Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Отандастар

Отандастар

    Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылдың 31 қаңтарындағы Қазақстан халқына Жолдауын тарқатуда маңызы зор «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының бағдарламалық мақаласы – ең әуелі, ХХІ ғасырда шынайы өмірде ұлттық сананы айқындайтын және қоғамдық сананы өзгерту жолдарының жалпы бағыттарын белгілейтін дүниетанымдық-идеологиялық мақала. Бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана, табысқа жетуге мүмкіндік алатынына ұлт көшбасшысы ерекше назар аударып отыр. Өйткені әлемдік бәсекеге қабілеттілік ұлтымыздың экономикада ғана емес, рухани әлемде де озық болуын қажет етеді.

      Рухани жаңғыруымыздың басты құндылығы бәсекеге қабілеттілік болса, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін, оны қамтамасыз ететін адам капиталының сапасын жақсарту жолында ғылымның маңызы зор. Себебі ғылым дамымай дүние дамымайды! Яғни, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде ғалымдардың қызметі ерекше! Рухани жаңғыруды негіздеу, ұлттық кодты, ұлттық бірегейлікті сақтау жолында өмірлік тарихи тәжірибе мен оның болашағын сабақтастыру ғалымдардың атқарар еңбектеріне деген ерекше талапты байқатады. Міне, осы жағдайда ғалымдардың ізденістері мен оның нәтижелері маңызды болмақ. Солардың бел ортасында атажұртқа тұрақты қоныс аударған қазақстандық ғалымдар да жүр.

     Қайта оралған қандастарымыздың атамекеніндегі ғылымды дамытудағы үлесіне тоқталар болсақ, ең алдымен, Президенттің шақыруымен 1991 жылы атажұртына біржолата көшіп келген Халифа Алтай Қазақстан тарихы, әлем тарихы, еліміздің кенжелеу дамыған теология, диаспорология ғылымдарының дамуында шынайы деректік пен тарихнамалық мәні бар еңбектер қалдырған ғалым екенін айту керек. Қазақстан тарихының кеңестік идеологиялық қысымы негізінде ашылмаған қасіретті тарихи тұстарын нақтылауда Халифа Алтайдың үлесі қомақты. Оның «Естеліктерім», «Ата жұрттан Анадолыға дейін» және «Алтайдан ауған ел» атты кітаптары рухани жаңғырудың басты міндеттерінің бірі – ұлттық кодты сақтаумен бірге ұлттық бірегейлікті негіздеуде маңызды орын алады. Себебі өз зерттеулерін діни біліммен астастыра жүргізген ғалым әлем елдеріне шашыраған қазақ ұлтының біртұтастығын нақтылау және ұлттық құндылықтарын насихаттау жолында бастау болар құндылықтарды көрсеткен еңбектер жазды. Халифа Алтай  атамыздың теология саласындағы еңбектер шоғыры – бір төбе.

       1990 жылдары гуманитарлық ғылымдарда ежелгі және төңкеріске дейінгі кезең мамандарына деген зәрулік сезілді. Осы кезде Атажұртқа оралған ғалымдардың еңбектері мемлекеттің нағыз тарихын жасауда жаңа идеялар мен тұжырымдар, түркі халықтарының бірігуі, ұлттық нигилизм психологиясын жоюда, ұлттың өзіндік санасы мен патриотизмін көтеруде, халықты біріктіру жолындағы ең қиыны – әлемнің әртүрлі мемлекеттерінде ұзақ тұрып, өздерінің тарихи отандарымен байланыстары болмаған қазақтардың арасындағы қайшылықтардан арылтуда жемісті болды.

     Түркиядан, Қытайдан, Моңғолиядан, Ауғанстаннан, Сауд Арабиясынан, Өзбекстаннан, Түркменстаннан, Тәжікстаннан, Ираннан, Ресейден және тағы басқа елдерден тарихи отанына оралған қандастарымыз халықтың демографиялық, рухани және интеллектуалдық әлеуетін, экономиканы, ғылымды, қазақтың тілін, спортты, медицинаны, бизнесті өркендетуге атсалысуда.

      Солардың ішінде шоқтығы биік, белгілі ғалым – тарих ғылымдарының докторы Қиянатұлы Зардыхан. Зардыхан аға 1994 жылы Қазақстанға Монғолиядан қоныс аударды. 1997 жылдан дүниеден озғанға дейін ҚР БҒМ ҒК Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болып жұмыс жасаған ғалымның ғылыми қызығушылықтары Қазақстанның ежелгі тарихы және мәдениетімен қоса, Еуразияның іргелес елдерін де қамтыды. З.Қиянатұлы диаспорология ғылымының дамуына сүбелі үлес қосты. Жапония, Қытай, Италия, АҚШ және тағы басқа елдерде көптеген ғылыми мақалалары мен бірнеше қомақты монографиялары жарық көрді. Зардыхан аға атажұртына оралысымен Моңғолиядағы қазақтардың басынан кешірген қилы оқиғалары жөнінде «Жылаған жылдар шежіресі» атты тарихи көркем публицистикасын атажұртына таныстырды.

      Зардыхан Қинаятұлының қазақстандық ғылымдағы негізгі қызметі және кәсіби тарихшылар мен қоғамтанушыларға танымал еткен ең басты еңбегі ерте орта ғасыр мен орта ғасыр тарихына терең бойлаған, академиялық зерттеулеріне қатысты болды. 2001 жылы автордың найман, керей, уақ (оңғыттар) қатарлы тайпаның нағыз түріктекті, сондықтан да кейінгі қазақ орта жүзінің белді тайпаларына айналған байырғы халық екенін аса бай дереккөздерді пайдалану арқылы дәлелдеген «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ-ХІІ ғасыр» атты алғашқы монографиясы [1] «Қазақ мемлекеті және Жошы хан», «Моңғолиядағы қазақтар» атты еңбегінің І және ІІ кітабы Алматыда жарық көрді.

      Ежелгі және осы заманғы моңғол тілін моңғол-қытай тарихын жетік білген тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы Қазақстан тарихының Моңғол билігі дәуірі және қазақ мемлекеттілігі тарихына қатысты ғылыми тұжырымдар жасады. Қазақ мемлекеттілігінің тарихын біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырдан, Сақ дәуірінен басталатынын ғылыми жүйеге түсірді. З.Қинаятұлы «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты монографиясы және өзінің жетекшілігімен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» атты еңбегінде Қазақ мемлекетінің  тарихын Жошы хан шаңырағын көтеріп, Орыс ханның тұсында еңселеп өскен Ақ Орда мемлекетінен бастап қарастыру керек» деген пікір ұсынды. Ұлттық тарихымыздың ілгерілеуіне ықпал ететін бұл пікірді үлкен құрметке лайық деп білеміз.

     Зардыхан Қинаятұлы Қазақстанның 5 томдық тарихының 4-томының авторларының бірі. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелерінің» ІІІ томын шығаруға қатысты. «Ортағасырлық тарихи ой: Тарих адамзат ақыл ойының қазынасы» атты көлемді еңбекті дайындаушылардың бірі және арнаулы редакторы. Ғалымның атажұртқа келгеннен кейінгі уақытта түрлі баспа беттерінде жарық көрген мақалалары «Көзқарас (ұлт, тарих және адамдар тағдыры жайында)» деген атпен 2010 жылы жинақ түрінде жарияланды.

      Қоғамдық ғылымдар, оның ішінде тарих-этнология, этнография және шығыстану бойынша жан-жақты білімдар, бірқатар әлемдік тілдерді меңгерген мамандардың ішінде Моңғолиядан келген байырғы түрік руникалық жазбаларының әлемдік деңгейдегі маманы, филология ғылымдарының докторы Сартқожаұлы Қаржаубай ағамыздың үлесі ұшан-теңіз.

       Қаржаубай Сартқожаұлының қазақтардың ұлы көшін ұйымдастырудағы рөлі де жоғары. 1990-1993 жылдары Қ.Сартқожаұлы Моңғол Халық Ұлы Құралының депутаты ретінде қазақтардың елге оралуға деген құқығын қорғады. 1992 жылдың 13 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президентіне хат жолдап: «...Моңғолия біздің өмір сүруіміз үшін қаншалықты қолайлы болғанымен, қазақтар біртұтас ел болып, бас қосуымыз керек. Қазақ халқының тарихқа кеткен есесін қайтару үшін, сөйтіп, Қазақстанды әрі азат, әрі іргелі елге айналдыру үшін барлық қазақтың бас біріктіруі қажет. Моңғолиядағы 130 мың қазақтың бір пәтуаға қелген мақсат-мүддесі – осы!» – деп өз ойын білдірді.

      Қаржаубай Сартқожаұлы 2001 жылдан бері Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жұмыс істейді. Ол – «Түркітану және алтайтану» ғылыми орталығының директоры. 2008 жылы «Байырғы түрік жазуы: алфавит жүйесі және фонологиясы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Сартқожаұлы Қаржаубай – Кемал Ататүрік атындағы Түркі тарихы халықаралық академиясының мүшелігіне қабылданған алғашқы қазақстандық ғалым. Оның ежелгітүркі руника жазбасын зерттеу бойынша ғылыми жетістіктерінің нәтижесінде Қазақстан алғаш рет осы беделді, әлемнің 40 елінен, соның ішінде Жапония, Франция, Египет, Иордания, Голландия, Тунис, Канада, Түркияның 62 түркітанушысын біріктіретін Халықаралық Академияның санатына кірді. Ғалым – қазақ және моңғол тілдерінде өзекті ғылыми еңбектердің авторы: «Біріккен түрік қағанаты» (2002); «Орхон мұралары». 1 кітап (2003); «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» (М.Жолдасбековпен бірге, 2005, I том); «Полный атлас Орхонских памятников» (М.Жолдасбековпен бірге, 2007 жыл, I том); «Байырғы түрік жазуының генезисі» (2007); «Орхон мұралары». 2 кітап (2012); «Генезис древнетюркских писем» (2012); «Ерте орта ғасырдағы байырғы тюрк жерасты мавзолейі» (2013, моңғол тілінде).

      Сартқожаұлы Қаржаубай Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ұстаздық етумен қатар көне түркі жазбаларын зерттейтін ғылыми қор құрды, «Жазу тарихы» музейін ашты, «Күлтегін» атты фильм шығарды.

   Қытай Халық Республикасынан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ресейден, Қырғызстаннан келген репатриант ғалымдардың қатарында Қазақстан ғылымының көкжиегінен лайықты орын алған Мініс Әбілтайды ерекше атауға болады.

        Мініс Әбілтайұлы 1992 жылы Қазақстанға көшіп келіп, Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде профессорлық қызмет атқарды. Атажұртында жиырма жыл өмір сүріп, 2012 жылы қайтыс болған ғалымның Қазақстанда «Тұрар Рысқұлов Моңғолияда» атты еңбегі және бірқатар ғылыми мақалалары жарық көрді.

       Елге оралған ғалымдардың бір бөлігі шетелден кәсіби маманданып келсе, енді бірі мемлекет қолдауымен аспирантура мен докторантураларда оқып, ғылым ордаларын толықтырды. Академиялық ұжымдарда еңбек еткен, диссертациялық жұмыстарын қорғаған оралман-ғалымдар: Моңғолиядан лингвист, филология ғылымдарының докторы Қалиасқарұлы Қабидаш, этнологтар, тарих ғылымдарының кандидаттары Қатран Досымбек пен Хинаят Бабақұмар, экономист Бодаухан Қайрат; Қытайдан тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы қытай, манжұр, ағылшын тілдерін жетік меңгерген білгір тарихнамашы доктор Бақыт Еженхан, лингвист, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Ғабитханұлы, шығыстанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Ошан Жанымхан,  археолог Сағынтай Сұңғатай және т.б. Сондай-ақ Қытайдан келген таңжарықтанудың негізін қалаған зерттеуші, фолклорист Оразамбай Егеубай, Жақсылық Сәмит, Тұрсынхан Закон, Нұрлан Кенжеахмет, Иманғали Нұрахмет, Бекқожа Жылқыбек, Өзбекстаннан келген танымал шығыстанушы Әшірбек Мөмін мен Ираннан келген Ислам Жеменейлердің Қазақстан тарихы мен этнографиясын, деректану саласын дамытудағы еңбектері құрметке лайық.

     Атажұртқа оралған ғалымдардың Қазақстан ғылымындағы алар орны ерекше. Себебі бұрын орыс тіліндегі еңбектерді ғана басшылыққа алып, негіз етіп келген Қазақстан тарихшылары үшін жаңа мүмкіндіктер туды. Бес мың жылдық жазба тарихы сақталған Қытай жылнамаларын «қазақ тарихының алтын көмбесі» деуге болады. Қазақ тарихына қатысты талай дерек қытай мұрағаттарында жатыр. Беті бүркеулі тарихи ақиқат деректерімізге қол жеткізу күні кешеге дейін тым қиын болып келді. Бұған Кеңес пен Қытай елдерінің арақатынасындағы салқындық, ортада орнаған темір «шымылдық», тілдік бөгеттер әсер етті. Осындай жағдайда қазақ тарих ғылымына сол елдегі қандас ғалымдар көмек қолын созды.

      Қытай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректерді зерттеудің, қазақ тарихы туралы білімнің кең құлаш жаюына ықпал етудің көшбасшысы Нығмет Мыңжанұлы болса, оның ізін ала шыққан Жақып Мырзаханов, Жақып Жүнісұлы, Шадыман Ахметұлы, Қаһарман Мұқанұлы, Дүйсенәлі Әбділәшімұлы т.б. қазақ тарихының қытай деректерінің негізінде жазылуындағы рөлін айтып кету керек.

      Қазақстанға көшіп келген Нәбижан Мұхаметқанұлы, Бақыт Еженханұлы, Әлімғазы Дәулетхан сияқты тарихшы ғалымдар ұлттық тарихымызды шығыстық деректер бойынша зерттеу ісіндегі қуатты күшке айналды. Біршама деректер түпнұсқадан алынатын болды.

      Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қытайтану кафедрасының меңгерушісі, синолог, шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұқаметханұлы Нәбижанның Қазақстан ғылымындағы алар орны ерекше. Ғалым 1993-1997 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аспиранты, докторанты, 1997-2000 жылдары жетекші ғылыми қызметкер болды. 1995 жылы «Қазақ-қытай қарым-қатынастарының даму тарихы» (XVIII-XX  ғасырлар аралығы) деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын,  2000 жылы «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы» (1860-1920 ж.) атты докторлық диссертациясын қорғады.

      2000 жылы Н.Мұқаметханұлы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетіне жұмысқа ауысады.  2007 жылы «Халықаралық қатынас  және ҚР сыртқы саясаты» кафедрасында профессор, 2012 жылы университет жанынан құрылған «Қазіргі заманға Қытайды зерттеу орталығының» директорлығына тағайындалды. 2014 жылдан бастап осы университеттің Шығыстану факультетінде Қытайтану кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруда. Мұқаметханұлы Нәбижан – 300-ден астам еңбектің авторы, оның ішінде 14 монография (оның үшеуі басқа авторлармен бірлесіп жазылған): «Қазақ зерттеулер» (Үрімжі, 1989), «Чиң патшалығы кезіндегі қазақ халқы» (Үрімжі, 1997), «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы» (Алматы, 2000), «Қазақ тарихының өзекті мәселелері (Павлодар, 2010)», «Дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелері» (Алматы, 2010), «Қытайдың сыртқы саясаты және Қазақстанмен қатынасы» (Ж.Кәріпжановпен бірге. Алматы, 2013), «Ізденіс: тарих және замана» (2014), 3 ғылыми аударма бар. Аталған еңбектер Мұқаметханұлы Нәбижанның диаспорология, Қазақстан тарихы, әлем тарихы, қытайтану, шығыстану ғылыми салаларын дамытуға сіңірген еңбегінен хабар береді.

     Қазақстандық тарих ғылымының танымал өкілі, Қытайдан 1969 жылы оралған, ортағасырлық Қазақстан тарихы зерттеген тарихшы ғалым Әлімғазы Дәулетханның еңбегі де орасан.

     Әлімғазы Дәулетхан 1996 жылдан бері Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында еңбек етіп келеді. Қазір институттың Ежелгі және орта ғасыр Қазақстан мен шегаралас елдер тарихы бөлімінде жеткші ғылыми қызметкер. Ол 2002 жылы «Түркеш қағанаты: саяси және мәдени тарихын зерттеу 692-766 жылдар» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Кейін 2005 жылы «Түркеш қағанаты» (692-766 ж.)  атты монографиясын жарыққа шығарды [2]. Ғалымның бұл еңбегі қазақ тарихының ғасырға жуық ақтаңдағын айқындап, түркештердің этникалық құрамы, этноаумағын, ел билеу үрдісі, дипломатиясы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық және мәдени жағдайына қатысты көптеген тың және нақтылы мәліметтер негізінде жазылған.

      Әлімғазы Дәулетханұлының ұзақ жылғы ғылыми ізденістерінің жиынтығы ретіндегі «Ежелгі және орта ғасырлардағы түркілер» атты көлемді зерттеу еңбегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы мың жылдық пен б.д. VІІІ ғасырына дейінгі тарихи оқиғаларды зерделеуге арналған. Ғалымның 2015 жылы жарыққа шыққан «Шығыс Түркістан халықтары ұлт-азаттық дәуірі әдебиеті» (1679-1949) атты көлемді ғылыми монографиясы да – осындай талмай ізденудің нәтижесінде жарық көрген еңбек.  Ә.Дәулетханұлы –200-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеулердің, оның ішінде 4 монографиялық еңбектің, оқу құралдары мен оқулықтардың авторы.

     Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қытайдан келген репатриант Тұрсынхан Зәкенұлы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ шығыстану кафедрасында 2001 жылдан бастап жұмыс істейді. 1993 жылы тарихи атамекеніне көшіп келген Т.Зәкенұлы еңбек жолын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы ретінде бастады. Кейін аспирантурада оқып, 1998 жылы «ХХ ғасырдың 40-жылдарындағы Шыңжаң қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын, 2009 жылы «Көне түркі ескертіштеріндегі қытай жазбалары және олардың Отан тарихынан деректік әлеуеті» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Осы еңбектері арқылы ғалым қазақ тарихының көнешығыстық бөлімін жаңа мағлұматтармен толықтырды, сондай-ақ қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының географиялық ауқымы туралы түсініктерді кеңейтті [3].

      Т.Зәкенұлы – «Көк бөрілердің көз жасы», «Х-ХIХ ғасырлардағы қазақ-ойрат қатынастары», «Тастағы тарих: көне түркі ұсындарындағы қытай мәтіндері», «Ұмытылған Республика», «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары» монографиялары, «Х-ХІХ ғасырлардағы қазақ ойрат қатынастары», «Қытай әдебиеті»  т.б. еңбектердің де авторы. Ғалым – Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

      Қытай қазақтары арасынан шыққан алғашқы тарих ғылымдарының докторы Бахыт Еженханұлы ҚР БҒМ ҒК Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Азия және Тынық мұхиты аймағы бөлімінің меңгерушісі, Ph.D, бас ғылыми қызметкер, Дүниежүзі қазақтары қауымдасты диаспорология орталығының меңгерушісі. Бақыт Еженханұлының  магистрлік диссертациясының тақырыбы – «Цин патшалық дәуірінің соңғы кезеңінде Шығыс Іле аумағына қоныс аударған қазақтар және олардың әлеуметтік жағдайлары». Ғалым 1991 жылы ҚХР Нанькин университетінде көне қытай тарихы бойынша докторлық диссертациясын қорғады.

     1993 жылы тарихи атамекеніне оралып, ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. «Қазақстан Шығыс өркениеті қарым-қатынасы жүйесінде: тарих, деректану, мәдениет», «Ұлттық идея» ғылыми зерттеулері бар, «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазаққа қатысты Қытай мұрағат құжаттарын жинастыру және зерттеу», «Қазақстан және Орталық Азия тарихы мен мәдениеті туралы қытай тарихнамасы» атты  республикалық жобалардың қатысушысы әрі жоба жетекшісі болды. Бахыт Еженханұлы – «Қазақтардың Шыңжаң және Моңғол жерлеріне қоныс аудару тарихына байланысты Қытай мұрағат құжаттары», «Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы сауда қатынастары туралы Қытай мұрағат құжаттары», «Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы саяси-дипломатиялық қатынастар туралы Қытай мұрағат құжаттары» атты еңбектердің де авторы.

     Шетелдік білімін атамекенінде шыңдаған филолог Гүлжан Ахметбек, тарихшылар Зәкенұлы Тұрсынхан мен Зиябек Қабылдинов, шығыстанушы Базылхан Нәпіл, заңгер Роза Өміртай және басқалары Алматыда Ұлттық университеттерде оқып, диссертацияларын қорғады.

      Досымбек Қатыранұлы 1991 жылдан ҚР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аспирантурасында оқып, 1996 жылы «Қазақтардың дәстүрлі тағамдар жүйесі» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 1998 жылға дейін осы институтта ғылыми қызметкер, 1998 жылдан халықаралық құқық академиясының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2000 жылдан ҚР Орталық мемлекеттік музейінің антропология және этнология орталығының жетекшісі қызметін атқарып келді. Досымбек Қатыранұлы – «Қазақтың дәстүрлі ас-тағам мәдениеті» атты ғылыми монографияның, «Музей ісі теориясы мен практикасы» атты оқу құралының авторы. Ғалым «Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты моңғол деректері» атты еңбекті құрастыруға да атсалысты.

      Дүкен Мәсімханұлы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шақыртуымен келген ақын, аудармашы, шығыстанушы. Д.Мәсімханұлы 1993-2002 жылдары шығыстану факультетінде қытай тілінен сабақ беріп, кафедраны басқарды. 2002 жылдан бері Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қызмет етіп келеді. Қазақстанда кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғап, «профессор» аттанды. Қазіргі уақытта ЕҰУ филология факультетінің қытай тілі кафедрасында меңгеруші қызметін атқарады. Ол шамамен 20 монография, жинақ, оқу құралдары, романдардың авторы, 300-ден астам ғылыми мақаласы Қазақстанда және одан тысқары жерлерде басылған. Д.Мәсімханұлының «Жыр-жебе» (монография, 2000), «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» (монография, 2007), «Қытай тілі фонетикасының негіздері» (оқулық, 2002), «Сөз – желкен» (монография, 2005) және т.б. еңбектерін атап өтуге болады. Профессор ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстармен айналысады, Астана қаласының «Атажұрт» оралмандар кеңесінің төрағасы болып сайланды, қандастармен байланыс жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі.

      Ресей Федерациясының Омбы облысында туған Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы 1991 жылы Омбы мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіріп, 1994-1996 жылдары «Қайнар» университетінің Павлодар филиалында оқытушы қызметін атқарды, 1996-2003 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Павлодар Заң университетінде қызмет етті. 2004 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ тарих кафедрасының меңгерушісі, ректордың кеңесшісі, тәрбие ісі жөніндегі проректор, әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, әкімшілік-шаруашылық жұмыстары жөніндегі проректор. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Евразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

     З.Е. Қабылдинов 1997 жылы кандидаттық, 2003 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Ол үш монографияның («Казахи Западной Сибири во второй половине XVIII - начале XX веков», «Казахи внутренних губерний России во второй половине XVIII - начале XX веков», «Казахи России во второй половине XVIII - начале XX веков»), жеті оқу құралының, Қазақстан тарихы бойынша терминологиялық сөздіктің, 250-ден астам ғылыми мақалаланың авторы. 2008-2012 жылдары 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» атты оқулығын шығарды.

   Өзбекстаннан келген Әшірбек Муминов ғылыми ортада арабист ғалым, исламтанушы ретінде танымал. 1982 жылы Ташкенттегі Мемлекеттік университеттің Шығыс тілдері факультетін бітірген соң ол КСРО ҒА Шығыстану институты Ленинград бөлімінің аспирантурасында оқыған. Петербургте 1991 жылы кандидаттық диссертациясын, 2003 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Халықаралық ғылыми гранттардың, оның ішінде «Александер-фон-Гумбольт» (Германия, 1999-2001), Вашингтон университетінің «University of Washington Educational Partnership Program for Cultural and Comparative Religious Studies» (Сиэттл, США, 2005), Индиана университетінің (Блумингтон, США) «Islamization and Sacred Genealogiesin Central Asia, XIV-XX Centuries» (2006), «Patrimoine manuseritd’Asiecentral islamigue: catalogue desmanuscritsorientauxde Noukous» тақырыбы бойынша «Mondeiranien» (Париж, Франция, 2006), Фулбрайт (США, 2011-2012), Коч университетінің (Турция, 2012-2013) және т.б. иегері. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша көптеген ғылыми еңбектердің авторы, «Казахстанские востоковедные исследования» сериясы төрағасының орынбасары, ислам, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті проблемалары бойынша ғылыми конференциялардың қатысушысы. Бүгінгі таңда Ә.Муминов – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ дінтану кафедрасының меңгерушісі.

     Еліміздің институттары мен жетекші университеттерінде жұмыс істеп жатқан өзге де репатрианттарды атауға болады. Ираннан келген филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей; Моңғолиядан келген Болатхан Зиядан; белгілі халықаралық журналист, журналистика кафедрасының меңгерушісі, Моңғолиядан келген Досан Баймолда; тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Орталық мемлекеттік музейінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, түрколог, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан және т.б.

     Шетелден оралған қандастарымыздың Қазақстан ғылымына қосқан үлесі туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев: «Отандық ғылым мен жоғарғы мектеп солар арқылы жоғары білікті мамандарға ие болды. Олардың мемлекеттік тілде жазылған еңбектері ғылыми терминологияны дамытуға ықпал етуде.  Бұл ғалымдардың артықшылығы қытай, моңғол, жапон, венгр, түрік, араб, парсы, ағылшын тілдеріндегі, бұрын қол жетпейтін шетелдердегі мұрағаттар құжаттарын пайдалана алуында деп көрсеткен орынды. Сонымен бірге зерттеулердің әдісі мен әдіснамасына тыңнан өзерістер енгізіліп, олардың тарихнамасы, дереккөздері, сол елдердегі статистикалық мәліметтермен толықтырылғаны белгілі. Қазақстанға осындай мамандар даярлау үшін бірнеше онжылдықтар қажет болар еді!» –  деген еді [4].  

     Сөз соңында айтарым: қандастарымыздың Қазақстан ғылымына қосқан үлесі туралы мақаламызда біз ХХ ғасырдың соңында, тәуелсіздік жылдарында келген, негізінен қоғамдық ғылымдар саласында еңбек етіп жүрген ғалымдарға ғана тоқталдық. ХХ ғасырдың ортасынан бастап оралған барлық ғылым салалары бойынша талдап-таныту мақала көлемінен асып түсері анық. Сол себепті мақалаға енбей, аты аталмай қалған ғалым-қандастарымыздан алдын ала кешірім сұраймын.

 

Әдебиет:

  1. Қинаятұлы З.. Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ-ХІІ ғасырлар. - Астана: Елорда. 2001. - 208 б.
  2. Дәулетхан Ә. Түркеш қағанаты. – Алматы: Қазақпарат, 2005. - 180 б.
  3. Ермекбай Ж.А. Репатрианттардың Қазақстан білімін, ғылымын, мәдениеті мен бизнесін дамытуға қосқан үлесі // Қазақ диаспорасының жасампаз әлеуеті: тарихы және заманауи келбеті. Республикалық ғылыми-практикалық конференция  материалдары. - Алматы: Атажұрт, 2013. -  480 б.  
  4. 4.            Мамашев Т. Қауымдастық, қазақ диаспорасы және отандастар ынтымақтастығы / - Алтын бесік. - 2012. -№6. - 5 б.

 

      Айжамал Құдайбергенова, тарих ғылымдарының докторы, доцент 

толығырақ

 Қазақстанда буын ауруынан айықтыратын гидрогель ойлап табылды

     Биология ғылымдарының кандидаты Вячеслав Огай адамның тізе және жамбас буындарындағы остеохондральді кемістіктерді қайта қалпына келтіруге арналған гидрогель ойлап тапты.

     Гидрогель ортопедия мен травмотологияда шеміршек және сүйек тіндерін эндопротездеумен қатар емдей алады. Ол табиғи компоненттерден тұрады жәнеде құрамында бағаналық жасушалар, хондро- және остеоиндуктивті өсу факторлары бар. Бұл өнертабыс І және ІІ дәрежедегі остеохандральді кемістіктерді емдеуде қолданылады. Гидрогельді пайдаланғанда адамның зақымданған шеміршек және сүйек тіндері ота жасалған соң үш немесе одан көбірек уақыт аралығында бастапқы қалпына қайта оралып, жазылады.

     «Остеохондральді кемістіктер өте ауыр емделеді. Науқастың субхондральді тілімі және шеміршек қабаты бүлінеді, әрине, ондай дерті барлар қозғалған кезде қатты ауыртпалық сезінеді. Бұл жағдайда эндопротездеу қолданылады. Ондайға жол бермеу үшін маған биотехнологияларды қолдану және науқастың буындарындағы шеміршек және сүйек тіндерін толықтай қайта қалпына кетіретіндей түрлендірілген және биоүйлесімді болатын гидрогель жасап шығару ойы келді», - дейді Биотехнологиялар орталығының бағаналық жасушалар зертханасының меңгерушісі В.Огай.

     В. Огай ғалымдар тобымен біріге отырып, өсу факторларына қажет мөлшерді білу үшін және белгілі бір мерзімде кемістіктерді жоюда қандай концентрация керек екенін түсіну үшін гидрогельдің сегіз түрлі құрам мен концентрациясын пайдаланған екен. Олар бағаналы жасушалар және өсу факторларының оңтайлы топтамасы бар гидрогель нұсқасын анықтай алды. Бұл нұсқалы гидрогельді қолданған соң зертханалық жануарлардың тізе буындарындағы остеохондральді кемістік толықтай жазылып кеткен.

      Егер ойлап табылған гидрогельді қазіргі таңда қолданылатын эндопротездеудің артықшылықтары мен кемшіліктерін салыстырар болсақ, эндопротездеу отадан кейін науқас салыстырмалы түрде аз уақытта аяғына тұра алады, алайда эндопротездеу кезінде протездің жылжып кетуі, эндопротездің бактериялық инфекция жұқтырып алуы секілді белгілі-бір кері әсерлер пайда болуы мүмкін. Протездің қызмет ету уақыты 10 жылды құрайды, бұл белгілі уақыт өткен соң оны жаңасына ауыстыру қажет.   

      Артроскопия және спорттық жарақаттар республикалық орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ерік Раймағамбетов гидрогельдің клиникаға дейінгі зерттеулеріне қатысады, В. Огаймен бірге зертханалық қояндарға оталар жасайды.

    Осы секілді жұмыстар Израильде, Германияда, Оңтүстік Кореяда, АҚШ-та жүргізіліп жатыр. Отандық өнертабыстың табиғи құрамы бірегей. Себебі басқа елдерде синтетикалық заттар қолданылады.

       «Олар арзан, бірақ табиғи құрамы анағұрлым нашар болуы мүмкін. Мейлі гель қымбатырақ болсын, бірақ ол толықтай қалпына келтіру үшін қажетті нәтиже береді», - дейді В. Огай.

       Қазіргі таңда гидрогель сыналып жатқан барлық елдерде енді құрылу және зерттеу кезеңінен өтуде.

      «Біз қазір клиника алдындағы зерттеулер өткіздік. Алдағы уақытта біз гранттық қаржыландырудың келесі кезеңіне тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз. Бұл зерттемелерімізді остеохондральды кемістіктері бар науқастарға қолданып көру үшін»,- дейді ғылыми жобаның жетекшісі Вячеслав Огай.

       3 жылдан 6 жылға дейін өтетін клиникалық зерттеулерді сәтті өткізген соң біз бұл өнертабысымыздың қауіпсіздігін, тиімділігін анықтаймыз, сонан соң оны тіркеп, бүкіл еліміз бойынша медициналық тәжірибеге енгізуге болады.

       Айта кетейік, Вячеслав Огайдың жетекшілігімен жасалған «Остеохондральді кемістіктерді қайта қалпына келтіру үшін бағаналы жасушалар негізіндегі инъекциялық гидрогельді жасап шығару» жобасы 2015 жылы ҚР БҒМ ғылым комитетінен  жылына 8 млн теңге және үш жыл төленетін гранттық қаржыландыру алды.

 http://www.inform.kz/kz/kazakstanda-buyn-auruynan-ayyktyratyn-gidrogel-oylap-tabyldy_a3031644

толығырақ

      Тұрсынбек Байжұмаұлы Қытайдағы қазақтардың №1 әдеби журналы «Шұғылада» редактор болған, жазушы ретінде де жақсы танылған, оның бәрін былай ысырып қойғанда Нобель сыйлығының иегері, жазушы Мо Янның «Сандал ағаш жазасы» атты көлемді романын қазақша сөйлеткен  азамат. Мо Янның қазақшаға аударылған онға тарта романдарының ішіндегі ең сапалысы осы Тұрсынбек аударған роман деген пікірлерді жиі еститінбіз...
        Бүгінде Тұрсынбек Алматы облысының Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ кентінде тұрады. Қазақстанға біржола көшіп келіп, азаматтықты алып, Қытайда қол жеткізген қаншама сыйлық, дипломдарын сандықтың түбіне салыпты да, кетпен-күрегін иығына асып атыз басына тартыпты...
     Тұрсынбектің әңгіме, повестері, аудармалары әлденеше кітап болып басылып, оқырман мен әдеби қауымның жақсы бағасына ие болған. Қытайдағы қазақ-қырғыз әдебиетінің «Тұлпар» сыйлығын, Қытай аз ұлт жазушыларының «Жастар табысы» сыйлығын иеленіпті. Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің беделді сыйлығы да осы кісінің қанжығасында. Жалпы, университетте оқыған әдебиет саласы бойынша алған дипломынан өзге Бейжіңдегі Лу Шүн атындағы әдебиет институтын сырттай оқып жүріп алған дипломы да әлгі Қарабұлақтағы үйдегі сандықтың түбінде жатыр.
     Тұрсынбек «Сандал ағаш жазасынан» бұрын «Ақылнама», «Бардам әке мен зардам әке» қатарлы екі кітап аударған екен. Мо Ян – үшіншісі.
     «Аудармаларымның барлығында қытай тіліне жүйрік көмекшілерім болды. Сондықтан аударма жасаушылардың қатарында олардың да аты бар. Амал қанша, «Сандал ағаш жазасына» берілген уақыт өте қысқа болды. Не бары екі-ақ ай ғана, көмекші алмасқа да шараң жоқ, мен сияқты кейін үйренгендерді былай қойып, қытайлардың өзі анау ми айналдыратын ескілі-жаңалы төрт бұрыш әріптерінің шын мағынасын жете түсіну үшін «Шинхуа лұғатынсыз» жүре алмайды. Сондықтан оңай болды деп айта алмаймын. Аудармашылық – ол да шығармашылық. Және өте күрделі дүние. Оның үстіне ол өзге емес, Мо Ян болса...», дейді.
     Дәл осы тұста, Мо Ян туралы өзі не ойлайтынын, қаншалықты құрмет тұтатынын, не үшін оны аударуға ынтық болғанын ағылып айта жөнелсе ғой деген ішкі тілек болып еді. Ағамыз соны сезгендей болды-ау...
     «Ол өзі 1955 жылы Қытайдың Шандұң өлкесі Гауми ауданында дүниеге келген ғой. 1981 жылы  жазған «Көктем түнінің сызы» атты шығармасы оның есімін әйгілей түсті. Мо Янның балалық шағы армандағыдай асыл болмаған. Ол білім алатын ең тамаша тұстарында Қытай тарихындағы «Мәдениет төңкерісі» дейтін он жылдық ойран болды да, бала Мо Ян осы ойранның ортасында шөп шауып, егін салып, сиыр бағып өткізген. 1976 жылы аласапыран аяқтағаннан кейін армияға алынып, қоғамдық өрісін тапқан.
      Оның бүкіл шығармасы туған топырағы Гаумиге арналып келеді. Ойлық өрісі, сезімдік бояуы біздің Оралхан Бөкейге ұқсайды. Оралхан Алтайды қалай жырласа, Мо Ян Гаумиді солай жырлайды. Мо Ян 2011 жылы «Бақа» дейтін шығармасымен Қытайдағы ең үлкен әдеби сыйлық − «Мау Дүн» әдебиет сыйлығын, ал, 2012 жылы Нобель сыйлығын алды.
     Мо Ян бірбеткей жазушы. Ол осыншама табысқа сол мінезімен де жетті. Оны жазушының роман туралы айтқан мына сөздерінен де аңғаруға болады: «Ең жақсы жазылған роман бүгінгі тісін жасырып, тілін көрсеткен сайқал қоғамның қолайына жағамын деп өз қадір-қасиетін жойып, заманның құрбаны болмауы керек. Менің өзіме қойған талабым – романым қанша ұзарса сонша созылсын, әйтеуір ақыл мен сезімімнің жеткен жеріне дейін соза беремін, қысқартам деп қиналмаймын, ұзартам деп зорланбаймын. Бірақ, шым кестедей шымырлық пен ой жетпейтін тереңдіктен айырылмауға тырысамын. Мейлі біреулер ұзын десе оқымасын, қиын десе қарамасын, оқитын адам мың бет болса да оқиды, оқымайтын адам бір бет болса да оқымайды. Маған жер бетінде бірде-бір оқырманың жоқ десе де бүйрегім бүлк етпейді, өз сүрлеуіммен тарта беремін», дейді алған бетінен қайтпайтын азулы көкжалың.
     Шынайылықты терең сезіне алу, халық ауыз әдебиетін мықтап меңгеру, тарих пен бүгінді тығыз ұштастыру – Мо Янның шығармашылықтағы ұстанымы. Әрине, осы ұстанымның жетегінде ол таудай табыстарға жетті. Дүниенің қырықтан астам ұлтының тіліне аударылған шығармалары қай түкпірде болсын өз базарын тауып жатыр.
     Осы «Сандал ағаш жазасы» тағы бір өңделіп қайтадан шықса, әдебиетті сүйетін, Қытайды білгісі келетін әр қазақ үшін керемет жаңалық болар еді. Нағыз жазушының кесек тұлғасын көрер еді...», деп аяқтады аудармашы өзінің сүйікті жазушысы туралы сөзін.
     Осы орайда жаңағы «Сандал ағаш жазасы» сынды дайын аудармаларды неге Қазақстанда шығармасқа деген ойымызды ортаға салдық және бізден қытайшаға шығарма аудару мәселесі туралы пікірін де білгіміз келді.
    «Ол баспалардың жұмысы болуы тиіс. Біз шығармашылық, аудару сапасына жауап берсек жеткілікті ғой... Одан кейін біздің баспа жұмысы, қаламақы мәселесін Қытаймен салыстыруға мүлде келмейді ғой, Қытайдың баспасы да, авторы да бай тұратын мәлім. Жалпы, қытай салыстырмалы айтқанда кітапқа құмар жұрт деуге де болады. Онда әдебиет тауарға айналған. Жазушылар қаржы жағынан мемлекетке тәуелді емес, алақан жайып үлкен қазанға телмірмейді. Оның жүйесі жасалған. Сондықтан жазушыларда жаңа тақырыптарға ізденіс те ілгері болады ғой. Қытай идеологиясы күрделі ел. Соған қарамастан Мо Яннан басқа да Жия Пиңуа, Чин Жұңшы, Хаң Иң сияқты әлемдік өреде туындылар жазып жүрген жазушылардың атақ-даңқы аспандап келеді.
     Өз басым Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды», «Оң қол» шығармаларын аударған дұрыс дер едім. Өйткені, бұл туындылар оқиғаға бай, сезімі тұнық, одан да маңыздысы Қытай идеологиясына да қарсы тұстары жоқ деуге болады.
    Қытайшаға аудару мәселесінде Қытайдағы мен жұмыста болған Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінде аудармашылар қоғамы бар, сонымен бірге жекелік әдеби аударма орталықтары бар, бұлармен байланыс орнатып, келісім жасауға болады...», дейді жазушы, аудармашы Тұрсынбек Байжұмаұлы.
    Әдебиет, мәдениет, аударма саласы және басқа біраз әңгімелердің басын қайырғаннан кейін, қазіргі тірлігінің жайына ойыстық. Мал баққанда, егін еккенде шығармашылық қайда қалады? Қабілетіңізді неге өз саласына жұмсамайсыз? Дегендей сауал өздігінен қойылары анық қой.
      «Кәдімгі тіршілік, күнкөріс. Ортамен үйлесіп, қоғаммен үндесейік. Сосын ретіне қарай көре жатармыз. Маған газет-журналдан гөрі мектеп, университеттерде сабақ беру ұнайды. Менің алдымнан шыққан шәкірттерім патриот, өнерге құштар, жасырын қабілетін сәулелендіре алатын еркін азамат болып шығатынына сенімім бар. Мақтанғаным емес, қытай, қазақ әдебиетінің 100 жылдық тарихының қай қырынан сұраса да жатқа тұрып лекция жасай аламын, шығыс пен батыстың ой тоғысынан сауатым бар.
     Қазақ еліндегі қазақ әдебиеті – менің жүрегім. Абай, Мұхтар, Ғабит, Сәбит... Оралхан, Төлен, Таласбек, Әлібек... қай жазушыны айтсаңыз сол жазушыны қызығып оқыдым, әсіресе, Алаш арыстарының ізгі туындылары, олардың Отан үшін от кешкен рухы мені жетеледі.
     Қытайда тұрмысымыз жаман болған жоқ, ортада өзіндік орным бар дегендей өз басым Қытайдан жаманшылық көрдім деп айта алмаймын. Бірақ жатсам-тұрсам бір нәрсе көкейімнен кетпеді. Қанша табысты еңбектенсем де не үшін істеп жүргенімді, не үшін сыйлықтар алғанымды біле алмадым. Атақ үшін бе? Ақша үшін бе? Бәрі де емес, мені мазалап жүрген Тәуелсіздік дейтін қастерлі ұғым екен. Мені жетектеген осы ой.   
      «Аллаға шүкір» дегеннен басқа айтар жоқ дәл қазір. «Есіктен кіріп, төр менікі деме» дейтін жосын бар емес пе, бірден Астана мен Алматыға қол созбадым. Бұйырғанын көре жатармыз. Көк туы желбіреген тәуелсіз елдің бақыты баянды болсын! Бағасын білсек қанеки!».
   Атажұртына аңқылдап жеткен ағамыздың ақтарылып айтқан әңгімесіне алғысымызды айта отырып, алдағы күндеріне табыс тіледік!
       Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
       https://egemen.kz/article/mo-yandy-qazaqshalaghan-qalamiger

толығырақ

c%d0%b9%d1%82%d1%85%d0%b0%d0%bd-%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d1%82%d2%b1%d0%bb%d1%8b

     Сейтхан Азатұлы 1986 жылы, ҚХР, Үрімжі ауданында өмір есігін ашқан. 2004 жылы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне оқуға қабылданып, 2008 жылы қызыл дипломмен бітірген. 2010 жылы аталған оқу орнында магистратураны, 2015 жылы, Қазақстандық танымал ғалым З.А.Мансуровтың жетекшілігімен «Наноматериалдар және нанотехнологиялар»мамандығы бойынша докторантураны «Development of the technology for fusicoccin preparation using nanocarbon sorbents and study of its  biological and cytotoxic activity»-тақырыбында ағылшын тілінде қорғады, осы сала бойынша PhD докторы атанды, 2015 жылдың қарашасынан бері, Назарбаев университеті, Инженерия мектебінде, танымал ғалым R.L.D.Whitby-дің жетекшілігімен постдокторлық зерттеу жұмыстарын жүргізуде, бұл жұмыстар Павлодар облысындағы Былқылдақ көлін сынаптан тазартуды мақсат етеді.

1

       Сейтхан Азатұлы 2009 жылдан бері РМК «Жану мәселелері институтында» аға ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарады. Сонымен бірге, 2010 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінде доцент міндетін атқарады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сабақ береді.

      Ол өзінің жетекші ұстаздары З.А.Мансуров, М.К.Гильманов, R.L.D.Whitby, Vasileios Inglezakis-тармен бірге он шақты ірі ғылыми жобаларды іске асырды(Ұлыбритания, Бельгия, Индия елдерімен біріккен жобаларда бар), олардың ішінде егіс дақылдарының өнімін 20-30% арттыратын биотұрақтандырғыш, ракка қарсы дәрілік препарат, ағынды суларды тазартуға арналған сорбенттерді айырқша атап өтуга болады. Отандық биотұрақтандырғыш бұл күнде сатылмға шықса, сорбенттерді өндіруге арналған цех құрылысы аяқталуға жақын. Осы жылдың соңына, отандық су тазартуға арналған фильтрлер нарыққа шығады деп күтілуде.

2

       Сейтхан Азатұлы 2013 жылы Ұлыбританияның Брайтон университетінде жарты жылдай іс-тәжірибеден өтіп, өз зерттеулерін жасап қайтты, сонымен бірге Қытай, Малайзия, Индия, Вьетнам, Гон конг- қатарлы елдермен, қалаларды іскерлік іс-сапарда болды. Индияның, Кольката қаласында болған іс-сапарының нәтижесінде, Индия-Қазақстан біріккен су тазартатын фильтрлер өндіруге уағдаласты.

      Сейтхан Азатұлы қазірге дейін, «Нанохимия концепциялары», «Күн энергиясы мен жаңартылатын энергия нанофизикасы» – сынды оқу құралдарын әріптестерімен бірге, ал «Ақаба суларды тазартудың нанотехнологиясы» оқу құралын, жеке өзі ағылшын тілінен, қазақ тіліне аударды. Бұл кітаптар бұл күндері осы салада жұмыс атқаратын Қазақ тілді мамандармен, студенттердің жақсы көмекші құралына айналған.

       Ол 2014 жылдан бері АҚШ-та шығатын «Nanoscience and nanoengineering» журналының редакция алқасы құрамында,  http://www.hrpub.org/journals/jour_editorialboard.php?id=65.

     Ол Жану мәселелері институтындағы әріптестерімен бірге келесі халықаралық және жергілікті ғылыми конференцияларды ұйымдастырды және өткізді.

  1. International Symposium «Physics and Chemistry of Carbon Materials / NanoEngineering» (Almaty, September, 2010, 2012, 2014, 2016);
  2. International Scientific Conference of Students and Young Scientists «World of Science» (Almaty, 2010-2016.);
  3. International Symposium «Combustion & Plasmochemistry» (September, 2011, 2013,2015).
  4. Студенттер мен жас ғалымдарға арналған «Химиялық физика және наноматериалдар 2015 » ғылыми конференциясы.

       С.Азатұлы сонымен бірге, Гон конг, Малаизия, Қытай, Индияда өткен Халықаралық конференцияларда доклад жасады.

      С.Азатұлы 2017-жыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Үздік жас ғалымы» атанды және ректордың бұйрығымен университет дамуына қосқан үлесі үшін «ҚазҰУ-ға 80 жыл» төс белгісімен марапатталды.

         Дайындаған: Нұрбол Мұратбекұлы

толығырақ

%d0%b6%d0%b0%d0%ba%d0%b0%d1%83

Жақау ДәуренбековҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы

1.

Мінез дегеннен шығады.

Кейде ойға алып, қарасақ, қаламгерлер мен өнер адамдарының мінезі бір-біріне ұқсамайтын әлем екен. Елең қылмаймыз көбіне. Елең еткізетіні де бар.

Асылы, барды бағалай білу, айта жүру де абзал.

 

2.

Бірде (бұл сонау сексенінші жылдар) үкілі сатиригіміз Үкең (Уайдин) өзіне-өзі ренжіп отыр.

— Біздің тиіп-қашып мінеп жүрген кемшілігіміз әншейін екен-ау, – дейді алдындағы  айқара  ашулы газетке ине іздегендей оқтын-оқтын үңіле түсіп.

— Не болды, Үке? – десем:

— Мына  «Казправдада» шыққан  «Антиподы» деген материалды оқып шықтым. Масқара! Не деген алаяқ­тық, не деген бетімен кету­шілік. Сатириктер осындай өмірдің небір сорақы фактілерін  тіліп түсіп, әшкерелеп жатсақ қой… Жазып жүргеніміз әншейін әзіл-қалжың, мыжыма. Өзіме-өзім қарным ашып отырғаны, – деді Үкең.

— Баяғыда бір дорба астық үшін алты жылға сотталған адамды білем, – деп әңгімеге  соғыс ардагері Керекең қосылды (К.Боранбаев, бас­редактордың орынбасары), –  соғыс кезінде де тәртіп күшті еді. Ал мына­ларың милиондаған сом, алтынмен айналысады екен. Соған қарамастан жазалары тым жеңіл ме деп қалдым. Материалды оқып шыққаннан кейін көңілім толмады қорытындысына. Осылай да бола ма екен? Обырлығы былай тұрсын, бәрімізді мазақ қып, қоғамымызды көзіне ілмей отырған жоқ па?

— Иә, солай…Дегенмен, әлде де елдің отклигі түседі деп ойлаймын, – деді Үкең.

— Мақала дұрыс жазылған екен. Осындай фактілерді ашып көрсетіп тұрған  әбден дұрыс.

— Әрине ғой,  – деп Үкең басын шайқаумен болды.

Үкеңнің ұйғарымы ұғынықты.

Ұдайы жайлы мінезінен жаз­байды.

%d0%bc%d0%b8%d0%bd%d0%b5%d0%b7

3.

Осекең (Әубәкіров) баспаға сирек келеді. Бүгін баспалдақта ұшыраса кеттік

— Айналайын, амансың ба?

Осекең биязы адам, даусы да құмығыңқы, жұмсақ. Ашық ақта­рыла сөйлейді.

— Анадағы не болды?

«Қазақстан өнеріне» берген сықақ өлеңін айтып тұр.

– Беріледі, сізді бермегенде…

– Қашан?

– Ой, Осеке, құйттай өлеңіңізді әлі ұмытпапсыз-ау?

– Оу, өлеңімді ұмытып  жын­дымын ба?

– Шығады жақында,Осеке!

– Е, бәсе, шығуы керек. Оспанхан Әубәкіровтің бір өлеңі нашар екен деген біреу болса айт.

– Қайтесіз? – деймін қуланып.

– Қайтушы ем, сабаймын!

Осекең күліп тұр. Онысы жара­сып тұр.

Бұл да Осекеңе жарасатын мінез.

Жайсаң мінез.

4.

— Тыңдашы, ән жаздым, – деді композитор Жоламан Тұрсынбаев, – Жарасқанның сөзіне. Аты — «Арал­дың жағалауын жағаладым».

Фортепианоның клавиштерінен шыққан сазға Жоламанның  қоңыр даусы қосылды. Ән әуен бала­панша қанат қақты. Мұқият тыңда­дым. Теңіз жайлы ғой. Арал жайлы ғой. Әуеннен  теңіз толқынының шуы­лын, шағаланың шаңқылын іздедім.

– Қалай? – деді.

– Шағаланың ұшуына бөлме тарлық етіп тұрған сияқты…

– Бибігүл апай орындайтын болды.

– Сәт сапар, Жарасқанға ұнады ма?

– Ұнады! – деді композитор.

Ақын мен композитор мінездері ұқсағанда әсем ән туады-ау деп ойладым.

5.

Екінші қайтара «Дәнді» оқып шықтым. Автордың  сыйға тартып берген кітабы еді. Қолтаңбасы: «Ле­ниншіл жастағы» жітіттерге «Ленин­шіл жастың»1962 — 1965 жылдардағы тың өлкесіндегі тілшісінен. Р/S. Кітапқа енген негізгі дүниелер әуелі «Лениншіл жаста» басылған. Рымғали Нұрғалиев, 17*ХІ*77 жыл.

Автор — сүйікті ұстазымыз. Кітаптың аты – «Дән».  Үш бөлімге бөлінген: Жігер, Алау, Серпін. Әрқай­­сысы  18-19-11 новелладан тұрады. Деректі, репортаждық бояуы басым,кейбіреуі көркем әңгіме дерлік,  кейбіреуі табиғаттың, өмір­дің қаз-қалпында берілген мөлтек суреті дерлік…ең бастысы уа­қыттың рухы есіп тұр.Тың аласа­пыраны, романтикасы, алпысыншы жылдар жастарының қарапайым өмірі, арманшыл жастардың жүрегі лүп-лүп соғады…Рымғали ағамыздың жастар газетінің көрігін қыздырған, шапшаң-жедел,бәрін ыстық күйінде жазатын мінезді журналист болға­нын сол кезде-ақ танытқанын көре­міз «Дәннен».

Шіркін, журналистің бәрі өзінің тілшілік тіршілігінен осындай ДӘН қалдыра білсе ғой….

6.

Жазушы Қалмұқан  Исабаевтың арнайы курста  оқып, жаз бойында тың өлкесіне барып комбайншы болғанын білуші едік. Онысы «Қазақ әдебиеті» газетінде жазылған еді. Елең еткізген мінез еді кезінде. Әдеби қа­уым қызық әңгімеге арқау етіп айтып жүруші еді. Біздің Үкең де сондай бір ойға бекініпті.

— Кешеден бері маргарин зауы­тында жұмысшы болып істеп жүр­мін, мынау пропускім, – деп қызыл книжкесін көрсетті.

— Бірдеме жазып жатыр едім, соған бола…Көзіммен көріп, арқам­мен атқару қажет боп тұр, – деп қояды.

Бұрын Үкеңнің айлығына  қап­шық-қапшық ойыншықтар сатып алып, балалар бақшасына тегін тара­тып жүретінін білуші едім. Енді мынаусы Қалекеңнен асып түспесе кем бола қоймас….Енді артын күтейік.

Жазушы мінезі қызық қой.  Ойла­­маған жерден, ойламаған тұстан көріне береді.

7.

Алматыға жазушылар жиналды. Тың игерудің отыз жылдығына арналған Бүкілодақтық конферен­циясына. Тақырып:  «Тыңдағы бүкілхалықтық ерлік, КСРО Азық- түлік программасын жүзеге асыру және қазіргі әдебиетіміз».

Олжас Сүлейменов баяндама­сынан  есте қалғаны: «Көп жылдар­дың тәжірибесімен тың игерушілер жерді онша терең жыртпау қажет екендігін, мұның өзі оны эрозиядан сақтайтындығын дәлелдеп берді. Бірақ,  «социалистік село тақыры­бы» деп аталатын біздің әдебиетіміз мейлінше тереңірек жыртуды талап етеді», – деді.

Арқалы ақынның  астарлы сөзі.

Мінез де көрініп тұр ғой.

8.

Кеше (9*10*1984 ж.) драма театрда Жазушылар одағының құрылғанына елу жыл толуына арналған салтанатты пленум болды. Димаш Ахметұлы Қонаевтың өзі бастаған бюро мүшелері қатысты. Баяндама жасаған Олжас Сүлей­менов. Соңынан «Отырар сазы» өнер көрсетті. Нұрғиса Тілендиев домбы­расы сахнаны  сұлу сазға бөледі,  Сарыарқаның самалын естіріп, Алатауды асқақтатты.

Есте қатты әсер қалдырған Димаш Ахметұлының екі ақсақалды Ғабеңді бастатып, Ғабиденді шынта­ғынан сыпайы сүйемелдеп сахнаға шығаруы болды.

Жарасымды құрмет, бекзат бейіл, мінсіз мәдениеттілік емес пе?

9.

«Лениншіл жастың»  кезекті санындағы «Қаламгер келбеті» айда­рымен  жарияланған «Өз тақыры­быңыз болсын десеңіз» атты мақа­лада (авторы — Б.Ибраимов) Орал­хан былай депті: «Мені әдебиетке әкел­ген — журналистика. Ауылда жү­ріп­ жазған материалдарым «Ле­нин­­шіл жаста»  үзбей жарияланып тұр­­ды…» десе, енді бір жерінде: «Егермен өзің оқыдым деп отырған (Б.Ибраги­мовқа айтып отыр) көптеген сурет­теме, очерктерімді жазбаған болсам, үлкен шеберлік мектебінен өте алмас едім…»  дейді.

Бекеннің: «Сол кездегі бота тірсек бізге осылайша әсер ететін себе­бі, автордың «Қара сөзбен жырлаймын» деп өзі берген сіл­темесі ме екен, әлде газет макетінің өзі көз тарта құлпырып, біртүрлі тосын, жұмбағы мол қиян әлеміне шақырып тұратындығынан ба, әлде жас журналистің қиялшылдығы ма, қайсысы екенін сол кезде тап басып таңбалап  айта алмасақ керек   деуінде газет макеттерінің есте қалуы тегін аталып отырған жоқ.Өйткені, бұл жетпісінші жылдардың басы болатын.

Сол макеттердің талайын өзіміз сызған едік…. Сол кездегі қолтаң­баның, макеттегі  жаңалық, ізденістің із-түзсіз кетпей есте қалуы біз үшін қандай ғанибет.

Өйткені, макетте де газеттің өзіне тән мінезі жатқаны сөзсіз еді.

10.

— Баспаға өнер адамдарының суреті керек боп жатады. Сол оймен  фотоға  түсіріп алмақ ниетпен Құ­дай­берген Сұлтанбаевты шақырдық. Түске таман келді. Плащпен. Галстуксыз. Жалаң көйлекпен.

— Қалай? «Тамашаларың»  там-тұмдап күлкісінің уытын азайта баста­ған ба?

— Ол бізге байланысты емес. Үкеңнің «Күлкі» дейтін әңгімесін ойнау үшін әртүрлі күлкіге сала бастасам,  «Тоқта, мынауың Қамал­дың  күлкісіне (төрағамыз), анауың пәленшенің күлкісіне ұқсайды. Қой,ойбай, ұят болады, – дептіз­гіндеп жібермейді,  қазір байқап күлетін болғанбыз.

— Онысы қызық екен.

— Оны айтасың…

Құдайберген жымың-жымың етеді.

— Винокур секілді әртістерді сала бастауыма тосқауыл қойды. Қой, Ермек, Рашидтер ренжиді дейді.

Сөзге Үкең араласты:

– О неге өйтеді, ей?

– Білмеймін…

– Ың-ң…Олары болмаған екен.

– Бірің – сықақшы, бірің – әртіс, бірің – автор, бірің – орын­даушы болсаңдар да кездесе бер­мейсіңдер, – деп Үкең мен Құдай­бергенді, бір-біріне ұқсамайтын екі мінезді суретке басып алдық.

Түсірген — Мәлік Жиенғалиев.

11.

Сағат онда (31.03.1985 ж.) ГЖИ-дың конференц- залында «Правда» газетінің Бас редакторы, академик Афанасьевпен кездесу болды.

Бас редактор газеттің мамыр айында үлкен тойы – жетпіс жылдығын атап өтетінін айтты. Осы орайда ортаға салатын ойларын тізбеледі. Айтқандары – Лениннің  800-ден астам мақалалары «Правдада» жарияланған, газеттің басты бөлімі — партия бөлі­мі, өзі осы партия тұрмысы бөлімін отыз жыл бас­қар­­ған. «Бізде  алпысқа келгесін зейнетке шығару деген жоқ, – деді ерекшелеп.  – Кім қанша уақытқа дейін істей алады, жаза алады, ерік өзінде». Газет тира­жы  он миллион сегіз жүз мың. Тағы бір қайырғаны:

«Оқырмандар әрқилы. Кейбіреулері модашыл. Кейде бір адам төңірегіндегі ажиотажға елігіп, оның жаз­ғанының бәрін жақсыға қабылдай береді. Мәселен, атағы әлемге әйгілі бір ақынымыз бар, кейде бір чепуха жазады. Онысының түкке тұрғы­сыздығын түсіндірейін десең, түсінгісі келмей қаса­рысады. Сондықтан біз қойдық, сол «Литературная газетасына» жаза берсін деп…»

Мұнысымен азулы авторлармен жұмыс істеу үшін мықты мінез керектігін де байқатып өтті.

Мықты редактор болу үшін де керек шығар мықты мінез?

12.

Бәкең жиі соғып тұрады. Бәкеңіміз – баршаға мәшһүр Бақтажар Мекішев. Профессордың күліп тұрып бірде айтқаны.

Кездескен жанмен  жылыұшырап  шүйіркелесе кететін Бәкең көшеде Баукеңмен кездесіп қалыпты. Бау­кең сәлеміне басын изепті де, ләм демепті. Баукең­нің ауырып жүрген кезі, денсаулығыңыз қалай деуге батылы бармапты. Үнсіздікке ыңғайсызданған профессор сасқанынан әрі Баукеңнің көңілін көтерейінші деп:

— Ту-у, Бауке, мұртыңыз керемет екен, –  дейді.

Бетіне бажырая қараған Баукең:

— Өй,осы қатынбет еркектердің жұрттың мұртын да көре алмайтыны-ай, – деп дүңк еткізіп жүре беріпті.

Кәдімгі Баукеңе жарасымды мінездің бір қыры.

Профессор содан былай мұрт қойған, сақал өсірген адамды көрсе, өзінің есіне Баукеңнің сөзі түсіп, «Баукеңнің мінезі найзағайдай, сөзі мірдің оғындай ғой», – деп мәз болып марқайып, айтып  жүретін болыпты.

13.

Кейде өткен күндердің   елесі көз алдыңа  келе қалады.

Көктем айы еді (30.04.1973ж.). Тамылжыған шуақты күні генерал Сағадат Нұрмағамбетовтан сұхбат алдым. Бұл кезде генерал Орта Азия әскери округі бас қолбасшысының орынбасары. Редак­ция­дан алдын ала телефон соғып, тоғызыншы мамыр – Жеңіс күніне  арнап материал дайындамақ ойымыз барын, газет бетінде сөз алуын өтінген едік. Биязы жан екен. Қабырғаны  тұтастай алып тұрған картаның  тұсында, самсаған телефондар ортасында жинақы  киінген,  өзі  шырайлы жас қазақ генералы отырды.

— А-а, «Лениншіл жасты» білемін, – деді көңілденіп, өткен жолы бір жігіттерің келіп жолық­қан. Ой, маладес, ризамын өзіне. Сағат Әшімбаев деген ғой. Өте жақсы жазыпты, міне, қазақтың жас қаламгері қандай! Білімді, өте сауатты жазыпты. Оқып шықтым. (Сағат Ұлы Отан соғысына арналған  «Великая Отечественная» деректі киноэпопеясы жайлы көлемді публицистикалык ойтолғау   жазған еді). Айтпақшы, қазір қайда ол жігіт?

— «Жұлдызда» сын бөлімін басқарады.

— Жақсы-жақсы… Мен жайында  Төлепберген Тобағабылов та, Жекен Жұмаханов та жазып жүр, – деп қойды.

Генерал сабырмен сөзін үзіп, бір ой есіне түскен­дей жымия  қарады.

— Ал, Сағат жақсы жазады екен.

— Жеңіс күніне сөйлесеңіз деп едік. Баукеңді де сөйлетсек деп едік, ол кісі қазір тауда демалыста екен…

— Баукең бе? Білем ғой, батыр  ағамызды, – деп тағы да жымия күлімсіреді.

— Білемін…Жарайды, сен жазып отыр, мен айтайын…

Генерал соғыс, өмір, бейбітшілік, өзінің жастық шағының соғыста өткені жайында асықпай әңгіме шертті.

Әңгіме соңында: «Газетке шыққан соң салып жіберерсің», – деді адресін беріп жатып.

— Қазақ газеттерінен «Қазақ әдебиетін» жазды­рып алушы едім, – деп қойды. «Лениншіл жасты» тұрақты оқымаймын, – деді.

Генерал шынын айтты.Оған да риза боласың.

Шындықты айту да мінез ғой.

Көп ұзамай,  газеттің 9 мамыр күнгі санында бірінші бетке «Мың салют саған,Ұлы Жеңіс», – деген мақаласы шықты.

Мерекелік нөмірді апарып бердік. «Аға, енді газетімізді тұрақты алып тұрыңыз», – дедік. Генерал жымия күлімсіреді де: «Құп, жолдас  «Лениншіл жас»! – деді қолын шекесіне апарып.

Бұл жолы да генералдың шынын айтқанына шүбәсіз сендік.

Генералдың мейірімді жүзі, шуақты мінезі күмән келтірмеді.

14.

«Дүлей рухты дию» – Жарылқап Бейсенбаевтың  журналистік-өнертанушылық жазғыштығы мен білімпаздығын танытатын бірден-бір бірегей дүние. Есте қалады. Газеттегінің бәрі емес, газетте­гінің нәрі бары есте қалады. Көп дүниелер  тез ұмытылып кетеді. Жарылқаптың қаламынан туған өнердің көз көргенмен көңіл түсіне бермейтін  туын­дыларды талдап, бояуға жан беріп, тіл бітіріп жазуы үлкен шеберліктің үлгісі. Жазылу әсері ерекше көрінген Жарылқаптың  «диюы» есте қалады.

Осы материалды оқығаннан кейін сөзімен сойып, ойымен орып айтатын айыр тілді ақын Өтежан Нұрғалиев:

— Ғажап…Бұны жазған қай жат? – деп әдейі іздеп келіп танысты.

Әңгімелесіп тұрып бір мезетте кенеттен Өтежанның:

— Осыған қанша аласың? – деген сауалына Жарылқап:

— Он жеті сом жиырма тиын… — дегенде, ол аң-таң болды.

— Обал-дағы ай! Қайран еңбек-ай, – деп басын шайқады.

Өтекеңе таңданып қайран қалып жүру тән еді ғой.

Ол оның өзіне жарасып тұратын мінезі еді.

15.

Баспадан  тоқсаныншы жылы  шығуға тиіс қазақ жазушыларының портреттері дайындалып жатқан. Өмірбаяндық мәліметтер маған жүктелген еді.

Таңертеңгілік Тахаңа (Ахтанов) телефон соқтым.

— Таха, солай да солай…Даталардан қате кетіп қалмасын деп өзіңізге оқып бергелі тұрмын, – дедім.

Тахаң:

— Ал оқы, – деді.

Үн-түнсіз.Тыңдап болғасын:

— «Боранның» тек қаңқасын ғана айтыпсың ғой,  – деді налыңқырап.

— Таха, бұл тек өмірбаяндық анықтама, шығар­маларға талдау емес…

— Жоқ,«Боранның» түгі жоқ қой. «Шырағың сөнбесін» тіпті өзінше бір бөлек дүние.

— Таха, оларды талдап жазатын болсақ, бір жарым бетің мынаған сыймайын деп тұр.

— Әлгі сөйлемдерге, қаңқасын айтқан жерге «Боранның» ішін айтып жазу керек…болмайды бұлай…

Тахаң осылай қасарып алды.

— Жақсы, – деуге  мәжбүр болдым.

Іле Әбекеңе (Әбділда Тәжібаев)  телефон соғайын. Сәтімен  сергек, саяжайында екен. Сөзімді тыңдай бере:

— Тоқташы…дүниеге келген деген сөзді өзгерт. Бір түрлі ғой, дүниеге келген деген. Туған дей сал, – деп өзгертті. Ары қарай бәрі дұрыс, –  деді.

Әбеге (Нұрпейісов) хабарласып ем сәл ұзаңқырып барып телефонды көтерді. Сабырлы, биязы қоңыр дауыс естілді.Шаруамды айтып, жазға­нымды оқып болғаннан кейін:

— Бәрі дұрыс, – деді, –  тек анау әдеби-сын мақа­лалар деген жерге эсселер,әдеби сын мақала­лар, – деп өзгерт. Сосын, менің «Толғау», «Жүрегі толы жыр еді»  кітаптарымды орыс-қазақ тілде­рін­де шықты депсің. Дұрыс, бірақ, мынаны қалай­бөлектеп көрсеткеніміз дұрыс? Менің орыс-қазақ тілдерінде жазғандарым аударма емес, екеуі екі тілде жазылған жеке дүниелер. Соны ескерерсіз, – деді.

Өте сыпайы, жағымды үн құлағымда қалды. Ақылды адамдар осылай асықпай сөлейтін­дей, байыпты келетіндей көрінеді.

Жазушы Сәкен Жүнісов ағамыз ежіктей сұрап жатпады, шығармаларын сипаттай әсерлеп те уақыт созбады. Бірден тоқетеріне көшті. «Драматургия­дағы қазақ ленининасын тұңғыш бастаушы менмін. «Өлара» пьесамды баса көрсет», – деді. Шынды­ғында,  деректік жағынан алғанда жөні солай. Бірақ, Ленин тақырыбына одан бұрын қалам сілтеген, «Кремль сақшысы» деген пьеса жазған — С.Адам­беков. Пьеса министрлікте  қабылданып алынған, әйтсе де еш жерде қойылмаған екен. Сол себепті бірінші болуға құқы жетпей қалды.

Әр жазушының өзіне лайық мінезі барына куәгер болдық.

Мінездің Менге айналатыны да  өмірлік ақиқат екен-ау.

16.

Республика алаңы. Екі күн бойы (17.12.1990ж.) түнеріп тұрған Алматы аспаныжарқырай ашылған. Аздап ауа дымқыл. Жер қатқақ. Алаңның жартысынан астам аумағын алған қалың ел үнсіз. Желтоқсан оқиғасын еске алуға  келді халық. Ескер­т­кіш тақтада екі ауыз сөз. Демократияның жаңғыру күні десіп жатыр. Сөйлеушілер дауысы алаңды жаңғырықтыра түседі. Әйгілі актер ағамыз­дың саңқылдаған үні: «Қадірлі қауым, мынау алаңда  төгілген қанда менің де бір тамшы қаным барын айтқым келеді», –  дейді. Қасым Қайсенов аға да жан толқынысын ақтарды. Қайрат Рысқұлбековтің әкесі: «Не дейін. Балам,бауыр етім нақақтан қаза болды. Құдайдан да, адамнан да тілерім амандық, бірлік болсын», – деді.

Мемориалдық тақта ашылды. Ар толғанды. Ақиқат сөйледі.

Қазақтың қайсар мінезі  ұлықталды.

17.

Асекең (Тоқпанов) айтқыш ғой..Теледидарда Мақпалдың концерті  «Әншілік жолына – 10 жыл» кеші өтіп  жатыр. Сонда Асекең сахнаға шығып,  Мақпал қызына былай деді:

— Мақпалжан! Айналайын Мақпалжан! Сен ұлы Мәдидің туған жерінен ұшқан перзентсің. Сен қасиетті топырақтансың.

Мақпалжан,сенің әнің ғажап қой. Ақын ғашық болғанда иә ән туады, иә күй туады. Сенің әнің, Мақ­палжан, ер жігіт атынан түсіп тыңдайтын ән, жаяу жігіт жатып-жастанып тыңдайтын ән!

Асекең ақжарылып, ақтарылып айтты. Көркем, келісті, көкейде қаларлық есті сөз.

Арналы ой, арқалы мінез.

18.

Қадағаң (Мырзаәлі) машинаға мінгеннен сөйлейді. Тақырыптың тиегін тауып, бастап берсек болды. Бұл жолы да әңгіме әдебиет төңірегінде өрбіді. Өз өмірінен, туған-туыс,  ауыл адамдарының  мінездерінен кейіптемелер келтірген Қадағаңа  сөздің соңын ала бере Сұлтанәлі:

— Қадаға, осыларды, мінездер туралы жаз­байсыз ба? – деді.

— Өзімнің ойымда да бар. Уақыт болса көремін, – деді.

— Жаңағы айтқандарыңыз әдемі портреттер ғой….

— Әрине. Оның бәрі ауылда. Мына Бейімбет ағамыз тұнған мінездер портретін жасаған. Ойдан ештеңе қоспай, ауыл адамдарының кейпін қаз-қалпында жазған ғой. Қазіргі жазушылар мінезді бере алмайды, типтік портрет жасай ал­майды. Өйткені, қазіргі адамдар бір-бірінен айны­майды. Костюмдері бірдей, көйлектері бірдей, шаш бірдей, айта­тын, әсіресе, басшы­лардың  сөздері бірдей, сөйлейтін тостары бірдей, мінетін машиналары бірдей, ішетін арақтары бірдей, бәрі бірдей…. Сондықтан ба, қазір жазушылардың жасайтын портреттері кейіпкердің ішіне түсіп кеткен. Психологиялық кейіпкер, психологиялық портретке қамшы басатыны содан…., – деп Қадағаң өз ойын оңқай асықтай шиырып тастап, дем басты.

Осы сәтте ойшыл,білімпаз, қырғи тілді Қадағаңның  мінезінің тағы бір қыры қылаң еткендей еді. Бұл – елді елітетін, тамсандырып табынтатын, ойы пілдей, сөзі мірдей Қадағаңның қайымы бөлек көркем  мінезі еді.

19.

Адам туралы айтқанда  мінезі қоса айтылады. Адам сонысымен ерекшеленеді  ғой. Атақты грек философы, бөшкеде өмір сүрген делінетін Диоген (Синопский) Афина көше­сінде ағылған халық ішінде, тапа-тал түсте, қолына шам алып «Адам іздеп жүрмін!» деп айқай салып жүреді екен. Ғажап мінез демей гөр.

Кейде біздің де әрқайсымыздың осылай айқайлағымыз келетіні рас. Бірақ, айқайла­маймыз, өйткені, бізде мінез жоқ.

Мінез жоқ жерде нағыз адам да болмайды.

20.

Бір ауыз сөзден-ақ мінезі көрінетін жандар болады.

Айдыны айқын, айтары арынды, ақбұлақ ақын Жарасқан  Әбдірашев өзінің мерейтойлық елу жылдығында:

— Мен ешкімді нөмірлегем жоқ, әркім қалаған столға жайғасып отыра беріңдер. Кей бан­кеттерде қонақтарды нөмірлеп, тиісті стол­дарға бекітіп қоятын дәстүр бар. Нөмір біреуді төрге, біреуді босағаға байлап қояды. Ондайдың не қажеті бар? Барлығы да адам ретінде тең праволы деп есептеймін, – дегені  бар.

Бұл да Жарасқанға жарсатын мінез еді.

21.

Ұлтжанды кім?

Кең ұғым. Кез-келгеннің басында бола бермейтін ұғым. Бірақ, ондай жандар осындай өтпелі кезеңде ерекше көрінеді. Айталық, Алдан ақсақал. Академик Алдан Әйімбетов. Бұл кісі от ауызды, орақ тілдінің нағыз өзі. «Ка­захская правда» – оның өткір семсері. Бұғып жатқан, көзқарасын ашық айтуға дауа­ламайтын, қорқақ әрі жалтақ, шенеуніктердің көзіне түсуді көк­сеген қазақ интеллигенттері бұл кісінің басқан ізіне тұрмайды. Бас июіміз керек. Құрмет­теуіміз керек бұл кісіні.

Орыс тілінде орыс тілді бейпіл ауыздарға қақпақ қоя білу – ерлік. Олардың өктем үніне өрлікпен қарсы шығу — батылдық, қайсарлық.

Тілдік, стильдік жағынан олардан асырып айтады — мықтылық.

Олардың аузын аштырмайды – шешендік.

Оған қуат беріп тұрған  халқының намысы, халқының рухы болар, тегі…

Бастысы — барша қазақты тәнті еткен  мық шегедей. Мені, қайсар мінезі.

22.

Мінез жайында ақсақал жазушылары­мыздың айтқандары бар ма екен деп ойладым. Кітаптарын парақтай бастадым. Көп болмаса да бар екен. Алыптарымыздың бірі Ғабиден Мұстафин ақсақал былай деп  тебірене жазыпты: «Сәкенді мен өзім алғаш рет жиырма бірінші жылдың жазында көрдім. Отызыншы жылға дейін жиналыстарда, дастархан үстінде, өз үйінде кездесіп, сөйлесіп жүрдік. Бірде пікір таласып алғаным да бар, әрине, пікір теңдестігі емес, жастық албырттығы болар.

Сол Сәкенді көрмегелі, міне, қырық бес жыл өтіпті. Менің көңілімдегі оның жарқын бей­несін әлі титтей кір шалған жоқ, есіме түскен сайын орта бойлы,толқынды қара шашты, өткір, ойлы қара көзді, сымбатты, көрік­ті, түсі ақ пен қараның аралығындағы қо­ңырқай кісі көз алдыма келеді. Қадала қара­ғанда сыртың түгілі, ішіңді де көріп тұр­ғандай. Ал, оған қадалған көздер, әсіресе, әйел көздері оңай айырыла алмайтын. Сырты өте сұлу, кербез,  тәкаппар, іші  өте қара­пайым, кіші­пейіл еді. Айлалы, майда сөзді, жұмсақ мінезді емес-ті.Үні, мінезі, сөзі ірілеу болатын, айта­рын турасынан келте айтатын, сенсе қалт­қысыз сенетін, сенгіштік мінезі басым еді».

Осы  бір жолдардан сұлулықтың үлгісін­дей Сәкен серінің  бар болмысы көз алдымызға  жаңа салынған мінез портреттей боп келе қалмай ма?!

23.

Әріптес, қаламдасымыз Қайсар Әлім жыл­дар бойы хат жазысып келе жатқан Әзағаңның (Нұршайықов) өзін тәнті еткен талмас тынымсыздығы, қаламгерлік ерекше қасиеті, ғажайып мойымас мінезі жайлы тебірене толғапты: «Таяуда Әзағадан хат алдым. Үш кітаптан тұратын «Менің замандастарым» атты ғұмырбаяндық роман жазып жатқанымды жазған едім ғой. Оның екінші кітабын ауру­ханада бітірдім. Соңғы парақтарын қасымда палатада жатқан Халима апаңа ауызша дик­товайт еттім. Он бес күннің ішінде он рет өліп-тірілгендей болдым.Әйтеуір дәрігерлер аман- есен алып қалды. Ар жағын бір тағдырдың өзі біледі», – депті. Не деген  төзім, не деген табандылық десейші!

Қаламгердің қайсарлығы мен жанкеш­тілігін қалыпты істей ғып тұрған мұндай мінездің Әзағаңа тәндігі бізді сүйіндірсе, оқыр­манын таңдандыруы тіптен орынды.

24.

Торғайдың да өз тілі бар, ол бұлбұлша сайрай алмайды, қарғаша да қарқылдай алмақ емес…

Ал олар өз үні, өз тілдерін ұмытса – торғай бұлбұлша сайраса, бұлбұл торғайша шықы­лықтаса… солай бәрі өз үнін ұмытып, басқаша сайрай бастаса не болар еді?

Табиғат мұндай сұмдықтан тітіреп кетер еді. Қорқынышты, үрейлі дүние орнар еді. Адамның санасына сыймайтын, көңіліне қонбайтын құбылыс бұл. Бетін аулақ делік… Ал біздің шалақазақтарымыз осындай сұм­дықтарға әуейілігін  сезбейтін сияқты. Өйткені ол үшін ұлт, ұлттық деген ұғым жоқ. Анасы­ның тілінен  айну — адами қасиетінен айрылу мінезсіз мәңгүртке айналу екенін білмей ме?

Адалдыққа жүгінсек, мінез —  адамдықтың белгісі дегенге илануымыз керек-ау…

25.

Жұрт мені қатал дейді,

найзағайдай МІНЕЗІ шатырлаған,

біреулер айтады ақыл маған:

өркөкірек, тәкәппар, менменсіген…

ұнатпайды дәп мұндай ақынды адам,

одан сайын мен шіркін қатуланам, –

деп жырлаған Фариза апамыздың сұсты жүзі кім-кімді де жасқантып, састырары сөзсіз болатын. Бірақ, өзімде сақтаулы «Шілде» жинағы  ақынның: «Жақсы көретін, рухтас, ниеттес, қаламдас інім Жақауға әдебиеттің де, адамгершіліктің де биіктерінен көріне беруін қалайтын Фариза апайыңан» (март, 1978, Алматы) деген қолтаңбасын оқыған сайын ақын­дық мінезден апалық мінездің мол шуағын — өзгеше дара сыйын сезінгендей боламын.

Апалық мінездің құдыреті-ай…

26.

Оның досы Оралхан еді. Достықтың қалай басталғанын Қуағаң  (Құрманғали) былай еске түсіреді: «Бір күні Бас редакторымыз  Шерхан көкеміз шақыртты. Барсақ, бір бейтаныс бозбала отыр. Қалың қара шашы желкесіне түскен, атжақты, көзі қысықтау, ұзын бойлы, қараторы жігіт. Шерағаң жиналған жұртқа қарап:

— Мына жігіт Оралхан..Бөкеев. Жазған- сызғандарымен таныссыңдар, енді өзін көріп отырсыңдар. Танысып, білісе беріңдер.

Сыртқа шықтық. Жапатармағай қол алысып, амандасып жатырмыз. Жымия күліп ол тұр. Бұл  — 1967 жылдың қоңыр күзі болатын.

Нақ Оралхан ортамызға қосылған күні ақын Төлеген Айбергеновтің жылы болды, түс ауа тайлы таяғымыз қалмай сол үйге тарт­тық. Ақынның келіншегі Үрниса бізде істейтін әрі Төлегеннің тамаша өлеңдері «Лениншіл жаста» жиі жарияланып тұратын. Кешке қарай тарай бастадық. Сыртқа шықсам, Оралхан оңашалау тұр екен. Қасына барып:

— Оралхан, қайда түсіп едің? –  деп едім,

— Әлі ешқайда ат басын тірегенім жоқ. Қайда барарым белгісіз. Шамаданымды вок­залдағы жүк қоймасында қалдырып кеткенмін,  – деп сәл күлімсірей тіл қатты.

— Онда не тұрыс. Біздің үйге барайық. Екі бөлмелі үйім, келіншегім мен бір қызым бар, –деп жүріп кеттік. Содан пәтер тауып алған­ша біздің үйде тұрды. Өзіміз де, сөзіміз де жарасып кеттік…

Оралханның ең құпия сырларын білетінін, тонның ішкі бауындай боп кеткенін, мұңын бірге бөлісіп, қуанышын бірге көріскенін, жай дос емес, сыры бір жан дос болғанын еске алады.

Міне, сол Қуағаң достары жайлы жан сырын айтудан да, жазудан да тынған емес. Сөзі де сарқылған емес, қаламы да талған емес. Ақжарыла айтарынан да айныған емес. Айнытпайтын —  адалдығы, адамдығы. Дос­тары жайлы үзбей жазады, қайта-қайта қағазға түсіреді. Оның досқа деген адалдығына таң-қаласың. Енді ше, Оралханнан бөлек Кәрібай, Ақселеу, Бексұлтан, Серік, Кәдірбек жайлы жазғандары қат-қат, тынбай-тыншымай жаза біріпті. Ақпейіл  адал сөзі алдынан жарыл­қап­ты. Достықтың қасиетін қастерлеудің  өмірлік кредосына айналғанын өзі  де аңдамай қалыпты.

Шын достықтың – жүректердің достығы екенін енді біліпті.

Мұндай достық өздігінен пайда болмайды.

Дос болу үшін де Мінез керек.

27.

Аңқылдап ақжарылып сөйлейтін, саң­қыл­дап шындығын айтатын жан еді. Әшекеңді,  сұң­қардай саңқылдаған Сығай­ды айтам.  Өмірі­не тірек болған да осы қасиет-ау деймін. Оны­сын сөзімен емес, ісімен безбендеп  өтті. Талай рет.

Онысына біреулердің түсінбей қалғаны, тіпті, таңданғандары да жетерлік. Ол жайында сыр сабақтап сұрағандарға ашығын айтып та жүрді. Министр боп репетицияны тренировка деп ұғатын жанның келуі өнерді сүйген, өмірім — өнер деп күйген жанның жүрегін осып түс­кен­дей болды. Бір күнде, бір сағатта  бірінші орын­басарлықты тастап жүре берді. Екінің бірінің ойына да келмейтін, екінің бірінің қолы­нан да келмейтін, азат жүректі Әшекеңнің аңыз боп кеткен азаматтық өрлігі ерен қадам боп көрінді, елге жайылды.

Біз, «Ана тілі» баспасы, Әшкеңнің тамаша екі кітабын шығардық. Бірі — «Таңғажайып театр», екіншісі —  атақты «Жансарай». Кітап­тарды дайындау, шығару барысында осы жайын­да өз құлағыммен естиін деп сұраймын ғой. «Қызметті өз еркіммен өткізіп кеткен адаммын. Кеткен себебім, сұхбаттарымда айтып та жүрмін,  тағы қайталайын, кездейсоқ, кәсіби маман емес,  өнерді танып-түсінбейтін, өнерге жат адамдардың өнерге араласуы мені қор­қытты, үркітті. Тіпті бар ғой, халқымызға адал қызмет еткен ғажап ағаларымыз болған мәде­ниетте. Солар салған сара жолмен, таза мәдени  зипалықпен  кеткеніме  разы боп отырам», – деп айтылып жүрген аңыздың ау-жайын   қысқа қайырып еді.

Өнерде Әшекеңнің өзі де шың, сөзі де шын еді. Ақжүрек ақын Ғалым Жайлыбай арнау жырында «Таңғы шықтай шырайлы, шынайы адам», – депті.

Бұған біздің қосарымыз:

Мірдің оғындай мінез иесі еді.

28.

Жазуына жан жайлауын жайып жыр­лайтын жанмен – Мағира Қожахметовамен– жылышырай жүздесіңіз.

Жүнжімейді, жалтағы жоқ. Жұрттан жырақ жүретін жолынан жаңылмайды.

Жүдә, жәндіктер мен жануарлар, жание­лері жамағатында жаттанды, жылтырақ, жар­тыкеш, жаутаң жаратылыстың жегі жүйесінен жалы­ғып, жорамал жүзігін жұлдызбен жүз­десті­ріп, жандауа жырын жүрегімен жазып, жаратқан­ның жыпырлаған жебесіне жүрегін  жайған жалқы-жегене, жықпылы жым жұмбақ жаһан­ға жүгінген жападан-жалғыз, жазу жамалы — жинағы да  «Жападан-жалғыз».

Жаһанның жасқануды білмейтін, жұмбақ мінезді, жанкешті жалғыз жолаушысындай.

Жолың болсын!

29.

Ол кісінің аты аталғанда елең етпейтін пенде кемде-кем. Шуақты жүзіне қарап  кесіп түсер қатал шешімге бара қояр жан-ау деп ойламайсың. Бірақ өмір деген адамды шыңдай да алады, сынай да біледі. Енді қараңыз. Кеңестік шеңберден бірден суырылып шығып кету қандай жүректің, қандай қазақтың маңдайына жазылған қаһармандық екенін кім болжаған. Әліптің артын бақпай-ақ, коммунис­тердің органы — облыстық газеттің редакторы өз шешіміне өзі жауап беруге серт етіп, бір-ақ түнде  өз шешімін газеттің ұраны етіп бұрқ еткізуі ненің құдыреті? Бүкіл  бір ұрпаққа ұмы­тылмас үлгі боларлық мына ісіне қара­ңыз: Нұрмахан Оразбек бүкіл Кеңес одағын­дағы партиялық басылымдар ішінде газетін «Барлық елдің пролетарлары бірігің­дер!» деген ұранды сыпырып тастап, қазақтың: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген  мәтеліне бірінші боп ауыс­тырған (1991ж.  1 қаңтарынан бастап «Орталық Қазақстан» газетін осылай жарыққа шығарған). Бас редактор! 1991жылғы тамыз бүлігін: «Иә, бұл – төңкеріс!» – деп баға­лап, жауапкер­шілікті өз мойнына ала оты­рып, газетте ашық жариялаған бірінші және бірден-бір Бас редактор. Міне, бұл бодан­дық бодауын бұза­жарған  батылдық та батыр­лық еді. Ұрдажық үрейді сырып тастап, жаңа уақыт­тың дабылын қаққан сананың  сайып­қыран сілкінісі еді. Шындықтың  дүр сілкінісі еді.

Шындықтың шырайы айтса шығады, жазса жасайды. Бұл біз блетін, жас ұрпақ білуге тиіс шындық. Тәлімі мол шындық. Жур­налистика оқулығына енетін шындық. Уақыт өтіп жатыр.  Біреу біледі, біреу білмейді. Нұрекең сонысын айтып кеуде кергенін көргеніміз жоқ. Өз позициясына бағынышты, өз идеалына сенімді болатын.

Керек жерде қарапайым,керек жерінде қатал, керек жерінде қайсар-ды..

Құдай берген мінездің құлы еді.

30.

Орысбай Әбділдаұлы отауызды ақындар­дың ауылынан, Сұлу мүсін,  сом тұлға. Алыстан айбарлы көрінгенмен жақыннан құшағы ашықақжарқын жан. Шынжыр үзер шымыр­лығы сөзге қаратпай қойсын ба, жас кезінен білетіндер оған таңданып, тамсанып қарайды екен. «Орысбайды көргенде көне грек қаһар­маны Геркулес осындай-ақ болған шығар деп ойлайтынбыз», –  дейді қаламдас інісі Жұмабай Шаштайұлы. Расында да Орысбайдың  тұлға­сынан батырлық та, батылдық та есіп тұр­ғандай көрінеді. Онысын сәлемдескен қолынан да байқап үлгіресің. Табиғатына тартып туған тау баласы. Қалжыңын алға тарта сөйлейтін Орекеңнің  қабылдауында дүние домбыраның күмбірінен, ән бұлағының сыңғырынан,тау самалының саумалынан тұрады. Адамдардың бәрі тек жақсылық ойлау­мен өмір сүреді, тілек- тірліктері тек тазалықтан тұрады деп ойлайды. Сол сеніммен өмір сүрді. Орекең универ­ситеттің журна­листикасын бітіріп,  аудандық газетке келгесін кадрдың тапшы кезі, бірден бөлім меңгерушісі қызметін ұсынады.Үш күндей ойланып-толғанып барып, теориялық білімім болмаса, жазу тәжірибем аз деп күтпеген қызық мінез  танытып, бас тартқанын  қатарластары  жыр ғып айтады.

Ол аз болса, атақты ақын Мұхтар Шаха­новтың жазғаны тағы бар: «Махабатты қорғау» кітабымның көздің жауын алатындай әдемі шығуына Орекеңнің көп еңбегі сіңді. «Жалын» баспасындағы мол тәжірибелі редактордың қолына тиген бұл дүнием «Біздің лауреаттар» сериясын толықтырды. Кезінде «Лениншіл жаста» жарыса қалам сілтеген едік.Төлеген Айбергеновтің,Тұманбай Молдағалиевтің, Қасым Аманжоловтің,  Мұқағали Мақатаев­тың өлеңдерін жатқа соғатын ақынжанды азаматты әрдайым есімде ұстап, кейін: «Орысбай бауырым, «Жалын»  журналына жауапты хатшы бол», – деп жұмысқа шақырдым. Бірақ ол: «Рақмет, Мұха, ойыңызда жүргенімізге ризамын, мен алайда, Жетісуды «Жалынға» айырбастамаймын», – деді. Басқа біреулер болса, лып ете қалар еді. Ол былқ еткен жоқ. Өз ісіне, туын тігіп отырған жеріне адалдық­тың нышаны-ау деп ойладым іштей.

Әрі мұның өзі қайталанбайтын  мінез екеніне көзім жетіп, көпке дейін көңілімнен кетпей қойды. Оның осы мінезін көпке жайып айтып жүрдім».

Ақынға алып-қосарымыз жоқ.

Бұл — табиғи мінездің табиғи шындығы ғой.

31.

Бұл бір естен кетпес оқиға ретінде Жанат Елшібектің жадына жазылып қалыпты. Алып- қосары жоқ ақиқат ерлік екен.

Бірде дүбірлі мереке — Қазақстан  Ленин комсомолының  елу жылдығына жоспар жасалынып, түрлі-түсті мерекелік үлкен үлгі­дегі сегіз беттік арнайы  нөмір даяр­ланады. Ол кезде офсетті басылыммен мұндай нөмір шығару сирек құбылыс. Екі ай алашапқын жұмыс жүргізіледі. Бояуы құлпырған нөмір Абай атындағы опера және балет театрында өтетін салтанатты жиналысқа қатысушыларға таратылады. Соңғы нөмірге қол қою сәті де келеді. Барлық тиражды басу ғана қалады. Неше тәулік шала ұйқымен жүрген жігіттердің жүрегі лүп-лүп. Кенет көзі атыздай боп жүгіріп келе жатқан цех бастығының даусы естіледі. «Ойбай, орден аударылып кетіпті!». Жаппай шпигелге үңіледі.

Қазақстан комсомолын наградтау туралы Жарлықтың шекесіне Ленин орденінің түй­медей ғана түрлі түсті штрихпен салынған  су­реті қойылған еді. Күн көсемнің  сол қалпы, тек солға емес, оңға қарап тұр. Ал әдеттегі Ле­нин сөзі Нинел  боп шығыпты. Ал керек болса!

Осы сәттегі Бас редактордың – Сейдахмет Бердіқұловтың батыл үні  цех ішіндегі өлі тыныштықты саңқылдай серпіп жібереді. «..Оригиналы  дұрыс болатын штрихтың. Өзім көргем, – дейді күрсіне түсіп. –Бұл баспаха­наның, цинкографияның үлкен қатесі. Мұндай тамаша нөмірді болмашы нәрсеге бола кешік­тірудің қажеті шамалы.. Тиражды тоқтатпаң­дар, дереу басыңдар! Таңертеңгі салтанатты мәжіліске кешіктірілмей жеткізілгені дұрыс.. Әзірге барлық кінәні де, жауапкершілікті де өз мойныма аламын. Кәне үрейленбеңдер, Ең бастысы, Ленинің түрі өзгеріп кеткен жоқ қой. Жазуындағы  қате үшін берілер сөгісті де, жазаны да мойныммен көтеріп бақтым!».

Бас редактордың бұл ұйғарымы нағыз ерлік еді. Жігіттердің иығынан зіл батпан жүк сыпырылып түскендей болады. Редактордың батыл байламы бәрін жігерлендіріп жібереді. Жарқыратып алаулатып шығарылған мерекелік нөмір жұрт көңілінен шығады. Кішкентай кілтипанды біреу байқады, біреу байқамады. Өмір болғасын біреулер оны көзге де ілмеді, ал біреулер жерден жеті қоян тапқан­дай мәз болды. Ал  мысықтілеу біреулер редакторды мұқатқысы келіп «Нинел деген жаңа орден бе?» – дейді. Мінезді редактордың оған мыңқ етпей: «Сендер өздерің Лениннің жүзден астам бүркеншік аттарының бірінің Нинел екенін  білмеуші ме едіңдер?» – деп қайырып тастағаны тағы бар.

Иә, бұл  дегдар мінез еді. Қалай десек те  қайсар, қайталанбас ерлік еді. Мұндай батыл­дық,  мұндай жүрекжұтқандық қылышынан қаны тамып тұрған  қатал заманда кез-келген жанның  қолынан келмес еді.

Бұл  ұясын  қанатының астына алған қыран­дай, қара бастың қамын күйттемей, коллективін қорғаған қыран мінез еді.

32.

Мінезді әлемге – мінезді адамдар керек.

Мінезді адамдар – біздің құндылық­тарымыз.

      http://almaty-akshamy.kz/2017/04/27/

толығырақ

Қазақстандық офицер Батыс Сахарадағы БҰҰ миссиясының штабында жоғары лауазымға тағайындалды

    Батыс Сахарада (MINURSO) референдум өткізу кезінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына қатысушы Қазақстан Қарулы күштерінің офицері подполковник Данияр Исмаилов күштер қолбасшысының өкімімен штабтың оқу бөлімі бастығы лауазымына тағайындалды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

     Жаңа лауазымда Данияр Исмаилов оқыту стандарттарына, олардың тапсырмаларды тиімді орындауы үшін барлық әскери қадағалаушылардың дайындығы мен әзірлігіне жауап береді. Оның міндеттеріне штабтағы барлық әскери оқу іс-шараларын үйлестіру, мамандарды дайындауды ұйымдастыру, негізгі, сондай-ақ, қажетті кешенді жаттығулардың басымдықтарын бағалау және анықтау кіреді. Одан басқа, қазақстандық офицер БҰҰ-ның миссиясына қатысу үшін келген әскери және азаматтық персоналдан ағылшын тілінен емтихан қабылдайды және жетекшілік етеді. Өткізілетін оқу іс-шаралардың мониторингісі мен бағалауды жүргізеді.  

    Подполковник Данияр Исмаилов БҰҰ-ның миссиясында 2016 жылдың 11 қарашасынан бастап жүр. Бұдан бұрын ол жаңадан келген әскери қадағалаушыларды оқыту және дайындаумен, тренингтерді ұйымдастырумен айналысқан. Жаңа лауазымға  миссияда өзінің қызметтік міндеттерін үлгілі және кәсіби тұрғыда орындағаны, Ирактағы бітімгершілік миссияға қатысудағы тәжірибесі мен кәсібилігі үшін тағайындалды.   

     Қазіргі уақытта Батыс Сахарадағы  (MINURSO)  БҰҰ-ның миссиясында әскери қадағалаушылар ретінде Қазақстан Қарулы күштерінің төрт офицері қатысып жатқанын айта кеткен жөн. Миссия қолбасшылығының айтуы бойынша олардың барлығы, сондай-ақ, БҰҰ-ның миссиясына қатысуды аяқтағандар өздерін өз істерінің шеберлері мен үлгілі әскери қызметшілер ретінде көрсетті.

  http://www.inform.kz/kz/kazakstandyk-oficer-batys-saharadagy-buu-missiyasynyn-shtabynda-zhogary-lauazymga-tagayyndaldy_a3014600

толығырақ

       ...Жұмыс-жұмыс деп жүріп жақындарын ұмытып кететін, мансап қуып отбасын ойламайтын, с йтіп армандарын жүзеге асы- ра алмағандар қашанда жеткілікті. Мұндай жағдайда сүйікті ісін тастамаған, бірақ шаңырақтың да береке-бірлігін алға қойып, отағасының алдынан да қия кесіп өтпеген Гүлшаштың тірлігі – бүгінгі қазақ қыз-келіншектеріне үлгі-өнеге болуға сұранып-ақ тұр. 

      Ең алғаш қазақтың осынау көркем қы зын көргенде «Гүлшаш десе, Гүлшаш екен» дегенбіз. Жақсы атына сырттай ғана қанық жанмен жақынырақ танысу барысында кез келген мамандық адамдыққа негіз де летініне тағы да көзіміз жетті. «Адалдығы жоқ кəсіп мұралы болмайды» дейтін оның ойлы сөзі көптеген замандастарымыз үшін көкейкесті.

    – Мен кəсіпқой музыка маманымын, бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаймын. Үлкен сахнада билеген кездерім болды. Жəне құдайдың берген əншілік қабілетіне де ие едім. Бірақ тұрмысқа шыққан соң осы өнерімнің бірін де жалғастыра алмадым. Дүниеге сəби əкелдім. Шын өнердің шыңына жету үшін жеке өмірді құрбандыққа шалу керек. Ал мен бірінші орынға отбасымды қойдым. Əйел болған соң бала тəрбиелеуің керек, күйеудің жағдайын жасау қажет.

    Бұл бизнесті бастауыма не түрткі болды? Студент кезімізде музыка пəнінің мұғалімдігіне дəріс алып жүргенде, гримдеу-əрлеу сабақтарын өтетінбіз. Осы сабақты ұнатушы едім. Сахналық образдар, күнделікті қалай бояну керек, кешкі сəн-салтанатқа арналған боянулар қандай болады, осыған машықтанып жүрдік.

      Ал 1997 жылы жеке кəсібімді бастағанда, экономикалық қиындықтардан кейінгі халықтың тұрмысы мəз емес еді. Жұрт өз өзін күтіп, боянып-сыланбақ түгілі, күнделікті жейтін тамақ, жолкіре табудың өзі де мəселе болды. Соған қарамастан, Қытайға барып, косметология мамандығы бойынша білімімді байыттым. Нəсіп болар кəсіптің қыр-сырын тереңірек үйренуге бел байладым.

     Əрине, бизнесім бірден дөңгелеп кеткен жоқ. Басында айына 6 мың теңгеге жалданып істеп жүрдім. Азсынған жоқпын. Басында кішігірім салонды жалға алып, қызмет көрсетіп жүрдік, – дейді Гүлшаш Əубəкірқызы.

     – Кешегі жəне бүгінгі косметологияның арасы жер мен көктей болар?

     – Кез келген мамандықты адалдықпен атқарсаң, алысқа барасың. Аталмыш салаға келгендердің көпшілігі алдымен ақшаны ойлайды. Бір ғана мысал, қазір қыз-келіншектердің көпшілігі кірпік жалғатуға əуес. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптатып, жасанды кірпік жабыстырып алған. Бірінен-бірі айнымайтын татуаждар. Тіпті, ерсі көрінетін қастар бар. Қарасаңыз, жап-жас қыздар үш күндік курстарға барып, шала-шарпы үйреніп алып, кірпік жабыстырып, татуаж жасап, тырнақ бояп, амалдап ақша тапқысы келеді.

     Əрине, бір кəсіпті үйренуге деген талпыныс жақсы. Бірақ, сол желіммен жалғанған кірпіктерден кейін адамның өз кірпіктері саудырап түсіп қалады. Өйткені, желімнің химиялық құрамы өте күшті, көзге тигізетін зияны да көп. Косметологиялық желім деген болмайды. Мен кірпік жалғатуға келгендерге мəселенің мəнісін түсіндіріп, кеңес беремін. Əрине, бір аптаға дейін əдемісі əдемі, ал одан кейінгі зияны қанша ма?! Қазір косметология дамыған. Жасандылыққа ұрынбай-ақ, кірпікті тітіркендіру əдісі арқылы дəрумендермен қоректендіріп, өсіруге болады.

    Осы салада жүріп, маман ретінде мен де біраз ой түйдім. Тағы да айтамын. Мысалы, неше түрлі қымбат косметика, атағы жер жарған бренд тауарлар бар. Біз сол кремдердің көпшілігінің атын жағамыз, атына ақша жұмсаймыз.

    Қазір қыз-келіншектер сұлу көріну үшін пышаққа түсіп, ботокс сияқты əдістермен бетінің жанын кетіріп, қабағын кескізіп, бəріне барады. Тіпті, сапасыз пластикалық операциялардан өліп кетіп жатқандар да бар. Міне, осының бəрі ақша табудың кесірінен болып жатыр. Қаншама əйел өзінің табиғи бет-бейнесінен, айнаға қарауға жүрегі дауаламайтын жағдайлар орын алуда. Адамның денсаулығы мен келбетіне қатысты кəсіппен айналысатындар бірінші кезекке адалдықты, сапаны қою керек. Қауіпсіз болуына жауапты болуы тиіс. Қазір елдің көбі косметология саласын жылдам байитын бизнес деп ойлайды. Мүлде олай емес. Егер ар мен жауапкершілікті ойламасаң, алысқа бара алмайсың.

     Өзім де əйел болған соң, əуестеніп 600-700 доллар тұратын бетмай жағып көргенмін. Солардың көпшілігі табиғи өнімдерге жете бермейді. Тіпті, кейбірі Қазақстанда шығарылған өнімдерге татымайды. Қазір өзін күтемін деген қыз-келіншектерге ақшаның жоқтығын алға тартып қайғырудың қажеті шамалы. Үйде отырып-ақ, табиғи өнімдерден беттің құрғақ-майлылығына қарай маскалар жасап, теріні нəрлендіріп, серпінділігін сақтау ға болады. Қазір жұрттың көзі ашық, оның қалай дайындау əдістері мен құрамын интернет арқылы оп-оңай тауып алады.               Қазір қолымда қаншама косметика тұрса да кəдімгі балғын үй қаймағына, дəрумендер мен жеміс-жидектерден тұратын қолдан жасалған косметикаға жүгіну дұрыс екеніне көзім əбден жетті.

     Сұлу болып көрінгісі келген адам бірінші кезекте жүрегін таза ұстасын. Адамның ішінен шығатын əдемі ниетке ештеңе жетпейді. Содан кейін жүйке тыныш, ұйқы қанық болуы керек. Егер түнімен қыдырып, ішімдікке əуестеніп, ойын-сауықтан қолың босамайтын болса, келесі күні саған мың жерден жағылған косметика да көмек теспейді, дейді Гүлшаш.

     – Дегенмен, қандай косметологиялық жаңалықтармен қуанта аласыз?

     – Қазіргі адамдардың басын қатырған мəселе – арықтау. Өз-өзіңді тамақтан шектемей зиянсыз арықтау болғандықтан, шет елдерге барып, осының ең тиімді əдістерін оқып, машықтанып, тəжірибе жүзін де қолдануға көштік. Қандай арықтау əдісі болса да, сен аузыңды тыйма деп ешкім айтпайды. Етіңнен ет кесіп алып тастаса да, тамағыңды тыймасаң үрленген шар сияқты кете бересің. Ал біздің жаңа арықтау əдісімізде ет, бауырсақ жеуге де болады. Ең бастысы, суық нəрсе жеуге тыйым сала отырып, ағзадағы нүктелерге 10-15 минут уқалаумен əсер етіп, нақты нəтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Бұл əдіспен 15 күн де 5 кило салмақ тастауға болады.

     Ал енді бетке əжім түсірмеу де қыз-келіншектер үшін мəңгілік мəселе болып қала береді. Біз қазір қабақты көтеру, сал быр аған ұртты кетіру, көз айналасындағы əжімдерді нүктелерге əсер ете отырып, жазу əдісін қолданып жүрміз. Көбіне емдік шөптер, балдың түрлерін пайдаланамыз. Айналып келгенде, табиғаттың бер ген көркем мінезі мен табиғи өнімдерге ештеңе балама бола алмайды, дейді біздің Гүлшаш.

     Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

толығырақ

     Кәсіпқой боксқа осыдан он жыл бұрын ауысқан Жанат Жақиянов (27-1, 18 КО) өзінің жекпе-жектерін Қазақстаннан бөлек Ресей, Өзбекстан, Тайланд, Швейцария, Ұлыбритания, Беларусь, Қытай, Австралия, Болгария, Монако сынды ұзын саны 11-ге жететін елде өткізіпті.
     Содан да болар, Boxingnewsandviews.com сайты «Шетелдегі айқастарды Жақияновтан артық білетін адам жоқ», деп санайды. Аталған портал тіпті, оған «Жолдағы жауынгер» деп ат қойып, айдар таққан.
    Соңғы жекпе-жегін АҚШ-та өткізіп, өзінің басты арманы – WBA тұжырымы бойынша әлемнің суперчемпионы атағына қол жеткізген былғары қолғап шеберімен арада болған сұхбаттағы әңгіме былайша өрілген еді...
     – Сіз боксқа 16 жасыңызда келіпсіз. Бәрін кеш бастағанның күннің өзінде осындай жетіс­тікке жетуіңіздің сыры неде?
     – Өзім Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты ауылда дүниеге кел­генмін. Мектепте оқып жүріп күрес­ке қатыстым. Ал 1998 жылы Петропавлға көшіп, үйірменің алыс болуына байланысты спорттан қол үзіп қалдым. Тек 1999 жылдың соңына қарай сыныптас­тарыммен бірге бокс үйірмесіне бара бастадым. Менің бұл әреке­тіме уақытша қызығушылық деп қа­рағандар болды. Әуесқой бокс­та көп жүрген жоқпын. Ал кәсіп­қой бокста белгілі белесті бағын­дырсам, ол еңбектің арқасы. Ең бастысы, мақсатқа жету жолында қорқынышты жеңе білу керек.
      – Менің білуімше, әйгілі Хат­тонның ең табысты шәкіртісіз ғой? Ал онымен тіл табысу қан­ша­лықты оңай?
     – Әзірге шәкірттерінің арасынан бірінші болып әлем чемпионы атандым. Оның қарамағында дарынды жастар өте көп. Сондықтан, әлі талай жеңімпаз шығатынына сенімдімін. Оның үстіне Рикки өте білікті маман. Кәсіпқой бокстың жілік майын шаққан ғой. Кезінде шаршы алаңда Мэнни Пакьяомен кездесті. Костя Цзюді ұтты. Міне, бірге жұмыс істеп жатқанымызға төрт жыл болды. Бір-бірімізді тез ұғынысамыз. Промоутер ретінде де оның мықтылығын мойындаймын. Әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекті кез келген менеджер ұйымдастыра алмайды.
      – Қазір сіздің әлем чемпионы деген дардай атағыңыз бар. Енді танымал боксшылармен кездесу мүмкіндігіңіз жоғарылаған шығар?
     – Кәсіпқой бокс дегеніміз – бизнес. Мұнда бәрін ақша шешеді. Кімнің ұсынысы көңілден шыға­ды, сонымен келіссөз жасалады. Сондықтан, бұл тарап­тардың келісіміне байланысты. Келесі қарсыласымның кім болатынын білмеймін. Онымен менеджерлер мен бапкерлер айналысады.
    – Уорренмен арада болған жекпе-жек үшін сіз 30 мың доллар алдыңыз, қарсыласыңызға жеңілісіне қарамастан сізден бес есе көп бұйырды...
     – Бұл айқаста біз үшін ақша емес, белбеу маңызды болды. Уорреннің командасы «30 мың доллар береміз, егер дайы­н болсаңдар, кездесу күнін белгілейміз» деп ұсыныс жасады. Біз бірден келістік. Кәсіпқой боксқа ауысатындардың көздей­тіні де негізінен ақша ғой. Сон­дық­­тан жақсы ұсыныстар болып жат­са, қарастыруға дайынбыз. Бі­рақ ол үшін ұсыныс алдымен бап­кер­лерімнің көңілінен шығуы тиіс.
     – Сіз секілді Еуропада немесе мұхит асып АҚШ-та бағын сы­нағысы келетін жастарымыз бар. Оларды командаңызға тар­тып, бірге жаттығу ойда жоқ па?
      – Хаттон өз командасына тәжірибелі, бірнеше кездесу өткізіп, өзін дәлелдеп үлгерген боксшыларды шақырады. Нақты­рағы, шетелдіктерге қойылатын талап осы. Ал ағылшын болса, оның топқа кіру мүмкіндігі жоғары. Ол тіл біледі, оны жер­­гілікті жанкүйерлер тез қабыл­дайды. Соның өзі жарнама.
        – Жалпы, шетелде қазақ­стандық боксшыларға деген көзқарас қандай?
       – Бұрындары «I am from Kazakhstan» десең, бастарын шұлғып қалатын «Ол қай жерде?» дегендей. Қазір бірден «Triple G! Good!», дейді. Генна­дий Голов­кинді бәрі таниды, құрмет­тейді. Қуанып қаласың, елімізде осындай брендтің барына.
      – Ал Головкиннің деңгейіне жету үшін сізге не істеу керек деп ойлайсыз?
      – Әркімнің өз жолы бар. Мен біреуге қарап, соған ұқсауға тырыспаймын. Осы дәрежеге жет­кеніме қуаныштымын. Дәл қазір маған бұйыртқан жолмен жүріп келе жатырмын.
     – Астанада жекпе-жек өткіз­гіңіз келетіндігін айтыпсыз. Бұл тура­лы ұсыныстар бар ма?
       – Ұсыныстар түскен жоқ, өзімнің қалауым ғой. ЕХРО қар­саңында отандастарым алдында кездесу өткізсем деген арман әзірге.
     – Сіздің спорттық карье­раңыздан бөлек СҚО-да жат­тықтырушы болып та қызмет етесіз. Теріскей өлкедегі бокс­тың да­муына қандай баға берер едіңіз?
    – 2006 жылы оқуды тәмам­даған соң бір жыл жұмыс істеп әскерге кеттім де, келген соң жат­тықтырушылық қызметімді жалғастырдым. 91 келіден жоға­ры салмақта бір шәкіртім ел біріншілігінде үшінші орын алды, тағы бір шәкіртім кадет­тер арасында жүл­дегерлер қата­рынан көрінді. Одан бөлек Азия чемпионатының финалисі Азат Елубаев деген дарынды жігіт бар. Жалпы алғанда, боксқа қызығушылық артқан.
      – Сізді сегіз литрге дейін су ішеді дейді. Неліктен? Жалпы, салмақты қалыпта ұстап тұру қаншалықты қиын?
     – Тым босаңсып кетпеуге тырысамын, қанша салмақ қуа алатынымды білемін. Дайындық кезінде суды көп ішетінім рас. Бұлшық ет созылмалы болады. Ағза құрғақшылықты сезінбес үшін де су қажет. Алдымен 2 литр­ден бастап дайындықтың орта тұсында 8 литрге дейін жет­кіземін. Ал таразыға тартылуға бір апта қалғанда күнара 2 литрге азайта бастайсың. Салмақ өлшейтін күні мүлде су ішпеймін, тек бәрі ойдағыдай өткен соң ғана сұйық­тықтың орнын толтырып, тамақтанып аламын.
      – Ендігі арманыңыз қандай?
     – Екі балам бар – бір ұл, бір қыз. Екеуі де әлі кішкентай. Солар­ға жақсы тәрбие берсек, аман-есен жетілдірсек деп армандай­мын. Елімізге сыйлы азамат болып өссе деймін. Тілейтінім осы.
      – Әңгімеңізге рахмет.
  Әңгімелескен Мәдина Асылбек, журналист АСТАНА 

         Толығырақ: https://egemen.kz/article/men-bireuge-uqsaugha-tyryspaymyn

толығырақ

      Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры, Қазақстандағы көгалдандыру ісінің көрнекті насихатшысы, «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаеваның есімі бүгінде елімізде ғана емес шет елдерде  қайраткер қазақ әйелдерінің бірі ретінде үлкен ілтипатпен аталып жүр. Мемлекеттік көмекке жүгінбей-ақ, өз күшімен жүздеген гектар алқапты жасыл желекті бау-бақшаға айналдырып, агротуризмнің әлеуетін жұртшылыққа мойындатып, бұл іске өзгелердің де мойнын бұрғызып, өз кәсіптерін ашуына түрткі болып жүрген Гөзел ханымды сұхбатқа тартқан едік.
    – Гөзел Әліпбекқызы, әңгімемізді кәсіпкерлікті қалай қолға алғаныңыздан бастасақ?

      – Мен еңбек жолымды мамандығым бойынша энергетика саласында бастадым. Онда бірнеше жыл жұмыс жасап барып, көңілім қалайтын өз бизнесіме ауыстым. Мейрамхана бизнесімен айналысып жүрген кезде ауланы көгалдандыру барысында гүл бизнесіне деген қызығушылығым оянды. Әрине бұл саладан мол табыс табуға мүмкіндік өте зор. Дегенмен көгалдандыру саласындағы өзге ұлыс өкілдерінің басымдығы мен өз қаракөздеріміздің аздығы менің үгіт-насихат жұмысын жүргізуге деген құлшынысымды арттырды.

      – «Гүлстан»  республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік  журналы осы  мақсатта дүниеге келді ме?

       – Дұрыс айтасыз. Жарық көргеніне былтыр 10 жылдан асқан бұл басылым бастапқыда қазақ және орыс тілдерінде шыққан  болатын. Ондағы ойымыз бұл салаға қоғам назарын аударту үшін жұртшылықты барынша көбірек қамту еді. Осы мақсатта бұл іске  өзге ұлыс өкілдерін де тартпақ болғанмын. Алайда бұл үміт ақталмады ... Сол себепті журналды кейін тек қазақ тілінде ғана  шығара бастадым. Бүгінде ондағы материалдарды балабақша мен мектеп мұғалімдері өз қызметінде қолданып, оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізу кезінде оқу-әдістемелік құралға айналдыра бастады. Бұл мені қуантады.

          – «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені осы бағытта жасалған ба?

      – Дұрыс айтасыз. Өзіңіз де көріп жүрген шығарсыз еліміз қызғалдақ пен алманың отаны болса да, әлі күнге дейін оны шет елден импорттап отыр. Тіпті Алтайдан Атырауға дейін созылған ұланғайыр қазақ даласында кездесетін  сан мыңдаған өсімдіктердің қазақ тіліндегі атауын күні бүгінге дейін бір жүйеге түсіре алмай келе жатырмыз. Қарапайым халықтың арасында басқасын былай қойғанда, «өзіңіз білетін гүлдердің атын атап беріңізші» деп сұрасаңыз қолындағы он саусағын да бүге алмайтындар жетіп артылады. Мемлекет тұрмақ өз үйінің ауласын көгалдандыруға селқостық танытатын адамдардың көптігі қоғамдағы үгіт-насихат жұмысының дұрыс жолға қойылмауынан деуге болады. Сондықтан тәрбие жұмысын әркім өз отбасынан, балабақшадан бастау керек деген ұстаныммен өз қаржыма осы оқу-әдістемелік кешенді жасап шықтым. Оның ішінде балаларға арналған 12 түрлі боямақ, 12 түрлі дидактикалық материал, 12 түрлі кітапша, 10 түрлі ертегі мен 4 түрлі мысал әңгіме, 3 түрлі жұмбақ кітапшалары мен 14 плакаттан тұратын топтама бар. Мұның бәрі баланың айналасындағы қоршаған ортаға деген танымын қалыптастырып, білімін жетілдіруге қызықтыруға бағытталған.

      – «Дәстүрлі ағаш егу мерекесін қолдайық!», «Әр ауланың гүлденгені мемлекеттің гүлденгені», «Жиырма жылдыққа жиырма мың ағаш!», «Қазақ хандығының 550 жылдығында әр ауылда 550 ағаш отырғызайық!» деген сияқты үндеу, мәлімдемелер қаншалықты нәтижелі болды?

     – Біздің Алматы қаласындағы «Гүлстан» гүл бағында, Алматы облысының Кербұлақ ауданы Басши ауылдық округіндегі «Батыр аналар саябағы», «Нұрғали Нүсіпжанов атындағы алма бағы», «Гүлзар» бағы мен өзге де терек, қарағай бақтары мен ауылдардағы ауласы көгалдандырылған мектеп, балабақшаларда ұйымдастырған экскурсия, семинар, тренинг, конференция түріндегі іс-шараларымызға қатысып, білімін жетілдірген білім беру мекемелерінің қызметкерлері бұл істі кейін өздері жұмыс жасайтын мекемелерде жалғастырып әкетті. Тіпті Қазақстан ғана емес көршілес Қырғыз Республикасының бірқатар жоғары оқу орындары мен өзге де білім беру мекемелерінің қызметкерлері бізге өзара серіктестік жағдайында жұмыс жасауға өтініш білдірді. Біз бауырлас елдің бұл ұсынысын қабыл алып, бүгінде олардың ғалымдары, оқытушылары, студенттері мен оқушылары бізде білімі мен тәжірибесін молықтырып, оны өз елдерінде жүзеге асыруды бастап кетті.

       – Сіз бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген сұхбаттарыңызда әрдайым  еліміздегі көгалдандыру саласындағы жұмыстарда білімнің жетіспейтінін, мемлекеттік көмектің тиімсіздігін  сынға алып жүрсіз. Бұл пікіріңізді осы арада тағы бір рет пысықтай түссеңіз?

      – Қазір ауылдық елдімекендерді айтпағанда ірі қалалардың өзінде де көгалдандыру жұмыстары кезінде бір жылдық гүлдер көп егіледі. Бұл саладағы шетелдің озық тәжірибелерін өзімізге енгізу өте баяу жүріп жатыр. «Жасыл белдеу» жобасында да бұл жағдай көрініс тауып отыр. Құзырлы мекемелер жүргізетін көгалдандыру жұмысына бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуы мені көп жағдайда қанағаттандырмайды. Оны барлық жерде айтып да, жазып та жүрмін. Әзірге айта қаларлықтай үлкен өзгерістер жоқ.

         Аграрлық білім беретін жоғары және арнайы оқу орындарында жыл сайын жүздеген, мыңдаған жастар диплом алып шығады. Алайда олардың көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмыс жасамайды. Мемлекет қомақты қаржы жұмсап адамдарды оқытып, өз ісін дамытам дегендерге түрлі жеңілдіктер мен субсидиялар беріп жатқанымен еліміздегі көгалдандыру мен агротуризм саласы әлі күнге дейін қарыштап дамып жатқан жоқ. Менің пайымдауымша, оған ең алдымен мамандықты дұрыс таңдамау, екіншіден мемлекеттік гранттардың нағыз мұқтаж адамға берілмеуі түрткі болып отыр. Егер мұнда талап күшейіп, түлектерге өз мамандығы бойынша жұмыс жасау міндеттелсе жағдай біршама түзелуі мүмкін.

      Жалпы шетелдік сарапшылардың айтуынша, мемлекет тарапынан жасалатын субсидия бизнесті дамытуға айтарлықтай ықпал ете алмайды. Қайта кейбір елдерде субсидия шекті мөлшерге дейін азайып немесе мүлде  жойылған кезде ғана ондағы бизнестің дамуы қарқын алғаны байқалған. Бәсекелестік жағдайында емес, мемлекеттік көмектің арқасында өз ісін жүргізіп отырғандардың көпшілігі масылдықтан арылған жоқ.

      – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында агротуризмді бизнес-инкубуатор түрінде дамыту жобаңыз осы ойыңызды іс жүзінде дәлелдеудің көрінісі деуге бола ма?

       – Иә. Онда мен өз ісімді бастасам деп жүрген, алайда оны қалай жүргізудің жолын таппай жүрген жандарға тәжірибелік алаң жасап отырмын. Әзірге онда бөдене, күркетауық, ешкі өсіру істері қолға алынып отыр. Бір жыл бұрын басталған бұл жерде қазіргі таңда 2 күнге, 1 аптаға,  1-2 айға келіп, сонда қонып жұмыс жасауды көріп, үйреніп жүрген адамдар қатары артып келе жатыр.

        Осы арада мына бір жәйтті айта кеткен жөн шығар. Бұрын мен семинар, тренинг, конференция, экскурсияларды тегін түрде көп ұйымдастыратынмын. Олардың қорытындысын талдау барысында тегін дүниенің нәтижесі аз болатынын байқадым. Сондықтан білім мен тәжірибені ұштастыру кезінде өзіңіз бизнес-инкубатор деп бағалап отырған агротуризм орталығында жұмыс жасауды үйренуге келгендерге ақы төлемеуді дұрыс деп шештім. Адамда  қызығушылықпен қатар, оны меңгеруге деген құлшынысы болмаса өз жұмысында қандай да бір жоғары нәтижеге жете алмайтынын байқаған соң осындай қадамға барып отырмын.

           – Еңбегіңіз жемісті болсын, сұхбатыңызға рахмет.

       Мақала авторы - Ерлік Ержанұлы

      http://el.kz/kz/news/interv_u/agroturizmdi_kolga_algan_kazak_kizi

толығырақ


      Биыл Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтеді. Осыған орай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасының бірінші орынбасары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Талғат Мамашевпен Құрылтайдың дайындық барысы және шетелдегі ағайындар төңірегінде әңгімелескен едік.  

      Талғат Асылұлы, алдымен биыл өтетін Дүниежүзі Қазақтарының Құрылтайы туралы айтып өтсеңіз. Дайындық жұмыстары қалай жүріліп жатыр?

    – Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы биыл маусым айының 22-25 күндері, Астана қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Негізі, белгілеме бойынша бес жылда бір өтетін құрылтайдың бесінші кезегі былтыр өтуі керек еді.  Бірақ, биыл елімізде өтетін үлкен шараға – ЭКСПО 2017 көрмесіне байланысты, шетелден келетін қазақтардың да ЭКСПО көрмесін көрсек деген талабына сай, Президент әкімшілігімен келісіп, бір жыл кейінге шегердік. Ал алдағы құрылтайға дайындық жұмыстарына келер болсақ, Президент әкімшілігіне қатысты жобаларды ұсынып, әкімшілік жақтан талап-тілектері мен қолдаулары туралы сөйлесіп келіп отырмыз. 25 жылдан бері Қауымдастық көлемінде өткен шаралардан және алдынғы төрт реткі құрылтайдан болсын, азды-көпті тәжірибе жинадық. Соған сүйене отырып жаңа мазмұндар кірістіріп, құрылтайдың өресін тың деңгейге көтергелі отырмыз.

     Дүниежүзі қазақ құрылтайына өкіл ретінде 35-36 елден, 350-ге жуық қандасымызды шақырмақпыз. Әрине, шетелдегі қазақ диаспораларының санына байланысты әр елден келетін делегаттар саны бірдей болмайды. Елдегі қазақ диаспорасының көптігіне байланысты Ресей, Қытай, Өзбекстандағы қандастарымыздан көбірек шақыруға тура келеді. Әсіресе, Қытайдан көбірек келеді, себебі, олардан ресми делегация қоса шақырылады. Екінші реткі құрылтайдан бастап солай болып келеді.  Сонымен қатар, халықаралық ұйымдар және ұлты қазақ қана емес, көрші бауырлас халықтардың ұлттық бірлестіктерінен де арнаулы өкілдер шақырылады.

      Ал, Республикамыз көлемінде 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларынан 5 адамнан делегация қатысады. Олардан тыс бүкіл қазаққа ортақ әдебиет пен өнер өкілдері міндетті түрде құрылтай қонағы болады. Себебі, Бибігүл апамыз, Асанәлі ағамыз, Қабдеш Жұмәділов сынды әлем қазақтарына танымал тұлғаларды құрылтайға қатысушылар, әсіресе, шетелден келген қандастарымыз көргісі келетіні белгілі. Қауымдастық саяси ұйым болмағаннан кейін, «Нұр-Отан» партиясынан басқа да, Республика көлемінде тіркелген әрқайсы партиялар мен ірі қоғамдық ұйымдардан да бір-бір өкіл қатыстырамыз. Ал енді, Ақпарат құралдары өз алдына. Министрлікпен жасасқан медиа-планымыз бойынша, құрылтайға дейін және құрылтай барысында, одан кейін де тығыз байланыс жасайтынымыз айтпаса да белгілі.

      Қазір ұжымымыз үкіметтің Қаулысын күтіп отыр. Негізгі жұмыс әрине, біздің мойынымызда. Дегенмен, үкімет Қаулысы бекіп,  Ұйымдастыру комитеті құрылуы керек. Ұйымдастыру комитеті тікелей шешілмей жатқан мәселелерге тапсырмалар береді. Айталық, жол-қатынас органдарының қолдауына да осы комитет арқылы қол жеткізуге болады. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы И.Тасмағанбетов болады деп ойлағанбыз, ол кісінің қызметінің ауысуына байланысты премьер министрдің бірінші орынбасары Асқар Мәмин болады деп күтудеміз. Наурыз айының аяғына дейін біз күткен үкімет Қаулысы шығып, алғашқы отырыс болар деген үміттеміз.

      Мен осы жолғы Астанаға барғанымда жалпы жобамен бірге шақыру билеттерінен тартып, сахна үлгісіне дейін өзіміздің бірнеше нұсқадағы жобамызды Президент әкімшілігі мен Министрліктің бекітуіне ұсынып келдім. Оның сыртында ұсақ-түйек жұмыстарына да дайындық жүріп жатыр. Дәстүрлі «Құрылтай қоржынын» дайындау және  құрылтай өкілдері пайдаланатын бұйымдарды әзірлеу үшін бес-алты фирманың ұсынған нұсқаларын тапсырып алдық. Бұлардың арасынан баға және басқа да шарттарға сай келетін бір фирмаға тапсырыс беретін боламыз. Бұларды айтпаған күннің өзінде, жалпы шараның техникалық дайындығы да біршама еңбек пен уақытты қажет етеді.

      Құрылтай өтетін орын мен техникалық жұмыстарына, алдағы уақытта бірнеше адамды Астанаға жібермекпіз. Құрылтай өтетін орын мен құрылтайға қатысушылар орналасатын орындарға алдын-ала келісімдер жасалады. Әзірге құрылтай өтетін орынды «Тәуелсіздік» сарайы деп белгілеп отырмыз. Бірақ, тағы бірнеше орынды да қарап көрмекпіз. Назарбаев Университетінің жаңа ғимаратының кемелді техникалық жабдықталуы ұнап отыр. Сол қатарлы тағы бірнеше орын бар. Бәрін де құрылтайға қатысушылардың ыңғайына қарай таңдау жасаймыз.

       – Құрылтай дайындығымен бірге қауымдастық жағынан тағы қандай шаралар қолға алынып отыр?

       – Қазіргі уақытта қауымдастық құрылтай дайындығына кірісіп кетті. Өзге шараларға уақытылы орын беріледі, мысалы бізде қазір бірнеше ғылыми еңбектерді құрастыру ісі қолға алынған. Осыдан бұрынғы еңбектерімізден тыс, «Қазақ диаспорасы және атамекенге оралу (1991-2012» деп аталатын монографиялық еңбек шығардық. Бұл кітап 2012 жылға дейінгі шетелдегі қазақ диаспораларымен жасалған жұмыстар, атамекенге оралғаннан кейінгі жасалған шаруалардың бәрі қамтылған ғылыми, ұжымдық еңбек. Бұның орыс тіліндегі нұсқасын да шығардық.  Алда ағылшын тіліндегі нұсқасын шығаруға дайындалып отырмыз. Оған қоса «Туған тіл», «Алтын бесік» сынды басылымдарымыздың арнаулы құрылтайға арналған сандарын дайындайымыз.

      Сонымен бірге құрылтай аясында да, кейін де қауымдастық жағынан ұйымдастырылатын «Халифа Алтайдың 100 жылдығын атап өту» мен Дүниежүзі қазақ қауымдастығының 25 жылдығын атап өтеміз. Бұлар енді құрылтайдан кейінгі күнтәртіпте.

      – Бұл реткі құрылтайдың басқа құрылтайдан қандай ерекшеліктері болмақ?

       – Бұл жолғы құрылтайдың басты ерекшелігі – Астанадағы ЭКСПО 2017 көрмесімен қатар өтетіні. Яғни, шетелден келген қандастарымыз бен  құрылтай қонақтары ЭКСПО көрмесін тамашалауға мүмкіндігі бар. Тек ЭКСПО көрмесі ғана емес, көрме аясында жасалып жатқан шаралар бар – дәстүрлі өнер көрмесі, ұлттық ойындар, мерекелік концерттер, тағы басқа толып жатқан қимылдарға бірдей қатыса алады. Бұндай шаралар бізге қалыпты көрінсе де, шетелдегі қазақтардың Қазақстанға, қазақ ұлтына деген ынтасын арттыратыны даусыз. Әсіресе, этно-ауыл көрмесін көруге мүмкіндігі бар. Дәстүрлі киіз үйлермен қазақ дәстүрлі өнерін, мәдениетін, тарихын зергерлер ауылы, өнерпаздар ауылы, ісмерлер ауылы т.б. ауылдар ЭКСПО және құрылтай қонақтарына насихаттайтын болады.

      Алдағы құрылтайға жастарға басымдық бергелі отырмыз. Осыдан бұрынғы құрылтайларда қатысушылардың көбі жасы үлкен ел ағалары, ақсақалдар болып келді. Бұл рет шетелдегі және елдегі қазақ жастарын көбірек қатыстырамыз. Бұл да болса алдағы құрылтайдың басты ерекшеліктерінің бірі болады. Бүгінгі таңда әлемнің қырықтан астам елінде қазақ бар десек, соның 32 елінде Қазақ мәдениеті орталығы бар. Бұл орталықтардың басқарушыларын шақырамыз және олардан жастар қанаты, ізбасарлары болса құрылтайға әкелуін де талап етіп отырмыз.

      Бұдан бұрынғы құрылтайларда да шетелдегі қазақ мәдениет орталықтары арқылы көптеген елдегі біз білмейтін, қазақ абройын көтерген азаматтарды шақырған едік. Айталық, Чехияда министр болған Жәмила Стехликова деген қарындасымызды, Ресейдегі Чувашия экономика министрі болған Гүлмира Әкімова атты қарындасымызды тауып құрылтайға шақырған едік. Одан басқа Қытайдағы ШҰАР басшысы, облыс әкімі болған қазақ азаматтар да әр реткі құрылтайға қатысқан. Міне, осындай қандастарымыздың тізімін жасап, жеке-жеке хабарласып шақырмақпыз. Қазіргі Өзбекстан президентінің кеңесшісі болып отырған қазақ бауырымыз бар, Ресейде «Герой» атағын алған полковник бауырымыз бар, әне соларға хабарласып, келісімін берсе ресми шақыру хатын жібереміз.

      Дәстүрлі құрылтай өкілдерін Президенттің қабылдауынан тыс, Министрліктердің секциясы болады. Білім, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет, Еңбек министрліктері мен Көші-қон полициясы қатарлы орындарды құрылтай делегаттарына кездестіреміз. Өкілдердің аталған орындарға сұрақтары, талап-тілектерін айтуына мүмкіндік бар. Өкілдер ортаға салған ұсыныстар мен министрліктердің уәделері естелікке алынып, кейін сол ұсыныстардың орындалуына қадағалаушы боламыз. Осының бәрі бұрынғы өткен құрылтайдағыдай «Ұлттың ұлы жиыны» деген атпен кітап болып құрастырылады да, құрылтайдың жалпы барысымен бірге тарих болып сақталып қалады.

       Биыл құрылтайдағы тағы бір өзгешелігі ретінде Халифа Алтайдың 100 жылдығын да қоса атап өткелі отырмыз. Қазір, Халифа Алтайдың өмірі мен еңбектері туралы кітап құрастырылу үстінде. Келесі айдың бас шенінде Ғылым академиясының кітапханасында кітаптың тұсау кесерін жасаймыз. Ал, құрылтай аясында «Халифа Алтай және жаңа оралған тарих» атты ғылыми практикалық конференция ұйымдастыруды жоспарладық. Құрылтайдан кейін де жыл соңына қарай салтанатты жиналысын, концертін, соңында Халифа Алтайға арнап ас беру де жоспарымызда бар.

       – Қауымдастықтың шетелдегі Қазақстан елшіліктерімен байланысы қандай?

     – Қауымдастық құрылғалы бері, шетелдегі қазақтармен байланыс жасап, мәдениет алмасуда шетелдегі Қазақстан елшіліктеріне көбірек сүйеніп келеміз. Латвия, Эстония, Литва елдерінде де қазақтар бар, бірақ бізбен байланыста жоқ. Сол себепті біз, сол елдегі Қазақстан елшілігіне хат жібердік, егер сіздермен байланыс жасап жүрген қазақ бауырлар болса бізге, немесе алдағы ұлы жиынға ұсыныңыздар деп. Шетелдегі біз білмейтін ғылым, саясат, өнер тұлғаларын тауып, отанға шақыруда да елшіліктермен байланыс арқылы іске асатын кездері көп. Өткенде Жапониядағы ғылым докторы, жапон ғылым саласында есімі белгілі бірнеше қазақ азаматты сол елдегі елшілік арқылы таптық. Олардың бәрі бірдей Қазақстаннан барған емес, Қытай, Моңғолиядан оқуға барып қалып қойған қандастарымыз да кездеседі. Ондай тұлғалар Қытайда, Ресейде, Америкада да бар, соның бәрінің тізімін шығарып жатырмыз. Бұйырса алдағы құрылтайда жүздесетін боламыз.

     Жалпы сол елдегі қазақтардан құрылтайға шақыру ғана емес, мәдени байланыс жасауда да елшіліктермен көбірек кеңесіп отырамыз. Әр реткі құрылтайға елшіліктер ұсынынатын адамдар болады, сондай кезде де талаптарын орындап отырамыз. Олар бізге жол сілтейді – қандай қазақ ұйымдары бар, оның қайсысы қандай бағытта жұмыс жасайды деген секілді. Мысалы, Беларустағы елшілікте екі ел арасындағы ерекше елші лауазымындағы Шоканов Чермен Анатольевич деген азамат бар, былтырдан бері сол елдегі Қазақ мәдениет орталығын қоса басқарды. Сол арқылы көптеген жұмыстар жасадық.

    Қазақ қауымдастығы ретінде шетелдегі Қазақстан елшіліктерінің кеңес-ұсыныстарын тыңдап отыру өте маңызды. Неге десеңіз, кей елдерде бір емес бірнеше қазақ мәдениет орталықтары құрылған. Саратовта үш қазақ ұйым, бір Мәскеудің өзінде бес ұйым, Түркияда да бес-алты қазақ ұйымы бар. Олардың арасында өзара байланыс жүйелі емес. Бұл да болса қазақтың қайда да ауыз біршілінің аздығын білдірсе керек. Дегенмен біз оларға ұйытқы болуға тырысамыз. Олардың дұрыс жұмыс жасайтыны бар, басқасы бар. Тіпті діни экстремизмге құрылған ұйымдары да болуы мүмкін. Әсіресе, Түркиядағы қазақ ұйымдарының арасында. Осындай кезде елшіліктер бізге қай ұйымның қандай жұмыстармен айналысатыны туралы нақты кеңестер береді. Кейде тіпті елшіліктермен қызыл қырман дауласып, пікір таласып қалатынымыз да бар. Бәрі де сол әлемдегі қазақтардың басын қосып, ұлттық бірлігімізді сақтау үшін болады әрине.

      – Сіздермен ел ішінде қандай қоғамдық ұйымдар құрылтай аясында немесе өзге де шараларда етене араласып, селбесіп отырады?

     – Қоғамдық ұйымдардан ең әуелі «Қазақ тілі» қоғамымен тығыз байланыс орнатып келеміз. Көптеген шараларды бірлесіп өткереміз, кейде ғылыми еңбектерді  бірлесіп шығарамыз. «Қазақ тілі» қоғамы бізбен көп жақтардан селбестік жасасып келе жатқан ұйым. «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» секілді басылымдар да біздің жасаған шараларға ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. Кейде арнаулы сандарын дайындап шығаратын басылымдар да бар.

      Бұлардан бөлек «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорын атауға болады. Осы жолғы құрылтайға Дүниежүзі қазақтарының футбол турнирін өткізіп бергелі отыр. Бұл жағындағы ұсынысына келістік, бірер күнде осы іс туралы кездесіп ақылдасатын боламыз. Барынша қауымдастыққа салмақ салмай, бар жүгін өздері көтеріп алса деп отырмын.

       «Ер Жәнібек» қоры қауымдастықпен бірлесіп бұрында біраз шаралар өткізген. 2014 жылы «Ер Жәнібек батырға 300 жыл» шарасын жыл бойы Республикалық және халқаралық деңгейде алып барса, 2016 жылы «Зұқа батырдың 150 жылдығы» қарсаңында да көлемді жұмыстармен бірге, шетелдегі қандастардың қатысуымен шағын футбол турнирын сәтті өткізген болатынбыз.

     Өзге де «Жерұйық», «Желтоқсан», «Жебеу» сынды қоғамдық ұйым да бізбен селбесе отырып, қоғамдық шаралар ұйымдастырып келеді. Бізге оппозиция болып отырған қоғамдық ұйымдар да бар, әр ісімізге сын-пікір айтып жүрген. Мен оларға: «Дұрыс, сынаңдар! Бірақ, сынағаннан кейін өз ұсыныстарыңды беріңдер», – деймін. Егер, «бұлай істегенің дұрыс емес, міне, менде мынандай ұсыныс бар, мынадай жобалар бар» деп кеңесер болса, құба-құп көрер едік. Қоғамдық ұйымдарды былай қойғанда, шетелден келіп, ғылым докторлығын қорғаған он беске тарта ғалымдарды шақырып, пікірлерін тыңдадық. Соның арқасында көптеген ой алдық, идеялар алмастық. Біз оларға басылымдарымызға автор болып, ғылыми мақалалар беруді, алдағы құрылтайда қолғабыс етуді сұрадық. Солай бір тамаша отырыстар болды. Тың идеялар мен жобалар болса ортаға салсын деген оймен қоғамдық ұйымдарды да шақырдық. Жақын арада бір қанша кәсіпкер жігіттермен де кездесейін деп отырмын. Себебі, өздері де ұсыныс жасап жатыр. Қолғабыс ете алатын жұмыстар болса тапсырыңыз деген көңілдерін білдіріп. Өзім разы болдым,  рахметімді айттым. Мұндай азаматтардан айналмайсың ба?! Әлем қазақтарының дүбірлі жиынында да біраз жұмыстарды солар мойнына көтеріп алмақ. Одан кейінгі қауымдастықтың 25 жылдығына да көмектесуге келісіп отыр.

     – Шетелден келетін қандастардың көші-қон жағдайы қалай қазір? Бұрынғыдан өзгерістер бар ма? Қауымдастық алда қандай жоспарлар жасап отыр?

     – Өздеріңе мәлім, 2015 жылдың аяғына қарай көші-қон туралы жаңа заң қабылданды. Бір-екі жылдан бергі бюджет тапшылығына байланысты да көші-қон ісі сәл саябырсып қалғаны бар. Бірақ, Құдайға шүкір, қазір экономикамыз қайта реттеліп келе жатыр. Мұнай бағасы тағы құлдырап кетпесе, көтеріле түссе соған байланысты да көштің үдей түсуінен үміт зор. Үйткені көшіп келген ағайынға жағдай жасалуы керек. Жаңа заң бойынша негізгі бағыт арнап қоныстандыру болып отыр. Бізде бұрын кім қайда барам десе сонда шашырап кететін, қазір олай емес. Себебі, көші-қон миграция – бұл мемлекеттің саясаты. Біздің көп ұлтты ел екеніміз рас. Қазақ халқының елдегі үлес салмағы 70 пайызға жақындап қалды. Біз жүз пайыз ұлттық республика болмай-ақ қояйық,  Армения тағы басақа елдердей, олардың жағдайы тағы басқа. Менің ойымша, 75-78 пайыз болсақ ел тұрақтылығында мұртымызды балта шаппас еді. Бізге солтүстік өңірдегі демографияны реттеуге тура келеді. Бұл жағында енді, өзің білетіндей, көп жағдайды ашып айтуға келмейді. Оны біздің ағайындар тура түсінбей жатады. Солтүстік облыстарда халық саны азаю үрдісі қалыптасып отыр. Демографиялық тепе-теңдікті сақтап отыру үшін, еңбек күші жетіспейтін өңірлерге шеттен келген ағайынды шоғырлы түрде қоныстандыруға тұра келеді. Егер мемлекет белгілеген орынға барса белгілі тиімділіктер болады.  Жол шығыны өзгеде шығындары үшін квота беріледі. Барған жерінде қызметтік пәтер де беріледі. Бұрын бұндай жоқ болатын. Егер сол пәтерде бес жыл тұратын болса, өз басына беріледі. Мамандығы жоқ болса, үкімет алты ай тегін оқыту арқылы мамандық береді. Осының бәрі үлкен тиімділік емес пе!  Дегенмен, бұл жерде де зорлық жоқ. Мемлекет белгілеген орынға барғысы келмесе, өз еркімен өзге облыстарда қалуына болады, оған да рұқсат. Бірақ, жаңағыдай тиімділіктерден игіліктене алмайды.

      Шетелдегі қазақ жастарының елге келіп білім алуы да үлкен мәселе. Шетелден қазақ жастары келіп тегін оқып, мамандық алып тамыр жаюға мүмкіндік берер деген үмітіміз бар. Білім министрлігіне Сарыағаш, Өскемен секілді орындарда жерлік бюджеттен қаржы босатып, осындай оқу орындарын ашуға нұсқау беріңіздер деген нақты ұсынысымызды беріп отырмыз. Ал ЖОО-ға дайындық факультеттерінде жыл сайын 1500 баланы оқытып отырмыз. 2 пайыз квотасы да бар(Шетелден келген қандастарға арналған). Бірақ, жартысы ЖОО-ға түсе алмай жатады. Себебі, біреуінің ортаға үйлесімі нашар болса, ал, кейбіреуінің деңгейі төмен болып жатады.  Бұдан бұрын шешілмей келе жатқан мәселе – бұрынғы кәсіптік-техникалық училищелер қазір тегін болатын болды. Осы училищелерді көршілес елдердегі қазақтар қоныстанған шекараға жақын жерлерде ашу туралы ұсыныс бермекпіз.

      Елдегі өзге ұлтты да сыртқа теуіп жатқанымыз жоқ, халықтар достығын қолдап келдік. Қазақ еліндегі ұйғыр, татар, өзбек, орыс, кәріс тағы басқа да жүзден астам ұлтқа бір қазақстандық ретінде тең құқық беріп отырған елміз. Ал, отанымызға ауыр күн туып жатса, көк тудың астына жиылып, «Абылайлап» шабатын ең алдымен өзіміздің қазағымыз болатыны, кімге болса белгілі жағдай. Сондықтан біз халқымыз санын республика көлемінде тиісті деңгейге жеткізуіміз керек. Ол үшін көші-қон саясаты дұрыс болуы керек. Оған үкіметтік қолдау да бар. Бірнеше жылдан бері тоқтап қалған шетелдегі қазақ диаспоралармен жұмыс жасау мемлекеттік бағдарламасын қайта іске асыруды алдағы құрылтайда ұсыныс етіп қоямыз. Ұсыныс қойып қана қалмай, жыл соңына дейін жобасын да жасап бекітуге береміз. Мемлекеттік бағдарлама болған соң, оның нәтижесі көрнекті болатыны анық.

     – Сұхбатыңызға рахмет.

    Сұхбаттасқан: Естай Божан “The Qazaq Times”

     http://qazaqtimes.kz/post/6990

толығырақ


     Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Дүйсен Қасейіновті түбі бір, тарихы ортақ түркі жұрты өз баласынан кем көрмейді. Бауырлас елдер мен тегі бір туыс халықтардың тарихи-мәдени мұрасын насихаттап, рухани құндылықтарын қастерлеп жүрген еңбегін ерекше бағалайды. Түркі әлемінің танымал тұлғалары мен билік басындағы лауазымды саясаткерлерінің де қазақтың қайраткер баласы дегенде сый-құрметі бөлек екені байқалып тұрады.
    Дүйсен Қорабайұлы еңбек жолымен қандай қызметте және қай елде жүрсе де ең әуелі өз Отанына адал қызмет етуді естен шығарған емес. Академик-жазушы Ақселеу Сейдімбек кезінде «Оның қазақ мәдениетіне, ұлт руханиятына, әсіресе, халқымыздың музыкалық мәдениетіне сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Қашанда алғашқы сүрлеу – соқпақты салу қиынның қиыны. Бір түскен сүрлеу – соқпақтың даңғыл жолға ұласуы оңай. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, қазақ халқы келер күнге жарқын үмітпен жаңа қадам басқан жылдарда мәдениетіміз бен өнеріміздің ауыр жүгін қайыспай көтерген санаулы азаматтарымыздың бірі – осы Дүйсен Қасейінов» деп ағынан жарылыпты.
       Бар ғұмырын биік мақсатқа арнап, елі үшін аянбай тер төгіп келе жатқан ұлт мақтанышы бүгін 70 жасқа толып отыр.
Осы орайда мерейтой иесінің өмір өткелдеріне үңіліп, бағындырған белестеріне бір шолу жасап шығуды жөн санадық…


Перзенттік парыз

      Дүйсен Қорабайұлының арғы атасы – «Абылай аспас сары бел» атанған Бай­далы би Бекшеұлы. Ханға төрелік айтқан текті тұлға. Өз әкесі темірдей тәртіпке бағынған әскери адам. Ташкенттің артил­леристер училищесін бітіріп, Ресейдің Алтай өлкесіндегі Бийск қаласында қыз­мет етіп, Ұлы Отан соғысына қа­тысқан. 1947 жылдың 10 наурызында ұлы Дүйсен өмірге келіп, өсе келе оның да өз жолын қуып, құзырлы орында қызмет еткенін қалапты. Тіпті кішкентай балапанының бойына шақтап, арнайы киім де тіктіріп береді. Анасы Күлай болса, ағартушылық жолға бағыттап, ғылым-білімнің соңына түскенін құп көреді. Алайда музыкаға құмартып өскен жас бала бес жасында-ақ өнер жолын өзі таңдайды. Ол уақытта отбасының қуатты өңір Қарағандыға көшіп келген кезі екен. Бір күні далада ойнап жүрген жас талант көрші қыздың қолындағы ерекше аспапқа көзі түсіп, қатты қызығады. Ата-анасы да ұлының бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, таңдауымен келісіп, саз мектебінің скрипка сыныбына оқуға береді.
        – Алғашқы қазақ психологтарының бірі әрі әдебиетші Сәлкен Балаубаевпен біздің әкеміз жақсы араласатын. Ол кісі Сәкен Сейфуллиннің шәкірті болғаны үшін ұзақ жыл қуғын көріп, 18 жыл итжеккенге айдалып, елге аман-есен қайтып келген. Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін алғаш сол ағамыздан естіп, өз бетімше үйреніп алдым. Скрип­каға салып, 2-3 сыныпта үйге келген қонақтардың алдында ойнап тұратыным есімде, – дейді Дүйсен Қорабайұлы.
         Дара дарын 14 жасында Қараған­дыдағы Тәттімбет атындағы саз учили­щесіне қабылданады. Кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік өнер институтына түсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Иосиф Коганның тәлімін алады.
       1970 жылы Мәскеудегі П.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваторияның аспирантурасында Игорь Безродный мен Юрий Янкелевичтің шеберханасынан білімін жалғастырады. Одан кейінгі өмірі консерваториямен тығыз байланыста өрілді.
       1978 жылы жаз айында консерва­то­рияның ректоры Ғазиза Жұбанова каби­нетіне шақырып, Мехикода президенттік оркестр құрылып жатқанын, скрип­кашылар, виоленчелистер және альтистер арасында байқау жарияланғанын жет­кізеді. Ғазиза Ахметқызының кеңе­сімен бақ сынап, жолы болып, үш жыл бойы оркестрдің құрамында гастрольдік сапармен әлемнің отыздан астам елін аралайды. Карнеги-холл, Гевандхауз, Шаушпильхауз, Концертгебаум сияқты әйгілі концерт залдарында өнер көрсе­теді. Бұл сахналарға оған дейін ешбір қазақ музыканты аяқ басып көрмегенін айта кеткеніміз орынды болар.
     Дүйсен Қорабайұлы алыс сапарда жүріп, өзі көрген мемлекеттерде өзге әріптестерінің де өнер көрсетіп, ұлттық музыкамыздың орындалуын іштей қатты армандайды. Арада аздаған жылдар өткен соң сол арманның жетегімен Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі мен Айман Мұсаходжаеваның камералық оркестрінің Карнеги-холл сахнасына шығуына мұрындық болады.
      Әсіресе, Құрманғазы атындағы кон­сер­ваторияның он жыл ректоры болған тұста талай игі бастамалардың жаршысына айналды.
        Мәселен, 1989 жылы Орта Азиядағы беделді бес консерваторияның сту­дент­терінің басын қосып, интернационалдық оркестр құрды. Өнер ұжымы көптеген бай­қауларда жүлдегер атанып, халық­аралық фестивальдерде қонақ болды.
        Д.Қасейінов ұйымдастырушылық, үйлестірушілік, іскерлік қасиетінің ар­қасында 1500 орындаушы қатысқан «Ал­тын алма» фестивалін де жүзеге асырды. Сәтті бастама бертін келе халық­аралық «Азия дауысы» фестивалінің негізін қалады.
       Консерватория ректоры ретінде да­рынды жастардың дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі дүбірлі өнер бәйгелерінде бақ сынауына жағдай жасап, шет елдерге оқуға жіберіп отырды. Солардың ішінен Италияда білім алып, танымал жұлдызға айналған Жәмила Баспақованы ерекше атауға болады.
         Раушан Ахмедиярова, Ордабек Дүйсенов, Сергей Цой, Айша Досымова және басқа өнерлі жастарды АҚШ-қа оқуға жіберіп, скрипкашы досы Эдуард Шми­дер­­дің сыныбынан дәріс алуына мүм­кіндік ашты. Бірде сол досының қазақтың қа­ракөздеріне айрықша жасап жатқан қам­қорлығына қарап: «Сен, менің ойым­ша, нағыз патриот қазақсың» деп айтқаны бар.
         Бүгінгі таңда бес-алты қазақ ба­ла­сының Санкт-Петербордағы Ма­риин­ский театры оркестрінің белді музы­кант­тары екені, Киев камералық ор­­кес­тріне біраз жыл Айдар Торыбаев жетекшілік еткені де ұстаз үшін зор мақтаныш.
      1994 жылы үрмелі аспапта ойнау­шылардың алғашқы конкурсын өткізіп, тағы бір мәрте іскерлік қабілетін дә­лелдеді. Нәтижесінде, Орталық партия коми­тетінің мәдениет бөлімінде қызмет атқар­ды. Мәдениет комитетінің төрағасы, Мәдениет министрінің орынбасары, Мәдениет министрі болып сайланды. Қандай жауапты қызмет атқарса да өнердің сөзін сөйлеп, өнерпаздың қамын күйттеді.
       2007 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы елдерінің жастар симфо­ниялық оркестрін жасақтады. Жаңа ұжымға даңқты дирижер Фуат Мансұров жетекшілік етті. Оркестр ТМД елдерін гастрольдік сапармен аралап шығып, тіпті Париж, Нью-Йоркке дейін барып қайтты.
       «Дегдар» гуманитарлық қорын басқарған жылдары да қарап отырған жоқ. Екі мәрте көне аспаптарды қайта тірілткен Болат Сарыбаевтың шығар­машылық ізденісіне арналған «Болат Сарыбаев және музыка аспаптары» атты ғылыми конференция өткізді. «Қазақстан театрлары тәуелсіздік жылдарында» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, білікті мамандардың басын қосты. Хор дирижері, Халық артисі А.Молодов пен отыз кісіні Италияға аттандырса,
      Қ.Ахметов үрмелі аспаптар оркестрімен Тайвань еліне жол тартты. Камералық оркестрдің жиырма музыканты Алма­нияда төрт жыл қатарынан концерт қойды.
2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер ми­нистр­лігінің ерекше тапсырмалар жө­нін­дегі елшісі лауазымында жүріп те қазақ өнеріне деген құрметін азайтқан жоқ. Бұл патриоттық сезім 2008 жылы ТҮРКСОЙ ұйымының бас директорына тағайын­далғаннан кейін тіпті күшейе түсті.
      – Бізге ұлттық бейнемізді, ұлттық болмысымызды сақтап қалудан маңызды ештеңе болмауы тиіс. Кезінде ұлттық аспаптарға арналған байқаулар мен фестивальдерді сол үшін көп ұйымдас­тырдық. 1988 жылы Желтоқсан оқиға­сынан кейін Мәскеудің рұқсатынсыз, министрліктің келісімімен консервато­рия қабырғасынан халық әні кафедрасын аштым. Оқытушылық қызметке Қайрат Байбосынов, Алмас Алматовтарды шақырып, талантты балаларды оқуға қабылдадық. Бекболат Тілеухан, Берік Жүсіпов, Эльмира Жаңабергенова, Ержан Қосбармақов сынды алғашқы студентттерім кейін қазақтың беткеұстар тұлғаларына айналды.
       Халық әндері мен күйлерін, ұлттық аспаптарымызды сақтау келешек ұрпақ үшін қажет. Қазақ болып туған екенсің, қазақ болып қалу керек! Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп, өсіп-өркендеуіне жәр­демдесу әлі күнге менің басты перзенттік парызым, – дейді Дүйсен Қасейінов мырза.

ТҮРКСОЙ-дағы толағай табыстар

      Дүйсен Қорабайұлы ТҮРКСОЙ ұйымында да түркі дүниесіне қатысты көп шаруаның көзін тапты. Түбі бір тарихымызға терең үңіліп, рухани туыс­тық қарым-қатынасты жақсы жолға қойды. «ТҮРКСОЙ» деген атауды түркі ынтымағы мен бірлігі деген ұғымның талассыз баламасына айналдырды. Әлемдік дәрежеде іргелі істер атқарып, ұйымға мүше елдер арасында татулық пен тұрақтылықтың сақталуына ықпал етті. Мәдениет министрлері Тұрақты кеңесі­нің мәжілістері, «Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы, түркі әлеміне ортақ танымал тұлғалардың атаулы жылдары жарияланды. Халықаралық дәстүрлі өнер фестивальдері, басқа да түрлі кон­церттік бағдарламалар мен ғылыми жобаларды жүзеге асырды. Түркітілдес елдер авторла­рының ғылыми, әдеби еңбектерін жа­рыққа шығарды.
       Түркінің азаттығы үшін алысқан қайраткерлер Ысмайыл Ғаспыралы мен Зия Гөкалыпты, түркіменнің өнер саңлағы Ашық Айдынды, башқұрт түркітанушысы Абдулқадыр Инанды, әйгілі биші Рудальф Нүриевті еске алып, рухын аспандатты. Сондай-ақ қазақтың көрнекті тұлғалары Динаның – 150, Сүйінбайдың – 200, Қасымның – 100, Сәкеннің – 120, Күләш Байсейітованың – 100, Бибігүл Төлегенованың – 80, Тәт­тімбеттің – 200, Олжас Сүлейме­новтың – 80, Хасан Оралтайдың 80 жылдық мерейтойларына арналған халықаралық жиындардың басы-қасында жүрді. Түркі тарихы мен мәдениетінің есте сақталатын күндерінің күнтізбесін жасады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін 2016 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас ассамблеясының салтанат залында, Вашингтонның Варнер театрында атап өтті. Оған дейін Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде, Германияның Кельн, Италияның Венеция қаласында тойланған болатын. Сондай-ақ жыл сайын тұрақты түрде Түркияның әртүрлі шаһарларында, сондай-ақ Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Молдова, Татарстан, Башқұрт­стан, Хақасия, Якутия сынды елдерде салтанат құруына ұйытқы болды.
        – Бұл ұйымының жақсы дәстүрлерінің бірі – мәжіліс өткізетін елде әдебиет пен өнер көрмесін ұйымдастыру. Тілегі бір, тілі ұқсас ағайын сол арқылы бір-бірінің түп негіздеріне үңіледі, жаңа жетістіктері жөнінде мәлімет алады, ортақ өнердің әр халықта сақталып қалуының сырына қанығады. Ұйым құрылғалы қаншама жыл өтсе де осы өнегелі үрдіс бұлжымай сақталып келеді. ТҮРКСОЙ-дың баспа саласындағы қызметінің өзі бір төбе. «Алтайдан Дунайға дейінгі түрік әлемінің ортақ сарындары», «Түркітілдес елдердің сәулет ескерткіштері», «Көк түрік мемлекетінің тарихы», «Диуани лұғат ат-түрік», «Ұлы Бұлғар-татар өркениетінің ес­керткіштері», «Түркі әлемі поэзия­сының антологиясы», «Күлтегін», «Қорқыт ата кітабы», «Менің елім Гагауз» атты бағалы кітаптар мен «Едіге» эпосының татар нұсқасы, қырғыздың «Манас», башқұрттың «Орал батыр» эпосы, хақастың «Хан Мирген», «Ах Чибек Арыг» дастаны, чуваштың «Улып», қазақтың «Қыз Жібек», саханың «Дьулуруйар Ньургун Боотур» дастан­дарын түркі тілдерінде жарыққа шықты. Ұйымның төрт айда бір шығатын «ТҮРКСОЙ» атты журналы бар.
       Соңғы жылдарда ұлт мәдениеті мен өнеріне еңбегі сіңген қазақстандық азаматтарды ұйымның сыйлықтарымен марапаттап отырамыз. Өнер шеберлері мен сахна саңлақтары ТҮРКСОЙ-дың халықаралық жиындарына арнайы ша­қырылады. Оған қоса, іргелі жиындардың біразы Қазақстанда өткізіледі. Бір қуа­нарлығы, халықаралық ұйым құрыл­ғаннан бергі уақыттың ішінде түркітілдес елдердің мемлекет басшыларының қолдауына ие болып келеді. Бұл елдердің президенттері өздерінің жоғары дең­гейдегі басқосуларында ұйымның жетістіктерін жақсы бағалады. Мәселен, Ыстамбұл, Бішкек, Ташкент және Баку қа­лаларында өткен саммиттердің қо­рытынды құжаттарында түркі дүниесіне қызмет ететін осы құрылымның маңызы туралы айтылды. Мемлекет басшылары ұйымның дер кезінде құрылғанына ризашылық білдіріп, түркі әлемінің ортақ мәдени құндылықтарын халықара­­лық деңгейде дамытудағы рөлін атап көрсет­­­-ті. Әсіресе, бұл ұйымға біздің Президенті­міз Нұрсұлтан Назарбаев айрықша көңіл бөледі. Ұйым туралы кезінде Түркияның ІХ президенті Сүлеймен Демирел: «ТҮРКСОЙ сияқты құрылымды көп саладағы министрлер жасағысы келді, бірақ ол Мәдениет министрлерінің ғана қолынан келді!» деген еді. Мен әлемдегі әр мемлекеттердегі Мәдениет ми­нистрліктерінің Дүниежүзілік қауым­дастықтағы айрықша миссиясын аңдату үшін осы сөзді ылғи айтып жүремін, – дейді Дүйсен Қасейінов өз сұхбатында.
        ТҮРКСОЙ ұйымы татардың ұлы ақыны «Ғабдолла Тоқай жылы», әзірбайжан жазушысы «Мирза Фатали Ахундзаде жылы», қазақ композиторы «Мұқан Төлебаев жылы», қырғыз ақыны «Тоқтағұл Сатылғанов жылы», түрік жазушысы «Халдун Танер жылы», түркі дүниесінің ойшылы әрі сөз зергері «Жүсіп Баласағұн жылын» жариялап, жоғары деңгейде атап өтті. Анкарада Сүйінбайға арнап ескерткіш қойылып, Дина, Сүйінбай, Тәттімбет атындағы саябақтар ашылды. Мұстафа Шоқайдың қолжаз­баларын тауып, Қазақстанның Мемле­кеттік мұрағатына тапсырылды.
        2009 жылы ТҮРКСОЙ опера күндері «Қыз Жібек» эпосының 500 жылдығына арналды. Мерсін қаласының мәдениет орталығында өткен концертте Абай атындағы Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрының өнерпаздары «Қыз Жібек» операсын тарту етті.
        2010 жылы Дүйсен Қорабайұлының бастамасымен ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрі құрылып, әлемнің 40-тан астам елінде өнер көрсетті. Атап айтқанда АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Германия мемлекеттерінде өнер көрсетті.
       2013 жылы қазақтың ұлы композиторы Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Мұқан Төлебаев жылы» деп жарияланды. Композитордың атақты шығармасы «Біржан – Сара» операсы екі жыл бойы Түркияның бірнеше қаласында қойылды. Самсун Опера және балет театрында түрік тілінде сахналанды. Сахна киімдері Қазақстаннан арнайы жеткізілді. Операдағы негізгі партияларды ұйымға мүше елдерден шақырылған белгілі опера әншілері орындады.
       2015 жылы ТҮРКСОЙ Жастар каме­ралық хоры Анкарада тұсауын кесті. Аз ғана уақыт ішінде Түркия, Германия, Италия елінде концерт берді. Герма­нияның Магдебург қаласында өткен ІІ еуропалық хор конкурсында үш бірдей алтын медаль жеңіп алды.
        2015 жылы ТҮРКСОЙ ұлт аспаптары оркестрі де құрылып, алғашқы концертін Түркияның Анкара, Болу, Ыстамбұл қалаларында қойды. Іле-шала АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында тыңдарманды тәнті етті. Сондай-ақ Әзірбайжан, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстанның Тәуелсіздік алуларының 25 жылдығына орай концерттік тур өткізді.
        ТҮРКСОЙ-дың толағай табыста­рының бір мысалы ретінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі драма театрлардың да ескерусіз қалмағанын атап өтуге болады. Еліміздегі театр ұжымдарының тең жартысынан астамы тайлы-таяғымен Түркияға шақырылып, қазақ және түрік, сондай-ақ өзге де түркітілдес мемлекеттер тілінде пьесалар ұсынды. Түркі әлеміне ортақ драматургтердің туындыларын өз репертуарына қосты.
        – Кез келген қазақ шетелде жүргенде өзін елінің бір бөлшегі екенін жақсы түсінеді. Сол сезім оны елге қызмет етуге жетелейді. Не істесе де, «елім үшін» деп соғатын жүрек барда, біздің Қазақ елі әрқашан қарыштап дами бермек. Ол үшін, әлбетте, атқарған ісіңді жеке басың­нан бастап, ұйымдастыратын ұжымың да ұлтына қызмет етуге сай боп құры­луы керек. Біздің қазіргі қызметіміздің, ТҮРКСОЙ-дың басты ұстанымы – осы! – дейді бас хатшы.

Өнердің ажырамас бір бөлшегі

      Дүйсен Қорабайұлының ел алдындағы осындай ерен еңбектері елеусіз қалған жоқ. Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы, Қазақ­станның «Құрмет», «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық», Ресейдің «Достық», Әзір­байжанның «Достлук», Түркіменстанның «Мактумкули Фраки», Польшаның «Поляк мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін» орден, медальдарымен марапатталды.
       Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов: «Өмірлік қабілетің бойынша сен, Дүйсен, жасампазсың. Сенің қандай орасан жұмыс атқарып жүргендігіңнің талай рет куәсі болғаным бар. Заманауи қоғам сен сияқты адам­дардың арқасында жетілдіріле түскенін қалар едім. Біз түрлі халықаралық конференцияларда ұшырасқан сайын, осы туралы ойлаймын» деп жазып кетіпті.
       Дүйсен Қорабайұлының жанашыр­лары мен тілекшілерін жер жүзінің кез келген түкпірінен табуға болады. Сол достарының өзі де «Владимир Спиваков қана шетелдерді шаршап-шалдығуды білмейтін Дүйсеннен көбірек шарлаған шығар, алайда достарының саны жөнінен әлемде Дүйсенге жететін жан жоқ!» деп әзілдейтін көрінеді. Ол атақ-даңқынан ат үркетін Мстислав Ростропович, Пласидо Доминго, Владимир Спиваков, Тонино Гуэрра, Кшиштоф Пендерецкий, Валерий Гергиев, Тео Ангелопулос, Никита Михалков, Полад Бюль-Бюль-оғлы, Михаил Швыдкой, Наталья Гутман, Ярослав Скорик, Богодар Которович, Болот Шамшиев, Болат Мың­жылқиев, Ренгин Гөкмен, Салман Ада және Анармен жора-жолдас болды.
       «Кісінің іскерлігі креслоға ғана байланысты емес. Араласу, қатынасу, бірлесу, бірігу арқылы көп мәселелерді шешуге болады. Мәдениет саласындағы халықаралық қатынас отандық мәде­ниеттің, өнердің өркендеуінің ең басты шарты һәм кепілі. Қолымнан келгенше бүкіл саналы ғұмырымды руханият саласына арнадым. Өзімді мәдениет пен өнердің ажырамас бір бөлшегі сезінемін. Басқаша елестете алмаймын, басқаша болуы мүмкін де емес. Қай қызметте жүрсем де, кіммен аралассам да сол шыққан биігімнің қазақтың өнері мен мәдениетіне шарапаты тисе деп ойладым» дейді Дүйсен Қорабайұлы.

       Түйін:

      Дүйсен Қасейіновтің халықаралық деңгейде атқарған жобалары мен қазақ ұлтына сіңірген еңбегін бір мақалада айтып тауысу мүмкін емес. Былтырғы жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «ТҮРКСОЙ-Қазақстан» атты қомақты кітап жарық көрді. Осы жинақ арқылы ұйымның 9 жыл ішінде атқарылған жұмыстарын саралап шығуға болады. Біз бүгінгі мерейлі сәтте жетпістің желкенін керіп отырған бірегей тұлғаның басты еңбектерін ғана атап өтуге тырыстық.

          Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

   https://aikyn.kz/2017/03/10/6430.html

толығырақ

         Мемлекет тірегі – үлгілі отба­сы. Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Сондай өнегелі отбасылардың қатарына Құл-Мұхаммедовтердің жанұясын қосуға болады. Отаға­сы Қайрат Құл-Мұхаммед  белгілі айтыскер ақын,  ҚР мәдениет қайраткері. Көршілес Қытай елінде дүниеге келіп, жастайынан айтыстарға қаты­сып, жүлделі орындарды иеленген. Қазақтың қасиетті өнерін жанына серік еткен ақын ағамыз Өзбекстан, Монғолия, Ресей, Түркия, Герма­ния елде­рін­де арнайы марапат­талып, АҚШ-тан «Әлемнің әйгілі адамы» деген сыйлықты да иемденген. Қайрат аға 2001 жылы атажұртқа оралып, еліміздің аузы дуалы айтыскер ақындарымен бәйгеге түсіп, Отанының айтыс өнеріне өз үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда осы­ған дейін көрген-түйгендерін қағаз бетіне түсіріп, «Жекпе-жек», «Олжа», т.б тарихи,  ғұмырна­малық  кітаптар жазуда.

      Әр отбасының ұйытқысы, шаңырақтың түтінін түтетуші – ана екені белгілі ғой. Құл-Мұхам­медовтер отбасында Жеңіскүл Шәріпханқызы – ел жұртының  алғы­сын алып, 2 қыз, 2 ұл тәр­биелеп отырған аяулы жар, асыл ана. Сахна адамының жұбайы болу асқан шыдамдылық пен адал­дықты талап ететінін Жеңіс­күл анамыз жақсы біледі. Сон­дықтан да оның дастарханы қашан­да жаюлы, қазаны асулы тұрады. Ал мұндай берекелі үйден қонақ үзілген бе? Жоқ, әрине. Бұл халық алдында жүрген Қайрат ағамыз үшін де үлкен абырой, биік мәртебе. Отбасының ұйыт­қы­сы бола білген Жеңіскүл ана­мыз­дан көп нәрсені үйренуге бола­ды. Қыздарын болашақ шаңырақ шаттығына балайды. Ұрпақтары аналық мейірім мен әкелік қам­қор­лықтан еш кенде емес. Бар­лығы жоғары білім алған маман иелері.

        Балаларының тұңғышы, Жа­дыра Қайрат – әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің шығыстану фа­культетін бітіріп, Корея Республи­касының астанасы Сеул қала­сындағы Кенхи университетінде саясаттану және дипломатия мамандығы бойынша магистрлік білімін қызыл дипломмен қор­ғаған. Баласының жетістігі ата-анасы мен туған елін қуантып отыр­ған білімге құштар қыз бүгінде білікті маман. Жадыраның сіңлісі – Шуақ Қайратқызы да әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде білім алып жүр. Біз оның қазақ журналистикасын жаңа деңгейге көтерер қаламы қарымды маман бо­ларына сенеміз. Шуақтың арты­нан ерген қос ұл – 14 жасар Нұр­сұлтан мен 10 жасар Иманғали – М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның озат оқушылары. 2002 жылы 6 шілдеде Нұрсұлтан дүниеге келгенде әкесі Елбасы­мызға хат жолдаған екен. Прези­дентіміз құттықтау хатын жолдап, Нұрсұлтанға өз есімін беріпті. Ал 2007 жылы 22 наурыз Ұлыстың ұлы күнінде Иманғали дүниеге келгенде Алматы қаласының  әкімі  мемлекет және қоғам қай­раткері Иманғали Тасмағамбетов қуанышына ортақтасып, халқы­ның қалаулы азаматы болсын деп, есімін Иманғали қойыпты. Бұл отбасы үшін елеулі оқиға болғаны анық.

      «Әке көрген оқ жонар, ана көр­ген тон пішер» демекші, отба­сының тірегі Қайрат Құл-Мұхам­мед балаларына жастық шақта басынан өткен қиын күндерін айтып беріп, өз еліңде тұрып, Ота­ныңа қызмет етуден асқан бақыт жоқ екенін үнемі тілге тиек етеді. Оларға маңдай термен тапқан еңбектің наны тәтті болатынын, ол үшін білім керек екенін үнемі айтып отырады. Ал балалары әке­нің тәрбиесі мен ананың тәлімі­нен ешқашан аттап кеткен емес. Айтқан ақылдарын өмірлік қағи­да етіп ұстанған балаларына ата-анасы қашанда риза. Биыл Қай­рат ағамыз бен Жеңіскүл апайы­мыздың отбасын құрғандарына 26 жыл толады. Өнегелі ұрпақ тәр­биелеп отырған үлгілі шаңыраққа бақ-береке тілейміз. Осындай өне­гелі ұл мен тәрбиелі қыз өсірген отбасылар қатары көбейген сайын қазақтың мәртебесі биіктей беретініне біз қашанда сенімдіміз.

        Еңлік САҚТАН,ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің 3-курс студенті.

        http://almaty-akshamy.kz/2017/03/07/

толығырақ

      Менiмен бiрге жұмыс iстеп келе жатқан әрiптестерiмнiң «ұлтаралық дау-жанжалдар болмауы үшiн, сенiмсiздiк тумауы үшiн осы елге қандай да бiр пайдамыз тисе екен» деген бiр-ақ ойы, бiр-ақ мақсаты бар. Адамдар бiр-бiрiн жау деп емес, тек қана дос ретiнде көргенiн қалаймын.

      Әрине, түсiнбестiктер туып қалуы мүмкiн, пiкiр қайшылығы болуы да ықтимал, түйiндi мәселелер болуы да ғажап емес. Мiне, соның бәрiн Қазақ елiнде бiр үстелдiң басында отырып, ақылдасып шешуге мүмкiндiк барын ұқтым. Бiз бәрiмiз адамбыз, бiз осы қоғамда өмiр сүремiз, бiздiң де тұрмыстық проблемаларымыз бар. Тiптi, әртүрлi ұлттың өкiлдерi бiр жерлерде тiл табыса алмай, ұрысып, төбелесiп қалуы да мүмкiн. Бұл – ессiздiк! Мұндайда бiз үлкендер жағы болып кездесiп, өзара ортақ шешiмге келемiз. «Тамшыдан теңiз құралады» дегендей, ұлт өкiлдерi арасында жасалып жатқан оң iстер бiздiң достығымызды, бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты қалыптастырады. Бұл – күн сайын назар аударуыңды қажет ететiн жұмыс.

     Мен жыл сайын өзiмнiң тарихи Отаныма сағынышпен келемiн. Кеудемдi керiп тұрып, көрген-бiлгендерiмдi омбылық достарыма айтамын. Әрине, олардың арасында өзге ұлттың өкiлдерi де бар. Қазақстандағы сыйластықты, әсiресе, «Алғыс айту» мерекесi тойланатынын айтқанымда олар таңқалды. Бiр құрбымның: «Сонда олар кiмге алғыс айтады?» – дегенi есiмде қалыпты. Оған мен алғашында мән бермеппiн. Ендi ойлансам, шындығында кiм-кiмге алғыс айтады? Асылы, мерекенiң мәнi – өзгелердiң қазаққа алғыс айтуы болса керек қой.

     Бiз – өзге елдiң азаматымыз, Ресей – бiздiң Отанымыз. Сондықтан, мұнда тек қана өмiр сүрiп қоймай, сол елге пайдамызды тигiзгiмiз келедi. Бұл ретте бiздiң Омбы өлкесiндегi қалың қазақты ұмытпай отырған Қазақ Үкiметiне, Қазақстан Президентiне айтар алғысымыз шексiз. Оны бiр алғыспен айтып тауыса алмасың анық. Iспен дәлелдеуiң керек. Өзiмнiң негiзгi жұмысымнан бөлек, қоғамдық жұмыспен де айналысып отырмын. Мысалы, қазiр кейбiр елдерде соғыс қақтығыстары жүрiп жатыр. Олар да бейбiтшiлiк пен келiсiмде өмiр сүргiсi келедi. Бiрақ, өзара ынтымақ, бiрлiк жоқ. Құдайға шүкiр, менiң туыстарым адам баласына қолайлы елде өмiр сүрiп жатыр. Қолайлы жағдай жасалған елде өмiр сүру – барлық адам үшiн бақыт. Егер қабырғаның арғы жағында соғыс жүрiп жатса, өзiм аулаға шығуға қорқып отырсам, маған миллиондаған ақшаның немесе озық заманның мықты автокөлiгiнiң, қымбат жиһаздың, зәулiм, даңғарадай үйдiң керегi не?! Сондықтан, қазақстандық өзге ұлт өкiлдерiне бейбiт өмiрдiң әрбiр шуақты күнiн бағалай бiлейiк дегiм келедi.

       Алтынай ЖҮНIСОВА, Омбы қалалық «Мөлдiр» қазақ мәдени орталығының төрайымы, ҚР Мәдениет қайраткерi.

        "Алматы ақшамы" газеті 2 наурыз 2017 жыл №26 (5375)

толығырақ

dimash2

    Әлем жұртшылығы қазақ әншісі Димаш Құдайбер-геннің талантына тамсанып жатыр. Тіл-көздері тасқа!

     Танымал өнерлі жұп – Қанат және Света Айтбаевтардың ұлы Димаш Құдай­бер­геннің Қытайдағы «І am a Sіnger» («Мен әншімін») әншілер байқауына қатысып жатқанына біраз болды. Бүгінге дейін сайыстың алты турынан өтіп, оның үшеуінде бірінші орын алғаны да мәлім.

       Димаштың өнеріне тәнті болған көп­шілік, міне, бір айдан бері әлеуметтік желі­лерде өз пікірлерін білдіріп, ризашылық­тарын айтып, талқыға салып жатыр. Әншілер сайысының әр кезеңін асыға күтетіндер де баршылық. Қазақтан шыққан жас дарынның қадамына разы жұртшылық тек өз елімізде ғана емес, шет елдерде де жеткілікті екен. Димаштың әншілік талан­тына әлем тыңдармандарын тәнті етуге фейсбук әлеуметтік желісінің де көп әсер етіп жатқаны анық. Өйткені, оның ән шырқап тұрған бейнекөрінісі ғаламтор арқылы дүниежүзі көрермен­дерінің назарына ұсынылуда.

      Мәселен, Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы байқауда алғаш шырқаған «S.O.S» әнінің бейненұсқасын күні кешеге дейін 5 миллионнан астам адам көріпті! 130 мыңнан аса адам бейнероликті өз парақшаларында достарымен бөліскен. Олар­дың астында 7 мыңға таяу пікір жазылған. Ерекше бөліп айтар бір жәйт: пікір қалдырушылардың басым көпшілігі – Батыс елдерінің азаматтары екен (Қытайда фейсбук жоқ, оған тыйым салынған).

photo-2017403

        Төменде ең әсерлі пікірлердің бір тобын қазақшалап ұсынып отырмыз:

     «Жонатан Мальнури (Франция): Кемеліне келген керемет дауыс! Дыбыстарды дәл айтуда жіберген кейбір кемшіліктері кешірімді. Кеуде түкпірінен шығатын үн мен регистрді тамаша пайдаланады екен. Ғажап!»

      «Робин Уильямсон (АҚШ): Мен мына жігіттің кім екенін де, мұның қандай шоу екенін де білмеймін. Білетінім: әншінің диа­пазоны сұмдық! Және осы сұмдық диапазонды ол қалай әуелетеді десеңші! Феномен!»

       «Кармен Фернандес Ансуатеги (Испания):Дауыс… жүректерді жақында­та­тын ең күшті құрал. Мынадай кең диапазон қалай жақындатпасын…»

         «Изабель Шоффетон (Франция): Мен бұл видеоны төрт рет көріп шықтым. Сірә, Даниэль Балавуан жұмақта өз әнін мынадай баланың шырқағанына разы боп жатқан шығар. Мына әнші, сөз жоқ, гений. Нағыз гений! Рас, кей сөздерді дұрыс айтпады, бірақ, онда тұрған не бар, бастысы – эмоция шынайы және күшті!»

      «Кристин Орбст (Германия): Мәссаған, мына жігіттің көмейінде тенор мен сопраноның арасындағы, ерге тән дауыс пен әйелге тән үн арасындағы бүкіл дыбыстар гаммасы түгел жүр ғой! Тұла бойым тітіркеніп кетті».

        «Сильвания Байландо (Италия): Сирек кездесер айрықша дауыс екен. Кімде-кім мына әншінің аты-жөнін білсе, маған айтсыншы».

      «Иан Стюарт (Ұлыбритания): Құдайым-ау, қандай ғажап! Қайта-қайта тыңдап отырмын. Осындай да дауыс болуы мүмкін бе? «Мүмкін» дейтін шектен де шығып кеткен диапазон ғой мынау! Жаратқанның өзі берген дарын. Қуанышым кеудеме сыяр емес. Видеоны бөліскендеріңізге рахмет».

        «Марсия Никайдо (Бразилия): Бұл сайыс емес шығар деп үміттенемін. Егер сайыс болса, онда басқа қатысушыларға жасалған әділетсіздік бұл. Мұнымен жарысуға кімнің шамасы келеді? Құдды бір әншінің ішінде үш әнші тұрған сияқты. Ғажап!»

%d0%b4%d0%b8%d0%bc%d0%b0%d1%88-%d0%bf%d0%b0%d0%ba%d0%b5%d1%82

         «Туула Хастбакка (Финляндия): Адам сенгісіз регистр, тұнық та кең дауыс, керемет интерпретация. Мықты әнші екен!»

        «Агнес Дани де Бос (Бельгия): Қандай күшті дауыс… Құдайдың берген сыйы ғой… Жылап отырмын, көзімнің жасын тыя алар емеспін… керемет… керемет… керемет…»

      «Виктория Мортенсен (Дания): Қандай талант, қандай әнші! Ризамын! Кәсіби тұрғыдан өсе беруіне, кемелдене беруіне тілектеспін! Бәрі жақсы болсын!»

       «Кристина Дельмендо (АҚШ): Күлсеңіздер, күле беріңіздер, бірақ, мен әннің бір сөзін де түсінген жоқ­пын, есесіне, дауыс қандай тамаша! Тыңдап отырып, көзімді жұмып едім, көңілім босап кетті. Көз жасым бетіммен тарам-тарам боп ағып жатыр. Тілдік кедергі бар болса да, музыка жүректерді біріктіріп, оларды мейірім мен бейбітшілікке үндей алады!»

      «Эса Сейтту (Швеция): Менің бұл әнді тыңдап отырғаныма бірнеше сағат болды, тіпті, тоқтай алар емеспін. Әннің не туралы екенін де білмеймін. Мынау – адамның емес, періштенің даусы. Музыка арқылы соғысты тоқтатуға бола ма? Иә, мына жігіт тоқтата алады. Мен әлемнің жеті кереметі туралы естігем, бірақ, мына әншінің ғажайыбы бәрінен асып түсетін сияқты. Мынадай дауысты жаратқан Құдайға енді сенбесіме амал жоқ!»

       Ал Қытайдың өзінде Димаштың танымалды­лығы, тіпті, таңқаларлық нәтижеге жетті. Димаш Құдайбергеннің PR-менеджері әрі досы Алпамыс Шаримовтың айтуынша, қытай­лық жанкүйерлер мен тыңдар­ман­дар қазақ әншісіне айрықша қолдау көрсетіп жатқан көрінеді. «Мұн­дай ыстық ықылас өнер адамын жігер­лен­діріп, шалқар шабыт береді» дейді ол.

        Үндінің баяғы «Диско бишісі» фильмінде халықтың ғаламат қызығу­шылығын оятқан жас әнші Джимми­дің құрметіне киім, иіссу, балмұздақ шығарылып, оны жұрт таласа-тармаса сатып алып жатушы еді ғой («джинсы Джимми, духи Джимми, мороженое Джимми» деген сөздер орта буын көрерменнің есінде болар). Сол секілді Қытайдағы ауқатты жанкүйерлер Ди­машқа қолдау көрсету үшін үй сыртына жарық шамдармен көмкеріп, оның атын жазып қойыпты. Тіпті, жергілікті ІT-мамандар Димаштың смартфондарға арналған бағдарламасын да ойлап тапқан. Димаштың суреті бар, қазақ тілінде «Мен сені сүйемін» деп жазыл­ған сыйлық салғыш қаптар да кеңінен таралып жатыр екен. Сондай-ақ, қазақ әншісінің талантына тәнті кейбір көрермендер Димаштың құрметіне арнайы печенье де шығарыпты.

       «Әрине, кез-келген өнер адамы үшін тыңдарман ықыласының орны бөлек. Мұндай сыйлықтар әншіге ерекше көңіл-күй сыйлайды. Димаш өзінің жанкүйер­лерін шынымен де жақсы көреді», — дейді әншінің PR-директоры.

        http://almaty-akshamy.kz/2017/02/18/

толығырақ

       Қасиетті қазақ топы­ра­ғына, тарихи ата­жұр­тына сағына жеткен аға­йын­дарымыз мемлекет тарапынан жасалып жат­қан қамқорлыққа зор ең­бек құлшынысымен, ұйым­шылдық үлгісімен, ұлттық дәс­түрлерге беріктігімен жауап беруді басты парыз санайды.

«Еліме не беремін?» дейтін қандастардың көптігі қуантады

       Қазақстан жылнамасында 1991 жылдың алатын орны ерекше. Дәл осы жылы «Ұлы көш» деген атаумен тарихқа енген керуен легі атажұртқа бет бұрды. Әлемнің төрт бұрышына тарыдай шашылып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған сырттағы туғандарымыз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруын қабыл алып, ашық қабақпен, емен-жарқын көңілмен орала бастады. Бабаларымыздың талайдан бергі арманы орындалып, кейін­гі ұрпағы бақыт шуағына бөленді. Осындай сағынышты сәт­терге толы қауышуларды сол­түс­тік­қа­зақ­стандықтар да бастан өт­керіп, алыстан аңсап жеткен ағай­ын­дарға жылы құшағын айқара ашты. Моңғолияның Байөлке ай­мағынан қоныс аударған екі жү­з­­ге жуық отбасы мүшелері қиян түк­пірдегі Тимирязев ауданының Белоградов ауылына шаршап-шалдығып жетсе де, нұрланған жүздері, ұшқын атқан көздері әлі күнге көз алдымызда. Қазақтың тау шынарындай мұқалмас биік рухы Қызылжар аспанын шарлап кеткендей болып еді сол кезде. Бұған дейін тек орыс тілінде білім беріп келген мектептің аралас білім шаңырағына айналуының өзі үлкен жеңіспен пара-пар еді. Имандылық үйі – мешіт ашылып, ұлттық қолөнеріміз, салт-дәстүріміз жанданып, қазақтың қазыналы көші жоғымызды түгендеп, төрт құбыламызды теңестіріп, ұлттың ұлы мұраты жолындағы естен кетпес, жадыдан өшпес оқиғалардың бірегейі болды. Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі уақытты ойша шолып, сырттай бағамдап қарасақ, қасиетті Қызылжар же­рі­не он мыңдай отбасы ат басын бұр­ған екен. Ұлы көшті бастап берген Моңғолиядан келген ағайын­дарымыздың қатарын кейін Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан қоныс аударған қан­дастарымыз толықтырып, бірге туған бауырдай бірден жарасып кетті. Қысы қатал, жағ­ра­пиялық орналасуы ерекше, де­мографиялық жағдайы бөлек орта­ға тез сіңісті. Төрт түлік өсі­рудің, жермен жұмыс істеудің кә­нігі шеберлері теріскейде ерекше серпіліс тудырды. Саяси жә­не зор әлеуметтік маңызы бар мем­лекеттік мәселе бір ауыл, бір аудан кемерінен асып, таси аққан өзен құсап арнасына сыймай кете барды. Көші-қон үдерісі шапшаң қарқынмен жүргізіліп, көптеген шаруалар тындырылды. Қазақстан әлемдегі отандас­тарын өздерінің тарихи отанына шақырған үш елдің қатарында өрелі қадамдар жасады.

       Бүгінде Елбасы айтқандай, ата­мекеніне оралған бауыр­ла­рымыздың арасында «Елімнен не аламын?» деп емес, «Еліме не беремін ?» деп келгендердің көп­­тігі бек жарасып тұр. Еге­мен­дігіміздің елең-алаң ша­ғын­да ата-баба қонысына орал­ған Жаңабай Пір­манов өткен күндерді былай еске алады:

        – Алғаш көшіп келгенде қат­ты қиналсам да, туған жер­­ге аяқ басып, ауасымен ты­ныс­т­а­ғаннан кейін өзімді керемет жеңіл сезіндім. Айыртау баурайына орнығып, атакәсіппен шұғылдандым. Бәрі– еңбектің, ту­ған жер құдыретінің арқасы!

      Өзбекстанның Тамды облысынан көшіп келген бұл азамат фермерлік қожалық құрды. Түйе шаруашылығын өр­кен­детті. Кейін 30 отбасының осын­да қо­ныс­тануына, қазақ сы­нып­та­ры­ның ашылуына ұйытқы болды. Жаңабай сияқты табыстың тайқазанын тасытып жүрген Тайынша ауданында тұратын Орынбай қажы Әлжановтың же­тек­шілігіндегі серіктестік жүз үйлі Теңдік ауылының тұр­ғын­дарын жұмыспен қамтып, қам­қор­л­ық жасап отыр. Мектептегі оқушылар санының азайып, жабылу қаупі төнгенде Орекең не амал тапты дейсіз ғой? 1998 жы­лы Қызылорда облысынан 16 отбасының суыт көшіп келе жатқанын естіп, темір жол бекетінен мың жылдық құда­сындай күтіп алған. Ауылға орналастырып, үй-жаймен қамтамасыз еткен, алдарына мал салып берген. 2003 жылы Өзбекстаннан келг­ен 14 отбасын аттай қалап ал­ған. «Елге ел қосылса – құт» деген осы. Теңдіктегі оқушылардың саны 80-ге жетіп, қазақ мектебі сақталып қалған. Төлеу қажы Ахмуддиновтың Омбыдағы жылы орнын, беделді қызметін тас­тап, алтын бесік ауылына ора­луының сыры еліме қызмет етсем деген тілек-ниеттен туғаны анық.

       Мұндағы айтпағымыз, жырақ­та жүрсе де, сағы сынбаған, рухы асқақ, еңсесі биік ағайындарымыз бо­сағадан сығалатпай, төрге оздыру құрметінің қайтарымы ре­тінде бойларындағы барлық қажыр-қайратын, күш-қуатын елдік мүдделерге арнаған. Өсер елдің ұл-қызына тән сабырлы, ұстамды мінез көрсетіп, аспады-таспады, кергімеді, міндетсінбеді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жасампаз Қазақстанның жарқын келешегі жолында бір­ауыздылық, ұйымшылдық, жо­ғ­ары еңбек үлгісін танытып ке­леді. Соның бір мысалына ерке Есіл­дің жағасында орын тепкен Бәйтерек елді мекенін келтіруге болады.  

4-бетте

Шоғырлана қоныстанудың шоқтығы биік

 Бір жерге топтастырып орнықтыру өзін-өзі ақтаған үрдіс

       Жапан далада бой көтерген Бәйтерек ауылының аты да, за­ты да бүгінде мүлдем өз­гер­ген. Жұртшылық оған тәуел­сіз­ді­гі­міздің символы ретінде де қа­рай­ды. Осыдан сегіз жыл бұрын «Нұр­лы көш» бағдарламасы шең­­берінде бой көтерген елді ме­­кен бүгінде сәулеті мен дәу­леті жарасқан қалашықты көз ал­дымызға елестетеді. Ел де­се, емешегі үзілетін шеттегі бау­ыр­­ларымыз үшін арнайы са­лын­ғанын біреу білер, біреу біл­мес, «Бәйтеректе» алғашқыда жаңа үлгідегі жобамен 23 үй салынса, келесі жылы 140, сосын 100 үй, 50 жылыжай тұрғызылды. Қазір тұрғындардың саны екі мыңға жуық. Жыл сайын орта есеппен 30 сәби дүние есігін ашады. Бәй­терек Қызылжар ауылдық окру­гінің орталығы ретінде бел­гіленіп, көшелерге Астана, Қазақстан Конституциясы, Ба­тыр Баян, Бейбітшілік секілді құ­лақ­қа қоным­ды, жүрекке жылы тиет­ін ата­у­лар берілді. Көшелер асфальтта­лып, су құбырлары тартылды. Елді мекенге кірер жолдың қос қапталына егілген қарағайлар адам бойынан асады. Аудан әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, әлеуметтік мәселелер өз шешімін біртіндеп тауып келеді. Мәселен, Үкіметтің қаулысымен тұрғын үйлер жергілікті коммуналдық меншіктің қарауына берілген. Тұрғындар бұдан былай жал­гер­лік-коммуналдық төлемге ғана есеп айырысады. Электр қуа­тымен, таза ауыз сумен қам­ту жайы да жақсара түскен. Ауылдың 300-ге тарта баласы бұ­ған дейін аудан орталығына қа­тынап оқып келген. Арнайы көлік бөлінгеніне қарамастан әжептәуір проблемалар туатын. Былтыр екі қабатты заманауи ғимарат құрылысын жүргізуге жергілікті қазынадан 827 миллион теңге бөлініп, қысқа мерзімде тұрғызылды. 24 орынды автобус сыйға тартылды.

       – Жаңа мектеп табалдырығын 302 оқушы аттады. Бірінші сы­нып­қа 42 бүлдіршін қабыл­данды. Ша­ғын орталық, мектепалды даяр­лық сыныбы жұмыс істейді. 72 адам тұрақты жұмыс тапты. 22 кабинет, компьютер сыныбы, спорт залдары, асхана, спорт алаңы, хоккей корты, жылыжай бар,–дейді мектеп директоры Сәудат Сұлтанғазина.

       Моңғолиядан көшіп келген ауыл тұрғыны, бес баланың ана­сы Алмагүл Партизан мемле­кет қолдауына дән риза. Өзі де, жұ­байы да осында жұмысқа орна­лас­қан.

      Алғашқы жылдары тә­жі­ри­бенің аздығы ма, әлде асы­ғыс­тық салдары ма, шеттен кел­ген ағайындарымызды топтап қоныстандыруға онша мән бе­рілмеді. Шенеуніктер тарапынан әйтеуір баспана алса болды ғой деген салғырт ниет басым жат­ты. Қолдан жасалған бюро­крат­тық кедергілер де кездесіп, аяққа шырмауықша оратылды. Әсіресе, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда жіберілген олқылықтар тығырыққа тіреп, кейбіреулердің басын дауға іліктірді.

       Қандастарымызды елге орал­ту–мәселенің бір жағы. Олар­дың тұрақтауына, түпкілікті қо­ныстауына жағдай жасау – бас­ты міндеттердің бірі. Көрші өз­бек елінен Новокаменка ауылына ат басын тіреген 30 шаңырақ бір жерге орналасудың арқасында бір-біріне жәр­дем­десіп, демеп отырды. Көкөніс өсі­ру­дегі тәжірибелері адам қы­зы­ғарлықтай. Әр отбасы телімі жер­­лерді бірігіп сатып алған тех­­никалармен игеріп, асар ар­қылы баспаналар тұрғызып алды. Осы бір жақсы дәстүрді жал­ғастырған бәйтеректіктердің өзін өзі жұмыспен қамтамасыз ету тәжірибелері де үйренуге тұрарлық.

  Солтүстіктің суығы сылтау емес

 «Еңбек бәрін де жеңбек» деген қанатты сөзді өмірлік мұрат еткен

       Жасыратыны жоқ, ішкі миграция мәселесінде шешімін табатын шетін мәселелер аз емес. Көбіне еңбек ресурстары туралы әңгіме қозғалғанда небір түйткілдер андыздап қоя береді. Иә, жүгірсе аңның тұяғы, ұшса құстың қанаты талатын Қазақстан – кең-байтақ, жеріміз кең. Бес Франция еркін сыйып кететін шетсіз де шексіз дала­мыздың теріскей ай­мақ­та­­рында тұрғындардың де­мог­ра­фиялық құрамын, жұ­мыс күштерін сырттан келген ағай­ын­­дардың есебінен реттеу, то­лықтыру кешенді ойластырылса, құба-құп болар еді. Бұл пікірді Бәйтерек ауылының қадірменді тұрғыны, ақсақалдар алқасының мүшесі, көзі қарақты, көкірегі ояу Қайролла қажы Сүлейменов те қолдайды. Ол Құдай қосқан қосағы Мариям апай екеуі 2009 жылы Түмен облысынан көшіп келіпті. Ұл-қыздары да атамекенге қуана оралған.

        – Елбасымыз Қызылжар өңірі­не келген сапарында Бәйтерек ауылына арнайы келіп, бізбен кездесуінде ғасырлар бойы замана дауылымен жөңкіле көшіп, ғасырлар тоғысында туған елдің төріне табан тіреген ағайындар үшін қажетті жағдай жасалып жат­қанын айта келіп, соның жар­қын үлгісіне бәйтеректіктер өмі­рін келтірген болатын. Ра­сын­да да, дәл бүгінгідей мемлекет құрып, төрткүл дүниеге танылып отырған шақта «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы» деген халықтық ұлағатты естен шығармаған жөн дейді ақсақал.

      Бәйтеректе жас отбасылар көп. Еңбектің, жердің қадірін бі­л­е­ді. Олар жылыжайларды тиімді пайдалану арқылы «Жұмабеков», «Қалдыбаев», «Әбдірайымов», «Әбдірахманов» сияқты жеке кәсіпкерліктер құрып, өздерінен артылған өнімді саудаға шығарады. Осындай елгезек жандардың мемлекеттің жеңілдікті бағдарламаларына көбірек тартылғаны дұрыс. Неше түрлі кедергілердің кездесуінен, құ­жаттарды ресімдеу бөгесін­де­рі­нен, банкке қоятын мүліктік кепіл­дің болмауынан тауаны шағылып, меселі қайтып жатады.

      Құрдастарының Сайдислам Әбдірайымовтың алдынан жұмыс үркіп отырады деген қалжыңы себепсіз айтылмаса керек. 3 сотық аумақты алып жатқан екі жылыжайдан жалғыз отбасы ғана емес, өзгелер де нәпақасын айырып отыр. Несие алмай-ақ шаруасын дөңгелетіп жүрген ол облыс орталығынан жеке үй салып алыпты. Сол сияқты, Жанат Отын­­шиев те жұмыс десе, жанын салатын еңбекторының бірі. Осында көшіп келісімен үш бөл­мелі үйдің бір қанатын азық-түлік және тұрмыстық заттар дүкеніне айналдырған. Қоғамдық монша, шаштараз, техникалық қызмет көрсету стансасы жұмыс істейді. Ендігі ойы дәмхана ашу. Мұсабай әулетін де мәуелі шаңырақ­тар­дың біріне ұқсатасың. Хал­қы­мыздың әдет-ғұрпына, салт-дәс­тү­ріне, қолөнеріне деген құр­мет пен дәстүр жалғастығын қа­пы­сыз аңғарасың. Үйдің егесі Жұпархан­нан бастап тәлім-тәр­биеге айрықша мән беретіні бай­қа­лады.

     Иә, алыс-жақын шетелдердің әр қиырынан жиылса да, бәй­те­рек­тіктердің ауызбірлігі мықты.

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы

      https://www.egemen.kz/2017/01/24/94822

толығырақ

        Қырғыз елінде ұлттық дәстүрге ерекше мән береді. Қолөнер, зергерлік жақсы дамыған. Бүгінде Қазақстанда да төл өнерге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, адамдар шынайы дүниелерді өз дәстүрі мен салтынан таба бастады, - дейді қырғыз елінен оралған қандасымыз қолөнерші Қарлығаш Ілиясова.  

null

null
          Қарлығаштың талайлы тағдыры да қызық. Ол Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Кеңестер кезінің қалыптасқан жүйесіне сәйкес жолдамамен 1984 жылы бүгінгі Санкт-Петербор, сол кездегі Ленинград қаласына құрылыс техникумына оқуға түседі. Оқуды аяқтаған жылы қатар оқыған Бақыт есімді қырғыз жігітімен тағдыр қосады. Посткеңестік мемлекеттер тәуелсіздігін жариялардан екі жыл бұрын, яғни 1989 жылы Қырғызстанның Жалалабад облысы, Алабұқа ауданына оралады. Сөйтіп Қырғызстан азаматы атанады. Осында мектепте сурет, технология пәндерінен сабақ береді. Жолдасы Бақыт алғашында агроном, кейіннен әскери қызмет атқарады. 

null

null

       «Тоқсаныншы жылдар өте қиын болды. Жейтін нанымызды таба алмаған кездер болғанын бүгін айтсам, адам сенбейтін шығар. Бала күнімнен әжем, киіз басудан бастап, қолөнердің біразын үйреткен еді. Қиналғанда осы ісмерлігімнің көмегі тиді. Қырғыз еліндегі толқулардың бірқатарына куә болдық. Қырғыз-қазақ бір туған ғой. Дегенмен өз еліңдей бола ма? 2006 жылы Қызылордаға көшіп келдік. Үлкен ұлым Темірлан Қырғызстанда прокуратура саласында қызмет етеді. Қызым Альбина осында келгесін тұрмысқа шықты. Кенжем Табиғат жанымда қолөнер ісімен айналысады. Тіпті бізбен бірге құрақ құрап, ұлттық киімдерді де тіге береді. Сонымен қатар зергерлік бұйымдар білезік, сақиналар жасайды. Елге келген соң төркінімді паналадым. Қолымнан келген өнерім арқасында көрмелерге қатысып көзге түстім. Облыстық көші-қон департаменті жағдайымды біліп, тиесілі квота бөлінуіне көмектесті. Бір бөлмелі алғашқы үйімізді алдық. Қолөнер бұйымдарын жасауды тоқтатқан жоқпын. Мемлекет тарапынан түрлі қорлардан ақшалай қолдау болды. Тұңғыш Президент қорынан да қаржылай көмек алдым. Бұл кәсібін жаңа бастаған адам үшін зор көмек қой. Соның арқасында «Қарлығаш» шеберлер орталығын аштым. Қырғыз елінде мұндай мүмкіндіктер жоқ. Орталықта алғашында 25 оқушы кейіннен 12 талапкер кәсіп үйренді. Қазірде өз қалаулары бойынша келіп жүрген жастар аз емес. Бізде құрақ көрпешелер, қыздың жасауы, арнайы тапсырыстармен ұлттық киімдер тігіледі. Сонымен қатар той табақ, кәдесыйлар жасаймыз. Астанадан, Оралдан тапсырыстар жиі түседі. Бүгінде көпшілік үйлерде арнайы қазақы бөлмелерді жасақтайтын болды ғой. Соған орай біздің өнімдерімізге сұраныстар да артып отыр. Өзім Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, әрі облыстағы өкілімін. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жеке көрмемді өткізу дайындығын жасап жатырмын. Айтулы мерекеге осылайша тарту жасау ойымда бар. Менің бір байқағаным, талап қылған адамға Қазақстанымызда мүмкіндік көп. Тек жалықпай еңбек ету керек. Ия, осылай Ұлы көштің легінде біз де атажұртқа оралдық. Мен мемлекет басшысын кемеңгер көшбасшы деп мақтанышпен атар едім. Өзге елде 21 жыл тұрып келгендіктен мен мұны жақсы білемін. Елбасы бар мүмкіндікті беріп отыр, мемлекеттік қолдау бар. Еңбек ету керек бастысы. Менің бар арманым, ұлттық құндылықтарды насихаттап, келер ұрпаққа табыс ету. Біздің елде оған толық мүмкіндік жасалған. Атажұртқа оралып, ел игілі үшін еңбек етіп жатқанымды мақтан тұтамын», - дейді Қарлығаш.

     https://baq.kz/kk/ 

толығырақ

       

          Қымбатты отандастар!

        Баршаңызды ең ұлы мерекеміз, әрі елдігіміздің асқар асуы – Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

        Біз 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізді жер жүзіне жариялап, күллі әлемге паш еттік.

      Алдымен көне түріктің бөрілі байрағының мұрагері – Көк Туымызды Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреттік.

         Әнұранымызды әлем көгінде әуелеттік, Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық.

      Төл теңгемізді енгізіп, Ата заңымызды қабылдадық, Қарулы күштерімізді құрып, Шекарамызды шегендедік.

Мемлекеттік тілімізді әлемнің ең биік мінберінен сөйлеттік.

       Біз 1500 жыл бұрын Күлтегін ұстынында жазылған «Мәңгілік Ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырып, ЕЛДІГІМІЗДІҢ 15 ҒАСЫРЛЫҚ ТАМЫРЫНА НӘР БЕРДІК, мәңгі жасыл етіп гүлдендірдік.

       Терең тарихымыз бен мыңжылдық болашағымызды сабақтастырып, Мәңгілік Ел болудың дара жолына түстік.

       Бүгінде біз – ана тілімізді түлетіп, ата дінімізді оралтқан айшықты елміз.

       Тағылымды тарихымызды түгендеген жоралы жұртпыз, барша қазақтың басын біріктірген бәтуәлі ұлтпыз.

       Біз – даламыз бен қаламызды бірге көркейткен қуатты халықпыз, Арқа төсіне Тәуелсіздігіміздің салтанатты символы – Елордамызды орнатқан жасампаз жұртпыз.

       Достықтың дара дәстүрлерін дамытқан біртұтас ұлтпыз, көршімен тату, шалғаймен сыйлас өмір сүрудің өнегесін көрсетіп, салиқалы сыртқы саясатын жүргізген ұлағатты ұлыспыз.

        Біз – әлемдік қарусыздану ісінің тізгінін ұстаған көшбасшы халықпыз, алыс болашаққа көз тіккен мерейлі мемлекетпіз.

      Тұғыры мығым, мәртебесі биік Тәуелсіз Қазақстанды біз бәріміз бірге жасадық.

       Мен бүгінгі мерейлі сәтте ел дамуына үлес қосқан әрбір отандасыма айрықша ықыласымды білдіремін.

        Киелі, осы ұлы мемлекет құруға, елді біріктіруге, жасаған шаруамызға Алатаудың баурайындағы азаттықтың алтын бесігі – алматылықтар, жағасын қарт Каспийдің толқындары сүйген мұнайлы өлке – атыраулық және маңғыстаулық ағайын, өндірісті өңір – ақтөбеліктер үлкен үлес қосты.

       Кеншілер мекені – қарағандылықтар, байтақ даланың қос жұлдызы – сұлу Көкше мен Баянауыл өлкелерінің және шырайлы Шымкенттің тұрғындары толассыз тер төкті.

        Жер жәннаты Жетісу халқы мен ақ жайық ару мекен – батысқазақстандық бауырлар, асты мен үсті тарихи және табиғи байлыққа толы кенді Алтай өңірі мен талай тарихтың куәсі – Жамбыл тұрғындары ерен еңбектің үлгісін көрсетті.

        Аралы оралып, ақ күріші жайқалған Сыр өңірі, аймағы әрлі, топырағы нәрлі алтын дән даласы – Қостанай мен Солтүстік Қазақстан тұрғындары аянбай еңбек етті.

       Азаттығымыздың айшықты айғағы – астаналықтар жасампаздығын паш етті.

       Сіздердің әрқайсыңыздың еңбектеріңіз Тәуелсіздіктің тұғырын нығайту жолында маған ересен күш қуат берді.

      Риясыз сенімдеріңіз бен шексіз қолдауларыңыз елім үшін түн қатып, түс қашқан қиын күндерде маған үлкен тірек болды.

       Мен 25 жыл бұрын, 1991 жылғы 10 желтоқсанда, Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісер сәтте «Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын», деген едім.

          25 жыл өткеннен кейін, Тәуелсіздіктің ұлы тойында осы сөзімді сол күйінде қайталағым келеді.

       Мен үшін туған Қазақстаныма қалтқысыз қызмет етуден артық бақыт жоқ.

        Қымбатты отандастар!

      Құрметті қонақтар!

      Бүгін мен барша халқымызды Отанымыздың ұлы мерейтойымен құттықтаймын! Бұл – барлық қазақстандықтардың жалпыға ортақ салтанаты. Тәуелсіздіктің 25 жылы – біздің буынның уақыт өлшеміне сыймайтын теңдессіз ерлігі.

       Тәуелсіздік – миллиондардың қанатты үміті және орындалған ғасырлық арманы.

       Осы мерейтойлық жылда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануының символдық мәні бар. Біз өзіміздің егемен жолымызды бұрынғы Одақтың 15 жарықшағының бірі ретінде бастадық. Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығын біз жаңа жаһандық рөлде қарсы алып отырмыз. Мен сіздерді осы жаңа жауапты миссиямен де құттықтаймын!

      Парламенттің Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясын қабылдауы біздің ұлы жетістіктеріміз бен жеңістеріміз және болашаққа белгіленген бағыттарымыз көрініс тапқан маңызды саяси-құқықтық құжат болып табылады.

       Қазір тікелей эфирден біздің салтанатты жиналысымызды бүкіл еліміз көріп отыр. Сондықтан осы күрделі жылдарда Отанымыздың игілігі жолында біртұтас отбасы секілді жұмыла жұмыс істеген баршаңызға шын көңілден шыққан ризашылығымды білдіргім келеді.

       Еліміздегі барша қазақстандықтарға, қазір теледидар экранының алдында отырған әр қала мен ауылдағы адамдарға, тіпті, осы мерекелі күндері жұмыстарын жалғастырып жатқандардың бәріне, барша азаматтарға – жұмысшылар мен фермерлерге, мұғалімдер мен дәрігерлерге, ғалымдар мен кәсіпкерлерге, өнер және мәдениет қайраткерлеріне, мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметкерлерге, жастарымызға ризашылығымды білдіремін.

        Қымбатты менің отандастарым!

      Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан – табысты, гүлденген мемлекет және бізді бүкіл әлем таниды. Ал 1991 жылы жағдай мүлдем басқаша еді. Алдымызда қатаң дилемма тұрды: «Боламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба?» – деген. Еліміз «жабайы капитализмге» қарай бет алып бара жатты.

      Әкімшіл-әміршіл экономиканың коллапсы миллиондаған адамды өмір сүру мүмкіндігінен айырды. Түрлі сарапшы-сымақтар мен саясатшы-сымақтардың дауыстары жан-жағымыздан тез ыдырайтынымыз бен азамат соғысы туралы айтып, қорқытып-үркітумен болды.

        1990 жылдан бастап Қазақстаннан 3 миллион 568 мың адам көшіп кетті. Іс жүзінде, жыл сайын бір-бір қаладан кетіп жатты. Сол жылдары ел халқының саны 17-ден 14 миллион адамға дейін азайды. Бұл экономикамызға қосымша соққы болып тиді. Әлемге біз қызық емес едік, әрі керегіміз де шамалы болатын.

       Бүгін осының барлығы 25 жыл бұрын ғана болды дегенге сену қиын. Бірақ бәрі де дәл осылай болып еді! Жастардың қазіргі буынына бұл – өткен тарих. Бірақ ересек буын осы драмаға толы кезеңдерді жақсы біледі.

        Біз өзінің іс-қимылы мен мүмкіндіктері қатаң шектелген әлемдегі аса кедей елдердің бірі болдық. Ал бүгінде барлық қиындықтарды бірге еңсеріп, қуатты бола түстік.

        Мен өзімнің жеке архивімнен бір адамның – солтүстікқазақстандық фермер Геннадий Иванович Зенченконың екі хатын тауып алдым. Алғашқысын мен осыдан ширек ғасыр бұрын, 1991 жылы алыппын. Геннадий Иванович сол кезде былай деп жазыпты:

         «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

         Біз қазір бүкіл республикамыз үшін күрделі кезең екенін білеміз. Ашығын айтсам, ауылда да жағдай өте ауыр. Қазір біздегі 2,5 мыңнан астам ұжымшарлар мен кеңшарлардың жағдайлары сын көтермейді. Жақында халықпен кездескен кезіңізде Сіз былай дедіңіз: «Отаның мықты кезде оны сүю де жеңіл әрі жағымды. Отаныңды сын сағатында сүйген анағұрлым маңыздырақ». Біз сын сағаты туғанын түсінеміз, бірақ Сіздің балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты да бақуатты өмір сүрулері үшін Қазақстанды өсіп-өркендеген мемлекетке айналдыратыныңызға сенімдіміз. Біз тек Сізге деген сеніммен ғана тіршілік кешудеміз!».

* * *

           Геннадий Ивановичтің екінші хаты, бүгінде ол «Қазақстанның Еңбек Ері», үстіміздегі жылдың басында келді.

        «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

     «Біз Сіздің Қазақстанды өсіп-өркендеген мемлекетке айналдыратыныңызға сенімдіміз». Бұл сөз тіркесін мен Сізге осыдан тура 25 жыл бұрын жазған хатымда, бәріміз 1990-шы жылдардың күрделі кезеңдерін басымыздан өткеріп жатқан шақта жазған болатынмын. Міне, бүгінде, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы жылында Сіз біздің барлық арман-аңсарларымызды іс жүзіне асыра алдыңыз.

       Біздің әрқайсымыз Сіздің алдыңызда қарыздармыз. Менің өз шаруа қожалығым бар. Бұл – менің өмірім, менің жұмысым, менің табысым мен отбасымның игілігі. Бүгінде немерелерімнің өзі жер емгеннің жерде қалмайтынын түйсіне бастады. Біз бүкіл еліміз бойынша мыңдаған гектар орман өсіріп, жаңа елорда, жолдар, зауыттар мен фабрикалар салдық!

        Сіз – біздің мәңгілік Елбасымызсыз! Сізге еңбегіңіз үшін, өзіңіз құрған Қазақстан үшін рахмет айтамыз және басымызды иеміз».

* * *

       Геннадий Иванович соңғы кездері аурыңқырап жүр. Бүгін осы залда оның ұлы отыр. Ол – осы шаруашылықты жүргізетін Геннадий Геннадиевич Зенченко. Сізден менің атымнан Геннадий Ивановичке тез сауығып кетсін деген тілегімді жеткізуіңізді өтінемін!

       Осы хаттарда біздің Тәуелсіздіктің 25 жылындағы барлық өміріміз көрініс тапқан! Қазақстан бизнесі «капитандарының» табыстары мен нақты өмірбаяндары – бүгінде баршаға мәлім.

* * *

       Әйгілі балуан Жақсылық Үшкемпіров ауыл шаруашылығына бет бұрып, асыл тұқымды мал бордақылайтын кешен мен қасапхана ашты.

       12 мың бас ірі қарасы бар Жақсылықтың шаруашылығы соңғы 3 жылда 165 тонна ет экспорттады.

        Ал Исламбек Салжанов құрған «Алтын қыран» компаниясы экономикаға 300 миллион доллар инвестиция салып, 1000 адамды жұмыспен қамтып отыр.

       Кәсіпкерлеріміздің әлеуметтік жауапкершіліктері жоғары.

* * *

        Біздің бизнесмендерімізде оларға бастапқы капитал бөлетін миллионер әкелері болған жоқ. Реформаларға құндылықтарды нақты адамдар берді, олар еңбектерімен өздерінің және еліміздің болашағын құрды деп мен әркез айтып келемін.

      Міне, дәл сондықтан Қазақстан қазір қай кездегіден де өз күшіне сенімді көрінеді.

       Құрметті қазақстандықтар!

       Отанымыздың 25 жылдық мерейтойы күні мен беделді халықаралық сарапшылар айтқан тәуелсіздіктің жеті теңдессіз табысын атап көрсетсем деймін.

        Бірінші. Басты табысымыз – біз әлем картасында болмаған мемлекет – Тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Мемлекеттік шекарамыз халықаралық деңгейде бекітілді. Мемлекеттік басқарудың Конституция негізінде жұмыс істеп тұрған тиімді жүйесі құрылды.

        Бүгінде біз заманауи Қарулы Күштер мен құқық қорғау жүйесін иеленіп отырмыз. Қазақстан – ынтымақтастықтың барлық мәселелері бойынша беделді де жауапкершілікті әріптес.

      Екінші. Жетекші халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша, еліміз әлемге Қазақстанның «экономикалық ғажайыбының» жарқын үлгісін көрсетті.

        Нобель сыйлығының экономика жөніндегі лауреаты Финн Кидланд мырза «Қазақстан әлемдегі мейлінше жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі және оның даму қарқыны таңдандырады» деп атап өтті.

       2012 жылы біз әлемнің ең бәсекеге қабілетті 50 елінің қатары кірдік. Тәуелсіздік жылдары ішінде экономика 20 есеге өсті. 1999 жылдан 2016 жылға дейін біздің экономикамыз үздіксіз өсіп келеді. Яғни, 25 жылдың 17 жылы – тұрақты экономикалық өсім.

       Сарапшылық бағалау бойынша, Қазақстан таяу 10-20 жылда да экономика өсімі бойынша көшбасшы елдердің санатында болады. Бірақ әлемде жиі айтылып жүрген қазақстандық ғажайыптың мәні одан да тереңде жатыр.

        Біріншіден, меншік иелері мен кәсіпкерлердің өсіп келе жатқан жаңа табы табысты жұмыс істеуде. Елде қазір 1 миллион 241 мың кәсіпкерлік құрылым бар. Олар ұлттық байлықтың төрттен бірін өндіреді. Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі бойынша, Қазақстан небары 1 жылда 51-орыннан 35-орынға секірді.

        Екіншіден, біз экономиканың тиімді моделін жасадық. Бізде коммуникацияның, өндірістің, электр таратудың бірыңғай жүйесі болған жоқ. Біз оны Тәуелсіздік жылдары қалыптастырдық. Автомобиль жолдары мен темір жолдар біздің байтақ еліміздің әр тарапын тікелей байланыстырмайтындай етіп салынып, барлығы да солтүстікке қарай кететін.

         Қазір «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы біз бірыңғай көлік жүйесін құруды аяқтаймыз. Біз оны жаһандық көлік бағыттарының жаңа күретамыры іспетті етіп салып жатырмыз. 1000 шақырым автомобиль жолы, 3000 шақырымға жуық темір жол төселді.

         Үшіншіден, 90-жылдардың басында біз ештеңе экспорттамайтынбыз. Бүгінде 2500 ден аса өнім түрі 119 елге экспортталады. Біздің экспортымыз 46 миллиард долларды құрайды. Біз жаһандық астық қорына айналдық.

       Біз екінші индустриялық бесжылдықты жүзеге асырып жатырмыз. Барлығы мыңнан аса жаңа өндірістер ашылды. Бұрын ешқашан біздің жерімізде автомобиль, локомотив, вагон, тікұшақ өндірісі және басқа да көптеген өндіріс болған емес. Бүгінде елімізде бұрын шығарылмаған 500 жаңа өнім түрін шығару ісі игерілді.

         Төртіншіден, 265 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция халқымыздың игілігіне жұмыс істеп жатыр. Теңге айналысқа енгізілген 1993 жылдан бергі 23 жыл бойы тікелей шетелдік инвестициялардың тұрақты келуі байқалып отыр. Бұл – әлемдік бизнестің жаһандық сенімі. Ең қиын жылдары бізге Бритиш Петролеум, Шелл, Эксон Мобилл, Шеврон, Аджип, Дженерал Электрикс, Дженерал Моторс, Миттал, Тойота, Самсунг сияқты көптеген басқа да инвесторлар келді.

       Елімізге үлкен қаражат қана емес, технология, ғылым әкеліп, азаматтарымызды заманауи деңгейде жұмыс істеуге үйреткен барлық инвесторға және Қазақстанның достарына ризамын. Біз сіздердің компанияларыңызбен жемісті ынтымақтастықты жалғастыратын боламыз.

       Бүгін мен барша қазақстандықтарды және біздің инвесторларды ғасыр жобасы – Қашаған мұнай және газ кенішінің іске қосылуымен құттықтағым келеді. Бұл – әлемдік энергетика саласында соңғы 50 жылда болған ең ірі оқиға. Еліміздің осы жаңа жеңісі Тәуелсіздіктің 25 жылдығында айрықша символдық мәнге ие.

        Үшіншіден, біз бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастырдық. Жалпы халықтың қалауымен құрылған Халық ассамблеясы барлық ұлтты қанатының астына алып, басын біріктіре білді. Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғамды орнаттық.

***

       Біз қасиетті ҚАЗАҚ ТІЛІ мен ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ жаһандық гуманитарлық кеңістікке еркін енуін қамтамасыз еттік.

       Қазақтың тілі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының төрінен естілуде.

       Ол ғарыштан да естілді. Ол бүгінде интернеттің де тілі, отандық ақпарат құралдарының басым көпшілігі қазақша шығады.

        Естеріңізде болса, бір кезде Алматыда бір ғана қазақ мектебі бар еді.

        Өткен 25 жылда елімізде қазақ тілінде білім беретін бір мыңнан астам мектеп ашылды.

       Біздің тілімізді Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Мажарстан, Польша, Әзірбайжан мен Армения сияқты елдердің белді университеттерінде оқытады.

       Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының үштен екісінен астамы, студенттердің 60 процентке жуығы мемлекеттік тілде білім алады.

        Еліміз бойынша қазақ тілін оқытатын 350 орталық табысты жұмыс істеуде.

        Біз өшкенімізді жандырып, жоғалтқанымызды түгендеген «Мәдени мұра» стратегиялық жобасын жүзеге асырдық.

      Елордамызда теңдессіз өнер ордасы «Астана Опера» театры мен Ұлттық Музей жемісті қызмет көрсетуде.

      Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі музейлердің саны екі есеге көбейді.

       25 жаңа театр мен жаңа концерт залдары ашылды.

       Биыл Астанада тағы бір бірегей оқу орыны – Хореография академиясы алғашқы шәкірттеріне есігін айқара ашты. Мұндай оқу орны әр бір елде ашыла бермейді. Біздегі ашылған академия дүниеде 10-шы болып саналады.

***

        Төртіншіден, біз ұлы мұрамыздың інжу-маржанын – жаңа елордамыз Астананы болашақ ұрпақ үшін салдық. Астана – планетамызда ХХI ғасырда пайда болған бірінші астаналық қала. Елорданың миллионыншы тұрғынының биылғы мерейтой жылы дүниеге келгені де нышандық мәнге ие.

          1990 жылдардың ең ауыр кезеңдерінде Астана бізге үміт қанатын сыйлады және үлкен қиындықтарды еңсеруді үйретті. Қиын кез болатын. Бәрі жетіспейтін. Еңбекақы, зейнетақы төленбеді. Бірақ біз сол қиындықтардың бәрін ештеңеге қарамастан еңсеріп, елордамызды салдық.

         Елордамыз қасиетті Тәуелсіздік рухының – Жасампаздық пен бірлік рухының қайнар көзіне айналды! Астана бүгінде өз тарихының бастауында ғана тұр. Ол біздің мемлекеттік қуатымыздың биік самғауын бейнелей отырып, жылдан жылға ажарланып келеді. Біз оны әлемнің мәңгі қалаларының бірі ету үшін бәрін жасаймыз, өйткені Астана дегеніміз Тәуелсіздіктің киесі.

        Бесіншіден, экономикалық ғажайыптың арқасында біз қазақстандықтардың әл-ауқатын шынайы өсіруге қол жеткіздік. Қазақстан халқының 35 пайызы 1996 жылы кедейшіліктің шегінде қалып қойған еді. Тәуелсіздік жылдары кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқан тұрғындардың үлесі 12,5 есеге – 2,5 пайызға дейін қысқарды. Ең дамыған елдерде мұндай көрсеткіш жоқ.

       Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы бірегей идеясын табысты жүзеге асырып жатырмыз. Бізде жұмыссыздық 2,6 есеге қысқарды. Соңғы бесжылдықта біз жылда орта есеппен 270 мың жаңа жұмыс орнын ашып келеміз. Кейінгі он жарым жыл ішінде орташа еңбекақы мен зейнетақы 10 еседен астамға ұлғайды. Ауылды көтерудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылды, ауылдықтардың тұрмыс деңгейі өсті.

        Осы жылдар ішінде біз әлемдік экономикалық дағдарыстарға қарамастан әлеуметтік салаға айрықша назар аудардық. Әлеуметтік шығыстар 25 жылда 26 миллион теңгеден 4,8 триллион теңгеге дейін өсті. Бұл ел бюджетінің 46 пайызы. Біз бұл жұмысты жалғастыра береміз.

        Үкіметке келесі жылы зейнетақы көлемін 2016 жылдың деңгейіне қатысты 20 пайызға көтеруді тапсырамын. Бұл шара 2 миллион 100 мың қазақстандықты қамтиды. Сондай-ақ бала тууына байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы көлемін 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 20 пайызға өсіруді тапсырамын.

***

         Біз тағдырдың жазуымен шартарапқа шашылған бауырларымыздың басын қостық.

        Мемлекет тарихи отанымен қауышқан бір миллион қазақтың басына баспана, өзіне жұмыс беріп, бар қамқорлығын жасауда.

       Олар Тәуелсіз мемлекеттің азат азаматтары ретінде қазақ елінің қара шаңырағына уығын шаншып, керегесін жаюда.

         Атамекеніне ағылған қазақтың көші 25 жылдан бері бір сәт те тоқтаған емес, қазір де жалғасуда.

       Осы жылдарда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі дәйекті саясаттың арқасында 1 миллионнан астам отбасының баспана жағдайы жақсарды.

      Еліміз бойынша 2700-ден астам балабақша және жекеменшік шағын орталық ашылды.

      Еліміздің түкпір-түкпірінде 1350 мектеп жаңадан бой көтерді.

      Әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университеті жоғары деңгейдегі алғашқы мың маманды дайындап шығарды.

      Барлық өңірлерде 20 зияткерлік мектеп ашылды.

       «Болашақ» бағдарламасы аясында 12 мың жас өренге әлемнің ең белді оқу орындарында білім алуға стипендия берілді.

       Біз осы уақытта 1300-ден астам денсаулық сақтау нысанын салып, оларды ең заманауи құралдармен жабдықтадық.

        Осы ретте, маған жақында дәрігер Нәзигүл Ырымбаевадан хат келді.

         «Мен – дәрігермін, 26 жылдан бері медицина саласында қызмет істеймін.

      Тоқсаныншы жылдардағы қиын сәттер әлі күнге дейін көз алдымда.

          Мұқтаж жандарға дер уақытында жетіп, сапалы көмек крсету біздің арманымыз еді.

          Сіз сол арманымызды орындадыңыз!

        2011 жылдан бері санитарлық авиация әуе кемесімен 6700 рет сапарға шығып, 8,5 мың адамға жедел көмек көрсетті.

      Соның арқасында өмірге қайта оралған жандардың Сізге айтқан алғыс, баталарын тебіренбей тыңдау мүмкін емес» деп жазыпты.

         Шынында да, тоқсаныншы жылдардың басындағы және бүгінгі медицинаның арасы жер мен көктей.

        Жаңа емдеу орталықтарынан өзге, елімізде 49 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.

       Бұл кешендер 5 жылда алыс аймақтардағы 3 миллионнан астам адамға көмек көрсетті.

       Арнайы медициналық пойыздар 151 мың шақырым жолды жүріп өтіп, 300 мыңнан астам тұрғынға дәрігерлік жәрдем берді.

        Осының арқасында ең алыс ауылдардың тұрғындары да астаналық деңгейдегі сапалы көмек алуда.

       Елімізде сәбилердің дүниеге келуі 55 процентке өсті, тұрғындардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жетті.

      Қазақстан – медициналық туризм еліне айналды, бізге алыс-жақын шетелдерден науқастар емделуге келеді.

      Бүйрек, бауыр, өкпе, жүрек сияқты ағза мүшелерін трансплантациялайтын күрделі операциялардың бәрі өзімізде жасалады.

        Біздің еліміз жасанды жүрек орнатудан әлемде Германия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұр.

        Еліміздің медицинасын әлемдік деңгейге көтерген екі дәрігер – Юрий Владимирович Пя мен Серік Қуандықұлы Ақшолақов.

       Олар күрделі зерттеулер жасап, ғылымға тың жаңалықтар әкелді, отандық медицинаны әлемге танытты.        Сондықтан, екеуі де Еңбек Ері атанып, құрметке бөленіп отыр.

* * *

       Алтыншы. Қазақстан жаңа моделді ықпалдастырудың бастамашысы болды. Мен сонау 1994 жылы айтқан еуразиялық интеграция туралы идеямды жүзеге асыруға 20 жыл бойы табанды түрде ұмтылдым. Бүгінде біз Армения, Беларусь, Қырғызыстан және Ресеймен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа қатысып отырмыз.

          Әлемнің ондаған мемлекеті Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтасқысы, соның ішінде еркін сауда аймағын құру арқылы ынтымақтасқысы келеді. Оңтүстік Корея да, Ираиль Мемлекеті де біздің одақпен еркін сауда аймағын құрғысы келеді.

        Еуразиялық интеграцияның маңызды аспектілері АӨСШК және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы сияқты Қазақстанның бастамасымен немесе қатысуымен құрылған ұйымдардың қызметінде көрініс тапқан.

       Интеграция – сенім, достық, өңірдегі тұрақтылық. Сондықтан мен Еуразияның барлық елін тығыз ықпалдастыққа және серіктестікке шақырамын!

         Жетінші. Бүгінде әлемдік жетекші саясаткерлер мен халықаралық сарапшылар Қазақстанды жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы және жүйелі бітімгерші ретінде мойындайды.

       БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысы Антониу Гуттериш мырза Астанада өткен кездесуіміз барысында Қазақстанның «диалог пен араағайындықтың бай дәстүріне ие бола отырып, БҰҰ-аға халықаралық шиеленісті азайтуға және әлемдік аренада көпір салуға көмектесетінін» атап өтті.

        Қазақстаннан Тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап-ақ бүкіл әлемді қамтитын идеялар таралуда. Егемендік қарсаңында біз ядролық арсеналдан бас тартып, Семейдегі ядролық сынақ полигонын жаптық. Осы оқиғамен байланысты атаулы күн бүкіл әлемде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде аталып өтеді.

      БҰҰ Бас ассамблеясы былтыр біздің ұсынысымызбен ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады.

* * *

       Жылдар өтеді, жаңа заман жетеді.

       Түптің түбінде жаппай қырып жою қаруы келмеске кетеді.

        Адам баласы өзіне өзі ор қазатын қатерлі қадамынан түптің түбінде бас тартады.

       Сол замандарда адамзат осы ұлы істің қазақ даласында басталғанын, оны қазақ баласы бастағанын алғыс айта отырып еске алатын болады деген сөз – орынды сөз.

* * *

       Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру туралы бастама іске асты. Қазір ол Азиядағы ең ауқымды қауіпсіздік құрылымы.

       2010 жылы ЕҚЫҰ-ға біздің төрағалық аясында әзірге ұйымның осы жүзжылдықтағы жалғыз саммиті – ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті табысты өткізілді. Күрделі кезең болған 2011-2012 жылдары біз Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық еттік.

      Қазақстан ТМД-да бірінші болып дүниежүзілік ЭКСПО-2017 «Болашақ энергиясы» көрмесін Астанада өткізу құқығына қол жеткізді. Оған 100-ден аса мемлекет және 10 халықаралық ұйым қатысады.

        Жаһандық қарама-қайшылықтар шиеленісіп тұрған кезде Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа бітімгерліктің дәйекті негізделген стратегиясын ұсынды.

        Ол менің «Әлем. XXI ғасыр» манифесімде егжей-тегжейлі баяндалған.

         Біздің сыртқы саяси басымдылықтарымыз – 21 ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп бере алатын және ұзақмерзімді ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге бағытталған белсенді, жан-жақты және теңгерімді сыртқы саясатымыз өзгермейді.

         Біздің басымдығы бар сыртқы саяси бағыттарымыз Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық одақпен ынтымақтастықты дамыту болып саналады.

         Қазақстан Еуразияның ортасында орналасқан және Орталық Азияның бір бөлігі болып табылады.

        Мұнда көп ғасырлық тарихы өзара байланысқан 70 миллиондай адам тұрады. Біздің рыноктарымыздың ашықтығы мен интеграциясы экономиканың өсуіне жол ашпақ. Сондықтан да біз өңірдің мүмкіндіктерін жүзеге асыруға тиіспіз.

        Азия мен Таяу Шығыстың негізгі елдерімен өзара іс-қимылдар үлкен маңызға ие.

        Рекордтық қысқа тарихи кезеңде біз осынау жеті асқақ шыңдарға қол жеткіздік.

        Жаңа елдің іргесін қалаған бүгінгі замандастардың ерен еңбегі уақыт өте келе, тіпті мың жылдан кейін де ұрпақтарымызға Отанымызды одан әрі ілгерілету жолында демеу болып, септігін тигізе береді деп сенемін.

           Құрметті отандастар!

          Жаңа мемлекет құру мен реформалардың ең алдымен күшті президенттік билік арқылы ғана қамтамасыз етілетінін Тәуелсіздік тарихы көрсетіп берді. Мемлекет дамуының жаңа сатысы елдегі істердің жағдайы үшін Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін күшейту мәселесін күн тәртібіне қойып отыр.

        Қазақстан біздің Конституциямызда көрсетілгендей, президенттік басқару формасындағы мемлекет болған, қазір де солай және алда да солай бола береді. Сонымен бірге, өкілеттіліктерді Президент, Үкімет және Парламент арасында бөліске салу мәселесін қарайтын уақыт та келді. Арнайы комиссия осы мәселелерді зерттеп, тиісті заңдарға, мүмкін Конституцияға да өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс енгізуі тиіс.

         Құрметті қазақстандықтар!

       Қазір осы залда мен өзім осыдан 24 жыл бұрын, Тәуелсіздіктің бірінші жылдығын мерекелеу кезінде айтқан сөзімді қайталағым келеді. «Ешкім де біз үшін Қазақстанды қайта жаңғыртпайды, ол үшін әлемдік қоғамдастықта орын алуға қол жеткізбейді, біздің өміріміздің стандарттарын көтермейді».

          Бұл сөздер бүгінде де көкейкесті күйінде қалып отыр. Уақыт пен арақашықтықтарды сығымдай отырып, ХХІ ғасыр қарқынға қарқын қосуда. Бүгінде әлемде орасан зор технологиялық өзгерістер адам сенгісіз жылдамдықпен орын алуда. Таяудағы 15-20 жылда адамдар өмірінің барлық салалары түбегейлі түрде өзгеретін болады.

         Жасанды интеллект, адамсыз басқарылатын көлік, 3D-баспа, гендік және биоинженерия өнеркәсіпті, құрылысты, көлікті, ауыл шаруашылығын, қызмет көрсету саласын, медицинаны толықтай өзгертетін болады. Әлемнің бүкіл елдері біртіндеп жаңғырмалы энергия көздеріне көшпек.

          Бүгін жаһандық экономиканың жаңа үлгісі туындап келеді, сонымен бірге, халықаралық қатынастардың жаңа қағидаттары да беки түсуде. Соңғы 2-3 жүзжылдықта үстемдік құрған қоғамдық салттың орнына мүлде жаңа форматтар мен даму модельдері келуде.

          Сонымен бірге, ағымдағы жүзжылдықтың динамикасында уақыттың көптеген үрейлі белгілері де бар. Біз оны байқап отырмыз. Жетекші державалар арасындағы қарсы тұрушылықтар, азамат соғыстары мен этносаралық дау-жанжалдар, терроризм, аштық пен эпидемия қатері жаңа күнделікті өмір шындығына айналды. Осыдан 7 жыл бұрын басталған жаһандық дағдарыс ешқайда кеткен жоқ. Ол күн сайын өсе түсіп отырған гипердағдарысқа ұласты.

        Ашығын айтайын – елде соңғы 3 жылда қабылданған жаңа бағдарламалар мен заңдарсыз ахуал әлдеқайда шиеленістірек болар еді. Мұның өзіміз қабылдаған Ұлт жоспарына да, 2050 Стратегиясына да, «Нұрлы Жол» бағдарламасына да, индустриялық даму бағдарламасына да қатысы бар.

        34 жылдан кейін келетін 2050 жылдың перспективасы, ол қазір алыс сияқты көрінеді – бар болғаны тарихтың шағын бөлігі ғана.

         Бізде өзіміздің қайда бара жатқанымыз жөнінде айқын бағыт және азаматтарымыздың өзекті мәселелерін шешу үшін нақты іс-қимылдар бағдарламасы бар. 2050 жылға дейін біз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енетін боламыз. Қазақстан орта тап үлесі басымдыққа ие елге айналмақ. 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес ІЖӨ-нің бүкіл көлемінің кем дегенде 50 пайызын өндіретін болады.

        Ол үшін қазір Ұлт жоспары шеңберінде бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалуда, инфрақұрылым жаңғыртылып, адами капиталға инвестициялар ұлғайтылуда.

       Ұлттық экономиканың өсуі еңбек өнімділігін ұлғайту арқылы қамтамасыз етілетін болады. Ол бес есеге – бір жұмысшыға 120 мың долларға дейін ұлғаймақ.

          Біз дамудың инновациялық моделіне көшуді қамтамасыз етеміз. Индустрияландырудың ағымдағы екінші бесжылдығы шеңберінде 300-ден астам жаңа өндірістер ашылатын болады. 2050 жылға дейін 2 миллиондай тұрақты жұмыс орындары құрылмақ. Бұл орайда, «Барша үшін жалпыға ортақ кәсіптік білім» бағдарламасы бойынша білікті жұмысшы мамандықтарының 1 миллионға жуық кадрларын дайындау үлкен рөл атқаратын болады.

        Ғылыми зерттеу талдамаларына шығындар ұлғайтылып, оның көлемі ІЖӨ-нің 3 пайызына дейін жетпек. Ол Қазақстанды ғылымды қажет ететін экономикалы елдер деңгейіне жақындата түспек.

       Жоғары инвестициялық тартымдылық Қазақстан экономикасының айрықша белгісіне айналатын болады. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар үлесі ІЖӨ-нің 30 пайызына дейін жеткізілмек.

       Бүкіл әлем сияқты, біз де урбанизация жолымен қозғалатын боламыз. Менің айтқандарымның бәрі еш қиял емес. 2050 жылға қарай қала тұрғындарының үлесі бүкіл халықтың 70 пайызынан астамға өспек. 380 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. Қазақстандықтардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі бір адамға шаққандағы қазіргі 21-ден 30 шаршы метрден астамға дейін өспек.

         Қалалар мен ауылдарды сапалы жолдар, көліктің барлық түрлерінің жүрдек және қауіпсіз маршруттары байланыстыратын болады. Ол үшін біз Астананы бүкіл өмірлерімен шұғыла тәсілімен байланыстыратын «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Шамамен 7 мың шақырым автомобиль жолы салынып, қайта жаңғыртылмақ, темір жол желілері кеңейтіліп, электрлендіріледі, әуежайлар мен теңіз порттарына қайта құру жұмыстары жүргізіледі.

          Ол еліміздің өңірлерін өзара жақындастыруға жағдай туғызады.

         Егер бұрын Астанадан Алматыға дейінгі жолға пойызбен бір тәулік кетсе, қазір 12 сағат қана. Атыраудан Алматыға адамдар пойызбен 4-5 күн жүретін, қазір жолға бір жарым тәулік қана уақыт кетеді.

          Біздің азаматтарымыз бүкіл ел бойынша, соның ішінде автокөлікпен де көбірек саяхаттай алатын болады. Біз өзіміздің транзиттік желімізді жаңадан, ең жоғары халықаралық стандарттар бойынша құрудамыз.

          «Нұрлы жол» Азиядан тауарды біздің аумағымыз арқылы Еуропаға құрлық арқылы жеткізуді тартымды, қауіпсіз және тиімді ете түсетін болады. Біз транзиттік елге айналмақ ниеттеміз, өйткені біз Еуразияның нақ ортасында орналасқанбыз.

         Біз алтын бесік – ауылды дамытуды басты назарда ұстаймыз.

        Ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту шағын қожалық иелерінің өнімдерін тұрақты өткізуді жолға қояды және өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етеді.

       Қазақстан табиғи өнімдерді ұсынушы ретінде бірінші кезекте көрші елдердің нарығынан лайықты орнын иеленеді.

        Біз суармалы жерлер аумағын 2 миллион гектарға дейін ұлғайтамыз.

      Субсидия берудің жаңа ұстанымдары өнімді жұмыс істейтін азаматтардың мемлекет қолдауына ие болуына мүмкіндік береді.

        Осының бәрі дүкен сөрелерінде сапалы отандық өнімдердің көбейе түсуіне және оның химиядан тазаруына жол ашады.

        Тиісінше, ауыл халқының табысы арта түседі.

       Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 4,5 есеге – 40-60 мың долларға дейін өсетін болады, ол дамыған мемлекеттер деңгейіне сәйкес келмек.

        Бүкіл азаматтар тұрғылықты жеріне, жынысына, жасы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан жоғары сапалы білім мен медициналық көмек ала алатын болады.

        Қазақстан мектептік білім беру сапасының рейтингі ең жоғары алғашқы 30 елдің қатарына енбек. Біздің шешуші университеттеріміз әлемнің жетекші ЖОО-ларының жүздігінің қатарына қосылмақ.

        Бүгінде жүргізіліп жатқан реформалар, халықтың әл-ауқатының артуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 82 жасқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Халық саны 25 миллионды құрап, оның ішінде экономикалық белсенді халық 11 миллионнан астам адамға жететін болады.

        Астана үш миллионнан астам тұрғыны бар еуразиялық мегаполиске айналмақ. Алматы мен барлық облыс орталықтары өзінің ырғақты дамуын жалғастырып, ғылым, технологиялар, даму өріс алатын бірнеше жаңа миллиондық қалалар пайда болмақ.

        Автоматтандыруға жататын бүкіл мемлекеттік қызмет көрсетулер адамдарға электронды форматта ұсынылатын болады.

        Мен елімізді осындай дамыған, бақуатты, жетілген ел ретінде көремін. Әлем бізді өңірлік және жаһандық процестердің белсенді де жауапкершілікті қатысушысы ретінде бағалайтын болады.

       Біздің бүкіл Қазақстандық жол, егер мақсат болған кезде, біздің сол ұмтылған жерге жететінімізді көрсетіп беріп отыр. 2050 жылдың ұрпағы біздің ұлы істерімізді танып-біліп, елді қалай құру, дағдарысты қалай еңсеріп, бірлікті қалай нығайту керектігіне үйренетін болады.

         Қымбатты қазақстандықтар!

         Әлем халықтарының тарихына жүгінсек, жаңа мемлекет құру мәртебесі ұрпақтың ең ұлы буынына бұйырады.

       Осы бақытты буын – бүгінгі заманауи қазақстандықтар, ұлы буын ол – сіздер!

        25 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәні тұтас ғасырлармен тең.

          Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ширек ғасыры – Еуразия жүрегіндегі Ұлы Далада жазылған мыңжылдық тарихтың ЖАҢА ДӘУІРІ.

        Біздің кең-байтақ даламыз – ғасырлар бойы сан-алуан өркениеттерді тоғыстырған тоғыз жолдың торабы.

       Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік осындағы Ұлы Жібек Жолының бойында түйіскен.

      Қасиетті қазақ жерінің жылнамасы – күллі адамзаттың тарихындағы талай-талай ұлы оқиғалардың шежіресі.

       Мұнда сан түрлі тайпалар мен халықтар, олардың құдіретті одақтары мен империялар пайда болып, асқақтаған.

       Мыңжылдықтар толқыны бізге сол заманның көптеген ғажайып жәдігерлері мен көне дәуірлердің теңдессіз мәдениеті жайлы тылсым жаңғырықтарды жеткізді.

       Біздің Ұлы Даламыз – қазіргі түркі тілдес халықтардың бәрі өрбіген алып бесік іспетті.

       Барша түркінің бабасы Алаш туралы аңыздар, Қорқыттың күңіренген күйлері, Күлтегін ұстынындағы өсиеттер – бәрі де қазақ жеріне тікелей қатысы бар, тұтас түркі руханиятының көне тамыры.

       Бес жарым ғасыр бұрын Ұлы Дала төріндегі аласапыран оқиғалардың алапат құйынында бүгінгі еліміздің тікелей тамыры – Қазақ хандығы құрылып, даңқты да тауқыметті жолды жүріп өтті.

       Біз былтыр ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, тарихи оқиғаның мерейлі белесін кең көлемде атап өттік.

       Сан ғасырлық тарихының қай кезеңінде де бабаларымыздың алды тұманды, болашағы күмәнді болды.

       Қуаты асқан кезінде жері кеңіді, бірлігі қашқан кезінде өрісі тарылды.

       Жерінің шетіне қада қағып, келісімге мөр басып, ата қонысын біржола иемдене алмады.

        Сан мың жылдар бойы ат үстінде жүріп, сайын даланы ақ сүңгінің ұшымен, ақ білектің күшімен ғана қорғады.

       Бірақ, дәуірдің барлық дауылдарына қайыспай төтеп берді.

        Бұл – біздің халқымыз ХХ ғасыр түгесілер тұста Тәуелсіздікке жеткен, қайта жаңғырып, ТҰҢҒЫШ РЕТ жаңа, заманауи мемлекет – Қазақстан Республикасын құруға ұлы жігер мен күш-қуат алған тарихи жолымыз.

         Сондықтан, біздің жасампаз істеріміз бен жарқын жеңістеріміз Ұлы Даланың ұлы тарихында ізі қалған БАРША ҒАСЫРЛАРҒА ПАРА-ПАР.

        Тарихи статистикаға жүгінсек, ХХ ғасырдың басында елімізде азаматтардың орташа өмір ұзақтығы небәрі 32 жас болыпты.

        Бүгінде бұл көрсеткіш – 72 жас.

        Жаңа айтып өткенімдей, 2050 жылы 82-ге жетеді.

       Біз ҒАСЫРЛАР БОЙЫ ШИЕЛЕНІСКЕН ТҮЙІНДІ тарқаттық. Бүгінгі, қазақстандықтардың теңдессіз еңбегі мен ерлігінің мәні осында. Біз пешенемізге жазылған тарихи міндетті мүлтіксіз орындаудамыз!

           Құрметті отандастар!

           Барша халқымызды және бүкіл шетелдік достарымызды Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын!

          Көк байрағымыз ашық аспанымызда мәңгі желбірей берсін!

         Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!

         Ұлы белестерді бағындыру жолында Алға Қазақстан!

        Ұлы мақсаттарды орындау жолында Алға Халқым!

          15 желтоқсан 2016. Астана, Тәуелсіздік сарайы.

   http://www.akorda.kz/public/index.php/kz/speeches/internal_political_affairs/in_speeches_and_addresses/memleket-basshysy-nursultan-nazarbaevtyn-kazakstan-respublikasy-teuelsizdiginin-25-zhyldygyna-arnalgan-saltanatty-zhinalysta-soilegen-sozi    

толығырақ

univer-1

         Алматыда 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың сөре­ден шығатын мерзіміне екі айдан да аз уақыт қалды. Ол 2017 жылғы 29 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталады.

     Универсиада – дүниежүзілік студенттік спорт ойындары. Ол – Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) ұйым­дастыруымен студенттер арасында өтетін халықаралық жарыс. Оған жоғары оқу орындарында оқитын 17 мен 28 жас аралығындағы студенттер, аспиранттар, докторанттар, сондай-ақ соның алдында оқуды бітірген түлектер қатыса алады.

       Универсиада 50 жылдан астам уақыт бойы Олимпиада ойындарынан кейінгі екінші ірі халықаралық жарыс болып саналады. Ол бірінші рет 1959 жылы Италияның Турин қаласында өткен жазғы Уни­вер­сиада түрінде тарихқа енді. Ал келесі жылы француздың Шамони қаласында оның қысқы ойын­дарға арналған нұс­қасы бастау алды. Кешегі кеңес кезе­ңін­де КСРО террито­риясында бір-ақ рет Уни­вер­сиа­да жалау жел­бірет­т­і. Ол 1973 жылы Мәскеуде VII жаз­ғы Ойындар сипатында қанат жайды. Ал Алматы ТМД қалалары ара­­сы­нан қысқы Универсиаданы бірін­­ші бо­­лып өткізгелі отыр. Бұған де­­йін, 2013 жылы Ресейдің Қазан қа­ла­­­­сын­­да жазғы Универсиада өткізіл­­ген болатын. Бұдан кейін, 2019 жылы осы елдің Красноярск қаласын­да қыс­қы Универсиада да керуен кер­гелі отыр.

     Жалпы, студенттік ойындардың шежіресі бізді XX ғасырдың бас жағына, АҚШ-та бірінші мәрте студенттер арасында халықаралық жарыстардың іргесі қаланған 1905 жылға алып барар еді. 1919 жылы Жан Птижан есімді француз студент­тер өмірі жетекшісі алғаш рет Сту­дент­тер конфедерациясын құрды. 1923 жылы Парижде осы ұйым­ның аясында Бүкіләлемдік сту­дент­тер ойындары өткізілді. Ал 1924 жылы Халықаралық студент­тер конфедерациясы атты жаңа құры­лым өмірге келді. Осы жылы Вар­шава­да жеңіл атлетикадан сту­дент­тер арасында бірінші әлем чемпионаты ұйымдастырылды. 1927 жылы Римде өткен екінші әлем чемпионатының бағдарламасына жеңіл атлетикадан бөлек футбол, теннис, суда жүзу және семсерлесу қосылды. Ал қысқы ойындар бойын­ша әлем чемпионаты бірінші рет 1928 жылы Италияның Кортина д’Ампеццо қаласында өр­кен жайды. Бірақ бұл жарыстар Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында, 1939 жылы соңғы рет өткізілгеннен кейін тоқтап қалды.

        Бұл қозғалыс 1947 жылы қайта қолға алынып, Халықаралық студенттер одағы (UIE)  құрылды. Бірақ оның шеңберінде өткізілген жарыс­тарға Батыс елдерінің өкіл­дері мүлдем қатыспады десе де болады. Олар осы жылы бұрын­ғы Халықаралық студенттер кон­фе­де­рациясы орнына келген Халық­аралық студенттер спорты федерациясы (FISU) қамқорлығына алған сайыстарды ғана мойындады. Ақыры 1959 жылы UIE осы одақтың құрамына кірді. Со­дан бастап қазіргі сипатындағы Уни­вер­сиадалар қатарға қосылды.

       Қазақстан студенттері тәуел­сіз мемлекеттің өкілдері ретінде бұл жарыстарға 1993 жылдан қаты­сып келеді. Осы жылдарда біз­дің елімізден 700 спортшы Уни­вер­сиада алаңдарында сайысқа түсіп, жалпы жиынтығында 125 медаль алып қайтты.

     https://egemen.kz/2016/12/07/81398

толығырақ

erdos-zhanabergenov

     Жақында Павлодарда өткен бокстан Қазақстан чемпионаты кезінде бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабергеновпен әңгімелесудің сәті түсті.

        – Боксшы Ердос бүгінде қайда жүр?

    – Қазір Маңғыстау облыстық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв даярлау спорт мектебінің директорымын. Павлодарға облыс құрамасы аға жаттықтырушысының көмекшісі ретінде келдім. Чемпионатқа он боксшы қостық. Оның үшеуі финалға шығып, біреуі чемпион атанды.

      – Сіз 2002 жылы Түркістанда өткен Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнирінде «спорт шебері» нормативін орындадыңыз емес пе?

       – Дәл солай. Негізі, мен бұған дейін Өзбекстанда «спорт шебері» атанған едім. Бірақ мықты екенімді өз елімде қайта дәлелдеуім керек болды. Әйтпесе, өзбек жерінде жасөспірімдер мен жастар арасында қатарынан 4-5 жыл топ жарғанмын. Соған қарамастан, олар халықаралық турнирлерде өздерінің боксшыларына көбірек сенім артып, оқу-жаттығу жиындарына мені қоса бермейтін.

        – Қазақстанға қай жылы келдіңіз?

       – 2001 жылы алдымен Ақтөбеге көшіп келдік. 2004 жылы Ақтауға қоныс аудардық. 2010 жылы отбасын құрдым. Үш баланың әкесімін. Алла жазса, төртіншісін күтіп отырмыз.

       – Құрама сапына қалай қабылдандыңыз?

      – Алдымен, 2005 жылдың қаңтар айында Шоқыр Бөлтекұлын еске алу турнирінде, артынша Әзербайжанда өткен «А» санатындағы халықаралық жарыста үздік шығып, жаттықтырушылар назарына іліктім. Содан құраманың бірінші нөмірлі боксшысы ретінде әлем чемпионатына қатыстым. Артылған сенімді ақтап, чемпион болдым.

         – Отбасында спортпен әуестенген тағы кімдер бар?

        – Әкем Үсен – еркін күрестен талай жасөспірімнің томағасын сыпырған жаттықтырушы. Мен де алғашқы екі жылымда еркін күреспен шұғылдандым. Бірақ онша икемім бола қоймады. Содан кейін боксқа бет бұрдым.

       – Балаларыңыздың боксшы болғанын қалайсыз ба?

      – Жо-жоқ, олай бола қоймас… Ұлдарымды өскеннен соң футболға, спорттық гимнастикаға берсем деп отырмын. Әрине, боксты жаман демеймін. Қай спорттан болса да нәтиже шығара алу спортшының өзіне байланысты. Бокста жеңіске жеткен жарқын сәттерім аз емес. Дегенмен, бұл спорттың қиындығы көбірек сияқты көрінеді маған.

       – «Жарқын сәттер» демекші, сол жеңісті күндерді тағы бір еске алсақ…

     – 2005 жылы Әлем кубогында кубалық Юниер Дортикосты нокаутқа түсіргенім әлі есімде. Кейін ол кәсіпқой боксқа ауысты. Содан бері 21 жекпе-жек өткізіп, барлығын тек нокаутпен ұтып келеді. Тек бір кездесуін төрешілердің шешімімен жеңді. Әуесқойлар арасында онымен жолымыз екі мәрте түйісті. Біріншісі жоғарыда айтқан Мәскеудегі Әлем кубогында, екіншісі Ақтауда өткен халықаралық турнирде. Екіншісінде де айқын ұттым. Сол жылы әлем чемпионы да болғанымнан хабардар шығарсыз. Жаһандық жарыстың жартылай финалында әлем чемпионы, Афина Олимпиадасының жүлдегері Уткирбек Хайдаровты жеңгенім өмірімдегі естен кетпес оқиғалардың бірі болып қалды.

       – Өзбекстанда жүргенде Хайдаровпен рингте жұдырықтасып көрдіңіз бе?

      – Мен Қарақалпақстанда туып, бокстың қыр-сырын сол елде жүріп үйрендім. 1997 жылы Ташкенттің түбіндегі Шыршық қаласына қоныс аударып, олимпиадалық резервті даярлау орталығында жаттығуымды жалғастырдым. 1999 жылы Хайдаров әлем чемпионы атанып, елге оралғанда, оған еліктегенім рас. Сол кезде маған біреу: «Алты жылдан кейін Хайдаровпен кездесіп, ұтып кетесің» десе, сенбес едім.

       – Бейжің Олимпиадасы алдында сізді мамандар бас жүлдеден үміткерлер сапына қосып еді. Бірақ кейін денсаулық жағдайына байланысты бокстан кетті деп естідік. Шын мәнінде қалай болып еді?

        – 2007 жылы Чикагодағы әлем чемпионаты қарсаңында ауырып қалдым. Емделгеннен кейін лицензиялық турнирге екі-үш ай қалғанда, денсаулығым тағы сыр берді. Сөйтіп, Бейжің Олимпиадасының іріктеу сындарынан құр қалдым. Араға уақыт салып, 2010 жылы боксқа қайта келдім. Ондағы ойым Лондон Олимпиадасына қатысу еді. Бірақ бел омыртқадағы жарақаттың салдарынан көру қабілетім нашарлап кетті. Дәрігерлер бұл сырқатты асқындыруға болмайтынын айтқаннан кейін Германияға барып емделдім.

      – Кейіннен құқық қорғау саласында қызмет етеді деп естідік.

        – Иә, жеті жылдай Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасына қарасты жедел қылмыстық іздестіру бөлімінде жұмыс істедім.

       – Қазір сіздің салмағыңызда, яғни 81 килода кім мықты, Әділбек Ниязымбетов пе, Жәнібек Әлімханұлы ма?

       – Еліміздің чемпионатында Жәнібек Әлімханұлының өнерін тамашаладым. Өте жоғары деңгейде айқасты, қарсыластарын түгел айқын басымдықпен жеңді. Бірақ осыған дейін бұл салмақта Әділбек Ниязымбетовтің атой салып жүргенін дүйім жұрт біледі. Екеуі де, сөз жоқ, мықты. Ешқайсысын бөле-жарғым келмейді. Алайда, дәл қазір бұл салмақта Әділбекке әлем бойынша тең келетін бір-екі ғана боксшы бар. Қазіргі таңда 81 килоға ауысқан Жәнібекке қарағанда, осы салмақта биіктен түсіп көрмеген Әділбектің тәжірибесі мол, жеткен жетістігі де орасан. Алдағы уақыттағы бәсекелестік екеуіне де оңайға соқпайын деп тұр. Әйткенмен, барлығын ринг көрсетеді.

        – Әңгімеңізге рахмет.

       Әңгімелескен Алмас Манап, «Егемен Қазақстан»

      https://egemen.kz/2016/12/07/81322

толығырақ

     Қазақстанда тәуелсіздіктің 25 жылдық Декларациясы деп аталатын жаңа тарихи құжаттың қабылданғанын естіген кезде өзгелер секілді мен де бірден елең еттім.  Мұндай ерекше қызығушылықты өз басым алғаш рет 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған «Мемлекеттік егемендік туралы декларация» туралы естіген кезде сезінгем. Сондықтан бірден мемлекеттік және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына көз тігіп, құлақ түрдім. Ондағы қысқа қайырып, шолақ айтылған, жазылған дүниеге көңілім толмай, ғаламтор желісінен Декларация мәтінін іздеуге мәжбүр болдым.

     Нәтижесі көңіл қуантты. Алғашқысы Қазақстан деп аталатын жас мемлекеттің пайда болғанын әлемге паш етуге арналған. Екіншісі, ширек ғасырдың ішінде шаңырағы шаттық пен қуанышқа бөленіп, әлемнің озық елдерімен терезесі теңейіп, гүлденіп-көркейген әлеуетті Қазақстанның көрінісін паш етіп тұр. Бұл менің ғана емес,  әлемнің түкпір-түкпірінде тірлік кешіп жатқан бүкіл қазақ ағайындардың мерейін өсіріп, көңілін марқайтатын жағдай.

       Қуаныштарыңыз құтты болсын Қазақ Елі!

     Еркін Бөлекбаев,  Қырғыз Республикасы қазақтары қауымдастығының төрағасы. 

толығырақ

         ҚР Парламент палататаларының  23 қарашадағы бірлескен отырысында ел тарихындағы елеулі оқиға болды. Онда қабылданған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясын – қазақстандықтар ғана емес бүкіл әлем қазақтары үшін де аса маңызды тарихи құжат десек еш қателеспейміз.

        «Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз  тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі» деп басталатын бұл Декларацияда ширек ғасырдың ішінде Қазақстанның қол жеткізген барлық жетістіктері санамаланып шыққан. Олардың кейбірі бір емес, бірнеше ғасырлық тарихы бар бірқатар мемлекеттер үшін алдағы бірнеше жылда да қол жеткізілуі қиын арман болып отырғанын ескерсек,  бұл тарихи құжаттың маңызы мен рөлі біз үшін ғана емес күллі әлемдік қауымдастық үшін де қаншалықты салмақты екенін сезінуге болады. Иә, бұл Қазақстанның зор мақтанышпен айтар үлкен жетістіктері болып отыр.

      Халқымызда «Жақсылықты бөліссең, қуанышың көбейеді» деген сөз бар. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын ауыз толтырып айтуға болатын үлкен жетістіктермен қарсы алып жатқан  Ұлы Дала елінің әрдайым абыройы асып, мерейі таси берсін. Баршаңызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясының қабылдануымен тағы бір рет шын жүректен құттықтаймын.

     Айгүл  Жүнісбекова, Цинзянь педагогикалық университетінің магистранты (ҚХР)

 

толығырақ

         Қазақ ел болып, еңсе тіктегелі мемлекеттің ұлттық идеясы қандай болуы керек деген сауалдың жауабын көп іздеді. Әсіресе, тәуелсіздік алғалы бері бұл мәселенің өзектілігі артты. Елдің көксегенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында дөп басты. Ол – «Мәңгілік ел» идеясы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, кемел келешекке сенім де осы ұғымның шеңберіне сыйып тұр. Демек, межеміз айқын. Ал бағытымыз ше? Мәңгілік ел болудың дұрыс жолына түстік пе? Материалдық байлықты қамдауға кірістік. Рухани байлығымыздың асығын қашан түгендейміз? Мәңгілік елдің ұлттық мәдениеті қандай болуы керек? Жуырда жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаевпен әңгімелескеннен кейін көкейде осы сауалдар көлденеңдей берді.

       Ата-бабамыз әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атануды, тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болуды армандады. Сол арманға бүгін ұрпағы жетіп отыр. Шаңырағы биік, керегесі кең егеменді елдің іргесін қаладық. Ендігі арман – Мәңгілік ел болу.

       Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың айтуынша, Мәңгілік елге айналудың ең басты шарты – тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту. Өйткені тәуелсіздік – халқымыз қаншама ғасыр бойы аңсаған, Алаш арыстары аманаттаған асыл дүние. Ендеше оны нығайтудың жолы қайсы? Осы сауалдың тууына, өреміздің шеңберінен әлдеқайда асып кететін ауқымды тақырыпты қорықпай қозғауымызға түрткі болған қаламгер Сұлтанәлі Балғабаев көкейде қордаланып жатқан көп ойын ортаға салды. Біз қағаз-қаламымызды сайладық та, тыңдауға бекіндік.

     – «Мәңгілік ел» – болашағымызға айқын бағыт-бағдар беретін, ұлтымызды ұжымшылдыққа ұйыстыратын, үлкен мақсаттарға жетелейтін қуатты идея. Ендігі мақсат оны қызыл сөз, жаттанды ұран күйінде қалдырмай, ақиқатқа айналдыру. Соған қарай адымдап жылжу. Олай болса, бүгіннен, осы сәттен бастау керек. Мәңгілік елге айналудың алғышарты қандай – осыны анықтап алайық әуелі. Ең бастысы, экономикамыз ілгерілеп, қорғанысымыз күшеюі керек. Бұл екі сала үнемі мемлекеттің ерекше назарында, сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Мені алаңдататыны – ұлттық мәдениеттің дамуы. Төл мәдениеті, ұлттық құндылықтары құлдыраған ел ешуақытта Мәңгілік ел бола алмайды. Осыны түсінетін уақыт жетті.

       Нақты мысал керек болса, келтірейін. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ең өзекті мәселе – тіл. Өзі тәуелсіз әрі өзгелермен терезесі теңескен өркениетті ел бола тұра, сол мемлекетті құраушы ұлттың тілін қайтсек тірілтеміз деп бас қатырып, екі күннің бірінде жиын өткізіп жататын ел көрдіңіз бе бізден басқа? Ондай мемлекет жоқ дүниенің еш бұрышында. Мемлекеттік тілінің мәртебесін көтеру үшін миллиондаған қаржы бөліп, түрлі бағдарламалар жасап, курстар ашып, ақ тер, көк тер болып жататын қазақ қана. Себебі неде? Мұның себебі еліміз Кеңес Одағының құрамында болғанда «Экономиканы көтереміз!», «Тың игереміз!», «Зауыт-фабрикалар саламыз!» деген ұрандардың екпіні қатты болды да, тіл мәселесі кейінгі қатарға ысырылып қалды. Соның зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатырмыз. Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілінің еңсесі біршама көтерілді. Шүкір. Енді өткен күннің қателігін қайталауға болмайды. Қазір де мемлекет бар күшті экономиканы дамытуға жұмылдыруда. Ұлттық мәдениеттің жағдайы тағы да кейінге ысырыла ма деп қорқамын. Егер төл өнердің дамуы кенже қалса, қаржылық жағдайымыз жүз есе жақсарғанымен, қорғаныс қабілетіміз мың жерден күшейгенімен, Мәңгілік ел бола алмаймыз. Бұл Тәуелсіздігімізге де қауіп төндіруі мүмкін, – дейді жазушы.

«Мемлекеттік арналар төл өнерді менсінбейді»

      Сұлтанәлі Балғабаев төл теледидардың ақпарат тарату саясатына көңілі толмайтынын да ашып айтты. Әсіресе, мемлекеттік арналарға базынасы көп.

     – Өкінішке қарай, бізде төл өнерді шеттету, екінші орынға ысыру әрекеттері ашықтан-ашық жасалуда. Мысалы, біздің телеарналарымызда, күнделікті өтетін жиындарымызда қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық өнерін менсінбеу, аты да, заты да түсініксіз шетелдік шоуларға төр беру белең алды. Алматыны еліміздің экономикалық және мәдени орталығы деп жүрміз. Алайда мұнда тұрақты жұмыс істейтін театрлардың 2-3-еуі ғана таза қазақша, қалған 80-90 пайызы орыс тілінде жұмыс істейді. Қаладағы қазақтардың үлесі 70 пайызға жетеғабыл. Демек, ұлттық театрлардың үлесі де соған сай болуы шарт. Ұлттық өнерді шеттету құбылысы қазақ телеарналарында да айқын аңғарылуда. Кеңестік идеологияның үстемдігі мықтап орнаған ең күрделі кезеңдердің өзінде Камал Смайылов, Сағат Әшімбаевтай азаматтар төл теледидарымызды төрге көтерді емес пе? Бүгінгі тәуелсіз әрі бейбіт күнде дайындалған хабарларды сол кездегі бағдарламалармен қатар қоюға ұяласың. Жекеменшік арналарды қозғамай-ақ қояйық. Мемлекеттік арналардың өзі ұлттық мәдениеттің ұпайын түгендеуге құлықсыз. Мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырған соң, сол елдің мүддесіне қызмет ету – міндет. «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» деген бағдарлама бар «Қазақ­­стан» телеарнасында. Жүргізушілер эфирде білгендерін істеп, ауыздарына келгенді айтып қана қоймай, қазаққа түк қатысы жоқ әлдекімдерді жинап алып, орысша шүйіркелесіп отырады. «Қазақстан» телеарнасы 100 пайыз қазақ тілінде сөйлеуі тиіс» деген талап қайда қалды? Сіз отандық телеарналардағы орыс тіліндегі хабарға барып қазақша сөйлеп көріңізші, сіздің сөзіңізді қиып тастайды немесе мүлдем қатыстырмай қоюы мүмкін. Ал қазақша хабарға келіп, әркім қалаған тілінде сайрап отырады.

       Тіл – ұлттың өзіндік үні, дара келбеті. Ол болмаса, елдің тәуелсіздігі баянсыз. Халқы кімнің тілінде сөйлесе, кімнің мәдениетін ұстанса – ел соның боданы. Басқа емес, маған қазақтың өз арналары қазаққа қарсы жұмыс істеп отырғандай сияқтанатыны қынжылтады. Шоуды қаптатып, эфирден кәсіби журналистерді алыстатып, аузы-басын бояған әншілерге тізгін ұстататындардың көксегені не? Қит етсе рейтингті алға тартады. Рейтинг деп дабыра қылатындары қаладағы он шақты орыстілдінің есеп-қисабы ғана. Қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы орта – ауыл тұрғындары не көріп жүр? Не көргісі келеді? Оны есепке алып жатқан ешкім жоқ. Жақсы-жаманын зерттеместен, шетелдік жүйенің бәрін елімізге әкеп таңа беруге болмайды, – деді ренішін ірікпеген қаламгер.

«Шенеуніктердің кейбірі Қазақстанның болашағына сенбейді»

      Сұлтанәлі Базарбайұлынан өзі көтерген мәселенің шешілу жолын көрсетуді сұрадық. «Әдебиеттің, мәдениеттің сүт беті қаймақтарының бәрі Алматыда тұрады. Ақын-жазушылардың дені осында шоғырланған. Солай бола тұра, қала қазақшадан неге сүрінеді? Қазақ тілі қашанғы даланың тілі болып қала бермек? Оны қала тіліне айналдыру үшін не істеу керек?», – деп жазушыны сұрақтың астына алдық.

         – Біздің айтқанымызға біреу құлақ асса, енді бірі шал-шауқанның мылжыңы деп қолын бір-ақ сілтеуі мүмкін. Ішінде бәрі сайрап тұрса да, қолында билік болмаған соң ақын-жазушыдан не қайран? Ең алдымен, үкіметтің нақты талабы, идеологиясы болуы керек. Мемлекеттің түбіне жететін тағы бір фактор бар. Ол – баспасөзді қадірлемеу, онда айтылған дүниелерге құлақ аспау. Дүние жүзінің кез келген елін алып қараңызшы, министр немесе әкімі баспасөзде сынға ұшыраса, ол ел алдында абыройдан жұрдай болады. Өзін ақтап алу үшін талай тер төгуіне тура келеді. Тіпті, газеттегі сын үшін отставкаға кеткен шетелдік шенеуніктерді де білеміз. Ал біздің баспасөзіміз қазір қоғамдық резонанс тудырмақ түгілі, оқылудан қалған. Бұрынғыдай газетте жазылғанды жаппай талқылау жоқ. 1989 жылы «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Еншіміз бөлінбеген ел едік» деген мақаламнан кейін көтерілген шу өз еліміздің шекарасынан асып, Өзбекстанның Орталық партия комитетіне дейін жеткен еді. Бүгін «пәленше түген дейтін мақала жазыпты» деген әңгіме құлаққа шалына бермейді.

      Баспасөзін көзге ілмейтін, оның сөзіне зер салмайтын біздің ел ғана. Мұның салдары журналист пен басылым үшін емес, ең әуелі, мемлекеттің өзі үшін ауыр болмақ. Баласын қоқысқа тастау, бүлдіршінге зорлық-зомбылық көрсету, жақынын азаптап өлтіру секілді азғындық, қатыгездік пен арсыздық идеологиясы әлсіз елде етек жаяды.

      Лауазымы жоғарылардың кейбірі Қазақ­­­станның болашағына сенбейді. Байқайсыз ба, құрығы ұзындар әйелі екіқабат болса, босанатын уақыты жақындағанда шетелге жібереді. Баласы қай елде дүниеге келсе, сол елдің азаматтығын алады. Демек, олар Қазақстанның келешегі күмәнді деп ойлайды. Қалтада ақшасы, қолында билігі барда, ұрпағын болашағы бар елге орнықтырғысы келеді, – дейді Сұлтанәлі Базарбайұлы.

«Театрда ақша жоқ деген – бос сөз»

       Жазушымен одан арғы әңгімеміз театрға, драматургияға қарай ойысты. Елімізде бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен екі адам болса, соның бірі – Сұлтанәлі Балғабаев. Оның драматургиясы жайлы тілге тиек еткен адам, ең әуелі, алғашқы пьесасы – «Қыз жиырмаға толғанданың» Қазақстандағы күллі республикалық, облыстық театрларды түгелдеп, 20 жыл бойы сахнада жүргенін, оны ең кемі миллион көрермен көргенін айтар еді. Бұл – қазақ сахна өнерінде сирек құбылыс. Оның қаламынан туған «Ең әдемі келіншек», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Қазақша күрес», «Біз де ғашық болғанбыз», «Әйелдер әлемі», «Ғашықсыз ғасыр» пьесаларын сахналамаған театр кемде-кем. Балғабаев шығармаларын көрші елдер – Өзбекстан, Қырғызстан және Қарақалпақ­стан театрлары да жарыса қойды. Драматургтың қай дүниесі болса да ескерусіз, елеусіз қалған емес. Мұның себебі, біздіңше, Сұлтанәлі Балғабаевтың драмалық шығармаларының көркемдік деңгейінің жоғарылығына, мазмұнының тереңдігіне байланысты. Оның пьесалары уақытпен үндес, заманауи мәселелерді дер кезінде көтеруімен құнды.

       Ол – театрдың өз адамы. Бұлай деуімізге Сұлтанәлі Базарбайұлының 1985-1996 және 2003-2005 жылдары Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаруы және көп жылдан бері Жазушылар одағындағы Драматургия кеңесіне төрағалық етуі себеп. Сондықтан ол театрлардың жұмысын, драматургтер мен режиссерлердің еңбегін сынға алса, жақсыға жол ашатын жанашырлықпен айтады.

        – Театрлардың жырын жырлап келе жатқаныма қаншама жылдың жүзі болды. Сонда да тауыса алмай келемін. Соңғы уақытта мені қатты толғантып жүрген бір мәселе бар. Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың әдебиет бөлімінде он жылдан астам қызмет атқарған кезде байқағаным, актерлер үшін берілген рөлді мінсіз ойнап шығудан маңызды міндет болмайтын. Сахнаны кие тұтатыны, көрерменді қадірлейтіні соншалық, дайындығы шала болса, жұрт алдына шықпайтын. Ал қазір ше? Мүлдем кереғар құбылысты көріп жүрміз. Бүгінгінің актерлері айлықты да, атақты да театрдан алады, бірақ базбіреулері басқа жердегі жұмысын бірінші орынға қояды. Біреуі тойдан кешікпеуі керек, енді бірі түсірілімге баруы қажет, үшіншісі университетке, шәкірттеріне асығып барады. Сахнаға шығуға қолдары тимейді. Басқа шаруалардан қолы босағанда ғана негізгі жұмыс орны театр екені естеріне түседі. Шала дайындықпен, кейде тіпті дайындықсыз сахнаға шығады. Рөлім шикілеу емес пе, көрерменнен ұят болмай ма деген ой бүгінгі жастарды мазалай бермейді. Бұл құбылыс театрды тұйыққа апарып тірейді, құлдыратады.

        Актерлер үнемі айлығымыз аз деп жылайды. Меніңше, бос сөз. Ел қатарлы жалақы алады. Басқасын білмеймін, бірақ Алматы театрларында жалақы аз емес. Театрға барсаң, ішіне кіру қиын. Өйткені актерлердің қымбат көлігінен аяқ алып жүре алмайсың, – деп драматург көңілін күпті еткен жайларды жайып салды. Драматургияның аяқ алысына да қарны ашатынын жасырған жоқ.

         – Қазір кім көрінген пьеса жазатын болған. Әдебиет деген ең қиын сала, оның ішінде драматургия – ең күрделі жанр. Ол – қасиетті жанр. Драматургияға шынайы таланты бар, жазуы әбден ысылған адамдар келуі керек. Екінің бірі драматургқа айналған қазіргі кезеңде елімізде керемет пьеса жазылады деп ойламаймын.

       Біздің тұсымызда театрда қойылатын пьеса әуелі көркемдік кеңестің талқылауынан өтетін. Кемшілігі жойылып, шикі тұстары толықтырылатын. Одан кейін режиссер мен актер тізе қосып жұмыс істейді. Қойылым дайын болғанда арнайы комиссия тағайындалып, баға беріледі. Комиссия құрамына міндетті түрде репертуарға жауапты министрлік өкілі енетін.

     Театрлардың тағы бір ауруы – тақырыпты бірінші орынға қоятыны. Шығарманың көркемдік сапасы қандай деген сұрақ ешкімді мазаламайды. Ең әуелі пьесаның көтерген тақырыбына назар аударады. Бекітілген жоспарға, министрлік көрсетіп берген бағыт-бағдарға сай келсе, сол уақытта тойланатын мерейтойлармен мазмұндас болса болғаны. Туындының тілі қандай, көрерменге берері не деген сауалдар көлденең тартыла бермейді.

     Бүкіл театрдың репертуары бір орталықтан басқарылуы керек. Мейлі республикалық, мейлі облыстық немесе аудандық театрдың не қоятынын қадағалап отыру керек. Осы мәселені мінберлерде қаншама рет көтерудің арқасында министрлікте жуырда Репертуарлық басқарма құрылды. Сол басқарма алдағы уақытта қойылатын барлық пьесаға мөр басып, рұқсат беріп отырса екен дейміз. Театр тұрмақ, азық-түлік дүкендерінің өзі құжаты жоқ тауарды сатпайды. Тіпті, 50 теңгенің заты да арнайы сертификатсыз саудаланбайды. Ал миллиондаған көрермен көретін шығарма неге мамандардың рұқсатынсыз сахнаға жол тартуы керек? Мұның салдары қандай болатынын көрдік. Қостанай театрының маңында осы күні көрерменнен гөрі тәртіп сақшылары көп. Театр басшылығы 2-3 жылда 160 млн теңгеден астам қаржы жымқырған. Театрдың жағдайы нашар, актердің айлығы аз дейміз. Авторлардан сапалы шығарма сатып алуға ақша қимаймыз. Ал жымқыруға келгенде миллиондаған қаржы табыла қалады. Демек, еліміздің барлық театрында ақша бар деген сөз. Қостанайлық театр сонша қаражатты қолды қылғанда, басқа театрлардың не істеп жатқанын ойлаудың өзі мұң.

     Айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт бар. Пьесаны сатып алуға, қойылымды қоюға қыруар қаржы бөлінді ме – оның өтемі талап етілуі керек. Бізде ондай талап жоқ. Қазына қаржысы оңды-солды жұмсалады, бірақ спектакльге көрермен келді ме, келмеді ме, қойылымға сұраныс бар ма жоқ па, ол жағын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Танымал адамдарды, журналистерді шақырады, тұсаукесерін шулатып өткізеді. Бір-екі айдан кейін-ақ ол спектакль ешкімге керек болмай қалады. «Халық түсінбеді, өресі жетпеді» деп жылы жаба салады. Қып-қызыл шығын үшін ешкім жауап бермейді. Өрелері биік болса, халықтың нені түсінетінін, қандай дүниені көргісі келетінін неге алдын-ала зерттемейді? Театрдың айналасында менің миым жетпейтін осындай мәселелер көп.

«Жақсы пьеса жаза алатын жас драматургтер өте аз»

      Сұлтанәлі Балғабаевтың сан салалы еңбектері жайлы сөз болғанда, оның көсемсөзшілігі, жазушылығы, қайраткеркерлігінен бөлек, ерек аталатын тағы бір қызметі бар. Ол – шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры. Сұлтанәлі Базарбайұлы 2008 жылдан бері сол қарашаңырақта болашақ кинотеледраматургтерді дайындайды. Профессордан шәкірт тәрбиелеудің қыр-сырын, өнер саласына қызмет ететін мамандарды даярлаудағы түйткілдерді атап беруін сұрадық.

     – Оқу ордасына ұстаздық қызметке шақырылуыма ұзақ жыл театрда әдебиет бөлімнің меңгерушсі болып жұмыс істеуім және Қазақстан мен көршілес республикаларда көптеген пьесалары қойылған драматург екенім себеп болған сыңайлы. Академияға алғаш келгенде кинотеледраматургия мамандығы деген, негізінен, «Қазақфильм» киностудиясына киносценарий жазатындарды дайындау деп есептейтінмін. Және кейбіреудің сөзіне құлақ түрсең, шынында солай сияқты еді. Әйтсе де, осы мамандық бойынша оқу бітіріп, диплом алғандардың арасынан «Қазақфильмге» барып, сценарий жазып, киносы түсіріліп жатқандардың көрінбеуі қатты ойландыратын. Кинотеледраматург мамандығын меңгергендер қайда кетіп жатыр деген сұрақ туындады. Бұл сұрақтың жауабын кейін таптым. Студенттермен жұмыс істей келе, бұл сала тек «Қазақфильмге» арнап сценаристер дайындаумен ғана шектелмейтініне көзім жетті. Кинотеле­драматургия мамандығының ауқымы барынша кең, түлектердің оқу бітірген соң жұмыс істейтін саласы жан-жақты екен.

   Қазіргі кезде біздің елімізде ең жетіспей отырған мамандардың бірі – кинотеледраматургтер десек, қателеспейміз. Бұрын кино­­­сце­­­наристер тек «Қазақфильмге» ғана керек болса, бүгінде кино түсіретін орындар көп. Еліміздегі телеарналардың бәрі дерлік жаппай телесериалдар түсіруге кіріскен. Оларға қоса, жекеменшік кинокомпаниялар да көркем және деректі фильмдер түсіруді қолға алуда. Олардың бәріне арнайы білімі бар, дарынды сценаристердің қажет екені айтпаса да белгілі. Білікті сценаристерге деген сұраныс алдағы уақытта арта түспесе, кемімейтіні анық.

       Сондай-ақ, кинотеледраматургия мамандығы театр өнеріне де барынша жақын. Осы мамандықты меңгеріп шыққандар театрларға арнап пьеса жазуға мүмкіндігі мол. Бүгінгі таңда елімізде 50-ден астам кәсіби театр жұмыс істейтінін, оның үстіне, жекеменшік театрлар да уақыт өткен сайын көбейіп келе жатқанын ескерсек, олардың бәріне сапалы шығарма жазып беретін авторлар ауадай қажет. Бізде жақсы пьеса жазатын жас драматургтер өте аз. Бұл жөнінде мәдениет саласының жоғары мінберлерінде, баспасөзде, жиындарда үнемі айтылып жүр. Осы күрделі мәселені шешудің бірден-бір жолы – кинотеледраматургия мамандарын барынша көбірек дайындау.

      Сонымен қатар, театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі деген жауапкершілігі зор қызмет бар. Егер әдебиет бөлімінің меңгерушісі драматургиялық шығарманың көркемдік сапасын анық ажырата алатын, сахна мен жалпы театр өнерінің өзіндік ерекшеліктерін жетік меңгерген, арнайы білімі бар маман болса, репертуарға қабылданған жаңа пьесаны сахнаға дайындаудан бұрын автормен бірлесе отырып, кем-кетігін түзейтіні, жетілдіре түсетіні анық. Кезінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда мұндай жұмыстардың маңызын жақсы түсінген. Соның арқасында қаламгер сол кездегі қазақ театрының өсіп-өркендеуіне үлкен ықпал етті. Кейін әдебиет бөлімінің жұмысы қызметін Мәдениет министрлігінің жанындағы репертуарлық-редакциялық коллегияға ауысты. Қазір министрлікте ондай құрылым жоқ. Осының салдарынан сахнаға күзеп-түзеуден өтпеген, драматургиялық желісі босаң, сапасыз пьесалардың шығып кететіні жиі сынға ұшырап жүр. Өкінішке қарай, қазіргі таңда театрлардың басым көпшілігінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін театрдан да, драматургиядан хабары шамалы, сала бойынша кәсіби білімі жоқ адамдар атқарып жүр. Көбісі басқа кәсіптің мамандары. Өйткені саланың өз мамандары өте аз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өнер акадамиясын кинотеледраматургия мамандығы бойынша бітіретін түлектерге дұрыс бағыт берудің маңызы зор.

      Кәсіби сценаристер мен драматургтер тек кинокомпаниялар мен театрларға ғана емес, қоғам өмірінің саласына да қажет. Мысалы, отандық телеарналардағы мәдени, ақпараттық-танымдық бағдарламалардың жұртты қызықтырмайтыны, тартымсыздығы жиі байқалады. Оған сценарийдің әлсіздігі себеп. Хабар мәтінінің басым көпшілігі ешкімді селт еткізбейтін қызыл сөзден тұратыны жасырын емес. Егер сол бағдарламалардың сценариін жазуды меңгерген кәсіби мамандар дайындаса, мұндай кемшіліктерге жол берілмес еді деп ойлаймын.

       Кинотеледраматургия мамандығы бойынша білім алып жатқан шәкірттерімнің жерде қалмайтынына сенімімді арттырған тағы бір жайтты айта кетейін. Қазір Астана мен Алматыдан бастап үлкенді-кішілі қалаларда, облыстар мен аудан орталықтарында түрлі салтанатты кештер, мерекелік жиын-тойлар, өзге да маңызды мәдени шаралар жиі өткізіледі. Сол шаралардың мазмұны олқы түсіп жатады. Кең құлашты кештерге арнап қызықты да мәнді сценарий дайындап беретін мамандар саусақпен санарлық. Соның салдарынан ұйымдастырушылар еліміздегі ірі мерекелік шараларды өткзіу үшін режиссер мен сценаристерді шетелден шақыруға мәжбүр. Сондай-ақ, бүгінде аудандық, қалалық, облыстық мәдениет басқармаларына да жаза алатын, өнер мен әдебиеттен хабары бар қызметкерлердің жетіспей жатқандығы айтылып жүр. Аталған мәселелердің барлығы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотеле­­­­­­дра­матургия мамандығы бойынша шәкірт тәрбиелеудің маңызы күн өткен сайын арта түскенін айқын дәлелдейді, – дейді шәкірттерінің болашағына сенетін ұстаз.

Қазақ актерлері неге Қырғызстанда оқуға құмар?

       Қаламгер ақтарыла түсті. Біз мұқият тыңдап, керек жерін қойындәптерге түрте бердік. Білім мәселесіне тереңдеп енгеннен кейін, Сұлтанәлі Балғабаевтың өнер саласында күндізгі және сырттай қысқартылған оқу түрін енгізу жөніндегі ұсынысын да көптің назарына ұсынғанды құп көрдік. Ол мұндай ұсыныстың тууына не себеп болғанын баяндап берді.

      – Ұзақ жылдардан бері шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарымен, оның ішінде Қырғызстандағы қандастармен де байланыс жасап келемін. Жуырда Бішкек қаласынан келген бір бауырымызбен кездесіп қалдым. Ол кісі менің өнер академиясында сабақ беретінімді білгенде күтпеген бір сұрақ қойды: «Қазақ­­станда өнер академиясы бар ма? Ендеше қырғыздар «қазақтарға актерлар мен режиссерларды біз дайындап береміз» деп неге мақтанып жүр?». Мен әуелгіде бұл сұраққа аса мән бермей, әншейін әзілдеп айтып отыр екен деп ойладым. Сөйтсем, бұл қалжың емес, шындық болып шықты. Қырғыздардың қазақ актерлары мен режиссерларын дайындап жүргені рас екен. Қазір елімізде бірқатар мамандықтар бойынша сырттай оқыту жүйесі тоқтатылған. Ал оның есесіне көрші елдердің көбінде, мысалы, Қырғызстан мен Ресейде білім берудің мұндай жолы бұрынғысынша сақталған. Сондықтан сырттай оқып, жоғары білімге қол жеткізуді қалайтын біздің жастар сол мемлекеттердегі оқу орындарына түседі. Әсіресе, актер, режиссер болғысы келетіндер. Мысалы, Қазақстанның Қостанайдан бастап, біраз облыстарындағы театрлардың орта білімді актерлардың біразы Ресейдің Челябинск қаласына барып сырттай оқып, жоғары білімге қол жеткізген. Сондай-ақ, соңғы уақытта еліміздегі орта білімді театр қайраткерлерінің Қырғызстанға барып, сырттай оқып, жоғары білімді маман атануы кең белең алды.

        Челябинскінің жағдайын анық айта алмаймын, ал Қырғызстаннан сырттай оқып, жоғары білім алған театр мамандарының білім деңгейі күмән тудырады. Өйткені ондағы сырттай білім берудің негізгі шарты – тиісті ақшаны дер кезінде төлеу. Ал студент қалай білім алуда, өзінің болашақ мамандығын қай дәрежеде игереді, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Тіпті, Бішкектегі оқу орындарына түсу үшін қалаға арнайы барып, қабылдау емтиханын тапсырудың да қажеті шамалы. Үш-төрт адам қосылып, қажетті құжаттарды дайындап, тиісті ақшаны беріп, орталарынан біреуді жіберсе жеткілікті. Сол кісі Қырғызстанға барып, ақша қосқандардың бәріне сырттай оқуға қабылданды деген анықтама әкеліп береді. Сырттай оқитын «студенттің» Қырғызстанға ұдайы барып, сессия тапсыруы да міндетті емес. Тиісті ақыны дер кезінде төлеп тұрса, оқуды бітіретін кезде бір-ақ барып, дайын дипломды алуына болады. Бұл айтқандарыма көпшілік сенбеуі мүмкін. Бірақ қолымыздағы нақты деректер бойынша, көрші елдегі сырттай оқудың сиқы осындай.

      Әрине, бұл үшін оңай жолмен диплом алғандарды кінәлау қиын. Өйткені олардың көпшілігі мұндай қадамға күнкөріс үшін барады. Яғни жоғары білімі бар екенін дәлелдейтін дипломы болса, айлығы өседі. Ол болмаса, өмір бойы жарытымсыз жалақымен күнелтуге тура келеді.

      Қырғызстан тарапының ұстанымы да түсінікті: оларға Қазақстаннан ақша түсіп жатса болды, ал өздері диплом берген «мамандардың» білім деңгейінің жақсы-жаманы оларды алаңдатпайды. Өйткені ешкімнің алдында есеп бермейді. Айналып келгенде бұдан зардап шегетін – қазақтың театры, Қазақстанның мәдениеті. Айтылған жайдың салдарынан бүгінгі таңда ел театрларында жоғары білімді дипломы бар, бірақ шын мәнінде білімі бұған мүлдем сәйкес келмейтін сапасыз мамандар көбейіп барады. Бұл құбылысқа қазірден бастап тоқтау салмаса, олардың қатары күн өткен сайын көбейе бермек. Мұның соңы болашақта қазақ театр өнерін құлдыратуға апарып соғуы әбден мүмкін.

      Біздің білуімізше, көрші елдердің дипломына қызығушылық ҚР Білім және ғылым министрлігінің кезінде сырттай білім беруді жауып тастағанынан туындап отыр. Бір таңқаларлығы, Қазақстан өз ішінде сырттай оқытуды мүлдем тоқтатады, сөйте тұра біреу өзге мемлекетке барып, сырттай оқып келсе, оның дипломын жарамды деп есептеп, қуана қабылдайды. Көкейге қонбайтын осындай жайттар үшін кімнен жауап аламыз? Белгісіз.

      Осы орайда, тағы бір жағдайды айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда Қазақстанның театрларының басым көпшілігінде жоғары білімді актерлар мен режиссерлардың, сахна өнеріне қатысты басқа да мамандардың жетіспейтіні баршаға мәлім. Мұның себептері неде? Актерлік пен режиссерлік мамандық бойынша жыл сайын өнер академиясын бітіріп, құлаштай диплом алып шығатындардың басым көпшілігі алыс аймақтарға барғысы келмейді. Тіпті, көпшілігі өз мамандықтарынан қол үзіп, басқа жұмыстарға ауысып кетуге бейім. Осының салдарынан еліміздегі көптеген театрлар өз ғимараттарында екі жылдық студия ашып, актерлер дайындап, сахнаға шығарып жүр. Бұл актерлардың арасында жоғары білім алуға ынталы, дарынды жастар да баршылық. Бұған қоса, жыл сайын өнер саласындағы арнаулы орта білім беретін колледждерді бітіретін жас актерлер мен режиссерлер де баршылық. Бірақ олардың бәрін өнер саласындағы жоғары оқу орындарының күндізгі бөліміне қабылдау мүмкін емес. Сонда олар өзге елдерге барып, қандай жолмен болса да, әйтеуір жоғары білімнің дипломын алып келсе болды деп қарап отыра беруіміз керек пе?

     Біздіңше, алдағы уақытта бұл мәселені бір жүйеге түсіру өте қажет. Бұл үшін, бірінші кезекте, мәдениет пен өнер саласындағы мамандар дайындауда күндізгі қысқартылған оқу түрі мен сырттай қысқартылған оқу түрін енгізген жөн. Бұған қазіргі кезеңде мүмкіндік мол. Мысалы, жақында ғана баспасөз бетінде білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды. Олардың біразы күндізгі қысқартылған оқу түрі бойынша білім грантына, біразы сырттай қысқартылған оқу түрі бойынша білім грантына ие болған. Көпшілігі – кәсіптік білім беретін арнаулы орта оқу орындарын бітірген және сол мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар. Олардың арасында музыкалық білім, бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша тегін оқуға мүмкіндік алғандар да бар. Демек, өнер колледждері мен театр студиясын бітіргендердің де жоғары оқу орындарына қысқартылған күндізгі және қысқартылған сырттай оқуға қабылдануына болады деген сөз, – дейді ұстаз. Ұсынысы негізсіз емес. Өзі сол саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүргеннен кейін өнерді өрістетуде ненің баянды, ненің баянсыз боларын сезеді. Құзырлы органдардың құлағына жетіп жатса, олар бұл мәселені қаперге алып, дұрыс-бұрысын салмақтаса екен дейміз. Ұлттық өнердің асығы түгенделсе деп шапқылап жүретін қайраткердің де тілегі – осы.

        Әңгімелескен Анар ЛЕПЕСОВА

       http://turkystan.kz/suhbat/15352

толығырақ

     Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Тәуелсіздігін халқымыздың аса зор құндылығы ретінде бағалай отырып, Тәуелсіз Қазақстанды құру және қалыптастыруда ерен еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытына берік ұстанымын таныта отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсатына жетуді болашақ ұрпақ алдындағы өзінің тарихи парызы және жауапкершілігі деп сезіне отырып, «Мәңгілік Ел» қастерлі мекенінде жарқын келешегімізді жасауға ұмтыла отырып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы Декларациясын қабылдайды.    

  • * *

      Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы - өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі.

       Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің жиырма бес жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. 

      Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді.

      Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты.

      Біздің елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты.

        Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды.

      Президент Н.Ә. Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты  өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды.

          Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. 

        Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды.    

* * *

        1991 жылы 16 желтоқсанда Парламент «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады.

       Тәуелсіз Қазақстанның бұл тұңғыш құжаты халқымыздың қуатты және пәрменді мемлекет құру арманының жүзеге асуын айғақтады. Заң Қазақстан егемендігінің оның ұлан-ғайыр аумағында және әлемнің саяси картасында мызғымастығын мәңгілікке бекітіп берді.  

      Еліміздің басты құжаты - Қазақстан Республикасы Конституциясын 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірауыздан қабылдады.

       Конституция егемендіктің саяси және құқықтық негіздерін бекітіп, адамның өмірін, құқықтары мен бостандығын, тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатыстылығына қарамастан, адам мен азамат құқықтарының теңдігін мемлекеттің жоғары құндылықтары деп жариялады.

     Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің мызғымас негізіне айналды.  

        Қазақстанда тиімді демократиялық институттар -  президенттік институты, Парламент, сот жүйесі және белсенді азаматтық қоғам қалыптасты.

       Елімізде жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге және бүкіл қоғамның мүдделерінің жүзеге асуын қамтамасыз етуге  қабілетті мемлекеттік құрылымның тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берген тарихи маңызды экономикалық және саяси реформалар жүргізілді.

       Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің саясаты ұзақ мерзімге негізделді, қазақстандықтардың әл-ауқаты, өмірдің жоғары сапасына жүйелі де мақсатты ұмтылысы оның басты ұстанымдары болды және солай болып қала береді.    

          Қазақстан әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 елінің қатарына енді.

      Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етіп қойған   «Қазақстан-2050» Стратегиясы жаңа сипаттағы  стратегиялық құжат болып табылады.

      Мемлекет басшысының «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары әлемдік қаржы жүйесіндегі аса жағымсыз құбылыстарға қарамастан, елімізде өндіріс пен инновацияны, әлеуметтік саланы дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

       Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді.

      Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді.

      1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Семей ядролық полигонын жапты. Қазақстан Президенті өз елінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды.

   Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың жаһандық процесінің жаңа кезеңі басталды.

      Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.

      Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын алға тартып, Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынды.   

      Тәуелсіздіктің 25 жылында қазақстандық дипломатия әлем елдерінің басым бөлігімен сенімді достық және ынтымақтастық қарым-қатынастар орнатып, халықаралық ұйымдардың қызметіне белсенді түрде араласып келеді.

      Біздің еліміз әлемдік қоғамдастықта орнын нық айқындап, лайықты құрмет пен беделге ие болып отыр.

      Әлемде аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстан Республикасының шекарасын делимитациялау мен демаркациялау Президент Н.Ә. Назарбаевтың тарихи жетістіктері болып табылады.

       Қазақстан өңірлік және жаһандық процестердің белсенді қатысушысы бола отырып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлес қосуда. 

      «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру Қазақстанның Еуропаның жетекші мемлекеттерімен әріптестік пен ынтымақтастықтың барынша жоғары деңгейіне шығуына жол ашты. Қазақстан ынтымақтастықтың еуразиялық көпіріне айналды.

     Біздің еліміз ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК секілді интеграциялық жобалардың бастамашысы және ілгерілетушісі болып табылады. Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі кеңесі сияқты ірі халықаралық ұйымдарда табысты төрағалық етудің тәжірибесіне ие. 

      Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.

     Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның халықаралық қатынастарды дамытудағы үлесін лайықты бағалай отырып, біздің елімізге ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуді сеніп тапсырды.

      Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Қарулы Күштері еліміздің сенімді қалқанына айналды.

      Президент - Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, оның шекарасының мызғымастығын, халқымыздың бейбіт және тыныш өмірін сенімді қорғауға қабілетті Қарулы Күштердің түбегейлі реформалауды, әскери қуаты мен әлеуетін арттыруды қамтамасыз етті.   

        Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанда жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізілді.

      Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқын дәйекті түрде ең жоғары әлемдік көрсеткіштерге жетуге бағыттап келеді.

       «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары - әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына кіруге қабілетті Қазақстанның қуатын нығайтуға бағытталған жоспарлар.

       Біздің бәсекелес болатын бірегей басымдықтарымыз - Қазақстанның мол табиғи байлығы, ауыл шаруашылық, коммуникациялық және транзиттік әлеуеті еліміздің экономикалық жетістіктерінің негізіне айналды. 

       Бүгінде Қазақстан - жекеменшік институты орныққан, орта тап белсенді дамитын, ал кәсіпкерлік экономикалық өркендеудің қозғаушы күші болып табылатын тұрақты нарықтық экономикасы бар ел.

       Елбасының стратегиялық көрегендігі арқасында Қазақстанда жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыстарға қарамастан, ел экономикасын жаңғырту табысты жүзеге асырылып жатыр.

       Қазақстан индустриялық қуатын нығайту мен инновацияны дамытуды нық көздеп отыр.

       Ауқымды құрылымдық реформалар барысында мүлде жаңа жоғары технологиялы салалар: мұнай-химия, автомобиль өнеркәсібі, теміржол машина жасау, IT-технологиялар, ғарыштық спутниктер өндірісі салалары құрылды.

        Елбасының бастамасы бойынша әр азаматтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.

      Тәуелсіздіктің мерейлі 25 жылында Қазақстан Әлемдік банктің Doing Business рейтингінде 35 орын алды.

        Елімізде жаңа экономикалық ұмтылысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі, Транскаспий халықаралық көлік маршруты секілді  бірқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып отыр.   

      Жаңа елордамыз Астананы құрудағы айрықша рөл еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа тиесілі.

        Астана Қазақстан Тәуелсіздігінің салтанат құруын паш етіп, халқымыздың мақтанышына айналды.  

       Астана құрылысы жаңа мемлекеттің, жаңа қоғамның құрылысы ретінде киелі мәнге ие болды. Астана өткеннің барлық құндылықтарын жинақтап, болашақтың жарқын келбетін елестетті.

       Бүгінде Астана - өз күшіне сенімді, жаңа Қазақстанның бүкіл әлемге әлеуетін танытқан ірі іскерлік орталық. 

      Астана саммиттер мен басқа да маңызды халықаралық кездесулерді өткізетін ірі орталыққа айналды, еліміздің басқа қалалары үшін дамудың үлгісі болды. 

      Астананың өзінде 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» инновациялық күн тәртібімен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін болады.   

      Қазақстан конфессияаралық және этносаралық татулық пен келісім үстемдік құрған мемлекет дамуының бүкіл әлемде танылған жаңа бірегей моделін құрды.

       Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институты - Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды.

        Әлемдік діндердің, тілдердің, мәдениеттер мен дәстүрлердің тоғысындағы тарихи араласуы Қазақстанда бейбітшілік пен келісім әлеуметтің адамгершілік және әдеп нормасына, ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған қоғамның айрықша үлгісін қалыптастырды. Ол көпэтностық пен көпконфессиялылықты Қазақстанның стратегиялық ресурсына және артықшылығына айналдыра отырып, руханилық пен азаматтықтың құрыштай құймасын мейлінше бекемдей түсті.

       Н.Ә. Назарбаевтың бейбітшілік пен қоғамдық келісім моделі қоғамның үйлесімді дамуының әлемдік эталонына айналды.  

        «Мәңгілік Ел» құндылықтары Тәуелсіздік жетістіктерін, Қазақстан халқының мүдделер ортақтастығы мен тарихи тағдырын көрнекі бейнелеп берді.

      «Мәңгілік Елдің» жеті құндылығы қазақстандықтардың Тәуелсіздікті нығайтуға, еркін де өркендеген елде өмір сүруге ұмтылысын - ортақ мақсатын, ортақ мүдделері мен ортақ болашағын біріктірді.

      Қазақстан халқы қабылдаған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі қуатты жұмылдырушы бастауға, қоғамдық келісімді нығайтудың өзегіне, бүкіл қоғамның мүдделері мен ұмтылысын біртұтас тұрғыда бекемдеу құралына айналды.   

      Басты бағдары Жалпыға ортақ еңбек қоғамы құндылықтары болып табылатын әлеуметтік тұрақтылық қоғамы құрылды.

       Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап Президент Н.Ә. Назарбаев халық алдына әлеуметтік бағдарлы нарықтық экономикасы бар қуатты егемен мемлекет құру міндетін қойды.

        Әлеуметтік жаңғырту әлеуметтік прогрестің экономикалық еркіндіктері мен идеалдарын үйлестікпен өрістетіп, қоғам мен әрбір адамның әл-ауқатының артуы үшін жағдай жасады, қарқынды дамитын еңбек нарығын құруға мүмкіндік берді. 

      25 жылда бала туу деңгейі 60 пайызға өсті. Қазақстан аналар үшін қолайлы елдер рейтингінде жыл сайын жоғары көтеріліп келеді.

       Біз қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартуға қол жеткіздік.

       Еңбек адамының мүдделері - біздің мемлекетіміздің басты назарында.

      Мемлекет қазақстандықтардың оқуы мен кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруы үшін жағдай жасайды, еркін еңбекке және лайықты еңбекақы алуға мүдделі әрбір азаматтың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету үшін өндірістер, инфрақұрылымдар және басқа да нысандар құрылысын жүргізеді.   

      Білім беру саласын кешенді реформалау Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орын алуына жағдай жасады.

      Отандық білім беру жүйесі мен ғылымды жетілдіру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі және елді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші тетігі болып табылады.

      Қазақстан ересек адамдардың сауаттылығы деңгейі бойынша Адам дамуы индексі әлемдік тізімнің алғашқы үштен біріне кіреді.

     Қазақстан зияткер ұлтты қалыптастыру үшін дәйекті түрде жағдай жасай отырып, адам дамуының деңгейі жоғары елдер тобынан нық орын алды. 

      Президент бастамасының арқасында елде ерекше сипатты «Болашақ» бағдарламасы ұдайы жүзеге асырылуда, «Назарбаев Университеті», зияткерлік мектептердің кең тараған желісі құрылды.

      Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында университеттік білім беру деңгейі көтеріліп келеді.  Барлық өңірлерде мыңнан астам заманауи мектептер салынды.   

       Ұлт денсаулығы, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды факторларына айналды.

      Отандық денсаулық сақтау саласы әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілді: заманауи медицина орталықтары, ауруханалар мен емханалар салынды, еліміздің барлық өңірлерінде зерттеулер мен жоғары технологиялы операциялардың бүкіл спектрі жүзеге асырылуда.

        Қазақстан еуразиялық кеңістікте медициналық туризмнің орталығына айналып келеді.

     Халық денсаулығы көрсеткіштерінде БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізілді. 

   Қаржы ресурстарымен және жоғары шығармашылық қайтарыммен нығайтыла түскен мәдениет саласы қуатты даму серпініне ие болды.

      Президент Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы отандық мәдениетті сақтау мен дамыту жөніндегі кең ауқымды жұмыстардың бастамасы болып табылды.

       Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, «Таңбалы» археологиялық кешені сияқты бірегей отандық ескерткіштердің,  сондай-ақ «Сарыарқа - Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» табиғи мұра нысандарының  ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енуі әлемдік маңызы бар оқиға болып табылады.    Тәуелсіздік жылдарында спорт пен саламатты өмір салты саласында тамаша нәтижелерге қол жеткізілді. Спортшыларымыздың аса ірі халықаралық жарыстардағы табыстары қуатты және бірлікшіл спортшы ұлт өмір сүретін Қазақстанның жаңа бейнесін жасады. Бүгінде Қазақстан спорты ең жақсы дамыған әлемдегі 30 елдің қатарына кіреді.  

* * *

       Тәуелсіздіктің Ұлы Жолы мәңгі болуы тиіс! Елордада «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу қажет. Ел Конституциясында Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, Елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында  көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақсатымыз - Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз - тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастерлеу. Тәуелсіздік біздің ең басты ұйыстырушы құндылығымыз болған, қазір де солай және бола да бермек.  

      http://www.inform.kz/kz/kazakstan-respublikasy-tauelsizdiginin-25-zhyldygy-deklaraciyasy_a2972663 

толығырақ

     Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларация қабылданды. Бұл – еліміз үшін ерекше орын алатын маңызды құжат.

          Декларацияның қабылдануын ел ішіндегі қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шетелдерде тұратын 5 миллионнан астам қазақ диаспорасының өкілдері де қуанышпен қарсы алды. Өйткені, бұл – біздің тарихымыз жəне болашақ ұрпағымызға қалдыратын мұрамыз.

    Тəуелсіз Қазақстанды құру жəне қалыптастыруда ерен еңбек сіңірген Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың көшбасшылығымен еліміз бүгінде əлем таныған мемлекетке айналды. Əлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басты.

         Баршаңызды Тəуелсіздігіміздің 25 жылдық ілгерілеу мен орнықты даму жолын айқын көрсеткен Декларацияның қабылдануымен құттықтаймыз.

         Ісіміз алға баса берсін, отандастар!

        Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

 

              «Егемен Қазақстан» газеті 26 қараша 2016


толығырақ


        Ернар Нұрмағамбетов бір жарым жылдан бері қалайыдан қазақ батырларының шағын мүсінін жасаумен айналысып келеді. Шебермен оның «Asian nomads»  атты шеберханасында сұхбаттасудың сәті түсті.

        – Ернар, жеке шеберханаңызды ашуды көптен бері армандап келгеніңізді білемін. Шеберханаңызды қашан аштыңыз? Қазір мұнда қанша адам жұмыс істейді?

       – Шеберхана сәуір айында ашылды. Ал, маусым айында ұжым мүшелері жинақталды. Қазір ұжымда шамамен он шақты адам бар. Кейбіреуі жұмыста, енді бірі үйде отырып жұмыс істейді.

        – Жұмысқа тек суретшілерді аласыз ба? Әлде мүсіндерді бояу ісі кез келген адамның қолынан келе ме?

      – Егер, жақсылап үйретсеңіз, бұл – кез келген адамның қолынан келетін іс. Бірақ, оған көп уақыт кетеді. Сондықтан, мен үшін бұрыннан қолына қылқалам ұстап үйренген, бояуды араластырып, мүсінді «сезіне» білетін суретшілерді жұмысқа алған оңайырақ. Бірақ, бұл жұмыс асқан төзімділік пен уақытты талап ететіндіктен, суретшінің өзі оны ұнатпаса, бірден істі тастап кетеді.

          – Осы жобамен айналысқаныңызға қанша жыл болды?

         – Бір жарым жыл.

        – Бір жарым жылда қанша мүсін жасадыңыздар?

        – Шамамен 2 мыңдай.

           – Неліктен батырларға жеке-жеке ат бермедіңіз? Мысалы, мынау Қабанбай, мынау Бөгенбай деп...

       – Мұндай тәуекелге барсам, сынға ұшырайтын едім.

      – Рушылдық мәселесін айтып отырсыз ба?        

      – Иә. Сосын біреулер «түрі ұқсамайды», «неге мұны емес, ана батырды жасамадың?» деуі мүмкін. Ойланбай айта салса да, мұндай пікір шығармашылық адамының көңіл-күйіне әсер етеді. Сондықтан, бұл мәселеге нейтрал қарағанды жөн көрдім.

      Мамандығыңыз кім? 

      – Экономист.


             Суретшінің оқуын да бітіргенсіз бе?

         – Жоқ. Барлығын өзім ғаламтордан қарап үйрендім. Бала күнімнен бері сурет салып келе жатырмын деп айта алмаймын. Бұл іске бір жарым жыл бұрын ден қойдым. Фигураларды бояумен айналысатын шебер Михаил Шиловтың шеберлік дәрісіне қатыстым, астаналық Екатерина есімді суретшіден сабақ алдым. Оның алдында мен адамның түр-әлпетін нашар салатынмын.

          – Яғни, егер ынтам болса, бұл іс менің де қолымнан келеді. Солай ма?

         – Әрине, ықыласыңыз бен уақытыңыз болса, сіздің де қолыңыздан келеді.

          – Естуімше, қазақ батырларының мүсіндеріне шетелдіктер ерекше қызығушылық танытып отыр екен.

         – Ол рас. Сәуір айынан бері Жапония, Үндістан, Қытай, Ресей, Украина, Ұлыбритания, АҚШ, жалпы саны 30-дан астам елден тапсырыс келіп түсті. Сондай-ақ, қазақ батырларының мүсіні Венгрияда өткен түркі халықтарының құрылтайында және тағы басқа халықаралық шараларда қойылып жүр.

       – Аз уақыт ішінде осыншама елмен қалайша тез байланыс орнатып үлгердіңіз?

        – Менің бизнесім әзірше шағын бизнес болғандықтан, жарнамалау жағы кемшіндеу болып тұр. Сол себепті, мүсіндерді әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап отырмын. Барлық тұтынушылар мені «фейсбуктен» іздеп тапты. Шынымды айтсам, маған жарнама жағынан әлеуметтік желідегі қарапайым адамдар көп көмектеседі. Олар мүсіндердің суретімен бөліседі, маған әртүрлі жәрмеңкелер мен көрмелердің кестесін жібереді. Менің ешқандай демеушім жоқ. Жобаны бастау үшін грант та, несие де алмадым.

         – Бұдан басқа қандай проблемаларыңыз бар?

        – Мәселе көп қой. Мысалы, қызметкерлер санының жетіспеушілігі, шеберлерді үйретуге көп уақыт жұмсалатындығы (соның кесірінен жұмыс қарқыны баяулайды), өзіміздің жеке сауда нүктеміздің жоқтығы. Бірақ, бұлардың барлығы уақыт өте келе шешілетінін білемін. Әзірше мүсіндерді көтерме бағамен сатып отырмыз.

         – Олар Қазақстанның қай өңірлерінде сатылып жатыр?

        – Қазір Алматы, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды және Астанада әріптестеріміз бар. Сайт арқылы тапсырыс жасалса, Қазақстанның кез келген жеріне өзіміз пошта арқылы салып жібереміз. Пошта қызметінің ақысын біз төлейміз. Ал, шетелге жіберу құны қымбат, оны тапсырыс берушінің өзі төлейді.

          – Ғаламторда сіз жасаған мүсіндерге қатысты оң пікір білдіретін жандар көп екенін байқаймын. Ал, сын айтқан кісілер болды ма?

        – Алғашында біреу сын айтса, қабылдай алмайтынмын. Біреулер «мына батырларың қазаққа ұқсамайды ғой» десе, ренжіп қалатын едім. Бірақ, бұл еңбектің артында үлкен ізденіс тұрғанын адамдардың барлығы бірдей түсінуі мүмкін емес нәрсе ғой. Барлық оқырмандарға мүсіндерді құр фантазияма ғана сүйеніп жасамағанымды айтқым келеді. Сарбаздардың сауыты мен қару-жарағындағы әрбір детальды музей экспонаттары мен археологтардың еңбегіне сүйеніп жасадым.

         – Ал, кәсіби мамандар қандай баға берді?

       – Олар мүсіндегі детальдардың позициясы және тарихына қатысты дұрыс сын айтты. Ол пікірлер жақында жарыққа шығатын жұмыстарымды жасағанда ескерілді.

         – Сізді әлеуметтік желіде сынайтын кейбір жандардың мүсін өнеріне қатысты орынсыз, таяздау пікірлері қынжылтпай ма?

       – Жоқ, себебі, олар бұған кінәлі емес қой. Қазір көп адамдар жалақыдан жалақыға дейін күн көреді. Олар қалтасындағы артық 2-3 мың теңгесіне қуанып жүргенде, сіз мүсін туралы әңгіме айтасыз... Бұл оларға ауадай қажет нәрсе емес екенін мойындайық. Сондықтан, олар осы өнерге қызығушылық танытпағаны үшін кінәлі емес. Коллекция жинауға әркімнің жағдайы жете бермейтіні де белгілі. Әркімнің қызығушылығы әртүрлі болғандықтан, біреуді қинап театрға, музейге апара алмаймыз. Менің басты мақсатым – адамдарды осы іске қызықтыру. Таңдау– олардың өз еркінде. 

         – Тек қана сіздің батырларыңыздан коллекция жинап жүргендер бар ма?

       – Иә. БАҚ пен әлеуметтік желілердің арқасында ондай жандардың саны күн санап өсіп келеді.

          – Мүсіндердің стандартты көлемі қандай?

        – Бойы – шамамен 6 см. Ал, көлемі 1:32. Бұл – коллекция жинаушылар арасында аса танымал масштаб. Мен салт атты батырдан гөрі жаяу әскердің мүсінін көбірек жасадым. Неліктен десеңіз, салт атты әскердің мүсінін жасауға материал көбірек жұмсалады, сосын оны бояу да біраз уақыт алады.

         – «Батырларыңыздың» бағасы қанша?

       – Боялмаған мүсін 4 мың теңге, ал, боялғаны 6 мың теңге тұрады. Бұлардың бағасын жазарда алыс-жақын елдердегі мүсін жасайтын шеберханалардағы бағаларды да ескердім. Мүсіндер бастан-аяқ қолмен жасалатындығын, сондай-ақ, олардың таралым саны шектеулі екенін ескерсек, бағасы қолжетімді деп айтуға болады. Әрқайсысының қорабында мүсіннің үш тілдегі сипаттамасы жазылған, бәрі жеке-жеке нөмірленген.

         – Бұларды нөмірлеуіңізге не себеп болды?

        – Қазір мүмкіндігімше мүсін қашан, қайда сатылғанын өзіме жазып алып жүрмін. Өйткені, болашақта осы хобби сәнге айналып, Қазақстанда коллекция жинаушылар көбейеді. Сол кезде батырларға арналған мүсіндер туралы дерек жұртқа жетсе екен деймін. Батырлардың таралымы – мың дана. Осы мың мүсіннің барлығы нөмірленген.

          – Мен сізден «Қазақ аруларының» сериясын қашан жасайсыз?» деп сұрағалы келген едім. Байқасам, сіз бұл іске кірісіп те кеткен екенсіз.

         – Иә (мүсінші өзі жасаған үкілі аруды көрсетті – ред). Алдымен, ұлттық киімдегі ару, сосын бақсы дүниеге келді. Енді біршама уақыттан соң, бүркітші мен ақ жаулықты әженің мүсіні де дайын болады.

 

        – Алдағы уақытта ертегі кейіпкерлерінің мүсінін жасауға қалай қарайсыз?

Бұйырса, бастаған шағын кәсібім бір арнаға түскен соң, ойыншық мүсіндер сериясын ашуды жоспарлап отырмын. Ер Төстік, Тазша бала, Алдар көсе сияқты көпке танымал кейіпкерлердің пластик нұсқасын жасап шығарсам деймін. Олар сапасы жағынан «Шляйх» деген танымал фирманың пластик ойыншықтарына ұқсас болғанын қалаймын. Бірақ, бұл жоспар бизнесіміздің қалай жүргеніне тікелей байланысты.  

Бақсы
Бақсы

          – Қазақ батырларының мүсінін жасайтын басқа да шеберлерді білесіз бе?

         – Жоқ. Қазақстанда және әлемде қазақ батырларының шағын мүсіндерін жасауды алғаш қолға алған адам алдыңызда отыр. Бұған дейін қазақ батырларына арналған мүсін не ойыншық шығарған адам туралы естіген емеспін. Бірақ, Астана, Алматы мен Қарағандыда басқа коллекцияларды жинайтын және бояйтын жандарды білемін.

        – Жеке коллекцияңыз бар ма?

        – Иә, бала күнімнен коллекция жинаумен әуестендім. Көшпенді халықтардың тарихына бала күнімнен қызығамын. Скиф, ғұн, моңғол, грек сарбаздарының, орыс солдаттарының мүсінін жинадым. Осы кәсіпті ашу үшін жинаған мүсіндерімнің біразын сатуға тура келді.

 Ернар Нұрмағамбетовтің коллекциясындағы шетелдік мүсіндер

Ернар Нұрмағамбетовтің коллекциясындағы шетелдік мүсіндер

 Ернар Нұрмағамбетовтің коллекциясындағы шетелдік мүсіндер

Ернар Нұрмағамбетовтің коллекциясындағы шетелдік мүсіндер

 Ернар Нұрмағамбетовтің коллекциясындағы шетелдік мүсіндер

Ернар Нұрмағамбетовтің коллекциясындағы шетелдік мүсіндер

         – Патент алу мәселесі қалай болып жатыр?

       – Қазір қазақстандық патенттің құжаттарын рәсімдеп жатқан жайым бар.

        – Күніне қанша мүсінді бояйсыздар? Бір мүсінге қанша уақыт жұмсалады?

      – Күніне шамамен 4-5 мүсін боялып, 10 мүсін құйылады. Бір мүсінге бастан-аяқ 4 ай уақыт жұмсалады.

        Алдағы уақытта батырлар топтамасын жасау ойда бар ма?

        – Иә, 8 жаяу әскер, екі салт атты батырдан тұратын топтама жасағым келеді. Бұл жердегі екі салт атты – Керей және Жәнібек хандар. Осындай 10 батырдан тұратын топтаманың 50 данасын жарыққа шығаруды ойлап жүрмін.

      – Қандай арманыңыз бар?

      – Алдағы уақытта Кенесары ханның, Бөгенбай батырдың, Абай Құнанбаевтың, Бауыржан Момышұлының мүсіндерін жасағым келеді. Мүсін құятын жабдық сатып алуды армандап жүрмін. Сондай-ақ, «Отырардың күйреуі» сияқты үлкен шайқастың реконструкциясын қолға алғым келеді. Мен әлі жаспын, бұйырса, ойға алған жобаларымның бәрін жүзеге асырам деп үміттенемін.

        – Әңгімеңізге рахмет!

     Әңгімелескен – Роза ӘРЕН. Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

      http://el.kz

толығырақ

    Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) «Біреуді жақсы көрсең, оныңды білдіріп қой» деген хадисі бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» кітабын оқып шыққаннан кейін осы хадис ойыма оралды. Нұрсұлтан Әбішұлы «қалың елі – қазағын» шын сүйген жан екенін пайымдадым. Бұл перзентінің ел-жұртына ақтарған шынайы сыр-сезімі, білдіріп жатқан лебізі екен.       

      – Мен үшін елімді дамыған мемлекет­тердің сапына тұрғызып, санатына қосу­дан үлкен мақсат жоқ, – дейді Елбасы. Шүкіршілік, Қазақстан бүгінде әлем­дегі әлеуетті елу мемлекеттің ішін­де. Енді озық отыз елдің қатарына кіруге нық сеніммен қадам басып келеді.

      Біз, Қырғызстанда мекендеп қал­ған қазақтар, мейлі, тым жырақта болма­сақ та, атажұртымыздан бізді шекара бөліп тұр. Түпті еліміздің түтіні түзу ұшып жатқанына тәубе етеміз. Түпкі отаны­мыздағы қажырлы халқы­мыз­дың игі­ліктері, еңселі Елбасы­мыз­дың жүр­гізіп отырған байсалды саясаты бі­здің атажұртымызға құштар­лы­­ғы­­мыз­ды арттырады. Осыдан бес жыл бұрын Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайына Қырғызстан делегациясының құрамында Астанаға барғанымда өзім куә болғандай, Елбасы форумды ашып, сөзін аяқтаған соң, мінберден түсіп залдағы елмен қол алысып сәлемдесті. Сонда Елбасымен амандасуға іңкәр болған шет елдерден келген бауырластарымыздың қуанышы әлі күнге дейін көз алдымда тұр.

       Біздің көңілімізді өзгеше бұрғаны кітаптың «Қиырдан келсе қандастар» деп аталған төртінші бөлігі болды. Мұнда шет елдерде тұрып жатқан қазақтар, олардың елге оралуы, көші-қон мәселелері қозғалыпты. Елбасының «Шет елдердегі бауырларымыздың өнерін, әдеби мұрасын, халықтық қолөнерін, ата кәсібін дамытуда арнайы жұмыстар жүргізіп келеміз. Бұл – адами капиталды Отанға оралтудың оң қадамдарының бірі. Бұл қадам жаңылмайды, шекара жабылмайды. Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені, әлемдегі бар қазақ – бір қазақ», – деген сөздері біздің көкейімізге қонды, мерейімізді көтерді.

      Иә, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі Төралқа төрағасы болған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйытқы болуымен шет елдерде, оның ішінде Қырғызстанда тұрып жатқан қазақтардың ана тілін, ұлттық салт-дәстүрі мен мәде­ниет­ін сақтап қалуда ауқымды істер атқарылып жатыр.

       Елбасы кітабында атамекеніне сағыныш пен сүйіспеншілікке толы пер­зент­тік пәк пейілдерін сарқымай сақ­таған­дары үшін шет елдердегі бауырлас­тарына алғысын айтыпты. Қырғыз­стан қазақтары да Елбасына аталық қам­қор­лығы үшін ризашылығын білдіреді.

      Ерғали АБДИКАИМОВ,  Қырғызстан елі ассамблеясының құрамындағы Қырғызстан қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары. Бішкек

      https://egemen.kz/2016/11/25/77622

толығырақ

ek3

      Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы Төралқа төрағасы болып табылатын, Президент  Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз­дің бас басылымында жария­ланған «Ұлы Дала ұлағаттары» деп аталатын жаңа еңбегінің әсіре­се төртінші бөлімін шетелдегі қазақ диас­порасы ерекше ықыласпен қа­былдауда. Оның «Қиырдан кел­се қандастар» деген тақырып­пен жарияланған бөлігінде Қа­зақ­станның сырттағы ағайынның көші-қонына қатысты саясаты жан-жақты безбенделеді. Тіп­ті, оны тұжырымдама деп қабыл­дауға болады. Өйткені, онда әлемнің әр шалғайында тарыдай шашыраған қандастарымызды елге оралтудың маңызы мен мәні және оның мемлекеттің береке-бірлігін бекемдеп, ырысын молайтып, ғұмырын баянды етудегі рөлі толық көрініс тапқан.

        Оны парасатты тұлғаның мына бір жүрекжарды сөзінен айқын аңғаруға болады. «…Өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде ең алдымен ойлағанымыз – шетелдерде жүрген ағайынды елге оралтып қуанту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру болатын. Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені, әлемдегі бар қазақ – бір қазақ. Атажұртқа оралудың да күрмеулі мәселесі көп. Оның заңдық-құқықтық, әлеуметтік-қоғамдық түйткілдері бар. Олар­дың бәрін заман талабына сай толық реттеп отыру үшін уа­қыт керек, жан-жақты жұмыс қажет. Біз әрбір бауырымызды ата­мекенін аңсап келген ағайын деп қана қарамай, бір туған бауыр, елге қосылған елеулі қазына деп қабылдаймыз».

        Елбасы «шетелдердегі бауыр­­лары­мыздың өнерін, әдеби мұра­сын, халықтық қол өнерін, ата кәсібін дамытуда арнайы жұ­мыс­тар жүргізіп келеміз. Бұл – адами капиталды Отанға орал­тудың оң қадамдарының бірі. Бұл қадам жаңылмайды, шекара жа­былмайды», деп шекара сыртын­дағы бауырларымызға қатыс­ты пікірінде өз ұстанымын ғана емес бұл әрдайым мемлекет саяса­тының да басым бағыты болып қала беретініне сендіріп отыр.

        Қазақстан Президенті Тәуел­сіз­дікті жариялаған алғаш­қы күндерден-ақ 1992 жылғы Дүние­жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізуге дайын­дық­тың рухани жоспарын бастап кеткенін бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Сондықтан алдағы жылы Астанада өз жалғасын табатын Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайынан күтер үміт көп. Онда қол жеткен жетістіктер сара­ланып, оны әрі қарай еселей түсу­дің жолдары мен әдістері талқыға салынады деп жоспарлануда.

       Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары. АЛМАТЫ

      https://egemen.kz/2016/11/19/75507 

толығырақ

 

      Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында тұратын қандасымыз, әнші Шұға Сымайылқызы Қазақ Елі Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен құттықтап, видео-сәлем жолдады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

      «Сонау Моңғол елінде тұратын туыстарымның атынан Қазақ Еліне сәлем жолдап отырғаныма қуаныштымын.

     Қазақ Елі одан әрі өркендеп, қазағымыз молая берсін! Қазақ Еліне келетін көш әлі де басылған жоқ. Әр елдердегі қазақ қандастарымыздың ынтамағы мен бірлігі арта берсін!

      Қазақ Елі Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойы құтты болсын! Көш тоқтамасын!», дейді әнші қыз.

Видео: Руслан Қанабеков  

толығырақ

dlya-rubriki-knigi-2

      

Қарияларымыз – қазынамыз

       Қарияларымыз – халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары, қоғамымыздың қадірлі қазынасы.

       «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деген қанатты сөз бар. Бәріміз білетін және жиі айтатын бұл сөз – халқымыздың қадірлі ұғымының бірі. Жалпы, қанатты қағидалар қағаберісте, жай әншейін айтыла салмайды. Өмірден көрген түйін, тұрмыстан көрген тәжірибе бағалы сөздің салмағын санаға салады.

      Туған ауылдың тау жақ беткейіндегі піл сауырлы жасыл төбенің шалғынында, мал келер қарсаңда малдасын құрып, әзілдесе жарқылдап отыратын әкеммен құрдас қарттарды кезінде көп көрдім, көп тыңдадым. Олар менің алғашқы оқулықтарым еді.

      Жаздың жаймашуақ кезінде, Үшқоңыр жайлауында, жылдың осы тамаша мезгілінде балалық балдәуреннің бақытына бір кенелер едік. Қатар-қатар сап түзеген киіз үйлердің мама ағаштарына байланған аттарынан асықпай түсіп, бір-бірімен төс түйістіріп, емен-жарқын есендесіп, әзілдескен ағалардың алдынан шығып амандасып, марқайып қалушы едік. Қариялар туралы, олардың еліміздегі өмірі мен тұрмысы туралы ойланғанда, есіме сол кезеңдер түсіп, солардың әрқайсысының айтқан сөздері мен берген ақылдарын жадымда жаңғыртып отырамын.

      Әке көрген, аға сыйлаған ұрпақтың өкіліміз. Халықтық тәрбиенің мектебінен өттік. Оқ жондық, тон піштік… дегендей. Қалай болғанда да аға ұрпақтың маңдай тері мен еселі еңбегін жоққа шығаратын топтан емеспіз. Кеңестік дәуірде «қарттарға әркез құрмет, жастарға қашанда жол ашық» деген кең тараған ән болатын. Кеңестік кезеңде туды демесең, орынды да ойлы сөз.

      Біздің халықтың орташа өмір сүру жасы жетпіс екіге жетті. Бұл деген – өте жақсы көрсеткіш. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық кезеңінде халық жасының бұлайша жоғары көтерілуі еліміздегі өмір сүру деңгейінің де экономикалық даму қарқынына сай келетіндігін айқын көрсетеді.

     Өмір бір орнында тұрмайды. Жас өседі, ұрпақ жаңарады. Өскен жастың өрісін тарылтпай, жаңаға жол ашып, жақсыға тілектес болудан артық қандай абзал азаматтық болуы мүмкін? Осы орайда мемлекеттік дамудың негізгі басым бағыттарын саралай отырып, экономикалық көрсеткіштер мен халықтың тұрмыс-тіршілігінің дамуын одан әрі тұрақтандыру мақсатында зейнеткерлердің жалпы санын азайту үшін ол деңгейді алпыстан алпыс үш жасқа көтердік. Бұл – қарияларымызға да, олардың ұрпақтарына да өзінің игі әсерін тигізетін саяси шешім.

      Егер біз қарияларымызды қадірлеуді тек қана оны зейнеткерлікке жібермеу ғана деп түсінсек, ол қате болар еді. Бұлай болған күнде жастардың еңбекке араласу мүмкіндігі шектеліп, жұмыссыздық көлемі өсіп, іс басында жүрген адамдардың болашақта зейнетақы алу жағдайы қиындап кетер еді. Біз ел дамуындағы әрбір жағдайды алдын ала безбендеп, дер кезінде шешім қабылдап отыруымыз керек.

      Атадан балаға, кейінгі ұрпаққа өркенді өнеге мен жақсы сөз жетеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» делінетіні де сондықтан. Қарттықтың қадірлісі – озық дәстүрлерді, халықтың бірлігі мен ынтымағын сақтауға өзіндік үлес қосу.

       Байырғы тарихымызға ой көзімен қарасақ, қай кезеңде де қазыналы қариялар елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған. Дауды әділ шешіп, ешкімнің ала жібін аттамай, әділдіктің туын жықпай, туғанына тартпауымен көпке үлгі, жасқа тәлім берген. Ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін өмір мектебі ретінде одан әрі дамытып, келер ұрпақтың кемел деңгейге жетуіне тікелей атсалысқан.

     Мұқағали ақынның «Қариялар азайып бара жатыр» деген белгілі жырын бәріміз де білеміз. Ойлана қарасақ, ол жолдардың сыры одан әрі ашыла түседі. Абзал ақсақалдық, қадірлі қариялық секілді халықтық ұғымдардың өз салмағын жоғалта бастағандай тұстары да бой көрсетіп қалғандай. Заманмен бірге адам да өзгереді. Бұл – табиғи заңдылық, адамзаттық дамудың қағидаты. Алайда, бәрін де заманға жаба беруге болмайды. Адамдық болмысты сақтап қалудың тарихи мектебін біз әз бабаларымыздың ғұмырынан, олар қалдырған өнегелі өсиеттерден, өрісті ойлардан ала білуіміз керек.

      Жұртымыздың бағзыдан бергі болмыс-тірлігінде ақсақалдық өнеге қоғамдық өзін-өзі басқарудың бүтіндей бір институты болған. Ол тұста сот та, полиция да, прокуратура органдары да болмаған. Барша әділ қазылар алқасының қызметін қадірменді ақсақалдарымыз атқарған. Осы жерде бір нақтылай кететін нәрсе, «ақсақал» деген сөздің өзі тек сақалдың ағаруына ғана байланысты айтылмаған-ау. Қазақ – ақ түсті тотемдік деңгейге көтерген халық. Мәселен, «Аққа Құдай жақ» дегеннен бастап, ақ бата, ақ ниет, ақ жол, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» дегенге дейінгі аралықтағы айшықты сөздердің бәрі соны аңғартса керек.

      Одан кейінгі тағы бір атап айта кететін нәрсе, ол – ақсақал қатарының ең егдесі дегенді де білдірмейтіндігі. Ақсақал – өзі құралпыластары қатарындағы анағұрлым көнекөз емес, неғұрлым көгентүбі. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген сұңғыла сөз содан қалған болар? Демек, ақсақал – ауыл-елдегі қариялардың ішіндегі бірегейі, айтқанына сендіріп, жұртты соңынан ерте білетіні, қара қылды қақ жарған әділдігімен ағайынды мойындата алатыны. Сондықтан да ондай адамның абыройы асқақтап, зор беделге ие болған. Оған халқы құрметпен қарап, айтқан уәжіне құлақ асқан.

      Әрине, көпшілік кім көрінгенді олай әлпештей бермейді. Ендеше, ақсақал атанған ата-бабаларымыз сол сындардың ешқайсысынан сүрінбей, тура жүрісінен танбай өткен айрықша ақжарылқап тұлғалар болғаны ғой.

      Ел болған соң, өмір болған соң, бас жарылып, көз шықпағанымен, жаға жыртысып, сөз таластыратын кездер кездеспей тұрған ба? Ондай ауыл ішінің тентектерін тезге салудан тартынбай, жөнсіз қылық, әнтек әдеттерден сақтандыру, кем-кетікке көмектесу сияқты күнделікті тірліктегі бар мәселе сондай ардақты ақсақалдарымыздың арқасында адал арнасынан ауытқымастан бүгіннің бедеріне жеткен.

      Осыған орай бір ғана мысал келтіре кетейікші. Біздің замандастарымыз қазақ ауылдарында жетпісінші жылдардың жартысына дейін есіктерінде құлып атаулының болмағанын жақсы біледі. Ағайындарымыз бар мал-мүлкі мен бау-бақшасын көршілеріне аманаттап, апталап-айлап құда-жекжаттарына қыдырыстап кете беретін. Ал көршілер болса, нақ өзінікіндей сиырын сауып, майын шайқап, бақшасын суарып, аман-есен иесіне қайта тапсырар еді.

      Иә, ардақты да абыройлы ақсақалдарымыз, қадірменді қарияларымыз ұлттық ұлағатымыздың, текті тіршілігіміз бен саф алтындай салт-дәстүріміздің сардар сақшылары-тұғын. «Қасқалдақтың қанындай» деп, ауызды құр шөппен сүртудің қажеті жоқ, қазақы қалпын сақтап, қасиетін қожыратпаған қарияларымыз қазір де бар. Мәселе солардың өмірлік мол тәжірибесі мен үлгі-өнегесін замана талабына сай ұрпақ тәрбиесінде ұтымды пайдалана білуімізде. Әрі оны ұзын арқан, кең тұсауға салуға да болмайды. «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнекей жағада тұр…» демеп пе еді Мұқағали мұзбалақ?! Ендеше, қарияларымыздың жағдайына қамқорлық жасау да, қымбат қазынамызды қапысыз пайдалану да кезек күттірмейтін маңызды міндеттер деп білгеніміз жөн.

    Ақсақалдық – абзал да абыройлы қасиет. Кешегі кеңестік кезеңде осы ұлттық қасиетімізге біршама көлеңке түсті. Еліктеу мен солықтаудың салқыны қариялық қасиетке де өзінің көлеңкесін түсірді. «Ауылыңда төбе болса – ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария ұлағатты болса – жазулы тұрған хатпен тең» деген сөздің салмағы жеңілдеп, ұлағатты ұғымы солғын тартқан еді. Алайда, біз – ақсақалдықты ар мен намыстың туы етіп ұстанған елміз. Қарияның сөзі халықтың сөзі деп үйренгенбіз. Осы ұлы дәстүрді жаңаша жаңғырту, заман болмысына қарай тәрбиелік-тағылымдық үрдіске айналдыру біздің алдымыздағы абзал мақсаттардың бірі болып қала бермек.

     Дәстүрлі ақсақалдық халықтық ойдың қайнарынан, ата-бабаларымыздың баянды тарихынан бастау алып, дәуірлерге ұласып келе жатыр. Ол ғұрып жаңа заман жағдайында кезеңдік-кемелділік жағынан тың сатыға көтеріліп, ел дамуының елеулі белестерінде өзінің анық қолтаңбасын көрсетіп отыруы қажет. Әрине, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Мұны да естен шығаруға болмайды. Қоғам бабалық дәстүрдің даналық дәрістерін бойына сіңіре отырып, оны жас ұрпақтың санасына жеткізуде өз ұстанымын айқындауы тиіс.

       Осынау озық салттың санамен ұштасқаны мақұл. Сана адами-имани іс-әрекеттің ізгі жақтарын тереңдетіп, ұрпақ болмысын қалыптастыруда ұлағатты қызмет атқарады. Сонда жас ұрпақ жақсыны үйреніп, жаманнан жиреніп, жан дүниесіне жарасымды жол ашады. Қазына қарттарға деген қалтқысыз құрмет ойда да, тойда да өзінің көзқарасын орынды сөзбен, үйренер үлгімен үкілеп отырса, көптеген келеңсіздіктер кері шегінер еді.

       Өнеге жақсы болса, өріс кеңейеді. Көпті көріп, көңіліне тоқыған қариялық пайымды ұрпақ зердесіне жеткізуде халқымызда қалыптасқан ұлттық дағдыны дамыта, заманға бейімдей отырып жаңғыртсақ, ел арасындағы бірлік пен ынтымақ одан әрі тұғырын бекіте түседі. Тұғыры берік төрден орнын алады. Тәлімді өнеге тірліктің кілтін ұстайды.

        Саналы сөздің иесі де бар, киесі де бар. Жақсылыққа жұмылдыратын сөзді бала кезден жастарымыздың құлағына құйсақ, оның қайтарымы халқымызға олжа, жұртымызға жәдігер болмақ. Қариялық даналықтың халықтық даралыққа жол ашуы да осы жерден бастау алады. Халықтық бастаудың қайнарын әрқашан тазалап отыратын қарияларымыздың қатары азаймасын. Олар айтар үлгілі сөз саналыға сабақ болсын.

     Қазіргі кезде қариялардың айтар ақжарылқап сөзі аз ба? Жастарға үлгі ұсынып, ізгілік пен игілікке жөн сілтеуде қариялар алдында тұрған маңызды міндеттер – ардың ісі, абыройдың қарекеті. Жастар бойындағы жаман қасиеттерді дер кезінде байқап, саналы сөзімен, салиқалы тәжірибесімен жөн көрсетуде ақсақалдық қасиет аттан түспеуі керек. Абыз Абайда: «Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін» деген сөз бар. Ел алдындағы ұлы міндетті Абайша түсініп, ақыл-ой таразысын тең ұстауда қарияларымыз қатарын сиретпесе екен деп тілейміз.

     Жастар қашанда жаңаға ұмтылғыш. Бірақ жаңаның бәрі жақсы да, ескінің бәрі жаман деп кім айтты? Жақсы мен жаманды екшеп, жастар бойындағы ізгілік қасиеттердің дамуына қызмет ететін қариялықтың қадірлі мектебінің парасат есігі қашанда ашық болғаны абзал. Бағзы бабалардың, ақын-жырауларымыздың асыл сөздеріне ден қойсақ, небір халықтық қазынаның қайнарынан сусындаймыз. Тәлім де, тәрбие де, ұлағат та осында. Осы тұрғыда қайрат көрсету қариялардың мақсатына айналса, ғанибет болар еді.

      Бірлік – халқымыздың ұлан тарихындағы ұлы сөз. Қазақты аман сақтаған да, ұлттық қасиетін асқақтатқан да осы сөз. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қарапайым сөзде аса маңызды қуат бар. Халықтық мүдде, елдік қасиет бар. Тәуелсіздікті алған кездегі алғашқы іс-әрекетіміз де осы сөз үдесінде болды. Бүтін болып жиналдық. Бір мақсаттың жолында баршаны ұйыстырдық. Саяси тұрақтылық атты тарихи атауға ие болған тіркесте халқымыздың «бірлік» атты сөзі тірлігіміздің тірегі болды. Ата-бабаларымыз аманаттап, аламан жұртымызды аман сақтауда өлшеусіз қызмет атқарған бұл сөзді бүгінгі қарияларымыз одан әрі қастерлеп, саналарға сіңіргендері дұрыс. Бұл қарияларымыздың парасатты парызы дер едім.

     Ұлт болып ұйысудың ұлы идеясы – бірлік. Тәуелсіздік тізгіні қолға тиген алғашқы күннен бастап біз бірлік атты ұлы ұғымды мемлекеттік саясат ретінде ұстандық. Өйткені, бұған дейінгі тарихтың ащы сабағы бұзылған бүтіннің, ыдыраған ынтымақтың қандай ауыр халге душар ететінін қапысыз көрсеткен-ді. Бір отбасының өзінде бірлік пен береке болмаса, шаңырақ шайқалады.

      Ғасырлық ғибраттан үлгі-өнеге, саналы сабақ ала отырып, мемлекет дамуының түпқазығы етіп бірлік атты баянды міндетті алдымызға қойдық. Алыс-жақында болып жатқан дүрбелеңдердің себеп-салдарын сезініп, бірлігі жарасқан ел болудың ұлттық арқауын ұлықтауға ұмтылдық. Осы орайда ел ағаларының, қадірменді қарияларымыздың қайраткерлік танытқанын біз ешқашан естен шығармаймыз. Осы жақсы үрдісті үзіп алмау жолында жұмыс істей береміз.

     Жас ұрпақ жаңа кезеңнің бақытты шақтарын бастан кешуде. Ұшар қанаттың талпынысына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Біздің халқымыз барға – қанағат, жоққа – салауат кезеңдерді де бастан кешті. Қиыннан жол, күрделіден шешім таптық. Мұның бәрі халық бірлігінің нәтижесінде мүмкін болды. Бүгінгі күні ешбір қазақ баласы жат елде жасып, жалшылық қызметте жүрген жоқ. Бұл – мемлекеттің мерейі. Бұл – халықтың бақыты. Бақытты бағалай алсақ, оның баяны да, бағасы да қашанда ұзағынан сүйіндірмек.

       Өмір қашанда – күрес. Бүкіл ғұмырың – еңбек. Маңдай тердің өтеуі заман алмасқан сайын күрделі бола түседі. Дүние қазір дүрбелең. Ақ пен қараның мәңгілік күресі адамзаттың жаратылуынан бері жалғасып келеді. Арымызды дақ түсірмей сақтаған халықпыз. Бірақ сен сақтанғанмен, сырт көз сұғанақтығын тоқтатпайды. Бақталастық белең алды. Ол да қызғаныш пен көре алмаушылықтан туындайды. Діни сауатсыздықтан, адам санасындағы адасушылықтан лаңкестік әрекеттер жиі бой көрсеткен қазіргі заманда жастарымыздың жаман жолға түсуінен сақтандыратын да, сақтайтын да қарияларымыз осы жағынан санаткер сергектік танытса дейміз. Ананың ақыл ойы ұл-қызға, ағаның ақыл-ойы іні-қарындасқа тәлім болса, тәрбиенің үлкені де – сол.

    Жастар қашанда еліктегіш. Сырттан келіп жатқан аткөпір ақпараттар, ағыл-тегіл жаңалықтар, сан алуан мәдениеттің сапалы-сапасыз дүниелері оң-солын жете танып үлгермеген жастарымызды жетектеп кетіп жатады. Жаһанданудың толассыз толқыны ұлттық ұғымдарды тұмшалап жатқан қазіргі кезеңде жастар тәрбиесіне жанашырлықпен атсалысу – баршамыздың азаматтық парызымыз. Осы орайда ақсақалдықтың асыл дәрістері дәйекті жүріп жатса, қарияларымыз үлгі-өнеге көрсетіп, саналы сөз санатқа кіріп жатса, ұтарымыз аз болмас еді.

    Халқымыздың қилы тарихында ұлт-азаттық күрестің мән-мазмұны ерекше назар аударуды қажет етеді. Сыртқы жаулармен ғасырлар бойы шайқасып, азапты арпалыстарды бастан кешкен халқымыздың жанын берсе де арын бермеген, қанын төксе де, қарыс жерін дұшпанға бастырмаған ұлы ерлігін ұлықтауда, ұрпақтың санасына жеткізуде қарияларымыздың алдында тұрған парыз жетерлік. Біз – ерлікті ежелден енші тұтқан жұртпыз. Елдікті ту етіп көтерген халықпыз. Ұрпақтар сабақтастығын ақылмен жалғаған, ата жолын парасатпен ұстаған елміз. Осынау ұлы тарихымызды ұлықтау жолында, оны қастерлей отырып, халық жадына жазуда ақсақалдықтың орны тым бөлек.

     Әр ауылда, әр ұжымда, әр ортада ағалар кеңесі, ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымдары қызмет жасаса, елдік қасиеттеріміздің еңсесі көтеріліп, ұлы дәстүрлеріміз одан әрі дами бермек. Көпке ақылын айтып, жұртқа жағымды мінезімен көрінетін қарияларымыз қай жерде де бар. Тыңдар құлақ, көрер көз болса, оларды тауып, ортаға тарту керек. Орайы келгенде кеңесіп, ел болудың пайымын бірлесе ойластырса, халықшыл қасиетіміз жаңаша қырынан жарқырай көрінеді.

      Кезінде кең-байтақ елімізде еңбегімен де, ақыл-парасатымен де өз мамандығының қыр-сырын қапысыз меңгерген аға-апаларымыз болды. Олардың бірталайы қазір де Отанымыздың дамып, өркендеуіне шынайы ақыл-кеңестерімен елеулі үлес қосуда. Өз кезеңінде дала академиктері атанған еңбек қаһармандары Шығанақ Берсиев, Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев, Нұрмолда Алдабергенов, Ұлбала Алтайбаева, Сәлима Жұмабекова, Зылиха Тамшыбаева, Кәмшат Дөненбаева, Жолсейіт Молдасанов секілді жүздеген үздіктер елдің даңқына даңқ, абыройына абырой қосып, жастарымыз еліктейтін ерен тұлғаларға айналды. Бұлар өз мамандығының топжарғандары еді. Олардың қай-қайсысы да еңбегі мен ақыл-парасаты қатар тоғысқан жандар болатын. Бүгінгі күні олардың игі істерін, іргелі жолын жалғастырып келе жатқан келесі толқын да осы биіктен көрінуде. Бұл толқын жалғаса, жаңара береді.

      Ата көргеннің ақылы артық, өмір көргеннің өнегесі артық. Жас өсемін деп ұмтылса, қарттың ақылы демеу болады. Жас үйренемін деп құлшынса, жайсаң үйретерін бүгіп қалмайды. Халқымызда «көзбен көргеніңе қолың жетсін» деген баталы сөз бар. Дуалы ауыздан шыққан дәйекті сөз қай істе де қолбасшылық қуатын жоғалтпайды. Қарияларымыздың халықшыл сөздері жастарымыздың жан дүниесіне шуағын түсіргей.

      Бәріміздің жанымызға етене жақын Сағи ақынның: «Даламның исі бұрқырап, қарттарым, аман-сау жүрші» деген сөзін мейлі ол басшы ма, қосшы ма, әрбір азамат ойынан шығармай жүрсе, ұрпақтар сабақтастығы ұлы көшін жарасыммен жалғай береді. Сонда қарияларымыз да қарыздар болып қалмайды. Аман болсын, Ұлы Дала елінің қариялары!

     Ғасырлар бойғы ұлт-азаттық көтерілістердің ілгері-кейінді шежіресінде халықшыл қариялардың ел есінен кетпейтін есті сөздері әлі де ат үстінен түскен жоқ. Отаршыл империяның қазақ жастарын қара жұмысқа, қасіретті майданға көгендеген кесірлі кезеңінде қарияларымыздың аузынан жеткен «бала берсек, бала өледі, бала бермесек, шал өледі, бала өлгенше, шал өлсін» деген ұлы сөзі ақсақалдықтың асқаралы сөзі. Осы қарапайым да қаһарман сөзде қарттықтың халықтық қуаты мен ұлттық ұраны жатыр.

      Жақсы қария – жан досың. Тәуелсіздіктің таңғы арайында абыз ақсақалдарымыздың берген батасы қабыл болды. Ел болып еңсе тіктедік. Мемлекет болып мәртебеміз өсті. Батамен ер де, ел де көгерді. Егемендіктің ұлы көші бірден тіктеліп, даңғыл жолға түсіп кете алған жоқ. Бұған халқымыз куә. Қиналған да, ұтылған да жерлеріміз болды, бірақ дағдарған жоқпыз. Жолымыздан жаңылмадық. Халықтың сенімі мен үмітін желкен етіп, жақсы күндерге қол жеткіздік. Осы кезеңде қазыналы қариялардың демеуі мен сүйеуіне ие болдық.

        «Жаңа екі достан, ескі бір дос артық» дегенді өзіміз айтпасақ та, өзімсіне ұстанған халықпыз. Бұл жерде ескі дос деп отырғанымыз – қадірлі қарияларымыз. Бізде Ардагерлердің республикалық кеңесі бар. Ол – жанды, жігерлі ұйымдардың бірі. Жұмыстары да қауырт. Мемлекеттің мерейлі де маңызды мәселелерінің бәрінде үн қосып, белсенділік танытуда. Мына іргеміздегі түрікмен халқында «Өзіңді – сүт, досыңды қаймақ деп бағала» деген тәмсіл бар. Біз де қарияларымызды қаймақ деп есептейміз. Олардың достыққа берік, жолдастыққа адал екенін өмірлік іс-әрекеттері дәлелдеуде.

      Даланың дана қарттары біздің ұлы тарихымызда ұлық міндеттерді атқарған. Олар да жас болған, жалынды болған. Жанар кезде жанған, озар кезде озған. Осыдан барып үлкен өмірдің сүзгісі мен сынын көріп, мол тәжірибе жинап, ақыл мектебінің алғыр шәкірттеріне айналған. Көпті көргендердің ақыл-ойы – олардың тәжірибесі мен ақыл-сезімінің қосындысы. Біздің жас мемлекетіміз де жалындап өскен жастық секілді. Өмір өтер, талай ұрпақ ауысар, сонда еліміз дана қарттай байыпты, данышпандай ойлы кезеңді бастан өткеріп, әлемдік өркениеттің алдыңғы сапындағы елдің бірі болар.

       Ұлы Даламыздың ұлық тарихында жаның жадырайтын жақсы қасиеттер ұшан-теңіз. Соның бірі – дала демократиясы. Оның басты ұраны – әділдік, бірлік және ұлттық тұтастық. Атақты билердің, айбынды ақындардың аксиомаға айналған афоризмдеріне ой жіберіп қарасаң, олардағы халықтық қасиет, ұлттық ұлағат айқын көрінеді. Сондай кезде ақылман абыздың ой тереңдігіне тәнті болып, дала философиясының ұлы сарынын сезінесің. Өзегі – ақыл, өнегесі – нақыл жұртыңның асыл сөздері ұрпақтар санасына жетіп жатса, бұдан артық қазына бола ма?

      Осылардың бәрі бізге жас күнімізден қарияларымыздың үлгі-өнегесімен, саналы сөзімен, азаматтық қайраткерлігімен жетті. Атадан балаға көшін бұзбай ұласып жататын көшелі сөз біздің ұрпақтың жадына жазылып, сөнбейтін сәулесін түсірген. Ауыл қарттарының ақыл мектебінен сабақ алған санаткер ұрпақ халқымыз үшін қатал сын болған қилы кезеңдердегі оқиғалардан аман, абыройлы шығып отырды. Інжілде: «Әуелі сөз болған» деген тарихи ұғым бар. Сол сөз ең әуелі біздің байтақ даламызға жеткен шығар деп ойлаймыз. Осы қасиетті қағиданы халық санасына сіңірген сардарлар мен сәруарларға әрқашан алғыс айтамыз.

       Жаңбырмен жер көгереді, алғыспен ер көгереді. Екеуі кемелденгенде ел көгереді. Ел дамиды, өседі, тұлғасы биіктейді, тұғыры бекиді. Біз қазір – қартымыз да, жасымыз да – осы міндетті орындау жолында бірлесіп күш жұмсап жатырмыз. Бірліктің барар жері – табыс. Қарияларымыздың қас-қабағына қарап, олардың өмірлері жайлы болуы жолындағы жұмыста ата-баба дәстүрі қалыптастырған қағидаттар негізінде қызмет атқарамыз. Өйткені, уақыт деген қас-қағым, ертең сен де үлкейіп, оның жасына келесің, сонда осы әдеттерді жасайтын жасқа сен де ділгір боласың. Өмір – кезек, дәстүр – мәңгілік. Өмір бойы бала болып қала алмайсың.

      Мемлекет бақытты қариялық ғұмырды ұзартудың барлық жағдайын жан-жақты ойластырып, жақсылықтың бәрін жасауға әрқашан дайын. Аға ұрпақтың алаңдауына негіз жоқ. Өйткені, біз ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі – абзал қарияларымызға құрмет көрсетудің ұлттық дәстүрін бойымызда сақтаған елміз. Сақтай да береміз.

      Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде іс басында болған азаматтарымыздың бірталайы қазір зейнеткерлік кезеңге жетіп, қадірлі қарттықтың қызығын көріп отыр. Олар әлі де қатарымызда. Мемлекет дамуының барлық мәртебелі шақтарында ақыл-ойымен, шынайы пейілімен, жастарға тәлім-тәрбие беруімен ұлттық ұлы дәстүрлерімізді ұлағаттап, парасат биігінен көрінуде.

     Ел ортақ, жер ортақ, ендеше, абырой мен бедел де ортақ. Қазақстан атты ұлы кемеміздің ақ желкені дәуір айдынында адаспай жүзіп келеді. «Кемедегінің жаны бір» деген халық сөзі бар. Біздің жанымыз да, арымыз да туған халқымыздың абыз ақсақалдарымен бірге.

      Ортақ абырой – Отан қуаты. Әлемдік өркениеттен өз орнын тапқан қазақ елінің бірлігі мен тұтастығы келер ұрпаққа мәңгілік міндет, халықтық қасиет болып қала береді. Бұл жолдағы ақсақалдарымыз бен кейуаналарымыздың қосар үлесі ел дамуына ерекше серпін береді деп сенеміз. Қарияларымыз – қазынамыз бар, демек тұғырымыз биік, туымыз жоғары болатынына күмән жоқ.

       Тұлпар мініп, ту ұстаған қазаққа Алланың ақ нұры жауа берсін!

 

Мұраты бірдің – қуаты бір

         Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел теңізіне түсірген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратты тәуелсіздік тұғырына ту етіп байлаған елміз.

       Бұл кітап не үшін жазылды? Оның маңызды себептері бар.

   Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық кезеңін мемлекет дамуының игілікті нәтижелерімен қарсы алдық. Әлемдік өркениеттен егемен ел қатарында өз орнымызды таптық. Өзгелермен бойымыз да, ойымыз да теңесті. Халықаралық қоғамдастықтың белді әрі белсенді мүшесі ретінде мәртебелі мінберлерден сөз ұстап, көзқарасымызды кеңінен танытуға қол жеткіздік. Мұның бәрі тарих үшін қас-қағым сәт саналатын ширек ғасырда жүзеге асырылды.

     Қарудың күшімен емес, ақыл-парасаттың, сарабдал саясаттың қуатымен әлем назарын өзімізге бұрдық. Тәуелсіз мемлекет атанып, шекарамызды шегендедік. Төл теңгемізді төрге шығарып, аумақтық тұтастығымызды төрткүл дүниеге мойындаттық. Мемлекеттік рәміздерімізді жұмыр жердің қай түкпірінде де асқақтатып келеміз.

      Әлем қазақ жерінің кеңдігін ғана емес, байлығы мен бақытын да, бейбітшілік сүйгіш жігерін де мойындайтын болды. Мұның бәрін аз кезеңде абыроймен атқарып шығу оңай болды ма? Әрине, жоқ. Бірақ бұлардың бәрін жүзеге асыруға бізде ежелден қалыптасқан халықтық дәстүр, тарихи үлгі бар еді. Еуразияның алып аймағын мекендеген қазақ жұртының бұрынғы даңқы мен салты дербес мемлекет қалыптастыруда даналық даңғылы бола алды. Арғы тарихи бастауларды айтпағанда, бергі қазақ хандығының дәуіріндегі тәуелсіз ел болудың ұлттық мұраты кеңестік кезеңнің күйзелісінен кейінгі жылдарда бірден еңсе тіктеп, ірге бекітуімізге негіз қалады. Тегінде бар тез оңалар деген осы. Асыл арман алдымыздағы жолды ашып отырды.

        Мұның түп-төркіні мемлекеттік мұратта, халықтық мақсатта жатыр. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бірігіп өмір сүрудің баянын ұсынған бабалар тарихында жатыр. Байтақ кеңістіктің байырғы жұрты болғандықтан, біз өз жерімізде асыл арманымыздың қанат қағуына жақ-жақты қол жеткіздік. Ел дамуының кезең-кезеңдік кестесін түзіп, демократиялық құндылықтарды жаңғырта отырып, жаңа тұрпатты мемлекеттік модель жасадық. Отанымыздың әрбір мүшесінің көкейіндегі үміт пен күдіктің ара салмағын дер кезінде таразылап, күдіктің көлеңкесін күншуаққа айналдыра алдық. Біреуден оздық деп мақтанбай-ақ қоялық, бірақ өзгелер сабақ алатын, үлгі тұтатын мемлекеттік құрылым жасақтап, тәуелсіздік талаптарын тұтастыққа ұластырдық.

      Уақыт бізбен санасты. Заман бізге мойнын бұрды. Ел есейді, елмен бірге мен де үлкен өмір мектебінен өттім. Қандай қиын кезеңде де халқымыздың бірлік пен ынтымақты бірінші орынға қойған ұлттық дәстүрін нық ұстай отырып, көп ұлтты Қазақстан халқының ауызбіршілігі мен өзара түсіністігін, сыйластығы мен төзімділігін мемлекет дамуының темірқазығы етіп қалыптастырдық. Жаппай қырып-жоятын ядролық алапат қарудан өз еркімізбен бас тарта отырып, халықаралық қоғамдастықтан, іргелі мемлекеттерден бейбітшілігімізге кепілдік алдық. Бұл қадам да ынтымақшыл халқымыздың тарапынан өз кезінде қолдау тапты. Мұнда да мұратымыз бір, мақсатымыз ортақ болды. Мұның бәрі еліміздің бүгіні мен ертеңін тереңнен ойлап, дұрыс шешім қабылдау нәтижесінде жүзеге асты.

        Бүгінгі таңда 5 институттық реформаны жүзеге асыру жолында 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын орындауға кірісіп кеттік. Біз үшін бұл да сындарлы кезеңнің тағы бір сынағы болмақ. Міне, осы тұста сөз бен істің бірлігі қашанда ел дамуының нақты көрсеткішіне айналады.

       Біз егемен ел болу жөніндегі ата-бабаларымыздың асыл арманын жүзеге асырдық. Еліміздің өзі таңдаған дара жолы бар, ол – бейбітшілікті сүйетін, қауіпсіздікті қорғайтын Қазақстан Жолы.

      Тәуелсіздіктің жиырма бесінші жылын жаңа қазақстандық арманды жүзеге асырудың айқын жетістіктерімен қарсы алып отырмыз. Ел экономикасының серпіні мен әлеуметтік әлеуеті әлемдік дағдарыстың сын-тегеуріндеріне берік шыдас беріп келеді. Ең бас­тысы, халқымыздың көңілінде рухани-психологиялық дағдарыс жоқ. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың жалпыұлттық бағдарламасы жаңа қуатпен жүзеге асуда. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ата-бабамыз қанымен, жанымен қорғаған ұлы далада Мәңгілік Ел қалыптастырудың барлық шарттары мен мүмкіндіктері жасалды. Мемлекеттік ұстаным тұғырын бекітті.

      Ғасырлар тоғысын біз жаңа елорда төрінде қарсы алдық. Енді, міне, екі ғасыр тоғысында, жаңа мыңжылдық табалдырығында өшкен жанып, өлген тіріліп, кеткен есе түгенделіп, жығылған ту қайта желбіреп, құлаған орда қайта бой көтергеніне де куә болып отырмыз. Ұзағынан сүйіндіргей, ұлы жорықта қазынамыз молайып, қадіріміз арта түскей!

      Саясаттың ең басты ұстанымы – тұтастық, татулық. «Бірлігі жеткен ел озады, бірлігі кеткен ел тозады» деген сөзді де айтқан дана халқымыз. Туған жұртыңа мүмкіндігің жеткенше тұстастық туралы айтарыңды айтып қалу керек. Өйткені, бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің қайнар көзі. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз қажет. Ата тарихымыздың аманатын есте ұстап, бағзы замандардың шаңдағындағы шежіреге айналған ұлттық ұлағат пен тарихи ақиқатты жас ұрпақтың жадына мықтап сіңіруге тиіспіз.

       Коммунистік идеология кезіндегі лениндік ұран бойынша «біз қай мұрадан бас тартамыз?» деген сұрақ күн тәртібіне қатаң қойылды. Бұл сұрақтың жаттанды жауабы мен беймәлім нұсқасын бізге де мықтап таңды. Өз ішімізден шыққан неше түрлі ағымдардың көкпар тартқандай болған даурықпа, ұраншыл науқандары да артта қалды. Қай кезде де асыра сілтеу мен мансапшыл мәңгүрттік халықтың көз жасымен суарылып отырған. Ол тарихты жақсы білеміз. Көргеннен кеңес, қателіктен сабақ алып отырсақ, көшіміз өз бағытынан жаңылмайды.

        Біз ұлттық мұрадан ешқашан бас тартпаймыз. Қалай болғанда да, ол – біздің ортақ тарихымыз. Сол қымбат қазынаны заман талабына сай жаңғыртып, жас ұрпақтың қажетіне жарата білуіміз керек. Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып, мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтағанымыз абзал. «Өткеннің өнегесі – бүгіннің кенересі, ертеңнің керегесі» деген тәмсілді көкейімізге жазып қойғанымыз жөн.

       2015 жылғы БҰҰ-дағы басқосуда Қазақстан әлемдік үлкен мінберден өзінің уақыт алдындағы борышын сезіну тұрғысында аса маңызды бірнеше ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, БҰҰ-ның 100 жылдығына қарай Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 Жоспарын жүзеге асырудың бірінші кезектегі қадамы ретінде «Жаңа Болашақ» тұжырымдамасын жасау қажет. Бұл үшін: «БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру; БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдау; санкцияларды өз еркімен қолдануды БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін қадам ретінде болдырмай тастап, 2016 жылы халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге үндейтін БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыру; терроризм мен діни экстремизм қатері жаһандық ауқым алып отыр. БҰҰ туы астында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл танытатын біртұтас әлемдік жүйе құру; БҰҰ-ның «Орнықты энергетика – барша үшін» бастамасын қолдау мақсатында 2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбында бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі өткізіледі. ЭКСПО-2017 көрмесінің инфрақұрылымдары негізінде Астанада БҰҰ туы астында Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамытудың халықаралық орталығын ашу.

       Бұл ұсыныстардың бәрін сессия делегаттары толық қолдап, мақұлдады. Өйткені, бұл проблемалар тек бір елге емес, барша мемлекеттерге де қажет, ортақ мәселе. Қазір жеке ел ретінде немесе жалғыз мемлекет болып озып кету мүмкін емес. Әлемдік жаһандану жағдайында әлемдік түсіністік пен ынтымақтастық ауадай қажет. Бұл жерде «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген сөзді еске алудың артықтығы жоқ. Бірақ көп болып адасу үшін емес, көппен бірге дұрыс жол табу үшін. Адам санасындағы өзгерістер сонда мемлекеттік сананың жаңа белеске көтерілуіне тұғыр болады.

       Жол іздеген жолаушының, арман қуған жастықтың және ел бірлігі мен тыныштығын тілеген қарттықтың жолы бір. Мемлекет дамуының әлемдік өркениеттен өз орнын тауып, сол биіктен үнемі көріне беруіне қызмет істеп жүрген саясаткер жолы да сондай. Бұлардың бәрін адал мұрат, асыл мақсат тоғыстырады. Мұраты бірдің – қуаты бір. Ол қуат елдіктен, дамудан, өркендеуден, бірлік пен бейбіт күндерден бастау алады. Және оның бағыты да, бағдары да халықтікі. Халық ортақ арман, бір мақсатқа бірлесе ұмтылса – оның ертеңі бақытты боларына еш күмән жоқ.

     Менің мұратым – елімнің бүгінгі бейбіт өмірі, ертеңгі нұрлы болашағы. Келер ұрпақтың алғысы мен ризашылығы біздің бүгінгі істеріміздің жарқын нәтижесіне тікелей байланысты. Осы жолда халық бірге болса, қамал аламыз. Осы жолда мақсат ортақ болса – қуатымыз тасып, күш-жігеріміз еселене түседі. Сол жолда мемлекет пен халық мүддесі ұштасып жатса, мәртебелі міндет – осы.

      Жас кезімде арманшыл болдым. Алдыма қойған мақсатыма жетуге қашанда бар күшімді салдым. Елімнің қажетіне жарайтын бір азаматы болсам деген арман мені үнемі биік шыңдарға жетелеп отырды. Еңбектің қиындығынан, өмірдің сынынан қашып, тайсақтаған кезім болған жоқ. Бұл жөнінен туған елімнен өмірлік сабақ алдым.

      Әрине, ол кезде тәуелсіз мемлекеттің Тұңғыш Президенті болам деп армандаған жоқпын. Бірақ адам өзінің маңдайына жазылған тағдырынан қашып құтыла алмайды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Елбасы болу тағдыры маған бұйырды. Бұл жолда аянып, жасқанып қалған жерім жоқ. Менің бақытым – халқымның бақыты. Менің жеңісім – жұртымның жеңісі. Менің тапқаным – елімнің қазынасы.

      Елдің бүгіні мен ертеңі туралы ой әркез, қайда жүрсем де бір сәтке де тыншу таптырмайды. Кейде өзімді көптеген ұлдары мен қыздары, немере-шөбересі бар қарияға, көпті көрген атаға ұқсатамын. «Балалы үй – базар» деген халқымыздың қанатты сөзі бар ғой. Ал кейде өзімді халқымның алдында баладай сезінемін.

      Халқыммен бірге өстім. Балалық шағымнан бастап өзімді туған елімнің бір пайдасына жаратсам, абыз Абай айтқандай, елімнің бір кірпішіне айналсам деген мақсат-мұрат менің ержету жолындағы басты жолбасшым болды. Қарапайым ауылда, көп балалы үйде өстім. Көпшіл, халықшыл болуымның бір себебі осында жатыр деп ойлаймын. Жақсыны көрсем, ұмтылып, соған теңелуге тырыстым. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болып ержеттік.

       Ой еркіндігі сөз еркіндігін туғызады. Сөзі еркін басқалардан озық көрінеді. Озған сайын оның мәнін ұғынып, мәнісін біліп, көңілің көкке көтеріліп, өзіңді азамат ретінде сезіне түсесің.

      Біздің ұрпақ – тезірек ержетуге асыққан ұрпақ. Біздің балалық балдәуренді белшеден кешіп ұзақ жүруге мүмкіндігіміз де болмады. Бір жасқа келгенімде Ұлы Отан соғысы басталыпты. Ата-анамыз сол бір сұрапылдың сұмдығын жұртымен бірге көріп, ортақ жеңіске өз үлестерін қосты. Елдегі тылда күндіз-түні бел шешпей еңбек етті.

      Майданнан келген «қара қағаздардың» қасіретін бас­тан кешпеген шаңырақ Шамалғанда да болмаған секілді. Алыс майданда атылған әрбір ажал оғы біздің балалық шағымызды да баудай түсіріп жатты. Сол кездегі халықтың көз жасы, аналардың аңыраған үні мен әкелердің жер шұқып, көкірегі қарс айырыла күрсінгені әлі көз алдымызда. Бірде байыбына барып, бірде бара алмай, әркімнің бетіне жалтақ-жұлтақ қараған жетімдердің боталаған көзіндегі бадана жас бала көкіректе қалып қойғандай.

       Әрине, бес жастағы балаға жеңістің салтанатын толық сезіну қиын болар. Дегенмен, ауылдағы ұлан-асыр қуаныш пен шанағынан асып төгілген шаттықты аналарымыздың ақжарқын күлкісінен, әзіл-қалжыңынан сезініп, жерошақ басындағы самсаған самаурындар мен иісі бұрқыраған қозықұлақ бауырсақтардан дәм татқан са­йын балаң жүрегіміз тамаша бір қуанышты сезініп, қызыққа батқанбыз. Киіз үйдің іргесін түріп тастап, төрінде сақалын саумалап, талай жыл қабағы қарс жабылған ақсақалды аталардың алдарына немерелерін алып, бастарынан сипап, маңдайларынан иіскеп отырған сол бір сәт халқымыздың қилы ғұмырындағы ең бір бақытты кезеңі болған еді.

      Қазақстан халқының ауызбіршілігі, ынтымағы бұзылмаса, біз әлемдегі бақытты елдердің біріне айналарымыз сөзсіз. Өткен тарихтан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген сөз қалған. Біз – Сарыарқаның сайын даласында жаңа елорда тұрғызып, оның төсіне самұрық қондырған елміз. Алып әлемнің дамуында енді самұрықтар қанат қағатын болады. Ол қазақ елінің – Ұлы Дала елінің азат аспанында мәңгі қалықтай береді.

     Елдің атауы да сол сияқты. Мұнда да терең пайым, талғампаз ой, тарихи сабақтастықты ұлттық ұғымға ұштастыру мәселесі басты назарда болғаны жөн. Біздің халқымызды кезінде «қырғыз» деп атады, кейін, 1925 жылы әупірімдеп жүріп, Алаш арыстарының арқасында қазақ атауын әрең дегенде алдық. Тәуелсіздік алған тұста ел атауы қалай болады деп қатты ойландық. Даму үрдісін, қалыптасқан қағидаттар мен көп ұлтты республиканың тұрақтанған атауын өзгертуді келер күндердің еншісіне қалдырып, «Қазақстан Республикасы» деген қазіргі атауға тоқтадық. Бұл қадамымыздың дұрыстығын қазіргі кезеңдегі ел дамуы көрсетіп отыр.

      Елдің атауы – бүгінгінің баяны, ертеңнің мерейі. Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойын неге біз жалпыұлттық мереке, мемлекеттік мейрам ретінде атап өттік? Не үшін тойладық? Ел мерейінің өсуі үшін. Өзгелер бізді тануы үшін. Жас ұрпақ сабақ алуы үшін. Ұрпақтар сабақтастығының жалғасуы үшін. Тарихымыз жаңаша жаңғырсын дедік. Тәуелсіздік тұғырының одан әрі беки түсуін қаладық. Қол жеткен табыстарымыз тұрақты болып, әлемнің дамыған елдері бізбен санассын дедік.

      Осы мерейтойда Ұлы Дала елі деген атауды ұлттық идеяның ұстыны, мемлекеттік саясаттың басты бағдары, «Мәңгілік Ел» идеясын мәңгілік ету бағытындағы негізгі міндет деп қарастырдық. Біз осы орайда мұның мән-мақсатын ашатын «100 қадам» жалпыұлттық жоспарын іске асырудың негізгі тетіктері деп тұжырымдаймыз. Бұл аса маңызды да күрделі бағдарламалар Ұлы Дала елі атауын әлемге танытудың бастапқы тарихи алғышарты деп қабылданады.

       Ел атауын ауыстыруда кейде асығыстық пен албырттыққа да жол беріп аламыз. Кейбір азаматтар бұл орайда менен шапшаңдық пен шұғыл шешім күтеді. «Үй менікі демеңіз, үй артында кісі бар» деген емес пе халқымыз? Өзгермелі әлемнің қас-қабағына қарап, әр қадамымызды ақыл, парасатпен өлшеп, бейбіт күннің бесігінде жатқан «тыныштық атты сәбиді» тербетуден жаңылып қалмау үшін жан-жақты байыптауымыз қажет. Сәтін салса, батырлықтың бағы бар, баяны болса, байлықтың да бағы бар. Біздің байлық – бірлік пен тұрақтылық.

        Халқымыз – кейде дана, кейде бала. Әсіресе, бала дегенде жүрегі елжіреп, тілегі мөлдіреп тұратыны содан болса керек. Ұрпағым жалғасса деген шынайы тілектерін дүниеге келер балаларына риясыз көңілден арнап, олардың аман-есен болуларына ерекше мән берген. Даланың өз философиясы мен шындығы, өз заңдылықтары бар. Оның бәрі ата-бабамыздың өмір сүру салтынан, ұлттық дәстүрінен айқын көрініп, анық танылып жататын. Қазіргі кезде біз оны бірде ескіліктің қалдығы, енді бірде күні өткен дәстүр ретінде қарап, жеңіл байлам, желбуаз әрекеттерге де бой беріп қалып жүрміз.

Дана халқымыздың ұлы қасиеттері көп. Ол қасиеттер – біздің өмірлік мектептеріміз. Оқимыз, үйренеміз. Бұл үшін құштарлық, талапшылдық және талғам керек. Жұртымыздың жақсы қасиеттерінің бірі туралы айта кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Ол – кешірімпаздық. Біздің халқымызда «алдыңа келсе – атаңның құнын кеш» деген ұлы сөз бар. Жастарымыз да осы қасиетті бойларына сіңіріп өссе екен деп армандаймын. Кең болсаң, кем болмайсың.      

      Ал енді туған елің, халқың туралы бәзбіреу орынсыз сөз айтып, тіл тигізіп жатса, онда бүгежектеуге қақымыз жоқ! Ондайда алдаспандай айбарлы болып, намыстың найзағайын ойнатуымыз керек. Махамбет бабамыз: «Мен кескекті ердің сойымын, кескілеспей бір басылман», деп ар-намысын ту етіп ұстанған. «Мен қайраулы қара балта едім, шабуын таппай кетілдім, қайрасаң тағы, жетілдім» дейтіні және бар. Ел намысы, ел абыройы дегенде бәріміз де Махамбет болуымыз керек. Ел ақылы, ел парасаты дегенде бәріміз де Абай болуымыз қажет. Сонда есеміз кетпейді, еңсеміз түспейді.

      Халқымыздың өмірі – қасиетті өнеге. Мыңжылдықтар қалыптастырған ұлы салт-дәстүрлерімізді жаңа дәуірде жарқыратып ашып, үлгісінен үйренуде, жас толқын – жаңа буынға жеткізуде жалпыұлттық пейіл-ниет керек. Халқымыздың мәрттігі тарылмасын деп тілеймін.

       Мен ресми сапарлармен алыс елдерге жол тартқан сайын туған халқыма жақындай түсемін. Туған елімнің ұлан-байтақ дархандығы өзіммен бірге сапарда жүргендей сезімде боламын. Сондай кезде мәртебем өсіп, мерейім тасып, бойыма күш-қуат құйылғандай болады. Сонда өзімді шынайы бақытты сезінемін.

      Қайда жүрсем де туған елім әрқашан жадымда. Алыс сапарға кеткенде елімнің ыстық сезімін жүрегіме құйып ала кетемін. Елімді біреу мақтаса, ол көптен бері табысқан досыма айналып шыға келеді. Туған жердің тікеніне дейін табаныма майдай тиеді десем, артық айтқандық емес. Туған елімнің желі де анамның алақаны сияқты, маңдайымнан сипап, жанымды нұрға бөлеп тұрады. Тауларымды көргенде көңілім көкке өрлеп, оның ұшар басындағы ақша қардан ескен сергек самалын, тау бөктеріндегі жасыл орманның жұпар жамалын сезгендей болатыным бар. Атамекеннің ауасы қандай, шіркін! Жанға – дауа, дертке – шипа ғой!

       Бұл кітапты өмір бойы жазғандай, жазатындай сезімдемін. Көз алдымда күрделі кезеңдер, заман парақтары суылдап жабылып жатқан шақтардағы халық жүрегіндегі көкейкесті мәселелер, оларды шешудің жолдары, шалқар Даламызда болып жатқан ұлы оқиғалар, дәуір тудырған дастандар – бәрі-бәрі менің де жүрегім арқылы өтеді.

       Оңашада отырып ой теңізін кешемін. Халқымның маңдайындағы бақ жұлдызы әрқашан жарқырап тұрса екен деп армандаймын. Осынау алып кеңістікте ғұмыр кешкен бабалардың баянды аманатын орындау жолындағы атқарып жатқан істеріміздің келер күндердегі кемел жалғасын жұртыммен бірге көріп, елмен бірге қуансам деп аңсаймын. Халқымыздың асыл арманын орындау жолындағы қызметіме Жаратқан Иеміздің шапағаты тиіп, қолдау жасап келе жатқанына тәубе қыламын.

       Алыс сапардан туған еліме оралып келе жатқанда, ата-анамның құшағына асыққан баладаймын. Халқымның өзіме деген сенімі мен құрметін көргенде ғасыр жасаған данадай боламын. Сондай кезде кең далам мен сай-салам менімен бірге ұшып келе жатқандай сезініп, еңсемді тіктеп, ертеңгі күнге елдің көзімен қарайтыным тағы бар. Ұлан-ғайыр ұлы істердің алдында тұрған еңбеккер елімнің болашағына бақыт тілей елжіреймін.

      Біз – Ұлы Дала елінің ұрпағымыз. Осы жердің заңды да тарихи мұрагеріміз. Әрбір қазақстандық осы атауды жүрегіне жазып, оны мақтан еткен жағдайда ұлы бабаларымыздың мәңгілік арманын орындап, тәуелсіздіктің туын берік қолда ұстай аламыз.

      Мен де, сіз де – осы жұрттың ұланымыз. Дала – біздің анамыз. Дала – біздің панамыз. Ендеше, оның бүгінгі келбеті мен ертеңгі болашағына бәріміз қарыздармыз әрі жауаптымыз. Қазақтың алып даласы, ұлан-ғайыр ұлы жері – біздің Атамекеніміз, тәуелсіз мемлекетіміздің ту тіккен атажұрты. Ол, сондай-ақ, егемен еліміздің еңселі өрісі.

       Мұратымыздың да, қуатымыздың да мәңгілік болуы үшін бірліктің туын ешуақытта төмен түсірмеу керек. Келер ұрпақ осы ұлттық ұранымызды одан әрі жетілдіріп, жаңғыртып, дәуірлер талабына сай қолдарына берік ұстайды деп сенеміз. Солай болатыны еш күмәнсіз! Өйткені, біздің жол – ардақты бабалардың, ұлы мұраттардың жолы. Бұл – Қазақстанның өзіндік бірегей жолы. Бұл жол елдер мен елдердің, ғасырлар мен ғасырлардың арасын жалғай береді. Бұл жолмен жүргендердің көші болашақтың баспалдақтарымен жалғасады. Алаш жұртының жолы әрқашан ашық болсын!

        Менің тілдік қорымда ең жиі қолданылатын үш ұғым бар. Ол – Тыныштық. Татулық. Бірлік. Әрі олай болуының да сыры бар. Оларды маған дейін де мыңдаған адам айтқан. Бәрі де тарих тағылымынан туып, ежелгі бабаларымыздан екшеліп жеткен сара сөздер. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Бөлінгенді бөрі жейді», «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», «Тынысы бірдің – ырысы бір» дейтін аталы, баталы сөзді де айтып кеткен солар. Біз ұлы бабаларымыздан қалған асыл сөзге де, жөн-жосыққа да, дәстүрге де әрқашан адал болуымыз керек.

      Біз Ұлы Дала елінің кешегісін бүгінге, бүгінін ертеңге жалғаймыз. Оның ұлы тарихын жаңа дәуірде жарқыратып жаңадан жазамыз. Жаңа ғасыр – үшінші мыңжылдыққа Қазақстанның қолтаңбасын басамыз.

      Мұратымыз – Мәңгілік Ел! Тәуелсіз мемлекетіміз Еуразияның осынау алып кеңістігінде мәңгілік өмір сүретін болады.

      Мәртебесі биіктеп, өсе берсін, өркендей берсін Ұлы Дала елі – Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстан!

      https://egemen.kz/2016/11/15/74096

толығырақ

dlya-rubriki-knigi-2

       

Жаңғырып келер жас толқын

      Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егемен елге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да  саламатты азаматтар қажет.

       «Жастар – біздің болашағымыз» дегенді жиі айтып жүреміз. Алайда, айту бар да, оның мағынасына терең бойлау тағы бар. Бір қарағанда, бәрі де түсінікті. Әйтсе де, солай болуы үшін жұмыс жасаудың мәні тіптен бөлек.

      Осы орайда, мына тәмсіл еске түсіп тұр. Ауылдағы көпті көрген көнекөз, көкірегі шежіре абыз ақсақалға бір кісі келіп, «Менің жұртымды сынап беріңіз, болашағы қандай екен?» деп қолқа салыпты. Сонда абыз: «Анау күнді көріп тұрсың ба, қандай міні бар, түнде айды көресің, қандай түрі бар?» депті. Келген адам да қара жаяу болмаса керек, «Ата, алысты болжау қиын ғой, жақынды көріңіз, жаныңызға үңіліңіз» десе керек. Сонда қария: «Олай болса, жұртыңнан жақын не бар, жастарыңды әкеліп көрсет, сонда айтайын» депті. Ертіп келген жастарын көріп: «Боламын деп тұр екен, болар, озамын деп тұр екен, озар, бетінен қақпасаң, еліңнің ертеңі баянды болғалы тұр», деп батасын беріпті. Бұл тәмсіл әлем халықтарының біразында болса керек, бірақ осы сөз біздің қазақ жерінде туғандай болады да тұрады.

       Тәуелсіздік алған тұста, әсіресе, 1993-1994 жылдары елдегі қаражат тапшылығына байланысты аса күрделі кезеңді бастан кешуге тура келді. Нарық қатынасының қиындығы оның заңдылықтарына әлі бейімделе қоймаған халыққа ауыр тиді. Ол кезде көптеген ата-аналар үшін баласын шет елде оқыту іске аспайтын арман болып көрінетін. Қаржы тапшылығы жомарт елдің де қолын байлады. Дегенмен, тәуелсіз мемлекетімізге озық ойлы, білікті мамандар қажет екенін ескере келе, сол тұста біз тәуекел деп, жастарымызды алыс шет елдерге оқытуға бел байладық. Ол үшін арнайы халықаралық бағдарлама қабылдау қажет болды. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» деген әдемі сөз бар ғой. Жанымдағы серіктерім айтқанымды ұғынып, тапсырмам бойынша жаңа, тарихи бағдарламаның ережесі мен қағидаттарын түзіп шықты.

     Осылайша, 1993 жылдың күзінде, нақтырақ айтқанда, 5 қараша күні арнайы Жарлыққа қол қойып, «Болашақ» бағдарламасының тұсауын кестік. Сөйтіп, жастарымызды шет елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқыту мәселесін түбегейлі шешетін халықаралық іс-шара өмірге келді.

      Бұл мемлекеттік жастар саясатының атап айтарлықтай нақты көрсеткіші болды. Жастар өсті, кадрлар жетілді, маман тапшылығы жойылып келеді. Үш кезеңнен тұратын бұл бағдарлама міндетін мүлтіксіз орындауда.

       Алғашқы оқығандардың алды қазір жігіт ағасы жасына да жетті. Ол түлектер сенімді ақтады. Сөйтіп, шет елдерде жан-жақты білім алып, жаңа мамандықты, тілді меңгерген мамандарымыз тәуелсіз еліміздің әр саласында еңбек етуде. Олардың ішінен суырылып шыққандар қазіргі кезде еліміздің жоғары лауазымды мемлекеттік, коммерциялық құрылымдарында елеулі еңбектерімен ел көзіне түсіп, кадрлық құрамды толықтырды. Жастарына қарап, жұртының болашағына болжау айтқан қария уақыттың берген бағасы бойымызға құт, басымызға бақ, өмірімізге өрлеу болды. Жалпы, қай істе де ақылға суарылған тәуекелдің ақыры қайырлы болатыны ақиқат. Абыз айтқандай, бақытты ұрпақ, жас ұрпақ қазір азат еліміздің абыройын алыс-жақын шет елге де, өзімізге де танытып жүр.

      Өткен ғасырдың басында «оқыған» деген жаңа термин дүниеге келген. Жиырмасыншы жылдары ғұмыр кешкен ұрпақ сол кездегі қиындықты жеңе отырып, жоқтық пен аштықтың қос өкпеден қысқан қысымына төзе білді де, қолы жеткенше қарманып, аяғы жеткен жерден білім алды. Бірі Қазанға, бірі Петерборға, Уфа мен Орынборға ұмтылып, даланы жайлаған сауатсыздықтың сұлбасына қайсар жігерін қарсы қойды. Қиналды, алайда, аңсарлы арманның тізгінінен айырылмады. Жаңа дәуір білімді ұрпақты қажет ететінін барынша түсінді. Сол кездегі қайсарлық пен ерік-жігерге адам таңғалады. Алаш көсемдері бір мамандық төңірегінде ғана қалып қоймай, сан алуан мамандық пен түрлі пәндерді игеріп, оны іске асыруда азаматтық алғырлық, қайраткерлік қуат таныта алды.

     Жалындап ғұмыр кешкен жастыққа не жетсін, шіркін?! Жасқа тән самғау, іздену, құлшыныс пен құштарлық, міне, осының бәрі – арманның ақ қанаттары. Осы ретте аға ұрпақтың алдындағы парыз: жас ұрпаққа ақыл айту, жөн сілтеу, жоба көрсету. Жаһанданудың жақсы жағы да бар, зиянды жағын да байқамаса болмайды. Интернет жүйесі, ақпараттық топан, коммуникациялық көл-көсір деректер мен дәйектерді сүзіп алып, оны қазіргі заманғы білім әлеуеті ретінде біржақты, талғамай қабылдау дұрыс бола бермейді.

     Мәселені дұрыс жолға қоюдың екі жағы бар: бірі – отбасындағы тәрбие, білім игеруді таңдаудағы олардың қам-қарекеті, өздерінің үлгі-өнегесі. Бұрындары «Кітап – білім бұлағы» дейтін едік. Ал қазір ше? Кейде, тіпті, ойланып қаласың. Бірақ кітаптың құндылығы жойылмақ емес. Несін жасырамыз, қазір ата-аналардың өзі, әсіресе, кейінгі 80-90-жылдардағы буын өз балаларына кітап оқудың жай-жапсарын жеткілікті түрде түсіндіре алмайды немесе өздері де түсіне бермейді. Оқуды қойған адам ойлауды қояды. Ойланбаған жерде орынды тірлік болушы ма еді? Оның арты жеңіл күнкөріс, жасанды құштарлыққа апарып соғады.

     Екіншісі – мектеп ұстаздары балаға кітап оқудың маңызы мен мақсатын, нені оқып, нені қоюды үйретуден жалықпауы керек. Заман талабына сай оқитын кітаптардың тізімі мен дестесін жеткілікті түрде түсіндіріп, жеткізіп отыруы қажет. Бұл салада ұйымшылдық, ізденіс керек. Жас ұрпақтың алдындағы тәрбиенің парызы мен қарызын жос­парлы деңгейде ғана атқару мұғалімнің әлсіздігін көрсетеді. Қиялын қанаттандырып, білуге деген құштарлығын арттыра алмаған адам шәкірттерге қалай өнеге болады? Мұндайда ата-ана ұстазға көмекке келіп, бірлесе еңбек етулері тиіс. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген пікір сондайдан қалыптасқан. Ұстаздардың беделін тек материалдық тұрғыдан шешеміз деу дұрыс емес. Адамгершілік құндылықтарды арттыру арқылы да ұстаз беделін көтеруге қадам жасауымыз қажет.

       Ұстаздық – ұлағатты кәсіп, мәртебелі мамандық. Ұлы қаламгер әрі ұстазы болған Мұхтар Әуезовті оның үздік шәкірті академик Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» деп айрықша атауы, ерекше қадір тұтуы елге үлгі болды. Халқымыздың тарихында ұлт ұстаздары болған. Әйгілі Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың туған халқына ұстаздық етудегі еңбегі ерліктің аса жоғары үлгісі десек, кез келген ұстаз «ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген абыз Абайдың сөзін өз мамандығын меңгерудің мәңгілік үлгісі деп қабылдауы керек. Міне, сонда үлгі дариды, дәріс даналықтың жолын ашады.

      Біз де бала болдық. Біздің ауылдың шағын кітапханасындағы кітаптардың, әсіресе, ерлік, отаншылдық, соғыс және бейбітшілік тақырыбындағы кітаптардың мұқабасы тозып, қолдан-қолға жиі өткені әбден байқалып тұратын. Өз бетімізбен ізденіп оқыдық. Сол ауылдың абыройын асырған көптеген белгілі азаматтар болды. Әр мамандықтың небір майталман шеберлері шықты. Ол үшін әрқашан ұстаздарымызға, бізге жөн сілтеген аға ұрпаққа тек қана рахмет айтумен келеміз. Ең үлкен рахмет ұстаздан шәкірт озып, көптің үлгісіне айналған іске айтылуы керек.

      Біздің бала кезімізде кешке қарай бір үйге жиналып, батырлар жырын, халықтық қиссаларды, ақын-жыраулардың толғау-дастандарын оқыту дәстүрі болатын. Ауыл адамдары жиналып алып, батырлар жырын оқытқанда, біздер соны үлкен дәреже көретінбіз. Құранды қирағаттап оқығандай рухымыз, жан дүниеміз жадырап, келелі іс, кемел тірлік тындырғандай марқаюшы едік.

      Батырлардың қаскөй жаумен шайқастарын, алапат айқаста жарадар болған шағын, елін сағынып, жанарлары жасқа толған сәттерін оқығанда аналарымыз, әсіресе, әжелереміз: «ой, дүние-ай» деп күрсініп, жаулықтарының ұшымен көздерін сүртер еді. Олар жараларын таңып, арғымақтарына мінгенде, алдаспанын қолға алып, айбаттана қас дұшпанға атылғанда, үй ішін көңілді толқын билеп, әкелеріміз бен аналарымыз шырайлана шаттанып, шадыман шуағы біздің балаң жүректерімізді шарпып өтетін. Тайымызды Тайбурылдай, қасқа құлынымызды Қамбардың қара қасқа тұлпарындай көріп, Кендебайдың Керқұласын ерттегендей-ақ елегізіп қалушы едік. Осынау сәулелі сәттер біздің ұрпақты жігер мен құлшынысқа, күрес пен тәуекелге, батырлық пен батылдыққа, ең бастысы, отансүйгіштік асыл қасиетке алып келді.

      Ел үшін ерлік жасау мақсаты бала кезден қалыптасады. Ол – әкенің қанымен, ананың сүтімен, халықтың ұлы салт-дәстүрлерімен берілетін аса қымбат қасиет. Осы асыл қасиетті жүректерге жеткізуге жұртымыздың жауһар қазынасы – батырлар жыры ерекше үлес қосты. Жырауларымыздың жауынгерлік рухы бізді отаншыл етіп баулыды.

      Өңірдегі Сүйінбайдан тартып, Жамбылға жалғасқан ерлік жырлары, Сұраншы, Саурық, Қарасай батырлар туралы дастандарда қалыптасқан ерен ерлердің болмыс-бітімдері бізді қанаттандырды. Қатарлас жатқан қырғыз елінің шуу дегенде шаң қаппас шайырларымен қазақ ақындарының айтыс­тары, ондағы ерлік пен елдіктің астасқан айбары мен сара сөздің майданы бала күнімізден біздің ұлы мектебіміз, ұлағатты ұстазымыз болды.

      Баяғыда Асан атамыз Желмаясымен жүйткіп жүріп, қазақтың байтақ даласының ұшы-қиырын шарласа, қазіргі заманда алып самұрық – ақ қанат лайнерлер барар жеріңе әп-сәтте алып жетеді. Қайда барсаң да, қай төрде отырсаң да – мемлекетіңнің мерейі. Көп жағдайда халықтың рухы, елдің ниеті, өз бойыңдағы азды-көпті ақыл-әрекетің тығырықтан шығарып, тұтқиылдан жол табады. Сондай сәттерде бір кезде ұстаздардан алған тәрбие-тәлімің көмекке келіп жатады. Ұлт ұлыларының ұлағаты көмек қолын созады.

       Асан қайғы бабамыздың қазақтың жер-суына арнап айтқан болжамдары мен бағалары, қарап отырсаң, өте табиғи әрі ғылыми-географиялық әрі әлеуметтік мәселені молынан қамтыған үлкен сараптамалар. Жұбан Молдағалиев ағамыздың: «Асан боп туып қазақтар, өледі Асан қайғы боп» деуінде осыны терең сезінгендік пен тар кезеңнің өксікті өкініші қатар өрілген. Асан атаның айтқандарын саясат сайысында да ескерудің жолы бар. Бұл біздің жастарымыз үшін аса құнды өнеге деп ойлаймыз.

       Қай кезде де өзіміздің жолымызды жалғастыратын жастарға сенім білдіруіміз керек. Сенім білдіре отырып, жауапкершілік жүктеуіміз қажет. Жастардың бойындағы жаман қасиеттердің өзін қайта тәрбиелеп, оны жақсылық пен ізгіліктің ізіне салу – біздің ортақ міндетіміз.

      Әсіресе, қоғамымызда орын алып жататын жемқорлық, сыбайластық, жершілдік, рушылдық секілді сүйкімсіз әдеттер жастар жүрегіне қонбауы керек. Бұлар – жұқпалы келеңсіздіктер. Олардың бойларына да, ойларына да теріс пиғыл қонақтамаса екен деп алаңдаймыз. Осы бағытта түзу жолдан тайып, халық алдындағы қарызы мен парызын бұзғандарға көңіліміз жібімейтінін, ымырасыз екенімізді жастарымыздың білгенін қалаймыз.

      Мұны баса айтып жатқанымыз, жастарды жосықсыз қорқытып-үркіту емес, естілеріне ескертіп, өсетіндеріне өнегелік сөз айту. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ», деп Абай хәкім айтып кеткен бес жаман іске қазір тағы да бірнеше түйткілді түсініктер қосылды. Бұлар – «енжарлық, жемқорлық, мақсатсыздық» деуге келер. Абайдан бұрын да болған рушылдық деген «дерт» сүйегін сүйретіп әлі келеді. Мұнымен кеңестік кезеңде де кейбір ағаларымыз аздап «ауырған» болатын. Бірақ партиядан қорқатын, басын қорғап, бұқпантайлайтын. Қазір тұқыртқан партия, тұтқиылдан тұсайтын қоғамдық ұйымдар азайғасын, ол да басын қайта көтеріп, бүгінгі ұрпақтың кеудесіне ұмсынуда. Шорт кесіп тастауымыз қажет.

       Алыс елдерге мақсат қуып, тәуелсіз еліміздің сенімін арқалап бара жатқан жастардың алдында сан тарау жол тұр. Баяғы ертегіде айтылғандай, солға тартса солқылдақ, оңға тартса омпылдақ, тура жүрсе төрге шығар бағыт айқындалмақ. Сондықтан да жас ұрпақ тура жүруге тиіс. Алдыңда арман тұр, артыңда алашың тұр. «Өзге елге барып сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген бабаңның сөзі жүрегіңнің төрінде, өреңнің өрінде болсын.

       Аға буын мен жас ұрпақ арасындағы рухани-әлеуметтік байланыстың алтын тіні ажырамай, өзара сабақтастық пен кәсіби әріптестік қанатын кеңге жая түссін деген тілекпен әртүрлі тың бастамалар мен жаңаша талаптарды жүзеге асырып та жатырмыз. Қазір ауызекі сөздерде: «Жастарымыз жалқау, жұмыстың жеңілін қалайды, еңбекке енжар, ата кәсіптен ат-тонын ала қашып жатыр» деген пікірлерді де естіп қалып жатамыз. Бұған алаңдаймыз. Қоғам да, жұртымыз да алаңдайды. Алаң көңілді алғыр жастарымыздың парасаты тарқатпақ. Олардың табысты қадамы мен намысты іс-қимылы сабырға шақыруы тиіс.

      Әрине, бес саусақ бірдей емес. Ел болған соң, ішінде текті де, тентек те болады. Бұл – атамзаманнан бері бар ақиқат. «Тентекті тентек десе, бөркі қазандай болады» деген емес пе? Тез қасында қисық ағаш жатпайтыны секілді, тағылымды тәлімгер табылса, талапты жастың жолы ашылып, бағы жанбай ма?

     Біздің мемлекеттік жастар саясатындағы ең бас­ты тұжырым-ұстанымымыз да осы болса керек. Бұл бағытта жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі жоқ деп айта алмаймын, бар. Бірақ әлі де жастарымыздың жан дүниесін ашуда жаңылып та, жетпей де жатқан жерлеріміз бар. Бұл кейде мемлекеттік құрылымдардың өзінде талапты жас­ты таңдап табу, оны өзіне лайықты лауазымға тағайындауда төрешілдік пен көңілжықпастықтың, тіпті, кейде сыбайластықтың да көрініп қалып жататынын әсте жасыруға болмайды.

       Бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлін өз дәрежесінде атқармай, тым жалпақшешей болып, еркеліктің шегінен асырып, есерліктің ауылына жіберіп алып жатқан жоқпыз ба? Бұқаралық ақпарат құралдарынан ата-анасының қызметі мен мансабына мастанған бозөкпелердің әдеп пен ибаны жиып қойып, қоғамдық орындарда қалыптасқан ережелерді мансұқ ететінін, жөнсіз тайраңдап, жүгенсіз сайрандайтынын оқып-көріп қаламыз. Бұл отбасындағы тәрбиенің ойдағыдай болмауы деген сөз.

       Біз «баланы – жастан» деген сөзді қазір көп айтпайтын болдық. Өбектей беретінімізден өркөкіректеніп бара жатқан ұрпақты бетінен қайтарудың елдік дәстүрін жаңаша жаңғыртып, оны қоғамдық, мемлекеттік мәселе ретінде қарайтын мезгіл жетті.

       Әрине, өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Бірақ бітеу жараны кесіп тастамасаң, ол қанға шабады. Қанға шапқан жара жанға шауып, жұртқа жұғады. Жаман әдеттің жұқпалы келетіні секілді, тәрбиенің тексіздігі де теперішті тірлікке жол ашады. Оны емдейтін – елдің салт-дәстүрі, ата-ананың үлгі-өнегесі. Одан қала берсе, ортаның тәлім-тәрбиесі. Осыны дәріптеп, халықтың жүрегіне жеткізуде атқарылар жұмыстар ұшан-теңіз. Бұған тиісті жауапкершілікті мемлекеттік органдар да, жалпы халық та жұмыла бірлесіп, жүйелі жұмыстар жүргізуі керек.

       Қай заманда да өскелең ұрпақ әке көріп, оқ жонып, шеше көріп, тон пішіп өскен. Халқымыздың сан ғасырлық мектебінде қалыптасқан даналық дәрістері әлі де өз өресін жойған жоқ. Тек солар, теңнің аузы ашылмай тұншығып, енжарлықтан ертеңін күтіп жатқан секілді. Ұлттық сананы төрге шығарып, төбе бидей құрметтесек, құндылық деп қабылдап, отбасының ожданы, үй-ішінің рәміздері деп түйсінсек, таңдайымыздағы сөзіміз, маңдайымыздағы бағымыз арта түспей ме?!

      Өсер жасқа – өріс кең, өнеге мол. Өскелең ұрпақ өзіне керекті өрісті білім мен ғылымнан табады. Ендеше, жақсыға, жаңаға ұмтылу керек. Туған тіліңді, халқыңның тарихын, салт-дәстүрін біл, зерделе, өміріңде үлгі тұт. Тәуелсіздікке қызмет ету жолындағы ақылың мен қайратың адал мұрат, асқақ арманға толы болса, баратын жерің, шығатын төрің де биік болмақ. Еңбекпен тапқан абыройды ақшамен, дәулетпен өлшеуге болмайды. Ақшаң көп болғанмен, денсаулықты сатып ала алмайсың. Жас кезіңде саламатты өмір сүр, спортпен айналыс, «тәні саудың жаны сау» деген халық сөзін құлағыңа құйып өс.

      Біз – ат құлағында ойнап, қырдың желімен жарысқан, құралайды көзге атып, күрескенде жауырынын жерге тигізбеуге тырысқан елдің ұрпағымыз. Бұл ғасыр – ең алдымен, жастарымыздың ғасыры. Жаңа мыңжылдықта Қазақстанның байрағы биік, табысы ерен, қорғаны берен болады деп сенеміз. Сенімнің сергектігі – еліңнің ержеткені. Ол – біздің бақытымыз. Елдің бақыты.

       Жас кезінде адам еліктегіш болады. Өнердің өнегелісін, ғылымның жаңашылын, дәстүрдің озығын таңда. Талғамың таза болсын, талабың оң болсын, сонда қажеттіні тауып, керектіні аласың. Мансапты сатып алуға болар, бірақ ол тұрақты болмайды. Маңдай терің төгілген, адал еңбегің көрінген мансап – жан серігің, айнымас досың.

        Үлкенді сыйла, қарттықты қадірле. Сен де қартаясың. «Ата-анаңның қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің» дейді дана халқымыз. Қарт – қадірлі ақылшың, қымбат сырласың, әзілің жарасса, құрдасың. «Әзілің жарасса – атаңмен ойна» деген де халқымыз. Әзілің орынды болсын, күлкің қонымды болсын. Еліміздің көрнекті шайырларының бірі Тұрмағамбет: «Тал жібектей таза сөз еш жеріңді жырмайды» деген. Тамаша сөз, тапқыр теңеу. Үлгі алсаң – ұстазың. Жақсы сөзді тыңдай біліп, жадыңа тоқы.

      Адам қолымен жасалған игіліктің бәрі – қымбат қазына. Оны толтыратын да сен, елеулі үлес қосатын да сен. Еліңнің асыл өнері, әдебиеті – халықтық тарих. Әрсіз әуен, ұрда-жық ырғақ, сөзі сұйық шығармалардың топаны қаптаған қазіргі кезде жастықтың желімен адасуың оңай. Жол табуың қиын. Дұрыс жолды табу үшін жаныңның рухани сүзгісін таза ұста. Ғаламтордағының бәрі ғаламат емес, мұнда жаманат та, кесапат та бар. Деректің бәрі де дайын дүние емес, екшемесең, есең кетеді. Кеткен есені қайтара алмайсың.

       Қазіргі заманғы техниканың тілін біл, оны саналы түрде керегіңе жарат. Жасыңа қарай таңда, жағдайыңа қарай тұтын. Халқымыздың бойынан мақтаншақтық дағды да кездеспей қалмайды. Ол – ұлағат емес, кінәрат. Кінәратқа кіді талғаммен қара. Жалғыз жүріп жол тапқанша, адастырмас көппен кеңес. Халықтық қағиданың қасиетін, ата-бабаңның өсиетін ұстансаң – абыройың асқақ, беделің бекем.

       Қолың тисе, кітап оқы. Кітап оқымаған адам ойлау­дан қалады. Демек, уақыттан ұтылады. Ал уақытқа ілесе алмаған бәрінен айырылады. Уақыт – алтын қазына, бірақ оны сатып ала алмайсың. Ол – самғаған сұңқар, жүйткіген тұлпар. Ұшса да, зымыраса да жеткізбейді. Мойын бұрмайды, қайта қонбайды. Көп нәрсені еңсеруге болады, бірақ уақытты жеңе алмайсың. Қуғанмен жетпейсің. Оған білімің мен талантың ғана төтеп бере алады.

      Талант – көне грек еліндегі салмақ өлшемі. Демек, таланттың да өз салмағы бар. Оның салмағын бойыңдағы дарының, ойыңдағы танымың, жүректегі жарығың өлшей алады. Шын талант күншілдіктен таза, күндестіктің ауылынан алыс болады. Алайда, оның қорғанышы қылаудай ғана. «Талантқа көмектесу керек, дарынсыздар өзі де жол табады» деген тәмсіл содан қалған. Сондықтан, дарындыға жақтас болу керек. Шын таланттың шындығы шымыр, соған сүйен. Өсекшінің әр сөзі қыңыр, одан бойыңды аулақ сал. Өсекшінің сөзі өртемесе де, күйе жағады. Содан сақ болғайсың.

      Ел мен ердің арасын сенім жақындастырады. Сол сенімді ұзақ жылдар бойы абыроймен арқалап келеміз. Ақтық демім қалғанша, әл-дәрменім талғанша, халық жүгін көтеруден қашпаймын. Бұл – менің президенттік те, перзенттік те парызым. Елдің жүгін ер көтерер, ердің құнын ел көтерер. Қадірін білер халқы болса, ер жігітке одан асқан бақыт жоқ.

      Қысқасы, бұл ғасыр – біздің ғасырымыз. Демек: «Бұл ғасыр қазақ үшін алтын дер ем, даңқымды әлем білді, салтымменен. Кеудемде жаным барда көтеремін, аянбан, не күтсе де халқым менен!» –дегеніміз жөн болар!

     Әрбір жас өрен осындай мақсатты мұрат тұтса, ел ертеңі нұрлы болмақ!

 

Еңсесі биік елорда

        Астана халқымыз ғасырлар бойы ұмтылған Қазақстанның шынайы тәуелсіздігінің тарихи рәмізі мен қуатты қағидасына айналды.

      Тәуелсіздік тізгіні қолға тиді. Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған ақжолтай күніне жетті. Жаңа жолдың басында, жаңа жеңістің қасында тұрдық. Алғашқы адал қадамды ақсақалдарымыздың ақ тілек, ақжарылқап баталарынан бастап, келер күндердің келбетіне үңілдік. Ойымызда көп мақсат, асқақ армандар тұрды. Тәуелсіздіктің тал бесігі болған, жұртымыздың жауһары, көңіліміздің гауһары – Алматының айбынын да, айдынын да азырқанған кезіміз жоқ. Бірақ астананы ауыстыру, оны жаңа қонысқа көшіру туралы ой көкейде көптен жүр еді.

     Қазақ тарихында астана болған қалалардың барлығы да өз кезінде ұлттың өсіп, өркендеуіне тікелей әсер еткен. Оның бәрін ата тарих айтып береді. Сыр бойындағы Сығанақ пен Сауран, Жайық бойындағы Сарайшық, анау киелі Түркістан, олардан әрідегі Суяб пен Құлан, Баласағұн мен Жанкент, хижрадан қырық жыл бұрын ірге көтерген көне Тараз, қысқасы, Ұлы Даланың әр қиырындағы сол тарихи мекендердің бәрі орда ауыстырудың да қилы кезеңін бастан кешкен. Еуразияның алып даласында салынған сол қалалардың атақ-даңқы Ұрымға да, Қырымға да тегіс белгілі болған. Бұл жөнінен де мақтана аламыз.

      2001 жылы жаңа астанамызға Жоғары Шапағатты Рим Папасы Иоанн Павел ІІ келді. Бұл – Қазақстан тарихындағы елеулі оқиға. Сол қонағымыздың құрметпен айтқан мына сөзі әлі есте: «Мен бір кездері мәдениет пен сауданың маңызды орталықтары болған Баласағұн, Меркі, Құлан, Тараз, Отырар, Түркістан секілді және басқа қалаларға таңданыспен көз саламын. Оларда Еуропа үшін Аристотельді ашқан Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап ғылымның, өнер мен тарихтың көрнекті қайраткерлері тұрған». Кезінде Ұлы Даланың әміршісі болған Түрік қағанаты Дунай жағалауынан Корей түбегіне дейін, Гоби даласынан Байкөлге дейін шығандап шығып, жайылып жатты. Бумын қағанның бұйрығы жүріп, айтқаны болып тұрған заманда дәурені тасыған Түрік қағанаты талауға түсіп, ырысы қашты. Хан ұрпақтары арасындағы таққа талас кезінде тапқанынан айырылып, берекесі кетті.

     Жалпы, ата тарихтың андыз-андыз сілемдері дүрілдеген дәуреннің түбіне жеткен алауыздық пен өзара қырқыс екенін тайға таңба басқандай етіп айтса да, тақ таласы мен бақ таласы көне түркілердің күн тәртібінен түсе қоймаған. Қарлұқ мемлекетінің астанасы болған Құлан да, одан кейін осы дәрежеге ие болған Тараз да, одан беріде ғұмыр кешкен Дешті Қыпшақтың астанасы Сығанақ та осы зауалдан құтылып кете алмаған. Төңкерістің толқыны қазақ даласын жайлаған тұстан кейінгі алас-қапаста далалық өлкенің алғашқы астанасы болған Орынбор да жаңа қоғам құруға ұмтылған қайраткерлеріміздің тірегі болғанмен, жұртымыздың жүрегі бола алмады.

     Бағзы тарихымыздың баянын қарап отырсақ, көшпенді атанған халқымыздың қаласы да, панасы да болғанын көреміз. Топырақ жапқан қалалардың қойнауын аршысаң, садақтың жебелері мен қылыштың сынықтары өз дәуірінен хабар беріп, сөз желісін шешіп қоя береді. Оқи білсең – олжаң, тани алсаң – тарихың, жаза қалсаң – жадыңды оятар рухың. Құм басқан тарих бізден ол күндерді алып қашқанымен, сол секілді ондаған ойраны шыққан қалалардың шерлі шежіресін жеткізеді. Біз оқиғалары қатпар-қатпар, ал «оқулығы жұп-жұқа» тарихымыздың тілі жұмбақ тарауларын енді ежіктеп оқып, жаңадан жазып жатырмыз.

       Астананы ауыстыру еріккеннің ермегі емес екенін де ескерте кету артықтық етпес. Адамзат тарихында мұндай қадамға барудың сан қилы себептері мен қисынды қағидалары жетіп жатыр. Жиырмасыншы ғасырдың жүзінде ғана Қазақстан өзінің бас қаласын бірнеше рет өзгертті. Елдер мен мемлекеттердің тарихына көз салып қарасақ, біз бұл жөнінен де көбінен көш ілгеріміз. Бұл тұрғыдан келгенде, көшпенді өмір кешкен көнтерілі жұртымыздың қанында бар, қасиетінде ізі қалған дәстүрі қайта жаңғырды. Ал тәуелсіздік тұсында астананы ауыстыру тарихи қажеттіліктен туындады.

     Жиырмасыншы ғасыр аяқталып келе жатты. Жаңа мыңжылдықтың табалдырығы алдында талай міндет-мақсатымызды саралау қажеттігі туды. Геосаяси жағдай, тарихи үрдіс, экономикалық-әлеуметтік даму барысындағы байыпсыз жағдайлар, өндіріс пен өнеркәсіптің жаңа кезеңге бейімделуі тұрғысындағы түйткілді түйіндер ойлантты. Көлік-қатынас логис­тикасын заман талабына қарай бейімдеу, ғылыми дамудың өмірге ыңғайлануының негізін жаңаша құру секілді, бұдан өзге де өсіп-өркендеуімізге өріс ашуға тиісті өзекті жайттар мен себептер елорданы ауыстырудың қажеттілігін күн сайын байқата бас­тады. Көңілде түзілген ойлар сызбасы біртіндеп алдағы іс-әрекеттің көрнекі құралдары сияқты санада айшықталып, толғандыра түсті.

       Бүгінгі жаһандану шағында жаңа қала салудың мәселесі аса қиындық туғызбайды. Не керектің бәрі де бар. Расында солай ма? Асығыс ойласаң, оңай секілді көрініп кететін істің артында үлкен проб­лемалар туындап шыға келеді. Қала салу түгілі, үй салудың да машақатын бала кезден көріп өскен ұрпақтың өкіліміз.

    Біздің ауылда Биша деген көрші апамыз болды. Жолдасы қайтыс болып кеткен жалғызілікті жан еді. Сол кісінің үйі әбден тозып, қиюы қашып тұратын. Ауылдастарымыздың бәрі аяушылық білдіргенмен, ешкім де қол ұшын соза қоймады. Дұрысы, соза алмады деген жөн-ау? Әрине, ол кезде жетпейтін зат көп, елдің де мелдектеп отырғаны шамалы. Көрші апамның жүдеу жағдайы әкемді де ойлантқан болу керек, бірде ауылдастарын жинап, Бишаға жаңа үй салып беру туралы бастама көтеріп еді, ауылдастары бірауыздан қолдай кетті. Асарлатып үй тұрғызып, жақсы апаны жаңа үйге кіргізді.

       Бұл жағдай бала көңілімде әдемі де сәулелі сәт болып қалып қойды. Ол кісінің менімен құрдас Сәду деген жалғыз ұлы болатын. Жаңа үйге кірген Сәду қандай қуанса, мен де сондай қуандым. Кіндік шешем Нұрқыз апа мен анам Әлжанның асар кезіндегі айрықша белсенділігі де мені мейлінше марқайтқан еді. Мұндай жарқын мысалдарды қазақ ауылының кез келгенінен көруге болар еді. Бұл да біздің халықтың азаматтық деңгейінің биіктігін көрсетсе керек.

      Біздер бала кезден ортақ іске қуануды үйрендік. Ортақ іске жұмылуды үйрендік. Игілікті жаңа істі бастауға құлшынып тұратын болдық. Бала кезімде Мырзабала әжемнің жан әлемін баураған ертегілерін көп тыңдап өскендіктен де болар, өзімді бірде бес қаруы бойындағы батырдай, бірде көк жүзінде самғаған қыран құстай, енді бірде ауыздығын шайнап, аршындай шапқан арғымақтың жалына жабысқан шабандоздай елестетіп, тәтті қиялға шомып жатушы едім.

       Қазір бүлдіршіндеріне ертегі айтатын ата-әжелер аз. Ата-аналар да жүрдек заманға сай тыным таппайтын болып алды. Уақыт та, заман да, адам да асығыс. Түсінікті жайт: асықпасаң, үлгермейсің. Жаяу-жалпылай, ат-арбамен жүріп, бар шаруаны тындыратын әке-шешеміздің сабырлы жүздері осындай кезде көз алдыма келіп, таңғалатын да кезім бар. Соған орай ойға да қаласың. Қазақтың «асықпаған арбамен қоян алар» деген тәмсілінде бір тұңғиық сыр жатқан секілді. Ол «сабыр түбі – сары алтынмен» сабақтасады.

       Тарихтағы Түрік қағанаты ұлан-байтақ даланың ұлы бірлестігі болғаны – қазір даусыз дерек. Біз қазір осынау тарихи тұңғиықты тың тұрғыдан ашып, әрі өткенімізді өнеге ете отырып, «Біз Ұлы Даланың еліміз» деген түсінікті жаңаша рухта жаңғыртуды ұсынып отырмыз. Бұл сөздер – біздің киеміздей өркендейтін жүйеміз. Жаңа тұрпатты мемлекет орнықтыру процесіндегі белгілі бір белесті қорыту тұрғысынан алып қарағанда, біз осынау салтанатты да сардар сөздерді әр қазақ баласының жүрегіне нұр мен сыр құятындай дәрежеде ұлықтауымыз қажет.

       Қылыш пен найзаның заманы өтті. Зіркілдеген зеңбіректеріңіздің өзі қазір қару-жарақ мұражайында тұр. Қазіргі рухты сөз – ұлттың танымын да, тарихын да толғайтын сөз «Мәңгілік Ел» болуы керек. Бұл сөз халықтың өз көкірегінен шығып, әр адамның жүрекжарды сөзіне айналуы қажет, сонда ғана ұлы мақсат өзінің межелі биігіне шығады.

        Астананы ауыстырудың әңгімесі әлі күнге дейін айтылады. Біліп айтып, қостайтындар да, білмей айтып, сынайтындар да кездесіп қалып жатады. Бірақ қалай айтсақ та, жаңылған не ұтылған жеріміз жоқ. Сондықтан, астананы көшірудің кейбір жайттарын осы жазбаларды қағазға түсіру барысында, орайы келгенде, көп көңіліне сала кеткеннің артықтығы болмас.

       1925 жылы, арада төрт жылдан сәл асатын мезгілде, Қазақ елі астана ауыстырудың кезекті қадамын жасады. Сол жылы Ақмешітте өткен Қазақстан Кеңестерінің V құрылтайында республика Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта аталып, жаңа елдік төлқұжатқа ие болды. Бас қала атауы Қызылорда болып бекіді. Бірақ елдің басқа өңірлерінен шалғай, табиғаты қатал, жазы аптап ыстық, суы тапшы Қызылорданың түпкілікті елорда болу мүмкіндігі уақыт өткен сайын қиындай беретіні белгілі еді.

       Мүмкіндігі шектеулі қаланың төрінен кең-байтақ қазақ жерінің әр қиырына жедел басшылық жасау, нақты міндеттердің орындалуын қадағалау проблемаға айналды. 1927 жылы ендігі астана 1921 жылға дейін патшалық Ресейдің әмірімен Верный атауын иемденіп тұрған қалаға қоныс аударатыны туралы нақты айтыла бастады да, негізгі көшу, түпкілікті қоныстану 1929 жылы жүзеге асырылды. Алматы осылайша түпкі арманды орындаудың тарихи міндетін атқарған, азаттыққа жол ашқан ақжолтай қала болып, тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік тарихына енді. Алпыс сегіз жылдық астаналық тарихы бар Алматының көшін келешекке ұзатуын тарихтың жалғасы деп түсінеміз.

       Алматы өзінің асқақ та сұлу бейнесін сақтау үшін астана мәртебесінен өз еркімен бас тартуы тиіс еді. Оны дәстүрлі дәрежесінен айыру, нақтырақ айтқанда, қаланың инфрақұрылымын экологиялық және геофизикалық жағынан сауықтырудың да басты жолы болды. Бұл іскерлік идеясының дұрыстығын уақыт дәлелдеді. Алматы бұдан жетімдік көрген жоқ, қайта өзіне тетелес бауыр қала тапты. Тынысы кеңейіп, түрлене түсті.

       «Ой, несін айтасыз, Шұға десе, Шұға еді ғой» деп ұлы қаламгеріміз Бейімбет Майлин жазғандай, несін айтасыз, әлемде Алматыдай сұлу қала сирек, тіпті, жоқ десе де болғандай. Бірақ, уақыт талабы қандай да сезімнен жоғары тұратынын заман көші қапысыз дәлелдеп берді. 90-жылдардың басында қалада экологиялық, демографиялық мәселе өзінің шекті деңгейінен асып, қаланың қалыпты өміріне қолайсыздық тудыра бастады. Ардагер қаланың «денсаулығын» сауықтыру қажеттігі байқалды.

       Халық саны бір миллион екі жүз мыңға жетті. Кезінде төрт жүз мың тұрғынға арналып қазан шұңқырға салынған Алматы тынысы тарылып, булыға бастады. Жер тапшылығы туындады. Көк азайды. Көлік көбейді. Ауа тарылды. Алматының болашағын ойлау мәселесі күн тәртібіне қойылатын мезгіл жетті. Алматы экономикалық-әлеуметтік, экологиялық-геофизикалық және геосаяси жағынан тар шеңберге тығылып, қала аумағы мен халқының өсу үрдісі қарама-қайшылыққа душар болды. Өсіп-өркендеу өрісі шектеле бастады. Көңіл жеткенмен, көлем жетпеді. Инфрақұрылым екі иықтан дем алып, инженерлік жүйе сыр берді. Қаланың даму қарқыны тежеліп, мүмкіндігі тұйыққа тірелді.

      Сөйтіп, байлам жасайтын кез келді. 1994 жылы сол кездегі Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі депутаттарының алдына астананы ауыстыру туралы тарихи мәселені шығаруға бел байладым. Бұл күн 6 шілдеге сәйкес келді.

        Тұңғыш кәсіби парламент аталған депутаттық корпус бұл мәселені бірден қызу талқыға салды. Дау да болды, далаба да болды. Қостаушылар да, қарсылар да аз емес еді. Астананы ауыстыру ерлігінің ертегілердегі батырлардың іс-қимылындай болғанын уақыт көрсетті. Халық қолдады, сенді. Ел сенімі еңсемізді көтерді.

       Астананы дайындау жұмыстары бұған дейін өте шұғыл әрі іскер қарқынмен жүргізілді. Инфрақұрылымы әлсіз, әсіресе, қыстан ылғи да қысылып шығатын Ақмола қаласын заманға сай қалаға – астанаға айналдырудың стратегиясы мен тактикасы дұрыс жолға қойылғандықтан, қаланы дайындау процесі белгіленген кесте бойынша қатаң тәртіппен жүргізіліп отырды.

        Сонымен, 1997 жылдың қазан айынан бастап жаңа елордаға бағыт алған тарихи көш қозғалды.

     ХХ ғасырдың аяқталар тұсында тарихымызда алғаш рет елдің ұлттық мәңгілік мүдделерін басшылыққа ала отырып, тәуелсіз Қазақстанның астанасы қай жерде орналасатыны туралы шешім қабылдауымыздың аса зор саяси және өте маңызды әлеуметтік мәні болды.

      Қалалардың да өз жылнамасы: туу, қалыптасу, жетілу, тіпті, қартаю кезеңдері болатыны анық. Әрбір қаланың өз тағдыры, өз бедері мен бейнесі бар. Қалалар да адам секілді. Мәңгілік өмірдің ұлы көшінде олардың жарқын істері жұртының жадында қалады, тарихқа өз таңбасы түседі. Қазіргі Астанамыз – біздің мемлекеттік стратегиялық ойларымыз бен ұмтылысымыздың, ерік-жігеріміздің бейнесі. Тәуекеліміз бен табандылығымыздың келісті көрінісі.

      Астана халық күткен биіктен көрінді ме? Әрине, сөз жоқ, ол өзінің атына, атағына сай абыройға ие болып отыр. Демек, ол ел үмітін ақтады. Елорда – бүгінгі таңда әлемдік өркениеттің көзіне түсіп танылған, мәңгіліктің тарихына түсіп таңбаланған, мәртебелі мінбелерден маңызды сөзін ұзатқан қайраткер қала.

      Біз Астанада аса белгілі бірнеше халықаралық ұйымдардың әлемдік деңгейдегі форумдарын, құрылтайларын, саммиттерін, сан алуан халықаралық конференцияларын табысты өткіздік. Мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатында, ел экономикасында, оның мәдени-әлеуметтік, басқа да салаларында қол жеткізген табыстарымыз ұшан-теңіз. Бұлардан да қымбат табыстарымыз жетерлік. Қандай дейсіз бе?

      Олар, ең алдымен, адам санасындағы сапалық өзгерістер, дүниетанымдағы тың байламдар, ұлттық рухты оятатын рухани сілкіністер, жаңа елордада мемлекеттік мүдденің мәртебесін көтеру, халықаралық қауымдастықтағы қазақ жұртының ықпалды аймағын кеңейту, өзгермелі дүниедегі ұлттық салт-дәстүрімізді өзгермейтін өлшемге кіріктіру, ел іргесін бекітудегі ерлік дәстүрімізді саяси сергектікпен жүзеге асыру, бүгінгі жұртымыздың келер ұрпақ алдындағы парызын парасаттылық деңгейіне көтеру. Сөйтіп, Мәңгілік Ел болуға ұмтылып отырған Ұлы Дала елінің тәуелсіздік тұғырын тас-түйін етіп бекіту! Біз армандаған заман осы емес пе еді?!

        Қорыта айтқанда, жаңа Астана өмірге келді. Тарих табалдырығынан аттады, қаз тұрды, қадам басты, жиырма бірінші ғасырмен амандасты. Оның ұзақ даму жолында әлі де сан тарау белестер бар. «Мәңгілік Ел» атты жалпыұлттық бағдарламаны жүзеге асыру жолында жұмыла еңбек етіп жатқан тәуелсіз Қазақстанның бүгіні қандай нұрлы болса, ертеңі одан да салтанатты болатынына күмән жоқ. Әлемдегі екі жүзге жуық мемлекеттер арасындағы алар орнымыз, шығар төріміз уақыт өткен сайын биіктеп келеді. Жұлдызымыз жоғарылай түсуде. Бұл жұлдыз – бақыт жұлдызы. Халықтың маңдайындағы жұлдыз. Сондықтан, ол жарқырап жана береді. Халқымыздың маңдайындағы жұлдыздың нұрына бөленген жас ұрпақ – жаңа толқын біздің бұл істерімізге алғысын айтатын болады.

толығырақ

       90-шы жылдар басы әлем саяси картасына күрделі өзгеріс енгізді. Шаттанып алман елдері бірікті, у-шусыз тып-тыныш Чехия мен Словакия ажырасып кетті, діни соғысқа батып берекесінен айрылып Югославия быт-шыт болды. «Мызғымас» КСРО-ның орнына 15 жаңа мемлекет құрылып, толқып шалқыған кеңес өнері бір күнде ешкім керек етпес жетімге айналды.

      Ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы орындалған сол бір күндерде Қазақ елінің Тәуелсіздігіне шығармашылық интеллигенциядан артық қуанған ешкім жоқ шығар. Бірақ, өтпелі кезеңнің қиындықтары, нарықтың да жұртты бірден қарық қылмауы, әсіресе, шығармашылық қауымға оңай соқпағаны белгілі. Жасырары жоқ, осы кездегі қиындықтар мен Үкімет тарапынан болған кейбір солақай шешімдер ондаған жылдар бойы қалыптасқан Қазақстан мәдениетін қатты тұралатып, титықтатып тастады. Мәдениет үйі, клуб, кітапхана ғимараттары сатылып, кітаптар далаға лақтырылды. Көркемдік кеңестер жабылып, шығармашылық ұйымдар мемлекет құзырынан шығарылып, «қаламақы» деген біржола ұмытылды.

      90-шы жылдары 7-8 жыл ішінде біздің Одақ Қазақстан композиторлық мектебінің бетке ұстар тұлғалары, тіреуі, мақтанышы саналатын жалпы мүшелерінің 40 пайызынан айырылды. Жастаулары күнкөріс қамымен музыкаға қатысы жоқ түрлі шаруамен айналысып кетті. Шығармашылық жайына қалды, ешкім ештеңе жазбады. Бұл үрдіс ұзаққа созылды. Тіпті, қазір де, еліміздегі 25 жыл ішіндегі композиторлық шығармашылықты сарапқа салып, талдай отырып, барлық жазылған шығармалар саны 80-ші жылдардың съезд аралығында жазылатын деңгейіне жетер-жетпес екеніне реніштімін.

        Операдан бастар болсақ, соңғы 25 жыл ішінде екі-ақ опера жазылды. Еркеғали Рахмадиев «Абылай ханын» (2004) жазғанда екі мақсат көздеген: оның бірі Қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігін дәріптеу болса, екіншісі егемен еліміздегі ұлттық опера жанрын қайта жаңғырту еді. Либреттосындағы кемшіліктеріне қарамастан, қазақ саз өнерінің ақсақалы шығарған күрделі, көлемді дүние патриотизм, бостандық, тәуелсіздік идеяларын жұртшылыққа кеңінен толғап жеткізе білді. Ал, екінші жағына келсек, тілек бір бөлек, ол тілектің орындалуы бір бөлек. Е.Рахмадиевтің «Абылай ханы» алдағы көптеген жылдар бойы қазақтың соңғы операсы болып қала берері, могиканның соңғы тұяғындай болып тұғырда тұра берері хақ. Мұны композитордың өзі де түсіне білді, бірақ, бұл түсінік ол кісіні уайымға салып, күйзелтіп кетті. Балқаш жағалауында (соңғы көргеніміз екен), бізбен қоштасып жатып ағаның соңғы айтқан өсиеті: «Қазақ операсын өлтіре көрмеңдер!» деген сөздер болатын.

        Менің «Қалқаман-Мамыр» опера-балетімнің тақырыбы Тәуелсіздік идеясымен байланысты емес. Дегенмен, бұл туындым еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізгенінің арқасында ғана жарық көрді. Спектакль екінші қаралымдағы толықтырылған нұсқасында сахнаға қойылды. Осынау дүниенің 1980 жылы шығарылған бірінші нұсқасына тыйым салынған еді. Оған себеп, біріншіден, шығарма Кеңес идеологиясына қайшы, қазақ даласының ежелден келе жатқан дәстүрлі заңдылығын қастерлейді, екіншіден, аты жабық Шәкәрім поэмасының желісі бойынша жазылған-ды. Шығарма синтетикалық жанрда мүсінделген: көркемдік жағы балет арқылы бейнеленіп, драматургиялық шарықтауы опера арқылы жетеді.

       Балеттің жайы да көңіл көншітпейді. Соңғы 15 жыл ішінде еліміздің композиторлары 18 балет жазды, бірақ, біреуі де сахнада қойылған жоқ. Оны түсіну қиын емес: театр директорларының және басқа да еліміздегі мәдениет тұтқасын ұстап отырғандардың біразының білім-сауаты ХІХ ғасыр құндылықтарымен шектелген бе деп ойлап қалуға болатындай. Қазір ХХІ ғасыр емес пе? Оның үстіне, отандық өнімге деген менсінбеушілік те жетерлік, «Шет елде бәрін жақсы жасайды» дейтін төменшік санамен қарау да бар. Мысал ретінде 2009 жылы өткен «Тәуелсіздік толғауы» байқауын алайық. Біздің композиторлар жазған бес балетті ығыстырып қойып, Гран-При Канада тұрғыны Ә.Бестібаевқа берілді. Алдынала жарияланған ережеде: «Конкурсқа тек қана Қазақстан азаматтары қатыса алады» деп жазылған болатын. Ең еттен өтіп, күйдіріп кеткен жері – ол шіркін, шын мәнінде балет болса екен-ау! Не мазмұны жоқ, не белгілі бір либреттосы жоқ, автордың бұрынғы шығармаларынан алған жеке нөмірлер. Кейін Мәдениет министрлігі оны «Бәйтерек» деп атап, негізіне түкке тұрғысыз сюжетті алып, жеке нөмірлердің басын біріктіріп, сахналады. Қыруар ақша жұмсалып, екі-ақ рет қойылып, міне, арада жеті жыл өткенде ондай балеттің болғаны да ұмытылды.

       Симфониялық шығармаларды алайық. Ежелден композиторлық шығармашылықтың ең биік шыңы симфониялық шығарма болып саналады. Бәлкім, сондықтан шығар, біздің аға буынның туындыларының басым көпшілігі тек қана симфониялық оркестрге арналып жазылған. Ал соңғы жылдары шыққан дүниелер саусақпен санарлық: 2 симфония, 12 симфониялық поэма, 3 оркестрлік және 16 жеке аспаптық концерт, бірнеше симфониялық суреттеме мен күйлер. Мұның бәрі – біздің буынның тірлігі. Біз Одақ мүшелігіне 80-ші жылдары өткен, қазір 60 жастың арғы-бергі жағындағы, соңғы кеңес композиторларымыз. Келешекте бұған да тиісті баға берілер деген үміттемін. Нақ біздің толқын қазақ академиялық музыка шығармашылығын тығырықтан шығарып, бас-аяғын жинақтап, шынайы өріс табуына септігін тигізді.

      Осы тұрғыда Бақтияр Аманжолдың «Есіктер» симфониясын атап айтуға тұрарлық. 7 бөлімді көлемді дүние терең философияға толы, Тәңірім ерекше жаралған қазақ ұлтына түрлі есік ашып, ғарыш кеңістігіне, рухани дамуға, сакралды әлемге және т.б. бағыт көрсетеді. Бейбіт Дәлденбайдың «Желтоқсан толқуы» симфониясы ақиқат болған оқиғаны суреттейді. 1986 жылдың желтоқсан айындағы «ішкіштер мен нашақорлар» деген жала жабылған қазақ жастарының көтерілісі тек ұлттық сезімді оятып қана қойған жоқ, Кеңес одағы ыдырауының да басы болды. Бүгінде шығармаларын қарапайым қазақ ауылынан бастап әлемнің ең мәртебелі залдарында мақтана орындауға тұрарлық қазақ композиторлары Ермек Өміров, Владимир Стригоцкий-Пак, Хабиболла Сетеков, Артық Тоқсанбаевтар заманға сай саз толғап жүр. Осы қатарда әйгілі отбасы дәстүрін жалғастырып жүрген Әліби Мәмбетов-Жұбанов та бар.

      Ал енді жай-күйі ең нашары – ол кантата-ораториялық жанр. Бұрыныраққа көз жүгіртсек, бұл музыкалық жанр бүкіл ұйым тарихында билік жүргізуші өкіметті мақтап-мадақтаумен ғана болған. Бір-біріне егіз қозыдай ұқсайтын Кеңес заманындағы шығармалардың бәрінің болмыс-сипаты осындай. «Ленин, партия» бейнесінің монументалдығын, күрделілігін суреттеу үшін бір қазанға бәрін сала берген: симфониялық оркестр, үлкен хор, балалар хоры, үрлеме оркестр, халық аспаптары, бірнеше солист. Сондағы көздеген мақсат – тыңдарман қауымды орындаушылардың көптігімен таңқалдырып, мысын басып тастау. Менің пайымдауымша, көп жылдар бойы осы жанрға басқа көзқарастың жоқтығынан оған көп ешкім жақындауға жүрегі дауаламады. Бұл қатарда өз ерекшелігімен, жаңашылдықпен көзге түсетін Жоламан Тұрсынбаевтың үш кантатасын және осы жолдар авторының «Реквиемін» атай аламыз.

       Хорға жазылған шығармалардың аздығы сонша, қазірде хор ұжымдары репертуар жаңартарлық ештеңе таба алмай мазасыздануда. Концертте музыканттардың қолына ұстағандары жұлым-жұлымы шыққан, сиясы оңып кеткен, бұдан 40-60 жыл бұрынғы қолжазба ноталар. Әйтеуір, олар мұның бәрін әлдеқашан жаттап алған. Дегенмен, кейде бір жарық сәуле де көрініп қалады, ол, мәселен, өскемендік композитор Светлана Апасованың шығармалары дер едім.

        Камералық-аспаптық жанрға келсек, бұл жанрда көбінесе жастар және облыстарда тұратын авторлар еңбектеніп жүр. Түсінікті жағдай. Композитор өз шығармаларын қасындағы ұжымдар мен солистерге бейімдеп жазып, солардың орындауында тыңдайды. Көрерменіне туындысын тікелей ұсына алатын суретшілерден және оқырманымен тікелей байланыстағы әдебиетшілерден композитордың айырмасы бар. Ол тыңдарман екеуінің ортасында тұрған орындаушы музыкантқа тәуелді. Сондықтан да орындаушымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу өте маңызды. Бұл реттегі жағымды үлгі ретінде Серікжан Әбдінұровтың бүкіл баян репертуарын жазып шыққанын атап көрсетуге болады.

        Ширек ғасыр бойы жалпы тыңдарман талғамы, түсініктері тым төмендеп, түсіп кеткенін байқаймыз. «Музыка» десең, тек ән деп біледі, басқаны қойғанда, күй де жоқ, терме де ойға алынбайды. Айтылып ұмытылған, айтылмай жатып ұмытылған ән, оны орындап барып ұмытылған әншілер, жанбай жатып сөніп қалған жұлдыздар… Ата-апаларымыз, замандастарымыз кейде бір әнге, бір әншіге ренжіген кезде айтарым: «Шыдай тұрыңдар, әрі кеткенде бес жылда бәрі орнына келеді» деймін. Бұл жағдайдың себебі: авторлардың 99 пайызы әліппелік білімі жоқ әуесқойлар. Әр әуесқой өз-өзіне деген сүйіспеншілігі мол, мүлдем сын көтермейтін өркөкірек. Кеңес заманында әр ән көркемдік кеңес сараптамасынан өткеннен кейін ғана жалпы жұртшылыққа тек сапалы, көркемдігі жоғары деңгейде жететін. Мысалы, 70-ші жылдары сапасы өте төмен, ұлттық мүддеге қатысы жоқ деп Ш.Қалдаяқовтың әйгілі «Сыган серенадасының» өзін бір кеңес өткізбей тастаған екен.

        Бүгінгі «қазақ әні» дегеннің бәрін қазақша қылып тұрған оның мәтіні. Егер әуенін басқа тілдегі өлеңмен айтса, сол халықтың әні болып шыға келер еді. Сүйемелдеу гармониясының да қазақ менталитетіне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Қазақ әуезінің гармониясы домбыра-қобыз бұрауынан шығады, негізі – кварта-квинта. Ал біз күнде естіп, құлақты тосырқатып жүргеннің бәрі еуропалық минор аккордтарымен сүйемелденген, оның үстіне басым көпшілігі үш буынды екпінмен жасалған (вальс екпіні, қазақ музыкасына Л.Хамиди енгізген). Кәсіби композитор, керек десеңіз, бір сағатта мұндай әннің ондаған данасын жасап шығара алады.

      Кәсіби композиторлардың терең мәнді әндері айтылмай қалуда. Біріншіден, олар әуесқой сияқты күндіз-түні бір әннің соңында жүрмейді, екіншіден, ең әйгілі деп жүрген эстрада әншілерінің де оны айтуға мүмкіндігі мен білімі жете бермейді. Ал 5-6 жылда жоқ болып кететін әншілерден не күтесің… Дегенмен, біздің арамызда жоғарыда айтылған трафаретке жоламайтын, өз қолтаңбасы, әуені, стилі, өзіндік мәнерге ие композиторлар бар. Мысалға Марат Ілиясов пен Донеділ Қажымовты айтуға болады. Бұл тұрғыда аға буынның айтулы өкілдері Кеңес Дүйсекеев пен Ескендір Хасанғалиев шығармалары классика деңгейіне шықты деп білеміз.

       Біз бүгінгі күн талабына сай еңбектенуге тырысамыз. Республикада 18 қазақ халық аспаптар және 18 камералық оркестрлер бар. Оркестрлер репертуары аз, ал композиторды күтіп тұрған жұмыс көл-көсір. Бұл да болса Тәңірдің бізге берген бір сыйы шығар. Одақ мүшелері Еркін Нұрымбетов пен Рахат Мәдреев репертуар толықтыру мақсатымен біздің шетелдік достарымыздың шығармаларын қазақ оркестріне түсіріп жүр. Тыңдарман қауым Фараджев (Әзербайжан), Непесов (Түрікмен), Броннер (Москва) және басқалардың туындыларын зор ілтипатпен қабылдауда. Жаңашылдық әдістемелермен дайындалған біздің шығармалар бір жағынан оркестрлік ұжымның кәсіби өсуіне де септесуде. Камералық оркестр бүгінде біз үшін шет елге шығудың ең төте жолы. Шағын құрамды ұжымның мүмкіндіктері мол, жүріп-тұруы ыңғайлы. Оның үстіне камералық оркестрге жазылған Қазақстан композиторлары шығармаларының жоғары әлемдік деңгейі елімізде бағалана қоймаса да, ол жетістігіміз шет ел музыканттары тарапынан мойындалып, басқа елдер оркестрлерінде өзімізден гөрі жиі орындалады.

        Біздің буын Қазақстан композиторлық мектебінің академизмін сақтай отырып, әлем музыкасына тек өзіне тән бағытпен енді. 70-80-ші жылдары республикада классикалық шығармашылық екі бағытта болатын. Бір жағынан Орталықта (Москва, Ленинград) білім алған, кәсіби шеберлігі зор, бірақ ұлттық нақыштан алшақ композиторлар. Екінші топ – қазақы әуезге сүйенген, алайда,  кәсібилігі әлемдік деңгейден төмен тұрған авторлар. Осы екі дәстүрді үйлестіре келе біз өз жолымызды таптық. Сөйтіп, қазақ ұлттық әуезі жоғары сапалы композиторлық машықпен синтезделіп үйлесті. Бүгінде біздің шығармашылық шабыт түрлі этникалық бұлақтан бастау алса да, бір арнаға құйып, үлкен дария болып ағып жатыр, оның аты – Заманауи Қазақ Музыкасы.

  Балнұр ҚЫДЫРБЕК, композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан композиторлар қауымдастығының Төрағасы

    https://egemen.kz/2016/11/16/74376

толығырақ

   Тәуелсіз мемлекет мәртебесін алғаннан кейін Қазақстан халықаралық қатынастар саласында көптеген биік табыстарға қол жеткізді. Әрине, бастапқы кезең біз үшін оңай болған жоқ, себебі, жаңа егемен елге әлемдік қоғамдастыққа кірігу тұжырымдамасын әзірлеу қажет еді. Егемендік жылдары Қазақстан Республикасы бейбітшіл, сараланған және болжамды саясат жүргізгені үшін халықаралық қоғамдастықтан тиісті бағасын алды. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы осының айғағы болып табылады. Дегенмен, отандық дипломатияның өте маңызды осынау жеңісінің іргетасы осыдан әлдеқайда бұрын қаланған еді.

      Қазақ дипломатиясының бастауларында Нәзір Төреқұлов, Төлеген Тәжібаев, Қайырғали Байғалиев, Асқар Зәкәрин, Әди Шәріпов, Балжан Бөлтірікова, Мәлік Фазылов, Мүсілім Базарбаев, Михаил (Хакім) Есенәлиев және басқа да көрнекті мемлекет қайраткерлері тұрды. Сол ардақты тұлғалар сыртқы саясат ісіне белсене қатысып, Қазақстан дипломатиялық мектебінің негіздерін қалады.

       Аталған тұлғалар арасында Балжан Бөлтірікқызының аты, орны және атқарған рөлі ерекше. Ол Қазақ КСР-інің тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеген Тәжібаев сынды, БҰҰ Бас Ассамблеясы сессияларының жұмысына белсене қатысып, оның мәртебелі мінбесінен сөз сөйлеген ең алғашқы қазақ дипломаты болды.

      Біздің елімізде 1960-жылдары-ақ әйелдер арасынан Сыртқы істер министрі тағайындалды. Сол маңызды лауазымды Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Балжан Бөлтірікова аса абыроймен атқарды. Ол заңды түрде қазақтың тұңғыш әйел Сыртқы істер министрі болып табылады. Бір мысал келтірейік, 1923 жылы құрылған Түрік Республикасында тұңғыш әйел сыртқы істер министрі бізден 30 жылдан кейін – тек 1996 жылы ғана тағайындалды.

      Балжан Бөлтірікқызы 1921 жылғы 15 қарашада Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Қасық елді мекенінде дүниеге келген. 1937-1941 жылдары Алматы педагогикалық институтында оқу кезінде Сталин атындағы шәкіртақының иегері атанып, байыпты студент болған. Тіпті, институтта білім алу кезінде-ақ Б.Бөлтірікова Алматы қаласы Фрунзе (қазіргі Медеу) ауданының депутаттар кеңесіне сайланды. Сол кездің бір күнінде ерлі-зайыпты Бақытжан Байқадамов (болашақ композитор) пен Валентина Панфилова (әйгілі әскербасы, генерал Иван Панфиловтың қызы) оны Ескендір Қожабаевпен таныстырады. Олар бір-біріне ғашық болып үйленеді және ұзақ жыл бойы, Есекеңнің өмірінің соңына дейін бірге болады.

       Е.Қожабаев тамаша заңгер ғалым болған, қазақ арасынан ең алғашқылардың бірі болып құқықтану мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері» құрметті атағын иеленді және КСРО Журналистер одағының мүшесі болды. Өмірінің соңғы жылдарына дейін Ескендір ата «Білім» қоғамының құрметті және белсенді дәріскері болып, өзінің бай ғылыми және кәсіби тәжірибесін жастармен бөлісті.

        1943 жылы Балжан Бөлтірікқызы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітіргеннен кейін Алматыдағы әйгілі №12 қазақ орта мектебінде мұғалім, оқу бөлімінің меңгерушісі, директоры болып жұмыс істеді. 1949-1955 жылдары Қазақ КСР-інің Бастауыш және орта мектеп кәсіподақ қызметкерлері орталық комитетінің төрайымы болды. 1956-1966 жылдары Қазақ КСР-інің Әлеуметтік қорғау министрі болып қызмет атқарды. 1966-1971 жылдары Қазақ КСР-інің Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі лауазымын атқарды. 1971-1974 жылдары Қазақ КСР-інің Білім және ғылым министрі, ал 1974 жылдан 1980 жылға дейін Кәсіби- техникалық білім жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары болды. 1980 жылы зейнетке шығып, Кеңес Одағының дербес зейнеткері мәртебесін алды.

        Сөйтіп, Балжан Бөлтірікқызы небәрі 13 жылда мұғалім және мектеп директорынан Әлеуметтік қорғау министріне, кейін Министрлер Кеңесі Төрағасының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасарына дейін өсті. Вице-премьерлік лауазымымен бір мезгілде ол 5 жыл бойы Сыртқы істер министрі қызметін қоса атқарды. Сол жылдары Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігін әлемдік дипломатияда аты аңызға айналған алыптарының бірі А.Громыко басқарды. Б.Бөлтірікова, БҰҰ Бас Ассамблеясының 23-ші (1968 ж.) және 25-ші (1970 ж.) сессияларының жұмысына қатысу үшін Кеңес Одағының делегациясы құрамында Нью-Йоркке жасаған сапарлары, Андрей Андреевичпен кездесулері мен бірлескен жұмыстары туралы журналистерге ерекше жылы сезіммен баяндайтын еді.

       БҰҰ-ның рәсімдік ережелеріне сәйкес, сол кездері Бас Ассамблеяның барлық ресми отырыстары стенография әдісі арқылы жазылғанын атап өту қажет (қазіргі уақытта дыбыс және бейнежазу қолданылады). БҰҰ Кітапханасының техникалық қолдауымен Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің кызметкерлері Балжан Бөлтірікқызының атақты жасыл мінберден Кеңес Одағының атынан жасаған баяндамаларын тауып алған.

     Алайда, стенограммалар дипломатиялық қызметтің барлық қыр-сыры мен құпияларын толықтай көрсете алмайды. Мысалы, Б.Бөлтірікованың өзі кейінгі жылдары айтқан оқиғаны қандай да бір ресми стенографиялық жазбадан табу мүмкін емес. 1970 жылы ол БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 25-ші сессиясына қатысқан Кеңес Одағы делегацияның құрамында Бас Ассамблеяның әлеуметтік және гуманитарлық мәселелермен айналысатын Үшінші комитетінде Кеңес Одағы делегациясына жетекшілік етті.

        Сол кезеңдегі «қырғи-қабақ соғыста» Кеңес Одағының басты қарсыласы болып табылатын АҚШ әлемнің барлық тұрғындарының шағымдарын қарастыру міндеті бар «Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар» лауазымын құру туралы құжатты қабылдауға ниеттенген еді. Ондай лауазымды құру КСРО мүдделеріне сәйкес емес еді және Кеңес Одағы делегациясына бұл мәселені күн тәртібінен алып тастау тапсырылды. Жаңа лауазымды құруға мүдделі Батыс елдерінің коалициясы сол сәтте жоғарыдағы мәселе бойынша көптеген дамушы елдердің қолдауын таба алды. Алайда, америкалықтар Жоғарғы комиссар лауазымына Иран ханшайымын, ал британдықтар мен француздар Конго өкілін ұсынды.

        Б.Бөлтірікова Батыстың ұсынысына қарсы әрекет ету бойынша Азия және Африка елдері арасында жұмыс атқарды. Батыс лагеріндегі қайшылықтарды пайдалана отырып, Б.Бөлтірікова үміткерлердің біріне оның қарсыласы жеңісті тойлап жатқаны туралы сырларымен бөлісті және кеңестік делегация осындай шешімге қарсы шығуға дайын екенін айтты. Осындай жұмыстың үлкен бөлігі Бас Ассамблеясының ресми залдарынан тыс, соның ішінде, кейде экзотикалық ұлттық тағамдар ұсынылатын бейресми қабылдауларда жүргізілетін. Кейінірек, Балжан апай сол қиын келіссөздер барысында табысқа қол жеткізуге кеңестік делегация ұйымдастырған қабылдаудың мәзіріне енгізілген, өз қолымен әзірленген ет тағамы белгілі бір рөл атқарғанын баяндап берді. Бұл тағамды Азия мен Африка елдері делегаттары ұнатқаны белгілі болып шықты. Кездейсоқ па, әлде жоқ па, бірақ Кеңес Одағының мүдделеріне қайшы Батыстың бастамасына тосқауыл қою туралы түпкілікті уағдаластыққа сол қабылдаудың нәтижесінде қол жеткізілді.

        Келесі күні-ақ коалицияның ыдырағаны және Батыстың ұсынысы көпшілік дауыс жинай алмайтыны туралы хабарланды. Осындай шебер дипломатиялық жұмыстың нәтижесінде Жоғарғы комиссарды сайлау болдырылмады және Кеңес Одағы ұзақ мерзімді дипломатиялық күрестің осы кезеңін жеңіп шықты. Айтпақшы, БҰҰ Бас Ассамблеясы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссардың басқармасын 1993 жылы ғана құра алды.

        Б.Бөлтірікованың дипломатиялық тапқырлықтарын жоғары бағалаған КСРО Сыртқы істер министрі А.Громыконың ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 25-ші сессиясы шеңберіндегі жұмыс барысындағы жетістіктері үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

         Б.Бөлтірікова халықаралық пішімдегі бірқатар форумдарға қатысып, Жапония, АҚШ, Корея, ІІІвейцария, Чехословакия, Сирия, Мысыр, Цейлон (Шри-Ланка), сондай-ақ басқа да елдерге сапарлармен барып, барлық жерде Қазақстан атынан лайықты түрде өкілдік етті. Өзінің ұзақ жыл бойғы қызметі үшін ол үш орденмен, жеті медальмен, соның ішінде «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасының және одақтық қоғамдық ұйымдардың дипломдарымен марапатталды. Балжан Бөлтірікованың аты мен өмірбаяны Кембриджде басып шығарылатын «Әйелдердің арасында кімнің кім екені» халықаралық анықтамалығында, Қазақ КСР-і энциклопедиясында, одақтық және республикалық басылымдарда жарияланды.

        Б.Бөлтірікова жетекшілік еткен әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салалары үлкен күш-жігер, мемлекеттік материалдық және қаржылық қолдауды талап етті. Бұл мәселелерді беделі және Қазақстан басшылығы, жергілікті билік органдары, әріптестері мен қызметкерлері тарапынан құрметке ие болуының нәтижесінде сәтті шешу мүмкін болды.

          Балжан Бөлтірікованың балалары мен немерелері оның өмір бойы адамға деген сүйіспеншілік пен құрметті, қарапайымдылық пен білімге талпынысты тәрбиелегенін еске алып отырады. Осындай тәрбиенің арқасында оның қызы Лаура Мәскеуде университет бітіріп, қытай және жапон тілдерінің жоғары кәсіби оқытушысы болып танылды, кіші қызы Бағлан Қазақ ҰПУ-дің (бұрынғы ҚазПИ) профессоры. Ұлы Руслан Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары қызметін атқаруда.

      Балжан Бөлтірікова 1998 жылғы 11 мамырда қайтыс болды. Биыл ол 95 жасқа толатын еді. Біртуар әйел – педагог, дипломат, мемлекет қайраткері туралы естелік ұрпақтарының жүрегінде әрдайым сақталады.

         Ерлан ЫДЫРЫСОВ, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

     https://egemen.kz/2016/11/14/74018

толығырақ

       Теңге – тәуелсіздіктің төл перзенті. Саяси егемендігін алған елдің экономикалық тәуелсіздікке ие болуында бұрын Кеңес Одағының рубльдік аймағында тіршілік кешкен Қазақстан үшін өзінің дербес қаржылық-экономикалық саясатын құруы жолында теңге көтерген жүкті ештеңемен салыстыруға келмейді. 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақ елі рубльге құрылған экономиканы тәрк етіп, теңге қолына тигенде толқымаған жан аз.

      Бірақ андағайлаған әлемде, пайызға шаққанда өз ұлтының адамдары азшылықтағы жаңадан ғана тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекет үшін оған бару ауадай қажеттілік екені анық ұғынылғанмен, бұл тәуекелі мол қадам болатын. Ел тарихындағы тағдырлы сәтте маңдайына Ұлттық банктің алғашқы төрағалығын бұйыртқан экономика ғылымдарының докторы, қаржыгер Ғалым БАЙНАЗАРОВ тарихымыздың сол бір айшықты сәтін еске түсіреді.

        – Бүгінгі күннің ертеңгі тарих екендігіне шүбә жоқ. Алайда көп жағдайда оған мән беріп, бажайлап жатпайтынымыз тағы рас. Ал өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында ұлттық валютаны енгізу жөнінде жұмыс басталғанда сіздер ел үшін нағыз тарихи істердің басы-қасында жүргендеріңізді айқын ұғындыңыздар. Сондықтан мойынға артылған жүктің жауапкершілігі де бөлекше болған шығар?

          – Әрине, араға қанша жылдар түсіп, сынаптай сырғыған уақыт өз ырқына бағындырып, теңгенің тарихқа жол салғанына қаншама мезгіл өтіп кетсе де ол күндер де, сол істі бірге атқарысып, ыстық-суығына көніп, тынбай еңбек еткен жандардың барлығы да күні кешегідей көз алдымда. Жылжып өткен уақыт биігінен қарағанда да, сол кезеңмен өлшегенде де теңгені еліміздің тарихынан бөліп алып қарай алмайтынымыз анық, оның қажеті де жоқ. Ал теңгенің өмірге келуі – тарихи оқиға. Теңгеміз – экономиканың басқару құралы. Сондықтан сол кезеңде халықтың басынан өтіп жатқан жағдайды, тұрмысының деңгейін, еліміздің экономикалық хал-ахуалын қосып қарастырып қана теңгенің тууы жайлы айта аламыз.

       1985 жылдан бұрынғы Кеңес одағында тоқырау басталды. Мұнайдың халықаралық нарықтағы құны 10 долларға дейін түсіп кетті. Осыған байланысты Одақ көлемінде толып жатқан экономикалық реформалар жүріп жатты. Ал банк саласындағы реформалар 1987 жылы басталды. Сол кезде мемлекеттік банктен бөлініп, түрлі сала үшін қажетті деген банктер құрылып, Қазақстанның Агробанкі, Әлеуметтік жинақ банкі, Құрылыс банкі, Бұрынғы Сыртқыэкономбанк негізінде «Әлем» банкі тәрізді түрлі мемлекеттік банктер өмірге келді.

        1991 жылы желтоқсанда үш славян мемлекеті қол қойған Беловежье келісімінен кейін Кеңес одағы құлады, жаңа дәуір басталды. Дегенмен, Кеңес өкіметі келместің кемесіне отырып, өз нәпақасын тауысқанымен, біз Мәскеуге жалтақтап, олардың ақшасына байланған, тұсаулы аттай кібіртік күйде болатынбыз. Оның үстіне, экономикалық тұрғыдан 1985 жылы күшейе түсіп Одақтың құлауына әкелген дағдарыстың ауыр кезеңдері де өтіп жатты.

      Жалпы біз тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде үш экономикалық дағдарысты басымыздан кешірдік. 2008 жылы басталған соның соңғысы әлі жалғасу үстінде. Ал біздің тәуелсіздік жариялағаннан кейінгі 1991-1993 жылдарға жалғасқан дағдарыс соның ең бір ауыр тұсы еді. Міне, осы кезеңдер әлемдегі өзге мемлекеттерге оңай тимей жатқанда, керегесін енді ғана жаямын дегенде жел тұрып, шаңырағын тіктеуге мұрша бермейтіндей жағдай дәл біздің басымызда болды.

     Әлі есімде 1992 жылдың 17 қаңтары күні мен Ұлттық банктің төрағасы болып тағайындалдым. Күн тәртібіне сол кездің өзінде барынша өткір бірнеше мәселе шықты. Ұлттық банкті шын мәнінде қайта құру қажеттігі туғаны айқын еді. Соның алғашқысы дербес ақша-қаражат саясатын жасап, тәуелсіз банк жүйесін құру болса, екіншісі – осыған орай ұлттық валюта шығару, үшіншісі, ақша-қаражат мәселесіне байланысты жаңа инфрақұрылым жасауға негізделді. Ал осы мақсаттарды өмірге келтіру ұшы-қиыры жоқ, ауқымы өте кең, көп уақытты керек ететін шаруалар болатын, бірақ бізге оларды тез арада жасау қажет еді.

        Кеңестік біртұтас экономикалық жүйедегі байланыстар бырт-бырт үзіліп, балапан – басына, тұрымтай – тұсына дегендей, сол бір кезеңдерде өзіміздің ақшамыз да жоқ, кісідегінің кілті аспанда демекші, Ресейге қарап жалтақтап отыратынбыз. Қазақша айтқанда ақшаның құлпы да, кілті де солардың қолында еді. Оның үстіне Ресей Президенті Борис Ельцин Егор Гайдар бастаған бір топ жас экономистерге үміт артып, үкімет тізгінін солардың қолына ұстатты. Олар болса, бағаны еркіне жібере салды. Сұрапыл инфляция дауылы көтеріліп, тұтыну бағасының өсу деңгейі 1991-1993 жылдары 5573 пайызға жетіп, бар-жоғы үш жылдың ішінде баға 55 есеге өсіп кетті. Бұл ең керемет деген кәсіпорындардың өзі көтере алмайтын соққы болатын, жалпы экономикаға жалпылама банкроттық қауіп төнді.

       Міне, осыған байланысты келесі үлкен мәселе – экономиканың ауылшаруашылық және өндірістік әлеуетін сақтап қалу міндеті тұрды. Бәрімізге белгілі, ол уақытта бізде алтын-валюта қоры, ұлттық қор жоқ болатын, үкімет қауқарсыз, бюджет дефицитті, ал екінші деңгейдегі банктер қаражаты мардымсыз, халықаралық ақша нарығы біздер үшін жабық еді. Осындай жағдайда Ұлттық банктен басқа экономикаға көмек беретін сала қалмады. Ұлттық банк өзінің заңды функцияларын пайдаланып, дербес кредит саясат ұста­ны­мын іске асырып, екінші деңгейдегі банктер арқылы ірі өндіріс орындарына, ауыл шаруашылығына арнаулы дерективті кредиттер беріп, экономиканың негізін, алдағы реформалар үшін оның әлеуетін сақтап қалу шарасына үлкен үлес қосты.

        Жоғарыда айтып өткенімдей, дағдарыстың қайсысы да жақсы емес, ал Кеңес өкіметі құлаған соң болған дағдарысты кейінгілерімен тіпті салыстыруға да келмейтін. Өйткені, 1990 және 95-ші жылдар аралығында біз экономиканың 42 пайызынан айрылдық. Өндіріс орындарының 52 пайызы тоқтап қалды, ауыл шаруашылығының 49 пайызы жоғалды. Міне, осының салдарынан мыңдаған адам жұмыссыз қалды, халықтың күнкөріс жағдайы аса төмендеп кетті. Жандәрмен, қысылтаяң шақ. Біздің үкімет қалайда рубль аймағында қалуға ұмтылып, 1992 жылдың басынан 1993 жылдың қазан айының соңына дейін Ресеймен жаңа рубль аймағын құрамыз деген мақсатпен көптеген келісімдер жасасты. Бірақ мұның барлығының уақытша екені, өз валютамыздың қажеттігінің туындайтыны басы ашық мәселе-тұғын.

        Сол кезде банк Президентке емес, Жоғарғы Кеңеске бағынатын. Президенттік институттың енді ғана орнап жатқан кезі. 1992 жылдың басында Мемлекет басшысы ұлттық валютаны ендіруге даярлықты өте құпия түрде бастау керектігі туралы міндет қойды. Шынында, біздің еліміздің жағдайын өзгелермен салыстыруға мүлдем келмейтін. Қазақстан аумағында атом қаруымен жарақталған Ресей армиясы, олардың әскери 12 ресейлік банкісі, Байқоңырда ресейлік ғарыш айлағы тұрды. Егер біз Балтық бойындағы елдер секілді КСРО-дан қалған мұраны тегіс бөлеміз десек, оның соңы немен аяқталатыны да белгісіз… Сондықтан осындай шетін мәселелерді ескере отырып, жұмысты өте құпия түрде жүргізу қажеттігіне байланысты құпия екі Жарлық шығып, оны мен ақпараттың таралмауы үшін Ұлттық банкте сақтау жайында ұсыныс айтып едім, Президент қолдап, түпнұсқа жарлық бізде сақталды.

           – Бұл енді алғашқы даярлық сәттер ғой. Ал жұмыс қалай жүрді?

      – Теңгені енгізу жұмысына даярлықты бастап кеттік. Ол кезде бізде ақша басып шығаратын өндіріс те, не жұмысты бастайтын жеткілікті ақша да жоқ, банк саласының білікті мамандарының жалақылары жоғары екінші деңгейдегі банктерге кетіп қалғандығынан қажетті мамандар және жоқ, алайда, ештеңеміз жетпей жатса да жұмыс істеу керек болды. Сондықтан, ең бірінші мақсат теңгені шығару керек, одан кейін теңгенің бағамын айқындайтын басқа да мәселелерді, инфрақұрылымдарды құру қажеттігі өте өзекті болды. Қор рыногының бір тармағы электронды биржа ашу, банкнот жасайтын фабриканы, теңге сарайын ашу, алтын және валюта қорын жасау мен оны сақтайтын мемлекеттік сақтау қоймасы қажеттігі анық еді. Осылайша ең алдыңғы кезекке шығатын 5 мәселенің тұрғаны айқындалып, оларды шешу жолдары іздестірілді. Ал бұларсыз теңгені енгізуге мүлде болмайтын. Жоғарыда айтқанымдай, қол қысқа, қаражат аз. Сондықтан біз теңгені енгізу мәселесінде үлкен жоспар жасадық.

        Алдымен қайта құруды Ұлттық банктің өзінен бастап, алтын мен күмістің резервін қалыптастыру үшін оны қазып алудан бастап сатуды монополиялап, бұл кәсіпорындарға арнаулы кредит бердік. Ол кезде елімізде жылына 6 тоннадай алтын, 650-700 тоннадай күміс шығарылатын. Кеңес Одағы орталықтан қаржыландырып келе жатқан бұл кәсіпорын байланыстар үзілгенде абдырап қалса керек, бізбен жұмысқа қуана келісті. Содан алтын шығаратын кәсіпорындармен шарт жасасып, одан Лондондағы Ротшильд банкімен тікелей байланыс орнатып, алтын мен күмістің күнделікті бағамын біле отыра қимылдауға кірістік.

       Бұл жерде бір нәрсені айта кеткен жөн. Ұлттық алтын мен күміс өндірісінде банк өзі пайда таппаса да соларды қуаттандыруға күш салды. Біз сол шыққан алтын-күмістің халықаралық бағамының 95 пайызын кәсіпорынға беріп, өзімізде тек 5 пайызын ғана қалдырдық. Оның өзі соған қажетті шығындарды жауып отыруға жұмсалды, бірақ осының арқасында еліміздің алтын-күміс қоры күшейді, ақшалай ресурс және шетелдік валюта пайда болды. Біз алғаш рет Цюрихтегі банкке 40 тоннадай күміс саттық, сол жерден ең алғаш тәуелсіз ел ретінде тұңғыш рет қарым-қатынас орнаттық, валюталық есепшот аштық. Осылайша халықаралық банк жүйесіне интеграцияны бастап кеттік.

           – Бұл сонда қай жыл?

      – 1992 жыл. Осы жылы біз АҚШ, Австрияның, Францияның, Ұлыбританияның, Бельгияның, Жапония мен Сингапурдың орталық банктерімен, және Швейцариядағы ЮБС, «Кредит сюсси» банкілері, Ұлыбританиядағы Ротшильдер банкімен де байланыс орнаттық. Бізге керекті мамандарды осы банктердің көмегімен даярлай бастадық. 3 ай, 6 ай, 1 жылға оқып келген мамандарды және бізден екінші деңгейдегі банктерге кетіп қалған банк қызметкерлерін қайтару үшін жалақыны өсіру қажет болды да, жалақыны көтеруге жұмыс жасадық. Сөйтіп, жалақыны 3 есеге көбейттік және оны бюджеттің есебінен емес, өзіміз тапқан табыстан көтердік. Осылайша бұрынғы кетіп қалған жақсы мамандар қайтып оралды, өйткен себебі, күнбе күн бізде бұрын болмаған жаңа нарықтық тетіктер игеріліп, жұмысқа енгізіліп, шетелден делегациялар келіп, әлемдік қаржы әлемінде қандай жаңалықтар болып жатыр, нарықтың жайы қалай, бәрін біліп, қайнап жатқан қазанның басы-қасында болу шынымен қызық еді.

       Теңгені қалай шығарамыз, оның жалпы аты, түрі, номиналдары қалай болады деген оймен әлемдік тәжірибені зерделеп, дүние жүзіндегі банкноттар жарияланған біздің архивтен бір мықты кітап (фолиант) таптық, осы мәселеде шетелдің банктерімен, Алматыдағы Дизайн орталығымен байланысқа шықтық. Бұл жерде өзімізде ақша басып шығара алмайтынымыз айқын болды, сондықтан бірінші кезекте банкнот шығаратын бірнеше фабрикаларды шақырдық. АҚШ, Франция, Жапония, Испания, Германия, Ұлыбританияның фабрикалары келді.

       Ол уақытта елімізде вице-президент лауазымы болатын, онда мықты ғалым, өте тәжірибелі қаржыгер, жан-жақты маман Ерік Асанбаев және Жоғарғы Кеңестің экономикалық реформа, бюджет және қаржыландыру мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежановпен ақылдаса келе, аса әйгілі банкнот шығаратын компаниялардан аулақтай тұрайық, жарияға шығып кетер деп «Харрисон және оның ұлдары» атты кішігірім болғанымен, жоғары технологиялық қуаты бар компанияға таңдау түсті.

          – Мәреге жетер жарыс жолы айқындалды дейсіз ғой…

       – Қа­зақстан Ұлттық банкі ұжымы­ның іскерлігінің арқасында банктің өз кірісі есебінен 1993 жылдың 1 шілдесіне ­дейін ақша нарығы ны­сан­дарының барлық инф­ра-құры­лымы құрылып, жұмыстар толы­ғы­мен аяқталды. Олар: Элект­рон­ды валюта биржасы, Теңге (Монета) са­райы, Банкнот фабрикасының бі­­рінші кезеңі, Алтын валюта қо­ры, Мемлекеттік валюта қоры мен қымбат бағалы металдарды сақтау қоймасы, Қазақстанның ішкі және сыртқы төлем жүйесі болатын.

         – Теңгенің дизайны қалай таңдалды?

       – Теңгенің дизайны туралы ойланғанда олар: «Бізге ешқандай қиындық жоқ, арнайы дизайн тобы бар, ақшасын төлесеңіздер болды», деді. Бірақ есептеп қарасақ, дизайнға төлейтін ақша теңгені шығаруға жұмсайтын шығынның 30-40 пайызын құрап, тым қымбатқа түседі екен. Сондықтан ойласа келе, бізде де талантты суретшілер бар емес пе, солардың қабілетін неге пайдаланбаймыз деген ұйғарым жасалды.

        Содан Алатаудың баурайындағы үкіметтік саяжайлардың бірін алып, дизайнер Тимур Сүлейменов бастаған 7-8 адамды 2 айға кіргізіп: «Сендер осы жерден ешқайда шықпайсыздар, ұзақ іссапардамыз деп отбасыларыңызға айтыңыздар», деп барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, не керегін уақытында жеткізіп тұрдық. Тапжылмастан сол жерде отырып 2 айдың ішінде олар теңгенің 4 нұсқасын жасады. Біріншісі – ою-өрнек, екіншісі – АҚШ доллары тәріздес, жасылдау болып келген, үшіншісі – портреттер, төртіншісі – заманауи шыққан. Саяжайға барып портреттік нұсқаны таңдап алып, 7 номинацияға эскиз даярлауға тапсырыс жасадық. Валютаның аты керек болды.

        – Сөйтіп, валютамызға ат керек болған шығар. Теңге деген атауға қалай тоқтам жасалды?

       – Валюта шығару қажет деп тарихты ақтарғанда, біздің жерімізде болған түркі нәсілді мемлекеттердің ақшасы болғанын, олардың металдан құйылған ақшалары теңге аталғанын білдік. Орыстың «деньги» деген сөзінің түбірі де осы. Археологтар ең ежел­гі ақша белгілерін Отырар, Тараз, Түркістан, Баласағұн және Қазақстанның тағы бас­қа да көне қала­ларын қазу барысында тапқан. Демек, біздің тарихымыз үшін теңге атауы – төл дүние. Дегенмен, ұсыныстар көп айтылды, «сом», «алтын» дегендердің де уәждері тыңдалды.

      Бір күні Олжас Сүлейменов банкке келді. Ол кісі: «Білемін мен сендердің қарап отырмағандарыңызды, бірдеңе ойластырып жатқан болуларың керек. Егер ондай ниет табылып жатса, ұлттық валютаға сұранып тұрған «теңге» атауы ғой», десін. Онсыз да осындай ұйғарымға жақын біздерге ол кісінің айтқаны тіптен жылы тиді. Содан бәріміз Елбасына кіріп, әзірліктің қандай деңгейде екенін, не істеліп, не қойғанын баяндадық.

        Президент «теңге» деген ұсынысты дұрыс көрді. Содан соң портреттерге келгенде біз жаңа ғана тәуелсіздігін алған елміз, бізді, тіпті, өзгелер саяси картадан да таба алмайды, сондықтан, ең бірінші номинал ең танымал, әлем білетін қазақ болуы тиіс деді. Сондықтан негізгі валюта 1 теңгеге Еуропаға Аристотель мен Сократты қайта танытқан, әлемдік ғылымда танымал тұлға әл-Фараби бабамыз тұрсын деген ұйғарым жасалды.

         Эскиздер дайын болғанымен, олардың барлығы өнеркәсіптік тұрғыда емес, қарабайыр жұмыстық нұсқа еді, енді оның электрондық түрі және металдан құйылған қалыбы, жасанды жасау жолдарынан қорғау тәрізді көп жұмыстары күтіп тұрған еді. Содан 7-8 дизайнер, суретшіден Тимур Сүлейменов, Хайролла Қабжәлелов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов қалдырылып, Қабжәлелов, Алин және Дүзелханов үшеуі Лондонға аттанатын болды. Содан Қабжәлелов Лондоннан телефон шалып тұр, фабриканың дизайнерлерімен жұмыс істеу үшін Ұлттық банктен арнайы адам келсін, немесе маған өкілдік бермесеңіздер, шаруаны шешу қиын, деп. Сөйтіп, арнайы жеделхат салып, Х.Қабжәлелов Ұлттық банктің өкілі деп сөйлеу құқығы беріліп, дизайнге қажетті өзгерістер еніп, теңгеміздің өндірістік түрі жасалды, 1992 жылы желтоқсан айында теңгеге қол қойылып, ол өндіріске жіберілді.

       – Шыққан теңгені елге жеткізу, бүкіл республикаға тарату қалай жүргізілді? Және оның өте құпия түрде өтуіне қалай қол жетті?

        – Негізі, осыған дейінгі жұмыстардың барлығы өте қатаң құпия жағдайда жүргізілді. Бірақ теңге номиналдарын біз өзіміздің басқарма отырысында бекітуіміз керек болды және барлығына мұның мемлекеттік құпия екендігі ескертілгеніне қарамай, қалай дегенде де белгілі бір дәрежеде ақпарат үкіметке жетіп, енді олар теңге басуға екінші бір компанияны ұсынды. Сөйтіп, үкіметпен шиеленіске бармау үшін тапсырысты екіге бөліп, теңгені бастыратын болдық. Бұл жерде компаниялардың технологияларының екі түрлілігінен қосымша қиындықтар да туды. Әйтеуір не керек, солардың барлығы реттеліп, наурыздың аяғына қарай теңге басылып болды. Онан кейінгі 2 ай ішінде теңгені Лондоннан тасыдық.

       Бұл жерде де бірнеше мәселе шықты. Біріншіден, ол Қазақстанның ұшағы болуы және экипаждың ағылшынша білуі, сосын оның еш жерге қонбай тура елге ұшып келуі керек болды. Айнала іздеп, менің орынбасарым Тұрсынов экипаж жасақтап, ағылшынша білетін 2 командир тауып, ұшақтың орындықтарын жатқызып, контейнерлер салып, қару-жарағы бар инкассаторларды отырғызып, Тараз қаласында және Солтүстік Қазақстан облысында екі қоймамызға теңге тасылды. Ол өзі сыртынан ештеңе байқалмайтын жер астындағы бункер болатын, соған тасып алынған соң, әліптің артын бағып үн-түнсіз отырдық. Теңгеміз тығулы жата берді. Жаздың ортасында (1993 жылғы 26 шілде) Ресей өз валютасын енгізді, бұрынғы КСРО шекпенінен шыққан елдер ішінде Қазақстан мен Тәжікстан, Армения ғана бұрынғы ақшамен қалдық. Қыркүйектің 26-сында Ресей 1961-63 жылдары шығарылған кеңестік валюта ақша болып есептелмейтіні жөнінде мәлімдеме жасады.

      Содан Мемлекеттік комиссия құрылып, 17 күндей жұмыс істеп, теңгені айналымға қосу жөнінде негізгі үш құжат дайындадық. Президенттің теңгені айналымға енгізу туралы Жарлығы, халыққа арнау сөзі теңгені енгізу және оның тәртібі жайында…

        – Осы жерде теңгенің жоғарыда айтылған қоймалардан еліміздің басқа қалаларына, банктерге қалай жеткізілгенін айта кетсеңіз артық болмас.

       – 12 қарашаны мен «ақшаны ен­гізу күні» деп жарияладым. Жиыр­ма күнге жетер-жетпес уақыт қалды. Ақшаны құпия түрде барлық аудандарға, бар­лық банктерге жет­кізу жұмысы сегіз күннің ішінде ат­қа­рылып шықты. Бәлкім, дүниежүзін­де жаңа ақшаны енгізу тап осындай жылдам, әрі табысты жүзеге асы­рылған жоқ та шығар. 1993 жы­лы 1 қарашада Ұлттық банктің облыстардағы филиалдарына «Х» күні ашылады деген құпия кон­верттер жетті…

          Сөйтіп, 15, 16, 17 қараша күндері бұрынғы сом да, теңге де айналымда қатар жүріп, 18 қарашадан тек теңге жүретін болды. Айырбастау бағамын анықтауға келгенде біз бұрынғы ақшаның әлсіздігіне байланысты 1 теңгені 1000 рубльге бағалауды ұсынып едік, үкімет жағы тағы отырып алды. Жоқ, бұл өте үлкен, 500 жасау керек деп. Бірақ мұның салқыны, кері әсері болып, 2-3 жылдың ішінде теңгенің бағамы 20 есеге төмендеп кетті.

        Халық теңгені шын қуанышпен қарсы алды, дизайны да көңілден шықты, сапасы да жақсы, қорғалуы жағынан 12 элементпен сол кездегі ең мықты неміс маркасына парапар шықты.

        – Теңгенің енуімен сол кезде ел экономикасына үлкен өзгерістер енді емес пе?

        – Әрине, экономиканың құрылымы да, банк жүйесі де үлкен өзгерістерге ұшырады. Осыған байланысты экономиканың кредиттеу көрсеткіші (коэффициенті), мысалы, 1990-91-92 жылдары 50-80 пайызға дейін болса, 1995-96 жылдары 5-2 пайыздан аспай қалды. Экономикаға күш беру, қаржылық қолдау жасау, несие беру мәселелерінде көп өзгерістер, басқаша көзқарастар пайда болды. Бірте-бір­те гиперинфляцияны ауыз­дық­тау­ға мүмкіндік туды. 1998 жылға қа­рай экономикада өсім айқын бай­қалды.

          Уақыт бір орында тұрмайды, үшінші келген дағдарыс жалғасу үстінде. Соңғы 3 жыл ішінде теңге 3 рет девальвацияны басынан өткерді. Қалай болғанда да енді теңгені тұрақтандыру міндет. Біз өтпелі экономикада тұрғандықтан, қаржы, кредит тек өз саясатымызға сәйкес жүруі тиіс. Мәселен, Қытай ешкімге көз салмай, өз жолдарымен жүруде. Сөйтіп, кейінгі 25 жылда Францияны, Ұлыбританияны, Германияны, Жапонияны басып озып, әлемдегі екінші экономика болып отыр. Ал енді алдағы 10-15 жыл ішінде дүние жүзінде экономикасы қарыштаған бірінші ел болуы ғажап емес. Оған Қытай өз жолдарын бекем ұстауының арқасында жетті. Біздің қазіргі Үкімет пен Ұлттық банк осындай істерді қолға алуы керек. Барлығын нарық реттейді деген Адам Смиттің ұстанымы қазір жарамайды.

     – Біздің екінші деңгейлі банктеріміздің несиелендіру саясатына көзқарасыңыз қандай?

       – Биыл банктердің кредит беру көрсеткіші осы жартыжылдықта 28 пайызды құрап отыр, яғни біздің банктер экономикаға дұрыс қаражат бермей отыр. Мысалы, шетелдерде бұл пайыз жоғары, Қытайда 100 пайыздан асады, ал бізге соның жартысына жеткізу таяу маңдағы мақсат болуы қажет. Қазір, мәселен, жекеменшік банктер дағдарыста тұрған экономикаға ақша беруге онша ықыласты емес. Сондықтан осы ықыласты көтеретін жолдар іздестірілуі маңызды, екіншіден, мүмкін, банк жүйесіндегі мемлекеттік секторды кеңейту керек болар. Әйтпесе бізде қазір бір ғана банк мемлекеттікі, қалғандары тегіс жекеменшік банктер.

        Көршілерміз Ресей мен Қытайда ауыл шаруашылығына ақша беретін бірнеше мемлекеттік банк бар. Тіпті, Белоруссия осылай жасауда, ал екінші деңгейлі жекеменшік банктер мемлекет алдында ештеңеге қарыздар емес, сондықтан ауыл шаруашылығында мемлекеттік саясат жүргізуге барынша жандарын салады деу қиын. Бізге қаржы-қаражат мәселесіне жіті мән беру қажет.

        Қазіргі өскелең қоғам үшін, жалпы халық үшін ең бір маңызды бөлік шағын және орта бизнес десек, оны кредиттеу коэффициенті 18 пайыз, шағын бизнесте тіпті 16-ақ пайыз. Банктердің экономикаға ақша салуға құлқы төмен, ал қаражатсыз экономикада өсім болуы мүмкін емес. Сосынғы бір мәселе, біз қазір қолданбалы ғылымға, инновацияға жақсы бір күш-қуат беретіндей қаражат бөлмейміз. Әрине, істеліп жатқан бірталай шаруа бар, ауызды мүлдем құр шөппен сүрту жарамас, дегенмен, индустриялық бағдарламаларды қаржыландыру көңіл көншітпейді. Бізге ғылымды өндіріске мейлінше жақындату міндеті аса бір маңызға ие іс. Сол байланысты ғылымға, өндіріске, экономикаға пайда әкелетін әрбір іске қаражатты төгу ауадай қажет.

       – Мәнді де мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет.

          Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

   https://egemen.kz/2016/11/12/73586

толығырақ

       Мемлекетімізді берік тұғырына қондырған тәуелсіздіктің 25 жылдық кезеңі, шежірелі ел тарихының маңызды бөлшегі болғаны даусыз. Сол қатарда жас мемлекеттің тамырына қан жүгірткен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бастау алған, ел мен елді қауыштырған қазақ көшінің де алар орны ерекше.

      Сол көштің алғашқы легінде елге оралған, бүгінгі күні отанына өзінің қарым-қабілетімен еңбегін сіңіріп, қазақ журналистикасын терең зерттеп жүрген белгілі ғалым Қуандық Шамахайұлын әңгімеге тартқан едік.

      - Биылғы жылы Қазақ елі тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеп жатыр. Осы жылдары отанына оралған қандастарымыз жас мемлекеттің орнықты дамуына қаншалықты үлес қосты?

       - Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің тарихи Отанына көшу үрдісі еліміз тәуелсіздігін жариялаудан бұрын басталғанын ерекше атап айтқан дұрыс. Бұл үдеріс күні кеше ғана болып өткен оқиға болғанымен біртіндеп тарихқа айнала бастады. Олай болса, тарих шынайы айтылып, жазылуы керек.

      Ал, біз көші-қонды тәуелсіздік жариялағаннан кейін ғана  басталғандай  сөз етеміз. Әрине, тәуелсіздік жылдарында көші-қон саясаты қалыптасып, арнайы заң қабылданғаны баршамызға мәлім. Алайда, көші-қонның басталуы одан бұрынырақ болғанын тағы да қайталап айтқым келеді. Қайта құру дәуірі кең өріс алған 1990 жылы Монғолия қазақтарының алғашқы көші Қазақстанға келіп үлгерген. Бұл Кеңес өкіметі әлі құлай қоймаған кезі болатын. Ең алғашқы лек - Семей қаласының ет комбинатына жұмысшы болып келген бір топ қазақ жастары еді. Көштің тұңғыш  қарлығаштары да солар. 

       1989 жылы Кеңес елінің Ленинград қаласына монғол құрылысшылары еңбек шарты бойынша жұмысқа шақырылған. Бірқатар жұрт барды да. Алайда, олардың арасында қазақтар болмады. 80-жылдардың соңында Баян-Өлгий аймағының құрылыс тресі өз конторын Таулы Алтай өлкесінің Қош-Ағаш ауданына көшіріп алды да онда «Жаңа ауыл» деген елді мекен тұрғызды.

    Дәл осы оқиғалар Монғолиядағы қазақтарға ой салды. Әсіресе, Ұланбатыр маңындағы ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін қазақ диаспорасы өкілдері жоғарыдағыдай еңбек шартымен Қазақ жеріне жетіп алудың жолын тапты. Кеңес Одағының басшылары Қазақстанға  жұмыс күші ретінде тек малшылар керек дегенді алға тартса да, ірі кәсіпорында еңбек ететін қазақ инженер, техниктер, кәсіби жұмысшылар көбінесе қаланы мекен еткен қазақ отбасылары келісімшарт жасасып бақты.

     Осылайша, көштің алғашқы легі кеңес өкіметі құламай тұрып, елге жетіп алғаны шын тарих. 1991 жылы күзде кеңес елінің іргесі сөгіле бастаған сол тұста Қазақ ССР-ін басқарған ұлтын сүйер көптеген басшы, зиялы  азаматтар  қыруар қаржыны қандас бауырлары үшін аямай шашып, темір жол тасымалын, әуе рейстері және автотранспорт көліктерін де тиімді пайдаланып, Монғолиядағы қазақтардың 40 пайызға жуығын көшіріп алды. Бұл үрдіс 1992, 1993 жылдары тіпті қарқын алып, нағыз ұлы көшке айналды. Осы тұсты Қытайдағы қандастарымыз да оңтайлы пайдаланып біраз бөлігі келіп үлгерді.

      Бұл енді, расында, тәуелсіздіктің буы еді. Бәрімізде ата жұртқа деген шынайы сенім туды. 1993 жылы Монғолияда ұсынылған жоғары лауазымдық қызметке пысқырып та қарамастан өз басым елге келген жайым бар.

    Әрине, бұл көш Қазақстанға көп игілік әкелді. Ең бастысы, осындағы өзге ұлт диаспорасына ой салды. «Ақыр заман болғанда әркім өз жақынын табады» демекші, олар да тарихи отандарын іздей бастады. Біраз бөлігі кетіп те үлгерді. Ірі қалаларда өзге ұлт өкілдерінен қалған тұрғын үйлер мен пәтерлер қазақтың өз еншісіне тиді. Нәтижесінде, қалалар қазақыланды, өз жерімізде басымдыққа ие болдық. Бұрын қоғамдық орындарда қазақша сөйлегенді естісе, қарғанып айғайға басатын озбыр шовинистер айылын жиды. Отарлықтың бұғауынан босаудың алғышартының өзі осы болатын. Жас мемлекеттің орнықты дамуына оң ықпал еткен ең басты әрі қомақты үлестің өзі осы емес пе?

      Қоғамның ең басты байлығы да, капиталы да - адам. Оның өзінде өзге жерде білім алған, тұлға ретінде жан-жақты қалыптасқан зиялы қауым өкілдерінің ата мекеніне оралуы Қазақстан үшін баға жетпес байлық болды. Ұлы көштің елге тигізген пайдасы ұшан теңіз. Оны бір ауыз сөзбен жеткізіп айта алмайсың, ұзақ әңгіме.

      - Соңғы жылдары көштің қарқыны неге саябырлап қалды?

    - Көші-қон ісі заңмен реттеліп, оған квота енгізілген кезден бастап бұл үрдіс саябырси бастады. Оған ықпал еткен фактордың бірі - сыбайлас жемқорлық десек артық айтқандық емес. Тоқсаныншы жылдардың бастапқы үш жылында көшіп келген ағайынның саны миллионға жетсе де айтарлықтай проблема туындаған жоқ. Көшіп келген қандастардың барлық әлеуметтік мәселелерін жергілікті басқару орындары мен іскер, адал басшылар дер кезінде шешіп беріп отырды.

     Қалай құзіретті органдар құрылып, мемлекеттен қаржы бөлінді, солай көші-қон да саябырсыды. Түрлі бюрократиялық кедергілер, қағазбастылық, парақорлық әрекеттер көрініс тауып, оралмандарды әуре-сарсаңға салды. Бұрын үкімет кабинетінің бір ғана қаулысымен реттеліп келген көп түйткіл енді заңмен де шешілмей асқынып кетті. Ал, көші-қонның қазіргі жағдайынан өз басым айтарлықтай ақпаратым жоқ. Сондықтан, бұл жөнінде бірдеңе деуім артық болар. 

        - Қандастарымыздың қоныстануына арнайы өңірлерді белгілеп беру дұрыс па?  

     - Әлем халықтарының жалпыға ортақ декларациясы деп аталатын бір маңызды құжат бар. Сонда, әр адам баласы өзінің тұратын елін, жерін еркін таңдауға құқығы барын ерекше атап көрсеткен. Олай болса, бұрын мекендеген жерін тастап, тарихи Отанына оралған қазақ неге өзі қалаған жеріне орналаса алмайды?

      Адамға тұратын жерін ресми түрде белгілеп беру деген әлемдегі көптеген елдердің қылмыстық кодекстерінде ғана бар дүние ғой. Олай болса, тәуелсіз елдің азаматы болуға өз еркімен көшіп келген қандастарымызға неге ондай талап қоямыз? Олай болса, көшіп келемін дегендер келсін. Оған еш шектеу болмағаны дұрыс. Керек десеңіз, тіпті, оған квота белгілеп үкіметтен жәрдемақы да бермей-ақ қойсын. Сол азын-аулық тиын-тебен оған өмірлік азық болмайды ғой. Сондықтан, елге келетіндер өзіне сенімді болып, үкіметке де алақан жаймай, өз күшімен күн көретін, қалаған жерін таңдап тұратын болғаны абзал. Бұл менің субъективтік болса да, жеке пікірім.   Ал, үкіметтің ынталандыру тетіктерін пайдаланғысы келетін, қажет деп санайтын қандастарымыз болса, олар да қазақ жерінің қай түкпірін болсын  жатсынбағаны жөн.

    - Енді өзіңіздің күнделікті айналысып жүрген салаңызға қарай ойыссақ. Сіздің ғылыми-зерттеу еңбектеріңізде журналистика ғылымының қандай бағыттарына басымдық берілді?

    - Теориялық мәселелерге ден қойып келемін. Журналистика саласындағы сөз бостандығы - іргелі категориялардың ең маңыздысы. Бұл туралы көлемді монография жазып, 2008 жылы «Азат ойдың айнасы» деген атпен жарыққа шығарған едім. Сонымен қатар халықаралық журналистика мәселелерін де жіті зерттеп бірнеше оқулық жарыққа шығарғанмын. Оның бәрі бүгінгі таңда қолданыста жүр.

     Тек биылғы жылдың өзінде «Телевизия журналистикасы: Теория және практика», «Әлем журналистикасының тарихы», «Журналистикадағы сөз бостандығы» атты монография және оқулығым Алматыда ірі таралыммен жарыққа шықты. Сонымен бірге әлеуметтік медиа, ақпараттық қауіпсіздік, қоғамдық телевизия, журналистік жоғары білім берудің өзекті мәселелері секілді қазіргі таңдағы проблемаларды қаузаған бірнеше зерттеу еңбектерім мерзімді басылымдар мен ғылыми жинақтарда жарық көрді. Фэйсбук желісінде «Теориялық журнализм» атты ашық парақша ашып,  бейнедәрістер, мәтіндік талдаулар арқылы журналистерге мағлұматтар ұсынып, талқылап келеміз. Мұның бәрі ғылыми ізденістердің нәтижесін айналымға енгізуге, сараптамалық тұжырымдар жасауға пайдасын тигізіп жатыр.

   Бүгінгі күні «Ақпараттық мәтіндегі лид түрлері» атты монография мен «Журналистиканың түсіндірме сөздігі» атты көлемді еңбекті қолға алып жатқан жайым бар.

        - Қазақтілді сараптамалық тұрғыда жазылған мақалаларға берер бағаңыз қандай?

     - Сараптамалық сапалы мақалалар жариялау жағынан соңғы жылдары «Ақиқат» журналы алға шықты. Журналдың бас редакторы болып атақты публицист Аманхан Әлімұлының тағайындалуы оның бет-бейнесін күрт өзгертіп, салмағын арттырды. «Жас Алаш», «Қазақия», «Ашық алаң» секілді газеттер  қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сараптама жасаудан біршама алға шығып кетті. Оны тұрақты оқитын зиялы қауым өкілдері әрдайым жоғары бағалайды.

    Сараптамалық мақала жазып жариялатумен кәсіби журналистер ғана емес, өзге саланың мамандары да ұдайы айналысып, оқырмандардың назарын аударып үлгерді.  Экономист ғалымдар Орақ Әлиев, Жангелді Шымшықов, философ Әбдірашит Бәкір, Қанағат Жүкешев, Аманкелді Айталы, саясаттанушы Дос Көшім, Расул Жұмалы, Ерлан Сайыров секілді көптеген авторлар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық ойдың бағдаршысына айналып үлгерді. Жалпы, бұл бағыттағы мақалалардың салмағы қомақты, сапасы жоғары деп бағалауға әбден болады.

     - Біздегі БАҚ-тар әлемдегі дамыған елдер журналистикасының қандай жетістіктерін, жаңа жанрлық формаларын үлгі етуі керек?

      Біздің олардан артықшылығымыз бар ма? - Жалпы, бүгінгідей ақпараттық тасқын заманында БАҚ арқылы тарайтын жаңалықтарды елді елең еткізерліктей етіп жеткізу, бірден назар аудартып тыңдату үшін немесе көз салған бетте көңіліне қонып, ары қарай жетелеп әкетерліктей болуы үшін жаңалық жанрындағы мәтіндер мейлінше тартымды жазылуға тиіс. Ол үшін «лид» деген нәрсе керек. Батыс елдерінде ең басты мәселе ретінде журналистикада ерекше басшылыққа алынатын осы проблеманы бізде әлі көп жұрт біле бермейді.

    Мен жоғарыда атап өткен жаңа еңбегімде ақпараттық мәтінге жасалатын «лид» түрлерін анықтап, оның ерекшеліктерін айқындауды көздедім. Ақпарат құралдарының күнделікті қызметіне практикалық маңызы орасан болып табылатын аталмыш мәселенің маңыздылығы қай кезеңде де айтарлықтай өзекті.

      Мерзімді баспасөз туындыларымен жіті танысқан кезде «лид» түрлеріне шек қоюдың өзі артық секілді сезілуі ықтимал. Себебі, әр журналистің қайталанбайтын өзіне тән шығармашылық тәсілі, дара қолтаңбасы болады.  Өзге шығармашылық қызметтермен бірдей журналистика да туындыгердің үзіліссіз ізденісінің жемісі болғандықтан, оны арнайы бір схеманың аясында қарастырудың өзі мүмкін емес. Сондықтан, мәселені теориялық жағынан гөрі практикалық қадамдар аясында талдап, таразылаудың маңыздылығы айтарлықтай болмақ.

      Жалпы, қай істі болсын, әуелі бастау қиын. Басталған соң ары қарай жалғасуы жеңіл секілді болып кетеді. Журналистік туындының ең ежелгі әрі басты жанры заметка да солай. Оның мазмұнын бір ауыз сөзге сыйдырып, бастау, яғни, лид жасау іс жүзінде қиынның қиыны.

      - Интернет журналистиканың сапасына көңіліңіз тола ма?

     - Өте зор қарқынмен, тез дамып келеді. Сапа жағына келсек, әр порталдың өз бағыты мен бағдары бар. Көңіл толатын жақтары баршылық. Өз басым «Azattyq.org» сайтын күнделікті қараймын. Ондағы жаңалықтар мен мақалалар кезең келбетін дөп басып отыратындығымен ерекшеленеді. Сол секілді еліміздегі ресми сайт, порталдарды да жиі қарауға тура келеді. Сіздердің «ҚазАқпарат» және «Тенгриньюс», «Абай.кз», «Әдебиет порталы» секілді сайттарға жарық көрген мақалаларды оқимын. Кейбір дәстүрлі газет-журналдардың да онлайн үлгісінен оқып тұрамын.

   «Әдебиет порталы» мен «Қазақия.кз» сайтында өзімнің блог тұғырларым бар. Әлеуметтік желілердің ішінен Фэйсбүк пен Туиттер желісін қолданамын.

     Бүгінгі қолданыстағы технологиялардың кең тараған түрлері болғандықтан, блог арқылы түрлі ақпараттар, деректер, фотолар алмасу, бейне блог, бейне дәрістер жүргізу, электрондық пошта бәрі қолданылады. 

      Соңғы жылдары кейбір фирма, кәсіпорындар өздерінің бренд тауарлары мен қызмет түрлерінің маркетингіне арнаған platform немесе өзге арналарды қолдана бастаған. Денсаулық сақтау орындары мен емханалар аталмыш технологияларды игерсе өз пациенттерімен кеңес өткізуге аса қолайлы болар еді.

      Қазіргі таңда Social media-ның қажеттілігі барған сайын артып келеді. Санаулы жыл бұрын әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің профессорларының дәрісін тыңдау мұң болса, қазір қалаған  Оксфордтың, Гарвардтың, Кембридждің ғалымдарымен виртуалды әлемде жүздесе беруге болады. Айта берді, әлемнің айтулы саясаткерлерімен, Құрама Штаттардың президентімен де Social media арқылы байланыс жасауға мүмкіндік бар.

    Біздің  әлеуметтік желі жайындағы ұғымымыздың масштабының өзі қазіргі таңда facebook, Twitter, Youtube, blog секілділермен шектеліп, достардың өзара хабарласуынан, фото, бейнеклиптер алмасуынан аса алмай отырмыз.  Шын мәнінде сіз нені білгіңіз келсе, интернет бәрін де бере алады.

    Жылдамдықтың зор қарқынымен қарыштап дамып келе жатқан онлайн қоғамда әр азамат жеке тұлғалық брендін қалыптастыру жолында  өзін өзгелерге дұрыс танытып, абыройын асқақтату үшін қаласа да, қаламаса да Social Media-ға жүгінуге мәжбүр. Бұл жерде әрине, айтары бар адамдар ғана өзінің білім-білігін, қарым-қабілетін көрсете алады. Ал, әлі күнге дейін мұның артықшылығын түсінбейтіндер қарым-қатынастың бұл түрін кәдімгідей жау санап, ат-тондарын ала қашып жатады. Ол енді, жабайылық.                Қазіргі студент дегеніміз үстелден бас көтермей отырып, кітап оқи беретін немесе ұстаздың оқыған дәрісінен белгілеп алған азын-аулақ мәліметті жаттап алып онысын семинар сабағында айна-қатесіз айтып беретін «кеңестік заманның» түлегі емес. Ол дәуір әлдеқашан келмеске кетті.

      Сайып келгенде, Social Media арқылы пайда ақпарат алудың арқасында адам рухани тұрғыдан өзін байытып, дамыта алатындығын да ұмытпағанымыз абзал.                    Қуандық Шамахайұлы - ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттану доценті. 1993 жылы Мадридтегі Халықаралық журналистер ұйымына мүшелікке өтіп, БҰҰ мен ЮНЕСКО мойындаған «халықаралық журналист» деген арнайы мәртебеге ие болған. 2001 жылы АҚШ мемлекеттік департаментінің шақыруымен Вашингтонда, Рестонда, Арлингтонда, Нью-Орлеанда, Колумбия-Миссуриде, Атлантада, Нью-Йоркте болып, бірнеше жетекші университет мамандарымен тәжірибе алмасқан және Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы комитетінде тағылымдамадан өтіп, білім жетілдірген.

      Ол журналистика ғылымының теориялық мәселелерін қаузаған 10 кітаптың, ғылыми-танымдық, публицистикалық мақалалардың, 100-ден астам сықақ әңгімелердің, әдеби-көркем аудармалар мен сын зерттеулердің авторы.

    1994 жылдан бері еліміздің жетекші университеттерінде журналистика, мәдениеттану, қоғаммен байланыс, этика, әдебиет теориясы, аударма ісінің теориясы, әлем әдебиеті салалары бойынша дәріс беріп келеді.  

       Сұхбаттасқан Бақытжол Кәкеш

 http://www.inform.kz/kz/kazak-eli-tauelsizdiktin-algashky-zhyldary-mongoliyadagy-kandastardyn-40-payyzga-zhuygyn-koshirip-aldy-kuandyk-shamahayuly_a2962580

толығырақ

       Суретші Қанат Нұртазин әдеттегі жапырақтардан ерекше өнер туындыларын жасайды. Өзінің сүйікті ісімен үш жыл бұрын шұғылдана бастаған. Оның топтамасында шеге, гипс, банан, алма, раушан мен өзге де көптеген заттардан жасалған бұйымдар жетерлік.

Мешіт

Рейхстагқа ту тіккен тұңғыш қазақ.


       Мен әуелде бұл өнерден алыс болатынмын. Барлығы картон мен жапырақтан басталды – дейді суретші. 



      Бұл туындыларды жасау үшін өте мұқият болу керек. Себебі кез-келген оқыс қимыл бар жұмысты жоққа шығаруы мүмкін. Жұмыс барысы жобаның идеясы мен қиындығына байланысты.



       – Мен алдымен идеямды қорытамын, сұлбасын жасап, егжей-тегжейін түгендеймін. Содан кейін сурет салынған қағазды жапыраққа жабыстырамын. Жұмысымды аяқтағаннан кейін дұрыс ракурсты таңдап, телефонға түсіремін – дейді Қанат.




















   https://baq.kz/kk/news/oner/zhapirakka_tungan_oner20161108_202700

толығырақ

       

Туған тілдің тұғыры

       Қазақ елі барда, қазақ тілі де өмір сүреді.

       Өседі. Өркендейді. Ұлтымыздың ұлы тілі – мәңгілік!

      Тіл туралы сөз – ең жанды жеріміз. Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» дейтін сөзі бар. Арғы-бергі тарихты адақтап, әлемдегі мемлекеттердің тіл туралы тұжырымдарына зер салсақ, өзінің тілін «Ана тілі» деп дәріптейтін де, ардақ тұтып қадірлейтін де жұрттың бірі біздің халқымыз екен. Ата-бабаның ұлы дәстүрін, тарихы мен шежіресін, әні мен жырын туған тілінде тыңдап, жүрегіне ұялатып өскен ұрпақтың өкілі ретінде қазақ тілінің бүгіні мен болашағына ерекше мән беремін.

     Әрине, оның кешегі кеңестік кезеңде жолы тар, орны төменде болғанын бәріміз білеміз. Отарлық құрсаудың темір қақпаны ана тіліміздің адымына шідер салып, дамуына кедергі келтірді. Тіл шұбарланды, онымен бірге діл тұманданып, сана күмәнданды. Сана сергітер саңлақ тіліміздің  тұсалған кезі еді ол. Оны бүгінгі ұрпақ – біз ұмытсақ, келер ұрпақ одан әрі жаңылып, жаза басуы мүмкін. Ұлттың ұлы қазынасы – Ана тілін жаңа ғасырдың биігіне абыроймен алып шығу – бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы.

      Кеңестік кезеңде, одан бергі тәуелсіздік таңы тұсында, ақын сөзінің астары басқаша ашылып, шындығында да, «сөз өнері – дертпен тең» жағдайға жеттік. Ұлтымыздың ұлы тілі басқа шауып, төске өрлеген өктем тілдің шылауына айналып, өз жерімізде баспалап сөйлейтін кезеңге келдік. Отарлық езгінің қаруын қолға ұстаған дүмділер тілді бұғаулау ғана емес, ойды тұсау, ұлттық ділді шеттету идеясын мықтап қолға алып, ата мен бала, келін мен ене жат тілде шүйіркелесіп, отбасының өзара үндесуі де өзге тілге ойысып бара жатты.

       Біз кейде тәуелсіздікті «оңай алдық, дайын күйде кезіктік» деген солақай пікірлерді де естіп қаламыз. Бұл – тіптен қате байлам. Тәуелсіздік берген ең құнды, ең бағалы бір жетістік – туған тіліміздің мәртебесін көтеріп, оны Конституциямыздың 7-ші бабында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп бекем түрде бекіттік. Тілімізге теңдік тиді, қапияда жоғалған құны қайта қалпына келіп, төрге шықты, төрелікке қол жеткізіп, заңдық негізге ие болды.

      Ата Заңның айбарында мемлекеттіліктің мәртебесі мен мерейін көтеріп тұрған бұл баптың бабын таба алмай, баянын орната алмасақ, өзімізге ренжиік. Өз тілін өгейсініп, өзге тілдің ығына жығылғандардың қарасы қазіргі кезде біртіндеп азайып келеді. Бірақ ондайлар мемлекеттік қызметте әлі көптеп кездеседі. Абайлай жүріп, ақылға жүгінсек, оның да ыңғайы келіп, реті табылар. Жаңа, жас толқын келіп, тілдің мәртебесін бұдан жоғары сатыға көтерер. Әрі солай болатынына күмән келтірмейміз.

      Бір қызық парадокс: біз өз мемлекетімізде Конституцияда жазылған заңдық күші бар бапты басшылыққа алмай, қыздырманың қызыл тіліне еріп, шапқылай береміз. Іс басында, әсіресе халықтың көз алдындағы жауапты қызметте отырған қазақтардың өздері мемлекеттік тілді менсінбей, өзге тілде сөйлеуге құмар болса, оған халық та, тіл де кінәлі емес. Кінәлі – ұлттық намыстың аздығы, ерсі әрекетке еліктегіштік, ұлт дәстүріне енжарлық.

      Осы жағдайды саралай келе, он бес жылда аю да мемлекеттік тілді үйреніп алатын уақыт болды деп айтқаным бар. Бұл сөзді қазақ тілді басылымдар қанатты сөздің қатарына қосып, біраз ұшқындатты. Бірақ бұл қанатты сөзден гөрі тіл тағдырына алаңдаудың, намысты қайраудың бір жолы еді. Бұл ыңғайдағы тығырықтағы тірліктің иіні түзелер деген үміт сөзі болатын.

     Тәуелсіздікке дейін біздің көптеген аға қаламгерлеріміз, халық жазушылары мемлекеттік тілді қолдау мәселесіне барынша атсалысты, оны қорғап, күресті. Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов денсаулығы сыр беріп, қуаты қайта бастаған кездің өзінде Қазақстан Жазушылар одағының арнайы пленумында туған тіліміз туралы баяндама жасады. Сондағы біраз қаламгерлердің көркем шығармаларын оқып шығып, қазақ тілінің баяны мен байлығын қалай бағалау жөніндегі ағалық ашық сырласу сөзі әрбір қазақ баласының есінде үнемі жүрерлік тәлім болды.

      Оның «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілігінің мәселесі. Кеше болмағанның бүгін болуы мүмкін, бүгін болмағанның ертең болуы мүмкін, бірақ ана тіліне мән бермеушіліктің, оны құрметтемеудің орны толмас олқылықтарға соқтыратыны сөзсіз. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген сөзінде терең мән жатыр.

     Қазына қарияларымыз бір кезде «тыңдаушысы жоқ болса – сөз жетім» деп мақалдаған. Абайға бақсақ, «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген еді. Санаға салмақ салғанда, «сөзді ұғатын кез келді» деп айтылып жүрген пікірдің салмағы орасан зор екенін мемлекеттік қызметте жүрген замандастарымыздың, қатар жүрген әріптестеріміздің үнемі естерінде ұстағаны жөн. Әр азамат әуелі туған тілге деген құрмет пен жауапкершілікті өзінен бастауы керек. Отбасынан бастауы керек. Отбасындағы оңды тәрбие ана тілі арқылы жүзеге асса, одан әрі жас ұрпақ өмірдегі өз қажеттілігін өзі табады, адаспайды.

     Бұдан он жылдай бұрын, кезекті бір басқосудың алдында, «Ана тілі» газетінің тілшісіне арнайы сұхбат бергенмін. Сондағы негізгі әңгіме мемлекеттік тілдің бүгінгі жай-күйі, оның даму, пайдаланылу, қолдану аясын кеңейтудің жолдарын қарастыру, қабылданған заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, ең бастысы, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген берік те баянды байламды халықтың назарына ұсынып, бағыт-бағдар сілтеу болатын.

    Бізде әлі де бойымыздан арылмай келе жатқан бір жаман әдет бар. Ол әуелі бастамаға бірден үн қосып, дүркіретіп әкетеміз, сосын уақыт өте келе істің аяғын сұйылтып, тіпті әрі-беріден соң кейбір қажетті іс-шаралардың ізіне су құямыз. Азаматтың қандай екені оның бастаған ісінен ғана емес, аяқтаған ісінен көрінеді. Бұл тұрғыдан келгенде, мойнымыз жар бермей, жарты жолда солықтап, іс аяғын ақсатып кететініміз бар. Осы кемшіліктен арылу керек.

       «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзді айтқаныма да он бес жылдан асып барады. Қазақ қазақпен өзге тілде сөйлессе, жат жұрт не демейді? Он бес жыл аз уақыт емес. Не өзгерді? Қандай белеске жеттік? Ұлтымыздың жанын баурайтын сөздің мән-мазмұнын ел жүрегіне жеткізе алдық па?

       Әрине, бұдан жиырма бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, бұл бағытта көп нәрсе алға жылжыды. Ұтқанымыз да, ұққанымыз да баршылық. Өкінішке қарай, ұмытқанымыз да жетіп жатыр. Ұтылмайтын жерде ұтылып, тұтылмайтын жерде тұтылып жататынымыз да жоқ емес.

      Мемлекет дамуындағы маңызды мәселенің бірі – үш тұғырлы тіл мәселесі десек, артық айтқандық болмас. Жаһандану жағдайында жалғыз тілмен қала алмайсың. Әлемдік ақпарат, технология, жаңа инновациялық индустрия ағылшын тілінде жүріп жатыр. Демек бұл тілді де біз еркін меңгеруіміз керек. Ұлтаралық қатынас тілі – орыс тілі де ел дамуында өзіндік рөлін жоғалтқан жоқ. Оны тарихымыздан сызып тастай алмаймыз. Бұрын көп тіл білушілік мақтан болса, енді ол қажеттілікке айналды.

      Қажеттілігі сол, көп тіл білсең, көп ақпаратты игересің, өзгелердің озығы мен тозығын айырасың. Бүгінгі уақыттағы экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық пәрмені бар, қуатты дамып келе жатқан мемлекеттердің үлгі-өнегесін танисың. Бәрімен санасуға тура келеді. Оны заман айқын көрсетіп отыр. Жас ұрпақ осыны терең түсініп, жан-жақты болуы шарт. Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Досың да, әріптесің де, жолдасың да көп болады. Алайда, қандай жағдайда да туған тіліміз – қазақ тілі өз мәртебесін жоғары ұстауы тиіс. Туған тілдің туы қашанда биік болуы қажет.

     Тілдің қолданылу аясына байланысты ортаға салар бірталай жайттар да бар. Тіл дамуы үшін тілдік орта қажет. Бұл – ең бірінші шарт. Сосын тілге деген қажеттілік керек. Үшінші шарт, ана тіліңді ардақтайтын ұлттық намыс керек. Қандай заң болса да оның өмір сүру, қызмет ету аясы уақыттың құзырына тікелей тәуелді болып жатады. Мұндай жағдай тәуелсіздігін енді алған, дамудың жаңа, өзіндік жолына түскен мемлекеттердің тарихында көп кездеседі. Біздің де әп деп азаттық алған тұсымызда туындаған, қабылданған көп заңдар уақыт өте келе сапалық өзгерістерді бастан кешті. Олар жетілдірілді, толықтырылды, өзгерістерге ұшырады.

     Мемлекеттік тілдің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі оның жаңа әлеуметтік-мәдени болмысты бейнелеудегі мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігі болып отыр. Бұл бағытта нақты, нысаналы ғылыми жұмыстар, сараптамалық іс-шаралар жүргізілуі тиіс. Әлі орыс тілінің білім мен ғылым, әлеуметтік-тұрмыстық салаларда басымдығы анық байқалады.

       Заң бізге тікелей тіл үйретіп бермейді. Бірақ заң білген адам заманның қиындығынан аса абыржи қоймайды. Жағдайдың жөнін біледі. Одан шығатын жолды жаңылмай таба алады. Әрине, жұрттың бәріне заңды жатқа біл, баптарын басыңда ұста деп талап ете алмайсың. Бірақ Қазақстан заңы әрбір отандасымыздың арын арлап, барын қорғауға қызмет ете алады. Соның ішінде тіл туралы түйткілдердің өзін заңдық, құқықтық деңгейде толық реттеуге болады.

      Ана тіліміз бәрімізді өмірге әкелген ардақты анамыздың ақ сүтімен бойымызға сіңген. Іңгәлап жатқанда айтылған анамыздың бесік жырымен жүрегімізге енген. Әкеміздің жанында құлдыраңдап жүгіріп, қамшысын әкеліп, қолғанат болып жүргенде санамызға ұялаған. Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарымыздың ұлағатты сабақтарында халқымыздың қазынасын – ұлт тіліндегі әдебиетін оқығанда көкейімізге тұнған. Бозбала болып, балауса қыздарға көз сала бастаған шақта ақындардың ғашықтық жырлары арқылы жігіттік жадымызға жазылған.

       Қазақ тілінің қанық бояулары – халық әндерінде. Шіркін, біздің халық әндері, нағыз қазынамыз ғой. Біздің халықтай мыңдаған мазмұнды әні, күмбірлеген күйі бар, даласының таңғажайып үні бар халық жер бетінде некен-саяқ шығар. Кейде бір ой үстінде отырған оңаша сәттерде, алыс жолдан елді сағынып келе жатқанымда қолыма қалам алып, көкейге келген ұйқастарды қағазға түсіріп қоятыным бар. Сондай бір кезекті алыс сапардан көңіл күйім көтеріліп, жаным жадырап келе жатқанда ұшақ ішінде «Елім менің» деген өлең өмірге келді.

Арайлап таңым, асқақтап тауым,

Ән ойнап көгім, күй тартты көлім.

Қол жетті, міне, аңсаған күнге,

Жасай бер, жаса, қазағым менің!

     Осы алғашқы шумағы туғанда бастан кешкен сезімім керемет еді. Ұшақтың терезесінен елімнің байтақ даласына тебірене көз салып, жаным әндетіп тұрғандай-тын. Аңсаған күнге жеттік қой деген телегей сезім бойымды қалай шымырлатты десеңізші…

      2005 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі мемлекеттік гимнді ауыстыру туралы идеяны тиісті жауапты қызметкерлермен, белгілі музыка және көркемсөз мамандарымен ақылдаса отырып жүзеге асыруға шешім қабылдадық. Сонда композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әнінің мәтінін жаңа заманға лайықтап, оның мазмұндық тініне зиян келтірмей, лексикалық негізін қалдырып әрі тәуелсіздік талаптарын сақтай отырып, аздаған өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар болды. Бұған белгілі ақындар да, маман тілші-ғалымдар да тартылды.

       Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның талқылауына, белгілі мамандардың сараптауына сәйкес мен ұсынған қосымша мәтін жаңа уақыт талабына сай деп табылды. Бұл жерде елбасылық төрелігімді пайдаланып, ешкімге салмақ та салмадым, жақсы атақ, арзан беделге де ұмтылғаным жоқ. Мен де елімнің қатардағы қарапайым бір өкілі ретінде осынау тарихи сәтте одан қалыс қала алмадым. Ойымды тербеп, жанымды кернеп жүрген сөздердің ең көркем кестеленген түрі деп сезініп, сөзімді көп талқысына ұсындым.

     Осы мәселеге қатысқан атақты ақындар мен сөз мамандары, тіл ғалымдары мен ұсынған қосымшаны қоғамдық-саяси, идеялық-көркемдік жағынан ұтымды, орынды, Әнұранның бұрынғы желісіне толық сай келеді деп тапты. Мұны өзімнің өмірімдегі ең бір қуанышты да салтанатты әрі бақытты сәтім деп ойлаймын. Өз еліңде болып жатқан тарихи жаңалықтарға сол елдің перзенті ретінде үлес қосу, шамаң келгенше өз қолтаңбаңды қалдыру – әрбір азаматтың арманы. Ең бас­тысы, бұл – мемлекеттің мүддесі. Мемлекеттік Гимннің мәртебесі мемлекеттік тілдің де жоғары дәрежесі болып қабылданады. Туған тіліміздің асқақтығы мен абыройы да осы Гимннен анық көрінеді деп білемін.

 Дін мен дәстүр

        Дін – рухсыздық пен қанағатсыздықтың алдына қойылған ең берік қамалдардың бірі.

      Дін туралы сөз, сайып келгенде, адамның жан дүниесінің тазалығы мен адамгершілігі туралы сөз. Дін – адамның өмір сүру шартының қалыптасқан қағидаттары әрі адамзат дамуының құбыланамасы.

      Діни наным-сенім адамзатпен бірге пайда болған. Адамның табиғат тылсымдары мен жұмбақтарын қабылдау кезіндегі алғашқы іс-әрекеттері оның танымын туғызды. Діннің қайнар көзі сол бағзы замандардан  бас­тау алып, уақыт өте келе ол әртүрлі ағым, сан-салалы сенім сүрлеуі ретінде қалыптаса бастады. Дінді зерделеу, оны түсіну бағытындағы бастапқы ізденістер алғашқы қауымдық құрылыс кезінде қалыптаса бастағаны даусыз. Біздің заманымызда ол орасан зор ғылыми-әлеуметтік нысанға, философиялық категорияға айналып, есепсіз ғылыми еңбектер мен сан жетпес сараптау-пайымдаулар жарияланып жатыр.

       Жалпы, шариғат туралы қазір бірнеше ағым бар сыңайлы. Солардың бірі – құдайсыздық пікірін ұстанатындар. Екіншісі, ислам дініне таза ұлтшылдық тұрғысынан қарайтындар. Енді біреулері – ислам дінінің негіздерін халықшыл-мемлекетшіл тұрғыдан терең түсініп, оның қадірін білетіндер. Осы үш бағытта да үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр.

      Қазір алғашқы екі бағыттың ішінде діни ағымдарды дәріптейтіндер, ол турасында өте жиі жазып, тынбастан қызмет жасап жүргендер көп. Бұлардың кітаптары мен жинақтарын оқып алған діни сауаты әлі кемшін адам негізгі дін осы екен деп ойлайды. Содан қателікке ұрынады. Өйткені, діни сауаттың аздығы, діни орындардың таза дінді жалған діннен ажырату бағытындағы дәрменсіз жұмыстары осындай жағдай туғызып отыр.

       Ислам дінін, ондай елдердегі тұрғындар толық хабары болмағандықтан, құбыжық дін, зорлық-зомбылықты ұстанатын ағым деп қабылдайды. Сырттан таңылған насихат та соны уағыздауда. Араб әлемін айтпай-ақ қоялық, өзіміз білетін дерекке жүгінсек, ислам діні туралы: тарихы мен философиясы, құқығы мен экономикасы,  өркениеті мен  өнері, мәдениеті мен  әдебиеті деген тақырыптық-танымдық әрі ғылыми-сараптамалық еңбектер әлі жан-жақты талданып, жарық көрген жоқ. Біз Аллаға құлшылықтың жалпы бастауыш канондары негізінде жүріп жатырмыз. Халықтың ислам діні туралы білім-түсінігі әлі алғашқы кезеңде қабылданғаннан көп аса қойған жоқ. Діни сезімнің балаңдығы күнделікті өмірде әркез бой көрсетіп жатады.

      Халықтың діни санасы берік, көзқарасы тұрақты әрі сенімді болған жағдайда, оның ынтымағы мен бірлігі, өз елінің бүгіні мен ертеңіне деген сенімі берік бола түсіп, бір мақсатқа жұмылудың негізгі ұстанымы қалыптасады. Біз халықтар достығын дамудың алғышарты ретінде ұстанып келеміз. Бұл да – берік тұжырым. Енді осыны діни наным-сенімдер тұрғысынан бекіте түссек, халықтың патриоттық сезімі жалаң ұраннан гөрі жалынды рухқа айналар еді.

     Келешектен күдер үзбеу сияқты өткендегінің бәрін бірдей өзекке тебуге де болмайды. Ислам дініне дейін де осынау байтақ далада имани ниет пен адамгершілік ізгі қарым-қатынастар болған. Ежелгі Ғұн патшалығынан бермен қарай еліміз көк Тәңіріне табынып өмір сүрді. Мұның дәстүрлі элементтері халқымыздың өмірінде әлі де бар.

     Нанымымыздағы табиғатқа деген құрметті көзқарас, күн мен айды қасиет тұту біздің ата-баба дініміздің тарихи көрінісі ретінде әлі күнге халқымызбен бірге жасап келеді. Біз бұл наным-сенімдерді өз өмірімізден сызып тастай алмаймыз. Қисындық және өміршеңдік жағынан оның қазақ баласын жақсылыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеудегі рөлі өзінің рухани күшін жойған жоқ. Рухани тазалығымызды сақтаудағы тәңірлік түсініктерді әлі де ізгі діннің амалдары ретінде тұтынудамыз.

     Бұл жағынан келгенде, ислам дінінің негізгі қағидаттары мен ұстанымдары біздің бабаларымыз ұстанған наным-сенімдермен ұштасып жатады. Сонымен қатар ислам дініндегі қонақжайлық, меймандостық, кемтар мен кедейге көмек қолын созушылық,  бауырмалдық секілді жақсы әдеттерді өзгелерге өнеге ретінде айтып жеткізу жағы да үндес келеді. Әрі олардың мұсылмандық қағидаттармен сәйкес келетіндігінің өзі керемет емес пе?! Менің білуімде, Мұхаммед Пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде Құран сүрелері мен аяттарында нақты амалы айтылмаған мәселені ұлттық дәстүрлерден іздеген жөн дегенге саятын ұғым да бар. Демек, аруақты құрметтеу, бейіт басына барып дұға бағыштаудың, Наурызды қуана қарсы алып, жаңа туған аймен амандасудың дін алдында ешқандай да айыбы жоқ. Бұлардың қай-қайсысы да Алла тағаланың өзі жаратқан игіліктеріне жасалатын дәстүрлі құрмет қана.

       Данышпан Абайдың «Құдайшылық – жүректе. Қалпыңды таза сақта» деуі де содан.

    Бұл мәселені де біздің дінбасылар мен осы саламен айналысып жүрген теолог мамандарымыз дендеп ашып, дәйектеп, деректеп беруі қажет.

    Көне тарихи ислам дінінің өркениеттік, гуманистік қалыптарын жан-жақты білмегендіктен, оны тек күш көрсету, зорлық жасау діні деп түсінушілік ерте заманнан бар екенін  айтады. Бұл – білместік салдары. Бұған біз өре түрегеліп дау айтпай, қайта байыпты, тарихи, ғылыми тұрғыдан дәлел келтіріп, парасатты деңгейде түсінік беруіміз керек. Мұндай жаңсақтық қазіргідей терроризм мен экстремизм секілді жаңа ғасырдың жойқын індеттері өршіп тұрған кезде тіптен қауіпті.

       Ислам діні ешқандай да құбыжық дін емес. Бұл пікірді кез келген мұсылман баласы қандай жерде, қандай жағдайда болмасын, айтып, түсіндіруі керек. Бұл – имандылық парызы.

       Өз дініңді қорғап, оған дәлелсіз келтірген зиянды түсінікпен қайтару мақсатында игі әрекет жасасаң, бұл – үлкен сауап. Бір адам бір мұсылманды өлтірсе, ол жер бетіндегі барлық мұсылманды өлтіргенге тең деген қағидатты Құран айтады. Сол секілді ислам дінінің ізгі жағы мен игі қасиеттерін айтқан әрбір мұсылман барлық мұсылманға тиесілі сауапты алады. Біз осы пікірді үнемі назарымызда, жүрегімізде ұстауымыз керек. Бірақ бұл ислам діні басқа діндерден жоғары тұрады деген біржақты көзқарасты білдірмейді. Алайда, біздің дінімізге беріліп жатқан жосықсыз баға мен жөнсіз ойларды ауыздықтау үшін әрбір мұсылман бұларды білуі қажет.

       Қазір исламдағы екінің бірі білмей айтып жүрген мәселе: жиһад туралы мәселе. Жиһад – ислам дінінде айтылатын ұғым екені рас. Бірақ мұның аясын тек қана лаңкестікпен шектейтін болсақ, қатты қателесеміз. Оның қазақша ұғымы белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін күш-қайрат жұмсау, ынта-жігер таныту, мақсат үшін күресу деген мағынаны білдіреді. Бұл сөзді  қазір қару алып соғысу, өзін құрбандыққа шалу мағынасында қолданып жүр. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде кездеседі. Соның төртеуінде ғана «соғыс» ұғымында қолданылған. Көп адам өзін мұсылман санағанмен, Құранның жалпы мән-мазмұнымен де толықтай таныс емес. Сондықтан шолақ түсінік шала ұғымды туғызады.

      Діни ғұламалардың еңбектерінде ол сөз Алланы танудың жолындағы сапар, ұмтылыс ретінде беріледі. Осы мағына шындыққа жақын. Кеңінен тұжырымдағанда оның мағынасы адамның өзімен күресі, өз бойындағы жағымсыз әрекеттерді жою, надандықпен майданы, тұрмыстың жақсаруы жолындағы ерік-жігер, сананың сілкінуі секілді қасиеттер болса керек. Шариғатта ол сөз Жаратушының шапағатын сезіну деп те қолданылады. Иман заңдылықтарын зерттеушілер «жиһад» мәжбүрлік жағдайдан да болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Міне, осы жағдай келе-келе қит етсе, қару алып соғысып, жазықсыз жандардың қанын төгіп, ауыр күнә арқалаудың сипатына айналды. Біз мұндай түсінікті қылмыс әрі күнә деп есептейміз. Демек, бұл тұрғыда надандыққа қарсы әрекет жасағанымыз абзал.

     Кеңестік кезеңдегі қызыл террордың халықтарды қуғын-сүргінге ұшыратудағы зорлық-зомбылығын өз өміріндегі тұрмыстық тауқыметтермен бірге бөліскен қазақ халқының сол кездегі жан дүниесіндегі үнсіз қарсылығы болады. Қазақтардың босып келген халықтарды паналатуы мен адамгершілік қолын созуы сол нәубетке іштей қарсылық болған шығар? Қара күшке қарсы қарапайым ақыл-парасатты қолдану – ұлы күрес, имани майдан. Демек, біздің халқымыз – зайырлы жиһадтың үздік үлгісін көрсеткен жұрт. Бұл біздің бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік мақтан, өмірлік өнеге болса керек.

      Исламдағы сол әдемі әдіпті қазір дін бұзарлар мен бас бұзарлар мүлдем теріс қолданып жүр. Жиһад – адамды өлтірудің амалы емес, дұшпандық жағдайларда да жол табудың қиянаттан тыс әрекеті болуы тиіс. «Жеке адамның жиһады» деген ұғымның өзі тым шартты. Бір ел немесе мемлекет ресми түрде екінші бір елге соғыс жариялағанда болатын ерекше іс-әрекетті соған жатқызуға болатын шығар, ал жеке адамның озбырлығы болмаса адам өлтіру әрекеті шариғатқа сай келмейді. Әлемдік лаңкестік өрши түскен қазіргі жағдайда ұжымдық ұрысқа шықтық деп жүрген озбыр тобырдың тағылық әрекетін ешбір діннің заңдылықтарымен ақтап алуға болмайды.

       Кейінгі кездерде сырттан енген сан түрлі ағымдардың ауанымен бас-көзге қарамай елді, жұрт мүддесіне қызмет етіп жүрген жеке азаматтарды айыптау, тіпті тұқырта есе қайтару сияқты келеңсіз әрекеттер бой көрсетіп қалып жүр. «Жаманды жасыр, жақсыны асыр» демей-ақ қояйық, бірақ көпке күл шашуға болмайды ғой. Жауырды жаба тоқудың да қажеті жоқ. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегенді де естен шығармау керек. Яғни, айтылған сын-ескертпе салиқалы болып, оның қоғам дамуына септігі тигені жөн. Ал көлгірсіген сын-сымақ көлденең көк аттының аужайында адасып, солардың ұпайын түгендеп жатса, ол – барып тұрған қылмыс. Соны ойдан шығармау керек.

       Содан кейін, демократия деген тек қана құқықтар емес, сонымен бірге айтарлықтай міндеттер жүктейтінін де ұмытуға болмайды. Ендеше, әркім ағат басқан арандату әрекеті үшін жауап беруге тиіс. Игілікті іс қана ізгілікті мұратқа жеткізбек. Мемлекет маған көмек көрсетпеді деп кінәлаудан бұрын, «мен қоғамға қандай қолдау көрсеттім?» дегенді ой елегінен өткізіп алудың да артықтығы жоқ.

     Осындайда әлемдік деңгейдегі әйгілі ақындардың бірі А.С.Пушкиннің: «Мен өз Отанымды, жеме-жемге келгенде, жерден алып, жерге салуым мүмкін. Бірақ оны бөгде ешкімнің тілдеуіне ешқашан да жол бере алмаймын!», дегені еріксіз еске оралады. Ал оралатын себебі, жат жұрттықтар кінә тағып, күндейтін емес, таңданып, мүлтіксіз мойындайтын ел болсақ екен деген арман ұлттың имани ізгі қасиеттерін көрсетудің үлгі-тұғыры болуы шарт.

     Осыларды сонау Сирияда содырлардың сойылын соғып, тек өзі ғана емес, бүкіл отбасын құрбандыққа шалып жүрген, жер-жерлерде қолдарына қару алып, ел аман, жұрт тынышта мойындарына қан жүктеп жүрген, еңбек етпей-ақ жақсы тұрмыс кешкісі келіп, қылмысқа барып, адасып жүрген жансебіл жастар ұқса игі еді. Оларды тек телеарналар мен интернеттен, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарынан құйылып жатқан әсіре мәнсіз мәліметтер тәрбиелемесе екен. Тепсе темір үзетін жігіттің қолына қандыауыз қару алып, оқ жаудыруы, сөйтіп, қоғам тыныштығын бұзуы кімге қажет? Бейкүнә жандарды жер жастандырып, ананы жесір, баланы жетім атандырғанда олар не опа таппақ? Өзінің адамгершілікке, имандылыққа жат қылығымен, жантүршігерлік жауыздығымен ондаған отбасының шаңырағын ортасына түсіре ойрандап, қайғыдан қан жұтқызған пенденің күнәсін Құдай қалай кешіреді?!

     Мұндай жағдайлардың алдын алудың қандай алғышарттары бар және жастар арасындағы жұмысты жетілдіре жүргізудің қандай тиімді тетіктері бар деген сұрақтар кім-кімді де толғандыратыны сөзсіз. Бұл тұрғыдағы іс-шаралар мен оның мемлекеттік идеологиясымен еліміз жан-жақты әрі тұрақты түрде айналысатын болады. Әйтсе де, кәмелетке толған әрбір азамат өзінің кез келген әрекетін ойланып істеуі, қоғамдық тәртіп нормаларына бұқпантайсыз бағынуы тиіс. Ешкімнің де обал мен сауапты, заңдылық пен адамгершілікті ұмытып, нақақ көздің жасынан өз жағдайын жақсартуға құқы жоқ!

    Қазақстан тәуелсіздік жылдарында бес рет әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съездерін өткізді. Мұндағы мақсатымыз, ең алдымен, қазіргі өзгермелі әлемдегі түрленіп жатқан адам пиғылын ізгілендіру болатын. Ол үшін классикалық діни ағымдардың бірлігі мен ынтымағын қалыптастырып, адамзаттың ортақ құндылықтары негізінде бір арнаға жұмылдыруды мақсат тұттық. Бұл тұрғыда атқарылған жұмыстарды біз адамзат өмірін жақсы жағынан түзеуге бағытталған адами іс-әрекетке қосқан Қазақстан халқының үлесі деп бағалаймыз. Зор да сауапты іс атқардық деп мақтанбай-ақ қоялық, бірақ діндер арасындағы дипломатияның тілі ізгілік пен имандылық екенін түсіндіруге барынша әрекет жасадық.

     Қазақстан – өзінің Ата Заңында ашық жазғанындай, зайырлы мемлекет. Дін мен мемлекет бір-бірінен тәуелсіз. Бірақ қандай дін болмасын, ол сол аймақтағы мемлекет дамуына өзінің теріс әсерін тигізетін болса, біз бұған жол бере алмаймыз. Біз үшін мемлекеттің тұрақтылығы, тыныштығы, береке-бірлігі – ең басты құндылық. Қай діннің де ізгі де игі қасиеттерін пайдалана отырып, халықтың бейбіт өмірі мен қалыпты тұрмыс-тіршілігі үшін ортақ мәміле жолында жүйелі жұмыстар жүргіземіз. Бұл міндетті орындауға тек биліктің күшін ғана емес, ақылдың ісін, парасаттың пайымын пайдаланамыз.

      Біз 2015 жылдың қарашасында Парижде болған, 2016 жылғы шілдеде Ниццедегі, сонымен қатар әлемнің әр шалғайында жиі қайталанып жатқан террорлық қантөгісті оқиғаларды дер кезінде батыл айыптай отырып, әлемдік лаңкестік пен терроршылдыққа қарсы күресте бітіспес қағидат ұстанатынымызды ресми түрде мәлімдейміз. Бұл жекелеген қаскөй жандардың жауыздық әрі надандық әрекеті деп түсінеміз. Сол кездің өзінде, ашық айтқанымыздай, бұл жерде исламның еш кінәсі жоқ. Исламда мұндай жосықсыз әрекеттерге бару ең ауыр күнә деп саналатынын әрқашан атап айтудамыз. Қазақстан бұл тұрғыдағы өзінің ұстанымын қашанда білдіріп келеді. Қазақстан – террорлық теріс әрекеттердің кез келгеніне уақтылы әрі тайсалмастан қарсы тұратын мемлекет.

       Бала жастан әке-шешеден көрген тәрбиеміз бар, алған тәліміміз бар, біздегі түсінік ислам дінінің негізгі шарттары мен қағидаттарына толық сай келеді. Қай дін болсын, оның қай-қайсысында да адамға арналған игі қасиеттер анық жазылған. Бір діннің екінші діннен басымдығы жоқ. Бірақ дінаралық келіспеушілікті қоздыратын дінсіздер, өзінің жеке басының мақсат-мүддесін көздеген көрсоқыр жандар діннің атын жамылып, зорлық-зомбылық жасап, күпірлікке барады. Жалғандық секілді жағымсыз әрекеттерді ақтап алуға тырысады. Бұл әдет қазіргі лаңкестік дерті өршіген тұста тіптен ушыға түсті. Халықаралық терроризм термині сөздік қорға түпкілікті кірген кезде оған қарсы жеке мемлекеттің қауқарсыздығы да анық көрініп отыр.

        Жалпы, қандай да бір бастаманың мәні мен мақсаты ізгілік пен игілікті көздесе, оны түсінбейтін адам, тыңдамайтын құлақ болмайды. Әлем  тарихында дәстүрлі діндердің басшылары бір жерде отырып, бір жеңнен қол шығарып, діннің адамзат өркениетіндегі гуманистік қызметін қайтадан жаңғырту, дінаралық араздықты жою, дінаралық үнқатысуды бүкіл адамзатқа пайдалы пікірлестер алаңына айналдыру тұрғысында ұжымдық ұлағат таныту – бұрын болмаған тарихи оқиға.

       Біздің халқымыз ежелден ізгілік пен адамгершілікті бойына сіңірген, жақсылық пен бауырмалдық сезімін жоғары қойған. Ешкімнің ала жібін аттамаудың қағидатын бала жастан жадына сіңірген, ата-бабаның ұлы тәлім-тәрбиесін ұрпағына аманаттап, салт-дәстүрдің озық үлгісін ұстанған халық. Қазақтың бала тәрбиесіне байланысты айтылған сөздері мен ырым-ниеттерін қарап отырсақ, мұнда тек жақсылық пен ізгілікке тәрбиелеу ғана бар. Терең адамгершілік, байыпты имани қасиет, кімге де болсын, адами қамқорлықпен қарау халықтық қағидалардан бастау алып, ғасырлар бойы ұлтымыздың ұғымы  болып жалғасып отырды.

       Мүмкін, біз осынау алып аймақта, ата-бабаның бізге қалдырған ұлан-ғайыр жерінде өз тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, тыныштықта бақытты ғұмыр кешіп жатсақ, сол жақсылықтардың қайтарымы, Алланың бізге берген ризашылығы мен мархабаты шығар. «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деп өскен халықтың баласымыз. Осы дәстүрді ұстана берсек, кең болсақ, кем болмаймыз.

      Әлем күн сайын құбылып жатыр. Күш көрсету көбейіп, зорлық-зомбылықтың қара ниеті қатыгез сипат ала бастады. Діни экстремизм деген дерт шықты. Лаңкестіктің жазықсыз жандарды құрбан етуі кезекті бір қызықты оқиға ретінде қабылдана бастады. Ең алаңдатарлығы, әлем бұған елеңдеп, бұл неге бұлай болады деп қатал сауал қоймай, әр ел өзіміз ғана аман болайық деген тоңтеріс саясат ұстана бастады.

       Терроризм – әлемдік дерт. Бұл зауалға қарсы адамзат баласы, барлық мемлекеттер мақсатты түрде күш біріктіріп, қарсы тұрмаса, жағдай жыл өткен сайын, тіпті ай өткен сайын ушығып, дүние өрт құшағына айнала береді. Қайғының бұлтын жамылып, қарақан басыңның қамымен бүркеніп ғұмыр кешетін бейтарап саясат енді орынды амал, орайлы іс-әрекет бола алмайды. Әлемдік тажалға бара-бар  қарсылық, дін тілімен айтқанда, зұлымдыққа қарсы зайырлы жиһад қажет.

     Қазір өркениеттер қақтығысында ислам фунда­ментализмі туралы алыпқашпа сөз көп. Адамзат исламнан үрейлене бастады. Бұрын «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуші еді, енді Құдайдан қорқатындардан қорқу басталды. Бұл – кереғарлық. Лаңкестерде ұлт, дін болмайды. Олар дін атын жамылады, бірақ жүректерінде имани қасиеттер жоқ. Бары – сөнген. Жүректегі ізгілік сөнген кезде өшпенділік бас көтереді. Өшпенділіктің өктем күші имани құндылықтарды қиратып, адам сана­сын теріс әрекеттер тұйығына әкеліп тірейді. Тұйық­тан шығудың жолы – имани тұрақтылық, діни салауаттылық.

     2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін жаңа дәуір бас­талды деген ұғым пайда болды. Шынымен солай ма? Бұған кең ауқымда қарау керек. Қазір діни әрекеттен де сорақы жағдайлар болып жатыр. Гендік инженерия, адамды клондау, бактериологиялық, химиялық жойқын қарулар секілді адамзаттың жер бетіндегі тірлігіне аса қауіп төндіретін имансыз жағдайлар ғылымның жетістігі деп бағаланып, осыдан шаш етектен пайда тауып жатқандар көп. Құранда бұлардың бәрі күпірлік, күнә деп саналады. Алла құдіретіне шек келтірудің орынсыз көрінісі де осы болар. Адам адамға дос деген ұлы қағиданы ұстану – Аллаға мәңгілік мадақ айтудың айрықша көрінісі.

      Американы абыржытып, дүниені шулатқан қыркүйек­тің қанды оқиғасы бұрынғы діни фундаментализм деген терминді ислам фундаментализмі деген ұғымға ауыс­тырды. Тарихқа жүгінсек, фундаментализм ислам­ға ғана емес, католикке де, христиандыққа да қатысты. Орта ғасырлардағы Еуропа тарихын еске алсақ, не­бір сұмдық жағдайлар бой көрсетіп шыға келеді. Сол кездегі діни соғыстар адам санасында жүрді. Араб әле­мін, Иранды нағыз ислам фундаментализмі деп қабыл­дау үрдісі кейде шындық шекарасынан асып кетіп жат­ты. Өйткені, жалғызкіндікті әлем бақылаудан шығып барады.

      Әлемдік дәстүрлі діндердің, жалпы діни ағымдардың канондары ұқсас. Олар – өлтірме, өтірік айтпа, нәпсіңді тый, адамға жақсылық жаса. Көктен түскен төрт кітаптың да негізгі ұстанымдары осы. Олар заманына қарай бір-бірін толықтырып, дамып отырған. Бұл асыл жинақтардың негізгі шарттары, тұжырымдары, жалпы идеясы, діни уағыздары бірін-бірі толықтыра отырып, Ұлы Жаратушының ұлық пәрменімен соңғы кітаптың – қасиетті Құран Кәрімнің түсуіне жол ашты. Айқын нәрсе – дін адамзаттың имани қасиеттерінің шапағатты шындыққа бейімделген тұжырымдамасы.

      Осы орайда және бір айта кететін мәселе де бар. Қазіргі жастар имани шапағатты қасиеттерді қалай түсініп, қандай деңгейде қабылдайды? Қазір елімізде мешіттер көбейді. Сонымен бірге, мешітке баратын, намазға жығылған жастарымыз да молайды. Ислам дінінің сан тарау сүрлеулері бар. Оның бәрін ақылмен таңдамай, жүрекпен талғамай қабылдай беру де бой көрсетіп жатыр. Алла да, иман да – жүректе. Ең алдымен, жастар жүрегін таза ұстауы қажет. Әрине, жас кезде еліктеу басым болады. Бірақ жат діни ағымға еліктеу, елігу қауіпті екенін ұмытпаған жөн.

       Ата-баба дәстүрін әлдебір жат ағымға мансұқ етіп, діни теріс ағымның байыбына бойламай, өз ұстанған бағытын дұрыс деп қабылдайтындар  пайда болды. Көпке топырақ шашып, көкіректерін теріс пиғыл-ниетке жүгіндірген жастардың рухани-имани көздерін ашу  – бәріміздің, соның ішінде осы салаға тікелей жауапты жандардың абзал борышы. Адасқанды дұрыс жолға салу, күмәндіні ақиқаттың арнасына бағыттау тұрғысында біз атқарар жұмыстар қазір орасан зор. Бұл – әрі парыз, әрі міндет, әрі сауап.

      Кейбір жастарымыз жиһадтың негізгі шарттарын білмегендіктен арам ойлы топтардың ықпалына еріп, отбасынан безіп, тіпті ата-анасынан бойларын аулақ салып, лаңкестік немесе содырлық әрекеттерге баратын жерлерден табылып, жаңылуда. Араб әлемінде болып жатқан қанды оқиғаларды дұрыс деп санап, сондай жанкешті әрекеттерді шариғатпен ақтап алуға тырысушылық діннің адамгершіл қағидаттарымен мүлдем қабыспайды.

       Діни мейрамдарда, құрбан айт, ораза айт, Қадір түнінде мешітке келетін халықтың қарасы қазір өте көп. Бұл – жақсылық. Бұл – имандылық. Намазға жығылған жастарды қарап тұрсаңыз, олардың да ұстанған діни наным-сенімдері әркелкі екенін байқауға болады. Жастарға айтарымыз: өз дініңді қадір тұт, өгей дінге бас ұрма. Алла – адал ниетте, жүрегіңді таза ұста. Ізгілікті қайырымдылықпен ұштастыр, игілікті еліңе жаса. Топшыл болма, көпшіл бол, халқыңды қадірле, жұртыңның салт-дәстүрін құрметте. Дін – ғылым, жан дүние жарасымын табиғатпен үйлестір. Ғылымның ғибратты жолын таңда, біліміңді жақсылыққа пайдалан. Заманның болмысын аңда, тойшыл болма, ойшыл бол.

       Ұрпаққа деген алғаусыз мейірім мен ыстық ықылас бізге күн сайын ғана емес, сағат сайын қажет. Ол үшін адамгершілік қасиеттерді әуелі өз бойымызға жинақтап, содан соң сол имани қасиеттерді періште пейіл перзенттеріміздің санасына сіңіруге тиіспіз. Сонда ғана жас жеткіншек қайсібір қарабайыр қателіктерден ада боп, қатыгездіктен алыс жүрер еді. Тек сондай ұрпақ қана обал мен сауапты санасында салмақтай алмақ.

       Бұлардың барлығы да білгенге – маржан, білмеске – арзан. Арзанды қымбатқа айналдыратын – ақыл мен парасат. Жаратушы бізді ақыл мен парасаттан айырмасын. Сонда ғана досқа күлкі, дұшпанға таба болмаймыз.

        https://egemen.kz/2016/11/05/71783

толығырақ

dlya-rubriki-knigi-2

       Біз – тығырықты тар заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын Атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің біріміз.

     Тәуелсіздік тізгіні қолға тиді. Бұл күнді Қазақстанда ғұмыр кешіп жатқан халқымыз ғана емес, қиырда жүрген, екі көзі боталап, туған елге алыстан жанының жанарын салған қандас бауырларымыз да аңсай күткен. Тірлікті тарының қауызына сыйғызып жіберген кеңестік идеология жоқ, қабағын түйген компартия құлаған, өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде ең алдымен ойлағанымыз – шет елдерде жүрген ағайынды елге оралтып қуанту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру болатын.

       Аналарымыз алысқа кеткен туған-туыстарын іс тігіп отырғанда, жұмыс жасап жатқанда сыңсып салған әнімен еске алып, көз жастарын бір сығып алушы еді. Балаң кезімде оның себебін сұрағанымда: «балам, ержетерсің, сонда білерсің мұның мәнісін» деп сөз аяғын жұмбақтап жіберетін. Бірақ бала кезгі адам жады мықты болады ғой. Кейін, есейе келе мұның мәнін де, көз жа