Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Ұлытау мен Алатаудың арасын жырмен жалғаған ақын

07.06.2016

Ұлытау мен Алатаудың арасын жырмен жалғаған ақын

     Кеше М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, айтыс жанашыры, ақын Жүрсін Ерманның «Ұлытаудың ұлымын!» атты шығармашылық кеші өтті. Әсем әнмен әрленген шараны Алматы қаласы әкімдігі ұйымдас­тырды. Кеште ақынның ғибратты ғұмыры мен шығар­машылығынан бір үзік сыр шертетін деректі фильм көр­сетілді. Кеште қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев халық өнерін насихаттап, ұлттық рухты биікке көтеруге үлкен үлес қосып жүрген ақынға шаһар басшысы Бауыржан Байбектің Құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты.

     «Қасиетті Ұлытау топырағынан тамыр тартып, бүгінде ұлттың сөзін сөйлейтін дара тұлғаға айналған сіздің есіміңізді еліңіз сүйіспеншілікпен атайды. Алаш жұртының ардақтысы, абзал азаматы деп бағалайды. Жастайыңыздан өлеңді өміріңізге серік етіп, төңірегіңізге ерте танылдыңыз. Ұлытау мен Алатаудың арасын жырмен жалғадыңыз. Шырқыраған шындықты шымбайға батырып, көркем тілмен шебер жеткізетін, ұшқыр ойлы, орақ тілді ақынға айналдыңыз. Өмірдің өзіндей боямасыз өлеңдеріңізде қоғам өмірінің толғақты мәселелері, әлеуметтің түйткілдері айшықталды. Өмірлік ұстанымыңызбен, қоғамдық қызметіңізбен қалың қазақтың ыстық ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленіп, қадірлісіне айналдыңыз. Осы күнге дейін бар күш-жігеріңізді еліңізге арнап, ұлттың мәдениеті мен өнерінің, әдебиетінің өркендеуі жолында қомақты іс атқарып келесіз. Қазақ мәдениетінде айшықты орын алатын сұңғыла өнер –  ақындар айтысын жаңғырту, жаңарту, кеңінен насихаттау арқылы ұлттық рухты биіктетуге өз үлесіңізді үстеумен келесіз. Жұртшылық өзіңізді қазақ айтысының бойтұмары, кейбірі айтыстың атасы атағаны да осы ерен еңбегіңіздің анық бағасы. Халыққа қалтқысыз қызмет етуде зор табысқа жете жүріп, тәлімді ұрпақ өсірген, үлгілі әке, өнегелі отағасы атанған сізді осынау қуанышты уақытта айрықша ықыласпен құттықтай отырып, деніңізге саулық, еңбе­гіңізге табыс тілеймін!» деген қала басшысы Бауыржан Байбек өзінің Құттықтау хатында.

      Сондай-ақ, кеш иесіне Қарағанды облысы мәслихаты­ның басшысы Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің, ал Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалиннің Құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты.

      Кешке республикаға танымал Ерлан Рысқали, Роза Әлқожа, Еркін Нұржан, Сүлеймен Ибрагимов, Аллажар Қайбар, Бота Тұрмағамбетова, Серік Жанболат, тәрізді әншілермен бірге Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Дәулет­керей Кәпұлы,  Еркебұлан Қайназар, Болатбек Оразбаев, Аспанбек Шұғатаев, Иранғайып Күзембаев, Мейірбек Сұлтанхан, Бауыржан Халиолла, Қалижан Білдашев, Рүстем Қайыртай, Шұғайып Сезімхан, Хазірет Бердіхан, Айтбек Тұрсынбаев сияқты айтыскер ақындар және белгілі пародист Олжас Сыдықбек қатысты. Сондай-ақ, Серік Ақсұңқарұлы, Несіпбек Айтұлы, Ғалым Жайлыбай тәрізді қаламгер достары жырдан шашу шашты. Ақынның кешін белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жүргізді. Сахна төрінде танымал әншілер ақынның сөзіне жазылған әдемі әндерді шабыттана шырқады. Сондай-ақ, кеште ақынның қуатты қаламынан туған өлеңдері оқылып, айтыскерлер айтысты.

     http://almaty-akshamy.kz

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті