Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | «Күз ханшайымы» анықталды

05.11.2015

«Күз ханшайымы» анықталды

     Арулар ордасының үш бірдей аруы «Алматы аруы-2016» байқауына жолдама алды. Алматыда 3 қараша күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық  университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Алтын күз аруы» байқауының ақтық сыны болып өтті.

      Оған екі ай бойы қыздар қалашығының 7 жатақханасында өткен іріктеу сайысында жеңімпаз атанған сұлулар қатысып, «Күз ханшайымы» атағы үшін, яғни  «Университеттің ең сұлуы» атағы үшін бақ сынасты. Олар: Абдіралиева Махаббат (№1 Жатақхана Аруы), Медеуғалиева Мөлдір (№2 жатақхана Аруы), Камелова Раушан (№3 жатақхана Аруы), Жоламанова Жансая (№4 жатақхана Аруы), Ізтұрғанова Диана (№5 жатақхана Аруы),  Бектабанова Салтанат (№7 жатақхана Аруы), Әділбай Назира (Студенттер үйі Аруы).   

      Биыл да жалғасын тапқан шараның ұйымдастырушысы - Жастар саясаты бөлімі. «Байқаудың басты мақсаты - студенттердің шығармашылықтарын арттыру, бір-бірімен етене таныстыру, олардың арасынан белсенді де, таланттыларды анықтап, ынталандыру, сегіз қырлы бір сырлы, ибалы да инабатты, сұлу да өнерлі қыздарымызды паш ету болып табылады», деді байқаудың ұйымдастырушысы, Жастар саясатын дамыту бөлімінің басшысы Маржан Ахтаева.

        Алдын-ала жеребе бойынша әр аруға жеке нөмірлер тағайындалды. Байқау шарты бойынша арулар «Сәлем – сөздің анасы» атты бірінші бөлімде жиналған қауымға өздерін таныстырса, «Өнерлінің өрісі кең» кезеңінде ән айту, би билеу, қарасөз оқу сынды өз өнерлерін паш етті. Ал, «Шеберлінің қолы алтын» сынында күзгі жеміс-жидектерден түрлі ас дайындау арқылы қиял-ой ұшқырлығын көрсетіп, «Сұлулық сыры» атты сән үлгісі кезеңінде өз қолдарымен түрлі заттардан жасалған көйлектерін көрсету арқылы бар шеберліктері мен қабілеттерін ортаға салды. Арулар сонымен қатар, бұл кезеңде елімізге белгілі дизайнер Жадыра Сахиеваның «Jado» сән үйінің коллекциясын көрсетті. Бұл сында арулардың сән киімі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы бағаланды. Ал, «Зерделінің ойы озық»  атты соңғы кезеңде ару қыздардың  білім деңгейлері сараланды.

         Қыздардың өнерін Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы міндетін атқарушы Нұрлан Ерболатұлы, «Нысана» әзіл-ысқақ театрының директоры, белгілі актер Әбунасыр Серіков,  әнші, биші, тележүргізуші Камшат Жолдыбаева, «Алматы аруы» байқауының арт-директоры Алекс Грэй, танымал қобызшы Ақерке Тәжібаева, актриса, «Қазақ Аруы – 2013» байқауының жүлдегері, фотомодель Алия Даниярова, «А.И.» театрының актрисасы Толғанай Тілеубекова қазылық жасап, бағалады.           

     Әр арудың бойындағы ерекше қабілетті паш ететін «Өнерлінің өрісі кең» және «Шеберлінің қолы алтын» кезеңдері болды. Шығармашыл жастардың өнері, қиял ой ұшқырлығы дәл осы екі сайыста байқалды.  Өнер сайысында Махаббат Абдіралиеваның «Бақыт құсы», Жансая Жоламанованың модерн биі, Салтанат Бектабанованың «Туған жер» атты билері көпшілік қауымның көңілінен шықса, жетімдер тағдырына терең үңілген Раушан Камелованың «Жетімнің арманы» атты қойылымында көрсеткен актерлік шеберлігі әділ-қазылар қауымына ерекше әсер етіп, жоғары бағаға ие болды. Барша қауым сонымен қатар Мөлдір Медеуғалиеваның қарасөз оқу өнеріне, Нәзира Әділбайдың «Мәншүк» монологына, Дина Бектұрғанованың әншілік қабілетіне тәнті болды.

         «Шеберлінің қолы алтын» сынында барлық қатысушылар қазылар алқасын аспаздық өнерімін тамсандырса, сән үлгісі бөлімінде аруларымыз өз қиялдарынан күнделікті тұрмыстық бұйымдарды пайдалана отырып жасаған ғажайып көйлектерімен таң қалдырды. Көрермендер мен қазылар алқасын ерекше әсерге бөлеген барша қатысушылардың киім үлгілері жоғарғы балға ие болды.

          Арулар әр кезеңнің сынына дайындалып жатқанда «Жанды дауыс» жобасының финалисті, университетіміздің 1-курс студенті – Ажар Төлеубекова, оқу орынның белсенді студенттерінен құралған «DIVAS» би тобы, танымал «Ағайындылар» тобы өнер көрсетіп, шараның көркін аша түсті.

        Кіл сұлудан кім сұлуды анықтаған байқау қорытындысы бойынша  Раушан Камелова – «Күз ханшайымы» атанды. І орынды Салтанат Бектабанова иеленді. ІІ орынға Әділбай Назира ие болса, ІІІ-орын Жоламанова Жансаяға бұйырды. Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен және оқу орын басшысы тағайындаған бағалы сыйлықтармен, шараға демеушілік көрсеткен «Oriflame» компаниясының арнайы сыйлықтарымен  және «Аружан» сұлулық салонының сертификаттарымен марапатталды. Ерекше атап өтерлік жайт, Бас жүлде иегері Камелова Раушан мен І орын иегері Бектабанова Салтанат және «Ерке, сұлу қыз» деген атқа ие болған Мөлдір Медеуғалиева «Алматы аруы-2016» байқауына жолдама алды. Бұл байқаудың қыздар күтпеген тосын сыйы болды. 

        Марапаттау рәсімінде әділ-қазылар алқасы әр қатысушының байқауға үлкен дайындықпен келгендігін, киім үлгісін әзірлеуде ерекше еңбек еткендігін атап өтіп, ерекше өнерлері мен шеберліктеріне тәнті болғандықтарын жеткізді. Және ізеттіліктері мен сыпайылықтарын көрсеткен ару қыздарға өз ризашылықтарын білдірді.

           «Мен үшін бүгінгі киелі шаңыраққа келу үлкен бақыт. Мен осында білім алдым. Сондықтан, Арулар ордасы мен үшін қашанда ыстық. Биікке жол салған дәл осы сахнада талай өнер көрсеткем. Біраз бақытты өткен шағымды еске түсіріп отырмын. «Айгүл» ансамблінде ән айттым. Аруларды бағалай отырып, үлкен мақтаныш сезіміне бөлендім. Бұл шаңырақтың қыздарының бойынан қазақ қызына тән қасиеттерді,  тәрбиелілікті көргенімізге қуаныштымыз. Қыздардың сұлулығы мен өнері мені және барлық қазылар алқасын қатты тамсандырды», деді қазылар алқасының мүшесі, белгілі әнші, тележүргізуші Камшат Жолдыбаева.

        Көпшілік қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлаған, өнерлі аруларымыздың тапқырлықтары, шеберліктері мен шығармашылықтары сыналған  тартысты да қызықты, тәрбиелік мәні зор байқау келесі жылы да өз жалғасын табады.

     «Қыздар университеті»  медиа орталығы 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті