Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Науан хазіретті дүмше молда етіп көрсетуден қашан арыламыз?

29.06.2016

Науан хазіретті дүмше молда етіп көрсетуден қашан арыламыз?

      Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 28-29 маусым күндері Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясы қайта сахналанды. Бұл қойылымның премьерасы алғаш рет Қазақтың академиялық драма театрында 1942 жылы 10 мамырда өткен болатын. Ш. Айманов (Ақан сері), Ш. Жандарбекова (Ақтоқты), Қ.Бадыров (Науан хазірет), Е.Өмірзақов (Жалмұқан), С.Қожамқұлов (Қоңқай) сияқты қазақ өнерінің майталман шеберлері сомдаған қойылым кейін Қазақстанның онкүндігі кезінде Мәскеуде де көрсетілді.

       Республикалық, облыстық деңгейдегі түрлі театрларда сан мәрте қойылған «Ақан сері-Ақтоқты» кеңестік дәуірде көрерменнен өз бағасын алды. Сондықтан  тәуелсіздіктің 25 жылдығы тұсында қайта сахналанған бұл қойылымға өз басым үлкен үмітпен барған едім. Алайда көңілім жабырқап қайтты.

      Өмірден көргені мен оқып-тоқығаны бір басына жетіп-артылатын және өзіне ғана емес айналасына да үлгі-өнеге бола алатын ұлт зиялыларының бәрін халық жауы деп айыптап, түрмеге қамап, көзін жойған кеңестік тоталитарлық саясаттың кемшілігін қайта жаңғырты, көзге шұқып көрсету кімге қажет.  «Ақан сері– Ақтоқты» трагедиясы Ғабит Мүсіреповтің кеңестік саясаттың әсерімен жазған туындысы екеніне қазір ешкім күмән келтірмес.  Онда дүмше молда ретінде жағымсыз кейіпкер жасалған Науан хазірет образының шындыққа сай келмейтіні қазір көзі ашық, көкірегі ояу жанның бәріне аян нәрсе. Осыған қарамастан таптаурын болған көне сүрлеуден шығып, ақиқатты қалпына келтіру үшін тыңнан түрен салуға қоюшы-режиссер Қуанышбек Адылов мырзаның шамасы жетпеген сияқты.

       Ақан мен Ақтоқтының махаббатын көрсету үшін Науан хазіретті құрбандыққа шалған режиссер өз әрекетімен қазақтың ислам дініне қатысты ұстанымы мен көзқарасына немқұрайдылық танытқаны өкінішті. Бұл жерде өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындаған театр актерларының өнері мен шеберлігі екінші қатарға еріксіз ысырылып қалды.  Режиссердің өз тақырыбының иін қандырып илеу үшін кейіпкерлерін толық танып-білуге жеткілікті мән бермегенін театрдың көркемдік кеңесі де соншалықты елеп-ескермеген сияқты. Әйтпесе, ел аузында «Науан хазірет» деген атпен есімі көпке жайылған Наурызбай Таласұлының өмірде қандай адам болғанын әртүрлі дерек көздерінен оқып, танып-білуге мүмкіндік жеткілікті емес пе? Мәселен,  Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Мұхамеджан Сералин сияқты алаш арыстары өз еңбектерінде Науан хазіретті үлкен дінтанушы, ғалым ретінде атап көрсетеді. Ал Сәбит Мұқанов: «Бір кезде Шұңғырша Қарауыл аталатын рудан Бұқара – Шәріпке оқуға жіберілген Талас баласы Науан табан аудармай он жыл оқып, «он екі пәнді тәмам қып» туған еліне қайтып келді. Науан келгенге дейін «хан мешітінде» имамдық құру, бала оқыту міндеттерін Ғалиакпар есімді татар молдасы атқарған. Ел екеуін салыстырып қараса, Науан – теңіз де, Ғалиакпар – шұғанақ. Сондықтан Шыңғыс имамдықты да, мүдәрістікті де Науанға берді. Ол «Көклән» медресесінің үлгісімен «хан медресесінде» ұлдармен қатар қыздарды да оқытуға ниет етті» дейді.

       Қазақстанның тәуелсіздік жылдары тарихтың ақтаңдақ беттерін қайта қарастырып, ақиқатты қалпына келтіру үшін түрлі салада жасаған іс-әрекеттері аз емес. Алайда драматургиядағы өзгеріс әлі өгіз аяңмен келе жатыр. Театр сахнасындағы бүгінгі қойылым соның нақты айғағы.

           Ерлік Ержанұлы

 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті