Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Бүгін - қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қалибек Қуанышбаевтың туған күні

25.04.2016

Бүгін - қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қалибек Қуанышбаевтың туған күні


        Бүгін актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің және КСРО-ның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалыбек (Қалибек)  Қуанышбаевтың  (1893-1968) дүниеге келген күні.

       Қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Жасынан ән-күй мен ойын-сауыққа, той-тамашаға жаны құмар, думаншыл болған. Ол жалғыз өзі бірнеше адамның кейпіне түсіп, бір отырыста-ақ «екеудің таласын, үшеудің керісін, бесеудің жанжалын» орындап, тыңдаушы көпшілікке күлкіге кенелтетін дарынды өнерпаз ретінде танылды. Халық өнерпаздары Мұхаметәлі, Мауқай мен Абақты ұстаз тұтып, олардан өнер сырын үйренген. 1916 жылдың 25 маусымындағы патша жарлығына сәйкес Қуанышбаев та қара жұмысқа алынған. 1917 жылы Омбы қаласына барып, былғары зауытында  ат айдаушы-көшір болған. Мұнда атақты балуан Қажымұқанмен танысқан. Туған жерінде ауылдық кеңесті басқарып, қоғамдық жұмыстарда жүрсе де өнерден бір сәт қол үзбеген. «Қыз ұзату», «Қой күзету» және «Өгіз сату» секілді қызық, күлдіргі әңгімелер шығарып, оны той-жиындарда орындап жүрген. Жатып ішер жалқауларды, кейбір керенау, теріс пиғылды жандарды өткір сынға алып әжуалаған. 1922-1924 жылдары Қоянды жәрменкесінде Ғ.Айтбаев, И.Байзақов, Қ.Мұңайтпасов, М.Шамсутдинова сияқты өнерпаздар ұйымдастырған ойын-сауыққа қатысып, өнер көрсеткен.

        1926 жылы Қызылорда қаласында ірге көтерген Қазақ мемлекеттік драма  театрын ұйымдастыруға белсене қатысқан. Актер Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында әр жылдары қойылған М.Әуезовтың «Еңлік - Кебек» трагедиясындағы Қараменде бидің бейнесінен бастап, осы спектакльдегі басты кейіпкерлерді (Көбей би, Кебек, Нысан Абыз) түгел дерлік  орындап шыққан. Бұған қоса 20 ғасырдың 30-шы жылдарының басында Аятбай (І.Жансүгіров, «Кек»), Бекболат (Б.Майлин, «Майдан»), Бейбіт (Қ.Байсейітов, Ә.Шанин, «Тартыс») рөлдерін орындаған. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» музыкалық драмасынан Базарбайдың рөлі мен өзінің «Қыз ұзатуын» орындап, көрермен көңілінен шыққан.  Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Дуанбасы, М.Әуезов пен Л.С. Соболевтің «Абай» трагедиясындағы Абай, М.Әуезов пен Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясындағы» генерал Панфилов, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісіндегі» Әбдіғаппар болыс, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» момақан Баптиста - актер ойынында көркемдік шешімін тапқан сом тұлғалар. Әрбір рөлдің өзіне тән қайталанбас қимыл-қозғалысын, мінезі мен ішкі-сыртқы жан құбылыстарын дәл тауып, ойнау - Қуанышбаев шығармаларының бір ерекшелігі. Оның радио, эстрада үшін жазған шағын күлдіргі әңгіме-пьесалар мен өлең-сықақтары, тақпақ-қағытпалары «Түйрегіш» және «Шаншарлар» деген атпен жарық көрген. 1937 жылдан көркем фильмдерге түсіп, қазақтың ұлттық кино өнерін дамытуға мол үлес қосқан.

    Алматы қаласындағы көшеге және Астанадағы музыкалық драма театрына Қуанышбаевтың есімі берілген.

     http://www.inform.kz/kaz/article/2896453

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті