Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Мәлімдемесі

08.12.2015

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Мәлімдемесі

     Елбасы Н. Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда:  өсім, реформалар, даму» атты  Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру                     бойынша Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының        

МӘЛІМДЕМЕСІ

          Бүкіл әлемге әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салалардағы жан-жақты әрі қарқынды дамуымен танымал болып отырған Қазақ елінде тағы бір айтулы  уақиға тарихқа алтын әріптермен жазылды. Яғни, үстіміздегі жылдың  қараша айының соңғы күні Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Бұған дейін де Елбасының осындай Жолдаулары жыл сайын дәстүрлі түрде жарық  көріп,  белгіленген міндеттердің дер кезінде толығымен жүзеге асып келе жатқаны баршаға мәлім. Еліміздің бүгінгідей  биік белеске көтерілуі осының айқын дәлелі. Президентіміз әр уақытта да заман ағымын, уақыт өзгерістерін барынша тез аңғарып, тәуелсіздік жолына жаңа қадам басқан жас мемлекетімізді түрлі алмағайып кезеңдерден сүріндірмей, бүгінгі деңгейге аман-есен алып шыққан еді.  Әйтсе де,  өтіп бара жатқан биылғы жылдың қиындығы, сын-салмағы  бұрыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда ерекше. Әлемде  шиеленіскен саяси жағдайлар, көптеген мемлекеттерді тұйыққа тіреген экономикалық дағдарыстар  етек алуда. Мұның бәрі  қызу қарқынмен дамып келе жатқан Қазақстанды да айналып өтпей, әлеуметтік-экономикалық жағдайымызда көлденең қиындықтар тудыруы әбден мүмкін. Оның алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалып отыр.

       Міне, осындай жағдайда Елбасы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында қандай міндет-мақсаттарды алға қояды; бүкіл әлемді шайқалтып тұрған қиындықтардан қиналмай шығып, дамудың жаңа биігіне көтерілудің дұрыс бағыт-бағдарын қайтіп табады деген сұрақ-сауалдың Жолдау жарияланарда көпшіліктің көкейінде тұрғаны анық еді. Осыған орай, Қазақстан Президенті өзінің ең күрделі сәттерде мемлекеттің іргесін шайқалтпай, жаңа заманға беталған  көшін сүріндірмей, халқын болашаққа тура  алып шығатын шынайы қайраткерлігін тағы да  дәлелдеді. Елбасының жаңа Жолдауы жарияланғанда бұған көңіліміз анық сеніп, көзіміз айқын жетті. Жолдауда Президентіміз бүкіл әлемді қыспаққа алып тұрған экономикалық дағдарыстан шығудың  айқын жолын дәл көрсетіп, бірінші кезекте қолға алынуға тиіс  іс-шараларды нақты белгілеп берді. Және ол іс-шаралардың бәрі Қазақ елінің қазіргі мүмкіндігі мен бүгінге дейін қалыптасқан өзіндік өсіп-өркендеуінің ерекшелігіне, экономикалық-материалдық ресрустарына толық сәйкес келеді. Яғни, Жолдауды дайындау барысында Елбасы Қазақстанның қазіргі жағдайынан бастап, өзімізбен көрші, экономикалық салада бұрыннан тығыз байланыс жасап келе жатқан мемлекеттердің де хал-ахуалын, халықаралық дәрежедегі өзгерістер мен шиеленістерді бүге-шігесіне дейін толық ескерген. Осының нәтижесінде Президентіміз елімізді бұдан әрі дамытудың, яғни дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын айқындап берген.

         Бұл бес бағыттың біріншісі «Қаржы секторын тұрақтандыру» деп аталады. Осыған орай Елбасы «Біздің маңызды міндетіміз –қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру, оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру» деп атап көрсетеді. Соған байланысты, қаржы секторының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударады.

         Жолдауда алға қойылған екінші бағыт – «Бюджет саясатын оңтайландыру». Жасыратыны жоқ, бүгінге дейін мемлекеттің қаржысын  тиімді пайдалануда біраз кемшіліктерге жол берілген еді. Әртүрлі мақсаттарға бөлінген қаржыны пайда-зиянды  жан-жақты ескермей, орынсыз жұмсау  жиі кездесетін. Ал Елбасының биылғы Жолдауынан кейін мұндай жағдайға біржолата тоқтау салынады деп кәміл сенеміз.

         Жолдауда Елбасы  көңіл бөлген үшінші бағыт – «Жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру». Бұл мәселе де қазір Қазақстан үшін айрықша маңызды. Әрине, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде елімізде жекешелендіруге байланысты айтарлықтай көп жұмыстар жүргізілді. ТМД құрамында болған мемлекеттердің арасында нарықтық қатынастарға өзгелерден бұрын бейімделген, жекешелендіруді ең батыл жүзеге асырған - Қазақстан Республикасы. Бұл - болашаққа дер кезінде айқын көз жібере білген Елбасының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ал соңғы уақытта осы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, кеңейте түсудің  қажеттілігі айқын аңғарыла бастаған. Елбасының Жолдауына сәйкес алдағы уақытта бұл мәселе де бір жүйеге түсіп, реттелмек. Яғни, Жолдауда «Жекешелендіру әділетті нарықтық баға бойынша ашық және бәсекелі жүзеге асуы керек» деп  атап айтылған.

         Жолдаудағы елімізді өркендетуге байланысты белгіленген төртінші бағыт – «Жаңа инвестициялық саясаттың негіздерін қалыптастыру». Бұл да - аса маңызды мәселе. Әлемнің барлық елдері сырттан келетін инвестицияларға айрықша көңіл бөледі, оны өздерінің дамуына тиімді пайдалануға  күш салады.  Қазақстан Республикасы да бұрын да бұған ерекше назар аударып келген. Ал болашақта бұл мәселе жаңаша қарқын алады. Яғни Жолдауда: «Таяудағы онжылдықта экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда он жыл ішінде – кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу керек» деп нақты белгіленген. Бұл міндеттің де толық жүзеге асатыны анық. Өйткені, Қазақстанның жері ұшан-теңіз кең, қазба байлықтары да барынша мол. Енді осындай мол байлықты игеруге сырттан қажетті қаржы келетін болса, еліміздің бүгінгідей дағдарыстан  зардап шекпей, алға қарай нық қадам баса берері даусыз.

         Бүгінгідей күрделі кезеңде еліміздегі бүкіл жұртшылықты ерекше ойландырып, алаңдатып отырған және бір мәселе – жаһандық дағдарыс халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әл-аухатына кері әсерін тигізіп жүрмей ме деген күдік. Жолдауда бұл мәселеге де нақты жауап берілген. Яғни, Жолдаудың «Жаңа әлеуметтік саясат» атты бесінші бағытында Елбасы: «Экономикалық тәуекелге, жалпы  ештеңеге де қарамай біз халықты әлеуметтік қолдау шарасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016  жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін,  білім беру саласының қызметкерлерінікі – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі – 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын» деді. Демек, қазіргі кездегі үлкенді-кішілі қиындықтар, бүкіл әлемде орын алып отырған түрлі дағдарыстар Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын  төмендетпейді деуге  толық негіз бар. Елбасының биылғы Жолдауының ең басты ерекшелігі мен айрықша құндылығы да, міне, осында.

         Елбасы биылғы Жолдауында дағдарыстардың бәрі өткінші, ал Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі екендігіне ерекше тоқталды. Яғни, Қазақстан көлденең кедергілерге кідірмей, дамыған өзге елдердің қатарына қосылу мақсатында алға нық қадам баса береді. Соның нәтижесінде Қазақстан Мәңгілік Ел болудағы өз  мақсатына жетеді.  Осыған орай, Елбасы Жолдауды: «Мен халқыма сенемін. Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар  биіктерден көрінсін!.. Алға, Қазақстан!» деген асқақ сөздермен аяқтайды.

      Елбасының  Жолдауда көтерген мәселелерінің бәрі де алыс-жақын шетелдегі сан миллиондаған қандас ағайындарымызға да тікелей қатысты. Өйткені, шетелдегі қазақтар қай жерде, қай мемлекетте тұрса да қасиетті атажұрт – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеп, дами беруіне барынша тілектес, шынайы жанашыр. Олар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты тек Қазақ елінің Президенті ғана емес, дүниежүзінің барлық өңіріндегі бүкіл қазақтың Көшбасшысы, жол көрсетер  дара тұлғасы деп есептейді. Соған орай, олар Елбасының  Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауымен де жарияланған күннен бастап  хабардар. Және Жолдауды жүзеге асыруға өздері де ат салысып, үлес қосуға айрықша ынталы, ерекше ықыласты. Олардың бұл жөніндегі мүмкіндіктері де барынша мол. Бұған нақты дәлел келтірейік. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Қазақстанға 1 млн.  қандастарымыз қоныс аударды. Міне, осы ағайындарымыз еліміздің экономикалық, мәдени-рухани салада барынша дамып, бүгінгідей биік деңгейге көтерілуіне үлкен үлес қосты. Соған орай,  шетел қазақтары Елбасы жариялаған биылғы Жолдаудағы міндет-мақсаттарды іске асыруға да белсенділікпен атсалыса алады.

        Осыған орай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жыл сайын сырт жерлерде шетел қазақтарының басын қосып, арнайы дөңгелек үстел өткізіп, Елбасының Жолдауында көрсетілген міндет-мақсаттарды насихаттап жүр. Бұл жақсы дәстүр алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Яғни, біз Елбасының биылғы Жолдауын моңғол, түрік және басқа да тілдерге аударып, кітапша етіп  шығарып, түрлі елдердегі ағайындардың арасында арнайы талқылап, пікір алмасамыз, ой бөлісеміз. Елбасының Жолдауының маңызы мен оны  жүзеге асырудың жолдары туралы сөз қозғап, осы тарихи міндет-мақсатқа шетелдердегі ағайындардың қатысуының тиімді жолдарын қарастырамыз. Сырт жерлердегі ағайындардың бұл жөніндегі ұсыныс- тілектері болса, оларды Қазақстанның тиісті ресми мекемелеріне де жеткіземіз.

          Елбасының Жолдауын сырт жерлердегі ағайындарға жеткізіп, насихаттау Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанынан жарық көріп, шетелдердегі ағайындарға тарайтын «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағы  арқылы да жүзеге асырылады.

         Алдағы жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына жиырма бес жыл толады. Бұл - жер жүзіндегі бүкіл қазақ халқы үшін ортақ айтулы мерейтой. Соған орай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы алыс-жақындағы ағайындардың арасында көптеген іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.  Бұл іс-шараларда Елбасының Жолдауын насихаттауға да айрықша көңіл бөлінбек.

      Бір сөзбен айтқанда, Елбасының Жолдауы тек Қазақстанның көлемімен ғана шектелмей қазақ диаспорасы тұратын елдерде де нақты қолдау табатын болады.

             Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

             6 желтоқсан 2015 ж.

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті