Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Отандастар

Басты бет | Отандастар | МІНЕЗ туралы миниатюралар

%d0%b6%d0%b0%d0%ba%d0%b0%d1%83

Жақау ДәуренбековҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы

1.

Мінез дегеннен шығады.

Кейде ойға алып, қарасақ, қаламгерлер мен өнер адамдарының мінезі бір-біріне ұқсамайтын әлем екен. Елең қылмаймыз көбіне. Елең еткізетіні де бар.

Асылы, барды бағалай білу, айта жүру де абзал.

 

2.

Бірде (бұл сонау сексенінші жылдар) үкілі сатиригіміз Үкең (Уайдин) өзіне-өзі ренжіп отыр.

— Біздің тиіп-қашып мінеп жүрген кемшілігіміз әншейін екен-ау, – дейді алдындағы  айқара  ашулы газетке ине іздегендей оқтын-оқтын үңіле түсіп.

— Не болды, Үке? – десем:

— Мына  «Казправдада» шыққан  «Антиподы» деген материалды оқып шықтым. Масқара! Не деген алаяқ­тық, не деген бетімен кету­шілік. Сатириктер осындай өмірдің небір сорақы фактілерін  тіліп түсіп, әшкерелеп жатсақ қой… Жазып жүргеніміз әншейін әзіл-қалжың, мыжыма. Өзіме-өзім қарным ашып отырғаны, – деді Үкең.

— Баяғыда бір дорба астық үшін алты жылға сотталған адамды білем, – деп әңгімеге  соғыс ардагері Керекең қосылды (К.Боранбаев, бас­редактордың орынбасары), –  соғыс кезінде де тәртіп күшті еді. Ал мына­ларың милиондаған сом, алтынмен айналысады екен. Соған қарамастан жазалары тым жеңіл ме деп қалдым. Материалды оқып шыққаннан кейін көңілім толмады қорытындысына. Осылай да бола ма екен? Обырлығы былай тұрсын, бәрімізді мазақ қып, қоғамымызды көзіне ілмей отырған жоқ па?

— Иә, солай…Дегенмен, әлде де елдің отклигі түседі деп ойлаймын, – деді Үкең.

— Мақала дұрыс жазылған екен. Осындай фактілерді ашып көрсетіп тұрған  әбден дұрыс.

— Әрине ғой,  – деп Үкең басын шайқаумен болды.

Үкеңнің ұйғарымы ұғынықты.

Ұдайы жайлы мінезінен жаз­байды.

%d0%bc%d0%b8%d0%bd%d0%b5%d0%b7

3.

Осекең (Әубәкіров) баспаға сирек келеді. Бүгін баспалдақта ұшыраса кеттік

— Айналайын, амансың ба?

Осекең биязы адам, даусы да құмығыңқы, жұмсақ. Ашық ақта­рыла сөйлейді.

— Анадағы не болды?

«Қазақстан өнеріне» берген сықақ өлеңін айтып тұр.

– Беріледі, сізді бермегенде…

– Қашан?

– Ой, Осеке, құйттай өлеңіңізді әлі ұмытпапсыз-ау?

– Оу, өлеңімді ұмытып  жын­дымын ба?

– Шығады жақында,Осеке!

– Е, бәсе, шығуы керек. Оспанхан Әубәкіровтің бір өлеңі нашар екен деген біреу болса айт.

– Қайтесіз? – деймін қуланып.

– Қайтушы ем, сабаймын!

Осекең күліп тұр. Онысы жара­сып тұр.

Бұл да Осекеңе жарасатын мінез.

Жайсаң мінез.

4.

— Тыңдашы, ән жаздым, – деді композитор Жоламан Тұрсынбаев, – Жарасқанның сөзіне. Аты — «Арал­дың жағалауын жағаладым».

Фортепианоның клавиштерінен шыққан сазға Жоламанның  қоңыр даусы қосылды. Ән әуен бала­панша қанат қақты. Мұқият тыңда­дым. Теңіз жайлы ғой. Арал жайлы ғой. Әуеннен  теңіз толқынының шуы­лын, шағаланың шаңқылын іздедім.

– Қалай? – деді.

– Шағаланың ұшуына бөлме тарлық етіп тұрған сияқты…

– Бибігүл апай орындайтын болды.

– Сәт сапар, Жарасқанға ұнады ма?

– Ұнады! – деді композитор.

Ақын мен композитор мінездері ұқсағанда әсем ән туады-ау деп ойладым.

5.

Екінші қайтара «Дәнді» оқып шықтым. Автордың  сыйға тартып берген кітабы еді. Қолтаңбасы: «Ле­ниншіл жастағы» жітіттерге «Ленин­шіл жастың»1962 — 1965 жылдардағы тың өлкесіндегі тілшісінен. Р/S. Кітапқа енген негізгі дүниелер әуелі «Лениншіл жаста» басылған. Рымғали Нұрғалиев, 17*ХІ*77 жыл.

Автор — сүйікті ұстазымыз. Кітаптың аты – «Дән».  Үш бөлімге бөлінген: Жігер, Алау, Серпін. Әрқай­­сысы  18-19-11 новелладан тұрады. Деректі, репортаждық бояуы басым,кейбіреуі көркем әңгіме дерлік,  кейбіреуі табиғаттың, өмір­дің қаз-қалпында берілген мөлтек суреті дерлік…ең бастысы уа­қыттың рухы есіп тұр.Тың аласа­пыраны, романтикасы, алпысыншы жылдар жастарының қарапайым өмірі, арманшыл жастардың жүрегі лүп-лүп соғады…Рымғали ағамыздың жастар газетінің көрігін қыздырған, шапшаң-жедел,бәрін ыстық күйінде жазатын мінезді журналист болға­нын сол кезде-ақ танытқанын көре­міз «Дәннен».

Шіркін, журналистің бәрі өзінің тілшілік тіршілігінен осындай ДӘН қалдыра білсе ғой….

6.

Жазушы Қалмұқан  Исабаевтың арнайы курста  оқып, жаз бойында тың өлкесіне барып комбайншы болғанын білуші едік. Онысы «Қазақ әдебиеті» газетінде жазылған еді. Елең еткізген мінез еді кезінде. Әдеби қа­уым қызық әңгімеге арқау етіп айтып жүруші еді. Біздің Үкең де сондай бір ойға бекініпті.

— Кешеден бері маргарин зауы­тында жұмысшы болып істеп жүр­мін, мынау пропускім, – деп қызыл книжкесін көрсетті.

— Бірдеме жазып жатыр едім, соған бола…Көзіммен көріп, арқам­мен атқару қажет боп тұр, – деп қояды.

Бұрын Үкеңнің айлығына  қап­шық-қапшық ойыншықтар сатып алып, балалар бақшасына тегін тара­тып жүретінін білуші едім. Енді мынаусы Қалекеңнен асып түспесе кем бола қоймас….Енді артын күтейік.

Жазушы мінезі қызық қой.  Ойла­­маған жерден, ойламаған тұстан көріне береді.

7.

Алматыға жазушылар жиналды. Тың игерудің отыз жылдығына арналған Бүкілодақтық конферен­циясына. Тақырып:  «Тыңдағы бүкілхалықтық ерлік, КСРО Азық- түлік программасын жүзеге асыру және қазіргі әдебиетіміз».

Олжас Сүлейменов баяндама­сынан  есте қалғаны: «Көп жылдар­дың тәжірибесімен тың игерушілер жерді онша терең жыртпау қажет екендігін, мұның өзі оны эрозиядан сақтайтындығын дәлелдеп берді. Бірақ,  «социалистік село тақыры­бы» деп аталатын біздің әдебиетіміз мейлінше тереңірек жыртуды талап етеді», – деді.

Арқалы ақынның  астарлы сөзі.

Мінез де көрініп тұр ғой.

8.

Кеше (9*10*1984 ж.) драма театрда Жазушылар одағының құрылғанына елу жыл толуына арналған салтанатты пленум болды. Димаш Ахметұлы Қонаевтың өзі бастаған бюро мүшелері қатысты. Баяндама жасаған Олжас Сүлей­менов. Соңынан «Отырар сазы» өнер көрсетті. Нұрғиса Тілендиев домбы­расы сахнаны  сұлу сазға бөледі,  Сарыарқаның самалын естіріп, Алатауды асқақтатты.

Есте қатты әсер қалдырған Димаш Ахметұлының екі ақсақалды Ғабеңді бастатып, Ғабиденді шынта­ғынан сыпайы сүйемелдеп сахнаға шығаруы болды.

Жарасымды құрмет, бекзат бейіл, мінсіз мәдениеттілік емес пе?

9.

«Лениншіл жастың»  кезекті санындағы «Қаламгер келбеті» айда­рымен  жарияланған «Өз тақыры­быңыз болсын десеңіз» атты мақа­лада (авторы — Б.Ибраимов) Орал­хан былай депті: «Мені әдебиетке әкел­ген — журналистика. Ауылда жү­ріп­ жазған материалдарым «Ле­нин­­шіл жаста»  үзбей жарияланып тұр­­ды…» десе, енді бір жерінде: «Егермен өзің оқыдым деп отырған (Б.Ибраги­мовқа айтып отыр) көптеген сурет­теме, очерктерімді жазбаған болсам, үлкен шеберлік мектебінен өте алмас едім…»  дейді.

Бекеннің: «Сол кездегі бота тірсек бізге осылайша әсер ететін себе­бі, автордың «Қара сөзбен жырлаймын» деп өзі берген сіл­темесі ме екен, әлде газет макетінің өзі көз тарта құлпырып, біртүрлі тосын, жұмбағы мол қиян әлеміне шақырып тұратындығынан ба, әлде жас журналистің қиялшылдығы ма, қайсысы екенін сол кезде тап басып таңбалап  айта алмасақ керек   деуінде газет макеттерінің есте қалуы тегін аталып отырған жоқ.Өйткені, бұл жетпісінші жылдардың басы болатын.

Сол макеттердің талайын өзіміз сызған едік…. Сол кездегі қолтаң­баның, макеттегі  жаңалық, ізденістің із-түзсіз кетпей есте қалуы біз үшін қандай ғанибет.

Өйткені, макетте де газеттің өзіне тән мінезі жатқаны сөзсіз еді.

10.

— Баспаға өнер адамдарының суреті керек боп жатады. Сол оймен  фотоға  түсіріп алмақ ниетпен Құ­дай­берген Сұлтанбаевты шақырдық. Түске таман келді. Плащпен. Галстуксыз. Жалаң көйлекпен.

— Қалай? «Тамашаларың»  там-тұмдап күлкісінің уытын азайта баста­ған ба?

— Ол бізге байланысты емес. Үкеңнің «Күлкі» дейтін әңгімесін ойнау үшін әртүрлі күлкіге сала бастасам,  «Тоқта, мынауың Қамал­дың  күлкісіне (төрағамыз), анауың пәленшенің күлкісіне ұқсайды. Қой,ойбай, ұят болады, – дептіз­гіндеп жібермейді,  қазір байқап күлетін болғанбыз.

— Онысы қызық екен.

— Оны айтасың…

Құдайберген жымың-жымың етеді.

— Винокур секілді әртістерді сала бастауыма тосқауыл қойды. Қой, Ермек, Рашидтер ренжиді дейді.

Сөзге Үкең араласты:

– О неге өйтеді, ей?

– Білмеймін…

– Ың-ң…Олары болмаған екен.

– Бірің – сықақшы, бірің – әртіс, бірің – автор, бірің – орын­даушы болсаңдар да кездесе бер­мейсіңдер, – деп Үкең мен Құдай­бергенді, бір-біріне ұқсамайтын екі мінезді суретке басып алдық.

Түсірген — Мәлік Жиенғалиев.

11.

Сағат онда (31.03.1985 ж.) ГЖИ-дың конференц- залында «Правда» газетінің Бас редакторы, академик Афанасьевпен кездесу болды.

Бас редактор газеттің мамыр айында үлкен тойы – жетпіс жылдығын атап өтетінін айтты. Осы орайда ортаға салатын ойларын тізбеледі. Айтқандары – Лениннің  800-ден астам мақалалары «Правдада» жарияланған, газеттің басты бөлімі — партия бөлі­мі, өзі осы партия тұрмысы бөлімін отыз жыл бас­қар­­ған. «Бізде  алпысқа келгесін зейнетке шығару деген жоқ, – деді ерекшелеп.  – Кім қанша уақытқа дейін істей алады, жаза алады, ерік өзінде». Газет тира­жы  он миллион сегіз жүз мың. Тағы бір қайырғаны:

«Оқырмандар әрқилы. Кейбіреулері модашыл. Кейде бір адам төңірегіндегі ажиотажға елігіп, оның жаз­ғанының бәрін жақсыға қабылдай береді. Мәселен, атағы әлемге әйгілі бір ақынымыз бар, кейде бір чепуха жазады. Онысының түкке тұрғы­сыздығын түсіндірейін десең, түсінгісі келмей қаса­рысады. Сондықтан біз қойдық, сол «Литературная газетасына» жаза берсін деп…»

Мұнысымен азулы авторлармен жұмыс істеу үшін мықты мінез керектігін де байқатып өтті.

Мықты редактор болу үшін де керек шығар мықты мінез?

12.

Бәкең жиі соғып тұрады. Бәкеңіміз – баршаға мәшһүр Бақтажар Мекішев. Профессордың күліп тұрып бірде айтқаны.

Кездескен жанмен  жылыұшырап  шүйіркелесе кететін Бәкең көшеде Баукеңмен кездесіп қалыпты. Бау­кең сәлеміне басын изепті де, ләм демепті. Баукең­нің ауырып жүрген кезі, денсаулығыңыз қалай деуге батылы бармапты. Үнсіздікке ыңғайсызданған профессор сасқанынан әрі Баукеңнің көңілін көтерейінші деп:

— Ту-у, Бауке, мұртыңыз керемет екен, –  дейді.

Бетіне бажырая қараған Баукең:

— Өй,осы қатынбет еркектердің жұрттың мұртын да көре алмайтыны-ай, – деп дүңк еткізіп жүре беріпті.

Кәдімгі Баукеңе жарасымды мінездің бір қыры.

Профессор содан былай мұрт қойған, сақал өсірген адамды көрсе, өзінің есіне Баукеңнің сөзі түсіп, «Баукеңнің мінезі найзағайдай, сөзі мірдің оғындай ғой», – деп мәз болып марқайып, айтып  жүретін болыпты.

13.

Кейде өткен күндердің   елесі көз алдыңа  келе қалады.

Көктем айы еді (30.04.1973ж.). Тамылжыған шуақты күні генерал Сағадат Нұрмағамбетовтан сұхбат алдым. Бұл кезде генерал Орта Азия әскери округі бас қолбасшысының орынбасары. Редак­ция­дан алдын ала телефон соғып, тоғызыншы мамыр – Жеңіс күніне  арнап материал дайындамақ ойымыз барын, газет бетінде сөз алуын өтінген едік. Биязы жан екен. Қабырғаны  тұтастай алып тұрған картаның  тұсында, самсаған телефондар ортасында жинақы  киінген,  өзі  шырайлы жас қазақ генералы отырды.

— А-а, «Лениншіл жасты» білемін, – деді көңілденіп, өткен жолы бір жігіттерің келіп жолық­қан. Ой, маладес, ризамын өзіне. Сағат Әшімбаев деген ғой. Өте жақсы жазыпты, міне, қазақтың жас қаламгері қандай! Білімді, өте сауатты жазыпты. Оқып шықтым. (Сағат Ұлы Отан соғысына арналған  «Великая Отечественная» деректі киноэпопеясы жайлы көлемді публицистикалык ойтолғау   жазған еді). Айтпақшы, қазір қайда ол жігіт?

— «Жұлдызда» сын бөлімін басқарады.

— Жақсы-жақсы… Мен жайында  Төлепберген Тобағабылов та, Жекен Жұмаханов та жазып жүр, – деп қойды.

Генерал сабырмен сөзін үзіп, бір ой есіне түскен­дей жымия  қарады.

— Ал, Сағат жақсы жазады екен.

— Жеңіс күніне сөйлесеңіз деп едік. Баукеңді де сөйлетсек деп едік, ол кісі қазір тауда демалыста екен…

— Баукең бе? Білем ғой, батыр  ағамызды, – деп тағы да жымия күлімсіреді.

— Білемін…Жарайды, сен жазып отыр, мен айтайын…

Генерал соғыс, өмір, бейбітшілік, өзінің жастық шағының соғыста өткені жайында асықпай әңгіме шертті.

Әңгіме соңында: «Газетке шыққан соң салып жіберерсің», – деді адресін беріп жатып.

— Қазақ газеттерінен «Қазақ әдебиетін» жазды­рып алушы едім, – деп қойды. «Лениншіл жасты» тұрақты оқымаймын, – деді.

Генерал шынын айтты.Оған да риза боласың.

Шындықты айту да мінез ғой.

Көп ұзамай,  газеттің 9 мамыр күнгі санында бірінші бетке «Мың салют саған,Ұлы Жеңіс», – деген мақаласы шықты.

Мерекелік нөмірді апарып бердік. «Аға, енді газетімізді тұрақты алып тұрыңыз», – дедік. Генерал жымия күлімсіреді де: «Құп, жолдас  «Лениншіл жас»! – деді қолын шекесіне апарып.

Бұл жолы да генералдың шынын айтқанына шүбәсіз сендік.

Генералдың мейірімді жүзі, шуақты мінезі күмән келтірмеді.

14.

«Дүлей рухты дию» – Жарылқап Бейсенбаевтың  журналистік-өнертанушылық жазғыштығы мен білімпаздығын танытатын бірден-бір бірегей дүние. Есте қалады. Газеттегінің бәрі емес, газетте­гінің нәрі бары есте қалады. Көп дүниелер  тез ұмытылып кетеді. Жарылқаптың қаламынан туған өнердің көз көргенмен көңіл түсіне бермейтін  туын­дыларды талдап, бояуға жан беріп, тіл бітіріп жазуы үлкен шеберліктің үлгісі. Жазылу әсері ерекше көрінген Жарылқаптың  «диюы» есте қалады.

Осы материалды оқығаннан кейін сөзімен сойып, ойымен орып айтатын айыр тілді ақын Өтежан Нұрғалиев:

— Ғажап…Бұны жазған қай жат? – деп әдейі іздеп келіп танысты.

Әңгімелесіп тұрып бір мезетте кенеттен Өтежанның:

— Осыған қанша аласың? – деген сауалына Жарылқап:

— Он жеті сом жиырма тиын… — дегенде, ол аң-таң болды.

— Обал-дағы ай! Қайран еңбек-ай, – деп басын шайқады.

Өтекеңе таңданып қайран қалып жүру тән еді ғой.

Ол оның өзіне жарасып тұратын мінезі еді.

15.

Баспадан  тоқсаныншы жылы  шығуға тиіс қазақ жазушыларының портреттері дайындалып жатқан. Өмірбаяндық мәліметтер маған жүктелген еді.

Таңертеңгілік Тахаңа (Ахтанов) телефон соқтым.

— Таха, солай да солай…Даталардан қате кетіп қалмасын деп өзіңізге оқып бергелі тұрмын, – дедім.

Тахаң:

— Ал оқы, – деді.

Үн-түнсіз.Тыңдап болғасын:

— «Боранның» тек қаңқасын ғана айтыпсың ғой,  – деді налыңқырап.

— Таха, бұл тек өмірбаяндық анықтама, шығар­маларға талдау емес…

— Жоқ,«Боранның» түгі жоқ қой. «Шырағың сөнбесін» тіпті өзінше бір бөлек дүние.

— Таха, оларды талдап жазатын болсақ, бір жарым бетің мынаған сыймайын деп тұр.

— Әлгі сөйлемдерге, қаңқасын айтқан жерге «Боранның» ішін айтып жазу керек…болмайды бұлай…

Тахаң осылай қасарып алды.

— Жақсы, – деуге  мәжбүр болдым.

Іле Әбекеңе (Әбділда Тәжібаев)  телефон соғайын. Сәтімен  сергек, саяжайында екен. Сөзімді тыңдай бере:

— Тоқташы…дүниеге келген деген сөзді өзгерт. Бір түрлі ғой, дүниеге келген деген. Туған дей сал, – деп өзгертті. Ары қарай бәрі дұрыс, –  деді.

Әбеге (Нұрпейісов) хабарласып ем сәл ұзаңқырып барып телефонды көтерді. Сабырлы, биязы қоңыр дауыс естілді.Шаруамды айтып, жазға­нымды оқып болғаннан кейін:

— Бәрі дұрыс, – деді, –  тек анау әдеби-сын мақа­лалар деген жерге эсселер,әдеби сын мақала­лар, – деп өзгерт. Сосын, менің «Толғау», «Жүрегі толы жыр еді»  кітаптарымды орыс-қазақ тілде­рін­де шықты депсің. Дұрыс, бірақ, мынаны қалай­бөлектеп көрсеткеніміз дұрыс? Менің орыс-қазақ тілдерінде жазғандарым аударма емес, екеуі екі тілде жазылған жеке дүниелер. Соны ескерерсіз, – деді.

Өте сыпайы, жағымды үн құлағымда қалды. Ақылды адамдар осылай асықпай сөлейтін­дей, байыпты келетіндей көрінеді.

Жазушы Сәкен Жүнісов ағамыз ежіктей сұрап жатпады, шығармаларын сипаттай әсерлеп те уақыт созбады. Бірден тоқетеріне көшті. «Драматургия­дағы қазақ ленининасын тұңғыш бастаушы менмін. «Өлара» пьесамды баса көрсет», – деді. Шынды­ғында,  деректік жағынан алғанда жөні солай. Бірақ, Ленин тақырыбына одан бұрын қалам сілтеген, «Кремль сақшысы» деген пьеса жазған — С.Адам­беков. Пьеса министрлікте  қабылданып алынған, әйтсе де еш жерде қойылмаған екен. Сол себепті бірінші болуға құқы жетпей қалды.

Әр жазушының өзіне лайық мінезі барына куәгер болдық.

Мінездің Менге айналатыны да  өмірлік ақиқат екен-ау.

16.

Республика алаңы. Екі күн бойы (17.12.1990ж.) түнеріп тұрған Алматы аспаныжарқырай ашылған. Аздап ауа дымқыл. Жер қатқақ. Алаңның жартысынан астам аумағын алған қалың ел үнсіз. Желтоқсан оқиғасын еске алуға  келді халық. Ескер­т­кіш тақтада екі ауыз сөз. Демократияның жаңғыру күні десіп жатыр. Сөйлеушілер дауысы алаңды жаңғырықтыра түседі. Әйгілі актер ағамыз­дың саңқылдаған үні: «Қадірлі қауым, мынау алаңда  төгілген қанда менің де бір тамшы қаным барын айтқым келеді», –  дейді. Қасым Қайсенов аға да жан толқынысын ақтарды. Қайрат Рысқұлбековтің әкесі: «Не дейін. Балам,бауыр етім нақақтан қаза болды. Құдайдан да, адамнан да тілерім амандық, бірлік болсын», – деді.

Мемориалдық тақта ашылды. Ар толғанды. Ақиқат сөйледі.

Қазақтың қайсар мінезі  ұлықталды.

17.

Асекең (Тоқпанов) айтқыш ғой..Теледидарда Мақпалдың концерті  «Әншілік жолына – 10 жыл» кеші өтіп  жатыр. Сонда Асекең сахнаға шығып,  Мақпал қызына былай деді:

— Мақпалжан! Айналайын Мақпалжан! Сен ұлы Мәдидің туған жерінен ұшқан перзентсің. Сен қасиетті топырақтансың.

Мақпалжан,сенің әнің ғажап қой. Ақын ғашық болғанда иә ән туады, иә күй туады. Сенің әнің, Мақ­палжан, ер жігіт атынан түсіп тыңдайтын ән, жаяу жігіт жатып-жастанып тыңдайтын ән!

Асекең ақжарылып, ақтарылып айтты. Көркем, келісті, көкейде қаларлық есті сөз.

Арналы ой, арқалы мінез.

18.

Қадағаң (Мырзаәлі) машинаға мінгеннен сөйлейді. Тақырыптың тиегін тауып, бастап берсек болды. Бұл жолы да әңгіме әдебиет төңірегінде өрбіді. Өз өмірінен, туған-туыс,  ауыл адамдарының  мінездерінен кейіптемелер келтірген Қадағаңа  сөздің соңын ала бере Сұлтанәлі:

— Қадаға, осыларды, мінездер туралы жаз­байсыз ба? – деді.

— Өзімнің ойымда да бар. Уақыт болса көремін, – деді.

— Жаңағы айтқандарыңыз әдемі портреттер ғой….

— Әрине. Оның бәрі ауылда. Мына Бейімбет ағамыз тұнған мінездер портретін жасаған. Ойдан ештеңе қоспай, ауыл адамдарының кейпін қаз-қалпында жазған ғой. Қазіргі жазушылар мінезді бере алмайды, типтік портрет жасай ал­майды. Өйткені, қазіргі адамдар бір-бірінен айны­майды. Костюмдері бірдей, көйлектері бірдей, шаш бірдей, айта­тын, әсіресе, басшы­лардың  сөздері бірдей, сөйлейтін тостары бірдей, мінетін машиналары бірдей, ішетін арақтары бірдей, бәрі бірдей…. Сондықтан ба, қазір жазушылардың жасайтын портреттері кейіпкердің ішіне түсіп кеткен. Психологиялық кейіпкер, психологиялық портретке қамшы басатыны содан…., – деп Қадағаң өз ойын оңқай асықтай шиырып тастап, дем басты.

Осы сәтте ойшыл,білімпаз, қырғи тілді Қадағаңның  мінезінің тағы бір қыры қылаң еткендей еді. Бұл – елді елітетін, тамсандырып табынтатын, ойы пілдей, сөзі мірдей Қадағаңның қайымы бөлек көркем  мінезі еді.

19.

Адам туралы айтқанда  мінезі қоса айтылады. Адам сонысымен ерекшеленеді  ғой. Атақты грек философы, бөшкеде өмір сүрген делінетін Диоген (Синопский) Афина көше­сінде ағылған халық ішінде, тапа-тал түсте, қолына шам алып «Адам іздеп жүрмін!» деп айқай салып жүреді екен. Ғажап мінез демей гөр.

Кейде біздің де әрқайсымыздың осылай айқайлағымыз келетіні рас. Бірақ, айқайла­маймыз, өйткені, бізде мінез жоқ.

Мінез жоқ жерде нағыз адам да болмайды.

20.

Бір ауыз сөзден-ақ мінезі көрінетін жандар болады.

Айдыны айқын, айтары арынды, ақбұлақ ақын Жарасқан  Әбдірашев өзінің мерейтойлық елу жылдығында:

— Мен ешкімді нөмірлегем жоқ, әркім қалаған столға жайғасып отыра беріңдер. Кей бан­кеттерде қонақтарды нөмірлеп, тиісті стол­дарға бекітіп қоятын дәстүр бар. Нөмір біреуді төрге, біреуді босағаға байлап қояды. Ондайдың не қажеті бар? Барлығы да адам ретінде тең праволы деп есептеймін, – дегені  бар.

Бұл да Жарасқанға жарсатын мінез еді.

21.

Ұлтжанды кім?

Кең ұғым. Кез-келгеннің басында бола бермейтін ұғым. Бірақ, ондай жандар осындай өтпелі кезеңде ерекше көрінеді. Айталық, Алдан ақсақал. Академик Алдан Әйімбетов. Бұл кісі от ауызды, орақ тілдінің нағыз өзі. «Ка­захская правда» – оның өткір семсері. Бұғып жатқан, көзқарасын ашық айтуға дауа­ламайтын, қорқақ әрі жалтақ, шенеуніктердің көзіне түсуді көк­сеген қазақ интеллигенттері бұл кісінің басқан ізіне тұрмайды. Бас июіміз керек. Құрмет­теуіміз керек бұл кісіні.

Орыс тілінде орыс тілді бейпіл ауыздарға қақпақ қоя білу – ерлік. Олардың өктем үніне өрлікпен қарсы шығу — батылдық, қайсарлық.

Тілдік, стильдік жағынан олардан асырып айтады — мықтылық.

Олардың аузын аштырмайды – шешендік.

Оған қуат беріп тұрған  халқының намысы, халқының рухы болар, тегі…

Бастысы — барша қазақты тәнті еткен  мық шегедей. Мені, қайсар мінезі.

22.

Мінез жайында ақсақал жазушылары­мыздың айтқандары бар ма екен деп ойладым. Кітаптарын парақтай бастадым. Көп болмаса да бар екен. Алыптарымыздың бірі Ғабиден Мұстафин ақсақал былай деп  тебірене жазыпты: «Сәкенді мен өзім алғаш рет жиырма бірінші жылдың жазында көрдім. Отызыншы жылға дейін жиналыстарда, дастархан үстінде, өз үйінде кездесіп, сөйлесіп жүрдік. Бірде пікір таласып алғаным да бар, әрине, пікір теңдестігі емес, жастық албырттығы болар.

Сол Сәкенді көрмегелі, міне, қырық бес жыл өтіпті. Менің көңілімдегі оның жарқын бей­несін әлі титтей кір шалған жоқ, есіме түскен сайын орта бойлы,толқынды қара шашты, өткір, ойлы қара көзді, сымбатты, көрік­ті, түсі ақ пен қараның аралығындағы қо­ңырқай кісі көз алдыма келеді. Қадала қара­ғанда сыртың түгілі, ішіңді де көріп тұр­ғандай. Ал, оған қадалған көздер, әсіресе, әйел көздері оңай айырыла алмайтын. Сырты өте сұлу, кербез,  тәкаппар, іші  өте қара­пайым, кіші­пейіл еді. Айлалы, майда сөзді, жұмсақ мінезді емес-ті.Үні, мінезі, сөзі ірілеу болатын, айта­рын турасынан келте айтатын, сенсе қалт­қысыз сенетін, сенгіштік мінезі басым еді».

Осы  бір жолдардан сұлулықтың үлгісін­дей Сәкен серінің  бар болмысы көз алдымызға  жаңа салынған мінез портреттей боп келе қалмай ма?!

23.

Әріптес, қаламдасымыз Қайсар Әлім жыл­дар бойы хат жазысып келе жатқан Әзағаңның (Нұршайықов) өзін тәнті еткен талмас тынымсыздығы, қаламгерлік ерекше қасиеті, ғажайып мойымас мінезі жайлы тебірене толғапты: «Таяуда Әзағадан хат алдым. Үш кітаптан тұратын «Менің замандастарым» атты ғұмырбаяндық роман жазып жатқанымды жазған едім ғой. Оның екінші кітабын ауру­ханада бітірдім. Соңғы парақтарын қасымда палатада жатқан Халима апаңа ауызша дик­товайт еттім. Он бес күннің ішінде он рет өліп-тірілгендей болдым.Әйтеуір дәрігерлер аман- есен алып қалды. Ар жағын бір тағдырдың өзі біледі», – депті. Не деген  төзім, не деген табандылық десейші!

Қаламгердің қайсарлығы мен жанкеш­тілігін қалыпты істей ғып тұрған мұндай мінездің Әзағаңа тәндігі бізді сүйіндірсе, оқыр­манын таңдандыруы тіптен орынды.

24.

Торғайдың да өз тілі бар, ол бұлбұлша сайрай алмайды, қарғаша да қарқылдай алмақ емес…

Ал олар өз үні, өз тілдерін ұмытса – торғай бұлбұлша сайраса, бұлбұл торғайша шықы­лықтаса… солай бәрі өз үнін ұмытып, басқаша сайрай бастаса не болар еді?

Табиғат мұндай сұмдықтан тітіреп кетер еді. Қорқынышты, үрейлі дүние орнар еді. Адамның санасына сыймайтын, көңіліне қонбайтын құбылыс бұл. Бетін аулақ делік… Ал біздің шалақазақтарымыз осындай сұм­дықтарға әуейілігін  сезбейтін сияқты. Өйткені ол үшін ұлт, ұлттық деген ұғым жоқ. Анасы­ның тілінен  айну — адами қасиетінен айрылу мінезсіз мәңгүртке айналу екенін білмей ме?

Адалдыққа жүгінсек, мінез —  адамдықтың белгісі дегенге илануымыз керек-ау…

25.

Жұрт мені қатал дейді,

найзағайдай МІНЕЗІ шатырлаған,

біреулер айтады ақыл маған:

өркөкірек, тәкәппар, менменсіген…

ұнатпайды дәп мұндай ақынды адам,

одан сайын мен шіркін қатуланам, –

деп жырлаған Фариза апамыздың сұсты жүзі кім-кімді де жасқантып, састырары сөзсіз болатын. Бірақ, өзімде сақтаулы «Шілде» жинағы  ақынның: «Жақсы көретін, рухтас, ниеттес, қаламдас інім Жақауға әдебиеттің де, адамгершіліктің де биіктерінен көріне беруін қалайтын Фариза апайыңан» (март, 1978, Алматы) деген қолтаңбасын оқыған сайын ақын­дық мінезден апалық мінездің мол шуағын — өзгеше дара сыйын сезінгендей боламын.

Апалық мінездің құдыреті-ай…

26.

Оның досы Оралхан еді. Достықтың қалай басталғанын Қуағаң  (Құрманғали) былай еске түсіреді: «Бір күні Бас редакторымыз  Шерхан көкеміз шақыртты. Барсақ, бір бейтаныс бозбала отыр. Қалың қара шашы желкесіне түскен, атжақты, көзі қысықтау, ұзын бойлы, қараторы жігіт. Шерағаң жиналған жұртқа қарап:

— Мына жігіт Оралхан..Бөкеев. Жазған- сызғандарымен таныссыңдар, енді өзін көріп отырсыңдар. Танысып, білісе беріңдер.

Сыртқа шықтық. Жапатармағай қол алысып, амандасып жатырмыз. Жымия күліп ол тұр. Бұл  — 1967 жылдың қоңыр күзі болатын.

Нақ Оралхан ортамызға қосылған күні ақын Төлеген Айбергеновтің жылы болды, түс ауа тайлы таяғымыз қалмай сол үйге тарт­тық. Ақынның келіншегі Үрниса бізде істейтін әрі Төлегеннің тамаша өлеңдері «Лениншіл жаста» жиі жарияланып тұратын. Кешке қарай тарай бастадық. Сыртқа шықсам, Оралхан оңашалау тұр екен. Қасына барып:

— Оралхан, қайда түсіп едің? –  деп едім,

— Әлі ешқайда ат басын тірегенім жоқ. Қайда барарым белгісіз. Шамаданымды вок­залдағы жүк қоймасында қалдырып кеткенмін,  – деп сәл күлімсірей тіл қатты.

— Онда не тұрыс. Біздің үйге барайық. Екі бөлмелі үйім, келіншегім мен бір қызым бар, –деп жүріп кеттік. Содан пәтер тауып алған­ша біздің үйде тұрды. Өзіміз де, сөзіміз де жарасып кеттік…

Оралханның ең құпия сырларын білетінін, тонның ішкі бауындай боп кеткенін, мұңын бірге бөлісіп, қуанышын бірге көріскенін, жай дос емес, сыры бір жан дос болғанын еске алады.

Міне, сол Қуағаң достары жайлы жан сырын айтудан да, жазудан да тынған емес. Сөзі де сарқылған емес, қаламы да талған емес. Ақжарыла айтарынан да айныған емес. Айнытпайтын —  адалдығы, адамдығы. Дос­тары жайлы үзбей жазады, қайта-қайта қағазға түсіреді. Оның досқа деген адалдығына таң-қаласың. Енді ше, Оралханнан бөлек Кәрібай, Ақселеу, Бексұлтан, Серік, Кәдірбек жайлы жазғандары қат-қат, тынбай-тыншымай жаза біріпті. Ақпейіл  адал сөзі алдынан жарыл­қап­ты. Достықтың қасиетін қастерлеудің  өмірлік кредосына айналғанын өзі  де аңдамай қалыпты.

Шын достықтың – жүректердің достығы екенін енді біліпті.

Мұндай достық өздігінен пайда болмайды.

Дос болу үшін де Мінез керек.

27.

Аңқылдап ақжарылып сөйлейтін, саң­қыл­дап шындығын айтатын жан еді. Әшекеңді,  сұң­қардай саңқылдаған Сығай­ды айтам.  Өмірі­не тірек болған да осы қасиет-ау деймін. Оны­сын сөзімен емес, ісімен безбендеп  өтті. Талай рет.

Онысына біреулердің түсінбей қалғаны, тіпті, таңданғандары да жетерлік. Ол жайында сыр сабақтап сұрағандарға ашығын айтып та жүрді. Министр боп репетицияны тренировка деп ұғатын жанның келуі өнерді сүйген, өмірім — өнер деп күйген жанның жүрегін осып түс­кен­дей болды. Бір күнде, бір сағатта  бірінші орын­басарлықты тастап жүре берді. Екінің бірінің ойына да келмейтін, екінің бірінің қолы­нан да келмейтін, азат жүректі Әшекеңнің аңыз боп кеткен азаматтық өрлігі ерен қадам боп көрінді, елге жайылды.

Біз, «Ана тілі» баспасы, Әшкеңнің тамаша екі кітабын шығардық. Бірі — «Таңғажайып театр», екіншісі —  атақты «Жансарай». Кітап­тарды дайындау, шығару барысында осы жайын­да өз құлағыммен естиін деп сұраймын ғой. «Қызметті өз еркіммен өткізіп кеткен адаммын. Кеткен себебім, сұхбаттарымда айтып та жүрмін,  тағы қайталайын, кездейсоқ, кәсіби маман емес,  өнерді танып-түсінбейтін, өнерге жат адамдардың өнерге араласуы мені қор­қытты, үркітті. Тіпті бар ғой, халқымызға адал қызмет еткен ғажап ағаларымыз болған мәде­ниетте. Солар салған сара жолмен, таза мәдени  зипалықпен  кеткеніме  разы боп отырам», – деп айтылып жүрген аңыздың ау-жайын   қысқа қайырып еді.

Өнерде Әшекеңнің өзі де шың, сөзі де шын еді. Ақжүрек ақын Ғалым Жайлыбай арнау жырында «Таңғы шықтай шырайлы, шынайы адам», – депті.

Бұған біздің қосарымыз:

Мірдің оғындай мінез иесі еді.

28.

Жазуына жан жайлауын жайып жыр­лайтын жанмен – Мағира Қожахметовамен– жылышырай жүздесіңіз.

Жүнжімейді, жалтағы жоқ. Жұрттан жырақ жүретін жолынан жаңылмайды.

Жүдә, жәндіктер мен жануарлар, жание­лері жамағатында жаттанды, жылтырақ, жар­тыкеш, жаутаң жаратылыстың жегі жүйесінен жалы­ғып, жорамал жүзігін жұлдызбен жүз­десті­ріп, жандауа жырын жүрегімен жазып, жаратқан­ның жыпырлаған жебесіне жүрегін  жайған жалқы-жегене, жықпылы жым жұмбақ жаһан­ға жүгінген жападан-жалғыз, жазу жамалы — жинағы да  «Жападан-жалғыз».

Жаһанның жасқануды білмейтін, жұмбақ мінезді, жанкешті жалғыз жолаушысындай.

Жолың болсын!

29.

Ол кісінің аты аталғанда елең етпейтін пенде кемде-кем. Шуақты жүзіне қарап  кесіп түсер қатал шешімге бара қояр жан-ау деп ойламайсың. Бірақ өмір деген адамды шыңдай да алады, сынай да біледі. Енді қараңыз. Кеңестік шеңберден бірден суырылып шығып кету қандай жүректің, қандай қазақтың маңдайына жазылған қаһармандық екенін кім болжаған. Әліптің артын бақпай-ақ, коммунис­тердің органы — облыстық газеттің редакторы өз шешіміне өзі жауап беруге серт етіп, бір-ақ түнде  өз шешімін газеттің ұраны етіп бұрқ еткізуі ненің құдыреті? Бүкіл  бір ұрпаққа ұмы­тылмас үлгі боларлық мына ісіне қара­ңыз: Нұрмахан Оразбек бүкіл Кеңес одағын­дағы партиялық басылымдар ішінде газетін «Барлық елдің пролетарлары бірігің­дер!» деген ұранды сыпырып тастап, қазақтың: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген  мәтеліне бірінші боп ауыс­тырған (1991ж.  1 қаңтарынан бастап «Орталық Қазақстан» газетін осылай жарыққа шығарған). Бас редактор! 1991жылғы тамыз бүлігін: «Иә, бұл – төңкеріс!» – деп баға­лап, жауапкер­шілікті өз мойнына ала оты­рып, газетте ашық жариялаған бірінші және бірден-бір Бас редактор. Міне, бұл бодан­дық бодауын бұза­жарған  батылдық та батыр­лық еді. Ұрдажық үрейді сырып тастап, жаңа уақыт­тың дабылын қаққан сананың  сайып­қыран сілкінісі еді. Шындықтың  дүр сілкінісі еді.

Шындықтың шырайы айтса шығады, жазса жасайды. Бұл біз блетін, жас ұрпақ білуге тиіс шындық. Тәлімі мол шындық. Жур­налистика оқулығына енетін шындық. Уақыт өтіп жатыр.  Біреу біледі, біреу білмейді. Нұрекең сонысын айтып кеуде кергенін көргеніміз жоқ. Өз позициясына бағынышты, өз идеалына сенімді болатын.

Керек жерде қарапайым,керек жерінде қатал, керек жерінде қайсар-ды..

Құдай берген мінездің құлы еді.

30.

Орысбай Әбділдаұлы отауызды ақындар­дың ауылынан, Сұлу мүсін,  сом тұлға. Алыстан айбарлы көрінгенмен жақыннан құшағы ашықақжарқын жан. Шынжыр үзер шымыр­лығы сөзге қаратпай қойсын ба, жас кезінен білетіндер оған таңданып, тамсанып қарайды екен. «Орысбайды көргенде көне грек қаһар­маны Геркулес осындай-ақ болған шығар деп ойлайтынбыз», –  дейді қаламдас інісі Жұмабай Шаштайұлы. Расында да Орысбайдың  тұлға­сынан батырлық та, батылдық та есіп тұр­ғандай көрінеді. Онысын сәлемдескен қолынан да байқап үлгіресің. Табиғатына тартып туған тау баласы. Қалжыңын алға тарта сөйлейтін Орекеңнің  қабылдауында дүние домбыраның күмбірінен, ән бұлағының сыңғырынан,тау самалының саумалынан тұрады. Адамдардың бәрі тек жақсылық ойлау­мен өмір сүреді, тілек- тірліктері тек тазалықтан тұрады деп ойлайды. Сол сеніммен өмір сүрді. Орекең универ­ситеттің журна­листикасын бітіріп,  аудандық газетке келгесін кадрдың тапшы кезі, бірден бөлім меңгерушісі қызметін ұсынады.Үш күндей ойланып-толғанып барып, теориялық білімім болмаса, жазу тәжірибем аз деп күтпеген қызық мінез  танытып, бас тартқанын  қатарластары  жыр ғып айтады.

Ол аз болса, атақты ақын Мұхтар Шаха­новтың жазғаны тағы бар: «Махабатты қорғау» кітабымның көздің жауын алатындай әдемі шығуына Орекеңнің көп еңбегі сіңді. «Жалын» баспасындағы мол тәжірибелі редактордың қолына тиген бұл дүнием «Біздің лауреаттар» сериясын толықтырды. Кезінде «Лениншіл жаста» жарыса қалам сілтеген едік.Төлеген Айбергеновтің,Тұманбай Молдағалиевтің, Қасым Аманжоловтің,  Мұқағали Мақатаев­тың өлеңдерін жатқа соғатын ақынжанды азаматты әрдайым есімде ұстап, кейін: «Орысбай бауырым, «Жалын»  журналына жауапты хатшы бол», – деп жұмысқа шақырдым. Бірақ ол: «Рақмет, Мұха, ойыңызда жүргенімізге ризамын, мен алайда, Жетісуды «Жалынға» айырбастамаймын», – деді. Басқа біреулер болса, лып ете қалар еді. Ол былқ еткен жоқ. Өз ісіне, туын тігіп отырған жеріне адалдық­тың нышаны-ау деп ойладым іштей.

Әрі мұның өзі қайталанбайтын  мінез екеніне көзім жетіп, көпке дейін көңілімнен кетпей қойды. Оның осы мінезін көпке жайып айтып жүрдім».

Ақынға алып-қосарымыз жоқ.

Бұл — табиғи мінездің табиғи шындығы ғой.

31.

Бұл бір естен кетпес оқиға ретінде Жанат Елшібектің жадына жазылып қалыпты. Алып- қосары жоқ ақиқат ерлік екен.

Бірде дүбірлі мереке — Қазақстан  Ленин комсомолының  елу жылдығына жоспар жасалынып, түрлі-түсті мерекелік үлкен үлгі­дегі сегіз беттік арнайы  нөмір даяр­ланады. Ол кезде офсетті басылыммен мұндай нөмір шығару сирек құбылыс. Екі ай алашапқын жұмыс жүргізіледі. Бояуы құлпырған нөмір Абай атындағы опера және балет театрында өтетін салтанатты жиналысқа қатысушыларға таратылады. Соңғы нөмірге қол қою сәті де келеді. Барлық тиражды басу ғана қалады. Неше тәулік шала ұйқымен жүрген жігіттердің жүрегі лүп-лүп. Кенет көзі атыздай боп жүгіріп келе жатқан цех бастығының даусы естіледі. «Ойбай, орден аударылып кетіпті!». Жаппай шпигелге үңіледі.

Қазақстан комсомолын наградтау туралы Жарлықтың шекесіне Ленин орденінің түй­медей ғана түрлі түсті штрихпен салынған  су­реті қойылған еді. Күн көсемнің  сол қалпы, тек солға емес, оңға қарап тұр. Ал әдеттегі Ле­нин сөзі Нинел  боп шығыпты. Ал керек болса!

Осы сәттегі Бас редактордың – Сейдахмет Бердіқұловтың батыл үні  цех ішіндегі өлі тыныштықты саңқылдай серпіп жібереді. «..Оригиналы  дұрыс болатын штрихтың. Өзім көргем, – дейді күрсіне түсіп. –Бұл баспаха­наның, цинкографияның үлкен қатесі. Мұндай тамаша нөмірді болмашы нәрсеге бола кешік­тірудің қажеті шамалы.. Тиражды тоқтатпаң­дар, дереу басыңдар! Таңертеңгі салтанатты мәжіліске кешіктірілмей жеткізілгені дұрыс.. Әзірге барлық кінәні де, жауапкершілікті де өз мойныма аламын. Кәне үрейленбеңдер, Ең бастысы, Ленинің түрі өзгеріп кеткен жоқ қой. Жазуындағы  қате үшін берілер сөгісті де, жазаны да мойныммен көтеріп бақтым!».

Бас редактордың бұл ұйғарымы нағыз ерлік еді. Жігіттердің иығынан зіл батпан жүк сыпырылып түскендей болады. Редактордың батыл байламы бәрін жігерлендіріп жібереді. Жарқыратып алаулатып шығарылған мерекелік нөмір жұрт көңілінен шығады. Кішкентай кілтипанды біреу байқады, біреу байқамады. Өмір болғасын біреулер оны көзге де ілмеді, ал біреулер жерден жеті қоян тапқан­дай мәз болды. Ал  мысықтілеу біреулер редакторды мұқатқысы келіп «Нинел деген жаңа орден бе?» – дейді. Мінезді редактордың оған мыңқ етпей: «Сендер өздерің Лениннің жүзден астам бүркеншік аттарының бірінің Нинел екенін  білмеуші ме едіңдер?» – деп қайырып тастағаны тағы бар.

Иә, бұл  дегдар мінез еді. Қалай десек те  қайсар, қайталанбас ерлік еді. Мұндай батыл­дық,  мұндай жүрекжұтқандық қылышынан қаны тамып тұрған  қатал заманда кез-келген жанның  қолынан келмес еді.

Бұл  ұясын  қанатының астына алған қыран­дай, қара бастың қамын күйттемей, коллективін қорғаған қыран мінез еді.

32.

Мінезді әлемге – мінезді адамдар керек.

Мінезді адамдар – біздің құндылық­тарымыз.

      http://almaty-akshamy.kz/2017/04/27/

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті