Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Қазақтың Хабибасы жүзге толды

29.03.2016

Қазақтың Хабибасы жүзге толды

   
     М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебековтің адал жары, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мәдениет саласының үздігі Хабиба Елебекованың 100 жылдық ғасыр тойы өтті.

   Салтанатты кеш Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Болат Әбділмановтың оқуында мерейтой иесінің құрметіне жазыл­ған арнау өлеңмен ашылды. Одан кейін сахна саңлағы туралы дайын­далған бейнесюжет тама­шаланып, Хабиба Қарақ­бай­қызы­ның шығар­машылық жолы туралы мәлімет берілді. 

       1916 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Томар ауылында қарапайым отбасында дүниеге кел­ген актриса әке ықпалымен орыс­ша сауат ашып,1934 жылы Қалибек Қуанышбаев пен Жүсіпбек Елебе­ковтің көрегендігімен Қарқаралы округінің халық театрына қабыл­да­нады. 1935 жылы М.Әуезов атын­дағы қазақ драма театрына шақы­рылып, Ж.Шаниннің «Арқалық батырында» – Қаракөз, М.Әуезов­тің «Қарақыпшақ Қобыланды», «Қаракөз», «Абай», «Шекара» пье­са­ларында – Күнікей, Текті, Мөр­жан, Қаныкей, Ажар, Б.Майлиннің «Майданында» – Мамық, А.Сү­лей­меновтің «Жетінші палата­сын­да» – кемпір, А.Тасымбековтің «Ке­бе­нек киген аруларында» – тұтқын әйел, Қ.Аманжоловтың «Досым­ның үйленуінде» – Айға­ным, Ғ.Мү­сіре­повтің «Қозы Көр­пеш-Баян сұ­лу­ын­да» – Мақпал, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланын­да» – Айнаш тәрізді жүзден аса әйел-ана образ­дарын өмірге әкелді. Соның ішінде М.Әуезовтің «Абай» драмасындағы Қаныкей бейнесін сексенге келген­ше ойнап, 55 жыл сахнадан түсір­меді. Сонымен қатар Гогольдің «Ревизорындағы» Пошлепкина тәрізді жағымсыз кейіпкер рөлін 37 жыл бойы көрерменге ұсынып, 95 жасында сахнамен қоштасты. 


     Театр және кино өнері шеберін мерейтойымен құттықтаған Елбасы­ның сәлемін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеткізді. Президент өз хатында:
      – Құрметті Хабиба Қарақбай­қызы! 100 жасқа толған мерей­тойыңыз құтты болсын! Өзіңіздей ғасыр жасаған аяулы жанның осындай мерейлі жасқа жетуі барша халқымыздың ортақ қуанышы әрі мәдениетіміз бен өнеріміз үшін айтулы мереке. Сіз М.Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академия­лық драма театрдың іргесін қалаған алыптар тобының көрнекті өкілісіз. Осы театрда сексен жылдай үзбей өнер көрсетіп, көптеген нанымды бейнелер жасап, бүгінгі таңда қазақ сахнасының анасына айналдыңыз. Қазақ театры өнері мен әдебиетінің іргесін қалаған тарихи тұлғалар туралы болашақ ұрпаққа арнап тағылымды естелік кітаптар жазып, көрсеткен өнегеңіз де өз алдына бір төбе. Сіздің өнердегі жолыңыз бен жарқын істеріңіз халқымыз үшін әрдайым жақсы үлгі болып қала береді. Осынау мерейлі мереке тұсында деніңізге саулық, бойы­ңызға күш-қуат, отбасыңызға аман­дық, құт-береке тіледім! – деп қуанышқа ортақтастығын білдір­ген. 
      Мұндай ақжарма тілекті Пре­мьер-министр Кәрім Мәсімов пен Премьер-министрдің орынба­сары Дариға Назарбаева да жолдапты. Сондай-ақ Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков пен Қарқаралы өңірінің ыстық сәлемін аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы жеткізді. Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов «Біздің театрымыздың тарихында жүзге келген ешкім жоқ. Сондық­тан бүгін театрда нағыз қуаныш, үлкен той» дей келе, төрде отырған актрисаның қасына көрермендер ортасында отырған Қазақстанның халық артисі, 98 жастағы Айша Абдуллинаны шақырды. Хабиба замандасының өкшесін басып келе жатқан Айша апа Күләштің репер­туарынан «Гәкку» әнін шырқап, әріптесіне амандық тіледі. Кеш иесін құттықтай келген Қазақ­стан­ның халық артисі, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Мақпал Жү­нісова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева әннен шашу шашып, жиналған­дардың көңілін көтерді. Мағ­жан­ның отызға тарта лирикалық туын­дысын жатқа оқитын Хабиба Еле­бекова көпшіліктің сұрауымен ақынның «Сүй, жан сәулем» өлеңін тарту етті. 

      Хабиба Елебекова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мәдениет саласының үздігі:
    – Бауырларым, балаларым, елім-жұртым, қара шаңырағым! Мен қазақтың басынан өткен небір нәубет жылдарды өз көзіммен көрген жанмын. 
     Бір үйдегі он жеті жан аштан өліп, соңдарында жалғыз мен қал­дым. Ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс қасіретінің азабын тарттым. 
     Қазақ театрында «Еңлікті» алғаш ойнап, Мәскеуде ең бірінші домбырамен ән салған қазақ қызы, туған апам Дәлила Оңғарбековадан жастайымнан ән үйреніп, сол кісіге еліктеп өстім. Менің бағыма Қазақстанның халық артисі, Абай әндерінің шебер орындаушысы Жүсекең жолықты. Екеуміз тату-тәтті, бақытты ғұмыр кештік. Арқасүйер азаматым мен арыстай ұлдарымды жер қойнына беріп, қазір кіші балам Естайдың қолына қарап отырмын. Барлық ғұмырым осы қара шаңырақта өтті. 
    Жүз жасаған ана ретінде ел-жұртыма, әлем халқына тек аман­дық, жақсылық тілеймін. Бір-бірің­мен дос болып, барлық елдің театрымен бірге жүріңдер. Әрқай­сысың бір-біріңнің кемшілігіңді жуып, үлгі тұтып отырсаңдар дей­мін. 
      Бір-біріңе ешқашан жамандық ойламаңдар. Дүниеде мәңгі-бақи тұратын ештеңе жоқ. Азғантай ғұ­мырда тек жақсылық жасап өтің­дер! 
       Әрбір отбасы, әрбір ел аман болса екен!
     Бүгін мені осыншама құрмет­теп, сый жасап отырғандарыңа мың да бір рақмет!

        http://aikyn.kz/ru/articles/show/22282-_aza_ty_habibasy_zh_zge_toldy      

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті