Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қазақ жері

АСАНАС

      Қазақ жерінде заманында өркениеттің бастау-бұлағындай һәм белгісіндей болған тарихи қалалар бой көтергені белгілі. Бүгінде оларды археологтар, тарихшылар, этнографтар, географтар өздерінің зерттеу нысанына айналдырып, ел үшін құнды-құнды мәліметтер табуда. Әрбір қала өзінің орналасқан жеріне, аймағына қарай саяси-экономикалық, рухани-мәдени орталықтың негізі болғаны аян. Бұл елтану жолында жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, бай тарихымыздан хабардар етіп, қазақ халқы тек көшпелі халық емес, оның байтақ даласында сәулеті мен дәулеті жарасқан, әсем де көрікті қалалардың болғаны жөнінде берік ұғым-түсінік қалыптастыратынына кәміл сенеміз. Бүгінгі тақырыпқа арқау етер сондай тарихи қаланың бірі де бірегейі – Асанас қаласы.

      Асанас қаласы Қызылорда қаласынан оңтүстік шы­ғысқа қарай 48 ша­қы­рымда, ал Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылынан оңтүстік-батысына қарай 8 шақы­рым қа­шықтықта орналасқан. Асанас қаласының атауы ортағасырлық Өзгент, Сығанақ, Жент, Баршынкент қалаларымен аталады. Тарихшы Жувейнидің еңбегінде 1219 жылы моңғол әскерлерінің Сығанақтан Жендке қарай бара жатқан жолда жаулап алынған қаланың бірі ретінде сипатталады. Сырдың төменгі ағысы бойымен жүріп өткен Плано Карпини «Моңғолдар тарихы» атты кітабында: «Бұл жерде біз сансыз қиратылған қалалар мен қамалдарды, көптеген бос қалған қоныстарды кездестірдік. Бұл жерде үлкен өзен бар оның аты бізге белгісіз, жағалауында Янкинт деп аталатын қала бар, тағы біреуінің аты Бархин, үшіншісі Орнас деп аталады және бізге белгісіз қалалар бар» деп жазады. П.Л.Лерх аталған шаһарларды Сырдария­ның төменгі ағысындағы қалалармен сәйкестендіріп Орнас-Асанас, Янкинт-Янгикент, Бархин-Баршынкент қалалары болуы мүмкін дейді. Ал В.А.Каллаур 1899 жылы Асанас қаласының орнын анықтап, топографиялық сипаттамасын жасай отырып, қалаға тартылған суды Қаракөз деп атаған. Сондай-ақ Ақтөбе елді мекенінің жанынан Қызылқұм ішіндегі сеңгірге дейін жететін арықтың бірін ауыз су десе, екіншісін егістікке тартылған арық деп жорамалдайды.
Асанас қаласы дөңгелек пішінді, көлемі 450х400 метр. Қала мықты мұнарасы бар қабырғамен, оның сырты ормен қоршалған. Төрт қақпасы бар қорғаныс қабырғаның қазіргі сақталған биіктігі 5 метр­ге жуықтайды. Қабырғаның ені іргетасымен есептегенде 15 метр. Шығыс бөлігінде орналасқан цитадельдің аумағы 40х50 метр, ал биіктігі 1 метр.
     1954 жылы Хорезм археология этнографиялық экспедициясы Асанас қаласын есепке алып, 1960-1961 жылдары барлау жұмыстарын жүргізді. Ал 1968 жылы Н.Н.Вактурская қалаға екі стратиграфиялық қималық қазба түсіріп зерттеу жұмыстарын ұйымдастырды. Қазба барысында табылған қыш ыдыстар ХІІ-ХV ғасырға жатқызылса, екінші қазбадағы керамикаларды VІІ-ІХ ғасырдағы оғыз заманына тиесілі екені анықталды. Нәтижесінде, Асанас қаласы VII-IX ғасырдан пайда болып XV ғасырға дейін өмір сүрген. Хорезм экспедициясының зерттеулеріне дейін тарихи әде­биеттерде қаланы соғдылық саудагерлер тұрғызды деген пікірлер басым болған еді. Кейін, қазба жұмыстары көрсеткендей, қала тұрғындары мен оны тұрғызған – оғыздар болғаны дәлелденді.
      Сонымен қатар шаһардың солтүстігіне қарай 50 метр жерде ­Асанас ата кесенесі орналасқан. Аңыз бойынша Асанас ата – жергілікті танымал әулие Қожан қожаның нағашы атасы болып келеді.
   Кесене шаршы пішінді күйді­ріл­­ген кірпіштерден жасалған. Жоспарындағы аумақтық өлшемі – 7,18х8,83 метр. Кесенеге 2010 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Асанас ата кесенесі Қазақстандағы сәулеттік келбеті ерекше кесенелерінің бірі. Қазіргі таңда Асанас қаласы және Асанас ата кесенесі мемлекет қорғауына алынған, Қызылорда облысы бойынша жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына кіреді.
    Ширек ғасырға жуық үзілістен кейін отандық зерттеуші-ғалымдар ескерткішті қайта зерттеу және нысанға барлау жұмыстарын ­жасауды қолға алды.


       2000 жылы Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Т.Мәмиев Шахристан дуалының орташа биіктігі 3 метр, қалыңдығы 5 метр, мұнаралар саны 20-ға жуық екендігін анықтады. Ал 2005 жылы Шірік рабат археологиялық экспедициясы (жетекшісі тарих ғылымының кандидаты ­Ж.Құрман­құлов) ескерткішке қайта барлау жұмыстарын жүргізіп, Қызылорда облыстық ескерткіштер жинағына енгізген болатын. Бұл ескерткішке алдағы уақытта жүйелі әрі кешенді зерттеуді жүргізу және оны туристік нысанға айналдыру мәселесі күн тәртібінде тұрғаны анық.
    Ғасырлардан терең сыр шер­тетін сахара шаһарлары өзінің археологиялық болмыс-бітімімен қайран қалдырып, сол замандардағы сәулетті дүниелерді көз алдымызға әкелгендей болады. Ірі экономикалық, сауда-саттық, аумақтық маңызы бар орталықтарда қазандай қайнаған тіршіліктің бәрі осы тарихи шаһарлар арқы­лы жалғасып жатыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жердің тарихын білу жайында өзекті ойлар айтылғаны белгілі. Тарихымыздың үлкен парасы осындай шаһарларды танумен байланысты екені айтпасақ та түсінікті. Олай болса, рухани тұрғыдан жаңғыруымыздың бастамасы ретінде кең байтақ дала төсінде орын тепкен, бүгінде тек жұрнағы немесе ізі қалған қалалардың маңызын бағалап, көзіміздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Талай ғасыр бойы жер астында қалған рухани мұраларды ашып, зерделеу ісі бірнеше ғылым салаларының ден қоятын көкейкесті мәселесі екені анық. Ұлы дала мәдениеті мен өркениетінің бастау-бұлағындай қазыналарымызды бүгінгі ұрпақ ықылас қойып, танып білсе, ғанибет болар еді.

       Жанболат ҮТІБАЕВ, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының 
аға ғылыми қызметкері Мақпал СҮЙІНДІКОВА, кіші ғылыми қызметкер

       http://anatili.kazgazeta.kz/?p=43225

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті