Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Сүлеймен Демирел университетінің студенті Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына арналған ақындар айтысының бас жүлдесін жеңіп алды

29.10.2015

Сүлеймен Демирел университетінің студенті Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына арналған ақындар айтысының бас жүлдесін жеңіп алды

    Биыл қазақтың кемеңгер, ойшыл ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл! Бүгінгі таңда Бас ақынның мерейтойы халықаралық деңгейде өз дәрежесінде тойланып жатыр. Тарихымызда лайықты өз орнын алар, ұлылығымызды ұлықтайтын айтулы мерейтой аясында бүгін 28 қазан күні Қыздар университетінде Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына арналған «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы ...» атты қалалық ақындар айтысы өтті.

      Ұлы ақынға арналған жыр дода «Абай» монологымен, республикалық, халықаралық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы, айтыс ақыны, бүгінде өзінің жас айтыскерлер мен жыршы-термешілер мектебін қалыптастырған мәдениет қайраткері, Қыздар университетінің балғын өнерпаздарын дайындауда үлкен үлес қосып жүрген университет баспасының директоры, белгілі ақын Серік Қалиевтің  «Абай десе, ағытам сөз тиегін!» атты ұлы ақынға арнау жыр шашуымен және Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Алтынай Тымболованың алғы құттықтау сөзімен ашылды.

     Ортаға салар ойы көп, өрісі кең, толғауы терең, бүгінгі жас ұрпаққа берері мол бұл додағы Қыздар университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және т.б.  Алматы қаласы жоғарғы оқу орындарынан іріктелініп алынған кіл жүйріктер, сөз қадірін білетін, Абайды пір тұтқан жастар қатысты. 

    Суырып-салма сөз айтысына алдын-ала жеребе тарту рәсімі бойынша, іріктеуден өтіп, шешуші кезеңге зерделі сөзімен, мәнерлі мақамы, суырып–салма ақындығымен жолдама алған 8 үздік ақын бақ сынасты. Айтыс екі айналымнан тұрды. 1-ші айналым тақырыбы:  «...Болмасаң да ұқсап бақ...» деп аталса,  2-ші айналым «...Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста...» деген тақырыпқа арналды. Әр жұптан 1 ақын келесі айналымға өтіп отырды. 

      Тілдеріне   түйіткілді мәселелерді  тиек еткен жас ақындар һәкім Абайдың 170 жылдығын сөз ете отырып, Абай шығармаларының негізгі тақырыбы – ұлт, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік пен азаматтық, әділдік пен адалдық, имандылық пен парасаттылық, достық пен махаббат тақырыптарын өлең-жырға қосты. Шешендердей өзара жарасымды әзіл-қалжың, қағытпалар мен орамды ой, толғақты түйіндерге тоқталып, сұлу сөздің кереметін көрсетіп, айтыс десе ішкен асын жерге қоятын өлең құмар қауымды бір желпінтіп тастады. Шабыты  шарықтаған  сөз сардарлары ойнақы орам, суырып-салма өнерлерімен айтысты думанды кешке айналдырды.

      Ақындардың таланты мен шеберлігін,  ақын-жазушылардан құралған арнайы  әділ-қазылар алқасы бағалады. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба, текстология және инновация бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. Тоқтар Әлібектің төрағалығымен өткен додада  айтыскер ақындардың орақ тілділігі, от ауыздылығы, сөз көркемдігі, білімділігі, алғырлығы мен тапқырлығы, тақырыпты аша білуі, қарсыласына орынды да ұтымды жауаппен тойтарыс беруімен қатар, сахна мәдениеттілігі мен ұлттық киіміне де мән берілді.  Айтыскерлердің өнері ашық түрде 5-тен 10-ға дейінгі ұпаймен бағаланды.

   Кіл жүйріктен кім жүйріктіні анықтаған айтыстың қорытындысы бойынша Бас жүлдені  Сүлеймен Демирел университетінің студенті Алтынбек Ибрагимов қанжығасына байлады. І-орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті атынан келген Айтбек Тұрсынбаев жеңіп алды. ІІ-орын – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті  Жібек Шаймарданқызына бұйырды. Ал, ІІІ-орынды  Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенті Қару Нұрзат иеленді. Сонымен қатар 4 ынталандыру сыйлығы өз иелерін тапты Олар:

1. Қайсабек Айдана –  Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті;

2. Рахымбай Ермек – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы;

3. Әлімберді Қуаныш – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы;

4. Камалбек Дамубек – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті.

    Жеңімпаздардың барлығы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұдан бөлек арнайы сыйлық иелеріне сый-сияпаттар жасалды.

      «Абай шығармашылығын, ойшыл ақынның рухани мұрасын жастарға кеңінен насихаттау, ақын шығармашылығы арқылы жастарды рухани-адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу бүгінгі шараның негізгі мақсаты болды. Қазақтың данышпан ақыны Абай Құнанбайұлының мерейтойы университет деңгейінде түрлі бағыттарда тойлануда. Оқу орын жыл сайын «Абай оқуларын» өткізуді дәстүрге айналдырған. Абай – бүгінгі ұрпақтың басты бағдаршамына айналды, сондықтан да Абай мұрасының жастарға кеңінен насихатталуы алдағы уақытта да өз жалғасын табады», деді шараның ұйымдастырушысы, қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, айтыс жанашыры Тұрсынбай Дәуітұлы.

         «Қыздар университеті» медиа орталығы

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті