Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы

Басты бет | Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы | Бәкей Ағыпарұлының құттықтауы

       Ассалаумағалейкум, аса құрметті Елбасы!

       Қымбатты отандастар!

      Ең алдымен, сіздерге Қазақстаннан тыс жерде тұратын 

       5 миллион қазақтың сағынышты сәлемін жеткізгім келеді.

     Құрылтайға келе алмаған барша қандастарыңыздың жүрегі қазір сізбен бірге.

      Біз тарихи Отанымызды және бүкіл қазақтың ордасы Астананы мақтан етеміз.

        Себебі, Қазақ Елі, шын мәнінде, қандай мақтауға да лайық.  

     Мен Астанада бұрын да болғанмын, бірақ әр келген сайын көркіне көз тоймайды.

      Даңғыл көшелер мен зәулім үйлер, қазақтың бүлдіршін қара балалары көзімізге оттай басылады.  

         ЭКСПО-ға орай қала тіптен құлпырып тұр, көрменің аумағы қала ішіндегі қала сияқты.         

       Еліміздің мәртебесі әрқашан бүгінгідей асқақ болсын!

           Аса мәртебелі Елбасы!

        Мен Моңғолияның Улаанбаатар қаласында тұрамын.

      Елден жырақта жүрсем де Атамекендегі әрбір жаңалыққа елеңдей құлақ түріп, тілекші болып жүремін.

     Осыған орай айтарым: биылғы 2017 жыл Қазақстан үшін ұлы бетбұрысты жыл болып тұр.

     Сіз небәрі жарты жылдың ішінде елді түбегейлі өзгертетін 3 бастама көтердіңіз.

   Біріншісі, Жыл сайынғы халыққа Жолдауыңызда Қазақстанның үшінші жаңғыруын бастап бердіңіз.

      Бұл – ел экономикасын жаңа сапалық деңгейге көтеретін бірегей қадам.          Екіншісі, конституциялық реформалар арқылы саяси жаңғыруды жүзеге асырдыңыз.

     Шынымды айтайын, Сіз «бірқатар құзыреттерімді атқарушы және өкілетті билікке беремін» дегенде, бұл елдің тұрақтылығына салқынын тигізбей ме деп алаңдаған едік.

     Бірақ, тепе-теңдік сақтала отырып, демократиялық дамуға қарай маңызды қадам жасалды.

       Саясаттың сырмақ шетінде жүрген соң талай көріп жүрміз, әдетте әркім өзінің өкілеттігін кеңейтуге ұмтылады.

      Сіздің керісінше, көптеген құзыреттерден бас тартуыңыз ел болашағын ойлайтын көрегендігіңізді көрсетеді

    Үшіншісі, қоғамдық сананы түбегейлі өзгерту үшін Рухани жаңғыруға теңдессіз қадам жасадыңыз.

     Небәрі бірнеше айдың ішінде жасалған осы үш қадам Қазақстанның әбден кемелденген ел екенін және болашаққа баратын бағыты барынша айқын екенін көрсетті.

       Біз осыған марқаямыз.

    Әлемдегі бар қазақ Сіздің бұл саясатыңызды қолдайды және әрдайым тілектес.

      Мен Сіздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаңыздың тағдыршешті құжат екенін оқыған бетте түйсіндім.

      Кезінде Азиядағы Жапония, Малайзия, Түркия тәрізді елдердің бәрі қатардағы мемлекеттер саналатын.

      Дәстүр мен прогресті қатар алып жүру идеялары бұл елдерді жаңа сапалық деңгейге көтерді.

      Мен мақаладан халқымыздың рухани дамуына негіз болатын осындай  идеяларды молынан ұшырастырдым.

        Қазір қазақтың түбегейлі өзгеретін шағы келді.

        Қадірлі әлеумет!

       Жаңа Елбасы өзі де айтып өткендей, қазақтың ұлы көші – Қазақстан тарихындағы ең іргелі жұмыстардың бірі.

     Елбасымыз Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып, 1991 жылдың күзінде Ұлы көшке негіз болған қаулыны шығарған.

     Соның арқасында Моңғолиядан басталған көш барша қазақтың ат басын Атамекенге бұруына жол салды. 

       Сол үшін әлем қазақтары Елбасына шексіз алғысын білдіреді.    

       Ендеше, ел мен елді біріктіріп, бар қазақтың басын қосқан сәтті атаулы күнге айналдырып, Ұлттық көш күнін жыл сайын атап өтер болсақ, қандай жарасымды болар еді?!

       Құрметті ағайын!

        Сөз соңында айтарым, біз қайда жүрсек те қасиетті қара шаңырағымыздың біреу ғана екенін естен шығармаймыз, қара орманымыз – қазақ елінің амандығын тілеп, ортақ Отанымыздың кәдесіне әр кез жарауға тырысамыз.

        Назарларыңызға рахмет!  

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті