Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Алматыда «Әлемдік кеңістікте Орталық Азия елдері ғылымның ынтымақтасуы» атты халықаралық форум болады

27.10.2015

Алматыда «Әлемдік кеңістікте Орталық Азия елдері ғылымның ынтымақтасуы» атты халықаралық форум болады

       Алматыда 28 қазанда  «Әлемдік кеңістікте Орталық Азия елдері ғылымның ынтымақтасуы» деген тақырыпта халықаралық форум өтеді. Оны Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы мен  «Thomson Reuters» компаниясы ұйымдастырып отыр.Форумда «Ғылым көшбасшысы» тәуелсіз марапатын тапсыру рәсімі өтеді.

         Бұл марапат Орталық Азия елдерінен шыққан Thomson Reuters компаниясының Essential Science Indicators ақпараттық ресурсы бойынша 2005-2015 жылдар аралығында ғылыми еңбектері жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болған ғалымдарға берілмекші. 

      Осы кезеңде қазақстандық 14 ғалымның ғылыми еңбегі әлем бойынша жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болған жұмыстардың қатарына енді.

      Физика саласы бойынша жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болған үш жариялыным Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рәтбай Мырзақұловтың еншісіне тиіп отыр. Ғалым бұл еңбектерін шетелдік әріптестерімен тізе қосып дайындаған. Сонымен қатар Физика-техника институтының ғалымдары Эрнст Боос, Болат Жәутіков, Николай Покровский, Әсет Барақбаев сынды ғалымдарымыз ғылыми авторлық мақалалар дайындап, жоғары сілтемелік көрсеткішке қол жеткізді.

     Назарбаев университетінің белгілі химиктері Жұмабай Бәкенов пен Әсия Ермұхамбетов канадалық әріптестерімен бірлесіп, аккумуляторлы батареяға қажетті жаңа композитті катодтың түрін ойлап тапты. Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің химик ғалымдары Ирина Іргебаева мен Динара Бірімжанова АҚШ пен  Қытайдағы әріптестерімен бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, CO2 құрамындағы газды қосындыларынан флуоресцентті хемосенсорды кең көлемде зерттеген.

     Өмір туралы ғылым саласы бойынша еңбектенген медицина мамандары Дәурен Әділбай мен Диляра Қайдарова қатерлі ісік ауруына емдеуге қатысты тың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұсынды. Қазақ егіншілік және өсімдіктану ғылыми-зерттеу институтының биологтары – Минура Есімбекова мен Айгүл Әбуғалиева және Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының ғылыми қызметкерлері Сәуле Әбуғалиева мен Ерлан Тұрыспековтер бидайдың генетикасын зерттеу турасындағы халықаралық жобаға қатысып, өздерінің мүмкіндіктерін паш етті. 

        Ұзақ жылдар бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген тарихшы-археолог ғалым Виктор Зайберт адамзат баласы ең алғаш, яғни 6 мың жыл бұрын қазақ топырағында жылқы қолға үйретілгенін дәлелдеп берді. Оның ғылыми жұмысы 2009 жылы Science журналында жарияланып, жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болған.   

      «Ғылым көшбасшысы» марапаты танымал физик, Өзбекстан Ғылым академиясына қарасты Ядролық физика институтының зертхана жетекшісі Бекзот  Юлдашевқа да бірліп отыр. Ол Үлкен адронды коллайдердің құрамдас бөлшектерін жоспарлау ісіне қатысқан.  

     Сонымен қатар қырғыз, медицина ғылымдарының докторы Талантбек Сооронбаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның демікпе ауруына қарсы күрес іс-шарасына белсене қатысып, тың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көзге түскен.

        Климаттық өзгерістерді жүйелі зерттеген тәжік ғалымы Әнуар Хамидов пен түркімен физигі Аллаберген Әшірәлиевтің де ғылыми жариялымдары да жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болып, «Ғылым көшбасшысы» марапатының иегері атануларына жол ашты.  

      Қазіргі таңда еліміздегі 250 жуық жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары Thomson Reuters және Springer компаниясының беделді ғылыми мәліметтер қорын еркін пайдалануда. Соңғы төрт жылда Thomson Reuters компаниясының Web of Science Core Collection мәліметтер қорын пайдалануда қазақстандық ізденушілердің саны 4 есеге өскенін байқаймыз. 2011 жылы алғаш рет ұйымдастырылған Ғалымдар форумында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық ғалымдардың беделді халықаралық ғылыми мәліметтер қорына шығуы отандық ғылымды дамытудағы маңызды бағаттардың бірі болып саналатынын алға тартқан еді.     

        Отандық ғылымның халықаралық ғылыми ақпараттық кеңістікпен байланысын кеңейтуі елімізде инновациялық экономика құрудағы маңызды фактор болып табылады. Форумға қатысушылар мен қонақтар Орталық Азия аймағының әлемдік ғылыми ортамен байланысы, халықаралық ынтмақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасып, ғылыми зерттеу жұмыстарының қорытындысы және іс-тәжірибелерімен бөліседі деп жоспарлануда. Форум жұмысына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Моңғолияның ғылыми қоғамдастықтарының жетекші өкілдері қатысады. 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті