Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тілекшісі академик Өмірзақ Айтбаев 80 жасқа толды

05.04.2016

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тілекшісі академик Өмірзақ Айтбаев 80 жасқа толды

     Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлының 80 жасқа толған мерейтойына арналған шығармашылық кездесу өтті. Онда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев мерейтой иесін алыс-жақын шет елдердегі 5 миллионға жуық қазақ диаспорасы атынан құттықтап, иығына шапан жапты.

    Құттықтау хатта:

«Құрметті Өмеке!

     Көненің көзін көріп,  қазақ тілі ғылымының алыптарымен ой алмасқан, дәріс алған, бүгінгі күні сол қазақ тілі ғылымының бірегей сардарына айналған Сізді асқар таудай сексен жастың сеңгіріне көтерілуіңізбен құттықтаймын! Біздің бұл құттықтауымызға, тілегімізге  өзін-өзі сыйлаған қазақ ұлтының барша өкілдері және шетелдегі барлық қандастарымыз да қосылады деген ойдамыз. Себебі, бойында қазақ қаны бар әрбір адам үшін өз ана тілінен асқан ардақты да қастерлі ештеңе жоқ деуге болады. Кеңестік жүйе тұсында қағажу көріп, тарихтың түпсіз терең қойнауына біржолата аттануға сәл қалған қазақ тілінің қайта жандануына өзіңіз жетекшілік еткен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өлшеусіз үлес қосты. Елімізде қазақ тілі төңірегінде атқарылып жатқан жақсы істер, игі бетбұрыстар шетелдердегі қандастарымыздың да рухани оянып, іштей қайта түлеуіне жол ашты, Тәуелсіздік жылдарында сырттан елімізге бір миллионға жуық қазақ көшіп келіп, жоғымыз тіріліп, өшкеніміз жанды десек,  бұл табыста Сіздің және Сіз басқарған қоғамның ерекше үлесі бар дегенді үлкен сеніммен айтуға болады. Оның сыртында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырған қаншама игі іс-шаралардың төрінен өзіңізді көріп, жылы ықылас, ыстық пейіл, жақсы ниетіңіздің куәсі болумен келеміз. Мұны біз Сіздің өз ұлтыңызға, ұлт мәселелеріне танытқан ілтипатыңыз, көрсеткен қамқорлығыңыз деп білеміз. Сіз қазақ тілінің лексикологиясы мен терминологиясы мәселелеріне арналған 500-ге жуық мақала жазып, туған тіл біліміміздің өрге шығуына айтулы үлес қосумен бірге,  қоғамдық қызметіңіз арқылы қазақ көші-қонының жолға қойылуына, сырттағы қандастарымыздың рухани деңгейін қалыптастыруға да табысты қызмет етіп келесіз. Бұл саладағы Сіз бен біздің ынтымақтастығымызды біз әрқашан мақтан тұтамыз. Жер басып жүрген жандардың арасынан жаратқан иеміздің оң қабағына ілінген адамдардың ғана еншісіне тиетін сексен жасқа толып отырған Сізге деген құрметіміздің ерекше екендігін тағы да бір рет айтып өткіміз келеді!

       Сізді тоқсан жастың төрінен, жүз жастың жотасынан көрейік! Отбасыңызға, барлық жақын-жуықтарыңызға амандық, береке-бірлік, бақыт тілейміз!» деп жазылған.

        Ерлік Ержанұлы

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті