Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Ж.Жабаевтың 170 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

26.02.2016

Ж.Жабаевтың 170 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

 

    Биыл халық ақыны, жыраулық өнердің шебері, айтыскер Жамбыл Жабаевтың туғанына – 170 жыл.   Айтулы датаға орай 25-ақпан күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Алматы қаласы мен  Алматы облысының әкімдіктері және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «Жамбыл Жабаев - Ұлы Даланың алып жыршысы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

    Басқосудың пленарлық мәжілісінде сөз алған қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ғалым, жазушы  Мырзатай Жолдасбеков: «Есте жоқ ескі замандардан бергі ел тарихының көркем шежіресін жасаушылар да, оның сақтаушылары да – ақын-жыраулар. Ғасырдан ғасырға ұласып, атадан ұрпаққа мирас болып жалғасқан қазақ сөз өнерінің айшықты бір саласын телегей-теңіз жыр тудырған сол ақын-жыраулар құрайды. Қазақ жыраулары тарихты түптен таратып айтатын шежірешілер, миллиондаған жыр жолдарын жадында сақтай алатын құдіреттер, Ұлы даланың көшпелі академиясы. Байтақ қазақ даласын жырға кенелткен, осы бір теңдесі жоқ биік өнерді биікке көтерген даңғыл жыраулардың ең соңғы үздігі – Жамбыл. Ол – эпик әрі айтыс ақыны, абыз жырау, жауынгер жыршы, шын мағынасындағы заңғар поэзияны жасаушылардың ең ұлысы. Жамбылдың құдіреті асқан шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған дарабоздығымен де әлемді таң қалдырған болатын»,  – деді.

      Жамбылды  қайта оқу мен  жаңаша  тану  жөнінде пікірін білдірген белгілі академик Серік Қирабаев: «Жамбылдың  ақындық  мұрасы  біраз  зерттелген. Оның  шығармаларының  баспа  бетін  көруіне кезінде  С.Сейфуллин араласқан. М.Әуезов, С.Мұқанов бастаған  қазақ  ақын-жазушыларының  көбі Жамбыл жайында  мақалалар,  естеліктер жазған.  Арнайы  зерттеулер де бар. Еліміз  Тәуелсіздік  алғаннан  кейін  Жамбыл  туралы  жаңа  көзқарас қалыптастыру, оны «социализм мен  Сталиннің жыршысы» деген  ұғымнан  арашалап  алу  шаралары  қолға  алынды.  Жамбылдың  жаңа  жинақтары, 4 томдық толық  жинағы шықты.  Бірақ  мұнымен  шаруа бітті  деп  қарауға болмас.  Әлі де  жалғасатын  істер  көп.  Ауызша  шығарылған  ақын  жырлары халық  жадында  сақталып, біртіндеп  табылуы мүмкін.  Оларды  тауып  зерттеу,  жариялау  күн  тәртібінен  түспейді.  Жамбыл жырлаған  жырларды  да  тауып,  шығармаларына қосып,  оның  негізгі  халықтық  нұсқадан  айырмашылықтары болса,  соны  тауып  тексеру  де қажет. Жамбылды бүгінгі жастар  аз  біледі.  Кітаптарын  оқымайды.  Қазақтың  қазақ  екенін,  қандай халық  болғанын,  мәдени,  рухани  мұрасын  түсініп, өзіңді байыту үшін  алдымен Абай мен  Жамбылды,  содан  кейін қалған  әдебиет  үлгілерін  оқып үйрену  керек.  Онсыз  жастар  қазақтық  мінез-құлықты бойына сіңіре  алмайды», деді.

     Шара аясында Ерлан Сыдықовтың «Жамбыл» атты кітабының тұсауы кесілді. Автор бұл кітапты Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жылдығына және Ұлы Жеңістің 70-жылдығына орай арнайы шығарғанын атап өтті. 2000 данамен басылып шыққан кітап «Художественная литература» (Ресей) баспасында жарық көрген. «Еңбекте өз дәуірінің ерекше символына айналған, аңыз тұлға, қазақтың ұлы жырау-ақыны, халық данасы Жамбыл Жабаевтың шығармашылық жолы жаңаша пайымда жан-жақты сараланып, тағлымды өмірі кеңінен баяндалған. Бұл Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын  бүгінгі ұрпаққа жаңа қырынан таныстырған аса құнды еңбек», деп атап өтті филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.

        «Қыздар университеті»  медиа орталығы

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті