Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Талдықорғанда Зуқа батырдың 150 жылдық мерейтойына арналған ақындар айтысы өтті

29.04.2016

Талдықорғанда Зуқа батырдың 150 жылдық мерейтойына арналған ақындар айтысы өтті

       Жер жәннаты Жетісудың орталығы Талдықорған қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және тірісінде аты аңызға айналған Зуқа батыр Сәбитұлының 150 жылдық мерей тойына арналған облыстық ақындар айтысы өтті. 

         Айтыстың мақсаты Ұлттық өнердің аясын кеңейту, талант иелерін іздеп табу, ақындық өнерге баули отыра, ғасырлар бойы бабалар арманымен, ерлік істерімен, тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген құндылықтарды дәріптеп, мемлекеттілікті нығайтып, жас ұрпақты отан сүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелей отыра, елдегі халықтар достығын, береке-бірлікті және саяси тұрақтылықты дәріптеу, еліміздің әлем алдындағы абырой-беделін асқақтата көрсету. Ел Тәуелсіздігін жалынды жырлар, терең теңеулер, әсем әуендер арқылы жан-жақты жырлау. Зуқа бабамыздың рухын қастерлеп, төл өнердің мәңгілік ғұмыры жайлы дәстүр жалғасын сақтай отырып, ұрпақтан-ұрпаққа кеңінен насихаттау еді.
        Айтыстың басталу сөзін «Зуқа батыр 150 жыл» мерей тойын ұйымдастыру алқасының төрағасы Өмірхан Алтынның Германиядан арнайы жолдаған құттықтауымен орныбасары Нұрлан Бибрал бастады. Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы, Алматы облыстық маслихат депутаты Айдын Нұрмұхамбетов арнайы келіп құттықтау сөзін айтты. Зуқа батыр туралы бейне сюжет көрсетілді.

      Облыстағы аудан-қалалар және Алматы қаласынан барлығы 14 ақын қатысты. Айтыс сүйер қауым алдында 7 жұп өнер көрсетті. Өзара сөз қағыстырып, ер Зуқаның ел басына күн туғанда, жұртына пана болып, халықты біріктіре білген, жауға қарсы бас көтерген батырлығын жырлады. Баһадүр бабалардың арқасында азаттыққа қол жеткізіп, бүгінде егемендігіміздің 25 жылдық тойын тойлап жатқанымызды мақтаныш етті. Өрелі сөз айтып, әдемі айтыс жасай білді. Қазылар шешімімен финалдық кезеңге 2 жұп сурылып шығып, шаппа-шап айтыс үлгісін көрсетті. 
      Жыр бәйгесінде оза шапқан Көксу ауданның ақыны Алғысбек Дәурен 150 мың теңгелік бас жүлдені еншіледі. Бірінші орынды Ақсулық Қанат Боқан жеңіп алса, екінші орынды Текелі қаласының ақын қызы Жәмила Оразбайқызы еншіледі. Үшінші орынды Ескелді ауданнан келген Фатих Ақынұлы алды. Басқа қатысушы ақындар ынталандыру силығымен марапатталды.
      Аламан айтысты тамашалауға жиналған қауымныңда қарасы мол болды. Зуқа батыр атындағы айтыс өтеді дегенді естіген Төл өнеріміздің жанашырлары еңкейген кәріден, еңбектеген жасға дейін Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайына жиналды. Алматы қаласынан арнайы келген қонақтар арасында өнер жұлдыздар мен қоғам қайраткерлері болды.

      Айтыс мәресіне жеткен соң, «Зуқа батыр 150 жыл» мерей тойын ұйымдастыру алқасы, ұйымдастыруға белсене атсалысқан азаматтармен, жеңімпаздарға және қазылар алқасына арналып дастарқан жайды. Батыр атамызға арналып құран оқылды. Барлық қатысушыларға “Зуқа батыр 150 жыл” мерейтой ұйымдастыру алқасы атынан Қазақстан бойынша төраға Нұрбек Нұрахметтің алғысы айтылды. Алматыдан “Зуқа батыр 150 жыл” мерейтойын ұйымдастыру алқасы төраға орныбасары Нұрлан Бибрал, батыр ата ұрпақтары Қалман Қочигіт, Өмібек Манен, Тоқан Макей, Қоғам қайраткері Сағат Зақанқызы, өнер қайраткерлері әнші Құрманбек пен Риза, Сәулеш Дұйсен, жауапты қатшы Жұмабай Мәдібайұлы, «Алаш Ұланы» жастар қоғамдық бірлестігі жетекшісі Балғынбек Нығыметұлы қатарлы азаматтар қатысып қайтты.

      Айтысты, Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Зуқа батыр 150 жыл» ұйымдастыру алқасы, облыстық жастар ресурстық орталығы, Алматы облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының Республикалық штабы Алматы облыстық филиалы, «Алаш Ұланы» жастар қоғамдық бірлестігі бірігіп өткізді.
      Зуқа батыр - 1866 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Зайсан аймағында дүниеге келген. Зуқаның әкесі шығыс өңіріне аса танымал болған Сәбит дамолла. Арғы атасы Нұрмұхаммед абыз. Текті әулеттен шыққан батыр бабамыз, орыс отаршылдығы мен гоминдаң қытай езгісіне тап болған қазақ халқын азат ету жолында қаза табады. Биыл батыр бабамыздың туғанына 150 жыл толды.
      Еске алу шаралары Қазақстан, Германия, Австрия, Англия, Америка, Түркия, Қытай, Моңғылия сынды 10 шақты елде жүргізіледі.

         Жұмабай Мәдібайұлы

      https://baq.kz/kk/diaspora/atazhurt/tugiri-biik-mangilik-el-atti-akindar-aitisi-otti-1800

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті