Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы

Басты бет | Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы | Дархан Қыдырәлінің құттықтауы

       Қадірлі қауым!

      Зеңгір көгінен арайлы күн шуағын төккен, айдай ажарын Сарыарқаның самалы өпкен асқақ Астанамызға, атажұртын аңсап жеткен, қаны бір, қасиеті ортақ ағайынның басын қосқан қастерлі құрылтай құтты болсын!

    Қазақ қашанда тағдырлы сәтте алыстағы ағайынға сауын айтып, құрылтай шақырып, Ұлытау, Ордабасы, Түркістан сынды киелі жерлерде келелі кеңес құрып, кеңінен ойласқан.

     Тарлан тарихтың тағылымына үңілсек, Ұлы даланың қағандары Ғұн заманында елді біріктіріп, жерін бүтіндеген.

     Түрік қағандығы тұсында аз халықты көп еткен, бәрін бейбіт еткен.

    Айбарлы Алтын Орда дәуірінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатқан.

     Бұл абат замандар алашқа аңсар болған!

     Осы сан ғасырлық аталар арман-аңсарына біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырында қол жеткіздік. Жаһан жұрты көз тіккен Елордасы төрткүл дүниеге төрелік айтатын өрелі елге айналдық.

   Сондықтан, межелі мезетте Астана төрінде тілегі ортақ, жүрегі бір барша бауырлардың басын қосқан бүгінгі Құрылтай да баянды болашаққа бағдар жасауда маңызды қадам болады деп үміттенеміз! 

      Ардақты ағайын!

       Туған жер тұрған жермен өлшенбейді.

     Киелі атамекен ұғымы алдымен біздің санамызда ай­шықталады, туған жер қаны­мыздың түйіршігінде, жаны­мыздың түкпірінде, тарихи таным-түйсігіміздің терең қатпарында қатталады.

        Осыдан құралған Отан деген қасиетті сөз ұрпақтың бойтұмарына айналады.

      Киелі жерлер – біз үшін, әуелі, құтты қоныс болған жер, әулие-әзірет қонған жер, бабалар бейіті қалған жер!

      Бұл тұрғыдан алғанда, алтын тақ Алтай да, өрісті Өтүкен де, жер жаннаты Жиделібайсын да, ел айырылған Еділ де барша қазақ үшін киелі мекен, құтты қоныс!

      Бір заманда қазақтың қатысуынсыз шегара сызылғанда, арғы бетте қалып қойған ағайынның біразы бүгінде өз ата қонысында отыр!

       Сондықтан біздіңше, ол жерлер де қазақ үшін киелі жер болып саналады!

    Жаһан кезіп Жерұйық іздеген бабадан қалған сыр­лы сөз халқымыздың санасының сергектігін, ұғымының байтақтығын көр­сетеді.

    Күңіреніп күн түбіне жортқан Күлтегінге ұран болған көк бөрі Сүйінбай жырында бөрілі байрақ болып қайта көтерілді!

    Сондықтан, Қазақ елі бүгінде бүкіл Түркі әлемінің және күллі көшпелі өркениеттің мұрагері ретінде мойындалып отыр.

     Бірнеше мемлекеттің еншісінде жатқан Алтайдың төрт тарапын да қазақтардың мекендейтіні осының айқын айғағы іспетті.

     Ендеше, Қазақ мәдениетін әлемге таныту арқылы біз тамырлас жұрттың құндылықтарын да түгендей түсеміз деген ойдамыз!

      Аса мәртебелі Елбасы!

       Мәдени жауһарларымызды жаһанға таныту мақсатында шет елдерде, әсіресе, диаспора шоғырланған елдерде арнайы орталықтар ашылса деген тілігіміз бар.

      Осы арқылы қастерлі қазақ тілі де құлашын кеңге жазып, тұғырын бекіте түседі деп пайымдаймыз.

    Осы орайда, қандастарға қатысты жұмыстарды жүйелі үйлестіретін өкілетті құрылымның қажеттілігі де сезіліп отыр.  

     Ұлтымыздың рухын асқақтатып, санасына серпін берген рухани жаңғыру бағдарламасы өткенімізді өрелеп, бүгінімізді бүтіндеп, баянды болашағымызды бекемдеудің берік қазығына айналды.

     Баршаға бағдар болған бұл байламды бәтуаға қазақ баласы түгел атсалысуға тиіс деп ойлаймыз.

       Осы игілікті істе баршаңызға сәттілік тілейміз!

       Назарларыңызға рахмет!

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті