Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің Галинасы 70 жаста

17.02.2016

«Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің Галинасы 70 жаста

    Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 15-ақпанда өткен ғасырдың жетпісінші жылдары аты дүркіреп шыққан «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің әншісі, ұлағатты ұстаз Галина Қарамолдаеваның 70 жылдық мерейтойына арналған кеш болып өтті.

      Мерекелік іс-шараға Қыздар университетінің ғылыми-педагогикалық қызметкерлері мен студент, магистранттары ғана емес, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы студентт-шәкірттері мен М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры әртістері арнайы келіп қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.       

     Өнегелі өмірін ұстаздық пен өнермен ұштастырған Галина Жұмабекқызы  Жамбыл облысы, Қордай ауданында дүние есігін ашқан. Әже қолында өскен қыз гармон тартып, халық әндеріне ғашық бола бастайды. Бала арманмен Қызылорда педагогикалық училищесінде оқып жүргенде музыкаға әуестігі арта түседі. Сосын білімін киелі шаңырақ Қыздар университетінің Өнер және мәдениет факультетінде жалғастырады. Дәл осы оқу ордасы Г. Жұмабекқызының жұлдызын жарқырата түскені аян.

      «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамбілінің мүшесі Галина Қарамолдаева құраммен бірге «Гүлдерайым», «Тек қана қыздар», «Қамажай», «Қаракөзайым», «Алматының алмасы», «Бәрінен де сен сұлу» сынды әдемі әндерді шарықтата шырқады. Қыздардың есімдері республика танымал болуымен қатар, шет елдеріне шығандап шыға келді. Сонымен қатар, Галина Қарамолдаева әуелетіп ән шырқаса ансамбль құрамындағы Ағайша Исағұлова баян тартып, екеуі өзінше  жұп болып, «қос қарлығаш» деген атпен тағы көзайым болып, халық жүрегінен орын алды. Өз кезінде жоғары бағаға ие болған бұл ансамбльдің бүгінде аты алтын әріптермен сақтаулы.

      Өнерімен қоса ұстаздық қырын тең алып жүрген Галина Жұмабекқызы шәкірттер тәрбиелеуде де орны айрықша. Бүгінде көпшілікке танымал Д. Хамзина, Т.Асар, Г. Өмірбаева, Ұ. Белғозиева, Ұ. Айнақұлова тәрізді көптеген әншілердің даусын қойып, өнерге жолдама берді десек, асыра айтқандық емес. Алдымен аккордеоннан беретін педагог, кейін вокалдан беретін педагог, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін абыроймен атқарған Галина Жұмабекқызы, университеттегі хореография, мәдени тынығу жұмысы мамандықтарының ашылуына да себепкер болған.

      Г. Қарамолдаеваның театрдағы жұмысы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясымен тығыз байланысты. Өткен 2015 жылы Галина Жұмабекқызының класы бойынша он төрт түлек, яғни  музыкалық  драма артистері бітіріп шығып, өнер нарығынан сұранысқа ие қызметтерін тапқаны көз қуантады.

      Иә, тәжірибелі педагогтің жас ұрпақты әдемілік әлеміне шақырып келген ұстаздық қызметіне де 50 жыл отыр. Осындай халқының қалаулысы, елінің елеулісі болған Қарамолдаева Галинаны әріптестері, тең тұстастары, өнер қырандары,  шәкірттері құттықтаумен қатар, ән-жырмен шашу шашты. «Өзіңнен алғаныңды өзіңе қайтарамын» деп бар үйренген өнерін ұстазы мен көрермен алдында жайып салды. Өнер адамы үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! Артына үлкен үлгі-өнеге, мол өнер мұрасын қалдырып кеткен аяулы ана, ардақты ана Г. Қарамолдаеваның  әлі де берері мол деген үміттеміз.

     «Қыздар университеті» медиа орталығы 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті