Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Жамбылдың испан тіліндегі жырлары

18.09.2015

Жамбылдың испан тіліндегі жырлары

     Жамбыл ата екі өмір тауқыметін бірдей көрген ақын. Ол ес біліп, ат жалын тартып мінген заманнан бері Жетісу өлкесіндегі патша өкіметінің үстемдігі мен озбырлығын көп көрді. Өстіп жүргенде ХІХ ғасыр бітіп еді.

        Ал бұл дәуірдің алып келген тауқыметі бұрынғыдан да асып түсті. Демек, жаңа ғасыр қылышын сүйрете келді. Күннен күнге отаршылардың қысымы күшейе түсті. Ішкі Ресейден қаптап келіп жатқан переселендер шұрайлы Жетісу өлкесіне емін-еркін орныға бастады. Халық патша өкіметі қысымының үлкенін енді көрді. Қысым мен зорлықтың көкесі жер тарылғанда, жерден айырылғанда болады екен. Көп ұзамай 1916 жыл оқиғасы келді. Одан соң патша тақтан құлады.

     Бүкіл Ресейге қараған бұрын­ғы территорияда азамат соғысы басталды, оның зардабы ауыр болды. Көзі ашық ел азаматтары, жұрт келешегін ойлап, отарлық езгіден шығатын кез келді деп жанталасты… Азамат соғысынан соң елдің жағдайы әбден нашарлады… Соғыс бітіп, ел ішінде 1926 жылға дейін біраз тыныштық орнаған секілді болды. Жаңа большевиктердің өкіметі ел ішіндегі барлық жағ­дайды билеуді қолға ала бастады. Келесі жылдары болатын кәнпеске ­жоспарлары қаралды.

    Ұжымдастыру Ресей, Украи­намен қатар бірінші кезеңде жүргізілді. Бұл көшпелі қазақ­тарға өте ауыр соққы болды. Орта Азия республикалары, яғни отырықшы елге жасалған ұжымдастыру екінші кезеңде болған себепті көп шығын болған жоқ. Ал Қазақстан мен Украи­нада халықтардың көп бөлігі аштан қырылды. Және оның үстіне халықтың бетіне шыққан қаймағы – интеллигенцияға арналған репрессияның жасаған озбырлығы тіпті бөлек еді…

      Міне осындай жамандықтың бәрін, халқымыздың басындағы «жеті ағайынды жұтты» көрумен Жамбыл атаның өмір бойы жүрегі сыздап, сақал-шашы ағарған еді. Ал Кеңес өкіметінің басшыларына өз саясатын мадақтайтын ел ішіндегі беделді ақындар керек болды. С.Сейфуллин секілді Кеңес өкіметіне шын берілген адамдардың көзін құртуға мәжбүр болған большевиктер өкіметі білімді адамдарға тіпті сенбейтін болды. М.Жұмабаев сияқты өз Пушкині бар қазақ әдебиетінде 1937 жылы бас көтерер ақын, жазушы қалмады. Міне, сол кезде Кеңес өкіметіне Жамбыл поэзия­сы аса қажет болды.
Кеңес өкіметін жырлау оңай емес екен… Сол өкіметті құруға С.Сейфуллин сияқты кеудесін оққа төсеп қатыспаса да, осы өкіметке шын берілген бір топ ақын жазушылар: С.Мұқанов, Қ.Әбдіқадыров, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Т.Жароков өкімет тапсырмасымен Жәкеңді ортаға алады.

       Бұрын кең далада еркін көсіліп қалған кәрі тарланға бұл оңай болмады. Себебі, бұрынғыдай халық үшін ойына келген мұң мен шерді жүрек түбінен жарып шығарып, жырлай жөнелу мүмкін емес-ті. Бұрын адам естімеген керемет нәрселерді мақтауға, яғни тапсырыспен жырлауға тура келді. Оған түсетін тапсырыстар мен өтініштерде:

     - Мынау Кеңес деген дүние­дегі ең күшті, ең әділ мемлекет. Оның қызыл әскері әлемдегі ең жеңімпаз, ең қаһарман жандар. Басшымыз Сталин, көсеміміз Ленин болмаса жерді түнек басар еді. Солар берген жарықтың арқасында бүкіл халық күн көріп тұр… – деп толып жатқан сөздердің ыңғайына қарай Жәкең өлең шығарушы болып, кіріптар жағдайда қалды. Өз жері мен туған өлкесінде еркін шауып үйренген Жәкең енді бауырын жаза алмаған тұлпардай күн кешіп жатса да, тапсырыспен өлең жазғанның әлде жырлағанның қиындығы мен қызығы мол екенін ұқты. Қандай жағдайда өлең тудырса да Жәкеңнің табиғи таланты мен ақындық шабытының аса күшті екені алдымен көзге түседі. Бір жақсысы, алғаш рет 1936 жылдың 7 мамырында «Правда» газетінде оның «Туған елім» атты өлеңі жарық көрген соң Жәкеңнің басқа өлеңдері тоқтаусыз респуб­лика баспасөзінде жарық көріп жатты. Сондай-ақ, оның бұрынғы шығармаларына да жол ашылды. Барлығы хатқа түсіріліп, баспаға дайындала бастады.

     Міне, сол жылдардағы Жәкең шығармашылығында, аса құнды халықаралық тақырыптағы жырлар да дүниеге келген болатын. Мысалы, оның сол кездегі «Испандық туысқандарға» атты өлеңі аса құнды тарихи жыр. Ол тез арада испан тіліне аударылып, испан тілдес талай елдің баспасөздерінде жарық көріпті.

     Мадридте азамат соғысы болып, коммунистер қуылып, халық әскері тапталып, фашистер жеңіске жеткенде осынау халық басындағы қара түнекке, яғни қаһарлы күндерге арнап Жамбыл ата үн қатқан. Сөйтіп, тағдырдың әртүрлі тәлкегін көріп жатқан испан халқын қолдап, күш жігер берген. Осынау тарихи туынды 1937 жылы жазылып, алғаш рет «Әдебиет майданы» журналында (1938, № 5) жарық көріпті.

       Ал өлеңінің испанша нұсқа­сы Испания баспасөзінде сол кезде талай рет жарық көріп­ті. Жалпы айтқанда, Жамбыл­дың біраз өлеңдері басқа шет тілдердегі сияқты испан тіліне де аударылған екен. Алайда, мына өлеңінің тарихи маңызы испан халқына арнап туысқандық тілек білдіріп жазылғандығында. Осы және басқа туындыларды испан тіліне аударған әйгілі коммунист, ақын-жазушы, испан халқының ардагер ұлы Арконада Сесар Муньос екен. Ол 1898 жылы туып, 1964 жылы өмірден өткен. 1931 жылдан коммунистік партия мүшесі. Көптеген реалистік өлеңдердің авторы.

      Айта кететін бір тарихи жайт, Жамбыл атаның жоғарыдағы жырын орысшаға аударған ақын К.Алтайский болатын. Ал испанша сөйлеткен С.М.Арконада екенін жоғарыда айттық.

      Біз сөз етіп отырған мәтінді 1954 жылы Мәскеуде шыққан испан тілі оқулығынан (J.Lopez Ganivet y N.Velikopokskaya. LEO EN ESPAÑOL. M/ 1954. 46-47 беттер.) алдық.

     Қорыта айтқанда, Испания мен Қазақстан арасындағы әдеби байланыс сонау 30-жылдарда басталғанын көреміз. Алғаш испан тіліне аударылған қазақ ақыны Жамбыл Жабаев екенінің куәсі болып отырмыз. Себебі, осы уақытқа дейін Испания мен Қазақстан арасындағы әдеби байланыс 50-жылдары, яғни Сервантестің «Дон- Кихотының» қысқаша аудармасы қазақ тілін­де шыққан күннен басталады деп есептелген. «Дон-Ки­хот­тың толық аудармасын жаса­ған Ә.Бәженов, қазақтан шық­қан белгілі испантанушы болатын. Сонымен, Испания мен Қазақ­стан ақын-жазушыларының шығар­машылық байланысы сонау 30-жылдары Ж.Жабаев шығар­ма­сы­мен басталғанын біз мақтанышпен айтамыз.

       Самат ӨТЕНИЯЗОВ, тарих ғылымдарының кандидаты. АЛМАТЫ. 

        etjendi.egemen.kz

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті