Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Сәбит Оразбаевтың мерейтойлық кеші болады

21.05.2016

Сәбит Оразбаевтың мерейтойлық кеші болады

     Алматыда 21 мамырда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында  Қазақстаннның  халық артисі,  Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаты Сәбит Оразбаевтың 80 жасқа толуына  арналған мерейтой кеші болады.

      Сәбит Қоңырбайұлы Оразбаев 1936 жылы ОҚО (бұрынғы Шымкент облысы) Сайрам ауданы, Бәйдібек ауылында дүниеге келді. 1955-1959жж. Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясын Қазақстанда кәсіби актерлік жоғары білім алушылардың алғашқы тобында оқып-бітірді. Көрнекті ұстаз-режиссер А.Тоқпановтың шеберханасынан тәлім алған ол 1960 жылы Қазақ мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданғаннан бастап осы сахнада үзіліссіз өнер көрсетіп  келеді.

      Ұлттық  театрға сапалық өзгеріс әкелген 60-жылғылар буынының көрнекті өкілі, қара шаңырақ сахнада ұлттық және әлем классикасы, қазіргі заман драматургиясынан жүзден аса  кейіпкерді сомдаған  Сәбит Оразбаевтың бүгіні –  ұлттық құнары, пәлсапасы  мықты қазақ өнерінің  жан-жақты биік шыңын  және жарасымды жалғастығын  танытады.

     Театрдағы ең алғашқы ролі  «Айман-Шолпандағы» Балпықтан кейін «Беу қыздар-ай!» (Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов), «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті» (Қ.Мұхамеджанов) спектакльдеріндегі Сұлтан мен Арыстан жас актердің комедиялық талантын танытса,  алғашқы сахналық үлкен тәжірибеден өткізген  күрделі ролі  З.Шашкиннің «Жаяу Мұсасындағы» әнші-композитор Жаяу Мұса болды. Талантты жас М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Дулат, Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе» комедиясындағы Алдар Көсе сынды кейіпкерлерімен драмалық сипаты мол әншілік өнеріне де тәнті етті. Қарашаңырақ сахнасында елу жеті жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқан тұлға «сахнада бай да, патша да, данышпан да, ақымақ та, жауыз да болып ойнады», яғни психологиясы, болмысы, әлеуметтік мәртебесі әртүрлі кейіпкерлердің өмірін шынайы кешті.  Олардың біразын атап айтар болсақ: ұлттық калассикадан – М.Әуезовтің «Абайында» Мағауия, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Бірсімбай, «Қилы заманында» Жәмеңке, «Дос-бедел досында» Жаппас, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Жантық,  Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» «қазақ қарттарының жиынтық образы, халықтық мінездің сығындысы»  Сүйеу,  Т.Ахтановтың «Антында» Әбілхайыр хан, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Исабек, Қ. Мұхамеджановтың «Біз періште емеспізінде» Есен,  т.б;

      заманауи драматургиядан - О.Бодықовтың «Дала тұтқынында» Достоевский,  Қ.Мұқашевтің «Парторгында» Қасым, С. Жүнісовтің «Ажар мен ажал», «Кемеңгерлер мен көлеңкелерінде» Бөпіш, Сығанақ, Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісінде» Ормантай, Б.Мұқайдың «Тоят түнінде» Жолдас Жанғазиевич, т.б;

       әлемдік классика мен бауырлас елдер драматургиясынан - А.Островскийдің «Жазықсыз айыптыларында» Муров, Л. Дрюконың «Электра, сүйіктім меніңінде» Эгисто, Гогольдің «Ревизорында» Дуанбасы, Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымында» Серебряков, Софоклдың «Эдип патшасында» Тиресий, М.Байджиевтің «Жекпе-жегінде» Ескендір, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» Мекемтас, М.Ғапаровтың «Тұзды шөлінде» Президент, К.Аширдің «Қабыл – Адам ата перзентінде» Ібіліс, т.б. Қайталанбас ойын өрнегі бар рольдерінің қай-қайсысында да актердің,  ең алдымен, суреткерлік түйсігі мен  терең рухани ізденістері жүлгеленеді. Сахнада шынайы сезімдер мен зерделеулер биігінен көрініп отыратын үлкен шебердің  кейіпкерлері жинақтық бейне деңгейіне көтеріледі.

       Бүгінгі уақыт биігінен көз салғанда,  С.Оразбаевтың көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің серіктестері қатарынан табылғанын, ұлттық сахна өнерінің ХХ ғасырдағы жұлдызды шақтарын қатарластарымен бірге жарқыратқанын пайымдайсыз.

      Қара шаңырақтың негізін салушы буынның дәстүр-өнегесін лайықты жалғастыра білген көрнекті актердің тәуелсіз Қазақстанның сахна өнерін дамытудағы еңбегі де үлкен. Бұл орайда М.Байсеркеновтің «Абылайханның ақырғы күндеріндегі»  атақты Бұқар жырау – Тәуелсіздіктің алғашқы  кезеңінде ұлттық идеяға қызмет еткен көркем бейне. А.Сүлейменовтің «Төрт тақта-жайнамаз» драма-диалогында «Қан мен тердегі»  Сүйеудің жалғасындай Әбдінәсім шал, Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуіндегі» Айтөре, Б.Мұқайдың «Өмірзаясындағы» Әли,  театрдың қазіргі репертуарында табысты жүріп жатқан Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша...» және Б.Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай...» қойылымдарындағы Абдолла және  Қария сынды кейіпкерлер  - әрқайсысының күн кешкен қоғамы, тарихи ортасы өзге бола тұра өзара ұлттық мықты ділімен үндесетін, жүрегінде өз заманының дерті бар, қоғамдық-әлеуметтік тип деңгейіне көтерілген  бейнелер. 

         Актердің ұлттық кинода жасаған қадау-қадау рольдері де қоғамдық-әлеуметтік қуатымен ерекшеленеді. Бұл - «Көшпенділердегі» Төле би, әсіресе, «Біржан сал» көркем фильміндегі «халық ынтымағының діңгегі кәрі би» (Ә.Кекілбаев)  Маңғыл  бейнесіне бек қатысты. Ал, телефильмдердегі, радиоқойылымдардағы еңбектері - күйші Сейтек, Жамбыл рольдері, Қазақ теледидарының алтын қорына жазылған, айтылу мәнері ерекше  «Айман-Шолпан» жыры, тағы да басқа фильм-концерттері, халықтың рухани музыкалық мұрасын насихаттауы да  өнерге қосылған үлкен үлес.

    С.Оразбаев сан қырлы талантымен, ұлттық болмыс-парасатымен халық сүйіспеншілігіне бөленген тұлға. «Бала кезінен жыр-дастандар тыңдап өскен» топырағы құнарлы, өнері нұрлы жырау, сазгер,  әншінің «домбыраны саусақпен емес, көңілмен сөйлететін» (Т.Әлімқұлов) қағыс-қасиетін бағалайтын қалың көпшілік  М.Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған «Тоқ­та ботам, атаң келеді артың­да!», «Сүрініп кетпе»,  «Бүгін менің туған күнім…» әндерін, «Төле бидің толғауын» сүйіп тыңдайды.

       Санасы сергек, жадысы зерек тұлғаның театр тарихы, әріптестері, әлеуметтік ортасы мен қоғамы туралы «Алматы ақшамында» жарияланған мәнді де қызғылықты әңгімелері «Өмірдің өзі – театр», «Тазарғың келсе, театрға бар»  атты екі том болып жарық көруі де – руханиятымыздың  олжасы. Сан қырлы таланттың ендігі бір парасы – фотоөнері. Көрнекті актер жарты ғасырға жуық уақыт бойы түсірген суреттері және  бейнетаспалары бүгінде ұлттық өнердің құнды тарихына айналды.

    Парасатты өнері  - өнегелі өмірсалты, ұстанымы, үлкен жүрегі, өзгеге деген жанашырлығы, қамқорлығымен нұрланған көрнекті актер отбасында  ардақты әке, сүйікті жар және қадірменді ата. Ал, өзіндік сахна мектебі, өмірдегі ұлағатты істері  жас ұрпаққа  үлгі-өнеге қайраткер С.Оразбаевтың ұлттық өнерге сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстанның халық артисі (1976), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1994), сондай-ақ Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген артисі (1994) атақтарына ие болды. Еңбек Қызыл Ту және «Отан»,   «Парасат» ордендерімен марапатталды.

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті