Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Қазақ жері

Қазақ жері

     Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласында туған жердің табиғатын, оның байлығы мен әралуандығын сақтау жайында талғамды ой айтқан болатын. Мұның өзі ендігі арада байтақ даламыздың өсімдік және жан-жануарлар әлемін сақтау, жердің құнарын арттыру, өте сирек кездесетін дәрі-дәрмектік емдік өсімдіктерді кәдеге жаратуда бей-берекетсіздікке жол бермей, олардың жойылып кетпеуін қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелердің үлкен жауапкершілігін алға тартады.
       Қазір мамандарымыз елімізде жалпы дәрілік өсімдіктердің 1,5 мыңға жуық түрі өсетіндігін, олардың тек 40-қа жуығының ғана медициналық шикізат ретінде пайдаланарлық қоры бар екендігін айтып отыр. Өкінішке қарай, осыған қарамастан, оңтүстік өңірлерде ғана  өсетін емдік дәрі-дәрмек жасауда таптырмас бағалы мия та­мы­­рын жинау тоқтамай тұр. Мы­салы, тек  Қызылорда облысы бойынша ғана екі жылдың ішін­де 1800 тонна қызыл мия тамы­ры Қытайға жөнелтілсе, Оң­түс­тік Қазақстан облысының ау­мағынан да соңғы төрт жыл ішін­де 63 мың тонна мия тамыры жи­налып, өзге елдерге әкетіліпті. Соның салдарынан мыңдаған гектар аридтік аймақтардағы жерлер деградацияға ұшырауда, табиғатқа орасан зор зиян келуде.
     Тағы бір мәселе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының аумақтарында ғана  өсетін емдік қасиеті өте жоғары болып саналатын дәрілік  сасық кеуректің (ферула вонючая) майын (сағыз) шетелге заңсыз шығару кең етек алып отыр. Айта кету керек, сасық кеу­рек деген жалпы атпен белгілі өсімдіктің 10-нан астам түрі бар, олардың барлығы да Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген. Сасық кеурек өсімдігінің шикізаты Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан сия­қты елдерде үлкен сұранысқа ие және бұл елдерде осы өнімнің бір килограмы 100-150 доллар шамасында бағаланады. Ауғанстанда аса бағалы дәрілік зат ретінде құн­ды саналатын сасық кеурек аяу­сыз жиналып, қазіргі уа­қыт­та мүлдем жойылып кеткен көрінеді.
      Ресми мәліметтерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш, Арыс, Отырар аудандарында сасық кеурек дайын­дау үшін көптеген фирмалар құрылған және де олар өнім дайындауға шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарта бастаған. Мысалы, тек 2009 жылы ғана ау­ғанстандық мыңнан астам азамат туристік визамен келіп, 7000 ки­лограмм шикі өнім (сағыз) дай­ындап, сыртқа жөнелтіпті. Ал 2016 жылы Ауғанстанға 14 тоннадан астам шикізат (сағыз) жі­берілген. Осындай заңсыз іс-әрекеттерге байланысты аса ба­ғалы дәрілік өсімдіктер азайып­ қана қоймай, мүлдем жойылып кету қаупінің алдында тұр. Сасық кеуректің   құм және шөлді (аридтік) аймақтарда өсе­тіндігін ескерсек, оны құр­ту жердің тозуына, құмның кө­шуі­не алып келетіні сөзсіз. Ең со­рақысы сол, «Қызыл кітапқа» ен­ген өсімдік әлемін қорғауға тиіс ғылыми-зерттеу институттары, мысалы, Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ботаника және фитоинтродукция» институты табиғи өсім­дік­тер­ді заңсыз жинап, экс­порт­қа шы­ғарып жүрген фирмалармен келісімшарт жасасып, ақша тауып отыр. Осы құжат олардың заңсыз әрекетіне жол ашып беруде.
      Қазақстан бойынша дәрілік өсімдіктерді жинап, пайдалану мәселелері заңдық тұрғыдан реттелмегендіктен, ол «көлеңкелі эко­н­омикаға» тікелей жұмыс іс­теп тұр. Өйткені, жергілікті жер­­лерде бақылау жоқ. Міне, сон­­дықтан да  түрлі емдік жә­не дәрілік өсімдіктер соңғы бір­неше жылда түп-тамырымен қо­па­рылып, шет елдерге сатылып келеді және оның жабайы өсе­тін таралымы жойылып, та­би­ғи экожүйелерге үлкен залал кел­тіруде.
    Біздің мамандарымыз дәрілік өсімдіктерді қолдан өсіретін және оны терең өңдейтін технологияларды пайдалануды жол­ға қоя алсақ, ел экономикасына миллиондаған теңге табыс әке­луге болатындығын айтады.    Мы­салы, көрші Өзбекстанда мия та­мы­рын қолдан өсіріп, терең өң­дейтін АҚШ, Жапония, Қытай ин­вестициясына салынған 20 кә­сіпорын жұмыс істейді. Олар мия экспортының 70%-дан астамын терең өңдеп сатуда екен.
     Бізде «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пай­далану туралы» Заң бар да, өсімдік әлемін қорғау туралы арнайы заң жоқ. Сондықтан да қысқа мерзімде «Өсімдік әлемін қорғау туралы» заң қабылданса, табиғи емдік-дәрілік өсімдіктер осы заңмен қорғалған болар еді. Оның еліміздің бай табиғатын сақтауға толық мүмкіндік бере­тіні сөзсіз.
       Мұрат БАХТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты

 https://egemen.kz/article/darilik-oesimdikter-zhoyylyp-barady

толығырақ

АСАНАС

      Қазақ жерінде заманында өркениеттің бастау-бұлағындай һәм белгісіндей болған тарихи қалалар бой көтергені белгілі. Бүгінде оларды археологтар, тарихшылар, этнографтар, географтар өздерінің зерттеу нысанына айналдырып, ел үшін құнды-құнды мәліметтер табуда. Әрбір қала өзінің орналасқан жеріне, аймағына қарай саяси-экономикалық, рухани-мәдени орталықтың негізі болғаны аян. Бұл елтану жолында жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, бай тарихымыздан хабардар етіп, қазақ халқы тек көшпелі халық емес, оның байтақ даласында сәулеті мен дәулеті жарасқан, әсем де көрікті қалалардың болғаны жөнінде берік ұғым-түсінік қалыптастыратынына кәміл сенеміз. Бүгінгі тақырыпқа арқау етер сондай тарихи қаланың бірі де бірегейі – Асанас қаласы.

      Асанас қаласы Қызылорда қаласынан оңтүстік шы­ғысқа қарай 48 ша­қы­рымда, ал Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылынан оңтүстік-батысына қарай 8 шақы­рым қа­шықтықта орналасқан. Асанас қаласының атауы ортағасырлық Өзгент, Сығанақ, Жент, Баршынкент қалаларымен аталады. Тарихшы Жувейнидің еңбегінде 1219 жылы моңғол әскерлерінің Сығанақтан Жендке қарай бара жатқан жолда жаулап алынған қаланың бірі ретінде сипатталады. Сырдың төменгі ағысы бойымен жүріп өткен Плано Карпини «Моңғолдар тарихы» атты кітабында: «Бұл жерде біз сансыз қиратылған қалалар мен қамалдарды, көптеген бос қалған қоныстарды кездестірдік. Бұл жерде үлкен өзен бар оның аты бізге белгісіз, жағалауында Янкинт деп аталатын қала бар, тағы біреуінің аты Бархин, үшіншісі Орнас деп аталады және бізге белгісіз қалалар бар» деп жазады. П.Л.Лерх аталған шаһарларды Сырдария­ның төменгі ағысындағы қалалармен сәйкестендіріп Орнас-Асанас, Янкинт-Янгикент, Бархин-Баршынкент қалалары болуы мүмкін дейді. Ал В.А.Каллаур 1899 жылы Асанас қаласының орнын анықтап, топографиялық сипаттамасын жасай отырып, қалаға тартылған суды Қаракөз деп атаған. Сондай-ақ Ақтөбе елді мекенінің жанынан Қызылқұм ішіндегі сеңгірге дейін жететін арықтың бірін ауыз су десе, екіншісін егістікке тартылған арық деп жорамалдайды.
Асанас қаласы дөңгелек пішінді, көлемі 450х400 метр. Қала мықты мұнарасы бар қабырғамен, оның сырты ормен қоршалған. Төрт қақпасы бар қорғаныс қабырғаның қазіргі сақталған биіктігі 5 метр­ге жуықтайды. Қабырғаның ені іргетасымен есептегенде 15 метр. Шығыс бөлігінде орналасқан цитадельдің аумағы 40х50 метр, ал биіктігі 1 метр.
     1954 жылы Хорезм археология этнографиялық экспедициясы Асанас қаласын есепке алып, 1960-1961 жылдары барлау жұмыстарын жүргізді. Ал 1968 жылы Н.Н.Вактурская қалаға екі стратиграфиялық қималық қазба түсіріп зерттеу жұмыстарын ұйымдастырды. Қазба барысында табылған қыш ыдыстар ХІІ-ХV ғасырға жатқызылса, екінші қазбадағы керамикаларды VІІ-ІХ ғасырдағы оғыз заманына тиесілі екені анықталды. Нәтижесінде, Асанас қаласы VII-IX ғасырдан пайда болып XV ғасырға дейін өмір сүрген. Хорезм экспедициясының зерттеулеріне дейін тарихи әде­биеттерде қаланы соғдылық саудагерлер тұрғызды деген пікірлер басым болған еді. Кейін, қазба жұмыстары көрсеткендей, қала тұрғындары мен оны тұрғызған – оғыздар болғаны дәлелденді.
      Сонымен қатар шаһардың солтүстігіне қарай 50 метр жерде ­Асанас ата кесенесі орналасқан. Аңыз бойынша Асанас ата – жергілікті танымал әулие Қожан қожаның нағашы атасы болып келеді.
   Кесене шаршы пішінді күйді­ріл­­ген кірпіштерден жасалған. Жоспарындағы аумақтық өлшемі – 7,18х8,83 метр. Кесенеге 2010 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Асанас ата кесенесі Қазақстандағы сәулеттік келбеті ерекше кесенелерінің бірі. Қазіргі таңда Асанас қаласы және Асанас ата кесенесі мемлекет қорғауына алынған, Қызылорда облысы бойынша жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына кіреді.
    Ширек ғасырға жуық үзілістен кейін отандық зерттеуші-ғалымдар ескерткішті қайта зерттеу және нысанға барлау жұмыстарын ­жасауды қолға алды.


       2000 жылы Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Т.Мәмиев Шахристан дуалының орташа биіктігі 3 метр, қалыңдығы 5 метр, мұнаралар саны 20-ға жуық екендігін анықтады. Ал 2005 жылы Шірік рабат археологиялық экспедициясы (жетекшісі тарих ғылымының кандидаты ­Ж.Құрман­құлов) ескерткішке қайта барлау жұмыстарын жүргізіп, Қызылорда облыстық ескерткіштер жинағына енгізген болатын. Бұл ескерткішке алдағы уақытта жүйелі әрі кешенді зерттеуді жүргізу және оны туристік нысанға айналдыру мәселесі күн тәртібінде тұрғаны анық.
    Ғасырлардан терең сыр шер­тетін сахара шаһарлары өзінің археологиялық болмыс-бітімімен қайран қалдырып, сол замандардағы сәулетті дүниелерді көз алдымызға әкелгендей болады. Ірі экономикалық, сауда-саттық, аумақтық маңызы бар орталықтарда қазандай қайнаған тіршіліктің бәрі осы тарихи шаһарлар арқы­лы жалғасып жатыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жердің тарихын білу жайында өзекті ойлар айтылғаны белгілі. Тарихымыздың үлкен парасы осындай шаһарларды танумен байланысты екені айтпасақ та түсінікті. Олай болса, рухани тұрғыдан жаңғыруымыздың бастамасы ретінде кең байтақ дала төсінде орын тепкен, бүгінде тек жұрнағы немесе ізі қалған қалалардың маңызын бағалап, көзіміздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Талай ғасыр бойы жер астында қалған рухани мұраларды ашып, зерделеу ісі бірнеше ғылым салаларының ден қоятын көкейкесті мәселесі екені анық. Ұлы дала мәдениеті мен өркениетінің бастау-бұлағындай қазыналарымызды бүгінгі ұрпақ ықылас қойып, танып білсе, ғанибет болар еді.

       Жанболат ҮТІБАЕВ, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының 
аға ғылыми қызметкері Мақпал СҮЙІНДІКОВА, кіші ғылыми қызметкер

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=43225

толығырақ

Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің 80 пайызы ОҚО-да орналасқан

     Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ОҚО-да туризмді дамытудың тура жолдарын анықтап берді. Осылай деген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің 80 пайыздан астамы Оңтүстік жерінде орналасқанын айтты.
    «Көне заманнан тарих пен руханияттың орталығына айналған Оңтүстік Қазақстанда республика бойынша тарихи-мәдени ескерткіштердің 80 пайыздан астамы орналасқан. Сондықтан, өлкемізде туризм индустриясын жан-жақты дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Бүгінгі күні осы бағытты дамыту үшін 3 басымдыққа көңіл аударып отырмыз. Біріншісі туристік инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде серпінді жобаларды жүзеге асыру. Олар Түркістан, Шардара, Сарыағаш, Қасқасу кешендері. Екіншісі қызмет көрсету сапасын арттыру болса, үшінші басымдық өңірдің туристік әлеуетін насихаттау және жарнамалау болып табылады», - деп атап өтті әкім.
    Мәселен, облыста «Қасқасу» тау-шаңғы курорты, «Сарыағаш» жаңа курорт қалашығы, Түркістан мен Отырарда тарихи-танымдық туризм кешені, ал Шардарада жағажай туризмі дамытылатын болады. Нәтижесінде, 2021 жылы ішкі туризм көлемін 220 000 адамға және кіру туризмінің көлемін 20 000 адамға  арттыру жоспарлануда.
     Сонымен бірге облыста туризм индустриясының дамуына Елбасымен ұсынылған «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Мәдени-географиялық белдеу» жобалары үлкен үлесін қосқалы отыр.
     Нақты айтқанда, «Ханқорған», «Сайрам», «Ескі шаһар, Шымкент», «Күлтөбе», «Көне Түркістан», «Оқсыз» арнайы бағыттары ашылған жағдайда көптеген жұмыс орындары ашылып, салық көбейіп, туристік сауда түрлері дамиды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.   

толығырақ

Ерлік Кебекбай суреті.
   Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Кетпен Алатауының етегіндегі Кепебұлақ ауылының тарихи атауының қайтарылғанына 8 мамырда 10 жыл толды.  Бұған дейін Бөдеті деп аталып келген бұл ауылдың  атауын өзгерту Алматы облыстық мәслихатының 2007 жылғы 29 наурыздағы N 37-276 шешімі және Алматы облысы әкімдігінің 2007 жылғы 29 наурыздағы N 66 қаулысы бойынша жүзеге асып, ол Алматы облыстық Әділет департаментінде 2007 жылғы 8 мамырда N 1983 тіркелген болатын.

     ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін Кепебұлақ деп аталған бұл елдімекен 1920 жылдары селолық кеңестер құрылғанда Бөдеті аталып кеткен көрінеді. Аудандағы 25 елдімекеннің бірі саналатын бұл ауылдың Бөдеті аталуы туралы ел арасында түрлі аңыз әңгімелер бар. Біреуінде ел арасында Еренқабырға деп аталып кеткен әйгілі Тянь-шан тауларының Қытай елімен шектесетін тұсындағы Бөдеті деп аталатын көрікті мекеннің атауымен байланыстырылады. Табиғаты көркем, малшылыққа да,  егіншілікке де өте  қолайлы, сулы, нулы жердің  халыққа құтты-берекелі орын болғанынан елдімекен аты да Бөдеті деп аталғаны айтылады. Шынында да бастауы мен бұлағы көп бұл жердегі басты өзеннің атауы Кепебұлақ аталуы кездейсоқ болмаса керек. Көктемде күн күрт жылып, қар жылдам еріген кезде және жаңбыр мол жауғанда ғана арнасынан асып-тасып, өткел бермей асау мінезін көрсететін Кепебұлақ өзенінің суы жыл өткен азайып бара жатыр. Бір кездері мұнда балықтың көптігінен өзен суына салған әрбір шелек бос қайтпайтынын тамсана әңгімелейтін адамдар аз емес.

    Бөдеті сөзінің атауы қатысты 2011 жылы «Өнер баспасынан жарық көрген Т.Жанұзақовтың «Жер-су атаулары» (этимологиялық анықтамалық) деген кітабында өзге нұсқалары да көрсетілген. Атап айтқанда, біріншісінде  суы мол, құрақты-қамысты және айналасы шилі боп келетін табиғаты керемет бұл жерде бұрын бөдене өте көп болғандықан Бөдеті аталған деп айтылады. Екіншісінде, бұл атау қалмақтың «құдай», «әулие» деген мағынаны білдіретін боғда-богде сөзінен шыққаны және Бөдеті аталған таудың жартастарында қашалып салынған, қалмақ боғдаларының суреттерінің көптігімен түсіндіріледі.

     Қазір ауыл маңындағы жартастардағы қалмақ боғдалардың суреттері түгелдей жойылған деуге болады. Тек жан-жануарлардың ғана  бірлі-жарым бейнелері сақталған. Олардың өзі жартастардың құлауынан және жаңбыр мен қар суынан мүжіліп, ұсақталуынан жыл өткен сайын азайып барады. Ауыл адамдарының айтуынша, бұрын мұнда ежелгі сақ, үйсін, түркі дәуірдегі ата-бабаларымыздың көзіндей болған тастан қашалған балбалтастары да көп болған көрінеді. Олардың көпшілігі тың игеру науқаны кезінде трактордың жынжыр табанының астында қалып, қиратылған. Одан аман қалғандары 1990-жылдары түрлі құрылыс жұмыстарына жаратылып кетіпті.

толығырақ

Торғай нысандары ғаламшардың ең жұмбақ геоглифтерінің бестігіне кірді

       Smithsonian журналына «Ғаламшардың бес ең жұмбақ геоглифтерін қайдан көруге болады» деген мақала шықты. Ол бестікке Қазақстанда орналасқан Торғай геоглифтері кірді.
    Smithsonian журналы - Вашингтонда Смитсонов институтының ресми баспа органы, алғашқы нөмірі  1970 жылы шыққан. Журнал түрлі ғылыми саладағы  мәселелердің тереңдетілген талдауын ұсынады. Оның мәнін толықтыратын қызықты фотолар жариялайды.
     Журнал ай сайын шығады. Смитсонов институтының және ғылым, тарих, өнер, поп-мәдениет және инновация саласындағы оның мұражайларының экспонаттары, зерттеу мәні болып табылатын тақырыптар мен материалдық нысандарға баса назар аударып, оқырмандарға олар жайлы кеңінен мәлімет береді.
     Еске сала кетейік, бұл геоглифтерді 2007 жылы Google Earth ғарыш түсірілімінің көмегімен қостанайлық азамат Дмитрий Дей ашқан. Ол, ежелгі нысандардың практикалық мәні бар, күн күнтізбесімен, расытханамен өлшеу немесе есептеу аспабы болған деп санайды әрі алғашқы өркениет, алғашқы дін Торғай топырағында - осы жерде пайда болған деп есептейді.
    2013 жылы жазда Торғай нысандарын көруге Оксфорд университетінен (Ұлыбритания) ғалым Мотузайте Гиедре келді. Ағылшын ғалымдары ең «жас» торғайлық геоглифтер біздің дәуірімізге дейін бірінші ғасыр мен біздің дәуірдің бірінші ғасыры арасында салынған деген тұжырым жасады, яғни олардың 2,5 мың жылдық тарихы бар. Әрі жерден мүлдем көрінбейтін, ғарыштан ғана көзге түсетін ежелгі геоглифтер 7 мың және одан бұрынырақ уақытта салынған болуы мүмкін деп болжайды.    

толығырақ

Назарбаев Үкіметке «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеуді жүктеді

     «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ - жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл - рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз - ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз», - деп жазады Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.
       Осы орайда мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.  Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.
     «Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі - неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол - ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз», - деп нақтылады Н. Назарбаев. Бұл тұрғыда биыл Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып, жобаны әзірлеуі керек.  

толығырақ

      Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Бестерек елді мекені маңында ғажайып бір табиғат туындысы бар. Ауылдың солтүстігінен төрт-бес шақырым жердегі тау жоталарында орналасқан оны жергілікті жұрт Ақбауыр қуыстасы деп атайды. Кірер аузы бөктердегі жер деңгейінен 30-35 метр биіктеу тұрған ол үңгірден гөрі тау төсіне тігілген күрке немесе жаппаны көзге елестеткендей. Олай дейтін себебіміз, жалпы, пошымы киіз үйге ұқсас оның қабырғалары дөңгелене иілген кереге сияқты да, төбесінде ішке күн сәулесі еркін түсетін шаңырақтың орнындай ойық бар. Атап айтатын нәрсе, оның бәрі адам қолымен жасалған ба, жоқ әлде табиғаттың құдіретімен өмірге келген бе, бұл әлі күнге жұмбақ. Қалай дегенде де, бұған таңданбасқа, таңдана отырып ойланбасқа болмайды.

         Ақбауыр үңгірінің тағы бір кереметі бар. Ол оның қабыр­ғаларындағы есте жоқ, ескі замандарда салынған ұсақ-ұсақ пиктограмма суреттер. Адамдар мен таутекелердің, арбалар мен түрлі шеңберлердің және нүк­телердің сұлбалары бейнеленген олардың саны 80-ге жетіп жығылады. Композициясы өте күрделі бұл таңбалардың айналасын ирек сызықтар мен айшық, трапеция, үшбұрыштар мен төрт­­бұрыштар өрнектеп тұр. Әуесқойлар осы­лардың ішінен кез-келген белгіні қағаз бетіне түсіріп құраса, олардан теріс төңкерілген әлдебір тіршілік иелері мен жан-жануарлардың кескіні шығатынын да айта кеткен жөн. Мұның құпиясын петроглиф пен пиктограмманың ізіне түскен арнайы мамандар болмаса, былайғы бейсауат жандардың түйсініп, түсінуі өте қиын. 
    Арнайы мамандар демекші, үңгірді көргеннен кейін осы табиғат құпиясымен шұғылданып жүрген ғалымдар бар ма екен деп біраз ізденіс жұмыстарын жүр­гізген болатынбыз. Сонда облыстық өлкетану музейінің қызметкерлері бізге археолог Зейнолла Сама­шев пен Ақбауыр кешенінің мең­герушісі Галина Петенованы атады. Зейнолла Самашев өз сөзінде: «Бұл табиғат сыйы – энеолит – қола дәуірінің ескерткіші. Ондағы пиктограммалар біздің заманымызға дейінгі 4-3 мыңжылдықтағы тір­шіліктен хабар береді», − деген тұжырым айтса, Галина Петенова әңгімені әрі­ден бастауға ниетті екенін білдірді.
      − Атақты саяхатшы Николай Рерихті кім білмейді дейсіз, − деп бастады сөзін өлкетанушы. − Міне, сол кісі 1929 жылы Моң­ғолия мен Тибетке бара жат­қан сапарында Алтайға соғып, Мұзтау мен Ақбауырды көр­ген. Соңғысын, яғни біз сөз еткелі отырған жерді ашықаспан астындағы ғибадатхана деп атаған. Саяхатшының пайымдауынша мұнда мыңдаған жылдар бұрын ақылгөй абыздар өмір сүрген. Олар сол замандағы халықтардың тіршілігімен өмір сүріп, қоныстануына бағыт-бағдар беріп отырған. Осындай пайымдауларын айта келіп Николай Рерих: «Ақбауыр төңі­регінде тасқа қашалған жазулар, жерлеу рәсімі салынған суреттер бар, – дейді. – Соларға қарап ойланғанда мұндағы өте ертеде өмір сүрген адамдар көз алдыңа елестейді. Жалпы, Алтай өңірі тарихта әлі терең зерттелмеген, көп ізденуді қажет ететін аймақ. Ол – жер жүзінің жауһары. Мұн­дағы асыл қазынаны баға­лап, оның қадір-қасиетіне жете алсақ, соның өзі біздің адамзат өркениетінің ашылмаған аралдарын зерттеуге аз да болса үлес қоса алғанымыз».
      Шынында да, Ақбауыр үңгірі мен оның етегіндегі әр тастан өте қызықты, адамды бір көргенде-ақ таң-тамаша қалдыратын бейнелер мен түрлі сурет, таңбаларды көруге болады. Бұлар жөнінде мұнда көптеген жорамал әңгі­мелер де бар. «Мәселен, сөз етіп отырған жайт туралы Санкт-Петербургтегі Эрмитаж қыз­мет­кері, мәдениет­танушы-ға­лым Леонид Марсадолов Ақ­бауыр орналасқан пирамида тәрізді төбенің пошымы аспан кеңістігі тылсымына қарай үнсіз жетелейтін символдық бағдар болуы мүмкін десе, – дейді кешен меңгерушісі Галина Геннадьевна, − ал екінші бір ғылым өкілі Владимир Иконников бұл ғажап мекендегі жұмбақ белгілерді көк жүзіндегі жұлдыздардың сол энеолит за­манындағы картасы емес пе екен деген ой айтады. Үшінші зерттеуші Андрей Юрченков төбесі ойық, қабырғалары түрлі таңбаларға толы Ақбауырды бұл өте ерте замандағы аспан әлемін зерттеуге арналған обсер­ваторияның алғаш­қы нұсқа­ларының бірі дейді».
    Енді сөз етіп отырған үңгір­тастың төңірегіндегі жәдігер­лерге келейік. Ақбауырдың өзінен сәл төменіректе амфитеатр тәрізді шағын алаң көзге шалынады. Мұндағы ерте заман адамдарының осында отырып, тізе бүгетін және абыздардың түрлі дәстүр-салтқа арналған тақ, баспалдақ, ошақтарының бәрі үлкенді-кішілі қалақтастардан құралып, жасалған. Жолбасшы­мыздың айтуына қара­ғанда, бұл арада түрлі діни рәсімдер өткізілетін болған. Ал сай табанына жақындау тұстағы шомбалтаста солтүстікті бетке алған бұғылар тобы бедерленген. Га­лина Геннадьевна мұны бізге: «Бұғы мен 12 айды білдіретін 12 маралдың батысты бетке алуынан атқан таңның бататын да сәті бар екенін, туғанның өлмегі де болатынын бейнелеген бабалар философиясын аңғарып, танимыз», – деп түсіндірді.
     Осыдан кейін аңғардағы кө­лемі малшылардың кішігірім жаппа немесе күркесі секілді ақтасқа келдік. Оны ерекшелеп тұрған мынадай нәрселер дер едік. Біріншіден, ол алып тақтатастың үстінде тұр. Салмағы әлденеше тоннаға жететін бұл гранитті мұнда кім, қалай қой­ды, түсініксіз. Екіншіден, оның астында оларды біреу әдейі қашап немесе кертіп тұрып жа­сағандай әсер қалдыратын үш ойық көзге ша­лынады. Мұны құдды үлкен ошақтың үш бұты дерсіз. Үштаған пошымындағы осы тесіктерден боранды күндері ызыңдаған үн шы­ғады екен. Қазіргі заман тілімен айт­қанда, резонатор деп атала­тын ол есте жоқ ескі дәуірде қа­лай жасалған және сол қадым ғасырдағы адамдарға не үшін керек бол­ған, бұл енді біз үшін мүлде түсінбейтін, біліп болмайтын жұмбақ, құпия сыр.
      – Өздеріңіз көріп, танысқан жердің: «Тағы қандай ерекшелігі бар?» – дегенде оған мына ға­жайып­тарды айтуға болады, – деді қайтарымызда жолбасшымыз. – Оның алғашқысы Ақбауыр аңғарының ғарыштан көрінетіндігі. Содан соң бұл сайда жағымды биоэнергиялық өрістің бар екендігі. Осы айтылған ерек­шеліктердің екеуі де Ресей ғалымдарының тұ­жы­рымы. Бұларды олар космос құралдары арқылы біліп, анықтаған. Есте ұстайтын тағы бір жайт, Ақбауыр алқабы мен ондағы ежелгі ескерткіш іздері бар аумақ 63 гектар жерді қамтиды. Соңғы төрт жылдан бері соның 18 гектары қорғауға алынып, кешен мәртебесін алды. Онда туристерге арналған соқпақ жол, үңгір­тас пен өзге де жәдігерлер белгі­ленген көрсеткіш тақта жаса­лынған. Сая­хат­шылар­дың күн көзі мен жаңбырдан паналайтын ағаш үйшік, айбандары да ұмыт қалған жоқ. Қажетті-ау деген нәр­селердің бәрі біртіндеп жүзеге асуда.
     Осылай деген Галина Генна­дьевна аталмыш тақырыпқа қатысты әттеген-айлардың да бар екенін айтып қалды. Ол біздің қоғамдағы экологиялық түсінік зерденің әлі де жөнді қалыптаспағандығы. Мәселенің мәнісі, тарихи және мәдени құндылықтардың бізге ғана емес, болашақ ұрпаққа да тиесілі екендігін естен шығарып алу. Сондықтан, археологиялық ескерткіштер бар жерді тапсақ болды, сол сәттен бастап оларды жабайылықпен пайдаланудың басталып кететіндігі. Оған бір ғана мысал келтірейік. Өзіміз сөз етіп отырған осы Ақбауырдан онша алыс емес жерде Абылайкет атты қорған бар екен. Ол ХVІІ- ХVІІІ ғасырлардағы жоңғар ноян­дары тұрған қамал десе-ді біле­тіндер. Міне, бейсауат адамдар сондағы ғибадатхананы ғана емес, оның белгі, таңбаларын да аямаған. Алдымен олар бұл ежелгі ескерткіштің мемлекет тарапынан қорғалатындығы туралы жазған металл тақтасын ұрлап әкетіпті. Одан кейін сол тақта бекітілген темір бағанның да көзін құртқан. Қорғанды қи­ратып, тастарын мал қора салуға тасып әкеткен. Ал енді мына Ақбауырды соңғы жылдары елдің жаппай көріп тамашалауы, туристер легінің көбеюі қазір неге алып келе жатыр дейсіздер ғой. Тастағы таңбаларды қолмен сипап, оған тәу ету, орынды-орын­сыз ұстай беруден көп бел­гілер өшіп, жоқ болуда. Жар­тастардағы осы­дан бес-алты жыл бұ­рынғы бар су­реттерді қазір іздесеңіз де тап­­пайсыз. Таң­балар тек Ақбауыр үңгір­тасының ішінде ғана сақталып қалған.
     Осыны естігенде біздің ойы­мызға мына бір жайт оралды. Батыс Еуропада Фон де Гом, Монтеспам, Альтамира секілді әйгілі үңгірлерді ондағы кешен қызметкерлері металл тормен жауып қояды екен. Ақбауырды да дәл осындай етіп жасау керек сияқты. Ол үшін торды қорғауға алынған жер аумағын қоршаумен шектелмей, үңгірге кірер тұсқа да қою қажет. Ежелгі ескерткішті қорғаудың бұдан басқа жолы жоқ. Сол кезде туристер Ақбауырдың қабырғасындағы таң­баларға тиіспейтін болады. Еуро­падағы секілді жазуды тордың жа­нына келіп, сырттан ішке үңіліп қана көре алады.
      Жанболат АУПБАЕВ «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Бестерек ауылы 

Толығырақ: https://egemen.kz/article/zhanbolat-aupbaev-%E2%80%8Bzhumbaq-zher

толығырақ

       Өсімдіктердің ғылымға белгілі 500 мыңнан астам түрі бар екен. Оның жартысына жуығы суда, қалғаны құрлықта өседі. Қазақстанда олардың 15 мыңы бар көрінеді. Бұл жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, тауы мен жазығы, ойы мен қыраты,  шөлі мен даласы  Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр алқапты алып жатқан Қазақстан үшін аз болып көрінуі мүмкін. Оған негіз де жоқ емес. 

       Ғылыми еңбектерде Қазақстандағы 15 мың өсімдіктің 800-ге жуығы әлемде тек біздің жерімізде ғана кездесетін эндемиктер екені көрсетілген. Өкінішке орай біз басқасын былай қойғанда тек біздің жерімізде ғана кездесетін осы бірегей эндемиктердің  төл атауын түгел білмейміз.

    Тибет медицинасының бәйтерегі саналатын «Чжуд-Ши» кітабының кей тарауларын қазақ тіліне тұңғыш аударған Сейітқамза Қалиевтің айтуынша, орыстарда 70-80 мың, ал ағылшындарда 500 мыңнан астам өсімдіктердің  атауы бар екен. Ал қазақ тіліндегі өсімдік атауларының саны уикипедия ашық энциклопедиясындағы мәлімет бойынша – 848. «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде» – 736.  Тоғыз томнан тұратын «Қазақстан флорасында»  – 350. Әрине бұл көңілге кірбің түсіретін сан. Өйткені кезінде әйгілі этнограф Жағда Бабалыққа  төрт түліктің жайын жетік білетін ағасы Оспан тек Алматы қаласының айналасында өсетін 10 мың өсімдіктің түсін түстеп, қазақша атауын атап берген екен. Өкінішке орай Жағда атамыз қайтыс болған соң, ол кісінің мұрағатындағы құнды деректер зерттеушілер назарынан тыс қалып келе жатыр. Егер мемлекеттік құзырлы мекемелер  қызығушылық танытып, оны жарыққа шығарып, ғылыми айналымға түсіретін болса, бұл  тек Қазақстан ғана емес, күллі әлемнің өсімдіктанушылары үшін  зор жаңалық болары күмәнсіз.

     Әрине өсімдік атаулыларының ең алғашқысы қайсы дегенге дәл жауап беру қиын. Өйткені, ол  халықпен бірге жасасып келе жатыр. Ал тіршілігінің қайнар көзі болған төрт түлік малының жағдайына қарап, жылдың төрт маусымында шөптің шүйгінін, судың тұнығын іздеп көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыздың өсімдіктердің қайсысы қайсысы малға жұғымды, қайсысы улы екенін білмеуі мүмкін емес. Ендеше қазақ халқында оның төл атауының болмауы мүлде ақылға сыйымсыз жағдай. Мәселен, өткен ғасырдың бас кезінде Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттеріндегі» «Жер түгі» деп аталатын 54 жолдық өлеңінде 30 түрлі ағаш, 60-қа жуық шөптесін өсімдік атаулары кездеседі.

Ағашта өзің білген қарағай, тал,
Жалғыз-ақ неше алуан түрлісі бар.
Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,
Ақ сасыр, қызыл қайың, барша, шынар.

Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,
Үйеңкі, шырғай, балғын тораңғылар,
Сарыағаш, қойқарақат, жиде, шетен,
Тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрттар;

Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік
Сықылды ағаштардың талайы бар.
Биікте бітед шөптен сарыкүйік,
Тістеніп жатыр жұлып малы сүйіп,

Қымызын сарыкүйіктің ішеміз деп,
Албандар қоныстайды құстай биік.
Тауқонақ, шәйшөп, маңқа, құлынембес,

Сүттіген, еңдік, мейіз, киізкиік.
Ақшалғын, көкемарал, бетеге, раң,
Жапырақтеңге, бұйра, қисық, иық.

Балдырған, уқорғасын, атқұлақты,
Елік жүр сонысында соны қиып.
Желкеуір, бәрпі, шырыш, шытыр,
Сауыны биеемшектің кеп тұр иіп.

Мыңтамыр, жуа, рауғаш, жаужапырақ,
Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ,
Сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ,
Шоңайна, меңдуана, сора, шақпақ.

Ішінде сол қурайдың сұлу солар,
Шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ,
Қанжыға, қоға, сасық, аққой болып
Бөлінед жуалар мен таусарымсақ.
Қымыздық, қызсаумалдық дейтіндерге,
Ат қойған тау елінде сүйіп шын-ақ.

     Қазіргі жастар бұл өсімдіктердің кейбірінің атын  мүлде естімегені анық. Өйткені олар күнделікте қолданыста аталмайды. Жалпы өсімдіктер туралы, олардың атаулары туралы шығарма  жазған ақын-жазушылар  елімізде аз емес. Өздерінің туып-өскен жерлеріндегі өсімдіктер дүниесін  К.Әзірбаев «Шөп аттары», Ж. Шантөбетов «Қызылқұм көрінісі», С.Мұсабеков «Шөлдің түгі» деген өлендерінде, ал  Дулат Исабеков «Дермене» повесінде  жан-жақты жазады.

     Қазақстан аумағын  ерте замандардан бері тұрақты мекеніне айналдырған қазақ халқының өзін қоршаған ортаны танып-білуде өзгелерден кем қалуы ақылға қонымсыз нәрсе. Мәселе бұл жерде тек қазақтың дәстүрлі дүниетанымының ауыз әдебиетінде ғана көрініс тауып, хатқа түсірілуінің бір жүйеге түспеуінде болып отыр.  Мәселен рауғаш өсімдігін көрген алғашқы еуропалық Марко Поло екен. С.Небесный «Необыкновенное в необыкновенных овощах» (1970) деген кітабында: «Марко Полодан 6 ғасыр кейін Қытайда рауғаш плантациясын алғаш көрген М.П.Пржевальский (1870-1873) болды» дейді. Алайда оның шындыққа жанаспайтынын білетін адамдар әдетте үнсіз қалып жүр. Себебі М.Полодан кейін рауғашты сипаттап жазған Шоқан Уәлиханов еді. Ол өзінің 1856 жылғы «Ыстықкөл сапарындағы күнделігінде» рауғаштың сабағында қымыздық қышқылы болатыны жөнінде пікірін айта келіп, дәмінің анар жемісіне ұқсайтығын жазып, суретін салады.

    Өсімдіктер туралы сөз болған кезде, көбіне-көп  оның емдік қасиеті алдымен назарға алынады. Өкінішке орай Қазақстанда өсетін емдік  өсімдіктер тізімінде уикипедия ашық энциклопедиясында 62 өсімдіктің ғана  атауы бар. Ал Сейітқамза Қалиев «Емдік рецептер энциклопедиясы. Қазақ емінің рецептері мен Тибет медицинасының негіздері» деп аталатын кітабында дәрілік өсімдіктерді халық емшілерінің төрт рай (суық, ыстық, жылы, салқын), бес дәмге (қышқыл, кермек, тәтті, ащы, сор) бөлетін айтып, 700-ге жуық өсімдіктің атауын мысалға келтірген.

     Жалпы дәрілік шөптерді жинап, оны халықтық медицинада қолданудың тарихы өте тереңде жатыр. Зерттеушілердің анықтауынша, адамның ауруға, аштыққа төзімділігін арттыру үшін Шығыс Азия халықтары шай ішсе, Орталық Америка халықтары какао, Оңтүстік Америка халықтары мате жапырақтарын, ал ондағы Амазонка тұрғындары гуараны пайдаланған.

      Тарихқа көз жүгіртсек дәрілік өсімдіктермен сауда-саттық жасау біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда-ақ басталғанын байқауға болады. Патшалық Ресейде ХVII ғасырда басталған дәрілік өсімдіктерді іздеу, анықтау жұмысын түрлі экспедиция құрамындағы ғалымдар ХVIII ғасырда Қазақ жерінде де қарқынды түрде жүргізе бастайды. Ал XIХ  ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ жерінен жиналған дәрілік өсімдіктер Еуропа елдеріне экспортталды. Бұл жұмысты кейін Кеңес одағы ары қарай жалғастырып, оның тізімі мен жиналатын көлемін ресми түрде белгілеп отырды. Өкінішке орай халықтың ғасырлар бойы атадан-балаға жалғасып келген дәрілік шөптерді жинау мен оны қолдану өнері өткен ғасырдағы күштеп ұжымдастыру мен қуғын-сүргін науқандарынан кейін тоқырауға түсіп, жинақталған мол білім мен тәжірибе ұмыт бола бастады. Көптеген өсімдіктердің байырғы атаулары ұмытылып,  сырттан таңылған бөтен атауларға ие болды. Өз ұлтымыздан шыққан Ө.Қисықов, С.Арыстанғалиев, Е.Рамазанов, Т.Мұсақұлов сияқты зерттеушілердің бастаған жұмысы аяқталмай келе жатыр. Бұған олардың еңбегін  жалғастырушылар қатарының әлі күнге толыға алмауы өз ықпалын тигізуде. Оған сондай-ақ, бұл шаруаға бас-көз болып, оны жүйелі түрде жолға қоюға мүдделі заңды тұлғалардың жайбасарлығын да  қосуға болады. Соның нәтижесінде жойылуға шақ қалған жан-жануарлары мен өсімдіктеріне қатысты Қазақстанның «Қызыл кітабы» да 1999 жылдан кейін жаңармай отыр.  

толығырақ

       Семейде Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған көптеген алаш қайраткерлерінің тұрғаны, еңбек еткені баршаға мәлім. Семейдің Алашорда автономиялы үкіметінің астанасы болғаны, қаланың сол жағалауы 10 жыл бойы, нақтырақ айтсақ, 1917 жылдың наурызынан 1927 жылдың қыркүйегіне дейін ресми түрде Алаш қаласы атанғаны белгілі.

       Бұл шаһарда алаш қайрат­керлерінің аялы алақандарының табы, қолтаңбалары қалған тарихи орындар аз емес. Өкініш­ке қарай, қаладағы алаш арыстары тұрған, жұмыс істеген, кездесу өткізген, келіп-кетіп жүр­ген ғимараттардың көп­ші­лігі бүгінде сақталмаған. Сақ­талғандары да бар. Біз ғасыр­лық мерейтой қарсаңында Семейге арнайы барып, мұндағы алаш қайраткерлеріне қатысты сақ­талғаны бар, сақталмағаны бар ғимараттардың бірнешеуін аралап, бүгінгі жай-күйімен танысып қайтқан едік. Рет-ретімен баяндайық.

Бөкейханов болған үйде бірде-бір белгі жоқ

      Семейдегі Алаш қозға­лы­сына, Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановқа тікелей қатысты ғимараттың бірі әрі бірегейі – әуелде губернатор үйі, кейін, ХХ ғасыр басындағы төңкеріс жылдары «Бостандық үйі» деп аталған, бүгінде қалалық тарихи өлкетану мұражайы орналасқан ғимарат.

      1917 жылдың күзінде Томск қаласында өткен Сібір ав­тоно­мистерінің съезіне қатысып қайт­қан Әлихан Бөкейханов пен Әлім­хан Ермековті Семей жұртшы­лығының құшақ жая қарсы алатын жері – дәл осы үй.

       Бұл тарихи оқиғаны Сұлтан­махмұт Торайғыров «Сары­арқа» газетіндегі «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласында: «Кеш­ке жақын Семейде, 21 октябрьде, бұрынғы жандарал мекемесі, «Бостандық» үйіне қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді. Се­минаристер бір рет, гимназистер бір рет, курсистер, мұғалімдер бір рет, саудагерлер, қырдан келгендер де бар. «Сегіздегі бала, сек­сендегі шал да қалмай» дегендей, тойға бара жатқандай бәрінің де мерейлері үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұруші еді. Бір-біріне жолыққанда, қуаныштан аман-сәлемді де ұмытып сөздері: «Поезд қашан келеді деу ғана еді. …Бұл қазақтар бұрынғыдай еріксіз «қанын сорған битін» тосып жиылған қазақтар емес, ерікті қазақтар, елге еңбегін сіңірген, ерін тосып жиылған қазақтар еді. Ол ері кім еді? Ол ері: елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет еткен, болса да қалың тұман, жарқылдаған түймеге алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкей­ханов еді», деп майын тамыза жазғаны белгілі.

       1917 жылдың сәуір айында бұл ғимаратта Семей қазақ­тарының тұңғыш облыстық съезі өтіп, алқалы жиында қазақ автономиясы туралы мәселе алғаш рет көтеріліп, ұлттық мемлекетімізді құру жө­нінде шешім қабылданады. Осы жиынға Шәкәрім Құдайбердіұлы да қатысып, съезд делегаттарын құттықтап, сөз сөйлейді.

      1917-1918-жылдары осы ғима­­ратта Семей облыстық Земство басқармасы орналасады. Бас­қармаға Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков алма-кезек басшылық етеді. 1918 жыл­дың басында өткен Семей облыстық земствосының бірінші төтенше жиынында қазақ сотының құра­мын сайлау мәселесі қара­лып, онда облыстық соттың төрағасы Мұқыш Боштаев, ал оның орынбасары Иманбек Тарабаев, мүшелері Шәкәрім Құдайбердиев пен Смақан Бөкейханов болып сайланады.

      Өкінішке қарай, осындай тарихи кездесулер мен тарихи оқиғалар орын алған, ұлт мүддесіне қатысты тағдырлы шешімдер қабылданған ғима­ратта әлі күнге дейін «бұл жерде Әлихан Бөкейханов болған, кездесу өткізген» дейтіндей бірде-бір белгі жоқ. Керісінше ғимаратқа кі­реберісте «Ленин 5» деген жа­зу­ға көзіңіз түседі. Өйткені, бұл үй Ленин көшесінің бойында ор­­наласқан. Абай, Міржақып Дулатов көшелерімен қиылысатын бұл көшеге Әлихан Бөкейхановтың есімін беру жө­ніндегі ұсыныстар көптен бері айтылып келе жат­қанымен әлі күнге шешімін таппай келеді.

      Бүгінде осы тарихи ғима­ратқа иелік етіп отырған Семей қалалық тарихи өлкетану мұра­жайының директоры Ләззат Әлжан бұл нысан назардан тыс қалып келе жатқанын тілге тиек етіп, ғимаратқа ерекше мәр­тебе берілсе деген тілегін айтты.

Қазы қаза тапқан жер қараусыз тұр

       Шаһардағы алаш қайрат­кер­лерінің табаны тиген тағы бір тарихи ғимараттардың бірі – бүгінде Абайдың «Жи­дебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұра­жайына қарасты «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражай-үйі орналасқан ғимарат. Бұл үйді Әнияр Молдабаевтың қаладағы бір көпестен сатып алғаны, үйді сатып алуға Абай мен оның бала­ларының көмектескені белгілі. Ұлы ақын Семейге келгенде осы үйге түсетін болған. Екі қабатты бұл ғимаратта 1921-1922 жылдары Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов отбасыларымен бірге тұрған.

     Гүлнәр Міржақыпқызының «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты естелік кітабында: «…Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Ко­миссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабат­ты же­кеменшік үйінде тұр­дық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дула­товтар, бірін­шісінде Әлихан атекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді», деп жазатыны осы ғимарат.

      Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов те жас кезінде осы үйде тұрған деген деректер де бар.

       Қазіргі уақытта Алаш қозға­лысының 100 жылдығы мен Мұхтар Әуезовтің 120 жыл­дығына орай тарихи ғима­ратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Абай мұражайының директоры Болат Жүнісбеков ғима­раттың 20 жыл бойы бос жатқан бірінші қабатына былтыр ағымдағы жөндеу жүргізілгенін, қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бұл жерді ХІХ ғасырға сай безендіріп, сол заман жабдықтары мен үй алдына Жидебайдағы Абай пәуескесінің көшірмесін қоюды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

      Қаладағы ескерусіз, елеусіз қалып келе жатқан тағы бір тарихи орындардың бірі – Алаш милициясының командирі Қазы Нұрмұхамбетұлы қаза тапқан жер. Бүгінде бұл жерде «Жеңіс» гүлзары орын тепкен. Қарама қарсы бетте «Семей» қонақүйі тұр. Ертеректе мұнда үлкен ашық алаң болғаны, осы алаңның бір шетінде Азамат соғысы және Ұлы Отан соғысы жылдары жауынгерлер даярлайтын арнайы жаттығу орны, ал бүгінгі қонақүй орнында атты әскерлердің казармасы тұрғаны туралы айтылады. Бұл қанды оқиға «Алаш қаласында болды» деген пікірлер де бар, алайда, біз алаш тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың еңбектерінде көрсетілген дәйектерге сүйен­генді жөн көрдік.

       «…Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ! Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек. Оқығандар, жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. … Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне ғана көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде ұлт үшін құрбан болатын мұндай азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім, бүгін өлсем де арманым жоқ. Қарағым, Қазыжан, қадіріңді біліп, құрметтей алмасақ, кешу қыл» деп қабырғасы қайыса отырып аза тұтқан еді Шәкәрім қажы осыдан бір ғасыр уақыт бұрын Семейде өткен қаралы митингте. Алайда, біз «ұлты үшін туып, ұлты үшін өлген» (Ж.Аймауытов) арда азаматты ұмытқан секілдіміз. Ғұлама ақын айтқандай, қадірін біліп, құрметтей алмай жүрген сияқ­тымыз. Семейде бірде-бір ескерт­кішінің, ескерткіш-тақтаның, көше атауының болмауы – сөзімізге дәлел. Былтыр осындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде Қазы Нұрмұхамбетұлы атындағы кабинет ашылды деген ақжолтай жаңалықты естігенбіз. Әзірге жұбаныш етеріміз осы ғана.

Көңілден өшпеген нысандар

      Алашорда үкіметінің кең­селері кезінде Семейдің атақ­ты бай-саудагерлері болған Қаражан Үкібаев пен Әб­дірахман Жүсіповтің үйле­рінде орналасқаны туралы тарихи деректерде айтылады. Мәселен, Семей уездік Земство басқармасының кеңсесі Қаражан Үкібаевтың, Алашорда үкіметінің бас кеңсесі мен «Сары­арқа» газетінің редакциясы, «Жәрдем» баспаханасы Әбдірахман байдың он бөлмелі үйінде қоныс теуіп, онда Райым­жан Мәрсеков, Халел Ғаб­басов, Имам Әлімбеков, Сұл­тан­махмұт Торайғыров, Шынжы Керейбаевтың жұмыс істе­гені архив құжаттарымен айғақталып отыр.

      Алаш қаласының тарихын зерттеген ғалым Ерлан Сыдықов Қаражан Үкібаевтың үйі бұрынғы Свободная, қазіргі Өтепбаев көшесі 50 мекенжайында орналасқанын, бұл ғимарат 1970 жылдардың соңына қарай бұзылып тасталғанға дейін мүгедек балалардың интернаты ретінде пайдаланылғанын, ал Әбдірахман байдың үйі кейіннен «Қазақстан» қонақүйі деп аталып, мұнда Семей губерниялық атқару комитетінде әр жылдары басшылық қызметте болған Смағұл Сәдуақасов, Әбілқайыр Досов, Рахым Уә­лиахметов сынды алаш арыстары уақытша тұрып қызмет еткенін, бұл нысанның да 1980-жылдардың басында сүріліп тастағанын жазады «Алаш қаласының тарихы» атты еңбегінде. Бұл ғи­мараттар қаланың сол жағалауын­дағы «Океан» сауда кешені аума­ғын­дағы Мұхтар Әуезов ескерт­кіші ма­ңында орна­ласқан делінеді.

     Тарихи деректерде көп айтылатын қос ғимаратты көзбен көрмесек те, саналы ғұмы­рын ұлт мүддесіне арнаған тұл­ғалардың табаны тиген сол маңға біз де барып қайттық. Дәл осы тұста «Океан» базарының артындағы бүгінгі Жаңасемей көшесі 30 мекенжайындағы «Шы­ғыснерготрейд» мекеме­сінің Абай аймақтық филиалы орын тепкен ғимаратта 1918 жылы алаштың атты әскер полкінің әскери штабы мен әскери госпиталі орналасты деген деректер бар. Екі қабатты ғимарат сол кездегі Семейдегі Александр Ерыкалов деген атақты бай-көпестің үйі болған екен. Шаһардағы алаш қайраткерлеріне қатысты нысандарды бізбен бірге аралаған журналист, тарихшы Мұ-ратбек Кенемолдин «әскери гос-питаль осы болуы мүмкін» деп қор-ғанның ішіндегі екі қабатты ескі ғимаратты көрсетті. Әб­ден ескірген, ақжемденген кірпіштеріне қарап бұл жерде көне ғимараттардың орналас­қандығын аңғарғандай болдық. Алайда, біз сөз еткен бүгінде жер бетінен өшкен әуелгі екі ғимарат пен соңғы нысанның бірде-бірінде бұл орындардың алаш қайраткерлеріне қатысты екендігін айғақтайтын ешқандай белгі жоқ.

          Түйін

      Жалпы, Семейдегі Алаш қозғалысына қатысты ғима­рат­тар мен тарихи орындарды бір мақалада түгендеп шығу мүмкін емес. Сондықтан оқыр­манға алдағы уақытта бұл тақырыпқа тағы да оралатынымызды ескер­теміз.

     Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген автор

     https://www.egemen.kz/2017/03/18/110603

толығырақ

        Еменнің әлемде 600-ге жуық түрі бар десек, Қазақстанда оның бір түрі ғана кең тараған. Ол – кәдімгі  емен. Бірқатар зерттеушілер еменді қазақ жеріне патшалық Ресей тұсында Еуропаның ішкері аймағынан қоныс аударғандар таратқан дегенді айтады. Дегенмен бұл пікірмен келісу қиын. Өйткені басқаны айтпағанда, тек Алматының өзінде 300 жылдан астам уақыттан бері өсіп тұрған 2 емен ағашы бар. Оның біреуі Хайуанаттар бағы аумағында, екіншісі Шевцева-Зверова көшелерінің қиылысындағы №109 балабақша ауласында өсіп тұр.
          «Емен ағаштың иілгені – сынғаны, Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» дейтін бабаларымыз  еменді білмеді дегенге ешкім сенбейтіні анық. Ендеше қазақ жеріне еменді өзге ұлттық өкілдері әкеп өсірді деген бос сөз. Оған Алматының емендері дәлел бола алады. Бүгінде ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта  да 2001 жылы Нұрсұлтан Назарбавтың өз қолымен еккен емен ағашы жайқалып өсіп тұр.

      Биіктігі 40-50 метрге дейін жететін және өте ұзақ жасайтын бұл ағаштың қанша жылға дейін өмір сүретінін ғалымдар әлі де нақты айта алмады. 1000-1500 жыл деп шамалап ғана айтып жүр. Дегенмен жер бетінде бір емес бірнеше мың жылдан бері өсіп тұрған емендер де аз емес. Мәселен, 2009 жылы Францияда 13 мың жылдан бері өсіп тұрған емен ағашы табылды.

Періште емені

        Ал АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатындағы Чарльстонда 1500 жылдан бері өсіп тұрған «Періште емені» әлемнің таңғажайып ағаштарының тізіміне енген.

        Мақала авторы - Ерлік Ержанұлы

       http://el.kz/kz/news/cities/almatida_emen_osedi

толығырақ

wild-flowers-altai-russia-3

               «Көргенде көз, көңілдің Ал­тай емі» деп Иса ақын Байзақов жырлағандай, асқақ Алтай, асқар Алтай, маңғаз Алтай – адам жанының ғана емес, тәнінің де емшісі ғой, шіркін! Бүгінде елі­міздің, әлемнің түкпір-түкпі­рінен ағылып жатқан туристің Алтайдан іздейтіні сол саф тазалық, содан тарайтын, содан қуаттанатын дәру, шипа емес пе! Алтайдың алқымын жапқан ағашының да, сай-саласында өрген аң-құсының да, жерге жайылған жасыл кілемінің де, салқын самал ауасының да ем болатыны ең алдымен Алтайдың өсімдік дүниесінің алуан түрлілігінен болса керек. Өйткені, Алтайдың флорасы өте бай. Тау жартастары мен ну орманда мүк, қына, саңырауқұлақ сияқты өсімдіктердің екі мыңнан астам түрі өседі. Шөптесін өсімдіктерден алтай желайдары, сібір у шырмауығы, тәтті жапы­рақты таспа, алтай қоңыраты жиі кездеседі. Қазақстанның «Қы­зыл кітабына» енген қар дәуая­ғы, алтай рауғашы, алтай және сібір қандығы, ала күл­те­лі қызғалдақ, ірі гүлді жә­не кә­дімгі шолпанкебістер, алтай суық­шөбі, таңдамалы плаун, алтай торсылдағы, дала шұғы­лығы, қызғылт семізот, марал тү­бірі, алтай қасқыржидегі тек Катонқарағай өңірінде өсетін ен бай­лық. Бұталардың 50-ден астам түрі, оның ішінде таңқурай, қара­қат, итмұрын, тобылғы, тал, бұта қайың және тағы басқа түрлері жетерлік.

        Бұл байлықтың бүгінгі қор­ғаушысы – Қазақстанның ең ірі табиғат қорғау кәсіп­орны­нан саналатын Катонқарағай мем­ле­кеттік ұлттық табиғи паркі. Төрт елдің – Қазақстанның, Ресей­дің, Қытайдың және Моңғо­лияның түйіскен тұсында орналасқан ұлттық парк Катон­қарағай ауданынан бөлек Күршім және Зырян аудандарының аумағына да ұласады. Өткен жылы құрыл­ғанына 15 жыл тол­ған парктің аумағы 46700 гектарды құраса, оның негізгі бөлігі – орман. Яғ­ни, 260 мың гектар жер мәңгі жа­сыл мың жылдық самырсын, бал­қарағай, қарағаймен көмкерілген.

          Жалпы, Шығыс Қазақстанда дәрілік шөптер мен өсімдіктер молынан өседі. Алайда, өңірдің бұл саланы игерудегі әлеуеті төмен. Катонқарағай ауданында өндірілетін панты өнімдерінде марал мүйізін консервациялауға Алтайдың дәрілік шөптері қосылып, биологиялық белсенді қоспалардың қасиетін арттыра түседі. Оңтүстік Кореямен бірлескен кәсіпорын ретінде құрылған «Ақсу-Дэен» кәсіп­орнының қызметімен танысқанда Алтайдың альпілік белдеуінде өсетін дәрілік өсімдіктердің өңделуінен хабардар болған едік. Жалпы, бүкіл қазақстандықтар жадыраған жаз айлары туа ағылатын Алтайдың пантымен емдеу орталықтарындағы емнің әсері тікелей таудың дәрілік шөптерінен нәр алатынын айта кетелік.

        Мысалы, марал мүйізінің барлық дәруі жануардың таудың адам аяғы баспас биігінде ғана өсетін марал оты, алтын тамыр сияқты асыл шөптерді шалуынан жиналады. Сол сияқты, мың да бір ауруға ем делінетін ұлар құс та Алтайдың құзар шыңдарындағы сирек кездесетін қуатты шөптерге жайылып, бұталардың тамырымен қоректенеді. Аю, арқар мен тауешкі де солай. Әрине, тағы аңға екінің бірінің қолы жете бермейді. Лицензиясының қымбаттығын ысырып қойғанда, қияда аң қағу қиынның қиыны. Әккі, сыралғы тау ұландарының өзінің жолы бола бермейді. Сон­дықтан, жалпы жұрт Алтай­дың емін арнайы қызмет көрсету орындары – пантымен емдеу шипажайларында алады. Әдетте, ондай орталықтарда панты астау­мен бірге фитобөшкелерге орналасады. Марал мүйізінің сорпасы Алтайда өсетін 18 түрлі дәрілік шөппен бірге қай­натылған соң, оның буы қысым­мен түтік арқылы фитобөшкеге бері­леді. Сорпа буы теріні, бұл­шық етті нәр­лен­діреді. Өйт­кені, сорпа құра­мында липидтер, фосфолипид­тер, амин қыш­қылы, дәрумендер сынды жа­су­шалардың иммундық жүйе­сін нығайтатын, қан құра­мын жақ­сартатын заттар бар. Фитобөшке адам ағзасын құнар­ландыру үшін емдік мақсатта пайдаланы­лады. Шорбуын, құяң, остеохондроз, артресклероз, асқазан жа­расы, қаны аздық, белсіздік ауру­ларына өте жақсы ем. Ақыл-ой күйзелісі мен дененің шаршауын басады.

          Сондай-ақ, мың сан гүлді тозаңдандырып, бал жинайтын аралар үшін де Алтайдың дәрілік шөптерінің маңызы өте үлкен. Егер, омарта Алтайдың аясында болса, ол балдың тіл үйіретіні де, талай дертке дауа болатындығы да шүбәсіз. Алтай балының даң­қының алысқа кетуінің негізгі себебі осы. Дегенмен, ара да асыраған соң төрт түлік сияқты, ауырады, сырқайды, күн райына қарай ұшпай қалады. Сон­дай кездерде араны қолдан азық­тандыруға, емдеуге тура келеді. Осыған орай, Алтайдағы дәрілік шөптерден ара ауруларын емдеуге арналған препараттар өндірісін жолға қоюға мүмкіндік бар.

       Шынын айту керек, осыған дейін кейбір омарташылар бал арасын сауық­тыру үшін химиялық заттар қолданып келгенін айтады. Сондықтан, екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы Ресеймен бірлескен кәсіпорын құру арқылы марал мен араны емдеуге арналған биопрепараттар өндірісі негізінде өңір омарташыларын табиғи таза екпемен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр­ғанын жеткізген. Бұл емдеу тәсілі маралдың терісінің астына ұя салатын бөгелекті жоюға да арналады. Шөптер мен майлардан жасалған препараттар зиянкес жәндіктерді өлтіріп қана қоймай, олардың қайта пайда болуына жол бермейді. Алайда, аталған жобаның соңы сиырқұйымшақтанып кетті…

        Қазіргі кезде Қытайда шөппен емдеу саласы кеңінен дамыған. Тіпті, фитотерапия саласынан хабарыңыз болмаса, шығыс медицинасы жай шөптің өзін емдік қасиеті бар өсімдік ретінде насихаттай беретініне иланасыз. Осыдан екі жыл бұрын көрші ШҰАР-дың Тарбағатай аймағына жолымыз түсті. Шағантоғай ауданында мыңнан астам өсімдік түрі өссе, оның басым бөлігі дәрілік шөптер ретінде пайдаланылады екен. Әдетте, біз көңіл аудара бермейтін әр өсімдіктің пайдасы мен бағасын шағантоғайлықтар жақсы біледі. Шаған­тоғай – гүлдер мекені. Солардың ішін­­дегі әдемісі – шұғынық. Ма­мыр айында қауыз жаратын шұғы­нықтың ұрығынан дәрі, са­бағынан үйді ағартатын әк алады. Бұл өзіміз­дің Алтайда өсетін таушымылдыққа ұқсайды.

        Таушымылдық демекші, осы гүлдің тамырында болатын құрттың қымбаттығы сондай, қара базарда килосы 50-60 мың долларға дейін бағаланады деп естиміз. «Қызыл кітапқа» енген бұл гүл біздің елімізде Мар­қакөл өңірінде өседі. Жылда осы гүлді қопарып, тамырынан құрт іздейтін браконьерлермен ымырасыз күрес жүргізіліп келе жатса да табиғатқа зиян келтірушілер толас­тар емес… Шағантоғайлықтар тәжірибесіне қайта оралсақ, күрделі отаны жеңілдетуге қолданатын дәрі-дәр­мек қызғалдақтан жа­салады десе сенесіз бе?! Жа­байы апиын­ гү­лінің дәнегі жанға батқан ауру­ды басуға көмектеседі. Бұл – біздің кәдімгі қызғалдақ. Шашы­ратқыдан австралиялықтар кофе, дәрі жасайды екен. Ауылда мал азығына шауып алатын сасырымыз алапес ауруын емдейді әрі Шыңжанда сирек кездесетін бағалы өсімдік болып шықты. Ал астра гүлі қызуды басып, уытты қайтарады. Бүргеннің қауашағын қайнатып, буына булану арқылы теріні жұмсартуға, жасаруға болады.

        Сондай-ақ, ертедегі қазақтар бүр­геннің түрлі-түсті бояу жасауға таптырмас өсімдік екенін жақсы білген. Ал қойжуа мен доланадан денсаулыққа пайдалы тосап қайнатылады. Шетен – асқазан ­ауруларына мың да бір ем. Қараған шайы қан қысымын төмендетуге септігін тигізеді. Сүттіген гүлін қазақтар ертеден емге қол­данады. Халық жадындағы атауы – бақбақ. Маусым туа қауыз жаратын күнгелді гүлі атауында тұрғандай, күннің кел­генін күтетін бипаз өсімдік. Микробты жоятын құдіреті бар. Жабайы бадам болса, дүние жүзінде екі-ақ жерде өседі. Бірі – АҚШ-тың Калифорния штатында, екіншісі – Шағантоғайда. Бадам жемісі – жүрек, қан қысымы ауруларына шипа. Ал мақсары өсімдігін ханзулар егін ретінде егіп, ұрығынан сұйық май тартады екен. Шырмауық, шәңкіш, мия, жарықгүл сынды өсімдіктер де кәдеге асады.

       Міне, осы сияқты жүздеген тұқым атаулы қауыз жаратын мамыр мен тамыз айлары аралығында Шағантоғайда гүл мерекесі өтеді. Алыстағы ­аудан гүл фестивалін тамашалауға жан-жақтан туристер ағылатын аймақ­қа айналыпты. Бұл – Қытай­дың Қазақстанның Үр­­жар ауда­нымен шектесетін тұсы. Ал Зай­сан, Күршім аудан­дары тұсын­дағы Алтай аймағында да жұңғо жұрты ағажай Алтай­дың дәрілік шөп­терін шетеу шығармай иге­ріп жат­қанында күмәніміз жоқ. Тіпті, бір әріп­тесіміз Алтай қаласына барған сапарында қа­лада тас саудасының қызып тұрғанын, жер­де жатқан жай тас таппайтыныңызды айтып, таңғалып келген. Ал бізде… Тас­тан бөлек тағы қаншама байлық аяғымыздың ас­тында тапталып жатыр. Иә, игерусіз иен жатыр…

        Түйін: Ұлттық парк маманы Раушан Қырықбаеваның айтуынша, «Ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтар туралы» Заң­ға сәйкес, Катонқарағай ұлт­тық табиғи паркі аумағында дәрілік шөптерді өндірістік мақсатта даярлауға рұқсат жоқ. Тек жеке қажеттілікке орай белгілі телімнен тегін жинап алуға болады. Бұл – саланы да­мытудың тағы бір кедергісі іспетті. Алайда, мемлекеттің қыз­ғыштай қоруынан аталған заңнама арқылы табиғи парк аумағындағы «Қызыл кітапқа» енген 35-тен астам дәрілік шөпті сақтауға жағдай жасалып отыр­ғанын да ұмытпаған жөн.

       Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы

Суреттерді түсірген Алексей МАЗНИЦИН

        https://www.egemen.kz/2017/01/18/92963

толығырақ

%d0%ba%d0%b0%d0%b7%d1%8b%d0%b3%d1%83%d1%80%d1%82

        Әр аңыздың астарында шындық жатады, дегенмен, біздің Шымкент облысының Қазығұрт ауданындағы Қазығұрт тауына Нұх пайғамбардың кемесі келіп тіреліп, жан-жануарларды жұптарымен жіберіп, жер бетіндегі тіршіліктің түрлерін сақтап қалған дегенге тек қана аңыз ретінде қарайтынымыз анық. Айнала есептегенде, теңіз-мұхиттардан ең алыс Еуразия құрлығының қақ ортасына Нұх пайғамбардың кемесі келді деуге сену қиын. Дегенмен, бабалардан келе жатқан аңыздың құрметіне біздің замандастарымыз сол кемеге Қазығұрттың басына ескерткіш қойған.

        Қазіргі заман ғалымдары толассыз жауған жауыннан Жер шарын топан су басқанын келтіреді. Ал Нұх пайғамбар кезіндегі адамзат өркениеті осындай алапат жауынды алдын ала болжап, жер бетіндегі тіршілік түрлерін сақтап қалуға бар мүмкіндік жасағаны белгілі. Ғалымдар жобамен кеменің сызбасын да келтірген. Мұндай кеме бірнешеу болған деген бір болжам да бар. Ол да негізсіз емес сияқты. Мұндай кеме тоқтады деген жерлер  жер бетінде бірнешеу екен. Олардың бірі болмаса бірі апатқа ұшырауы да, тіпті, кеме тоқтаған жер тіршілікке қолайлы болмауы да мүмкін ғой. Бірнеше кеме болуының тағы бір себебі, Жер шарына тіршілікті біркелкі тарату үшін де шығар. Жердің арғы жақ бетіндегі Америка үндістерінің де осындай аңызы бар екен. Қай құрлықта болмасын сол таулардың кеме тоқтаған  жері нақты көрсетілген.

         Енді өзіміздің Қазығұртқа келсек, Еуразия материгінің қақ ортасына ондай үлкен кемелер қалай жүзіп келеді деген күдіктің біздің аңызымызды қиял-ғажайып ертегіге жақын етеді. Жұмыстасым – биолог-дәрігер Хан Ольга Гавриловнадан бүкіл ТМД-да орыс және корей тілінде тек Қазақстаннан шығатын жалғыз «Коре илбо» газетін алып оқитын едім. Сол газеттің өткен 2015 жылғы 30 қазандағы №43 санынан Каспий теңізі туралы мақала оқыдым. Арал, Каспий және Қара теңіз аумағында Тетис деп аталатын мұхит болған екен. Ал мұхиттардың бірімен-бірі жалғасып жататыны белгілі. Мақалада Нұх пайғамбардың Таяу Шығыстан шыққан кемесі басын Арарат тауынан алатын Аракс өзені арқылы көтерілген деген ғалымдардың болжамы келтіріліпті. Біздің заманымыздан 100 млн. жыл бұрын Тетис мұхиты ортайып, Каспий мен Қара теңіз аумағында Сармат теңізіне айналады. Міне, осы кезеңдерде Тетис мұхитының бір пұшпағы болған Арал теңізі бөлініп қалса керек. Ал 70 млн. жыл шамасында Сармат теңізі одан әрі ортая келе, Каспий мен Қара  теңізге бөлінеді. Бір заманда Арал мен Каспий теңіздерінің қосылып жатқаны жөнінде бұрыннан да болжам бар. Ал теңіз болу үшін мұхитпен жалғасу керектігі шарт. Қара теңізден қазірде мұхитқа шығатын су жолы бар. Ал біздің екі теңізіміз де халықаралық анықтама бойынша көлге жатады. Әсіресе, Каспий дүние жүзіндегі ең үлкен көл болып саналады.

        Менің туған жерім – Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Доңызтаудың табаны. Қар көп түскен, жауын-шашынды жылдары су тұрып, кейін кеуіп қалатын шөп шыққан ойпаңды – көлтабан дейді. Доңызтаудың табаны деп сөзге үлкендердің, олардың ішінде, өз әкем де бар, әңгімелеріне қосқандарын талай естігенмін. Жем өзені мен Доңызтаудың арасындағы үлкен сайлардың бірсыпырасы (Жайынды, Шетірлі) солтүстік-батыстағы Жемге, бірсыпырасы (Мәні, Шаған) оңтүстік-шығыстағы Доңызтаудың табанына құяды. Қар қалың түскен жылдары Доңызтаудың табанын тегіс су қаптайды, ені 15-20 шақырым, ұзындығының бір шеті шығыстағы Шошқакөлге қарай, екінші шеті батысқа қарай теп-тегіс ойпат созылып жатыр. Доңызтау табанына  құйған сайлардың суы да осы бағытта ойпатты қуалай, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай ағады. Доңызтаудың табанының оңтүстік-шығыс беті Үстірттің қияларымен шектеледі. Тау деген атақ беріп тұрған – сол қиялар. Ал шошқа, доңыз – осы өңірдегі көп аңдардың бірі. Төменгі тегістіктен қарағанда Шағырай, Сандықтау болып жалғасып жатыр. Олардың арасындағы шатқалдарды Құлау деп атаған. Соның бірі – Қарабастың құлауы әкемнің атасының атымен аталған. Көшпелілер қыста Маңғыстаудың Сам құмдарына, ал жаз жайлауға Жем бойына көшкенде осы құлаулар арқылы өткен. Сол құлаулармен жоғары көтерілгенде жаңағы таулардың ізі де жоқ, алдыңда теп-тегіс Үстірт жазығы жатады. Ал арт жағыңа, солтүстікке қарасаң, көгілдір тартып мұнартып, теңізге ұқсап Доңызтаудың ойпаты (табаны) жатады. Арал мен Каспий жалғасса, осы ойпат арқылы жалғасуы әбден мүмкін.

         Ойпаттың солтүстік жағы бөлек-бөлек шоқылар мен төбелер болып келеді. Олардың аттары – Бестөбе, Құтымның шоқысы, Жапырық, Қантөрткіл, Зымыстан, Қосқарашоқы. Осы тау-төбелердің арасы құрғақ жер болғаны болмаса, теледидарда көрсетіп жүрген Вьетнамның жағалауларындағы судан шығып тұрған арал төбелерге ұқсап кетеді. Доңызтаудың табанына жақын төбелер мен шоқылардағы көлденең белдеулер судың мүжіген деңгейіне ұқсайды, бөктері қиялау, шөбі аз болып келеді. Оларға жаяу шығудың өзі қиын. Доңызтаудан солтүстік бағытқа қарай алыстаған сайын төбелер мен шоқылар аласарып, бөктерін шөп басқан, қиялап, көлігіңді жетектеп шығуға болады. Бұлай тәптіштеп отырғаным, үлкен су ұзақ уақыт бойы бірте-бірте қайтқанға ұқсайды. Төбе мен шоқылар да соған сәйкес бірте-бірте судан босап, құрғаққа айнала берген. Жоғарыда аталған таулар мен төбелердің Доңызтаудың табанына жақын төменгі етегінен ұлутастар кездеседі.

         Ал су шайып, айғыз-айғыз болған ақшат төбелер Доңызтау мен Жем өзенінің аралығындағы Оймауыт өңірінде, Жем өзенінің екі бетінде кездеседі. Жем өзені басын Мұғаджар тауынан алып, көктемде қатты тасыса, Каспий теңізіне құяды, суы аз жылдары Құлсары қаласының тұсындағы көлден әрі аспайды. Осы бағытта ағатын Байғанин ауданының жерінің солтүстік-батысымен өтетін екінші өзен – Сағыз тасығанда Каспийге жақындағанмен, көлдерге құяды екен. Ал қар суы мол болғанда сол көлдер бір-бірімен қосылып, теңізше шалқып жатады, бірақ, Каспийге құймайды екен. Сағыздың ағысы жазда тоқтап, қарасуларға бөлініп-бөлініп қалады. Ал Жем өзенінің ағысы тоқтамайды. Өзендердің сағасы тасығанда ағып келген лайдан бірте-бірте тайыздап қайраңға айналып бітеліп, ақырында Сағызға ұқсап, өзеннен бұратала бөлініп қалады екен.

        Тетис мұхитын құраған үш теңіздің арасы қайталанған алапат жауындардың кезінде бұғаздармен талай  жалғасып, ұлы қуаңшылықтарда талай ажыраған болар. Бұған планетамыздағы тектоникалық қозғалыстардың әсері де болуы мүмкін. Каспийдің Маңғыстау жағалауының тереңінде байқалған өте ерте заманғы құрылыстардың жұрнағы Атлантида қалдығы болуы мүмкін деген болжам да бар көрінеді.  Шымкент облысындағы Келес өзені басын Қазығұрт тауынан алады, Келес ойысы арқылы барып, Сырдарияға құяды. Нұх пайғамбардың кемесі Арарат тауына Аракс өзені арқылы қалай көтерілсе, Қазығұртқа Келеспен де  солай шығады. Теңіз тасып, суы көтерілгенде оған құятын өзеннің суы ағысын кейінге қарай өзгертеді екен. Осы кері ағыс екпінімен кеме де өзеннің арнасын бойлап жоғары көтерілуі мүмкін. Бұл құбылысқа гравитациялық күш өзгерістерінің де әсері болуы мүмкін. Мұхиттардың бірімен-бірі байланысып жататыны белгілі. Таяу Шығыстан шыққан кеме Тетис мұхитына келіп түсіп, Сырдарияға шығып, Келес өзені (ойысы) арқылы Қазығұрт тауының басының күнбатысындағы азырақ тегіс жер «Кемеқалғанға» тірелген. «Кеме қалған» Қазығұрттың басының Келес өзені (ойысы) жағына сәйкес келіп тұр. Әуен аруағы қонған композиторымыз Шәмші Қалдаяқов ағамыздың, ұмытпасам, алғашқы махаббат әні – «Ақкелес», сөзі – Жұмекен Нәжімеденовтікі, осы бір киелі жердің қасиетті өзеніне арналғандай. Осы әңгімеге Эпиграф етіп алынған шумақтың жалғасында төрт түліктің пірлері (Шопан ата, Шекшеката, Зеңгі баба, Ойсылқара) де түгенделген. Ойдан ой туып, осындай әңгімеге арқау болды. Бұл әңгіме түрікпен ақыны Мақтымқұлының «Боларсың» деген толғауын еске түсіреді.

Биік таулар бойшаңмын деп шіренбе,

Бір күн құлап, сен де типыл боларсың.

Терең теңіз, тәкәппарсып түнерме,

Суың кепсе, сен де бір шөл боларсың.

         Не деген көрегендік. Табиғатта мәңгілік ешнәрсе жоқ. Жас таулар өсіп, басын қысы-жазы қар басып, Алатау атанып, «Басыңнан қар кетпес» деп шырқалса, көне таулар шөгіп, аласарып, «Қаратау кейде қарлы, кейде қарсыз» деп әнге қосылады. Сол сияқты олардан басын алатын өзендердің арнасы да әртүрлі. Жем өзенінің ені жіңішке ағысы еркелегендей бұралаңдап, кең арнаның бірде оң, бірде сол жағасына жақындап ағып жатады. Көне тауға жататын Мұғаджар да кезінде жас болған шығар. Биік жаға, кең арна сол заманның куәсіндей. Қазығұрт тауы, Келес өзені, Келес ойысы да осылай.

       Иса ТӘЖЕДИНОВ.

       http://almaty-akshamy.kz/2016/12/24/

толығырақ

       Sharyn

     Үш жүз миллион! Тәп-тәуір сандық көрсеткіш. Осындай алашағыңыз болса шақшадай басыңыздың бақыттан, бәлки, шыр-шыр айналары  хақ. Бақыт ақшада емес десеңіз – оған да мақұл! Ал мұндай берешегіңіз болса, ол енді басқа әңгіме. Осылайша, қай қапталдан келсеңіз де үш жүз миллионның төрт тағандап жатқан көзге ерекше төбел сан екенін бағамдайсыз. Ал осы үлкен көрсеткішті жылмен қайырсаңыз – толағай тарих. Трапеция пішінді аңғардың тік, құлама қатпарларынан тасқа айналған сүйектерді ­тауып алуыңыз да ғажап емес. Бұл киелі Жетісудың жеті кереметінің, одан асып ұлан-ғайыр Ұлы Дала жауһарларының бірі – Шарын шатқалы.

        Бұл аумақтан зерттеуші-ғалымдар көне заманда өмір сүрген піл тектес хайуан, мүйізтұмсықтар, стенон жылқылары сияқты мол шоғыр аңдардың тасқа айналған тәберігін тауыпты. Ал жасы 10-12 миллион жылды құрайтын ғажайып жартас-мұнаралардың тұсауын тарих өзі кесті – әлемге паш етті кеше. Бұл – сонау-сонау мұздық дәуірінен кейінгі табиғат қолы – жел мен жаңбырдың жетістігі. Сіз, егер мұнда келсеңіз: бірде аспанға атыла берген айдаһардай состиып-­состиып тұрған, бірде «Шайтан қаланы» кезіп жүрген мыстан кемпірдің сәтке мелшие қалған сұлбасындай сұстия-сұстия қалған, енді бірде аңғар бойлап, алдаспаны жарқылдап андағайлап шапқан батыр тұлғалы түрлі мүсіндегі жартастар аллеясына тап боласыз. («Шайтан қала» жергілікті тұрғындар атауы. Кейде «Тас қа-лашық», «Қызғылт қамалдар» деп те айтылады – автор).
       Ол ол ма, өзенінде жабағыдай жапырыла жосқан жон балығы, қойға ұқсап қаптал-қапталға қайқая қанат жая, бытырай бұйралана өрген бөріқарақат пен сексеуілі, сол сексеуілден қылаң беріп, үдере тартатын таутекелер һәм қасқыр мен түлкісі – бәрі-бәрісі бұл шатқалдың баға жетпес байлығы. Топтана, топтала, шоқтана өскен тоғайдың жайы тағы бір басқа.
      Тоғай демекші, мұнда тамырын тарихтың қатпар-қатпарына сүңгітіп-сүңгітіп алып, жаһандық мұз дәуіріндегі сұрапылдарда да сұламай өткен ежелгі соғдылық ерен ағашы бар. Сұламақ түгілі, шатқалдың түкпірінде әлі шарапаттана жайқалып тұр. Арасында діңіне жеті адамның қол ұстасқан құшағы әрең жететін алыптары да ұшырасады. Осындайда бір айта кетерлік жайт, бұл ағаш ел аузында «шаған», «шетен», «шеген», тіпті «шынар» деп те аталып кеткен. Ал бұл туралы көрнекті журналист Жанболат Аупбаев: «Онда (Шарын шатқалында) темір сияқты өте қатты, ыстық температураға шыдамды ағаш өседі. Оны биолог-ғалымдар Ша-рындағы шетен (ясень) тоғайы деп жүр. Біздіңше, бұл – дұрыс емес, қате атау. Себебі шетен ағаштардың ішіндегі ең жасығы. Оның әлсіздігі сондай, егер қазық жасап жерге қақсаңыз, жартысынан морт кететін ол соққы тиген сайын бой-бой болып сөгіліп, шытынап кетеді. Бала күнімізде Сарытоғайдан әкелген жоғарыдағы темір ағашты аталарымыз бен әкелеріміз: «Бұл – ерен ағашы. Оны өзен көпірінің астындағы тіреуішке қойсаң шірімейді, үйдің төбесін жабарда белағашқа пайдалансаң сынбайды, – деп отыратын» деп айтып, былайғы жұртқа бірнеше рет ескертпе жасаған.
       Кейде оған қарап, Шарын шатқалы осы ағаштың анасы ма дейсіз: қия-натты қолдардан сақтану үшін бұл барып бауырына тығылған. Тіпті олай демей көріңіз: ерен шіркініңіз әлемде екі-ақ елде тамыр жайыпты. Оның бірі – сона-а-а-ау Солтүстік Американың Невада штатындағы «Гранд» шатқалында ғана өссе, енді бірі – осы Шарында. Сондықтан да бұл ағаш 1964 жылы 19 наурызда арнайы Қаулымен: «республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші» деп жарияланған болатын.
     Солтүстік Американы айтпақшы, біздегі осы шатқал сол қияндағы елдің Үлкен Колорадо каньонымен өте ұқсас. Екеуара егіздің сыңарындай. Өйтпесе, ел аузында Шарын оның «Кіші бауыры» аталар ма еді, аталмас па еді, кім біліпті?! Бір білеріміз, бүгінде бұл жер топ-топ туристің көз тойдырып, көңіл тоғайтатын, жан сергітетін орнына айналып үлгерді. Әлемнің әр бұрышынан бұл араға келуге құштарлығы оянғандардың да қарасы молайған. Келмегенінің көңілі аңсаулы, ал аяқ басқанының қайта сағынып, көңілі хош болады. Бұлай деуге де алабөтен себеп жоқ емес. Мәселен, осыдан сәл бұрын атақты саяхатшы Марко Поло туралы тарихи-драмалық сериал жарыққа шыққан. Мұның несін айтасыз дейсіз ғой: батыстың еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін ерекше сүйсініп көрген сол сериалдағы кейбір көріністер біздің Шарын шатқалында түсірілгенін мақтанып айтқымыз келеді. Тағы ондаған фильмнің де түсірілім орындарына айналған-ды. Бұл аз десеңіз, тағы бір дерек үстейік. Қазақстандық киносуретші Нұрлан Әбішевтің Нью-Йоркте өткен байқауда екі бірдей туындысы жоғары бағаға ие болғаны сіз бен біздің есімізден кете қоймаса керек. Соның ішінде «Реализм» категориясының күміс жүлдегері «Шарын шатқалы» атты кинокартинасы болған. Мұны туындыгер талантымен қоса жұрт біткенге жұлдызы ыстық, шырайлы Шарын шатқалының шарапаты деп біліңіз.
       Мұндайда мына бір керемет пікір еске түседі. «Шарын шатқалы — екінші Калифорния». Артық-кемі жоқ. Тіптен, бұл шатқалдың қызыл топырағына бала күннен балағын былғап өскен сіз болсаңыз, «Калифорния – екінші Шарын шатқалы» деп атар ма едіңіз, кім білген?! Ал ресейлік блогер Дмитрий Балакирев болса аузы ашылып, көзі жұмылып: «Өзге ғаламшарға түскендей боласың» деп ыстық лебізін біздің Шарынға арнапты.
       Осы өзге ғаламшар дегеннен шығады. Шарын шатқалындағы сан түрлі бедерлі көріністерді жергілікті тұрғындар ерте кездерде мифтік аңыздарға арқау етіп, «Шайтан қала», «Қызғылтқа малдар» деп те атасқан өзара. Ондағы әртүрлі мүсін пішінді жеке жартастарды «Мыстан кемпір», «Айдаһар», «Тас қалашық» атандырып, соған сәйкес ел арасына аңыз, ертегі әңгімелер тараған. Бұл да каньонның алапатын асырып келеді.
Шарын өзені жағалауларынан өткен ғасырларда түрлі тайпа мен ха-лықтың тұрағы болғанын айғақтайтын жүздеген қорған табылды. Ұлы Жібек жолының бір тармағы Шарын шатқалын бойлай өткендігіне де дап-дардай дәлел бар. Мәселен, жоғарыда сөз арасында дәйек еткеніміздей, атақты саяхатшы Марко Поло туралы киноның біраз сюжеттерінің осында түсірілуі тегін дейсіз бе? Оның үстіне, сол сауда-саттық кейінге дейін үзілмей сақталды. Мысалы, өткен ғасырларда жыл сайын Шарын өзенінің бастауындағы Кеген алқабында, күзгі Қарқара жәрмеңкесі өткізіліп бүкіл әлемнен сан алуан тауарлар жеткізіліп отырды.
      Сіз Асқар Алтайдың «Киллер сауыс­қанын» оқып па едіңіз? Сонда ғой, шығарма кейіпкері Қарашаның көзжендеті (сауысқан) осы Шарында аң алмаушы ма еді?! Сауысқанның қалай аңға түсетіні басқа әңгіме болса да, жазушы шеберлігінде оқиғаның осы төңіректе өрбуі де көп жағдаяттан хабар берсе керек. Оқып көріңіз: сонда сіз «Алқаптар ғимараты» деп аталған Шарын шатқалына бөгелмей тартып барарсыз, бәлкім?!

Керек дерек:
        Ұзындығы 154 шақырымға жететін Шарын шатқалы Алматының шығыс жағында 200 км қашықтықта орналасқан. Каньонның ең керемет туристік бөлігі – Қамалдар алқабы (ұзындығы 2 км, ені 20-80 м). Ғалымдардың есебінше, бұл қорық аумағында 30-дан астам өсімдіктің, құстар мен жан-жануардың құрып бара жатқан түрлері мекендейді. Жалпылай алғанда, өсімдіктің 1500-дей түрі өсірілсе, оның 17-сі «Қызыл кітапқа» енген. Сонымен қатар мұнда сүтқоректілердің 60-тан астам түрі, құстардың 300 түрі, қосмекенділердің 20 түрі және бунақденелілердің 800 түрі мекендейді.

      Қозыбай ҚҰРМАН, Алматы облысы

  http://anatili.kazgazeta.kz/?p=39943

толығырақ

      Танымал зерттеуші, белгілі Торғай геоглифтерін тұңғыш ашқан Turgay Discovery жобасының жетекшісі Дмитрий Дей жаңа сенсациялық олжа туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

     «Қымбатты достар, назарларыңызға «Қостанай тетрагоны» жаңа геоглифін ұсынуға рұқсат етіңіздер. Ол спутниктік түсірілімдердің көмегімен табылды. Қола дәуірінің тайпалары оны діни нысан ретінде шамамен 3000 мың жыл бұрын салған. Бұл Торғай жеріндегі қорған тәріздес геоглифтер құрылысының соңғы кезеңі», - деп жазды ғалым Facebook әлеуметтік желісіндегі өзінің аккаунтында.

     «Жаңа геоглиф М36 автожолымен қозғалып келе жатқанда қала маңындағы Затобол кентінен 1,9 шақырым жерде орналасқан», - дейді ол. Оның пікірінше, табылған бұл тетрагон оны туристік көрікті орынға айналдыруға болатын жақсы мүмкіндік. Онымен қоса, «Қостанай тетрагоны» - бұл көне заманғы адамдармен тұрғызылған бұрынғы «Күн ғибадатханасы».   

         http://www.inform.kz/kz/galymdar-kostanay-tetragony-zhana-geoglifin-ashty_a2965598

толығырақ

       Елбасымен кезінде металлургия саласындағы еңбек жолын бірге бастаған, Нұрсұлтан Әбіш­ұлымен жалын жастық жылдарында Украинаның Дне­продзержинск қаласындағы №8 кәсіптік-техникалық училищеде металлург мамандығының қыр-сырына бірге қаныққан, бүгіндері Астанада тұратын еңбек ардагері, техника ғылымдарының докторы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабидолла Сәрекеновтің кіндік қаны Шоқай­теректің төңі­регінде тамған екен. Бүгіндері 75-ке таянған Қабидолла ақсақал ара-тұра туған жеріне келгенде әлгі маңда әлі күнге дейін салт атпен серуендегенді жақсы көреді деседі. Сондай сәттерде айкөл азамат айналаға сарқылмас перзенттік сағынышпен қарап, «Бала кезімізде талай асыр салған жеріміз ғой. Мына Шоқайтерек біздің ойын баласы кезімізде алып ағаш еді. Әлі жайқалып тұр екен, жарықтық!» деп сүйсінетін көрінеді. Бұл жайды бізге Шыңғырлау орман шаруашылығының орманшысы Аталық Қаймолдинов ағамыз айтып берді. Осы азамат «Шоқайтерекке шамамен 150 жыл» деген уәж келтірді. 150 жыл – бір жарым ғасыр, оңай ма, сірә?! Былтыр Шоқайтерекке найзағай түсіп, діңінің түбін зақымдап жіберген. Зады, содан болса керек, ұшар басына таяу бірді-екілі бұтағы биыл жапырақ жаймапты…

        Шыңғырлау аудандық «Сер­пін» газетінің редактор-директоры Адақ Шотпановқа «Бәлкім, Шоқайтеректің атауының Мұстафа Шоқайға бір қатысы бар шығар?» деген төл болжамымызды айтып көріп едік, өзі сол ауданда өмір есігін ашқан, бүгіндері жасы алпыс­ты алқымдап қалған әріптесіміз әлгіндей жорамалға негіз болар ел ішінде еш дерек жоқтығын алға тартты. Сонымен, Шоқайтеректің атауына қатысты біздің әзірге бар айтарымыз осы, қадірлі оқырман. Ал енді Елек өзенінің жағасына жақын өскен Шоқайтеректің айналасында ағаштың неше түрі бар. Тораңғы, шегіршін, емен, үйең­кі, тал, ақтерек, көктерек дейсіз бе, тіпті, ішінара қайың мен қарағай да көзге шалынды. Бірақ, бір ғажабы олардың бірде-біреуі Шоқайтеректей ерекше емес. Көрер көзге кәдімгі бірі-бірі­нен еш айырмашылығы жоқтай көрінетін орман «тұрғындары». Ал Шоқайтерекке Алланың рахымы неге айрықша түсіп, неліктен оны елден ерек, жұрттан бөлек қылып жаратты екен? Бұл, сірә, адамның ой-санасы жетпес табиғаттың бір тылсымы болса керек…

       Айтпақшы, Шоқайтеректен қарға адым аттасаң болды, орман-орыстың елі, Ресей жері, нақтырақ айтқанда, қазіргі Қазақстанның алғашқы астанасы болған Орынбор облысының аумағы басталады. Шоқайтерек құдды, ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие болған Қазақстан Рес­публикасының шекарасын кір­пік қақпай қырағы күзетіп, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған қа­зақтың нағыз алып батыры тәрізді.

         Сен аман бол, Шоқайтерек!

      Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, Батыс Қазақстан облысы

       https://egemen.kz/2016/11/01/70389

толығырақ

        «Наномир» ресейлік зертхананың қызметкерлері компьютер арқылы моделдеуде Шеркала тауының жасанды екенін анықтады. Уфологтар Маңғышлақтың қақ ортасында орналасқан Шеркала тауын бөтен ғаламшарлықтардың кемесі деп санайды. Ондағы көптеген үңгірлер ұшатын тарелкенің басты кабинасына апаратын көрінеді, деп жазады BAQ.kz «Экспресс-К» басылымына сілтеме жасап.
        Баяғы заманда Маңғышлақ жеріне бөтен ғаламшарлықтардың кемесі келіп қонады. Кемені тығу үшін олар оны Тетис теңізінің түбіне тастайды. Бірақ қандай да бір себептерге байланысты бөтен ғаламшарлықтардың әскерилері өз кемесіне оралмаған. Осылайша мыңдаған жылдар теңіз түбінде жатқан кемені құм мен балшық жауып, қатты табиғи денеге ұқсас етіп тастайды. Кейіннен Тетис теңізі тартылып, ол тау түрінде жердің бетіне шығып қалады.

         Түрікмен тілінен аударғанда Шеркала «Арыстан тау» делінеді. Мұндағы үңгірлерге жергілікті халық бармайды, оған тыйым салынған. Өйткені ол арада әруақтар бар деп саналған. Уфалогия бойынша тіркелген құжаттардың бірінде бұл арада табиғаттың тылсым құбылысы белең алғаны айтылады. Бұл — 1970-ші жылдар.

         Новосібірден келген бір турист Шеркала тауының шыңына апаратын үңгірді іздемек болады. Жер асты жолы оны таудың шыңырауына апарады. Бір уақытта ол алдынан жарқыраған сәулені көреді. Ол оған жақындамақ болғанда қара тасқа тіреледі. Оны сипап көрсе, металл секілді. Бір уақытта әлгі қара тас шиқылдап-сықырлап қоя береді. Одан соң уілдеген дауыс естіліп, аяғынан асты қозғалады. Сол кезде қорқып кеткен турист кері қарай тұра қашады. Ертеңінде ол қасына адамдар ертіп, ол араға қайтып барады. Бірақ кеше өткен жолды таба алмай, барлығы кері кейін қайтады.

      https://baq.kz/kk/news/turizm/galimdar_sherkala_tauinin_shindigin_ashti20161030_133300 

толығырақ

img_2845

      Қаратаудың құпиясына толық қаныққан ешкім жоқ, сырын ішіне әлі бүгіп жатыр. Бірен-саран болмаса таудың тынысын ептеп танығанымыз кеше ғана. Таңбалы тастарға қызығып, ол туралы талай ой тарқатқан едік. Бүгін тағы бір таңғажайыпқа кезіктік. Жаңақорғаннан жүз шақырымдай жүріп, үңгір іздеп бардық.

       Жолбастаушымыздың айтқаны айдай келді, шағын төбенің үстінде доғал пішіндес тесік екен, біз елеусіз үңгірге ентелей түстік.
      Хош. Әлқисаны әріден бастасақ. Бәрі де жай әңгімеден басталды. Құқық қорғау саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан Мәди Мырзахметов ағамызбен сыр ақтарып отырып, сөздің бір ұшы Қаратауға тірелді.
– Қаныбек, мен Сығанақтың жерасты жолын білемін.
– Қайдан, қалай?
– Кезінде Еңбекші ауылында учас-келік инспектор кезімде Әбілқасым деген аңшы кісі көрсеткен. Бұл 1985 жылы болатын. Шопандардың сақпан науқаны уақытында мал ұрлығын болдырмау мақсатында қойшы ауылға бардым. Әлгі аңшы ағамызды сол жерден жолықтырдым. Қазақтың басы қосылса өткен-кеткен әңгімеден қозғайтыны бар емес пе, біз осылай отырып, жерасты жолы туралы айтылып қалды. Сөйтті де ол: – Балаларымның ондайға қызығушылығы жоқ, қажет десең саған көрсетейін, – деді. Іздегенге сұраған, мен құп алдым. Шопанның қонысынан екі шақырымдай жердегі үңгірді көріп, қайран қалдым. Үңгірдің үсті қой таспен жабулы екен, екеулеп аузын аштық. Терең, арыға кіріп көрмедік. Содан кейін тағы бірде барып қайттым. Сол күйі. Зерттеп жүрген ешкім жоқ. Енді өзіңе айттым, мәселе етіп көтерсең дұрыс болар еді, – деді.
      Мен бұл жаңалықты естіген бойда редакциядан Нұрлат Байгенже мен Самат Әбдішті ертіп, Шиелі ауданы аумағына шықтық. Еңбекші, Қосүйеңкі ауылынан асып, Тақиятөбеден оңтүстік-шығысқа бұрылдық. Жолай тас ұнтақтау цехын айналып өттік те адыр төбеге қарай беттедік. Айқыш-ұйқыш сүрлеу жол көп, біраздан бері із түспеген. Көнелеу біріне түсіп, көлік безілдей жөнелді. Мәди аға жан-жағына қарайлап, белгілі орынды бағдарлап отыр. Кенет «тоқтат!» дегенде, бәріміз шуласып, төңірекке көз тігіп қарадық. Ештеңе байқалмайды. Көліктен түскен соң барып үңгір көрінді. Шынында тесікті бітеген тас болған, бірақ, біреулер шеттетіп қойыпты, аузы ашық жатыр. Дереу үңгірдің тереңдігін есептеуге көштік. Арқанның ұшына шам іліп, төмен жібердік. Шамамен бес метрге жуық. Белі орташа жігіт сиятындай доғал тесік екен. Тас қашалған, адамның ісі. Қолдан жасалғаны анық. Қағазға от қойып, түбіне тастап көрдік. Түтіні жоғары көтерілді. Демек, ауа айналып тұр. Тесіктің аузында бірнеше жылан сыртқы қабығын қалдырған. Ал, үңгірдің ішінде не барын Құдай біледі. Үрей де бар, үңгірге кіру керек деген үміт те бар.
       – Сонша жер әуре болғанда бос қайтқанымыз болмас, мен кіремін, – деді Нұрлат.
    – Олай болса, алдымен Самат әруақтарға бағыштап Құран оқысын, сосын мен қосыламын, – деді Қаныбек.
        Еркебұлан арқанды қолға ыңғайлы етіп әр жерден түйіндеп, бір ұшын көліктің тетігіне байлады. Арқан берік, байлам бар, сенімдіміз.
       Осыған тәуекел етіп, Нұрлат төмен түсті. Артынан Қаныбек ілесіп еді, тар тесікке сыймай кері қайтты.
      Біз сырттай бақылап тұрмыз. Оқыс жағдай қыбыр етсе Нұрлатты арқанмен тартып алуға дайынбыз. Бір сөзбен, сақадай сай тұрмыз.
       Мәди ағаның пайымы дұрыс, мына төбеден тіке салғанда Сығанаққа 15-20 шақырым жер. Жерасты жолының бір басы Сығанақ бетке жүрген. Екінші беті Теріскей, бетпақ жаққа қараған. Демек, жерасты жолының шеті қай жерге барып тірелетіні белгісіз. Ал, біздің тауып тұрған үңгіріміз кірер қақпа емес, ауа алмастырғыш жол (вентилизация) сияқты. Өйткені, ол кездің адамы бізден анағұрлым ірі, ауызға сию-сыймауы екіталай. Екіншіден, төменде саты немесе көмекші құрал сақталмаған. Үшіншіден, жерасты жолын толық жүріп өтпей мұның сыры нақты ашыла қоймайды. Бұл мәселені алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.
        Ендігі әңгімені жерасты жағдайын көзімен көрген Нұрлат мәлімдейді.


ЖЕР АСТЫ

       Ат шаптырым жерден ат терлетіп келгеннен кейін нар тәуекел етіп, арқанды ұстап төмен қарай түсе бастадым. Үңгірдің қабырғасында әр жерде түлеген жыланның эпидермис қабықтарын көріп бойдағы қорқыныш еселене түсті. Расында, түсі суық жорғалаушы кімнің болмасын үрейін алатыны сөзсіз. Бірақ, жоғары кетуге жігіттік намыс жібермеді. Түйінделген арқанмен бес метрлік үңгірді бойлай төмен сырғып барамын, сырғып барамын. Әйтеуір табанына түстім. Үңгірде ауа қалыпты екен. Төмен түскен қағаздарды шағып, жан-жақты барлап көргеннен кейін бойдағы секем басылды. Қабырға қолдан қашалғандай көрінді. Аяқ астындағы кесектермен үңгірдің қабырғасын қалаған ба? Бәлкім уақыт шіркін, жансыз кесектерге сәжде еткізген болар, бәлкім, жақын маңдағы қиыршық тас өңдеушілер тауды жарғанда құлаған шығар. Ол жағы бізге белгісіз…
     Үңгірдің шығыс және батыс жағында саңылау байқалды. Тіптен, саңылау деуге келмейді, жер асты жолының есігі дерсіз. Шығыс жағындағысын құлаған кесектер жауып қалғандай, ал, батыс бетіндегісіне толық денелі адам еркін өтеді. Солай қарай сақтана адымдап, аяқ бастым. Бірақ, мені жер астының патшасы – жыландар тоқтатты. Бір жылан есіктің алдында оралып жатса, үшеуі тар өткелдің қабырғасында өрмелеп тұр екен. Көрген бойда бір орында мүсінше қаттым да қалдым.
      Бірер сәтте есімді жиып, жоғарыға дауыстап: – Мұнда жыландар көп екен, – дедім.
– Е-е, жердің иесі ғой! Бастысы, тиіспесең болды, олардың сенімен шаруасы болмайды, – деген Қаныбектің дауысы сенімді қозғалуға демеу берді.
     Есікке тағыда жақындай түсіп, ұзыннан-ұзын жатқан дәлізге шамның жарығын түсірдім.
        Жоғарыдағылардың жер астындағы жағдайға қызығушылығы артып:
– Не бар екен? Жол бар ма? Не көріп тұрсын, – деп үсті-үстіне сұрақтарын жаудыра бастады.
       Қанша жерден жүрек жұтқанмен айыр тілін салақтанған мақұлықты көрген жан кері шегінетіні айқын. Мен де кері шегіндім. Алайда назарым ауа алмастырғыш үңгірдің арғы жағындағы дәлізге ауып тұр. Қараңғылықтың шырқын бұзған шағын шамның жарығын көзбен қуалап, зер сала бастадым. Байқағаным – ішкі дәлізге ат жетектеген адам еркін жүре алады. Қабырғасына кесек өрілгендей көрінді. Қалғаны жұмбақ…
        Бір кезде жоғарыдан кәсіби фотоапаратты жіберді. Бірақ, тарихи орынды қанша жерден суретке түсіруге талпынғанымен, аппарат іске қосылмады.
        – Ендеше, мұнда магниттік өріс бар. Фотоапаратты жоғары жібер, ұялы телефонды жіберейік, – деп дауыстады.
          Бірер сәттен кейін заманның озық құрылғысымен үңгірді бейнесюжетке түсірдім. Көп ұзамай жоғарыға өрлеп, далаға шықтым. Төңірекке, Қаратауға көз тастап: «Бойына осыншама көп сырды қалай сыйдырасың?!» деп тамсамдым. Сосын тарихи орынның қақпасын жапқандай, үңгірге арнайы қашалып жасалғандай таспен жауып, кері қайттық.

ПАЙЫМ ПЕРНЕСІ

       Жұмбақ жерге тарихи баға беру тарихшылар мен археологтардың еншісіндегі шаруа. Біздікі көзбен көргенді хатқа түсіріп, пайым пернесіне салып, тұжырым жасау.
Осы жерден әңгімені түйіндей салар едік, алайда, мына оқиға біздің пікірді тағы да толықтыра түсті. Сунақата ауылындағы №194 «Сунақата» орта мектебінің мұғалімі Маржан Шоханова бізбен хабарласып, ауылда болған жағдайды баяндады.
       – Сіздердің жерасты жолын тапты деген жаңалығын естіген бойда хабарласып тұрмын. Өздеріңіз білесіздер, біз Сығанақ қаласының маңайында тұрғандықтан көп жағдайға кезігіп жүрміз. Көне қала маңындағы ел жерден несібе тереді. Міне, осы тұста, дихандар түсіне алмай жүрген жайттар баршылық. Әсіресе, күрішке жіберген суға байланысты осындай түсініксіз жайлар кездеседі. Өйткені, егінге пайдаланылған су жоғалып кетіп жатады. Қаншама су жіберілсе де, атыздар суға толмайды екен. Неге? Не себепті? Оны қарапайым еңбек адамдары түсіне қоймайды. Тақтайдай тегіс алқапта су қайда жоғалады?
       Ескіден естуімізше, Сығанақта жерасты жолы болған деседі. Жаңағы жіберілген су сол тесіктерге сіңіп жоғалатын көрінеді. Егіншілер қанша су жіберсе да, танап бәрібір тола қоймайды. Су сіңген тесіктерге тас тастаса, тоқтамай кете беретін көрінеді. Жерасты жолы туралы түрлі мәліметтер де айтылады. Бұл сіздердің пікірлеріңізбен сабақтасып тұр, – деді ол.
       Дерек көздеріне сүйенсек, ірі қалалардың құрылыстық жағдайында жерасты жолы қарастырылған. Мысалы, Түркістан мен Сауранды байланыстырған жер асты жолы болған. Осы жердің астындағы жолдарда ауа алмастырғыш үңгірлер мен дыбысты бойына сіңіретін бөлмелер болды-мыс дейді. Ал, мұндай арнайы құрылғылардың арасы белгілі қашықтықта қайталанып отырған. Міне, егіншілердің мол суы сондай ауа алмастырғыштардың біріне құйылып, жоқ болуы ләзім.


         ТҮЙІН.

        Көзбен көріп, көңілмен түйген әсерден бе, түнгі ұйқыны үңгірдегі жыландар жиі бұзатын болды. Бәлкім, бауырымен жорғалаушылар құпия-сырын ашқанға ызалы шығар, бәлкім, жыландар патшалығына шақырып, терең сырына үңілуге шақырып жүрген болар. Не болса да, «Жаңақорған тынысы» газетінің шығармашылық ұжымы ұйымдастырған өлкетану экспедициясы Сығанақ қаласын, оның жерасты жолын зерттеудің жаңа парағын ашты. Ал, оны мәнді әрі мазмұнды толтыру арнайы мамандардың еншісіндегі іс.
       Айта кететіні, осы жайдан хабары бар көнекөз оқырмандар редакцияға хабарласып, құнды ақпаратпен бөлісуге болады.
          Қаныбек ӘБДУОВ, Нұрлат Байгенже.

       http://zhanaqorgan-tynysy.kz/zhylandar-patshaly-y-nemese-sy-ana-ty-zherasty-zholy/

толығырақ

gallery_promo23646916

     Алматы – Еуразия континентінде ерекше жүйелі дамып келе жатқан ірі мегаполис. Ол әлемнің 17 қаласымен бауырластық орнатқан. Газет тілшілері әлем елдерінде іс-сапарларда болып, арнайы репортаждар беруді дәстүрге айналдырған. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай газетіміздің тілшісі Ермек Зәңгіров Ресейдің Астрахань, Шешенстан, Қалмақ, Дағыстан елдеріне сапарға аттанып кетті. Бүгін оның Астраханьнан жолдаған алғашқы мақаласын беріп отырмыз.

      Біз Атырау арқылы Астраханьға жек­сенбі күні түс ауа жеттік. Астрахань қаласы туралы ежелгі аңызда былайша сыр шертеді. Онда әз-Жәнібек хан өз ордасын тұрғызуға орыстың әйгілі ісмер сәулетшісін, құрылыс салу шеберін шақыр­тып алып, ордасын соған тұрғыздырыпты. Орда сән-салтанатымен салынып біткен соң, хан шеберден еңбегінің өтеуіне не қалайтынын сұрапты. Құрылыс шебері ханға риза болатынын айтқан. Тақсыр іс­мердің қалаған жерін алуына рұқсат беріпті. Сәулетші  өгіздің терісін жіңішке таспадай етіп тіліп, осы бүгінгі қала тұрған жерді «қоршап алыпты» деседі ханның білгіштері. Ежелгі қазақ жерінде орыс қаласы осылайша пайда болған көрінеді.  

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

     Қаланың қақ ортасында орналасқан Астрахань Кремлін асықпай араладық. Іші-сыртын, қоршаған қабырға, жарларын, шіркеулер мен соборларды көріп, олардың осыншама уақыт мүжілмей, аман сақтал­ғанына таңқалдық.

       Астрахань қаласының ежелгі аты – Қажы Тархан деп аталған. Қажы Тархан хандығы (1465 – 1556) Алтын Орда ыдыра­ғаннан кейін құрылған дербес мемлекет­тердің бірі. Бұл – Астрахань хандығын Ресейдің жаулап алуы, яғни, Русьтің Шығыс елдеріне қарсы бағытталған алғашқы жорықтарының құрбанына айнал­ған қала болатын. Қала – Еділ өзенінің екі жаға­лауын ала Каспий теңізінен 150 шақырым қашықтықта орналасқан. ІІІ ғасырларда бүгінгі қаланың орнында хазарлардың Әтел, орысша Итиль қаласы болған. ХІІІ ғасырда Шыңғысхан қаланы қиратып, орнына Сыйтырхан деген қаласын көтеріп, хандық­тың астанасы еткен. 1459 – 1556 жылдары қала жаңадан құрылған Астрахань хан­дығының астанасы болып белгіленген. 1558 жылы қала Ресей империясының құрамына алынғаннан кейін патша билігі көшпен­ділердің жаугерлігінен қорқып, қаланы Еділ өзенінің оң жаға­лауына көшіруге мәжбүр болыпты. 1559 жылы Ресей империясының түркі тектес елдерді жаулап алуына наразы болған Түркияның әрекеті өз нәтижесін бермеген. 1589 жылы «Астрахань Кремлі бой көтерген. Оның сыртынан «Ақ қала» атанған тас қала салынып, Астрахань – Ресей империясының Орта Азияға қараған форпостына айналған.

       Қала батысында Қалмықиямен, солтүс­тігінде Волгоград облысымен, шығысында Атырау және Батыс Қазақстан облысымен шектеседі.

        Ресейліктер Астрахань қаласын Оңтүстік Венеция, Каспий аймағы елдерінің астанасы деп те атайды екен. Қала – Ресей­дегі тарихи құндылықтарға бай 115 қаланың қатарына жатқызылған. Ол Еділдің жоғарғы бөлігінде орналасқан. Мәскеу мен екі орта 1411 шақырым. Қала 4 әкімшілік ауданға бөлінген. Өткен жылғы санақ бойынша шаһарда 532 699 тұрғын тұрады екен. Аумағы 208,7 шаршы шақырымды алып жатыр. Бүгінгі таңда Астраханьда 100-ден астам ұлт өкілі тұрады екен. Оның ішінде, қазақтар қала халқының 5,45 пайызын, яғни, 24 мыңды құрайды.

      2008 жылы Астраханьның қала атауы­ның 450 жылдығы тойланыпты. Осынау 450 жыл аралығында қалаға Сарайхан патшаның Астерхан және Қасымхан деген ұлдары кезекпен-кезек билік жасапты. Астрахань атауының өзі топонимикалық құрылымы бойынша «ас» деген түрік сөзінен алынған көрінеді. Жаугершілік заманда қалаға Ақсақ Темір бірнеше рет шабуыл жасап, жермен-жексен етіп жағып та жіберген көрінеді.  Қалада Қазақстан Республика­сының консулдығы жұмыс істейді. Көрші­лес Атырау қаласымен бауырластық орнатқан.

      Енді ежелгі тарихтан тағы бір сыр шертейік.  Қалада жолаушылап жүрсін, жер­гілікті тұрғын болсын, әйтеуір, қазақ көп. Олар Ресейде емес, өз жерінде жүр­гендей еркін. Айтпақшы, олар шын мәнінде өздерінің Отандарында жүргендей сезінеді екен. Сондықтан, Астраханьның ежелгі қазақтың қаласы екенін айтуға толық қақымыз бар. Бұл – әрине, өткен шақ.

      ХVІІІ – ХІХ ғасырларда Еділ-Жайық аралығын Ресей империясы жаулап алу саясатының нәтижесінде қазақтар өздерінің ата қонысынан айрылды. Ақын Мұрат Мөңкеұлының:

«…Еділді тартып алғаны –

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны –

Жағаға қолды салғаны», – деуі бекер болмаса керек. Ақын одан әрі Еділ-Жайық емес, Сарытау (Саратов) пен Астрахань жерлерін тартып алғаны туралы:

«…Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,

Сарытау, Аштарханның жерін алды,

Артынан Еділден соң, Нарынды алды», – деуі сол зұлматтың боямасыз көрінісі еді. Бұл, несін айтасың, шындыққа құрылған сөз.

      Мұндағы барлық тарих Астрахань Кремлінде. Қаланың қақ ортасында 1580 жылдары басталып, 1620 жылы біткен Кремль халықтың көп жиналатын ортасы екен.

    Кремльді аралап жүріп, қарсы жолық­қан жолаушыдан қолына фотоаппаратымды ұстатып, суретке тартуын өтінгенім сол еді, ол менің қайдан келгенімді сұрады. Айтып түсіндіріп едім, таңқалды. Ол – өзін юрт халқының ұрпағымын деп таныстырды. Алғашқы рет естуім, осындай да ұлт барын.

     Юрттар – Астрахань облысының Володар, Нариманов, Привольжский аудандарында тұрады екен. Түркі ұлысынан, өздерін ноғайлармыз дейді. Жалпы саны – 20 мыңға жетіп-жығылатын көрінеді. Ноғай тілінде сөйлейтін юртпен әйтеуір, ұғыс­қандай болдық. Негізгі бастауын Сібірден алған юрттар көшпелі қыпшақ ұлыстарымен діннің суннит ағымын ұстанады екен. Әдеби тілі дамымаған, өткен ғасырдың 60 жыл­дарына дейін татар тілін қолданып келіпті. Алғашында олар қазақтармен араласып, құдандалы болып жүріпті. Кейін қазақтар жаппай орыс тіліне көшкесін, юрттар татар тілін қолай көрген сыңайлы.

         «Басыңнан кім сипаса, машайығың сол» демекші, юрттардың да басына бұлт үйіріл­ген кездер болыпты. Ағайыны ноғайлардан алшақтап, татар, қазақ, түркімен, орыс халықтарымен араласамын деп, өзге тілдердің ықпалына түсіп кеткен көрінеді.

       Қызмет бабында жүргендіктен, біліп-көруге ынталылық танытып, әлгі юртты «шәй – менен, әңгіме – сенен» деп Кремль іргесіндегі кафеге сусын ішуге шақырдым. Айтпақшы, юртымыздың аты – Мнажадин болып шықты. «Осында сізге менен де жақын – қарағаштар тұрады», – деді ол әңгіме көрігін қыздырып. Өздері бізден көп емес, бірақ, уәдеге, дініне берік. Олар да суниттер. Негізінен, Краснояр, Харабалин аудандарында қазақтармен араласып тұрады.

        Тарихқа жүгінсек, қарағаштар үшін қазақтан артық туыс жоқ. 1740 жылы Кав­казда ен жайлаған ноғайлардан еншісін бөліп, осы жерге келген соң жергілікті қазақ­тармен араласып кетіпті. Бұлардың да фольклоры, рухани, материалдық құн­дылық­тары немесе жазба ескерткіштері  жоқ. КСРО тұсында қарағаштар ана тілі ретінде ноғай тілін оқып келсе, қазір одан да жұрдай қалыпты.

        Қазақстан, қазақтар туралы айтқанымда Мнажадин бауырым, таңырқағаннан үндемей қалды. Әрине, қызғаныштан болар, бірақ, Ресей саясаты оны айтқызбасы анық еді.

    Жоғарыда айтып өткеніміздей, қалада Каспий аймағы елдері басшыларының басқосуы жиі өткізіліп тұрады.

       Біздің алдымызда ғана Астраханьда Каспий теңізі жағалауы елдерінің бұқара­лық ақпарат құралдары өкілдерінің екінші рет медиафорумы өтіпті.

     Форумға қатысушылар келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне өз елдерінің қызығушылық танытып отыр­ғанын білдіріпті.

      Халықаралық қауымдастық назар ау­дарып отырған көрмені өткізуге дайындық барысы, оның басты тақырыбы – жасыл экономика туралы көрсетілген арнайы бейнероликке Каспий жағалауында орна­ласқан бес елден 300-ге жуық БАҚ өкілдері қатысыпты.

     Медиафорумға қатысушылар Қазақ­стан­ның қуатты даму қарқынына қызығу­шылықтарын танытқан. Сондай-ақ, Қазақс­тан Республикасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың әлемде бір-бірімен араздасқан елдердің тату­ласуына, сөйтіп, экономикалық, іскерлік байланыс­тарын қайта жалғасуына арағайындық жасап, бітімгершілікті көздеген мақсатын қолдайтындарын білдірген.

      Қатысушылар Каспий маңы елдеріндегі жаңалықтар мен проблемалардың БАҚ-тарда көрініс беруі ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруға жол ашатынына тоқталыпты.

      Соңғы уақытта өңірде шекаралас жатқан аймақтар тұрғындарының өзара қарым-қатынасына оң әсер ететіндей үлкен жұмыстар жасалуда екен. Қазақстан Астра­хань­мен көптеген әлеуметтік-экономика­лық жобаларды бірлесе жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда Астрахань өңірінде қазақстан­дық капиталдың қатысуымен 60-тан астам кәсіпорын белсенді жұмыс істеуде екен.

толығырақ

M2E56L182-182R386B322

         

M2E56L182-182R386B322

      «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген көне сөз бар. Ұлар – Ұлытаудан басталған ұлы бірліктің нышаны болған қасиетті құс. Есте жоқ ескі заманда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға уағдаласқан ел елдігіміздің белгісі болсын деп, ұлар етін жеген деседі. Жалпы, өз атын өзі әйгілеген құс. Ұлардың еті түрлі дертке шипа, сорпасы мың да бір дертке дауа делінеді. Қазақтың ұлы тауларының бірі – Алтай. Алтайдың асқақ, шалқақ шыңдарында ұлар әлі де бар. Оны «Алтай ұлары» деп те атайды. Сирек кездесетін құс Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

      – Алтай ұларының таралу аймағы тар. Таудың альпі белдеулерінде тіршілік етеді. Денесі ықшам, мойыны қысқа, басы кішілеу, қауырсыны өмір сүру ортасына байланысты сұр, қара және ақ түсті болып келеді. Тамағы мен мойынының бүйір жағында қызғылт қоңырмен көмкерілген ақ дағы болады. Тұмсығы қызғылт болып келеді. Салмағы – 1,5-3 кило аралығында, – дейді Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымов.

       Жалпы, ұлар – өте сақсақ құс. Көктемде жұптасқаннан кейінгі кезеңде 10-30 құстан топтасып тіршілік етеді. Топ-тобымен жайылғанда бірі жартасқа қарауылға шығады. Қауіп төнгенде бір-біріне белгі береді. Қазақтың «ұлардай шулап» деген теңеуі осыдан шықса керек. Сәуірдің ортасынан тамыздын аяғына дейін көбейеді. Ұлттық табиғи парк аумағындағы биік жартасты шыңдар мен құздарда кездесетін Алтай ұларын биік шыңдардың қожасы деуге болады. Жазда шыңдауыл тау басы мен жартастарда мекендеп, қыстыгүні қылқан жапырақты ормандарға жақын жүретін ұлар негізінен шөптесін және бұталы өсімдіктермен қоректенеді. Көктемде бір жылдық өсімдіктердің жапырақтарымен қоректенсе, жазда қорегіне шөптердің гүл, тұқым, масақ, түйнек сияқты бөліктерін қосады. Күз мезгілінде қураған жапырақтармен және тамырлармен қоректенеді. Ал қыстыгүні арша, шырша тұқымдары мен бұталарды азық қылады.

        – Жұмыс барысында Алтай ұларының заңғар құздарда жүргенін талай көрдім. Тауешкілерімен бірге жайылып жүргеніне де куә болдым. Өйткені аша тұяқтылар қыста қалың қарды аршып, құстың азығын тауып береді. Ұлардың негізгі қас жауы – жыртқыш құстар. Әсіресе, бүркіт. Жайма-шуақ жайылып жүрген ұлар бүркітті көргенде ұша жөнеледі немесе тығылуға саңылау іздеп тастардың арасына кіріп кетеді. Ұлардың көбеюіне жыртқыш құстардан бөлек түлкі, ауа райының қолайсыз жағдайлары мен адамдардың қаскөйлігі де кері әсер етеді, – деді парк қызметкері.

       Соңғы жылдары тау басына құрылған фототұзақтарға қар барысы, сабаншы сияқты сирек кездесетін аңдармен бірге ұлар да жиі ілініп жүр. Бұл сирек құстың біртіндеп көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Елімізде Оңтүстік Алтай тауларын ғана мекендейтін Алтай ұлары ұлттық табиғи парк аумағында қатаң қорғауға алынған. Заңсыз ұлар аулағандарға келтірген залал үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

         Думан АНАШ, Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.

 

 

толығырақ

          +362 экспедициясы тарихи-мәдени қорық қызметкерлерімен бірлесіп Маңғыстау облысы бойынша алты күн саяхаттады.

        Фильм тарихи-мәдени қорық тапсырмасы бойынша түсірілді. 

 Бұрын саяхатшылар жер астына - Булыойық  үңгіріне түскен.

 

 

 

 

         http://www.inform.kz/kz/kupiyaga-toly-ustirt-meshitteri-zhayly-fil-m-tusirildi_a2954044

толығырақ

тигр

        Қазіргі таңда жолбарыстар әлемде тек санаулы елдердің аума­ғында ғана сақталып қалғаны аян. Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгі­зіліп, ерекше қорғауға алын­ғанына қарамастан, соңғы ширек ғасырда оның саны жыл өткен сайын кемімесе, өсетін түрі жоқ. Соң­ғы жүзжылдықта дүниежүзі бойынша жабайы жолбарыс саны 100 мыңнан 3-4 мыңға дейін кеміп кеткен көрінеді. Балий, Яван, Тұран (Каспий) жолбарыстары адам қолымен жер бетінен мүлде жойылған.

       Өзге елдер сияқты, қазақ­стандықтар да жолбарысты қазір хайуанаттар бағы мен цирк қойы­лымдарынан ғана тамашалап жүр. Мәселен, Алматыдағы хайуанаттар бағында қазір 1 жұп жолбарыс пен оның 3 күшігі өмір сүріп жатыр.

         Ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен тарихи жазбаларда мысық тұқымдасына жататын бұл ірі жыртқыш аңның қазақ жерінде негізінен қалың қамыс пен тоғай­ларды мекен еткені айтылады. Мыңжылдық тарихы бар Алматы қаласы аумағында осыдан 160 жыл бұрын жолбарыс жортқанын бүгінде көп адам біле бермейді. Зерттеушілердің жазбаларына көз жүгіртсек, Қазақстандағы Тұран жолбарысының ең соңғысы 1948 жылы Балқаш көлінің жағасында атылған көрінеді.

       Жазушы Әлібек Асқаров «Ана тілі» газетінде жариялаған «Ір­біс, Мәлін, Мырсын мысық тұ­қым­дас кейбір жыртқыштардың қазақ­ша атау­лары туралы» (30 маусым 2016) деген мақаласында: «Жолбарыс – пантера тектестер өкілі. Денесінің ірілігі тұрғысынан бірінші орында – жолбарыс, содан кейін – арыстан, үшінші – леопард, соңында – ягуар тұр. Бұ­лардың ұқсастығы, туыстығының ж­ақындығы соншалықты – бір-бірімен шағылысып, тұқым өрбіту мүмкіндігі бар. Жолбарыстың ұрғашысын – өлекшін, күшігін – шөнжік дейді. Кейде жолбарыстың күшігін «сарымақ» деп те атайды екен. Ата-бабаларымыздан «Арыс­танда бір жігіттің күші, қырық жігіттің жүрегі бар. Жолбарыста бір жігіттің жүрегі, қырық жігіттің күші бар» деген нақыл қалыпты. Соған қарағанда, арыстан – жүректі, жолбарыс жалтақтау. Алайда, арыстанға қарағанда, жолбарыстың күші басым екенін ұғамыз» деп жазыпты.

      Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдері аумағында орналасқан Тянь-Шань тауындағы жыртқыш аңдардың тізімінен бүгінде жолбарысты кездестіре алмайсыз. Өйткені, ХІХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін ол Еуропа ғалымдары үшін құпиясы ашылмаған жұмбақ мекен саналған болатын. Зерттеушілер бұл аймаққа Жетісудағы Ұлы жүз рулары мен Алатаудың күнгейіндегі қырғыз елі патшалық Ресейдің боданына айналғаннан кейін ғана аяқ бас­ты. Бұл бағытта тыңнан түрен салғандардың ішінен Петр Петрович Семенов-Тян-Шанскийдің есімі ең алдымен ауызға алынады. 29 жасында Батыс оқы­мыстылары ішінен бірінші болып Тянь-Шаньға саяхат жасаған ол өз естелігінде 1856 жылы 3 қыркүйекте Есік көліне барар жолда қайғылы аяқталған жолбарыс аулау оқиғасы туралы айтады. Кейін өзіне сыйға тартылған бұл жолбарыстың терісін ол Петербургқа алып қайтқан.

        Кейбір дерек көздеріне қара­ғанда, Қазақстан 2019 жылы генетикалық жағынан ұқсас Амур жолбарысы негізінде Тұран жолбарысын қайта жаңғырту үшін ұлттық парк құруды жоспарлап отыр. Тянь-Шаньның баурайындағы әсем Алматы маңынан енді ешкім жолбарыс көрмейтін шығар. Бірақ, өз тарихын мыңжылдыққа жеткізіп жатқан жасыл желекті шаһар басшылығы әйгілі ғалымның ұрпақтарының қолында сақтаулы тұрған Тұран жолбарысының терісін Алматыға қайтарып жатса, қанеки. Бұл тек алматылықтарға емес, өзге де қала қонақтары үшін де үлкей сый болары күмәнсіз. Тіпті, бұл туристердің де зор қызығушылығын тудырары күмәнсіз.

         Әлемнің түкпір-түкпірінде қыркүйек айында атап өтілетін Халықаралық амур жолбарысы күні қарсаңында биыл Алматы хайуанаттар бағы 29 шілдеде алғаш рет Жолбарыстар күнін өткізбек. Мұндай шаралар алдағы уақытта дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

          Ерлік ЕРЖАНҰЛЫАЛМАТЫ

        https://egemen.kz/2016/07/29/53673

толығырақ

ЮНЕСКО

      ЮНЕСКО-ның Дүние­жүзілік мұра­ларының тізімі жыл сайын жаңарып, оған әлемнің әр түкпірінен табиғи немесе адам қолымен жасалған нысандар енетіні белгілі. Таяуда ұйымның Ыстанбұлда өткен Үкіметаралық комитетінің сес­сиясында Тянь-Шань тау­ларының Қазақстан мен Қыр­ғызстан аумағындағы сілемдері осы тізімге қосылды.

      Бұған дейін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Алматы облысында орналасқан Тамғалы петроглиф тас кешені, Сарыарқа даласы, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Талғар, Ақыртас, Құлан сынды ежелгі қалалар, тағы да бас­қа нысандар ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының қатарына енген болатын. Әлем бойынша тізімдегі нысандардың жалпы саны мыңнан асып-жығылады.

       https://egemen.kz/2016/07/26/53064

толығырақ

IMG_3348

         Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірін мүмкін, біреу білер, біреу білмес. Ел аузында Қоңыр әулие – та­биғаттың таңғажайып туындысы десе, біреулер бұл үңгір ер­те­дегі адамдар тұрған жер, тіпті, басқа ғаламшардан келген­дер жасаған деп болжамдайды. Үңгірді ұлы Бұқар жырау ба­бамыз, Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп, Г.Н.Потанин, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, басқа да атақты адамдар келіп көрген десе-ді. Жергілікті жұрт бұл үңгірді киелі, шарапаты тиер қасиетті деп те айтады. Қазандағы суына қолыңды тигізіп, бетіңді сипасаң тілегің орындалады. Үң­гірге түнесең, тілеген тілеуің айныт­пай келіп, баласыз ана сәби сүйеді, сырқат адам ауруынан айы­ғып кетеді екен. Әрине, өзі тау ішіндегі тас үңгір болса, оған түн ішінде келіп қону үшін де ба­тылдық, ерік-жігер, сенім керек. Әрі жүгіріп келіп ішке есік ашып енетіндей емес, үңгірге жету үшін жықпыл-жықпыл тастардың арасымен өрлеп, тау биігіне көтерілуің тағы бар.

       Қасымызда баянауылдық Ра­мазан деген шежіреші ағамыз бар, жүз естігеннен бір көрген ар­тық деп өткен жылдың бір сәт­­ті күнінде біз де биік құз ба­сындағы үңірейген үңгірге қа­рай жол тартқан едік. Өзіміз де тау-тас арасында өскен қызбыз, биікке шығу бізден қалған деп әлдеқандай боп кеуде көтеріп келе жатқанымыз артық айтқандық екен, жол ортаға жетпей әліміз құ­рыды да қалды. Айнала тау, тәкаппар сұсты құз шыңдары, жық­пыл-жықпыл қалың қара тас. Төбеде көк аспан, күн шақырайып тұр. Биікке өрмелеп үңгірге жету керек. Үңгір болса, дәл ертегі кино­лардағыдай ту-у… алыс­та, тау ішінде. Жақындаған са­йын алыстай береді. Бізден бас­қа да жоғарыдағы үңгірге қа­рай бірінен соң бірі өрмелеп өзіміздің ауылдардың кәрі-жасы аралас тұрғындары, даң-дұң сөйлесіп қытайлықтар, ресей­ліктер, украиндық екі әйел, моңғолиялық туристер де келе жатыр. Немесе, керісінше, үңгірге барып, көріп, тас қазаннан су ішіп, тәу етіп төмен түсіп келе жатқандар: «Сапар сәтін салсын» дейді бізге. Құдай-ау, 6-7 айлық бала көтерген әйел, ұсақ бала, егде жастағылар бәрі үңгірге жетуге асығады. Аң-таң қаласыз. «Уһ» деп әр тастың үстіне шоқиып төменге бір қарап аласың да, бір кезде қол­дан жасалған баспалдақтарға жетесің, қара таспен өрмелеп жүр­генше баспалдақтардың бол­ғаны да дәтке қуат. Оның өзі арала­ры ашылып кеткен, сықыр-сықыр етіп жоғары көтерілгенше зәреңді алады. Сырғауылдан, тақтайдан жасалған әбден тозған баспалдақтың ұзындығы 115 метр. Содан бір 20 метр жоғары көтерілген соң демалуға арналған аялдама орындықтар кезігеді. Жоғары қарасаң, қызылды жасылды киінген, үңгір аузында жүрген адамдар сұлбасы қыбыр-қыбыр бұлдырап көрінеді. Басың айналады. Шаршайсың.

       Рамазан ағамыздың аузы әң­гімеден бір босамайды, әрі шаршамайды да. Ішіндегі бар дүниені үйіп-төгіп манадан бері айтып келеді: «Қоңыр әулие үңгірі туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар екен. Бағзы заманда алапат су тасқыны басқан кезде Қоңыр әу­лие де Нұх пайғамбардың ке­месіне мінсек, ауыр боп кетер деп, екі тақтайды құрап, Қы­ран, Құлан әулие үшеуі сумен қалқып жүзе берсе керек. Су азайып, таудың шеті көрінгенде әулиелер тақтайларынан түсіп, Баян­ауылдың үңгірлерін мекен­дейді. Су қайтып, әулиелерді Баян­ауылдан бір-ақ шығарған ғой. Содан Қоңыр әулие бабамыз Жамбақы тауларына иелік етеді. Қоңыр әулие болған деген үңгірде кезінде шырақшы Жұмат ақсақал қызмет көрсетіпті. Айтпақшы, осы Қоңыр әулие жайлы аңыз Се­­мейде, Шыңғыс тауында да бар дейді.

         Үңгірге де жеттік-ау бір кезде. Кішкентай күнімізде әжелеріміз айтатын: Меккеге де жаяу-жалпылап барады. Қасиетті жерлерге адам баласы қиындықпен бару керек. Сынақтан өтіп дейтін. Өздері бір обаға барамыз деп жолсызда үш күн жүргенін білемін. Сол жақтан келіп айтқаны ғой, сонда. Қасиеті бар жерлерге тар жол, тайғақ кешумен барсаң – сына­ласың, ол жер сондықтан да киелі, қасиетті. Міне, біз келіп жеткен Қоңыр әулие үңгірі де сондай. Құз басындағы құпиялы үңгірге де жетіп, біз де бір сыннан өткендейміз. Үңгірдің кіреберісі күмбез сияқты. Алды биік жар, сол жерден тұрып айналаға, тө­менге қарайсың кеп. Бойыңды қорқыныш та билейді. Адам көп. Кезек күтушілер қаптап тұр. Аш­ық-шашық өзіміздің де қыздар жүр, тіксініп қалдық. Әулиелі үңгірге келгенде бір сәт иба-әдеп сақтаса қайтер еді.

         Бізді есік аузында шырақшы, Баян­ауылдың төл шежірешісі, үң­гірдің иесі Алтынбек ағамыз қарсы алды.

        – Әйел қауымына жабынып келу жайлы үнемі айтып ке­ле­міз. Туристерміз, қыдырып келгендерміз деп, жеңіл-желпі түсінікті сылтауратады, қатпарлы қасиеттен гөрі, үңгірді қызық көреді. Ақшамыз төленген деп еркінсиді ғой бұлар, – деп шы­рақшы да ақталып жатыр.

       Кіреберістегі биік қой тастың үстінде кішкентай ұлы отыр. Келушілерге үңгірге қалай кі­ріп-шығудың рәсім-ғұрыптық жолдарын түсіндіреді. Содан «бісміллә» деп үңгірге бас сұқтық. Ішке кірген соң сәл аялдап ауыз үйде отырдық. Ресейден келген туристер де бізбен қатарлас жайғасты. Үңгірдің іші салқын. Рамазан ағам әлі айтып жатыр. Бойымды билеген үрейден айықпай, сонда да болса, ол кісінің әңгімесіне құлақ қоймауды ыңғайсыз көріп, тыңдап бас изеп қоямын. Үңгір үш бөлмеден тұрады екен. Ғибадатханасының ұзындығы – 12 метр, екіншісі – жатын бөлме, ұзындығы – 6 метр. Үшінші бөлмесі – қазандық. Қазандық бөлмесінде қазанға ұқсас шұңқыршақ тұр. Ішінде су бар дейді. Бәріміздегі мақсат – қа­зандықтағы суға қолды малып, бетімізді жуып, тілек тілеу. Кезекпен баспалдақ арқылы екін­ші бөлмеге, келесі үңгірге өтуіміз керек. Тар, тесік тастан басымды сұғып қарасам, расында да алдымда – қазандық, онда су бар екен. Жан-жағыма қарамастан суға қолымды малып, тілегімді айтып, артқа шегіндім. Бойымды аз-маз үрей билегендей. Түсіп келе жатып, оң жаққа ма, бұрылып қарап қалып ем, үңгірдің жоғары қабаты бар ма, құдай ау, биіктен тағы бір үңгірдің аузы үңірейіп тұрғандай қорқып кетіп, көзімді тарс жұмып алдым. Өйткені, қазан­дықтағы суға қолыңды малатын жерге жалғыз өзің барасың, екі адам сыймайды ол қуысқа. Сен түскеннен кейін келесі адам баспалдақпен көтеріледі. Ғажап, тылсым дүниемен кездес­кендей боласың. Әли-баба және қырық қарақшы ертегісімен бетпе-бет жүздесіп, сол таулардың ішінде жүргендейсің. Кенеттен үңгірдің аузы тарс жабылып қалса қайтеміз деген қорқыныш кетпейді.

       Айтпақшы, жаңағы екінші қабат демекші, Рамазан ағам айт­қандай, қуғын-сүргін жылдары қашқан адамдар сол екінші қабаттағы үңгірден пана тапқан көрінеді. Олар кімдер екен деген ой мазалайды. Кезінде ешкім айтқызбады. Бірақ, жергілікті халық, көнекөздер білді. Қызыл жағалар құртып жібереді деп, үңгірлерден сыр ақтармай, жасырды. Бұл да бір беті ашылмай тұрған шежіренің бір парағы. Мүмкін, алда өлке тарихын, Баянауылдың шежіресін жазушылар екінші қабатқа көтеріліп, құпиясын да табар. Үңгірдің екінші қабатында не бар деген сұрақ көпті мазалайтыны рас. Өзіміздің қазақтың өткенінен зарлы сыр сақтаған, ешқандай басқа ғаламшардан келгендер жасамаған үңгір екенін түсінесіз. Шоқан да, Қаныш та, Потанин де бұл жерге тегіннен-тегін келмеген ғой. Шырақшы ағамыз хан Абылайдың өзі де үңгірде болған деп қалды… 1734 жылы Абылайдың қатысуымен Баянауылдың Сабындыкөл жа­ға­сында Үш жүздің би, батырлары бас қосып, қазақтың жоңғарды жеңген ұлы жиынын, соңынан жеңіс тойын өткізеді. Ал 1727 жылдары жоңғарларға қар­сы күресте Баян тауларында Бөгенбай, Олжабай, Баян батыр бекіністер құрған.

         Үңгірдің ішінен шығып, айнала тауларға қарап, кіреберісте демалып отырмыз. Шырақшымен әңгімелесу мүмкін емес. Адамдар тынымсыз келіп жатыр, кетіп жатыр. Алтынбек ағамыз үңгірдің гиді сияқты, орысша, қазақша барлығына бірдей түсіндіріп, сұрақтарына жауап беруде. Күні бойы осы. Монғолиядан келген екі турист қойын дәптерлеріне сол екі арада сыпылдатып жазып жатыр. Суретке түсіріп, бас­тарын шайқасып қояды. Біреуі: «1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық кеңестің Ассамблеясы шешімімен 18 сәуір Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні болып бекітілді. Әр ел бүкіләлемдік мұраны сақтап қалу үшін жұмыс жүргізеді. Сіздерде тарихы тұнып тұрған Баянауылдағы Қоңыр әулиенің үңгірі сияқты ескерткіш-үңгірлерді зерттеу жайы қалай? – деп сұрайды.

       – Еліміз бен жеріміздің өт­кенінен сыр шертер тарихи ес­керткіштер – халықтың мә­де­ни меншік мұрасы. Әрине, Баянауылда обалар, үңгірлер аз емес. Әр үңгір, әр оба тарих. Біз олардың сақтаушысымыз. Сон­дықтан, 2004 жылы «Мә­де­ни мұра» мемлекеттік бағдар­ламасы еліміздің тарихи-мәде­ни құндылықтарын қорғау мен ұқыпты пайдалану үшін әзір­ленді. Тарихи орындарды зерттеуге, ұлттық тарихи мұра­лар­ды халықаралық деңгейде на­си­хаттауға, тарихи-мәдени мұра­ларды кешенді түрде зерделеуге басымдық берілді, – дейді ше­жіреші-тарихшы Алтынбек ағамыз оларға.

      Өзге елден келген екі турист жігіттің сұрақтары бізге де ой салды. Бүгінгі күндері Қо­ңыр әулие үңгірі сияқты тарихи, археологиялық, сәулеттік жә­не мәдени ескерткіштерді сақтау парыз. Қоңыр әулие үңгірі қорғауға алынуы керек. Қалай болса солай қарауға болмайды. Тарихи маңызы сақталуы қажет. Мәселе қалай сақтап қалуда, қалай зерттеуде, көкейкестіге қалай көңіл бөлуде болып тұр. Біз үңгірді әншейін қызықтап көреміз деп жеңіл-желпілікке саламыз. Өзгелер бұл жерге оймен келіп, ой іздеп, ой түйіп кетеді. Өкініштісі сол, біздің тарихи құндылықтарға жауапсыз қарайтындығымыздың бір көрінісі осы. Үңгір ме, тәйірі, қазақтың жерінде үңгір аз ба еді деп келте сөйлей саламыз. Дәл осы жергілікті жерде тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауда, өлкенің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін әйгілеуде, үңгір, обаларды зерттеп, сақтауда, тіпті, жай ғана көңіл бөліп назар аударуда жергілікті билік орындарының, тарихи-мәдени басқарма, бөлімдердің өткен шежіреге деген мейірімі мен назары, ықыласы ерекше қажет секілді. Елімізде «Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» туралы Заң бар ғой. Соған бір үңілсек, қане терең зерттелмеген тарихтың өткені Қоңыр әулие сияқты әрбір үңгір, обаларда жатыр емес пе. Ойланайық. Баянауылдық абыз ақсақал Зекебай Солтанбай атаның сөзімен айтқанда, Қоңыр әулие үңгірі – аңызға айналған тарихи шындық.

       Біз болған Жамбақы тау құзы­ның басындағы Қоңыр әулие үңгірінен басқа, Үңгір тас, Найза тас, Әулиебұлақ дейсіз бе, толып жатқан ғажайыптар, шынында да, көмескіленіп қалған біздің өткен тарих. Болашақты тану өткенді пайымдаудан басталатынын ескерейік.

       Тарихи құндылыққа ие сол нысандарды сақтауды, қорғау­ды, зерттеуді, олардың тарихи және фун­кционалдық маңызын бағалауды, ресми мәртебе беруді, қалпына келтіруді, осы сияқты іс-шараларды әріге бармай-ақ, Баянауылдың өзінде қолға алу үшін бағдарлама жасап, ойланып көрдік пе?.. Осындай шаруалар бар болса, ол қалай жолға қойылған? Олардың құрамында мамандар бар ма? Себебі, қорғандарды, қорымдарды, үңгірлерді қорғауға тиісті орындардың қазір неше түрлі өзге қызметтермен бірлесіп жұмыс жасайтыны айтылуда. Ежелгі қорған, оба, үңгірлерді танып-білу, зерттеу үшін алдымен түсінік, зерттеушілік білім, ғылыми көзқарс, танымдық сана-сезім, қызығушылық, өт­кенге, ата-баба жолына деген жана­шырлық қажет. Сол сияқты, Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірінен басқа да қорымдар, үңгірлер қалай қорғалуда? Бұлардың бізге керегі бар ма, жоқ па?.. Айдалада, тау ішінде, құз басында тұр­ған иен үңгір деген салғырт ой қалып­таспаса, туризмге, мәдениет, та­рихқа бас-көз болатын жергілікті бас­қармалар, бөлімдер Қоңыр әулие үңгірін қамқорлыққа алуы керек еді. Яғни, үңгірге келудің талап-тәртібі болу керек. Бұл, біріншіден, келуші туристердің қауіпсіздігі, екіншіден, оның тарихи, танымдық тұрғыдан ма­ңыздылығын ескеру. Себебі, биік құз басына кішкентай сәби­лерін көтеріп, ем алуға барудың жөні де жоқ. Жас шамаларына қарай, қалай киіну, қалай жүріп-тұру сияқты үңгірге барудың ере­желері, орындалуы тиіс шарттар көрнекті жерде тұрса. Бастысы – бақылау қажет. Баянауылдағы барлық үңгір, оба, таудағы жазуларды ті­­зім­деп, түгендеп алайық та, бағдарлама жасап, қорғап, қолдап, сақтап, келесі ұрпаққа жеткізейік.   

         Иә, ойды ой қозғайды, әлемде не көп, үңгірлер көп. Бірақ, біздің үңгірлер олардан өзгеше. Біздің үңгірлерде халқымыздың көз жасы, ой-армандары, тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы күрес тарихының өшпес жолдары жатыр. Жоңғар-қалмақ шапқын­шылығымен, қуғын-сүргін зоба­лаңымен, қазақтың басына түскен небір зұлматтармен байланысты олар. Үңгірлерде сол зобалаң, зұлматтардың жаңғырығы қалған. Кеңес кезінде бұл жөнінде ешкім ләм-мим деп ауыз аша алмады. Мысалы, Қаратаудағы Қатынқамал жоңғар шапқыншылығы кезінде әйелдер жасырынған үңгір саналса, Шығыс Қазақстандағы Ақ бауыр, Шыңғыстаудағы Қоңыр әулие – үңгірінде Шыңғысхан мүрдесінің жатқаны жайлы аңыз айтылады. Әр үңгірдің құпиясы бар. Бірақ, ашылмай тұр. Енді айтатын, жазатын кез келді. Сандық түбінде сарғайған, келер ұрпаққа аманат етердей дүниелер бар-ау деп шамалаймыз. Ол сандықтар баянауылдықтарда құлыптаулы тұрғандай. Ашып көрсек қайтеді?..

       Осындай ойлармен биік шың-құз басынан төмен түстік. Қоңыр әулие бабаның үңгіріне жасаған сапарымыз да аяқталды. Таудан түспеген адамдаймыз, шаршаған да жоқпыз. Бойымыз жеңілдеп, ойымыз көкке әуелеп, жанымыз шаттанып ерекше күй кештік. Келер жаз тағы да келіп, үңгір басында ойға шомып отырсақ деп едік сонда.

        Енді, міне, тағы да жол күтіп тұр. Қоңыр әулие үңгірінде қымбат затымызды жоғалтқандай, тағы да Рамазан ағамызға қоңырау шалып едік:

        – Е, қарындасым-ай, біліп едім, қайта оралатыныңды. Үңгірдің екінші қабатында не бар деймісің?! Апырай-ә?! Қазандық шұңқыршағына суды кім құяды дейсің бе?! Апыр-ай, ә, апыр-ай, ә?! Не көрмеген қазақ?! Қуғын-сүр­гін жылдарының сан тарау құпиясы қазақтың көз жасы ғой, қал­қам, – деді ағамыз да күңгір үнмен күбірлеп.

         Күңгір-күңгір. Айтпақшы, Баянауыл тауларында тағы бір үңгір бар дейді… Оған бару үшін аспалы көпір дей ме, сол арқылы өтіп, әлгі ғажайып үңгірге жетесің. Бірді-екілі баянауылдықтар болмаса, оны да көп ешкім біле қоймайды екен. Жұмбақ. Күңгір, күңгір. Кино түсіргіш біздің жігіттер де үңгірлерге бір үңілсе дейсің. Дайын сценарий, дайын көріністер.

          Әрине, біздің бұл жазып отыр­ғанымыз үңгірлер құпиясы. Ал еліміздегі Отырар, Қойлық, Талғар, Ақыртас қалашықтары жайлы сөз бөлек. Сол сияқты, Беғазы, Есік, Берел қорымдарында іздестіру және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын білеміз. Бұл жұмыс­тар осы ескерткіштерді сақтау, дала музейлері ретінде қорғау, күзе­тілетін нысанға айналдыру үшін жасалуда. Ол Әзірет Сұлтан, Есік, Берел, Мерке-Жайсаң, Таңбалы петроглифтері тарихи-мәдени қорықтарының, Бесшатыр, Боралдай мен Шілікті қорғандарының жай-күйін жақсар­тады және еліміздің түкпір-түк­пірінде орналасқан көптеген тау-тасқа салынған суреттерді жойылудан құтқарады деп үміттенеміз. Айтарымыз, біздің Баянауылда да осындай жұмыстар легін күтіп жатқан сырлы дүниелер көп-ақ. Біздің баға жетпес қазыналарымыз қорғалуы тиіс. Өзімізде барды жоғалтқымыз келмейді. Мысалы, өңірімізде 800-ге жуық мәдени мұра сақтаулы екен. Оның тең жартысы мемлекет қорғауына алыныпты. Үш нысан республикалық маңызға ие. Археологиялық ес­керт­кіштер де жетерлік. Десе де, үңгірлерге, обаларға да үңілейік. Үңгірлерімізді көруге, Қоңыр әулие үңгірін тамашалауға ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месінің қонақтары да келмекші екен. Біз үшін Қоңыр әулие үңгірін шетелдіктердің көріп таңғалуы, суретке түсуі маңызды емес, бізге, қазаққа керегі – әлем назары ауатын үңгірлеріміздің қадір-қасиетін, тарихи-таным­дық маңызын алдымен өзіміз бағалайық.

         Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Баянауыл

         https://egemen.kz/2016/07/26/52994

толығырақ

Фото: Ұларбек Дәлейұлы

      Жастайынан жетім қалып, туыстарының қолында жетіліп өскен ағылшын Томас Аткинсон (1799-1861) деген кім, және ол қазақ даласына қашан, қалай келген?

       Алғашқы еңбек жолын қарапайым тас қалаушылықтан бастаған осынау жанның алдағы өмір жолы ол күтпеген жұбақтарға толы еді... Сурет салуға деген әуестігі оны алдымен архитектор болуға жетеледі. Өнері өрге жүзіп, 32 жасында готикалық сәулет үлгісі бойынша Манчестрден шіркеу тұрғызады.

        Негізінде Аткинсонның сапары ұлы географ ғалым Александр Гумбольтпен (1769-1859) таныстығынан бастау алады.

1844 жылы Германияның Гамбург қаласында Ресей, Қазақстан жерлерін саяхаттап өткен географ ғалыммен танысып, сапарындағы көрген қызықты хикаяларын тыңдаған Томас енді Гумбольттың кеңесі бойынша Ресей және Қазақстан өңірлерін өз көзімен көріп саяхаттауға ниеттенеді.

     Ел көруге, жер көруге жаны құштар талантты Томас өзінің туған жерінен осылайша уақытша жырақтайды...

      Томас 1847 жылдан бастап Петербор, Мәскеу және Екатеринбургкте болады. Петерборда жүрген кезінде Шығыс Сібірдің генерал-губернаторы болып сайланған НН.Мураьев-Амурскийдің (1809-1881) үйіне жиі баратын. Сол үйде Люси деген қызметші қызбен танысып, жұп құрады.

      Томас Аткинсон және оның әйелі Люси Аткинсон – 1848 жылы Қазақстанға келіп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін зерттеп, Ертіс пен Іле бойының көркем көрінісін, Көкпекті, Аягөз, Қапал бекіністерінің құрылысын және де қазақ сұлтандарының отбасының суретін салып шығады.

     Жазушы, суретші, архитектор Томас Аткинсон «Восток и Западная Сибирь» («Oriental and Western Siberia») және «Путешествие по Нижнему и Верхнему Амуру» («Travels in the regions of the Upper and Lower Amoor») деген екі кітабын жазды. Екеуінде де қазақтың бай мұра тарихы кеңінен суреттеледі. Ал Люси Аткинсон осы сапарынан «Воспоминания о Татарских Степях и обитателях» деген еңбегін жазып қалдырған.

Ерлі-зайыпты суретшілердің, әсіресе, Жоңғар Алатауы мен Тамшыбұлақты ерекше зерттеп, оның сұлу табиғатына тамсанғандары соншалық, 1848 жылдың 4-қарашасында дүниеге келген ұл балаларының есімін Алатау-Тамшыбұлақ деп қояды.

        Бүгінгі күні осы Т.Аткинсонның еңбектерін зерттеп-зерделеп, оның мұраларын жинап жүрген ағылшын жазушысы Ник Филдингтің мұрағатында әйгілі саяхатшы-суретшінің домбырамен ән салып тұрған сал-серілерді салған суреттермен бірге, киіз үйдегі қазақ отбасының тұрмысы бейнеленген, сәукеле киген қазақ қыздарының картиналары да сақтаулы.

         Сонымен қатар, қазір жазушының қолында ХІVІІІ-ХІХ ғасырларда жасалған қазақтардың тұрмыстық бұйымдарының, атап айтқанда қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен көмкерілген аяққап, түскиіз және қыздардың бас киімінің бар екенін де Н.Филдинг арқылы білеміз. Әрине, мұның бәрі өмір соңында Отанына оралған Т.Аткинсонмен бірге келген жәдіргерлер болатын.

        Ал, былтырғы жылы қыркүйек айында Қазақстанда болған Н.Филдинг Алтай, Жоңғар және Іле Алатауларының табиғатын зерттеп қайтқан. Сол кезде «Қазақстан» ұлттық арнасына берген сұқбатында: «Мен таулардан қазақтың дархандығын көрдім. Меніңше, қазақ халқының ұлттық нақыштарының бірі осы таулар мен жазық дала және жылқы малы. Өкінішке қарай, Қазақстанда бір ай ғана болдым. Тағы да барып, Томастың маршрутымен жүріп өткім келеді», - деп ниет білдірген екен.

       Дәл осы сияқты, Т.Аткинсонның алтыншы ұрпағы – Пипа Алатау-Тамшыбұлақ ханым да: «Үлкен атамыз Джон Мэйсон Стюарт астрофизика және географиямен айналысқан. Ол кісі әулетіміз жайында көптеген еңбек қалдырды. Сол дүниелерде арғы атамыз Томас Аткинсон туралы айтылады. Тегіміздің Қазақстанмен байланысты екенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта ұлдарыммен Қазақ еліне барып, атамыздың ізі қалған жерлерді көрсем деген арманым бар», - деп өз тілегін тілге тиек етеді.

        Әйгілі саяхатшының тағы бір ұрпағы – Пол Далгвист Қазақстанға сапары жайында: «Аталарымыз атпен, түйемен, шанамен басып өткен сапар жолын көру, қайтадан жүріп өту біз үшін ерекше оқиға», - дейді.

         Қазақ халқында «Амалдар – ниетке байланысты» деген сөз бар. Арнайы қонақтар қазақ деген ұлы халықтың әлі күнге дейін жоғалтпай сақтап келе жатқан кеңпейіл жомарттығын, батырлығын, ақындығын енді бабаларының тамсанып сурет қылып салып кеткен картиналары мен естелік қылып жазып қалдырған кітаптарынан ғана көріп-білгілері келмейді, өз көздерімен көргілері келеді. Әмбе, Алатау-Тамшыбұлақ аталарының да туған жері емес пе бұл Қазақстан?! Ендеше, олар сол Қазақстанға тәу етпекке бел буып отыр деп ұғынуымыз керек!

       Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландияның Корольдігіндегі Елшілігінің, ҚАЗАҚ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен британ жазушы Ник Филдингтің «South to the Great Steppe: The Travels of Thomas and Lucy Atkinson in Eastern Kazakhstan, 1847-1852» атты кітабының тұсаукесері және ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон мен Люси Аткинсонның ұрпақтарымен кездесу өтуде.

       Бауыржан Берікұлы, Республикалық ақпараттық-сараптамалық, ғылыми-танымдық «Кітапхана хабаршысы» журналы Бас редакторының орынбасары

          «Мен таулардан қазақтың дархандығын көрдім. Меніңше, қазақ халқының ұлттық нақыштарының бірі осы таулар мен жазық дала және жылқы малы. Өкінішке қарай, Қазақстанда бір ай ғана болдым. Тағы да барып, Томастың маршрутымен жүріп өткім келеді»

Ник Филдинг

«Үлкен атамыз Джон Мэйсон Стюарт астрофизика және географиямен айналысқан. Ол кісі әулетіміз жайында көптеген еңбек қалдырды. Сол дүниелерде арғы атамыз Томас Аткинсон туралы айтылады. Тегіміздің Қазақстанмен байланысты екенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта ұлдарыммен Қазақ еліне барып, атамыздың ізі қалған жерлерді көрсем деген арманым бар»

Пипа Алатау

«Аталарымыз атпен, түйемен, шанамен басып өткен сапар жолын көру, қайтадан жүріп өту біз үшін ерекше оқиға»

Пол Далгвист

 
 

толығырақ

Karkara

        Қарқара жайлауының ауқымы да көз тартады. Ұзындығы мен ені де көлемді. Ені Мыңжылқы ауылы мен Қарқара ауылына дейін созылып, шамамен 30 шақырым болса, ұзындығы батыс жағындағы Қызылқия тауынан шығыс жақтағы Қабандыға дейін 35 шақырымға жетеді. Осынау кең-байтақ ен дала, ашық жазықта жаз бойы, ерте күзге дейін мыңғырған мал (қой-ешкі, сиыр, тіптен 1930-50 жылдарға дейін жылқы зауытының 25 мың жылқысы) еркін жайылса, таулар қойнауларындағы жабайы аңдардың саны да тым көп. Ал жайлау сәнін келтіріп тұрған ақ шаңқан қазақ үйлері мен адам санында есеп болмаған.

        «Түгін тартсаң майы шығатын» бұл қасиетті де шұрайлы жердің мың түрлі, қызылды-жасылды кілем тектес көк шалғын шөбінің, бәйшешек гүлдерінің өзі талай ақын-жыраулардың жырларына арқау болған.
        Осы жайлауда болып, тылсым сұлу табиғатты өз көзімен көрген атақты ақын І.Жансүгіров былайша суреттейді:
«Қарқара қалың қазақ кебесіндей,
Албанның албырт-ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың құтты келесіндей.
Қарқара жарасымды жазық жайлау,
Үй-күлше, құрттың жайған өресіндей».
       Атақты Қарқара өзені, таңға­жайып жайлауы, сеңгір-сеңгір асқар тауларымен ғана бай емес, оның қойын-қойнауы кенге, әсіресе ғасырлар бойы құпиясын сақтап жатқан тарихи жәдігерлерден де кенде емес.

          Алматы облысының Райымбек ауданында тау, өзен, жайлау және Қарқара ауылы да Қарқара деген тау атауына байланысты қойылған.
         Қарқара өзені Күңгей Алатаудың солтүстік-шығысынан басталып, Қарқара жайлауын басып өтіп, Тиектас тұсынан Шарын өзеніне құйып, аңғары тар да терең шатқал арқылы ағып, Іле өзеніне барып құяды. Қарқара өзенінің ұзындығын 113 км, су ­жиналатын алабын 1970 м2 деп көрсету бар. Бұл есеп Қарқара өзенінің Іле өзеніне дейінгі мөлшері болса, Іле өзеніне Еңбекшіқазақ, Талғар, Қаскелең аудандарындағы Түрген, Талғар, Қаскелең өзендері де қосылып барып, Балқаш көлін толықтыратыны әмбеге аян.

          Қарқара жайлауының ауқымы да көз тартады. Ұзындығы мен ені де көлемді. Ені Мыңжылқы ауылы мен Қарқара ауылына дейін созылып, шамамен 30 км болса, ұзындығы батыс жағындағы Қызылқия тауы­нан шығыс жақтағы Қабандыға дейін 35 км-ге жетеді. Осынау кең-байтақ ен дала, ашық жазықта жаз бойы, ерте күзге дейін мыңғырған мал (қой-ешкі, сиыр, тіптен 1930-50 жылдарға дейін жылқы зауытының 25 мың жылқысы) еркін жайылса, таулар қойнауларындағы жабайы аңдардың саны да тым көп. Ал жайлау сәнін келтіріп тұрған ақ шаңқан қазақ үйлері мен адам санында есеп болмаған.
           «Түгін тартсаң майы шығатын» бұл қасиетті де шұрайлы жердің мың түрлі, қызылды-жасылды кілем тектес көк шалғын шөбінің, бәйшешек гүлдерінің өзі талай ақын-жыраулардың жырларына арқау болған.
         Осы жайлауда болып, тылсым сұлу табиғатты өз көзімен көрген атақты ақын І.Жансүгіров былайша суреттейді:
«Қарқара қалың қазақ кебесіндей,
Албанның албырт-ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың құтты келесіндей.
Қарқара жарасымды жазық жайлау,
Үй-күлше, құрттың жайған өресіндей»
           Атақты Қарқара өзені, таңға­жайып жайлауы, сеңгір-сеңгір асқар тауларымен ғана бай емес, оның қойын-қойнауы кенге, әсіресе ғасырлар бойы құпиясын сақтап жатқан тарихи жәдігерлерден де кенде емес.
         Қарқара өңіріндегі Шырғанақ сайында ежелгі заманнан қалған таңбалы тас, оба, қорған, елді мекен орны бары анықталса, 1892 жылы одан қыш ыдыстар, тастан жасалған құралдар аршып алынғаны жайлы белгілі деректерде бар. Қарқара өзенінің маңайындағы Иірсу өзені жанынан 1895 ж. орыс ғалымы Ларионов бал-бал мүсін, тасқа жазылған таңба жазуды тапса, 1898 жылы В.Д.Городецкий өз зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1960 жылы археолог К.Ақышев менің ұсынысым бойынша, Қарқара аумағында ғылыми экспедиция жүргізу барысында Ақтасты-1, Ақтасты-1-4-6, Сарытау тұрақтарында жер астында сақталған б.з.б. ІІ-І ғасырдағы үйсін қоныстары мен қыстақтарын, онда сақталған материалдық заттарды тапты. Соның нәтижесінде 1963 жылы «Үйсін мәдениеті» атты ғылыми монографиясын жарыққа шығарды.
         1962 жылы өзім бала кезімде Қарқара жайлауында көрген тас мүсін мен Иірсу, Кеген өзендері бойындағы тасқа жазылған таңба жазуларды және Кеген өзені бойындағы Жуантөбе мен Кеген ауылы маңайындағы биік обалар туралы ғылыми жетекшім, ҒА Тіл білімі институтының директоры академик І.Кеңесбаевқа айтқаным бар. Зейінді де білікті ғалым 1964 жылы 20 шілде айында Кеген ауданындағы көне түрік жазба ескерткіштері мен мәдени жәдігерлерді зерттеу мақсатымен ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Оны өзі басқарып, құрамында филология ғылымының докторы, профессор Ғ.Мұсабаев, филология ғылымының кандидаты, доцент Ы.Маманов, филология ғылымының кандидаты А.Махмұтов және мен болып Қарқарадағы тас мүсінді ашып, оны белуарына дейін қазғанда көне түрік жазуын көрдік. Одан соң Иірсу өзені бойындағы тасқа жазылған жазуды және Кеген өзені бойындағы биік жартастағы жазуды да суретке түсіріп алдық.
          Биіктігі 1,5 метрді құрайтын тас мүсіннің ғылыми құндылығы 13 әріптен тұратын «алты бөріг алаш ерт қаған алты баулы ел басқарды» деген жазуында. Бұны талдап оқыған мамандар Ғ.Мұсабаев, А.Махмұтов, Ғ.Айдаров оны «Кеген жазбасы» деп атап, оның тарихын б.з.б. ІV ғасырға тән деп баспада жариялады.
          Академик І.Кеңесбаев бастаған ғылыми экспедиция мүшелері сол жолы Қарқара өзенінің төменгі ағысы жанындағы ар жақтағы Иірсу өзені бойындағы тасқа жазылған жазуды, одан соң Кеген өзені бойындағы халық ем-дом жасайтын қайнар басындағы жартасқа жазылған жазуды да көріп, нақтылап суретке түсіріп алған едік.Karkara-1
          Таста жазылған ол жазудан соң қайта оралып, Шөладыр қыратының төменгі жағында тұрған биіктігі 400 м, айнала жуандығы 200 м-дей зор Жуантөбені, оның жанындағы құм басып қалған қала орнын, қазір де Құмтекей аталатын жерді көргенде таңдай қағысып, таңырқап таңданбай тұра алмады әріптестерім.
         Осы игі істердің басында бірге жүріп, экспедиция жұмысына ерекше жәрдем беріп, ғалымдарды сыйлап-құрметтеп, бар жақсылығын аямаған ферма бастығы, менің сыныптас досым марқұм Сопықожа болған еді. Ағалар оған ақ батасын беріп, мейлінше разылық ниетін білдірген болатын.
          Осы жайлаудағы атақты «Қарқара жәрмеңкесінің» орны ерекше болғаны мәлім. Бұл халықаралық жәрмеңкеге Ресей, Орта Азия, Қытай елдерінен көптеген тауар әкеліп, малға айырбас­таумен бірге халықтардың қарым-қатынас байланысы, осы елдердің экономикалық әрі саяси-мәдени, рухани дәрежесінің көтерілуі туралы деректер мол. Бұл жәрмеңке соңғы рет 1932 жылы өтіпті. Сол жылы біздің киіз үй жаз бойы жәрмеңке қасындағы Қарқара өзенінің бойында тұрды. Ол кезде мен төрт жастағы баламын. Әкемнің інісі Өмірзақ аға ылғи мені жәрмеңкеге апарып, базар аралатып, асханаға апаратын. Мен үнемі өзіміздің ағайындарды, олармен бірге жүрген өзбек, қырғыз, татар, ұйғыр, орыс, дүңгендерді көретінмін. Бәрі өз тілдерінде сөйлескенмен бірін-бірі түсіне беретін. Соның бәрі әлі күнге есімде.
            Шөладыр қырқасының төменгі тұсынан бұрыннан жұртқа белгілі тұз шығатын, халық оны Тұзкен атап кеткен, 1930-40 жылдары тұз қайнатып, ол ақ тұзды ел қажетіне жаратуға аттандыратын кәсіпорны болған еді. Қазір одан шыққан тұз бұлақ төменгі өзенге қарай ағып жатыр.
           Қарқараның осы Шөладыр қыраттарынан кейінгі жылдары емдік қасиетке ие арасан шықса, бұл жақтағы ел-жұртқа өте зәру, қоры аса бай газ да табылып отыр. Сол газды іздеп тапқан ғылыми экспедиция бастығы, белгілі инженер геолог-мұнайшы, 30 жыл бойы көршім, ағайын-туыс болып кеткен марқұм Сәкең – Саламат Шалабаев үнемі айтушы еді.
          Қарқарадағы ең айтулы, саяси-қоғамдық мәні аса зор тарихи оқиға 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі – оның 90 жылдығына халық жаппай қатысып қойылған зәулім ескерткіш бар. Тарихта бұл «Қарқара көтерілісі» деп аталады. Бұл атақты көтерілістің 10 жылдық мерекесін белгілі мемлекет, қоғам қайраткері Ораз Жандосов өткізіп, Алматыдан көптеген қоғам, мемлекет қайраткерлері, атақты өнер, мәдениет қайраткерлерінен көп адам қатысқан. Олардың ішінде: С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, И.Байзақов, т.б. артистер болыпты деп естігеніміз бар. Бұл «Қарқара көтерілісінің» мерекесіне қатысқандар жиналып, сол кезде О.Жандосовтың ұсынысымен тас үйеді де ол үлкен төбе болады, сол төбе Ереуілтөбе деп аталған.
          Ал көтерілістің 20 жылдығы 1936 жылы тағы да О.Жандосов Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанда өткізіпті. Бұл мерекеге Үкімет басшылары: Қазақстан Совнарком төрағасы Ораз Исаев, Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов қатысқан. Ол кезде мен 8 жаста едім, ол кісілерді әкемнің арқасында өз үйімізде көрдім. Барлығының жарқын бейнесі бүгінде көз алдымда.
            Осы «Қарқара көтерілісі» туралы Қарқараға барып, оқиға болған жерді, көтеріліс, қақтығыс болған, боздақтар қырылып, қалың ел қан жұтып, қайғыға батқан жердің ой-шұқырын аралап жүріп, көтеріліске қатысып, тірі қалғандармен кездесіп, қыруар материал жиып, атақты жазушы М.Әуезов «Қилы заман» атты белгілі роман жазды.
        Қарқара атауының шығуы жөніндегі халық аңызының бірінде: «Жер және өзен аты сол жерде қарқара деген құс болған, сонымен байланысты» айта келіп, В.В.Радлов: «Қарқара сөзінің қазақ, қырғыз тілдерінде құс атауы ретінде кездесетінін, оның орыс тіліндегі атауы, «цапля» екенін айта келіп, осы құстың қауырсынын қадаған қыздардың бас киімі қарқара аталады, осы атау кейіннен тау атауына негіз болған» деп жазды [Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. СПб., 1893, Т. 1, с. 190].
        Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-сана және ауыз әдебиетін жинап зерттеген орыс ғалымы М.Красовский 1883 жылы қазақ даласынан материалдар жинау кезінде: «Қазақтар көшіп-қону кезінде түйеге артатын, төбесіндегі қақпағы үй шатырына ұқсас шошақ кебежені қарқара деп атаған. Осы кебеже мен тау көрінісі ұқсас келгендіктен тау Қарқара аталып кеткен» дейді [Красовский М. Область Сбирских киргиз. СПб, 1988, ч. 1, с. 108-109].
         Бұндай пікірді Ш.Уәлиханов та айтқан-ды. Ғалымның сол пікірін орысша жазылу қалпында беруді жөн көрдік: «Каркара – киргизы так называли перышки, султаны на голове двух молодых девушек – калмычек, захваченных у речки» [Валиханов Ч.Ч. Собр.соч Т.1, 184, с. 250]. Ғалымдардың бұл пікірін топонимист А.Әбдірахманов толығымен қуаттап, мүлтіксіз қабылдады. Қарқара топонимінің этимологиясына назар аударған ғалымдар бұл пікірлерге қосылмай, жаңаша қарастыруға тырысты. Е.Қойшыбаев топонимнің «қар форманты тым көне топоэлементтік гар («биік») формасымен қатысты болуы мүмкін. Мысалы: Қалқағар, Талғар. Олай болған күнде Қарқара атауының мәні «биік (тау) қыры» деген ұғымға жуықтар еді. Сөйтіп, Қарқара ­атауын қазіргі қазақ тілінде «биік қыр» ұғымына жақын деуге әбден ­болады» деген пікір ұсынды [Қойшыбаев Е. Қазақстан жер-су аттарының сөз­дігі. А. 1985, 162 б.]. Бірақта ол атаудың бірінші сыңары қар формантын талдағанмен, оның екінші сыңары қара формантын сөз етпеген. В.М.Иллич-Свитыч еңбегінде қара (қар, ғар) сөзі жайлы ностратикалық тілдер көлемінде өте маңызды салыстырмалы-лингвистикалық материалдар берілген. Олардың ішінде араб. qara – «жеке дара тұрған шың, жартас», «төбе», көне египет тілінде qrr – «төбе, жота, шоқы», сомали тіл. qar – «шет», «биік тау», арм. тіл. кар – «тас», «шың», «жартас», груз. тіл karkar – «биік жартас», түркі тілд. қыр – «тау қыраты, «тау жотасы», моңғ. тіл. kira, xar, xara – «жал», «биіктік». Осы қара, ғара, хара сөздері қатарына үнді – еуропа тілдеріндегі гар, гара «тау» сөздерін де жатқызуға болатынын көрсетеді [В.Иллич-Свитыч. Опыт сравнения ностратических языков. 1971, с. 340-342]. Осы ғар=қар=гер сөзінің шығу төркіні жайлы кейінірек Э.М.Мурзаев оны мысалдармен толықтыра түседі. Ауған тілінде гар «тау», гранг – «түпсіз», «құз, тәжікше гардан – «асу», «бел», «арт», көне иран тілінде gari, авестин тілінде garay – «тау», тау қыраты», араб тілінде гара «оқшау жота, төбе, шоқы» мәніндегі сөздер екенін көрсетті (Э.М.Мурзаев. Словарь народных географических терминов. М. 1984, с. 139, 140).
        Қарқара топонимінің этимологиясын тереңдете, фольклорлық-этнографиялық, жағрапиялық-лингвистикалық һәм тарихи тұр­ғы­дан қарастырылған бұрынғы біздің мақаламыздан кейін С.Медет­бековтың жазған көлемді мақаласы көптің назарына бірден ілінді. Қарқара атауы «Біздің ойымызша, әу баста құсқа байланысты емес, жер бедеріне байланысты туған және өте көне атау. Олай дейтініміз: алғаш қоныстанғанда адамдар ең әуелі бұл өңірдің басты ерекшелігін көрді де «тау», «таулы жер» деді. Сонсоң оның заңғар екендігіне көзі жетті де, «биік» деді, яғни «Тау биік» деді. Ежелгі түріктер тілімен шамалап айтсақ, Қарқара деп атады дей келе, атау құрамындағы қар (гар, гер) – «тау», «тау жоталары» дегенді білдірсе, ал қара (ғара, гара) – «биік», «алып», «ұлы» деген мағынада тілімізде бүгінге дейін қолданылып келеді» деген түйінге келген (Ана тілі. № 32, 1993). Автордың бұл пікірін күні бүгінге дейін республикамызда қолданылып жүрген ежелгі топонимдер: Қаратау, Қара Ертіс, Егізқара, Жуанқара, Қосқара, Найзақара тәрізді тау аттары дәлелдей түседі.

«Түгін тартсаң майы шығатын» бұл қасиетті де шұрайлы жердің мың түрлі, қызылды-жасылды кілем тектес көк шалғын шөбінің, бәйшешек гүлдерінің өзі талай ақын-жыраулардың жырларына арқау болған.
Осы жайлауда болып, тылсым сұлу табиғатты өз көзімен көрген атақты ақын І.Жансүгіров былайша суреттейді:
«Қарқара қалың қазақ кебесіндей,
Албанның албырт-ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың құтты келесіндей.
Қарқара жарасымды жазық жайлау,
Үй-күлше, құрттың жайған өресіндей».

          Қарқара атауы Жетісу өлкесінде ғана емес, Қарағанды облысында Қарқаралы тұлғасында, Қырғызстан Республикасында Каркыра (Ыссық­көл облысы Ақсу, Түп аудандарында), Каркыра – көл (Ош облысы Алай жотасында), Монғолияда Хархара атауы кездесуінің тарихи сыры бар. Жоғарыдағы пікірлерге ден қоя отырып, Қарқара (өзен, тау) атының түркі тілдеріне тәндігін, оның біздің дәуірімізден бұрынғы жылдардан барын пайымдаймыз. Сонымен қатар оның көнелігін атау құрамындағы сөздердің үндіеуропа, түркі, моңғол тілдерінде ежелгі заманнан бары дәлелдей түседі. Бірінші кезекте тау аты, одан соң өзен аты Қарқара аталған болу керек. Атау: «үлкен, биік», «асқақ», «заңғар», «алып тау» деген мағынаға ие екені оның жағрапиялық сипатына толық сай келеді.

       Телғожа ЖАНҰЗАҚ, филология ғылымының докторы, профессор. Алматы облысы

     http://anatili.kazgazeta.kz/?p=38055

толығырақ

Ulytau

      Қазақтың қасиетті жері – Ұлытау өңіріне сапар шегу, осынау киелі өлкенің мән-мағынасына терең бойлау өз жеріңе, тарихыңа деген мақтаныш сезімін оятып, кеудеңді ғажайып күй тербейді. Жуырда хандарымыз бен батырларымыздың, би-шешендеріміздің ізі сайрап жатқан өлкеге жол тартқан «Ұлытау экспедициясына» біз де қосылдық. Мұндай сапарға мүмкіндік берген белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевтың ұйымдастыруымен қолға алынған «Nomad explorer» жобасы еді. Көлікпен жетуімізге қолдау көрсеткен Сәбит Бүкіров есімді азамат екенін де айта кеткеніміз жөн. Сонымен ұйымдастырушыларға мың да бір алғысымызды айта отырып, енді сапар жайын баяндауға көшсек. Экспедиция құрамында Гүлжанат Бүкірова, Нұржан Бүкіров, Абай Әуезов, Бақыт Аңдағұлов, Дулат Хасенов есімді қатысушылар болды. 

Теректі әулие мен Жошы хан кесенесі…

     Ұлытау сапарының мән-жайын түсін­діріп, ескерткіштерге мұқият қарау, мән беру, қауіпсіздік шараларын сақтау туралы топ басшысы Марғұлан ­Сейсембаев пен «Ұлытау» музейінің директоры Бақтияр Қожахметов хабардар етті. Алғашқы бағытымыз Теректі әулие кеше­ніне ат басын бұрудан басталды. Мұнда жылқы бейнелі петроглифтер, тарихтан сыр шертетін таңбалар мен жартас суреттері молынан кездеседі екен. Теректі әулиенің өзіндік кереметі де жоқ емес екені байқалды. Ол жерге келуші адамдар дұға тілеп, жүрек тасын тамашалап, құдыққа тиындар тастайды. Жалпы, бұл мекенде зиярат жасайтын орындар жетерлік. Тағы бір айта кетерлігі, Теректі әулие кешенінің айналасында қола дәуірінен бастау алатын ескі қорымдар бар екен.
     Әрі қарай Жошы хан мен ­Домбауыл кесе­нелеріне жолға шықтық. Бұл кешен­дерді кешкі мезгілде араладық. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы жерленген мазардың тарихы туралы жергілікті өлкетанушы, тарихшы Айдар Ысқақов кеңінен әңгімелеп берді. Көк күмбезді мазар жақтаулары өрнекті кірпішпен безендірілген. Мазарда екі мәйі жерленіпті. Археологиялық зерттеулер барысында бірінші қабір ішінен тақтай табытқа жерленген адамның сүйегі шыққан. Әлгі сүйектің оң қолы жоқ екендігі анықталған. Оның үстіне қабір ішінен салтанатты киім жұрнақтары, қызыл сафиян етіктің қалдығы, түйенің бас сүйегі мен аң сүйектері, темір қарудың сынықтары табылған. Бұл «Жошыны аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірді» деген халық аңызымен үндес келеді. Халық аңызында «Жошыны жерлегенде бір қолы жоқ болған» немесе «Жошының тек бір қолын тауып қойған», кейде «бір шынашағын ғана тапқан» деген әртүрлі жорамалдар бар.
    Екінші кешен – Домбауыл кешені деп аталады. Оның да айналасында көптеген молалар бар. Оғыз-қыпшақ үлгісінде салынған құрылыс туралы да аңыздар аз емес. Сондай аңыздардың бірінде Домбауылды Кетбұғы жыраудың әкесіне салынған мазар деп қарастырады екен. Жошы хан мазары маңындағы Қара кеңгір өзені жағалауында үй тігіп, қонып шықтық.
    Экспедиция барысында жол басшымыз Марғұлан Сейсембаев Қара кеңгір өзенін кесіп өтетін төте жолды таңдаған екен. Міне, атақты Алаша хан кесенесіне де табан тіредік. Бұл биіктігі 10 метрге жететін мұнаралы тарихи нысан үлкендігі жағынан осы маңдағы ең зәулім кешен саналады. Кіре берісінде үш жүздің руларының таңбалары салынған. Аңыз бойынша Алаша хан үш жүздің басын қосқан ең алғашқы хан ретінде айтылады. Енді біреулер Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы болған деген жорамалды алға тартады. Алаша хан кесенесінің айналасындағы көне қорымдар бұл жердің киелі де қасиетті екендігін әйгілеп тұрғандай. Бізді Алаша хан кесенесіндегі аң-құс аяқтарының іздері таңбаланғаны қызықтырды. Мұнара басына көтеріліп жазиралы кең алқапқа көз жүгіртіп, дарқан далаға іштей тағзым жасадық. Одан шығып, Жезді кентінің маңындағы көрікті шатқалда түскі ас қамын ойластырдық.
     Әрмен қарай, экспедиция мүшелері Тау-кен және балқыту ісі мұражайына келді. Музей директоры Қазақстандағы кен игеру ісінің тарихы сонау қола дәуірінен басталатындығына ерекше назар аударып, қызықты мәліметтерімен бөлісті. Айтуынша, Ұлытау өңірінен қола дәуіріне тән 20-ға жуық кен игеру, балқыту ошақтары табылған. Бұл жерлерде қола дәуірі заманында 2 мыңға жуық адам металл бұйымдар өңдіру ісімен шұғылданған деп болжанады. Музейде қола дәуіріндегі рудаларды сұрыптау, балқыту, оны қалыптарға құю көріністері көрсетілді. Осы мақсатта сол заманның құралдары мен балқыту пештері қолданылды.
      Сөз реті келіп тұрғанда айта ке­тейік, Ұлытаудың ең биік те, көркем шыңдарының бірі «Әулие тау» деп аталады. Осынау шыңға әрең көтерілдік. Бұл тау басында жеті әулие жерленген деген дерек бар. Тау басына көтеріліп келе жатқанымызда Әулие таудың шырақшысы Әбдірахман ағамыз осы жерде тілеген тілектерім қабыл болатынын айтып өтті. Биіктеген сайын тастардың үйіндісінен жиналған обаларды көзіміз шалып келеді. Мұндай обаларды Моңғолиядағы Ханғай тауынан да кездестірген болатынбыз. Шырақшы ақсақал әулие-бақсылардың есімі жазылған төрт бұрышты барықтарға құран оқып, дұға тілеп отырды. Темірден жасалған киіз үйге кіріп, шырақшы алып шыққан шелпектен ауыз тидік. Жылжып ағып жатқан бұлақтың да шипасы ерекше деседі жергілікті жұрт. Шын мәнінде, төмен қарай түсіп келе жатып бойымызға бір күш-қуат біткендей сезіндік…
      Көп ұзамай Терісаққан ауылына да келіп жеттік. Ауыл мектебінің ауласына қаз-қатар болып киіз үйлер тігі­ліп­ті. Үлкен мерекеге дайындық жүріп жатқаны бірден сезіледі. Ауыл тұрғындары бізді өте жылы қарсы алды. Таңертеңгілік бие байлау, үйірге айғыр қосу рәсімдерін тамашаладық. Әрбір отбасы қонақтарға дастарқан ­жайып, былтырдан сақталған сүрленген еттерін, құрт-ірімшіктерін тағы басқа ұлттық тағамдарын ұсынып жатты. Берік Әбдіғали, Марғұлан Сейсембаев сынды азаматтар бие байлаған отбасыларға шағын сыйлықтарын тарту етті.
      Жанайдар батыр ескерткішінің аллеясының ашылуына дәл келгеніміз мерейімізді одан әрі тасытып жіберді. Бұдан соң «Терісаққан көктемі» фестивалінің салтанатты шарасы басталды. Онда Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омар «Ұлытау мұрасы» экспедициясын бастап келген Марғұлан Сейсембаев, Сәкен Сейфуллин есімді кәсіпкерлерді Алғыс хаттармен марапаттады. Шараға ЮНЕСКО-ның өкілі ретінде қатысқан Ахмет Тоқтабай «Терісаққан көктемі» фес­ти­валінің тәрбиелік маңызын, ­ЮНЕСКО тізіміндегі тарихи-мәдени шара­лар санатына енгізілуі ықтимал екен­­дігін айтты. Экспедиция жетекшісі Марғұлан Сейсембаев «Терісаққан көк­темі» этнофестиваліне 500 000 теңге қол­ма-қол беріп, сонымен қатар «Ұлы­тау» қорық-мұражайын дамытуға ­1 000 000 теңге қаражат аударуға уәде берді.
      Шеңбер ауылына жақын маңдағы Ақжарға да соқтық. Төбесі қызылкүрең, жалдары сарғыш түсті табиғат жынысы күн көзімен түрлі-түсті болып құбыла түседі. Жалт-жұлт еткен шақпақ тастар да көздің жауын алатындай. «Тұран-тв» телеарнасындағы Ерлан Сыздық киіктің мүйізін тауып келіпті. Сәкен Орынбекұлы Сейфуллин қырдың арғы жағынан 5-6 киік көргендігін айтты. Біздің экипаждың жетекшісі Сәбит Бүкіров бала кезінде отар-отар қойдай далада өріп жүрген киіктерді осы Ұлытау өлкесінен кезіктіргенін айтып берді.

«Мақат сағанасы» және Алтыншоқы

       «Мақат сағанасы» аталатын күмбезді кесене ХХ ғасыр басында жергілікті Мақат есімді бақуатты кісінің басқаруымен салынған екен. Өзінің және ұрпақтарының бір жерде тіршілік кешуін ойластырып, кесене астында арнайы камералар жасатқан. Камералар орналасқан жер дөңгелене пішінделген тастармен көмкерілген. Мұнда ең соңғы мәйіт 1994 жылы қойылған екен. Осы тәріздес жерлеу орындары Қарағанды облысында сирек те болса, кездесіп тұрады деседі жұрт.
      Әрі қарай экспедиция мүшелері кешкісін Кененбай тоғанына келіп орналасты. Рахым Әжібаев есімді жергілікті азаматтың өзен маңындағы үйінде дас­тарқан жайылды. Бұл отбасының етті сүрлеу, қымыз дайындау технологиясымен таныстық. Кененбай тоғанынан аймақтағы көптеген ескерткіштерге бару жақын әрі ыңғайлы. Тоғаннан балық та аулауға болады. Енді бұл жерден демалу­шылар мен саяхатшыларға арналған демалыс орны ашылмақ.
      Барлық жаңа бастамаларға өз тілектестігімізді білдіріп, Алтыншоқы тауына жол тарттық. Онда Әмір Темірдің қалдырған тасының көшірме­сі тұр. Ескерткіш тастың түпнұсқасы Ресейдің эрмитажында сақтаулы тұр. 1391 жылы Әмір Темір 200 мың әскерімен Тоқтамыс ханды өкшелей қуып Ұлытауға келгенде табиғаттың сұлулығын көріп тамсанып, осы тас­ты ескерткіш ретінде қоюға бұйрық беріпті. Кейін 1935 жылы әлгі белгітасты Қаныш Сәтбаев жергілікті ақсақалдардың көрсетуімен тауып, ең алғаш баспасөзге жариялайды.
       Ел аузындағы аңыз бойынша Әмір Темір Тоқтамысты уысынан шығарып алғанымен, оның аста-төк алтын-күміс байлықтарын қолға түсіреді. «Біздің іздегеніміз байлық емес, Тоқтамыстың өзі» деп осы Алтыншоқыда бар байлықты өртеуге бұйрық берген деседі. Шоқы басындағы жанған металл қалдықтарын Тоқтамыс қазынасының өртке балқы­тылған сықпыты дейді қарапайым халық. Ал ғылыми зерттеулер тұжырымы мүлде басқаша. Шоқы металл өндіруге арналған пеш қызметін атқарған. Тастан қаланған қазандықтың жан-жағынан жел үрленетін тесік саңылаулар бар. Металл балқыту орны бір қарасаңыз, сақ қорғандарына да ұқсайды. Шоқыдағы жанған руда қалдықтары күннен-күнге азайып келеді. Оны Тоқтамыстың балқытылған байлығы деп есептейтін жұрт теберікке алып кетуге құмар болса керек.
13227773_10209801295015627_5438255383864724966_o
        Келесі бағытымыз Хан ордасы болды. Бірер сағаттардан кейін ежелгі қалашық орнына келіп жеттік. Халық «Хан ордасы» атап кеткен жер бүгінде патша тақ ескерткішімен, тас қорғанмен, арыққа салынған көпір, т.б. заманауи архитектуралары арқылы қайта жаңғырғандай… Бұл, әрине, Ұлытау ауданы әкімі Хамит Омардың қажырлы еңбегі. «Ұлытау аймағында мұндай қалашықтардың саны 9-ға жетеді» дейді Ұлытау музейінің директоры Бақтияр Қожахметов.

13131455_1078525488870321_3428848420763163744_o
        Аз уақытта барлық экспедиция мүшелері бір-бірімізбен бауыр басып қалған екенбіз. Жезқазғанға жеткен соң Бақыт Аңдағұлов, Дулат Хасеновтай азаматтармен қимай-қимай қоштастық.
         Жезқазған қаласында құрметті инженер-металлург, техника ғылымының докторы Төлеген Бүкіров ағамыздың үйінде қонақта болдық. Ол кісі бүгінде «Қазақтың Кетбұғасы» қорын басқарады екен. Кетбұғы туралы материалдар жинап, ұлы бабамыздың мұрасын түгендеу шарасының басы-қасында жүрген ағамыздан сыйлыққа қызықты кітаптар арқалап қайттық. Төлеген ағамыздың бауыры Сүтемген Бүкіров Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаевтарға жолбасшылыққа жүрген әйгілі өлкетанушы болса, әкесі де осы өңірге танымал журналист болған екен.
      Осы керемет саяхатты ұйымдас­тырған белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевқа, осы жолсапарға менің қатысуыма демеушілік көрсеткен жаны жомарт Сәбит Бүкіровке шексіз алғыс білдіреміз. Ұлытау өңірін Әлкей Марғұлан 1945-1970 жылдар аралығында үздіксіз зерттеген. Араға елу жылдай уақыт салып Марғұлан Сейсембаев «Ұлытау мұрасы» атты экспедиция ұйымдастырып отыр. Сөз соңында айтарым, ұлы бабаларымыздың ізі қалған Ұлытау өңіріне жасаған сапарымыз бізді ұмытылмас әсерге бөледі.

        Арман ӘУБӘКІР. Алматы – Жезқазған – Ұлытау – Алматы

         http://anatili.kazgazeta.kz/?p=37839

толығырақ

Eskiz_plakat_banner_rastyajka

           Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың шығармашылық мұрасы бүгінгі таңда дені тарихшылар мен әдебиеттанушылар тарапынан зерттеуге алынып, ал қайраткердің экономикалық көзқарасын ғылыми талдау ісі сәл кешеуілдеп қалғандай әсер қалдырады. Шын мәнінде, Әлекең алған базалық білімі тұрғысынан – экономист. Ол 1894 жылы Санкт-Петербургтің Императорлық орман шаруашылығы академиясының экономика факультетін бітірген. Тергеу материалдарында тіркелген жеке іс қағаздарының бірінде ол мамандығым «оценщик» деп те көрсетеді. Замандастары Әлекеңді қазақ жерінің, оның асты-үсті табиғи байлықтарының терең білгірі ретінде мойындаған.

      Ә.Бөкейхановтың эконо­микалық көзқарасының қалып­тасуы, әрине, оның Ф.А.Шер­бина (1896-1903 жж.) және ака­демик С.П.Швецов (1903-1904 жж.) басқарған ғылыми-зерт­теу экспедицияларына қа­ты­суымен байланысты болды. Басқарушысының атымен атал­ған «Щербина экспедиция­сы» Семей және Ақмола облыс­тар­ын­дағы 10 уездің табиғи ортасы мен осы өңірдегі жұрттың ша­руашылық жүргізу жүйесі мен мәдениетін зерттеуге алып, экспедиция материалдары көп­томдық түрінде баспадан шығып, оның 4, 6, 9 және 11 томдары Ә.Н.Бөкейхановтың атсалысуы­мен жарық көрді. Көптомдық ең­бектің 4-ші томы, мәселен, Пав­лодар уезіне арналып, томда берілген уез тұрғындарының мұн­да келіп орнығу тарихын, ру жә­не әулеттер шежіресін Әлихан Бөкейханов жазды. Сондай-ақ, ол Алтыбай және Қызылтау болыстары туралы очерктерді дайындауға қатысады.

       Ә.Бөкейханов үшін әсіресе, нәтижелі болған оның академик С.П.Швецов басқарған Сі­бір темір жолы бойындағы ау­дан­дарды экономикалық тұр­ғы­дан зерттеу экспедиция­сы еді. Бұл экспедицияға қаты­са жү­ріп, ол қазақ қойына арнал­ған мо­нографиялық зерттеуін аяқтай­ды. Бұл қазақ қой шаруашылығы туралы алғашқы іргелі зерттеу еңбегі болатын. Қазақ қойы туралы бұдан бұрын да (мәселен, А.И.Добромыслов ж.б.), кейін де зерттеу жұ­мыс­тары болған. Де­­ген­мен, Әле­кеңнің зерттеуі қазақ қасиет тұтатын мал тұқы­мы туралы тереңдігімен, нәзік те жан-жақтылығымен ерекше­ленеді.

      Енді өз ретімен осы еңбек­терге қысқа болса да тоқталып өтейін. Сонымен, Павлодар уезі халқының тарихына байланысты Әлекең еңбегінен бүгінгі біздер үшін де қызықты мынадай тарихи деректерді кездестіреміз. Кереку (жергілікті халық бұл өңірді осылай атайды) өңірі ілгері замандардан мал шаруасына және егіншілікке қолайлы, жері құнарлы, елге құтты мекен болған. Сондықтан да бұл өңір үшін түрлі этникалық қауымдар арасында үзіліссіз күрес жүріп отырған. Сондай қарулы қақ­тығыстардың соңғысы ХVIII ғасырда қазақтар мен қалмақтар арасында жүргендігін ел ішінде сақталған ауызекі әңгімелерден байқауға болады.

        Осы ХVIII ғасырда жоңғар қалмақтарын Кереку өңірінен біржола ығыстырған қазақтың арғын, қыпшақ және найман тайпалары мынадай аудандарға орналасады. Қыпшақтар уездің солтүстік аймағына Ертістің оң және сол жақ бетіне, наймандар болса жеке ауыл-ауыл болып түрлі рулардың арасына шашырай орын теуіп, ал уездің қалған бөлігіне арғын тайпасының мейрам, бәсентиін, қанжығалы және сондай-ақ, уақ-керей бұтақтары қоныстанады.

        Ф.А.Шербина экспедициясы материалдарының VI томы Қар­қаралы уезіне арналған. Осы томға кіріспе жазған белгілі зерт­теуші-ғалым Л.К.Чермак бұл томды әзірлеу ісіне Ә.Бө­кей­хановпен бірге Мәжит Шом­балов, Ережеп Итбаев, У.Әбішев, Д.Сатыбалдин сияқ­ты қазақ зия­лыларының да атсалысқанын, со­нымен бірге, бұл томдағы ма­териал­дарды баспаға даярлау­да Әли­хан Нұр­мұхамедұлының ерек­ше үлесі болғандығын жазады.

       Әлихан Нұрмұхамедұлының еңбектерінде осы сияқты тари­хи фактілер молынан кез­де­седі. Міне, бұл баяндалған мағ­лұматтар қайраткердің ел өмі­рінен соншалықты терең хабар­дар болғандығының айғағы еді. Әлекеңнің қайраткерлік тұлға­сының соншалықты биікке көте­рілуінің бірден-бір сыры ту­ған елінің жүріп өткен жолын терең біліп қана қоймай, соны­мен бірге, оны мұқият ой елегі­нен өткізгендігіне байланысты бол­са керек.

       Әлихан Нұрмұхамедұлы қа­зақ хал­­қының дәстүрлі мал ша­руа­шылығының артықшылық­тары мен әлсіз жақтарын терең әрі нәзік түсінген ғалым болды. Ғалымның бұл реттегі сұң­ғы­лалығына оның қой шаруа­шылығына арналған моно­гра­­фиялық зерттеуінің 2-ші тарау­ы­­мен таныса отырып көз жет­кі­зуге болады. Тарауда жасал­ған тұ­жырымдар Семей, Ақмо­ла және Торғай облыстарына қа­райтын 12 уездегі қазақ қожа­лық­тарын статистикалық тұр­ғыдан зерттеу арқылы алынған.

      Әлекең қазақ жеріндегі қой шаруашылығын Ресейдің малға бай деген Астрахань, Таврия губернияларындағы және Дон облысындағы жағдаймен салыс­тырады. Мәселен, 1897 жылға тиесілі көрсеткіштер бойынша:

Астрахань губерниясында 1 адам басына шаққанда – 2,45 бас қой;

Таврия губерниясында – 1,80 бас қой;

Дон облысында – 1,05 бас қой өсірілген.

Ф.А. Щербина экспедиция­сының көрсетулері бойынша бұл көрсеткіш:

Семей облысында – 5,47 бас;

Ақмола облысында – 3,93 бас қойдан келген.

        Осы көрсеткіштерге сүйене отырып Әлекең: қазақ даласы тұрғындарының қажетіне өсірілетін қой саны Еуропалық Ресейдің ең малға бай деген губернияларынан анағұрлым асып түседі деген тұжырым жасайды.

       Осы тарауда Әлекең қазақ қойларына сипаттама бере отырып: «Ақ қойды қазақ байлары өсіреді, өйткені, ақ қойдың жү­ні­­нен қазақтың бай киіз үйіне қажет ақ киіз даярланады. Бі­­рақ ақ қой аязды қысқа төзімді емес. Яғни орта және кедей қа­зақ қожалықтарына ақ қой өсі­ру тиімсіз, сондықтан да бұл қо­­жа­лық иелері қою түсті қой өсіруге бейім. Қазақ қойлары­ның басым бөлігі боз және қоңыр болып келеді», – деп жазады.

        Әлекең қазақ қойына берген сипаттамасын мынадай сөз­дермен аяқтайды: қазақ қойы бұл жануар туралы айтылатын ғайбат сөздерге лайық емес. Қазақ қойының кеңістікте өзін еркін сезінуге мүмкіндік бере­тін ғажап ес-жады бар. Мәсе­лен, жас қозы жаңа жайылым іздеп 10-15 шақырым ұзап, шық­қан жеріне оңай-ақ оралады. Әккі қойлар күзгі және қысқы жайы­лымдардағы құнарлы оты бар жерлерді жақсы айыра бі­леді, бұл ретте малшылар қалың қарлы қыста қойдың тапқыр­­лы­ғына сүйеніп қардан аршып алатын жайылымдарды анық­тайды.

         Әлекеңнің қазақ малына бер­­ген мінездемесі осын­дай те­рең­дігімен және жылы­лы­ғы­­мен ерекшеленеді. Жоға­ры­да аталған ғылыми-зерт­теу экспедиция­ларына қаты­на­суы, сондай-ақ, ғұлама ғалым­ның кейінгі бай­қау­лары мен зерт­теулері оны қан­дай тұжырым­дарға жетеледі?

       Жергілікті халықтың дәс­түр­лі шаруашылығын, жер қо­рын пайдалану жүйесі мен мәдениетін зерттеу арқылы ор­та­лық үкімет орындарына нақты ұсыныстар әзірлеу үшін ұйымдастырылған бұл экс­пе­диция жұмыстарына қа­тына­су барысында Әлихан Нұр­мұха­медұлы қазақ даласы­на байланыс­ты империялық билік­тің көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қы­рынан таныды. Үкіметтің таяу арада қазақ жеріне байланысты стра­тегиялық шараларды іске асы­руға қауырт дайындық үстінде тұрғанына көзі жетті.

        Соның нақты көрінісі үкімет­тің қазақ көшпелі және жарты­лай көшпелі қожалықтарын жап­пай отырықшы өмір салтына ау­дару ісін қолға ала бас­тауы еді. Ә.Бөкейханов қатынас­қан екі экс­педицияның көзде­ген ор­тақ мақсаты орта қазақ қожа­лық­тарын отырықшы өмірге ау­да­руға қажет болатын жер нор­масын анықтау бола­тын. Қазақ қожалықтарын отырық­шы өмір­ге аудару өз ретінде патша­лық би­лікке қалған қазақ жеріне ішкі гу­берниялардан мыңда­ған орыс ша­руаларын көшіріп әке­ліп қо­ныстандыруға жол ашатын еді.

        Ресей үкіметі қазақ даласына ғылыми-зерттеу экспедицияларын шығара отырып, осымен бір мезгілде, яғни 1896 жылы Ішкі істер министрлігі жанынан Қоныс аударту басқармасын (Пе­ре­селенческое управление) ашты. Қазақ жерінен ішкі Ресей­ден келетін переселендер үшін алты аудан, яғни Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Сырдария және Же­тісу переселен аудандары белгі­ленді. Осы өңірлердегі егін­ші­лікке жарамды құнарлы жер­лер ішкі Ресейден қоныс аударып келгендерге үлес ретінде бері­луге тиіс болды.

        Басқаша айтқанда, XX ға­сыр­­дың басындағы Ресей үкіме­­тінің есебі бойынша қазақ жері, біріншіден, империяның ішкі гу­бер­нияларындағы жер тап­шы­­лығын шешуге мүмкіндік ту­­ғызатын құрал болса, екін­шіден, оның батыс мем­ле­кеттерімен кезекті техноло­гиялық теке­ті­ресінде өнеркә­сіптік бай шикізат көзіне айна­луға тиіс еді. Ал әлемдік күш­тердің өзара қар­сыласу проце­сі барысында импе­рия құрамын­дағы кіші этника­лық құрылым­дардың табиғи мүд­десі мен мәдени құн­дылық­тары сонша­лықты жоғары мәнге ие бола алмай­тындығы о бастан белгілі. Қазақ елі, оның таби­ғи және адами әлеуеті Ресей­дің батыс мемле­кеттерімен текеті­ре­сінде күш қоры (резерв) міндетін атқаруға тиіс болды.

         Міне, осындай жағдайда қа­зақ қоғамының мұндай ауыр сыннан өту мүмкіндігі қандай, ентелеп еніп келе жатқан капи­тализм сұраныстарына қазақ жұрты немен жауап бере алады деген сауалдар туындады. Әлихан Нұрмұхамедұлын да қинаған осы сауалдар еді.

       Ұлы далада шашыранды орналасқан елдің алдынан көл­денең тартылған мұндай күр­делі сауалдарға иланымды жауап табу оны іздеушіден үлкен ыждағаттылықты, теория­лық даярлықты және зор жауапкер­шілікті талап еткен еді. Бұған қо­сымша, Әлекеңнің өзі айтқан­дай, ұлтына қызмет жасаймын деген тұлғаға біліммен бірге, сондай дәреже-деңгейдегі мінез де қажет етіледі. Ал Әли­хан Нұр­мұхамедұлы, Жаратушы осы екі қасиетті молынан берген, ерекше тұлға еді. Өзіне тарих жүктеген мұндай міндетті ол ең жоғарғы деңгейде орындап шықты. Оның табанды ізденісінің нәтижесінде қазақ шындығына сүйенген және елдің ортақ ұстанымы болуға лайық, стратегиялық тұрғыдан дәлелді шешім өмірге келді. Енді осы ұстанымның басты элементтеріне тоқталайын.

       Әлекеңнің пікірінше, мал басын асылдандырып, тиімді мал шаруашылығына көшу қазаққа да жат емес. Ә.Бөкейханов ал­­дымен патшалық биліктің, кейі­­нірек кеңестік биліктің қазақ елін тез арада отырықшы тұр­мысқа аудару жобасына үзілді-кесілді қарсы шықты. «Мал шаруасы тымақ емес, төре келе жатыр деп қолға ала қоятын», – деп жазды ол.

        Кеңес өкіметінің қазақ қо­жа­лықтарын ешқандай да даяр­лықсыз, бірнеше жылдың төңі­ре­гінде отырықшы тұрмысқа аудару әрекетін ол ұлт өміріне жасалған эксперимент ретінде баға­лады. Яғни, эксперименттер лабо­ра­торияларда жүргізілмек, ал адам­дар қоғамын эксперимент кең­істігіне айналдыру қоғам үшін нағыз трагедияға айна­луы әб­ден мүмкін екендігін ескертті.

         Әлихан Нұрмұхамедұлы және оның серіктері Ахмет Бай­тұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газеті арқы­лы қазақ халқын патша әкімші­лігінің әрбір отбасындағы ер адамға 15 десятинадан жер үлесін алып, отырықшы тұрмыс­қа өтуге шақырған шараларына мойынсұнбай, қарсылық көрсе­туге шақырды. Бұл ретте ол башқұрт халқының ауыр тәжіри­бесінен сабақ алуға үндеді. Егіншіліктің қыр-сырынан бейхабар жұрт әуелде әкімшілік орындарының үгітіне сеніп, ер басына он бес десятинадан жер алуға келісіп, соңынан оты­рықшы тұрмысқа бірден көндіге алмастан, алған үлесін көрші орыс мұжығына қант-шайға айырбастап, ең соңында өз Отанында жер иелігі жоқ босқынға айналған еді.

         Алдымен патшалық билік тұсында, сонан соң кеңес өкі­меті жағдайында Әлихан Нұр­мұ­хамедұлы бастаған қазақ зиялы­лары биліктен қазақ жеріне ішкі Ресейден орыс шаруаларын кө­шіріп әкеліп қоныстандыру шараларын тоқтатуды талап етті. Бұл істе алаштық және кеңестік ұстанымдағы ұлт зиялылары ауыз­бірлік танытты, бір үрдістен шығып отырды. Метрополия тарапынан жүріп жатқан отарлау саясаты жағдайында алаштық ұстанымдағы зиялылар жерге жекеменшік енгізу саясатына үзілді-кесілді қарсылық танытып, жерді қауымдық меншік тү­рінде пайдалану тиімді екендігін дәлелдеуге күш салды.

      Аграрлық сектордың тез дамуын қамтамасыз ету үшін жеке шаруалар ерікті кооператив болып ұйымдасқаны тиім­ді екенін Дания елінің тәжі­рибесімен дәлелдеп бағып еді Әле­кең. Халқының бірегей сауат­тылығы негізінде бүкіл Данияға тараған кооперация қозғалысы бірлескен еңбек тиім­ділігін арттырып, елді тез арада байытуға негіз бол­ды. Архив материалдарына қара­ғанда, «Алаш» автономиясы құрыл­ғанға дейін Торғай облы­сындағы Уақытша үкіметтің ко­миссары дәрежесіндегі Әле­кең ауылды кооперациялауды пәрменді түрде қолға алып, бұл шара соңынан Қазақ-Алаш автономиясына кірген 10 облыс­тың бәрінде де қарқынды жүргі­зілгенін атап өту керек.

        Жер мәселесі Алаш партия­сы­ның бағдарламасында жеке тарау ретінде берілді. Онда, мәселен, негізгі заңын жаса­ғанда жер сыбағасын алдымен жер­­гілікті жұртқа берілсін, қазақ жер сыбағасын отырған жер­­лер­ден алып орналасқанша қазақ же­ріне қоныс аударушылар кел­месін…», – деген жолдар бар еді.

       1914 жылы желтоқсан айын­­да Орынборда Әлихан Бөкей­­ханов басшылығымен өткен ІІ Бүкіл қазақ съезі қазақ мемле­­кеттігін Алаш форматы ре­тін­де ұсынған болатын. Сол құ­рыл­тайда бірауыздан ұйғарым қа­былдап: «Алаш автоно­миясының 10 облысының жер асты-үсті­нің байлығы, жер-су, пайдалы қазбалары бөлін­бес Алаш мен­ші­гінде», деп бекі­тілген болатын. Бұл ұйғарым келешек Қазақ­станның алдыңғы қатарлы мемлекет болып қалып­тасып, өсіп-өркендеуінің негізі боларына толық кепіл, сенім артылған-ды.

        Сол кезеңдегі Алаш автоно­миясы көсемдерінің бірегейі А.Бай­тұрсынұлы асқан көреген­дік танытып: «Халық өз заманына сай мамандық меңгеруі тиіс, өз жерінің байлықтарын игілікке айналдыра алатындай дәрежеге көтерілуі тиіс. Алдыңғы қатарлы техниканы игеруі тиіс. Олай етпесек, біз басқа елдің отары боламыз», деп бірінші Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті – қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 1928 жылғы ашылуында жар салған еді. Ал одан бұрынырақ (1918 ж.) Әлихан Нұр­мұхамедұлы келешек жас мем­лекетіміздің алдында тұрған өрелі мақсаттары туралы: «Үсті­міздегі ХХ ғасыр – өркениет бәсе­келестігінің заманы. Бұл уа­қытта күн астындағы орын үшін күреспейтін һәм мәдениетке талпынбайтын ұлттың табылуы кәдік… Қазіргі әлемдік соғыста ғылым үстемдік алды. Күн­делікті өмірде… ғылым айқын­даушы күшке айналды. Білім­сіз халық өркениет қал­тарыс­тарында қалып қоятынын айтып жату артық. Өз мәдениетін сақтау, барлық жақсы нәрсе­лерді игеру жолындағы күреске қа­зақтар да қосылды… Бізге бі­лімді, тәжірибелі саясатшылар, жоғары білікті мамандар қажет. Бізге фабрикалар, зауыттар, шаруашылық ұйымдары, коо­пе­ративтер және басқа да көп нәр­селер керек. Мұның бәрі білімді қазақтарды қажетсінеді. Мұның бәрі бір күнде немесе бір жылда пайда болмайды. Осы­ның бәрін өмірде жедел іске асыру үшін жіті жоспарлау, маман­дардың бейнетті еңбегі, ауқатты азаматтардың қаржысы керек және істі дереу қолға алу керек» деп жазған еді.

       Бұдан бір ғасыр бұрын ел мүддесін, халық болашағын көксеген ұлт көсемі, ұлы қай­ратк­ер Әлихан Бөкейхановтың бағдары бүгінгі тәуелсіз Қазақ­станның өркениетті елдер санатына құлаш ұрған дәуірінде шешімін табуда десек, жаза баспағанымыз. Оған кепіл бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан Ұлт Жоспары. Бес инс­ти­туттық реформа, оларды орын­даудағы 100 нақты қадам. Осы­ның негізінде тәуелсіз Қазақ­стан дамыған 30 елдің қатарына қосылуға нақтылы пәрменділік жасап, Әлихан Бөкейхановтың, Алаш қайраткерлерінің ұлы бағ­дарын жүзеге асыруға кепілдік ететініне бүгінгі ұрпақ толық сенімді.

          Аманжол ҚОШАНОВ, академик. АЛМАТЫ

       https://egemen.kz/2016/06/29/48975

толығырақ

   Табиғаттың бір бөлшегі ретінде адам баласы сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ өсімдіктер дүниесімен тығыз байланыста өмір сүріп келе жатыр.  Өсімдіктерсіз тіршілікті көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Олар болмаса жер бетіндегі бүкіл тіршілік иелері тыныс алып отырған оттегі де болмас еді. Өсімдіктер бізге өмір ғана сыйлап қоймай, бүкіл тіршілігімізге қажеттінің бәрін беріп отыр. Олардан алынған өнім кисек – киім, ішсек  – тамақ, жатсақ – төсек, бір нәрсені жазып-сызам десек – бояу мен қағаз ғана емес, аңшылық пен жаугершілік кезінде қару да бола алды.

        Ғалымдардың анықтауынша, өсімдіктердің ғылымға белгілі 500 мыңнан астам түрі бар. Оның жартысына жуығы суда, қалғаны құрлықта өседі. Қазақстанда оның 15 мыңы бар көрінеді. Бұлардың 500-і мүк,  600-і қына, 2 мыңнан астамы балдыр, 5 мыңы саңырауқұлақ, 6 мыңнан астамы жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктер екенін ескерсек, жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан үшін аз болып көрінуі күмәнсіз. Оған негіз де жоқ емес.

        Қазақстан аумағын  ата-бабалары өте ерте замандардан бері тұрақты мекеніне айналдырған қазақ халқының өзін қоршаған ортаны танып-білуде өзгелерден кем қалуы – ақылға қонымсыз нәрсе. Егер олардың көшпенді өмір салтын өткен ғасырдың алғашқы ширегіне дейін сақтап келген, әлемдегі санаулы ұлттың бірі болғанын еске түсіретін болсақ, бұл мүлде елдігімізге сын болуы тиіс. Өйткені табиғаттың тепе-теңдігін толық сақтап, оның әрбір құбылысы ғана емес, барлық жанды-жансызына ат қойып, айдар тағудағы біздің бабаларымыздың тапқырлығына қайран қалып, таңырқап, тамсанған саяхатшылар мен түрлі зерттеушілердің жазбалары өте көп. Тек оны оқып, танып, жарыққа шығарып, ғылыми айналымға түсіруге кежегеміз кейін тартып, енжарлық танытып жүргенімізді мойындау керек. Мәселен рауғаш өсімдігін көрген алғашқы еуропалық Марко Поло екен. С.Небесный «Необыкновенное в необыкновенных овощах» (1970) деген кітабында: «Марко Полодан алты ғасырдан кейін Қытайда рауғаш плантациясын алғаш көрген М.П.Пржевальский (1870-1873) болды», – дейді. Алайда оның шындыққа жанаспайтынын білетін адамдар әдетте үнсіз қалып жүр. Себебі М.Полодан кейін рауғашты сипаттап жазған Шоқан Уәлиханов еді. Ол өзінің 1856 жылғы «Ыстықкөл сапарындағы күнделігінде» рауғаштың сабағында қымыздық қышқылы болатыны жөнінде пікірін айтады, дәмінің анар жемісіне ұқсайтығын ескертіп, суретін салады. Ал тибеттіктер рауғаштың шипалық қасиетін біздің жыл санауымыздан 2700 жыл бұрын білген екен. Кейін оны қытайлар Грекияға, одан соң Персияға қымбат бағаға сатып тұрған. Ол бір кездері қытайлардың сыртқа шығарып сататын ең пайдалы деген заттарының бірі болған көрінеді.

       Жалпы орыстарда 70-80 мың, ал ағылшындарда 500 мыңнан астам өсімдіктің  атауы бар екен. Ал қазақ тіліндегі өсімдік атауларының саны «Уикипедия» ашық энциклопедиясындағы мәлімет бойынша – 848. Он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» – 736.  Тоғыз томнан тұратын «Қазақстан флорасында» – 350. Әрине, бұл – көңілге кірбің түсіретін сан. Сондай-ақ Қазақстанда өсетін 15 мың өсімдіктің 730-ы – әлемде тек біздің жерімізде ғана кездесетін эндемиктер. Басқасын былай қойғанда, тек біздің жерімізде ғана кездесетін осы бірегей эндемиктердің төл атауын түгел білмейміз.

        Әрине, «өсімдік атауларының ең алғашқысы қайсы?» дегенге дәл жауап беру қиын. Өйткені ол  халықпен бірге жасасып келе жатыр. Ал тіршілігінің қайнар көзі болған төрт түлік малының жағдайына қарап, жылдың төрт маусымында шөптің шүйгінін, судың тұнығын іздеп, көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыздың өсімдіктердің қайсысы малға жұғымды, қайсысы улы екенін білмеуі мүмкін емес. Ендеше қазақ халқында оның төл атауының болмауы – мүлде ақылға сыйымсыз жағдай.

       Тарихқа көз жүгіртсек, өсімдіктердің қазақша атаулары жөніндегі алғашқы мағлұматтар Н.И.Анненковтың 1878 жылы жарық көрген  «Ботанический словарь» деген кітабында кездеседі. Өсімдіктердің қазақ тіліндегі халық атауларын жинап, жариялауға алғашқы кезде шетелдік ботаник-ғалымдар  көп еңбек сіңірді. Мәселен, И.В.Ларин (1930), Н.В.Павлов (1947)  еңбектерінде 300-ге жуық өсімдік атаулары берілген. Одан кейін оның саны «Орысша-қазақша сөздікте» (1954) және С.Арзымбетов (1955) пен Т.Мұсақұловтың (1959, 1960) сөздіктерінде толықтырыла түсті. 9 томдық «Қазақстан флорасы» (1956-1966) деген кітапқа енген 5630 өсімдік  түрлерінің 350-нің ғана қазақша атаулары келтірілді. Ал  1977 жылғы С.А.Арыстанғалиев пен Е.Р.Рамазановтың «Қазақстан өсімдіктері» атты кітабында  республикада өсетін 126 тұқымдастың,  1024 туыстың және  5685 түрдің қазақ тіліндегі атаулары келтіріліп, 64 тұқымдасқа халық атаулары қабылданып, 25 тұқымдасқа жаңа атау ұсынылды.  Одан кейін 2002  жылы С.Арыстанғалиев «Қазақстан өсімдіктерінің қазақша-орысша-латынша атаулары сөздігінде»  гүлді өсімдіктердің  1022 туысы мен 5647 түрінің қазақ тіліндегі халықтық және ғылыми атауларын келтірді.  Өкінішке орай, өз ұлтымыздан шыққан бұл зерттеушілердің бастаған жұмысы әлі де жүйелі түрде, өз жалғасын тауып жатқан жоқ. Оны кейінгі жылдары жарық көрген 30 томдық «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздікте», 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде», 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» және өзге де ғылыми еңбектерде өсімдіктердің қазақ тіліндегі атауларының әртүрлі көрсетілуінен де айқын аңғаруға болады.

      Өткен ғасырдың алғашқы жартысында жазылған Ілияс Жансүгіровтің «Жер түгі» деп аталатын 54 жолдық өлеңінде 30 түрлі ағаш, 60-қа жуық шөптесін өсімдіктің атаулары кездеседі.

Ағашта өзің білген қарағай, тал,

Жалғыз-ақ неше алуан түрлісі бар.

Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,

Ақ сасыр, қызыл қайың, барша, шынар.

Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,

Үйеңкі, шырғай, балғын тораңғылар,

Сарыағаш, қойқарақат, жиде, шетен,

Тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрттар;

Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік

Сықылды ағаштардың талайы бар.

Биікте бітед шөптен сарыкүйік,

Тістеніп жатыр жұлып малы сүйіп,

«Қымызын сарыкүйіктің ішеміз», – деп,

Албандар қоныстайды құстай биік.

Тауқонақ, шайшөп, маңқа, құлынембес,

Сүттіген, еңдік, мейіз, киізкиік.
Ақшалғын, көкемарал, бетеге, раң,
Жапырақтеңге, бұйра, қисық, иық.

Балдырған, уқорғасын, атқұлақты,
Елік жүр сонысында соны қиып.
Желкеуір, бәрпі, шырыш, шытыр,
Сауыны биеемшектің кеп тұр иіп.

Мыңтамыр, жуа, рауғаш, жаужапырақ,
Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ,
Сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ,
Шоңайна, меңдуана, сора, шақпақ.

Ішінде сол қурайдың сұлу солар,
Шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ,
Қанжыға, қоға, сасық, аққой болып
Бөлінед жуалар мен таусарымсақ.
«Қымыздық», «қызсаумалдық» дейтіндерге
Ат қойған тау елінде сүйіп шын-ақ.

Өріске біткен осы өңкей сүттің

Ішінде бір сүйкімсіз отыр бір-ақ:

Қалақай қара тарғыл – ол айтқаным,

Сүйеді сүйкенгенді шымшып, бұрап.

Өзге жан өмірі оған жоламайды,

Төңбекшіп түйе жесе, қалар құлап.

Шалқиды шалғын көлдің қамысындай,

Атқұлақ Тасарықтың тарысындай

Үш қырлы, сұлу қырлы айылқияқ,

Кіндігі қырғыз өрме қамшысындай.

Селтеңдеп сепсе қурай сырға қадап,

Саржағал сәлемдесед танысындай.

Жуалар шайқаңдаған, ол – бір кербез,

Шалма орап мұсылманның абызындай.

Құс таңдай самал соқса – сыбырласад

Әзілді әйел, ажын-абысындай.

Солармен судырласып ойнайды жел

Дүрмектің көкпар тартқан шабысындай.

Неше елді аттандырған құтты қоныс

Әлі тұр әсемдігі тауысылмай.

Суретін сөз баяндап жеткізе алмас,

Жерінің Жетісудың бәрі сондай!

        Қазіргі жастар бұл өсімдіктердің кейбірінің атын  мүлде естімегені анық. Өйткені олар күнделікте қолданыста аталмайды. Жалпы өсімдіктер туралы, олардың атаулары туралы шығарма  жазған ақын-жазушылар  елімізде аз емес. Өздерінің туып-өскен жерлеріндегі өсімдіктер дүниесін  К.Әзірбаев «Шөп аттары», Ж.Шантөбетов «Қызылқұм көрінісі», С.Мұсабеков «Шөлдің түгі» деген өлендерінде, ал Дулат Исабеков «Дермене» повесінде  жан-жақты жазады.

      Өсімдіктер туралы сөз болған кезде, көбіне-көп  оның емдік қасиеті алдымен назарға алынады. Өкінішке қарай, Қазақстанда өсетін емдік  өсімдіктер тізімінде «Уикипедия» ашық энциклопедиясында 62 өсімдіктің ғана  атауы бар. Ал халық емшісі, тамыршы Сейітқамза Қалиев «Емдік рецептер энциклопедиясы. Қазақ емінің рецептері мен Тибет медицинасының негіздері» деп аталатын кітабында дәрілік өсімдіктерді халық емшілерінің төрт рай (суық, ыстық, жылы, салқын), бес дәмге (қышқыл, кермек, тәтті, ащы, сор) бөлетінін айтып, 700-ге жуық өсімдіктің атауын мысалға келтірген.

       Жалпы дәрілік шөптерді жинап, оны халықтық медицинада қолданудың тарихы өте тереңде жатыр. Зерттеушілердің анықтауынша, адамның ауруға, аштыққа төзімділігін арттыру үшін Шығыс Азия халықтары шай ішсе, Орталық Америка халықтары какао, Оңтүстік Америка халықтары мате жапырақтарын, ал ондағы Амазонка тұрғындары гуараны пайдаланған. Біздің дәуірімізге дейінгі 460-377 жылдары өмір сүрген, медицинаның атасы саналатын әйгілі грек дәрігері – Гиппократтың еңбегінде 230 дәрілік өсімдіктің атауы келтірілген екен.  Біздің дәуірімізден 4000 жыл бұрын мысырлықтар дәрілік өсімдіктердің 80-нен астам түрін,  3000 жыл бұрын қытайлықтар  230 түрін білген.  Б.з.д. 2600  жылдары жазылған Қытайдың алғашқы дәрілік шөптер туралы кітабында (Бень Цао) 900 дәрілік өсімдік сипатталған. Кейін Әбу Әли ибн Сина өз еңбегінде 900-дей дәрілік затты пайдалану жолын жазған. Испандық Ибн Байтер оны ары қарай толықтырып,  1400 өсімдік түрін сипаттап көрсеткен.

       Тарихқа жүгінсек, дәрілік өсімдіктермен сауда-саттық жасау біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда-ақ басталғанын байқауға болады. Патшалық Ресейде ХVII ғасырда басталған дәрілік өсімдіктерді іздеу, анықтау жұмысын түрлі экспедиция құрамындағы ғалымдар ХVIII ғасырда Қазақ жерінде де қарқынды түрде жүргізе бастайды. Ал XIХ  ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ жерінен жиналған дәрілік өсімдіктер Еуропа елдеріне экспортталды. Бұл жұмысты кейін Кеңес Одағы ары қарай жалғастырып, оның тізімі мен жиналатын көлемін ресми түрде белгілеп отырды.  Өкінішке қарай, халықтың ғасырлар бойы атадан балаға жалғасып келген дәрілік шөптерді жинау мен оны қолдану өнері өткен ғасырдағы күштеп ұжымдастыру мен қуғын-сүргін науқандарынан кейін тоқырауға түсіп, жинақталған мол білім мен тәжірибе ұмыт бола бастады. Көптеген өсімдіктердің байырғы атаулары ұмытылып,  сырттан таңылған бөтен атауларға ие болды.

      Бір кездері әйгілі этнограф Жағда Бабалыққа  малдың жайын жетік білетін ағасы Оспан тек Алматы қаласының айналасында өсетін 10 мың өсімдіктің түсін түстеп, қазақша атауын атап берген екен. Өкінішке қарай, Жағда атамыз қайтыс болған соң, ол кісінің мұрағатындағы құнды деректер зерттеушілер назарынан тыс қалып келе жатыр. Егер мемлекеттік құзырлы мекемелер қызығушылық танытып, оны жарыққа шығарып, ғылыми айналымға түсіретін болса, бұл тек Қазақстан ғана емес, күллі әлемнің өсімдіктанушылары үшін  зор жаңалық болары күмәнсіз.

             Ерлік Ержанұлы, журналист

 

толығырақ

      Түркістан ХІV-ХVІІІ ға­сыр­ларда Қазақ хандығының астанасы болған, тарихы тым тереңге кеткен әйгілі қала. Оның үстіне мұнда Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қанжығалы Бө­ген­бай батыр секілді атақты ба­ба­ларымыздың сүйегі жатыр. Пойыздан түсіп, қонақүйді бетке алып келе жатқанымызда машина рөлінде отырған жүргізуші жігіт елі­міз тәуелсіздікке ие болғаннан бері қаланың қарқынды түрде дамып келе жатқандығын айтып өтті. Осыдан 30 жылдай уақыт бұрын бұл қалада 80 мыңнан астам адам өмір сүрсе, қазір олардың саны 250 мыңнан асып жығылған екен. Қаланың дамуына 1991 жылы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұ­ра­­жайының ашылуы, мұнан кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы ха­лықаралық университеттің бой көтеруі жағымды ықпал еткен секілді. Өйткені, сол кез­дер­ден бастап қалаға туристер ерек­­­ше ағылып келе бастаған. Түркістан туристер мен студенттер қаласына айналған. Сон­да ойлап қарасаңыз, осыдан мың жылдай уақыт бұрын өмір сүрген бабамыздың қасиетті есімі мен оның басына тұрғызылған тарихи ескерткіштердің өзі бү­гінгі ұрпақтарының тұрмыс-тір­шілігіне айтарлықтай әсер етіп отырғандығын байқауға болады.

       Түркістан қаласына келген адам Қожа Ахмет Ясауи ке­се­несіне бармас бұрын бірінші кезекте оның ұстазы Арыстан баб басына барып тәу етуі қажет екен. Мұны Қожа Ахметтің өзі ұр­пақтарына өсиеттеп айтып кетіпті. Сондықтан қонақүйге келіп орналасқаннан кейін ер­теңін­де таң атысымен қаладан 60-70 шақырым жерде орналасқан Арыстан баб кесенесіне қарай аттанып кеттік.

       Тарихи деректерге қарағанда, Арыстан баб ХІІ ғасырда өмір сүрген көрінеді. Аңыз бойынша, Арыстан баб Мұхаммед пай­ғамбардың елшісі болған десе-ді. Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған кезде бір құрма ыдыс­тан қайта-қайта құлай береді. Сол кезде пайғамбар «Бұл құрма Сізден 400 жыл кейін туылатын мұсылман бала Ахметке тиесілі», деген ішкі дауысты ес­тиді. Пайғам­бар шәкірттерінен құрманы иесіне кім жеткізе ала­тындығын сұрайды. Ешкім жауап бермейді. Пайғамбар сұрағын екінші рет қойғанда, Арыстан баб «Егер Сіз Алла тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз, мен бұл құрманы иесіне жеткізер едім», дейді. Халық аңыздарына және жазба деректерге қарағанда, Арыстан баб Ахмет Ясауиге құр­маны жеткізеді және оның ұстазы болады. Қожа Ахмет Ясауидің Арыстан бабты ерекше құрмет тұтуының бір сыры осында жатса керек.

        Арыстан баб кесенесінде бол­ғанымызда, мұнда келушілер қарасының мол екендігін бай­қадық. Бұл кесене Арыстан баб қабірінің басына салынған. Ол дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Деректерге қарағанда, қабір ба­сындағы алғашқы белгілер ХІІ ғасырларда салынса, ХІV ға­сырда қайта жөндеуден өткізіліп кеңейтіледі. Дәліз қақпа маң­дай­шасына мәрмәр тақта қаланып, оның бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілуі осы тарихи деректі білдірсе керек. Дегенмен, ХХ ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күй­діріл­ген кірпішті пайдалана отырып, кесене қайтадан көтеріледі.

     Жалпы, деректерге қарағанда, кесене әр ғасырларда жөндеуден өткізіліп отырған секілді. Ел тә­уелсіздігі жылдарында Арыс­тан бабтың басына тәу етіп ке­лушілердің көбеюіне байланысты оның айналасы гүлдене түскен. Маңайынан көптеген шағын қо­нақ­үйлер, дәмхана­лар мен дүкендер ашылыпты. Ке­сененің басы да ретке келтірілген.

      Сондай-ақ, кесенеден әудем жерден Асқар Құлыбаевтың демеу­шілігімен үлкен жаңа мешіт бой көтеріпті. Мешіттің айналасы толған жаңа қонақүйлер. Олардың барлығы бұл маңайға ерекше көрік беріп тұр. Қонақ­үйлер қарасының көптігіне қа­рап, мұнда күн сайын еліміздің әр түкпірінен, шетелдерден туристердің ағылып келетінін байқауға болады. Баба басына барып Құран оқытып, садақамызды бергеннен кейін жаңа мешітке де кіріп шықтық. Мешіттің бас имамы Ергөбей Мақсат қажы бұл Құдайға құлшылық ету орнының үш жыл салынып, 2011 жылы 20 мамырда ашылғандығын, қасынан шәкірттер оқытатын медресенің, қонақүйдің қоса салынғандығын айтып берді. Мешіт күмбезінің биіктігі – 24 метр, мұнарасының биіктігі – 33 метр. Көлемі едәуір жерді алып жатыр. Медреседе бұл күндері 16 шәкірт білім алуда екен.

       Арыстан баб кесенесінен қа­лаға қайта оралып кіре бер­генімізде, тағы да халық көп шоғырланған қасиетті мекенге тап болдық. Бұл жерде де бірнеше автобустармен келген туристерді көрдік. Аңызда Қожа Ахмет Ясауидің қызы деп айтылатын Гауһар ана зираты осы екен. Басына жақсы мазар тұрғызылыпты. Мазарға кіргенімізде ақсақал адам амандасып, келген себебімізді білген соң, Гауһар ана рухына бағыштап Құран оқып берді. Ақсақалдың бізге айтқан әңгімесі қызық. Ертеректе еңбекпен түзету коло­ниясындағы мектепте директор болып жұмыс істеген. Мұнан кейін қатты ауруға шалдыққан. Бауыр ісігі. Бұл аурудан жазылып кету көп пенденің пешенесіне жазылмаған. Ақсақал осы аурудан жазылыпты. Өйткені, түнде ұйықтап жатқанда түсінде аян беріледі. Оянғаннан кейін есінен бір сөз шықпай қояды. «Салу керек» деген сөз. Нені салу керек? Өзі де білмейді. Сөйтіп жүргенде Гауһар ана зиратының басын мал таптап жатқандығын көреді. Маған берілген аян осы шығар деп баласының үйін сатып, осы қаржымен зираттың айналасын қоршап, басына шағын мазар тұрғызады. Бұл әрекетін Алла қабыл қылса керек, ауруынан құлан-таза айығып кетеді. Содан бастап Нұрғали Алдабергенұлы ақсақал осы кесене басында келушілерді қабылдап, шама-шарқынша келу­шілерге қолғабысын тигізеді, қа­ра­уылдық қызмет жасайды. Қазір жасы 80-ге таяса да тың екен. Ол кісі бізге тәуелсіздік жыл­­­да­ры бұл мазардың Мәдениет ми­нистрлігінің қаржысымен қайта тұрғызылғандығын айтып берді.

      Ертеңінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бардық. Ол ЮНЕСКО-ның әлемдік мұрасының тізіміне енгізілген екен.

       ХІІ ғасырда өмір сүрген, бүкіл Шығыс халықтарына аты әйгілі көне түркі ақыны, дәс­­түрлі дініміздің негізін қа­лаушы Қожа Ахмет Ясауи­дің басындағы бұл кесене атақ­ты қол­басшы Әмір Темірдің жар­­­лы­ғымен тұрғызылған. Ғи­мараттың кіреберіс есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазудан мынандай сөздерді оқуға болады: «Бұл әулие мекен Алла тағаланың рақымы жауған падиша Әмір Темір көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды… Алла тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!». Осы жазуларды оқығанда падишаның әмірі емес, артында қалдырған осындай игілікті мұрасының ғасырлар бойы жасап келе жатқандығына тәнті болады екенсің.

      Мұнда қорық-мұражайдың алып жатқан жер көлемі 90 гектар мөлшерінде. Қорық-мұражай Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жерасты мешіті, ХІІ ғ.), сегіз қырлы кесене (ХІV-ХVІ ғғ.), Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (ХV ғ.), Шығыс моншасы (ХVІ-ХVІІ ғ.ғ.), Есімхан кесенесі, Жұма мешіті, тағы басқа да археологиялық, тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды. Осының ішінде Ахмет Ясауи ескерткіші – Орта Азия мен Қазақстандағы біздің зама­нымызға дейін сақталған ең зәу­лім күмбезді, қыштан соғылған ғимарат болып табылады. Оның көлденеңі – 46,5 метр, ұзындығы – 62,5 метр, кесене ішінде үлкенді-кішілі 35 зал мен бөлме бар. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты 8 дәлізбен және әртүрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатыр. Солардың үлкендері Қазандық, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, Құдықхана, Кітапхана, Асхана, Көрхана, Мешіт деп аталады. Кезінде атауларына сай келушілерге түрлі қызметтер көрсеткендігі байқалып тұр.

      Мұражай кешенін асықпай бір күн араладық. Кесененің ішін­де жоғарыда айтып кеткен қазақтың атақты хандары мен батырлары, билерінің басында болып тәу еттік. Келуші халықтың барлығы Қожа Ахмет Ясауи баба­мызға, басқа да осында жерленген аруақты ерлерімізге арнап Құран оқытып жатты. Солардың сапына қосылдық. Орталық Қазандық залында орналасқан Тайқазанды көрдік. Пайғамбар жасына келгеннен кейін Қожа Ахметтің жер астына түсіп өмір сүрген, еңбектерін жазған орынды тамашаладық. Мұражай қа­­раушысы Ардақ Бейсенова қарындасымыз біздің арнайы келген журналист екенімізді білген соң ықылас танытып, кезінде, яғни осыдан қаншама ғасырлар бұрын бабамыздың өзі су ішкен құдықтан су әперді. Су сондай таза әрі дәмді екен. Оны рахаттанып тұрып іштік. Қарындасымызға рахметімізді жаудырдық.

       Келесі күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық университетте болдық.

       Елбасы шешімімен қазақ пен түрік халықтарының бауырлас­тық ынтымағының нәтижесінде ашылған университет 300 гектар аумаққа орналасқан екен. Салыстыру үшін айта кететін болсақ, Алматыдағы Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті 80 гектар аумаққа ор­наласқан. Сонда халықаралық университеттің қаншама жерді алып жатқандығын өзіңіз шамалай беріңіз. Мұның 100 гектарына ботаникалық бақ өсіріліпті. Мұндай бақ әзірге Астанадағы Назарбаев Университетте ғана бар. Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің ұйымдастыру және әлеуметтік-мәдени істер жөніндегі вице-президенті Бақыт­жан Мұхамеджанов бізге бұл халықаралық орынның жедел салынуына екі ел ынты­мақтастығының жағымды әсер етіп отырғандығын айтып берді. Түрік ағайындардың құрылыс саласын жақсы мең­гергендігі белгілі. Универ­ситеттің әсем болып салынуына осы жағдайдың пайдасы көп тиген секілді. Түрік жағы бастапқы кезде университет құрылысына 200 миллион доллар қайтарымсыз инвестиция салыпты.

       Бүгінгі күні бұл университетте 5 мыңдай студент квота бо­йынша оқытылады екен. Жалпы, университеттегі студенттердің саны 25 мыңға жуықтаған. Соның 8 мыңы осы Түркістан қаласында оқытылады екен.

       Университет бүгінгі күндері түркітілдес халықтардың ба­уыр­­­ластығы негізінде дамып келеді. Мұнда Қазақстан мен Түркияның ғана емес, соны­­­мен қатар, Ресейдегі түркітіл­дес халықтардың жастары да оқы­тылуда. Қазақстан тарабы жы­лына 200 орынға квота беріп отырады.

       Университетте болып, оның оқу корпустарын, медициналық факультеті мен жеке емханасын, мәдениет сарайын аралап, осында өтіп жатқан түрлі жиындарға қатысқанымызда студенттердің белсенділігін байқап, жағымды әсер алдық. Зікірия Жандарбек, Сапарбек Ергөбеков, Мырзахмет Балаубеков секілді оқытушы ғалымдармен кездесіп, ел мен жер тарихы туралы әңгіме-дүкен құрдық. Осындай әңгімелесу нәтижесінде ясауитанушы ғалым Зікірия Жандарбекпен жаса­ған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз және оның тарихи мұралары ту­ралы «Түркі руханиятының темірқазығы» деген сұхбатымыз осыдан біраз бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып, оқырмандардың лайықты бағасына ие болды. Ол сұхбатты бірқатар облыстық газеттердің орыс тіліне аударып, жариялап жатқандығын естіп жатырмыз.

       Сонымен, қасиетті Түркістан жерінде өткен үш-төрт күндік сапарымыз мәнділігімен есте қалды. Имандылыққа бет бұрған, базарларында темекі тартылмайтын, арақ-шараптан арылу үстіндегі түркістандықтар бойы­нан ізеттілікті, сыпайылық пен қонақжайлықты аңғарып, риза болып қайттық.

         Сұңғат ӘЛІПБАЙ,«Егемен Қазақстан»

      АСТАНА – ТҮРКІСТАН – АСТАНА

      https://egemen.kz/2016/06/14/46384

толығырақ

толығырақ

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург:   ЕЛ, ЖЕР және ӨЗІМІЗ

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург.

    – Сұлтанәлі аға, Елбасы жер кодексіндегі өзгертулерге мораторий жариялады. Кодекске енгізілген 4 норма неліктен көптің алаң­даушылығын тудырды? Әлде көп­шілікке заң актілері дұрыс жетпеді ме?

      – Әрине, түсіндірудің жеткіліксіз болғаны рас. Бірақ сонымен бірге басқа да себептері бар деп ойлаймын. Мысалы, біраз мәселе Үкіметтің және оның қарауындағы Экономика министрлігінің жұмысына байланысты. Олар мемлекеттік қызметті бизнеспен, қазақша айтқанда, таза саудамен шатастыратын сияқты. Яғни ондағы жауапты қызметкерлер 1,7 млн гектар жерді аукционға шығарып сатсақ, сөйтіп, одан 2 млрд таза пайда түсірсек болды, басқа ештеңе де керегі жоқ деп есептеген. Әрине, бұл таза бизнестік көзқараспен келгенде өте дұрыс, одан арғысына бас ауыртпаса да болады. Ал сатылатын 1,7 млн гектар жердің бұдан кейінгі жағдайы қалай болады, ол жерді бұрын пайдаланып келген сан мыңдаған халық не ойлайды, жері сатылса қайтіп күн көреді – бұл сұрақ жер сатудың жобасын дайындаған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының да қаперіне кірмеген. Яғни олар халықпен жұмыс істейтіндерін, халықтың мүддесімен санасып, ұсыныс-тілектерін ескеруге тиіс екендіктерін ұмытып кеткен сияқты. Жер мәселесіне қатысты жиында Елбасы мұны жеріне жеткізіп айтты. Жер реформасы жөніндегі комиссия да соған орай құрылды. Дегенмен, комиссияның жұмысы біткен соң не болады? Ең бастысы – осында.
         – Дұрыс айтасыз, ал сонда не болуы мүмкін?! 
        – Басқаларды қайдам, мен, шынымды айтсам, оны өзім де білмеймін. Мысалы, жер сату мүлдем тоқтала ма?! Ол мүмкін бе? Өйткені қазірдің өзінде 1,3 млн гектар жер жекеменшікке өтіп кеткен. Иелері ол жерді кімге сатады, қалай сатады – оны өздері біледі. «Сатпа» деп ешкім де айта алмайды. Өйткені қазіргі заң сондай, сыпайылап айтқанда, біз – нарықтық, ал шындығында капи­талистік қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұндай қоғамда бәрі де сатылады. Жоқ, әлде біз бұл қоғамды өзгертіп, баяғы социализмге қайта өтеміз бе? Сөйтіп, жекеменшік жерді, басқа да дүниенің бәрін конфискелеп, мемлекет меншігіне қайтарамыз ба? Маған осы жағы анық емес. Жер дауына бай­ланысты айтылып, жазылып жатқан әңгімелердің біразын қарап, танысып шықтым, бірақ солардың еш­қайсысынан да дәл осы сұраққа нақты жауап алу қиын. Барлық әңгіме, негізінен, айналып келіп жерді сату керек пе, жоқ па; жалға берген дұрыс па, бұрыс па дегенге тіреле береді. Ал бүгінгідей нарықтық қоғамда өмір сүріп отырып, мұндай мәселені талқыға салудың өзі түсініксіз. 
        – Демек, сіз жерді жекеменшікке сатуға да, жалға беруге де болады деп есептейсіз. Солай ғой? 
      – Менің бұған да күмәнім бар. Үкімет пен оның жер жөніндегі мекемелерінің бүгінгі ұстанымы, жоғарыда айтқанымыздай, жерді жекеменшікке сатсақ немесе шетел­діктерге жалға берсек, бәрі де өз-өзінен реттеліп, тамаша болып кетеді дегенге тірелетін сияқты. Бірақ бұған да сену қиын. Мысалы, сонау тоқсаныншы жылдары тура осыған ұқсас әңгімелер айтылды. Яғни біздің сол кездегі ауыл шаруашылығын жүргізу жөніндегі саясатымыз дұрыс емес, бұдан әрі даму, өркендеу үшін енді нарық заңдылығына бейімделіп, жекешелендіруге көшейік дедік. Сөйтіп, колхоз-совхоздарды таратып, жерді де, малды да жұртқа бөліп бердік. Ал содан не шықты? Сол кезде қаптап жүрген мал қазір қайда кетті? Бұрынғы астық, көкөніс өсіп жатқан жердің басым көпшілігі неге бос қалды? Мұндай жағдайлар үлкенді-кішілі қалаларда да орын алды. Мысалы, жекешелендіру нәтижесінде Алматы, Астана сияқты қалаларда тұрғын үй мен үй салатын жерлердің бағасы барынша шарықтады. Сөйтіп, қарапайым тұрғындардың баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі қиындады. Ал қазір жерді жекеменшікке сатқаннан, жалға бергеннен кейін тағы да осындай жағдай қайталанбай ма? 
        – Яғни сіз жерді сатуды да, сатпауды да қолдамайсыз. Ал бұдан өзге қандай жолы бар. Не ұсынасыз? 
        – Басқа бір жолын тауып, керемет ұсыныс жасаймын деп айта алмаймын. Дегенмен, ең алдымен жерді сату, не сатпау деген мәселені емес, басқа жағдайды анықтап алу керек деп есептеймін. Мысалы, қазіргі кезде Қазақстан керемет дамып, өсіп, өркендеуде дегенді күнде айтамыз. Және ол – шындық. Жиырма жылға да жетпейтін аз уақытта Астана сияқты әсем қала дүниеге келді. Алматыдан бастап, өзге қалалар да осылай жаңарып, жасаруда. Әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салалар да оң өзгерістер бар. Ал осылармен салыстырғанда, ауыл шаруашылығы айтарлықтай кенже қалған. Мысалы, біз жайылымдық жердің көлемі бойынша дүниежүзінің ең алдыңғы қатарынан орын аламыз. Ал сол жайылымның мөлшеріне сәйкес қанша мал өсіріп жат­қанымызды есептесек, жұрттың ең соңында тұратынымыз анық. Бұл жөнінен, басқаны былай қойғанда, іргеміздегі Моңғолияның өзі бізден әлдеқайда озып кеткен. Олардың жері төрт түлікке толы. Қойларын сонау араб елдері ұшаққа тиеп әкетіп жатады. Ал біздің жеріміз Моңғолиядан әлдеқайда кең, жайылымдарымыз әлдеқайда мол, құнарлы, сөйте тұра, айналдырған 17 миллион халқымызды мал өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай, еттің біразын сонау Латын Америкасынан тасимыз. Бұл, жалпы, адам ұялатын жағдай!
      Егіншіліктегі жағдайымыз да осыған ұқсас. Егістіктің жалпы көлемі бойынша дүниежүзінің ең алдыңғы қатарынан орын аламыз. Ал сол егістіктің әр гектарынан алынған өнім бойынша әлемнің ең соңғыларының бірі екенбіз. Көкөністің көбін көрші Қырғызстан­нан, Өзбекстаннан тасимыз. Алманы Қытайдан әкелетін болдық. Ал сонда мұндай құлдыраудың себебі неде? 
     Жерді сату, сатпауды шешу үшін ең алдымен осы мәселелердің себебін нақты анықтап, соған орай қажетті іс-шараларды қолға алу керек. 
        – Ол қандай шаралар? 
       – Тағы да қайталап айтамыз, жерді сату, сатпау – ең басты мәселе емес. Біз жерді игере аламыз ба, өзгелер сияқты маңдай терімізді төгіп, жанымызды салып еңбек істеп, жерден дұрыс өнім алу қолымыздан келе ме – ең басты мәселе осында. Ал егер бұл қолымыздан келмесе, онда жерді жекешелендірсек та, жалға алсақ та, тіпті дүниедегі ең мықты инвестор әкелсек одан айтарлықтай нәтиже шықпайды. Бұл бүкіл адамзатқа белгілі, дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Осыған орай төмендегідей екі мәселені қолға алу керек деп есептеймін.
       Біріншіден, жер туралы мәселе көтерілгелі әңгіме заңға, яғни Жер Кодексіне келіп тіреле береді. Ал бірақ жер мәселесі тек заңды жетілдірумен ғана шешілмейді. Егер жүзеге асыратын нақты тетіктері болмаса, заң қандай мықты болса да ойдағыдай орын­далмайды. Соған орай, Қазақстан Үкіметі жер реформасы жөнінде, нақтырақ айтқанда, ұлан-байтақ жерімізді тиімді пайдаланып, егістіктер мен жайылымдарды дұрыс игерудің бүгінгі заманға сәйкес, ғылыми және тәжірибелік жетістіктерге негізделген нақты жоспар-бағдарламасын жасауы керек. Бұл жоспар-бағдарламада әр облыс, әр өңірдің жер жағдайы, ауа райы мен табиғи ерекшеліктері, жергілікті халықтың шаруашылық-кәсіби бейімділіктері де жан-жақты ескерілгені жөн. 
       Үкімет деңгейінде жасалған осындай құжатқа сүйене отырып, әр аудан, әр ауылдық әкімдіктер өздеріне қарасты жерді дұрыс игеріп, тиімді пай­даланудың жоспарын дайындауы тиіс. Айталық, кез келген ауыл әкімдіктерінде қанша егістік, қаншама жайылымдық жер бар, оның қаншасы жекеменшікте, қаншасы жалға берілген, олар қалай игерілуде, ал пайдаланылмай бос жатқан жер қанша – осының бәрі қағазға түсіп, сызба-картаға салынып, соқырға таяқ ұстатқандай кез келген уақытта көруге, тексеруге болатындай ап-анық болып тұруы керек. Соған орай, ауыл әкімдіктері жергілікті халық­пен және тиісті жоғары орын­дармен келісе отырып, жақсы жұмыс істеп жатқан шаруа қожа­лықтарын қолдау, дұрыс пайдаланылмай жатқан жерлерді өзгелерге жалға беру немесе сату сияқты мәселелерді ашық, жариялы түрде шешіп отыруға тиіс.
      Жақында белгілі ғалым Оразалы Сәбденнің Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты мемлекеттік бағдарлама жасау жөніндегі ұсыныстарымен танысып шықтым. Егер ғалымның осы ұсынысы қолдау тапса, ауыл шаруашылығында айтарлықтай оң өзгерістер болар еді. Ал нақты, айқын жоспар-бағдарлама жасалмаса, бұдан бұрынғы жекеше­лендірудегі жағдайды қайтадан бастан кешіріп, арада біраз жыл өткен соң тағы да қазіргідей у-шу болып, 75 адамнан комиссия құрып, жер мәселесін тура осылай талқылап жатуымыз әбден мүмкін.
        – Ал жер реформасына қатысты ескерілуге тиіс екінші маңызды мәселе қандай? 
       – Екінші мәселе қалың көпшіліктің, яғни бүкіл халқымыздың жерге деген көзқарасына, қарым-қатынасына байланысты. Бұл ретте, жұртшылықтың жер туралы қазіргі әңгімеге барынша белсенділікпен араласып, алаңдау­шылық танытуы өте орынды әрі түсінікті. Дегенмен, халқымыз жерді дұрыс игеріп, тиімді пайдалану мәселесінде де осындай жаппай белсенділік, ерекше ықылас танытса дейміз. Бұл жөнінде ойландыратын біраз мәселе бар. Ашып айтқанда, біздің халқымыз өз жерін дұрыс пайдалануда, әсіресе, диқаншылықпен айналысу ісінде біршама кейін қалған. Мұны мойындау керек. Мысалы, Алматыдан пойызға отырып, республикамыздың кез келген бағытына жол жүріп көріңіз, сонда ұшан-теңіз жердің басым көпшілігінің егін егілмей, бос жатқанын анық байқайсыз. Ауылдардағы үйлердің басым көпшілігінің есігінің алдындағы жерге де кетпен тимеген, құр шаңы шығып жатыр. Ал шекарадан өтсеңіз болды, ар жағындағы Қырғызстан мен Өзбекстаннан да, Ресей мен Қытайдан да бос жатқан жерді емге табу қиын.
      Ал сонда біз жерді өзгелер сияқты неге дұрыс игере алмаймыз? Мұның себебін сұрасаңыз, жергілікті ағайындар үкіметті, аудан, ауыл әкімдерін кінәлаудан бастап, «жеріміз шөлейт, су жетіспейді, биыл жаңбыр дұрыс жаумады, көктем кеш шықты, күн ыстық болды» деген сияқты неше түрлі сылтау айтады. Осындай әңгіме естіген сайын Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Тұрфан деген жер еріксіз көз алдыма келеді. Шетсіз-шексіз мыс тақыр, бір тал қылтанақ өспейді. Міне, сол жердің халқы көз ұшындағы таудан суды жердің астын үңгіп қазып жеткізіп (үстімен әкелсе, ыстықтан бу боп ұшып кетеді) дүниежүзіндегі ең қымбат жүзім өсіріп, бай да бақуатты өмір сүруде. Израиль мемлекеті де, негізінен, тастақ жерді гүлдендіріп отыр. Ал Қа­зақстанның кез келген жері олармен салыстырғанда әлдеқайда бай да құнарлы. Басқа халық болса мұндай бай да құнарлы жерді ешкімнен ештеңе сұрамай, егінін де егіп, малын да өсіріп, әлдеқашан гүлдендірер еді. 
     Тіпті ауылда тұратын қазіргі қазақтардан бұдан жетпіс-сексен жыл бұрын өмір сүрген кешегі қазақтар әлдеқайда мықты болған сияқты. Мысалы, сонау отызыншы жылдардағы колхоз алғаш құрылған кезде жұрт ешқандай техника да, үкіметтен көмек, қолдау да жоқ екендігіне қарамастан, қол кетпенмен 20-30 шақырым канал қазып, екі жағын егінге толтырған. Шет жағасын бала болсақ та көрдік, біздің әке-шешелеріміз бен олардың заман­дастары ауылда ешқандай электр шамы жоқ, жол да, тіпті жөні түзу үйлері де жоқ, қысы-жазы көшіп-қонып жүріп-ақ ауылдағы малды жетпіс-сексен мыңға жеткізіп еді. Ал қазір ауылда тас жол да, электр жарығы да, сәнді үйлер де, күні-түні сериал көретін заманауи теледидар да – бәрі бар, тек баяғы қаптаған мал мен қалың егін жоқ. Сонда біз бос жатқан ұлан-байтақ жерімізден ешқандай пайда көрмей, құр шаңын шығарып, осылай қарап отыра береміз бе? Тіпті өз киімімізді өзіміз тігіп кие алмаймыз. Аяғымыздағы шұлығымыздан бастап, басымыздағы қалпағымызға дейін қытайдан, қырғыз­дан келеді. Сөйте тұра, біз керемет халықпыз деп мақтануға бейімбіз. Неге?
      Жер туралы сөз болғанда, ең алдымен осы мәселе ескерілуге тиіс. Бірінші кезекте халқымызды ауылдық жерлерге тұрақтандырудың жолдары мен мүмкіндіктері нақты қарастырылуы керек. Яғни қалың көпшілікті өз жеріне өзі ие болып, жан аямай еңбек етіп, дұрыс пайдалана білуге бейімдеу қажет. Бізде осы жағы жетіспейді. Керісінше, ауылда жұмыс жоқ деп, қалаға көше жөнелу кең етек алған. Бірақ олардың қалаға келіп те жарытып жұмыс істеп жатқандары шамалы. Тау қопаратындай небір атпал азаматтар әр жерде күзетші болып немесе басқадай ұсақ-түйек жұмыстармен айналысып жүр. Бюджеттік мекемеде істемегендіктен, табыстары төмен болғандықтан, қаладан ешқашан баспана да ала алмайды; сөйтіп, бүкіл ғұмырлары үй жалдап, кім көрінгеннің босағасында жүрумен өтеді. Осындай да өмір бола ма? Ал егер осы азаматтар ауылда қалып, егін егіп, мал өсірумен айналысса тіршіліктері мүлдем басқаша болмас па еді?!
      – Халықты жер игеруге ынталан­дырудың жолдары қандай деп есептейсіз?
        – Оның жолдары көп, бәрін айтып шығу мүмкін емес. Мен тек ерекше маңызды деп санайтын бір-екеуіне ғана тоқталайын. Ең алдымен айтарымыз, Қазақстанның ең басты байлығы, қазіргі ойлап жүргеніміздей мұнай да, газ да, тіпті уран да емес; ең негізгі байлығымыз – жер, су. Дүниежүзінің бәрінде жер мен су болса жұрт егінін егіп, малын өсіріп, күндерін көріп, жақсы өмір сүреді. 
      Сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысып, егін егіп, мал өсіру де үлкен өнер, ерекше мамандық. Бұл маман­дықтың қыр-сырын терең игеріп, жан салып, қызыға, ықыластана айналысу керек. Қиындығы кездессе төзе білу де қажет. Бір сөзбен айтқанда, жерімізге ие болып, жұрт қатарлы ел болу ең алдымен өзімізге байланысты. Бірақ бізде жұртты, әсіресе, жастарды осындай еңбекке бейімдеу жетіспейді.
       – Еңбекке бейімдеу үшін не қажет?
       – Мұндай жұмыстарды ең алдымен мектептен бастауымыз керек. Жасыратыны жоқ, бізде мектеп бітірген жастардың бәрінде түгелдей жоғары оқу орнына – институтқа, университетке түсіп, жоғары білім алу керек деген ұғым-түсінік қалыптасқан. Бұл – түбегейлі қате. Мемлекеттің іргетасын нығайтып, экономикасын күшейтетін басты күш – арнаулы орта білімі бар мамандар: қарапайым құрылысшылар, жұмысшылар, диқандар, малшылар. Мұндай мамандар неғұрлым мықты болса, ол елдің экономикасы да соғұрлым тез дамиды. Соған орай, өркениетті елдердің бәрі арнайы орта білімді мамандар дайындауға айрықша көңіл бөледі. Мысалы, Жапонияда орта мектепті бітіргендердің 30-40 пайызы ғана жоғары оқу орындарына түседі. Қалғандары арнаулы орта маман­дықтары бойынша жұмыс істейді.
     Ал бізде мектеп бітіргендердің бәрі жоғары оқу орындарына ұмтылады. Мұндай жағдайда қарапайым жұмысты кім істейді? Біздің күнделікті жейтін тамағымызды кім өндіреді, киімімізді кім тігіп береді – бұл ешкімді де ойландырмайды. Соңғы он бес жылда біздегі білім беру саласында бірі-бірінен өтетін алуан түрлі реформалар жасалынды – міне, солардың бәрі аса дарынды, жан-жақты дамыған, жоғары білімді мамандар дайындауды ғана көздейді. Ал халыққа ең қажетті арнайы орта білім беруге көңіл әрқашан да жүрдім-бардым бөлінеді. Алдағы уақытта бұл мәселе де бір жүйеге түсуі қажет. Ең болмаса шаруа қожалық­тарына егін егіп, мал өсіруді дұрыс білетін жетекшілер мен арнайы орта білімді мамандар дайындау қолға алынса дейміз.
     – Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығында қызмет атқарғаныңызға көп жыл болды. Осыған орай шетел қазақтарының Қазақстанға келіп ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуға мүмкіндіктері бар ма?
    – Ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуда шетел қазақтарының үлкен мүмкіндіктері бар. Мысалы, Өзбек­станда жер өңдеу мәдениеті барынша дамыған. Мұны сол елде тұратын қазақтар да жақсы игерген. Қытайда жер өңдеуге қажетті шағын техникалар жасау да жоғары деңгейде. Бұл елдегі ағайындар осы диқаншылық тәжірибесі мен қолда бар техникасын Қазақстанға әкеліп пайдаланса көп іс тындырар еді. Және қазірдің өзінде олардың біразы шағын тракторлары мен басқа да құрал-жабдықтарын Қазақстанға әкеліп, егін егіп, көкөніс өсіріп, өзгелерге үлгі көрсетуде. Міне, осы ағайындарға Қазақстан тарапынан қандай қолдау жасалуда?!. Оған нақты жауап қайтару қиын. 
         – Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев өткен бір кездесуде сырттан келетін қазақтардың малын бірге алып келгісі келетінін айтып еді. Оған кедергі болып отырған не нәрсе?
     – Қытай мен Моңғолияда қазақтың ежелгі төрт түлік малы жақсы сақталған. Осыларды Қазақстанға әкелсек, еліміздің бос жатқан ұлан-байтақ жері малға толар еді. Оралман ағайындар да малды әкелсек деп армандайды. Бұған Моңғолия да, Қытай да қарсы емес. Мал әкелуге қарсылық Қазақстан жағынан болып тұр. Дәлірек айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Малдәрігерлік қызмет мекемесі бұл елдерде «жұқпалы ауру болуы мүмкін» деген сылтаумен малды шекарадан өткізуге тыйым салған. 
      Бір таңғаларлығы, бізде Америка, Германия сияқты елдерден тауық еті мен сиыр тасуға ешқандай кедергі жоқ. Осыдан бір-екі жыл бұрын сол тауықтардың етінде улы зат бар екендігі анықталып, Еуропада біраз шу шықты. Ал Германиядан әкелген біраз сиырлар жұқпалы аурудан өліп, өртелді. Осыны көргенде, алыс мемлекеттерден күмәнді тауық еті мен ауру сиыр тасығанша, іргеде тұрған елдерден Қазақстанның табиғаты мен ауа райына бейім өзіміздің төрт түлік малымызды неге әкелмейміз деген сұрақ туады. Осыған орай мамандармен сөйлесіп көрдік. Олардың айтуынша, Моңғолия мен Қытайдың малын шекарада бірер ай карантинде ұстап, жақсылап тексеріп, содан кейін өткізе беруге болатын көрінеді. 
     – Биыл жетпіс дейтін белеске көтеріліп отырсыз. Өткен өміріңізге, шығармашылық жолыңызға қандай қорытынды жасар едіңіз?
      – Өз өміріме де, шығармашылық жолыма да шүкіршілік деймін. Ең бастысы, осы жасыма дейін ешкімнен ештеңе сұраған емеспін. Жас күнімнен бастап жанымды салып еңбек еттім, халықтың жағдайына, тағдырына байланысты мәселелерді айтуға, жазуға тырыстым. Және ол айтып, жазған­дарым жерде қалмады, басым көпшілігі бірден болмаса да, біртіндеп жүзеге асты. Солардың біреуін мысал ретінде айта кетейін. Осыдан жиырма бес жылдан астам уақыт бұрын, тәуелсіздік алмай тұрған кезде «Қызыл кітапқа кіретін халық» деген бірнеше бөлімнен тұратын проблемалық мақалалар жазып, жарияладым. Ол кезде Алма­тыда бір-екі ғана қазақ мектебі бар еді. Қазақтардың өз ана тілінен, ұлттық ерекшеліктерінен теріс айналуы, ішкілікке салынып, моральдық жағынан бұзылуы барынша асқындап тұрған. Соған орай, қазақ халқы осы қалпымен тұра берсе, азып-тозып, ұлт ретінде жойылып кетеді деген мәселе көтердім. Және бұл ойымды «Қазақша білмейтін қазақ қай ұлтқа жатады?», «Ілгері баспаған интеллигенция», «Қазақ жеңе ме, арақ жеңе ме?!», «Қазақтан шыққан басшылар қазақ халқын қадірлей ме екен?!» деген тақырыптармен жеке-жеке талдап, дәлелдеуге тырыстым.
     Бұл жазғандарым біреулерге ұнады, біреулерге ұнамады. «Қазақты ұлт ретінде жойылып кетеді деу – жағына жылан жұмыртқалағырдың сөзі» деп өзімді кіналағандар да болды. «Біздің ішкен арағымызда қандай шаруаң бар, неге жайыңа жүрмейсің?» деп ренжі­ген әріптес қаламгерлер де табылды.
      Міне, содан бері заман да, ел мен адам да өзгерді. Соған орай, мен қазір баяғыдай ұлттың жағдайы, тілдің мәселесі, қазақтың түбіне жете жаздаған ішкілік пен басқа да келеңсіз мәселелер туралы мүлдем дерлік жазбаймын. Өйткені қазақ құрып кетеді дегенді қайдан шығардың деп кезінде мені кінәлаған азамат енді одан да он есе арттырып, «Қазақтың басына қауіп төнді, жойылатын болды» деп күнде мәселе көтеріп жүр. Баяғы «Арақ жеңе ме, қазақ жеңе ме?» деген мақалам үшін мені кінәлаған әріптесім енді «тентек суды» біржолата доғарып, жұма сайын мешітке барып, ара-арасында қазақтың рухани тазалығы, салауаттылығы жөнінде жап-жақсы әңгімелер айтып жүр.
       Әйтсе де ең бастысы, бұрын бір-екі ғана қазақ мектебі болған Алматы қаласында қазір таза ана тілінде білім беретін 60-тан астам оқу ордасы бар. Көшеде кездескен қаракөз бүлдір­шіндер түгел дерлік (олардың арасында өзімнің немерелерім де бар) майын тамызып, әдемілеп қазақша сөйлейді. 
      Осыларды көргенде өзімді кәдімгідей бақытты сезінемін. Бір кездегі айтқандарымның жерде қалмай, күн­дердің күні жүзеге асқанын көргенде бойымды ризашылық сезім билейді. Міне, осы тұрғыдан келгенде ел, жер және өзіміз туралы айтқан бүгінгі әңгімемізде елеусіз қалмай, күндердің күні жүзеге асарына шын көңіліммен сенемін.
        – Әңгімеңізге рақмет! Сол сеніміңіздің орындалуына әрқашан да тілектеспіз!

           http://aikyn.kz 

толығырақ

     Әншi тау… Шағыл төбенiң беймәлiм үнi. Қалқан тауының қойнауындағы құм төбе ән салады, сенесiз бе, бiрде гүрiлдеп, бiрде айқайлап, бiрде әдемi әуеннiң қайырымын қайтала-ғандай… Әншi тау… Айғайқұм жұмбақ сырын iшке бүге түседi, қызық-ай, шағыл төбе ән салып жатыр…

     Қара желден бұтақтары дiрiл қаққан төрт түп сексеуiлдiң жанына жеткенде сәл кiдiрдiм. Қарауыта түнергендей өңiрдiң кеспiрi ерте көктемде сұрықсыз бояуға енетiнiн дәлелдейтiндей, әйтпесе, өңменiңнен өтетiн қара суықтан әбiгерге түскен жолаушы айналаға қарап қара күз деп те ойлауы мүмкiн-ау.

      Айғайқұм… Талайды өзiнiң жұмбақ сырымен ынтықтырған шағыл төбе, әншейiнде уiлдеп, беймәлiм әуенiмен тамсандыра, кейде өн бойыңды үрейiмен тiтiркендiрер құм төбе үнсiз, үнсiз, үнсiз, сол жылтылдаған сан түйiршiк алақанымнан сусып төгiледi. Айғайқұмның момақан мiнезiне де таңырқай қарайды екенсiз.

      Құм, қып-қызыл құм сусиды, сол сусып жатып әлдебiр мұңға берiлгендей сыңсып ән салады;

    Құм, қып-қызыл құм сусиды, сол сусып жатып, әлденеге қосыла жарысқандай гүрiлдей айналаны жаңғырықтыра түседi;

      Құм, қып-қызыл құм сусиды, сол сусып жатып, әлдекiмге қырыс қабақ танытқандай айқайлап дауыс көтередi…

    Ендi сол сыңсыған әндi, сол жаңғырық болып маза кетiрер гүрiлдi, сол жүрек дүр­сiлдетер беймәлiм дауысты сағынғандай елегізи iздеп Айғайқұмның басында жападан жалғыз отырмын.

        Айғайқұм… Шағыл төбенiң басына ирелеңдей көтерiлген ойдым-ойдым iздерiм сайрап жатыр. Әншейiнде көсеп қана бiр уыс құм алсаң болды дегбiрi қаша уiлдеп аласапыран күйге түсетiн әншi тау маңғаз кейiпте, түксиген қалың бұлттың астында ағараңдаған қалыпта, желтоқсанның ортасында қоңырқай тартқан өңiрге оқшаулана өң берiп, өзгешелене түскендей. Әдемi суреттi сымбатымен қос үйме құм төбе айналадағының бәрiн өзiне ынтықтыра түскендей. Алабөтен мiнезiне таңырқағанда не, қос қолдап көсей алдым да тағы суырдым, нам тартқан шағыл жылт-жылт етiп марғау сусиды. Тосын мiнез танытар деген үмiт алыстай бердi. Алақанымды қақтым да орнымнан тұрып, iлгерi адымдап төбе басына қарай өрлей бердiм.

      – Мыңбұлаққа ма, әзiлдiң де жөнi бар, –  дедi қағiлез келген ақ құба өңдi жiгiт амандасып жатып, көкшiл көздерiн қадай бәрiмiзге бажайлай қарап алды, – кеше түнде келдiм сол жақтан, оның үстiне Қалқанның желi де құтырынып тұр …

      Александрдың сарғыш шашын тарағыш­таған желге қарсы жүзiмiздi бере тұрған бiз шаңды боранның ыңғайланып келе жатқан кейпiн көрiп, абыржығанымыз анық. Шофер жiгiт соны бiлiп айтқандай, көзiне түскен шашын кейiн қайыра қолымен бастыртып үнсiз қалды.

          – Жүрiңiз, – дедi әлден уақытта барып, – жүрiңiз, осындай кездерге мен тап келемiн, сосын, өтiнiш айтқан кiсiнiң сөзiн далаға тас­тай алмаймын.

         Мана әзiрде қабақ шытқандай болған шофер жiгiт ұзақ үнсiздiктi өзi бұзды. Жоқ, әңгiмешiл екен. Ауылдың жай-күйiн таныс­тырып жатыр. Шаруашылықтың «1 мамыр» бөлiмшесiнен Мыңбұлаққа қарай бұрылғанда жел қарсы алдымыздан ысқырына үдей түскен едi. Желдiң ызыңы күшейген тұста әңгiме де үзiлдi. Жаңбыр мен жел айғыздаған қара жолда машина селкiлдеген қалпы теңселiп алға қарай ышқынады.

          – Бүгiн күн батқанша Айғайқұмға iлiге алмаймыз, – дедi Александр жолдан көз алмаған күйi, – қорықшының үйiне түнделетiп жетсек те жарады, жол тiлiмденiп кетiптi, жылдамдыққа мүмкiндiк бермейтiн де сол.

          – Былтыр жазда ғой Мыңбұлақ жақтағы кардонда отырған шопан ауылына бара жатып, Алтынемелдiң бiр жотасында арқаларына жолқапшық асынған бiрнеше кiсiнi кездестiрдiм, латыш ғалымдары екен. Қолдарында карта, жаяулап тартып барады. Жөн сұрасқанда бiлдiм, осы Айғайқұмды iздеп тау асып кететiн шамасы бар. Сосын, мән-жайды айтып Айғайқұмның оң қабатта қалып қойғанын түсiндiрiп едiм, әлгi карталарына шұқшия ұзақ үңiлiп, соңынан жымия бас шұлғып арқамнан қақты. Ендi, мiне, араға бiраз уақыт салып өзiңмен келе жатырмын, сонда деймiн-ау, Айғайқұмның не қасиетi бар. Жер түбiнен iздейтiндей әлдебiр құпиясы болды ма, шамасы. Мен осы Айғайқұм, Ай­ғайқұм дегеннен басқа ештеңе естiмеппiн. Бiреулер айтады, Айғайқұм құдды адамға ұқсап айқайлайды деп, сонда оның бойындағы нендей сиқыр екен?! – Уiлдеген желге маши­наның маңдайын берiп, шоқалақ жолдан әбiгерге түсiп әбден шаршады ма Александр бiр уақытта осы сауалды қойды.

        Ал мен әлi көрмеген Айғайқұм жайында не дейiн. Тек бiлетiнiм, санкт-петербургтік ғалым-геолог Б.С.Русиновтың құм төбенi зерттеу барысында кездескен оқиғаны көз алдыма әкелдiм. Жер мен ауа арасындағы электр потенциалының айырмасын зерттеп жүрген ғалым шағыл ән салғанда қандай өзгерiс пайда болатынын анықтауды мақсат тұтып осында келедi. Келе салысымен жұмысқа кiрiскен зерттеушiлер бiр-екi күн күтедi, әйтсе де құм өзiнiң құпия мiнезiн бiлдiрмей, жұмбақ күйiнде жал-жал қалпы жата бередi. Әншi құм дегенiмен әлденеше күн бойы өзгерiссiз, дауыс көтерiп не болмаса гүрiлдемейтiнiне таңданып, бiр жағы тағатсыздана отырып, ақыры мынау төбенiң басына шығып көрейiк деп шағылды жiтi қимылмен бетке алады. Ешқандай өзгерiс жоқ, үн қатпайды. Болмаған соң Русинов шағыл төбенiң беткейiндегi құмды қолмен көсей сусытып көредi. Сусыта бастағаны сол, құм төбеде соны күткендей екен. Шағылдың бетiндегi түйiршiктер төмен қарай сусып, гүрiлдей жөнелгенде тәжiрибе жасауды асыға күтiп жүрген мамандар абдырап, не iстерiн бiлмей сасқалақтайды. Тосын құбылыс олар үшiн де үрей ұшырардай едi. Аңтарылып қайда қашарын бiлмеген, жан-жағын бажайлай алмай, тым-тырақай жүгiре жөнеледi. Құм гүрiлдеген сәт төбе басында шағылды қолмен сусытып жатқан геолог айналада не болғанын аңғармай қалады. Дүние астан-кестен, айнала алапат гүрiлге көмiлдi. Құлағы шыңылдағандай ма деген, төс сүйегi мен асқазанының үштасқан тұсы шымылдай ауырып, шыдатпай бара жатады. Осы оқиғадан кейiн лаборанттардың бiрi «тұла бойымның не болғанын бiлмей қалдым», – деп таңданған.

      Сауал тастағанымен жауабын күтпеген Александрға жол бойы осы әңгiменi баян­дағанымда ойланып қалды. Айғайқұмды көз жұмып табамын деп келе жатқан жолсерiгiм баранканы үнсiз қысымдай ұстаған күйi маған жаңа көргендей ауық-ауық қарап қойды. Қас қарайып келе жатыр. Манадан жеткiзбей қойған Қалқан тауы алыстан қарауытты. Ал­ды­мыздағы жол ағараңдап қалыпты, Алек­сандр жарықты жақты.

         Қалқанның бораны уiлдей соғады. Ойдым-ойдым жолда тербетiлген машинаның iшiнде екеуден екеу – өзiмiзбен өзiмiз болдық. Сан тармақталған ой жетелейдi.

       Қалқанның бораны уiлдеп тұр, жол жеткiзер емес. Құлаққа әншi таудың дауысы ызыңдап жеткендей. Бәлкiм, желдiң ызыңы ма, жоқ әлде мынадай айқұш-ұйқыш жолда теңселiп келе жатқан машинаның гүрілi ме – ажырата алмадым. Айғайқұм – әншi таудың үнiндей болып бiр әуен құлақ түбiнде тұрды. Жұмыр жерде өз жұмбағымен құпияланып өн бойына сыр бүккен, сол сырды ашуға шақырғандай үн қатқан әншi таулар, шағыл төбелер, құмды қолаттар көп. Әрқайсысы жайлы әрқалай әңгiме тыңдаушысын жалықтырмайды, айтылар аңыздар желiсi де сан-саққа жүгiртiледi. Құмтөбеге көтерiлгендей аяғыңның астын­дағы шағыл сусып, ысқырады, гүрiлдейдi… әйтеуiр түрлi дыбыс шығарады. Қабул маңын­дағы дiрiлдек тау Рег-Реванның қа­сиетi қызық, сусыма құмдарға табаның тисе болды, әлдекiм барабан соққандай айнала жаңғырыға жөнеледi. Аяқ астындағы құм сусыған сайын Рег-Реван дiрiлдегендей. Дiрiлдеп тұрғандай әсердi жаңғырық байыта түседi. Жергiлiктi тұрғындардың дiрiлдек тау деп атауы да сондықтан болар. Ал, Чили жерiндегi Коппано аңғарында ұлығандай дыбыс шығаратын шоқы Эль-Брамодор деп аталады. Қызыл теңiз жағалауындағы Синай түбегiнде Джебель-Накуг жотасы бар. Оның дыбыс шығару өзгешелiгiне қарай жұртшылық Қоңыраулы тау деп атаған. Жотаға көтерiлгенде бөлтiрiктiң қыңсылындай бiр үн естiледi. Оған төбе басынан қоңыраудың сылдыры қосылады. Сөйтiп Джебель-Накуг – Қоңыраулы тау сыңғырлата қоңырау шалып тұрады. Оны арабтар астында ертеден қалған көне ғибадатхана жасырын жатыр деп түсiндiредi. Жота басынан естiлген беймәлiм үн сол ғибадатхананың адамдар төбеге аяқ басқан сәттен тербелiп дыбыс шыға­ратын қоңырауларының жаңғырығы еке­нiн айтып, дәлелдей түседi. Бұл әңгiмеден кейiн төбе басына шығып көр. Аталмыш ша­ғыл төбелердiң құпия сырын ғалымдар әзiрге тек сан алуан жорамалдармен ұқтырған болады.

         – Мыңбұлаққа таяу жердегi қорықшының үйiне тастаймын, ертең сол қорықшы Әншi тауға өзi алып барар, – деген Александр.

         Мен бас шұлғыдым. Әйткенмен қорықшы үйiнде болмай шықты.

       Екiншi рет Әншi тауға жете алмай жолдан қайтамын ба?! Осы сауал маза бермедi. Айдалаға тастап кетуге Александр тағы қима­ды. Машинаны қайта от алдырды.

         – Мейлi, Айғайқұмды мен де сенiмен бiрге көрейiн, отыр, кеттiк…

      Айғайқұм… Ай астында ағараңдап жатқан қос төбе өздерiн күзеткендей түнере мүлгiген Қалқан тауынан түнде де айрықшаланып жататынын қараңыз. Машинаның моторын өшiргенде желдiң ызыңымен қабаттаса әлдебiр дыбыс жеттi. Тау iшiнде әуездi әуен жаңғырықты. Кейде оны беймәлiм гүрiл көмiп кетiп отырды.

        Әлден уақытта Александр әңгiме бастаған.

      – Бiздiң ауылдың шалдары баяғыда, баяғыда бiздiң бала кезiмiзде айтып,  Айғайқұмға баруға болмайды, онда шайтан бар деп отырушы едi. Шайтан кiмге ұнаған, сол шайтанның мiнезi ұнамай, ақыры құдай осында айдап әкелiп құммен көмiп тастаған екен. Әншi таудан естiлетiн дауыс шайтанның үнi көрiнедi дейтiн. Бала кезiмiзде аузымыздан сiлекейiмiз аға отырып тыңдаған соң әңгiмеге бас шұлғи отырып сендiк. Сенбеске тағы болмайды, өйткенi жата қалып ертегi оқитын бiздер қиял-ғажайып оқиғаның бiр тармағы осы Әншi тауда жатқандай көрiндi. Ал, қазiргi балаларды ештеңеге сендiру қиын, ертегi де оқымайды, – темекiсiн құшырлана сорған Александр үнсiз қалды. Әншi тау құбыладан соққан желмен дауысын сан өзгертiп бiзге сыр айтқандай. Әуезденiп, құбылып тұрып алды да, сәлден соң гүрiлдей жөнелгенде денең тiтiркенiп, айналаға секемдене қарайсың. Бiр уақытта желдiң, Қалқанның желiнiң ызыңынан басқа ештеңе естiлмейдi. Аңтарылып тұрғанда желдiң ызыңын жаңғырыға жеткендей күмбiрлеп әлгiндегi гүрiл қайта көмедi.

     Әншi тау туралы тағы бiр аңыз ойға оралады. Ол аңызды журналист Сахария Бозымбеков «Жас қазақ журналы» басылымында жарияланған «Қыз Мақпалдың әншi тауы» мақаласында әсерлi жеткiзедi:

      – Баяғы заманда осы маңда сендердiң бабаларың, бipaз ел боп тұрды бiлем. Бip күнi шығыстан қаптаған жау келiп, елді шауып, түгелдей тұтқынға алады. Жау қарсы келген адамды өлтiрiп тастап отырған. Құдай дегендi бiлмеген, тiлдерi түсiнiксiз бip жабайы жау болса керек, сол заманда мына Берiкқара жағындағы жердiң бip пұшпағында бip шал мен кемпiр тұрыпты. Олардын бip ұл, бip қызы болады. Ұлының аты – Матай, ал қызының аты – Мақпал едi. Жау тiмicкiлeп жүрiп, әлгi шал мен кемпiрдi ұстап алып кетедi. Аңнан келген Матай әке-шешесiнiң жау қолында екенiн бiлiп, жаудан босатып алмақ болып соғысады. Ақыры, Матайдың аты жараланып жығылғанда, батырды жаулары тор тастап ұстайды да, тұтқындап, шығыстағы елiне алып кетедi. Ал, Мақпалды жау iздеп келгенде, ақылды қыз Берiкқара тауының бip бұрышындағы үңгiрге тығылып, ұстатпай қояды. Сөйтiп, жау өздерi келген шығыс жаққа қарай кетедi. Жалғыз қалған Мақпал мына бүгiнгi «Мақпал» атты таудың оңтүстiк бөктеріндегi шилepдiң түбінен күнде бip бұлақтың көзiн ашып, Iледен құманмен күнiне бip құман құм тасып, Аяққалқан тауының қасына әкеліп үйедi. Әке-шешесi және бауырынан айырылған күннен бастап, ай-күннен жаңылып қалмас үшiн осылай iстейдi. Содан бepi бөктердегi бұлақтарды «Мыңбұлақ» деп, ал мына төмендегi Құмтауды «Әншi құм» деп атайды. Мақпал түске дейiн құмның қасында бiрде күлiп, бiрде мұңайып отырып ән салады.

       Сондықтан да, бұл Құмтаудың қacиeтi талтүске дейiн уiлдеп жылап, құмды шығыстан батысқа қарай үрлейді, ал түс ауа батыстан шығысқа қарай үрлейдi; тек ешқайда көшпей орнында тұрады. Сөйтіп, ару Мақпалдың жылағанын, күлкiсi мен әнiн келтiредi, – деп қария көзден аққан жасын cүpтiптi.Сәл дем алып көңiлiн жинақтаған соң, әңгiмесiн одан әpi жалғай түстi: – Елдi айдап кеткен жау Матайды апарып зынданға салады, оның күшi мен қайратына таң қалысады.

      – Күндердiң бip күнiнде Матайдың әкесi мен шешесi өледі. Матай оларды өз қолымен жерлейдi. Батыр жiгiт бұдан былай көп сөйлемейтiн томаға-тұйық болып алады. Бip күнi Матайдың қолына жүйрiк ат түседi, сол атқа мiнiп бip түнде «ел қайдасың», деп кашады. Артынан жеткен қуғыншылармен бiрнеше рет соғысып, қару-жарақтарын, аттарын тартып алып, алдына салып айдаған күйi бip кездегi өзi бекiнiп соғысқан Қалқан тауларына келедi.

       Қалқан тауларын аралап қараса, бұрын болмаған үлкен Құмтөбе пайда болыпты. Оны көрiп таңғалады. Айнала қарап жүрiп, көзiне адам жүрген болар-болмас бip соқпақ түседi. Не болса да, осы Мақпалдың iзi деп ойлап, Мыңбұлақты аралап, бұрын болмаған көп бұлақтың пайда болғанына таңғалады.

       Матайдың ойына өздерiнiң бала кезiнде ойнайтын Берiкқарадағы үңгiрi түciп, соған барады. Үңгiрге келсе, Мақпал осында екен, тауып алады. Жүзiнiң сынық екенi, шашының ағарғаны көpiнeдi. Ағайынды бауырлар көpiciп, жылайды, өткен өмiрлерiн естерiне алады.

      Мақпалдың бұлақтары мен үйген Құм­тауын күн санау үшiн жасағанына Матай да таңғалады…»

      XIII ғасырдағы италиялық саяхатшы Марко Поло Венециядан Ханбалыққа бара жатып, жол бойы кездескен әншi құм жайлы былай деп жазады: «Ол жақта мынадай да ғажайып бар: шөл далада түнде келе жатып, әртүрлi себеппен жолдастарыңнан қалып қойып, ендi қуып жетуге асықсаң аруақтардың күбiрлескен дауысын естисiң, достарың атыңды атап шақырып жатқандай болады, кейбiр беймәлiм дыбыс өзi естiлген жаққа қарай шақырады». Айғайқұмның ғажайыбы сол, оның жұмбақ сыры үлкен жазушымыз Ғабиден Мұстафинді де қызықтырған, бұл жайында профессор Досмұхамед Кiшiбеков былай баяндайды:

      «Бұл 1957 жылдың шiлдесi болатын. Алматы облысы, Шелек ауданына жататын Iле өзенi жағасындағы «Аяқ қалқан» деген жерде терi, буын ауруларына емдiк қасиетi мол жылы су табылып, соған емделуге ел барып жататын. Бiз де сол жерде болып, азды-көптi ем қабылдап жатқанбыз. Бiр күнi кешкi салқынмен дем алып, әңгiмелесiп отырғанымызда Мәжiкен (М.Е. Бутин) деген кiсi: «Осы жерден онша алыс емес сонау «Орта қалқан» маңында екi құм бар. Ыстық, ашық күнде басына шықсаң болғаны шулайды. Өзiнше ән салып жатқандай. Сондықтан да орысша оны «Поющая гора» дейдi. Бұл бiр табиғат ғажайыбы ғой», – дегендi айтты. «Бүгiн де солай ма?» – дегенiмiзде, «әрине, бүгiн де солай», – дедi. Содан бiздер жатып қолқа салдық. «Сол тауға ертiп барып, бiзге көрсет», – деп жалындық. Ақырында әлгi кiсi көндi. Сонымен күнара моторлы қайықпен келiп, бiздерге балық сататын қайықшымен де келiстiк, баратын кiсiлер де iрiктеледi. Сөйтiп, Ғабиден Мұстафин, Әбдiлда Тәжiбаев, Мәделхан Дәрiшев, мен және жол бастаушымыз Мәжiкен Бутин жолға шығатын болдық.

       …Баратын жерiмiзге әрең жеттiк. Сөйтсек, әлгi тау деп келгенiмiз тiп-тiк, бетiнде бiр тал шөп шықпаған, қызыл-сұрғылт қатар тiгiлген екi киiз үйдей құм екен. Құмды бiреу әдейi шошайтып, үйiп қойғандай. Байқасақ, әлгi «Аяқ қалқан» мен «Орта қалқан» тауының дәл ортасы екен. Ол екi тау бiрiмен бiрi қосылып, тұтас жатқан жоқ. Арасы пышақпен кескендей бөлек. Құмға жеткенде үш ағамыз: «Бiз шаршадық мына сексеуiл көлеңкесiнде дастарқан жайып, отыра тұрайық, сiздер жассыздар ғой, құмға шығатын шығарсыздар», – дедi… Содан құмның бiрiне қайықшы, екiншiсiне бiз – Мәделхан екеумiз шығатын болдық. Бұл күндiзгi екi шамасы едi. Құм тiп-тiк, шығу қандай қиын, төбеден құйылған құм қойын-қонышымызға кiрiп, күйдiрiп жатыр. Бiз де тырбаңдап жылжып барамыз. Анда-санда тыңдап, байқаймыз. Ешбiр шу жоқ, тек аңызақ желдiң ызыңы ғана құлағымызға естiледi. «Дыбыс бар ма?» – деп жердегiлерден сұраймыз, олар «жоқ», – деп жауап қатады. Сөйтiп, бiз жартысынан жоғары көтерiлдiк. Күн шыжып тұр, оның үстiне таудың күнгей бетiнен шықтық, өйтпесе де болмайды, көлеңке жақтан шықсаң құм қызбайды, шуламайды деген. Ендi бiршама ұмтылсақ төбе басына жетуге жақын қалдық. Күн өтiп, қалжырай бастадық. Бiрақ ұят күштi. Мақсат қайтсек те төбеге шығу. Осы кезде төменде отырған ағалар:

        – Жарайды, жiгiттер, түсiңдер, шай iшейiк, – деп шақырды. Соны естуiмiз мұң екен, құмға өрмелеп бара жатқан мен дереу тез қимыл жасап, орнымнан тұрмақ болып едiм, бiр нәрсе дүр ете қалды. Менiң жасағанымды Мәделхан қайталап едi, одан да дүрiл шықты. Бiз сырғып, төмен түспек болдық. Дүрiлге дүрiл қосылып, үлкен бiр шуға айналды…

       Бiз дастарқан басына келiп, шөлiмiздi қандырдық, жүрегiмiздi бастық. Сонда да құм шулап жатты. Содан Ғабең, бұл жағдайды жазамын, – дедi…» Ғабекеңдi тамсандарған табиғаттың тосын құбылысы – әншi тау жайындағы бiр оқиғаны, естен кетпейтiн сол бiр күндi профессор Досмұхамед ағамыз осылай әңгiмелейдi.

      Бiз машинадан түстiк. Жел әлi басылған жоқ. Қайта желдiң екпiнiн әншi таудың гүрiлi үдете түскендей. Гүрiл ме әйтеуiр, жаңғырық па әйтеуiр, әуен бе әйтеуiр – алма-кезек сырнай сазындай болып құбылады. Оған Қалқанның желi қосылып алып елiккендей, елiккендей, елiккендей екiлене соғады. Сондай мынау уiлдеп бiрде, гүрiлдеп бiрде, әуезденiп бiрде ән салып жатқан шағыл төбе­нiң құпиясы неде деген сауал бүйiрден түртедi.

       Әншi тау көп зерттелдi, жұмбақ жайттың сырын ашуға ықыластана кiрiскен ғалымдар түрлi жорамалмен, өз шешiмдерiмен түйiндедi. «Құм түйiршектерi бiрiмен бiрi үйкелiп, соның нәтижесiнде үн шығады», – дейдi ғалымдар. «Сол құм түйiршiктерiнiң аралығындағы ауаға байланысты, құм төмен сырғығанда әлгi ұсақ түйiршiктер арасындағы саңылау кейде азайып, кейде көбейiп отырады. Ауа осы саңылауға бiрде кiрiп, бiрде шығып жатады. Дыбыстың дiрiлдеп шығу себебi сонда болса керек», – дейдi екiншi бiр ғалымдар. Жазушы Владимир Мезенцев Айғайқұмды зерттеген ғалымдардың болжамын осылай екiге бөледi.

         Бұндай болжамдарға барғысы келмеген Я.В.Рыжко өзен жағасынан құм алып эксперимент жасауға кiрiседi. Құмды кептiрiп, шаң-тозаңнан жақсылап тазартқаннан кейiн электрофор машинасы арқылы құмға тоқ жiбередi. Сонда құмнан үн естiледi. Дегенмен, елiктiре түскен табиғаттың тосын құбылысы бар жұмбағын алдымызға жайып салды ма?! Сауал қойып таңданатынымыздай бар екен. Себебi, Айғайқұмнан әкелiнген құм әлгiндей тәжiрибенi мойынсынбады ма, үн қатқан жоқ. Желдiң ызыңына қосылғандай гуiлдеп кеп бергенде, ән салғандай болып әуездi қайырымды қайталап кеп бергенде, ұшақтың ұшар алдындағы дауысына салып гүрiлдеп кеп бергенде – шағыл төбенiң жылдар бойғы жасырып келген құпия сыры ашылды деп қол шапаттап қуанар едi. Шағыл төбенiң шөкiм құмы ғылыми зертханада да тырс етiп сыр ашпады. Ғалымдар бас шайқаған күйi ойға кеттi.

       Әншi тауды алматылық ғылым профессор Павел Иустинович Мариковский көп зерттедi. Осы бағытта нендей нәтиже шығар­ды, соны бiлгiмiз келген ғалымға телефон шалғанымызда, әңгiмеге келген жоқ, бiрден үйiне шақырды. Сонда Павел Иустиновичтiң жұмыс кабинетiне ене бергенiмде таңданғаным бар. Ғажайыбы сол, Әншi тау қарсы алдымда тұрғандай таңырқап, есiк аузында тұрып қалыппын. Ғалым күлiмсiреген күйi төрге шақырғанда барып, сурет екенiн бiлдiм. Зерттеу бiр басқа да, Әншi таудың суретiн сол қалпында полотноға түсiру екiншi нәрсе ғой.

      Айғайқұм… Шағыл төбенiң басында тұрмын. Өзiнiң өзгеше мiнезiмен ынтықтырған әншi тау қытымыр суыққа мойынсынғандай үнсiз жатыр. Табиғаттың ғажайып құбылысы ретiнде талайдың таңдайын қақтырған қос үйме құм. Тау мен даланың төсiнде өзгеше сұлулықты сездiргендей әдемi әсерде қалдырар қызық бiр көрiнiс.

         Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы

         https://egemen.kz/2016/05/25/41985

толығырақ

Oko

     Қараспан – ауыл. Қараспан ауылы екі өзеннің: Бадам және Арыстың тоғысқан жерінде орналасқан. Аспанмен таласқан деген ұғымда айтылған және де Қараспан төбесі орналасқандықтан айтылған болу керек. Ауыл аумағында орналасқан төбелердей «Қарауыл төбе» белгі беретін төбелердің бірі болған. Ертеде үлкен қала болғандығын дәлелдейтін құмыра қалдықтарын профессор В.Подушкин зерттеген. Бұрыннан Қараспан атымен белгілі болған, бірақ XIX ғасырдың 90-шы жылдары Ресейден келген орыс көпестерінің қоныстануымен Обручевка аталған. Кеңес үкіметі кезінде «Жаңа тұрмыс» ұжымшары ұйымдасты, кейіннен «Қараспан» ұжымшарының орталығына айналды. Бүгінгі күні еліміз тәуелсіздікке ие болған соң, ертедегі атауы қайтарылып беріліп, Қараспан ауылы деп аталды.

      Батырата – ауыл. Тарихи тұлғалардың бірі: әрі әулие, әрі адал, ірі батыр Батыр ата есімді бабамыз болған екен. Бабамыз ұрпағына елін, жерін, діні мен ділін жан аямай қорғауды аманаттап, көркейіп өсіп-өнуді өсиеттеп кеткен. Кеңес уақытында Қараспан ауылдық Кеңесіне қарасты Қараспан учаскесінің атын өзгерту үшін Батыр ата есімін беруге ұсыныс берген ауыл тұрғындары осылай айтады.
       Көлтоған – ауыл. «Көлтоған» ауылы атауы «судың құймасына бөгеу болған жер» деген ұғымды білдіреді. Көлтоған ауылы кеңшар құрылғанға дейін «Новый мир» ұжымшары, ал ауылдық кеңес «Көлтоған» атанған. 1954 жылға дейін Арыс өзенінен Қазына арыққа 1923-25 жж. австриялық тұтқындарға салдырған, су шығаратын бөгет болушы еді. Ондай бөгетті қазақтар тоған деп атаған ғой. Сол бөгет тоғанның жоғарғы жағы көл болып жайылып жататын. Содан ауыл Көлтоған деп аталған. Бұл мағлұмат Бектөре Оспанұлының «Ордабасы оттары» газетінде 1992 жылы 8 қыркүйектегі басылымында жарыққа шыққан «Қосарым бар» атты мақаласынан алынған.
      Ақжар – Арыс өзені бойындағы төбенің атауы. Ақшыл болып көрінетіндіктен «Ақжар» аталған.
      Ыбырай жар – Арыс өзенінің солтүстік жағалауында орналасқан. Кенесары ханның немересі Ыбырайдың ауылы отырған жер.
        Жарты төбе – Арыс өзенінің жағасын су шайып, төбенің жартысы қалғандықтан аталып кеткен.
        Мамай төбе – Көлтоған ауылының шығысында орналасқан. Бұл атауға байланысты екі түрлі аңыз бар. Біріншісі: орыс­тар Көлтоған жеріне келмей тұрып, бұл жерде қоңырат алғи руының аққөңілдік деген тармағының ауылы болған. Сол ауыл Мама би жерленген мазар төбенің батысында орналасқан. «Мамай төбе» сол Мама бидің есімін аталып кеткен деседі. Екінші аңыз: «Қарасай қазы» жырындағы Орақ-Мамай (Орақ батыр, Мамай хан) атынан қойылған деседі. Осы Мамай селосына 1930 жылы колхоздастыру кезеңінде кілең орыстар қоныс тепкенін жоққа шығара алмаймыз. Ертеректе «Мамаевка» селосы деп аталған. Осындағы 4 жылдық мектеп бір кезде Мамай деген орыстың атынан қойылғанын ауыл тұрғындары растайды. Көлтоған ауылында орналасқан діни, киелі жерлер жайлы аңыз әңгімелер көп.

    Жайылма – ауыл. 1978 жылы Бөген ауданының құрамына жаңадан Көкарал кеңшары енгізілді. Бұрын Қ.Сыпатаев кеңшарының құрамында болған. Көкарал ауылы 6 бөлімшеден құрылған. Соның бірі болып, 1985 жылы Жайылма ауылы Көкаралдың батысын ала орналасқан. Қазіргі кезде бұл ауылда 57 отбасы тұрады. Ауылда бір бастауыш мектеп, дәрігерлік пункт бар. Ауылдың Жайылма аталу себебі, мұнда төрт көл болған, көлдің суы жайылып жатқан жері болғандықтан, Жайылма деп аталған, – дейді кариялар. Табиғаты аң-құсқа бай, түлкі, қарсақ, кырғауыл, т.б. көптеп кездеседі. Төрткүл елді мекенінің шығысында екі Қызылжар ауылы бар. Бірі Бәйдібек ауданына карасты, екіншісі Ордабасы ауданына қарайды. Екі Қызылжардың арасын 1957 жылы қазылған Арыс-Түркістан каналы бөліп ағып өтеді. Осы каналдың шығысына орналасқан (Бәйдібек ауданына қарайтын) Қызылжар ауылының маңында қызыл қиыршық тастардан, саз балшықтан тұратын ұзыннан-ұзақ созылып жатқан жарқабақтар бар. Бұл жарқабақтар бір кездерде арнасы толып жатқан Арыстанды өзенінің табиғатқа тигізген әсері. Кім біледі, баяғы замандарда суы мол болған, жағасы ну түйе қамыс өскен соң, өзеннің бойында арыстандар көп болып, сондықтан Арыстанды атанған шығар. Осы Арыстанды өзенінің бойына қоныстанған ата-бабаларымыз әлгі Арыстанды өзені жасаған қызыл жарқабақтарға қарай, өздері қоныстанған жерді Қызылжар атаған болуы керек. Қазіргі кезде Арыстанды өзені жоқтың қасы, оны халық жай арна дей салатыны өтірік емес. Ал қызыл жарқабақтар әлі күнге дейін қып-қызыл болып жатыр.
    Төрткүл – ауыл. Төрткөл аумағында XX ғасырдың 20-30 жылдарында бар естеліктерде, 1927 жылы Ленин, Еңбекші, Қызылжар, Қосарық, Қарақұм, Қызыл Ту, Көктөбе, Ортақшыл үжымшарлары құрылып, бұл ұжымшарлардың барлығы 1930 жылдары Төрткөл селолық кеңесіне бағындырылған. Төрткөл және Төрткүл-атауына қатысты бір ауызды пікір жоқ. Төрткүл селолық кеңесінде бірнеше жыл есепші болған Мамырбеков Мырзахан «Төрткүл» атауын тоғыз жолдың торабы, Төрткүл дүниенің төрт бағыты деген мағынадан туса керек деп, өз сөзіне Төрткүлде бірнеше бағыттағы жолдардың түйісуін дәйек етеді. Төрткөл атауы ауыл төңірегінде төрт көл болған дегенге саяды. 90 жастағы Айтжанов Әсілбай ақсақал төмендегі 4 көлді атайды: Шәуілдір жақтағы көл, Қосарық жақтағы көл. Қызыл Ту жақтағы төбе жанындағы және Дерменесай ұжымшары маңындағы көл.

        «Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

    http://anatili.kazgazeta.kz/?p=37109

толығырақ

Ogem

         
        Көктөбе – ауыл. Ауылдың маңындағы төбе – көктемде, жазда көкпеңбек болып тұрады екен. «Көктөбе» ауылы сол төбенің атымен аталған. Кеңес өкіметі кезінде бұл ауыл «Голощекин» ауылы деп аталған. 1933 жылдан бастап, ауыл ақсақалдарының ұсынысымен Көктөбе деп байырғы атауына өзгертіліпті.

      Қажымұқан – ауыл. Қазіргі Қажы­мұқан ауылы 1928 жылға дейін №8 ауылы деп аталып, аумағы Найманарықтың үстіңгі бетінде, Арыс өзенінің түстік бетіндегі Күнтиместің жанынан Шұбар ауылына дейін созылып жатыр. 1964 жылға дейін бұл өңір Арыс ауданына қарасты болған. Ленин туы ұжымшары атанып, кейіннен Бадам, содан кейін Қажымұқан ұжымшары бөлімшесі болды. Ауылдың атауы 1999 жылы 28 сәуірде «Зерделі» етіп өзгертілді. 2001 жылдың 27 қыр­күйегінде тұрғындардың ұсынысы қайта қаралып, Қажымұқан ауылы болып қайта аталды.
      Қызыл сеңгір – ауыл. Ауыл Боралдай өзенінің батысында орналасқан, жері құнарлы, өзен бойы ну тоғайлы, қамысты.Ерте кезде Боралдай өзенінің екі бетінде, әсіресе күншығыс жағында биік қызыл қошқыл тік жарлар болған екен. Оны ұзақтар мен биікке ұшатын кұстар мекендеген. Сол себептен ауылды Қызыл сеңгір деп атаған. Кейінгі Кеңес уақытында «Социалистік қоғам» болып өзгерген. Сол ауылды гүлдендіріп, дамытуға үлес қосқан азаматтар оның өз атын кері қайтаруға атсалысқан. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, ауылдың ежелгі аты қайта оралды.
      Қалаш – ауыл. 1929 жылы Түркістан-Сібір теміржолы салынып, жол бойын ел мекендей бастаған. Мұнда адамдардың тұруына ыңғайлап кепелер қазылып, қыштан қаланып, тұрғын-жай етіп жасаған үйлер болған. Сол себептен, бұл жердің аты «Қалаш» аталып кеткен дейді көнекөз қариялар.
      Теспе – ауыл. Теспе ауылы Бөржар өзенінің жағасына Шымкент-Арыс жолына 2 шақырым жерде орналасқан. Теспе аталу себебі, 1895 жылы өзен суын қырдағы ауылға 6 шақырым жерден бірнеше құдық қазып, олардың астын жалғап, ауылға су апарған. Ауылда 100-ге жуық отбасы бар. 2000 жылға дейін бастауыш мектеп болған. 2001 жылы қосымша мектеп үйі салынып, негізгі мектепке айналды. Ауыл тұрғындары мал өсіріп, егін егеді. Суы мол, ну тоғайы бар.
       Ұялыжар – ауыл. Ауыл Бөржар өзе­ні­нің бойына орналасқан. Жері сұр топырақты, қыратты. Егіндік жерлері, негізінен, Бөржар өзені бұлақтарының бастауымен, шайынды сумен суарылады. Айналысатын кәсіптері – егін шаруашылығы, құс және мал өсіру. Ұялыжар ауылында 400-ден аса отбасы тұрады. Ұялыжар аталу себебі, Бөржар шатқалында түрлі құстардың, үлкен жарға ұя салу себептерінен болуы керек, XVII ғасырлар шамасынан бері аталған екен.
     Аққойлы – ауыл. Аққойлы ауылы, негізінен, қазақтың Аққойлы руының атымен қойылған. Кеңес уакытында Бадам, Қажымұқан ұжымшарының құрамында болып, кейіннен Шұбар аумақтық әкімшілігіне қарайтын болды. Ауылдың шығыс жақ беткейінде Орта Азия, Үндістан сәулет үлгісінде ерекше әсемдікпен салынған тарихи ескерткіші «Аққойлы медресесі» бар. Ауыл қарияларының айтуынша, бұл ғимараттар 1803 жылдары салынған. Аққойлы тарихи сәулет ескерткіші кезінде діни және қоғамдық мәдени өмірдің қайнап жатқан ордасы болған. Мейрам күндерінде базар өтіп, бәйге, күрес секілді жарыстар өткізілген. Әр жексенбі сайын базар болғандықтан, бұл орын «Имам базар» деп аталып, кейін осы маңайдан ағып өтетін бұлақтар атына байланысты «Көмеш», сәл кейін ру атына байланысты «Аққойлы», «Ақын мешіт» деген аттармен тұрақтанды.

      «Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

         http://anatili.kazgazeta.kz/?p=36841

толығырақ

      Қазіргі кезде қазақ жеріне қатысты мәселе қоғамымызда қызу талқыланып жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы бүгін өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясы барысында бұл жөніндегі берік байламын білдірді. «Жер – ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы – халықтың меншігі» деп түйіндеген Президент пікірі көптің көңіліндегі түйткілді тарқатып, күмәнді сейілткендей.

       Ел мен жер ұғымын ешқашан бөле-жара қарамайтын Елбасының бұл тақырыпта сөз сабақтауы, әрине, бірінші рет емес. Осы орайда, Ақорда баспасөз қызметі Фейсбук пайдаланушылары назарына Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ жері туралы түрлі кездерде айтқан қанатты сөздерінің топтамасын ұсынды.
***
Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер.
***
Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы.
***
«Көшпелілер» мал жайып өткен жерінің бәрін өздерінікі санай берген» дейтін сандырақты ғылыми тұрғыдан әшкерелеу шарт.
***
Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да – біздің жұрттың мойнында.
***
Жер жақындығы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды. Жер тағдыры – ел тағдыры.
***
Жер абаттанса, ел абаттанады.
***
Қазақтың кең байтақ жерінде аңызға айналмаған тұс тіпті аз, бәрі де қастерлі өлке, қасиетті мекен.
Жерден өткен байлық жоқ: жер болса – ел болады, ел болса – ер болады.
***
Құдай қазаққа қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, асты-үстін толтырып кен берген, мейірбан, ақ көңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген.
***
Қазақтың қасиетті жерінің асты да – байлық, үсті де – байлық.
***
Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!     

толығырақ

Ителгі

     Ителгі – саятшылыққа қолданылатын сұңқартектес қыран құс. Мойны ақжағал, қанат-шалғылары денесіне қарағанда ұзындау. Сыртқы түсі сарышұбарлау болып көрінеді. 
    Қазақ аңыздарында ителгі – «диірмен тасын теуіп сындырыпты» деп дәріптелетін, аты аңызға айналған жыртқыш құс.

       Ол өзі қорек ететін құстарға көзілес­пес жылдамдықпен шүйіліп келіп, теуіп түсіреді. Тепкісінің қаттылығы сонша­лықты тепкен құсының топшысын үзіп жібереді. Ителгі ұшып жүрген маңдағы ірілі-ұсақты қырандар, тіпті бүркіттің өзі көкке көтеріліп ұшып шықпайды. Бүркітшінің қолындағы бүркіт те түлкіге ұмтылмай қалады.
      Қазақстанда ителгінің 5 түрі кез­деседі. Олардың реңі таралған аймағына қарай әртүрлі болып келеді. Бәріне ортақ белгі – сырт жоны қоңырқай сұрғылт, бауыры – сарғылт теңбілді болады. Дене тұрқы 42-60 сантиметр, қанат құлашы 105-130 сантиметр, салмағы 820-1100 грамм болатын біршама ірі құс. Ұрға­шысы еркегінен едәуір үлкен болады.
       Соңғы бірнеше жылда саны күрт кеміп кеткендіктен ителгі бірінші кезекте мүлдем жойылып кету қаупі бар топқа жатады. Негізінен еліміздің оңтүстігі мен шығысындағы таулы аймақта ұя салады. Бетбақдала, Маңғыстау, Қызылқұм, Үстірт қыраттары мен биіктерінде, төменгі Торғай, Наурызым, Ертіс өзені бойында және Батыс Қазақстан өңірінде сирек болса да ұшырасады.
      Күзде жылы жаққа ұша бастайды. Құстар қайтқан мезгілінде еліміздің бар аймағынан көруге болады. Негі­зінен Қазақстанның оңтүстігі мен шығысының таулы өңірінде қыстайды.
       Бұдан 24 жылғы санақ бойынша Жетісу өңірінен 60-70 жұбы тіркелсе, 1995 жылы бұл сан күрт кемігені белгілі болды. Отырықшы және жыл құстары қатарына да жатады. Бөтен ұяларда, жарқабақ қуыстарында жұмыртқалай береді. Ағаш басына ұя салуы сирек. Көктем мезгілінің екінші айында ұрғашысы 3-5 жұмыртқа табады. Отыз бес күннен соң балапан шығарады. Балапандары 40-45 күннің ішінде жетіліп ұша бастайды. Содан кейін бір ай өткенде өз күнін өзі көріп кетеді. Ұсақ аң-құсты ауада да, жер бетінен де еркін аулайды.
        Қырандардың ішінде баптауға ең көндіккіші осы құс. Арқа құсбегілері ителгіге қоян, үйрек алдырса, Сыр бойының құсбегілері қырғауыл, құр, шіл, кекілік алдыратын болған. Ал араб елінің құсбегілері ителгіні көбінесе жорға дуадаққа салатын көрінеді.
      Ителгі көбінесе шіл, кекілік, кейде ұлар, дуадақ сияқты ірі құстарға да түседі. Бабын тапса, ителгі – нағыз саятшы құс. Үйрек, қаз сияқты ірі құстарды да өзінің ерекше қимыл-әрекетімен іліп, саятшыларды қызыққа кенелтеді.
       Ол қаршыға тәрізді өте алғыр емес. Құсбегілер арасында «қаршыға қанжыға қандайды, ителгі етек былғайды» немесе «ителгінің қызығына қызсаң, қаршығаңды қамшы етерсің» деген мақалдар осы жайтқа қатысты айтылуы мүмкін. Қазақ құсбегілерінің тәжірибесіне қарағанда, ителгі мен сұңқардың арасынан шыққан будан қырандай алғыр болады деседі.
       Ителгі бүгінде Ақсу-Жабағылы, Нау­рызым, Үстірт қорықтары мен «Алтын-Емел» ұлттық бағында өсіріледі. Қорғаудың ең алғашқы шарты Ауғанстан, Пәкістан, Сирияға ұшып барған ителгіні аулауға тыйым салу. Жылы жаққа ұшу-қайту сапарын радиобақылауға алу, жасанды жолмен санын арттырудың маңызы зор.
      ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін Қазақстанда 3 мыңға жуық ителгінің ұялағаны белгілі. Бірақ 90-ыншы жылдың басында бұл құсты шетелге сату науқанының кең етек алуына байланыс­ты саны күрт төмендеді. 2001 жылғы мәлімет бойынша елімізде 100-150 жұп қана ұялаған. Жылдан-жылға санының азаюына байланысты, қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» 1996 жылы енгізілген.

         Нұрлан ҚҰМАР

        http://anatili.kazgazeta.kz/?p=36424

толығырақ

Жусанның қасиеті  –  шипасында

       Қазақ халық емшілігінің тарихы көне дәуірлерден бастау алатыны белгілі. Оның керемет жетістіктерін көптеген ғалымдар мойындаған. Ал бүгінгі уақыт тұрғысынан қарасақ, заманауи медицинаның дамуымен әлімсақтан келе жатқан халық емшілігіне деген көзқарас та өзгерді. 
      Өзгерудің бір көрінісі қазіргі адамдар халық емінен гөрі емханаға қаралып, ауруханаға жатып емделгенді хош көреді. Шынтуайтына келгенде, бүгінгі медицинаның да негізінде халық емшілігінің дәстүрлері жатқаны сөзсіз. Демек, оны жоққа шығаруға болмайды. Заман жаңарып, уақыт озған сайын адамды емдеу тәсілдері мен технологиясы да өзгеріп, түрлене түскені анық. Өйткені медицина ғылымы бір орында тұрған жоқ. Ол үнемі жетіліп, дамуда. Бірақ халық емшілері де науқастарға ем-дом жасап, көмек көрсету жолында өз қызметтерін ұсынып келеді.

        Жуырда Берік Қабенұлы деген халық емшісімен таныстым. Қытайдан келген қандас бауырымыз екен. Халық еміне бетбұрғанына 7 жылдай уақыт болыпты. Мұндағы мақсаты – халық емін заманға сай дамыту.
      Берік Қабен – Үрімжінің медициналық университетін терапия мамандығы бойынша тәмамдапты. Оқуын бітірген соң бес жылдай еңбек етіпті. Содан кейін өзінің жеке қалауымен халық еміне біржола деп қойған.
О баста өкпе ауруларын емдейтін шөп-дәрілерді жасап жүріпті. Әрбір шөптің өзіндік қасиетін зерттеп, зерделеген. Өзі дайындап, жасаған шөп дәрілерінің пайдасы бар екенін байқаған. Айтуынша, Қытайда қазақтың халық емі жақсы дамыған. Қазақтың байырғы заманнан келе жатқан емдеу тәсілдерінің кереметтігін, шөптен жасайтын дәрілерінің пайдалылығын Шығыс медицинасын жетік меңгерген қытайлардың өздері мойындапты. Бір әттеген-айы, өзіміздің халықтық ем түрлері елімізде кенжелеу дамып келе жатқаны.
      – Мен қазақтың халық емі мен қазіргі медицинаның жетістіктерін ұштастырып дамытуды қалаймын. Өйткені бүкіл әлемде мойындалған қазақтың халық емін біз дамытпасақ, кім дамытады? Сондықтан халық еміне бүгінгі заманға сай келмейтін ем деп қарамай, қайта оның қасиеті неде деген мәселені зерттей түсуіміз керек. Мысалы, менің жеке емдеу орталығыма күніне 20-30 адам дертіне шипа іздеп келеді. Алдымен аурудың диагнозын анықтаймыз. Асқынған ба, асқынбаған ба, оның белгілері қандай. Халық емін жасауға сай жасалған арнайы құрылғыларымыз бар, тексеру аппаратымыз бар. Аурудың себебін анықтап алған соң, ем жасауды бастаймыз. Қазақтың халық емінде шөппен булап емдеу тәсілі бар. Соны қолданамыз. Науқас адамды арнайы құрылғының ішіне жатқызып, қайнап жатқан әртүрлі емдік шөптердің буын жібереміз. Сол бу адамның бойына, денесіне сіңіп, өзінің емін бере бастайды. Дәрінің буы ыстық болып адам денесіне өтіп, қан айналымын жақсартады. Бел-омыртқа ауруларына қолданамыз. Омыртқааралық табақшалардың өзгеруі болса, оны да емдеу тәсілі бар. Сонымен қатар құяң жел аурулары, қан қысымының көтерілуі, асқазан, бауыр-бүйрек, тері аурулары, аллергия, бас ауруларын жазатын емдеріміз бар. Құмырсқа илеуін қолданамыз. Құмырсқаның илеуінде адам ағзасына пайдасы мол элементтер өте көп болады. Содан арнайы дәрілер дайындап, науқас жандарға ішкіземіз, – дейді Берік Қабенұлы.
         Емшінің халық емін жетік меңгергенін байқадым. Қолданатын құрылғылары да соған сай етіп жасалған. Оларды Қытайдан алдырады екен. Себебі біздің елде ондай құрылғылар жасалмайды. Оған тиісті дәрежеде мән беріп жатқан да ешкім жоқ. Ал пайдасы ұшан-теңіз.
         Берік Қабенұлының емдеу орталығында болғанымда, оның ыстық құммен емдеу тәсілін көрдім. Науқасты ыстық құмның ішіне жатқызып, бойын қыздырады екен. Бұл денесіне суық тиіп, содан пайда болған ауруларға күшті әсер ететін көрінеді. Қазақтың дәстүрлі емінде мұндай амалдардың бұрында да қолданылғаны мәлім. Емшінің мұны ұмыт қалдырмай, уақыт талабына сай дамытып отырғаны қуантты.
         Жалпы, маманның сөзіне қарағанда, адам денесі үш түрлі жолмен тазаланады. Соның бірі – тер шығару арқылы тазалау жолы. Бұл тәсілді қазақ емшілері көп қолданған. Оның тиімділігі сонда, адамды терлеткен кезде оның бойынан ағзаға қажеті жоқ барлық заттар термен бірге шығып кетеді екен.
     – Мен өз тәжірибемде сүлікпен емдеу тәсілін де жиі қолданамын. Сонымен қатар қазақтың халықтық емінде адамның бойындағы нүктелерді, жүйке жүйесін тастармен қыздыру технологиясы бар. Қазір емге арналған тастардың көптеген түрлері шықты. Сырқат меңдеген жерге тастарды қойып, қыздырамыз. Нәтижесі де бірден байқалады. Парафинді де қолданамыз. Парафин қазақтың балшық дәрілермен емдеу тәсілімен тең келеді. Бұрын қазақтар балшықты қайнатып, денеге жағатын болған. Бұл тәсілді де ұмыт қалдырмай, жаңғыртуымыз керек. Адам денесіндегі суықтарды шығарып, ішкі суық пен ыстықты қалпына келтіруге парафиннің тигізер көмегі мол. Мәселен, тері ауруларына түріне қарай, егер ол жара болса жусаннан жасалған шөп дәрілерді араластыра отырып, таңып тас­таймыз дейді.
       Мені ерекше қызықтырғаны – қазақтың балшықпен емдеу тәсілі. Мұның тарихы да терең екенін байқадым. Қасиетті Құран кәрімде адамның топырақтан жаратылғаны туралы айтылады. Шын мәнінде топырақтан жасалған, топырақта өсіп-өнген дүниелердің барлығы адамның ағзасына пайдалы болады екен ғой. Осыны кезіндегі бақсы-балгерлер, емшілеріміз жақсы білген. Ал біз соның бәрін енді танып жатқандаймыз.
       Кейіпкерімнен сөз арасында Қытайдағы қазақ емшілігінің жай-күйі туралы кеңінен айтып беруін сұрадым.
      – Әр ұлттың өз емшілері бар. Мысалы, Қытайда моңғол, ұйғыр, тибет, дұнған емшілігі кеңінен тараған. Қазақ емшілігі туралы айтатын болсақ, қазіргі таңда оның дамуы өте жақсы. Өтейбойдақ Тілеуқабыл атамыздың осыдан бес ғасыр бұрын жазып қалдырған еңбегіндегі дүниелер қолданылып келеді. Бүгінде аталған еңбектің негізінде жасалған емдеу тәсілдеріне қытайлық мамандардың өздері таңғалады. Қытай елінде қазақ шипагерлік ауруханасы бар. Қазақтың халық емшілері дәрі-дәрмектер жасайды. Бас қосып, алқалы жиындар өткізіп тұрады. Қысқаша айтқанда, қазақтың халық емі Қытайда көбірек дамытылып жатыр. Неге оны Қазақстанда дамытпасқа? Ол үшін көптеген кешенді іс-шараларды атқаруымыз керек. Халықтың емшілерге деген сенімін қайтаруымыз керек. Өйткені емші деген атты жамылып, науқас жандарды адастырып жүргендер қаншама, – дейді.
        Берік Қабенұлының айтуынша, елімізде емшіліктің түрі көп, бірақ қолданылу жағы өте әлсіз. Техника жоқ. Оның маңыздылығын зерттейтін мамандар аз. Сол үшін де бұл сала кенжелеп келеді. Қазақтың ертеден келе жатқан емдік сабындар жасау тәсілін бүгінде Германияда қолдана бастапты. Яғни біз осындай дүниелерді қолдан шығарып алсақ, – дейді емші. Қара сабын әсіресе адамның тері ауруларына таптырмайтын шипа. Әдетте, ол түйе жейтін алабота шөбінен және күнбағыстың сабағынан жасалады екен. Күнбағыс қапағын күйдіріп, күлін аралас­тырып дайындайды. Сабынның байланысы күшті болу үшін ешкі жүнін қосады. Міне, қарап тұрсақ, халық емінің осындай көптеген тәсілдері ұмытыла бастады.
      Біз көбіне ауырсақ, дәрігерге қаралып, дәрі-дәрмек ішіп, система қабылдаймыз. Ал қазақтың жалбыз, жусан деген шөптерінен сис­тема етіп тамызатын сұйық дәрі жасалатынын көпшілігіміз біле бермейтініміз рас.
       – Заманауи медицина бар екен деп, халықтық емді жоққа шығарып тастауға болмайды. Қазір мұны адамдар ұмытып кетті. Бұл орайда айтайын дегенім, мүмкіндігінше екеуін қатар қолданудың еш кемшілігі жоқ. Мысалы, мен де науқастардан анализ алып, тексеремін. Қытайда жасалған тамыр тыңдайтын аппаратымыз да бар. Сонымен қатар ішкі ағзаларды «Узи» аппаратына түсіремін. Екінші жағынан, қазақтың шөп дәрілерін дайындап емдеу тәсілдерін қолданамын. Екі тәсілдің жетістіктерін ұштастыра білсек, ұтылмаймыз, – дейді Б.Қабенұлы. – Өзіме жарнама жасағым келмейді. Денсаулық деген бұл халықтың жаны ғой. Оған жауапсыз қарауға болмайды. Қал-қадірімізше еңбек етіп жатырмыз. Ең басты мақсат – халықтық емді бүгінгі медицинамен ұштастыру.
      Осы ретте оқырманға қазақ емінің тағы бір кереметі жөнінде әңгімелей кетсек дейміз. Үрімжіде Жасарат есімді сүйек-сынық ауруларының емшісі бар. Сол кісі Америкаға барып, адамның сынған өкше сүйегін қазақтың киіз үй формасында жасалған етігімен жинап беріпті. Ол емнің нәтижесін көргенде Американың ғалымдары қайран қалған екен. Жасарал Жәлелұлы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң медициналық университетіне қарасты бірінші аурухананың сүйек аурулары бөлімінің бас дәрігері болып қызмет етеді.
    Кейіпкеріммен әңгімелесе келе түсінгенім, қазақтың халық емінің негізінде ұлтымыздың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, қолөнер бұйымдарына сай келетін дүниелер жетерлік. Соның бірі Жасарат емші қолдаған қазақи етік. Бір ғана қазақи етіктің өзімен өкше сүйегін жинап бергені шын мәнінде таңғаларлық нәрсе емес пе?
       Берік Қабенұлы бүгінде Қазақстан халық емшілер қауымдастығының мүшесі.

          Дәуіржан Төлебаев

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=36458

толығырақ

     Ордабасы – аудан атауы. Сәрсен Бек Сахабат нұсқасы: «Ордабасы оронимін Ғардабасы деп түзеп оқуымыз керек-ақ. Тәңірі тілінде ғарда – тау, ғар – йурт, жұрт. Ал бас көне тілімізде ғылымда «аллофондық» деп аталатын қосымша мағынаны иеленбек, бас – анатомиялық атау, дене мүшеміз, баш – көне тілімізде шың, таудың биігі дегенді білдіреді».

          Темірлан – ауыл. Қолбасшы Әмір Темір бұл жердің сұлу көркіне қызығып, ары-бері өткенде, осында демалғанды ұнатады екен. Ақыры, 1405 жылы Әмір Темір Қытайға жорыққа шыққан сапарында, осы жерде қайтыс болған деген аңыз айтылады. Темірлан ауылының іргесі 1889 жылы қаланды. Темірлан – Шымкент облысындағы Бөген ауданының орталығы. 1993 жылы Ордабасы атауына өзгертілді. Темірлан ауылы Шымкент-Түркістан жолында орналасқан. Ең жақын теміржол станциясы Арыс қаласында. Темірлан ауылы облыс орталығы – Шымкент қаласы­нан 45 шақырым жерде, Шымкент – Самара автомобиль жолындағы Арыс өзе­нінің бойында орналасқан. 1998 жылы қайтадан Қажымұқан, Темірлан селолық кеңестері біріктіріліп, Қажымұқан әкім­шілігі, орталығы Темірлан ауылы болып құрылды.
           Амангелді – ауыл. 1920 жылы ұжымшар болып бірігіп, егін және мал шаруашылығымен айналысады. 1927 жылы ұжымшарлар ірілендіріледі. Ұлы Отан соғысы кезінде ауылдан 250-ден аса адам Отан қорғауға аттанған. Оның 150-і соғыста мерт болған және хабарсыз кеткен. Осы кезде ауыл тұрғындары ер-азаматтарымыз «аман келсін» деген ырыммен ауыл атын Амангелді деп атаған. Бұл ауылда тарихи жерлер баршылық. Ауылдың шығыс жағасында «Асар жер» деген жер бар. Ол жерді кезінде халық болып тегістеп, асарлатып егістікке айналдырған. Одан беріде «Әулие тұт» бар. Аумағы үлкен кой қорадай. Оның аяқ жағында Бүлдірген тоғай бар. Ауылдың орта шетінде «Бес кемпір» әулие мүрделері бар. Ашаршылық жылдары Арқадан бала-шағалы бес кемпір келіп, осы жерге коныстанғанға ұқсайды, қайтыс болғаннан соң, осында жерленген екен.
    Боралдай – ауыл. Ауданның шығыс жағында, орталықтан 21 шақырым жерде, Боралдай өзенін бойлай орналасқан, ертеректе «Социалистік қоғам» ұжым­шарында болған. Боралдай суын ішсең шипа демекші, табиғаты әсем тоғай арасынан ағып жатқан өзенге байланысты ауыл атын Боралдай деп атаған.

       «Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

            http://anatili.kazgazeta.kz/?p=36503

толығырақ

Көне атаулар –  тарихтың бір парағы

Қуат САПАРОВ, география ғылымының докторы, профессор

       Жер-су атауларының мән-мағынасы география ғылымының да зерттеу нысаны болып табылатыны белгілі. Олай дейтін себебіміз, ономастика, топонимикалық зерттеулер география ғылымымен тікелей байланысты. 
      Бұл орайда жер-су атаулары туралы географиялық карталарда көптеген мәліметтер кездеседі. Солардың басым бөлігі көне атаулармен байланысты зерттеулер. Осы ретте көне топонимдердің жазылу ерекшелігі, елді мекендердің орналасқан жерін анықтау және т.б. өзекті мәселе. Өйткені ондай зерттеулерді жүргізген кезде географиялық атауларды жүйелеуден бөлек, байырғы атауларды қалпына келтіру мәселесі де туындайды.

Көне атаулар –  тарихтың бір парағы

     Ал жер бетіндегі көне атауларға келетін болсақ, олардың тарихы тым тереңде жат­қаны анық. Еліміздің аумағында кездесетін көне атаулардың өзі том-том зерттеу ең­бектеріне арқау боларлықтай дүние. Ал кезінде олардың бәрі бір-бір елдімекенді немесе шаһарларды, өзен-көлдердің атауларын білдірген.
       Мәселен, ежелгі қытайлар, римдіктер, гректер құрылыс жолдарын, егістік, арықтар қазу, т.б. жұмыстарды жүргізген кезде топонимиялық, оның ішінде карто­графиялық әдісті пайдаланғаны белгілі. Қазақстанға катысты жер-су атаулары туралы алғашқы жазба деректерді Геродоттың «Әлем картасы» еңбегінен кездестіруімізге болады. Аталған еңбекте бүгінгі уақытпен салыстырғанда жер-су атауларына байланысты біршама қарама-қайшы тұстары болса да, ол зерттеушілер үшін сол замандағы топонимиялық жағдайдан хабар беретін дереккөз ретінде бағалы. Неге екені белгісіз, бұл туындыда Арал теңізі көрсетілмеген. Амудария Окc деген атаумен, ал Сырдария өзені Аракc немесе Яксарт деген атаумен белгіленген. Автор Каспий теңізіне Кавказ тауы­нан келіп құятын тағы бip өзенді Аракс деп атайды. Осындай мәселелер аз емес. Бірақ ғылыми ауқымнан алып қарағанда, көне атау­лардың бірте-бірте өзгеріп, әртүрлі мәнде қолданылып, талқылануы кездеспей тұрмайды.
      Каспий теңізі Геродот сызған картада теңіздің оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан «каспий» деген халық атымен аталғаны көрініп тұр. Жалпы алғанда, аумағы үлкен көлдің, ұзын өзендердің бірнеше атауға ие бола­тын ceбeбi, оның әр тұсын мекендеген халық, сонымен қатар сапарлаған саяхатшылар да түрлі нұсқада атай берген. Мәселен, Геродот өзі зерттеген жағына орналасқан халықтың атымен Каспий теңізі деп атаса, ортағасырдағы араб саяхатшылары Хорасан теңізі және Табаристан, тағы да бip араб саяхатшысы Масуди (X г.) Каспий теңізін Аджамдар (аджам халқының) теңізі деп белгілейді. Автор аджам деп Каспийдің оңтүстік-батысындағы әзірбайжандарды атайтын сияқты, әйтпесе ол жерден өте ертеде көшіп кеткен аландарды айтады деуге негіз жоқ.
Көне орыс жылнамаларында Хазар теңізі, XV ғасырда саяхат жасаған Афанасий Никитин (Дербент теңізі немесе Хвалын деп атаған). Бұлардан басқа Ақ теңіз, Жасыл теңіз, Гиркан теңіз, Солтүстік теңіз, Гилян теңіз, Хвалын теңіз, Парсы теңіз, Мазандеран теңіз, Гурген теңіз, т.б. атау­лар осындай жолмен сырттан танылып отырған. Голландықтардың XV ғасырда құрас­тырған картасында Тұзды теңіз деп беріл­ген. Қытайлар Каспий теңізін – Цины-хай деп атаған.
    Орта ғасырда өмір сүрген ғұлама ғалым Махмұт Қашқаридің құрастырған картасында көптеген көне топонимдер жөнінде мол мәліметтер берілген. Сөздікте кездесетін 20-дай жер-су атауларының дені қазіргі қазақ даласына катысы бар екенін байқаймыз. Мәселен, Аруқ-Турық, Абул, Eтіл, Ала, Ала йыгаш, Epтіш, Аргу, Отукен, Тарым, Бұқаш арт, Тоқұрка, Қатын сыны, Қаз Сувы, Урун каш өгуз, Қара каш өгуз, Қара сыны, Талас (Тараз), Секірме, Қаргалұқ және т.б.
    IX-X ғасырлар тоғысында өмip сүрген Әл-Истахри қазіргі Қазақстан аумағында тоғұздар, хирхиздар, имектер, қыпшақтар, яғни оғыздар, харлұқтар тұратынын және ол бес халықтың бірін-бірі түсіне алатын бip тілде сөйлейтінін атап өтеді.
     Кейбір зерттеулерде Сырдария өзенінің «Інжу» деп аталу ceбeбi оның мойнына моншақша тізіліп орналасқан қалалардың әcepiнен деген пікір бар. Ортағасырда ол қалалардың саны өсе түскені байқалады. Мәселен, Сырдың бойында Бұзыққала, Күйікқала, Янги-кент, Алтынасар, Жанқала (Жент), Қызтөбе (Баршынлыкент), Сунақ-Ата (Сығнақ), Түрікстан (Иасы), Артық-Ата, Кавган-Ата, Отырар, Сүткент қалалары болғаны мәлім. Бұл атаулардың барлығы далалық өркениеттен сыр шертіп тұрғаны сөзсіз. IX-X ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан жерін картаға түсіруде араб географтары көп еңбек сіңірген. Олардың ішінде Орталық Қазақстан топонимдеріне қатысы бар еңбектің бірі – X ғасырдағы әл-Идрисидің «Китаб-Роджері» мен «Сурат ал-Ард» атты картасы. Академик Ә.Марғұлан бұл еңбектегі мәліметтерді Сарысу, Торғай өзендері мен Ұлытау өңірлеріне байланысы бар деп жазған. Бұл орайда Қазақстан жерін географиялық тұрғыдан зерттеу мен оның аумағынан өткен жолдарды анықтауда араб саяхатшылары мен зерттеушілері еңбектерінің де маңызы зор деп бағалауымызға болады.
      Тарихи мәліметтер қазіргі Қазақ­стан территориясындағы Балқаш көлінің сол­түстік бөлігінде III-IV ғғ. ғұн мемле­кетінің өмір сүргенін айтады. Оларды Қытайлар «Юэбань», «Се-Яньто» деп атаған. Кейбір еңбектерде бұл өлке Сарматтар жері, Сар ир, Пловецтер, Дешті Қыпшақ және т.б. атауларымен де атала береді. Осындағы сар Ир атауы Қытай жылнамасында Се-Яньто формасында берілген. Түбір сар, сары сөзінің «се» формасына көшуін қытай тіліндегі р дыбысының сөз ортасында ұшыраспауынан деп білеміз (түрік – «түкю», аргун – «алун»). Сар-ир (сары жер, сары алқап) атауы Шыңғысхан өмірін зерттеуші Мишель Хоанг еңбегінде «Ciraka er» формасында ұшырасады. Көне римдіктер оларды Сарматтар деп атаса, славяндар половцы деп атаған.
    VII ғасырда Ибн Хардадбек, Макдиси, Ибн Хаукаль, Ибн Русте, әл-Истахри, әл-Масуди, әл-Идриси сияқты ғұламалардың еңбектерінде еліміздің оңтүстік облыстарына қарасты Фараб (Отрар), Тараз (Талас), Испиджаб (Сайрам) аймақтары мен Арал, Каспий теңіздері жайында мол деректер кездеседі. Олардың бай-мұралары арасында сан ғажайып карталар сақталып, оларда Қазақстанның географиялық атаулары белгіленген. Мұнан бөлек, Жібек жолының географиялық маңызының бір қыры географиялық атаулармен байланысты ашылады. Сол арқылы белгілі бір кезеңдерде болған тарихи оқиғалар географиялық атауларда сақталып, осы күнге дейін жеткенін байқауымызға болады. Жалпы алғанда, саудагерлер мен саяхатшылардың беймәлім жерлер жөніндегі ақпаратында географиялық атаулар жиі ұшырасады. Олар әр тілде сөйлейтіндіктен, алыс елдердегі жер-су аттары жиі бұрмаланғаны даусыз. Сол себептен де – бір географиялық объектінің атауы әр түрлі жазылуы кездесуі заңдылық.
     Қимақ еліне баратын бip жолды саяхатшы Гардизидің мәлімдеуінен табамыз: Янгикент – Ұйықман (Арал маңындағы құм­ды өлке) – Сокук өзені (Торғай не Сарысу) – Кендіртағ (Ұлытау) – Асус (Есіл өзені) – Epтіс.
       Авторы белгісіз «Худуд – әл Әлам» («Әлем шекарасы») атты кітапта Аспижаб (Сайрам), Түркістан, Торар (Тараз болуы мүмкін), Чуф, Мазакия, Игсун-Ясу, Киркирхан сияқты елді мекен атаулары, Арташ (Epтic), Атал (Еділ), Гоз (Гуз) даласы, Мауранахр, Хазар көлі (Каспий) секілді жер-су аттары кездеседі. Бұлардың ішінен Киркирхан, Игсун-Ясу, Мазакия үшеyi қимақ жерлері деп көрсетіледі. Мұндағы Киркирхан – Қарқаралы тауы ма деген ой келеді, ал Игсун-Ясу атауының екінші сыңары асу географиялық терминіне ұқсайды.
         Тарихтан жақсы білетініміздей, моңғолдар жаулап алған елінің жер-су атауларын өз тілдеріне ауыстырып отырды. Бұл үрдіс Алтын Орда дәуірінен басталды. Мәселен, Ал­тай, Арқауыл, Тарба­ғатай, Зайсан, Бүркітауыл, Баянауыл, Нарын, Қорғалжын, Қапшағай, Қобда, Сайхин, Кеген және т.б. моңғол тілін­дегі атаулар Қазақстан топонимиясында көп кездеседі. Бipaқ түбi бip алтай тілдерінен тарағандықтан ол атаулар тілімізге бейімделіп, қазақ атауларымен бірдей болып кетті.
       Ішкі Азияны зерттеушілердің ішінде топонимика мәселелеріне айрықша көңіл бөлген тұңғыш ғалым Шоқан Уәлиханов болды. Ғалымның географиялық саяхаттар нәтижесінде жинаған жер-су атаулары, мәліметтері кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Оның зерттеулерінде 3000-ға жуық «түркі-қазақ» атаулары кездеседі.
    Павлодар облысының көне топо­нимдері ғалым С.Ремезовтың (1697 ж.) картасында көрініс тапты. Зерттеушінің картасында батысқа қарай «Шабақта (Шабақты) арал», «Шепелеу жар», одан әрі «Яр (жар) Аллабердыев», «Старой Иртыш», бұл Алға айылы тұсында; одан әрі Қызыл жар т.б. топонимдер туралы деректер бар. Керегежардан батысқа қарай «Белые воды» (Ақсу), «Острог Калмыцкой», одан әрі «Урочище Кабалгансун (мечать пустой), одан әрі «Урочище Долон (жеті) Карагай», одан әрі «Озеро Енкуль», т.б.кездеседі.
     Жалпы, топонимиялық атластар жөнінде алғашқы мәліметтер Швецияда (Швецияның топонимиялық атласы, 1942 ж.), кейіннен Венецияның топонимиялық атласы жарыққа шықты. Мысалы, 1966 жылы Лондон қаласында өткен IX Халықаралық ономастикалық конгресте дүние жүзінің гидрономиялық атласын құрастыру жөнінде мәселе көтерілді. Сонымен қатар «Чехияның топонимиялық атласы», әртүрлі масштабтағы басқа да атластар құрастырылды.
       Екеуінің арасындағы тығыз байланыс тиісінше ғылымның екі бағы­тын қалыптастырды. Оның бірі – «картография­лық топонимика» деп аталса, екіншісі – «топонимикалық картография» деп аталады. Біріншісі картографияға қызмет ететін топонимиканың бір бөлімі деп танылады. Атап айтқанда, далалық топографиялық жұмыстар кезінде атаудың дұрыс түсірілуін, атаудың алғашқы тұлғасы мен оны берген тілдің анықталуын, атаудың бір тілден екінші тілге аударылуын, жер-су атауларының орфографиясын, карта мен атластардың топонимикалық мазмұнын бағалау т.б. мәселелерді қарайды. Осының бәрі картографиялық міндеттер аясына кіргенімен, топонимиканың көмегінсіз жүзеге аспайды. Екеуінің біреуіне басымдық беру – мәселені біржақты шешуге әкеліп соғады.
    Қазақ топонимдік бірліктерінде қоршаған ортаның физикалық-геогра­фия­лық қасиетін анықтайтын ландшафт ерекшелігіне, шаруашылығына, экологияға қатысты топонимдер әрбір облыс бойынша зерттелуі керек деп білеміз.
    Қазіргі кезде Қазақстанның топонимдер жүйесі әрбір өңірлер бойынша толық зерттеліп болды деуге болмайды. Ендігі кезекте жиналған атаулар қорын талдап, «Қазақстанның топонимикалық атласын» құрастыру, екіншіден, нәтижеге жету үшін міндетті түрде геоақпараттық картографиялау әдісіне сүйенуге тура келеді. Сөз соңында айтарымыз, топонимикалық карталар өз кезегінде көп ізденісті және ғылыми зерттеулерді қажет етеді.

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=36368

толығырақ

АДЫРАСПАН ТУРАЛЫ АҚИҚАТ

      Халқымыз дәрулік шипасынан бөлек әулиелік қасиеті мол санаған шөптерінің бірі «адыраспан» деп аталады. Біздің ата-бабаларымыз сондықтан оны үйдің босағасына іліп қойып, осы арқылы отбасын алуан түрлі бәле-жәлелерден сақтауға тырысқан. Осы өсімдіктің түтінімен үйдің ішін түгел ыстап, сол жын-шайтандарды, жаман адамдардың лас ниеттері мен қарғыстарын шаңырақтан аластайтын болған.

         Атам қазақ өзі аса киелі деп білген бұл өсімдікті өсіп тұрған жерінен жұлып аларда да оның әдеп-ибасын қатаң сақтаған. Біріншіден, оны қауызы толып, тұқымы толық піскен кезде ғана жұлған. Екіншіден, ер адамның ғана жұлуына рұқсат етілген. Үшіншіден, сол жұлатын адамның жаны ғана емес, үсті-басы таза, дәреті бар екеніне мән берілген. Төртіншіден, жұлушы кісі міндетті түрде Аллаһқа құлшылық етіп, «Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим! Мен келдім әр нәрсеге, адыраспан, Атыңды қойған екен Омар, Оспан. Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!» деп барып, өсімдіктің сағағына қолын тигізген. Бұл жердегі Омар мен Оспанның пайғамбарымыз Мұхаммед ғалаһауи-с-саламның әйгілі төрт сахабасының екеуі екенін мүмкін жұрт білетін шығар деп ойлаймыз.Біз бала жасымыздан осы адыраспанның арасында өстік десек те болады. Арал қаласында әкемнің қолымен тұрғызылған үйіміздің бақшалығы іші осы киелі шөпке толы еді. Құдды газон тәрізденіп тұтасып тұрған сол қалың қау шөптің арасымен жүргенде, олар аттап өтуге жол бере қоймайтын. Сонда әкем Сердалы сол әулиелі өсімдікті қызғыштай қорып: «Балаларым, бұл қастерлі шөпті жұлушы болмаңдар, киесі ұрады» дегенді жиі айтатын. Ал бақшамызда жайқалып өсіп тұрған адыраспанның нуын байқаған көрші-қолаң: «Сәке, есіктеріңіздің алды киелі өсімдікке толы сіздер қандай бақыттысыздар!» дегенді шын ынты-ықыласымен жеткізіп жататын. Сол кезде бала болсақ та, «адыраспан» атты қасиетті өсімдіктің бар екенін, оған тиюге болмайтынын бүкіл санамызбен түйсіндік.Адамзаттың тіршілік етуі барысында өсімдіктер әлемінің алатын орны ерекше зор. Қазіргі медицинада қолданыста жүрген дәрі-дәрмектердің 40 пайыздай бөлігі тап өсімдіктер дүниесінен жасалады екен. Қоршаған орта өскіндерінің адам ағзаларын жақсартуға осындай өлшеусіз көмегі барын біздің ата-бабаларымыз бағзы замандардан бері жақсы білген.

       Сонау алты ғасыр бұрын өмір сүрген халықтық емші Өтейбойдақ Тілеуқа­былұлының (1388-1478 жж.) «Шипагерлік баяны» соның бергі кезеңдердегі өнегесі ғана. Тарбағатай өңірінде 1787 жылы өмірге келіп,1850 жылы қайтыс болған атақты Ырғызбай Досқанұлы емші дәрілік өсімдіктерді жақсы білгендіктен, онымен жанды да, малды да емдеп, жаза алатын дәрежеге жеткен. Ол кезінде ұлы Абайдың әкесі Құнанбайды дәрілік шөптерімен ауыр дерттен жазып шығарған деген сөз бар. Емші шипалы өсімдік­тердің гүлінен, жапырағы мен тамырынан дәрі-дәрмек жасағанда, олардың қандай науқастарға ем болатынын табиғи түйсігімен дөп біліп, білігін одан ары дамытқан. Сол емшінің көп ауруға қолданатын дәрілік шөптерінің қатарында біз сөз етіп отырған адыраспан да болған.Адыраспанды емшілер дәрілік шикізат ретінде шілде айында гүлдеген кезінде жинап алады екен. Алғанда да, сол тұрған бойы бәрі ала бермейді, оның енді пісіп-жетілген бұтақшаларын, жапырағы мен гүлін бір қиқымын жерге түсірмей көлдей орамалға түйеді. Алғанда тамырдан жоғары жағынан ұқыпты кесіледі. Кептірер кезде темір шатыр астындағы көлеңкелі, ауа өтіп тұратын жерге қойылады.

       Осылайша ол екі жыл сақталуы керек. Ал тұқымын өскіннің қауашағы ашыла бастаған кезде теріп алады. Оны да төбесі жабық болғанымен, ауа өтіп тұратын бастырма астында кептіреді. Астына мата төсеп, сосын тұқымын шөбі мен қауызынан ажыратады.Жасыратыны жоқ, адыраспан — барынша улы өсімдік. Оның мұндай қасиеті барын аталмыш өскінді ыстау үшін отқа тигізген кезінде ұшатын ащы түтінінің өзі байқатады. Өсімдіктің химиялық құрамына көз жүгіртсек, бұл сөзіміздің дәлелді екенін анық аңғара түсер едік. Адыраспанның тұқымында 3,5-6 пайыз алкалойд, 60 пайыз гармалин, 30 гар­мин және шамалы ғана мөлшерде гармалол, пеганин (вазицин) мен дезоксивицинон шөбінің құрамында 1,5-3 пайыз алкалойд, 60 пайыз пеганин мен вазицинон бар. Бұдан басқа аздау көлемде пеганидин, пегамин, дезоксипеганидин, пеганол табылған.

     10399957_203199473393642_1436791114914805643_n

      Тамырында -1,7-3,3 пайыз, сабағында -0,23-3,57 пайыз, жапырағында — 1,07-4,96 пайыз, гүлінде — 2,82 пайыз, жемісінде — 1,08 пайыз, тұқымында 2,38-4,59 пайыз алкалоидты заттар, хинализин мен индол бар. Ал жас өсімдіктің тамырындағы алкалоидты заттың мөлшері 2 есе көп келеді.Фармакологияда адыраспан шөбінен жасалған дәрілер қабыну ауруын, бас, зәр айдауды жақсарту, тер шығару, ішек құрттарын өлтіру, орталық жүйке жүйесін қоздыру үшін қолданылады. Гармин мен пеганин қан қысымын көтереді, тыныс алуды жиілетеді, асқазан мен жүректің жұмысын баяулатады. Ал адыраспан шөбінен қолдан дайындалған тұнбаларды емшілер бұдан да басқа алуан түрлі науқастарды жазу үшін пайдаланады. Айталық, адыраспан тұнбасымен ішкі мүшелерге суық тигенін, малярия, безгек, мерез ауруларын жазған. Сол сияқты емшілер шөптің тұнбасымен ірі қара малдарының қотырын емдеген. Шөптің қайнатпасын невростения және қояншық ауруларына қарсы ішкізеді. Ауыздың қызыл иегі ауырғанда оны сол қайнатпамен шаяды. Бұдан бөлек, адыраспанды іш ауруын алғашқы кезеңінде жазуға жаратады. Адыраспан түтінімен сал ауруын емдейтін де емшілер бар. Оның жапырағын ісікке таңып, булама жасаса, ол тез қайтады. Тағы бір елдерде адыраспанды ішек құртқа қарсы инсекцидтік құрал ретінде қолданады. Көзі нашар көретін кісілерді адыраспанды бал мен шарапқа араластырып емдейді. Аталмыш шөптің емдік қасиеттері бұдан да көп. Біздің мақаламыздың басты мақсаты бұл болмағандықтан, оған егжей-тегжейлі тоқталғанды жөн көрмедік.Адыраспан ерітіндісінің ауыл шаруашылығындағы зиянкестермен күресте де орны ерекше. Ол сонымен қатар ертеден бояғыш зат ретінде кәдеге асады. Оның тұқымынан негізінен жүннен тоқылған бұйымдарды бояйтын бояу алынады. Мәселен, ши тоқымасында әлі күнге дейін адыраспаннан жасалған бояуды пайдаланады. Түркияда ерте кезеңдерден ақ адыраспаннан қызыл бояу алып, онымен өздерінің ұлттық бас киімдері — фесканы бояған.Қазақстанда адыраспанның бір ғана түрі — ақ адыраспан өседі. Ол — көп жылдық шөп, түйетабан тұқымдастар тобына кіреді. Тамыр діңгегі 2-3 метрге дейін жететін өсімдіктің сабағы бұтақшалы келеді. Жасыл түсті сабағының ұзындығы 30-80 сантиметрге жетеді. Жапырақтары тілімделген, кезектесіп орналасқан, қысқа сырғалы терең 3-5 бөлікке бөлінген. Гүлі ақ және сары түсті болады. Олар ірі жалғыз, не үш кіші гүлдерден құралады. Жемісі қоңыр түсті, құрғақ болып, үш жеміс қалтасынан тұрады. Топтанып өсетін өскін шілде айында гүлдегенде оның хош иісі төңіректі алып кетеді. Бір ғажабы, адыраспан өсіп тұрған маңайға шыбын-шіркей жоламайды. Оған тек «ханның қызы» сияқты қасиетті қоңыздар ғана қонады.Біздің адыраспан жөніндегі бір білетініміз осы.

          Жаңагүл СҰЛТАНОВА

     http://elana.kz/?p=1757

толығырақ

5,04,2016

   Сұңқарқия, Андызды, Қосбүйрек, Қызылқабақ, Темірастау, Құйылыс, Байтақкөл, Жайлаукөл, Талдыкөл, шіркін-ай, жер-суға ат бергенде бабаларымыздың таңдайынан бал тамғандай, өрелі өрістерінің кеңдігіне тірі жан таңғалғандай ғой. Және сөйлеп тұрған әр атау сол жерге табаның тимей жатып-ақ қиялыңды жүйткітіп, көркін көз алдыңа әкеліп, тылсымынан сыр ұғуға көкірегіңде көзің мен саз төгетін күйің болса, соның бір пернесін дір еткізсең де жетеді, келгеніңде соған көзің әбден тойып, мейірің мөлт-мөлт еткен тұныққа әбден қанады дейтіндей. Жоғарыдағы ісмер қыздың қолынан шыққан сұлу кестедей жыр төгілген, сыр төгілген атаулар Ырғыз ауданындағы жер-суларға берілген.

Ырғыз-Торғай – аң-құстың базары

     Ырғындап берекесі тасыған Ырғыз бойын аң-құстың қан базары дерсіз. Қызғылт қауырсыны көлдің бетін жапқанда құс емес-ау, қызыл көйлекті арудай сәнін жарастыра таранған қоқиқазды, сыңқ-сыңқ еткен аққу-қазды, мамырлап судан еріне көтерілген бірқазан мен үй­рек­­ті, даланы әнге бөлеген қара­тор­­ғай, бозторғайды, шиқ-шиқ ет­­кен шымшықты, тұмсығы судан көрін­­се, көздері қос моншақтай мөл­­діреген ондатрды, қасқыр мен қар­сақ­ты, бұлаңдаған сұлу түлкіні, дала­ның көркі – желе жортқан киікті ендеше, сұқтан қорғап, көбей­ту де елім-жерім дейтін аза­мат­­тар­дың абыройлы міндеті.

     Осы мақсатта 2007 жылы 14 ақ­пан­дағы Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің №109 қаулысымен «Ырғыз-Торғай мемлекеттік таби­ғи резерваты» мемлекеттік ме­ке­­месі ашылған болатын. Ал осы аумақтағы қыздың қос бұры­мын­дай алқапқа айдынымен көрік берген қос өзен – Ырғыз, Торғай осы топырақта 200 шақырымдай жалқы ағып, Тәуіп деген жердің тұсын­да берекесі бірігіп, қосыла ақырында ел ішінде су аяғы құрдым делінетін Шалқарға құяды. Одан өзге, Телқара, Өлкейік, Қарақай, Ащысай, Шоңқай, Талдысай сынды үлкенді-кіші өзендер мен сексен көлі бар дейтін Ырғыз бойы табиғи резерватқа өздігінен сұранған өлке екендігіне дау жоқ.

       Осы Ырғыз, Торғай, Өлкейік өзен­дерінің бассейніндегі сексенге жуық көлдер жүйесі дүниежүзілік Рамсар конвенциясының тізіміне ен­гізілген сулы-батпақты алқап болып саналады екен де, резер­ват­­­тың ғылыми бөлімі негізінен үш түрлі бағыттағы жұмыстарды жүр­гізу­мен айналысады екен. Олар: өсім­діктер мен жануарлар дүниесін қор­ғау және көбейту, ғылыми-ақпа­рат­тық және мониторинг ісін жүр­гізу, экологиялық насихат пен туризм бағыттарын дамыту. Резер­­­ват аумағындағы ғылыми-зерт­­теу жұмыстарының мақсаты киік­тердің миграциялық жолының картографиясын және олардың қыстақтарын енгізу және зерттеу, орнитологиялық зерттеулер, жо­йы­лып бара жатқан және сирек кездесетін өсімдіктермен қатар, емдік өсімдіктердің санын алу және зерттеу көрінеді.

     Резерват аумағы географиялық ерекшелігіне байланысты екі учас­­кеге бөлініпті. Олар – «Атан­басы» және «Алакөл» жүйе­лері. Резерват шекарасына 7 ша­қы­рым сайын арнайы белгі қойы­лып, онда «Ырғыз-Торғай» мем­ле­кет­тік табиғи резерваты ерекше қор­ғалатын аймақ. Кіруге тыйым салынады» деп жазылған. Бірақ, өкінерлік жайт, ол ескертуді елең қылмайтындар да табылады екен. Жә, ол жайына кейінірек оралайық.

      Шөлді және жартылай шөлді ланд­шафты аймаққа орна­лас­қан резерват аумағы ауқым­ды кө­рінеді. Шығысында – Қара­ған­ды, солтүстігінде – Қостанай, оң­түс­тігін­де Қызылорда облыстарымен шектесетін 763 549 га жерге көсіліп жат­қан резерватта өз істерінің на­ғыз жанашырлары, туған жердің та­биғатына нұқсан келтіретін тит­тей бір қасқөйлік пиғылға бар пе­йі­­лі­мен тойтарыс беретін аптал аза­­мат­тардың басы құралыпты. Ыр­­ғыз жеріне табанымыз тиген де­ма­лыс күні екеніне қарамастан, ре­зер­­ват кеңсесінің есігі ашық екен. Жаңа ғана резерват аумағына бра­коньер­лер кірді деген хабар тиді, соған жедел жиналып, бірнеше топ ат­танып кетті, шіркіндер ерек­ше қорғауға алынған «Қызыл кі­тапқа» енгізілген жануарларды қол­дары қалтырамай атады. Жыл сайын қаншасы ұсталып, мүлік­тері тәркіленіп жатса да қой­майды. Керемет етіп, арнайы жабдық­тал­ған ондай көліктерді қуып жету де оңай емес, ал жете қалсаң, қару­­­­лы қар­сылық та көрсетеді, бі­­рақ шегірт­кеден қорыққан егін ек­­пес деген­дей, олардан қор­қып, жұ­­мы­сы­мызды атқармай, жаныа­шы­­мас қаскөйлерге ел мен жер бай­­лығын құртуына жол беруге бола ма, сондықтан көбіне түн бала­сы ұйқы көрмейміз, дейді резер­ваттағы азаматтар.

        Резерват директорының орын­басары Амангелді Алтыбаев: «Таби­ғатқа қол сұғып, кіруге бол­майды» деген жазуды елең қыл­май, аң ататындар өзге облыс­тар­­дан да келіп жатады. Өткен­де біздің жігіттер Атанбасы тауы­ның маңынан мемлекеттік нө­мі­рі N 515 TOA қоңыр түсті LAND CRUІSER 100 джип автокөлігін тоқ­татты. Автокөлік ішінде Қы­зыл­­о­рда облысының Қар­мақ­­шы ауданынан 3 азамат бар екен. Тексеру барысында қару-жарақ, киік қаны мен терісінің қылшығы жабысқан пышақ, оқ патрондарын таптық. Сол маңай­дан оқ тиіп өлген киіктердің дене­­лері табылып, оқиға Ырғыз аудандық ішкі істер бөліміне ха­бар­­ланып, қылмыстық іс қозғал­ды. Бұл шараға мемлекеттік инс­пекторлар: Е.Жайылханов, М.Ми­замбаев қатысса, Тұзды сорда ауданы­мыздағы Тәуіп ауыл­­дық округі­нің Құйылыс елді ме­кені­нен 6 адам пайдалануға ты­йым салын­ған жануарлар дери­ват­тарын заңсыз жинап жүрген жерінде қолға түсті. Оларды тексеру кезін­де қап ішіне салынған 171 дана киіктің ескі мүйіздері зат­тай дәлелдеме ретінде алынып, Ыр­ғыз аудандық ішкі істер бөлі­міне тапсырылды. Бұл шараға мем­лекеттік инспекторларымыз Ж.Бай­мурзин, А.Жансүгіров, Ж.Сүгір­таев қатысты», деді.

      Ырғыз-Торғай өзен-көл жүйе­сі жауын-шашын суымен қам­тамасыз етіледі. Құрғақ климатқа байланысты судағы тегістік те үнемі бір қалыпта болмайды. Та­биғат-ана кей қыста қардан, жаз­да жаңбырдан қысып, тамшы тамыз­­бай, шөлдеткен тұста, Ыр­ғыз-Торғай бассейніндегі сулар­дың бәрінің дерлік деңгейлері төмен­­деп, аумақтары азайып, көл­дердің түбі көрініп қалатын тұстар аз болмайды. Сонда да мұн­дағы әрбір өзен-көл өзінің көле­мі­мен, тереңдігімен және кейбірі балық өнімі жағынан ерекшеленеді екен.

Аяласаң, табиғатты аяла

     Ырғыз-Торғай мемлекеттік та­­би­­ғи резерватының жерінде өсім­діктердің 64 тұқымдасы бар. Ме­­кеме құрылғаннан бастап ат­қарыл­ған жұмыстардың нәтижесі бо­йын­ша өсімдіктердің 400-ден астам түрі, яғни 57 тұқымдасы; 207 туысы анықталыпты. Өсім­дік­­тер­дің ішінде сирек және эн­де­­мика­лық түр деп танылып, ерекше қор­ға­латын табиғи аумақ терри­ториясы бойынша инди­ка­торлық түр ретінде: жиделер тұқымдасына жататын туысы жиде, түрі – үшкір жеміс жиде, раушангүлділер тұ­қымдасына жататын туысы тобыл­ғы, түрі – орта тобылғы, ала­бұта­лар тұқымдасына жататын туысы сексеуіл, түрі – ақ сексеуіл, туысы бұйырғын, түрі – сортаң бұйырғын анықталыпты.

     Ал жануарлардың ішінде сүт­қоректілерден: киік, қабан, ша­ғыл мысығы және құстардан дала қыраны, қарақұс, жалбағай, тарғақ, аққұйрықты тарғақ, ақбас үйрек, бұйра бірқазан, қызғылт бірқазан, үкі, қарабай, қоқиқаз индикаторлық түр ретінде таңдалып алынған. Оқыр­­­манға түсінікті болу үшін ин­­­ди­­­­ка­торлық түр дегеніміз – сол эко­­­жүйе­нің жағдайын анықтайтын тірі ағзалар екенін айта кеткен жөн. Дегенмен, экожүйені тұтас алып қарамай, оның бола­шақ­та­ғы даму бағытының қанша­лық­ты өріс­­тейтінін айту қиын. Бұл ретте, резер­ватта омырт­қа­­сыз жануар­лар­дың толық зерттел­мегені алаңдатады.

      Мәселен, жаз бойы ызыңдап маза бермей, оның үстіне шағып, қа­ның­ды соратын масаның еш пайдасы жоқтай көрінгенімен, оларсыз бір-бірімен байланысқан тіршіліктегі тынысқа үлкен зиян келер еді. Өзен-көлдердегі ба­лық­­­тың оларсыз кө­бей­мейтіні бел­гілі. Экожүйеде бір­де-бір қажет­сіз тіршілік иесі жоқ екені аян. Атмо­сфераға, су мен то­пырақ­тағы тір­шілік ие­леріне, микроағзалар мен жан-жануарлар әлемінің титімдей ғана бір бөлігіне тигізілген кері әсер тұтас жүйені шайқалтып жібереді. Сондықтан Ырғыз-Торғай табиғи резерватындағы келешекте қолға алатын ауқымды жұмыстың бір парасы осы бағытқа да жүргізілуі тиіс-ау деген ой түйдік.

     Әзірге резерват мұражайында омыртқасыздардың коллекция­ларын ғана көре алдық. Жалпы резер­ват мұражайының жұмысы жақ­сы жолға қойылған екен. Ғы­лы­ми негізге сүйенген мұра­жай келушілерге үлкен мағ­лұмат бе­ріп қана қоймай, жергі­лікті мек­теп­тер­дің шәкірт­терімен де бір­лесе көп­те­ген жұмыстар атқа­ратыны көңілге қонды.

      Қазіргі аз-маз жүргізілген жұ­мыс­тардың аясында Ырғыз-Тор­ғай мемлекеттік табиғи ре­зер­ваты территориясында омырт­қа­сыздардың 15 түрі барлы­ғы анық­­талыпты. Олар: шаршылы өр­­мекші, кәдімгі шыбыншы, Лютка инелігі, кәдімгі дәуіт, жа­сыл шегіртке, қандала әскер, ай­нал­ғыш қоңыз, алтынтүсті қола­қоңыз, жетінүктелі ханқызы, зауза қоңыз, терек жапырақ же­гіш, орамжапырақ ақкөбелек, сұлу көкшіл көбелек, қарашым құмырс­қасы және қарақұрт десе, құс­тардың 250 түрі, оның ішінде 109 түрі сулы-сазды кешеннің өкіл­дері, жыртқыш құстардың 30 түрі кездеседі. Ал ареалы кіші­­рейіп, жойылып кету қаупі бар құстардың 32 түрі «Қызыл кітапқа» енгізіліпті.

       Резерват басшысы Ұлан Ма­мыр­­баев: «Жалпы әлем бо­йын­ша киіктің 5 түрі болса, со­ның үшеуі – Қазақстанда. Ал біздің резер­ваттағы осы үш популя­ция­ның ең ірісі – Бетпақдала попул­я­циясы. Жазда қырылмаған күнде олардың саны әжептәуір өсе­тін еді. Өйткені, осыған дейінгі киік санының артуы резерват жұмы­сының нәтижелілігін көр­сет­кен. Амал не, биыл жаз популя­ция саны кеміп қалды. Ал негізінен Ыр­ғыз жерінде киіктер әрі күйек­ке түседі, әрі төлдейді. Бұл – осы өңір­де өсетін ащы оттың арқа­сы. Эндемик және реликт өсім­дік­терге, индикаторларға ерекше көңіл бөлеміз», – дейді бізбен әңгімесінде.

      Резерваттың ғылыми қызмет­кер­лері жинақтап, мұражай­дан орын алған 4 эндемик өсімдіктің, 27 дәрілік өсімдіктің гербарийі, Жаманшың аймағына осыдан 700 жыл бұрын құлаған метеориттің тек­титтері, бұл аймақта бұрын теңіз болғандығын айғақтайтын те­ңіз жәндіктерінің тасқа айналған қа­быршақ, қаңқалары, акуланың тісі, ақбөкен мен өзге де жабайы аң-құстардың тұлыптарының бар­лығын мұражайды аралатқан гид – Баян Әбдінәбиқызы тәптіштеп айтуға әбден машықтаныпты.

Экотуризм қазаққа жат па?

Аудан әкімі Мейірхан Дуан­беков: «Ырғыз ауданының туризм саласы бойынша әлеуеті мол. Бірақ соны ұқсатып, аудан бюджетін толықтыратын жағдайын туғы­за алмай келеміз. Әйтпесе, таби­ғат байлығына қоса, тарихи ес­керт­­кіш­тер, Жаманшың сынды қайта­лан­бас қызықтар мол», – деп бір елең­детіп қойған болатын. Шы­нын­да, Ырғызда туризмге сұранып тұрған жерлер баршылық екен. Соның бірі жоғарыда әкім айтқан – Жа­маншың. Ғалымдардың бол­жамы бойынша бұдан миллион жыл шамасы бұрын осы жерге кос­мос­тық дене салмағы 36-40 млн. тон­на­лық метеорит құла­ған. Соның сал­дарынан он мың­даған мегатонна бом­баның қуа­тын­дай жарылыстан ау­мағы 5-6 км, тереңдігі 700 метрдей қазан­­шұңқыр, түскен жердің төң­ке­ріл­генінен шыңдар пайда болған. Жа­рылыс төңірегіндегі қысым жүз­д­еген килобарға, температура бір­неше мың градусқа жеткен. Жа­ры­лыс толқынының, шектен тыс температура мен қысымның әсерінен жер қойнауындағы жы­ныс­тардың ауқымды бөлігі араласып, еріген және буланған. Сөйтіп, импактит, тектит жыныстары пайда болған.

    Бұл екі жыныстың жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп, импактиттерге – Жаманшың, тектиттерге – Ырғызит деген ғы­лыми атаулар беріліп, ол дүние­жүзіне мәлім болды. Тектиттер тұңғыш рет осы жерден кездескен. Бұл айтылғандардың бәрін 1937-1939, 1946, 1957, 1969, 1975-1976, 1980, 1986-1988, 1989-жы­лдар­да жүргізілген ғылыми-зерт­теулерінде ғалымдар А.Яшин, В.Вохрамеев, Е.Бойцов, П.Пло­ренский, А.Дабажи, Р.Гриев, Д.Гарвин, Д.Шторнер өз тұжы­рым­дамаларына енгізіліпті. 1989 жылдың күзінде АҚШ, Канада, Германия, Францияның ға­лым­дары­нан жасақталған халық­ара­лық экспедиция Жаман­шың­ға әлем назарын аударған. Ырғызит тек­титі – ірілігі 2-3 мм-ден 2-3 см-ге дейін жететін там­шы, сопақ шар, иірілген көпір­шік пішін­ді келген, күңгірт шы­ны тәріз­ді зат. Ырғызит басқа ел­дер­­ден та­был­ған тектиттерге ұқ­сас көрі­н­еді. Мұның бәрін біз гид Баян Әбді­нәбиқызының сөздерінен білдік.

      Әбілқайыр ханның ордасы қонатын Маңтөбе, табиғаттың кеу­деге таққан маржаны – Малай­дар­көл, Тайпақкөл, Байтақкөл тәрізді көлдер, «Мәнi әулие қорымы», осы өңірге ғана емес, іргелес жатқан Торғай жұртының игі жақсылары құрметтеген әкелі-балалы Алмат, Самыратқа қатысты тарихи орын­дар, жыр-дастандар дейсіз бе, әй­теуір, Ырғызға келген жанның өзін қызық­тыратын небір жәдігерді тауып, жаны жады­рап қайтатыны аян. Мәні әулие қорымына қатысты да неше түрлі аңыздар бар екенін Ырғыз музейін аралағанда байқаған болсақ, резерват қызметкерлері оның Шеңбертал елдi мекенiнен 9 шақырым жерде оқшау жатқан төбе екенін, оның Темірасатау ата­латынын, ал тас қорымдар биiк төбе­де орналасқанына қарамастан, арнайы бармаса бiрден көзге түс­пейтінін айтты.

      Біздің Ырғыз өлкесінде орна­лас­қан ғажайып көлдердің бірі – Сабындыкөл, дейді ырғыздықтар. Сабынкөлдің айдыны 118 гектар, көлденеңі 0,8 км, тереңдігі 1-2 метр, түбі аққайраң. Көлдің сабын аталуының себебі, оның оңтүстік жартысында қалың жалпақ қоға өседі де, қалған солтүстік, батыс бөлігі ашық айдынды. Жалпақ қоға сабағынан минералдық заттар бөлініп шығады да, көлдің ашық бетінен соққан жел оны сапырып араластырып, сабындатып жатады. Сондықтан көлге жуынуға келген ел сабынды пайдаланбайды. Таби­ғат-ана өзі жасаған майда сабынды суға шомылып, жаны сергіген жанның осы көлді аңсап қайта келгісі келетіні заңды емес пе.

     Сонымен қатар, аудан көлемін­де родонды емдік суын атқылап жатқан қайнарлар мен емдік тұзды сулар да мол. Осының бәрі ел ырысына айналып, ту­рис­тер емделіп, сауығып, ал оты­­рық­шы ел соларға қызмет көрсе­тіп, пайдасын тапса, аудан бюд­жеті­нің де бүйірі қомпая түсер еді, деген резерват басшысы Ұлан Мамырбаев экотуризмді дамы­­ту бағытында бүгінгі таңда Ма­лайдар көлдер жүйесі турис­тік маршрутының төлқұжаты дайын­далып қойылғанын айтып өтті. Экотуристік бағытты ұстан­ған бұл жобада маршруттың жал­пы ұзындығы 61,5 шақырымға бел­­гі­леніпті. Жүру уақыты – 3 са­ғат 40 минутқа созылатын, мау­сым айынан қарашаға дейінгі ара­лық­та 22 топқа қызмет көрсетуге лайықталған маршрут бойында сулы-нулы жердің әсем табиғаты, жұпар ауасы, ұшқан құсы мен жүгір­ген аңы қыдырыстаған жан­ның жанын жадыратады деп ой­лаймыз. Көлдер маңайына қаза­қы үй тігіп, қымызымыз бен шұ­ба­тымызды, өзге де ұлт­тық тағам­дарымызды әзірлеп, турис­тер­дің алдына тосса, қандай ғанибет.

Ырғыздың қамысты-қоғалы көлдері – балықшы үшін де, ба­лық үшін де таптырмас мекен. Алайда, ауданда балықты өңдейтін кәсіпорындардың жоқтығы пайда іздеген жанның аяғын тұсайды-ақ. Оның үстіне, балық қоры шо­ғыр­лан­ған өзен-көлдері бар аудан­ның облыс орталығынан 490-500 ша­­қырым жерде жатуы тез бұ­зы­ла­тын балықты халық тығыз қо­ныс­­танған қалаға жеткізу­ге үл­кен кедергі. Дегенмен, Қы­зыл­орда об­лы­сындағы Қазалы ауда­ны­­ның тұр­ғыны, «Бақыт» шаруа қожа­лы­ғы­ның төрағасы Аман­бай Ер­хатов Байтақ көлін мердігерлікке алып, Ырғызда балық­ты бастапқы өң­деу цехын ашу­ды жоспарлапты. Ен­ді-енді қол­ға алына бастаған осы жұмысқа ырғыз­дықтар үмітпен қарап отыр екен.

     Қайткен күнде де Ырғыздың өзен-көлдерінен ауланған балыққа сұраныс жоғары екенін облыс орта­лығында өткізілетін күзгі жәр­меңкелерден көріп жүрміз. Ха­лық Ырғыз балығы десе елең­деп, қақшып алып кетіп жатады. Сон­дықтан бірді-екілі балық өңдей­тін кәсіпорынның аздық етуі де мүмкін, сол себепті осы істі дөң­ге­лен­тіп алып кететін кәсіп­кер­лер та­былып жатса, оларға қолдау көр­сетілетін болса, кәні, дейді ырғыздықтар.

Түйін

      Облыс орталығынан шалғайда жатса да, хал-қадерінше тырба­нып, еселеп еңбек етіп, туған жер­­дің өзен-көлі, тау-тасын көз­дері­­нің қарашығындай сақ­тап, табиғатын аялап, елдік дәстүр­дің озығына тозаң түсірмей ұрпақтарына жет­кізіп келе жатқан Ырғыз ауданы­ның жұртшылығын қалай мақ­тап, мадақтасаң да артықтық етпей­тін­дей. Күнделікті қоңыртөбел тір­ші­лі­гін кешіп, ертеңгі күндеріне де­ген үмітін желмаяға артқандай етіп, қайтсек бабалардан мирасқа қал­ған жерді жетімсіретпейміз, оның көсегесін көгертеміз деген игілікті ойдың жетегінде жүрген оларға үлкен бір ризашылықпен қарадық.

     Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Астана – Ырғыз – Астана.

толығырақ

      Сырабат – ауыл. Мырзашөл даласына қоныс теуіп, мал бағып, соқа салып, егін егіп, жан бітіріп, жаңа тұрмыс, тіршілік көзін ашқан, абаттандырып, ел ырысын молайтқандардың ішінде ауызекі атаумен аталып кеткен Ленинабад атауының бұл күнде ешқандай тарихи да, саяси да мәні жок.Үкіметіміздің 2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 Қаулысымен мақұлдан­ған Қазақстан Республикасындағы мем­лекеттік ономастикалық жұмыс Тұ­жырымдамасының талаптарына сәй­кес елді мекендерді жер тарихы мен таби­ғатына сай келетін көркем атаулармен өзгерту талап етіледі. Осыған орай Ленинабад ауылы Сырабат ауылы деп өзгертілді.

      Байдала – ауыл. Жданов ауылы жерін баптап, жемісін еселеп алатын диқандардың мекені екенін жұрттың бәрі біледі. Ауыл тұрғындары құнарлы жерін баптап, өнімін алып, артығын сыртқа сатып еңбегінің жемісін көріп келеді. Кешегі қараусыз жатқан сар дала иесін тауып, «Байдалаға» айналды.
     Сондықтан Сыр бойында орналасқан Ш.Ділдәбеков ауылдық округі ақсақал­дарынын, жалпы сонда тұратын халықтың ұсыныс-пікірлерін ескере келе, Жданов ауылы – Байдала ауылы болып өзгертілген.


        Үтіртөбе – VІІ-VІІІ ғасырлардан бері келе жатқан жер атауы. Сырдария өзенінің сол жағалауында өткен ғасырларда Үтірлі деген қала болған көрінеді. Үтірлі қаласы Шардара қа­ласынан өзен арқылы қайықпен жүзсе 20-25 шақырым, бұрынғы ескі жолмен жүрсе, 40-50 шақырымдай жерде орналасқан. 1960 жылға дейін сол қаланың орнында су деңгейімен есептегенде биіктігі 30-40 метрдей екі үлкен төбе болатын. Айналасы тереңдігі 4-5 метрдей етіп қазылып тасталған. Сондай-ақ төбенің оң жағында терең құдық, ал сол жағында жердің астына кіретін текпешек орналасқан.
     Үтірлі қаласын зерттеу үшін 1970 жылы Алматы қаласынан келген архео­логтар екі жылдай қазба жұмыстарын жүргізген. Бұрынғы көнекөз қариялардың айтуынша, бұл Үтірлі қаласында екі су диірмені болған екен. Халық бидай егіп, мал бағып, күнкөріс еткен көрінеді. Күз кезінде Ташкент, Самарқан, Қоқан қалаларына қатынап, сауда-саттық жасап отырған.


      Жүзімдік – ауыл. Абай ауылдық округі аумағында Плодовиноградное елді мекені орналасқан. Мұнда түрлі ұлт өкілдері тұрады.Елді мекен Абай ауылдық округінің орталығы болып есептеледі. Тұрғындарының басым көпшілігі жүзім өсірумен айналысады. Мемлекеттік ономастика Тұжырымдамасына сәйкес, ауыл тұрғындары Плодовиноградное елді мекенін Жүзімдік ауылы деп өзгертуді жөн санаған.


       Қостақыр – ауыл. Қызылқұм ауылдық округіне бағынысты Қазақстанның 60 жылдығы ауылы 1958 жылы құрылған. Онда 292 тұрғын бар.Қазақстан Респуб­ликасы өзінің егемендігін алған соң, ауылдың бұрынғы, ескі атауларының саяси тұрғыдан мәнін жоғалтқандығына байланысты Қазақстанның 60 жылдьіғы ауылының орнына елдің арасында айтылып келген, (бұрын сол ауылда екі тақыр төбешік болған, оған ешқандай шөп басқа да нәрселер өспейтін болған) ескі тарихи жердің атауы бойынша ауылды Қостақыр ауылы деп өзгерту ұсынылып отыр.

       Кемер – ауыл. Кезінде тыңнан игерілген Мырзашөл өңірі Сыр бойында тобылғы, тал, жыңғыл тоғай өскен, жусаны шүйгін, боз дала болған.
    Ол туралы көнекөз кариялардың көркем суреттеген сөздері де, ақын-жазушыларымыздың шығармалары да аз емес. Сол тың далаға коныс теуіп, мал бағып, соқа салып, егін егіп, жан бітіріп, жаңа тұрмыс-тіршілік көзін ашқан, абаттандырып, ел ырысын молайтқан қазақ халқымен қоса, өзге де ұлт өкілдері болған. Сол тарихи кезеңде, кеңестік дәуірде арнайы шешім, құжатсыз қарапайым қызметкердің ауызекі айтуымен қойылып кеткен Кирпичное ауылының бұл күнде ешқандай тарихи да, саяси да мәні жоқ. Осы жағын ескеріп, Кирпичное ауылы Кемер ауылы болып өзгертілген.

       Зерделі – ауыл. Ауыл тұрғындары ақылдаса келе, Большевик ауылының атауын «Зерделі» деп өзгертуді жөн көрді. Зерделі десе, зердесі бар бұл ауыл қазіргі таңға дейін ұқыпты тіршілік етіп, бейбіт өмір сүріп, жұрт болып жұмылып, жомарт жерін еміп, тарықпай жарты ғасырдан астам уақыт осы ауылды мекендеп, өсіп-өніп келеді. Осы мерзімге дейін бейнетімен елге танылған, халқының мақтауы мен марапаттауына ілінген небір еңбек озаттары мен зерделі қариялардан үлгі алған елін, Отанын, туған жерін жанындай сүйіп, жеткіншектен өсіп-жетіліп, мемлекетіміздің тұтқасын ұстаған, абзал азаматтар болған. Затына аты сай болсын деген мақсатпен, бұл ауыл Зерек азаматтары мен Зерделі ақсақалдарының құрметіне койылған жаңа атау «Зерделі» осыдан туындап отыр. Бұл ауылда Байназар Татаев, Әмірбек Бекмұратов, Қыдыр Егембердиев, Айтқожа Қасимов, Еркін Сүлейменов секілді халық мүддесін өз мүддесінен жоғары қойған біртуар ел басшылары болған. «Зерделі» сөзі келешегін болжай білетін, өз жолынан жаңылмас «көреген» деген сөзге саяды.

     Сұлубұлақ – ауыл. Бұл ауыл Асық ата өңірінің оңтүстік шетінде жайғасқан. Жері құнарлы, елі диқан ауыл бау-бақшаға оранған. Аймақ бойынша, онтүстік өлкесінде бау-бақшасын ерте баптап, қауын-қарбыз, көкөністің түр-түрін өте ерте пісіреді. Бұл ауылдан облысқа, республикамызға танымал талай диқандар өсіп шығып, аймаққа тәжірибесін үлгі еткен Әбутәліп, Әліп, Ыса, Әбу, Сәмет, Медет, Сәуір, Арзықұл, Рысқұл секілді аттары аңызға айналған диқандар өткен. Осы елді мекеннің ортасынан елдің пейілі мен несібесіне орай осыдан 15-20 жыл бұрын керемет шипалы бұлақ көзі табылған. Арнайы тексеру, су құрамын анықтау, т.б. зерттеліп судың сапалығы Сарыағаш, Жетісай, Ташкент шипалы суларынан кем еместігін дәлелдеген, оған арнайы рұқсат құжат алынған. Бұлақтың осындай қасиеттерін ескере отырып, Чкалов ауылының кариялары ауыл атын Сұлубұлақ деп өзгертуді жөн санайды.

        «Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

    

толығырақ


        Обыр... Атың өшкір ғасырлар дертіне айналған қатерлі ісік. Бірнеше жүздеген жылдар бойы ірі -ірі ғылыми-зерттеу институттары, ғұламалар, медицина саласының білгірлері емін таба алмай жүрген қасірет. Әйтеуір енді басталып келе жатқан шағында дәрігерге көрінгеннің өмірін ұзарта алатын шипаны тапты ғалымдар. Бұған да шүкіршілік деп жүргенде ойда жоқта АҚШ ғалымдары айды аспанға бір-ақ шығарды. 

      Таяуда әлемдік БАҚ-тар Калифорния шта­тындағы университет ғалымдарының ғылыми тілде Artemisia Annua деп аталатын өсімдіктің бар-жоғы 16 сағаттың ішінде өкпе рагы жасушаларының 98 пайы­зын бірден жойып жіберуге қабілетті екенін анықтағандығын жарыса жазды. Бұл медицина саласындағы аса зор жетістік. Аса қуанышты әрі қызығарлық та, қызғанарлық та жағдай. Қызғанатынымыз, бұл өсімдіктің қазақ даласының кез келген жерінде кездесетін, жұпар иісі бұрқырап өсіп тұратын кәдімгі жусан екендігі. Яғни, жусанды кешіп жүрген ғалымдарымыздың, ғылыми-зерттеу институттарындағы мамандарымыздың қолда бар дәру шөптің осынау қасиетін аңғара алмауы. Енді америкалық ғалымдардың еңбегіне тағы бір үңілелік. Тіпті олар жусанды бұл мақсатқа пайдалана білудің де өз ерекшеліктері бар екенін де анықтаған. Мысалы, оның бір жылдық өскінін емге қолданған жағдайда ол өкпедегі қатерлі ісіктің тек 28 пайызын жойып жібереді. Ал егер оған темір қоспасын қосып пайдаланса, өсімдік обырды толық құртып жі­береді.

       Ал жусан сайын даламызды тұтастай басып жатыр. Қазақстанның барлық жерінде - шөл-шөлейтті далада, таулы жерлерде өсетін 81 түрі бар.

       «Жусанның 17 түрі - сирек кездесетін эндемик түрге жатады. Шырғалжын жусанның жапырағы мен сабағын жеуге болады, құм жусаны құм тоқтату үшін пайдаланылады. Арасында улы түрі (таврий жусаны) де кездеседі, оны мал жемейді. Жусан - құнарлы мал азығы, дәрілік, бояуыш, тағамдық, витаминді, эфир майлы өсімдік. Жусанды қолдан (мысалы, тамыржусан) да өсіреді. Ал Қазақстанда ғана өсетін бір түрі - дәрмененің дәрілік шөп ретінде ерекше мәні бар, делінген wikipedia.org-та.

      Әдетте, дәрілік тым сирек кездесетіндігі табиғи заңдылық. Ендеше мұның дермене болуы әбден мүмкін. Ал дермене тек Оңтүстік Қазақстан өңірінде,  Арыс ауданы аумағында  өседі. Ғаламторға үңілдік. Дермене жайлы бірнеше ғылыми еңбектер де жарық көрген екен. «Бұл өсімдіктің шипалық қасиетін қазақ халқы ерте кездерден бастап-ақ біліп, оның қайнатылған тұнбасын, қоспасын түрлі ауруларға (әсіресе, ішектегі құрттарды түсіру үшін) пайдалана білгендігі тарихтан белгілі. Ерте кездерде дәрілік өсімдіктерді іздеп келген басқа ұлт өкілдері жергілікті тұрғындардан «қандай дәрілік өсімдіктерді білесіңдер?» деп сұраған кезде «дәрі міне» деп дермене жусанын көрсеткен екен деген аңыз бойынша оның атауы «дәрі міне», сөз тіркестерінен алынып, «дермене» деп аталып кеткен. Сондықтан да, дермене жусанын «дәрінің қазынасы», «дәрінің қоймасы», «дәрілердің патшасы», «дәрілердің дәрісі» деп босқа атамаған.
Шипалық қасиеті туралы деректер Рим ойшылы Үлкен Плинийдің еңбектерінде кездеседі. Ал орта ғасырларда көрнекті араб дәрігері Ибн-Байтар еңбектері арқылы медицина ғылымына дермене жусанының дәрілік қасиеті кеңінен танылды. Ертеде арабтар дермене жусанын «киелі шөп» деп атаған.
       Дәрілік қасиеті ғылыми тұрғыда 1830 жылы анықталды. Оны Калер мен Алемс деген ғалымдар арнайы зерттеді.
      Біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде дермене жусаны Жерорта, Каспий және Қара теңіздерінің жағалауларында, Орта Азия мен Қазақстан аумағында өскендігі туралы да тарихи деректер сақталған.
      Дермене жусанының ежелгі отаны - Палестина мен Мысыр аймағы деп есептелінеді»,- деп жазады Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық универсиетінің  профессоры Рысбай Сәтімбеков. Танымал қаламгер Дулат Исабеков «Дермене» повесінде осы дәрілік шөп туралы тоқталып өтеді. «Дермене - мен тұратын ауылдың да атауы. Оңтүстік өңірде көп өсетін емдік қасиетті шөп арнайы күтімге алынғанын білетінмін. Асыл шөп жайлы ел аузында аңыз желісі бар: «Ертеде елді ағайынды қос жігіт басқарыпты. Мамыражай бір күні сырттан жау тиеді. Хандықты басып алады. Биліктен айырылған екеудің бірі қаңғырып кетеді де, екіншісі осы жерде көптің бірі болып қалады. Арада жылдар өтеді. Жатжұрттық хан қайтыс болады. Тұрғылықты халық қайтадан байырғы қалпына оралады. Ағайынды жігіттің үлкені бауырын іздеуге кіріседі. Жан-жаққа хабаршы жібереді. Ауыл-ауылға сұрау салады. Дүниенің төрт бұрышын шарлап жүргенде, інісінің дерегі шығады. Хабар жеткенімен, кері оралуға намыстанған бауыры жатжұрттық болып қала беруді таңдайды. Мұны түсінген ағасы ақ шүберекке бір түп дерменені түйіп, сәлемшілерден беріп жіберіпті. Орамалдың түйінін жазып, дермененің хош иісін емірене иіскеген жігіт ағыл-тегіл жыласа керек. Шіркін, туған ауылдың иісі-ай!.. Көп ұзамай атамекенге оралыпты». Осылай деп толғанады Дулат Исабеков.

      Кім жыл санап жүріпті. Шамасы өткен ғасырдың 80-жылдары. Көктемгі мал төлдету науқаны қызып жатқан кез еді. Қазақ радиосының «Ауыл өмірі» редакциясында тілші болып жүрген шақ. Іссапармен Қызылқұм, Арыс аудандарының шаруашылықтарын аралап, Арыстанды-Қарабастың өкпек желімен жағаласып жүріп, шопан қауымының ауыр да тынымсыз  тыныс-тіршілігін көзбен көрдік. Репортерді жаңалықтарға толтырып Арыс стансасына келіп, Алматыға қайтуға билет алдым. Қас қарайып қалған кез, пойыздың жүруіне 6-7 сағат уақыт бар. Арыс үлкен станса. Бір жағы Мәскеу, бір жағы Өзбекстан, бір жағы Алматы дегендей, қышқырған тепловоздар рельсті солқылдатып арлы-бері ағылып жатыр. Сөмкемді  арқалап стансаның басында тұратын немере ағам - Өмірзақтың үйіне бардым. Кешкі асқа қам жасап жатқан жеңгем дереу қазан көтерді. Көп сөйлемейтін Өмекең болса аз-кем жаңалық сұрасқан соң орнынан тұрып шығып кетті. Сәлден соң үш литрлік шыны банкі көтерген күйі қайта кіріп келді де кесеге толтыра құйды. «Сімір, түгел тарт», - деді. «Дермененің қайнатпасы. Ем болады. Ет піскенше, жөтелің де азаяды». Жаппарқұлда жан бар ма, қышқылтым сарғылт тартқан сусынды дем алмастан сылқылдата жұттым. Артынша шәй іштік. Маңдайымнан сауылдай тер ақты. Міне ғажап, ет піскенше тамақты буған жөтел де басылды. Ағам пойызға шығарып салып тұрып, бір түйіншекті берді. «Дермененің дәні. Тамызда өзім жинағанмын. Салқындап қалған жағдайда бір шәй қасықтай мөлшерде шәйнекке демдеп, ішіп алсаң болғаны. Біздің үйдегі бала-шаға  тымау-сымауды ұмытқалы қашан", - деп жылы жымиды.  

     Сан дерттің дауасына айналған қайран асыл шөптің тарихын қазбаладық.

      ХІХ ғасырдың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан өңірінде өсетін дермене жусаны әлемге әйгілі болып, оны өндірістік негізде кеңінен пайдалану қолға алынды. 1830 жылы дермене жусанының құрамынан алғаш рет кристалды «сантонин» деп аталатын шипалық қасиеті өте жоғары препарат алынды. Бұл препарат тек қана дермене жусанынан ғана дайындалады. 1880 жылы орыс көпесі Савинковтың қолға алуымен Шымкент қаласында дермене жусанынан сантонин өндіретін арнайы зауыт салынды. Ал 1885 жылы Түркістан өлкесіндегі дермене кәсіпорны өзінің ең алғашқы өнімі - 189 пұт сантонин шығарады. Ресейде бұл өнімнің 2-3 пұты ғана пайдаланылып, қалғаны түгелдей шетелге тасымалданған. Бертінде КСРО Министрлер Кеңесінің 1949 жылғы 28 тамыздағы өкімімен емдік шөптерді өсіру үшін «Дермене» кеңшары ұйымдастырылған. Бұл шаруашылық сол кезеңдерде дәрілік шөптерді дайындап, дәріханалар мен басқармаларға және зауыттарға шикізат түрінде жіберіп отырды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстанда өзіндік фармацевтикалық өндірісті игеріп, игілікке жаратуға шынайы бетбұрыс жасала бастады. 1993 жылы «Химфарм» АҚ құрылды. Бүгінде зауыт ыстық түсіретін дәрі-дәрмектер, антацидтер, асқазан жарасын емдеуге қажетті, өт айдайтын препараттар, диареяға, вирустарға, жөтелге, суықтауға қарсы препараттар, жүйкені тыныштандыратын, теріні және жарақаттарды дезинфекциялайтын дүниелер шығарады. Сондай-ақ, фармацевтикалық тұнбалар, парафармацевтикалық, тамақтануға қосымша қоспалар, урология, дерматология, гинекология және акушерлік, эндокринология, иммунология салаларына қажетті, тағы басқа да толып жатқан дәрі-дәрмектер әзірлейді. Жылына 1 миллиард таблетка, капсула және түйіршіктер, 350 миллион ампула, 24 миллион құты антибиотиктер, 4 миллион пакет инфузиялар өндіреді. Сан дерттің дауасына айналған асыл шөптің миллиондаған жанның дертіне дауа болып отырғандығының айғағы бұл. Ал ғалымдардың обаның, ғасыр дертінің, жо-жоқ, ғасырлар дертінің емі екендігін тапқаны дүниені дүр сілкіндірер оқиға екендігі анық.  Сан мыңдаған сырқаттардың үмітін оятқан өкпе рагы жасушаларының 98 пайы­зын бірден жойып жіберуге қабілетті дәрі жасалды. Тыңнан түрен салынды. Әлем жұртшылығының адам ағзасының өзге де мүшелерін  жегідей жеген бұл дерттің құпиясы ашылар күнді елеңдей күтіп отырған жағдайы бар. Біз үшін әттеген-айы, мұхиттың арғы жағындағылардың жусан кешіп жүрген біздің алдымызды орап кеткендігі. Ендеше,  ғалымдарымыздың озық ойлы америкалық әріптестерімен тізе қосып, бұл бағыттағы  ғылыми жұмыстарын жандандыра түсетін шақ туды. Мүмкін, үкілі үміттерге сенім құйған дермененің тағы бір ғажайып емдік қасиетін АҚШ пен Қазақстан ғалымдары ашқан сәттің куәсі де болып қалармыз.

         Ерлан Қожакелдиев

       http://inform.kz/kaz/article/2885679

толығырақ

Қайыңды көл. © akzholtravel.com

Қайыңды көл. © akzholtravel.com

              Тізімге 1911 жылғы жер сілкінісінен кейін пайда болған Қайыңды көлі енді.

akzholtravel.com 

Сондай-ақ, ХІV ғасырда салынған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі кірді.

culturemap.kz 


   Үшінші Балқаш қаласының солтүстігінде 70 шақырым жерде орналасқан Бектау-ата тауы аталған. Бұл таудың көрінісі әсемдігімен ерекшеленеді. Таудың жанында кішігірім көл бар.

nataliesartisson.com


    Тізімді Маңғыстау облысындағы Оғланды елді-мекеніндегі Бекет-ата мешіті жалғастырады. Ол ХVІІ қасырда салынған.

 youvision


     Сонымен қатар тізімге елордадағы «Бәй терек» монументі де енген.

putidorogi-nn.ru


       «Бәйтерек» сөзі қазақ тілінде жас, мықты ағаш атауы. Жоба авторы осылайша мемлекетпен қатар ел тарихы сақталып, болашағымыз көркейе берсін деген ниетпен қолға алған», – деп жазады басылым.

      National Geographic журналын Қазақстанда осы жылдың наурыз айынан бастап шығара бастады. Журналдың алғашқы санында Маңғыстаудың көрікті жерлері жарияланған еді.
      2015 жылы Монғолиядағы «дәстүрлі қазақ тойының» суреті жарияланып, әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді.
        stan.kz

Толығырақ: http://alashainasy.kz/suretter_soileidi/kazakstannyin-5-korkt-jer-reseylk-National-Geographic-jurnalyina-end-foto-82495/

толығырақ

Қайыңды көл алапат жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болған Қайыңды көл алапат жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болған

       Алматы қаласынан 275 шақырымдай оңтүстік – шығысқа қарай  теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте Күнгей Алатау шатқалында Қайыңды атты көл бар. Көлдің қайыңды аталуының өзі жердің көрініс-келбетіне қарай айтылса керек. Өйткені, бұл жерде қайыңды орман мен көл бір-бірімен астасып, шектесіп, ерекше бір табиғи құбылыс жасап жатыр.

       Қайыңды көл 1910 жылғы болған алапат жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болды. Жер тербелуі нәтижесінен болған тау бөктеріндегі үлкен шұңқырға су жиналып тоғанға айналған. 1980 жылы табиғат құбылыстарының нәтижесінде  Қайыңды көлінің ауданы біршама кішірейді.

        Көлдің қазіргі таңда ұзындығы 400 метрді құраса, су айдынының тереңдігі 21 метр. Ал табиғи тоғандағы судың жоғарғы  температурасы +6 градусқа дейін көтеріледі.  Жалпы, жаз айларында мұндағы  ауа райының орташа температурасы +23 градусты көрсетіп тұрады.

        Су айдыны тек қайың ормандар қоршағандықтан айнала Қайыңды (қайыңы мол жер) деп аталған.

       Көлдің жан-жағы түгелдей тау қоршап тұр. Осы бір биік тау жоталарынан Саты шатқалы мен Шілік өзенінің керемет көрінісін тамашалауға болады.

Қайыңдының туристерді таңқалдырған ғажап көрінісіҚайыңдының туристерді таңқалдырған ғажап көрінісі

      Осы маңнан өтіп бара жатқан жолаушының көз алдында әдемі көрініс тұрады. Суға батқан кемелерге ұқсас Тянь-Шань шыршаларының су түбінен тікірейе көтерілген діңдері тура бір су асты кемесінің тікірейіп алдымен көрінетін радио антенасындай болып көзге шалынады. Дәл осы көрініс ғасырдан да ұзақ уақыт сақталып келеді.

        Қайыңдыда балық атаулы мүлдем жоқ. Сондықтан болар бұл көлді «өлі» деп те атайды. 1930 жылы көлге жыныс орманды суда жүзетін балық түрін әкеліп жіберген болатын. Белгісіз себептермен балық тұқымы сол кездің өзінде өміршеңдік таныта алмады. Дегенмен, көлден төмен, өзенде форель жүзіп жүреді. Балықшылар көлдің жағасында отырып, қармақтарымен аулап алған балықтарынан дәмді сорпа жасап ішіп, рахатқа бөленеді.

      Көлдің орманды жағын қасқыр, аю, бұғы мен барыстар және көптеген тұяқты жануарлар мекен етеді.

      Бүгінгі таңда суға сүңгігіштер арасында танымал болған көл маңында демалысқа арналған түрлі шатырлармен үйшіктер тұрғызылған.

      Сондай ақ, Қайыңды көлі шетелдік туристердің тамашалайтын көрікті орнынына айналған ғажап мекен.

       http://munara.kz/habar/author1kaz/2015/09/25/kaiyndi.html

толығырақ

Kazygurt

        Қызылбұлақ – ауыл. Қызылбұлақ – Жігерген ауылдық округіндегі елді мекен атауы. Қызылбұлақтың жағалауының жері қызыл болғандықтан, көктем-күз айларында жаңбыр жауып, жаңбырдың суы бұлақтың суымен бірге қып-қызыл болып ағып жатады. Сондықтан, елді мекен Қызылбұлақ деп аталып кеткен.

       Тесіктөбе – ауыл. Тесіктөбе – Көкібел ауыл әкімшілігіне қарасты жер атауы. Жер­асты үңгір жолдарының болуына байланыс­ты қойылған екен. Тесіктөбе маңындағы үңгірдің бір шеті Сайрамнан шыққан деген аңыз бар. Кейбір аңызда осы төбе астындағы тесікті казақ жауынгерлері жау қолының қосынан шығу үшін жасырын қазған екен дейді.
      Көктөбе – елді мекен. Көктөбе елді мекені Қақпақ ауылынан 15 шақырымдай қашықтықта. Тянь-Шань тауларының етегіндегі жазық аймақта орналасқан. Үй басы сайын бұлақ, суы мөлдір, ауасы таза, шөбі қысы-жазы жап-жасыл. Төбе басындағы жазық тегістіктегі жемісті, саялы ағаштар көкпеңбек болғандықтан, Кектөбе деп атап кеткен.
       Жері құнарлы, жауын-шашыны мол Көктөбе ауылы егіннен мол өнім алады, жеміс ағаштарына бай.
          Қақпақ – ауыл. Қақпақ – ауыл аты. Сонау ерте заманнан бері адамдар мекендеп, тіршілік етіп келген жер. Бұған Қарауылтөбе, Төрткүлтөбе, т.б. жерлерде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған заттар куә. Заңғар тауының етегінде Қақпақ дейтін ел орналасқан. Нақ осы жер тау қойнауына енетін жолдар мен даланы таудан бөліп тұратын қақпақ секілді. Сонау бір кездердегі түркі әлеміне байланысты қытай мен араб-парсы авторларының жазбаларында көрсетілген «Темір қақпаның» бірі – осы.
       Қақпақ атауы туралы дүниеден өткен және көзі тірі қариялардың арасында айтылатын екі түрлі нұсқа бар.
1. Қақпақтағы «Базарбайбұлақ» деген жердің тұсында «Қақпақ тас» деген тас бар. Ол жерге қамауда 10 мыңға дейін қара мал ұстауға болады. Осы қақпақ тасқа байланыс­ты жеріміз Қақпақ аталған дейді көнекөз қариялар.
2. 1723 жылдары жоңғарларға қарсы қазақ елі ес жиып, күш біріктіріп, жауға тойтарыс беру үшін Заңғар тауының басына топтап, тас үйгізеді. Жақсы қаруланған 60-70 қарулы азамат шабуыл жасап, қорқып қашқан болып, Заңғар тауының ішіне кіреді. Ол жердің өзі қақпаға ұқсас тарлау қуыс болады. Жаудың негізгі әскері кіріп болды-ау дегенде, таудың төбесінен тастарды домалатып, жаудың көбін қырғынға ұшыратады. Сол себептен бұл ара Қақпақ аталып кеткен.

     «Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша  дайындаған өлкетанушы  Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

    http://anatili.kazgazeta.kz/?p=35651#respond

толығырақ

IMG_5769

 Сеңгір сілемдердің сауырын сипай сылқылдаған сұлу Марқакөл! Тау табанына тұнған тұныққа іңкәр еткен жиырмасыншы ғасырдағы Алтайдың алғашқы жыршылары Смағұл Сәдуақасов пен Жүсіпбек Аймауытов көкелеріміз еді. Смағұл 1922 жылы «Өртең» газетіне жариялаған «Қазақстан» атты танымдық мақаласында: «Сарыарқаның күншығыс оңтүстігі өр елдегі айрықша тұрған бір жер. Ол Зайсан, Өскемен үйездері. Ар жағынан тауы, Тарбағатай, бер жағы Ертіс, Зайсан, Марқакөл деген әдемі көлдер бар. Бұл маңайдың әдемілігі Еуропадағы Шуетсария тауларынан анағұрлым ілгері. Шуетсария өзіне Шуетсария, Қазақстанның ішінде Алтайдан әдемі жер жоқ. Алтай – жердің жұмағы, Алтай – біздің жер. Алтайда болған адамда арман жоқ!» деп тебірене жазды. Жүсіпбек сомдаған Ақбілек арудың ақ ауылы – Алтай еліне асықтырған көңіл күздің күрең қабағына қаратқан жоқ. Апта аптығын басты-ау дегенде жолға түстік. Ақбауырды асып, Көктауды көктеп, Тайынтыға тамсанып, Күршімге келгенде күр-күр еткен паром келесі жағаға жеткізді. Бұқтырманың қайық жарған қара суына қарап, қарсы соққан суық желі жағамызды қаусыра көтерткенде ымырт үйірілді. Қоналқадан соң ертеңгілік жазықтағы Жайсаң – Зайсан көлінің күншығыс жағасындағы ­ауылдарды аралап, Боранға бұрылып, Теректіге тоқтап, Мәрмәр асқарының алқымындағы ирек жолда ирек қамшылап Ұранқайға жеткенде тағы қою түн түсті.

    Марқакөлдің солтүстік-шығысы Ақсу­­­­басы атты сілемнен басталады. Оңтүстік-шығысында Азутас, батысында биік Сары­тау Марқаны бөгеп тұр. Көлде алты миллиард текше метр тұщы су бар. Ертеде Марқаның жағасын қазақтың дәулеті асқан бір байы жайлапты. Қыс түсе малын тебінге Шанағатыға апарады екен. Шанағаты – елу градустық аяз болса да, жауған қары қыс мезгілінде малға өріс беретін құйқалы жер. Жазда жайлауға Сарытауға қонады. Қыстамаға дейін отыратын күзеуі Қарағайлыбұлақ өңірі. Оның арғы жағы Шүмек. Көлге елуге жуық өзендер мен бұлақтар құяды. Сөйтсе де, жалғыз Қалжыр өзені ағып шығып, Қара Ертіске қосылады. Қалжырдың көлден шығар сағасы шәугімнің шүмегі сияқты болған соң Шүмек аталған. Марқаны жайлаған байдың жалғыз қызы болады. Өзі хас сұлу. Қыз бой жеткенде керей мен найманның мырзалары бірінен соң бірі құдаласуға сөз салады. Тәкаппар, еркекшора өскендіктен әкесі жалғызының көңіліне қарайлайды екен. Алайда, «қыз – жатжұрттық». Әкесі сонда дүйім елге жар салыпты: «Қызымда көңілі бар жігіт­тердің бәрі келсін. Бір талабым бар. Соны орындаса қызымды жарты байлығым­мен қосып беремін» дейді. Жан-жақтан халық жиналады. Бес қаруын асынып, жүйріктеріне мініп дәмесі бар ер-азамат­тар келеді. Ұлан-асыр той үстінде бай талабын айтады: «Марқаның еті піскенге дейін көлді айнала шапқан бәйгеден кім­нің аты озып келсе, соған қызымды бере­мін» дейді. Бұлшық еті ойнаған, жебесі мүлт кетпейтін, сілтеген найзасы қақыра­тып өтер сырттан, солай болса да кедейші­лігі­нен астында жалғыз күрең бестісі бар жалғыз жігіт те тойға келген екен. Ол да аты­нан түсіп, жануарын бәйгеге қосады. Қазан қай­нап жатыр. Балуандар күресіп, әншілер әуелете ән шырқап, сиқыршы-даршылар өз өнерін көрсетіп той қыза түседі. Марқа еті пісті-ау дегенде алыстан шаң көрінеді. Бәйгеден әлгі кедей жігіттің күрең бестісі келеді. Бастапқыда кедей жігітке күле қараған бай сөзінде тұрып, қызын ұзатып, ұлан-асыр той жасайды. Жігіт байдың байлығына бас ие ұлы болады. Содан бері осы көлдің аты Марқакөл аталған деседі.

       …Күнтаудан күн көтерілгенде көрдім. Марқакөл! Ұранқайымыз ұрын келген күйеудей көлдің іргесіне қоныпты. Сол иықтағы төбенің теріскейі ұйысып тұр. Әлдебір шебер суретші сары-жасыл бояуды айқыш-ұйқыш шаша салғандай. Ал күнгей қабырғалар селдір, құбасары түске енген. Қалың қарағай мен қайың, сыңсыған самырсын мезгіл әуенін шертеді. Күздің алтын тәжін киген Алтай табиғаттың тағы­на отырғандай паң, байсал тартқан. Кел­беті өзгермеген Марқа тұнығы! Тау теңізі қашан мұз құрсаулап, ақ етіне аппақ қардан жамыл­ғы жамылмайынша аспан жүзін көріп ұялатын айдын айна көркінен айнымас, сірә!

      Мұнда екі мәрте Кеңес Одағының Батырлары Валентин Лебедев пен Алексей Губарев, Халық қаһарманы Тоқтар Әу­бәкіров сынды атақты ғарышкерлер, КСРО Халық әртістері Роза Бағланова, Асанәлі Әшімов меймандос елдің қонағы болған, демалған. Демалыс демекші, Марқа – әйгілі Сәбит Мұқановтың сүйікті демалыс орны болыпты. Тұнықтың теріс­кейінде «Сәбиттің теректі мүйісі» атанып кеткен жер бар. Көлге сұғынып жатқан құмды жағалау, көрікті мүйіс. Партия заманында Сәбең Марқакөлге тынығуға келеді екен де, атпен серуендеп, көлге шомылып, аунап-қунап, қуат жинап қайтады екен. Әрине, әйгілі жазушыны құрақ ұшып күтетін жергілікті жұрт. Сәбеңнің қолы­на су құйғандар бүгінде немерелеріне сөз зер­герінің есімін еншілеген теректі мүйіс жайлы жиі айтып жүр. 1962 жылы шілде­нің шіліңгірінде Алтайды саялап келген Сәбеңе Марқакөл ауданындағы Бо­ран ауы­лының орта мектеп мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтың жазған бір өлеңі сақталған.

– Сәбе аға, қош келдіңіз Марқакөлге,

Шығыста шығып жүрсіз дарқан төрге.

Әлемін Қазақстан сіз білесіз,

Бар ма екен сұлу өлке бұдан өңге?!

 

Ну орман самырсынды, қарағайлы,

Саясы тіршіліктің жанға жайлы.

Біз өскен етегінде Алтай осы –

Суы бал, жидегі ем, шөбі майлы.

 

Аңқыған жұпар иісі гүл бәйшешек,

Қойғандай жердің беті кілем төсеп.

Біз өскен етегінде Алтай осы –

Артық па «Жер жәннаты – бізде!» десек.

 

Сылдырап бұлақтары таудан аққан,

Үнімен сыңғыр нәзік жанға жаққан.

Біз өскен етегінде Алтай осы,

Кем бе екен кереметі дәл жұмақтан?!

 

Көгілдір көз ұшында бұйра толқын,

Жүздірген қызыл балық нелер сортын.

Біз өскен жағасында Марқакөл бұл,

Кеудеме тұтандырған өмір отын!

       Кеңестік «Клуб путешественни­ков» телебағдарламасының жүр­гізушісі, белгілі саяхатшы Юрий Сенкевич Марқакөлге екі мәрте келіпті. Қайтыс бола­рының алдында Астанада Елбасымен кездесіп, Шығыс Қазақстанның Күршім, Катонқарағай, Зырян аудандарын аралап шыққан Сенкевичтің сүйіс­­­пеншілігі бекер емес. Әріректе түсірген деректі фильмі Мәскеудегі қорда сақталған. Жетпісінші жылдардың ортасын­дағы фильмде ұранқайлық бала­лар­дың суда шолпылдаған балықты ұстап отырған бейнелері тасқа басылып қалғаны бүгінде кімнің есінде дейсіз?!. Фильмдегі балалардың бірі бізді алып жүрген Марқакөл маңайындағы Төсқай­ың ауылдық округінің әкімі Әлижан Біткенбаевтың сыныптасы екен. Сенкевич­­­тің сырлы таспасындағы Гүлия Мәмиева есімді қаршадай қыз бүгінде Өскеменде тұрады. Әне, уақыт қандай жүйрік!

      …Қорық әкімшілігі алдындағы аз-кем есендік, білістіктен соң Есенгелді Әу­бәкіров есімді ағамыз әңгіме тиегін ағытты. Ғұмырының қырық алты жылында Марқакөлдегі орман шаруашылығы мен қорықтың басшысы болған. Бұл кісі жөнінде оқыған едік. Марқа жерін мекендеген, кейін жоғалып кеткен су бүркітінің жоқшысы ретінде есімізде қалыпты. Ақсақалдың айтуынша, елуінші жылдары Ұранқайдағы жүзге таяу отбасының төртеуі ғана қазақтар болған. Ұйысып отырған ұлыстың кетуі қарашекпенділер келгеннен кейін кетті. Катонқарағай мен Марқакөлдің ортасын ертеде Сайбек есімді бай жайлаған дейді Есағамыз. Сайбек – мыңғырған мал біткен адам. Ішімізден қазақтың ен жерінде халық бір байға ғана қарап қалмаған шығар деп қоямыз. Алтайдың биігінде жайлаудың базары қысқа. Тоғыз ай қыстың қаһарына марқакөлдіктер ғана шыдайды. Марал мен елік жүздеп қырылатын қалың қар жиі түседі мұнда. Қалыңдығы үш метрге дейін жетеді. Десе де, солтүстіктен ауып келгендерге қатаң қыс қыр емес. Оның үстіне мүлгіген маң өлке ғаламат ғажап! Кейінгі қос ғасырда Марқакөлді орыс­тар мен эстондар көптеп қоныстанды. Ұранқайда түгел дерлік орыс пен кержақ тұрса, эстондар Жоғарғы Еловка мен Төменгі Еловканы мекендепті. Қазір қайтадан қазақтың өзіне тиген Еловкаңыз Қарағайлыбұлақ аталады. Шүмекте 1945 жылға дейін 70 эстон отбасы тұрған екен.

     Бір қызығы, Марқакөлдегі ағайын 1961 жылға дейін қармақ салу дегенді білмеген. Тек Флор Менаев есімді балық­шы ғана мөңке балыққа ау құрады. Тон­налап майдандағы жауынгерлерге жібереді. Өзгелері балықты қолмен ұстайды. Марқакөлдің мақтанышы – майқан балық. Жалпы, қызыл балыққа жататын майқанның түрі көп. Сібір майқаны, таймень, Қиыр Шығыста кета бар. Ал жергілікті жұрт «ускуч» дейтін майқан Марқакөлді ғана мекендейді. Қазақшасы – ұшқыш. Су бетімен секіргенде құстай ұшып барып шолп ете қалатын жыртқыш балықтың атауына қарап-ақ Марқакөл ежелгі түркілердің атақонысы болғанын бағамдаймыз. Аштық пен соғыс кезінде балықтың өзенге көтерілетін мезгілін бүкіл ауыл-аймақ болып күткен деседі. Уылдырық жаяр өріс іздеп, тау өзенінің ағысына қарсы секіре ұшып, шыңға қарай жүзген балықты қолмен ұстап, тұздап сақтаған. Ол кезде халық негізінен «селедка» дайындайды. Уылдырыққа қарамайды. Тіпті, қара уылдырықты тауықтың жемі ретінде пайдаланыпты. Кәдеге асырар пысық келіншек табылса, әрі кетсе кептірілген уылдырықпен қара нан пісіреді. 1961 жылы Зайсан көлінде нәпақа тауып жүрген Саша есімді қарт балықшы қармақ әкелгенде дүйім ауыл таңғалыпты деседі.

    1976 жылы Марқакөл табиғи қоры­ғы құрылды. Егер мемлекеттік деңгей­де назар аударылмаса, уыз дүние әлдеқа­шан құрып кетер еді. Өйткені, адамның қоршаған ортаға көзқарасы біркелкі емес. Мұнда қызылбалық, Қызыл кітап­қа енген сирек аңдар бар. Осы биос­фераға қорық мамандары, ғылыми қызмет­керлер тұрақты мониторинг жасайды. Қорықшылар өздеріне жүктелген аумақ­қа адам баласының қол сұқпауын бақылауға алған. Табиғат апаты тікелей адамның жауапсыздығынан туып жатады. Әсіресе, қауіптісі – өрт. 1998 жылы орын алған өрт марқакөлдік қорықшылардың есінен кетпейді. Қытаймен шекарадағы Көкжотадан басталған тілсіз жау жолын­дағыны жайпап, көлге маңдай тірепті. Нарықтың қысып тұрған қиын кезі ғой. Тікұшақтар жұмылдырылса да сүйір тілін сумаңдатуын қоймаған. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген. 50 мың гектар орман отқа оранған. Қызыл жалын қар жауған соң ғана тоқтаған. Табиғатты қалпына келтіруге үкімет қомақты қар­жы аударады. Әйтсе де, жүзжылдық ағаштардың обалы кімге?.. Бүгінде өрттің алдын алуға біршама мүмкіндік жасалған сияқты. Қорық шаруашылығының базасы өрт сөндіру машинасы, жер жыртуға арналған трактор сынды ірі техникалармен жарақтандырылғанын байқадық. Айтуларынша, орманшылар үнемі «обходта». Бақылау толассыз жүргізіледі. Кеңес өкіметі тұсында қар жаумай даладан бір арба шөп әкелуге рұқсат бермеген екен. Шырпы түссе лап етер жынысты қорғау үшін жамағайын жаға жыртысатын. Таяуда Теректіде болған өртте Қытайдан қоныс аударған он екі отбасының маясы өртеніп кетті. Құдай сақтап, орманға отты алып ұшар жел болмаған.

       Қарт қорықшыға құлақ түре жүріп, Марқакөлге арналған мұражайды тамаша­ладық. Аң-құстардың тұлыптары Марқа­көлдің фаунасынан біршама мағлұмат береді. Әйтсе де, жетпісінші жылдары бой көтерген ғимарат тозыңқырап тұр. «Ел-жұрт келген кезде бәрін атқа, көлікке отырғызып, орман аралата алмайсың. Сондықтан, осы мұражайды жасақтау қажет болды», деп еске алды Есағамыз. Мұражайды салуға қорықта түрлі қызмет сатысында болған Ізғалиев, Березенкова, Олень, Баймұқанов, Зинченко есімді әріптестері белсене атсалысады. Ауылдан үй табады. Қажетті мүкәмалға толтырады. Мұражайға жиһаз емес, осы көлдің аумағындағы аң-құс керек. Оны оңай жерден тарсылдатып, атып әкеле салуға болмайды. Заң бар. Қорық басшысы Алматыға сапар шегіп, министрлік жанындағы қорық және аң шаруашылығы бас басқармасының бастығы Әмірғазы Жұмаділовпен жолығады.

     – Ол Семейдің тумасы, соғыс ардагері болатын. Жағдайымызды түсінді. Бір маралды атуға рұқсат берді. Алайда, он екі күн бойы далада қалдық. Күршімнің басын қар басып қалды. Маралды қорықтың аумағында алуға заң бо­йынша тыйым салғандықтан орман шаруашылығы аумағынан атуға рұқсат алғанбыз. Олжалаған маралдың тұлыбын Өскемендегі Металлургтер көшесінің бойындағы зоокомбинатта жасаттық. Семен Божиков есімді таксидермиямен шұғылданатын досымыз тегін істеп берді. Семен Андреевич – шебер тұлыпшы бола­тын. Мұражайлардың тапсырысымен жүрген кезінде, яғни 1982 жылы Зырян ауданының Тұрғысын ауылы маңын­да оны аю жеп қойды, – деді қарт қорық­шы. Міне, мұражайда тұрған әр тұлыптың өзіндік тарихы бар. Мәселен, шоқиып тұрған аю мен қонжықтарды тікұшақпен келген браконьерлер орманға өрт қоя беріп, нудан қашып шыққан сәтінде атып алыпты. Қаскөйлерден тәркі­ленген аю мен қос қонжықтың терісін Кнарев­ский деген кәсіби аңшы илеген. Ал құстар­дың мүсінін «Птицы Маркаколя», «Чер­ный аист», «Беркут» кітаптарының авторы, өс­ке­мендік орнитолог Николай Бере­зовиков жасаған. Ол қазір Алматы облысында тұрады. Ұстауға тыйым салған­дықтан Қызыл кітапқа енген құстар мен жануар­лар кейпі мұражайда көрініс таппаған.

    Қорыққа директор болып тағайын­далған жас маман Қуаныш Теңкебаевпен де сөйлестік. Қуаныш Зейнолдаұлының айтуынша, табиғат кешендері мен объектілерін қорғау бөлімінде 16 қорықшы еңбек етеді. Ал ғылым бөлімі табиғатты зерттеп, оның сақталуы, орын алған өзгерістерге орай жағрафиялық, климаттық зерттеулер жүргізеді. Аңның көбею-азаю барысы жөнінде табиғат жылнамасын жазады. Жылнама жыл сайын кітап болып жарыққа шығады. Сондай-ақ, табиғатты аялап, сақтауға бағытталған экологиялық ағарту жұмыстары жүргізіледі.

    – Мақтан тұтатын Марқакөл қорығы­ның жалпы аумағы – 102 971 гектар. Көлдің ұзындығы – 39, ені – 19 шақырым. Ең терең тұстары 17-27 метр аралығында. Марқакөлде бес балық түрі мекендейді. Оның ішінде ең әйгілісі – ұшқыш. Ғылыми тілдегі атауы – архимед леногы. Қазақтар майқан деп те атайды. Сондай-ақ сібір хайрузы, пескарь, көкталма (гольян), голец бар, – деді қорық жетекшісі.

     Ауыл тұрғындарынан қарапайым су құзғынының тым көбейіп кеткенін есті­ген едік. Қорық басшысынан балықпен қоректенетін құстың фаунаға зияны жайында сұрадық. Ол табиғаттың дамуын өз еркіне қалдыру – қорықтың бұл­жымас қағидасы екенін жеткізді. Сон­дықтан, құзғын көбейсе де, қызыл балық көбейсе де табиғи заңдылық болып қала бермек. Яғни Табиғат-Ананың дамуына адамның қол сұғуына жол берілмейді. Мұражайдан қорық аумағында от үйрек, ұшқыр үйрек, барылдауық, жағалтай, кекілік, шағала, тұйғын, үкі, саңырау құр, ұзақ, қарға, қасқыр, түлкі, бұлан, елік, марал, қоңыр аю, доңыз, сары күзен, бұлғын, тиін, аққалақ, тоқалтіс, дала күзені мекендейтінін аңдадық. Қарабас шақшақ, отқұйрық, шабындық торғайы, бұлыңғыр, сары шымшық, көк теке, сарыторғай, бау айқабағы, шекілдік сияқты ұсақ құс­­­тар үшін де бұл жер – ұжмақ мекен. Мине­­­ралдардан кварцтың мол түрлері кездеседі.

    Марқакөл маңындағы ауыл тұрғын­дарына күніне бес кило балық аулауға рұқсат берілген. Алайда, жағада жатқан қайық көрмедік. Бұл да қорық тәртібі болып шықты. Түс ауа орманшы Әбікен Мұсаұлы аулада қаңсыған қайығын ГАЗ-53 жүк көлігіне тиеп әкеліп суға түсірді. Жанына ертті. Бұл ағамыз бір кездері Марқа жерінде демалысқа келген Елбасына өзі аулаған балықтарын сыйға тартқан екен. Табиғат аясындағы Президенттің қолын алып, аз-кем сөйлескен сәтін өмі­­рінің ең бақытты сәтіне балайды. Ме­нің қармағымды ә дегенде бір ұшқыш қапқаны­мен, одан кейінгі екі сағатымыз айдын бетіне көз сатумен өтті. «Су суыған жоқ. Балықтар жағаға, әдетте, алғашқы мұз қататын, қазан айының соңына қарай шығады» деп түсіндірді мұны Марқаның сырына жетік ағамыз.

    Көл жағалай қонған ауылдардың дені Төсқайың ауылдық округіне қарайды. Қарағайлыбұлақта 16 адамнан тұратын төрт үй ғана қалыпты. Балықтыбұлақ – Шығыстағы ең шеткі нүкте. Ал Шанағаты – еліміздегі ең суық ауыл. Аязының күші Ресейдің полярлы белдеуіндегі Аймекен қаласымен шамалас. 1969 жылы 56 градустық аяз тіркелген. Шанағатылықтар кеңес кезінде отар-отар қой баққан. Жазда Марқаның жағасындағы Төрқуыс, Дара, Астауша жайлауларына шығады. Шыбынсыз, сонасыз жер, әсіресе, жылқы малына жайлы. Маралдар да жазға салым осы биікке шығып кетеді. Тамыз­дың соңына қарай төменге түседі. Ә.Біткен­баевтың айтуынша, Маралды мен Мата­байдың жігіттері жазда бұғы тастаған мүйіздерді жинауға аттанады. Мүйізді кезінде корейлер дәрі жасауға алатын. Әлемдік қаржы дағдарысы панты саласына да әсер етті. Алтыннан қымбат мүйіздің құны бүгінде он есеге дейін төмендеп тұр. Қазір құрт қазу – қызу. Килосы қара базарда жарты миллион теңгеден сатылатын құрт – таушымылдық (марьин корень) гүлінің тамырында болады. Адам жасын ұзартатын дәрілік шөп табылды, деп жар салып жүрген құртшөп қазаққа ертеден белгілі екен. Ата-бабаларымыз емдік шөпті ежелден пайдаланса да, ысырапсыз бүлдірген емес. Бүгінде құрт жинауға жан-жақтан ағылып келетіндердің қарасы азаймай, қасиет-кепиетті білмей жүргені рас. Орманшылар рейд жасап жатқанымен, оларды тоқтату қиынға түседі.

      – Еліміздегі ең суық, ең қарлы ауыл­дық округ – Төсқайың. Әйтсе де, соңғы кезде ауылға көшіп келушілер көп. Төсқай­ың, Ақжайлау ауылдарына қандас­тар қоныстанып жатыр. Жетісу жеріне көшіп барған қандастар оңтүстіктің ыстығына шыдамай, Марқакөл маңына көшіп келуге ниет білдіріп отыр. Ұранқай ауылының өзінде 436 адам тұрады. 86 бала мектепке барады. Сәтін салса, жаңа мектеп салынбақ. Балабақшада 25 бүлдіршін тәрбиеленеді. Облыстық мәслихат депутаты Ержан Нұрбаев «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында жекеменшік ғимаратын балабақшаға тегін берді. Ғимаратты жөн­деп, ыстық және суық су құбырларын жүргіздік. Мектепалды дайындық сыныбында балаларды оқытудамыз, – деді ауыл әкімі. Тәрбиеші Мейіргүл Бақбер­генова балабақшада 9 адам жұмыс істей­тінін айтты. Туризмді дамытуға субсидия алып жатқандар да бар. Раушан Мұс­тафина, Гүлшарат Түйсікбаева есімді тұрғындар қонақүй салуға 3 млн. теңгеден жеңілдетілген несие алыпты. Ұранқайды аралағанда көріп келеміз, әр жерде таудың тұмасы бұрқылдайды. Үш жерден 50 метрлік тереңдікте бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, құдық орнатылып жатыр екен. «Бұл – еліміздегі ең таза, дәру су», деді ауыл әкімі мақтанышпен.

      Марқакөлдің жағасындағы Матабай, Ұранқай, Қарағайлыбұлақ ауылда­рының тұрғындары негізінен балықпен, азын-аулақ малмен және қорықшылықпен айналысады. Ал мал шаруашылығы бұл маңайда Шанағаты, Бұғымүйіз, Балықтыбұлақ, Төсқайыңға тән. Марқа мекеніне ең қолайлысы – жылқы. Жы­л­қы жарықтық қыста 2-3 метрлік қардың көбесін тұяғымен сөгіп отырады. Ал қой-ешкі қазан түсе қолға қарап қалады. Кейде ашыққан аюлар ауылға да кіріп кетеді. Бірде абажадай қоңыр аю Қарағайлыбұлақтың көшесіне шығып, еркін тайраңдаған көрінеді. Тапа-тал түсте Иванов ныспылы тұрғынның қорасындағы шошқаларды қапсыра көтеріп кетіпті.

      Марқакөлдің ар жағында Жетіқаба өзендері теңіз деңгейінен үш жарым мың метр биіктікте жатқан Мұзбел, Түмен­­байдара, Үлкентақыр атты шың­дар­дан басталады. Ол жерлерде бес метрге дейін қар жауады деседі. Адам беттетпес асқардың қары ерігенде тауды шөміштей сапы­рады. Картада «Сарымөңке» деп жазыл­ған өзенді жергілікті жұрт Жаман­қаба дейді. Бұл атау Бұғымүйіз бен Төс­­қайы­ңнан балыққа ағылғандардың өткел бермес өзеннен өтеміз деп суға жиі кет­кенінен аталса керек. Одан әрі қарай Төсқайың тұсымен Қарақаба ағады. Балық­тыбұлақтың қасында Арасанқаба бар. Арасанқабаға Теміртіқаба құйылады. Теміртіқабаның жағасында темір кені мол. Ар жағында – Аққаба. Аққаба десе Аққаба. Тау басынан көз салғанда тастары да, суы да аппақ болып ағып жатқанын көресіз. Шанақ сыбызғышы күйге қосқан, Дидахмет қаламгер көркем шығарма қы­лып жазған Аққаба. Қарақабаның суы қап-қара болып көрінсе, Арасанқабаның суы мөлдір, жап-жасыл болып жатады. Екі өзен қосылған тұста да судың түсі қабыс­пай, екі бөлек болып айқын көрінеді. Жеті­қабаның екеуі Қытайда қалыпты. Оның бірі ертедегі ақсақалдардың айтуында Далақаба болса, Марқа өңіріне қоныс аударған қандастардың айтуында Нарынқаба мен Бұйыршынқаба екен. Осы өзендер Ертістің арнасына қосылып, Боран ауылының тұсынан Қазақстанның кең-байтақ даласына бағыт алады. Түп мекені – Солтүстік Мұзды мұхиты. Жеті­қабаны ойлағанда дүниеден өткен сөз зергері Қалихан аға Ысқақтың «Біздің жақтың өзендері қым-қиғаш, бір отбасын қырыққа бөліп бірі ары ағады, бірі бері ағады, ақыры айналып келіп Ертісті табады» деген сөзі еске түсті.

     «Алтайдың әр томпағы, әр соқпағы ел тарихы. Австриялық тұтқындар салған Иректің серпантинінде ел тағдырының куәгері болған із жатыр – қанды із: он алты­сы бар, жиырма сегізі бар, отыз екісі мен отыз жетісі бар – бұл жол қасіретпен қазыл­ған; қабырғасы қорғасынмен кептеліп, табаны Қаратайдың жеті атасы­ның қаңқасымен тапталған…». Бұл да қаламгер сөзі. Жуырда Семейдің әуежайын­да Австриядан келген тілші­лермен танысқанбыз. Бірінші дүниежүзілік соғыста австриялық тұт­қындарды патша өкіметінен Әбдікерім болыс беделін салып сұрап алып, осы Иректің асуындағы жолды салдырғанын жеткізген едік. Таяуда келіп, деректі фильм түсіріп кетіпті. Алтайда бүгінде заман бейбіт болғанымен, табиғат райы келісімге келе бермейді. Бағжан Бітімбаев есімді жүргізуші Иректің асуынан асып бара жатқанда Қалжырдың ар жағындағы Қызылкеріште жолда қалғанын әңгімеледі. Одан әрі бір кездері Чехия, Алмания, Австрия, Голландия мен Франциядан интераңшылық қуған туристер көп келгіштеп кеткенін де айтты. Аулаған аңын кеудесінен кесіп алып, ұшақпен әкетіп жатады екен. Интертуристер Қытайдан да жиі келіпті. Заман түзелген соң олардың екпіні азайған, дұрысы келісін тоқтатты. «Теледидардан Аляскіні көреміз. Шаңырақ мүйіз бұғылар жосып жүреді. Ал бізге жеріміздің аз-кем көркем пұшпағын сақтап қалуымыз қажет қой. Келешек ұрпағымыз да риясыз сұлулықты көруге құқылы емес пе!» дейді джипті арқыратып келе жатқан жігіт. Расында, шекараның арғы бетіндегі Қытай жұрты Алтайға ішкеріден турист тартамыз деп табиғи фаунаны бұзғанына бармақ шайнап отырған көрінеді. Көрші қателігінен сабақ алсақ, қанеки… Соңғы уа­­қытта көл маңайын дамытудың кешенді жоспарлары, инвестициялық жобалары жиі сөз болып жүр. Ал Марқаны мәңгі сақтап қалудың жобасын жасаған жан бар ма?!.

       Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».

   Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.

       Cуретті түсірген автор.

      http://egemen.kz/2016/02/10/23239

толығырақ

Қазақстанда ешбір жерде өспейтін 760 өсімдік түрі бар

     Күз, қыс және көктем айларында жөтеліп, тұмауратып қалатын кездеріміз болып қалады.

       Дәрігерлер мұндайда үйреншікті әдіспен - дәрі-дәрмектің, ине салу көмегімен емдесе, кей жандар дәрілік шөптердің көмегіне сүйенгенді жөн санайды. Әсіресе, дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасы әрдайым қалта көтере бермейтін шақта емдік шөптерді пайдалану туралы кеңірек мағлұмат алып, оларды дұрыс қолдану туралы көбірек білу тиімдірек.
     Өсімдікті емге пайдалану туралы алғашқы мәліметтер ежелгі Ассирияда табылған қыш тақтайшаларға жазылған. Өз дәуірінде қолданылған екі жүзден астам өсімдікке сипаттама берген ежелгі грек дәрігері Гиппократ өсімдіктің қай бөлігі болса да пайдалы, оларды ауруды емдеуде кеңінен қолдануға болады десе, Рим дәрігері Гален тұңғыш рет науқастарды өсімдіктің қайнатындысымен, шырынымен, тұнбасымен, ұнтағымен және одан жасалған дәрімен емдеді. Орыстың көрнекті ғалымы П.Массагетов 1921 жылы Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығыс өлкелерін аралап, дәрілік өсімдіктер туралы құнды деректер жинап, «Өсімдік әлеміне саяхат» атты кітабын жазған.
     Ал египеттіктер алоэ, қараған, анис, зығыр, көкнәр, жалбыз, тал, арша тәрізді өсімдіктердің шипалық қасиетін ежелден біліп, пайдаланған. 4 мың жыл бұрын үндістандықтар 760 дәрілік өсімдікті халық емінде қолданса, Қытайда дәрілік өсімдіктер жөніндегі алғашқы кітап 5 мың жыл бұрын жазылыпты. Соңғы жылдары дамыған елдерде сырқаттанған адамдардың көбісі табиғи жолмен алынған дәрілерді көбірек қолдана бастаған. Мәселен, Жапонияда фармацевтикалық препараттарды сатып алу 2,6 есе өссе, табиғи жолмен алынған дәрілерді тұтыну 15 есеге артқан.
      Демек, қай заманда да адам баласы өсімдік өнімдерінің тағамдық қана емес, шипалық қасиетіне де көп көңіл бөлген. Қазіргі кезде дәрі-дәрмектерге аллергияның көбеюі, иммунитеттің төмендеуі сияқты құбылыстардың байқала бастауына байланысты мұның маңызы арта түспесе, кеміген жоқ. 
      Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы да әр өсімдіктің пайдасы мен зияны туралы тамаша білген. Дархан даламызда жайыла өсетін қарапайым жусанды алайық. Бұл өсімдіктің дермене жусан атты түрін қазақтың халық емшілері ішек құрты ауруын емдеуге қолданған. Бабаларымыз бұл өсімдікті бағзы заманда шет елдерге сауда керуендері арқылы жіберетін болған. Ал қара жусанның тамырын тәбет ашуға, ішек, асқазан, бауыр, өт ауруына пайдаланған. Яғни, өсімдіктің әр бөлігін - тамырын, сабағын, жапырағын, гүлін жинау қағидалары сақталуы тиіс, әйтпесе, оның құрамы өзгеріп, шипалы қасиеттері бұзылады.
      Халық медицинасында дәрілік өсімдіктерді қолдану жөніндегі мәліметтер ұрпақтан ұрпаққа ауызекі айтылуы бойынша жеткізіліп отырған. Бұл тұрғыдан, атадан балаға мирас болған дәстүрді жалғастырып, жас өрендерімізге емдік шөптердің атаулары, шипалық қасиеттері туралы түсінік беріп, оларды пайдалануға үйретуіміз қажет-ақ. Бұл олардың өз денсаулықтарын күтуді үйренуіне де септесіп, туған топырағының қадір-қасиетін тереңірек түйсінулеріне де жетелері анық. «Емдік рецепттер энциклопедиясы: қазақ емінің рецепттері мен Тибет медицинасының негіздері» кітабының авторы Сейітқамза Қалиевтің айтуынша, өсімдіктің қасиетін білсең ғана қолдануға болады. Себебі, ол білгенге - ем, білмегенге - у болуы мүмкін.
      «Ғасырлар бойы халық пайдаланып келе жатқан шөптер бар. Жалпы, қандай да бір шөптен дәрі жасау үшін мамандар оған ондаған жылдар бойы тәжірибе жасайды. Кез келген уақытта кез келген шөпті жұлып алып қолдануға болмайды. Ол ауруыңа ауру жамауы мүмкін», - дейді халық емшісі.
       Дәрілік өсімдіктер кептірілген шөп, тұнба, қайнатынды, шай, ұнтақ, т.б. түрінде қолданылады. Дәрілік өсімдіктердің емдік қасиеті олардың құрамында стероид, тритерпен, алкалоид пен гликозидтердің, дәрумендердің, эфир майлары мен тұтқыр заттар сияқты түрлі қосылыстардың болуына байланысты. Дәрілерді дайындау үшін шикізат ретінде пайдаланылатын өсімдіктер бөлек іріктеледі. Осы заманғы кейбір ең таңдаулы дәрілер жабайы шөптерден жасалған.
      Адамдар пайдаланып жүрген дәрілік шөптердің ішінде медициналық тұрғыдан өз бағасын алмағандары да бар, ал кейбіреулер оны дұрыс пайдаланудың жай-жапсарынан хабарсыз. Өзіміз өмір сүріп жатқан өлкедегі осындай шөптер, олардың емдік қасиеттері туралы көбірек білуге тырысқанымыз жөн-ақ. Мәселен, кез келген бау-бақшада өсе беретін түймедақ гүлдері тыныс жолдарының ауруына бірден-бір дауа. Сондай-ақ, оны асқазан, ішек ауруларына қарсы қолданады. Ал күйзеліс кезінде жалбыз жапырақтарын пайдалансаңыз, сабаңызға түсеріңіз анық.
      Арамшөп ретінде өсетін бақ-бақ тамырынан жасалған тұнба адамның тәбетін ашады. Итмұрын жемісінің құрамындағы емдік заттардың да адам ағзасы үшін пайдасы зор.
       Қазір дәріханаларға кірсек, сөреде самсап тұрған Ресейде өндірілген шипалы шөптер, олардан жасалған шырындар (сироптар) көзге түседі. Кеңес дәуірінде Одақ бойынша дәрілік шөппен айналысатын 30 шақты кеңшар болыпты. Бұл істі соңғы жылдары өсімдіктердің түр-түріне аса бай Оңтүстік Қазақстандағы «Зерде-Фито» ЖШС ғана қолға алған. Қазақстанның әр өңірінде, мысалы, солтүстігінде - осы аймақта өсетін, батысында - сол өңірге тамыр жайған өсімдіктерді зерттеп-зерделеп, өндірумен айналысатын кәсіпорындар болса, ұтылмасымыз анық. Себебі, біріншіден, мұндай өндірістің бірнеше жерден ашылуы бәсекелестікті, демек, сапаны арттырады - бұл халық денсаулығы үшін аса тиімді. Екіншіден, шетелден әкелінетін осы тектес өнімдерді сөреден ығыстырады, демек, ел экономикасын дамытады. Әрі, мамандар оларды өсіру, Қазақстанға жерсіндіру сияқты мәселелерге көңіл бөлсе.
     Бұрынғы Кеңес Одағының фармацевтiк өнеркәсiбiне арналған жабайы өсiмдiк шикiзатының 80 пайыздан астамы Қазақстан мен Орталық Азияда дайындалыпты. Демек, Қазақстанда дәрілік өсімдіктерді өсіріп, баптайтын, жинайтын және дәрілік-өсімдік шикізатты өңдейтін арнайы шаруашылықтарды құру ісін қолға алып, оларды үлкен өндіріске айналдыратын кез жетті. Тіпті, бұл өнімдерді біздің елімізге ғана тән құнарлы топырағымыздан нәр алған бірегей өнім ретінде экспортқа шығарып тұрсақ ғажап емес пе?! Себебі, ғалымдарымыздың деректеріне сүйенсек, Қазақстан аумағында алты мыңнан астам өсімдік түрі бар десек, оның 760-ының басқа ешбір жерде өспейтіні дәлелденген. Ұлан-ғайыр даласы дәрілік шөптердің сан түріне тұнып тұрған қазаққа мұны мықтап ойлану қажет-ақ. Әйтпесе, қадірін білмей жүрген өсімдіктерімізді өзгелер өз еліне тасып әлек.
      Қарапайым халық қытайдың, кәрістің шөп тұнбаларынан жасалған дәрмектерді ішіп жүр. Беларусь, Ресей елі тәрізді шипалы шөптерді теріп, жинауды қолға алып жатқан қазақ жоқ, содан болар, жеріміздің дауасы мол өсімдіктерін өзге елдің адамдары, әсіресе, шығыс өңірлермен шекаралас жатқан Қытай тұрғындары жинап әкетіп жатыр.
Сөз соңында айтарымыз, қазақы емде емдік шөптер көп қолданылған, онымен малды да, адамды да емдеп, сырқатынан айықтыратын атақты тәуіптеріміз де болғаны тарихтан белгілі. Ендеше, ата-баба тәлімін ұмытпай, бір жеріңді емдесе, басқа ағзаға теріс әсерін тигізіп жататын дәрі-дәрмектен гөрі, шипалы шөптерді көбірек пайдаланғанымыз жөн. Ал ол үшін өз жерімізде, өз өлкемізде дәрілік өсімдіктер өндірісін қолға алып, өрісін кеңейтуге көңіл бөлуіміз қажет.
       Гүлнәр Жомартова
      ҚазАқпарат

толығырақ

Kolsai

  Көлсай

      Алматы облысы әкімдігі өңірдегі туризмді дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл орайда нақты іс-шаралар қабылданып, көптеген маңызды жайттарға көңіл бөлінуде. Жетісудың табиғаты көркімен көз тартады. Өлкедегі Шарын шатқалы, Айайқұм, Көлсай және т.б. ғажайып сұлу жерлер туризмге сұранып тұрғаны сөзсіз. Облыстың бұл бағытта қолға алған жобалары өңірдің көрікті жерлерін әлемге таныта түседі деген ойдамыз. Осы ретте оқырмандар назарына Жетісу жерінің табиғаты жөнінде мақалалар ұсынып отырмыз. 

Мемлекетіміздің атын әлемге әйгілеп отырған салалардың бірі – туризм. Әсем табиғатқа тамсанып, бұзылмаған-бүлінбеген көркемдікті көзбен көру кімнің де болса арманы. Саф дүниені көріп, сергектік алғысы келетіндер де көп. Осы орайда көнеден көрікті мекен Көлсайдың көмегі жетіп артылады. Саны мен атауы өте көп өсімдіктер дүниесі мен жиі ұшырасатын жануарлар әлемінен айырылып қалмауымыз үшін «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы құрылған.

        Өмірге келгелі құлағымды түргенім, көзімді ашып көргенім – атағы әлемге жайылған Көлсай көлі. Кереметтей атау бала күнімнен бері қызықтырып келеді. Өзім сол аймақтың перзенті болған соң үлкендердің тамсанып айтқан әсерлі әңгімелерін тыңдап, Көлсайға құштар болып қана отыратынмын. Уақыт өтті, есейдік, «Көлсайдың» сұлулығын көзбен көру бақыты бұйырды. Тау басына біткен таңғажайып көлдің келбеті тіптен бөлек, өзге көлдерге мүлдем ұқсамайды. Теңіз деңгейінен аса биікте орналасқан көгілдір түстегі көкжиекпен астасып жатыр.
     Көлдің айналасын Тянь-Шаньнің сұңғақ бойлы, кербездікпен керілген шыршалары қоршаған. Таулы аймақ тәкаппарланып өздігінше сыр шертеді. Жасыл кілем тәрізді көз жауын алған кеңістікке жайылып, маңайын хош иіске бөлеген ауамен кеудені кере еркін тыныстағанға не жетсін. «Солтүстік Тянь-Шаньнің гауһар тасы» деген атпен танылған таңғажайып мекен кім-кімді болмасын таңдандырары анық. Тау суымен бірге ішкі жан дүниең де тазарады. Шатқалдар, ормандар, біртұтас тау гүлдері өскен шалғындармен қоршалған көл сұлулығы сиқырымен баурап алады. Тау ортасындағы салқын суға бір түссең лезде ес жиғызып, сергітіп тастайды. Әдемі мекенді алғаш көргендер аңсары ауып жататыны бар. Табиғат сыйлаған сұлулыққа таңданбасқа болмас.
        Өзім туған өлкені таныстырар болсам, Көлсай көлі Алматы қаласынан 300 шақырым қашықтықтағы батырлар мен ақындардың мекені Райымбек ауданына қарасты аймақтан орын тепкен. Таңғажайып табиғаттың әсерін арттырған Жалаңаш, сонымен қатар Кіші Жалаңаш, Қарабұлақ, Саты ауылдары бар. Міне, осы ауылдардан соң 15 шақырым жерде керемет көлге кез боласыз.
       «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы Үкіметтің қаулысымен 2007 жылы құрылған. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының негізгі міндеті – орманды қорғау, өрттен сақтау, ондағы жан-жануарлар мен жәндіктердің тіршілігін зерттеу. Одан кейін ғана еліміздегі туризмнің дамуына үлес қосу негізгі міндеттердің біріне жатады. Бұл жерде барлығы 150 адам жұмыс істейді. Орманды қорғау, қалпына келтіру, молайту, табиғи-тарихи дүниелерін болашақ ұрпаққа сақтау секілді жұмыстарды атқаратын қызметкерлер осылар. Осындай аса жауап­ты істерді атқаратын қорықшылардың көл кереметін сақтаудағы еңбегі зор. Сәнді таби­ғаттың сымбатын сақтаумен қатар, бір кездері молынан кездесетін, қазір мүлде ­азайып бара жатқан жабайы жан-жануарларды қор­ғау, сақтау жұмыстары да жүргізілуде. Бұл арада аң-құстың барлық түрі бар деуге болады. Мұнда жалпы хайуанаттар түрінің 226 түрі бар. Бұғы, марал, қабылан, тауешкілер көптеп кездеседі. Қар барысы мен Түркістан сілеусінін де табуға болады. Таудың басына дейін өрмелегендер аюмен кезігіп қалуы да әбден мүмкін. Сонымен қатар тек қана таза суда өмір сүретін ханбалық (форель) осы суда мекен етеді. Көпшілік қызығатын форель лай немесе жылы суда тіршілік ете алмайды. Көлсай көлінің суы әдетте – 5 градусқа дейін төмендейді. Ханбалықтың қылтанағы болмайды, өте таза балық. Біршама уақыт бұрын бұл маңда балық аулауға рұқсат берген болатын. Арнайы белгіленген орындарда, қармақпен ғана аулауға болады.
       Осы арада көл аймағындағы табиғи мұралар мен мәдени танымдық ескерт­кіш­терді де айтып өтпеуге болмас. «Таңбалы тас аңғары», «Ащылы тоғайдағы көне суреттер», аңшылардың тау-теке атып жатқандары бейнеленген тастар, ағаштан қиылып салынған үй. Жалпы айтқанда, жұмақ мекеннің жауһа­рын арттыратын тарихи жәдігерлердің ізі бар.
   Ұлттық саябақтың негізгі міндеті отандық туризмді дамыту болғандықтан саяхатшыларға ыңғайлы үш туристік бағыт бар. Сәні мен сымбаты артқан мекенде суретке түсіп, қайыққа мініп, қаумалаған қарағайдың ішімен жүріп, майсаның үстінде жатып демалғанға не жетсін. Демалуға келгендер өзімен бірге үйшатырын ала жүреді болмаса жергілікті орманшылардың үйін жалдап демалысын жалғастырады. Қалың қарағайдың қоршауындағы Көлсай көлін көргендердің шаршауға мүмкіндігі болмайды.
Табиғи саябақ әсемдікпен әсер берер үш көлден құралған. Жоғарғы Көлсай жер деңгейінен 3000 метрге жуық, орта Көлсай 2600 метр, ал төменгі Көлсай 2130 метр биіктікте орналасқан. Төменгі Көлсайдың су айдыны басқаларына қарағанда үлкен. Көлдердің табиғаты әсем, тау шатқалына көрік беріп тұрғандай. Төңірегін шырша, қарағай, қайың, т.б. тау ағаштары мен шалғындары көмкергендігі қайталанбас ғажайып! Бұл керемет көрініс сыйлаған көлдер Күнгей Алатауының Күрметі және Саты асуларынан бастау алатын кішігірім сулардан пайда болған. Әрқайсысын жаяу аралап, таза ауа, тамаша табиғатта тыныстаған қандай керемет. Екінші көлдің көлемі бірінші көлге қарағанда үлкендеу. Жоғары Көлсай мен орта Көлсайдың арасы жаяу жүрген адамға 1,5 сағаттық жол. Одан әрі жүрсеңіз үшінші көл бар. Оның көлемі басқалардан кішірек. Бұл екеуінің арасы 30-40 минуттық жол. Одан әрі бір сағаттай жүрсеңіз Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы асу. Дәл осы жерде шекара сызығы сызылған. Одан әрі Ыстықкөл көрініп жатыр.
     Осы арада Көлсайдың көркін одан әрі арттырып, ғажайыпқа бөлеген тағы бір Қайыңды көлі бар. Бұның да сұлулығы Көлсайдан кем емес. Бұл керемет көрініс екі көлден құралған. Бірі шағын, екіншісінің көлемі үлкен. Көл ортасында қарағайлар өсіп тұрғандығы –табиғаттың тұнған сұлулығы. Мұнда таудың бір жақ беті түгел бүлдірген. Қарақат та бар. Сол маңның тұрғындары жемістің түр-түрінен ауыз тиіп, тәттілікке тамсанып жатады. Мұнда қыдыруға келетін адам саны Көлсайға қарағанда аз. Сондықтан емін-еркін ойнап, есте қалардай әсер алуға болады.
      Қазақ жерінде мұндай табиғаты көркем жер көп. Соның барлығын көзіңмен көріп, ауасымен тыныстай білсең, өмірдің бар рақа­тын сезінгендей күй кешесің. Өз жеріңнің кереметін сезіне білген адамға бұдан асқан бақыт жоқ шығар. Жұмақ мекенге деген жарнама жағы жоқтың қасы болса да шетелден ағылып жатқан қонақтар саны көп. Саны жыл санап артатын шетелдіктер бір көруге арман еткен де осы Көлсай көлі. Таза табиғатты, табиғилығы бұзылмаған інжу-маржанды көру қызық әрине. Шетелдіктерді түр-түрімен танылған өсімдіктер, көл ортасындағы қарағай, адам аяғы баспаған тастар құштар етсе керек. Бірақ осыған лайық болардай сервистік қызмет мәз емес көрінеді. Сондықтан тамаша табиғатта демалысты сәтті өткізу әзірше әркімнің өзіне байланысты болып тұр. Табиғат тамашалауға көрсетілер қызмет алдағы уақытта жақсарар деген үміт бар. Жергілікті тұрғындар үйлерін қонақүйлерге айналдырып, жабдықтауда. Әйтсе де, Көлсай көлдерін туризм орталығы ретінде дамытудың үлкен жобасы керек-ақ. Бұл жоба аясында жол жасалып, жергілікті тұрғындар туристерге қызмет көрсетуге оқытылып, жаңа заманға сай туристік кешен бой көтеріп, ойын-сауық орталығы ашылуы әзірге арман ғана, қыста шаңғы орталығы салынса, бұл өңір қыста да туризм орталығы болар еді. Бұл жерлерге болашақта тарихи тағылымдық сапарлар да ұйымдастыруға болады деп ойлаймыз.

Сыршыл әуен құпиясы

Aigaukum

         Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Айналасындағы көктемгі көкпеңбек әлемнің етегін ала жатқан айдаһар жон құмның әрбір талын тербеген желдің уілі кейде өмірдің өткінші екенін біліп, жастық шақтың көзді ашып-жұмғанша өте шыққанына күңіренген қартқа, ботасынан тірідей айырылып, көзінен жасы төгілген боздаған аруанаға, айналаны көз түрткісіз түнекке түсіріп, орай да борай соққан қарлы боранға, борасынды күні қойлы ауылдың маңына келіп, тұмсығын толған айға соза ұлыған ит-құсқа, көз ұшында көкті тіле зымыраған аэроұтқыр ұшақтың түсініксіз де қорқынышты гүріліне, бауыр етін жылытар бала көрмей күрсінген Ананың көңіліне ұқсап кетері анық. Қалай болғанда да, жазық далаға тұнған тыныштықты дүр сілкіндірер тылсым дыбыс тыңдаушысын бейжай қалдырмайды. Оны естіген өзекті жанның көкейіне үрей кіріп, түсініксіз әлемнің тілін тапқысы келеді.

        Бұл – Іле өзенін жағалай, ұзындығы 3 шақырымға дейін созылып жатқан Айғайқұмның әлемге тарап кеткен даңқы мен дақпырты. Шындығында, Басқалқан және Аяққалқан тауларының ортасына орналасқан құмды төбенің сыры қандай? Себебі биіктігі 150 метрлік құмды төбе жауын-шашынсыз жаз айларында күңіренген дыбыс шығарып, естушінің есін алады. Әсіресе, құм төбеден сырғып түскен жанның тосын үнге елтитіні соншалық, гүрілдей көтерілген дауыс төмен ағылған құм түйіршіктерінен шығатынын ажырата алмайды. Айналасы күңіренген үнге толғандықтан өзге нәрсені айырудан қалады. Сөйтіп, әнге салған құмды төбенің кереметіне тамсанып, құрғақ құмның қарапайым қасиетін құдіретке балайды. Яғни жүздеген, бәлкім, мыңдаған жылдар бойы жел әсерімен жиылып, төбеге айналған құм бір қарағанда тылсым құпияға толы қасиетті мекен секілді әсер қалдырады. Естігені мен көргенін қасиетке балайтын көпшілік мұндай әнші құмдардың жер бетінде көптеп кездесетінін ескере бермейді. Атап айтқанда, Қытайдың, Моңғолияның, Мысырдың, Африка мен Араб түбегінің шөл даласында тосын үн шығаратын құм шағылдар кездессе, өзендер мен көлдердің, теңіздер мен мұхиттардың жағалауында орналасқан құмды төбелер гүрілге толы дыбыс шығарады. Сондықтан әнші құмдарды жағалау және шөлді деп екі топқа бөледі. Біз сөз еткелі отырған Айғайқұм жағалауда орналасқан әнші құмға жатады. Алайда көкіректі: «Күшті желдің ұшырып әкелуімен жиналған қарапайым құмды төбе неге басқа жаққа ұшып кетпейді?» деген сұрақ мазалайды.
      Шыны керек, Айғайқұмның неліктен тосын үн шығаратынын әлемнің бетке ұстар ғалымдары анықтап, түрлі тәжірибелер жасап тастаған-ды. Тіпті сырғыған құмның үні рояльдің 500 герцтан 2500 герцқа дейінгі аралықты қамтитын жуан дыбысы ширек секундқа ғана созылатынын анықтаған. Тағы бір ерекшелігі құмнан шыққан гүріл 10 шақырымға дейін естіледі. Яғни құмның құпияға толы сырлы әуені шалғайға талып жетеді. Жер бетіндегі әнші құмдарды зерттеген ғалымдардың бәрі де шығатын тосын үн құрғақ кезде, әсіресе, жауынсыз жазда анық естілетінін дәлелдеген. Себебі құрғақ құм түйіршіктерінің өзара үйкелуінен шығатын дыбыс­тың тазалығы, қанықтығы зерттеушілерді тәнті еткен.
       Дегенмен, Алтынемел ұлттық табиғи паркінің аумағында жатқан Айғайқұмның қашан пайда болғанын айту қиын. Бірақ миллиондаған құм түйіршіктерінің 150 метрлік биіктіктегі төбеге жиналуына ғасырлар керектігін көрген адам оңай ұғынады. Басқалқан және Аяққалқан тауларының ортасындағы қылтаға үйілген құмды төбені жел екі жақтан үйіре соғып, қайтара көтеріп тастайтындай. Себебі егер жел бір бағыттан ғана соғатын болса Айғайқұм не батысқа, не шығысқа қарай жылжитыны анық. Ол жайында болжам көп. Соның бірі құмды төбе Іле өзенінен шыққан қайраң құмнан өскенін айтады. Егер жел соғуын тоқтатпаса, Іленің құмы таусылмаса Айғайқұмның биіктігі Аяққалқан тауынан да асып кететінін кейінгі ұрпақ көреді. Бұның бәрі долбар ғана.
       Бәлду-бәлду бәрі өтірік деуге келмес. Аңыздың түбі ақиқат екендігін ескерсек, ел ішінде жүрген ертегідей әңгімелер тыңдаушыны елеңдетеді. Шынында, Айғайқұм турасында алуан түрлі аңыз, сантүрлі оқиға айтылады. Тосыннан шығатын үнді жын-шайтанның дауысы екен деушілер де, осы өңірде өмір сүріп, ел мен жердің амандығы үшін мерт болған батырлардың рухы дауыстап тұр дейтіндер де табылады. Тіпті Шыңғыс ханның байлығы мен бейіті көмілген деген сыбыс та сусылдайды. Бірақ осындай аңызға бергісіз әңгімелердің ішінде естушіні таңғалдыратын тағы бір әңгіме бар. Жергілікті халықтың аузында жүрген бұл әңгіме былай өрбиді.
       Кеңес Одағының тұсында Айғайқұмның құмын құрылысқа пайдаланбақ болған біреулер үлкен жүк көлігімен Басқалқан мен Аяққалқан тауының атырабына аттанады. Екі аралықты оңай бағындырған әумесерлер құмды көліктің бортына жылдам толтырып, кері қайтады. Алайда 15 шақырым жүрген соң құмның түгелдей сусып төгіліп қалғанын көреді. Тіпті бір түйіршігі де қалмаған. Сосын қаппен тасымақ болғандар бұл әрекеттерінің де бос әурешілік екенін білген. Уақыт өте келе бұл оқиға ұмытылады, ел ішінде анда-санда айтылып, сараң құлақта сақталады. Яғни Айғайқұмның құмы сол жерден өзге жаққа бармайтынын жергілікті халықтан өзге ешкім білмейді. Құдды магниттеліп қойғандай ешкім әкете алмайтын құмның өз жерінен айырылмайтын адал қасиеті кім кімді де таңғалдырады. Көпшілік құмның әуеніне көңіл аударғаны соншалық оның осындай да қасиеті бар екендігін ескермейді немесе білмейді. Шыны керек, тосын әуенді зерттеп, дыбыстың үндестігін анықтап жүрген ғалымдардың өзі бұған көңіл бөлмеген. Ал мұндай ерекшелікті туып-өскен жеріне деген сағынышы ерекше құмның адалдығы деп білген жөн. Керек десеңіз, жас ұрпақтың тәрбие­сіне пайдаланып, көрнекі құрал ретінде танысты­рудың еш әбестігі жоқ. Идеология саласында еңбек­тенген мамандар үшін Айғайқұмның айтар ойы, берер ғибраты бар.
      Қазір елімізде туризм саласын дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданып, жаңаша сипатта жұмыс істеуде. Яғни табиғаты көркем, адамдарының дүниетанымы ерек, халқының тыныс-тіршілігі үлгі-өнегеге толы Қазақстанның әрбір өңірі көрем деген адам үшін таптырмас мекен, ғибратты өлке саналады. Сондықтан қолымызда тұрған алтынымыздың қадірін жақсы біліп, оның насихатын, нарықтың тілімен айтқанда жарнамасын жақсылап жасауымыз керек. Бұл заман талабы. Шындығында, туризм бір мемлекетті асырап, бюджеттік қорын толтыратын сала. Көршілес Қырғыз елі Ыстықкөлмен күн көріп отырғаны жасырын емес. Сондықтан Айғайқұмның сырлы да мұңлы үнімен қатар, алысқа ұзамайтын адалдығы мен аңызға бергісіз қасиеті барлығын жеткізуіміз керек-ақ. Сол арқылы қазақ даласының бір түйіршік құмының өзі туған жерден бас тартпайтынын, алысқа кетпейтінін өлең-жырға қосып жырлауымыз керек. Ақындардың құлағына алтын сырға, Айғайқұмды өлеңге қосқандар бар шығар, бірақ әдемі суреттеп, керемет жырлапты дегенді естімедік.
       Елімізде табиғат кешенін, археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштерді, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарларды сақтау мақсатында ұлттық табиғи парктер мен қорықтар жұмыс істейді. Алматы облысында бес парк, екі қорық бар. Солардың бірі, 1996 жылы құрылған «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Айғайқұм өз қамқорлығына алған қорықтың аумағында Бесшатыр, Қатутау секілді көрушісін еліктірер әсем жерлер бар. Оның бірі археологиялық кешен саналса, екінші құдіреттің күшімен, жел мен күннің әсерімен сұлу да сұсты кейіпке енген табиғат тамашасы. 520 гектар аумақты алып жатқан «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ең ерекше жәдігері – Айғайқұм.
      Табиғатының көркемдігімен, орналасу ретімен, тосын дыбыс шығарып, сыршыл әуенге салуымен ерекшеленетін Айғайқұмға жылына мыңдаған демалушы келіп, құмды төбенің қасиетін жақыннан танып кетеді. Олардың басым бөлігі шетелдіктер. Өз отандастарымыз жаз кезінде, еңбек демалысына шыққанда көптеп келеді. Расында, отандық туризмді дамытсақ, ішкі байланысты нығайтсақ, көрікті жер мен сұлу мекендерді көруге асыққан отандастардың саны арта түсері анық. Шыны керек, құмды төбенің басына шығам деген адамның алқынбай жетуі қиын. Тіп-тік, қыр жолдың тайғанақтығын тағы қосыңыз, бәрібір, Айғайқұмның биігіне алқынып жетесіз. Осыны жақсы білген көпшілік: «Кімде-кім таудың басына қиналмастан жететін болса, сол адамның асқақ арманы орындалады, ал жете алмаған адам күнәһар болады» деген соқыр сенімді ойдан шығарған. Расында, кімнің күнәһар, кімнің тақуа екендігін бір Алла біледі, сондықтан ондай жел сөзге көңіл аударудың қажеті шамалы. Алғаш рет, аңсап жеткен адам Айғайқұмның етегінде өзінің күнәлі екендігін естігенде нендей күйде болатынын ойлаңызшы. Сондықтан ондай-ондай ауыр сөзді айтқанша, құмның тартылыс күшінің сырын таныстыру бәріміз үшін қай жағынан алғанда да пайдалы болмақ. Себебі алыстан ат арытып жеткен жолаушы өзара үйкелістен бойына адалдықты сіңірген құм түйіршігінен ой түйіп, үлгі алса, көңілін үміт тербеп жүрген жанды қуанту да бір насихат. Жылына түсетін табысын есептемегеннің өзінде осындай көркем жерді, көрікті табиғатты көрген жан жүрген жерінде айта жүрері белгілі. Сол арқылы әуені көкіректі тербеген Айғай­құмның даңқы алысқа жетіп, мұхит асары анық.
       Тағы бір қисынды ойға тоқталсақ, Шыңғыс хан мен сенімді серіктері жерленген-мыс деген сөзді осы өңірдің жұртшылығы жиі айтады. Егер ондай болса осы уақытқа дейін неге ашылмады? Қаһарлы ханның сүйегін іздеушілер неге көңіл аудармады? Қалай болғанда да шешуі қиын жұмбақ көп. Елдер мен мемлекеттерді, таулар мен шыңдарды, қалалар мен қоныстарды, өзендер мен көлдерді өз заманында бағындырған Шыңғыс ханды қанішер, дүлей күштің иесі деп көрсету кеңестік идеологияның басты мақсаты болғанын ескерсек, ханның бойында қырық кісінің ақылы барлығын жоққа шығара алмаймыз. Өзінің қабірін жасырып, тығып кеткен ұлы қолбасшының әрекетін ақылдылықтың бір түрі деп есептесек, оған соны ұқтырған тылсым күштің барлығын да ескеруге тиіспіз. Яғни қабірін тонайтындардың шығатынын Темірші жақсы ұғынған. Сол себепті, ел естіп, көз көрмеген мекенге бейітін салдырып, оның үстінен жылқы үйірін айдап өткен, мәйітті қойғандарды түгелдей жебеге жалындырған дегенге саятын аңыздың ақыры қандай бо­ларын бір Жаратқан біледі. Бірақ біздікі де болжам. Оның рас-өтірігін анықтау уақыт еншісіндегі нәрсе.
      Қалай болғанда да, Айғайқұмның әуені не айтатынын біз анықтай алмаспыз. Оның сырына үңілсек, ғасырлар мен замандарға бөлінген уақыттың жылдам өтетінін, адамның ғұмыры қысқа екендігін, жақсылық пен жамандықтың тартысы толастамайтынын, әділдік пен әділетсіздік өзара қырқысатынын, сапарға шыққан жолаушының ізін қар басып, жел ұшыратынын, тасқа қашалған суреттің сыны кетіп, сұры қашатынын, бұл дүниедегінің бәрі де өтетінін, тірінің семіп, өлгеннің қурайтынын, рухтың ұшып, жансыздың қалатынын, түптің түбінде мылқаудың да тілі шығып, сарқылмас өзеннің де таусылатынын күрсініске толы әуенге салып шырқайтынын байқағандай боламыз. Анығын тап басып айту қиын, себебі, бұл да болжам.
     Айналасына ақсұр түсті нұр таратып, көкжиекте қарауытқан таулардың ортасында әуезді әуен шырқаған Айғайқұмның сыршыл уілі осылай дейді тың­даған жанға. Барып, көру, тыңдап, айту баршаның арманы.

          Құралбек СӘБИТОВ, Мәди АЛЖАНБАЙ
          Алматы облысы

        http://anatili.kazgazeta.kz/?p=33958

толығырақ

Adiraspan

      Жер жүзіндегі дәрілердің 40 пайызы өсімдіктен дайындалады екен. Медицинасы ілгері дамыған Қытай елінің дәрігері Шин Нон «Дана – көптен шығады, дәрі – шөптен шығады», «Сенің денеңнің қуаты – өсімдіктің шырынында» деп айтқан екен. 

       Шындығында, өзіміз табиғат берген байлыққа көңіл аудара бермейміз. Емдік шөптер – үйіміздің жанында, бау-бақшамызда, жол бойларында кездесетін арам шөптер. Өсімдіктер сарқылмайтын қазына емес, сондықтан оларды орынды пайдаланып, қорғай білудің өмірлік маңызы зор. «Мың теңге тұратын дәрі дәл шарбағыңнын түбінде өсіп, тұр» деп дана аталарымыз ­бекер айтпаса керек. Біздің тұрып жатқан жерімізде дәрілік өсімдіктер түрлерінің 60 пайызы өседі. Соның бірі – адыраспан. Қазақстан аумағында адыраспанның үш түрі өседі. Оның ішінде «кәдімгі адыраспан» (Peganum harmala) деген түрі көп кездеседі. Адыраспан – түйетабан тұқымдасына жататын шөптектес иісті, терең тамырлы өсімдік. Биіктігі 30-60 см. Сабағы жұмыр әрі жан-жаққа тармақталып және топталып өседі. Тамыры тереңге кетеді әрі жуан болып келеді. Жемісі қоңыр түсті, ірі ұрығы бар, диаметрі 1 сантиметрдей шар тәрізді қауашық. Көктем мезгілінде гүлдейді, жазда жемісін береді. Топтанып өсетін өскін гүлдеген кезде оның хош исі төңіректі алып кетеді. Бір ғажабы, адыраспан өсіп тұрған маңайға шыбын-шіркей жоламайды. Адырас­пан тұқымдары арқылы көбейеді. Ақын С.Кеттебайұлының «Дала дәрі­ханасы» деген өлеңінде дәрілік өсімдік – адыраспанның биологиялық ерек­шелігі, морфологиялық құрылысы өте жақсы сипатталған.

     Біздің ата-бабаларымыз адырас­панды киелілік қасиеті мол деп санап оны үйдің босағасына немесе есіктің маңдайшасына іліп қойып, осы арқылы отбасын алуан түрлі бәле-жаладан сақтауға тырысқан. Адыраспан тұрған жерге жын-шайтан жоламайды деп есептейді.

       Адыраспан адырлы, шөлейт, құр­ғақ жерлерде, тау бөктерінде және жа­зықтарда өседі. Қазақстанның шөл-шөлейтті, сортаңды жерлерінде, әсі­­ресе Шу, Іле, Сырдария, Сарысу өзендері бойындағы тақырланған жайы­лымдарда бір түрі – кәдімгі ады­­распан (Peganum harmala) өседі. М.Көке­нов мәліметтері бойынша (1998 ж) ол Оңтүстік Қазақстан аумағында қалың болып өседі. Адыраспанның тағы бір қасиеті – жерді тақырланудан сақ­тайтын өсімдік екенін көп адам біле бермейді. Белгілі жазушы әрі сая­хатшы Темірхан Момбекұлы 2005 жылы арнайы «Қасиетті қазақ жері» деген бағдарлама бойынша кең-байтақ еліміздің біраз аймақтарын велосипед­пен аралап, өз көзімен көргендерін күн­делік ретінде жазып жүрген. Сон­дай жазбаларының бірінде ол «Ады­рас­панның жерді азып-тозудан сақтай­ты­нын көбіміз біле бермейтініміз рас. Мен оны өз көзіммен көрдім. Ол айналасына шөптердің тұқымын жинап, олар өсіп жетілген кезде өзі жойылып кетеді екен» деп ерекше атап көрсеткен. Бұдан біз адыраспанның ерекше екендігін айқын байқаймыз. Сондықтан да, дана халқымыздың адыраспанды «қасиетті» деп атауында зор мән бар.

      Ғылымда адыраспан өсімдігін 1928 жылдан бері дәрі-дәрмекке пайдаланып келеді. Адыраспан халық медицинасында буын ауруларына, қайнатылған тұнбасы безгек ауруы­на қарсы қолданылады. Малдың қотырын, түрлі тері және желін ауруларын, мысалы түйенің көкталақ ауруын адыраспанның қайнатпасын ішкізіп емдейді. Сабағынан қайнатып алынған тұнбаны ауылшаруашылық зиянкестеріне қарсы қолданады. Оны мал жемейді. Өткір әрі сасық исі болады. Адыраспаннан тұқымынан алынатын қызыл бояумен жүнді және жіптерді бояй­ды. Әсіресе, түріктер жүннен тігілген бас киімдерін бояуға адырас­пан бояуын көп қолданатындықтан, ел арасында бұл бояуды «түрік бояуы» деп те атайды.

        Адыраспанның сабағы мен жапы­рағын жемістеніп тұрған кезде, яғни күзде жинап, оны күн түспейтін көлеңкелі жерде кептіреді. Адырас­пан­ның түтіні адамды тыныштандырады және микробтардан залалсыздандырады. Кептірілген адыраспан сабағын түтетіп, бөлменің ішін және бала бөленетін бесіктің айналасын алас­тайды. Адыраспанды жинаған кезде малдың тұяғы баспаған таза жерден алу керектігін бұрынғы бабаларымыз үнемі ұрпақтарына өсиет етіп айтып отырған.

      Қазақ халқының көшпелі өмір салты айналасындағы өсімдіктердің қан­дай түрі пайдалы, қандай түрі зиян­ды екенін білуге үйреткен. Орыстың дәрілік өсімдіктерді зерттеуші көрнекті ғалымы П.Массагетов 1921 жылы Алтайдан бастап, Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығыс өлкелерін аралап, дәрілік өсімдіктер туралы құнды деректер жинап, «Өсімдік әлеміне саяхат» атты кітабын жазған. Бұл кітап 1988 жылы қазақ тіліне аударылған. Ғалым осы кітабында қазақ халқының өсімдіктерге ерекше көңіл бөлетіндігін атап, «Қазақтар өсімдік атаулыны қатты бағалайды, оған өте мән бере қарайды» деп таңдана жазған.

         Нұрзада Қайбағарова

           http://anatili.kazgazeta.kz/?p=33798

толығырақ

 
     Тағы да бүкіл әлемнің назары қазақ даласына ауды. Бұл жолы жаһанның қызығушылығын тудырған дүние Торғай өлкесінен табылған тылсым өрнектер болып отыр, деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында.

    Таяуда АҚШ-тың НАСА ғарыш агенттігі жерге ойылып салынған аталған геометриялық денелердің фотосуреттерін жариялады.

       Негізі бұл өрнектерді алғаш рет 2007 жылы Қостанай тұрғыны Дмитрий Дей кездейсоқ тауып алған еді. Ол пирамидалар туралы фильм көріп, Google Earth бағдарламасы ар­қылы өз қа­ласының маңынан сондай тарихи жәді­герлерді іздеген. Нәтижесінде, Торғай дала­сын­дағы түсініксіз суреттердің үстінен түсті. 


 

     Бүгінде Turgay Discovery жобасының жетекшісі Д.Дей осы салаға біржола бет бұрған. Оның айтуынша, қазірге дейін 260 геоглиф табылған екен. Олардың арасында темір дәуіріне және ғұн-сармат кезеңіне тиесілі өрнектер де бар. Ал ең ежелгілері болып саналатын алып шаршы мен айқыш осыдан 8 мың жыл бұрын пайда болған.

     - Біз 2012 жылы осындай 19 нысанды зерттеп, 14-інің жанынан неолит дәуірі кезінде қолданылған көне бұйымдарды таптық. Меніңше, бұл суреттердің Перудегі атақты Чанкильо өрнектерімен байланысы бар. Себебі, екі жақта да геоглифтерді аңшылардың жан-жануардың маусымдық көшуін бақылауға қолданғаны белгілі болып отыр, - дейді зерттеуші.

       Сонымен қатар, ол 14 мың жыл бұрын сол кездегі аңшылар Америкаға Оңтүстік Сібір арқылы кеткенін назарға алды. Соған орай ол геоглиф дәстүрінің бір тармағы Торғай даласымен тығыз байланысты деп санайды. 

 
     - Осыдан 7-8 мың жыл бұрын болған табиғат апатынан Торғай жазығын Аралдың тұзды суы басып қалған. Дәл осы кезеңде Азия мен Балқан түбегінде Күнге табыну мәдениеті бастау алғаны белгілі. Кейін ол Мысыр арқылы бүкіл Еуропаға тарады. Генетик мамандардың пайымдауынша, бүгінгі R1b гапло тобы сол кезде пайда болған. Бұл ген қазіргі Батыс Еуропа халықтарының 60 пайызына тән. Тіпті, Ирландия, Шотландия және Уэльс сынды елдердің тұрғындарында 90 пайызға дейін кездеседі. Тутанхамон перғауын мен Ұлыбританияның король отбасы да осы топтың өкілдері екендігі айтылып жүр. Егер менің болжамым дұрыс болса, еуропалық өркениеттің түп-тамыры қазақ даласында жатыр, - дейді Д.Дей. 


 

       Қазіргі таңда Торғайдағы тылсым өрнектер - әлемнің көптеген ірі оқу орындарында жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Бірнеше футбол алаңының аумағын алып жатқан геоглифтер ор, қорған және дуалдар кешенінен құралған. Кейбір зерттеушілер оларды Күннің қозғалысын тәулік бойы бақылау үшін салынған деп жорамалдап отыр.

 

       http://www.inform.kz/kaz/article/2835520

толығырақ

thomas atkinson

 
        Ағылшын саяхатшысы баласының есімін Алатау-Тамшыбұлақ деп қойған

     Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан қазақ даласының әлем тарихында өзіндік орны бар. Сондықтан да болар, бұл өлкенің өткеніне қызығып, тау-тасын аралаған талай саяхатшылар өткен. Солардың бірі – XIX ғасырда, атап айтқанда, 1848 жылы Қазақстанға келіп, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін зерттеген ағылшын отбасы Томас пен Люси Аткинсондар.

       Қазақ тарихы туралы құн­ды деректер қалдырып, халқы­мыздың тұрмыстық бұйым­дарын өздерімен бірге Ұлы­британияға алып барған саяхатшылар еліміздің Қапал өңіріне тұрақтаған екен. Сол жерде Жоңғар Алатауын және Тамшыбұлақты ерекше зерттеген. Тамшыбұлақтың сұлулығына тәнті болғаны соншалық, қазақ жерінде дүниеге келген тұңғыш ұлдарының есімін Томас пен Люси Алатау-Тамшыбұлақ деп қойған. Бүгінде бұл есім Англиядағы үлкен бір әулеттің тегіне айналып отыр. Қазақ даласына табаны тиген саяхатшының алтыншы ұрпағы – Пипа Алатау-Тамшыбұлақ ханым қазіргі таңда Лондон маңындағы елді мекендердің бірінде тұрады.

     Т.Аткинсонның еңбектерін зерттеп, қайта жаңғыртып жүрген ағылшынның жазушы-ғалымы Ник Филдинг Қазақ елі тарихына қатысты дүниелерді кітап етіп басып шығаруды көздейді. Оның айтуынша, саяхатшы Орталық Азия мен Қазақстанды және славян халықтарының тарихын зерттеп, соған қатысты 500-ге жуық сурет салған. Оның картиналарынан киіз үйдегі қазақ отбасының тұрмысын, ет пісіріп жатқан қазақ әйелдерін, домбырамен ән салған сал-серілерді және сәукеле киген қазақ қыздарын көруге болады. Бұл жәдігерлердің барлығы бүгінде Н.Филдингтің Лондоннан 75 шақырым жердегі Эвинтон қаласындағы үйінде сақтаулы тұр.

     Сонымен қатар, жазушының қолында XVIII-XIX ғасырларда жасалған қазақтардың тұрмыстық бұйымдары да бар. Ол жөнінде Ник мырза «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында былай дейді.

thomas atkinson-2

     – Қазір менің мұрағатымда қазақтың ұлттық ой-өрнек­терімен көмкерілген аяққап, түскиіз және қыздардың бас киімі бар. Оның бәрі осыдан екі-үш ғасыр бұрын жасалған. Ал бұларды ағылшын жеріне Томас Аткинсон алып келген. Осы жерде саяхатшы туралы аз-кем айтып өтсем деймін. Томас Аткинсон – сол кезде өз ортасына сыйлы, атақты адамдардың бірі болған. Ол Орталық Азияға орыс губернаторларының көме­гімен барған екен. Жалпы, То­мас пен Люси Аткинсон сол өңір­ге саяхат жасаған алғашқы еу­ропалықтардың бірі.

      Қыркүйек айында Қазақстанда болған Ник Филдинг Алтай, Жоңғар және Іле Алатауларының табиғатын зерттеген.

      – Мен таулардан қазақтың дархандығын көрдім. Меніңше, қазақ халқының ұлттық на­қыш­тарының бірі осы таулар мен жазық дала және жылқы малы. Өкінішке қарай, Қазақстанда бір ай ғана болдым. Тағы да барып, саяхатшы Томастың маршрутымен жүріп өткім келеді. Алайда, ол үшін 3-4 жыл уақыт қажет, – деген ғалым келешекте осы мақсатын жүзеге асыру үшін жұмыс істейтінін айтты.

     Ал Томас Аткинсонның тікелей ұрпағы Пипа Алатау-Тамшыбұлақ әулетінде осындай адамның болғанын мақтан тұтады.

      – Үлкен атамыз Джон Мэйсон Стюарт астрофизика және географиямен айналысқан. Ол кісі әулетіміз жайында көптеген еңбек қалдырды. Сол дүниелерде арғы атамыз Томас Аткинсон туралы айтылады. Тегіміздің Қазақстанмен байланысты екенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта ұлдарыммен Қазақ еліне барып, атамыздың ізі қалған жерлерді көрсем деген арманым бар, – дейді Пипа ханым.

         Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».

       http://egemen.kz/2015/11/03/4981

толығырақ

     Қазақстанда өсетін 6 000-нан астам өсімдіктің қазіргі таңда тек ­300-інің ғана төл атауы ғылыми айналымда қолданылып жүр екен. Төрт түліктің ыңғайына қарап шөптің шүйгінін, судың тұнығын іздеп, жылдың әрбір мезгілінде қыстаудан көктеуге, көктеуден жайлауға, жайлаудан күзеуге көшіп-қонып жүрген бабаларымыздың өз жеріндегі өсімдіктер дүниесіне байланысты атау сөздерінің ұмытылып бара жатқаны өкінішті. Сондықтан, біз қазақ тілінде жарық көрген «Емдік рецептер энциклопедиясының» авторы, дәрілік шөптермен емдейтін халық емшісі Сейітқамза ҚАЛИЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

     – Сейітқамза аға, табиғат­тың жанды-жансыз барлық заттары мен құбылыстарына ат қоюда ешкімге дес бермейтін бабаларымыздың өсімдіктерге байланысты атау сөздерінің әлі күнге дейін жинақталып қағазға түспеуі неліктен?

      – Бұл біздегі жазба әдебиеттің кенжелеп қалуына байланысты туындап отырған мәселе. Егер ертеде бабаларымыздың сақ және түркі жазуы жалғаса бергенде бізде оның бәрі қағазға түсіп, неше түрлі еңбектер шығар еді. Сонымен бірге, ұмыт болып қалған қаншама әйгілі адамдардың еңбектерін түпнұсқадан оқыр едік.

     – Кейбір зерттеушілердің бір атауды бірнеше өсімдікке қолданып жүргені осыған байланысты ма?

     – Ол да бар. Бізде ғылым бойынша өсімдіктерде 6 000-нан астам түр бар деп айтылады. Ғылыми әдебиеттер мен оқулықтарда оның барлығы орысша тұр. Қазақшасында 250-300 ғана атау бар. Ал орыстарда 70-80 мың, ағылшындарда 500 мыңнан астам өсімдіктердің аты бар екен.

     Кезінде есімі елімізге өте әйгілі болған этнограф Жағда Бабалықов: «Оспан ағам шөптің 10 мың түрін атап, маған жазып берді», деп айтатын. Өкінішке қарай, екеуі де бақилық болып кетті. Ал олардың қолжазбалары кітап болып жарық көріп, ғылыми айналымға түспей қал­ды. Өсімдіктердің қазақша атауы туралы баяғыда Байынқол Қалиев деген ғалым ағамыз 150-дей түрін атаған. «Емдік рецептер энциклопедиясы» деп аталатын кітабымда 700 түрлі атау бар. Оның кейбірі 16 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде де жоқ. Оны «Ана тілі» газеті ана жылы ғалымдар іздеп жүрген сөздердің көбі осында тұр деп жазды. Жалпы өз басым шөптердің 3-4 мыңдай атауын білем.

    – Қайбір зерт­теу­ші­лер табиғатта басы артық өсімдік жоқ, олар­дың кез келгенін қандай да бір сырқат тү­рі­не ем ретінде қолдануға бо­ла­ды дейді. Осыған келісесіз бе?

     Әрине, оның қасиетін білсең қолдануға болады. Ол – білгенге ем, білмегенге у болуы мүмкін. Ғасырлар бойы халық пайдаланып келе жатқан шөптер бар ғой. Осыны ішсең, осыдан жа­зыласың деген. Мәселен, халық медицинасында ебелекті қант ауруына ішеді. Жалпы, қандай да бір шөптен дәрі жасау үшін мамандар оған ондаған жылдар бойы тәжірибе жасайды. Соның негізінде ғана ғылыми-зерттеу институттары оны дәрілік шөп­тер туралы кітапқа кіргізеді.

       Осы арада бір мысал айта кетейін. Мұсылман дүниесінің Гиппократы болған Лұқман хакім данадан сіздер хабардарсыздар. Бір күні араларында Лұқман хакім бар бір топ адам бұлақтың бойында жиналып отырыпты. Оған адамдар келіп тамырын ұстатады. Басы ауы­рып, көзі қарауытып келген бір жігіт: «Ата, менің неше күн болды басым ауырады. Не ем ай­тасыз?», – дейді. Оған Лұқман жерден бір тал шөпті жұлып алып, осыны қайнатып іш деп кеңес береді. Рахметін айтып, асыға жөнелген оған емші: «Тоқта, неге дәрі пұлын бермейсің», дейді. Ол: «Ой, ата, жерден алдыңыз ғой. Оған неге ақы төлеймін?» дегенде: «Төлемесең, шөпті тас­тап кет!» депті. Ақысын төлеп, үйіне барып шөпті қайнатып ішкен соң жігіт ауруынан жазылып кетеді. Арада біраз уақыт өткен соң күндердің бір күні басы қайта ауыра бастаған кезде бастаудың басынан өткенде мына шөпті беріп еді ғой деп өзі жұлып алып, қайнатып ішсе, басы одан ары ауырады. Сосын амалсыз Лұқман хакімге келіп: «Бұл қалай, сол шөпті алдым ғой», дегенде Хакім: «Әр нәрсенің бағасы болады. Өткен жолы сен пұл төлеген соң сана-сезіміңде ақы төледім ғой осыны ішейінші деген құлшыныс болды. Содан сен жазылдың», депті.

       Ең бастысы, сенім ғой. Бірақ, кез келген уақытта кез келген шөпті жұлып алып қолдануға болмайды. Ол ауруыңа ауру жамауы мүмкін.

      – Өсімдіктердің төл атау­ларын табу және оны емдік мақсатқа қолданудағы халық тәжірибесін жинаудың қандай жолдары бар?

     – 1988 жылы Қытайға бардым. Сол кезде ондағы үкімет Қытайдың шығыс жағындағы 3 аймақтың әрбір ауылына 20 шақты адамды бөліп, ондағы өсімдіктер дүниесін зерттетіп қойыпты. Олар бір төбеге отырып алып, ондағы түрлерді санап, ата­уын және жергілікті халықтың оны қайда, қалай пайдаланатынын тізіп жазады екен. Бізде де осындай жұмыс қажет. Малшылармен ақылдасу керек. Оны мен баяғыда жазғам. Ешкім оған назар аударған жоқ. Соның салдарынан әліге дейін өсімдіктердің атауларын орысша болса орысша, латынша болса латыншамен жазып келе жатырмыз.

      – Өткен ғасырдың бас кезінде жазылған бір кітаптан шетелдіктердің қазақ даласынан ақша төлеп жоңышқаның дәнін жинатып, Америкаға алып кеткендерін оқыған едім. Мұндай жағдайлар қазір бар ма?

     – Бар. Оған құртшөпті мысалға келтіруге болады. Марқакөлде ғана өсетін оның 1 килосы 500 мың теңге тұрады. 1 миллион теңге беретіндер де бар. Ол еркектердің қуатын көтереді. Сол үшін қытайлар ақшасын аямай, тапсырыс беріп алдырады. Соны қазір бізде құртып жатыр. Ақжүрек деген шөптің жағдайы да осындай. Оны да көршілер көп ақша беріп жинатып жүр. Қытайда олар оны құртып жіберді. Бізде бар. Егер 2 кило ақжүрек жинап алса, ол оларға бірнеше жылға азық болады екен.

      Заңды қатайтып, оның орын­далуын күшейтпей, өсімдік­тер­дің жабайы бизнесіне тосқауыл қою мүмкін емес. Қытайда қазір дәрілік шөптердің көпшілігі қолдан егіледі. Жойылуға жеткендіктен оларды табиғаттан алдырмайды. Егіп өсірген өсімдіктің қуаты, әрине, табиғи жағдайдағыдай болмайды ғой.

     – Тамыршылық, оташы­лық сияқты өнерден де құралақан емес екенсіз? Шәкіртіңіз не ізбасарларыңыз бар ма?

      – Қазақстандағы емшілердің барлығы қазір «Емдік рецептер энциклопедиясын» пайдаланады. Тікелей шәкіртім жоқ. Немерелер болмаса, қазір ісімді жалғайтын өз балаларымнан ешкім жолымды қумады.

       – Емшілік туа біткен қасиет пе, әлде оны біреуден үйренуге бола ма?

     – Үйренуге болады. Мәселен менің атам мен әкем кішкене кезімде қайтыс болып кетті. Ол кезде «Сельская жизнь» деген газет шығатын. 4-бетінде «Жасыл аптека» деген арнайы бағана болды. Онда жарияланған материалдарды жас кезімнен бастап қиып ап, өзімше зерттеп жүрдім. Бұдан бөлек өткен ғасырдың 70-жылдары Мақаншы ауданында Байқуан деген ақсақал болды. Тірі кезінде-ақ ол кісі туралы ел арасында аңыз-әңгімелер көп-тін. Атақты сынықшы еді. Кейде шөптермен емдейтін. Шор боп кеткен сынықтарды жібітіп жазғанын көзіммен көріп, таңғалдым. Үйіне арнайы іздеп барып, қасында жүріп көп нәрсені үйрендім. Әрине сынықты ол кісідей сала алмаймын. Бірақ кейде науқастар көмек сұрап келгенде ашық сынықты салуға тура келеді. 96-97 жасқа келіп қайтыс болған осы Байқуан ақсақалды өзіме ұстаз тұттым. Содан бастап шөптерді де жинай бастадым. 25-30 жасқа таяғанда «Денсаулық» деген журналда істедім. Тибет медицинасының канондарын аударып жүріп, тамыршылықты үйрендім. Ол өте күрделі, бірден игеріп кету қиындау. Тамырдың 12, 47, 360 түрі болады. 360 түрін түгел айыратын адам науқасты емдеп отырып оның бүкіл үрім-бұтағын біле алады. 47 түр де үлкен білімнің иірімі. Мен 12 түрді ғана айырамын. Қазір бізде, басқа елдерде 360 тамырдың соғысын білетін тамыршылар жоқ. Ондай адам тек Тибеттің ламаларында ғана болуы мүмкін.

         – Аурудың басты себептерін қалай анықтауға болады?

     – Барлық аурудың 3 түрлі негізі болады: ыстық, суық, жел. Осы үшеуі табиғи заңдылық бо­йынша туғанда адамның бо­йында болады. Жүре келе соның біреуі басым түсе бастайды. Соған байланысты ауру білінеді. Көп адамда суық көбейіп кетеді. Ол қалған екеуін ығыстырып, ағзада өзінің жақтастарын көбейтеді.

      Жалпы, емшілікпен айналысатын адамның жауапкершілігі болуы керек. Ол өзіне үміт артып келген көмекке мұқтаж жандардың сенімінен шыға білуі тиіс. Онсыз ешқандай емі науқасқа дауа бола алмайды. Мен соңғы 2 жылда 1682 адамды емдеппін. Өз басым күніне 4-5 адамнан артық қабылдамаймын. Өйткені, олардың ауруының түрі мен сипатына қарай дәрі жаса­уым керек.

           Әңгімелескен Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ. АЛМАТЫ.

         http://etjendi.egemen.kz/?p=52433

толығырақ

Көкжайлауға бардың ба?

 
     Көкжайлау – Іле Алатауының ең көрікті жері. Іле Алатауының өзі Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан. Ол оңтүстікке қарай доға тәрізденіп иілген жота ендік бойымен созылған. Оның ұзындығы 350 шақырым, ені 30 – 40 шақырым.

     Көкжайлау – жаяу, шайтанарба, шаңғы және ат туризмімен айналысатын алма­тылықтардың ең сүйікті жері. Шатқалға Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарындағы соқпақ жолмен кө­терілуге болады. Мұнда отбасымен бірге жүздеген адамдар келеді, кейбіреулері бірнеше сағатқа келсе, келесі топ бірнеше күнге қалады. Іле-Алатау ұлттық бағының қызметкерлері мен белсенді еріктілерінің күш-жігері арқасында, басқа демалыс орындарындағыдай емес, шатқалда қоқыс кездеспейді деп айтуға болады. Мұнда ерекше жылы атмосфера орнаған, таныс емес адамдар бір-бірімен амандасып, әңгіме-дүкен құрады. Олардың көбі бірнеше жылдар бойы бұл жерге жиі келіп тұрады және Көкжайлауды өзінің туған жеріндей көреді. Көкжайлау арқылы қалың бұқара «Құмбел – Бірлік» шыңына көтеріле алады. Алдымен «Үш ағайынды» деп аталатын бірнеше шоқыға келіп, аялдайды. Сонан кейін «Құмбелдің» биігіне ұмтылады. Құмбелде табиғат өзгеріп сала береді. Кейде Құмбелдің биігі нағыз фантастикалық ғажайыптарға айналады. Көк шатыр аспаннан будақтап келген ақ-қара қою бұлт осы тауға келіп қонақтайды. Аялдауы бір басқа, оның ішіне еніп, биікке өрлеген сайын небір ғажайыптарына куә боласыз. Тау таңға­жайыптары еріксіз адам сүйсінтеді. Ондайда бұлттар табанының астына түсіп кеткендей болады. Өзін бейне бір көк шатырда қалықтап жүргендей сезінесің. Анандай тереңдікте Алматы жатады көгілдір түтін тартып. Алыстан мұнартып Қаскелең де көз ұшына оралады. Алматының Сайран көлі  де көкшіл түсімен көзге түседі. Биік-биік ғимараттар бей­небір Алатауға қол бұлғап тұрғандай көрінеді. Асқар шыңға шыққанда керемет әсер көңіліңізді баурап алады. 


     Көкжайлау – ландшафты көркем шатқал. Көрікті мекендегі флора 811 түрден тұрады, соның ішінде 17-сі Қазақстанның Қызыл кітабына енген, 11-і эндемикалық түрге жатады. Көкжайлау шатқалы әйгілі Сиверс алма ағашы сақталған аз ғана жердің бірі, ол қазіргі мәдени алма ағаштарының көптеген сорттарының түпкі атасы болып табылады және қазір оған жойылып кету қаупі төніп тұр. Іле Алатау МҰТБ аумағында 1700-ден астам жануар түрі мекендейді, оның ішінде құстардың 13 түрі мен 8 сүт­қоректі жануар Қызыл кітапқа ен­гізілген.
       Көкжайлау мәселесі әр жерде көтеріліп келеді. Халықтың уайымы мен күдігі басым. Көрікті Көкжайлауды курорттық аймақ етуге толықтай қарсылық білдірумен қатар, оның экожүйесін сақтап қалуды құптайды. Енді келесі тараптың пікіріне назар аударсақ. Ку­рот­тық кешен салушылар бұл мәселеге бай­ланысты: «Әрине, қор­шаған ортаға тигізер әсері болады. Бірақ ол – тек құрылыс жұмыс­та­ры кезінде ғана және аз мөлшерде. Ал біздің бас­ты мін­деттеріміздің бірі, бұл – оның қор­ша­ған ортаға әсерін мейілінше азайту. Бұған қол жеткізуге заманалы техно­логиялар мен озық халықаралық тәжірибелер мүмкіндік береді.
     Шипажай өскелең ұрпақты және басқа да ниет білдірушілерді жергілікті жердің мәдениетімен, экологиялық және тарихи мұрасымен таныстыра отыратын танымдық қызметті де атқаратын болады» деп пікір­лерімен бөліседі.
     Кейбір статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде  1 млрд адамды құрап отырған әлемдегі халықаралық туризмнің динамикалық өсімі 2020 жылдарға қарай 1,6 млрд адамға жетеді. Әлем бойынша, тау шаңғысы курорттарының тығыздығы бойынша, АҚШ, Канада, Франция, Италия, Австрия, Швейцария өзгелерден оқ бойы озық тұр, Скандинавия елдерінің тау шаңғысы курорты орташа дамыған елдердің санатында, ал тұтас Ресей, Қытай, Қазақ­станды қоса алғанда, Азия құрлығында тау шаңғысы ин­дустриясы артта қалған. Бірақ мамандардың пікірінше, Алматы тамаша тау шаңғылық туризм аймағына айнала алатын керемет шаһардың бірі екен. Алатау бөктеріне өте таяу ор­наласқан қаланың болашағы туристік дамумен өлшенуі де мүмкін. Бұл тұрғыда алғанда, мамандар экожүйені бұзбай, тамаша тау шаңғы кешендерін ашу ша­раларын ұйымдас­тыруды жөн санайды. 


      Ал Көкжайлаудың жанашырлары әлі күнге дейін белсенділік көрсетіп келеді. Жуырда ғана «Көкжайлауды қорғаймыз» қоғамдық қозғалысының белсенділері Көкжайлаудың таза ауасына толтырылған  шыны құтыны Алматы қалалық әкімдігінің ғи­маратына алып келді. Айта кетейік, бұл қоз­ғалыс Көкжайлаудағы құрылысты тоқтатуды сұрап, бұған дейін әкім-қа­ралардың  есін біраз шығарған. 
     Таразының екі басы бар. Біздің ел үшін бұл тұрғыда табиғи экожүйені де, туристік саланы да қатар ұстау қажет. Ең бастысы,  тепе-теңдікті сақтайтындай дәреже керек. Тепе-теңдік болған жағдайда ғана екіжақта өз шешімін табады деген ой­дамыз. Қа­лалық әкімдік те, экологиялық ұйымдар да  бұл мәселеге ерекше зейін қойып келеді. Десек те, қаланың туристік әл-ау­қатын арттыру шараларын да ұмытпауды жөн санап келеді. 
Ал сіз көрікті  Көкжайлауға бардыңыз ба?

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

          Суреттерді түсірген автор

        http://aikyn.kz/ru/news/show/12097-k_kzhailau_a_bardy_ba_

толығырақ

Барысты біз неге тек хайуанаттар бағынан көреміз?

   
        Бұған дейін барысты Австралия, Америка, Африка құрлықтары мен Еуропа халықтары хайуанаттар бағынан көріп келген еді. Енді олардың қатарына өзге Азия елдерімен бірге Қазақстан да қосылып отыр. Таралуы мен мекендейтін жеріне қарай адамның көзіне онша шалына бермейтін барыстың басынан бағын тайдырғандар негізінен аңшылар қауымы болды. Мәселен қара базарда барыс терісі Үндістанда 60 мың долларға, ал Памир тауында 3 мың долларға бағаланатын көрінеді. 

     Терісіне бола барыс ХХ ғасырдың орта шеніне дейін кәсіптік маңызы бар аңдардың санатына жатқызылған болатын. «Қазақстанның сүтқоректілері» деп аталатын ғылыми еңбекте Жетісуда 1882-1905 жылдар аралығында жылына 30-142 аралығында барыс терісі дайындалып, Қырғызстанда 1950 жылға дейін жүйелі түрде ауланып келгені айтылады. Ю.Смирнов «Аңшылықтың Қазақстанның өнеркәсіптік-аңшылық фаунасына әсері» деген кітаьбында Қазақ жерінде 1891 жылы – 54, 1892 жылы – 106, 1894 жылы – 74, 1899 жылы – 29, 1890 жылы – 37, 1904 жылы – 48, 1906 жылы – 354, 1908 жылы – 48, 1910 жылы – 81 барыс терісі әзірленгенін жазады. 

Кейбір деректерге қарағанда 1936-1970 жылдар аралығында хайуанаттар бақтары үшін Қырғызстанда 400-ге жуық барыс ауланған. Саны азайып кетуіне байланысты Халықаралық табиғатты және табиғи корларды қорғау одағы (қазір Дүниежүзілік табиғат қорғау одағы) барысты «Қызыл кітапқа» енгізіп қорғауға алғаннан кейін ғана 1960 жылдары саны 1 000-ға дейін кеміп кеткен барыстың саны соңғы жарты ғасырдың ішінде 8000-ға дейін жетті деген болжам бар. Оның 2 мыңы хайуанаттар бағында өмір сүріп жатса, 5 мыңға жуығы бір ғана Қытай аумағында деп саналады. Барыс Непал мен Үндістан аумағында да өзге елдерге қарағанда көбірек кездеседі. Ал Қазақстандағы барыстардың саны 150-200 аралығында деп есептеледі. Ресейде де оның саны шамамен осы көлемде деп болжануда. Барыс қазіргі таңда халықаралық «Қызыл кітапта» – ЕN, ұлттық «Қызыл кітапта» ІІІ санаттағы қазір жойылып кету қаупі жоқ, бірак өте сирек кездесетін түрлердің қатарында тұр.   
       Барысты бағалы терісі және еті мен майының емдік қасиетіне бола жасырын аулаушылар әлі де кездесіп қалуда. Мамандардың сөзіне қарағанда, барыстың саны олардың мекендейтін жеріндегі азық қорына да байланысты көрінеді. Мәселен Бутанда 15 мың шаршы шақырымда (1994 жылы) – 200, Непалда 30 мың шаршы шақырымда 500-дей (2009 жылы), Қазақстанда 50 мың шаршы шақырымда (2001) 200-дей, Ауғанстанда 200-дей (2003 жылы), ресейде 60 мың шаршы шақырымда 200 (2003), Үндістанда 75 мың шаршы шақырымда 600-дей (1994 жылы), Пакистанда 80 мың шаршы шақырымда 420 (2003), Тәжікстанда 100 мың шаршы шақырымда 220 (2003 жыл), Моңғолияда 101 шаршы шақырымда 1000 (2000 жыл), Қырғызстанда 105 мың шаршы шақырымда 500 (2001 жыл), Қытайда 1 100 000 шаршы шақырымда 5 мыңдай (1998 жылы) барыс бары анықталған. 
       Барыс Памир мен Алайда, Тяньшань мен Жоңғар Алатауында, Алтай мен Саянда мекендейді. Қазақстанда Піскем мен Өгем жоталарында, Талас пен Қырғыз, Іле, Күнгей және Теріскей Алатауларында, Кетпен Жотасында, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр мен Оңтүстік Алтайда тараған. Ауғанстан, Бирма, Бутан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Непал, Өзбекстан, Пакистан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан сияқты елдердің аумағында да кездеседі. Барыс туралы аңыз-әңгімелердің көптігіне қарамастан, ол әлі күнге дейін ғылыми ортада ең аз зерттелген аң болып қалуда. Бұған оның теңіз деңгейінен 1500 метрден жоғары жатқан адам аяғы баса бермейтін биік тау шатқалдарында өмір сүріп, күндіз көбінесе жасырынып жатып, жемтігін күннің шығып және батып бара жатқан кезінде аулайтыны түрткі болып отыр. Барыстың негізгі азығы таутеке, арқар, елік сияқты тұяқты аңдар мен ұлар, кекілік секілді құстардың еті. Сол себепті ол тауда мал жайып жүрген малшыларды мүлде мазаламайды деуге болады. 
        Барыс, қар барысы, тау барысы, тау жолбарысы, ілбіс деген сияқты түрлі атауы бар мысық тектес бұл жыртқыш аң ертедегі скиф, ғұн, бұлғар, грек және шығыс славян халықтарының аңыздарында көп кездеседі. Ол бүгінгі таңда Қазақстанның, Солтүстік және Оңтүстік Осетияның, Хакасияның, Қырымның, Татарстанның ұлттың символы саналады. Ол Алматы, Бішкек, Самарқанд, Псков қалалары мен Псков облысының, ҚР Президентінің таңбаларынан және Ермаков, Псков аудандары мен Псков қаласының туларында бейнеленген.
      Қанатты барыстың Алматыдағы Тәуелсіздік монументінде бейнеленіп, барыс аланының 2011 жылы Алматы мен Астана қалаларында өткен VII Қысқы Азия ойындарының, ал барыстың 2014 жылы Сочиде өткен Қысқы Олимпиада ойындарының талисманы болғанын кездейсоқ жәйт деуге болмайды. 
       Моңғолияда өмір сүрген тарих ғылымдарының докторы, белгілі этногроф Биқұмар Кәмәлашұлы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» деген кітабында ертеде ел басы, патша, қаған, би, төре, батырлар барыс терісінен ішік кигені туралы жазған. Онда әскер басы мен өзге де ержүрек бахадүрлердің дұшпандарына айбат көрсету үшін, жауға оның терісін жамылып шабатыны айтылған. Сондай-ақ моңғол тектестердің барысты «хар мөртөн», яғни «қара жолды» деп санағаны, оны атып алған соң алдыңғы аяғының табанын тіліп «жолын ашатынын» сөз етеді. Ғалымның айтуынша, барыс терісін хан ордасына іліп, таққа жауып, астына төсеніп отыратын салт да бар. Бұл ел басын «барыстай батыл, батыр» дегенді меңзейді. Мәселен моңғолдың соңғы ханы Боғда Жабзындамбының 150 барыс терісін жапқан киіз үйі әлі күнге дейін мұражайда сақтаулы тұрған көрінеді.
      Дене тұрқының ұзындығы 130 cм-ге, құйрығы 90 см-ге, бойының биіктігі 60 см-ге дейін жететін барыстың өз жыртқыш аңдардан бір ерекшелігі жауын өткір тісімен ғана емес құйрығымен де соға алатындығы. 
        Хайуанаттар бағында 28 жылға дейін өмір сүрген барыс таутаны (ұрғашысы) туралы мәліметтер болғанымен, табиғат аясында әдетте бұл аң 3-15 жыл өмір сүретін көрінеді. Таутан жыл аралап 2-5 алан (күшік) тапқанымен, табиғаттың сұрыптауынан кейін бір-екеуі ғана тірі қалады екен. Зерттеушілер өз жемін әдетте белгілі бір аумақта жеке аулайтынын байқаған. Барыс атауы сонымен қатар көптеген халықтарда адам есіміне айналған. Бұл аңды қазақтар – барыс, өзбектер – алдджи-барс, бұқарлықтар мен моңғолар – ирбис, қалмақтар – иргиз, татарлар – авганиш, якуттар – хахай, эвенктер – куник деп атаған. 
        Былтыр Бішкекте өткен бүкіләлемдік форумда барысты сақтап қалу үшін 2014-2020 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, оған 12 мемлекет қол қойды. Бағдарламаны іске асыру үшін әлемдік қауымдастық барысты сақтап қалуға және оның өсіп-өнетін ортасы мен экожүйесін қорғауға 190 млн. АҚШ долларын бөлді. Соның нәтижесінде қазір барыстардың мекен ететін жерлері мен олардың ондағы санын анықтау үшін жасырын бейнекамералар қойылуда. Абай Құнанбайұлының «Егер ісім өнсін десең – ретін тап» дегеніндей бүгінгі таңда өз нәтижесін беріп, зерттеушілер құнды мәліметтерге қол жеткізіп отыр. Бұл барысты енді тек хайуанаттар бағынан ғана көретін боламыз ба деген үзілген үмітті қайта оятары анық.

       Ерлік Ержанұлы  

      Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/baryistyi-bz-nege-tek-hayuanattar-bagyinan-koremz-72062/

 

толығырақ

шарын

       
       Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қазіргі заңдылықтарға сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын, республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мәртебесі бар мекеме. Бұл аймақ ҚР Үкіметінің 23-ақпан 2004 жылғы №213 бұйрығымен 93 150 гектар жерге Алматы облысында экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру және сақтау мақсатымен ұйымдастырылған. ҚР Үкіметінің 6-ақпан 2009 жылғы №121 бұйрығымен парк аумағы кеңейтіліп мемлекеттік жер қоры, қорғаныс қажеттілігіне қарасты жерден 32900 гектар жер қосылды, қазір жалпы аумақ 127 050 гектарды құрайды.

       1. Шарын ерен тоғайы. Бұның құрамына республикалық маңызы бар Табиғат ескерткіші – 19-наурыз 1964 жылы Қазақ ССР Министрлер кеңесінің № 447-Р қаулысымен ұйымдастырылған 5014 гектар жерді алып жатқан Шарын ерен тоғайы кіреді. Ескерткіш полеоген дәуірінің соғды ерені өсетін су жайылмалары орманын қорғау үшін ұйымдастырылған. Еренннен басқа бұл жерде сирек кездесетін басқа да өсімдіктер дүниесіне бай. Орманды қорғау режимі бекітілген, ұйымдастырылмаған туристердің келуі шектелген. Тоғай ішінде ағаш кесуге, мал жаюға тыйым салынған.
      2. Шарын шатқалы – республикалық маңызы бар, ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Үкіметтің 2005 жылы №657 шешімімен жасалған экологиялық, ғылыми, т.б. құндылықтары бар жер қыртыстарының тізіміне енген. «Шарын каньоны» – «Қамалдар аңға­ры» табиғаттың ландшафтты – пале­онтологиялық ескерткіші, құла­малы шың – құзы, шатқалдың жартастары, палеонтологиялық қазбалар, сол жерден табылған жануарлардың қазба қалдықтары, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қорғалады.
     3. Үлкен – Бұғыты тауларының шығыс бөлігі – сібір тау текелер мен қарақұйрықтың мекені. Өсімдіктер дүние­сі де қызықты – емдік сасыр, Недз­вецкий кекіресі, жартас дала зығы­ры, сексеуіл сияқты 61 түрлі сирек кез­десетін өсімдіктер кездеседі.
       Парктің ұйымдастыру құрылымы: парк басшылығы және 5 бөлімнен тұрады, жалпы штатта 46 адам тіркелген. Көгалдандыру және көшеттермен қамтамасыз ету үшін, парк тұқымбағында декоративтік ағаш-бұталы өсімдіктер өсіріледі. Атап айтсақ емен, бозарша, терек, тал, қарағай, аққайың, жаңғақ, т.б. Тұқымбақтың жалпы көлемі – 3 гектар. Парк аумағында жалпы қашықтығы 49 шақырымды құрайтын 3 туристік бағыт жасалынған.
       Бірінші бағыт – Шарын ерен саяжайы. Туристерді «жасы» 5 миллион жылдан асқан соғды ерені табиғат ескерткішімен таныстырады. Шарын ерен тоғайы – арасында 7 адамның құшағы әрең жететін алып, «ақсақал» ағаштары бар әлемде сирек кездесетін ереннің табиғи өскен ортасы – жайылма тоғай. Ол тек бірінші террассада ғана табиғи өседі, ал екінші терассада соғды ерені тұрақты суғарылып тұрғандықтан қолдан өсіріледі.
      Екінші бағыт – «Бейіттер мен қор­ғандар». Парк аумағында көптеген бейіттер мен қорғандар кездеседі.
     Үшінші бағыт – «Қамалдар мекені». Шарын шатқалы – ландшафты-пале­онтологиялық табиғат ескерткіші. Шатқалдың ішіне көлікпен түсуге тыйым салынатын жаяу бағыт. Шарын шатқалы – түрлі пішіндегі «қамалдар аңғары» жер бедерінің геоморфологиялық нысандарына жатады және әлем бойынша деп айтуға болады, құндылығы жағынан саяхатшыларды қызықтыратын бірден- бір орын. Өйткені мұндай қамалдар мен қорғандардан тұратын шатқалдар тек Американың Аризона штатында кездеседі.
      Жыл сайын табиғат қорғауға ар­налған «Парктер шеруі», «Жасыл ел» акциялары өткізіліп тұрады. Бірлікте жұмыс істеу шекарасы кеңейіп, жылдан-жылға акцияға қатысушылар, өткізілген іс-шаралар саны артуда.
      Парк аумағында құйрықсыз амфи­бияның 4 түрі кездеседі. Осы өңірде бір кезде «қызыл аяқ бақа» деп аталып кеткен ортазиялық бақа көп тараған, бірақ кейін келе оның мекендейтін ортасын көл бақасы басты, қызыл аяқ бақа азайғандығы соншалықты, Қазақстанның Қызыл Кітабына кірді.
       Шатқалдың айналасы, беткейлерге кірісе жатқан жолдарда, төменгі бөлікте және түбінде сортан мен торанғы орман түрінде герпетофауналардың бай құрамы кездеседі. Бұл жерде 10 кесіртке, 8 жылан түрлері бар, яғни олар Қазақстан герпетофаунасының 36,7 пайыз құрайды. Жыланның 8 түрінің екеуі – дала улы сұр жыланы мен қалқантұмсық – улы жыландар. Сарыбас жыландардың екі түрі – кәдімгі және су сарыбас жыланы – шатқалдың түбінде, ылғалды арналарда, түрлі түсті және жолақты абжыландар шөптесін жерлерде, ал шығыс айдаһаршығы және оқ жылан ашық шөл далада тіршілік етеді.
        Шарында құстардың 130 түрі, яғни Қазақстанда мекендейтін құстардың 30%-ы кездеседі. Бұғыты аймағында қазіргі уақытта Қазақстанның қызыл кітабына енген Ұбақ – қолаң төс пен сұр құрдың соңғы келіп мекендеген жері. Үлкен Бұғытының тасты шлейфінде осы түрлердің ұялары орналасқан, ал оған іргелес екі өзенге құстар су үшін ұшып барады. Осы жерде аздаған Қазақстанның Қызыл кітабына енген тағы бір түр – қарабауыр бұлдырық ұялайды.
        Өткен жылы, яғни 2014 жылы парк­тің құрылғанына 10 жыл толды. Ұлттық парктерді – экологиялық ағарту, туристік, ғылыми, т.б. мақсатта рационалды пайдаланатын табиғи кешендер мен нысандарды қорғау сияқты көптеген жұмыстарды біріктірген құрылым ретінде алсақ, әрине, бұл өте көп уақыт емес. Осы уақыт ара­лығында үлкен ұйымдастырушылық және ғылыми-мониторингтік жұмыс­тар атқарылды. Жануарлар саны мо­лайып,табиғаттың көркі кіріп, ажарлана түсті. Адамзат қасиетті табиғатсыз өмір сүре алмайтынын естен шығармауымыз керек. Қайталанбас киелі табиғатымызды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп тапсыру баршамыздың азаматтық борышымыз.

      Бақыт Абдуллаев, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі  директорының орынбасары 

         Арсен Нұрғалиев, аға ғылыми қызметкер

   http://anatili.kazgazeta.kz/?p=31716         

толығырақ

Жалпактал сурет

   

    Белгілі қоғам, мәдениет қайраткері, өлкетанушы публицист, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Жайсан Ақбайдың Жалпақтал туралы энциклопедиялық сипаттағы еңбегі тарихи, саяси-экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-танымдық маңыздылығы зор еңбектер қатарына жатады. Автор жарты ғасырдан астам уақыт Батыс Қазақстан өлкесінде оқу-ағарту, мәдениет саласында жауапты қызметтер атқарғаны оралдықтарға кеңінен мәлім. Еңбегі елеусіз емес. «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдың иегері. Бір сөзбен айтқанда, Батыс және Жалпақтал өңірінің тарихын жан-жақты зерттеген тұлғалардың бірегейі деуге болады.

      Жалпақтал – қос өзен (Қара және Сары өзендері) алқабы тарихи оқиғаларға толы. Оны басқалар түгілі, бүгінгі ұрпақтың ата-аналары да туып-өскен жерінің тарихын біле бермеуі әбден мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Жайсан Ақбайдың «Жалпақтал» атты еңбегі тек тарихи тұрғыдан ғана емес, танымдық тұрғыдан да орны ерекше.
      Мәселен, Жайық қазақтарының көтерілісінің басшысы Емельян Пугачевты тұтқындау үшін 1774 жылы Ресей империясының патшайымы ІІ Екатерина белгілі әскери қолбасшы Александр Суворовты жұмсағаны белгілі. Ал жеңіліске ұшыраған Е.Пугачев бір топ жасақтарымен Қараөзен маңын – «Құлақ» тоғайына келіп тығылады. Ал «Құлақ» деген жер біздің ата-тегіміздің орналасқан, тіршілік еткен жері, кейіннен «Есқали құлағы» аталып халық аузында сақ­талған.
      1891 жылы Сламихинге (Жал­пақ­талдың сол кездегі аты) Александров – Гай (Алғай) станциясы арқылы орыс патшасының мирас қоры – Цесаревич Николай Романов келеді. Оның мақсаты әскерге жылқы дайындаушы Овичинниковтер жылқыларын көріп, бағасын беру болатын. Сөйтіп, жалпақталдық қазақ жылқыларына жақсы баға беріп, сыйлық тапсырады. Кейіннен бұл өңірде №51 және №28 жылқы зауыттары ұйымдастырылып, осы салада жалпақталдықтар Одақ шеңберінде үздік жетістікерге жеткені, оған Совет Одағының маршалы С.М.Буденныйдың келіп (1947, 1949, 1951 жж.) өзі тікелей араласып ықпал еткені де тарихи шындық. Міне, осыдан да Жалпақтал өңірі қазақ жылқысының байырғы отаны аталуы да тегін емес. Жалпақтал сонымен қатар әрі етті, салмақты сол жердің табиғатына бейім еділбай тұқымды қойдыңда отаны.
     Ресейдің «Казанский вестник» басылымында Жәңгір хан «жақын арада Үлкен өзен (Қара өзен) бойында ханға арнап кірпіш үй салынады, сөйтіп, ол Еуропа салтымен тұрмақ» деп жазды. Алайда патша Қара өзен бойына кардон тұрғызып, жоспарының іске аспағаны да тарихтан белгілі. Дегенмен, Жәңгір хан Қос өзен алқабындағы Еділбай сорына келіп ем алғаны туралы мәліметтер баршылық. Ұлы күйші Құрманғазының Көктерек (Сары өзен бойында) жерінде дүниеге келгені, оның сол өңірде И.В.Совичевпен кездесуі де ойға ой салады. ХХ ғасырдың 60 жылдары кеңес жазушысы Шолоховтың «Нобель сыйлығының лауреаты» атағын алысымен Жайық өңіріне, одан әрі Жалпақталға (Қос өзен алқабына) келіп, мен Донда «казакпын», Жайық өңірінде «қазақпын» деп айтуы, біздің ұлтымызға Жалпақталдың табиғаты мен халқының дарқандығына берген шынайы бағасы деп қабылдаған дұрыс.
     Жалпақталдың бір кезде Сламихин аталғанын ілгеріде айтып өттік. Ал Сламихин педтехникумы 1925-1945 жылдары бірнеше ондаған мамандар шығарды. Олардың ішінде кейіннен Асан Тайманов академик, физика-математика ғылымының докторы, профессор, Сарсен Ақмурзин – филология ғылымының кандидаты, Орал педагогикалық институтының проректоры, Ғинаят Молдашев – Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мұғалімі, Батыс Қазақстан облыстық білім беру басқармасының бастығы, Жалпақтал орта мектебінің директоры, Ғұбайдолла Жанғалиев – ұзақ жылдар аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі, совхоз партком хатшысы, Ленин колхозының басқармасы, Қадырғали Қайбалиев Жалпақтал өңірінде ұзақ жылдар ұстаздық қызметтер атқарды т.с., ал 1866 жылы Сламихинде ашылған Конфессиялық – діни мектеп ашылып, оның шәкірттерінің бірі ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қарашты, т.б. зиялыларды жалпақталдықтар үлкен мақтанышпен еске алып отырады.
      1885 жылы алғашқы клиникалық фельдшерлік денсаулық мекемесі жұмыс істей бастағаны, ал 1925 жылдан Обаға қарсы күрес (Сламихин, кейіннен Жалпақтал) ауданаралық мекемесі ашылып, күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Кезінде бас дәрігер болған Ю.А.Гайский медицина ғылымының докторы атанып, безгек ауруына қарсы вакцина тапқан ғалым.
    1928 жылы ауданның ашылуымен тұспа-тұс келетін бұрынғы Фурманов, бүгінгі Жалпақтал орта мектебінің аудан еңбекшілерінің білімі мен мәдениетін көтеруге қосқан үлесі орасан. Мектеп түлектерінің бір қатары мемлекет, қоғам, білім, ғылым, өндіріс, әлеуметтік саланың қайраткерлері, ұйымдастырушылары атанып, олардың қатарында 15 Жоғарғы Кеңестің депутаты, 10 Социалистік Еңбек Ері, үшеуі Парламент Сенатының депутаттары, 50-ге жуық ғылым докторы мен кандидаттары ( 15 ғылым докторы, 35 ғылым кандидаттары), 5 академик атанды.
     1952 жылы құрылған халық театры (көркемдік жетекшісі болған Қазақ ССР-ның мәдениет қайраткері Мұхамеджан Ғұмаров, бас суретшісі халықаралық дәрежеде, әлемге танымал Сәкен Ғұмаров), халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары, онда өнер мектебімен өткен бірсыпыра өнерпаздар Орал, Шымкент, Атырау театрында, ал Данагүл Темірсұлтанова Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық театрының белгілі актрисасы, «Әзіл әлемі» театрының басшысы Тұрсынбек Қабатов республика өнерінің тарихында орындары бар өнер қайраткерлері.
Жалпақтал тоғыз жолдың торабына айналып сауда, экономика, мәдениет орталығы болып қалыптасқанын тарихи деректер айғақтайды. Атап айтқанда, 1869 жылы Халық мектебі ашылды, 1864 жылы шіркеу тұрғызылды, 1872 жылы мешіт, медресе қызмет істеді, 1904 жылы күйдірген кірпіштен алғашқы үй тұрғызылды, кейіннен Фурманов орта мектебінің ғимаратына айналды, 1910 жыл 2-мамырда алғашқы машина селоның көшесінде жүрді.
     Тарихи шолудан байқағанымыздай, сол кездің өзінде Жалпақталдың әлеуметтік-экономикалық дамуына кейбір инфрақұрылымдардың негіз қалағанына көз жеткізу қиын емес.
    87 жыл тарихы (аудан орталығы болып бекіткеннен бері) Жалпақтал селосында ауданаралық ет комбинатының, автобаза, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу орталығы, жол жөндеу және газ шаруашылығы, тубдиспансер, екі бірдей орта мектеп (Ғ.Молдашев және К.Мендалиев атындағы), музыка және спорт мектебі, облыс көлеміндегі ең биік 210 метрлік телемұнара, т.б. өндірістік және әлеуметтік нысандар халыққа қызмет етуде.
      Бір өкініштісі, жүз мыңдаған гектар жері, 500 мыңға жуық қой, 5000-ге жуық ірі қара бас, 11 мыңнан астам жылқы, 3 мыңнан астам түйе малы бар, әр жылдары мыңдаған центнер ауыл шаруашылығы өнімдерін берген, өңдеген, ауданаралық бірнеше өндірістік және инфрақұрылымдық нысандары бар Жалпақталдың әп-сәтте аудандық мәртебесінен айырылғаны. Ойланатын жайт. Бұл, әрине, болашақ­тың ісі.
     Ілгеріде атап көрсеткен тарихи-әлеуметтік маңыздылығы бар оқиға­ларды, автор хронологиялық тәртіппен, мұрағат деректерімен дәлелді көрсете білген, бірқатарын суреттермен көркем­деген.
      Жайсан Ақбай салыстырмалы не­гізде Жалпақтал өңірінің кешегісі мен бүгінгісін, тіпті болашағына да зор үміт артып, нақтылы дерек мысалдармен нанымды ғылыми негізде сипаттайды.
      Еңбек құрылымдық тұрғыдан Жалпақтал өңірінің табиғаты, адамдары, экономикасы, мәдениеті, өнегелі істері туралы энциклопедиялық тұрғыда сипаттаған. Өңірдің тарихи тұрғыдан әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына үлес қосқан еңбек және соғыс ардагерлеріне үлкен құрметпен қарап, олар туралы сыр шертеді.
      Ж.Ақбайдың «Жалпақтал» туралы еңбегін гуманитарлық ілім саласына қосылған жаңаша туынды, тек тарихи тұрғыдан ғана емес елтану, ғылыми-танымдық сипаты бар, жастарға оқу-әдістемелік қосымша құрал ретінде де, іс-тәжірибелік мәнділігі бар құнды еңбек деп бағалауға болады.
     «Қараөзен – Сарыөзен арасы – екі судың саласы, қазақтың болған панасы» деп өткендер жырлағандай, өңір болашақта да бай – қуатты болып, оны қоныстанған халықтың құтты, берекелі мекені болып жайнай берсін.

       Меңдеш ИСҚАЛИЕВ, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдер университетінің профессоры, экономика ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

      http://anatili.kazgazeta.kz/?p=31726  

толығырақ

кол

    
        Шұңқыркөл – ауыл. «Шұңқыр» және «көл» сөздерінің бірігуінен пайда болған атау. Атаудың пайда болу сыры ауыл маңындағы осы тақылеттес көлдің болуымен байланысты. Кезінде көлдің маңына ел қоныстанып, үлкен ауылға айналған. Жалпы елімізде көл атауымен аталатын ауылдар аз емес. Кейде, керісінше, ауылдың атауының сол төңіректегі көлге де беріліп жататыны бар. Мұның барлығы табиғи түрде қойылатын атаулар болып саналады. Өйткені жер-судың орналасуы, географиялық, топонимикалық ерекшеліктері ескеріледі. Көлдің, өзеннің жалпы сипаты, елдімекеннің қатыстылығы, өзара тарихи байланысы және де өзге де жай-күйлер қаперге алынады. Мәселен, Шұңқыркөл тәрізді атаулар көлдің жаратылысына тікелей байланысты қойылған атау болып есептеледі.

      Шүкібай – ауыл. Кісі есімімен байланысты қойылған атау деп топшылай­мыз. Шүкібайдың қандай адам болғаны туралы нақты деректер жоқтың қасы. Бірақ атаудың кісі есімі екені ешқандай күмән туғызбайды. Шүкібай ауылы Денсиов аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан. Ауылда 200-ге жуық тұрғын, Шүкібай орта мектебі бар. Атаудың сыр-сипаты, мәнісі әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Бұл орайда нақты деректердің болмауы ауыл тарихын зерттеу жолында да біршама қиындықтар туындататыны сөзсіз. Сол үшін де ауыл атауларының тарихи мәнін ашып, оның мағынасын зерттеп-зерделеу тарихи кезеңдердегі тұлғалардың өмірін білуге де мүмкіндік береді. Ерте замандарда мұндай елді мекендер, ауылдар көбінесе рубасының, сол елдің бас көтерер кісісінің есімімен аталып, тарихта солай бедерленген.
     Аят – көл атауы. Зерттеуші А.Мат­веев­тің еңбегінде атаудың мағына­сы түркі жұртына кеңінен тараған ислам дінімен байланыстырылады, яғни Құрандағы «аят» сөзінен алынған. Тарихына тоқталатын болсақ, көл маңында мұсылмандар құрбандық шалып, Алладан медет тілеп аят оқығандықтан көлге де «аят» атауы берілгенге ұқсайды. Бірақ ономастика саласының білгір ғалымы Е.Қойшыбаев бұл атаудың қазақ этнономимімен байланысты екенін жазады. Бәлкім, бұл гидроним қалмақтың «аядх» сөзімен де байланысты болуы мүмкін. Ол сөздің мағынасы ақырындату дегенді білдіреді. Зерттеуші Б.Ильясов «аят» атауын көнетүркілік ұғымға жатқызады да оның мәні «көл» дегенді білдіретінін айтады. Әр тұжырымның, әр пікірдің өзіндік шындығы бар. Ғалымдардың жасаған тұжырымдары ғылыми негізге сүйеніп ұсынылғанын ескерсек, «аят» атауының айналасында белгілі бір тоқтам жоқ. Дегенмен, бұл атаудың қазақ даласындағы белгілі тарихи кезеңдермен, сол кезеңдерге байланысты пайда болған атаулардың бір легіне қатысты екенін күмән тудырмайды.
       Мұқыр-Аят – көл атауы. Аят кө­лінің бір ағысы. Бір айта кетерлігі, Мұқыр-Аят атауы Қазақстанның өзге де аймақтарында кездеседі. Осы атауға байланысты да белгілі бір ортақ көзқарас, пікір қалыптаспай келеді. Зерттеуші Э.Мурзаев бұл атаудың әртүрлі нұсқада қарастырады. Атап айтқанда, мұқар, мұқұр, мұхар. Ғалым Г.Қонқашпаевтың пікірі бойынша, бұл моңғол тілінен енген сөз. Қысқа, шектеулі деген ұғымды білдіреді. Аса үлкен емес өзен. Ол өз ағысында даланың белгілі бір бөлігіне дейін жетіп, тоқтауы мүмкін. Мұқыр-Аят көлі атауының шығу тегі мұқыр және аят сөзінің бірігуінен екенін байқап отырмыз. Демек, осы екі сөздің арасында бір байланыс бар.

    «Қостанай облысының тарихи топонимикасы» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр Серікбайұлы

толығырақ

табигат

 

       Топонимикалық зерттеулер өте күрделі, көбінесе география, тарих, лингвистика, ал кейде археологиялық салалардағы білім көздерін зерделеуді қажет етеді. Бұл орайда көптеген топонимдер жергілікті геологиялық құрылым, тау жыныстардың құрамы, пайдалы қазбалардың және т.б. өзіндік белгісі болып табылатынын да айта кеткеніміз жөн. Өйткені пайдалы қазбалардың жергiлiктi топонимдерде бейнелеуiнде, тарихи-археологиялық геологиялық негiздеме бар. Сонымен қатар кен қазба, байлықтарға байланысты топонимдер жүйесі географиялық атауларды маңызды сипаттармен толықтырып, геологтарға кен көздерiн ашу кезеңдерiнде қажеттi дәрежеде мағлұмат бере алады.

     Әлемдегі әрбір ұлттың өз тарихында кие тұтатын географиялық орындар бар. Ол жерлердің киелігі сол халықтардың шығу ошағы немесе ұлттық мәдениеттің, елдіктің ошағы болуына байланысты болса керек.
     Қазақ халқының тарихында мұндай жерлер өте көп. Бұл орайда Сарыарқа өңірі­нің Ұлытауы мен Көкшетау, Қарқаралы, Қызыларай мен Шыңғыстау, Баянауыл мен Ерейментау жерлерін ерекше атауға болады.
     Ежелгі қазбалар барлық Орталық және Солтүстік-Шығыс Қазақстан бойынша кең жолақ түрінде таралып, дала зонасы бойынша Көкшетау тауларынан Бетпақдала шөлдеріне дейін, Майқайыңнан Солтүстік Балқашқа дейін созылған. Мұнда көптеген кен орындары, үйінділер, қазындылар мен шахталар сақталған. Олардың ішінде ірі кен орындары – Жезқазған, Қаражал кешендері, Солтүстік Балқаш маңы, Қарқаралы, Баянауыл, Қарағанды далалары, Солтүстік Бетпақдала кен орындары болып табылады. (А.Сейдімбек. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау. Оқу құралы. – Алматы: Санат. 1997. -464 б.)
      Баянауыл – Орталық Қазақстанның көне металлургиясы дамыған ошақтарының бірі. Көне руда өндірушілердің мекендері Милықұдық, Бестөбе, Сорқұдық, Айнакөл, Жолымбет, Ескіжұрт, Жосалы, Тағыбайбұлақ, Суықбұлақ, Мырзашоқы, Бұғылы, Шортандыбұлақ, Есіл өзенінің бойында көзге түседі. Отпен уатумен қатар үңгіме де пайдаланылды, оның ізі Жезқазған маңында сақталған.
     Ежелгі қазба орындары Баянауылдың солтүстігі мен солтүстік шығысындағы Кайдауыл және Жамантұз бекеттерінің маңымен Майқайың және Екібастұздың жанында орналасқан. Бұл ауданда мыс кені бар екі ескі шұңқыр түрінде көрінген ежелгі Қайрақтас кен орны, кейде мысты жасыл немесе көк басқан порфирдегі Жосалы мыс кендері бар үйінділі ескі кен орындары Ақбидайық және Қарабидайық қоныстарында орналасқан. Олардан батысқа қарай Майқайында атақты Алтынқазған және Балаарқалық кен орындары орналасса, батысқа және солтүстік батысқа қарай Екібастұз ауданында ҚызылқайнарҚызылқұдық, Елемес, Екітөбе мыс кен орындары белгілі. Екібастұздан батысқа қарай Шідерті өзенінің бойында мыс кендері бар ескі шұңқырлары сақталған Жанғабыл, Шақшан және Жамбасқұдық ескі кен орындары шоғырланған. Баянауыл тауларынан батысқа қарай орналасқан ежелгі кен орындарынан ең белгілері Мырзашоқы, Сарытөбе және Шақпақтас. Олардың біріншісі Баянауылдан оңтүстік батысқа қарай 10 км, екіншісі 23 км, ал үшіншісі 45 км жерде орналасқан. Ең ірісі Шақпақтас кен орны болып табылады (Ә.Марғұлан).
     Қола дәуірінің қазбаларына Баянауыл ауданының Әулиелі Қызылтау тауларында бір-бірінен ұзақ емес қашықтықта орналас­қан Жосалы және Үрпек кен орындары жатады.
     Жосалы – Әулиелі Қызылтау тауының солтүстік шығыс жағындағы жазықтықта орналасқан ұзындығы 9 км созылған атақты мыс пен алтынның кен орны. Мұнда қола дәуірінің әр кезеңінде өндірілген шұңқырлар тізбегі орналасқан.
     Осылайша, Орталық Қазақстан архео­логиялық экспедициясының көпжылдық зерттеулері нәтижесінде Сарыарқада ежелгі металлургиялық өндірістің дамуының негізгі аудандары зерттелген. Олардың қатарында қазіргі Баянауыл маңындағы ежелгі металлургия ескерткіштері де жатады. Байтақ дала төсін мекен еткен ұрпақ көшпелі мал шаруашылығының ырғақты жүйесіне түскенге дейін отырықшы болып келгені Андрон, Бегазы-Дандыбай мәдениетінің айғақтарынан аян. Бір ғана Орталық Қазақстан өңіріндегі Жезқазған, Саяқ, Ақшатау, Кеңгір (Кен үңгір), Мыңшұңқыр, Қырыққұдық, Милықұдық, Сорқұдық, Айнакөл, Бестөбе, Жосалысияқты жер аттары сол алыс заманның қам-қаракетінен қалған жаңғырық, белгі іспеттес (А.Сейдімбек).
     Археологиялық және тарихи зерттеулер Ұлытау төңірегінде қайнаған өмірдің, гүл­денген мәдениеттің, талғампаз өнер­дің көне заманнан бері қарай үзілмей жал­ғасып жатқанын айғақтап берді. Біздің заманымыздан көп бұрын Ұлытау өңірін­де кен-қазба жұмыстарының ай­рық­ша дамығанына нақтылы айғақ-дә­лелдер бар. Арабтың белгілі географы әл-Идрисидің жазуы бойынша Ұлытау төңірегінен өндірілетін алтын, күміс, жез сияқты тауарларды Шаштың (Ташкент) саудагерлері арзан бағаға алып, әйгілі Ұлы Жібек жолының бойындағы керуеншілерге еселеп сататын болған. Бұл тауарлар одан әрі Батыс пен Шығыстың елдеріне тарап отырған.
    Торғай-Ұлытау өңірінде кездесетін Үлкен Жезді, Бала Жезді, Жезді кенті, Жезқазған қаласы, Алтыншоқы тауы, Кішіборлы көлі, Шақ­пақ тауы, Көміртас қыраты, Теміркөл және Тастемір қоныс атауларынан пайдалы қазба, тау жыныстарының құрамы және кен орындары жөнінде мол ақпарлар алуға болады.
       Пайдалы қазбаларға бай жерлерді мекендеген біздің ежелгі ата-бабаларымыз (көне түрік халықтары) атауын берген топонимдерді әлеуметтік-тарихи және экономикалық тұрғыда зерттеу лайықты деп білеміз.
      Металл өндірісіне байланысты қазақ тілінде күні бүгінге дейін сақталған сөздердің де аңғартары мол. Кен, кеніш (жер асты қазынасы), кенші (руда қазушы), кен ошағы, кенқазған (рудник), кен шоқы қалайы, қалайышы, қалайылау, қола, қолаба (металл құймасы), мырыш, мыршым (мырыштан жасалатын ойын құмалағы), қорғасын, жез (сары жез), мыс (қызыл жез), бақыр (қара қоңыр жез), міне, осы сияқ­ты атаулар кәсіптің тіліміздегі айғағы, жаңғырығы іспеттес.
      Металл өндірісіне бірден-бір қажет отын қызуы мол көмір екені мәлім. Қазақ көмірдің не екенін, оның қадір-қасиетін есте жоқ ескі кезден білген. Бұған ең алдымен «көмір» деген сөздің өзі айғақ. Өйткені «көмір» сөзінің түп-төркінінде халықтың геологиялық түсінігі жатыр. Қазақта «көм», «көму», «көмілген» деген сөздердің бәрі де не нәрсенің болсын жер қойнында болатындығымен байланысты айтылады. Ал көмірдің тек қана жер астында болатындығы белгілі.
      Барлық ғұмырын Жезқазған өңірінде кен барлау саласында өткізген, академик Қ.И.Сәтбаевты сол аймақтағы жер-су, аттары өзінің геологиялық ізденістеріндегі, минералды пайдалы қазбалардың аттарымен байланысты болғандығы ерекше таңғалдырды. Мысал келтіретін болсақ: Майтөбе, Кенді, Ақтау, Борлықтау, Жезқазған, Жезді, Қорғасын, Көмірлі, Мыс­бұлақ, Алтынбел, Сужанар … Бір ғажабы, осынау жерлердің бәрінен аттарына сай кен шыққан.
     «Пайдалы қазбалардың орнын барлау барысында Қаныш Имантайұлы тек кейінгі кезеңде ғана кең өрістей бастаған жаңа ғылым – топонимиканың әдіс-тәсілдерін мол пайдаланды. Туа біткен географтар – көшпенділер өздері ғұмыр кешкен өлкедегі жер аттарын таңданарлықтай дәлдікпен және терең мәнділікпен қоя білген. Көшпендінің баласы, ойлы ғалым өзінің Қазақстан жеріндегі аса бай кен орындары туралы болжауларына дәйектемені өлкенің топонимикасынан таба алды. Мысалы, Жезді, Кеңгір, Қорғасынтау, Теміртау, Кеңқорытқан, т.б. атауларында бұл жерлерде тау-кен ісінің ертеден өріс алғанын көрсететін айқын дәлел бар.
    Көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың қойын дәптерінде мынандай жазу бар: «Мыңшұңқыр. Демек бұл жерде байырғы кен қазба орындары болған. Анықтау керек. Қаратас. Халық ұғымында былай деп темірді емеурін етеді. Көктас. Былай аталған жерде мыс бар деп топшылауға болады. Алтынтапқан атауы – алтынның бар екенін аңғартады. Әрине тегін емес, Жезқазған. Демек, жез өндірілген жер деген сөз.     Жыланды. Түсті металл рудасы бар болу керек» деген жазу бар.
    Қорыта келгенде, қазақтың география­лық атаулары Қазақстанның кең байтақ аумағының ерекшеліктерін (жер бедері, гидрография, жануарлар әлемі, климат, өсімдіктер мен топырақтар) бейнелеп қана қоймай, таңғаларлық дәлдікпен олардың өте ұсақ бөліктерін, ал кейде геологиялық құрылымдар мен пайдалы қазбалардың кездесетінін көрсетеді.
     Жергілікті топонимдердің маңызды ерекшеліктері болып олардың пайдалы қазба кен орындары туралы ақпараттар беруі және кен орындарын іздеудегі рөлі болып табылады. Сондықтан да геологиялық және басқа да карталардағы топонимдерінің өзгертіліп жазылуына жол бермеу керек. Себебі, олар ғылымда үлкен маңызы бар топонимдердің жойылып кетуіне әкеліп соғады. Керісінше, Қазақстан аумағы үшін топографиялық, геологиялық, геомор­фо­логиялық, гидрогеологиялық және басқа да карталарды құрастыру үшін жергілікті географиялық атауларды толық және дәл анықтау жұмыстарын жүргізу қажет.
     Пайдалы қазбалардың жергiлiктi топонимдерде бейнелеуiнде, тарихи-археологиялық геологиялық мән бар. Бұл кен орындарының геологиялық қорын анықтап, өзге де кен орындарын ашуға мүмкiндiк туғызады. Кен қазба, байлықтарға байланысты топонимдер гео­гра­фиялық атауларды маңызды сипат­тармен толықтырып, геологтарға кен көздерiн ашу кезеңдерiнде қажеттi дәрежеде мағлұмат бере алады.

       Қуат Сапаров, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымының докторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

          http://anatili.kazgazeta.kz/?p=31615

 

 Куат-1

толығырақ

         Жамбыл облысының Мойынқұм ауданынан Керей ханның қыстауы болған жер табылды. Бұл жаңалықты ғалымдар тарихи-археологиялық экспедиция жұмысы кезінде ашты. Қазір олар толыққанды ақпар жинау үшін сол жерді зерттеуге кірісті.

    Археологтар тұңғыш рет «Ұлы көштің жолы» атты жаңа карта жасап шығарды. Осылайша, ғалымдар Қазақ хандығының 550 жылдығына екі бірдей тың жаңалық әзірлеп жатыр. Ғалымдар уақыттың тығыз болуына байланысты зерттеу жұмыстарын Жамбыл жерінен бастады. Олар Ұлы көштің Әулиеата өңірі арқылы жүріп өткен жолының картасын жасап шықты. Онда көштің бағыты, Қазақ хандығына қатысты жер-су атаулары, тарихи орындар мен археологиялық ескерткіштер түсірілген.

      «Бұл ғылыми тұрғыдан қарағанда тарихи жаңалық деп айтуға болады. Осы уақытқа дейін бұл карта жасалған жоқ. Сапар барысында сол кезеңнің куәсі болған 4 қалашық пен 5 тарихи ескерткіш картаға түсіріліп, ғылыми сипаттама жасалды. Талас, Сарысу, Шу және Мойынқұм. Осы төрт аудан бойынша. Бұл енді негізінен Саудакент пен Қозыбасы арасындағы осы кезең болып табылады. Ал негізгі жаңалық Мойынқұм ауданындағы Хан тауында ашылды. Ғалымдар бұрын-соңды нақты ғылыми деректермен негізделмеген Керей ханның қыстауы болған жерді тапты. Бұл орта ғасырдағы және хандық дәуірдегі қазақ тарихы үшін тың жаңалық болып отыр», - деді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметқали Сарыбеков.

     Экспедиция мүшесі Мадияр Елеуовтің айтуынша, Қазақ хандығы кезіне жататын, тастан қаланған 8-9 бөлмеден тұрады. Қалыңдығы - 2 метр. Тастан қаланған қабырғасы бар.

     Экспедиция оралғаннан кейін Тараз мемлекеттік университетінде «Қазақ хандығы мыңжылдықтар тоғысында: тарихи сабақтастық және қазіргі кезең» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға еліміздің және Германия, Үндістан, Қытай сынды бірнеше мемлекеттің тарихшы ғалымдары қатысты. Олар да бұл деректерге аса қызығушылық танытып отыр.

      «Конференцияда естімеген тың жаңалықтармен таныстым. Өте маңызды жиын екен. Қазір Қытай Қазақстан, одан кейін Орта Азия елдеріне өте үлкен көңіл бөліп отыр. Әсіресе Жібек жолына. Егер қазақ тарихшыларынан бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс түссе, қуана келісер едім», - дейді Пекин университеті археология және мұражайтану институтының профессоры Лин Мэйцунь.

     Қазір ғалымдар Керей мен Жәнібек Хан тауында жерленуі мүмкін деген болжам айтуда. Оны анықтау үшін археологтар қайта зерттеу жүргізіп, экспедиция сапарын жалғастырмақ, деп жазады 24.kz.

толығырақ

           Парижде ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы  халықаралық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оның барысында Дүниежүзілік биосфералық қорықтар желісіне 20 жаңа нысан енгізілді, оның ішінде Ақсу-Жабағылы (Қазақстан) биосфералық қорығы бар, деп хабарланды ЮНЕСКО баспасөз баянында.

     Бүгінде 120 елде  биосфералық қорықтардың жалпы саны 651-ді құрайды, олардың 15-і трансшекаралық. Ақсу-Жабағылы қорығы батыс Тянь-Шаньда Қаратау қаласының оңтүстігінде орналасқан. Жалпы алаңы 357 734 гектар. Оның аумағында  өңірдегі құстардың барлық түрінің 48 пайызы, омыртқалы жануарлардың 72,5 пайызы мекендейді.

     Қорық жері, негізінен, ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Қырлық егіс аймағында   дәнді-дақылар (бидай, арпа), суармалы егістік жерде жемшөп дақылдары (жүгері, жоңышқа, беде) өсіріледі.  Жергілікті халық, әдетте, мал (қой, ешкі, жылқы, құстар) өсірумен айналысады. Құстарды бақылауға әлемдегі үздік орындардың бірі болып табылатын Ақсу-Жабағылы қорығының экотуризмді дамытуда әлеуеті зор. Бұдан басқа, қорықта жануарлар әлемінің экологиясы саласындағы белсенді зерттеулер жүргізіледі.

     1970-ші жылдардың басында ЮНЕСКО негізін қалаған «Адам және биосфера» бағдарламасы адам мен табиғаттың өзара іс-қимылын жаһандық оңтайландыруға бағытталған ғылыми үкіметаралық жобаны қамтиды.

     Дүниежүзілік биосфералық қорықтар желісі жыл сайын бағдарламаның халықаралық үйлестіру кеңесінің шешімімен жаңа нысандармен толығып отырады, оның құрамына ЮНЕСКО-ға мүше 34 мемлекет өкілдері кіреді.

     http://www.inform.kz/kaz/article/2785060

толығырақ

костанай-111

      Наурызым – аудан орталығы. Нау­рызым сөзінің этимологиясы белгісіз. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, ол қалмақтың – «намырзын» сөзінен пайда болуы мүмкін. Ол қазақ тілінде күзек деген мағынаны білдіреді екен. Екінші мағынасы қарағай деген ұғымды да білдіреді. Соған қарағанда бұл сөздің негізгі түп тамыры түркілік сөздерден бастау алады. Қалмақтар бұл аймаққа 1601-1660 жылдары көшіп-қонған. Болжам бойынша бұл топонимнің мағынасы күзектегі қарағайлы белдеуге саяды.
Қыземшек – тау. Бұл сөздің шығу тегі белгісіз. Алайда кейбір деректер бойынша бұл сөз таудың құрылымына байланысты түсіндіріледі.
Ақмолакөл – көл. «Ақмола» және «көл» сөздерінің бірігуінен қойылған атау. Не себепті Ақмола деп аталғаны белгісіз.
Айсарықопа – көл. Көл атауының шы­ғу тегі қопа сөзімен тығыз бай­ла­­ныс­ты екенін байқаймыз. Осы тұр­ғыдан келгенде біз көл атауларының мән-мағынасын зерделеп, ғылыми зерттеу жұмыстарының нысанына айналдыруымыз керек. Мәселен, не себепті «Айсарықопа» деп аталды. Бұған қандай тарихи жағдайлар себеп болды деген мәселені әлі де терең зерттей түсуіміз қажет. Қазақстан топонимикасында көл, өзен атаулары жеткілікті. Әрқайсысының өзіндік сыры бар. Шығу тегі мен қалыптасу тарихы бар.
Жыланды – көл. Қолда бар деректер бойынша, көлдің атауы ондағы жыландардың көп болуымен байланысты. Жыланды деп аталатын көлдер Қазақстанның өзге де өңірлерінде кездеседі. Бұл атаулардың пайда болуы тікелей табиғи жағдаймен байланысты. Жыланды қазақтың дәстүрлі атаулар жүйесінде берік орын алған атау.
Жаркөл – ауыл. «Жар» және «көл» сөздерінің бірігуінен қойылған атау. Не себепті Жаркөл аталғаны белгісіз. Кейбір ғылыми деректерде көлдің ­атауы оның маңындағы жарлардың көп болуымен байланыстырылады. ­Жалпы айта кетерлігі, көл атауларының тарихы туралы нақты деректер көп сақтала бермеген. Атаулардың лин­г­вистикалық, этимологиялық, мағы­налық жағына қарап, белгілі бір ақпарат алуға болады. Ол жердің ерек­шелігіне, құрылымына байланысты сол атаулардың өзінде-ақ көптеген мәліметтер бар.
Байназарқожа – өзен. Көлдің не себепті «Байназарқожа» деп аталғаны туралы нақты тарихи деректер жоқ. Бәлкім, бұл көлдің жағасында Бай­назарқожа деген адамның ауылы қо­ныстанып, кейіннен көл сол кісінің есімімен аталып кеткен шығар.
Асансор – көл. Асан және сор сөз­де­рінің бірігуінен пайда болған. Кісі есі­мімен байланысты қойылған атау. Бірақ бұл әлі де зерттей түсуді қажет етеді.
Сарымойын – көл. Атаудың этимологиясы белгісіз. Жалпы, Наурызым ауданының аумағында көптеген өзендер мен көлдердің бар екені белгілі. Атап айтар болсақ, Жақсыбай, Данабике, Балтайсор, Бейсенсай, Үлкен-Дәмді, Шолақ-Дәмді және т.б. Сонымен қатар Бошай, Босқасқа, Жыландытау, Інқұдық, Қарғалытау, Қызбел, Наурызым-Қарағай, Сарыадыр, Сүңгір, Сыпсыңағаш, Терсек-қараға және т.б. тау, адыр, қырат атаулары кездеседі. Бұл атаулардың пайда болуы­на байла­ныс­ты нақты мәліметтердің жоқ­ты­ғынан біз олардың сырын осы атау­ларға қарап топшылаймыз, яғни көл орналасқан жердің табиғи ерекшелігі; ауасы, жердің құрылымы, көл мен тау пішіндерінің белгілі бір фор­маға ұқсастығы; кісі есімімен бай­ла­­ныстылығы; ол жерді мекен еткен ел­дің руы; сол елден шыққан атақты би-шешендердің, батырлардың есімдері; көлмен байланысты орын алған бел­гілі бір тарихи оқиғалар және т.б.

         «Қостанай облысының тарихи топонимикасы» кітабы бойынша  дайындаған өлкетанушы Молдияр Серікбаұлы

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=31064

толығырақ

      Қазақ-қалмақ шапқыншылығы кезінде жоңғар әскерлері бас қосып жиналып, қазақ жерін толық жаулап алу үшін жорыққа шығады. Көптеген күндер бойына сапар шеккен әскерлер қарсылық көрсететін қалың қосын кездесе қоймапты. Бірте-бірте қажыған жау жасақтары ас-су таба алмай қиналыпты.

      Өздерінше мәслихат құрған олар он мың жасақты арнайы аттандырып, қалғандары қос тігіп, кең өлкеге жайғасыпты. Арада айдан астам уақыт өткенде сол қосыннан екі-ақ адам қайтып оралыпты. Қалмақтың батыры: «Қазақ жасақтарына кезігіп, осындай күйге душар болдыңдар ма?» дегенде, жаңағы екеуі былай депті: «Біз ешқандай жасақ кездестіргеніміз жоқ, бірақ бір ен далаға түсіп, оның шеті мен шегін таба алмай ішерге су, жерге тамақ болмай, аштықтан-шөлден екеумізден басқасы майып болды», - деп жауап беріпті.  

      Осы әңгімені естіген қалмақ батыры бір мергеніне бес жүз жасақты қосып беріп, жаңағы екі адамды алдарына салып, өлгендерді көріп келіңдер деп жібереді. Қосын даланы тапқанымен өлген адамдарды кездестіре алмайды.

     Сөйтсе, қырылған әскердің үстінен құм басып тастаған екен. Қайтып келген жаңағылар қалмақтың батырына: «Өзі құм дала екен, өзі жазық екен, өзі бетпақ екен. Қырылған әскерлерді көре алмадық», - дейді. Содан бері жаңағы өлке «Бетпақдала» атанып кетіпті.

     http://www.inform.kz/kaz/article/2781177 

толығырақ

Наурызым ауданы

      Наурызым – аудан орталығы. Нау­рызым ауданы Қостанай облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Солтүстігінде Әулиекөл, солтүстік-шығысында Қарасу, оңтүстік-шығысында Амангелді, оңтүстігінде Жангелді, батысында Қамысты аудандарымен шектесіп жатыр. Наурызым ауданының топонимикасының қалыптасуы өңірдің тарихымен тығыз байланысты. Аудан атауының ­пайда болу тарихы белгісіз. Дегенмен, ол Ұлыстың ұлы күні – Наурыз сөзіне қатысты болуы мүмкін. Ауданның топонимикасы оның құқықтық, ­саяси, лексикалық негізгі бағыттарын сипат­тайды. Заманның ағымына қарай, түрлі ­тарихи жағдайлардың орын алуы­на қарай аудан ­топонимикасында да көптеген өзгерістер болды. Мәселен, КСРО заманында байырғы тарихи атаулар ауыстырылып, орнына сол заманғы топономикалық концепцияларға орай атаулар қойылды. Бір ерекше атап өтерлік жайт, Нау­рызым ауданы топонимдерінің арасында халықтың тек-тамырымен байланысты, ғасырларды қамтитын аңыздардан бастау алатын атаулар жетерлік. Мұны біз осы өңірге жасалған ойконимдік, гидронимдік зерттеулер барысында анықтап, айқындадық. Кезінде Наурызым ауданы Қостанай облысының шекарасынан тыс жерлерде де белгілі болды. Өйткені мұнда 1931 жылы Қазақстанда бірінші рет далалық қорық ұйымдастырылды. Қазір 50 жылдан астам уақыт өткеннен кейін Нау­рызым қорығы толыққанды далалық қорыққа айналып отыр. 2008 жылы Қазақстан далаларын сақтау бағытында Наурызым ауданы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасына жататын далалық нысан ретіндегі тізіміне енді. Бұл Наурызым ауданы аумағының далалық ерекшелігін, мәртебесін әрі мағынасын айшықтап тұрған ерекшелігі деп білеміз.
       Қарамеңді – ауылдық округ. Ауылдық округтың құрамына Қараменді, Жамбыл ауылдары кіреді.
     Қарамеңді – ауыл. «Қара» және «мең» сөздерінің біріктірілуінен пайда болған тарихи атау. Атаудың шығу тарихы жөнінде нақты деректер, мәліметтер жоқ. Бәлкім, бұл сол жерде өмір сүрген адаммен байланысты қойылған атау болуы да мүмкін. Атаудың өзі айтып тұрғандай, бұл «қарамеңді» ұғымына тікелей қатысты. Екіншіден, «қарамеңді» сөзі бұл қыздың сұлулығын, көркемдігін, тартымдылығын бейнелейтін де сөз. Олай болса, бұл сол өңірде өмір сүрген қарамеңді қыздың құрметіне қойылған атау болуы ғажап емес. Қазақтың дәстүрлі топонимикалық атауларына зер сала қарап отырсақ, қыздың сұлулығын, әдемілігі мен әсемдігін жырға, әнге қосқан туындылар аз емес. Сонымен қатар ондай әндер, музыкалық, әдеби туындылар да белгілі бір оқиғаға байланысты дүниеге келіп жатады. Жер-су атауларының тарихына үңілгенде осындай мәселелерді де ескеріп, назар аударып отырғанымыз жөн.
       Жамбыл – ауыл. Жыр алыбы Жамбыл атаның құрметіне қойылған. Қарамеңді ауылынан 1 шақырым жерде орналасқан ауыл.
        Шолақсай – ауыл. «Шолақ» және «сай» сөздерінің бірігуінен пайда болған атау. Ол жердің табиғи ерекшелігін бейнелеп тұр. Мұндай мәнде қойылған атаулар аз емес. Бұл ретте айтарымыз, жер-су атаулары көп жағдайда жердің географиялық ерекшелігіне байланысты да қойылып жатады. Мәселен, ауыл маңында белгілі бір сайдың, қыраттың, ойпаңды жердің болуы; белгілі бір өсімдік түрлерінің көп өсуі, аймақта орманның болуы және т.б. жайттар осындай атаулардың пайда болуына себепші болады. Осылайша жердің атауына қарап, біз оның табиғи ерекшелігін танып-білуге мүмкіндік аламыз. Ондай атаулардың өн бойында белгілі бір дәрежеде сол ауыл немесе елді мекеннің жері туралы ақпарат болады. Бұл қазақ халқының жер-суларға атау берудегі өзіндік ұлттық ерекшелігі деп айтар едік.
      Мереке – ауыл. 1962 жылы құрылған ауыл. 1986 жылға дейін Комсомольское деп аталып келді. Қарамеңді ауылынан 186 шақырым жерде орналасқан. Ауыл төңірегінен Мойылды өзені ағып өтеді.

    «Қостанай облысының тарихи топонимикасы» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы М.Серікбаев

     http://anatili.kazgazeta.kz/?p=30703

толығырақ