Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Қыздар университетінде «Дүние, шіркін...» кітабының тұсаукесері өтті

29.04.2016

Қыздар университетінде «Дүние, шіркін...» кітабының тұсаукесері өтті

        Алматыда 27 сәуір күні ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың «Дүние, шіркін...» кітабының тұсауы кесілді. Бұл шара Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіндегі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған белгілі түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Дүние, шіркін...» атты әдеби-сазды кешінде жүзеге асты.

     Бұл эссе-элегиялық кітап Алаш ардақтыларының аты мен шығармашылығын, мемлекеттік қызметін ақтауға, қоғамдық сананың жаңғыруына, еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына, әдебиеті мен тілінің, мәдениеті мен өнерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Мырзатай Жолдасбековтің композиторлық-импровизаторлық шығармашылығы туралы суреттейді.

      Әуезді ән мен күмбірлеген күй шалықтаған әсем кеш барысында ҚазМемҚызПУ-дың ректоры Динар Нөкетаева қайраткер тұлғаның ұлт руханиятына, қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін жеткізді. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігінің нығаюына атсалысып келе жатқан тұлғаларға үлкен істің тұсауын Қыздар университетінде кескендіктеріне зор ризашылығын білдіріп, сексеннің сеңгіріне шыққан кітаптың авторы Ілия Жақановтың иығына құндыз шапан жапты.

       Өз кезегінде сөз алған І.Жақанов «Міне, Алматыдан алыстап, Атырауда батыс өнерін зерттеп, шығармашылықпен айналысып жатқаныма 16 жыл болды. Тұрлаусыз мына өмірде арзан, даңғара шоулардың көбейген шағында өте құнды дүниеге шөліркеп жүргенде Атырауда «МұзАрт» тобының концерті өтті. Сол концертте Мырзекеңнің «Дүние, шіркін...» әні орындалды. Әнді тыңдап отырып керемет күй кештім. Мазмұнды, мағыналы, ғажап әннен тебіреніп қайттым. Музыкаға келгенде өте кірпияз адаммын. Талғаммен қараймын. Бірақ, «Дүние, шіркін...» әнінің философиялық бітімі, оның қиялдығы алысқа ұзататын тереңдігі – өзгеше құбылыс. Міне, содан соң Мырзатай Жолдасбековтың шығармашылығына арнап кітап жазуды жөн көрдім», – деп аталған кітапты 2,5 жыл бойы жазғанын, онда әрбір әніне, әрбір күйіне, өскен ортасына сипаттама бергенін тебірене сөз етті.

     Көрермендер алдында әдемі естіліктердің түймесін ағыта отырып, бірнеше әнін өз дауысымен шырқап берді. Жазушы-композитор Қыздан университетіне 80 әнінің мәтіні мен нотасы жарық көрген кітабын тарту етті.

       Әдеби сазды кеште Бекжан Тұрыс, Гүлмира Сарина, Ардақ Балажанова, Жанғали Жүзбаев, Гүлзира Бөкейханқызы секілді өнер майталмандары Мырзатай Жолдасбековтің «Дүние, шіркін», «Әй, угәй, армандамын Жаратқанға»,  «Бәйтерек», «Қыз дәурен – Ақбота» секілді әндері мен «Толғау» және «Қосбасар» күйлерін орындап, жиналған қауымға қазақ дәстүрлі өнерінің құдіретін сездірді.

       Жалынды жастық жақтарының әдемі естелігіне айналар мәнді күнде «Дүние, шіркін...» кітабының бір-бір данасына ие болған студенттер легі кітап авторы Ілия Жақанов пен оның кейіпкері Мырзатай Жолдасбековті айнала қоршап, жарыса қолтаңба алып, естелікке суретке түсіп, орталарынан жібергісі келмей қимай қоштасты.

       «Қыздар университеті»  медиа орталығы 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті