Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына орай еске алу кеші және кітап көрмесі өтеді

26.01.2016

Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына орай еске алу кеші және кітап көрмесі өтеді

       Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында 27 қаңтарда Қайым  Мұхамедхановтың   100 жылдығына орай еске алу кеші және кітап көрмесі өткізіледі. Оны Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырып отыр.

         Қайым Мұхамедханов (5 қаңтар 1916 ж. – 30 маусым 2004 ж.) – көрнекті ғалым, мәтінгер, Семей қаласындағы (1940 ж.) алғашқы Абай мемлекеттік әдеби мұражайының негізін қалаушы, абайтану және шәкәрімтану ғылымдарының негізін салушы, М.Әуезовтің адал шәкірті әрі серігі, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, үздік тәлімгер ұстаз және қоғам қайраткері. 

      1940 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Қазақ КСР Мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы (1945 ж.), ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996 ж.), Қазақ КСР халық  ағарту ісінің үздігі,  КСРО ағарту ісінің үздігі,  Семей, Аягөз, Шығыс Қазақстан облысының  Жаңасемей және Абай аудандарының құрметті азаматы. Ұлы Отан соғысына қатысушы.  Көптеген атақтар мен марапаттардың иегері: Абай Халықаралық Академиясы Алтын Медалінің иегері (Лондон, 1995 ж.), Қазақстан Жазушылар одағы Абай Халықаралық сыйлығының алғашқы иегері (1996 ж.), Қазақстан Жазушылар одағы «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының алғашқы иегері (1996 ж.), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.

       Ғалымның өмірі өзі тікелей қатысқан біздің тарихымыздағы ең маңызды кезеңдерді қамтыды. Қайым Мұхамедханов бірнеше жылдар орындалып келген Қазақ КСР Мемлекеттік әнұранын жазды, біздің тарихымыздағы түнекте, ұмыт қалған көптеген есімдерді қайта оралтты, маңызды қолжазбалар мен шығармаларды ашып, сақтап қалды, алғашқы Абай мұражайын ашуға негіз ретінде, шет аудандарға жасаған ауыр экспедицияларында жәдігерлер мен қолжазбаларды анықтап, жинақтады. Ғалым Абайдың, Шәкәрімнің және алашордалықтардың бірегей сөздерін мәтіндік талдау әдісімен сақтап қалды және тыйым салынған уақыт болғанына қарамастан, олардың есімдері мен шығармаларын мәңгі есте қалдыру үшін күресті. Оның әкесі – Мұхамедхан  Сейтқұлов ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырды байланыстыра отырып, халықты мәдениет пен тарихтың мәңгілік құндылығының айналасына біріктірді. Қайымның әкесінің үйінде Абай, Шәкәрім, Абайдың шәкірттері және алашордалықтар, көптеген халықтың белгілі мәдени тұлғалары болды. Қайым Мұхамедханов Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне маңызды үлес қосты және әкесінің рухани-адамгершілік істерін жалғастыра отырып, ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырды біріктірді.

          1951 жылғы 7 сәуірде ғалым Абай шәкірттерінің мектебі туралы диссертациясын қорғағаннан кейін, орынсыз айыптауға ұшырап, 1951 жылғы 1 желтоқсанда абақтыға қамалды. Ішкі істер халық комиссариатының абақтыларында физикалық және моральдық жәбір көре отырып, ол Абай мектебінен бас тартпады, Әуезовке сатқындық жасамады, сол үшін де ол 25 жылға бас бостандығынан айырылды.

        «Адам бір рет қана өледі. Мен сол кезде: алаштықтар сияқты адамдар қайтыс болып жатқанда, менің өлімім не?!». «Бақыт деген – бостандықта болу, шындықты айту және еш нәрседен қорықпау. Тек осылай өмір сүру керек. Адам үшін бұл басты нәрсе»,- деп ойладым.

        Қайымның бұл сөздерінде – адам рухының және туған жерінің патриот-азаматының күші бар. Ғылымға қосқан үлесі үшін, халыққа көрсеткен қызметі үшін ғалым ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

         Көрмеде ғалымның еңбектері мен қолжазбалары, оның дәптерлері, абайтануды, шәкәрімтануды, алаштануды қалыптастырудың қиын жолдары суреттелген хаттар мен мұрағаттық анықтамалар ұсынылады. Бұл – 1951 ж. диссертация қорғау стенограммасы, мәтіндік еңбектер,  қуғынға ұшырау құжаттары,  Қайымға белгілі адамдардың хаттары, оның Қарлагта қазақ тіліне өлеңмен аударған Н.Карамзиннің «Сормаңдай Лиза» повесі және т.б. 

        Кеште Е.Шүкімановтың және оның шәкірттері – консерватория студенттерінің орындауларында әндер орындалады, сондай-ақ, айтыскерлер өнер көрсетеді. Ғалымның тағдыры жайлы  слайд-шоу және деректі фильм көрсетіледі.

         Іс-шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері – А.Ісмақова, А.Қодар, С.Әзімов, М.Әуезов, У.Қадырханұлы, А.Еспенбетов, С.Қорабай, Ғ.Қабышұлы, К.Мәдібаева, Е.Іргебай,  С.Борбасов, М.Бұланбаева, С.Ізтлеуова, М.Өмірхан,  И.Иранғайып, А.Смағұловалар қатысады. Олар халықтың рухани тұрақтылығы үшін Қайым Мұхамедхановтың ғылыми-мәдени мұрасы мен рухани-адамгершілік істерінің маңызы туралы әңгімелейді.   

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті