Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы шетелдегі қазақ диаспорасының 2015 жылы шыққан кітаптарының тұсаукесерін жасайды

25.11.2015

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы шетелдегі қазақ диаспорасының 2015 жылы шыққан кітаптарының тұсаукесерін жасайды

 

           Алматыдағы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында  (Ш.Уәлиханов көшесі 43А, Жібек жолы көшесінің қиылысы) 3-желтоқсан күні шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің «Атажұрт» баспа орталығынан 2015 жылы жарыққа шыққан кітаптарының тұсаукесері өтеді. Оған кітап авторлары мен атажұртқа әр жылдары шетелден көшіп келген бірқатар қазақ ағайындар және өзге де қонақтар қатысады. Бұл шара кезінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев Қазақстанның көші-қон заңына енгізілген жаңадан енгізілген  өзгерістер мен түзетулерді түсіндіріп, биылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысымен және алдағы жылға жоспарланған іс-шаралармен таныстырады.    

        2015 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы оқырмандарға негізінен шетелдегі қазақ диаспоралары мен ирреденттерінің тарихын, өмірін, қоғамдық және этникалық жай-күйін, тарихи Отанмен байланысын көрсетуге арналған шығармаларды ұсынуға күш салды. Орын алған қаржы тапшылығына байланысты жарық көрген небәрі 4 қана кітаптың екеуі осы аталмыш тақырыпқа арналды. Барлығы 134 ұлт пен ұлыс өмір сүретін Ресейдің Саратов облысында өзінің адам саны, әлеуметтік орны жөнінен орыстардан кейінгі екінші орындағы этникалық топ болып саналатын қазақ диаспорасы  туралы кең тынысты, көлемді еңбек жарық көрді. Геннадий Ташпековтың «Казахи Саратовской области: история и современность» атты кітабы бұрын қазақ елі көлемінде көтерілмеген тың тақырыпты қозғауымен құнды. Еділ өзені бойындағы Саратов облысы қазақтарының тарихы мен тұрмысы осы кезге дейін зерттелмеген тың тақырып болып табылады. Г. Ташпековтың еңбегі бұл тақырыпты сан алуан қырынан сөз етіп, оқырмандарға, диаспоратанушылар мен тарихшыларға, этнографтарға жан-жақты, мол мағлұматтар ұсынады.

     «Атажұрт» баспа орталығы бұдан бұрынғы жылдары Зардыхан Қинаятұлының «Моңғолиядағы қазақтар» кітабының 2 томын, Жақсылық Сәмитұлының «Қытайдағы қазақтар», Жәди Шәкенұлының «Қытайдағы қазақтар», Ислам Жеменейдің «Ирандағы қазақтар» атты  кітаптарын жариялап,  диаспорология тақырыбының жандануына ізгі жол ашқан еді. Үстіміздегі жылы жарық көрген Досан Баймолданың «Еуропадағы қазақтар» атты кітабы «Шетелдегі қазақтар» сериясымен жарияланған  сол кітаптардың заңды жалғасы болды. Бұл кітап автордың сонау 1980 жылдары Еуропаның Польша, Чехия тәрізді елдерінде жоғары білім алып, ғылыммен және журналистік қызметтермен айналысқан кезінде Еуропа қазақтары өмір сүріп жатқан қалаларға арнайы барып, жүргізген сұхбаттары мен жинақтаған мол материалдары негізінде жазылған. Бұл кітапты Қытайдағы қазақ әдебиетінде жиі көрініс беретін Шығыс Түркістан қазақтарының аласапыранды өмірі тақырыбына жазылған кітаптардың жалғасы ретінде де қарастыруға болады. Кезінде қытайлықтардың қысымына шыдамай Шығыс Түркістаннан ауа көшіп, талай ел мен белден асқан, жылдар өте келе Түркия арқылы Еуропаға таралған қазақтардың бүгінгі ұрпағы туралы кітапта қызғылықты баяндалады.

     Қайрат Құлмұхаммедтің «Олжа», Мақсат Әлсейітовтің «Жетімсайдың бойында жетім ауыл» атты жыр кітаптарын жарыққа шығару арқылы «Атажұрт» баспа орталығы өлеңсүйер қауымның сұранысын біршама өтегендей сезіледі. Өзбекстанда посткеңестік кезеңдерде қазақ мектептерінің азая бастауына байланысты қазақ тілінде жазатын авторлар саны да айтарлықтай азайған Қарақалпақстаннан өлең кітабын жолдаған М. Әлсейітовтің шығармашылығы назар аударарлықтай. Қытай елінде туып өсіп, кейіннен атамекенге көшіп келген Қ. Құлмұхаммедтің «Олжа» кітабы қалыптасқан ақындық стиьді байқатады. Жастау кезінде Қытай мен Қазақстанда айтыс ақыны ретінде танылған Қ. Құлмұхаммедтің жырлары төкпе сарынымен, адуындылығымен өз оқырмандарын баурайды.       

      Қосымша мәліметтер алу үшін мына мекенжайға хабарласуға болады:

Телефон: +7 /727/ 273  9025,  Электрондық пошта: qazaqtar.kz@mail.ru

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті