына алынды.

      1991 жылғы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен қазақтың тұңғыш ғарышкері алғаш рет әуе кеңіс­тігіне көтерілді. Осы жолы ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық ке­шенімен түйісті. Онда ол өзімен бірге ұшқан ғарышкерлермен бірігіп, биотехнология, металлургия, медицина салалары, сондай-ақ, Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізді. Бұл зерттеу әлемдік ғылымға, оның ішін­де Қазақстан табиғатына, оның ға­рыш­тық тарихына өлшеусіз үлес қосқан еді.

       Кейін Елбасы қазақтың тұңғыш ға­рышкері Тоқтар Оңғарбайұлының өмірден алған мол тәжірибесін қорғаныс саласында жүзеге асыру үшін осы ми­нистрліктің бірінші орынбасарлығына бекітті. Содан соң Қазақстан Респуб­ликасы ұлттық аэроғарыштық агент­тігінің бас директоры – Ғылым және технология министрінің орынбасары қызметін абыройлы атқарды. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты – Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, 1996 жылы ҚР Президентінің кеңесшісі қызметтерін мүлтіксіз атқарды.

       Халық қаһарманы, «Қазақстанның тұңғыш ғарышкері», «Отан» орденінің иегері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің 70 жасқа толған мерейтойы елімізде кеңі­нен аталып өтуде. Ол бұл күнде аға сөзін айтатын салиқалы қайраткер. Өзінің ғарышкерлік ғажайып өмір жолының сыртында Тоқтар шын мәніндегі сындарлы саясаткер. Елге, жерге деген адал ой-пікірлерін барша қауымға паш етіп келеді. Сөйтіп, өзінің азаматтық тұғыры парасат-пайымымен ұлтына, жұртына, Отанына адал қызмет етуде.

       Бұл күнде Тоқтардың ардақты екі ұлы Тимур, Михаил игілікті іс тындырып жүр­ген кәсіп иелері. Мақтанға, марапатқа көп қызықпайды, адал еңбек еткенді ұнатады. Жары Татьяна да Тоқтарға қай кезде де таяныш бола білді.

        Тоқтардың отбасылық зор қуаны­шы – оның немерелері. Өткен жылы немересі Тоқтарланның бір жасқа келген тойын Астанада, Есіл жағасында дүркіретіп тойлады. Қызметтен қолы қалт етіп босаса болды, немерелерінің бірін мойнына мінгізіп, бірін алдына алып, бірін жетектеп кейде үйден ұзап кететіні бар. Сондай күндердің бірінде көп нәрсені білуге құштар үлкен немересі Томирис:

– Ата, тағы бір ертегі айтшы, – деп еді.

– Ертегі емес, тағылымы мол бір тәм­сіл айтайын, – деді Тоқтар.

        «Ертегі айтшы» деп тілек білдірген Томирис қана емес, Тамила немересі де, тіпті, екі жастағы Тоқтарлан да ата сөзіне ынтыға құлақ түрді.

        – Алла тағала адамды балшықтан жаратқан екен, – деп бастады Тоқтар әң­гімесін. – Адамды жаратып болған Алла тағаланың қолында бір уыс бал­шық қалса керек. Алла тағала сол бал­шықты адамның алақанына салып, «Өз бақытыңды өзің жасап ал», – депті. Адамзаттың бір бөлігі сол балшықтан ізгілік, бір бөлігі зұлымдық жасапты. Із­­гілік алғысқа бөленіп, зұлымдық жасағандар қарғысқа ұшырап келді.

         – Ана жолы Жүсіп Баласағұн бабамыз жайлы айтқан әңгімем естеріңде ме?, – деді Тоқтар немерелерін жанарымен аймалап.

       – Есімізде, – деп жарыса жауап берді немерелері.

          – Сол данышпан бабамыздың:

Ізгілік қыл – ізгілік көп кісіде.

        Әсерлі ғой ізгілердің ісі де, – деген өсиет сөзі бар. Сол естеріңде болсын. Ал бүгінде тоқсанға келген ақын аталарың Мұзафар Әлімбаев:

Мен білемін не табуды, не іздеп,

Еңбек қана елдің ұлы дегізбек, – деп жазды. Бұл да естеріңде болсын.

Бұдан соң да біраз аталы, баталы сөз айтты Тоқтар немерелеріне.

       Үйге оралғанда бұларды үлкен ұлы Тимур мен оның жаны сүйген жан жары, сырты нұрлы, іші сырлы Динара, немерелерінің анасы қарсы алды.

       Тоқтар көк жүзіне көз жіберді. Көк күмбездей төңкерілген көгілдір аспан ашық екен. Мезгіл алма ағашы мәуелеген, жемісі мол, жеңісі көп тобылғы түстес күрең күз еді…

       Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, 

       Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

      Суретті түсірген Ерлан Омаров

       https://egemen.kz/2016/07/26/52991

толығырақ

Jurgenov

        Қазақ мәдениеті мен халық ағарту ісі саласында зор еңбек сіңірген Алаш ардақтыларының бірі Темірбек Жүргенов. 
       Ол 1922 жылы Орынбор рабфагін бітіріп, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқи жүріп, Қазақ АССР-ның Түркістан республикасындағы өкілі болған. Соңғы курста Ташкенттегі жаңа ашылған Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалған. Кейін жаңа құрылған Тәжік мемлекетінің Қаржы халық комиссары (министрі) болады. Өзбекстанда да Оқу-ағарту Халық комиссары қызметін атқарады. 
      Өзінің туған елінде небәрі төрт-ақ жыл қызмет істеді. Оқу-ағарту Халық комиссарлығына қоса, үкімет жанындағы мәдениет, өнер ісін басқаратын комитетке төрағалық етті. Осы аз уақыттың өзінде өзі басқарған салаларда соңына айшықты із қалдыра білді. 
      Халықтың адал перзенті өткен ғасырдың отыз жетінші жылдары жалған жаламен «халық жауы» атанып, опат болды.

Семей гимназиясының студенттері, 1918 ж. Екінші қатарда оң жақтан төртінші отырған Дәмеш Ермекова.

Семей гимназиясының студенттері, 1918 ж. Екінші қатарда оң жақтан төртінші отырған Дәмеш Ермекова.

Т.Жүргеновтің ұйытқы болуымен Алматыда салынған №28 мектеп ғимараты   (қазіргі №26 гимназия)

Т.Жүргеновтің ұйытқы болуымен Алматыда салынған №28 мектеп ғимараты (қазіргі №26 гимназия)

       1978 жылдың қараша, желтоқсан айларында Алматы қаласында қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновті еске алуға арналған екі жиын өткені белгілі. Белгілі деуім артықтау болар, сол жиындар жайлы толыққанды ешнәрсе жазылмай келді.
     1978 жылдың 28 қарашасында Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті жанындағы партия тарихы институтында Т.Жүргеновтің туғанына сексен жыл толуына арналған салтанатты жиын болып, онда тарих ғылымының докторы Р.Сүлейменов баяндама жасап, Социалистік Еңбек Ерлері Ғ.Мүсірепов, С.Қожамқұловтар өз естеліктерін айтқан-ды. Бұл туралы 29 қараша күні «Социалистік Қазақстан» газетінде 30-40 жолдық ҚазТАГ хабары ғана жарияланды. Бір айдан кейін КазМУ-дың заң факультетінің басшылығы ұйымдастырған Т.Жүргеновтің 80 жыл­дығында айтылған естеліктер, болмаса осынау шараның өткендігі туралы хабар да берілмеген.
      Олай болуы мүмкін емес деген оймен аталған басылымның 1978 жылдың қараша, желтоқсан, 1979 жылдың қаңтар айларындағы тігінділерін қарап шықтым. Сол ҚазТАГ хабарынан басқа ешнәрсе берілмепті. Сондықтан да сол жиындардың материалдарын іздеп жүріп ақырында таптым-ау. Әсіресе, КазМУ- дегі өткен жиында естелік айтқандардың басым көпшілігі Т.Жүргеновпен таныс, бірге қызметтес болғандар және Жүргенов туралы жинақтарға енбеген естеліктер.
      Отыз сегіз жыл бұрынғы республи­каға есімі белгілі азаматтардың есте­лік­терін магнитті таспадан электронды жүйеге көшіріп, одан кейін дауыс­ты тыңдай отырып, жазбаша нұсқасы дайын­далды. Бұл естеліктер біріншіден, қоғам қайраткерлерінің Т.Жүргенов хақын­дағы естеліктері өз дауыстарымен жазылуы, екіншіден, олардың әңгімесі бүгінгі ұрпақтарға жеткізілуімен құнды деп есептеймін.
      Бұрындары Т.Жүргеновпен бірге болған ауылдастары мен туыстарының естеліктерін 1965-1970 жылдары алғашқы болып газеттерге жазып, жинақтарға енгізсем, енді, міне, 38 жыл бойы ескерусіз қалған естеліктерді оқырмандарға ұсынып отырмын. КазМУ-дың заң факультетінің деканы Қази Үргенішбаев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырған.
       Алғашқы сөзді қоғам қайраткері Жүсіпбек Арыстанов айтады:
– Мен Темірбек ағамызды …. иә ағамызды… Менен ол бес жарым жас үлкен екен. Біз қазір оның 80 жасын атап өткелі отырмыз. Сол Темірбек ағамызды бірінші рет 1923 жылы Ташкенде көргенмін. Біз ол уақытта Мәскеуде оқитын едік. Бір топ Мәскеуден, Петроградтан комсомолдың шақыруымен Ферғана соғысына аттанып бара жаттық. Сонда Ташкенге келіп тоқтағанымызда Ғани Мұратбаев қарсы алып: «Жетісудан, Сырдарияның басқа уездерінен жергілікті жігіттер жиналғанша бір-екі күн күтесіңдер» деді. Ілияс Қабылов менің бірге оқыған жолдасым еді. «Осы бос уақытты пайдаланып, біз Темірбекке барайық» деді. Темірбек ол уақытта Қазақстанның Түркістандағы уәкілі болатын. Біз жатқан жер бұрынғы Кадет корпусы қасындағы екі қабатты үлкен-кіші үй болатын. Сөйтсек, Темірбек тұрған үй – Қазақстанның өкілеттігінің нақ қасында екен, жарты-ақ квартал, сквердің екінші жағында. Бұрын өзіміз көп барып жүретін Луначарский атындағы комсомол клубының қасында екен. Біз көп отырып сұхбаттасып, әңгімелестік. Соның өзінде жастық уақытта адамның желігі болады, біз Мәскеуде оқып жүрген Қазақстанның алғашқы студенттеріміз деген бойымызда мақтаныш бар еді. Темірбекпен сөйлескеннен кейін біз кәдімгідей жайымызды түсініп, оның білімінің аса үлкендігін сол уақыттың өзінде қайсымызға болса да, қай жағынан болса да ағалыққа жарайтындығына тәу етіп, тағзым етіп, үлкейіп барып, кішірейіп қайттық.

1936 жыл. Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігінде. Суретте солдан оңға қарай: Темірбек Жүргенов, Құрманбек   Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Евгений Брусиловский, Ораз Исаев, Күләш Байсейітова, Жамбыл Жабаев.

      1936 жыл. Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігінде. Суретте солдан оңға қарай: Темірбек Жүргенов, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Евгений Брусиловский, Ораз Исаев, Күләш Байсейітова, Жамбыл Жабаев.

       Мәскеуде, Ташкенде көріп жүрдім. Бірақ қатар жұмыс істеуге тура келген жоқ. Мен Темірбекті екі мәрте аса үлкен өрлеу үстінде көрдім деп айтуыма болады. Әрбір өрлеу дәуірі өзінің үлкен толқынының үстіне, аса ірі қайраткерлерді, тұлғаларды, жетекшілерді шығарады. Сол жетекшілер сол өрлеудің басында жүреді. Темірбек ана шетте отыр еді, бір уақытта үзіліске жақындаған уақытта орнынан тұрып, ортада отырған Мирзоянға бір нәрсе деп сыбырлады. Мирзоянның бір жағында Ораз Исаев, бір жағында Садық Нұрпейісов отырған. Ол басын шайқап тұрды-дағы оң жағына бір, сол жағына бір сыбырлады. Олар да басын изеді. Сосын «Демалысты жариялаудан бұрын сөз халық ағарту комиссары Жүргеновке беріледі, ұсыныс жасау үшін» деп жариялады Мирзоян. Сонда Темірбек: «Бүгін ертеменен мен ана салынып жатқан… Осы Абай теат­ры… Сонда болып ұжымымен келісіп едім, катлаваны даяр, тасы әкелініп қойылған, әлгі раствор дегенің жасаулы. Соны өздеріне салғызбай, тоқтатып қойдым. Бұл Қазақстан тарихында опера дегеннің өзі жаңа нәрсе болса, соның театрын салудың өзі аса үлкен іс. Соның ең басында партияның қаулысымен болып жатқан істің, партияның активтері осында жиналып отырған крайкомның мүшесі, Үкіметтің, КазЦИКтің мүшелері өз қолдарымен салсын деп тоқтаттым. Мен осыны дұрыс деп ұғамын. Сондықтан мен сіздердің бәріңізді соған шақырамын. Бірден соған тобымызбен барайық, өз қолымызбен сол театрдың алғашқы тастарын салайық, мұның өзі белгі боларлық нәрсе, осы театр партияның қаулысымен ашылып отырса, соның іргетасын қалағанда партияның басшы активтері болсын» деді. Жұрт ду қол шапалақтап орнынан тұрды. Сонан бәріміз киініп барып осы Абай театрының қазылып қойған іргетасына сол Қазақстан өлкелік комитетінің мүшелері, КазЦик-тің мүшелері өз қолымызбенен әркім бірнеше тастан тас салдық. Сосын сол жерде шағын митинг болды.
       Академик Серғали Толыбеков:
Темірбек Қараұлы туралы айтатын әңгіме өте көп. Оның бәрін айтып тауы­су қиын. Ондай адамның өмірінен бірнеше том кітап жазуға болады. Мен бала күнімнен ауылдағы хабардан білемін. Теміршіні, оның әкелерін, ауылдарын. Бұрын біз көшпелі ел болатынбыз. Бірге көшіп, қатар көшіп жүретұғынбыз. Қыс қыстауымыз Сырдария, оның тараулары Қуаңдария, Жаңадария, Қызылқұм осы жерлер, қыстауы болды. Қырға қарай көшкенде Ырғыздың жері сол анау кәдімгі Қарақай, Мамыт деген жерлері жаз жайлауы болды. Міне, сол көшіп жүрген бір тайпа үлкен елдің бірқатар руынан боламыз. Сол көшпелі ауылда, мал өсірген көшпелі ауылда туған бала – Темірбек. Алғашқы кездегі оқуы оның Қызылордада, бұрынғы Перовский қаласында болған. Кейінгі кезде Темірбектің әкесі отырықшы боламын, көшуден жалықтым деп сол Ырғыз уезінде жайлауын қыстау етіп, революцияның қарсаңында сонда қоныстанған. Сондықтан Темірбекті біреулер қызылордалық дейді, онысы да дұрыс. Біреулер ырғыздық, ақтөбелік дейді, онысы да дұрыс. Ол екі уезге бірдей.
         Ал енді Темірбек Қараұлы ­Жүр­­­генов жолдас Қазақстанның, кеңес­­тік Қазақстанның тарихында көп еңбегі сіңірген қайраткер адам­ның бірі. Ол өзінің соншалықты талант­ты, кең білімді қызметкер болғандығы арқасында бүкіл Орта Азия, Қазақстан, Мәскеудегі басшы қызметкерлердің барлығына белгілі болды. Темірбек Жүргенов, біздің кеңес тарихындағы Луначарский, Бувонов сияқты наркомдардың бейнесіндегі адам еді. Ұйымдастыру таланты өте үлкен, білімі терең, Кеңес үкіметіне жан-тәнімен берілген, ерекше артық ұйымдастырушы. Ол Қазақстанға, 33 жылы келді ғой деймін. Ал сол кейінгі төрт жылдың ішінде істеген ісін ондаған жылдарда істеген іске теңеуге болады. Сол кездегі Қазақстанның оқу-ағарту жұмысын қайта құру, оны жөндеу, үлкен сара жолға салу, оның кадрларын дайын­дау, ол кезде сол Оқу министрдің қарамағында болды, бүкіл мынау идео­логия мекемелерінің барлығы. Өнер, радиоға дейін, физкультура, спорт бәрі де сол кезде наркомпростың қарамағында болатұғын. Сол жұмыстардың барлығына басшылық етіп, әрбір саласында көрнекті үлкен із қалдырған адам – Темірбек Қараұлы Жүргенов.
       1934 жылдың жазында төртеу-бесеуіміз Наркомға, Темкеңнің өзіне кірдік. Ол сонда бірінші рет кездесіп сөйлескеніміз. Сонда ол кісінің айтқаны: «Дұрыс, сендер жассыңдар, жаңа ғана ғылым жолына қадам басып келе жатырсыңдар. Әлі білмегендерің, көрмегендерің өте көп. Сендер нағыз ғылыми адам болу үшін, мынау жоғарғы дәрежелі мектептің ең білімді сабақ берушісі болу үшін сендерге өте көп нәрсе білу керек. Ал енді Мәскеу, Ленинградты көрмегендерің де бар осы отырғандарыңның ішінде. Көріңдер, ал сонымен қатар осы уақытты жақсы пайдалана біліңдер. Мәскеу, Ленинградта үлкен ғалымдардың мамандық бойынша лекцияларын тыңдауға тырысыңдар. Екіншіден, қазір қолма-қол осы Алматыдан табылмайтұғын құрал – кітаптарды оқуға тырысыңдар. Ескі кітаптар сататын жерден керекті кітаптарды сатып алуға тырысыңдар, ғылымның көзі кітапта, еңбекте, көп еңбек істемесеңдер, көп оқымасаңдар, көп білмесеңдер сендерден ештеңе шықпайды » деп бізге осындай қатты-қатты әңгіме айтқан.
      Қазақ КСР-ның Халық артисі, 1936 жылы Мәскеуде өткен онкүндікке қатысушы Шара Жиенқұлова:
      – Осы мынау өте қымбат үй бізге. Бұрын Верный болғанда гимназия болса, кейіннен Алматы болғанда институт болды. Осы институтта біз де бір-екі жыл оқып едік. Сол кезде жаңа қазақтың қызы жоқ деді ғой, бойжеткен 12 қыз бар еді. Жігіттер бізге «Дюжона» деп ат қойған. Үлде мен бүлдеге бөленген 16 менен 14 жас аралығындамыз.
Бір күні Байсейітовтер мен Жандарбековтерді нарком шақырып жатыр деді. Күләш жүгіріп келді: «Шәй көйлегің бар ма, біреуін маған берші, киініп барайық» деді. Содан бір-бірімізден көйлек сұрап, туфли сұрап киініп бардық. Сонда ана губернатордың үйі. Жігерлі жігіт екен. Бұл Темірбек Жүргенов болатын. «Менің шақырғаным, үкіметтің қаулысы болды, музыка театрын ашамыз, онан кейін Мәскеуге барамыз, онан жақсы өтсек, операға айналдырамыз. Сен Құрманбек режиссер боласың, Қаныбек пенен Күләш ән айтасыңдар, ал Шара балерина боласың» деді. Балеринаның не екенін түсінген жоқпыз. Соныменен ол кісі айтты, бітті. Қоштасып шықтық.
      Опера театрын құру оңай емес еді. Қалай ұйымдастырмақ деп таңғалдық. Театрға жарайды-ау деген мамандардың бәрін жинады.
     Бір жерде бір әнші бар екен оны алып келіп Күләшті айтты: «Мынаны вокалист жасап, осыны опера әншісі жасайсың» деді. Бір балетмейстерге мені көрсетіп: «мынаны биші, балерина жасайсың» деді. Бір театрды түгел оркестрімен сатып алды. Осының бәрін бір айдың ішінде ұйымдастырған Темкең ағай. Біз ол кісіні Темке дейтінміз. Темке ағай деп үйреніп кеттік, Темке ағай деп айтамыз. Қазақтың кәсіби өнерін жандандырған – осы Темкең ағай.
          Сөйлеген кісілер айтып кетті, ол кісі наркоммын, үкіметпін демейтін, күнде репитицияға келіп отырады. Әннің де, бидің де сырын білетін, оркестрға да бағыт беріп отыратын. Онысына қайран қалатын едік. Ол кісінің еңбегін біз еш уақытта ұмытпаймыз, осы өнерде жүрген үлкендердің бәрі ол кісінің шәкірті. Сондықтан осы отырған балаларым, Темке ағамның осындай үлкен қасиеттерінен үйреніңдер, үлгі алыңдар.
       Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, қоғам және мемлекет қайраткері Шақпақ Артықбаев:
      –1922-24 жылдары мен Ташкентте оқып жүргенде Ғани Мұратбаев бір жерде сөйлесе, комсомол белсенділерімен кеңессе, сол кезде қазақтың үлкен қайраткерлерінің атын атағанда ылғи да Жүргеновті де атайтұғын. Осындай өсіп келе жатқан қайратты, білімді қазақ деп айтатын еді. Бірақ ол кезде біз оқушымыз. Одан кейін мына 34 жылдан 37 жылға дейін мен Ақтөбеде партия қызметінде болдым. Сол кезде Жүргеновті Ырғызда туып-өскен деп айтатын еді. Ол уақытта оның туған жері Қазалы екенін білмейтұғынбыз.
       Сосын Жүргеновті көбінесе ауызға алып отыратын, ол кездегі республикамыздың өте көрнекті бір қайраткері, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбілқайыр Досов еді.
      Бір күні өзі келіп, бізді үйіне қонаққа шақырды. Үйіне бардық, мына Дәмеш бізді күтіп алды. Сонда біздің бір таңғалған нәрсеміз мынау Фурма­нов көшесінде, бұрынғы 121-ші үй болатұғын 2-3 бөлме үй, үйлерінің іші тап-тақыр, ештеңе жоқ, бір ғана кереу­ет, сосын бір кішкентай үстел болды, үлкен кітапханасы бар екен. Соған біз таңғалдық. Сонда бұл қалай, өзі министр болғалы, міне, 2-3 жыл болып қалды, анау-мынау алуға қолынан келмей ме деп таңданғаным есімде. Өзбекстанда министр болған себебі, өзбектің тілін жақсы білген, Тәжікстанда министр болғаны тәжіктің тілін жақсы білген. Біздің Жүргенов ағамыз шығыс тілдерінің көбісін білетұғын. Осыны да айтып кету керек.
      Сосын екінші бір есімде қалған нәрсе, 37 жылы Орталық партия комитеті бір топ қызметкерді Семей облысына жіберді. Мен Жарма ауданына, Жүргенов Шаманайха ауданына кетті. Сонымен қатар Жүргенов пенен маған тапсырма болды «Госпораходта» істейтін Чик дейтін адамды партиядан шығарған. Соны тексеруді бізге тапсырған. Соны жұмыс біткеннен кейін біз тексеріп, жаңағы «госпороходсваға» барып сөйлесіп, оған әлгі троцкизм деген айып таққан екен. Ол өлкелік комитетке арыз берген. Қойшы, сол мәселені осында бюроға қоятын болды. Әлгі Чик келді. Жүргенов пенен екеуіміз баяндама жасадық. Сондағы айтайын дегенім, оған қойылған айып өте үлкен болатын. Бірақ Жүргенов айтты: «Осында тексерілмеген нәрселер көп, осы жолдастың троцкишіл болғанына мен өзім сеніңкіремеймін, сондықтан бұл мәселе қайтадан қаралсын, қайтадан тексерілсін» деді. Бюро мүшелері бәрі қолдады. Жалғыз-ақ бір адам қарсы болды. Ол мына сол кездегі Ішкі істер наркомы Залин деген. Залин айтты: «Бұны ұстау керек, бізге соған рұқсат беріңдер» деп сөйледі. Оның айтқанын Чик естіп отырған. Сонан үзіліс кезінде жаңағы Залиннің сөйлегенін естіп Чик барғанда өзін-өзі атып тастаған. Осы мына қонақүйде. Менің айтайын дегенім сонда мынау, осыны Жүргенов ести сала Залинға жабысты: «Барлығы сенің кесірің, неге сен ол кісінің көзінше мен ұстаймын, қамаймын дедің, ол қорыққанынан өзін-өзі атып тастаған. Сен айыптысың, адам баласының тағдырына осылай қарауға бола ма? Болмайды, бұдан былай қарай осыны ескеріңдер» деп жаңағы Залинге қатты айтты. Сондағы айтайын дегенім, Жүргеновтің мінезі – қайсар мінез болатұғын. Мінезі тік болатұғын. Жұрттың бетіне сөзді басып айтатұғын, бір-ақ айтатұғын. Ал осы пікірі үшін оны жұрт жақсы көретұғын. Мен біраз қазақтың бұрынғы қайраткерлерін білемін. Олардың қазір көбісі тірі емес, ал солардың ішінде айрықша бөлініп тұратұғын, көп еңбек сіңірген осы Темірбек Жүргенов.
      Қазақстанның халық артисі Қапан Бадыров:
      – Мен Темірбек Жүргеновті 1934-35 жылдары ғана көріп, таныстым осы Алматыда. Наркомпрос болып тұрған кезінде. Осы Ленин көшесінде Наркомпрос үйі болатын. Онда театр, опера, «Қазақконцерт», филармония барлығы бір-ақ жерде болды.
      Жаңа Бек айтты, қатал еді, жұмсақ еді деп. Жоқ, қатал да емес, жұмсақ та емес. Ол тәртіпкер еді. Сондай тәртіпті еді. Әлі есімде декадаға дайындалып жатырмыз, осы күнгі мына ұйғыр теат­рында дайындық жасап жатырмыз. Екі оркестр кешігіп қалды. Жүргенов репитицияда өзі отыр. Құрманбек пенен Борф басқарып жүр. Аналар кіріп келе жатқанда «Мында кел!» деп шақырды. «Уходи отсюда, без вас қазахский искусство обойдется, уходи отсюда» деп екі оркестр мүшесін қуып жіберді.
      Декадаға бардық. Құрманбек «Қыз Жібекте» ме еді? Ә, «Қыз Жібекте» дауы­сын ала алмай қалғанда Темкең күйіп кеткен. «Не деген сұмдық, біттік қой» деп. Сондағы Құрманбектің шеберлігін қараңыз, «Ля» ма, «си» ма ең жоғары нотасын ала алмай қалғанда Құрманбек ешқандай мүдірместен, саспастан «Ха-ха-ха-ха» деп күліп жіберіп, ар жағын алып кетті ғой. Ертеңіне газетке шыққанда орыстың үлкен профессорлары, үлкен әншілері таңғалып: «Это не возможное вещи» деді. Содан Құрекең айтып келді: «Ой, риза болдым, Темкең менен кешірім сұрады» деп.
       Темірбек Жүргенов ертемен келіп, «Ей, тұрыңдар, қазақтың ауылына келдіңдер ме? Тұр, бұл Мәскеу, барыңдар, музейге барыңдар, театрға барыңдар» деп таңертең ерте келіп бізді ұйықтап жатқанда оятатын. Мынаны қараңызшы. Сосын кешке біз репитицияға келеміз, жан-жақтан жиналамыз кешке. Үлкен театрдың артында театр бар еді. Біз енді әлі жарты сағат бар ғой деп асықпай келсек, Темкең есік алдында жүреді: «Әй, сен бүгін ойнайсың ба? Әй, неге кешіктің? Кір!» деп өзі бас­тап театрға кіретін.
       Декада біткеннен кейін, оның күштілігі ғой енді. Сауда министрлігіне барып, бізге екі айлық ақшамызды бергізді. Шара есіңде ме? Екі айлығы­мызды бергізіп, бір дүкен ашқызып, таңертеңнен кешке дейін сол дүкенде болдық қой. Сонда Сәкен Сейфуллин­мен отырып әңгімелесеміз, мынау кос­тюм ұнамайды, екінші костюм әкел дейміз.. Мінекей, соның бәрін істеп жүрген кім? Темірбек Жүргенов. Бұл не? Бұл– кадрларды өсіру, кадр тәрбиелеу.
     Дмитрий Фурмановты білесіңдер, соның әйелі Анна Иличовна институт­тың директоры болатын, соған алып барып: «Келер жылы мынау келеді, жазып қой, осында келеді, оқиды, тағы екі-үш баланы жіберем» деп біздерді алып баратын.
        Ақын Қасым Тоғұзақов:
      – Құрметті бауырлар, қарақтарым, бұл әңгімені айта берсе толып жатыр ғой, бірақ өмірде бір ұмытылмайтын кезеңдер болады. 1936 жылы мен Ленинградтың педагогика институтын бітіріп, Алматыға келген соң Наркомпроста Темағаңның қарамағында болдым. Декада біткен күні мамырдың 26 күні кешке Кремльге қонаққа шақырды, банкет болды. Сталиннің өзі келді, бәрі бірге отыр, мына отырған Шәкең Сталиндермен қатар бір үстелде отырды Күләш бәрі. Содан бір уақытта Елубай түрегеліп, Күләш пен Шараның қасына барып бірдеңе-бірдеңе деп тұр еді, күндікке үндемей отырған. Сталин орнынан түрегеліп, бір қолында бокал, теріс қарап тұрған Елубайды иықтан қақты, Елағаң «тұра тұр, тұра тұр» деді. Содан әлгі кісі қаттырақ қағып қалды, жалт қарады да Сталинді көргенде сасып қалды өзі. Сталин үндемей ғана бокалын көрсетті. Елағаң көзін ала алмай столды сипалап жүріп бір бокал қолына түсіп еді, онысы бос бокал екен: «Құй, құй» деді Күләш пен Шараға. Күләш екенін білмеймін, Шара екенін әлде, өзі айтар, қолына түскен бокалды толтыра құйды. Елубай аға Сталинмен соғыстырып, көтеріп қойды ғой. Біз күліп жатырмыз.
     Мен Темкеңменен Сталиннің кабинетіне дейін бірге кірдім. Банкет үстінде 5 адам ғана сөз сөйледі. Сонда микрафон Сталиннің ғана алдында еді, Темкеңе сөз бергенде ол Сталиннің қолын ұстап тұрып тілек айтты.
      Менің айтайын дегенім, қарақ­тарым, Темкең деген кісі қазақтың көркем өнерін көркейткен. Мәскеуге 550 адамды ертіп барып, 14 орденді алып, Күләшті КСРО халық артисі етіп, оның үстіне, «Амангелді» фильмін түсіруге Темкең себепкер болып еді.
         Кинооператор Ораз Әбішев:
        – «Айман-Шолпанды» Семей теат­рында 34-ші жылы көргем, сонда бір өзбектің рөлі бар, кішкентай эпизодтық рөл, соны ойнаймын деп Манарбек Ержановпен бірге соған ептеп дайындалып жүретінмін. Сол концертте Манарбектің шапанын кимек болып жүрсем, оны Ләтипа Қожықова деген мына қазіргі Сұлтан Қожықовтың анасы, Қожықов ақсақалдың әйелі сол кісі біреуге беріп қойған екен, мен соған ренжідім. Басқа бір шапан беріп еді алмай тастап кетіп қалдым. Соны естіп, мені Темкең шақырады дегеннен кейін алдына бардым. «Анамен олай сөйлесуге болмайды, ана кісіден кешірім сұра» деді.Мен Ләтипа апайдан кешірім сұрадым. Қазір осыны ойлап қарасам, сол сағатында маған беріп жатқан тәрбиесі екен ғой.
     Дербес зейнеткер, республикаға еңбегі сіңген дәрігер, Т.Жүргеновтің зайы­бы Дәмеш Ермекова:
       – Жаңа сарайда жақсы өткізді, бірталай кісілер қатысты.
      Темірбекпен бірге қызмет істеген үлкен-үлкен жазушыларымыз қатысты, Ғабит Мүсірепов, академик Қаратаев, жазушы Әбілда Тәжібаев, белгілі артис­тер қатысып, жылы сөздерін сөйлеп, 40 жыл бойы Темірбектің бейнесін сақтап, маған сол жылы сөздерімен Темірбекті тірілтіп бергендей болды.
      Ол уақытта бағана айтылғандай қыздар шынына келгенде аз едік. Қазір мына мөлдіреп отырған қыздар көбейді Құдайға шүкір. Үлкен дәрежелі мектепте 5-ақ қыз оқитынбыз. Бір күні Темірбек «Дәмеш, қосылсақ қайтеді? Уақыт болды ғой» дегенде, мен келісе қоймадым. «Оқуымызды бітірейік» дедім. Кейін бас қостық. 10-ақ жыл бірге өмір сүрдік. Сол 10 жылдың ішінде маған бөтен мінезін еш уақытта көрсеткен емес Темірбек. Сондықтан да шығар мен 40 жыл бойы сол Темірбекті жүрегімнің түбіне сақтап келемін.
      Екінші айтайын дегенім, мына 1936 жылы бірінші декадада үлкен театрдың үлкен сахнасында концерт болды. «Қыз Жібек» қойылды, «Жалбыр» қойылды, онан кейін концерт болды, сол концертте мына Шара жуан қос бұрымы бар, үстінде сары жібек желбіршектеген көйлегі. Сол сахнада бір өзі ғана билеп шықты. Мәскеу­ді таң-тамаша етті. Қол шапа­лақтап, екі рет пе, үш рет пе шығарды сонда Шараны.
    Темірбектің зеректігіне таңғаламын. Сонда қалай білесіз? «Апыр-май, сіз мына емтиханға дайындалғанда кітап оқымайсыз» деймін. «Мен бір-ақ рет оқимын» дейтін еді. Сол талантына, оқымыстылығына таңғалушы едім. Ол кітапты көп оқитын, әсіресе классиктердің шығармаларын жақсы көретін.
     Жиында сонымен бірге академик Бекежан Сүлейменов, қоғам және мемлекет қайраткері Шәріп Өтепов, Халық комиссары Әшімбек Бектасов, жазушы Айтбай Хангелдин, фольклортанушы Мардан Байділдаевтар сөз сөйлеп, ел ардақтысы жайлы пікірлерін ортаға салды.

    Тынышбек ДАЙРАБАЙ, жүргеновтанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері

        http://anatili.kazgazeta.kz/?p=37572

толығырақ

27-05-16-zangar

     Тегінде, жақсы волейболшыдан кеуде қатарлы математиктің шыға қоюы екіталай шығар, ал нағыз математик хас волейболшы бола алады екен. Және болғандай қандай! Мұны бүгінде тірі болғанында жасы 80-ге толатын қазақ волейболының көрнекті өкілдерінің бірі болған Заңғар Жәркешев өзінің өмірімен де, өнерімен де толық дәлелдеп, көрсетіп беріп кетті.

       Біз кезінде Заңғар ағаны волейболшы ретінде көре алған жоқпыз, бірақ ол тізгінін ұстаған волейбол командасының барлық өрлеуі мен шалқуы сәттеріне жақсы жанкүйер бола білдік. Оның құрған жасағы шынында сол жылдары аты Кеңес Одағы ғана емес, күллі әлемге таныла бастаған аса талантты ұжым болды.

      Бір қызығы, алуан қырлы дарын иесі Заңғар Жәркешев үшін спорт, соның ішінде волейбол басында өмірлік мәні бар нәрсе саналмаған екен. Мектепте өте жақсы деген бағаларға оқып, мате­матика, физика секілді дәл ғы­лымдар пәндерінен алдына жан салмай жүрген ол тіпті волейбол ойнауға да оншалықты құштар бола қоймапты. Сол кездері орта мектепті үздік бітіргендерге алтын медаль беру үрдісі жоқ еді, болашақ даңқты спортшы сондықтан кәмелеттік аттестатына уақытының ең жоғары белгісі – күміс медальды қоса алып шығады. Ал волейболға немқұрайлы қа­рай­тын ол сыныптастарының көп­тен-көп өтінуімен ғана мектеп құрамасы сапында ойнауға келісіпті. Сол-ақ екен, ұдайы жыл­­дамдық пен ептілікті, күш­тілік пен табандылықты, тез ше­шім қабылдау мен беріле ойнау­ды керек ететін бұл ойын оны бірден өзіне үйіріп әкетеді. Қай­да жүрсе де көштің алдында бол­у­ға ұмтылатын Заңғар көп ұза­май командаластарының нағыз көш­басына айналады.

      Алайда, мектеп бітіргенше өте жақсы волейболшы болып қа­лыптасып үлгерген Заңғардың бұл құмарлығына ата-анасы жай әншейін ермек деп қана қарайды. Сол себепті Мәскеудегі Тимирязев атындағы академияның түлегі, партия Орталық комитетінде, кейін Мемлекеттік жоспарлау ко­ми­тетінде жауапты қызметтер ат­қарған әкесі мен қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш филология ғылымдарының кандидаты атанған анасы ұлдарының бұдан гөрі маңыздырақ кәсіппен айналысуы үшін Қазақ тау-кен металлургия институтына түсіп оқығанын қалайды. Соның ыңғайында Заңғар аталмыш институттың «Пайдалы қазбалар кен орнын пайдалану» мамандығы бойынша білім алып шығып, инженер болып еңбек жолын бастайды. Ол жеті жыл бойы тау-кен инженер-технологы болып қызмет істейді.

       Бірақ осы жылдардың бәрінде оны волейболға деген құмарлық өзінен алшақтата қоймапты. Бұл жыл­дардың бәрінде ол сүйікті ойы­­­нынан көз жазып қалған жоқ. Со­ның арқасында тау-кен инс­титутында оқып жүрген Заңғар 1956 жылы Мәскеуде өткен КСРО халықтары спартакиадасына Қа­зақстан құрамасы сапында қа­тысып, команданың төртінші орынды жеңіп алуына елеулі үлес қосты. Ал кейін инженер болып жүргенінде бір күні бір­ден күрт ше­шім қабылдап, ол арада қан­шама жылдардың өтіп кеткеніне қарамастан, Қазақ дене­шынықтыру институтының табалдырығынан аттайды.

      1959 жылы белгілі энтузиас­т Октябрь Жарылғапов тізгінін ұс­таған «Буревестник» бірінші рет волейболдан КСРО біріншілігінің Куйбышев қаласында өткен «Б» класы бойынша сайысына қатысты. Ал 1960 жылы Тулада өткізілген фи­налдық ойындарда екінші орынға табан тіреген алматылық сту­­денттер жасағы «А» класына берілетін екі жолдаманың біріне қол жеткізді. Сөйтіп, 1961 жылдан бастап кеңес волейболының ең жоғары эшалонында өнер көрсетуге көшті. Осы жылдың жел­­тоқсан айында Алматыда өт­кен «А» класы командалары ара­­сын­дағы квалификациялық тур­­нирде бірінші орынды жеңіп алған «Буревестник» айды аспан­нан бір-ақ шығарды. Осы жетіс­тіктері үшін команданың Октябрь Жарылғапов, Заңғар Жәркешев, Жәнібек Сауранбаев, Валерий Кассин, Евгений Акунов, Евгений Пресняков, Владимир Дьяков, Жұ­маш Махмутов, Леонид Щербаков сынды ойыншылары спорттың бұл түрінен республикада «КСРО спорт шебері» атанған ең алғашқы ойыншылар болды.

Волейбол         Қазақстан волейболының ір­гесін қалап, қабырғасын тұр­ғыз­­ған Егор Иконников, Борис Дмитриев (жоғарыдағы спар­такиадаға команданы бастап барған ойыншы-жаттықтырушы) және Октябрь Жа­рылғапов сынды мықтылармен бірге сап түзген Заңғар Жәркешев олардың ортасындағы ең жасы еді. Рес­публика волейболының төрт бұрышын түгендеген осы төртеу екенін білікті мамандар бүгін де ұмыта қойған жоқ. Сол санаттағы Заңғар волейболшы ретінде де бірқатар өсу жолдарынан өтті. Осы өрлеу өрісі оны КСРО-ның олимпиадалық құрама командасына кандидат етті. Одақ біріншілігі белесінде алғашқы адымын енді ғана жасай бастаған, бірақ әлі үлкен табысқа жетіп көрмеген команда құрамында ойнайтын ойыншының өзін елдегі ең мықты волейболшылардың бірі екенін дәлелдеп беруі үшін сол кезде қаншалықты жанкешті ойын мен шеберлік керек болғанын пайымдау қазір де қиын емес. Заңғар аға соны көрсете білді. Бірақ «Бу­ре­вестникте» оның қалыптасу жылдарында ойнаған ол командамен бірге ойыншы ретінде айтулы асуларды бағындыра алмады. Оның барша биік белестері жаттықтырушылық кезеңімен жал­ғаса келді.

      Жоғары топтағы дебюттік бі­ріншілігінде Жәркешев, Сауран­баев, Кассин, Махмутов, Пре­сняков, Акунов, Дьков, Щербаков сынды ойыншылардан құралған команда 16-орынға табан тіреді. Бұдан кейінгі 1961-1962 жылдарғы чемпионаттарда алматылықтар 13 орынға қазық байлатты. Ал 1963 жылы команда тағы да республика атынан КСРО халықтары спартакиадасына қатысып, финалдық айқаста Украина құрамасымен 4-5-орындарды бөлісті. Келесі 1964 жылы студенттер командасы елі­міздің біріншілігіне қатысқан 24 команданың арасында 16-орын алды. Осы жылы команда капитаны Жәнібек Сауранбаев КСРО құрама командасының сапына алынды.

        Соңғы жылдары команданы үздіксіз капитаны болған Заңғар Жәркешев 1965 жылы Қазақ спорт комитеті төрағасының орын­­ба­сары болып кеткен Октя­брь Жа­рылғаповтың орнына «Буре­вестник» командасының аға жаттықтырушы болып тағайын­далды. Осы жылы коман­даның Бүкілодақтық аре­надағы өрлеуі басталды. Жаңа жас жаттықтырушының қол астында жаттыққан жігіттер бұл жолы чемпионатта 8-орынға бір-ақ секірді. Мұның соңы КСРО құрамасы құра­мында ойнап жүрген Жәні­бек Сауранбаевтың қатарына команданың тағы бір белді ойыншысы Валерий Кравченконың қосылуына жеткізді. Келесі, 1966 жылы алматылық студенттер жасағы біріншілікте 4-орынға жайғасты. Ал Минск қаласында өткен Бүкіл­одақтық студенттер спартакиада­сында алдарына жан салмай, ал­тыннан алқа тағып оралды. Ко­манда сол жылы Прага қаласында өткен студенттердің еуропалық біріншілігінде де топ жарып, алтын медальдың ие­герлері болып қайтты. Осы жылы бірінші рет Еуропаның жастар құрамалары арасында бі­ріншілік ұйымдастырылды. Ол Венгрияның астанасы – Будапешт қаласында өтті. Осы чемпионатқа КСРО құрамасы сапында қатысқан «Буревестниктің» өрендері Олег Антропов пен Александр Портной команданың бірінші орынды жеңіп алуына үлкен үлес қосты.

         1967 жыл алматылық студент­тер командасына алғашқы үл­кен табыстарды әкелді. Бұл жы­лы волейболдан командалай бі­рін­шілік өткізілген жоқ. Оның орнын КСРО халықтарының Спартакиадасы аясындағы волейбол турнирі басты. Міне, осы сайыста Қазақстан атынан алаңға шыққан «Буревестник» командасы қола жүлдегер атанды. Осы жылы Түркияның Адана қаласында өткен Еуропа біріншілігінде КСРО құрамасы араға 16 жыл салып, бірінші орынды жеңіп ал­ды. Осы жеңімпаз команда сапында Жәнібек Сауранбаев пен Ва­лерий Кравченко алтыннан алқа тақты. Маусым соңына қарай олар­дың қатарына Олег Антропов та қосылды.

       Ал 1968 жылы «Буревестник» тұңғыш рет чемпионатта күміс медальға қол жеткізді. Біріншілікті өте күшті бастаған команданың осы жылы алтын жүлде алатындай-ақ реті бар еді, бірақ еліміздің Олимпиялық құрамасына алынған Валерий Кравченко мен Олег Ан­троповтың шешуші ойындарға қатыса алмауы команданың Тал­линнің «Калевінен» 2 ұпай қалып қоюына себеп болды. Мұның есесін алматылықтар 1969 жылы толығымен қайтарды. Осы жылы КСРО чемпионы атағын талассыз жеңіп алған «Буревестник» Кеңес Одағы кәсіподақтарының спартакиадасында да жеңімпаздар тұғырына жайғасты. Жалпы, 1967-1971 жылдарда Заңғар Жәркешевтің жасағы КСРО бірін­ші­ліктерінде қатарынан 5 рет жүл­дегерлер сапынан көрін­ді. Дегенмен, команда қол жет­кізген ең ірі жетістіктер оны бір рет КСРО чемпионы жасап, екі рет Еуропа чемпиондары кубогының иегері еткен 1969-1971 жылдар аралығымен тұспа-тұс келеді. Халықаралық дең­гей­дегі осы сайыстарда ол бі­лікті бапкердің арқасында кәрі құр­лықтың «Стяуа» (Бухарест, Румы­ния), «Гонвед» (Будапешт, Венгрия), «Лейпциг» (Лейпциг, ГДР), «Збройовка Зетор» (Брно, Чехословакия) секілді беделді командаларын тас-талқандап етіп жеңіп кетті.

        Еуропа чемпиондарының ку­богы жолындағы жарыстың екі жылғы додасы арасында бірінші ке­зеңдегі тартыс «Буревестник» үшін оңайырақ болды. Алғашқы жы­лы жолдағы қарсыластарын бет қаратпай жеңіп келген ол сол жолы да Чехословакияның «Збройовка-Зетор» клубымен финалда жолығып, оны алдымен өз алаңында, сосын Алматыда бірдей есеппен – 3:0 етіп ұтып, жеңістің биік тұғырынан көрінген-ді. Ақтық соңғы айқас Алматыдағы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Спорт сарайында 1970 жылдың 3 шілдесі күні өтті. Араға жылға жуық уақыт салып, екі қарсылас тағы тоқайласты. Бұған дейін алматылықтардың жартылай финалда ГДР-дің «Лейпциг» командасымен өткізген екі ойынының тағдыры да қыл ұшында тұрып еді. Құрамында әлемнің 7 чемпионы ойнайтын, өз елінің 15 дүркін чемпионы алаң иелеріне қарсы ойында біздің жігіттер 1:3 есебімен жеңіліп қайтты. Бұл оның екі жылдан бергі турнир бойына бірінші рет жеңілуі еді. Сосын Алматыдағы қарымта ойынға олар барын салды. Құдай сәтін салғанда, бұл жолы дауылпаздар қалғыған жоқ, үш партия­ны да өз есептеріне жаза білді. Содан соңғы ақтық айқастың бірінші ойыны Брно қаласында өтті. Мұнда алғашқы екі партия­ны тез өз пайдаларына шешкен жерлестеріміз содан соң қатарынан үш партияда алаң иелеріне ырық беріп қойды. Сөйтіп, 2:3 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Сонымен, бар үміт 23 сәуір күнгі ойынға барып тірелді. Мұнда жерлестеріміз бірінші партияда 15:7 есебімен басым түскенімен, келесі партия­да 13:15 болып ұтылып қалды. Сосын үшінші партияны өзіне қаратып алған алматылықтар шешуші төртінші партияда біраз текетіреске тап келді. Онда 12:12 деген есеп көпке дейін өзгермей тұрып алды. Ақырында Жәнібек Сауранбаевтың ұрған добы есепті 13-ке жеткізді де, бәрі жеңілдеп сала берді. Оның артынша Николай Рагозин екі доп соғып, ойындағы соңғы нүктені қойды.

      Бірақ, мұнымен бәрі біткен жоқ. Кейінгі ереже бойынша кубокты алатын команда қарсыласын екі мәрте жеңуге тиіс болатын. Сон­дықтан, үшінші шешуші матчты бейтарап алаңда ойнаулары керек болды. Осылайша арыстандай алысқан қарсыластар Бельгия орталығында бас қосты. Бұл бір шынында да жан беріп, жан алысатын ойынға айналды. Бірінші партияда 16:14 есебімен басым түскен алматылықтар келесі партияны оп-оңай беріп қойды. Сосын үшінші партияда тағы алға шықты. Алайда, төртінші партия өте ауыр жағдайда өтті. Оның соңы чехтардың жалпы есепті теңестіруіне апарып соқтырды – 2:2! Ал бесінші партияда дауылпаз команданың қар­қынына қарсыластар тіпті де тө­теп бере алмады – 15:3! Осы­лайша жалпы есепті 3:2-ге жеткізген «Буревестник» Ку­бокты жеңіп алды. Салмағы 29 килограмм 300 грамм болатын күміс Кубокты команда капитаны Жәнібек Сауранбаев екінші мәрте төбесінен асыра көтерді. Онымен бірге командаға бұл же­ңісті Валерий Кравченко, Олег Антропов, Геннадий Гончаров, Алек­сандр Кормановский, Алек­­сандр Портной, Николай Рагозин, Виталий Устименко, ағайын­ды Виталий және Вячеслав Шап­рандар, Амангелді Сұлтанов, Вячеслав Усеинов және Алексей Жуков әперді. Бұлардың соңғы үшеуі осы жылы Кубокқа бірінші рет үлес қосса, алдыңғылары екінші мәр­те Кубок иегерлері атанды. Сол сияқты Төленді Ахмет­жанов 1970 жылы Кубокты ұтып алғандар қата­рында болды.

       Осы жылдарда Заңғар Жәр­кешев Қазақстанның тұңғыш Олим­пиада чемпиондарын дайындап шығарды. Олар – Валерий Кравченко мен Олег Антропов 1968 жылғы Мехико Олимпиялық ойындарынан мойындарына алтын алқа тағып оралды. Бұдан басқа, Жәнібек Сауранбаев пен Валерий Кравченко – Еуропа, ал Александр Портной мен Игорь Пыльников жасөспірімдер арасында әлем чемпиондары болды. Бұған қоса, 1966-1972 жылдары КСРО-ның студенттер құрамасына аға жаттықтырушылық жасаған Заңғар Асанханұлы өз командасын Халықаралық студенттер одағының чемпионы және қола жүлдегері, 1970 жылы Туринде (Ита­лия) өткен Бүкіләлемдік уни­версиаданың кү­міс жүлдегері атандырды. Осы жылы ол КСРО-ның ең үздік жат­тықтырушысы атанды.

Өмірінің соңғы жылдарында Қазақ денешынықтыру институтында кафедра меңгерушісі болып, профессор атағына қол жеткізген Заңғар Асанханұлы Жәркешев волейбол ойынының да оқымыстысы еді. Ол волейбол ойынының техникасы мен тактикасын өркендетуде өзінің ерекше қолтаңбасын қал­дырды. Қашанда биіктен көрінуді алдына мақсат етіп қойып, сол дең­гейден табылып келген Заң­ғар аға осы бағыттағы ізденісі нә­тижесінде бұған дейін кеңес кеңістігінде де, әлемдік деңгейде де қолданылып көрмеген бірқатар тың тәсілдерді ойлап тапты. Соның бірі – басқа командалар допты әуелете жылдам ұрып, ойынға қосып жүргенде, «Буревестник» оны төменгі деңгеймен зырлатып жіберуге машықтанды. Бұл әдіс қарсыластар жағын ылғи састырып тастаушы еді. Бұлардан бөлек, шабуылды ұйымдастыратын бай­ланыстырушының бесінші аймақтан жетіп соққы жасауы мен «имек» («дужка») деп аталатын шабуыл комбинациясы секілді тактикалық қимылды да алғаш рет Заңғар ойынға ендірді. Аталмыш термин кейін бүкіл әлемге кең тарап, волейбол жөніндегі оқулықтар беттерінен берік орын алды.     

       Кешегі Кеңес Одағында екінші аймақта жақын аралықтан доп беріп ойнау тәсілін де алғаш ал­матылық волейболшылар қолдана бастады. Ойын үстінде орталықта блок қоюшының тордың шетіне бір аттап жететін адымын да «Бу­ревестник» дауылпазшылары шығарды. Осы арқылы қосарлы блок пайда болып, нәтижесінде жасақ Одақ қана емес, тіпті бүкіл әлемдегі тор үсті қорғанысы мықты ұжымға айналды. Сондықтан, Ва­лерий Кравченко бірнеше рет әлем волейболының ең күшті блок қоюшысы атанды. Ол сондай-ақ Олег Антроповпен бірге топтық блоктың аса күшті жұбы саналды. Міне, осының бәріне білікті бапкердің ізденісі мен тапқырлығы арқасында қол жетті.

        Заңғар Жәркешев өзін мемле­кеттік қызметте жүргенде де білікті маман ретінде таныта білді. Ол 1977-1987 жылдары ҚазКСР Ми­нистрлер Кеңесі жанындағы де­нешынықтыру және спорт комитеті төрағасының орынбасары болып жүрген кезінде спорттың 43 тү­ріне байыпты басшылық жасады. Ал бір сөйлеммен айтып өтсек, осы уақыттарда қысқы спорт түр­лерінің дамуына ерекше көңіл бөлген Заңғар Асанханұлы коньки спорты, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы жарысы жөнінен республикалық бірлескен орталық ашылуына мұрындық болды. Ал 90-шы жылдардың басында республикада көптеген спорт мектептері жабыла бастаған тұста елдегі волейболды сақтап қалуды мұрат тұтып, «Дорожник» клубын құруға атсалысты.

       Барынша жан-жақты білімді жоғары интеллектуалдың адамы Заңғар Жәркешев шын мәнінде де ұлы жаттықтырушы еді. Жақсы білетіндердің бәрі де оның расында ұлы болғанына ешбір шүбә келтірмейді.

            Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»

        https://egemen.kz/2016/05/31/43288

толығырақ

Балгабаев

     Ұзақ жылдар бойы баспасөз, баспа саласында қызмет істеген менің қазақтың бірталай белгілі қаламгерлерінің өзімен де, шығармашылығымен де жете таныс болуымның жөні бар. Міне, сондай тағдыр табыстырып, ағайындай араласып- құраласып, дос-жар болып кеткен жігіттердің бірі – қазақтың қазіргі көрнекті жазушы-драматургі, қарымды көсемсөзші əрі қайраткері Сұлтанəлі БАЛҒАБАЕВ.

    Сұлтанəлінің жазушылық таланты ның қыр- сырын айғақтау үшін оның ондаған əңгіме-повестерінің бірлі-жарымына тоқтала кетейін.

     Сонау қан майданда – от пен оқтың ортасында жүріп танысқан қарулас достардың соғыстан аман-сау оралып, қызметтес болған кездегі өмір-тіршіліктері арқау болған «Ескі дос тар» əңгімесінің өрнегі де, өнегесі де өзгеше. Соғыстың талай аласапыран шешуші сəттерінде өзін батыл, тапқыр, қайсар, жаужүрек сардар екендігін көрсеткен Қалдыбай колхоз-совхозға басшылық жасаған кездерде де керемет іскерлік көрсетіп, өзі тізгінін ұстаған ұжымның арт- та қалған шаруашылығын алға шығарып, көсегесін көгертіп, ел-жұртының құрметіне бөленіп, абыройы асқақтап жүріп жатады. Алайда, араға біраз жылдар салып ол өзгеріп сала береді. Енжарлыққа, жайбарақаттыққа жол беріп, салғырттыққа салынып, жан ты ныш- тығын іздеуге көшкен. Ал сол шаруашылық қарамағына кіретін ауданның бірінші хат- шысы Қалдыбайдың қандыкөйлек досы, бір кезде өзі өлімнен құтқарып қалған Еділ еді. Сол араларынан қыл өтпейтін достардың сыналар тұсы жазушының айтпақ идеясын ашып, түйінін түйсіндіруге арналған. Əуелі жеке отырып сөйлесіп, тіпті болмаған соң қызметін төмендеткен. Содан Қалдыбай науқастанып қалған тракторшының орнына уақытша бір баланы отырғызған. Оқыстан трактор аударылып, бала аяғын кестіріп, мүгедек болып қалады да, жайбарақаттыққа салынып, жауапкершілікті ұмытқаны үшін ба- стауыш партия ұйымы Қалдыбай партиядан шығарылсын деген шешім шығарған. Ендігі мəселе аудандық партия комитетінің бюро- сында қаралмақшы. Міне, адами достық пен азаматтық борыштың шешімі шиеленіскен сəті. Бірінші хатшы Еділдің жаны қиналатын жері осы. Бюро өтерден бір күн бұрын Қалдыбай мен Еділ екеуі кездесіп сөйлеседі. Қалдыбай өзі нің қызмет жағдайын пайдаланып ішіп- жеп қоймағанын, қоғам мүлкін талан-таражға салмағанын, басқарып отырған шаруашылықты құлдыратып жібермегенін, сөйтіп, адамгершілік мұраттан таймағанын, қартайған шағымда кездейсоқ кезіккен бақытсыздыққа бола партия қатарынан шығарғандарың мен үшін өлім емес пе дейді. Оған Еділдің де айыбын бетіне басып, айтар уəжі бар. Бұл сенің енжарлықтан, жайбарақаттықтан жасағаның, бақытсыздық емес, қылмыс! Аяғында əлгі екеуара əңгімеден соң жүрегі ауырып үйіне қайтқан Еділдің жұбайы дəрігер шақыртпақ болғанда айтқан сөзінен кесіп айтпаса да, мəселенің шешімі қалай болатынын аңғарамыз. «Қажеті жоқ, ауыр сам ауырған шығармын... Бірақ бұл дəрігер емдейтін ауру емес».

      Иə, осынау шағын ғана əңгіменің айтатын ойы, түйсінтер түйіні аса маңызды. Ар соты адал достықты арашалай алмауы тиіс. Ел-жұр тының алдындағы азаматтық борышыңды ұмытсаң, кешегі ерен еңбегің еш, адалдығың да, қияметтік достығың да көмектеспесі кəміл. Атап, анықтап айтпаса да, жазушы ойының емеурінінен осындай пікір түйеміз. Бұл тегі бүгінгі ел басшылығында жүрген кісілерге құлаққағыс десе де болғандай. Ендеше, əңгіме қашан жазылса да бүгінгі уақытпен үндес мəселені қозғап отыр.

      Сұлтанəлінің айтар ой, түйер түйіні тереңі- ректен қозғалатын «Сүйгенің шын болса» деген тамаша туындысы бар. Осынау жасы отызды орталағанда жазылған шығарма – жас дəуреннің – махаббат, қызығы мол мазасыз мезгілдің мөлдір мұңы мен сəулелі сырын шертетін, көп адамның іштегі шерін тарқатып, жанын жылытатын қызулы да қызықты хикаяттың оқырмандарын ойлантып-толғантып, бірден баурап алары ақиқат. Шығарма көркемдік шындықтың өмір шын дығымен сабақтаса, үйлесе, жараса үндесіп, көкейіңе қона кететін күйдің қоңыр əуеніндей əдемі əдіптелуімен, жазушылық шеберліктің көрігінде шыңдалуымен де бағасын асырып тұр.

    Повестің бас кейіпкері Төрежан саябақтың бір түкпірінде жалғыз отыр ған. Ту сыртындағы теректің ар жағынан шыққан дауысқа құлақ түргенде естігені өз өмірінің өткен шағын есіне түсірген. Күйіне сөйлеген жігіт өзінің ғашықтығына, адалдығына, сезіміне сендіре алмай əуреленіп тұрса, əйел де айтқанынан қайтар емес. «Шынында да мені шексіз сүйетін шығарсың. Жарайды, сенем. Бірақ бұл бүгінгі сезімің. Ал ертең суисың... Менен жалығасың. Құтылғың келеді...». Жігіт те қайтар емес. «Сен қатыгезсің, махаббаттың не екенін мүлде түсінбейсің. Менің жүрегімде ... қандай оттың лапылдап тұрғанын білмейсің. Ол өрт бүгін де, ертең де... сөнбейді». Əйелдің айтқаны: «Өтірік. Талай естіген сөзім. Əлгі ажырасып кеткен... күйеуім де ылғи осылай дейтін. Мен байғұс соған құдайдай сеніп жүрсем... Көресіні кейіннен көрдім ғой». Аузы күйгеннен кейін ашынып, ашуланып айтқан бейтаныс əйелдің оның соқырлығын көріп, мүсіркегені емес, махаббат жоқ деген пікірі. Жүрегін аяусыз осқылап өткендей болған. Біраз жүргеннен кейін ол сабасына түсіп ойлағанда, бір кезде өзінің де махаббат туралы пікірі əлгі əйелдің аузынан шыққан сөздермен үндес болғаны есіне түседі. Міне, осы жерден Төрежанның басынан кешірген махаббат хикаясы басталады. Ол өзімен бір сыныпта оқитын Əмина есімді қызға ес-түсі кетіп ғашық болған. Хат жазған. Осы күні ойлап отырса, жазғаны тым түсініксіз болып шыққан екен. Ең болмаса «сені сүйемін» деген бір ауыз сөзді айтуға батылы жетпей, əр нəрсенің басын бір шалса керек. Екеуі талай кездесіп, сөйлесіп жүретін. Төрежан қызды құшақтамайтын, сүймейтін, ең болмаса шашы- нан сипап, сүйемін деген сөзін де айтпайтын. Неге екенін өзі де білмейтін. Бəлкім балалығы, тазалығы, тəжірибесіздігі болар... Содан аттестаттарың даяр болғанға дейін совхозға қол ұшын бере тұрыңдар деген желеумен ер балалар шөп шабуға қыр асып кеткен. Арада үш-төрт күн өткенде Əмина күйеуге қашып кетіпті деген хабар естиді. Оған сенбеген Төрежан жолдаста- рын ертіп ауылына барып, ешқандай зорлаусыз, уəде байласқан жігітіне қалауымен келгенін қыздың өз аузынан естіп, қайран қалып кері қайтқан. Содан Алматыға аттанып, оқуға түсіп, бозбалалық дəуренін дүрілдетіп өткізіп жата- ды. Өзі сымбатты, өзі сөзшең, жақсы киініп, еркін жүретін жайсаң жігіттің жолы болғыш. Көзі түскен қыздың қырын қараған, көңілін қалдырған біреуі жоқ. Алғашқы махаббатынан аямай таяқ жеген сері жігіт сөйтіп қыздардан кек қайтаруға көшкен. Бірде университетте махаббат туралы диспут өтетінін естісе де, оған барамын, сөйлеймін деген ойы жоқ-тын. Қасындағы жігіттер қолқалаған соң көнген. Олар айтқан: қыздардың сырын, махаббаттың құпиясын сенен артық білмейміз. Сұлулардың басын шыр айналдырғанда кереметсің. Сөйте тұра, мына кеште бір ауыз пікір айтпауың ұят деген. Сөйтіп, кешке барып отырғанда жап- пай жарыссөзге шыққандар, əсіресе қыздар жағы көп болды. Олар махаббаттың шырқын бұзатын жігіттер, қыздар періштедей пəк де- ген пікірлер айтудан аспады. Қарап отырса, араларында Төрежан жақсы білетін, күнде бір жігіттің қолтығында жүретін қыздар да бар- тын. Солардың жалған сөздері жынына тиген. Төрежан сөз алып: «Махаббат деген бос сөз. Шын ғашық өмірде бір-ақ адамды сүюі керек. Кəне, ондай қыз бен жігіт? Ондай ешкім жоқ. Əлгінде ғана сөз алған бірнеше қыз: «Жігіттер тұрақты болса, əркімнің соңынан бір жүгірмесе екен», деп кінəні бізге аударды. Жөн-ақ, алай- да сол əдемі сөз айтқан əдемі қыздарды мен неге аптасына бір жігітпен көремін. Тұрақты болу екі жаққа да бірдей болуы тиіс. Қыздар ақыл айту үшін алдымен өздері түзелсін». Төрежанның сөзінен кейін мыстары құрып, қалай тойтарыс берерлерін білмей отырғанда, ортаға бір талдырмаш қара қыз шықты. Ол мəселені төтесінен қойды. Əлгінде сөйлеген Төрежан ағайды мен жақсы білемін. Сол кісі салған жерден қыздардың бəріне топырақ ша- шып, махаббат жоқ деп, тұрақсыздар қатарына біздерді неге қосты?! Өйткені, ол кісінің ауыл- да жүргенде Əмина деген қызы болған. Оқуын бітіре сала сол қыз біреумен қашып кеткен. Міне, Төрежан ағай қыздардың бəрін опасыз санайтынының себебі. Бір қызға бола бəрімізді неге кінəлайды. Əмина емес, кінəлі өзі шығар. Ал махаббатты жоққа шығаратындар сол махаббаттан жолы болмаған, сүйгеніне сөзін өткізуге дəрмені жетпеген жігіттер...

     Кештің соңында Төрежан жаңа сөйлеген қаршадай қара қызды тауып алып танысқан. Аты Балқия, мектепті өзінен екі жыл кейін бітіріпті. Оған мені жеті жұрттың көзінше масқара қылғаныңа жол болсын деп ұрысқалы барған. Бірақ ол райынан тез қайтты. Себебі, Балқия кінəлі сіз емес, сізді жерге қаратып кеткен əлгі Əмина деп дəлелдемек едім, ол ойым- ды жеткізе алмадым. Сондай-ақ, залда отырған жүздеген қыздар сізге өкпелеп, теріс қарап кетпесін деп айтқан сөзім көңіліңізге келмесін дегені Төрежанды тоқтатып тастаған. Сонымен оқиға немен аяқталды дейсіз ғой. Студенттік отрядтың қатарында ауылға барып, құрылыста жүрген кезінде бір үйден тапа-тал түсте өрт шығып, үй ішінде қалып қойған бір баланы сыртқа алып шығып, енді екіншісін құтқаруға бет қаратпас оттың ішіне қайтадан қойып кеткен сəтте белгісіз бір нəрсе қақ маңдайынан аямай соғып өткені еміс-еміс есінде. Одан арғысы бұлдыр-бұлдыр.

     Міне, сөйтіп, екі көзі су қараңғы соқыр болып қалған Төрежан дүниеден баз кешіп, енді тірі жүргенім кімге керек. Бүйтіп кəрі-құртаң əке-шешеме масыл болмайын деп құлап өлмекке бел буады. Оны байқап қалған қасында жатқан қарт майдангер құтқарып қалады. Сөйтіп, қайғы-қасіретпен ауруханада жатқанда артынан баяғы Балқия қыз іздеп келіп, соның намысына тиіп, жігерлендіруі арқасында Төрежан қатарға қосылып кетеді. Артынша Балқияға үйленіп, оқуын жалғастырып, тіпті аспирантураға қабылданып, ғылым жолына түсіп, балалы бо- луымен хикаят аяқталады. Шығарманың негізгі түйіні шынайы махаббаттың өміршеңдігіне сенген сол киелі қасиетті қастерлей білген адамдардың бақытты ғұмыр кешетіндігіне көзіңді жеткізуді мұрат еткен жазушының ақ жүрек, пəк тілегіне сүйсінбеске не шара?! Сұлтанəлінің кезекті сүбелі шығар масы «Ұрпақ» повесі. Бұл өзі өте күрделі мəселені қозғаған, алмағайып заман, дүрбелең дүниенің қатпар-қатпар құпия сырларын, айтылмай келген ақиқаттарын жалғанның жарығына шығарған шығарма. Қазіргідей азаттық алып, тəуелсіз ел болған бостан кезіміз емес, кешегі қарасы батқан кер заманның зар-мұңын жала- лы болудан қаймықпай, сол кездегі цензураның қырағы көзіне түспей, амалын тауып, батылы барып жазылған бұл шығарманың қалай у-шусыз жарық көргеніне таңым бар. Сұлтанəлінің өз қолтаңбасында: «Осы кітапты ойлы-қырлы жерлерден алып шыққан қадірлі Қуағаңа автор- дан. 22.VI. 84 ж.» деп жазып көрсеткенi менiң де мерейiмдi өсiргенiн айта кетсем, артық болмас. Ендiгi жерде шығарманың шырайын шығарып, соншама сүйсiндiрген мазмұны мен мақсатына қатысты əңгiмеге оралғаным жөн болар. Кейiпкерi Олжабай болса Мəскеуде оқып, бүгiнде атағы, абыройы көпке мəлiм, отыз дың ортасында ғылым докторы болған, ғылым жолына түскен адамдардың арман- дайтын мақсатының бəрiне жеткен тарихшы. Осылайша төрт құбыласы түгел, бақытты, адам санатындағы Олжабайдың көңілінде бір түйткіл бар-тын. Оны уақыт та, абырой-атағы да емдей алмаған. Бұл түйткіл əкесінің тым алыс та, сонау Сарысудың бойындағы иен далада иесіз қорымда жатуы еді. Жас кезінде басына көктас қойып, ба- сын қарайтып, төртқұлақ там тұрғызып, сөйтіп перзенттік парызымды орындадым деп жүрген. Сөйтсе, қателесіпті. Қанша қадір-қасиетті адам болсаң да өмір өлшеулі. Ерте ме, кеш пе, өзі де өмірден озады. Содан кейін кіндік қаны тамған Сарысуға, сол жерде жатқан əкесі Сейітмұратқа деген сағынышы өзімен бірге мəңгіге өшетініне өкінеді. Шөл даланың бір қиырында, жапан да- лада жатқан əкесін іздеп барып, басына құран оқитын ешкім жоқ. Оған Олжабайдың көзі баяғыда жеткен. Себебі, Сарысуға, аталары жерленген зиратқа екі ұлын əлденеше рет ертіп апарған. Сонда мен өлген соң да аталарыңды ұмытпай, басына келіп тұрыңдар дегенде ұлдары үндемеген соң да тұла бойы мұздай болған. Былай шыққан соң мынау ата-баба, əкелеріңнің туған жері, мұны да ұмытпаңдар деп ескерткен. Қанша қарағандарымен шөл далада ұмытпайтын, есте сақтайтын, қызығатын ештеңе таба алмай тұрғандарын да сезген. Қанша қамықса да балаларын кінəлай алмаған. Мұндай мидай далаға келіп тұру үшін көкіректі сыздатар сағыныш керек. Өздері туып, өспеген жерді көріп, ба- уыр баспаған атаны қайтіп жүректері елжіреп сағына қойсын. Ал туғандарынан қолында өскен əжелері Сандуғаш қайтыс болғанда зіңгіттей жігіт болған ұлдары түгіл, олардың балаларының өзі əжелерін іздеп ботадай боздаған. Олар еш- қа шан ренжімейтін, еркелетіп, ертек айтып, айтқандарын істейтін мейірімді əжелерін неге іздемесін! Немере, шөберелері əжелері қай жер- де жатса да ешкімнен ақыл, жөн-жоба сұрамай іздеп барар еді. Олжабайдың жүрегін жібіткен де осы сезім. Сөйтіп, жазушы туған жердің, ата- бабаның қадір-қасиетін біліп, ардақтаудың сырын ашып береді.

      Тағы бір тəлімді мəселе жөніндегі тəмсіл де шығарманың шырайын шығарып тұр. Оны Олжабай мен досы, сəулеткер Нұриддиннің арасындағы əңгімеден аңғарасың. Атақты архитек тордың арманы артында атын өшір- мейтін бір ғаламат ғимараттың жобасын жасап, көзі тірісінде емес, қайтыс болғаннан ке- йін жүз жылдан соң жарық дүниеге қайтып келсем, сөйтіп, оны кейінгі ұрпақ қалай бағалап жатқанын естісем, артына қандай із қалдырғанымды сонда білер едім деп Ол жа байға сырын ашады. Міне, осыдан кейін Олжабай əкесіне перзенттік борышын өтейтіндей, мəңгі тұратындай сəулетті күмбез орнатсам деген ойын жеткізеді. Сондағы Нұриддиннің əр ұрпақтың ата-баба алдындағы борыш-парызы күмбезбен өтелсе, ол оңай ғой, бірақ мəңгі тұратынын саған кім салып берер екен. Мен бе? Ондай құдіретті өнерім болса, басымды қатырып, азапқа түсіп, мынадай қағаз шимайлап нем бар дейді. Олжабай сонда не істеуім керек дегенде, Нұриддин оған қарсы сұрау салады: əкең мен өлгенде басыма көктас қой, үстіме күмбез орнат деп өсиет қалдырып па еді? Жоқ... Бірақ оқығанымды, ғалым болғанымды армандайтын. Ендеше, ол арма- нын орындадың. Басқа не керек»... Мəңгілік ескерткіш салсам деген талабың дұрыс. Бірақ ол сен ойлағаннан мүлдем басқа... басқа!»

      Ал кейінірек елге барып, бала күнгі досы Қажымқұмармен пікірлескенде де, ол да өз əкесінің басына неге күмбез орнатпағанын айтқан. «Анау... төм пешіктердің астында қандай адамдардың жатқанын кім айта ала- ды. Осы өңірде... талай қырғын соғыс болған дейді, бəлкім сол шайқастарда қаза тапқан батырлар жатқан шығар? Елдің қамы үшін, жерұйық іздеп дүние кезген Асанқайғының жатпағанына кім кепіл?.. Енді солардың онсыз да өшуге, жоғалуға айналған қабірлерін одан сайын жүдетіп, жермен-жексен етіп, үстерінен төндіріп зəулім күмбез салуға қолым бармады... Солардың аруағынан қорықтым. Бұл менің діншілдігім де... емес, басқа ... басқа бір деңе... Əйтеуір, жым-жырт жатқан көне қорым ның тыныштығын бұзуға тəуекелім жетпеді». Олжабай Алматыдағы атақты архитектор мен ауылдағы қарапайым қойшының айтқан пікірлерінің соншама ұқсастығына қайран қалған. Өзінің қателесіп жүргенін, күмбез тұрғызып, перзенттік парызынан оңай құтылып кетпекші болғаны бекер екенін, ата-баба алдындағы борыш, парыз дегендер бұл ой лап жүргеннен мүлдем басқа нəрсе екенін түсінген. Олжабайға қосыла қалың оқырманға ой салған жазушының бұл есті сөзі де есте жүргені абзал ғой, тегі...                  Сұлтанəлі соңғы жылдары қарым-қабілетін түбегейлі драматургтің жолына арнап жүр. Оның ондаған пьесалары Астана, Алматы, облыстық жəне таяу шетелдердің театр сахналарында қойылып жатыр. Жазғандары бəйге, сыйлықтардан құр қалған емес. Бұл, əрине, Балғабаев жазбаларының күн тəртібінде тұрған толғақты мəселелерге арналғандығының айғағы. Мысалға, «Тойдан қайтқан қазақтарды» алайық. Мұндағы мұң қазіргі əлеуметтік ортаның күйінішті мəселесі. Бүгінгідей ел-жұрт жиналып еңсе көтеруге, сан ғасыр аңсаған азаттығымыздан айрылып қалмаудың жолында жұмылудың орнына той тойлап, тойғанша арақ ішіп, есіріп, есінен адасқан адамдардың арасында ауыл арасының жеңіл мінез жігіттері ғана емес, ел билігінде жүрген лауазымы жоғары кісілерінің қисық қылықтары ашына əшкереленіп, беттеріне басылып жазылған пьеса қазіргі кезеңдегі қоғамдық-əлеуметтік ортаның асқынып кеткен дерті екенін айтуға арналған. Мұндағы Мэлис Əлібаевич, Асай Мүсеевич, Қошқарбай сияқты мерез мінезді, арамыздан тезірек аластауын көздеп сүмірейте сомдалған, сорақы қылықтары жирендіретін кейіпкерлер сахнада емес, күнделікті ортамызда жүргені белгілі. Драматургтің күйініп айтқан сөздері солардың санасын тазартса игі. Несін айтайық, қоғам болып жұмыла күресетін, айығуға асығатын мəнді мəселе.

     Ал «Ғашықсыз ғасыр» болса, ел ішін ен жайлаған сорақы қылықтың кесірінен отау көтергеннен гөрі шаңырағы шай қалған отбасыларының көбейіп кеткендігін көрсететін пьеса. Үйлену оңай, үй болу қиындап кеткен қазіргі қазақ қоғамының сырқатын сахнаға шығарған драматургтің ұрпағымыздың ар-намыс, адалдық, адамгершілік, отбасының ынтымақ-бірлік сияқты қастерлі қажеттерді жоғалта бастауы елдің ертеңіне кесірін тигізетін зардапты залал екендігін санамызға сіңіруге арнап отырғаны ақиқат. Шынында да, жастар түгіл, тойынған, қалтасы қалыңдап, қызметі өскен егде жастағы кісілердің тоқал алып, сұлуларға сұқтанып, болмаса байшыкешке тиіп алуды көздеген қыз-келіншектердің көп жағдайда ажырасып, бала-шағасын тірі жетімдер қатарына қосып жүрген қырма сақалдар мен кербез келіншектер арамыз- да көбеймесе де, баршылық. Міне, солардың сорақы, теріс қылықтарын ел алдына шығарып, мінеп-сынау өте қажет. Əрине, бұл құрғақ ақыл айту, мораль оқу деңгейінде емес, жанға тиетін, санаңа сəуле түсіретін тірі сөз болса, көңіліңе қонатын мысал-дəлелге құрылса ғана, көркемдік қуа тымен əсерлендірсе ғана дертке дəрумен болмақшы. Пьесада драматург Сұлтанəліні сүріндіретін ондай олақтық жоқ, ойлы сөз, парасатты пікірімен сүйсінтеді. Бұл қойылымдарды сөзбен естігенше, көзбен көрген əлдеқайда пайдалы екендігін мен айтпасам да жұртшылықтың сезетіні күмəнсіз.

    Менің пайымдауымша, Сұлтанəлі нің қаламгерлік қарымы мен қайрат керлік қызметіне айрықша айғақ болатын бір қыры – көсемсөздері. Республикалық баспасөз беттерінде үзбей жарияланып, ең таңдамалысы «Қазақтың қызыл кітабына» енген сол бір қоғамдық-əлеуметтік өмір-тіршіліктің сан сала сының көкейкесті мəселелерін қозғаған мақалалары қандай керемет. Жазушы қызыл сөзді суша сапырып, дабылдата даңғаза көтеруге əуес емес. Əйтеуір, жөні осы екен деп, көпке қосыла кетіп, басқалар айтқанды қайталап, қағаз шимайлап, жеті жұртқа танылып қалуға тырысқан емес. Ол ана тілінің өз елінде өгейсіреп, ұлтының діні мен тілінің төменшіктеп кеткенін, экономиканың тұрмыстық-əлеуметтік тіршіліктің сұранысына сай еместігін, жас ұрпаққа қазіргі заманның талабы мен мұқтажын қанағаттандыратын деңгейдегі білім жəне ғылым беру сала сының кенжелеп қалғанына қынжылыс білдіріп қана жазылған жайдақ жазбалар емес. Мақалалары мəселенің мəн-мəнісін тереңнен қозғап, көзқарасын айтып, ақыл қосуымен де құнды. Ал бұлай болуының сыры: Сұлтанəлінің көтеріп жүрген көкейкесті ойлары тікелей күнделікті өзі араласып, зерттеп жүрген шаруаның жай-күйі. Мысалы, жазушының шетелдердегі оралмандардың мəселесімен, тіпті, тəуелсіздік алмай тұрып та Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшылығында жүріп те қызу араласып, небір толғақты іс-шаралардың шешімін табуына сүбелі үлес қосқаны көпке аян. Осы орайдағы ұйымдастырушылық қабілеті, Үкімет алдына мəселе қоюға ұйытқы болуы сияқты қызметі ерен де ерекше. Жазушының жазғандары айдалаға айтылған сөз емес, көпшілігі жүзеге ас қан игі шаралар болғандығын да білемін. Жалпы, қорыта айтсам, жазушы Сұлтанəлі Балғабаевтың осы күнге дейінгі бар жанрда жазған шығармалары да, тындырған шаруалары да тұтастай ұлтына қызмет көрсетудің кере мет үлгісі мен өнегесі. Оның бұл еңбегі елге атақ-даңқымды шығарайын, жақсатты көрінейін деген пенделік əрекет емес. Бұл – жазушының ұлтына, ел-жұртына деген жанашырлығының жемісі. Ендеше, Сұлтанəлінің Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын, «Құрмет» орденін, халықаралық «Алаш» сыйлығын алуы – бəрі-бəрі оның туған еліне сіңірген ақ, адал еңбегінің арқасы, лайықты бағасы деп білемін.

        Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 

    https://egemen.kz/2016/05/21/41226

толығырақ

                                   

                                                                                       Ана тіл, ана сүтім, арым менің,
                                                                               Баяным, бақ-дәулетім, барым менің.
                                                                                            Өзіңменен рухым көтеріліп,
                                                                                        Өзіңменен атады таңым менің.
                                                                                                               (Ө.Айтбайұлы)

          Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы сәуір айының 5-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауы­лында (бұрын Түркістан ауданына қа­раған) дүниеге келген. 
         1954-1959 жылдары бұрынғы С.М.Ки­­ров атын­­дағы ҚазМУ-дің фило­ло­гия фа­культетінде жоғары білім алады. 1962 жылдың көктемінде Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызмет­кер болып жұмысқа орналасады. Содан бері табан аудармастан бүгінгі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет атқарып, ұзақ жылдар Терминология және аударма теориясы бөлімін басқарады.
     1971 жылы аударма саласына қатыс­ты кандидаттық, ал 1992 жылдың басында «Қоғамдық ғылымдар термино­логиялық лексикасының қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта доктор­лық дис­сертация қорғайды.
       1994  жылы Ғылым академиясының Жалпы сессиясында Ұлттық Ғылым ака­демиясының корреспондент-мүшесі болып, ал 2003 жылы толық мүше – академик болып сайланады. Сондай-ақ ол Экология халық академигі (1997) және ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының (1998) академигі.
      Қазақстан Республикасы Президен­тінің Жарлығымен 1998 жылы «Құр­мет» орденімен, ал 2007 жылы «Парасат» орденімен марапатталады. 
2014-15 жылдары таңдамалы ғылыми еңбектерінің 5 томдығы жарық көрді.

Ана тіл, шырқап салар әнім менің,
Сәулетім, сая бағым, сәнім менің.
Өзіңменен кеудемде көктем гүлдеп, 
Өзіңменен ашылар мәнім менің.
                               (Ө.Айтбайұлы)


    Жол басын журналистикадан бастаған...

Студенттік жылдардың өзінде ғы­лыми, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұйымдастырушы ретінде көзге түседі. Көркемөнерпаздар үйір­месіне қатысып, ән-би сауық кештерін ұйымдастырып, оған бүкіл қала жастарын тартады. Сол жылдары ол ән шығарумен де әуестенеді. Жастар арасында әбден танымал болған кейбір әндері орталық  газеттерде (мәселен, «Лениншіл жас», 1959) жарияланады.
     Ө.Айтбайұлы университетті біті­ре­тін жылы, яғни 1959 жылдың шіл­де­сінде-ақ республикалық газет – «Социалистік Қазақстанға» әдеби қыз­меткер болып қызметке шақыры­лады. 
     Қашанда журналистік кәсіп әрі қадірлі, әрі қауіпті (әсіресе бүгінгі алмағайып заманда) мамандықтардың алдыңғы легінен орын алады. Тегін адам жауапкершілігі зілбатпан, қара сөзден қаймақ айырған журналистік ортаға бейімделіп, оттан қазаны түс­пейтін тәрбие-таным ошағында пісіп-жетіліп, болып-толып кете ал­майды. Тіл мәйегін жемсеген, сөз құдіретін емсеген жан ғана Орталық партия комитетінің бас газетіне басын сұға алмақ. Ол тұста, әрине, алдымен саяси ұс­таным-көзқарас, сонан соң білім-білік һәм тіл жүйріктігі басты критерий болатын.
   Тек алғашқы жолашар сапарында ғана емес, Өмекеңнің барша ғұмырлық шығармашылығына арқау-негіз бол­ған әке тәрбиесі-тұғын. Ал ол әкесі жалпақ қазаққа танымал Айтбай ақын, елдің сөзін ұстаған, көзін ашқан Айт­мұхаммед молда Белгібайұлы бола­тын. Құран-хадисті жатқа айтып, қисса-дастанды жанынан қиыстырып, айтыс­қанды алып та, шалып та жығатын сөз зергері-тұғын. Ескілікті әңгіме, небір шежіре сырлар, көшелі де өнерлі қария­лар, міне, Өмекең өскен орта, өнген топырақ!.. Осындай иманды, руха­ни, сұпы да сахи бесікке тербелген жан­ның ақын, сазгер, әнші, күйші, ғалым, қажы ... болмауға қақы да жоқ-тұғын.
     Селдей сөз тасқынынан маржан теріп, сарқырама ақпарат ағынын қалауынша өз арнасына  бұра алатын бірден-бір кәсіп – жорға журналист болу екінің бірінің маңдайына жазыла, бұйыра бермейді. Ал сөзді ойната да, ойланта да білетін, тілі татымды,  қаламы қарымды жан, әсіресе шығармашыл тұлға бақытты. Айтарыңды айтып көпті ұйытсаң, жазарыңды жазып со­ңы­ңа сөз қалдырсаң, қандай ғанибет! Еш­­кімнен қарызға сөз сұрамасаң, еліңнің ме­йірін өсіріп, есесі кеткен жерде ол­қылығын толтырсаң, азамат­тық қарыз-парызыңды өтесең, ол да бір дәурен ғой, шіркін! Міне, Өмекең бүгін­нің өзінде – сексеннің сеңгіріне шықса да осы жүрісінен жаңылмаған, кеудедегі күмбірлеген ойына қылау түсір­меген, жүйрік қаламының желі­сінен жаңылмаған сөз зергері, тіл білім­пазы. Аға газетте апыл-тапыл басқан қадамдар, қанатын қақтырып сөз айдынына әуелеткен ағалар алақа­ны, құйма құлаққа құйылған ақыл-кеңес­тер, талап пен талант, еңбек­қор­лық пен жанкештілік – бүгінге дейін­гі жүріп өткен жол, сөре-сөре том-том кітап...

Ана тіл – халықтың бас қазынасы,
Кез келген ұқпас оның мағынасын.
Дүниеде нанға жетер не бар дейсің,
Тілге де нанмен бірдей табынасың.
(Ө.Айтбайұлы)

 

                    Дарақ бір жерде гүлдейді

        Өмір – мұхит, адам баласы – арман-жағалауға аман-есен жетсем деп жан­таласқан, жаратылған жаңқадай бір пенде ғой. Өміріңнің басы алақанға салғандай айқын болғанмен,  жол үсті мен жол соңы, бұралаң соқпағы мен бел-белестерін кім болжап  біліпті?!. «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген хакім сөзі ой салды ма, әлде дәм-тұз бұйырымыс па, әйтеуір білдей журналист бір кездерде нілдей бұзылып, атбасын тіл білімі атты тылсым бір әлемге бұрды. 
      Көрнекті тіл мамандары М.Балақаев, I.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, Ш.Сарыбаев, әйгілі жазушы, аудармашы, ғалымдар С.Талжанов, Ә.Сатыбалдиевтің ақыл-кеңес­терімен арқаланған Ө.Айт­бай­ұлы тіл білімі ғылымының аудар­ма мәселелерімен шұғылданады, ғылы­ми-теориялық конференцияларда баян­да­ма жасап, ғылыми ортада таныла бас­тайды.
      Қарапайым кіші ғылыми қызмет­керден ғылымның жетекші маманы, ұйымдастырушысы ретінде өсіп же­ті­леді. Тер­минология мен аудар­ма тео­рия­сы бөлімінің меңге­рушісі бол­­ған жыл­дарында «Қазақ термино­логия­­сының жасалу көздері» (1981-1984), «Қазақ әдеби терминоло­гия­лық лексикасының дамуы» (1985-1991), «Мемлекеттік тілде ғылыми терми­ноло­гияны қалыптастырудың тео­риялық, ғылыми-әдістемелік және прак­тикалық мәселелері» (1997-1999) сынды келелі тақырып-жоба­ларға же­тек­шілік жасады. «Тіл мәде­ниеті және баспасөз» (Алматы: Ғылым, 1968), «Өрелі өнер» (1976), «Сөз өне­рі» (1978), «Ұлт саясатын бұрма­лау­шылар... (1981), «Қазақ термино­ло­гия­сының мәселелері» (1986), «Ау­дар­маның лексика-стилис­тикалық мә­с­е­лелері» (1987), «Термин және олар­дың аудармалары» (1990) сынды ғылы­ми ортаға танымал сапалы ұжым­дық жинақтар осы тұста жарық көрген болатын. 
     Аталған тақырыптар негізінен қазақ тер­минологиясының мәселе­лері­не арналғандықтан, Ө.Айтбайұлы жетек­шілік еткен ғылыми қызмет­керлер, ең алдымен, бөлімнің картоте­калық қо­рын жасауға кірісті. Бұл айтуға жеңіл болғанымен орындалуы қиын іс-тұғын. Өйткені сол 1980 жылдарға дейін жарық көріп үлгерген екі тілді терминологиялық сөздіктердің бәрін жинақтап, жүйелеп, сараптауға тура келді. Бөлім қызметкерлері меңге­рушіден бастап түгел картотека қорын толық қамтып, молайтумен айналысты. Бірнеше жылға созылған бұл күрделі жұмыс бөлімнің кең бөлмесінің тұтас қабырғасын толтырған 500 мыңға таяу аталымды картотекалық қорының негізін құрады.
     Замана сұранысына орай, М.Әуезов атындағы Шымкент пединститутының профессоры Қ.Бектаев тобымен өзара шарт­қа отырып, әлгі сөздіктер лек-легімен электронды есептеу машина­сының (сол тұста ЭВМ-ды меңгерген жанның беделі бүгінгі ғарышкердей тым асқақ-тын)  сарабынан өткізілді. Ғылымның ірі-ірі бес саласы бойынша сұрыпталған бұл қазына-байлық кейінгі жылдары түзілген түрлі сөздіктерге негіз болды, өзінің зерттеушілері мен сөздікшілерін тапты. Олар: қоғам­дық ғылымдар саласы, биология ғылым­дары, физика-математика ғылымдары, жер туралы ғылым және техника ғы­лымдарының саласы. Бұл түркі дү­ниесінде тұңғыш жинақталған, жү­йе­ленген терминологиялық карто­тека­лық қор болатын.
      Мұның ішінен бөлім қызметкерлері қазіргі сұранысқа ең қажеттірегі деп «Қоғамдық ғылымдар терминдерінің орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігінің» екі томдығын түзіп шықты. Бұл – бөлім атқарған ең күрделі жұмыс­тардың бірі. Ө.Айтбайұлы осы сөздікті жасаушылардың бірі, жетекшісі әрі бұл жобаның жауапты редакторы. Бұл сөздік бірнеше рет толықтырылып, өң­деліп, сұрыпталып, баспа жүзін көрді.
     Институттың іргелі бөлімінің зама­науи ғылыми ізденістеріне жетек­шілік жасап, оларды ықтиятты орын­даумен бірге саналуан қоғамдық жұмыс­тарды да қоса атқаруына тура келді. Ал олар бір адамның басына жетіп-артылатын еді: жыл сайынғы жазғы міндетті ауыл­шаруашылық жұмыс­тары, партия ұйы­мының хатшылығы, кәсі­по­дақ төра­ғасы, түрлі мәдени шара­ларды ұйым­дас­тырушы, қабырға газетін шы­ғарушы...  Ауылдан астана Алма­тыға «қаң­ғалақтап» (кейде «қаңғып келген» де делінетін) әрбір қазақ зиялы­сындай ол да отбасын құрды, бір қора жан (үш сәбиі, анасы, ет-бауыр іні-қарындастарымен) пәтерден-пәтерге көшіп жүрді. Алайда ғылым – нәтиженің көрсеткіші болғандықтан өзінің төл ізденістерін де тұжырымдап, тыңнан жол табуға ұмтылды. Осылайша қазақ лингвистикасының тарихында тұңғыш рет қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы жайында көлемді де іргелі еңбектері – «Казақ терми­нологиясының дамуы мен қалып­тасуы» (1988) және «Қазақ сөзі» (Қазақ терминологиясының негіздері) (1997) монографияларын жарыққа шығарды.  
      Ғалым сонымен бірге тіл мәдениеті, стилистика, лексикология, ономастика, диалектология, әдеби тіл, әдебиет,  мәдениет, өнер, мемлекеттік тіл және т.б. тақырыптарға да қалам тартып, көкей­кесті мәселелерді қозғай білді. 
     Академик Ө.Айтбайұлы бірнеше жыл бойы Қазақстан Республикасы Минис­трлер Кабинеті (бұрынғы Министрлер Советі) жанындағы Мемле­кеттік тер­минология комиссиясының мүшесі әрі ғалым хатшысы ретінде де қыруар шаруа атқарды. Ғылымның түрлі сала­сында пайда болып, ала-құла қолда­нылып жүрген терминдердің бірізге түсуіне, ғылыми тұрғыдан ретте­луіне атсалысты. Биология, физио­логия, химия, физика, матема­тика, темір­жол, музыка, спорт, компью­тер, т.б. сала­ларға қатысты термин­дерді жүйе­леп, сөздіктерді рет-ретімен Мемтер­мин­ком талқысына салып, жұртшы­лыққа ұсынуда оның үлесі мол. Әсіресе, Мем­терминкомның осы заман сұра­нысына лайықты ережесін қайта жазып, құрылымын нақтылай түсуі де білікті ғалымның  іс-әрекеттерімен тіке­лей байланысты.

Көрсе де неше түрін зілзаланың,
Құлатпай келген қорғап тіл қамалын.
Аталар аманатын сақтап ұстар,
Жас ұрпақ, сенің бүгін сын заманың.
(Ө.Айтбайұлы)

 Ұстаздық еткен жалықпас

          Зерттеуші ғылыми ізденістер нәти­жесін практикалық тәжірибемен ұлас­тырып, ұстаздық өнеге танытудан да жалық­қан емес. 1980-ші жылдардың басынан Қарағанды, Қызылорда, Шым­кент, Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарында мемлекеттік емтихан төрағасы ретінде және дәріс оқу арқылы тіл мамандарын, жалпы филологтарды дайындауға өз үлесін қосты. Ол 1994-95 жылдары Алматы Қыздар пединститутының, ал 1996-97 жылдары Қ.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің көпті ұйытқан ұстаз-профессоры. Ұзақ жылдар қо­сымша жүктеме жолымен «Қайнар» универ­ситеті филология факультетінің деканы болды. Осы жылдары оның қала­мынан тіл білімінің түрлі саласына қатысты жоғары оқу орындары курс­тарының оқулық, бағдарламалары тү­зілді.
      Сонымен бірге ол Тіл білімі инсти­туты жанындағы ғылыми дәреже бере­тін Ғылыми кеңестің көп жыл­дар мүшесі ретінде жас маман­дары­ның өсіп, жетілуіне жол ашты. Күні кешеге дейін осы Кеңесте диссер­тация қорғау тоқтатылғанша көпте­ген жас талап ғалымның тұсауын кесу­мен бірге, бұрынғы Кеңестер Ода­ғын­­­дағы аз санды түркітілдес халық­­­тардың ғылыми кадрларын дайын­дауда бауырластық сауапты шаруа атқа­рыл­ғанын, осылайша ұлттық тарихи мис­­сия ың-шыңсыз орын­дал­ғанын көп­шілік  біле бермейді. Өрке­ниетке бір табан жақын татар мен башқұрт бауыр­­ларды айтпағанда, шуаш пен саха­ның, шор мен алтайдың, тыба мен хақас­тың бүгінгі беткеұстар тілші ғалымдарының кандидаттық және док­торлық диссертациялары мақұл­данып,  ғылыми өмірге жолдама алып жататын.
     Профессор Ө.Айтбайұлының шә­кірт­тері арасында Ш.Біләл матема­тика саласында ұлттық ғылым тілін қалыптастыру қақында, ал Л.Дүйсем­бекова ресми-іс қағаздар тілінің теория­лық мәселелері бойынша док­тор­лық диссертация қорғаса, онда­ған жас терминтанушылар «Құран Кә­рім­дегі» тұрақты тіркестер мен тер­мин сөздердің қазақ тілінде берілу жайынан бастап, қазіргі мұнай мен газ тер­миндеріне дейінгі сала-салаларды жіктеп, жіліктеп зерттеді, канди­дат­тық диссертация жұмыстарын жазып шық­ты. Бүгінде еліміздің жоға­ры оқу орын­дарының беткеұстар доцент-профес­сорына айналған кешегі аспирант­тар өздері де шәкірт-ізбасар дайын­дау үстінде.

Өзге елмен сен арқылы теңесемін,
Кемеңгер, даналармен кеңесемін.
Өз тілімде ән айтып, сөз сөйлесем,
Шабыттың айдарынан жел еседі.
(Ө.Айтбайұлы)

 
Жігітке жеті өнер де аз

      Білім мен білік, ғылым мен өнер қашанда егіз. Тегіне тартқан телқоңыр жансерігі домбырасынан ажыраған емес. Күйкі тірлікте құдай басқа салған тағдыр тауқыметтерінде, жүрегін жұ­лымдаған ауыр қайғыларда Өмекеңе жұбаныш болған осы қара домбыра, оның өмірдің өзімен кіндіктес қоңыр күйлі әуені. Әсіресе ақындық пен сазгерлік өнерінің жөні бөлек. «Көкше келбеті», «Жар сәлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Аққоян», «Өренім»  әндері көпшілік жұртшылыққа танымал. Тыңдаушысын тамсандырған дәулескер күйшілігі өз алдына бір сала әңгіме. Оның орын­дауындағы біраз ән мен күй Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақ­талса,  «Ыстықкөлдің алқызыл гүл­дері» атты көркем фильмдегі өнер­паз орындаған Біржанның «Темір­тасы» бүкіл әлемге тарады.

        2003 жылдың 28-ақпанында Ғалым­дар үйінде Ө.Айтбайұлы өткізген «Көңілімде көп сыр бар айтылма­ған» атты екі жарым сағатқа созылған шы­ғар­машылық кеш әлі күнге жұрт аузында. Онда академик көп орындала бер­мейтін халық әндері мен сирек тар­тылатын күйлерді ұлы ғұлама ұстаздар Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәт­паевтың рухтарына бағыштап орын­даған еді.
Азамат, барыңды күт, мәпелегін,
Ұмытпа ана тілін, әке үнін.
Кезінде ескермеген ағайынның,
Келешек кешірмейді қателігін.
(Ө.Айтбайұлы)

 

Тіл майданының маршалы

        Ғылымды ұйымдастыру қарымының үстіне Ө.Айтбайұлының қайраткерлік қабілетінің айқын көрінген тұсы «Қазақ тілі» қоғамындағы жұмыстарға тікелей байланысты. Бұл жұмыс, әрине, әріден басталған. Ана тіліне саналы өмірін сарп етіп келе жатқан ғалым қайта құру жылдарында басталған тіліміздің әлеуметтік болмысын, қоғамдық қыз­метін айқындап, оның беделін кө­теру үшін, соған иелік жасайтын бір ұйым керек деген Әбдуәли Туған­байұлы Қайдардың бастамасын бірден қолдайды. Тіл жөніндегі толғаныстар оған қолына қаламды ғана емес, дом­быраны да ұстатып, көмекейін әуен кеулей бастайды. Сөйтіп Қоғам құрыл­мастан аттай бір жыл бұрын «Ана тілі» дейтін ән дүниеге келеді. Осы әнді өзі орындай отырып, ол Қазақ радиосы арқылы жарты жылға таяу уақыт қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілу қажеттігі жайында хабар жүргізді. Сөйтіп бұл ән болашақ «Қазақ тілі» қоғамының өз әнұранындай бо­­лып, көп көңілінде жатталды. Әсіресе, 1988 жылы басталып, 1989 жылы қаулай бастаған тіл күре­сінің ол басы-қасында болды. Бүкіл жұртшылық қолдаған бұл шерудің түйіні 1989 жылдың 20-21 қазанында шешілді. Сөйтіп тұңғыш Құрылтайда Республикалық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Онда делегаттар бірауыздан қоғамның президенті етіп Ә.Т. Қайдарды, вице-президенті етіп Ө.Айтбайұлын сайлады. 2004 жылдың 11-қарашасында ол кезекті Құрылтайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті дәрежесіне көтерілді.

       Міне, осы кезден бастап Ө. Айтбай­ұлы қоғам қайраткері ретінде әрдайым тіл мен діл жолындағы зиялы қауым ұмтылыстарының көшбас­шы­лары­ның бірі болып келеді. Ол акаде­мик Ә.Қайдармен бірге Қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналуына қажет­ті шаралардың бәріне қатысады. Тілдер туралы Заңның қабылдануына, Мемлекеттік Бағдарламаның түзілуіне белсене атсалысты. Ең бастысы, Қоғам­ның жергілікті ұйымдарын құрып, оған іскер мамандар таңдауда және олардың күнделікті жұмыс бағдарын айқындауда Ө.Айтбайұлының еңбегі ерекше. Ол облыстық, қалалық, аудандық ұйым­дардың тұңғыш жиындарының көбіне тікелей өзі қатысып, Қоғам атқаратын жұмыстар мен міндеттерін түсіндіріп, оның бұқаралық мәнін насихаттаумен болды. Осындай нақты іс-әрекеттер нәтижесінде Қоғам ел алдында бедел алып, халықтық қозғалысқа айналды. 
     «Қазақ тілі» қоғамының екі ғасыр тоғысында, өліара, өтпелі кезеңде  атқар­ған істеріне ел куә, тарих куә. Өйт­кені еліміздің түкпір-түкпірінде өткен алқалы жиындар (Ақмола, 1990; Ақтөбе, Алматы, Семей, 1991, 1994; Жамбыл, 1992; Талдықорған, 1993; Семей, 1999; Павлодар, 2002; Өскемен, 1994, 1998, 2003), Шевченко мен Гурьевтің ескі пальтосын Ақтау мен Атыраудың зерлі шапанына ауыс­тыру, Ермак қанышердің ескерткішін құлатып, шашкасы шошаңдаған казак­тар­дың дымын басу, асыл арыс­тарымызды ақтау, Наурыздың ақша қарындай салт-дәстүрімізді жаңғырту, бір сөзбен айтқанда, Ұлттық Қайта Түлеу жолында жанын салған ұлтшыл азамат­тардың баршасы осы тар кезеңде Қоғам жанынан табыла білді, ұжымдасып ұйыса білді. Соның да нәтижесінде тәлп-тәлп басқан шарана Тәуелсіздігіміз тұғырына қонды.  Бүгінде «баяғы жартас бір жартас» деп зар­ланып жүрсек, көнтерілі мәңгүрттік тазкепештен толық арылмасақ, тыны­сымыз тарылып, қарманар таза ауа таппасақ – мұның бәрі сол бір кезде­гідей ұлтшылдық ұранның, елші­лік байрақтың астына бір адамдай, жұ­мыл­ған жұдырықтай бас біріктіре алмағандығымыздан... 
       «Әр қазақ – менің Жалғызым» деп білетін Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ға­мы бүгінде шарқ ұрып жаңа жол-бағыт іздесе, заманға сай транс­формалануды ойлап, көптің көкейінен шығар көшбасшы болуға ұмтылса – ол да Қоғам басшысы, Ел ағасы, сөз ұстаз ұстар абыз ақса­қалы академик Өмірзақ Айтбай­ұлының ұстанымы. Әр қазақ, әр қазақстандық Ана тілімізді анасындай ардақтайтын, мейманасы тасыған мерейлі Мемлекеттік тілі бар мемлекетке айналғанынша тіл майда­нының маршалына тақтан түсуге, қолбас­шылықты қолдан шығаруға еш мүмкіндік жоқ. Сол себепті де бар болыңыз, қашанда нар болыңыз, Өмір-аға!
Ер қазақ, тоқта, ойлан, жетер енді,
Еңсеңді ездік басқан көтер енді.
Тіліңнің тұмшаланған бұйдасын шеш,
Дәстүрін ұстап мықты, өсер елдің.
(Ө.Айтбайұлы)   
           Ғарифолла ӘНЕС, филология ғылымының докторы.

        http://www.pr-hal.kz/index.php/cat-7/item/2226-segiz-yrly-bir-syrly

толығырақ

Болатхан Тайжанның Қарақорым сапары

       Қайсібір жылы біз Монғолиядағы қандас­та­рымыздың шақыруымен Баян Өлгейге барып қайттық.

       Алматыдан көрнекті мәдениеттанушы ғалым, білімдар ағамыз Мұрат Әуезов бастаған керуен шықты. Бұрын ешбір шетелде бол­маған қаламгер ағамыз Қайырды Назыр­баевты қасыма ертіп, Астанадан аттандым. 
     Естуімше, Мұрат Әуезовтың керуені Өске­менде бір түнейді де, Шемонайха арқылы Сросткиге жетіп, әйгілі жазушы, кинорежиссер Василий Шукшиннің туған елінде біршама аял жасайды. Содан Мәскеуде оқыған Мұрат ағамыздың танысы көп қой, Горно-Алтайск қаласында екі күн мейман болған. Ол жерде алтайлық прозашылар Борис Укачин мен Дибаш Каинчин қазақ керуенін құшақ жая қарсы алып, шама-шарқынша қонақ етсе керек. 
      Алтай жұртының астанасынан аман-есен аттанған Мұрат ағамыздың керуені Ресейдегі қалың қазақтың мекені – Қосағашта тағы бір күн дамылдап, ертесінде кештетіп Баян Өлгейге табан тірейді.
      Араға бір күн салып, Өскемен арқылы ұшақпен екінші топ – біз де жеттік. Біздің топ­тағы шоқтықты тұлға – Болатхан Тайжан аға­мыз, елге аты мәлім қоғам қайраткері. Мәскеудің Мемлекеттік халықаралық қатынастар инсти­туты мен КСРО Ғылым академиясының аспи­рантурасын тәмамдаған кәсіби дипломат, араб тілінің мықты білгірі, тайпалған аударма­шы. Кеңес заманында шетелдердегі елшілік­терде көп жылдар бойы алуан қызметте болған қабыр­ғалы қазақтың бірі. Ел тәуелсіздігінен кейін Қазақстан Сыртқы экономикалық бай­ла­ныстар министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасының Египеттегі Төтен­ше және өкілетті елшісі, Марокко, Тунис, Ал­жир, Иор­дания, Сирия, Ливия мемлекет­терін­дегі елшілік міндетін қатар атқарушы, кейін зейнет дема­лы­сына шыққанға дейін Қазақстан­ның Малай­зиядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызмет­терін атқарды. Каир қаласында Абай көшесінің ашылуына мұрындық болған азамат та осы Болатхан ағамыз еді. Бұрын атын сырттай естіп, бірер мәрте жиналыстарда көр­геніміз болмаса, жақын танымайтынбыз. Бұл сапарда сол олқылықты реттеудің жөні түсті, дипломат ағамызбен армансыз әңгіме соқтық, ұзын сонар сырласып қайттық. 
     Бұрын естімеппіз, Мұрат Әуезов керемет балықшы екен. Өлгейге келген күннің ертесінде ол кісі құрығын арқалап күншіліктегі Сырғалы көлдеріне кетіп қалыпты. Араға бір күн салып, көңілденіп, сергіп қайтып келген. Алматыдан бергі алыс жолда шаршап-шалдыққанның ізі де жоқ. Таза ауа, Сырғалының таңғы шықтай мөл­дір суы бәрін жуып-шайып жібергендей. 
     Бәріміздің басымыз аман-есен қосылған соң, ресми шараларды бастап кеткенбіз... Кітап­ханаға кітаптар табысталды. Мәдениет үйіне бірнеше домбыра, музыкалық аспаптар сыйға тартылды. Біз жақтан Мұрат пен Болатхан сөз сөйлеп, Ұлан-Батырдан осы шараға арнайы келген Қазақстан елшісі ел атынан тілек айтты. Моңғолия жағынан – Ұлы Хуралдың депутаты, Өлгей аймағының әкімі, тағы бірер зиялы ағайын сөз алып, қазақ делегациясына риза­шы­лық­тарын білдірді. Көкейдегі кейбір пробле­малар да қозғалды. Соның бірі – Қазақстан теледидары хабарларын көре алмайтындықтары сөз болып, осы мәселені ұзын арқан, кең тұсауға салмай, тездетіп шешіп беру жағы сұралды. Екі елдің халықтық қарым-қатынасына байланысты ұсыныс-пікірлер айтылды. Қазақ мектептеріне арналған оқулықтардың жетіспейтіні төңірегін­де де әңгіме болды. Біз алыстағы ағайынның осы өтініш-тілектерін маржандай етіп қойын кітап­шамызға жазып алдық. Көтерілген көп сұрақтың біразы кейіндері ойдағыдай өз шешімін тапты. 
       Өлгейге келген адам Сырғалы көлдерін көрмей, Бес Боғданың көз шағылыстырған қарлы шыңдарын қызықтамай қайтар болса – ол адам бұл жаққа бекер келгенмен бірдей дегенді естідік. Солай деген соң, қонақ қойдан жуас, біз бәріне көндік. Мұрат ағамыз, қасында Марат Сембин досы бар, өз шаруаларымен қала маңайына қыдырыстап кетті. Біз, Болатхан ағамызды ортаға алып, екі машинамен Сырғалы көлдеріне тарттық. 
       Мамырдың соңы еді, жер әлі көктей қойма­ған, тау мен тастың түсі күрең қызыл. Бұл жақта ағаш та сирек екен, қайда барсақ та тайдың терісіндей тақыр жер, жалаңаш таулар. Сырға­лының жолы да ауыр болды, көктемгі жылымық­пен жіпсіп, жолдың бәрі қойбатпақ, езіліп кетіп­ті. Үлкен машиналар көп жүргеннен бе, аттап бассаң ойдым-шұңқыр. Біз мінген екі УАЗ-иктің алдыңғысы коллеяға білігінен салақтап отырып қалып, троспен кері тартып жүріп, әзер шыға­рып алдық.
      Сырғалы – тау етегіндегі жазықта мөлдіреп жатқан қос көл екен. Биіктен қарасаң расында да, қыздың құлағына салар қос сырғаға ұқса­ған­дай. Екі көл біріне бірі, шамасы жарым шақырымдай, жалпақ өзенмен жалғасып жатты. Ақ көбігін аспанға атып күркіреген Қобда өзені осы көлдерден басталады екен. 
      Екі көлді жалғаған жалпақ өзеннің тайпақ тұсынан арғы жағаға өттік. Жазықтың бел ортасында ағарған үйлерді көріп, шағын ауыл ма десек, шекара заставасы болып шықты. Одан әрі өркештенген тау жоталары. Осы таулардың арғы асты Қытай елі десті. Ал түстік жақтағы тау сілемі әлдеқайда асқақ, көз тартқан айбынды. Шошайған шың бастарынан бастап, етекке дейін аппақ қар. Сай-саланың бәрі қыздың шашбауындай бұратылған мұздықтар. 
          Атақты Бес Боғда шыңдары осы екен. 
     Айтары жоқ, көркем көрініс, көңіл сусын­дат­қан әсерлі сурет. Бес Боғдаға ұзақ телмірдім, көзім тоймай, зерттей үңілдім. Сыртылдатып суретке түсірдім. Осы ғажайып шыңдардың арғы жағында өзім туып-өскен өңір – Қатонқарағай барын сезіп тұрмын.
       Сырғалының «ақбалық» дейтін балығы да өзгеше ірі болады екен. Ер адамның санындай жұмыр, өлшеп едік, біреуі 85 сантиметрге жетті.
        Шекара заставасының арғы жағында, тау түкпіріндегі малшы үйінде қонақ болдық. Моң­ғол типті киіз үйде кеңінен әңгімелесе отырып, буы бұрқыраған жас етпен қоса, ақбалықтан да дәм таттық.
        Күні бойы жайлау көркін қызықтап, таза ауада дем алып, күн екіндікке еңкейе келген жолымызбен кері қайттық.
* * *
      Астана мен Алматыдан келген қонақтарды қалған күндері топ-топқа бөліп, әр жаққа алып кетіскен. Қайырды екеуміз Баян-Өлгейдегі байланыс торабының бастығы Үзбен Құрман­байұлы деген ағамыздың қамқорлығына көштік. Мұрат Әуе­зов пен Марат Сембин ұшақпен ел астанасы Ұлан-Батырға аттанып кетті. Болатхан Тайжан ағамыз да келесі күні белгісіз жаққа жол жүріп кеткен.
         Үзбен ағамыз Қайырды екеумізді қала ма­ңын­дағы табиғатпен таныстырып, кешке қарай елдің зиялы жұртшылығымен кездесулерге қа­тыс­тырды. Қайда барсақ та өлгейлік ағайынның ақ ниеті мен ыстық ықыласына бөленіп, үлкен әсерге бөленумен болдық.
        Бұл есте қаларлық тамаша сапар еді.
      Кейін естігенім – Болатхан Тайжан ағамыз­ды Өлгей өңірінің тумасы, қазір Алматыда тұратын қарымды журналист Досан Баймолда ішкі Монғолияға көлікпен алып кетіпті. Ұшақпен емес, ел мен жерді көру үшін көлікпен жүрейік деп тілек еткен Болатхан ағамыздың өзі екен. Сөйтіп, екеуі екі мың шақырым жол жүріп, Моңғол даласын көктей өтіп, талай жерді шиырлапты. Күлтегінге барады, Тоныкөкті көреді, Қарақорымға жетіп зиярат етеді. 
      – Қарақорымда Шыңғыс ханның ордасы тігілген маңайдан Болатхан ағам қос уыс то­пырақ алып, оны мұқияттап орамалға түйіп алды, – дейді Досан осы сапар жайын еске алып.
       – Аға, топырақты не істемексіз? – деп сұраса:
       – Бір асыл адамның аманаты еді, – дейді де қояды Бөкең.
       Ол «не аманат» екенін Досан кейін анық­тапты.

***
         Менің білетінім, Алматыда алыстағы бурят халқының бірнеше атақты перзенттері өмір сүрген. Солардың бірі – әйгілі мүсінші, қолөнер шебері Сэренжеп Балдано деген кісі еді. Балдано ақсақалдың қызымен мен Көркемсурет учили­щесінде бірге оқығам. Ол кісімен Ақселеу Сейдімбектің қарым-қатынасы жақсы, рухани достар болғаны да есімде. Келесі бір атақты бурят – Африкан Бальбуров, Бурятияның халық жазушысы, фольклор зерттеуші, Мәскеуге аты мәлім публицист еді. Бальбуров денсаулығына байланысты Алматыға көшіп келіп, жұмақтай болған осы қалада көп жыл өмір сүрді. Алматыда дүние салды.
       Ал Болатхан Тайжанның аманат арқалап жүргені – Цирен Хандуев атты бурят екен. 1920 жылы Бурятия мен Моңғолияның шекара­сын­дағы Кяхты деген мекенде дүниеге келген. Әкесі бурят, шешесі жапонның қызы деседі. Цирен Хандуев соғысқа қатысқан, майдангер, биология ғылымдарының докторы, профессор. Ұзақ жыл­дар бойы Алматы қаласында тұрған, КСРО Ауыл­шаруашылық министрлігіне қарасты ғы­лы­ми-зерттеу институтында жауапты қызметтер істеген. 
         Болатхан ағамыз сол кісіні құрмет тұтып, отбасымен қатты араласқан екен. Жасы ұл­ғайып, ауруы меңдеген кезде Цирен ағамыз ылғи да Болатхан інісіне Моңғолияға бір барсам деп, Қарақорымды көрсем деп арман ететін көрінеді. Әкесінің тікелей моңғол буряттары­ның ұрпағы екенін, арғы аталары Шыңғыс ханның жасағын­да шайқасқанын, сол далада ата-бабасының қаны сіңгенін әңгіме ете беріпті. Осы жайды ескеріп, Болатхан бурят ағасын Моңғол сапа­рына өзімен бірге ертіп алмақ та болған екен. Бірақ ақсақалдың денсаулығы жол жүруге жарамай, кемсеңдеп Алматыда қала беріпті.
       Болатхан Тайжан Монғолия сапарынан аман-есен Алматыға оралғанда – Цирен Хандуев ауруханада жатса керек. Бөкең аға-досының көңілін сұрап, оны ауруханаға іздеп барады. Барған сапарын әңгіме ете отырып, орамал түйіншекті ұсынады. 
       – Мынау Қарақорым жерінің топырағы! – дейді Бөкең. – Сіз өзіңіз аңсаған ата-баба жеріне жете алмадыңыз. Соны ескеріп сізге қасиетті жердің топырағын ала келдім! 
       Бұл хабарды естігенде қарт оқымысты кем­сең­деп жылап жіберіпті. Көз жасын орамалымен іліп сүртіп, топырақты қайта-қайта иіскей беріпті. 
        Ғалым балаларын шақырып алып:
       – Өлгенде осы топырақты басыма жастаң­дар! – деп аманат етіпті.
Арада бір ай шамасы өткенде Цирен Хандуев дүние салады. Ғалымның тілегі бойынша Қарақорымнан әкелінген бір уыс топырақ ол кісінің басына жасталыпты.
       Досан Баймолданың айтуынша, Болатхан ағамыз Қарақорым топырағының бір уысын өзінде қалдырса керек. Көп уақыт өтпей, бір жарым жылдан кейін асыл ағамыздың өзі де дүниеден өте шықты ғой... 
       Қарақорымнан келген бір уыс топырақ ол кісінің де басына жасталыпты деседі.
Бір сапардың сыры, мінеки, осы!

       Әлібек АСҚАРОВ

http://aikyn.kz/ru/articles/show/23071-bolathan_taizhanny_ara_orym_sapary

толығырақ

алихан

       ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы Қазақстан тарихындағы болашаққа алтын көпір салған аса маңызды кезең болған еді. Бұл тікелей Ресей им­пе­рия­сының отарлық саясатына қарсы батыл үн көтерген, оның езгісінен арылту үшін ең бірінші ұлттың санасын ояту, оны білім-ғылымға, адамзат қолы жеткен мәдениетке үгіттеген, соның негізінде тұтас халықты бір тудың астына біріктіруге ұмтылған Алаш ұлт-азаттық қозғалысымен байланысты болды. Өзінің саяси топ басшылары, қозғаушы күші мен алдына қойған мақсаты мен мұраты жағынан бұл қозғалыс қазақ тарихындағы ең маңыздысы әрі жоғары деңгейде ұйымдасқаны, өзінің күрес жолында тұңғыш ұлттық-демократиялық саяси партия мен қазақтың жаңа сипаттағы Алашорда үкіметін құру деңгейіне дейін көтеріле алғаны болатын. Өз мұратына түгелдей жете алмаса да, асқақ идеясы 70 жылдан кейін жүзеге асқан осы айрықша қоғамдық құбылыстың басында аса көр­некті саяси реформатор, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейхан тұрды.

      Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов өз кезінің тәлім-тәрбиесі жеткілікті әлеу­­меттік ортада өсті. Азаттық пен ер­­­кін­­­дікті жырлаған ұлтымыздың аса бай ауыз әдебиеті оның әлеуметтік та­нымын қалыптастырды. Алайда, бола­шақ саясаткердің өмірінде Санкт-Петер­бургтегі Орман институындағы оқу ерек­­­ше рөл атқарды. Бұл орыс қоғамына капиталистік қарым-қатынастар еніп, жұмысшы табы түрлі саяси партияларға бірігіп, марксизм ілімі олардың идеологиясы ретінде насихатталып, орталық жерлерде ереуілдер бой көтере бастаған кез еді. Ә.Бөкейхан сабақтан тыс кездер­де студенттік қозғалыстарға белсенді қа­­тысып, жаңа ілім туралы қызу пікір­та­ластарда экономикалық материализм қағидаларын қорғаған көрінеді. Осы­лар­дың барлығы оның Ресейдің қазақ даласындағы отаршылдық саясатының қыр-сырын ұғына түсінуіне игі ықпал етеді.

       Ә.Бөкейхан Мәскеудегі оқуды бі­тіргеннен кейін Омбыға келіп діттеген қызметіне орналаса алмай, Орман шаруа­шылығы училищесіне оқытушы болады. Қаланың қоғамдық-саяси өміріне жиі араласады. Орталықтан жер аударылып келген прогресшіл пікірдегілермен қарым-қатынасқа түседі. Жергілікті және санктпетербургтік басылымдарға саяси бағыттағы мақалаларымен тұ­рақ­ты атсалысады. Осы жылдары ол Ақмола, Семей және Торғай облыстарын қамтыған Ф.А.Щербина бастаған экспедиция жұмысына қатысып, қазақ халқының тағдыры үшін аса маңызды жер қатынастары мәселесін тереңірек біле түседі. Кейін өз шәкірттеріне «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп, үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді», деп кеңес беруі жайдан-жай емес еді.

       Ә.Бөкейхан Ресейдегі жетекші саяси ұйымдардың бірі – Конституциялық демократия (кадет) партиясының мү­шесі ретінде осыған Омбыдағы сая­си белсенділерден шағын топ ұйым­дас­тырып, соның қазақ бөлім­шелерін ашу мақсатымен Орал, Семейде арнайы жиындар өткізеді. Дегенмен, оның саяси көзқарасы мен әлеуметтік бел­сенділігін ұштай түсуге, мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне тұңғыш орыс революциясының әсері ерекше болады. Көтеріліс жеңіліс тапқанымен, біріге алса халықтың қолынан көп нәрсе келетінін байқатқан еді.

       Алаш басшылары бұқара арасындағы насихат, үгіт жұмысына көбірек көңіл бөлу мақсатында, халықтың әлеуметтік санасын көтеруде, оның күш-жігерін бірік­тіруде газеттің айрықша рөл ат­қаратынын, оның қажеттілігін жақсы түсінді. Сондықтан, Ә.Бөкейхан қазақ­тың тұңғыш басылымы «Дала уәлая­ты» газеті жабылғаннан кейін, қазақ тілінде газет шығаруға бар күш-жігерін салып, оның саяси басшысы, тікелей ұйымдастырушысы және белсенді авторы да болып, жалпы басылымның ұлттық деңгейге көтерілуіне зор үлес қосты. Содан қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым – «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 2 ақпандағы №1 нөмірі Орынбор қаласында жарық көрді. Мұхтар Әуезов сөзімен айтқанда, «ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, кү­шін бір жерге жиып, патша саясатына қар­сылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытта» шыққан бұл газет, шын мәнінде, Алаш қозғалысының ақпараттық айбынды мінбері бола алды. 1913-1918 жылдары осы басылым бетінде Ә.Бөкейханның 250-ден астам мақалалары, ғылыми зерт­теулері, аудармалары жарық көрген екен.

     Бірінші дүниежүзілік соғыс пен 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жә­не басқа да жағдайлардан туындаған дағ­дарыс 1917 жылғы Ақпан буржу­азия­лық-демократиялық революциясын жақындатқаны белгілі. Патшалық монархияның тақтан түсуі қазақ халқының саяси санасының көтepіліп, ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа өріс алуына айрықша әсер етті. «Қазақ» газетінде басылған Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Мұс­тафа Шоқай және Міржақып Ду­латов үшеуі қол қойған «Алаш ұлына» атты сүйінші хатта «киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды» деп қуана жазылды. Алайда, көп ұзамай-ақ Уақытша үкімет күткен үмітті ақтамады. Оның кадет басшылары жердің адамға меншік ретінде берілуін қалады, ұлт автономиясына, шіркеуді мемлекеттен бөлуге қарсы болды. Осылар ашық баян етілген Бүкілқазақтардың екінші съезінен кейін іле-шала, 1917 жылғы 23 желтоқсанда «Қазақ» газетінде басылған «Мен кадет партиясынынан неге шықтым?» атты қысқа ғана мақалада Ә.Бөкейхан тағы бір аса маңызды қадам жасалғаны туралы мәлімдейді. Ол өзінің «Алаш» партия­сын құруға бел буғаны еді. Бұлай ли­бе­ралдық партиядан қол үзіп, ұлттық-демократиялық ұстанымға бет бұруы болашақ «Алаш» партиясы көсемінің үлкен саясаткер болғандығын айғақтайды.

        Уақытша үкімет жағдайында түрлі партиялар саяси сахнаға шығып, олар өз мақсаттарын айқындай бастаған еді. Алаш жетекшілері де қазақтарға таптық идеологияға негізделген большевизм емес, ұлттық мүддеге негізделген, бір орталықтан басқаратын бүкіл қазаққа ортақ партия керек деген ойға келеді. Мұның үстіне, соңғы оншақты жылда жалпы қазақ жұртының қолдауына сүйенген, басы-қасында Ә.Бөкейхан бастаған зиялы топ жүрген ұлт-азаттық қозғалыс саяси партияға айнала бастаған да болатын.

        1917 жылдың 21-26 шілдесі күндері Орынбор қаласында өткен Бірінші бүкіл­қазақтық съездің ең маңызды шешімдерінің бірі саяси партия құр­ғандығы болды. Оған Ә.Бөкейхан бастаған топ жетекшілік етті. Партия қазан айында «Алаш» атын иеленді. Сондай-ақ, партия бағдарламасының жобасы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашадағы санында жарияланып, сол жылғы желтоқсанда өткен Бүкілқазақтық екінші съезде қабылданды және Алашорда үкіметінің бағыт-бағдарына айналды. Егер Қазақ елінің өзін өзі басқаратын мемлекеттік жүйесін құру, Ресейден қо­ныс аударушыларды тоқтату, жаңа өмір сұранысына жауап беретіндей қоғамды демократиялық мұраттар ба­ғы­тында өзгерту, білім және ұлттық мәде­ниеттің дамуына кең жол ашу Алаш қозғалысының басты мақсаты болса, «Алаш» партиясының бағдарламасының мазмұны да осы болатын.

       Қазақтың арғы-бергі төл тарихында терең із қалдырған «Алаш» сияқты сая­си партия болған емес. Оның бағдар­ламасының авторлары сол кездегі дүние­жүзінің алдыңғы қатарлы елдерінің тәжі­рибелерін пайдалана отырып, қазақ халқын дербес даму мен прогресс жолына бас­тайтын мемлекеттік-құқықтық идеяларды ұсынған еді. Кейінгі тарих қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси ойдың деңгейін танытатын «Алаш» партиясы бағдарламасының большевиктер ұсынған жобалардан анағұрлым артық екенін дәлелдеді.

        Батыс елдеріндегі саяси партиялар тә­жі­рибесін саралай келе жазылған «Ыс­тамбұл Һәм қылилар» деген ма­қаласында Әлихан Бөкейхан: «Ан­глиядағы қашаннан бері екі-ақ партия: бірі бостандық, жылдам ілгері басқан. …Екінші Англияның саяси партия­сы ақырын жүріп, ескіні бұзып-жармай, еппен іс қылған», деді. Саяси мәдениеті жоғары елдердегі қоспартиялықты автор жайдан-жай үлгі етіп отырған жоқ. Бұл арада әңгіме ел ішіндегі саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді талдау, осыған байланысты өздерінің бағыт-бағдарларын айқындау негізінде ретіне қарай билікке келіп отыратын ең жетекші консерваторлар мен лейбористер партиялары жөнінде болған шығар.

       Қазақ халқын отарлық езгіден құтқару мен қазақ қоғамын өркениетті елдер қатарына жеткізуді ту еткен Алаш партия­сы, өкінішке қарай, 1918 жылдың жазында басталған Азамат соғысынан қа­лып­тасып үлгере алмады. Бірақ жалпы­ұлттық мәселелерді тұрақты назарда ұс­таған партия жетекшілері Алаш автономиясын құрып, оның Ұлттық кеңесін қалыптастырды. Екі жарым жылдай өмір сүрген Алашорда үкіметі өз қызметіне осы пар­тияның бағдарламасын негіз етті. Бұл қысқа ғана өмір сүрген саяси ұйым үшін аз емес еді.

       Патшалық Ресей құлап, билік басына келген Уақытша үкіметтің саяси тұрақсыздығы Ресейдің шет аймақтары түгіл империяның негізгі ұлты орыстың да өзекті мәселесін шеше алуға қауқар­сыз болды. Алып ел іші зорлық пен зом­бы­лыққа ұласқан анархияға айналды. «Қазақ» газетінің 249-нөмірінде жарияланған мынандай мәліметке назар аудара кетейік: «…Пішпектегі қазақ, қырғыз, сарт халықтарының тынышы ке­тіп тұр. Солдаттар, солдат қатындары, тағы да кім екені белгісіздер күндіз-түні демей ұрлап, талап, ұрып-соғып қатты жәбір беріп тұр. Теңдік заман туды десек те, біздің Жетісу ескі зорлықтан құтыла алмай тұр». Бұл, әсіресе, сол кездегі шет­кері аймақтардағы күнделікті құбылыс болатын.

       1917 жылдың қазанында Ресейдің би­лік басына большевиктердің келгені белгілі. Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов бұл өзгеріске өз бағасын 1919 жылғы «Революция және қазақтар» атты мақаласында ашық білдірген болатын. Ол «Қазақтарға Февраль революция­сы қаншалықты түсінікті болса, Октябрь социалистік революциясы соншалықты түсініксіз көрінді. Бірінші революцияны қандай қуанышпен қарсы алса, екінші революцияны соншама үреймен қарсы алуға тура келді» деп жазып қана қоймай, екінші революцияның түсініксіз болуын қазақтарда капитализмнің де, таптық жіктелудің де, тіпті, жекеменшіктің өзін басқа халықтардағыдай айдар тағып ажы­ратудың да қиындығымен ұғындырған еді.

         Мұндай жағдайлар Алашорда үкі­метінің өмірге келуіне жол ашып қа­на қойған жоқ, Алаш жетекшілерін тікелей ұлттық мемлекет құру туралы ойға жетеледі. Онсыз ұлттың мәселесін шешу мүмкін емес екенін терең ұғынған олар Бүкілқазақтардың екінші съезін өткізуге дайындық жұмысына кірісіп кетеді. Ә.Бөкейхан басқарған бес адамнан тұратын ұйымдастыру комитеті «Қазақ» газеті арқылы қарашаның 14-і мен 26-сында жарияланған аса маңызды екі үндеудің соңғысында Қазақ автономиясын және оның басқару тобы болып табылатын Ұлт кеңесін сайлау мәселесін көтерді. Автономияны әңгіме еткенде, Ә.Бөкейханның сол кездегі Қазақстанның көпэтносты (бүгінгі тілмен айтқанда – автор) екенін ескеруі шын мәнісіндегі көрегендігі болатын. Ол «Біздің қазақ ұлтының автономиясы енді тұрмыс халда туысқан автономия болар емес, жерге байланысты автономия болмақ. Ішіміздегі орыс мұны мақұлдайтын көрінеді», деп жазды.

       Сонымен, 1917 жылғы желтоқсанның 5-13-і күндері Орынбор қаласында өткен Екінші бүкілқазақтық съезд Алашорда аталған Алаш автономиясының Ұлт кеңесін 25 адам құрамында сайлады, оның 10-ы орыс және басқа халықтар өкілдері болды. Ұлт кеңесінің әрбір облыста бөлімі болуы жоспарланды. Съезд, сонымен қатар, жаңа құрылған өкіметтің ұлтаралық қатынастардағы негізгі бағытын былайша айқындаған болатын: «V. Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономия­сына кірген елдердің бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының қол астында жерсіз қалған халықтар болса, оларға ұлт һәм мәдени автономия беріледі». Ал ұлттар өзін өзі билейді деп күндіз-түні ұрандатқан большевиктер басқарған 1917 жылғы 22 қарашада Ташкентте жұмысшы, солдат және жұмысшы депутаттарының III съезінде Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрамына жергілікті мұсыл­ман халықтарының бірде-бір өкілі сай­ланбаған еді.

        Алаш жетекшілері ұсынған Ұлт ке­ңесінің құрамы әсте мемлекеттің ұлттық сипатына кереғар емес-тұғын, қайта оның әлеуметтік келбетін көріктендіре түсетін фактор болатын. Сөйтіп, біріншіден, автономияға кіретін әрбір облыстан өкілдер қамтамасыз етілді, екіншіден, басқаруда ұжымдық қағида таңдалды.

        Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби өз кезінде қайырымды қала басшысында алты түрлі қасиет болуы және оның қатарында даналық, асқан пайымдағыштық, қалтқысыз сендіру және өте жақсы қиялдау қабілеті сияқтылар болуы керектігін айта отырып, егер бұл қасиеттер жеткіліксіз жағдайда қала­ны билеудің алқалы түрін де жоққа шығармаған еді. Жеке билеудің зардаптарын әлем тарихынан, қазақ хандығы тәжірибесінен жақсы білетін Алаш басшысы бұл идеядан хабардар болды ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз. Алайда, тумысынан демократ саясаткер ұжымдық басқаруды таңдаған болатын. Съезд қабылдаған қарарда «демократиялық парламенттік республика құру» туралы қағиданың көтерілуі де тегіннен-тегін емес-ті.

        Съезд бірнеше маңызды шешімдер қабылдады, олардың ішінде Алашорданың бүкіл билікті өз қолына тез алуы, автономия құру туралы мәселелер болды. Бірақ автономияның құрылғаны жөнінде хабар жарияланған жоқ. Ол кезде Ресей құрылтайы болады деген сенім мол еді. Автономия боламыз деген жұрттар еншіні содан алмақ-тұғын. Мұны қазақ өлкесіндегі басқа жұрттармен келісіп, милицияны жасақтап, ұлт қазынасын жинап, қамданған соң барып мәлімдеуге келісілген еді.

        Алаш автономиялық ұлттық-терри­ториялық мемлекеттің құрылуы туралы съездің шешімінен соң екі айдай (1919 жылғы 11 ақпанда) уақыт өткенде Ә.Бөкейхан оған баға бере келіп: «Съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуы­на жол бермеу мүдделерінен туындады. …Кезекте бостандықтың жауы – большевизммен күрес тұрды», деген болатын. Алайда, кеңестік шындықты мойындамаған қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі және көсемі Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық күреске басшылық жасады, Қазақстан мен Мәскеудегі террорлық орталықтардың басшыларымен байланысты деген жаламен өзінің туған халқының бостандығы мен азаттығы жолында құрбан болған еді. Жарты ғасырдан кейін ғана ақталды.

        Қазақ тарихында бұрын болмаған сая­си реформаторлығымен қатар, Әлихан Бөкейхан біздің бүгініміз үшін де маңызын жоймаған, қайта күн ілгері басқан сайын маңызы арта түскен мол мұра қалдырды. Ол феодалдық мешеулік жағдайында аяқасты болған ұлттық мүддені қорғайтын, Қазақ елін Еуропаның өркениетті елдері қатарына алып шығатын дұрыс та төте жол – ұлттық тәуелсіздікті таңдады, демо­кратиялық жолды қалады, бұған негіз болатын заңдылықты күшейтуге ерекше көңіл бөлді. Өз кезіндегі алдыңғы қатарлы Германия, Англия сияқты елдердегі әділ билікті өнеге тұта отырып, ол би әділ болмай, жұрт оңбақ емес деген қорытынды жасады. Ә.Бөкейхан аталған елдерде заңды мойындау халықтың барлығына бірдей тәртіп болып табылатынын айтып, әділ би құдайдан басқадан қорықпайтын болуы керек деп, биліктің әділеттілігін алға тартты. Ағылшынның билігін, оның алдында халықтың барлығы тең екенін, онда би болмақ зор дәреже, жұрт көзінде зор құрмет екенін атап көрсетті.

       Қоғамның демократиялық барометр­лерінің бірі сайлау жүйесі екені белгілі. Ә.Бөкейхан өзінің сайлау тақырыбына жазған мақалаларында патшалық Ресейдің отаршылдық жағдайындағы қазақ дала­сындағы сайлау жүйесін әңгіме етіп, бұл үдерістердегі кемшіліктерді аяусыз сынап, бұл бағыттағы оң жолды айқындады. 1913 жылы алғаш жазылған «Сайлау» атты мақаласында бұл саяси науқанның қазақ жұртындағы нағыз жұт екенін, «Мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз» қалып, барын салып шала бүлінгендегі қазақтың негізгі мақсаты болыс, би, елубасы, старшын болмақ, дұшманынан кек алмақ, намысқа тырыспақ, момын бұқара халыққа алым-шығынды аудара тастап бай болу екенін, бірақ бұдан қазаққа келешекте еш пайданың, болыстықта еш қасиеттің жоқтығын айтады.

         Мұнан әрі автор Еуропада сайлаудың халық үшін үлкен той екенін, халық партия құрып, «адаспас ақ жол», «асқар бел, жұрт ілгері басатын іс қыламыз» деп таласатынын үлгі етеді. Сайланған адамы халық қызметшісі һәм орынға сайланғанда мынау білгіш, мынау шешен, мынау көсем, мынау әділ деп әрқайсысын өз орнына сайлайды дейді. Осымен қатар, қырда да жүйрік, өрнекті шешендердің, таза, әділ жақсылардың бар екенін айта отырып, сая­саткер-демократ: «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы соңынан ерер еді», деп келешекке үмітпен қарайды. Ал «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №15 санында жарияланған «Сайлау» атты екінші мақаласында автор сайлау үдерісінде парасаттылыққа жөн сілтейді. Адам баласы өзге хайуаннан айырылғанда бұлардан ақылды, қолы шебер болып айырылғанын, байлық түбі ақыл һәм қол ұсталығы екенін, осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайтынын айта келе: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады», дейді. Қазақтың қазынаға қуат беретін адам ақылы, адам қолы, адам жиһаты екенін өз аяғынан өсіп-өнген малды айдап жүрген елдің білмейтінін ескерте отырып, «Жұртқа адал би пайдалы, көпке сүйенген, көп сөзін тыңдаған, билігін орнына қорықпай салатын, арам жемейтін, іс білетін, халық үшін жаумен айтысатын болыс пайдалы» деп ауылнайлыққа хат білетін, жол көрген жасты, жөн білетін жақсыны сайлау керектігін ұсынады.

       Халқының рухани жаңаруын көздеген Әлихан Бөкейханның мәдениет пен білім туралы ойлары қазір де құнды. «Рухани мәдениет қарауылынан» деген мақаласында ол: «Рухани мәдениеттің бір белгісі жұрт баласына жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу», дейді. Ал «Серуен жасап зерттеу әдісі» атты мақаласында автор шын білімнің тәжірибеден туатынын, білім жолының негізі тәжірибе болатындығын жаттап алғанның білім болмайтынын атап көрсетеді. Адам баласының қоршаған ортаны, жерді, ауаны, суды, жанды, жансызды тануы тәрбиемен болатынын, сөйтіп, тәжірибе көзбен көрген, қолмен ұстағаннан жиналатынын, білімнің анасы – тәжірибе екенін айтып: «Ақыл зерек тексеріп тергеп, терең бойлап тоқып, кестелеп көзбен көргеннен, қолмен ұстағаннан қорытынды шығарады. Бұл неше сыннан өтіп, тас­падай сыдырылып, таяқтай жанылып, білім негізі болып шығады», деп жазды. 1923 жылы «Темірқазық» журналының №2-3 сандарында жарияланған «Білім күші» атты мақаласында Ә.Бөкейхан адам өміріндегі білім құдіретіне ерекше көңіл бөледі. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дейтін қазақ мақалын айта отырып: «Білім – алмас қанжар. Кім қолға алса, соның қолы, салып қалса, жақсы-жаманды айырмай басты алып түседі», деп білімнің бәрінен жүйріктігін, өткірлігін атап көрсетеді.

        Ә.Бөкейхан бұқаралық ақпарат құ­ралының қоғамдағы рөліне айрықша көңіл бөлгені белгілі. Бұған Еуропада газетке ерекше мән беріліп, оның ғұмыр айнасы, ұлы патшалықтың бірі деп саналатынын жақсы білетін саяси тұлғаның тамаша публицист болғандығы да игі әсер еткен шығар. 1890-жылдардың аяғынан басталған 40 жылға созылған өзінің саяси қызметінде оның 50-ден астам мерзімді басылымдарда мыңнан аса сан алуан тақырыптағы еңбектері шыққан көрінеді. Ә.Бөкейханның өз қолымен толтырған «Тұтқынның анкетасында» мамандығын «журналист», «аудармашы» деп көрсетуі тегіннен-тегін болмаса керек.

       Қазақ қоғамындағы газеттің орнын, оны шығарудың қиындықтары мен проб­лемаларын Ә.Бөкейхан «Ашық хат» атты мақаласында арнайы сөз ете отырып, газет шығарудың шарты – оқушының барлығын атап көрсетеді. Сонымен қатар, «маңызды, ғұмыр тілегіне тұратын, кестелі сөзді» мақалалар газет деңгейін көтеріп қана қоймай, оның қазынасын да молайтатындығы, газеттің оқушысы көп болса, оның қазынасы да бай болатындығы, газеттің жаны мақала екендігі де айтылады. «Газетаны күйлеп, жаратып бәйгеге қосуға өз алдына шебер, білгіш, жүйрік керек… Газетаға басшы болу кім болса, соның қолынан келмейді. Газета ісі үйдің ағашы болса, басқарма мұның тезі болады… Тілші, хабаршы – газета отыны», дейді автор. Сондай-ақ, газеттің қашса құтыла алмайтын бір ісі – саясат жолы дей отырып, Әлихан Бөкейхан газеттің алдыңғы қатарлы оқушыларды саясат ісінен хабардар етуі, олардың саяси санасын қалыптастыруы қажет деп санаған.

       Ә.Бөкейхан ұлттық мешеуліктің түп-тамырын халықты билеушілердің на­дандығы мен ел бірлігінің жоқтығынан іздеді. Мұның үстіне, Ресейдің отарлау ісі негізінен халықты «бөл де, билей бер» саясатына құрылған-ды. Бұл саясат ел ішіндегі анархияны қолдауға, мемлекеттің құлауына, қазақ қоғамының әлсіреуіне ықпал ететіндей қазақтардың жүзіне, руы­на қарсы бағытталды. Бұған Алаш басшылары ұлттық тұтастық, бірлік сая­сатын, большевиктердің таптық жіктеу сая­сатына ұлттық тұтастық, рухани бірлікті қарсы қойды. 1917 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Жалпы Сібір сиезі» атты мақаласында Әлихан Бөкейхан сол кездегі ел ішіндегі саяси және әлеуметтік жағдайды терең сезініп: «Біз қарап отырсақ, қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» соң, 200 жылда, басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!» деп халықты бірлікке шақырды. Бостандыққа апаратын жалғыз жол ұлттық ынтымақ қана деп түсіндірді. Осы ойын жалғастыра отырып, Ә.Бөкейхан жұртта береке, бірлік үшін әділдіктің қажет екенін де атап көрсетті.

      Өкінішке қарай, Ә.Бөкейхан бастаған Алаш жетекшілерінің тәуелсіздік үшін жан аямай жүргізген қажырлы күресі логикалық мұратына жете алмады. Қазақ тағдырына патшалық Ресейдің отарлау саясатының жалғасындай болған кеңестік дәуір жазылған екен. Кешегі кеңестік кеңістікте талай ойран салынып, халық қаншама күйзеліп, қаншама асылдар айдалып, түрмеге жабылып, атылды. Халықтың қаймағы сылынып алынды. Коммунизм таудың арғы жағында емес деп көкіген Хрущевтің Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге қосу туралы жымысқы ойы, тұрлаусыз тірлігі империялық пиғылдың айқын көрінісі еді. Бұлардың барлығы ондаған жылдар өтсе де ұлтымыздың жадынан өшкен жоқ, өше де қоймас.

       Тек Тәуелсіздік қана жоғалтқанымызды таптырып, өшкенімізді қайта жандырып жатыр. «Тірі болсам, …қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп хал­қына уәде берген Алаш көсемінің ұлы өзгерістерге бастаған идеясы жарты ғасырдан кейін шынайы шындыққа айналды. Энциклопедиялық деңгейдегі ғұлама ғалым Әлихан Нұрмұха­медұлы Бөкейханның сан-салалы идеялары мен тамаша ой-тұжырымдары жер бетінде қазақ барда мәңгі жасай бермек.

          Әбдіжәлел Бәкір, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры,  саяси ғылымдар докторы. 

       http://egemen.kz/2016/03/05/27863

толығырақ

012 - копия

    «Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған алып ақын атамыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды. Анада алалық жоқ қой, қай баласын болса да мерзімді күні жарық дүниеге әкеледі. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты.

     Көне грек Гомерінің қайда туғанына осы күнге дейін жеті шаһар тала­сады. Қай елден туғаны да осы күнге дейін даулы, қазақ Гомерінің туған елі − Ұлы жүз − Екей. Туған топырағы − Жамбыл тауының баурайы», – деп ұлы жыраудың феномендік сырын тек пен топырақтан, уақыт пен кеңістіктен табатын Ғабаңның – Ғ.Мүсіреповтің «Феномен-Феникс» мақаласында осындай тамаша жолдар бар.

       …1936 жыл Жәкеңнің даңқын шар­тарапқа асқақтатып жатты.

       Ол Алматыда өткен қазақ ақын­да­рының республикалық бірінші слетінде әйгілі «Туған елім» жырын айтып, осы жылдың көк­темінде тұңғыш рет Мәс­кеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнері­нің онкүндігіне қатысып қайтты.

      Жәкең туралы С.Сейфуллиннен бас­тап, М.Әуезовке дейін, олардан кейін де қаншама көрнекті тұлғалар қалам тер­беді. Бәрі де Жамбылдың ақынды­ғын, жыршылығын, әсіресе, суырыпсалма айтыскерлігін ғылыми дәйектер­мен, жан-жақты талдап, жеріне жеткі­­зіп ай­тып кеткен. Ол туралы қаншама ақын-жазушылар әдемі естеліктер ай­тып, асқақтата жыр төкпеді. Ал қара­сөзбен жа­зылған дүниелер өз алдына. Әлбетте, Жамбыл туралы прозалық шы­ғармаларды жазған авторлардың шығармашылық қарымын Әуезовпен салыстыра алмаймыз. Егер Мұхаң дарындас жазушы туып, Жамбыл өмір сүрген ор­та мен тарихи жағдайлардың тереңіне бойлай алса, онда Жетісу жерінің «Абай жолындағыдай» үлкен полотносы сөз жоқ өмірге келер еді. Оған Жәкеңнің өмір дерегі мен Жетісудың қилы-қилы тарихтары талай мағлұматтар беретініне күмән жоқ. Бұлай болғанда, Жәкең жөніндегі тарихи ақтаңдақтардың кейбіріне нүкте де қойылар ма еді…

      1938 жылы «Ардақты Жәке» атты шағын мақаласында: «Кәрілік жеңбеген сені өлім жеңбейді. Сенің атың ұлы за­ман­ның ұмытылмас атының бірі еке­нінде күмән жоқ», деп ағынан жа­рыл­ған Мұхтар Әуезов тек әділетті айт­­қан. Та­­­­лант­қа та­ланттың берер бағасында қан­­шалықты мүлт болмайтыны оның ақиқатқа суарылуында болса керек.

        Мұхаң Жамбыл дәуіріне бүгінгілер­ден бір табан жақын тұрғанын қаперге алуымыз керек. Оның «Тарих путевкасын берген адам», «Ардақты Жәке», «Джамбул и народные акыны», «Джамбул и народ­ная поэзия», «Халықтың ғасырлық жыры», «Жамбылдың айтыстағы өнері» және «Айтыс өлеңдері» атты мақалалары тек Жамбылдың жеке басын мадақтаған жалаң сөз емес, жалпы ұлт өнерінің өт­кені мен болашағын саралаған бағалы ең­бектері болатын. Ол: «Халық ақыны Жамбыл, тек өз шығармаларымен ғана емес, тарихи-әдеби зерттеу тұрғысынан да, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен де аса зор құбылыс», деп бағалайды. Ал құбылыс деген мәртебелі атақты М.Әуезов кім кө­рінгенге қосақтап айтпаған. Жамбыл атамызға тек Мұхаң ғана емес, оның талантты шәкірті Ш.Айт­матов та осындай баға берген.

      Атап айтсақ: «Ауызекі поэзияның көне дәстүріне сүйене отырып, Жамбыл және оның қазақ-қырғыз замандастары шын мәнінде жаңару құбылысын, яғни совет кезінің ақындық дәстүрін ту­ғызды. Егер осыған ой сала қарасақ, мұндай құбылысты − тарихи маңызы бар жайттар дер едім», деп М.Әуезов пікірін қуаттап қана отырған жоқ, жоғарыдағы Ғабаңның «Феномен-Феникс» деген тұжырымымен де үндесіп жатты. Қайта туу − феникс болса, құбылысымыз − феномен емес пе?!

       Жалпы, М.Әуезовтің Жамбыл туралы мақаласында, сөйлеген сөздерінде, жасаған баяндамаларында, тіпті, кейбір ол турасындағы аз-маз тоқтала кеткен өзге еңбектерінде болсын, барлығында да теориялық тұжырым, жаңа зерттеушілік бағыт-бағдар жасамай кеткен шақтары аз болған. Жәкең жөнінде естеліктер айтуға академик-жазушының таланты жетпей қалған жоқ. Жамбылдың өзін әлденеше рет көріп, үйінен Л.Собо­лев екеуі дәм де татқан болатын 1940 жылғы маусым айының бас кезінде М.Әуезов, Л.Соболев, Ә.Тәжібаев үшеуі Жамбылдың жанында үш күндей болып қайтады.

       Ал Мұхаң үшін бір көру, көзбе-көз бірер мәрте әңгімелесу естелік қана емес, тарихи-көркем повестің өзіне айналып кететін құбылыс болуы да ғажап емес. Жазушы Жәкеңнің адами болмысын, аралас­қан ортасын, сөз саптауы мен ақындық қуат-күшін әйгілі «Абай-жолында» зор сүйіспеншілікпен көрсете отырып, оның «Сәлем айт, барсаң Абай­ға!» дейтін өлеңін келтірген. Оған деген ұлы құрметін ұлы жазушы осылай мәпелеп әкеп, өзінің даңқты эпопеясына енгізгені жайдан-жай болмаса керек.

       «Жамбылдың айтыстағы өнері» деген еңбегінде М.Әуезов айтыскер суырыпсалма ақындарды «ақпа-төкпе» ақын деп қарастырады. Ақпа ақындардың негізгі ерекшелігі − эпос тудырушылар екені баса айтылады. Жамбылды осы қатарға жатқызып, оның «Өтеген», «Сұраншы», «Саурық» жырларын мысал ғып атаса, бұнымен қоса оның жыршылық қы­рына жататын «Көрұғлы», «Манас», «Шораны» айтқандағы төкпелігін де даралап атайды. Кейде Жамбылдың сүре айтыстағы төкпелілігі: «Еуропада болған «Фабльо» үлгісін туғызып кетеді», деп оның өнерін­дегі шығармашылық талантының тағы бір қырын көрсетеді (Фабльо – ХІІ ғ. – ХІV ғ. басындағы француз әдебиетінде кең таралған комедиялық немесе сатиралық мазмұндағы шағын көлемді поэтикалық хикаят.).

      Халық өз мұңы мен мұқтаждықтарын өткір айтатын Жамбыл сияқты ақын­дарын қастерлеп отырған. Ал оған бұ­қараның өмір салты бала күнінен барлық шындығымен көз алдынан өтіп, көкейіне қатталған. Өзі де асып-тасып жатпаған ортадан шыққан, Жамбылдың жастық шағы «Шағым» дейтін өлеңінде бар. Сонымен қатар, бала күнінен ел аралап, ойын-сауық көріп, мақсатты түрде өлең-жыр жаттап, айтыс-тартысқа әуес болған оның әрбір күні болашақ ұлы ақынның шығармашылығына арқау болып қана қойған жоқ, қалың елдің ауыр тұрмысына көзін қандырып, көкірегіне құйып жатты.

        Оның есімі қаншалықты мәңгі болса, өлең-жырлары да соншалықты өмір­шең. Бұған өз заманында заңғар жазушы М.Әуе­зов те күмән келтірмеген болатын. Ол «Халықтың ғасырлық жыры» атты жыр алыбы Жамбыл қаза болғанда жазған шағын мақаласында: «Халық поэзиясының алыбы болып, жаңғырған жастықтың мол сұлу жырларын төккен Жамбылдың өз өмірі де талай әсем сөз, әдемі аңыз болуға татиды… Жүз жылдық жастығының шағында көңілі тірлік­ке, өлмеске кеткен ғасырлық жырының өзі болады», деп атап айтқан болатын және ардақтап өтті. Сөз жоқ, ол аңыз адам болды. Рас, аңыздың бойына жамайтын түрлі жамаулары да көп болады. Қалай болғанда да жүз жылдық ғұмырын Жамбыл өлеңге арнады. Соған адал қызмет етті, өмірін «ХХ ғасырдың Гомері» деген ұлы атақпен аяқтады. Ал бұндай өмір ұлт үшін, сол ұлттың әдебиеті үшін мақтаныш сезімін тудырса, сәйкесінше жерқорақ жетесіздердің күн­шілдігі мен қызғанышын да оятуға себеп болды.

       Қазақтың атақты ақыны, Жәкеңнің тұңғыш әдеби хатшысы болған Ә.Тәжі­баевтың естелігінде мынадай жолдар бар: «Мінеки! − деді Мұхаң Сәбеңе қарап, екі қолын бірдей жайып, Импровизатордың шеберлігі деген осы. Эпостағы бұрын қолданылып жүрген образдарды қалай пайдаланады! Мүдірмей ағытып, өзінің биік идеялы тамаша жырын табанда тудырып отырғанда, ха­лық байлығы оған алтындай құйылып, жарқылдап жатқан жоқ па? Бұрынғы ұлы ақындар да осылай сөйлеген.

        − Ырзамысың олжаңа! − деп Сәбең маған қарады.

      − Атамаңыз, Сәбе! − дедім, қуаны­шымды жасыра алмай. − Құдай жарыл­қады ғой бізді…

      − Дұрыс айтасың, Құдай жарылқады деген осы, − деп Мұхаң қайта көтеріп әкетті. − Бұл − жүз жылдарда бір-ақ кө­рі­нетін құбылыс. Гомер деуімізге осы Жәкең ғана сиятын болуға керек…».

       Бұл сөз Ә.Тәжібаевтың үйінде Жә­кеңді тұңғыш көріп, жырын тұңғыш тыңдаған күні айтылған болатын. Оны айтқан, Жәкеңнің «шоң» баласы М.Әуезов еді.

        Әбекеңнің сол естелігінде тағы да мынадай жолдар бар: «Жәкең аққу мінездес екен, − деді бір жолы Мұхаң, − көл де өзінікі, көк те өзінікі екенін жақсы тү­сінеді.

      Бұл − Мұхаңның аузынан сирек есті­летін мақтау».

* * *

         Жәкеңмен көзінің тірісінде екі рет жолығып, өлең-жыр, дастанда­рын көп тыңдап, жазып алып, өзінің қазақ әдебиеті жөніндегі бірінші кітабына «Жабай батыры» мен Құлмамбетпен айтысын қос­қан қазақтың дауылпаз ақыны Сәкен Сейфуллиннің жамбылтануға қосқан қо­мақты үлесі бар. Әйтсе де, ол жа­зып алған жыр-дастандардың бәрі де баспа бетін көрді дегенге толық дә­лел жоқ. Оны жамбылтанушылар да жоққа шығармайды. Н.Төреқұлов кел­тірген Кененнің әңгімесіне қарағанда, Жамбылдан жазып алған Сәкеннің жазбалары аз болмаған сияқты. Ол былай деп еске алады: «Жәкең сілтей берді, сілтей берді. Сәкен де жазғыш екен, қа­ғаздың біраз бетін аударып тастады».

       Жалпы, Сәкен Сейфуллин Жамбыл есімімен жиырмасыншы жылдардан таныс әрі ақынмен М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндерге қара­ғанда ертерек араласқан. Оны Жәкеңмен таныстырған ұлы жыраудың шын жа­нашырлары – Ораз Жандосов пен Шамғали Сарыбаев еді. Шамғалидың 1924 жылғы «Терме» журналында жариялаған Жам­былдың өлеңдері, жыр-дастандары туралы айтқан мәліметтері мен құнды мұ­ра­лары ақынды қатты қызықтырады. Және Жамбыл есімін Сәкен де алғаш естиді, баспасөз беті де тұңғыш рет тасқа басып жазады. Жамбылдың баспасөзде танылуы, міне, осылай басталған…

     Осы тұрғыдан келгенде, Сәкен Жам­был жөнінде үлкен еңбек жазып, естелік қалдыра алмаса да, оның есімін әдебиет тарихының алтын тақтасына қашап жаз­ған қазақ қалам қайраткерінің бірі болды.

       Ал Сәкен туралы Жамбылдың мынадай сөзі бар: «…Ана бір жылы Сәкен келіп қонақ болғанда, көп өлең айтқызды. Жазып алды. Сонда өлеңің өткір екен деген болатын. Ой, ол да бір алғыр ақын еді ғой, шіркін!..».

       Сәкен де өз уақытында Жамбыл твор­чествосының құндылығы мен жиналып жариялануы туралы: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жат­қан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру − біздің әрқайсымыздың аза­маттық борышымыз», деп ескерткен болатын.

* * *

        «1936 жылы мен Ұлы Отан соғысы басталудың екі арасында Жәкең 10000 жолдан артық жыр шығарды», – деп жазады С.Мұқанов өз естелігінде.

       Әрі қарай оқиық: «Ұлы Отан соғы­сы­ның тақырыбына соғыстың төрт жы­­лында Жәкең 3000 жолдан ар­тық жыр шығарды. Халқымыздың отан­шылдық намысын күшейте түсуде, совет адамдарының елдегі, майдандағы тамаша ерліктерін сипаттауда Жәкеңнің бұл жырларының тарихи маңызы аса зор», дегенде Сәбең жалаң статистиканы соғып отырған жоқ. Бұлар Жәкеңнің: «Елбіреп екі аяғым дірілдейді, көз жетпей тұрарыма, тұрмасыма», деп 90-нан асып кеткенде жырлаған жыр жолдарының нақты дерегі. Егер мұндай игілікті іс бері айтқанда, 20-жылдарда қолға алынып, хатталғанда біздің әдеби мұрамызға Жамбыл қосқан жырлардың көлемі қазіргіден де қомақтырақ болуы тиіс еді. Және Жәкең жырлаған көптеген жыр-өлеңдердің белгісіз боп қалуына жол бермеген де болар еді. Әлбетте, жаңа ғана патшалық бодандықтан басын азат етіп, коммунистік жаңа бодандықтың бастауындағы түрлі соғыстар мен ре­фор­­малардың өліара кезеңінде өмір сүрген Қазақстан халық ақындарын дәл біздің заманымыздағыдай ескеріп-елеуге мұр­шасы болған жоқ. Әйтсе де, Әлихан, Сәкен, Смағұл, Халел, Ахмет, Мұхтар, Сәбит сияқты сол кездегі жас ұлтшылдар өздері басқарып отырған газет-журнал­дар, қоғамдық мекемелер арқылы халық мұрасын тез және мүмкіндігінше мол жинау мақсатында түрлі қаулылар шығарып, өздері де соған тікелей араласып жатты. Соның нәтижесінде, Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» (1926), Мұхтар Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927), Халел Досмұхамедовтің «Аламаны» (1928), Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасыр ба­сындағы әдебиет» (1932) сияқты еңбектері дүниеге келді. Мұның бәрі де аталған авторлардың өлмес, өшпес құнды еңбектері болатын. Міне, осындағы Сә­кен­нің кітабына Жамбылдың біраз дүние­лері енгізілді.

    Жамбылтануда Шамғали Сарыбаевтың «Фоль­­клордың білгірі» деген мақала­сының орны бөлек. Шамғали Сарыбаев Жәкеңмен тұң­ғыш жүздесіп, оның аузынан біршама дүниелерді жазып алған көрнекті ғалым, әдебиет нұсқала­рын жи­нас­тырушы және оның жамбылтануға қосқан ерен үлесі – алғаш мәлімет беруші ғана емес, әуелгі бағалаушысы, іздеушісі, насихаттаушысы болғандығында.

        Шамғали Сарыбаев айтады: «Мен Жамбыл ақынды 1922 жылы 9 июньде Ұзынағашта болған Қосшы ұйым мү­шелерінің мерекесінде көрдім. Сол мерекеде Жамбыл көп жас ақындардың ұстазы сияқты көрінді. Жамбыл Жабаев сол жылы 68-де еді (жылы қоян). Көп өлеңдер айтушы еді. Жамбыл жасы ұлғайған адам болса да, жаңа тұрмыспен бірге өрлеп келе жатқан ел ақыны. Жам­былдың бұрын-соңғы өлең­дерін жинап алу керек. Жамбылдың ерте уақыттағы өлеңдерінің бірқатарлары мыналар еді:

  1. Көрұғлы (15 күн ұдайымен айтады деседі).
  2. Ерназар-Бекет.
  3. Сүйінбай мен Қатағанның айтысы.
  4. Садыр патша мен Жамбыл патша­ның айтысы.
  5. Тезек пен Сүйінбай.
  6. Жамбылдың (өзінің) Құлмамбетпен айтысы.
  7. Шалтабай дастаны.
  8. Абылай ханның Бұқар жыраумен үш жүздің баласын аралағаны.
  9. Шежірелер.
  10. Әртүрлі термелер.

      Жамбыл сынды таланттар халық фоль­клорын елінің өскеніне қарап өр­летіп отыратын тарландар», деп жазды.

          Жалпы, Жәкеңнің шығармашылығы жөніндегі «әттеген-ай» дегізетін тұс оның төңкеріске дейінгі дүниелерінің жиналмай, ұмытылған күйінде қалуы екенін көрнекті жазушы Ә.Нұрпейісов те өкінішпен айтқан. Әбекең: «Халық сөзінің алтын қоймасы Жамбыл көкі­регіндегі қазынаны түгелдеп алып қала алмағанымыз, әсіресе, революцияға дей­ін­гі творчествосының етек-жеңін жия алмай қалғанымыз өкінішті-ақ. Сонау 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінен шаттанып қайтқан ұлы ақынның өзі­­­­нің тетелесі Кенен ақсақалға «Көрұғлы» жы­­­­­­­рының өзі толғайтын нұсқасын алты күн бойына шабыттана жырлап, ақыры шетіне шыға алмай қойыпты. Ал атақты дастанның сол Жамбыл айтқан нұсқасы қайда, ақынның қай кітабына кіріп, қай ғалымның архивінде сақтаулы?..» деп жамбылтанудағы кейбір шетін жайттарға назар аудартады. Әбекең де Жәкеңді өзіне ұстаз, ардақ тұтып қана қоймай, өзін­ше зерделеп, өзінше ұлықтайды. Оны «жаңа заманның Сыпыра жырауы» деп атаған. Өте тауып айтылған теңеу.

       Н.Тихоновтың «Ақындардың атасы» деген эссесі қандай, шіркін! Ол қара­сөз­бен жазылған ғажап жыр ғой!..

          Орыстың атақты қаламгері Тбилисиде өткен Шота Руставелидің тойында Жам­былды тұңғыш рет көргендегі әсерін қандай тебіреніспен жазса, міне, бүгін мен де соны оқып отырып, осы бір әде­мі эссені ертең де оқысам, кеудемді дәл қазіргідей шаттық кернейтініне сенім­дімін. Мен Н.Тихоновты әкемдей жақсы көріп кеттім. Ол менің бабамды, мен көрмеген тәтемді барлық болмысымен, мінезімен, қасиетімен, дарын-талантымен өзіме және өзгеге тамылжыта айтқан екен, қайта-қайта оқи бергің келеді.

        Жамбыл Тбилисиге қазақтың тоқ­саннан асқан кәрі шалы емес, сол қазақ­тың өзі, өнері, рухы, тілі мен ділі боп барып келді. Сол күні залда отырған қазақтың өнер қайраткерлерінің көзіне жас алмағаны кемде-кем.

         Иә, Жәкеңнің шатыр-шұтыр мінезі де бар ғой. Мынадай да қызық оқиға болған екен. М.Қаратаев пен Т.Жароков екеуі екі жақтап, Жәкеңе: «Тбилисиде домбырамен бірдеңе айтасыз ғой», деп әдеттегідей тықақтай бастаса керек. Соған қитығып қалған тәтем: «Жоқ! Оқыған өздерің сөйлей беріңдер!» деп шорт кесіпті. Ал Қазақстаннан барған делегаттарда зәре жоқ. Оны М.Қаратаев былай деп жазады: «Байқасам, алдыңғы қатарда блокноты мен қарындашын әзірлеп отырған Тайырдың қолы дір-дір етеді».

        Әрі қарай, М.Қаратаев Н.Тихонов көрген сол сәтті былайша еске алады: «Ақын домбырасын қолға алған кезде зал іші тына қалды… Әуелі тамағын кенеп, қанатын қомдаған қырандай аз-кем құнжыңдап, екі иығын бүлкілдетіп, домбырасын қағып-қағып жіберді. Сонан соң, сөзсіз үнін созып бір қайырды да, нөсер жаңбыр секілді сөз бұрша­ғын төге жөнелді. Қарасам, Жәкең­нің бүй­­­рек бетіне күреңітіп қан жүгіріп, маңдайынан шып-шып тер шығып тұр екен. Ақынның саусағымен бірге жау­ырыны да ойнақшып, жыр тасқынын барған сайын үдете түсті. Қарт дүлдүлдің талай шабысын көріп едім, бірақ бұл секілді шабытпен, бұл секілді құшырлана да құлшына сілтегенін көруім бірінші рет. Түйдек-түйдек түскен теңеу мен образдар, үсті-үстіне төпелеген арынды өлең шумақтары басқа түгіл біздің өзімізді таңғалдырды. Бір замат алда отырған Кенен мен Тайырға көзім түсіп кетіп еді – екеуінің де көзінен жас ағып отыр екен. Жолда айтылған әңгімелер бекер кетпепті. Көбін іліп, көбін ұғып қалыпты сақ құлақ жыршы».

          М.Қаратаев сипаттаған сол күні Ке­нен мен Тайыр шаттықтан көзіне жас алып жылап отырса, сырт көз Н.Тихо­нов­тың көргенін, көңілге түйгенін де көз алдымызға елестетіп көрейікші. Бұл бізге өзара салыстыру үшін қажет. Шындық пен жалғандықтың аражігін ажырату үшін керек.

          Сол сәтті Н.Тихонов былайша сипат­тайды. «Кенет оның (Жамбылдың – У.Қ.) өзі пайда болды. Тұп-тура солай, сырттан келді деп те, орындықтан тұрды деп те айта алмайсың, шауып келген бетінде асау тұлпардан қарғып түсіп, пайда болғандай, екпінімен президиум мүшелерін ығыстыра жарып өтіп, жарқ етті. Ол мінбеге барған жоқ, құмарта көз тігіп, сілтідей тына қалған бүкіл залды бір шолып шықты да, құлашын сермеп қалып, су құйған графин мен стақандары бар подносты, айналасы қобыраған қағазға толы дәу сия сауытты столдың шетіне қарай ысырып тастады. Шынында да, қазір жасалатын ғаламатына оралғы болатын қажетсіз нәрседей тым-тырақай жағалай қуып тастады.

        Президиум мүшелері де екі жаққа ы­ғысып, стол басында ойға шомып ас­қар таудай ақын Жамбыл ғана қалды… Жам­был білеу-білеу қошқыл қан тамырлары торлаған етсіз әмірлі қолын алға сермеп, жиылғандарды тыныштыққа шақырды.

       Жақ сүйегі шығыңқы жалпақ бетінде парасатты байсалдылық ұйыған, тек екі көзінің ұшқыны екі саңылаудан себелеген сәуледей… Толқынданып ер­кін төгілген сақалы таң шапағымен шағылысқан құлама тау суындай.

          Осынау залда ол пайда болысымен уақыттың өзі тына қалған тәрізді. Үйдің жарлары кері серпіліп, көз алдымызға басқа бір дүниенің келбетін алып келгендей… Ақынның өктем де өр дауысы залды жаңғырта саңқ етті де, бірте-бірте қалықтап барып, қырыл аралас көмей бұрқылға көше келе, бір кезде қоңыраудай сыңғырлап қоя берді. Ол үндерді шаңқ еткен қыран саңқылы бөліп жіберді».

        Екі жазушы да Жәкеңнің сол күнгі арындаған шабытын жай сөзбен жаза алмайды. Оның да себебі бар, халықтың ғасырлық импровизациясының құдірет күші де сонда – оны көргенде, оны тың­дағанда арқаланбай, шабыттанбай тұра алмайсың. Сені жырау өз әлеміне магниттей тартып әкетіп, уақыт пен кеңістіктен бір сәтте, бір сәтке ажыратып тастайды. Ақпа-төк­пе ақынның нөсердей құйған құдіретті жырының көркем әлемінің тілі біреу ғана – ол өнер­дің тілі. Ол нәсіл, ұлт таңдамайды. Ол тіл – жалпыадамзаттың тілі, жалпақ әлемге түсінікті тіл.

         Оның мірдің оғындай тапқыр, тәм­­сіл сөздеріне таңырқап бас шай­қаған адам­дардың соңы да, басы да Н.Тихонов емес. Оған: Л.Соболев, П.Кузнецов, Д.Снегин, М.Тұрсын-Заде, Т.Сыдықбековті қосыңыз. Бұған, Жамбылдың қатарлас, замандас ақындарын айтпағанда, өзіміздің Мұхаң, Сәбең, Ғабаң, Әбділда, Тайыр, Ғали, Сапар­ғали, Қалмақан, Мұқаметжан, Мәлік, Бауыржан, Нұрғисаны, т.т. қосыңыз. Тізім тым ұзаққа кетеді.

         Ал осы Жәкең айтқан жыр туралы сөздерде қаншама тұжырымды ойлар мен пікірлер жатыр. Өнер туралы оқымаған дала академигінің ғылыми ойлары, қазіргі теориялық стильмен айтсақ, жырдың тууын, оның көтеретін жүгін, нысанын, қоғамдық мәні мен маңызын қазақтың қарапайым тілімен түсінікті ғып айтып тұрған жоқ па? Міне, біздің көкірегі қа­зына, ми қатпарлары өзгеше жетілген, өнерді өмірден алып, өмірді өнерге айналдырған дала философтарының теориялық тұжы­рымдамалары осылай қалыптасқан.

          Ал Н.Тихоновтың тамаша эссесінде мынадай тиянақты тұжырымдама бар. Ол: «Жамбыл– поэзияның ең асыл қа­сиетін қастерлеп сақтаушы өлең сөз­дің пірі еді, сол асыл қасиет пен адамның жұптасуы, жұптасқанда да, табиғаттың көз үйренген бір құбылысы тәрізді, кәдімгі жел мен күн, күн мен түн тәрізді түгел сіңісіп кеткен жан еді», дейді. Бұл сөз – сөз. Сараң, талантқа мұраттас бо­ла алмайтын жандардың аузынан мұндай сөздер шықпайды. Бұл – эстет-жазушының аузынан ғана төгілетін әдемі сөздер. Сон­дықтан да, адам бойынан эстетикалық құндылық іздейтін, өзі де оны әсемдікпен тани алатын кісінің қаламынан ғана осындай ғажап эсселер туады.

* * *

         Әр заманның өз «Батырашы» болады. Сол уақытта да күдікшілдіктің күңкіл күбірі Мәскеуге дейін жетеді.

          Әлгіндей ақындық азаппен жыр ту­дырған Жамбылды жамандап, Орта­лыққа шапқылаған, арызданған өзге емес, өзіміздің ағайын ғой. Өзіміз айтпайтын, айта алмайтын сөздерді, керек болса өзі­мізге өзгелер айтып тұрса да, Абай айт­қандай: «Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, елді алып, Еділді алып есіредінің» желігімен Жамбылға біраз қиянат жасалды.

         Ақыры, Жамбылдың ақындығын енді жетпегендей, Мәскеудің алдында ақтап алу керек болды. Айыпталушы – ақын Жамбыл, қаралаушы – аноним, қор­ғаушылар: Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, сот – Леонид Соболев болды.

         Бұл қазақтың кесапаты…

         Л.Соболев Қазақстанға келіп, бір апта Жамбыл Жабаевтың қасында болады. Өлеңін тыңдайды, тақырыптар беріп жырлатады. Кейін Л.Соболев: «Мен қазақ болсам, тек Жамбылмен ғана бірге болар ем, аузынан шыққан сөзін жа­за берер ем, жаза берер ем…» деп ішкі сырын да жайып салады. Иә, көргенді, өнер­паз жұрттың, университеттері мен ғылымының іргетасы әбден қалыптасқан, әдебиеті әлемдік ауқымдағы ұлы орыс хал­қының білімді, мәдениетті баласы осылай сөйлейді. Ал қазақтың күншілдері қазір де ұлы Жамбылға ауыз салғылары келеді. Бірақ тістері батпайды. Өйткені, Жамбыл – «Феномен-Феникс». Ол – құбылыс!

         Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АЛМАТЫ.

          http://egemen.kz/2016/02/27/26577

толығырақ

Shokai

     Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде халқының бостандығы үшін ғасырлар бойы қан төгіп, жанын пида еткен, осы жолда пендешілікке бой ұрмай, жан рақатын іздемей, өмірін сарп еткен ата-бабаларымыздың аманат ретінде қалдырған шығармашылық мұрасын зерттеп, зерделеудің, оны кең көлемде насихаттаудың маңызы ерекше.

     Осындай тұлғалардың бірі – Мұстафа Шоқай (1890–1941). Оның дүниетанымы батыс пен шығыс өркениеттерінің ең озық жетістіктері тоғысында қалыптасып, грузин, әзербайжан, татар және т.б. халықтардың ұлттық көшбасшылары, француз, ағылшын, неміс, поляк, орыс қайраткерлерімен қарым-қатынастары барысында шыңдалды. Дегенмен, Мұстафа көзқарастарының негізін Алаш және Жәдид қозғалыстарының жетекшілері ұстанған идеялық-саяси ой-пікірлер құрайды. Ә.Бөкейхановтың студент Мұстафаны Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы жанындағы кеңесші бюро құрамына ұсынуы, отарлық саясаттың мән-мағынасын түсіну үшін оған қоныс аудару саясатын талдап көруге кеңес беруі, 1917 жылғы қазақ съездерінің жұмысына қатысуға шақырып, үміт артуы, сонымен бірге жас кезінен Түркістандағы саяси оқиғаларға араласып, Жәдид қозғалысы радикалдық қанаты жетекшілерінің бірі болғандығы М.Шоқайдың қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік халықтарының ұлттық мүдделері үшін күрескен ортақ тұлға екендігін дәлелдейді. Мұны ол өз сөзімен де, ісімен де көрсетті. 
    М.Шоқай Ә.Бөкейхановпен, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Топчибаши, М.Э.Расулзаде, С.Жантөрин, М.Бехбуди, А.Фитрат, Убайдолла Қожаев, т.б. қайраткерлермен тығыз байланыста жүріп, сан алуан саяси ағымдар мен мектептерден сабақ алды.

      М.Шоқай – өзінің білімдарлығы, демократиялық ой-өрісі тұрғысынан әлемдік деңгейге көтерілген тұтас бітімді тұлға. Оның еңбектеріндегі ежелгі грек, рим авторларына, батыс философтары Кант, Гегель, Фихте, Спенсер, Сент-Бевке, орыс жазушылары Белинский, Гегель, Салтыков-Щедринге сілтемелер осы пікірдің бір дәлелі ретінде көрінеді. Қайтыс боларының алдында да ол Салтыков-Щедрин мен А.Мицкевичтің кітаптарын оқу үстінде болады.
    Зайыбы Мария Шоқай Мұстафаны: «Саясат адамы болғандықтан, болып жатқан оқиғалардың шешімін табу үшін көп ойланатын. Тарихты беріліп оқитын. Париж кітапханасына баратын. Адамдар арасындағы қатынастарды зерттеуге үлкен мән беретін» деп еске алады.

Тәуелсіздік философиясы

     М.Шоқай өмірінің альфа мен омегасы тәуелсіздік идеясы болып табылады. «Кеңес өкіметі және қырғыздар», «Қырғыз кеңес республикасы», «Қырғыздардың Ленинге хаты», «Қырғыздар Кеңес өкіметінің қоластында», «Қырғызиядағы ашаршылық» (қырғыздар – қазақтар. – К.Е.) және т.б. еңбектерінде өлкеде орнаған жаңа өкіметтің отарлық үстемдіктің бүркемеленген түрі екендігін, пролетариаты жоқ елде пролетариат диктатурасын орнатудың басқаша болуының мүмкін еместігін жан-жақты дәлелдеп берді. Алаш жетекшілері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов та солай пайымдаған.
     В.И.Лениннің өзі де «Пролетарлық революция және ренегат Каутский» деген еңбегінде «Кеңестер – пролетарлық революцияның орыстық формасы» деп таныған-ды. Ал Сталин болса, 1921 жылы Х партия конференциясында: «Национальное самоопределение превратилось в пустой звук… Этого лозунга у нас больше нет в программе» деп кесіп айтады.
    Түркістан Мұхтариятының аса қатыгез­дікпен жанышталуынан және Кеңес өкіметі басшыларының осы мәлімдемелерінен соң М.Шоқайдың өз халқының ұлттық мүд­делерін қорғау жолдарын іздестіруден басқа амалы қалмайды.
      Ең алдымен ол «Ресейдегі револю­ция­­лық процестің біртұтастығы», онда «ұлттық мәселенің пролетарлық революция мүдделеріне бағыныштылығы» туралы лениндік теорияны жоққа шығарып, Түркістан мәселесін бір елдің ішінде азшы­лыққа айналып қалған халықтардың құқық­тарын қорғайтын «ұлттық мәселе» шеңберінде емес, «ұлттық-мемлекеттік мәселе» ретінде қарастырды. «Ұлттық мәселе» мемлекет ішінде өздерінің жағдайларын жеңілдетуге бағытталған реформаларды жүзеге асыруды білдірсе, М.Шоқай қойып отырған «ұлттық-мемлекеттік мәселе» метрополиядан бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құру үшін күрес жүргізуді мақсат тұтады. Жай ұлттық мәселе мен ұлттық-мемлекеттік мәселенің өзгешелігі осында.
      Бұрын ұлттық жетекшілер земство­лық автономия туы астында әрекет етіп, кейін Қазан революциясының бас кезінде ұлттық-территориялық автономия жариялау жолына түссе, Түркістан Мұхтариятының жойылуы және Алашорда үкіметінің таратылуынан соң ұлттық мүдделерді қорғауда батыл қадамдар жасала бастайды. Өлке тұрғындарының ұлт-азаттық қозғалысында жаңа кезең басталады.
     Мұстафа Шоқай Алаш қозғалысының негізгі идеяларын эмиграциялық жағдайда жалғастыра отырып, қозғалыстың стратегиясы мен тактикасын, яғни күрестің түпкі мақсаты мен оған жету жолдарын анықтайды.
       Толық тәуелсіздік үшін күрес жүргізу жөніндегі пікірге ден қоюы М.Шоқайдың 1919 жылғы Париждегі Версаль конгресіне жолдаған радиотелеграммасынан-ақ бай­қалғанымен, бұл идея, ұлттық қозға­лыстың түпкілікті мақсаты ретінде, оның 1923 жылы 15 мамырда «Orient et Occident» деген париждік журналда жарияланған мақаласында жан-жақты нақтыланады. Онда автономия бағдарламасын ұлттық тәуелсіздік идеясымен ауыстыру мәселесі тұңғыш қойылады. Мақала Еуропа баспасөзінде Түркістанның толық тәуелсіздік жолында күрес жүргізетіндігі туралы да тұңғыш материал болатын.
       М.Шоқайдың бұрынғы автономия туралы идеядан толық тәуелсіздік идеясына көшуі жалғыз түркістандықтардың ғана емес, бүкіл әзербайжан, татар-башқұрт, украин, грузин ұлттық қозғалыстары үшін де аса маңызды факторға айналады. Мақала бүкіл Еуропа жұртшылығының қоғамдық ой-пікіріне әсер етеді, себебі көптеген мәселелердің басын ашуға көмектеседі, халықты «тарихи» және «тарихи емес» деп бөліп-жарушы кеудемсоқ авторлардың түсінігіне өзгеріс енгізді, Түркістан халықтарының саяси тұрғыдан жетілгендігін көрсетті. Қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. түркі-мұсылман халықтарының өздерін «аға халық» ретінде есептейтіндер саясатының нысаны емес, тарих субъектісі екендігін орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк, түрік, шағатай, грузин тілдерінде жазылған еңбектерінде асқан шеберлікпен, бұлтартпас дәлелдермен жеткізді.
      М.Шоқай ұлттық тәуелсіздікті ешбір баламасы жоқ, бәрінен де биік тұрған адамзат құндылығы ретінде есептеді және оны әр халықтың табиғи құқы ретінде санады. Себебі мемлекеттік билік халықтың толықтай өз құзырында болған жағдайда ғана оның ұлттық мүдделері жүзеге асады, сыртқы сұғанақтықтан қорғануға мүмкіндік туады.
      «Табиғи құқық» дегеніміз – халықтың, ұлттың ажыратылмайтын құқығы. Оны мемлекет те, басқа құрылым да меншік­тене алмайды. «Табиғи құқық» идеясы Американың Тәуелсіздік декларациясы (1776), француздардың Адам мен азамат құқықтары декларациясында және басқа да актілерде көрініс тапты. М.Шоқай, озық заңгер, ойшыл саясаткер ретінде, оны осы мағынада ұғынды.
      Халықтың өзін-өзі билеу құқын жүзеге асыруға ұмтылушылығы басқа халықтың құқын бұзуға бағытталмаған, алайда мет-рополия тарапынан оған қарсы сан алуан кедергілердің орын алуы отарлық үстемдікті қамтамасыз етуден ғана туындайды.
     Халықтың өзін-өзі билеу құқы туралы мәселе М.Шоқайдың «Түркістандағы кеңес ұлттық саясатының теориясы мен практикасы», «Ұлттық мәселе төңірегінде», «Ұлттық күрес майданында», «Кеңес Одағындағы ұлттық мәселе» және т.б. еңбектерінде осы бағытта сараланады. «Автономиядан – тәуелсіздікке» деген еңбегінде: «Автономия – біздің басымыздан кешкен бір тарихи құбылыс. Бүгін біз оны еске түсірумен, ғана шектелеміз. Қайталамаймыз!
     Ересек адамдар өздерінің балалық дәуірін еске алатыны – табиғи құбылыс. Бірақ ол сол дәуірге қайта ораламын деп ойламайды. Сол сияқты біз де ұлттық саяси өміріміздің балалық дәуірі болған Түркістан автономиясын тек тарихи құбылыс ретінде ғана еске аламыз» деп жазды.

Азаттыққа апарар жол

     М.Шоқай Түркістан халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының түпкі мақсатын айқындап қана қойған жоқ, сонымен бірге жаңа жағдайда оған жету жолдарын, қимыл бағыттары мен сипатын белгілеп берді. Ол ендігі жерде Исатай мен Махамбет, Кенесары, т.б. бастаған, тіпті кең көлемде орын алған 1916 жылғы қарулы көтерілістердің де заманы өткенін, сол себепті бостандыққа бейбіт жолмен, Түркістан халықтарының күш-жігерін бір мақсат жолында біріктіру, ұлттық сананы ояту арқылы жетудің мүмкін екендігі туралы саяси жоспарын ұсынды.
     Басмашылық та – ұлт-азаттық қозға­лысының құрамдас бір бөлігі екендігін айтып, бірақ «Өзара байланысы жоқ жергілікті сипаттағы мұндай бой көрсе­тулермен атамекенімізді құтқару мүмкін болмайтынын бір сәтке де естен шығар­мауымыз керек» деп ескертеді. Ол өмір бойы қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік халықтарының дербестікке қол жеткізуі олардың өз қолдарында, бірлесе білуінде екендігін түсіндірумен болды. Ғылыми тілге көшсек, М.Шоқай бұл халықтарды бір ұлт ретінде есептеп, оларды түркістандықтар деп, ал олар мекендеген аумақты Түркістан деп атады. Ол этникалық бірегейлікті қалыптастыру жолын ұстанды. Бұл мәселе бойынша өз көзқарасын М.Шоқай «Түркістан түріктері» (1932) деген еңбегінде былайша баяндайды: «Түркістанның болашағы «Тәуелсіз Түркістан» ұраны астында Ресейден бөлініп шығып, Түркістан мемлекетін құратын халық бұқарасының қолында… Біз бүгін ұлтты құтқару күресімізде, ұлттық құрылысымызда түркістандықтарды ру, ұлыстарға бөліп, іштен іріткі салатындарды Түркістан ұлтшылдық идеясы мен мұраттарының жаулары деп есептейіз. Қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен… – бәрі бір кісідей жұмылып, Түркістанның ұлттық ұраны астына топтаспайынша, Түркістанның болашағын қамтамасыз ету мүмкін емес».
      Ол Түркістанның тәуелсіздігі үшін күресін, оның, яғни Түркістанның түрікшіл­дігімен шатастыруға болмайтындығын ескертеді. Түрікшілдік – бұл этникалық шығу тегі, яғни этногенез бен мәдениет мәселесі, ал тәуелсіздік үшін күрес – күн тәртібіндегі мәселе.
     Мұстафаның түрікшілдігі және оның бұл тақырып жөніндегі еңбектері Түркістанмен ғана шектелмейді. Ол, ұлттық түркілік мүдделерді қорғау қажеттілігі туындаған кезде, ешбір қиындықтан бас тартпайтын. Түрік республикасының жетістіктеріне шын жүрегімен қуанды, оны басқа түркі елдері үшін рухтандырушы күш ретінде санады. «Ресейде қоғамдық жүйенің әртүрлі болғанына қарамастан, олардың бәрі айналып келіп түрікшілдікке жау болатын… Ол сол арқылы Түркістан түріктерінің өзінің сүйікті Түркиясына деген сүйіспеншілігі мен махаббатын суытып, ақырында жойып та жіберуді мақсат тұтады» деп жазды.
       М.Шоқайдың: «Біз, түріктер, Түркияға қатысты мәселелерде аса абай болуға тиіспіз. Түркияның төл мүдделерімен, оның ішкі және сыртқы саясатымен қайшы келетін істерге бармауымыз лазым» деген өсиетін естен шығармағанымыз жөн.
       М.Шоқай мемлекеттік тәуелсіздік үшін күрес формалары мен тәсілдерін теориялық тұрғыдан белгілеп қана қойған жоқ, оның ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастырды. Эмиграцияның аса қиын да күрделі жағдайында «Түр­кістан ұлттық бірлігі» саяси ұйымына бас­шылық етті, «Йени Түркістан», «Яш Түркістан», «Түркістан» журналдарын ұйымдастырды. Кремль қожаларының өзін мазасыздандырған «Яш Түркістан» басылымы он жыл бойына (1929-1939 жж.) шын мәніндегі азаттық жаршысына айналды.
       «Прометей», «Яш Түркістан» журналдары, еуропалық басылымдар арқылы Түркістан ұлттық қозғалысының сипа­ты мен түпкі мақсаты, әділеттілігі жөніндегі ойларын әлем қауымдастығына жеткізіп, қоғамдық пікір қалыптастырды. Өз тарапында соңғы жағдай ұлттық азаттық қозғалысқа ғана емес, кейін өз тәуелсіздіктерін жариялаған ортаазиялық республикаларға моральдік қолдау көрсетуге алғышарттар қалады.
      Бірнеше рет өздерінің ұлттық талаптары жөніндегі Украина, Грузия, Әзербайжан және солтүстік кавказдықтар өкілдерімен бірге Ұлттар Лигасының штабына меморандум тапсыру үшін Женеваға барды. Женева, Лондон, Париж, Берлин, Варшава қалаларында сұхбаттар берді. Әйгілі дипломаттар, саясаткерлер мен журналисттердің форумдарында түркістандықтардың саяси бағдарламасы жөнінде баяндамалар жаса­ды. Солардың бірінде, 1930 жылдың 8 қаң­­тарында «France-Orient» комитетінің жина­лысында: «Біздің барлық күш-жігеріміз Түркістан дауысын ең алыс қиырларға жеткізуді мақсат тұтады, халқымыздың атынан «Түркістан толық мемлекеттік тәуелсіздікті талап етеді!» деп бар дауысымызбен айқай салуға кез келген мүмкіндікті алғыс сөзімізбен пайдаланамыз» деген еді.
    Мемлекеттік думаның бұрынғы мүшесі және Грузияның сыртқы істер министрі А.Чхенкели: «Мұстафаның Париждегі, Лондондағы, Женевадағы және Батыстың басқа да орталықтарындағы қызметінің сан алуандығы мен нәтижелілігі соншалықты, тіпті оны есепке алу қиынға соғады… Дала азнауриінен ол нағыз хылықтық-ұлттық Көсемге айналды» деп айтқан-ды. М.Шоқайға осы мағыналас баға А.Я.Шульгин тарапынан да беріледі. «Шын мәнінде ол байтақ елдің, бүкіл Орталық Азияның, бүтін Түркістанның нағыз көсемі болатын» деп ағынан жарыла, М.Шоқайдың қырқында сөз сөйледі.
     М.Шоқайдың мемлекеттік тәуелсіздік туралы ой-пікірлері уақыт пен заман талаптарына сай нақтыланып, толықтырылып отырды. Бұл жағдай, әсіресе, ұлттық қозғалыстың негізгі күштеріне, одақтастар мәселесіне, қозғалыстағы жастардың, ұлттық кадрлардың, оның ішінде интелли­генцияның рөліне қатысты. Әрине, мұның әрқайсысы бойынша бір-бір еңбек жазуға болады.
     «Ұлттық күрес майданында» деген еңбегінде (1931): «Біз жастарымыздың бола­шаққа деген үміті мен сенімінің сәл де болса кемуінен қорқамыз. Біздің болашағымыз, біздің ұлттық төңкерісіміз бен ұлттық мем­лекетіміз жастарымыздың үміті мен сеніміне байланысты» деп, жастардың ұлт­тық рухта тәрбиеленуіне зор мән берді. Қай­раткердің бұл аманаты да бүгінгі күні өзектілігін сақтап, еліміздің саясатынан көрініс табуда.

Түпкі мақсат – мемлекет

    Болашақ Түркістан мемлекетінің саяси жүйесі, ішкі, сыртқы саясаты жөніндегі мәселелер М.Шоқайды ойландырмай қой­ған жоқ. Алайда ол түрлі себептерге байланысты: «Халқымыз мемлекеті мен қоғамдық өмірін өз қалауынша құру құқығына ие бола алмай отырған кезде, сыртқы ортақ жауға қарсы бірлікте күрес жүргізіп жатқан шақта, Түркістанның болашағы анадай немесе мынадай тайпаның қолында деп пайымдауға салынып жүрсек, мұның өзі ұлттық жауымыздың диірменіне су құйып, нанына май жағып беруден басқа ештеңе де болмас еді» деп 1932 жылы ескерткен.
       Дегенмен, оның Түркістанда демокра­тиялық қоғам құруды армандайтыны Түркістан Мұхтариятының заң шығарушы, атқарушы органдарын құруға атсалысқан кезінен белгілі еді. Ресей құрамында болғанымен, Мұхтарият шын мәніндегі Орталық Азиядағы тұңғыш демократиялық ел болды. Оның саяси жүйесі жөнінде өз естеліктерінде М.Шоқай былай дейді: «Біз сол тұста автономияны былай түсінетінбіз: Түркістанның дербес ел басқаратын мекемелері мен атқару органдары, яғни заң шығаратын парламенті және іс жүргізетін үкіметі болуға тиіс деп ойлайтынбыз».
    Тәуелсіздік алғаннан кейін М.Шоқай қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік халықтарының бір мемлекетке бірігіп, Түркістан Федерациясын құруды ұсынды. Зайыбы Мария Шоқайдың Мұстафа Швейцария мемлекеті тәріздес федерация құрғысы келді деуі сондықтан. Оған енетін бес халықтың бірде-бірі артықшылықпен пайдаланбайтын, тең құқылы болмақ.
     Мемлекет құру – саяси мәселе, сондықтан да ол нәсілдік ерекшелікке емес, геосаяси факторға бағыт ұстағанды қалайды. Кейбір авторлардың мемлекетті түрік бірлігі негізінде құру жөніндегі ұсыныстарына орай М.Шоқай былайша түсіндірме береді: «Біз саяси және саяси-экономикалық мәселені талқылап отырмыз… Мысал үшін Қырымды, Түркістанды және Әзербайжанды алайық. Бұлар түрік өлкелері. Бұл өлкелердегі түрік нәсілдері өзара мәдени байланыста өсіп-өніп келеді. Өйткені олардың тегі, нәсілі бір – түрік. Ал олардың саяси мәселедегі бірлігі жөнінен алсақ, бұл басқа мәселе. Мәселен, Әзербайжан саяси және экономикалық жағынан, Түркістанға қарағанда, Грузия мен Кавказ ұлттарына көбірек байланған. Сол себепті оның Кавказ Федерациясына кіруі әбден табиғи. Қырым да сол тәрізді. Ол саяси, экономикалық жағынан бізден гөрі Украинаға жақын».
     Мемлекет құруда жағрафиялық және содан туындайтын басқа да жағдайларды есеп­ке алу керектігі жөніндегі ой-пікір­лерін 1939 жылы жазылған «Түрік бірлігі жөнін­де» деген еңбегінде нақтылап, Ресей­ге қараған түрік дүниесінде тек Түркіс­тан­ның ­геосаяси жағдайы ғана оның түрік­тік талаптарына сәй­кес келеді деп қорытын­ды­лайды.
Мұнан алайда түркі мемлекеттері, геосаяси факторларға басымдық бере отырып, бір-бірінен мүлдем ажырасып кетуі тиіс деген ұғым тумайды. Түріктер кез келген уақытта және кез келген жерде бір-біріне рухани-моральдік көмек көрсетулері керек дейді.
     Бірақ Мұстафа ешқашан да Анадолыдан Алтайға дейін бір түрік мемлекетін құруды көздеген емес. Сондықтан да оны түрікшілдіктің түркістандық бағытының негізін қалаушы деуімізге негіз бар.
     М.Шоқай ұлттық мемлекет құруды, ұлттық болғанда, сол мемлекет барлық ұлттар мен ұлыстарға қызмет ететін мемлекет құруды армандады. Себебі ұлттық мәдениет тек ұлттық мемлекетте ғана өсіп-өркендейді, ол өз кезегінде халықтың ұлт болып қалыптасуын қамтамасыз етеді. «Атақты алман философтары Кант пен Фихтелер: халық бірін-бірі және өзін-өзі басқара алмайтын, басқалардың басқаруында ғана болатын тобырлар. Ұлт – басқаларға тәуелді болмаған, өзінің мекемелеріне ие және өзінің бірыңғай мүддесі бар халықтар жиынтығы. Философиясының тұжырымдауынша, халық – объект, ұлт – субъект» деп жазады М.Шоқай.
      Тәуелсіздік алғаннан кейін отарлық саясаттың объектісі болып келген халықты өзін-өзі билейтін тарих субъектісіне айналдыру ұлттық интеллигенцияға жүктеледі. Себебі «Дүниежүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған саяси, әлеуметтік халық бұқарасы болған емес».
      М.Шоқай болашақ Түркістан мемле­ке­тінің саяси түзілімі жөнінде мәселені анықтауды халықтың өз қалауына қалдыр­ған тұстары болғанын да айта кеткеніміз жөн. «Рахым ангам тәубесіне келді» (1930) деген еңбегінде: «Мен, Мұстафа Шоқайұлы, Түркістан халқының өз қалауы, өз таңдауымен құрылған басқару аппаратына өз еркіммен қызмет етуге дайынмын. Өз пікірлестерімізді де осындай мекемелердің маңайына топтасуға шақырамын. Егер ол кезде Түркістан бұқарасы өздерінің ұлттық мемлекеті үшін кеңестік жүйені таңдаса, онда мен ол өкіметке шын ниетіммен адал қызмет етуге уәде беремін» деп мәлімдейді.
     Дегенмен, М.Шоқай болашақ Түркістан мемлекетінде дінге де, нәсілге де еш артықшылық берілмейтініне, адамдарды ұлтына орай алаламайтындығына сеніммен қарап, зайырлы қоғам орнатуға ұмтылды. Ол өзінің саяси күресі мен қазақ, өзбек, түрікмен, тәжік, қырғыз халықтарының болашағы жөніндегі көзқарасы түпкілікті айқындалған кезде: «Алыстан да, жақыннан да бізге Түркістанның ұлттық-саяси жос­парларына сәйкес келе бермейтін ақыл-кеңес беріліп келеді. Олар үш сипатта. Бірі – Түркістан бүкіл Орта Азияны қамтиды, сол себепті ол Азияға бағыт-бағдар ұстауы тиіс; екіншісі – Түркістан – мұсылмандар мен мұсылмандар мәдениетінің елі, сондықтан да ол исламшылдық күрестің маңызды орталықтарының бірі болғаны жөн; үшіншісі, өз атауы көрсетіп тұрғандай, Түркістан – түркілердің елі, түркілердің бесігі, осы тұрғыдан ол түрікшілдік орталығы болуы қажет дегенге саяды» деп олардың бұл талап-ұсыныстарына демократиялық қоғам артықшылықтары тұрғысынан жауап береді.
      Болашақ мемлекет үшін діни, нәсілшіл­дік қайшылықтарға әкелетін жолдардан аулақ болу керектігін, әр халықтың ұлттық құндылықтарына аса сақтықпен, құрметпен қараушылықтың маңыздылығын айтады.
     Тәуелсіз Қазақстанда ұлттар мен ұлыстар жөнінде жүргізіліп отырған саясат та осы Мұстафа аманатына жетелейді.
      М.Шоқай автократиялық, тоталитар­лық жүйелерді жек көрді. Гитлер мен Сталиннің бірі – «нацист», екіншісі – «интернационалист» деп аталғанымен, екеуінің де «саясат пен зұлымдықта дәрежелері бірдей» деп түсінді. «1936 жыл» деген еңбегінде, – «Кеңестік Ресейде бар нәрсе Сталинге байланысты. Шошқалар торайласа, сиырлар бұзауласа, бидай мен мақта мол өнім берсе – осының бәрі Сталиннің қызметі, Сталиннің істегені болып табылады. Демек, бұл елде Сталинсіз шошқа торайламайды, бидай өсіп-өнбейді» деп сынады кеңестік жүйені.
       Бұл да – М.Шоқайдың үлкен демократ болғандығының бір көрінісі.
    Мұстафаның Түркістанның толық тәуелсіздігі үшін күресі Ресейді жек көруден, не онымен барлық мәдени, экономикалық қатынастарды үзу идеясынан туындамайды. Осыған байланысты оның «Матэн» газетінің тілшісі Анри де Қорабтың «Түркістан – кеңестік Ресей үшін өмірлік маңызды өлке» деген мақаласына білдірілген пікірі бүгінгі күнгі тәуелсіз Қазақстан үшін де өзектілігін жойған жоқ. Француз журналисі кезінде В.Ленин Түркістанды Ресей үшін «өмірлік маңызды» деп есептеген, орыстар оны уысынан шығармауға тырысады дей отырып, М.Шоқайдың бірнеше нәрсені атап көрсеткеніне тоқталады.
     А.де Корабтың тұжырымдары жөнінде мұрағаттан М.Шоқайдың қолжазба күйінде сақталған жарты беттік пікірі табылды. Онда Мұстафа: «А.де Корабтың мақаласы – менімен әңгімелесудің нәтижесі емес. Оның өтініші бойынша Түркістан туралы үлкен мақала жазып бергенмін. Ал ол оның негізінде менімен сұхбаттасқан болып, өз атынан мақала жазып шығыпты. Мақалада толып жатқан түсініспестіктерге жол берілген» деп көрсетеді. Олардың барлығына жауап бере отырып, М.Шоқай француз авторының оны қалай да Ресейдің мәңгілік жауы, Англияның досы ретінде сурет­теуге қарсылығын білдіреді. Ол А.де Корабтың бұл пікірін «мүлдем қате» деп, «Әркім де бір елге көзжұмбайлық жаулықпен, екіншісіне достықпен қарауының неге соқтыратыны жөнінде өзіне есеп беруі керек деп ойлаймын. Мен бір нәрсені білемін: Ресейге, ол қандай болса да, жаулық ұстанымда болу – біздер үшін ақылға қонбайтын саясат болар еді, ал Анг­лиямен арнайы достықтан біздің ұтарымыз шамалы» деп түйіндейді М.Шоқай.
     Дегенмен, ол Ресеймен «достық» қатынаста болуды оның дегеніне көне берумен, өз тәуелсіздігін жоғалтатын саясатпен шатастырмайды. «Қандай Ресеймен болса да белгілі деңгейде біздер «достасуға» ұмтылуымыз керек. Бұл, әрине, біздердің ұлттық бостандығымыздан бас тарту емес. Қарсы жақтан шынайы достықпен қолдау таппайтын жауапсыз достық көп зиянын тигізеді. Мұның, әсіресе, халық бұқарасы саяси тұрғыда ұйымдаспаған, өзін әлі ұлт ретінде сезінбеген бізде, Түркістанда, есте ұсталуы тиіс» деп ескертеді.
      Мұстафаның бұл сөздері ағылшын қайраткері У.Черчилль айтқан делініп жүрген «мемлекетте мәңгілік дос та, мәңгі­лік қас та жоқ, тек мәңгілік ұлттық мүдде ғана бар» деген афоризмді еске түсіреді.
       Мұстафа тәуелсіздік алып, дербес мемлекетін құрғаннан кейін түркістан­дықтардың, жалғыз Ресейге байланып қалмай, көпвекторлы саясат ұстануын, әсіресе, өз дамуында алға кеткен батыс елдерімен тиімді қарым-қатынастар орнатуын қалайды.
Ол тарихтың қай кезеңінде де ұлттық мүдде төңірегінде топтасқан түркі­стандықтарға арқа сүйеумен қатар, ха­лықаралық қолдаудың маңыздылығына тоқталады. «Түркістанның ұлт-азаттық күресі ауыр да, азапты да жолдардан өтіп келеді. Бұл күресте біз мемлекетімізді құру мен бекемдеудің алғашқы кезеңдерінде сырттың көмегіне мұқтаж боламыз, бірақ «сырттың көмегін Түркістанның ұлттық тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеу шартымен ғана алуға тиіспіз» деп жазды М.Шоқай 1937 жылы.
Содан бері 78 жыл өтті: дүние өзгерді, империялар күйреп, жаңа мемлекеттер тарих сахнасына шықты… Бірақ ұлттық тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екендігі, оны қандай да бір саяси ойынның нысанына айналдыруға болмайтындығы жөніндегі заңдылық еш өзгерген жоқ.

         Көшім Есмағамбетов, тарих ғылымының докторы, профессор.

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=34522

толығырақ

   
      «Шоқанның ұлылығы соншама, біз оны енді ғана толық түсіне бастағандаймыз».
                                                                                                     Ғабит Мүсірепов 
       
      Биыл қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымы, дүниежүзіне аты мәшһүр жиһанкез Шоқан Уәлихановтың туғанына - 180 жыл.

       Шоқан Шыңғысұлы (1835-1865) - қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ. Шын аты - Мұхаммедханафия, әжесінің бала күнінде "Шоқаным" деп еркелетіп айтуымен "Шоқан" аталып кеткен. Туған жері - қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын көлінің жағасы. Арғы атасы қазақтың ұлы ханы - Абылай, Шоқан оның шөбересі. Өз атасы Уәли де хан болған. Ал әкесі Шыңғыс Қазақстанда хандық жүйе жойылып, аға сұлтандықтың енгізілуіне байланысты, аға сұлтан лауазымын иеленген.

      "Жеті жұрттың тілін білуге тиісті" хан тұқымы болғандықтан, ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай тілдерін меңгереді. Бұдан кейін оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусына береді. Зерек те зерделі Шоқан мұнда «екі-үш жылдан кейін-ақ өз кластастарынан ғана емес, өзінен екі жас үлкендердің класындағыларды да басып озып шығады» (Г. Н. Потанин). Ол осында белгілі шығыстанушы ғалым И. Н. Березиннің тапсырмасы бойынша Тоқтамыс ханның "Жарлығына" талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми еңбегі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастаған болатын.

     Кадет корпусын бітіргеннен кейін Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторының кеңсесінде қалдырылады. Ол 1855 жылы Ұлы жүзді Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді, Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х.Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады. Келесі жылы М. М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысып, қырғыз елін жете зерттеп, Ыстықкөл аймағының картасын жасасады. "Манас" жырын жазып алып, Іле өзенінің басындағы Манас жорық жасады деген жерлерді барып көреді. Сібір мен Тянь-Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохтонды ежелгі тұрғындары екенін тарихта тұңғыш рет анықтап береді. Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған географ К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, тарих, география саласындағы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.

     Шоқанның Қашқарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қоқан хандығының Қашқардағы консулы әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Қашқар сапарынан "Алты шаһардың, яғни Қытайдың Нанлу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы" атты еңбегі дүниеге келеді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады.

       Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихында ерекше орын алады. Аса дарынды қазақ халқының ғалымы және ағартушының өмірі мен қызметі ерекше таң қалдырады. Өзінің қысқа өмірінің ішінде ғылым саласында орасан зор табыстары сол кездегі өзінің орыс достары мен жолдастарын, орыс ғалымдарын мойындатты.

      ХІХ ғасырда біздің отандық ғылым үшін Ш.Уәлихановтың мәні ерекше белгілі болғандығы туралы академик Н.И.Веселовский былай деп жазды: «...Шоқан Уәлиханов шығыстану әлемінің үстінен құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалды. Орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдарының бәрі де ерекше бір құбылыс деп танып, одан түрік халықтарының тағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті». Академик Н.И.Веселовский бұл пікірінде Шоқанның дара таланытты ғалым болғанын айта отырып, егер Шоқан келте ғұмыр кешпегенде бұданда биік белестерден көрінетін еді деп өкініш білдіреді.

      Белгілі ғалым және саяхатшы П.П.Семенов-Тян-Шанский Уәлихановты «ұлттық аймақтардың ішінде ең оқыған, білімді адамдардың бірі еді» деп бағалаған.

     Халықтық тәрбиенің жаңа жүйесін ойластыра отырып, Шоқан ең алдымен жас өспірімдерді ғылым мен техниканың табыстарымен, дүние жүзі мәдениетінің бай қазынасымен таныстыра алатындай діннен бөлген дүниежүзілік білімдерді енгізуді жақтады. Қоғамдық құбылыстарды ол ағартушылық тұрғыдан түсіндірді. Өз халқын Еуропа мәдениетінен үйренуге прогреске шақырды.

      Ол өз елінің оқу-ағартуы мен ғылымын дамыту үшін күресті. Қазақ халқының мәдениет пен экономика саласында артта қалуына қатты қынжыла да қинала ой жіберіп, халық бұқарасын сол азаптан арылту жолында талмастан үлкен жұмыс жүргізді.

      Қазақ хандығының заманында қоғам көкжиегінде жарқырап шыққан қайраткердің қалдырған мұрасы өзінің тақырып кеңдігі, талдау тереңдігі, ойларының биіктігі жағынан 19 ғасырдағы әлемдік озық ескерткіштер қатарына қосылады. Қазақтың ұлы перзентінің еңбектері ұлтты ұлықтауға әкеліп, әлемді тануға жол бастайды. Сондықтан батыс пен шығыс биігін қоса бағындырған Шоқан Уәлиханов мұраларын ұлықтау ұлытымыздың үлкен бағыттарының бірі болып қала беруге тиіс.

      Биылғы жылы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына байланысты түрлі салтанатты шаралар өткізілді. Қазан айында  Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Көкшетауда Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы аталып өтті.  Шілдеде Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арнап, Қашғарияға бағыт алған «Шоқан Уәлиханов керуенінің ізімен» атты ғылыми-танымдық экспедиция 12 күн ішінде Қытай мен Қырғызстан аумағындағы 6000 шақырым жолды жүріп өтті. 15 қарашада Қырғыз елінде де Шоқан Шыңғысұлының мол мұрасына арналған көрме ұйымдастырылып, Халықаралық конференция ұйымдастырылды.   Міне, осындай ұлы ғалымды еске алып, ұлықтаған ауқымды іс-шаралар еліміздің әр түкпірінде мерекеленіп жатқанын айта кеткеніміз жөн.

      http://www.inform.kz/kaz/article/2851905

толығырақ

бокейхан

Юнеско аясында бүкіләлемдік дара тұлға деп танылды

       2016 жылы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында өтетін болды. Халықаралық ұйым кезекті 38-сессиясында осындай қаулы қабылдады. Енді жауапкершілік – Қазақстан Үкіметі мен Алаш көсемінің өмірін, сан қырлы қызметін, баға жетпес мұрасын зерттейтін ғалымдар мойнында.

      ЮНЕСКО Бас конференциясының 2-18 қараша аралығында өткен 38-сессиясы «Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысу туралы» Атқарушы кеңестің ұсынысын бекітті. Ол жөнінде Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілетті уәкілі Сатыбалды Бұршақов хабарлады.

     «Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп танылған Әлихан Бөкейханов кім?

     Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов (05.03.1866 – 27.09.1937) – соңғы хан-сұлтандардың бірі – Бөкейдің тікелей ұрпағы. Бөкейдің 1816 жылы хан тағына отыруынан тура 50 жыл өткен 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келген.

       Сонау Омбыда оқыған 1886-1890 жылдары-ақ Әлихан Бөкейханов Ресей империясының отарлық езгісінде отырған алты алашының тарихын, мәдениетін, көшпелі шаруашылығы мен кәсібін зерттей келе, отаршыл империяның жүргізіп отырған жыртқыштық, озбырлық саясатына қоса туған халқының тұрмыс-тіршілігіне деген сыни көзқарасын білдіре бастайды. «Қыр халқы, – деп жазады Қыр ұғлы (алғашқы лақап аты – С.А.) – Әлихан 1889 жылы «Дала уалаяты газетінде» жарық көрген бір мақаласында, – бос жүреді. Бос отырған бастарына ауыр сын тумаған соң мехнат-жұмысқа иленбей мал шаруасыменен күнелтіп жүрді. Мал бағу өз жөніменен жүре береді. Өлгенге шейін (өле өлгенше.С.А.) бір қазақ мал бағуды түзеуге ойлаған жоқ, қанша заманнан бері ата-бабаның жолыменен жүреді де отырады».

     Сол жылғы екінші бір мақаласында Әлихан қазақ қоғамында заманына лайық мәдениеттің, адамгершілік, моральдық құндылықтардың аяқ­асты болғанын өкінішпен атап көрсетеді.Орыс империясының аяусыз езгісінен көне дәуірден келе жатқан төл мәдениетін ұмыта бастап, жер-суы­нан айырылып құрдымға ентелеген қазақ қо­ғамында, оның пікірінше, шексіз тұтынушылық пен байлардың қалың бұқараны қанауы, болыс билігі үшін руаралық талас-тартыс, «күшті ру» немесе «жақсы қазақтардың» «нашар қазақтарды» аяусыз езіп-қанауы кең етек алып отырғанын: «Біздің қырға бір жөні жоқ ғадат неше заманғы рәсімдер жүреді, – деп жазады Ә.Н. (Әлихан Нұрмұхамедұлы) 1889 жылы. – Біреуді күшті кісі я күшті тұқым деп адал-арам болса да жалпылдатып жүреді. Біздің заманның законымыз, ұлығымыз жоқтай, мақұлықменен қаңғырып жүргендей күшті тұқымдар нашар тұқымдарды ренжітеді».

     Сонымен бірге, Әлихан «қазақ тып-тыныш жатып, еріншек, һешнәрсе қылмайды» деп ойламайды. Оның кәміл сенімінше, қазақтар «қайратты, жұмыстың бәріне жарайды… Бірақ (оларды) қозғау керек».«Қыр халқы… ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң, сол … заманда болған балаларымыз бізден ақылды болып, біздің заманымыздағы аталарымыздың қылғандарын көріп таң қалар я ойламай қатырар», – деп Қыр ұғлы алты алашының жарқын болашағына зор үмітпен қарады. Әзірше, алғашқы мақалаларында ол орыс келімсектерінің отарлау саясатының қысымымен көшпелі мәдениет пен шаруашылықтан бір жерге байланған тұрмыстың азабын көріп отырған қазақ, оның көзқарасынша, «рухани дамуының балалық шағында жүр».

      Омбы техникалық училищесін аяқтаған соң, ең алдымен қазақ халқының ата-баба жерін келімсектерден қорғау керектігін бүкіл сана-сезімімен сезген Әлихан 1890 жылы Санкт-Петербургтың орман институтына түсіп, онымен қарама-қатар астаналық императорлық университеттің заң факультеті курсын экстерн әдісімен оқып, 1894 жылы ормантанушы-ғалым және заңгер деген екі диплом алады.

    Әлихан Дала және Түркістан өлкелеріне бөлінген Қазақ елінің жерін, әлеуметтік-экономикалық ахуалын, халық шаруашылығын, төрт түлік малы мен санын, табиғаты мен ауа райын зерттеген 4 ғылыми экспедициясының жұмысына қатысады. Осы жылдары Әлихан бүкіл отаршыл империяға танылған ғалым, Қазақстан бойынша теңдессіз білгір сарапшы ретінде танылып, туған елі мен халқының тарихы, экономикасы, мәдениеті, шаруашылығы, оның ішінде дәстүрлі мал шаруашылығы және жері туралы бірнеше іргелі ғылыми монография, ондаған очерк, мыңнан аса мақала мен еңбек жазып жариялайды. Алты алаш көсемінің осы күнге қарай анықталып жиналған шексіз бай мұрасының жалпы көлемі 16-18 томдық жинақты құрап отыр.

 Әйгілі энциклопедист ғалым, Қазақ елінің теңдессіз білгірі, журналист, көсемсөзші

    Әлихан өзінің сан қырлы ғылыми және публицистік қызметін қоғамдық-саяси күресімен қарама-қатар атқаруға мәжбүр болды. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісі кезінде ол ұлт зиялыларының Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсекұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы сынды алдыңғы қатарлы өкілдерін өз төңірегіне топтастырып, бүгінгі күні «Алаш» деген атауымен белгілі ұлт-азаттық қозғалысының жаңа толқынын бастады.Өзінің 1910 жылы Санкт-Петербургте «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстың формалары» жинағымен басылып шыққан «Қазақтар» («Қырғыздар») атты әйгілі тарихи-анықтамалық очеркінде Қыр баласы – елағасы өзі бастаған осы зиялылар тобын «батысшылдар» деп атайды: «Таяу келешекте қырда, бәлкім, екі саяси партия ұйымдастырылатын шығар… Олардың бірі ұлттық-діни аталуы ықтимал және қазақтардың өзге мұсылмандармен бірігуі оның идеалы болып табылады. Екінші батысшыл бағыты осы сөздің кең мағынасында айтқанда – қазақ даласының болашағын саналы түрде батыс мәдениетін жүзеге асыра отырып көреді».

       Бүгінгі таңда батысшыл зиялылардың атқарып кеткен қызметі «Алаш» ұранды ұлт-азаттық қозғалысы ретінде танылса, Әлихан Бөкейхановты оның идеялық негізін қалаушы, бас идеологы, саяси жетекшісі деп бірауыздан мойындайды.

    «Алаш» қозғалысы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін, яғни отаршыл патшалық самодержавие тұсында қандай қиян-кескі күрес жүргізгенін мынадай фактіден байқауға болады. 1917 жылғы төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кезеңде бір Әлиханның өзі 7 рет тұтқындалып, бірнеше тәуліктен 4 және 8 айға дейін түрмеде отырып шығып, 2 рет саяси айдауда болды. Оның ішінде Самарада 8 жылын өткізсе, Мәскеуде шым-шытырық оқиғалар мен қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын сарп етті.

        «Алаш» қозғалысының басы-қасын­да жүріп, ол халқының жазбаша тарихын жазу, таныту мақсатында ұлтының тарихын тиянақты зерттеді, Алтын Орданың заңды мұрагері болып табылатын, бір кезде қуатты мемлекет болған Қазақ хандығының бірліктен, күш-қуатынан айырылып, отарлыққа түсуінің объективті де субъективті себептерін анықтады. Ол, сондай-ақ, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресей империясының отарлау саясатына ең ауқымды қарулы қарсылық көрсеткен Кенесары хан көтерілісінің өз мақсатына жете алмауының тарихи себептерін де зер сала зерттеді. 1903 жылы Санкт-Петербургте Әлихан екі автормен бірлесіп жазған «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты тұңғыш ғылыми монографиясын жариялады. Бұл шығармасында ол Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуын, хандықтың кейінірек үш жүзге бөлініп Ресей империясымен одақ құрамын деп оның отарына айналуы, ақыр аяғында Сібір және Орынбор қазақтары туралы 1822-1824 жылдардағы екі ереженің күшімен хандық институты жойылып, қазақтың ұлттық мемлекеттігінен айырылған тарихын мейлінше жан-жақты сипаттап берді. 1910 жылы өзінің ең танымал «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркін жариялады.

     Өз туындыларында Әлихан түрлі тарихи жағ­даяттардың салдарынан Ресей империясының отарлығына душар болған башқұрт, татар, хақас, қырғыз, Қырым татарлары, ноғай, алтайлықтар сынды басқа түркі халықтарының тарихын, тұрмыс-тіршілігін де, ол халықтардың қазақпен арадағы рухани, мәдени байланысын, отарлық езгідегі ауыр халін де мейлінше кең қамтыды. Бұлтартпайтын мұрағат құжаттары мен түрлі естелікке қарағанда, 1917-1920 жылдары Әли­хан Ресейдің өзге түркі-мұсылман халықтарының көсемдерімен таяу болашақта біріккен түркі-мұсылман елі – Түркістан мемлекетін құру мүмкіндігін талқылайды. Сол кездегі құбылмалы саяси ахуалды ескере отырып, алты алаш көсемі оны «Шығыс Ресей мұсылмандарының федерациясы» деп атауды ұсынады.

     Ұлтының тарихын зерттей келе Әлихан қайғылы болса да маңызды бірнеше тұжырымға, оның ішінде тарихи және ең бастысы, саяси қорытындыға келеді. Олардың біріншісі: алты алаш­тың бірлігінен, соның салдарынан тәуелсіздігінен айырылуының ең басты сыры – бұрынғы хан-сұлтандардың Ресей империясы тарапынан отарлау қаупі төнген сәтте де өз билігіне қараған ру-жүздерді біріктіре алмауы. «Бұрынғының көбі, – деп жазды Түрік баласы (Әлиханның қазақша лақап есімінің бірі – С.А.) 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақ тарихы» мақаласында, – күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді».Сол себепті де Әлихан туған халқы алдында бұрынғы хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы ретінде өзін айыпты сезінді, кең сахара даласында емін-еркін көшіп-қонып ғұмыр кешкен, қайталанбас салт-дәстүрі, мәдениеті бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегіп берген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кінәсі мен халқының келешек тағдыры үшін бар жауапкерлікті өз мойнына алды. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, – деп жазды Әлихан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде, – тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қой­маймын». Әлихан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды.

      Өзінің тарихи зерттеулерінен соң жасаған алты алаш көсемінің екінші маңызды саяси тұжырымы – қарулы күрес арқылы қуатты орыс империясының отарлық шырмауынан құтылып, ұлттық мемлекетті қалпына келтіру іс жүзінде де, теория тұрғысынан да мүмкін емес. Қалың қазақты өзін өзі билеу құқына да,одан соң толық ұлттық тәуелсіздікке де қайта қол жеткізетін жалғыз жол, Алаш қозғалысы жетекшісінің көзқарасы бойынша, заман талабына сай ұлттық мәдениет қалыптастыру және қазақ қоғамын еуропалық деңгейге жетелеп жеткізу болып табылады. «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ, – деп ашық атап көрсетті «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 3 санында тағы да сол Түрік баласы, – Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы».

 Ресейді түпкілікті қайта құру арқылы ұлттық тәуелсіздікке жету

      Сонымен қатар, отаршыл Ресейдің өзін түпкілікті реформалап, оны самодержавиеден федеративтік демократиялық парламенттік мемлекетке айналдырмай, қалың қазақтың ұлттық тәуелсіздікке жете алмайтынын да Алаш қозғалысының көсемі кімнен болса да артық сезді. Сол себепті де ол 1905 жылдан Ресейдің ең ықпалды оппозициялық саяси ұйымы – Конституциялық демократия партиясына кірді. І Мемлекеттік дума депутаттығына сайланған 1906 жылы Әлихан самодержавиені құлатуды көздеген орыс масондарының «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» (1910 жылға дейін «Темірқазық» – «Полярная звезда». С.А.) ложасына мүшелікке қабылданды.

      Әлихан «Алаш» қозғалысындағы үзеңгілестері мен пікірлестерінің алдына ұзақ мерзімге негізделген ауқымы кең стратегиялық мақсат-мүдделер қоятын. Ол мақсат-мүдделердің бір бөлігі 1905 жылғы әйгілі «Қарқаралы петициясына» ойып жазылған-ды. Олардың бірден бір жемісі – 1917 жылға дейін-ақ қазіргі заманғы әдебиеттің проза және поэзия үлгісіндегі тың туындылары – тұңғыш қазақ романдары, очерктері, әңгімелері, пьесалары, поэмалары, өлең жинақтары шыға бастады. Оның ішінде ұлы ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының төл шығармалары мен Пушкин, Лермонтовтан аударған туындыларының тұңғыш жинағы, Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлу», Міржақыптың «Бақытсыз Жамал», Спандиярдың «Қалың мал» романдары, Ахметтің И.Крыловтан аударған «Қырық алты мысалы», т.т. бар еді.

      Қыр баласының өзі Батыс Еуропа, орыс, көне грек, Шығыс әдебиеттерінің үздік үлгілерін кеңінен насихаттайды, қазақ әдебиетін француз Ги де Мопассанның, ағылшын Оскар Уайльдтың, орыс Лев Толстой, Антон Чехов, Владимир Короленко шығармаларының, көне Еуропа әдебиетінен Эзоп пен Үнді мысалдарының, Қырым татарлары туралы аудармаларымен байытты. Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларына, Міржақып, Сұлтан­махмұт, Спандиярдың романдарына сын жазып, қазіргі әдебиеттанудың, оның ішінде абайтанудың классикалық үлгісін көрсетіп, негізін қаласа, «Қара қыпшақ Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Мырза Едіге» эпостарын, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын жинақ етіп бас­тырып, зерттеп, қазақ фольклористикасының пайда болуы мен дамуына зор серпін берді.

«Алаш» идеясының жеңісі

       «Алаш» қозғалысы мен қайраткерлері­нің алдына қойған ауқымды стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін ұлт жақсыларына ғана емес, қалың бұқараға да түсінікті, сана-сезімі мен жүрегіне ұялайтын идея қажет болды.

      Әлихан алты алашын ру-руға не жүзге, бай не кедейге, білімді не надан, текті не қарадан деп жік-жікке бөлген емес. Ол қазақты бір ұлт деп көргісі келді, соған жетеледі.

      Қазақтың мәдени қайта өрлеуі мен ұлттық бірегейлігінің идеологиясы, ұраны, туы ретінде Әлихан ұсынған «Алаш» идеясы зор нәтижеге, жеңіске жеткізді. Бұл идея оның ойында көптен бері жүрді. Мысалға, «Қазақтар» очеркінде ол «Алаш – миф болса-дағы қазақтың ортақ атасы» деп жазса, 1913 жылы «Қазақ» газетінде: «Шыңғыс хан бүкіл мемлекетін төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің күнбатыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үл­кен баласы Жошыға беріп еді. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Сол алты рудың һәр қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран береді: һәр руға өзіне бөлек таңба, ағаш, қос береді. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «алты алаш» болады. «Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы: «отан кісісі» («отечественник») деген сөз болады. Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз:

Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, қарашыңмын;

Ұнатпасаң, жай жүрген алашыңмын, –

дейді. Сол өлеңде «Алаш» отан кісісі мағынасында», – деп атап көрсетті.

       1917 жылдың қарашасында Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қазақ жерінде сайлауға түскен үш партия – «Үш жүз», большевиктік социал-демократиялық жұмысшылар және «Алаш» партияларының ішінде жалғыз «Алаш» ұранды партия бақталастарын ойсырата жеңіп, 43 депутаттық мандатқа ие болды. Бұл тарихи сәт 1917 жылға қарай отарлықта отырған қазақтың «Алаш» идеясы, туы және ұранымен ұлт болып қалыптасқанын аңғартқан сәт болды. «Алаш» идеясы қазақ ұлтшылдығының идеясы, ұраны болып, ұлттық бірлік пен қайта өрлеудің туы ретінде 1930 жылдардың соңына дейін салтанат құрып тұрды.

      «Алаш» идеясын алға тартқан Әли­хан: қазақ ұлтшылдығы – ол өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін, Отанды сүю, қорғау және қамқор болу деп насихаттады. Ол соңғы демі біткенше туған қазақ халқының ата-баба жеріне деген, ұлттық мемлекет құрып, өзін-өзі басқаруға деген қасиетті құқын табанды түрде қорғап, сол үшін күресіп өтті.

      Сонымен бірге, 1917 жылдың жел­тоқсанында Алаш ұлттық-территория­лық автономиясын жария­лап, оның төрағасы, премьер-министрі болып сайлана келе, Әлихан Бөкейхан бұдан былай қазақтың қайта құрылған елі көпұлтты, көпдінді және сан мәдениетті, бірақ көп мәдениетімен тұтас мемлекет болатынын болжады. Автономия жариялаудың қарсаңында «Қазақ» газетіне солай деп жазды да. Оны Алаш автономиялық мемлекетінің 25 мүшеден жасақталатын Халық кеңесі – Алашорда үкіметінен 10 орынға өзге ұлт өкілдерін шақыруы айқын дәлел бола алады. Міне, сол орынның бірін орыстың көрнекті ғалымы, публицисі Григорий Потаниннің алғаны тағы бар.

      «Әлекеңнің мінезі, – деп жазды туған інісі Смахан төре 18 қойын дәптерден тұратын естеліктерінде, – еш қазақпен аразбын демейтін, қастық қылмайтын, жек көретін адамымен амандаспайтын, сөйлеспейтін. Қазақтың ешнәрсесін алмайтын. Өлгенде 2,5 кез жер керек дейтін».

      Иә, алты алаштың көсемі өзін 1937 жылдың шілдесінде Мәскеуде ақырғы рет тұтқынға алып, ату жазасына кескенде, қызы Қанипа – Елизавета мен немересі Ескендірге қалдырған бар «байлығы» – Мәскеудегі 7 бөлмелі коммуналдық пәтердің өзіне тиесілі бір бөлмесі, кітаптар жинағы, фотоальбом, өзінің шақшасы және қолжазбалары болыпты.

     Халқының ұлттық мемлекетін қалпына келтіру жолында қасық қаны қалғанша арпалысып, бүгінгі ел шекарасының негізін белгілеп кеткен алты алаш көсеміне атылғаннан кейін өзі айтып жүретін 2,5 кез қара жер де бұйырмады. Даңқы жер жарған Алаш көсемін 1937 жылдың 27 қыркүйегінде өлім жазасына кесіп, үкімді сол күні-ақ іске асырған кеңестік билік оның сүйегін Мәскеудегі Дон зиратында өртеп, күлін 5 мыңнан астам құрбанның күлі шашылған зиратқа (ОГПУ-НКВД құжаттарында № 1 шұңқыр немесе «Ямо № 1» деп көрсетіліп келген – С.А.) түн жамылып астыртын төге салған. Ол зират Кеңес Одағы күйреп, келмеске кеткеннен кейін де құпия болып келіп, кездейсоқ жағдайда 2009 жылы ғана аңғарылды.

     Әлихан Бөкейхановтың ХХ ғасыр басындағы ғылыми-публицистикалық шығармашылығы, ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметі іс жүзінде қазақ халқының ұлттық-сана сезімінің оянып, Алаш ұлттық идеясының маңайына бірігіп, Қазақ хандығының ыдырауынан кейін қайтадан бірегей ұлт болып қалыптасуына жеткізгені сөзсіз. Мысалға, Оксфорд университетінің Орта Азияны зерттеу орталығы 1985 жылы жариялаған «Қазақтар 1917 жылға дейінгі орыстар туралы. Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Т. Рыс­құлов» (Society for Central Asian Studies. «Kazakhs on Russians Before 1917. A. Bukeykhanov, M. Dulatov, A. Baytursynov, T. Ryskulov». Reprient series № 5. Oxford, 1985.) атты зерттеуінде Әлихан бастаған батысшыл Алаш зиялыларының атқарып кеткен қызметіне «олар мәдени ренессанс», яғни «мәдени төңкеріс жасады» деген баға берді.

       Қазақстанға Совет өкіметі орнатылған соң, Әлихан бастаған «Алаш» зиялылары, ресми биліктің барлық тетігінен аластатылуына қарамастан, 1930 жылдарға дейін дерлік оқу-ағарту, жоғары білім беру, ғылым және өнер саласында үстемдік етті. Осындай қысқа уақыттың ішінде Әлихан өз үзеңгілестерімен қазіргі қазақ мәдениетінің, орта және жоғары білім беру саласының, сондай-ақ ғылымның тарих, философия, этнография, әдебиеттану сынды қоғамдық, гуманитарлық және астрономия, физика, математика, жаратылыстану, т.б. салаларының негізін қалап үлгерді.

      «Алаш» қозғалысының аймақтық тарихи ма­ңызы да зор болды.Атап айтқанда ХХ ғасыр басын­дағы қазақтың ұлттық қайта өрлеу қозғалысы Орта Азияны мекендеген туыс түркі халықтарының ұлттық сана-сезімін оятып, өзін-өзі басқаруға ұмтылуына күшті серпін берді. Әлиханның тапсыруымен 1917 жылдың қарашасында Мұхаметжан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Серікбай Ақайұлы, т.б. Алаш қайраткерлерінің ұйымдастыруымен Қоқан қаласында Түркістан мұхтариатының пайда болуы, сол жылдың желтоқсанында Орынборда Алаш автономиялық мемлекеттің (Қыр баласы – Әлихан «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Абай» журналында жазған мақалаларында «автономия болу – мемлекет болу» деп жазды – С.А.), ал 1918 жылы Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұловтың тікелей қатысуымен Түркістан кеңестік автономиясының құрылуы – ақыр аяғында Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстанның және Қарақалпақстан автономиясының дүниеге келуіне жеткізді.

      Үкіметіміз 2016 жылы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын ЮНЕСКО аясында лайықты тойлау үшін мерейтойлық іс-шараларды жоспарлау және ұйымдастыру туралы тиесілі қаулы қабылдап, оған жеткілікті қаражат қарастырады деген ойдамыз.

       Сұлтанхан АҚҚҰЛЫЛ.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры.  Астана.

          http://egemen.kz/2015/11/24/7898

толығырақ

     Әкелі-балалы екеуі де қараша айында      дүниеге келіпті. Әке 50 жыл ғұмыр кешсе,    қызы 98 жасқа қараған шағында өмірден  өтті. Енді, міне, әкесінің туғанына 130 жыл,  қызының туғанына 100 жыл болыпты.

         Қиын тағдырлы тұлғалардың әрқай­сы­  сына қос ғасырдың дүлейі мен дүрмегін  көруге жазыпты. Сонда Мір­жа­қып пен  Гүлнәрдің қосақталған өмір шеруі үш  ғасырдың соқпағына ұласқан екен.  Дәлірек айтсақ: ХIХ-ХХ-ХХI ғасырлар  бедерінде.

      Уақыт ұмытпайтын, ешқашан жады­нан  шығармайтын ұлтжанды зиялылар  осындай-ақ болар! Сөз­дері мен істері мінсіз  қабысып ке­ліскен, халқының арман-  мүдде­сіне адалдықпен ант беріскен, жұр­  тының уайымы мен мұңын қалт­қысыз  бөліскен, болашақтың шат­тығы мен  шадыман тірлігіне ұрпақ­тарын рухани жетелеп, ойша көріскен – неткен өрелі де өркенді жандар еді. Айрықша жаратылыс иелері ғой демеске лажың жоқтай!

       Ғасырлар жылжи берер… Ыстық жүректерден төгілген мына төмендегідей лағыл сөздер әркімді ойлантып, тол­ған­тар! Сөздері өлмесе, Міржақып пен Гүл­нәрдай дара өскен дарақтардың тамыры те­рең тартып, мәуесі әр қазаққа пана бола берер!.. Оқылық бірге ендеше…Мерейтойларына деген көңіл сыйы, жан шашуы болсыншы!

МІРЖАҚЫП:

…біздің халық дүние сарайының бір қараңғы түк­пірінде ұйықтап, ұмыт қалған секілді болып тұр…

* * *

…Екінші, дүниемізде қажетті хақыларымызды алып, жерімізді, малымызды сақтау үшін, басқалардан хорлық көрмес үшін, орысша оқып һүнерлі (өнер) болалық.

* * *

Екі сұңқар таласса, құзғынға жем, Берекесін бұл қазақ сүйтіп құрытқан.

* * *

Үйренген халықпыз ғой кемшілікке, Талпы­нып ұмтылмайтын кеңшілікке.

* * *

Қазағым, көрмегенің әлі алдыңда, Боларсың көне берсең мұнан жаман. Босыңда аяқ-қолың қи­мылдап қал, Бір күнде тыпырлауға келмес шамаң.

* * *

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер, Мұжыққа, қош аман бол, барасың ба?

* * *

Қазақтың көп жерінде мешіті жоқ, Жоғына себеп болған миссионер поп.

* * *

Ғылымды ғалымменен құрметтемей, Әлбетте, мұның бәрі надандықта.

* * *

Күн көреміз қайда барып, Алашым? Білгіштерің хәл мүшкілін қарасын.

* * *

Бірлік жоқ, алты ауызды халықпыз ғой, Қатардан сол себепті қалыппыз ғой.

* * *

Мен не болсам, болайын саған садақа, Сүйікті жұртым, қақпанға түсіп алданба!

* * *

«Алаш!» деп ұран естілсе, Кім бұрылмас қанына.

* * *

Надандықтың қираталық қамалын, Мақсатыңа ұмтыл таяу, Алашым!

* * *

Аштықтан қырғын тапқанда, Сыпыра жомарт, қайда едің?

* * *

Теңгерілер заман келді, Қазақ қызы теңел енді.

* * *

Басқа жұрт біз секілді жалқау емес, Ғылыммен қараңғыны етер жарық.

* * *

Халықты тура жолға басталық та.

* * *

Енді бұл шенеуніктер қазақ даласына мыңдаған мұжықтарды жер аударып, қазақтардың суы мен шұрайлы жерлерін тартып әперуде.

* * *

Күннің көзі жалқауға да, іскерге де, байға да, пақырға да бірдей түскені секілді, көпке бірдей болған жақсылықтан мақұрым қалу, оның үстіне қазақ халқы өзінің сыбағасын іздемей, сұрамай, қатты наразылық көрсетпей жатуы да кемшілік.

* * *

…әлгі жас балалар орыс кітаптарыменен орысша оқып кетсе, тез уақытта тілін ұмытып, дінінен де айырылып қалу қаупі бар.

* * *

…келер Думаға қазақ халқынан да депутаттар сайлануын сұрау керек. Әлбетте, бұл турада бірлі-жарым адамның тілегі тілек болмайды, күллі жұрт болып сұрауға керек.

* * *

Жүз айтсақ та бір тілек: надандық түнегінде адасқан бейшара қазақ халқын жетектеп жарық дүниеге шығарушы қаһармандарға мұқтажбыз.

* * *

Халықтың ғұмыры 20-30 жылдығына емес, дүние тұрғанша тұрады. Соның үшін түбін ойлағанда, қазіргі тұрмыстың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек.

* * *

Құдай не жазса, соны көреміз деу – соқырлықтың белгісі. Тағдырдың жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі. Адам не тілесе, құдай соны тағдыр қылмақшы. Тікен еккен жерге бидай шықпақшы емес. Ағаштың тамырына балтаның жүзі тисе қуармақшы.

* * *

Егер тарих оқысақ, пайдасы бар істің қандай екенін біліп, соны істемекшіміз. Зарарлы істен қашпақшымыз. Бұрынғының оңды ісінен үлгі алмақшымыз.

* * *

Осы күнде істеп жүрген ісіміз, қылған жұмысымыз, мінез-құлқымыз, сөздің бәрі кейінгілерге тарих болып қалады.

* * *

Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс, рақмет алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп, қарғыс лағнет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс.

* * *

Тарих – түзу жөн үйретуші. Тарих – түзушіліктің кітабы. Тарих – тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы.

* * *

Тарих кітаптарындағы көп қатенің бірі – тарих жазушылардың ешбірі қазақ пен қырғызды айырмайды. Қазақ – қазақ! Қырғыз өз алдына қырғыз. Түркімен мен башқұрт қандай басқа-басқа ел болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа ел.

* * *

Орыстардың, әсіресе һүкіметтің қазақты, қазақ демей қырғыз деп жүргені рас. Бірақ олар өзінің атты «Казачы» ғаскерінен айыру үшін жаңылыс болса-дағы қазақты қырғыз атап жүр.

* * *

«Алаш» деген сөздің алғаш мағынасы – Отан кісісі (соотечественник) деген сөз болады. Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз: «Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, қарашыңмын, Ұнатпасаң, жай жүрген алашыңмын», – дейді. Сол өлеңде «Алаш» отан кісісі мағынасында. Және қазақта «Алаң келе ме, Алаш келе ме» деген бір мәтел сөз бар. Сондағы Алаң – шет елдің кісісі, Алаш – отан кісісі мағынасында болады.

* * *

«Басыңның сауында бер садақасын, ұша алмас салсаң бүркіт томағасын» дегендей, пәледен басқа келмей тұрғанда сақтанбасақ, томаға киілген соң жөн тауып ұшу қиын болар.

* * *

Өзінде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ жұрттың да өзге ғылымды, өнерлі, кәсіпшіл жұртқа малайлыққа жалданғаннан басқа қолынан келері жоқ.

* * *

Бізде негізгі бір зор адасқандық – өз ісімізді өзіміз істемей, өзгеге сенгендік. Өзіміз жай жатып сұрай берелік дейміз де, сұрай береміз. Сұрағанын алмақ түгіл, қазақ әлі алдырумен келеді.

* * *

Өзгеге сенбей, өлмес жағымызды өзіміз көздеп ойланып, қамдану керек емес пе?

* * *

Тіршіліктің қызығы адамзатқа жақсылық қылуменен болып көрінеді.

* * *

Қандай адам жақсы кісі болмақ керек? Сондай адам жақсы, кімде-кім жетім-жесір, кәріп-қасар, қысылған-қымтырылғандарға жақсылық қылып, оларды қуантып қойса.

* * *

Жағаласпай, жармаспай ешкім қатардан орын бермейді. Басқалармен тізелесуге, тартысуға, жарысуға оқу-білім керек. Надан жұрт оқымысты-білімді жұртпен қатар тіршілік ете алмайды. Есігінде жүріп азып-тозып кетеді.

* * *

Қазақ 15-тен жер кестіріп алып, мұжық сияқты қала болып орнықса, оқу-білімді тез үйренеді. Көшіп жүргенде құлан-киіктей еш уақытта басы қосылмайды.

* * *

Халықтың мәдениет жолында ілгері басып, ел қатарынан қалмасына себепші болатын нәрселердің бірі баспасөз, яғни газет-журнал, кітаптар екендігі шексіз.

* * *

…Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз.

* * *

Кешегісін ұмытқан, бүгінгісін сезбеген, ертеңгісін қайғырмаған адам кімге басшылық қылады.

* * *

Өзге жұрт өнер-білім, кәсіптің жаңа түрін тапқанда, біз даудың, пәле-жаланың жаңа түрін таптық.

* * *

Ас беруден мүйіз шығатын болса, баяғыдан бері ас беріп келе жатырмыз ғой. Одан қанша абырой алып, жұрт алдына шықтық, бір тойған тамақ жинаған жұртқа қаншаға үнем болады. Шариғатқа салғанда да ас берудің жөні жоқ, ысырап қылып күнә таппасақ, алар сауабымыз шамалы.

* * *

Өз ісімізді өзіміз басқара алмасақ, бізді біреу келіп түзетер деу адасқандық.

* * *

Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт.

* * *

Бостандық болып еді, өз тізгініміз өз қолымызға тиіп еді, не істедік? Бұрынғыдан артық қанша алысқа ұзадық?

* * *

Жер-су еңбекшіл халықтікі. Шалқасынан жатып, малай жалдап, егін ектіріп, мал бақтырып, кедейдің табан ақы, маңдай терімен пайдаланушынікі емес.

* * *

Енді әр халық өз тілінде оқуға, өз тілінде жазуға, өз тілінде тергеуге тиіс.

* * *

Осы бастан адамгершілікке, тазалыққа, дұрыстыққа құмар болмаған жас ұлғайғанда, қартайғанда ешкімді жарылқай алмайды.

* * *

Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы.

* * *

Оқудағы мақсат – жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру. 

Дулатова - 95-2

       ГҮЛНӘР: Бұл – 1917 жылы, Орынборда Байтұрсынов Ахмет атам мен әкемнің «Қазақ» газетін шыға­рып тұрған уақыты. Сол жылы июль айында өткен «Алаш» партиясының ІІ съезіне қатысқан Абайдың баласы Тұрағұл біздің үйге келіп түсті.

* * *

Мен өзімді тым ерте үш-төрт жасымнан біле бастадым. Әкемнің өнебойы түрмеде отыруы, үйде болмауы, шешем екеуміздің қасірет шегіп, Семей, Атбасар, Көкшетауда апаларының үйінде тұруымыз бала болсам да жаныма бататын-ды, көкірегімді шерге толтырып, әртүрлі ойлар мазалап, қамығып уайымдайтынмын.

* * *

Менің балалық дәуірімнің қасіретсіз күндері көп болған жоқ, жеті жылдай ғана көңілді жүрдік. Бұл 1922 жылдан 1928 жылға дейінгі аралық. Осы тұста көп жыл армандаған күндер туды. Семьямыз бірігіп, біз үшін бақытты да, қызықты да болып саналатын шақ Орынбордан басталып, Қызылордада жалғасты.

* * *

Әкем «құралайды көзінен атып түсіретін» нағыз мерген еді. Аңға барған сайын әкелетін құстары отыз-қырықтан кем болмайтын.

* * *

Әкем болса бас бостандығы бар кезін пайдаланып халқының қамын ойлап, жанталасып, тыным таппай Тәшкент, Түркістан, Семей, Омбы, Қызылжар, Минск, Петербург, т.б. қалаларды кезіп жүретін.

* * *

Кейін алғашқы мұғаліміміз Аманғали Сегіз­баев әкем екеуі «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясында бірге жұмыс істеген-ді, жақсы журналист болды.

* * *

Зылиқа (М.Жұмабаевтың зайыбы) апайды бұрыннан яғни 1970 жылдардан бері танитын ем, арада талай жыл өтіп, 1989 жылдың февраль айында қайтадан табыстым. Папамды жақсы білесіз бе деп сұрадым. Зылиқа апа: «Білгенде қандай, папаң Мағжан екеуміздің тойымызда болған».

* * *

Әкем басына келген қауіпті елең қылмай аса сабырлы, байсалды қалпымен мұңайып жылап тұрған бізді жұбатып: «жыламаңдар балаларым, тағдырдың тәлкегі адамды әлі талай қиын белес­терден өткізеді, шыдап берік болыңдар. Сендер әлі-ақ ержетесіңдер, сол кезде бәрін түсінер­сіңдер, бақытты болыңдар, оқуларыңды үзбеңдер, мамаларыңды ренжітпесеңдер болғаны» – деп қоштасып, бәрімізді сүйіп, өзін айнала қоршаған алты адамның ортасында кете барды.

* * *

Міржақып әкем алған бағытынан ешқашан қайтпаған, «Оян, қазағы!» үшін патша зынданында отырған…

* * *

… Мұндай тозақтан қажырлы қалпын жоғалтпай, шаштары ағармай Соловкиге жетуі адам таңқаларлық ерлік, бұл қалпын шешем 1934 жылы көріп келген-ді.

* * *

Әкем соңғы рет ұсталып кеткенде, Ғайнижа­мал шешемнің жасы небары отыз үште еді. Ерлі-зайыпты Дулатовтар неке қиып 1914 жылы қосылғаннан бері, бірге тұрып қызықты өмір сүрген мерзімі ұзаққа созылған емес.

* * *

Біздің үй Алматыға көшпей, сол Қызылордада 1932 жылға дейін тұрып қалдық. Көктемде ше­шем­нің өкпе ауруы қозып төсек тартып қалатын еді…

* * *

Біздің Сатыбалдиевтер отбасында өз басым төрт баланың анасы болғаннан бері өткен аумалы-төкпелі заманның ыңғайына қарап келдім. Қырағы саясатқа тура келмейтін, атынан бүкіл қазақ баласы шошитын «Алаш» партиясы туралы, оның басты лидерлері кімдер болғаны, өз әкем М. Дулатов жайлы балаларыма соңғы жылдарға дейін үй-ішінде әңгіме қозғамай келдім. Ең басты себебі – олардың ер жетіп, сана-сезімінің толысып өсуін күттім.

* * *

Жасыратыны жоқ, 13-ке толғанымда «халық жауының» қызы атандым, жазықсыз басыма кінә тағып қудалау басталды…Жұрт қатарлы сүйікті әкемнің атын атап, еске алып, ашық айту деген менің пешенеме жазылмады.

* * *

…Дулатовтан бұрын қазақ тілінде «Есеп құралын» жазғандар болмаған. Сондықтан әкемді қазақтың тұңғыш математигі деуім жөн болар.

* * *

Әкем барынша ақкөңіл, ашық-жарқын жайдары мінезді, өте балажан, көңілшек те болатын. Сонымен қатар, бірбеткей, басынан сөз асырмайтын қатаң мінезі де бар-тын…

* * *

Папам Алакөзге мініп редакцияға баратын, аңға да шығатын, аңшылық дегенім құс атуды әуес көретін.

* * *

Аталарың ел-жұрттың қамын жеймін, ақыл-ойын оятамын деп тыным таппаған кісі. Бүкіл қазақтың кең байтақ даласының тең жартысын салт атпен жүріп, жол азабын көрген жолаушы әрі саяхатшы, болмаған жері жоқ, жұртпен біте қайнасып араласқан кісі.

* * *

Әзілхан (Нұршайықов) осы тойдан кейін: «Гүлеке, анадағы Баукеңнің (Б. Момышұлы) тойындағы сөйлегеніңізді маған жазып беруіңізді өтінемін» деген соң көңілін қалдырмай жазып бердім.

* * *

Көпшілік, оның ішінде біздің қазақ суретке түсудің қажетін, оның өмірде ұзақ жылдар белгі боларлықтай сақталып қалуы жас шақтың жалынсаң да қайта оралмайтын кезеңін еске түсіретінін ойламағандықтан болуы, деп білемін.

* * *

Операциядан соң он бірінші күні жасы алпысқа толмай, 1974 жылдың он алтыншы шілдесінде Әбен (Сатыбалдиев) дүниеден өтті. Көңіл қалыспаған, қырық жылға жуық отасқан жарымнан, балаларымның ардақты әкесі Әбеннен көз жазып қалуым қайғы-қасіретке, үлкен күйзеліске әкеп соқты.

* * *

«Балалар, мамаларыңды ашуландырмаңдар, оның алдында мен сияқты аяқтарыңды абайлап басыңдар. Білесіңдер ме? Мамаларың у нас большой ребенок» деп ылғи еркелетіп отыратын Әбенім еді ғой менің!

* * *

Бір кезде әлгі апай қасымдағы Ерланыма (ұлы) қарап: «О, тоба, міне қызық, мына баланың түр-келбеті Міржақыпқа айнымай ұқсап тартқанын қараңызшы» демесі бар ма!

* * *

Әкем көпшілік ортасында топ жарып жігерлі қарқынмен қызып сөйлейтін, шешендігімен жұртты өзіне магниттей тартатын.

* * *

«Шешем қайтыс болғанда мен екі жаста екенмін,– дейтін әкем – Қыстың мезгілі… Сол түні кебінге оралған шешемнің қасында жатып ұйықтап қалыппын…»

* * *

Әкем өз денесін таза ұстайтын, сәнді европаша киінетін, хош иісті сабын, әтірлерді жақсы көретін. Көзілдіріксіз жүретін. Ақындар аумалы-төкпелі қызу жанды келеді емес пе, ондайдан бұл кісі де құр қалмаған. Серілік жігітшілігі, сұлулармен романдары жұртқа белгілі болатын…

* * *

Көп ұзамай, мереке күндері өтісімен Шолпан Ахметқызы екеуміз Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына барып, әкелеріміздің ақталған құжатын алдық. Бір айта кететін нәрсе, ақталу қаулысы 1988 жылғы 4 қараша күні шығуы маған арналған сыйлықтай дәл туған күніме сәйкес, тура келуін қараңызшы.

* * *

«Ертең күйеулеріңді жүргізеді (Қызылор­дадан)»,– дегенді мамам ести сала даярлана бастады… шеттегі тұйықта (тупик) тұрған жалғыз қызыл вагон. Жанында мылтықты екі күзетші солдат тұр… Сол мезгілде вагонның темір торлы кі­шірек келген терезесінен папам көрінді. Бізге қолын бұлғақтатып сөйлеп тұрды… не айтып тұрғанын ести алмадық… Бұл мәңгі есімнен шық­пайтын күнім 1929 жыл маусымының жиырма төрті.

* * *

Сосновецтен салынған папамның (қайтыс болғаннан кейін) заттары келер қарсаңында мамамды үйде жалғыз қалдырмайтын болдық. Көп кешікпей багажы да қолымызға тиді. Папамның тұтынған исі сіңген киім-кешегін алғанымызда көңіл шіркін босап, жылағанымызды ұмытқаным жоқ, оны айтпасам да түсінікті болар.

* * *

Әкемнің сүйіп алған жары, сенімді серігі, айнымас жұбайы Ғайнижамал Баймұратқызы Досымбекова-Дулатова оның өзінен он жас кіші болатын…Ардақты анам қырық бес жасында 1940 жылы 15 сентябрь күні дүниеден өтті.

* * *

Анам жиын-тойларда, кәделі кештерде би билеуді тәуір көретін. Қаныш Сәтбаев аға екеуінің мазурканы билегенін көргем-ді, бұл 1924 жылы еді. Мамам гитар тартып орыстың романстарын «Ах, Настья, ты Настья», «Вечерний звон» өлеңдерін келістіріп айтатын.

* * *

Кітапсыз бір күн тұра алмай келемін, бұл жақсы қасиетті бойыма сіңірген менің ардақты анам – Ғайнижамал болса, менен ауысқан бұл әдет – кітапқұмарлық өз балаларыма да дарығанына қуанамын.

* * *

Бадрисафаны мен әжеке деп, Ахметті ­атеке дейтін ем. Орынборда бірге тұрып, тілім шыққанда әкем солай үйреткен.

* * *

Сонымен, қорытып айтарымыз, қаламгер жолдастар жауапты мәселеге келгенде жан-жақты мұқият зерттеп, анығына көз жеткенде ғана жазса деген тілек білдіреміз. Әйтпесе, біз секілді ұрпақтар мен көзі көрген куәгерлерді баспасөздегі мұндай бұрмалаулар қатты қынжылтады.

* * *

Бір жазушының сөзіне қарағанда, Міржақып әкемнің мүрдесін іздеп барып табушы да мен, дәрігерлік тәсілмен сүйегін зерттеуші де мен болыппын. Жұрттың бәрі құлақтанған, білетін газеттерде басылып жүрген деректерді бұрмалаудың қажеті не?.. Әкемнің мүрдесін көп машақатпен іздестіріп сонау Сосновецке, Соловкиге бірнеше рет барып, тұрғылықты адамдармен жолығып тапқан жас ғалым Марат Әбсеметов емес пе? «Абақты» шығармасына дәлелсіз нәрселерді, білмегенді кіргізудің керегі қанша?

* * *

Сөйтіп, бір күні белгілі ақын Сәбит Дөнентаевтың 1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Ұрпағыма айтарым» атты кітабын оқуға кірістім. Бас көтермей сүйсіне оқып отырып, отыз екінші бетіне жеткенде өзіме таныс әкем Міржақыптың «Сағыну», «Елім-ай», «Әбупирастан», «Шәкірт» атты өлеңдері көзіме оттай басылды. Бұл қалай? … Әкемнің асыл мұрасын көздің қарашығындай қорғау менің перзенттік борышым. Соны өтеу үшін де қолыма қалам алып отырмын.

* * *

Бұл тарихи хабарды – Міржақыпты өз топырағына жерлеуді басынан аяғына шейін «Азаттық» радиосынан Хасен Оралтай жан-жаққа бүкіл әлемге жеткізіп жатты, ел ішіндегі жұрт «Егемен Қазақстан» газетінен Қайсар Әлімнің мәлімдемелерінен бәрін біліп отырды.

* * *

Міржақыптан қалған жалғыз болғандықтан, өзімді әке өмірінің жалғасындай көріп, фамилиясын өшірмей, Гүлнәр Дулатова болып өмір сүріп келемін.

* * *

Кешегі сөз – «Оян, қазақ!» болса, енді оянған халыққа айтар бүгінгі сөз – «Ойлан, қазақ!» Осы – менің түйіп, тұжырымдап айтарым!..

       «Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінде төрт жыл істедім, өзімді әлі күнге сол редакцияның мүшесі санаймын», – деп Міржақып Дулатовтың өзі жазып кеткендей, төл ұжымы да жалынды күрескер, қарымды қаламгерін шежірелі тарихымен бірге ілестіріп алып келе жатыр… «Еңбекші қазақтың» табалдырығында тұтқындалған ол қаншама азапты жылдарды басынан өткеріп, шет жерде көз жұмғанымен, мүрдесін туған топырағына жеткізуге «Егемен Қазақстан» барын салып, атсалысты. «Әкем рухына қалтқысыз қызмет еткен «Егеменіме» мың да бір рақмет!»,– деп Гүлнәр апай да разылығын үнемі айтып отырушы еді. Сол «Егемен» алаш қызы Гүлнәрін де жоқтай білді…

        … Әкесі мен қызының мерейтойларына байланысты бүгінгі жарияланым да қос арыс сүйе білген «Егеменнің» өшпес ілтипаты да!

        Қайсар ӘЛІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

      http://etjendi.egemen.kz/?p=52536

толығырақ

        Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде антрополог, ғалым Оразақ Смағұловтың мерейтойына арналған «Тұңғыш қазақ антропологына - 85 жас» атты салтанатты шара өтті. 

         Оразақ Смағұлов – тұңғыш отандық антрополог, Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР ғылымы мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері.

       Ол – еліміздегі ҚР БҒМ Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанынан ашылған алғашқы этникалық антропология зертханасы мен ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің физикалық антропология зертханасының ұйымдастырушысы.

         «Оразақ ағамыз қазақ зиялыларының классикалық үлгідегі танымал тұлғасы. Бұл кісінің антропология ғылымы арқылы қазақтың шығу тарихын егжей-тегжей зерттегені үшін ұлтшыл атанған кезі де болған. Алайда ол басына төнген қауіп-қатерге қарамастан өзінің азаматтық ұстанымынан айныған жоқ. Осылайша біздің кім екенімізді дүниежүзіне паш етті. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікке пара-пар іс» - деді жиында Мәжіліс депутаты Қамал Бұрханов.

          Академик О. Смағұловтың зерттеулерінің арқасында Қазақстанның антропологиялық мәліметтері алғаш рет қазақ халқының этникалық тарихы мен этногенезі бойынша тарихи дерек ретінде пайдаланылды. Оның палеоантропология, этникалық краниология, серология, соматология, одонтология, дерматоглифика мәселелері бойынша жасаған ғылыми қызметі Қазақстанның ежелгі, орта және қазіргі кездегі тұрғындарының арасындағы 40 ғасыр бойғы генетикалық сабақтастықты айқындауға зор үлес қосты, қазақ популяциясы генофондының біртұтастығы мен олардың алыс және жақын физикалық ата-бабаларымен генетикалық байланысын дәлелдеді.

         «Оразақ Смағұлұлы ұлтының тарихы мен тағдырына шынайы жаны ашып жүрген гуманист ғалым. Біздің қазақ тегі мықты халықтардың бірі. Сондай мықты халықтың ата-тегін тектеп, зерттеп, үлкен ғылыми еңбектер жазып жүрген ғалымдардың бірі – осы Оразақ Смағұлұлы. Ол жарқырап тұрған жас шағында Қазақстанның әрбір өңірін аралап, рулар мен тайпалардың антропологиялық қандарын зерттеп еңбек жазды. Өкінішке қарай ол еңбегі кеңестік саясаттың құрығына ілініп, кітабы өртелді. Міне, бүгінгі мерейтой иесі осындай қиыншылықты көрген азамат», - деді жиналғандарға тарих ғылымдарының докторы Уахит Шалекенов.

         Оразақ Смағұлұлы 300-ден аса ғылыми еңбектердің авторы, олардың қатарында: «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности (палеоантропологическое исследование)» (1970), «Этническая геногеография Казахстана (серологическое исследование)» (1977), «Этническая антропология Казахстана (соматологическое исследование)» (1982), «Этническая одонтология Казахстана» (1989, авторлықта), «Абылай хан: тарихи антропологиялық зерттеу» (1999, авторлықта), «Алтай қазақтары» (2003, авторлықта), «Этническая антропология казахского народа» (2007, авторлықта), «Историческая антропология казахского народа» (2008, авторлықта), «Қазақ халқының антропологиялық тарихы» (2011) және т.б.

        Оның ғылыми жетекшілігімен 4 ғылым докторы мен 3 ғылым кандидаты даярланды.

         Салтанатты жиында Оразақ Смағұловқа «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табыс етілді. 

    http://baq.kz/kk/history/kairatkerler/tungish-kazak-antropologina-85-zhil-968

толығырақ

     Қайырғали Жалаири (Қадыр Әлі Қосымұлы би, арғытегі Жалайыр) деп аталған бұл кісі ХVI-ғасырдың ортасымен ХVII-ғасырдың басында өмір сүріп (1530-1605 жылдары), қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған. Туған жері — Қазақстан жеріндегі Сырдария бойы. Қадырғалидың ата бабалары Қарахандар әулеті билігін ен бері үздіксіз хан сарайында қызмет етіп, ханның ақылшы-кеңесшісі, қолбастар батырлары болған. Оның өз атасы Темшік Шығайханның батыры болса, әкесі Қосымбек лауазымын иеленген.

    Ол қазақтың ұлы хандарының бірі Тәуекел сарайында қызмет етіп, ақылшы, кеңесшілік қызымет атқарған. Ана тілімен қатар араб, парсы тілдерін жақсы меңгергендіктен, асқан зор білімінің арқасында жас бекзадаларды оқытып, тәрбиелеген. Әсіресе оның үлкен үмітеткені — Оразмұхаммед сұлтан еді. Өзінің ғылыми еңбегінде бұл туралы былай дейді: «Менің аталарым Оразмұхаммед сүлтанның аталарына қызмет етті. Өзім Оразмұхаммедтің қасында болдым». ХVI- ХVII-ғасырларда жалайырлардың бір бөлігі Ұлытау, Көкшетау аймағында көшіп жүрген. Қазіргі географиялық картада, Арқа жақта Жалайыр, Наймандеген ұзыннан ұзақ бел-белестер бар. ХVIII-ғасырдағы Жоңғар қалмақтары жасаған жойқын шабуылда («Ақтабан шүбырынды, алқа көл сүлама» заманында) Жалайырлар әуелі Бетбақдалаға ығысып, кейін құба қалмақтар жеңіліп, қазақтың кеңдаласы жаудан тазара бастаған соң, жылжи-жылжи Шу, Іле, Қаратал өзендерінің жағалауына келіп орналаса бастайды [1].

    Қазақ хандарының қыстық қонысы Түркістанда болғанда, жазда Арқа жаққа, Көкшетауға көшіп барады екен. Хан-сұлтандар ол кезде аң аулауға жеке дара шықпайды, көп нөкер, саятшы ерткен. Бұл кезде бір орталыққа бағынып, жаңа күшейіп келе жатқан орыс патшалары оңтүстік шығыстағы көршісі қазақ хандығымен қарым- қатынасын кеңейтуге мүдделі-түғын. Шығысында пайда болған үлкен мемлекет Жоңғар хандығы, оңтүстік батысында өзбек әмірлері, Жайық жақтан башқұр мырзалары тыныштық бермей отырған қазақ хандарыда орыстармен сыпайы сауда- саттық қатынас жүргізіп жатқан. Оқта-текте Мәскеуге елшілері де барып қайтатын. Бірақ өздерін ішке кіргізбейтін. Сол кездердің өзінде-ақ қазақ хандығы әлсірей қалса, ұлан байтақ даланы иемдену сияқты түпкіарамойы бар орыс патшалары сол елдің ішкі-сыртқы жағдайын, тарихын, салт-санасын, әскери күшін, қорғану қабілетін жете білуге тырысуы заңды еді. Осы мақсатпен олар ханның айналасындағы адамдардан түтқын алуды бұрыннан ойлап жүрген. Жас сұлтан Оразмұхаммедтің аңшылыққа құмарекенін, жылма-жыл ерте көктемде, күзде Ертіс, Тобыл бойын жағалап ит жүгіртіп, құссалатынын жансыздары арқылы біліп отырған Сібірдегі орыс әкімдері (патшаның тапсырмасы бойынша) аңдып жүріп, Тобыл алқабында қаршыға салып, көңіл көтеріп жүрген Оразмұхаммедті, Қадыр Әлі бастаған саятшы, нөкерлерімен қоса тұтқынға аладыда, «аманат» ретінде Мәскеуге жөнелтеді. Бұл 1588 жыл еді. Оразмұхаммедтің хан ордасы адамы екенін, Қадыр Әлінің Шығыстарихын, мәдениетін жақсы білетінін, көптілдерді игерген ғұлама екенін сезген соң, орыспатшасы оларды жақсы қабылдайды, өзмаңайында ұстайды. Әскер өнерін жетік білетін батыржігіт Оразмұхаммед 1590-91 жылдары орыстардың Шведтерге, Қырым хандығына қарсы жүргізген соғыстарына қатысып, ерлік көрсетеді. Соны ескерген және оның хан тұқымы екенін білетін патша Федор Иоанович 1592 жылы Ока өзені бойындағы мұсылмандар мекендейтін бұрынғы Қасымов хандығынан Оразмұхаммедке жер бөліп береді, 1600 жылы ұлы патша Борис Годунов Оразмұхаммедті Қасымов ханы етіп тағайындаған. Өзінің арғы тегі жалайыр екенін білдіме, жоқпа — әйтеуір Қадыр Әлі бекте зор құрметке бөленіп, бас уәзірлік қызметін атқарады. Қазақ елінің тарихы жөніндегі ғылыми еңбектіде Борис Годуновтың тапсырмасы бойынша жаздым деуі орынды. Себебі бұл еңбек ақпатшаға арналған және алғашқы тарауын да соның билік жүргізу жүйесін бейнелейді. Қадыр Әлінің бұл шежіресі ертедегі қазақтілінде жазылған тұңғыш тарихи еңбекекені аян [2].

    Ш.Уәлиханов бұл кітаптың аңыздан гөрі ақиқаты басымырақ деп бағалаған. Байұзақ Албани: «Тарихнамада оның есімі Әбілғазы, Бабыр, Бенаи сияқты ғүлама тарихшылармен қатар аталады. Орыс ғалымдары Н.И. Ильминский, И.Н.Березин, В.В.Вельяминов-Зерновоның еңбегін жоғары бағалады», — дейді «Тарихи таным» атты кітабында. Оразмұхаммед пен Қадыр Әлі бастаған қазақтардың Ресейде болу оқиғасын көрнекті жазушы, көне тарихымыздың білгірі Мұхтар Мағауин «Аласапыран» атты романында кең және көркем баяндаған. Бұл романы үшін оған Мемлекеттік сыйлық берілгені белгілі.

    Соңғы кездері Қадыр Әлінің еңбегін әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің профессоры М. Қойгелдиев арнайы зерттеп жүр. Байұзақ Албани былай дейді: «Ол жырақта жүрседе, қазақ хандарының саяси-өлеуметтік жағдайлары, Қазақстан дарулық-патриархалдық қатынастардың қалыптасуы, хан төңірегіндегі сұлтандармен қаршылар, бектермен хафиздер т.б. жайында деректі мәліметтер жазып қалдырды. Автор жылнамада Шығыс елдеріне, оның шаһарларына шолу жасап, қазақ сахарасын мекендеген жалайыр, арғын, қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керейіт, алшын т.б. түркіру-тайпаларына тарихи анықтама берді. Ол Рашидад- Диннің парсы тіліндегі «Жамиат-тауарих» шежіре кітабына сүйене отырып, Шыңғысхан әулеті және оның өзі жайында аса молдеректер келтіреді, қазақ хандарының өмір баянына тоқталады. Онда қазақ жері, оның қалалары, ХIII-ХVӀ ғ. Аралығындағы қазақ жеріндегі оқиғалар, қазақ хандарының ішкі-сыртқы жағдайлары, әлеуметтік топтар және қазақ жерін мекендеген ежелгі рулар бірлестігі жайында деректер бар [3].

     Қадырғали араб, парсы, түркі, орыс тілдерін бірдей жақсы білген… Қадырғали— Жалайыр тайпасынан шыққан қазақтың бірінші ойшыл ғалымы, жазушысы, өрнек қалдырған мәдениет мұрагері. Өзінің жазуында да жалайыр тайпасын жоғары көтеріп ардақтаған: «Алаш мыңы арасында үлығы тарақ тамғалы Жалайыр болған. Оның жазғандарын қазақ жазу мәдениетінің бірінші үлгісі деп тану керек».

      Соңғы жылдары казақ ғалымдарының күш салуы арқасында Қадыр Әлі еңбегі өз халқымыздың алтын қазынасына айналғанын айта кеткен жөн. Еңбек үш бөлімнен тұрады: 1. Борис Годунов билігін бейнелеу. 2.Рашидад-Диннің«Джамиат-Таварих» атты еңбегінің қысқаша аудармасы. 3.Орыс ханның Оразмұхаммед сұлтанға дейінгі қысқаша аудармасы. Бұларға қосымша алтын-ордалық ірі қайраткер Едігебатыр жайында дастаны берілген. Қадыр Әлінің бұл еңбекті жазудағы негізгі мақсаты — өз әміршісі Шыңғысхан ұрпағы Ондан сүлтанның баласы Оразмұхаммедтің хан тағына лайық екенін дәлелдеу. Екінші бір мақсат: «…патша Борис Федоровичтің мәңгі әділдігін, ақтығын айту және тағы жоғары мәртебелі Оразмұхаммед ханды жоғары мәртебелі патшаның қүрметпен хандыққа отырғызғанын көрсету үшін жазылды » [4]. Одан әрі Қадыр Әлі былай дейді: «…бүкіл орыс патшасы Борис Федоровичтің үкім 150 жарлығымен оңды-солды қаршыларды, қүрметті бектерді отырғызып, көше-көше, орам-орам мылтық андаздар мен маңғазданып және саясатпен қол қусырып, бас иіп, игі жақсылар тұрды. Осындай салтанатпен Оразмұхаммед Ондан Сұлтанұлын аса құрметтеп, көрініске алып, бұл жерде патша хазіреті таққа отырғызды» (Қасымов қаласында). (Қасым хандығы Мәскеуден 250 шақырым Оң түстік шығыста, Ока өзенінің солжағалауына орналасқан.) Орыс хан туралы былай деген: «Оны барлыгы аға тұтып, патшалыққа отырғызды. Одан соң Орысхан Алатау төңірегіне қоныс тепті. Ол жер өте үлкен және биік тау еді. Онда жақсы жайылымдар, сулар мен бұлақтарда көпболған. Отырар, Сайрам шаһарлары, Шу, Талас, Ыстықкөл, Теклі кәуләяттары болған. Халқы өте көп, іргелі, мықты, даңқты және батыр болған». Қадыр Әлі бұдан кейін Құйыршық хан, Барақсұлтан, Кіші Жәнібек, Қасым хан жайында баяндайды. «Оразмұхаммед Орысханнан Жәнібек ханға дейін төртінші буын еді», —дейді. «Шығайхан батырлығымен мәлім болды. Оның ұлы Ондан сұлтан ер жүрек, батыр, садақ атудың керемет мергені еді. Әрқашан сыртқы жауларға қарсы күресте көп ерлік көрсетті. Ақырында қалмақтар мен шайқаста отыз жасқа келген жігіт шағында шаһит болды. Оның қабірі Қожа Ахмет Яссауи (қасында) жерленді». Жалпы, Қадыр Әлі еңбегі қай сұлтанның, қай ханның, қай жерде шаһит болғанын, жерленгенін көрсетуімен де қүнды. Тәуекел ханды«Ислам мемлекетінің басшысы» деп атаған. Онда сұлтан шаһит болғанда Оразмұхаммедтің он үш жаста жетім қалғанын айтады. «Оналты жасында жалпы христиан басшысы Борис Федоровичке қызметі стеуге дайын болды» дейді (Оразмұхаммед 1610 жылы Лжедмитрий мен Василий Шуйский арасындағы қантөгісте ерлікпен көзжүмған). «Қадыр Әлі би еңбегінің қазақ халқының, қазақ хандығының қалыптасу процесін зерттеп білуде алатын орны ерекше, бұл мәселелерді анықтау барысында тарихшылар оған әлі талай рет оралатын болады, — дейді одан әрі М.Қойгелдиев. — Мәселен, Қадырғали бидің сол түстағы қазақ елін«Алаш мыңы» атау себебі ғылыми әдебиетте әлі күнгедейін жан-жақты баяндалған емес. Аса маңызды тарауларының бірі—«Орыс хан дастаны». Бұл дастаннан біз басқа еңбектерде кездесе бермейтін мынадай фактілерді байқай мыз: бірінші ден, Жәнібек ұлысының, яғни қүдіретті Алтын Орданың ыдырау барысы, оған Фетка Науакрат бастаған әскердің «қосқан» үлесі, Фетка Науакрат деген кім, қайдан келген — бұл әлі анықталмаған мәселе. Екінші ден, осы Фетка Науакрат салған алаңнан кейін Орысханның Алатау жаққа кетіп, сонда орын тебуі. Ал бұл Орысхан қазақ хандары династиясының негізін қалаушы болғандығы мәлім. Үшінші ден, Қадырғали би бұл дастанында Жетісудың солтұстағы (ХIV-ғасыр) қалаларын атап, әскерін сипаттап, елінің ірі, ержүрек келетіні туралы да айтқан». «Қазақ тарихы» журналының сол нөмірінде Қадыр Әлі еңбегінің «Орысхан және оның ұрпақтары» деген тарауы берілген. Жалпы, Қадыр Әлі еңбегі қолдан қолға көшірілгенде көп қателер кеткені анық, сонда да оған әлі талай тарихшы айналып соғары сөзсіз [4].

     Шығыс жылнамашыларының, әсіресе, Рашидад-Диннің, Әбілғазының, Хайдар Дулатидің, Қадырғали Жалайыридің тағы басқа ғалымдардың жазбаша еңбектерін оқып отырғанда ағайын-туғандар бақ-дәулет, атақ-даңқ үшін қаншама ғасырлар бойы өзара қырғын соғыстар ашқанынақ сөз жеткізу қиын емес. Бірақ, бұл — тарих. Ал тарихтан келер ұрпақ сабақ алып, өсіп-өркендеуге тиіс. Ол үшін өткен тарихқа жиі-жиі көз жіберіп отыруымыз керек. Қадыр Әлі бидің еңбегі—бұл салада айрықша көзге түсетінін інжу-маржан.

     Қадырғали Қосымұлы (1530-1605 ж.ж.) қазақтың орта ғасырда өмірсүрген ғұлама ғалымы әрі атақты биі. Қадырғали бидің түптегі ұлы жүздің тарақ таңбалы Жалайыр тайпасынан шыққан. Сондықтан да ол көбінесе «Қадырғали Жалайри» аталып кеткен. Ата-бабалары ертеде Сырдария бойын мекен етіп көшіп-қонып жүрген. Кейін Ескелді, Балпық билер, Орақ сияқты батырлардың басшылығымен Жалайыр әулет осы күнгі Талдықорған облысына келіп қоныс тепкен. Қадырғали бидің ата-бабалары Қарахан дәуірінен бері ел басқарған ықпалды кісілер болған. Әкесі Қосымда беделді би. Оның әкесі Темшік, баһадур Анжы баһадур Адым шейх мырза ағасы, Қарашбек Құбай Қамбар мырза, Айтаулыбек Шейх Софыбек, Тебребек Саба баһадур Сартақ ноян бәрі-бәрі батыр, бек, би болыпты [5].

     Ата, әке жанында жүріп, олардан тәрбие алған Қадырғали жас кезінен-ақ хан ордасындағы жас бекзадалардың ақылшысы, кейіннен ханның ордасындағы жас бекзадалардың ақылшысы, ал кейіннен ханның кеңесші биі болады. Жалайыр елін қалмақтар шауып, берекесін алған жылдары оның аталары Көшім ханның қоластына барып қосылады. Онда барған соң да ол ханға ақылгөй би боп тұрады. Қадырғали би өзінің «Жамиат-тауарих» («Жылнамалар жинағында») кітабында: «Менің аталарым Ораз Мұхамед сұлтанның аталарына қызмететті. Әзім Ораз Мұхамедтің қасында болдым»деп жазады. Осыдан-ақ оның атақты Ораз Мұхамед пен қызметтес болып, орыс княздігімен қарым-қатынаста жүргені аян. Сібір сұлтаны Сейдектіңде кеңесші биі болып тұрған. 1588-1598 жыл аралығынды Қадырғали Ораз Мұхамедпен бірге Мәскеуде патша сарайында қызметте болады. Орыс патшалығы мен шведтер және Қырымхандығы арасындағы соғысқа қатысады. Сол соғыста ерлік көрсеткені үшін орыспатшасы Ораз Мұхамед Сұлтанға Ока өзені жағалауынан жер бөліп беріп, өз алдына хандық құруға рұқсат берген. Ол хандықтың орталығы Қасым қаласы болған. Қадырғали сол Ораз Мұхамед басқарған хандықта уәзір, би болып қызмет атқарады. Қадырғали би сол жылдардан бастап ғылым мен айналыса бастайды. 1600-1602 жылдары Қасым қаласында ол өзінің «Жамиат-тауарих» атты кітабын жазып бітіреді. Енді оның атақ-даңқы осы тарихи шежіре кітабы арқылы бүкіл дүние жүзіне мөшһүр бола бастайды. Түріктілінде жазылған, бұл еңбегінде қазақ сахарасында өмір сүріп, тіршілік еткен Үйсін, Жалайыр, Арғын, Қыпшақ, Қаңлы, Сіргелі, Қоңырат, Керей, Найман, Алшын т.б. түрік тектес ру-тайпалардың түп ата-тегін таратып ғылыми талдау жүргізеді. Оғыздармен Қарахан дәуіріне сипаттама береді. Ерте дегі және одан бергі хан дар дәуірін әсіресе Шыңғысхан және оның әулетімен қазақ ұлыстарынан шыққан хандар, сұлтандар, бектер және олар билеген қазақ халықтарының ішкі-сыртқы шапқыншы жаулар мен күресі т.б. саяси-әлеуметтік жайлары баян етілген.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Миллер Г. Ф. Описание Сибирсқого царства и всех происшедших в нем дел. СПб. 1750

2. Усманов М. А. Татарские исторические источники ХVII-ХVIII вв. Казань, 1972. С. 45

3. Сибирские летописи. изд. «Книга» Москва, 1923г. с. 293-294

4. Даланың дара діл марлары .-Алматы: ЖШС«Қазакстан» баспаүйі», 2001, – 592 бет. ISBN 5-7667-5647

5. Березин И.Н.«Библиотека восточных источников». I том, Казань, 1854.

         Қ.Н. Танкакова Шұбар орта мектебінің тарих мұғалімі

  М.А. Джетимов І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Талдықорған қаласы, make._d_61@mail.ru

толығырақ

kerekinfo.kz

kerekinfo.kz

     Қазақтың тұңғыш кәсіпқой скрипкашысы Айткеш Толғанбаевтың қилы тағдыры өнердің ешбір ұлтқа, жікке бөлінбейтінін, қасарысқан дұшпандықтың да өнер алдында дәрменсіз екенін дәлелдеп кеткен.

     Ол кез Абай әндерінің қалың Тобықтыны былай қойып, қазақ даласына күннің таңғы шуағындай жамырай тараған шағы болатын. Анасы Бибісара Өтелбайқызы музыка тілімен айтқанда, өте сирек кездесетін мецо-сопрано дауысымен кешкілік ақын атаның сыршыл әндерін әуезге құмар ұлының құлағына тамызықтатып отыратын. Үш атадан келіп туысатын Абайдың әнін анасының аузынан естісе, Шәкерім қажының тағылымды кеңесі мен жүрегін жарып шыққан сиқырлы саздарын өз аузынан тыңдап өсті.

Аштықтың азабын аз тартпаған

      Өмірдің алғашқы соққысы оған аштық жылдары сезілген еді. Аштықтан естері ауып, өз балаларының етін жегендерді көзімен көрді. Жағдайдың беталысынан тіксініп, барлығын бірдей аман сақтап қала алмайтындарына көзі жеткен үлкендер бірнеше баланы Семей өңіріндегі Жармадағы балалар үйіне тапсырады. Үлкен ағасы Иманбек аштықпен қоса ауру дендеп, сонда қайтыс болыпты.

    Қуғындалған орыс жұртының жұрнақтарымен әредікте көршілес отырған кездерде баян, сырнай тартқанын көріп, сол кез үшін таңсық саналатын аспаптардың үніне елітсе керек. Бұл аспаптарды үйрену де талапты жасқа жеткіліксіз көрінді. Сөйте-сөйте Семей қаласындағы кинотеатрларда ойналған скрипка әуеніне біржола көңілі құлайды. Радиодан берілген скрипка үнін күнұзақ тапжылмай тыңдауды машық еткен інісінің бұл талабын жете бағалаған Балтақай 91 сомға скрипка сатып әперген күні ол музыкант болуым қажет деген байламға келеді. Сөйтіп, 1936 жылдың сәуірінде көркемөнерпаздар байқауына қатысып, Латиф Хамиди, Ілияс Жансүгіров сынды аузы дуалы қазылардың батасын алады. Сол кезде қазақтың күй өнеріне өлеңнен ескерткіш орнатқан І.Жансүгіров жас скрипкашының талантына тәнті болып, облыстық газетке жылы лебізді мақаласын берген көрінеді.

     Осылайша бірінші ұмтылысынан-ақ көзге түскен дарынды талапкер сол кездегі Семей музыкалық театрының композиторы әрі дирижері Л.Хамидидің нұсқауымен қазақ музыкасының корифейі Ахмет Жұбановтың алдынан өтіп, драмалық-музыкалық техникумда Ленинградтан жер ауып келген Иосиф Лесманның шәкірті атанады. Көп күтпей-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» спектаклінде және Е.Антопольскийдің, П.Чайковскийдің күрделі шығармаларын ұжымдық орындауларға қатысу арқылы шеберлігін шыңдайды.

     Оның студенттік өмірі де аштықтан ес жинай қоймаған бей-берекет кезге сәйкес келді. Осындай қиын кезеңдерде М.Әуезовтің үйінде бірнеше рет болып, оның ағалық ілтипатын көреді. Алматыдағы негізгі қамқоршысы, училище директоры Сағыр Камалов «қара тізімге» ілініп, қамауға алынғанда өнердің ұлтқа бөлінбейтініне көзі жеткен Айткеш кейініректе ұстазы И.Лесман өзінің радиоға жұмысқа орналасуына ықпал жасағанын біледі.

     Алдағыны болжаған адам бар ма? Бұдан кейін сұм соғыстан хабар жетіп, асыл армандар аяқсыз қалды. Майданда «Гриша» атанған ол жауынгерлердің өтініші бойынша әртүрлі ұлттың әуендерін скрипкаға салып, серіктерінің көңілін көтерумен болған екен. Қалт еткен дамыл сәттерінде жауынгерлердің көңілін аулап жүрген ол қырық екінші жылдың қыркүйегіндегі бір кескілескен шайқаста ауыр жараланып, тұтқынға алынады. Міне, музыканттың бұдан кейінгі өмірі тұтас бір тарихи романға жүк болатын дүние.

Еуропа төрінде «Елім-айды» сызылтқан

     Тұтқындағы кездерде итке талату, биттен көз ашпау сынды қорлықтан бөлек, аштықтың азабына төзбегендерді қалай аздырғанын ол былай деп еске алады:

     «Адам бәріне көнсе де, аштыққа шыдамайды екен. Үнемі ішер асқа жарымай, ашқұрсақ жүрген адамдар есінен ауысып, аң сияқты болып кететін көрінеді. Бір кешкілікте тұтқындағылар жаққан оттарының айналасына топтасып, өздерімен өздері болып отырған. ...Сүйретіле басып, көпшіліктен бөлініп, оқшаулау жерде отты айнала қоршай, топ құрып отырған тұтқындардың қасына келдім. Олар менің жандарына келіп отырғанымды байқаған да жоқ, бірдеңені отқа қақтап пісірген болып, жеп отыр. Біреуі «Әй, мынау өзі адамның еті дәмді екен» десе, екіншісі қостап, «Иә, ол әрі пайдалы» деп қойып, күйсеп жатыр. Жаным түршікті, лоқсып-лоқсып жібердім. Бұлар адам емес, аштықтың салдарынан жыртқышқа айналған нағыз адам етін жегіштер еді».

    Бах, Моцарт, Бетховен сынды ұлы композиторларды дүниеге әкелген немістер-дің сүйікті аспабында ойнай алғанының арқасында талай рет жендеттердің қолынан аман қалған Айткеш Толғанбаев Фрайбург қаласында тұтқындағылардан арнайы ұйымдастырылған концертте қазақтың халық әні «Елім-айды» скрипкада ойнап, бір кездері Әміренің асқақ рухты әніне тебіренген Еуропаның төсінде азалы әуеннің зарын төгеді.

Мұстафа Шоқайға у берген кім?

    Бұдан кейін ол еріксіз «Түркістан» легионына алынады. Бұдан бас тартқан жағдайда Вермахтың сотымен өлім жазасына кесілер еді. Батыр бабамыз өз естелігінде онда өз еркімен қатарға өткендердің аз болғанын және сәті түскенде өзінің Кеңес жағына өтуді күтушілермен бірге жүргенін анықтап жазған. Тіпті, әлі күнге дейін дүдәмал даудың тұздығы болып келе жатқан Мұстафа Шоқайдың бейнесі жайында естігендерін де естеліктерінде нақты адам аттарымен келтіре отырып баяндаған.

    Айткеш Фрайбургтен Берлинге келісімен қолына қару алудан бас тартып, легионға қызмет етпейтінін ашып айтқаны үшін үй астындағы зынданға тасталады. Оны бұл тозақтан Мұхаметқали Бақыткерейұлы деген әнші легион командирі Эрнихке өтініп жүріп, құтқарып алған екен. Содан соң ол Мұхаметқалидың кеңесімен үгітшілер взводының құрамына кіреді. Сол кездері осынау әншінің аузынан Түркістан легионының құрылу тарихын естіген екен.

     Гитлер 1941 жылы шабуылға шыққанда М.Шоқай концлагерьде отырып, неміс қолбасшысына КСРО-ның шығысында тұратын қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен сияқты Түркістанның халқынан тұтқынға түскендерді қол астына жиып берген жағдайда Германияның бірде-бір жауынгеріне қастық жасамай, өз Отанын азат етуге шығатынын айтып хат жазады.
    Гитлер бұл ұсынысты мақұл көріп, Мұстафа іске кіріседі. Көп кешікпей қасындағы немістер оған атақты өзбек байының баласы, отызыншы жылдары Сталиннің нұсқауымен немістердің ауыл шаруашылығындағы жетістіктерімен танысып, тіл үйренуге жіберіліп, қайтпай қалған Уали Хаюмовты таныстырады. Бұл кей құжаттарда Уали Хаюмхан деп тіркелген, оның бір ауқатты немістің қызына үйленіп, сіңісе бастаған кезі екен. Жерлесін тапқан М.Шоқай оны өзінің адъютанты етіп алып, дәрі мен тамақты тек соның қолынан ғана ішетінін бірден ашып айтады. Ол кейін Түркістан ұлттық комитетін құрарда ең сенімді адамдарын жинап алып, тұтқындағыларды Түркістанның болашағы үшін аман алып қалу мақсатында осындай қадамға барып отырғанын, Германияның КСРО-ны жеңе алмайтынын айтады.
      Артынша ол лагерьді аралап жүрген кезінде «тұмау тиіп», госпитальда көз жұмады. Мұхаметқали Бақыткерейұлының айтуынша, ТҰК президенттігін көздеген Уали Хаюмов неміс әйелімен ақылдаса келе, дәрігерлердің көмегімен у тауып, оны Шоқайдың тамағына қосып берген. Ол бұл әңгімелерді Мұстафаның қасында бірге жүрген Кәрім Қаратаев, Мәулікеш Қаймелдин, Мәжит Айтбаев, Дүйсен Қожановтың аузынан естігенін айтқан. Өнерін бағалап, шағын оркестрді басқартып, группенфюрер әскери атағын берсе де, әлгі оқиғаны естіп алған Айткеш басқа да пікірлестерімен бірге кез келген сәтте Кеңестер жағына өтуге әрекеттене бастайды. Уали Хаюмов легион әскерін Польша мен Одақ арасындағы шекарадағы ұрысқа пайдалану жөніндегі шешімге еш қарсылық білдірмеген көрінеді. Алайда, тұтқындар лек-легімен, ебін тауып, Кеңестер жағына өтіп болмағасын, оларды Еуропаға ішкерілете, Париж қаласына әкеледі. Дегенмен, мұнда да олар француз азатшыларымен ортақ тіл тауып, қарсы жаққа өтудің амалдарын ойластырып бақса керек.
      1944 жылы Түркістан ұлттық комитетінің бірінші құрылтайы Венада өтеді. Құрылтайдан кейін А.Толғанбаевтың оркестрі өзбек пен қазақтың халық әндерінен үзінділер ойнап, М.Бақыткерейұлы болса, Сырым Датұлының бейнесін сахналайды. Кейіннен бұл екеуінің ішкі ойлары әшкере болып, күзетпен Тулуздағы Стауденс атты өлім лагеріне жөнелтіледі. Бақтарына орай, ағылшын-американ ұшақтары әуеден соққы берген тұста аман құтылады. Үркінді күндердің бірінде серігінен адасып қалған А.Толғанбаев француз партизандарының жағына өтіп, немістермен шайқасқа қатысады. Солайша Марсельден Италияның Неаполь қаласына өтіп, ақыры Кеңестер жасағына қайта қосылады.

Момышұлы мойындаған тұлға

    Айткеш жарты әлемді дүр сілкіндірген алапат соғыстың Жеңістің сүйіншісін Римдегі Кеңес елшілігінде вахтер болып жүрген кезде естиді. Мұндағы күндер оның өмірінің ең бір жаймашуақ кезеңдері еді. Бір күн кезекте тұрса, екі күнгі бос уақытында Италияның атақты театрларын аралап, опера тыңдаумен болған ол, соған қарамастан елге оралуға талпынып, елшінің атына хат жазумен бо-лады. Сөйтіп, Михаил Костелевтің бұл өте асығыс шешім екенін ескерткеніне қарамастан өз дегеніне жетеді.
      Небір зобалаңды көзбен көріп, 1945 жылдың аяғында елге оралған Айткеш әуелде бұрынғысындай қазақ зиялыларымен аралас-құралас болып, шығармашылыққа ден қоя бастайды. Жаңа жылды М.Әуезов, Б.Момышұлы, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин, Е.Брусиловский, К.Бәйсейітова сынды тұлғалармен бірге Ғабит Мүсіреповтің үйінде қарсы алады. Сол кештегі сөз арасында неміс, француз, итальян халықтарының қазақ әндерінің скрипкадағы үніне ерекше ықылас танытып, қазақ музыкасына бас игендерін айтса керек. Сол кезде Баукең орнынан атып тұрады да:
     – Міне, ақсақалдар! Сендер мына баладан үйреніңдер... Өз еңбектеріңді мақтан тұтасыңдар. Мына жігіттен туған халықты сүюді, сол халықтың атын шығаруды үйреніңдер. Сендермен бір үстелдің басында отырғым келмейді, – дегенге саятын эмоцияға толы сөздерді айтып, шығып кетеді.
       Осы әңгіменің әсері болды ма екен, көп кешікпей «сатқындық жасады» деген желеумен Айткештің соңына қуғын түседі де, оған «Кеңес үкіметіне қарсы ұрандар айтып, үгіт жүргізді», «Отанын масқаралаған пьеса жазды» деген сияқты жаланың түр-түрі жабылады.
       Жаланың жол таппайтын тұсы бар ма екен, сірә! Бұл жолы да нақ солай болып, Айткеш 1946 жылдың 3-ақпаны күні туған елі – Абайға қайтқалы тұрған жерінен қамауға алынып, Магаданнан бірақ шығады. Тергеуде оны Түркістан легионында жүріп, М.Әуезов, А.Жұбанов, Е.Исмаиловпен байланыста болғанын мойындатпақ болып, мейлінше азаптайды. Өзімен бірге ел ағаларының өмірін құрдымға сүйреуден бас тартқан ол Райымбек Сатпаев деген камералас қырғыздың арандатуымен «кінәсін мойындап», 1947 жылы 25 жылға кесіледі. Жердің шетінде жүріп те өнерінің арқасында маңайындағы жолдастарының өмірін сақтап қалады. Солайша мұнда да әйгілі «үш әріп» соңына түсіп, оны басқаларды арандатуға итермелеп бағады. Ол арандатуға көнбей, қасарысқаны үшін өмірі тіптен тозаққа айналса да, әйтеуір, араға 8 жыл салып, лагерьден босатылады. Магаданнан елге оралғаннан кейін де мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оның қыр соңынан қалмаған екен. Ахмет Жұбановтың арқасында Алматы консерваториясының доценті атанғанымен, көп кешікпей барлық мемлекеттік марапаттары мен соғысқа қатысушы ретінде көрсетілетін жеңілдіктерінен айырылады. Оның үстіне «жығылғанға – жұдырық» дегендей, мұның бәрі КГБ тыңшысы болуға келіспегендіктен болып жатқанын білгенде туған қыздары мен жан жары, ағайын-жекжаттары да түсінбестік танытады.
         Сол кезден бастап, Тәуелсіздік таңы атқанға дейін өзінің саяси бостандығы үшін күресіп, Мәскеуге сан рет барып қайтқан Айткеш Толғанбаев тек 1992 жылдың мамырында ғана Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының шешімімен «1920–1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп танылып, толық ақталып шығады.
      P.S. Еліміздегі кәсіпқой скрипка мектебінің негізін қалаушы, «Қазақтың Паганиниі», Түркістан легионының мәжбүрлі жауынгері, бұрынғы ГУЛАГ тұтқыны атанып, бар ғұмыры күреспен өткен Айткеш Толғанбаев 1995 жылы өмірден озды. Соның өзінде оның артында Қазақ радиосының алтын қорында скрипкада орындаған музыкалық шығармалары, өнердегі өшпес өмірін жалғастырушы шәкірттері, орыс және қазақ тілдеріндегі «Қатал тағдыр тәлкегі» атты естелік-кітабы қалды. 
       Кітапты қазақшаға тәржімалаған оның немере інісі Манатай Балта-қайұлының айтуынша, «Қатал тағдыр тәлкегінің» «Кітап» баспасынан алғашқы шыққан нұсқасының таралымы аз болып, 2001 жылы «Ана тілі» баспасынан қайта жарық көрген екен. Алайда, соңғы нұсқада «ұмыт қалыпты» деген сылтаумен кітаптың соңғы тарауы берілмеген екен.
       Қағаз бетіне түскен ақиқат ешқашан да жоғалмасы анық. Тек өкініштісі, кітап таралымының әлі де жеткіліксіздігі және онда Айткеш ағамыздың бірде-бір суретінің берілмегендігі. Тағы бір айтар нәрсе, оның өмірі мен қайраткерлік жолдары жайында ақпарат тек Абай ауданының маңына ғана емес, бүкіл елге таралуына қолғабыс ету – мәдени мұраларымызды түгендеушілердің парызы. Асылды, сірә, ұмытуға бола ма?!

КЕРЕК ДЕРЕК

     Айткеш Толғанбаев (1922–1995) – қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы. Қарқаралы ауданының түлегі. Алматы музыка училищесін бітірген (1942). Ұлы Отан соғысына (1942–45) қатысушы. 1945 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түседі. 1946–1955 жылдары репрессияға ұшырап, Колымада болды. Репрессиядан ақталып шыққан соң 1956 жылы консерваторияға түсіп, оны 1961 жылы бітірген. Консерваторияда ұстаздық қызмет атқарды. Қазақ әндері мен күйлерін, қазақ композиторларының шығармаларын өңдеп, скрипкаға лайықтап жазды. Оларды және классикалық шығармаларды өзі орындап, таспаға жаздырды. Өз өмірінен «Исповедь судьбы жестокой» («Қазақстан» баспасы, 1993) деген кітап жазып шығарды. Ол орындаған музыкалық шығармалар ұрпаққа асыл мұра болып, Қазақ радиосының «Алтын қорында» қалды.

        altaynews.kz

      Толығырақ: http://alashainasy.kz/alashuni/turkstan-legionyinda-tutkyinda-bolgan-skripkashyi-kazak-66553/

толығырақ

Mukanov 7

      Біз «Өмір мектебі» жинағынан білетініміздей, халық жазушысы Сәбит Мұқанов хатты кеш таныған адам. Ол кісінің айтуынша, егер сауат танымаған болса, сауатсыз ақындардай ауызекі өлеңін шығарып жүре беретін түрі бар екен, хат танығаннан бастап әуелі араб, кейін латын әрпімен көрген-білгенін қағазға түсіре беріпті. Ал орыс қарпіне біржолата көшкенде көсілте жазатын болыпты.
     Кешегі Шоқан Уәлиханов, ­Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев сынды дарындар орыс әдебиеті мен мәдениетінен үлгі алған. ­Асфандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллиндер орыс мәдениетіне сүйеніп өскен жандар болса, Сәбең де осы ізбен көркем әдебиеттің есігін ашып, орыс классиктерінен көп үйренген.
     Сәбит Мұқанов 1922 жылы Орын­бордың рабфакына оқуға түскеннен бастап, орыс тілін игеріп, орыс мәдениетін егжей-тегжей зерттеген, көп оқып зердесіне тоқыған. Орыстан алған тәуір үлгісінің бірі хатқа сақ қарау еді. Біреуге өзің жазасың, біреу саған жазады. Асыра айтқандық емес, қазақ жазушыларының ішінде Сәбит­тен көп хат жинаған адам жоқ десе, артық айтпаған болар едік. Мұхтар Әуезовтің өзі бұрынғы хаттарды жи­на­мағанына кейін қатты өкініпті.

С Муханов
     «Есік алды төбе болса ерттеулі атпен тең, ауылыңда қарт болса жазып қойған хатпен тең» дегендей, басқа халық хатты бірінші орынға қояды екен.
    Абайдың бір өлеңінде: «Шөлдеген жан су көрсе, бас қоймай ма бастауға» дегендей, орыс мәдениетіне қаныққан Сәбең Пушкин, Лермонтов, Толстойлардың шығармалар жинағындағы хаттардың өзі бірнеше том болып кеткенін аңғарып, өмір бойы өз жазғанын да, өзгенің жазғанын да мұқият жинай беріпті.
       Тургеневтың тек хаттар мен оған жауабы 15 том болған екен. Сәбит ағамыз осы хаттарды әркез қызығып оқыпты. Өйткені көркем шығармаға жан дүниеңді толғандырып жүрген ойларыңды жаза алмасаң, кейбір жақын досыңа ешкімге айтпаған сырыңды жазып жібересің. Генерал болуды армандамайтын әскер болмайтындай, қаламгер көрген-білгенін көкейге түйіп, хат жинауға дағдыланады. Ондағысы «біз де бір кезде жазушы болармыз» деген арманды ой еді.
      Сәбеңді халық танып, сөз зергері болған кезде жинаған хаттары тау болып үйіліп қалады. Оның шет жағасын білетін елден Мемлекеттік мұрағат қызметкерлері естиді. Бірде Жетібаев деген мұрағат қызметкері келіп, қолжазбаларды қорға өткізуін өтінеді. Сәбит аға қолжазбалардың тәртіпке келмегенін айтады. Сәбең «сен одан да осы хаттарды алшы, әр жылдың хаттары реттеліп, сөрелеріме сыймай жатыр, осыны бір тәртіпке келтір, басқасын кейін сөйлесейік» деген екен. Мұрағат қызметкерінің үлкен қағаз жәшіктері болады екен, сонымен бес-алты жәшікпен хаттарды алып кетіпті. Арада екі-үш жыл өткен соң мұрағаттан Эмма Сегізбаева деген жас қыз телефон шалады. «Сіздің хаттарыңызды жүйеге түсіріп қойдық, келіп көріп кетесіз бе» деп өтініш білдіреді. Сәбит аға мұрағатқа барған соң қыз қағаздарды көрсетеді. Сөйтсе, хаттары 141 том болыпты.
      Кейін Ташкентте Орта Азия және Кавказ жазушыларының конференциясы өтеді. Сонда Мемлекеттік мұрағаттың директоры Мұхтар Жанғалин «жазушы Сәбит Мұқановтың хаттарының 141 том болғанын, бұндай тірлік тарихта болмаған, бұл жоғары мәдениеттің белгісі» екенін айтып, ерекше баға берген екен.
    Академик Сәбит Мұқановтың жинаған хаттарының ішінде орыс классиктері Алексей Толстой, Всеволод Иванов, Александр Фадеев, Борис Лавренев сынды үлкен жазушылардың хаттары сақталған. Сонымен қатар қатардағы адамдар: сауыншы, қойшы, малшы, механизаторлардың да хаты жинақталған.

Сабит жазба-1
       Сәбеңнің «Сырдария» деген жинағы­ның шыққан кезі. Әркім әртүрлі пікір айтады, жинақ көпшіліктің талқысына түскен соң кімнің аузына қақпақ қоясың. Бір күні елден хат келеді. Оқып көрсе, «Қарағым, Сәбит! Осындай бір кітабың шыққан екен, өзім хат танымаймын, балама аяғына дейін оқытып, қызығып тыңдадым. Бірақ саған қояр сұрағым бар. Сен ескі өмірді білетін жігіт едің. Түйе егіз таппайтын еді ғой. Сенің күрішші Сырбай дейтін шал геройың бар, соның жалғыз түйесінен екі буыршын бар. Соның біреуін майданға ақша жіберу үшін сатып жібереді, оған сенейік, күздігүні Дәулет дейтін баласы фронттан бір аяғынан айырылып келеді екен. Шал қуанғаннан мал сойды, соның ішінде буыршынның бірі сойылды. Осы екі буыршынның біреуі саған қайдан келді, осыма жауап берші! Сатып жіберген буыршынды қайта сатып алдың ба, әлде түйе егіз тапты ма, соны түсіне алмай қойдым»  деген екен. Әлгіні оқығанда Сәбең ұялғаннан жерге кіріп кете жаздапты. Сол кезде мүйізі қара­ғайдай Есмағамбет Ысмайылов, Мұха­меджан Қаратаев сияқты сыншылар бар, профессор-сыншылардың біреуі аңғар­маған кемшілікті ауыл адамының аңғар­ғанына қайран қалады. Сөйтіп, хат жазған шалдан автор кешірім сұраған деседі.
     Жазушы Сәбит Мұқанов қарапайым адамдардың тыныс-тіршілігі жайлы да көптеген хаттар алып, қолынан келгенше көмек қолын бере білген адам еді.
     Қадымша жазу деген ескі арабша, жәдитше деген жаңа заманның емлесімен жазылған жазу. Екеуін де Сәбең жақсы білетін. Бір күні ескі қадымның әрпімен жазылған хат келеді. Жазуы да тышқан­ның ізі сияқты екен. Әрең дегенде оқып шықса, қызық хат болып шығады. «Қарағым, Сәбит! – деп басталған хатта – кенже балам еркелеу өсіп еді, Ақтөбеге трактор­шының оқуына жібергем, оқып келіп, «мен үйленейін деп едім» деп сырын айтты. Бірақ қыз «әкемнің алдынан өтпей, ешқайда бармаймын» деген екен. Содан құда түсуге бес-алты көлікпен бардық. Қа­зақта «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз бол­майды» деген мақал бар. Қарсы құда сый-сияпатын жасап, беретіндерін берді.
     Содан көп ұзамай құдаларды біз шақырдық. Қыздың әкесі «басқа сыйың қажет емес, маған Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романы шыққан кітабын сыйла» деп отырып алды. Ол кітап өзіме де керек еді, біреулер алып кетіп, аяғын бітіре алмай қалып едім, «маған бер» дегеніне көнбедім, «онда бір кітапқа қызым татымаса батамды бермеймін» деп құда ашулансын. Сөйтіп,  жаңа құда ренжіп ауылына қайтады. Жігіт уайымдап жатып қалды. Сәбит, қарғам! Сен енді осыған жәрдем беріп, осы кітапты тауып берсең етті! – депті хат иесі жалынып. Содан Сарқандта Сәбит Мұқановтың досы бар еді, соған хат жазып, ауылды жерден «Ботакөз» романының 20 шақты кітабы табылады. Содан Сәбең кітапты он-оннан бөліп, екі құдаға жіберіп «әңгімені қойыңдар, та­туласыңдар» деген екен. Әрине, той ие­лері үйлену тойына да, шілдеханаға да ша­қырғанмен, Сәбит ағамыз бара алмапты.
      Бір кітапқа бола екі жастың тағдыры шешілер шақта ақыл тапқан жазушының ел өміріне, жер мәселесіне, тіршіліктің сан қырына араласқандығы осы мысалдан айқын байқалады.
    Орталық мұрағаттың жеке тектік мұрағаттармен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс бөлімінің бастығы Гүлмира Мәжікенқызы сол хаттар жайлы былай дейді:
    «Сәбит Мұқановтың хаттарының ішінде Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Әуелбек Қоңыратбаевтармен қоса, Ғафур Гулям, Михаил Шолохов сияқты өзге ұлт өкілдерімен жазысқан хаттары сақталған. Сонымен қатар жазушы болсам, ақын болсам деген жастардың хаттары баршылық. Жас ақын-жазушылардың қалыптасуына ағалық қамқорлығын аямаған Сәбит Мұқанов келген хаттарға өзінің жауабын да тіркеген екен».
    Академик-жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың әкем, жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың хаттарына жазған жауаптары біздің мұрағатымызда сақтаулы. Әкеміздің жазушы болып қалыптасуына Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов, әсіресе Ілияс Омаров ағаларымыздың қамқорлығы телегей-теңіз еді. Туғанындай қамқор болып, аса кішіпейілдік танытқан, қолынан келген көмегін аямаған заты асыл туған ағаларымыздың жақсылығы еш­қашан ұмытыла қоймас. Жүрген жерінде жақсылықтың гүлін егіп, дарқан жүректің жылуын аямаған қайран ағаларым-ай! ..
     Бүгінгі заманауи компьютер, интернет заманында жедел хабар алу үшін фейсбук, ватсап, электронды пошта, ұялы телефон бар болса, жазған хатқа сарылып жауап күтіп, олардың бәрін мұқият сақтау Сәбит Мұқанов сынды талмай ізденіс үстінде шыныққан қарымды қаламгердің ғана қолынан келетін іс екені мәлім. Хат жазып, хабарласып тұрайық, ағайын!

       Алтын Иманбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

     http://anatili.kazgazeta.kz/?p=29627

толығырақ

Қажымұқанның құпиялары

    Қажы бабамыз 1983 жылы 100-ге келгенде, бүкіл Қазақстан болып аузымызды ләм деп ашпаппыз. Тәуелсіз Қазақстан 1993 жылы да 110 жылдығы тұсында үн-түнсіз қалғаны белгілі. Осыған орай қазақ халқының мақтанышы, аты аңызға айналған Қажымұқан Мұңайтпасовты өз көзімен көрген, қажымұқантанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дербес зейнеткер Қалиәкпар Әміржановты әңгімеге тартқан едік.

     – Мен Қажекеңді 8-11 жасымда көргенмін. Ол кезде Омбы облысындағы Шарлақ (бертін Дробышев, Нововоршавка) ауданындағы Қаратомар ауылында тұратынбыз, – деп бастады әңгімесін Қалиәкпар аға. – Қажекең әр уақытта сондағы Г. Дмитров атындағы колхозда орналасқан ауыл советінің сессиясына бір топ белсенділермен бірге келіп жүретін. Жолшыбай түсетін жері – менің әкемнің үлкен ағасы Аманжолдың үйі.
      Есенбай атам жуан талдан дойбы жасап, соны ойнауды үйреткен-ді. Қажекең бір келгенде үйдегілердің айтуымен дойбы да ойнағанмын. Артынан Қажекең жеңіліп қалғанда (әдейі жеңілген шығар) дойбымды ұрлағандай қимыл көрсетіп, үйде отырғандар мәз болып жататын.
       Қажекеңнің 1910-37 жылдарға дейінгі келіп, кетіп тұрған елі – Омбы облысының Шарлақ ауданы, «Жаңа жол» колхозы (төре ауылы). Менің әкем Көшкімбай 1939 жылы қайыншылап осы араға көшіп келді. Сол 40-шы жылдары бірінші әйелі Бәтимадан (Н.Н.Чепков­скаядан) туған Халиолла, екінші алған әйелі – Ырысты үш қызымен «Жаңа жолда» төре ауылында тұратын. Біз сол мекенде 1939-41 жылдары Қажымұқанның Ырысты атты тоқалымен, оның қыздарымен үй арасында үй жоқ көрші тұрдық.
      1909 жылы Қажекең Надежда Николаевна Чепковскаяға үйленеді, 1925 жылы Тыныбай қызы Ырыстыға, 1938 жылы Мұнәйімға, 1946 жылы Айшагүлге үйленеді. Менің жақсы білетінім – «Сибкрай»(Ресей) өңіріндегі жұбайлары, жұрағаттары. Бірінші неке қиып алғаны Н.Н.Чепковская (Бәтима), 16 жастағы аттың құлағымен ойнап жүрген «цирковая наездница», тепсе темір үзетін әртіс болған. Осы Бәтима апайдан 1910 жылы Қажымұқанның ұлы Халиолла туады. Халиолла 16 жасқа толар-толмаста Шәпен атты қызды алып беріп, отау жасап, жеке шығарады. Біз сол елде тұрған жылдары (1939-41 жж) Халиолла үйлі-баранды, іргелі отбасы болған, сол «Жаңа жол» колхозының төрағасы еді. Халиолланың жеті баласы болды. Ең үлкені – Шабдан 1927 жылғы, менің досым. Екіағаш орта мектебінде бірге оқыдық. Ұзын бойлы, палуан атасына тартқан. Ол әскерге барып, сол жақтан бірден елге қайтпады. Қажекеңнің (Шымкент облысына) қолына келіп, үйленген, қазір зейнеткер, Омбы облысындағы Шарлақ совхозының Платоновка деген бөлімшесінде тұрады. Мен ағайын аралап жүріп 1999 жылы Шабданмен әдейі барып кездестім.
      – Халиолланың басқа да балаларын білетін боларсыз?
     – Халиолланның кейінгі балаларының аттары: Фарида, Разия, Жанайдар, Елтай, Құлымбет. Орыс әйелінен туған баласының атын білмеймін.
      Ел айтуынша, ақырғы екі немересінің атын азан шақыртып Қажекеңнің өзі қойған. Сол уақытта Қазақстан басшылары Елтай Ерназаров, Ұзақбай Құлымбетов болыпты. Бір немересін Елтай, екіншісін Құлымбет атауы соларға тартып зиялы азамат болып, ел басқарсын деген ойы болуы керек. Құдайға шүкір, Қажекең сол жалғыз Бәтимадан туған Халиолладан жеті немере көрді. Олардан тараған шөберелерін санамай-ақ қояйық. Омбы өңі­рінде «Жілік сындыру» деген дәстүр бар. Жылқының тоқпақ жілігі. Елге бір барғанда жігіттер, тамақтан кейін қолға орамал орап, сол дәстүрге кірісті. Көбі жілікті сындыра алмай, бір кезде, толықтау келген, жұмыр жігіт сарт еткізіп жілікті екіге бөлді де тастады. Отырғандар: – Бұл Халиолланың баласы, пәленше (атын ұмытыппын), - деп жамырап кеткені есімде.
      – Бәтима әжеміз қандай жан еді?
     – Бәтима апай ақжарқын, кездескен адаммен шүйіркелесіп кететін. Мінезі байсалды, ислам дініне кіріп Бәтима аталуының өзі бір ғажайып көрініс. Әрине, мұны істеткен Қажекеңнің абыройы, қазақ халқының әйгілі азаматының ісі. Бәтима апайдың айтқан әңгімелерінің ішінде есімде қалғаны қазақ жұртының бұрынғы дәстүрі, қыз беріп, келін түсіру, қалыңдық ойнауы салттарын әдемілеп келтіретін. Акценті болса да қазақша жақсы сөйлейтін. Бұл кісінің тағы бір қасиеті: Қажекең 1925 жылы Ырыстыға үйленгенде, әрине, өкпелейді, бірақ алысқа кетпейді. Бұрынғы өздері балалар үйінен асырап алған баласы Ғабдолланың қолына барып, Халиолланың қызы, өзінің немересі Разияны бауырына басып алады. Қаншама өмірдің тауқыметін көрсе де, Бәтима апай күйеуге шыққан жоқ, Разия немересін оқытып, тәрбиелеп, Хамза Сәрсенов деген қазақ жігітіне қосып, солардың қолында 1966 жылы дүние салды.
     Ырыстыға келейік. Бұл кісі қараторының әдемісі болатын. Аузында сөзі бар, жан-жақты, шығармашылық қабілеті болатын. Қажекеңді қосып балаларының аузына салып берген шығарған өлеңдері де болған. Осы арада айтайын дегенім, Ә.Қоңыратпаев: «Арада жылдар өтеді», Бәтимадан соң Ырыстыға үйленді. Бұл әйелінен үш ұл, үш қыз көреді» («Күш атасы», 155-бетте) деп жазды. Үш қыз көргені рас, ал үш ұл Ырыстыдан болмаған. Ырыстыдан туғаны – София, Әзия, Рашида. София менімен жасты болатын, 1926 жылы туған, Әзиясы – 1928 жылғы, Рашида – 1930 жылғы. София бойы сұңғақ, әкесіне тартқан, 1950 жылы операциядан қайтыс болды. Әзиясы белшең, қыз болса да төртбақ. Ол кезде Үйіртіп базары (Железинка ауданы, Павлодар облысы) болып тұрады екен. Сол базарда Әзиясы палуанның алдына шығып:

«Жетіге, міне, келді менің жасым,

Көтерем екі пұттық кірдің тасын»,  – деп өлеңін айтып келіп, кір көтергенін Әзияның өзі, басқалары да айтатұғын. Балалар қалжыңдасқанда біріне-бірі: «Әй, сен мықты болсаң Әзиямен күресіп көрші» дейтұғын. Әзиясы бертін келе әкесіне келіп Қызылорда жағында күйеуде, осы облыстың Шиелі ауданы, Ленин атындағы колхоздың «Алғабас» бөлімшесінде тұрған деп естідім.

      Ырысты және ең кіші қызы Рашида 1942-1944 жылдары екеуі де қайтыс болды.
     Жоғарыда айтып кеттік, екі немересінің аттарын Қажекең өзі қойған деп. Менің бала шақта естігенім бойынша, Софиясын – Болгар елінде, Әзиясын – Шығыс Азияда жүргенде тауыпты, сондықтан сол жүрген жердің, қаланың аттарын еске алып, өзі қойған есімдер екен. Шынында да қараңғы қазақ Софияны (Болгар астанасын), Азия (Жер бөлшегі екенін) қайдан біледі?
      – Қажекеңнің тұңғыш баласы – Ғабдолла, екіншісі – Халиолла ғой? Олармен кездескен боларсыз?
        – Әрине. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін көп уақыт өтпей Қажымұқанның ұлы Халиолланы соғысқа алып кетті. Бала-шағасымен жұбайы Шәпен жұртпен бірдей күндерін көрді. Бертін келе майданнан оралған Халиолла елдегі отбасына бармай, Шарлақта тұрып райзагстың бастығы болып жүрген бір орыс әйеліне үйленді. Өзі аудандық механизатор мектебінің ағаш-өңдеу цехында жұмыс істеді. Мен сол жылдары Шарлақта қызмет істеп жүрдім. Әр уақытта кездесіп, әңгімелесетінбіз. Мен бастық болып тұрғанда жұртқа керек едім, қазір маған адам қарамайды» деп өкпесін айтатын. Бертін келе (1975 жылы) Омбы жағына барып жүргенде Халиолланың орыс әйелі қайтыс болып, сол әйелінен туған баласы мен қазақ әйелі Шәпеннен туған балаларының маңайына келіпті деп естідім. Сонда Омбы облысындағы Платоновкада көп уақыт тұрса керек.
       1999 жылы баласы Шабданмен кездескенде: «Папам қайтыс болды» деді де қойды. Қажекеңнің Халиолла баласы – қыр мұрын, шашы, қасы, мұрты қап-қара, қараторының сұлуы болатын. Дене құрылысы тіп-тік, орта бойлы зиялыға ұқсайтын. Мұқаңның бұл баласы әуелі әскерге барып, борышын өтеп келді, содан кейін колхоздың төрағасы, артынан Отан соғысына қатысып, оның ардагері болды. Палуанның немере, шөберелерінің өсіп-өнуіне, алты бала тапқан Шәпен жеңгеміздің еңбегі өте зор.
      – Қажекеңе байланысты естеліктерде ең бір өкініштісі, палуанның Ғабдолла деген үлкен баласы туралы дерек жоқ. Неге?
        – Тағы да Ә.Қоңыратбаевқа жүгінейік («Күш атасы», 155-б.) «...Ырыстыға үйленеді. Бұл әйелінен үш ұл, үш қыз көреді». Ер балаларына келгенде – «Бірі тергеуші» дейді де қояды. Сол тергеуші деп отырғаны –Ғабдолла. Бірақ ол Ырыстыдан тумаған. Маркс Қызыкенов («Күш атасы» 15-29-б.б) жазып алған әңгімесінде, бәйбішесі Бәтима апай да ол баласы туралы ештеңе айтпайды.
        Сол төре ауылында («Жаңа жол» колхозы) тұрған кезде менің естігенім: 20-30-жылдары әке-шешелері өліп, жетім қалған балалар көбейіп, үкімет тарапынан «ұйымдастырылған» «Балалар үйлері» пайда болады. Сол кездегі қамқорлықтың, мейірімділіктің бір түрі – бала асырап алу болған. Қажекең «Балалар үйінен» бір баланы алып, мұсылманша Ғабдолла (одан кейінгі туғаны Халиолла) деп атын қойып, өз баласындай тәрбиелеп, Ғабдоллаға өзінің атын, фамилиясын береді. Сөйтіп, Ғабдолла Мұқанұлы Мұңайтпасов кейінірек Омбыда заң қызметкері болған. Елдің тағы бір аңызында: «Жоқ, Ғабдолла палуанның бел баласы, анда-мында әгу-гәйді салып жүргенде болып қалған дейді. Олай да болуы мүмкін. Сол Ғабдолла 1941-43 жылдары біз тұрған Дробышев (қазір Нововаршавка) ауданына көшіп келіп, тергеуші болып істеді. Ғабдолла жалғыз келген жоқ. Қолында өгей шешесі Бәтима апай (Қажекеңнің бірінші әйелі), өздері бауырына салған Разиямен (Халиолла қызы) бір отбасы болып тұрды. Сол соғыс жылдары қызмет бабымен Ғабдолла елге шығып жүрді. Жездем Жәнтемір Айдосовтың үйінде («Екіағаш» ауылы») ақырғы рет кездескенім бар. Орта бойлы, түрі ақшылдау, үстінде белбеуімен калың күрең шұғадан жасалған әскери бешпеті бар. Сыйлы қонақ келді ғой деп Жәнтемір жездеміз қисса айтатын өлеңшіні шақырған екен. Жастықты қолтығына басып жатып, тыңдап, әр жерде өзінің лебізін білдіріп, қиссаның кейіпкерлері ұнаса «молодец» деп, ұнамаса «мынауың бір «сволочь» екен ғой» деп қоятын. «Ақшаға» аудандық прокурор кеңесіне барып жүргенде Мұңайтпасов қайда деп сұрап қалсаң, кейде: «А, Александр Михайлович» кейде: «Абдул Муканович» дейтін.
       Александр Михайлович дегендерінде ештеңе жоқ. Ресейде нағыз қара қазақтың өзіне орысша ат қойып алады. Қазақша акцентпен сөйлесе де, қазақ тілін жақсы білетұғын. «Халиолла болса, соғыста. Оның, әкемнің (Қажымұ­қанның) бала-шағалары қалды, осыларға бас-көз болайын деп, осы ауданға сұранып келдім. Бұлардың тұрмыстарын көрсем ішім ауырады, көрмей жүргенім жақсы еді» дейтін.
       1944 жылы Ғабдолла Мұңайтпасовты Омбыға көшірді, бір жылдай прокурор болып тұрады. Содан кейін ол кісі партия мен үкімет шешіміне байланысты Батыс Украинаға Бендершілерге қарсы күреске барып, прокурор болып жүрген кезінде қаза табады. Бендершілдер оны атып өлтіреді. Міне, Қажекеңнің асыраған, тәрбиесін көрген ең үлкен ұлының бірі, Отаным, елім деп, өз еркімен барып, сол кездегі кеңес өкіметінің саясатына жан-тәнімен бе­ріліп өліп кетті. Азаматтық қой. Палуанның адамгершілігі ме, қайырымшылығы ма, әйтеуір орыстың (мүмкін өз ұлы) баласын асырап, мұсылманша ат қойып, қазақша үйретіп, заң қызметкерлерін даярлайтын оқу орнын бітіртіп, қазақ халқының ұлттық психологиясына дейін бойына сіңіріп ержүрек азамат жасағаны. Міне, менің білетін палуанның «Сибкрай» өңіріндегі ұрпақтары – осылар. Ал енді Ырыстыдан қалған София мен Рашида ерте дүние салды. Ырыстыдан туған Әзия қызынан бір қыз бар деп естідім, ал Шымкент маңайындағы, Мүнәйімнән – Айдархан, Айдарханнан – Шаттық, ең соңғы тоқалы Айшагүлден – Жәнәбіл, Жәнәбілден – Жанар.
      – Қажы бабамыздың әлі біз білмейтін ұрпақтары болуы да мүмкін ғой?
      – Шынында да менің білетінім өзінің заңды, некесін қиып алған әйелдерінен туған Халиолла, Айдархан, Жәнәбіл. Ғабдолла туралы жоғарыда айттық.
        Әрине, палуан ағамыз жас болды, мас та болуы мүмкін. Өз көзімізбен оқығанымызды, өз құлағымызбен естігенімізді несіне жасырамыз. 1960 жылы Қызылордаға Москва циркі келіп, ондағы Николаев деген палуан өзін Қажымұқанның баласымын деп жариялағанда, халық нөпірі отыз күндей цирктің алдын бермейді. Бұл – қазақ халқының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовқа деген құрмет, үлкен ілтипат болатын. 2005 жылы маусым айында Омбыдағы цирктің директорының орынбасары болып істейтін, өзі бала кезінен цирктің аренасында қызмет істеген Евгений Юрьевичпен кездестім. Оның айтқаны:
        – 1960 жылдары болу керек. Бізге бір айдай жыл сайын келіп-кетіп білек күшімен (силовик) ойын көрсетіп жүрген Герасимов: «Мен Қажымұқанның баласымын, осы Омбы облысында тұратын менің ағайындарым бар» деп, Шарлақ, Русская поляна, Дробышев (Нововаршавка) аудандарына сұранып, апталап барып тұратын. Бұл әңгімені сол жылдары елге (Омбы облысына) амандық-саулық білуге барып жүргенде мен де естігенмін. Жайықбай деген менің жолдасым: «Еңгезердей бір орыстың жігіті келіп, шешемнің айтуы бойынша, менің шын әкем Қажымұқан деп әдейі іздеп келдім дегеннен кейін, ел болып қарсы алдық, мал сойып, Қажымұқан аруағына ас бердік» деген еді.
      Енді «Караван» газетінің 2009 жылғы №15, 10 сәуірдегі санында Қажымұқанның Айдарханнан туған немересі Шаттық:
      – «1996 г. мы к своему удивлению получили приглашения из Франции, где как выяснилось у Кажымукана остались дети от жены француженки. Они пригласили нас приехать, но отец (Айдархан), как член партии наотрез отказался ехать «к буржуям» и больше мы связь с ними не поддерживали» дейді. Қажекеңнің балаларымыз деп жүрген азаматтар мүмкін жалған да болар, бірақ Қажымұқан деген атының өзі жалғыз қазақ халқының мақтанышы емес, басқа да ұлттардың өкілдері бұл есімді мақтан етіп, атын шығару үшін пайдаланған ғой деген де ой келеді. Онда тұрған не бар? Француз императоры Наполеонның неменелері, Ресейдегі II Николайдың, Кеңес Одағын бас­қарған Сталиннің шөберелері Еуропа, Азияда еміс-еміс табылып жатқан жоқ па? Біздің Қажымұқанның олардан кем болмағаны байқалып-ақ тұр.
       – Әңгімеңізге үлкен рақмет!

      Сұхбаттасқан: Төреғали ТӘШЕНОВ, islam.kz

        Толығырақ: http://alashainasy.kz/sport/kajyimukannyin-kupiyalaryi-64100/

толығырақ

ҚАЗАҚТЫҢ  ҚАЛДАРБЕГІ ЕДІ ҒОЙ...

         Қабырғалы қаламгер, көрнекті қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаев көзі тірі болғанда биылғы көктемнің алғашқы айын­да 76 жасқа толар еді. 1939 жылы 16 наурызда қазіргі Мақтаарал ауданының Асықата ауы­лында жарық дүние есігін ашқан ол жастайынан жазу-сызуға айрықша құмар болып өсті. Өткен ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының басында әдебиет майданына қосылған Қалдарбек Найманбаев – өзінің публицис­тикасы, очерктерімен заман шежіресін жазуға, замандастар бейнесін жасауға лайықты үлес қосқан қаламгер болатын. 

    Әдебиетті жүзден озған жүйріктің, мыңнан шыққан тұлпардың ғана баратын алтын сарайына баласақ, журналистиканы сондай қасиетті де киелі ордаға жеткізетін бірден- бір көпірге теңеу ләзім. Көркем әдебиеттің көрнекті өкілдерінің арасында баспасөз саласында жұмыс істемегендері некен-саяқ. Есімі әдебиетсүйер қауымға, қалың оқырманға кеңінен таныс Қалдарбек Найманбаев та журналистика сынды машақатты да жауапты жұмысты өзіне өмірлік серік еткен. Ол С.М. Киров атындағы ҚазМУ филология факультетінің журналистика бөлімін бітірер-бітірместен еңбекке араласады. Өзінің шығармашылық жолын 1960 жылы республикалық жас­тар газеті – «Лениншіл жаста» (қазіргі – «Жас Алашта») әдеби қызметкер болып бастайды. Республикалық, одақтық, дүниежүзілік дүбірлі додалардан, сан алуан спорт сайыстарынан жаңалық, хабарды тартымды әрі шебер жазатын спорт журналисінің қызғылықты материалдарын газет оқырмандары тағатсызданып асыға күтетін, зейін қойып ынтыға оқитын.

    Редакцияның тапсырмасымен республиканың жетекші кәсіпорындары мен озат шаруашылықтарында болған ол өзінің болашақ шығармаларына лайықты кейіпкерлерді тынбай іздестірді. Осы орайда журналист Шымкент (қазіргі – Оңтүстік Қазақстан) облысының Келес (қазіргі – Сарыағаш) ауданындағы механизатор Райхан Өскенбаеваға, Киров (қазіргі – Мақтаарал) ауданындағы шопан Әзімхан Шоқабаевқа, Сайрам ауданындағы тракторшы Әнжір Оттаповаға, Кентау экскватор зауытының шебері Аркадий Туренкоға, Мырғалымсай руднигінің рекордшыларына, Форт-Шевченконың (қазіргі – Ақтаудың) балықшыларына, сонымен қатар өзге өңірлердегі өндіріс мамандарына, еңбек адамдарына жолығып, олармен емен-жарқын сұхбаттасты. Кейіпкерлерінің өмірін, материалдық игіліктер жасаудағы ерен еңбектерін өз көзімен көрді. Шұқшия зерттеп, ой елегінен өткізіп, терең толғана отырып көрген-білгені жайлы оқырмандарға идеялық, тәрбиелік насихат беретіндей етіп мөлдіретіп суреттеп жаза білді.

    Спортшылар өмірінен жазылған туындылары да тартымды шығатын. Мысалы, «Алтын тұғырда – Айханов», «Жүректің жылуы», «Сүйіну», «Жүрек сыр шертеді» очерктерінде танымал спорт саңлақтары – Әбілсейіт Айханов, Октябрь Жарылғапов, В. Мусалимов, Василий Жихаревтің бет-бейнелері ұтымды бедерленді. Бұл очерктерді оқи отырып спортшылардың қол жеткізген жетістіктері жөнінде мол мағлұмат алып қана қоймастан, сондай-ақ оқырман қауымды спортпен белсене шұғылдануға, ауыл спортын көтеруге шақырғанын көреміз.

     Журналистік өмірдің ащы-тұщысын, ыстық-суығын бір кісідей басынан кешіріп, бұл салада мол тәжірибе жинақтайды. Республикалық «Білім және еңбек» (қазіргі – «Зерде»; 1970-1976) және «Ара» – «Шмель» (1987-1988) журналдарында бас редактор қызметін атқарды. Қоластындағы қызметкерлерге қатаң талап қоюмен қабат оларды ерінбей еңбек етуге үндей білді. Қамқорлығын да аямады. Жұрттың бәріне қолынан келгенше жақсылық жасап жүретін.

    «Жалын» (1976-1984) және «Жазушы» (1988-1992) баспаларына басшылық жасады. 1986-1987 жылдары Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау агенттігі Қазақстан бөлімшесін басқарды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшылығынан (1984-1986) арада бес жыл үзіліс жасап аталмыш шығармашылық одақтың бірінші хатшысы (1991-1996) қызметіне көтерілді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Халық депутаты (1990-1993) ретінде Тәуелсіз де егемен еліміздің тұңғыш Конституциясын, тағы басқа да аса маңызды нормативтік-құқықтық актілерінің қабылдануына белсене атсалысады. Өзі іргетасын қалыптастырған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары қызметінде жүргенде жұмыр жердің бетіне тарыдай шашыраған қандастарымыздың тағдыр-талайына алаңдаушылық білдіріп, қолынан келген ізгі көмегін аянып қалмады. Құрылтайларды ұйымдастыру мен өткізу шараларының басы-қасында жүрді.

    1965 жылы «Жазушы» баспасынан «Даңқ тұғырында» атты тұңғыш деректі повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрген. Оның қаламынан замандастарымыздың адамгершілігін, адалдығы мен шынайы махаббатын суреттеген «Қоштасқым келмейді» (1969 ), «Бастау» (1970), «Үміт өткелі» (1971), «Сол бір түн» (1972), «Беймаза қонақ» (1978), « Аптап» (1979), «Көкем екеуміз», «Шақырылмаған қонақ», «Шілде» (1982), «Таңертеңнен түске дейін», « Түнгі жол», «Ұзақ жол», «Ақкент кеші», «Ол екеуі және мен» атты әңгіме, повестері жарық көрген. «Көктөбе» (1984) және «От пен ойын» ( 1989) романдарында жекелеген адамдардың қарым-қатынасы арқылы қоғамдық қайшылықтар сырын ашуға әрекет жасайды. «Ерлі-зайыпты екеуі және басқалары» (1984), «Біз сені күтеміз, Гүлзат!» (1986), «Домалақ арыз» (1987), «Жаңа жыл алдында» (1988) пьесалары облыстық және республикалық театрлардың сахналарында қойылған. Әдеби көркем туындылары жиырмадан астам шетел тіліне аударылған. Қарымды қаламгердің «Қоштасқым келмейді» («Не хочу прощаться») повесі 1971 жылы Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасы шығарған жас жазушылардың «Мы молодые» атты жинағына енген. 1982 жылы Мәскеудегі «Советский писатель» баспасы «Ақкентке жол» («Дорога в Аккент») атты повестер жинағын жарыққа шығарды. «Түнгі жол» атты кітабы « Ночная дорога» деген атаумен орыс тілінде басылды. «Таңертеңнен кешке дейін» атты повестер жинағы Киевтің «Молодь» баспасынан украин тілінде жарық көрген. 1991 жылы қостомдық шығармалар жинағы оқырмандар қолына тиген. Жалпы алғанда, 40 жылда қырықтан астам кітап шығарған. 

     Өмірінің соңғы жылдарын алыс-жақын шетелдердегі қазақтармен тығыз қарым-қатынас орнату сынды ізгілікті де игілікті іске арнады. Төрткүл әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай тараған қандастарымыз мекендейтін Ресей, Америка Құрама Штаттары, Қытай, Германия, Бельгия, Австралия, Моңғолия, Өзбекстан, барлығы 43 мемлекетті түгелдей аралап шықты. Шеткейдегі қазақ диаспорасының көкейкесті мәселелерін талдаған көптеген басқосулар ұйымдастыруға мұрындық болды. Алыстағы ағайын, туыс-бауырлардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелердің оңтайлы шешілуіне белсене атсалысты. Республикалық Қазақ күресі одағының тұңғыш төрағасы ретінде осы ұлттық спорт түрін Халықаралық аренаға шығарды. Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының құрылуына себі тиді. Сөз орайы келгенде өзі де кезінде белгілі боксшы болғанын да тілге тиек ете кетейік.

    2004 жылы 22 қыркүйекте Қалдарбек Найманбаев бұл жарық дүниемен қоштасқан болатын. Міне, оқырманына мол рухани қазына сыйлаған осындай ізгі ниетті суреткердің өмірден озғанына да он жылдан асты. Алайда осы күнге дейін оның аты-жөнін мәңгі есте қалдыру шараларының қолға алынбауы өкінішті-ақ. Әлі күнге дейін Астана, Алматы, Шымкент, Жетісайда оның атына қойылған мектеп, көше, тағы басқа да нысанның табылмауы көңілге қаяу түсіреді. Қабырғалы қаламгерге еңселі ескерткіш орнатуды да қолға алған жөн. Қазақ күресінен Қалдарбек Найманбаев атындағы Халықаралық жарыс ұйымдастырып жіберсек, қанекей! Бұған қоса спорт журналистерінің арасында Қалекеңнің құрметіне арнайы сыйлық тағайындаса да артық етпейді. 

     Өйткені қалың қазақтың Қалдарбегіне айналған жомарт жүректі жанға қандай құрмет көрсетсек те әбден жарасады.

      Әбдісаттар ӘЛІП, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 

     http://turkystan.kz/kz/articles/view/64011

толығырақ

Есенберлин-111-1024x579

      Биыл қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағында бірқатар қаламгерлердің, әдебиетші ғалымдардың қатысуымен жиын өтті. Бұл жиынның тағы бір ерекшелігі, оның кезінде Ілияс ағамыз Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болғандағы жұмыс қабинетінде өткендігі. Осы жердің өзі жазушы өмірінен сыр шертіп, көп жайттан хабар беріп тұрғандай.
   Басқосуды ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай тарихи тақырыпты қопара кө­тер­ген жазушының мерейтойы биылғы жылы аталып өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдығымен қатар келіп отырғандығына назар аударды. Алда жоспарланып отырған шаралар жетерлік. Үш қалада – Астана, Алматы, Көкшетау қалаларында алқалы жиын­дар өтпек. Жазушы кітаптары шығарылады. Деректі фильмдер көрермендерге ұсынылады. Еңселі ескерткіші де бой көтермек.

Есенбер-

      Көзі қарақты оқырман жақсы білуі тиіс, І.Есенберлин жұртшылыққа алғашқыда ақын ретінде танылды. 1945 жылы «Сұлтан», «Айша» дастандары жарық көрді. Одан кейін «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы, «Большевик туралы поэма», «Біржан сал трагедиясы» дастандары оқырман қолына тиді. Алпысыншы жылдары ғана проза жанрына қалам тарта бас­тады: «Өзен жағасында» (1960), «Толқиды Есіл» (1965), орыс тілінде жазылған «Адам туралы ән» (1957) атты повестері жария­ланды. «Айқас» (1966), «Қатерлі өткел» (1967), «Ғашықтар» (1968), «Қаһар» (1969), «Алмас қылыш» (1966), «Алтын құс» (1972), «Жанталас» (1973), «Көлеңкеңмен қорғай жүр» (1974) романдары, «Көшпенділер» трилогиясы (1976), «Маңғыстау майданы», «Аманат» (1978) романдары, «Алтын орда» трилогиясы (1982, 1983), «Махаббат мейрамы», «Алыстағы аралдар» (1983), «Аққу құстың қуанышы» (1984) романдары.
   Ол расында да кереметтей еңбекқор болатын. Алматыдағы тау-кен және металлургия институтын тәмамдағаннан кейін Жезқазған кенішінде инженер, содан соң майдангер, партия қызметкері, филармония директоры, шахта бастығы, «Қазақфильмнің» аға редакторы, «Жазушы баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы секілді жауапты қызметтерді атқара жүріп, соншама шығармаларды қалай өмірге әкелегеніне таңырқамасқа шараң жоқ.
   Жиынға қатысушыларды белгілі әдебиетші ғалым Шериаздан Елеукенов пен халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің ортаға салған ойлары қызықтырғаны даусыз. Олар кезінде Ілияс ағамызбен жүздесіп, талай сыр-әңгімеге қаныққан. Ш.Елеукенов Есенберлинмен Баспа комитеті жүйесінде қызмет етіп жүргенде кездескен. Қаламгердің шығармашылығы туралы, тіпті Одақ көлеміне дейін ұласқан қызыл кеңірдек айтыстарға қатысып, оған араша түскен. Бертінде, тәуелсіздік жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қазақ әдебиеті тарихының» он томын құрастырғанда соның тоғызыншы томындағы «Ілияс Есенберлин» атты ғылыми очерк ­Шериаздан ағамыздың қолынан шыққан.
    – «Қаһардың» алғашқы аты «Хан Кене» болатын. «Хан Кене» болып шығару қиын болды. Содан ақылдаса келе кітап баспадан шығарда біз «Қаһар» деп ат қойдық. Біз деп отырғанымыз кімдер? Өзі баспаға директор болып келген соң жан-жақтан жастарды шақырды. Мені «Қазақ әдебиетінде» істеп жүрген жерімнен шақырды. Мұхтар Мағауинді, ­Рамазан Тоқтаровты, Тұтқабай Иманбековті шақырып алды. Кілең жастарға арқа сүйеді.
   Ілекеңнің сол кезде ең даулы – тарихи тақырыпқа баруы оның керемет жүректілігін, керемет отансүйгіштігін, ұлтшылдығын көрсетеді. Ол кісі кейінгі қаламдас інілеріне жол ашты. Тарихи мектепті қалыптастырды. Менің «Дарабозды», «Соңғы көшті», Мұхтардың «Аласапыранды» жазуына… бәріне жол ашқан Есенберлиннің романдары. Мұзжарғыш кемедей алға жол тартты, – деді жазушы Қ.Жұмаділов.
    Ілияс Есенберлин мен Дінмұхамед Қонаев арасында жақсы қарым-қатынас болғандығынан ел ішіндегі әңгімелерден хабардармыз. Бұл жайтқа етене қанық екенін Қабдеш Жұмаділов сөйлеген сөзінде аңғартты:
    – Ілекеңнің әдебиетке келуіне тікелей ықпал еткен – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Ілекеңді айтқан кезде, Қонаевты айтпасақ болмайды. Екеуі ежелден таныс болған. Қонаев Мәскеуден оқу бітіріп, Балқашта бас инженер болып жүргенде, Ілияс Есенберлин политехникалық инс­титутта студент. Димекеңнің қоластына барып, тәжірибеден өтеді. Ол кезде тау-кен инженері дейтін аз. Саусақпен санарлықтай. Екеуі жақсы таныс болады. Димекеңнің инженерлік тәжірибесін көрген шәкірті. Содан кейін тағы жолдары түйісіп отырады. Бұл кісі соғыста болған. Бір аяғынан ауыр жараланып елге қайтады. Ілекең жүргенде сылтып басатын. Қатар жүргенде кісінің қолынан ұстап алатын. Майданнан келгесін Орталық Комитетте іс­теді. Орысшаға жүйрік. Қазақшасынан орыс­шасы мықты сияқты болып көрінетін. ОК-тің ауыр өнеркәсіп бөлімінде істейді. Қонаев Министрлер Кеңесі төрағасының өнер­кәсіп жөніндегі орынбасары. Екеуінің де саласы бір. Сөйтіп жүргенде жолдары айы­­рылып кетеді. Димекең басқыштап, өрлеу жолымен кетеді. Ілекең құлдырау жолымен кетеді. Асыра сілтеу кезінде Ілекең сотталады. Алған әйелі Жүсіпбек дейтін «халық жауының» қызы болып шығады. Осылар ылғи да алдынан шығып, құлдырайды ғой. Содан қалай табысты дейсіз ғой? 1967 жылы Жаңа жылдың басында Қонаев киностудияны аралап жүреді ғой. Сонда Ілиястың киностудия­да аудармашы болып, күн көріп жүрген кезі. Қонаев аралап келе жатып, Ілиясты көріп қалады. «Ілияс сенбісің? Барсың ба?» дейді. Әбден ойында қалған. Бірақ көріспегендеріне он жылдай уақыт болған. «Бармыз ғой, Димеке. Қайсыбірін айта берейін. Аман жүрміз, әйтеуір» дейді. Сол кезде Қонаев көмекшісіне: «Келесі жұмада Ілиясты маған кіргізетін болыңдар» дейді. «Сонда әңгімелесейік» деп өте шығады. Келесі жұмада әңгімелеседі. Ілекең бар жағдайды ортаға салады. «Қазір не істеп жүрсің?» дейді. «Киностудияда, аудармашы…». «Бұрын филармонияда директор болдың. Опера театрына директор керек болып тұр. Соған жіберсем қайтеді?» дейді Димекең. Сонда Ілекең күлдім дейді. Өзінің маған айтып берген әңгімесі. «Ой, Димеке, баяғыдай қыз-келіншектердің тілін табатын жастан өтіп кеттік қой. Мен әдебиетшімін. Жазған кітаптарым бар. Одан да маған «Жазушы» баспасының директорлығын беріңіз деп айттым» дейді. «Жарайды» депті. 1967 жылдың наурыз айында Ілекең «Жазушы» баспасына директор болып келді. Керемет жаңалық! Ешкім білмейтін Ілияс Есенберлин деген біреу «Жазушы» баспасына директор болып келеді. Директор болмаса, Қонаев оны қолдамаса Ілекең кейінгі романдарын жазбас еді. Жазса да шығара алмаған болар еді. Осы ретте, Димаш Ахметұлы Қонаевтың әдебиетке деген ерекше қамқорлығын атап өткім келеді.
     Ілияс Есенберлиннің өз заманындағы қа­ламдастарынан басты ерекшелігі не еді? Оның батылдығы, қайтпас қайсарлығы. Қазіргі егемен елдің жастары таңданып, таңырқауы мүмкін: алпысыншы-жет­пі­сінші жылдары «қазағым», «ұлтым» деп айту, хандарды, билерді ауызға алу оңай болған жоқ. Кеңестік саясат бұл ұғымдарды жақтырмады. Жақтырмағанын айтасыз, итжеккенге айдап жіберген жоқ па? Бұған бір ғана мысал – тарихшы ғалым Ермұқан Бекмахановтың өмірі. Кенесарыны жазам деп басы бәлеге қалған Бекмаханов Сібірден енді оралып жатқанда бұған ерегіскендей Есенберлин қорықпастан, тайсалмастан осы тақырыпты көтеріп жатты. Хан Кенені, анау-мынау емес, кітабының бас кейіпкері етіп алды. Мұны ерлік демей, басқаша қалай атар едік? Кітаптарының аттарының өзі кеңес саясатын шошындырардай: «Алтын орда», «Көшпенділер», «Алмас қылыш» және т.б. Алайда Ілекең тартынбады. Қабдеш Жұмаділов айтқандай алға қарай тарта берді.
      Жазушының қазақтың батыр ұшқышы Нұркен Әбдіровке арнаған өлеңінде мына бір шумақ бар:
Жай оғындай көктен түсіп жан берген,
Ел аузында ән боп аты тербелген.
Ол кім еді? Жоқтар туған даласы, –
Нұркен атты ол қазақтың баласы.
     «Бұл өлеңнің алтын қазығы – «қазақ баласы» деген сөз. Сол сөз Ілияс Есен­бер­лин­нің былайғы шығармалары­ның идеялық өзегіне айналды» деді Ш.Елеукенов.
   І.Есенберлин тек тарихи тақырыптарды көтерумен шектелген жоқ. Өзі өмір сүрген заман тынысын арқау еткен туындыларды да жарыққа шығарды. Мәселен, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған «Айқас» романында кен өндіруге қатысты өндірістік мәселелер сөз болды. «Махаббат мейрамы», «Аққу құстың қуанышы» романдарында көтерілетін жайттар – шығармашылық иелері арасындағы талас-тартыс, арамдық пен адалдықтың бітіспес күресі. «Алтын құстағы» махаббат хикаялары да өмірден алынғандығы байқалады.
     Қаламгер өлең, повесть, романдардан өзге пьеса, киносценарий жазып та бұл жағынан жүйріктігін байқатқаны белгілі. Бұл туралы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақышев былай деді.
      – Ол кісінің драма жанрында да қалам тартқанын, тіпті киносценарий жазып, сол бойынша көркем фильм түсірілгенін де осындай мерейтой үстінде қаперде жаңғыртып өткеніміз абзал. Өйткені қаламгер шығармашылығын зерттеушілер аузынан көп айтыла бермейтін қырының бірі де осы. Мысал үшін алатын болсақ, «Таудағы тартыс» пьесасы 1962 жылдан бастап республикалық балалар мен жастар театрында біраз уақыт қойылып жүрді. М.Ерзинкянмен бірігіп жазған «Құйма» киносценарийі бойынша 1961 жылы фильм түсіріліп, ол Кеңес Одағы респуб­ликаларында және венгр, поляк, болгар экрандарында көрсетілді.
      Реті келгенде, жазушының тағы бір қыры жөнінде айта кетейік. Оның жекелеген өлеңдеріне әндер де жазылған. Қолдағы бар дерек, Ілекеңнің қырықтан астам ән мәтіндерінің авторы екендігін айғақтайды.
     Н.Ақыш жазушының «Көшпенділер» трилогиясы өз кезеңінде ерекше құбылыс болып саналғанын атап көрсетті:
     – Алғашқы кітаптың мазмұны он бесінші-он алтыншы, екінші кітаптікі он жеті-он сегізінші ғасырлардағы, ал үшіншісінің мазмұны он тоғызыншы ғасырдағы қазақ даласында тарихи тұрғыдан елеулі орын алған оқиғалардың соқталы дегендері жайында әңгімелеуге құрылған. Алғашқы кітап «Алмас қылышта» қазақ халқының халық ретінде ұйысуға қам жасап, бір замандарда Шыңғыс хан құрған алып империяның сілемдері Ақ орда, Көк орда сияқты құрылымдардан тәуелсіздік алуға ұмтылуы, сөйтіп өз алдына ел болу жолындағы тағдыры сөз болады. Үш кітапта аттары аталатын тарихи адамдардың саны қыруар және олардың басым бөлігінің көркем туындыда көрінуге тиісті қырлары, яғни мінез-құлқы, ой дүниесі, дүниетанымы, сыртқы-ішкі портреттері, психологиялық ерекшеліктері бірсыдырғы жақсы ашылған.
    Осы арада жазушының зерттеушілік, ғалымдық жұмыстарының өзі қыруар болғанын да ескерусіз қалдырмаған жөн.
   Аталған трилогияның тарихи көркемдік, композициялық тұрғыдан алып қарағандағы басқа шығармалардан алабөтен ерекшеленіп тұратын бірегейлігі – оның уақыт кеңістігінде бір-бірінен шалғай жатқан кезеңдер мен кейіпкерлерді алып, көркемдіктің бір алтын арқауының бойына шоғырландыра алуында. Уақыт кеңістігін осынша кең соза отырып (ХІV-ХІХ ғасырлар), ортақ көркемдік идеяның тінінен ажырамау, бірінші кітаптағы ойдың тұпқазығын соңғы кітапта да босаңсытпай алып шығу шеберлік нышандары екендігі сөзсіз. «Көшпенділердің» қызыға оқылуының тағы бір себебі – жазушының тарих қатпарларында көнеріп қалған түрлі оқиғаларды жалғанның жарығына шығара отырып, көркемдік ой жүйесін түзе білгендігінде. Ауқымды шығарманың өнбойында негізінен сөз болатын жайлар – қазақ халқының талайлы ауыр тағдыры, ұлт болып ұйысу жолындағы бастан өткізген түрлі аласапырандары, ынтымақтасу, бірігу барысындағы бастан асып жатқан қиыншылықтар, сырттан, іштен төнген қилы қауіптер, билік басындағы хандар мен олардың айналасындағылардың ірілі-уақты интригалары, жекелеген тұлғалардың басынан өткен окиғалар.
      Пікір алмасуға қатысқан жазушы Марал Сқақбай оң ұсыныс білдірді:
    – Ілекеңнің ерекшелігі – тарихшы­лардың бере алмағанын беруі. Ешкімнің қолына түспей жатқан көптеген материалдарды жарыққа шығаруы шын мәнінде ерлік болатын.
     Расында да, Есенберлин қазақ әдебие­тін­дегі тарихи тақырыпқа жол ашты. Мұнан кейін бұл тақырыпқа қалам тербеген жазушыларымыз көп болды. Алайда олар Ілекеңнің артынан ілескен інілері есебінде жүрді.
     Бізде тарихи тақырыпқа жазатын азаматтар бар екендігін айттым. Сондықтан сондай қаламгер арасында бәйге жария­лап, жүлдегерлерге Ілияс Есенберлин атындағы әдеби сыйлық беріп отырсақ қандай жақсы. Осы Жазушылар одағының қаперінде болса.
      Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев Есенберлин шығармалары бүгінгі күнге дейін қызғылықты оқыла­тынын айта келе, «Осы басқосуды ұйым­дас­тырып отырған Жазушылар одағы мен Әдебиет және өнер институтының байланысы бұдан былай да нығая түссе нұр үстіне нұр болар еді» деген ойын жеткізді. Сыншы Бақыт Сарбалаев жазушы мұрасын зерттеуге мән берілу ке­ректігіне тоқталды. Әдебиет және өнер инс­титутының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Гүлжаһан Орда Есенберлин жол ашып кеткен ­тарихи тақырыпты көтеру бүгінгі күні кеңірек жалғасын тауып отырғанын тілге тиек етті.
   Пікір білдірушілердің сөзі мына түйінге келіп тоқайласты: Жазушы Ілияс Есенберлин ұлтқа қызмет еткен қаламгер. Оның шығармаларының әлі күнге оқырман қо­лынан түспей жүруінің де сыры осы болар.

     – «Қаһардың» алғашқы аты «Хан Кене» болатын. «Хан Кене» болып шығару қиын болды. Содан ақылдаса келе кітап баспадан шығарда біз «Қаһар» деп ат қойдық. Біз деп отырғанымыз кімдер? Өзі баспаға директор болып келген соң жан-жақтан жастарды шақырды. Мені «Қазақ әдебиетінде» істеп жүрген жерімнен шақырды. Мұхтар Мағауинді, Рамазан Тоқтаровты, Тұтқабай Иманбековті шақырып алды. Кілең жастарға арқа сүйеді.

       Нұрперзент Домбай

       http://anatili.kz/?p=27545

толығырақ

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті