Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Отандастар

Басты бет | Отандастар | Қазақстан ғылымындағы атажұртқа оралған ғалымдардың үлесі

    Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылдың 31 қаңтарындағы Қазақстан халқына Жолдауын тарқатуда маңызы зор «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының бағдарламалық мақаласы – ең әуелі, ХХІ ғасырда шынайы өмірде ұлттық сананы айқындайтын және қоғамдық сананы өзгерту жолдарының жалпы бағыттарын белгілейтін дүниетанымдық-идеологиялық мақала. Бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана, табысқа жетуге мүмкіндік алатынына ұлт көшбасшысы ерекше назар аударып отыр. Өйткені әлемдік бәсекеге қабілеттілік ұлтымыздың экономикада ғана емес, рухани әлемде де озық болуын қажет етеді.

      Рухани жаңғыруымыздың басты құндылығы бәсекеге қабілеттілік болса, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін, оны қамтамасыз ететін адам капиталының сапасын жақсарту жолында ғылымның маңызы зор. Себебі ғылым дамымай дүние дамымайды! Яғни, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде ғалымдардың қызметі ерекше! Рухани жаңғыруды негіздеу, ұлттық кодты, ұлттық бірегейлікті сақтау жолында өмірлік тарихи тәжірибе мен оның болашағын сабақтастыру ғалымдардың атқарар еңбектеріне деген ерекше талапты байқатады. Міне, осы жағдайда ғалымдардың ізденістері мен оның нәтижелері маңызды болмақ. Солардың бел ортасында атажұртқа тұрақты қоныс аударған қазақстандық ғалымдар да жүр.

     Қайта оралған қандастарымыздың атамекеніндегі ғылымды дамытудағы үлесіне тоқталар болсақ, ең алдымен, Президенттің шақыруымен 1991 жылы атажұртына біржолата көшіп келген Халифа Алтай Қазақстан тарихы, әлем тарихы, еліміздің кенжелеу дамыған теология, диаспорология ғылымдарының дамуында шынайы деректік пен тарихнамалық мәні бар еңбектер қалдырған ғалым екенін айту керек. Қазақстан тарихының кеңестік идеологиялық қысымы негізінде ашылмаған қасіретті тарихи тұстарын нақтылауда Халифа Алтайдың үлесі қомақты. Оның «Естеліктерім», «Ата жұрттан Анадолыға дейін» және «Алтайдан ауған ел» атты кітаптары рухани жаңғырудың басты міндеттерінің бірі – ұлттық кодты сақтаумен бірге ұлттық бірегейлікті негіздеуде маңызды орын алады. Себебі өз зерттеулерін діни біліммен астастыра жүргізген ғалым әлем елдеріне шашыраған қазақ ұлтының біртұтастығын нақтылау және ұлттық құндылықтарын насихаттау жолында бастау болар құндылықтарды көрсеткен еңбектер жазды. Халифа Алтай  атамыздың теология саласындағы еңбектер шоғыры – бір төбе.

       1990 жылдары гуманитарлық ғылымдарда ежелгі және төңкеріске дейінгі кезең мамандарына деген зәрулік сезілді. Осы кезде Атажұртқа оралған ғалымдардың еңбектері мемлекеттің нағыз тарихын жасауда жаңа идеялар мен тұжырымдар, түркі халықтарының бірігуі, ұлттық нигилизм психологиясын жоюда, ұлттың өзіндік санасы мен патриотизмін көтеруде, халықты біріктіру жолындағы ең қиыны – әлемнің әртүрлі мемлекеттерінде ұзақ тұрып, өздерінің тарихи отандарымен байланыстары болмаған қазақтардың арасындағы қайшылықтардан арылтуда жемісті болды.

     Түркиядан, Қытайдан, Моңғолиядан, Ауғанстаннан, Сауд Арабиясынан, Өзбекстаннан, Түркменстаннан, Тәжікстаннан, Ираннан, Ресейден және тағы басқа елдерден тарихи отанына оралған қандастарымыз халықтың демографиялық, рухани және интеллектуалдық әлеуетін, экономиканы, ғылымды, қазақтың тілін, спортты, медицинаны, бизнесті өркендетуге атсалысуда.

      Солардың ішінде шоқтығы биік, белгілі ғалым – тарих ғылымдарының докторы Қиянатұлы Зардыхан. Зардыхан аға 1994 жылы Қазақстанға Монғолиядан қоныс аударды. 1997 жылдан дүниеден озғанға дейін ҚР БҒМ ҒК Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болып жұмыс жасаған ғалымның ғылыми қызығушылықтары Қазақстанның ежелгі тарихы және мәдениетімен қоса, Еуразияның іргелес елдерін де қамтыды. З.Қиянатұлы диаспорология ғылымының дамуына сүбелі үлес қосты. Жапония, Қытай, Италия, АҚШ және тағы басқа елдерде көптеген ғылыми мақалалары мен бірнеше қомақты монографиялары жарық көрді. Зардыхан аға атажұртына оралысымен Моңғолиядағы қазақтардың басынан кешірген қилы оқиғалары жөнінде «Жылаған жылдар шежіресі» атты тарихи көркем публицистикасын атажұртына таныстырды.

      Зардыхан Қинаятұлының қазақстандық ғылымдағы негізгі қызметі және кәсіби тарихшылар мен қоғамтанушыларға танымал еткен ең басты еңбегі ерте орта ғасыр мен орта ғасыр тарихына терең бойлаған, академиялық зерттеулеріне қатысты болды. 2001 жылы автордың найман, керей, уақ (оңғыттар) қатарлы тайпаның нағыз түріктекті, сондықтан да кейінгі қазақ орта жүзінің белді тайпаларына айналған байырғы халық екенін аса бай дереккөздерді пайдалану арқылы дәлелдеген «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ-ХІІ ғасыр» атты алғашқы монографиясы [1] «Қазақ мемлекеті және Жошы хан», «Моңғолиядағы қазақтар» атты еңбегінің І және ІІ кітабы Алматыда жарық көрді.

      Ежелгі және осы заманғы моңғол тілін моңғол-қытай тарихын жетік білген тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы Қазақстан тарихының Моңғол билігі дәуірі және қазақ мемлекеттілігі тарихына қатысты ғылыми тұжырымдар жасады. Қазақ мемлекеттілігінің тарихын біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырдан, Сақ дәуірінен басталатынын ғылыми жүйеге түсірді. З.Қинаятұлы «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты монографиясы және өзінің жетекшілігімен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» атты еңбегінде Қазақ мемлекетінің  тарихын Жошы хан шаңырағын көтеріп, Орыс ханның тұсында еңселеп өскен Ақ Орда мемлекетінен бастап қарастыру керек» деген пікір ұсынды. Ұлттық тарихымыздың ілгерілеуіне ықпал ететін бұл пікірді үлкен құрметке лайық деп білеміз.

     Зардыхан Қинаятұлы Қазақстанның 5 томдық тарихының 4-томының авторларының бірі. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелерінің» ІІІ томын шығаруға қатысты. «Ортағасырлық тарихи ой: Тарих адамзат ақыл ойының қазынасы» атты көлемді еңбекті дайындаушылардың бірі және арнаулы редакторы. Ғалымның атажұртқа келгеннен кейінгі уақытта түрлі баспа беттерінде жарық көрген мақалалары «Көзқарас (ұлт, тарих және адамдар тағдыры жайында)» деген атпен 2010 жылы жинақ түрінде жарияланды.

      Қоғамдық ғылымдар, оның ішінде тарих-этнология, этнография және шығыстану бойынша жан-жақты білімдар, бірқатар әлемдік тілдерді меңгерген мамандардың ішінде Моңғолиядан келген байырғы түрік руникалық жазбаларының әлемдік деңгейдегі маманы, филология ғылымдарының докторы Сартқожаұлы Қаржаубай ағамыздың үлесі ұшан-теңіз.

       Қаржаубай Сартқожаұлының қазақтардың ұлы көшін ұйымдастырудағы рөлі де жоғары. 1990-1993 жылдары Қ.Сартқожаұлы Моңғол Халық Ұлы Құралының депутаты ретінде қазақтардың елге оралуға деген құқығын қорғады. 1992 жылдың 13 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президентіне хат жолдап: «...Моңғолия біздің өмір сүруіміз үшін қаншалықты қолайлы болғанымен, қазақтар біртұтас ел болып, бас қосуымыз керек. Қазақ халқының тарихқа кеткен есесін қайтару үшін, сөйтіп, Қазақстанды әрі азат, әрі іргелі елге айналдыру үшін барлық қазақтың бас біріктіруі қажет. Моңғолиядағы 130 мың қазақтың бір пәтуаға қелген мақсат-мүддесі – осы!» – деп өз ойын білдірді.

      Қаржаубай Сартқожаұлы 2001 жылдан бері Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жұмыс істейді. Ол – «Түркітану және алтайтану» ғылыми орталығының директоры. 2008 жылы «Байырғы түрік жазуы: алфавит жүйесі және фонологиясы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Сартқожаұлы Қаржаубай – Кемал Ататүрік атындағы Түркі тарихы халықаралық академиясының мүшелігіне қабылданған алғашқы қазақстандық ғалым. Оның ежелгітүркі руника жазбасын зерттеу бойынша ғылыми жетістіктерінің нәтижесінде Қазақстан алғаш рет осы беделді, әлемнің 40 елінен, соның ішінде Жапония, Франция, Египет, Иордания, Голландия, Тунис, Канада, Түркияның 62 түркітанушысын біріктіретін Халықаралық Академияның санатына кірді. Ғалым – қазақ және моңғол тілдерінде өзекті ғылыми еңбектердің авторы: «Біріккен түрік қағанаты» (2002); «Орхон мұралары». 1 кітап (2003); «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» (М.Жолдасбековпен бірге, 2005, I том); «Полный атлас Орхонских памятников» (М.Жолдасбековпен бірге, 2007 жыл, I том); «Байырғы түрік жазуының генезисі» (2007); «Орхон мұралары». 2 кітап (2012); «Генезис древнетюркских писем» (2012); «Ерте орта ғасырдағы байырғы тюрк жерасты мавзолейі» (2013, моңғол тілінде).

      Сартқожаұлы Қаржаубай Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ұстаздық етумен қатар көне түркі жазбаларын зерттейтін ғылыми қор құрды, «Жазу тарихы» музейін ашты, «Күлтегін» атты фильм шығарды.

   Қытай Халық Республикасынан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ресейден, Қырғызстаннан келген репатриант ғалымдардың қатарында Қазақстан ғылымының көкжиегінен лайықты орын алған Мініс Әбілтайды ерекше атауға болады.

        Мініс Әбілтайұлы 1992 жылы Қазақстанға көшіп келіп, Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде профессорлық қызмет атқарды. Атажұртында жиырма жыл өмір сүріп, 2012 жылы қайтыс болған ғалымның Қазақстанда «Тұрар Рысқұлов Моңғолияда» атты еңбегі және бірқатар ғылыми мақалалары жарық көрді.

       Елге оралған ғалымдардың бір бөлігі шетелден кәсіби маманданып келсе, енді бірі мемлекет қолдауымен аспирантура мен докторантураларда оқып, ғылым ордаларын толықтырды. Академиялық ұжымдарда еңбек еткен, диссертациялық жұмыстарын қорғаған оралман-ғалымдар: Моңғолиядан лингвист, филология ғылымдарының докторы Қалиасқарұлы Қабидаш, этнологтар, тарих ғылымдарының кандидаттары Қатран Досымбек пен Хинаят Бабақұмар, экономист Бодаухан Қайрат; Қытайдан тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы қытай, манжұр, ағылшын тілдерін жетік меңгерген білгір тарихнамашы доктор Бақыт Еженхан, лингвист, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Ғабитханұлы, шығыстанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Ошан Жанымхан,  археолог Сағынтай Сұңғатай және т.б. Сондай-ақ Қытайдан келген таңжарықтанудың негізін қалаған зерттеуші, фолклорист Оразамбай Егеубай, Жақсылық Сәмит, Тұрсынхан Закон, Нұрлан Кенжеахмет, Иманғали Нұрахмет, Бекқожа Жылқыбек, Өзбекстаннан келген танымал шығыстанушы Әшірбек Мөмін мен Ираннан келген Ислам Жеменейлердің Қазақстан тарихы мен этнографиясын, деректану саласын дамытудағы еңбектері құрметке лайық.

     Атажұртқа оралған ғалымдардың Қазақстан ғылымындағы алар орны ерекше. Себебі бұрын орыс тіліндегі еңбектерді ғана басшылыққа алып, негіз етіп келген Қазақстан тарихшылары үшін жаңа мүмкіндіктер туды. Бес мың жылдық жазба тарихы сақталған Қытай жылнамаларын «қазақ тарихының алтын көмбесі» деуге болады. Қазақ тарихына қатысты талай дерек қытай мұрағаттарында жатыр. Беті бүркеулі тарихи ақиқат деректерімізге қол жеткізу күні кешеге дейін тым қиын болып келді. Бұған Кеңес пен Қытай елдерінің арақатынасындағы салқындық, ортада орнаған темір «шымылдық», тілдік бөгеттер әсер етті. Осындай жағдайда қазақ тарих ғылымына сол елдегі қандас ғалымдар көмек қолын созды.

      Қытай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректерді зерттеудің, қазақ тарихы туралы білімнің кең құлаш жаюына ықпал етудің көшбасшысы Нығмет Мыңжанұлы болса, оның ізін ала шыққан Жақып Мырзаханов, Жақып Жүнісұлы, Шадыман Ахметұлы, Қаһарман Мұқанұлы, Дүйсенәлі Әбділәшімұлы т.б. қазақ тарихының қытай деректерінің негізінде жазылуындағы рөлін айтып кету керек.

      Қазақстанға көшіп келген Нәбижан Мұхаметқанұлы, Бақыт Еженханұлы, Әлімғазы Дәулетхан сияқты тарихшы ғалымдар ұлттық тарихымызды шығыстық деректер бойынша зерттеу ісіндегі қуатты күшке айналды. Біршама деректер түпнұсқадан алынатын болды.

      Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қытайтану кафедрасының меңгерушісі, синолог, шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұқаметханұлы Нәбижанның Қазақстан ғылымындағы алар орны ерекше. Ғалым 1993-1997 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аспиранты, докторанты, 1997-2000 жылдары жетекші ғылыми қызметкер болды. 1995 жылы «Қазақ-қытай қарым-қатынастарының даму тарихы» (XVIII-XX  ғасырлар аралығы) деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын,  2000 жылы «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы» (1860-1920 ж.) атты докторлық диссертациясын қорғады.

      2000 жылы Н.Мұқаметханұлы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетіне жұмысқа ауысады.  2007 жылы «Халықаралық қатынас  және ҚР сыртқы саясаты» кафедрасында профессор, 2012 жылы университет жанынан құрылған «Қазіргі заманға Қытайды зерттеу орталығының» директорлығына тағайындалды. 2014 жылдан бастап осы университеттің Шығыстану факультетінде Қытайтану кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруда. Мұқаметханұлы Нәбижан – 300-ден астам еңбектің авторы, оның ішінде 14 монография (оның үшеуі басқа авторлармен бірлесіп жазылған): «Қазақ зерттеулер» (Үрімжі, 1989), «Чиң патшалығы кезіндегі қазақ халқы» (Үрімжі, 1997), «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы» (Алматы, 2000), «Қазақ тарихының өзекті мәселелері (Павлодар, 2010)», «Дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелері» (Алматы, 2010), «Қытайдың сыртқы саясаты және Қазақстанмен қатынасы» (Ж.Кәріпжановпен бірге. Алматы, 2013), «Ізденіс: тарих және замана» (2014), 3 ғылыми аударма бар. Аталған еңбектер Мұқаметханұлы Нәбижанның диаспорология, Қазақстан тарихы, әлем тарихы, қытайтану, шығыстану ғылыми салаларын дамытуға сіңірген еңбегінен хабар береді.

     Қазақстандық тарих ғылымының танымал өкілі, Қытайдан 1969 жылы оралған, ортағасырлық Қазақстан тарихы зерттеген тарихшы ғалым Әлімғазы Дәулетханның еңбегі де орасан.

     Әлімғазы Дәулетхан 1996 жылдан бері Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында еңбек етіп келеді. Қазір институттың Ежелгі және орта ғасыр Қазақстан мен шегаралас елдер тарихы бөлімінде жеткші ғылыми қызметкер. Ол 2002 жылы «Түркеш қағанаты: саяси және мәдени тарихын зерттеу 692-766 жылдар» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Кейін 2005 жылы «Түркеш қағанаты» (692-766 ж.)  атты монографиясын жарыққа шығарды [2]. Ғалымның бұл еңбегі қазақ тарихының ғасырға жуық ақтаңдағын айқындап, түркештердің этникалық құрамы, этноаумағын, ел билеу үрдісі, дипломатиясы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық және мәдени жағдайына қатысты көптеген тың және нақтылы мәліметтер негізінде жазылған.

      Әлімғазы Дәулетханұлының ұзақ жылғы ғылыми ізденістерінің жиынтығы ретіндегі «Ежелгі және орта ғасырлардағы түркілер» атты көлемді зерттеу еңбегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы мың жылдық пен б.д. VІІІ ғасырына дейінгі тарихи оқиғаларды зерделеуге арналған. Ғалымның 2015 жылы жарыққа шыққан «Шығыс Түркістан халықтары ұлт-азаттық дәуірі әдебиеті» (1679-1949) атты көлемді ғылыми монографиясы да – осындай талмай ізденудің нәтижесінде жарық көрген еңбек.  Ә.Дәулетханұлы –200-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеулердің, оның ішінде 4 монографиялық еңбектің, оқу құралдары мен оқулықтардың авторы.

     Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қытайдан келген репатриант Тұрсынхан Зәкенұлы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ шығыстану кафедрасында 2001 жылдан бастап жұмыс істейді. 1993 жылы тарихи атамекеніне көшіп келген Т.Зәкенұлы еңбек жолын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы ретінде бастады. Кейін аспирантурада оқып, 1998 жылы «ХХ ғасырдың 40-жылдарындағы Шыңжаң қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын, 2009 жылы «Көне түркі ескертіштеріндегі қытай жазбалары және олардың Отан тарихынан деректік әлеуеті» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Осы еңбектері арқылы ғалым қазақ тарихының көнешығыстық бөлімін жаңа мағлұматтармен толықтырды, сондай-ақ қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының географиялық ауқымы туралы түсініктерді кеңейтті [3].

      Т.Зәкенұлы – «Көк бөрілердің көз жасы», «Х-ХIХ ғасырлардағы қазақ-ойрат қатынастары», «Тастағы тарих: көне түркі ұсындарындағы қытай мәтіндері», «Ұмытылған Республика», «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары» монографиялары, «Х-ХІХ ғасырлардағы қазақ ойрат қатынастары», «Қытай әдебиеті»  т.б. еңбектердің де авторы. Ғалым – Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

      Қытай қазақтары арасынан шыққан алғашқы тарих ғылымдарының докторы Бахыт Еженханұлы ҚР БҒМ ҒК Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Азия және Тынық мұхиты аймағы бөлімінің меңгерушісі, Ph.D, бас ғылыми қызметкер, Дүниежүзі қазақтары қауымдасты диаспорология орталығының меңгерушісі. Бақыт Еженханұлының  магистрлік диссертациясының тақырыбы – «Цин патшалық дәуірінің соңғы кезеңінде Шығыс Іле аумағына қоныс аударған қазақтар және олардың әлеуметтік жағдайлары». Ғалым 1991 жылы ҚХР Нанькин университетінде көне қытай тарихы бойынша докторлық диссертациясын қорғады.

     1993 жылы тарихи атамекеніне оралып, ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. «Қазақстан Шығыс өркениеті қарым-қатынасы жүйесінде: тарих, деректану, мәдениет», «Ұлттық идея» ғылыми зерттеулері бар, «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазаққа қатысты Қытай мұрағат құжаттарын жинастыру және зерттеу», «Қазақстан және Орталық Азия тарихы мен мәдениеті туралы қытай тарихнамасы» атты  республикалық жобалардың қатысушысы әрі жоба жетекшісі болды. Бахыт Еженханұлы – «Қазақтардың Шыңжаң және Моңғол жерлеріне қоныс аудару тарихына байланысты Қытай мұрағат құжаттары», «Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы сауда қатынастары туралы Қытай мұрағат құжаттары», «Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы саяси-дипломатиялық қатынастар туралы Қытай мұрағат құжаттары» атты еңбектердің де авторы.

     Шетелдік білімін атамекенінде шыңдаған филолог Гүлжан Ахметбек, тарихшылар Зәкенұлы Тұрсынхан мен Зиябек Қабылдинов, шығыстанушы Базылхан Нәпіл, заңгер Роза Өміртай және басқалары Алматыда Ұлттық университеттерде оқып, диссертацияларын қорғады.

      Досымбек Қатыранұлы 1991 жылдан ҚР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аспирантурасында оқып, 1996 жылы «Қазақтардың дәстүрлі тағамдар жүйесі» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 1998 жылға дейін осы институтта ғылыми қызметкер, 1998 жылдан халықаралық құқық академиясының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2000 жылдан ҚР Орталық мемлекеттік музейінің антропология және этнология орталығының жетекшісі қызметін атқарып келді. Досымбек Қатыранұлы – «Қазақтың дәстүрлі ас-тағам мәдениеті» атты ғылыми монографияның, «Музей ісі теориясы мен практикасы» атты оқу құралының авторы. Ғалым «Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты моңғол деректері» атты еңбекті құрастыруға да атсалысты.

      Дүкен Мәсімханұлы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шақыртуымен келген ақын, аудармашы, шығыстанушы. Д.Мәсімханұлы 1993-2002 жылдары шығыстану факультетінде қытай тілінен сабақ беріп, кафедраны басқарды. 2002 жылдан бері Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қызмет етіп келеді. Қазақстанда кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғап, «профессор» аттанды. Қазіргі уақытта ЕҰУ филология факультетінің қытай тілі кафедрасында меңгеруші қызметін атқарады. Ол шамамен 20 монография, жинақ, оқу құралдары, романдардың авторы, 300-ден астам ғылыми мақаласы Қазақстанда және одан тысқары жерлерде басылған. Д.Мәсімханұлының «Жыр-жебе» (монография, 2000), «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» (монография, 2007), «Қытай тілі фонетикасының негіздері» (оқулық, 2002), «Сөз – желкен» (монография, 2005) және т.б. еңбектерін атап өтуге болады. Профессор ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстармен айналысады, Астана қаласының «Атажұрт» оралмандар кеңесінің төрағасы болып сайланды, қандастармен байланыс жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі.

      Ресей Федерациясының Омбы облысында туған Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы 1991 жылы Омбы мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіріп, 1994-1996 жылдары «Қайнар» университетінің Павлодар филиалында оқытушы қызметін атқарды, 1996-2003 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Павлодар Заң университетінде қызмет етті. 2004 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ тарих кафедрасының меңгерушісі, ректордың кеңесшісі, тәрбие ісі жөніндегі проректор, әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, әкімшілік-шаруашылық жұмыстары жөніндегі проректор. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Евразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

     З.Е. Қабылдинов 1997 жылы кандидаттық, 2003 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Ол үш монографияның («Казахи Западной Сибири во второй половине XVIII - начале XX веков», «Казахи внутренних губерний России во второй половине XVIII - начале XX веков», «Казахи России во второй половине XVIII - начале XX веков»), жеті оқу құралының, Қазақстан тарихы бойынша терминологиялық сөздіктің, 250-ден астам ғылыми мақалаланың авторы. 2008-2012 жылдары 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» атты оқулығын шығарды.

   Өзбекстаннан келген Әшірбек Муминов ғылыми ортада арабист ғалым, исламтанушы ретінде танымал. 1982 жылы Ташкенттегі Мемлекеттік университеттің Шығыс тілдері факультетін бітірген соң ол КСРО ҒА Шығыстану институты Ленинград бөлімінің аспирантурасында оқыған. Петербургте 1991 жылы кандидаттық диссертациясын, 2003 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Халықаралық ғылыми гранттардың, оның ішінде «Александер-фон-Гумбольт» (Германия, 1999-2001), Вашингтон университетінің «University of Washington Educational Partnership Program for Cultural and Comparative Religious Studies» (Сиэттл, США, 2005), Индиана университетінің (Блумингтон, США) «Islamization and Sacred Genealogiesin Central Asia, XIV-XX Centuries» (2006), «Patrimoine manuseritd’Asiecentral islamigue: catalogue desmanuscritsorientauxde Noukous» тақырыбы бойынша «Mondeiranien» (Париж, Франция, 2006), Фулбрайт (США, 2011-2012), Коч университетінің (Турция, 2012-2013) және т.б. иегері. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша көптеген ғылыми еңбектердің авторы, «Казахстанские востоковедные исследования» сериясы төрағасының орынбасары, ислам, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті проблемалары бойынша ғылыми конференциялардың қатысушысы. Бүгінгі таңда Ә.Муминов – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ дінтану кафедрасының меңгерушісі.

     Еліміздің институттары мен жетекші университеттерінде жұмыс істеп жатқан өзге де репатрианттарды атауға болады. Ираннан келген филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей; Моңғолиядан келген Болатхан Зиядан; белгілі халықаралық журналист, журналистика кафедрасының меңгерушісі, Моңғолиядан келген Досан Баймолда; тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Орталық мемлекеттік музейінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, түрколог, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан және т.б.

     Шетелден оралған қандастарымыздың Қазақстан ғылымына қосқан үлесі туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев: «Отандық ғылым мен жоғарғы мектеп солар арқылы жоғары білікті мамандарға ие болды. Олардың мемлекеттік тілде жазылған еңбектері ғылыми терминологияны дамытуға ықпал етуде.  Бұл ғалымдардың артықшылығы қытай, моңғол, жапон, венгр, түрік, араб, парсы, ағылшын тілдеріндегі, бұрын қол жетпейтін шетелдердегі мұрағаттар құжаттарын пайдалана алуында деп көрсеткен орынды. Сонымен бірге зерттеулердің әдісі мен әдіснамасына тыңнан өзерістер енгізіліп, олардың тарихнамасы, дереккөздері, сол елдердегі статистикалық мәліметтермен толықтырылғаны белгілі. Қазақстанға осындай мамандар даярлау үшін бірнеше онжылдықтар қажет болар еді!» –  деген еді [4].  

     Сөз соңында айтарым: қандастарымыздың Қазақстан ғылымына қосқан үлесі туралы мақаламызда біз ХХ ғасырдың соңында, тәуелсіздік жылдарында келген, негізінен қоғамдық ғылымдар саласында еңбек етіп жүрген ғалымдарға ғана тоқталдық. ХХ ғасырдың ортасынан бастап оралған барлық ғылым салалары бойынша талдап-таныту мақала көлемінен асып түсері анық. Сол себепті мақалаға енбей, аты аталмай қалған ғалым-қандастарымыздан алдын ала кешірім сұраймын.

 

Әдебиет:

  1. Қинаятұлы З.. Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ-ХІІ ғасырлар. - Астана: Елорда. 2001. - 208 б.
  2. Дәулетхан Ә. Түркеш қағанаты. – Алматы: Қазақпарат, 2005. - 180 б.
  3. Ермекбай Ж.А. Репатрианттардың Қазақстан білімін, ғылымын, мәдениеті мен бизнесін дамытуға қосқан үлесі // Қазақ диаспорасының жасампаз әлеуеті: тарихы және заманауи келбеті. Республикалық ғылыми-практикалық конференция  материалдары. - Алматы: Атажұрт, 2013. -  480 б.  
  4. 4.            Мамашев Т. Қауымдастық, қазақ диаспорасы және отандастар ынтымақтастығы / - Алтын бесік. - 2012. -№6. - 5 б.

 

      Айжамал Құдайбергенова, тарих ғылымдарының докторы, доцент 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті