Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қазақ жері

Басты бет | Қазақ жері | Жұмбақ жер

      Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Бестерек елді мекені маңында ғажайып бір табиғат туындысы бар. Ауылдың солтүстігінен төрт-бес шақырым жердегі тау жоталарында орналасқан оны жергілікті жұрт Ақбауыр қуыстасы деп атайды. Кірер аузы бөктердегі жер деңгейінен 30-35 метр биіктеу тұрған ол үңгірден гөрі тау төсіне тігілген күрке немесе жаппаны көзге елестеткендей. Олай дейтін себебіміз, жалпы, пошымы киіз үйге ұқсас оның қабырғалары дөңгелене иілген кереге сияқты да, төбесінде ішке күн сәулесі еркін түсетін шаңырақтың орнындай ойық бар. Атап айтатын нәрсе, оның бәрі адам қолымен жасалған ба, жоқ әлде табиғаттың құдіретімен өмірге келген бе, бұл әлі күнге жұмбақ. Қалай дегенде де, бұған таңданбасқа, таңдана отырып ойланбасқа болмайды.

         Ақбауыр үңгірінің тағы бір кереметі бар. Ол оның қабыр­ғаларындағы есте жоқ, ескі замандарда салынған ұсақ-ұсақ пиктограмма суреттер. Адамдар мен таутекелердің, арбалар мен түрлі шеңберлердің және нүк­телердің сұлбалары бейнеленген олардың саны 80-ге жетіп жығылады. Композициясы өте күрделі бұл таңбалардың айналасын ирек сызықтар мен айшық, трапеция, үшбұрыштар мен төрт­­бұрыштар өрнектеп тұр. Әуесқойлар осы­лардың ішінен кез-келген белгіні қағаз бетіне түсіріп құраса, олардан теріс төңкерілген әлдебір тіршілік иелері мен жан-жануарлардың кескіні шығатынын да айта кеткен жөн. Мұның құпиясын петроглиф пен пиктограмманың ізіне түскен арнайы мамандар болмаса, былайғы бейсауат жандардың түйсініп, түсінуі өте қиын. 
    Арнайы мамандар демекші, үңгірді көргеннен кейін осы табиғат құпиясымен шұғылданып жүрген ғалымдар бар ма екен деп біраз ізденіс жұмыстарын жүр­гізген болатынбыз. Сонда облыстық өлкетану музейінің қызметкерлері бізге археолог Зейнолла Сама­шев пен Ақбауыр кешенінің мең­герушісі Галина Петенованы атады. Зейнолла Самашев өз сөзінде: «Бұл табиғат сыйы – энеолит – қола дәуірінің ескерткіші. Ондағы пиктограммалар біздің заманымызға дейінгі 4-3 мыңжылдықтағы тір­шіліктен хабар береді», − деген тұжырым айтса, Галина Петенова әңгімені әрі­ден бастауға ниетті екенін білдірді.
      − Атақты саяхатшы Николай Рерихті кім білмейді дейсіз, − деп бастады сөзін өлкетанушы. − Міне, сол кісі 1929 жылы Моң­ғолия мен Тибетке бара жат­қан сапарында Алтайға соғып, Мұзтау мен Ақбауырды көр­ген. Соңғысын, яғни біз сөз еткелі отырған жерді ашықаспан астындағы ғибадатхана деп атаған. Саяхатшының пайымдауынша мұнда мыңдаған жылдар бұрын ақылгөй абыздар өмір сүрген. Олар сол замандағы халықтардың тіршілігімен өмір сүріп, қоныстануына бағыт-бағдар беріп отырған. Осындай пайымдауларын айта келіп Николай Рерих: «Ақбауыр төңі­регінде тасқа қашалған жазулар, жерлеу рәсімі салынған суреттер бар, – дейді. – Соларға қарап ойланғанда мұндағы өте ертеде өмір сүрген адамдар көз алдыңа елестейді. Жалпы, Алтай өңірі тарихта әлі терең зерттелмеген, көп ізденуді қажет ететін аймақ. Ол – жер жүзінің жауһары. Мұн­дағы асыл қазынаны баға­лап, оның қадір-қасиетіне жете алсақ, соның өзі біздің адамзат өркениетінің ашылмаған аралдарын зерттеуге аз да болса үлес қоса алғанымыз».
      Шынында да, Ақбауыр үңгірі мен оның етегіндегі әр тастан өте қызықты, адамды бір көргенде-ақ таң-тамаша қалдыратын бейнелер мен түрлі сурет, таңбаларды көруге болады. Бұлар жөнінде мұнда көптеген жорамал әңгі­мелер де бар. «Мәселен, сөз етіп отырған жайт туралы Санкт-Петербургтегі Эрмитаж қыз­мет­кері, мәдениет­танушы-ға­лым Леонид Марсадолов Ақ­бауыр орналасқан пирамида тәрізді төбенің пошымы аспан кеңістігі тылсымына қарай үнсіз жетелейтін символдық бағдар болуы мүмкін десе, – дейді кешен меңгерушісі Галина Геннадьевна, − ал екінші бір ғылым өкілі Владимир Иконников бұл ғажап мекендегі жұмбақ белгілерді көк жүзіндегі жұлдыздардың сол энеолит за­манындағы картасы емес пе екен деген ой айтады. Үшінші зерттеуші Андрей Юрченков төбесі ойық, қабырғалары түрлі таңбаларға толы Ақбауырды бұл өте ерте замандағы аспан әлемін зерттеуге арналған обсер­ваторияның алғаш­қы нұсқа­ларының бірі дейді».
    Енді сөз етіп отырған үңгір­тастың төңірегіндегі жәдігер­лерге келейік. Ақбауырдың өзінен сәл төменіректе амфитеатр тәрізді шағын алаң көзге шалынады. Мұндағы ерте заман адамдарының осында отырып, тізе бүгетін және абыздардың түрлі дәстүр-салтқа арналған тақ, баспалдақ, ошақтарының бәрі үлкенді-кішілі қалақтастардан құралып, жасалған. Жолбасшы­мыздың айтуына қара­ғанда, бұл арада түрлі діни рәсімдер өткізілетін болған. Ал сай табанына жақындау тұстағы шомбалтаста солтүстікті бетке алған бұғылар тобы бедерленген. Га­лина Геннадьевна мұны бізге: «Бұғы мен 12 айды білдіретін 12 маралдың батысты бетке алуынан атқан таңның бататын да сәті бар екенін, туғанның өлмегі де болатынын бейнелеген бабалар философиясын аңғарып, танимыз», – деп түсіндірді.
     Осыдан кейін аңғардағы кө­лемі малшылардың кішігірім жаппа немесе күркесі секілді ақтасқа келдік. Оны ерекшелеп тұрған мынадай нәрселер дер едік. Біріншіден, ол алып тақтатастың үстінде тұр. Салмағы әлденеше тоннаға жететін бұл гранитті мұнда кім, қалай қой­ды, түсініксіз. Екіншіден, оның астында оларды біреу әдейі қашап немесе кертіп тұрып жа­сағандай әсер қалдыратын үш ойық көзге ша­лынады. Мұны құдды үлкен ошақтың үш бұты дерсіз. Үштаған пошымындағы осы тесіктерден боранды күндері ызыңдаған үн шы­ғады екен. Қазіргі заман тілімен айт­қанда, резонатор деп атала­тын ол есте жоқ ескі дәуірде қа­лай жасалған және сол қадым ғасырдағы адамдарға не үшін керек бол­ған, бұл енді біз үшін мүлде түсінбейтін, біліп болмайтын жұмбақ, құпия сыр.
      – Өздеріңіз көріп, танысқан жердің: «Тағы қандай ерекшелігі бар?» – дегенде оған мына ға­жайып­тарды айтуға болады, – деді қайтарымызда жолбасшымыз. – Оның алғашқысы Ақбауыр аңғарының ғарыштан көрінетіндігі. Содан соң бұл сайда жағымды биоэнергиялық өрістің бар екендігі. Осы айтылған ерек­шеліктердің екеуі де Ресей ғалымдарының тұ­жы­рымы. Бұларды олар космос құралдары арқылы біліп, анықтаған. Есте ұстайтын тағы бір жайт, Ақбауыр алқабы мен ондағы ежелгі ескерткіш іздері бар аумақ 63 гектар жерді қамтиды. Соңғы төрт жылдан бері соның 18 гектары қорғауға алынып, кешен мәртебесін алды. Онда туристерге арналған соқпақ жол, үңгір­тас пен өзге де жәдігерлер белгі­ленген көрсеткіш тақта жаса­лынған. Сая­хат­шылар­дың күн көзі мен жаңбырдан паналайтын ағаш үйшік, айбандары да ұмыт қалған жоқ. Қажетті-ау деген нәр­селердің бәрі біртіндеп жүзеге асуда.
     Осылай деген Галина Генна­дьевна аталмыш тақырыпқа қатысты әттеген-айлардың да бар екенін айтып қалды. Ол біздің қоғамдағы экологиялық түсінік зерденің әлі де жөнді қалыптаспағандығы. Мәселенің мәнісі, тарихи және мәдени құндылықтардың бізге ғана емес, болашақ ұрпаққа да тиесілі екендігін естен шығарып алу. Сондықтан, археологиялық ескерткіштер бар жерді тапсақ болды, сол сәттен бастап оларды жабайылықпен пайдаланудың басталып кететіндігі. Оған бір ғана мысал келтірейік. Өзіміз сөз етіп отырған осы Ақбауырдан онша алыс емес жерде Абылайкет атты қорған бар екен. Ол ХVІІ- ХVІІІ ғасырлардағы жоңғар ноян­дары тұрған қамал десе-ді біле­тіндер. Міне, бейсауат адамдар сондағы ғибадатхананы ғана емес, оның белгі, таңбаларын да аямаған. Алдымен олар бұл ежелгі ескерткіштің мемлекет тарапынан қорғалатындығы туралы жазған металл тақтасын ұрлап әкетіпті. Одан кейін сол тақта бекітілген темір бағанның да көзін құртқан. Қорғанды қи­ратып, тастарын мал қора салуға тасып әкеткен. Ал енді мына Ақбауырды соңғы жылдары елдің жаппай көріп тамашалауы, туристер легінің көбеюі қазір неге алып келе жатыр дейсіздер ғой. Тастағы таңбаларды қолмен сипап, оған тәу ету, орынды-орын­сыз ұстай беруден көп бел­гілер өшіп, жоқ болуда. Жар­тастардағы осы­дан бес-алты жыл бұ­рынғы бар су­реттерді қазір іздесеңіз де тап­­пайсыз. Таң­балар тек Ақбауыр үңгір­тасының ішінде ғана сақталып қалған.
     Осыны естігенде біздің ойы­мызға мына бір жайт оралды. Батыс Еуропада Фон де Гом, Монтеспам, Альтамира секілді әйгілі үңгірлерді ондағы кешен қызметкерлері металл тормен жауып қояды екен. Ақбауырды да дәл осындай етіп жасау керек сияқты. Ол үшін торды қорғауға алынған жер аумағын қоршаумен шектелмей, үңгірге кірер тұсқа да қою қажет. Ежелгі ескерткішті қорғаудың бұдан басқа жолы жоқ. Сол кезде туристер Ақбауырдың қабырғасындағы таң­баларға тиіспейтін болады. Еуро­падағы секілді жазуды тордың жа­нына келіп, сырттан ішке үңіліп қана көре алады.
      Жанболат АУПБАЕВ «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Бестерек ауылы 

Толығырақ: https://egemen.kz/article/zhanbolat-aupbaev-%E2%80%8Bzhumbaq-zher

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті