Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Ыстамбұлда Түркия қазақтарының кіші құрылтайы өтті

13.07.2016

Ыстамбұлда Түркия қазақтарының кіші құрылтайы өтті

      Ыстамбұлда Түркия қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Оған биыл Еуропа, Қытай мен Түркия елінің әр аймағынан қазақ диаспорасы түгел жиылып, алқалы жиын аясында бас қосты.

      3 күнге созылған дүбірлі шарада Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхан атындағы жастар арасында футбол турнирі мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дөңгелек үстел, қолөнер мен кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ал қазақ әуеніне шөліркеген алыстағы ағайын үшін қазақстандық өнерпаздар ұмытылмас ән кешін сыйлады.

     Атажұрттан жырақта жүрген қандастар Ыстамбұлдағы кіші құрылтайда бас қосты. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі жиында Франция, Швеция, Германия мен Қытай елінен арнайы келген қаракөздеріміз төбе көрсетіп, іс-шараның ауқымын мейлінше кеңейтті. Бұл күнді құрылтайға қатысушылар 1952 жылы көшпен келген қалың қазақты Анадолы жеріне құшақ жая қарсы алған Түркияның IX Премьер-министрі Аднан Мендерес пен Қазақстанның тәуелсіздігін тұңғыш мойындаған Түркияның бұрынғы мемлекет басшысы Тұрғыт Өзалдың кесенесіне зиярат етуден бастады. Өйткені халықтың ықыласына бөленген қос тұлғаға жергілікті қазақтардың құрметі шексіз.

     Талғат Мамашев, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары: - Біздің Елбасымыз Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Қазақстан есігі ашылды. «Сырттағы қандастарымызды елге шақырамыз» деген үндеуі әлі күнге дейін жаңғырып тұрған сияқты. Осы 25 жылда 1 миллионға жақын қандастарымыз елге келді. Бұлар қазақтың санын ғана көбейткен жоқ, Қазақстанның даму экономикасына өз үлестерін қосып жатыр. Мәдениетіне, әдебиетіне және өзге салаларына деген сияқты. Негізгі бұл шаралардың мақсаты – сырттағы осы жүрген ағайындарға арқасында Қазақстан деген ел бар екенін, жұрты бар екенін, қорғаны бар екенін білдіру. Патриоттық сезімін ояту. Елге қарай аттың басын бұру.

      Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы құрылтай аясында кеңінен аталып өтті. Дөңгелек үстелде Қазақстаннан арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаттары, ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері ширек ғасырда еліміздің жеткен жетістіктерін саралап, алға қойған мақсаттарымен бөлісті. Алқалы жиында сөз алған Мимар Синан Көркемөнер университетінің профессоры, тарихшы Әбдіуақап Қара халық қалаулыларына Диаспора жөнінде заң қабылданып, шетте жүрген қандастардың қазақ елінің өсіп-өркендеуіне қосар үлесі айқындалуы тиіс екендігін атап өтті.

     Зафер Селви, Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілі: - Мұндай жиындарды жиі-жиі ұйымдастырсақ деп ойлаймыз. Неге десеңіз, біздің балаларымыздың тіл проблемасы бар. Олар қазақша ұғады, біледі. Бірақ қайтарып айта алмайды. Сондықтан атамекеннен ағаларымыз, бауырларымыз, інілеріміз келіп, бұл жерде жиі-жиі конференция жасап, ойын-сауық көрсететін болса, тіл мәселесі көтеріліп мектеп ашылса деп тілейміз. Биыл Қазақстанымыздың Тәуелсіздігіне 25 жыл. Сол үшін мына құрылтайда осы маңызды шараны да тілге тиек еттік. Аллаға шүкір, Қазақстанымыз дамып бара жатыр. Шетелдегі қазақтар болып, Қазақстанымыздың әрдайым жоғарыда болуын тілейміз.

     Дүбірлі жиынның соңы қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен гала-концертке ұласты. Кеште қазақтың ән-күйін сағынған алыстағы ағайын сүйікті әншілері Бағдат Сәмединова, Ерлан Рысқали мен Арай Асқаптың әндерін сүйсіне тыңдады. Сондай-ақ Ыстамбұлдағы Қазақ мәдениеті қоры би үйірмесінің шәкірттері де сахна төріне шығып, жиылған көпшілікке өнерлерін паш етті.

    Айдын Акай, Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілі: - Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын құттықтап тұрмыз. Қазақстаннан, Еуропадан, Қытайдан, Алтайдан келген қазақтар мына құрылтайға Әлихан Бөкейханның атын беріп, тойлап жатырмыз. Қазақстаннан келген әнші, бишілердің өнерін тамашалаудамыз. Отбасымызбен бірге келдік. Қауымдастыққа рахмет айтамыз.

     Шара аясында өткен қолөнер мен кітап көрмесі де көптің көңілінен шықты. Қазақ жазушыларының жарық көрген жаңа туындылары қалың көпшілікке таныстырылып, мәдениет қорының кітапханасына ресми табысталды. Жиында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы келесі жылы елордасы Астанада өтетіндігі белгілі болды.

      Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли
        http://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/item/128855-kishi-ryltajy-tti

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті