Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Белгілі түрколог, тұңғыш қыпшақтанушы ғалым Әбжан Құрышжанұлының 85 жылдығына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

27.11.2015

Белгілі түрколог, тұңғыш қыпшақтанушы ғалым Әбжан Құрышжанұлының 85 жылдығына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

    Алматыда бүгін қазақ тіл ғылымының аса көрнекті өкілдерінің бірі, белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбжан Құрышжанұлының 85 жылдығына арналған «Профессор Ә.Құрышжанұлы және түркі дүниесі: тіл, тарих, руханият» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр.

    Конференцияға елімізбен қатар, шетелдік түркітанушы ғалымдар, тіл мамандары, атап айтқанда,  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, белгілі академик Өмірзақ Айтбайұлы, Халықаралық Түркі академиясының ғалым хатшысы, ф.ғ.д., профессор Амантай Шәріп, Еге университеті Түркі әлемі зерттеулер институтының  профессоры Фикрет Түркмен (Түрік елі. Измир), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Мырзаберген Малбақов, Қарағанды «Болашақ» академиясы, Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Қ.З. Сембиев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ҒЗИ аға ғылыми қызметкері С.Құдасов (Шымкент), Халықаралық түркітану орталығының төрағасы - Е.Қажыбеков, Йылдыз техникалық университетінің профессоры - Мехмет Өлмез (Түркия, Стамбул қ.), Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің ректоры, ф.ғ.д., профессор - С. Боранбаев (Түркістан қ.), белгілі ғалым А. Мектептегі, Оnur Тarlacı (Dicle Üniversitesi, Türkiye), Hasan Кaracan (giresun üniversitesi, Тürkiye), Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ағылшын тілі және лингводидактика кафедрасының доценті Ж.А.Қағазбаев, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясы,  Тілдік дайындық кафедрасының бастығы,  профессор Ш.Ш.Жалмаханов қатысып, сөз сөйлейді.

     Конференция жұмысы Халықаралық Түркі академиясының демеушілігімен  жарық көрген Әбжан Құрышжанұлының «Иүсүп Ұлық Хас Хажиб Баласағұни. Құтадғу Білік»  және «Формы и значения падежей  в языке Кодекс Куманикус»  атты кітаптардың тұсаукесер рәсімімен басталады. 

      Конференцияда дарынды ғалым, ұлағатты ұстаз Әбжан Құрышжанұлы туралы арнайы баяндамалар жасалып, естеліктер айтылады. Шара барысында қаралатын негізгі мәселелер төмендегі төрт тақырып бойынша өтеді:

    • Түркі тілдерінің тарихы мен теориялық мәселелері;

      •  Қазіргі қазақ тілі: зерттелуі мен өзекті мәселелері;

  • Түркі халықтарының  әдебиеті;
  •  Түркі өркениеті және тәлім-тәрбие мәселелері;
  • Түркі халықтарының тарихи-мәдени байланысы: лингвомәдениеттану және елтану мәселелері.

      Қазақ тiлiнiң тарихында ескi түркi жазба мұраларына қалам тартып, халық тiлiнiң iнжу-маржандарын терген ғалымдардың бiрi, филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнектi ғалым — Әбжан Құрышжанұлы екенi баршаға белгiлi.                          Профессор Әбжан Құрышжанұлы -   белгілі түрколог, орта  түркі және қыпшақ тілдерінің білгір  маманы  ретінде бүкіл түркі халықтары дүниесіне мәшһүр ғалым десек еш қателеспейміз.

      Әбжан Құрышжанұлының зерттеген еңбектері негізінен тіл тарихы, көне түркі тілдері мен ежелгі қыпшақ жазба ескерткіштері мәселелеріне арналған. Ол ХІІІ ғасырда жазылған «Кодекс Куманикус» жазба ескерткішін, қыпшақ тілдерінің қазіргі түркі тілдерімен, сондай-ақ қазіргі қазақ тілімен арадағы байланысын зерттеп, 8-11 ғасырдағы көне түркі тілі мен тарихы жөнінде, Орхон-Енисей жазба ескерткіштері туралы еңбектер жариялады, оқу құралдарын жазды. Әбжан Құрышжанұлы бір ғана қыпшақ тілін зерттеумен шектелген жоқ. Ұлт тілі мен оның тағдырына әрдайым жанашыр көзбен қараған еңбекқор ғалымның қалам тартпаған саласы кемде кем. Ол үлкен ғылымға қадамға басқан 1956-1973 жылдар аралығында қазақ тілі мен түркі тілдерінің тарихына (тарихи грамматика, фонетика, синтаксис, лексика, т.б.) байланысты 100-ге таяу ғылыми-зерттеу мақалалары мен бірнеше іргелі монографиялық еңбектер жазып, жарыққа шығарды. Олардың арасында Орхон-Енисей руникалық жазулары, Құмандар сөздігі, Түркі-араб сөздігі, Әл-Қауанин ескерткіші, Әбу-Хаяйн, Ахмед Йүгінеки, Ахмед Йассауи, Жүсіп Баласағұни және т.б. еңбектері бар. Ғұламаның түркітану саласындағы көп жылғы ізденістері өз нәтижесін берген сүбелі  дүниелердің бірі -  2001 жылы жарық көрген  «Ескі түркі тілі жазба ескерткіштері», 2004 жылы шыққан «Құдатғу білік» (Жүсіп Баласағұн дастанының ғылым басылымы) екі бірдей маңызды кітабы. Қазақ халқының тарихын ескiнiң көзiндей сақтаған «Кодекс Куманикус» арқылы зерделеген Ә.Құрышжановтың өзге зерттеулерiн айтпағанда, Ю.Баласағуниды қазақша сөйлетуiнiң өзi оның есiмiн түрiктану тарихына, берiсi қазақ мәдениетi мен әдебиетiнiң, тiл ғылымының тарихын жазды.

       Профессор Әбжан Құрышжанұлы қазақ тiл бiлiмiнде тұңғыш рет жазба мұралардағы мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердi терiп, жинақтап, тақырыптық-сематикалық топтарға бөлiп, көпшiлiк қауымға ұсынды. Мұндағы жинақталып берiлген аталы сөздер әртүрлi жыр-жауһарларынан терiлiп алынған тағылымы мол, халықтық тұтас дүниетанымды таныта алатын, бүтiн бiтiмдiкке жетудiң сара жолын нұсқайтын қасиеттi сөздер.

      Әбжан Құрышжанұлы – талантты тілші, беделді түркітанушы, ұлағатты ұстаз ғана емес, тәжірибелі аудармашы ретінде де кең танымал ғалым болған. Ол Әбу Хаян, «Кодекс Куманикус», «Әл-Қауанин» секілді көптеген ескі қыпшақ тілі сөздіктерін аударумен біре А.Йүгінеки, Ахмет Йассауи, Жүсіп Баласағұн сынды ортағасырлық түркі ғұламаларының еңбектерін түпнұсқадан, көне түркі тілінен қазақ тіліне аударып, көне мұраларымызды игеру мен үйрету ісінде орасан еңбек сіңірді.

     Саналы ғұмырында ғалымдық, ұстаздық өнегесін, барлық білім-тәжірибесін шәкірттеріне берген ғалым түркологиялық ғылыми зерттеулермен ғана шектеліп қалмай, ғылыми кадрлар даярлау ісімен де шұғылданып, өзіндік мектебін қалыптастырған ғалым-ұстаз ретінде танылды.   Өмірінің соңғы жиырма жылдай уақытында қазақ қыздарының киелі шаңырағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Түркология» саласы бойынша дәріс оқыды, аталған сала бойынша Диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары ретінде республикамызға талай ғылыми кадрлар даярлауға атсалыса жүріп, Әбжан Құрышжанұлы өзі айналысып жүрген сала бойынша біраз қомақты дүниелер жазып қалдырды. Университетте 2006 жылы Ә.Құрышжанұлы 75 жылдық мерейтойына орай «Профессор Ә.Құрышжанұлы атындағы Тіл тарихы және түркология» дәрісханасы ашылды. Жыл сайын дәстүрлі түрде «Құрышжанов оқулары» өткізіліп тұрады.  Биыл да ұйымдастырылатын «Түбі бір түркіміз» фестивалі ғалым мұрасын дәріптеуге, бүгінгі жас ұрпақтың бойында өз Отанына деген патриоттық сезімі мен туысқан түркі жұртына бауырмалдық қасиетін арттыруға бағытталған тағылымды жұмыстардың бірі.

      Жалпы түркітану саласы бойынша көне жазба ескерткіштердің тарихын, ана тіліміздің тарихи мәселелерін зерттеудегі, қыпшақтану ғылымын дамытудағы, түркі халықтарының көрнекті ғалымдары мен ақындарының шығармаларын тәржімалаудағы ғалымның ерен еңбектерін айрықша құрметтеп, есімін зор мақтанышпен еске алу, мол мұрасын жас ұрпаққа насихаттау,  өз ұлты мен өз тiлiн қадiрлеп, қастерлеуге тәрбиелеу шараның негізгі мақсаты болып табылады.

      Пленарлық жиыннан соң конференция Оңтүстік Кореяның Ханкук   университетімен, Ұлыбританияның Кембридж университетімен, Түркия Республикасының Еге университетімен, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен онлайн байланыс режимінде жұмысын жалғастыратын болады.

      Түстен кейін конференция жұмысы секциялық жұмыстарға ұласады. 

    Конференция аясында сонымен қатар, «Түбі бір түркіміз» атты дәстүрлі түркі халықтарының фестивалі өтеді.   

       Фестивальге шақырылған қонақтар:  Қазақстандағы Түркия елшілігінің өкілдері, Түркия Республикасы Нигде университетінің басшылары,  Алматы қаласындағы түркі халықтарының мәдени орталықтарының өкілдері, Қазақстан түркілері мәдени қорының директоры, «Түркі әлемі» халықаралық газетінің бас редакторы Ахмет Дағдұран.

       «Қыздар университеті»  медиа орталығы

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті