Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | 11 миллионыншы қазақ биыл төртке толады

14.06.2016

11 миллионыншы қазақ биыл төртке толады

          Тәуелсіздік жылдары Қазақстандағы қазақтардың үлесі екі есеге өсті.

       Жасыратыны жоқ, қазақ отбасындағы баланы санамайды. Санағанды жаман ырымға балайды. Бала-шаға, немерелері туралы әңгіме айтқанда үлкен әжелеріміз «Құдай көп көрмесін» дегенді қайта-қайта айта беруші еді. Сол айтпақшы, Құдай көп көрмесін, өткен жиырма бес жылдың ішінде еліміздегі қазақтардың саны екі есеге жуық өсіпті. 1989 жылғы санақ бойынша Қазақстандағы қазақтардың саны 6,5 миллион болған екен. Бұл кезде республикада 16,5 миллион халық болған. Яғни титулды немесе төл ұлттың құрамы 40 пайыздан ғана асқан. Тәуелсіздіктің 25 жылында қаракөздердің саны 11 миллионнан асты. 

      Статистикалық мәліметтерге қарағанда, еліміздегі қазақтардың саны әр 5-6 жыл сайын 1 миллионға артып отырады екен. 2006 жылы 9 миллионыншы қазақ дүниеге келдi. Қазақстандағы қазақтардың санын 9 мил­лионға толтырған – Атырау облысындағы ауылдардың бiрiнде дүниеге келген Әсем есiмдi қыз. 2013 жылы қазақтың демогра­фия­сында үлкен жаңалық болды. Республиканың 17 миллионыншы тұрғыны жарық дүниенiң есiгiн ашып, ол оқиға Оңтүстiк Қазақстан облысында, дәлiрегi Сайрам ауданында тіркелді. Осы жылы Оңтүстікте 11 миллионшы қазақ туылды. 11 миллионыншы қазақ Оңтүстiк Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында Бадамбаевтардың шаңырағында дүниеге келдi. 
        Атаулы қазақ ұлы Мұхтар Әбдiрахым 2012 жылдың 28 желтоқсанында дүниеге келген. 11 миллионшы қазақ екендiгi 2013 жылдың мамырында белгiлi болыпты. Бұл жаңалыққа бүкiл ел болып қуанған. Аудан әкiмi Болатбек Қыстауов келiп, арнайы сый-сияпатын жасапты, облыс басшысының атынан ат мiнгiзіліпті. 
        Мұхтардың әкесi Мәлiк алпамсадай, кең жауырынды, нағыз жiгiттiң төресi деуге лайық. Уақтысында көкпардан облыстық дәрежедегi командалар сапында өнер көрсеткен. «Атқа құмарлық кезiнде Мәскеу төрiнде өнер көрсеткен көкпаршы, ат спорты бойынша спорт шеберi деген атақты ең алғашқы болып алған нағашым Әбдуәлiден жұққан қасиет» дейді Мәлiктің өзі. 11 миллионыншы қазақты дүниеге келтiрген ана – Шолпан Күдербекова осы ауылдағы мектепте ағылшын тiлi пәнiнiң мұғалiмi.
      Мәлiктiң бiр әке-шешеден кiндiктес бауырлары – төрт ұл, төрт қыз. Қазiр марқұм болып кеткен әке-шешесi салған қарашаңырақта тұрады. Зымырап жатқан уақыт десеңiзшi. Күнi кеше ғана бесiкте жатқан құртақандай сәби – бүгiнде табаны күректей төртке толып зыр жүгiрген бала. Тiлi де шыққан. Мұхтарды дүниеге келтiрген ауыл Үшбұлақ деп аталады. Келес өзенiнiң бойында, қасиеттi Қазығұрт тауының етегiнде жатыр. Аты айтып тұрғандай, ауыл iргесiндегi үш бұлақтың бойын бiр-бiрiмен қыз алыспайтын үш атадан тараған ұрпақ жайлаған. 250-ге жуық түтiн бар, 1700-ге жуық халық тұрады.

      Ғ. Қамытбекұлы, Оңтүстiк Қазақстан облысы

     http://aikyn.kz

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті