Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Сәуле Досжановамен «Күн шуағым менің» атты әдеби-танымдық кездесу өтті

01.06.2016

Сәуле Досжановамен «Күн шуағым менің» атты әдеби-танымдық кездесу өтті

     Алматыда 31 мамыр күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ақын әрі жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, талантты жазушысы Дүкенбай Досжанның жан-жары Сәуле Досжановамен «Күн шуағым менің» атты әдеби-танымдық кездесу өтті. Кездесу кешінде жазушы С. Досжанованың жайлы бейнематериал көрсетіліп, қаламгердің шығармашылығы мен отбасы туралы кеңінен мағлұмат берілді.

      Университет басшысы Д. Нөкетаева өз сөзінде:  «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген халқымыздың сыр тұнған дана сөзі дәл Сізге арналып тұрғандай десек, артық айтқандық емес. Ақындық пен жазушылық сынды шығармашылықтың қос қырының тізгінін тең ұстаумен қатар, отбасы ұйытқысы бола білуіңіздің өзі зор мәртебе. Оған қоса, қазақ халқының маңдайына біткен талантты жазушылардың бірі емес, бірегейі Қазақстан Республикасының «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Дүкенбай Досжановтың жан-жары болу бақыты бұйырып, ол кісінің шаңырағының шырақшысы болып отыруыңыз – екінің бірінің маңдайына қона бермейтін бақ. Қазіргі таңда алты баланың аяулы анасы, сегіз немеренің сүйікті әжесі болғаныңыз – Құдайдың сүйікті құлына сыйға тартқан тартуы шығар. Қала берді, ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының баспасөз қызметінің бас сарапшысы қызметінде жүріп, қазақ журналистикасында салған өзіндік қолтаңбаңыз және бар», – деді. Сонымен қатар, ректор қазақтың қаламгер қызы Сәуле Мағазбекқызының кеудесіне университеттің «Ұлағат» алтын медалін тағып, арқасына камзол жауып және киелі шаңырақтың қыздары тоқыған орамалды сыйға тартты.

        Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4 курс студенттері ақын шығармаларынан композиция әзірлеп, жазушыға арнаған төл туындыларын тебірене оқып берді.

        Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Сәуле Досжанова қай тақырыпта қалам тербемесін жүрекпен жазатын қаламгер. Шынайы өмірді бейнелейді, әйелдер тақырыбында көсіле жазады. Жазушының «Жыр тәж», «Арман қала» жыр жинақтары мен «Үшінші есіктің құпиясы», «Жатқа туған бала», «Үлкен үйдегі үрей» прозалық кітаптары – әдебиетіміздегі аса құнды туындысы екені сөзсіз.        

     Студент жастармен жүздесуге арнайы келген Сәуле Досжанованың айтары аз болмады: «Әкем бар ақшасын маған жұмсап, кітап сатып алатын. Сол кездегі «Жұлдыз» журналының бар нөмері болды. Оны мен «Тұманбай аға Молдағалиев» атындағы кітапхана деп атадым. Кейін Алматыда болғанда ол кісіні арнайы іздеп барып, танысып қайттым. Сонда аға ерекше қуанды. Біз ол кезде кітаптарын тізбектеп білумен қатар, жырларын жатқа оқитынбыз. Дән риза болып, «Сен бақыттысың, бақытты әйел-ана боласың» деп айтқаны бар. Қазір ойлап қарасам, керемет бата екен», – деді. Кеш барысында С. Мағазбекқызы өз жауһар жырларын оқып берді. Оған қоса, қос жазушының басынан өткен оқиғаларын, асыл жары жазушы Дүкенбай Досжановтың жұрт біле бермейтін кейбір қасиеттерін, шығармашылық адамның зайыбы мен зиялы қауым өкілі болудың қандай ерекшеліктері бар сияқты қызықты ойларын ортаға салды.

      Сондай-ақ, төл туындыларының туу тарихы мен жеке басына қатысты қойылған студенттердің сауалдарына жауап берді. Қонақкәде сұраған жастарға тамаша даусымен ән шырқап жіберді.

      Кеш қонағы ұшқыр ойын: «Студент-қыздарым, Сіздер әуелі білім алыңыздар, оқу оқыңыздар. Ізденіңіздер, тіл біліктіліктеріңізді арттырыңыздар. Сосын отбасының ұйытқысы болуға тырысып, жақсы жар болуға асығыңыздар. Аналық ақ тілегім – осы!», – деп қорытындылады.

     Қыздар университетінің «Тұлғатану» бағдарламасы аясында жүздесуге келген қазақтың қаламгер қызы Сәуле Досжанованы сағынған оқырмандары, яғни ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен білім алушы студенттер ұзақ уақыт жібермей естелік-фотоға түсіп, автограф алып жатты.

          «Қыздар университеті» медиа орталығы

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті