Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы

Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы

1275082_10153214291540066_184900652_o

     Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билері­міз бен жырауларымыз ғана бол­мауға тиіс. Мен бүгінгі замандастары­мыздың жетістік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетіс­тігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр» деген салмақты пікір бар. Яғни, тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан әрбір азаматты бүгін ел білуі, тануы тиіс.

     Осы ұстанымға орай, біз Италия­дағы Боккони университетінің лек­торы, «Мемлекетті басқару» магистр­лік бағ­дарламасының меңгерушісі Әйгерім Болатқызын оқырмандарға таныстыру­ды жөн көрдік.

     Әйгеріммен алғаш рет біз Аста­нада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрыл­тайында таныстық.

         – Әйгерім, құрылтай кезінде Елбасы алдында сөйлеген сөзіңізден біз сіздің 7 тілде еркін сөйлейтініңізді, қазір Сингапур мен Италияда өмір сүретініңізді білдік. Балалық шағыңыз қайда өтті? Қайда білім алдыңыз?

        – Мен 1980 жылы Моңғолияның батыс өлкесі Баян-Өлгей аймағында ұстаздар отбасында дүниеге келдім. Отбасында үш баламыз. Ағам Түркияда, інім Ресейде оқып, білім алды. Қазір Қазақстанда қызмет етеді.

       Мектепті алтын медальмен бітірген соң, Моңғолия мемлекеттік университетінің чех тілі бойынша халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түстім. Студент кезімде Уланбатыр қаласында алғаш рет қазақ тілінде Қазақстанда болып жатқан соңғы жаңалықтарды таратып, Моңғолия қазақ­тарының зиялы тұлғалары, саясаткерлері, әртістері және Қазақстанның Моңғолиядағы өкілетті елшісін эфирге шақырып, сұхбат жүргіздім. Осы және өзге де еңбектерімді Моңғолия үкіметі жоғары бағалап «Талантты жас буын» алтын медалімен марапат­тады.

     Моңғолияның мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Дүниежүзілік банктің «халықты кедейшіліктен шығару» бағдарламасында премьер-министр кеңесшісінің көмекші лауазымында қызмет еттім. 2002 жылы Чех мемлекетінің грантымен Праганың ұлттық университетінде экономист мамандығымен магистр атандым. 2004–2006 жылдары Моңғолияның сауда және индустрия министрлігінде Германия елінің GІZ және сыртқы сауда саясаты жобасында жұмыс істедім. 2006 жылы Сингапурдың Ли Куан Ю мектебіне Азия даму банкінің грантымен оқуға түстім. Осында оқып жүріп Тайланд елінің астанасы Бангкок қаласын­дағы БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхит елдерінің экономикалық және әлеуметтік комиссиясында Сингапур, Тайланд, Моңғолия елдерінің көші-қон саясатын өзара салыстырған ғылыми жұмыс жаздым. Сондай-ақ, студенттердің қатысуымен қоғамдағы мүгедек, қартайған адамдарға көмек көрсету мақсатында көптеген іс-шаралар атқарып, «Гарвин» – лидерлік атағына ие болдым.

10550161_10154574316905066_923189647698845883_o

      – Әйгерім, сіз «мемлекеттік саясат» бойынша мамандар дайындауда 15 жылдан астам кәсіби тәжірибе жинақтаған мамансыз. Осы біліміңізді туған еліңізбен бөлісіп жүргеніңізден хабардармыз. Толықтырып айтып берсеңіз.

      – Құрылтайда Елбасы алдында айтқан «әлемнің қай жерінде жүрсек те біздің жанымыз да, қанымыз да қазақ» деген сөзімді тағы қайталағым келіп отыр. Сингапурдағы оқуымды табысты аяқтаған соң Астанадағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік саясат мектебін» дамыту жобасына жауапты менеджер болып жұмысқа орналастым. Кешікпей Сингапур ұлттық университетінің арнайы шақыруымен Орта Азия елдері бөліміне басшы қызметіне барып, сол қызметті жеті жылдай абыроймен атқардым. Алғашқы еңбек жолым Азия даму банкінің 1,2 миллион долларлық қаржысы бар «Орталық Азияның сегіз елінің лидерлерін қайта оқыту» үш жылдық жобасын қолға алудан басталды. Осы жоба бойынша 2009–2012 жылдар арасында Азияның сегіз елінде 250-дей мемлекеттік қызметкерді оқудан өткіздік. Сонымен қатар, Оңтүстік шығыс Азия елдерінің Бруней-Даруссалам, Мьянма, Тайланд, Въетнам, Индонезия, Үндістан елдерінің мемлекеттік қызметкерлерін қысқа мерзімді оқумен қамтып, Жапонияның Nіppon Foundatіon қорымен Сингапур ұлттық универси­тетінің арасында тағы да үш жылдық келісім-шарт­тың табысты іске асуына барынша қызмет еттім.

      Сол жылдары Қазақстан мен Сингапур мемлекеттерінің білім беру саласындағы жақын қарым-қатынасының дамуына көп күш салдым. Қазақ мемлекетінің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі үшін Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесі өте маңызды. Сингапур аз жыл ішінде даңқты ұлы Ли Куан Ю-дің басшылығымен «Үшінші» әлемнен «Бірінші» әлемге зор серпіліспен қол жеткізген ел. Тарихи тұрғыда қысқа уақыт ішінде ауқымды эволюция жасап, әлемдік қауымдастықта маңызды орынға ие болған Сингапур мемлекетінің тәжірибесі Қазақстан үшін үлкен сабақ екені белгілі.

     Сол мақсатпен Ли Куан Ю (ЛКЮ) мектебінде менің басқаруыммен 200-ге жуық Қазақстанның мемле­кеттік саясаткері, яғни, министрлер, вице-министр­лер, департамент директорлары, жауапты хатшы­лар Астана және Сингапур қалаларында қысқа мерзімді оқуға қамтылып, мемлекеттік саясат саласындағы білімдерін шыңдады. 2011 жылы сол кездегі үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бастаған кабинет мүшелері Назарбаев университетінде менің бастамаммен ұйымдастырылған қысқа мерзімді оқуға қамтылды.

      2012 жылы ЛКЮ мектебі тарапынан Назарбаев Университетінің жанынан “Жоғары мемлекеттік саясат мектебін” (ЖМСМ) ашу және оның жұмысын ары қарай жүргізу туралы 5 жылдық келісім-шартқа қол қойдық. Бұл серіктестіктің негізгі мақсаты – ЛКЮ мектебінен Назарбаев Университеті жанындағы ЖМСМ-нің магистратура және докторантура бағдарламаларының акаде­миялық оқу структурасын жасау, стратегиялық даму жобасын даярлау, шет елден ең үздік профессорларды және менеджерлерді жұмысқа тарту. Сонымен қатар, Орталық Азия, Моңғолия, Қытай және т.б. шет ел студенттерін жыл сайын осы жаңа оқу орнына тартып, оларға қойылатын шарттарды бекітіп, мектептің ішкі және сыртқы саясатын жоспарлау және ғылыми зерттеу жобаларын Қазақстанның негізгі даму салаларына қажетті тақырыпта жүргізуді  қамтамасыз ету. ЖМСМ осы салаларда ғылыми жұмыстарды екі елдің үздік профессорларына жасату, оларды дүние жүзіндегі үздік ғылыми журналдарға жариялау сынды міндеттерді ЛКЮ мектебінің тәжірибесіне сүйене отырып, дүние жүзіндегі ең үздік университеттердің қатарына қосылу үшін халықаралық стандарттағы жоғарғы мамандық­тарды өз елімізде дайындау ісіне атсалысуды көздедім.

      2015 жылдан бері мен Италияның Милан қаласындағы Боккони университетінде лектор және МРА магистрлік программасының меңгерушісі болып қызмет етудемін. Дүние жүзінде «менедж­мент-басқару» саласында маман дайындауда алдыңғы орынға кіретін Боккони университетінде қазақ жастарының да білім алуына мүмкіндік жасау үшін 2016 жылы осы жоғарғы оқу орнын «Болашақ» бағдарламасының негізгі тізіміне енгізуге күш салдым.

      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен тікелей қарым-қатынас орнатып, Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Әлихан Бәйменовпен келісім-шартқа қол қою нәтижесінде, Қазақстан азаматтары алғаш рет Боккони университетінің мемлекетті басқару магистрлік (МРА) бағдарламасында «Болашақ» стипендиясымен білім алатын мүмкіндікке ие болды.

      Өзімнің тікелей араласуыммен Боккони университетімен Қазақстаннан бөлек, Грузия, Қытай мемлекеттері, Солтүстік Корея институттары қарым-қатынас орнатып, сол елдердің мемлекеттік қызметкерлерін үкімет стипендиясымен МРА бағдардарламасына оқуға түсіруге мүмкіндік жасадым.

     Назарбаев Университетінің студенттеріне арналған Сингапурдегі 2 апталық жаздық бағдар­ламаны ұйымдастыру жұмыстары да өзімнің қатысуыммен  іске асуда.

        – Әйгерім, алдағы уақытта елге ораласыз ба, жоспарыңыз қандай?

    – Жұмыс барысымен Қазақстанға жиі келіп тұрамын. Менің мақсатым – Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқыту сапасын жақсарту. Азия мен Еуропаның үздік университеттерінің оқыту бағдарламаларының тәжірибесінен қажетті методикаларды, оқу орындарын басқару методо­логиясын Қазақстанның жоғары оқу орындарында іске асыру. Қолымнан келсе, білім саласындағы эксперттер мен мамандарға осы мәселелер жөнінде кеңес берсем деген ойым бар.

       – Сөз соңында кімдерді оқитыныңызды білгіміз келеді.

     – Қазір әлемдегі білімді де ғұлама адамдардың өмірбаянын, Ли Куан Ю-дың Сингапурдың даму тарихы туралы туындыларын, лидерлік жолдарын, соның ішінде әйелдер арасынан лидерлерді тәрбиелеу, Еуразияның даму тарихы, жаһандану, коммуникация, миграция саласындағы кітаптарды оқығанды ұнатамын. Бүгінгі күнге дейін дүние жүзіндегі 50-ден аса елдерді араладым. Сонда жаһан­дану, әсіресе, білім жүйелеріндегі жетістік­терді зерттеп, сол тәжірибелерді  Қазақстанда іске асыруға мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Назарбаев Университетінен Жоғарғы мемлекеттік саясат мектебін ашып, Азияның ерекшелігіне негізделген үздік оқу системасын Қазақстанда іске асыруға мүмкіндік жасауы, Елбасының – ел қамын, болашағын әріден ойлайтындығының дәлелі. Біз қазір білімді де білікті кадрларды, мемлекеттік саясаткерлерді, меңгерушілер мен көшбасшыларды өз елімізде дайындаудамыз.

       Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

http://almaty-akshamy.kz/2017/08/11/%D3%99%D0%B9%D0%B3%D0%B5%D1%80%D1%96%D0%BC-%D0%B1%D0%BE%D0%BB%D0%B0%D1%82%D2%9B%D1%8B%D0%B7%D1%8B-%D2%9B%D0%B0%D0%B9%D0%B4%D0%B0-%D0%B6%D2%AF%D1%80%D1%81%D0%B5%D0%BC-%D0%B4%D0%B5-%D2%9B%D0%B0%D0%B7/

толығырақ

     Жақында ғана Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы дүркіреп өтті. Әлемнің 40-қа жуық елінен келген 300-ден астам делегат Астанада бас қосып, атажұрттағы ағайынмен арқа-жарқа қауқылдасып, аунап-қунап қайтты. Осы орайда біз Қытай елінен келген белгілі әнші Қазыкен Мұхамедқалиұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

      −Қазыкен мырза! Қош келіпсіз, Астанаға бұрын да жолыңыз түскен шығар?

    − Иә, мен былтыр ғана келіп кеткем. Халықаралық «Шабыт» фестивалінде эстрада бойынша қазылық жасадым. Шынымды айтайын, бұл жолғы әсер ерекше. Қалай тез дамып, адам танымастай өзгерген?! Өнер сапарларымен Еуропа елдеріне де көп шығып тұрамын ғой, талай қалаларды көрдік дегендей. Бірақ, Астана қаласының жөні бөлек. Бұл қаладан дүние жүзінің барлық ғимарат үлгілері топтастырылған және ұлттық нақыш тапқан ерекше үйлесімді көрдім. Мұны көріп осы қаланың Қазақ елінің қаласы екенін, қазақ екеніңді мақтаныш етеді екенсің. Кеше «Этноауылды» араладық. Өте жақсы жасалыпты. Туыстарға көрсетуге небір тамаша естеліктер жиынтығын алып бара жатырмыз.

     − Сізді жұрт танымал әнші ре­тінде және Қытайдағы қазақ тілді телеарналардағы «Қазақстан дауы­сы» секілді жобалардан тәлімгер ре­тінде жақсы таниды. Өнердегі же­тістіктеріңіз туралы қысқаша айт­саңыз?

    − Мен ұзақ жыл Бейжің қаласында тұрдым. Оқыған мамандығым пианино еді. Кейін эстрадаға ауыстым. Оқуды бітіріп Алтайға келіп үш жылдай қызмет еттім де, содан кейін өз өнерімді жетілдіру үшін қайтадан Бейжіңге кеттім. Сонда біраз жігіттердің басын қосып топ құрдым. Басында рок айтып, кейін өзіміздің халық әндеріне ойыстық. Өзім де ән шығарып, орындадым. Нәтижеміз жаман емес, 2000 жылы Қытайдың жыл сайынғы көктем мерекесі қарсаңында өтетін фестиваліне қатысып жүлделі болдық. Шыны керек, ол байқауға қатысу мүмкіндігін алудың өзі өте қиын. Сонымен бірге, халықаралық фестивальдарға жиі барамыз. Азия бойынша өткен «Жаңа әуен» байқауында үш аталым бойынша бас жүлдені еншіледік. Мұндай жетістіктеріміз аз емес. Испания, Фран­ция, Корея сынды көптеген елдердің белді фестивальдарынан жүлделі орал­ ды. Ел іші, сыртындағы өзге де жетістік­ теріміздің барлығын мынау атүсті әңгімеде кең көлемде айтып беру оңай да емес болып тұр... Қысқасы, қайда жүрсек те қазақ өнерін дәріптеуден танған емеспіз.

     − Қазір немен айналысып жүрсіз?

    − Мен концерттер ұйымдастырудан бөлек жеке кәсіппен және шәкірттер тәрбиелеумен айналысып келемін. Өйткені, талантты жастарымыздың жолы кесіліп жататын келеңсіз жағ­дайларды көремін, солардың өз дең­гейінде өнер көрсетуін, қазақ өнерін жалпақ жұртқа паш етуін қаладым.

     − Мықты шәкірттеріңіз бар ма?

    − Иә, жаңа ғана айтқан «Шабыт» халықаралық фестивалінде Қай­ сар Далай деген әнші бауырымыз «Эстрада» жанры бойынша бас жүлдені қанжығалап қайтты. Сәмет, Сержан, Әділ сынды жас перілер енді жарқырап көрініп жүр. Осы жақтағы «Қазақстан дауысы» сынды «Күміс көмей» ән байқауында екі шәкіртім бірінші, екінші орындардан көрінді.

     − Құрылтай жөнінде айтсаңыз. Сіздің өз салаңызға қандай әсері бар?

    − Жалпы, қазаққа пайдасын тигізер қандай да бір жоба біздің де пайдамыз деп есептеймін. Құрылтай өте тамаша өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жастарының шығармашылық байланыстары жөнінде айтты. Соның ішінде өзге елдердегі өнерпаз жас­тар Қазақстанға келіп концерттер қойып, түрлі шаралар мен өзара мәдениетті байыту жөнінде айтты. Өте құптарлық сөз. Шынымды айтсам, енді осындағы достарым бар, екі елдің мәдениет алмасу бойынша арнайы орындарымен селбесіп өнерімізді атажұртта да көрсетсек деген ой келіп отыр. Осында Ерлан Көкеев сынды әріптес достарым бар ғой, солармен де ақылдасып бұл ойды іске асыруға тырысамын.

     − Сәттілік тілейміз. Бір ауыз тілегіңіз...

    − Тілегім, екі ел арасы мәңгі тыныш, ынтымақты болса екен. Екі ел басшыларының достығы мәңгі жараса берсе. Қытайда бір жарым миллион қазақ бар деп жатамыз, солардың да тілейтіні екі ел аман болса, достығы берік, қатарласа қарқынды дамыса деп тілейді. Ләйім солай бола берсін.

    Әңгімелескен Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

    https://pdf.egemen.kz/pdfs/2017/06/28062016-1.pdf 

толығырақ

        Аса құрметті Елбасы!

       Құрметті құрылтайға қатысушылар!

     25 жылда әлемдік қоғамдастықтан мәртебелі орнын тапқан Қазақстанның жетістіктеріне  бүкіл әлем куә

      Бұл, құрметті Елбасы, Сіздің және барша қазақстандықтардың ортақ жеңісі болды.

      Қазақтың баянды болашағы жолындағы Сіздің орасан еңбегіңізге әлем қазақтары басын иеді.

       Аса мәртебелі Елбасы!

      Сіз биылғы халыққа Жолдауыңызда Қазақстанның үшінші жаңғыруына қажетті жаңа міндеттер қойдыңыз.

      Индустриялық даму үшін жастар білімді болуы керек. 

    Яғни, Жолдау мен Рухани жаңғыру туралы мақала өзара тығыз байланысты.   

    Сіз мақалаңызда «білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» дедіңіз.

   Мен осындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде 1 жыл дәріс бергенмін.

      Сол кезде Қазақстанның оқу орындары әлемнің әйгілі университеттерімен терезе теңестіре бастағанын көріп, көзайым болдым.

      Қазір «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынуда.  

      Бұл жобаға қатысуға біз, шетелдегі қазақ ғалымдары зор қызығушылық танытып отырмыз.

      Себебі, біліміміз бен тәжірибемізді Қазақ елінің игілігіне жарату біз үшін үлкен мәртебе.

     Қазақстан латыншаға көшкен соң бұрын төте жазумен, кириллицамен шыққан құнды дүниелер латын әрпімен көптеп басылып, бәріміздің ортақ қазынамызға айналады деген үміттемін. 

       Сіз әрдайым жастарды қолдап, оларға барынша жағдай жасап келесіз.

      Бүгінгі құрылтайға да әлемнің әр түкпіріндегі жастарды жинадыңыз.

     Қазір ғаламторда порталдар ашып, қазақ тілі мен тарихына, мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне адал қызмет етуге талпынған жастар көп.

      Соларға барынша қолдау жасалса деген тілегім бар.

      Мағжан атамыз 1911 жылы былай деген еді:

Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр,
Бірі ай, бірі жұлдыз, бірі көк боп,
Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.

       Халқымыз 1 ғасыр бұрын өзгелерге осылай қызыға қараған.

       Қазір басқа елдер Қазақстан туралы осылай айтады.

   Білімі-ғылымы алға қарай даму үстіндегі Қазақстан “аспан-көкке асып жатқандай” күнге жеттік.

      Сөз соңыңда,  Сіздің “Руханый жаңғырұу” атты мақаласында көрсетілген бағыт-бағдарлардың толық іске асып, соның аясында атқарылатын жұмыстардың табысқа жетуіне тілектес екенімді айтқым келеді.

       Рахмет! 

толығырақ

Қайың сауған қазақ едім, Алтай – атамекенім,

Тағдыр маған ұсынбаған балы менен шекерін.

Иранда да иланбадым, басқа түскен тағдырға,

Жүрегімді баурамады бөтен әуен, бөтен үн.

Париж бенен Германия, Омбыда да қазақпын,

Шартараптан тапқан едім жұмыр бастың жетегін.

Аяғымды аңдып бастым қия-құзда, мұздақта,

Тік басатын сақтығындай шыңдағы таутекенің.

 

Нүкістегі Төлегеннің сағынышы ем сарғайған,

Қайда жүрсем қазақтығым – жүректегі қан майдан.

Көкмойнақпен Түрікпеннің түгел шарлап даласын,

Бесқала мен Қожаеліндей қол бұлғадым шалғайдан.

Қырғыз бенен Қырым астым, әділетсіз уақытта,

Сарыарқаның бал қымызы тамсандырып таңдайдан.

Өлекшіндей өмір кешу – намысыма қиянат,

Ал, тағдырым сипамаған тайқы туған маңдайдан!

 

Ақыт қажы, Оспан едім, Алтайдағы ақ боран,

Қарсы келген ажалға да қас-кірпігін қақпаған.

Гималайда киіз төсеп түйетайлы асуға,

Такламакан шөлінде де жанға дауа таппаған.

Кәшмірге де жеткен көшпін Елісханның жолымен,

Дүниенің бұрышында дәм бар ма мен татпаған?!

Атажұрттан кіндік үзіп, ұрпағымның қамы үшін,

Тағдыр кештім, кішігірім – шұбырынды ақтабан!

 

Қазақ үшін қайда жүрсем қайталаумен дұғамды,

Халифа Алтай боп оралдым қазақшалап Құранды.

Өзтүріктің Мұстафасы ем, жатқа намыс бермеген,

Күндерде де адаспадым найзағайлы, тұманды.

Ән боп естім Майра салған жүректерді тебірентіп,

Атам кешкен ғұмырды ойлап, жаным жасқа шыланды.

Бейбарыстай жусан аңсап, жырақта өскен қозыңмын,

Аңсағаным – Қыпшақ далам, құт тұғырым – Тұран-ды!

 

Мен байырғы қазақ едім Бай-Өлкеде бапталған,

Үмітімді үзбегенмін арайланған ақ таңнан.

«Жаламаның жаласынан» әупірімдеп жан қалып,

Тірі сойған тұлыбым да Кунскамерада сақталған.

Бостандықтың рухына бесігімде талпынып,

Қасқырдайын сирағымды шайнап үзіп қақпаннан.

Елге жеткен Күлтегіннің көктасындағы рухпын,

Таңдайымда балдай еріп, Ұлтқа деген тәтті арман.

 

Құдайменен арамызға ақ тілекті елші етіп,

Ешкімге де бас имеген өр қазақпын, еңсе тік,

Көксеркесі секілденіп ту-талақай  көкпардың,

Жалғандағы ғұмырымды қайсарлықпен өлшетіп.

Қазақстан – жүрегіме бойтұмардай жазылған,

Тарыдайын шашылуды өміріме енші етіп.

Атамекен, саған жетіп көз жасымды құрғаттым,

Көк Тәңірі көзімізге көкбайрақты көрсетіп!

 

Алтынордам күннен күнге құлпынайдай құлпыра,

Тарланбозым тақымымда, тізгінімді қымқыра.

Бар қазаққа құтты болсын, сауын айтқан құрылтай,

Көкбайрақтың қыран ұшқан биігіне ұмтыла.

Тәңіріме тәуба айтумен дұға қылдым, бас иіп,

Атажұртқа жетпей қалған боздақтардың рухына.

«Елім-айдың» зарын енді құлағыма естіртпе,

Елбасымен болашаққа қадам басқан жұртыма!

 

Уай, Нұраға, қазақ үшін адамзаттың асылы,

Астанасы – Алтынорда, иранбақтың жасылы.

Күнге құлаш сермеп туған Күлтегіннің қылышы,

Сауыты да алтындалған  Сақ пен Ғұнның хас ұлы.

Әлемдегі бар қандастың ықыласын қабыл ал,

Атажұртта басын қосқан ақ жүректің шашуы.

Қайта өрлеген қазағыма көк Тәңірі қуат бер,

Жасай берсін, жайнай берсін Қазақстан ғасыры! 

толығырақ

         Аса мәртебелі Елбасы!

         Ардақты ағайын!

       Қазақстаннан тысқары жерде тұрып жатқан қазақтар көз жеткізген бір шындық бар.

     Ол – Қазақ жері барлық түркі халықтары үшін үлкен үй, қара шаңырақ екені.

      Тағы бір айдай ақиқат нәрсе – қара шаңырақты ұстаған елдің тектілігі.

    Біз осындай текті халықтың бір бөлшегі екенімізді сезінген сайын масаттанып жүреміз. 

       Біз елімізбен мақтанамыз, елімізбен шаттанамыз!  

   Іргедегі Өзбекстанда отырған соң біздің атажұртқа барыс-келісіміз көп, Отанымыздың тыныс-тіршілігінен хабардармыз

      Былтыр Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткен Қазақстан осы уақытта 1991-жылы сөреден бірге шыққан елдердің бәрінен басып озды.

       Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшесі атанып отыр.

    Қастерлі атажұрттың төрінде өтіп жатқан ЕХРО-2017 көрмесі де халқымыз үшін шынайы мереке.

      Қазақ елі мәдени-рухани салада да зор табыстарға жетуде. 

      Бұл құрылтай қазақтың алпыс екі тамырында тулап жатқан ізгі қасиеттердің қайта түлер шағына тұспа-тұс келіп отыр.

    Дәл қазір әр қазақтың рухани жағынан түбегейлі өзгеріп, жансарайын жаңғыртатын шағы.

     Елбасының тынысы кең, мағынасы терең бағдарламалық мақаласы Қазақ Елі үшін рухани жаңғырудың нақты жоспарына айналуда.

     Мен басым Рухани жаңғыру туралы мақаланы өзбек тіліне аударып, сол жаққа таныстырдым.

     Қандастарымыздың ішінде көптеген басқосулар ұйымдастырып, мақаланың мәнін түсіндірдім.    

        Қадірлі Нұреке!

      Қауымдастықтың жарғысы бойынша, біз жиын соңында  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасын сайлауымыз керек.

     Осыған байланысты айтарым: біз Қауымдастық төрағасы тек Өзіңіз болғаныңызды қалаймыз.

     Осындағы ағайынның бәрі, дұрысы бүкіл әлем қазақтары  осы шешімді қуана қолдайды.

      Себебі, Сіз – тек Тәуелсіз Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем қазақтарының Елбасысыз.

     Біз Сізді ғана білеміз, Сізге ғана сенеміз.  

     Қазір басқа біреуді талқыға салудың өзі орынсыз деп ойлаймын. 

     Сіздің ел игілігі үшін атқарып жатқан ерен істеріңізге табыс, деніңізге саулық тілейміз!

    Бүкіл әлем қазақтарының жолы түйісіп, тілегі тоғысар қасиетті Атамекеннің құт қонған төсі әрдайым аман болсын!

     Тыңдағандарыңызға рахмет!

толығырақ

       Қадірлі қауым!

      Зеңгір көгінен арайлы күн шуағын төккен, айдай ажарын Сарыарқаның самалы өпкен асқақ Астанамызға, атажұртын аңсап жеткен, қаны бір, қасиеті ортақ ағайынның басын қосқан қастерлі құрылтай құтты болсын!

    Қазақ қашанда тағдырлы сәтте алыстағы ағайынға сауын айтып, құрылтай шақырып, Ұлытау, Ордабасы, Түркістан сынды киелі жерлерде келелі кеңес құрып, кеңінен ойласқан.

     Тарлан тарихтың тағылымына үңілсек, Ұлы даланың қағандары Ғұн заманында елді біріктіріп, жерін бүтіндеген.

     Түрік қағандығы тұсында аз халықты көп еткен, бәрін бейбіт еткен.

    Айбарлы Алтын Орда дәуірінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатқан.

     Бұл абат замандар алашқа аңсар болған!

     Осы сан ғасырлық аталар арман-аңсарына біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырында қол жеткіздік. Жаһан жұрты көз тіккен Елордасы төрткүл дүниеге төрелік айтатын өрелі елге айналдық.

   Сондықтан, межелі мезетте Астана төрінде тілегі ортақ, жүрегі бір барша бауырлардың басын қосқан бүгінгі Құрылтай да баянды болашаққа бағдар жасауда маңызды қадам болады деп үміттенеміз! 

      Ардақты ағайын!

       Туған жер тұрған жермен өлшенбейді.

     Киелі атамекен ұғымы алдымен біздің санамызда ай­шықталады, туған жер қаны­мыздың түйіршігінде, жаны­мыздың түкпірінде, тарихи таным-түйсігіміздің терең қатпарында қатталады.

        Осыдан құралған Отан деген қасиетті сөз ұрпақтың бойтұмарына айналады.

      Киелі жерлер – біз үшін, әуелі, құтты қоныс болған жер, әулие-әзірет қонған жер, бабалар бейіті қалған жер!

      Бұл тұрғыдан алғанда, алтын тақ Алтай да, өрісті Өтүкен де, жер жаннаты Жиделібайсын да, ел айырылған Еділ де барша қазақ үшін киелі мекен, құтты қоныс!

      Бір заманда қазақтың қатысуынсыз шегара сызылғанда, арғы бетте қалып қойған ағайынның біразы бүгінде өз ата қонысында отыр!

       Сондықтан біздіңше, ол жерлер де қазақ үшін киелі жер болып саналады!

    Жаһан кезіп Жерұйық іздеген бабадан қалған сыр­лы сөз халқымыздың санасының сергектігін, ұғымының байтақтығын көр­сетеді.

    Күңіреніп күн түбіне жортқан Күлтегінге ұран болған көк бөрі Сүйінбай жырында бөрілі байрақ болып қайта көтерілді!

    Сондықтан, Қазақ елі бүгінде бүкіл Түркі әлемінің және күллі көшпелі өркениеттің мұрагері ретінде мойындалып отыр.

     Бірнеше мемлекеттің еншісінде жатқан Алтайдың төрт тарапын да қазақтардың мекендейтіні осының айқын айғағы іспетті.

     Ендеше, Қазақ мәдениетін әлемге таныту арқылы біз тамырлас жұрттың құндылықтарын да түгендей түсеміз деген ойдамыз!

      Аса мәртебелі Елбасы!

       Мәдени жауһарларымызды жаһанға таныту мақсатында шет елдерде, әсіресе, диаспора шоғырланған елдерде арнайы орталықтар ашылса деген тілігіміз бар.

      Осы арқылы қастерлі қазақ тілі де құлашын кеңге жазып, тұғырын бекіте түседі деп пайымдаймыз.

    Осы орайда, қандастарға қатысты жұмыстарды жүйелі үйлестіретін өкілетті құрылымның қажеттілігі де сезіліп отыр.  

     Ұлтымыздың рухын асқақтатып, санасына серпін берген рухани жаңғыру бағдарламасы өткенімізді өрелеп, бүгінімізді бүтіндеп, баянды болашағымызды бекемдеудің берік қазығына айналды.

     Баршаға бағдар болған бұл байламды бәтуаға қазақ баласы түгел атсалысуға тиіс деп ойлаймыз.

       Осы игілікті істе баршаңызға сәттілік тілейміз!

       Назарларыңызға рахмет!

толығырақ

         Аса мәртебелі Елбасы!

        Қадірлі құрылтай қонақтары!

     Біз, шеттегі қазақтар мәртебесі асқақ, қуаты зор Атамекеніміз барына шүкіршілік айтамыз және мақтан етеміз!   

    Мен өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары өзгеше тағдыр кешкен Алтай қазақтарының ұрпағымын.

    Біздің бабаларымыздың сүйегі Гималайдың  шың-құздарында, Такла-Маканның шөлінде шашылып жатыр.

      Көз көрген ата-әжелеріміздің айтуынша, 18 мың қазақ Алтайдан көшіп, Тибет, Гималай, Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жеткенде небәрі 2 мыңға жуығы қалыпты.

    Түрік ағайындардың қамқорлығының арқасында есімізді жиын, ел қатарына қосылдық.

       Бірнеше тіл игердік, қазақ тілін де ұмытқан жоқпыз.

    Шетте жүріп, латын әліпбиін еркін қолданатын болдық, бұл жазу біз үшін өркениет кілтіне айналды.

       Осы орайда, біз сіздің мақалаңызды қуана қарсы алдық.

      Тарихи отанымыз барша қазаққа ортақ латын әліпбиіне көшетін сәтті асыға күтеміз.

      Сонымен бірге, «Туған жер» жобасы туралы оқығанда өз басым қатты қуандым.  

      Түркия мен Еуропаның көптеген қазақтары ата кәсібі – тері өңдеп, былғары жасаумен айналысады.

     Францияның алпауыт «Армани» компаниясының брендтік тауарларында Алтай қазақтарының қолтаңбасы бар.

     Сонымен бірге, Еуропа қазақтары ұлттық бизнеске айналдырған тағы бір кәсіп бар.

      Мен бауырларыммен бірге ұлттық кестелеу өнерін қолдана отырып, перде тігумен айналысамын.

       Еуропаның, Таяу Шығыс пен Африканың 15 мемлекетіне өнімдерін шығаратын  «ZHENGIN BRODE» деп аталатын фирма құрып, 150 адамға жұмыс беріп отырмын. 

      Осындай табысты кәсібімді Қазақ еліне көшіруді армандап жүрген мен үшін «Туған жер» жобасы үлкен мүмкіндік ашар деген үміттемін.

        Бұл туралы жаңа, құрметті Елбасы, өзіңіз де айтып өттіңіз.

       Осыған байланысты, менің өтінішім бар.

       Биыл Алматыда тоқыма өнеркәсібінің халықаралық көрмесі өтті.

     Оған Түркиядан келген 40-қа жуық фирма жетекшілерінің арасында мен жалғыз қазақ болдым.

      Көрмеден кейін бизнесімді Атажұртқа көшіріп, Отаныма пайда әкелу туралы шешім қабылдадым.

      Бірақ, бұл біршама қиын шаруа екен, өндірісімді орналастыру үшін жер сатып алу мүмкін емес, жалға алудың да шаруасы оңай болмай тұр.

       Басқа да қағазбастылық кедергілер көп.

    Біз шетелдегі қазақтар Атамекенге оралғанда «оларға ерекше жағдай жасалуы қажет» деуден аулақпыз.

    Дегенмен, басқа уақытша инвесторларға қарағанда шетелдегі қазақтарға жеңілдіктер берілу керек сияқты.

       Олар елге бір келсе, түпкілікті қалады емес пе?

    Сондықтан, «Туған жер» жобасын жүзеге асырғанда елге келіп, кәсібін ашқысы келетін қазақтарды қолдаудың тетіктері жасалса деп ойлаймын.   

     Бүгінгі құрылтай әлем қазақтарының көкейкесті мәселелерін қозғап, ұлттың тұтастығын қамтамасыз ететін жайттарды шешетініне сенемін.

      Тыңдағандарыңызға рахмет!

толығырақ

          Аса мәртебелі Елбасы!

        Мен Әйгерім Болат, Италияның Милан қаласынан келдім. 

     Сондағы Европадағы үздік оқу орындарының бірі Боккони университетінің лекторы, әрі Мемлекетті Басқару магистірлік бағдарламасының директорымын.

    Сіздің ІІІ Құрылтайда «шетелдегі әр қазақ Отаныма не берем деп ойланатын кез келді» деген сөзіңізден кейін мен білімімді атажұртым Қазақстанға жұмсайын деп шешіп, cодан бері бар күш-жігерімді Қазақ Елінің игілігіне жұмсауға тырысып келемін. 

     Сингапурдың бірінші премьер-министрі болған Ли Куан Ю Сіздің сыйлас досыңыз болғанын білемін.

    Мен 7 жылдай Сингапур ұлттық университетіндегі Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінде қызмет істедім. 

    Сол уақытта Сингапур мен Қазақстан арасында білім саласы бойынша келісімдер жасауға тікелей қатыстым.

    Соның нәтижесінде Қазақстанның 150-дей мемлекеттік қызметкерлері –  министрлер мен басқа да жоғарғы лауазым иелерінің білімдерін жетілдіруін Астанада және Сингапурда ұйымдастырдым.

       2012 жылы Назарбаев университеті мен Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебі 5 жылға келісім-шарт жасауына мұрындық болдым.  Бұл келісім-шарт осы Мамыр айында келесі 5 жылға тағы да ұзартылды.

   Сол келісімнің аясында, жоғарғы мемлекеттік саяси мектеп бүгінде мемлекеттік саясат мамандығын оның қыр-сырын тек Қазақ жастары ғана емес орталық Азия елдерінің жастарына үйретуде. 

     Қазір Италиядағы жұмысыммен бірге Ли Куан Ю жоғарғы мектебінің Назарбаев Университетіне жауапты  кеңесшісімін.

      Мен 2 жыл бұрын Сингапурдан Италияға қоныс аудардым.  

     Онда барысымен өзім жұмыс істейтін Боккони университеті мен Қазақстанның мемлекеттік басқару академиясы арасында тікелей ынтымақтастық орнаттым.

      Қазір екі оқу орны тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр.

   Бұл еңбектерімді тарихи Отанымның дамуына қосқан кішкентай ғана перзенттік үлесім деп қабыл алыңыз. 

       Болашақта да қай жерде жүрсем де Атажұртыма жан-жүрегіммен қызмет етуге тырысамын. 

     Сіздің жолдауыңыздағы «Үш тілде білім беру» бағдарламасын мен қолдаймын. Өйткені бұл қазақ жастарын XXI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.

       Мен Моңғолияда тудым, Чехия мен Сингапурда білім алып, Сингапур мен Италияда еңбек етіп жатырмын.

      Әлемнің 7 тілінде сөйлеймін. 

      Ағам Түркияда, інім Ресейде оқып, Қазақстанда қызмет істеп жүр.  

     Бірақ, қайда болсақ та біз қазақы болмысымызды, ата дәстүрі мен ана тілімізді берік сақтап келеміз. 

        Себебі, қанымыз қазақ, жанымыз қазақ.

     Өзіңіз айтқандай ұлттық дәстүр мен озық білімді құстың қос қанатындай қатар алып жүруге әбден болады.      

       Сөзімнің соңында, бір ауыз өтінішім де бар.

     Шетелдегі қазақ жастары дүниежүзілік стандардқа негізделген Назарбаев Университетінде оқып білім алса.

      Әсіресе мемлекеттік саясат мамандығы бойынша білім алған жастар тек Қазақстан ғана емес, орталық Азияның дамуына үлкен үлесін қосары сөзсіз.

     Бұл өзіңіз биылғы жылғы Жолдауыңызда айтқан, еліміздің «адами капитал сапасын жақсартуға» әсер етері анық.

      Аса құрметті Елбасы!

       Сіздің арқаңызда біз, шетелдегі қазақтар арқа сүйейтін, асқар таудай Атамекеніміз барын әрдайым сезініп жүреміз.

       Сол себепті, халқымыздың бағына берген, Өзіңізге шетте жүрген миллиондаған қазақ жастарының атынан басымды иіп, ілтипатымды білдіремін!

        Қазақ Елі Мәңгілік Ел болсын!

      Рахмет. 

толығырақ

       Ассалаумағалейкум, аса құрметті Елбасы!

       Қымбатты отандастар!

      Ең алдымен, сіздерге Қазақстаннан тыс жерде тұратын 

       5 миллион қазақтың сағынышты сәлемін жеткізгім келеді.

     Құрылтайға келе алмаған барша қандастарыңыздың жүрегі қазір сізбен бірге.

      Біз тарихи Отанымызды және бүкіл қазақтың ордасы Астананы мақтан етеміз.

        Себебі, Қазақ Елі, шын мәнінде, қандай мақтауға да лайық.  

     Мен Астанада бұрын да болғанмын, бірақ әр келген сайын көркіне көз тоймайды.

      Даңғыл көшелер мен зәулім үйлер, қазақтың бүлдіршін қара балалары көзімізге оттай басылады.  

         ЭКСПО-ға орай қала тіптен құлпырып тұр, көрменің аумағы қала ішіндегі қала сияқты.         

       Еліміздің мәртебесі әрқашан бүгінгідей асқақ болсын!

           Аса мәртебелі Елбасы!

        Мен Моңғолияның Улаанбаатар қаласында тұрамын.

      Елден жырақта жүрсем де Атамекендегі әрбір жаңалыққа елеңдей құлақ түріп, тілекші болып жүремін.

     Осыған орай айтарым: биылғы 2017 жыл Қазақстан үшін ұлы бетбұрысты жыл болып тұр.

     Сіз небәрі жарты жылдың ішінде елді түбегейлі өзгертетін 3 бастама көтердіңіз.

   Біріншісі, Жыл сайынғы халыққа Жолдауыңызда Қазақстанның үшінші жаңғыруын бастап бердіңіз.

      Бұл – ел экономикасын жаңа сапалық деңгейге көтеретін бірегей қадам.          Екіншісі, конституциялық реформалар арқылы саяси жаңғыруды жүзеге асырдыңыз.

     Шынымды айтайын, Сіз «бірқатар құзыреттерімді атқарушы және өкілетті билікке беремін» дегенде, бұл елдің тұрақтылығына салқынын тигізбей ме деп алаңдаған едік.

     Бірақ, тепе-теңдік сақтала отырып, демократиялық дамуға қарай маңызды қадам жасалды.

       Саясаттың сырмақ шетінде жүрген соң талай көріп жүрміз, әдетте әркім өзінің өкілеттігін кеңейтуге ұмтылады.

      Сіздің керісінше, көптеген құзыреттерден бас тартуыңыз ел болашағын ойлайтын көрегендігіңізді көрсетеді

    Үшіншісі, қоғамдық сананы түбегейлі өзгерту үшін Рухани жаңғыруға теңдессіз қадам жасадыңыз.

     Небәрі бірнеше айдың ішінде жасалған осы үш қадам Қазақстанның әбден кемелденген ел екенін және болашаққа баратын бағыты барынша айқын екенін көрсетті.

       Біз осыған марқаямыз.

    Әлемдегі бар қазақ Сіздің бұл саясатыңызды қолдайды және әрдайым тілектес.

      Мен Сіздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаңыздың тағдыршешті құжат екенін оқыған бетте түйсіндім.

      Кезінде Азиядағы Жапония, Малайзия, Түркия тәрізді елдердің бәрі қатардағы мемлекеттер саналатын.

      Дәстүр мен прогресті қатар алып жүру идеялары бұл елдерді жаңа сапалық деңгейге көтерді.

      Мен мақаладан халқымыздың рухани дамуына негіз болатын осындай  идеяларды молынан ұшырастырдым.

        Қазір қазақтың түбегейлі өзгеретін шағы келді.

        Қадірлі әлеумет!

       Жаңа Елбасы өзі де айтып өткендей, қазақтың ұлы көші – Қазақстан тарихындағы ең іргелі жұмыстардың бірі.

     Елбасымыз Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып, 1991 жылдың күзінде Ұлы көшке негіз болған қаулыны шығарған.

     Соның арқасында Моңғолиядан басталған көш барша қазақтың ат басын Атамекенге бұруына жол салды. 

       Сол үшін әлем қазақтары Елбасына шексіз алғысын білдіреді.    

       Ендеше, ел мен елді біріктіріп, бар қазақтың басын қосқан сәтті атаулы күнге айналдырып, Ұлттық көш күнін жыл сайын атап өтер болсақ, қандай жарасымды болар еді?!

       Құрметті ағайын!

        Сөз соңында айтарым, біз қайда жүрсек те қасиетті қара шаңырағымыздың біреу ғана екенін естен шығармаймыз, қара орманымыз – қазақ елінің амандығын тілеп, ортақ Отанымыздың кәдесіне әр кез жарауға тырысамыз.

        Назарларыңызға рахмет!  

толығырақ

           Аса мәртебелі Елбасы!

        25 жыл бұрын, Сіз алғашқы Құрылтайда «Қайт қазақ, еліңе!» деп үндеу тастаған едіңіз.

      Сол құрылтайда мен Сізге елге оралуға уәде берген болатынмын.  

      Сол уәдемде тұрдым!

      Қазақстанның Тәуелсіз ел болған сәтіне жете алмай кеткен бабаларымның ұлы арманын орындадым.

     Қазақстанға біржола көшіп келдім.

     Балаларым Қазақстан Республикасының азаматы атанды!

     Ал, Сіз тағдырымыздың жолбастаушысына айналдыңыз! 

        Менің атсалысуыммен Ресейден туыстарым мен достарым, таныстарым бәрі көшіп келді.

     Тек бауырларымнан ғана 20 отбасы елге оралды.

     Біздің отбасымызда 3 ғылым кандидаты, 7 магистр бар.

     Олардың барлығы еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр.  

     Өзім тәуелсіздік жылдарының бәрінде мұнай-газ саласында қызмет атқардым.

     Батыс Қазақстандағы Бөрілі ауданының әкімі де болдым.

     Елге оралған 1 миллион қазақтың атынан Сізге шексіз ықыласыңыз бен қамқорлығыңыз үшін зор алғысымды білдіргім келеді.     

        Аса құрметті Елбасы!

       Сіздің мақалаңыздағы «Біздің бабаларымыз ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

     Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады» деген сөздер мені айрықша тебірентті.

      Мақаланы оқығанда шеттегі әрбір қазақ туған елге деген шексіз махаббатты көреді.

       Ата-бабаларының ізі қалған ата қонысы жайлы ойлайды. 

      Ресейдің Түмен облысында туған мен үшін сондай жер – Солтүстік Қазақстан облысы.

      Онда бабаларымның бейіттері жатыр, әулетіміздің тарихының іздері бар.  

       Бұл – біздің атажұртпен кіндігіміз бір екендігінің бұлжымас көрінісі.

     «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» сияқты жобаларды жүзеге асыруға біз де өз үлесімізді қоса аламыз.

     Мен елге көшіп келген соң, Батыс Қазақстанда, Алматы мен Маңғыстауда түрлі қызметтер атқардым.

    Қазақстанның қай жеріне барсам да еңбек етуіме, елге өз үлесімді қосуыма барлық жағдай жасалғанын көрдім.

      Қайда тусаң да, қайда тұрсаң да Қазақстанның әрбір жері балам деп бауырына тартатынына көзім жетті.       

        Қымбатты құрылтай қонақтары!

     Елбасының сөзімен айтқанда, «ұлттық рух ұрпақтың бойында мәңгі қалуы керек».

      Ол үшін мен сияқты елге оралып, атажұрттан бақыт табуға асығыңыздар!

       Сіздер Қазақстанға қажетсіздер, Қазақстан Сіздерге қажет! Рахмет!

толығырақ

       Құрметті қазақстандықтар!

       Қадірлі алыс-жақындағы отандастар!

    Ұлтымыздың ұлы жиыны саналатын Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайына қатысушылар барша қазақстандықтарды және қазақ диаспорасы өкілдерін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Отанымыздың мемлекеттілігін нығайтып, әл-ауқатын көтеру, береке-бірлігін жарастырып, рухын жаңғырту жолындағы игі істері мен бастамаларын  шынайы ықыласпен қолдауға шақырамыз!

      Ұлы Дала төсінде дербес мемлекет құрудың, Мәңгілік елдің мығым іргетасын қалаудың орасан қиындығы мен зор жауапкершілігін ата жұртымызда отырған қара ормандай елімізбен қоса, бес құрлыққа тарыдай шашылған қандастардың барлығы да жан-жүрегімен сезініп, көріп-біліп отыр.

      Әлем сәт сайын мың құбылып тұр. ХХІ ғасыр адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ғаламат ғылыми, технологиялық жаңалықтарымен қоса, алапат сынақтарын қоса алып келді. Ол сынақтардың алдында алдыңғы қатарлы, дамыған мемлекеттердің өздері шарасыздық танытуда.

       Осындай жағдайда кез келген мемлекеттің, ұлттың алдында тарихи таңдау жолы тұрмақ. Қазақстанның алдындағы тарихи таңдау жолын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрсетіп отыр. Ол – Үшінші Жаңғыру жолы.

         Үшінші Жаңғыру жолы – бәсекеге қабілетті, білімді, прагматик, санасы ашық және эволюциялық дамуға бет алған бірегей ұлттың жолы.     

     Осы жолда ұлттық құндылықтар мен жаңа дәуір талаптарының, дәстүр мен технологияның үйлесімі, төл мәдениет пен жаһандық өркениет ұғымының ұштасуы үздіксіз дамуға жол ашатынын ерекше атап өтеміз.

     Елбасы айтқан идеяларға сәйкес, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру үшін дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылуға тиіспіз. Заман ағымына икемделіп, ұлттық сана-сезім көкжиегін шексіз кеңейту қажет.

     Біз, сондай-ақ, қазақтың ұлттық кодына айналған озық дәстүрлерімізді мейлінше дамыта беретін боламыз. Жаһандық дамудың көшіне ілесе отырып, қазақ халқының үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, отбасы құндылықтарын жоғары қою, бауырмалдықты жоғалтпау, оқып-үйренуге құштарлық сияқты қасиеттерін болашақ күндерге ала бару аса маңызды.

      Біз, Құрылтайға қатысушылар, Қазақстандағы барлық өзгерістерге сергек қарайтынымызды, Отанымыздың барша табысына  қуанатымызды, ел жетістіктеріне қолымыздан келгенше үлес қосатынымызды мәлімдегіміз келеді.

       Туған Отанымыздың атақ-даңқы асқақтап, абырой-беделі арта берсін!

      Тәуелсіздік туы астына жиналған халқымыздың береке-бірлігі мығым, болашағы жарқын болсын!

толығырақ

Ауғанстан қазақтары баба дәстүрін берік ұстанады - Әбдіжәлел Қажысаламат

     Осы күндері Астанада Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайы өтіп жатыр. Оған Ауғанстандағы екі жүзге жуық отбасының сәлемін ала келген арнайы өкіл Әбдіжәлел Қажысаламат мырзамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

    - Әбдіжәлел Қажысаламат мырза, ең алдымен өзіңіз жайлы аз-кем айта кетсеңіз...

     - Бұл менің Қазақстанға екінші рет келуім. Өзіміз шетте жүрсек те осындай арқа сүйер елім барына өте қуаныштымын. Алдымен өз басым туралы айтар болсам, мен - бүгінде Ауғанстан елінде тұратын қазақпын. Айналысатын жұмысым - жеке кәсіпкерлік. Сол жақтағы ұлты қазақ ағайындардың атынан құрылтайға келдім.  Өзімнің 7 балам бар, соның екеуі Қазақстанда ЖОО-да білім алуда. Қалғаны Ауғанстанда тұрады. Ал енді өзіміздің тарихымыз  жайлы айтар болсам, біздің әке-шешелеріміз Қазақстанның Маңғыстау өңірінен Сталин заманында қуғын-сүргінге ұшырап, шетел асып кеткен.  Кешеден бері мамыражай тыныш өмірде тұрып жатқан осы жақтағы қазақ ағайындарымды көріп ерекше  қуанышты көңіл-күйдемін.

      - Ауғанстанда қазір қанша қазақ тұрады?

    - Ауғанстанда бұдан 25 жылдай бұрын бір мыңдай отбасы болған еді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін біртіндеп атамекенге көше бастады. Дәл қазіргі уақытта шамамен 150-200-дей үй қалды. Олардың көбісі - өзге ұлттардан әйел алғандар. Бірақ айта кетуім керек, біз ұлтымыздың ежелгі дәстүріндегідей басқа ұлттардан әйел алсақ та, қызымызды өзге жұртқа берген емеспіз. Бұл жағынан алғанда ауған қазақтары баба дәстүрін берек ұстанады. Олар негізінен диқаншылықпен,  ауыл шаруашылығымен айналысады.

    - Сіздің жерлестеріңіздің Қазақстанға біржола көшіп келуіне жалпы не кедергі болуда?

    - Олардың атамекенге келуге ынталары бар, бірақ көшіп келуге, шынын айтқанда, жағдайлары жоқ. Өзіңіз де білесіз, ол елде 35-40 жылдан бері соғыс болып жатыр. Ал тыныштығы кеткен елде өмір сүру оңай емес қой. Олардың еңсесін сол соғыс басып тұр. Мен Ауғанстандағы қазақтарға бастық болып жүрмін.  Жалпы Қазақстан мемлекеті Ауғанстанға жыл сайын көптеп көмек жасайды. Сол көмекті жоғарыдағы үкімет алады. Ал ол қазақтарға арнайы бөліп берілмейді. 2009 жылы қараша-желтоқсан айының бірінде Қазақстаннан арнайы өкілдер барды. Олар мені шақырып, жергілікті қазақтардың жалпы жағдайын сұрады. Мен оларға: «Қазақстан елімізге жыл сайын көмек көрсетеді. Ол жәрдемдеріңізді жоғары жаққа бересіздер, оның пайдасы соғыстан қалжырап отырған қазақтарға жетпейді. Сіздер қазақсыздар, бұл елде қазақ бауырларыңыз тұрады. Ендігі уақытта сол көмектеріңізден бізге де арнайы бөліп берсеңіздер» дедім. Сол өтінішімді барған басшылар жазып алып кетті, кейіннен пайдасын көрдік.  Берілген көмектің қазақтарға деген бөлігін мен сонда тұратын ағайындарға бөліп бердім. Барлығы риза болып, қазақ еліне дұға етті. Содан соң Ауғанстанда бірге тұратын өзбек, тәжік сияқты басқа ұлттарға да бөліп бердік. Олар да қатты риза болып, қазақ мемлекеті деген бір жақсы ел екен деп дұға қылды. Бірақ содан бері қазақ елінен мемлекетке көмек жасағанымен, қазақтарға арнайы көмек үзіліп қалды.

     - Дәл қазіргі уақытта Ауғанстан еліндегі қоғамдық жағдай қалай?

     - Елде соғыс болып жатыр, жағдай қиын. Тыныштығы бұзылған елде жағдайыңды жасап, тұрмысты түзеп кетуге мүмкіндік аз...

     - Сіз арнайы Ауғанстаннан шақырылған қонақ ретінде бұл жолғы  Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайында қандай ұсыныс айтпақсыз?

    - Қазақстан үкіметі Ауған еліне беретін мемлекетаралық қаражатынан ол жақтағы аз ғана қазақтарға жәрдем, көмек берсе немесе атамекендеріне көшіріп алу жағына күш қылса. Өйткені жоғарыда айтқанымдай, елімізде соғыс оты өшпей тұр. Сонымен қатар қазіргі қазақ жастары ауған тілінде 12 жылдықты бітіріп әрі қарай жоғарлап оқуға мүмкіндіктері болмай қалып жатады. Сондықтан жыл сайынғы Ауғанстан еліне бөлінетін оқу гранттарын қазақ жастарының алуына мүмкіндік жасалса деген ұсыныстарымды айтсам деген ойларым бар.

    - Сұхбатыңызға рахмет.


    http://www.inform.kz/kz/auganstan-kazaktary-baba-dasturin-berik-ustanady-abdizhalel-kazhysalamat_a3038839

толығырақ

       Аса құрметті Елбасы!

      Қымбатты құрылтай қонақтары!

      Мен, Анар Лұқпанқызы, Австралияның Брисбан қаласынан келдім.  

      Денсаулық сақтау саласы бойынша PhD докторымын.

      Австралияда қазақтар өте аз.

       «Болашақ» арқылы білім алып жатқан азғана жастар бар.

    Сондықтан, тарихи Отаныма келіп, қалың қазақтың ортасында жүргеніме өте қуаныштымын.  

      Астанаға келгеннен бері елордамызды аралап, танысуға тырысып жатырмын.

      Осында жаңа медицина кластері бар екен.   

     Осы өлкеде Қазақстан сияқты медицинаның барлық салалары бойынша ірі орталықтарды бір жерге жинап, ең үздік жабдықтармен жарақтаған ел сирек.

     Назарбаев университетінің Медицина мектебі бұл орталықтарға қажетті мамандар даярлайтын дәрігерлер ұстаханасы болады деп ойлаймын.  

       Бұл – ел болашағы үшін, халықтың денсаулығы үшін жасалған үлкен қамқорлық.

      Ардақты ағалар!

      Құрметті замандастар!

     Өзім ұстаз болған соң маған білім саласы жақсы таныс.

     Австралияның жоғарғы оқу орындарында ғылыми зерттеулерге қолдау көрсететін қор бар.

    Ол ғылыми жобаларды зерделеп, тың жаңалығы бар жобаларды іске асыруға, оның авторы қай ұлттың азаматы екеніне қарамастан қаржы береді.    

      Әсіресе, медицина, экология, жасыл энергия бағытындағы жобаларды ерекше қолдайды.

       Қазір баламалы көзден қуат алуға барлық елдер мүдделі.   

     Атажұртым Қазақстанның осы салаға қатты көңіл бөліп, дамытып жатқанына ерекше толқып тұрмын.

     Бүгін осы отырған барлығымыз тамашалайтын ЭКСПО тақырыбы – «Болашақ энергиясы».

      Біздің Отанымыз бұл саладағы озық технологиялардың әлемдік алаңына айналғанына қай қазақ қуанбайды?! Өте қуаныштымыз!

       ЭКСПО Қазақстан үшін болашаққа жаңа қадам болмақ.     

      Сөзімнің соңында, Қазақстанның басты оқу орындары мен өзім қызмет атқаратын Австралияның Квинсленд университетінің арасында ынтымақтастық орнатуға атсалысуға дайын екенімді айтқым келеді.

      Әлем қазақтарын жинап, оның ішінде сонау Австралияда тұратын мені де шақырып сөз бергендеріңізге көптен көп рахмет.

      Әлемдегі барлық қазақтың тірегі Нұрсұлтан Әбішұлына және қазақстандық ағайынға шетелдегі барша қазақтың атынан зор денсаулық, жаңа жетістіктер тілеймін!

        Назарларыңызға рахмет!

толығырақ

        Тәуелсіздік сарайында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Жұмыр жердің әр тарапындағы қалың қазақтың ақ тілектері ақтарылып, армандары айтылған, мақсат-мұраты межеленген алқалы жиынға Мемлекет басшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Н.Назарбаев қатысты.

       Күллі қазақтың бірлігі үлкен табыстарға жетеледі
 
        Күллі қазақтың айбынын асқақтатып, айдынын тасытқан құрылтайға әлемнің 39 елінен делегат, оған қоса Қазақстанның барлық облыстарынан зия­лы қауым өкілдері келді. Құрылтайға келушілердің басым бөлігі әдебиет пен мәдениетте, биз­несте, басқару ісінде, спортта және басқа да салаларда биік белестерді бағын­дыр­ған, еңбегімен еленіп жүрген азаматтар. 
       Алқалы жиында сөз сөйлеген Мем­лекет басшысы алыс-жақын шетелдерден келген делегаттарды құттықтады. Н.Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылында, ең алғашқы құрылтай өткен уақыттан бергі аралықта елімізде қол жеткізілген жетістіктер мен атқарылған реформалар барысы туралы баяндады. 
        – Ардақты ағайын! Құрметті бауырлар! Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына келген баршаңызға қазақтың қастерлі Атажұрты – Қазақ еліне, оның бас ордасы – Астанамызға қош келдіңіздер деп қуанышымды білдіремін. Қайда жүрсе де қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ, ол – Қазақстан! Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті біздің Ұлы Дала Қазақ еліміз! Бүгінгі басқосуға негізінен жас буын қатысып отыр. Себебі, жас ұрпақ түбі, негізі қазақ екенін ешқашан ұмытпайды, сол үшін ата-аналарына рахмет айтамыз. Олар туған елімен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпауға тырысады, – деді Мемлекет басшысы. 
     Сонымен қатар, Елбасы құрылтай баламалы энергия бойынша жер жүзінің инновациялық жетістіктерін паш ететін ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өткізіліп жатқанына да тоқталып өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, жиын арнайы осылай бай­ланыстырылған. Себебі, ЭКСПО-2017 Қазақстанның мерейін асырып, күллі әлемнің назарын аударып отырған үлкен шара.
      – Біз қандас бауырларымыз Ата­жұр­тының бүгінгі келбетін көріп, мар­қай­сын, ой түйсін деп сіздерді ЭКСПО-ға орай шақырдық. Бар болғаны 15 жыл­дың ішінде бой көтеріп, дүниені таң­ғалдырған елордамыз – Астананың өсіп-өркендеп жатқанын көрсін, қуансын деп ойладық. Кеше жаңадан салынған театр­да болдыңыздар, Қазақстанның мар­қай­ған, көркейген астанасын көрдіңіздер, әлі де аспай, саспай, елге келіп, аунап-қу­нап, біраз көріп қайтыңыздар,– деді Пре­зи­дент. 
     Ширек ғасыр бұрын өткен алғашқы құрылтайдан бергі аралықтағы елдің өмірі де Елбасының сөзінде қамтылды. 
     – Алғашқы құрылтайдан бері, мінеки, 25 жыл өтті, барлығы да менің есімде. Адам бастан кешпеген қиындықтарды көрдік, XX ғасырда қазақтың басынан өтпеген зұлмат жоқ. Бірақ Тәуелсіздіктің 25 жылдығы да оңай болған жоқ. Ресей патшалығы мен Кеңес Одағының қол астында 150 жылдан артық уақыт бодан болдық. 25 жыл бұрын экономикамыз тұралап, 2 миллион адам жұмыссыз бо­сып қалды. Не жалақы, не зейнетақы төлей алмай, бәрін де құр тақырдан бас­тадық. Дегенмен, күллі қазақтың жұмы­ла жұдырық болып бірігіп, ел болып жұмыс істеуінің арқасында үлкен табыс­тарға қол жеткіздік. Жалпы, орташа деңгейде өмір сүретін халықтардың көр­­­сет­кішін бағындырдық. 40 пайыз­дық ке­дейшілікті 3 пайызға дейін төмен­деттік.  Тәуелсіздік жылдары ішінде экономикамызды 22 есе өсірдік, елдің табысы да 20 есе артты. Бүгінгі қазақтың жағдайы, өмірі, тұрмысы еш уақытта қазақ тарихында болған емес. Бұл тарих тұрғысынан қас қағым сәт деп айтуға болады, бірақ тұтас дәуірге татитын уақыт болды деп айтатынымыз осы. Еліміздің болашаққа бастар бағыты мен мақсаты да айқын. Алдымызда «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы тұр. Оның негізгі мақсаты – өр­кендеген, өскен ең ұлы елдердің қатарын қосылу,– деді Мемлекет басшысы. 

Латын әліпбиіне көшу  бірлігімізді нығайтады

   Елбасы Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы жарияланып, оның бес басымдығы нақтыланғанын айтты. Конституцияға реформа жасалып, саяси жаңғыру жүзеге асырылып жатқанына тоқталып өтті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мәселелер осы айтылған жұмыстардың өзегі болатынын жеткізді. Бұл қоғамдық сананы түбегейлі өзгертіп, жаңа ұрпақ қалыптастыруға бағытталған 6 жобаны қамтиды. Солардың бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам.
     – Бұрынғы КСРО ауқымында, ТМД деп аталатын біз – кириллица, Қытайдағы қандастарымыз – төте жазу, батыс елдеріндегі бауырларымыз латын әрпін қолданады. Сонда сөйлескенде тіліміз бір болғанымен, оқығанда тіліміз үш түрлі. Бір-бірімізді түсіне алмаймыз, жазуын ұқпаймыз. Бұл бір жағынан, жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алшақтатады. Екінші жағынан, ғылым мен техникаға, интернетке үйренетін жағдайымыз бар. Олардың латын әрпімен жүретінін білесіздер. Осы олқылықтарды жою үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бірлігімізді нығайтып, рухани тұрғыда бізді жақындастыра түседі. Мен өзімнің Жолдауымда бұл мәселеде «2025 жылға дейін» деп меже қойған болатынмын. Бірақ та оны соза берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің ғалымдарымыз тиісті әріптің бізге керек үлгілерін түрік және басқа латын әрпіне көшкен Әзербайжан, Өзбекстан үлгілеріне қарап, кемшіліктерін ескере отырып, бізге керекті әліппені таңдап алуы керек. Меніңше, қиындығы жоқ. Себебі, 1-сыныптан бастап барлық балаларымыз ағылшын тілінде оқиды. Барлық мектептерде ағылшын тілі оқытылады. Оларда латын әрпі қолданылады. Өсіп келе жатқан ұрпаққа оның ешқандай қиындығы жоқ. Бізге де онша қиыншылығы жоқ деп ойлаймын. Кейбір ағайындардың біз­дің шығармаларымыз не болады деп қын­жылатыны бар. Қазіргі интернет заманында ешқандай проблема жоқ, – деді Елбасы. 
     Мемлекет басшысы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама аясын­да гуманитарлық бағыттағы ең үздік 100  оқулық қазақ тілінде шығары­ла­тындығын атап өтті. Бұл қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі қазақтар үшін маңызды жоба екендігін баса айтты.
    – Рухани құндылықтарды, гума­ни­тарлық білімдерді, оқулықтарды шет тілдерінен, ағылшыннан орысшаға, орыс тілінен қазақшаға аударғанша 10-15 жыл өтеді. Сондықтан біз ең керекті 100 оқу­лықты қазақ тілінде шығару мәсе­лесін алдымызға қойып отырмыз. Енді қан­дастарымыз қай елде тұрғанына қарамастан, дүниедегі ең таңдаулы біліммен ана тілінде сусындайтын болады деп есептейміз. Осы залда сан тілде сөйлейтін, өте терең білімді жастар отыр. Сіздерді күллі қазақтың өрі­сін кеңейтіп, деңгейін көтеретін осы жо­баға белсене қатысуға шақырамын, – деді Н.Назарбаев.
     Елбасы айтып өткендей, «Туған жер» бағ­­дарламасы әрбір азаматтың туған еліне, жеріне қамқор болуын көздейді. Та­ри­хи отанына септігін тигізгісі келетін қан­­дастарымыз көп. Әр азамат кіндік қаны там­ған туған жеріне жақсылық істе­се, ол бүкіл халықтың берекесіне айналады. 
    Бүгінде Қазақстанның мәдениетін әлем­ге танытатын бірегей жоба басталғаны бел­гілі. Онда отандық мәдениеттің таңдау­­лы үлгілері әлемнің басты тілдеріне тәржі­­ма­­ланып, барлық құрлықтарға жол табады. Төл мәдениетімізді жер жүзіне таны­туға шет­­тегі ағайындарымыз да атса­лысуы қа­жет. 

Әлемдегі танымал қазақтардың электронды базасы жасалмақ

    Елбасы айтқандай, өмір бойы сыртта жүрсе де білімі мен білігі, өнері мен дарыны арқылы қазақтың атын шы­ғар­ған бауырларымыз тарихи Ота­нын тануы тиіс. Мемлекет басшысы осы­ны қамтамасыз ету үшін Үкіметке әлем­дегі танымал қазақтар туралы деректер топтастырылған электронды база дайын­дау туралы тапсырма берді. Бұл шетте жүрген қандастарымызбен арада ынты­мақ­тастықты жолға қойып, барыс-келісті жандандыруға жол ашатын болады. 
      – Өткен ХХ ғасыр қазақ үшін қияметке толы, өте ауыр жылдар болды. 1921, 1930 жылдардағы аштықтың салдарынан қазақтың тең жартысынан айырылдық. Біріншісінде – 30 пайызынан, екіншісінде жартысынан айырылып қалдық. Егер де сондай опат болмағанда қазір еліміздегі қазақтың саны 50-60 миллионнан асып жығылатын еді. Одан кейін, репрессияда 103 мың адам сотталды. Қазақтың 65 мың бетке ұстар зиялысы тұтқындалды, оның 25 мыңы атылды. Қазақты басқаратын білімі бар, қазақ үшін сөз айта алатын адамдардың барлығының тамырына балта шауып, жойып жіберді. Соған қарамастан, «Мың өліп, мың тірілген қазақ» өркендеп, қайтадан өсіп келеді. Қиын кезеңде қаншама қазақ бас сауғалап, жан сауғалап дүние жүзіне шашырап кетті. Біздің санағымыз бойынша, қазіргі таңда 5 миллионнан астам қандасымыз шетелде  тұрып жатыр. Біз Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды естен шығарған жоқпыз. Шетелден 1 миллионға жуық қандастарымыз, бауырларымыз елге көшіріп алынды, оларға қолдан келер барлық көмек көрсетілді. Ол көш ешқашан тоқтаған емес. Жыл сайын 30-50 мыңға жуық қандасымыз көшіп келеді. Әсіресе, оқуға түсуге келген жастар көп, оларға барлық жағдай жасалуда. Келген ағайындардың ішінде көптеген танымал ғалымдар, дарынды спортшылар, өнер майталмандары да бар. Мысалы, боксшы Қанат Ислам, әнші Майра Мұхамедқызы, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, Дүкен Мәсімхан сынды көптеген азаматтар келіп, елдің мерейін көтеріп, өзінің өнерін, білімін шыңдап жатыр, – деді Елбасы. 
     Келген қандастарымыз елдегі демо­гра­фиялық жағдайға да үлес қосып жатқаны, халық санының өсуіне ерекше ық­пал еткені түсінікті. Н.Назарбаев тілге тиек етіп өткендей, егер де 1991 жылы, Тәуелсіздік жарияланған кезде еліміз­дегі қазақтың үлесі 40 пайыздан асар-аспас болатын, қазір бұл көрсеткіш 70 пайыз­дан асады. Тәуелсіздік алған кезде халқы­мыз­дың саны 17 миллионға тарта болғанымен, түрлі тарихи жағдаймен елімізге қоныстанған басқа ұлт өкілдері өздерінің атамекеніне көшіп кетіп, халық саны 14 миллионға дейін төмендеді. Бұл туралы Елбасы:
     – Құдайға шүкір, қазір жағдайдың жақсаруына байланысты еліміз көбейіп келеді. Егер де бастапқы кезде 200 мыңнан астам бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүние есігін ашады. Мен 1 шілдеде біздің халқымыз 18 миллион болды деп жариялаймын, – деді.
    Құрылтайда сөз болғандай, бүгінгі таң­да осы жұмыстарды әрі қарай үздіксіз жал­ғастырған жөн. Ел халқының басын біріктіріп, етек-жеңін жинайтын уақыт келді. Осылай деген Президент қан­дас­тарға қоғам мен мемлекет тарапынан жан-жақ­ты қолдау көрсету үшін жасалатын жұмыстарды тізбелеп берді. 

«Отандастар»  қоры құрылады

     – Біріншіден, шеттегі және елге кө­шіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» деген қор құрамыз. Әрине, мен оны Үкіметке тапсыратын боламын. Өздеріңіз білесіздер, 25 жылдың ішінде экономиканың өркендеп өсуіне байланысты, жүргізіліп отырған саясатқа байланысты біздің көп азаматтарымыз белгілі, бай адамдар болды, жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан қалталы азаматтар жеткілікті. Байлар көп болса, елге жұмыс жасаса, мемлекетке көмектессе ғанибет. Сондықтан мен бүгін солардың барлығына, Қазақстанда тұратын қазақтарға үндеу тастаймын. Біз Солтүстік Кавказдан келген балқарларға, чешендерге, басқаларға қорған болып құшағымызды жайдық қой. Ал енді өзі­міздің қазақтарға неге солай жасамай­мыз?! Қаны қазақ сол бизнесмендерге осы қорға  әрқайсысын өз үлесін қосу­ға шақырамын. Оны ұйымдастыруды құрыл­тай басшылығына, Президент Аппаратына, Үкіметке тапсырамын, – деді Президент.
       Екіншіден, Елбасы айтқандай, Дү­ние­жүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесін Алматыдан Астанаға көшіретін уақыт келді. Ол басшылардың жанында болуы керек. Қазақстан Президенті алдағы уақытта құрылатын «Отандастар» қоры Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек көрсету  іс-шараларын анықтап, кешенді бағдарлама әзірлеуі керектігін атап айтты. Әзірленген кешенді бағдарламада қазақ көшінің мәселелері, алыстағы аға­йынмен байланыстыратын барлық мәсе­лелер қамтылуы тиіс. Бағдарламаның басымдықтары мен міндеттері қор арқылы  іске асырылатын болады. 
     Президент Назарбаев елім, жерім деп еміренген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық екендігін жет­кізді. Мемлекет басшысының сөзін құрылтайға қатысушылар үлкен толқы­ныс­пен қабыл­дап, қуана қол соқты. 
    – Елім, жерім деп еңіреген әрбір қа­заққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық, айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Жағ­дай бар, еліме келемін дегендерге қауымдастық арқылы барлық жағдайды жасауымыз керек. Біз көшіп келуге ниет еткен ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Біздің барлық мем­лекетте елшіліктеріміз бар, сол елші­ліктер азаматтардың құжаттарын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Бұл жұмысты осында отырған Сырт­қы істер министріне тапсырамын. Елге келгеннен соң құжат түгендеу үшін әрі-бері сабылу болмауы керек. Қы­тай қазақтарының сотталғаны немесе соттал­мағаны туралы анықтама алу жайы ағайын­ның арғы беттегі еңбегіне проблемалар туғызады. Оны шекара тұрғысынан сол жер­де анықтап, елменен ақылдасып, келісіп шешу керек. Үкіметке осының бар­лығын кешенді түрде қайта қарап, шешімін табуды тапсырамын, – деді Президент.

Шетелдегі қазақ балаларына арналған стипендия

      Осы құрылтайда Елбасы айтқан тағы бір маңызды мәселе – шетте жүрген ағайынның ұрпағына көмек жасау, жастарына қолдау көрсету. Қазақстан Президенті Үкіметке шетелдегі қазақ балалары үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізу туралы тапсырма берді. 
     – Шетте жүрген ағайынның ұрпағына көмек жасау, өсіп келе жатқан жастарға қолұшын беру қажет. Біз шетелдегі қазақ бауырларымыздың балаларына Қазақстанда білім алуларына бар жағдайларын жасауымыз керек. Қазір олар грант арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында оқи алады. Үкіметке қандастарымыздың жоғары білім алуларын қолжетімді ету үшін, оларға бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді тапсырамын. Қазір Қазақстанда білім мен ғылымға өте көп көңіл бөлініп жатыр. Тәуелсіздік жылдар ішінде 1500 мектеп салынды. Көптеген жоғары оқу орындары бой көтерді. Зияткерлік мектептер, дарынды балаларға арналған мектептер, дүниежүзі университеттерімен терезесі тең университеттер салынды. Назарбаев Университеті, Қазақ-Британ университеті, КИМЭП, IT-технологиялар сынды университеттер бар. Бірақ естеріңізде болсын, ол университеттерге түсу оңай емес. Егер білімі жетпейтін болса, ол балаларды бір жыл дайындық оқытулардан өткізуіміз керек. Себебі, қанша оқуға алғанменен, игере алмайтын болғаннан кейін, оқудан шығып кетеді. Шетелдік қазақ студенттері үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізу керектігін айтып отырғаным осыдан. Қай елдің азаматы болса да, елде оқыған қазақ баласы ертең, әрине, Қазақстанға қызмет етеді. Осыны ескергеніміз жөн,– деді Президент.  
     Шетелдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы мәселесі де Елбасы сөзінде айтылды. Мемлекет басшысы Үкіметке осы мәселеге де қатысты тапсырма жүктеді. 
     – Сыртта жүрген бауырларымыздың бір бөлігі – жастар. Олар ассимиляцияға түсіп, ана тілін ұмытып барады. Біз бұған ара түсуіміз керек. Үкімет шетелдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек. Қысқа мерзім ішінде қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен, оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл онша қиын жұмыс емес. Біз өз ішімізде жасап жатырмыз, біраз көбейтіп, ағайындарға қолұшын беруіміз қажет, – деді ол.
     Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке мемлекеттік телеарналарды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Алыстағы ағайын елден тұрақты хабар алып, байланыста болғысы келеді. Қазақстанда не болып жатқандығын білгісі келеді. Шетелдік көрермендерге арналған «Қазақ телеарнасы» қандастарымыз тұратын аймақтардың біразын қамтиды, алайда ол жеткіліксіз. Сол себепті, Елбасы Үкіметке мемлекеттік телеарналарды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. 
      Мемлекет басшысы алқалы жиын барысында тарихи Отаныма еңбек сіңіремін деген әр талантты қазақты Атажұртқа шақырды. 
     – Кез келген мемлекет кәсіби жаңашыл мамандарға мұқтаж. Тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын деген  әр талантты қазақты елге жеке шақырамын. Кезінде жағдайсыз көшіп кеткен, ғалым болып,  зертханаларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыз бар. Меніңше, олардың елге келетін ынтасы бар,– деді Президент. 
     Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Серпін» бағдарламасын шеттен келген ағайынға бейімдеу керек. Еліміздің оңтүстіктегі 3-4 облысында ғана ел халқының 40 пайызы шоғырланған. Ал солтүстік өңірде адам саны аз. Өз­бек­станнан, Қырғызстаннан, Түрікмен­станнан, Ауғанстаннан келген ағайын­дарымыз Оңтүстік Қазақстанға,  Жамбылға, Алматыға қоныстануға тырысады, ол жақта онсыз да жұмыс табу қиын. Осы мәселелерге тоқталған Елбасы «Серпін» бағдарламасын проблеманы шешуге пайдалану керектігін жеткізді. 
     – Бағдарламаны көбейтіп, оны көшіп келген ағайындарға да бейімдеуіміз қажет. Сол жақтарда бейімдеу орталықтары түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, маман­дығы жоқтарын мамандыққа баулитын болса, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыратын болса, сол кезде келушілер тұрақталып қалатын болады. Келген ағайындарды қоныстандыратын үйлер салып, әлеуметтік инфрақұрылым жасау керек. Оны бағдарлама түрінде қолға алғанымыз жөн. Қажетті мамандық алуына жәрдем беру, жұмыспен қамту үшін жол картасын жасау қажет. Осының барлығы ұлтымыздың, еліміздің жарқын  болашағы үшін атқарылатын маңызды шаралар болмақ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
     Шетте жүрген бауырларға жанашыр болу – әр қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. 
     – Мен үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу, әр қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген  өлең жолын құрылтай мінбесінен әлемдегі  әрбір қазаққа жолдаймын. Қазақ баласы қай елде тұрса да, олар Ұлы Далада Мәңгілік Ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі  болып табылады. Жүрегінің түбінде осыны ұстасын. Бұл сапар сіздер үшін елмен етене танысып, ой түйетін жемісті сапар болсын. Барша қазақтың басын біріктірер салмақты ойлар айтылып, ізгі істер бастау аларына сенімдімін. Сіздердің де ойларыңызды тыңдағым келеді. Екі күннен соң барша мұсылмандар үшін  қасиетті Айт мерекесі басталады. Біз ұмытылып, өшіп кеткен ата дінімізді қайтарып, Қазақстанда екі жарым мыңнан астам мешіт ашылып, елімізді имандылыққа шақырып отырған халықпыз. Біз зайырлы мемлекетпіз, сол жолды ұстаймыз. Өркениетке қол созған, ғылым-білімге ұмтылған елміз. Айт бәрімізге қабыл болсын! Жаратқан қазаққа жар болсын! – деп Елбасы сөзін түйіндеді. 
      Елбасының баяндамасынан кейін құрылтай қонақтарына сөз берілді. Алғашқы болып мінбеге көтерілген Моңғолия Ұлы Құралының бұрынғы депутаты, Моңғолия Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Бәкей Ағыпарұлы жиынға қатысушыларды құттықтай келе, Қазақстаннан тыс жерде тұрып жатқан 5 млн қазақтың сағынышты сәлемін ала кел­генін жеткізді. Сондай-ақ, ғаламдағы күллі қазақ Арқада бой түзеген ару Астананы мақтаныш тұтатынын әрі осы құ­рылтаймен қатар өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі қала ішінде тағы бір қала тұр­ғызылғандай әсер беретінін, сөйтіп биыл­ғы жыл Тәуелсіз Қазақстан үшін саяси һәм экономикалық үлкен бет­бұрыс­тарға бастаған табысты жыл болғанын салтанатты түрде атап өтті. 
      Моңғолиялық қандасымыз сонымен қатар, өткендегі Елбасы Жолдауына арқау болған Үшінші жаңғыру идеясын да қолдайтынын және Конституциялық реформаларға сәйкес Мемлекет басшысы тарапынан бірқатар өкілетті биліктің құзыры бөлініп, ол оқиға елді демократиялық даму жолына бастаған сәтті қадам екенін атап өтті. Сөзінің соңында жеке басының ұсынысы ре­тінде: Атажұртқа көп жыл бұрын қоныс­танып, елге сіңісті болған оралман-қан­дас­тар арасындағы білімді-біліктілерді лауазымды қызметке тарту мәселесін және шетелдегі қазақтармен байланыс жасайтын қоғамдық ұйым Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәртебесін көтеру қажет дегенді жеткізді. 
     Келесі сөзді кәсіпкер Батыс Қазақ­стан­дағы «Карповский Северный» ЖШС-нің бас директоры Қайнолла ҚАСЕНОВ алды. Ол осыдан 24 жыл бұрын, яғни, 1992 жылдың 10 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлем қазақтарына қаратып, «Қайт қазақ, еліңе!» деп үндеу тастағанын тағы бір көпшіліктің есіне салып, осы үндеудің әсерінен кәсіпкер өзінің туған жері – Ресей Федерациясының Түмен облысынан Батыс Қазақстанға қоныс аударғанын, қазіргі таңда әулетінен 20 отбасы атамекенге оралғанын, олардың арасында 3 ғылым кандидаты, 7 магистр дәрежелі атағы бар ғалымдар әр салада абыройлы еңбек етіп жүргенін атап өтті. 
     Олардың барлығы еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Өзім тәуелсіздік жылдарының бәрінде мұнай-газ саласында қызмет атқардым. Батыс Қазақстандағы үлкен аудан – Бөрліде әкім болдым. Қазақстанның қай жеріне барсам да еңбек етуіме, елге өз үлесімді косуыма барлық жағдай жасалғанын көрдім. Қайда тусаң да, қайда тұрсаң да Қазақстанның әрбір жері әр қазақты балам деп бауырына тартатынына көзім жетті, деп ағынан жарылды Қ.Қасенов.
     Сөзінің соңында кәсіпкер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты маңызды мақаласына тоқтала келе, осындағы «бабаларымыз ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады», деген сөздер мені айрықша тебірентті. Мақаланы оқыған шеттегі әрбір қазақ туған елге деген шексіз махаббатты көреді. «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» сияқты жобаларды жүзеге асыруға біз де өз үлесімізді қоса аламыз, дей отырып, Мемлекет басшысына елге оралған 1 миллион қазақтың атынан алғысын жеткізді. 
      Одан кейін келелі кеңесте кемел ой айтқан азаматтардың бірі – «Егемен Қа­зақ­стан» РГ» АҚ басқармасының төрағасы Дархан ҚЫДЫРӘЛІ болды.
     Қазақ қашанда тағдырлы сәтте алыстағы ағайынға сауын айтып, құрылтай шақырып, Ұлытау, Ордабасы, Түркістан сынды киелі жерлерде келелі кеңес құрған, кеңінен ойласқан деп атап өткен ол туған жер тұрған жермен өлшенбейтінін айтты. Киелі атамекен ұғымы біздің санамызда ай­шықталып, туған жер қаны­мыздың түйіршігінде, жаны­мыздың түкпірінде, тарихи таным-түйсігіміздің терең қатпарында қатталатынын, сөйтіп, Отан деген қасиетті сөз ұрпақтың бой­тұмарына айналатынын, бұл тұрғыдан алғанда, алтын тақ Алтай да, өрісті Өтүкен де, жер жәннаты Жиделібайсын да, Еділ мен Жайық та барша қазақ үшін киелі мекен, құтты қоныс екенін сұлу сөзбен көптің көкейіне сіңірді. Сонымен қатар, бір заманда қазақтың қатысуынсыз шекара сызылғанда, арғы бетте қалып қойған ағайынның біразы бүгінде өз ата қонысында отырғанын, ол жерлер де қазақ үшін киелі болып саналатынына да тоқталды.
     Сондай-ақ мәдени жауһарларымызды жаһанға жүйелі таныту мақсатында шет ел­дерде, әсіресе, диаспора шоғырланған ел­­дерде арнайы орталықтар ашылса деген ұсы­ны­сын айтты. Бұл арқылы қастерлі қазақ тілі де құлашын кеңге жазып, тұғы­рын бекіте түседі деп пайымдайтынын жеткізді. 
     Бұл реткі құрылтайдың өткен жиын­дардан ерекшелігі, шақырылған мәр­тебелі меймандардың 60-тан астам пайы­зы жастар екен. Сол жастар атынан өзек­жарды пікір айтып, шетелде жүрген қа­зақтың ұл-қыздарын Астанада орна­ласқан дүниежүзілік стандартқа сай Назарбаев Университетте білім алуға ша­қырған Әйгерім БОЛАТҚЫЗЫ өзінің қазіргі таңда Ита­лияның Милан қаласындағы Боккони уни­версиетінде лекторлық қызмет атқарып жүргенін жеткізді. 
      Моңғолияның Бай-Өлке аймағында туып, сонда қазақ орта мектебін бітіріп, әуелі Чехияда білім алып, соңынан оқуын Сингапурда жалғастырып, сондағы Ли Куан Ю атындағы ұлттық университетте қызмет атқарған Әйгерім жеті тіл біледі екен. Ол Елбасының ІІІ құрылтайда айтқан «шетелдегі әр қазақ Отаныма не беремін деп ойланатын кез келді» деген сөзін өзінің өмірлік ұстанымына айналдырғанын баса айтты. 
     Алған білімімді Қазақ елінің игілігіне жұмсауға тырысып келемін. Соның нә­ти­жесінде Қазақстанның 150-дей мем­ле­кеттік қызметкері мен басқа да жоғар­ы лауазым иелерінің білімін же­тіл­діруін Астанада және Сингапурда ұйым­дастырдым. 2012 жылы Назарбаев Уни­верситет пен Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінің бес жылға келісімшарт жасасуына мұрындық болдым. Бұл келісімшарт осы мамыр айында тағы бес жылға ұзартылды. Осының аясында, жоғары мемлекеттік саяси мектеп бүгінде мемлекеттік саясат мамандығының қыр-сырын тек қазақ жастарына ғана емес, Орталық Азия елдерінің жастарына да үйретуде, деді ол.
      Сонымен қатар, талапты қарындасымыз Елбасы Жолдауындағы «Үш тілде білім беру» бағдарламасы XXI ғасырдың тың талабы екенін, әсіресе, мемлекеттік саясат мамандығы бойынша білім алған жастар тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азияның дамуына үлкен үлес қосуға болатынын, болашақта еліміздің адами капитал сапасын жақсартудың тетігі аса маңызды екеніне тоқтала отырып, сөзінің соңында шетелдегі қазақтар арқа сүйейтін асқар тауы атамекеніміз бен қазақтың бағына туған Елбасына шетте жүрген қазақ жас­тары атынан алғысын білдірді.  Мәртебелі жиын барысында шетелде кәсіпшілік жасап жүрген қазақ бизнесмендері атынан сөз алған Францияда тұратын кәсіпкер бауырымыз Мехмед ЗЕНГИН өзінің өткен ғасырда үдере көшкен Алтай қазақтарының ұрпағы екенін, бабаларының сүйегі Гималайдың шың-құздарында, Такламақан шөлінде шашылып, қуғын көрген қайран ел Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға зорға жеткенін айтып, өткен тарихты тағы бір желпіп өтті.
     Елбасының рухани жаңғыру тұжырымдамасындағы «Туған жерге туыңды тік!» деген үндеу-нұсқауын оқып қатты қуандым. Түркиядан түбір алған көптеген қазақтар ата кәсібі – тері өңдеумен айналысады. Күллі француз дүниесіне танымал тері өнімдерінде біздің де қолтаңбамыз бар. Сонымен қатар, ұлттық стильдегі перде өнімдерін өндірумен де айналысамын. Африканың 15 еліне және Шығыс Еуропа мемлекеттеріне өнім шығарамын. 150 адамды еңбекпен қамтып отырмын. Жуықта Алматы қаласында әлемде жетекші орынға ие тоқыма фабрикалары өнімдерінің көрмесі өтті. Осыған келіп қатыстым, дей отырып, кәсіпкер болашақта бизнесін туған жерге әкеліп жалғастырсам деген зор үмітін айтты. 
      Қазақ диаспорасы ең көп шоғарланған мемлекеттің бірі – Өзбекстан. Осы елдегі Қазақ ұлттық мәдени орталықтың директоры Серікбай Үсенов биік мін­берден кезекті сөз алып: «Мен білетін бір шындық бар, ол – қазақ даласы тек шеттегі қазақтардың ғана емес, иісі түркі жұртының қарашаңырағы. Атамыз қазақ салтында қарашаңырақты қадірлі баласына ұстатады. Соған қарағанда, біздің тектілік қасиетіміз осында жатса керек. Осыны сезінген сайын масаттанып, еліміз және Елбасымызбен мақтанамыз. Іргеде отырған өзбекстандық ағайындар біз Қазақ елінің тыныс-тіршілігінен хабардармыз. Біздің білетініміз: Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздік алған бұрынғы одақтас елдердің арасынан суырылып алға шықты. Бүгінгі өтіп жатқан құрылтай да, әлемдік маңызы бар халықаралық ма­мандандырылған ЭКСПО-2017 көр­месі де толайым табыстың нәтижесі. Қазақтың 62 тамырында тулап жатқан ізгі қасиеттерінің қайта түлеу шағына дәл келіп отыр. Дәл қазір әр қазақ рухани тұрғыдан түбегейлі өзгеріп, жан сарайын жаңғыртатын шақ. Осы орайда өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын өзбек тіліне аударып, халыққа таныстырдым. Ел ішінде көптеген басқосулар ұйымдастырып, мақаланың мәнін түсіндірдім, деді. 
      Сөз аяғында өзбекстандық бауырымыз әрбір құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасын сай­лау дәстүрі бар екенін еске салып, осы орайда бұл жұмысты бұған дейін абырой­лы атқарып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бұрынғыдай Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығының Төрал­қа төрағасы міндетін жалғастыра беруін өтінді. 
      Одан кейін құрылтай өкілдері арасынан сөз сөйлеу бақыты бұйырған Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының төрағасы, түркиялық қандасымыз Шабан Серкан Динчтүрк әуелгі пікірін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, сондай-ақ, алқалы басқосуға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған құрылтай қонақтарына ілти­пат білдірумен бастады. Шабан Серкан Динчтүрк айтып өткендей, Қазақ елінің қазіргі жеткен жетістігі Мемлекет басшы­сының көреген көшбасшылығының нәтижесі, әрі мұндай күрделі кезеңде көп ұлтты, көп дінді халықты басқару Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты кемел тұлға­ның ғана қолына келетін шаруа. Сол себепті де Қазақ елі тек қана өз аймағында емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен бір­ліктің символы болып отыр. 
     Сонымен қатар, Түркиядағы Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығы, қазақ тарихы мен мәдениетін 80 миллионнан асқан түрік халқына таныстыру мақсатында әртүрлі конференция­лар өткізіп, түрік және қазақ тілінде «Қазақ елі» атты журнал шығаруда екенін жеткізді. Журналдың соңғы санында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы түрік тіліне аударылып басылған екен. Түркиялық бауырымыз сөзінің соңында Қазақстан Көк байрағын көк аспанда еркін желбіреткен, күш-қуаты мықты, әлемге танымал, беделді мемлекетке айналуын күні-түні Алла тағаладан тілейтінін айтып өтті. 
      Құрылтай мінберінен сөз сөйлеу мәртебесіне ие болған екінші бір қазақ қызы Анар Ұлықпан Австралияның Брис­бен қаласында медицина саласында қызмет атқарып жүрген, арғы тегі бай­өлкелік қарындасымыз көрінеді. Ол өзінің ақжарма тілегінде Австралияда қазақтар өте аз екенін айта келіп: «Тарихи Отаныма келіп, қалың қазақ­тың арасында жүргеніме өте қуаныш­тымын. Астананы аралап, көптеген нысандармен танысу үстіндемін. Осында жаңа медициналық кластерлер бар екен. Қазақстан сияқты медицинаның барлық саласын бір орталыққа бағындырып, оны ең заманауи жабдықтармен жабдықтаған ел сирек. Бұл орайда, Назарбаев Уни­вер­ситет осы орталықтарға қажетті мамандарды даярлап, дәрігерлер ұстаханасы болады деп ойлаймын. Осындай үлкен орталықтарды ашуда халықтың ден­саулығы мен бо­лашағы ескерілгені анық. Сондықтан, мұны үлкен қамқорлық деп есептеймін», деді.
     Жиын соңында сөз тиген Ирландияның Дублин университеті әлеуметтану ғы­лымдар факультетінің оқытушысы, жас ғалым Өзгежан Кесижи соңғы 25 жылда Қазақ елі әлемдік қоғамдастықтан мәртебелі орнын тапқанына, мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және барша қазақстандықтардың ортақ жеңісі екеніне тоқталды. 
      Елбасы биылғы халыққа Жол­дауында Қазақстанның Үшінші жаң­ғы­руына қажетті басымдықтарды атады. Еліміз индустриялық жағынан даму үшін жастар білімді болу керек. Жолдау мен Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласы өзара тығыз байланысты екенін айтқым келеді. Мақалада «Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген даналық сөздер бар. Мен осындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде бір жылдай дәріс оқыдым. Елбасы мақаласына сәйкес, қазір жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі жүз жаңа оқулық бағдарламасы қолға алынуда. Бұл жобаға қатысуға шетелдегі қазақ жас­тары – біздер де зор қызығушылық танытамыз. Себебі, біліміміз бен тәжірибемізді Қазақ елінің гүлденуіне жұмсау – үлкен мәртебе. Қазақстан латыншаға көшкен соң бұрын төте жазу және кириллицамен шыққан кітаптарды латын әрпімен қайта басып шығарса, бәріміздің ортақ қазынамызға айналады деген үміттемін. Бүгінгі құрылтайға әлемнің әр түкпірінен жастар жиналды. Қазір ғаламтор арқылы қазақ тілінің мәдениеті мен салт-дәстүріне адал қызмет етуге даяр жастар бар екенін білуге болады. Соларға барынша қолдау жасалса деген тілек бар, деді өз сөзінде ғалым. 
      Меймандар пікірін құрылтай қонақ­тары ықыласпен қабылдады. Салмақты жиын­ның салиқалы түйіні ретінде айтыскер ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сый­лығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы жырдан шашу шашты. 

Елбасы Төралқа төрағалығына қайта сайланды 

    Құрылтай күн тәртібіне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы мен төрағаның бірінші орынбасарын сайлау мәселесі талқыға түсті. Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының директоры Серікбай Үсеновтің «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тан Дүниежүзі қазақтары қауымдас­ты­ғы­ның Төралқа төрағасы міндетін жалға­сты­ра беруді өтінген» пікірі ескеріліп, бұл ұсы­ныс өкілдер талқысына салынып, Мем­лекет басшысының кандидатурасы бір­ауыздан қолдау тапты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрылтай қатысушыларының тілегін қабыл алып, өзіне жүктелген се­німді атқаруға дайын екенін айтты.
  Осы алқалы жиын барысында Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы Төралқа төраға­сының бірінші орынбасары қыз­метін атқарып келген Талғат Мамашев­қа рахметін айтып, бұл міндетке елшіл аза­мат­тардың бірі Зауытбек Тұрысбековтің кандидатурасын ұсынды. Бұл мекемеге кезінде Көші-қон және демография агенттігінің тұңғыш төрағасы қызметін атқарған, мемлекеттік қызмет істері саласында тәжірибесі мол, сондай-ақ қазақ диаспорасы ең көп қоныстанған Ресей және Өзбекстан елдерінде Төтенше және өкілетті елші болған Зауытбек Қауыс­бекұлы бекер таңдалмағанын айтты. Сөй­тіп, көпшіліктің бірауыздан қолдауы­мен Зауытбек Тұрысбеков Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы Төралқа төраға­сы­ның бірінші орынбасары болып сайланды.  
     Мемлекет басшысы мәртебелі басқосудың қорытынды сөзі ретінде бұдан былай қауымдастықтың мәртебесі артатынын айтты. Болашақта шеттегі әр қазақ өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырып өмір сүруге құқылы екендігін, сол үшін атқарушы билік өкіметпен және сырттағы елшіліктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау қажет дегенді алға тартты. Құрылтай қонақтары арқылы маңызды басқосуға келе алмаған алыстағы ағайынға ақ тілегін жолдады.  
             Бекен ҚАЙРАТ, Арнұр АСҚАР,  «Егемен Қазақстан»

толығырақ

       ТМД елдері арасында тұңғыш рет Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аясында 22-25 маусым күндері Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы шақырылып отыр. Ол қандай мәселеге арналмақ, мақсаты, ерекшелігі неде? Осы сұрақтар төңірегінде Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары Талғат МАМАШЕВ мырзамен сұхбаттасқан едік.
         – Естеріңізде болса, тәуелсіздіктің елең-алаңында, 1992 жылы Алматыда өткен І құрылтайда Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бүгінгі құрылтайдың басты мақ­саты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының бола­шағы жөнінде ойласу, ұлтымыздың тарихындағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдырымыздың қалай өрлейтінін талқылау. Қазақ диас­по­расының қалыптасуы – зерделі жанды таң қалдыратын құбылыс. Әрбір үшінші адамның біреуі атамекеннен жырақта жүрген қазақтан басқа халықты атау қиын шығар», – деп тебірене толғаған болатын. 
     Бүгін де алдымызға өркениеттіліктің ең өзекті мәселесі – рухани жаңғыру міндеті қойылған шақта, ұлтымыз­дың келешекте қалай өсіп-өркендеуін тұтас ұлт болып талқылау өте маңызды. Сондықтан да Құрылтай «Рухани жаңғыру және шет елдегі қазақтар» деген тақырыпта өтпек. Оған әлемнің 38 елінен қазақ диаспорасының 350 өкілі қатысады. Мұның сыртында оларға елімізден 370 қазақстандық зиялы қауым және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері қосыла­ды. Құрылтай Тәуелсіздік сарайында өтеді және оған қатысатын шетелдік қонақтардың 60 пайызын 35-ке дейінгі жастар құрайтын болады. Сондай-ақ Құрылтайға қатысушылардың 80 пайызы Атажұртқа алғаш қадам басады. Мұның бәрін Құрылтайдың басты ерекшеліктері дер едім. 
    Ал қаралатын мәселелерге келсек, жиында шет елдердегі қазақ мәдени орталықтарын қаржыландыру, қазақ жастарын Қазақстанға оқуға шақыру, қандастарға басқа да көмек көрсету сияқты түрлі мәселелер талқыланбақ. Басты мақсат – шетел қазақтарының Қазақстанға деген қызығушылығын арттырып, елге шақыру, көшіп келуге ынталандыру, олардың неге мұқтаж екенін білу. 
       – Демек, жастарға басымдық беріліп, сенім артылып отыр дейсіз ғой?
     – Қазіргідей бәсекеге қабілеттілік мәселесі басты орынға шыққан жаһан­дану жағдайында өзгелермен білім­сіз тайталасу әсте мүмкін емес!Сон­дықтан да Елбасы биылғы Жолдауын «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: бәсекеге қабілеттілік» деп атап, алдағы міндеттерді айқындап берді. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп тұжырымдады. Сондықтан да біз тек ел ішіндегі ғана емес, шетелдегі қазақ жастары да Қазақстанда оқып білім алып, тағылымдамадан өтіп, жұмысқа орналасып, қазаққа қыз­мет етсе, демографиямыздың, эконо­ми­камыздың, әлеуметтік жағдайымыздың жақсаруына үлес қосса дейміз. 
    Осыған орай «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның қолдауымен, тұңғыш рет шет елдегі қазақ жастарының көшбасшылары мен «Жас Отан», «Жасыл ел» ұйым­дарының, сондай-ақ шет елдерде «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан жастар көшбасшыларының форумын өткізсек деп отырмыз. Бұл да жастардың туған жерге, елге деген сүйіспеншіліктерін арттырып, пат­риоттық сезімдерінің нығаюына ұнамды әсер ететінін сөзсіз.
    – Құрылтай бағдарламасы бір жиынмен шектелмейтін шығар? Өйткені, мемлекеттік органдардың қатысуынсыз онда қаралатын мәселелерді шешу қиын ғой. Қандай іргелі шаралар ұйымдастырылады?
   – 23 маусым күні Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Тәуелсіздік сарайында Құрылтайдың салтанатты ашылуы өтеді. Одан бөлек бес секция жұмыс істейтін болады. Оның біріншісінде – Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар, Дін істері және азаматтық қоғам министрліктерінің өкілдері қатысып, тиісті мәселелер қаралатын болады. Ал екіншісінде – Білім және ғылым министрлігі, үшіншісінде – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сырт­қы істер, Ішкі істер министрлігі, төртіншісінде – Инвестициялар және даму, Ауыл шаруашылығы министр­лігі, бесіншісінде Денсаулық сақ­тау министрлігінің өкілдері қатысып, рухани жаңғыру, жастарға білім беру, кәсіп үйрету, жұмысқа орналастыру, көші-қон, туризмді дамыту сияқты мәселелер жан-жақты талқыланады. 
    Тағы бір айтар жайт, біз Елбасы айтқан «100 жаңа есім» жобасы  сияқты, сыртта жүрген қазақтың 100 есімін шығаруға дайынбыз. Бұл да жергілікті тұрғындармен бірге сырттағы қан­дас­­тарымыздың да наза­рын тартып, Қазақ­станға деген қы­зы­ғу­шылықтарын арттыра түсетіні анық.
    Ал мәдени шараларға келсек, Астана қаласы әкімдігінің бағдарламасына сәйкес, қонақтар Ұлттық музей, Әзірет Сұлтан мешіті, Тұңғыш Президент-Елбасы кітаханасын барып көреді. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді паш ететін «Этноауыл» кешенін аралайды (айт­пақшы, бұл кешен үш ай бойы үздік­сіз жұмыс істеп, көрмеге келушілерге бүкіл тарихи, мәдени құндылықтарымызды таныстыратын болады). «Қазақ елі» монументіне гүл шоқтарын қойып, ЭКСПО-2017 кешенін тамашалайды. Ұлт­тық академиялық кітапхана ғима­ратында «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты халықаралық конференция ұйымдастырылады. 
    – Тәуелсіздік жылдарында Елбасы­ның  бағыт беруімен жүргізіліп келе жатқан көші-қон саясатының маңызы өте зор. Құрылтайдың мақсатына қарасақ, келешекте де бұған баса мән берілмек. Бұл неден туындап отыр?
    – Аллаға мың да бір шүкір, алғашқы Құрылтай тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың қайта қауымдасуына үлкен жол ашты. Тұңғыш Президентіміздің жан-жақты ойластырылған көші-қон саясатының арқасында 25 жыл ішінде 1 миллионнан аса қандастарымыз атажұртқа оралды. Олар Қазақстанның демографиялық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына өлшеусіз үлес қосты. Олардың 61,5 пайызы – Өзбекстаннан, 24 пайызы – Моңғолия мен Қытайдан, 6 пайыздайы –Түрікменстаннан, 4 пайыздайы – Ресейден. Қалғандары – Ауғанстан, Иран, Түркия және Еуропа елдерінен келді. Егер олар келмегенде, ел тұрғындарының саны сол деңгейде қалуы, тіпті, кеміп кетуі де мүмкін еді. 
     Осы тұрғыдан Нұрсұлтан Әбішұлының І Құрылтайда айтқан «бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойласу» бүгін де өте маңызды. Ал қазіргі Қазақстан үкіметінің бас қатырып ойланатын басты мәселелерінің бірі – міне, осы демографиялық жағдай болуы тиіс! Нақтырақ айтсақ, Қазақстанның біртұтастығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуы, Мәңгілік Ел болуы демографиялық жағдайға да тығыз байланысты. Оның үстіне үштің бірі туған топы­ра­ғы­нан сыртта жасайтын ұлттың руха­ни жаңғыруы, Елбасы айтқан ұлт­тық коды­мызды сақтау, ұлттық құн­ды­лық­­тары­мызды игілікке жарату мін­дет­терін де сырттағы ағайынсыз шешу оңайға соқпайтыны анық. Сол себеп­ті де Құрылтайда ортаға қойы­латын ең негізгі тақырып – шет ел­дегі қазақ диаспорасына қол­дау көрсету, сырттағы ағайынды атажұрт­қа мүмкін болғанынша көбірек орал­ту, олар­дың ұлтымызды рухани жаңғыртуға, қосар әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде болмақ.
   – Шетелдегі қандастарымыз ұлттық рухани салада нақты қандай қолдауға мұқтаж болып отыр және ол қалай жүргізілгені дұрыс?
    – Бүгінгі таңда сырттағы қазақ диас­порасы мәдени саладағы қол­дауға өте мұқтаж. Өйткені, олар­дың болашақта қазақ ұлтының өкілі ретінде сақталып қалуы осы мәселеге келіп тіреледі. Өр­ке­­ниетті елдердің көбі шетелдегі ұлт­тық мәдени орта­лық­тарына бюджеттен арна­йы қар­жы бөліп, нақты қолдау жасай­ды. Қазақ­стан да шетелдегі Қазақ мәдени орталықтарына осындай қам­қор­лық жасауды жүйелі түрде қолға алуы керек. Сондай-ақ, шет елдердегі қазақ жас­тарының арасынан әдебиет пен өнерге, білім-ғылымға, спортқа, кәсіп­­кер­­лікке бейім дарынды балалар­ды тауып, тәрбиелеуге көңіл бөлу қажет. Бұл тұрғыда сырттағы ағайындарымыз оқу-білім және ана тілі мәселесі жөні­нен қолдауға аса мұқтаж. 
     Мысалы, бұрын біздегі жоғары оқу орындарына қабылдаудың типтік ережесіне сәйкес, ұлты қазақ шетел­дік азаматтар мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстық негізде тегін білім алуға құқылы еді. Бұған қоса оларға екі пайыздық мөлшерде квота бөлінетін. 1500 талапкерге арналған дайындық курстары жұмыс істейтін. Ал Білім және ғылым министрлігі дайындаған типтік ереженің жаңа жобасында бұл жеңілдіктер мүлде алып тасталған. Егер ол осылай бекітіліп кетсе, шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанға келіп оқып, білім алуы біржолата тоқтап қалуы мүмкін.
      – Негізінде бұл сырттағы ағайынды елге шақырудың тиімді тетіктерінің бірі емес пе? Мен тіпті, үштің бірі тарихи Отанынан сыртта тұратын ұлт үшін екі пайыздық квотаның өзі тым аз ба деп ойлаймын...
     – Солайы солай ғой. Бірақ Білім және ғылым министрлігі мұндай ере­жені қандай қисынға сүйеніп жасап отырғаны түсініксіз. Мысалы, 150 мил­лионға жуық халқы бар, тұрғыны да, маманы да жеткілікті көрші Ресейдің өзі жер жүзіндегі барлық отандастарына оқу-білім жөнінен есігін айқара ашып қойған. Біздегі жастардың да біразы сол жаққа кетіп, тегін оқуға түсіп жатыр. Ресей сонымен бірге «Сооте­чест­венники» мемлекеттік бағдар­лама­сының аясында сырттан көшіп-қоныс­танған, ал «Русский мир» бағдар­ламасының аясында өзге елдерде тұра­тын қандастарына қолдау көрсету­дің тиімді жүйесін жүзеге асырып келеді. 
   Бір таңқаларлығы, жаңа ереже бо­йынша, Қазақстанда тұрақ­ты тұратын, азаматтығы жоқ шетел­діктердің тегін оқу мүмкіндігі бұрын­ғысынша сақталып қалған. 
    Айта берсек, мұндай қиыншы­лық­т­ар жеткілікті. Кешегі Кеңес кезін­де көрші республикаларда тұра­тын қандастарымызға қазақша кітаптар, газет-журналдар көптеп тарайтын. Қазір бұл мүлде тоқтаған. Алыстағы ағайынға қазір тек Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жанынан жарық көретін «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағы ғана жеткізіліп тұрады. Бұлардың өзін соңғы кездері қаржылық қолдау тым төмен. Өкініштісі – мұ­ның бәрі сырттағы ағайынның бүкіл қазақ халқына ортақ ана тілі мен ата салтын, мәдениеті мен өнерін, ұлттық коды­мыздың негізі саналатын ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап, дамытуына айтарлықтай кедергі болып тұр. Ендігі жерде осы мәселелерге жанашырлық көзқарас өте қажет.
      – Ал көші-қон саласында қандай түйткілдер бар?
    – Жоғарыда айтқанымыздай, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері қол жеткізген үлкен табыстарымыздың бірі – бір миллиондай қандасымыздың атажұртқа оралуы! Мұндай үдеріс бізбен көрші бұрынғы кеңестік республикалардың бірде-бірінде болған емес. Мысалы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан республикаларының сырт жердегі диаспорасының мөлшері біздегіден аз емес. Соған қарамастан олар біздегідей жүйелі көші-қон саясатын жүргізген жоқ. Керісінше, бұл елдерден жүз мың­­­даған адам өзге елдерге көшіп жа­тыр. Айталық, армян халқының отыз пайыз­дайы туған топырағын тас­­тап, шет ел­дерге көшіп кеткен. Осы тұр­ғы­дан ал­ғанда Қазақстанның шет­ ел­дердегі қандас­тарына қамқорлық жасап, олардың бір миллион ағайынды көші­ріп алуы – қай жағынан болса да мақ­тан етуге тұрарлық үлкен жетістік. Өкінішке қарай, соңғы кезде этникалық көш біршама азайды. 
     – Оның себептері неде деп ойлайсыз?
   – Біріншіден, бізде көші-қонға бай­ланысты заңдар мен ереже-тәртіптер жиі өзгеріп отырды. Екіншіден, осы үдеріс­ке байланысты заңдар мен ереже­лер­ді шетелден келіп жатқан қандас­тары­мызға дұрыс түсіндіріп, жүйелі наси­хаттау және олардың бұл­жытпай орын­далуын қадағалау бір жүйеге түс­пеген. Үшіншіден, бұл мәселені сая­­сат­қа айналдыру барынша кең етек ал­ды. Төртіншіден, көшіп кел­ген этни­ка­­лық қазақтарға тұрақты тұру­ға рұқсат беру мәселесі күрделеніп кетті, олардың аза­­мат­­тық алуында үл­кен қиындықтар бар. 
   Бұрын сырттағы ағайын атажұртқа келген бойда тұрақты тұруға қажетті құжаттарын дайындап, бұрынғы тұрған елінің төлқұжатын өткізіп, Қазақстан азаматтығына оңай қол жеткізетін. Қазір едәуір қиын. Мысалы, сырттан келетін ағайындардан бұрынғы тұрған елінің құзіретті органы куәландырған соттылығының жоқ екендігі туралы анықтама талап етіледі. Ал Қытайда соттылығы бар адамдарға сыртқа кетуге рұқсат етілмейді және ондай анықтама мүлде берілмейді. 
     Біздің ойымызша, бұл ең алдымен көші-қонға жауапты мемлекеттік меке­мелердің осы үрдістің мән-жайын жан-жақты зерделеп, дұрыс түсінбеуінен, жүйелі жұмыс жүргізе алмауынан туындап отыр. Тіпті бізде бұл іспен нақ­ты кім айналысатыны белгісіз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің қарамағындағы «Этни­калық және ішкі көшті реттеу» деп атала­тын шағын басқарманың ел үшін аса ма­ңызды бұл мәселені толық шешуге құзы­ры да, қауқары да жетпейді! Құрыл­тайда осы түйткілдердің де түйінін тар­қататын ұсыныстар айтылуы бек мүмкін.
    Ал Дүниежүзі қазақтарының қауым­дас­тығы – төрткүл дүниеге тарыдай шашылған барлық қазақтың басын қосып, ұлттық тұтастықтың ұйытқысына айналған ең үлкен қоғамдық ұйым десек, ол Қазақстанда қолға алынған бар­­лық маңызды бастамаларды шетел­дегі ағайындарға дер кезінде жет­кізіп, насихаттап отыруы, Елбасы, Қауым­­дастық Төрағасының ұлт бола­шағы­на қа­тыс­ты қолға алған барлық іс-шараларына өзінің лайықты үлесін қосуы тиіс.  
      Әңгімелескен Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ 
      https://egemen.kz/article/quryltayda-rukhani-qundylyqtar-soez-bolady

толығырақ

%d2%9b%d2%b1%d1%80%d1%8b%d0%bb%d1%82%d0%b0%d0%b9-%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be

       Маусым айының 22-25-і күндері Аста­на қаласында Дүниежүзі қазақ­та­рының V құрыл­тайы өтеді. Бес жылда бір болатын ұлты­мыз­дың ұлы жиы­нына биыл кімдер келе жатыр? Сыртта жүр­ген ағайын үшін бұл құрылтай несі­мен ерекшеленбек? Осы және өзге де сауал­­дарға жауап алу үшін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орын­басары Талғат Мамашев­пен сөйлескен едік.

     – Талғат Асылұлы, биылғы құрылтай өз уақытынан бір жылға кеш өтетінінің өзіндік себебі бар болар…

      – Әр құрылтайдың өз ерекшелігі бар. Бірінші құрылтайды 1992 жылы Алма­тыда өткіздік. Оны тарихи оқиға ретінде есте сақтауымыз керек. Өйткені, Кеңес одағы құлаған соң сыртта жүрген ағайын­дарымыздың елге оралуына алғаш рет қадам жасалды. Дегенмен, қазақтың үштен бірі әлі сыртта жүр. Бірінші құрылтайға әлемнің 30-дан астам елінен ағайындар келіп, бірінші рет Қазақстанға табан тіреген кездегі жан тебірентер көріністер әлі көз алдымда.  Ол кезде мен Алматы облысы әкі­мінің орынба­сары қызметіндемін. Құрыл­тайдың бүкіл ойындары, ұлттық салт-дәстүрлерін Дегерес деген жерде ұйымдастырып, басы-қасында жүрдім. Әуежайда қарсы алсақ та, Дегересте қарсы алсақ та, жерге табаны тигенде құлап, сүйіп, «Ал­лаға ризамын, атажұртыма келдім» деп еңіреген ақсақал­дарды көрдік. Одан бері, міне, 25 жыл өтіп кетті. Содан екінші құрылтай 10 жылдан кейін өтті. Ол экономиканың бір қиын кезі болатын. Әлі 3 жыл, 5 жыл деген тәртіп жоқ ол кезде. Киелі Түркістанда өткен екінші құрыл­тайда өз жарғымызды қабылдап, бес жылда бір құрылтай өтетін болып шешілді. Дегенмен, саяси жағдайларға байланысты үшінші құрылтай 2005 жылы өз уақытынан бұрын болды. Мұндағы негізгі мақсат – өсіп, өркендеп келе жатқан Астананы ағайындарға көрсету болатын. Ол кезде бүгінгі көптеген ғимараттар әлі салын­баған. Біз құрылтайды Үкімет үйінің мәжіліс залында өткіздік. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенін білесіздер. Сондықтан біз құрылтайдың уақытын бір жылға шегеріп, 2011 жылы Тәуелсіздік сарайында өткіздік. Сол құрылтай аясында тұңғыш рет мәдени сала, білім саласы, көші-қон саласы сынды 4-5 министрлікте пленарлық отырыстан кейін секциялық жұмыстар өткіздік. Бір күнді спорт күніне арнап, бүкіләлемнен қазақ жастарының футбол коман­дасын жинап, турнир өткіздік. Осы құрылтайда жастарға орын бере бастадық. Өйткені, алғашқы екі құрылтайда ақсақалдар көбірек келген  еді. Ал биылғы құрылтай өткен жылы өту керек болатын. Біз әлемдегі ағайындар да ЭКСПО-ны көрсін деген ниетпен осы жылға жоспарладық. Сол мақсатпен өткен жылы Президентке хат жазып, ұсынысымды айтып, «қолдауы­ңызды сұраймын» деп едім, Елбасы «келісемін» деп қол қойды.

     – Бұл құрылтай бұрынғы құрылтай­лардан несімен ерекше? Астанаға кімдер келе жатыр?   

      – Биылғы құрылтайдың тақырыбы – Рухани жаңғыру және шет елдегі қазақтар. Шақыратын өкілдердің тізімін ұсынарда шет елдегі мәдени орталықтарға мынадай ұсыныс бердік. Біріншіден, «мен үш құрыл­тайда да болғам, бесіншіге неге бармай­мын?» деген реніш болмасын дедік. Біз «өмір бойы құрылтайға шақырамыз» деп ешкімге тілхат бермедік. Бұл жолы жас­тарға баса көңіл бөліп отырмыз. Әлемнің 40 елінде қазақтар тұрып жатса, сондағы 32 елде қазақ мәдениет орталығы жұмыс істейді. Олардың басшыларына «өзіңмен бірге жастар қанатының өкілі не жетекшісі болсын» деген талап қойдық. Екіншіден, бұрын келген адамдар емес, құрылтайға келмеген адамдарды көбірек қамтиық деген талап қойдық. Үшінші, жастарға көбірек орын берілуі керек.

58_medium

     Биылғы бір жаңалық – құрылтайға келетін делегаттардың 80 пайызы жаңа адамдар. 20 пайызы бұрын­дары 1-2 рет келген, мәдени орталықты басқарып отырған басшылар. Келетін қонақтардың 60 пайызға жуығы жастар.

     Өйткені, рухани жаңғыру да, келешек те жастардың қолында. Мүмкін, ауыз толты­рып айтқанға жақсы шығар, дегенмен, ақсақалдар келеді, кетеді. Жастарға жол бергеніміз абзал. «Мен неге бармаймын?» деп хат жіберіп, өкпелеп жатқан ағайын көп. Бірақ, біздің тәртіп осылай. Мәдени орталықтар бізге ұсыныстарын жіберді. Құрылтай аясындағы тағы бір тың өзгері­сіміз – әлемдегі қазақ жастары көшбасшы­ларының «Жастар рухани жаңғыруды қолдайды!» атты жеке форумын өткізбек­шіміз. Шет елдегі мәдени орталықтардың жас қанатының лидерлері мен «Нұр Отан» партиясы жастар қанаты, Астанадағы жастар ұйымдары бар. Бәрін бөліп-жармай, табыстырайық деп отырмыз. Оның сыр­тында «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүрген жастар бар. Олардың өз ұйымдары бар. Сол болашақтықтардан әр елден 15 адам келеді. Оның ішінде біздің қазақ диаспорасының да жастар ұйымдарының өкілдері бар.

       Биыл — Халифа Алтайдың 100 жылдығы. Соған орай, құрылтай аясында «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты ғылыми-практикалық конференция өткі­земіз. Кітабы, библиографиясы басылуда. Балалары да 2-3 кіта­бын шығаруда. Х.Ал­тайдың Норвегия, Франция, Стам­бұлда тұратын  ұрпақтарын шақырдық.

       Алаш ардақтыла­рының да ұрпақтары келеді. Мысалы, Мәскеуде Бекмаха­новтың қызы тұрады. Оның немересі де ғылым докторы. Биылғы құрылтайға сол немересі Нарбаев Назым келе жатыр. Канададан М.Тыныш­паевтың немересі Шейх-Али Асқар Дәулетұлы келеді. Өткен құрылтайға оның әкесін шақырғанбыз. Ұрпақ жалғасы деген міне, осы.

      «Шет елдегі қазақ кім?» дегенде ауыз толтырып айтатын ағайын көп. Олар әр елде де бар. Бизнесте де, билікте де, спортта да жүр. Өнер адамдары, жазушыар да көп. Қытай мен Моңғолиядан көптеген ақын-жазушы, журналистер келеді. Оның сыртында 5 министрлікте бір күндік секциялар жұмыс істейді. Шет елден бас-аяғы 350 адам шақырамыз, ал 250-ден астам адам Қазақстаннан болады. 14 облыс, Алматы мен Астана зиялылары, Үкімет адамдары, депутаттар бар. Тізіммен шақыратын да өз адамдарымыз бар. Бас мүфтий, ғарышкерлеріміз, Еңбек ерлері келеді. Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлей­менов сияқты ағаларымызды шақырып отырмыз.

      – ЭКСПО қарсаңында өткелі отырған құрыл­тайдың ресми бөлімінен бөлек, сырттағы ағайынға не көрсетеміз?

         –  22-сі күні түске дейін қонақтарға Аста­наны аралатамыз. ЭКСПО-ға байла­нысты үлкен этно-ауыл бой көтергенін білесіздер. Ол үш ай бойы жұмыс істейді. Сол жерден қазақтың бүкіл тыныс-тіршілігін, ұлттық байлығын тамашалауға мүмкіндік болады. Кешкілік Астана опера театрына «Қыз жібек» операсының жаңа қойылымына апарамыз. Екінші күні Н.Назарбаев университетінде Президенттің қатысуымен пленарлық отырыс өтеді. Ондағы мақсат – Н.Назарбаев универси­тетін көрсету. Одан кейін бүкіл қонақтары­мызды ЭКСПО-ға апарамыз. Сол күні шетелден келген қонақтар Президенттің қабылдауында болады. Ағайындарға Елбасы дастарханынан дәм татқызбақ­шымыз. Салтанатты қабылдау кезінде Қазақстан өнер шеберлерінің қатысуымен концерт ұйымдастырамыз. Осы жолы дәстүрлі әндер мен классикаға басымдық беріп отырмыз. Үшінші күні министрлік­терде секциялық жұмыс. Түстен кейін қатысушылардың жартысы конференцияға барса, жартысы жастар форумына барады. «Қазақстандағы медицина жағдайы және туризм» деген секция бар. Сол бойынша болашақта ағайындарға арзан бағаға елде емделуге мүмкіндік жасалмақшы. Біздің қауымдастық Этноауылда 2-3 киіз үй тігеміз. Келген ағайындарға ыстық бауыр­сақтан, қымыздан дәм татқызбақшымыз. Сонымен қатар, құрылтайдан соң шет елдегі қазақтың 100 жаңа есімін шығаруға жұмыс жүргіземіз.

        –   Сөз соңында, сырттағы аға­йын­ның бүгінгі мәселесін айтып өтесіз бе?

        –  Әр елдің саяси-экономикалық жағ­дайына қарай ондағы қазақтардың мәсе­лесі де әртүрлі. Ресей қазақ­тарын­да қазақ тілі мен салт-дәстүрін сақтап қалу өзекті болып тұр. Тәуелсіздік жылдары 1 миллион қазақты елге көшіріп алдық. Солардың 60 пайыздан астамы Өзбекстан мен Қарақал­пақстаннан келді. Елдің көбі Қытай мен Монғо­лиядан келді деген қате пікірде. Олай емес. Ол елдерге 23-24 пайыз ғана тиесілі. Қалған елдерден 2-3 пайыз қазақ оралды. Кезінде Қытай қазақтары телевизия, радиомыз қазақша сайрап тұр, газет-журналдарымыз шығып тұр, Шыңжаң, Құлжада қазақ мектептері істеп тұр дейтін еді. Қазір онда қостілділік деген кіргізілді де, жағдай өзгере бастады. Сондықтан балаларының, ұрпақтарының келе­шегін ойласа, ағайын ойлануы керек. Әуелі Моңғолияның өзі қостілділікті кіргізе бастады. Ол процесс көбеймесе, азаймай­ды. Айналып келгенде, қазақ тілі мен әдебиеті ғана қазақ тілінде қалдырылуы мүмкін. Ал біз ол елдердің ішкі саясатына араласып, «неге олай болып жатыр?» дей алмаймыз. Еуропадағы 12-15 мың қазақ ассимиляцияға ұшырап бара жатыр. Біз мұның бәрін көріп отырмыз. Олар жаппай бері көшіп келгелі жатқан жоқ. Рухани жаңғыруда біз осыған көңіл бөлгелі отыр­мыз. Сананы өзгерту керек. Өткен құрылтайда Елбасы «сырттағы ағайын «Қазақстан маған не береді деп емес, мен Қазақстанға не беремін?» деп ойлауы керек» деп еді. Келген ағайын шүкір, шұбарланған тілімізді байытып, демографиялық жағ­дайы­мызды көтерді. Экономиканың дамуы­на да үлес қосуда. Қаншама өнер адамдары, ақын-жазушылар, ғалымдар келді. Дегенмен, сырттағы ағайынның, оның ішінде қазақ жастарының да мәселесі жетерлік. Былтыр Санкт-Петербургте болдым. Онда 3000-ға жуық студент оқып жүр. Оның 700-і ғана мемлекеттік грантпен оқыса, қалғандары өз жағдайымен барған­дар. Солардың мықты екі студенттік ұйымы бар екен. Солар біраз мәселе айтты. Мысалы, 3-4 курсқа келгенде студенттер тәжірибеден өтеді. Қазақстанға барса, «ұлттық компанияларға барып, өздерің сөйлесің­дер» дейді екен. «Біреуі алғысы келеді, біреуі алғысы келмейді, соны министрлік неге реттемейді?» деген сауалдар болды. Сол Ресейде үздік оқитын студенттерді 4-5 курстарда «Қазақ­станға барғанда не бітіре­сің?» деп азғыра бастайды екен. «Біз саған азаматтық берейік, үй жағдайын шешеміз, қызмет береміз, жалақың мынадай болады. Ойламайсың ба? Ертең өз еліңде жұмыссыз қаласың» дейді. Ал бізде ондай жұмыс жүргізілмейді. Қытайда қазір 5000-ға жуық жастар білім алуда. Сол елдегі студенттер ұйымы – ең белсенді ұйым. Олар осымен екі рет Қытайда оқып жүрген қазақ жаста­рының құрылтайын өткізген. Сондай лидер­лердің барлығын біз Білім министр­лігімен, елшілік арқылы түгелдеп, барлы­ғын шақырып жатырмыз. Ал құрылтайдағы біздің негізгі күтіп отырғанымыз – Президенттің баяндамасы. Сонда нақты тапсырмалар беріліп, алдағы жоспар айқындалады.

        Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

      http://almaty-akshamy.kz/2017/06/13/құрылтай-қонақтарының-60-пайызы-жаст

толығырақ

   

   2017 жылдың 22–25 маусымы күндері Астана қаласында халықаралық  ЭКСПО-2017  көрмесі аясында  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы өтеді, - деп хабарлайды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы.

   Құрылтай бағдарламасының негізі ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған тұжырымдамалық идеяларына құрылған.

    Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға болып саналады. Ол 1992–2017 жылдар аралығында өткен бес Құрылтайдың өзара сабақтастығының бар екендігін көрсетеді жәнетәуелсіздік кезеңдерінде Қазақстан Республикасының айтулы табыстарға, соның ішінде этникалық көші-қон саясатының жетістіктерінеқол жеткізгендігін паш етеді.

      Құрылтай жұмысына барлығы 750 делегаттар мен қонақтар қатысады, оның 350 адамы алыс және жақын шетелдердегі әлемнің 39 елінен келді. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысады.

      750 делегаттар мен қонақтардың басым көпшілігі ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері болып саналады.

     Алдыңғы төрт Құрылтайға қатыспаған әлемнің сегіз елінен V Құрылтайға делегаттар мен қонақтар келіп отыр. Олардың қатарында Жапония, Корея Республикасы, Италия, Ирландия, Черногория, Польша, Әзірбайжан, Молдова елдері де бар.

     Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 60 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Олар дені – түрлі елдердегі және Қазақстандағы жастар ұйымдарының, студенттік бірлестіктерінің көшбасшылары, магистранттар, докторанттар және жас мамандар.

      Құрылтай аясында тұңғыш рет «Нұр-Отан» партиясының қолдауымен «Жастар рухани жаңғыруды қолдайды» атты дүниежүзі қазақ жастары көшбасшыларының форумы өтеді.

     Құрылтайға шетелден келетін қандастар қатарында – Молдова Республикасы Парламентінің депутаты, ғалым-саясаттанушы Богдан Кайдарұлы Цырдя (Киікбаев), Ресей Федерациясының Томск облысы губернаторының әлеуметтік саясат жөніндегі орынбасары Шыңғыс Ақатаев, РФ-інің Алтай Республикасындағы Турата ауданының әкімі Аманжол Сахарьянов, Омбы облыстық алтыншы шақырылған заң шығарушы жиналысының депутаты Нұрлан Қартабаев, Орынбор облысындағы Орск қалалық кеңесінің депутаты Құрмамбай Құмақбаев, Санкт-Петербордағы Аймақтық экономика және заң университетінің ректоры Ерлан Ысқақов, Қырғызстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Еркін Бөлекбаев, Мәскеуден Алаш Орда тарихының белгілі зерттеушісі, Ресей жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Дина Киселева (Аманжолова), Батыс Сібір қазақтарының этнографиялық және тұрмыстық мәдениеті жөніндегі монографиялар авторы, доцент Шолпан Ахметова Омбы қаласынан, Абай өлеңдерін өзбек тіліне аударған Абдолла Рүстемов, түмендік белгілі журналист, «Көшпенділер» деректі кітабының авторы Қалил Қабдулуахитов бар.

       Құрылтайға келетін Ағыпар Бәкей Моңғолия ауылшаруашылығы ғылыми академиясының вице-президенті, Бауыржан Ермекбаев Қарақалпақстандағы аудандық соттың төрағасы, Гүлсім Масақова Берлиндегі (Германия) Гумбольд университетінің Орта Азияны зерттеу Орталығы «Қазақстан тарихы және қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейді.

    Делегаттар арасында – Ресей екінші Мемлекеттік Думасының депутаты, «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, Түріксіб теміржолын жобалау мен салуды белсенді түрде жүзеге асырушы, қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы-инженер, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышпаевтың немересі, металлтану саласындағы философия докторы, канадалық Асқар Шейх-Әлі, атақты дінтанушы-ғалым Халифа Алтайдың Франция және Қазақстанда тұратын ұлдары, Түркиядағы колледж директоры Өзтопырақ Сүлеймен, Өзбекстан, Моңғолия, Ресейдің Омбы облысындағы, АҚШ-тағы (Хьюстон, Техас штаты) қазақ тіліндегі мектептердің директорлары мен мұғалімдері, Моңғолия мен Ресейдің Алтай Республикасындағы қазақ мұражайларының директорлары, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы М.Құрманхан атындағы қазақ драма театрының директоры, моңғол телевидениесіндегі қазақ тіліндегі тұңғыш бағдарлама авторы, таэквондадан Түркия чемпионы, Иранның Сари қаласындағы қазақ диаспорасы арасынан шыққан тұңғыш инженер әйел бар.

      Делегаттардың көпшілігі қазақ тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді, бекзаттық мәдени мұраларды  сақтау және насихаттау, гендерлік қозғалысты дамыту жөнінен шетелдердегі танымал қоғам қайраткерлері болып табылады.

      Сондай-ақ, Құрылтайға Германия, Франция, Өзбекстан, Ресей елдеріндегі этномәдени қозғалыстың ардагерлері де қатысады. Олардың ішінде Кельннен келген Әбдірахман Четин, Париждегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абдулсәмет Алтай, ташкенттік Ташболат Бабажанов, Ленинград облысы және Санкт-Петербор қаласы қазақ қоғамының президенті Сәрсенғали Құспанов бар. Ауғанстан, Түркия, АҚШ, Германия, Франция, Латвия, Белоруссия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей мен Қазақстан елдерінің шағын және орта бизнес өкілдері де Құрылтай делегаттары ретінде өз салаларының проблемалары туралы ой бөліспек.  Құрылтай делегаттарының ортасында Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Түркиядағы (алғаш рет) танымал журналистер, ақпарат құралдарының (газет, журнал, телевидение, радио) редакторлары мен бас редакторлары да бар.

      Атап айтқанда, Баян-Өлгей аймағы радиосы, «Kasnews.mn» порталы, «Моңғол Заман» газеті (Өлгий қ.), «Ару жұлдыздар» журалы (Ұланбатыр қ.), «Қырғыз туы» газеті (Бішкек қ.), «Нұрлы жол» газеті (Ташкент қ.), «Алтын аймақ» телевидениесі (Науайы қ.), «Омбы қазақтары» газеті, «Шүй нұры» газетінің (РФ, Алтай Республикасы, Қосағаш ауылы) тілшілері ұлт жиынының қыр-сырына қанығуда. Құрылтайға қазақстандық баспасөз өкілдері де қатысады.

      Түрік тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесі (Түрік кеңесі) Бас хатшысының орынбасары Омер Кожамен, «Түріксой» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, шетелдік әзірбайжандармен жұмыс жөніндегі мемлекеттік Комитеттің төрағасы Назым Ибрагимов (Баку қ.), Франция қазақтары қауымдастығының президенті Берлин Иришев (Париж қ.), Моңғол Елшісі дәрежесіндегі, Дүниежүзілік моңғол конгресінің жетекшісі Дагва Цахилгаан (Ұлан-Батыр қ.)  Құрылтайға алғаш рет құрметті қонақ ретінде шақырылып отыр. Құрылтайға Душанбеден филология ғылымдарының докторы, Ресей-Тәжікстан (Славян) университетінің профессоры, Тәжікстан қазақтарының тарихы туралы ғылыми монографияның авторы Абсаттор Нұралиев қатысады.

     Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің Халық жазушысы Олжас Сүлейменов, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері Марфуға Айтқожина, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры  Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы, ғарышкер Талғат Мұсабаев, Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов, Қазақ КСР-інің Халық әртісі және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Айман Мұсаходжаева, олимпиада чемпиондары Ислам Қанат, Бақтияр Артаев, Данияр Елеусінов, Қазақстан чемпионы Ақжүрек Таңатаров, т.б. қазіргі атақты спортшылар,ұзақ жылғы ұстаздық жемісті қызметі үшін елімізде тұңғыш рет Қазақстанның Еңбек Ері атанған Аягүл Миразова да Құрылтайдың құрметті қонақтары болып табылады.

     Делегаттар қатарында – экономика, ғылым және білім, мәдениет пен спорт, бизнестің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі оралмандар. Айталық, «Құрмет» орденінің иегері, Ресейлік мұнайшы Қайнулла Қасенов, Моңғолияның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Авхий Хавлаш, физик ғалым Досан Баймолда Моңғолиядан, философ Эркин Байдаров Өзбекстаннан, шығыстанушы Ислам Жеменей Ираннан, Қытайдан келген аудандық маслихат депутаты Бәзілхан Әбдіғани, журналист Құтмағамбет Қонысбай Қарақалпақстаннан, суретші рыстан Өмірзақ Моңғолиядан, кәсіпкер Нығарбай Төлеубай Моңғолиядан, опера әншісі Тілеубек Қожанұлы, ақындар Алмас Сақбаев пен Қайрат Құлмұхамед Қытайдан және т.б. қоныс аударған.

       Құрылтай жұмысына ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, министрлік пен ведомствалар басшылары, түрлі партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың көшбасшылары, Қазақстандағы ұлттық-мәдени орталықтардың басшылары қатысады. «Нұр-Отан» партиясының өкілдері де бұл жиынға кеңінен қатыстырылмақ.

     Ұлт Көшбасшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың әлемге мәшһүр беделінің нәтижесінде тарихи отандарының қол жеткізген табысымен танысуға деген құштарлық Құрылтайға келетін шетелдік делегаттардың басын біріктіреді.

                 Құрылтайдың негізгі іс-шаралары

      Құрылтайдың басты ерекшеліктерінің бірі қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен өнерінің кең тарауына бағытталған мәдени-көпшілік шараларының көптігінде болып отыр.

      22 маусымда Астана қаласы әкімшілігі Елордадағы ҚР Ұлттық мұражайы, Әзірет-Сұлтан мешіті, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің кітапханасы сияқты көрікті орындарға саяхат ұйымдастырады.

     Бұл күні Құрылтай делегаттары мен қонақтары «Қазақ елі» монументіне гүл шоқтарын қояды, Этноауылды аралайды, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша ашылған «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында біздің ұлттық музыкамыздың алтын қорына кірген Евгений Брусиловскидің «Қыз Жібек» операсын тамашалайды.

      23 маусымда Тәуелсіздік Сарайында Ұлт Көшбасшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа Төрағасы – Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Құрылтайдың салтанатты ашылуы болады. Түстен кейін делегаттар мен қонақтар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен танысады. Кешкілік мезгілде «Салтанат» сарайында шетелдік қонақтарды ҚР Президенті атынан қабылдау болады.

     24 маусымда (сенбі) бес министрлікте Құрылтайдың шетелдік қонақтарымен «дөңгелек үстел» отырысы өткізіледі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шетелдік қазақ диаспорасы өкілдерімен тұңғыш рет жүздеседі.

     24 маусым күні түстен кейін бір мезгілде екі бірдей маңызды шара өтеді: Ұлттық академиялық кітапханада белгілі дінтанушы-ғалымның 100 жылдығына арналған «Халифа Алтай және тарихтың оралуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жәнеДүниежүзі қазақтарының бес құрылтайының тарихында алғаш рет «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жастар рухани жаңғыруды қолдайды!» атты әлем қазақ жастары көшбасшыларының форумы өтеді.

     «Дөңгелек үстел», конференция және жастар форумының қабылдаған ұсыныстары ҚР Президенті Әкімшілігіне, Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығына, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарына жолданады.

      25 маусымда Құрылтай қонақтары Қазақстаннан өз елдеріне аттанып кетеді деп жоспарлануда.

      Министрліктер мен ведомстволардың Құрылтай бағдарламасындағы іс-шараларға дәстүрлі түрде қамқорлық көрсетуі бұл жолы да көрініс табады деп күтіледі.

     Өзінің қайнар бастауын сонау 1992 жылдан алатын әлем қазақтарының Құрылтайлары жер шарының түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың іскерлік сұхбаты алаңына айналуда.

     Құрылтай қазақ халқының мәдениетіне, тарихына және салт-дәстүрлеріне жаңаша тұрғыда қарауға, оны молайтуға мүмкіндік береді. Ол, сондай-ақ, біздің отандастарымыздың Қазақстанға өз еркімен қоныстануына жол ашады.

      Осынау маңызды іс-шара көші-қонға жауапты мемлекеттік органдарға шетелден қоныс аударушылардың өздерінің тарихи отандарында бейімделуіне,  этникалық көші-қон мәселелерін шешуге, көші-қон жәнен білім туралы заңдарына байланысты уақыт талабын ескеруге жаңаша тұрғыдан қарауға көмектеседі.

       Гүлмарал Ерсұлтанқызы

        http://shalqar.kz/gazet/quryltay-delegattary-men-qonaqtarynyng-60-payyzyn-jastar-quraydy/

толығырақ

    2017 жылдың 22–25 маусымы күндері Астана қаласында халықаралық  ЭКСПО-2017  көрмесі аясында  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы өтеді.

     Құрылтай бағдарламасының негізі ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық  мақаласында айтылған тұжырымдамалық идеяларына құрылған.

     Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға болып саналады. Ол 1992–2017 жылдар аралығында өткен бес Құрылтайдың өзара сабақтастығының бар екендігін көрсетеді және тәуелсіздік кезеңдерінде Қазақстан Республикасының айтулы табыстарға, соның ішінде этникалық көші-қон саясатының жетістіктеріне қол жеткізгендігін паш етеді.

     Құрылтай жұмысына барлығы 750 делегаттар мен қонақтар қатысады, оның 350 адамы алыс және жақын шетелдердегі әлемнің 39 елінен келді. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысады.

     750 делегаттар мен қонақтардың басым көпшілігі ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері болып саналады.

     Алдыңғы төрт Құрылтайға қатыспаған әлемнің сегіз елінен V Құрылтайға делегаттар мен қонақтар келіп отыр. Олардың қатарында Жапония, Корея Республикасы, Италия, Ирландия, Черногория, Польша, Әзірбайжан, Молдова елдері де бар.

     Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 60 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Олар дені – түрлі елдердегі және Қазақстандағы жастар ұйымдарының, студенттік бірлестіктерінің көшбасшылары, магистранттар, докторанттар және жас мамандар.

     Құрылтай аясында тұңғыш рет «Нұр-Отан» партиясының қолдауымен «Жастар рухани жаңғыруды қолдайды» атты дүниежүзі қазақ жастары көшбасшыларының форумы өтеді.

     Құрылтайға шетелден келетін қандастар қатарында – Молдова Республикасы Парламентінің депутаты, ғалым-саясаттанушы Богдан Кайдарұлы Цырдя (Киікбаев), Ресей Федерациясының Томск облысы губернаторының әлеуметтік саясат жөніндегі орынбасары Шыңғыс Ақатаев, РФ-інің Алтай Республикасындағы Турата ауданының әкімі Аманжол Сахарьянов, Омбы облыстық алтыншы шақырылған заң шығарушы жиналысының депутаты Нұрлан Қартабаев, Орынбор облысындағы Орск қалалық кеңесінің депутаты Құрмамбай Құмақбаев, Санкт-Петербордағы Аймақтық экономика және заң университетінің ректоры Ерлан Ысқақов, Қырғызстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Еркін Бөлекбаев, Мәскеуден Алаш Орда тарихының белгілі зерттеушісі, Ресей жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Дина Киселева (Аманжолова), Батыс Сібір қазақтарының этнографиялық және тұрмыстық мәдениеті жөніндегі монографиялар авторы, доцент Шолпан Ахметова Омбы қаласынан, Абай өлеңдерін өзбек тіліне аударған Абдолла Рүстемов, түмендік белгілі журналист, «Көшпенділер» деректі кітабының авторы Қалил Қабдулуахитов бар.

     Құрылтайға келетін Ағыпар Бәкей Моңғолия ауылшаруашылығы ғылыми академиясының вице-президенті, Бауыржан Ермекбаев Қарақалпақстандағы аудандық соттың төрағасы, Гүлсім Масақова Берлиндегі (Германия) Гумбольд университетінің Орта Азияны зерттеу Орталығы «Қазақстан тарихы және қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейді.

     Делегаттар арасында – Ресей екінші Мемлекеттік Думасының депутаты, «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, Түріксіб теміржолын жобалау мен салуды белсенді түрде жүзеге асырушы, қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы-инженер, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышпаевтың немересі, металлтану саласындағы философия докторы, канадалық Асқар Шейх-Әлі, атақты дінтанушы-ғалым Халифа Алтайдың Франция және Қазақстанда тұратын ұлдары, Түркиядағы колледж директоры Өзтопырақ Сүлеймен, Өзбекстан, Моңғолия, Ресейдің Омбы облысындағы, АҚШ-тағы (Хьюстон, Техас штаты) қазақ тіліндегі мектептердің директорлары мен мұғалімдері, Моңғолия мен Ресейдің Алтай Республикасындағы қазақ мұражайларының директорлары, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы М. Құрманхан атындағы қазақ драма театрының директоры, моңғол телевидениесіндегі қазақ тіліндегі тұңғыш бағдарлама авторы, таэквондадан Түркия чемпионы, Иранның Сари қаласындағы қазақ диаспорасы арасынан шыққан тұңғыш инженер әйел бар.

     Делегаттардың көпшілігі қазақ тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді, бекзаттық мәдени мұраларды  сақтау және насихаттау, гендерлік қозғалысты дамыту жөнінен шетелдердегі танымал қоғам қайраткерлері болып табылады.

     Сондай-ақ, Құрылтайға Германия, Франция, Өзбекстан, Ресей елдеріндегі этномәдени қозғалыстың ардагерлері де қатысады. Олардың ішінде Кельннен келген Әбдірахман Четин, Париждегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абдулсәмет Алтай, ташкенттік Ташболат Бабажанов, Ленинград облысы және Санкт-Петербор қаласы қазақ қоғамының президенті Сәрсенғали Құспанов бар. Ауғанстан, Түркия, АҚШ, Германия, Франция, Латвия, Белоруссия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей мен Қазақстан елдерінің шағын және орта бизнес өкілдері де Құрылтай делегаттары ретінде өз салаларының проблемалары туралы ой бөліспек.  Құрылтай делегаттарының ортасында Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Түркиядағы (алғаш рет) танымал журналистер, ақпарат құралдарының (газет, журнал, телевидение, радио) редакторлары мен бас редакторлары да бар.

    Атап айтқанда, Баян-Өлгей аймағы радиосы, «Kasnews.mn» порталы, «Моңғол Заман» газеті (Өлгий қ.), «Ару жұлдыздар» журалы (Ұланбатыр қ.), «Қырғыз туы» газеті (Бішкек қ.), «Нұрлы жол» газеті (Ташкент қ.), «Алтын аймақ» телевидениесі (Науайы қ.), «Омбы қазақтары» газеті, «Шүй нұры» газетінің (РФ, Алтай Республикасы, Қосағаш ауылы) тілшілері ұлт жиынының қыр-сырына қанығуда. Құрылтайға қазақстандық баспасөз өкілдері де қатысады.

     Түрік тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесі (Түрік кеңесі) Бас хатшысының орынбасары Омер Кожамен, «Түріксой» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, шетелдік әзірбайжандармен жұмыс жөніндегі мемлекеттік Комитеттің төрағасы Назым Ибрагимов (Баку қ.), Франция қазақтары қауымдастығының президенті Берлин Иришев (Париж қ.), Моңғол Елшісі дәрежесіндегі, Дүниежүзілік моңғол конгресінің жетекшісі Дагва Цахилгаан (Ұлан-Батыр қ.)  Құрылтайға алғаш рет құрметті қонақ ретінде шақырылып отыр. Құрылтайға Душанбеден филология ғылымдарының докторы, Ресей-Тәжікстан (Славян) университетінің профессоры, Тәжікстан қазақтарының тарихы туралы ғылыми монографияның авторы Абсаттор Нұралиев қатысады.

     Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің Халық жазушысы Олжас Сүлейменов, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері Марфуға Айтқожина, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры  Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы, ғарышкер Талғат Мұсабаев, Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов, Қазақ КСР-інің Халық әртісі және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Айман Мұсаходжаева, олимпиада чемпиондары Қанат Ислам, Бақтияр Артаев, Данияр Елеусінов, Қазақстан чемпионы Ақжүрек Таңатаров, т.б. қазіргі атақты спортшылар, ұзақ жылғы ұстаздық жемісті қызметі үшін елімізде тұңғыш рет Қазақстанның Еңбек Ері атанған Аягүл Миразова да Құрылтайдың құрметті қонақтары болып табылады.

    Делегаттар қатарында – экономика, ғылым және білім, мәдениет пен спорт, бизнестің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі оралмандар. Айталық, «Құрмет» орденінің иегері, Ресейлік мұнайшы Қайнулла Қасенов, Моңғолияның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Авхий Хавлаш, физик ғалым Досан Баймолда Моңғолиядан, философ Эркин Байдаров Өзбекстаннан, шығыстанушы Ислам Жеменей Ираннан, Қытайдан келген аудандық маслихат депутаты Бәзілхан Әбдіғани, журналист Құтмағамбет Қонысбай Қарақалпақстаннан, суретші Рыстан Өмірзақ Моңғолиядан, кәсіпкер Нығарбай Төлеубай Моңғолиядан, опера әншісі Тілеубек Қожанұлы, ақындар Алмас Сақбаев пен Қайрат Құлмұхамед Қытайдан және т.б. қоныс аударған.

     Құрылтай жұмысына ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, министрлік пен ведомствалар басшылары, түрлі партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың көшбасшылары, Қазақстандағы ұлттық-мәдени орталықтардың басшылары қатысады. «Нұр-Отан» партиясының өкілдері де бұл жиынға кеңінен қатыстырылмақ.

     Ұлт Көшбасшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың әлемге мәшһүр беделінің нәтижесінде тарихи отандарының қол жеткізген табысымен танысуға деген құштарлық Құрылтайға келетін шетелдік делегаттардың басын біріктіреді.

                 Құрылтайдың негізгі іс-шаралары

          Құрылтайдың басты ерекшеліктерінің бірі қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен өнерінің кең тарауына бағытталған мәдени-көпшілік шараларының көптігінде болып отыр.

     22 маусымда Астана қаласы әкімшілігі Елордадағы ҚР Ұлттық мұражайы, Әзірет-Сұлтан мешіті, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің кітапханасы сияқты көрікті орындарға саяхат ұйымдастырады.

      Бұл күні Құрылтай делегаттары мен қонақтары «Қазақ елі» монументіне гүл шоқтарын қояды, Этноауылды аралайды, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша ашылған «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында біздің ұлттық музыкамыздың алтын қорына кірген Евгений Брусиловскидің «Қыз Жібек» операсын тамашалайды.

     23 маусымда Тәуелсіздік Сарайында Ұлт Көшбасшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа Төрағасы – Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Құрылтайдың салтанатты ашылуы болады. Түстен кейін делегаттар мен қонақтар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен танысады. Кешкілік мезгілде «Салтанат» сарайында шетелдік қонақтарды ҚР Президенті атынан қабылдау болады.

     24 маусымда (сенбі) бес министрлікте Құрылтайдың шетелдік қонақтарымен «дөңгелек үстел» отырысы өткізіледі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шетелдік қазақ диаспорасы өкілдерімен тұңғыш рет жүздеседі.

     24 маусым күні түстен кейін бір мезгілде екі бірдей маңызды шара өтеді: Ұлттық академиялық кітапханада белгілі дінтанушы-ғалымның 100 жылдығына арналған «Халифа Алтай және тарихтың оралуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және Дүниежүзі қазақтарының бес құрылтайының тарихында алғаш рет «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жастар рухани жаңғыруды қолдайды!» атты әлем қазақ жастары көшбасшыларының форумы өтеді.

     «Дөңгелек үстел», конференция және жастар форумының қабылдаған ұсыныстары ҚР Президенті Әкімшілігіне, Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығына, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарына жолданады.

     25 маусымда Құрылтай қонақтары Қазақстаннан өз елдеріне аттанып кетеді деп жоспарлануда.

     Министрліктер мен ведомстволардың Құрылтай бағдарламасындағы іс-шараларға дәстүрлі түрде қамқорлық көрсетуі бұл жолы да көрініс табады деп күтіледі.

     Өзінің қайнар бастауын сонау 1992 жылдан алатын әлем қазақтарының Құрылтайлары жер шарының түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың іскерлік сұхбат алаңына айналуда.

     Құрылтай қазақ халқының мәдениетіне, тарихына және салт-дәстүрлеріне жаңаша тұрғыда қарауға, оны молайтуға мүмкіндік береді. Ол, сондай-ақ, біздің отандастарымыздың Қазақстанға өз еркімен қоныстануына жол ашады.

     Осынау маңызды іс-шара көші-қонға жауапты мемлекеттік органдарға шетелден қоныс аударушылардың өздерінің тарихи отандарында бейімделуіне,  этникалық көші-қон мәселелерін шешуге, көші-қон және білім туралы заңдарына байланысты уақыт талабын ескеруге жаңаша тұрғыдан қарауға көмектеседі.

    Байланыс телефондары:

     Қазақ редакциясы:

  1. Ерлік Кебекбай, ұялы тел. +7-707-717-98-33;  e-mail: ereke77@mail.ru
  2. Серік Рәсілов, ұялы тел. +7-705-888-89-77; e-mail: rasilpv56@mail.ru
  3. Жанар Жанапиянова, ұялы тел. +7-707-133-90-25,e-mail:tugan_til79@mail.ru

 

Орыс редакциясы:

 Гүлғазира Балтабаева, ұялы тел. +7 -771-207-29-09, e-mail:kulgazira_777@mail.ru,  kulgaziranuranovna@gmail.com  

толығырақ

Adilet Ahmet суреті.

   Жақында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас болуымен Астанада дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайы өткелі жатқанынан төңіректің төрт бұрышындағы қандастарымыз құлағдар болды. Шетелден ата жұртына оралған Қазақ жастары,  Қазақ жас ақындары атынан бұл реткі ақ түйенің қарны жарылған аса ауқымды салиқалы іс-шараға қатысуға шақырту алғаныма ерекше қуаныштымын. Әр елдегі қандастардың қара шаңырағы саналатын қауымдастықтағы іс басындағы ағаларға айтар алғысым тіптен шексіз. Мен әлемнің әр жерінен әсем Астана төріне өкілдер жиналатын ұлы құрылтайдың жемісті,  жеңісті өтуін үміт етемін әрі солай болатынына сенімдімін. 

     Жақын-жекжаттың кешегісі мен келешегі жайлы айтылатын дүбірлі жиналысқа Тұңғыш Президентіміз,  Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Қазақта «Патша көрген әулет» деген ұғым бар. Іргеміз бекемделіп,  ұланғайыр даланы бейбіт күннің шуағы сүйіп,  қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда,  елге тұтқа болған Елбасымен жүздесу шын мәнінде екінің біріне бұйыра бермейтін бақ болса керек. 

       Сонау Бейжіңде университет оқып жүргенде, Астана мен Алматының жаңалықтарына елеңдеп, Атажұртқа ат басын тірейтін осы күнді қаншама аңсадық. Бабаларымыз толарсақтан қан кеше жүріп қорғап қалған Ұлы далаға мұрагер болып отырған Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап, Елбасымыздың үндеуіне үн қосып,  әлемнің әр әлдерінде тұратын қандастарды назардан тыс қалдырмай,  олардың жоғын жоқтап, сөзін сөйлей білді. Әсіресе, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бас болып, бұдан бұрын 4 рет құрылтай өткізіп,  алыстағы ағайынға арқа сүйер атажұрты бар екенін ауық-ауық еске салумен келеді. Қысқасы,  ел мен ұлттың түбірлі мүддесі сөз болатын осы құрылтайға қатысып,  толғамды пікір,  толағай ой айта алатын адамдарда арман жоқ шығар. 

      Алыстағы ағайынның Атажұртқа өкпесі жоқ. Егемен күннің алғашқы таңдарынан күні бүгінге дейін, Елбасымыз алыс-жуықтағы көшіп келуді қалайтын қазақтарға қай кезде де Ұлы даланың құшағы ашық екенін айтумен келеді. Әрбір Қазақ адам баласына берілетін жалғыз ғана өмірді Қазақстанда өткізсе қандай жақсы. Ал,  шетелде тұратын қазақтар сол жалғыз өмірінде үрім-бұтағын ата қонысқа жеткізсе,  екідүниеде маңдайы жарық болар еді. 

 Әділет Ахметұлы,

халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, ақын (ҚХР).

толығырақ

       Қазір әлем назары Қазақстанға, оның ішінде Астанаға ерекше ауып отыр. Оған 9 маусым күнгі ресми ашылу рәсімі  тікелей эфир арқылы телеарналардан көрсетіліп, күллі жұрттың таңдайын қақтырған ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесі себепкер болып отыр. Осынау айтулы шараның мәртебелі мей­ман­дары болған бірқатар мемлекет басшыларының қатарында біз мекен етіп жатқан Моңғолия елінің Президенті Цахиагийн Элбэгдорж да болғанын білеміз. Бұл жағдай қуанышты бөлісуге келген әріптес Президенттердің ғана емес, екі елдің арасындағы достық қарым-қатынастың да жарқын көрінісі деуге болады.

       115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып жатқан ЭКСПО көрмесін Қазақстан ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасынан бірінші болып өткізіп отыр екен. Бұған дейін оны әлемде  34 ел өткізген көрінеді. Әлеуметтік желілердегі хабарламалар мен түрлі БАҚ-тағы жарияланымдар арқылы көрме ғимаратының сән-салтанатынан бөлек, онда жұртшылық назарына ұсынылып отырған түрлі бұйымдар мен технологиялардың шынында да қатысушы елдердің ең озық жетістіктері екеніне көзіміз жетті. Сондықтан да Астанада 22-25 маусым күндері өтетін Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы кезінде оны өз көзімізбен тамашалауға мүмкіндік берілетін біліп, ерекше қуанып отырмын.

 

Айнагүл Сарай,

Моңғолиядағы қазақ әйелдерінің «Арулар» одағының төрайымы, «Ару жұлдыздар» журналының бас редакторы.

толығырақ

   

    Астанада 24 маусым күні Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайына  қатысатын шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен «Рухани жаңғыру жастардың қолында» атты қазақ жастарының І Әлемдік форумы өтеді. Бұл мәртебелі жиынға қатысу мүмкіндігіне ие болу өзге құрбы-құрдастарым секілді мені де зор қуаныш сезіміне бөлеуде.

       Ендігі міндет абыройлы жиында сөз болатын сөздің мәнді де мағыналы болуына атсалысу және ортақ мақсатқа қол жеткізу жолында «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару». Форумда айтылған ұсыныс пен пікірлерді өзім тұрып жатқан елдегі бауырластарыма жеткізу, оны өз ортамыздағы жастар ұйымдары арасында талқылап, ортақ тұжырым жасау.

    Қазіргі таңда әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жастардың ұйымдары көп болғанмен, бәрінің жұмысын үйлестіретін және белгілі бір мақсатқа жұмылдыратын ортақ орган жоқ. Егер әлемдегі қазақ жастар ұйымдары көшбасшыларының бұл әлемдік форумы дәстүрлі шараға айналатын болса осы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндігі мол. Сол себепті бұл шараның тек Құрылтай аясында ғана емес, белгілі бір уақытта тұрақты түрде өтетін дәстүрлі шараға айналуын қалаймын және сол үшін дауыс берем.

             Дария Субханкулова, Орынбордағы «Ақ Жайық» жастар ұйымының вице-президенті(Ресей)

толығырақ

     

   Алматыда 1 маусымда «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасында «Әлем қазақтарының Құрылтайы: қазақ диаспорасының бірлігі және тарихи отанымен байланысы» атты кітап көрмесі ашылды. Бұл шара 22-25 маусым күндері Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайына арналып отыр.  

     Көрмеден Қазақстандағы көші-қон тарихы, саясаты, демографиялық қыры туралы жазылған ғылыми еңбектер және алдыңғы өткен Құрылтайларға арналған  конференция материалдарымен танысуға болады. Қазақ диаспорасының  атамекенге оралуы, олардың  Қазақстанның дамуына қосып жатқан үлестері, бүгінгі күні шетелдерде тұрып жатқан отандастарымыздың тыныс-тіршілігі  туралы жазылған көптеген әдебиеттер  де осында жинақталған. Онда сонымен қатар, шетелдегі қазақтардың дәстүрі, әдебиеті, өнері жайлы және олардың творчестволық еңбектерімен  танысуға болады.

толығырақ

       Алдағы айда Астанада сағыныш пен қуаныш қауышады. 2017 жылдың 22-25 маусымы аралығында елордада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтетін болды. Аумалы-төкпелі заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарымыз әлемнің әр атырабынан туған топыраққа сағынышын арқалап жетпек. 
      Құтты шаңырақ астында құшақ айқастырып, қауқылдасып, мауқын баспақ.

      Қазір ресми Астана осы шараны лайықты өткізу үшін қызу дайындық үстінде. Кеше V Дүниежүзі қазақта­рының құрылтайын өткізуге дайындық бойынша Ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы өтті. Онда жоғарғы деңгейде шешілуге тиіс мәселелер пысықталды.
      Еске сала кетсек, Дүниежүзі қазақ­тарының тұңғыш құрылтайы 1992 жылы Алматыда өткен болатын. II құ­рылтайы араға аттай он жыл салып, 2002 жылы киелі Түркістан жерінде ұйымдастырылды. Содан бері бес жылда бір рет құрылтай шақыру жақсы дәстүрге айналды. Кейінгі құрылтайлар 2005 және 2011 жылдары елордамыз Астанада жиылды. Бұл да бір дәстүр ретінде қалыптасуда. Биыл бесінші құрылтай 34 күннен кейін тағы да Астанада өтеді. Шараның салтанатты ашылуы 23 маусымда Назарбаев университетінде болады.
      Мәдениет және спорт министр­лі­гінің мәліметінше, V Құрылтайға әлемнің 38 елінен қазақ диаспорасының 350 өкілі ат арытып жетпек. Мұның сыртында оларға елімізден 370 қазақ­стандық зиялы қауым мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері қосылады. Құрылтай аясында «Халифа Алтай және тарихтың оралуы» ха­лықаралық конференциясы өтеді. Делегаттар үшін елорданың ең көрікті жерлеріне, сондай-ақ сол күндері бас қаланы шаттық-думан мен шат-шадыман тірлікке бөлейтін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне, оның аясында, қала маңында жұмыс жасай­тын «Этноауыл» кешеніне саяхаттар ұйымдас­тырылады. Бірқатар министр­ліктерде дөңгелек үстелдер мен семи­нарлар өткізіледі.
– Құрылтай барысында шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қаржы­ландыру, қандастарға басқа да көмектер көрсету, шетелдік жастарды Қазақ­станға білім алуға шақыру секілді сан алуан мәселелер талқыланады. Құрыл­тайдың мақсаты – шетелдегі қазақтарды Қазақ­станға көшуге ынталандыру, олардың қандай қажеттіліктері барын анық­­­тау, – деп хабарлады Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынба­сары Сұлтанәлі Балғабаев.
      Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, биылғы құрылтайға шақырылғандар­дың басым көпшілігі әртүрлі салада же­тіс­тіктерге жетіп жүрген шетелдік қазақ жастары болмақ.
      Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатқан бұған дейінгі құрыл­тайлардың нәтиже бергенін, алдағы жиыннан да үміт мол екенін білдірді. «Алғашқы құрылтай нәтижесінде, ағайын елге оралып, жастар Қазақстан оқу орындарына түсе бастады. Екінші құрылтайда Қытай қазақтарының елге көшуіне мүмкіндік жасалды. Шеттегі қазақтар үшін Caspionet телеарнасы қосылды. Төртінші құрылтайдан кейін көші-қон туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ізгі жаңалық­тар қабылданды» дейді ол.
      Құрылтай – тойлау үшін емес, ой­ласу үшін шақырылатын жиын еке­нін кезінде Елбасы ескерткен. Демек, бұл жолы да шетелдегі ағайынды алаң­датқан біраз мәселе көтеріліп, шешімі ізделсе абзал.
        Бабаларымыз ел тағдыры таразыға түскен тұста, жаңа белеске қадам басар шақта құрылтай шақырып, кеңес құрған. Дәл қазір Қазақ елі «үштаған ұлы реформаны» – саяси, техноло­гиялық және рухани жаңғыруды қатар жүргізуге кіріскені мәлім. Әлемдегі барша қазақ бұдан кеңінен хабардар болғаны ләзім. Сондықтан биылғы құрылтайдың жөні бөлек, жолы ерек, маңызы айрықша болғалы тұр.
         Экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, жері дәулетті, елі сәулетті, қабырғалы ел болған қалың халқымен қайта қауышқан шетелдегі ағайын, әсіресе, жас ұрпақ Қазақ елінің жаңа ұлы көшінің көлікті болуына – рухани және технологиялық өрлеуіне өз үлесін қосады деген сенім бар.
       Елдос СЕНБАЙ

      https://aikyn.kz/2017/05/13/13160.html

толығырақ

image

      Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы Астанада маусым айының 22-25-і күндері өтеді. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бөлім меңгерушісі Ботакөз Уатқан хабарлады.
     "Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына ұсыныс қабылдау бүгіннен тоқтатылды. 40 елден 350 қазақ диаспорасының және де Қауымдастықпен тікелей байланыста жүрген халықаралық ұйымдардың (Түрк кеңесінен, Қыпшақтар қоғамынан, Әзербайжан елі Диаспорология ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттен, Әлем моңғолдары конгресінен, Өзбекстанның Ұлтаралық мәдениет орталығынан) өкілдері шақырылады. Сондай-ақ, Алматы, Астана қалаларынан, барлық облыстардан, Үкімет, Парламент, Министрліктер, түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, БАҚ-ның өкілдері қатысады.
      Комиссияның алғашқы отырысында бұрынғы өткен Құрылтайларға қатысқан (қоғам басшыларынан басқа) адамдар шақырылмайды деп шешілді, негізінен жастар көбірек қамтылмақ. Құрылтай Астанада маусым айының 22-25-і күндері өтеді. Құрылтайдың дайындық жұмысына сәттілік тілеймін және де ұсыныстар беріп, белсене қатысқан барлық ағайындарға алғысымызды білдіреміз", - деп жазды қауымдастық өкілі.
      Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Ыстамбұл қаласында қазақ диаспорасы өкілдерімен кездескенде алғаш рет Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу туралы әңгіме болған екен. Көп ұзамай, 1992 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында тұңғыш рет Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы өтіп, Елбасы мазмұнды баяндама жасады. Сонда ол: «Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен қарлығаштай ұшып келген көңілдеріңіз үшін, қайда жүрсеңіздер де атамекен мен атажұртқа деген сағыныш пен сүйіспеншілікке толы перзенттік пейілдеріңізді сақтағандарыңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сіздер арқылы бүкіл әлемдегі қазақ бауырларымызға ыстық сәлемімізді жолдаймыз!», – деп тебірене сөйлеген болатын.
      Бірінші құрылтайда шетелдегі қазақ диаспораларымен жұмыс істейтін қауымдастық құрылды. Отыздан астам мемлекеттен келген делегация мүшелері Н.Ә.Назарбаевты Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы етіп сайлады. Бірінші құрылтайдан бүгінге дейін Президенттің қатысуымен 2002 жылы Түркістан қаласында, 2005 және 2011 жылдары Астана қаласында тағы үш құрылтай өтті.
     2002 жылдың 23-24-ші қазан күндері Түркістан қаласында өткен Дүниежүзі Қазақтарының ІІ-ші Құрылтайында ЕЛБАСЫ: "Тағдырымыз солай болып, аннан қашқандарды, мұннан қашқандарды Еуропадан да, Азиядан да тың жерді көтереміз деп, қазақтың санын азайтамыз деп, көп ұлтты болдық. Оны кемшілік деп санамау керек. Артықшылығымыз деп санау керек! Сондықтан біз әр ұлттың халқын бауырымызға басып үйренген халықпыз, ал енді шетелден көшіп келеміз деген өз қазақтарымызды бауырымызға баса алмаймыз ба сонда?! Мен ойлаймын, сегіз жарым миллион қазақ Қазақстанда. Меніңше, қазір тоғыз миллионға жақындады. Себебі, осы жылдардың ішінде жарты миллион қазақ көшіп келді. Сегіз миллионды орташа үш жарымға, төртке бөлгенде, қанша жанұя болады?! Екі миллионға жақын біздің жанұямыз бар. Төрт миллионға жақын жанұя екі қазақтан шақырып әкеп, аяғынан тұрғызып жіберсе, сонша қиыншылық болмас деп ойлаймын соларға. Бұл біздің елдігіміз болып саналар еді. Дүние жүзіне біз осындай мағлұмат, мәлімет, тәжірибе берер едік!», - деп шақырды әлемдегі барша қандастарды.

«Қамшы» сілтейді
     
http://qamshy.kz/Home/show/16440

толығырақ

АЛТЫН БЕСІК – АТАЖҰРТ

            

    Биыл елордамыз – Астана қаласында Әлем қазақтарының бесінші құрылтайы өтеді. Осының қарсаңында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевпен сұхбаттасып, көкейдегі сауалдарға жауап алған едік.

   – Талғат Асылұлы, Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының V құрылтайында қандай мәселелер көтерілмек? Бұл құрылтайдың бұған дейінгі құрылтайдан ерекшелігі, өзгешелігі бар ма?
      – Ұлтымыздың басты жиыны саналатын Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайын биыл өткізбекшіміз. Жақында Президенттің келісімімен Үкіметтің қаулысы қабылданды. Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы Астана қаласында 22-25 маусым аралығында өтетін болды. Ұйымдастыру комитеті құрылып, іс-шара жоспары бекітілді. Төраға – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Ұзақбайұлы Мамин. Ұйымдастыру комитетіне барлық министрліктер енді.
     Биылғы құрылтайдың ерекшелігін сұрап отырсың ғой, құрылтайдың негізгі тақырыбы – «Қазақстанның рухани жаңғыруы және шетелдегі қазақтар». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселелер тек еліміздегі қазақтарға ғана емес, шетелдегі ағайындарға да қатысты.
      Бесінші құрылтайдың бағдарла­масына қысқаша тоқтала кетейін. Құрылтайдың бірінші күні келген қонақтарға Астананың көрікті жерлерін, мәселен, Ұлттық музей, Әзірет сұлтан мешіті, Президенттің кітапха­насы, т.б. аралатып, танысты­рамыз. ЭКСПО аясында үлкен кешен – этноауыл жұмыс жасайды. Онда жеке ісмерлер ауылы болады. Сондай-ақ бірнеше спорттық, концерттік алаңдар бар. Салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымыз, мәдениетіміз, тарихымыз… тереңірек үңілген адам бәрін сол жерден табады. Астана Операда классикалық туындымыз «Қыз Жібек» жаңа нұсқада қойылады.
       Екінші күні Назарбаев Универ­ситетінде негізгі пленарлық отырыс өтеді. Күннің екінші жартысында ЭКСПО-ны аралайды. Сол күні шетелден келген ағайындар Президенттің қабылдауында болады.
      Үшінші күні құрылтай делегаттары рухани, дін істері, білім, көші-қон, бизнес мәселелері бойынша төрт секцияға бөлініп, жұмыс жүргізеді. Ағайындарды алаңдатып отырған мәселелер көп. Мәселен, қазір шекара жабылды, малды айдап өткізе алмайды, карантин дейді, т.б. сылтау көп. Құдайға шүкір, жағдайы жақсы ағайындар бар. Олар Қазақстанға малын айдап көшкісі келеді. Міне, бұл үлкен проблема. Сондай-ақ білім саласын алайық. Елге келіп, білімін жетілдіріп, магистратура, докторантура оқысын. ЖОО-ға түсуге екі пайыздық квота бар, дегенмен, дайындық бөлімінде оқыған 1500 баланың бәрі дерлік оқуға түсіп кетуі мүмкін емес. Әркімнің өз деңгейі бар. Сондықтан биылдан бастап кәсіптік-техникалық училищелерге, колледж­дерге оқытуға көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Бұрғышы, құрылысшы, жол салушы бола ма, өзінің қалауымен бір мамандық алса, ары қарай кәсібін ашып, жұмысын істеп, ақырындап інісін, қарындасын жанына алып, тамырын жайып кетер ме еді деген ниет. Бұл да жастарды елге тартудың бір жолы деп есептейміз. Осындай өзекті жайттарды секцияда талқылап, ақылдасамыз. Секция жұмысына барлық министрліктің өкілдері қатысады.
        Құрылтайдың тағы бір ерекшелігі – келетін делегаттардың 80 пайыздан астамы жастар. Әр елдегі жастар ұйымдарының көшбасшыларын арнайы шақырып отырмыз. Олардың арасында Қытайдағы қазақ жастарының көшбасшысы, Моңғолиядағы қазақ жастары альянсының төрағасы деген сияқты лауазымды азаматтар кездеседі. Бұған қоса шетелдерде «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүрген өзіміздің жастарымыз бар.
       Бір жылы Санкт-Петербургке барғанымда білгенім, онда үш мыңға жуық қазақ жастары білім алуда. Оның 700-і ғана мемлекеттің қаржысымен грантта оқыса, қалғандары ата-анасының қаржысымен, басқа да келісімшарт арқылы білім іздеп барғандар. Сондай-ақ Қытайда бес мыңнан астам студент оқиды. Менің білуімше, Қытайдағы қазақ студенттері бір-бірімізбен араласып жүрейік, елді ұмытпайық деп екі рет өздерінің құрылтайын өткізді.
      Жақында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездестім. «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты бар. М.Құл-Мұхаммедке рақмет, қолдап, тапсырма берді. Осы жастардың барлығының басын қосып, біз «Әлемдегі қазақ жас­тары көшбасшыларының форумы» дегенді қолға алмақшымыз. Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының құрыл­тайы бес жылда бір рет өтеді. Ал «Әлемдегі қазақ жастары көшбасшыларының форумын» екі-үш жылда бір өткізіп, оны бір жүйеге түсірсек деген ойымыз бар. Құрылтайдың негізгі жаңалықтарының бірі осы.
      Биыл Халифа Алтайдың 100 жылдығы. Осыған байланысты ол кісінің еңбектерін шығарып жатырмыз. Ол кітаптар құрылтай қонақтарына тапсырылады. «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді, көрме ұйымдастырылады.
       – Шетелдегі қазақтарға қатысты шешілуі тиіс қандай мәселелер бар?
     – Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы құрылғаннан бері жиырма бес жылдың ішінде шеттегі ағайын мен Қазақстанның арасын жалғайтын алтын көпірге айналды. Қауымдастық шетел қазақтарының мәдени-рухани, оқу-білім, ана тілі, экономикалық жағдайы, демографиялық өсіп-өнуі жөніндегі бүкіл мәліметтерді бір ортаға жинақтап, жүйеге түсіріп отырады. Алыстағы ағайынның ұлттық-рухани және көші-қон жөніндегі мұң-мұқтаждарын, өтініш-тілектерін Қазақстан үкіметіне, басқа да тиісті орындарға жеткізіп, олардың шешілуіне шама келгенінше ықпал жасайды. Сондықтан да сырттағы қандастарымыз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын өздерінің қара шаңырағы санайды. Қолдау күтіп келген ағайынға бағыт-бағдар беріледі.
      Ал енді негізгі сұрағыңа көшсек, шешімін тауып жатқан мәселелер де, шешімін табуы тиіс мәселелер де жетерлік. Қай-қайсысы болсын, осының түбі бір жақсылық әкелетін шығар деген үмітпен жұмыс жасап жатырмыз. Мәселен, Ресейде, Қытайда, Еуропада, т.б. елдерде Қазақ мәдени орталықтары жұмыс істейді, бірақ ғимараттары жоқ. Парижде Ресейдің мәдени орталығы бар, бір орамды алып жатқан мекеме. Ол жерге, тіпті шіркеу де ашып қойған. Бүкіл саясатын сол жерден жүргізіп, жұмысын жасап отыр. Біз де осындай орталықтар ашуымыз керек. Еуропада былтыр мәдени-экономикалық орталық ашылды, конференц залы да бар ғимарат. Бірақ оның штаты бекімеген, орталықтың директоры жоқ, кем дегенде 2-3 қызметкері болуы керек, ал Сыртқы істер министрлігінде ондай штат қарастырылмаған. Жарайды, енді ол Еуропа, тым құрығанда қазағы қалың жерлерде көші-қонмен айналысатын біреу болу керек қой. Оларға қаржы бөлінбейді, не штаты жоқ, енді олар не істей алады? Аракідік болса да «Диаспора менің жұмысым емес» дейтін елшілер де кездеседі. Негізі дұрыс. Диаспорамен жұмыс істе деп оған ешкім бұйыра алмайды. Дегенмен, елшінің қолында талай дүние бар. Егер елші ұлтжанды болса, ұлтына бүйрегі бұрып тұрса, ол көп шаруаны тындыра алады.
       Өткенде Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары М.Тәжинмен кездескенде осы мәселені көтердім. Мүмкін Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган болуы керек шығар.
       – Осы жерде бір сұрақ туындап отыр, жалпы шетелде қанша қандасымыз бар? Сіздер статистикалық зерттеу жүргізіп отырасыздар ма?
         – Біз өз тарапымыздан хат жазып, ұсыныс жасадық. Шетелдегі қазақтың нақты санын анықтағымыз келді. Негізі ол үшін ғылыми экспедициялар ұйымдастыру керек. Бұл оңай шаруа емес.
       Әзірге қолымызда бар статисти­калық мәліметтерге сүйенеміз. Мәселен, Ресейде 2010-2011 жылдары санақ болды, сол статис­тикалық мәліметтік кітап қолымызда. Екіншіден, әр елдегі мәдени орталықтарымыз да санап отыр. Демографияның өзі ғылым. Олардың да болжамдары бар. Біз соған сүйенеміз. Сырттағы қазақтар шамамен бес миллионға жақындайды. Екінші жағынан, статистика – саясат. Мәселен, өз ұлтының санын көтеру үшін қазақтың санын азайтып көрсететін жағдайлар да кездеседі. Тіпті сіздің ұсыныс хатыңызға жауап қатпайды да. Бұл да бір өзекті мәселе. Нақты дерек алу қиямет-қайым. Дегенмен, демографияда өсім бар, сол қуантады. 1992 жылдары Моңғолиядағы 150 мың қазақтың жартысы көшіп келді. Жетпіс мыңдайы қалды. Араға 10-15 жыл салып, қазір қайтадан 150-160 мың болып отыр. Біз сырттағы ағайынның жылдағы табиғи өсімін ғана Қазақстанға қарай бұрып отырсақ, оның өзі жетістік.
       – Қауымдастықтың шетелдегі бауырларымызбен байланысы қандай?
     – Алғашқы жылдардағыдай емес, Құдайға шүкір, жиырма бес жылда біраз жұмыс атқарылды. 32 елде Қазақ мәдени орталықтары құрылды. Олармен тығыз байланыстамыз. Менің күнделікті жұмысым, электрондық поштаны ашудан басталады. Сырттан келген әрбір хат жауапсыз қалмауы керек деген қағиданы ұстанамын.
     Шетелдегі ағайындар ұйымдас­тырып жатқан іс-шараларды қолдауға тырысамыз. Еуропаның он елінде тұратын қазақтар федерация құрған, жылда Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын өткізіп тұрады. Өз араларында футбол турнирі бар, т.б. ұйымдастырады. Біз өз тарапымыздан ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрімізді насихаттап, көрсетуге тырысамыз.
      Қауымдастықтың «Туған тіл», «Алтын бесік» журналдарын, «Атажұрт» баспасынан шыққан 100-ден астам кітаптарды, т.б. мемлекеттік тапсырыс­пен шығатын еңбектерді жібереміз. Мәдени орталықтардағы кітапхана қорын жылда толтырамыз. Былтырдың өзінде, Моңғолияға бес мыңнан астам кітап жібердік.
Жалпы Құрылтай барысында қауымдастықтың мәртебесі, қаржылық мәселелері жөнінде де айтылуы мүмкін.
      – 32 елде Қазақ мәдени орталықтары бар деп айтып қалдыңыз. Оларға қамқорлық қай деңгейде, қазақ тілінің жағдайы қалай, салт-дәстүріміз сақталған ба?
      – Әр елде әртүрлі. Мысалы, Өзбекстанда республикалық Қазақ мәдени орталығының тоғыз облыста және аудандарда бөлімшелері бар. Бір-біріне бағынады, бәрі тығыз жұмыс жасайды. Солай бола тұра, мәселен, елге келген бір миллион ағайындардың 61%-ы Өзбекстаннан келген бауырларымыз. Жұрттың көпшілігі Қытайдан, Моңғолиядан келіп жатыр деп ойлайды. Шын мәнінде Қытайдан 15%, Моңғолиядан 13%, Қырғызстаннан 3% келді. Бір елден бір елге көшу оңай шаруа емес. Жақын болғаннан кейін көшіп келіп жатқан жоқ. Әр елдің саяси, экономикалық, экологиялық қи­ын­дықтары болады. Біз осыны түсінуіміз керек.
     Қытайда бір жарым миллион ағайын болса, ондағы қазақ мектептеріне қос тілділікті енгізді. Мұны түсінуге болады, бұл өз елін, мемлекетін сыйлау дегенді білдірсе керек. Ал ертең биология, химияны… бәрін өзге тілде оқытып, қазақ тілі мен әдебиетін ғана қазақша қалдырса, оның соңы не болады?.. Қазір Моңғолияда да қос тілділік саясаты жүргізіліп жатыр.
     Бес миллион ағайынның түгелдей Қазақстанға көшіп келуі екіталай. Ашығын айтқанда, дәл қазіргі уақытта бес миллионды қабылдап алатын біздің де жағдайымыз жоқ. Сондықтан біз олармен рухани-мәдени байланысты үзбеуіміз керек. Үнемі қолдау көрсеткеніміз жөн. Сол үшін де мемлекеттік дұрыс саясат қажет.
    – Шетелдегі қандастарымыздың атамекенге оралуы қалай, оларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуде?
     – Әрине, мемлекет тарапынан көмек-жеңілдіктер бар. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты сәл саябырсып қалғаны да рас. Дегенмен, биылдың өзінде 32-34 мың адам көшіп келді. Былтырдан бері ішкі миграция басталды ғой. Қазір ішкі миграция мен сырттағы ағайынға көші-қонда бірдей жәрдем жасалады. Айтқан жерге баратын болса жолы төленеді, квотамен өкіметтен қаржысын алады, мамандығы жоқ болса алты ай тегін оқытып, мамандық береді, қызметтік пәтер береді. Ол жерде бес жыл тұрса, оны жекешелендіріп алуға болады. «Бар, орналас, тамырыңды жібер, бала-шағаңды оқыт, жұмыс істеп, қазақты көбейтуге үлесіңді қос» дейді мемлекетіміз. Бұдан артық не керек? Осының бәрі демографияның реттелуіне септігін тигізеді деп ойлаймын.
       – Құрылтайға оралайық. Атамекенін бір көруге аңсары ауып, қатысуға ниет еткен азаматтар көп болар. Қатысушыларды қалай іріктеп аласыздар?
       – Осыдан бір ай бұрын мәдени орталықтарға хабарласып, ғаламтор арқылы хабардар еттік. Қазақ көбірек шоғырланған жерден көбі­рек шақырылады. Ол заңды да. Бұ­рынғы құрылтайға қатысушылар бұл жолы жастарға жол береді. «Мен 3-4 құрылтайға қатыстым, мені неге шақырмайсыңдар?» деп реніш білдіріп жатқандар да бар. Олардың бізге ешқандай өкпесі болмауы керек. Жол – жастардыкі. Тағы да қайталап айтамын, әр елдің жастар ұйымдарының көшбасшылары, оның орынбасарлары міндетті түрде шақырылады. Алаш ардақтыларының да үрім-бұтақтарын ұмыт қалдырып жатқан жоқпыз. Мысалы, Мұхамеджан Тынышпаевтың ұрпағы Канададан, Ермұхан Бекмахановтың ұрпағы Мәскеуден, Халифа Алтайдың ұрпақтары Франциядан келеді. Бұдан бөлек халықаралық ұйымдар бар, «Түрік кеңесі», Әзербайжанның диас­пора жөніндегі мемлекеттік комитеті, Моңғолияның моңғолдар конгресі, Венгриядан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, өзіміздің халықаралық ұйым ТҮРКСОЙ бар, т.б. осылай тізім жалғаса береді.
    Осы Құрылтайды ойдағыдай өт­кізсек, қыркүйек айында қауымдас­тықтың құрылғанына 25 жыл болады. Құдай қаласа, сол мерекемізді кең көлемде ұйымдастырсақ деген жоспарымыз бар.
       – Әңгімеңізге рақмет!

        Әңгімелескен Бағдагүл Балаубаева

      http://anatili.kazgazeta.kz/?p=42912

толығырақ

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті