Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы

Басты бет | Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы | Қайда жүрсек те қазақ өнерін дәріптеумен келеміз – дейді әнші Қазыкен Мұхамедқали

     Жақында ғана Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы дүркіреп өтті. Әлемнің 40-қа жуық елінен келген 300-ден астам делегат Астанада бас қосып, атажұрттағы ағайынмен арқа-жарқа қауқылдасып, аунап-қунап қайтты. Осы орайда біз Қытай елінен келген белгілі әнші Қазыкен Мұхамедқалиұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

      −Қазыкен мырза! Қош келіпсіз, Астанаға бұрын да жолыңыз түскен шығар?

    − Иә, мен былтыр ғана келіп кеткем. Халықаралық «Шабыт» фестивалінде эстрада бойынша қазылық жасадым. Шынымды айтайын, бұл жолғы әсер ерекше. Қалай тез дамып, адам танымастай өзгерген?! Өнер сапарларымен Еуропа елдеріне де көп шығып тұрамын ғой, талай қалаларды көрдік дегендей. Бірақ, Астана қаласының жөні бөлек. Бұл қаладан дүние жүзінің барлық ғимарат үлгілері топтастырылған және ұлттық нақыш тапқан ерекше үйлесімді көрдім. Мұны көріп осы қаланың Қазақ елінің қаласы екенін, қазақ екеніңді мақтаныш етеді екенсің. Кеше «Этноауылды» араладық. Өте жақсы жасалыпты. Туыстарға көрсетуге небір тамаша естеліктер жиынтығын алып бара жатырмыз.

     − Сізді жұрт танымал әнші ре­тінде және Қытайдағы қазақ тілді телеарналардағы «Қазақстан дауы­сы» секілді жобалардан тәлімгер ре­тінде жақсы таниды. Өнердегі же­тістіктеріңіз туралы қысқаша айт­саңыз?

    − Мен ұзақ жыл Бейжің қаласында тұрдым. Оқыған мамандығым пианино еді. Кейін эстрадаға ауыстым. Оқуды бітіріп Алтайға келіп үш жылдай қызмет еттім де, содан кейін өз өнерімді жетілдіру үшін қайтадан Бейжіңге кеттім. Сонда біраз жігіттердің басын қосып топ құрдым. Басында рок айтып, кейін өзіміздің халық әндеріне ойыстық. Өзім де ән шығарып, орындадым. Нәтижеміз жаман емес, 2000 жылы Қытайдың жыл сайынғы көктем мерекесі қарсаңында өтетін фестиваліне қатысып жүлделі болдық. Шыны керек, ол байқауға қатысу мүмкіндігін алудың өзі өте қиын. Сонымен бірге, халықаралық фестивальдарға жиі барамыз. Азия бойынша өткен «Жаңа әуен» байқауында үш аталым бойынша бас жүлдені еншіледік. Мұндай жетістіктеріміз аз емес. Испания, Фран­ция, Корея сынды көптеген елдердің белді фестивальдарынан жүлделі орал­ ды. Ел іші, сыртындағы өзге де жетістік­ теріміздің барлығын мынау атүсті әңгімеде кең көлемде айтып беру оңай да емес болып тұр... Қысқасы, қайда жүрсек те қазақ өнерін дәріптеуден танған емеспіз.

     − Қазір немен айналысып жүрсіз?

    − Мен концерттер ұйымдастырудан бөлек жеке кәсіппен және шәкірттер тәрбиелеумен айналысып келемін. Өйткені, талантты жастарымыздың жолы кесіліп жататын келеңсіз жағ­дайларды көремін, солардың өз дең­гейінде өнер көрсетуін, қазақ өнерін жалпақ жұртқа паш етуін қаладым.

     − Мықты шәкірттеріңіз бар ма?

    − Иә, жаңа ғана айтқан «Шабыт» халықаралық фестивалінде Қай­ сар Далай деген әнші бауырымыз «Эстрада» жанры бойынша бас жүлдені қанжығалап қайтты. Сәмет, Сержан, Әділ сынды жас перілер енді жарқырап көрініп жүр. Осы жақтағы «Қазақстан дауысы» сынды «Күміс көмей» ән байқауында екі шәкіртім бірінші, екінші орындардан көрінді.

     − Құрылтай жөнінде айтсаңыз. Сіздің өз салаңызға қандай әсері бар?

    − Жалпы, қазаққа пайдасын тигізер қандай да бір жоба біздің де пайдамыз деп есептеймін. Құрылтай өте тамаша өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жастарының шығармашылық байланыстары жөнінде айтты. Соның ішінде өзге елдердегі өнерпаз жас­тар Қазақстанға келіп концерттер қойып, түрлі шаралар мен өзара мәдениетті байыту жөнінде айтты. Өте құптарлық сөз. Шынымды айтсам, енді осындағы достарым бар, екі елдің мәдениет алмасу бойынша арнайы орындарымен селбесіп өнерімізді атажұртта да көрсетсек деген ой келіп отыр. Осында Ерлан Көкеев сынды әріптес достарым бар ғой, солармен де ақылдасып бұл ойды іске асыруға тырысамын.

     − Сәттілік тілейміз. Бір ауыз тілегіңіз...

    − Тілегім, екі ел арасы мәңгі тыныш, ынтымақты болса екен. Екі ел басшыларының достығы мәңгі жараса берсе. Қытайда бір жарым миллион қазақ бар деп жатамыз, солардың да тілейтіні екі ел аман болса, достығы берік, қатарласа қарқынды дамыса деп тілейді. Ләйім солай бола берсін.

    Әңгімелескен Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

    https://pdf.egemen.kz/pdfs/2017/06/28062016-1.pdf 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті