Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | «Таңжарық оқулары» өз жалғастығын табуда

20.04.2016

«Таңжарық оқулары» өз жалғастығын табуда

    Алматыда сәуір айының 19-ында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары арасында «Осы таң кімнің таңы» атты «Таңжарық оқулары» өтті.

      Абай, Мұқағали, Оралхан оқулары сияқты «Таңжарық оқулары» дәстүрге айналып келе жатқанына үшінші жыл болып отыр. Бастаманы ұйымдастыруға ұйытқы болған – Қыздар университеті Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті мен «Халықаралық Таңжарық зерттеу қоғамының» шын жанашырлары.

        Ақын, қоғам қайраткері, әнші, композитор, халықтың сал-серілік дәстүрін жалғастырушы, ұлт қайраткері, алаш зиялысы Таңжарық Жолдыұлының туғанына биыл 113 жыл. Ол – Алаш идеясын қытайдағы қазақтарға насихаттап, халықты оятқан тұлға. 1935 жылы Құлжада алғаш қазақ газетін шығарып, оның редакторы болды. Тұңғыш қазақ театрын ашып, «Шұғаның белгісі» қойылымын қоюмен қатар, өзі басты рөлді сомдады. Мектептер ашып, ағарту ісін жандандырып, ұлтты оятқан іс-әрекеті мен шығармалары үшін екі мәрте түрмеге тоғытылады. Жан төзгісіз азапты басынан өткерсе де, өр рухты ән-жыр жазудан бас тартқан жоқ.

     Әдебиет зерттеушісі, жазушы Зейнолла Қабдолов: «Таңжарық – бейуақтың бейбақ бұлбұлы тәрізді. Қанша нажағайдай жарқылдағанымен, ол түнгі нажағай еді. Шіркін, Тәкең – жалған дүниеден таңы атпай өткен, арманда кеткен Таңжарық болды», – деген еді. Расымен, саналы ғұмырын түрмеде өткізген Таңжарықтың жарқын таңы Тәуелсіздігімізге қол жеткізгенде атып отыр.

       Аталмыш шарада Т. Жолдыұлының өмірі мен шығармашылық жолы туралы деректі фильм көрсетілді. Бұл – студент-жастарға қажет құнды дерек болды.

       Аталмыш игі шараға «Халықаралық Таңжарық зерттеу қоғамдық қорының» төрағасы, жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Темірхан Тебегенов, зерттеуші, Таңжарықтанушы Тілеужан Сақаловтың жары Бөпен Жексебаева, Таңжарықтың немересі Сайра Нұржігітқызы арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

         Сондай-ақ, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының аға оқытушысы Нұржан Жанпейісов келіп, әнмен сусындатып қайтты.

       Байқау болған соң, арнайы әділқазы алқасы құрылатыны анық. Бұл сайыста «Қыздар университеті» баспасының директоры, ақын, баспагер Серік Қалиев; Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, әнші Тілеубек Қожан; ақын, журналист, баспагер Дәулетбек Байтұрсынұлы; қазақ радиосының қызметкері, ақын Бақыт Жағыпарұлы; Талғар аудандық мәслихатының депутаты, ақын Әбдіғани Бәзілханұлы төрағалық етті.  

        «Таңжарық оқуларына» 4 жоғары оқу орнынан сайдың тасындай іріктеліп, 16 студент қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірі – Таңжарықтың өмірі мен шығармашылығына қатысты жазылған өз шығармаларын (эссе, шағын мақала немесе өлең-жыры) қысқа да, нұсқа етіп оқып шығу, ал екінші кезеңде қатысушы ақынның бір өлеңін мәнерлеп оқу болды.

      Ұлт қайраткерінің тағдыр жолы мен өшпес мұрасын насихаттау мақсатында өткізілген «Таңжарық оқуларының» жеңімпазы, яғни бас жүлде мен 30 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығасына байлаған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 2 курс студенті Айжан Мелдебек болды. 1 орын мен 20 мың теңге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2 курс студенті Салтанат Анәпияева иеленді. 2 орын мен 15 мың теңге иегері – Ақгүл Айдарбекова болса,  3 орын және 10 теңге ақшалай сыйлық Қамажай Еркебаеваға бұйырды. Сонымен қатар, таңжарықтанушы Тілеухан Сақалов және ақындар Ақыт Үлімжанұлы, Асылхан Мыңжасарұлы атындағы арнайы жүлделер табыс етілді. Ал, қалған қатысушы студенттер сертификаттармен марапатталды.  

         Ақын Таңжарық Жолдыұлының:

Өлсек те өлмес біздің атағымыз,

Белгілі істеп жүрген шатағымыз.

Алыстан алтын сәуле бір күлімдер,

Болғанмен қазір түнек жатағымыз.

Алатын құнды қуып иеміз бар,

Біз де елміз, шөберелі, аталымыз, – деп өзі жырлағандай,  өскелең ұрпақ ақынның құнды қазыналарын әлі талай зерттеп, зерделей бермек. Жыл өткен сайын «Таңжарық оқуларының» мән-мазмұны тереңдей түсетініне сенімдіміз

       «Қыздар университеті» медиа орталығы 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті